Өлең, жыр, ақындар

Артық адам

Махметтің басына іс түсіп, қауіпсіздік Комитетінің үндеместері ізін аңдып, «ұлтшылсың!.. тәуелсіздік реформасына қарсысың!.. оппазицияға бет бұрдың!..» — деп індете жөнелгенде — шырқырап араға түскен, лауазымды кісілердің алдына барып: «Кешіре көріңіздер»,-деп басын иіп беделін салған, одан қалды жанбағатын кішігірім жұмыс тауып берген — досының қолқасын ойда жоқта тәрік еткісі келмеді. Тілдесейінші деп осында келді.

Жүріп-жүріп күлдіреп іскен сыздауық жараның жарылар мезеті жақындады. Дәп бүгін, осы арада. Я достық пейіл тасқа түскен құмыраға ұқсап быт-шыты шығады, я болмаса баяғы уыз көңіл, уәлі тілек, ыстық ықылас шөлдегі күн көтерілген кезде иректеніп жосылатын сағымға ұқсап қайта тіріледі. Екінің бірі.

Қаланың батыс бетіндегі қолдан тіккен тал ағаш бүр жарып, үлкен алқапқа жан беріпті. Баяғыдан бері Президенттің айтып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасының Астана маңындағы көрінісі осы болар, сірә. Шырша мен самырсын, арша мен ақ қайың аралас тоғай өсіп, желмен теңселіп, шашырап атқан таң шапағына жамырай шуласып, көз жауын алады. Азон ауасы өкпеден өтіп жүрекке жетеді. Махмет маңайына ұзақ сүзіліп қарады. Алыс жолға шығатын жолаушыға ұқсады. Сол жолаушы белдің үстіне көтеріліп, алысқа көз тігіп, бейне, бұлдырап қалып бара жатқан балалық шағымен қоштасқандай — соңына мөлигеннен мөлиіп көз салар еді. Құлағына жел ызыңы жетті. Аяқ астында селеу сабағы сәлем салды. Жел өтінде, қиыр шетте ыздиғаннан ыздиып тұра беруге жалығып, әудем жердегі киіз үйге ұқсаған мейрамханаға беттеді. Шыпта есігін шалқасынан қайырып ашып, екі бүктеліп ішке енді. Үйдің ішіне қалы кілем, ою үлгісі салынған текемет төсеп, әр жер, әр жерге жастық тастап, қазақы тұрмыстың көрінісін жасапты. Аяқ киімін шешіп, төрге озды. Атлас көрпешенің шетіне құс жастықты құшағына көміп, тыраң етіп көсіліп жата кетті.

Сол екі арада Сәмен досы келіп жетті.

Жеңіл жүйріктің есігін сарт жапқаны, әлдекіммен дабырласып сөйлескені, әлдекімге шұғыл пәрмен жасағаны естіліп тұрды. Ендігі кезекте еңкейіп ішке енді. Махмет апыр-топыр аяғын жинап, тізесін басып, итіне түрегеліп досына қол ұсынды. Сәмен баяғы аңқылдаған ақжарқын қалпы — екі қолын сілке сермеп Махметті құшағына көмді. Төрге оздырып орын ұсынды.

Екі дос — Махмет пен Сәмен бүгін қаланың батыс түкпірінде, наурыз мерекесіне тігілген ақ боз үйде, я шайхана, я мейрамхана — ол арасын айырып білмейді. Жұмыртқадай жаңа қоныста ақырғы рет кездесті.

Ақырғы болатын себебі — Махмет күні ертең уақытша визаға қолы жетсе — шетелге шығып кетпекші.

Бұл күнде тіршілігі жүдеу, қарақан басы қазан ұстап жүр. Бірсыдырғы сұрғұлт кісікиік өмірге үйреніп қалды. Осыдан үш бұл бұрын зайыбы ауыр дерттен қайтыс болған, әзір бір басын екеу ету ойында жоқ. Соңынан ерген жалғыз перзентін сүйеніш тұтады. Барлы-жоқты өтіп жатқан бір тіршілік. Махмет үшін маңайындағы дүние қайыршының шапанындай жыртық-жамауы көп, ызғырық желге панасы жоқ ілдебай әншейін. Жалғыз ұлы Алмас орта мектепті бітіре салып, қиын конкурстан сүрінбей өтіп, қиырдағы АҚШ-тың Колумбия университетіне оқуға түскен. Жасынан зерек еді. Журналист мамандығын игеріп шығады. Ойына түссе — жатбауыр болып сыртта жүрген ұлын тамағына тас кептелгендей сағынады. Көз алды кілегейленіп, алыс қиырға қараған жолаушыдай мізбақпай қимылсыз қадалып, әлденені күтумен болады. Мұхиттың арғы бетінде «оқуда... бөтен ұлтқа бауыр басып үлгерген ұлымды бір көрсем» деп қиял қуады.

Баяғыдан бергі досы Сәменнің ауызын ашса айтатын жыры белгілі. «Енді жер ортаға жеткенде жат елге несіне ауасың. Жалғыз ұлың жас, келешегі алдында, оқуын бітіріп, әлі-ақ елге оралады. Сақал — шашың ағарған кезде қоныс аударамын дегенің ақылға сыймайды. Бір көжеңді осы Астанадан-ақ тауып ішетін едің», — деп бопсалап болмайды. Басы бір қисайса құламай тынбайтын қырсық мінез Махметтің алпыстың қырқасына шықса-дағы көлеңкеше қала қоймапты. «Кетемін, мұндай шенеунігі аш бөріше талаған, қазақ тілі — мемлекеттік тіл болудан қалған, бордай тозған, ірі өндіріс ошақтарын шетел алпауыттары иемденіп алған, келешегі күмәнді елден қарамды батырамын», — дейді. Қайсы бірін айтып тауысарсың.

Әйтеуір екі дос ұшырасқан сайын дау ушығып, соңғы кезде әрі тарт пен бері тарт мүлдем ұлғайып аралары алшайысып кеткен. Сәмен қанша дегенімен көнтерілік танытты. Айтып-айтып шаршады, қолын бір-ақ сермеп көрместей боп кетер еді:

Университетте бес жылдай бірге оқыған, ашты-тоқты жүргенде бір нанды бөліп жескен,

Сәмен үйленгенде ағынан жарылып күйеу жолдас болып, құда-жекжаттың арасына дәнекер болған,

Кейінше ғылыми атақ қорғағанда, басына баспана алғанда — қуанышын бөле жарысқан баяғыдан бергі досын, досына деген ыстық ықыласын суытуға қимайды.

Екі дос амандық-саулық сұрасып, бірауқым шүйірлесіп отырды. Алдына алжапқыш байлаған шағын денелі, қуыршақтай киінген сыптығыр даяшы қыз келді. «Қазақша бешбармақ бар», — деді сүйінші сұрағандай бетінің сүт шұқыры ойлы күлімсіреп. Махмет мойнын ішіне алып мөңкіді.

— Шырағым-ау қазақы ет деудің орнына бешбармақ дейсің, қай жерден үйреніп, кімнің сойылын соғып жүрсің? Қазақы ет десең тіліңді біреу кесіп алады ма? Әлде орыстың тұмшалаған тұмылдырық бұғауы аз болды ма?

Махметтің ызғарын төгіп, өңменінен өткізе үңіліп зілденгені сонша — әлгі торғайдай даяшы қыз не дерін білмей, жерге кіргендей кепке еніп, парт қызарып қипыжық қақты.

— Қазақтың салт-дәстүрі майрампаздың телпегі ме сендерге, қалай кисе солай төңкеріліп түсетін!

Торғай қыз жанарымен жер шұқыды. Сәмен жолдасының ызғарын жуып-шайып басалқылық танытып, араға тоқтам айтып, сөз қыстырды.

— Неғыласың жас қызды ұялтып. Жүре-бара қазақы салтты үйренер... жөнге келер... үйірге енер...

— Түзелмейді бұлар! Беті бері қараудан кеткен. Ұлт болудан қалып барамыз. Қазақ тілін төрге шығарайық, жарық барда үйреніп алайық дейтін бірде-бір өзге ұлт өкілін көрмеймін!..

Осыны айтқан Махмет сексеуіл салған самаурынға ұқсап бұрқ-сарқ қайнап біразға дейін басылып болмады. Алдына жал-жаясы түрілген, қиялай туралып, үрімдей еттің үстіне хош иісті тұздық құйылған үйеме табақ ет келгенде барып сап басылды. Жан қалтасынан орамал алып маңдайын, желкесін сүртті. Ағаш зеренге құйылған қымыздан ауыз тиді. Көз жанары қайтқан теңіздің түбіне ұқсап тұнжырап, қарабарқын тартты. Киіз үй ішін бірауық марғау тыныштық кезді.

Сырттан қыз бен жігіт еніп, сыпайылық сақтап сәлемдеме салып, оң бұрыштағы жозыны жағалап тізе бүкті.

Сәмен осыдан апта бұрынғы Махмет екеуі арасындағы егесті есіне алды. Ащы дәрі талмағандай тыжырынды.

— Ел болып кетуі күмәнді деген топшылауыңа үзілді-кесілді қарсымын, Махмет! Тап осылай өзімізді — өзіміз желкеден басып тұқыртып, ыңғуырдай іштей кеулеп, кейінге тарта берсек — еңсе тіктеуіміз қиын! Сырттағы дұшпан көзіне сендей қырсық қосылса қайтіп оңамыз!

«Сендей қырсық» деген сөзге Махмет мөңкімеді, қанша дегенімен арғы-бергіні ойлай жүретін азды-көпті оқығаны, көнтерілігі жеңді.

— Рас, көп нәрсені қырсық мінезімнен көріп жүрмін. Ешкімге кеудемді бастырғым келмейді, ешкімді менсінбеймін, ешкіммен тіл таппаймын, сөйтіп жүріп ұлтымның қамын жеген болып түн ұйқымды төрт бөлемін...

Махмет осыны айтып тұнжырап отырып қалды. Сәменнің бала жастан әдеті — тұнжыраған адам көрсе шыбын жаны шырқырап кетеді.

— Ас ал, асыл дос! Артық айтсам кешірерсің. Бүгінгі бас қосуға ашынып келдім, қайтейін.

Сыртта дабыр-дүбір үдеді. Ертерек келіп, төргі орынға жайғасып үлгергені оңды болыпты. Кейінгі келгендер сегіз қанатты қазақы киіз үйдің ішін лықа толтырды. Тіпті бас сұққан бірер кісі бос орын таппай, сүріне басып қайтып кетті. Сәуір қымызы балдай тәтті. Таңдайға теуіп, үгітіліп, тілді үйіріп, ішкен сайын іше бергің келеді. Махметтің самайынан тер моншағы тізілді. Бір пәс маңайындағы астан-кестең өзгермелі өмірді есінен шығарып, пендешіліктен ада, алакөбең, алаңсыз кепке түскен сыңайлы. Сәмен маналы бері тіліне үйіріп сақтап отырған сырын, мұңын жасыра алмады. Көкейіне тоқып келгенін ағыл-тегіл ақтарды келіп.

— Ақылымды тыңдасаң, шетелге шығандап кетемін дегеніңді ұмыт! Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа. Қанша жұмаққа теңесең-дағы туған жерге жетпейді. Шеңгел де жерінде шуласын дейді қазақ. Өсімдіктің ең нашары, ең көріксізі шеңгел-дағы жел тиіп шулаған кезде — туған топырағынан артығы жоқ деген сөз. Жат жерге, бөтен ұлтқа барып басыңды тығып, шеріңді тарқататын жер таппай қаласың.

Махмет жербеттеніп түнере түсті.

— Жақсы ит өлігін көрсетпейді. Өзімді итке теңеп неғылайын. Көз алдыңа бір пәс елестетіп көрші. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ облыстарын таратып, өлкеге бөліп, іргедегі Красноярск, Краснодар өлкесіне ұқсатып, келешегі Ресейге қоса салуға ыңғайлаған кезде — студент болатынмын; «Жоқ, болмайды!.. Ата-бабамыз қан төгіп, кірін жуған жер қазаққа тиесілі, Ресейдің боданы болып, тұқымымыз бордай тозып құрып бітуге айналдық» — деп бір топ студент ел-елге үнпарақ тараттық. Сөйтіп қисықаяқтана басып, жан сарайымызды өрт шалғандай болып жүргенде үндеместер көлеңкеше соңымызға түсті. Күнара сүйрелеп, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тас шемен қараңғы бөлмесіне қамап, жауап алып, есімізден тандырды. Өзге құрбыларым «ендігәрі демімізді шығармаймыз... тыныш жүреміз...» деп қолхат жазып құтылып кетті. Ал, өзім айтқанымнан қайтпаймын деп қасарысып жүргенімде — майқұйрықтан бір теуіп университеттен шығарды. Кейінше жоғарғы оқуды сырттан оқып әзер бітірдім. Шалғайдағы шет ауданға мұғалім етіп жіберді. «Қоғамтану» пәнінен сабақ беріп жүріп, оқулықтан 27 мағыналық кемшілік, 74 орфографиялық, 111 пунктуациялық қате тауып, қоғам дамуының негізгі сатылары тарауының қисынсыз тұстарын ашып жазып Білім және ғылым министрлігіне ашық хат жарияладым. Сол сол-ақ екен азуын айға білеген академик, оған әлгі күлдібадам оқулықтың авторы қосылып соңыма шам алып түсті. «Капитализмнің сойылын соққан империализмнің жансызы» деп үндеместер індетіп ізіме түсті. Жұмысымнан босатты. Амал жоқ көрші Ресейге барып орыс мектебіне орыс тілінен сабақ бердім. «Өзі орыс, орыс тілінде жалғыз бет хат жаза білмейді» деп мектеп директорының, оқу ісі меңгерушісінің бетін аймандай еткенім жоғарғы жақтағыға ұнамапты. Әлгі мектептен де қош айтысуға тура келді. Горький қаласында саяси сенімсіз аталып үй тұтқынында отырған академик Сахаровқа барып бес сағаттай сұхбат құрдым. Санкт— Петербург қаласына барып мөлдіреген жас ақын Иосиф Бродскийге жолықтым. Бірнеше күн ақынның аядай бөлмесіне қонып шықтым... Айтты-айтпады кеңес одағының әлеуметтік жүйесіне, партияның ұртоқпақ саясатына қарсылығым айналып келіп бумеранг болып өзімді тапты. Маңдайыма таяқ боп тиді. Сол таяқтан құтылудың жалғыз жолы шетелге кетуге бекіндім.

— Қоғамдық жүйеге қарсы шығу пілге үрген қанденді елестетеді.

— Енді әлгі піліңнің аяғы аспаннан келді емес пе?!

— Одақ ыдырады, бас-басымызға тәуелсіздік алдық. Әркімнің бостандығы өз басында. Әркім өз ақылымен, өз ұжданымен өмір сүретін халге жеттік! Әйтсе-дағы қара орман қазекемнің іргелі, еңселі ел болып кетуі екіталай деп мақала жазыпсың. Жоғарғы жақтағылар Махмет деген есіміңді естісе — аяғының астынан су шыққандай шошынады, су тиген қара— құртша бүріседі, үкіше үрпиеді. Айдың, күннің аманында бұйырған ырзық-несібеңді теріп жеп, ұсынған қызметін істеп, сояудай жалғыз басыңды тау-тасқа ұра бермей, осы күнгі көктемгі жауқазындай желкілдеп жетіліп келе жатқан қазақтың бір қараторы сүйкімдісіне үйленіп, отау құрудың жайын ойласаң нетті. Мына жүрісіңді мақұлдар едім, — деді Сәмен әр сөзіне дәм бере, тамсанып, салмақ сала сөйлеп.

Махметтің көз жанары лайланып, бетінің түгі көгістенді. Ашуы аузынан өтіп, жүйкесіне жетсе өстетін. Тісін қышырлатып тістене тіл қатты.

— Сояудай басыңды тау-тасқа ұра берме дейсің ғой!

— Иә, дәп солай!

— Басыңа отау құрудың жайын ойласаң етті дейсің ғой!

— Өмірге өз бетіңше өрнек саламын деп өркөкіректене бергенше тыныш қана-жұрт жүрген жолмен жүріп, жұрт айтқан сөзді айтып, жалтақ шенеуніктердің аузын бағып, жүре бер дейсің ғой. Мұндай достықтың тап ішін ұрайын! Өз ақылың — өзіңе, өз ақылым — өзіме. Сыртымнан өсек сөзге іліп жаратпай жүргендеріңді көптен сезгем. Диссидент дейсіңдер! Оппазиция дейсіңдер! Ойларың ертерек араларыңнан аластап қуу ғана. Жоқ, сенімен табақтас болып отыра алмаймын. Ертерек жөнімді табайын!

Махмет нарттай қызарып, шалт тұрып, орындық арқалығына іліп қойған костюмін алып кетуге айналды. Үстел үстіндегі үйеме табақ қазақы етке, аса сапалы, өрттей қызыл вискиге, тау боп үйілген інжір, анар, алма, жүзім өзге де жеміс-жидекке бұрылып қарайтын емес. Сәмен досының мінезіне қанық. Жайшылықта айтысып, арбасатын, пікір таластыратын, сөз саптасатын қарсылас іздеп екі иығын жұлып жеп жүретін дүлей мінезді бұл көкең — әлгідегі шамына тиетін сөзден тегі түлен түртті. Шабына қызылдәрі қыстырған асауша тулады. «Кетемін!.. Қарамды батырамын!..» деп есікке ұмтылды. Сәмен жүгіре ілесіп, шалғайына жармасып, «әке, көкелеп» әзер кідіртті. Құрғырдың көзі қанталап кетіпті.

— Құлдығың болайын, ең болмаса жөн сөзге келші, көкешім. Осыдан кейін қашан бас қосып сөз құрап отырамыз дейсің!

Махмет бір қолы есік тұтқасында, бір қолын басынан асыра сермелей сілтеп, даурығып дірілдейді.

— Өңшең өсекші... жәркеленші... жалынышты!.. ұлттың рухын ұмытып, бас пайданың құлына айналып, азып-тозып құруға бет алған Ұлтанқұлдың ұрпақтары!..

— Солай—ақ болсын!.. Мақұлмын, көндім, бір жолғы ашуыңды басып отырайықшы біразырақ!..

Есік аузынан арқан салып сүйрелегендей болып дәм-тұзы қайысқан үстелге әзер әкелді. Жалынып жүріп тізе бүккізді. «Демал!.. мына француз вискиі холестеринді азайтады!.. Бір-бір рюмке алып қояйық», — деп дегбірі сарқылып, үзіліп отырып ащы судан алғызып жіберді. Қол созып үлкен астан ауыз тиді. Әлде Сәменнің құрақ ұшып қызмет қылғаны, жалынғаны — жүрегін жылытты, әлде қанына қосылған өрттей ыстық ішімдік иін жұмсартты — сәлден кейін Махметтің ашуы сейіліп, икемге тығылған сыңай танытты. Жанарының аласы азайып, шоғы маздады.

— Көріп—біліп тұрып қалай мылқау болайын, — деп вискиден тағы бір рюмке алып қойды. — Жеріміздің біразы шетел алпауыттарына арендаға берілді, «құр босқа жатқан жер ғой, пайдаланылсын... өнім алсын...» дейміз, әйтсе-дағы енді елу жылдан кейін сол жердің мәйегі үзіліп, соры шығып, құмға айналарын елестетеміз бе! Ана тілі жоғарғы лауазым билік сатысында қолданылмайды. Әсіресе мемлекеттік қызметкерлер түкке қажетсіз, өлі тіл санайды. Ебін тапқан, билігі асқан шенеуніктер ен байлыққан іріп-шіріп аза бастады; көпшілік халық кедейшілік сатысында; жастар жағы дүбара, ұлтсызданып бара жатыр; қара орман қазағымыздың жан сарайында ішкі тиек, сыртқы серіппесі жоғалуға айналды; немқұрайдылық, нәсіпқұмарлық, ашкөздік, көзқамандық етек алып дендеді. Осының бәрін көріп-біліп отырған мына мен жыламағанда кім жылайды! Мен айтпасам кім айтады!

Мына сөзден Сәменнің төбе құйқасы шымырлап, аузына сөз түспей, састы. Мұндай да ғазауаттың сын өткелі болады екен-ау деп торықты.

— Рас, кеше кеңестер одағына мүше болып жүргенде басымыздан не өтпеді. Таптық күресті күшейтеміз, кедейдің сойылын соғып, байдың тамырын қиямыз деп жүріп кәдуілгі адами, рухани, ұлттық құндылықтан айырылып қала жаздадық. Ұл әкеге, қыз анаға қырын қарап сөйлейтін заман туды. Адамның өмірін, тіршілігін түкке алғысыз ете қоғамдық биік сатыға ұмтылдық. Жетер биігіміз әлі алда деп санадық. Иван Грозный да, Ермак та ұлы орыс империясын құрушы батырлар есебінде танылды. Ал Кенесары, алаш қайраткерлері ұлтшыл, көпке топырақ шашушы, байлардың сойылын соғушы ретінде құстана болды. Өз мүддемізді көбіне ұлы империяның мүддесіне жығып бердік. Бейшара, мүсәпір халде көріндік. — Мен шырқырасам — дәуір талабын, ұлт мүддесін тарихи ортадан, қазақы салт-дәстүрден бөліп қарауға болмайды деп шырқыраймын, — деді Махмет үні іріп.

Сәмен осы мезет досының жанарынан мөлдіреген қос тамшы жасты көрді. Маналы бері көңілінде қордаланып жиналған өкпе, наласын түгел ақтаруға бел буды. «Несіне жауырды жаба тоқимын, несіне көлгірсіп күлтелеймін», — деп ойлады. Назарын тіктеді.

— Махмет, шынымен шетелге шығып кетуге бел будың ба?

— Иә, бел будым.

— Қайда бет алмақсың?

— Әуелі Чехияның астанасы Прагадағы «Бостандық радиосындағы» журналист жігіттің шақыру қағазын көрсетіп, виза аламын. «Мақұл» деп жатса сол радионың редакциясына орналасамын. Баспана табамын. Елі үшін еңіреп өткен алаш лидерлерінің жарияланбаған біраз хаты қолымда, радиодан оқытамын. Арғы жағында бұйырғанын көре жатармын.

— «Бостандық радиосы» бұл күнде кімнің сойылын соғып жүр? Қай қазақтың болмағаның болғызып, жоғалғанын түгендепті. Қарақан басыңның қамы үшін — қарапайым қазаққа қаратып тас төбесінен ұрғанда етіп рухын қорлайтын сөз айтпасан деймін. Халық көзіне шөп салу кімге қажет. Шынның жүзіне шындап қарайықшы! «Бостандық... бостандық...» деп күніге сан мәрте қайталап құлақты сарсылтып жүргендерің — қай бостандық осы? «Демократия... демократия...» деп ауыздарыңның суы құрып аңсаған демократияң — қай демократия? Жан баласына қажетсіз, атам қазақтың ұғымына жат — әркімнің аузына келгенін ірікпей сандалып сөйлеу ме? Демократия! Әлде төрде отырған ақсақалдың сақалына жармасу ма? Демократия! Әлде үлкеннің сөзін сыйламау, жақсының алдын кесіп өту, өзге ұлт пен ұлыстың экзотикасын аспанға көтеріп, керісінше атам қазақтың ғасырға ұласқан жүрек ұятын, ибасын, пәтуасын, ауызбірлігін, у ішсең руыңмен дейтін асыл салтын тәрік ету ме? Нені көксеп, қай елдің демократиясын басыңа алтын тәж етіп киіп алам деп бара жатқаныңа еш түсінбедім.

Аузына келгенің ағыл-тегіл айтып салғанына іштей өзі де қайран. Әйтсе де ауыздан шыққан сөз атылған оқ. Кімнің кеудесіне оқ өтіп кеткенін, қалай жаралағанын пайымдай бермейсің.

Мына сөзді естіген Махмет қап-қара болып түтігіп кетті. Жерге қарағандай кепке енді.

— Жемқорлық жайлаған, ұлттың мүддесі аяққа тапталған елде тұра алмаймын дедім ғой, — деп тістене тіл қатты. — Жүректегі сыздауықты ешқашан түсініп, тексере алмайсың!

— Кешегі қызыл төңкерістің тепкісіне шыдай алмай, 25 жылғы кіші тәркілеу, 29-30 жылдағы ұлы тәркілеу зардабынан зар илеп, 32 жылғы ашаршылықта жан сауғалап — бір жағы қытайға, бір жағы ауғанға ауып кеткен ағайын ержүрек пе?.. әлде білегінің күшімен 20 отбасыны асырап, Қаратау ішінен, ата жұртың табан аудармай тістеніп жүріп тіршілік кешкен менің әкем ержүрек пе? Таразылап, ақылға салып анығын айтшы — болжағыш болсаң! Орыстың тепкісінде жүрсек те отанымыздан қашпадық.

Мына сөзден Махмет шындап шошынайын деді. Сәмен екеуінің арасындағы достыққа сызат түсті. Сол сызат уақыт өткен сайын ара жігі ажырап, алшайып, бір-біріне кереғар қос жағалауға ағызып алып кетті.

Көз алдына төмендегі сурет қалқып келе қалды.

Қызыл су кеткен, қыстайғы дарияның сіре мұзы сөгілген ерте көктем. Сіресінен сіре мұз бір-ақ түнде сөгіледі. Бірі-бір мұздың үстінде қалған, қапылыста енесінен ажырап қалған қозы, лақ болады. Маңырағаннан маңырап безек қағады. Енесі бір мұздың үстінде, төлі келесі мұзда — мезгіл өткен сайын ара жігі ажырап, бір-бірінен алыстап бара жатады. Әлгі қозы-лақ мұз үстінен тайғанап, секіріп өтуге — бұрқыраған қызыл судан қаймығып, маңырағаннан маңырап, пәс сайын аралары қашықтай түседі. Енесінен көз жазып тынады.

Дәл осы сурет, осы әрекет, ара жігі ажыраған, екі сеңнің үстінде қалып бұрқыраған ағысқа іліккен қос төлдің басындағы кеп сүйек жолдастың жан күйіне келетін еді.

Жүрек шерін шығарған, пікір қақтығысынан кейін Махмет ойлады: бұл қазаққа өмірі жақпайсың. Абай ақын қара сөзінде айтып өткен: қазақ өзгелермен бой ұзартып салысып, өнер, білім іздеудің орнына — бірін-бірі қас қақпай аңдып, қалт жібермей отырғаны дегені шындық қой. Қазақ бір-біріне есе жібермей аңдысуға келгенде, алдына жан салмайды. Ас ішпеуге, ағайынмен араласпауға бар: қарсыласының, күндесінің қия басқан қадамын қалт жібермей, бүргедей нәрсесін түйедей етіп, болмашы сөзді өртше үдетіп, шалқытып жіберуге шебер-ақ. Етекбасты халде жүрмін. Қызметімнен босатты. Мақаламды басқызбайды. Кітабым шығудан қалды. Билеуші шенеуніктің зілзаласын, желкеден тұқыртып басқан басалқы бопсасын қашанғы көтеремін. Енді баяғы абыз Абай айтқан: өрістерлік жол іздесем, өзге өркениеттің бал шекерінен ауыз тисем — несі айып?! Бұқпа торғайға ұқсап жусан арасында паналап жан бағып жүре бергенім керек бұларға. Жалғыз мәрте бұйырған жарық жалғанда жарқырап жүріп өтейін, шолақ дүниені құйрығынан емес, жон арқасынан басайын десем — несі айып! Көрінген шенеуніктің, әкімнің аузын бағып, былайғы момынға ұқсап: «Ләббай тақсыр!» — деп күн өткізе бергенім керек бұларға. Қой, ә! Бұларға салсаң: бұқпа торғай бол дейді! Жетер... тойдым... шекем шылқыды... қарызым шаш етек... өрістерлік жол іздеймін.

Сұлқ түсіп үкіше үрпиіп отырған Сәменнің ойы өзге полюсте.

«У ішсең — руыңмен. Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол. Рас, әлі күнге әжік-күжік ауыл арасында жүрміз. Рас, бәсекеге қабілетті елу елдің керуеніне қосыламыз деп мойын ұзартып, табанымыз тілініп, үміт тізгінің ұзарта тартып келе жатырмыз. Әйтсе-дағы туған жердің таңғы ауасын жұтып, бал татыған суынан ішіп, бұйырған ырзықты бөлісіп жеп тіршілік кешкенге ештеңе жетпейді. Жұмақ — анаң мен әкеңнің табаны тиген жерде, әкең мен анаңның жастанып жатқан торқалы топырағында. Рас... көп нәрсені ескермедік, көп жәйтке үлкен Ресей ұлтының мүддесімен қарадық, қазақ халықының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған жанашырды буржуазияшыл — ұлтшыл, я кертартпа — реакцияшыл деп құйрығына қалжуыр байладық. Кулак жоқ елден жекетұр жасап, құлақ шығардық. Диссидент жоқ еді, мына Махметті дисседент деп әлі-ақ иғын қоқырайтамыз. Бұл қазаққа дауа жоқ шығар! Еңбекші бұқараның еңбегін жандырмай жатып, тап тартысы теориясын ойлап таптық. Жанашырлар — халық жауына айналды, бұрынғы кеңқолтық, көнтерілі қазақ аузы-басы жыбырлап өсек айтып, бірінің артына бірі ши жүгіртетін, бірі — бақай есеп көзқаманға, бірі— хамелонға айналды. Өткен ғасырдың ұзына бойында, 21 ғасырдың басында тар жол тайғақ кешуден өтіп, жығылып-сүрініп келе жатқан ұлтына қаратып жігерін құм қылатын майда мінезге бармайын! Керісінше — кісі басын есікке сүйрейтін, ілгері басқан қадамын тауға шығаратын, кекештеніп,ырзық-несібесін шалқытатын амал іздейін деп бекінді.

Сәмен ашуланғанда бетінің түгі шығып кететін.

— Кетісетін, ат құйрығын кесісетін жер осы ма әлде! Қанша айтып сабырға шақырсам-дағы «өрістерлік жол іздеймін» деп теріс қарап мөңірейсің, өңмендейсің, Махмет!

— Мына досыңды бірмойын өгізге теңегенің ғой бұл.

— Өгіз болмасаң да өркөкірексің. Қалтасында 100 доллары жоқ кісінің осынша асып-тасып аспандағанына қайранмын тегі!

Мына сөз Махметтің шамына тиді, намысына тер сіңген қамшы ұрғандай сезілді. Түрегеліп кетті. Алдындағы шикіл виски дастарқанға төгілді. Ләм-мим демеді. Сұрланған күйі киім ілгішке жетіп, суағарын, қалпағын жедел киіп, шалт басып шығып жөнелді. Қала шетіндегі удай қымбат мейрамханаға ертеңгісінен тапсырыс беріп, дастарқан мәзірін үйіп-төгіп, дос көңілін — қадірлісін күтіп өліп-өшкен дос пейілінің аяғы құрдымға кетті. Адал асың аяғымен тепкендей сезілді. Тоңмойын неме «ал, хош!» — деместен желке шашы ұйпаланып, жауырыны күжірейген қалпы жөнеле берді. Киіз үй есігін қатты жапты.

Махмет сол кеткеннен мол кетті.

Турист-кезбе жолдамасымен әуелі Киевке ұшты, одан асып Чехия астанасы Прагаға келіп түсті. Масатыдай жұмсақ көгалдың үстіне ұлпа жауын сіркіреп себіледі. Көлденең жатқан шап көрмейсіз, мұнтаздай таза, кісілердің көйлегі, жағасы әппәқ қардай. Астанада жол жиегі, тротуар темекі тұқылы, сусын шөлмегі, темкі қорабы, газет қалдығынан тазармайды, мұнда керісінше, алақанмен сипағандай, тілмен жалағандай. Өтіп бара жатқан кісіге назар жықсаң-ақ әлгі адам шуақтана жымиып сала береді. «Ләббай, құлағым сізде!» — дейді. Бейне көшені емес, шуақ кешіп келе жатқандай ғой. «Пәлен көшені қиып өтсеңіз — түген деген театрға, я көрмеге тап боласыз,» -дейді. Астанада жүргенде ертеңгілік — кешкілік тамағы мен жатын жерге жұмсалатын жүз доллары мұнда — Прагда үш тәулікке жетті... қайда бұрылсаң-дағы таңғы ауадай тазалық... сәрілік шайдай арзаншылық... жүрек ұяты... риясыз шындық... көлеңкесіз көңіл... баяғыда Витезлав Незвалдың жылы жауын, таңғы шықтай ақ өлеңін оқып: «осындай да жайбарақат ұйқылы-ояу жылы шуақ болады екен-ау», — деп қайран қалып еді. Енді сол шындық, сол бұрқақсыз бейкүнә күндер қабағын ашып алдынан шықты.

«Бостандық радиосының» топ жетекшісі ерте көктемгі жас жуадай сылқылдаған Доспанбет есімді қазақ бозбаласы бауыздау құдасын көргендей құрақ ұшып қарсы алды. Хатшы қыз шай жағалатты.

— Ел қалай? Балдай тәтті Тәуелсіздік жемісін жеп жатырсыздар ма? Бәсекеге қабілетті елу елдің еншісіне қашан енесіздер. Тыртысқаннан -тыртысып сегіз пайыздан төменге түпсейтін құнсызданудан, экономикадағы голланд ауруынан қашан құтыласыздар?

Әр сөзі таудан тас домалатқандай, әр сауалы еңсені езе басқандай. Мына шіркіннің әзілі ме, әлде шыны ма деп тосылыңқырап іштей шімірікті.

— Жә-жә! Ірі басшылар түзей алмай жатқан кемшілікке басты тығып неғыламыз,— деп Доспамбет күле сөйледі, — қызметке алатын болсам тәуелсіз Қазақстанда қаншама мұнай көзі бар?.. қаншасы ашылды?.. ашылмағаны қай жерде?.. тәспіше тізіп, алақанға салғандай етіп, тірі сөзбен төгілдіріп репортаж беріп тұрасыз. Шамаңыз жетеді ме осы шаруаға?

— Шырағым-ау, геологиялық барлау экспедициясының бастығы емеспін мұнай көздерін ашып айтып беретін, бар болғаны қаламы қуатты журналистпін...

— Жеген нанымызды адалдау үшін қазақ даласының асты-үстіндегі барша байлық көзін ашып айтуымыз керек. Мұнсыз арамтамақ аталамыз. Шетел алпауыттары алаңдап ақпарат күтеді. Инвестиция құямыз ба?... құйған күнде тоналып шықпаймыз ба... тәуекел белдеуі қанша пайыз — біздің күнбе-күнгі ақпаратымыздан әлгі сауалға жауап іздейді.

— Қайдам.

— «Қайдамыңызды» түсінбедім. Кешегі Кеңес дәуірінде сайрағандай ел-елдегі жаңа өзгерісті ашық сынаудың қажеті шамалы. Біздер Қазақстанды шетелге боямасыз, тамыр ұстаған тәуіптей, алақанға салғандай ашып беруге міндеттіміз. Сол қызметімізге ақша төлейді.

— Қайдам. Баяғыда, студент кезімде Карл Маркстің материалистік ілімінен қате тауып істі болғаным бар еді, сол тақырыпты жыр ғып айтып көтеремін-дағы.

Мына сөзді естіген Доспамбет шошып түсті.

— Карл Маркстен қате тапқаны қалай?

— Бұл өзі ұзақ әңгіме. Материалистік білім материяның пайда болуын түкпірлесе, идеалистік ілім идеялардың, мақсат пен танымның темірқазығы. Дәп осы білім мен ілімді Маркс философ бір-біріне кереғар қойып түсіндіреді, айтар едім: қайшыласу тұйыққа тірейді, ілім мен білім домбыраның қос ішегіндей бірін-бірі толықтырып түкпірлесе, астасып, анық-қанық үн шығарса ғана — Ұлы ырғаққа біршама жақындаймыз, логикалық формуласы төмендегіше, — деп ақ қағазға формула түзе бастаған еді.

Доспамбет оппонентінің сөзін бөліп жіберді.

— Сабыр-сабыр. Тап қазір ұлы философ Карл Маркстен қате тапқан кісі қазақ редакциясында қызмет істейді десем үйімізді таппай қаламыз. Қаржы көзі сап тыйылады. Батыс капиталы, мұхиттың арғы жағындағы орталық барлау басқармасы теріс қарап кетуі бек мүмкін. Құдайым ондай күнді басқа салмасын! Осы минөттен бастап Маркс туралы ауыз ашпаңыз. Қазақстанның кен байлығы туралы репортаж түсір деп тап қазір іссапар бере алмаймын. Бүлдіріп алуыңыз мүмкін. Әзірше кешегі кеңестік дәуірде қуғын-сүргіннен көз ашпаған, халықтың көзінде әйкәпір атанған алаш лидерлерінің шеккен азабы туралы тың деректерді жинаңыз. «Мен еңіресем — жұрттың көз жасын көл етемін» деп бастаңыз сөзіңізді. Маркс туралы ауыз ашпаңыз!

Басқа түскен тепіреш бұл ғана ма!

Бір айтқан сөзін әлденеше қайталап... нығыздап... дігірлеп... әр нәрсенің алдын орап, әлдененің басын шалып — Доспамбет шіркін іңір көлеңкесі перде тұтқан кезде Махметті кіші радактор қызметіне әзер алды. «Әзірше шетелге табан тіреп суішкілігімді айырсам болғаны», — деп кіші редактор өзін-өзі іштей жұбатты.

«Әзірше сынақ мерзімімен ала тұрайын, кейінше дүниелік оқымыстыдан, әрбіреуімізден қате табуын қоймаса — қоштасуға тура келеді» — деп ойлаған радактор тобының жетекшісі.

Осы мезет сіркіреп жауын жауды. Тас төселген көшеге қақ кілкіді. Жүргінші қарасы сиреп, жарқ етіп неон шамдар жанды. Көңілі аздап таңғы аспандай ашыла бастаған Махмет орнынан сытырлай көтеріліп, топ жетекшісіне ризалық пейілін білдіріп, алғысын айтып: «Қызметімді жуайын, мейрамханаға жүріңіз!» деді. Доспамбет таңырқады.

— Кітап жуу, қызмет жуу деген, сірә, баяғы Мұқағали, Шәмші заманынан қалмай келе жатқан архаизм болуы керек. Сөз сыйпатыңызға қарағанда сіз де өте көне адам боларсыз, сірә!

— Кім біледі, көне болсам көне шығармын.

— Ал, мен жүремін. Келіншегім күтіп қалады. Екі жүз долларға парапар құнды уақытым сізбен сөйлесуге кетті. Кейінше әлгі екі жүз доллардың жарым-жартылайын жалақыңыздан қайтарарсыз. Ешкімнен қарыз алмаңыз. Қаладағы әр минөтіңіздің баламасы болсын: бірде доллар, келесіде табыс, үшіншіде пайда көзі болып — қалтаңа түсіп тұрғаны ләзім. Уақыт — ақша, уақыт — табыс көзі. Сол уақыт екі-үш сағат залалға шықса-өкінеміз. Үйге барғанда амалсыз зайыбымызға қынжылып, тұнжырап отырып есеп береміз. Өстіп шетелде ақша санып күн өткізіп жатырмыз.

Құдды қуырған жүгері. Жылдам сөйлеп Доспамбет шығып жөнелді. Костюмінің жеңін жүре сұғынды. Шалғайып емен есік қысып қала жаздады.

«Мынаның ойыны ма, шыны ма», — деп Махмет тегі қайран.

Әзірге елден ала шыққан қаржысы, қарынын ашыра қоймайды. Жатын жерге төлейтін қауқары жетеді. Әйтсе де әлгі бастығының: «Уақыт — табыс көзі, табыс көзінен түк тамбаса — тәуліктің текке өлгені», — деген сөзі қарадай түршіктірді. «Мына заман не болып барады» деп таңырқады. Жел өтінде қалған жеңіл киімді жолаушыдай сезінді. Алда қандай қиындық күтеді... аңсап жеткен демократиясы мұның аузына бал сала ма, әлде таңдайында тұз татыған кермек қала ма. Неғайбілдің алакүлік көңілі құрысын-әй!

Қазақ лексикасында сирек қолданылатын архаизм сөзі секілденіп — солбырайып, кешкі көлеңкеше құлазыған көңілмен көшеге шықты. Көлеңкесін кеудесінен басты. Мына өзім қоғамнан шеттеп қалған диссидент, лексикалық сөздік қорынан шыға бастаған архаизм — сирек сөз болмасам қанекей деп іштен торығып, ілби басып, әуелгіде ат басын тіреген тәбиядай екі қабаттық замок үлгісіндегі қонақ үйіне беттеді. Жылы жауын жүзіне сырт-сырт тамады. Жан сарайын бұрын-соңды сезінбеген оңаза мұң кеулеп тоңазыған кісідей қоңылтақси түскені... кім біледі... кімнің атының қай мезгілде сүрінерін... кімнің суішкілігі қашан түгесілерін бір жаратқан ие біледі.

Кейіпкерміз көне құрлықтың кіндігіне орын тепкен, жап-жасыл тоғай көмкерген, қырат-қыратын атам заманғы мүк басқан, үңірейген үйлерінің өзі баяғы рыцардың көнетоз сауытына ұқсаған қалаға жылдам бауыр басып үлгерді.

Кісінің бір-бірімен жұмысы жоқ. Жаз күні үстіне тон киіп, қыстың көзі қырауда көйлекшең кетіп бара жатсаң—дағы саған ешкім таңырқамайды. Жанасып өткен кісіден: «Осының мәнісі қалай», — деп жөн сұрасаң, бар шаруасын жиып қойып, қолын сермелеп ұғындырып бергенше көңілі көншімейді. Түгелімен кішіпейіл, бәрі шөлден шыққан жолаушы секілді сіңіріне ілінген шаршаулы.

Қонақ үйінің қуысындағы асханаға бұрылып, тізе бүгіп, жүрек жалғап алуды ойлаған. Бос орындыққа жайғасқан еді, қуыршақтай сыпайы киінген даяшы бойжеткен жетіп келді. Танауын әтір иісі қытықтады. Асхана мәзірі жазылған қатырма қағазды аударып-төңкеріп қарағаны сол, әлгі бикеш: «Орысша білемін, құлағым сізде», — деді сыпайы сызылып. Еуропаның шығысынан келген кісілер қолсүрткіш қағазды бейпіл қолданады, келе сап қағазбен жүзіңізді, мойныңызды сүрткеніңізден сездім...». «Об-бо-оу деген, мұндай қолсүрткіш қат па сонда!» -деді Махмет. «Қат болсын-болмасын-әр нәрсенің қолдану аясы бар емес пе, сіздер молшылықтан келген соң ба — шамадан тыс тойып жейсіздер!.. шайды көп ішесіздер!.. тіпті сыра сіміргенінің өзі басқаша!» — деп әлгі бойжеткен көзі жайнап «ағатайлап» біраз жерге барып қалды.

«Ендеше осы әңгімені оңаша жатын бөлмеде жалғастырсақ, жалғыз жата алмайтын ауруым бар еді», — деп Махмет арғы аңғарын сездіре сөйледі. Бойжеткеннің бетіне ду етіп қызыл бояу жүгіріп, абдырап қалды. Ләм демеді. Тапсырыс берген ас-ауқатын лып жеткізді, жылдам есеп айырысты.

«Әйел затымен сөзім жараспайтын бейбақпын... келмей жатып оңбай сүріндім», — деп Махмет оңаза күй кешіп, асын ішіп, аяғын ысырып, түрегеле бергені сол. Даяшы бойжеткен тұсынан сырғып өтіп бара жатып: «Бөлмеңіз нешінші!.. өте кеш шығамын!» — деді сыбырлап қана. Қаншалық кеш шықса-дағы соға кететінін сездіріп үлгерді.

Көре-көре көсем боласың дегеннің төркіні шындық.

Парсы кілемінің түгін сипағаныңыз бар ма. Кілем түгін қойшы! Әлде жұтпа ұйық үстіне аяқ салып көріп пе едіңіз. Бойжеткен денесінің жұмсақтығы сонша — өзін ұйыққа батып бара жатқандай сезілді. Әуелі еркектігін... бой-басын... тұла денесін солайымен сорып тартып бара жатқандай. Біршамада талпынып, ұмтылып әлгі жұтпа ұйықтан шыққысы келген еді. Тапқа қойған сары майша, иге түскен былғарыша былбырап... өзін-өзі билей алмай қалды. Жұтпа ұйыққа шым батты. «Жер үстінің жұмағы ылжыраған ыстық ұйық болар, сірә» деуге ғана мұршасы келді. Есінен танып кетіпті. Ертесіне әзер көзін ашты.

Баяғыда үлкен кісіден адам көркі шүберек деген сөзді жиі естуші еді. Сол айтқандай көңіл көркі әйел затымен іш сарайды ашып сырласу, сірә. Өмір несімен тәтті деген сауалға Махмет айтар еді: сөзі жарасқан кісімен шүйіркелесу тәтті деп. Махмет даяшы бойжеткеннің басы бос екенін, көңілдес жігітінің жақында жол апатынан қайтыс болғанын, өзі Праганың шетінде, жатақтар селосында аядай жертамда шешесімен тұратынын, колледжді жыл басында тәмәмдағанын кейінше білді... Әзірше сәмбі талдай бұралған, құшағы оттай ыстық құштарлық жанартауына жұтылып, бүгінше ұлпа қауырсынды қаз балапынын бауырына басып-үздігіп жата бергісі келеді... Ертесіне... ертесіне емес-ау, аптаның аяғында Магдалина есімді бойжеткенді ұнатып қалды.

— Үйленейік, — деді, — ашына кісілерше жасырынып кездескенді қаламаймын, екі жарты бір бүтін болып серіктесіп тіршілік құрайық.

Магдалина алғашында тосырқап бірер апта томаға тұйық жүрді-дағы анасымен ақылдасып келген күні мақұлға көшті. Некемізді шіркеуде қиялық; даңғыратып той жасамайық, төрт-бес кісілік дастарқан мәзіріне көңіл жақын кісілерді шақырып, шарап ішіп, шырақ жағып, мандолин тартып бір жасап қалайық десті. Марқұм әкем сұңғыла мандолинші еді, есімімді музыка аспабының құрметіне Мандолина қойған... кейінше Мандолинаны — Магдалинаға ауыстырып алдым дейді. Мінезі сайрап тұрған саз аспабына келеді.

«Бостандық радиосының» бөлім бастығы Доспамбет қой терісін жамылған дүлей болып шықты. Дүлей ғана дүниенің шетінде жүріп дүние жиып, жан бағады. Момынның аузын жабады.

Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді. Шамалы білетін ағылшыншаға тілін төсеп, қай тақырыпты қозғаса да: «О оны баяғыдан білемін!.. мәнісі былай!.. пәленшені жер табандатқам!.. түгеншені ауыз ашырмағам!..» деп есіп сөйлеп отырғаны. Тарихи тақырыпты қозғап кітап жазып жүрмін дейді. 18 ғасырдағы қалмақ пен қазақ арасындағы қанжоса қақтығысты өзімнен басқа жан баласы білмейді дейді. «Дейді-дейдімен» басын қатырып, құлағын сарсылтты. Ай соңында жалақы алатын кітапшаға қол қоймаққа көз салғаны сол, кірпіше тікірейіп шыға келді. 500 доллардың о жақ, бұ жағы!

— Ау, ай сайын 5 мың доллар қоямын дегеніңді құлағыма құйып алғам!

— Кеңседегі краннан су ішіпсіз — ол пәлен доллар, лифтіні көп пайдаланыпсыз — оған түген доллар; туалетке — осынша; жарыққа — мұнша; телефонға — мынадай; буфеттен — кофэге; фуршетте — шампан ішіпсіз; он бесінші қабатта — брифинг өткізіпсіз... О, құданың құдіреті дейміз енді. Азғана аванс алыпсыз! — деген сөзден көз алды күңгірт тартып, басы айналып, дүние дөңгеленіп жүре берді. Тап бұлай тығырыққа тірелерін білмепті. Көңілдегі көрікті ойын «Бостандық радиосының» пәтуасыз есеп-қисабы быт-шыт етті.

Еуропаның жасыл пүліш жамылған, қолмен сыйпағандай мұнтаздай қаласы алақанның аумағына сыйып кеткендей сезілді. Аш өзегі сыздап ауырып, жалдап алған аядай пәтеріне сүрініп-жығылып әзер жетті. Магдалинаның тәмпіш танауы қусырылып бора-бора жылап отыр. «Асхана бастығы тұрмысқа шыққанымды біліп қойыпты, күні ертең нәрестелі боласың, сәбиің ауырса қосымша жәрдемақы сұрайсың!.. Орныңа басы бос бикеш аламыз!» де-е-еп шіреніп отыр. Келісімшартты бұзамыз деп қолыма ескерту қағазын ұстатты», — дейді — әй сүйікті зайыбы.

Махмет қарап отырып торықты. Ит өлген жер түбіндегі Қазақстаннан демократия, бас бостандығын іздеп келгендегі шекесінің шылқ ете қалғаны осы ма. Желкемізден тоқпақ, аузымыздан қақпақ кетпеді. Аз күн тіршілікте адам құқығын емін-еркін пайдаланып, алшаң басып, ештемеге бас қатырмай, ешкімге кіріптар болмай, ханның баласындай қамсыз-мұңсыз тіршілік кешемін... жұмақтың төрінде шәниіп жатқандай сезінемін дегендегі майшелпегі осы ма?! Жүргенің, тұрғаның түгел сатулы. Сөйлескенің, күлгенің, мұңайғаның, ниет білдіргенің — бәрі-бәрі есептеулі. Шотқа түсіп «ақшаға шаққандағы сомасы осынша-а-а-ма» деп ертеңгілік көзіңді ашқанда есігіңді есепшот қағып тұрады. Ой, пәле-ай!

— Кетеміз! — деді Махмет.

Магдалинасы аң-таң, жанарын кең ашып қарайды.

— АҚШ-қа ауамыз. Кеше АҚШ елшілігіне соғып, клеркпен жолыққам,

Мақұл десең ай соңында адресіңе шақыру қағазын жіберткізем, айтты-айтпады — тақырыбын шемішкеше шағатын жампоз журналист бізге де қажет деген. Виза келсе шүу — қарақұйрық деп мұхиттың арғы бетіне тартып кетеміз, орнымызды сипап қалсын бақай есеп, құм санаған Бостандықтың арыстандары! Өмірем қапсын осылай!

Пенде шіркіннің басы Алланың добы. Тағдыр желі қай бағыттан үдей соқса — бұл көкең желді ықтап домаланып жөнеледі. Кейіпкеріміз Махмет мырза сүйкімді Магдалинасын жетелеп, алды-артына қарамай, күндердің күнінде мұхиттың арғы жағалауына топ ете түскені.

Жатжерлік ызғындай. Біреуді біреу біліп болмайды.

Махметтің визасы «кезбе-турист» деп қана тіркелген. Кезбе-турист рұқсат қағазы әрі кеткенде үш жетіге жарайды. Жарық барда жан бағатын жұмыс тауып алмаса — жиырма бірінші күні көші-қон полициясы төніп келіп май құйрықтан бір-ақ тебеді. Қаңғалақтап кері қайтасың.

Колумбия университетінде оқитын ұлын іздеп тауып, аядай жатақханасына ортақтасып қасында апта паналады. Қазан ортақ, төсек ортақ қиын екен, әбдән мазасы кетті. Ұлы бір күні кешкілік ағылшынша тілін бұрап төсеп сабақ оқи алмай жүргенін мұң ғып ашылды.

Көп ұзамай Нью-Йорк қаласының кедейлер қоныс тепкен геттосы көзтаныс ауданына басы қисайып қайтып оралды.

Тәмпіш танау сүйкімдісі күні бойы қос қабаттық қонақүйде екі көзі төрт болып жолын күтеді. Бұл көкең ертегідегі желаяққа келеді. Күн ұзаққа аяғына сенді. Жарнама агенттігінің есігін тоздырды. Қиқымдай ақпарат құралын парақтап жүрегі көтеріледі, құмырсқаның илеуіндей сапырылысқан жұртты көріп көзі тұнады. Күн еңкейіп бара жатқан. Шеткі үстелге сүйеніп аузы жалпылдап гамбургер жеп тұрған. Аяғының сіңірі тартылып, өкпесі қабынып удай ашығаны. «Мұнысы несі» деп ойлады, — жат жерде желаяқтанып жүріп пашпыртымның біткені ме?.. Магдалинасы қайда? Бұл жерде неғып тұр?.. Тұрса — отыра алмайтын, отырса — түрегеле алмайтын мыстан кемпірге ұқсағаным көрер көзге жақсылық емес».

Махметтің көз алдына бала кезінде желкесіне жүгіріп шығып, шалғынына аяғын сүртіп асыр салып ойнаған Көсегенің көк жоны елестеді. Жанарына мөлдіреп жас тығылды.

Бұдан былай Көсегенің көк жонын көре алмайды... ешкім мұны бауыр санамайды... жат елге, асау өзен жағасына шығандап кеткен жаңқауық ше... қалт-құлт етіп тіршілік толқынына бір батып, бір шығып жүріп баяғы балдәурені өткен жап-жасыл өлкеден қашықтай түсерін ішкі түйсігімен, сезді. Қазіргі халі жанқауыққа келеді.

«Артық адам екенмін» деді күбірлеп. Артық адамның алды жұмбақ, арты тайғақ... мұңға жуық мұнарт өлкенің қиыр шеті. Қиыр шетке қаңғымалап шығып кеткеніне кеш өкінді. Мұнымды кімнен көремін, кімге өкпелеймін деді.

Тротуар етегіне тізерлей кетіп, бетін басып өксіп-өксіп жылағысы келді.

Жан баласы есіне алып іздемейтін жер шетінде артық адам болып жүргеніне қорланды.

Тас төселген көше жиегінің салқын сызы бетін өпті, құмырсқа илеуіне ұқсаған жүргіншілер осы отырған өзін тапап кете жаздап оңынан-солынан өтіп жатыр... өтіп жатыр... сылп-сылп легліп өте бермекші. Кісіде ішқұста болу, жалығу деген дерт болатынын Махмет жаңа сезді. Аздап нәпәқа айыратын жұмыс тапты. Шамалап баспана болар бір бөлмелік жатақхана жалдады. Көңіл түкпірінен белгісіз бір үрей жуылып кетпейді. Жүрек басын әлдебір ішқұста дерт топ боп ұстап босатпай қойғаны.

Удай қымбат дәрігерге көрінді. Қала шетіндегі қытай кварталына барып құшынашқа емделді. Еш септігі тимеді. Күндердің күні таң алакеуімде, жұрт шырт ұйқыда жатқан кезде, Нью-Иорк қаласының ең биік үйінің төбесіне өрмелеп шығуға тәуекел етті. Қарауыл негрдің алақанына жүз доллар қыстырып, күннің көтерілгенін үй төбесінен көремін деді. Алқын-жұлқын жанталасып әуелі жүз елу қабатты түгел еңсерген лифтімен өрлеп, содан соң басқышпен тырмысып шатырға шығып сүмек боп терледі. Құзар үйдің төбесіне шыққанда кәдімгідей ентігіп, демігіп қалды. Шөкелей отырып сәл тыныстап алды. Алыс қиырға көз салған еді... жүрегі лоблып ... жанары жасаурап... көгілжім мұхиттан ажырап атып келе жатқан алтын нұрды шалған кезде.

Қос қолын күншығыс жаққа сілке лақтырып бар даусымен айқай салды. Ішқұсталық дерт осы айқаймен жуылып кетердей қолқа өзегі қопарыла ұзақ-ұзақ қышқырғаны.

Керней шалғандай шыңылтыр дауыс таңғы ауаны тіліп тұрып алды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз