Өлең, жыр, ақындар

Махаббаттың кермек дәмі

Өзінен басқа сенері жоқ жандарға тән қайраттылықпен көңілін тастай бекітіп, онша-мұнша нәрсеге мойи бермейтін тастүйін қасиет Мағияда қазір жетіп-артыларлықтай. Бұл оған туа біткен мінез деуге келмес, жүре пайда болғаны анық. Әрі оны Тәңірінің өзі нәзік жанына қорғаныш боларлықтай етіп, бойына әдейілеп, дәлдеп дарытып жатқандай. Ол жан-жағынан тиер ірілі-ұсақты соққыға қашанда әзір тұрар шаршы алаңдағы сайыскердей — сақ, өзін сергек ұстауға дағдыланып алғандай. Ол — табиғатынан ойы ұшқыр, іске де, сөзге де шапшаң, әр нәрсеге шұғыл шешім қабылдайтын, талдырмаш келген қағілез жан. Жасырақ кезінде жаны үлбіреген гүлдей нәзік, тым әсершіл, көңілі еліккіш, қиянат көрсе бордай үгілгіш еді. Мынау зырлаған зырылдауық уақытта тіршіліктің сан қилы талқысына түсіп, оның ыстық-суығына әбден пісіп-қатып алған ол енді өзінің ойын да, бойын да шашау шығармай, сезімге берілмей, сыр білдірмей, жинақы ұстауды меңгерген кезі. Өмірдің өзі соған үйретті. Үйреткенде де мықтап үйретті...

Туа біткен зеректігі мен тынымсыз еңбекқорлығы оны ғылым жолында айтарлықтай табысқа жеткізері шүбәсіз еді. Алайда ол күйеуі ғылымға бет бұрған соң бастаған ісінен қол үзіп, соған жол беріп, өзі үш баласы мен күйеуін асыраудың қамымен күнкөріс үшін табысы мол жұмысты қуалай-қуалай, басқа арнаға түсіп кеткендей. «Кедейдің сүйген асын кім берер?» демекші, қазір кім сүйген ісімен айналысып жүр дейсіз? Жұрттың біразы тұрмыстық жайын күйттеп кеткені рас. Мағия да өзін сондай жандардың бірі санайды.

...Ол мойнына қандай ауыр жүктің түскенін күйеуі бір жерге табан тіреп қызмет істеуді қойып, ішімдікке, арзан ойын-күлкіге әуестене бастағанда-ақ, ұғынған. Шаңырағының тірегі, арқа тұтар азаматының ғылымда жолы болмағаны, қызметтестерімен тіл табыса алмай, жұмыс орнын жиі ауыстыратыны қабырғасына қатты батты. Бірақ бұл қалай деп, бетіне жел болып тимеуге тырысты. Азаматтық басында не болмайды? «Көш жүре түзелер» деп сабыр сақтап, ақырын күтті. Балалары болса, күн санап өсіп келеді. Қайтсем соларға қынжылыс көрсетпеймін деп, әрі күйеуінің жеңіл жүріске, ішімдікке үйірлігін сырт көзге білдірмеймін деп қаншама тыраштанды. Келе-келе күйеуіне еріп, топқа баруға да жасқанатын болған. Барғанда адам сияқты барады-ау. Аузына бір-екі ұрттам ащы су тиген соң ол еліріп, елеуреп, әркіммен бір ілінісіп, одан қалды мұны көрінгеннен қызғанып, отырысты қып-қызыл дау-дамайға, кейде, тіпті, төбелеске айналдырып жіберетін әдет пайда болған соң, қонаққа барудан сап тыйылды. Енді бұрынғысындай күйеуімен шалқып-тасып, той тойлап жүре алмасына көзі жеткен соң, араласатын адамдарының қатарын да күрт сиретіп, қызық думанды жиып қойып, үш баланың қамын жеп, солардың мұқтаждарын өтеуді ғана ойлап, жанбағыс қамытын мықтап киіп алғандай.

...Тіршіліктің апшысын қуырып бара жатқан нарық заманы — мынау. Күйеуі болса, жұмыссыз. Ол енді өзі қызметтен қол үзбеу үшін жанын сала, күн демей, түн демей еңбектенуіне тура келді. Күйеулерінің арқасында шалқақтап жүретін, төрт құбыласы сай құрбыларынан бойын аулақ сала бастады. Бір ғажабы, әйелдікпен біреуді көре алмай, іштей қызғану, тыржыңдап тарылу деген нәрсе қаншалықты жасып жүрген күнде де оған жат еді. Сол мінезінен де шығар, Мағия тұрмыстағы өзінің сәтсіздігін ешкімнен көрмей, ешкімді күндемей, өз көңілін ештеңеге алаңдатпай, «Әркімнің тағдыр-талайы әр басқа, демек, менің маңдайыма жазылғаны осы шығар, болары болды» деп ойлады да, өз бейнетін өзі арқалап, ешкімге тіс жарып сыр ашпай, жылап-сықтап, күйеуін жамандап, әркімге бір шағынбай, томсарылған томаға-тұйық болып алды.

Осылай сырты бүтін, іші түтін итіс-тартыс тірлікпен қаншама жылын өткізді... Енді ойлап отырса, жастықтың ең бір жақсы кездерін ол өзін-өзі тұншықтырумен, булығумен өткізген екен ғой...

Оның шамшыл табиғаты кейбір жеңіл ауыздардың асып-тасқан, өзін көрінеу іліп-шалған сөздерін де басынан асырып жіберуге үйренді. Іштей мырс етіп күліп қойып, ешқандай мән бермеген сыңайлы отыра беретін. Өйтпеске шарасы да жоқ. Ол әуелі өзінің көңіл күйін бұзбауды ойлайды, сондықтан әркімнің сөзіне бір жармаспай, салқын қанды болуға мойынсұнған...

... Сөйткен, өзімді-өзім ұстай білемін дейтін Мағияның бүгін аяқ астынан шамданып, ашуға бой алдырғаны. Бұл — оның да ет пен сүйектен жаратылған пенде екенін, шыдамның да шегі болатынын көрсетсе керек. Жүйкесі сыр бере бастағаны-ау, шамасы. Бір ауыз сөзден оның көңілі нілдей бұзылып, сабыры қашып, ашу шіркінді тежей алмай, шырт ете түскені.

Кешке жақын көрші келіншектің келе қалғаны. Күйеуі жолаушы кетіп, үйінде жалғыз отырып, зеріксе керек. «Ауыл үйдің қонағы — айына-жылына бір келер», — демекші, зәуіммен кіре қалған екен, Мағия қонақжайлықпен қарсы алып, ас салып қойып, оны-мұны сөз етісіп, біраз отырды. Қонағының көңілін алдарқатуды ойлаған ол жас кездерінде түскен суреттері сақталған альбомды қолына ұстатып, өзі ас үйге етке қамыр илеуге кетті. Бір жағынан, келгеннен бері жағы бір тынбай, сампылдап сөйлеген келіншектен құлағына біраз тыншу болар ма екен дегені еді. Қайдан? Ол бірқұшақ альбомды құшақтай артынан ілесе келіп, тап қасына жайғасып алып, әр суретті көрген сайын: «Мынау кім?», «Анау кім?» — деп шұқшия бастады.

Керімбек екеуінің жас уақытта түскен суреттерін көріп:

Мынау сен бе-ей? Қасыңдағы қасы-көзі қиылған сұлу жігітің кім? — деп сұрағаны.

Ол біздің күйеуіміз болатын, — деді Мағия оның білмей сұрап отырғанын, әлде біле тұра жорта сұрап отырғанын ажырата алмай.

Тү-у! Артист сияқты қандай әдемі жігіт! Иә, иә, осы сенің күйеуіңді «Керім десе, Керім» деп жұрт айтушы еді. Рас екен ғой, — деді тамсанып. Мағияның қарадай жыны келді. «Осы жұрт нені біліп айтады екен? » деп ойлады, бірақ сыр білдірмей:

Жұрт тағы не деуші еді? Біраз нәрсе білетінге ұқсайсың, айта отырсаңшы, — деді күліп, оны тағы біраз сөйлеткісі келіп.

Көрші келіншек бұл туралы ойының шындығын жасыра алмай:

Осындай әп-әдемі күйеуден неғып айрылып қалып жүрсің? Сонша ашық ауыз болармысың, — деді бұған жаны ашығансып. Оны Мағия түсінбей қалған жоқ.

Сендер сияқты жақсы күйеуге аузымның салымы жоқ болғаны да, — деді ол екіұштылау сөйлеп, бір жағынан құрдастыққа салып, қалжыңға айналдырғансып.

Жоқ, — деймін-ау, мен әлгі жұрт айтатын «Керімбек сені менсінбей, тастап кетіпті» дегенге, тіпті нанғым келмейді, — деп, көрші келіншек енді басқаша құйқылжыды.

Нансаң да, нанбасаң да өзің білесің...

Өткенде сені «қызмет қуамын деп жүріп үй-жайына да қарауға мұршасы келмей, ақыры күйеуінен айырылып қалды ғой» деген бір келіншекпен қатты сөзге келіп, керісіп қалғаным, — деп тағы бір әңгіменің ұштығын шығара бастап еді, Мағияның одан әрі тыңдай беруге жүйкесі шыдамай, шырт ете қалғаны:

Немене? Осы жұрттың менің өмір-тарихымды жіпке тізгеннен басқа жұмыстары қалмаған ба?

Көрші келіншек өзінің артық кеткенін сонда сезіп, онысын жуып-шаймақ болып:

Енді өзің айт деген соң естігенімді айтып жатқаным ғой... Әйтпесе, мен қайдан білейін... — деп, аяқ астынан түк білмейтін монтаны бола қалды.

Өй-бу-у! Отырып қалыппын ғой. Әлгі біздің үйдің кісісі телефон соғып жатқан шығар-ау. Келген соң «қайда жүрдің?» деп шатақ салар. Еркектердің сондай бір жаман әдеті бар емес пе? — деп, пісіп қалған асқа қарамай, тайып отырды.

Мағия сыпайылық үшін: «Отыр, өзіңе арналған асты жеп кет», — деп айтқаны болмаса, қатты қолқалаған жоқ.

Оның айтқан әңгімелерінен кейін көңілінде ауыр зіл қалғандай жайсыз сезім бойын билеп, қалтырап кетті.

Тәп-тәуір отбасы деп, өзін әжептәуір сыйлап, жақын тартып жүретін келіншектің ойпыл-тойпыл сөздерінен көңілі бұзылып, жасып, қорланғандай күйге түсті. Қайдан ғана альбомды қолын ұстата қойып едім?! «Әй, соның өзі кім, сөзі кім?» деп қанша мән бермейін дегенімен, «Әп-әдемі күйеуден неғып айрылын қалғансың?» деген сөзі құлағында жаңғырығып тұрып алды. Содан алқымына өксік тығылғандай... «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, егер сол жақсы болса, жас басын кәрі етіп, ақ жүзін сары етіп, жалғыз қалып несі бар? Сабасына түсе алсашы... Күйеуінен ажырасқаны мұның бетіне қашанғы шіркеу болар екен?..

Иә, сырт жұртқа жақсы көрінетін көрікті күйеуінен бұл өзі қалай «айырылып қалып еді?» Ол есіне түсіре бастады. Тап күні кешегідей, бәрі ап-айқын есінде.

... Күннен күнге құлдырап, арзан ойын-күлкі мен ішкіліктің шырмауына оратылып, өмірдің жеңіл қызықтарын қуалап, жел айдаған қаңбақтай мағынасыз тірліктің соңына түсіп бара жатқан Керімбекті «қайтсем құтқарып қаламын» деп бұл не істемеді десеңізші?!

Жайлап та айтып көрді, жылап та айтып көрді. Сөзін тыңдайды-ау, айтқан ақылына тоқтайды-ау деген ағайындарын да араға салып көрді. Құдайым өзінің санасына тауфиық бермеген соң ештеңе де қонбайды екен. Ақыр аяғында, «Менің жанымды ешкім түсінбейді, мен ешқандай да ішкіш емеспін, осыны тауықтың миындай миың болса, сен неге ұқпайсың?» деп, мұның өзін ақымақ қылып қойды. Қит етсе «мен адалмын, сол адалдығымнан әділетсіздік көріп келемін» деп көкірегін соғатын. «Жаным ауырып, күйінгенімнен ішемін, тек арам адам ғана бәрін есеппен істейді, сондықтан ішпейді» деген уәж айтушы еді. Ондайда күйеуінің сөзінде бір шындық бардай бұл иланып-ақ қалатын. Осы иланым сенімсіз, үркек көңілге қуаныш, жұбаныш әкелгендей де болатын...

Бірақ күйеуінің арақ ішуін қойғызсам деген ойынан бәрібір қайтпады. Неше түрлі халықтың ем туралы құлаққағыс жасап, салауатты жолға апаратын амалдарды жасап-ақ бақты. Сондағысы: «Арағын қойса, желігіп, сырттағы арзан қызықтарға құмартпас па еді, үй ішіне береке кіріп, әуел бастағы шат-шадыман өмірлері қайта оралар ма екен?» деген үміт еді. Сөйтіп жүргенде, құдай көңіліне сабыр берді ме, әлде мұның сөзі себепші болды ма, күйеуі тауға барып мұздай су құйынып, өздерін-өздері сауықтырумен айналысатын топқа қосылатынын айтқанда, бұл көктен тілегені жерден табылғандай қуанып кетті. Демалыс сайын зыр жүгіріп жүріп, қажет заттарын жинастырып, ол жақта ішетін-жейтін тамақтарын істеп беріп, Меккеге баратындай-ақ шығарып салатын.

Керімбек бірнеше ай бойы сауығу шарттарын орындап, аузына ештеңе ұрттап алмады. Осы уақыт ішінде тыңайып қалған ол ұйқысы тынышталғанын, басының ауырғаны азайып, өзін күні бойы сергек сезінетінін айтып, мақтанып та жүрді. Сауықтыру деген сылтауымен өзінің мақсаты жүзеге асқанына қуанған Мағия: «Шіркін-ай, осыдан жаман әдетін пышақ кескендей қойып кетсе екен» деп, Тәңірінен іштей шын тілеумен болды. Осыдан қоя қойса, бұған дейін көрген бейнеті демде ұмытылар еді-ау. Соңғы кезде үй ішінің ажары кіріп, балаларының да жүздері жайраңдап, мәре-сәре болып қалды. Бірақ, бұл қуаныштары ұзаққа созылмады — Керімбек баяғы әдетіне қайта басты.

Мағия сонда да сырт көзге білдірмейін деп оның үстіне қылшық жұқтырмай, қолына артық-ауыс түскен тиын-тебенге «қазір жігіттердің-ақ киім киюі сәнді екен» деген соң аппақ костюм, ел шетіне енді келіп жатқан астары алмалы-салмалы ұзын кашемир пальто сатып әперді. «Адам көркі — шүберек» деген емес пе, өзі де ажарлы жігіт бұл киімдерді киген соң тіпті жұтынып шыға келді. Енді оның «ана жолдастың, мына жолдастың үйінде болдым» деген сылтаумен үйге қонбауы жиілей бастады. Кейде тіпті апталап үй бетін көрмей кететін әдет тапты. Әйтеуір бір күндері келіп тұрады. Алғашында сәл де болса ыңғайсызданып, әртүрлі сылтау айтып ақталғандай, бұның жүзіне тура қарай алмай, көзін алып қашушы еді. Бара-бара азды-көпті ұяты таусылғандай, бет-аузы бүлк етпей дастарқан басында міз бақпай отыра беретін болды. Жөнін сұраймын деп талай рет таяқ жеген соң, бұл да енді келмегеніне өкінбейтіндей сыңай танытатын жағдайға жетті. Қашан келсе де, ас-суын алдына қойып, ертіп келген қонақтарын, туыс-туғандарын түк болмағандай қарсы алатын. Мұндай да ол өзіне айтқаны белгісіз, бұған айтқаны белгісіз: «Әлі бәрі де жақсы болады», — деп қоятын. Бірақ еш нәрсенің жақсарған түрі көрінбеді. Айлап ішіп, апталап қыдыру созыла берді.

Қайтсем осы әдетін қойдыртамын деп Мағияның ойы онға, санасы санға бөлініп, түнімен ұйықтай алмайтын. Мүмкін, орта ауыстырса, мына арадағы достарынан қол үзсе, тыйылар ма екен деп жүргенде күйеуінің институтына Мәскеуде стажировкадан өтуге бір орын бөлінгенін естіді. Туған анасындай араласып, сырлас болып кеткен бөлім меңгерушісіне барып, жылап отырып, бар жағдайын айтып, сол орынды Керімбекке алып беруді өтінді. Бір жағынан тым созылып кеткен ғылыми жұмысын аяқтап, ел қатарлы қорғап келер ме деп ойлаған. Тілеуіне қарай, институттағылар жолдаманы Керімбекке беруге шешім шығарды. Бұл тағы біраз киім-кешек әперіп, қалтасына қомақты қаражат салып беріп: «Бізге де, ауылға да алаңдама, тек жұмысыңды аяқтап келуді ойла» деп, қайта-қайта айтып шығарып, салған еді. Өздері тарықса да, оны сыртта жүр ғой деп аяп, ай сайын айлығын салып отырды. Аман-есен қорғап келсе, бұл қиындық та ұмытылар деп үміттенген.

Ол үміті ақталмады. Екі жыл оқытқан бар әрекеті бекерге шықты. Ғылыми жұмысын тиянақтамады. Бұрынғы мінезі жай нәрсе екен, енді басқа өнер шығарды. Жоқ жерден пәле іздеп: «Мен жоқта немен айналыстың?» деп басқан ізін аңдитынды тапты. Мұны және қызулықпен емес, сап-сау кезінде айтып, шу-шұрқан көтеретін болды ғой. Мағия оның орынсыз қызғанышына айран-асыр болып, шала бүлінетін еді, кейін барып түсінді ғой. Әр адам өзіне қарап тон пішеді екен-ау. Өзі қандай болса, жұртты да сондай деп ойлайтынын кеш ұқты.

Шіркін-ай, ішетінін ішіп келіп, тып-тыныш жата қалса, оның не сөздігі бар. Мағия ондай күйеуден айналар еді-ау. Ал, ол болса, ішіп алса мазаны кетіріп, түнімен аласұрып, мұнымен арпалысып шығатын. Балалар шырылдап бұған ара түсіп, күнде шатақтасып жатқандары. Мағия көршілерінің бетіне тура қараудан қалды. Бір күні ана жері, бір күні мына жері көгеріп жүретін болды. Қызметке бара алмай, жұмысты үйге алдырып істеуі де көбейді. Жанбағыс керек, жұмыс орнын жоғалтуға еш болмайды, лажсыз қызметіне баруға мәжбүр. Қызметтестері «бетіңе не болған?» деген сауалдарына кейде «есікке соғып алдым», кейде «жоғары сөреден бір нәрсе алайын дегенде, ыдыс құлап кетті» деген секілді бір нәрселерді құрастырып айтып, жалтаратын. Жанындағылардың көбі тілеулес жандар еді. Әрі мұның өз міндетін тап-тұйнақтай атқаратындығын білгендіктен анда-санда шыға алмай қалатынына кешіріммен қарайтын. Ешкім ләм демейтін. Бірақ мұның жағдайын бәрі де іштей сезетін сияқты.

Кезекті бір жанжал үстінде күйеуі қатты итеріп қалғанда шалқалай құлап, басы батареяға оңбай соғылып, талып қалыпты. Балалары шұрқырап жылап, дәрігер шақыртыпты. Миына зақым келген деп, ауруханаға жатқызып қоймасы бар ма? Сонда да дәрігерлерге шындығын айтпай, тайып жығылдым деп қойды.

Біраз күнде жазылып, үйіне оралса, күйеуі жоқ, балалары үрпиісіп отыр. Ол жасқаншақтап, тіпті балаларының бетіне қарай алмады. Естияр болып қалған баласы жанарымен жер шұқып:

Мағаш, көкем ішуін қоймаса, мен үйден кететін шығармын. Мына екі қарындасыма қарап, сенің жазылып келуіңді тосып жүрдім, — деді үлкен адамдай салмақтап.

Мағияның жүрегі езіліп, жанарына жас үйірілді.

Жаным-ау, қайда барасың? Үйден кетемін дегенің не сөзің? Жақсы болсын, жаман бол сын ол — сенің әкең ғой. Балапаным-ау, сәл шыдай тұршы, қоятын шығар... — деп балаларын жұбатқанымен, сөзі сенімсіз шықты. Соны сезген баласы:

Мағаш, осы сөзіңе өзің де сенбейсің ғой, — деп, орнынан тұрып кетті. — Ол ешқашан қоймайды. Ал, бүйте берсе, бір күні екеуміз төбелесіп қалуымыз мүмкін. Онда жағдай тіпті ушығып кетеді...

Мағия кішкентай қызын құшақтап отырған бойы ләм-мим дей алмай, отырып қала берді.

...Ауруханадан кейін қызметіне шыққан күні еді. Үзіліс кезінде әркім өз шаруасымен әр жаққа жүгіріп кеткен. Араларында бір ересек апайлары бар еді. Сол кісі ешқайда асыға қоймады. Екеуі оңаша қалған сәтте:

Жүрші, екеуміз таза ауа жұтып келейік, бөлме қапырық болып кетті ғой өзі, — деп, мұны сыртқа ертіп шықты. Екеуі біраз жүріп, шағын аллеяның бойындағы орындықтардың біріне тізе бүкті. Апайы сәл жөткірініп алып, бұған қатыссыз әлдебір әңгімені бастады. Бұл үнсіз тыңдап отыра берген, бірте-бірте сөз жүйесі өзіне қарай ойысты:

Сіңлім, байқаймын, осы сенің жағдайың келіспей жүр-ау? — деп бір тоқтады.

Бұл сонда да сыр бермеді. Мағияның ашылғысы келмей отырғанын байқаса да, көкейіндегі көптен айтсам ба деп жұптап жүрген нәрсесін созбақтамай-ақ, турасынан айта бастады:

Қалқам, мен өмірге күні кеше келгенім жоқ. Сенен бірер көйлек бұрын тоздырған адаммын. Сырт көз — сыншыл келеді. Оның үстіне сені шынашақтай студент кезіңнен білемін ғой. Қазір сені сол кездегінмен салыстырамын да, жаным ашиды. Сен өзің байқамайтын шығарсың, сен қатты өзгеріп барасың. Бұрынғы ашық-жарқын мінезің қайда? Көз алдымызда солып барасың ғой. Күйеуің жайсыз білем. Ішеді ме?

Бұл үнсіз басын изеді.

Бәсе, өзім де солай болар деп ойлаушы едім. Басқа да әдеттері бар шығар? Көптен бері іше ме?

Өтірік айтатын емес, «біраз жылдан бері» деп шындығын мойындап, әлдене деп міңгірлеген болды.

Бірталай болып қалды дейсің бе? Қалқам, бұл жасырып-жабатын жай емес. Елде тумаларың бар болса, сөзі өтімді ағайын-туысы бар болса, шақыртып, ашып айтпайсың ба?

Ой, апай-ай, мен айтпады дейсіз бе? Талай айттым. Олардың не дейтіні белгілі ғой: күйеуі ішіп, оңды-солды қыдыратын әйел жалғыз сен емессің, соған бола неменеге шу шығарасың, — деп, өзімді кінәлайды.

Тағы айт. Ел емес пе? Тентегіне «тек» дейтін біреу табылар... Байқап отырмын, жалғыз өзіңнің енді оған әлің келмейді. Ішіңе жинама. Қайта дабыл қақ. Ұялғанды қой. Ана балаларыңның қамын ойла. Ішкен адамның пәтуасыз тірлігін көріп, балағат сөзін естіп өскен баланың ертең кім боларын елестетіп көрші өзің. Оның үстіне ұлың есейіп қалды. Жасөспірім шақта олар әр нәрсені өткір қабылдайды. Әкесімен ерегісіп, бірнәрсеге арандап қалуы мүмкін.

Осы сөзді естігенде есіне баласының кешегі үйден кетемін деген сөзі түсіп, зәресі ұшты.

Сен ұлыңды қолыңнан шығарып алып жүрме. Балаң бұзылып кетпесін. Соны ойла... Күйеудің емес, енді баланың қамын же...

Мына кісінің бәрін көзбен көріп, қолмен қойғандай, тап басып айтып отырғанына қарсы «ләм» дей алмады. Басын тұқшитып, төмен қарап, отырды да қалды. «Шындықтан қайда қашып құтыларсың?»

Қарағым, мен сенің отбасыңның ісіне араласайын деп отырғаным жоқ. Бірақ қазақта «Бата — тимесе де, қате тиіп жүрмесін» деген сөз бар. Күйеуің ашу үстінде мерт қылса, не бір жерің мүгедек болып қалса, қайтесің? Сенің үш балаңа кім қарайды? Балаларға әуелі дені сау шеше керек. Осыны ұқ. Сен өзің былай ойлап қарашы, қазір екеуің дай-дай болып, балаларға қандай өнеге көрсетіп отырсыңдар? Мүмкін балаларды алып, жеке тұрып көрерсің. Ол да, бәлкім, сонда ойланар. Балаларыңды сақтаудың бір амалын жасасаңшы. Қайраттан, қалқам. Өзіңді өзің қолға ал. «Әйел — қырық шырақты» деген, жақсылығыңның бәрі әлі алдыңда, — деді.

Өзін-өзі қалай қолға аларын, шіркін, Мағия білсе ғой...

Тұрайын енді. Барған соң шай ішетін бір нәрселер ала салайын, — деп мұны ертіп, аспаздық дүкеніне кіріп, ыстық самса, тағы бірдеңелер алды. Келісімен шай қойып, демде беп-берекелі дастарқан жасап жіберді.

Басқа қызметкерлер де жиналып қалған екен. Осының бәрін апайы бұның көңілін аулау үшін, әрі арадағы әңгіменің тігісін жатқызу үшін жасағанын Мағия түсініп отыр.

Апамыз бүгін шәйнек ұстап, келіншек болып қалыпты ғой. Ол кісіге шәй құйғызып қойғандарың ұят емес пе? Басқа біреуің шәйнектің тұтқасын ұстасаңдаршы, — деп жатыр ересектеу жігіттердің бірі қалжыңдап.

Мағия ұшып тұрып, шәйнекті қолына алып, дастарқанға иелік жасап кетті. Көңілі біртүрлі сергіп, жігер қосылғандай — ширақ. Қимылында бір сенімділік пайда болғандай.

Бұл Мағияның өзінің де көңілі бұзылып, ойы опыл-топыл болып, сынаптай толқып жүрген кезі еді. Өмір көрген үлкен адамның сөзінен кейін таразы басының тасы бір жағына қарай анық ауғандай көрінді өзіне.

... Мағия қаймағы бұзылмаған қазақы ортада өсті. Әкелері ертерек көз жұмып, алты бала — аналарының арқасында ер жетті. Анасы қажырлы-ақ адам еді. Сонда да жесір әйелдің тіршілігіндегі олқы түсіп жататын тұстарды сезімтал бала жүрегі қапысыз сезіп өсті. Әкенің бос орны үңірейіп көрініп тұратындай-ды. Анасы ұлын — ұяға, қызын — қияға қондырып, бәрінің бір-бір үй болғанын көріп, қартайған шағында еңсесін бір көтеріп еді-ау. Керімбекті өз ұлдарынан артық көрмесе, кем көрген жоқ. Жазғы демалыстарында күйеуімен балаларын алып, елге барғанда, бұларды мақтаныш көріп, көңілі марқайып отырушы еді. Үш баласы туғанда да қалжасын алып келіп, бөпелерін шомылдырып, қатайтып беріп кетті. Кейінгі жылдары күйеуі қаладағы қызықтарын қимай, ауыл жаққа аяқ баспады. Бұл балаларын алып, жылда шешесінің қасында біраз болып, аунап-қунап қайтатын. Анасы мұның жалғыз келгенін онша жақтыра қоймайтын. «Әлгі Керімбекжан неге келмеді?» — деп, үнемі шұқшиып сұрай беретін. Бұл: «Жұмысынан шыға алмады», — деп жақаурататын.

Бір-екі күн айналып-толғанып, сағынышы басылған соң анасы:

Қызым, үйіңе қайта ғой, балаларды тастап кетіп, өзің жүре бер, — деп асықтыратын.

Кезінде анасына жағдайын айтайын деп сан оқталып еді. Бірақ жүрегі дауаламады. Оның үстіне нағашыларының тұқымында құран ұстап, қажыға барған молдалар көп. Жібі үзілмей, жалғасып келе жатқан бір тақуалық бар. Анасы да бес уақыт намазын қаза қылған жан емес. Бұл барған кезде сөз арасында: «Ана ағайынның қызы, мына жекжаттың қызы күйеуден ажырап келіп отыр». «Ұя бұзғанның несі жақсы дейсің?» — деп, басқа біреулердің уайымын жеп отыратын. Соны естіп отырып, «менің де күйеуіммен дәм-тұзым жараспай жүр» деп айтуға аузы бармады. Қартайған шағында анасын қайғыға салғысы келмеген. Сөйткен анасы да аз ауырып, жаздың бір жайдары күні дүниеден озып жүре берді. Бұл алдында ғана барып келгенде өзінің үйреншікті ыңқыл-сыңқылы сияқты көрінген. Тез арада көз жұма қоятындай төмендемеген тәрізді еді. Тілеуі дұрыс адам екен. Өзі: «Уа, Тәңірім, мені пендем десең, — балаларыма ауыртпалығымды салдырмай, он екі мүшемнің сауында, жақсы күнде ала гөр, бейнетімді тарттыра көрме», — деп жалбарынып отырғанын талай естуші еді. Айтқанындай-ақ болған. Бала-шағасының ортасында шай ішіп болып, қисайып жатып, жүре беріпті...

Анасын жер қойнына тапсырып, барлық жабдығын атқарып, басына тамын тұрғызып, бұлар да перзенттік парыздарын қолдарынан келгенше өтеді. Керімбектің өзі де ойына ой түсті ме, сол бір тұста баяғы жас күніндегідей қызметін жасады. Сонысына риза болып, іші жылып, көңіл шіркін елеңдеп, енді тұрмысымыз түзеліп кетер деп, жақсылықтан үміттеніп қалып еді. Бірақ, ол күрт құбылып, түп-түзу жүрген күндерінің артынан есесін қайырды ғой... Бұл содан кейін-ақ түңіліп кетті...

Мағия оның кейбір қылықтарын қазір тіпті есіне алғысы келмейді. Есіне түссе, төменшіктеп, жасып, басылып қалатын болған соң, көңілінің түкпіріне тас бекітіп тастағандай еді. Қайдағы-жайдағы реніштерінің бүгін өзін қайта тапқанын қарашы... Бәрі әлгі келіншектің сөзінен шықты ғой.

Шіркін-ай, біреудің сыртынан тон пішетін осындай жандардың «Бет пердесін алып тастап, ақиланып шыға келгенде Керімбекпен дастарқан басында бір кеш отыруға төзімдері жетер ме еді, жетпес пе еді, бір құдай біледі», — деп ойлады. Ал, бұл оның бар екіжүзділігіне шыдап, қаншама жыл төзіп бақты...

Ол екі шекесі зырқылдап, көзінің түбі суырып ауырғанын сезді. Құрғыр, қан қысымы өрлеп бара жатқан секілді. Дәрісін ішіп, көз шырымын алмаққа қисайып жатты. Ертең бір жауапты күн еді. Таңертең жұмысқа қалайда сақадай сай болып баруы керек. Ол үшін тынығуы керек-ақ. Алайда ұйқының ауылы алыстап кеткен секілді, кірпігін айқастыра алмады. Сол уақытта телефон шырылдап қоя берді. Көтерсе, баласы екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін:

Мағаш, не болды, дауысың біртүрлі жабырқау ғой, ауырып тұрсың ба? — деп сұрағаны. Осы баланың бір қасиеті бар, бұл бір қатты ренжісе, не ауырып қалса, қандай түйсігімен, қалай сезетінін кім білсін, әйтеуір сезіп, жақында болса салып ұрып, жетіп келеді, алыста жүрсе, телефон соғады.

Жоқ, жаным, бәрі жақсы. Жұмыстан шаршап келіп отырғаным ғой, — дей салды.

Мен әлі жұмыстамын. Байқа, дәрі-дәрмегің бар ма?

Бәрі дұрыс дедім ғой.

Шыныңды айтшы, Мағаш, дауысың солғын сияқты ғой? Қазір аэропортқа тартып кетіп, түнгі самолетпен ұшып келсем қайтеді? — Баласы бұлай дегенде Мағия ыршып кетті:

Жоқ, жоқ, әуре болма. Келмей-ақ қой, жаным. Маған алаңдама, қызметіңнен қалма, — деп, азар да безер болды.

Жарайды, ендеше. Таңертең жұмысқа барған соң компьютеріңді ашып қара, мен саған хат жазып жібердім. Бізде бір жаңалық бар...

Соңғы сөйлемді айтқанда баласының даусы ойнақылана шықты. Бұның жүрегі лүпілдеп, елеңдей қалды.

Ол не? Айтшы? — деді шыдамсызданып.

Айтпаймын. Сюрприз! Ұйқыға «Ертең бір қуаныш күтіп тұр» деп жатқан жақсы емес пе?

Баласымен сөйлесіп, телефон тұтқасын орнына қойғаннан кейін көңілі сәл де болса орнығып, саябыр тапқандай. «Жарығым-ай, жұдырықтай болып, менің қамымды жеп жүргеніңнен айналдым, — деді күбірлей. — Қандай жаңалықтары бар екен?»

...Керімбек екеуі студент кездерінде шаңырақ көтерді. Жастық албырттықпен шын сүйіп қосылды. Дүниеге осы тұңғыштары келгенде бұның әлі бірер жыл оқуы қалып еді. Сәбиі біраз шираған соң ауылдан абысыны келіп, «сен оқуыңды бітіргенше бағып берейін» деп алып кетіп еді. Жақсылығы Алладан қайтсын, өз баласымен бірге, тел қозыдай бағып өсірді. Оқу бітіріп, қызметке тұрғаннан кейін бұлардың үйге қолдары жетпей, неше жыл жатақханада тұрды. Сөйтіп жүріп, өзі тағы екі қыз көтерді. Баласын пәтер алып, орныққан соң бір-ақ әкелді ғой. Жастайынан қайнағасы мен абысынына табиғи жақын болған соң ба, бұның Мағаш деп атын атайтын. Бұл да іші елжіреп тұрса да олардың көздерінше өбектеп, бауырына тартқан емес. Қайда кетер дейсің, түбі табады ғой деп ойлайтын. Тапты ғой, айналайын. Бүгінде үлкен сүйеніш, тірегіне айналып отыр...

...Үйдегі тірліктің қиюы кетіп, мазасыз күй кешіп, басы әбден қатты. Бұл кетемін деп суи бастағалы Керімбек ерегесе түсіп, қоқан-лоқы көрсетуді жиілетті. Сөйтіп, ыри-тыри болып жүргенде бір әйел Керімбектен бір емес, екі бала туып отыр екен деген сыпсың сөз шыға қалды. Оны алғаш кімнен, қалай естігені есінде жоқ. Бұл дос-құрбылары арқылы сұрастырып, анықтатып еді, рас болып шықты. Оны артынан Керімбектің өзі де масаттанып тұрып, мұны мұқатқандай айтып салды. Әлдеқандай себептермен отырып қалған қыздардың жалғыздықтан жапа шекпес үшін көңілдері қалаған жаннан бір бала туып алып, соны әлпештеп өсіріп, ермек етіп отырғандарын ара-тұра болса да ұшыратушы еді. Ал ол әйелдің бір емес, екі бала туып отырғаны — «басқаның күйеуінің түбі өзіне келеріне толық көзі жеткендіктен болар-ау, шамасы» — деп ой түйген ол «енді бірге тұрудың еш мәні қалмағанын» ұғып, қаланың екінші шетінен бір бөлмелі пәтер жалдап, үш баласын алып, бір күнде көшіп кетті.

Көрші келіншектің әлгіндегі: «Сені Керімбек менсінбей тастап кетіпті ғой», — дегендегісі күйеуінің мұның сыртынан басқа әйелмен көңіл қосқанын меңзегені ме екен? Мүмкін, ол сөзді Керімбектің өзі таратуы да ғажап емес... Еркектік менмендігі мен өзімшілдігі кезінде оған не айтқызбайды? Қазір не деп жүргенін бір құдайың өзі біледі... Мағия оны сонау жастық шағынан қалтқысыз сүйгеніне, талай жыл көрсеткен құқайларына төзгеніне жазықты болып па?

Алданған арманы, неше жылғы одан көрген азабы, оның аузынан естіген жанын қорлар небір тұрпайы сөздері есіне қайта оралып, көкірегіндегі шерін қозғап, ал кеп жыласын. Жылап-жылап алғаннан кейін бойы жеңілдеп қалғандай. «Осы мен неменеге жылап отырмын, содан басымды аман-есен алып шыққанымнан кейін өзімді адам сияқты сезініп, қатарға қосылған жоқпын ба? Құрысыншы бәрі, балаларым аман болсыншы» деп ойлады. Бірте-бірте сабасына түсейін дегендей, ойлары да жүйелене бастады.

Ал енді «Қызмет қуамын деп, отбасына қарай алмапты» дейтіндерге жол болсын. Е-е, бұл тап сол жылдары қызмет қуайын деп ойлап па еді?! Бұл қызметті емес, қайта нарық мұны өкшелеп қуып келе жатты емес пе? Күйеуі барда да, жоқта да үш балаға ішер ас, киер киім тауып беру — өз мойнында еді ғой. Қайтсем балаларымның үстін жүдетпей өсіремін, дастарқанымды қалай жұтатпай ұстаймын деп жанталасқан жоқ па? Онысы әуелі құдайға, сосын өзіне аян. Үй тірлігін қолғанат болуға жарап қалған балаларына тапсырып, өзі жұмыс соңында қалып, әркімнен қосымша жұмыс алып, жасайтын еді. Қоғамның қазақ тіліне бет бұрғаны бұған жақсы болды. Түрлі мекемелерге баратын қағаздар қазақша нұсқасы қоса тіркелмесе, өтпейтін болғандықтан, лажсыз тәржімашыларға жүгінетін. Басында ол көлденең табыс боларлық мұндай шаруаны жарнамалардан, таныстардан сұрастырып табатын еді, кейінгі уақытта ондайға мұқтаж адамдар бірінен бірі естіп, мұны өздері іздеп табуға айналды. Пұлы мен хақына келіссе, жасап береді. Ол жұмыс таңдамайтын. Үлкен-кішісіне, ауыр-жеңіліне қарамай алып, мерзімінде тап-тұйнақтай етіп жасап тастайтын. Үнемі жұмысбасты болып жүру бір жағынан көңілін еш нәрсеге алаңдатпайтын, мойынын бұрғызбайтын болды. Бір қыста «Үлкен тұрмыстық энциклопедияны» аударып шыққаны есінде. Жұмысты бітіріп алып барғанда баспадағы егде жазушы кісінің:

Қарағым, еңбегің еңбек-ақ екен. Маған біреу басыңнан аяғыңа дейін алтын құямын десе де, тап мынаны жасай алмас едім, — дегені көңілін өсіріп тастап еді.

Ал, бұл оны көз майын тауысып, жаны қалағаннан аударып па? Қаламақысына қызыққаннан жасағаны — шындық.

Сіздей үлкен жазушы адамға мұндай қара жұмысты істету обал ғой. Біз «Жұмыстың жаманы жоқ» деп үйреткен Кеңес мектебінен тәрбие алғанбыз. Сондықтан тұрмыстық бықи-тықи шаруалардан қашпаймыз. Әйтеуір біреу істеуі керек қой, — деген, қалжың-шыны аралас.

Айналайын, еңбегіңнің ақысын аласың. Кітап жоспарда тұр. Осы кітап шыққанша мен осы жерде отыратын болсам, жоғары өтеммен төлетіп беремін, — деген еді мұның қаражат үшін аударғанын түсініп.

Айтқан сөзінде тұрды. Еңбегіне қомақты пұл ұстап, көңілі марқайған Мағияның өзіне деген сенімі де орнығып, жекелердің тапсырысын орындаудан гөрі баспалардан қосымша жұмыс алып істеудің абыройлы іс екенін түсінді, соған үйренді. Бұл әлдеқайда тиімді, әрі көңілге де жақсы екен. Осыдан кейін де бірталай дүниелер тәржімалады. Соның бәрін жұмыстан кейін қалып, не үйге әкеліп, түнделетіп істейтін.

Қазір ғой — ондай жұмыс істерлік қажыр-қайрат та, денсаулық та жоқ. Қан қысымы көтерілетін атаусыз бір дерт тауып алды. Аяқ астынан лып етіп шыға келеді. Дәрісі қашанда қалтасында жүреді. Өз сыры өзіне мәлім, екі шекесі солқылдай бастаса, таңдайына сала қояды.

Сен осы жалғыздықтан, құсадан дерттенген шығарсың. Балаларды өсіріп, енді басқа шаруаң қалмаған соң қарадай өзіңнен өзің ауру тауып отырсың ғой деймін,— деп, сыралғы құрбылары әзілге сүйеп, жиі айтатын болып жүр. Кейбіреулері оны әркім-әркіммен таныстыруға құлшынып әуре. Мағия күйеулері бар келіншектермен қонаққа, әсіресе танымайтын ортаға барудан қашқалақтайтын. Барса да күйеулері барлардай еркін, ашық-жарқын отыра алмаушы еді. Әйтеуір, бір қолайсыздықты сезінетіндей. Мұның жалғызбастылығынан қорынатындай күйге түсерін олар қайдан білсін? Солай бола тұра оның құрбылары таныстырған адаммен таныстықты ары қарай жалғастыруға құлқы соқпайтын.

«Аузы күйген үріп ішеді» демекші, өзі сүйіп, қыздай қосылған жігіттің төресімін деген адамнан опа таппаған соң жол ортасына келгенде енді кімнен жақсылық көремін деп дәмеленбекші? О баста өзіне арналмаған несібеге қол созып қайтсін? Ұзақ кештерде үйде жападан жалғыз отырып, кейде өзінің де қалың ойға бататыны бар. «Неге шақырағымды шайқалтпай ұстап қала алмадым? Қай жерден мүлт кеттім?» Басындағы бақыт құсын қапыда қалай ұшырып алды екен? Мұның кінәсі неде? «Неге? Неге?» деген сұрақтардан құлағы тұнғандай болатын. Енді ойласа, оның сыры тереңде сияқты. Отбасының бүтіндігін сақтайын деп, неше жыл жауырды жаба тоңып, сырт көзге күйеуін «Керім десе, Керім» дегізіп, еш нәрсесін білдіртпей, шыдап бақты емес пе? Сол төзімінің қайтымы қайда? Әйелдің бақыты жанындағы азаматына байланысты екенін енді анық ұққандай. Бұның маңдайына жазылғаны осы-ау, шамасы. Қапысыз сүйіп-ақ еді, бірақ адамын дәл таппады ма, қайтымы болмағанын қайтерсің?

... Керімбек екеуінің ажырасқанын естігенде бірге өсіп, біте қайнасқан жора-жолдастары қақ жарылғандай. Біреуі бұны, біреуі оны жақтап, дуылдасып жатты. Қаншамасы бұларды қайта жарастырудың жолын іздеді. Мағияға райыңнан қайт деушілер де табылды. Қалған көңіл, сынған сағы қайта бүтінделуші ме еді? Ондайларға бұл жылы шырай танытпады Содан да болар — біразының сырт айналғаны. Мейлі, беттерінен жарылқасын деп, отыра берді. Балаларын өсіріп, өзімен-өзі тіршілік кешіп жүріп жатқан.

Мағия астананың Арқаға көшуі өз тағдырында үлкен бет бұрыс болғанын кейіннен ұқты. Қызмет орны жаңа астанаға көшетін болғанда қобалжығаны рас. Бірақ Алматыда бұл қимайтындай кімі қалып бара жатыр? Ел-жер ауыстырсам, бәлкім, сары уайымнан сергірмін деген оймен, ұлы көшпеп бірге қыс ішінде балаларын алып, «тәуекел » деп жолға шықты.

...«Ел көшкен жаққа — ырыс ауады» деген рас шығар. Мұнда келгелі жаман болған жоқ. Баласы мен үлкен қызы институттарын ойдағыдай бітіріп шықты. Туып-өскен жерлері — Алматыға қарай жыл құсындай қанат қағып, туған ұядан түлеп ұшып кетті. Барып қызметке тұрып, өздеріне лайықты тіршіліктерін істеп жүр. Кіші қызы да мектепті тәмамдап, ағасы мен апасының қолына барып оқып жатыр. Мағияның оны жібергісі келмеп-ақ еді, бірақ түскен оқуының реті солай болды. Баяғыда өзінің де он жеті жасында оқу іздеп, Алматыға келгені есіне түсіп, бетінен қақпады. Ол уақытта туыс-туған деген жоқ. Вокзалдан тура университетке барып, жатақханаға тұруға рұқсат алып еді. Ол кезге қарағанда қазір шүкір ғой. Балалары бір жерде, бастарында үйлері бар, бас-көз болатын ағалары қастарында...

Мағия ендігі ғұмырында үміт еткен бар жақсылығын балаларының атымен байланыстырады бұл күнде. Осылардың қызық-қуанышын көрсем деп адастырып кеткен арманын алдан күтуде.

...Ол жатар алдындағы дәрісін ішіп, қайткен күнде де бір ұйықтап алуды ойлап, жастыққа қисайды. Ол әдеттегісінше қыздарының тілеуін айрықша тіледі. Ана көңілі бойжеткен екі қызының болашағына қатты алаңдайтын болып жүр. Өзі барып, олар келген сайын ретін тауып: «Өзің сүйгенге емес, өзіңді сүйгенге бар» деген сөз рас. Осыны естен шығармаңдар. Жігіттің әдемілігіне қызықпаңдар. Өздеріңді құлай сүйген, қадір тұтқан азаматтың етегінен ұстаңдар! — деп құлақтарына құйған болады. Бұйрық біледі де. Өзі сүйіп тиген күйеуден не жақсылық көрді? Бұның қателігі, бәлкім осында, өз сезімінің жетегінде кеткенін де шығар. Соны қыздарым қайталамаса екен деп іштей егіледі. Көңілін қажаған белгісіз өкініш меңдетіп барады.

Жаратушы иеге: «Құдіреті күшті Алла, екі ботамның бағын аша гөр, маңдайларына өздеріне сүйеу болатын, қадірлеріне жететін, мейірбан жүректі адал жар жаза гөр, жақсылығыңды бұйырта гөр», — деп іштей жалбарынуда. Қыздарының келешекте дәм-тұздарының қайда тартып тұрғанын ойлағанда, көз жасы еріксіз жастыққа қарай сырғып бара жатты. Оны өзі сезер емес. Таңдайына көз жасының ащы дәмі келгендей. Бәлкім, бұл махаббаттың кермек дәмі болар, кім білсін...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз