Өлең, жыр, ақындар

Философиядағы болмыс мәселесі

Болмыс ұғымы – философияның ең ежелгі әрі маңызды категориялардың бірі. Ол жалпылай алғанда «бар болу», «өмір сүру» мәселесін қамтиды. Бұл түсінік адамның  қоршаған ортаны біртұтас әлем есебінде танып білуге ұмтылуынан туындаған.

Болмыс ұғымының және болмыс туралы ілімнің айналасында философияда ежелден бері және қазір де қызу пікірталас болып келеді, өйткені болмыс мәселесі дүниеге көзқарастық және методогиялық басты мәселелердің бірі болып табылады.

Қазіргі кезде болмыс атаулының екі түрі бар. Тар мағында болмыс – адамның санасынан тәуелсіз , тысқары өмір сүретін объективті, материалдық дүниені білдіреді. Ал кең мағынада алған болмыс түсінігі бардың бәрін, өмір сүретіннің барлығын – материалдық дүниемен қоса рухани дүниені де, яғни адамдардың санасын, ақыл-ойын, жан сезімін қамтиды. Философтар болмыстың өткені мен ертеңі жайында ортақ пікірге келмеді. Бір тобы бұл шексіз дүние өткінші емес, әрқашан болған және бола береді десе, енді біреулер дүние бола береді, бірақ кеңістікте де, уақытта да бастамасы мен ақыры бар деп көрсетуге тырысты. Сөйтіп болмысқа қатысты мәселелердің біртұтас желісі қалыптасты.

Философия  тарихында болыс ұғымын тұңғыш енгізген, оны мәселе ретінде қарастырған көне грек ойшылы Парменид еді. Оның пікірінше, болмыс дегеніміз – бар болу, өмір сүру, одан басқа ештеңе жоқ, ал жоқ болу – болмыссыздық. Парменид әлемнің болмыс есебінде тұтастығына, мәңгілігіне, ең бастысы бар болуына, өмір сүретіндігіне көңіл бөледі.

Антикалық дәуірдің өкілі Платонның ойынша, болмыс дегеніміз – мәңгілік өмір сүретін, өзгермейтін сана тектес рухани идеялар дүниесі. Идеялар – заттар мен құбылыстардың түпнегізі, оларды анықтап өмірге келтіруші. Заттар дүниесі пайда болады, өткінші, тозады, өледі, яғни шынайы болмыс емес, бар болғаны идеялар дүниесінң күңгірт бейнесі ғана.

Діни дүниетаным үстемдік еткен орта ғасырлық философияныың өзегі – Құдай болмысы. Құдай мәңгі, уақыттан да кеңістіктен де тысқары тұр. Ол бүкіл әлемді , адамды жаратушы. Қайта өрлеу дәуірінде, әсіресе, Жаңа заман дәуірі де ғылым мен техниканың өрістеп дамуына байланысты философияда адамға, ғылым мен ақыл-ойдың жетістіктерін адам игілігіне пайдалануға бетбұрыс болғаны белгілі. Осыған орай болмыс ұғымын табиғатпен ұштастыруға, адамның жаратушылық қабілетімен, ақыл-ой пәрменділігімен байланыстыруға ұмтылыс пайда болды ( Ф.Бэкон, Р.Декарт) Неміс классикалық философияның аса ірі өкілі Г.Гегель шынайы болмыс – «абсолютті идея» деп тұжырымдады. Ол Платон арнасын жалғастыра отырып, болмыс мәселесіне объективті идеализм тұрғысынан келгенімен, ең бастысы, болмыс ұғымына диалектикалық сипат беріп, даму процесінде қарастырды.

Болмыстың түрлері туралы мәселе философия үшін де өте маңызды. Себебі философияның негігі мәселесін – ақыл-ойдың болмысқа қатынасы туралы мәселені – түбегейлі шешу үшін болмыстың негізгі түрлерін бөлу керек. Негізгі түрлері:

1. Табиғат болмысы немесе заттар және процестер болмысы

2. Адам болмысы

3. Рухани болмыс

4. Әлеуметтік болмыс

Болмыстың жоғарыда қаратырылған негізгі өмір сүру көрініс табу түрлерінің әрқайсысының өзіне тән заңдылықтары бар – олар физика, биология, антропология, социология, т.б. сияқты сан алуан ғылымдардың зерттеу объектісі болып табылады. Сондай-ақ, олар белсенді түрде өзара қарым-қатынасқа түсіп, тұтас байланыс құрайды, бір-біріне өтіп отырады. Ең бастысы, дүние болмысы тұтас, тұрақты, үйлесімді, сөйте тұра, үнемі қозғалыста, өзгермелі, құбылмалы. Оның ашылмаған құпиясы, ақтарылмаған сыры әлі де көп. Адам оны игеру жолында, игілікке пайдалану ниетінде іздене бермек.

Данат Жанатаев  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, доцент

Ақерке Адеханова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,  Филология және әлем тілдері факультетінің  1-курс магистранты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз