Өлең, жыр, ақындар

Мен неге журналистика мамандығын таңдадым?

Мақсатқа тек қателік жасап, тәжірибе жинау арқылы жетесің.

Томас Эдисон

Әр адамның өміріндегі ең маңызды, әрі жауапты таңдаулардың бірі – болашақ мамандықты таңдау. Біздің алдымызда сан-түрлі жолдар тұр. Менің ойымша, әр адам өзінің ішкі дүниесіне сеніп, жүрегінің қалауы бойынша болашақ мамандығын таңдау керек. «Болашақта кім боламын?» деген сұрақ – тұлға ретінде қалыптасуға талпынған жас ұрпақ, мен және менің қатарластарым үшін мың толғана, күмәндана ой түюге мүмкіндік беретін аса маңызды сұрақ.

Осы сұраққа жауап бере отырып біздің бойымыздағы ең алғыр қасиеттеріміз, құндылықтарымыз, кәсіби бағытымыз анықталады. Осының барлығын ескере отырып, мен де барынша дұрыс шешім қабылдаға тырыстым. Бала кезінен ермек қылып жүрген ісің-ертіңіне болашақ мамандығың болып шыға келуі әбден мүмкін. Мен біршама уақыт бойы болашақ мамандығымды нақты таңдай алмай, біраз адастым. Әжемнің сара жолын қуалап, ақ халатты абзал жан болғым келді. Бірақ, кіші кезімнен қалам мен қағазды ермек қылып жүретінмін. Өмірімде болған қызықты оқиғаларды қағаз бетіне түсіріп, артынша видео түсіргенді ұнататынмын. Бала кезімдегі, былай қарасаң, жай ғана қызығушылығым – қазіргі уақытта мені журналистика деген үлкен саламен таныстырып отыр.

Журналистика – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті, әрдайым ізденісте болуды талап ететін жауапты сала. Ендеше, менің түсінігім бойынша жақсы журналист болып шығу үшін бойыңда қандай қасиеттер болу керек?

Менің ойымша, жақсы журналист – ол алғыр, талапшыл, еңбекқор, жауапкершілігі мол, айтқан сөзі мәнді де сәнді, тыңдаушыны, тіпті, алғашқы сөздерден-ақ қызықтырып, тарта білетін адам.

Сіз еліміздегі журналистика саласы жайлы қандай пікір ұстанасыз? Қазақстандық журналистика дағдарыста деген сыбыстарды, өкінішке орай,  жиі еститін болдым. Қоғам арасында журналистер жайлы жағымсыз ақпарат есту – болашақ журналист үшін өте ауыр нәрсе. Осы саланың маманы болуымның тағы бір себебі осыда. Елімізде бұл саланың сан ғасырлық тарихы болса да, меніңше, әлі де бағындыратын белестер баршылық. Мен журналистиканы үлкен деңгейге шығарып, Қазақстан журналистерінің даңқын көтергім келеді. Бұл мақсатымды орындап, елімізге тамшыдай болсын, өз үлесімді қосқым келеді.

Осы ойларымды қорыта келе, менің алдыма қойған мақсаттарым – менің болашағымның үлкен бөлігі. Ішкі жан дүниемнің қалауы бойынша қабылдаған шешімім дұрыс екеніне кәміл сенемін. Өз ісімнің шебері болып, осы саланы одан ары асқақтатқым келеді. Мен журналистика мамандығын таңдаймын!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз