Өлең, жыр, ақындар

Ұлт мақтанышы - Әлихан Бөкейханов

2021 жылдың 16 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің  студенттерімен (ұйымдастырушылар Г.Қозғамбаева, исламтану мамандығының 1-ші курс студенттері) онлайн форматында ұлт мақтанышы Әлихан Бөкейханов туғанына 155 жыл толуына орай арнайы тәрбие сағаты өткізілді.

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Бөкейханов  XX ғасырдың  I-жартысында қазақ даласында кеңінен қанатын жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы , әрі жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы болған.

Іс-шара барысында студенттер Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен еңбек жолын, елге тәуелсіздік жолында сіңірген еңбегі мен қызметіне жекелей тоқталып өтті.  Сонымен қоса, ұлы тұлғаға арнап арнау өлеңдерді де шырқай кетті. Көп қырлы талант иесі Әлихан Бөкейхановтың жазба мұралары аз емес, алайда солардың ішінде, біздің назарымызды ерекше аударған бір шоғыры қанатты сөздері деп айтуға болады. Бар өмірі халық қамын ойлаумен қайраткердің қанатты сөздеріндегі тәуелсіздік тағылымы біздің назарымызды ерекше аудартты. Өткен ғасырдың бас кезінде халқымыздың сан алуан проблемалары болған шығар, алайда ең бастысы бостандық жолындағы күрес еді. Ұлттың қамын ойлап, басын бәйгеге тігіп күрескен азаматтың әр кездері, әр жылдары айтқан қанатты қағидаттарының да бүгінгі жас ұрпақ үшін, тәуелсіз қазақ елі үшін берер ғибраты мол деп ойлаймыз. Білім кеніші мол, көрген-білгені, оқыған-тоқығаны көп Әлихан атамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған қанатты сөздерінің тақырыбы әр алуан. Бүгінгі мақсатымыз қайраткер тұлғаның ел, жер, тіл тағдыры жайындағы толғаныстары, азаттық, бостандық, теңдік, тәуелсіздік жайындағы тебіреністері төңірегінде ғана ой сабақтағанды жөн деп таптық.

Қорытындалай келе, ұлы баба аманатына ғасырлар бойы жүргізген күрестің нәтижесінде қазақ халқы 1990 жылдары ғана қол жеткізді, таза жолмен тура жолға бастайтын Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевпен бірге азаттық айдынына шықты. Көш түзелді, ел егемендігі баянды болып келеді, ғұмыр бойы күресті күндерді басынан өткізген Бөкейхановтың туғанына биылғы жылы 155 жыл толып отыр. Рух майданының шын мәніндегі күрескері болып өмірден өткен аяулы жанның туған халқының қамын ойлап айтқан қадау-қадау қағидаттары жайында ғана ой бөлістік. Танымы мол, тағылымы терең ойлардың берер ғибраты кеше мен бүгіннің, ертеңгі болашақтың жемісі болып тәуелсіз ұрпақтың санасында мәңгі жаңғырары хақ.

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз