Өлең, жыр, ақындар

Сезімтал жүрек

Ауылдан үркектеп аулағырақ қонған аудандық автостанциясының алдында қалаға қатынайтын қызыл белдеулі, домаланған, сарғыш автобус дүрілдеп, бағанадан тұр. Қыдырмашы қалашылар да, жексенбілік жайма базарға асыққан базаршылар да жайғасып, адам аяғы саябырлап қалған шақ. Тұра-тұра автобустың да шыдамы таусылды білем, артқы екі шамы шоқтай жайнап, тұрған орында бір-екі ырғалып қойды. Онысы «ал кеттік» дегені болса керек, сол екі арада шолтаң қағып орнынан қозғалып та кетті.

Жайбарақат жайғасқан жолаушылар лоқ етіп, артқа қарай лықсып барып тіктеліп отырды. Орындықтың арқалығы сұп-суық екен, Сайранның бойы тітіркеніп, майда діріл жүгіріп өтті. Үстіне киген қонымды сәнді көйлектің шолақ жеңінен білегінің жартысынан көбі жалаңаштанып тұр еді. Демде білегі құс еттеніп шыға келді. Музыканттарға ғана лайық сүйріктей салалы саусақтарымен білегін сипап, шалқалаған бойы арқалыққа сүйеніп отырып қалды. Ширатылған бипаз қимылында балауса ерке қылықтан гөрі, ой тоқтатқан бойжеткеннің қараған жұрттың назарын аударып, бір сәт санасын баурап қаларлық әдемі кербездігі жатқандай.

Әй, шопыр, тоқта-ей, әке, тоқтасаңшы. — Дауыс Сайранның артындағы орындықтан шықты. — Әке-ау, әлгі қызымыз қалып қалатын болды ғой. — Қатпа қара келіншек осыны айтып, терезеден мойнын созып, жан-жаққа қарай бастады.

Оның есіне қасындағы көршісінің далаға алқын-жұлқын шығып кеткені сонда барып түсті. Автобус жүрерде қайда кетті екен? Қалып қалармын деп, сірә, қорықпайды ғой. Осындай да бейғам жандар бар-ау?! Әлгінде кіріп келгенде-ақ әуелі әр нәрсенің сыртқы сипатына шұқшиятын Сайранға осы қыздың түр-тұрпаты ұнамаған-ды. Дене бітімі олақ ұста соққандай, олпы-солпы кеспелтек келген бәкене қыздың кейбір қимылдары цирктегі домаланған клоунға ұқсар еді. Қолындағы билетіне бір, әр орындықтың арқасындағы номеріне бір үңіліп, өз орнын іздеп әуреленген қызға ол әуестікпен қарап отырған. Тақуасын-ай, алдыңғы жақтағы бос орындыққа отыра салса қайтеді екен деп тағы ойлаған. Қыз мұның ойын сезіп, әдейі жанына отырғысы келгендей-ақ, дәл мұның қатарындағы бос орынға келгенде «уһ, таптым-ау» дегендей терең тыныстап, кідірістеді. Шып-шып терлеген маңдайын қолының сыртымен сүртті. Бүйірі шығыңқы, қомақты тор дорбасын жайғастырып, аз-кем кідірді де, есіне әлдене түскендей, апыл-ғұпыл қайта шыға жөнелді. Қоңыр тор дорба тепе-теңдігін сақтап біраз тұрды да, Сайран жаққа ауып, жантая жығылды. Ол қабырғаға қарай ысырыла, жылжып отырды. Көз қиығы қоңыр торда. Бәкене қыздың бір қабат киім-кешегі екені көрініп тұр. Көнетоздау боз сулық, қыздардікі деуден гөрі ер баланың аяқ киіміне көбірек ұқсастау қалың табан қара туфли иесінің шама-шарқын айқындай түскендей. Сайран көршісінің жүдеу кейпін жақтырмай, бойын тартқан сыңай танытты. Осыған өзі бір түрлі ыңғайсызданып, қоңыр торға қайтып қарамауға тырысты. Ұзақ жолда тым болмаса әңгімелесіп баратын жолсерігінің де жібі түзу болмағанына өкінгендей терезеден сыртқа қарап отырып қалған. Ертеңгілік бойкүйездіктен әлі де арыла алмаған денесі ауыр тартып, бей-жай күйде келе жатқан томаға тұйық бір сәт еді.

Жаңағы қатпа қара келіншектің сөзін естіді ме, әлде өзінің басқа да шаруалары болды ма, автобус автостанциядан шыға берістегі көпірден өтіп барып тоқтады. Шофер жерге ырғып түсіп шіреніп тұрып доңғалақты бір тепті де темір-терсектерін сылдыратып түрткілеп жөндеуге кірісті. Түсерде кабинадағы «спидоланың» дауысын көтере кетті. Әдеттегідей демалыс күні ертеңгісін Москвадан беретін «Қайырлы таң» хабарының жеңіл де ойнақы музыкасы естілді. Сайран әуенге беріліп, шалқалаған қалпы көзін жұмды.

Әлгіндегі көңілсіз әсерден бір сәтте сергіп, бойы жеңілденіп, ширығып сала берді. Ол музыканы сүйетін. Үйірілген биге шақыратын осындай жеңіл әуезге еліккіш. Ол тағы машинамен екпіндетіп жүретін ұзақ жолды қалайтын. Дәл қазір мына музыкаға ілесіп автобус ұшқан құстай зымырар ма еді?! Жүре берсе, жүре берсе... Жұмыр жер дөңгеленіп артта қалып жатса... Оны білетін достары қала сыртына шыққан да машинаның бар әйнегін ашып тастап, өзін алдыңғы орындыққа отырғызып қойып, тас жолмен зулатар еді. Алдан ескен желге маңдайын төсеп, сүмбілдей қою шашы желбіреп, көзін жұмып отырудан бұл жалықпас еді. Қазір соны есіне алды. Көңілі шапшаң жүрісті қалады. Сонда ол өзінің кешкі мектептің қатардағы оқытушысы екенін, шалғайдағы ауданға қарт ата-анасының көзіне бір көрініп, балалық парызын өтеп қайтып бара жатқанын, алда бірнеше сағатқа созылар ұзақ жол барын, топастық пен талғампаздықтың таптырмас үлгісіндей миын шабақтап келе жатқан жолсерік көршісін — бәрін-бәрін ұмытып, басқа әлемде отырар еді.

Тәте! — Дауыстан ойы бөлініп кетті. Келіп тұрған бәкене қыз екен.

Тәте деймін, терезе жақтағы орын менікі екен, ауысып отырыңызшы. — Үні еркек баланың үніндей жуан, бірақ жағымды қоңыр сазды. Сөзі нық. Сайран талай еркек дауысты, тарғыл дауысты әйелдерді көріп жүр, бәрі шылымның әсері. Тәйірі, қазір шылым шекпейтін әйел қалды ма?! Бұған онша таңданған жоқ, әу баста екі орынның қайсысы менікі деп ойлап жатпастан терезе тұсына отыра кеткен.

Ол демалыс үйлерінде, ауруханада, қонақ үйлеріне түскенде үнемі қабырғаға іргелес орынды қалайтын. Үнемі солай тап келетін. Сайран, бәкене қыздың сөзінен сасып қалды.

А?! Пожалуйста... пожалуйста...

Ол лып етіп жеңіл тұрып, қызды өткізіп жіберді де, өзі қоңыр тордың орнына отыруға мәжбүр болды. Бәрінен де оған қыздың «тәте» деген сөзі батқан еді, құлағына инедей қадалып тұрып алды.

Сайран өзін-өзі күтетін қыздардың әдеті бойынша жасымнан әлдеқайда жас көрінем деп ойлайтын. Шындығында да солай еді: артың етсіз таралған бойшаң дене, жұмыр мүсініне, ат жақты, ашаң жүзіне иығының сәл төмен, не ұзын емес,не қысқа емес біркелкі қиылып, ұшы бұйралана толқынданған қою қара шашы жарасып, барлығы кербез қимылымен ұласқанда, оны ширатылған бойжеткен көрсететін. Бармақтай бәкене қыз, сөйткенмен де мұның өзінен мүшел жас үлкен екенін танып, «тәте» дегеніне намыстанғандай күйге түсті.

Бәкене қыз ешнәрсе болмағандай, нықталып отырды. Аудандық газеттің күн жеп сарғайған ескі номеріне оралған түйіншегін екі қолымен қапсыра сығымдап ұстап алған. Бейне жан-жаққа бытырай қашар деп қорқатындай. Алдына өңгермей-ақ, жерге қоя салса қайтеді екен? Ай-ай-ай, осынша жабайы болармысың?

Әке-ау, аяқ астынан қайда кетіп қалдың? Мен айтпасам, қалып қала жаздадың ғой. — Қара келіншек бәкене қызды сөзге тартты. Оның автобустан қалып қоймағанына өзінің қатысы болғанын білдіргісі келген сыңайы бар.

Базарға! — Көтеріңкі леппен айтты да қыз қолындағы орауын мақтанышпен одан сайын қыса түсті. — Алма алып келдім. — Келіншек қайтып тіл қатқан жоқ, ернін сылп еткізді де қойды. Дәл автобус жүрерде базарға жүгірген қыздың бұл қылығы оны да таңдандырса керек.

Сайран көршісіне қайтып назар салмауға, оның әлгіндегі «тәте» деген сөзін де еске алмауға тырысты. Бірақ қыздың жиі-жиі дем алғаны, әлсін-әлсін мұрнын пысылдата тартқаны оның дәл қасында отырғанын ұмытуға тіпті мүмкіндік бермеді.

Бәкене қыздың от пен суға сала берген соң қызыл күрең тартқан сәл ісіңкі саусақтарын көріп, Сайран өз қолына қарады. Екі-үш күн ішінде күтілмей, жалбырап, көбесі сөгіле бастаған тырнағын байқап, үнемі сумкасында жүретін былғарымен қапталған шағын тырнаң тазалағышын алды. Ұзақ жолда бұл да ермек. Көбесін тазалап, тырнағын екі жағынан қырнап, үшкірлеп, біраз уақытын ұтқызды. Он саусақты қашанғы тазаласын, мұны да болып, жабдығын орнына салды. Қолын айқастырып, шалқайып отырып, терезеден төңірекке көз салды. Автобус бұл уақытта ел қарасынан ұзап шыққан. Оңынан да, солынан да ұшы-қиыры жоқ шексіз, шетсіз көсілген сары алқап көрінді. Қаладағы көкке қол созып ұмсынған ығы-жығы көк үйлерден, көп үйлерден көз сүрініп, мезі болған шақта жанарың жеткенше еркін қарауға кең даланың болғаны қандай жақсы! Сайран осыны сезініп, тынысы кеңігендей терең демалып, алысқа көз жіберді.

Көкжиек сөгіліп, күн едәуір көтерілген. Аспанда шүйкедей де бұлт жоқ. Күз айының жадыраған жайма-шуақ жып-жылы кезі. Сары далада бауырында сағым ойнап қарауытқан жоталар жатыр. Жүріп келе жатқан автобус емес, бейне бір таулар сияқты, бірімен-бірі жарысып, бірін-бірі қуып, бірін-бірі басып озып бара жатқандай. Біреуі жақындай түссе, екіншісі алыстайды. Сайранның ойы шырқап алысқа кете қоймай, қасында отырған бәкене қызға тіреле берді. Оған назар салмаса да, қыздың кескіні қырынан көрініп отырды да қойды.

Енді аңғарды, бәкене қыз жас екен. Оның топ-томпақ беті, бұртиған ерні балалық аңғалдықтан арыла алмағанын байқатады. Бірақ, өсіп, тарала келгенде де шырайлы бойжеткен бола қоймас, тайқы маңдайы мен бауырсақ мұрны, сәл қысыңқы жанары осыған меңзейді. Сайранның көңілі өсіп, қай ортада болса да мысы басып кетерін сезінген кісінің сыңайымен тәкаппар шалқайды.

Таяуда орталық журналдардың бірінен «Акселерациялық құбылыс» дегенді оқып еді. Қазіргі оқымысты ғалымдардың зерттеулерінде, кейінгі жас балалар өз жасындағы алдыңғы буынмен салыстырғанда, дене құрылысы ірі, бойшаң, өңдері де біркелкі келеді деген тұжырым бар көрінеді. Бұл халықтың өскенін көрсетеді екен. Ал олай болса, мына қыз неге аласа? Неге сол ғалымдар топшылаған болжамға жатпайды? Мүмкін, Бәкеңе қыз тараған ұрпақтар біркелкіленер. Сайран көзін жұмып, ой құшағында отырып қалды...

,..Лап берген салқын лептен бойын, шашыраған ойын тез жинап, көзін ашты. Күзгі даланың күйген шөп, қураған сабан, іші иісі бұрқыраған құп-құрғақ қоңыр самал желі соғып тұр. Бәкене қыз екен терезені ашқан. Өзі басын сыртқа шығарып, алға ентелей қарап отыр. Желке тұсынан бір өрім етіп өріп, қоя берген бұрымына қосылмай қалған балапан шаштары желге желбіреп, тайқы маңдайын одан сайын аласарта түскендей. Автобус шағын ауылдың шетіне кіріпті. Жол бойында қалаға жеткенше мұндай ауылдар көп. Сайран осы ауылдардан үнемі күйкі тіршілік көргендей болады. Өңкей біркелкі, бір-бірінен аумайтын жатаған үйлер айдалада, үлкен әлемнен бөлініп қалғандай әсер ететін. Кімдер тұрады мұнда, немен шұғылданады, ол осыған таң қалатын?

Ауыл ішіне кірген соң автобус жүрісін баяулатты. Тас жол бойында ойнап жүрген балалар көрінді. Ол қайта көзін жұмып шалқая беріп еді, бағанадан далаға сұғылып отырған бәкене қыз бірнәрсе деп айқайлағандай болды. Сол-ақ екен, топтан бөлініп үш қара домалақ бала автобусқа қарай жүгірді. Ересектеуінің;

Әне, апайым, апайым, кетіп барады, қарасаңдаршы, дегенін Сайран анық естігендей. Балалар автобусқа қатарласа беріп, ұмар-жұмар болды да қалды. Басында түсінбей аңтарылып отырған ол істің мәнісін енді ұққандай, бәкене қыз бағанадан сығымдап ұстап отырған газеттің орауын жазып, нарт қызыл алмаларды балаларға қарай лақтырып-лақтырып жіберді. Бұл көріністен Сайранның жүрегі бір түрлі бүріп кетті де, бір сәт соқпай, сол бүрген қалпында тұрып алғандай болды. Біртіндеп шымырлап барып жазылды, сол мезетте бойына бір жылы леп тарап бара жатқандай денесін жалын шарпыды, Қыздың бағана автостанциядан едәуір қашық базарға не үшін жүгіріп барғаны жетесіне енді жеткендей: алыс қалаға оқуға кетіп бара жатқан қыз бауырларының жол бойында тосын жүрерін сезген. Сәбилердің «апайым кетіп барады» деген қуанышты дауыстары құлағынан кетер емес. Ол дауыста бір қимастың, жаңын адамға деген бауырмалдық бар еді. Қат-қабат сезімге толы осы бір ауыз сөздерінен соншалық қимас туысын, ең жаңын адамын шығарып салғандарын ұғуға болатын.

Апама, апама болысыңдар, — деп дауыстап, бәкене қыз ет жүрегі елжірей артқа қарап біраз отырды да, терезенің әйнегін жауып, түк болмағандай манағы монтаны қалпына қайта түсті. Бірақ түрінде өз ісіне риза болғандық, сәл мақтаныш сезімі әлі басылмай тұрды. Дәл осы әрекетімен Сайранға қыр көрсетіп тастағандай.

Сайранның жүрегі біреу өткір ұстарамен тілгілеп жібергендей, әлі де удай ашып отыр. Анасы бөпелері туғанда кіндігін босағаға көметін еді. Ия, енді есіне түсті. Бұл алыстап кеткен балалық шақтың көмескі көріністері ғой. Байғұс шеше қарақтарының туған үйден, туған жерден кіндігі үзілмесін деп ырымдайтын. Мына отырған бәкене қыздың кіндігі туған үйден, туған жерден үзілмеген екен. Өзін нық сезінуінің бір ұшығы осында шығар. Манағы марқайып жатқан көңілі кілт басылып, төменшіктеп қалды.

Осы мына отырған бәкене қыз өзінен әлдеқайда тамырлы, әлдеқайда бауырмал көрінген. Бірақ оны мойындағысы келмеді... «Менің жасыма келгенде, мүмкін, бұл да өз қамын көбірек күйттейтін болар. Иә, солай болатын шығар». Осыған өзін сендіргісі келді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер