Өлең, жыр, ақындар

Шырақшы

Көне орынның шырақшысы Дайрабай үлкен ғимараттың тас басқышына тізе бүгіп маңдайын шуаққа төсеп отырып ой ішінен ой теруді әдетке айналдырғалы қашан. Жарық дүниенің шуылынан безіп, қолдан салғызған жер асты қылуетке түсіп кеткен Қожа Ахмет бабасына ұқсап барады ма. Әлде таңның атуы мен батуына ұқсап зыр айналған мына дүниенің дүрбелеңінен мезі болғаны ма. Әлде қатары кеміп, сөйлесерге адам таппай тақыстанып, өз ойына өзі көміле түскені. Мұндайды жаратылыстанушы ғалымдар айтса өз талшығына өзі оранып, ақырында саусақ басындай піллаға айналып тынатын жібек кұртына теңер еді.

Бүгін де таң бозынан төсегінен тұрып, жиде таяғын аттата басып үлкен ғимаратқа келген. Кісі бойынан асатын зор қақпасы жабулы. Әлдеқайдан кептер күркілдейді. Қақпаның оң қапталында қам кесектен қаластырған, жолаушылар отырып дем алатын пәкене сәкі болатын. Сәкіге келіп малдас құрып отырғаны сол, түн салқыны дым бүркіп кебе қоймапты, көтеріліп астына шапанының шалғайын басты. Таяғын алдына көлденең салып, бір шекелеп атып келе жатқан күнге қарады. Жанары жасаурап, жүзін төмен салды. Мәсісінің басына өрмелеп бара жатқан құмырсқаға назар аударды: кұданың құдіреті деп ойлады Дайрабай: осы жорғалаған тынымсыз жәндік кісіні көрмейді деген не сөз, көрмесе көрмейтін шығар. Қашан үстінен басып, таптап өткенше бет түзеген жағынан еш бұрылмай жорғалай беретіні дымбілместің сыңайы ғой. Ендеше базбір құдіретті күштілерге мына отырған жұмыр басты бейбақ — біздер де құмырсқаға ұқсайтын шығармыз. Жаратқан үшін мына біздер құмырсқа болмағанда неміз қалды. Жаратушы иенің алдында жорғалаған кұмырсқа екенімізді екі-ақ нәрсемен дәлелдеуге болады, бірі: үлкеннің, кішінің, батырдың, қорқақтың, еркектің, ұрғашының, бәрі-бәрінің миына сіңіріп, денесін алдырып қойған өзімшілдік мінез. «Менің осыным қате», «әттеген-ай, жолым бұрыс кетіппін» деп іштей мүжілетін пендені таппайсыз; әркімге өзінің бағыты дұрыс, ойы орнықты, ісі женді. Басқаны сынамаса, өзін жексұрын етіп мінейтін кісі жоқ. Әр пенденің көкірегіне біріне аз, біріне көп қып өзімшілдіктің уын сіңіріп қойған жаратқан иенің шеберлігі. Екінші: өлім. Кімнің қалай өлерін, қашан көз жұмарын білгізбей, ешқандай өлшемге бағынбай, сыймай тұрған ғажайыптың ғажайыбы — адамның ақыры екен. Сол ақырды болжатпай, ойлантпай, сездірмей, ақырғы күнді күткізбей қойған жаратқан иенің екінші қасиеті. Ажал пендені теңестіреді. Құдіреттің алдында зар илетіп тәубаңа келтіреді. Таразы басын көз алдыңнан қайыра өткізеді. Құй сеніңіз, құй сенбеңіз дәл осылай топшылап отырған Дайрабай, үлкен орсынның шырақшысы Дайрабай кешегі бір жылдарда өліп көрген.

Оқиға былай болған еді. Қазіргідей көз алдында.

Сонау бір кездері, колхоздағы айналдырып жүрген шаруасынан шығып, зейнеткер болып, ошақтың үш бұтын бағып үйде отырып қалған жылы... ерте көктемде, қатты ауырып жатып қалған... дәрі-дәрмектің тапшы кезі ме, әлде балалары жастау болды ма, отты айналған көбелектей қалбалақтап қапелімде жәрдем жасай алмапты. Сасып қалыпты. Апақ-сапақ екі кештің арасында демігіп жатып жан тәсілім етіпті. Артында қарайып қалған жалғыз баласы, келіні шуылдап жыласып, үрейленіп, енді не қыламыз, көрші ауылдан молда алғызайық, жаназасын шығарайық, ақ жауып арулап көмейік деп ұйғарым жасапты. Тізіп айтсаң ертегі секілді.

Сол мезеттен Дайрабай сырттағы жарық дүниеден қол үзіпті; бар мен жоқтың арасында манаураған ұйқыға шомыпты. Тәні ауырмайды, жалғыз-ақ жүрек тұсы дамылсыз сыздап мазаны алатын секілді ме, шыбын жаны ызыңдап қараңғы кеудесінен сыртқа шығар жол іздеп жүргендей ме. Алакүлік тұман арасында адасқан адамдай далбасалап, аласұрып, кел-қайт, кел-қайт қалыпта, тым-тым жырақтағы жарыққа ұмтылғандай болып, ұйыққа батып бара жатыр екен дейді. Екі періште қос қолтығынан демей көтеріп дедектетіп зулаған күйі тым-тым алысқа алып келеді. Екі жағындағы періштелерді көрмейді, тек қана жылы лебін сезеді, сусылдаған қанат дыбысы құлаққа жетеді. Жарық дүниенің шетіндегі құдіреті күшті жаратқан иенің алдына апарған секілденеді. Зілді дауыс естіледі.

— Әй, кімді әкелгенсіңдер? Жанын сұратқаным бұл емес қой.

Екі қапталдағы періштелер мүләйім, үнсіз.

— Бар, апарып салыңдар. Бұл әлі тоқсан жасайды.

Әріден естілген ызғарлы дауыстан шошына жасқанып, періштелер кайтадан қолтығынан алып кері зымырайды. Біраз уақытты ұтып, бел-белестен, түн түнектен жебеше зырқырап өтеді. Жаңа аңғарды, сонау төменде, ел шетінде... қарбаласы молдау жерде... жер кепенің сұлбасы шалынады. Әлі жер кепенің іші қараңғы, иісі сасық, періштелер желкелеп әкеліп бұл бейбақты сол мүңкіген мекенге енгізгелі жатыр. Бұл бейбақ жиіркеніп, қиналып, алға қарап аттап басқысы жоқ. Дедек қақтырып әкелген пәрмені күшті немелер мұны әш-пұшқа қаратпай, желкелеп, нұқып, әлгі қапас жер кепенің ішіне күштеп енгізіп жібереді.

Кейінше ес жиған соң бағымдады, ұнамсыз, қапырық жер кепе дегені өзінің денесі екен... кейінше Абай ақынның мына бір өлең жолдары ойына орала берді. «Бұл адам боқ көтерген боқтың қабы, боқтан сасық болады өлсе тағы».

Кейінше... жылап-сықтап жүрген баласы айтады: апақ-сапақта деміңіз басылып жөнеп кеткен соң оң жаққа ши құрып, соның тасасына апарып салған болатынбыз. Молдаға кісі, көлік жөнелттік. Малға адам жібердік. Ойбауырымдап жылап келіп жатқан ел үйді қарадай көміп кетті. Түн әлетінде шапанының етегіне сүрініп, жанары кірбиіп молда келіп жетті. Оң жаққа салып койған зағип денені көрейін, басын құбылаға қаратып жөндейін деді. Мақұл, пірәдар деп, ыңғайына жығылып, қоғадай жапырылып жол беріп жатқан мәйітке өткіздік. Молда жарықтық ұзыннан сұлап жатқан мәйіттің басына жүгініп, жүрелеп ұзақ отырды, ерін ұшын жыбырлатты, алақанымен қазаның бетін сыйпады, әлден уақытта ұйқысынан оқыс оянған кісідей басын көтеріп алды, жанарын бақшитты. «Мына кісі әлі өлмепті, кеудесінде жаны бар»,— деді... Ойбауырымдап шулап, жоқтап, көзіміздің жасын сығып жүріп, қайран әке, сізді жарық дүниеге қайта келтіріп, тірілтіп алдық дейді кейінше баласы.

Енді ойласа, содан бері талай-талай су ағыпты, жыл ауысыпты, дүние дөңгеленіп өте беріпті. Санап қараса дәп биыл тоқсан жасқа жетіп жығылыпты.

Ойынан оқыс оянды. Таяғын қолына алды. Ағаш боп сіресіп қалған аяғын аттаса басып, үйіне қарай жіті аяңдады, қақайып қалған белін бір қолымен басып көше қиылысында біраз жүріп қалды. Түс әлетінде қақпа алдына әзер жетті. Ауланы сыпырып жүрген келіні атасының оңған шүберектей жүзін көріп шошып кетті. «Ата, бір жеріңіз ауырып тұр ма?»-деді.

Дайрабай ләм демеді, есікті ашып ішке енді, галошын шешпей, емпеңдеп төргі бөлмеге өтті. Текемет үстіне түсіп отыра кетті. Сәлдесінің ұшымен әжімді жүзін сүртті, біраздасын барып тілге келді.

— Шақырыңдар әлгіні.

Ілесе енген келіні емеуріннен түсінді. «Әлгі» деп тұрғаны өзінің қосағы, шалдың кіндігінен тараған жалғыз ұлы Олжай. Жол жөндеу мекемесінің бастығы болатын.

Түн жарымы ауа жұмыстан сілелеп келіп өз отауында басын жастыққа көміп ұйықтап жатқан. Әйелі жіті басып есікті ашып келіп, күйеуін жұлқылап әзер оятты. «Ата шақырып жатыр», — деді. Олжай езіліп, жаман ұйықтапты, сүйек-сүйегі қирап, ауырып әзер киінді. Сүйретіліп төсектен түсті. «Бұл шал да жол бөлімінің тексерушісінен бетер болды ғой», — деп, танауының астынан міңгірлеп, өз-өзінен күйіне кейіп отауынан шықты. Күн салып есік алдында аз-кем кідірді. Қара шаңыраққа емпеңдей енді, төргі бөлмеге өтіп, текемет үстінде малдас құрып қаздиып отырған әкесіне келіп сәлем берді, қос қолын ұсынды. Шалдың жанына кескен томардай дүрс етіп құлап қылжия кетті. Дайрабай баласының умаждалған киімдей мына кейпін тегі жаратпады, тамағын кенеді.

— Қамыңды жасай бер, алдағы бейсенбіде о дүниенің есігін ашамын.

Олжай басын кақшаң еткізіп көтеріп алды, әлгі сөз төбесінен тас түскендей әсер етті. Жоспардағы тас жолы түгел төселіп бітпей, біткенінің өзі арық аттың жауырындай болып қайта ашылып, оның үстіне жоғарыдан президент келеді деп жанталасып, жан алқымға келіп жатқанда... және бір қызыл көз тексеруші «ішіп қойды; жеп қойды» деп дәлелхат жазып төбесіне диірмен тасын орнатып, бидай тартып жатқанда мына шалдың сандырағына жөн болсын. Сандырақ емей немене. Есі дұрыс кісі осы уақытта да өле ме, жағалатып, майдалап сыр тартып көрейінші деп ойлаған.

— Көке, мал арық, тіске басар көкөніс шыққан жоқ, жоғарыдан тексерушілер келіп өкпені кысып жатыр.

Ақ дамбалды, ақ көйлекті, ақ сәлделі Дайрабай көзін ашып-жұмып отырып баласына ұзақ тесіліп қарады.

— Көне Қазалы мен жаңа Қазалының арасындағы алты шақырым жердің асфальті жұқа түсіп, қиыршағы шығып, шытынап жарылып кеткен, кас қылғандай бастықтың машинасының баллоны жарылыпты, бастық көлігінен түсіп жол үстіне сым салып өлшеп қарапты, енді

айтатын көрінеді: «Олжай жолдың қиыршағын, асфальтын жеп қойған» деп. Ау, күйіп тұрған қымбатшылық заманда тас жеп, асфальт жұта ма кісі... Жеймін деген кісіге өзге де нәрселер жетіп жатыр ғой деп бұлқынып көремін, болмайды... он жыл бойғы сіңірген еңбегімді

дәлелдеймін, тыңдамайды...

Мына сөзді естіген Дайрабай шықшыты бүлкілдеп, көз жанары іріген айрандай бұзылды.

— Тезек дүниенің тезегін қаптай бермей о дүниенің қамын да ойлай жүр деп неше мәрте қақсадым. Алпысты алкымдасаң да ақылың кірмепті.

— О, дүниенің камы не сонда?— деп қиналған Олжай ышқына дауыстап жіберді.

Мына шалдың «алпысты алқымдасаң» деген сөзі батып кетті. Алжыған шал алпыстың басын ауыртқаны несі-әй. Елуден енді асты емес пе. Мұның жасындағылар әлі төсек жаңғыртып екінші рет үйленіп, санаторий барып, сейіл құрып, дәурен сүріп жүр, атақ-абыройдан дардай дәмесі бар әлі. Бұл шал болса өмір бойы тұқыртумен, нығыздаумен, қос қолдап төбесінен ұрғылаумен келеді-әй.

— О дүниенің қамы иман таразы, ішкі өлкеңнің тазалығы, жүрек басындағы шүкіршілік, қанағат, тойым.

Сонда ғана кісі бұл дүниеден қиналмай аттанады.

— Ой, көкетай, шариғаттың шимайын оқып алып миымызды әбден құрсаулап біттіңіз, тіпті осы үйдегі немереңіз әнеукүні құранның сүресі деп құлкуалланы жаттап отырғанын көріп жағамды ұстадым, бәрі сіздің үгітіңіз, зиянды әрекетіңіз. Әйтпесе жұрттың сондай жүгермегі жалгер болып жер алып, мал бағып анық баюдың жолына төтелей түсіпті.

Осы мезет Дайрабай баласының бетіне тіктеп карады. Әйнектен түскен күннің қызыл сәулесі жанарына толып кетіпті. Назарын төмен салып тұкшиып отырған Олжай әкесінің көзіне көзін салып еді, тұла бойы дір етіп, жон арқасы шымырлап қоя берді. Қарт кіснің жанарының алмасы бар ма, мұқым дүниенің ашу-ызасы, өткіншілігі, опасыздығы, ащысы мен тұщысы, қуанышы мен наласы, бәрі-бәрі, бейне баяғы Арал теңізінің ішінен тұнып, дауыл шақырғанындай алапат күйді елестетті.

Жас па, әлде күннің қызыл сәулесі ме, әлдене қанды сора боп самайынан төмен жылыстады. Әлгі ашық, ызалы көзге қайыра қарауға дәті шыдамады. Жер болып жасып, танауының астынан «мақұл, көке, қамымызды жасайық»,— деп міңгір етті де есікке жылыстады. Тырс етіп дыбыс шығаруға қорықты, әлгі қанды жас толған үлкен қаракөк жанардың пысы басып, үрейлендіргені сонша, құйрығымен жорғалап қалай шығып жөнелгенін білмей қалды.

Тым алыстан керней шалғандай азынаған құлазыңқы үн естілді. Ауыл иттері шабаланды. Шеттегі койшыны төңіректеп, жортуылдан тісіне қызыл тимеген, осы маңның аш бөрісі ұлығанын сезді. Сезді де Дайрабай кәрия: «О, тоба — деді — баяғыда аш бөрілер ұлып ауыл төңіректемек түгілі аңы ығысқан айдалада өлексеге қарық болып борсаңдай жортып маңып жүруші еді... бұл күнде аңның да тұқымы тұздай құрыды, теңіз кеткелі жерден құт, елден береке азайды».

Шоқша сақалын тарамдап аз-кем отырды да ақ таяғын колына алып, сықырлай сүйеніп, бір аттап, екі аттап сыртқа беттеді. Есік алдындағы шағын төбеге шыққысы келді. Табалдырықтан аттап сұрақ белгісіне ұқсап, ілбіп, жіңішке сүрлеуге түсті. Төбе басына тырмысты. Тіктеп шығуға әдісі жоқ, түйетайлы жонды қиялай көтерілді. Бұл ауылдың балалары бірі малға, бірі жалға кетіп қарасы батқан ба, бірі келіп қолтығынан демейтін емес. Ұзын сирағын аттата басып тырмыса берді, кеудесі сырылдады. Буынын басып тұра алмайтын сәбиге ұқсап тәлтірек қағады. Самайынан тер сорғалады. Әлден уақытта діттеген шошаққа шықты-ау әйтеуір. Төбе басында ербиіп қара ағаш тұрған. Қабығы шыт-шыт жарылып, жартылай қурай бастапты. Сол ағашқа сүйеніп демін алды, көз алдынан сұйық мұнар ыдырады.

Қазақтың мінезі қара ағашқа келеді. Тамыры нәр сорған жерге қата жармасып, тереңінен ылғал тартып, күй тілемей, шыжыған күн астында, ырылдаған жел өтінде азынаумен тұрғаны. Қанаты талған бүркіт қонады. Қан аңсаған аш бөрі әрәдік келіп қабығын қажайды. Керуен жолдан адасып сағымға ілескен жолаушы қарауытқан қара ағашты табады. Тақымы қажалған малшы атынан түсіп, шалдығып келіп тізгінін байлайды. Осылайша сахарамен серіктескен жалғыз қара елу жыл, жетпіс жыл, жүз жыл қарауыл қарар. Ақырында өзегі шіріп, бұтағына жай түсіп, сояуы қалар. Туған жердің топырағын қимай нешеме жылдар түбіртегі тұрар.

Қара ағашқа арқасын сүйеп, күн батысқа бетін беріп, жүрелеп отыра кетті. Ұлы нұр көкжиекке домалап батуға бет алыпты. Мойнын созып әне бір жылдары нілдей көгеріп құмды жалап күрсініп жатқан теңізді іздеді. Мұнар шаң ғана қалыпты. Жал-жал құм ілгергі заманның керуеніндей ұшқасып, тіркесіп аспанмен астасып жатыр.

Күн батар кезде шыны сынығындай шарбы бұлт лып көтеріліп шыға келді. Батар күннің қызыл көкжиек кенересін өртше өртеді. Әлгі бұлт я көшпейді, я өшпейді, қайдағыны елестетіп... бірауқымда аймүйізденді. Күн батарда жүрегі неге көтеріледі десе, көз алдына көгілдір әйнек неге елестейді десе, енді сезді.. осынау бұлт — аспанға ұшқан Аралдың баяғы сұлбасы екен ғой. Жер бетінен барақат таппаған Теңіз құмнан қашып, шыжыған күннен буланып, ақырында аспандағы шыныға айналыпты, аспанға ұшып жоғалыпты. Бұл күнде Аралды көрем десең — кешқұрым биік басына шық, батар күннің бояуынан ажыратып қара... Шыны сынығындай жарты әлемді алған шарбы бұлт Аралдың аспанға ұшқан сұлбасы сол.

Дайрабай отырған жерінен көтеріліп ылдитөмен жіті аяңдап, сырғанай басып үйіне жеткенде інір үйіріліп, қас қарайды. Есіктің алдын бермей ала сиыр тұяғы сыртылдайды. Табалдырықтан аттағанда көрді, Сірер уақ мал су іздеп ауыз үйге еніп кетіпті. Шелекті бастарына іліп көшіріп барады. Жайшылықта болса «шәйт, шәйт» деп сыртқа қуып салар еді. Я немересі, я шөбересі — жыға танымады, төргі бөлменің есігіне ілініп, тұтқасынан ұстап аяғын көтеріп арлы-берлі әткеншек ойнаумен әлек. «Есікті сындырасың, жүгермек»,— деп нұқуға да мұршасы жоқ. Көзіне барша дүние топырақ болып елестеген адам ештемеге көңіл бөлмей кетеді екен.

Сырттан әлдекімді қарғап дабырлап келіні енді, төрде, текемет үстінде мөлиіп отырған атасын көріп шошып кетті. Қапелімде аузына сөз түспеді. «Неге қараңғыда отырсыз», — деп қабырғадағы тетікті басып жарық жақты.

— Қайтейін,— деді, — әлгі тасқара тентек есіктің тұтқасына мінем деп топсасын сындырыпты. Онсыз да қирап тұрған мүлікті қиратыпты сөйтіп.

Атасы әлі үнсіз.

— Дәліздегі шелек суды кебенек келгірлер төгіп құртыпты.

Жаңа әлгіде ауыз үйде екі-үш уақ мал Дайрабайдың көзіне ешкі емес, саулық қой болып көрінген еді. Таң қазіргідей есінде. Жүні көпсіп, тұмсығымен түртіп, сүйкеніп өткені. Кіріп келе жатқанда дәліздегі ешкілер көзіне қой болып көрінгені несі екен деп іштей шімірікті. Тіксініп қалды. Келініне пәлен деп сыр бермеді. Ауылдың кешкі қарбаласы толастайтын емес. Баяғыда, әкесі «ағайыннан күншіл жау жоқ, табалдырықтан биік жау жоқ» деп айтып отырушы еді. Қай ағайынның қалай күндеп жүргенін кім біледі, осы үйдің табалдырығынан аттап кіріп-шығудың өзі мұң болып барады. Кейде сол қол, сол аяғы өзінікі емес, басқа кісінің дене мүшесі секілді. Илігуге келмей, қаны ұйып «төсекке жат... төсекке жат» деп жамбасын жер тарта беретіндей. Төсекті күзете беруге ақыл есі қарсы. Содан өз кеудесін өзі сүйрегендей болып, ақтық күш-қуатын жинап ұмтыла түседі, сырқырағыш сирақты, ұйып қала беретін білекті қозғап сыртқа тырмысады, өзін-өзі сілесі қатқанша қинап бітеді.

Бәлкім бұл өмірден түңілген кезде, қиналған мезетте өзіне-өзі қол жұмсап, жарық дүниеден оп-оңай өтіп жүре беретін кісіллер батыр шығар. Күйбең тіршілікті қимағаны қорқақтығы болар. Жүзді алқымдағанша тезек дүниенің тезегін теріп жүре бергені, енді мынау тізесі дірілдеп табалдырықтан аттап өте алмай әлсірегені жігерсіздігі, әлде жүрексіздігі.

Дайраба й осылайша ой мұхитында бір батып, бір шығып жата берер ме еді, немересі келіп түртіп оятқандай болды, басын көтерді.

Келіні ағаш жозыны дөңгелетіп, үстіне дастарқан жайып, ағаш зерен әкеліп қойды. Атасының сүйікті асы жылқы етінен турап жасаған нарын иісі танау қытықтайды. Жанына тізе бүгіп, малдас құрып отыра кеткен немересі алдына койылған зерен толы нарынды сырлы қасықпен қарпыта ұрттайды. Маңдайынан тер моншағы жылтырайды. Асты әп-сәтте тауысып, қасығын жалап, басына бір-ақ көтерді. Асқа тәбеті шаппай еңсесі түсіп отырған атасына қараптан-қарап таң қалады ғой.

— Доп қуып көрші ауылдың командасын ұтып келдік.

— Жаяу көкпар десеңші. Ай бойы пәленбай аяк киімді жыртып, екі иықты жұлып жеп жүріп ұтқандарыңа не береді?

— Мақтап қолымызды қысты, арқамыздан қақты.

Немересі алдындағы зеренін былай ысырып, атасының асына жалтақтай қарайды.

— Ата, тәбетіңіз жоқ болса, сіздікін де жеп қойсам қайтеді.

— Жей ғой, балам.

Екінші зерен де әп-сәтте тәмәм.

Келіні үлкен жарықты жағып, гүжілдеген сары самаурынды кіргізді. Жозы үстіне мейіз, өрік-қағын қойды, сүт қатып қою шай кұя бастады. Дайрабайдың тамағына тас кептелгендей болып теткіп, кермалданып отырып алды. Келіні бірер мәрте «ата, шайыңыз суып қалды», — деп ескерткен еді, оған да мән бермей, мүлгіген кісіге ұқсап басы кеудесіне домалады. Немересі дастарқан үстінде тіске басар тәттіні және тәмам етіп, шайды ұзақ сораптап, терлеп-тепшіп әзер басылды. Сырттан дабырлай шулап жалаң аяқ, жалаң бас қарадомалақтар еніп еді. «Шуламаңдар... шығыңдар, әйда», — деп келіні келер бөлмеге қуып салды.

Алыстан гүрілдеген сарын жететіндей ме, жер асты тым тереңнен дүмпігендей ме, әйтеуір мына жұмыр жердің астын-үстіне шығарып жатқан мазасыз жандардың әрекеті жойқын. Күні бойы нәр татпаған атасын аяды ма, сырмінез келіні шай дастарқанын түп көтеріп жинап әкетпей, ақ құманды сүлгімен бүркеп, бипаздап үлкеннің алдына қойды. Буынын сытырлай қозғап, артымен жылыстап шығып бара жатқан еді, үлкен кісінің көмескі үні кідіртті.

— Бұл үйдің баласы қайда?

Қабағы салыңқы атасының кейпінен тіксінді. «Жоғарыдан тексеруші келді, салған жолымыз салғандай болмай ойылып түсіп жатыр» деп жан таппай, құйрығы жер иіскемей кетті емес пе?

Ауылдың түнгі сарыны басылып, күндізгі шеруден шаршаған жұрт ұйқы құшағына жұтылып, маңайды марғау тыныштық тұмшалады. Шам сөнді. Төргі бөлмеге қайыра бас сұққан келіні атасының сол жамбасына аунап, сіресіп жатқанын көріп, жарықты өшіріп, сыбдырсыз басып шығып кетті. Бүйір бөлмедегі балалардың сыбыр-күбірі біразға дейін аквариумдегі балықтай тұншыға естіліп тұрды да саппа тиылды. Маңайды қараңғы түнек, тыныштық тұмшалады. Қанша уакыт өткенін қайдан білген. Түннің бір уағында Дайрабай буынын басып, әзер көтеріліп, бойын тіктеді. Қараңғы қабырғаны сыйпалап бір аттап, екі аттап үлкен терезеге тақады. Әуелгіде үйдің қарсы алдынан ай төніп тұр ма деп ойлаған, үңіліп караған еді, шошып кетті.

Терезеден аппақ тұман салбырай төнеді. Ұсқыны жаман. Әйнектен сырт әлемге қалың сейсеп тұтып қойғандай.

Үңіліп қарай сап жүзін тартып ала қойды. «Мұнысы несі» деп ойлаған Дайрабай. Тамыздың аяғында, аңызақ кептірген қиыр сахарада қаңғып жүрген қайдағы тұман. Кеше түн ортасы шамасында әйнек алды тап осылай жап-жарық болып кеткен, текемет үстіне сейсеп төсегендей сезілген. Сөйтсе осынау меңсіз сахара, қиыр өлкені түн баласына сүттей ақшыл мұнарт төңіректейді екен ғой.

Қолын созып әйнектің топсасын босатып, ашып жіберді. Салбыраған сүттей ақшыл әлем сәл ыдырапты.

Теңіздің дымқыл лебі сезілді. Тобырсыған ернін жалап еді, таңдайына тұз табы білінді. Теңіз ұлуының қабыршағын алып кұлағыңа тоссаң ұланасыр толқын шуылы естіледі. Сол секілді мына мұнарттан, салбыраған ақшыл тұманнан теңіз дәмі, толқын лебі ап-айқын сезілгені.

Осы мезет жүрегі атқақтап аузына тығылды. «Сол», — деді сыбыр етіп. Аспанға ұшып жоғалған Арал тенізі осы. Туған жердің төсін қимай, қайта айналып, терезеге төніп салбырап келген теңіз жарықтық қой мынау. Дүниеде бір аштықтың бір тоқтығы бар демекші, тым ертеде құланиек жарқабақты кемерлеп, құм ернекті мүйіздеп өкіріп жатқан Арал шикіл құмның арасында бөлініп, кілдіреп, үзіліп, ақырында көзден бұлбұл ұшып ғайып болғаны қашан. Байырғы балықшылар теңізден күдер үзіп ауа көшіп қоныс аударып жатты. Жергілікті кәсіпшілер кемесі мен қайығын құм төсіне қалдырып басы ауған жағына қаңғырды.

«Қайтсек теңізді сақтап қаламыз» деп ғалым әулеті басын даң қылды. Қайта айналып қонысын тапқан табиғат жоқ, ку медиен даланы бөріше жортып ыстық жел азынады, ата жұрттан табан аудармай, сыңсыған сағананы күзетіп, құм төбенің баурайында Дайрабай шалдың үйелмені қалды.

О, тоба, көрсеткеніңе шүкір... түн баласына аппақ мұнарға айналып Арал теңізі туған жердің төсіне келіп кәдімгідей төнеді, таң бозы білінгенше жалаңаш тақыр баяғы телегей ұлттанын үнсіз күзетеді деп кім ойлаған. Иә, сәт, иә, пірім... жетті... болды... кешқұрым көкжиекте көгілдір шыныға айналған, түнемесі ауыл үстіне ақ тұман болып салбыраған теңізді көрдім, бақұлмын енді.

Үлкен кісі тәлтіректей басып жер төсегіне қисайғаны сол, жүрек соғысы бәсеңсіп, тұла денесі зіл тартып сай сүйегі сырқырағаны. Ауа жетпегендей кеудесі қысылып, тынысы тарылды. Шеке тамыры лыпыл қақты. Әлгідегі әйнекке төнген ақ тұман таң алдында перде түргендей ысырылып жоғалды ма, есік сыртында, дала үстінде аздаған тамтығы қалды ма деп басын көтеріп қарағысы келді. Шамасы жетпеді, пәс сайын кәрі дененің халі төмендей түсті.

Жылдар бойғы үнсіздіктен, қатары кеміп сөйлесер кісі азайғаннан жиналып қалған ұлы сөздері жүрегін жаншып сана түкпірінде дүлей құйын туғызды. Бебеулей ыңырсып, оң жамбасына аунады. Көрші бөлмеде жатқан келіні оқыс дыбыстан оянып, я нәр татпай, я жан таптырмай мазасызданған атасының жайы алаңдатып, есікке келіп тың тыңдады, жайлап басып терезенің алдына ығысты. Атасының көрпе жиегінен шошайып шығып жатқан аппақ қудай сақалы, шәугімдей ағарған маңдайы шошытты. Таң құланиектен атып қалыпты. Аяғы аяғына жұқпай жүгіріп жетіп көршінің есігін қақты. Жуық арада ешкім аша қоймады. Жұдырығымен дүрсілдете соқты. Көрші жігіт Теңізбай Арал теңізі жақтан тағы құм дүлейі көтеріліп, құтқарушы келіп жетіп, көші-қон басталды деді ме, жалаң аяқ, жалаң бас сыртқа жүгіре шықты.

— О, тағы да көшеміз бе?

— Атам қысылып жатыр. Рацияңды іске қос та Олжаймен хабарлас, жетсін, келсін дереу.

— Тоқ көзі таусылып қобдиша болып қалғаны қашан.

— Қайтсең де хабар жеткіз, дем салатын молданы алғыз.

— Бейнетім егіз, сорым бес батпан, ел шеті үдере көшсе — жүк тиегіші өзім, теңіз табаны тартылса — құм күрегіші өзім, лақтырған таяқ төбеме тиеді,— деп Теңізбай күңірене бебеулеп, асығыс киініп, қос аяқты тарылдағын қорасынан сүйреп шығарып, «болмас, болмас» деп молда іздеп жолға шықты. Қайда қарасаң да ордалы жыландай белдеулене, иретіліп жатқан ұлы құм. Жетім ауыл бейне бүріскен көжек. Сол көжекті әйтеуір бір жұтатыны кәміл мейманасы тасып мүлгіген айдаһар болушы еді. Шағын ауылды белдеулеп орап жатқан сарыала құм — сол айдаһар.

Үйіне қайта жүгірген келіншек еспе құмға малтығып көп сүрінді. Әлдекім адымын жаздырмай арбап тастағандай. Жығылып сүрініп, жығылып сүрініп жетті ме жетпеді ме, табалдырықтан ішке аттағаны сол. Төргі бөлменің есігі аңқиып ашылып қалыпты.

Дәл төрде аппақ қудай болып аруақ отыр, сөйлемейді, тыныс алғаны да, өзге бір әлемнің есігінен сығалағаны да белгісіз, жеңіл ғана, қауырсынға ұқсап үлпілдей үрпиеді.

Халін сұрауға батылы жетпеді, бір аттап, екі аттап ілгеріледі.

Дайрабай көзін тарса жұмып шаншылып отырған, сұқ саусағын көтеріп, сес етіп, «үндеме» деген белгі берді. Жел соққан қамыстай болар-болмас теңселеді. Тым жырақтан көк теңіздің жер астынан шыққандай гүрілі естіле ме, әлде көшкен құмның сыңсып жылағаны ма... құлақтан кетпейтін бір ызың бар, аруаққа ұқсаған атасы сол дыбысты қағыс жібермей тыңдап қалыпты.

Баяғыда, баяғыда емес-ау, осы елге жас келін болып түскенде мына атасы сақал-шашы ағарған аппақ қудай саудыраған шал еді, содан бері нешеме жылдар өтті, бірнеше құрсақ көтерді, ұл-қызы ержетті, сарықарын кейуана аталды... сол атасы әлі өзгермей құмға біткен сексеуілдің сіңірі секілденіп қақшиғаннан әлі қақшиып отыр. Жыл он екі ай уақыттың өзі қарт алдында мүлде дәрменсіз, дауыл екеш дауылдың өзі шөлге шыққан қара ағаштай қарт кісіні айналып өтіпті.

Уақыт шіркін шаршап қалжыраған секілді. «Осы атам артта қалған өміріне риза ма екен?»,— деп ойлады келіні, «кешегі басты аяқ, аяқты бас еткен төңкерісті өткерді... қызыл жағалылар ізіне түсіп жүріп «байдың құйыршығысың» деп ит жеккенге айдады... ашаршылыққа ұрынып, әулетінен айрылды... соғыс басталып мылтық қарауылының алдында қалбақтады... кұдайсыздар ұйымының қаһарына ұшырап қараңғы үйге қамалды... ойлап отырса бұл кісінің көрген құқайы шашынан асады».

Осы атам өткен өмірін сағына еске ала ма, әлде шошына тіксініп есінен шығарғанша асыға ма. Қанша ойласа да жауабын таба алмай дал.

Дайрабай сырттан үрейлене енген келінінің көзіне жалт қарап ойын заматында оқыды. Сауалына іштей жауап іздеді. Бәсе деді-ау.

Әр адамның табан астында «бұл тіршілігіңнен пәленшенің өмірі әрі қызық, әрі мағналы, ғұмырыңды аяқ астынан алмастырасың ба» десе... кім де болса көп толғанар... ақырында «жоқ, соншама сәтсіздігімен, қиындығымен өз өмірім өзіме қымбат» деп жауап берері анық. Өйткені жаратқан ие әркімнің өз тіршілігін өзіне ыстық етіп қойған. Жүрісіне өзі риза, өзі тоқ. Жолдың шаңын бұрқылдатып есек мініп бара жатқан адамның жеңіл машинадағы кісіден өзін сонша менмен, тәкаппар еткізген: шұбыр терге түсіп отын арқалап бара жатып зорыққанға күлгізген: «Ертең сенің де күнің осы болады» деп іштей шоқ-шоқ айтқызған, бейнеттен езіліп жүріп «ертеңгі күнім бұдан да жеңіл, жақсырақ болады» деп үміттендіріп қойған, ылғи алға жетелеген жараткан иенің қасиетіне қалайша таңданбассың.

Қателігің, бейнетің, өкінішің ішіңді қан жылатып тұрса да өзгенің өміріне қызықпайтының қалай? Тіршілігіңді басынан қатесіз етіп қайта бастар ма едің, басынан сүруге мәулет берейін деген жаратқан иеге... «жоға» деп жауап беретінің неғылғаның. Ендеше мың сан адамның өз өміріне өзін мәз етіп, бір-бірімен ешқандай ұқсатпай, әрбірінің өмір жолын әрқилы етіп сызып қойған жаратқан иенің құдіретіне бас имеске не шара. Жүрегіңнің басындағы тоқтыққа, шүкіршілікке үңіліп қара ендеше.

Әр пенденің бойына өзімдегі артық, өзім білем, өзімше жүрем дегізген мінез сіңіріп, адам баласы жаралғалы әркімді — өз қиынымен, қателігімен, тіршілігімен аласұртып алыстырып қойғаны, сан ғасырлар, заманалар бойына алыстыра беретіні кәміл. Адамды айуаннан бөлектеген өзімшілдік. Адамды адамдармен алыстырған, арбастырған — өзім білем. Кісіні жаратқан иеден бөліп тұрған да «өзім» сезімі.

Ендеше өзі білген осынау өмір сабағын қапелімде кімге ашсын?.. менің тоқығаным мынау деп кімдерге мұңын шақсын?.. Осынау опасыз дүниеде бәрі бір күнгідей болмай ұмытылады дағы, ештеме естімеген, ештеме білмеген, көрмеген, сезбеген дымбілместің кебін киіп, ақ кебінге оранып жер қойнына жұтылады дағы.

— Бүгін бейсенбі ме, келін? — деді Дайрабай көмескі үнмен. Келіні ерін ұшын жыбырлатып басын екшеді.

— Ендеше сам жамырағанша жаратқан ненің ие ғып берген жанын өзіне тапсырамын.

Осыны айтты да іргедегі көрпеше үстіне ұзақ жолдан арып-ашып шаршап жеткен жолаушыға ұқсап, ұзыннан түсіп сұлап жата кетті. Қарт кісі я ауырмай, я қыңқ деп дыбыс шығармай іңір үйіріле үзілді... О дүние мен бұл дүниенің арасындағы қабаршысы секілді, көне ғимараттың ұшып түскен кесегіне ұқсаған Дайрабай шырақшы туралы аңыз ел ішінде әлі күнге айтылып жүр.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз