Өлең, жыр, ақындар

Синхронды аудармашы деген кім?

Тілдерді үйрену және шет елдердің өкілдерімен қарым-қатынас жасау әрқашан да құнды және маңызды шеберлік. Аудармашылар қызметтің барлық салаларында жоғары бағаланды.

Аудармашы дегеніміз - сауатты және түпнұсқаға мүмкіндігінше жақын ақпаратты бір тілден екінші тілге аударатын маман. Бұл мақалада біз синхронды аудармашы деген кім, аудармашының осы мамандықта қандай ерекшеліктері, талаптары мен қасиеттері болуы керек екенін қарастырамыз.

Синхронды аудармашы тек аудармашы ғана емес. Бұл мамандықтағы ең жоғары біліктілік. Аудармашы тілін білудің үлкендігі соншалық, шетелдік сөйлеуді нақты уақыт режимінде және мағынасын бұрмаламай аудара алады. Синхронды аударма - психологиялық және физикалық тұрғыдан аударманың ең қиын түрі болып саналады. Оның барысында аудармашы сөйлеушінің сөзін бірнеше сөздің немесе 2-4 секундтың кідірісімен аударады.  Бұл аударма түрі, әдетте, тығыз кестесі бар үлкен іс-шаралар үшін қолданылады. Синхронды аударма қызметтері халықаралық келіссөздер, ірі конференциялар мен саммиттер, сондай-ақ мемлекет басшыларының екіжақты кездесулері үшін қажет.

Сонымен қатар, синхронды аудармашының жұмысы өте шаршатады, сондықтан ұзақ келіссөздер кезінде олар екі-екіден жұмыс істеп, әр 15-20 минут сайын бірін-бірі алмастырып отыруы керек.

Синхронды аудармашы сөздің аяқталуын күтпей, бірнеше сөздердің кідірісімен аударады, бұл әрине қиын, себебі аудармашы сөз тіркесінің қалай аяқталатынын білмейді. Синхронды аударманың ізбе-із аудармадан айырмашылығы, ізбе-із аудармашы алдымен дайын ойды естіп, содан кейін ғана оны аударады.

Синхронды аудармашылар әдетте құлаққаптары мен микрофондары бар арнайы дыбыс өткізбейтін кабиналарда жұмыс істейді. «Әдетте», өйткені олар кейде «сыбырлау» техникасымен жұмыс істейді, мұнда олар іс-шараға қатысушының артынан еріп, аударманы олардың құлақтарына сыбырлап айтады.

Осы мамандық бойынша жұмыс істеу үшін аудармашы келесі қасиеттерге ие болуы керек:

• табандылық;

• эрудиция;

• көпшілдік;

• еңбекқорлық;

• зейінділік;

• ұтқырлық.

Сапалы синхронды аударманың бірнеше алғышарттары бар. Біріншіден, бұл синхронды аудармашыны даярлаудың жоғары деңгейі. Ол тек шет тілін біліп қана қоймай, сонымен қатар әртүрлі диалектілерде және тілдің әртүрлі нұсқаларында сөйлейтін спикерлердің сөздерін аудара білуі керек. Екіншіден, синхронды аударма үшін көрермендерге спикердің сөйлеу тілін өз тілінде қабылдауға мүмкіндік беретін жоғары сапалы арнайы техникалық жабдықтар болуы керек.

Синхронды аудармашы ретінде жұмыс істеу үшін сізге жақсы есту қабілеттері мен керемет дикция болуы керек. Аудармашы түсінікті болу үшін қысқа әрі нақты сөйлей біліп,  уақытты үнемдеу үшін үнемі есте сақтау қабілетіне ие болуы керек, үнемі сөйлеу үлгілері мен фразеологизмдерді ұстай білуі керек.

Синхронды аудармашының жағымды және жағымсыз жақтары бар. Синхронды аудармашы мамандығының сұранысқа ие және өзекті екендігі жағымды аспектілерге жатады. Мансаптық өсу мен дамудың мүмкіндіктері де бар. Синхронды аудармашылардың жалақысы жоғары болуы мүмкін және жалпы бұл өте қызықты жұмыс.

Мамандықтың кемшіліктеріне мыналар жатады: бұл стресске толы болатын қиын жұмыс. Сондай-ақ мамандықты игеруде қиындықтар және көпшілік іс-шаралар кезінде тұрақты емес жұмыс уақыты бар.

Қорыта келгенде, синхронды аудармашы мамандығы өте қиын екені анық. Осы мамандықтың ерекшелігін білетін, сөздік қоры мол, шет тілдерінде ауызша сөйлесу тәжірибесі бар, жақсы түсіндіру техникасы мен дарыны бар маман ғана ілеспе аудармашы бола алады. Бұл жақсы төленген, шетелге шығуға және халықаралық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беретін беделді қызмет. Алайда, бұл үлкен жауапкершілік және ақыл-ой мен эмоционалды жүктеменің жоғары деңгейі екенін ұмытпаған жөн.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 1-курс магистранты Динара Нурмаганбетова Жетекшісі: Данат ЖАНАТАЕВ, ф.ғ.к.  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер