Корейская косметика премиум класса

Домбыра - қазақтың киесі, қасиеті мен қазынасы

2018-жылы 13-маусымда Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қоғамда ұлттық мәдениет пен  тарихты қайта жаңғырту идеясының төңірегінде шілде айының бірінші жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» деп жариялады. Бұл мерекенің   ұлттық руханиятымызға қосар үлесі мол. Ұлттық домбыра мейрамы күнтізбеге қызыл болып енгізіленнен бастап, түрлі іс-шаралар  ұйымдастырылып, жыл сайын дәстүрлі түрде тойлануда. Айта кетсек, 2018-жылы Шымкент қаласында мыңға жуық өнерпаз бір мезетте күй  орындап, би биледі. Ұлттық музыкалық аспаптар көрмесі ұйымдастырылып, көрермендерге кәдесыйлар ұсынылды. Мереке қалалық  кітапханаларда жалғасын тапты.

2019-жылы Шымкент қаласында биіктігі 7метрді құрайтын түрлі оюлармен көмкерілген алып домбыраның ескерткіші қойылды. Ұлттық  аспабымыздың ашылу салтанатында қала әкімі: Ғабидолла Әбдірахымов пен айтыскер ақын Біржан Байтуов бой көрсетіп, домбыраның тарихтағы рөлі мен бүгінгі қоғамдағы маңызы жайында түрлі ойларымен бөлісті.

Айтулы мереке бұл жылы да өз деңгейінде атап өтіліп жатыр. Оңтүстік өңіріндегі Келес ауданы күйшілерге кенде емес екенін дәлелдеді. Себебі Келес ауданы жастар ресурстық орталығы КММнің ұйымдастыруымен «Қазағымның үнісің сен домбыра» атты іс-шара болып өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы, шілденің алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні сонымен қатар Келес ауданына 3 жыл толуына  орай 12 ауылдық округтің дарынды жастары аталмыш іс-шарада бас қосты. Отыз күйші өз өнерін ортаға салды. Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының: «Балбырауын», «Адай» тағы да тарихи тұлғалардың көптеген туындылары орындалды. Жалпы саны отыздан астам күй тартылып, тыңдарманға ерекше көңіл-күй сыйлады. Айтулы күні тарихи беттер қайта ашылып, елімізде күйлер қайта жаңғырды. Ұлттық аспапты ұлықтау жас ұрпақ үшін парыз. Ұлы даламызды сөзбен емес сазбен тербеген домбыра мәңгі жасап, мәңгі жаңғыра бермек.

Әбдіжаппар Мерей Мұсақызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

×