Өлең, жыр, ақындар

Қарақұрт тиген

Қыс қабағы салыңқы боранды болып, қар аса қалың түсіп, көктем жылдағыдан кешеуілдеп шыққасын ба - туған жер күн ажарына табына исініп көк бір түнде дүр етті. Бұл уақытта бұрқырап шаңы шығып жататын Мейрамқала, Түгіскен үсті ұқыпты жуылып ашылған кір секілді жібек желдің өтінде жасаңғырай түсті. Ертеңді-кеш құйылатын самал екеш самал да бейне мөлдір бұлақ суына соншама ұқсас; кеуде толтырып сіміре бергің келеді. Аспан асты күндіз өзгеше көгілдір, көкшіл бояуға малынып толқын атып сағым сылаңдатар. Үлкен шарасы қызара бөрткен қызулы күн жер емшегін еміп қадалып жатқан диқан әулетін шексіз қуантар; сыз үйден сыртқары қуар, тынымсыз құнжыңдатар. Көктеммен қайта тірілген туған жер бұл күндері өзгеше әңгімеші, өзгеше ыстық еді. Екі қабатты үйдің үстіңгі кең терезесін ашып тастап қала үстінен асып алыс құба жондарға тігілген Еділ Айдарханович көкірек сарайы ашылып қунай түсті. Алдында ғана астанадан тасып қуанып оралып, алдағы бір ай заңды демалысты тамамдап қызметке сосын кірісемін ғой деп ойлады. Алыста қалған Алтынтана жүздеспесе де жүрекке мәлім толқынды тілмен жалғасып, келгелі бергі үш күн орайында үш хат жолдап, екі мәрте телефон арқылы сөйлесіп үлгерді. Сахараның көктемгі таза ауасын сан құбыл иіспен толтырып аңқылдай соққан үзік желге меймілдей толқып ойлаған; бүгін барып Ғайнекеңнің алдынан өтейін деп. Аңғарын аңдап ақыл сұрайын деп. Осы бір тіршілікке өзіңіз бас болыңыз, ағайынмен жалғасып той қамын жасайын, ел ішінде ісіңе, сөзіңе сыншы көз көп: қайтсем дұрыс шығар? Қайтсем оңды болады?.. деп байлау сөзін естиін деп. Қырынып, жуынып, киімін киіп енді есікке бет бұрғаны сол-тын: қоңырау безек қағып жөнелді.

Жедел барып есікті ашқан: табалдырықтан өң жоқ, түс жоқ «Сунақатаның» директоры Қарықбол аттады. Төргі бөлмеге жеткенше ауыз жаппай есіп сөйлеп құлақ сарсылтты.

— Тұқымым тұздай құритын болды, інішек, — дейді үрейі қалмай үрпиіп. — Баяғыда бір жеңгеміз айтқан: е, не білесіңдер, мені құртқан жөппелдеме ғой деп. Сол айтқандай мені ақкөңілдік, алақолдық құртатын болды.

— Түсінсем бұйырмасын, ағасы.

— Жоспарды орындасам жарайды ғой деп дар-дар етіп ат үсті шапқылап жүре берейін; маңайымды бықсыма қулық ендеп жайлап алғанын қайдан білейін; енді бір аптаның аңғарында бақсам пәленің иісі бұрқыр-а-а-ап тұр.

Еділ Айдарханұлы ас үйден барып шипалы су әкеліп берді. Қарықбол қолындағы стаканды қоса жұтып жіберердей болып басына бір-ақ төңкерген. «Уһ жан-ай» деп қопарыла күрсініп терін сүрткен, көзінің аласы жойылған. Қолымен ымдап Еділді тізе қосып отыруға қосты: көңілқостық, тілеудостық пейілмен сыр ашты.

— Баяғыны, жырақты ұмытайық, інішек. Жыл басынан сол елдің ішті-тысты, майлы-сулықты, кіресілі-шығасылы азаматы ғой деп өзің білетін Бас Бухты тоғай арасындағы аздаған сиырға перме бастық етіп қойғанмын. Ұжымда бес жүз бастай сиыр малы бар ғой; бордақыға қоятынын бордақылайық, сауатынын сауайық, әйтеуір сол бес жүз аша тұяқты ұжым желкесіне қып-қызыл шығын қып мінгізіп қоймайық; пайда табайық дедім. Бас Бух-екеңнің қолына билік, аузына ырық бердім, ал істе дедім. Өсиеті, өнері, сөзі, үлгісі, бір басына жетерлік жігіт қой — дөңгелетіп үйіріп әкетті. Тақауда байқаймын; иығы қоқырайып дәуірлей түседі, адымы ұзарып өркештене береді, қит етсе мақтанға басады, қит етсе есіп соғады. Ойлаймын: мінезінің өзгеруі тегін емес деп, осында бір бәле бар деп. Алдын алуды дәт қылдым. Өзің білесің — біздің ауылда аузын ашса іші көрінетін, ел арасында «Бөпе» деп аталып кеткен Құлшығаш есімді жігіт бар. Ылғи ақ сөйлеп, адал жүремін деп елге аты жайылып кетті. Соны күріштен босаттым да, малмен мал болған қазақтың баласысың, сиырға бар, бойдағын санап ал, бақташы бол дедім. Әлгі Бөпе бастықтың сөзі өзіне бұрылып айтылған соң сырт бермеді, көне кетті. Тек айтқаны; Бас Бух-екеңді ықтап мінез өзгертпеймін, жалғыз тұяқ кем шықса дабыл көтеремін деп бір түршіктірді. Сонымен сөзді сарқып айтқанда — бәлені Бөпе бастады. Апта өте балағымен жол сыпырып кеңсеме келді, жар қабағының астында жанары шаңнан әзер жылтырайды.

«Қаркеке, — дейді әлгі Бөпе. — Бақташы бол деген соң сөзіңізді жықпай малды санадым; мөрлеп, ендеп, таңбалап бұрынғы бақташыдан қабылдай бастадым, — дейді. Қабылдау үстінде көзімнің жеткені — мал басының жалпы саны дұрыс, бірақ тым майдаланып кетіпті — деп тағы түршіктірді. Осы неме Бас Бух-екеңмен қосылып айла жалғап тұр ма деп бопсалаймын; майдалап кеткені қалай деймін. Бөпе айтады; есеп санақ кітапшасындағы өгіз — өгізшеге, сиыр — қашарға, тана — торпаққа, бесті өгіз — баспаққа, қашар — бұзауға айналып кеткен: мал басы жыл санап ірілеп, жуандап өсудің орнына майдаланып, сиырқұйымшақтана берген: кемі жүз ірі қара малдың басы бар да ізі жоқ, бұл күйінде бақташы болып міндеттеме ала алмаймын д-е-еп қасқиып отыр. Стол тоқпақтап Бас Бух-екеңді алдыма келтірейін: ал батыр, сенің сиырың алға қарап жетіліп өсудің орнына жылма-жыл жасаңғырап кете ме, түсіңдірші деймін.

Аузы күйген үріп ішеді деген бар емес пе. Бас Бух-екең ілгері-кейін китіңдеп, танауының астынан міңгірлеп Бөпені сыртқа шығарып жіберіп, оңашалап отырып сырын ақтарады. Ауыл арасының ағайыншылығына, жақсы кісілердің жол-жорасына, демалысқа шыққан азаматтардың қалта пұлына, келген комиссияның аузын аңдауға, өлген-жытқанға, тарту-таралғыға жұмсадық; бәрі де осы елдің тасы өрге домалауы үшін шыққан шығын — енді келіп мені қинамаңыз дейді-ай. Бәле бұлтының үйірлерін ішім әуелден-ақ сезіп білді. Өз қолымды өзім кесем бе — жатып боқтадым, кейідім, жерледім, жедім; ақырында — ақылыңа қоңсы қондық, бұл сұмдыққа не рауа.

Ол айтады: малдың қаны толып, өсіп-жетілер жыл аяғына дейін жабулы қазан жабулы күйінше қалсын, жоғарғы жақтан жасыра тұрайық деп.

Мен айтамын: түп кітаптағы балансын қайтеміз?.. өкімет бізден сол кітаптағы мал басы бойынша ет, сүт сұрайды ғой деп.

Ол айтады: жеке меншік шаруалардан қол ұшы көмек алсақ та шыдай тұрайық, жария кылмайық деп.

Мен айтамын: ерте көктемде ғана жеке қожалықтан ет салығын жинап тынған жоқпыз ба деп.

Ол айтады: халық — дана, ел іші — қазына, тағы да үстемелеп салмақ салып көрейік, көнер, түсінер; көп болып жабылып еттің, сүттің жоспарынан шығарып жіберер деп.

Амал жоқ, қолмен істегенді мойынмен көтеретін заман, ішім жидіп көнгендей болып отырғам. Сырттан шәпкісі қисайып, балағымен еден сыпырып Құлшығаш, я, сол Бөпе кіріп келе жатыр. Салқын томсарып түс жылытпайды, бет әлпеті жаман.

— Е, десіп, аужай түйісіп отырғаңдарыңды білемін, бақташы болмай тұрып әділет іздеймін, ортақтың малын бейберекет жаратып, бұтарлап, таратып, майдалатып жіберген перме бастықтың бетін айдай етемін, — дейді.

— Ау, Бөпе!.. оу, Құлшеке!.. ағайынбыз, ауылдаспыз, сабырға тоқтайық, қара ниет күншілдікті қояйық, түсінісейік, — дейміз. Көнбейді.

— Баяғы жер өлшегіш комиссия келгендегі аздап ащыласқанымызды ұмытайық, ел абыройы — бәрімізге ортақ, жұртқа күлкі, дұшпанға таба болмайық, — дейміз. Мойын бұрмайды.

«Тура Ғайнекеңнің алдына барып ашып саламын», — деп тегі илікпейді.

— Еділ, інішек, аз айт, көп айт, сөзді сарқып келгенде сол Бөпе тап қазір сенің ауруханаңда жатыр, тап жаңа өз қолыммен әкеліп жатқыздым, ағаңның еңдігі абырай-атағы, суішкілігі бір ғана саған байланысты болып тұр, бір амалын жаса, құтқара көр, — деп Қарықбол шатынаған алапыш жанарына жас үйіріп, можып, сұрланып отырып қалды.

Осы әңгімені естіп отырған Еділ Айдарханұлының тынысы тарылып, ет жүрегін суық қол сипағандай әсер етті.

«Сунақатада» өткен оқиға төмендегіше еді. Ана жылғы жоспардағыдан күрішті әлдеқайда кем егіп: сол әуелгі жоспарда көрсетілгендей жер жыртылған, тұқым себілген, суарылған, өнім жиналған деп мемлекеттен несиеге ақша жеп; заңсыз ақпар жасаған совхоз мамаңдарын беделді комиссия алдында жығып бергені үшін Құлшығаш «Қарақұлақ бәле» аталған. Бұл байғұс ілік-шатысты жықпылы мол, бір-бірімен ұштасып жалғасып жатқан Сунақата тіршілігін қайдан білген. Бәрі сол газетте Далабай жазғандай, бәрі сол биік мінбеден айтқандай деп ойлайтын. Диқаншылық шаруаға төселіп, кетпен шауып, дақыл күткен қарапайым жұртпен барды бөліп жеп әжептәуір кісі атанып қалып еді. Баяғы жер өлшеген комиссияға шынның бетін аштың деп ауыл дөкейлері бұдан сырт айналып шыға келді. Звено жетекшілігінен босатты. Қайда былығы шаш етек шаруаға жекті. Аузы жеңіл ауылдастары — замана желін бағдарлап білмейсің, қыңырайып қисық жүресің, жең ұшынан жалғаспайсың, ағайыншылық былық-шылыққа мидай араласпайсың, жаңа ғана дүниеге келгендейсің деп — Бөпе атандырды. Бір желөкпе өтірік-шынын қосып аламыштап біреуді нақақтан жамандап жатса — Бөпе естімесін дейді. Бір белсенді басқарма бастығының қызғыштай қорғыштап жүрген жылқы түлігіне ауыз салып соғым сыбаға бөліссе — Бөпе көрмесін. Бір белсенді демалыс алып алыс курортқа шығып барамын деп қалталы жораларын жол ашарға шақырса — Бөпе білмесін. Аз уақытта ауыл азаматынан шеткерілеп, бүйректеніп, бар мен жоқ арасында сенделіп қалды.

Байқайды — ауылдағы бұл қарсы келген бірен-саран жылпостың ештеңесі кететін емес: аңдайды — қайта ауылдастарын адалдыққа шақырып шыр-пыры шыққан, әлгілерге жеккөрінішті болған мұның күні күн емес. Науқандық шаруаға шаш етектен араласып ақ тер, көк тер бейнет кешсе де алатын ақысы мәз емес. Содан кеудесіне ащы түтіндей күдік толады; тамағына түйір-түйір толқын оралады. Өзге адам болса дабысты дөкей, бәдік белсенділерге қарсы беттеп не қылам деп, ә деп қолын бір сілтеп өзгеріп, құбылып шыға келер ме еді. Бұл өйтпеді. Тасқа біткен ұшқат ағашындай қата тырмысып қасқиып тұрып алды. Әйтсе де соңғы айларда табысы азайып, кісі қолына қарағандай болып жіңішкеріп қалды. Ойлаған: осы ұжымды алақанында үйіріп отырған Қарықбол оқудың түбін тескен көзі ашық азамат қой деп: алдына барайын, арызымды айтайын: жұмыс сұрайын деп. Қабақ танығыш, ауыз баққыш беделді бастық табыстырақ бірдеме тауып берер деп.

Бөпе амалсыздық айдап әділет іздеп директордың алдына келді. Қарықбол көз құйрығы қиғаштанып, аузы буылып қағаз жазып отыр екен. Іші сезіп отыр — келгенін онша жаратпады. Бастықтың аңғарын танымай беймезгіл уақытта келіп шаруасынан бөлдім бе деп қатты қуыстанды.

— Қареке, кейінгі айларда барып кел, алып келмен шабамын деп; жүкші, мал айдаушы, тұқым таратушы, жекеден ет жинаушы, көң тасушы, тыңайтқыш төгуші боламын деп, әр кәсіптің басын бір ұстап көн шоқайым сартылдап тозып кеттім. Маған бір тұрақтап істейтін жұмыс тауып беріңіз.

Қарықбол іш қоймасын ашпай көзінің астымен тінте қарады. Кестелей ділмәрсімей-ақ шаруасын еркін айтып шыққан Бөпенің беттілігіне таңырқады. «Қасқа десе қасқасың-ау» деп іштей тәнті болды; «көбімізде осы мінез жетпейді-ай, сөйтеміз де пыш-пыш сөзге үйірсектейміз, үндемейміз, көңілге қараймыз, бата алмаймыз, бопсалаймыз. Өзіңдей адал жігіттер осы ауылға ауадай қажет». Қарықбол қарап отырып Құлшығашқа риза болды.

— Оқу өтіп кітап шалығы тиген Сауранбайдан ерте айрылдық, көп кісінің қадірі өлгенде білінеді екен.

Бөпе директордың тұспалдап құбажондатып сөйлеген сөзін түсінбеді.

— Бас Бух-екең бір сиыршы науқасты болып пенсияға шыққалы жүр, орнына малсақ, бейнеті көп, артық сөзі жоқ кісі тауып бер деп өтінген. Мақұл десең соған жіберейін.

Бөпе екі қолға бір жұмыс, тағдыр салды біз көндік, мейліңіз деп ризалығын білдірді. Қарықбол келісе қояды деп ойламаса керек, табан астында мәз болып қуанып кетті. Енді Бөпеге ыстық тарта қарады. Бас Бух-екеңнің атына қағаз жазып, хатшы қызға бұйрық әзірлеңіз деп байлау айтты. Сонымен Бөпе ойда жоқта ұжымның білдей сиыршысы болып шыға келген. Директордың қол қойып ұстатқан қағазын төрт бүктеп жан қалтасына салып енді кетуге айналған. Қарықбол саусағының ұшымен іліп кідіртті де, өзгеше бір тілек айтты. Тілек емес-ау, ақыл, абай секілді сөз әйтеуір.

— Ұжымның малы кем деген алыпқашты сыбыс сөз бар; былтыр күзде арнайы өкіл жіберіп санатқанмын: тоғай арасын түгел тінтіп аша тұяқ атаулыны тізімдедік, жасын кестік, ен салдық; мемлекет малының есебі дұрыс деп ақпар өткізді. Білмеймін, ферманың жаңа бастығы жаңылып жүрмесе... Әйтеуір тиесілі малыңды қағаз жүзінде ғана емес; түстеп-түгендеп, көз алдыңнан өткізіп санап ал. Кәнігі сиыршылардың санақшының көзін ала бере айла жасап, кеміс малының орнына тоғай арасында бытысып араласып жатқан бөтеннің ірі қарасын айдап әкеліп саната салатын қулығынан сақ болғайсың.

Бөпе өзіне бұрылып айтылған тірі сөзге риза болып қоштасты. Қарықболдың негізі адал деп ойлаған; жастай былық-шылыққа араластырып, әр тарапқа тартып титығына жеткен кінә бізден. Халық қаймағы болатын жігітті біріміз — қара ниет күншілдікке тартып, біріміз — жалған мақтан, үргөппе бөспелікке бастап бүлдіріп жүрген, үрпитіп, үріккіш еткен өзіміз.

Осы оймен Бөпе тоғай арасына сіңіп, сайда саны, құмда ізі жоқ дегендей кең атырапта көрші шаруашылықтың, жеке меншіктің малымен мидай араласып тозғындап жатқан сиыр фермасына жетті. Әңірейген үлкен қақпалы кең сарайда сауын сиырларды ғана түгендеп ұстайды екен. Бойдақ мал тоғай арасында шілдің қиындай тозғындап кеткен көрінеді. Сиыршының үйінде қаймаққа нан шылап жеп отырған кешегі Бас Бух, бүгінгі ферма меңгерушісі — Бөпені көргенде кірпідей жиырылды.

— Сені кім жіберді? — деп қоймай тергеді.

— Сиыр бағу салқын үйде отырып арыз сүйкеу емес, — деп бізін сұқты.

— Сенен бақташы шығады деп жүрген, әй, Қарықболда да ми жоқ, — деп айдаладағы бастыққа тиісті.

— Осы бастан ашып айтайын — жеке сиырың болса ортақтың жем-шөбін жеп бітеді, қарасын көрсетпе, аулақ алып кет, — деп зілдене айбар жасады.

— Қалың жымба тоғайға сиыршы боламын деп келіпсің — жоғарыға арыз жазбайсың, сөз күңсітпейсің, өсек тасымайсың, көрсең де көрмеген боласың: көнсең — осы, көнбесең — жол әнекей, — деп өркештене өкім айтты.

— Тоғай арасында тозып жүрген екі жүз бас бойдақ малға иелік етесің, — деп байлауын бір-ақ айтты сосын.

Бөпе әлгі айтқан екі жүз бас өгіз бен өгізшені санап алатындығын білдірді. Білдірген жоқ-ау, пенсияға шыққалы қам жасап, арыз жазып жүрген сиыршыға ашығын айтты. Ферма меңгерушісінің әлгі сиыршымен сыры ұштасып қалған ба, оны ығына алып, мұны ауыз аштырмай ал кеп тықсырсын... ал кеп ықтырсын. Ашуланғаны сонша, байыздап отыра алмай тізерлей жорғақтап кетті. Жел жағынан есіп соқты. Басшының бұл мінезіне түсіне алмай қайран.

— Сен немене?.. Тексерушімісің?.. Әлде пайғамбар жасына келген мына пәленшеге, дардай беделі биік азамат мына маған сенбеймісің?! Айтшы, кәнекей? — дейді.

— Мынау малдың жасын, салмағын, сортын көрсетіп мөрлеген қағаз, мынау өлгеннің актісі, ал да атыңа мініп шаруаңа аттан, жүре-бара танып-біліп түгендеп аласың, — дейді және.

— Тегі қоймасаң — мына пәленшекең бастап барып малдың бет-бағдарын көрсетіп қайтсын, — дейді.

Әңкілдеп жеткізе айтып таратып берді.

Мақұл. Бөпе басқа салды — біз көндік деп пайғамбар жасына келген сиыршының соңынан ілесіп тоғай аралап, тентіреп кетті. Биыл Мейрамқала астындағы жиде, шілік, тораңғы, қамыс, сәмбі тал аралас тоғайы қауындай көтеріліп ақшыл, қызғылт, өртең, көкніл, шикілсары теңге жапыраққа малыныпты. Исі танау қытықтап көкірек ашады. Әрәдік төбеден сыпсыңдап алақанат ұшып; пәттек, сарқанат секілді тоғай бәдіктері тынымсыз шиқылдайды. Сырдың ашушаң бұтасына бет тырнатып, күрең жабымен жалғыз аяқ соқпақта бүлкектеп келе жатып Бөпе ойлаған; жарықтық Сырдария биыл тасыған екен деп. Көне кенеу өзен ерте көктемде құлашын кең жайып тасыса — тоғай да құлпырып реңденіп шыға келеді. Аңғарын тартса — жағадағы қалың қау аңызақта ұша жаздап, шаңы шығып, пейілін тартып кетеді. Тоғай арасына жайылған мал лезде дөңгеленіп диланады; соңда малшының да мерейі үстем, құрығы киелі деген сөз. Өстіп өз-өзінен іштей семіріп жүріп өгіз бен өгізшелерді көз алдынан санап өткізе бастады.

Байқайды, пайғамбар жасына келген көкесі кіл бір жасар, екі жасар бойдақты қамшысымен нұсқап көрсетеді. «Мына баяғы ақсарбас ала өгізден қалған асылдың тұқымы, мынау зеңгібаба мінген ай мүйіз сүтті сиырдан қалған тұяқ... үйірін қасқырға бермейтін бірмойын Бұқари бұқаның жұрағаты...» — деп таптап айтып бұлдайды кеп. Қағаз бетіндегі бұған тиісті екі жүз бастың жүзі ірі өгіз, елуі құнан, тай өгіз, өңгесі жас мал болуға тиіс еді. Түс ауды, күн екіндіге құлады, сергелдең сеңделіспен әлі сандалып жүр: ірі өгіз көп болса сексеннен аспайды, қалғаны кілең бір жасар, екі жасар мойны былғақтаған жас бұқалар. Бөпе келмей жатып малшы әулетпенен ащыласқаным білгендік болмас деп ойлаған. Өмірін өтірікке және құрғысы келмейді. Және баспақ, торпақтарға қарап торыға түседі. Ақырында әукесі түсіп алжыған, мүйізі қағылған кәртамыс өгізді көргенде шыдамай кетті.

«Бұл болмайды, ақсақал! — деді жаны ышқынып, — қағазда бес жастан асқан мал — жылма-жыл етке тапсырылған деп жазылған; бөтен біреудің кәртамысын тықпалап тұрсыз».

Пайғамбар жасына келген сиыршы Бөпені баласынып, өсиеттеп, езбелеп біраз сөздер айтты. Бөпе салқын томсарып тұрып алды. «Болмайды, ақсақал!» — деді. «Күні ертең күллі малыңызды қораға қайырып айдап келіңіз, таразы басынан өткізіп, түстеп, түгендеп санап аламын», — деді де тізгінін шалт бұрып қайыра шығандап кетті. Ферма басына келіп бастыққа... осылай да осылай... тоғай арасында кімдікі екені белгісіз, бар мен жоқтың арасындағы тозғын малды қағазбен қабылдамаймын... деп ашығын айтты. Бастық қарап отырып алшайысып ащыласуға айналды.

Әрі тарт, бері тарт біраз ырғастан соң малды қораға үйіріп айдап келіп, тізбелеп санақтан өткізе бастады. Ол үшін әуелі ашық қораның аузын тарылтып, бір егіз әзер сиып өтетіндей қыспалы енсіз есік жасап, екі жағына тақтайдан биік қау қабырға шегендеді. Айдаған мал әлгі қыспаққа енген мезетте алды-артына сырық сұғып тоқтатып көптеп тастайды. Бейне егіз тақтай қапшықтың ішіне түскендей болады. Тығырыққа тірелген мал қаншама асау болса да тырп етіп тулай алмас; тісін ашып жасын анықта, сосын ен салып, таңба бас сосын. Бөпенің елден ерек қимылына, пысық тіршілігіне қарап пайғамбар жасына келген сиыршы шімірігіп ішін тартты. Мынау нағыз жырыңды, тас түйін пәле екен деп ойлады. Ақырзаманның ішкімге сенбейтін қитабан қанпезерлері деп ішінен қарғады.

Бойдақ малды қаншама құйықтырып үдете айдағанымен Бөпені алдаусырата алмады. Ешкімге сенбейді, қия басып ауытқымайды. Күн батып кірпік үйірілгенде барып маңдайынан сүмек терін сыпырып, белін жазып, қиқалаңдап ағаш қораға сүйенді. «Таңбаланған, ен салынған, жасы анықталған бойдақ жүз сексен: ендігісін ертеңгі жарықпен аяқтармыз», — дейді іш қоймасын ашпай. Қораның ішінде сұйылып сиреп қалған мал шығып кетпесін деп қақпаны сарт еткізіп жапты. Жайлап сиыршының үйіне аялдады. Үлкен шарасы қан қызылданып тоғай асып жоғалған күн соңынан сүзіліп қарайды. Көкбарқын мұнар жапқан қиыр тұңғиықты көзбен шолады.

Қақ төрде ошарылып орналасып шай сораптаған ферма меңгерушісі жөн-жосық сұрады. Керзі етігін шешіп, қол шайып келіп дастарқан жиегіне жүрелеген Бөпеге атарға оғы жоқ.

— Қалай, бітірдіңдер ме? — дейді сызы мол үнмен. Бөпе үшін пайғамбар жасына келген кісі жауап берді.

— Жиырма шақты бас қалды, ертеңгісін тамамдаймыз.

— Е, неге сыртынан санап айдап қоя бермейсіңдер? Өкімет малын тәулік бойына қапырық қораға қамап, арықтатуға кім прауа берді сендерге?

— Бір тәулікке жілікті мал қоңын жоймайды, — деп Бөпе тұңғыш рет тілге келді. — Ең қиыны — көз алдымнан, қол астымнан өткен әлгі мал мына қағаздағы ақпарға мүлдем сай емес. Бойдақтың жарымы майдаланған, басеке.

Ферма меңгерушісінің жанары аспандап, шарасы шатынап шыға келді. Түйіле соғатын дауылдай түнерді.

— «Майдаланып кеткені» қалай?!

— Мемлекеттік ақпарда анық көрсетілген бесті егіз елудің үстінде болса — әлгіде көз алдымнан қырқы ғана өтті; өңгесі ылғи екі жасар, үш жасар бұқалар ғана; сол секілді малдың жарымынан астамы я әукесі түсіп алжыған кәртамыс, я былтыр туған жілігі жетілмеген жас өгізше өңшең. Сөз түйіні — күйлі-дилы, сойысқа, соғымға жарамды малды қолды қылып азайтқансыз: оның орнына басқа-бас дәл ұрып тұрсын деп әйтеуір аша тұяқ қосқызғансыз. Ертеңді күні өкімет қағаздағы малының басын сұрайды. Сонда мен мемлекет балансындағы ірі қарадан өнетін пәленбай тонна етті кімнен даулап өндірмекпін?.. кім құртты демекпін?.. Тоқетері — мұндай былық малды қол қойып қабылдап ала алмаймын. Басым екеу емес, басеке.

Пайғамбар жасына келген сиыршы сойқан соқтығыс басталар деп қауып ойлады. Әйеліне ым жасап тығулы жатқан жартылық арағын шығарды. Ферма меңгерушісі мен Бөпеге бөліп құя бастады. Мүйізіміз қағылғанша сүзісеміз дегендей екі қонағы екі бұрышта сақайып сіресіп отыр.

— Қабылдай алмасаң мейлі, ақпар қағазды әкел, малға басқа кісі табармыз, жолың ашық ендеше.

Бөпе мана ертеңгісін алған ақпар қағазды қайырған жоқ, қасақана төрт бүктеп қалтасына салып алды.

— Қағазды әкел. — Жоқ, бере алмаймын. — Қағазды қайтар деймін! — Жоқ, қайтара алмаймын! Ертең тұрамын да орталыққа тартамын, көрген-білгенімді Қарықболға жайып саламын; тегі болмаса одан асып Ғайнекеңнің алдына барамын, осылай да осылай, тоғай арасындағы қоғам малын аямай өз малынша талап жеп жатқан ұяты аз адамдар бар екен деп айтамын, жасырмаймын. Мені «Бөпе» деп тегін атап жүрген жоқ шығарсыңдар.

Ферма меңгерушісінің жүзі өрт сөндіргендей түтігіп, қаны қашып көгіс күлгінденіп шыға келді. Қараған кісі тегі шошитын. Бейне мойны астына түсіп омақаса жығылып, шаңға аунап түрегелген палуан секілді. Бейне желді күні көр қазып, сүйекке кірген азашы адамдай тегі. Манағы арыны азайып, рухы қашып бәсеңси тіл қатты.

— Қағазды қайтармайсың ба сөйтіп?

— Қайтармаймын.

Алдындағы стақан толы арақты көмекейлете бір-ақ төңкерген ферма меңгерушісі уһ деп аузынан жалын атып ойлаған; Бөпеге ақпар беріп, мал санатқан менде де ми жоқ деп. Іс қозғалып, қараңғы үйге кетті деген осы деп. Малдың ірісін сатып, орнына жас мал қосып басын түгендеп, дарылдап даңғырап жүре берермін бе? Соның бәрін өзім жесем, өзім сіңірсем бір сәрі-ау! «Мырза жігіт, сері жігіт» атанамын деп, астанаға қыдырамын деп құрттым ғой; елге қыдырып келген сыйлы уәлі кісілерді риза етіп шығарып саламын деп діңкеледім ғой; ағайынның сорпа-суына, соғымына қарасамын деп қанқақсадым ғой; түбіме көңіл-қостық, тілеу достық жетті ғой!.. Пай-пай-пай, ішім өртеніп өлдім-ау. Я, осы түн қисығына қыңырайған Бөпені құлақтан басып дегеніме көндіремін, я...

Ферма меңгерушісі өз ойынан өзі шошып кетті.

Үй иесі сандық түкпірінде жатқан жалғыз шыны коньягін суыртып тағы құйған, бастығы жұтқыншағы жүгіріп тағы қылқ-қылқ жұтты. Бөпе арақтан да, коньяктан да татып алған жоқ. Бірер қарпытып нан асады да соңын ыстық шаймен итергілеп терін тамшылатып отырды-отырды да «ерте тұруым керек, жатып ұйықтайын» деп сыртқа шығып кетті. Сиыршының әйелі қонақтар салқын жатсын деп төсекті сырттағы сенекке, тақтай сәкінің үстіне салған еді. Үй иесі елпектеп: «Ау, тамақ пісіп қалды ғой, жеп жатпаймысың?» — деп соңынан жүгірді. Меңгеруші етегінен басқандай болып қайта отырғызды. «Дымың ішіңде болсын», — деді зәр шашып: «Барсын, жатып демалсын, жертәңірісіп барады ғой, көріп алармыз...»

Ферма меңгерушісі әлгіде санасына шаншудай тиген сұмдық ойынан арылмады. Я, осы түні адалдық, адамгершілік үшін не құқайға қаймықпай баратын Бөпені құлақтан басып дегеніме көндіремін, я...

Коньяктың қалғанын сарқып ішіп, бос мойын болып отырған ферма меңгерушісі ойлаған: қайтсем Бөпенің алдын ораймын деп. Осынау қызыл көз пәледен қайтіп құтыламын деп. Ана жылғы жер өлшегіш комиссияға да шылп етпей шынның жүзін ашып, бетін айдай етіп еді; талқыға түсті, газетке шықты, қызметінен босады, әйтеуір тезі қатты сынақтан, қиын өткелден өткендей әупірім-тәңіріммен әрең құтылып еді. Айналайын жанашыр ағайындары сауға сұрап, ара түсіп жанын алып қалғанды. Енді міне қылаяғы құрдым тығырыққа тіреліп тағы маңдайын тоқпақтап отырғаны. Осы Бөпені қол астыма сиыршы боласың деп нұсқап жіберген, араға арызқой пәле жүргізген туасы Қарықбол оңбайды. Я, мені сілкілеп шаңымды қағып, алды-артымды орап тексере түспекші, я, түбіме жетпекші. Әйтпесе Бөпенің сырын біледі, талай аузы күйген, опық жеген; көлеңкедей сүмеңдетіп соңыма салғаны қалай?.. Желімдей жабыстырғаны қалай?.. Аз айт, көп айт, әжептәуір бел санап жүрген Қарықболыңның түбі шикі.

— Әлгі ұйықтады ма? — деді бір мезетте басын оқыс иығына қондырып. Үй иесі дастарқан жиегінде қалғып кетіпті.

— Ләббай, не дейсіз?

— Әлгі ұйықтады ма?

— Күні бойы алжа-алжа болып өгізбен жағаласқан жанталасқан кісі мана-ақ сілесі қатып тырапай асты. Өзі де ерен қарулы екен, күші қай жеріне сиып жүргенін білмеймін.

— Мына қызыл көз пәледен қалай құтыламыз енді?

— Қайдан білейін.

Үй иесі мынаның ойыны ма, шыны ма дегендей көз жанары атыса қарады. Қапелімде сөздің түп мәнін ұға алмай қалды, қайыра сұрады. «Екеулеп жабылып қолын байлап дарияға тастап жіберейік, құтылайық, құртайық», — деп ақылдасып отырмасын деп қауып ойлады.

— Қарағым пайғамбар жасына келгенде қылмыс істеп қолымды былғамаймын, атай көрме, аулақ-аулақ!.. Малың әне, санап ал, ертерек басыма бостандық бер. Орталыққа ауа көшемін. Мал басы майдалап кеткен екен — бәрі өзіңнен; пәленшеге сойыс беріп жібер, орнына баспақ қосар дедің — мақұл. Төленшеге дөнен өгіз ұстап бер, рұқсат қағазы бар дедің — жарайды. Бір жақсының кәртамыс малын жасарта сал дедің — құп болады. Осындай бір зауал шақтың боларын баяғыда білгем, сезгем. Ұстаса да, соттаса — былығыңа батып болдым, сенен іргемді аулақ саламын, арыла жүремін, мен де Бөпенің жолын қуамын!.. Арамзаның ығына ықтап, сойылып соғып ақымақ болыппын; енді жел өтіне, жұрт бетіне шығамын!

Ферма меңгерушісі мен пайғамбар жасына жеткен сиыршы қосыла даудырап түннің бір уағына дейін мүйіздесті.

Ай туып тоғай іші ақшыл сәулеге бөккен, үзік жел лебі дария жақтан су сызын әкеледі. Есік алдында тақтай сәкі үстінде шырт ұйқыда жатқан Бөпе маңайындағы өмір үшін, әділет үшін арпалыстың; алқын-жұлқын алыстың мән-жайынан мүлде бейхабар еді. Және бір орайда еліре қозданған, қойқалаңдаған көлеңке есік алдына шығып үй айналып кетті. Және бір орайда еңбектей жылжыған келесі көлеңке қораның ішіне бүлкектей бет қойды. Сиыр мөңіреп, ит ұлыды. Мұнар жапқан қиыр тұңғиық ай астында ағараң тартты. Бірқауымда екі көлеңке бас түйістіріп бұлтарыс бұлың көрініс беріп, бас изесті. Және бір орайда құйықтыра шапқан ат дүбірі тоғайды көшірді. Лекіте ұйысқан үйір мал қорадан шыға шілдің қиындай пышырап тоғайға сіңіп жоғалды. Кең қолат және бір орайда тынши қалып мүлгіп-қалғыды. Аспан мен жер жапсары ақшыл бояуға малынып күн көзі көкжиектен ажырағанда тоғай іші қайта жанданды. Құс шырылы, мал сарыны өгей өлкені қайыра тірілтті.

Шырт ұйқыдан оянған Бөпе төсектен басын көтергенде анадай жерде дөңбек үстінде ошарылып отырған үй иесінің сұлбасын көрді.

Іші мұздап қалбалақтай тұрып қасына жетті. Бара иығына қолын салып жөн сұрады. Шау болып шөгіп отырған репеті жаман сиыршы шалдың кемсең қағып айтқаны: «Мал қорадан шығып кетті, бастық ұжым орталығына суыт аттанды», — деген екі ауыз сөз болды.

Бөпе қарап тұрып мыналардың бықсыма қулығына қайран қалды. Ойлаған: көр де тұр, ферма меңгерушісі сыртымнан директорға жертабандатып жамандау үшін зытып жоғалды деп. Жұрт аужайын алдымен танып алмақ, бұған қарсы баз біреуін айдап салмақ. Қамаудағы бойдақтың есігін ашып босатып жіберген де сол өзі. Костюмінің қалтасын тінтіп, ақпар қағазды ұрлап алып кеткен де дәп өзі. Мұның орнында жеңілтап желпілдеген басқа болса Бас Бух-екеңнің соңынан түре қуып жөнелер ме еді. Бұл өйтпеді. «Ақыры болар іс болған екен, ащыласып, алшайысқан екенбіз: ұрланған қағазда, қорадан шығып тоғайға сіңіп кеткен малда тұрған ештеме жоқ», — деп ойлаған. «Осында қона жатып бойдақтың түп-түгел есебін алайын, бастықтың артынан аяңдап барайын, болмай бара жатса ауданға асайын...»

Пайғамбар жасына жеткен сиыршыны қайыра атына қондырып, өзі қолтықтағы қорықшының мініс көлігін сұрап мініп тоғай аралап түндегі босап кеткен бойдақ малды жинастыра бастады. Асау өгізді жықпыл жыныс ішінде өкшелеп айдау аса қиын. Дамылсыз үн салып, құрық сілтеп күн шекеге тырмысқанша қайтармалады. Бетті шеңгелге тырнатып, шалғай жыртып, ыстыққа быршып әбден қаталады. Әсіресе бірмойын бұқалар айдау бермей әр тарапқа тартып қинады-ай. Лоқылдаған жаман шобыр іш шайқап, құйымшақ кесті. Кеш жеңіп көлеңке қоюлана өлдім-талдым бар бойдақты жинап әкеліп қораға топырлатып қайыра қамады. Есігін тарса бекітті.

Түні бойы топсасы бос қора аузын кезекпе-кезек күзетісті.

Ертесіне арыны азайып жуаси бастаған екі жүз басты түстеп түгендеп қайта санап шықты. Бұл жолы Бөпе әр малдың жасын, түрі-түсін, ен-таңбасын қағазына қадап түсіріп алды. Үшінші күн дегенде жан алып, жан берген ауыр бейнетті аяқтап, терін тамшылатып жаяулатып орталыққа бұл да жетті. Тірсегі тірсегіне соғысып әбден сілелесе де үйіне бұрылмады. Табыттан тұрып кеткен тірі аруаққа ұқсап тіп-тіке кеңсеге келді. Қарайды — директордың кабинетінде Қарықбол мен ферма меңгерушісі иықтасып сыбырласып сөз байласып отыр. Байқайды — екеуінің сыры ұштасып қалған секілді. Ашуы от тиген қаудай тұтанды. Өзін-өзі қапелімде билей алмады.

— Тоғай арасында өліп-талып масаға таланып, аша мүйізге қағылып мал түгендеп мен жүрмін... салқын үйде сыбырласып, аужай түйісіп сендер отырсыңдар! Қойдым, тойдым! Ғайнекеңнің өзіне тарттым! — деді де сырт айналып жүре берді.

Қарықбол орнынан апыр-топыр көтеріліп соңынан қуып жетті, қолтықтап, қолқалап төрдегі диванға әкелді. Оғаштау мінез танытқан Бөпенің асты-үстіне түсіп бәйек болып, — секретарь қызға шай әкелуге жарлық жасады. Әлде көз қылып, әлде шын тығылып ферма меңгерушісіне ал кеп кейісін!.. ал кеп сөзбен жесін!.. Айтпаған ащы сөзі аз енді. Ақырында жентек жеген меңгеруші танауының астынан түсініксіз былдырлап бас амандап тайып жоғалды. Директор екеуі ошарылып оңаша қалды.

Хатшы қыздың аққұманға құйып бүркемелеп әспеттеп әкелгені ыстық шай ғой деп ұрттап қалған; қанкүрең коньяк әншейін. Директор шоколад аршып ұсынып жатыр: «Жұқарған жүйкеге мың да бір ем», — дейді. Өзі шағын кесесін қылғытып жұтып жіберді. Аш өзегіне түскен ішкілік дулап басына бір-ақ тепті. Бөпе қыстығып, қиналып барып тілге келді.

— Тегі күйемін ғой, — дейді. — Мемлекет малын майдалап, бұтарлап...

— Бөпе айналайын, көр де тұр, ол итті өлімші етіп өндіртіп аламын! Қоғам малының қылшығы құрымайды! Тек өтінерім — ауданға шабамын дегеніңді қоя тұр, ел-жұртқа жария болмасын, абыройды ойлайық, мына алдыңдағы ағаңды сыйла.

— Тегі күйемін ғой!..

— Бүгін үйіңе бар да тынық, сабырға жүгін, ертең ертелеп өзіме кел, осында кеңседе тәуір бір қызметке қоямын.

Аққұманнан ақ кесеге тағы бір-бірден тамызған.

— Ал, ел-жұрт амандығы, ағаңның абыройы үшін алып қояйық! Аспайық, таспайық, саспайық, артын ойлайық. Түбінде дұрысталады, әділет жеңеді. Әлгі немені малдың маңайынан жүргізбеймін енді!

— Күйемін ғой тегі!..

Бөпе әуелгі қарқынды райынан қайтып, директордың ымырасына ыңғай бере бастады. Ойлаған: Қарықболды жүз өлтіріп, жүз тірілтіп жүрген ақкөңілдік деп. Аузы күйген үріп ішедінің керін келтіріп зәразап болып зарлап тұрғаны содан деп. Ертең де күн бар, асықпайын, ақылдасайын, сосын-ақ ағынан жарылармын деп.

Мойны былқылдап үйіне ымырт үйіріле қайтып келген. Екі семьяға салынған ұядай ғана стандартты фин үйі; түстік бүйірге қараған үш бөлмесінде кеңсе қарауылы тұрады, терістік беттегі аядай екі бөлмеге Бөпенің үйі жайғасқан. Үйі дегенде жиі-жиі төркініне тайып, бары-жоғы белгісіз болып жүретін күндіз шабысқан, түнде табысқан шайпау мінез келіншегі екеуі ғана; дүниесі — қос темір кереует, қаңылтыр пеш, тозған соң кеңсенің есебінен шығарып сыртқа лақтырып тастаған кебеже қарын стол; үш кресло — олар-дағы тозып есептен шыққан; шайпау келіншектің төркінінен келген көрпе-жастық қана. Бүгін де келіншегі бір киерін иығына іліп қырдағы төркініне кетіпті. Темір кереуетке созылып түсіп газет қарап біраз уақыт өлтірген болды. Түнге қарай тар бөлме қапырық тартып, ауасы тарылып кеудесін қысты-ай; тегі шыдамаған соң төсегін сырттағы ағаш сәкіге сүйреп шығарып, ашық ауаға жатты. Бөпенің жасынан сүйегіне сіңген әдеті — күн жылына түнемесі сыртқа жату, төбесіне төнген сансыз жұлдыз атаулыны қиялмен шолу болатын; бүгін де сөйтті. Қоңсы отырған Бас Бух-екеңнің овчарка иті түнімен абалап үріп шықты. Көңіл ит те кейде өрекпіп, кейде жер боп жаншылып мазалап бітті. Таңға жуық көз алды қоюланып ұйқы меңдеген екен дейді.

Аяғының басы мұздап бара жатқан соң шімірігіп шошып оянды. Суық тер сүмек боп ағып жатыр. Көрпесін серпіп жіберіп ұмтылып тұруға талпынды. Әл-дәрмені бітіп, кеудесі сығып ауырып, төсегіне қайыра сылқ түсті. Жұлын омыртқасына әлдекім темір құрсау салып тастағандай; тынысы тарылып назалана даусы шығып кетті. Анадай жерде кеңсе қарауылы түнгі күзеттен қайтып келеді екен: «Шырағым-ау, не күйге ұшырағансың?» — деп қауқалақтап қасына жетіп келді. Аласұрып жатқан атпал азаматтың тұла денесін жіті көзбен шолып шықты да, шаян шағып алғандай баж етті.

— Ойбүй-й!.. Қарақұрт тиіпті ғой! — деді.

Жүгіріп қоңсысына кетті. Бір мезетте костюмін жүре сұғынып қайда-қайдалап ферма меңгерушісі жетті: езуінде жымысқы күлкі. «Пәлі, еш саспаңдар, қазір-ақ уды умен қайтарамыз», — дейді. «Сыр бойының қарақұрты тиген кісісін тырапай асыратын Қызылқұмның бүйісі емес; қазір-ақ емдеп жазып аламын»... Сөйтті де қасапшыдай білегін түрініп жалаңдап, жалмаңдап үйінен екі шөлмек арақ алғызды; кесеге құйып, у дарып қиналып жатқан жігіттің басына төніп; ал, іш!.. ал, іш!.. Қарауыл шал бажынап араға түсті. «Тап қазір қосаяғыңа мін де Мақұлбек шалға шап», — дейді, — сол кісінің оқитыны бар тұғын, қарақұртты оқып шығарған ләзім». Оны тыңдайтын меңгеруші жоқ: қылқылдап отырып Бөпеге шөлмек арақ ішкізді, көрпеге орап жауып тастады. Құлағына еміс-еміс күбір күңсік сөз келеді.

«Уды у қайтарады». «Уақыт өткізбей оқытайық, у жоғары көтерілсе кеудесі қысылады». «Және бір шишасын ішкіземін». «Мақұлбек шалды алдырып оқытайық». «Өңшең ділмәр діншілдер, құрғақ сөзге у шығушы ма еді; оқыту деген далбаса әшейін, қазір аузына арақ құямын!» «Оқытамыз!» «Жоқ, оқытпаймыз!» «Оқытамыз!» «Жоқ, оқытпаймыз!»

Өстіп кер ауыздар кергілесіп жүргенде күн түске тырмысты. Құлшығаш алғашында арақ ішкен соң бәлкім у зәрі қайтар, бәлкім сауығармын деп ойлады. Уақыт өткен сайын тынысы тарылып, кеудесі қысып ауырып, санасы лайлана берді; ішкілік ем болып жарытпады. Өмір үшін алысатын қымбат уақыт там-тұмдап сусып азая түсті. Ақырында жігіт есінен танып кетті.

Болған оқиғаны шаңқай түсте барып естіген Қарықбол есі шыға шабуылдап енді жеткен; қарайды — арыстай атпал азамат көгеріп-сазарып сандырақтап жатыр; құлақ салады -маңайы «Мақұлбек шалға оқытайық!» «Жоқ, және бір шөлмек арақ жұтқызайық!» секілді кергіме кенеусіз сөз. Алда ғана пәдәріңе нәлет көрмәдіктер-ай!.. Боқтап-бұралап тырқырата қуды кеп. Бөпені дереу жеңіл газигіне салғызып, өзі бір қапталынан сүйемелдеп, шофер балаға: «Барынша тездет!.. Ауданға тарт!..» деп бұйрық берді. Асыққанда жол сорабы жыландай ирелеңдеп діттеген жеріңе жуғарақта жеткізген бе.

Қарақұрт тиген Бөпені алып-ұшып аудаңдық ауруханаға жеткізген; қаумалап, жоғарғы қабатқа көтеріп әкеліп, білгір маман дәрігердің алдына салған. Айналайын дәрігер әулеті мән-жайды түсініп, «е» десіп аужай түйісіп науқасты қаумалай қоршады. Бірі жүрек соғысын, бірі қан қысымын өлшеді. Укол салып, қара санды әр тұстан шабақтап қара қан ағызып жатқан қолы жеңіл мөлдіреген қыздарға қарап тұрып іші елжірейді. Ақырсында кең жауырынды қасқабас орыс дәрігерінің айтқаны: «у қанға дарып, денеге жайылып кетіпті, қарақұрт тиісімен уақыт өлтірмей әкелу керек еді; дертті асқындырып алыпсыңдар», — болды. Қарықбол шыр-пыр: «Кенеуі жоқ көргенсіз көрмәдіктер маған айтпай шуласып жүріп алыпты, ал тамыр, аянба енді!.. еліміздің қадірлі жігіті еді!.. қолдан бергендей болып қорлығы тұқым-тұқымға кетер!.. аянба, айналайын!..» Дәрігер әулеті аяғының ұшынан басып қызмет жасап сенделіп кетті.

Қарықбол палатадан шығып бара жатып жас тамшысы түйілген жанармен кең кереуетте сұлаған жігітке қараған. Бөпе бейне алыс-жұлыс, айтыс-тартыс тіршілік сапарын тауысқандай шұғыл сөніп бара жатты. Әуелеп қыдырыстап кеткен көзі әңгіл-шәңгіл. Дәті шыдамай Қарықбол сыртқа қарай боздай жөнелді. Сол күйінше газигіне мініп бас дәрігер Еділ Айдархановичке тартыпты; үйінде бар ма, жоқ па — жұмысы жоқ; демалыста жүрген кісі өтінішіне құлақ қаға ма, әлде кеудеден итеріп шығарып сала ма — оны да ойламастан жүгініп кеп есігін қақты. Еділ жарқ етіп есік ашқанда төбесі көкке жете қуанды. Болған істі соқалап түсіндіріп кеп: «Бір амалын жаса, құтқара көр!» — деп шатынаған жанарын жасқа шылап, сұрланып отырып қалды. Осынау әңгімені естіген Еділ Айдархановичтің жүрегін әлдебір суық алақан сипағандай әсер етті, орнынан қалай атылып тұрғанын өзі де сезбей қалды.

Бас дәрігер мен Қарықбол құйғытып ауруханаға жетті. Дабырласқан, сапырылысқан, сенделіскен, қаумаласқан аласапыран күндер басталды да кетті. Ақ төсекте арыстай созылған науқас үстіне үймелеп; күнді түнге, түнді күнге ұзатып өмір үшін арпалысқан ақпейіл адал адамдарды Қарықбол кинолардан көретін, не бір оқыған кітабынан ұшырататын. Ойлайтын; е қызметі, өзінің міндеті болған соң жұмылады ғой деп. Тағы ойлайтын; айлық жалақы үшін жанталасады ғой деп. Сөйтсе жалақыдан да, қызметтен де жоғарырақ, мәндірек, мазмұндырақ жәйіттер бар екен. Төрт құбыласы сай кісінің өзін түнімен төсегі жамбасына тастай батып ұйықтатпай дөңбекшітіп шығатын ой деген азаптың болатынын осы жолы анық сезді. Ойлы адамға дүниенің қызығынан көрі уайымы; күнес бетінен көрі көлеңкелі жағы жиірек ұшырасатынын білді. Тіршілікте лауазымнан, жалақыдан, байлықтан басқа да салмақты — ар, адамгершілік секілді безбеннің болатынын бұл күндері шындап түсінді. Сол безбеннің қалтырауық басын қай жақсысымен, не ізгі шаруасымен толтырарын білмей сүмек боп терледі. Бөпенің басында бірнеше күн күзетте отырып көз ауданына көкшіл көлеңке уайым табы сіңді. Қиын ғасырдың құбылмалы кезең суатында тіршілік кешсе де ендігі өмірін өтірікке құрмай өтуге тас түйін бекінді.

Арада ай өте қарақұрт уынан Бөпенің бір қабат терісі түсіп сүлелеп, сүйретіліп аяғына мінді; таяққа сүйеніп ауруханадан шықты.

Мейрамқала үсті жаздың мамыражай шуағына малынып, ығы-жығы машинадан ауыр тыныстап, көшелері шаршаған кісінің шеке тамырындай бүлкіл қаға соғып қырық құбылып құбажонданып жатты. Өлмейтін халық ана, халық ата бәз баяғысынша түгесілмес шаруа күйбеңімен жосқындай жөңкіп Бөпені де толқынына ілестіріп әкетті.

Бөпе бейне тәй-тәй басуды жақында үйренген бүлдіршін сәбиге ұқсап, ілдебайлап аяңдап орталықтағы әкімшілік кеңсесіне келді. Қадалып кезек тосып, ұзақ отырды. Бірінші басшыға кіруге жиналған кісілерді тізімдеп отырған меңгерушісі Ақбата сырт ажар танытты. «Үкімет шаруасымен келгендер болмаса арыз айтып, шағымберуші кісілерді қабылдамайды», — деді. «Сіз, Бөпе, атқару комитетінің үшінші орынбасарына барыңыз, жай-жапсарыңызды соған айтыңыз», — деп сусытпалап ысырып салмақ болды.

Ажалдың аузынан қайттым, аянатын, аңыс андайтын нем қалды деп қасара түскен Бөпе. Онсыз да жұрт мені дүниеге тақауда келген Бөпе дейді екен, онсыз да шет жайлап қисық қыңыр жүрген кішімтайлы сиыршы екенмін — несіне тайлығамын?.. деп қадалып отыра берді. Ақырында түске ұласа қабылдау бөлмесіндегі жұрт аяғы сұйылып Бөпенің қарақан басы қалды. Енді аңғарса соңғы кірген кісімен қосарланып қол сағатына қарап Ғайнекең кабинеттен шығып келеді. Тұсынан өте беріп назар салды.

— Неге отырсыз? — деді.

— Кіруге кезек тимей, арыз айтуға ауыз жетпей...

«Арыз» деген сөзді естіген әкім біртүрлі шімірігіп қалды. Әйтсе де жігіттің отты жанары, сарғыш тартып кеткен жүдеу жүзі кісі сырын сырт ажарынан танып үйренген әкімді еріксіз кідіртті.

Түскі үзіліске бөлінген тұтамдай уақыт жарыдан ауып бара жатса да, өзегі тартып қарны ашса да — азаматты қиып кете алмады, кеңсесіне бастады. Төрдегі креслоға озбай-ақ етек жақтағы орындықтың шетіне жайғасып Бөпені қапталына отырғызды, «ал, сөйле», — деген. Талай уақыт тыншытпай, ұмытылмай ішін тескен татымды ой ауыздан шыққанда мүлдем сұры қашып, нәрсізденіп кетеді екен. Мұны өзінің аузын, аңысын баққан Ғайнекеңнің күңгірт көмескі реңінен танып отыр. Әбден зәразап болған көңіл алып-ұшып асықтыра түседі. Бір айтқанын сан қайталап сөздің түп мәнін аша алмай қор болды. Ғайнекең пәске кідіртті.

— Түк түсінсем бұйырмасын!.. Малдың майдалап кеткені қалай?.. Болса да түстік астан құр қалдым, енді асығатын дәнеме жоқ, аптықпай, саспай, дұрыстап айтшы!..

Бөпе маңдай терін саусағымен сыпырып бір кезек аблыққан жүрегін басып тыныстап алды. Сосын ойда жоқта көкірек сарайы ашылып, тілі шешіліп «Сунақатада» басынан өткізген бар оқиғаны жіліктеп, мүшелеп хатшының алдына жайып салды. Кеудесімен бұрыла ойысқан аудан басшысының райы ашылды; сөз жоқ; алдында отырған жүдеу жігіт — ел несібесін үлесе жеп көлденең олжа іздеп жүрген жетесіз емес; ағайынды аздыратын аралық сөз, қысыр кеңестің де адамы емес; түсіне білгенге бұл жігіт-ақ пейіл, адал жанның нағыз өзі! Бөпенің әрекеті аудан халқын дүр сілкінтіп өткендей елеулі оқиға болды.

Ойлап отырса, уақыт бейне уыстан сусыған ыстық құм іспетті — екі мыңыншы жылдың да жалғасып жеткені екен; жерлестері — түстік елі жиырма бірінші ғасырдың асуына жақсы пейіл, егіз үміт, құмбыл іспен енгені анық. Соры шығып, мәйегі ұшып тозған жерді қайта тәрбиелеп, қайыра тірілтуге жұмылған жұрт; Сырдарияның тағы да арнасын теуіп, меймілдеп толып ағар тасулы шағын күтіскен жұрт; Қаратау күнгейіне төрт түлік малды қаптатқан жұрт; көне қоныстың таусылып бітпейтін мазаң тіршілігін күйттескен жұрт; осы көрініске іштей тебіренген Бөпе белін бүгіп аяғының астындағы ақшыл топырақтан тәуетті. Туған жері — қасиетті табалдырығы. Не жақсылық, не мықтылық осы табалдырықтан туады екен; ендеше өз жүрегіне, өзі құралпы ұрпақ мінезіне туысқан орта, туған халықтың қасиет-қадірін сіңіре білген осынау табалдырыққа табынып өтуге бейіл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз