Өлең, жыр, ақындар

М. Дулатовтың «Біздің мақсатымыз» мақаласын талдау

Қазақ халқымыздың жүрегіне ерекше де қымбат тұлғалардың бірі – Міржақып Дулатов. Бұл кісінің бар ғұмыры өз халқымен тығыз байланысты. Енді осы арада бір ғана жайтқа тоқталар болсақ, Міржақып Дулатовтың «Жастарға» атты өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» атты мақаласына байланысты, «Серке» газеті қазақтың азаттық қозғалысының алғашқы сәулесіндей жылт етіп, жабылып қалған еді. 

Жалпы алғанда, «Біздің мақсатымыз» мақаласының терең астарын толқып қарайтын болсақ, оның саяси астары мен мәні бірден көзге түседі. Адамзат тарихында қилы-қиямет оқиғалармен, дүбірлі даму үрдісімен ерекше орын алған ХХ ғасырдың басы қашаннан еңбегі еш, тұзы сор қазақ халқы үшін де ауыр кезең болғаны белгілі. Чиновниктер кедей қазақтарды ұрып-соғып, мал-мүлкін, суы мен кең-шұрайлы жерін тартып, ойына келгенін істеді. Осындай талма тұста, шешуші сәтте ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен алтын айдарлы арыстарымыздың қатарында белгілі ақын-журналист Міржақып Дулатовтың есімі бұл күнде зор ілтипатпен аталады. «Біздің мақсатымыз» мақаласында қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатының жыртқыш жүзін, осындай қиын жағдайлардың ашық себептерін ашып, саралап, отарлық саясатты әшкерелейді. Әрине, бұл себеп сол кездегі «Серке» газетінің жабылуына тікелей басты себеп болады. 

Енді мақаланың демократиялық бағытына көз жүгіртейік. Мен автор өз мақаласы арқылы халқының көзін ашып, санасын оятқысы келді деген ойдамын. Мақаланы оқи отыра, халықтың ауыр жағдайын бар жүрегіңмен сезгендей боласың. Сол кездің суық әділетсіздігі жаныңа мұздай батады. «Қазағым менің, елім менің!», деген сөздерімен шындықты ортаға салып, жастардың намысын алға жылжытуға, ««Біздің» мақсатымыз» деп, бірлесіп күш қосуға бел буды. Міржақып Дулатов сондай-ақ «Оян, Қазақ!», «Жастарға» секілді өлеңдерінде де осы бағытын ұстанады. 

Мұндай жағдай ақырында сол кездері көздері ашылып, сана-сезімдері оянып, халқының қамын ойлай бастаған қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтарына қозғау салды. Олар адамзаттың тарихи көшінен қалтарыс қалған елдің үстіге шығар жолын іздестіре бастайды. Бастапқыда таза ағартушылық сарында туындап, сонан соң саяси сипат алған бұл қозғалыс патшалық биліктің саяси дағдарысқа ұшырауы, елдің түрлі аймақтарында, түркі тілдес халықтар арасында ұлт-азаттық, либералдық-демократиялық тұрғыдағы сана-сезімнің ояна бастауы жағдайында анық әлеуметтік құбылыс дәрежесінде бой көрсетті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз