Өлең, жыр, ақындар

Қан тарту

Бар пәле ойда жоқта шекесі шағып ауырып, тынысы тарылып, аллергия деген дерт жабысқаннан басталды. Әуелгіде: «Ой, осыны қойшы!» деп, қазақы мінезге салып, елеп — ескермей, бірер апта пысқырып, — түшкіріп аяғыммен көтеріп кетем ғой деп ойлаған. Тегі болмай бара жатса — зайыбымның бапты қолынан сорпаланып терлесем сауығып кетермін деді. Күн өткен сайын қызметке құлқы болмай, ұнжырғасы түсіп мазасы кетті. Құдайы көршісі, мықынын ұршықша үйірген, қолы жеңіл епсекті дәрігер келіншек жолыға салып бүй деді.

— Дінислам аға, ауруханаға жатып тексеріліп алсаңызшы! Асқынып кетсе — жүрекке шабады.

— Бірер күн дәрі ішсем, сорпалансам — дың қойып сауығармын, сірә. Шаруаның күйіп тұрған уағы, шырағым.

— Ағатай, жұмыс ешқашан таусылмайды, өмір таусылады.

Болмас— болмас ендеше деп, құжынаған қала шетіндегі мәртебелі лауазым иелері еншілеген ауруханаға келіп жатты. Таң алакеуімнен қас қарайғанша екі аяғына дамыл болмай дедек қағып жүгіруші еді. Мұнда тым-тырыс. Салулы төсек, салқын үй. Ағаш керуеттің ернеуіне екі аяғын созып жіберіп, саусағын тарақтап басына жастап шалқасынан жатып, ой ішінен ой тереді. Тақырдан дән іздеген тауық секілді, әр кептің басын бір шалып шалғайда... жастықтың жап-жасыл аулында... еміс-еміс есте қалған балалық шағын елестетті. Осы қазір бала болып құйындай ұйтқып жүгіргісі келді. Ой, пәлі-ай! Әжімді Қаратаудың қыр жотасында, теріскейі мен күнгейін қылдай қақ бөліп ағатын Ақүйік бойында көк пүліші күлтеленген Доскей бауы — марқұм әкесінің тамшылаған тері мен кетпенінің ізі. Бұл күнде малшы, аңшы, кезбе шетінен қырқып, тамырынан жұлып, тонап жатқанда о дүниедегі жарықтықтың сүйегі сырқырамас деймісің! Торғайша тозып, қурайша қурап құруға бет алса сөйтеді.

Адамның табиғаттан кіндігі үзілмеген. Үзілген күні — заманақыр болды дей беріңіз.

Баудағы жас талға балта тисе — кісінің қан тамырына қандауыр түскені. «Қаныңыз сұйылған, қосымша қан құю қажет» деген сөз әуел баста кімнің аузынан шықты... қай дәрігер көзіне білгіш болып көрінгісі келді... ойлап-ойлап таба алмады. Ілгері басқан аяғы кері кетіп, қаңсыған арбадай қарадай қиқалақтап түкке алғысыз аурудың қармағынан шыға алмай жатқаны ерсі. Ауға түскен балықша бұлқынып титықтады.

Дінислам серейген сирағын жиып, селтиіп түрегеліп, қабырғадағы айнаға көз салды. Оқыс даусы шығып кетті:

— Мынау кім-ей!

Көз аласы көбейген, жағына пышақ жанығандай, қылқи мойын, қырықтың қырқасына шыққан жігіт суық жымиып қарайды. Бір ай бұрынғы бүйрек бет, көзінің шоғы маздаған, қалалық мәслихаттың депутаты, кірпіш зауытының директоры, кірпі шаш Дінисламның орнында — шөлде қалып, сабағы сарғыш тартқан қара ағашқа солбырайтып пижам, шалбар кигізген қарғаүркітер — Дінислам қарайды. Қабағында тұнжыр мұң. Қалың мұңның шеті-шегі көрінбейді. Жүзіне қашан сәуле жүгірері неғайбыл.

«Иә, сол қан құю деген пәлені шығарған кім еді?» — деп, Дінислам миының түкпір қуысын қап секілді қаққыштап есіне еш түсіре алмады. Әуелгіде... ауруханаға түскенде... үш-төрт күн дәрумен салғызып, қан қысымын өлшетіп... әрі кеткенде апта жатып дың қойып шығып кетем деп ойлаған. «Ағатайлап» іші-бауырына кірген, көңілін сұрай келген көрші дәрігер келіншек: «Аллергия — сезімтал кісілердің ауруы, ұрғашыға көп бұрыламын деп ағзаңызды әлсіретіп алғасыз ғой... екі-үш күнде шығып қаласыз» — деп сылқ-сылқ күлгені. Палатаға сумаң етіп енгені қандай жылдам болса, бөксесін билетіп шығып кеткені соншама тез. Кеп сұрасып үлгермеді. Француз әтірінің иісі көпке дейін танауын кесіп кілкіп қалды.

Бәле қайда — бассаң аяқ астында.

Аз күн ем-дом алып шыққалы ауруханаға түскені сол, бірі инесін, бірі эндескопын алып андағайлап ақ желеңді әулеті бассалды. «Қан қысымы жоғарылап кетіпті, қалыпқа түсірмесек миына қан құйылуы мүмкін»,— деп көзілдірікті кезекші дәрегер төнді; я еркек, я ұрғашы екені белгісіз жуан дауысты профессор: «Құйсақ — құялық, гормондық түзілімі төмендеп кеткен», — деп сіресті; аурухананың Бас дәрігері аяғының асты төңкеріліп бара жатқандай теңселіп жүретін сирақты жігіт: «Ағамыз қалалық мәслихаттың депутаты, дұрыстап қарайық мырзалар... түзейміз... жөндейміз... күріштей етеміз!..» — деп уәдені үйіп-төкті-ай. Жеке палата бергізді. Епсекті қолы жеңіл медбикені бөлді. «Бұл қарындас көзін жұмып саусақтың тамырына ине салғанда сезбей қаласыз», — деп қарқылдап кеп күлгенде әйнек шынысы сыңғырлады. Медбике парт боп қызарды.

Келесі күні қала үстінде қалың жабағы бұлт түйдектеліп жатып алды. Я жаумады, я аумады. Әйнек сыртындағы сылыңғыр ақ қайыңның жапырағы қыбырсыз. Кенет жер төңкеріліп бара жатқандай сезілді, артынша есік сарт ашылып Бас дәрігер көрінді. Үні жер астынан шыққандай

— Халық қалаулысы жерде жатқан жоқ! — деп гүр ете түсті. — Депутаттық оңай болса — осы жүрген бәріміз жанталасып, қалалық мәслихатқа депутат боп алар едік... салалық комитетте сөз сөйлеп азуды айға білер едік... арғы-бергіні қозғап сөз сөйлер едік!.. Қай — да— а — а! Кісінің кісісі шығады мұндай биікке. Өзгеміз әр ауруға жәрәкім — алла деп жүгіруден шаршамасақ болғаны. Қанекей ағасы, ағзаңызға қан құямыз ба? Қалай шештік өзі. Құдай қаласа аз күн емдеп, алдағы сайлауға суытқан аттай дүрсілдетіп шығасыз әлі-ақ, Дінислам Сарыұлы!

Ақкөңіл басы мақұл деп көне кетіпті!

Ертесіне донорлық кеңседен аттай қалап мұздатқышқа салып сақтаған қан жеткізілді. Пациенттің қан құрамын тексерді. Әппақ киім кигізіп, әппақ үлде мен бүлдеге орап, қоларбаға отырғызып, операциялық емшара бөлмесіне әкелді. Анестезиолог келіншек қан құятын аппаратты дөңгелетіп енгізді. Саусаққа сылт еткізбей укол салатын епсекті медбике көбелекше қанат қағып өпектеді. Лебі жүзін өпті. Аппаратты сырт еткізіп іске қосты. Қан қиналыссыз лезде өтті. Дінислам жұмулы жанарын ашқанда — сүйкімді бойжеткен бетінің сүт шұқыры ойылып:

— Бітті, — деді.

Дінислам я ары емес, я бері емес бітті сөзінің астарын түсіне алмай үнсіз жатты.

Қан құйған күннің ертесіне ... кешқұрым ... ақ желеңділер әулеті үйді-үйіне кетіп, бөлмесінде оңаша қалғанда қызуы күрт көтерілгені.

Қолы жеңіл кезекші дәрегер келіп қызу басатын дәрі салғызды, біразырақ бақылауға алды. Тым жырақтан күн күркірегені. Беймезгіл қоңыр күзде аспан аласарып, найзағай ойнағаны несі деп қайран қалғаны осы. Кезекші дәрігер төсегінің жанында тізе бүгіп, басы салбырап, оң білегінен ұстап, ұзақ мүлгіп тамыр соғысын санады. Жанары жартылай жұмылған, қарашығы тереңге шөккен — отырысы бөтен. Жас та болса жасамыс көрінетін, шашы жартылай түсіп үлгерген мына жігітті Бас дәрігер: «Қытай медицинасын жетік игерген!. Пекинде жеті жыл тәжірибеден өткен!..» деп таныстырған еді. Жетік игерсе — игерген шығар, көп емшіге сорпасы қосылмайды: өзгелер науқастың қан қысымын өлшей салып, жүре тыңдап ... күле сырғақтап ... тұтымыңа әзер түссе; мына жігіт жемтік шермиткен күшігенге ұқсап, ұсқыны үкікөзденіп үнсіз шөкелеп отырысы бөтен. Қасқа басын үнсіз шайқады.

— Ағзада үлкен өзгеріс жүріп жатқан секілді.

Дінислам тіксініп қалды.

— Қан құйғалы өзгеріп барам. Ішімде бөтен адам отырғандай. Күлейін десем ... күлкім өзімдікі емес, ойым, қиялым өзге біреудікі секілді. Еш ұқсата алмаймын, баяғыға ұқсамаймын.

Бұл көкең әрі қарай іштегі дүмпу дүлейін, тосын кепті игере алмай алай-түлей түлен түрткендей тұтығып қалды. Жүрегі көтерілді. Жалма-жан жатқан жерінен апыр-топыр аяғын жиып, ытқып тұрып жуынатын бөлмеге екі мәрте жүгірді. Іш сарайы бос болған соң — құса алмады. Қатты ышқынып лоқси-лоқси жан тері шықты. Кезекші дәрігер өкше ізімен айналып шығып кетті. Бірауқымда келіп төсегіне сұлқ құлады.

Мұнысы несі деп ойлады.

Марқұм әкесі айтып отырушы еді: қаны бұзық кісі болады, қаны сұйық кісі болады деп. Әуелгіде сыртқы жұрт біле бермейді. Сәби кезінде ата-анасы сезбеуі мүмкін. Не шықса — дағы кісі кәмелетке толып, өмірден өз жолын іздей бастағанда шығады. Қасиет қанмен келеді. Бағзыдан созылған кеп түршіктіреді.

Кешелі-бүгін шуласып жүрген ақ желеңділер әулеті группасы бір болғанымен қаны қосылмайтын, мінезі жат, қылығы теріс кісінің қанын құйып жібереді ме, кім біледі. Табиғаты тартпайтын кісінің қаны болса қайтеді. Екі мінез — екі полюске тартып, шарпысып шаршатуға бет алса неғылады.

Осы сауалдар қарақұрым қаптап, алдынан өріп шыққанда — төбе құйқасы шымырлады. Неғыларын білмей састы. Көз шарасына мөлдіреп жас толды. Ақ төсекте шалқалап жатқан күйі басындағы жастығын жұлып алып кеудесіне басты. Тынысы тарылғандай сезіліп, тұла денесіне электр заряды өткендей — санынан бақайшағына дейін сырқырады. Әлгіде төбесінде төңкерілген көк аспан... ана қаптай төніп келе жатқан қарақошқыл күзгі бұлт... магнит өрісіне тартылған темірдей маңайына үйіріліп ұшып-қонған күлімкөз көркем медбике... депутаттық мәртебе... күніге болмаса-дағы екі-үш күнде хал-ахуалын сұрап «ләббай тақсыр!» деп тұратын жасы кіші інілер... батасын беріп, тілеуін тілеген жасы үлкен ағалар... ағайынды қойшы!.. мұқым дөңгеленген дүние, жарық жалған алақанына сыйып кетердей бір уыс болып кішірейгеніне таң. Миына шілденің құйыны еніп кеткендей. Опасыз жалған деген осы! Кеше қандай еді, бүгін қандай?

Бұрын «тынысы тарылып» деуші еді, тап қазір «кеудесі тарылып» қырық құлаштық шыңырау құдыққа құлап бара жатқандай жандалбаса жан-жанғына жалтақтап қармалаған кісіге ұқсады.

Ішінде үкіше үрпиіп бөтен адам отырғандай. Бұрын қолы қалт етіп босай қалса жастығының астынан алып классиктердің кітабын оқитын... я болмаса күнделік толтыратын... іш сарайы, ақыл-ойы уәйім-қайғыдан ада болса — отыра қалып тірі сөз теріп төгілдіріп көркем дүниені елестетіп дос-жаранға хат жазатын... Мұхиттың арғы бетінде Колумбия университетінде оқып жүрген тұңғыш немересіне телефон шалатын... Алматыда кәсіби көрмесін өткізіп жүрген суретші қызының соңынан «қалайсың, қарағым» деп жанашыр, тілекші көңілмен сұрау салар еді. Енді баяғы әдетінің бірі жоқ. Бәрі ұмытылған.

Тұра салып киініп, ақ желеңділер үйді-үйіне тарады-ау деген мезгілде жыштай киініп көңілдес көркем бойжеткенге тайып кеткісі келеді. Кезекші дәрігерге: «Отбасыма соғып келе қоямын», — деп сылтауратады; үйдегі зайыбының қалта телефонына дәрігерлердің ем-домы көбейіп кетті, бас көтертпейді-ай деген байбаламды бастайды. Зыр етіп көркем бойжеткеннің үйіне бас сұғады. Бұрындары біразырақ, сыр бөлісіп, құшып-сүйіп дегендей көңіл-қошын қандырушы еді. Бұл жолым үйірінен үріккен сәуріктей селтиіп отырды-отырды-дағы: «Бұрынғы Дінислам емеспін, іңкәрлік отым өшіп суыды. Ұшырасқан сайын: «Бір перзент тауып алсам» дейсің!.. құлағым қажалып бітті... Жетті!.. Қалалық мәслихаттың депутатымын, биіктегі кісімін, соңымнан сөз ілестіргім келмейді», — деп төбеден түскендей жат, суық, ішмерез мінездің шетін шығарды. Құшағына еніп келе жатқан бойжеткеннің көңілі суып қоя берді.

— Неге! — деді демінен от жалын шарпып, — жылына бір соғасың, жолыңды күтіп, төрт қабырғаға қамалып ішқұста болдым. Арамызда перзент болса өзім-ақ бағып-қағамын. Салмақ салмаспын!

— Соңыма сөз ілестіргім келмейді. Нақа перзент сүймесем дүние төңкеріледі десең тыныш жатпайтын өзге өкірешті тауып ал!

— Өзгенің құшағына қалай қимақсың?

— Ешкімнен қызғанбаймын... ештеме қызықтырмайды... ешкімнен қорықпаймын!.. Маған бәрібір. Үй-жайың қазір өртеніп кетсе де қынқ етпеймін. Баяғы елп еткіш Дінислам жоқ дүниеде, — деп қабағын қарс жауып отырып алды. Біраздасын барып осы үйге неге келдім деген адамша: «Жолымды күтпе, о ғып, бұ ғып еркеккіндік біреуді тауып ал!» — деді де есікті сырт ұрып шығып жөнеледі. Бой-басын күтіп, тотыша сыланып отырған көркем бойжеткен бетін басып сықсыңдап жылап қалды. О, тоба деген! Табиғатымда жоқ қылыққа басып, қайта айналып келіп, әлгі көркем қызды жүндей түтіп сабасам ба деп бір оқталды. Көзі ойнақшыған ұры тазыдай ұзына дәлізден сап беріп шығып жөнелді. Көркем бойжеткеннің үйінен жеңіл жүйрікпен зыр етіп қайта айналып келе жатып: «Осы мені жын иектеді ме? Әлгі бейбаққа неге әуре болып бардым?.. неге көңіліне тиетін сөз айтып шығып жүре бердім!..» деп қарадай қайран тегі. Ішкі әлемінде алай-түлей алып бара жатқан әлдебір құйын жантаптырар болмады.

Шығасыға — иесі басшы дегендей, жан сарайында өгей, өрескел қылыққа бастап бөтен бір адам отырғандай.

Себептен салдар туғызып бір періп терезіні қиратқысы кеп тұрады. Бетінде сүт шұқыры ойылған сүйкімді медбикені кіре бергенде шап беріп оңашалап, қаусыра қысып, бал ернінен уыз сорсам неғылады деп оқталады. Жоқ жерден жанжал шығарғысы келеді. Аяқ астынан тулап кезекші дәрігерді: «Ұстазың — қытайыңды ұрдым!» деп, жеті атадан сыбап жер-жебіріне жетіп кейігісі бар. Жүрегі атша тулап алқымына тығылады. Бір орнында байыз тауып еш отыра алмайды.

Ішіне, жан сарайына, тұла бойына бір бұзық от еніп алып, асыр салып, шығатын жол таппай күйдіріп... жандырып... тағатын тауысып... құрыдымға тартып бара жатқандай ма.

Ертесіне Бас дәрігердің өзі мұның палатасына бас сұғып орындық тізе бүгіп аз-кем тілге келді.

— Түнгі ұйқыңыз қалай, Дәке?

— Қайбір жетіскен ұйқы дейсің. Санама бір ой түссе болды — шырмауынан шыға алмай қалам. Әлгі ой қырық құлаштық құдық секілді, ішінен саумалап су тартқан сайын лықылдап көзі ашыла түседі. Еш түгесілмейді. Қай-қайдағыны түкпірлеп қазымырланып кетемін. Көп кісі осы жүрісімді, осы атақ-абыройымды көре алмайды. Ізімді аңдып: «Мына Дінислам қашан оңбай сүрініп омақасар екен», — деп жүреді. Әбден сілелеп, шаршап, жүз дөңбекшіп таңға жуық қана көзім ілінеді. Ертеңгісін келіге салып түйген күріш секілденіп қауызым ұшып, түтеленіп, сүлесоқ болып түрегелем. Ұмытшақ болып барам.

— Қашаннан бері құс ұйқылы болып жүрсіз?

— Түнеукүні... осы ауруханаға түсіп, несін айтасыз қосымша қан құйсақ тәбетіңіз ашылып, ағзаңыздың қорғаныш күші артады, суытқан аттай дың қойып шыға келесіз деген соң жазған басым мақұл деппін. Сірә сол қан алмастырудан басталды бар пәле!

Қалалық мәслихаттың депутаты, іргедегі кірпіш зауытының директоры, түкірігі жерге түспей тұрған мәртебелі кәсіпкердің мына сөзін естіген Бас дәрігер қанын ішіне тартып сұп-сұр болып бозарып кетті.

— Неге олай дейсіз?!

— Тұмылдырық киген бұзау емеспін. Сау басқа сақина тілеп алдым ба деген қаупімді айтамын.

— Бар пәле қан құюдан басталды демексіз бе сонда! Жапалақты таспен ұрса да жапалақ өледі, тасты жапалақпен ұрса да жапалақ өледі дегеннің кері. Қалай жұмылсақ та жазықты біз болып шығамыз. Емдейік, анализ алайық, қолдан келген көмегімізді аямайық дейміз. Мұндағының бәрі ғылым қорғаған кандидат, доцент, профессор, баяғы земский емші емес. Депутат кісілердің қай жағынан шығарыңды білмейсің! Жалына қол апартпас асау ат секілді, оң жағынан келсең — тебеді, сол жағынан жуықтасаң — тістейді. Неғыларыңды білмейсің. Ем жүргізген жазықты біз байғұс болып шығамыз!

Бас дәрігер отырған жері дүмпігендей, аяқ астынан ашуға мініп, ытырыла түрегеліп қолын сермелеп: Өл-ә-ә деген! Есе бермей сөйлеп кетті. Жолындағы әлдене ыдысты салдыр еткізіп теуіп, қарсы ұшырасқан медбикеге алакөздене қарап есікті сарт жауып шығып кетті.

Осындай да оқиға болады екен-ау деп аңырған қалпы сұлық қалды. Кезекші дәрігер келіп ыңырси сөйлеп бұл көкеңе тиесілі емнің біразы жасалып біткенін... аллергия аяқпен жүріп- ақ жазылып кететінін... сыртта, қабылдау бөлімшесінде бұл көкеңнен ауруы он, тіпті жиырма есе қауіптірек пациенттің төсек босамай кезекте тұрғанын... төгілдіріп айтып — бұл көкеңді түс ауа ауруханадан шығаратынын мәлімдеді.

Ештеме етпейді деген сөзді сан қайталап, үйде диета сақтаңыз; той, ішкілік ішетін жерге қия баспаңыз деген тапсырманы он мәрте шегелеп, таусыла сөйлеп шығарып салды.

Аспан қарс айырылып күн күркіреді. Нөсердің қаттылығы сонша — саусақ тірегендей сүмектеді. Көше ернеуінен қызыл су жүгірді. Ауруханадан шығарып алуға келген жеңіл жүйрік тасқын суға килігіп қала шетіндегі үйіне қиқалақтап әзер жетті. Зайыбы құрақ ұшып жылы қабақпен қарсы алды. «Жүзіңіз неге сынық» деп сауал қойғысы келіп оқталды-дағы, сыпайылық сақтап ернін тістеледі.

Әңірейген қос қабатты қыш үй. Кең басқыш, аяқ астында былқылдаған кілем, терезе алдында екпелі гүл, бірінші қабаттың терістік витражын аты беймәлім қызылды-жасылды гүл қауыз жарыпты. Перзенттері бір-бір үй болып енші алып кеткен, немеренің бірі — батыста, келесісі — мұхиттың арғы жағасында білім іздеп жер әлемнің әр түкпірінде жүр. Қолында қалған кенже қызы көрме ұйыстырамын, жұмысымды арт— көрмеге қойғызамын деген сылтаумен Алматыға кеткелі біраз. Аспаздыққа мәйін, тірлігін ұшып жүріп істейтін зайыбы бөлмені мұнтаздай тазартып, ұнатып жейтін асқабақ түшпарасын түйіп, буын бұрқыратып алдына тартқанда еңсесін жазды.

— Балалар қалай? — деді сынық үнмен.

— Бәрі жақсы, жұмысында, телефон шалып халіңізді біліп шығамыз деген еді. Келіп қалар.

— Әуре болып келмей-ақ қойсын!

Дүниеге өгей, бөтен көзбен қарайды. Ештемеге елп етпейді, қызықпайды. Селсоқ сүйейсалды кепте. Көңілсіздің тірлігі. Тұшпараны тұшынып жемеді, бірер қасық аузына салды да тілін күйдіріп алған кісіше көзі аларып отырды-отырды да: «Болдым», — деді.

Жеңіл шарап бар, татып көресіз бе деген зайыбының сөзіне үнсіз басын шайқады; балалар папам көрсін деп әйбат фильм әкелген, қойып берейін бе деген келіншегінің жұмсақ үнін елеусіз қалдырды.

Екінші қабатқа көтеріліп кітап сөресіндегі қаз-қатар көзтаныс классиктерін ескі танысындай тысынан бір сипап өтті. Борис Пастернактың тәржімасымен шыққан Гетенің «Фауст» кітабын сөреден суырып алды. Тікесінен тік тұрған күйі парағын ашты. Фаустың өлмес өмір үшін Мефистофел ь— сайтанмен сөзге тұрып, уәде байласып шыбын жанын сатқан графика — суреттегі күстана халдегі тұнжыр кейпіне қарап жанары жасаурады. Фауст— екең кәдуілгі тірі жанға ұқсап кітап бетінен бері жылжып, көзі шатынап, көмейі бүлкілдеп бүй дейтіндей: «Пендем, сенің жаныңды сатып алатын сайтан таппай шаршап жүргеніңді сеземін... күт!.. асықпа!.. әр шаруа өз кезегінде, пендем». Дінислам таңқалды, таңқалғаннан үні шықпай қалды. «Біз де жарық жалғанды жалпағынан басып жүргенбіз, сұлу бикешті сүйіп, балшырын шарапты ішкенбіз, пендем». «Сонда қалай, Фауст — еке, саудалайтын сайтан табылса өзім-дағы көңілсіз... дымсыз... жылусыз осынау жарық жалғанда ас ішіп, аяқ босатып селтиіп, ербиіп жүре бергенше — шыбын жанымды сайтандарға сата салсам неғылады?..» Фауст — екең кітап бетіне сіңе түсіп сөйлейді ғой: «Саудасын келіссең — сатып құтыл сол шіркіннен!..» Осы мезет ту сыртынан зайыбы тақап келді, аяқ тықырынан сезді. Оқыс үні селк еткізді.

— Жазған-ау, жын иектеген кісіше кіммен сөйлесіп тұрсың?

— Жәй әншейін.

— Ештемеге зауқың жоқ, сырт дүниеге өгей кісі секілдісің, бір жерің ауырып тұр ма, көкесі?

— Жәй әншейін.

Төсегіне қисайып біразырақ жан шақырып демалып алайын деп жатын бөлмеге бұрылды. Келіншегіне иек қағып: «Телефонға шақырса сылтау айта саларсың. Шаршағаннан, әлде дәрі-дәрмектің әсерінен бой-басым біртүрлі зіл тартып тұрғаны», — деді. Осыны айтып оң қанаттағы жатын бөлмеге бұрылып, төсегіне қисая кетті. Сырт етіп жабылған есік сықыры естілді.

От жалын болып жанып жүретін жігіт шағы. Түу— у— у... кешегі өткен өмірі, жастық шағы бұлым-бұлым шикіл сағым арасынан сытылып шығып кино лентасындай көз алдында қызықтырып иректене жөңкіледі.

Жан баласын ренжітпепті... кесір тірлік жасамапты... ешкімнің наласына қалмапты... ақкөңілдің аты арымас, тоны тозбас дегендей, кісіге қолынан келген жақсылығын аямай, өмірдің гүлзар бағынан шырын жинаған бал арасына ұқсап, ища-ай деспей, тіршілік базарын бір кісідей армансыз аралапты. Армансыз деген артықтау әрине. Қиналды... сүрінді... қателік жасады... Кәміл жәйіт: ешқашан кісінің алдын кесіп: «Өзіме ғана болсыншы!.. Өзгенің арбасы қирай тұрсын, өзімдікі ілгері озсын!.. », — деген емес. Қателессе — көбіне аңқаулықтан опық жеді. Сүрінсе — алды— артын ойламаудан сүрінді. Ақ сөйлеймін, турасын айтамын деп көбіне арандап қалды. Қателікке ұрынса — аранға киліккен киіктей қансырап, әл— дірмәнінен айырылып, күш— қайратын шөл етіп, көпке дейін әлсіреп, уақыт өте есін жияды. Еңсесін тіктейді.

Бұл күнде біраз зиялылар халықшыл емес, бойын жасырған тұлпардай аяғын санап басып, «осының артынан не шығады» дегендей, өзін— өзі іркуді, қалай сақтауды қырағы көрегендікпен пайымдай біледі. Бұл көкең білмегендігінен емес, көбіне— көп білгендігінен ұтылып қап жүрді. Жұрт көп білетінді ұната қоймайды. Әр кәсіптен тиіп— қашып хабары бар, мың салсаң бір баспайтын орташаны, орта білімді, орта бойлы, ортадан иығы бөлінбейтін кісіні таңдайды. Орташалар төске шауып, басқа ұрып лауазымға ұмтылмайды деп сенеді. Қауіпсіз санайды. Жасыратын несі бар: Дінислам — әсіре сезгіш, әсіре көргіш, пайымы ұстара жүзіндей. Күйіп— жанып іс бітіретін мінезімен ертерек көзге түсті. Осынау ызығуыт тіршілік базарында әсіре сезгіштігі, әсіре көргіштігі жол тауып алып шығады ғой деп дәмеленді. Керісінше, әлгі қасиеті — зиялының ерекше қасіреті болып қанын сұйылтты.

Нарыққа бейімделе алмай сіңірі шиқылдап жүрген елдегі ағайынға көмектесемін... қала іргесіндегі кірпіш зауытын ұлғайтамын... бордюр құятын ыстық цех ашамын... «табыс таптым, отбасымды асырадым» деген суішкілік нәпәқаға мәз болып жүре бермей — жарқырап атқан таңдай жаңа бір қырымнан көрінемін, тосын мінезбен таныламын — деген үміт жетегінде жүрген. Ілгергі тілеумен ірілеймін деп ойлаған.

Кенет. Ішкі әлемінен, жан сарайынан дуылдап қызу көтерілді. Бөтен қан түйіршігі ойнақ салып ағзасын аралап жөнелді. Дәргейіндегі дүлей кеп сыр берді. Ішінде үңірейіп бөтен адам отырғандай сезілді.

Әлгі бөтен адамнан қорыққаны сонша — жастықтан басын жұлып алды. Жон арқасынан суық тер құйылып кетті. «Не күйге» түстім деп көкірек жара күрсінді. Әйнек шынысы сылдырады.

Терезеден байқады, ымырт үйіріліп, көз байланып қалыпты. Ағзасына қан құйғалы күрт өзгерген: жоқ жерден денесі дуылдап, бір ысып, бір суынады; жоқ жерден мәртебелі лауазымда отырған шенеуніктің қабылдауына кіріп барып, қағаз сүйкектетіп отырған жерінен бассалып жертабандатып тілдегісі келеді. Жоқ жерден баяғы көңіл қосып жүрген көркем бойжеткеннің үйіне көлеңкеше еніп алып: «Көзіме неге шөп саласың? Жолымды күтіп шыдасаң — жамбасың тесіледі ме, қар!» — деп жүндей түтіп сабағысы келеді. Қаны ойнап басына шапшиды. Дүние ауысып, заманақыр тақап қалғанын сезсе— дағы — сезбеген кісідей, білсе— дағы білмеген кісідей тымпи ойнап отыра берсем дейді. Шалт түрегеліп — мына момақан тіршіліктің қақпағын алып қазан төңкергендей төңкеріп тастасам дейді.

Дінислам түнімен дөңбекшіп аласұрып шықты. Құдай басқа салмасын дәп осындай кеп... түнді ұйқысыз өткізу... жынынан айырылған бақсыдай басын тау— тасқа ұрып аласұрып шарпысып шығу тағы бір түн қайталанса — шыбын жаны шырқырап шыдай алмасын сезеді. Төзім шеңбері төтеп бере алмас еді. Күрт сынып кетпесе неғылсын. Әлде бірнәрсені оңбастай бүлдірмесе деңіз. Қайтпек керек? Жатып— жатып тапқаны — мәртебелі лауазым иелері тіркелген аурухананың Бас дәрігерімен сөйлесуді құп көрді.

Зауыттың қыш күйдіретін пеші істен шығып, жантаптырмай маман шақырып, қосымша бөлшек іздеп, бейнетке белшесінен батып жүріп үш күнді өткізіп алды. Өзін де, өзгені де шаршатып, күйіп-жанып сорпаланып шығады. Төртінші күні, таң алакеуімнен біраздан діттеген Бас дәрігердің алдында кеп тізе бүкті.

Бас дәрігер Дінисламның өрт ішінен шыққандай алау-далау түрін көріп шошып кетті. «Дінислам Сарыұлы, не болғансыз!» — деген оқыс үні кең бөлмені жаңғыртты.

Дінислам бүй деді.

— Бар пәле ағзама құйылған бөтен кісінің қанынан жабысты. Әйтеуір группасы бір, сақталуы қалыпты қан ғой деп байыздап зерттемей құя салғансыздар. Қан иесін табу керек. Әлде күнаға белшесінен батқан жәдігөй, әлде кісі өлтіргіш қаныпезер шығар — дүниені бүлдіріп жүрген.

Мына сөзді естіген Бас дәрігер сұп-сұр болып қанын ішіне тартып, ойбайын салып, шашын жұлғандай кепке енді. Анестезиолог дәрігерді іздетіп... өзге де алыпкел, шауыпкелін шақырып... шаптығып үстелді тоқпақтады. Үстел үстіндегі пластик жапқыш шытынап, алақан қырын жаралап алды. Қан сорғалап ақты. Медбике жетіп келіп жарақатқа иод жағып, укол салып, дәкемен таңып жанталасты. Анестезиолог әйел судан шыққан суыр секілденіп: Қайдан білейін, қайынаға! — деп мүләйім мінезбен көзін төңкерді. Бас дәрігер одан сайын жынданды... қалай— қалай сөйлейсің кісінің көзінше!.. ешқандай қайынаға емеспін!.. білдей бастықпын!.. мемлекеттік қызметкермін!.. деп қалш— қалш селкілдеп, ақ желеңдіні қуып салып, сұлқ түсіп отырып қалды. Біраздасын барып есін жиған кісідей:

— Дәке, тексереміз... зерттейміз... қандай қан құйылғанын іздетеміз, — деп жерге қарады.

— Болар іс болды. Мына отырған бұрынғы Дінислам емес, дүниені бүлдіргісі, қиратқысы кеп көтеріліп кететін қаны бұзық кісімін тап қазір!

— Сотқа бересіз бе?

— Ойластырамын. Ғылым докторысың ғой, текке өзеурей бермей — қанды қалай жуасытудың амалын тап. Қаны қосылмайтын кісі бар. Қаны тартпайтын кісі бар. Қаны сұйық кісі бар. Осыдан оңала алмасам — оңбастай етемін, ұзатпаймын, қан тартып тұр! — деді де сұр плащын қаусыра түймелеп, сұп-суық сөзбен шаншып, сұралана түсіп шалт бұрылып шығып кетті. Бас дәрігер тірі өлік халде сілейген күйі қалды.

Әлде ақ желеңді әулетінің аузынан шықты, әлде жақын-жұрағатының айтып жүргені — миллионға жуық халқы ызғысқан үлкен қаланың тіршілік базарын: «Несін айтасың! Қан қосылмайды деген рас білем. Біз білетін баяғы Дінислам өзгеріпті... қызметтен кетіпті... танымай қалдық! Бір пәлеге ұшырамаса неғылсын!..» деген күздің суық желіндей сыпсыңдаған суық сөз аралады. Қарадай тіксінтті.

Дүниеге сұр кісілер толып кетіпті деген гу-гу сыбыс еміс-еміс естіледі-әй.

Әжімді Қаратаудың қыр арқасынан көгілдір сағымы кемпірқосақша өрмек тоқып, ойнақ салған көркем дүниенің ажарлы таңы құланиектеніп... әлденені... әлдекімді іздеп шарқ ұратындай ғой.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз