Фильтр для воды
Корейская косметика премиум класса

Мархабат шығармаларын әрбір қазақ отбасында қалай оқытсақ болады?

Қаламгердің алғашқы әңгімелері жетпісінші жылдардың алғашқы шағында дүниеге келген. «Шілде» деген атауға ие болған бұл әңгімелер жинағы Мархабат ағамызды заңғар жазушы ретінде дүйім жұртқа таныта түсті. Бұл жайында белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов: «Мархабат тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ танылып үлгерген жазушы. «Оңтүстік Қазақстанда» істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған. Көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді»,-деп Мархабат ағамыздың жазушылық әлеміне бас иіп өткен. Шығармашылығы қахында ары қарай ой қозғар болсақ, қаламгер туындыларының замана келбетін танытатын, шынайы өмірді әрқалай жанрмен сипаттайтын артықшылығы бар. Бертін келе жарық көре бастаған «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәурізек», «Қорғансыз жүрек» сынды шығармалары әдебиетімізде ойып тұрып өз орнын ала білді. «Интернаттың баласы» повесін мысал етіп алып көрейік. Жасөспірім балалардың өмірде қалыптасып  дамуы, жолдағы қиындықтарға төтеп бере білуі шығарманың басты өзектілігі деп баға беруге болады. Бүгінгі қоғаммен салыстырып қарасақ, баланың өзін-өзі тануында, дамуында үлкен кедергілерге жол бергенімізді байқаймыз. Кейінірек баланың құрдымға кетуі, өміріндегі сәтсіздіктері мен қағтығыстарға бой ұрындыра қалуы осының нәтижесінде жүзеге асары анық. Қоғамның да ақсап тұрған шағы осы емес пе?!  Жазушы шығармашылығының тағы бір ерекше тұсы-туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, бауырмалдығы. Осы жайында сыр шерткен мақалаларын оқып отырып ерекше әсер алғаным рас. Еліне деген перзенттік махаббаты мен кеңпейілдігі айқын сезілетін шығармалары жазушының қаламгерлігін танытқан ерекше бір қасиеттер десек әсте қателеспеспіз. «Тәуелсіздікке тәубе дейік. Алтын құрсақ Оңтүстіктің, шырайлы Шымкенттің барына шүкір делік. Халқымыздың және бір жауһар жыршысы Асанұлы Сабырханның сөзін сәл ғана өзгертсек, көктем де Оңтүстіктен басталады». Иә, халқымыздың дәстүр салты бұзылмаған, тілі де, діні де берік оңтүстік өңір  ел жадында мәңгі жаңғырары ақиқат.     

Мархабат шығармашылығының тағы бір ерекшелігі- әскер қатарында жүріп әдебиетке араласа бастауы. Бір-бірімен әдемі үйлесім тапқан әңгімелері мен хикаяттары, публицистикалық жанрда жазылған еңбектері қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі. Алғашқы туындыларының бірі «Күн астындағы күнекей қызды» небәрі жиырма бір жасында жазып қалдырған екен. Ұлттық танымы мықты орныққан Мархабат шығармашылығына Шерхан атамыздан бастап бүгінгі күнгі жазушыларға дейін жылы көзқарастарын танытып келеді. Ғылыми деректерге сүйенсек, қаламгердің шығамалары түрік, өзбек, саха, украин, қарақалпақ тілдеріне аударылған. Ол жазушылығымен қатар, аударма саласында да жемісті еңбек еткен тұлға. Қырғыздың белгілі жазушысы Шыңғыс Айтматов пен орыстың бірқатар жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Меніңше, Мархабат ағамыздың еселі еңбегін әрбір қазақ шаңырағында ғана емес, бүкіл әлемге танытқан маңыздырақ.  Айтпағым, жазушы шығармаларын үш тілдің патшалары ағылшын және орыс тілдеріне аударып, таралымын көбейтсек нұр үстіне нұр болары рас-ақ.  

Мархабат шығармашылығының негізгі тақырыбы қандай? Кітаптардың таралымын көбейтіп, әлеуметтік желіде белсенділік танытсақ қазақ прозасы қандай нәтижеге қол жеткізбек? Әрине, бұл қаламгер туындысын алғаш оқыған оқырманның да, жылдар бойы мақалаларын сүйіп оқитын жанның да  санасында орын алатын бірден-бір сұрақ. 

Мархабат шығармаларында көп көрініс табатын дүние-ауыл өмірі. Шығармаларын бір оқығанның өзінде-ақ ауылдағы қызған тұрмыс-тіршілік пен қазақылықтың иісі аңқып тұр...   Өз халқымызға ғана тән ұлттық кодымызды да Мархабат шығармаларынан анық кездестіре аламыз. Міне, шынайылық қайда жатыр?!  Ауыл тақырыбын шығармасына арқау еткен  қаламгердің жазу өнері де, стилі мен прозалық қабілеті де өзгеден ерек,  һәм ешкімге  ұқсамайды да. Мархабат әңгімесін жазар алдында кез-келген оқиғаны ерекше етіп жеткізуге тырысады. Меңзеу, юмор, ишара, теңеу, риторикалық сұрақтар...  Бәрі де бір шығарма аясында  ұштасып, ғажап үйлесім тапқан. Бәрімізге белгілі «Жас алаш» газетінде Темірхан Медетбек есімді ақынның Мархабат ағамыз жайында жазған мақаласы жарық көрді. «Мархабат Байғұт стилі де, мәнері мен мақамы да ешкімге ұқсамайтын жазушы. Тілдік аясы да, оны қолдана білуі де бөлек. Бізде қасаң түсінік бар ғой: жергілікті жерлерге ғана тән жаргон мен диалектілерді тек кейіпкерлер диалогында ғана қолдану керек дейтін. Мархабат мұндай жөнсіз санитарлық түсініктің быт-шытын шығарады. Ол кейіпкерлерін бір мақаммен сөйлетіп, өзі бір мақаммен сөйлеп жатпайды. Кейіпкер қалай сөйлесе, өзі де солай сөйлейді. Тұтас! Тағы да олар оңтүстіктік мақамдар! Мархабат мақамдары!»,-деген екен.  Оқи отырып сүйсінесің, Мархабат әлеміне қызыға түсесің. Осыдан-ақ Мархабат Байғұт тек жазушы, аудармашы ғана емес ауыл өмірін қоғаммен етене жақындастыра баяндаған көрнекті суреткер деп атасақ артық болмағаны.

Публицистикалық дүниелері қазіргі таңда жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор. Осы тұрғыда жазушы туындыларының бүгінгі ортадағы маңыздылығы жайлы баяндасақ. Расымен, жазушының қарымды қаламы мен шалқар шабыты кез келген оқырман қауымды өз шығармасына «мен мұндалап» қаратып алары бек. Сиясы кеппеген мақалалары БАҚ беттерінде жарық көріп, одан қала берсе қоғамдық резонанс тудырарлық мақалалары бірден ел назарын аудартады. Мен де Мархабат ағамыздың оқырмандарының бірімін. Жазушының кейбір кітаптарын іздеп таппай жатамыз. Сол сәтте ғаламтордың көмегіне жүгініп, жазушының өмірін жақынырақ танып білдім. Кітап беттерін парақтап оқып отырып еш жалықпайсың, шығарманың өзі сені қиядан қияға, ұшқыр ойдың шарықтау шегіне дейін жеткізіп жатады.  Кейіпкерлердің бір-бірімен қағтығысы, шыншыл диалогтары мен жазушының қайталанбас қаламгерлік қасиетін бағамдай аламыз. Мархабат Байғұт кітаптарын одан әрмен жарыққа шығаруда баспаханалар мен жоғарыдағы шенеуніктер қолдау танытса  кез келген кітапсүйер жас қолына алып оқиды. Қоғамның шынайы ақиқаты мен ұлт болмысы Мархабат шығармашылығының үзілмеген арқауы екенін аңғарамыз. Ұлттың ұлы рухы да біздің ізгі қасиеттерімізге байланысты екенін ескерсек, Мархабаттың өзіндік мақамы да ел тарихын қастерлеуде  маңызды рөлге ие екенін еріксіз мойындаймыз. Ендеше, жазушы туындыларын жаһанға неге танытпас қа?!

Мархабат Байғұт өзінің қызықты хикаяттары мен публицистикалық жанрда жазылған шығармалары арқылы көпшілікті баурап алды. Өмірден көрген-білгендерін ойға түйіп, ақ параққа шимайлап жазған әр дүниесі құнды. Еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін оқитын жанрды бір шығармасына жинақтап жан-жақты көрсетуге тырысты. Демек оның әдебиет әлемі жас өскіндерді тәрбиелеуде айрықша рөлге ие. Қоғамның ұлттық танымының кеңеюіне маңызы зор деп ойлаймын. Бүгінгі күні суреткер жазушының мақалалары  республикалық, облыстық басылымдарда жарияланып келеді. Өз атынан ашылған қоғамдық қор да халықтың игілігі үшін қызмет атқаруда. Мектеп кітапханасынан Мархабат ағамыздың кітабын жаздырып алған болатынмын. Газетті сүйіп оқитын болғандықтан Мархабат ағаның мақалалары мен суреттерін жиі кездестіріп жатамын.  Алған кітабымды аз ғана уақыттың ішінде оқып бітірдім. Кітап қаншалықты қызықтырақ болған сайын, оқып аяқталуы да әпсәтте дейді ғой. Жалғыз мен үшін ғана емес, миллиондаған оқырмандары үшін оның жазған дүниесі жаңалыққа толы. Мархабат ағаның мақалаларын оқи жүріп кешегі мен бүгінгінің ақ қарасын айырып, ала жігін ажырататын күйге жеттім. Жалғыз кітапханалардан ғана іздеп оқитын емес, электронды кітаптарын жарыққа шығарса оқырмандар саны толассыз болар еді. Кез келген уақытта: сабақ үстінде, әуеде, ұзақ жолдарда болмасын нағыз қасымыздан табылар серігіміз  болары рас.  Міне, осының нәтижесінде жазушы кітабын әрбір қазақ шаңырағынан, кез келген кітапсүйер оқырман қолынан  кездестіре аламыз.

Қорытындылай келе, мен Мархабат Байғұт әлемінің тұңғиыққа толы терең екенін ойға түйдім. Мархабаттың болмысы-бүкіл қазақ халқының ұлттық болмысы. Мұндай жазушылар қазақ әдебиетіне ауадай қажет. Сондықтан, әдебиетіміздің шырайын келтіріп тұратын, өзіндік жазу стилімен ерекшеленетін шығармаларын саналы ұрпаққа асыл мұра етіп қалдыру азаматтық парызымыз.  Шығармашылығын зерделей отырып Мархабат Байғұт жайында ғылыми зерттеу жұмысын жүргізсем бе деген бір ұшқын ой пайда болды. Әрине, уақыттың еншісінде... Бірақ мына нәрсені анық түсіндім: Мархабат Байғұт хақында арнайы сала жарық көрсе де артық етпейді. Мархабат мақамдары- қазақ прозасының ұлы жетістігі!

Алтынай Бауыржанқызы «Ұланның» жас тілшісі        


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×