Өлең, жыр, ақындар

Қайран әкелер

(әңгіме)

1

Тас қараңғы тар бөлменің төбесіндегі кішкентай терезенің төрт көзінің біреуі ғана шыны, қалған үшеуі — ешкінің қарны ма, жоқ әлде жылқының қуығы ма, әйтеуір сондайдан жасалған, жел соқса шытырлап тұратын бірдеңе. Жарық дүние барын сездіретін тек сол шыны көз ғана. Сол жалғыз шыны көзден көзін айырмай, сіңірі ырсиған ұзын сирағын есікке дейін созып жіберіп, екі қолын төбесіне қойып Қондыбай жатыр. Оның қолтығына кіре мұрны пыс-пыс етіп ұйықтап жатқан — жасы он жетіге жеткен жігіт болса да, асық баласындай көрінетін, түрі әкесінің түріне, бойы шешесінің бойына тартқан өзінің Борашы. Оның құлағына азан шақырып қойылған аты Боранқұл, бірақ әкесі мен шешесі еркелетіп Бораш атап кеткен-ді.

Бала болса да Бораштың бұл жер үйшікті мекендегеніне екі жылдан асып барады. Ал оның әкесі Қондыбайдың бұл үйге тұңғыш түнеуі бүгін. Тіпті оның Қарағандыны түңғыш көргені де бүгін. Көз байлана келгендіктен, оның қаласы қайсы, даласы қайсы оның бірде-бірін ажыратып көре алған жоқ-ты. Сондықтан, өзінің қайда келіп, қайда жатқаны да көмескі. Өйткені, ол тағдырдың тәлкегіне түсіп, өмірінің соңғы екі жылын айдауда өткізген-ді.

Ал Борашы бар рахатқа жалғыз өзі батқандай тәтті ұйқының құшағында. Оның жаны рахатқа бататын екі түрлі қисыны бар, Біріншіден, Спасскінің мысын Қызылжарға тасыған кірешілердің бірі болып екі айдан бері сағынған, өзіне алтын сарайдай көрінетін осы жер үйшігіне аман жетті. Екіншіден, сол Қызылжардан келе жатқан сапарында екі жылдан бері жоғалып кеткен, айдаудан құтылса да, азаптан құтыла алмай жүрген әкесіне тап болды.

Бұлар мана қас қарая келген еді. Кемерлеу жерді кертіп жасалған бұл жер үйшік жұмысшылардың басқа барақтарының шығыс жақ шетінде болатын. Бұл шеттегі барақтардың бәрі де осындай төбесі жалданып, екі керегенің басын қоса салған жаппа да, аласа болғандықтан жалғасып жатқан қабірге де ұқсайтын. Тек қайсыбірінің мұржасынан бықси шыққан қарақошқыл түтін ғапа өлілердің моласы емес, тірілердің қаласы екенін сездіретін.

Бұлар келсе жер үйдің есігі құлыптаулы екен. Ол үшін Бораш онша қиналған жоқ, тек сағынып келгенде шешесінің үйде жоқ болғаны ішін мұздатып жіберді. Шешесі мен өзінен үш жас үлкен ағасы Түсіпбай жұмыс Істейтін шахта жақта қараңғы түнді тесе, тесіле қарап тұрып көзінің жасын бір мөлт еткізді де, өзінің қазір қандай азамат екенін әкесіне көрсетуге асыққандай тез ширығып алды:

— Қазір, көке, қазір. Менің шекпенімнің жағасында сояудай тебен бар, сол тебенмен есікті да ашамын, тамақты да табамын. Басқа тамақты таппасам да апамның өзіме сақтаған біреу болса да бірегей тоқашын табамын. Оған сөз жоқ. Сол тоқашты екеуміз бөліп жейміз де, шай ішеміз. Міне, тебен де табылды, енді есікті ашылды дей беріңіз. Міне, есік те ашылды, енді кіре беріңіз. Біз хош келдіңіз, Қондыбай мырза, дейміз. Міне, көрдіңіз бе, іші қандай самал. Жерін өзіміз қазып, төбесін өзіміз жаптық. Арқалықтары мен діңгегін, он шақты сырғауылын Түсіпбай екеуміз сонау алыстағы Наршөккеннен әкелдік. Есігі мем терезенің кәшегін Түсіпбай өзі жасады. Пешін апамның өзі салды, соның бәрінін, суы мен балшығын мен тасыдым. Жазда салқын, қыста жылы мұндай жанға жайлы жақсы үй мыңды айдаған Сағынтайдың өзінде де жоқ. Тек, ауызғы бөлменің терезесі жоқ. Ондай аядай бөлмеге терезенің керегі де жоқ қой. Үйде құман толы су бар екен, мен шай қойып жіберейін, сіз қалаған төсегіңізге жантайып дем ала беріңіз. Мынау пеш түбіндегі — апамның төсегі, мынау іргедегі — Түсіпбай мырза екеуміздің төсегіміз. Ойбай-ау, мен шырағдан жағайын да... Міне, біздің төсегіміз, бұл баяғы өзіміздің үйдің үзігі ғой, таныдыңыз ба? Мынау — өзіңіздің бір арба шөпке сатып алған баяғы қара кебежеңіз. Мынау — Атымтай шебердің үйін қаласып жасатып алған столыңыз. Былтыр бір аяғы қирап қалған еді, осындағы бір орысқа он тиін беріп қаңылтырлатып жаматып алдық. Пешіміздің қаңылтыр мұржасы бар, оны Түсіпбай шахтада өзімен бірге жұмыс істейтін Мекелай дейтін орыстан қалап алды, қалауын әлі қайтарған жоқ. Олардың ішінде денелер мұсылмандары бар екен, Мекелайлардың да өзіміз сияқтылары болады екен. Сол Мекелай бізді үнемі есіркеп, кездесе қалсам менің маңдайымнан сипайды, Екеуміз тіл тамырмыз. Ол маған орыс тілін үйретеді, мен оған қазақ тілін үйретемін, тіл тамыр дегенім сол,

Өгізін доғарып тастап үйіне келгелі Бораштың аузы осындай сөздерден бір босаған жоқ, Әкесі қалаған жеріне жантайсын деген ойын айта жүріп, екі төсекті де жайып тастады. Солай сөйлей жүріп, шайды да тез қайнатты, дастарқанды да тез жасады, Үйде екі тоқаш, бір уыстай ірімшік бар екен, «таңғы тамақ тәңірден» деп екеуі сол бір уыс ірімшік пен екі тоқашты шаймен бірге түгел соғып алды. Түгел соққанымен екеуінің жұмырына жұғым болған жоқ, болмаса да амалы жоқ. Сол аз ғана астың өзі аш өзегіне түскендей Бораш маужырай бастады, көзіне ұйқы байланса да, тілі тыным тапқан жоқ:

— Түн ортасы жақындаған болар, жұмысшылардың шахтадан қайтатын шағы жақындады, Сіз апам келгенше ұйықтамайсыз ғой? Олар келгенде мені оятпай-ақ қойыңыз, апамның өзі-ақ сүйе-сүйе сүйегімнен басқаны қалдырмас, тақыр сүйекте ұйқы да қалмас. Айтпақшы, көке, сөл күні тұман жоқ еді ғой, сіз бізден қалай адасып қалдыңыз осы?

Бораштың соны айтуға ғана шамасы келді, әкесінің жауабын күтпестен қара құманның түбіндегі шайды сарқа құйып әкесіне берді де, төсегіне барып құлай кетті. Сол құлағаннан тұяғын әлі бір серіпкен жоқ. Бір кезде гудоктің алып үні жерді дүрілдетіп, аспан дірілдете азынай жөнелді. Бораштың ұйқысы оны масаның ызыңы ғұрлы көрер емес. Гудоктің үні тек Қондыбайдың ғана шыбын жанын көзіне көрсетуде. Өмірінде мұндай сүргінді естімеген оның зәре құты қалған жоқ, не істерін білмей, тіпті кәлимаға да тілі келмей қалбалақтап тұра бастап еді, қорыққаннан буындары тым босап кеткен екен, қалтыраған денесі икемге келмей қайта құлап түсті. Аспанды қақырата айырып тұрғандай сезілетін бір керемет, ол тіпті аспан ғана емес, Қондыбайдың төс сүйегін қоса айырғысы келгендей кеудесін кеулеп барады. Не істерін білмей жанталаса түскен ол Борашы жамылып жатқан шекпеннің етегіне басын сұғып жіберіп еді, оның да жанға саясы болған жоқ. Тап бір соны қорқытып бұл маңайдан қуып жібергісі келгендей бұрын үш рет қана қайырып тынатын гудок, неге екені белгісіз, бүгін ұзақ азынап, қайта-қайта сарнап тұрып алды. Егер Бораш ояу болса мұны бір жаманшылыққа жорып, әкесін жаңа бір қайғыға мезгілінен ерте батыратын еді.

Қайта-қайта азынап барып гудоктің де үні ешті, Қондыбайдың шалажансар жаны да кіре бастады. «Уһ» деп демін ішіне бір тартып еді, кеудесінен шыққан сол жалынның лебі манадан басып жатқан зілдің барлығын лақтырып тастағандай бойы бір түрлі жеңілденді де, басына бір ізгі ойлар сап етті. «Айтпақшы, бұл заводтың бір мың өгіз қосылып өкіргендей өкіретін темір өңеші бар деуші еді ғой. Әлгі өкірген сол болар-ау? Әрине, сол... сол... Онда менің айналайын Айбалам, жар дегенде жалғыз қатыным, қазір-ақ келеді екен ғой... иә келеді... Мен оны келген бетте төбеме көтер^мін... көтеремін, сонан кейін... сонан кейін... а, айтпақшы Түсіпбайым да келеді. О, айналайындарым, келіңдерші, тезірек келіңдерші, бәрің де, тезірек... тезірек...

Ол соны айта күбірлеп, қараңғыны қармай еңбектеп пеш түбіндегі Айбаланың төсегіне қарай жөнелді. Барды да Айбаланың жастығын құшақтай алды. Жастықты біресе бетіне басты, біресе кеудесіне қысты, біресе шөп-шөп сүйді. Айбаланың өзін дәл мұндай аймалап, мұндай сүймеген болар, бірақ жастықты қанша аймалап қанша сүйсе де мауқы басылар емес, қайта Айбаланың келер шағы жақындаған сайын ол аласұрып жындануға жақын жатыр. Не істерін білмей қайта тұрды, қараңғыны қармай, еңбектеп Бораштың қасына қайта барды. Оның ұйқыға малынған мас денесі балқып, маңдайы жіпсіп жатыр екен. Сол ащы тердің иісін жұпардай жұтып, жаны сомен ғана рахат тапқандай балқып барып шалқасынан түсті. Өзін-өзі енді ғана билеп, өзімен өзін алыстырып қойған асау сезімді енді ғана тежей бастап еді, алыстан «қалай... қалай?» деген бір әлсіз үн құлағына шалынды. Құлағына шалынған сол үн Бораштың «қалай адасып қалдыңыз?» деген манағы сұрауын әкеп есіне салды да, мұнан екі жыл бұрынғы жайға алып кетті...

Өзі өзгелерден дәу, маңдайына біткен жалғыз қара ала өгізі өзінен дәу Қондыбайдың ғұмыр бойында ауылдан ұзап алыс сапарға шыққаны осы. Әйелі мен екі баласын сол дәу қара ала егіз жегілген арбаға отырғызып алып, өзі ізін көмгісі келгендей аяғын сүйрете басып арбаның соңында келеді. Олар Қарқаралының батыс жақ баурайындағы белең-белең кезеңдердің бәрінен де асты, бірақ Қондыбайдың ілгері басқан аяғы кейін тартып келе жатқан секілді,

Бораштың сұрауына жауап іздеген Қондыбайдың көз алдына келе қалған алғашқы елес осы.

Бораштың айтқаны рас, ол күн тұмансыз еді, бірақ Қондыбайдың күні де қараңғы еді. Сол қараңғы күннің қапасынан шыға алмай, жасаураған көзін арбаның ізінен ала алмай, шентемірмен шайнасқан қиыршық тастардың шықырын да, ала өгіздің бақайларының сыртылын да естіместен мең-зең күйде келе жатты. Ол тіпті, көк шыбықтың астына қанша алса да ала егізді бір желдірте алмай ызалы келе жатқан Борашының келемежін де естіген жоқ. Өзі де, көзі де өткір, бойы шешесінің, бойына тартқан аласа, түрі өзінің түріне тартқан шотпақ қара бұл баласын Қондыбай жанындай көретін-ді. Сол жанындай көретін баласын ала өгіздің ызасы жеп келеді» Оның екі қолы да, ала өгіздің жон терісі де дамыл тапқан жоқ. Солқылдаған көк шыбық зуылдап келіп жон терісіне сарт еткен сайын ала өгіз жаясына қонған шыбынды жасқағысы келгендей құйрығын бір бұлғаң еткізеді де, күйісінен де танбастан маң-маң басып кете береді.

Ала өгіздің қылығы Бораштың ызасын әбден келтірді, Ызасы келген шақтарда өткірленіп кететін оның әдеті. Сол әдетімен ол өзінің ту сыртына да, отырған шешесіне де көз тастады:

— Апа, қайсыбір малдың иесіне тартатыны қалай осы?

Шешесі оның нені мегзеп отырғанын сезгендей, не болмаса мағынасыз сөздерден тежегісі келгендей сұрауына қарсы сұрау қойды.

— Мұндай ақылсыз сөзді кімнен үйрендің?

— Неге ақылсыз?

— Адамның адамға ғана, малдың малға ғана ұқсайтынын мылқаулар да біледі, олар білгенді білмесең ақылдылығын қайсы?

— Мен ұқсастықты айтып келемін.

— Малдың адамға ұқсағанын қайдан көрдің? — деп шешесі зілдене түсті.

— Мен көкем мен ала өгіздің жүрістерінің ұқсайтынын айтып келемін. Нанбасаңыз өзіңіз қараңызшы, екеуінің аяқ басысы айнымайды.

Шешесі мырс етті де, бір қолымен арбаның жақтауына сүйеніп ауыр ойда келе жатқан байына күле дауыстады:

— Көкесі-ау, мына тентегіңнің не деп келе жатқанын естідің бе? Сені елден асқан елгезек, желден озған желаяқ дейді.

Қондыбай жауап қатқан жоқ жерге қадалып келе жатқан көзін де көтерген жоқ, жалбырлау келген қабағын мүлдем салбыратып жіберді. Айбала өмірінің соңғы он жеті жылын оның қабағына қараумен өткізген еді, сондықтан оның көңілінде бір үлкен қаяу барын тез сезді де, арбадан бірақ ырғып қасына жетіп барды,

— Немене, бір жерің ауырып келе ме?

— Иә, қатты ауырып келемін, сірә...

— Қай жерің?

— Сау жерім жоқ.

— Онда арбаға отырсаңшы.

— Менікі арбаға отырғызатын ауру емес.

Екеуі отасқалы он жеті жый. Сол он жеті жылдың ішінде Қондыбайдың Айбаланы күн баласында құшақтағаны осы шығар. Бойы өзінің кеуде тұсына ғана жететін Айбаланың басын бір қолымен құшақтады да, сәл еңкейе бере ақырын күбірлей бастады. Оның сыбыры өзгенің күбіріндей, күбірі өзеннің гүріліндей еді, сондықтан ол сыбырдың сыбырына көшті.

— Жақсылап тыңда да, көкейіңе тоқып ал. Біреу-міреу мені сұрай қалса қайда екенін өзім де білмей қалдым, арбаның соңында санын сүйретіп келе жатыр еді, бір кезде қарасам үшті-күйлі жоқ сол жоқтан әлі жоқ, қай жерде қалып, қалай адасып кеткенін білмеймін де. Етіңнен ет кесіп алса да осыдан басқа сөз айтушы болма.

— Неге?

— Неге екенін де сұрама. Әне, біз ілесетін керуен де көрінді. Олар алдағы тар өткелден өте бере түнейді. Сен маған қарайлаған болып бергі жағаға аялда да, қас қарайған сол олардан өтіп барып жаппаңды арғы шетке, аулағырақ тігетін бол.

— Байғұс-ау, есің дұрыс па? Өзің бір жаққа кететіндей не деп келесің?

— Сен ондай қатын сұраулармен басымды қатырма. Жаңағы айтқандарымды түгел ұқтың ба? Маған соны ғана айт.

— Ұғуын ұқтым-ау, бірақ түгіне де түсінгенім жоқ.

— Таң ата оралармын, онан кешіксем ертең түн ортасы ауа соңдарыңнан қуып жетемін. Сонан кейін қасыңа жатып алып бәрін де түсіндіремін, уайымдама.

— Немене, сонда сен Қарағандыға осы елден жылқы ала кетпексің бе?

— Мен қашан ұры едім?

— Құдайым-ай, не болса да айтып өлтірсеңші.

Қондыбай жауап қатпастан арбадағы жүктердің арасында жатқан кішкентай ақ балтаны алып еді, Айбала сескеніп қалды. ,

— Менен таяқ жеп зәпі болғандай неменеге сескене қалдың? Сенің тәніңе тиген қолымды осы ақ балтамен шауып тастасам болмай ма?

— Тәнімді шаппастан жанымды қинап келесің ғой.

— Мен қиналмай сен қиналма, бәйбішем, — деп қайта құшақтап еді, Айбала егіліп кетті.

— Сен қиналып келесің ғой, оны көре тұра қалай қиналмайын, — деп жабыса түсті.

— Рас, мен қиналудамын. Сағынтайдың ата мекенімді тартып алып қаңғыртқаны аз болғандай нахақтан-нахақ ұры атандырғаны жанымды қинап келеді, Соның сағын бір сындырмай жаным жай табатын емес.

— Құдай сындыра алмаған Сағынтайдың сағын сен қалай сындырмақсың?

— Өзім екі жыл еңбек етіп салысқан алты бөлмелі ағаш үйін өртесем сағы сынбақ түгілі, өзі қағынып кетер.

— Астағыпыралла.

— Сол астағыпыралланы иншалла осы сапар Сағынтайдың өзіне айтқызармын. Мұндай қорлыққа көніп тірі жүргеннен осындай бір сойқан жасап өлген артық.

— Өзің бұрын сөз білмейтін мақау едің, бүгін шешен болып кеттің ғой, маңдайыма сыймай жүрерсің, кішкене сөз тыңдасаң қайтеді?

— Айтарыңды кешке төсекке жатқан соң айтарсың, оған дейін мені тыңдауды, айтқанымды екі етпеуді ғана біл. Жалғанның жазымы көп, жазатайым болып кетсем екі баланы өгейсітпегейсің. Ұқтың ба, өгейсітпе. Осы сөзімді иманындай жаттап ал; егер менің балаларымды басқа біреудің өгей баласы етер болсаң, о дүниеде менен жақсылық күтпе. Бар, балалардың қасына барып көздерін алдай тұр, мен мына бір ағаштардың ішіне кіріп кетейін.

Ол Айбаланы жерден көтеріп алып кеудесіне құшырлана қысып тұрып соңғы сөздерін құлағына сыбырлап айтты да, арбаның үстіне қарай ырғытып жіберді. Үн қатпа дегені болу керек, саусағымен бірге басын шайқады. Сонан кейін беліндегі бес орам белбеуін шешіп, алып белін бекем буып алды. Айбалада үн жоқ, тек жаудыраған көзін оның сұрланып кеткен жүзінен алмастан арбаның алдыңғы жағында отырған балаларына қарай бір жамбасынан ақырын жылжып барады. Қондыбайдың қолы беліндегі шапашот орнына жұмсалатын кішкене ақ балтасында, көзі өзіне хор қызындай көрінетін Айбаласында. Неге екені белгісіз көзі Айбаланың көзіне қадалған сайын жүрегі елжіреп барады, енді сәл кідірсе өзінің алған бетінен айнып қалуы мүмкін, соны сезгендей жалт бұрылып көзден лезде ғайып болды.

Мана таудың құлай берісіндегі кезеңге шыққанда өзен жақтан тауға қарай беттеп келе жатқан қалың жылқыны көзі алыстан шалған-ды. Сағынтайдың ауылы жайлауға жаңа беттеп бара жатқан-ды. Жылда осы өзеннің төменгі тұсына бес-алты күн еру жасайтын-ды. Мына көрінген жылқы сонікі ме, жоқ басқанікі ме, Қондыбайдың онда жұмысы жоқ. Ол үшін ақ ит, көк ит — бәрі ит, тек тақымына бүгінше басатын бір ат қана көксегені. Егер астына бір тай түссе де сол таймен құстай ұшып кететіндей, Сағынтайдың қыстауына көзді ашып-жұмғанша жететіндей, оған бір жетсе бар тілегіне жететіндей қарағайы қалың, қатпары көп көгілдір тауды көбелей тартып өзін-өзі аямастан айдап келеді.

Көкжиектен таудай қара бұлт қылтия қалды. Ұясына еңкейген күн — сол қара бұлт жұтып жібергендей лезде жоқ болды. Жаңа ғана жайнап тұрған дүние күн жоқ болған соң ішегін тартып сұрланып сала берді. Сол күңгірт тартқан дүниенің шырағы болғысы келгендей нажағайлар жиі жарқылдады. Соның бәрі бір ғана өзін қамшылап тұрғандай бес адым жерді бірақ, аттап Қондыбай ұшып келеді.

Күн батты, қас қарайды, жылқы көрінген деңгейге де жетті, бірақ, жылқының қарасы көрінбейді. Ол мана қайқаңнан көрінгенде осынау бір қарағайлы тұмсыққа тірей тоқтайтын секілді еді, енді кері серпіліп кетіпті. Қондыбай бұл қалай деп дағдарғам жоқ, барар бағыты түзу болған соң бетін аудармастан кете берді. Нажағайлы нөсер құйып келеді, алды Қондыбайға да келіп жетті. Қондыбайдың көзі енді тау мен далаға кезек жалтақтай бастады. Даладан іздегені — жылқы, таудан іздегені — өзі паналайтын тастың үңгірі. Нажағай бір сатырлаған кезде құлағының іші шошына шыңғырған, шұрқырасқан қалың жылқының үніне толып кетті. Ол үн өзінін, құлағының шуылы ма, жоқ әлде жай түсіп жарылған тастың жаңғырығы ма, әлде жақын жерде жатқан қалың жылқы бар ма, Қондыбай оның бірін де ойлаған жоқ, ойлайтын, тіпті бар жылқы бағына байланса да қуанатын халі жоқ. Өйткені ол өзін қайда қоярын білмей әр бұтаны бір паналап зыр жүгіріп келеді. Көнетоз сары шекпеннің жағасын қанша көтеріп мойнын ішіне тықса да, жалбағай тымағын қанша баса кисе де, иығынан өткен су қара бақайына дейін жетті. Қатты буынған белбеудің тұсына іркілген су шалп-шалп етіп ол да бір жағынан мазасын алып келеді. Алдынан бір зәулім қарағай кездескенде өз үйіне жеткендей қуанған еді, ол қуанышы да ұзаққа бармады, дауылдата жауған жаңбыр ол жердей де сая тапқызар емес. Тымағының суын сығып тастағаннан басқа ештеңе істей алмай, назаланудан басқаны ойлай да алмай жан жағына алақтап тұр еді, нажағай бір жарқ еткен сәтте анадай жердегі кішкене төбешіктің басында тұрған күмбезді моланы көзі шалып қалды. Оның кенже ұлы Бораш қазір он бесте, сол туғаннан бергі еткен он бес жылдың ішінде Қондыбайдың шаттана қуанғаны осы шығар. Сол қуанышы оны молаға қарай ала қашып еді, көн етігіне толған судан аяғын көтере алмай ұмтыла бере ұшып түсті. Тұра сала қайта ұмтылды, бірақ қанша ұмтылса да аяғына бір батпан шойын байлағандай, жанталасына түсіп, белуарынан қар кешкендей мың бұралып моланың өзіне зорға жетті. Ол есінен адасқандай шала жансар халде келсе де, молаға кірерде айтатын пісмілдәсін ұмытпапты. Күндізгі ыстық сақталғандықтан моланың іші от жаққандай жылы, әрі алабота мен жусан исі аңқып тұр екен. Жаурап келген Қондыбайдың мұрны тілінен бұрын қимылдап кетті. Ол аңқыған жұпарды да, шарпыған жылы лепті де өзіне тез тартып алды да, пісмілдәні тілдің ұшынан қағып әкетті. Бірақ қоңқиғандау неменің өзі де секектеп тыржыңдай бастады. Бір «сұмдықтың» тақалғанын сол тыржыңнан сезді де, Қондыбай басындағы суға малшыланған тымағын жұлып алып тұмсығын соның ішіне тығып жіберді. Күткен «сұмдығы» да келіп жетті — өзін-өзі тымақпен тұншықтыра түшкіріп салды. Қанша қысылса да жәрекмалласын да ұмытпапты, соны айтқаннан кейін барып жаны сәл жай тапқандай болды. Нажағай жарқылдаған сайын лаһилалласын айта отырып, киімдерінің суын сығып та болды. Қайсыбір құрғақтауын қайтадан киіп те алды. Әр дұғаның басын бір шалып отырып өзіне мұнан жайлы мекенді жер бетінен таба алмайтынына көзі жеткендей:

— Құдая, бұл бергеніңе де тәуба, — деді жан-жағына көзін сақтана тастап.

Нажағай жиі жарқылдап моланың ішінде не барын көздің алдына тегіс жайып салып тұр. Қақ ортада қатарын түзеп, бетін алаботамен көк жусан басып кеткен үш қабір жатыр. Ортадағысы ауқатты біреудің қабірі болу керек — тым аумақты. Қондыбай малы көп болғандықтан, көрінің топырағы да көп әруақты тандап алғысы келгендей, сол аумақты қабірдің бас жағына барды да, шарта жүгініп отыра кетті. Ондағы ойы — өзінің әркімнен сұрап-құрап алған, екі демге жетер-жетпес шағын дұғасын күбірлете жөнелді. Бірақ оның сол екі демге жетпейтін дұғасы екі сағатқа созылып кетті. Өйткені, бір жағынан нажағай жиі жарқылдап көздің жанарын шарпып дұғасынан жүз жаңылдырса екінші жағынан қарсы алдындағы қабірдің іргесінен, алаботаның арасынан бірнеше адамның бет бейнесі елестеп мың рет жаңылдырды. Ол қабірдің іргесі Қарқаралының тақтай тастарымен көмкерілгенін, адамның бет бейнесі болып елестеген сол тастардың қызылды-жасылды қынасы екенін білген жоқ. «Адам тозаққа да үйренеді» дегенді осындайдан айтқан болар, Қондыбай бұл екі үрейдің екеуіне де үйреніп алды. Ол үрейден қанша қорықса да, дұғасынан қанша жаңылса да, қайталап оқудан танбай бір рет түгелдей сауабын «үміт етуші әруақтардың бәріне бағыштадым» деп бетін бip сипады да, «енді не істесең де мейлің» дегендей сылқ етіп отыра кетті. Көзі үйренгеннен кейін жаңағы адамның бет бейнесі болып елестеген тастың қынасы екенін біліп еді, шошаңдаған жүрегі орнына түсе қалды, бойы да жылынып сала берді. Нажағайға да көз үйреніп алды. Мана жүгіре-жүгіре сілесі қатып қалжыраған екен, нөсердің төпеуіне, найзағайдың төбеден ұрғысы келгендей сартылдаған сатырын да елеместен ұйықтағысы келіп жантая бере:

— Иә, тәңірім жар бола гөр, иә әруақтар, қолдай гөр, — деп еді, кенеттен біреу:

— Оттапсың, — деді ақырын.

Қондыбайдың жаны ыршып кетті де, басы барып қабырғаға сарт етті. Тек жаны бар, есі жоқ. Жүрегі ғана тулап, көзі ғана шақыраяды. Шақырайған, көздің қадалған жері — жанағы өзі тауап еткен аумақты қабір. Әлгі дауыс сол қабірдің ішінен шыққандай сезілгенді, екі көзін сонан алмастан екі қолымен жер тіреп шалқалап қатып қалды. Кәлимасын айтқысы келеді, оны айтуға тілі келер емес. Қашқысы келсе де қалай қашуды білмей дір-дір етіп отыр еді, сойылдары салдырлаған әлдекімдер есікке таласа кіріп келе жатты. Жаңа ғана өлілерден қорқып шалқасынан қатып қалған Қондыбай енді тірілерден қорқып тұмсығын қабірдің іргесіне тірей етпетінен түсті. Келгендер жауыннан қорғалаған жылқышылар екен, олар ішке кіре шешініп киімдерінің суын сыға бастады.

Олар екеу, сол екеудің дауысы шіңкілдектеу біреуі киімін қайта-қайта ышқына сығып:

— Жаңбыр тым нөсерлеп кетті, жылқыны ықтырып әкетпес пе екен? — деп еді, екіншісі:

— Оттапсың, — деп күж етті, — жаздың жаңбырынан ыққан жылқыны қай атаңнан көрген едің. Онан да мырзаның оқ жетпесін ойла. Жаратамыз деп жайратып алмайық, аяғына шідерін салып па едің?

— Салдым-ау деймін? Жоқ, салғаным жоқ... жоқ салдым, иә, есіме енді түсті, салған екенмін.

Қондыбай жаңағы «оттапсың» осы күжілдектің сөзі екенін енді білді де, өлілерден қорқуды мүлдем ұмытып кетті. Сірә, өлілерден тірілер қорқынышты екенін енді ғана сезген болар, жүрегінің дүрсілі өзі жабыса құшақтап жатқан қабірдің қабырғасымен өзінің арқа сүйегін бірдей соққылап жатыр. Бұл молаға бұрын да талай паналап өз үйіндей көріп кеткен бе қалай, ана екеуінің қаперіне ештеңе келер емес, бірі күжілдесе, екіншісі шіңкілдеп әр немені бір айтып аздан соң екеуі жарыса есіней бастады.

Қондыбайдың есі кірсе де, қозғалуға дәрмені келер емес, найзағай сатырлаған сайын демін тереңнен тартып алады да жым болады. Жылқышылардың есінесінен дәмеленіп еді, соны сезгендей:

— Ей, — деп шіңкілдек шіңк етті, — жауыннан бұйығып ұйықтап қалармыз, сен ертекші едің ғой, бір ертегі айтып жіберші. Тек жез тырнақты айта көрме.

— Неге?

— Сол кәпірдің атын естуден де қорқамын.

— О, оның атында тұрған ештеңе жоқ, өкпеңді тірідей суырып алатын алмастай тырнақтары мен «қиық-қиық» дегенде желкенді кеңірдегіне дейін қиып жіберетін дауысын айтсаңшы.

— Сен оны көрген бе едің?

— Не оттап отырсың-ей, көрген бе едіңің не? Менің былтыр Бетпақтың даласында бір жезтырнақпен қалай шайқасқанымды естіген жоқ па едің?

— Жоқ, естіген емен.

— Онда дүниеден махрұм қалған екенсің, сауабыңа бір қалайын, тыңдай бер.

— Қорқынышты жерін айтпағайсың.

Оны қайдан таңдап отырамын, көргенімді айта беремін, сен көзіңді жұм да тыңдай бер. Тек, күн жарқылдаған кезде тәубәңнан жаңылып қалма.

— Астапыралланы аузымнан тастамай-ақ отырмын ғой.

— Менің аузым ертек айтудан босамас, астапыраллаңның жартысын мен үшін айтатын бол,

— Мақұл.

— Астапыралла, ләһилалла... ләһилалла... Сонымен, бұрнағы жылы ар жақтағы жалайырға жиеншілеп барғанмын. Ол ел біздің елден де сауықшыл ел екен... астапыралла... Күнде той, күнде сауық елмен бірге мен де сайраңдап жүріп жаттым. Күндердің бір күнінде сол елдің бір асқан байы отыз күн ойын, қырық күн той жасады. Нағашыма ілесіп сол тойға мен де баратын болдым. Ол елдің салты тойға кілең сиыр мінеді екен, Бәйге жарысына да, көкпар тартысына да сиырды салады екен. Нағашым өзінін, бір қызыл дөнен өгізін екі күндей нәр татқызбастан жаратып, күміс ер тоқымын жарқырата ерттеп маған берді. Сонымен, бүкіл ауыл тік көтеріле тойға бардық. Тойға жиналған халық жер қайысқандай екен. Өмірімде көрмеген ойын сауықтың неше түрлісін көріп қайран қалып тұр едім бір кезде «көкпар, көкпар» деген шу шықты. «Ал, жиенім, бағыңды сынар шақ жетті, ұмтыл» деді нағашым. Қызыл өгізге қамшыны басып жіберіп тұра ұмтылдым. Саған өтірік, маған шын, өгіз дегенім тұлпар екен, жер қайысқан қалын қолды қақ жарып бірінен соң бірін түйдек-түйдегімен артыма тастан келемін, тастап келемін.

Сол аққан бетіммен келіп көкпарды әкетіп бара жатқан ең алдағы мүйізі шаңырақтай, өзі Қарқаралының қарағайындай қара өгізінің қолынан көкпарды жұлып алып жөнеле бердім. Мана осылай беттеген кезімде өзге топтан оқшаулау тұрған қырық шақты қыздың ішінен көк көйлекті бір қызды көзім шалып қалған-ды. Көкпар қолыма тиген шақта сол қыз есіме сап етті де, солай қарай ойыстым. Айғайлары жер мен көкті бірдей жатқан қалың ел соңымда қаптап келеді, мен олардан оқ бойы алда келемін. Елсіз жағымды тебініп, елді жағымды шіреніп қыздардың алдынан жүйткіп өте беріп едім, манағы көк көйлекті қыздың: «Шіркін-ай, ана жігітке тиген қыздың да арманы бар ма екен» дегені. Қыздың сол сөзі .құлағыма сақ еткенде төбем көкке барып тақ етті де, мен естен танып құлап түстім. Сол жатқаннан мол жатып, бір кезде есімді жиып, көзімді ақырын ашып қарасам қыз да жоқ, қызық та жоқ, қызыл өгіз де жоқ, нағашымның үйінде, соның тізесінің үстінде шалқамнан түсіп жатырмын. Саған өтірік, маған шын, мен табандатқан бес күн бойы нәр татпастан талып жатыппын. Бірақ өзім талып жатсам да көк көйлекті қыз көкейімде өзіммен бірге жатыпты. Көзіме күн түсіп еді, сол қыз есіме түсе кетті. Сол-ақ екен, бір сұмдықтың болғанын ішім сезді де: «Қыз қайда ойбай, қыз қайда?» — деп айғайлай түрегеліп едім: «Ол қыздың ауылы осыдан төрт күн бұрын Бетпақтың даласына қарай көшіп кеткен», — деді нағашым. «Бетпақтың даласы түгілі тамұқтың түбіне кетсе де сол қызды табамын, табамын да аламын», — дедім. Нағашымның тоқтатпақ болып айтқан ақылына да, қорқытпақ болып ақырғанына да қарағаным жоқ, екі күн әзірленіп жол жабдығын сайлап алдым да, үшінші күні ертемен Бетпақтың даласына қарай тартып бердім. Астымда — әйгілі қызыл егіз, қолымда — қос ауыз мылтық азығымның ең ауыры — қос уыс құрт салынған бір торсық су.

Жолшыбай талай таулардан астым, талай құмдарды кештім, талай өзендерден жүзіп өтіп бір айдың ішінде Бетпақтың даласына жеттім. Соған дейінгі ішкенім тек гол торсықтағы судың жартысы ғана. Сонымен не керек, жетем деген жеріме жеттім, бірақ тілегіме жете алмадым. Бетпақ дегенін «көкектен басқа құсы жоқ, көкпек тон басқа түгі жоқ» деп бабамыз Асан Қайғы айтса айтқандай екен. Мидай дала. Керіліп жатқан сол мидай даланың беті мыңғырған киіктен көрінбейді. Қыздың қызуы қашып тартқанымен, киіктерді көргеннен кейін қаным қызым кетті де, келе киліктім. Саған өтірік, маған шын, қызыл өгізім сол мың-мыңнан қаптап жүрген киіктердің біреуін де құтқарған жоқ, олай қашқанын олай, бұлай қашқанын бұлай құтқармай біріне-бірін қуып тығып ақ бөкеннің бір семізін өңгеріп алдым да, көз ұшында сағымдай бұлдырап тұрған орманға қарай тарттым. Онан іздегенім су еді, ол үмітім далаға кетті. Бірақ су табылмады деп тарыққан мен жоқ, жалма-жан өкшеммен ойып, қолыммен күреп жер қазан жасап алдым да бір тебе баялышты әкеліп сол жер қазанды толтыра салып өртедім. Ол жанып күлі қоламтаға айналғанша мен киіктің терісін соймастан ішінің бір сүйемдей жерін тіліп ішек-қарнын алып тастадым.

Өмірімде қызға ғашық болып көрмеген басым асығып жүріп тұз алуды ұмытып кетіппін. Оған да көп қынжылғаным жоқ, «шын жыласа соқыр көзден жас шығады» дегендей, шындап ойласа мидың таппайтыны жоқ екен. Түйе малы көкпекті құныға жейді, соған қарағанда осынын. бір жақсы қасиеті болу керек деген ойға келдім де, торсықтағы құртты суымның жартысын саптыаяғыма құйып алып соның ішіне бір уыс көкпектің бүршігін салып әбден араластырдым да еттің ішіне құйып жібердім. Сонан кейін баялыштан істік жасап алып жаңағы тілінген сүйемдей жерді сонымен түйреп, оны қызыл егіздің екі тал қыл құйрығымен буып тастадым. Сонан кейін қашан ішіне құйылған тұздығым етке түгел сіңіп шалпылдаған үні өшкенше шайқай бердім, шайқай бердім, Біраз шайқалыстан кейін тұздығымның үні өшіп етке сіңген белгісін берді. Сонан кейін қоламтаның бетіндегі күлді сыпырып тастап, киіктің етін сол тұтас күйінде жер қазандағы ыстық қоламтаның үстіне салдым да, бетін топырақпен көміп тастап, оның үстіне баялышты төбедей қып үйдім. Сол кіші-гірім төбедей баялыш та жанып болды, мен де ұйқымды қандырып алдым. Бір кезде оянсам күн батып, қас қарайыпты. От алдақашан сөніп күлге айналыпты, өзім енді байқадым-қарным мүлдем ашыпты. Жалма-жан жуан тал баялышпен еттің үстіндегі күлді, онан кейін күйген топырақты сыпырып тастап етті жер қазаннан суырып алдым. Ет сыртындағы терісіне дейін былбырап, сүйектері саудырап бөлек қалыпты. Қарным қанша ашса да қараңғыда тамақ жегенді лайық көрмей, баялышты маздатып қойып, алла бұйыртқан ақ бөкеннің әппақ етін алдыма жайып салып дәмін татып байқап едім, саған өтірік, маған шын, дәл сол киіктің етіндей дәмді тағамды ұжмақтағылардан басқалардың менен басқасы татпаған шығар. Дәміне қызыққаным сондай қайсыбір сыдырылып буынынан опырылып түскен жіліктің басын байқамай жұтып жібере жаздадым. Өзім тойсам да көзім тоймай, «шіркін-ай, екі қарным неге болмады екен?» деп көзімді еттен алмай отыр едім, ту сыртымда жусап жатқан егізімнің әлденеден шошып атып тұрғаны. Тегін емес екенін сезіп жүрегім су ете қалды, Батыс жағымда бір қалың тоғай тұрған-ды, егізім сол тоғай жаққа одырая қарап тұр, ол қараған жаққа мен де қарап көзімді тіге қалдым.

— Астапыралла, күн жиі жарқылдап кетті, ар жағын айтпашы, — деді шіңкілдек безектеп,

— Оттапсың, мен мұны нажағайдан қорықпас үшін айтып отырған жоқпын ба?

Шіңкілдек оның ертегісін бірде тыңдап, бірде тыңдамай, нажағай жарқылдаған сайын «астапыралла, астапырылла» деп тыпырлаумен отырған-ды. Оған кейде күжілдектің өзі де қосылып екеуі жарыса күбірлейтін де моланың ішін күңгірлетіп жіберетін-ді. Жезтырнақты айтар шағына жақындаған болу керек күжілдектің өзі де «астағпыралласын» жиі күжілдете бастады. Ішінен өзі білетін бір дұғасын екі мәртебе оқып алды да әңгімесіне қайта көшті:

— Сонымен өгізім қараған жаққа көзімді тігіп отыр едім тоғай жақтан келе жатқан әлдененің дыбысы білінді. Мен мылтығымды ыңғайлай жаныма қойдым да, оны елемеген болып отыра бердім. Ол аяғын сақтана басып келе жатыр. Отпен шағылыса жарқыраған көзі мен жалбыраған шашынан басқасын көре алмадым, Көзі кәдімгідей адамның көзі, шашы кәдімгідей өзіміздің әйелдердің шашы секілді. Бірақ, көзінде жанған от бар, жерге сүйретіле шұбатылған шашына сылдырлаған кішкене қоңырауы бар. Іркілместен жүріп келеді. Мен отынды молайтып жалынды үдете түстім... астапыралла... астапыралла ...құдайдың күні тым қатты сатырлап кетті, қандай жай түсер екен ә... Жалын күшейген соң мен оны анық көре бастадым: сұңғақ бойлы, денесі сымбатты, бірақ тұла бойы толы қорқыныш, тек менің ғашығымның көйлегіндей көк болғандығынан да үстіндегі көйлегі де көңілге медеу. Дегенмен қорыққанымды сездіргім келмей, даусым дірілдеп шықса байқалмас дедім де бір кесек аузыма тығып жіберіп: а, бикеш, дәмге келіңіз дедім етті шайнай отыра сөйлеп. Ол жауап қатпастан мені мазақтап аузын қомдатты да қарсыма келіп отыра кетті. Екеуіміз оттың екі жағындамыз, мен отқа отын тастап едім ол да тастады, мен жерден бір тал шөп алып тісімді шұқып едім, ол да жерден шөп алып тісін шұқи бастады. Сол кезде мен оның біздей өткір тырнақтарының жез екенін,-саусақтарының қалың жүн екенін көріп қалдым. Оның жезтырнақ екенін енді білдім де қорыққанымнан жерге кіре жаздадым, қорыққанмен жан қалмайтынын да білдім. Бұл бәледен құтылу үшін не істеуім керек? Соны біле алмай біресе еттен асап, біресе отқа отын тастап отырмын, ол мені мазақ етуден басқа қимыл жасайтын емес. Не істесем соны істеп отыр. Саусақтарымның қышымасы бар еді, бір кезде соным қозып алып жөнелгені. Әдетте оны шоққа қыздырып басатынмын, қасығаныма болмаған соң шала жанып жатқан бір бұтаны алып соның шоғына саусақтарымның арасын кезек қыздырып отыр едім, жезтырнақ та бір шала жанған шоқты алып ол да саусақтарының арасын қыздыра бастады. Бір кезде оның түк басқан саусақтары лап етті, жезтырнақ шыңғырып ала жөнелді." Енді оның саусақтары ғана емес, тұлабойы түгел жалын болып ұшып барады, барды да тоғайға қойып кетті, Сол-ақ екен тоғай ду етті.

— Астапыралла... осыны бұрын да бір естіген едім, жалынамын аржағын айтпай-ақ қойшы, — деп шіңкілдек безек қағып еді, онан арғысын айтуға өзінің де жүрегі дауаламай отырған болу керек, күжілдек күмілжіп қалды.

Күжілдектің иемденіп соғып отырғаны «Құламерген» дейтін ертегі болатын. Ол ертекті Қондыбай тыңдаушының есінен тандыра айта білетін. Ол күжілдектің қорқып отырғанын сезді де найзағай бір сатырлаған кезде тымағын айналдырып киіп алды. Ертектің ендігі жалғасы жезтырнақтың Құламергенге соңғы шабуылымен аяқталатын. Қондыбайдың күткені сол шабуылдың айтылар сәті.

Күжілдек пісімілдәсі мен астапыралласын кезек күбірлетіп біраз отырды да, ертегісін қайта жалғады.

— Тоғайдағы жезтырнақтар мұндай көп болар ма, улап-шулап шыңғырып жүріп ертті лезде сөндірді де, жым болды. Дегенмен, сақтық керек. Бір құшақ баялышты бұтарлап жер төсек жасадым да, басыма ер-тоқымымды жастық етіп, үстіне өзімнің шекпенімді жауып тастадым да, өзім аулақтағы бұтаның түбіне барып жасырындым. Мылтығым оқтаулы, тісім қайраулы, мен де тиыш, жезтырнақтар да тиыш, Екі жақ та жым-жырт едік, соның кесірінен мен ұйықтап кетіппін. Бір кезде өгізімнің өкірген даусынан шошып оянсам әлгіден екі есе ұзын бір жезтырнақ от басына жақындап қалыпты. Ол менің ай сәулесімен жарқыраған ер-тоқымымды көрді де «қиық-қиық» деп тұра ұмтылды, сол кезде мен оны атып жібердім, — дей берген кезде Қондыбай басын қабірдің далдасынан сәл көтеріп:

— Қиық, — деді ақырын. Күжілдектің үні өше қалды. Тіпті дымы бітіп қалған секілді жан қыбыры білінбейді. Олардың дыбыссыз, қимылсыз қатып қалғаны сондай, Қондыбай оларды өлтіріп алдым ба деген қорқынышты ойға да келе бастады. Тек нажағай бір жарқ еткен кезде олардың шарасынан шыға жарқырап аларып кеткен көзі мен алласын да айта алмай «а» деген қалпында аңқиып қалған ауызын көрген соң барып тірі екенін білді де, бар ашы даусымен қиқулап балтасының сыртымен сартылдатып еді, тастардан ұшқан ұшқын нажағайдың жарқылымен ұштасып кетті. Сол өзі салып отырған оттан Қондыбайдың өзі де шошып қалды. Бірақ ол «жауларының» есін жинатқысы келмей өзінің қиқуын да, балтасының сартылын да күшейтіп жіберіп еді, қайсысы екені белгісіз, қаша жөнелгендердің біреуі демін аузынан шығара алмай арт жағынан күмп еткізді. Қондыбай құлағын алысқа тіге тізесі дір-дір еткен аяғын аңди басып есікке жақындап келеді. Ана екеуі ыңқ-ыңқ етіп алыстап барады, алыстаған сайын «алла... алла...» деген дауыстары күшейе түсті. Оларды қуып жібергеніне мәз болып Қондыбай өмірінде түңғыш рет масаттанып мырс етті.

Менен де қорқатын жан бар екен-ау» деп қоян айтқандай, менен де қорқып қашатындар бар екен-ау». Ол ішінен соны айта тұрып тымағын қайта жөндеп киді де, есік алдына шықты.

Екі аттың бірі шылбырын үзіп кетіпті де, шідерлеулі біреуі қалып қойыпты.

Жауын саябырлап, шығыс жақтың бұлты сөгіле бастапты. Сол сөгілген бұлттардың арасынан шапағын шашып таң да келеді. Бірақ Қондыбайдың таңы атар емес. Ол табиғаттың таңы атпастан, жауыны басылмастан байлаулы қалған шабдар атқа мінді де беті ауған жағына жөнеп берді. Мұнша асыққан себебі: жаңағылар есін жинап, мұның жезтырнақ емес екенін білсе қайта келуі мүмкін. Сол оймен тез аттанған ол былай шыға бере бетін түзеп алды да, Сағынтайдың қыстауына қарай ағыза жөнелді. Бұл оқшабдар атанған ат оққа да жеткізбей көріне ме жоқ, әлде өзінің мүсіні оққа ұқсайтындығынан ба әйтеуір Оқшабдар деген аты әйгілі болатын. Ол Сағынтайдың құдасы Досанның бәйге аты. Таң атты, жауын да басылды, күн де шықты, ағып отырып Сағынтайдың қыстауына да жетті. Бірақ, тілегіне жете алған жоқ. Өйткені, ол өртемек болып келген үйді дереу өртеп жіберіпті. Қазір аумағымен бықсып жатыр. «Е, түндегілердің өрт дегені осы екен ғой. Бұрынғылардың «бұлт ала, жер шала рас-ау, таудың бұл жақ бетіне жаңбыр жөнді жаумапты. Бірақ жаңбыр келмесе жай қайдан келеді, жай түспесе мынау үй қалай өртенеді?» Ол осындай ойда аңырып тұрған кезде ту сыртынан қалың дүбір шыға келді, Астарындағы аттары әлдекедей жалаңдаған бір топ адам өртенген үйді кере сала соған қарай лап қойды. Бәрінін аузында «Сұмдық... сұмдық» деген бір-ақ сөз.

— Жай түскен ғой, жақындамаңдар, — деді қартаңдау біреуі қатарласа шауып бара жатып.

Бәрінің көзі өртенген үйде, жолдан қиғаштау сайдың сағасында оқшау тұрған Қондыбайды біреуі көрер емес, керсе де елейтін емес, үрейлі көздері бықсыған түтінге байланып қалған секілді. Қондыбайда да жөнді ес жоқ, ол бұлардан қашу керек екенін, қаша қалса астындағы аты олардың оғына да жеткізбей кететінін ойламай, ойласа да өзі жазықсыз болған соң қашудың себебін таба алмай, не топқа барып қосыла алмай аңырып тұр еді, ерт басындағылардың біреуі:

— Ей, анау біздің Досан құданың Оқшабдары емес пе-ей? — деді.

— Иә, сол. Үстіндегі обадайы Қондыбай, — деген кезде бірі селк етіп, атының басын кері бұра бере тоқтай қалды.

«Ұры емеспін, неге қашамын? Қашпағанда бұлардан не күтемін? Жоқ, үкіметтің құрығы ұзын, қашқаныммен құтылмаймын, қашпаймын, түрлері жаман, қашсам ба екен?»

Ол қай ойдың жетегіне ерерін білмей сенделіп болғанша өзіне қарай ұмтылған топтың алды келіп те қалды. Ең алда Сағынтайдың немере інісі Отарбай. Ол қолын анадайдан ұсынып:

— Ассалаумалайком, — деп жақындай бере, — ой әкеңнің,... — деп шаужайынан ұстай алды.

Отарбайдың аузымен бірге қолы қоса қимылдап Қондыбайдың басынан орай екі тартып еді, оның бетінен қан шып-шып шыға келді.

— Ау, жазығым не?

Қолы беліндегі балтасына бір барды да қайта қайтты.

— Мынау үйдің жазығы не? Жазығы жоқ болса, оны неге өртедің?

— Құдайың болса, сөз тыңда, мырза. Ағаң Сағынтайдың ата мекенімді тартып алғанымен қоймай, «қоймамды ұрлады» деген жаласы шыдатпай, сол өзімнің жеріме салынған үйді өртегелі келгенім рас, бірақ өртеуші мен емес.

— Енді кім?

— Мен сияқтылардың көз жасын көрген құдай тағаламның өзі аспаннан жасылын тастап жайратқан.

Оның бұл сөзін құдайға тіл тигізгендей көрген біреулер «астапыралла» десіп жағаларын ұстасса, енді біреулердің қолы Отарбайдың әмірі бойынша Қондыбайдың жағасына жармасып атынан жұлып түсірді. Аттан ғана түсірген жоқ, жан-жағынан жауған қамшының да астына түсірді. Заманының салты солай болған соң амал не, өзгелердің түбіне өтірік жетсе, Қондыбайдың түбіне шындық жетті. Сол шындықты айтқанның арқасында ол ұры да, бұзық та атанды, тергеу тепкінің астына да түсіп түрмеге қамалды.

Ақырында, окружной сот оны «Матай ұлы Досан мырзаның әлемге әйгілі жүйрік атын ұрлаған ұрлығы үшін, Қонақбай ұлы Сағынтай мырзаның былтыр ғана салдырған алты бөлмелі ағаш үйін өртегені үшін» Қызылжарға жер аудартып жіберді.

Сонан оралғаны осы. Айдаудан босап келді ме, жоқ қашып келді ме оны өзі де жөнді білмейді.

Айдауда кешкен азабын қанша елестетсе де тауыса алмай, талықсып барып таңға жақын ұйықтап кеткен еді, бір кезде құлағына әлдекімнің «құдайым-ау, өңім бе, түсім бе?» деп жыламсыраған үні келді. Ол қайдан келді? Кімнің үні? Өңі ме, түсі ме?

Соның бір де бірін айыра алмай Қондыбай ұйқылы-ояу жатыр еді, бетіне тамған көздің екі тамшы жасы ыстық қанға айналып жүрегіне жетіп барды, сол ыстық қан бір белгісіз шаттыққа тез бөлеп жіберді. Tac жұмулы жатқан көзін де ашып жіберді. Таң атып, күн шығыпты. Төбедегі жалғыз көзінен түскен күн сәулесі аядай бөлмедегі барды алақандағыдай жайнатып тұр.

Бірақ Қондыбайдың көзіне соның бәрі де күңгірт, тіпті оның көңіліндегі шаттығы да күңгірттеніп жоқ болды. Шаттығы жоғалып, еді, жүрегі мұздап сала берді. Өйткені шашы аққудай аппақ, өңі көмірдей қап-қара жағы қурап, суалған көзі жасқа бұлауланған бір әйел екі қолымен тірей тізерлеп бетін Қондыбайдың бетіне тигізе төніп отыр.. Қондыбай қорыққанынан бірден артық қарай алмай көзін шарт жұмып алды. Қатып қалғандай үнсіз, қимылсыз сілейіп жатыр. Сірә, өзі айта беретін ертектегі жезтырнақтың тырнағына түстім деген ойда болу керек, дір-дір етеді.

Байғұсым-ay, мені танымай жатырсың ба? Мен өзіңнің Айбалаңмын ғой.

Қондыбай көзін ашып кеп алды, бірақ оның сөзіне де өзінің көзіне де сене алмай жатыр. Өйткені, Айбаланың кейпі мүлдем өзгеріп кетіпті. Мұнан екі жыл бұрын оның шашында бір тал ақ жоқ еді, қазір бір тал қара жоқ. Бұрын бойы аласа болғанымен денесі шымыр еді, қазір екі көзі жаудырап, саудыраған сүйегі ғана қалыпты.

Қондыбай оны енді-енді ғана танып, әлдене айтқысы келіп еді, ерні кемсендеп айта алмай, көзі жасқа көміліп кетті. Көзі көлкілдеген жасқа көмулі, өзі шалқасынан талықсып жатқан күйі қолын созып Айбаланы өзіне тартып алды да, өксіп қоя берді.

Әкесінің тұншыға қинала шыққан даусынан Бораш оянып кетті. Бірақ ол оянса да шешесінің келіп өзін аймалауын күтін көзін ашқан жоқ. Оянғанын сездіру үшін екі рет ыңырана керіліп-созылды. Ол қанша тыпырласа да, көзінің жасын күйеуінің кеудесіне көлдей төгіп, сол өз көзінің жасына тұншығып жатқан шешесінің оған бұрылып қарауға да шамасы болған жоқ. Шешесінің бұл аянышты күйін түсінсе де, өзінің еркелігі жібермей:

— Апа, сен мені аспандағы күннен де, жердегі көкеңнен де жақсы көремін деуші едің оныңның бәрі өтірік екен, сол үшін, — деп шешесінің бетінен бір сүйді де шыға жөнелді.

Оның сөзіне бұрынғыдай сүйсінетін, сүйгеніне рахаттанатын. Тіпті, мынау өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанышына да қуанатын хал Айбалада жоқ. Өйткені оның Түсіпбайы құлаған шахтаның астында қалып, қазір өлім халінде жатыр. Айбала көзінің жасын төге отырып адам дәрігері үлкен заводта (Спасскіде) екенін, мұндағы фельдшер қарап жатқанын айтып еді, бұл сөздерінің, бір де бірі Қондыбайдың миына кірген жоқ. Шахта деген жер бетіне салынған қора емес, жердің астында тұрып ол қалай құлайды? Малдың дәрігері деген не сөз? Мал қалай дәрігер бола алады?

Ол есіне келіп әлгі сөздің мәнісін сұрауды миына ұялатқанша болған жоқ, сырттан Бораштың «ағатай-ай» деген дауысы шар етті. Кенет есік ашылып, шала жансар Түсіпбайды шекпенімен қаумалай көтеріп келе жатқан Садық пен Бейсен көрінді. Олардың ізін баса, бір қолымен Бораштың басын бауырына қыса Мекелай (Николай) келеді. Үшеуінің де беті күйеден көрінбейді, тек тістері ақсиып кездері ғана жылтырайды. Садық пен Бейсен Түсіпбайды көтере ішке кірді де, Мекелай сол Борашты құшақтаған қалпында, жан-жақтан қаптап келген көрші әйелдермен балаларды ішке жібермей бөгегісі келгендей есік көзінде тұрып қалды. Ол Бораштың:

— Мекелай аға, айтыңызшы, ол тірі ме? — деген сұрағына жөнді жауап берген жоқ. Тек ауыр күрсініп алып:

— Тірі, — дей салды. Оның есесіне, есіктен кіргеннен Садықтың аузы тыным тапқан жоқ:

Қазір, үлкен заводтағы дәрігерге жөнелтеміз ғой, төргі бөлмеге кіргізбей-ақ, осы шошалаға жатқыза тұрайық. Айбала астына салар, басына жастар бірдеңелер әкел. Бораш сен екеуміз Түсіпбайды Спасскідегі дәрігерге апарамыз, өгіз арбаңды әзірле. Өгізің бұл маңайда көрінбейді, сен өгізіңді тауып әкел де, мен жуынып шайымды ішкенше арбаңа жегіп әзір бол. Екі күннен бері нәр татқан жоқ қой, жүрек жалғайтын бір қасық май қайда бар? Ей, қайырымды қатындар, мен сендерден сұрап тұрмын.

Есік көзінде ошарылып тұрған он шақты әйелдің Бейсеннің қаракер атанып кеткен жылтыр бет қара әйелінен басқасы үйінде май жоғын айтып қарғана бастап еді. Кенет бәрі де тына қалды. Өйткені, осы кезде төргі бөлмеден салалы сақалы көзінің жасымен тарамдалған, өзі де сол көзінің жасымен бірге теңселіп Қондыбай келе жатты. Оның:

— Құлыным-ай ана шамасы келді, кірпігі ғана қимылдап жатқан баласына жете бере құлап түсті. Оны тұрғындардың ешқайсысы таныған жоқ еді, енді сол «құлыным-ай» деген бір сөзінен кімнің кім екенін бәрі де білді. Ілесе келген Айбаланың оны демеуге шамасы жоғын сезгендей Садық пен Бейсен қатар ұмтылып барып Қондыбайды жерден көтеріп алды. Екеуінің аузында бір ғана сөз:

— Сабыр, ағай, сабыр...

Басқаларда үн жоқ, тек Бейсеннің қаракер әйелі кейін шегініп барады, басқаларда қыбыр жоқ.

— Байымның таңдайын жібітіп отырған болымсыз бірдеңем бар еді, сол болымсыздан бір жалам әкелсем өзіме ештеме қалмайды-ау, — деп ол өзіне-өзі күбірледі де, естіп қалды ма дегендей селк етіп жан-жағына бір қарады да желке жағында тұрған жастау әйелдің құлағына сыбырлап, еріндері бірін-бірі састыра сумаң қақты:

— Келінжан-ау, қайнағаң жаңағы сөзді саған мегзеп айтты ғой бір қасық болса да әкелсеңші, сөйте ғой, жаным.

— Бар болса әкелем, жоқ болса немді? — деп «келінжан» дүңк етіп еді, ол жым болды.

— Оның рас, — деді аздап соң, — сенің байға бай болғаныңмен майға кедей екеніңді өзім де білемін. Біздің ана абысынымызда жарты қарын май бар, бірақ өзі етінен ет кесіп алсаң — қан шықпастың өзі. Ондай адамнан май сұрағаннан байын сұраған жақсы.

Оның «кесігі алсаң — қан шықпас» дегені ұзын бойлы ақ сары әйел екен, сірә, абысындарының жанағы күбірін құлағы шалып қалған болу керек, суық түспей жалт қарап еді, шекесінің көкшіл тамырлары қаракер әйелдің көзіне ирелеңдеп келе жатқан жыландай керілді де, ол өзінің үйіне қарай сырғи жөнелді. Бірақ майын қимаған сараңдығы аяғын ілгері бастырар емес. Әркімнен сұрау сала өгізін іздеп жүрген Борашты көрді де, соған орта жолда тұра қалып айғай салды:

— Ей, қу маңдай, ағаңа май тауып әкелмей не іздеп жүрсің-ей?

Бораш сөзге бөгелген жоқ:

— Алдымен егізімді табайын, табайын да сауайын. Қаймағы — маған, қаспағы — сізге, соған дейін қақшиып сол жерден мені күтіңіз.

Бораш соны айтты да аулақта, оқшау тұрған бір ақ сақалды шалға қарай жүгіріп кетті. Ту сыртынан қара кер әйелдің көзбен атқылап күңкілдеп тұрғанын сезсе де елеген жоқ. Бара жаңағы қарттың қолына жармасты.

— Ассалаумалайкүм, Қажеке, ауыл-аймағыңыз, бота-тайлағыңыз тегіс аман ба?.. Құдайға шүкір, мен де аман-есен келдім, өгізім де аман, өзім де аман, олжасыз да емеспін, олжамның үлкені — әкемді тауып әкелдім... Рахмет... оған да рахмет. Өзіңіз де мендей жігіт болыңыз. А, кешіріңіз менің ала өгізім көзіңізге түскен жоқ па?.. Ататай-ау, мен сіздің көзіңізді емес, өзімнің өгізімді сұрап тұрмын ғой... Қызыл шахтаға қарай дейсіз бе? Онда ол, мәлік келгір, анау қарағанды өзекке кеткен болды-ау, оған қалай жетсек екен... Әрине, сіздің таяғыңыз маған тай бола алмайды, cay болыңыз.

Қызыл шахтаның арғы бетінде қарағанды өзек болатын. Бораш соған қарай еріншектеп келе жатыр еді, жоғарғы Мариям шахтасы жағынан келе жатқан бір адам орта жолда тұра қалып айғай салды. Бұл екі шахтаның арасы өгіздің жерде жатқан қу мүйізі де көрінетін тақтайдай жазық дала болатын, жаңағы адам сол тақтайдай жазық даланың қақ ортасында өзінен-өзі айғайлап «аттан, ақырзаман, аттан, ақырзаман» деп бар даусымен бақырып тұр. Басқан жері ойылып кететіндей бір аяғын ілгері андап басады да, екінші аяғының өкшесін көтере түсіп алдыңғы жағына мойнын соза ұмсынады, ұмсына бере қайта шегінеді, қайта ұмтылады, қайта шегінеді. Оның не ойлап, не байлап тұрғанын біле алмай аңырып тұрған Борашты Садықтың даусы селк еткізді.

— Ей, өгіз қайда?

Бораш оның сұрауына жауап берудің орнына өз ойын айтып кетті:

— Сәке, ана бір адам аттан салып ақырзаманды шақырып тұр.

Садық алыстан келген айғайға құлағын салып аз тұрды да:

— Түсіпбайдың халі ауырлап барады, сен басқаның ұжмағына да алаңдамай өгізіңді тезірек тап.

— Халі ауыр болса неге қозғаймыз? Ондай халдегі адамды қырық шақырым жердегі балгерге өгіз арбамен қалай жеткіземіз?

— Бұл жердегі дәрігердің шамасы келмесе балгерге апармай қайтеміз. Өкініште қалуымыз мүмкін, сөзді қой да бар.

Бораш мұнан әрі таласқан жоқ, алыстағы айғайшыға қарай беттеп бара жатқан Садықтың ту сыртынан қарап аз тұрды да өз жөніне кетті. Садықтың алыстағы айғайшыға қосқан айғайын естіп Бейсен де үйінен жүгіре шықты. Бұл екеуі бірі өлсе бірге өлетіндей бірінен-бірі айрылмайтын. Бip тәулік бойы нәр татпай жұмыстан қалжырап келсе де Садықтан қалғысы келмей орта жолға таман барды да жүресінен отыра кетті.

— Ей Садық, ол жерден көрген-білгеніңді маған айғайлап айтқансың.

Жаңағы айғайшыл адам әлі сол орнында, сол қимылында, сол бір сарында жақ жазбастан қақсап тыпырлап тұр, тек бақыра-бақыра даусы қарлыға бастапты.

— Сенің аяғыңның астында жатқан нендей сорлы ақырзаман? — деп Садық аузын жиғанша болған жоқ көзі барып жаңа ғана пайда болған шыңырауға түсті де, шошып кетті. Мынау не сұмдық-ей?

— Сұмдықтың әкесі түбінде жатыр, не екенін көре алмай тұрмын.

— Түбінде жатыр? Ол немене?

— Не екенін білмеймін, түнде тоқалым қашып кетіп еді, сол-ау деймін.

— Онда сенің ақырзаманың шынында келген екен.

— Бетің күйеден көрінбесе де, сақалыңның сақалымнан үлкен емес екенін көріп тұрмын, жасың да үлкен болмас, ондай қырсық сөзді қой да жөндеп қарашы.

Мына шыныраудың түбінде ағараңдаған бірдеңе жатқан секілді.

Аумағы кедей ауылдың қотанындай, тереңдігі қырық көзден жер опырылып шыңырауланып кетіпті. Бет жағы жалпақ болғанымен, түп жағы кәдімгі май құятын воронканың түбіне ұқсап сүйірленіп барып тірелген жерінде кептеліп әлдененің ағараңдап жатқаны рас. Жаңа опырылып құлаған жердің ернеуі әлі көпсіп тұрған секілді, нық басуға Садықтың да жүрегі дауаламады. Өзін-өзі кергілеп мойнын қанша созса да, ағараңдаған әлдененің шетінен басқаны көре алған жоқ.

Осы кезде алыстан Ефимов Николайдың:

— Ей, кейін, кейін деген айғайы естілді. Ол бұларды есігінің алдында жуынып тұрған сәтте көрген болу керек, кенеп шалбарынан басқа киімі жоқ қос алақандай орамалмен басы-көзінің суын сүрте жүгіріп келеді:

— Ей, кейін... кейін кетіңдер!

Орта жолда Бейсен де қосылған еді, бірақ ол жолдан қосылса да артта қалып, шыңырауға Ефимов бұрын жетті. Келді де шыңырауды бір айналып шықты:

— Түу сайтандар, түбінде алтын жатқандай қайта-қайта үңіліп зәремді алдыңдар ғой. Құлайтыны құлап болған секілді, енді түбіне түнесеңдер де мейілдерің.

Ол соны айтып кетуге бет алып еді, Садық алдын кес-кестеп тұра қалды. Ефимовты Бораш Мекелай десе, Садық сияқты егде қазақтар Некалай дейтін. Сол әдетті сөзімен сөйлеп тұр.

— Некелай, бауырым, алтын болмағанмен сол шыңыраудың түбінде бірдеңе жатыр, соны сен анықтап қарап берші.

Ефимов оның сөзін тыңдап болып, ой тоқтатқанша Бейсен шыңыраудың жиегіне жетіп барды.

— Орысқа жалынуды сен де жаттап алған екенсің, былай тұршы.

Ол сөзінің дәмін татқысы келгендей тамсана жұтынып етпетінен жата кетті. Жата кетті де бауырымен жылжып шыңыраудың шетіне жетті. Бірақ кеуде көтерілмесе мойынды қанша созғанымен етпетінен жатқан кісінің көзі шыңырау түбіне жетпейді екен. Сопы сезген ол екі қолымен жер тірей кеудесін көтере беріп еді ернеудің қол тірелген жері опырылып кетті де, Бейсен ішіне омақаса құлап түсті. Бар даусымен бақыра әр тал шөпті бір қармап сырғанап барып шыңыраудың түбіне бірақ түсті. Табаны тірелсе де тағаты табылған жоқ, жылан шағып алғандай шыңғырып тұра қашты. Бірақ қанша жанталасқанымен құтылар жол, шығар есік табылған жоқ. «Ойбайдан» басқа айтары да жоқ. Не ол тыпырласа бірге тыпырлап, ол ойбайласа қоса ойбайлап не істерін білмей Садық тұр. Үмітінің бар қармайтын талы өзінің Николай досы, үрейлі көзін біресе соған, біресе шыңырау түбіндегі Бейсенге тастап жаутаңдайды.

Ефимов шыңыраудың айналасын, шахтаның бір кездегі қара ауызы болған манды көзімен шолып шықты да Бейсенге айғай салды:

— Ей, ар жағында саңылау болу керек, егер болса сол бір кездегі забойдың жолы. Он жағыңа қарашы, бітеліп қалмаса сол қуыстақ дала көрінеді, соған қарай жүре берсең жер бетіне шығасың.

Ефимов бәрін де дұрыс айтып тұр, бірақ оны еститін құлақ ұғатын ми Бейсенде әзір жоқ. Оның бар білетіні баяғы тыпыр, баяғы «ойбай». Ефимов тағы да айғайлап:

— Ей, анау аяғында жатқан немене? — деп еді, Бейсен оған да жауап қатқан жоқ. Бақыра-бақыра даусы қарлықты, тыпырлай-тыпырлай өзі де шаршады. Бұлардың даусын өстіп жан-жақтан төменгі қазақ ауылдары жағынан аттылы-жаяу қаптап келе жатыр еді. Садық олардың алдынан шығып айғай салды:

— Кейін, кейін, тірідей көмгілерің келмесе кейін кетіңдер. Жақындамаңдар, — деді де ауыл жақтан келгендердің атты біреулеріне өктем дауыспен: — Арқан жеткізіңдер, арқан, — деді.

Не үшін екенін де сұраған жоқ, екі жігіт ауылдарына қарай шаба жөнелді.

Аяғы жеткен жерге дейін шапқылап, көзі жеткен жерге дейін шолып, осылай қарай орағытып келе жатқан Бораш бұлардың үймелесіп тұрғанын көре сала құстай ұшып келіп Садыққа жабыса кетті:

— Ол не Сәке, менің өгізім емес пе?

Садық оның бетіне ойлана қарады:

— Шынында, ол сенің өгізің шығар-ау мен бір қолынан ұстап тұрайын, өзің анықтап қарашы.

Бораш бір қолын Садыққа ұстата салып шыңырау түбіне көз жібере сала шошына кейін шегінді.

— Ағатай-ай.

— Не болды?

— Анда өгізше өкірген біреу тұр.

Арқан әкелуге шапқылап кеткендердің екеуі екі-екіден төрт арқан әкелді де, бұлардың сөзін бөліп жіберді. Арқандар біріне-бірі жалғанып екі қабатталды да, шыңырауға тасталды:

— Байла беліңнен, — деп Садық айғай салып еді, Бейсен арқаннан жылан көргендей ыршып шыңыраудың ар жағына бірақ шықты. — Анау жындана бастады, мен түспесем болмас.

— Тоқташы, — деді Ефимов ойлана сөйлеп, — маған бір қорқынышты ой келе бастады. Бұл құлаған ескі забойдың төбесі болса, тым болмаса бір жағы жарыла құлар еді...

— Мұнымен ие айтпақсың?

— Егер жарылып тұрған жері болса екеуіңнің салмақтарың өздеріңді жазым етуі мүмкін. Сондықтан өзің түспе де, ана досыңа қалайда түсіндір, сөзіңді ұқпаса арқанды беліңе орап ыммен түсіндір.

Садық шыңырау түбіне үңіле түсіп айғай да салды, арқанды білегіне оран ым да жасады, бірақ Бейсеннің миына түк даритын емес. Садық енді не істерін білмей тұр еді, Бораш бір ұшы шыңыраудың түбіне жетіп тұрған арқаннан ұстай алып аға жөнелді. Шыңырау түбіне жеткенде оның ең алдымен көргені — төрт аяғы көктен келіп дөңкиіп жатқан өзінің ала өгізі. Оны көргенде жылап жібере жаздап:

— Сәке, менің өгізім мұнда өліп жатыр, — деді жыламсырап. Оның жыламсырап шыққан даусын Садықтар естіген жоқ, қайыра үн қатуға Бейсен шамасын келтірмей тұр. Ол жанына ағып келіп түскен шақта:

— Бауырым-ай, Борашым-ай, — деп Борашты келе құшақтай алған еді, сонан әлі босатқан жоқ. Бораштың:

— Арқанды беліңізге байлаңыз, — деген сөзін ұғатын емес, тек «бауырым, бауырым» деп өкіре береді. Бораш жұлқына тұрып қолындағы арқанның ұшын оның кеуде тұсынан мықтап байлады да, өзі арқаннан ұстап алып жер бетіндегілерге айғай салды:

— Ей... ей, тартыңдар!

Оның айғайын ешкім естіген жоқ, тек арқанның екі рет сілкінгенін көрген соң барып жабыла тартып екеуін шыңыраудан тез суырып алды. Бейсенде тек жан бар, ес те, әл де жоқ. Садықтың демеуіне де әл берместен құлап түсті. Әлденеге асыққан Бораш оның талықсып жатқанына қараған жоқ. Жұлқына қимылдап Бейсеннің беліндегі арқанды тез шешіп алды да, өзінін беліне байлай бастады. Ондағы ойы — егізінің өлігін шығарып алу еді, ол үміті жанбастан сеніп қалды. Өйткені, дәл осы кезде шыңыраудың түп жағынан гүрс еткен дыбыс естілді. Оған ілесе Ефимовтың:

— Ананы қараңдар! — деген дауыс саңқ етті. Ол жұрттың назарын шыңыраудың түп жағына аударып жіберді де өзі Бораштың қасына келіп басынан сипады. — Балақай, сен бір ажалдан қалдың, көп жасайды екенсің. Бейсен-ей, басыңды көтер. Сен өмір бойы мына Борашқа қарыздарсың, соны осы бастан ұғып ал.

Бораш оның бұл сөзіне толық түсіне алмай аңтарылып жұртпен бірге ол мезгеген жаққа қарап еді, шыңыраудың арғы қабырғасы түгел жарылып түбіне түсіпті. Өгізі сол құлаған жардың астына көміліп кеткенін сезді де іші елжіреп сала берді. Қайта қарай алған жоқ, жүрегі жыласа да, кезінен жас шығармай ол отыра кетіп еді, Садық келді де қолтығынан ұстап жерден көтеріп алды:

— Нағыз адам болғың келсе мал үшін еш уақытта, қанша тарықсаң да жасушы болма. Жүр, Түсіпбайды жөнелтудің басқа амалын табайық.

Жаңағы бір кезде жан-жақтан аттылы-жаяу қаптап келген жұрт енді тарай бастаған еді, солардың біреуі алыста сонау Мариям шахтасы тұрған төбедегі томағадай әдемі ақ үйдің алдында тұрған екеудің ағылшындар екенін қоқиған қалпақтарынан танып айғай салды.

— Ей, қаңғырған ағылшындар, он жыл азаптанып ашқан шахталарың мынау ма? Бір егізді көтере алмай құлаған? О қоқырайған қалпақтарыңды...

Екінші біреу олардың басындағы қалпақтарына қо са еліндегі, сонау алыс аралдағы әке-шешелерін сыбап еді, сол сыбысқа бәрі де қосылып кетті. Ол құрметтен завод иелерінің құр қалған біреуі жоқ. Ағылшындары да, орыстары да солардың малайы болса да өз елін тонаушы болып жүрген қайсыбір қазақтары да ауыз тиіп жатты. Бәрінің аттары аталып тартылған сыбаға — сыбау ғана. Біреулер еркекше, енді біреулер шығыс әйелдерінше сыбап барады.

Шыңырау басында қалған жалғыз, манағы тоқалын жоғалтқан қазақ еді. Салықтар орта жолға келген кезде ол соңдарынан қуып жетіп қатарласа бере Бораштың құлағына күңк етті.

— Шырағым, сен байқаған жоқсың ба, өгізіңнің маңынан менің тоқалым көрінбеді ме?

Оның мұндай намыссыз ездігі Садықтың қытығына қатты тиді. Қытығына тиген жанды кім болса да аямайтын әдеті. Сол әдетімен оның желкесінен ұстай алып:

Онан емес, менен сұра, сенің тоқалың сол өлген өгіздің қойнында жатыр, бар да төсегінен суырып ал, — деп оны жерге шектірді де, Борашты бір қолымен құшақтаған күйі кете берді.

Оның ызасы алысқа бармай басылғандай еді, үйлеріне жете бере қайта қозып кетті. Оны бұл сапар тұтандырған Бейсеннің қаракер әйелі. Ол есік алдындағы жер ошақтың басында бақыр ұстап отырған-ды. Оның біресе үй жаққа, біресе қолындағы бақырашқа қарап жалтақтауынан ішкі сырын сезген-ді. Ол қасындағыларды (ішінде Бейсеннің өзі де бар) кейін тоқтатты да, дыбысын білдірмей келіп ту сыртына тұра қалды. Қаракер әйел оны байқаған жоқ, шұңқыр толы майды бақырға салып отқа ұстай бере кері тартып алды, үй жақтан бір тықыр шығып еді, бақырды отқа қайтадан ұстай қойды. Май шыжылдап ери бастағаннан жаны қоса шыжылдап бақырды оттан жұлып алды.

— Құрғырдың түгін қалдырмай әкеппін-ау, жүрек жалғауға жартысы да жетер, — деп шала еріген майды шұңқырға құя бастап еді.

— Бар әкелген майың осы ғана ма? — деген Садықтың даусы оны селк еткізді.

Қаракер әйел өзінің байы Бейсеннен гөрі осы Садықтан қатты сескенетін, сасқанынан елбелектеп шұңқырдағы майды қайтадан бақырға құйып жіберді.

— Ем бола қалса тағы да әкелемін ғой, ит жегір, былтырғы май еді, әбден кеуіп қалған ба, еритін емес.

— Ерімегенін көрейін, бақырыңды отқа жақынырақ ұсташы.

Осы кезде үйдің ішінен Айбаланың сай сүйекті сырқырата зарлаған даусы шыға қалып еді, сол зарлы дауыстан Түсіпбайдың үзіліп кеткенін бәрі де сезді де: «ой бауырымдай» үйге қарай бәрі де лап қойды.

— Ит жегір ай, сені несіне аядым екен, — деп қолындағы қара бақырды майымен бірге өзінің үйіне қарай лақтырып жіберіп, олардың соңынан қаракер әйел де жүгірді.

Қондыбай үйге бауырымдап кіргендердің бір де бірін таныған жоқ, танымаса да әрқайсының жағасынан бір ұстай алып: аласұрып жындана айғайлап жүр.

— Ей, жасаған, адам баласының ала жібін аттамағаным өзіне аян. Қайда барсам да алдымнан Қорқыттың көрін қазғандай не жаздым мен саған? Айтшы, не жаздым?..

2

Қондыбай сол қасіреті мол күндердің талайын бастан өткізді. Қайғы жеңілмей ес жиналмайды екен, есін әлі жөнді жия алған жоқ.

Жұмысшы қауымының жаны жомарт қой, сол жомарт жандар Қондыбайға жоқшылықты әзір сездірген жоқ. Әсіресе, Түсіпбайдың өлімі кезінде орталарынан жиналған ақшаны аямай жұмсап, оның өлімін мырзалардың өліміне ұқсатып жіберді. Жан-жақтан саба-саба қымыз тасылып, қойлар қос-қосынан сойылып жатты. Сол жомарт жандар оның жетісін де, қырқын да жақсы өткізген еді, сонан бері Қондыбай құдайдан тілейтін жаңа бір тілек тауып алды.

Құдайым-ау, мені де бір есіркеп мынау мейрімді жандардың ортасында алсаңшы. Тірлікте көрмеген қайырымдылықты өлген соң бір көрейін де, аштан өлтірсең де осылардың алдында өлтірсеңші.

Бірақ, ол намысты еді, сондай құрғақ тілекпен біреулерге масыл болып үйде отыра беруге намысы жібермеді. Өзі жоқта киілмей үш жыл бойы таза сақталған киімдерін киді де завод аралауға шықты. Ең алдымен айналасындағы атырапты көзбен шолды. Бұл бір көзіңді қанша алысқа жіберсең де көк жиегі бірімен-бірі жалғаса созылып жатқан құба жондармен көмкерілген көзге бірде бір төбешігі де жоқ дала екен. Туған жерін аңсаған көңілі көзін шығыс жаққа әкетіп еді, күткені — Қарқаралының асқар-асқар шыңдары, сыңсыған қалың қарағайлы орманы еді, көргені — әр жерде шоғырланған қараған көз ұшында бұлдыраған Ботақара шоқысы. Сол кең далаға келіп орнаған қаланың сәні қандай? Көзді бір тартса тартатын Спасскімен екі арадағы тар жолдың үстінде жүйткіп жүрген кішкентай паровоз еді. Қызылжар қаласынан дәу паровоздардың талайын көріп келген оның көзіне мына паровоз ауыл арасында шапқылап жүрген тай тулақтай көрінді.

Оның ойынша Қарағандының үйлері Қарқаралының үйлерінен әдемі шіркеуі, шіркеуінен биік мешіттері Қарқаралының мешіттерінен көбірек болар деп ойлаған еді, ондай сәулеттердің мұнда тұлдыры да жоқ екен. Тек сонау ақшоқының үстіндегі томағадай томпиған екі ақ үй мен ойдағы қызыл үй ғана көз тартады. Басқасының ойдағысы да, қырдағысы да жәпірейген балшық үйлер мен жер барақтар, ойдағы көк өзекті жағалай суы бар жерді сағалай қонған қараша үйлер мен жалпиған жаппалар.

Қондыбайдың алғашқы тапқан кәсібі — осындай «қаланы» аралап, даланы кезу; күткені — бір жақсы лебіз есту. Көргені — елдің түсіп кеткен еңсесі, естігені — сол елдің ауыр күрсінісі. Оның бұл «серуені» екі күннен асқан жоқ. Аяқ жететін жердің бәрін кезіп, бәрін көзбен сүзіп, көңілімен сеніп қайтқандағы тап басып табан тіреген сенімі — өзіне лайық кәсіптің жер бетінде жоқтығы. Елге қайтуға ниет жоқ, шахтаға түсуге жүрек жоқ, енді не істеу керек? Жүрек қанша нашар болса да шахтаға түсуден басқа шара қайсы?

Сол тұйыққа тірелген тұманды оймен үйіне оралған оны баласы Бораштың:

— Мен бала емеспін, — деген зілдірек даусы қарсы алды.

Есікке Қондыбай да жетті, іштен Садық пен Бораш та шығып келе жатты. Садық сөйлеп келеді:

— Забой жұмысы сен ойлағандай егіз айдау емес, шырақ. Ол тірідей көміліп, ырзығын тамұқтың түбінен теріп жегенмен бірдей. Сен алдымен соны біліп ал. Сен әлі жассың, қабырғаң қатсын, бұғанаң бекісін, сонан кейін шама-шарқыңа өзің де қарайсың.

— Садықжан, маған да айтарың сол ма?

Садық оны байқаған жоқ екен, жалт қарап сәлем бере жақындап келді де, ойындағысын айтар-айтпасын білмегендей тұрып қалды:

— Сіздің қабырғаңыз қатып, бұғанаңыз бекігенімен өкпеңіз осал, жүрегіңіз нашар, — деді аздан соң — сондықтан оны өзіңіз ғана шешесіз. Егер, забойға түсемін десеңіз орын әзір, қожайындармен келістім.

— Бұл заманда өкпесі қабынбаған, жүрегі талмаурамаған жан табыла қояр ма екен? Мен өзімнің сырқатымнан гөрі сендердің сол забой дажалдарыңнан көбірек қорқамын.

— Забой деген біздер жұмыс істейтін қуыстың аты ғана. Оның қорқынышты түгі де жоқ, тек бір жазым болып құлаған кезінде жеті басты жалмауыздай қорқынышты аты көбейіп кетеді де жұрттың зәресін алады. Сол лақапты шығаратын жұрттың өзі. Орыстар ондай кезде оны «авал» десе, қазақтар «зауал» дейді. «Зауал» деуді ауыр көретіндер «завал» дейді. Сіз сияқты жаңа келгендер оның не екенін білместен, сол сөздің өзінен ажалдай қорқады. Шындығында, шахтаның қорқынышты түгі де жоқ, тек жұмысы ауыр, ауасы тар.

— Е, бауырым, тірідей көрге түскеннің несі жақсы дейсің.

— Ол — көзіне қасқырдың ізі өзі болып елестейтін қорқақтар айтатын сөз.

Бұл сөз Қондыбайға ұнаған жоқ, ұнамаса да үндеген жоқ. Шахтаға түсер-түспесін білмей қинала толғанып а.і отырды да, ауыр күрсініп салды:

— Қайтеміз, пендесі болғандықтан құдайдың салғанына көніп, жер астына тірідей түсеміз де.

— Көнсеңіз ертең менімен бірге барасыз да, Түсіпбайыңыздың забойына ие боласыз. Ол забойдың, қай жерде екенін көрсетемін де, көмірді қалай қазуды, қазылған көмірді шанаға қалай салуды, шанаға салынған көмірді қалай сүйретіп, қайда жеткізуді өзім үйретемін.

Қондыбай бұл сөздердің біріне түсінсе де, біріне түсінген жоқ. Әсіресе, шана деген сөзге түсінген жоқ. Ол не соз? Әлде бұл жер астында қары болатын жер ме екен? Мүмкін емес... Бірақ, қар жоқ болса қара жерде шана қалай жүреді?

Оның бұл ойын Бораш бөліп жіберді.

Пендесінің бірі болғандықтан құдайдың салғанына мен де сенемін, шахтаға мен де түсемін, — деді де ол кете бере тоқтап қалды, — көке, сіз жоқ кезде мен айтқанымнан қайтпайтын болып кеткенмін, сол есіңізде болсын.

Ол соны айтты да ішке кіріп кетті. Баласының бұл сөзіне не дер екен дегендей Садық Қондыбайға көз тастап еді, бір нысанаға қадалып ойда отыр екен, кенет басып көтеріп алды:

— А, құдай, мені аямасаң аяма, тек осы жалғызымның бағын байлама.

— Әмин балаңызға тілеген тілегіңіз қабыл болсын.

Қондыбай Садықтың бұл сөзіне іштей қатты разы болса да сыр шырайын берген жоқ.

Солай, Садық бауырым, адамның басы — алланың добы, тағдыр қалай қақса, солай домалап кете береді. Басымның жердің астына қарай домалайтын мезгілін айт, ертең дедің бе?

— Ертең шаңқай талтүсте. Гудок бір өкірісімен тамағыңызды ішіп, жұмыс киімдерін киіңіз де, шахта аузына келіңіз, қазынаның жұмыс киімі бір айдан кейін беріледі, гудок екі өкірісімен жер астына түсеміз. Тек қожайындармен келісіп алғанша Бораш бармайтын болсын, келістік қой.

— Келістік.

Екеуі де уәдесінде тұрды. Қондыбай тіпті гудоктің үні шықпастан, тамағын ішпестен жұмыс киімдерін киіп алды. Оның кигендері Түсіпбайдың тізесі қырық жамау, .балағы жырым-жырым тері шалбары мен өңірі өрім-өрім шекпен көйлегі аяғына байлайтын тақтай тағаны. Ол — екі жақ жұлығының төрт жерінен тесіліп қайыс байланған, қалыңдығы жуан елі алақандай тақтай. Түсіпбайдың бойы шағын болатын, сондықтан оның киімдері әкесіне шақ келген жоқ, шалбарының балағы әкесінің тізесіне, көйлегінің жеңі білегіне жеткен жоқ. Бір тәуірі, оны елейтін хал Қондыбайда жоқ.

А, құдай игілігіме кигіз деп үстіне киерін киіп, аяғына байларын байлап алды.

— Ал, мені? — деді Бораш үйден шыға келіп.

— Сен бір ай шыдайсың. Бір айдың ішінде мен көкеңді мынау деген шахтер етіп шығарамын. Сонан кейін ол сені үйретіп, өзіне көмекші етіп алады. Есіңде болсын, •мен де сен секілді айтқанынан қайтпайтын адаммын.

Бір ғажабы, Садықтың осы айтқандары түгелінен дәл шықты. Айтқан бір айының ішінде Қондыбайды қатардағы жұмысшының бірі етіп шығарды. Садықтар істейтін лаваның екі көздей жеріне бір өзі не болды. Сол өз алдына «отау тіккен» күннің ертеңімде Борашты да ертіп түсті.

Шахтаның іші тұманды түндей қараңғы, қапастай ыстық еді, штректің тең ортасына жетпестен Бораштың кеудесін қысып жіберді.

— Мынау молдалар айта беретін тамұқтың өзі ғой.

— Жоқ, шырағым, бұл штрек дейтін ұжмағы, тамұғы әлі алдымызда. Бірақ мен тірі тұрғанда сен тамұқтың өзінен де қорқушы болма. Тіпті қорқу дегенді мүлдем есіңнен шығарып таста... Мен фонарымды көзіне таман ұстап отырайын, сен етегімнен мықтап ұста да тарта бер. Басыңды төбеге соғып алма, аяғың батпаққа батып кетпесін. Менің ізімді бассаң батпақты баспайсың. Мен құлай қалсам сен демеп жібер. Бірақ мені демеймін деп өзін құлап қалма.

Екеуі бірін-бірі демеп ілгері жылжып келеді, неге екені белгісіз, Бораштың ілгері басқан аяғы кері кететін секілді. Әкесінің қолындағы білтелі шамның көмескі әлсіз сәулесінен басқа түкті көре алған жоқ, ілгері басқан сайын басы айналып, аяғы тәлтіректей бастады, бірақ оны әкесіне сездірмеуге жан салып келеді. Бір кезде әкесі тағы күбірлей жөнелді.

— Құдайым, өзін, қолда. Ал, балапаным, енді еңкей... енді еңбекте. Сәби кезіңдегідей еңбекте... со лай... Енді жыланша жер бауырлап жылжы, міне былай.

Әкесінің соңғы сабағы осылай жыланша ирелеңдеп жер бауырлап жылжу болды. Сол жер бауырлаумен өрлеп отырып забойға да жақындады.

Әкесінің етегінен айырылмай келе жатқан Бораш сол жағына бұрылғанын, одан кейін бір тар қуысқа кеп сығыла сүңгігенін білгенімен, маңында не барын, алдында тұрғанын біле алған жоқ. Бейне көзсіз адам секілді қараңғыны қармап, төбесінен су тамшылап тұрған қия бетке қарай кеудесімен жерді сыза жылжып келеді. Ол шекпен көйлектің қысқа етегінен тарта берген соң әкесі бүктеліп ілгері жылжи алмады да:

— Етегімді босатып, аяғымнан ұсташы, — деді кейісті дауыспен, Бораш әкесінің етегін босата сала аяғынан ұстағалы жалма-жан алдыңғы жағын қармап еді, қолы біресе тастай қатты көмірге, біресе тіреуге соқтығып сүйегін сындыра жаздады. Әкесі өсиетін тағы айта бастады:

— Көзіңді әбден үйретіп, көкейіңе тоқып ал. Көмір салынған шананы осы жермен сүйрейсің бәрін де тегіс байқап ал. Мынау көгендей тізбектелген қазықтарды креп дейді. Қазықтай болса да шахтаның діңгегі осы. Бұл құласа шахта қоса құлайды да адамды басып қалады. Жұрт әлгі бір «авал» десе, енді біреулерінің «зауал» — «завал» деп жүргені осы. Ұғып ал. Өзім жаңа біле бастадым: нәрсені аз білсең, соның қорқынышы көп көріне береді. Бұрынғылардың «көрмеген жердің ой шұқыры көп» дегені сол екен. Шаршаған жоқсың ба?

Әкесі соны айтып аузын жиғанша болған жоқ екі тізесімен бірден тайып кетіп, Бораш етпетінен түсті. Сүрінген түйменің бұйдасы секілденіп оның қолындағы су қайыс жылп етіп шығып кетті. Баласын батпақ бөгеп қалғанын сезген әжесі қабырғасын қайыстыра бүктетіліп келіп оны өзіне тартып алды да:

— Ай, қалың сорды шеңгелдей туған балам-ай... Қайтейін-ай... Өзегің талмайтын күйім болса, мұндай сорды саған көрсетпейтін едім-ау, — деді.

— Көке, өзі тар дүниені тарылта бермеңізші.

Баласынан мұндай сөзді күтпеген болу керек, әкесі оның бетіне одырая бір қарады да, үн қатпастан жылжып кетті. Бірақ бой жазып кете алған жоқ, еңкейе бере, екпіндеп қатты ұмтылып еді, екі тізесі бірдей тайып кетіп жерді сүзе етпетінен түсті. Баласының жаңағы сөзі тосқауыл болды ма қалай, қанша назаланса да бұл сапар үн шығарған жоқ, айтарын іштей айтып, іштен тынды да тағы жылжыды. Төбеден сорғалаған су бұлардың бауырын мұздата ылдиға қарай өтіп жатыр, сол судың кесірінен забойға барар жолдың бойы көмір тасыған шаналардың табанымен тайғақтанып кетіпті. Қондыбай құлаш жетер жерге қайласын қадап, сонан ұстап шықпақ болып еді, сермеп ұруға төбе жібермеді, нұқығанына қайласының тұмсығы батпады. Осы кезде алдыңғы жақтан тайғанақтап келе жатқан біреудің даусы шықты.

— Бұл кім? — деді ол жақындай бере тұра қалып.

— Өзің кімсің?.. Ау, қарағым-ау, Лариным-ау, сенбісің?.. Амансың ба? Мына ағылшындарыңның жалмауызы шамамызды әлден жалмады ғой, қол үшін берші, қарағым.

— Дүниеде ие көп, жалмауыздар көп. Бірақ революционерлерді жалмай алатын жалмауыз ешқайда жоқ... Бұған былай істеңіз: қолыңызды созыңқырап келіп қайлаңызды қадаңыз да, сонан тартып шығыңыз. Әуелі балаңызды бері өткізіп жіберіңіз.

— Қайланы қададым, құлаштап ұрылмаған қайла жерге батпайды екен.

— Онда қайлаңызды маған созыңыз, алдымен балаңызды бері өткізіңіз.

Ларинның бұл достық демеуі Қондыбайдың еңсесін тез көтеріп жіберді. Еңсе көтерілсе жан жадырайды, жан жадыраса дауыстың да жайдары шығатын әдеті ғой.

— Құлыным, менің қатарымнан өтсең қабырғаң қайысар, үстімнен өт, тек төбеңді ойып алма, — деді де, етпетінен жата кетті.

Қыл көпірдей көрінген тайғақ жолдан әкесінің арқасын көпір етіп баласы етті, досының көмегімен әкесі өтті.

— Дүниедегі бар бақыт басыңа орнасын, бауырым, енді бізге жол бер.

— Жол берместен бұрын айтарым бар, балаңыз әлі жас екен, тауы шағылып қалмасын. Ол үшін жер астында жарты сменадан артық, яки алты сағаттан артық жүргізбеңіз. Балақай, ол сенің өзіңнің де есінде болсын. Сонау шығар ауызға алты шана көмір апарсаң алты сағатың бітеді. Ұқтың ба?

— Ұқтым.

— Ұқсаң сол, әкеңе мықты серік бол, сонда ғана жұрт сені азамат дейтін болады. А, сіздер Ефимов Николай мен Сарманов Садықты көрмедіңіздер ме?

— Олар мана кеткен еді ғой, қалай келмеген?

— Ол үшін қапаланбаңыз, жарты сағаттан қалмай келер. Егер де Сарманов келіп бір қағаздың бетіне бармағыңызды бас десе басыңыз.

— Астағыпыралла, ол не қағаз? — деп Қондыбай шошып кетті.

— Шошымаңыз, ол өзіңіздің наныңызды молайтатын қағаз.

— Е, онда екі бармағымды қабат басайын.

— Бармағымды мен де басайыншы, — деді Бораш жалынышты үнмен.

Ларин оның бетіне қарап мырс етті:

— Сен өкшеңді баспасаң бармағың әзір жарамайды, — деді де, Бораштың томсара қалғанын көріп басынан сипады, — асықпа, сен әлі өкшеңді мырзалардың бетіне басасың.

— Астағыпыралла, басқаңды айтсаң да ондай күпір сөзді айта көрмеші, бауырым, — деп Қондыбай шыжалақтай қалды.

— Неге? — деді Ларин оның бетіне үңіле қарап.

— Аузы күйген үріп ішеді» ғой. Мен осындай сөзден аузы күйген талайды көрдім.

— Онда мүлдем сақ болыңыз, тіпті жаңағы мен айтқан революционер деген сөзді есіңізге мәңгі сақтаңыз да, аузыңызға алмаңыз.

— Соның өзі не сөз?

— Ол — байлармен қастасып үйін өртеген сіз сияқтылардың жасырын аты.

— Астағыпыралла, жасырын ат деген не пәле тағы?

— Сағынтайлар мұнда да аз емес, сіздің сондай жасырын аты бар адам екеніңізді бірі білсе бәрі біледі де өмір бойы қыр соңыңыздан қалмайды.

— Сағынтайды сіз қайдан білесіз?

— Білгенім бекер болмаса қайдан білгенімді сұрап қайтесіз. Осы айтқандарым есіңізде сақталсын да, тісіңізден шықпасын, сау болыңыз.

Сөз осымен бітті, Ларин қош айтысты, өз жайына әкелі-балалы екеуі ілгері жылжып кетті.

Қондыбайдың забойы бергі шетте еді, жұмыстан қайтқандар оны баса-көктеп өтетін, бүгін олардың біреуі де жоқ. Оларды жоқтаған Қондыбай жоқ. Жұмысқа бір де бірінің келмегені қалай? Тіпті осы забойда істейтін Садықтың өзі де жоқ оның бір күнгі паннан қағылғаны қалай деген ой Қондыбайдың басына бір сағаттан соң ғана келді.

— Miнe, шырағым, кең байтаққа жеттік, енді қорқыныш жоқ, — деді әкесі Борашты көңілдендірмек болып.

Әкесінің «қорқыныш жоқ, кең байтақ» деген сөзі әлсіреген денесіне дем бергендей, Боранқұлдың бойын жазып, арқасын қабырғаға сылқ еткізіп еді, әкесі баж етті.

— Ойбай, жантайма, жантайғаныңды қожайындар көрсе жұмыстан бірақ қайқайтады.

«Жұмыстан қайқайтады» деген сөз Бораштың жанын ыршытып жіберді. Ол атып тұрамын деп басын төбеге соғып алды. Бірақ әкесін аяп басының зеңіп қалғанын сездірген жоқ, қызыққан болып көмірге үңіле қалды. Шынында, оның алдындағы көмір шамның көмескі сәулесімен құндыздай құлпырып жан қызыққандай еді, соған шын таңданып:

— Көке, мына жердің көмірі біздер отқа жағып жүрген көмірдей емес, күмістей жалтылдайды, бұл қалай?

Баласынын, бұл сұрауын осыдан бір ай бұрын шахтаға ең алғаш түскен күні Садыққа өзі де берген еді, сәл ойланып соның бәрін есіне түсіріп алды.

— Бұл сұрауды осыдан бір ай бұрын шахтаға жаңа түскен сендей жас жұмысшы кезімде Садыққа мен де бергенмін. Сонда: «Біздің шахтаның көмірі жоғарғы 7\4 ария шахтасының көмірінен төрт есе жұқа болғанымен, он есе қымбат, өйткені оның көмірі мұның көміріне қарағанда қорда. Сондықтан, жұрт оның көмірін қоқыс дейді де, бұл шахтаның көмірін «кокс» дейді. «Кокс» деген сөз күлсіз, түгел жанып кететін асыл деген сөз деді Са- дық. Сонда мен құдай да сараң-ау, осындай асыл көмірді қалыңдау жасай салса қайтеді екен деп едім, ол «құдай сараң емес, біздің қожайындар надан. Олардың ішіндегі орыстарының ақылы жеткенімен, ақшасы жетпейді; ағылшындарының ақшасы жеткенімен, ақылы жетпейді. Ал қазақ байларының ақылы сол ағылшын мен орыс байларына жалбақтаудан басқаға жетпейді» деп тістенгенде Садықтың тістері сынып кете жаздады.

— Жоғарғы шахтаның Мария аталу себебін сұраған жоқсыз ба?

— Сұрадым, бірақ біле алған жоқ.

Шынында, Садықтың оны білмейтіні рас. Оны жанағы Лариннан басқа білетіндер аз. Осы шахтаның «Джимми» аталу себебін де білетіндер аз. Ал Ларин ол шахтаның аты Мария емес Марианна екенін, ол осы өндірістің бір кездегі несі француздың президенті Карноның қызының аты екенін білетін. Жұмысшылардың ішіндегі ең білгірі осы Ларин екенін бала басымен Бораш та, жаңа келген Қондыбай ба білетін. Бірақ оның бар білгені жұмысшылардың нанын көбейту ғана емес, келешегіне жол ашу екенін сол үшін оның көрші забойлардың бірінде қарт мысшылармен кеңесіп, завод иелеріне он екі түрлі шарт қойған хат дайындап жатқанын білген жоқ. Сондықтан «Садық әкелген қағазға бармағыңды басатын бол» деген сөзді әлден ұмытып кетті.

Қондыбай өзінің осында келгелі естіген-білгендерінің барлығын баласының құлағына құйып берді де, жалғыз тұмсықты қайласын қамшыдай үйіріп забойдың түбіне шалқасынан жата кетті. Көмірді шалқасынан жатып шаппасқа шарасы жоқ. Өйткені өзгелердей тізесінен, не жүресінен отырып шабуға оның шамасы жоқ, серейген ұзын денесі тар қуысқа сыймай үш бүктеледі, бір жамбасынан жантайып жатып сыңар қолмен ұрғанға мұқыл қайласы көмірге батпайды. Сондықтан ол шалқасынан сәл қиғаштау жатып алып қайласын қос қолдап сермеп жатыр. Оның әлсіз сермелген қайласының дүмпуімен әр жерде жалғыз-жалғыздан қадалған тіреулер өлім шақырғандай сықырлайды. «Мен көмір болып жаралғаннан бергі қалпымдамын. Сені жер бетіндегі қайғының бәрі келіп басса да қамықпаймын, жігімді тауып дәл ұрмасаң қанша қатулансаң да қайыспаймын» дегендей көмірдің қайла тиген жері жалт-жұлт етіп жымыңдайды. Оның сол «қылығын» мазақ еткендей сезіне ме қалай, қайласы көмірге тиген сайын Қондыбайдың тісі бір шықырлайды.

Борашта қозғалар дәрмен жоқ. Ол қабырғасын қысқан қуыстан, бауырын қарыған сыздан құтылғанымен, бойының құрысы жазылған жоқ. Сол забойдың ауыз жағында, жуан елі қайыс тағылған, үстінде сопақтау жасалған жәшігі бар кішкене шана жатыр. Ағылшындардың қасірет қамыты болып ілінген бұл «техникасы» кешікпей өз ойынша ілінетінін сезгендей Бораштың көзі ауық-ауық соған түсе береді. Ол ішінен шанасына қоса қожайындарын бір сыбап алды да, әкесі шауып түсірген көмірді сол жәшікке сала бастады. Ол заманның баласы басқаны білмесе де, әкесінің табысы аз болса өзінің қарны ашығатынын жақсы білетін. Сондықтан болу керек, жәшікке түскен көмірдің қарамы көбейген сайын оның қайысқан қабырғасы жазылып, қабағы ашыла бастады.

Қондыбайдың көзі жәшігі үйеме болып толған көмірге түсті де, өзі дем алғалы етпетінен аударылын түсті.

— Балам-ау, ала өгізің тіріліп келіп тартпаса, ананы екеуміз қозғай алмаймыз ғой. Жәшіктің бетімен бірдей етіп қырнап тастамасаң жолшыбай шашылып, еңбегіміз зая кетеді.

Бораш қанша бала болса да еңбектің зая кеткені жақсы емес екенін сезетін, сондықтан жұлқына қимылдап жәшікке салынған көмірді қайтадан теге бастады.

— Қане, осыны бір жеткізіп тастайық. Мен сүйрейін, сен етпетіңнен жат та екі қолыңмен кезек сырғыт, өйтпесең, демеу бере алмайсың. Әне, самбырлай сөйлеп Садық ағаларың да келе жатыр, олардың көмірі шанасына тиелгенше біз шанамызды босатып, бері өткізіп алайық, — деді де, Қондыбай қайыс қамытты мойнына іліп алды — Иә, аруақ өзің қолда.

Сол сөзді айтып Бораш та етпетінен жата қалып бар күшін салып бакты, әкесі де бар күшін салып тартып бақты, екеуі аруақты жарыса шақырып айғайды да тәуір-ақ салды, бірақ көмір тиелген шананы міз бақтыра алған жоқ. Қондыбай қанша қынжылса да баласына сыр бергісі келмей:

— Айналайыным-ау, забойдағы көмірді түгел тиеген екенсің ғой, жартысын қалдыра тұрмасақ болмас.

Ол соны айтып көмірді күрекпен күрей бастап еді, Бораш қос алақанымен көси күреп шананы лезде орталатып тастады.

— Болар, — деді әкесі.

Бораш шананы қозғап көрді де:

— Жоқ болмаңды, тым аз қалыпты, қалған көмірдің біразын қайта салайық.

— Бұл олар үшін көмір, біздер үшін нан ғой, салсақ салайық, тек тағы да тарта алмай жүрмейік.

— Ал сүйреп көрейік.

— Иә ата-бабамның аруағы.

— Иә, аруақ.

Көмір тағы да көбірек салынып шана ауырлап кеткен екен, қайта төгуге қимады, ол үшін екеуінің жаны бірдей қиналды. Қанша қиналса да көмірді жетер жеріне дер кезінде жеткізді.

Сол өзін-өзі қамшылап жанды қинаумен тоғыз күн өтті. Бірақ сол тоғыз күннің ішінде Қондыбайдың қарны шартия бір тойған жоқ. Бар шаттығы Борашының азамат болып қалғанына көзі жетті.

Амал не, ол шаттығы да ұзаққа бармады. Қондыбайдың күндегі әдеттенген мезгілінде жұмысқа беттеп үйінен шыққаны сол еді, аңдып тұрғандай есік алдынан кейкі тұмсық жандарм сап етті.

— Таста қайлаңды, түс алдыма, — деді ол сөзге келместен мылтығын шошаңдатып.

Қондыбайды оғың мылтығынан гөрі «қайлаңды таста» дегені шошытып жіберді. Бірақ:

— Неге? — деген сөзі салмақты шықты, — қайламды тастаймын, сіздің алдыңызға ие үшін түсемін?

— Сен, — деді де, жандарм алақанына жазып алған бір ауыз сөзге қарады да ежелеп, — ре-бе-лут-сенерсің.

— Тақсыр-ау, ол не сөз?

— Ол ит жеккенге кететіндер деген сөз. Айда марш...

Ол сөзін аяқтамастан мылтығымен нұқып қалып еді, Қондыбай қайласын баласына бере салып жандармның соңына түсті.

— Көке, мен не істеймін? Шахтаға түсе берейін бе? — Деді Бораш соңдарынан жүре сөйлеп.

Қондыбай мойын бұрған жоқ, өйткені баласының аянышты үні көзінен жас шығарған еді, екенің көз жасы баланың жанын жасытатынын ол жақсы білетін, сондықтан баласына көзінің жасын көрсеткісі келмей сөйлеп бара жатты.

— Оны өзің біл, құлыным. Сен енді азаматсың, азамат адамға әкесінің шайнап бергені ас болмайды.

Контордың төргі есігінің маңдайшасына алақандай жез қаңылтырдың бетіне «директор» деген сөз ағылшынша жазылыпты. Сол жез маңдайлы есіктің ар жағындағы төрт бұрышты шағын бөлменің ішінде үш адам отыр. Үшеуі үш жерде, төрде біреуі, екі қабырғада екеуі. Үшеуі үш түрлі оймен шалқуда, бірақ үшеуінің күтіп отырған күдігі біреу ғана Ол — кейкі тұмсық жандармның алдында жалба-жұлба киімдерін көтере алмағандай сүлдерін сүйретіп келе жатқан жаңағы Қондыбай.

Бөлменің нақ төрінде шаниіп шахта директоры Эгенсон отыр. Ол үш шахтасы ғана бар Қарағандының ғана қожасы емес, ағылшындардың осы аймақтағы бар өндірісінің, атап айтқанда Қарағандының да, Спасскінің де, Нілдінің де Норстан кейінгі қожасы, сондықтан ол Норсты бұл аймақтың күні, өзін айындай сезінетін, сол сезімнен ол бір айрылған емес еді, кешеден бері күтпеген бір сұмдық шыға қалды. Мына қара табан құл секілді көрінетін жұмысшылар бұл өндірістердің ең үлкен қожайыны Норстың атына хат жолдап «мынаны істеме, ананы істе» дегенге дейін барыпты. Тіпті егер ол талаптары орындалмаса, жаппай жұмыс тастап ереуілге шығатындарын айтып жасаған қоқан лоққысы тағы бар. Бұл — Қарағанды тарихында бұрын болмаған, болады деп қожайындар өзі де ойламаған сұмдық. Ол сұмдықтың немен тынарын біле алмай есалаң күйге түссе де, өзін-өзі жалған жайдарылықпен алдап Эгенсон отыр. Бірақ ондай шадыман кезінде шалқасынан жатқан шашын сипаудан қолы бір босамаушы еді, бүгін ол әдетін тастапты. Оның сым темірден өзек салып қайыңның қабығынан жасалған, басында бас бармақтың үлкендігіндей кәдімгі Қарқаралының зиялылары сәнге ұстайтын әдемі қызыл күрең таяғы бар-ды. Сол таяғын бүгін қолынан түсірмей, иегін соның шоқпар басына сүйеп тербелетінді шығарыпты. Киімдерінде де аздаған өзгеріс бар. Қазақ даласының кейде құйын болып үйіретін, кейде дауыл болып соғатын тегеурінді желі ұшырып әкете берген соң қоқырайған қалпағын тастапты да, оның орнына сиырдың жапасындай жалпиған бірдеңені басына жапсырып алыпты. Сірә, соққы тие қалса септігі тиер деген болу керек, бүгін оны басынан алар емес. Жыланның көзіндей жылтылдаған зәрлі көзін өзінен аулағырақ, бөлменің сол жақтағы қабырғасына арқасын тірей шіреніп отырған шүйделі жуан сары осы «Джимми» шахтасының инженері Зимин мен он жақтағы босағаға жақындау жерде жан-жағына көзінің астымен ұрлана қарап, өзінен-өзі жаутаңдап отырған Қазірет дейтін қазаққа зілдене тастайды. Қазірет Зиминнің тілмашы, Зимин сол Эгенсонның тілмашы. Екі тілмаштың аузында тыным жоқ. Эгенсонда анда-санда танауын бір дыңқ еткізгеннен басқа үн жоқ. Бірінен-біріне сатылған сұраулардың талайы берілді, Эгенсон соның біреуіне де жауап қатқан жоқ.

Жандарм Қондыбайды осы үшеуінің алдына алып келді. Эгенсон таңданғандай өз көзіне өзі сенбегендей Қондыбайға бір, жандармға бір қарады, күлгісі келгендей танауын дыңқ еткізді. Оның сол дыңқ еткен танауынан өзіне бір жем түскендей жандарм жымыңдап кеудесін күмпите керіп алып өзінің қандай қауіпті «ре-бе-лут-сенерді» әкелгенін баяндай бастап еді, Эгенсон қолындағы таяғымен столды бір сарт еткізді де оған есікті нұсқады. Ол үн қатқан жоқ, бірақ таяғының үші тесіп өткендей жандармның күмпиіп тұрған кеудесі сола қалды да, өзі есіктен бірақ ытқыды.

Қондыбай төрдегі қатпар бет қарасұрдың ағылшын екенін білді, сол жақтағы шүйделі жуан сарынын орыс екенін де білді.

Тек оң жақтағы шілмиген шикіл сарының қай жұрттың жұрнағы екенін айыра алған жоқ. Өйткені түріне қарап оны орыс дейін десе қазақшаға судай, татар дейін десе сөзінің бір мүдірі жоқ, қазақ дейін десе көзі тұздай, шашынан бастап түрінің түсі түгеліне жездей жирен. Зимин екеуінің Қондыбаймен арадағы сөздері адам сияқты амандық сұраудан басталып еді, ақыры қайыршыға жабыла, жарыса абалаған ауыл иттеріне ұқсап кетті. Бір тәуірі Қондыбай' оның бірін де түсінген жоқ. Өйткені Зимин өзінің шәлдірек қазақшасымен Қазіреттің сөзін қайта-қайта бөліп, өзі де ештеңе түсінген жоқ, өзгелерге де түсіндерген жоқ. Эгенсонда әлі үн жоқ, Столыпин, тартпасынан бір қағазды екі саусағының үшімен іліп алды да столдың Зимин отырған жақ шетіне тастай салды. Зимин ол қағазды ала түрегелді. Ызасы келген шағында қазақтардың аянбайтынын, мұндай қағаз түгілі Зиминнің өздері сияқты қан сорғыштардың төс сүйегін қақ айырудан да тайынбайтынын ол жақсы білетін. Сондықтан ол Қондыбайға ілгері екі аттады да жақындамастан тұрып қалды.

Ал, революционер мырза, сіз біздің бірнеше сұрауымызға жауап беріңіз. Жалған айтар болсаңыз жаныңыз сығылады, соны алдын ала ескертемін. Бірінші сұрау: сіз хат білесіз бе? Онда мына қағаздың бетіне қарағанда мына таңбалардың ішінен өз бармағыңыздың таңбасын көрсетіңіз.

Эгенсон өл тілінде Зиминге әлденені күбірлеп еді, оның не дегенін ұқпастан Қазірет Зиминнің қасына жетіп барды. Ол мистер деген сөзді ағылшындардың қосалқы аты деп түсінетін, сол түсінгіштігін осы арада бір көрсетіп қалғысы келіп жылмай қақты:

Сіз бұл қағазды маған беріңіз де, мистер мырзаның бұл бұзыққа берер сұрауын маған айтып турыңыз. Сол сұрауды бұған мен берейін де, шынын айтпаса жанын сығып алып а. қолдарыңызға берейін.

— Отты өзгенің қолымен көсейтін елінің салтын бұзғысы келмейтіндіктен мистердің өзі де соны айтып отыр. Бірақ мен өзімнің қазақтарға сенбейтін салтымды бұзғым келмегендіктен, бұл қағазды сіздің қолыңызға бере алмаймын. Мен не айт десем сіз соны айтасыз, ат десем атасыз, шап десем шабасыз.

— Оған да құлмын, — деп Қазірет елбең қақты. — Ал бастадық... айта беріңіз... иә... иә... түсініп тұрмын... айта беріңіз... қағазды сәл жоғарырақ ұстаңызшы. Азамат Қондыбай Майлыбайұлы, сіз мынау қағаздың бетіндегі таңбаларға, қойылған қолдарға қараңыз. Егер хат білмейтінің рас болса, өз бармағыңыздың таңбасын көрсетіңіз.

— Е, мен сізді қазақ екен десем, таңбаның жылқының санына ғана басылатынын білмейтін мазақ бірдеңе екенсіз ғой.

— Сен өйтіп менің жыныма тиме.

— Қазір жынданып кетсең де мен өтірік айта алмаймын.

— Айтасың, айтқызамын, оңбаған ребелетсенер.

— Мен төбелескер де болған емеспін. Рас, жас кезімде қораға түскен бір қасқырды сығымдап өлтіргенім бар, басқа жан иесінің бірімен алысқан пенде емеспін, оған құдай куә.

— Мені сығымдағың келіп тұр ма?

— Сіз қасқыр ма едіңіз?

— Meн саған жаныма тимей сөйле дедім ғой.

Бұлардың сөзін Зимин бөліп жіберді. Иеге екені белгісіз, ол қазақтарды басқа орыстар секілді «киргиз» деп кемітпей сөйлейтін, оның есесіне бір де бір қазақты аты жөнімен атаман, түр сипатына бір белгі тағып алатын да, соған «қазақ» деген сөзді қосақтай салатын. Бұл сапар айтарын екі қазақты қабаттап бірақ айтты:

— Ей қазақтар, сендер тым ұзақ оттасып кеттіңіздер ғой, манағы айтылғандарды түгел сұраңызшы.

Қазірет іркелген жоқ, Зиминнің «манағы» деген сөзінен Қондыбайға тағылар айыптың барлығын сайлап алды:

— Қарағанды Қарағанды болғалы жетпіс жыл, бұл заводтың завод болғанына елу жыл. Сол елу жылдың ішінде құлағы бір селт етуді білмей келген жұмысшылар сен осында келгеннен бері сабынша бұзылып әртүрлі тентек мінездер көрсете бастады. Тіпті жан баласы бұрынды-соңды естімеген «ереуіл» дейтін сұмдықты тауып алды. Егер қойылған тілектері қабылданбаса ертең ереуілге шығатын болыпты. Бұл жеке адамдардың қылығы емес, жасырын ұйымның бүлігі. Ол бүлікшіліктің ұрығын айдаудан әкеліп жұмысшылар арасына сепкен сенсің. Сондықтан менің мистерім де, мына мырзам да сенен мынаны сұрайды. Ол ұйымның мұндағы басшылары кімдер? Олар бас қосқанда қайда жиналады? Ол ұйымның тамыры қайда? Ақмолада ма, Петербургте ме?

— Құдай үшін, сіз алдымен маған езіңіздің не айтып тұрғаныңызды түсіндіріңізші. Шын айтамын, мұның бәрі маған түс секілді бірдеңе.

— Мен де шынымды айтайын, — деді Қазірет оның бұл сөзіне қатты шамданып, — не қазір осы жерде бар шыныңды айтып құтыласың, не ертең ертемен ит жеккенге айдаласың, қалағаныңды қазір ал.

«Айдаласың» деген сөз Қондыбайдың жүрегіне қанжардай тиді. Бірақ жаратылысында бұрын болмаған бір қайсарлық оны билеп алды да, көзі Қазіреттің шегір көзіне қадала кетті. Ұрып жібергісі келгендей жұдырығы өзінен-өзі түйіліп барады, манадан қалтырап тұрған зор денесі жаңа бір қайратқа толғандай бұрқанып ілгері бір аттап еді, аяғындағы тақтай тағаны сырлы еденге сарт өтіп үшеуін бірдей селк еткізді.

— Мен ұяты бар адаммын, ұяты бар адам өтірік айта білмейді. Шындықты айтудан да аузым күйген-ді, сондықтан оны да айтпаймын. Атсаңдар да, айдасаңдар да айтарым осы.

Ол соны айтып кете беріп еді, итаршылыққа әдеттенген Қазірет ұшып барып оның қарсы алдына тұра қалды.

— Тоқта, оңбаған! Сағынтай сияқты қасиетті адамның ордасын өртеп, елде жоқ сұмдықты бастаған сен сұмырайдан бәрін де күтуге болады, бәрін де айтасың, мен айтқызамын!

Алыстағы Сағынтайдың үйі өртелгенін бұлар қайдан біледі деген ой сап етті де, Қондыбай аңырап оның бетіне қарай қалды:

Сағынтайдың үйіп менің өртегенімді сіз қайдан білесіз?

Біз бәрін де білеміз, сенің сонан бергі басқан әрбір ізің, санаулы. Бұл заводқа келген соңғы бір жылдың ішінде сенен басқа бір де бір бөгде адам жоқ, ендеше бұл бүлікті салушы басқа емес, сенсің. Енді өтірік мүсәпір болумен көзді алдап, сұрқиялығыңды қайыршының киімдерімен бүркей алмайсың, ребетсенер азамат мырза, ондай қулығың өрге баспайды.

Қондыбайдың жұдырығы бұрынғысынан да қаттырақ түйіліп кетті, бірақ сөзі салмақты шықты.

— Бәрін де біледі екенсіз, тек ұялуды білмейтін әбілет екенсіз, тфу лағнат, — деп бетіне түкіргелі тап беріп еді, Қазірет Зиминның аржағынан бірақ шықты Қондыбай оның бетіне арнаған түкірігін алыстан жіберді де, тақтай тағанын тарсылдатып шыға жөнелді.

— Тоқта! — деді Зимин ақырып, Қондыбай оны тыңдаған да жоқ. Зимин жандармды шақырғалы қоңырауды қолына алып еді, Эгонсон оның қолын алақанымен басып қалып столға сылқ еткізді. Оның қолы Зиминнің қолында, жиіркене қадалған, қанды көзі Қазіреттің кезінде.

— Неткен ұятсыз, неткен жыртқыш едіңіз! — деді де, аспанға қарап кетті. — О тәңірім, осындай, бірін-бірі өлтірместен жейтін тағылардың ортасына неге әкелдің мені?

Оның не деп отырғанын Қазірет түсінген жоқ, Зимин түсіндірген болып отырып әрі Қазіреттің жер-жебіріне жетті, әрі өзінің зымияндығын бүркеп қалды:

— Мистеріміздің ие дегенін ұқтыңыз ба? — деді ол көлгірси сөйлеп.

— Менің мистерім бір өзіңізсіз ғой, зор мәртебелі мырзам, — ден Қазірет өзінің маймылша майысып, малша жорғалайтын машығына басып еді, бұл сапар ол өнері өрге баспады.

— Мұндай сенімсіз адамды шахта жұмысына алғаны үшін сіздің өзіңізді қоса жұмыстан қуылсын, ертеңнен бастап бұл қызметте жоқсыз дейді.

Мұны күтпеген болу керек. Қазіреттің тілі күрмеліп қалды, тек еріндері жыбырлап, тізелері дірілдейді. Сол дірілдеген тізелер теңселіп барып денеге тарс етті. Төрдегілер оның басы соғылса да елейтін емес, екеуі алыстан естілген қонырау үніне құлақ тіге қалды.

— Біздің алақандай мемлекетіміздің патшасы келе жатыр, бұл қалай? Әлде бізді жұмысшылардың талабына қарсы тұра алатынымызға сенбеді ме екен?

Эгенсон соны айтып терезеге жетіп барды. Опық айтқаны рас. Бұл аймақта қоңыраулатып жүретін Hopс қапа, сондықтан ол бұл келе жатқан кім екенін қоңырау даусынан да дәл таныды. Спасскиден келетін жолдың үстінде найзаның жебесіндей құлағы көкке шаншылған үш қара арғымақ-желдей есіп, күймені желектей желпіп келеді. Ол күйменің үстінде шүңірек көзін көкжиекке дейін маңғаздана тастап Hopс келеді. Жұмысшылардың хатын алған сағатында мұндағы орынбасары Эгенсонға: «Жұмысшылардың талабын қабылдау ағылшындардың салтында жоқ екеніне көздерін жеткізіңдер. Ол үшін бір де бір талабын орындаушы болмаңдар» деген бұйрығын мұндағыларға сол сағатында жіберген-ді. Сол бұйрығының орындалатынына сенбеді ме, жоқ әлде ұшқыннан ерт қаулайтынын сезді ме, әйтеуір, ол ауыр ойда келе жатыр.

Ал біздің Қондыбай батыр мұның бәрінен де бихабар. Мұнан күн бұрын шахта ішінде Лариннен бір сыбыс естіген еді, ол естіген сағатында есінен шығып кеткен-ді, қағазға басылған бармақ таңбасы дейтін бірдеңені сол үні естіген еді. Бүгін алдынан тағы шықты. Бір тәуірі бармақтың» бүгінгі жыры да есінен тез, тіпті есіктен шықпастан шығып кетті. Тек құлағында Қазіреттің «ит жеккенге айдаласың» деген сөзі ғана ұялапты. Сол сөз жанын жеп, өлімнен басқаны ойлатар емес. Айдаладағы Сағынтайдың үйі өртелгенін білген бұлар шынында менің басқан ізімді аңдуда екен. Енді бәрін де біледі, менің айдау мерзімін түгел өтеместен осылай сырғып ішкенімді де біледі. Оны білсе мен құрыдым, кеттім су түбіне. Жоқ мен ол азапқа енді көнбеспін, сертім серт, өлсем де осы жұмысшылардың ортасында өлермін. Ол үшін қазір шахтаға түсемін де...

Қарсы алдына келіп осқыра тұра қалған үш қара ат оның ойын бөліп жіберді, үркіп өздері тоқтады ма, жоқ әлде Морстың атшыға берген әмірі солай ма, әйтеуір аттар Қондыбайға жете бере тоқтай қалды. Бұл да өзінше бір көрсеткісі келген қыры болар Hopс тойға баратындай сәнді киінген екен. Жол берместен серейіп қалтасына қол сала бастап еді, Қондыбай жерден жұдырықтай тас алды. Норс оның бұл қылығына түсіне алмай сескеніңкіреп қалтасынан алған елу тиындық күмісін ұсынып еді, Қондыбай басын бір шайқады да, қолындағы жұдырықтай тасын ұсынды. Егер Hopс қолындағы күміс ақшасын садақа етіп лақтыра қалса ол қолындағы тасын оқ етіп атқалы тұр. Оның сол ойын түрінен сезгендей Норстың атшысы аттарды айдай жөнелді.

Hopс түгілі алланың өзі келіп басына алтын үйсе де Қондыбай өзінін алғашқы алған бетінен қайтатын емес. Сол оймен үйіне де жеткен еді. Борашы мұның жолына қарап манаты тұрған жерінде әлі тұр екен. Жүгіріп келіп қожайындардың не үшін шақырғанын сұрап еді, Қондыбай жауап қатқан жоқ. Борашының басын құшақтай алып маңдайынан ұзақ сүйді де, оның қолындағы қайланы ала бере ақырын күңк етті:

— Шешең қайда?

— Жұмыстан әлі қайтқан жоқ.

— Балам, сен азамат болдың ертеңнен бастап шешеңе жұмыс істетуші болма. Бар, оған шай қайнатып қой.

— Мен жұмысқа бармаймын ба?

— Бармайсың.

— Неге?

— Қожайындар солай дейді. Әке мен бала бір забойда жұмыс істеу заңға томпақ дейді.

— Қожайындар сені сол үшін шақырып па?

— Иә, сол үшін.

Мұнан әрі сөйлесе сөзден ұсталып қалатынын сезгендей Қондыбай шахтаға қарай сырғи жөнелді.

Бір белгісіз ауыр сезімнің тұңғиығына батқан Бораш сол орнында сілейіп тұрып қалды. Көзі өзімен-өзі алысып, аласұрып бара жатқан әкесінде.. Ол қайысқан қабырғасына демеу еткісі келгендей иығындағы қайласын біресе беліне көлденең ұстайды, біресе иығына қайта салды. Қайласы иығына шыққан кезде соның салмағынан майысқандай серейген ұзын тұрқы имиіп кетеді. Мүмкін, оның қабырғасы қайыспаған болар, бірақ Бораштың көзіне солай, тіпті әкесінің бүкіл тұлғасы қаусаған қаңқа секілді көрінгені анық. Сондықтан да оның жүрегі тез елжіреп кетті. Сондықтан ол заманы қанын сығып, қаңқасын ғана қалдырған әкелердің жазығын сұрағысы келгендей:

— Ей, жасаған! — деді аспанға қарап.

Жасқа булығып басқа сөз айта алған жоқ, тек өксіп қоя берді. Көзі жасқа көмулі, көңіл оты сөнулі болса да әкесін көруді аңсап кеткен жағына қарап еді, ол шахтаға жеткен екен. Қарауыздан жер астына қарай кете бере тоқтап артына, өзінің Борашына соңғы рет бір қарады да жоқ болды.

Сол кеткеннен ол үйіне қайтып оралған жоқ.

Тек екі күннен кейін дәл жұмысшылардың ереуілінен бір сағат бұрын шахта ішінен құлаған жердің астынан өлігі ғапа табылды.

Құлаған жердің екі тіреуіне қайла тиген екен, жұмысшылар оның қандай ерлікпен өлгенін сонан білді де, белгі түскен екі тіреуді өзімен бірге жерлеп жіберді.

Қайран әкелер-ай!..

1935


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз