Өлең, жыр, ақындар

Қазақ философиясының экзистенциалдық сипаты

Қазақ философиясының ерекшелігі адамдық қатынастардың рухани-құндылық аспектілерінің экономикалық шындықпен байланысымен де анықталуы керек, ал соңғы мəселе əдет-ғұрып, саяси сана, мінез-құлық жəне құндылықтар формасымен анықталады. Біздің ойымызша, тарихи фактілерді көрсету ғана емес, отандық, патриоттық идеялар негізінде халықтың əр кезеңдеріндегі мəдениетін, даналығын, руханилығын тарихи жəне мағыналы түрде анықтап, олардың аксиологиялық, методологиялық, герменевтикалық сипатын көрсету қажет.

Адамзат тарихының соңғы екі мың жыл аясында адам өмірінің мәні мен мазмұны мәселесіне философияда, әдебиетте ерекше зейін қойыла бастады. Ол адамның табиғатының түпнегізін іздеу мақсатында жүзеге асты. Адамның ішкі рухани әлемінің күнделікті өмір құлшынысы нәтижесінде қандай халге түсетіндігі немесе сол жағдайдағы адамның күйі қандай болатындығы туралы сұрақтар төңірегінде хәкімдерге көп ойлануға тура келді. Осы ізденістер өмірдің мәнсізденуі сынды, адамдардың танымға немқұрайдылығы сынды сұрқия шындық бейнелерін ашты.

ХХ ғасырдың бетке ұстар азамат ойшылдарының қатарындағы Шәкәрімді де адам мәселесі аса қатты мазалаған болатын. Шәкәрім - Абайдың ізбасар інісі, Абайдан соң ХХ ғасыр басында қазақ даласында өмір сүрген ең көрнекті тұлғалардың бірі. Шәкәрім өмір сүрген замана шындығы мемлекеттік дағдарыстар кезеңіне тура келген болатын. Сол уақыттың мың құбылған саяси тұрақсыздығы мен жылдам өзгеріп отырған мемлекеттік билік жүйесі оның адамзаттың бірыңғай өрлеп кемелденуіне деген сеніміне секем түсірді.

Қысқа ғана мерізім ішінде қалыптасқан саяси тұрақсыздық жағдайлары кез келген адамның қай жаққа шығу, кімді қолдау керектігі туралы бағдарын қиындатады. Құбылжып тұрған көңіл, тұрлаусыз құндылықтар, әр саяси жүйе өзінің бағыт-бағдарын ұсынып, әр жүйе өз амалын жақтап отырған бір кез. Осындай кезде адамның тағдыры иесіз қалған театр қуыршағына ұқсайды. Спектакль жүріп жатыр, персонаждың роль кезегі келді, кімнің қолы бос сол қуыршақты ала кетіп, өз ырғағымен қимылдата-сөйлете жөнеледі. Қуыршақ екі жүзді кейіпкерге ұқсайды, бірде қатаң дауысты қатыгез, бірде езілген жігерсіз дауысты бос адам. Осындай аласапыран кезіндегі адамдарды, асыл сөзге бай қазақ: «Бірде - бие, бірде - түйе» деген емес пе?!

Экзистенциалды философия ХХ ғасырдың басында ерекше бедерленіп байқалған философиялық ілімдердің бірі. Ол кездейсоқтық па әлде заңдылық па, адамның күйзелісті жағдайында пайда болатын ізденіс сарыны ма немесе адамның бойында орналасқан құдіретті ақиқатының сыртқа шығу құбылысы ма?! Қалай десек те, әйтеуір, бұл дүние шынайы болмыстағы құндылықтардың құлдырауына қарсылық білдіру түрінде жүректен шығатын ізденіс жолына ұқсайды. Ежи Коссак былай дейді: «Экзистенциализм қазіргі заман санасының ағымы ретінде философиялық көзқарастар жиынтығы деп айту да қиын, ол әдеби және философиялық мотивтер жиынтығы, сондықтан да экзистенциализмнің мәніне әртүрлі бағытта талқылау жасауға мүмкіншіліктер береді». Ондай болған жағдайда экзистенциализмнің нақты белгілі бір қатып қалған қағидалы жолы жоқ және болуы да мүмкін емес, өйткені біз шығармашылығын экзистенциализммен байланыстыратын тұлғалар өз еңбектерін бір мектеп, бір бағыт өкіліміз деп әдейілеп жазбағандығы белгілі. Ендеше, біз экзистенциализм сарыны туралы ғана сөз ете аламыз деп ойлаймыз. Сондықтан да біз экзистенциализмді бір өзі жекешелеп иеленетін түбегейлі ұлт та, нәсіл де жоқ деп айта аламыз. Қағидаларды жүйелеу мақсатында жүзеге асырушы дәйектерді пайдалана отырып, кез келген ой толғауды философиялық салалар негізінде: таным теориясы, әдеп, құндылықтар, эстетика тұрғысынан жаңа кейіпте қайта өндіруге болады.

Діллабек Нұршат Алмасбекқызы;


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз