Дүниеде ғаламат көп. Санкт-Петербургтегі Салтыков-Щедрин кітапханасының көне қолжазбалар қорында үш мың жылдық тарихы бар мысыр перғауындары жазып қалдырған ширатпа папирустың үшеуі бар. Мұрағат иелері «үгіп аласың» деп өлсе ұстатпайды. Арнайы резеңке қолғаппен өздері шетін жазып көрсеткені үшін әлемнің ақшасын алады. Үш мың жылдан бері қаншама тау мүжілді, көл сарқылды, сахара шөлі жылжыды, перғауындардың тас табытқа салып қатырған денесі күлге айналды... ал әлгі ширатпадағы сөздер сол қалпынша. Қасиет қонған сөз бе сонда. «Не сөз жазылған», — деп сұрадым ақ халат киген кітапханашыдан. «Өлең,— деді ол,— өлмейтін өлең жолы». Осы сөзді түсінікті ғып айтсақ: өлең деген сөздің ұйқасымы, ырғағы, ал ырғақ дегеніміз — жүрек лүпілі, әлемдік гармония, ұлы үндестік. Ұлы жарыққа жақындай түсу. Арғы-бергі ақылды кісілер жаратқан ие өз пәрменін соқпа-соқпада ақын аузымен сездіреді дейді.
Ширатпасына өлең жазылған папирус есіме түссе — жазушы Эренбургтің Жамбыл туралы айтқан естелігі санама сап ете қалады. Шеті сарғайған ширатпаны кітапхана шырақшылары ақырын жазып көз алдыма келтіргендей болады. «Жазылған не сөз»,— деймін ақ халат киген кітапханашыдан. «Өлмейтін өлең жолы»,— дейді ширатпаны ақырын жазып көз алдыма тосқан кітапханашы. Ендеше қасиетті өлең жолының иесі туралы естелікке құлақ салыңыз. Басынан баяндайын. Оқиға былай басталды. «Жазушы» баспасына редактор болғаныма үш айдың жүзі. Баспа директоры Дүйсенбек Еркішев есімді салауатты кісі алдына шақырып келтіріп: «Бала, қолжазба оқып қайбір қарық қылып жатырмын дейсің, баспа комитеті үш апталық білім жетілдіру курсына екі редактор жіберіңдер деп пәрмен жасапты, екеудің бірі етіп өзіңді жаздым, барып кел»,— деді. «Мақұл» деп жолға шыққам. Мейлі деп курстың алғашқы сабағына қатысқам. Мәскеуге, оқуға қарай жүрерде көкейіме нық орнаған құпиялау арманым болған. Қайткен күнде, о ғып, бұ ғып жүріп, Эренбургтің адресін тауып, есімі әлемге белгілі кісінің алдын көру еді. Бұған себеп: студент кезімнен жазушының «Он үш трубка» әңгімесін қазақшалап жүргем. Сол аударманың бірін газетке шығарып, авторына, Мәскеуге салып жібергем. Әлгі хатым қаңғымалап жүріп қаламгердің қолына тиіпті әйтеуір, бір күні ойда жоқ жерден жазушыдан жауап алдым. Көк тысты конвертке салған тілдей ғана хат, жер-көкке сыйғызбай дедектетіп бара жатқан сол хаттың буы ма, қайдам.
Кең даланың жусан иісті желін мейірі қана жұтып, қиыр кеңісте ирек жазудай бұлдырай жүзген сағымнан басқаны көрмеген кісіге Мәскеу көшесі ә дегенде Ниагара өзенінің әйгілі құламасындай әсер етпек. Көшенің үсті де, асты да сапырылысқан жұрт. Бұл халық мынау беймаза тіршілікке әбден еті үйренген. Ешкімге көңіл бөлмей, шілдеде тон киіп, ақпанда жеңіл көйлекпен жүрсең де «мынасы қалай» деп таң қалмай, мән бермей, үндемей жөңкіліп жатқандай сезіледі. Ыстаған сүр секілді қонақ үйлері жүргіншілерді дамылсыз жұта түседі. 1966 жылдың қарашасы, үлкен қаланы алғаш көруім, ғасырдың асау ағыны бар көшелерге сыймай сарайларға, мұражайға, дүкендерге лықылдап құйыла түседі. Аяқ астындағы шақылдаған қара тас сәт сайынғы жүзін сүріп өтетін мың сан тағалы табаннан әбден мүжіліп бітіпті.
Әйгілі «Көтеріліс» алаңы. Алаңның түстік жиегінде қалам мен қағаздан несібесін айырған жазушы әулетінің бас құрап кеңесетін орны — Кеңестік Жазушылар үйі орын тепкен.
Бұл үйге мені қиял айдап келді. Кітаптан бас алмайтын кезім. Сүйіп оқитын қаламгерді көрсем деген ойым бар. Қайдан білейін, жазушының бәрі бір кеңседе үйіліп отырып жазу жазады деп ойлағам. Жас күнімде жүрегімді тербеген «Хулио Хуренитоның» авторы, Хэмингуэй мен Пикассоның, Неруда мен Альбертидің, Арагон мен Цвейгтің сырласы болған, әйгілі жазушы Илья Эренбургпен жолықсам деген ой санамнан еш шықпайды. Ұшырасқанда не айтамын. Оны өзім де ойлаған емеспін. «Мыңның атын білгенше, бірдің жүзін біл» деген, кітабын, сөзін құрметтейтін кісімен кездесіп, таныссам ғой. Қаламгердің тұлғасына, еңбекқорлығына, табандылығына оқырмандық, шәкірттік бас ию болар бәлкім мендегі.
Сол кездегі жазушылар одағы басқармасының төрағасы Константин Фединнің емен есікті кеңсесін таптым, кеңсесінің кіре беріс ауызында тынымсыз безілдеген бес-алты телефонды бағып, ала-құла бояуға малып алғандай әңгелектей домалақ хатшы қыз отыр. Сәлемімді салқын қабылдады. Бар зейіні желкесіндегі есікте, қолы әрәдік төбесінде, төмен сырғанай берген екі-үш тал шашын жоғары қыстырып әлек. Келген шаруамды айттым. Қыз әлгі шашты төбесіне әрең іліп үлгерді.
— О, не дегеніңіз! Илья Григорьевич сіз түгілі шет елден келген қонақтарды да қабылдамайды.
Тым алыстан, Алматыдан келгенімді мағлұм қылдым.
— Тегі сізге жазушы керек болса, өзгелері де өріп жүрген жоқ па. Ол кісі қалада емес, сырттағы саяжайда, шатақ шал қабылдай қоймас, сірә.
Илья Григорьевичтің «Он үш трубка» деп аталатын әңгімелер топтамасын аударып жүргенімді айттым. Ол кісінің өзіме, Алматыдағы пәтеріме жазған жауап хатын көрсеттім.
«Москва, 30 қыркүйек, 1964. Қадірлі Досжанов жолдас,
Сізге жылы хатыңыз үшін әрі «Трубканың» біреуі басылған газетті жібергеніңіз үшін көп-көп алғыс айтамын. Өкінішке орай сіздің тілді білмейтіндіктен, аударма сапасын бағалай алмаймын.
Әйтсе де, аударманың жақсы екеніне сенемін.
Сізге деген ең ізгі тілекпен
И. Эренбург».
— Хатшысының телефон нөмерін берейін. Шалып көріңіз,— деп жеті саннан тұратын нөмірді атады. Мына бір жабысқақ пәледен тезірек құтылсам деген ойды көзінен оқимын. Әлгі санды жылдам айтқаны сонша, қойын дәптеріме жазып үлгермей, бірнеше мәрте сұрауыма тура келді. Терімді сүрттім. Діттеген меже әлі алыс. Соңғы үміт қылдырықтай телефон сымына ілініп тұр, үзіліп кетуі әбден ықтимал.
Енді аяңдап сол кездегі қазақ әдебиеті бойынша кеңесші болып істейтін Тәкен Әлімқұловқа келейін. Ол кісі түтіні бұрқырап әлдебір қасқабаспен шахмат ойнап отыр. «Ауыл аман ба?» деді де ойынымен бола берді. Әлгі телефон санын тере бастадым. Тәкең ағамыз басын шахмат тақтасынан еш көтермеді.
Әйнекті қарашаның сылбыр жауыны шерткілейді. Әріде көлбеген тұман. Жеті цифр аяғына жеткізбей-ақ қойғаны, дыбыс орта жолдан үзіле береді. Соңына үңіліп түсе берген соң ұзақ дыңыл естілді.
Ағылшынша сөйлеп үйренген жіңішке әйел даусы естілді. Салқын тиген бе, әредік тық-тық жөтеліп қояды, үні соншама жұмсақ. Мұндай құлаққа жағымды үнді естіген емеспін.
«Тыңдап тұрмын сізді... Илья Григорьевич ешкімді қабылдамайды... сырқаттанып жүр... Шаршаған... қайдан келдім дедіңіз? Естуім бар, тың, шексіз дала, түйелер... (Трубканы алақанымен басып жөтеліп алды) Ыстық болар, сірә? Ие, даланың аты дала ғой... «Он үш трубканы» қазақшаға аударып жүрсіз бе?!»
Әйел бірауық үнсіз қалды, телефон құлағын алақанымен басып тұрып әлдекіммен тілдесіп алғаны сезілді.
«Жарайды... Переделкинаға, жазушылар саяжайына сағат он бірде келе қойыңыз. Түскі астың алдында аздап серуендейді. Жолығарсыз. Есіңізде болсын... Жалғыз өзіңіз ғана келгейсіз... Айтпақшы, жасыңыз нешеде?.. У-у-у... мейлі, келе қойыңыз».
Переделкина қарашаның қалың тұманын бүркеніп орман арасында бұғынып жатқан. Мәскеуден жетпіс шақырымдай қашықта, зәулім қарағайлар жапырағын төгіп сидамдана түсіпті. Түстіктен соққан ысқаяқ ызғырық бар. Жақында ғана жауған қар сіресіп қалыпты, аяқ астында қатталып жатыр. Мәскеу қаласының осынау түстік батысы меңіреу ағаш. Әр кезде әтештің шақырған даусы естіледі. Село үлкен емес, көп болса отыз қаралы үйден аспас-ау. Терістігіне таман жазушылар саяжайы сап түзепті.
«Жиырма төрт жасымды телефонмен тілдескен әйел азсынды ма, әлде көпсінді ме» деп іштей ойлап қоямын.
Қалтамдағы қағазға қарап сары қыштан өрілген үлкен үйге тақадым. Ғимарат ағаш шарбақпен қоршалыпты. Мұндай үйлер біраз, сап түзеп созылып көрінеді. Мен діттеген үй қырдың басына салынған. Айнала көзге айқын көрінеді. Төбесін күмбездеп келтіріпті, жылжымалы дөңгелек терезелері бар. Әйнек ішіне құрма, сахара, құм бейнесі кестеленген ақшыл тор тұтылған.
Әдетте қақпаны ашсаң барқылдай үріп қарсы алатын қасқыр ит бола ма деп сескене енгем. Жасыл қақпа дыбыссыз ашылды. Аулада жан баласы көрінбейді. Сәл жүрген соң аңғардым. Түкпірде, қалың қарағай арасында әлдекім жүрген секілді. Қолында бес ақа тырмасы, белі бүкістене түсіп құнжыңдап талдан ұшқан жапырақты жинап жатыр. «Илья Григорьевичтің өзі ме» деп ойладым. Жүрек басы дірілдеп, тұла бойымды ыстық толқын қуалап өтті. Әлгі кісі аяқ дыбысымды естіп, еңсесін жазды, бұрылды. Көзі сығырайған жүндібас орыс шалы, сәлеміме жақ ашпады. Қайта қайрылды да әлгі шаруасымен бола берді. Бұрылып үйге қарай аяңдадым.
«Неге бұлай көңілсіз, тып-тыныш. Көзге түсер, ойға қанат бітірер айшықты сурет көрінбейтіні несі? Сан миллиондаған оқырманы бар, әлемге әйгілі үлкен суреткер жалғыз-жарым тыныш тұрмысты таңдағаны ма? Мазасыз мінез, бейнетқор тіршілігі артта қалды ма сонда». Әлдебір оңаза мұң санамды билеп алғаны. Есік жақтауындағы электр түймесін екі рет бастым.
Сәлден соң есік ашылып, күлгін шашты, жанары жылы нұрға толы, аса көркем келісті әйел көрінді. Еңсесі биік, кеудесі тік. Бейне таныс-білісін көрген кісідей жымия сәлемдесті. «Кіріңіз»,— деді.
— Сіз бе кеше телефон соққан?
— Мазаларыңызды алсам кешірім өтінемін.
— Оқасы жоқ. Илья Григорьевич бүгін серуендей алмады. Көрмейсіз бе күн суып кетті ғой. Мында жүріңіз.
Бастап келе жатып жылы шырай білдіре бұрылып, жұмсақ үнмен жөн-жосық сұрайды. Мұнысын тілдесер кісіні сағынып қалғаннан болар деп жорыдым. Не деген сыпайылық. Сыпайылық болғанда: сұлу, келісті сыпайылық.
— Мұнда шешініңіз. Күллі қазақтар сіз сияқты бола ма. Бос мылжыңым жалықтырған шығар?
Терезесі батысқа қараған үлкен жарық бөлмеге ендік. Аяқ асты былқылдаған түкті кілем. Қабырға көгілдір бояумен боялыпты. Кіріп келген қарсы бетте ағылшын каминінің әңірейген алабажақ түбінде... біресе түсіп... сырт жонын беріп... Ол отырды. Алғашынды көзіме әбден қартейген, қауырсыны түсіп, топшысы тозған тау қыраны елестеді. Қиыр далада, не заңғар шың басында төсін ызғырық желге тосып, тәулік бойы міз бақпай, маңайдағы дүниеге назар салмай мүлгіп отыратын түз қыранын талай көргем. Дүниенің не қилы дүлейінен өткен, аласапыранда талмай ұшуды үйренген, сабырлы, салтанатты мінез қалыбын жоймаған. Сері, сыпа қалпы соншама сұлу.
Илья Григорьевич тап осы бейнесімен, барша ойшыл, берік қасиетін сездіргендей еді. Орнынан тұрмады. Сол отырған қалпы езу тартып қолын ұсынды. Сәлемімді қабылдады. Орындық нұсқап қарсыласып отыруға ишара жасады. Жанарында өзіме, жастық желікке деген қызғану ме, қызығу ме, білмеймін, әлдебір мысқыл үйрілді. Көре білсе: қарттықтың өзі сұлулық па деп ойладым.
Өзімді-өзім қораш сезінген күйімде қаламгердің хал-күйін, саушылығын сұраған боламын. Оншалық келістіре алмағанымды іштей сезіп, ыңғайсыздана түсем. Жазушы иығындағы үлкен сұр шәліні қымтана оранды.
— Рахмет, жас досым, рахмет!
— Қазір қандай шығарма жазып жүрсіз?
Илья Григорьевич дыбыссыз жымиып күлгендей сезілді.
— «Сирек жазамын. Кейінгі кезде қарым ұйып тала береді. Кәрілік шығар... «Адамдар, жылдар және ғұмыр» атты мемуарымның жетінші кітабын жазып жүрмін. «Новый мир» журналы жазып жатыр. Бұрынғы шығармаларымның қайсыбір тұсын қайта қарасам, кей жеріне тарау қоссам деген арманым еш сөнбейді»
— «Сосын шетелдік аудармашыларды қадағалап отыруға да қыруар күш керек. Бұл іске Ирина көмектеседі. Олар қалт жіберсең кей тұсты өздерінші өзгертіп, әдейі өңін айналдырып жіберетіні бар. Қайтерсің, күн көрістік айла-шарғысы болар, сірә».
— «Әлі есімде, Незвал Витезслав ақырғы сапарға аттанардан көп бұрын «қазақтың қиыр даласын араласақ» деп қолқа салып еді. Көнген едім, сахара, жылқы жайлы жазылған кітаптарға зер салып жүрдім. Бірақ, байқап отырсыз, сол армандаған алыс қиыр даланың желі бұйырмады бізге. Незвал дүние салды. Сосын жиырмасыншы ғасырдың аласапыран, алақұйын дауылы бізді қайда қумады. Жанымыз аман қалды әйтеуір».
Илья Григорьевич әңгіме айтып отырып титтей де қозғалмады. Бейне тастан қашаған мүсіндей. Әр кезде саусағын сілкіп, қабағын шытынып, шыбықтан тоқылған кең креслоның жақтауын қыса түседі. Қаны ұйып қалатын болар деп ойладым.
— «Бұл уақытта ақсүйек ағылшындар камин жаға қойған жоқ. Отынның тапшылығын ескеріп қыраулы қыс түскенде ғана камин пешіне рұқсат етеді. Таза қанды ағылшын емеспін ғоймен... — деп Илья Григорьевич жеңіл әзіл айтты. Бұрылып оң қолтығындағы, үстел үстіндегі тетікті басты.
Қабырғаның жартысын алып тұрған камин пеші жарқырап жанып жүре берді.Алғашында тек сәндік үшін, я бөлменің кенелік көркі, реңкі үшін жасалған, жанбайтын пеш болар деп ойлағам. Байқасам пештің ішіне шатпалап ширатпа сым жүргізіпті. Сым электр қуатымен жарқырай маздап жанады екен. Ортасы қызарып, шеті жасылданып кемпірқосақсекілді құлпырғаны. Ыстық лебі қанды шымырлатып баурап барады. Желік қосқаны.
Боран түтеген қысқы дала, құрым қостың ішінде, қоламтаны ортаға үйіп маздата жағып, гулесіп отырған жылқышы бауырларым елестеді. Жынды боран ішінде бойға жылу таратқан, қыздырған отқа төніп, қызылбеттеніп кеңесу, қазы жеп, құрт қатқан сорпа ішу қиялда қалған бір дүние. Адам да, табиғат та шындығымен ерекше. Тамырды бойлап шым-шым қуат сіңірер қызуымен ғанибет.
Бойға қуат дарытар кереметтің көкесі осы,— дейді үй иесі. — Осы пеш қызуынан қаншама ұлы жаңалықтар дүниеге келді: Дарвиннің дүние сатысы, Диккенстің әпенділері, «Қазына аралы», «Гулливер», «Уллистей» кереметтер мына пеш түбінен тірілді емес пе. Әр халықтың қанына сіңген дәстүрі болады. Ұлтты жойылып кетуден сақтайтын сол дәстүр. Дәстүрі мықты елді соғыспен жеңе алмайсың. Өркениет басқышына бұрын аяқ салып, ұлы дүрмекті көп өткеріп, бойынан қуаты кетіп, қартейе бастаған ұлт болады, ал сенің қазақтарың, сірә, өршіген өрттей жас ұлыс шығар.
Жазушының әуезді сөзін үзіп алмасам ғой деп іштей қылпылдап қоямын. Зайыбы күміс легенге тізіп кофе әкелді. Құртақандай фарфор шәшке көлдей леген үстінде мүлде кішірейіп көрінеді.
Илья Григорьевич 1938 жылы күзде, Грузияда, Шота Руставелидің тойына барғанда Жамбылды көргенін, сөйлескенін жыр ғып айта бастады. Елең етіп, әр сөзін қалт жібермей тыңдап қалыппын. Қаламгердің сондағы айтқан естелігі төмендегіше.
— «Неге екенін білмеймін,— деді Эренбург,— алғаш көргенде Жамбылдың түрі, түсі көзіме көне жыр жазылған папирус қағазындай көрініп кетті. Тірі адам емес кәдімгі мәңгілік жыр жолдарын жазған папирус қағазына соншама ұқсағаны. Папирус — өте ертеде перғауындар әулеті қағаз ғып тұтынған қамыстың мықты түрі. Ұзақ ғұмырында Жамбылды бейнет, ыза, азап, сүркіл айтыс, даланың аптап аңызағы жеп тоздырды ма. Үні де азынаған желден бүгілген қамыс ызыңы боп естілді. Несін жасырайын, әйтеуір, ақынның түрінен, үнінен сарғыш тартқан папирус қағазы секілді мәңгілікті сездім. Сарайда, тойда бірге болдық. Қайтар жолда, поезд үстінде тағы ұшырастық. Қасында қағілез, қараторы аудармашы хатшы жігіті болатын». Әңгімесі неткен дәмді еді. Кофені үй иесі сыздықтата ұрттайды. Өзім әлдеқашан сіміріп салғамын. Үй иесі әйел екінші шынысын құйды. Кофе тым қою, қарақошқыл, күн иісі бұрқырайды.
— «Жамбылды көргенде көз алдына шалқыған көлдария, көгілдір кеңістік, грузин ақындары мүйізбен ішіп жатқан қызыл күрең шарап, дүбірлі жыр бәйгесі емес... осыдан үш мың жыл бұрынғы перғауындар әулеті жазып қалдырған сарғыш папирус елестегені таңқаларлық, әрине. Әй, мына шал я жолы түсіп аяғы салбырап мәңгіліктен келген, я болмаса мәңгілікке бара жатқан жолаушы болар, сірә, деп түйгенім әлі есімде...» Мені дәмі тіл үйірген кофе Пабло Неруда елінен арнайы жеткен аса сыйлы тарту болар, сірә, деп ойлап қоямын. Үй иесі сөзін әріге жалғады.
— «Есептеп жіберсем ол кезде Жамбыл 92 жаста екен. Соған қарамай көзінде ұшқын ойнап тұрды. Бұл кісіні осынша ауыр, азапты жылдардан асам-есен сақтап, кеудесін өрге сүйреп келе жатқан жанарындағы ақындық ұшқын болар, сірә, деп ойладым. Қайтар жолда бір поезд, бір вагонға мініппіз. Біраз селкілдеген соң олай-бұлай жүріп байқасам: әлі қарт кісі менің купеме көршілес орналасыпты. Қуанып кеттім. Қазбектің қарлы шыңын терезеден біраз қызықтап, енді сөйлесейін деп, Жамбылға келдім. Қабатына, сәкіге тізе бүктім. Қисайып жатыр екен. Мені көріп басын көтеріп домбырасына қол созды, қағілез, ұшып-қонған хатшы жігіт лып көтеріліп шалға аспапты әпере қойды. Жамбыл домбыраны алдына көлденең тастап біраз шертті, еттен арылған тарамыс саусақтары аспап шанағын тесіп жібере жаздайды. Бәсең үнмен саз қосып үдете сөйлейді. Хатшысынан: шал не айтады дедім. Хатшысы: обаға қонған бүркітке ұқсап қонжиып отырған мына құс тұмсығын кім дейді — бұл шалың деді. Мен мәнісімді айттым. Хатшысынан: шалдың үні неге қатқыл шығады дедім. Хатшысы: ұшып-қонған көбелекке ұқсамай дереу барып шай әкел деп маған кейіп отырғаны. Хатшысынан: сонда бұл шал өлеңсіз сөз сөйлемей ме деп сұрадым. Хатшысы: тамақ ішкісі келсе, жатқысы келсе, сыртқа шығам десе, әдеті сол, домбыраға қосылып өлең қып айтады. Қара сөзбен тілдеспейді деді. Қара сөзді ұмытып қалған ба сонда бұл шал деп сауал қойдым. Ұмытып қалған деп жауап берді хатшысы. Қайран қаламын баяғы. Өлең сөздің ұйқасы, ырғағы, оралымы мына ақынның қанына сіңіп кеткен деп тұжырамын. Өз купеме кетіп қалдым. Дәл осы естелікті «Адамдар, жылдар, ғұмыр» атты естелік кітабыма енгізіп «Новый мир» журналына басқыздым,— деді үй иесі иығынан ауыр жүк түсіргендей болып. Қаламгердің мына сөздері жадымда жатталып қалыпты: көне жыр жазылған папирус ширатпасы, өлең сөздің ұйқасы, ырғағы, оралымы қанына сіңген, обаға қонған бүркітке ұқсаған құс тұмсығың кім.
Адам бір дегеннен дана боп шыға келмейді, жазушы әулеті әу дегеннен, екі-үш кітаппен көркемдік көкжиегіне жете қалмайды... жүре-жүре, көре-көре, сезе-ескере, уақыт өте жететін құдірет ол. Сол құдіретке ұлы дүбір иесі Жамбыл, уағында жазған әр мақаласы сол заматында әлемнің неше алуан тіліне аударылып отырған атышулы Эренбург жетіп жығылған болар-ау. Ұлы Отан соғысы жылдары Гитлер бір басына я өлідей, я тірідей пәленбай алтын ақша тіккен Эренбург бұл күнде көлеңкеде қалып келеді. Әйтсе де сөз қасиеті жылдар өте кісіні көрден тірілтіп, күнгейге шығармай қоймайды. Қаламгер рухы қайта тірілеріне сенемін.
Қаламгердің зайыбы біз білмейтін шаруасын тамамдап қатардағы креслоға кеп тізе бүкті. Жүзі ашаң, маңдайы жарқыраған, күміс шашты зиялы әйелдің тұла бойы тұнған сұлулық. Айна алдындағы әртіс жұлдызына ұқсайды. Қызға бергісіз ерекше тартымды сыйпаты көзімді арбап алыпты, қарай бергім келеді, мәрмәрдан қашап келтіргендей қаз мойыны, үшкіл иегі, әнтек көтеріңкі мұрыны, қасы көзі суреттей-ау, суреттей. Жанарым арбалып қалғанын сезді ме, жазушы жөткірінді. Қапелімде не дерімді білмей: «Пабло алдағы жазушылар съезіне келер ме екен?»— деппін. «Жиналыс десе елеңдеп тұратын мінезі бар Паблоның»,— деп үй иесі езу тартты. Алыстағы, шардың арғы бетіндегі асыл досты сағынды ма, дауысы іріп, жанарына жас үйірді. Вальпарайсо өзенінің лайсаң жағасында сіңірі шыққан шаруалардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жыр жазған ғажайып ақын көптен хат жазбапты. Хабарсыз. Өнер адамдарының достығы қызарып батқан күн секілді, мұңға толы, қайталанбас эллегия. Біз де өстіп асыл достықты аңсап, сағыныштан көзімізге жас үйірер ме екенбіз. Төр жақтан қабырға сағатының он бір жарымды ұрған күмбір үні естілді. Жарты сағат ұшырасу — ғұмырға азық. Жамбыл атамыздың көз көргені бұл күнде кәрі бүркітке ұқсайды. Үй иесі рұқсат сұрайтын ойымды сезіп, белін жазып жайлап көтеріле берді. Жамылған шәлісі сыпырылып түсіп барады. Лып іліп алып иығына қайыра жаптым. Шыбық кресло бесікше тербетілді. Эренбург салалы саусақтарын ұсынды.
— «Жас дос, Жамбыл туыстарына дұғай сәлем жеткізерсің,— деді ақырын ғана қорғасын үнмен».
Қымбат уақытын алғаныма ғафу өтіндім. Есікке жылжыдым. Зайыбы түрегеліп қолын ұсынды, майда жымиып, жанарын жартылай жұмып басын изеді. Эренбургтің әжімі тереңдеді. «Оқасы жоқ, жас дос,— деді,— жазушыға уақыт өмірі жетпейді. Жазып жүрсің бе өзің?». Биыл тұңғыш прозалық кітабым жарық көргенін айттым. «Онда зор азаптың басталғаны дей бер, әрине, нағыз дарын иесі болсаң»,— деді есікке дейін ілесіп келе жатып. Қайдан білейін, қаламақыға жарымадым, бүйірім шықпады, қалтам томпаймады деппін. «Қалтаны томпайтам десең — алыпсатар болу керек еді. Нағыз өнер иесінің қалтасы өмір бойына тесік келеді».
Қоштасып, электр поезына мініп астанаға оралдым. Жол үстінде, метрода, автобуста, ұшаққа мінгеннен әлгі «тесік қалта», «зор азаптың басталғаны», «Жамбыл туыстарына дұғай сәлем» деген сөздер зың-зың етіп құлағымнан еш кетпей қойды, шыңылдап қайталай түсті. Салмақты кісі кешегі алай-түлей өткен тіршілігіне өкінбейді, ертеңіне жетсем деп өліп-өшіп емінбейді. Мінез тұрғысы кәдімгі қиыр даланың бетімен азынай соққан ұзақ сарынды жел секілді. Бір басынан қиынды да, қызықты да өткерген. Бір адам — бір тарих, сол тарихты қағаз бетіне түсіре алмай біз әуреміз. Эренбургтің жазушылық рухы жаныма осылай сіңген еді. Әлгі ұшырасуға өмір бойы ризамын.
Қаламгермен кездескелі бері отыз жылдай уақыт озыпты. Ұстаздың алдын көрген кешегі жасөспірім жас — бұл күнде жігіт ағасы болдық. Ғажайып сөз зергерлері Илья Эренбург, Пабло Неруда бұрынғылар бұрылған бақи жалғанға аттанып үлгерген; әйтсе де ой зердесі, қалам тербесі қағаз бетінде қалып қойды. Сол ұстаздың қолы тиген хатты, қолтаңба жазған кітапты бойтұмардай сақтап келемін... қиналған, шаршаған кезімде қолыма алып ұзақ ұстап отырып қалатын қашанғы әдетім. Жамбыл туралы айтып берген естелігі неге тұрады! Үш мың жыл бұрын перғауын машайықтары папирус қағазға өлең сөз жазған. Екі жарым мың жыл бұрын сол таспаға ұлы Гомер дастанын сызып қалдырған. Қай тілде жырласын, қай ирекпен жазсын, сол өлмейтінді өнеге етіп өмірден Жамбылда өтті. Өлмейтінге, папирус иректеріне тәжім етіп тәуетелік ендеше, кейінгі, келер ұрпақ, демекпін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі