Өлең, жыр, ақындар

Қатерлі түн

Корольмен, шахпен соттасу менің үш ұйықтасам ойымда бар ма еді? Сіздер Фаруқ деген корольді египет халқының елден қуып жібергенін, әрине, естіген боларсыздар? Сол король сен ұл таппайсың деп әйелімен ажырасты. Іле-шала Иранның шахы да әйелімен ажырасты, оның да себебі сол.

Содан кейін мен тәж кигендердің тауқыметі туралы шағын фельетон жаздым. Одан басқа нені жазбақпын? Біздің ішкі мәселелерімізді жазбаймын. Өзіміз жайында жазғаныма жарық көрсете алмаймын. Бірдеңе жаза қалсам — бассалып сотқа сүйрейді. Сондықтан мен ендігі жерде шет елдердің тәж кигендері туралы жазуды ғана жөн көрдім.

Жаздым да тағы пәлеге қалдым: екі монарх жиылып мені сотқа берді. Олардың Анкарадағы елшілері біздің сыртқы істер министрлігімізге барып, менің фельетонымның елдер арасындағы өзара достық қатынасқа зиян келтіруі мүмкін екенін айтып наразылық білдіріпті. Сөйтіп, маған қарсы іс қозғалды.

— Сен король мен шахиншахты масқараладың!

— Жоқ, масқаралағам жоқ!

— Масқараладың!

— Масқаралағам жоқ!

Сотта ұзақ тәжікелестік. Ақырында мені алты айға кесті. (Олардың бұрынғы корольдерінің кеселінен менің қиянатқа ұшырағанымды египеттіктер естіді ме екен, естімеді ме екен?..)

Сіздерге айтқалы отырған оқиғаны мен сол тұста басымнан кешіргенмін.

Түрмеде жағдайым өте қиын болды: қалтамда көк тиын жоқ, көк тиын болар деген үміт те жоқ. Маған тірі жан келмеді, келгені ештеңе әкелмеді. Тұлдырдың күні түрмеде де күн емес. Алты айға кесілген адамның наразылық жасауға да дәті бармайды. Онда жиырма, отыз жылды арқалап отырғандар көп, олар:

— Алты айға ма? Наразы болатын жөнің бар екен! Сереге шық та шалқаңнан жат, біраздан соң бір жамбасыңа, одан соң екінші жамбасқа аунап түс. Сол екі арада алты ай өте шығады! — деп мазақтап күледі.

Шынында солай. Түрмеге түстің екенсің, — өлсең де асықпа, жамбасыңды ая. Оң жанбасыңмен жатып жазды өткіз, сол жамбасыңмен қысты өткіз. Төрт қабырғаға телміргеніңмен жылдың төрт мезгілі тез өте қоя ма?!

Басқасын қайтейін, не сигарет, не шай алар ақша болмағаны қинады. Түрмеде кейде Қызыл Крест азық-түлік береді, бірақ оған қасығыңды ұсынып қашанғы жүгірерсің... Үйде аш-жалаңаш бала-шағаң қалды. Оларға Қызыл Крестің шапағаты тимейді. «Қартайғанда кәрі боз жорға шығып, король мен шахта қай әкеңнің көз құны қалып еді!» — деп күңіренемін.

Бір күні: егер кешірім сұрасаң, босатады дегенді айтты маған. Ары ойландым, бері ойландым: жоқ, болары болды, бояуы сіңді, ешқашанда кешірім сұрамаймын! Алған беттен қайтпаймын, мерзімімді толық өтеп шығамын! — деп өркештендім. Менің осындай қайтпас қайсарлығым да бар!

Бірақ біздің заманда қайсарлықты бағалай білу жоқ. Сондықтан оны ойлай бермей, жұмыс істеу керек: мақала жазып, жолдас-жоралар арқылы газет-журналдарға жеткізу керек... Мен жазуға кірістім. Мақалаларым аты-жөнімсіз шығып жатса да, оларды стилімнен танып қойды да, бір күні мені түрме бастығы шақырып алды. Ол жақсы кісі еді. Ұлы лицейде, қызы университетте оқитын. Бастық менің мақалаларымның кесірінен өзін алыс түпкірге ауыстырып жіберуі мүмкін екенін, өйтсе, балалары оқуларын бітіре алмай қалатынын айтты.

— Менің балаларымды аясаңызшы! — деп жалынды ол.

О, алла! Мен өз балаларымды аясам ба екен, әлде түрме бастығының балаларын аясам ба екен? Жарайды, бастықтың балаларын-ақ аяйын, ал сонда менің балаларымды кім аяйды? Өз балам — бауыр етім. Мен жазуды тоқтатпадым. Содан кейін мені сыртпен қатыстырмауға тырысты. Бірақ олар қанша тырысса да, мақалаларым жарияланып жатты. Бастықтар маған шұқшия бастады. Бірде прокурор келді де, жазғандарымды сыртқа қалай шығарып беріп жүргенімді сұрап жымиды. Мен оған түрмеге гашиш, героин, пышақ дегендер қалай жеткізіліп беріледі? Бұзықтар наркотик пен суық қаруды өткізіп алуға жол тауып жатқанда, менің қол қусырып отырғаным мүлде жараспас, — дедім.

Прокурор мәз болып күлді де, мені бір кісілік камераға қаматып тастады. Түрмеде наркомандарға орын жетпей жатса да, менің мақалаларды жалғыз жазғандығым ескеріліп, оңаша камераны оп-оңай тауып берді.

Мені камерадан келім-кетім күні ғана бір сәтке шығарады. Ал маған ешкім келмейді, келе қалған күннің өзінде де ешқайсысы ештеңе әкелмейді.

Сіздер күндіз-түні жападан-жалғыз отырудың қандай қиямет екенін білесіздер ме? Шүйіркелесуді жақсы көретін мен сияқтыларға тіпті қиын. Камерада ары-бері жүресің, дәретханаға сұранасың, қайта кіресің... Уақыт өтпейді-ақ! Ақшаң да жоқ, басқаң да жоқ. Ыңылдап өлең айтудан да жалығасың. Айқайлай берсең — өзің ақымақ боласың. Жаныма біреу-міреуді әкеліп отырғызсашы дейсің... Кісі етін жейтін жалмауыз ба, әзірейіл ме — бәрібір. Әйтеуір, тірі жан болса, ара-тұра сөйлесіп отырса, — болды.

Күнде кешке бақылаушы келіп, камераны тіміскіп шығады. Өліп барам десең де ләм демейді. Үнсіз кіріп, үнсіз шығып, есіктің темір тиегін салдыр еткізіп салады да кетеді.

Жападан-жалғыз тура үш ай отырдым. Босап шығуыма бір ай қалды. Сол күні маған бір кісі келіп қайтты. Сигарет пе, жүзім бе, қауын ба, қарбыз ба, жидек пе, сыр ма, помидор ма... — әкелмеген нәрсесі жоқ! Камерам құдды қойма болды да қалды. Тойғанымша жеп қарық болдым. Әбден көңілдендім. Кәрзеңкелерді сөренің астына тізіп қойып қойдым. Шыққанға дейін жететін тамақ жиналды.

Иә, тамақ бар. Енді бір серік болса, шіркін!..

Түн ортасы болды. Камера суып кетті. Сөреге шығып отырдым да, көрпе сымақты жамылып алып өлең жазуға кірістім. Бір кезде сыртқы тиектің салдыры естілді, есік ашылды, екі кісі кірді. Біреуі — бақылаушы. Ол:

— Мынау осында отыра тұрады, — деді де, шығып кетті.

Ақыры жалғыздықтан құтылдым-ау, деп қатты қуандым.

— Кел, отыр! — деп серігіме қарадым.

Құдая тоба... Мұндай да сиық болады екен... Ап-аласа, жап-жалпақ. Тура мес сияқты. Жүргенде үрлеген бүйенше ырғалады. Мойыны мүлде көрінбейді. Беті табақтай. Екі көзі қос алақандай. Үкіше бақшиып қарайды.

Серігімнің соқа басы ғана.

— Қош келдің, жарқыным, тез босап шығуыңа тілектеспін!

— Алла риза болсын! — деді ол, гүж етіп.

«Жақсы болғанын қарашы! Сөйлеген соң, мұның кісі болғаны ғой!»

— Отыр, — дедім тағы да. — Не үшін жапты, достым?

— Бір сұмды тұншықтырып тастадым... — деп маған тік қарағанында өнебойым тітіркеніп кетті.

— Қа-қалай... атыңыз қалай?

— Аты-жөнім Бенли Тәджи.

— Қапа болмаңыз, Тәджи-бей!

— Мені бей деме, жыным ұстайды.

— Жарайды, Тәджи-әпенді.

— Мені әпенді деме, жыным ұстайды...

— Сонда қай жерде болды?

— Жындыханада.

«Құдай берді-ақ...» Өнебойым бір ысып, бір суыды.

— Сонда қашан болды?

— Бүгін кешке жақын... Тұншықтырып тастасымен мені осында алып келді.

— Ой-бу-у...

— Немене ой-бу-у?

— Әлгі соны дұрыс екен дегенім ғой! Әрқашан аман болыңыз!

Сәл-пәл үнсіз отырдық. «Е, шіркін, менің халым мүшкіл... Бұл пәленің ыңғайын қалай тапсам екен?...» — деп серігіме көз қиығын тастадым.

— Ол қалай болды?

— Бүгін жындыханада келім-кетім күні. Әлгі сұмға колбаса әкеліп берді. Ал ол онысын жастығының астына тығып қойды. Біреудің бірдеңені жастығының астына, төсегінің астына тыққанын көрсем, жыным ұстайды. Кім не әкелсе де, кәне, жеңдер деп ортаға қою керек... Оны сол үшін тұншықтырып тастадым, қорылдап ұйықтап жатқанында.

— Дұрыс істегенсіз, Тәджи-бей. Жүзім жейсіз бе? Менде сыр да, колбаса да бар...

— Мені бей деме дедім ғой, жыным ұстайды...

Тағы да үнсіз отырмыз. «О, тоба, мұның тілін қалай табамын?»

— Жындыханада болды ғой, ә?

— Сонда.

— Қызық екен.

— Неменесі қызық?

— Құдайға тәубе. Мен сіздің сап-сау адам екеніңізді көріп отырмын. Сіз оған қалай тап болып жүрсіз?

— Мен әуелі осы түрмеде жатқанмын. Осында бір сұмды тұншықтырып тастаған соң жындыханаға апарып қамады.

— Ой-пыр-май! Неткен әділетсіздік! Ал сонда, ғафу етіңіз, мұндағыны неге... тұншықтырып тастадыңыз?

— Мені карцерге отырғызып, аяғыма кісен салып тастаған... Сонсоң ол сұмды да карцерге отырғызды. Бір күні оған варенье әкеліп берді. Ал ол оны төсегінің астына тығып қойды. Ондайда менің жыным ұстайды. Кім не әкелсе де, кәне, жеңдер деп ортаға қою керек. Түнде, қорылдап жатқанында, тұншықтырып тастадым.

— Өте дұрыс істегенсіз, Тәджи-әпенді! Әрқашан...

— Әпенді деме деп неше айтам, жыным ұстайды!

Мен кәрзеңкеден дереу бір құты варенье алып ұсына қойдым:

— Құрметтім, мынаның дәмін көріңізші!..

Тағы да үнсіз отырмыз. Жүрегім дүрсілдеп әкетіп барады. Құтқарыңдар деп айқайлауға мұршамды келтірмей үнімді өшірер мынау деймін іштей.

— Сіздей адамды карцерге отырғызған деген неткен сұмдық!

— Мен камерада бір сұмды тұншықтырып тастадым, сонсоң карцерге отырғызды.

— Ол қалай?

— Ол солай...

— Әбден дұрыс істегенсіз! Алла тағала сізге қуат берсін! Ал... ғафу етіңіз, оны не үшін неттіңіз?

— Оған қарбыз әкеліп берді. Ол оны...

— Төсегінің астына, ә?

— Сен қайдан білесің?

— Жо-жоқ... Жай, солай шығар деп...

— Түнде, қорылдай бастағанда, тұншықтырып тастадым.

Мен қарбызды да, қауынды да суырып алдым:

— Мыналардың да дәмін көріңіз, қысылмаңыз... Өмір — жатқан бір жұмбақ-ау... Сіздей зиялы адамды түрмеге отырғызғандарын қайтерсің! Неткен масқара, ә?!

— Мен үйде бір сұмды тұншықтырып тастадым, сонсоң отырғызып қойды. Ол екеуміз бір бөлмеде тұрдық. Ол...

— Ол қорылдай бере сіз оны...

— Тұншықтырып тастадым. Сен қайдан білесің?

— Жо-жоқ, әншейін...

Бұл жалмауызбен отырып таңға жете алам ба, жоқ па? Мені тұншықтыра салсын деп бұл нақұрысты жаныма әдейі қосты-ау... Ұсақ-түйек әңгіме жазғаным үшін жанымды жәннәмға жібермек пе!..

— Жеңіз, жеңіз, маған қалдырмай-ақ қойыңыз!

Бес ай бойы маған ешкім ештеңе әкелген жоқ еді.

Бүгін ғана әкеліп еді... Босап шыққанымша жетер деп едім...

Өткен түнде жазу жазып, мүлде ұйықтаған жоқ болатынмын, енді көзім еріксіз жұмыла бастады. Бірақ ұйықтасам-ақ, Бенли Тәджи мені тұншықтыра салмақшы... Бұл бассалғанда мен не істеуім керек? Кәрзеңкені басына кептеп жіберіп, осындағы оны-мұнының бәрін үстіне үйе беруім керек... Сөйтіп таң атқанша жағаласып бақсам... Жоқ, бұл мені табан астында опат қылар...

Мен оған көрпе сымағымды ұсындым:

— Жатыңыз, ұйықтаңыз!

— Жоқ, сен ұйықта!

Ұйықтасам қарық болармын... Әлде қалай болар деп сақтана түсіп отырдым.

— Мен бар-жоғы төртеуді ғана тұншықтырдым. Соны да сөз қылды! Соғыста мыңдап қырса да, кім қырды демейді... Ал мұнда небәрі төрт сұм үшін... Сол үшін кісіні соттауға бола ма?

Үндемедім. Сәлден соң ол:

— Ал сен не үшін отырсың?! — деп барқ етті.

— Мен бе?.. — Ойым астаң-кестең бола жөнелді... Жо-жоқ! Бір амал таппай болмайды! — Мен... жай... бір... бір қуды қылжита салып едім...

— Не үшін?

— Жай, әншейін... Қылжитқым келді де...

— Жайдан-жай ма?

— Неге жайдан-жай? Алдында оның әкесін қылжита салғанмын... Әлгі қу әкесіне ара түсіп болмады, сонсоң оның өзін де...

Бенли Тәджидің көзі тас төбесіне шықты.

— Әкесін не үшін?

— Жай, әншейін... Бір нәрсеге ашулана қалдым да, әй, осыны қылжита салайыншы деп ойлап қылжита салдым...

— Жайдан-жай ма?

— Жо-ға... соны тіпті ұмытып қалдым... е, иә, мен әуелі әлгі қудың кемпір шешесін қылжита салған екенмін ғой. Иә, сонсоң оның соңынан байын да аттандырдым...

— Кемпірді не үшін?

— Дәл қазір есімде жоқ, жарқыным... Ол қайда, баяғыда болған.

— Сонда сен... барлығы нешеуді... қылжиттың?

— Он бес пе, жиырма ма...

— Ағатай-ау, сен тура соғыстағыдай қырыпсың ғой!..

Бенли Тәджи жанымнан тұрып кетіп, қашық қарсы бұрышқа барып отырды. Мен ұйықтап кетпеуге тырысып, кімді қалай қылжитқан хикаямды қарша боратып айта бердім, айта бердім...

Таң сызат бере Бенли Тәджи темір есікті жұдырығымен тоқпаштай бастады. Бақылаушы жетіп келді. Екеуі бірдеңе деп күбірлесті де, бақылаушы менің түнгі серігімді ертіп шығып кетті.

Сонда ғана барып көңілім орнына түскені.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер