Фильтр для воды
Корейская косметика премиум класса

Зайырлылық және дін

Уақыт өткен сайын қоғамда дін, салт-дәстүр мәселелері  өзекті тақырыптарға айналып отыр. Себебі, бүгінгі күні қоғамның дінге деген өзіндік көзқарасы екіге бөлінген. Сонымен қатар, дін мәселесіне келгенде зайырлылық та аталмай өтпек емес. Зайырлылық-мемлекеттен діннің дербестігі, халықтың бостандықта ғұмыр кешуі. Бейбіт өмірге қол жеткізбес алдын «атеистік» көзқарас қоғамда өршіп тұрды. Тіпті Кеңес дәуірінде әрбір маман дәрігер, мұғалім, педагог болсын атеист болуы міндетті болды. Тәуелсіздіктің алтын таңы атып, атеист принципі өз дәрежесін жоғалтып, мәртебесінен айрылды Біз асыға күткен тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен бастап  дініміз қоғамдық өмірге қайта оралды.  Бәсекелік қабілет қалыптасқан бүгінгі заманда өркениеті биік мемлекеттер зайырлылық көзқарасты ұстануда. Себебі, осы жол арқылы мемлекет әлемдік деңгейге көтеріліп, ірі жетістіктерді бағындыра алады. Бүгінгі таңда зайырлылық мәселесінде елімізде нақты қатып қалған ереже жоқ.

Дін-қоғамның ең негізгі бөлігі. Дін арқылы адамзат баласының қоршаған ортаға деген көзқарасы, тыйымдары жан-жақты қалыптасып өз орнын айқындай алады. Діннің басты мақсаты-адам  баласын діни сенімге үгіттеп, асыл дінімізді насихаттау. Өмірдің ақ-қарасын ажыратып, дұрыс жолға түсуге үйрету деп ойлаймын. Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақстан формальды тұрғыда ғана зайырлы мемлекет емес, сонымен бірге іс жүзінде Қазақстан халқының төл табиғаты мен рухы, сана-сезімі дінге деген тарихи кеңшілікте қалыптасқан»,-деп еліміздің зайырлылық көзқарасы ертеден-ақ мәдени-тарихымызда, менталитетімізде бар екендігін айғақтай түседі. Бүгінгі күні асыл дініміз Ислам дінін кеңінен насихаттау үшін көптеген медреселер салынып жатыр. Дін-саясаттан да биік ұғым. Саясатты басқара алғанымызбен, дінді өз қалпында басқара алмаймыз.  Саясат-әр уақытта өзгермелі екендігі баршамызға мәлім. Ал дін-мәңгілік. Ислам діні-бейбітшілікті насихат тұтатын дін. Өкінішке орай, дін мәселесіне келгенде халықтң пікірі бір-біріне сыйыспай кететін жайттар кездеседі. Соның арқасында террорлық іс-әрекетке жол беріліп, екі мемлекет арасында алауыздық орнап, ақыр соңы қатыгез соғысқа ұласады. Дін мәселесі қашанда маңызды. Ол саясатты басқармағанымен, адамзаттың өмірлік жолын қалыптастыратын үлкен ұғым.

ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап дамып, шыңына жеткен заманы. Оған себеп, таң атқаннан кеш батқанға дейінгі айналамызда шырылдаған телефондар, өзге де техникалық құралдар. Өзімізден кейінгі келе жатқан жастар әлеуметтік желіні белсенді түрде пайдаланады. Сол арқылы әлемдік жетістіктерге көз жеткізіп, ой-санасында түрліше пікірлер қалыптастырады. Міне, осының бәрі зайырлылықтың арқасында деп ойлаймын. Ең көп қаралатын тағы бір мәселе-әлеуметтік желідегі түрлі ұстанымдар, насихаттар. Бостандықтың арқасында кез-келген нәрсеге оңай әрі тиімді түрде қол жеткізе аламыз. Бірақ оның зиянды тұстарына да мән бермей кетеміз. Ол-заман ағымына қарай өзгеріп жатқан діни мәселе. Сонау заманда Асан Қайғы атамыздың: «Қилы-қилы заман болар, судағы ақ шортан қарағай басын шалар»,-деп айтқаны да діннің емес, саясаттың, заманның өзгермелі екендігін айтып тұрғандай...

Біз-зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқан азаматпыз. Тіліміз де, дініміз де, әдет-ғұрыптарымыз да өз қалауымызбен орныққан елміз. Тәуелсіздігі тұғырлы болған қазақ халқы келешекте де бейбітшілігінен айнымай,  ең бастысы Ислам дінінің ғұрыптарын сезіне білуі қажет. Сонда ғана, Қазақсан-әсемдігі мен рухани байлығы жарасқан жасампаз елге айналары сөзсіз!

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×