Өлең, жыр, ақындар

Қалалық емес қарт

— Ақсақал, документіңіз болмаса ентелемеңіз. Біз сіздің мүгедек екеніңізді қалпағыңызға қарап білеміз бе?

— Киімін шешіп, тексерсек қайтеді өзін.

— Осылар-ақ... Ресторанда несі бар десеңші.

Шаң-шұң айғаймен араларындағы жалғыз қарияны шетке қақпайлап, ықтырып тастаған қыз-бозбаланың мұнан кейін онымен шаруасы да болған жоқ. Ащы өзегі талып келіп, жүрек жалғармын деген шалдың ниеті осымен кесілді. Бәрі шуласып: «Кезекке тұр»,— дейді. Шәрлі жердің өзі үйренбеген тәртібіне көне салар еді, уақыты құрғыр тығыз. Ащы ішектей шұбатылған жұрттың соңында тұрып, аузына ыстық тигенше, қай заман? Қылтасы дірілдеп, табанынан тозып кетпей ме? Ауылдағы көңілмен жалғыз шалды жіберер деген үмітпен ұмтылып көргенде, алған сыбағасы әлгі. «Жарайды, бас сұғатын басқа бір қуыс табылар».

Осы кезде әйнек есіктің ар жағынан ақ халатты толықша әйел шыға берген. Қолында билік барын еркін кимылы мен өктем үні жариялап тұр. Есік көзіне топталып, шу көтеріп жатқан жұртқа дауыс көтере келді. «Келін, келін», — деп тілі жеткенше өз жағдайын түсіндірген болды қарт. Кейде адамның көңілі осындайда көтеріліп қалады ғой. Әйел тамам елдің көзінше қартты ішке кіргізіп алды. Жамырай естілген наразы үндерді тойтарып тастаған жаңағы өктемдігі:

— Әне, ана жазуды оқындар. «Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне кезектен тыс қызмет етіледі». Енді не керек сендерге?

— Документін көрсетсін!

— «Документім қалып қойыпты», — деп тұр емес пе? Мүгедек екені көрініп тұрса, документ міндетті емес қой.

Қарт аяқ астынан жолы бола кеткенге есі шыға қуанды.

— Рақмет, келін. Ұл тап, — дей береді қалбалақтап. Мына сыпайы ортада өзін қалай ұстауды білмей, жатырқап тұрған қарт қалпақтан жеңілейген тақыр басын қайта-қайта изеп, қауқалақтай береді.

Төбесіне сілтеген құрық әрең жететін кең залдың іші құжынаған адам. Екі қабырға — тұтас шыны. Терезесі қайсы, есігі қайсы, айыра алар емес. Төбеден сұлу келіншектің сырғасындай салбырап, көз арбаған жалтылдақ бұйымдарды айтсаңшы. «Қамшының таспасындай етіп, өзін әйнектен өрген бе, қалай?»

Тұтаса быжылдаған қалың үннің арасынан бір сөзді де ажырата алар емес. Біраз тыңдаса, гуілдеген дауыстар жем дәметкен аш қойлардың маңырағанына ұқсап кетеді.

Сықырлама етіктің табаны жалтыраған еденді жатырқағандай тайып барып, дәйектеп қалды. Кіруін кіргенмен, тізе бүгетін орын табылмай, дағдаруға айналғанда, жаңағы мейірбан әйелдің тағы жетіп келмесі бар ма?

Айналасымен танысуға мұршасының келгені — орнығып отырған соң ғана. Алдымен сезінгені — осы сәулетті шаңырақтың астында аса бір жарасымдылықпен мекен тепкен салтанатты көрініс. Мына залдың мол бояуы шаһар тіршілігінің өзі бұрын-соңды көріп-білмеген әдемі жанды үлгісі.

Айналасына қымсына көз жүгіртіп еді, жанары бұлдырады. Кілең ығай мен сығайдың құлпырған ортасы өзіндей жуан қоныш, кең қолтық қыр қазағының қолы емес екен. Қалай қараса да, әлем-жәлем жарқырауық киімдер, сызатсыз сыпайы өңдер; кербез қимылдар, еститіні — қымсынуды білмейтін ашық-жарқын шаттыққа толы үндер. Өзін-өзі мына дуылдақ ортаға бөтен санап, қасында отырғандардан имене бастады.

Келісті келіншек пен ұзын шашты жас жігіттің кездейсоқ дастарқандас боп қалған кісіні жаратпай қалғаны анық. Көрші столдан кеуделерін бұрып тұрып, әдейілеп назар салған біреулер жырқылдай күлісіп те қалған сықылды. Қартыңды көрінеу сайқымазаққа айналдырып отырғаннан сау емес. Іштей бұрқ еткен наразылық сезіміне сабырдың ноқтасын кигізіп, тәк-тәктады. «Күлсе, күлетіндей бар шығар. Қайбір жетіскен жанмын, шайыр сасып», — дейді өзіне-өзі.

Бөксесін қойқаңдатқан етженді даяшы ішім-жемге сықалған қайқайма табақты алақанында ойнатып қастарынан өткен. Бірге отырғандардан үстеме заказ алып кеткен. Тойған қозыдай қоңырайып отырған үшінші адамға, сонда да қайрылып тоқтағанды қойып, «Итпісің, кісімісің», — деп, мойнын бұрсашы. Елдегі дағдысымен: «Әй, қалқам», — деп шақырған болып еді, оны да естіп жарытып жатқаны шамалы. Қарадай салы суға кетіп, тұйық ойға тағы да қамала бастаған.

Сол екі арада манағы жарылқаушы әйелдің жарқ етіп жетіп-ақ келгені. Бәрін байқап тұрса керек, келе сала, даяшыға қолқа салып жатыр.

«Ай, көп жасағыр, көп жаса», — деп іштей алғысын арнап мейман отыр.

Босаған бір орындықты отыздар шамасындағы мелжемді жігіт мол денесімен толтыра жайғасты. Қарттың заказын алып келген келіншекке:

— Ең дәмдісінен, ең ащысынан, — деп гүж ете түскен. Құдды бір нағашысының төрінде отырғандай өктем. Қарт ойлағандай мұнысына даяшы ашуын шығындап, салғыласа жөнелген жоқ. Қайта қалжыңдай сөйлеп, қарқ-қарқ күлкіге қандырып кетті.

Алдындағы ыстығын терлеп-тепшіп ұрттай бастаған сәтте шалдың жігітпен сөзі жарасып, екеуі тәп-тәуір шүңкілдесе бастаған.

— Атыңыз кім, ақсақал?

— Менің бе? Іһім, менің атым Әбілтай болады.

— Өзіңіз кіммін дедіңіз? Кәсібіңізді айтам.

— Е, мен бе? Малшы боламын, шырағым. Көптен бері қалашылап шыққаным еді. Бір дәм ауыз тиіп шыға қояйын деп...

— Қайда, қалаға ма?

— Е, жоқ. Осы босағаға да.

Ас алдындағы тіске басар ұсақ-түйек, шөп-шалам жігітті ұзақ зарықтырған жоқ. Көздері мөлтілдеген шиша-шиша нөкері тағы бар. Тамақ иесі өзгесін қоя тұрып, сол «нөкеріне» қол салды.

— Ал, ақсақал, сөйлеңіз, — деді ол ащы сумен ас жолын «дезинфекциялап» алған соң барып. Сөйтті де, жауап тоспастан, іске қауырт кірісіп кетті. Дүңк еткізіп тастай салған пәтуасыз сөз қартты сасқалақтатып тастады. Көлдей орамалымен сай-сайды қуалаған терді жеңілдетіп алды да:

— Не сөйлеймін, шырағым? Өзім қалаға жаңа келген кісі... — деп себепсіз ақталуға айналған.

— Өй, ақсақал, өзіңіз қызық екенсіз. «Не сөйлеймін?» Сол да сылтау болып па? Ауылдың шалдары әңгімешіл болады дейтіні қайда? Ауылдан екеніңіз анық қой өзі?

— Ие, қыр адамымыз. Бізде қайбір әңгіме болсын. Ылғи күнсіп далада жүреміз. Көретініміз....

— Міне, міне. Сөз сізде демедім бе? Шіркін, дала, деген рақат қой. Аң-құс көп шығар?

— Ит-құс па? Е, кездеседі...

— Аңның қызығын сіз көріп жүр екенсіз, ә? Сіздер жақтағы қандай аң? Ақбөкен бе? Ылғи далада жүрсеңіз, аулап қоймайтын болдыңыз ғой.

— Ой-бұу, шырағым-ай. Біз қайдағы бір... малдан шыға алмай жүріп...

— Аңшылықты жаным сүйеді. Ал өзіңіз қандай мал бағасыз?

— Біздің айналдыратынымыз — ата кәсіп қойдан басқа не болсын.

— И-ә-ә... Аң сіздерде, ет сіздерде. Бір отар қой алдыңызда. Солай ма? Ет керек болса, былай — чирк. Шіркін, мына көк жасық шандырдың орнында бір табақ ет болса...

Жігіттің қалың еріндері айналдырған бүйендей дүрдиіп, бұлтиған жұмсақ бұғақ бүлк-бүлк етіп қалды. Ауыз бен ыдыстың арасында қолды-аяқты баладай лыпып жүгіріп тұрған шанышқы ауаны шимайлай, лағып барып тоқтапты.

— Жарайды, құрысыншы сол, — деді құрғақ тамсанудан ештеңе өнбейтіні саңылауына барған жігіт кенет серпіліп тастап. Сөйтті де, аузындағысын күтірлетіп қайта жәукемдей бастады. — Онан да мынаны алып қояйық.

— Нені? О, жоқ, балам...

Шытыдай жұқа шыныны қыпша белінен ілген жүнді саусақтар сондай әлуетті секілді. Әрқайсысының жуандығы ат тағалайтын балғаның сабындай бар-ау. «Шіркін, өзіне қораның қиын тазарттырар ма еді. Белім ауырып жүріп бір жұма жұлмалаған қораның ішін мына құжбан бір-ақ күнде ту-талақайын шығарар». Жүз грамм ішкізу үшін осынша үгіт-насихат жүргіземін деп ойламаған жігіт серігінің өңіне барлай қарап, біраз отырды. Сосын басын шалқайтып алды да, рюмканы көтере, қолды сілтеп кеп жіберді.

— Сөйтіп, ішпейсіз, ә? Ендеше, бұл жерге неғып келдіңіз? Әлде билеу үшін бе? Айтпақшы, есіміңіз кім еді өзі?

— Әбілтай, Әбеке дей берсеңші.

— Иә, Әбеке. Сіз өзі бұл жерге қайдан келіп қалдыңыз?

— Күні бойғы текке сандалыстан жүрегім сазып... Бұл қаланың тамақ беретін жері қайда деп сұрап жүріп... Көрсеткендері — осы үй.

Қарттың одан арғы әңгімесін күрк-күрк еткен қатты жөтел бүлдіріп кетті. Қарсысында отырған жас әйел:

— Фу, бескультурщина!— деп, бояма кірпік қамалаған әдемі көздеріне сұмдық жиіркеніш толтыра, жонылған піл сүйегіндей мінсіз келбетін аулақтата берді. Жігіті де басын кекжитіп алыпты. Гүжбан қара күректей алақандарын желпуішке айналдырып, бет алдындағы ауаны оңды-солды қуып тастады:

— Кім... Әбеке, сіздің мұныңыз қалай? Тамақ үстінде. Неге жөтелесіз? Болмайды ғой ол.

Жас кептеліп үлгерген тозыңқы жанарына орамалын тигізген ақсақал, ыңғайсызданып жатыр:

— Болмайды дейді? Е, балам... Жөтелі құрғыр қысқан соң... Сен нетсеңші, ғапу ет. Кейде өстіп қалатыны бар.

— Ақсақал, то-есть, Әбеке. Оныңыз жарамайды. Жаңа айттым: «Дезинфекция жасау керек», — деп.

— Ә, оған көне қоймас бұл көкжөтел. Ескілікті ауру, үйрендік қой.

— А, бұрыннан ауырасыз ба? Онда курортқа барып, демалып қайтпайсыз ба? Рақат қой курорт дегеніңіз. Мәселен, мен өткен жылы Бурабайда болдым. Қандай керемет! Ондай жерді іздесеңіз де, таппайсыз. Рас, оның алдындағы жылы бір ай Гаграда күнге күйгенім бар. Онда теңіз ғой және күнге жақсы күйесіз.

Күркілдеп барып Әбкеңнің демігі де басылды. Жан қалтасын ақтарып отырып шығарғаны — түймедей ғана сарғыш дәрі.

— Курорт деймісің? Әлгі емдейтін жер ме онысы?

— Оһо, курортты білмей, осы уақытқа дейін қайда жүрсіз? Айтып отырмын ғой, оның рақатын көргендердің бірі мына менмін деп.

— Балам-ау, жап-жас болып сен де ауырып па едің?

Бала тілін қызықтайтын үлкендердің ләміне салып, жігіт мол денесін бүкілдете, тырқ-тырқ күліп алды. Езуіндегі бір тал шылымның жаны қалмай, қоса секектегені қызық.

— Ой, ақсақал, өзіңіз ештеңе көрмеген адамсыз ба, немене? Мүмкін, санаторийге көңіліңіз соғар. Ол да табылады. Керек десеңіз, путевка алдырып берейін. Тек мынандай болса, бітті, — деп, әлгі ноян саусақты сырт еткізді.

— Шырағым, айтқандарыңнын бәрі жөн-ау... Бірақ ол құрғырың біз сияқты қарабайыр адамның қолы деймісің. Және бізді ол жаққа кім жіберіп жатыр. Ала қыстай қақсағанда мені әрең босатып отырғаны мынау. Онда да аз күнге. Оның үстіне, менің дертім курортыңа көне қоймас.

— Как, көне қоймас? Ауруды дұрыстап емдету керек.

— Менікі не ғой, әкем... Ауру деуге болмайды. Өкпеме оқ тиген. Соныкі.

Жігіт қылқылдата жөнелтіп жатқан сырасын тауыспай-ақ, басын жұлып алып, жалт қарады.

— Қалайша, сіз жаралысыз ба?

— Ие, жаралы болғамын. Мүгедекпін.

— Соғыс мүгедегісіз бе? Міне, қызық.

Несі қызық екенін ұқпаса да, Әбекең мақұлдап басын изеді:

— Иә, айтпақшы, менің шаруам да осыған байланысты. Әлгі не... мен саған қазір оқытайын.

Бар қалтасын түгендеп шыққан қарттың қолына іліккені — ақыры бір жапырақ қағаз:

— Өзін қыс ортасында алғанмын. Содан шығып отырғаным осы. Малдан мойын босай ма баяғы. Шәріні қойып, совхоз орталығына да қант-шай таусылғанда соқсақ, соқтық, өйтпесе ол да жоқ. Ие, осы қағаздың әлегі. Болмаса, ит өлген жерге қаңғып нем бар?

Қағаз — шеті жырым-жырым алақандай газет қиындысы. Жігіт оның бүктесінін жазып, алдына қойды.

«Қарулас досым, қайдасың?

Менің оны көрмегеніме тұп-тура отыз бір жыл. Екеуміз 1943-1944 жылдары бір бөлімшеде соғыстық. Қанды көйлек жолдастардың ішінен бұл жігіт ерекше есімде қалыпты. Ұрыс алдында, шынымды айтсам, соның сабырлы өңіне қарап жүрек тоқтататынмын. Қарапайым азамат ретіндегі қасиеттері қаншама еді. Еске түсірсем, ол туралы айтар дүние көп. Соңғы рет көргенім, Польша жеріне кірер алдында. Сол жылы мен ауыр жараландым да, ұзақ уақыт госпитальда жаттым. Автоматшы қазақ досымды бұнан кейін көргенім жоқ. Өлі ме, тірі ме, оны да білмеймін. Газеттерден жеңістің отыз жылдығына орай бірін-бірі тауып жатқан майдандастар туралы оқыдым. Ұлы Отан соғысының мүгедегі ретінде сіздің газеттен өтінерім — осы адам туралы білетіндер менімен хабарласса екен. Соңғы рет көргенімде қырыққа таяған жігіт ағасы еді. Арқа өңірінің қазағы болатын. Аты-жөні...» дей келіп, соңында мақала иесі өзі туралы қысқаша мәлімет берген.

Сыра үстемелеп құйылды. Қабағын түксите түйіп алған жігіт жыпылықтаулы көздерін табақтасының жүзіне аялдатыпты. Екеуара тұнған үнсіздіктің бұзылғаны ыдыс жеңілдеген соң ғана:

— Сіз сонда мынаның айтып отырған адамын білесіз бе?

Қарт енді тақыр басын умаждалған орамалымен сүрткіштеп әбігер. Қолайсызданып отыр:

— Іһім, өзі, балам, жөндеп ұғынбай жатырсың-ау. Мен анау... әлгі мына кісінің іздеп жүрген автоматшы қазағы боламын.

— Сіз бе? — Бейберекет сөзді орынсыз сапырып, еркін отырған гүжбан қараның («гүжбан қара» Әбекеңнің іштей қойып алған аты) үні көмейін тырнай шықты: — Әй, қайдам. Газеттегі жазылғаны батырға ғой. Ал сіздің қай жеріңіз ұқсайды, тіпті? Ересен ерлік жасаған... Әй, білмеймін, мені алдай салмақ болған шығарсыз.

— О не дегенің? Сені алдап шапан кигелі отыр деймісің. Петр Даниличтің мені танитыны рас.

— Онда сіздей батыр адам неғып мал бағып кеткен? Осынша азып-тозып деймін де. Оның үстіне, жөтелесіз. Мен сіздің орныңызда болсам...

Әбекең батыр болып тұрып мал бағып кеткеніне айыпты адамдай селкеуленген мұртын тарамыштап, қибыжықтай береді. Сосын күні бойы Петр Даниличті іздеп табанынан таусылғанын, бүйтіп сандалмас еді, газеттегі адрестен ауысып кеткенін әңгімелеп, осы ресторанға аңдаусыз кіріп қалғаны үшін де ақталған болды.

Есіне бірдеме түскендей кенеттен жұлқына тұрған жігіт екі қолын бірдей әңгімешіге ұсына қойды. Алақанына дейін қоң жиған адамды көргені осы. Саусақтары жұп-жұмсақ, тершіп тұр. «Қой, қаншама ірі болғанымен, мына қолдар қи ойып жарытпас. Күрек ұстап көрді ме екен өзі?..»

— Ақсақал, жарайсыз. Соғысқа қатынасқаныңызды айтам. — «Арақ жарықтық мына шіркінді де дендей бастағаннан сау ма? Сөзінің сүрепетін қарашы. Қылжақбастау неменің әдейі қағытуы шығар». — Әбеке, көңіліңізге келмесін, сіздей кісіні соғыста батыр болды дегенге... Әй, білмеймін-ау.

Қарт малшының ашуы бұл сөздерге де ояна қоятын сыңайы жоқ секілді. Тентек ұлына кешіріммен қарайтын мейірбан әкедей терісін кеңге салып, күлімсірей береді. Дәмдес жігіт тағы да сырамен айналысып жатқан соң, жан-жағына қарағыштай беруін қайта жалғастырған. Көзіне басылғанның бәрі таңсық. Әсіресе дастарқандас келіншектің жайбарақат қана езуінен шылым түтінін будақтатып отырғанын көріп, Әбекең тіпті таң-тамаша. «Мына қызықты қара. Анау әйелдер де тартып отыр ғой...»

Осылай әркімнің жүзінен, қимылынан өзі көріп жүрген жұртта жоқ қызық тауып, аузын аңқайтып отыра берер ме еді, қайтер еді, егер көршісі:

— Ие, ақсақал, әңгіме айтыңыз, — деп гүж ете түспесе.

— Шырағым-ау, неғылған әңгіме?

— Сіз шынында да қызық кісі екенсіз. Мен сіз сияқты соғыс көріп келсем, бір секунд та үнсіз отырмас едім.

Қайрауын келістіріп, сөз дәметкен аңғалақтау жігіттің қолқасын Әбекең дәл қазір орындай алмасын сезді. Соғыс жайлы сұрағандардың қай-қайсысынан да үндемей, тым тақымдаса, жалтара сөйлеп құтылып кететін әдеті. Ондағысы сөзін бұлдап, сыйлы көрінгісі келгендіктен, не болмаса, еріншектігі ұстап, аузын ауыртудан қашқандық емес. Өзі үшін көңілсіз, көңілсіз ғана емес, қасірет естелігіндей соғыс суретін тап мына думанды ортада отырып, көлденең тартқаны жөн бола қояр ма екен? Көз көрген адамға сол бір қан кешу заман еске алған сайын жүйкесін жүдетіп, ойын тұралатып тастайтын сұмдық екенін мына азаматқа түсіндіріп байқаса қайтеді?

«Жә, «айт-айт» деп алқымнан алса, санасында қатталған қай хикаяның тігісін сөкпекші! Соғысқа алғаш қалай кіргені, адам өлімін алғаш қалай көргені жөнінде әңгіме шерткені жөн бе? Не болмаса, Брянск орманында қоршаудан шыға алмай взводымен тоғыз күн сандалғанын, ми батпақтың арасында аштан-аш жүріп, фашистермен аянбай арпалысқандарын, ақыры кеуделерінде шықпаған жаны бар төрт-ақ жауынгердің аман құтылғанын есіне түсірсін бе? Немесе...

Жоқ, керегі не? Шаруадан мойны босап, жеңілдей қалатын кезі ілуде біреу. Бұған дейін қаланың ресторанында отырып, қашан көңіл көтеріп еді? Тым құрыса, осындай арқабасы жұмыстан сәл кеңіген шақта ауыр күндердің еңсені езген елесін бір ауық ұмытқаны лазым емес пе? Одан да бүгінгі қамсыз-қайғысыз, жарқын заманның қызығын тамашаласа ше? Бүгінгі бақытты ұрпақтың еш алаңсыз бейбіт тірлігіне сүйсіне, әрі қиялдай қараудың өзі неткен рақат.

Төрдегі сәкінің үстінде бір-бір темірді өңгеріп отырған жігіттер гүмпілдетіп ойнай жөнелгенде, төбеден салбыраған өрме шамдар шыдамай, шытынап кетер ме деп еді. Іле-шала ортаға суырыла шыққан әлдекімдер әр қалыптағы денелерін әрлі-берлі ырғап, бұлғаңдатып, секектей жөнелісті. Әлгінде ғана ішіп-жеп, дуылдасып, жайбарақат отырған жұрт аяқ астынан жан еттерін жұлып жеп, жанталасты да қалды. Әбекеңнің өзі өз болып, мұндай дырдуды көріп отырғаны осы. Басқалар үшін ресторан өмірі үйреншікті тіршілік болса да, бүкіл саналы ғұмырын тек бірыңғай мал соңына арнаған адам үшін таң-тамаша таңсық дүние. Мына сықылды әуенді радиодан бұрын естігенімен, қандай аспаппен ойналатынын ұға бермеуші еді. Домбыраға, одан асса сырнайға дағдыланған құлақ бөгде дыбыстарды жатырқай қабылдауда. Бас білмейтін құнанға мінгендей қопаңдап қойып, табақ темірлерді жанын шығара төмпештеп отырған шеттегі жігіттің тіршілігін әсіресе ұната алмады. Шалқыған әдемі әуезді сол шіркін темірдің қатқыл үнімен кескілеп, жіліктеп қояр емес.

Босағада жайраңдап қарсы алған манағы толықша әйел. «Келін» деп атағанын жадына алып, Әбекең қазір қысылайын деді. Тақаса бергенде, көзі еріксіз кідіріп еді — әйелдің өңі ескілеу көрінді. Кәрілікке мойын ұсынғысы келмей, опа-далап жағып алған сияқты. «Осы келін» менімен замандас қу болып жүрмесін. Ой, дүние-ай! Бұл күнгінің кемпірлеріне дейін сылқым».

* * *

Автобус ішіндегі ел сирексіген шақта Әбекеңнің аяғы да сыр берейін деген. Бос орын әлі жоқ. Танымайтын ел, кім түрегеліп ізет білдіре қойсын. Өз аулы болса бір жөн, бәрі: «Әбеке, Әбеке», — десіп жалпылдап жататын. Сонда да «Біреуінің мейірімі түсер», — деп салонның ортасына қарай ығысты. Қарт адамды бірі болмаса бірі байқар деген далбасасы. Сол кезде шынымен-ақ:

— Ал, қане, жастар, орын беріңдер мына кісіге, — деген дауыстың саңқ ете қалғаны. Егделеу бір әйел екен.

Әр тұста автобус ішін күлкіге көміп, жалпиып-жалпиып отырған қыз-жігіттер. «Үлкен адамға сыпайылық көрсетейік», — деген ой ешқайсысының қаперіне кірмейтін сықылды. Қыздардың бірі ұялды ма, үнсіз тұрды да, ары қарай жылысып кетті.

Қартты ашу қысып-ақ отыр, бірақ албаты кімге соқтықсын. Дауыс көтеріп, біреуінің бетінен ала түскенімен, түсіне қойса жақсы, түсінбесе ше? Бір жағы өзінің көп нәрседен әлі бейхабар екенін енді парықтап, таңырқаулы.

Шынымен-ақ, тісі түгесіліп, жағы саудырағанша өмірді тани алмай кететін болғаны ма? Ауылдағы замандастары өзін ортаға алып, қауқылдасып отырғанда, көпті көрген көнедей ғып әуектете сөйлемеуші ме еді. Сондағы айтатындары: «Көзіңізді тырнап ашқаннан көргеніңіз — еңбек. Колхоз үшін сізден көп тер төккен ешкім жоқ. Бұл өңірде соғыстан басынан аяғына дейін қатысып, аман-есен қайтқан да өзіңіз. Міне, қаншама жыл мал бағып, ел игілігін жасап жатырсыз. Қысқасы, артыңда ұрпағыңа өнеге боларлық өмір жолы бар, ғұмырын еліне адал қызмет етуге арнаған азамат сіздей-ақ болсын...»

Елдің егделері қайта-қайта таңатын осынша сый-құрметтің нарқы қайда енді? Бірақ бұларда да кінә жоқ. Селдір сақал мыжырайған қара шалдың өткен өмірінде жағасы жайлау, төсі қыстау бақытты ұрпақтың шаруасы қанша? Сонда да адамды сыйлау, кәріні қадір тұту бүгінгі күннің балаларына да жат болмаса керек еді.

Көз алдында өзі әрдайым тітіркене еске алатын қаһарлы күндердің бір елесі келді.

Ұмытпаса, 1942 жылдың қысы. Көнелеу жолаушы вагоны лық толы. Дені сау кісіге тізе бүгер орын іздеудің өзі бос әурешілік. Жұрттың дені әйелдер, қарттар мен балалар. Бірен-саран жаралы жауынгерлер бар. Майдан артта қалса да, жау самолеттері маза бермей-ақ тұр. Поездың жүрісінен де береке кеткен.

Кәрі шал мен немересіне тиген орын біреу. Екеуі кезектесіп тұрады. Кішкене баланы аяй ма, кейде қарт ұзағырақ тұрып қалады. Вагон ішінде бір жауынгер бар еді. Ол қарттың қалжырағанын сезді де, өз орнын ұсынды. Поезд мұнан кейін де біресе тоқтап, біресе қозғалып, ұзақ жүрген. Кенет дүрс еткен оқыс үн вагондағыларды селк еткізді. Бәрі жалт қараса, жаңағы жауынгер. Есінен танып құлап түсіпті.

Көмекке ұмтылып келгендер сол кезде байқады: жауынгер жаралы екен. Мұны енді ғана білген қарт еңкілдеп жылап жіберді. Жанына батқан жарасымен де санаспай, үлкенді сыйлау рәсімін берік ұстанып, есінен танғанша түрегеп тұрған жауынгерге бүкіл вагон тегіс сүйсінді. Бәрі де жаралы жігітке аса риза сезіммен құрметтей қарасқан.

Азаматтың адамшылығын айтсаңшы. Ол ел үшін кеудесін оққа төсеп, қан төккенін де міндетсінбеді. Тіпті жаралы екенін айтып, отыра беруді де ар көрді.

Бұл оқиға көз алдында әлі күнге сол қалпы. Уақытының тығыздығына қарамай, жаралыны госпитальға апаруға көмектескен де өзі. Үш айдан соң қым-қиғаш майдан жолы екеуін қайта табыстырды. Екеуі бір бөлімде соғысатын болып шыққан. Достықтары да осы кезде басталды.

Енді, міне, отыз неше жылдан кейін сол досымен кездесуге келе жатқан беті.

* * *

Оқыс ұстаған қатты жөтел сілкілеп оятты. Бетін іргеге бұрып, мезгілсіз қысқан дертке таңғы салқынды дару еткісі келген. Сөйткенде кеудесі тыныс алып, жөтелі жеңілдеп қалатын. Қазір олай болмады. Қайта қапырық ауа тозған өкпені одан арман деміктіріп, сығып барады. Қыстыға күркілдеп, басын көтеріп алды.

Ұйқысы қансын-қанбасын алагеуімнен ытып тұрып кету қашанғы әдеті. Тұра сала жүгенін сылдырлатып атын әкелуші еді. Қора-қопсыны бір айналып шыққан соң, тоқымның тер қатқан жерін асықпай үккілеп, өгіз торысын ерттеуші еді. Бір тостаған айранмен оразасын ашып алып, үй ішін оятпастан, малын өргізіп кете беру ежелгі дағдысы. Қоңыр салқын самалмен желдей отырып, біраз арындай жайылған қойлар ат шалдырым жерге барып та қалады. Сонан кейін олардың көктен тіс айырмай, қадалып жатып алғанын көр. «Кемпір шіркін ұйқышылдау еді, қара басып малды өргізіп алар ма екен?..»

Кешегі гүжбан қараның ләйліп отырып тойдырған уәдесі сол жерде қалды. Бар сілтегені — адрестер бюросы. Әбекеңнің ондай мекемені, әрине, бірінші рет естуі. Көшеге шыға сұрастырып еді, бүгін күн сенбі болғандықтан, тек түске дейін ғана істейтін көрінеді. Әйтеуір үлгірді-ау!

Әбекең бүгін-ақ жүріп кеткенді жөн көрді. Қарайлайтып не бар? Сонау жырақтан табан тоздырып, іздеп келгенінде қанды көйлек досын тағдыр көруге жазбапты. Осыдан екі ай бұрын соғыс салған дерті ақыры алып тынған екен. Қаралы хабарды естіген қарт ата-баба салтымен күбірлеп бетін сипады. Қайтқан адамның мұсылман емес екенінде де шаруасы шамалы сияқты...

Петр Даниличтің отбасы үлкен екен. Өзі кемпірі екеуі кіші ұлдарының қолында тұрыпты. Өзге балалары да — осы қаланың әр жерінде бір-бір отаудың иесі. Әбекеңмен көп сұқбаттасқан Петр Даниличтің бәйбішесі мен келіні. Маркұм туралы мол әңгіме шертілді.

Газет қиындысы бұл үйде де сақталыпты. «Содан сіздің атыңызды біліп едік. Данилич те: «Тірі болса табылар ол қазақ», — деп жүретін», — деді келіні. Әбекеңді оңаша бөлмеге жайғастырып, қадірлеп күтіскен.

Үй іші әлі ұйқыда. Бүгін жексенбі, қайда асығады. Дегбірсізденіп тұрып кеткен өзі де. Өйткені, демалыс күні деген ұғым дағдысына сіңісті нәрсе емес. Үйдегілер оянғанша есік алдына шығып, қала тіршілігін тамашалай тұрар. Сосын марқұмның басына барып мінәжат етеді де, түс қайта жолға шығып кетпек.

Осы ойға берік бекінген қарт қамыт аяғын орай басып, тысқа беттеді.

1977


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер