Өлең, жыр, ақындар

Виртуоз

Бүгін ғой... күн еңкейген кешкі сағат төртте елдің тәуелсіздік алғанына орай Астананың нақ төріне, Ақ Орданың батыс қапталына орнаған Қазақстан деп аталатын ғажайып сарайда мерекелік концерт өтті. Елден келген Қожамжар сәті түсіп, дәм бұйырып сарайдың алғаш ашылу рәсіміне, тәуелсіздік тойына қаңғалақтап келіп қалды. Қаңғалақтап деген сөзді бекер ауызға алмадық. Құданың құдіреті дейміз ғой! Үлкен қалада, небір бас айналғандай биік лауазымның креслосында отырған ығай мен сығай сыпайылар ғажайып ғимаратқа бас сұғатын билет таппай отырғанда — қиян түкпірде, жыңғыл мен шеңгел арасындағы шағын ауылдан келген зейнеткер Қожамжардың мына мәртебелі ортаға топ ете түскені — шындығында кісі сенбестей оқиға еді. Себепкері — жалғыз ұлы Нұрасыл. Осында Ұлттық музыкалық академияда домбыра сыныбынан дәріс береді.

Оқу бітіргелі екі жыл, «елге қайт, ұлым!.. бораны қасқырша ұлыған, көжесі удай қымбат сол қалада тұрып бойыңа шыр бітпейді, елге келіп бір басыңды екі етіп ал», — деп қанша қақсады. Қасарыспасы құлағына ілмеді.

Нағашысы басы бір қисайса — құламай тынбайтын, бір нәрсеге беттесе — беті қайтпайтын, қазықбас аталған серінің тұқымы еді, соған тартып айтқанға еш көнбейді. Астана астана болғалы басы қисайып ботасын іздеген інгендей осылай қарай тартты да тұрды.

Ауылды сағына ма, бәтшағар, әр кезде тілдей хат жазады. «Көке, баяғыда ұлы композитор Нұрғисаның ізбасары болсын деп есімімді Нұрасыл қойғаныңыз оңды болды... домбыраны басыма жастап жатам... домбырадан дәріс берем», — дейді төгілдіріп. Мейлі ғой. Келесі хатында: «Көке, қалаға қыдырып келіңіз, академия ректоры еңбегімді елеп бір бөлмелі жатақхана берді, сыртта сақылдаған сары аяз, баспанам жылы, көжемді өзім істеп ішем. Түйіп жүрген теңгеңіз болса — жаратып қоймаңыз, ипотекалы үйге жазылайын. Бәйтеректі, Хан шатырын көресіз, айтпақшы, ұмытып барады екем, Ағаділ ұстаға бір қой беріп жасатқан көне домбыраны ала келіңіз, бала кезімде тартқан аспаптың үнін сағынып жүрмін», — деп жазыпты.

Алда ғана пәдәріңе нәлет-ай! Дүниеге әкелген, бағып-қағып адам еткен ата-анасын сағынбай, қайдағы қаңсып қалған көне шанақты қайта-қайта жаза беріпті ғой. Былтырғы бір хатында да сол шанақты ауызға алған. Қой, ә! Болмас-болмас, жаңа жылдың қарсаңы ғой, құяңым сыр бермей тұрғанда, ит өлген жердегі, қиян түкпірдегі... аузынан суы құрып айта беретін Астанасына барып қайтайын деп бекінді. Әйеліне қорада ұстап бағып жүрген ту қойын сойғызып, қоржыныма салып бер деп бұйырды.

«Барып қайтам» деген сөз аузынан шыққаны сол — ауыл аймақта сұмдық дүрлігіс басталды.

«Е, Қожеке, сіз де көтерілейін деген екенсіз, байқаңыз, Астанада қалып қоймаңыз, қойыңызды демде бауыздап, іреп-сойып үйтіп, шып-шырғасын шығармай суын сорғытып ыдысыңызға салып беремін. Кешегі күні ауылға алғаш теледидар келгенде — телемастердің оқуын тауысып, темір-терсектің білгірі болып үйімдегі теледидарды талай тегін жөндегеніңізді қалай ұмытайын», — деп қоңсы жігіт келді жағалап. Пышағын қайрап.

«Нұрасыл мен біздің үйдегі Күнсұлу бірін-бірі ұнатып, үлкен оқуда жүргенде сөз байласқан секілді еді... домбыраға басы айналды ма, хабар-ошар болмай кетті ғой, Қожеке», — деп көшенің басында тұратын құрдасы жетті аяңдап. «— Бұл күнгінің жастарын түсіну қиындап барады, қағынан жеріген байталдай, бәлкім елге келер... бәлкім икемге көнер!.. Бұзыла беретін теледидарымды сөйлетіп жіберетін ұсталығыңызды неге ұмытайын! Ауылдың дәмін сағынып жүрген шығар деп Күнсұлу мына жеңді білектей қауынқақты беріп жіберді, шіреп піскен қауынды өзі тілген, көлеңкеге кептірген, кешкі салқында өрген», — деп исі бұрқыраған, сыртына шырын сөлі тепкен, бикештің тоқ бұрымындай кептірілген қауынқақты қоржынға салып әлек.

Ауылдың жекеменшік қойын бағатын Жәнібек жетті домалаңдап. Қайдан құлағы шалғаны белгісіз. «Барып қайтам» деген сөз аузынан шыққаны жаңа әлгіде еді. Пәдәріңе нәлеттің даусы жер жарады (тоғай арасында адасқан малға айқайлап үні ашылыпты). «Көке, Нұрасыл досыма әспеттеп сақтап жүрген бес қаракөл елтірім бар еді, ала кетіңіз, құлақшын ғып тіктіріп кисін, киген сайын мына сыныптас, парталас құрдасын есіне алып жүрсін!» Қожамжар шатқаяқтайды. Шатқаяқтайтын жөні бар.

— Ау, шырағым, бұл күнде ешкім қаракөл елтірісінен құлақшын кимейді. Асылыңды өзіңе қалдырамын!

— Неге кимесін, киеді.

— Қаланың кісілері ондатра, асыранды түлкі секілді үлпілдекке әуес. Көбіне жалаңбас жүреді, көкешім. Текке әуре боласың. Онсыз да жүгім бір қапшық, қоржынбасы толды. Мұның үстіне Нұрасылдың көне домбырасын, өзімнің боранға киетін қасқыр ішігімді, әйелдің бір қап күрішін қос. Мына жүгіммен пойыз шіркін тастап кетеді жарым жолда.

— Кептірілген, иленген елтіріні көйлек ішінен беліңізге орап алыңыз. Әгәрәки, алмадыңыз бар ғой — мойнымды теріс салып мөңкимін, малыңызды бақпаймын!

— Алда ғана пәдәріңе нәлет-ай. Көйлегімнің ішінен шылқып майы шыққан елтірі орасам, сыртынан қасқыр ішігімді кисем — қарадай сорпаланып өлемін ғой! Оның үстіне мілиса айтпай ма: контробанды тауар алып бара жатқан конокрад екенсің деп. Қарадай басымды бәлеге шатпа! Бес қойымды бақпасаң — бақпа!

Көршілер дастарқан басына иіріле малдас құрып, бапты, берекелі дәмнен меймілдей тойып, үшінші самаурынды сарқып ішіп, тіс шұқып болып пәтуалы сөзге көшті.

«Шырағым, Жәнібек, бес елтіріңді сандығыңның түбіне сақтап қой, аман болса, елді сағынса — түптің-түбінде Нұрасылдың өзі бұл ауылға бас бұрар, сонда берерсің асыл қазынаңды... сен Самырат өз-өзіңнен мойныңды ішіңе алып мөңки бермей — басыл... тиыл... құм ішінен он бес метр тереңнен қазып алған күшәла дәріңді Қожекеңе салмақ қып қайтесің. Астанада өкпесіне суық тиіп көкжөтел болған басшыларды әзірге естіген жоқпыз. Мынау деген маман дәрігерлер сенің күшәла дәріңді қайтсін, көкжөтел болған кісіні — көрер көзге қақылдатып қояр деймісің. Қарар... жазар... Текке жүк қылып қайтесің», — деп Самырат тәуіпті ақылға шақырды, әкелеп, көкелеп отырып бір дорба күшәла дәрісін алып қалды.

Қожамжардың иығына қосымша жүк қылмайтын болып пәтуаласты.

Аз айт, көп айт, қиян түкпірдегі Келінтөбе ауылында бес-он тұяғын санап, сары самаурынның ызыңын тыңдап, құдая көрсеткеніңе шүкір, деп пеш түбінде қисайып жатқан кешегі теледидар жөндегіш ұста, бүгінгі зейнеткер Қожамжар жел көтерген қаңбақша — үлкен қалаға қаңғалақтап келіп қалды.

Бұрын еміс-еміс естігені бар еді. Елдің тәуелсіздік алған күні ұлан-асыр тойға ұласып игі жақсылар бас қосып атап өтетін рәсімнің үстінен шықты. Бұл жылғы той жаңадан шаңырақ көтерген ғажайып көркем сарайда басталды. Зәулім сарайды Қазақстан деп атапты. Құданың құдіреті дейміз ғой! Әлгі ғимараттың кеңдігі сайын даладай, бір отырғанда бес мың адам сиып кетеді екен. Кісі отыратын жалқын қызыл, алтынмен апталған орындық сахнаны шыр айнала орналасқан. Қай бұрышына тізе бүксеңіз де сахна сізге ғана жақсы, жақын, қол созымға келіп тұрғандай. Айналайын Нұрасылы жүгіріп жүріп, қайдан қолға түсіргені белгісіз, зәулім сарайға шақыру қағазын әкеліп берді. Жетелеп жүріп елден бұрын кең сарайға енгізіп жіберді. Едені жалтыраған мұз секілді, тайғанақтап, сасқалақтап сүрініп жығылар ма еді.

Дер уағында қолтығынан демеді.

Мерзімді уағында самаладай жарық астына Президент шыға келді. Елбасыны көргенде Қожамжардың жанарынан жалғыз тамшы жас ыршып кетті. Өз-өзінен қысылып, жан-жағына көз салған еді, Президенттің құрметіне дүрк көтерілген жұрт мұның көз жасын байқамаған секілді. «Мұндай сарай тәуелсіз мемлекеттер достастығы түгілі әлемде некен саяқ», — деді Президент. Елдің еңсесін көтерген биік-биік сөзбен тебірентті. Тыңдап отырып тамағына тас тығылғандай, баспасы көтерілгендей жұтына алмай қор болды. Дүркіреген концерт залының ортасына ойып тұрып от жаққандай — лапылдаған, жалыны бет шарпыған өнер иелерінің концертіне ұласты.

Қарап отырып қызуы көтерілгендей әсерге бөленді. Сиқыршы құлақ шекесінен сыбызғы шалғандай, көріпкел кісі басын дуалап алыстан арбағандай сезілді.

Дүние дөңгеленіп биледі. Үлпілдеген, үгітілген ару қыздар көз алдында аяғы жерге тимей қалықтап ұшып жүргендей көрінді. Елеске айналып ұшып кетті ме деп орамалын алып жанарының жиегін сүртті.

Келесі кезекте сахнаға үш домбырашы шықты. Домбыраның сол жақтағысы мосқал тартқан, есімі елге белгілі күміс саусақ кәнігі күйші Қаршыға; ортада үлбіреген әдемі бойжеткен, көк көйлегіне жарасымды қызыл қамзол киіпті, оң жақ қанатқа көзінің ағы мен қарасындай — Нұрасылы келіп тізе бүкті. Алғашында танымай қала жаздағаны. Көз жанары шамдай жанып, жағы пышақ жанығандай қырланып жүдеп қалыпты, орындыққа қаздай шошайып отырысынан шырамытты. Орамалын алып көз жиегін тағы сүртті.

Ә дегенше болмай, әуелгі кезекті жасы үлкен күйші дөңгелетіп әкетті.

Бипаңдаған, құлдыраңдаған құнан жорға шашасына шаң жұқтырмай осы отырған көпшіліктің алдынан сауырынан тамшы төгілмей теңселіп өткендей сезілді. Зал жарылып кеткендей сілкінді. Жұрттың қошеметі сұмдық енді!

Томағасын сыпырған тұйғын құстай оң-солына көз салып отырған ортадағы сұлу бойжеткен сарқыла түскен күй үзігін қағып алды. Арынды асау сәйгүліктің сарынына салды. Аспапты саусағымен емес, кеудесімен тартып отырған секілденді. Асау тізгініндей ала қашқан домбыра сағағын сүйрік саусақ әрі-беріден термелегенде бар ғой — бикештің қос анары қамзолынан шірей бөлініп дірілдеді, құлақта — күй, көзде — қос анар, жұрт еңсеріле емініп сахнаға түсіп кете жаздады. Қос анар дірілі сап тиылғанда есін бір-ақ жиды.

Оң қапталдағы Нұрасылы үзілген әуенді қағып алып, әрі қарай жалғастырып жөнелді. Алпыстан асқан мына жасында Қожамжар дүние пәлені көріп, көз алдынан дүние пәлені өткеріп жүр ғой. Көзінің ағы мен қарасы тап мынадай дүлділ болар деп тегі ойламапты. Ойламағаны былай тұрсын, қиялына еніп, қаперіне кірмепті. О, тоба деп жағасын ұстады!

Нұрасылы әрі-беріден қос ішекті термелеп екі бүктетіліп, келесі кезекте әнтек шалқайып күй төккен кезде — домбыраға өз-өзінен жан бітіп, күйшінің кеудесіне жармасып, жағаласып, кәдуілгі тірі жанша тіл бітіп сөйлеп кеткендей сезілді. Сөйлеп кеткені сол — әрқилы үнде, әрқилы тілде күмбірледі. Бірде Құрманғазының Байжұмасы боп аяғын аттата басып сыпайы серілерше алшаңдаса, келесіде Қазанғаптың шикіл толқынды дариясындай лықсыды; ендігі кезекте бұрындары естіп-білмеген, үстірттің адайлары ғана домбыраға күйлеп күңіренген науаи сарынына салып сүмек боп терлеп, жер еңбегін ойып жіберердей тепсінді. Тепсініп теңселген күйші емес, қос ішекті аспабы еді. Әрі-беріден оң қолының бес саусағы саппа тиылып, шанақты қарыса қаусырып, сол қолының саусақтары сағақпенен жоғарлы-төмен жүгіріп, бірде астыңғы ішекті іліп шалып, ендігіде үстіңгі ішекпен лақша секіріп ойнап... бүлкек қағып... құлынша шіңгірлеп... боташа боздап... ұлықша уілдеген кезде аспан асты аласарғандай сезіліп алапат зал күңіреніп кетті.

«Виртуоз ғой мынау!» — деді ту сыртында отырған сақалды актер. Жыға танымаса да сахнада Абылайхан болып ойнаған сүлей осы.

«Қос ішекті бес саусақпен-ақ шешен-бише сөйлетті!»

«Жын иектеген бақсы шығар, бала емес — бәле болар!»

«Қайдағыны айтпашы! Тіл-көзден аман болса әлі-ақ қап түбінде жатпайды. Ойпырмайдың шертісі-ай, жаны кеудесінде емес, аспапқа ауысып үлгерген бе дерсің».

Күйші астыңғы ішектегі сұлу саз бен үстіңгі ішектегі қоңыр үнді жарыстыра... алмастыра... алақұйын барып-келіп, барып-келіп — зар заман елінен оралған елшідей таңғы заман залына екпіндей еніп қалт кідірген мезетте — үлкен зал, аспан асты қарс айрылды. Біраз жұрт орындарынан дүрк көтеріліп кетті. Қожамжар ту сыртындағы, мәртебелі меймандар тізе бүккен алтын орындықта отырған Президентке айналып қарауға жүрегі дауаламады. Жанарынан сорғалаған сора жасты сүртіп әлек. Бет шарпыған ыстық әсер тамыр-тамырын қуалап жуғарақта басылып болмады.

Уа, шүкіршілік, деді Қожамжар іштей күбірлеп. «Соңыма ерген қоңыр құлынымның тілеуін кесе көрме Бас Ие! Домбыраның киесі ауысыпты құлыныма! Тіл-көзден аман болғай!.. Қайып ерен, қырық шілтен шылауыңа оралғай!.. Қиян түкпірде құмға басын тығып алған түйеқұс секілденіп — алды жарық баланың тілеуін кесіп, «дыңғырлақты таста!.. қос ішекті шанақ саған дәулет болмайды!.. елге қайт!.. бір шүйкебасты алып көз алдымызда жүр!..» деп хат соңынан хат жазып, қазақшылыққа тартып қарадай қинағаным бекер болған екен! Осыншалық дымбілмес, киіз құлақ кеще болмасам — болайын деп тұрған ұлдың көңілін алаңдатармын ба!.. Нақа бір қиян түкпірде ағайынның арасында аштан өліп бара жатқандай, ақыр заман орнағандай: «ала сиыр қысыр қалды, бастыққа телефон шалып сауын сұрап бер!.. қолымыз қысқарды, қызметке тұрып, жалақы алсаң — қомақты қаржы салып жібер!.. өзіңмен-өзің болып, жыны ұстаған бақсыша басыңды алып қаша бермей — елден барған пәленшенің, түгеншенің миғұла тентектерін жоғарғы оқуға түсіріп жібер!..»

Ой, пәлі-ай! Елде жатып әлгідей мазмұнда хаттың талайын жазғаны есіне түскенде — қарадай жер боп жасығаны, ұяттан өртеніп отырғаны осы енді. «Қазақшылық құртады ғой бәрімізді» деп іштей өрекпіді Қожамжар.

«Түймедей нәрсені түйедей ғып, жоғарыдағының бәрін құбыжық көріп, пәленше ішіп қойыпты, түгенше жеп қойыпты, істі бопты», — деп өсек сөзді өртше қаулатамыз — қазақшылық!»

«Болайын деп тұрған балалардың алдын кесіп, ауылға қайт, үйлен, үйкүшік бол деп кері қарай тартатынымыз — қазақшылық».

«Елдің іргесі кеңіп, іргетасы бекіп, еңсесі биіктегенін, кешегімен салыстырып көз жеткізіп көре алмай — қолымызды жылы суға малмады, аузымыздан ақ майды ағызбады, өзі — болды!.. өзі — аспансыды!.. деп пыш-пыштап, тышқаншылап, кекеп-мұқап қисық сөз айтатынымыз — қазақшылық».

«Маңдайды терлетіп, белді бүгіп бейнеттенбей, жалқауланып, жатыпішер мінезге тартып бара жатқанымыз — қазақшылық!..»

— Ой, көке, жұрт жабыла тұрып тарқап жатқанда омалып отырғаныңыз не! — деп жанына Нұрасылы жүгіріп жетіпті. — Қойыңыз, жүріңіз, — деп қолтығынан сүйемелдеп залдан шығарып, киім ілгішті қаумалаған жұрттың ішіне сіңді. Қарайды, Нұрасылды танитын жұрт тұра қалып жол беріп ығысады, қол беріп амандасып қалуға ұмтылады, әппақ аққуға ұқсаған екі-үш әдемі қыз Нұрасылдың жолын бөгеп: «Ағатай, қолтаңба беріңізші!», — деп тегі жүргізер емес. Баласы әкесінің көзінше әлгі сұлу бикештерге қайрылуға қарадай қысылып, өртше қызарып, қаламсабын суырып алдына тосқан қағазға әлденені сүйкектете салады. Әупірім-тәңірім жұлқысып жүріп, қаумалаған жұрттан сытылып сыртқа шыққаны есінде.

Қожамжар қанаттанайын деді. Ауыл қазағы — мұны қойшы, өнерімен жұртқа танымал болып қалған көзінің ағы мен қарасына хан қайрылып сәлем беріп, небір лауазымды дөкейлер: «О, саусағы күміс күйшіміз!» — деп бас изесіп жатқанда — бұл көкең неге арқаланбайды, несіне қанаттанбайды! Ауылға, қатар-құрбыларына жыр ғып айтып баратын әңгіме ұшан теңіз. Осы қазір тұра қалып зәулім сарайдың алдында, министр дөкейлермен қол алысқан мезетті суретке басып алғанда ғой — былайғы өміріне жетерлік жаназық табылар еді. Әшейінде зыр жүгіріп аяққа оралып жүргізбейтін суретші балалардың жоғалғанына өкінді. Алақ-жұлақ апалақтап кідіріп қалыпты.

— Ой, көке, мына мәшинеге отырыңыз! — дегенде барып есін жиып, көлденеңдеп шиық етіп кідірген шетел мәшинесіне әупірімдеп аяқ салды.

Зырлағаннан зырлап оң жағалаудағы қыштан салынған бес қабаттық жатақханаға түсіп қалды.

Әкелі-балалы екеуі тіркесіп-ұшқасып үшінші қабатқа көтерілді. Үлкен залдың түкпіріндегі аядай бөлмесіне енді. Қожамжар сырт киімін шешіп, есік түбіндегі қолжуғышты салдыратып беті-қолын жуып, төрге өтіп, іші түскен көне диванға қисайды. Нұрасыл зыр жүгіріп шай қамына кірісті. Жатақханада асхана, қазан-аяқ ортақ, залдың келесі түкпірінде. Барып-келем дегенше біраз жер.

— Қазір шай әзір болады, көке, кешегі борщты жылытып жіберем. Елдің тамағындай емес, тез сіңеді, асқазанға жеңіл жеміс, көкөніс, ірімшік алып қойғам.

Ас әзірлеп, аядай бөлмені жиып аяғы-аяғына жұқпай жүрген ұлының сыртынан бақылап жатқан Қожамжар қайдағы-жайдағы қиял кешеді. Бір қуаныштың бір өкініші болады дегендей, әлгідегі, концерт үстіндегі алып-ұшқан, аспандаған көңілі сап-сап басылып, ендігі кезекте қоңыр мұңға жуықтай берді. Ең әуелі ескі диван үстінде белі кеткен барыстай тырапай асып жатқан өзін мінеді.

Мінемей қайтсін! Құдай сүйер қылығы қайсы Қожамжардың.

Ауылдың іші пысқан кәриялары: «Қожекең сақы, Қожекеңнің қолы ашық» деген ұргөппе сөзіне қарадай құлай семіріп күзге салым, егін орағы біткен сабантой уағында құнажын байталын сойып үлкендердің батасын алыпты; мейлі ғой!.. артынша кимелеп келген республика күнінде құнан өгізін сатып, ауыл шалдарына дастарқан жайыпты; оны қойшы!.. алдындағы Ата заң күніне бөркін аспанға атып қуанған ардагерлерге арнап жылқы жығып, ас беріп, бас-басына костюм-шалбар кигізіпті; ай, қазақшылық-ай!.. құрбан айт мерекесіне бордақылаған екі қошқарын сойып көрші-қолаңға мүше-сыбаға таратыпты; құлды бәрекелде-е-е өлтіреді деген осы ма әлде; осылай қарай жүрерде «жолыңды жу, батамызды береміз!» деп үйіліп келген үлкендерге мырзалық танытып сандықтың түбіне тығып сақтап жүрген жүз мың теңгенің басына су құйыпты... тәтті-құтты... өрік-мейіз дегендей; әй, мына мендегі бас — бас емес, қауақ қой әншейін!.. Әйтпесе қалаға жүрер алдында осы Нұрасылы Астанадан телефон шалып: «Көке, азын-аулақ жиғаныңыз болса — түйіп ала келіңіз, ипотекалық үйге жазылып қоялық» — деген еді. Ипотека не жесін мұнан! Салдыраған пласкарт поезға жолақысын әзер тауып, қалтасының түбі тесік, көк тиыны жоқ, өкпесі сыр-сыр... ішегі құр-құр... іші түскен сынық диванда шөмиіп жатысы мынау енді.

Даусы оқыс шығып кетіпті. «Әй, осы менде бас жоқ, қазақшылық өлтіреді өзімді!»

Абырой болғанда — Нұрасылы бөлмеден шығып, ас үйден шай әкелуге кетіпті.

Басын оқыс көтеріп алып, жаман түс көріп оянған кісідей маңайына аларып қарады. Қабырғадағы айнадан көзінің асты көлкілдеп іскен, жағы қырғыштай, желқақты, қызылшырайлы алпысты алқымдаған жігіт ағасы ерсі ежірейеді. Есік сарт ашылып ұлы енеді. Бір қолында шәйнегі, бір қолында борщ құйған кастрөлі, төгіп алмай қалай лыпып жүргеніне қайран. Белін басып кирелеңдей көтерілді, бөлме ортасындағы дөңгелек үстелге шөмиді. Таңдайы тобарсып, шөл қысып өліп барады, ұлы ұсынған ыстық шайды аузын күйдіріп ұрттаған сайын ұрттай түседі. Әп-сәтте сүмек боп терледі.

Бірауқымда тілге келді. Үні күңіреніп естілді.

«— Көзімнің ағы мен қарасы — Нұрасылым, дүние тіршілігінен аңғарғаным, әке болып, шеше болып, туған-туысқан болып — боламын деп ұмтылып тұрған баланың алдына тұрмау керек білем. Болам деген баланы қазақшылық... былық-шылық... етекбастылықпен құртып жүрген өзіміз ғана! Күн көзіне шығармай көктей орып, өсіп өркендейін деп тұрған ұрпақты - ақша тап, қолымды жылы суға мал!.. басыңа отау тік!.. келін жұмсайын, немере жұбатайын!.. өзің құралпы пәленше, төленшелер алшаң басып, үйіне тасып дәулет жинап, қарттарына қарасып елде жүр әне!.. - деп, түп етектен жармасып, кежегеміз кері тартып, желкесіне тас боп байланып ауыл арасының әжүк-күжігінен аспайтын ғып, топырақ адамдарға ұқсатып топыраққа араластырып жүрген өзіміз ғана! Осыны ойлағанда жердің жарығы болса кіріп кете жаздаймын, жер боп жасимын, маңайымды сыйпалап омалып отырып қалам, Нұрасылым!»

Дегенде Қожамжардың көкірегі қарс айрылды. Айтты-айтпады, дүниеде ел ағасы жасына жеткенде «аһ» ұрып өкінген, маңдайын тоқпақтағандай кепке еніп опынған жаман екен. Әкесінің сықпыты Нұрасылдың көзіне солай көрінді. Терезені желтоқсанның жынды бораны жұлқып аша алмай — қар жентегімен ұрғыласын кеп. Бөлме іші күңгірт тартты. Қамырығып, өз-өзінен жер тірегендей болып отырған әкесін жадыратқысы келді білем.

Нұрасыл әкесінің көңілін аулап, кешегі күндерден қайырып естелік айтты. Жадырап, көңілденіп отырсын деп ойлады.

— Есіңізде ме, көке, елде емге табылмайтын телемастер — теледидар жөндеуші болдыңыз. Өзім ес білгелі — кімнің теледидары бұзылса — «жөндеп бере қалыңыз» деп сізге жалынатын. Маңайдағы, тіпті аудан әкімдері жеңіл жүйрігін жіберіп сізді алғызатын. Қолы алтын шебер атандыңыз. Кейінгі жылдары жұрттың лақтырған, жарамай қалған, қаңсыған теледидарын «зейнетке шыққанда нантабарым болады» деп үйге жидыңыз келіп... жидыңыз келіп... Оншақты жылда үйілген жарамсыз телевизор үйге сыймай, аулада тау боп үйілді. Былтыр елге барғанымда тал тігетін ауланы босаталық деп әлгі тау-тау жарамсыз теледидарды үш самосвал жалдап... екі күн тасып... әзер құтылып едік. Баяғы нантабарыңызды жоқтап көңіл күйіңіз пәсейіп отыр ма, көке?

Баласының жеңіл қалжың, қағытпа сөзіне мән бермеді.

— Несін айтасың, қыр асып ойланбаппыз!.. Құм адамына айналып, басымызды құмға тығып жүре беріппіз. Күлерсің ба, жыларсың ба енді. Елдің жарамсыз деп лақтырған ескі-құсқы теледидарын үйге тасып тау ғып үйіп жия беріппін, жия беріппін. Жапон ағайындар он-он бес жыл ішінде лампалы теледидарды мұқым өзгертіп, жартылай өткізгішке айналдырып үлгерерін қайдан біліппіз! Әй, бас істемейді ғой, мына бас!.. — деп Қожамжар әрі-беріден күңіренгенде — көкірегі қарс айрылды. Қараптан-қарап күйзеліп, іштен тынғандай кепке енді. Жүзі өрт сөндіргендей күреңітті.

Әкесінің мына тығырыққа тірелген пошымынан Нұрасыл шошып қалды. Аузына сөз түспей қысылды.

Дегбірі таусылып, өз-өзінен күйгелектеніп, шайды қайыра ысытып, демдеп әкелуге ұмтылды. Лездің арасында қайыра оралды. Сүт қатқан күрең шайды ыссылай құйып, тәтті-құттыларын үлкен кісінің алдына ысырып «жеңіз!.. алыңыз!..» деп елпек қақты.

Әлден уақытта барып Қожамжардың қарлығыңқы үні шықты, қабырғаның арғы жағынан естілгендей құлағына үзіліп, күңгірлеп жетті.

— Асылым, соңғы айтар ақылым: соңыңа бұрылып қараушы болма! Діттеген межеңе ұмтылып бақ! Бізге қарайлама, өзіңді аяма! Құдай берген өнер нығыметін жетілдіре түс, жетілдіре бер. Әлгіде, кең сарайда сақалды әртістің аузынан шыққан не сөз еді ол! Тілімнің ұшына кеп тығылып тұр.

Нұрасыл ойын жалғап жіберді.

— Виртуоз! Шеберлік шыңына жеткен — біртуар!.. шабыт шақырар!.. деген ұғымды беретін орыс сөзі.

— Иә, дәп дөңгеленген дүние тіршілігінде өзіңнің сүйген кәсібіңнің басыбайлы құлы бол! Алла аманат етіп саған табиғатқа тарта туған дарын берген екен — соны атқарып шығатындай арғы-бергі аруақтардан медет, мезгіл сұраймын, ұлым. Виртуоз бол!

Осыны айтып Қожамжар барша көрікті көркем сөзін айтып тауысқан ақынға ұқсап, ішіндегісін сарқып құйған саба секілденіп — былқ-сылқ босап, орнынан тұрып, кирелеңдей басып келіп сынық диванға сылқ құлады. Сырттағы жел сарнай азынады. Іншалла, тіл-көзден аман болса мына ұлым бір жерден шығар, түбінде басымды төрге сүйрейтін осы ұлым болар деп іштей сәулеленді Қожамжар қарт.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз