Бұлдырықтар төсімен сүйіседі. Түйіскені — сүйіскені. Оларда адамдардікі сияқты ерін жоқ қой. Бірақ, олардың аймаласуы адамдардікінен артық. Төсіне төсін түйістіріп, жұп-жұмыр, жұп-жұмсақ мойындарын айқастырып, бірін-бірі қасылағаны, бірін-бірі қанатымен қаусырғаны — бірінің жолында бірі құрбан болып кетуге әзір екенінің нышаны.
Бұлдырықтарда ерін жоқ. Адамдар ғой еріндерімен сүлікше сорып сүйісетін. Бұлдырықтар да тұмсықтарымен сүйкелеседі. Бірақ бұл қызық емес. Аймаласқаны әдемі. Қоразы мен Мекіші.
Қораз бен Мекіш махаббат айын аймаласумен өткізді. Махаббат мекені төскейдегі Қызыл Изеннің жыңғылы еді. Бұрын төскейдің бәрі Қызыл Изен патшалығы болатын. Кейіннен өңкиген дәу трактордың түрені түсті де, қара бұйра топыраққа айналды. Қызыл Изен тек терең өзектің жағалауында ғана жал-жал болып қалды. Жағалауында ғана. Қызыл Изен өзектің ішіне жоламайды. Сірә, Тәңіртаудың селінен сескенетін болар. Көктемде сел өзекті қуалай тасып Изен тұрмақ, тастай қатты Тобылғының өзін тамырымен қопарып, ағызып әкетеді.
Осыдан кейін Қызыл Изенде ақыл жоқ деп айтып көр.
Адамдар мақтаншақ. Жер бетінде ақылды тек біз ғана деп ойлайды.
Сөйтіп дәу трактор бұлдырықтардың кең өрісін тарылтты. Ендігі қонысы жар басындағы жағалау ғана. Қызыл Изен сонда ғана өседі. Қызыл Изеннің бүршігі — бұлдырықтың наны. Оған енді тамақтың тағы бір түрі қосылды. Жыртылған қара бұйра топыраққа күздік бидай тұқымы себіледі. Бұл енді бұлдырықтардың соғымы десе де болады. Рас, алғашында бұл бидайды шоқыған бұлдырықтардың басы айналып, арақ ішкен адамдардай тәлтіректеп, қысқа қанаттарымен жер сабалап, құлап қалып жүрді. Кейін-кейін үйреніп кетті. Әлде тұқым бидайды умен дәрілеуге адамдардың дәрмені келмей қалды ма, кім білсін.
Енді биыл мына көктемде сол күздік бидай дүркіреп шығып, бас тартып, масақ шығара бастады. Бұлдырықтарға Құдай берейін-ақ деп тұр. Бұйыртса. Балапандары жем шоқуға жараған кезде аңызаққа жайылып, қысқа дейін домаланып, қомданып-ақ қалады.
Қораз бен Мекіш махаббат айының жемісі — он бір жұмыртқа. Әрқайсысының үлкендігі кішігірім тауықтың жұмыртқасына жетеғабыл. Тауықтікінен кішілеу. Бөдененікінен үлкен. Көгілдір. Секпілі жоқ. Бөдене ғой секпіл жұмыртқа туатын. Содан соң кәдімгі жаушымшық. Жаушымшықтың жұмыртқасын жеген баланың бетін секпіл басып кетеді. Әсіресе, мұрнының үстін.
Бұлдырықтың жұмыртқасы таза көгілдір. Таза жұмыртқа таза махаббаттан туады. О, Қораз бен Мекіш бірін-бірі қалай аймалайды десеңші! Сол кезде олардың қауырсындары шұғыла шашып, кемпірқосақша құлпырып кетер еді. Жайшылықта сұрша құстардың қауырсындары махаббат сәтінде біресе қызғылтым, біресе жасылша тартып, енді бірде сарғыштанып, күлгін-көктеніп, аспан түстес көгілдірленіп, сан құбылып, Құдіреттің өзі арнайы көзін қадап тұрғандай, сол көзден сан бояулы нұр төгілгендей, сол нұрға мына бұлдырықтар шомылып жатқандай болар еді.
Ал, шошаңдаған жаушымшықтарда ондай ләззат жоқ. Қауырсындары да құлпырмайды. Қас қағым сәтке шошаң етіп, бірін-бірі умаждайды да, қып-қысқа қауырсындарын қобырата сілкіп-сілкіп алып, екеуі екі жаққа ұша жөнеледі. Бұлдырықтарша ұзақ аймаласып, айналып-толғанбайды. Тебіренбейді. Сондықтан да секпіл жұмыртқалардан өмірі тоймайтын, сарыжиек ауыздарын арандай ашып, шиқылдайтын ашкөз балапандар шығады.
Бірақ, жаушымшықтар бұлдырықтардан ақылдырақ. Ұяларын үйлердің бұғатына, жапсардағы саңылауларға салады. Жауын өтпейді, дауылдан қорықпайды. Махаббаты сараңдарға Құдай қулықты көбірек береді.
Ал, бұлдырық байғұс әсершіл. Ұясы ашық аспанның астында. Желдің өтінде, неше алуан жаудың бетінде. Оған кім өш емес?! Жылан да өш. Аспанда күні бойы қалықтап, қанаттарын самарқау қағып қойып, көзін жерден алмайтын құстың сүмелегі Құладын да өш.
Аш болса, бұлдырықты бас салуға, жұмыртқасын жеп қоюға Көк бөрі — Қасекеңде арланбайды. Қасекеңе лайықтысы жас құлын немесе құйрығы тегенедей семіз қой емес пе. Жоқшылық шіркін не істетпейді. Бөрі басымен кейде бұлдырық аулауға мәжбүр.
Ал, қазы жеп, қымыз ішіп, кекірік атқан адамдарға не жетпейді? Ермек керек. Қызық керек. Мылтығын шошаңдатып мәшинелерін, мотоцикльдерін тырылдатып, олар да Төскейді кезіп жүреді. Бұлдырықтар бұл кезде жермен-жексен болып бұғып жатпаса — қиын.
Бұлдырық кездеспей, ыза болып, ашу қысқан адамдар аспандағы Құладын құсты ата бастайды. Қанша кеще болса да, Құладынға да жан керек, қанаттарын жылдам қағып, оқ жетпейтін биікке көтеріліп кетеді.
Құладынды да ата алмаған «аңшылар» арақты ішіп-ішіп дарылдасып, гүжілдесіп, босаған бөтелкелерді мәреге қойып, патронға таласып, тарс-тұрс ата бастайды.
Мылтық атылған сайын жұмыртқа басып жатқан Бұлдырық селк-селк етіп, бұға түседі.
Амалын тауып, адамдардан да құтыларсың-ау... Түлкі жаман. Түлкі сұм күндізді қойып, түнде де тыным таппайды-ау. Қу құлқын не істетпейді. Әйтпесе, тобылғының түбіне иіріле жата қалып, істік тұмсығын бауырға тығып алып, шырын ұйқыға кеткен қандай. Жоқ. Түлкі түнде де жортады. Бұл кезде бұлдырықтың көп жаулары: адамдар да, жылан да, Құладын да ұйқыға кетеді. Көбісі түс көріп жатады. Түстерінде бұлдырықтың лағыл тастай қып-қызыл, жып-жылы қанын, жұп-жұмсақ, нәп-нәзік, шырын етін көреді.
Солай. Бұл дүние солай жаратылған: шырын болсаң — жеп қояды. Ащы болсаң түкіріп тастайды. Құдай бұлдырықтың етін шырын етіп жаратқан.
Сұм түлкі бұрын бұл шырынның дәмін алған. Бұлдырықтың қып-қызыл, жып-жылы қанынан басы айналып, мас болған. Күйген ағаштың көміріндей, қап-қара, сүп-сүйрік тұмсығына бұлдырықтың үлбірек мамығы жабысып, мұрнын қытықтап, түшкіріп-түшкіріп алатын.
Осы бір асқан асыл шақ есіне түскенде түлкі бәтшағардың сілекейі шұбырып-ақ кетеді.
Бірақ Құдай сақтады. Бұл түннен Қораз бен Мекіш аман шықты.
Алау шапақтанып таң атты. Мекіштің мамық төсінің астындағы он бір жұмыртқа, түн салқын болса да тоңазыған жоқ. Жып-жылы. Он бірдің оны жыбырлағандай болады. Мұны тек Мекіш қана сезеді. Он бірдің біреуі ғана мелшиіп жатады. Ол тіпті жылымайтын да сияқты. Ол тіпті Мекіштің торғын денесіне суық тастай бата бастайды.
Таң ата Мекіш сол он бірінші жұмыртқаны тұмсығымен абайлап итеріп-итеріп, пейіштің қойынындай жып-жылы ұядан шығарып тастады. Ал, Қораз болса, әлгі садақаны ары-бері аударып, ақыры қап-қатты тұмсығымен долдана шоқып-шоқып, жарып тастады. Көгілдір қабыршықтан тарғыл тасқа ірің сияқты жалқық жылжып аға берді.
Сірә, махаббат қалғып кеткен кезде, ықылассыздан, лажсыздан жаратылған жұмыртқа болар. Алаулаған, арман қысқан, асау махаббатсыз жаратылған жұмыртқа аман қалған он тұқымның садақасына татыса болғаны...
Өңкиген дәу трактор Төскейді дарылдай жаңғырықтырып, аң-құс, жан-жануардың зәресін алған айдаудағы күздік бидай бас шығарып, дән алып, дүмбіл тартып сарғая бастаған кез. Алла жар болса, бидайға орақ түспекші.
Мейірімі мол Құдай Төскейге рахымын төгіп, күн қызып, айнала төңірек әдемі әуезге толған мезгіл. Бір шөкім бұлты жоқ, көкпеңбек аспан асты жырға толы. Бозторғай біткен аспан астында, зау биікте салбырап тұрып, бозаңдағы көдеден соққан ұясынан көз алмай шырылдап, ұядағы жұмыртқаларын әнменен тербетеді.
Кейбір адамдардан гөрі Бозторғай данагөй. Кейбір келіншектер аяғы ауырлап жүрсе де, жеңілтектігін қоймай арақ ішіп, темекі тартып, шошаңдай ма-ау, билей ме-ау. Баж-баж етіп ән салған бола ма-ау. Алапес диюдың ақырғанындай музыка тыңдай ма-ау...
Есіргеннен ессіз бала туады.
Ал, Бозторғай жұмыртқасын әдемі әнмен әлдилейді. Болашақ балапандарына әнді аспанда тұрып үйретеді.
Қораз Изеннің арасынан ұстап алған жап-жасыл семіз шегірткені Мекіштің аузына сала беріп, мойнына үйкеліп, айналып-толғанғанда, жұмыртқалар жыбыр-жыбыр етіп, бұрынғыдан гөрі дәрмендірек қозғалып қойды. Әке мейірімі Ана арқылы жұмыртқаларға да әсер еткендей.
Құдай қаласа, жұмыртқа сауытын жарып, балапан жарық дүниеге шықпақшы. Алла жар болып, аз ғана уақыт бейбіт күн берсе... Сондықтан да Мекішке семіз шегіртке көп керек. Балапан басып шығарған соң Мекіш өз қалжасын өзі тауып жейді.
Мекіш сол сәтті армандап жатады. Сәтін салса, Изеннің дәні де пісетін кез таяу. Перуза тастай жәудіреп Шашыратқы гүл шешек атты. Киікоты мен Көкемаралдың гүлдеуінен Пейіштің иісі аңқиды. Жабайы жоңышқаның жұпары жер бетіндегі сасықты аластап жатқандай. Бал арасының мереке айы туған шақ.
Бұлдырықпен көрші қонған Сарыала қаз көрінбей қалды. Мейірімсіз оқтан аман болса, балапан басып жатқан шығар. Дуадақтар, сірә, Керегетас ойпанына кеткен болар. Олар да балапан қамымен әуре ғой. Бұлдырықтан гөрі Дуадаққа қиынырақ. Көзге тез шалынады.
Тәңіртаудың Найзакөк шыңының ұшына ілініп қалған таудың жыртық-жыртық ала туындай болып, кепиеті келіспеген бір түкіс бұлт көрінді. Осы бұлттан алғаш секем алған Бозторғай болатын. Өйткені ол биікте-биікте еді ғой. Бозторғай жыры жым болды. Биікте жүрген жалқау Құладын да бір жаққа безіп кетті. Изен арасындағы көк қасқа семіз шегіртке де шырылдағанын қоя қойды. Жылтыңдап одан-бұдан мал тауып жүрген сұр тышқандар індеріне кіріп кетіп, лезде жоқ болды. Өзінен үлкен балықкөзді жайымен сүйретіп келе жатқан Құмырсқа кенет илеуіне қарай жанталаса асықты. Ерсілі-қарсылы шұбырған ақылды Құмырсқалар, енді бәрі илеуге қарай жөңкілді.
Тоқымдай ғана түкіс бұлт Найзакөкті лезде көрсетпей жіберді. Батыс әлемін әп-сәтте жаулап алды.
Бұлдырықтың да құмырсқа ғұрлы миы бар. Күні бойы жем тасумен әуре болған Қораз аяулы Мекішінің жанына келіп жата қалды. Тіпті қып-қысқа қанатымен Мекіштің жұп-жұмыр жонын жаппақшы да болды.
Құдіреті күшті Құдай Бұлдырықтың қанатын неге осыншама қысқа жаратты екен. Несіне аяды екен. Сонау Тәңіртаудың төсінде ұшқан Тастүлек қыранның қанатын бермей-ақ қойсын. Қалбаң-қалбаң еткен Құладын құстың қауырсынын берсе де жетіп жатыр еді ғой. О, Құдай, соншама пәруана, соншама таза, соншама қанағатшыл, махаббатқа мейлінше адал Бұлдырықтан бір қарыс артық қауырсынды несіне аядың?! Ешкімге, еш нәрсеге зәбірі жоқ, зияны жоқ мақұлықты неге мұнша кемтар еттің?! Қанағатсыздан қанағатшылды айырсаң қайтеді. Жүр ғой анау төменде жатқан ауылда неше алуан айқайлаған тауық қораздары. Тауықтар — тарының құлы. Асыранды, басыбайлы, тәуелді бейшаралар. Ал, қораздары, кердең әрі қомағай. Бір қораз бір үйір мекіштердің жалғыз байы. Тойымсыз. Өз үйірі аздай көрші үйірдің мекіштеріне де қызығып, көзі қылиланып, құлқын қағып, қағынып тұрады.
Бір кем дүние. Бұлдырықтың бір кемдігі — қанатының бір-ақ тұтамдығы. Осыны айтып Бұлдырық Тәңірге мінәжат етсе, Көк Аспан оған:
— Тәйт, тәсірсіз! Сен тұрмақ Адамда да қанат жоқ. Қайта сенде бір тұтам болса да тамтық бар. Тәуба қыл! — деп жекіп тастайды.
Кенет Тәңіртау құлағандай, Аспан қарш етіп, қақ жарылып, найзағай от жыландай ирелеңдеп, күн күркіреп азынап қоя бергенде, Бұлдырықтың астындағы Қара Жер дір-дір ете қалды. Жұмыртқалар шошынып, шоршып кетті де бірінен соң бірі жарылып, Мекіштің бауыры шиқ-шиқ еткен балапанға толып шыға келді. Бұрын балапандар жарыққа бір-бірлеп шығар еді, мынаусы сұмдық болды. Он балапан бірден шыққанда Мекіш байғұс қайсысының шаранасын тазартарын білмей қатты састы. Мұндай іске икемі жоқ Қораз қорбаңдап, Мекішті шыр айнала берді. Шелектеп құйған нөсерден қорғаймын деп келте қанатын барынша жайып қобыратты.
Шелектеп құйған жаңбыр мына жағдайда жаманат болса да айналайын екен. Артынша Бұлдырықтың өзінің жұмыртқасындай бұршақ ұрғанда Қораз сорлы қысқа қанатымен Мекіштің басын қымтап-ақ бақты. Бірақ келесі сәтте әлгі жұмыртқадай мұз бұршақ өзінің басына тиіп, тарс ете түскенде Қораз екі-үш аунап түсіп, қылжиды да қалды. Қысқа қанат пен бауыр мамығы тып-тығыз-ақ еді, бірақ бармақтай басты Құдай тықыр жаратқанын қарасаңшы.
Мекіш міскін жұмыртқадан жаңа шыққан балапандарын бауыр мамығына басып-ақ бақты. Бұршақ тимесін деп басын тұқшитып, қанатының астына тығып жіберді. Басынды сақта, міскін, басыңды сақта.
Басын сақтай алмаған Қораз екі-ақ адым жерде қылжиып қалды. Қайталай тиген бұршақтан Қораздың миы шашылып кетті. Оны көруге Мекіштің шамасы келген жоқ. Әлі жалқығы кеппеген балапандарды қалай аман алып қаламын деп жанталасты.
Қораз бен Мекіш бір-бірінсіз тірі жүре алмайтындай. Енді Мекіш сол шығарға ғана жаны бөлек Қораздың жансыз жатқанын көре де алмады. Жөнсіз, жосықсыз сұрапылдың құрбаны болған жан-жолдасын Бұлдырықша жоқтай да алмады.
Бұршақ деген кәдімгі адам жейтін бұршақтың көлеміндей ғана болушы еді. Ал, мынау... бұршақтан гөрі Аспан атқылаған снарядтай бір сойқан болды.
Осы кезде боз-боран бұршақтың арасынан «Уазик» машинасы көрінді. Бұл машинаны Бұлдырық бұрыннан білетін. Дауысынан таныды. Бұрын одан сескеніп, бұғып жататын. Енді сол мәшине өзін, балапандарын құтқарардай, жаныма жақындап келсе екен, бізді құтқарса екен деп тіледі. Тасырлай тиген бұршақтан «Уазиктің» маңдай шынысы шытынай-шытынай тесілуге айналыпты.
Бұлдырықтың тілегі болмады. Машинаның ішіндегі адам сыртқа шықпады. Жайқалып тұрған күздік бидайдың буаз масақтары пышақпен кескендей қырқылып қалғанын көргенде Шағын шаруашылық бастығының көзінен жас селдей ақты.
— А, Құдай, не жаздық саған? — деді мәшине ішінде отырып. — Арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып, мұрнымыздан қан кетіп жүріп, қарызға батып еккен егініміз еді, енді не болдық? — деді өксіп-өксіп.
— Бетіне қарап отырған бар байлығымыз осы еді, енді қара қазанға қара су құйып, тас қайнатамыз ба, неғыламыз, уа, Құдай?! — деп аспанға қарап аш қасқырша ұлыды.
Бұршақ лезде пышақ кескендей сап болды. Әлгіде әлем-тапырық тартқан қара бұлт жаны шыға толғатып, жұмыртқадай сансыз бұршақ туған соң, енді ақ мақтадай үлбіреп барып, қалжалап жатқандай, Тәңіртаудың басына арқасын сүйеді.
Қара жолдың бойындағы зират жақтан ақ бу шудалана көтеріліп, адамша тіл қатты:
— Е, бейшара ұрпақ! Құдайды жазғырма. Алдымен өзіңе қара. Адамдарыңа қара, — деді тау жаңғырықтыра күңіреніп. — Құдайды қиналғанда ғана есіңе аласың. Жайшылықта жалынбайсың. Алыстағы Құдай тұрмақ, күнде түбінен өзің өтіп жүрген мына зираттың тұсына сәл тоқтап дұға да қылмайсың. Адамдарың азғын. Арақтан басқа асты тамақ деп білмейді. Қарттарың сақалдарына сүрініп жүріп, сайтанның сідігі сіңген сусынды атасының асындай сіміреді. Жастарың болса бірінің малын бірі ұрлап, қасқырға айналды. Сонда Құдайды не бетіңмен жазғырасың?! — деді.
Шағын шаруашылық бастығы машинаның ішінде мәңгіріп отырғанда Күншығыстан арай қақпа ашылып, сан құлпырып, Тәңіртау мен Арайтаудың арасында Шұғыла көпір тұра қалды. Қораз бен Мекіш ләззат теңізіне шомылғанда қауырсындары осылайша шұғыла шашар еді... Енді сол Бұлдырық Қораз бен Мекіштің жаны Аспанда жай тауып, Кемпірқосақ-Шұғылаға айналып кеткен екен.
Сонда да Бозторғай қайтадан шырылдамады. Тек тынымсыз Құмырсқа ғана илеуінен шығып еді, жер бетінде сіресіп жатқан бұршақ мұздан өз соқпағын таба алмай, ары-бері түртінектеп, аң-таң болып, тұрып қалды. Жылтың көз тышқандар айнала жарылған Бозторғай жұмыртқаларының исін сезіп, бір жағынан көдеде сіресіп жатқан көк мұздан сескеніп, ін аузында шошаңдап тыпырлай берді. Сұм Тышқанның құдайы берді. Төскей түгел жарылған жұмыртқаға малшынып қалды.
Қара жолдан бұрылып, қираған егіс даласына қарай екі «Джип» жылжып келеді. Шағын шаруашылық бастығы соларды көріп, көзі былаудай болып, алдарынан шықты.
Келгендер Губернатор мен Ояз және олардың нөкерлері екен. Губернатордың екі қолы шалбарының қос қалтасына терең сұғынып кетіпті. Сірә, әлденесі салбырап түсіп бара жатқандай, қолдарын қалталардан шығармады. Шағын шаруа бастығы қос қолын ала жүгіргенде де әлдеқандай асылынан айырылып қалатындай қолдары босамады.
Бұршақ ұрып қиратқан қалың бидайға қарап тұрып, Губернатор:
— Надо же, — деді.
Ояз:
— Апат айтып келмейді деген осы, — деді.
Нөкерлер қырқылып түскен масақтарды теріп алып, дүмбіл дәнді ауыздарына салып, бастарын шайқап-шайқап қояды.
Губернатор бір қолын шалбарының қалтасынан әрең шығарып, масақтың біреуін салмақтап көріп, Оязға:
— Ну, что ж, босқа кетпес үшін бұл жерге тауықтарды әкеліп бағу керек, — деді.
Ояз күлейін деп күле алмады. Шағын шаруа бастығы бет-аузы түтігіп, көзі шатынап:
— Бүкіл облыстан жинамаса, бір ауылдың тауығы тауыса алмайды, — деді.
Губернатор оған сыздана қарап:
— Қандай көмек керек? — деді.
— Бензин керек, солярка керек, кредит керек.
— Eгic сезоны өтіп кетті ғой, ол неге керек?
— Күздік салу үшін керек, пар мен сүдігер үшін...
— Что такое күздік?
Ояз Губернатордың жеңінен тартып қалып, құлағына бірдеңе деп сыбырлады.
Губернатор:
— А, вот оно что, — деді. — Ал, сүдігер деген не бәле?
— Зябь...
Губернатор өзек жаққа қарай беттей барып, Изеннің арасына кіріп кетті. Қос қолын да қалтасынан шығарып, әлгі бір асылы орнында ма, жоқ па дегендей, шалбарының құлпын ашып жіберіп, сәл тұрды да, әлгісін сілкіп-сілкіп, қайтадан шалбарына салып қойды. Сонысы түсіп қалмасын деп қолын тағы да қалтасына сұғып алды. Бұрыла беріп, төмпешіктеу боп жатқан мұзды әдемі туфлиінің тұмсығымен түртіп жіберіп еді, астынан қимылсыз жатқан Бұлдырық көрінді.
— Ей, мынау не? Рябчик что ли? — деп нөкерлеріне айқайлады.
Бәрі де елпеңдеп жетіп келді. Нөкерлердің бірі Бұлдырықты келте қанатынан ұстап көтеріп алып еді, астынан жыбыр-жыбыр етіп, шала-жансар балапандар қимылдады.
Губернатор:
— Жаль, жаль, — деді, мына рябчик или куропатка тірі болғанда атып алар едік. Жанындағы Оязға қарап: — а, может тірілері бар шығар, а?
Нөкерлеріне:
— Давай, багажниктегі мылтықты әкел! — деді.
Шағын шаруа бастығы:
— Бүткіл Төскейде тірі Бұлдырық қалған жоқ. Көрмейсіз бе бәрі балапан басып жатқанда қырылып қалды ғой, — деді қабағын қарс жауып.
— Ну, что ж, — деді Губернатор. — Онда бутылкаларды атамыз. Нөкерлеріне қарап, — Ташите, — деп иек қақты.
Губернатордың тілін иек қағысынан түсінетін аңшы тазыдай сумаңдаған нөкерлер арақ аузынан кейде тамшылап, кейде лақылдап ағатын тырна мойын бөтелкелерді лезде жеткізді.
— За упокой души, как ее, Бульдурук, что ли, — деді Губернатор.
Шағын шаруа бастығы теріс қарап кетіп еді, Губернатор:
— Сен не, сенен басқа не переживают, что ли, ал! — деп ақырды. Анау да қырсық екен, ішпей қойды. Жаңа ғана зират жақтан Ақ Будың айқайлап айтқаны әлі құлағынан кетпеген байғұс: «Құдайдың шын қаһарына енді ілінетін болдық-ау», — деп ішіне найзағай оты түсіп кетіп еді.
Нөкерлер босаған бөтелкелерді өзек жиегінде теңкиіп-теңкиіп жатқан тастардың үстіне апарып қаз-қатар тізіп қойды.
— Бытыралы мылтықпен атуға запрещаю, — деді Губернатор. — Жалғыз оқпен алыстан атамыз. Во всем нужна честность и справедливость.
Алыстан атқандардың оғы бөтелкеге тимей кетіп жатты. Не тасқа тиеді, не үстінен асып кетеді. Тастардан от шығады. Шырт ете қалады. Тастың да шыбын жаны бар ма кім біледі.
Ақыры Губернатор бір бөтелкенің быт-шытын шығарды. Оныкі дүрбілі ауыр винчестер еді. Тау басындағы арқарды атуға арналған мылтық.
Губернатордың құрметіне Шағын шаруа бастығынан басқаның бәрі ұлардай шуылдап тост көтерді.
Губернатор айтты:
— Так, не интересно, — деді. — Одан да ана жатқан балапандарды тасқа апарып тізіп қойыңдар. Бәрібір мал болмайды. Что нибудь живое надо.
Губернатор айтты — орындалды.
Губернатордың дүрбілі мылтығынан бірінші оқ атылғанда аспанда найзағай жарқ ете қалды. Бұлар шуылдасып жүріп байқамаған екен. Аспан қатты түксиіп, түнеріп кеткен екен. Кенет тасырлата бұршақ жауып кеп берсін. О, ғажап! Үлкендігі жұмыртқадай бұршақтың түсі қып-қызыл екен. Жерге түскендері әлгіде ғана қызған Күннің жылуынан тез еріп, қанжылым қызғылтым су жылжып аға бастады.
Шошып кеткен Губернатор командасы «Джиптеріне» тез-тез мініп, қара жолға қарай қаша жөнелді.
Жыртық-жыртық әйнегін қып-қызыл қан жуған машинаның иесі әлгілердің артынан қарап, сілейді де қалды.
Бәлкім, зұлмат кезең куәсіндей, тасыраң ғасыр ескерткіші ретінде тасқа айналып кететін шығар... Мың жылдан кейін археологтар: «Бұл қай дәуірден қалған?» — деп милары ашитын шығар...
Археологтар кейде мың жыл ары, мың жыл бері шатаса береді. Сонда диплом сатып алған бір академик: «Бұл балбал тас Иисус Христос туылғанға дейін қойылған», — деп соғуы да мүмкін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі