Өлең, жыр, ақындар

Кереғар дүние

Мөлтек әңгімелер

Көршілер жасасын немесе дәлелді себеп

Ол бүгін жұмыс орнында кежегесі кейін тартып, жортақтап, ананы бір, мынаны бір сылтауратып, ұзақ отыра алмады. Құдай атқандай, кеш оянды, кешігіп тұрды. Ұрымтал сәтті өткізіп алғанға ұқсайды. Енді сипалаңдап жүрген жүрісі мынау. Неліктен жігерін жанып, ойын жинақтап, ширыға алмай тұрғаны өзіне де түсініксіз. Күнде осы уақытта, еш нәрсе тындырып тастамаса да қақшиып, тістей қатып, стол басында отырушы еді. Бүгін қандай сайтанның иектеп алғанын кім білсін? Жұмысқа зауқы соқпай-ақ қойғаны. Мойнына алған тапсырманы өткізетін мерзім тақау. Уақыт — қысыл-таяң. Осыны ойлаған ол өзін-өзі зорлағандай күшпен келіп, орындық шетіне тізе бүккен. Кешегі атқарылған істерді бір шолып шығып, басты жұмысына енді кіріспек еді. Сәтін салса, біразын еңсеріп тастамақ.

Дәл осы кезде бұның стол басына отыруын күтіп тұрғандай-ақ үстіңгі қабаттағы көршілер бір нәрсені тарсылдатып, сартылдатып ала жөнелгені. Көршінің үйін жөндеп жатқанына көп болған. Әлі созылып келеді. Бұл неғылған бітпейтін жөндеу? Бүгінгі дырылдатуы тіпті бөлекше — құлақты жарып барады. Гүрілдеп, мың сан танк өріп келе жатқандай. Бүкіл үй дірілдейтіндей. Отыз алты қабат үйді дірілдеткен ненің күші болды екен? Алырым-ай, басқа теңеу табылмағандай, танктің еске түскені несі?! Құрып кетсінші бәрі! Бұл өзі сол мақұлықты жақыннан көрді ме екен? Әрине, жоқ! «Жалған айтасың. Көргенсің», — дейді бір ойы. «Қайдан? Е-е-е! Кинодан көрген екен ғой. Басқа қайдан көруші еді? Бірақ танктің есіне түскен себебі ол да емес секілді. Адам кинодан не көрмейді? Соның бәрі есте тұрады дейсіз бе? »

Стол үстінде жатқан қызыл тысты кітапқа көзі түскенде: "Таптым, таптым!» — деді өзіне-өзі. Ол осы кітаптан тәржіме жасап жатқан. Соғыс уақытындағы оқиғалар суреттеледі. Иә, ия, ол теңеу осы кітаптан оқығанына орай ойына оралған болар.

Хош, — делік. — Бұл жұмбақтың да шешуі табылды».

Енді ісіне алаңсыз кіріссе етті. Танк дауысы бәсеңдегендей. Бәрі бір қолы жүрмеді. Гүріл сәл тыншып барып, қайта күшейді. Бір сөйлемнің басын құрай алмады. Бір оңтайлы тіркес есіне түспеді. Білетін сөздерінің бәрі танк үнінен қашып, зым-зия жоғалғанға ұқсайды. Алысқа, тым алысқа тығылып қалған секілді. Ешбір жөндем сөз таппады. Құлақты тұндыра гүрілдеген үн өрши берді, өрши берді. Бұл гүрілдеу, дүрілдеу, үлкен кісі түгіл, баланы да мезі етсе керек. Ортаншы немересі Алтынай күйсандықтың пернелерін сабалап, жаттығуларын күндегісінен әлдеқайда қатты ойнай бастады. Бұл, сірә, көршілерге көрсеткен қарсылығы болар. Шуды шумен қайтармақ. Қайратыңа болайын-ай! Ол лажсыз орнынан тұрып кетті. Бірақ, орнынан тұрып бара жатып, көңіліне кереметтей бір қуаныш ұшқыны жүгіргенін аңғарды. Енді жұмыс істемеуге дәлелді себебі бар екен ғой. Қуанбағанда қайтсін?! Дәлелді себеп тауып берген көршілер жасасын! Жасасын көршілер!

Жаратқан дарытқан түйсік

Ол теледидардан жан-жануарлар жайлы дүниелерді қарағанды ұнататын. Бірде тасбақалар туралы көрсетіп жатыр екен. Отыра қалды. Пенде шіркіннің білмейтіні көп-ау! Әлемнің бір шетін мекендейтін әлгі ессіз мақұлық пәленбай жүз, бәлкім, мың шақырым суды — теңіз бе, бәлкім, мұхит па жүзіп өтіп, құрлыққа жетіп, жұмыртқалап, әрі жұмыртқасын құмға көміп кететін көрінеді. Ол жер Африканың ба, Үндістанның ба мұхитқа жақын жағалау құмдарының бірі секілді. Бұның таңғалғаны ол емес, басқа еді. Күнге қызған ыстық құмда көмулі жатқан әлгі жұмыртқалардан айы-күні толғанда тасбақаның балапаны жарып шығады екен.

Жарық дүниеге көзін жаңа ашқан болжыраған шажау неме жан-жағына қалтаң-құлтаң етіп бір қарап алып, ыстық құмның бетінде қара құрттай қыбырлап, ұлы мұхитқа қарай адаспастан тура жол тартқаны ғой. Әупірімдеп, суға бір жетсе, ары қарай қауіп аз. «Енесін өзі іздеп табады», — дейді. Бұл, бәлкім, журналистердің әсірелегені ме екен? Оның таңғалғаны — жұмыртқадан жаңа шыққан құртақандай жәндік суға жетсе, тірі қаларын қайдан біледі десеңізші? Әйтпегенде ыстық күнде, ыстық құмда қақталып өлері сөзсіз. Іштен оқып туған дейтін осындай-ақ шығар!

Жоқ! Бұл — басқа ештеме емес, тек ұлы Жасаған дарытқан түйсік болар! Жаратқан дарытқан түйсік! Бұл олардың қанында бар-ау шамасы.

Осыған қарап отырып, оның есіне бала кезінде көрген, анасының кейбір әрекеттері еріксіз түсіп еді. Анасы үй құстарын көп асырайтын. Үйір-үйір шұбырған үйрек-қаздары болушы еді. Үйрек деген құс өте көп жұмыртқалайды екен.

Анасы: «Алдыңғы тапқан жұмыртқалары шіріп кетеді», — деп, шетінен алып, тауыққа бастыра беретін. Тауың, шіркін, бейнеттеніп, күні-түні оны бауырына басып, шайқап отырады емес пе? Жұмыртқаны жарып шыққанда әлгі «опасыз» балапандар не істейді дейсіз ғой? Тегіне тартқан бәлекеттер тоғандағы суға қарай тұра жүгіретін. «Әй, тоқтаңдар! Тоқтасаңдаршы! Қайда барасыңдар? Суға ағып өлесіңдер» дегендей, сонда қыт-қыттап, шыр-пыр болған тауық пақыр соңдарынан құстай ұшып бара жататын. Ана көңілі — балада, бала көңілі — тоғанда!.. Кереғар дүние...

.. .Жаратқанның шеберлігінде шек жоқ-ау!

Қап, әттеген-ай!

Алматыда әл-Фараби даңғылы бойымен келе жатқанда шыңылтыр көк мұздай еңселі шыны үй көкке шаншыла, айналасына астамси қарайтындай көрінеді оған. Астамситын жөні бар. Биік. Бәрінен биік. Осыдан біраз жыл бұрын осы даңғыл бойында әлгі ғимаратқа қарама-қарсы бетте әдемі бір үй бой көтеріп келе жатты. Ұмытпаса, он алты қабат болатын. Кенет, құрылысы тоқтатылып, жоғары жағы бұзылып, алты қабатқа түсірілді. Бұл даңғылдан жоғары бес-алты қабаттан биік үй салуға болмайды деген өкілетті орынның шешімі шыққан көрінеді. Бәрекелді! Таудан соғатын салқын самалды бөгемес үшін бұл бір оңды әрекет болған екен десті әлеумет.

Арада көп уақыт өтпей-ақ, арасы елу қадамнан асар-аспас жерден қарсы бетте қайқайып, қырық қабат ғимарат өсіп шығар деген кімнің ойында бар? Сөйтсе, ол шешімнің күші даңғылдың тау жақ бетіне биік жай тұрғызбауға ғана жетеді екен. Ал, қала жақ бетіне — еркіңіз білсін! Апыр-ай, сонда бір көшенің екі жағын неге бөле жарды екен? Қисын қайда?

Шешім алғанда, жер бедерінің ерекшелігіне орай, даңғылдың екі жақ бойына биік үй салуға болмайды деудің орнына, әл-Фараби даңғылынан жоғары биік үй салынбасын деп жазылып кеткен сыңайлы. Бұл — әлде кездейсоқтық, әлде еренсіздік, әлде немқұрайлы құлықсыздық, бәлкім, қитұрқы қулық... Ол арасын кім ажыратып жатыр?! Анығын Алла біледі.. Әттеген- ай!

Түрік ағайындар жер жетпегендей, тіпті жаяулар жүретін жалғыз аяқ жол қалдырмастан даңғылдың дәл шетінен бастап салған аузы-мұрны жоқ бітеу де мылқау алып ғимарат: «Сендердің қисындарыңа түкіргенім бар. Ал, қайтесіңдер?! Мықты болсаңдар, орнымнан жылжытып көріңдерші... Тапжылта алмайсыңдар», — дегендей тәкаппарлана көкке ұмсынып, жан баласын жанына жуытпай, асқақтап тұрғандай. Әттеген-ай, демеске лаж жоқ.

Тоқты-торымның жанындағы керіктей мойны сорайып, көзге оғаш көрінеді екен. Басқасын қойыңызшы, кереғар дүние ғой бәрі де...

Сәлем саясаты

Әсемгүл кіргенде үлкен зал толы адам екен. Жағалай отырған қауымның үстіне баса-көктей баруға қолайсызданған ол есік аузынан көз тастап еді, бос орын көрінбеді. Тұрып орын бере қоятындай жан баласы тағы байқалмады. Күйеуінің қазасынан кейін, көптен үйден шыққаны осы еді. Көпшіліктен именіп, артқа қарай ығысты. Төменіректе отырғандардың арасынан күні кеше ғана күйеуімен қызметтес болған, «ағалап» жүретін жас жігіттерді танып қалды. Ал, олар мұны көрмегендей...

Жұрт орындарынан тұрып, жапыр-жұпыр шыға бастады. Бұл жолда тұрмайыншы деп, дәліздің түкпіріне қарай шегінді. Қасынан жүз таныстары бас изесіп, қайсы бірі ернін күбірлетіп, енді біреулері танымағандай түр танытып, өтіп кетіп жатты.

Сол уақытта дастарқаннан шыққан әкім қайнысы бұның тұрғанын байқап қалып, бұрылып келіп:

Иә, жеңге, қалың қалай? Амансың ба? Немерелерің шапқылап жүр ме? Өз денсаулығың жақсы ма? — деп, егжей-тегжейлі есен-саулық сұрасқаны.

Рахмет. Шүкіршілік қой, — деді бұл. Адамның ішіндегісін айтқызбай танитын сұңғыла қайнысы бұның көңілінің пәс болып тұрғанын ұғып:

Ана балаға айтсаңшы, хабарласып тұрсын да. Өзі кісікиік пе, немене, адамға жуымайды ғой. Әкесі ондай емес еді, кімге тартып кеткен, жеңге, — деп ашық пейілмен ақтарыла күліп, қалжыңдады.

Бауыр өзіңдікі. Оның сыртта не істеп, не қойып жүргенін қайдан білейін? Сабап алсаң да, қолыңды қағатын адам жоқ, — деп жатыр бұл да көкірегіне шуақ құйылғандай, өңі жадырай ашылып.

Баланы ағайыннан ажыратпа. Төркініңе қарай тартпа, — деп, қайнысы жорта сес көрсетіп, қолын алып, иығынан қағып қойды. Әсемгүлдің осы бір ауыз жылы сөзге-ақ көңілі өсіп жүре берді. Адамға бір ауыз жылы сөзден басқа не керек?

Сол, сол-ақ екен, бағанадан бері бұны «танымай» тұрғандай, оқтау жұтқандай ыздиып, еріндерінің ұшымен әрең амандасқандар, қайырылып келіп, жағдайын сұрасып, ыждағатты, кішіпейіл бола қалды. Әсемгүл «япыр-ай, мына жұрт әкім амандаспаса, тегі амандаспаушы ма еді?» деп қайран қалды.

«Сараңдықтың ішіндегі ең жаманы — сәлемге сараңдық» деуші еді үлкендер. Сәлем де сатулы болғаны ма? Әлде, сәлемге де саясат араласқан дүние ме? деп ойлаған ол — аң-таң.

Орынсыз марапат

Бұл теледидар дегенің адамның абыройын төгейін десе, оп-оңай екен.

Ол өзге хабарларды қадалып қарамаса да жаңалықтарды қалт жібермеуге тырысатын. Өткен жылы көмірлі аймақта шахтада тұтқиылдан жарылыс болып, адамдар үйінді астында қалып, алапат жапа шеккені белгілі. Ел болып аза тұтып, әлеумет олардың отбасыларына көмек қолын созып, қайғыларына ортақтасып жатты. Тағдырдың жазуына не шара?!

Арада бірер ай өткенде теледидардан сол шахтадағы жарылыстың зардаптарын жоюда белсенділік танытып, көрсеткен ерекше ерліктері үшін деп төтенше жағдайлар қызметінің бір топ адамын министрінің мақтап-мадақтап, марапаттап жатқанын қайта-қайта көрсетпесі бар ма? Апырым-ай, олар қандай ерлік жасады екен? Сол алапат апатты болдырмай, алдын алса, бір сәрі. Ал, біреулер жалғыз асыраушысы, жалқы сүйеніші болған азаматтарынан, кәрі ана — баласынан, жас бала — әкесінен, жас келіншектер — жарларынан айырылып, көкіректері қарс айырылып отырғанда, енді біреулер сол боздақтарды аршып алғаны үшін де марапатталатын жөндері бар ма еді? Бұл — олардың кәсіби қызметі емес пе? Бәлкім, ол жұмыстың да қатерлі тұстары бар шығар, оған дауымыз жоқ. Тіпті, марапаттасын-ақ! Ал, соны дақпырт туғызып, соңғы жаңалықтардан қайта-қайта көрсетіп, көпке жариялаудың керегі қанша еді? Ол кімге керек болыпты? Орынсыз марапат, орынсыз мақтан оғаш көрінеді екен.

Ойды — ой қозғайды. Қазір сәл бір жағымды әрекеттерін теледидардан көрсетуге құмарлық кең жайылған секілді. Әлдебіреуге көрсеткен қайырымын, жасаған жақсылығын парыз іс деп атқаратын, не Алланың ризашылығы үшін дейтін риясыз көңілге не жетсін?! Әсіресе, балалар үйіне, не қарттарға болмашы жәрдем көрсетсе, соның өзін теледидардан, газеттерден арнайы журналист шақыртып, не ертіп барып, көпіртіп, дабыралатып көрсетуге құлшынатындарды көріп, қайран боламыз. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарар» деген кептің дәл өзі болып шығады. Бұл не? Жақсы көрініп қалу ма? Ұпай жинау ма? Әлде көз бояушылық па? Атаққұмарлық па?

Алайда, теледидар пиғылыңды да айнытпай көрсетіп қоятынын бір ойласақ етті. Қасықтап жиған абыройың, экранда шөміштеп төгілуі ғажап емес екен. Көріп жүрміз ғой...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер