Ән мен жырдың бесігі саналатын киелі Жаңаарқа өңірінің дарабоз дарындар мен толағай таланттардың басын қосқан мерейлі мекен екені баршаға мәлім. Жаңаарқа- бұл Сарыарқаның саңлағы болған Сәкендей серінің, одан кейінгі Арқаның аяулы әншілері И.Омаров, Қ.Байбосыновтардың, қазақтың дара перзенттері, көрнекті ғалымдар С.Қирабаев пен А.Сейдімбектің, елім деп елжіреген дара тұлға Б.Тілеухановтың, алаштың арда ақыны Ғ. Жайлыбайдың, сол тәрізді жүздеген төлтума тұлғалардың туған жері.
Келгенде қолдайтын уақыты,
Рухтар – бұл жердің иесі.
Ұлының бар білем бақыты –
Құмының бар білем киесі,- деп, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғ.Жайлыбай жырлағандай, осындай қастерлі де қасиетті өлкеден нәр алған ұл- қыздардың да өнер –білімнен алшақ болуы, әсте, мүмкін емес. Міне, осынау дана да дара жандардың ізі қалған Жаңаарқаның түлегі ретінде, мен де, бабалар салған сара жолмен жүріп, еліне пайдасы тиетін саналы, білімді азамат болуды перзенттік борышым деп санаймын. Ал, осы игі мақсат жолындағы алғашқы қадамым арман қала Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университетіне оқуға түсуім деп білемін. Санжылдық тарихы бар, халқымыздың қастерлі тұлғалары білім алған қасиетті қарашаңырақ - Әл- Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті атануым мен үшін зор жетістік әрі үлкен абырой болды. Бұл оқу орнына түсуді оқушы күнімнен армандаған едім. Сол себепті де өзім білім алып жатқан осынау құтты мекен жайында қысқаша айтып өтуді жөн көрдім.
Мен сияқты мыңдаған жастардың арманына айналған бұл оқу орны- бүгінгі таңда Қазақстандағы ғана емес, сонымен бірге, Орталық Азиядағы жетекші университеттердің бірі де бірегейі. Қазақ Ұлттық Университеті- республикадағы барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі және білікті мамандар мен білімді студенттердің ордасы. 1934 жылы іргесі қаланған білім ордасы күннен- күнге әлемдік білім беру жүйесінде өзіндік орнын айқындап келеді. Оның дәлелі ретінде, белгілі QS World University Ranking халықаралық рейтинг агенттігінің 2017 жылы жариялаған зерттеу қорытындысына сәйкес, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті әлемдегі үздік 800 университет арасында 236-орынды иемденіп, ең үздік 250 университет қатарынан тағы да көрінді.
Жалпы даму бағыты халықаралық білім беру стандарты бойынша қабылданған университет білікті мамандарды даярлауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі ғылым, білім, рухани-тәрбиелілік, инновациялық және өндіруші негізіне ие. Бұл оқу орны ертеңгі ел тірегі жас ұрпақты майталман маман ретінде ғана емес, қоғамда өзіндік орнын таба білетін саналы азамат етіп қалыптастыруда да айрықша рөл атқарып отыр. Университетте жастардың жарқын болашағы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, еліміздегі ең ірі кітапханалардың бірі- Әл-Фараби кітапханасы, Интернет орталығы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы – бәрі де білім алушы студенттердің игілігі үшін ерекше орындар болып саналады. Сонымен бірге, университет құрамында 20 ғылыми-зерттеу институты, 14 факультеттің құрамындағы 98 кафедра және Технопарк жұмыс істейді. Осының бәрі оқу ордасының мерейін одан әрі асқақтата түсетіні сөзсіз.
Басқа факультеттерді былай қойғанда, өзім оқып жатқан филология және әлем тілдері факультетінің өзінде халқымыздың қаншама зиялылары, ақын- жазушылар, көрнекті мемлекет қайраткерлері білім алған. Соның ішінде, Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жүрсін Ерман, Олжас Сүлейменов секілді дара тұлғаларды айрықша атап өткен жөн.
Бір сөзбен айтқанда, осында білім алып жатқан барша жастардың жарқын болашағына жол сілтеген ҚазҰУ-дың студенті екенімді айрықша мақтан тұтамын. Бұл мақтанышымды әрі оған деген құрметімді өзімнің шағын ғана өлең шумақтарыммен жеткізсем деймін.
Құт мекен жалындаған жастар үшін,
Білім менен ғылымның асқарысың
Жол салған алыстағы армандарға
Сен менің бақытымның бастауысың!
Ұяңнан ұшырдың ғой сан дараны
Өзіңсің талайлардың арман-әні
Қазақтың қасиетті шаңырағы
Әлемге кетер атың самғап əлі
С.Игілік, Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология және әлем тілдері факультетінің
4-курс студенті Оспанова Г, Әл- Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі