Өлең, жыр, ақындар

Белгісіз солдат

Повесть

I

Генерал И. В. Панфилов атындағы Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясы Ұлы Отан соғысында өзін тамаша даңққа бөлеген, сөйтіп Ұлы Отан соғысы тарихынан келелі орын алған әскер бөлімдерінің бірі. Оның туына үш бірдей орден тағылған. Москва түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін оған «Гвардия» атағы және Қызыл Ту ордені берілді. 1942 жылдың қысында Демьяновск түбінде жаудың он алтыншы армиясын қоршауға алуда көрсеткен ерлігі үшін Ленин орденімен наградталды. Ал, Балтық жағалауын, Резекне, Рига қалаларын жаудан азат етуде көрсеткен ерлігіне Суворов орденін алған. Міне, үш орденді дивизияның өткен жауынгерлік жолы зор да ұзақ.

Сол дивизияның бұрынғы офицерлерінің бірі ретінде жорық жолымен жүріп өтуді көптен армандап едім. Сол арман орындалды. Бір айдан аса уақыт бойы Псков, Новгород, Калинин, Старая Русса — Холм, Подольск қалаларында, Москва түбінде болдым. Бұл қалаларды қалаудың да өз тарихы бар. 1941 жылдың күзінде он бірінші армияға қарасты екі жүз елу екінші атқыштар дивизиясы, тоғыз жүз елуінші полкында москвалық комсомолдар батальонының құрамында Старая Русса, Демьяновск түбінде ұрыстарға қатыстым. Сол жылдың қысыңда елу бірінші шаңғышылар бригадасымен Калинин, Лихославль, Торопец түбінде, ал, 1942 жылдан бас¬тап Сегізінші гвардиялық дивизия, жиырма үшінші полктың құрамында соғыстым. Жиырма бір мен жиырма бестің арасындағы жастық күндерді, жорық жылдарын өткізген жерлер сондай ыстық көрінді. Таныс қала, белгілі орман, көгілдір көлдер, тұнық өзендер, Пушкин таулары, Ловать, Великая, Даугава, Сороть көзге жылы, жүрекке жақын тартып, туған жерді сағынып көргендей әсер етті. Ер жүрек достар, Отанның батыр ұлдары осы аймақта совет қарулы күшін мәңгі өшпес ерлік даңқына бөледі. Көбінің ерлік іздері әлі өшпеген. Ескерткіштер тұр.

ІІ

1942 жылдың қысында дивизияның үш атқыштар полкы Ильмень көлінің жағасынан жаудың алдыңғы шебін бұзып өтті. Сонау Старая Русса түбінен қыстың күні, ақ қар, көк мұзда екі жүз километрлік жорық жасап, жаудың Демьяновск түбіндегі генерал-фельдмаршал фон Буш басқарған он алтыншы армиясын қоршау кезінде ең алдыңғы сапта болды. Бұл кезде Сегізінші гвардиялық дивизия генерал-майор П. М. Кутузов басқаратын екінші гвардиялық корпусқа бағынатын. Ал дивизияның командирі генерал-майор И. М. Чистяков еді. Атын мақтанышпен атауға тұратын даңқты қолбасшылар. Соңғысы қазір генерал-полковник.

Жау тылынан тың жол салған теңдесі жоқ, аса зор жорықта дивизия жауынгерлері тамаша ерлік жасады, шыдамдылық көрсетті. Старая Русса мен Холм арасындағы тас жолдың солтүстік жағалауымен жүре отырып, жаудан елді мекендерді азат етті. Осы күнгі Новгород, Псков облыстарының Вильно, Нагаткино, Соколово, Маврино, Горушка, Бабье, Воскресенский, тағы басқа үлкен-үлкен елді мекендерінің тұрғындары панфиловшылардың асқан ерлігін ұмытқан жоқ. Бұл маңда біздің жауынгерлер жаудың бір мың төрт жүз солдаты мен офицерін тұтқынға алды. Сөйтіп, Ловать және Полисть өзендерінің ортасынан ашық коридор жасады. Бұл жерді немістер «Өлім коридоры» деп атады. Осы маңда жаудың жүз сексен мыңдай солдаты опат болды. Неміс армиясы қоршауға алынды. Жау тылындағы Новгород, Псков партизандарының қимылына көп еркіндік туды. Осы коридормен 1942 — 1943 жылдың қысында партизандар Ленинградқа қоршауда, аш-жалаңаш жатқан халыққа екі жүз елу ат-арбамен азық-түлік, киім-кешек жөнелтті. Бір ғана Соколово деревнясы үшін болған ұрыста дивизияның жиырма үшінші гвардия полкы жаудың мыңнан аса солдаты мен офицерін қатардан шығарып, бес жүзден аса автомашина, алты танк, он екі зеңбірегін қолға түсірді.

Панфиловшылардың осы жорығы жайында А. В. Фрунзе атындағы әскери Академия 1967 жылы шығарған «Солтүстік-Батыс майданы» деген жинақта былай деп жазған: «Старая Русса түбіндегі ұрыстарда Сегізінші гвардиялық панфиловшылардың атқыштар дивизиясы (командирі генерал-майор И. М. Чистяков) ерекше ерлік көрсетті, 1942 жылдың январынан бастап, сол жылдың апреліне дейін жау тылымен 200 километрлік ерлік рейд жасап өтті».

Ал панфиловшылардың жауынгерлік шежіресінде былай жазылған: «Жоғарғы Бас қолбасшылықтың тапсырмасын ерекше жақсы орындағаны үшін Сегізінші гвардиялық Қызыл Ту орденді дивизия 1942 жылдың мартында Отанның ең үлкен қасиетті ордені Ленин орденімен наградталды» делінген.

Мейрімсіз жаумен аяусыз айқастар болды. Осы ұрыстарда біздің бір солдат жаудың өлген лейтенанты Густав Цигольдің планшетінен мынадай ескертпе тауып алды: «Сенде жүрек те, жүйке де жоқ. Оның соғыста қажеті де аз. Бойындағы аяушылық сезім мен есіркеуді мүлде құрт! Алдыңнан шыққанды өлтіре бер, кім болса ол болсын, бала ма, әйел ме, тоқтама, әйтеуір орыс болса болғаны, өлтіре бер!»

Бұл лейтенант Густав Цигольдің солдаттарына күнде айтатын уағызы болса керек, әлгі офицердің өлігінен онша қашық жатпаған солдат Эмиль Гельцтың қалтасынан үйіне жазған, бірақ жіберіп үлгермеген хат табылды. Онда ол: «Біз совет адамдары дегенмен, тек, бір тілде, пулемет тілінде сөйлесеміз. Деревня дегендер айқай-шу, қан, көздің жасы, көмілмеген өлік, асып қойған өлі дене. Бізде аяу жоқ. Әлгілердің баспанасын, үйін, сарайын, отынын, тамағын, киім-кешегімен өртейміз де жүре береміз», — деп жазған.

Міне, көрдіңіз бе, сол шақта біз осындай қатал жаумен айқасқанбыз. Осы айқастарда панфиловшы әрбір жауынгер, офицер ерлік жолдан, қиын жолдан өтті. Әсіресе, қатардағы гвардияшы Төлеген Тоқтаров, сержант Иван Цыганков, политрук Мәлік Ғабдуллин, комсорг Владимир Белов, барлаушылар Петр Толпеко мен Әшірбай Қоянкөзовтер асқан ерліктер көрсетті. Бұл жасаған батырлық, тапқыштық басқа жауынгерлерге үлгі-өнеге болды, аса зор рух берді, ерлікке бастады. Мұның, бәрі айта берсе таусылмайтын тамаша тарих. Бірақ мен сонау Псков, Новгород, Старая Русса, Пушкиногорский, Новосокольники, Холм, одан қала берді бүкіл Отан соғысының архиві сақтаулы тұрған, өзім әскери училище бітірген Подольский қалаларына барғанда бұрыннан аты мәлім батырлардың ізіне түскім келген жоқ. Тарихта аты болғанмен ерлігі беймәлім боп келген кейбір қаруластарды анықтай түскім кеп еді. Бұл салада іздеп тапқаным да аз емес. Бірақ оның бәрін тізбектеп айта бергім келмейді.

Екі ғана ерліктің тарихын баяндайын. Бірі байланысты қыз — Маша Макарова. Небары он бес жастағы қыз баланың 1942 жылғы панфиловшылар жорығы кезіндегі ерлігі ұмытылуға тиіс емес.

Маша Макарова біздің дивизияға сол жорықтың алдында бір-екі ай бұрын ғана Пено, Осташков түбінде өз өтінішімен, әрең дегенде келген. Жасына қарап, байланысшылар бастығы майор Ахменеев Машаны жауынгерлер сабына алғысы келмеген. Сонда Маша өзінің Олимпиада Гаврилова, Тоня Андреевна тәрізді жасы үлкендеу құрбыларынан қалғысы келмей жылап та алған. Ең болмаса телефонистка болар деп, ақ көңіл, қаба сақал, ұзын майор ақырында Машаны да топқа қоса сапты. Міне, осы Маша қатарға қосылған соң екі айдан кейін тамаша ерлік жасады.

Оқиға былай болды: дивизия жорық сап келе жатқан шақта, Старая Русса — Холм тас жолының бойында көрші полкпен байланыс үзілді. Бұл зор қауіп туғызды. Үзілген сымды тауып жалғауға арнаулы тапсырмамен кеткен жауынгер қайтып оралмады. Жау оны мерт етті. Екінші адам жіберілді. Ол да осындай өлімге ұшырады. Байланысты қайткенде де жалғау керек. Дайын тұрған жауынгер де болмады. Машаның өзі тіленді. «Мен кішкентаймын. Көзге түспеймін. Барайын», — деді ол. Маша бүтін линия бойы еңбектеп жылжыды да отырды. Бомба түскен, снаряд жарылған шұқырларға паналады. Сым үзілген жерді тапқанша еңбектей берді. Алдындағы еңістен ол үзілген сымды тапты. Қалың қардың астынан, жай көзге көрінбейтін жерден үзіліпті. Сымды ол тез жалғады. Көрші полкпен байланыс қайта басталды. Екі жүз километрлік жорық жолында ол осындай әдіспен үзілген сымды төрт рет жалғады. Үзілген сымды табудың, оны жалғаудың шебері боп кетті. Бірде ол тіпті, жаңбырша төгіп тұрған оқтын, астымен еңбектеп барып, үзілген байланысты қалпына келтірді. Ұрыс кезіндегі осындай ерлігі, тапқырлығы үшін Маша Макарова, он бес жасар уыздай қыз бала Қызыл Жұлдыз орденімен наградталды. Бұл шақта ол шыныққан зерделі жауынгер еді.

Маша Макарованың соғыстан кейінгі тағдыры бізге белгісіз. Майор Ахменеев болса, 1944 жылы Новосокольники түбінде қаза боп кетті. Басқа панфиловшы байланысшылардан Маша Макарованы білетіндер бар ма екен? Бұл да білуге тұратын жақсы жандардың бірі.

Маша — өз еңбегінің жемісін көрген жауынгер. Ал, асқан ерліктер жасау үстінде қазаға ұшыраған қаһармандар қанша! Солардың бірі — Рашит Жанғожин бастаған жауынгерлер тобы.

Бұдан байқағанымыз, жауынгерлер он үш емес, он алты екен. Екінші — Жанғожиннан басқа тағы бір басшы — кіші лейтенант Д. Волгапкин бар екен. Ал, қалғандары кімдер?

Бұлар жайында кезінде майдан баспа сөзінде жазылғанмен, тарихи кітаптарға оқиға толық енгенмен, батырлардың ерлік істері еленбей қалған. Екіншіден, ең болмаса ерлердің аты-жөні де еш жерде тұтас жарияланбапты. Осынша асқан ерлік жасағандарды аты-жөнімен жария етсе, туған мекені, туыстары, кейінгі ұрпақтары мақтан етер еді-ау! Отанға астық берген, ет-май берген еңбеккерлер тәрізді туған республикасының газет - журналдарында, кітаптарында бұлардың да аты-жөні, фамилиясы басылмай ма, оны көп білмей ме! Көкейді тескен бір мақсат, басты нысана осы еді. Қайткенде, ең болмаса осы он үш, немесе, он алты адамның тізімін табу еді. Сапарға шығудағы басты мақсаттың өзі осы десем, артық емес. Тізім табылды. Бірақ оның ішінде, ерлікпен өлген он үштің ішінде топқа басшы болғанның бірі — кіші лейтенант Д. Волгапкиннің есімі жоқ екен. Демек, өлгендерден Жанғожин, тірілерден Волгапкин есімі ғана белгілі. Ал, қалған он төрт адам кімдер? Ең болмаса, Жанғожинмен бірге өлген он екі адам кім?

Болған оқиға, Рашит Жанғожин есімі, тіпті тірі қалған Д. Волгапкин де тарихи кітаптарға еніп кетті. Ал, қалғандарының жазығы не? Ең болмаса кімдер екенін білейік, халық білсін. Бұлардың есімі де қисынды жерінде атала жүрсін деген игі ниеттің ізімен талай қағазды, талай папкаларды ақтардық. Жазысқан хаттар, кезінде жазылған хабарлар, соңғы жазған өтініштер де мүлде назардан тыс қалған жоқ. Советтің аса көрнекті ақыны Семен Кирсановтың «Гвардияшы Жанғожнн» деген ұзақ өлеңін жаттап та алдық. Бірақ мұнда да басқалардың есімі аталмаған. Алпысыншы жылдары подполковник Федюнин Совет Одағының маршалы Голиковке осы он үш батыр жайында арнаулы хат жазып, ерлігін баяндапты. Соңында осыларға ескерткіш орнатылса, оған Қорғаныс Министрлігі ақша бөлсе депті. Бәрібір, бұл документте де адамдардың тізімі жоқ. Тізім қайда? Бұлар кімдер? Басты мәселе осы.

1974 жылы, сонау Новгород облысындағы Холм калашная Рашит Жанғожиннің Алматыда тұратын туыстарына үлкен пакет кепті. Мұны жіберген Холм қаласындағы орта мектептің тоғызыншы класс оқушысы Лида Варшавская. Ол хатында: «Біздің Холм қаласының түбінде, Холм — Локня тас жолының бойында панфиловшы Сегізінші гвардия жауынгерлеріне үлкен ескерткіш қойылған. Ескерткіште біздің болашағымыз үшін, біздің қаламыздың азаттығы жолында осы жерде қаза болған жауынгерлердің тізімі бар. Ол тасқа алтынмен жазылған. Бұл тізімнің ең басында, сіздердің туыстарыңыз Рашит Жанғожиннің есімі тұр. Міне, мен сіздерге Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болған ержүрек туысыңыздың қабырынан бір уыс топырақ, басында ескен ағаштың гүл жапырағын, ескерткіштің фотосуретін жіберіп отырмын»... — деген. Бұл — жаңалық. Мақсатқа жетермін деген қуанышты ойда болдым.

Міне, көрдіңіз бе, бұларға қойылған ескерткіш бар. Онда ерлердің аты-жөні жазылған. Демек, он үш батырдың кімдер екенін білу оп-оңай. Солай ойладым.

Ал іс жүзінде оп-оңай болмай шықты. Мен Холмда ескерткіште болдым. Ескерткіш «обадағы тас» деп аталады. Ескерткіш шын мәнінде әсем. Ловать өзенінің сол жақ жағалауында ескі қорған, обалардың орны көп. Бұл жерлерде атам заманында биік қорғанды бекініс болған. Сол ескі қорғандардың үстінен жаңа қорған, төрт қырлы, кәдімгі Египет обалары тәрізді қорған-оба жасалған. Сол обаның басына тас қойылған. Тастың ең биігіне Ұлы Отан соғысы орденінің кескіні қадалған. Ал одан төменірек: «Біздің Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін құрбан болған батырлардың данқы мәңгі өшпесін!» деп алтын әріппен жазылған. Ал, бұдан төмендеу, әлгі обаның бел ортасына жалпақ ақ тас орнатылған. Бұл ақ тас жауынгер дивизия — панфиловшылардың қызыл туымен көмкерілген. Ақ тасты әдіптеген осы туда үш орденнің бейнесі тұр. Бұл Сегізінші гвардиялық атқыштар дивизиясының кешегі соғыста алған үш ордені. Ал, бұдан төмендеу: «Бұл жерде 1942 жылдың февралінде Холм өлкесін жаудан азат етуде ерлікпен қаза болған жауынгерлер — Ленин, Қызыл Ту, Суворов орденді, Совет Одағының Батыры генерал-майор Панфилов атындағы дивизия батырлары жерленген», деп жазылған. Бұдан соң тізім басталады. Ол тізімнің ең басында Рашит Жанғожиннің есімі тұр. Демек іздегенім табылған сияқты.

Тағы да діттеп шықпады бірақ. Мұндағы тізім он үш те, он алты да емес, тұп-тура қырық алты адамның аты-жөні жазылған ұзын тізім. Міне, жұмбақ. Үн-түнсіз, мәңгі ұйықтап жатқан қырық алты адамның ішінен Жанғожин бастаған, оның тобына енетін ерлерді қалай ажыратып алу қажет?

Қайран ерлердің тізімі жазылған тас-тақтайды баспасөз бетінде түгелдей жариялап жіберсе артық болмас еді. Туған республикасының жерінен шығатын газет-журналдың бетінде бұлардың да есімі жүрсін! Кім біледі, бұл азаматтардың ата-анасы, туған-туысы, аға-інісі, апа-қарындасы, немере-шөберелері бар шығар. Солар көзімен көрсе «мынау менің бауырым» десе, кімнің болса да, жүрегі дірілдер еді-ау! Біздің кешегі ерлердің туыстары бауырларын ұмытар ма сірә. Қайта көптеген жандар жыл өткен сайын оларды сағынып, көзіне жас алады. Ал, аналар мен жесірлер, ақ шашты қалыңдықтар әлі күтіп жүр. Оларша сүйген жар, адал ұл, уәде берген жас жігіт әлі күнге дейін бір жерде тірі жүрген сияқты. Күндердің күнінде «Сәлем бердім!» деп, сол баяғы жас қыршын қалпында есікті айқара ашып кіріп келетіндей болады да тұрады. Өз басым, Холм қаласында болған сегіз күн ішінде күн аралатып, бұл ескерткіштің басына төрт рет бардым. Ең соңғы барғанда, машинаны жолға тастап, бес шақырым жерге жаяу барып, жаяу қайттым. Холм қалалық комитетінің қызметкері Василь Васильич Карпов бұған таңданып, маған сұрақ берді. Мен, әрине оған қарулас достардың, өзіммен тағдырлас боп, бір аяқтан ас жеген, бір үзім нанды бөліп жеген адамдардың басында жеке отырып, көз жасымды ешкімге көрсетпей жылаймын деп едім дегенді айтпадым. Мұның орнына: «Біздің халқымыздың ежелден келе жатқан, еш жерде жазылмаған, хатқа түспеген көптеген салтының, әдетінің бірі — қасиеті мол жерге атпен, түйемен, әйтеуір көлікпен бармайды. Демек, машинамен бару боса-болмаса, жараспайды. Сол салтпен елі үшін құрбан болған ерлерге жаяу барып бас идім, жаяу барып қоштастым!» дедім.

Василь Васильич атеизммен көп айналысады екен.

Өлке тарихын көп біледі. Өзі аңшы. Мен айтқан салтты қалай ұққанын кім білсін, үндеген жоқ.

Әлгі үнсіз жатқан қырық алты азаматқа қайта оралайық. Нақ қазір мынау батыр, мынау батыр емес деп жіктеудің өзі әрі обал, әрі күнә. Кім біледі, шын батырдың кім екенін, қайсысы екенін? Меніңше, осы жатқан қырық алты адамның батыр емесі жоқ. Бұлар нағыз қиын күндерде, 1942 жылдың қысында ерлік көрсеткендер. Бәрі де 1942 жылдың 19 — 20 февраль күндері, екі күн ішінде Сутоки селосының түбінде, сол Рашит Жанғожин тобымен қатар құрбан болғандар. Кімнің қандай ерлік жасағанын дәл айта қоятын куә жоқ. Жай тізім. Кімнің қайда, қай жерде туып-өскені де белгісіз. Осы бір жай тізімнің өзі талай-талай ой тастады.

Маған бір ана айтып еді: «Қатарым сиреді. Құрбыларымның көбі көз жұмды. Мен өлмей жүрмін. Өлетін де емеспін. Өйткені мен жалғызым Ғамзатты күтіп жүрмін» деп. Бұл не? Мұны не деп айтар едің? Тіл жете бермейді. Қиялыңның жетуі де неғайбыл.

Өмірде әрбір пенденің игі тілегі, талап-мақсаты, ойға алған межелі, нысаналы үміті болады. Сол адамды қолдайды. Мақсат, мұрат жолында ол көп ұмтылады. Ынта, ынтықтық, асыл мұрат адамды көтереді, рух береді. Күткен де, күте білу де мұрат. Күте-күте көп жасаған асыл жар басына қара салып алдыңнан қарсы шықса алдын кесіп өтпе, оған жол бер! Бұл игі үміт, асыл мақсат, қасиетті мұрат жолында жүрген киелі адам. Киелі жанның алдын кесіп өтпе! Оның сонау Холм түбінде, Пушкин тауларының бөктерінде жатқан ер жүрек, батыр жарын есіңе түсір!

Ендігі мақсат Рашит Жанғожин тобын, олардың тізімін табу. Дәлірек айтсам, әлгі қырық алтының ішінен Жанғожиннің қарулас, бірге болған достарын анықтау үшін әскери архивке жүгінуден басқа ештеңе қалмаған.

Отыз күндей ізге түсуден соң бұл топ та анықталды. Енді бұлардың қайдан екенін білгім келді. Өйткені ерлердің қайда оқып, қайда, қандай семьяда тәрбиеленгенін білу де қажет болды. Меніңше бұл батырлардың кім екеніне қоса, қайдан екенін айту артық болмас.

Жанғожин Р. (Омбы)
Әбілев Ж. (Шымкент)
Аралбаев С. (Фрунзе. Қырғызстаннан)
Бозаев О. (Талдықорған)
Бозаев Е. (Талдықорған)
Голодецкий Д. (Киев)
Корчагин И. (Ярославль)
Мамыров С. (Жамбыл)
Наурызбаев К. (Жамбыл)
Прошкин В. (Калинин облысы)
Трофимов К. (?)
Федоров А. (Қостанай)
Фролов И. (?)

Жақшада туған жері көрсетілген.

Бұл он үш адамның ішінде, өлгендер ішінде кіші лейтенант Д. Волгапкиннің есімі жоқ. Демек, он алтының он төрті белгілі болды. Қалған екеуі — белгісіз. Байланысты О. Гаврилованың айтуынша он бесінші — байланысты қыз. Мүмкін Маша Макарова болар дейді. Ал сонда он алтыншы кім? Бұл белгісіз солдаттың кім екенін білудің мәні зор. Оның бұл оқиғадан кейін де талай-талай ерліктер жасауы ғажап та емес. Қазірше білу қиын. Содан, сен кімсің, он алтыншы дегеннен басқа сауал жоқ. Он алтыншы, сен кімсің?

Сегізінші гвардиялық дивизияның Старая Русса түбінен шыққанда алған бағыты Холм болатын. Бұл мың жылдан аса тарихы бар, ежелгі Псков пен Новгород жеріндегі көне қала. Ловать пен Кунья өзенінің түйіскен жеріндегі биіктен, соғыс бола қалса стратегиялық мәні зор, жан-жақты көріп тұратын дөңестен салынған. Бұл қалаға темір жол келмегені болмаса басқа үлкен жолдар, Новгородке, Старая Руссаға, Локняға, Торопецке, Осташковоға, Новосокольникиге кететін жолдардың торабында тұрған қала. Төңірегі кіл батпақ. Жолдарға ағаш төселеді. Жау да қаланың осы бір соғыстық мәнін түсіне қойып, бұл жерге аса күшті бекініс құрды.

Рашит Жанғожин бастаған топ осы қалаға жақын жердегі Сутокидегі ерлігін жасағанға дейін бұл жерде аса үлкен ұрыстар болған. Оны біз майдан қолбасшысы, генерал-лейтенант М. А. Пуркаевтың бұйрығынан көрдік. Бұл бұйрық бойынша 19 январь күні Холмды азат ету айтылған. Бұл шабуыл алдында жаудың назарын басқа жаққа аудару үшін 17 — 18 январь күндер! Псков пен Новгород партизандары тылдан шабуыл жасауға келіскен. Партизандар белгіленген күні Холмға шабуыл жасап қалаға енген. Көптеген машина, азық-түлік, әскери жарақтарды алып, кері шегінген. Бұлардан кейін отыз үшінші дивизия мен қырық бесінші бригада шабуыл бастаған. Қаланың ішінде сегіз сағатқа созылған кескілескен ұрыс болған. Жау қаладағы төрт шіркеуге бекінген. Оның қабырғаларын айналдыра тесіп, пулемет орнатқан. Көпке созылған ұрыстан соң қаланы екі бөліп тұрған көпірден өте алмай, отыз үшінші дивизия м шегінген. Міне, осындай ұрыстардан соң февраль айында бұл аймаққа Сегізінші дивизия келді. Ол жаудың тылынан, ту сыртынан шықты да, жау бекінісі төңірегіндегі қатынас жолдарды үзіп тастады. Холм қаласы қоршауда қалды. Жау соның өзінде оңайлықпен беріспеді. Екі жүз шақырым ұзақ жолда шаршап та, шалдығып та, кілең ұрыспен, күтпеген жерден шыға келген жаумен шайқасумен келген Сегізінші гвардиялық дивизия қалаға шабуыл жасамай, ту сыртынан айналып өтті. Соның өзінде жау бұл дивизияның басқа майдан жауынгерлерімен қосылуына, өзіміз жақтағы шепке шығуына қарсылық көрсетті. Ловать пен Кунья өзендерінің бойында, өткел үшін қырғын ұрыстар болды. Жау біздің дивизия жауынгерлеріне жылы орын қалдырмаудың айласын жасап, жолымыздағы селолар мен деревняларды жаппай өртеп жатты. Максимовка деген деревняның барлық тұрғыны алпыс адамды бір күнде атып деревняны өртеп жіберген. Біздің жиырма үшінші атқыштар полкінің солдаттары фашистер атып тастаған еліктердің арасынан тірі жатқан он екі жасар баланы тауып алды. Бұл Баня Михаленков төртінші класс оқушысы екен. Бүтін бір деревня тұрғындарының тірі қалған жалғызы, солардың көзі сияқты Ваня полк баласы боп, жиырма үшінші атқыштар полкінде соғыс біткенше, өзі азамат болғанша тәрбиеленді.

III

Жау Холм түбінде қоршауда қалған солдаттарына тамақты, киімді, оқ-дәріні самолетпен тасыды. Біздің солдаттар жау аэродромын тауып ап, оған оқтын-оқтын шабуыл жасаумен болды. Танкке қарсы ататын зеңбіректен жаудың төрт самолетін аэродромда отырған жерінде жағып жіберді. Бұдан соң олар қонуды қойып, азық-түлік, қару-жарақты парашютпен тастайтын болды. Бірде жаудың өз солдаттарына тастаған листовкалары біздің шепке ұшып түскені бар. Онда фашистер: «Холм қорғанысындағы жауынгерлер! Аз шыдай тұрсаңдар, көктемде жаппай шабуыл басталады. Сонда сендер қоршаудан шығып қана қоймай, біздің қаһармандар тобымен бірге, алға шығысқа қарай жүретін боласыңдар!» деп жазған. Мұнымен қатар «Холмды қорғағаны үшін» медалін шығарған. Ал Холм бекінісіндегі әскерлердің командирі генерал Шерер Емен крест орденімен наградталған. Міне, біздің жауынгерлер осындай дандайсыған, жеңістен үмітін үзбеген фанатиктермен шайқасты. Рашит Жанғожин бастаған он үш батыр «көктемде шабуылға» әзірленіп жатқандардың екі жүздейін жер жастандырып жіберді.

Осы шақта аса көрнекті Совет ақыны Семен Кирсанов Батыс майданының штабына келіп, «Гвардияшы Жанғожин» деген өлең жазды. Ақынды ержүрек жігіттің батырлығы, ерлік өлімі қатты толғантты. Көпке онша таныс емес, бұрын қазақ тіліне аударылып шықпаған өлеңнен үзінді келтірсек артық болмас.

ЖАНҒОЖИН БАТЫР

Өрт жатыр лаулап шатырда...
Өмірін даңққа бөлеген,
Ажалды жеңген батырға
Отырмын арнап мен өлең,
Кеткенмен жауып қан көзін,
Алқымнан түтін қысқанмен,
Шатырда батыр Жанғожин
Алысып жатыр дұшпанмен.
Барады ысып үй де тым,
Барады семіп нұр көзде.
Сығымдап қызыл билетін
Талықси берді бір кезде.
Салар ел қайта шатырды
Құлаған күл боп жалында,
Ұмытпас бірақ батырды,
Мәңгіге сақтар жадында.

Рашит Жанғожинға бұл да зор ескерткіш. Ақын жүрегінің асыл сөздері ерлікті мадақтауға келгенде іркілмеген, төгілген, асыл тасқа алтынмен аптап, күміспен қаптағандай мәңгі өшпестей боп жазылған.

Осы жақында батыр жігіттің ерлігіне байланысты тағы бір жан терберлік іс болды. Холм қаласынан оқушы қыз Лида Варшавская жазған хатты айтқаным бар, Сол хатқа Рашиттің інісі Наиль Жанғожин жауап хат, алғыс айтқан хат жазыпты.

«Сүйкімді Лидочка!

Мынау көрсеткен ықыласыңа не деп алғыс айтуға тіл жетпейді, сөз таба алмаймын. Сен менің жалғыз туысым, жалғыз ағам, туған үйден алыста, қатал жаумен шайқаста, теңдесі жоқ ұрыста ерлікпен қайтыс болған бауырымның зиратынан бір уыс топырақ, оның басындағы ескерткіштің фотосуретін жібердің! Мен саған алғыс айтамын. Сен жіберген бір уыс топырақ маған жалғыз бауырымның сүйегінің жанған күлі тәрізді боп көрінді және өткен соғыстың, өзім де қатысқан соғыстың ауыр күндерін есіме түсірді. Әрине, мен ағаммен бірге, сіздің аймақта соғыса алмадым. Мен болсам, осы жақында Батыр қала атанған Новоросийск түбінде, сондағы «Кіші жерде» соғыстым.

Сүйікті Лидочка, сенің сабақты жақсы оқуыңа, Отанын сүйетін адал адам болуыңа, бабаларының ерлігін мақтан ететін, елін соларша сүйетін батыл болуыңа тілектеспін.

Бізге көрсеткен ықыласыңа мың да бір рақмет! Сенің болашағыңның бұлтсыз, айдай ашық болуына шын жүректен тілектеспін!

Алматы көріністерін жіберіп отырмын.

Зор құрметпен Наиль Шаймерденұлы Жанғожин.

10 сентябрь, 1974 жыл».

Міне, тағдырдың құпиялы сыры. Ағасы Рашит Жанғожин Солтүстік-Батыс майданында ерлікпен қаза тапқан шақта оның өзінен екі жас қана кіші, туған інісі Наиль Жанғожин Кавказда, Отанның ең ыстық, Оңтүстігінде соғысып жүрген. Ол Кавказды жаудан азат ету ұрыстарына қатысты. Наиль Жанғожин де ағасы тәрізді даңқы әлемге кеткен он сегізінші десанттық армияда, Ұлы Отан соғысы жылдарында Леонид Ильич Брежнев пен Константин Леселидзе басқарған жауынгер сапта, Новороссийскідегі «Кіші жерде» соғысқан. Капитан Н. Жанғожин бірнеше жауынгерлік орден және медальдармен наградталған. Ол қазір Алматыда қызмет істейді. Лида Варшавская хат жазып отырған Рашит Жанғожиннің осы інісі. Кіші Жанғожин сапында болған он сегізінші армия жаудан азат еткен Новороссийск мен Керчь қалаларына Батыр-қаһарман атағы берілді. Осының өзі-ақ талай-талай өлмес ерліктерді баяндап тұрған тәрізді-ау! 1974 жылдың 6 сентябрі күні Леонид Ильич Брежнев жолдас қаһарман қала Новороссийские Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалін тапсырып, тарихи сөз сөйледі. 1943 жылдың 4 февралінде Новороссийск түбіне десант түсірілген. Он сегізінші армия жауынгерлері не бары отыз шаршы километрлік жерді жеңіп ап, екі жүз жиырма бес күн бойы ерлікпен ұстап тұрған. Ал, 1943 жылдың 16 сентябрінде осы жерден басталған шабуылдың нәтижесінде қаланы азат еткен.

Міне, ағайынды Жанғожиндер майданда, Отан үшін шайқаста осындай жерлерде соғысқан.

IV

Осы сапарда сонау 1941 жылдың жазында Отан үшін ерлікпен құрбан болған сол кездегі батальон командирі майор Николай Антоновтың жұбайы мен қызын кездестірдім. Бір сөздің ретінде, шешесінің көзін ала бере қызының былай дегені бар:

— Мамам қазір елу бесте, жақында пенсияға шықты. Бұл екі баласымен жесір қалғанда жиырма екі жаста екен. Содан бері отыз үш жыл өтті. Әкемді ұмытпайды. Басқаға шыққан жоқ. Оған сол әкем бүгін-ертең қайтып оралатындай болады да тұрады. Көзімен көміп, қолымен топырағын салмағансын, үміт деген соныңнан қалмайды екен. Міне, мамам бейбақ әкемді отыз үш жыл бойы күтіп келеді. Өзі де күте-күте қартайды. Аянмын. Көп жылғы үмітін үзер ме екен деп, соғыс болған, әкем соғысқан жерге әдейі алып келдім. Мұным да сәтсіз боп шықты. Әкемнің зиратын таба алмадым. Осы жерге жерленген деген төңіректен табылмады... Мынау сіздердің жауынгерлерге қойылған ескерткіш тәрізді белгі, аты-жөні жазылған құлпытас болмағансын қиын екен. Іздеп келіп таба алмаған соң, мамам бұрынғыдан бетер күтетін шығар...

— Күтсе күтсін, күткен адам көп жасайды! — дедім.

Әрине, жай сөз. Шындығы да жоқ емес. Вера Николаевнаның (Антоновтың қызы) әңгімесінен соң өзім де ойға кетіп, осы аймаққа әдейі іздеп келген батырлардың семьясын, жарын, анасын, апа-қарындасын, баласы мен қызын көз алдыма алып едім. Олар да осы Антоновтың жесірі сияқты әлі күнге дейін күтіп те жүрген шығар. Күтсін! Рашит Жанғожин қасында болған ержүрек, батыр жігіттер қанша жыл күтсе де, күтуге тұратын ерлер.

Холм тұрғыны, партия қызметкері Василь Васильевич Карповқа Жанғожин тобының ерлігінен баяндадым.

— Осынша ұзақ жол жүріп, жорықпен, ұрыспен келіп, Сутокиде былай айқасуына қарағанда бұл жігіттер өте күшті, бойында қуаты, қайраты мол нағыз батырлар болса керек! — деді ол.

Ал, бұлардың, он үш жігіттің елін, жерін, Отанын сүйген батырлар екеніне ешкім шек келтірген емес. Бұлар қандай да болмасын, шектен, күдіктен әлдеқайда жоғары тұрған қасиетті жандар! Он алтыдан тірі қалған үшеудің бірі, белгісіз солдаттың да ер жігіт екеніне күдіктенгің келмейді. Өкініші сол — бұл кім еді? Ол қайда жүр? Тірі ме? Бұдан соң да талай-талай ерлікпен көзге түсіп, батырлық жасады ма? Бұл қазіргі бас сауалдың бірі. Қайда жүріп, қандай ескерткіш көрсем де басымнан осы бір белгісіз солдат шықпай қойғанын жасыра алмаймын. Он алтыншы, сен кімсің?

V

Міне, орыс жерінің тағы бір тарихқа бай, кәрі өңірі Псков қаласына келдім. Осы қаланы, бүтін Псков өңірін жаудан азат етудің отыз жылдық мерекесіне қатыстым. Төрт күн бойы ұлан-асыр мереке өтті. Оған осы өңірдегі майданда аты шыққан белгілі қолбасшылар, батырлар қатысты. Мереке белгісіз солдаттың денесін ұзындығы тоғыз шақырымға созылған, Москва Кремлінен жасы үлкен Псков бекінісінің ішінде жерлеуден басталды. Бұл ұлы жеңістің отыз жылдық мерекесінің бастамасы тәрізді зор мейрам боп кетті.

Тарихсыз ешкім жоқ. Әрі-беріден соң әрбір белгісіз солдаттың өзіне лайық өмірбаяны бар. Мәселен Кремль түбіне жерленген солдат біздің аты аңызға айналған дивизия соғысқан Дубосеково түбінен алынды. Оның басына «есімің сенің беймәлім, ерлігің бар өлмейтін» деп жазылған. Мұның өзі маған оның өте қысқа жазылған өмір тарихы тәрізді әсер етеді. Ал, Псковке жерленген белгісіз солдаттың тарихы ше? Бұл 1944 жылы, 19 июль күні, Великая өзенінен өтерде қайтыс бопты. Шамасы, біздің бөлімдер шегінген кезде, солардың өткелден аман өтуін қамтамасыз ету үшін тосқауылға қалдырған көрінеді. Қаруластарын өткізіп, енді өзеннен өзі өтпек болғанда жау оны қатты жаралапты. Сөйтіп, ол Батькович селосының тұрғыны Гриша шалдың, үш баласы майданда жүрген колхозшының үйінде өлген. Тосқауылға әдейі қалдырған солдаттың қалтасында документі болмаған. Жолдастарын өлімнен құтқарып, өзі қаза болған белгісіз солдат Псков Кремлінің ішіндегі жеңіс алаңына жерленді.

Осы жиында педагог К. Громова сөйледі.

— Менің аналық жүрегім көп азап шеккен жүрек, — деді ол. — Сол бір мұңға толы жүрегім қазір ерекше толқып тұр. Мынау жатқан белгісіз солдаттың зиратын қайтпай қалған, көп жыл күткен өз баламның зираты дегім келеді. Менің жүрегім сонда ғана толқуын, күтуін басатын тәрізді. Бұл менің баламның зираты.

Ұстаз ананың бұл сөзі көпке қатты әсер етті. Ойлап кеттім. Рашит Жанғожин тобында болған он алтыншы жігіт осы емес пе екен деген сауал басыма бірден түсті. Оның тірі жүріп, осы шақта тағы бір ерлік жасауы ғажап нәрсе емес. Он алтыншы осы емес пе екен?

Бұл мерекеден Пушкин тауларына келдім. Сегізінші гвардия дивизиясы бұл аймақты, оның ішінде Ибрагим Ганнибалдың мекені Петровскийді жаудан азат етуге қатысқан. Көретін, еститін нәрсе бұл ғана емес-ті. Соғыс жылдарында бұзылған, қираған ақын мекені қазір қандай күйде екенін білу мақсаты да бар еді. Жау оны мүлде қиратып кеткен. Пушкиннің Михайловскийдегі үйі, Святогор монастыры, Петровский, Тригорскийдің бәрі бүлінген еді. Жау ақын мазарының астына мина қойып кеткен. Содан бері отыз жыл өтті.

Ақын мекенін қалпына келтіру соғыс біткен күні басталған еді. Қазір бұрынғы қалпына келіп қана қоймаған, бұдан отыз жыл бұрын отырғызылған қайың, қарағай, шырша, жеке ағаштарының аралас орманы ну тартып, зәулім боп кеткен. Ол жердегі Малец, Кучань көлдері мен Сороть өзені бұрынғыша мөлдіреп ағады, көз тартады.

Пушкин музей-қорығына Пушкиногорский, Михайловский, Петровский, Тригорский, Савкингора, Воронич тәрізді әдемі ел мекендері кіреді. Музей-қорықтың жалпы көлемі миллионнан аса шаршы метр.

Бұл мекенді мемлекеттік қорыққа айналдыру жайында Совет өкіметі 1922 жылдың өзінде арнаулы қарар қабылдаған. Міне, содан бері қарай біздің еліміздегі қасиетті жерге айналған ақын мекені бұл күнде қалың көпшіліктің құрметтеп бас иетін, алыстан іздеп келетін жаңа мекендерінің біріне айналды. Қазір бұл жерде жыл сайын екі рет поэзия мерекесі өтеді. Бірі ақынның туған күніне, бірі ақынның өлген күніне арналады. Мұның үстіне Александр Сергеевичтің мекенін көруге, ақынға шабыт берген, ой салған, қиялын тасытқан жерлерді тамашалауға жылына мыңдаған саяхатшылар келеді екен.

Пушкин таулары аудандық партия комитетінің бірінші секретары Анна Федоровна Васильева ақын атындағы ауданның болашағы, экономикасы, қазіргі жайы хақында байсалды әңгіме айтты. Соңғы жылдары төрт қабат зәулім қонақ үйі, Советтер үйі, турбаздар салынған. Оннан аса көп қабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Қазір Пушкиногорский мен Михайловский арасындағы ну орман ішінен төрт қабат, алты жүз адамдық қонақ үйі мен турбаза салынып жатыр. Сонда Пушкин музей қорығы жылына мыңдаған қонақ, саяхатшылар қабылдап, аттандыра алады.

— Ақын мекеніне келген әрбір адам, ол әдебиетші болсын, әнші, артист, академик болсын, жүмысшы, шаруа болсын сол ақынның өзі рахаттанғандай рахатқа, қуанышқа, шабытқа бөленсін дейміз. Сол үшін қолдан келген жақсылықты аяғамыз жоқ. Біз бұл мақсатымызға бірте-бірте жетіп те келеміз. Бізге А. С. Пушкин атына байланысты әрбір зат, кітап, бұйым, тіпті ағаштар, сол ағаш басына ұя салып, балапан өсіріп жатқан ләйлектердің өзі қымбат.

Анна Федоровна айтқан әрбір сөзден ақын атын құрметтеудің ыстық лебі еседі. Бұған қосымша Пушкин қорығының сақтаушысы Семен Степанович Гейченконың еңбегін, оның музей қорық директоры ретінде еткен еңбегін ерекше айтуға болар еді. Ол ақын тарихына байланысты бірнеше көркем әңгіме, ғылыми кітап жазған адам. Ол — тарихшы әрі жазушы. СССР Жазушылар одағының мүшесі. Бұл адамның ең бір тамаша қасиеті сол жасының жетпіс төртке келгеніне қарамай ете жас, ширақ, өзіне сеніп тапсырылған іске берілуінде шек жоқ. Оның аса бай кітапханасында Пушкин жайында жазылған, айтылған аңыз, ертегі, алып қашпа сөздер, әзіл-қалжыңдар түгел жиналған. Бұлардың көбі басылмаған. Не дегенмен, бұл кісінің еңбегі алақанға салғандай көрініп тұр. Мынау не деп сұрауға орын жоқ. Сонда да болса, ол кісіге бір сауал бердім.

— Революцияға дейін А. С. Пушкинді өте жақсы көрген, оны сүйіп аударған шығыс ақындарынан кімді білесіз? — дедім.

— Кім болғанда да, Абайдан асқаны жоқ. Ол Пушкинді сүйіп аударған. Сөйтіп, әйтеуір Пушкинді қалың елге жеткізуге жол іздеген, оны тапқан адам түркі тілдес халықтардан Абай ғана десем артық та, кем де болмайды.

Осыны айтып отырған Семен Степановичтің өзі де солдат. Ол Волхов түбінде, 1943 жылдың қысында бір қолынан айрылды. Бұл да Пушкин мекенін жаудан азат етуді армандаған көптің бірі еді. Ол сонау Ленинградтан үнемі ақын тұрағына қарай жасалған шабуылдарға қатысты. Жаралы болып, бір қолынан айрылса да, осы аймаққа ең бірінші боп жеткендердің бірі — Гейченко.

Мұндайда Гейченконың білімдарлығына таңдануға болады. Ол оқыған адам. Өзіне сеніп тапсырылған үлкен істің мәнін, ақын мұраларын сақтаудың маңызын, оның қасиетін терең ұғатын жан.

— 1945 жылы осында келсем Михайловский музей қорығына кіре берісте белгісіз солдаттың жерленген орны бар екен. Бұл кім де болса, қасиетті жерді, ұлы ақын мекенін жаудан азат ету ниетімен келе жатып, аз ғана жер жетпей кеткен сабаз екен, мұны қасиеттеу керек деген ниетпен бақтың ішіне алдырып, қайта жерлеттім, — дейді ол.

Бақтың ішінде, үлкен жолдың үстінде сол белгісіз солдаттың ескерткіші тұр. Қызыл шұбар тасты қашап, оған алтынмен: «Ей, жолаушы, мынау жатқан белгісіз солдат сенің болашағың, өмірің үшін құрбан болған, қасына тоқтамай өтпе, басыңды и!» — деп жазылған. Пушкин тауларына жылына мыңдаған саяхатшы, қонақтар, ақын-жазушылар келеді. Солардың бірде-бірі бұл зиратқа, Пушкин мекенінде жатқан белгісіз солдаттың зиратына тоқтамай, бас имей етпейді.

Мен де бас идім. Бас ие тұрып ойға кеттім. Біздің Сегізінші гвардия дивизиясының жауынгерлері нақ осы арадан төрт шақырым жерден, Петровский деревнясының үстімен өтті. Ал, Петровский болса Ұлы Петрдің арабы, ақынның үлкен атасы Ибрагим Ганнибалдың мекені. Сонда, мынау төрт шақырым жерде жатқан белгісіз солдатты кім деуге болады? Ең алдымен осы біздің панфиловшылардың бірі емес пе? Мен іздеп жүрген он алтыншы батыр осы ма деп тағы ойладым.

Бұл бекер ой емес, Панфиловшылар Пушкин тауларын жаудан азат етуге көп үлес қосты. Сороть пен Великая өзендерін басып өтті. Шайтан таудың (Чертова гора) түбінде кескілескен қырғын ұрыстар болды, Жау көпірден бізді өткізбеуге, өзеннің арғы бетін бермеуге жанталасып күш салды. Бұл жерде жаудың «Пантера» атты қорғаныс шебі болды. Қорғаныс шебі кілең жуан ағаштардан, темір бетондардан, терең орлардан, сым қоршаулардан, мина төселген ұзақ та енді алаңдардан жасалған еді. Міне, панфиловшылар осы «Пантераны» бұзып өтуде асқан ерліктер жасады. Локня, Насва, Новосокольники түбіндегі шайқастарда көп шығынға ұшырағанына қарамастан, Пушкин мекенінде тағы да жауға қаһар төгіп, ақын мекенін жаудан босатуға қатысты.

Пушкин тауларындағы қызықты да күтпеген кездесудің бірі Вельевский селолық Советінің председателі Олимпиада Исаковамен дидарласуым еді. Бұл кісі мен қызмет еткен жиырма үшінші полктың байланысшылары ротасында болған. Өзі осы өңірдің адамы. Осы кісінің көмегімен Пушкин тауларында біздің даңқты дивизияның қай жерлерімен өткенін еске түсірдік. Петровскийден бастап, ақын мекенінің қасындағы Синюхово, Мищино, Васильевский деген елді мекендерін босатқанбыз. Шайтан тау мен осы деревнялар түбінде біздің ержүрек панфиловшылардың біразы мәңгілік ұйқыда жатыр. Еске түседі, кейде егіліп кетесің. Бұл жерде Отан үшін құрбан болған қарулас достар, құрдастар, ағалар мен інілер жатыр. Ие, кешегі Ұлы Отан соғысының жалыны шарпыған қай селоға барсаңыз да солдаттарға, ерлерге қойылған ескерткіштерді көресің! Пушкин тауларында да мұндай ескерткіштер көп.

Халыққа, саяхатшы қауымға эстетикалық тәрбие берудегі ерекше еңбегі үшін Пушкин музей қорығы Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған. Бұл ақын атына, оның мұрасы мен мекеніне, басып кеткен іздеріне деген құрмет, ізет.

Аудандық партия комитетінің бірінші секретары ақын мекенін көркейту жайында көп айтты.

Соғыс жылдарында гитлершілер өздері басып алған жерлерге өздерінше иелік етіп, бөліске салғанын білесіз. Сол кезде Пушкин мекеніне фрау Шиллер қожа болмақ боп, сонау Германиядан осында келген. Ол өзін ақын Шиллердің ұрпағы едім деп таныстырған. Мұның рас-өтірігі белгісіз. Бірақ, фрау Шиллердің осында болғаны рас. Совет Армиясы осы өңірге жақындай түскен шақта фрау бұл жерден қашып кетті. Музей заттары жоқ боп шықты. Оларды біздің әскерлер Литва жерінен ұстап, ақын мекеніне қайырды. Бұл ақынға кейін сұқтанған бір әйел деңіз...

Гейченконың айтуынша тағы бір әйел бар. Бұл да қызық...

1944 жылдың көктемінде біздің әскерлер Пушкин тауларына жетті. Ақын мекені екі майданның екінші және үшінші Балтық майданының нақ шекарасына тап келді. Екі майданның да қолбасшылары арнайы бұйрық жазып, өте бір қажет, басқа жолы қалмаған шақта болмаса А. С. Пушкин мекеніне қарай артиллериядан, тіпті мылтық пен автоматтан оқ атылмасын деп көрсетті. Бұл бұйрық Пушкин тауларына жақын тұрған екі майдан бөлімдеріне тез тарады. Шабуыл шебіндегі солдаттар: «Алда Пушкин жатыр. Оның жатқан жеріне қарай оқ атылмасын!» деп, бірден-бірге хабарлап, тез жеткізді. Солдаттар алда тұрған көк орманды көгілдір тауларға көзі талғанша, жүрегі дірілдеп қасиетпен, құрметпен қараған. «Алда Пушкин жатыр! Оқ атылмасын!»

Соғыстың аты соғыс. Күтпеген бір оқиға болғаны бар. Михайловскийдің нақ түбінен, Пушкин жырлаған Сороть өзені ағады. Осы өзеннің Михайловскийге қарсы бетінде, небәрі бір шақырымға әрең толатын жерде Зимари деревнясы бар. Біздің әскерлер Зимариді алды. Михайловскийге шабуыл жасамады. Жау ақын үйін штаб етіп алған. Зимариден бәрі көрініп тур. Жау үйге кіріп-шығып бейбіт жүр. Совет солдаттарына берілген бұйрықтың барын, немесе долбармен-ақ бұл үйге оқ атылмасын білсе керек. Тым еркін.

«Жағдай әлде қандай болады?» деген оймен капитан Анна Нестерова өзінің қол астындағы батареядағы 76 миллиметрлік зеңбіректің төртеуін ақын үйінің Зимариға қараған төрт терезесіне дәлдеп қойған еді. Қуақы солдаттың бірі:

— Мынау иығына төрт жұлдыз таққан сылқым келіншек жүрегі шымырлап, шіміркенбестен-ақ әйел сүйген ұлы жүректің ұясын атқалы жүр! — деп күлген.

— Атса несі бар? Онда жау жатыр.

— Біз айналып өтсек, жау өзі-ақ кетеді.

— Арқамыздан біздің өзімізді атса қайтесің?

«Жауды аяған жаралы болар» деген халық данышпандығы осындай әбес ойдан, піспеген істен шықты-ау деп түйесің. Өйткені бұл екі солдат сөзін аяқтап үлгерген де жоқ. Жау Михайловскийден Зимариды ата бастады. Жаңа ғана әзілдеп сөйлесіп тұрған екі солдаттың бірін зеңбірек оғы мұрттай ұшырды. Жаудың нақ ақын үйінің терезесінен атып жатқаны байқалды. Капитан Нестерова:

— Терезені дәл көздеп, төрт снарядпен атыңдар! — деген команда берді.

Солдаттардың жүрегі шымырлап, қолдары дірілдеп, күні бұрын нысанаға дәлдеп, көздеп қойған зеңбіректен жіберген оқтары терезеден өтіп, жаудың пулеметіне соқты. Жау өзінің нысанаға күн ілгері алынғанын сезе қойды да, кетуге асықты. Жай кетпей ақын үйін өртеп кетті. Пушкиннің «Евгений Онегин», «Цыгандар», «Борис Годунов», «Полтава», «Мыс салт атты», «Петрдің тарихы» тәрізді данышпан шығармаларын жазған асыл үясы алаулап жанып жатты. Қанша мықты болғанмен нәзік жанды әйел емес пе, мұның үстіне ол мектепте, сонау жас шағынан Пушкин шығармаларын оқып, жаттап өскен емес пе, Анна Нестерова жалынға көзін сүзе қарап, аз уақыт ойда тұрды да, солдаттар көрмесін дегендей, оларға өзінің осалдығын сездіргісі келмегендей, қос қолдап бетін басты да теріс айналып кетті.

А. С. Пушкин қаламынан туған осы дүниелерді сарсыла оқып отырғанда кітап беттеріне мыңдаған, миллиондаған әйел көздерінің жасы төгілген-ақ шығар? Сол күні ақын көп жүрген, ізі түскен қасиетті жердің топырағына тағы бір келіншектің ып-ыстық жасы тамып еді.

Бұл 1944 жылы май айының алғашқы күндері болатын. Біздің әскерлер Святогор монастырын жаудан босатып. Жау бар жерді миналап кеткен. Ақын ескерткішінің басына «Пушкин зираты миналанған. Кіруге болмайды. Аға лейтенант Старчеус» деген жазу жазылды. Ол миналарды өзі тазартты. Бұл да болса қиын күндердің ақынға қойған белгісі болар, осы жазу музейдегі қымбатты заттардың бірі ретінде әлі сақтаулы тұр. Ал саперлер ротасының ержүрек командирі Григорий Старчеус сол жылдың октябрь айында өзінің ата мекені Литва жерінде ерлікпен қайтыс бопты. Мұның жүрегінде де ақынға деген бір ұшқын жатыр.

Соғыс жылдарында біздің Сегізінші гвардия дивизиясы отыз үшінші атқыштар дивизиясымен тағдырлас болды. Екеуі де генерал Галицкий басқарған үшінші екпінді армияда, генерал Кутузов басқарған 2-гвардия корпусында бірге болды. Сөйтіп, Калинин; Новгород, Псков жерінде талай-талай маңызды аса үлкен шайқастарға қанаттасып бірге қатысты. Осы сапарда жүргенде 22-дивизияның бұрынғы барлаушысы, атағы сонау Солтүстік Батыс майданына барған офицер Борис Аврамовпен кездестім.

Борис Михайлович кезінде «жау тылының серісі» болған адам. Ол жайында жазылған кітап та бар. Соғыс жылдарында барлаушылардың басшысы Аврамовты жау да, партизандар да, біз де жақсы білгенбіз. Өзі, де алып денелі, қара шашты, тұнық көк көзді, жүзі қоңыр, келісті жігіт болатын. Қазір қара шашы бурыл тартқан. Әлі қажырлы екен батыр барлаушы.

Біздің Бауыржан Момышұлының өзінде телефонистка болған Антонина Андреевнаны да күтпеген жерден жолықтырдым. Насат келген сүйкімді ақсары қыз өте келісті келіншек болған. Бойы ұзын, денесі тартқан сымдай түп-түзу, соғыс жалынын кешіп өткен әйел екенін отты көзінен, сүйкімді өңіне із түсірген әжімнен ғана көресің. Аса мейірімді, мәдениетті, парасатты адам екені сөзінен, жүріс-тұрысынан, өңінен, тіпті киім киісінен көрініп тұр.

Антонина Андреевна Андреева қазір Литваның Капсукас, бұрынғы Мариямполе қаласында тұрады. Ол да мен сияқты жастық шағын соғыспен өткізген жерлерді көруге келген екен. Бірнеше күндер бірге боп, ұрыс болған жерлерді араладық. Ажырасар кезде ол:

— Ал, кәні, мені қайдан, қалай кездестіргеніңізді гвардия полковнигі Бауыржанға қалай баяндайсыз? — деді.

— Солдатша баяндаймын.

— Мәселен...

— Жолдас гвардия полковнигі! — деймін. Мұндай сөзді естігенде оның өңі өзгеріп, көзі жайнап, сұсы өзгере бастайды. — Күтпеген жерден атақты Балдай қыратында бір келіншекпен кездестім. — Мынау маған не айтқалы тұр, — дейді де, ала көздене қарайды. — Келіншек деймісің? Сенің келіншекпен кездескеніңнің маған қандай қажеті бар? Дегенмен айтып бітір. Келіншек деймісің! — Ие, әлгі келіншек сіздің бұрынғы телефонисткаңыз екен. — Қызық екен, сөйле! — дейді ол. — Сіз оған соғыс біткен күні өз қолыңызбен жауынгерлік еңбегі үшін Қызыл Жұлдыз орденін тапсырыпсыз. — Кім деген? — деп оның шыдамы кете бастайды, Сонда мен оған: Антонина Андреевна, бұрынғыша Тоня Андреевна! — деймін. Сонда ол: — Рақмет, білемін! — дейді.

Соғыстағы достар нағыз достар екен. Сағынып көріседі. Көңілде кірбің жоқ. Бір-бірін қас-қабағынан түсінеді. Осындай жақсы ұғысу Борис Михайловичпен екеуміздің арамызда болды. Мен өзімде бар бір кітаптан оның фотосын көрсетіп, ол туралы жазылған ерлік беттерін оқи бастадым. Ол қолын кетерді де: — Жетеді, омы қой, әңгімені айт! — деді. — Бізді мақтаудың қажеті жоқ. Біз отыз жылдан бері не істегенімізді ұққан сияқтымыз. Енді оны керек болса жас ұрпақ оқып біліп алсын. Біз оқымай-ақ білеміз, одан да әңгіме айталық.

Оқуды қойып, әңгімеге көштік. Бәрібір соғыс жайында, отты жылдардың тарихы хақында болып кетті. Ол Пушкин мекеніне байланысты екі қызық әңгіме айтты. 1941 жылдың июль айында біздің әскерлер Пушкин тауларын тастады. Ал 1944 жылдың июлінде, тұп-тура үш жылдан соң қайта босатты.

— 1941 жылдың жазында, — дейді Борис Михайлович, — шегінушілердің ең соңынан Светогорскіге келдім. Келсем, тұрғындар кетіп қапты. Біздің әскерлер де жоқ. Жау әлі келіп үлгермеген. Мен де өз барлаушыларыммен шығысқа қарай Локняға бет алдым. Терезесі сынған бір үйдің қасынан өтіп бара жатсам дабырлаған дауыс естіледі. Келдім. Қарасам, бір-екі адам айтысып тұр. Төңірегі толған қапшық, жәшік.

— Бұл не? Нағып тұрсыңдар?

— Ақша. Осындағы банктің ақшасы. Не істерімізді білмей тұрмыз. Келе жатқан машинаны жау атқылап қиратыпты. Енді қайтеміз?

— Екеуің де сыртқа шығыңдар! — дедім. Екеуі де шыға келді, — Жабыңдар есікті!

— Жолдас лейтенант, ақшаны жауға тастап кетеміз бе?

— Жабыңдар есікті!

Есік жабылды. Бес-он қадам шегіне беріп, сынған терезеден қаппен жәшіктің үстіне жандыратын май құйған екі бутылканы лақтырдым... «Ойбай, жолдас лейтенант, бұл ақша ғой!» деп біреуі жыламсырап қолымнан ұстай алды. Қағып жібердім қолын. Бетіме сұстана қарады. Ақша, үй жанып жатыр, жанып болғанша қарап тұрдым.

— Сіз кімсіз — деді әлгі екеудің бірі есін енді жинап алғандай.

— Кім екенімді көріп тұрған жоқсың ба?

— Жоқ ә, осындай да осындай мыңдаған сом ақшамен банк үйін өртедік деген акт жасаймын. Соған сіз қол қоясыз.

— Келесі жылы осы уақта осы жерге келем, сонда актіге қол қоямын. Менің фамилиям Аврамов, — дедім де, шығысқа қарай жүріп кеттім. «Келесі жылы келем» деп аздап асыра айтқан екенмін. Нақ үш жылдан кейін Пушкин тауларына қайта келіп, Светогорск монастырының төрт жүзден аса минадан тазартылғаны, монастырь үйінің құлап жатқаны жайындағы актіге қол қойдым. Бұл акт Нюренберг процесіндегі іске тіркелген дейді. Бірақ айтайын дегенім бұл емес. Айтайын дегенім соңғы актіге қол қойып отырғанда көз алдыма жанып жатқан үй, қап-қап ақша, қасында не істерін білмей есінен адасқандай боп тұрған екі адам елестеп кетті...

Қазір Пушкин таулары құлпырып тұр. Көк орман. Қалың шабындық.

Кешірек, соңынан болса да оқушы қауымға Пушкин таулары дегенді ұғындыра кетсем деймін. Орыс елінің ең ескі қасиетті қалалары Псков пен Новгород тұрған жерге қараңыз, бұл жерлер географияда «Ұлы орыс қыраты» немесе «Балдай жотасы» деп аталады. Пушкин таулары осы ұлы қыраттың батыс жаққа қарай созылған ең соңғы сілемі. Биік-биік көк шоқылар. Бұл шоқылардың әрқайсысында орыс елінің ерлік тарихын көрсететін бекіністер, қорғандар, соғыстық мәні бар әскери қалашықтар болған. Демек, ұлы орыс қыратының үстінде талай-талай зор шайқастар еткен. Бұл жерде орыстар князь Витовтың, король Стефан Баторидің, Густаф Адольфтың, неміс рыцарьларының мыңдаған армиясына соққы берген. 1917 жылдың февралінде Николай II Псков түбінде Романовтар ұрпағының тақтан түскені жайындағы актіге қол қойды. Ал келесі жылдың 23 февралінде Псков пен Нарва түбіндегі жеңіске байланысты Қызыл Армия туған күні деп аталды. Міне, осындай тарихи жерде 1944 жылдың жазында тағы да үлкен шайқастар, ұрыстар болды, Совет Армиясы жеңіске жетті. Жаудың бар ниеті бізді Балтық жағалауына қарай өткізбеу еді. Ол үшін ұзындығы екі жүз километрден асатын «Пантера» атты қорғаныс шебін жасады. Бұл шеп темір-бетоннан, қабат-қабат қарағайдан, жерге көмілген танктер мен зеңбіректерден жасалған-ды. Пушкин қорығының көп жылдық қарағайлары мен шыршалары, қайыңдары мен жекелері жаппай кесіліп осы бекініске төселді. Мұндай бекіністі бұзып өту Совет Армиясының солдаттарына оңайға түскен жоқ. От-жалынның шетінде, кескілескен қиян-кескі ұрыстарда совет солдаттары жаппай ерлік көрсетті. Қатардағы жауынгер Александр Матросов өзінің мәңгі естен кетпес ерлігін осы Псков жерінде жасады. Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, полковник Әбілқайыр Баймолдиннің, сержант Жаманбай Қырғызбаевтың батырлықпен қайтыс болған өңірі де осы Псков жерінде. Алғашқы аталған екі қызға мәңгілік ескерткіш қойылған. Псков колхозшысы, сексенге келген Матвей Кузьмин 1812 жылғы соғыстың батыры Иван Сусаниннің ерлік ісін қайта лады.

Пушкин таулары бұрынғыша, сонау ақын тірі кезінде көрген қалпында көздің нұрын толтырып, көгілдір тартып, көкжиекпен септесіп жатыр. Ақынға шабыт берген, жүрегін қытықтап ой салған көркем жердің, асыл да қасиетті мекеннің көркейе түсер шағы алда екен. Спятогор монастырының биігіне көтерілген шақта төңіректің бәрі гүл шоғынша көз тартқан көкпеңбек шоқылар, көгілдір белестер боп кетеді.

Міне, осы қасиетті жерді жаудан азат етерде ерлік көрсеткен көп жігіттердің бірі Жаманбай Қырғызбаев. Өзі бұрын аталмаған, осы күнге дейін ерлігі көпке таныс болмай келе жатқан жігіттің бірі екен. Сондықтан да бұл сержанттың батырлығын ежіктеп айтуға болар деймін. Майдан қолбасшысы, Армия генералы А. П. Курочкиннің атына жазылған бір хатта былай деп жазылыпты: «Сіздің қарауыңыздағы бөлімдердің бірінде сержант Жаманбай Қырғызбаев өзін мәңгілік даңққа бөледі. Бұл қазақ жігіттің ерлігінде шек жоқ. Бұл өте тәжірибелі, айлалы жауынгер екен. Ол өзінің бөлімшесін сан рет атакаға көтерді. Бұл атакаларды ол ойлап, өте сақтықпен жасады. Содан да шығын тым аз болды.

Ол өзінің соңғы шабуылдағы ұрысын нақ осындай әдіспен ұйымдастырды. Жаманбай Қырғызбаевқа жаудың траншеясын басып алу бұйырылған еді. Ол жаудың алғы шебін жақсылап, ұқыпты барлады. Жаудың алғы шебінен кетік тапты да, сол жерден жер бауырлап ішкі жаудың екі ортасына еніп кетті. Сөйтіп бір оқ атпастан жаудың траншеясына кірді де қолма-қол шайқасқа кірісті. Гранатамен, штыкпен жауды жойып, олардың шебін басып алды. Қырғызбаевтың өзі жаудың он үш солдатын штыкпен түйреп жоқ етті. Басқа бөлімдер қашқандардың шебіне еніп, жаудың мықты бекінісін алды.

Сөйтіп, сержант Қырғызбаев бұйрықты мүлтіксіз орындады. Жаудың қайталап жасаған үш атакасын тойтарды. Батыр сержант Қырғызбаев осы ұрыста ауыр жаралы болғанына қарамай қатардан кетпей қойды. Ол «шегінбеңдер, оқ жетпесе штык бар!» деп айқайлаған.

Сержант Жаманбай Қырғызбаев ерлікпен қаза тапқан. Оны майдан қолбасшысы Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен наградтаған. Өзі қызмет еткен полктың жауынгерлік тізіміне мәңгілік тіркелген. (Осы жерде айта кететін бір сауал: Жаманбай Қырғызбаевтың майдандас достары кімдер, ол өзі қайдан, туыстары кімдер?) Оқушы қауымнан осыны айтуды өтінер едім.

VI

Ақын мекеніне қайта оралайын. Пушкин бағы, ақын қорығы баяғыша, қаз қалпынша сыңсып тұр. Қираған, кесілген ағаштардың орнына бұдан отыз жыл бұрын отырғызылған жас шыбықтар қазір ну орман болған. Мұны бақ, қорық деп атау мүлде аз. Бұл үлкен парк. Көлемі сегіз жүз гектар, ит мұрны өтпес сыңсыған орман. Бұл жерге егін салуға, мал жаюға болмайды. Шөп шабудың өзіне арнаулы рұқсат керек.

Бұрынғы ескі ағаштарға, ақынның өзін, әйелін, балаларын көрген ағаштардың көбіне «операция» жасалған. Ондай ағаштардың діңгегіне енген оқтар, снаряд жарықшақтары алынған. Сынған ағаштарға кәдімгі қолын, аяғын немесе қабырғасын кескен солдаттар тәрізді операция жасалған. Ақынды көрген кейбір кәрі ағаштардың діңгегі шандылған, құрсаулап байланған. Пушкиннің өз сөзімен айтсақ «Анна Керн орындығы», «Тыныштық аралы», «Ой аллеясы», «Бүкір көпір», «Шатыр-шырша», «Жел диірмен», «Аққұтандар ұялайтын жөке ағашы», «Үш қарағай» — бәрі де ұлы жанды, данышпан ақын жаңа ғана қасынан өтіп кеткендей қиялда, ойда тұр. Ал, жазу кабинеті ше? Беті ашылып жатқан қалың кітап, қауырсын қалам, ақ қағаз, салынған сурет — бәрі де жазу столында жаюлы жатыр. Анадай жерде ақын ойнаған биллиард шарлары тобын бұзуды күтіп тұрғандай ұйлыға қалған. Ал ақынның өзі болса жазудан шаршап, оқудан шалдығып әлгі бір әзірде сыртқа, Анна Кернмен қолтықтасып көп жүрген аллеяға дем алуға шығып кеткендей боп тұр...

А. С. Пушкин мекенінің бас сақтаушысы Семен Степанович шын мәнінде өте қызық адам. Оның бес-алты бөлмелі үйінде екі жүз самауыр, екі жүз елу ат тағасы, мың кілт, екі мың қоңырау, жүз құлып, екі жүз ядро, мың үш жүз зерлі тостаған, қасық тұр. Бұл оның өмір бойы жинаған бар байлығы. Осы бөлменің бірінде бүйректі үлкен болыскей самауырдан шай ішіп отырғанда Пушкин жайында, оның бүтін дүниеге тарап кеткен үш жүз алты ұрпақ-жұрағаты жайында әңгімеледік. Осылардың бәрі Александр Сергеевич пен Наталья Николаевнаның өзінен, екеуінің төрт баласынан (екі қыз, екі ұл) тараған. Айтпақшы ең. үлкен қызы Мариядан, кіші улы Григорийден бала болмаған. Сонда әлгі ұрпақ — үлкен баласы Александр мен кенже қызы Натальядан тараған боп шығады. Қазір бұлардың жүз қырықтайы тірі жүр. Бір қызығы сол ұлдан тараған ең, соңғы Пушкин, мұның да аты Александр, бұл да Москвада 1951 жылы туған, қыздан тараған ең кіші ұрпақ — Сергей Теренкин 1971 жылы Москвада туған.

Бұл сандарға таңдануға болмайды. Ақынның Александр деген баласынан он үш немересі, қызы Натальядан алты немересі болған. Бірде-бір немересін өзі көре алмаған. А. С. Пушкиннің екі баласынан он тоғыз немересі болған. Әлгі үш жүзден асатын ұрпақ осы он тоғыз немереден тараған.

С. С. Гейченко айтады:

— Ұрпақтың аты ұрпақ, жұрағат. Олардың болғаны жақсы. Сонау ұлы да данышпан атасын құрметтей білетін ұрпақ болса одан да жақсы. Екіншіден Пушкин мәңгі өлмейтін, табиғаттың өзі тәрізді әрі алып, әрі тірі, әрі ірі данышпан. Оның ұлылығынан, мәңгілік рухынан туған әрбір шығарма орыс табиғатының өз баласы, бел баласы. Оның жазғандарынан біз осы таулардың, ормандардың, өзендердің, көлдердің, ағаш жапырағының сылдырын, үнін естиміз. Байыптап қарасаңыз осы күннің өзінде осындағы табиғат үнінен ақын үнін естуге болады...

Мен аң-таң боп Гейченконың қарттықтан жұқара бастаған ақсары өңіне, отты да өткір көзіне қарадым. Ол әңгімесін үзген жоқ.

— Бұл құпияны білгіңіз келсе, — деді ол, — ерте тұр да, Михайловский паркіне келіп «Александр Сергеевич!» деп айқай сал. Қулағың салып тыңда. Қандай жауап алар екенсің. Сосын оны маған айтарсың. Жауабын алсаң айтпасаң да өз еркің.

Ертеңіне Пушкиногорскийдегі «Дружба» қонақ үйінен шығып, Михайловский паркіне келдім. Ақын сан рет жүрген «Бүкір көпірден» етіп, «Береза» кафесінің қасына келдім де, «Александр Сергеевич!» деп онша қатты емес, орта дауыспен айқай салдым. Парктің сонау шетінен, түкпір жақтан, дәлірек айтсам белгісіз солдаттың зираты жақтан «Ау! Ау!» деген жаңғырық дауыс естілді. Бұл Александр Сергеевичтің даусы болар. Мүмкін, оның табиғат бойына сіңіріп, жақсы көрген мекеніне тастап кеткен өз даусы да шығар!

— Александр Сергеевич! — деп тағы дауыстадым. Маған қызық көрінді.

— Ay! Ау! — деді тағы да.

VII

Новгород, Псков жері қашаннан қасиетті, тарихи аймақ. Мұның үстіне өз замандас, құрдастарымның қаны көп тамған жер маған одан бетер қасиетті, киелі көрінді. Сарғайған қағаздарды, Рашит Жанғожин тобындағы жігіттердің тізіміне зер салсаңыз, сондағылардың көбі — 1920 — 1922 жылы туған олар ерлік жасаған кезде жиырмаға жаңа келген азаматтар екен. Жиырмаға толар-толмас шағында Старая Русса түбінде сержант Талғат Бигельдинов өзінің ең алғашқы жауынгерлік жолын бастады. Кіші лейтенант Тимур Фрунзе, лейтенант Алексей Мересьев тәрізді ұшқыштар да осында ерлік көрсетті. Совет ақыны Мұса Жалел осы өңірде қапыда тұтқынға түсті. Өлім құшағында өшпес ерлік жырларын жазды.

Өлең сөздің пайғамбары Александр Сергеевичтің мекені 1944 жылдың 12 июлінде жаудан азат етілді. Осында жатқан белгісіз батыр сол күндері қаза тапқан. Бұл кім? Бұл сол мен іздеген он алтыншы емес пе екен? Сен кімсің, белгісіз солдат? Сенің есімің белгісіз, бірақ ерлігің мәңгі өлмейді.

Ерте көктемнен қоңыр күзге дейін Михайловскийдегі Пушкин бағы лықыған саяхатшыға, ақын құдіретіне табынушы поэзия құмарларға, соғысқан жеріне келген кешегі ерлерге толы болады. Солардың ішінен кексе әйел мен бір жасты көрдім. Бұл екеуі Талас бойынан, сонау Қазоты — Қамқалыдан кепті. Әйелдің жары, бала жігіттің әкесі осы өлкеде қайтыс болған. Әке басына туған жерден, Көкшенің құмынан бір уыс топырақ әкеп шашқан, Пушкин тауларының гүлін қойған. Бұл екеуі бақты аралап жүріп, белгісіз солдат қабырының басына келіп тоқтады.

Көріп келемін. Сен қабыр басында басыңды төмен сап кеп тұрдың. Анаң тізесін иді. Сен әлі мені көрген жоқсың. Мен жаққа қарамадың да. Сен жүріп кеттің. Асықпай, маң-маң басасың. Аяғында қос елідей қалың табан, биіктеу, добал өкшелі қызғылт қоңыр жылтыр бәтеңке. Асықпай-аптықпай, сырт көзден қысылмай, қымтырылмай емін-еркін жүріп келесің. Бетіңде мұң, қадамыңда өзіне-өзі риза жанның біркелкі ырғағы бар. Жер басып, ауа жұтып жүргеніңді жақсы сезіп, соны өзіне мақтаныш ететін кісінің алаңсыз жүрісі сенен де көрінеді. Көріп келем. Баяу басып, ғарыштай адымдап бір сазбен келесің. Кейде сол бір өзің басып келе жатқан жеріңді елшеп, соны есепке алып келе жатқандай боп көрінесің. Қайта қараймын, көріп келем, сен әйтеуір жер басып жүргеніңді мақтан, қуаныш санап, соған бола қалбалақтап келе жатқан жандарға ұқсамайсың. Еркіндікке қосылған ерлік бар. Көріп келемін.

Көріп келемін. Сен кешегі ержүрек азаматтың ұлысың, қасындағы анаң. Сен оған жарының қабырын көрсетіп, басына табынуға әкелдің. Сен ақ шашты анаңмен бірге келіп әке аруағына бас идің. Бауыр елжіреп, көзге жас келетін көрініс емес пе? Байыппен басып, салмақпен тастап, аяқты дәл басып, нық қойып келесің! Бұл сәтте сен басып келе жатқан жерді емес, өзіңнің адымыңды, қанша басқаныңды санап келе жатқандай боп көрінесің. Есеп пе?

Болса болсын, мұның ішінде арманына жете алмай қыршын кеткен әкенің де есебі болар. Бәрібір... Есептің бәрі есеп. Сен жүріп келе жатқан жеріңді өлшесең де, әкенің баса алмай кеткен жерін өлшесең де әйтеуір есепсіз емес тәріздісің. Міне, маған осы да медеу көрінеді. Есепсіз дүние болмайды. Оның Ішінде әке басқан ізді есептеп басқан қандай жақсы. Осы жердегі есеп — ақшада, затта, сенің қанша адым жүргеніңде емес, мұндағы есеп — мақсат, нысана, алдағы алынбаған асу, белес, жол, болжам, енді қанша жер жүретінің болып тұр-ау!

Сен жүріп келесің. Басқан ізіңе бұрылып қарамайсың. Табаныңның астында сабағынан үзіліп түскен сарғайған жапырақтар қалып барады. Сенің қалың табан шомбал бәтеңкең доғал өкшесімен өзінен темен жатқанның бәрін жаншып, таптап барады. Мұны сезіп, біліп бара жатқан жоқсың сен. Сен баяу жүріп барасың. Артыңа бұрылмайсың. Сен барар жеріңе, бетке алған нысанаңа қарайсың. Білем. Сен әйтеуір ләйліп, басың ауған жаққа кетіп бара жатқан жоқсың. Сен сонау алыстан әке алдындағы балалық парызыңды өтеуге, әкенің рухы жатқан қасиетті жерге келгенсің. Мақсатсыз қаңғи беретін сен емес. Бұл мықты медеу. Қызық. Бұл ізсіз желеу емес. Бұл сенің көкірегіңе орнаған арман болатын. Сен нақ қазір сол арман құсының қанатында жүрсің.

Сен емес, құдай-ау, кім айтты? Әке баласын анадай беріліп сүйе алмайды. Ана махаббаты мәңгілік, шынайы, шын деді. Солай-ақ болсын. Бірақ, әке өз жұрағатын анадай сүймейді деген бекер, ағат сөз. Қайта әке махаббаты ерге тән, тереңдеу, құпиялау, салқындау болуы кәдік. Онда ұстамдылық басым жатады. Сырт көзге бадырайып көріне бермейді. Шындап келсек, өз ұрпағын, өз баласын сүймейтін әке мүлде аз. Мен ақын емеспін, әйтпесе әке махаббаты, әкенің баласына сүйіспендігі жайында дастан жазар едім. Сен әке сүйетін жігіт екенсің. Ондай дастанды сен жазып кетер едің. Ақындығың бар ма еді? Оны сұрамаппын да.

Мен көріп келем. Жүріп келесің. Мені байқамадың. Жақындап қалдың. Жүзің жылы, көзіңде ой, қабағыңда сұрау бар екен. Демек, мақсатты, нысаналы жолда екенсің. Байқамадың. Тоқтатпадым. Сен ете бердің. Көңілде діттеген ойы бар адамның қадамын бөгеуге болмайды. Оны әлдекім, әлдене күтіп тұр. Ол соған тезірек жетсем деп алдына аян нысана, дәл бағдар, айқын бағыт қойып келеді. Мұндайда көлденең тұру, сәл де болса бөгет болу күнә, айып. Сен жан-жағыңа зер салмай, назар аудармай ете шықтың. Қуанып қалдым. Мақтаныш биледі. Сенің жүзіңнен әр кезде-ақ алдына мақсат қойып, соған қарай қанатын жайып талпынатын қырандай өжеттік көрдім. Мақсаты, талабы бар ежеттік, әдетте сүйе білетін адам да болады. Мақсатты адам сүйе де біледі. Сүйе білген адам қасиетсіз болмайды.

Мен тәуірмін деген адамның бойындағы ең жақсы, әдемі, шынайы қасиеттің көбі шын сезіне білудің жылылығынан, тәттілігінен пайда болуы ғажап емес. Жарды, әдемілікті, баланы, сұлулықты, ұрпақты, көркемдікті, достықты, әсемдікті, гүлді ұнату, жақсы көру, оның түрін, түсін, хош иісін сезу ең жақсы қасиет болумен қатар, ол адамды адам етіп тұратын ғажап, негіз, зор құдірет. Бойында осындай қасиеті бар адам ғана өзін нағыз бақытты, басына бақ қонған адаммын деп айта алар еді...

Осы жаққа жолға шығар алдында бір қарындасым мені көре салды да, күле бастады.

— Неге күлесің?

— Сізді көргенде есіме түсіп кетті.

— Не түсіп кетті?

— Соңғы жазған бір шығармаңыздың аты.

— Онда тұрған не бар екен?

— «Мен сізді сүйемін» депсіз. Сонда кімді сүйесіз?

— Ой-бай, айналайын, сені сүйемін...

Ол ештеңе дей алмады.

— Достоевский «Мен сізді сүйемін» десе, жарасып тұрады. Ол солай депті деп айта-айта жүреміз. Фучик «Мен сізді сүйемін» десе, құранның аятындай жаттап алып, қайталап айтамыз. «Мен сізді сүйемін» деп менің айтқаным саған неге ерсі көрінді?

Ол тағы үндемей қалды. Артынша күлді. Күле берді, күле берді, шамасы «сүйемін» деген сөздің өзі гүлдің иісі тәрізді бас айналдыратын әдемі де, құдіретті де, салмақты да сөз болса керек. Басқаны білмеймін, бұған өз басымның ешбір шәгі жоқ. Өйткені, менің түсінуімше сөздің де, гүлдің иісі сияқты иісі, дәмі, татуы болады. Гүлдің иісін, оның бас айналдырып, буынға түсетін хош иісін сезу, одан рахат алатыны сияқты сөзден де рахат табады. Сөздің де жаны, иісі, салмағы, гүлі тәрізді хош иісті, тамаша қасиеті бар. «Сүйемін» деген сөзді осы ойды дәлелдеу үшін ғана алып отырған жоқпын. «Бақ», «Бақыт» деген сөздерді «сүйемін» деген сөзсіз түсіндіру мүмкін емес. Өйткені «бақ» та бір құдіретті, қасиеті мол сөз. Ал қасиетті сөздердің көбі-ақ әманда сабақтас келеді.

Міне, сен жаңа ғана қасымнан ете шықтың. Асықпай адымдап барасың. Ұзай бердің. Саған ту сыртыңнан қарадым. Біреудің саған, сенің жүрісіңе тесіле қарағанын сезе қойғандай артыңа бұрылып, жалт қарадың. Бірақ, кімнің қарағанын ажырата алмадың. Оған сенің уақытың да болмаған шығар. Сен ұзай бердің. Мен сенің жастау кезіңді еске алдым.

Мен соғыстан қайтқан, 1945 жылдың аяғында сенің еліңе бардым. Сен онда мүлде жас едің. Мектепте оқып жүргеніңді де көрдім. Пысық, қызбалау бала боп өстің білем. Сенің әкеңді жасынан жақсы білетін қариялардан естідім: «О, ұқсамасаң тумағыр» деген-ау, әкесінің аузынан түсіп қалғандай. Тіпті түрі ғана емес, сөйлегені, жүріс-тұрысы, аяғын асықпай басатынына дейін нақ әкесі. Әкесі марқұм барынша адал, ақ көңіл, қулық-сұмдығы жоқ, таза адам еді. Шіркін-ай, жігіттің сұлтаны боп өсіп келе жатыр еді. Қыршын кетті-ау, сабаз...

...Өз үйіңе келген қонақ кісінің қолына су құйдың, кетерде кебісін қойдың. Ол саған: «Балам, бақытты бол!» — деп екі рет айтты. Құдықта су алып келе жатқан кейуананың қолынан шелегін алып, үйіне әкеп бердің, ол саған: «Ой, балам, көп жаса, бақытты бол!» — деді. Сөйтіп сен жасыңда әркімге жасаған қайырымың, көрсеткен қолғабысың, азды-көпті қызметің үшін «ой, балам, көп жаса, бақытты бол!» деген сөзді көп естідің. Көп жасаудың мәнісі кімге болса да түсінікті, ал «бақытты бол!» дегенді қалай ұқтың!?

Сен оны айта алмайсың. Бірақ, «бақ», «бақыт» дегеннің тәуір сөз екенін білесің. Мұндай әдемі, жүрекке жылы тиетін алғыс сөзін жасымда мен де көп естігем. Бірақ, оның не екенін, оны маған кімнің, қашан беретінін ойлаған емеспін. Шынында «бақ», «бақыт» дегеніміз не? Байлық па? Ненің байлығы? Ақшаның ба, ақылдың ба? Дүниенің бе, парасаттың ба? Қандай байлық? Малдың ба, бастың ба? Мүмкін, рахат, игілік, жан қуанышы... жар қызығы... бұлар да байлыққа жата ма? Байлыққа жататын нәрсенің бәрі бақыт бола бере ме? Бұлардан басқа жан, тән байлықтары — толып жатқан жоқ па? Толғап-толғап келіп, алдыңа үлкен бір мақсат қойсаң, оған жетсең бақыт па? Таудай талабың болса, сол талаптың ізіне түссең, сол талабыңа жетсең — бұл бақыт па? Демек, мақсат қою, талап ету, нысанаға дәл басу, сарсыла іздеу, сол жолда табысқа жету де үлкен бақыт... Тіпті адамның өз-өзі сезінуі, өзінің шама-шарқын, қолынан келер мүмкіндігін айқын ұғынуы да бақыт... Ал әсемдікті, әдемілікті, әлгі айтқан гүлдің иісін сезіну, көркемдігін ұғу, еңбекті рахат көру тәрізді қасиетті нәрсе. «Бақ», «бақыт» дегеніміз — еңбек, мақсат, өнер, талап, сұлу ән, әдемі гүл, жақсы жар, әдепті ұл, ақылды қыз, — былайша айтқанда сенің өзіңде бар нәрселер болып жүрмесін? Тіпті, бақ деген сенің өзің, өзіңнің екінші атың шығар.

Шоқан жайында жазған бір шағын мақаламда: «Ол өз жұлдызын алақанына салып туған» дедім. Ойланбай айтқаным жоқ. Оны ғалымдардың аққан жұлдызға теңегені бар ғой. Екіншіден, жер бетіндегі әрбір пенденің аспанда өз жұлдызы болады деген діни аңыз бар. Сол жұлдыз қалай қарай қисайса, адамның өмірі, бағы солай қарай ауады екен дейді. Ал Шоқан сияқты асқан талант иесі, ақылды, парасатты адам өз жұлдызын алақанына уыстай туғаны айғақ. Демек, бұл жерде ақылды, талантты болудың езі де бақыт деп отырмын. Тіпті еңбекқор, қабілетті болумен бірге ізденгіштіктің өзі бақыт.

Сен де бір нәрсе іздейсің. Ол не? Бағың, бақытың ба? Ол сенің өз алақаныңда емес пе? Меніңше үлкен болсын, кіші болсын, данышпан немесе қарапайым малшы, егінші, ұшқыш, инженер, суретші, ғалым болсын, бақыт деп іздегендері әркімнің өз қалтасында тұр. «Генерал болуды ойламаған солдат солдат емес, немесе әрбір жақсы солдаттың қапшығының түбінде маршалдық белгі жатыр» деген қалжың сөздердің астарында үлкен мән бар. Демек, еңбек, талап, мақсат, нысана сені көздеген бақытыңа, бақытқа, баққа жеткізеді.

Дүниеден өзіне лайық орын таба білудің өзі зор бақыт. Тапқан орында еңбек етіп, оның жемісін жеп, рахатына батып, игілігін көру екінші бақыт. Сол жерде абыройға, атаққа ие болу тағы бақ. Біз бұл жерде талаптың жемісін, оның рахаты мен игілігін, өнердің, шеберліктің қуанышын қосып та отырған жоқпыз. Жар құшу, ұрпақ өсіру, өзің тәрізді адамдар тәрбиелеп, жетілдіруге ықылас ынтаның өзі баққа, бақытқа бергісіз мәулетті, қасиетті қылық.

Мен қарап тұрмын. Сен кетіп барасың. Көлге қарай бұрылып, көрінбей кеткенше қарадым. Содан кейін де ойға талай нәрселер оралды. Сен маған көрінбей кеткен бойда-ақ бара салып, өз бағыңның есігін айқара ашып, енгендей болып көріндің. Бұл ой ғой. Бірақ шындығы болар. Өйткені, сен жаман оймен емес, жақсы, игі ниетпен бара жатқан талапкер екеніңді жүзіңнен байқағам. Өңін жарқын, жүзің жылы. Өзіңе-өзің сенімді, жер басып жүргеніңе риза екеніңді білу қиын емес-ті. Әрине, жер басып жүруді ғана мақтаныш ету, нағыз азаматқа аз. Сол басып жүрген жерге белгілі із тастауға, соны көркейтуге зер салған абзал. Азаматтың ең ардақты, ең басты міндеті осы болса, оған қоса таудай талабы, сол талапқа жеткізетін жігері, күш-қайраты тұтас келіп жатса, құба-құп. Ал жастық деген зор күш. Жастың бойында алып күш, қуат, қайрат, жігер бар. Әңгіме сол бір мол қуатты қайда, қашан, қалай, неге жұмсау қажет? Мұны білген азамат ештемеден кем болмас та. Бақыт деген не дегенді ешкім де «мынау» деп айтқан емес. Бірақ, ол әрбір жастың өз қалтасында, өз алақанында, өз жүрегінде екеніне күдік келтірудің өзі күнәмен пара-пар.

Біз ертеңіне күтпеген ж.ерден бетпе-бет келіп қалдық. Сен Пушкин ескерткіші түбінде тұр екенсің. Ақынның ойлы отырған әдемі мүсініне қарап қапсың. Өзің де ойда екенсің. Кешегі ой іздері жүзіңнен кете қоймаған. Амандықтан соң сен апаңды шаршап қалар деп, мейманханаға, дем алуға қалдырып кеткеніңді айттың. Ақырында данышпан ақынның тас мүсініне қарай тұрып:

— Аға, бұл да болса өз заманының солдаты болған адам. Өте мерген, көздемей атып тигізетін атқыш, дәл ататын, нысана тапқыш болған ғой. Әр сөзі мірдің оғындай өткір ғой. Атқыш еді, өзі де оқтан кетті-ау...

Сен осы сарындас тағы бірдеңелер айттың. Сен ақынсың ба деп қалдым. Мұның үстіне сен менің ойымдағыны көзімнен оқып білгендей ақынның аса сырлы, тамаша бір өлеңін жатқа оқыдың. Есіңде ме, ұмытпасам «Гүл» деген өлең еді. Кейін мен оны сенен көшіріп алдым.

Қайда екен сол қыршындар осы күні?

Жүр ме екен сол екеуі әлі тірі?

Әйтпесе, кеуіп-семіп қалған шығар,

Иіссіз мынау гүлдей болып түрі.

Мен түсіне кеттім. Бұл ақын ойында жүрген белгісіз тағдырлы адамдардың ізі болатын. Ол орман арасында кездескен екі жастың еткенін еске түсіре отырып, өзінің жастық шағының артта қалған суретін еске алған еді.

— Қайта оқышы! — дедім.

Сен қайта оқыдың. Бұл жолы жүрегіңді басып, бұрынғыдан да ойлы оқыдың, шабытпен, кәдімгі ақынға тән ырғақты әдемі дауыспен оқыдың. Маған ете қатты эсер етті. Әрқилы ойға кеттім. Әсіресе, менің ойымда жүрген белгісіз солдат, белгісіз батыр жігіт жайындағы ойыма қанат бітірдің. Мұның үстіне, өте қызық боп көрінгені сол — менің ойымдағы белгісіз ер, сенің ойыңа түсе қалған белгісіз жастың тағдыры бір кеудеден шыққан егіз, бір-бірімен тығыз байланысты көрінді. «Қайда екен сол екі жас осы күш?», «Қайда екен батыр солдат осы күні?»

Егіз ой! Кітаптың арасына гүл сап кеткен жас пен мен іздеген белгісіз батыр қайда жүр екен? Қайсысы қайда, қандай ерлік жасады? Тағдыр оларды қайда қалдырды? Осы ойлар мені де, сені де шырмап тастады. Мен саған «қайта оқышы» дегеннен басқа ештеңе айта алмадым. Сен ұлы ақынның лебізін қайтадан оқыдың. Мен соның тұнығына батып көп тұрдым. Көз алдымнан кәдімгідей-ақ қолтықтасқан екі жас өтті. Қолдарында гүл шоғы бар. Ал, солдат қайда дегендей әлгі екі жастың келе жатқан жағына, бара жатқан бағытына зер салдым. Ешкімді көре алмадым. Қайда екен, ер жігіт?

Біз мейманхананың асханасында отырғанда да осы жайлы, белгісіз солдат, оның тағдыры жайында сөйлестік.

Қайда екен батыр солдат осы күні? Бұл кәдімгі өлең жолына ұқсап кетті. Сен осының артынша Москвада, Отанның жүрегі Кремль қабырғасындағы белгісіз солдаттың басындағы мәңгілік отты, жалынды еске алдың. Мен тәрізді оның басында сен де талай рет, ұзақ-ұзақтан тұрыпсың. Әсіресе, саған, жас жігітке сол мәңгілік оттың басына күн сайын ондап, жүздеп келетін жастар — оның ішінде жаңа қосылған, ерлі-зайыпты болып мәңгі өмір сүруге анттасқан жастардың салтанаты қатты ұнаған болар.

Белгісіз солдат басында жанған Мәңгілік оттың алдында бас иіп, оның алдында бір-біріне ант беру біздің жастардың салтына, тұрмысына енді. Соларды көргенде дедің сен, есіме осы қатар тұрған екеуінің қайсысы белгісіз солдаттың өз жұрағаты, өз ұрпағы, тіпті, соның өз немересі екен деп ойға бататыныңды айттың. Маған ұнап кетті. Өте келісті, әдемі ой. Ақын басына келетін ұнамды өлең жолдары сияқты. Пушкин, Абай өлеңдерін жатқа айтқаның ұнайды, басыңа мынадай сүйкімді, әдемі ой келгеніне сүйсінемін. Сен ақын, ең болмағанда ақын мінезді адамсын. Тағы да ойым дәл шықты. Сен біраз отырғансын қойыныңнан қоңыр дәптер алып, одан кейінгі кезде жазғандарыңды оқи бастадың. Көбі осы сапарда жазылса керек, әке жайында екен. Бұл мені сүйсіндірді. Әке сүйген бала жаман болмас деп ойлаймын. «Әке көрген оқ жонар» деп ел айтқан. Әрине, сен әкеңді көрмепсің, бірақ, сен оның суретін көрдің, ерлігін естідің, мұның үстіне сен айнаға ұзақ қарап, әке мен өзіңнің ұқсастығыңды түгелдей салыстырып шықтың. Сен көп нәрсе таптың, одан да көп нәрсені ұқтың. Әке бейнесі сенің көкірегіңе әкесін көріп, оның қойыны мен қолтығында өскендерден гөрі көбірек, молырақ эсер қалды. Сен өзіңнің жүріс-тұрысыңда, ісіңде, мінезіңде әкеңді қайталауға, соған ұқсауға зейін қойдың. Бұл да жақсы қасиет. Басқаға емес, әкеге ұқсаймын деген талап ең жақсы талап, асыл, қасиетті талап. Сен мұны жай сөзбен ғана емес, қоңыр дәптердің ішіндегі жазғандарыңнан бірін оқыдың. Алдымен оны неге жазғаныңды түсіндірдің.

— Әкесін көріп өскендер «мен әкемді түсімде көріп жүрем» дейді екен. Ал, әкесін көрмей өскендер әкесін түсінде емес, өңінде көретін сияқты болады да тұрады маған. Мен әшейін ойлап отырамын да «ол мынадай адам болған-ау» деп әкемді кәдімгідей көз алдыма келтіремін. Ақындықтан емес, содан да мен әкем жайында былай дедім.

Мен әкемді өңімде көріп жүрем,
Қолдан сусын шөлдесе беріп жүрем,
Ат баптайды, күйбеңдеп, тыным таппай,
Аламанға қоспақ боп қызылсүрең.
Мен әкемді өңімде көріп жүрем,
Жас сәбидей соңына еріп жүрем,
Азды-көпті мысқалдап ерінбестен,
Сол шашқан несібемді теріп жүрем.
Мен әкемді өңімде көріп жүрем,
Сол айтқан деп нақыл сөз теріп жүрем.
Әке сүйген бейкүнә жас баладай,
Әкемді кәдімгідей көріп жүрем.

Өлеңің едәуір ұзақ екен. Жалықпай тыңдадым. Баланың әкеге деген шынайы махаббатын айтқан сол өлеңінен үш шумақ көкейге ұялап қалды. Ол менің жадымда. Сені есіме алған сайын жоғарғы үш шумақ өлең есіме сап өте түседі. Қайран белгісіз батырдың ұрпағы-ай, әкең көз алдында тұрса, тірі жүрсе нақ осылай сүйе алар ма едің деген сұрау да туады. Оны кім біледі? Мүмкін, сен бұдан да бетер сүйерсің. Әке деген қасиетті ғой. Әкенің қасиетін біліп өскен бала, кім болса да, қасиетсіз болмасын ұғамын.

***

Сен мына адамдардың тізіміне, тасқа жазылған тізімге көз қырын салып көр. Бұлар еліне, туған жеріне, өзінің жерлестеріне, тіпті өзінің ағайын-туысына, балалары мен сүйген жарына белгісіз боп келген ер азаматтар. Бұлар 1942 жылдың 19 — 20 февраль күндері ерлікпен қайтыс болған. Бұлардың ішінде менің өзіме де көптен таныс жігіттердің фамилиясы ұшырады. Ескерткіште тек фамилия жазылған, ал аттарының бас әріптері көрсетілген. Кімнің қайдан екені айтылмаған. Бұл ескерткіштегі 46 адамның фамилиясын алып, Подольскийдегі әскери архивте жеті күн отырдым. Бәрінің емес, кейбірінің қайдан екенін, атын анықтадым. Бәрін бірдей анықтау мүмкін болмады. Алматыға қайтып оралған бойда кейбір облыстық, аудандық газеттерге хат жазып, кейбірінің кімдер екенін анықтадым. Осы уақытқа дейін оқушылардан екі жүздей хат алдым. Көбіне хатпен жауап беру мүмкін болмады. Кейбір хаттарда, «Бұл менің әкем», «менің ағам», «менің туысым» деген долбарлар көп. Арқалықтан, Гурьевтен жазылған хаттарда бір адамның өзіне екі-үш адам «біздікі» деген болжамдар айтады. Меніңше, бұл адамдардың көбі — Талдықорған, Алматы, Жамбыл, Шымкент, Семей облысының жігіттері сияқты. Өйткені Сегізінші гвардиялық дивизия Алматыда жасақталды, қосымша адамдарды да Алматыдан, Семейден, Жамбылдан, Фрунзеден алды. Мәселен, ағайынды Оспан, Елемес Бозаевтар — Алакөл ауданының, Наурызбаев Қыдырбай — Меркенің, Жүсіпбек Әбілин — Келестің, Әлдербай Жақсылықов — Кегеннің жігіттері екені анық.

Маған арнайы хат жазған газет оқушылардың ең басты тілегі осы тізімді тасқа жазылған күйінде емес, жай текспен қайта басуды сұрайды. Оқушы қауымның бұл тілегін қабылдамау мүмкін емес. Сонымен тізім мынау:

Политрук Жанғожин Рашит.
Старшина Бычков И. И.
Сержант Голодецкий Д.
Сержант Кузнецов Ф.
Кіші сержант Хабаров П. А,
Қатардағы жауынгерлер:
Буторин Ф.
Бекданов А.
Мәліков П. И.
Прошкин В.
Звягинцев М.
Тілеулесов С.
Янкилевич А.
Харитонов В.
Имангалин А.
Глазков И.
Қонарбаев К.
Рахмадиев А.
Аралбаев С.
Мұқашев Ж.
Федоров А,
Антонов М.
Титов М. А.
Малтаев Б.
Рясунов Б,
Павлов Н. А.
Каплун А. С.
Бозаев О,
Бозаев Е.
Әбілев Ж.
Мамыров С.
Фролов И.
Вершинин А. Г.
Данилин С. А.
Кенжебаев К.
Савинков П. В.
Матросов А. Т.
Корчагин И.
Трофимов К.
Нұршырықов Е.
Жақсылықов Ә.
Шкурлаков П. У.
Хлыновский А.
Наурызбаев К.
Шымырбаев И.
Абдрахманов К.
Оразғалиев Д. Т.

Бұл аты аталғандар қайткенде батырлық көрсеткен ер жігіттер. Бұл Демьяновск түбінде жаудың он алтыншы армиясын қоршау кезінде ерлік көрсеткен, сөйтіп Холм қаласына шабуыл жасау кезінде қайтыс болғандар.

Менің ойлауымша, «мынау біздің туыс, менің бауырым» деу үшін ең алдымен ол кісінің қай кезде, қандай дивизияда қызмет еткенін анық білген жөн. Осы адамдардың туыстарын, кімнің қайдан екенін анықтау үстінде, фамилиясы ғана емес, аты-жөні де бір-біріне тұп-тура келетіндер көп екеніне көзім жетті.

Туған жерінен алыста қалса да, есімдері тасқа жазылған ерлердің атын білгенімізше, ақ қағаздың бетіне жазып отырмыз. Олар: Давид, Абдрахман, Василий, Серікбай, Иван, Қапасбек, Айтмұхамбет, Елеубек, Борис, Жусағұл, Сүгір, Илияс, Бекбол сияқты есімдер. Ал, осы есімдер қай фамилияның қасында тұруға тиістігін, туыс, ағайын, әке іздеген азаматтардың өздері білуге тиіс қой. Әзірше, осы тізімнің өзі-ақ үлкен ескерткіш. Ер жігіттердің есімі туған жердің қағазында жазылып қалсын!

Көргендерімізді, іздеуімізді түгел жаздық. Әлі де әттеңіміз бар. Ол — он алтыншы солдат, белгісіз жауынгер кім еді? Мұны білу қиын. Әлі де үміт көп. Сен қайдасың, белгісіз солдат? Псковта ме, Новгородта ме, Пушкин тауларында ма, әлде Шайтан таудың түбінде ме, жатыр-ау? Әлде тірі жүр ме екен?
 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз