Шағын шаһардың тұрғындары күнделікті тіршілігімен әуре-сарсаңға түсіп, жалпы қала тыныш жатқан-ды…
Мұнда осындай сел болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, естімеген де…
Бәріне «Қара теңіз» кінәлі! Жоқ, жоқ, шын Қара теңіз емес. Бір жылдары шаһардағы әлдебір мекемеге өкіметтен бөлінген қаржыны қайда жоқ қылуды білмеген басшылары ақшаны қалай жымқырудың амалын тауып, ақыры қаланың жоғарғы жағы — елді мекеннің адырларға ұштасқан жеріне шағын бір су қоймасын қазды да тастады. Бірі оны «су қоймасы» десе, бірі «хауыз», енді бірі «көл» деп жүріп, суы лайланып, түбі батпаққа толып қарайып жататынын мысқылдап «Қара теңіз» деп атап кетеді. Аптаптың нақ қызған шағына тұс келгеннен бе, әлде суының ластығынан ба, оның төңірегіне адам түгіл мал да жоламайды. «Теңізге» иелік еткен мекеме де талан-таражға түсіп, бұл көлшікті алушы табылмай, қысқасы, иен далада қараусыз қалды.
Қапыда осы сел болмағанда «Қара теңіз» ешкімнің есіне түспес те еді…
Дүлей сел кешқұрым жүрді. Сол күні түс қайта ауа қапырық тартып, бір ай бұрын мезгілінен ерте түскен саратанның аптабы айнала-төңіректі күйдіріп жіберетіндей қуырып барады. Мектеп бітірушілер шығармаларын жазып, мұғалімдер тексере бастаған, жұмысшылар жұмыстан шығып, қызметкерлердің дені жазғы еңбек демалысының бірінші күні деп асығып, Ыстықкөлге жол тартқан.
Кешқұрым жан-жағын жалмаған бәлекет заматта қайдан төне қалғанын ешкім байқай алмай да қалды, салақ қатынның қазанының түбіндей қап-қара бұлт — асты көмір кеніне тұнған, шөптері мамырдың ыстығына қақталып, өрттен қалған аңыздай күйіп кеткен адырлардың үстіне нөсерін шелектеп төкті-ай келіп. Қураған шөп-шөңге, ірілі-ұсақты тастар, қара ала топырақ адуынды нөсердің ауыздықсыз күшіне төтеп бере алмай, орындарынан жұлып әкеткен дүлей судың екпінімен «Қара теңізге» құйылып, лезде ескерусіз жатқан ескі су қоймасының астыңғы жағы жарылды да, асау су алқынып, атқылап шыға берді…
***
Шағын шаһардың тұрғындары күнделікті тіршілігімен әуре-сарсаңға түсіп, жалпы қала тыныш жатқан-ды…
Мұнда осындай сел болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, естімеген де…
Бойжеткеннің есімі — Сәлима. Бүгін ғана мектеп қабырғасындағы соңғы шығармасын жазып, көк сиямен дүрмектелген жазуға толы дәптерін ақырын ғана «алтын медаль алып кел, тағдырым саған тәуелді» деп маңдайына тигізіп, аманаттап сүйікті ұстазына қуана тапсырды да, шаһар шетіндегі солқылдақ көпірге қарай тартты. Ол жерге сыныптасы Самат келуі керек. Екеуі сайдың суына тиейін-тиейін деп иіліп тұрған, алма ағаштары кенеп алашадай самсаған көпірдің үстінде тұрып, болашақ туралы сөйлесуге сондай құмар…
Үстінде әппақ көйлегі. Кенет шаһардың аптабын бір шетке ысырып тастағандай, тау жақтан күлімсі иіс аралас, бүрсеңдетіп жіберетін мұздай жел екпіндетіп келіп, қыздың нәзік денесін қалшылдатып ала жөнелді. Қыз қалтыраған денесін өзі құшақтай алғандай қолдарын айқастырып мықынына алып барды. Еркек атаулының саусағының ұшы да тимеген пәк тәніне өз қолы жанаса бергенде шошып кетті. Анау төмен жақтан келе жатқан Саматтың сұлбасы көрінгенде, жігіт құдды өзінің осы бір бейәдеп әрекетін байқап қалғандай қымсынды.
Сәлима жақында аттестат алатынын, одан қалса Самат екеуі оқуға бірге кететінін, Оштағы шет тілдер факультетінде бірге оқитынын елестетіп, өзінше қобалжып, жүзі бал-бұл жанып тұр.
Самат жаққа әдейі қарағысы келмеді. Қыз басымен бірінші келіп, жігітті күтіп тұрғаны ұят емес пе. Сол үшін де өзін оны күтіп тұрғандай емес, жай ғана судың долы ағысына қарап қиялдап тұрғандай, Саматтың келгенін білмей қалып, келгенде солқылдақ көпірге шығып, оны теңселтіп жібергенде шошып кеткендей көрсеткісі келді…
Бір кезде Самат шыңғырып жіберді. Құлындағы дауысы құраққа шықты. Не бәле болды екен деп ойлағанынша, солқылдақ көпірмен бірге Самат жаққа денесі бірде оңға, бірде солға теңселіп жүре бергені сол еді, гуілдеген қатты шу шықты да, долы сел көбелектей нәзік қызды жұлып әкетті…
***
Шағын шаһардың тұрғындары күнделікті тіршілігімен әуре-сарсаңға түсіп, жалпы қала тыныш жатқан-ды…
Мұнда осындай сел болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, естімеген де…
Алым шахтёр еді. Мектепті бітіре салып кенші әкесіне еріп жер астына кірді де кетті. Бұл шаһарлықтардың дені осылай, әкесінің, ағасының артынан көмір кендерінің біріне жұмысқа тұрады да, әскерге де сол жерден кетіп, әскерден келіп, қайта шахтасына түсіп кетеді. Шаһардың ғана емес, төңіректегі ауылдардың да астын тесіп бітті, бір-бірімен қалжыңдасып «бір күні топ етіп жер астына опырылып түспесек жарар еді» деп қарқылдап күледі.
Бекер күлген екен. Ақырын-ақырын көмір қазған, көмір тасыған, шахтерларды ары-бері тасып жүрген небір қуатты техникалар біртіндеп жоғалып, көмір алатын да, көмір сұрайтын да адам қалмай, жұмыстары тоқтап, «Орта Азияның отжағарымыз» деп мақтанғандар «Орта Азияның алып-сатарларымыз» деп ала дорбаларын асынып, Ресей жаққа тентіреп кетті. Солардың бірі — Алым. Екі жылдай еңбектеніп, олжалы қайтты. Сондағы тапқаны — беліне түйген бес теңге пұлы мен белін сыздатқан ауруы. Келсе — жұмыс жоқ. Өзі ауыр жұмысқа жарамайды. Бар күшін араққа сарп етеді. Сөйтіп, бірде бөтелкелестерімен бас қосқанда жергілікті мектеп директорымен танысып, оның Ресейден алып келген азын-аулақ ақшасына қызыққан директор ертеңіне-ақ бұйрық шығарып, өзіне орынбасар етіп тағайындайды. Әрине, шаруашылық істері бойынша… Ақшасын аямай, дене тәрбиесі мұғалімінің дипломын сатып алды. Саудаласпай, сұрағанын беріп тұрып сатып алды.
Содан директор екеуі шаһардың үлкендеріне кіріп жүріп, беретінін беріп, сайдың ішінен сегіз гектар жерді мектепке деп алып, ол жерге оқушыларға тыным берместен сенбілікке деп алып келіп, жылдам өсетін сегіз мың терек тіктірді. Теректердің арасына шие, құрма отырғызды. Демалысқа арналған саяжай салды. Осындай күндердің бірінде мұның директор досы бақ ішіндегі тапшанда арақ толы дастарқанның басында жатқан бойы жан тәсілім етті. Өлімінің себебін әркім әртүрлі жорумен қала берді…
Сол күннен бастап Алым арақтан мүлдем бас тартып, бес уақыт жайнамазға маңдайын тигізіп, сәждеге бас иді…
Марқұмның қырқын берген күні-ақ, Алым мектеп директорлығына тағайындалғаны туралы бұйрықты алды да келді. Сөйтіп, мектептің бағын өз меншігіндей пайдаланып, бұрынғы мұғалімдердің бәрін кетіріп, бір-екі «законшы» апайларды жаңа жылда, сегізінші наурызда сый-тартумен алдаусыратып, беттерін бері қаратып алды. Бара-бара «шахтер-директор» деген лақап аты «еңбек сіңірген директор» деген құрметті атаққа алмасып, шаһар дөкейлері тынбай қонақтап жүрген сай бойындағы саяжайына бұл қаланың басшысы да бас сұға алмай, басқа майда-шүйделер мысығына пыш демек түгіл, тышқанына да тап бере алмай қалды. «Алым қайда, — Бішкекте», «Алым қайда, — Қашқарда», «Алым қайда, — Мәскеуде» десіп, оның рахат тұрмысын, күн көрісін әкелері балаларына үлгі етіп айта бастайды.
Сай бойына қала түгіл, бүкіл облыста ешкімде жоқ төрт қабатты, отыз алты бөлмелі үй тұрғызып алды. Үйдің жан-жағына тазы иттерді байлап, бағында бөдене сайратып, құлаштап жүзетін бассейн қазды. Күн сайын жаңа көлік таңдады…
Сол күні Алым мойнына сүлгісін іліп, бассейн жаққа бет алғаны сол еді — сасық иіс қолқасын қауып, қатты гуілдеген дауыс шығып, селдің алдыңғы тасқынымен төніп келіп қалған бір ағашқа жармасты да, сонымен қоса ылдилап ағып кете берді…
***
Шағын шаһардың тұрғындары күнделікті тіршілігімен әуре-сарсаңға түсіп, жалпы қала тыныш жатқан-ды…
Мұнда осындай сел болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, естімеген де…
Адамның тағдыры алдын ала белгіленіп қояды дейді. «Жазмыштан озмыш жоқ». «Тағдырдың жазғанынан құтыла алмайсың». Егер Тотия кемпірдің сол маңдайындағы жазмышын анасы оқи алғанда, кім біледі, бәлкім сол сәтте-ақ сәбиінің аузына омырауын тоспай өлтіре салатын ба еді. Бес айлығында анасы қағындап өліп, кәмелет жасына жетпей-ақ әкесі аттан құлап жан тапсырып, бірде — бір туысы, бірде — басқа туысы әйтіп-бүйтіп асырап, бірер іске жарап қолға ілінгеннен-ақ өзбекстандық пілләшылар алып кетіп, құрт бақтырып, тұт кестіріп ауыр жұмысқа салады. Сол жақта он төртінде танап басында бір содыр зорлап, сол бойдан әлгі зым-зия ғайып болып, он алтыға толғанда өз жеріне қашып келеді. Сөйтіп зарлап жүрген қыз жолда тағы бір қызыл қамшыға тап болып, онысы алты жыл күн демей, ертелі-кеш қызыл қанға бояп сабап, ауру қылып, өзі де өліп тынды. Жарымжан туылған екі баласының бірі он төрт жыл жүре де, сөйлей де алмай, екіншісі сегіз жыл мешел болып құрсағын жерден көтеруге жарамай, екеуі де іштен шыққан ала жылан болып, анасын азапқа салып, ақыры жарық дүниемен қоштасты.
Тотияның еңбектенбеген жері, қайыр сұрамаған адамы қалмады. Кәрілік пен ауру оны екі жақтап азаптап, шашын селдіретті, белін бүкірейтті, көзінің нұрын сөндіріп, аяқтарын сал қылып әлсіретіп, әлгі сай бойындағы бір кездері ұшақтар жұмасына екі мәрте ұшып-қонып тұратын әуежайдың ескі дәретханасына әкеліп тастады. Сол жерде ары-бері өткенде бейшара әйелге көзі түскендер аяп, артылған, бұзылған тамақтарын беріп жүрді. Кейде онымен адам сияқты сөйлесіп кететін біреулер. Бірен-саран өкімет адамдары, мектеп оқушылары да келіп, тиын-тебенін беріп, ауласын тазалап та жүрді. Бара-бара олар да қарасын батырып, сексеннің сеңгіріне шыққан Тотия кемпірді жұрт мүлде ұмытты. Бұрын анда-санда бір көріп жүргендер оны әлдеқашан өліп қалды десе керек. Өзі де таң атқаннан титтей терезесінен күн нұры сығалаған сәтте «ертеңгі күнді көрмей өлсем екен» деп құдайдан тілей беріп әбден болдырды. Адамдарды үсітіп ажал құштырған суық та оны ала алмады. Өлім сәтін соншалықты зарыға күтті. Келмеді.
Иә. Енді келе жатыр. Өлім сәті тау жақтан сел болып көп жыл азап-тозақпен өткізген тауқыметті тағдырына нүкте қойғалы келе жатыр. Ол өлімнен де, өлгеннен де қорықпайды, өлгенімді ешкім білмей, сүйегімді иттер сүйреп кетпесе екен деп тілейтін. Оған өлім басқаша келеді. Енді сүйегі де табылмайды. Құлағы да естімей қалған. Иісті де сезбейді. Селдің иісінен де, дауысынан да бейхабар. Жай ғана қара тасқынға қосылып, өлігі иттерге жем болмайтын, сүйегі көмілмейтін бір дүниеге кете берді…
***
Шағын шаһардың тұрғындары күнделікті тіршілігімен әуре-сарсаңға түсіп, жалпы қала тыныш жатқан-ды…
Мұнда осындай сел болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, естімеген де…
Қанды сел енді жолындағы ағаштарды түп-тамырымен қопарып, жеңіл көліктерді қаңбақтай домалатып, вагонеткаларды орнынан қозғап, бір сәтке де дамыл таба алмай құтырып келе берді. Үш адамның басын жұтса да көне сайдың жиектерін жағалап, төртінші адамды іздегендей бір өзгеше кәрленді. Төртінші адам…
Тоқтай тұрыңыз — сөз басынан болсын!
Толқын — атына заты жарасып, Ыстықкөлдің толқындарымен жарыса жүзіп өскен қыз. Медицина институтының акушер-гинеколог деген мамандығын бітірген соң дипломын қолына бермей, бір жыл интернада боласың деп оңтүстіктегі осы шағын қалаға жіберген-ді. Саратанның нағыз қайнаған шағында келді. Әуежайдағы былқылдап жатқан асфальтты біздей өкшесімен тесіп, су сататын жерге қалжырап әрең жетті. Шаһардың ауасы да көмір мен газ сасиды екен, жүрегі айнып, алқымына лоқсық тығыла берді. Келген ұшағына отырып, қайта астанаға кетіп қалса ше? Бірақ қорықты. Атасынан қорықты. Ол бір кезде осы қалада басшылық қызметін атқарған екен, барасың деп тұрып алған. Әкесі мен шешесі де ол кісіден аса алмайды. Ештеңе дей алмайды, шешесі ғана нағашы атасын ортаға салып, бір-екі айдан соң Ошқа ептеп ауыстырып алатын ойы барын айтып, өйтіп-бүйтіп шығарып салды.
Толқын қалалық перзентханаға келгенде одан әрі есі шықты. Ғимарат бүтіндей қаусап, тозығы жеткен. Көктемде отырғызылған бір-екі раушан гүлдері әбден шөліркеп, су көрмей құрысып, бүрісіп қалыпты.
Дарбазадан кіреберісте итін еркелетіп, жонынан сипап отырған біреу — кейін білсе осы жердің қарауылы екен. Өрескел сойдиған тістері тек бет әлпетін ғана сиықсыз етіп қоймай, бүкіл сырт келбетін қорқынышты етіп көрсетіп тұр. Бас дәрігердің кабинетін сұрап еді, екі шабаданын сүйреп аппақ шалбар, үстіне тар майка іліп алған қызға қатты таңырқап, циркке алғаш барып маймылды тамашалап тұрған балақайдай аузын ашып, қолымен ішкері жақты нұсқап, итін сипалап отыра берді.
— Келіңіз? — Қыз «Бас дәрігер» деп есігіне кішкене әріптермен жазылған бөлмеге кіре бергені сол еді, орта жастан асқан ақ халатты әйел орнынан ұшып тұрды.
Толқынның жұмысқа келгенін естіп, қала берсе атасы бұл қалада көп жыл бойы басшылық лауазымды қызметте жүріп, бүкіл ел қадірлеген, өзі де жақсы таныған кісі екенін білген соң, аузын кебістей соза ыржиып, арыз-армандарын тоқтаусыз ақтара жөнелді:
— Одақ тарағалы бері ақша да, айлық та құрыды, елдің пейілі де бұзылды. Дәрігерлер Ресейге, Қазақстанға, түк болмаса Шу жаққа кетіп, ол жаққа кете алмағандары базарға шығып, бір әлем-тапырық дүние болып кетті. Оған қарамай мына қатындар да туа береді келіп. Қоя тұр десең болмай шұбыртып туады. Оларды да біреу тудырып алу керек қой. Дәрігерлерім де, медбикелерім де жоқ. Осы машақат енді екеуімізге қалады. — Сөйтіп Толқынның ажарлы реңіне, ілмиген денесіне бастан-аяқ көз жүгіртті: — Сен кетем дегенше, әрине!
Бірақ Толқын кетіп қалмады. Сол күні-ақ бас дәрігер өз үйіне қонаққа шақырып, содан солармен бірге тұрып қалды. Қайын енесі де, қайын атасы да — жақсы адамдар. Қайын атасы қалалық милицияның бастығы. Күйеуі болса — ерке неме. Ішіп келе ме, шегіп келе ме — Толқын білмейді. Кейде түн жарымында милиционерлер жетелеп, не көтеріп, не еңбектетіп әкеліп тастайды. Перзентхананың бар ауыртпалығы ә дегеннен қайын енесі екеуінің мойнына түсіп, бара-бара жұмыстан шаршаған қайын енесі жұмыстарды келініне біржолата өткізіп берді. Толқын болса шағын шаһарда тілге тиек бола бастап, атына «Толқын әпке», «Толқын апай», «Кіндік шеше», «Толқын Базылбекқызы» деген тіркестер қосылып айтылатын болды. Сөйтіп орталыққа немесе Ошқа кету жайы мүлдем ұмытылып та кетті.
Содан қайын енесімен бірге жеке меншік емхана ашты. Әлгі доңыз тіс қарауыл төрт күн бойы қалалық перзентханаға түнеп, ол жақтан емханаға бір нәрселерді милицияның көлігіне салып тасып берді.
Енді бойына бала бітпеген келіндер, көтерген шаранасын алдырғысы келген қыздар, жақын арада туатындар, балалы бола алмай жүрген еркектер, қысқасы, қала халқының жартысы бұлардың жеке клиникасына бас сұға бастады. Келе-келе клиникалары базарға айналды: күйеуге шықпай-ақ құрсақ көтеріп қойған қыздарды қарап, тудырып алып, балаларын кезекте тұрған баласыздарға сатқан екен. Одан әр түрлі жүктіліктен сақтанатын дәрілер шығып, әлгілер де азайып, енді егіздің біреуін, үшемнің біреуін сатуға кіріседі. Оған да қанағат етпей, қаралушылар келсе, УЗИ-ден сенің балаң ішіңде өліп қалыпты деп, басқа өлген баланы көрсетіп, тірі баланы доңыз тіс милицияның көлігіне салып алып, көрші өлкеге апарып өткізіп келетінді шығарды.
Ең сорақысы, оңтүстіктің бұл қаласында ұл бала тумаған әйелден күйеуі бас тартады, күйеуі емес — бүкіл ел теріс айналады. Енді сондай мүшкіл халге ұшыраған әйелдерден қыз баланы ұлға ауыстыруға тапсырыстар түсе бастады. Толқын мұны да жөнге келтіреді. Сол әйелмен шамалас босанатын әйелдің ішіндегісі ұл болса, қыз екен деп құлағына әбден құйып келеді. Содан екеуінің толғағын бір күнде келтіріп, арғысы енді оңай болып, бәрін қамырдан қыл суырғандей етіп бітіріп шығады.
Дәл сол жерде небір әйелдер босанғаннан соң баласын құшақтап, «балам өлмеуі керек еді, не себеп болды» деп зар қақсап қала берді. «Менікі ұл болуы керек еді, қыз қайдан шықты» дегендер де көбейді. Олар милицияға арызданып барса, ол жақта да отырған — Толқынның қайын атасы.
Бара-бара бұлардың осындай жымысқы қылмыстық әрекеттері жөнінде шаһарда өсек-аяң өршіп, ақыр аяғында шындық әшкереленіп, бір күні ұсталды. Шекарадан өтерде Бішкектен келгендер қолға түсіріпті. Көлігін бергені үшін қайын атасы милиция бастығы қызметінен алынды, барлық кінәні өз мойнына алған қайын енесі Толқынды құтқарып, өзі төрт жылға сотталып кете барды…
Клиниканың қадірі кеткенімен келушілер қарасы үзілмей, бірлі-жарым адамдар әлі де есігін ашып тұратын. Жалғыз-ақ Толқынның өзінің бойына бала бітпеді. Мыңыншы балаға кіндік шеше болған күні Толқын өксігін баса алмай солқылдап тұрып жылады. Енді күйеуін тәртіп сақшылары алып келмек түгіл, көшеде өлімші етіп ұрып-сабап кетеді. Толқын машинасына мініп, түнделетіп өзі шығып, іздеп тауып келеді. Ит те болса күйеуі ғой. Жұмыстан қуылған қайын атасы да ащы суға үйір болды. Содан сылқия тойып алған соң баласы екеуі жанжалдасып барып, төбелесе кетеді. Мұндайда да екеуінің арасына тұра қалып ажыратуға Толқыннан басқа жан жоқ.
Қайын енесі қамауға алынғаннан кейін екі жылдай заңсыз істерге қол сұғуға дәті бармады. Бірақ жұрт дегенің… Адамды солар ақыры түзу жолдан тайдырады екен ғой. Бір күні бір өзбек әйел бода-бода жылап келіпті. Бойындағы сегізінші баласы екен. Күйеуі тастап, жеті баласы әр жерде тентіреп кетіпті. «Осы құрсағымдағы баланы сатып беріңіз, еш дауым жоқ, қаншаға болса да» деп боздап тұрып алмасы бар ма. Шекаралар бекемделген, енді көрші елдерге де шығара алмайды. Сөйтіп ескі таныстарымен байланысты. Сөйтсе, әлгілердің шетелдік сатып алушылары бар екен. Бала қолға тисе болды, құжаттарын өздері дайындап алып кетеді десті.
Өзбек келін қолына долларларды алғанда еңіреп жыласа да, артынан еш өкінбестен қалтасына салып кете берді. Толқынның қолына да жүздіктен жиырмасы тиді.
Енді ол дәл осы шаруаны дөңгелетіп, балаларды шетелге жіберуді жолға қойды.
Қайын енесі абақтыдан аурушаң болып әрең келді. Толқын оны да, күнде мас, күнде ұрыс-жанжал шығарудан шаршамайтын қайын атасын да, күйеуін де тастап, сай бойынан келіскен бір особняк салдырып, өзі жалғыз шығып кетті. Клиникасы да өзіне қалды.
Қара қошқыл сел тағы күшейіп, алдынан шыққанды жалмап жұтып, бүкіл әлемді ағызып алып кетердей арқырап, екі жағын жар қылып, бөгеттерді жығып, төңірекке шашырай жайылған дүлей апаттың шеттері үй іргесіне жылжып, бірен-саран үйлердің аулаларына да жыландай ирелеңдеп, жер бауырлап кіре берді…
Толқын Базылбекқызы жұмысынан қосқа жегілетін ауылдың жалғыз атындай сүріне құлап әрең жетіп, жатып алмай біраз көңіл сергітейін деп ауласының сай жағына тігілген бақшасына шығып, кеберсіп тұрған ауладағы тас төсемге құбыршекпен су себе бастағанда сергіп қалатын гүлдеріне сүйсініп, өзінің де көңілі біршама көтеріліп, шашыраған салқын сумен қоса, бір-екі жылдан бері көкейін тескен ойлары қайта шырмап алды. Иә, бұйырса осылай болмақ. Биыл күзде. Бір жас келіншекті дайындап келеді. Денсаулығына қарап, қажетті дәрілерін арасында беріп тұрады. Ұл нәресте. Үш айдан соң тудырып алады да, баланы алып, үй-жайын сатып, «Қош бол, Қырғызстан» деп бірнеше жылдан бері шақырып жүрген Кипрдегі сыбайлас достарына тайып тұрмақ.
Бір кезде сұмдық сасық бір иіс бұрқ етіп, оған қоса шарылдаған дауыс шығып, Толқын жан дауысы шығып қаша бергенде, селдің бір шеті оны басып құлатты да, булықтырып, тұншықтырып аранына жұтып әкетті…
***
Шағын шаһардың тұрғындары күнделікті тіршілігімен әуре-сарсаңға түсіп, жалпы қала тыныш жатқан-ды…
Мұнда осындай сел болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, естімеген де…
Сол сел малды алғанын, бау-бақшаны түбімен қопарып кеткенін, ғасырлар бойы қимылсыз жатқан тастарды қоса ағызып әкеткенін, дүние-мүліктерді ғана емес, адам өмірлерін жалмағанын да қанағат етпей, енді бейіттердің бір шетін жайпай берді. Бірақ ескі қабірлерге кірмеді. Қала билігі бір кездері сай жағын қоршап, темір тоспалармен мықтылап, оқшаулап алған-ды. Тірілер көбейген сайын өлгендер де артады. Өлім-жітім үзілмесе қабірлер де көбейеді. Қабірлерді көбейту үшін жер керек. Бұл зиратты бес түрік меншігіндей иеленіп, бара-бара әлгі қоршауды алты метрге ары жылжытып, әр-әр жерді білдірмей ақырын-ақырын дүмпитіп, сол төмпшіктерге көзге түсе бермейтін тақтайша қадап, оған мүлде жоқ адамдардың аты-жөнін, туған, өлген жылдарын жазып, қысқасы иеленіп қоюшы еді. Кейін бір шетінен сата бастады. Ауырып, төсек тартқандар көбейген сайын, ауруханадан шарасыз шығарып жібергендердің саны көбейген сайын, әлгі бес түрік алақанын ысқылап, пұлын санап, марқұмдар үшін орын сайлап қоятын болды. Соңғы кезде жол апаттары да күн сайын екі-үштен марқұм дайындап, қылмыскерлердің өзара жанжал-тартыстарының құрбаны болған жап-жас жігіттерді шала өлік қылып алып келіп, бұл зират та кеңейе берді.
Селдің бір бөлігі сол зиратта мәйіт көмілгендей төмпешіктер мен әлдебіреулердің жерленгенін көрсету үшін қойылған тақтайшаларды, үйілген бос топырақты өзімен қоса шайып алып кеткенде бейіттің жалған екені ашылып көрініп қалды…
***
Шағын шаһардың тұрғындары күнделікті тіршілігімен әуре-сарсаңға түсіп, жалпы қала тыныш жатқан-ды…
Мұнда осындай сел болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, естімеген де…
Сел енді шаһардағы ең қорқынышты жерге — биік дуалдарының үстіне тікенді сым тартылған ғимаратқа, қаусаған бір бұрышын опырып-жапыра, аңдаусызда кіріп келді. Бұл — психикалық аурулар диспансері, немесе қарапайым адамдар айтқандай — «жындыхана».
— Сел! Сел! Қаш! — Жындылар тұс-тұстан айғайласып, шу-шұрқан болып, бәрі бірдей бастырмалата темір есікке лап берді.
— Әй, осы жындылардың діңкені құртқаны-ай! — Жалғыз адамдық палатада жатқан Бұрқан ызасы келіп, қабырғаға теріс қарап көрпесін бүркеніп жата қалды.
Бұрқан — жындылардың арасындағы жалғыз дені сауы. Бірақ құжаты бойынша бұл да — «жынды». «Жындыханаға жата тұр» деп жатқызып қойған. Содан жатыр. Бір айдың жүзі болды. «Жындыларға ұқсап жүр» деген. Жындыларға ұқсап қояды. Әртүрлі дәрілерді де ішіп қояды. Не біреу артынан хабар алып келмейді. Не жындылармен тіл табысып сөйлесе алмайды.
Бұдан сегіз жыл бұрын спорт залында жаттығып жатқан жерінен біреу келіп, сыртынан әрі қарап, бері қарап тұрды да, өзімен бірге ертіп кеткен. Содан бері еріп жүр. Ескі пакетті көтеріп алып әлгінің артынан аңшының аш тазысындай тілі салақтап еріп, сол барған жерге барады, сол жолық деген адамға жолығады да, пакетін беріп кете береді. Басқа еш нәрсені білмейді. Мылқау сияқты сөйлемейді. Жаңағы ерткен немеге де сұрақ қоймайды. Сөйтіп Ошқа барып жүрді, содан Бішкекке, кейін Мәскеуге баратын болды, ұшақ, такси, пойыз, шағын автобус… — бұлар мінбеген көліктің түрі қалмады. Бір жұмада міндетті түрде бір мәрте жолға шығады. Кімнен не алып, кімге барарын білмейді. Білгенде не? Оның алдын да, артын да басқалар тазалап кетеді. Солар оны үйлендірді, солар үй алып берді, солар көлік мінгізді. Ас-суы жетерлік. Адамға тағы не керек? Әрине, еркіндік керек. Міне, дәл сол еркіндігі жоқ. Ауылына жалғыз бара алмайды, достарымен де емін-еркін ойнап-күле алмайды. Жексенбіде ғана балаларын ойнатуға 4 сағат уақыт береді, бірақ сонда да артынан біреулер аңдып жүргендей сезіле береді.
Сегіз жылдан соң ұстады. Автомат ұстап, маска кигендер, ит жетелегендер терезесі қараңғыланған көліктен секіріп түсе сала, оны тапжылтпай жерге жатқызды. Иттері келіп пакетті иіскей кетті. Алдында жүргені де, артында жүргені де көзден ғайып болды. Содан көзін таңып «Есірткі саудасына қарсы күрес» бөліміне алып барды. Тоқтаусыз жүргізілген сұрақтар, суретке түсірулер бір сәтке де толастамай, бір күні біреулер келіп алып шығып кетті де, осы жындыханаға әкеп тықты.
— Сел! Сел! Қаш! — Жындылар темір есікті талқандап шығып кетті.
Жындыханада жындыларға қосыла алмай, сол есі ауысқандарға сене алмай біреу ғана қалды. Қаһарлана келген қанды су оның палатасына төніп кіріп, зәудемде ертегідегі жеті басты айдаһардай жұтынып, әлгі шомбал жігітті жалмап өтті…
Шағын шаһардың тұрғындары күнделікті тіршілігімен әуре-сарсаңға түсіп, жалпы қала тыныш жатқан-ды…
Мұнда осындай сел болғанын бұрын-соңды ешкім көрмеген, естімеген де…
2019 жыл, маусым
Қырғыз тілінен аударған — Гүлнұр Қыранбайқызы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі