Тар шатқалды қуалай аққан толқынды өзен арнасымен шағын катерге мінген бір топ жолаушы келеміз. Сылдыр қаққан мөлдір сулы ерке Ертіс толқындары бірін-бірі қуалай, асыға ағады. Биік қырдан иек арта көтерілген қызыл табаң күннің сәулесімен сан құбылып, көк бұйра, ақ жал толқындар кеме табанынан төңкеріле аунап түсіп жатыр. Шатқал арасынан құстардың сайраған нәзік үні талып-талып жетеді. Көк төсінде ақ ұлпа бұлт баяу қалықтайды. Ана бір алақандай шөкім бұлтты жел бөліп әкетіп, еріксіз шеттетіп, айдап барады. Бейне ол да жанымда отырған Ақбота тағдырына ұқсас па деп қалдым...
Ақботаның ауылға дәрігер болып келгеніне кеп болған жоқ. Қыста келіп еді, міне — қайтып барады. Шалғайдағы ауыл тұрмысына үйрене алмаған ғой деп айта қою да ретсіз. Дөңгелек жүзін күн қағып, қоңыр салқын дала самалы тербеп өсірген қыр қызының нағыз өзі. Бұл қайтуының себебі әріректе секілді.
Жолымыз бір болғанымен, екеуміздің ойымыз әр тарапта секілді. Жаздай көріспеген достарыммен қауышатынымды есіме алсам, ой түкпірінен бір қуаныш бас көтереді. Жазғы демалысты ауылда өткізіп, аудан орталығындағы интернатыма қайтып бара жатқан бетім болатын.
Ақботаға бұрылып қараймын. Оның үнсіз кескінінен нені ойлап отырғанын айыра қою қиын. Қабағындағы кірбің жанарына әйтеуір бір мұңның қонақтағанын аңғартады. Көтерілген көңілім су сепкендей басылып, мен де осы адамның тағдырына ой жібердім...
Қанша ойласам да сыр ұшығы ұстатпай қойды.
Бота, — дедім ақыры оған тура қарап. Мен одан көп кішімін, сонда да таныса келе, еркін сөйлесетін болып кеткенбіз.
Иә, жай ма?..
Ауылдан неге кеттің? Сені біреу... — Менің көкейіме осы сұрақтың оралғанына көп уақыт болған, соңғы кезде тас-түйін болған түрін көріп, батылым бармайтын. Жаңада жалт қараған жанарын көріп, ар жағын айтпай тоқтап қалдым.
Не айтпағыңды білемін, — деп, жеңіл күрсініп алды да - Білгің келсе, өз аузымнан есті, мүмкін, сен де кінәларсың мені, — деді. Үнінен өкініш пен реніш қатар байқалды.
«...Жазғытұрымғы кез болатын. Түнделетіп таудағы отардан бір жаралы жігітті жеткізді. Бізде аурухана дейтін белгілі аурухананың жоқ екені өзіңе белгілі ғой, жігітті науқастар қабылдайтын екі бөлменің біріне түсірдік. Денеге қатқан қан теңбілдерін спиртті дәкемен сүрте бастадым. Кенет өңіне үңіліп едім: жазық маңдай, оң жақ шекесінде білінер-білінбес тыртық ізі бар жігіт кескіні көзіме оттай басылды. Жүрегім әлдекім ыстық ине жүгіртіп алғандай оқыс шаншып кетті. Қолымдағы дәкенің төсек қырына соғылып барып жерге сылқ ете түскенін білемін.
— Жанболат, — дегім келеді, бірақ даусым шықпайды. Сынған қол сүйектерін барынша мұқият таңдым да, көмекшімді үйге қайтарып, өзім қасында қалдым. Жарақатын ауырсынған ол әлі есін жияр емес. Шекесіндегі тыртық ізін ақырын сипап қоямын. Көмескі тартып қалған көріністер жаңғырып, ой бұлағының көзі ашылып, бір-біріне жалғаса берді...».
* * *
«...Сыңғырлаған әсем қыз күлкісі мен зілсіз әзілді, албырт жастың думанды жарастырып, шалқытып тұрған бұл кеш — мектеп бітірген жастардың соңғы бас қосқан кеші еді. Жанболат келіп, биге шақырды. Әлденені айтуға жасқанған түрін анық көремін. Оның ұяңдығы біртүрлі қызық көрініп, іштей күліп қоямын. Ол да сәл ғана сыпайы жымияды. Ауық-ауық жанарымыз түйісіп қалады. Ән ырғағымен тербеле билеп жүрген маған жігіт жүрегінің тынымсыз лүпілі анық сезіліп тұрғандай. Бойымызда болмашы діріл бар. Би аяқталмаса екен деп тілейтіндейміз. Бірақ музыка үзілді. Келесі биге Асан екеуміз шықтық. Ол әркез өзін еркін ұстайтын әдетінше сөйлеп кетті. Бір нәрселерді сапырылыстыра айтып, мені күлдіруге тырысады. Бірақ менің күлкіге зауқым жоқ.
Ақырғы күн ғой, біраз қыдырып қайтайыңшы, — деді. Мен артыма қарадым. Бәрі өзімен-өзі, тек бізге қарап тұнжырап тұрған Жанболатты көрдім. Қыдырғым келмей-ақ тұр. Ол:
Немене, қорқасың ба? — деп намысыма тиіп, жынымды келтірді. Сосын оған ілесіп, қалай сыртқа шығып кеткенімді білмеймін.
Торғын көк шымылдығын түсірген мақпал түн өте әдемі екен. Алтын теңгедей қалықтап ай жүзеді. Біз ауыл шетіндегі көлге беттедік. Асан әлі сөйлеп келеді. Мен мұндай түнді бірінші көргендей, жан-жағыма қызықтай қараймын. Көл жиегіндегі қалың көкке келіп, ай сәулесінен жарқыраған айдынға қарап тұрмыз. Баяу ескен лептен өзен бетінде бедерленіп, шеңбер ойнайды. Асан маған бұрылды. Қайратты қолдарымен өзіне қарай тартып, баурап барады. Қанша бұлқынғанмен, темір құрсаудай сығымдай түсті. Қалайда мені жерге алып жықпақшы... Екеуміз кәдімгідей алыспақ ойнағандаймыз. Қалай ышқына айқайлағанымды өзім білмеймін. Демім үзіліп, көзім қарауытып кетті. Түн тыныштығын өткір тіліп өткен «Жібер!» деген ащы үн дәл құлағымның түбінен шыққандай болды. Жанболаттың дауысы екенін бірден білдім. Сығымдаған қолдар кенет босай берді. Дуылдаған бетімді басып, жүгіре жөнелдім. Артымнан екі жігіттің керіскен ызғарлы үндері, сарт-сұрт жұдырықтасқандары естіледі. Жанболаттың шекесіндегі кішкене тыртық сол күннен қалған белгі болатын. Оны ұмытуым мүмкін емес еді...»
Қыз жүзін бағып отырмын. Қызылшырайлы өңі қуқыл тартып кетті. Толқыған көңілін басып, біраз үнсіз отырып қалды. Арқан бойы көтерілген күн шуағын аяусыз төгіп тұр. Төңірек қызғылт сары түске малынғандай. Ақбота да күлімсіреп, буылдыр сағым ойнаған көкжиекке қарады. Аздан соң ғана:
Жігіттің бозара көгілдірленген жүзіне қарап, әрнені ойлаймын, — деп, әңгімеге қайта бет бұрды.
Есіме Жанболатпен соңғы кездескенім түсті. Оқуға аттанғалы жатқанымда Жанболат келген еді.
Неге айтпай кетіп барасың? — дейді, үнінен кінәлаудың да, өкпенің де лебін танытып. Анадағы оқиғадан кейінгі кездесуіміз осы еді.
Рақмет, Жанболат — дедім, енді бір сөз айтсам жылап жіберетіндей даусым қалтырап.
Бота, бір сөз айтсам ренжімейсің бе? — Мен одан көзімді жылдам тайдырып әкеттім. Автобус орнынан жылжи берді. Біраз қатарласып келген ол артта қалып қойды. Шеті-шегі жоқтай болып көрінген тас жол, бұл — менің ұзақ сапарымның жол басы еді. Содан дәрігерлік институттан бірақ шықтым, — деп ол азырақ ойлана үнсіз отырып қалды.
Мен жағадағы қалып бара жатқан ақ балтырлы қайыңдарға қарап, әңгіменің жалғасын күттім.
Сол күзде Жанболат әскерге кетіпті, — деп жалғастыра берді ол. — Әкей басқа жаққа қызметке ауысқан соң, бұл ауылға мен де келе алмадым. Оқу бітірген соң, осында сұранып келдім. Жанболатпен осылай ұшырастым.
Іштен «Өзің үшін құтқардың» — дегендей бір ой бас көтерді. «Табысар сәт жақын».
Есін жиып, көзін ашқанда ол маған таңдана қарап жатты да:
Сен Ботасың ба? — деді. Мен несіне таңданасың дегендей үндемедім.
Сені көремін деп ойлаппын ба, не хабарсыз кеттің?
Тыныштал, саған демалу керек, — деп, өзімсініп ұйпаланған шашын тарап қойдым.
Бұл жаққа қашан келдің? Енді сені таппайтын шығармын деген едім. — Үнінен өкініш лебін анық аңғардым.
Үйлендің бе? — Ол басын изеді. Төбемнен біреу суық су құйып жібергендей, бүкіл тұла бойым дүр сілкінгендей. «Кеш қалдың... Кеш қалдың...»
...Таңертеңгілік келсем, жігіт төсегінің бас жағында отырған жас келіншек мені көріп, орнынан тұрып, рақмет айтып жатыр. Жанболат қолындағы өзіне тартқан сүйкімді сәбиді алып маңдайынан иіскедім де:
Атың кім, қалқам, — дедім, даусым сәл бұзылып шықты.
Әк-бө-тә, — дейді былдырлаған тілімен. Мені енді бір жалын шарпып өткендей болды. Тамағыма көлденең кесек тұрып қалғандай, үнім шықпайды. Көзіме іркілген тамшыны білдіргім келмей, теріс айналып кеттім. Жанболат таудағы қой фермада шопан екен. Жауында ығып кеткен отарды іздеп жүріп, жартастан құлап, жараланған көрінеді. Аттасымның анасы — Гүлжанға үйленгелі де бірқыдыру уақыт болыпты.
Осы жас отбасының мамыражай бақытын қызғанатынымды өзім де сезіп жүрдім. Кейіннен «Жанболат келіншегін тастап, дәрігер қызға үйленгелі жатыр екен» деген өсек те тарап кетті. Оған желеу болғаны — орталыққа келген сайын Жанболаттың маған сәлем бере соғып-кетіп жүргені-ау деймін. Ол да әрі-сәрі күйге түссе керек...
Бір күні Гүлжан келіп:
Бұл қалай құрбым? — деді. Мен еш нәрсе айта да, ақтала да алмадым, — деп, күрсініп барып тоқтады. Мен оның тұнық қара көзінен үлкен бір тазалықты аңғардым.
Міне, сіңлім, — деді ол аз-кем үнсіздіктен кейін. Осы нәзік жанды адамның бақыты шытынамасын деп алысқа кетіп барамын. Облысқа барып, шет аудандардың біріне сұранамын. «Қош, менің сүйген жандарым. Қош, қош, іздеп келген махаббатым!» деп ойланып отырғандай көрінді. Мен де бір сәт толқып кеттім. Жанымда отырған жаралы жанды қалай жұбатарымды, не айтарымды білмедім. Байқаймын: мен түсетін жерге де таяп қалыппыз. Ақботамен қоштасып, есікке беттеген адамдардың соңын ала мен де жылжыдым.
Жағада шашыраған ойымды жия алмай әлі тұрмын. Бір ауыз жылы сөз тауып айта алмағаныма қатты өкіндім...
Бақытты бол, Ақбота. Қош, жаны сұлу дала қызы, — дедім іштей таза жүрек үнімен.
Артына бұйра толқын қалдырып, катер бұрылыстан айналып кетті. Күн нұрына ойнаған майда толқындарға қараған мен оның әлі өз бақытын табарына сенгендей сезімде едім...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі