«Бәрі де аяқталды-ау, әйтеуір», — деп өзіне-өзі күбірлеген ол ас үй мен қонақ бөлменің арасында әлі жүр. Босаған ыдыс-аяқ пен табақтардағы шеті ойылмаған тағамды ары-бері тасып, екі қары әбден салдырай талған шақта төрдегі креслоға сылқ етіп отыра кетті. Күні бойы лепіріп, әуелеп алып ұшқан көңіл күйден біртіндеп арылып, ойын да, бойын да жиып алғандай. Көңілі де өрекпімей, қонақтаған құстай бір сәт дамылдап, байыз тауып, сабасына түсе бастағандай. «Бәрі де абыроймен аяқталды әйтеуір» — деді тағы қайталап. Аяқталғанда қандай, бас айналдырардай жеңіспен аяқталған жоқ па? Бір жағынан сенерін де, сенбесін де білмеді. Сенейін десе, мұның бетіне күле қарағанымен ішіне бүккен сыр ұшығы бардай көрінетіндер аз ба? Көңіл шіркін солардан секемденетін. «Тақырыбымды қызғанады, көре алмайды, бірде болмаса бірде аяғымнан шалмас па екен?» деп сескенетін. Сенбейін десе, жаңа өз құлағымен естіді, бірде-бір қарсы дауыс болған жоқ. Бөркіңді аспанға атып, қуана бер! Бұдан артық абырой бар ма?!
Мұның көңілін көтергендері ме, әлде лауазымы жоғары ғылыми жетекшісіне жағынғандағысы ма, кім білсін, жиналған жұрт «қомақты бір жұмыс тындырдың» дескен бір ауыздан. Қорғауының «сабақты ине сәтімен» дегендей, оңтайлы басталып, кеңес мүшелерінің бүгін тегіс жиналып, бір ауыздан үйіріле кеткеніне таңы бар. Бағана дауыс саны анықталған кезде-ақ бәрінің де қолдағанына көзі жеткендей. Қарсы дауыс жоқ екенін естіп, көңілі алып ұшып, қуанған. Қуанбағанда ше? Неше жылғы көз майын тауысып, зерттеген жұмысының нәтижесі емес пе? Тіршіліктегі бар қызықты жиып қойып, осы жолға түбегейлі түскеніне неше жыл. Күйеу, бала-шаға деген мұнда жоқ. Ермегі де, алданышы мен жұбанышы да осы ғылыми жұмысы, архив ақтарды, тау-тас кезді, зертханада қаншама таң сарылды. Енді, міне, бәрін тәмәмдап, «уһ» деп отырғаны. Онша-мұншаға елпілдеп-желпілдей қоймайтын ұстамды-ақ еді, бірақ бүгін жасөспірім бойжеткен шағындағыдай көңілі алабұртып, жүрегі аттай туламасы бар ма?! Қаншама уақыт басынан кешпеген құбылыс. Әншейінде сыр білдірмес жүрегі лүпіл қаққан сайын көкірегіне салқын саумал дем тарап, ішінің ыстығын басқандай жаны бір жайбарақаттансын. Ұзақ тостырған еңбектің шынайы қуанышы ғана осылай тереңнен тебірентетін шығар.
Үйіне бірге келген зертханадағы қызметтестері мен қадау-қадау көңілі жақындары бір самауырын шай ішкен. Ас желінің болар-болмастан «Дәрігерге бармақшы едім» деп, жетекшісі тұрып еді, әркім әртүрлі сылтау айтып, қалғандарының да жылдам тарап кеткеніне басында мән бермеген. «Әркім де өзіміздей ғой, пендешілік күйбің жұмыстары бар шығар» деген де қойған. Енді ойлап отырса, бәріне үдере көтерілетіндей не болыпты? Мұның астарында бір сыр бар-ау деп топшылағам, Желінбеген асты жинастырып жүргенде басына ұры иттей сумаң қағып кірген осы күдік ұлғайып-ұлғайып, көңілін нілдей бұзғаны. «Бәсе-бәсе, менің қорғағанымды көре алмаған-ау осы жұрт», деп бір ойлады. «Осы қызықты да маған қимағандары ма?» деп тағы бір қойды. «Ғұмырында бір-ақ рет келер қуанышымды бөлісер адам болмай, жалғыз қалғаным қалай?» деп те көңілі айран-асыр. Бәрінен де оған батқаны осы еді. Қилы-қилы көңілсіз ойға беріліп біраз отырған ол: «Неменеге керек еді осының бәрі?» — деп шамырқанып, орнынан тұрды. Мұны неге айтқанын өзі аңғарып жатпағандай. Қорғауының неге керек болғаны ма, әлде дайын асты ішер адамы жоқ отырыстың неге керек болғаны ма, кім білсін, оны ажыратар халде емес тап қазір.
Демде жан-дүниесі қалтырап қоя берді. Қатты қорыққанда, толқығанда ішіне кесек мұз түсіп кеткендей өститін әдеті болушы еді. Қазір де сөйтіп тұрғаны. Оған қорғағаны да, осыған тыраштанып әзірленгені де бос әурешіліктей, тек өзін-өзі алдау, еш мәні жоқ бекер далбасадай көрініп, айдалаға безіп кеткісі келді. Өзінің пәлен жыл жүріп ашқан жаңалығынан ғылым үшін болмаса, ешкімге зәредей пайда жоқ екенін енді зерделегендей. Осы күнге дейін соны қалай аңғармаған? Нешеме жыл бекер кеткен уақыт-ай!
Неменеге керек еді, осының бәрі, — деді тағы қайталап. — Ғылым қуған менің не теңім еді? Жұрттың дені дұрыс қыздары сияқты күйеуге тиіп, бала туып, ел қатарлы отырмай. «...Диссертация, диссертация» деп жарғақ құлағым жастыққа тимей жүргендегі тапқаным осы ма?
Ол булығып, тұрып қалды. Шырылдаған телефон даусын да естір емес. «Осының бәрі бекершілік екен ғой. Мен қай бір бала-шағамды асырай алмай жатырмын? Кіші ғылыми қызметкердің нәпақасы да менің бір басыма жетпейтін бе еді? Тума талантың болмаған соң, тыраштанып, оннан-мұннан құрап қорғағаным ғылымның қай жыртығын жамар дерсің. Оған бұл күнде кім зәру?» Осындай бір жағымсыз ойлар миын шағып барады. «Маған аяқ астынан не болды, көңілім неден бұзылды?» — деп жан-жағына қараса, бөлменің дәл ортасында тұрғанын аңғарды. Бағанадан бері бебеу қағып, құлағын жарып бара жатқан ақ телефон екен. Көңіліндегі анталаған көп күдігінен сейілердей, нағыз құтқарушысы солдай-ақ телефонға ұмтылсын. Әйтеуір, біреудің хабарласқаны қандай жақсы болды. «Көңілі жақын құттықтаушылардың бірі шығар», — деп, елеңдеп барып еді, қайдағы бір қаңғырған дауыс бұл жеті атасынан естіп білмеген біреуді сұрап қоймайды. Күйіп кетті. Осындай күні тілеулес бір адамның менің қасымда шынымен болмағаны қалай деп торығып, көңілі жермен-жексен болып, жүдеп сала берді. Мұның ешкіммен, елдің мұнымен ісі болмағаны ғой. «Сен өзің ыстық ықыласыңмен кімді жарылқап тастап едің, енді елегізе күтерің кім?» дегендей жымысқы ой да қылаң береді.
Оның айналасында адамның жоқтығы да, аз туыстарының өзі мұнымен ат құйрығын кесісіп, араласпай кеткені де дәл бүгін ғана емес, көптен белгілі жайт. Тек соны бұл қаперіне алған емес. Туыстары арасында біреу әлдеқандай шаруа айтса, «Мен ғылыммен айналысамын, маған кедергі жасамаңдар», —деп шалқаятын. Шалқая, шалқая жеткен жері осы да.
Әйтсе де, ол өзін-өзі ұстай білетін еді. Бойын жинап, дастарқан үстін жаңартып, қайта жасап қоюға оқталды. Мүмкін кейбіреулер жұмыс аяғына қарай кіріп шығар. Ол столын жайнатып жіберді. Киімін де ауыстырып, бір қуанышымда киермін деп, көптен сақтап жүрген біркиер жаңа көйлегін киіп, ары-бері теңселіп жүрді де қойды.
Бағана келген топтың өзі туралы айтқандарын бір-бірлеп есіне түсіруге тырысты. Бұл да ермек екен. Бірінің аузындағы сөзін бірі қағып алып, мұны мақтады-ай, келістіріп. Қажырлы деді, қайсар деді, қызды-қыздымен азамат әйел деді. Мұндай күрделі тақырыпты жүрегінің түгі бар адам ғана қорғай алар деді. Нәзира Қадыровна жігіттерден де мықты шықты деді. Қойшы әйтеуір, мақтауын жеткізді. Бір қарағанда осы айтылғандардың бәрі рас та еді. Ендеше неге қуанышы ұзаққа бармады? Неге көңілі олқы түсіп отыр? Осындай жеңісті күнде қуаныш толық болу үшін не жетіспейді? Осы арасын ұға алмай отырғаны. Әйтеуір бір торығу бар, шаршаған шығармын деп түйді.
Айна алдына ұзақ бөгеліңкіреп, шашын түзеді. Өзінің бір көрмекке өңді екенін де білетін. Тек ерте түскен шашының ағы мен көзінің алдын торлай бастаған ұсақ әжімдері болмаса, әлі де ажарлы-ақ. Айна алдында күйбеңдеп біраз тұрды. Уақыт өтсеші. Телефон да, есік қоңырауы да тым-тырыс. Сырттан ешкіммен Нәзираны жалғастырмауға үнсіз келісіп алғандай, мелшиген қалыптары.
Магнитофонды қосып, таспаларды бірінен соң бірін қойып, әлдене іздей бастады. Соңғы туған күнінде достарының лебіздері жазылған лентаны алып, басынан бастап тыңдауға оқталды. Өзі жұмсақ тахтаға отырып жатып: «Ал, кәне, тыңдайыншы, не деп едіңдер сонда?» — деп ойлады. Тыңдап отырса бәрі Нәзираның аман-есен қорғауына ғана тілектес екен. Міне қорғады, енді не өзгерді?
Нәзира осы күнге қанша жыл сарылып жүріп жеткенін ойлағанда, бір жағы өзінен-өзі сүйсінеді де. Университетті бітірген соң мамандығы бойынша жұмыс таба алмай қанша сарсылды? Араға біраз уақыт салып, осы зертханаға, декрет демалысына кеткен бір келіншектің орнына уақытша алынды Жұмыс десе, ішкен асын жерге қоятын мінезінің арқасы шығар, түпкілікті болып қалды. Сенері де, сүйенері де өз еңбегі екенін ұққан соң, жұмысына тастай болмасқа лажы да жоқ еді. Қолы әрең жеткен қызметінде өз міндетін өліп-талып істейтін. Әлі де міне, күн-түн демей «жұмыс, жұмыс» деп, зертханадан шықпай келеді. Нәзираның пендешілік мінезінде басқа міні бар болса, бар шығар, бірақ өз ісіне берілген қызметкер ретінде міні жоқ. Оны бәрі мойындағандай. Өзі құрбылас келіншектердің біреуінің баласы ауырып, біреуінің басқадай шаруасы шығып, айлап, апталап жұмысқа келмесе, кейбіреулер тек қара көрсету үшін келіп-кетіп жүрсе, бұл сегізден-сегізге дейін сол жерден табылатын. Осы мінезінің кімдерге ұнап, кімдерге ұнамайтынын да іштей сезетін. Оны «пысықай» деп, жақтырмаушылар да көп.
Нәзира-ау, осы сен жұмысқа ерте келгенде не істейсің? Шамасы жұмыстан басқаны ойламайсың-ау? — деп, қалжың-шыны аралас таңданушы еді, күнде бұл кілт алып жатқанда кезекші кемпір. Бұл да рас еді. Жұмыстан бөтен еш нәрсе ойламағаннан не тапты? Ол айналасындағы қыз-жігіттердің асықпай-аптықпай жүргендеріне қарап, бар мүмкіндікті пайдалана алмаған өңкей «бездарныйлар» деп іштей сөгетін. Қарап отырса, өзінің де талантының асып-тасып бара жатқаны шамалы екен. Жұмысқа тістей қатып, «ұстаған жерде — қолым, тістеген жерде — тісім қалсын» дегендей еді. Осы тақырыптың келешекте қомақты дүниеге айналарын сезіп, жетекшісі алғыр аспиранттардың біреуіне ұйғарсам ба деп жүргенде, бұл жалынғандай сұрап алып еді. Қателеспепті.
Ортан қолдай жігіттердің жүрегі дауламайтын тақырып деп үстінде, бағана мақтағанда осыны меңзеді ме екен? «Сенің тақырыбың жақсы ғой» деген сөзді естігенде бұрындары шамданып, шыр-пыр болатын. Бөлімде, зертханада кезек күтіп жатқан жұмыс аз ба? Ғылымның бір-ақ нәрсені қажет ететінін, оның, еңбек екенін осында жұмысқа тұрған соң топшылаған ал, осы бағытты бекем ұстаған. Сенің ділмәрсыған, тілмен орақ оратын пәлсапаң мұнда жүрмейді, бәрі еңбекпен келеді. Ал, Нәзираның еңбекқорлығын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Нені болса да еңбегімен алатынын іштей сезетін де, содан барып өзіне-өзі сенімді еді, ешкімге жалтақтамайтын.
Азғана айлығын өз басына ұқыпты жұмсап, қашан көрсең де ине-жіптен жаңа шыққандай киініп, күтініп жүргені. Мұның жасындағы келіншектер бала деп, үй деп, дүние деп, қайтсем бірді екі етемін деп шапқылап, мұрындарына су жетпей жүргенде, Нәзира жұмыстан қаздиып, тіп-тік қалпы, қол сумкасын ғана іліп алып, жеңіл басып, кетіп бара жататын. Айналасындағылар мұны қорғайтын тақырыбынан басқа алаңы жоқ, «бары да, нары да сол ғой» деп күлетін. Содан шығар, жылына бір келетін туған күні кешіндегі тілектердің бәрі бір ғана, тезірек қорғауының айналасына желіленіп жатқаны. Демек, Нәзира өзі соны қалаған. Достары мұның көңіліндегісін тауып айтқан да қойған. Ал мұның пенде болып, бұған дейін басқа тірлікті ойламағаны қалай?
Ол тіпті үйге сияр емес. Күнде ғой жұмыстан ел орнына отыра келетін де, бір шайын ішіп, жата кететін. Кештің мұндай ұзақтығын кім білген. Уақыт та өтпеді, еш нәрсеге зауқы да соқпады. Өстіп отырғанда тағы телефон шырылдап қоя берді. Құттықтаушылар шығар деген үмітпен «Кім болды екен?» деп, трубканы көтеріп еді, басқа біреу:
Қалқам, айтып жібермейсің бе, сағат қанша болды? — деп масаң дауыс қыр-қыр етеді.
Идиот.
Не дейсің!
Басқа сұрағың жоқ па? — Ол трубканы тастай салды. Нәзира қатты ашуланды. Осындай қуанышта әлдекім қасақана мазақтап тұрғандай. Біресе ананы, біресе мынаны сұрайды. Кездейсоқ қой деп өзін жұбатайын десе дағы ашуын баса алмай қойды.
Нәзира өздігінен туыс, дос-жарандарға телефон соғуға бір оқталды да, іркіліп қалды. Алдын ала айтқан, бәрі де құлақтанған сияқты еді ғой. Көңілі түзулері ертелі-кеш бір келер, келмегендері өздері білсін деп ойлаған ол жайымен өз тіршілігін істей беруге бекінді. Бәрібір қолы жүрер емес.
Кенет есік қоңырауы шырылдай жөнелді. «Кім болды екен?» деп елпілдей барып ашса, босағаға сүйеніп, малмандай су-су біреу тұр. Танымады. «Бұл кім еді тағы?» « — Қамсыздандыру агентімін», — деп таныстырды судан шыққандай сұп-сұр жігіт өзін. «Сен ғана жетіспей тұр едің». Мұрны қолағаштай, беті шор-шор безеу ме, тыртықтың орны ма — адам қарағысыз біреу, Нәзира сонда да сыпайылық сақтап:
Үйге кіріңіз, — деді.
Қарындас, сіздің үйді оттан, судан, апаттан қамсыздандыру үшін жүрген инспектормын.
Қажет емес. Қимайтын дүнием жоқ.
Олай демеңіз. Мәселен, сіз жұмыспен жол жүріп кеттіңіз. Үйіңіз иесіз қалды. Сонда су кетсе, газ атылса, бар шығынды біздің мекеме өз мойнына алады. Тек шамалы жарнасын төлесеңіз болғаны.
Құдай өзі сақтайды. Бұған дейін атылмаған газға, жарылмаған суға енді не көрініпті?
Құдай: «Сақтансаң — сақтаймын» демей ме?
Мен енді ешқайда бармаспын. Тау-тас кезіп болдым. Енді әйел болып, шаруа істеп үйде отырамын.
Оныңыз да жөн екен.
Үй-жайыма ие болып, дүние құрап, мен де әйел боламын. Анаған-мынаған жарна төлейтіндей шашылып жатқан артық дәулетім жоқ.
Мынандай заманда әйелдер үйде отырады дегенге, өз басым иланбаймын.
Неге?
Неге десеңіз, сіздің жұмыс істеуіңіз керек қой. Жұмыс па, қызмет пе, әйтеуір бірдеңе істеп, бір жерден айлық алуыңыз керек. Әйел әйел болып үйде отырады деген — бос сөз. Өйткені, сіз жұмыс күшісіз.
Қалайша? — Нәзира шамданып қалды. —Үйде отырамын десем, маған ешкім қой демейді.
Қой демейді, ол рас! Бірақ сізді кім асырайды?
Менің асыраушым жоқ екенін қайдан біле қойдыңыз? Әлде неке сақинасын тағып отырмағаным айтып тұр ма?
Мына жігітті өлердей жек көріп кетті. «Тепсе темір үзетін сыриған неме, дені дұрыс еркектің жұмысын істемей ме? Көрінгеннің есігін қағып, жарна жинағанша» деп, бір ойлап қойды.
Сіз екі қолыңызға қос-қостан сақина салып отырсаңыз да жеке басты екеніңіз бесенеден белгілі. Келгелі су болған туфлиімді ауыстырып кие тұрайын деп ер адамның тапочкасын іздеп, таппай тұрмын-ау. Еркегі жоқ үй екені осыдан-ақ белгілі емес пе?
Сіз мені қорлап, жаныма тиіп тұрғаныңызды сезесіз бе? Ендеше, менің төрт құбыласы тең, бай көршілерім көп. Соларға барып үгіт-насихатыңызды жалғастырыңыз. Мен енді сізбен әңгімелесуді қаламаймын. Есікті сыртынан жауып кетіңіз.
Ашуыңыз қатты екен, біз жалғыз-жарым адамдарға қарайласқанды парыз санаймыз.
Оһо, неткен мейірімділік?!
Күн болса, жауып тұр. Маған бүгін тапсырылғаны осы екі-үш үй. Оларға да барып үлгерермін, қайда асығамын? Ол табақтай көкала қағаз алып, папкасының үстіне қойып, толтыра бастады.
Аты-жөніңіз, тегіңіз қалай? Үй мүлкіңізді қаншаға бағалайсыз?
Нәзира тас кенеше жабысқан мына пәледен бүгін құтылмаспын деп ойлады. Сұраған сұрақтарына тезірек жауап беріп жарнасын төлеп жіберуге оқталды.
Таныса отыралық. Менің атым — Әбдікәрім. Телефоным мынандай, әлдеқандай шаруа айтсаңыз, қызмет көрсетуге әзірміз. Ол телефоны жазылған тілдей қағазды айнаның жақ тауына қыстырып қойды.
«Құдай күнімді сендерге салмасын. Атының сөлекетін қарашы».
Міне, болды, — ол жарнасын алып, қағаздарын жинастырды. — Сірә, қонақ күтіп отырған ыңғайыңыз бар. Қонақтарыңыз келсе, менің мына түріммен дәлізде сүмірейіп отырғаным ыңғайсыз шығар, тезірек кетейін. — Ол созалаңдап орнынан тұрды.
Нәзира оған бағанадан бері, тым болмаса, бөлмеге қарай өт демегеніне ыңғайсызданып қалды. Өзінің осы жігітке қатқыл қатқыл сөйлегеніне таң. Дегенмен, ашуы қайтып қалғандай. Енді қипақтап:
Мейлі, жауын басылғанша отырамын десеңіз де өзіңіз біліңіз. Ешкім келе қоймас деп ойлаймын. — Нәзира ас үйге өтіп, шәйнекке су құйып, отқа қойды.
Қамсыздандыру агенті үй иесінің жұмсарғанын сезіп, сулығын шешіп, іліп, айнаға қарап, шашын тарап, бет-аузын үйкеп-үйкеп қойды. Қыз бейтаныс қонағын төргі бөлмеге шақырды.
Екеуі шай ішуге отырды.
Бүгін туған күніңіз екен ғой. Құттықтаймын, бейтаныс аруым.
Неге бейтаныс? Енді біз әбден таныс болдың қой. Сіз менің қамсыздандыру агентімсіз, пәле-жаладан қорғайсыз. Тек кездейсоқ танысым десеңіз, нақтырақ болар.
Оған да келісуге болады.
Туған күнім емес. Бірақ, әйтеуір бір қуанышымның үстінен шықтыңыз, құдайы қонағым болыңыз, — деді, аяқасты ағынан жарыла. Ол орнынан тұрып, магнитофонды қосып, классикалық жұмсақ әуендердің бірін қойды. Төбедегі шақырайған үлкен шамдарды сөндіріп, қабырғаға жарқанатша жабысқан шырағданды жақты. Бөлме ішіне күлгін сәуле төгіліп, біртүрлі құпия әлемге бөлегендей. Мына ала көлеңкеде жігіттің бетіндегі шор-шор безеуі де, тыртығы да байқалмайды. Оның есесіне тұлғасы кесек, бет-әлпеті пәлендей жаман емес те сияқты. Әсіресе, адамға қарағандағы көзі сондай мейірімді, жылы-шырай қарайды екен. Екеуі алма-кезек, бір-біріне ұрланып қарай қояды.
Жалғыз тұрады екенсіз ғой? Кім болып істейтініңізді айтпадыңыз. Мейлі...
Айтатын сөз таусылғандай, екеуі де біраз үнсіз отырып қалды. Жігіт шайды ұзақ ішті. Сыртта сытырлап, жаңбыр әлі жауып тұр. Бөлме ішінде әдемі әуен қалықтайды. Нәзираның күні бойғы тығылған ашуы да, күдікті ойлары да зым-зия жоғалып, сабасына түскендей, көңілі жайланған. Біртүрлі, мына жігітті жібергісі жоқ. Сызылып, шай құйып беріп отыр. Бұдан әрі үнсіз отыра беруді қолайсыз көрді білем, қамсыздандыру агенті Нәзираны биге шақырды. Жігіт өте жеңіл билейді екен. Нәзираны әуеннің сазымен шыр көбелек айналдырды. Келесі музыка баяу ырғаққа ауысқан. Нәзира қолын жігіттің иығына артқан бойы, басын сүйеп, баяу тербеледі. Бейне қалқып жүрген сияқты. Көптен бұлай билемегені есіне түсті. Қазіргі жігіттер би билей алмайды ғой, жұмыртқалаған тауықтай секіріп-секіріп, өздерінше әлек болатын да, анда-санда бас қосуларда қыздар өздері билейтін. «Тәуір билейтін жігіттер де бар екен ғой» деп ойлады.
Жақсы билейді екенсіз. — Кеш бойы Нәзираның қитықпай, жөн айтқан сөзі осы еді. Жігіт үнсіз телміре Нәзираның қолын уысында ұстап тұрып, алақанына ұзақ қарады.
Бал ашайын деп пе едіңіз?
Алақаныңызға қарап, кім екеніңізді танысам ба деп едім. Сәл бас асаулығыңыз болмаса, жалпы жаман адам емес сияқтысыз...
Жылы лебізіңізге рахмет.
Жігіт үзілген музыканы қайта қосты. Нәзираны белінен қапсыра құшақтап, жайымен биледі. Билеп жүріп, Нәзира оның өзінің шашынан, иіліп құлағының түбінен иіскегенін сезді. Қыз да бір сәт жігіттің иығына басын сүйеген бойы өзін-өзі ұмытқандай. Бір түрлі ер адамның иісін тым жақыннан сезінгеннен, бойында бір асау толқын жүгіріп өткендей, Соны сезгендей, жігіттің белінен қысқаны соншалық, оның белдігінің тиегі батқан соң, сәл бұлқынып қойды. Қолы қатты екен, музыка аяқталғанша тастай құшағын босатпады, Нәзираны орнына отырғызып жатып, құлағының түбінен: Әтіріңіздің исі қандай жақсы еді! — деді сыбырлай. Нәзираға бұл сөз соншалықты ұнаса да, естімегендей, оның алдына самсаған тағамнан таңдамай сала бастады.
Мен бір түрлі қолайсыздық сезініп отырғаным, осыншама құрмет маған арналмаған еді ғой. Нәзира, сіз біреуді тосып отырсыз. Ол келмеген соң, қасақана мені жібергіңіз келмейді Әйтеуір, көңіліңізде бір алаңдық бар. Біреу келуі керек еді ғой, ә? — Жігіт бұл сөзді бағанадан бергі қалжың-шыны аралас сөзі ретінде емес, шынайы көңілмен айтқандай. Даусын да біртүрлі өкініш пе, қамығу ма—толқыныс бар сияқты.
Қыз еш нәрсе демеді. Тек:
Бүгін менің құдайы қонағым боласыз, — деді өктемдеу үнмен. Өзі орнынан жеңіл тұрып, желдеткішті ашты, жігіттің алдына күлсалғыш әкеп қойды. — Шылым шегемін десеңіз рұқсат.
Бүгін енді ешкімнің келмейтіні анық. Келгендей кімі бар еді. Одан да мына отырған құдайы қонағын сыйлағысы келді. Бұқтырмада былбырап қуырылған құстың етін қайта қыздырды, тоңазытқыштағы шарабын шығарып, ортаға қойды. Көңілдегідей отырғысы келді. Зәуімде бір келген адамды неге сыйлап жібермеске?! Үстелдегі табақшаларды жиып алым, қымбат сервизін қойды. Жігіт шарапты биік фужерлерге құя бастады.
Ал, не үшін ішеміз, Нәзира?
Әркім өз көңіліндегі тілегінің орындалуы үшін делік.
Мұныңыз тағы да жұмбақ болды ғой. Дегенмен, сіз үшін, Нәзира! Жақсы кеш сыйлағаныңыз үшін! Құдай бар болса, жаңбыр толастамай жауа берсе екен деп тілеймін. Аһ, құдай, тілегімді бере гөр...
Бар тілегіңіз осы ма? Ендеше мен жаңбыр тезірек басылса екен деп отырмын...—-Қыз сықылықтап күлді. Көптен көкірек тұсының самалы ашылғандай боп күлгені сол-тын.
Құдай қайсымыздың тілегімізді берер екен?
Жігіт қолына домбыра алып, қоңыр әуенмен баяулатып, ән бастады. Пәлендей даусы болмаса да, құлаққа жағымды әуез. « —Уа, дариғай, қонсаңшы жайған торға-ай», — деп, бір тоқтады.
Әр көңілде — бір арман. Нәзира көптен бері кісі шақырып, өзімен-өзі жайбарақат болмаған секілді. Кісі келмейді емес, келеді ғой, сол отырыстарда әңгіме тек жұмыс, саясат, институттың жай-күйі туралы, одан қалса, кімнің қорғап, кімнің қорғай алмай жүргені айналасынан бір аспайды. Жұмыстағы бықи-тықи дауды айтып, жақ-жақ болып тарасатын кездері де бар. Бүгін бәрі басқаша. Бүкіл әлемде — тек екеуі. Жас жігіт пен қыздай. Отыздан асқанда, қайдан жас болыпты!? Енді бұған жігіт қайда? Бұл бір келген бейтаныс қонақ та. Босқа өткен уақыт-ай!
Нәзира, не ойлап кеттіңіз? Ашылсаңызшы!
Бір көңілсіз ойлар кеш бойы басымнан айналып шықпайды.
Ол қандай ойлар? Оны қуып, қуанайық, шаттанайың. Өйткені, бүгінгі күн ертең қайталанбайды.
Қуанатын не бар? Қарашаның тұманды, жаңбырлы, көнілсіз кеші ертең де келер. «Отыздан асып барамын» деп бір ақын айтпақшы, отызға келген жасым бар. Осыған дейін не жидым, не қойдым, оны өзіңіз санамалап, хаттап алдыңыз. Түкке тұрғысыз бірдеңелер, енді алда көңіл жұбататындай дәнеме жоқ сияқты. Әлгінде бір шындықты жақсы айттыңыз. Біз жұмыс күші ғанамыз. Солай, қамсыздандыру агенті. Жұмыс күшімін...
Солайын — солай. Дегенмен, «ертең жақсы күн болады» деп сенейік. Сіз менің атымды да атамадыңыз-ау! Иә, сізге соншалықты жеккөрінішті көрінемін бе, қалай?
Мен олай деп айтқаным жоқ қой. Сіз бір келген қонақсыз. Келесіз, кетесіз. Ал мен болсам — өз ойларыммен, өз мұңыммен өз күйкі тіршілігіммен мынау төрт қабырғада қаламын.
Адам өзін әлденемен алдандырып, үмітпен күн кешеді. Сіз де бір алданыш, ермек тауып алыңыз?
Мен бүгінге дейін онсыз да өзімді-өзім алдап күн кешкен сияқтымын... Енді бүгін соның бәрінің бекер екенін сезгендеймін. Енді алдағы уақыттың еш мәні қалмағандай. Мен содан қорқамын...
Шыныңызды айтыңызшы, Нәзира, неге сонша қапалысыз?
Шынымды айтсам, дәл бүгін менің ренжитін жөнім жоқ еді. Бірақ, дүниеден бос қалғанымды енді сездім...
Нәзира, сіз, не қатты шаршағансыз, не әлде біреуге қапаланып отырсыз. Нең жетпей жүр қалқам, айтшы? — Ол орнынан тұрып, орындығын жақындатып, тура Нәзираның қарсы алдына келіп отырып, ағаның қарындасын жұбатқанындай, еркелете шашынан сипап қойды.
Білем, білем, жетпейтіні — көңілдің жылуы болар... Адамның жалғызсырайтын, торығатын кезі болады. Бәрі ертең орнына келеді. Торықпа!
Айтып отырғаның бәрі рас. Мынандай жанашыр сөзді бұрын естімеген ол:
Осы уақытқа дейін менен бір адам «қалың қалай» деп сұраған емес қой, не көрсем де бір өзім... — бетін басып солқылдап жылап жіберді. Ол өзін қаттымын деп ойлаушы еді. Көңілі қалай босағанын сезбей қалды.
Нәзира-ау, сен де бала сияқты екенсің ғой? Уақыт осындай қалқам. Адамдардың бір-бірімен ісі жоқ. — Жігіт сізден сенге көшкенін өзі аңғармаса керек. Ол қалтасынан бет орамалын алып, балаша еңкілдеп жылап отырған Нәзираның көзін, иегін сүрте бастады.
Көз жасымды көрсеткеніме — кешіріңіз. — Нәзира тұрып, жуынатын бөлмеге кіріп кетті. «Бір келген адамға сонша мұңымды шаққаным ұят болды-ау» деп ойлады. Жылап алған соң, күні бойы тығылып тұрған ашу-ыза — бәрісі көз жасымен шығып, бір сәт жеңілдеп қалғандай еді. Бетін суық сумен шайып тастап, сүртініп, боянып, қайта шыққанда, жігіт терезе алдында шылым шегіп тұр екен. Қыздың жадырай кіргенін көріп, күліп қарсы жүрді:
Қыздардың көз жасының дайын тұратыны-ай! Бәсе, осылай күліп жүрші, қалқам.
Нәзира шәйнегін ысытуға оқталып еді, жігіт қолынан алып, оны орнына қойды.
Далаға шығып, таза ауада серуендеп қайтсақ қайтеді? — Жігіт әрі-сәрі күйде қызды жалғыз қалдырып кетуді ыңғайсыз көрсе керек. Бұған Нәзира да келісті.
Далаға, салқынға шыққан соң, Нәзираның бойы ширап сала берді. Жаңбырдың аяғы қарға айналыпты. Қиыршық қар борай жауып тұр. Күн де суыта бастапты.
Құдекең бейтарап позиция ұстапты. Сенің де, менің де көңіліме қараған-ау шамасы,- деді Әбдікәрім қалжыңдай.
Мейлі, менің дәл бүгін құдайға ешқандай өкпем жоқ.
Ол екеуі түнгі қаланы жаяу аралап келеді. Қар әлі жауып тұр. Нәзираның көңіл түкпірінен басқа бір сезім бас көтергендей. Әбдікәрімнің қолтығынан мықтап ұстап алған күйі борай соққан желден бетін көлегейлеп, жігіт иығына тығыла түседі. Әбдікәрім қолын босатып, Нәзираның иығынан әлсін-әлсін құшақтап, өзіне тартып қояды... Нәзира шыдай алмай:
Жылаған қыздарды жұбату да қамсыздандыру агентінің міндетіне кіре ме? — деп, сықылықтап, күліп ала жөнелді.
Иә, Иә.
Олай болса, сіз қызмет бабына байланысты міндетіңізді өте жақсы орындап келе жатыр екенсіз де.
Әрине, тек солай ғой...
?!
Нәзира, сен жұмысты қойып, үйде отырсаң қайтеді? — деді әлден уақыттан кейін жігіт.
Сонда мені кім асырайды?
Қамсыздандыру агенті ...
Бұл да сіздің міндетіңізге жата ма?
Жатпаса, жатқызамыз да!
А?!
Мен, мен сізді «Керім» десем қайтеді? Сізге осы ат жарасатын сияқты...
Мейлің...
...«Мына түннің ғажабы-ай!» деп ойлады Нәзира...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі