роман
І
Жеті түнде есік қатты қағылған тарсылдан ерлі-зайыпты Досановтар шошып оянды.
— А-аш!..
Есен ұйқылы көзімен қармана ауыз бөлменің шамын жолшыбай жаға салып есікке келді.
— Бұл кім?
— Мен... Ғанимын.
Есен есік ашты.
Бұйра шашын дудыратып, үсті-басы балшық-балшық болып, аяғын тәлтіректей басып кіріп келе жатқан жігітке Есен тесіле қарап:
— Өй, — деп сәл кейін шегінді де, состиып тұрып қалды.
Ғани ойына әлдене түсіп кеткендей, ілгері жылжи беріп, артына жалт бұрылды да, дереу есіктің тиегін ілді.
Есен жолдасының сиқын көріп, келіншегі мазасызданбасын деді ме, ақырын барып төргі үйдің есігін жапты.
— Неменеге бейуақта алқам-салқам болып жүрсің? Бас киімің қайда?
— Сөндір, сөндір! — деді анау даусы дірілдеп.
— Неге? — деді Есен таңданып.
Ғани жауап берудің орнына елегізіп:
— Дүбір естіле ме? Келе жатыр ма? — деп терезеге жалтақтады.
— Өй, өзіңе не болған? Немеге үрейің ұшып тұр?
— Өшір дедім ғой!..
Оның даусы жан алқымға тығылғандай әрі ышқына, әрі жалынышты түрде дірілдей шықты. Бұл құбылысты енді ғана байқаған Есен шошына тітіркеніп:
— Жаным-ау, айтсайшы, не болды? — деп сыбырға көшіп, мезгілсіз уақытта оқыстан пайда болған жолдасының қасына жақындады.
— Мен адам өлтірдім! — деді Ғани даусы қырылдап.
Төніп келген Есен шошынып, шегініп кетті де, не деуге және істерге білмей, естен танғандай мәңгіріп қалды.
Қылмысты адам бұл сәтті пайдаланбады. Ол өзінің жаңағы шамды сөндір деген тілегін де ұмытып кеткендей, ешбір әрекетсіз күйге көшіп, ештеңені елемейтін, естімейтін мылқаудай меңіреу түксиіспен мойнын төмен салбыратып, барлық салмағымен құлай орындыққа шөкті.
— Сен жаңа не дедің? — деуге Есеннің әлден уақыттан кейін барып шамасы жетті.
— Менен қазір ештеңе сұрама, айтуға хал жоқ... хабарла... барсын...
Оның әрбір сөзі ауыздан үзіліп шығып, аяқ жағы ұғымсыз күбірмен бітті.
Есен одан түк ұға алмай қайта дағдарды. Есі шығып кеткендігі сондай, тіпті әлде бір ылаж істеу дегенді де ұмытты. Барлық ой: «Бұл қалай?» деген бір ғана сұрақтың маңына сарқылып, бір кездегі қимас досының, осында жұп жазбай бірге келген ең жақын жолдасының, қазіргі мүскін халіне қатты қынжылып, ет жүрегі еріксіз елжіреді. Бірақ, бұл сезімге екінші бір сезім іле соқтығысып, демде-ақ аяныш атаулыны езіп, жанши бастады да, жүректегі лап еткен аянышты тұншықтыра салды. Сонсоң-ақ, бұрынғы өзі білетін, ақкөңіл, аңғал досы көңілден біржолата кетіп, оның орнында адамның аузы бармас сойқан қылмысты кешіп келген, қара жүрек жырынды біреу қалды. Ол есін енді ғана жинағандай селк етіп, басын әнтек жоғары көтерді. «Мен кісі өлтірушінің панасы болмақпын ба?»
Ол төргі бөлменің есігін тұтқасынан жұлқи тартып:
— Таня, тұр, тез тұр! — деп үрейлі дауыспен айқайлап жіберді.
Таня ауыз бөлмеде айтылған жаңағы сұмдық сөздерді естімесе де, күйеуінің даусынан шошына, орнынан ұшып тұрып, халатын кие сала: «не болдылап» дүние-жасауы жоқ, бос бөлмені жаңғырта басына көтерді.
— Мынаны, мынаны көрдің бе? Бар, хабарла...
— Қайда? Кімге? Нені? — деп Таня ерінің сөзінен ештеңе ұға алмай бұрынғысынан жаман сасқалақтады.
— Кісі өлтірген!
— Не? — деп Таняның үлкен көк көздері ұясынан шығып кетердей бақырайды.
— Шақыр, шақыр деймін біреуді!
Таня есі шығып, жөндеп киінбестен, тысқа жүгірді.
Ал, айыпты жігіт үй ішінде болып қалған осы бір ойпаң-тойпаңның бірде-біріне көңіл аудармастан айналасындағы тіршілік дүниесінің бәрін ұмытқандай, қыбыр етпей мойнын төмен салбыратқан әлгі бір меңіреу күйде, мәңгіріп отырған қалпын бұзбады. «Маған енді бәрібір» деген үмітсіздік көңіл тоқтата қараған адамға одан ашық-ақ аңғарылғандай еді. Бірақ, бұрын құлағы үйренбеген сұмдық сөз төбеден жай түскендей ұрып кеткендіктен, Есеннің бұл құбылысты барлауға мұршасы келмеді. Оның көбіне ойлағаны да, көз алдына дамылсыз келтіргені де осы адамның кәзіргісі емес, бұрынғысы, өзі білетін жұмбақсыз, бұлтсыз ашық шағы болды.
Кім еді бұл адам?
II
Ғани Оразов ауылда онжылдық мектепті бітіріп Алматыға келді. Оның бұл қалада бір танысы болатын. Поездан түскен бетінде соны іздеді. Бұл танысы — облыстық комсомол комитетінде бөлім меңгерушісі болып істейтін Есен Досанов деген жігіт еді. Досанов командировкаға шығып жүріп (ол кезде Қазақстан Орталық комсомол комитетінде нұсқаушы болатын), өткен жылы бір жолы Ғанидікінде болып кеткені бар-ды. Ғанидың әке-шешесі баласы мектептен ертіп келген қонағын қатты құрметтеп, барлық ықыластарымен күткен-ді. Селода қонақ үй жоқтықтан бұдан кейін сол үйде 2-3 күн жатқан-ды. Меймандос қарапайым колхозшы семья сол біраз күндер ішінде Есенге бір жақсы әсерлер қалдырған еді. Егер бұл үйден біреу жолы түсіп Алматыға бара қалса, бұған әдейілеп соғуды, қонақ болуды Есен көп-көп өтініп, адресін беріп аттанған еді.
Есен Ғаниды ескі достарша қарсы алып, институтқа түскелі келгеніне туған ағасындай қуанды. Ғани Есенге ең бір жақынындай тез үйреніп, уақытша туып тұрған қиыншылығын да одан жасырмады.
— Жатақхана дегенге орналасу қандай қиын! Түк шығара алмадым, аға.
— Оған неменесіне қиналасың, — деді Есен, — менің темір койкам екеумізге де жетіп жатыр. Жалғыз-ақ хозяйкаммен келісіп алуымыз керек...
Хозяйкам деген сөз Ғанидың көңіліне қобалжу салды. Осы үйдің ауласына бас сұққанда оны бірінші қарсы алған қасқыр түстес арлан овчарка мен сол хозяйка болатын. Әрине, бұл қарсы алыс Ғаниды қуандырмаған. Біріншісі байлаулы шынжыр арқанды үзіп кетердей, арсылдап шапшып, зәресін алса, екіншісі семіздіктен әрі егде тартқандықтан бет-аузы ірк-ірк етіп, жарқабақтың астында, айналасын май басып сықсиып қалған сығыр көзін тыжырына сығырайтып (бұл тап бір басқа планетадан келіп тұрған адамдай), таңдана қараған да:
— Саған кім керек? — дей келіп, жай-жапсарға қанған соң: «Міне, бұл квартирант жіберсең көретінің осы» деп даусы шаңқылдай шығып, қонаққа деген ықыластың жоқтығын бірден танытқан.
Ғани оның сығыр көзінен көзін тайдырғанша асығып, тіл қатпастан ішке кіріп кеткен. Енді, міне, сол бір сүйкімсіз, кәрі женгейге амалсыз күні түскелі отыр...
Есен хозяйканың өзі тұратын бөлмесінің есігін ашты.
— Зинаида Соломоновна, мүмкін болса... сізден бір өтінішім бар. Менің інім институтқа түскенше осында өзіммен бірге бола тұрсын деп ойлап едім...
Соломоновна ар жағын күтпестен шұбырта сөйлеп кетті.
— Білесіз ғой, мен ауру адаммын. Маған тыныштық керек. Кісі жатқан соң маған, әрине, жұмыс көбейеді. Онсыз да биылғы жаз маған ауыр тиді. — Ол «маған» деген сөзді әрбір қайталаған сайын, ортасы шұқырайған сүйір иегі үнемі кекшең етіп, екі езуі көпіршіп, құлағына қарай сырылып-сырылып кетеді де, даусы төтенше үдей шығады. — Білесіз бе, мен сіздің қонағыңыз үшін бұдан былай бұрынғыдан да ерте тұруым керек. Келген, кеткен сайын оған есік ашуым, итті ұстауым керек. Мұның қандай азап екенін сіз ұғарсыз...
Соломоновна түкірігіне шашалып аз булығып қалды. Есен осы бір болымсыз үзілісті асыға пайдаланып:
— Зинаида Соломоновна, маған наныңыз, сізге түк ауыртпалық түсірмейміз, — дей бастап еді, хозяйка оның сөзін белінен аттап, өз жырына қайта кірісіп кетті.
— Жоқ, жоқ, айтпаңыз! Мен барлығын да ұғып тұрмын... менің шаруашылығыма да кесірі тиеді. Жеміс ағаштарыма ақау түседі. Білемін мен студенттерді. Олар ма, олар бірдеңеге сүйкенбей, соқтықпай жүрмейді. Не болмаса ағаштан жеміс ұрлайды, бұтағын сындырады... Бүгін бірін жіберейінші, ертең екіншісі, бүрсігүні үшіншісі, одан арғы күні төртіншісі пайда болады. Олар, олар сондай халық. Құдай сақтасын...
Есен олай болмайтынына сендіріп, есікті де өзі ашуды, итті де өзі ұстауды міндетіне алуға уәде беріп көріп еді, Соломоновна жібімеді.
— Жоқ, жоқ, айтпаңыз. Мен білемін.
— Зинаида Соломоновна, мен сізден сұраймын. Көмектесіңіз. Біз сізді ренжітпеспіз, — деп Есен жалыныш білдіре әрі қаржы жағынан да қарасатынын аңғарта бастап еді. Әйел дәл сол секундта біреу арқасына ине сұғып алғандай кенет баж ете түсті.
— Әне, көрдіңіз бе өзіңіз? Ініңіз аяғын да сүртіп кірмеген. Ой, ой, қандай ластық! Мен соның бәрін күн сайын қалай тазаламақшымын? Ох, өлемін ғой! Әрине, сіздерге мұның бәрі бір. Дайын үй, дайын тамақ. Ешбір қам жемейсіздер. Ал, сіз білесіз бе, мен сорлыға сондай қиын. Сіз төлейтін пәтер ақыңыз маған түк болмайды. Ол, ең ақыры, осы үйді жөндетіп алуға да жетпейді...
Хозяйканың түтінін енді ғана таныған Есен сөзді дәл осы арада тұжыруға мүмкіншілік туғанын пайдаланып, ашық саудаға көшті.
— Сізге біз қосымша тағы төлейік. Қанша дейсіз, онан да соныңызды айтыңыз.
— Қанша? Мен ешуақытта, ешқашан өзімнің квартиранттарымды ренжіткен жан емеспін. Нанбасаңыз сұраңыз...
— Ол не дегеніңіз, Зинаида Соломоновна, мен сізге нанамын, — деп хозяйканың тағы да ұзаққа баратынын көріп Есен безек қақты.
— Мен сізді де ренжітпеймін. Ай сайын бір жүз сом қоссаңыз болғаны...
— Жақсы, — деді Есен тездетіп.
Соломоновнаның қабағы жадырап сала берді.
— Есен Досанович, бұл сөзіме құдай куә, сіздің көңіліңізді қимадым. Әйтпесе, мендей ауру адамға тыныштық керек-ақ...
— Түсінемін, түсінемін, оныңызға рақмет, — деп Есен қадірлі хозяйкасының бұл қайырымдылығын жоғары бағалайтындығын дереу білдіре салып, одан әрең деп сытылып шықты.
— Аурумын, аурумын, —дейді, майдан жарылғалы тұр ғой хозяйкаңыз, аға.
— Ауыратыны рас.
— Ойнап айтып тұрсыз, аға. Қандай ауру?
— Қулық деген ауру. Естіп пе едің ондай дертті? Хе-хе...
— Ә, бәсе.
Сол күннен бастап Ғани Оразов Н. көшесіндегі 104 үйдің тұрғыны ретінде көңілін бір жайғастырып алып, іздеп келген институтына емтихан беруге әзірленді. Бірақ қаншама күш салып, оқуға түсудің шарасын көздесе де, орта мектепті орташа бітірген оған конкурстан өту мүлде қиынға соқты. Тапсырған емтиханның бір де бірінен өте жақсы деген баға ала алмады. Бір орынға он адам білім таластырып жатқанда орта, жақсы деген бағамен озып шығу мүмкін еместігін ойлап, Ғанидың ұнжырғасы түсе бастады.
Өстіп жүргенде болымсыз жылтыраған үміттің өзі де сөнді. Ол ең негізгі пән — математикадан шоңқиып қалды.
Не істеуді білмей, Есенге көрінуге де ұялып, ауылға қайтудың да лажын таппай, Ғани институт ауласындағы шеткері бір орындыққа келіп жыламсырап отыра кетті. Ол сол бетінде тапжылмай ұзақ отырды.
Өмірде қиыншылық болады-ау, басыма іс түседі-ау дегенді әдетте ол ешуақытта ойлап та, бұл жайында тіпті қам жеп те көрген жан емес еді. Оған өмір сүру, тіршілік ету сондай бір оңай сияқты сезілетін. Оның көзін ашқалы көргені ата-ананың жылы құшағы болды. Осы жылы құшақта ол өзінің он сегіз жасын, ауыл адамының сөзімен айтсақ, екі қолын жылы суға малумен өткізді. Бұл күнге дейін ол иә қиналып еңбек етіп, яки бір іспен шындап шұғылданып көрді ме екен? Оның оқу оқуы да, колхозда арагідік жұмысқа араласуы да, түрлі өнерге бой ұруы да тиіп-қашты түрде, не ата-анасының көңілін аулаудан, не болмаса зерігуден, әйтпесе тең құрбыдан қалыспау деген балалық бәсекеден туатын..
Баланың бұлайша бос белбеу, парықсыз болып өсуіне әкесі Садық пен шешесі Нұрила жеңгейдің, алдымен, өздері кінәлі еді. Ғани жалғыз бала болғандықтан, олар мұны жастайынан алақанға салып, айтқанын екі етпей, мейлінше еркелетіп өсірді. Нұрила жеңгей тіпті баласы мектепке барғанша бәтеңкесінің бауына дейін өзі байлап беріп жүрді...
Ата-ана құшағынан да тыс өмір барын және бұған дейін өзі көрген өмірден ол анағұрлым қиын екенін, ойға алған мақсатының оңайлықпен жүзеге аса салмайтынын Ғани бірінші рет, міне, осы жолы білді. Өз тағдыры, болашағы туралы да шындап ойлануы, шындап қайғыруы да, міне, осы сағаттардан басталды. «Енді не істедім?» деген қиын сұрақ та барлық ауыр салмағын дәл осы жолы артты. Болашағына жол іздеп, ол сан алуан ойдық соңына ерді. Алайда, солардың бірде-бірі оны тұйықтан алып шыға алмай, орта жолда қалдырып, келешек арманы сағымдай бұлдырап, дерексіз боп тынып жатты.
Осындай бір керемет ойды амалсыздан жұтып, дал болып отырғанда, қою қара шашын шалқасынан қайырған, онысы самайын, желкесін айқара жауып кеткен, өзі тығыршықтай жұп-жуан, екі бетінен қаны тамған, қызғылт өңді, істік мұрын бір жігіт жанына жетіп келді де, көптен таныс адамдай баурай жөнелді:
— Інішегім, қал қалай? Өтетін болдың ба?
Ғани үндемеді.
— Неге үндемейсің? Әлде құлап қалдың ба?
Ғани басын изеді.
— Қап... Қай пәннен?
— Математикадан...
— Басқаларынан қалайсың? Бес жоқ па?.. Жағдайың қиындау екен, бауырым. Но ничево! Түсесің институтқа!
Өктем айтылған соңғы сөз Ғаниды елең еткізді.
— Ағай-ау, қалай түсемін?
— Кәдімгідей түсесің. Мына жаман ағаң түсіреді.
Ғани не деуге білмей есі шығып:
— Сіз кім боласыз, ағай? — деп ауызы әнтек ашылып бейтаныс жігіттің от шашқан өткір, ойнақы көздерінің күлімдеген қарашығына таңдана қадалып қалды.
— Ағай деме, Нүке де. Менің атым Нұри. Мен деген де кішкентай адаммын. Студентпін. Но, бірақ сені оқуға алғызу қолымнан келеді.
— Рас айтасыз ба, ағатай?
— Ағайды қой, Нүке деп айт дедім ғой мен саған... Қане, тұрмайық. Жүр бері.
Ғани нанарын да, нанбасын да білмей, аң-таң болған күйінде бейтаныс студенттің соңынан еріп кете барды.
ІІІ
— Шәке, кәне, не ішесіз? Не жейсіз?
Осылайша жып-жып етіп Нұри өзінің оң жағында отырған, орта жастағы, көзілдірікті, сида, жүдеу адамға бәйек бола төніп қалған.
Ғани көзі жыпылықтап, біресе бөгде адамға, біресе өзінің жаңа танысы Нұри Ақмолдинге жалпақтайды.
— Дұрысы коньяк болар, — деп көзілдірікті, мұрны көптен тымау тиіп бітіп жүрген адамдай міңгір етті.
— Қай жұлдыздан қалайсыз?
— Сол жұлдыз атаулыны қойсақ деймін.
— Енді қандайын?
— КВВК дегені бар емес пе.
— Клава, Клавочка, — деп Нұри ас тасушы, шикіл сары қызға асыға дауыстады. — Біз дайынбыз.
— Алматы ресторандарында сен танымайтын қыз, сірә, жоқ шығар, — деп келгеннен томсарып, анда-санда бір ғана сөз ауызынан әрең шығып отырған көзілдірікті қонақ, осы арада түсі жылып, ыржия бір күліп еді. Нұри қуақыланып:
— Пай-пай, Шәке-ай, сондайды аңғармай-ақ қойсаңыз қайтеді, — деп қошемет көрсете әдейі иба тұтқансып, қайта-қайта басын шайқады.
Заказ ұзақ берілді, көп берілді. Аздан кейін стол үсті тамаққа толды. Тоңазытылған бекіре де, сауытқа салынған қара уылдырық та, қуырылған қаз еті де, ішімдікке керекті түрлі ашқылтым, қышқылтым атаулы да біріне-бірі орымсыз қосақталып, сығылыса қатар түзеді.
Нұри үсті-үстіне келтірілген тағамдарды ас тасушының қолынан қағып алып, әуелі Шәкеңнің, содан кейін Ғанидың, артынан өзінің алдына жып еткізіп қойып, рюмкаларды да іле-шала мөлтілдетіп құйып-құйып жіберді.
Обалы нешік, қонақ та көп өтіндірмейді. Рюмка алдына қайтып келген шақта-ақ, іле көтеріп, кідіріссіз жұтады. Нұри да одан қалыспай, рюмкасын әбден босатпайынша жерге қоймайды. Ал, Ғани болса, шөпілдете құйылған бірер рюмканы алғашқы бетте зорлаумен ғана ішіп, артынан пышақ кескендей тыйылып қалды. Өйткені бұрын татып көрмеген нәрсесі бірден басқа шапты да, көздерін бұлдыратып және аузына кермек дәмі келіп лоқсытып жүрегін айнытты. Содан соң тіпті тамаққа да қаратпады.
Бір жақсысы ана екеуі оны аздан кейін зорламады. Мұны мүлде ұмытқандай, өзара соғыстырып, бірінің бірі денсаулығын жиі-жиі тілесіп, ғұмырлы, шүбірлі болудың мәселесін қызу шешіп жатты...
Ғаниды барған сайын көңілсіздік жайлап, өзінен-өзі тықыршып, мазасы кете бастады. Бірер рет Нұридың бетіне телміре қарап, оған әлденендей жалынышты кейіп білдіргендей жалтақтай бастап еді, ол қызып отырып аңғармады білем, міз бақпады. Бірақ Ғани да оған қарауын қоймады. Тым құрыса көзбен де болса, бірдеңе айтқысы келді. Ақыры шыдамы жетпей:
— Нүке, — деп күңк етіп барып оның мойнын бұрғызды.
Нұри «тыныш отыр» деген ишарат білдіріп, қабағын түксите көзін қысты. Ғани бұдан әрі бірдеңе деуге батылы жетпей және не айтқысы келіп отырғанын да өзі айқын болжай алмай, жым болды.
Отырыс ұзаққа созылды. Бірдің соңынан екінші сауыт босауға жуықтады. Өзі онсыз да қызара бөріткен Нұри бейне өрт сөндіріп келген адамдай, одан сайын нарттанып, бүкіл бет-аузы, құлақ-шекесіне дейін күреңдене түтігіп кетті де, Шәкең ешбір өзгеріссіз қаз қалпында қалды. Тіпті оның тым құрыса екі бетінің ұшына да қан жүгірмеді. Бауыры ауру адамдай әманда көкшіл тартып тұратын, әрі сақалын қырған-қырмағаны өмірі аңғарылмайтын көк тұқыл өңі де бұрынғысынша сынық, үлкен мүйіз көзілдіріктің астынан солғын сығалайтын бітік көзі де бұрынғысынша «ұрсыз...
Нұри Шәкеңнің мұнысына таңданбады. Өйткені қанша ұсынсаң сонша іше беретінін, жалпы оны ішімдікке тойдыру деген оңайлыққа соқпайтынын бұрыннан білетін. Бұл студент, Шәкір Құлсейітов оқытушы болса да, онымен терезесі тең адамша талай рет табақтасып та көргені бар-ды. Оның үстіне Горький көшесіндегі астыңғы үйде де бұлар жиі тоқайласып тұратын. Бұл тоқайласу дегеніңізде адамның үлкен-кішілігін, жас айырмасын, қызмет дәрежесін ұмыттырып, ұялас күшіктей бірін екіншісіне тез жақындастырып, үйірсек ететін табиғи өз заңы болатынын бұл көп ұзамай-ақ көрген-ді...
Әрқашан да ішудің сәтін тілеп жүретін Шәкірге Нұри бір жағынан міне осындай компания құруына жақсы таптырмайтын серік болса, екінші жағынан оның тікелей пайдасы да тиетін.
Шәкір, әдетте, қаншама ішкіш болғанымен, достарымен басы қосылып қалғанда, өз қалтасынан шығаруға баспай, өзгенің есебінен ішуді көбірек қарастыратын. Тіпті қалтасында ақшасы жүрсе де (онысы әдетте он-он бес сомнан аспайтын), ол ақшаның кешке үйіне қайтып бармайтыны өзіне мәлім болса да, таныстарының біріне дереу қолқа салып, қоймай жүріп жүз граммды содан айыратын. Біреуге емініп, тілемсектену оған әдетке айналып кеткендігі сондай, тіпті, өзі оқытып жүрген студенттеріне де кейде лекциядан кейін ере шығып, көк будкалардың тұсына кеп емеурін жасайтын. Мұнысын әбден біліп алған кейбір студенттер емтихан, сынақ кездерінде болмаса, басқа уақыттарда оның көзіне түспей, қашып жүретін.
Оның қолына ең бір оңай түсетін адам-Нұри. Бұл одан қашпайды, қайта, іздеп табады және оған кездесті дегенше Шәкірдің аузы «аққа» тиеді. Бірақ Нұри ешуақытта өз қалтасынан шығындалмайды, ылғи өзге біреуден орайластырады. Көбіне ол институтқа жаңа кірген студенттермен, әйтпесе түскелі жүрген Ғани сияқтылармен жалғасады. Шәкір арқылы солардың мүддесін орындайды, әрі солардың есебінен Шәкірді қонақ етеді.
Мұны ол, әдетте, өзіне пайда табу немесе Шәкірге жағыну үшін істемейтін. Рас, ондай ниеттен ішінара алыс та кетпегенмен, түптел келгенде көбінесе, біреуге жақсылық етейін дегеннен барып осындайға ұрынатын. Біреумен біреуді таныстыру, біреу арқылы екіншісінің мүддесін өтеу, реті келмей тұрған істі қыбын тауып жымдастырып жіберу тап бір өзіне жүктелген міндеттей ол қолма-қол қызу араласып, бұл жолға барлық жанын салып жіберетін. Тіпті реті келмей бара жатса, өз бойына біткен жылпостық, алғырлық, ептілік атаулыны, қала берді барлық айла-тәсілді жұмсап, керек десе, заңсыз істерге барудан да тартынбайтын. Ал мұндайда қолға алған ісін жемісті аяқтап шықса, мәртабасы өсіп, рақаттанатын. Әрине, оның біреуге істейтін жақсылықтары көп жағдайда пендешілік жолмен жүзеге асар еді. Демек, оның қолына көбірек түсетіндер де шылық пен былықтан көп тартына қоймайтындар болып келетін. Ал, мұндайлар өзі білетін қазақ жігіттері арасында, құдайға шүкір, табылып та тұратын.
Нұри Ғаниға түу баста жақсылық істеуді ұйғарғанда, оның бірінші сенген адамы да осы Шәкір еді. Біраз тамағын жібітсе, мұның Ғаниға математикадан түзеп қайта баға қойып беретініне кәміл сенген. Онымен бүгінгі бас қосудың да сыры, міне осында еді.
Екінші шөлмектің түбіндегі коньяк екі рюмкаға сарқа құйылғаннан кейін Нұри «алып қоялық» дегенді әдейі айтпай, қайдағы бір қысыр әңгімелерді қозғап біраз орағытты да: «Тәуір-ақ отырған екенбіз» деп сағатына қарады. Мұнысы Шәкірге «осымен аяқтайық» деген құлақ қағысы еді. Бірақ, Шәкір мыңқ етпеді.
— Шәке, қайтеміз, тағы кетеміз бе?.. Әлде? — деп Нұри ендігі лебізді оның өзінен күтіп тағы да бөгелді.
— Өзің біл, — деп Шәкір ой-емеурінін екіұшты мағынамен өлеусіретті.
— Меніңше жететін сияқты.
«Бәлем енді қалай кетейік демес екенсің» дегендей, Нұри көзіндегі күлкіні кірпігімен жасырып, назарын алдындағы асқа аударды. Бірақ, ойлағаны болмады. Шәкір оның ұсынысын жауапсыз қалдырып, далаға шығып келуге кетті.
— Әлгі нелерің қайда? Маған беріп қойшы, — деді Нұри Шәкір кетісімен Ғаниға. — Бұл ішімдік десе, басы қалған, тезірек қыбын тауып таймасақ, түнімен ресторан күзеттіреді. Қазір тура қол қойдырып аламын.
Мең-зең боп отырған Ғани:
— Мұны білгенде, — деп ауызын бұртита бір реніштердің ұшығын шығарды да, ар жағын ашық айтпай теріс айналды.
— Бауырым, бос сөзді қайтесің, ол ғып, бұл ғып институтқа түсіп алсайшы...
Нұри айтқанындай-ақ Шәкірмен батыл сөйлесті.
— Шәке деймін, осындай қол боста мына ініңіздің жұмысын реттей қойыңызшы...
— Бұл балаң маған ұнамай тұр.
— Неге, Шәке?
— Өзі коньяк ішпейді. Ал ішетіндерді жарытпайды.
Оның әзілге шаптыра қасақана шымши айтқан мына сөзі Ғанидың жанына батып кетті. Бұл қай мазағы? Асын ішіп отырып неге мұнша қорлайды?.. Сонша зілденерлік неменесін өткізді? Біреуге күнің түссе, керегінің осы ғой. Бекер-ақ түу баста... құрысын, мұнша мүсәпір боларлық не бар еді?
Баланы осынша басынғанына Нұридың да ызасы келіп, Шәкірге іштей кіжінсе де, көздеген мақсатына жету үшін сырттай жыпылдап, жуып-шайды.
— Шәке-ау, ішемін десеңіз, ініңіз әзір ғой. Мәселе онда болып тұр ма... Қара басқанда мен мас болып қалдым емес пе.
— Бала, орта қойсам жете ме? — деді Шәкір Нұриға жауап қатпастан, Ғанидан көзін алмай ыржиып.
Ғани Шәкірдің сөзіне құлақ та қоймады. Екі көзін қарсы алдындағы қабырғада ілінген үлкен суретке қадап екі жағын таяна телміріп қалған. Суретте көкке бойлап өскен әдемі екі қайың, бір шырша, қарағай бейнеленген. Олардың бер жағында ылдида бойына ешбір ақау түспеген, түбірі қуатты, жасыл бұтақтары әлі қурамаған көк зеңгір қарағай дәл түбінен арамен морт кесіліп, оңтүстікке қарай сұлап жатыр. Жаратылыстың ешбір дауылы мен жауыны ала алмас, тарам-тарам тамыры тереңге кеткен, жер ананың нәрін түу тереңнен тартқан, ұзақ өмірлі, еңсесі биік паң ағаш ойда жоқта, рақымсыз күшке кезігіп, амалсыздан құлап түскен... Қандай аянышты! Адам да қызық-ау! Басқа қураған ағаш таппағандай, кім екен оны қыршынынан қиып салған?! Япырай қайтып көзі қиып, қайтып дәті барды десейші!..
Ғаниға құлап жатқан осы бір қарағай қатты әсер етті. Өзінің кәзіргі өмірі сол қарағайдан да әлсіз сезіліп, көңіліне бір өксік пайда,болды. Сонсоң-ақ тамағына бірдеңелер әлсін-әлсін кептеле берді де, қарағай сияқты ара тимей-ақ, ондай жайқала өсіп, жан-жағына жасыл жапырақтарымен сая түсіріп үлгірмей жатып-ақ көк өрім шыбық күйде қурап қалатындай көңілі босап, ілгері ұмтылдырмас зіл ой жайлап алды. Әдетте Ғани ішімдік адамды тек қана көңілдендіреді деп білетін еді. Ал өзінің мұнша босап, мұнша ауыр мұңға батуының сырын ұға алмады.
— Бала, неге үндемейсің? Үшті қомсынып отырсың ба? — деді Шәкір, — жарайды, төрт қояйын. Ал, бесті өзің де дәметпессің. Ол үшін маған бұдан гөрі көбірек қызметің сіңу керек. Дұрыс па, Нұри?
Нұри бұл жолы қошемет көрсетіп қоштамады.
— Шәке, қайтесіз, бес қойып беріңіз, — деді ол.
— Болмас, болмас. Көңілің қалмасын... Мә, бала, қағазыңды ал да, жытыр. Тірі жанға сездірме.
Ғани бұрынғысынша қабырғадан көз алмады. Оның бұл түсініксіз қылығы Шәкірдің жынына тиді.
— Әй, өзің не қылған баласың?! Үлкен сөйлеп отыр ғой, тыңдайыншы дегенді де ұмыттың ба? Бұл не қылған көргенсіздік? Саған мен қандай жақсылық істеп отырғанымды сірә да тегі ұғамысың?! Мелшиген түрі жаман екен, ұқпас мынауың, — деп ол Нұриға бұрылды.
— Ойбай, Шәке, кейімеңіз. Көрмейсіз бе түрін, қызып қалған ғой... Ғани, кәне, бері қарашы, — деп Нұри оны екі иығынан ұстап, өзіне бұрды.
— Маған ешқандай отметканың керегі жоқ!
Ғанидың дауысы қатқыл шықты.
Нұри көршілес столдардан біреу-міреу естіп қалды ма деп жан-жағына ыңғайсыздана жалтақтап:
— Қой, ұят болады, ақырын сөйле, — деді сыбырлап, — мә, салып ал қалтаңа.
— Керегі жоқ! — деп Ғани қағазды сырып тастады.
Алқымына бірдеңе тығылып тұрғандай, оның бұл жолғы даусы дірілдеп, булыға әрең шықты.
— Глупец — деді Шәкір орнынан ұшып тұрып.
IV
Алматыда жаз бойы болмаған ыстық бүгін басталды. Күн шығысымен шақырайып, түстікке жетпей жатып-ақ, қызуы 40-50 градусқа көтерілді де, ашық алаңды былай қойып, тіпті көлеңкелі жердің өзі қайнап кетті. Оның үстіне күн қызуымен еріген асфальттан смола исі қоңырсып, әрі тынымсыз ағылған машиналардың газы, бензині мұрынды жарып, өзі қапырық ауаны одан сайын ауырлатады.
Көптен жаңбыр болмағандықтан, жапырақтарын тозаң басқан ағаштар су тілеп, сарғыш тартып, сусап тұрғаны да, әсіресе бүгін қатты байқалғандай. Жалғыз ағаштар ғана емес, барлық өсімдік атаулы су тілейді. Жердің де үстіңгі қабаттағы топырағы үгіліп, құнары кеткен. Шеткері көшелерден бір машина өтсе болды, шаң аспанға көтеріліп, ұзақ уақыт тарамай, төбеде отау тігіп тұрып алады.
Туғалы мұндай ыстықты көрмеген Ғани өзінен-өзі тұншығып, аяғын әрең қозғап кібіртіктей басып ілбиді. Төбесін күнге тигізбей, көлеңке қуаласа да ешбір сая таппай, ыстық леп оның миын шағады. Институттан шыққалы ол бірнеше рет су ішті. Газ араластырған қышқылтым су ішкен секундта шөлін басып, көзін шырадай жандырса да, бес-он минуттан кейін еріндері қайта тобарсып, тілі аузына сыймай, таңдайы құрғап шығады. Тағы ішеді. Бірақ су ішкен сайын шөлдете береді, шөлдете береді.
Әйтсе де, оның еңсесін басып келе жатқан жалғыз ғана ыстық емес еді.
Ол конкурстан өте алмай, институттан күдерді бүгін біржолата үзіп келеді. Сондықтан аяғы ілгері аттаса, ойы кейін тартады. Әйткенмен артына да жалтақтамайды, алға баруға да асықпайды. Артта қалған есік қатты жабылды, ал алда тұрған үйреншікті есік қызықтырмайды... Ауылға барады. Не бітіреді? Оқу таусылған. Ал жұмыс мұның қолы емес. Ертеден кешке дейін далада жүрудің немесе кеңседе отырудың бұған ешбір қызығы да, жаңалығы да жоқ. Бұларға қанағаттанса, ол түу баста-ақ мұнда оқу іздеп келмеген болар еді...
Бірақ, қайтпай болмайды. Ойлап отырса, басқа ешқандай ылажы қалмаған. Алдымен ақша бітті. Ақша! Су екен бұл ақша! Ауылдан шыққанда кілең жүз сомдықтар мен елу сомдықтарды қайда қоярға білмеп еді. Жаным-ау, соның бәрі лезде қайда кетті? Не алды? Бір костюм... Басқа ше? Ұсақ-түйек болмаса, ойда ештеңе сақталмаған. Кинотеатрларға барды. Тәйір-ай, оған қанша жұмсалды?... Ал, ресторан?.. Иә, иә, қалтаны тақырлаған осы болар. Соңғы кездерде онымен әуестену тым жиілеп кеткені рас. Бір Құлсейітовтың өзіне екі жүз жоғалды. Қайдан шыдасын...
Міне, енді сонша көп ақшадан бар қалғаны елу сом.
Құрысын бүйткен есебі! Әуел баста ойламаған соң, ендігінің бәрі бос өкініш. Бәрін айт та бірін айт, ауылға жетудің лажы қалай болады? Жалғыз елу соммен қай тесігін жамайды...
Үйден ақша сұрауға дәті бармады. Ата-ананың барлық жиған-тергенін жүрерде сыпырып кетті. Неше арсыз болса да, ендігісінде жөн жоқ. Небәрі жиырма шақты күнде қыруар қаржыны жоқ еткенін естісе, ол байғұстар мүлде шошып кетер. Сондықтан, мүмкін болса қалай да есебін тауып, үйге үн-түнсіз жетіп бару абзал. Аржағында, ата-анаға бірдеңе ғып жата-жастана түсіндіріп берер де еді.
Ғанидың барлық үміті Есенге тірелді. Ретсіз де болса, одан қарызға ақша сұрауға ойы кетті.
— Зинаида Соломоновна, Есен үйде ме? — деді Ғани аула ішінде темір торда қамалған тауықтарына жем шашып жүрген хозяйканың жанына келіп.
— Қызық сұрақ! Сағат қанша сеніңше? Әлі үш те болған жоқ. Ал үштен кейін төрт бар. Төрттен кейін бес бар. Бестен кейін алты бар... Қызметкердің қай уақытта үйге қайтатынын білмеймісің?.. Күнде жанында бірге түнеп жүргенде немді көрді екен...
Ғани өзінің орынсыз сұрағын енді ғана ұқты. Есеннің күнде алтысыз келмейтіні де, бүгін де солай болуға тиіс екені де есінен шығып кеткеніне таңданды. «Не болған маған! — деп ойлады ол, — неге осынша мәңгіріп қалғанмын?». Үн-түнсіз бөлмеге беттеді.
— Аяғыңды сүрт. Есіктің шымылдығын жаба кір. Терезені ашпа. Шыбын кіріп кетпесін, — деп хозяйка жарлықтарын шұбата жөнелді.
Бұл нұсқаудың бірде-біріне «ләм» деместен, Ғани бөлмеге тартты.
— Өзі түсінбейді. Онысымен тұрмай, айтсаң ренжиді... Үйге бұлар тасыған тозаңды сүртіп, минут сайын қадағалап есікті жап, дамыл-дамыл шыбынды қу, әлсін-әлсін суға жүгір, примус жақ, шай қой. Міне, саған дайын прислуга! Қандай жан бұлар, а! — Зинаида Соломоновна тұрған орнында теңселе, басын қайта-қайта шайқап барып тауықтарына бұрылып.
— Цып-цып! Цыпа, цыпа! — деп аздан соң құстарымен де «жүз шайыса» бастады. — Не істеген бұлар? Ох, сұмпайылар, торды тағы да үзген. Бәрін шығаратын сен шұбар. — Ол сары ала әтешке жұдырығын түйіп-түйіп қойды. — Сен мұныңды қоймасаң, жүніңді бір-бірлеп жұлып, жазаңды берермін!..
Сары ала әтешке осыны айтып тұрғанда, шолақ құйрық ақ тауық бар пәрменімен жоғары көтеріліп, сым тордан жасалған ашық қораның кенересіне ұшып шықты да ауладағы жүзімге қарай жортақтай жөнелді. Мұны көре сала Зинаида Соломоновна да ұмтылды. Ол жүзім ағашына тауықтан бұрын жетіп, оны бажылдап кейін қайырды.
— Ах, кәрі сайтан! Құтырған екенсің әбден! Қолыма түс, көрсетейін мен саған! Түсінбеймін, неменеге есуастанады бұл? Тым құрыса мезгілінде жұмыртқа беріп отырса екен-ау! Құйрығын май басып оны да қойып алған... Қара, қара қаздаңдауын! Сындырар ма еді аяғын!..
Қаншама қуса да ақ тауық шарбақты айнала қашып, қорасына кірмей-ақ қойды, Зинаида Соломоновна оны қайтып қамамақ болып қақпаны ашамын деп жүріп өзге тауықтарды да шығарып алды. Бұрынғы айқай айқай ма, енді тіпті бажылға басты.
— Құрытты-ау мыналар. Кім бар? Тез келе гөр!.. Ей, квартирант! Фу, Ғани! Қымбаттым! Тез, тез!-деп жан даусы шықты.
Оқыс айқайдан шошынған Ғани тысқа ытқыды.
— Сізге не болды?
— Көрдің бе мыналарды? Жүзімімді жайпады, гүлдерімді таптады, жидектерімнен дым қоймады, талады! Тонады!.. Беpi қайыршы, қамасшы... жақсылығың болсын, анау, анау кәрі шолақты түсірші менің қолыма. Басын тірідей балтамен шабайын... — Зинаида Соломоновна сұқ қолын тауыққа кезеніп-кезеніп қойды. — Сен, оңбаған сұмырай, содан кейін табада шыжғырыласың... Құдай куә, сөйтемін...
Екеулеп жүріп тауықтарды қорасына әрең қамады. Ғани Зинаида Соломоновнаның тілегін орындап, ақ тауықты ұстап та берді.
— Аха, түстің бе қолыма? Қырқайын ба қанатыңды? Осы қазір шыжғырайын ба бәлем? Аха, қорқайын дедің бе? Солай ма екен? — Ол осылайша біраз кіжініп тұрды да, ытқыта лақтырып, тауықты қорасының дәл ортасына топ еткізді.
— Зинаида Соломоновна, неге жібердіңіз, шыжғырмақ болғаныңыз қайда?
— Оны сойсам, жұмыртқаны кім береді маған?
Ғани мырс етіп, езу тартты.
— Сен тұрмыста ештеңені ұқпайсың. Ұқпайсың да күлесің. Сен не көрдің? Түк көрген жоқсың! Сондықтан жоқшылық дегеннің не екенін білмейсің. Ал, мен не көрмедім. Мен, мен білгің келсе үш революцияны, үш соғысты басымнан кешірген адаммын... Менің қазір де сүйенер ешкімім жоқ. Шалым болса сырқат, оған, қайта өзімнің көмектесуім керек. Білдің бе? Міне, сол үшін де маған тауықтың өзін былай қойып, әрбір жұмыртқасы қымбат. Өйткені ол кіріс... Зинаида Соломоновнаның ері жүрегі ауру болғандықтан Алматыда тұра алмай, екі жылдан бері көбіне Ригадағы тұрмысқа шыққан жалғыз қызының қолында жүріп жатқанын, бұл өзі үй-күйін, бау-бақшасын, құстарын қимай, әрі осылардан едәуір кіріс түсетіндіктен кете алмай отырғанын Ғани бұдан бұрын Есеннен естіген еді. Сондықтан бұл жайды ол қазбаламады.
— Зинаида Соломоновна, қалай дегенмен де сіз маған қарағанда байсыз ғой. Меншікті үйіңіз бар. Қораңыз мынау. Өспейтін жеміс жоқ. Құстарың анау... менде не бар? Ең ақыры ауылға жететін де ақша жоқ.
— А, сен неге ауылға қайтасың? Оқу қайда?
Зинаида Соломоновна жағдайға қанып, басын шайқады.
— Қиын, қиын... Қашан қайтасың? Ертең?.. Ал, жолға ақшаны қайдан табасың?.. Жексенбі қашан? Ертең ғой... жатқаныңа тура жиырма екі күн... пәтер ақыға төлейтінің қалтаңда қалған шығар. Сен маған ұмытпай тұрып, қазір беріп қой. Жақсы ма?
— Есен келсін, содан аламын.
— Міне, ұятсыздық! Сен оның жағдайын жақсы білесің, үйленгелі жүрген жоқ па, ол саған қайдан қараса алады? Сен бала емессің, қалайша мұны ойламайсың? Өзің айтшы, жиырмаға жеткенше біреудің мойнында отырумен күн көруге бола ма? Ай, ай! Просто не хорошо!
Зинаида Соломоновнаның мына сөзі онсыз да жарым көңілді одан сайын жүдетіп, Ғаниды терең ойдың тұңғиығына қайтадан сүңгітті. «Туған туысым болса бір сәрі, әйтеуір жақсы адам екен деп бас салып біреуден қарыз сұрауға бола ма? Өз ақшаң қайда? Бұған дейін не ойладың десе не деймін?.. Бәрін де қойып, қалтадағы барыммен, билет алмастан тәуекел етіп кетіп қалсам ба екен? Ал сонда хозяйканың ақшасын қайтемін? Бермей кетсем, шын масқара сонда болмай ма?»
Ойлай-ойлай басы қатты. Зинаида Соломоновнаға қайтып ештеңе деместен бөлмесіне келіп, соққыға жығылған адамдай күрт құлап, Есеннің койкасына сұлады. Онымен де тынши алмады. «Не істеймін?» деген сұрақтың жауабы уақыт еткен сайын қиындап, есін шығарды. Жата-жата жалықты білем, әлден уақыттан кейін ойына бірдеңе түскендей орнынан ұшып тұрды да, терезе алдындағы столға төнді. Отырмады. Сілейген күйде терезеден сыртқа қарап ұзақ тұрды.
Алдында, көшенің арғы бетінде шатыры жаңа ғана жабыла бастаған бірнеше қабатты зәулім үйлер салынып жатты. Бірнеше квартал бойын алған. Осы алып құрылыстар өзінің ар жағындағы ертеректе салынған шағын үйлерді тасасында қалдырып, қаланың бұл тұсын биік еңсесімен басып тастаған. Жалғыз-ақ әр тұстан әрең-әрең қылтиып көк жасыл бәйтеректердің ұшар басы-жоғарғы бұтақтары ғана сығалайды. Сол жасыл бұтақтар алып үйлерден алыстаған сайын еңсесі көтеріліп, бара-бара ну орман сияқтанып, жасыл алқапқа айналады да, басына ақша бұлттар шөккен қарлы тауға жалғасады.
Терезе алдына барып сыртқа үңілген шақта Ғанидың да көзіне осы көріністер бірден шалына кетуге тиіс еді. Алайда ол мұны аңғармағандай, аңғарса да көңіліне дәл сол сәт қондыра алмағандай ешбір әсерленбей, қыбырсыз сілейді. Жасынан Арқа жақтың ми жазық даласында өсіп, туғалы тау көрмеген басы, осында алғаш келгенде, Алатау алқабынан көз ала алмай, әрбір көрінісі бірін-бірі өмірі қайталамас әр қилы әсемдікті бойына жиған ғажайып, жаңа дүние сияқтанып, үңілген сайын әлденені ұға түсетіндей, телміре қараумен, қызықтаумен болған еді. Алматының бауға оранған көшелері, сол көшелердегі әрбір үй сол бір таудың жанды жалғасындай, оны аяқ басса елтітіп, көңілінде сол өмірге деген тоймас бір құмарлық та оянғаны бар-ды. Кәзір соның бірі жоқ. Ештеңені аңғармайды, ештеңеге елікпейді. Бейне меңіреу адамдай...
Бұл қалай? Күні кеше ғана қиялдың қанаты болған бұл сұлу қалаға сондай қысқа мерзімде осынша көңілі суып, самарқау тарта қалғаны несі? Сенген бе оның бойындағы мұны жетелеген сол бір сұлулықтар? Асқақ Алатау біржола құрып, жер астына шөккен бе? Сапта тұрған солдаттай, көшелердің бойын қуалай тіп-тік, түп-түзу боп самсай өскен жасыл бәйтеректер дауыл тұрып жығылған ба? Қайда, қайда кеткен күш кеше ғана мұны еліктірген әсемдік атаулы?.. Ау, алдында соның бәрі тұр емес пе? Неге бұл көрмейді? Егер көріп тұрса неге мұны қызықтырмайды, тартпайды? Әлде мұның көзі ештеңені көруден біржолата қалғаны ма?...
Түп-түзу көшелері қандай кең болса, тынысы да сондай кең, жанға жаннат жасыл қалада дәл кәзір, сірә, мұнан басқа мұңайған пенде бар ма екен? Әй, жоқ-ақ шығар. Ендеше әлден алабөтен мұның басына не күн туған? Сол жұртпен бірге аңсап келген Алматысында бұл неге алшақ басып жүрмейді?.. Неге, неге мұңаяды?
Ғани өзін қолынан ештеңе келмейтін, қырсыз, қабілетсіз, ынжық, сондай бір мүсәпір сезінді. Қөңілді, бақытты, іскер адамдар тасқынына араласа алмауымның, салындыша шетке лақтырылуымның себебі де өз бойымдағы осы кемшіліктерден деп ұқты. «Тез кету керек, кету керек» деп күбірледі ол, — сол сәт оның есіне чемоданы түсті. — Оны көріп тұрып хозяйка мені өлмей жіберер ме?.. Түу, соған да адам басын қатырар ма? Ертең қарбалас етіп сүйреп жүргенше, бүгін уақыт барда вокзалға апарып қоямын демеймін бе?
Отыра қап хат жазды.
Сіз, Есен аға, кешіріңіз. Мен... Айтуға да ұялып отырмын. Ақымақ болдым. Сіздің көзіңізге көрінуге де бетім шыдамай, жолықпастан кеттім. Не болды? Неге ұялдым? Бәрін де кейін толық жазамын. Қазір ештеңе айта алар емеспін.
Ең бір масқарасы мынау болып тұр: мен хозяйкаға ештеңе төлей алмадым. Түгім болмады, жоқ, жетпеді. Мен үшін төлей көріңіз. Тірі болсам, үйге барысымен жіберермін.
Әзірше қош болыңыз. Ағатай, сөге көрмеңіз. Сіздің де, ата-анамның да үмітін ақтауға жарамадым. Ал сіздің жақсылығыңызды өмірі ұмытпаймын. Адам бір туған бауырын да дәл сіздей кәдірлеп, дәл сіздей күте алмас. Не керек сіздің көз алдыңызда соның бәрін ұқпаған бір тоғышар болдым да кеттім. Мені сол өкіндіреді.
Бақытсыз ініңіз Ғани.
27 август, 1953 жыл».
V
Есен тамағын да ішпестен вокзалға тартты. Ол үлгермеспін деп ойлап еді, абырой болғанда, перронға бірінші қоңырау соғылмай-ақ келіп жетті. Ғани бір вагоннан екінші вагонға барып, әр проводникпен бір сөйлесіп, ештеңе тындыра алмай жүр еді. Есен жүгіріп келген бетте қолынан ұстай алды.
— Бері жүр.
Ғани басын төмен салбыратып Есенге үнсіз ілесті.
— Мұның не ей, сенің! — деді Есен кейіп, — адамша жөніңді айтып, ұрланбай-ақ кетуге болатын еді ғой.
Анау қапылыста қолға түсіп қалған ұрыдай, екі көзі жыпылықтап, мұрнын қайта-қайта тартады, үндемейді.
— Қане, айтшы, не бүлдіріп ең? — деді Есен перрон басынан бері шыққан соң.
Ғани конкурстан өте алмайтынын алғашқы бетте-ақ сезсе де, артынан Нұриға сеніп, бір лажы болар деп ойлағанын, сондықтан институтқа түсетін түрім бар дегенді Есенге де асыра айтып алғанын, сайып келгенде, мәселенің ақыры бұлайша қөңілсіз болып шыққанын екі бетінен оты шыға, ұяла тұрып баяндады.
— Ал, сонда қашқаныңа жол болсын? — деді Есен жымиып.
— Бетім шыдамады.
— Дым бітіре алмай жүріп аршылын мұның?
Олар автобустың остановкасына келді.
— Сен тура үйге тарт. Мен жолда түсіп қаламын, — деді Есен. — Ендігі шаруаны кешке асықпай отырып ақылдасайық. — Ол қол сағатына қарады. — Қап, оңбай кешігетін болдым.
Біреуді жолынан қалдырып, әуре еткен деген жақсы ма, Ғани мұны естіп қатты қысылды. Иә, мұның қырсығынан кешігетін болды. Қайда бармақ, кімге жолықпақ екен? Әйтсе де оны сұрауға батылы бармады.
Есен аз ойланып тұрды да:
— Мүмкін, сен де барарсың? — деп Ғанидың тарылған танабын өзі жазды.
— Қайда? — деді Ғани сәл сергіп.
— Киноға.
— Киноға дейсіз бе? — мұны айтқанда бадырақ көзінің аумағы одан сайын үлкейіп, қуаныш аралап жүре бергендей, қарашығы жалт етіп жоғары аунақшыды. — Сіз, әйтеуір, соған кешігемін деп пе едіңіз?
— Иә, соған, достым. Сегізден сегіз секунд қалуға қақым жоқ... Неге жымыңдайсың? Рас... Давай, тұрма. Чемоданды тез өткіз. Ертең кеп алармыз. Жылдам, жылдам!..
Олар көк базардан келіп бір-ақ түсті.
— Машина тез келіп, жолымыз болды, — деді Есен қуанып, — сегізге әлі он минут бар. Дегенмен тезірек жүрейік. Қызды күттіріп қою деген жақсы нәрсе емес. Ондайды ептеп сезетін боларсың.
— Жоқ, мен ондайыңызды біле бермеймін ғой.
— Әзірше сол білмегеніңнің өзі жақсы. Ондайды кезі келгенде менің көмегімсіз-ақ білесің. Жарайды, қысыр әңгіме өз алдына, мәселе мынау, сен кәзір, достым, болашақ жеңгеңмен танысасың. Соны ойла. Ал мына сиқың маған ұнамайды. Ашық күнде мойныңа су құйылып құныса бермей, өзіңді кішкене көңілдірек ұста.
Есен, әдетте, бет пішіні қуаңдау, арықша келген, ақсұр жігіт еді. Дәл кәзір өңіне бір қызғылт шырай жүгіріп, реңі лезде басқа бояуға малынды да, бозарған солғындықтың орнын алау түстес нұр басты. Асқан бір көңілділік те осы құбылыспен ере келгендей ол, тіпті, аяғы аяғына тимей, адымдай аттап, қасындағы Ғаниды шұбыр терге шомдырды. Мұнысы да аздай:
— Ау, жүрсейші, — деп парктың қақпасынан кіре бере Ғаниды одан сайын асықтырды.
— Сіз жеткізер емессіз.
— Сен, осы, «сізіңді» қойшы.
— Енді не деймін?
— Сен де! Жақсы көрген адамыңа бұдан жылы сөзді іздесең таппайсың.
— Бір түрлі ыңғайсыз.
— Ыңғайсыз болса, ауыртпалығын өзім көтеріп алдым. «Сен» дей бер. — Есен, кенет, жұдырығымен нұқып қалды, — Өшір үніңді! Көзіңе қара. Маңдай алдыңда қасқиып мықтының өзі тұр. Көрдің ғой?.. Шыныңды айтшы, әдемі ме!
Бұлардың қарсысында, Орталық музейдің бергі іргесіндегі фонтан жанында екі қыз бері қарап әңгімелесіп тұрды. Оның аржағында ұзын креслода тағы бір қыз отыр. Өзара әңгімелескен қалыпты танытқанымен, бәрінің де назары, Ғанидың байқауынша, осыларда сияқты болып сезілді. Солардың ішінен Есен айтқан «мықты» қайсысы екенін Ғани шамалай алмай, тегінде, сендердің біреуің боларсыңдар деген оймен назарын бергі екеуіне аударды.
Бірі — ұзын бойлы, талдырмаш, әйтседе жүдеу емес, жас қыз. Ұзын қара шашын екі жарып өріпті де, екі иығының тұсынан алдына түсіріпті. Екі бетін екі жақтан жанай өтіп төмен құлаған қос бұрым қыздың сопақша келген ашаң жүзін көзге дөңгелете көрсетіп, біртүрлі әдемілік беріп тұр. «Жоқ, бұл тым жастау, — деп ойлады Ғани, — екіншісі болар».
Екіншісі бой жағынан бірінші қыздан биік болмаса да, жасы жағынан одан едәуір үлкен екендігі бет пішінінен де, дене бітімінен де анық сезілгендей. Бірақ Ғанидың бар аңғарғаны оның маңдайы ғана болды. Маңдай оған шамадан тыс кең көрінді. Мұның өзі қызға жараспай ма деп те қалды. Сонысын өзі де сезетіндей, қыз ұяң, бозаң шашын кейін қайырмай жоғары көтере жұмырлай жиып, төбе тұста түйреп қойғандықтан, тұлым шаштар орын-орнында қалған соң ілгері қарай селеуленіп, маңдайды біраз жауып тұр. Егер бұлай етпей, қасындағы қызша тұлымдағы барлық шашты кейін әкетсе, оның да кең маңдайы Ғанидың ұғымынша, тым жалаңаштанып, шашы сиреген егде адамдай екі самай алыстап кететін тәрізді. Әрине, ол келіспеген болар еді...
Есеннің сүйген қызы осы болатын. Ғани мұны келген бетте-ақ түсінді.
— Басыңды шайқамай-ақ қой, онша көп кешіккеніміз жоқ, — деп Есен амандық-саулықты былай қалдырып, әңгімені тура ақталудан бастады. Ғаниды таныстыруды да ол есінен шығарды. Қыз:
— Танысып қой менің жаңа көршіммен, — деп еді, Есен атын да айтпастан, бейтаныс қызға қол берді де, Ғаниға бұрылды.
— Өй, мен сені таныстырмаппын ғой.
— Ой, жаңғалақ, қаңғалақ! — деп кең маңдайлы қыз күлімсіреп басын шайқады.
— Формализм дегендеріңді сақтауды ылғи ұмытамын да кетемін.
— Бұл формализм бе екен. Адамдар арасында атам заманнан келе жатқан қажетті дәстүр, салт, — деді қыз.
— Таня, ал мен кеттім, — деді екінші қыз оқшауланып.
— Багилашка, неменеге асығасың бізбен кино көр, — деді Таня.
— Жоқ, рақмет.
— Тоқта, қарындасым, — Есен екі қыздың әңгімесіне өктем сөйлеп араласып, — әуелі танысып қоялық. — Ол қолын ұсынды.
— Тағы бүлдірдің, — деді Таня күліп, — жап-жаңа ғана таныстырдым ғой.
— А, таныстырып па едің? Оқа емес, артық болмайды. Солай ма, қарындасым? — деп Есен ұсынған қолын бөгде қызға соза түсті.
Қыз амалсыздан екінші рет қол алысты.
— Алып жүр, Таня.
— Аға, наныңыз, уақытым аз еді.
— Нанбаймын, қарындасым. Паркке келуге уақыт табасың...
— Паркке де келгенім жоқ. Үйіме қайтып бара жатқан бетім еді, Таняға жолығып тұрып қалдым.
— Бір-екі сағат уақытыңды қиюға болады ғой, — деп Таня да өтініш етті. Ал қыздың киноға бірге кіруін ана екеуінен де гөрі іштей Ғани көп тілеген еді. Ол манадан сөзге араласа алмай, үнсіз тұрғанда, Бағиладан көзін айырмай, оның әрбір қимыл-құбылысын бағумен болған-ды. Жаңа бой сылап келе жатқан көрікті ақжарқын қыздың сырт пішіні ғана емес, сыңғырлап шыққан үні де, күлкісі де елден ерек сүйкімді естіліп, әлі жар сүйіп көрмеген жас жігіттің жүрегіне шоқ тастағанын өзі де байқамай қалған еді.
Кинода оң жаққа Есен, оған жалғаса екі қыз, сол жаққа бұл орналасқанда ол әлгі шоқтың алғашқы қызуын сезді.
Шам сөнісімен артта отырған бір әйел:
— Ой, сен бізге ештеңе көрсетпедің, — деген соң Ғани аз ойысып, басын оң жағында отырған Бағилаға қарай бұрды.
— Енді жақсы болды, — деді арттағы әйел.
Мұнысы өзіне де жаман болмады. Бетіне бір сәт қыздың бұрымы тиді. Ол өзінен өзі дір етіп, басын тартып алды.
— Тағы да түк көрсетпедің, — деген кейіген дауыс естілді.
Арттағы бабын тауып болмас, мазасыз әйелдің бұл орынсыз талаптары Ғаниды шамдандырмады. Қайта, іштей сол бір тынышсыз жеңгейдің осы талабын көбірек қайталауын тілеп, рақаттанып кетті де, қызға қарай қайта ойысты. Қыздың сол сәт мұның оң жағын сипай өткен бұрымынан сәл қытығы келгендей, Ғанидың өн бойына бір діріл тарап, беттері дуылдап, шымыр-шымыр етті. Оның ендігі қорқынышы-Бағиланың артында отырған еркек: «сен маған көрсетпедің» демесе болды. Осы бір отырысынан ешкім қозғамауын тіледі ол.
Жақсы отырды, жайлы отырды. Мазасыз жеңгейге рақмет! Тынышсыздығының пайдасы тиді. Киноға келгені қандай абырой болған!.. Оң жақта анда-санда жанап өткен бұрымнан қош иіс аңқып, мұрынды жарады. Неткен сүйкімді иіс, ә! Көкіректі ашып жіберді ғой! Мұншалықты исі мол бұл қандай жұпар екен? Әлде сұлу қыздардың шашында осындай бір оңды иіс болатыны ма?
Бірте-бірте бойы үйреніп, Ғани қызға бұрынғысынан да гөрі жақындады. Иығына иығы тиіп, деміне демі араласып та кеткендей болды. Барған сайын ол өзін-өзі ұмыта бастады. Сол жағында қыз жүрегі соғады. Демін ішіне тартып, сол жүректің соғуын тыңдайды. Бірақ қанша тыңдаса да, өз жүрегі аттай тулап, естіртпейді.
Ғажап! Оқта-текте ып-ыстық бір леп бұған соғып-соғып кетеді. Бұл не леп? Картина көре отырып, қыз да бұған әнтек бұрылып, бір сәт қарай ма екен? Әлде бұл өзі байқамай, бетін қыздың бетіне тақап алып отырғаннан сау ма? Қалай болғанда да, бір ыстық лептің мұны аймалап отырғаны анық. Денені әлі де аздап сұлата, бетін солай қарай бұра түссе ғой, ыстық леп мұның бетін одан сайын ебер еді. Жоқ, жоқ, осыған да қанағат. «Түзу отырыңыз» деп қалса, немесе бетін әрі алып кетсе, ұят қой. Ол денесін қозғалтпастан, мойынын сәл бұрып, көз қиығын қызға салады, жасқана салады. Мұнысын да артынан ерсі көріп, қайтып қыбыр етпеуге бекінеді. Бірақ көздің қарашығы солтүстікті іздеген компастың тіліндей өзінен өзі сол жағына қарап аунап кете береді.
Қыз қыбырсыз. Жұқа еріндері жымырылып, картинадан көз алмай күлімсірейді. Бағанадан бері бұны аймалаған ыстық леп әшейін алдамыш сезім ғана болғаны ма? Бір рет те, бұл жаққа шынымен көз салмаған ба? Әлде бұл сияқты ол да соларынан дәл қазір іштей ыңғайсызданып, кинофильм қараған боп бұған білдірмей әдейі күлімсіреп отырған жоқ па екен? Шіркін-ай, сүйтсе ғой. Ой дәме, дәме! Сенде нысап жоқ-ау!..
Сөйтіп отырғанда залға шам жанып кетті. Манадан бері қаракөлеңкеде бұлыңғыр көрінген қыздың ақ жүзі айқындалып, жанған шаммен бірге жайнап қоя бергенде, Ғани жақсы түс көріп оянғандай және сол түсі дәл алдынан шыққандай аң-таң боп отырып қалды. Фильм де ұмытылды, айналасындағы адамдар да ұмытылды. Өмірдегі бар арманы өзінің оң иығында сыбайлас отырған қызға тоғысты. Шам қайтып сөнбей жана берсе, жана берсе, ақ жүзі қайтып көлегейленбей көз алдында жарық жұлдыздай тұра берсе, о шіркін, басқаны ол өмірден тілемес те еді?.. Әттең сөнеді-ау тағы?.. Сөнді! Сөнді!..
Есен мен Таня кинодан шыққан соң бұларды артта қалдырып, өздері озып кетті. Ғани бұған да қуанды. Манадан бері солардан қорғанып үндей алмаған жоқ па. Енді шешіліп сөйлеп кететін мезгіл келген-ақ шығар. Әңгімені не деп бастайды? Не айтады?.. Сөйлейінші дедің-ақ, сөз біткен мұндайда қасақана қашып кететіні бар емес пе. Қарашы ауызға ештеңенің түспеуін!.. .Жоқ, қалайда, бірдеңе айтып қалу керек. Сездіру керек тынышы кеткен жүрегінің қалауын!
Қаншама осыны тілесе де, қызға ол ештеңені сездіре алмады. Оны бөгеген, таныспай жатып тілек қоюым орынсыз болар деген сыпайыгершілік те, шұғыл кетіп, қызды үркітіп алмайын деген сақтық та емес еді. Мұндай ой бала жігітіміздің басына кіріп те шықпаған. Оны бөгеген өз тағдыры болды! «Мен кіммін? — деп ойлады ол, — не студент, не қызметкер емеспін. Ештеңе тындыра алмай, қаңғып жүрген біреумін... Мынадан әдемі қыз мені қайтсын! Неменеме қызығады? Тым құрыса, киімім де жақсы болса екен-ау! Бар болғыр жақсы костюмімді чемоданға сүңгітпей, киіп жүрсем бірдеңем кететін бе еді. Өзім де бейбақпын! Ең абзалы үндемеген, сездірмеген. Босқа мазақ болғанша, іштей тынып үнсіз кетейін».
Қыз да үндемейді. Қолдарын көп қозғап ербеңдетпей төмен салбыратып, тез-тез басып, қысқа аттап жүріп келеді. Оның көзінен күлкі кетпейді. Жоқ, жалғыз көзі емес, бүкіл беті — қас-қабағы, ауыз-мұрыны, ең ақыры сол көзінің астындағы жалғыз меңіне дейін күліп тұрғандай болады.
Неге оның жүзі күліп тұрады екен? Ежелден өзі солай ма? Әлде мұның ниетін біліп қойып, дәмеңе болайын деп ажуалай ма? Білер ме еді шіркін. Бәрін де қойып, неде болса тәуекелге бел байлап ертеңге киноға шақырса қайтеді? Барар ма еді, не істер еді?.. Сөз екен! Осында тұратын адамша басқа келген ойдың түрін қара. Мәс саған? Күні бойы немді ойлағам? Неменеге қиналғам? Мұндай да бос әурешілік болады екен ғой, кетпей ме ертең!..
Мынау ой Ғанидың өн бойын мұздатып жіберді. Тағы да сонысы бар ма еді?!. Бұл не деген бақытсыздық! Апырау, Бағила тұрған қаладан қайтіп қана кетпек?!.
VI
Бір семьялар болады, тұрмыс жағынан қарасаң, асып жатқан ешнәрсесін көрмейсің. Қайта үй ішінің табысы бірде жетсе, бірде жетпей, жұпыны өмір сүреді. Алайда, соған қарамастан, олар бақытты тұрады. Жоқшылық оларды мұңайтпайды, молшылық асқақтатпайды. Мұның екеуінен де олар өз бақытын биік санайды. Олар барлық үмітін ертеңге артады. Бүгінгі жоғының орнын толтыратын да, уақытша қиыншылық кездессе, одан құтқаратын да сол ертеңі боп елестейді. Сол ертең семьяда ұшырасатын кейбір қырғи қабақтықты да, басқа түскен қайғыны да-барлығын да, барлығын да дарулайды.
Дәл осы үміт Құлсейітов семьясында соңғы кезде біржола өшкен еді. Шәкір ішімдікке қатты салынып, үйге ақша әкелуді де азайтты. Оның үстіне табысы да кеміп, өзі сабақ беретін институтта былтырдан бері жарты ставкаға түсіп қалды. Соның ызасы ма, күн озған сайын үй ішімен жанжалы да көбейді. Қолына ақша түссе, араққа салады. Ішсе болды, шатақ шығарады.
Әйелі Хакима жай айтып та, ұрыс-керіспен де жеңе алмаған соң ақыры лажы құрып, күйеуінің ауқымымен кетті де, амалсыз күйреді. Арты соқпақ, алды жар семья өмірі өйтпесіне мұрша бермеді. Алдымен қуанышы өшті. Одан кейін бірте-бірте үміт сөнді. Ақырында келіп мүлде өзін-өзі ұмытып, қайғы, қуаныш атаулыға қоңыр салқын қарайтын да күйге түсті. Рас, оның жүйкесі су шайған тастай бірте-бірте мүжіліп барып жұқарды. Алғашқыда кәдімгідей-ақ бұлқынып, көп жыл бойы әрекет те жасап, жұлдызы сөніп бара жатқан семьяны сақтап қалудың лажын да бір кісідей-ақ қарастырды. Әйткенмен, онысынан түптеп келгенде ештеңе енбеді. Күйеуімен арасы, қаншама әрекеттенсе де, қабыспады. Ол ішуін, бұл ішпе деген қыңқылын қоймады. Осыдан келіп күнде таусылмайтын қаңқу сөздер, бірін-бірі ұғыспау, бірімен бірі есептеспеу сияқты тартыстар көбейді. Тіпті соның өзіне де алғашқы жылдары көп мойымай, Хакима өзі көріп жүрген өзге семьялар сияқты келешегінен дәмесін үзбеді. «Жүре келе түсінісерміз, балалы-шағалы болған соң оған да ой түсер, ақылы кірер» деген үміт әрбір қайғырған шағында ойынан кетпеді. Ал, мұнысы бос үміт екенін, балалы-шағалы болғанда қайғының шеңгелі жүректі бұрынғыдан жаман сығымдай түскенін, енді оңалудың ешқандай жолы қалмағанын ол артынан бір-ақ ұқты. Сонда да тұйықтан жол іздеуін қоймады. Кейде айырылысып тынсам ба деген ойға да сүнгіді. Бірақ онысынан да жарым көңілі тыншыр тескіндік таппай, құр далбасалап, сайып келгенде балаларын тірі жетім етуге ет жүрегі шыдамай, өз бақытын солардың мүддесіне қиды.
Олары төртеу еді. «Балаларымды жүдетпейін, көзімнің тірісінде тым құрыса біреуін қанаттандырып жіберейін» дегенге көп-көп мән бере толғанып, соны талмай армандайтын және осы арманын жүзеге асыруға асықпаса, кешігіп қалғалы тұрғандай, іштен үнемі бір үрей кетпей, жүрегі жатса, тұрса суыл қағатын. Сол алдымен ойлайтыны-Бағиласы еді. Қызы жетінші класты бітірісімен өзі араласып, оны есеп экономика техникумына түсіргендегі мақсаты да тезірек қанаттанып, маскүнем әке езген пұшайман өмірден тез құтылсын, өз күнін өзі көретін халге жетсін дегендіктен туған ой болатын.
Бағиласы сенімін ақтап, жақсы оқып, келесі жаз техникумды бітіргелі жүргені оны соңғы кезде таудай қайғының біразының жеңілткендей, қатты қуандыратын.
Ал қалған үшеуі — Ерлан, Қабен, Эдик-шиеттей жасты. Алдыңғысы тоғызға, ортаншысы жетіге, кенжесі беске жаңа ғана аяқ басқан. Өзім өлсем, бұларымды Бағилам тәрбиелейді деп, барлық арман-аманатын да сол қызына артып, қам көңілі бұған да жұбанатын.
Сөйткен Бағиласы бүгін, ойда жоқта, мұны да, өзін де бір қолайсыз жағдайға ұшыратты. Ол мана сабақтан келіп алып, бұрын өзінде жоқ әдетке барып:
— Мама, дүкенге «Красная Москва» түсіпті. Ақша берші, алайын, — деп қолқа салды.
— Шыбыным-ау, нанға деген соңғы елу сомды саған қайтіп беремін, — деп қынжыла бастап еді, қызы аузын бұртитып:
— Біздің курстағы менімен қатар отыратын Таня деген қызға мамасы алып берген, ал сен менен ақша аяйсың, — деп жыламсырап теріс айналды.
Хакиманың дәті шыдамады. Жалғыз қызығым-Бағиламды ренжіткенше, аш отырғаным жақсы емес пе деп іштей түйді де, қызының тілегін орындады. Бірақ, амал не, сол бір дүние онсыз да көңілсіз қиюы қашқан семьяны тағы бір қатты шайқап кетті.
Жанында Нұри, кешкі онның шамасында Шәкір үйіне оралды. Қансыз бетінен ештеңе байқалмаса да, мықтап ішкендігі алдын ісік басқан, қанталаған бітік көзінен танылғандай еді.
— Хакима, Бағила қайда, бірдеңе алдыра қойсақ, — деп кірді ол.
— Үйде жоқ, мана техникумына кеткен.
— Онда өзің-ақ ретте.
Хакима естімеген қалып білдіріп теріс айналды.
— Ау, жарқыным-ау, мен не дедім саған?..
— Қойшы, жеті түнде...
— Өзің қызықсың. Мына Нұридың біздің үйге бірінші келуі, қайтып құр ауыз жібересің.
— Жоқ, Шәке, мен үшін қам жей көрмеңіз, осы таяуда ғана болып, жеңгейдің қолынан дәм татып кеттім ғой, — деп Нұри ыңғайсызданып безек қаға бастады.
Осы кезде Бағила қақпа алдында Ғанимен салқын сыпайылықпен бас изесіп, қоштасып, ойында ештеңе жоқ, жүгіре басып үйіне кірді.
— Жақсы келдің қызым, шешінбей тұрып дүкенге барып келе қойшы, — деп Шәкір әлгі қолқасын оған да қайталады.
Бағила аңырып, Нұриға үнсіз бас изеді де, шешесіне жалтақтады.
— Менде бір тиын ақша жоқ, өзіңде болмаса, — деп Хакима күйеуіне қарады.
— Ақшаларың қайда кетті?
— Байғұс-ау, қанша ақша әкеліп едің?..
— Апыр-ау, әуре болмаңыздар дедім ғой. Ішу деген шарт па тәйірі. Түк етпейді... Мен әшейін Шәкең болмаған соң кіріп шығайын деп...— келуін келіп қалса да енді кетудің ыңғайын таба алмай, Нұри қипаққа басты.
— Бұл қатын дегендер ештеңеге түсіне ме сені, міні, естіп құртады ғой, — деп Шәкір бөлме ішінде теңселе жүріп, міңгірлей бастады да, кенет, айна алдындағы «Красная Москва» жұпарының шынысын көріп, төбесінен жай түскендей, табан астынан бүлінді. Өні де демде өзгерді. Буындарын алып, бір діріл жүгіріп өтті. Көздері де бір орында қала алмай, біресе сауытқа, біресе әйеліне, біресе қызына кезек қадалды.
— Мынау не?! А! — даусы шақылдап қатты шықты.
— Болды, неменеге ақырасың! — деді Хакима да түсін суытып.
— Есуас болмасаң, мынаған кісі ақша шығара ма? Осындайларың екен ғой менің түбіме жетіп жатқан... Не дерсің бұларға... Бәріне мен кінәлі, ішкіш мен кінәлі! Бұлардың мені іштен құртып жатқанын бірі білсе екен-ау түгі. Бірдеңе дей бастасаң өзіңе тап береді, өзіңді обработкалайды... Баяғы бір жаман аты шыққан Құлсейітов бар... Нұри-ау, мен неге көп ішеді дейсің! Осылардың күйігі емес пе. Тыныштық жоқ қой қуыс үйінде! Рахат көрмейсің ғой!..
— Сорлы-ау, ұялсайшы, сонша неге аярланасың? — деді Хакима бұл жолы дауысын көтермей баяу ғана тіл қатып.
— Сен қатын ақымақ болмасаң мен бұл күйге түсер ме едім? — Ол жұпарды қолына алды.
— Қара бетсің! Сені сөзден жеңіп болмайды.
— Мен емес, өзің қара бет!
— Шәке, мен кетейін, — деді Нұри тықыршып, Шәкір жауап қатпаған соң ол аяғын ұшынан баса, есікке қарай беттеп Хакимаға жолшыбай үнсіз бас изеді де, шығып бара жатып, манағы орнында әлі сілейіп тұрған Бағилаға қадалып сәл кідіріп қалды.
— Сау бол, қалқам! — Қыздың екі беті өртеніп тұрғанына ол неге екені белгісіз көбірек зейін аударды. Ұялғанының өзі қандай жарасымды еді!
— Сонымен араққа барасың ба, жоқ па, соны айтшы! — деді Шәкір әйеліне сүзе қарап.
— Ақша болмаса не істеймін? — Хакиманың дауысы қиналып шықты.
— Тап!
— Не болған өзіңе?
— Таппайсың ғой?! Олай болса... су әкел. — Жұпарға қауіп төнгенін Хакима бірден түсінді.
— Өзінің стипендиясына алған дүниесінде нең бар? Орнына қой.
— Ей, подлец-ay, оқушы қызға осынша қымбат духи неменеге керек. Соны сірә ойладың ба? Әлде өз исіңді шығарғың келді ме?.. Пай, пай, қартайған шағыңда жігіт құшсын дегенсің ғой...
— Ойпыр-ай, неше арсыз болсаң да, балаңнан ұялсаң етті... қоя көрші!..
— Су дедім ғой мен саған!..
— Духи ішкен деген не сұмдық! Естіген жұрттан ұят қой.
— Сендердің күйігіне ішемін. — Шәкір өзі барып ас үйден су алып келді.
Хакима күйеуінің қолына жармасты.
— Тарт қолыңды!
— Ішпейсің! Ішкізбеймін! Керек болса, менің қанымды іш!
— Ә, солай ма? — Өзі сұп-сұр Шәкірдің өңі бұрынғысынан да жаман бұзылып, бет-ауызын бүртік-бүртік түк басып, шеке тамыры білеулене, ерін, мұрын дегендер дамылсыз қимылдап, жыбырлап, безгекпен ауырған адамдай, күллі денесі қалшылдап ала жөнелді.
— Ендеше, мә, құй үстіңе!..
Шәкір жұпарды еденге лақтырып ұрды. Бағила қатты күйзеліп, жан дауысы шықты.
— Ой, неткен сұмдық бұл?! — Әкесінің алдына қалай барып қалғанын да аңғармады. — Сіз, балаңыз болып, менің өмір бойы бір жасаған әбестігімнің өзін көтере алмай, түндей түнердіңіз. Жерге қиғанды маған-туған қызыңызға қимай болымсыз қуанышымның өзін табаныңызбен таптадыңыз! Ал, сіз өзіңіздің ұзақ жылдар бойы аяғыңызды шалыс баспаған, адаспаған, бізге сор арқалатпаған күніңіз болды ма? Соған біз сорлы қалай төздік екен! Оны ғой ойламайсыз... Осыныңыз да әкелік пе?..
— Мұның енді қызына да тіл шыққан.
Хакима бұдан арғыға қаратпай, қызын ас үйге алып кетті.
— Мама, бұл не өзі? Не керек мұндай тіршілік?
— Қойшы, жаным. Неге сонша таусыласың! Әкеңді көргенің бүгін ғана ма?
— Қашанғы бұлай бола бермек?
— Балам-ау ,оны менен несін сұрайсың?
— Сізден сұрамағанда, кімнен сұраймын! Неге осынша мүсәпір боласыз?
— Әй, балам-ай, не айтайын саған. Бұл күнді мен жазған тілеп алды деймісің... тек ешкімнің басына бермесін.
— Түсінбеймін, неге сонша езілесіз? Неге бір лажын ойламайсыз?
— Сен мұны түсінбе, түсінетін халге де жетпе, қызым. Жар сүюде қателесер болсаң, сол бақытсыз қадамыңды одан кейін өмір бойы түзей алмақ емессің. Сен міне, осыны ғана ұқ! Осыны ғана жадыңда мықтап сақта. Шешеңнің жолын қуып, асығыс басып адаса көрме.
Қызын шашынан сипай отырып, осыны айтты да, ана бетін бұрып әкетті.
— Мама, сен жылап отырсың ғой. Егілмеші, маматай! Бәрі де уақытша нәрсе... біз де жұрт қатарына қосыламыз. Мен қызмет істеймін. Өз алдыма үй болам. Көрерсің, мама, шалқып тұрамыз.
— Сенің маңдайыңа табиғат қандай жанды жазар екен, құлыным!..
VII
Жатақхана маңы ың-жың. Тан атқалы тынымсыз қозғалып, бір сейілген жоқ... Чемодан көтерген жастар ағылып келіп жатыр, келіп жатыр.
— С приездом!
— Демалыс қалай өтті? — деген сөздер самп-самп естіледі.
Солардың жуан ортасында Нұри. Оның екі езуі екі құлағында, елден қайтқан жолдасының чемоданын көтеріп, ентелей басып аулаға кірді. Жанындағылар да одан жұбын жазбай ұйлыға ілесіп жүр.
— Әй, Шағай, чемоданың зілдей екен. Құрт, майға лықитқансың ғой деймін! — деп жымыңдайды Нұри.
— Сенің құлқыныңды арақ пен тамақ тескен ғой, — деп өзгелер дуылдаса күледі.
— Ой, қызық екенсіңдер, ішкен-жегенге не жетсін.
— Сендер мені қайда әкетіп барасыңдар? — деді Шағай, — маған орын алып па едіңдер?
— Ал, енді қалай деп едің?
— Комендатпен жағаласып жүріп, былтырғыдай тағы да өз жанымнан, койкаңды қонжитып қойдым.
— Әй, Нұриым-ай!
— Нұриым деме, қырғиым де!
— Әй, мақтауларың жетті, — деді Нұри өз бөлмесінің есігін ашып жатып, — бірақ құрғақ қасық ауыз жыртатынын білесіңдер ғой. Соны ойлаңдар...
Шағай чемоданын ашып жіберіп, сүр қазы, тоқаш, май, құрт сияқты ауыл тамақтарын стол үстіне жайып, даярлады.
— Жеңдер!
— Бап болып кетті. Әттең бірдеңесі жетпеуін, — деп, Нұри көзін ойнақшыта жан-жағына алақ-жалақ етіп бір қарап өтті.
— Неменесі жетпейді?
— Айдаушысы жоқ.
— Міне, су.
— Әй, кет! Сүр қазымен кісі су іше ме...
Есік қағылды. Дуылдап отырған студенттер «кел» деп жамырай айқайласты.
— Нұри ағай осында ма екен? — деп ілгері аттауға батылы жетпей тұрғансып Ғани, денесін сыртқа қалдырып басын ішке сұқты.
— Осында, туысқан.
— Ой, сен аулыңа кетпеп пе едің! — деп Нұри орнынан ұшып тұрып, оның қасына барды. — Кел, кел!.. — ол жолдастарына бұрылды. — Танысып қойындар. Бұл бір інішек. Институтқа түсіремін деп, түсіре алмадым. Ал, қазір қайдасың?
— Осындамын.
— Ауылға бармадың ба?
— Бармадым... Вот как!
— Сізге бір жұмыспен келіп едім, — деп сыбырлады Ғани танымайтын студенттердің арасында қолайсыз сезініп.
— Жарайды, оны кейін сөйлесерміз. Кәне, отыр. Ауыл асын сағынған боларсың. Же!.. Қазыдан ал!.. Ұялма деймін!..
— Сендер маған Алматы жайында ештеңе айтпадыңдар ғой. Мен кеткелі нендей жаналық болды? Институттың хәлі қалай? — деп Шағай манадан көкейін тескен мәселесін сұрауына енді ғана мүмкіндік алды.
— Алматы баяғы өзің көрген қалпы. Институт биыл жаңадан мыңға тарта студент қабылдады. Және қандай студент десеңізші! Ылғи ығай мен сығай! Кілең медалистер!
— Шынында солай болу керек қой. А то, соңғы жылдары институттарға кім көрінген түсетінді шығарды, — деп құптады Шағай.
— Сол сен айтып отырған «кім көрінгенің» биыл да аз емес, — деп қазыны аузына бұралай тығып отырған Нұри килігіп кетті.
— Жоқ, ондайлар биыл бірен-саран.
— Біліпсің. Кімнің жоғарғы қызметте танысы бар, институтқа бірінші түскен де солар. Ал, мына сияқты қорғансыздар қалып қойды, — деп ол иегімен Ғаниды нұсқады.
Ғани мұрнының ұшы тершіп мүлде ыңғайсызданып бұға түсіп отырды.
— Конкурстан өте алмаса, әрине...
— Конкурс деген не ол! Тамыр-таныстық дегендерін сонда құжынайды. Оны білесің бе?
— Қой, сен. Дүниенің бәрін тамыр-таныстыққа тіреуге бола ма.
— А как же. Егер шын білгің келсе, тамыр-таныстық жойылмай, халтурадан құтылмайсың. Есіңде болсын, профессионал маман дегеніміздің өзі де жалпы талантты адамнан ғана шығады. Қаншама оқыт, бәрібір екінің бірі оқымысты бола алмайды. Талантсыз нан соғар жоғары мектептің еденін босқа тоздырады... Бір бітіргені диплом алады міне, саған керек болса, халтура! Немесе, вот, мына мені алайық. Мен оқымысты бола алмаймын. Бұл факт. Оқымыстылық ту бастан менің табиғатымда жоқ. Оған менің ақылым да, қабілетім де, төзімділігім де жетпейді. Мен мұны жақсы білемін, сөйте тұра, неге мен оқимын? Ол ғып, бұл ғып диплом алуым қажет. Соны бетке ұстап күн көремін. Міне, саған керек болса, халтура!..
— Сеніңше, немене, жоғары мектептерде тек таңдаулылар ғана оқуы керек пе?
— Именно солай болуы керек. Онсыз профессионал маман шықпайды... Егер мен министр болсам, жоғары мектептерге кілең таланттыларды ғана алатын заң шығарар едім де, мен сияқты әшейін диплом алуды көздейтіндерді өз қабілеті жететін жұмысқа айдар едім... Таласпа деймін, мұнсыз болмайды... Қазір қолынан өнер келетіні де, келмейтіні де он жылдықты бітіріп алып тамыр-танысын сағалап, институтқа жүгіреді. Солардың қырсығынан сенері жоқ таланттылардың көбі түсе алмай қалады...
— Сеніғ сөзіңде, тіптен, логика жоқ, — деді Шағай, — талант дегеніміздің өзі еңбек үстінде көрінбей ме? Институтқа түспей жатып, кімнің талантты, кімнің талантсыз екенін қайдан білеміз?..
— Оны білу деген оңай, Адам он жыл мектепте оқығанда өзінің кім екенін танытады. Тіпті танытпаған күнде аңғартады. Әрбір орта мектеп, ондағы мұғалімдер талантты шәкіртін білуге, оның болашақта қандай іске бейімділігін зерттеуге тиіс. Демек, білу дегеніміз орта мектептен басталатын болуы шарт. Жоғары мектептерге студентті тек солар ғана қолына нақты мінездеме беріп аттандыратын болсын және сол оқушысы үшін келешекте әр мектеп тиісінше жауап берсін. Міне, сонда халтураға жол қалмайды...
Кім білген, баяғы француз утопистері сенің жаныңда түк емес екен ғой...
— Сендер мені бағалайсыңдар ма. Әйтпесе менің басымда талай-талай жақсы ойлар жатыр ғой, достарым!
— Бөс!..
...Достардың дауы бітпей, бір мәселеден екінші мәселеге ауысып, ұзаққа созылды. Ғани өзінше асығыс шаруамен келсе де Нұрисыз кете алмай, жеміссіз, зілсіз, жүйесіз айтысты тыңдауға амалсыздан мәжбүр болды. Бірақ бұған ол өкінбеген де сияқты. Әңгіме тақырыбы жалпы бұдан алыс болса да, мазмұн жағынан көп жағдайда қатысы бар тәрізденді. Әсіресе, Нұридың айтқандары көкірегіне көбірек ұйыды. «Ол дұрыс жасады. Мен сияқты талантсыздардың қолы институт емес, босқа әбігерленгенім ақиқат».
Ол мына көңілді адамдар алдында өзін мүсәпір сезінді. Бұлардың бәрі Нұри айтқан таланттар ғой. Солардың арасында жалғыз бұл не бітіріп отыр? Қай бетімен отыр?.. Шіркін-ай, бұлардың ортасы қандай қызық? Неге ғана бұл да талантты болмады екен? Талантты болса, осылармен араласып, еркін сөйлесіп күліп-ойнап жүрер еді-ау!..
Тысқа шыққан соң бұл өкініштері тез ұмытылды. Оның орнын екі-үш күннен бері қинап жүрген өмір мәселесі басып, Нұриға барлық сырын ақтарды.
— Нұреке, мен кетпедім. Кете алмадым. Ауылға барғанда не бітіре қоямын деп ойладым. Оның үстіне. — Ол қалт тоқтап, аузынан бері шығып келе жатқан сөзін қайта жұтып жіберді. — Өзіңіз білесіз ғой... мен... әйтеуір осында қалғым келді де тұрды. Жолдасым да мұныма қарсы болмады. Сонымен ертеңнен бастап қызметке орналасатын болдым.
— Қандай қызметке?
— Қамсыздандыру министріне көмекшімін.
— Қу бала, жан тыныш жерді тапқан екенсің.
— Жұмысы ауыр болмайтын шығар?
— Не қылған ауыр-ау?
— Сіз ол мекеменің жұмысымен таныссыз ба?
— Таныстықтың не керегі бар. Үкімет босатқан пенсияны таратып отыру үшін қаншалықты жан қиналады деп ойлайсың...
— Солай ма?.. Маған сол оңайы керек... Биылша жақсылап дайындалам де, келесі жылы қалайда институтқа түсемін.
— Оның дұрыс... Бір есептен, саған сол институттың керегі не? Асып бара жатқан талантың болмаса, институт саған не береді?
Ғанидың есіне Нұридың манағы, жатақханадағы сөзі қайтадан түсті. «Айтты-айтпады, институт бітіргенде мен кім болмақпын?» Ол мұны қазір ойлағысы және бұл ойға тереңдегісі келмей, дереу өзінің бүгінгі өмір тіршілігінен туып отырған тығыз шаруасына ойысты.
— Нұреке, менің сізге келген жұмысымды әлі айтқаным жоқ. Маған баспана керек. Жолдасым үйленгелі жатыр... басқа барар ешкім таппаған соң, қысылғанымнан сізге жүгірдім. Сіз білесіз ғой, маған бір бөлме қарастырып беріңіз.
— Не қарастыратыны бар. Екеуіміз жүріп іздейік. Бірақ орталықтан үй табылмайды.
— Мейлі, шетте болса да барамын.
— Онда ана трамвайдың остановкасына барып, алдымен құлақтандырулар қарайық.
Жолшыбай Ғани, алғашқыда айтайын десе де, артынан тамағында жұтылған әлгі бір сөздің шет жағасын қайта шығарды.
— Мен, Нұреке, бір жағдайға душар болдым...
— Иә?..
— Душар болғанда, мен бір әдемі қыз көрдім.
— Иә?.. — Нұридын мұртының үсті жыбырлап жүзіне күлкі орала бастады.
— Сол қызға, Нұреке, шынымды айтсам, құмар боп қалдым.
— Таныстық ба өзімен?
— Таныстым.
— Е, таныссаң бопты.
— Танысқанда, Нұреке, пәлендей танысқаным да жоқ, түк деместен жөніме кеттім.
— Өй, өйткен кавалерлігін бар болсын. Енді неменесін көкіп келесің?
— Бірақ, өзім ештеңе демегенмен ойымды сездірмей қалғам жоқ.
— Иә, қалайша?
— Жолдасымның қызы арқылы білдірдім.
— Ол не депті?
— Кімді айтасыз?
— Сүйген қызыңды айтам.
— Жүре жауап беріпті.
— Жүре жауап бергенде не депті?
— Құрып кетсін. Бала ғой, — деп күліпті... Сонсоң Таня ештеңе дей алмапты.
— Өзіңді әбден қатырған екен...
— Қатыра берсін-ау. Ал, Таня арқылы (жолдасымның қызын айтам) ештеңе шықпай тұр.
— Енді мен не істеуім керек?
— Қалай танысамын? Соған ақылыңызды айтыңызшы.
— Үйін білесің бе?
— Білемін.
— Білсең, басқаны араға сап не қыласың. Тура өзіміз барамыз да, сөйлесеміз. Таныс дейміз.
— Жоқ, сіз қалжыңға айналдырып жібердіңіз.
— Түк те қалжыңы жоқ. Өзің барып ұрынбай, ешбір қыз аяғынан келіп таныспайды. Білдің бе?
— Шошытып алмасақ?
— Шошытып біз, немене, құбыжық деймісің. Есіңде болсын, әйел затына батыл болмай, ештеме өндірмейсің. Жасқанбасаң ойыңды еркін ұстап, майлы күйедей жабыса түссең ғана дегеніне жетесің. Әйтпесе, құр сырттай иемденіп, сыпайыгершілік сақтап, алыстан біреу арқылы ораймын деп өңешіңді созып жүргенде, ауызың аңқиып, босқа қаласың, ұқтың ба?
— Апырай-ай, сүйтеді, ә?!
— Енді қалай деп ең.
— Онда қайттік?
— Дағдаратын ештеңе жоқ. Алып барам өзім.
— Ал, сонсоң?
— Ол жағын неменесін сұрайсың. Сені әйтеуір , сол қызбен таныстырсам, болғаны емес пе.
Ғани желкесін қасыды.
— Жалғыз-ақ қана қорқыныш бар, — деді Нұри сұқ қолын шошайтып, — Жоқ жерде мына менің өзіме ұнап қалмасын деп тіле.
Ғани осыған неге айттым дегендей тіксініп, һңі солғын тартып қоя берді.
— Қорықпа, қорықпа, — деп күлді Нұри, — қалжыңға айтамын...Жүр, іске кірісейік. Әуелі үй іздейміз. Сонсоң қыз іздейміз...
— Алыста тұра ма өзі?
— Ойша алыста емес. Гоголь көшесінде.
— Қай тұста? Үй номерін білесің бе?
— Үй номері жүз он бір.
— Жүз он бір? Мә, саған, керек болса! — Нұри сақылдап күліп ала жөнелді.
Ғани күлерін де, ашуланарын да білмей, аң-таң боп тұрған орнында үнсіз сазарды.
VІІІ
— Шешең қайда кеткен? — деді Шәкір еңсесі төмен түскен бойы жан-жағына қарамастан шешініп жатып.
— Көк базарға барам деген.
Сұрағаны болмаса, қызының жауабын тыңдамастан, жағын таяна барып столға қонды.
— Папа, сізге не болды? Бір жеріңіз ауыра ма? — деп Бағила әкесінің маңдайына алақанын төседі. Маңдайы қыз қолынан, әрине, салқын еді.
— Қызым, отыршы жаныма.
Бағиланың көзі жаутаңдап, әкесінің ауызына телмірді. Бұрын лебінен әмәнда білініп тұратын арақ исі де жоқ. Ішпеген, құлантаза.
Бұған қызы іштей қуанса да, бір жағынан қайран қалды.
— Сен маған ренжіп жүрсің ғой, солай ма?
— Жоқ, папа.
— Несін жасырасың... Ренжір жөнің бар. Білем, көңіліңді қатты қалдырдым. Ішкен адамда иттік көп болады... Балам, алдыңа буырыл басымды иемін, кешір!..
— Папатай, сізге не болған? Керегі жоқ! Басыңызды көтеріңізші! Мен сол духи дегеніңізді, керек десеңіз, ұмытып та кеттім.
— Айналдым, сенен, ақылдым!.. Маған сол көңілің қалмаса болды. Мен бір сорлы адаммын ғой.
— Папа, сондай сөзді айтпаңызшы! Қарадан-қарап жүріп, неге сорлы боласың?
— Мен бір кезде қандай ем, ал қазір қандаймын? Соны білесің бе, қызым. Сонау отызыншы жылдарда Москвадан университет бітіріп, осы институтқа келгенімде қазақта бір де бір жоғары білімі бар математик болып па екен. Осы күнгі аты шығып жүрген доцент, профессор математиктеріңнің көбі-ақ ең алғаш менен оқып еді. Енді бүгін мен деген пайдасыз біреу боп қалдым, өзгені былай қойғанда шәкірттерімнің өзі қадірлемейді. Сонша мен не істедім бұл жұртқа? Жазығым оқытқаным ба? Білім бергенім бе?.. Мен бүгін ақырғы сөгісті арқалап келіп отырмын. Енді бір сүрінсем, құру ғана қалды, қызым.
— Сізді жиналысқа...
— Үш сағат бойы бір жиналыстың әңгімесі мен болдым. Өспеген де, артта қалған да, тұрмыстан азған да мен көрінемін, не дерсің? Баяғыдан бері осы қазақтардың бірі ғұрлы кандидат болатын едім ғой. Бірақ маған ол арман болды ма?
— Мен жазған барлық уақытымды ғылыми атаққа жұмсамай, шәкірттеріме бермедім бе?..
Әкесінің бұл сөзі көңіліне қонбаса да, Бағила дау айтуға жасқанып, үнсіз тыңдай берді.
— Ғылыми дәрежең жоқ деп жарты ставкаға түсірді. Енді институттан тайдырудың амалын жасап жатыр. Қайтіп қана күйінбессің! Қайтіп қана ішпессің!..
— Папа, осы айтып отырғандарыңыздың бәрі ішуден болып жүр ғой. — Тіпті бұлай айтайын деген Бағиланың ойында жоқ еді. Сөз ыңғайында шындық өзінен-өзі келіп тіліне оралды.
— Егер, қызым, шын білгің келсе, мені ішуге үйреткен де қазақтардың өзі. Мен Москвада оқып жүргенде арақ дегенді «уызыма алып көрдім бе екен. Осында қалай келдім, солай... оңбадым... оңбағанда былай: институттың жарық жұлдызы боп жайнап едім, анасы да, мынасы да қонаққа шақырып, қошемет көрсетіп, өліп-өшпеді ме бұл қазақ! Онысын да қойшы, араққа жықпаса әкесі өлетіндей, анасы да, мынасы да ішкізуден көз ашқызды ма екен түгі!.. Сен арақ дейсің, қызым. Менің түбіме жеткен арақ емес, қошемет қой! Сол дырдумен жүргенде өмірдің еткенін де, арақтың күшті әкеткенін де білмей қалыппыз. Ақырында мұндай болдық. Көрмейсің бе, бір кезде арақтан құтыла алмасақ арақ енді бізден құтыла алмайтын күйге түстік...
Есікті лақтыра ашып, үйді басына көтере шулап Ерлан, Қабен, Эдик кірді.
— Не болды сендерге?
— Ерлан тиеді! — деді Эдик.
— Сен неге тиесің?.. Барыңдар! Далаға ойнаңдар!
Әкенің ыңғайын танып балалар қайтадан тысқа жүгіріп ала жөнелді.
— Не айтып отыр едім жаңа? Әлгілердің ұмыттырып жібергенін қарашы... — Шәкір басын ұстаған күйде үнсіз отырып қалды да, біраздан соң барып өзге сүрлеуге түсіп кетті.
— Үйде ғой ақша жоқ. Бағилажан, сен маған көрші қыздан бір он-он бес сом қарыз сұрап әперші. Ішпесем болатын емес... Шешең келіп қалар. Тез баршы, жаным. Ол білсе, тағы сөйлеп болады...
— Папатай, сұрауға бетімнен отым шығады. Әнеукүні он бес сом алдыңыз, оны да әлі бере алғанымыз жоқ...
— Бір-екі күнде айлық болады. Беремін, жағдайды айт, түсіндір. Таня, мен білсем, ессіз қыз емес.
Бағила не істерге білмей, күйбежектеп, жан-жағына жалтақтады.
— Бағилаш!
— Папа, папатай, шыдауға болмай ма?
— Ыза мен қайғы күйдіріп барады ішімді!..Әкеңе істеген соңғы жақсылығың болсын!..Бірдеңе тап!..
Бағила жайшылықта шешесіне: «дегеніне көне бересің» деп оңашада кінә тағып, әке ісін айыптай, батыл қарсы тұруға тықыра сөйлеуші еді, мына арада, өзінің де дәрмені қашып кеткенін аңғармады. Әкенің бет-әлпеті шалбарланған, ісік көзі ішіне шүңірейіп, жағы суалып, өсіп кеткен, қайызғақ басқан шаштары самайына жалбырай түсіп, желке жағы ұйпалақтанып, адам аярлық күйде отырған болмыс сиқы, басқаның бәрін ұмыттырып, қыздың жанын қатты толқытып жіберді де, мүсәпірді көргенде туатын аяныш сезім пайда болды. Ол қайтып тіл қатпастан, Таняның бөлмесіне бет қойды.
Бірақ, аяныштан туған батылдық келіп алған соң ардың тұтқынына түсіп, Бағила дереу өзгерді де, жаңадан ғана сырлас болған көршісін мезі етпеуді көздеді.
— Мен, саған, Танечка, ішім пысты да, әшейін келе салдым, — деді ол біреу оған сен тегін жүрген жоқсың деп кіналап тұрғандай ақтала сөйлеп. Оның әлденеге абыржығанын Таня да сезіп, бетіне мөлдір көк көздерімен барлай, ұзақ қарап езу тартты. Бірақ, ол нағыз шындықты тап баса алмай, басқа, өзінше бір теріс жорамалмен күлімсіреген еді.
— Мен кеше Есендерде болып едім, — деді ол күлімсіреген қалпын аз өзгертіп, — Ғаниды көріп сондай аядым!.. Ой, қандай сүйеді сені ол! Жоқ, айтып жеткізуге болмайды!..
— Иә, не дейді?
— Кездескен екен, сөйлеспей қойыпсың ғой...
— Жоқ, ыза боп кеттім. Бірдеңе деп хат жазыпты. Түк ұқсам не дейсің. Просто, надандық қой. Әйтпесе, сөйте ме... Ойлағаны болса, ауызша айтпай ма... Содан кеше, іс-міс жоқ, әлгі Нұри деген екеуі сабақтан шықсам, техникумның қақпасы алдына келіп тұр. Басымды изедім де, қайтып қайырылмастан, бұрылып алып үйге тарттым.
— Оған надансың деп күлесің. Ал өзің де жетістіріпсің!
— А, мейлі. Солар не ұғады дейсің!
— Ой, сен қандайсың өзің!.. Байқа! Жігіт дегендер сен ойлағандай сорлы халық емес...
— Мен үшін бәрібір.
— Қусың деймін өзің... Сүйе тұрсаң да, мойындағың келмейді.
— Кімді?
— Кімді? Мені емес, әрине. Ха-ха... Ғаниды...
— Сүймеймін!
— Сүйетін, сүймейтініңді кірген бетте-ақ білдірдің ғой. Одан бір хабар күтіп келдің, рас па?
— Бекер... ол маған титтейде ұнамайды.
— Неге ұнамайды?
— Танечка, қызық екенсің! Бойы ап-аласа сол біреудің қасында қайтып жүрмекпін.
— Бар тағар айыбың сол ғана ма?
— Ол ғана емес. Көп... Білімі де жоқ...
— Ал мен саған айтайын. Ол сондай ақылды бала, адал бала...
— Мүмкін... Жарайды, қояйықшы, осы әңгімені. Тойларың қашан? Одан да соны айтшы.
— Осы айдың ішінде...
— Ой, қандай тез. Танечка, неге сонша асықтың, ә?
— Біз танысқалы екі жыл болыпты. Жетпей ме?
— Жоқ, оны айтпаймын. Бізден сондай тез кететініңді айтам. Не бәрі бір-ақ ай. Танечка-ау, сен кеткен соң мен қайтемін? Сағынам ғой... нанасың ба, саған сондай үйренгенмін... Тіпті не істерге білмеймін... Біздің семьяны аздап та болса білесің... мүлдем көңілсіз ғой. Ал сен маған үлкен тірек болып едің...
Бағиланың кәдімгідей мұңайып, кірпігін қозғап қалса, жас ыршып кеткелі тұрғанын көріп Таняның да көңілі босады.
— Бағилашка, мен сені түсінемін, жаным! Сенің де, сенің мамаңның да хәлі маған сондай батады!.. Нанасың ба, маған кейде қазақ әйелдері тағдырға тым мойынсұнғыш, бақытсыздыққа көнгіш пе деген де ой келеді. Әйтпесе... апыр-ау... не себепті сендерге өз алдарына өмір сүрмеске... Біреудің қайғысына сырттан қараған адамға, рас, пәлен етпей ме деп білімсу оңай екенін де ұғынамын... дегенмен... мамаңа кейде іштей ренжимін... Мен, мәселен, мұндай өмірде бір күн тұра алмас едім...
— Не жөнді білімі жоқ, не асырайтын адамы жоқ, ол байғұс, бізді шұбатып қайда бармақ? Танечка-ау, сен соны түсінесің бе?..
Өз үйінен әлдеқандай дауыс шыққандай болды да, Бағила селк етіп, кілт тоқталды.
— Саған не болды? — деді Таня оның бетіне таңдана қарап.
Бағила жауап қатпастан, тысқа құлағын түрді.
— Бағила! — деген дауыс бұл жолы сампылдап естілді.
— Папаң ғой... неге сонша қысылдың?
Бағила түсі қашып, есікке қарай жүгірді. Осы алдынан қарсы кеп қалған әкесі тоқтатты.
— Бар ма?
— Папа, реті келмеді.
Шәкір ішке кірді.
— Көршім, кешіріңіз. Орынсыз да болса, келіп қалыппын.
— Өте жақсы, отырыңыз.
— Папа, кетейікші, — деп сыбырлады Бағила.
— Кідір, қызым... Бағила сізге айтқан болар?..
— Нені дейсіз?
— Сен айтпаған болдың ғой? — деп ол қызына бұрылды.
Таня әңгіменің не жайында екенін енді сезді де, әдейі Бағиланы арашалай:
— Қызыңыз айтып еді. Бірақ мен орындай алмадым, — деді.
— Мен сізге осы бірер күнде беретін едім ғой.
— Менде болмай тұрғаны...
Шәкір бір жақ езуіме бет терілерін ыржия жиып, басын шайқады.
— Сіз маған шындықты айтқаным үшін ғапу етіңіз, — деді Таня, — тіпті болған күнде де сізге қарыз бере алмас едім...
— Себеп?
— Себебін менсіз-ақ білуге тиіссіз...
— Рахмет, олай болса! — Ол оқыс бұрылды. — Қалтаңызда бар бес-он тиынмен тәуір-ақ мақтанып қалдыңыз...
— Сіз немене, менімен шатасқыңыз келіп тұр ма?
— Атай көрмеңіз. Оны өз бойыма олқы санаймын.
— Папатай, жүріңізші, — деді Бағила жеңінен тартып.
— Қош болыңыз! — деді ІІІәкір есікке жете бере артына бұрылып.
Таня тұнжыраған күйде басын изеді.
IX
Сағат түнгі он екіні де соғып етті. Бағила әлі жоқ. Бұрын қызы мұндай кешігіп көрмегендіктен, Хакима тынышсызданып қайта-қайта есікке жалтақтайды. Театрға кетті ме екен деп те ойлайды. Бірақ театр деген әлдеқашан бітті ғой. Ендеше бұл уақытқа дейін қайда жүреді? Ойлағанға ма, жүрегі әлденеге суылдап, алып ұша бастады.
Ол жаңа ғана жуып болған кірлерін таза суға салып болды да, тықыршып, төргі бөлмеге барды. Ері жастықтан басы төмен түсіп, ауызы ашылып, шалқасынан ұйықтап жатыр. Ол бөлмені басына көтере қорылдайды. Осыдан бірер сағат бұрын ғана үйдің ішін астан-кестен қылып, аласұрғаны мүлдем ұмытылып кеткендей, жүзі жадыраңқы. Дегенмен тынысы тарыла ма қалай, қорылында қырыл бар.
Хакима оған оңдалып жат демек болып қасына жақындады да, қолын соза түсіп тоқтап қалды. Жап-жаңа ғана бір-біріне қайтып көріспестей ауыр-ауыр сөздер айтып, ренжіскені, сонда оған қайтадан жалбарынғандай қам жей, тіл қатуы өзін де жирендіріп жібергендей. Алайда, ерінің жайсыз жатқаны тынышын алады. Ашу, ыза, ренжіске аралас, осы адамға арналған жақындық аяныш та одан екі елі ұзамайды. Қаншама көңілі қалып, өрісін біржолата түңілгендей болса да, кейін татулыққа қайтып соғады. Әйткенмен татулық ұзаққа бармай, жанжал қайта қозады. Осылайша алма-кезектесіп ырың-жырың ит тартыс өмірі бітпейді. Соған әбден үйреніп, еті өліп кеткендіктен бе, Хакима күйеуіне ренжіп жүріп-ақ қызмет етеді. Сол әдісіне басып, оны бұлай қалдыруға дәті шыдамай, басын көтеріп жастыққа салды да, қырынан жатқызды. Шәкір қорылын қойып, ыңырана керіліп, бірден тыныш болды.
Оның аржағында, бұрышқа біріне-бірін сиылыстыра қойған кішкентай үш кроватта жатқан үш баласының жамылған простынядан қылтиып, бастары ғана көрінеді. Соларға мейір төге қарап қалған Хакиманың көзіне кенет өзінің кішкентай кезінде көрген, тіпті балаларына ешқандай қатысы жоқ, әлдеқашан ұмыт болған, бір оқиға елестеді.
Ол кезде Хакима ауылда, жалшы атасына көмектесіп (әке-шешеден қаршадайында айырылған), байдың қозысын бағатын. Екеулеп сан р«т жамаған ақшұбар шоқпыт көйлегін үстінен тастамай, көзіне түскен кішкентай тұлымын желпілдеп, күн қағып, су сорып, шөгір қадалып, тілім-тілім болған құс табанын аяншақтай басып, жалаң аяқ, жалаң бас ұзақты күнге қозы соңынан қалмайтын. Атасы оған:
«Өзім де бірдеңе етіп бағамын, балалармен ойнай ғой, қалқам» десе де, «сізге қозылар бой бермейді, жамыратып аласыз» деп болмайтын. Ол бір жағынан, кәрілік жеңген атасын аяса, екіншіден, басқа балалармен ойнауға өзінен-өзі жасқанып, қастарына жуып кетсе, олардан зәбір көретіндей әрі қорқатын, әрі қысылатын. Сондықтан көбіне жалғыз ойнауды ұнататын.
Қозы бағудың бұл жағынан біраз артықшылығы бар еді. Теріске шықтың-ақ, әсіресе күн ысыған шақта қолың босайды. Қозылар сай сағалап, жайылмай, жар көлеңкесіне жатып алатын да, мұның емін-еркін ойнауына мүмкіндік туатын. Ол қуыршақтарын алдына жайып, олармен әлдене сөйлесіп, ойынға кірісетін.
Сондай күннің бірінде, ойын қызығымен қаннен-қаперсіз отырғанда, әлдене оның ойын бөлді. Әуелі болымсыз сыбдыр етіп, артынан аяғының астынан бірдеңе жыбыр еткендей болып, орнынан ұшып тұрды. Демде жүрегі мұздап, қорыққаннан көзі ұясынан шығып кете жаздады. Небәрі екі-үш қадам жерде, білектей сұр жылан басы қақшаңдай, жорғалап, дәл алдында, селеу шөптің арасына салынған ұяда бастарын қылтитып отырған үш балапанға төніп келеді екен. Балапан байғұстардың ойында ештеңе жоқ, көздері мөлдіреп, өздерін жұтуға келе жатқан жауына жаутаңдап, барлық сәби атаулыға тән аңғалдық пен сыртқа талпынады.
Осының бәрі Хакиманың көз алдынан небәрі бірер секундта өтіп, лезде естен танды. Бір сәт күш жиып, атасын шақыруға оқталып көріп еді, үні бітіп қалғандай, дауысы шықпады. Әрі тұрған орнынан қозғалуға да шамасы келмей буындары дірілдеп, аяқтары өзіне бағынбады. Жалғыз-ақ, бар бітіргені екі қолын кезек ербеңдетіп, көздерін бір ашып, бір жұмып, жас парлатты.
Оған бірдеңе болғанын анадай жерде жүрген ағасы да аңғарып, аяғын жеделдете басып келді де, жыланды көре салып оның саудасын біржола бітірген соң барып, немересіне бұрылды. Әбден зәресі ұшып кеткен бала көпке дейін өзіне-өзі келе алмай, қатты зәбір көргендей, өксігін басуға дәрмені жетпей, жасына булықты.
Жанын түршіктірген сол бір көрініс көпке дейін оның көз алдынан кетпей жүрді. Бірнеше түн бойы түсінде ылғи жылан көріп, шошып оянатынды да шығарды. Ақыры бірте-бірте ұмытылып, әрең дегенде ғана есін жиды. Бірақ сонда да жыланнан қорқуы тоқталмады. Ол шепті жермен жүре алмайтын әдетке ұшырады. Жүре қалса, аяғының астында жылан жатқандай зәресі ұшып, көзін жұмып алып жүгіретін, әйтпесе тақырлау ашық жер іздеп, табан жолынан көз алмай, жалтақтаумен соры қайнайтын. Алдынан әлде қалай ұйысқан шеп кездесіп қалса, көзі бақырайып кілт тоқтайтын. Оған әрбір төмпешік ұя боп елестейтін. Ал әрбір ұяның жанында жылан жататындай көрінетін.
Үш ұлының жатысы, әсіресе, кенжесінің жатысы сол бір бала күнінде көрген үш балапанды, балапандар ұяны, ұя жыланды көз алдына алып келді. Ойпыр-ай, қандай аянышты еді сондағы балапандардың хәлі! Ой, тоба-ай! Аусайшы... сол балапандар сияқты мына үш қозысының да мойындары қылтияды... Белгісіз қауіп төніп тұрғандай олардың осы бір қамсыз жатысы ананың көңіліне қобалжу салады.
Ол көңілі қаяу тарта, еміреніп, кенжесінің маңдайынан иіскеді. Бөбек шұбыр терге түсіп қалыпты. Осы тер мұрынға сәбиге ғана тән сүйкімді жас иіс әкеліп, ананы одан сайын елжіретті.
— Айналдым, айналдым! — деді ол.
Шалқасынан жатқан бөбегі титімдей мұрнын қыбырлатып, шимақтай ауызын томпита бірер тамсанып, сол жағына аунап түсті. Ана оны қайта бұрып, оң жағына жатқызды да, сендер де терледің бе дегендей ортаншысы мен үлкенінің маңдайларына алақанымен сипап.
— Ақылды тентегім! Жуас қоңырым! — деп оларды да бір-бір иіскеп барып кейін шегінді.
Неге көз алдына балапандар елестеді? Неге балаларының жатысы сонша елжіретіп жіберді? Хакима бұған пәлендей таңданбады. Көңіл жадырату деген ұмытылуға айналған нәрсесі еді. Бұл жолғы жабырқаудың да төркінін сол көңілсіздігінен іздеді.
Үйіне күндегісінше ішіп оралған Шәкір әлгінде ғана болымсыз себеппен тиісіп, мұны балағаттап, әділетсіз, орынсыз, қыңыр талаптармен титықтап барып көз жұмды. Бұл байғұс кірін жуып, ертемен сабаққа кеткеннен қайтпаған қызын күтіп алаңдап, іштей мұңға батқан кіріптар күйде отырып қалды. Сол жарым көңіл балаларын көргенде босап кетуі бір себептен заңды да еді.
Тыстан тықыр естіп, ол қуана есікке қарай беттеді.
— Шырағым-ау, осынша кешігіп қайда жүрсің? — деді ол қызына қарсы ұшырасып.
— Театрда болдым, мама.
— Театрда? Осы уақытқа дейін...
Қыз ана ойын айтпай-ақ ұғып, аржағын өзі жалғады.
— Кеш бітті, мама.
— Күндіз үйге келіп, айтып кетпеймісің тым құрыса...
— Қолым тимеді.
— Тамағыңды да ішпестен...
— Қарным ашқан жоқ. Нанасыз ба, маматай, қазір де ашқан жоқ.
Ана қызының бетіне сүзіле қарап, басын шайқады.
Бағиланың көздері күлімдеп, реңі гүл-гүл жайнап тұр еді.
— Сен өзің не боп кеткенсің бүгін?
— Иә, не болыппын, мама? Хе, хе... қызық менің мамам.
Ол көзді ашып, жұмғанша шешесінің жанына лып етіп желіп келді де, оны қапсыра қатты құшақтап алып, шыр айналдыра бастады.
— Менің маматайым!
— Не болған саған? Босат! Басым айналды.
— Маматай, неге көңілсізсің, ә?
— Неменеге көңілді болам мен?
— Папам ішіп келді ме, тағы бірдеңе деді ме?
Папаңның сөзіне үйренген құлақ қой.
— Енді не болды?
— Түк те болған жоқ...
— Мама, қайғыра беретінің не? Бір мезгіл жадырашы, күлші, құшақташы мені!..
Қызының жүзіне тағы да көз тастап, Хакима одан әлденендей өзгеріс сезгендей болса да, ол шүбәсін іштей таусылуға дағдыланған жүрегінде бүгіп, қадала сұрамады.
— Отыр да тамағыңды іш! Менің ұйқым келді. Жатамын.
— Мама, жата бер. Мен өзім...
Шешесі қозғала қоймаған соң оның қолынан жетелеп:
— Шаршадың ғой, маматай, баршы, тынықшы! — деп төргі бөлмеге енгізді, — мына сотқарлардың жатысын қара, мама!.. — Ол інілерін қызықтады.-Мына, Эдик жаманына үңілші, ой тәмпіш! Жатысыңа болайын-ау сенің, ірі деймін өзі! Байқайсың ба паң, бүкіл бөлмеге бір өзі қожадай... шешін, мама, мен тамақ ішуге кеттім. — Әкесінің жанынан өте берді де, артына бұрылды. — Фу, папамның лебінен арақ иісі мүңкиді.
«Қызым мұнша неге көңілді?» деп таңданды ана.
X
«Мамам мұнша неге көңілсіз» деп ойлады қызы.
Ас үйге барған соң да, Бағила бір орында тағат тауып отыра алмай, ерсілі-қарсылы жүрумен болды. Шиеге ұқсас, топ-томпақ үлпілдеген еріндері күлімсірей ашылып, ұшы қайқы қара кірпіктері дамылсыз қағылады. Жүрек дүрс-дүрс соғып, алып-ұшып тыншытпайды. Дүние бүгін гүл жайнап, өзгеріп кеткен. Сондай келісімді, сондай көңілді жарастықты ол бүгін театрдан да, көшеден де көріп келген. О, ғажап! Оны өмірі қуаныштың ешқашан сәулесі түспейтін өз үйінен де көріп отыр. Ең ақыр, тіпті ешқашан еленбейтін, пештің жанындағы ежелгі ескі диван да бүгін жаңадан тысталғандай көзге құбыла толқып, күлгін тартады. Бұрын түкті де аңғармайды екен ғой бұл өзі! Бәрінен де мына диванға тақы бар. Жаман деп ас үйге шығарылып еді. Пәлі, қайдағы жаман!.. Әсемдік ұғыла бермейтіні ғой.
Ол бір сәт көзін сығырайта жұмып алып, жанып тұрған электр шамына қадалады. Күнде оңаша деп осында отырып сабақ оқығанда күңгірт тартып тұратын тәрізді еді. Бүгін мүлде күндізгідей жап-жарық. Сабақ дегеннен шығады-ау. Әлі сол бар екен ғой... Қашан оқымақ!.. Түу, сол да уайым болып па...
Ойы оған да бөгелмей, тәтті арманын іздеп, тынбай кезеді.
Әлде кімдермен өз жүрегінің сырын, қуанышын бөлісуге ынтығады. Әттең айналасында ешкім жоқ. Мамасы да қызық. Бір түнше ұйықтамай-ақ мұның тұңғыш қуанышына ортақтаса қалса иесі кететін еді... Таня ғой ұйқыда, жеті түнде оятудың жөні жоқ. Және әнеукүні айтқанымда өтірік тулап едің, а солай ма деп өзіне тап береді ғой, қайдан білсін онда мұның шынымен-ақ сүймегенін...
Сезім де түсініксіз бірдеңе. Бәсе, сол кезде қалай толқымаған?! Жоқ әлде, сонда-ақ жүрегіне лүпіл кіріп пе еді? Есінде жоқ, соған нанармысың. Ал қазір ше? Кәзір сүйеді. Бұл ақиқат! Шын! Сүйеді, сүйеді! Сүймеу оны мүмкін де емес. Қандай тамаша адамға тағдыр келіп тап болады! Мамасы айта беретін, арман ететін қыз мінезді жігіт осындай-ақ болар!
— Мама! .Мама! Сенің қатеңді мен еш уақытта қайталамақшы емеспін! Түсінемін қайғыңды.
— Ең алдымен мінез болсын, деуші ең-ау сен.
— Мінез! Көрсең оның мінезін! Сондай майда, сондай нәзік жаны бар бір жан! Көп қылығы қызға ұқсайды, ұяң, сезімтал, сыпайы. Бірақ әлсіз, жасық біреу емес пе деп ойлама. Өткірлік те, батылдық та, мен білсем, одан табылады. Сөзге де сорлы көрмеңіз. Ешкімге есесін жібермейді.
Ал шынында, жақсы адамға бұл да аз ғой. Сайып келгенде сөз, мінез деген немене? Адамда алдымен адам сияқты түр-сипат болсын да. Қасыңда ұсқынсыз біреу жүрсе, ол да қай бір қуаныш.
— Түр-сымбат! Бұл деген-ұғым. Әркім сұлулықты әртүрлі түсінеді. Әртүрлі қабылдайды. Сондықтан әркімге әртүрлі адам ұнайды. Ал маған осы адам ұнайды! Менің ұғымымда ол сұлу да, сымбатты да жігіт. Егер сұлулыққа мені төреші етсе, қоңыр енді адамдардың ішінде мұндай сүйкімді, мұндай әдемі некен саяқ ұшырасар дер едім. Біреулерге, мәселен, тотыққан жараспайды. Ал оған, меніңше, соның өзі қандай қонады! Қоңыр жүзін күреңге малып, жайнатып тұрғандай. Дөп-дөңгелек, үлкен көзі де, шет маңдайы да, ашаң бетіне үйлесімді қыр мұрыны да-бәрі де, бәрі де маған ұнайды! Ең аяғы қоп-қою, тұп-тұтас қасының өзі қандай келіседі оған. Шашы ше? Онысы тіпті ғажайып! Көмірдей қара, бұп-бұйра Пушкин шаш расында, кімге жараспайды! Тек бір ғана мін табамын. Тым есіріп жібергендіктен, шашы дудырап, басты шамадан тыс үлкен көрсетеді. Мұнысы ол сияқты бойы шағын кісіге келіспейді-ақ. Желке жағын, екі самайын біраз бастырып, бұйраны тұлымда ғана қалдырса, қандай келісіп кетер еді. Мұны өзіне айту қажет. Білсін, әлбетте, қазір орынсыз, кейін.
Таня ма, біздің Таня пәле! Ол қыз бірден-ақ «жақсы адам, адал адам» деп айтып-ақ салды-ау анада. Дұрыс аңғарған. Мұны мен де тез байқадым. Бәрінен де папаммен араларындағы көңілсіз оқиғаны маған бірден айтқанына таңым бар. Басқа болса ғой, жасыра тұрар еді. Ал, бұл... Папамдікі бар ма, іс емес-ақ... Адалдық деймін-ау, әлде ол аңғалдықпен айтып қалуы да мүмкін-ау... жоқ, менің шамалауымша, аңғалдық пен адалдық ағайындас тәріздес...
Әй тәйірі-ай, мұның бәрін қойшы, әшейін бос ойлар ғой. Бәрінен де оның оқуға түсе алмағаны ойлантады. Қанша дегенмен, білімсіз жан қатарынан кем соға бермек...
Көп бұраңның ішінен анда-санда қылаң еткені болмаса, бұл сияқты шүбәлар тез ұмытылып, барлық ой ылғи жақсылықпен тынып жатты.
Қызық-ау махаббат! Адамды, әсіресе, жас адамды аяқ астынан өзгертіп, мазасыз тосын сырға, сазы бөлек жаңа күйге жолықтырып, дал етпей ме? Біздің қарындастың да басына сондай күн туған еді. Алғашқыда елемеген адамы соңғы біраз күндердің ішінде жүрегіне ойда жоқта өрт салып, ұйқыдағы сезімді аяғынан тік тұрғызды. Селқостық сейілді, тыныштық бұзылды. Паңдық құлады. Магниттің шарпуында қалған темірдей қыз жүрегін сол жігіт өзіне тартып, жіпсіз матады.
Неге сезім бұлай қауырт тұтанды? Сұрамаңдар Бағиладан оны. Бәрібір жауап бере алмайды. Сүйді әйтеуір, сол жігітті.
Керексізде жетіп келетін ұйқы да бүгін мүлдем жоғалған. Бағила төсекке жатқан соң да өз ойының шырынын жұтып, көпке дейін кірпігі жұмылмады. Ол таң тез атып, Ғаниға тезірек жолығуды аңсады.
Ал таңның атуы оған да, сүйген жігітіне де жайсыз хабар жеткізгелі тұрғанын қанша сезімтал десек те, қыз жүрегі сезбеді.
XI
Ғани көзін ашса, Есен ұйқылы көзімен оны шетке ығыстыра беріпті де, бұл койканың жиегіне сырылып, енді болмаса жерге домалап түсуге жақын қалыпты. Ол орнынан ұшып тұрды да, асығыс киіне бастады. Бірақ, шалбарын жатарда су бүркіп, матрацтың астына тастағаны есіне түсіп, тәтті ұйқының құшағында жатқан жолдасына жаутаңдай қарады. Жамбастың астындағы шалбарды тартса, оның оянып кетуі ықтимал еді. Ал Есен таңертең оятпауын жатарда бұдан әдейі өтінген-ді. Сондықтан койка жаққа қайтып жуымай, басқа киімдерінің бәрін киіп, тіпті галстугіне дейін мойынына байлап, ол айна алдына барды. Шалбарсыз киілген пиджак, галстук төгілте тағылғанымен жараспай, айнадан бір түрлі ерсі көрініп, өзі күліп жіберді. Өстіп тұрғанда есік қағылды.
— Иә, — деді ол есік жаққа еріншектене мойын бұрып.
Зинаида Соломоновна есікті ашып қалды да, «ой, сақта, құдай» — деп сасқалақтап, қайтадан жаба салды.
Шалбарсыз тұрғаны жаңа есіне түскендей, Ғанидың өзі де енді қысылып, койка үстіне отыра қойды.
— Мә, саған хат, — деді есік сыртынан Зинаида Соломоновна.
Ғани есікті сығырайта ашып, тысқа қолын созды.
— На!-деді Соломоновна хатты оның қолына салып, осыған қоса: — Тәртіпсіз кеткен, ұятсыз! — дегенді де айтып үлгірді.
— Кешіре көріңіз! Мен...
Есік тарс жабылды. Ғани конвертті дереу ашып жіберіп, оқуға кірісті. Алғашқы жолдардан кейін-ақ хат сөзі ауырлап, жаңағы бір әзірдегі көңілділіктердің бәрі лезде тарап, оның орнын қайғы торлады.
«...Шырағым-ау, саған не болған? Нендей ғана күйге ұшырағансың!.. Оқуға түсе алмасаң, қайтып келмейсің бе! Күніңді көре алмай жүргендей, біреуге хатшы болған деген не масқара!.. Қой, адаспа, балам! Елге қайт. Қызмет керек болса, мұнда да табылады. Ал, азып-тозып, мақсатсыз ақша шашып, қаңғып жүру деген абырой емес. Пәленшенің баласы оқуға түсе алмай, ақымақ болып, тентіреп кетіпті дегенді естіртпе бізге! Міне, сол себепті, өзіңді де, бізді де жұртқа күлкі қылмай, дабырасыз дереу үйге жет. Шығар алдыңда телеграмма бер. Ақша саламын. Егер ақылға көнбесең, қатты айтамын, балам, аяғы жаман болады, онда сен мені әке деме, мен сені балам демеймін...»
Соңғы сөз Ғанидың жанына батып кетті. Хаттың аржағын оқуға дәті шыдамай, стол үстіне лақтырып тастап, Есенге төнді. Алайда, түннің ортасына дейін жазу жазып, кітап ақтарып, жолдасының кеш жатқанын есіне алып, оятуға тағы да дәті бармай, кейін шегініп, тұрып қалды.
Ол сол қатты абыржыған күйде хатты қайтадан қолына алды, көзінің дәл алдына әкеліп, сарыла ұзақ қадалды. Әйтсе де, оқымады. Тек жана ғана оқылып кеткен сөздердің әрқайсысын өз алдына қайта салмақтап, солардан алғашқыда аңғарылмаған жылылық табам ба дегендей емесінмен телмірді. Жоқ, таппады!
«Әкенің мұнша таусылғаны несі екен? — деп ойлады ол. — Бір жылша мұнда болғанымда дүние өртенеді дей ме! Әлде ақшасына іші күйе ме? Немесе бұзылып кетті деп қауіптене ме? Қалай болғанда да, осынша қаһарын тіге хат жазуы ауыр-ақ қой! Тегі балам да болса, көңілі қалар-ау, деп ойламайтыны ма?..»
Ол соңғы күндерде көңілі едәуір орнығып, Алматыға үйрене бастаған еді. Ең бір зәруі-пәтер де табылып, ертең сонда шықпақ күні болатын. Пәтер! Сол да қуаныш болып па! Бәрінен де аспандағы жұлдыздай арман болған асыл жанды айтсайшы! Соған, соған қолы жетті емес пе! Қолы жеткені емей немене, кеше кешке онымен бірге отырып опера тыңдап, қолтықтасып қайтты ғой! Бұдан асқан бақыт бар ма? Болуы, сірә, мүмкін бе? О жоқ! Атама! Бағиладай сұлудың қолтығынан алмақ түгіл,көп жігіттер оның жанына жуып алсын! Бұл деген кез келген маңдайға сыя бермейтін бақыт емес пе! Мұны бағаламауды айтасыз, тіпті, бір секунд естен шығарып алудың өзі орны толмас қазадай ғой!
Сондай да асылдан без де, үйге қайт дейді-ау әке! Не деген рақымсыздық?! Не деген мағынасыздық! Жүрегін мұнда тастап, ауылға қалай бармақ? Бағиласыз қалай тіршілік етпек? Онсыз өмірде не қуаныш, не сән болмақ? Мүмкін емес қой бұл!
Әй, әке, әке! Түсінбейсіз ғой сіз мұны. Менің жүрегімдегі Бағилама деген отты сезімімнің тек зәредей ғана ұшқынын өз жүрегіңізге бір секунд түсіріп көрсеңіз, білер едіңіз, ұғар едіңіз! Әттең дүние, өз жүрегінің оты сөнген адам жаңа лаулаған жүрек жалынын сезе алар ма!..
Есен оянды.
— Сағат қанша болды? — деді ол көзін жұдырығымен уқалап.
— Тоғызға жақындады.
— Ой, мынауың не, Суворовтың солдатына ұқсап сидиыпсың да қалыпсың ғой. Мә, ал шалбарыңды.
— Есен, әкем маған қайт деп жатыр. — Ғани хатты жолдасының қолына ұстатты.
— Оһо, — деді Есен хатқа көз жүгірте отырып басын шайқап, — Сәтен ағай қаһарына мінген екен!
— Не істеуім керек?
— Не істейсің, үйге қайтасың.
Осы шынымен айтып отыр ма дегендей, Ғани Есенге таңдана қарады.
— Неменеге қарайсың?
— Осы айтып отырғаның шын ақылың ба?
— Шыным. Мен саған анада айттым ғой, хатшылық кәсіп емес деп. Тым құрыса, мамандық алатын да жұмысқа орналаспадың. Әкеңнің айтқаны да рас, бір жылың босқа өледі.
— Қызық екенсің ғой, өзің! Сеніңше Бағиламен біржола қоштасуым керек пе?
— Вот чудак! Неге қоштасасың. Хат жазысып тұрмайсыңдар ма?
— Түу, о не дегенің! Ауылға кеткен соң, ол мені не қылсын!
— Шын сүйген адам ауыл түгіл Америка асып кетсең де ұмытпайды! Білдің бе!.. Так что, достым, қызметті де, жаңа қойып, қайтуға әзірлен. Ертең қызметке бара жатып «кірмейтін болдым» деп пәтершіге айта кет те, авансыңды қайтып ал!
— Жоқ, қайтып алмаймын! Бір күн тұрсам да қайтып алмаймын!
Ғани белгілі бір байлауға келе алмай, уақыт болып қалған соң, асығып, қызметіне кетті. Есен секретарьдың тапсыруымен соңғы күндері айналысып жүрген жұмысымен үйде отырып шұғылданып қалды.
...Досанов комсомол жұмысында жас қызметкер еді. Өткен жылы Алматыда университеттің тарих факультетін бітіріп, облыстардың бірінде кетейін деп жатқан жерінен Қазақстан комсомолының Орталық комитеті араласып, өздеріне қызметке алып қалған. Бұған себеп болған қалалық студенттер жиналысы еді. Осында Есенді желіктірп, жолдастары сөйле деп қоймаған соң, ол өзінде жоқ әдетке басып, қызып кеткен де, шешендердің тобына қосылып берген. Бұрын жиналыстарда сөйлеп төселмегендіктен және ылғи өзінше даралануды ұнататындықтан, оның сөзі ойламаған жерде өзгеден өзгеше шығып еді де, жұрттың, әсіресе, басшы қызметкерлердің назарын аударған ды. Тіпті, секретарьлардың бірі оның фамилиясын блокнотына түртіп те алған. Соның аяғы келіп, комсомол қызметімен тынған-ды.
Дегенмен, қолына тізгін тимесе де, ол өз жұмысын жаман атқармады. Жүктелген, тапсырылған істерді аса жауапкершілікпен адал орындап жүрді. Орталық комитет те оның бұл соңғы қасиетін аңғарып, қолынан іс келеді деп ұғып, біраздан кейін оны Алматы облыстық комитетке бөлім меңгерушісі етіп, жауапты қызметке ұсынды. Соңғы айларда ол сол жаңа қызметте жүріп жатты.
Дербес жұмысқа ауысқан соң, оның делебесі қайта қозды. «Дара қасиетті» танытар кең жол енді ғана ашылғандай сезініп, ол өзі басқарған белім жұмысына тез арада-ақ бір жаңалықтар енгізіп тастауға ұмтылып, іске құлшынды. Ал бұл жаңалық дегеніңіз, бірақ оңайлыққа түспеді. Ол үшін сол жұмыстың бүгесі мен шігесіне дейін жақсы білу керек болды. Бұған келгенде ол амалсыз мүдірді. Осыдан бастап жалпы комсомол жұмысының жастар өмірінің терең сырларын білуге жан салды. Осындай іздену үстінде жүргенде, облыстық комсомол конференциясы шақырылмақ болғаны оны қатты қуандырды.
Конференция болады! Комсомолдың үздік ұландары бас қосады. Үздік ойлар, тың пікірлер ортаға түседі. Жұмыс тәжірибелері-бұл білмейтін сырлар, ащы-тұщы өмір шертіледі! Комсомол жұмысының ойы мен қыры, бүгесі мен шігесі алақанға жайылады! Тек ой жіберіп, айтылғандарды көкейіне тоқи біл!
Конференция! Сен, бір ғана сөз болсаң да, мағынаң бейне шалқар ғой. Ой жібере сүңгіген жан сенің тұнығыңнан өмірдің қаншама сырын түйеді? Бәрінен де бұрын миллион жүректердің соғысын тасқынды толқынының шуынан тыңдап қалмаймыз ба!.. Соның өзі неге тұрады!..
Бұрын, студент күнінде, тіпті Орталық Комитеттің өзінде нұсқаушы болып жүргенде де, Досанов конференцияға мұндай маңыз беріп көрмеген еді. Жалпы жиылыс атаулыға ол селқос қарайтын. Қатысқанымен, белсеніп тыңдай да, көп нәрсені пайымдай да бермейтін. Сондықтан жиналыстардан оның алатын әсері аз болып, аққұла шаршап шығатын. Онысына енді өкінеді. Неге содан бері құлақ түріп, ықылас қойып, комсомол жұмысын біле бермеген? Міне, сол білмегендіктің салдарынан белім жұмысын қайтсе жандандырудың лажын таппай, дағдарып қалғаны мынау. Рас, әзір оған ешкім басқара алмай отырсың дегенді айтқан жоқ. Алайда бұған қарап көңілді тоқ санауға болар ма... оған келмей жатып кім не дей қойсын. Ол әлі алда ғой. Кезегі келгенде айтылатынына сөз бар дейсің бе.
Конференция! Жер бауырлаған өнімсіз жортақтан қанат бітіріп, көтеріп әкетер құдіретті күш сенсің! Жана бет алысты да сен сілтейсің!.. Алынбаған жаңа қамалға да сен бастайсың!..
Есен конференцияға осындай бір іштей құлшынумен әрі зор үмітпен келді. Ол залдың алдыңғы қатарларының біріне отырып алып, қойын дәптерін тізесіне жайып салып, сөйлеушілердің ауызын бақты.
Баяндамалар өтті. Жарыс сөздер қызды. Осы қажет-ау деген пікірдің бірін қалдырмай, Есен ерінбей жазып отыр. Кейде күлімсірейді, кейде қабақ шытады, ал кейде маңдайын ұстап, жaзбай отырып қалады. Ол сонсоң бір сәт сөйлеушілерден көзімен, залға қарайды. Әртүрлі қалыпта отырған, әртүрлі жандарды көреді. Біреулер дәл мұның өзі секілді қадала жазудан босамайды. Біреулер қағаз, қаламын алдына тастап, қыбырсыз, үнсіз тыңдайды. Енді біреулер мойынын төмен салбырата итке үңіліп, өзгені аңғармайды. Ал, бағзы біреулер бірімен бірі иық соғыстырып мырс-мырс күліп, өзара жымыңдасады. Залдағылармен, президиумдағылармен ондайлардың жұмысы да болмайды. Қызық-ау адам деген!... Конференция! Көп үміт күткен конференция! Кәне, не бердің, сен Есенге?
Басталмас бұрын Есен конференцияны сан түрлі асыл кендердің сарқылмас қоймасына балаған еді. Келесің, келесің де, қалағаныңды керегіңше көсіп ала беруге тиіссің.
Осылайша тырбанып, пайдалы кенді осылайша тапқанымен, конференциядан ол, шынын айтқанда, алғашқы өзі күткендей әсер ала алмады. Оның шамалауынша конференцияда сөйленін сөздерде пайдалы кеннен гөрі пайдасыз рудалар көп ұшырасқан тәрізді. Соның ішінде әсіресе, жансыз, жаттама, жасық сөздер жанды ауыртты. Өйткені, ешкімге ешнәрсе бермейтін, айтылсын, айтылмасын, орыны я толып, я ортаймайтын кілең цифрлармен септестірілген бұл сөздері бірнеше шешендердің ауызынан жалғаса шығып, арагідік жылтыраған ой-пікірдің асыл кендерін көміп кетті де, сөз рудасын қалыңдатып жіберді. Мұндайлар қайсысы шығып сөйлесе де, әуелі табысты тізді, одан кейін кемшілікіті жағалады, одан кейін тиіп-қашып сынға соқты, ақырында бері дерлік сөздерін уәдемен бітірді.
— Бұл не? деп ойлады Есен, — бірінің ауызынан бірі жаттап алғандай бұлар неге бір үлгімен, бір сарынмен сөйлейді? Неге өзінше сөйлеп, неге өзінше ой айтып, өзінше бір тың мәселелер қозғамайды? Тереңге сүңгімей, саязда шалпылдату деген оңай әдіс қайдан шыққан, қайдан тараған? Мұны біздер, кейбір комсомол қызметкерлері, неге ойламайды екенбіз?
Тегінде, бәрінен де бұрын, бізге ең алдымен осы жайын ойласу керек-ау. Мына тар соқпақ, жаттама сарын жойылмай, сүрлеу таптап, із шарлап, бір орында шыр айналып жүргеніміз ғой...
Осы ойын өзінше қатты толғана кеп, үгіт-насихат жөніндегі секретарьға айтып еді, ол жымиып күлді де:
— Мен саған комсомол жұмысына тереңірек бойла деген кеңес берер едім. Ал жиналыстардан аларың әрқашанда аз болады, — деді.
Есен:
— Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз, — деп дау айтуға оқтала беріп еді, Батталов қолын әнтек көтере қойды да, саусақтарын қыбырлатып тоқта деген ишарат білдіре, өзі сөйлеп кетті.
— Сен естідің бе, таяуда конференцияның қорытындысына арналған актив өткізетін болдық. Баяндама жасау маған тапсырылып отыр. Соны сен дайындасаң деген ой бар. Бұған қалай қарайсың!
— Қолдан келсе...
— Қолдан келеді ғой. Тек есіңе мынаны саламын. Сын мен өзара сынды баяндаманың өн бойына ту етіп ұста. Ешкімнің бет-жүзіне қарама. Ұқтың ба? Әрине, қол жеткен табысты екі бастан айтасың ғой. Оны ескертпесем де болады.
— Біздегі кейбір шаблонға қарсы пікір айта кетуге бола ма? — деді Есен өз көкейін тырнаған ойларын жүзеге асыруға баяндамасын пайдаланып қалмақ болып.
— Пожалуйста! Ретін тапсаң, айтып көр. Тек нақты фактың болсын...
Қабиболла Батталов төртбақ денесі тығыршықтай, кіп-кішкентай жігіт болатын. Оның бойында екі нәрсе ерекше көзге түсетін. Қобыраған шашы қаша сулап тараса да, не шалқасына, не қырына жатпай үрпиіп, кішкентай маңдайына шашылып түсіп тұратын да, оны сүйкімсіз көрсететін. Екінші ерсілігі-оның қолы еді. Қайда отырса да, қайда жүрсе де, ол екі қолын өмірі жанқалтасынан шығарған жан емес-ті. Тіпті қызметте отырғанның өзінде қолы қаламнан босап кетсе (ол жазуға жалпы жоқ болатын), жанқалтаға жетіп баратын. Біреу амандасқан шақта оң қолын қалтасынан жөпелдемде суыра алмай бөгеліп, сәлемдескен кісіні бірнеше секунд күттіріп қоятын да әдісі болатын. Сырын білмейтіндер мұнысын төрешілдікке жатқызса, сыр мінездер жаман әдетке санап жаратпайтын. Бірақ, мұның екеуі де оны мазаламайтын. Өзінің бұл әдетін ол мүлде аңғармайтын, екі қолды қалтаға салып, маң басып жүру, немесе екі аяқты столдың астына созып жіберіп, креслоға шалқая отыру, қайта, оған жарасып тұратындай және сес бітіретіндей көрінетін.
Сол ежелгі әдетінше, ол екі қолын қалтасына салған күйі орнынан тұра келіп, қысқа аяқтарын өзінің бар салмағымен еденге нығай басып, столдың артынан шықты да:
— Ал, басқа айтарың жоқ болса, іске кіріс, — деді.
Есен бір ғана тілек айтты:
— Материалдарды реттеп алғаннан кейін маған баяндаманың өзін үйге отырып жазуға рұқсат етіңіз. Кеңседе дайындау қиындау соғады.
— Оны ойластырайық, — деді секретарь тайсақтап.
— Ойластырғанда...
Дәл сол сәт басқа бір ой ғайыптан түсе кеткендей, Батталов оның сөзін бөлді.
— Жарайды, оныңа да келісейін. Ал, бірақ туысқан, баяндама баяндама сияқты болсын. Саяси жағынан ұстамды, теориялық жағынан терең шықсын, ұқтың ба?
Есен, әрине, ұқпадым демеді...
Ол соңғы күндерде өмір құбылыстарын, фактыларды зерттеп, керегін сұрыптап алып, классиктерді, қаулы-қарарларды, түрлі өзге де кітапшаларды ақтарды. Содан кеше кештен бастап жазып, әбден қалжырап барып, түннің бір шағында ұйқыға кеткен-ді.
Ол, қазір сол түндегі жазғандарын қайта оқып, жол жөнекей түзетулер, қосымшалар енгізіп, ілгері жылжи алмай, өзі малтығады. Әсіресе, баяндаманың кіріспесі ұнамады. «Жаттама сөз, тар соқпақ» деп өзгелердің сөзіне сын тағып жүріп, өзі де соған бой ұрып кеткенге ұқсайды.
Жазғандарының алғашқы екі-үш бетін бір бүйірге сырып тастап, жаңадан бастамақ болып қағазға қайта шұқшиды.
«Жолдастар! Бізде қалыптасып алған бір әдет бар. Ол әдет бойынша әуелі жалпы жағдай туралы кіріспе сөз айтылады, Одан кейін табысты, содан соң барып кемшілікті тізіп шығуымыз шарт. Мен өз баяндамамда бұл салтты сақтамасам деп едім. Неге десеңдер, мұның өзі біздің кейбір қызметкерлерді қызыл сөзге ұрындырып, соқпақшыл еткеннен басқа түк бермей жүр. Сіз оны айтасыз, бұл шаблон дегеніңіз жиналыстарда сөйленетін сөзде ғана емес, күнбе-күнгі істе де қанатын жайып алған. Мәселен, біздің көптеген жергілікті ұйымдарымызда қаулы-қарарлар да, ең аяғы қатынас қағаз, анықтамалар да кілең біркелкі сарынға түсіп, былтырғысы, өткен жылғысы, оның аржағындағы документтердің көшірмесіне айналып, жалпы ой жұмсалудан қалып бара жатқаны бекер дей аларсыздар ма!..»
Қаламының ұшы қағазға тырналып, Есен кілт тоқтады. Сөйтті де, аз ойланып, жаңағы жазғандарына крест тартты. «Біріншіден, — деп ойлады ол, — тіпті де тың бастау емес. Кішіпейілдік аз, менмендік басым, түк пікірсіз құр мақтан сөз. Екіншіден, шындық дәл берілмейді, пікір екі ұшты айтылады, мына қалпында бүкіл комсомол ұйымына көлеңке түсіреді, жаңсақ қорытындыға апарып соғады... Демек қате...»
Ол бұдан соң да ойланып, көп отырды. Ойлана-ойлана жалықты ма, әлде көңіліне қонар, іздеген сөзін тапты ма, бір кезде қаламы жүріп, алға жылжыды. Ол сол бетімен тоқталмай жаза берді, жаза берді. Кіріспеден шығып алған соң, өзінің бұрынғы жазғандарына онша көп бөгелмей, бара-бара құлашы қатты жазылды.
Дәл осы бір шабытты сәтте секретарь кіріп келді.
— Иә, туысқан, қалай болып жатыр? — деді ол Есеннің жазу столына төніп.
— Қабеке, жаман емес, жылжып барамын, — деді Есен жайдары жүзбен.
— Сен маған эскизіңді оқышы.
— Менде ондай ештеңе жоқ. Тура баяндаманың өзін төпеп жатырмын.
— Солай ма? Ендеше соныңның өзін тыңдайық.
Есен оқыды. Батталов әр тұста, қозғалақтап, бір селт етіп қалып отырғаны болмаса, бөгемей, үнсіз тыңдады. Бұл Есенге одан сайын шабыт беріп, оны қанаттандыра түсірді.
— Біттің бе? — деді Батталов бір кезде.
— Жазғаным бітті. Жалпы аяқ алысым қалай? Соны айтыңызшы, — деп Есен секретарьға жалтақтады.
— Нашар! — деді Батталов басын шайқап.
Есен мұны күтпеген еді. Ол аңырып:
— Түсінбедім, — деді.
— Түсінбейтін түгі жоқ. Неден бастап, немен аяқтарды білмегенің. Ең алдымен қазіргі халықаралық жағдайды, жалпы обстановканы, партия мен үкіметіміздің қаулы қарарларын шолып алып, аржағындағы айтпақ ойларды содан туғызып, жалғастырып әкетпес болар ма.
— Олай бастау барлық баяндамаларға бірдей шарт дейсіз бе...
Батталов басын бір жағына қисайта, суық жымиып алды да:
— Сен мынаны ұғасың ба? — деді, — мен жаман-жақсы болайын, обкомның секретарымын, ресми адаммын. Ал ресми адаммын. Ал ресми адамдардың сөзі де ресми болмақ. Мұны көрмеуің саяси саяздығыңды, басшылық жұмыста ысылмағаныңды аңғартады. Шынымды айтайын, мен сені мұндай деп ойламаған едім.
— Менімше ресмилік деген формаға ешқандай қысым жасауға тиіс емес, формада біркелкілікті тіпті де білмейді ол. Ресмилік ойда, яғни мазмұнда. Ал, формада оның жұмысы болмасқа керек. Мазмұнды тыңдаушыға қалай жеткізеді, қандай жолмен жеткізеді-ол әрбір ресми адамның өз жұмысы. Өзіңіз ойлаңызшы, әр ресми адамды өзгеге ұқсамай, өзінше сөйлесуден кім тыя алады. Ол деген тіптен мүмкін емес қой...
— Сен, туысқан философияңды қоя тұр. Мәселеге конкретно кел. Форма, мазмұн деп айғайлағанмен ол бізге баяндама болмайды. Осы өзіміз тыңдап жүрген баяндамалар сияқты түсінікті етіп жазу қолыңнан келе ме, жоқ па, соны айтшы.
— Мұның несі түсініксіз? Меніңше, түсінікті-ақ...
— Түу, сен өзіңе, қызық жігіт екенсің!... Кәдімгі жалпақ тіл бар ғой, түсінікті деп міне соны айтады. Ұқтың ба?
— Меніңше бұл да..
— Меніңше! Меніңше! Сеніңшеңді қайтемін, маған партияның саясатын айту керек деймін, ұқтың ба?..
— Сіз мені тұйыққа тіреп тастадыңыз.
— Жоқ, сен мені тұйыққа тіреп отырсың, Саған сенемін деп, ұятқа қала жаздаған жайым бар...
— Білмеймін, тарының қауызына сыю деген қиын-ақ.
— О-очень громкои нескромно! Әрі манадан бергі әңгімеңізден ештеңе ұқпағандығың да танылып жатыр. Жаль! Жаль!..Басыңды бір мағынасыз мұнар ойлап билеп алған. Әсіресе, сол өкінішті. Егер бұдан былай комсомол аппаратында қызмет істейтін болсаң, бұл дертіңнен біржола айығуға тура келеді. Ұқтың ба?
Есеннің шеке тамыры білеуленіп шығып, түсе өзгеріп жүре берді.
— Тағы не айтасың? — деді ол зілмен. Батталов та оның қызара түскенін шамданып, қатты-қатты сөздер айтып салды.
— Сен, өйтіп, кісімсіме. Ұқтың ба?! Аяғың аспаннан салбырап түссе де, сендейлерді тәртіпке шақыруға құдіретім жетеді. Менің құдіретім жетпесе обкомның, секретариаттың құдіреті жетеді. Ұқтың ба?.. Әдейі саботаж жасап, тапсырманы қасақана орындамадың, мен осылайша қоямын... иә, иә, сенімен енді секретариат алдында сөйлесеміз!..
Есен бұл соңғы сөзге құлақ қоймады. Оның жан дүниесі астан-кестен болып: «осы мен шынында да, ешнәрсені ұқпай, сақал бояп алғалы жүргеннен саумын ба?» деген шүбәға кеп тіреліп, ми батпаққа түсіп кеткен адамдай, ой құрдымына біртіндеп батып бара жатты...
XII
Қас қылғандай, қызмет те бүгін көбейіп кетті. Таң атқалы дамыл болсайшы. Анасы бір келеді, мынасы бір келеді. Қайта-қайта шылдырап, телефон да бір жағынан құлақтың етін жейді. Тығыз шаруасы болса бір жөн ғой, көбі әшейін босқа әурелеп, жоқтан өзгені сұрайтынын қайтерсің.
Қалт етісті күтіп, Ғани қатты асығып отыр. Кабинеттен министр шықса болды, бұл да өз шаруасын тындыруға жөнелмек. Бірақ, мұның сорына министр бүгін келушілерді ұзақ қабылдады. Министрлер Советіне барамын деп кейде кетіп қалатыны да болушы еді, бұл жолы оны да ұмытқандай.
Бұрын Ғани мұнда ылғи мүгедектер, кем-кетіктер ғана келетін шығар деп шамалайтын. Республикалық мекеме болған соң оның келім-кетім қонағы, түрлі ұйымдармен байланысы табиғи екенін ол енді ғана ұға бастағандай. Әр қилы адамдарды қолынан өткеріп жүр.
Ал, бүгінгі күн төтенше. Мұндай қарбаласты ол осында келгелі бірінші көруі... Солардың кейбіреулеріне іштей жаратпай қарайды.
«Ана біреу қарны шартиған, жуан сарымен анаған да, мынаған да көзін ойнақшыта төңкерген, жібек ақ пиалайды білегіне дейін киген ақ келіншек кеше де, бұдан бірнеше күн бұрын да келген еді. Не қылған соншама таусылмайтын жұмыс бұлардікі!» Және кабинетке бір кіріп алса, көпке дейін шықпайтынын қайтерсің, өзгелерді иіріп қойып, бұл екеуінің бірінен соң бірінің әбден сарғайтқаны есте...
Сары насыбаймен томпиған астыңғы ерніне тілін дамылсыз апарып, дорожкаға шырт-шырт түкіреді де, табанымен үйкеп-үйкеп қояды. Сөйтіп отырып өзінше мәдениетті болғансып, шіреніп, қайта-қайта тамағын кенеп, тыжырынып, басқаны көзіне ілмейді. Іштен адам шықса, ешкімге қарамастан, кабинетке қойып кетпек болып, мойнын солай соза сұғынып отыр.
Есік жақтан бір дабыр естілді. Ғани да, отырғандардың бәрі де солай алақтасты. Жолындағылармен дабырлай амандаса орта жастағы, денелі еркек пішінді, қайқы ерін, қара әйел сампылдап сөйлей кірді.
— Бала, амансың ба? Министрің өзіңде ме? — деді ол Ғанидың алдына төніп.
— Өзінде.
— Іште біреу бар ма?
— Бар.
— Көп отыра ма оның?
— Кімді айтасыз? — деді Ғани.
— Әлгі отырған кісіні айтамын.
— Оншасын білмедім.
— Неге білмейсің? Кіргенде сұрап қалмаймысың? — Ол отырғандарға қарады.
Менің жұмысым бір минуттік қана, кіремін де шығамын. Қарсы бармайсыздар ма?-Ешкім үндей қоймады. — Алда-жалда ренжитін болсаңдар амал бар ма, күтейін тегі, томсарысып, қабақтарың түсіп кетті ғой.
Жуан сары әйелге ала көзімен бір қарап өтті де, оның өзгелермен айналысып кеткенін пайдаланып іштегі адамның шығуын күтпестен, кабинетке қойып кетті. Ғани оған тоқтаңыз деуге де үлгермеді.
— Неге кезектен тыс жібересің? Күтсе, майы еріп кетер дедің бе? — Балдақ асынған тапал қара жігіт Ғаниға шүйлікті.
— Көрдіңіз ғой, сұрамастан кіргенін, — деді Ғани.
— «Көрдіңіз ғой»! Сен мұнда неғып бағып жүрсің?
— Мен сіздердің қайсыңызбен төбелесеміз.
— Министрдің алдынан ба? Олай ете алмаймын.
— А, неге?
— Сіз де қызық екенсіз, — деді екінші біреу балдақтының қолтығына су бүркіп, — танысқа келгенде тәртіп артын қыса тұрмай ма?
— Қайдағы танысты айтасыз? — деді Ғани.
— Танысың болмағанда кімің дейсің?
— Сізбен қандай таныс болсам, онымен де сондай таныспын.
— Көрдің бе, бұл қазақ деген қулық-сұмдыққа жастайынан пәле келеді.
— Ойланып сөйлеңіз, — деді Ғани қабақ шытып, — менде де тіл бар...
— Иә, тілің болса қайтейін!.. Қара кісімсуін бездельниктің!
Не айтады осы біреу?.. Қулық дей ме? Бездельник дей ме, — ұқса бұйырмасын! Қолынан келгенше қызмет етіп, әр қайсысының бабын табуға бар жанын салып жүрсе де жақпайды-ау бұларға! Әсіресе, соңғы сөзді айтсаңшы, сол өзі «бездельник» дегеннің орысша мағынасында түсініп айта ма екен?.. Жұрт қатарлы қызмет істейді, керек болса, кеңседен сегіз сағат табан аудармайды. Ендеше қалайша бұл бездельник болады? Ұға ма тегі мынау соны?!
Осыларды қабақ шыта ойлап, ыза қысса да, өзіне-өзі тоқтау салған Ғаниды тағы біреулер ащы тілмен сұққылап:
— Не қыласыз сөзіңізді қор қылып, бірдеңе түсінетін адам болса, оқуды тастап, біреудің есігін күзетіп отырар ма еді? — деп күңк етті.
Манадан бергі айтылғандар тек қана налытса, ал мына сөз талмау жерден тиген соққымен тең болды. Ғани тап бір қылмысының үстінен шыққандай, үні өшті.
— Сендер немене, балаға сонша шүйлігіп кеттіңдер, — деді еркек пішінді әйел балдақтыларға.
— Ылғи танысын жібереді... Күндегі әдеті осы.
— Соқпаңыз өтірікті! — деді Ғани төзе алмай.
— Ал, мен бе өтірік айтатын? — деп балдақты көзін ежірейте Ғаниға қарай ұмтылды.
— Тоқта! — деді қара әйел. Дауыстың өктем шыққандығы сондай, балдақты өзінің қалт тұрып қалғанын да алғашқыда аңдамады,-сақалды басыңмен балаға тиісіп, шатасуға ұялсайшы! Не қара басқан өзіңді!..
— Неге тілдейді мені ол?!
— Тілдеп тұрған өзің ғой...
— Сіз босқа араласпаңыз, ұқтыңыз ба?
— Өй, өзің қызық жансың ғой, тегі. Немене, енді менімен салғыласқың келе ме!.. Ал баста!.. Тілегенің сол болса, ит теріңді басыңа қаптайын... мынау өзі шындап келеді ғой. Қой, қой! Ұяттағы! — Ол отырғандарға күлімсірей қарады. Олар бастарын төмен салып, үнсіз жымиысты, — Әне, шықты аналар... бар кір! Тек керісіп отырып алмай, тез шық!..
— Сіз маған үйретпеңіз...
— Жарайды, жігітім, қой енді, — деп тұрғандар балдақтының аузына құм құйды. Ол таяғын еденге сарт-сарт еткізіп, тұлданған бойда кабинетке сүнгіді.
— Осындайларды су қаным сүймейді! — деді ақ қолғапты әйел қасын керіп.
— Сіз, немене, кезексіз кіріп, жұртты сонша шулатқаныңыз? — деді қара әйел жуан сарыға.
— Маған айтасыз ба? — деді анау, көзін сүзе ыржия күліп.
— Иә, көкешім, сізге айтамын, — деді қара әйел соның өз мақамымен.
— Кешірерсіз, біздің ондайымыз боп тұрады, — деді сары шығып бара жатып артына бұрылып.
— Жазған-ай, а! Айтпай-ақ ұқтырдың өзіңді!..
Денесі ғана емес, сөзі де, мінезі де ірі, еркекшоралығы басым осы әйел сонда отырған кейбіреулерге әр нәрсеге орынды-орынсыз араласа кететін мінезі үшін ұнамаса да, Ғанидың жанына жағып кетті.
— Бала, мен телефон соғып алайыншы, — деді әйел. Орайын тапса сөйлесуге, алғысын жаудыруға асығып отырған Ғани:
— Соғыңыз апай, — деп орнынан ұшып тұрды.
— Отыра бер... Алло! Ғайшамысың! Мен Күлжанмын... Сен қатын, мені біраз күтетін болдың... иә, деймін. Адам көп. Қызық екенсің ғой, бұл еркек деген халықта ұят бар ма. Көздері бақырайып-бақырайып отыр, жіберу бірінің де ойында жоқ... жарайды, қысқарт! Сөзің біте ме сенің... кетіп қалушы болма!.. Бірге барамыз.
— Бізді құрттыңыз ғой, жеңгей, — деді тұрғандардың бірі күліп.
— Орталарындағы не бәрі екі әйелді сыйлай салу біріңнің қолыңнан келмесе, енді не демекпін?
— Бәсе десеңізші, осы еркектер мәдениетті қашан үйренер екен! — деп ақ пиалайлы әйел бір жасап қалды.
— Жеңгей-ау, сіз өзіңіз кірмедіңіз ғой, — деді бір жігіт қара әйелге.
— Кірейін бе деп едім, бәріңнің де қабақтарың түсіп кетті.
— Жақсы, біз айыпты-ақ болайық, қазір кіре қойыңызшы.
— Жоқ, енді кірмеймін! Сұрап алған құрметте ләззат та жоқ.
— Сіз бізді онда ренжітесіз.
— Қалжыңға айтамын. Күтемін, уақытым бар, — деп қара әйел өктем қалжыңның аяғын шын сөзге сайды.
Айтқанындай-ақ жұрттың ол ең соңын күтті.
— Апай, сізге мен қалай рақмет айтарымды білмей отырмын, — деді Ғани дауысы дірілдеп.
— Неменеге рақмет?..
— Сіз мені...
— Не, өзің сонша... жас деген қылыштай қылпып тұрушы еді, тегі тумай жатып қартайып не қылған жансың? Айтшы, неге жабырқаусың? Әке-шешең бар ма тегі?.. Е, бар ма? Шырағым-ау, ендеше мұнда не ғып жүрсің? Мүмкіншілік барда оқымаспысың...
Ғани өз жайын қысқаша баяндап өтті.
— Ал, мұның тіршілік бола ма? Үйсіз-күйсіз жүріп, шырағым-ау, бұл қалпыңмен азып-тозып кетесің ғой тегі.
Ғанидың мойыны төмен салбырады. Көйлегінің кеңдеу жағасы мойнынан алыстап, желкемен аралық үңірейе қалды да, Күлжанның көзі сол араға түсті. Сыртқы бөлек жаға таза болғанымен, көйлектің өз жағасының астыңғы қабаты кір еді. Ол бірден соны аңғарды. Бірақ Ғаниды ұялтқысы келмей, ол жайында үндемеді.
— Өз жайыңды мықтап ойлауың керек.
— Апай-ау, ойлағанда не істеймін?..
— Не істеймін дейсің бе?.. — Күлжан да бөгелді.
Іштен соңғы адам шықты.
— Ал, апай, министр бір жаққа кетіп қалмай тұрып кіріңіз.
— Жақсы. — Ол орнына тұрды. — Сен, дегенмен, біздің үйге келші. Балаларыммен таныстырайын... Жалпы әңгімелесейік... ұмытып қаларсың, жазып ал. Комсомольская 115. Сағынаева. Қашан келесің? Бүгін бе?
— Жоқ, апай, ертең кешке барайын.
Ғани қызметтен шығып алып, Нұри жататын жатақханаға тартты. Ол сабақтан әлі қайтпапты. Бұл сол жерден трамвайға отырып институтқа барды. Коридорда тосуды ыңғайсыз көріп, ол жолдасын қақпа алдында күтті.
Қоңырау соғылмаса да, біреулер шығып, тарай бастады. Солардың арт жағында аяғын жай басып, шеттері мүжілген, ақ қайыстана бастаған қара портфелін қолына ұстамай, қолтығына қысып, қайта-қайта қақырынып келе жатқан біреуге Ғанидың көзі қадала кетті. Сөйтті де жалма-жан жалт беріп, жолынан ауытқысы келіп еді, анау тура қарсы келіп қалғандықтан үлгірмеді. Ол да, бұл да бір-біріне бажырая қарасып, ең аяғы бастарын да иземестен, үнсіз өте-өте шықты.
Ғани артынан өкінді. «Неге амандаспадым?- — еп ойлады. — Өзін сыйламаған күнде де, Бағила үшін сөйтуім керек емес пе еді?.. Иттік қой мұным!.. Қашан ғана осындай нәрселерге дер кезінде ми жетеді?»
— Өй, бұл өзіңбісің? — деген таныс дауысқа Ғани жалт бұрылды. — Атаңды күтіп тұрсың ба? Мені күтіп тұрсың ба? — Нұри істік мұрнын одан сайын шошайта, шолақ қайыра күліп алды.
Ғани Шәкірді көргенін айта жаздап барып, өзінің сәлемдеспегені тағы да есіне түсті де, ұялғанынан үндемеді.
— Мен, Нұреке, сізге келдім. Тағы да бір жайсыз хабармен келдім.
— Немене, таныспай жатып, қыздан айрылып қалғаннан саумысың?
— Жоқ...
— А, ендеше түк емес... өзін әйтеуір бері қараттың ғой?.. Молодец!.. Ондай қыздың жолында салпақтауға болады... Әттең, жастау!.. Әйтпегенде өзім түсетін едім соңына. Өй, ей! Аузыңды томпайтпа, ойнап айтам! Сенікі, сенікі, бауырым!.. Кеттік пе? Анау жағы қалай?
— Нені айтасыз?
— Аздап тастап алмаймыз ба...
— Нұреке, менде нансаңыз, бір тиын жоқ...
— Сенде жоқ болса, менде бар. Сол да уайым болып па?.. Онда «Алматыға» кеттік. Қыз, қатын мәселесін сонда отырып шешейік...
— Ресторанға бармай-ақ қойсақ қайтеді.
— А, қызға үлгермеймін деп қорқып тұр екенсің ғой... онда мына бұрыштан-ақ ат шалдырайық... жөн бе?..
— Мен ішпей-ақ қойсам қайтеді? — деді Ғани көк будкаға сүйеніп тұрып.
— Тек, айтпа ондай сөзді! Жүз бе, жүз елу ме? Бол.
— Жүз! — деді Ғани ақырын.
— Аз болмай ма?
— Жоқ, жетеді.
...Ғани өз қайғысын өзгеден де гөрі Нұри ұғар деп келіп еді. Бұл да Есен секілді салқын қанмен қабылдап, мұның өзіне сұрақ қойып есін шығарды.
— Сен сонда үйіңе қайтпасам дейсің бе?
— Нұреке-ау, өйтпесем, Бағиладан айрыламын ғой...
— Барлық қорқынышың осы ма?
— Бұл оңай дейсің бе... оның үстіне... мен... ауылға баруға тіпті көңілім соқпайды. Айтыңызшы, не бітірем барғанда?.. Мұнда қанша дегенмен... өзіңіз білесіз ғой...
— Шынымды айтайын ба, — деді Нұри иегін кекшең еткізіп, — егер маған салсаң, үйіңе бар, әбден дайындалып алып оқуға ендігі жылы бір-ақ кел. Ал әлгі қыз деген мәселең.... айдың, күннің аманында болмаса... мұндайда, бауырым, жай нәрсе...
— Түу, сіз қызықпысыз, мен деген өлердей сүйсем қайтемін...
— Бауырым, айтпа оны маған. Сүйемін, күйемін дегендерің детский разговор...
Қызық! Қалайша баланың сөзі болды? Махаббатты ойыншық дей ме?! Жүрегін қуанышқа толтырған адамды бір күн көрмесе жан дүниесі өртеніп кететіндей қинайтынын сезе алмайтыны ма! Түсіп көрсе ғой, мұның халіне, білер еді сонда жақсы көрген адамды көзден таса етудің не екенін!..
— Сен ойлама, осы не сандырақтап тұр деп. Мен сенің қазіргі қалынды жақсы-ақ ұғып тұрмын, — деді Нұри жымиып, — сен деген қазір көзсіз көбелексің... жоқ, өзіміздің түсінікті тілмен айтсам: массың. Араққа емес, сұлу қыздың буына массың... Ал, мастық деген, бауырым, уақытша нәрсе... бір кездерде таранды, есің кіреді, сонсоң барып тіршілікті ойлайсың. Ал тіршілік көлденең тартылған соң сұлу қыз ұмтылады...
— Неге ұмытылады?!
— Очень просто!-деді Нұри алақанын жайып. — Екеуің де әлі тым жассыңдар. Ең кем дегенде 5-6 жылдан кейін ғана тұрмыс құрасыңдар. Солай ма? Солай болса, біріңнен бірін, айырылыспай соған дейін жүрем деп ойлайсыңдар ма?.. Ертең-ақ жөндеріңе кетесіңдер. Сен кетпеген күннің өзінде қыз кетеді... Оқуын бітіреді, кетпегенде қайтеді!.. Сені күзетіп отырмақ па?.. Мүмкін емес қой, достым-ау!.. Вот, бауырым, көрдің бе, бүгінгі көзсіз сезімдер аққұла қол байлау болады да, келе-келе амалсыз өшеді... Рас па осыным?..
— Білмеймін! — деді Ғани тұнжырап.
— Білмейтін ештеңе жоқ. Келешегіңді ойла. Қыз ешқайда қашпайды. Әлі талай қызбен танысып, талай қызбен қоштасасың. Бұл жағынан, бауырым, бірталай сауатымыз бар.
— Маған Бағиладан басқа ешбір қыздың керегі жоқ!..
— Ну, хорошо. Егер ол да сені сүйеді екен, құба-құп. Жүре бер. Күтсін!..
— Сонымен не істе дейсіз маған?..
— Бағилаға бар да, шыныңды айт! Күт, ендігі жылы келемін де! Ар жағын тағысын-тағы көре жатарсың.
Айтуға бәрі оңай-ау! Нәтижесі, нәтижесі не болмақ? Алдымен бұл хабар Бағилаға қалай әсер етпек? Оны қандай күйге салмақ? Жаңа үндесіп, бір соққан қос жүрек ырғағынан жаңылып, махаббат жыры ортасынан үзіліп кетсе қайтпек? Ақыл қосушылар мұны неге ойламайды? Ойласа, неге басқаша ақыл қоспайды?
Жақсы-ақ, айтайын Бағилаға, күт дейін. Ал, сонсоң? Одан арғысын ойлаған жан бар ма?
Егер күтпеймін десе?..
ХІІІ
Керістің аяғы обкомолға барып тірелді. Батталов қояр да қоймай жүріп, Есенді екінші секретарьдың алдына шақыртты.
— Иә, жолдас, — деді екінші секретарь Есенге, — тапсырмаларын неге орындамадың?
— Жоқ, мен тапсырманы орындадым, яғни орындауға өзім-ақ мықтап кіріскен едім. Оным Батталов жолдасқа ұнамады...
— Ұнамады!.. — деді ұнатпаған Батталов мұрнын тыржитып, — облыстық комсомол ұйымына саяси кінә тағып, обкомды масқаралап жатсаң, мен сені арқаңнан қағуым керек пе?
— Саяси кінә, саяси кінә деп қоймайсыз, сіз сол саяси кінәңізді айтыңызшы! — деді Есен де қызарақтап.
Батталов көзі ежірейіп, ішкі төс қалтасынан Досанов жазған баяндаманы жұла суырды.
— Мынаны сен емей, мен жаздым ба? — Ол лекіте оқи жөнелді — «Біздің көптеген комсомол ұйымдарында өздігінен талпыну аз, формализм басым. — «Көптеген» деген сөзді Батталов дауысын көтере екі рет оқып, екінші секретарьға көзінің қиығымен қарап-қарап қойды.-Олар көбіне қағаз жазумен өмір өткізіп, қағаз жазумен әуреленеді. Комсомол жастарды қызу іске бастау деген көпшілігінде жайына қалады, басқа қоғам ұйымдарына да себі тимейді. Әздігінен жарытып ештеңе тындырмай, науқандарда өзгелерге қосарланып, әшейін босқа айқайлап жүретіндері де кездеседі...» — Батталов басын жоғары көтерді де, Есенге бажырайды. — Мен өтірік оқып отырған жоқпын ба? Мойындайсың ғой? Олай болса, біздің жауынгер штабымызды, төрт орденді Ленин комсомолын бұлайша шөмитіп, келеке етуге кім саған право берді?
— Сіз әр әріптің астын сызып, сөйлем мен сөзді жырып алмай, дұрысына көшіңіз. Ал, тіпті осы оқығаныңыздың өзінде немене қате бар?! Формализм біздің жұмысымызда жоқ па екен!..
— Формализм, формализм! Подумаешь! Формализмді жамылып, ұйымға жала жапсын деп пе екен саған!..
— Неменесі жала? — Есен екінші секретарьға бұрылды. — Сіз айтыңызшы! Мен Батталовтың не дегісі келетінін түсінбеймін. Егер комсомол ұйымдарының жұмысындағы қате, кемшіліктерді сынамаса, оларға кезінде дұрыс бағыт сілтемесе, онда обкомолдың қажеті қанша? Және жиналыс өткізіп не керек?..
— Жолдас Досанов, әңгіме бұл арада баяндама жайында, онда қандай пікір қалай айтылуы жайында болып отыр. Сен соны түсін, — деді екінші секретарь алдында тұрған алты қырлы қызыл қарындаштың ұшталмаған жағымен столды тоқылдатып.
— Меніңше, әркім өзінше ойлап, өзінше сөйлеуі керек қой... Жиналыста айтылатын барлық сөзді Батталов бір қалыпқа құйып шығармақ па! Онда тіпті пікір айтып, сөйлеуден қалармыз...
— Сіздің пікіріңізге ешкім қысым жасамайды, жасамақшы да емес! — деді екінші секретарь, «сеннен» дереу суық сыпайылыққа көшіп. — Бекер ренжисіз және Батталовқа бекер шабуыл жасайсыз. Сөз қалыпқа құйылмайды. Қандай ғана жиналыс болмасын, өз пікіріңізді көңіліңіз қалаған формада қалай құбылтып айтамын десеңіз де еркіңіз. Ал бірақ, мынадай ресми баяндаманы (мен түгел танысып шықтым) құйтырқыға салмаңыз. Біз оған жібере алмаймыз.
Тағы ресми! Батталовтың да мықтап қадалғаны осы «ресми» еді-ау. Не дерсің! Мұның жаны тап сол ресмиіне қарсы. Жоқ, жоқ, жалпы ресмилікке қарсы емес-ау, ресмидің ылғи ресмилік болуына қарсы. Ресми баяндаманың да ресми түрлері болуы керек емес пе? Неге ол бір ғана қалыпқа құйып шықпақ?..
Осы ой екінші рет басқа тепкендіктен Есен ашына сөйледі.
— Меніңше, біздің басты кемшіліктеріміздің өзі...
Екінші секретарь оны ишаратпен кілт тоқтатты да:
— Сіз, сабыр етіңіз, жолдас, — деді ол, — бұл есіңізде болсын, дискуссияның орны емес... оны түсінесіз бе? Олай болса, нақты әңгімемізге көшейік. Мәселен, мынадай, баяндаманы үш күннің ішінде бітіретін болыңдар. Түсінікті ме? Бітірген соң маған әкеліңдер. Өзім қарап шығамын.
— Мен бұл баяндамаға енді араласпаймын! — деді Есен қай-қайдағы келіссіз, ұрт мінез көрсетіп.
— Себеп? — деді екінші секретарь Есенге түйіле қарап.
— Сол! Біреуге баяндама жазамын деп жазаланар жайым жоқ!
— Немене дедің?
— Баяндама жасайтын Батталов. Жазсын өзі. Ауызына сөз шайнап салатын мен оған няня емеспін де, ол бала емес қой!
— Ондай бас бұзарлықты тастау керек! — деп екінші секретарь көзінен от шаша орнынан атып тұрды.
Есен қайтып аузын ашпастан үнсіз қалды.
— Бар, тапсырманы орында! — деді екінші секретарь.
Оның даусы оғын жекелеп үзіп-үзіп атқанда шығатын пулеметтің дауысынша нық-нық, келте-келте қайырылды.
— Осындай көргенсізді түу баста комсомол қызметіне алып жүргені кім екен?! Просто таңым бар, — деді Батталов иығын көтеріп. — Тым құрыса этиканы білсейші!..
Баяндаманы қалай жазуды да келіспестен, Есен обкомолдан шығып алып, Ғанидың жаңа пәтеріне жөнелді. Жолшыбай екінші секретарь кетпеді. «Не айтты ол? Не ұқтырды маған? Ренжиді, ашу шақырды, әмір етті. Осы ма еді менің одан күткенім?.. Жақсы, менікі теріс-ақ шығар. Тым құрыса, соның адамша айтса қайтеді?.. Осы да тәрбие ме?..»
Ғанидың жаңа пәтеріне осындай кермек оймен кірген Есенді жарық, көңілді бөлмеде күткен достар көңілді қарсы алды.
— Өй, комсомол, сонша сарғайтқаның не! Сені күтіп тобарсып отырмыз, — деп Нұри таяуда ғана танысса да, көптен сырлас досындай, өзімсінген өктемдікпен Есеннің екі қолынан қаусыра ұстай тартып, қасына отырғызды.
Бекер еткенсің, тобарсымай-ақ қоюыңа болатын еді, — деді Есен жымыңдап.
— Сені күтпеске шарамыз бар ма!.. Құй, Ғани! Жаңа қоныстың құтты болуын тілеп, бірді алып қоялық.
— Хозяйкаңды шақыр, ұят болар, — деді Есен Ғаниға.
— Татпайтын көрінеді, келмеді, — деді Ғани тез қайтып оралып.
— Ә, бопты, — деді Нұри иекті бір көтеріп қойып, — аз дүниеде сол ортақ болмағаны да теріс емес.
Біріне бірі соғылған, ернеуі қалың, қырлы стопкалар созыңқы сыңғырсыз, жай ғана шың етіп барып түптерін ажыратты да, демде басады.
— Бөлмең жақсы екен, — деді Есен, — құтты болсын.
— Ұзағынан жазсын, — деп тілеп, тағы бірді әдейілеп көтерсек қайтеді, — деді Нұри қулана түсіп.
— Бұл тілегіміз қабыл бола қояр ма екен, — деді Есен күліп, — жігітіміз кетемін деп жүр ғой...
— Білемін...
— Кету мәселесі, шынымды айтсам, екі талай болып тұр, — деді Ғани.
— Бәтуасызым-ай! Тағы да айныдың ба?
— Айнымасқа амал жоқ.
— Әй, қу бала, манадан бері тымырайған түрің жаман еді... Бірдеңені бүлдіргенсің ғой. Бағиламен жанжалдаспасаң не қылсын?! Кетуіңе келіспеді ме? — Нұри оң езуін құлағына қарай сырып, Ғанидың жүзіне сұқтанды.
— Кету мәселесін мен соған айта алмадым-ау.
— Неге, байғұс-ау?
— Шешіліп сөйлесуге мүмкіндік болмады. Мен қалай жолықтым, солай қабағын кірбің шалып аяқ астынан өзгерді. Билеті алынып қойған киноға да бармады...
— Өзі, жалпы бұрын қалай едіңдер? — деді Есен қыздың оқыс қылығына таңданып.
— Бұрын жақсы болатынбыз...
— Мен білдім, — деді Нұри байырғы әдетінше сол қолын жоғары шошайтып, — мұның бәрі әкеден болған мәселе. Шөкең жазған қиқуды салған ғой.
— Қой, олай болуы мүмкін бе? — деді Есен.
— Көріңдер де тұрыңдар, тап солай.
— Онда қарындасымыздың да шама-шарқы онша болмағаны да...
— Сен де қызықсың, Есен, алма ағашынан ұзап қайда барады...
— Жоқ, меніңше, мұнда басқа бір себеп бар, — деді Есен басын шайқап.
— Жарайды, соған басты бекер сындырмайықшы. Кейін бір жай бола жатар. Ал әзірге мына көңілді мәселемізді рәсуа қылмайықшы. Ғани бауырым, жабырқама! Мына мен тірі болайын. Мен тірі болсам, қыздың, во, көкесін тауып беремін. — Ол бармағын біледі. — Ұқтың ба?!
— Жоқ, бұлай қалдыруға болмайды, — деді Есен Ғаниға. — Жақсылап сөйлес. Себебін біл.
— Әрине, білеміз, — деді екеуінің атынан Нұри Ғаниды көлеңкеге сырып. — Мә, саған! Айтып қойған тілегімізді қайта жұтып бізге не болған? Стопкаларыңды алыңдар қолдарыңа.
— Ішудің сылтауын, сабаз-ай, білесің-ау! — деді Есен күліп.
— Сопысуын! Шынына келсек бар ғой, сендер менен кем ішпейсіңдер. Тек сендей қулар тығып, қымтырып, шыжымдап діңкені құртасыңдар. Ал, мен жазған ашық сілтеймін де, көзге оңай түсемін. Әйтпесе менің де опырып ішіп жүргенім шамалы.
— Қалай десең, олай де, Ғаниды араққа үйреткен сен ғой, рас па?
— Айналайын, өзіме тартқан! — деп Нұри көзі күлімдеп, кішкентай баланы уатқандай, Ғаниға аузын шүртите иегін көтерді.
— Мұның сөзін не қыласың, сенің жасыңда арақ ішу деген, әрине, жақсы емес, — деді Есен де Ғаниға бұрылып.
— Мен көп ішпеймін ғой.
— Лайым да солай болсын. Сен неге айтпадың? Кәне, соныңды айтшы.
— Сол, айтпадым, — деп Ғани ыржақтап күлді.
— Не өзің, баламысың, неменесің?! Не сөзіңде, не ісіңде ұрлау жоқ! Масқара ғой осы істеп жүргенің! — Есен ашу шақырды. — Тегінде бүйте беретін болсаң, мен сенімен ат құйрығы кесісе сөйлесетін шығармын. Тіпті қашанғыдан бұрын...
Есеннің кейде ойда жоқта шұғыл кететін уыт мінезі болушы еді. Соны білетін Ғани жалбалақтай сөйледі.
— Ұрса бермей, мені тыңдасайшы, әуелі. Қазір өзің де қостайсың... Мен шоферлар курсына түсетін болдым. Мұным да жаман ба?
— Боса да болдың екен, бауырым, ЗИМ-ға шофер бол, — деді Нұри, жұдырығын түйе, оң қолын сілтеп. — Анда-санда шалқытып біз де мініп тұрайық.
— Қырыпсың — деді Есен шенеп.
— Техника, техника деп қоймайтын өзің емес пе едің? Енді неге ұнамай қалды? — деді Ғани да оның бір кезде айтқан өз сөзіне жармасып.
— Немене, бар тапқан техникаң сол болды ма? — деді Есен әлі де илікпей.
— Өй, мұнысы да жаман емес қой, немене сен, — Нұри Ғаниды жақтады.
— Мен саған анада айттым ғой, заводқа орналастырайын деп. Токарь боп шықсаң ғой, қандай жақсы еді.
— Токарың не! Машинаның өзі дұрыс. Дарияда жүзген жайындай қалқытып, ғажап ЗИМ-мен көшеде бір ағызып өткеннің өзі неге тұрады, а, Ғани! Ұнайсың, бауырым, сен маған! Тайма осы бетіңнен! Тек түбі күнде қол көтерсек, көрмей кетіп жүрме. Онысын, бауырым, жанжалдасамыз.
— Түу, қалжыңсыз айтыңыздаршы! Осыным, шынында да, табылған ақыл емес пе? — деді Ғани ана екеуінің бетіне кезек жалтақтап.
— Дұрысын не, просто гениально! — деді Нұри.
— Менің тілімді алсаң үйіңе қайт, — деді Есен.
...Ғанидың бүрсіз табанына бұл жолы бұдыр бітті. Ол әкенің де, достың да қарсылығын жеңіп, жана кәсіпке бел шеше кірісіп кетті де, көп ұзамай-ақ таңдаулы курсанттың біріне айналды. Бірақ, шынына келгенде, бұл беталысқа оны тыңнан жаңа күш, жаңа сезім бастады деп айту қиын еді. Ондай шұғыл өзгеріс Ғанидың жан дүниесінде әзірге туған жоқ-ты. Сондықтан мұнысы көп толғана таңдаудың, көп жабырқай көп ширығудың нәтижесі емес, әшейін қолына түскенін місе тұтып, ауылға бармауды, Бағиладан алыстамауды көздегеннен туған далбасаның аяғы, оның өзі ауыр тағдырды бастан кешіруге себепші болды.
Бұл ауыр тағдырдың басы алғашқыда көңілді басталды. Ғани курсты бітірісімен, Нұри айтқандай, ЗИМ-ға болмаса да, «Победаға» қолы жетіп, обкомолға шофер болып орналасты.
Қызметтің сәті түскенімен, жеке бастың тіршілігі бұрынғыша оңға баспады. Әке ана жақта «қайт» деп байбаламды салып жатты. Ал бұл жақта бар қимасы Бағиласымен арасы түнеуден кейін қайтып оңалмай, бірде олай, бірде бұлай күйге түсіп, әбден қажытты.
Араға қара мысық түсудің түрліше себептері де бар еді.
XIV
Бағила бүгін көңілсіз. Осыдан төрт-бес ай бұрын, Ғанимен алғашқы танысқан кездерде ол мұндай ма еді? Атай көрмеңіз. Қуанышта шек болмайтын. Тұрмыстағы кейбір көлеңкелі жайларды сол шексіз қуанышы ұмыттыратын да, өз ләззатына елтітіп, көңілді өзге күйге бұрғызбайтын. Бұл ләззатты татқан санын Бағиланың құмары арта, қуанышы тасқындай түсіп, теңіздей шалқып шығандайтын. Енді, міне, теңізі тез суалып, орнында қайғы атты қара сор қалған...
Мұншама әбігердің бәрінің де болымсыздан басталып кеткені-ақ өкінішті. Шатақтың басы Ғанидың қызып барғанынан шықты. Бағила оның ішіп келгенін көріп бірден суыды. Жаңа ғана тықырши күткендегі жылы шырайы да лезде жоғалып, қаны тереңге тартылып, сұрланып кетті. «Ішіп келу деген не көргенсіздік!» Осы он секунд сайын қалыңдап, аяғы ауыр құбылысқа барып тірелді. Әлден ішеді. Бара-бара қайтеді?.. Өз әкесінің тағдыры елестеді...
Маскүнем әкеден не көрмеді ол? Ес біліп, көзін ашқалы қабақ шытпаған, мұңаймаған күні болды ма? Қолына түскенін ала ұмтылған мас әкеден шошып, мамасының көкірегінде шырылдаған сонау зәрезап күндерінен бастап бүгінге дейін жұрт қатарлы тыныш өмір сүрген кезі бар ма? Күн құрғатпайтын айқай-шу әбден-ақ су жүрек етіп бітпеді ме?.. Соның бәрі бір басына аз ба?!.
Бір жаманы: ішіп алғанда Шәкірден адамдық атаулы жойылатын. Аяушылық сезім, мейірім дегендерден ештеңе қалмай, қатыгезденіп, жайшылықтағы қарапайым әке үштүгейлі жоғалатын. Бағила кейде осы жай кездегі әкесін аңсап, сағынушы да еді. Ал соңғы жылдарда ондай әке көрінуден қалып, оның орнын тоңмойын дүлей біреу басып, соның ылаңынан семья тіршілігінде рахат біржола таусылып біткен-ді.
Соған да қарамастан, Бағила әкеден әлде де күдер үзбейді. Маскүнем әкенің қылығы жүректі қаншалық сыздатса, қыз соншалық егіліп, араққа лағынат айтатын. Себебі: бақытсыздықтың бәрін ол әкеден көрмей, арақтан көретін. Әкесін адамгершіліктен әкеткен де, өздерін қор еткен де сол арақ деп күйінетін. Егер дүниеден арақ құрыса, әке де, семья қуанышы қайтып келетіндей боп тұратын-ды. Сондықтан араққа деген жиреніш қаршадайынан қанына сіңіп, келе-келе сұмдық өшпенділікке айналған да, оның өзін қойып, аты аталса да, тітіркене бастайтын әдет тапқан.
Бұған бір жағынан анасының да себепші болғаны анық. Ол жатса, тұрса өзінің ішкіш адаммен тағдырын қосамын деп бақытсыз боласың Бағиланың құлағына қаршадайдан құйып келеді. Оның әрбір егіле айтқан мұңды сырында: «байқа, балам...» деген сақтандыруын ойлағанда: «несін ескерте береді. Онсыз да білем ғой», — деп Бағила еріксіз күлімсірейтін.
Енді ойлап қараса, жаза басу деген қандай оңай! Сезімге берілсең көзді тарс жұмып алып, орға ешкім итермей-ақ өзің-ақ барып қойып кетеді екенсің ғой. Әйтпесе, ішкіш жігітке жуимын деп сірә да ойлап па... Көрмейсіз бе...
Ғанимен жөндеп тілге де келмей, киноға да бармай, Бағиланың шала бүлініп үйіне кетуінің төркіні, міні, осында еді.
Ол үйіне барған соң да көп толғанды. Мамаммен ақылдассам ба екен деп оқталды. «Құр таныстықтан басқа, арамызда әзірге қиналатындай не бар? Мамам түу баста папамды сүймеп пе екен? Бәсе десейші. Ал кейін аралары не болды? Әуелдегі сүйіспеншіліктері қайда? Әлде қаншама жәбір көрсе де папамнан безінбейтіні сол сүйіспеншіліктің күші ме? Жоқ, жоқ, бұл маған түсініксіз жай. Махаббат, махаббат деймін-ау, бір әбден қатып еті өліп кеткендіктен солай болған сорлы сезім... Ал, мен сүйген екенмін деп ондай мүсәпір күйге түсе алмаймын! Қажет екен, мен сүйіспеншілікті жүрегімнен аластаймын... Мен оны ұмытамын... Арадағы жырымыз пышақ кескендей тоқталады?...
Жыр бірақ бітпеді. Бітіруге Бағиланың күші де жетпеді. Біраз уақыт өткеннен кейін қыздың басын басқа ойлар торлап, пластинка қайта ауысты. Ол бұл жолы өзін жазғырды. Жандай жақсы достан болымсыз сылтаумен жалт беру де сүйе білгендік болғаны ма! — деп жазғырды. Сүю деген не! Ол екінің бірінің қолынан келеді. Сүйдің екен, ұзақ сынға әзірлен. Өзіңді де, сүйгеніңді де сол сынның отына аямай сал! Кедергі, қиындық атаулыны жарып шықсын! Бұған да ерлік керек.
Тұрақсыз, жасқаншақ, аяншақ сезім ұзаққа төтеп бере алмаса керек...
Айтты-айтпады, неге оп-оңай өзгереді. Өзгерерлік себеп бар ма? Жоқ қой! Онда мүмкін сүймейтін шығар? Сүймейтін болса неге оны сағынады? Неге ол дегенде жаны ауырып, түн баласына ұйқы көрмей дөңбекшиді? Ең жақынын жоғалтқандай ол тұратын көшеден неге, неге ғана көз алмай дамылсыз жалтақтайды?! Ендеше жүректен аластарлық жазығы не оның? Ішкіштігі ме, жә, ішкіш екенін кім біліпті? Ішпейтін еркек бар ма? Ал соның бәрін ішкіш дей алармысың. Ол тіпті мүмкін емес қой. Аузына арақ алғанға «ішкіш» деп айдар таға берсең онда еркек біткен жер басып жүруден қалар...
Қыз жуасыды. Жан досы — Ғани ақсарлық, жақсы мінезбен көз алдына қайта оралды.
Қайта табысты.
Көңілді, жастық шақ қайта оралды. Әйтсе де, секем алған жүректің түбінде әлденендей белгісіз шүбә өлеусіреп қала барды. Мұнан айықтырар ем тек мезгіл ғана еді. Бірақ тіршілігі мезгілді де оған ұзағынан жазбады.
Ішіп келу Ғани тарапынан екінші рет қайталанды. Өлеусіреп өшіп бара жатқан шүбә қайта қозып, қыз бұдан әрі шыдай алмай, әңгіменің ашығына көшті.
— Ұғар, түсінер деп едім, — деді ол ашынып, — миына да кірмепті, не шара! Жолымыз әуелден-ақ екі басқа екен. Білсем етті. Енді, міне, елге күлкі болып айрылысып тынғалы отырмыз... Не деймін мен жұртқа? Бәрінен де мамама не деймін?! Менен арақты жақсы көрді деп қалай айтамын?!
Күтпеген жерде төбесіне келіп жай түскендей, Ғани есі шығып:
— Бағила! Бағилаш! Не айтып тұрсың сен?! — деп қыздың екі білегінен ұстай алып еді. Ол қолын жұлқып кейін тартып әкетті. Жігіт қолын көтерген қалпында қалып қойды.-Ойпырмай, мұнша ренжитініңді кім білген? Есеннің үйіне қайдан ғана бара қойып ем... Таня ұсынған соң... құрысын, сен ренжитін болсаң, бұдан былай татпайын. Тек мұңаймашы!.. Қарашы өзің, бетімнен от шықты.
Таня мен Есеннің аттары аталуы үрейді азайтып, Бағила сабасына түсе бастады. Достарымен отырып, аздап... көңіл көтергеннің не ерсілігі бар? Тек салынып ішу дегеннің бетін аулақ қылсын!
Сонда да сыр бермей, сақтыққа басты.
— Ішкіш әкеден көрген азабым да жетеді...
— Ойпырай, айттым ғой, Бағилаш. Басқаны өзі біледі, ал арақ жөнінде әкеңді қайталай қоймаспын. Одан қорықпауыңа болады... Менен тіпті тілесең де, ішкіш шықпайды.
— Қайдам! — деді Бағила, оның дауыс ырғағынан шүбәнің салқын лебі білінді.
— Сені алдаған күнім бар ма? Неге сенбейсің? Жүрегімді ақтара алдыңа жайып тұрғанымды көрсең де, жібімейтінің қалай?.. Не істе дейсің маған? Не деп қарғанайын? Өзің айтшы!
— Маған арақ ішіп келгеніңді көрсетпе!
— Бар болғаны сол ма?.. Бітті! — Оң қолын шекесіне апарып солдатша қалт тұра қалды да, күлімсіреп, дауысын көтере, салтанатты нәштей сөйледі, — Ғани Оразов бұдан былай қарай арақты ауызына алмаймын деп ант береді. Егер осы атымды бұзсам, махаббаттың қарғысы атсын!..
Бағила күліп жібере жаздап, өзін әрең тоқтатты.
— ...Ал, татуластық па? — деді Ғани жайдарылана түсіп.
Қыз одан сайын назданып, илікпеді.
— Маған қарашы. Түу, қарашы енді! Татуластық деші!
— Қарамаймын!.. Татуласпаймын! — деді Бағила. Оның үнінен ерке қыздарға тән шолжақтықпен айтылған өзімсінген жайдары өктем наздың самалы есті.
Бұл самал жігітіміздің жанағы бір әзірде түнек басып, талаураған жүрегін желпіп жіберді.
— Үһ, өз дауысың құлағыма жаңа ғана жетті ғой! Неткен бақытты едім!
— Шын бақыттысың ба? — Бағиланың жүзінен әрі балаға ұқсас аңғалдық, әрі әзілқойлықтан туатын ойнақылық қабат көрінді.
— Бақыттымын! Айта берсең, бақыттымын деу де аз. Көкірегімді кернеп тұрған менің қазіргі қуанышым сыртқа атылар болса, бүкіл әлемді орап алар еді!
— Ғани, рас па осының? — деп манадан бері басын көтеріп қарамай қойған қыз жігітке қара көзін жалт еткізді. Дауысы да әдеттегісінен жіңішкере шықты.
Лапылдаған сезім тілге тұсау сап, Ғани жауап қатудың орнына жымиып басын шұлғыды.
Көздер біріне-бірі үнсіз қадалды. Сүйіспеншіліктің өрті лапылдаған сол көздерден екі жүрекке де алма-кезек ұшқын түсіп, сезім дүниесін ду еткізді де, артынша бүкіл денені жалынына шарпып балқытып әкетті. Содан кейін көздер өзінен-өзі жұмылып, жолдан шығып кеткен соқырдай, Ғани құр көзсіз сезіммен ессіз тырбанды. Ол Бағиланы екі қолымен айқара құшақтап ап, өзіне тартты. Қыз аздап қымсынғаны болмаса, пәлендей қарсыласпады. Ғани одан сайын батылданып, қызды бір уыс қып, өз құшағына қысып алды да, ерінге жабысты. Өзінің не болып кеткенін білмей қалған қыз енді ғана ес жиғандай, оқыс бұлқынып көріп еді, жігіт қыбыр еткізбеді... Ұзақ сүйді...
XV
Жаңа жыл жақындады.
Ғани мен Бағила жаңа жылды қалай қарсы алудың есебін таппады. Бағиланың пәтерінде өткізуге де болмайтын бір себептер табылды.
Бірінші январьға Бағиланы да, Ғаниды да Есендер шақырып қойған-ды. Сондықтан 31-не қараған түнді қайткенде өз үйінде, мамасының жанында өткізуі қажеттігін, әрі бірге оқитын, жатақханадағы қыздарын шақыру жыл сайынғы әдеті екенін ескеріп, Ғанидың ұсынысына міне, сол себепті Бағила келіспеді.
Ақырында бірінші январь Есеннің үйінде кездеспек болып, екі дос бір-біріне жаңа бақыт тілесіп, 31-декабрьді әр қайсысы өз бетімен өткізуге ұйғарысып тарқады.
Бағиланың ол күнгі кеші ешбір оқиғасыз, тыныш өтті. Хакима кілең жастарды ас үйге бөліп, Шәкірді бірер жолдасымен өз алдына бөлек қалдырды. Өзі де солардың қасында болып, күйеуінің ізін бақты. Шәкір шырық бұзбады. Бұған оның ішуден мұршасы да келмеді.
Сонымен Бағилаға жиналған жастар түні бойы ән салып, би билеп, таң біліне бір-ақ тарасты.
Ал Ғанидың кеші... сұрамаңыз, бұл көңілсіз басталып, қайғымен тынды.
Нұри бастаған бір топ жас (ішінде Ғани да бар) ортасынан ақша шығарып, күйеуінен айырылысқан Маржан деген бойдақ әйелдің үйінде бас қосты.
Маржан қырықтарға келіп қалса да, өзін әлі жаспын деп сезінетін, желөкпе, өзінше сәнқой әйел еді. Бірақ, сонысына қарамастан, кейбір бойын күткен егде сұлу әйелде кездесетін сүйкімділік одан аз табылатын. Бұған ол налымайтын. Өйткені әйелге тән сүйкімділік, қылықтылық дегенді ол атымен ұқпайтын. Сүйте жүріп, ол өзін ең бір ақылды, ардақты әйелге санайтын. Бұлай ойлауына бір себептен кейбір жігіттер де кінәлі еді. Олар байғұсты ермек үшін адастыратын. Әдетте қыдыруды, ішуді жақсы көретін мұндай желбас жігіттер қызып алған соң «көңіл көтеруді» тілейтін де, оңай «олжа» іздейтін. Сондықтан да Маржан таптырмайтын серік еді.
Еркектің мұнысын ол өзінше жорып, өзінше түйіндейтін.
Бұған, әрине, бәрі қызығады. Бұдан бәрі де көз алмайды. Міне, сондықтан қайда жүрсе де мұны іздеп табады. Осы ойға тояттап рахаттанатын да, жанына жігіт жуып қалса, қас-қабағын керіп, қолдан келгенше қылымсып, шала бүлінетін.
Ал бағзы біреулерге ол шынымен-ақ ұнап та қалатын...
Әдемі көрінуге ұмтылатын, сәнқой десек те, Маржан шын мәнінде бой сылай білмейтін, сыланамын деп қайта сиқын кетіріп алатын, түйсігі аз табиғатында сүйкімсіз әйел еді. Рас, түр жағынан сиықсыз деуге болмайтын. Былайша ажарлы да сияқтанатын. Тіпті кейбіреулер, әсіресе, әйелдер оны сұлу да десетін. Бірақ, соның бәрін былай қойып, зер сала үңіліп қарасаңыз, онда адамды жеріндіріп, кейін серпіп тұратын әлденендей жағымсыз бірдеңелер барлығы көп қиналыссыз-ақ, көзге түсе бастайтын. Ал бұл мінін бір сөзбен «мынау» деп сұқтанып көрсету дегеніміз мүмкін емес-ті. Жағымсыздық оның жүзінде, сөзінде, күлкісінде, ұғымында-бүкіл жаратылысында аяқтанатын. Шынын айтқанда, ол былайынша қылымсып, сылаңдағанымен, әйелге тән нәзіктіктен, сыпайы сезімдерден айырылып әшейін тәнге тәнті жалаң құмарлыққа түсіп кеткен жан еді.
Неліктен бұлай? Оны да кесіп айту қиын. Егер айрылысып кеткен күйеуінің сөзіне сенсек: «Әйелімді бұзған курорт» дейтін. Мұнысы дұрыс па, бұрыс па, оны өзі біледі, ал Совет Одағында Маржан бармаған демалыс үйі мен курорт дегендеріңіз шынында кемде-кем-ақ болатын. Жаз түссе-ақ оны жолда көретінбіз...
Қаншама молшылықта тұрса да, көп жерді араласа да, көп нәрсені көрсе де, Маржанның мәдениеті төмен еді. Тіпті керек десеңіз, дұрыстап киіне де алмайтын. Оны айтасыз, өзіне не жарасып, не жараспайтынын ол күні осы уақытқа дейін білмей-ақ кетіп барады. Арықтығына, сидалығына қарамастан, қыс театрға қара қошқыл панбарқыттан дөңгелек ашық жағалы көйлек киіп баратынына не дерсіз. Мұндай ашық жағалы, баран түсті көйлек толық денелі, бұғақты, мойыны тоқ, етжең әйелге болмаса, қағілез әйелдің ұсқынын алып кететіні қандай. Бес тал шашын үрпите төбесіне түйгендіктен Маржан жеңгеміздің ұзын мойны ашық жағадан онан сайын қылтиып шұқырайған ойпат омыраудан бұғана сүйектері ырсиып шығып тұратын да, асыл матадан тігілген қайран көйлек бөксе, мықын жоқ денеде бейне сексеуілге кигізе салғандай салбырап жүретін.
Күйеуден айырылғаннан бері Маржан тұрмыстан тапшылық көре бастаса да, сол баяғы көңілі көңіл-тін. Сауықсыз отырмайды. Көңіл көтеретін адамдар да табылып тұрады. Солардың ішінде оған ең бір көбірек құтайғаны-Нұри еді. Оның да соңғы кезде келісі сиреп кеткені Маржанға еріксіз қабақ шыттыратын.
Жаңа жыл қарсаңында сол Нұри қарасын қайта көрсетті және жақсы хабармен келді. Маржан ақша қолға тиген соң сауық кешке жанын сала әзірленді. Көңілсіз болып жүрмесін деп, әсіресе, ішімдікке баса көңіл бөлді.
Нұриды есепке алмағанда, серіксіз келген жалғыз ғана Ғани болды. Мұның өзі біраз қолайсыздық та тудырды. «Қызың қайда? Ол саған ермей ме?» деген сияқты қағытулардың біразын естуге де тура келді, оның бәрі де ештеңе емес екен, әңгіменің үлкені асқа отырған кезде басталды.
Еркек атаулыға ақ арақ құйылды да, Ғанидың алдынан да шөмпілдеген бір рюмка орын тепті.
— Жоқ, мен ішпейтін едім, — деді Ғани рюмканы кейін сырып.
Арақ құюшы оның бетіне бажырая қарап:
— Иә, тағы не айтасыз? — деп тұрпайылау мінезбен мысқылдай күлді.
— Әурелеме, ішпейтіні рас, — деді Нұри оған.
— Мәссаған! — Құюшы отырғандарға қарады.
— Ішеді, ішеді.
— Жаңа жылда ішпегенде, қайда ішеді? — деген дауыстар тұс-тұстан жамырады.
— Жігітім, естисің бе? Бөгеме жұртты. Мә, ұста! — Ол рюмканы Ғанидың қолына апарды.
— Мені қинамаңдар! — деді Ғани жан-жағына жалынышпен қарап.
— Ой, қағып жібер! Арақтан өлсең, обалың маған-деп құюшы қиқуға кетті.
Ғани көмек күте, Нұриға жалтақтады.
— Әурелеме деймін, бұл шын ішпейді! — деді Нұри құюшыға.
— Ендеше вино ішсін, — деді столдың орта тұсында отырған біреу.
— Вино ішетін ол қатын ба, — деп даурыға екінші біреу көтерілді.
Мұндайда қошеметсіз бола ма? Отырғандардың арасынан ондайлар табылып, күлісіп те алды.
Манадан стол қамымен жүріп әңгімеге араласа алмаған Маржан мына сөзді бос жіберуге дәті шыдамады білем, төтеден киіп кетті.
— Әкем, тегі қатын деп қорламай, мәдениетті сөйле! — деді ол жігітке жалт бұрылып.
— Ойбай, жеңгей, сіздің жөніңіз басқа ғой...
— Жоқ, әкем, мен қатындардың намысын қорғаймын. Қайтып ал сөзіңді!
— Жақсы жеңгем-ау, өзің ойланшы. Әйелдердің арақ іше алмайтыны бекер ме? Шындықты айтқаныма қанша жазықтымын?
— Қатын құдайдың қоры деп пе едің. Өйтіп ерегістірме, әкем, ерегістірсең, тегі, көрсетер саған ішкенді, — деп Маржан жеңгей басын жоғары кекшитті.
— Оны сөзбен емес, іспен дәлелдеңіз, жеңгей, — деп өршеленді жігіт те алған бетінен таймай.
— Босқа ұяласың ғой, әкем.
— Қолыңыздан келсе ұялтыңыз! — деп ол көршілес отырған екінші жігітке көзін қысты.
— Ұят емес пе, қойсайшы, — деп сыбырлады қызы оған.
— Қызықсың, ол байғұс ішуге сылтау іздеп өліп отыр, сауабына қалайын да.
Дәл осы сөзді растағандай, Маржанның даусы бұрынғысынан да сампылдай шықты.
— Құй маған ағыңды!
— Жаса, жеңгей! Жеңдің!
— Әйелдің артықшылығын көрсеттің.
Ғанидың күні қараңға айналды. Жеңгеміз рюмка соғыстыруды сонан бастады:
— Әкем, қатын құрлы жоқпысың, кел! — деп оның алдында тұрған рюмканы өз рюмкасының түбімен дүрс еткізіп қойып қап, содан соң өзгелерге жағалатты.
— Ал, енді ішпей көр! — десті Ғаниға жұрт.
— Түсініңіздер, іше алмаймын, — деп Ғани сол қолын көкірегіне басып қипақтап, отырғандардан жалбарына рахым күтті.
Оның қатты қиналғанын көрген бір егделеу жігіт:
— Ішпесе, қинамаңдар! — деп қалып еді.
— Онда вино ішсін! Төлен, вино құй! — деп дуылдасты өзгелер.
Ғани бұған қарсылық білдіре алмады.
— Сызаттама, әкем. Бір тамшысын қалдырмай ішесің! Оған шейін сенен бар ғой, әкем, көз алмаймын, — деп Күнтай жеңгей қадалып отырып алды.
Ғани қысылғанынан сарқып ішті.
Екінші рюмка құйылды... Үшіншіге де, одан соң төртіншіге де жол ашылды...
Шеке қызған сайын аз ішетіндерге, әлбетте, талап та күшейді. Көзге шыққан сүйелдей, қатардан ешкім қала алмай, әрбір кезекті көтерілісте амалсыз ерді. Бірақ, Маржанның көңілі бұған да қанағаттанбай, жалғыз өзі болмаса, отырған басқа әйелдер де, Ғани да қызбаған сияқтанды да, көңілденудің тиімді жолын ойластырды. Мұнан соң шарап атаулыға ақ арақ қосты да, тізгінді өз қолына алып, жұртқа жеделдете көтерттіріп, көтерттіріп жіберді.
Әбден қажыған Ғани: «Зорлап ішкізетіндері несі екен»-деп ызаланды. Әсіресе Маржанға қаны қайнады. Біраздан кейін жеңгей Ғанидың жанына кеп иық тірестіріп отырып алып, оған өз вилкасымен қияр асатып есін шығарды. Ғани оспадар жеңгейден жүрегі айнып, орнын тастап, Нұридың аржағына тығылды. Маржан да солай өтпек боп әрекет жасай бастап еді, Нұри білегінен шап беріп:
— Жазған-ау, өзім болмасам, балалар сенің қадіріңді біле ме, — деп қуақылана күлді.
— Қойшы, әкем, жоқты айтатының не? Бұл бала сыбағасын ішпей барады, — деп Маржан қасын кере, Нұриды көзімен сүзе, сызыла күлімсіреді.
Бұл кезде жұрт әбден қызып, столдың әр тұсы өзді-өзімен болып, алғашқы беттегі тұтастық сетінеп біткен еді де, біреу күбір әңгімеге, біреу ән салуға, енді біреулер қысыр дауға көшіп, біреуді біреуі тыңдап ұғып болмас гуіл басталған-ды. Міне, сондықтан Маржан мен Нұридың сөздерді де құлақ асушы, өздеріне назар аударушы табылмады. Мұны аңғарған Нұри қысылмай, қымтырылмай еркін көсілді.
— Баланы әурелеп қайтесің. Келші, екеуміз түйіспегелі көп болды, — деді ол рюмкасын жоғары көтеріп, — кәріліктің алды, жастықтың соңы дейтінің бар еді ғой. Түсірші есіңе соны бүгін.
— Не ғып тәубаңа келдің ей? — деді Маржан да рюмкасын көкке шығандатып.
— Қағынан жерісе, құлан оңа ма.
— Солай ма екен! Сенің ақылың, әкем, тегі, тек ішкенде кіреді-ау.
— Аз болған соң сөйтеді.
— Жоқ, әкем, сен маған әдейі күлгірсіп отырсың!..
— Оллаһи! — Нұри оны өзіне қарай икемдеді.
Бастары демде түйісті.
— Қой, әрі, шымшығаны несі? — деді Маржан сықылықтап күліп.
— Сипағаным ғой...
— Қойшы, қытығым келеді, — деді Маржан қолынан келгенше дауысын жіңішкертіп, жас қыздай шолжаңдап.
Артынша екеуі әлденендей сыбырға көшіп кетті. Ал Ғани болса, көзінің алды тұманданып, кірпігі жұмылып кетіп көзін ашқан сайын қос Нұри, қос Маржанды көріп таң еді. Енді бірде қос Нұри, қос Маржандар жоқ боп шықты...
...Сол түні Ғани пәтеріне қашан қайтқанын, қалай қайтқанын білмеді. Өзін ертеңіне төсегінде көрді. Ол өткен түнгі оқиғаны есіне түсірмек болып керіп еді. Онысынан ештеңе өнбеді. Жаңа жауған көбік қар көміп кеткен іздей, іздеген оқиғасы типылданып, жым-жылас тартып, тескіндік бермей, діңкені құртты.
Ол тұрмақ болып орнынан қозғалды. Сол-ақ екен бүкіл денесі өзіне бағынбай, басы, маңдай шекесі зырқылдап, көзі қарауытып кетті.
Үйінде Есен мен Таня сарғайды, көшеде Бағила күте-күте сарғайды. Алдыңғы екеуі келетін қонағын күтсе, Бағила Ғаниын күтіп тықыршиды. Қонаққа барар алдында екеуі өз үйінен шыға беріс мүйісте жолықпақ-ты... Ақыры болмаған соң ауырып қалды ма деген оймен Бағила Ғанидың пәтеріне өзі келді.
О, сұмдық! Ғанидық төсегінде көзі білеудей, беті күп болып ісіп кеткен, еріндері дүрдиген, қай-қайдағы жексұрын біреу жатыр.
— Бағила, не демекпін саған!..
Таныс дауыс... Ғаниы...
Осы сол ма, сол емес пе деп келген бетте сәл аңырып қалған қыз, Ғаниды жүгіріп барып құшақтай алды.
— Ғани, Ғани! Ойпырай. Айтшы, не болды, жаным!
— Мен... Мен... — деді Ғани дауысы дірілдеп, — арсызбын, азғынмын, серттен тайған опасызбын... түкір бетіме?
Бағиланың көзі шарасынан шығып:
— Сен тағы да іштің бе?! — деп сыбырлады.
— Іштім... кешір деуге де менде бет қалған жоқ. Не айтарға білмеймін...
— Бағила шошына сұрланып, қолын кейін дереу тартып алды. Содан соң бірдеңе айтуға оқтала берді де, ауызына сөз түспегендей, Ғаниға жыламсырай қарады. Қыбырсыз қадалған ұзын кірпіктері бір сәт темен қозғалып кетіп еді. Екі тамшы жас бетіне домалап түсті. Ол орнынан атып тұрып кейін қарай жалт бұрылып, жүгіре жөнелді.
«Неткен сорлы едім!» деді Ғани көкірегі қарс айырыла күрсініп.
ХVІ
Жалғанда Алматының ауа райына сенбе. Қазір шайдай ашық тұрса, енді, біраздан кейін батысынан қара бұлт ойнап шыға келеді де, қара нөсер құйып өтеді. Әсіресе, көктемінде пәтуа жоқ. Бүгін жаз түсіп, шекеңді қыздырса, ертең қыс түсіп, арқаңа аяз батады. Сондықтан байырғы алматылықтар өз қаласының аспанын қабағы қазір ашылып, қазір жабылатын мінезсіз, шыжылдақ әйелге теңейді.
Расында февраль туды-ақ. Алматының көшесінен береке қашады. Бірде көктайғақ жапса, бірде қар ағыл-тегіл еріп, көшенің екі жағындағы арықтарынан су сарқырап, көктем буы аспанға көтеріледі. Содан енді-енді дегди бергенде кенет тағы да қар жауып, аласапақ қайта туады да, тас асфальт төселмеген шет көшелер миы шығып, калошыңа жармасып, қысқа, көктемге арналған аяқ киімдерді кию мұнда бір жағынан ыңғайсыз, екінші жағынан қолайсыз тарта бастайды. Сондықтан Алматының шетіне көктем келсе, ортасына жаз орнап, не киерге білмей, ұзақ уақыт әбігерге түсесіз.
Бұл әбігер кей жылы тіпті майдың орта шеніне дейін созылады.
Дегенмен, биылғы көктем жылдағысынан біраз өзгеше басталды. Бүкіл январь бойы жылы болып тұрған күн февраль туысымен бірте-бірте суытып, аяғы қатты аязға соқты да, содан марттың басында бір-ақ сынып, ұзақ уақыт нольден төмен құлдилаған градус небәрі екі-үш күннің ішінде жиырмаға бірден секірді.
Бұлай кенет келе қалған көктем жаңа үй болған Досановтарды шу дегенде едәуір абыржытып та тастады. Алдымен үйдің тарлығы енді сезілді. Өзі аласа, қауашақтай бөлме титтей от жақса, қыз-қыз қайнап, тынысты тарылтты. Бұл Есеннен гөрі, әсіресе, Таняның жанына қаттырақ батты. Ол пештің маңында шып-шып терлеп, ас әзірлеген құрлы зықысы шықты. Тамақты примусқа істейтін кез туғанын ол жаңа білді. Бірақ, үйлерінде керосин жоқ еді, оны алу Таняның есіне де келмеген.
Таня хозяйкаға жүгірді. Зинаида Соломоновна қарызға керосин берудің орнына өсиет соғып, ежелгі әдетімен ұзақ сөйлеп кетті.
— Қымбаттым-ау, қыс тұра бермейтінін, жаз келетінін білдің ғой... неге алдын ала алып қоймасқа. Шірімейді, бұзылмайды, тұра береді. Өзің ойлашы, солай емес пе? Енді, міне, қай жерде керосин сатылып жатыр деп іздеуің керек... Ай, ай!
Түсінбеймін бүгінгі жастарды. Ертеңін бірі ойламайды... қалана керосин таусылып қалды.
— Неге таусылады? — деп күлді Таня.
— Неге таусылады! Сол, таусылады да қалады! Аз ба ондай оқиғалар...
Сөзді қысқартқысы келген Таня:
— Құп, Зинаида Соломоновна, бұдан былай есте болсын... сіз қазірше, — деп бастап еді, Соломоновна шабына шок түскендей безектеп:
— Жоқ, мен ауыса алмаймын, өзіме қажет, — деп алдын орады. — Одан да жүгіріп барып кел. Егер, қымбаттым, өз қолың тимесе, Есен Досановичті жібер. Түгі кетпейді.
— Ол моншаға кетті, — деді Таня.
— Онда өзін баруға тура келеді. Неғұрлым ерте барсаң солғұрлым жақсы болады. Әйтпесе таусылып қалуы да ықтимал... Ой, ой, қандай ұмытшақ болып кеткенмін мен,-Соломоновна кенет екі қолымен басын ұстай алды. — Бүгін, айтқандай-ақ жексенбі екен ғой... Алысқа барып, босқа әбігерленудің керегі жоқ, қымбаттым. Керосинді өзіміздің көшеден алып өтеді. Тек, аңдып тұрсаң болғаны.
Керосин қашан келеді деп күтіп отыра алмай, Таня қапырық та болса, пешке от жағып тамақ әзірлеуге кірісті.
Есен моншадан сағат онда бір-ақ оралды. Ол екі беті нарттанып, қызыл күреңденген келіншегін көріп, қалжақтай кірді.
— Өй, қандай әдемі боп кеткенсің өзің!
— Иә, әдеміленерсің, — деді Таня ойнақы мінезбен.
— Рас айтам, бетіңнен прямо нұр тамып тұр.
— Ақылсыз, — деді Таня жымиып.
Әзілдеп айтса да, Есеннің бұл шыны еді. Таня оның көзіне, расында да, айрықша әдемі боп көрінді. Ақ жүзге қызыл күреңденген келісіп кеткен. Еріндері сәл ашылып, Есеніміз оған қадалыпты да қалыпты.
— Бүгін көрдің бе, неге менен көз алмайсың? — деді Таня күлімсірей көзін жаутаңдатып.
— Қарағым келе береді... келші, Танечка, отыршы қасыма.
— Тамақты кім әзірлейді?
— Тамағыңды қой!..
— Ех, ты, голова!..
Есен әйелінің бетіне арман ағасынын толқынында тербелген кейіпте ұзақ қарап отырды да, ойына әлде не түсіп кеткендей, тіліне күтпеген жерден бір тосын сұрақ оралды:
— Сен менің жанымды түсінесің бе, Танечка? Көңіліме келер демей, жасырмай айтшы.
— Иә, тағы не айтасың? — деді Таня мөлдір көкшіл көздеріне күлкі жиып.
— Шын сұраймын, Танечка! Өйткені мені көп жұрт ұқпайды...
— Тағы баяғы ескі жыр ма?..
— Жоқ, сен күлме, қызметте ұғылмасаң, қоғамға керегің қанша... Бұл деген, достым, трагедия... Басқа, басқа, ал сен білесің ғой, мен қызметтен жанымды аяймын ба? Өзіме жүктелген міндетті қолымнан келгенше адал-ақ атқарғым келмей ме? Осы өмірімде адам баласына зәредей қиянат та жасаған жан емеспін ғой! Олай болса, мен өзімнің қызметтес жолдастарыма неге жақпаймын?! Неге мен олардың көзіне бас бұзар тентек көрінемін?!
— Бір Батталовқа жақпадым деп жұрттың бәрінен түнелуге бола ма?
— Жұрт дегеніңіз, бірақ та, Батталовты жақтады ғой.
— Оған сен өзің кінәлісің, — деді Таня, дауысы сенімді, иық шықты. — Ісің анық оң болса, дәлелдеуің керек еді.
Дәлелдеуін керек еді. Оңай болып па екен дәлелдеу!
Батталовпен арадағы жанжалдан кейін Есеннің желі оңынан тұрмаған. Актив өтісімен оның ісі бюрода қаралып, үлкен сөз болған еді. Бюро мәжілісіне бұл жайды баяндаған Батталов мәселеге үлкен мән беріп, Есеннің «саяси соқырлығын», «тәртіпсіздігін», «ұстамсыздығын», тапсырылған жұмыстан «бас тартқанын», оның үстіне бөлімді басқарғанына едәуір уақыт болса да, әлі күнге ештеңе тындырмағанын төндіре айтып, тыңдаушыларды едәуір ұйытып тастаған-ды.
Өзін ақтай сөйлеу Есенге бұдан кейін оңайға соқпаған. Ол ойын шу дегеннен жинақтай алмай шашыратып, біресе Батталовты мінездеп, оның жаңалыққа баспайтынын айтып, біресе өз жайына көшіп, ұзап жатқан соң, мәжілісті басқарушы екінші секретарь уақыты біткендігін ескертіп, сөзін бөлген. Содан кейін-ақ Есеннің берекесі қашып, ой сорабынан адасып, өзінің жазықсыздығын дәлелдеуді сөзбен емес, құр ренжіспей бейнелеп, ақырында ыза болғандықтан қолды бір сілтеп отыра кеткен.
Оның мұнысын бюра мүшелері тәртіпсіздік деп бағалап, түгелдей Батталовты қуаттаған да, бұған сөгіс жариялаған. Сөйтіп, не ақтала алмай, не өзінің көкейдегілерін айтып жеткізе алмай, Есен жазаланып қала барған.
«Адамның тағдыры неге сонша оңай шешіледі?» деген кермек ой осы оқиғадан кейін оның басынан кетпей, ылғи мазасын алумен жүретін. Сол жарасын, міне, Таняға тағы да қасытып алды.
Ісің оң болса, дәлелдеуің керек еді дейсің. Бұл сеніңше оңай деп пе едің? — Ол әйеліне мұң шаққандай жуаси сөйледі.
— Қой, Есенка, бұл бишаралық саған жараспайды, — деді Таня орнынан тұрып.
— Міне, мұның бұрыс... О, жоқ, мен еш уақытта бишара бола алмаспын! Мені бишара ету ешкімнің қолынан келе де қоймас!.. Кейбіреулерге әшейін ренжіп айтамын. Әйтпесе болдым, біттім, сындым деп жүрген мен жоқ. Өзімді сынға салар күн әлі алда деп есептеймін...
— Ендеше неменеге таусыласың?
— Қалай таусылмайсың! Баспен ойлап жұмыс істемейтін, тек қызмет дәрежесін өсіруге мәз кейбір тоғышарлар үлкен столдың артына отырып алып, жастардың тағдырын шешпек болады. Айтшы, өз жүрегінде жастық жалын жоқ жан жастарға не бермек? Не үйретпек? Міне, мен осыған күйемін. Батталов сияқты қанатсыз жандарға қарным ашады... Жоқ, Таня, сен қалай десең, олай де, кәзіргі мен отырған орын шынында қолым емес екен. Соған көзім жетті.
— Иә...
— Маған кеңістік керек... Еркін құлаштайтын жұмыс керек. Қағазға көміліп, кеңседе отыру деген не?.. Жоқ, менің жаным бұл үшін жаралмаған.
Жаңағы бір болымсыз жабырқаулар тарап, Есеннің көздері жайнап кеткенін көріп, Таня жымиып күлді.
— Жарайды, қанатты қазағым, тамағыңды әзірлейін.
— Жоқ, Танька, менің де қанатым қысқа әлі...
— Танюшенька, керосин келді, — деп хабарлады Соломоновна, өзіне бітпеген ерекше майдалықпен дауыстап.
— Кезек ала беріңіз, Зинаида Соломоновна, мен қазір барамын, — деді Таня.
— Сен тамағыңды дайында. Мен-ақ әкеле қояйын, — деп Есен орнынан көтерілді.
Пеш пысынатып, қанша зықысын алса да, Таняның жүзінде иненің жасуындай да ренжіс жоқ. Үйдің тарлығы, тұрмыстың шалалығы-сондайдың бірде-бірі оның қаперіне де кірмейді. Қайта осы өмірі өзіне қызық сияқты көрінеді. Қасында тек Есені болсын, онымен бар ма, от кешуге де әзір...
Таня, жалпы, өмірдің рахатына дағдыланған жан еместі. Ондай өмірді табиғат бұған жазбаған. 1941 жылы әкесі мен шешесі жау басып алған жерде қаза тапты да, тоғыз жасында басына ауыр күн туып, Киев түбіндегі украин селосынан тағдыр оны Қазақстанға бастады. Ол сол бетінде Алматыдағы балалар үйіне келіп түсті. Кейін, бой жеткен соң, мединститут табалдырығын аттап, сонда оқып жүргенде Есенмен танысты...
Балалар үйіндегі, студент кезіндегі өміріне қарағанда оның қазіргі тұрмысы қанша жұпыны десек те, әлде қайда жақсы еді. Өз алдыңа үйсін, азды-көпті ақшалысың. Ішер асың да, киер киімің де ондағыдан өзгерек... Мұнын бәрін де қойшы. Жар сүйген жүректің жаза баспаған қуанышын айтсайшы! Әдетте, әйел баласының жүрегіне жиырмадан асқан соң ұрлана бір сырлы сезім ұялайды... Ол ерге шығуды, өмірлік жар сүюді ойлайды. Басқа іспен қанша шұғылданған күнде де «қандай адамға тап боламын» деген сұрақ ешбір қыздың ойынан ешуақытта кетпекші емес. Сүюге қыз атаулы әрқашан да асығады. Тіпті табиғаттың өзі оны осыған ұмтылдырады. Өйткені қыз деген ұнатқан адамына еркекше өз аяғынан барып көңіл қалауын білдіре алмайды. Татьянаның тағдыры мұндайда көз алдында тұрады. Сондықтан осы қалай деген жігітпен кезінде танысып қалуға, шынын айтқанда, қыздар құштар келеді. Мұны көбі, әрине, сездірмейді. Кейде тіпті танысудың реті келіп тұрған жердің өзінде қыз басына тән паңдықпен, ибамен сыр алдырмаймын деп жүріп сәтті шықты өткізіп те алады.
Сырт көзге мұның бәрі оны оңайлықпен тебіренбейтін ұстамды, жар сүюде талғампаз көрсетеді. Ал шынында, қыз деген сырға ғана берік те, сезімге келгенде нәзік. Әрбір ағаттығына ол іштей күйінеді. Сүйіспеншілік сезім оянса, өзгенің бәрін ұмытып, махаббат жолына басты тігіп те жіберетін көзсіз батырлығы да аз кездеспейді.
«Сәтті шағымды өткізіп алмайын» деген асығыс сезім қызды жақсылыққа да, жамандыққа да ұрындырады. Кейде теңіне қосылады, ал кейде адастырып, өмір-бақи өкініште қалдырады. Жалпы сүйіспеншілік басталды-ақ, қыз баласынан ерік кетеді. Өйткені, сүйіспеншілік өз салмағын тек сезімге салады. Ал сезім дегеніміз бір тұтанса, май құйған отша лапылдап, кезінде ештеңені аңғартпай, кейде мықтап алдайды, немесе мықтап алданады. Міне, сондықтан да, жар сүюдің сәті көп жағдайда оңай түсе бермейді.
Таня өзін сәтті шақты тап басқан жар сүюден адаспаған жанмын деп есептейтін еді. Сондықтан өз махаббатын іштей мақтан ететін...
...Кенет, құлағына оқыс күлкі шашылып, Таня есікке бұрылды. Екі көзінен жас ағып, езуін жия алмай кеңкілдеген хозяйканы көріп:
— Зинаида Соломоновна, не болды? — деп жымиды.
— Ой, не могу! — Хозяйка бітік көзі одан сайын жұмылып, селк-селк етіп арт жағында келе жатқан Есенді иегімен нұсқады. — Қолына, қолына қара қымбаттым!
Есен басын шайқап, бір жымың етті де, қолындағы затын жерге қоя салып, асыға бөлменің түп жағына өтті.
— Танечка, тапшы, қымбаттым, біздің Досанович керосинді қалай алды дейсің? Ойымда ештеңе жоқ, тезірек алып кете қойсын деп алдымнан жіберейін... бір кезде сатушыға он сом ұсынып, ыдысын оңтайлай бергенде әйелдердің күлгенін көрсең. Бұл не десем, геройың керосин алуға примустың өзін апарыпты ғой. «Достым-ау, мұнан басқа ыдыс таппадың ба!» деп сатушы мысқалдаса да, «құй» деп және міз бақпайды...
— Сені де хозяин дейді-ау, — деп күлді Таня Есенге.
— Иә, примусқа құйдырса, не қылады екен?! — деп Есен жаңғалақтығын мойындағысы келмеп еді, Таня қуақыланып:
— Керосинге де кеңістік керек, білдің бе, — деп оны өз сезімін сүріндірді.
Есен ештеңе дей алмай, қолын сілтеп, теріс айналды да, өшіріп қойған репродукторды күшейтіп радиомен айналысып кетті. Таня мен Соломоновна бір-біріне жымыңдаса көз қысып, «ұялдың ба бәлем» дегендей, бұдан кейін де рахаттана ұзақ күлісті.
Примус жөнінде әңгімені қайта жаңғыртқысы келмеді ме, әлде шынымен-ақ қарны ашты ма:
— Ау, тамағың қашан піседі? — деп Есен, Соломоновна кетісімен әйелінің есін шығарды.
— Көріп тұрсың ғой, қол тиіп жатыр ма.. Міне, қазір.
— Немене еді өзі?
— Не жегің келіп еді! — деді Таня езу тартып.
— Менің бе? Білесің ғой етпен дос екенімді.
Ол заказды бүгін қоя тұрасың.
— Не дейді? Бауырым-ау, аштан қырмақпысың?
Таня жымыңдай күліп, кішкентай плитаның тесігінен шеттеп қалған шәйнекті примусқа қоймақ болып тысқа әкетті.
— Радиодан күтпеген бір жаңа хабар басталды. Есен орнынан ұшып тұрып репродуктордың даусын бұрынғысынан да күшейте, маңызды хабарға ынтыға құлақ түрді.
XVII
«Басқа түскен баспақшы» дейді қазақ. Қолайсыз халге тап болсаң, амалсыз көнесің. Көніп қана қоймайсың, ауыртпалықты жеңуге ұмтыласың. Бірақ бұл күрес оңайлыққа түспейді. Ол адамды іштей жеп, иә біржола қаусатып кетеді. Иә болмаса, шайқалтып өтеді. Өйткені тосын қайғы дегеніңіз-ойламаған жерде алдыңа көлденең тұра қалған қия басты биік тау тәріздес: аспайынша болмайды, ал асу-күш талғайды. Қайратты жандар ғана одан мұқалмай, қажымай асады, жігерсіздер, тез мұқалып, асқан ғұрлы жүйкесі құриды, күйзеледі. Сондықтан басқа түскен ауыртпалық кейін ұмытылғанымен ол адам өміріне белгілі көлемде із қалдырады. Әрбір адамның ерекшелігі де міне, осындайда айқын көрінеді.
Өмір Ғаниды да осындай асуға салды. Ол жаңа жыл күнгі оқиғадан кейін үміт, қуаныш атаулыдан айрылды. Ертеңіне «басын жазамын» деп шоферлық правосымен де қоштасып, жұмыссыз қалды. Лаж таусылды. Өз тағдырын біржола шешер мезгіл шындап келгенін, енді аялдаудың яки үміттенудің мүлдем мағынасыз болып қалғанын ұғып өзіне-өзі күйзеле есеп берді. Қайда барады? Не істейді?.. Үйге ме?..
Бара алмайды үйіне. Баруға мұнда бет жоқ. Неге?
Ол әкемен араны оңбастай ашып алған еді. Келмесең беземін, көрмеймін деп қорқытқан әкеге бірнеше рет жалынғанмен ештеңе шықпаған соң, соңғы рет ашына хат жазған... «Мен болсам дүниеге жаңа келдім... Ал, сіз болсаңыз асарыңызды асап, жасарыңызды жасадыңыз ғой. Неге менің алдымды бөгей бересіз... жоқ, бөгемеңіз менің қызығымды. Тұрмаңыз жолыма көлденең. Жаман-жақсы болсын, өз қалауыммен өмір сүрейін... Бұдан былай бұл мәселені сөз етуді қояйық» деп түйген хатын.
Содан бастап хаттар сиреген. Бұдан кейін бара ала ма? Не деп барады? Не бетімен барады? Жігі-жаппар боп, жалынып шақырғанда келмей, сүтке тиген күшіктей боп бұралқыланып жетіп бару-өлім емес пе?
Мұнда да қала алмайды. Не үшін қалады?.. Кім үшін қалады? «Бағила тастап кеткен жігіт» деп көрінгенге күлкі боп жүру үшін қалмақ па?
Ғанидың жан дүниесі қатты бұралған пружинадай шиыршық атып, әбден шегіне жетті. Бұдан әрі тыныш қалу мүмкін емес еді. Иә шіріген серіппе үзілуге, иә оны қауырт қозғалысқа қосуға тиісті.
Намыс, ақыл, ашынған ой соңғысына бастады...
Кештетіп Нұри келді. Бұл оны көңілсіз қарсы алды.
— Өй, неге жабырқаусың? — деді Нұри.
— Неменеге жетісем?
— Сен ғой маған ренжисің, ә?
— Өзіме ренжимін...
— Сол күні қара басып мен мас боп қалыппын... Әйтпегенде...
— Керегі не сол әңгімені қозғап, — деді Ғани қабақ шытты. — Болар іс болды ғой. Тек ақымақтығыма ішім күйеді. Неге ғана бардым деймін...
— Ойпырай, қоймайды екенсің! Ну, хорошо, ішіпсің. Көшеде құлап, бетіңді жаралапсың. Подумаешь. Ондай-ондай оқиғалар мейрамда болмай тұра ма... сен сонша... киін кеттік! Мен сені...
— Жоқ, ешқайда бармаймын!.. Сізден алған осы тәлімім де — деді Ғани зілмен.
— Ах, солай ма?..
— Иә, солай, — деді Ғани тесіле қарап. Нұри басын шайқап біраз тұрды да:
— Жақсылық ойлағаннан басқа саған ешқандай жазығым жоқ-ақ еді... Рақмет ендеше,-деп есікке бет бұрды. — Тек есіңде болсын. Бәріне өзің кінәлісің. Не оқу, не жұмыс қолыңнан келмейді, жаным-ау, мен не істемекпін, ә? Кім саған мендей болысты?.. Үйіңе кет деп ақыл берген де мен емес пе едім. Алмадың ғой тілді... Көкем-ау, енді маған не қыл дейсің?
— Білемін көк ми болып келгенімді. Оны бетке шыжылдатып баса бермеңіз. Жетіпті бір басыма бишарашылық!.. Бұдан былайғыны өмір өзі көрсетер. Қош болыңыз!
— Oho, оһо! Ірі кеттің! Давай, давай... — деп Нұри ыржиып қолын ұсынды.
Достар аяқ астынан ренжісіп айырылысты.
Ғани түні бойы дөңбекшіді... Көз алдынан бұлыңғыр бір армандар кетпеді. Арман әртүрлі нәсіпке, өнерге байланысты болып келеді де, даңққа сарқылады. Кейде ол даңқты ұшқыш боп көк шүйеді, кейде ұлы ғалым боп өзін қалың кітаптардың ортасында көреді, кейде аты шулы жазушы боп роман жазып отырады. Кейде керемет конструктор боп адам баласы таппаған бір жаңалықтар ашып салады... Соның бәрінде ол бір нәрсені ұмытпайды. Онысы-Бағила. Оған осынша даңқтың бәрі бір сол Бағила үшін ғана керектей. Сол қыз қараса болғаны... даңқ?.. Даңқ! Шіркін келсе ғой даңқ!..
Ертеңіне Есеннің көмегімен обкомолдан жолдама алып ол комсомол газет редакциясына барды. Ондағы ойы журналист тілші болып, тезірек атын шығару еді. Әрі ойлап, бері ойлап келгенде, оған осы кәсіп қолайлы көрінген. Қолынан келетін де, атын тез жаятын да кәсіп осы сияқтанды. Өткір фельетондар, қызық очерк, әңгімелер, мақалалар жазса, мұны кім қадірлемейді. Оның бер жағында ол оны-мұныны түртініп жазып та жүретін. Аудандық газетте осы жылдың басында бірер хабары жарияланғаны да бар. Керек болар деп онысын да ала келді.
Редактор оның жай-жапсарына қанып, әбден танысқаннан кейін:
— Бізде тілшілік бір орын бары рас. Бірақ оған тәжірибелі журналист алсақ па деп едік,-деп шынын айтты.
— Ағай, мен түсінбеймін, — деді Ғани ойында жүргендерін айтып қалғысы келіп, — қайда барсам да, осыны айтады. Сенім көрсетпеңіздер, сынамасаңыздар, жас адам қалай өседі? Қайтіп тәжірибелі маман болады? Сіз өзіңіз де осы орынға дайын келіп отыра қалмаған боларсыз...
— Сен, жігітім, ауызды менің өзіме салдың ба? — деп күлді редактор. Содан соң шынында да сәл ойланып қалды. — Талабың, жалпы алғанда орынды. Қай мекеме болмасын, адамды тәрбиелеуге борышты. Әйтсе де, редакцияның жөні басқарақ...
— Сіз мені сынап көріңізші, ағатай, — деп Ғани редактордың жүзі жылығанын көріп жабыса түсті.
— Жарайды, личный листок толтырып, арыз жазып бер. Жолдастармен ақылдасайын,-деді редактор.
Ғани ертеңіне мынадай жауап алды:
— Редакция сені бірден тілші етіп жібере алмайды. Бірақ, сенің тілегіңді ескеріп, журналистік қабілетіңді сынап көруге ұйғарды. Егер қарсы болмасаң, арнаулы тапсырма береміз. Соны қалай орындайсың. Қызметке алу, алмауды, міне, соған қарай шешеміз.
— Жақсы, — деді Ғани құлшынып.
— Олай болса, секретардан документ ал да, союзпечатка бар. Баспасөздің, оның ішінде жастар баспасөзінің республикамызда қалай таратылғаны жөнінде зерттеп, мақала жаз. Ал бірақ ашық ауыз болма. Әбден егжей-тегжейіне жетіп жаз...
— Саған кім керек? — деді шабдар әйел Ғаниды кіргеннен шаужайлап.
— Маған бастық керек, — деді ол әйелдің анайы қабылдағанын ұнатпай, бұл да өзінше қыр көрсетіп.
— Келбаев жолдас бос емес... Қандай мәселе жайында еді?
— Қызмет бабында...
— Қызметтің де түрі бар ғой. Мүмкін, басқалар шешетін мәселе шығар.
— Жоқ, өзі ғана шешеді.
Шабдар әйел иығын бір көтеріп қалды да, қалтасынан помадасы мен бет айнасын алып, ернін бояй бастады.
Екінші бөлмеден тағы бір әйел шықты.
— Тося, білдің бе? — деді ол сары әйелдің иығына асыла кеп тұрып.
— Қазір, Күлпашқа, — деді сары әйел. Осы кезде:
— Жиылыс па, немене? — деп қалды Ғани тықыршып.
— Иә, немене? — деді әйел естімегендей, мұның бетіне бажырайып Ғани сұрағын қайталады.
— Иә, — деді ол зеки, шолақ қайырып.
— Ұзақ бола ма?
— Таңғаларлық сұрақ. Мен қайдан білейін...
Содан кейін ол иығына асылған екінші әйелмен болып кетті.
— Білесің бе, Күлпашқа, мен кеше туфли алдым, ой тамаша! Өзі арзан. Фасоны қандай десеңші!.. Соңғы мода! Әсіресе түрін айтсайшы!..
— Ақ па?
— Ағың не? Аспан түстес, ақшыл көк...
— Ондай түс маған ұнамайды, — деді анау.
— Саған не болған, ең тамаша түс қой. Көк гүлді креп-жоржет көйлекпен кисең, қандай келісіп кетеді... Құпия түрде айтайын, керек болса, саған да әперуге болады.
— Маған ағы қажет...
— Сұрастырып көрейін.
— Туфлиден де маған әне бір зат қажеттірек болып тұр.
— Айттым ғой, оны реттейміз, қызметіне келмей жатыр.
Ғани екі әйелдің сөзіне жалығып кетті ме, әлде ызасы келді ме:
— Сіз, білсеңіз қайтеді, — деді ол шабдар әйелге бұрылып, — бітетін жиналыс па, яки...
— Міне, қызық жан, — деді әйел өзінің подругасына бұрылып, — мен жұмысты тастап және мәжілісті бұзып кіріп жүрсем-ау... Міне, бұл клиент дегендер келіп алады да, өстіп күні бойы жұмыс істетпейді!.. — Ол Ғаниға тесірейді. — Сен мені қызметімнен бөлмей, күтсең тыныш отырып күт, жас жігіт!
Ғани өзінің де хатшы кезінде көбіне бос отыратыны, соған қарамастан бірдеңені тындырып жүргендей, деміне нан пісетіні мынадан кейін есіне түсіп, мырс етіп күліп жібере жаздады да, әйелден именіп, жымия төмен бұқты.
Екі әйел тағы қысыр әңгімеге кірісе бастап еді, іштен аппараттың үш-төрт қызметкерлері шықты да, тоқталып қалды. Ғани апыр-топырды пайдаланып, сұрамастан дереу ішке кірді.
Бұрышта, көк шұғамен тысталған үлкен столдың артында жұмсақ креслоға көміле отырған жуан сары адам Ғанидың көзіне оттай басыла кетті. Баяғы өзі білетін, министрге кезексіз кіретін, насыбайшы сары!
Бірақ Ғани күткендей, танысы бұған жылы шырай білдірмеді. Анықтап көре алмай отырған адамша бұған маңдайын, бүкіл бет терісін тыжырайта қарап, мұның ұсынған қолына екі саусағын ғана еріншектене ұстатты да, отыр деп те айтпастан, тамағын кенеп-кенеп қойды.
Бұған күні түсіп келмегендіктен, Ғани да онша абыржымай столдың екі бұрышында тұрған жұмсақ орындықтың біріне жайғасып отырып алды.
— Иә, сөйле, бала, — деді сары, тілін қозғап артына бұрыла бір шырт түкіріп алып.
Соңғы айларда Бағила бірнеше соққыға ұшырады. Ғанимен арасы адам айтқысыз шиеленісіп кеткені өз алдына, оның үстіне бір сабақтан төрт алып қалды. Бірінші курстан бастап үш жыл бойы бестен бір төмендеп көрмеген адамға бұл дегеніміз екіге түсіп қалғанмен тепе-тең еді. Техникумды үздік бітіремін деп жүрген үміті үзіліп, көңілі бұдан кейін мүлде жүдеу тартты.
Ол іштей Ғаниды жазғырды. Сол болмаса, сол үшін күнде-күнде көңілім алабұртып күйінбесем, мұндай күйге ұшырар ма едім деп те қамықты.
Бірақ, қаншама сілесе де, осы адамды жүректен біржола лақтырып тастай алмай қиналады. Бұл аздай, оның үстіне көңілсіз әңгіме әке мен шешеге жетіп, байғұс басы қыспаққа түсті.
— Әкеңнен көрген азабым да жетеді. Көрсетпе ондай ішкішті көзіме, — деп Хакима зар иледі.
— Қара ол глупецті! Кімді басынғысы келеді, — деп жұдырығын түйіп Шәкір шықты.
Бағила өзінің бұдан былай Ғаниды Маңына жуытпайтынын айтып, әке, шеше қыспағынан әрең құтылды. Өстіп жүргенде Ғанидан записка алды. Бағила үшін бұл бәлендей жаңалық емес еді. Хаты түгіл, оның өзіне де дұрыс жауап бермей, «біткен жырдың басын ауыртпа» деп талай рет бетін қайырып тастағаны бар.
Дегенмен хатта ойланарлық жайлар кездесті. Ә, дегенде конвертті паңдана ашқан Бағила оқи келе жуасып еңсесі түсті. Хаттың мазмұны мынадай еді:
«Оқымай қоярсың деп мейлінше қысқа жазып отырмын. Тағы да кешірім сұрап, жалынып мазамды алар деп қорықпа. Ол үміттің құр елес екеніне көзім әбден жетті. Сондықтан енді мазаламаймын... Сүйген деген қиын екен! Бұдан былай маған тыныштық болмайтын түрі бар. Сондықтан кету керек сияқты... Әрине, мен үйіме де бармаймын, таныс та сағаламаймын! Жақынның жүзіне қарарлық менде бет қайда!..
Ақтық рет жолыққым келеді, қолыңды қысып, қоштасқым келеді! Мені ая, жаным! Бір-екі минутыңды қи. Жалынамын! Тағы да айтамын, қолқа салмаймын. Күлімсіреп тұратын қара көзіңе бір үңілейін де, ұлықсат етсең ақ маңдайыңнан, шашыңнан бір сипап алыс жолға аттанайын... Қанша жек көрсең де, адаммын ғой, берші, жаным, осы тілегімді!.. Уақытша да болса, қуанышпен кетейін...»
Бағиланың жаны елжіреп өкпе, наз, шүбәлар кейінге сырылып, «шынымен айырылғаным ба?» деген сұрақ алдын орады. Жолығып қалуға ұмтылды.
Жолықты.
Есігінің алдында соңғы жылдары отырғызылған, жайқалып жақсы өскен, жас емен болушы еді. Ғани әрбір ұзатып келген сайын, олар осы еменнің түбіне тоқтап, тағы да ұзақ тұрып сыр шертісуші еді. Бір ғажабы-осы еменнен әрі қарай аттаса, бірін-бірі жоғалтып алатындай екеуі де оның тұсына жете беріп кілт тоқтап қалатын. Кейін тіпті осы еменге жеткенше де көңілдері көншімейтін әдет тапты. Еменге қатпай жетті, солай жандары жайғасып рақат кешеді. Әңгімеге де жол ашылады. Он қадам жерде тұрған үй он шақырым алысқа сытылып бірін-бірі қиыса алмай, екеуі сол еменнің түбінде бірнеше сағат жіпсіз байланады... Емен жапырақтарын жел шайқап, кейде сыбдырлайды. Киіз үйдің төбесінше дөңгеленген бұтақтары айналадағы сәулені іргесіне түсірмей, қапсыра құшақтап ап, қараңғы аспанға бойлап, кейде ол қалғып тұрады. Бірақ, соның бәрінде де екі жас алғашқы махаббаттың куәсі болған дос еменін жатсынбай, сенімді серігіне балайды.
Сөйткен еменнің бұлар тағы да түбінде тұр. Емен баяғысынша, өзгермеген... Бірақ, бұлар ондағысындай сезінбейді. Таусылмайтын сондағы әңгіме, сыр да, қиыспайтын ашық көңіл лебізі де тереңге бұғып алып, сыртқа шығуға қорғалақтайды. Сөз оралмайды, сезім жанбайды. Қара күңгірт аспандай іштегі сырлар тұңғиық жатыр... Емен байғұстың бұл жолы себі тиер түрі жоқ..
Ғанидың сөздері аузынан шашырап шықты.
— Келгеніңе көп рахмет... Амалсыз мазаладым... Тыңға аттанам...
— Жолың болсын...
— Бағила, жаным Бағилаш! Неге осынша мені жек көріп кеттің?! Мен адасайын деп пе едім. Қапылыста біреулердің ортасына түсіп қалсам қайтейін... Кешірмесең де, лағынат айтпасаң етті... Сөзің жүрегімді тіліп түсті ғой!..
— Сен менің жүрегімді аз жараладым деп ойлаймысың! Сүйгеннен басқа, не жазығым бар еді. Бір емес... екі емес...
— Неге мені басындың? Неге мені қорладың?.. Ондайың бар, неге мені түу баста алдадың?
— Міне, жаным...
Сарт етіп қақпа ашылды.
— Әй, неғып тұрсың, сен қыз? — деген Хакиманың даусы Ғанидың аузына құм құйды.
— Қазір, мама, — деді Бағила.
— Жүр, деймін мен саған!
Бағила Ғаниға бір, шешесіне бір жалтақтап, не істерге білмей аңырды!
Бұрын мұндай әдеті жоқ шешесінің мына қылығы оны таңдандырды ма, әлде шамына тиді ме, аздан соң Ғанидан бес-алты адым қашықтап:
— Мама, саған не болған? Қазір барамын ғой, — деп күңкілдеді.
— Мені құртайын демесең кір! Үйде әкең басымызға әңгір таяқ ойнатып жатыр, — деді Хакима демігіп.
Бағила Ғаниға бұрылды.
— Ертең, кешкі жетіде, техникумда, — дей салып, амалсыз үйіне сүңгіді.
Әңгіменің үлкені жаңа басталды.
— Сен қайда жүрсің? Кіммен жүрсің? — деді Шәкір қызына көздері шатынап.
— Папа, сізге қанша лайық осындай іске араласу, — деді Бағила даусын көтермей, жай ғана салмақпен.
— Мен... Мен неге араласпаймын?.. А неге? Сенің тағдырың мені ойландырмай ма?
— Мен саған әке емеспін бе?..
— Папа, қояйықшы, осы жайды.
— Неге қоямыз... Сен мені мас деп отырмысың? Мен мас емеспін. Түк те мас емеспін... Мен... мен бәрін білемін. Сен шешең екеуің мені бөлектетіп келесің. Не выйдет! Понятно! Мен саған әкемін. Сен мені тыңдайсың!.. Мен айтамын! Ақымақ болма деймін. Саған жігітпен жүруге әлі ерте... Бетіңді баспа. Солай! Ерте! Тым құрыса өзіңе тең біреуді тапсаң екен-ау... көзіңе айтайын, ақымақсың, қызым. Кім ол? Бездельник? Не оқу, не жұмыс қолынан келмейді. Қаңғыған жұғымсыз? Шофер!-Соңғы сөзді айтқанда даусы шаңқ етіп қатты шықты. — Басқа дені дұрыс адам құрығандай, шоферға тимекпісің?.. Осындай масқаралықты қалай сен ойлай алмайсың?!
Бағила көзінен жас парлатып, ауыз үйге қашты. Шәкір, қалмай, соңынан ілесті.
— Сен жалтарма!.. Сен маған турасын айт!
Бағила безеріп, тіл қатпай сілейді.
— Сен неге үндемейсің? — Шәкір әйеліне тепсінді. — Сенің ішіңнен шыққан қыз ғой? Сөйлес! Айт жанына бақырып! Адаспасын!..
— Бағила, — деді Хакима қоңыр дауыспен. — Біз әкең екеуміз бұл ісіңе риза емеспіз... Егер біз дейтін болсаң ойға алғаныңды ұмыт!.. Бақытсыз боласың, балам...
— Тілі кесілгендей, неге үндемейді бұл? — деп ызаланды Шәкір. — Сазаруын көргенсіздің! Тәрбиелей алмайтыны бар, қыз есіріп не жыны бар екен бұл қатын иттің!..
— Өзіңе тиетін сөзді айтатының не, бишара! — деді Хакима күйеуіне, — сен дұрыс әке болсаң жарайды, ақитпа көзіңді, қойдым... — Хакима қызына бұрылды.
— Балам, маған қарашы. Елуге жетпей қылау шалған мынау шаштың ағарған әрбір талын есіңе алшы... Аз ба еді сорлы анаңның көргені... Біржола шөксін демесең, көрсетпе бұл қайғыны. Сорлатпа анаңды!
Бағила солқылдап, анасының алдына құлады. Хакима қызының басын құшақтап, ескі диванға отыра кетті де, төмен бұға жеңімен көзін сүртті.
Ертемен тұрып алып, тамағын да ішпестен, Бағила техникумге тартты. Содан бері талай уақыт өтті. Бірақ, үйге қайтар түрі жоқ. Беттемейді, ыңғайсызданады... Бір онда, бір мұнда ойысса да, ауладан алыстамайды. Қайда барса да, алдынан бұдан екі күн бұрын ілінген жарнама шығады. Профкомдағылар да қызық. Қағаз бен бояуды аямай, кез келген жерге жапсыруға ерінбеген. Солардың бірде-бірін Бағила оқымайды. «3 мартта, кешкі сағат жетіде клубта...» дегеніне көзі түседі де сәл ыңғайсызданып өтіп кетеді. Көңілі ала. Құлықсыз.
Жетіде концерт жарнамалары соны еске салады. Бұл оған қатысуға тиіс. Бірақ бұл мезгілді кеше Ғаниға да сыйлады. Неге жетіні айтты. Онысына бүгін ғана таңданғандай. Бірақ ойланар уақыт болды ма... Неменеге жетісіп ән салмақ!.. Ең қызығы бармаған ғой... Бармау... Жұртты күттіріп қоймақ па сонда? Бұл деген барып тұрған жауапсыздық қой... Бірақ жолықпай тағы болмайды. Несі бар. Жетіде жолығады да, көп болса, он-он бес минут кешігіп, бара коймай? ма? Дәл бүгін ән салып та жарытпас, әйтсе де үйірмені ұятқа қалдыруға болмайды. Барады...
— Бағила, не ғып тұрсың? Репетицияға бармаушы ма едің? — деді бір қыз тұсынан өте беріп.
— Әлі сонысы бар ма еді!
— Бағила сол күні концертке де бармады, Ғаниға да жолықпады... Мұның екеуіне де оның өзінше себебі бар еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі