Қоңыр ұғымының этимологиясы
«Сырға толы түр мен түс» кітабында қазақ тіліндегі түр-түс атауларының саны көрсетілмейді, авторлар түр-түс атауларын біршама санап шығады, бірақ олар толық емес. Бұдан басқа қазақ тіліндегі құла, шабдар, тарғыл, күрең деген түстер қазақ ұлты үшін маңызды, бұлардың қазақ халқы үшін этнобасымдығы мен этнорелеванттығы бар. Бұған қазақ көркем әдебиетінің фактілері мен паремиология, бастысы, түр-түске қатысты ғылыми зерттеулер айқын дәлел бола алады.
Қазақ тіліндегі этнобасымдық пен этнорелеванттыққа ие түр-түс атауларының талдауына келгенде, А. Тоқтаубайдың ғылыми-зерттеу мақаласының маңызын ерекше көрсетуге болады . Ол: «Қазақта жылқы түстеріне байланысты сөздер өте көп. Қазір біздің картотекамызда жылқы реңіне қатысты 300-ге жуық сөздер бар» деп көрсете келіп, оларды орыс, француз, неміс тілдеріне аударудың мүмкін еместігі туралы айтқан шетел ғалымдарының пікірін келтіреді. Және қазақтың жылқыға байланысты шыққан наным-сенімдерінің ішінде осы түлік түсіне байланысты жора-жосықтарды зерттеудің тұрарлық іс екенін дәйектей отырып, қадірленетін жылқы түсіне келгенде, алғашқы орында қаракөк, одан кейін шұбар (оның ішінде, бозшұбар, көкшұбар, байшұбар), бұлардан кейін тобылғы торы, күрең, жирен т.с.с. ретімен баяндайды. Тіпті «Абайдың әкесі Құнанбай өзінің түп-тұқиянын «Қаракөктің тұқымымыз деп ажыратқан» деген деректі де келтіріп, қаракөк түсінің қазақ дүниетанымында ерекше қастерленетініне көптеген дәлелдер келтіреді.
Ассоциациялық тұрғыдан, заттың түсін нақты көрсетіп, түр-түс атауын жасау үшін сол зат ұлттың мәдениетінде бар немесе мәдениеттердің ықпалы арқылы әлеуметтік-экономикалық шындыққа енген болуы қажет. Мысалы, қазақтың ұлттық мәдениетінде бар болғандықтан, қазақ тілінің иеленушісі бидай өңді, селеу түстес, екі беті алмадай қып-қызыл, күл түстес, сүттей жарық, қарақаттай көздері, бота көз деген сипаттамаларды естігенде (оқығанда, қабылдағанда) нақты бір ассоциация тудыра алады.
Қазақ халқының түстерді жіктеуі :
Қазақ халқы бүкіл өң-түсті қылаң, баран деп екі текті топқа жіктейді.
ҚЫЛАҢ дегені – ақ, боз, ақ боз, шаңқан, шаңқан боз, тарлан, ақ тарлан, боз тарлан, тағы басқалары.
БАРАН дегені – қара, қоңыр көк, жасыл, қызыл, күрең, жирен, торы, сұр, күлгін, құла, шабдар, сары, солай жалғаса береді. Қазақтың баранға жіктеген өң-түстері табиғаттағы кемпірқосақ өң-түсі негізінде аталған деуге болады. Біз осы жерде төрт түлік малға тән өң-түсті, оның ішінде жылқы түлігіне тән өң-түсті атағалы отырмыз. «Ақтылы қой, алалы жылқы» баққан қазақ халқы жылқы түлігін былайша түстейді:
Қазіргі түсіндірме сөздігімізде бұл сөз мағынасы — қара қоңыр, қара кер жылқы түсін білдіретіндігі ескертілген. «Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды, Жығылмаса Құлагер қайда деймін» (Ақан сері).
Қазақ тілінде «баран» сөзі тек қана малдың, оның ішінде көбіне жылқының түсін білдіру үшін қолданылады. Осыған қарағанда әрі кейбір тілдердің дерегіне сүйенсек, әңгіме болып отырған сөз тілімізге «кірме» сияқты.
Монғол тілінде: бараан хүрэн — қызыл қоңыр деп түсіндіріледі. «Бараан» тұлғасының «қоқыр» мағынасын беретіндігін осы тілдегі «бараахан» сөзінің «қараңғылау», «күңгірттеу» деп түсіндірілуінен байқау қиын емес. Монғол тіліндегі «бараан» қазақ тіліне ауысқан деп түйін жасауға да болар еді, бірақ парсы тілінің дерегі бұған ерік бермейді. Иран тілінде: порранг — қою боялған қоңыр түс деген түсінікке ие. Бұл сөз парсылардан монғолдарға ауысты ма әлде керісінше ме, әрине, бұл жағын ашып айту қиын, бірақ оның алғашқы мағынасы малдың түсіне емес, жалпы түстің бір түрін аңғартуға арналғаны бесенеден белгілі. Ойымызды парсы тілінде бұл сөздің өте қою қайнатылған қызыл шайға да арналып айтылуы қостай түседі. Сөйтіп, сөз төркіні парсы тілі де, алғашқы мағынасы — «қызыл қоңыр» болған деп болжам айтпақпыз
Қоңыр аса қатты байқалмайтын, көрінбейтін түс болғанымен, оның арғы адамзат тарихында, мәдениетінде үлкен танымдық қызмет атқарған. Ж.Нәжімеденов қазақтың музыкасына қатысты еңбегінде кемпірқосақтың жеті түрлі түсін юлаға жабыстырып, айналдырғанда, жеті түс қоңырға айналатындығы жайлы жазған. Яғни қоңырдың құрамынан барлық түстер шығады, осы түс – абақ таңбасы (С.Қондыбай) деп аталатын таңбаның нүктесі, сол нүктеден оның барлық мәні тарайды. Қазақ тілінде осы сөздің бірнеше мағынасы бар.
1. Қоңыр ең әуелі түсті білдіреді. Мысалы, қоңыр аю, қоңыр қаз, қоңыр жер, т.б.
2. Қоңыр – уақытты, мезгілді білдіреді.
3. Қоңыр еркелету мәнінде жұмсалады. Мысалы, 1. Атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің бауырында өскен қалың ерінді, аялы үлкен көзді Мұхтарды осы ауыл түгелімен «Қоңыр қозы» дейді. 2. Бұл – Дінәсіл әжесінің «Қоңыр қозысы» – Мұхтар ғой, – деді Мағауия баланы ертіп келіп. 3. Жарайсың, Қоңыр қозым! Осы сөздің мағынасын түсініп өскейсің, – деді Абай атасы риза кейіппен (Т.Жұртбай). «Қоңырым», «қоңыр қозым» деп еркелету мәніндегі сөздер ерекше, ыстық ықыласты, жылылықты білдіреді.
4. Қоңыр – қазақ халқында тұрмыс-тіршіліктің қарапайымдылығын, орташалығын білдіреді. Қоңыр күй, қоңыр тіршілік, қоңыр шаруа, қоңыр үй т.б. Мысалы:
5. Қоңыр сөзі саз әлеміне қатысты сөздермен жиі тіркеседі. Мысалы, қоңыр үн, қоңыр саз, қоңыр әуен, қоңыр дауыс. Бұл тіркестер құлаққа жағымды, көңілге жайлы, адамның ішкі жан әлеміне ерекше әсер ететін деген мағынаны білдіреді.
6. Қоңыр – табиғат құбылыстарының кейбір қалпын білдіреді: қоңыр салқын, қоңыр жел.
Егер бұл сөздің мәнін ассоциативтік эксперимент арқылы көрсететін болсақ былай көрінеді:
Қоңыр түс – ағаш, ат, аяқ киім, аю, адам, автобус, арбаның дөңгелегі, афро-американдық адам (негр), көз, шапан, шарф, шаш, шашымның түсі, шәлі, шкаф, шоколад.
Қоңыр – үн танымдық құрылымына мынадай фреймдер кіреді: адамның даусы, әуен, әншілер тобы, ән салатын топ, әншілерден құралған трио, дауыс, домбыра, қоңыр дауыс денемді шымырлатады, «Қоңыр» музыкалық топ, «Қоңыр» тобы, ойландыратын, толғандыратын музыка, үн.
Қоңыр – қарапайымдылық: орта дегенді білдіретін жайттар, өмірдің өзі де қоңыр, қарапайым, қарапайымдылық, тірлік.
Қоңыр – қазақ мінезі, сипаты: дархандық, тұйық, адам мінезі, көркем мінезді, қойдай қоңыр, байыптылық, қоңырқай мінезді, төзімді, салқын қандылық, сабырлық.
Қоңыр – мұң, қайғы, көңілсіздік: жабырқау, жадау дала, ептеген мұңдалық, жалғыздық, кілең қоңыр түсті жиғазбен толтырсақ, адамның көңіл күйін түсіреді, көп нәрсеге деген ынта-ықыласын қайтарады, мұң
Қоңыр – махаббат: әбден көнген, сабасына түскен көңіл, сағыныш, қоңыр көздерге ғашық болған қара көздер, сезім
Қоңыр – қасиеттілік, киелілік: Қоңыр Әулие, қасиеттілік, қасиетті жердің түсі, жылқының түсі ретінде елестетіледі, яғни жылқыны қасиетті жануар деп санау, қашап жазылған көне тау-тастардағы жазу, оларды бағалайық.
Қоңыр – мейірімділік: Қоңыр дегенде кішентай қошақаным елестейді, қоңыр қозым, қоңырым, қозы, «қоңыр» деп қойдың төлін сүюі.
Қоңыр – кеңдік: адамның жан сарайын ашып, тынысын кеңейтетін қоңыр ауа, дала, дала философиясы, бел, ескен самал.
Қоңыр – сұлулық: адамның көзін алатын, сүмбіл шаш, әдемі көз, қоңыр көздерге ғашық болған қара көздер, көз.
Қоңыр – уақыт, мезгіл, шақ: бейуақ, күз, мезгіл, маусым, 50 жас пен 70 жас аралығы, орта жастағы ерлі-зайыптылар, қазан-қараша айлары, түн, кеш, тыныштық.
Қоңыр – ақындық, жазушылық: «Қоңыр жар» Мағжанның өлеңі, Мұхтар Әуезовтың бүркеншік аты, Жұмекеңнің «Қоңыр» өлеңі.
Қоңыр – настық: лай, саз, су, кір.
Байқап қарасаңыз, қоңыр сөзінің негізгі деген мағыналары әлі күнге дейін қазақ танымында сақталған.
Қоңыр түсінің символикасы
Халқымыздың жанына жақын түстердің бірі – қоңыр түсі. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қоңыр түсіне байланысты тура және ауыспалы сөздер тізбегі берілген, мысалы: қоңыр, қоңыр ала, қоңыр аю, қоңыр ән, қоңыр бел, қоңыр дауыс, қоңыр жел, қоңыр жүз, қоңыр көлеңке, қоңыр күз, қоңыр қаз, қоңыр леп, қоңыр салқын, қоңыр тарту, қоңыр үн». Қоңыр – жер түсі, тірлік, өмір бейнесі. Қазақ нанымында бұл түс ерекше орын иеленеді. Қоңыр– алдымен қауіпсіздік, тыныштық, мамыражай тірлік белгісі. Қоңыр сөзі түстік мағынадан басқа мынадай: қоңыр күй, қоңыр дауыс, қоңыр күз, қоңыр жел, қоңыр әңгіме, қоңыр қабақ, қоңыр тірлік, қоңыр сөз, қоңыр самал, қоңыр дала, қоңыр салқын, қоңыр кеш, қойдай қоңыр, майда қоңыр сияқты тіркестермен келіп, әртүрлі құбылыстың небір жанға жайлы, құлаққа жағымды, жүрек тебірентетін нәзік те әсем сәттерін, өмір, тіршіліктің жайбарақат, мамыражай, кейде тіпті жұпыны да сыпайы қалпын суреттейтін ерекшеліктері көзге түседі. Мысалы: қоңыр кеш, қоңыр үн, қоңыр үй, қоңыр көлеңке, қоңыр төбе, қоңырқай көз, т.б.
Академик І.Кеңесбаевтың түсіндірмесінде «Қоңыр» сөзі – «қоңыр дауыс», «қоңыр ән», «қоңыр үн» синонимдері бір қалыпты ырғақпен айтылатын құлаққа жағымды жұмсақ үн» деген мағынада беріледі. «Қоңыр» басқа да кейбір сөздерге қосылып, тиянақты ой тіркесін құрағанда, көбінесе орташа деген ұғымды да береді. Бұл сөз «қоңыр ән», «қоңыр күй» деген сипаттамаларға үндесіп, интонациясы, мақсаты, сазы – сүйкімді, көңілге ұнамды деген мазмұнды білдіреді. Ән-өлеңдердегі қоңыр әуенге келер болсақ, қазақ музыкасы – өмір шындығын дыбыстық көркем бейнелермен көрсететін музыкалық өнердің ұлттық саласы. Қазақ халқының ән-күй мұрасы мен көркем әдеби шығармалары қоңыр әуенге аса бай.
Осыған сүйене отырып, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітап қорында жинақталған әдебиеттердің ішіндегі қазақ шығармаларында кездесетін қоңыр әуен туралы аз ғана тоқталып өтсек.
Тақырыпты халқымызбен бірге жасап келе жатқан халық ауыз әдебиетінен бастасақ. Қазақ халық ауыз әдебиеті тұрмыс-салт жырлары: бесік жыры, қара өлең, жарапазан, т.б. бастау алатыны ежелден белгілі. Осы жырлардың барлығында кездесетін қоңыр әуенге мысалдар келтірер болсақ:
Ауылыңа ат терлетіп барайын ба,
Әніңе майдақоңыр салайын ба?
Әніңе майдақоңыр салмаушы едім,
Ешкім жоқ сізден басқа маңайымда – деп
әуендеткен қара өлеңдегі халық әуенінде немесе ән өлеңдерінде:
Алқоңыр ән-ақ екен баппен айтса,
Ер жігіт не болады серттен тайса?
Ән болмас Алқоңырдай қайда барсаң,
Ән білем деген адам шынын айтса – деп шырқаса,
«Қоңыр қаз» әнінде:
Қоңыр қаз көл жағалап ұшады өрлеп,
Салғандай түрлендіріп әніне өрнек.
Ән салсаң, қоңыр қаздың әніне сал,
Көтеріп көңіліңді көкке сермеп.
Қайырмасы:
Ахау үй,
Сен – қоңыр қаз, мен – шаһбаз,
Айтқанмен таусылмайды іштегі наз – деп, шарықтаған қоңыр әуен жан тербетеді.
Енді қоңыр сөзінің басқа мағынасын көрейік: М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында бала Абайдың әжесі Зеремен көрісуінде: «Кезек өз шешесіне келгенде, ол сүйген жоқ. Қатты бір қысып, бауырына басып тұрды да, маңдайынан иіскеді. Ана құшағы!… Ұлжан көп ұстаған жоқ.
– Әжеңе бар, әнеки! – деп, үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді. Кәрі әжесі Зере бәйбіше таяғына сүйеніп, ұрсып тұр екен.
– Жаман неме, маған бұрын келмей, әкеңе кеттің-ау! Жаман неме! – дей беріп, қасына, құшағына немересі барғанда, «жаман неменің» артынан лезде:
– Қарашығым, қоңыр қозым… Абай жаным… – деп кемсеңдеп, жылауға айналып кетті» деп, кемеңгер жазушы қазақ халқына тән ана мен бала, әже мен немере арасындағы аналық, әжелік махаббаттың нәзік қылын дәл тауып суреттей білген.
Қазақ шығармаларында Қоңыр еркелету мәнінде жұмсалған. Жазушы Т.Жұртбайдың «Қоңыр қозы» атты М.Әуезовтың балалық шағына арналған әңгімесінде: «…Атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің бауырында өскен қалың ерінді, аялы үлкен көзді Мұхтарды осы ауыл түгелімен «Қоңыр қозы» дейді. Бұл – Дінәсіл әжесінің «Қоңыр қозысы» – Мұхтар ғой, – деді Мағауия баланы ертіп келіп. – Жарайсың, Қоңыр қозым! Осы сөздің мағынасын түсініп өскейсің, – деді Абай атасы риза кейіппен. …Әлгі Қоңыр қозымды киіндірші» деп, «Қоңырым», «қоңыр қозым» деп еркелету мәніндегі сөздер ерекше, ыстық ықыласты, жылылықты білдіреді.
Қазақта «түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз бар. Бұл сөз тек қазақ тіліне ғана емес, өзге тілдерге де қатысты айтылған сөз және жоғарыдағы миф осы мақалмен үндес. Көптеген аңыз, таным-түсінік, дәстүр-салттың әр түрі болғанымен, арғы таным-түсініктердің бәрібір де ортақтығы көрініп тұрады. Қазақ тілінде «қоңыр» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Қоңыр ең әуелі түсті білдіреді. Мысалы, қоңыр аю, қоңыр қаз, қоңыр жер, т.б.
«Тілге аса бай және әр сөздің сиқырлы бояуын жан-тәнімен нәзік сезінетін жазушы» деп Ә.Кекілбаев бағалаған Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің «Қоңыр күз» әңгімесінде «Тал түс. Қоңыр күздің май тоңғысыз жылы күні соңғы шуағын аямай төгіп тұр» деген қарапайым бірауыз сөзбен әңгіменің басты кейіпкері Әбдірәсілдің өміріндегі балалық, жастық жәрмеңкесі тарап, егделік, қарттық шақ келіп, қоңыр күз қонақтаған кезіндегі қарт сезімінің саналы ғұмырынан сыр шертер, мезгілін тамаша суреттей білген.
Т.Әлімқұловтың «Телқоңыр» атты әңгімесі атақты күйші Сүгірдің «Телқоңыр» күйінің шығу тарихына арналған. Қоңыр образы кітапта «Қаратаудың тозаңды баурайымен салыстырғанда, осынау Қоңыр – жердің жаннаты. Қызық пен қайғы қатарласқан қайран Қоңыр» деп табиғатты суреттей келе, күйдің шығу тарихына тоқталып өтеді. «Оның көз алдына ерке құлын елестеді. Құтты жайлауда екі енені тел емген қоңыр құлын бөбектей бал мінезімен еске түседі. Сүгір бұл күйдің аты «Телқоңыр» болуға лайықты екен түйді» деп, Телқоңыр сөзінің мән-мағынасын аша түседі.
Әбіш Кекілбаев: «Қоңыр деген жалғыз сөздің аясына күллі қазақтың ата-баба заманынан бергі бар тірлігін, мінез-құлқын, ұлттық сипатын сол қалпында қызыл тілдің құдіретімен жеткізе білген» деп баға берген біртуар ақындарымыздың бірі Ж.Нәжімеденовтің шығармашылығында қоңыр сөзі ерекше орын алады. Атап айтқанда, «Қоңыр түс» атты өлеңі қарапайым қазақтың қоңыр тірлігін былайша суреттейді:
Қоңырайып жатыр алда жол әлі –
Кеудем кейде қоңыр күйге толады.
Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,
Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн…
Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен
Қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда –
Шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоянжонға қоңыр ымырт түскенде
Қоңырайып отырамын үстелге…
Міне, «Қоңыр» сөзінің құдіреті осындай.
Музыка – өнер әлеміндегі күрделі саланың бірі. Бірақ осының сыртында музыканттар зерттемеген, музыканттар қол сұқпаған көптеген дыбыстар бар. Қазақ халқы сол дыбыстардың әрқайсысына ат қойып таңбалапты: сырқырап тұр, шарылдап тұр, ысылдап тұр, қырылдап тұр, дырылдап тұр, ызыңдап тұр. Бұл дыбыстар музыканттар пайдаланатын дыбыстардан тысқары. Бірақ осындай дыбысқа ат қоюдан қазақ жүздеген сөз шығарған екен. Әлде кең табиғатта жүргендіктен жасады ма, әлде бір басқа да жағдай бар ма?! Соған қарағанда қазақ халқы дыбысқа ерекше мән берген болуы керек. Осыдан барып қазақ халқына тән қоңыр үн қалыптасқан болу керек. Кез келген халықтың тіршілік еткен ортасына лайықты қалыптастырған рухани-энергетикалық өрісі бар. Осы рухани өрісті қазақ халқы “қоңыр” деп атаған. Халық өз тарапынан қалыптастыратын энергетикалық өрісті күшейту үшін тәңірлері мен киелердің тарапынан келетін өрістерін қуаттап отырған. “Рухани өрісіміз, яғни қоңырымыз күшті болса, соғырлым ұлттық діліміз қуатты болмақ”, – дейді ғалым Нәжімеденов Жұмагелді. Өлең өзінің мазмұндық құрылымына тән сазды, баяу әуенді қажет етеді. Кең, шалқыма әуенді, әнді бұрынғы қазақтар қоңыр әндер немесе молқы ән деп атаған. Қоңыр әндер қазақ даласына кеңінен таралған. Қоңыр ұғымының қолданылуына қатысты сөздіктерде мынадай анықтамалар берілген: Қоңыр ән (әуен). Баяу, қоңыр дауыспен салынатын ән, әуен.
Қоңыр саз. Бірқалыпты естілетін әуен, үн.
Қоңыр дауыс (үн). Бірқалыпты ырғақпен айтылған жайлы үн, әуен.
Қоңыр самал. Бірқалыпты соққан жайлы леп.
Қоңыр тірлік. Бірқалыпты, қарапайым тіршілік.
Қоңыр әңгіме. Жайлы, тартымды әңгіме.
Қоңыр кеш. Жанға жайлы салқын кеш.
Қоңыр қаз. Өзен-суларда жүретін қоңыр түсті жабайы қаз.
Қоңыр. Қара мен қызылдың аралығындағы қою күрең түс. Табиғатта бояу түсінің бар-жоғы жеті түрі бар. Мұны жаңбыр жауғаннан кейін пайда болатын кемпірқосақтан көруімізге болады. Бояу мен дыбыс арасында өзара тығыз ұқсастық бар. Қоңыр табиғатқа ең жақын үн. Қазақта қоңырды “баран” дейді. Ал “қылаң” деп ақ пен қара түсті айтады. Мысалы, (Алдыңғы ат қылаң болмай, баран болды. Ақан сері). Адам баласының табиғатты бүлдіргені табиғи үнді де жойғаны деп білеміз.
Қазақ әнші-ақындарының шығармаларында да қоңыр ұғымы кеңінен қолданылды. XIX ғасырдың орта кезінде өмір сүрген ақын Біржан салдың шығармашылығындағы “Телқоңыр” әніне тоқталсақ:
ТЕЛҚОҢЫР I түрі
Телқоңыр қайтып кетті елге таман
Ит-құстан барар ма екен есен-аман?
Ит-құстан аман-есен бара қалса,
Сәлемді үш қайтара айттым саған.
Жүгіріп жалаң аяқ шықтым қырға,
Басқаға жолда тұрған мойның бұрма
Кеткенде ауылың шалғай беу қарағым,
Салсайшы өзімдей ғып “Телқоңырға”.
ТЕЛҚОҢЫР II түрі
Жүйрік ат, қыран бүркіт, қазан атым,
Құлақ сал, “Телқоңырға”, азаматым!
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,
Тез жеткіз Телқоңырдың аманатын.
Телқоңыр қайтып кетті елге таман,
Ит-құстан барар ма екен есен-аман.
Қалқаға үш қайтара айттым сәлем,
Ит-құстан бара қалса аман-есен.
ТЕЛҚОҢЫР III түрі
Телқоңыр қайтып кетті елге таман,
Ит-құстан барар ма екен есен-аман?
Ит-құстан барса жақсы есен-аман,
Дау-жанжал бүліншілік елім жаман.
Жібердім Телқоңырды елге бар деп,
Жүруге бұл өлкеде жолың тар деп.
Жаныма бағалаған жануарым,
Шығардым осы әнімді саған арнап.
ТЕЛҚОҢЫР IV түрі
Телқоңыр қайтып кетті елге таман,
Ит-құстан барар ма екен есен-аман?
Ит-құстан қалса егер есен аман,
Қалқаға үш қайтара-ау, шіркін, айттым сәлем.
Жүгіртіп жалаң аяқ шықтым қырға,
Басқаға жолда тұрған, шіркін, мойның бұрма!
Басқаға жолда тұрған мойның бұрсаң,
Біржанды зар қыларсың “Телқоңырға”.
Біржан салдың бұл өлеңі өзінің асыл тұқымды жануарына арналған. Мұнда ақын жүйрік атының болмысын суреттеп оның амандығын тілейді. Ақын жанына бағалаған жануарына деген сүйіспеншілігінен осы "Телқоңыр"әнінің дүниеге келгендігін айтады. Өмір шындығын асқан суреткерлікпен жырлағын Ақан серінің шығармашылығындағы "Майда қоңыр" әніне тоқталсақ:
МАЙДА ҚОҢЫР
Жігіттің падишасы Әмір-Темір,
Бозбала, әңге салсаң, қайғың кемір.
Ай! Қайғың кемір-ау!
Кешегі бес болыстың кеңесінде,
Шығарған Ақан сері “Майда қоңыр” .
Ай! “Майда қоңыр-ау!”
Сұлу ат, жақсы қатын-ер қайрағы.
Жігіттің болып өстім сер бойдағы.
Ай! Сер бойдағы-ау!
Қағаз шай, ащы насыбай-ер арқасы,
Күйіңе түсіреді қай-қайдағы.
Ай! Қай-қайдағы-ау!
"Майда қоңыр" әнінің мазмұны мен идеясына мән берсек, мұнда ақын жастық шақты, жігіттік кезеңді сол кезеңнің дәуренін көрсетеді. Бозбалалқ шақтың серуенін сипаттайды. Қазақтың суырыпсалма ақыны Әсет Найманбайұлының "Майда қоңыр" әні де жастық шақтың жалынын бейнелейді. Әннің текстіне зер салсақ:
Жас күнің таң болады қартайғанда,
Жан досың суысады мал тайғанда.
Көзіңе өткен күнің елестейді,
Алладан уақыт бітіп жантайғанда.
Төрт бұрышы төңіректің алыс емес
Көзі ашық, зейіні көп майталманға.
Жас күнің әлі-ақ өтер жайраңдаған,
Әр-нәрсе тұс-тұсымен сайраңдаған.
Қақ жарған қара суда болса жайын,
Болады о да шортан қайраңдаған...
Мысалы осы дүние сол секілді,
Сықылды оңғақ бояу ойраңдаған.
Мұнда ақын жастықтың өтпелі екендігін, уақыттың жүйріктігін айта келе кәріліктің болатыны заңды екендігін еске салады. XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқына ақындық, әншілік, композиторлық, күйшілік өнерімен танылған Сегіз сері Бахрамұлы Шақшақов шығармашылығынан жиі шырқалатын ән – "Назқоңыр". Назқоңыр әнінен үзінді:
Көркем қыз шақырған соң жуықтайын,
Басқаны неге соған жуытайын.
Өзіңе ықыласым ауғаннан соң,
Қалайша Мұқаш сені ұмытайын.
Бұл әнді сері ғашығына жолыға алмай сергелдеңге түсіп жүрген кезінде шығарған екен. Әннің мазмұны сағынышқа, ынтызарлыққа, назға толы. "Назқоңыр" деп аталуы да содан болар. Қоңыр әндер қазақ даласына өте көп тараған. Мұның сарқыншақ үлгілерін байтақ қазақ даласынан көруге дейін болады. Қазақ дүниетанымындағы "қоңыр" ең алдымен халықтың тіршілік ету кеңістігі, өзін қоршаған әлемі, қоңыражай қалыпты мекені, соған лайықты іс-әрекеттер: ойлауы, сезінуі, қабылдауы. Ал қоңыр сөзінің домбыра мен қобыз үніне қатысты жағын қарастыратын болсақ, домбыраның шертілуіне, сазының күмбіріне қарай қоңыр деген ұғымды оның үніне телеміз. Мысалы: "Қоңыр саз", "Назқоңыр", "Алқоңыр" сияқты ән-күй атауларының өзі де көп дүние сырын түсіндіреді. Себебі рухани өрісіміз – қоңырдан негіз алған үндік саз, ол табиғаттың өзі қалыптастырған үндік бояу. Яғни, қоңыр үн – табиғи үн. Қазақ халқы сол табиғаттың аясында көшпелі өмір тіршілігімен өзінің болмыстық қасиетінің бірі ретінде табиғаттың қоңыр үнін еншіленген.
Әбдісәмет Қаракөз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты
Жанатаев Данат, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі