Өлең, жыр, ақындар

Егер

Қымбатты досым. Бахри Сыпсып!

Хат жазғаныңа қатты разы болдым. Егер менің хатым почтада жоғалып қалмаса, цензурадан аман өтсе, егер почтальон сенің адресіңді дұрыс оқи алса, егер сен тұрған үйді кәмпескелеп тастамаса, немесе үйдің иесі сені пәтеріңнен қуып шықпаған болса, онда осы жауабымды аларсың деп үміттенемін.

Айналайын. Бахри Сыпсыбым, сен менің қашан үйленетінімді сұрапсың. Егер қалыңдығыма жұмыс табылса, егер қожайыны оның есін шығармаса, икемге көнбедің деп қуып жібермесе, егер біз тиын-тебеніміз жетерлік пәтер таба алсақ, егер оны-мұны мебель сатып ала алсақ, егер премьер-министр уәде еткен экономикалық прогресс нәтижесінде менің де жалақым өссе, егер мен сәби кезімнен бері естіп келе жатқан әлгі әл-ауқатты арттыру жүзеге асса, егер мені күткеніне он жыл болған қалыңдығымның төзімі таусылып бітпесе, егер мені жұмыстан қуып шықпаса, бақылауға алмаса, ит өлген жерге айдап жібермесе, — онда мен осы таяуда-ақ үйленемін.

Жанымдай Бахри Сыпсыбым! Сен Сайфи-ханша апайдың жағдайы қалай деп сұрапсың. Егер ол өзін қараған жетінші дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті тауып ала алса, егер ауруханада орын болып операция жасата алса, егер операцияда тірі қалса, егер Европаға барып емделіп қайтуына тиын-тебені жетсе, егер ол мінген кеме суға батып кетпесе, өртеніп кетпесе, басқа елге қашып кетпесе, егер иесінің өтелмеген борышы үшін ол кемені біздің ел кәмпескелеп тастамаса, баж тексерісі апайдың түбіне жетіп жүрмесе, егер оны күйеуіне сыйға галстук сатып алғаны үшін контрабандашысың деп түрмеге тығып жібермесе, иә, осының бәрін аман-есен өткерсе, — онда апайың алланың рақымымен тез арада оңалып-ақ кетеді.

Бауырым Бахри Сыпсып! Сен біздің команданың биылғы маусымда халі қалай болатынын сұрапсың. Егер ойын кезінде біздің команданың қақпасы аздап кішірейсе, егер біздің ойыншылардың кезін күн шақырайып қарықтырмаса, егер жел оңынан тұрса, егер төреші әділ болса, яғни біздің командаға жаны ашыса, егер біздің жанкүйерлеріміз: «әй, қисық аяқтар!» деп айқайлап қарсыластарымыздың жүйкесін жұқарта білсе, немесе қолына не түссе соны лақтырып бәлемдердің кейбіреуін мертіктіріп қойса, егер біздің командамыз әрбір ойынның алдында қасиетті жерлерге барып түнеп құлшылық етсе, құдайдан медет алса, — онда біздің команда чемпион болады да шығады.

Сен біздің хал-ахуалымызды сұрапсың. Егер жаңбыр жауған сайын телефонымыз тотиып қараң қалмаса, оның кесірінен газымызды жауып тастамаса, одан барып электрімізді қиып тастамаса, одан соң радиомыз сөйлемей қалмаса, одан соң су құбырымыз жарылып кетпесе, одан соң транспорт дағдарысы басталмаса, одан соң нан қымбаттап кетпесе, — онда біздің хал-ахуалымыз өте жақсы болады.

Сен нағашымның шаруасы қалай деп сұрапсың. Егер нағашың Анкараға баратын болса, оған аман-есен жетіп, қарағайға талды жалғап жүріп жұмысын реттей білсе, егер мектептес жолдасым деген кісісі оған рекомендация берсе, егер ол банктен рұқсат қағаздар мен несие алып сауда-саттық жасауға кіріссе, сонсоң жынданып кетіп жүрмесе — онда шаруасы таяуда түзеліп-ақ қалар.

Қымбатты Бахри Сыпсып! Сен Жеңгіз балақайдың сабағын сұрапсың. Егер биыл олардың кластарында былтырғыдай тоқсан бала болып жүрмесе, егер сабақ үш сменада оқытылмаса, егер мұғалімнің жетіспейтіндігінен сабақтары пәле болмаса, егер содан барып мектептер мүлде жабылып қалмаса, егер емтиханды қайталап тапсыруға, немесе «екісі» барларды да көшіре беруге рұқсат етілсе, егер министрлік кластан класқа жаппай көшіруді қолға алса, — онда біздің балақайдың сабағы жақсы болады.

Бауырым Бахри Сыпсып! Сенің өтінішіңнің мән-жайын сұрап білдім. Маған: егер қасқа бастарға қалың бұйра шаш шықса, егер өгіз үйеңкінің бұтағына ұя салса, егер қара түстілер аққұбаға айналса, егер күннің көзін кір басса, егер мысықтар кір жууға кіріссе, егер аспанға басқышпен шығу басталса, егер көлде байғыз жүзсе, — онда сенің өтінішің кешікпей қабыл болады, дегенді айтты.

Қымбатты қалқам Бахри Сыпсып, сенің жауабыңды асыға күтулімін. Құшақтап сүйдім.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз