Өлең, жыр, ақындар

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – 155 жыл

Әлихан Бөкейхан – қазақ халқының аса көрнекті тарихи тұлғасы, саяси көсемі, ғалым, Алаш қозғалысының жетекшісі, публицист, аудармашы. 1913 жылы 2 ақпаннан бастап, 1918 жылға дейін Орынборда аптасына бір рет шығып тұрған «Қазақ» – қоғамдық-саяси және әдеби газетінің  ұйымдастырушыларының бірі. Бас редакторы белгілі қазақ қайраткері Ахмет Байтұрсын болғаны бәрімізге мәлім. Газетте Ұлы тұлғамыз Әлихан Бөкейхан және оның серіктестерінің көптеген еңбектері жарияланған. Ғалымдардың пікірінше Ә. Бөкейханның «Қазақ» газетінде екі жүзге жуық мақала мен аудармалары басылған. Біз, «Қазақ газетінің шыға бастағанына екі жыл толып, үшінші жылға аяқ басуына» байланысты Әлихан Нұрмұхамедұлының жазған мақаласын ұсынамыз, себебі Алаш зиялыларының еңбектерін оқып, ой түйіп, үлгі алуымыз қажет. Кішкентай ғана мақалада, қанша ғибрат бар.

Мақаланың аты «2 февраль»

«2 февральда «Қазақ» екіден үшке шықты. Жаңа газета жас бала сияқты. Бала бастапқы кезінде анау-мынауды елегіш келеді. Бір-екі жылды артқа салып алған соң, буыны бекіп, бұанасы қата бастайды. Ата-анасы мінезін біліп, сынын танып, сырын түе бастайды. Газета туралы да нақ солай.

Анау-мынауды елегіш нәзік күйін өткізіп, газетіміз үшке қарады. Айырықша бір апатқа ұшырамаса, аз-мәз нәрсені елемей өтер деген үміт зор. Газета бетін шұбарлаған құр қағаз емес, жұртына қызмет етуші ұлтының ұлы екендігін саңылаусыздар болмаса, саналы қазақ таныды. Ол танығандығын осы өткен жыл көрсетті. «Тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемес» деген. Тәңірден соңғы күшті халық қой. Халық қолындағы іс анау-мынаудың қастығымен өшпейтінін көзбен көріп, қолмен ұстағандай болдық. Жұрт жұмысының тегермеші ілгері айналса, оны шыбық салып тоқтатамын дегендер құр арам тер болуы қашаннан бар нәрсе. Арам тер болғандар бола берсін. Ахмет болмаса, Міржақып шығарар. Ол болмаса, одан басқа шығарар. Бірақ қазақ газетасыз тұрғысы келмейтінін білдік. Соған көзі жетіп, «күштіге сыйынсаң құдайға сеніп, екінші, құдайдан соңғы күшті халыққа сүйеніп, «Қазақ» алдағы жасына аяқ басты. Қайырлы болсын!»     

Қыр баласы. «Қазақ» газеті, 1915 жыл, № 101, 5 ақпан.

Мақала «Қазақ» газеті/Бас редактор Ә. Нысанбаев. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 126 б. алынды. 

Ахметжанова Ажар. КазНУ им. аль-Фараби. Факультет истории, археологии и этнологии


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер