Өлең, жыр, ақындар

Айналмалы әткеншектегі алты күзетші

(түріктің ұлттық ырғағындағы кіріспе жыр)

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ

Йеллели йеееелелли... леллеллииии

йеллелли йелели йелели... йелелелли

Яаааааар... Яааааааар... Яр лелли

лелели... йелеллииии йелеллиии...

НАШАР ДАМЫҒАН ЕЛ ҮШІН АЛҒЫ СӨЗ

Менің елімде байларда ғана балалық шақ болады,

Менің елімде байларда ғана жастық шақ болады.

Менің елімде байларда ғана қарттық болады,

Менің елімде... йеллелли йелелиииии... йеллелли

яаар яааааар...

МОНОЛОГ

Менде балалық шақ болмағанына осы күнге дейін күйініп жүрмін. Менде ойыншың болған жоқ. Бұрандалы пойыз да, автомобиль де, шылапшын да, жүзетін кеме де болмады.

Мен батпырауықты білмедім, темір шеңберді дөңгелетіп көрмедім, үрлеген шарларым болмады, бес тас үйіріп ойнауды естімедім.

Бір күні шешеме еріп бай үйіне мейрамға бардым. Қожайынның ұлында неше түрлі ойыншық бар екен. Теміржолдағы пойызды, паровоз бен вагондарды ұстап көргім келіп қолымды созсам-ақ болды, шешем ала көзімен қарап: «Тиме, сындырасың» деп сыбырлайды.

Қолымды тығып отыруға мәжбүр болдым.

Бала кезімде: үлкен боп өсемін, байимын, ең бай кісі мен боламын, ойыншықты көп-көп етіп сатып алып, та-а-аудай етіп жиып қоямын! Керек ойыншықтың бәрі де менде болады! — деп армандайтынмын, қиялдайтынмын.

Үлкен кісілер ойыншықпен ойнауға ұялады. Ал мен ойыншықтарымды оңаша бөлмеге жинаймын. Қызметтен қолым босағанда барып өзім ғана ойнап отырамын. Ешкім мені көрмесін де күлмесін. Менде пойыз көп болады, пружинасын бұрап-бұрап қоя берсем: тр-тр-тр... чуф-чуф-чуф, деп жүріп кеп кетеді.

Ай-хай, менің құйтақандай, әп-әдемі, сүп-сүйкімді ойыншықтарым-ай, боялған ысқырықты шарларым-ай, қағаз фонарьларым-ай, шығыршықтарым-ай!

Бізде 23 апрель — Ұлы Ұлттық жиналыс шақырылған күн — балалар мейрамы болып саналады.

Бірінші көрініс

МЕН АЙТАМЫН

Сол мейрамдардың бірі еді. Үйде отыра-отыра зеріктім де, дәрігер досымның үйіне бардым. Оның да іші пысып отыр екен. Екеуіміз терезеден көшеге көз салдық. Төменде машиналар ағылып жатыр.

Бір сәтте, қайдан түскенін білмеймін, машиналардың арасында көгілдір шар пайда болды. Әр жерге бір тиіп-ырғып барып көшенің арғы жағындағы тротуарға түсіп байыздады. Тротуарда ешкім жоқ. Тек бір шетте, жәшігін иығына асып алып, етік тазалаушы ғана келе жатыр: ұзын мұртты, жалаң аяқ, үстінде жыртық көйлегі бар, жасы отыз бес-қырықта.

Ол шарды көрді де, қалт тұра қалды. Сонсоң жәшігін иығынан сыпырып тротуарға қойды да, шарға қарай тұра жүгірді. Шарды алып сипалап қарай бастады. Сонсоң қоя бере теуіп кеп қалды. Шар үйдің қабырғасынан қайта серпіліп, оның аяғына ұрылды. Жігіт шарды әуеге лақтырып, біресе басымен сүзіп, біресе аяғымен теуіп ойнауға кірісті. Ойыны қыза бергенде шар тарс етті... Жігіт еңкейіп шардың жұрнағын жиып алды, барып жәшігін иығына салды, сонсоң шардың жұрнағын үрлемек боп біраз әуреленді, үрлей алмаған соң басын бір шайқап өз жөніне кетті.

Дәрігер күліп жіберді. Күлген жоқ-ау, үйді басына көшіре қарқылдады. Көзінен жас шыққанша күлсе де тыйыла алмады.

— Неменеге қарқылдай бересің? — дедім.

Күлкіден аузы сөйлеуге келмейді. Мен шошып кеттім. Мұрты білектей дәу жігіттің шар қуып ойнағаны, әрине, күлкілі-ақ, бірақ, осыншама... Досыма қарадым да мен де күлдім. Екеуіміз енді бірімізге біріміз қараймыз да күлеміз: ха-ха-ха... ха-ха-ха... хи-хи-хи... хи-хи-хи...

Екінші көрініс

ДӘРІГЕР АЙТАДЫ

Бурс қаласында қызмет істеп жүрген кезім. Бірде ауруханада түнгі кезекші болдым да, кеш жаттым. Бірақ мені іле-шала оятып жіберді.

— Не боп қалды?

— Дәрігер мырза, алты кісіні алып келді.

Халатымды кидім де, қабылдау бөлмесіне бардым.

Қарасам — алты ер адам жатыр. Алтауы да муниципалдық күзетшінің киімін киген. Алтауы да солқ-солқ етіп лоқсып жатыр.

— Сіздерге не болды? — дедім.

Жауап жоқ.

Е, бұлар уланған екен деп ойладым. Мыс ыдыспен тамақ ішкенде уланып қалу болады. Бірақ алтауында да уланғанның ешқандай нышаны жоқ. Дамыл таппай лоқси береді. Тыныштандыратын укол салып едім, алтауы да ұйықтап қалды. Оларға не болғанын ешкім білмейді. «Жедел жәрдем» машинасымен полицейлер әкеліп тапсырып кетіпті. Тырп етпестен он бес сағат ұйықтаған соң барып біреуі оянғаны.

БІРІНШІ КҮЗЕТШІ АЙТАДЫ

Ақ паркті білесің бе? Губернатордың үйінің қарсысындағы? Мен үш жылдан бері сол паркті күзетемін.

Парк жазда түн ортасына дейін ашық. Онда жұмыс істейтіндер парк жабылғанша оны-мұныларын өздері күзетеді. Қысқасы, жазда бізге оңай. Қыста — қиын. Ақ парк онда жұмыс істемейді. Айналмалы әткеншектері, қайықтары, әлгі жын-сайтан доңғалағы дейтіні — бәрі-бәрі бос тұрады. Соншама дүниені күзету қиын-ақ. Сәл байқамай қалсаң болды, — жүгірмек келгір ұлдар, көше кезген қаңғыбас немелер сып етіп барып отырып алады да, айналдырып, жүргізіп әлек, болады, сөйтіп бірдеңесін сындырып кетеді. Немесе біреуі құлап кетеді. Мертігіп, өліп қалса — алла сақтасын, — онда біздің сорымыз!

Яғни, қыста бізге қиын-ақ. Оның үстіне губернатордың үйі, полиция участогы дәл қасында. Бір пәле бола қалса, терімізді тірідей сыпырады. Жан керек.

Жазда жеңіл ғана емес, жазда, мырза, көңілді де: фонарьлар жарқырап жанып тұрады, қыз-келіншектер, жігіттер, балалар әткеншек теуіп, доңғалаққа мініп айналып, мәз-мейрам болып жүреді. Жазда тамаша!

Біз тұратын жақта ондай ештеңе жоқ. Амал не! Мен айналмалы әткеншекті жақсы көрем. Зымырап айналғанын қандай шіркіннің! Ғажап! Соған отырғым келеді де жүреді. Бірақ отыру оңай емес. Неге? Өйткені, мен — күзетшімін. Үстімде муниципалдың киім. Жас та емеспін. Ұят. Кей түнде әткеншекке мінемін де, тамашалап қарап отырамын. Ех, шіркін, шыр айналар ма еді! — деймін. Жалғыз өзім болсам жүргізіп көрер де едім. Бірақ, қырсыққанда, түнде басқа күзетшілер де келгіштеп жүреді.

— Сендерге мұнда не бар? Өз кварталдарыңда жүрмейсіңдер ме? — деймін оларға.

Шығып кетеді. Бірақ жарты сағаттан соң тағы жетіп келеді.

Бір күні Абдолла келіп айтты:

— Әткеншекке мініп айналсақ қайтеді? — деді. Ол — ең алыс кварталдың күзетшісі, әне жатыр, мұны да алып келіпті ғой. Паркке бұлардың да әткеншек тебу үшін келетіндерін сеземін. Әйтпесе, сонау жерден тентірегенше, наубайханасына барып, жылы пештің үстінде таң атқанша рақаттанып ұйықтап жатпай ма?

Ақ парктің күзетшісі — менмін.

— Мұртыңды қайда тығасың? Әткеншекке мінетіндей сен, немене, баласың ба? — дедім Абдоллаға.

Екінші жағымнан Ахмет келіп, — ол да бізбен бірге осында жатыр:

— Мінгізші, нең кетеді? — деп қиылды.

Жасыратын несі бар, олардан бұрын өзімнің де мінгім кеп тұр, бірақ ұят, әрі жасқанам. Парк үшін жауап беретін — менмін.

ЕКІНШІ КҮЗЕТШІ АЙТАДЫ

Дәрігер мырза, ақырында біз мына Әріпті көндірдік.

— Мейілдерің, мінсек мінейік, бірақ полицейлер көріп қойса, құрыдық. Жұмыстан қуып шығады, — деді.

Мен тұрдым да:

— Айналғанда ысқырғышымызды шырылдатып қойып отырайық, полицейлер бізді күзет орнында екен деп қалсын, — дедім. Әріп келісті, тек:

— Бір рет айналамыз, — болды! Бір-ақ рет! — деп ескертті.

Айналмалы әткеншекке мінуге әрі қызығамын, әрі қорқамын: тез айналған сайын биіктей береді ол...

Біз жайғасып отырдық. Ал мотор жүрмейді.

— Мынау қалай жүруші еді? — деймін.

Жүсіп айтады, — ол да осында, әлі ұйықтап жатыр.

— Қолмен-ақ айналдырайық, — дейді.

Ал Әріп айтады, — бұл Ақ парктің күзетшісі емес пе, біледі ғой:

— Бұл пәле әлгі электрмен жүреді, қараңғыда табыла қояр ма екен, мына тұста кнопкасы бар еді, — дейді. — Кнопкасын ертең көріп алайын, сонсоң ертең кешке айналармыз, — дейді.

ҮШІНШІ КҮЗЕТШІ АЙТАДЫ

Қауіпсіздік басқармасының бастығы біздің күзет орындарымызды таңға жақын тексермекші болыпты. Оған біреулер: күзетшілер наубайханалардың пештеріне шығып алып түні бойы ұйқы соғады, — десе керек. Сонсоң ол бізді сонда ұстап алып сорлатқысы келген. Онысын мен естіп алдым. Таң атқанша қай заман. Оған дейін айналып-айналып аламыз да, орын-орнымызға бара қоямыз деймін.

— Таптым кнопканы, таптым. Сендер отырыңдар, мен кнопканы басып қаламын да, секіріп мінемін, — деді Әріп.

Біз отырдық. Әріп кнопканы басып қалып еді, әткеншек айнала жөнелді. Әріп өзінің науасына отырып үлгермеді. Мен мұны дереу өз науама тартып алмағанымда, астына түсіп қалатын еді.

Сөйтіп айнала бастадық. Қандай ғажап десеңізші!.. Барған сайын жылдамдай түседі...

Айналмалы әткеншекті көрген болсаң, өзің де білетін шығарсың: дәл ортада биік темір діңгегі бар, оған бірнеше науаны шынжырмен көтеріп байлап қойған. Діңгек айналған сайын науалар жерден биіктей береді.

Серіктерім сақылдап күле бастады. Мұндай миғұла болар ма өздері! Таяқ тастам жерде губернатордың үйі мен полиция участогы тұр... Бірақ күлмей отыруға шыдай да алмайсыз. Тұла бойымды күлкі кернеп кеткендей болды. Күле бердік, айнала бердік... Көп айналдық.

ТӨРТІНШІ КҮЗЕТШІ АЙТАДЫ

Дәрігер мырза, біздің зырқырап кеп айналғанымыз сонша, науамыздан ұшып кететін сияқтандық. Қорыққанымнан күлуді де қойдым. Науадан мықтап ұстап алдым.

Бір уақта ойыма келе қалды да:

— Әріп, ей, моторды ақырындатшы, әйтпесе мойнымыз үзіліп жүрер, — дедім.

— Қалай ақырындатарын мен қайдан білем? — дейді Әріп.

О, алла, күнәға жаза көрме, — жердегі алты күзетші сұңқарша самғап көкке шығып кеттік!

— Әй, Әріп, ақырындатуды білмесең, тоқтат мынауыңды, түсеміз! — деп айқай салдым.

— Қалай тоқтатарын мен қайдан білем? — дейді.

— Білмесең, аяғың аспаннан келсін! — дедім.

Зырқырай бердік... Енді не істеу керек? Басқалар да:

— Тоқтат! — деп айқайлай бастады.

Әріп болса:

— Жүргізуін білемін, тоқтатуын білмеймін! — дейді.

Қиын болды, дәрігер мырза. Құсша зулаймыз, бірақ қона алмаймыз.

— Әріп-ай, Әріп-ай! Кнопка төменде қалды ғой, енді қалай тоқтаймыз?! — деймін.

Басым айналып, көзім қарауыта бастады. Менің соңымнан қалмай ұшып жүрген Абдолла айқайлайды:

— Әй, бұл электрмен жүреді, — дейді.

Электрмен жүргенінен не пайда көрмек екен десеңші! Байғұстың есі шығып кетсе керек...

— Жүрсе қайтейін?! — деймін мен де айқайлап.

— Құдайға алтауымыз бірдей жалбарынайың, қаланың электрін тоқтат дейік. Әйтпесе заманақырға дейін айнала берерміз, — дейді.

Шынында да айнала бердік, айнала бердік... Бір кезде мыналардың біреуі:

— Бауырларым, бақыл болыңдар! — деп сұңқылдады. Мен де иманымды айта бастадым. Өзің түсінесің ғой, дәрігер мырза, екі дүниенің ортасында қалдық. Бес ғимараттың биіктігіндей биікте реактивті самолетше зу-зу етеміз. Ондайды жауыңа да тілей көрме. Дода-додамыз шығып ұшып жүрміз, айналмалы әткеншекті ойлап шығарғанның жеті атасын жамбасынан аударып жүрміз. Бірақ, амал не!

— Егер бұл бензинмен жүрсе ғой, ендігі бензині таусылып тоқтайтын еді, — деді әлдекім.

Менде ләм дер мұрша жоқ.

Бір кезде:

— «Құтқарыңдар!» — деп айқайлайың, — деді Әріп.

Аңдамай сөйлеген — ауырмай өледі деген. Губернатор үйінің, полиция участогының дәл іргесінен алты күзетші: «Құтқарыңдар!» деп бақырса не болғаны?!

— Аузыңа ие бол! — деп зекідім.

Әріп естіген жоқ. «Құтқарыңдар!» — деп қалды да жым болды. Есінен танып кетсе керек.

Жүсіп ысқырығын шырқыратып ысқырып-ысқырып жіберді де, ол да науасына шөке түсті. Участок жақтан полицейлер жүгіріп жетіп келді. Олар да ысқырып, паркті кезіп жүгірісе бастады. Жоғары жаққа қарау ойларына келер емес.

Қашанға дейін ұшқанымызды білмеймін. Осында, ауруханада, есімді бір-ақ жидым, міне. Тіпті қазірде де ұшып жүрген сияқтымын...

ДӘРІГЕР ӘҢГІМЕНІ АЯҚТАЙДЫ

Қауіпсіздік басқармасының бастығы таңертеңгі тексерісте бір де бір күзетшіні орнынан таба алмады. Ашудан алқымы ісіп, участокке ұмтылды. Таң ағарып қалған. Участокке жете бере ол кенет әуеден бір үн естіді. Қарғаның дауысы ма, көкектің дауысы ма?.. Бұ қай құс екен?.. Участокке жақындай түсіп қараса, — парктің айналмалы әткеншегі зырлап тұр, онда кезек-кезек лоқсып алты күзетші отыр. Науадан біреуінің аяғы, біреуінің қолы салбырап көрінеді...

СӨЗ СОҢЫ

Мен үйіме қайтып оралдым. Үй-ішім үрпиісіп отыр.

— Сен не көрдің, не байқадың?

— Не боп қалды?

— Әне, анау сымға батпырауың ілініп қалды. Бір ұл оны алам деп ағашқа шықты, сонсоң оның үстінен арғы бағанаға секірем деп...

— Жә, қойыңдаршы! — дедім.

Терезеден сыртқа қарадым. Жібі шұбатылып батпырауық жалбырап ілініп тұр екен...

ХОР

Мен бала кезімде: кейін менің батпырауығым көп болады, өзі керемет үлкен болады, санап тауыса алмайтын боламын деп қиялдайтынмын...

ФИНАЛ

Менің елімде тек байлар ғана өмір сүре алады... йеллелли йелелли, йелелеллииии... йеееелели...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз