Қызмет, оны-мұны шаруа қолымды байлап дегендей, мен олардың тойына бара алмадым. Шынымды айтсам, оныма әлі күнге дейін ұяламын. Мен Ялгинді о бастан жақсы көретінмін, оның алған әйелі де бір жақсы қыз еді. Екеуі үйленгелі бір жылдай боп қалды. Қонаққа әлденеше рет шақырды. Қызметтен, оны-мұны күйбеңнен босай алмай-ақ жүрмін деп сылтауратып келемін. Ал шындығында ақшадан жұрдаймын. Жаңа ғана үй болған досыңа құр алақан қалай барарсың. Бұ ақша ма... әй, ақша, атың өшсін сенің! Стол шамы, гүл сауыты деймісің, алатын әдемі нәрселер бар-ақ. Толып тұр! Ақша ғана жоқ! Ялчинмен кездесіп қалғанымда оның маған ренжіп жүргенін бірден түсіндім. «Алдымыздағы жексенбіде барамын! » деп антқа бергісіздей уәде еттім. Бірақ қалай қармансам да, қолыма көк тиын ілікпеді. Үйді астаң-кестең ақтарсам да дәнеңе таппадым, газет, қағаз, қоқым-соқым бірдеңелер шықты.
Амал бар ма, қонаққа құр қол аттандым.
Әлбетте, біз сияқтылар қосылғанда үйлерінде ұрыс-керіс үнемі болып тұрады. Сондай бір ию-қию сәттің тура үстінен түстім. Іштен Ялчин әйелінің ащы дауысы естілді.
— Қамап қойғандай қашанғы омалып отырамыз?! Табалдырықты аттап шықпағаныма, міне, жеті ай болды.
Ялчиннің үні құмығып шықты, айтқанын әрең ұғып тұрмын.
— Жаным-ау, не қыл дейсің! Шама-шарқымызды өзің көріп жүрсің ғой...
— Шама-шарқымызды айта бергеннен не шығады? Ол одан оңала ма? Тым құрыса аптасына бір рет киноға бара алмай өткеніміз бе?
— Періштем-ау, киноға кім көрінгенді кіргізе береді дейсің бе? Билетті бетімізге қарап бере салмайды. Автобусқа бізді сына етіп қақса да сия алмаймыз. Бейоғлыға тура апаратын маршрут та жоқ, үш жерде түсіп-міну керек...
— Қақсама, жетті! Текке сайрағанша темекіге қанша төлеп жүргеніңді есептесеңші! Күніне «Гелинджиктің» екі қорабын тартасың, оның ай сайын отыз-қырық лир! Жоқ, Ялчин! Мен бүйтіп қамауда өле алмаймын! Төзімім таусылды! Құдай куә болсын...
Құдайды неменеге куә етерін тосып тұра алмадым, есіктің қоңырауын басып-басып қалдым.
Мені көре сала екеуі де күлімсірей қойды. Көңілденіп келгендей-ақ мен де қалжыңдап сөйлесуге тырыстым. Жарты сағаттан соң жап-жақсы ұсыныс та жасадым:
— Жүріңдер, серуендейік! Жексенбіде мыж-мыж боп үйде отырғандарың не? Кәне, тез киініңдер!
Ялчиннің әйелі желп ете қалды. Ал Ялчин маған:
— Тәңір тілеуіңді берсін, достым, бізді шығындатып қайтесің. Әңгімелесіп үйде отырайық та, — деді сыбырлап.
— Кеттік, кәне, кеттік. Сергіп қайтайық. Ақша жоқ екен деп енді ішқұса боп өлейік пе!
Сыртқа шыққан соң Ялчин маған тағы сыбырлады:
— Бізді қайда апармақшысың?
— Ергенді білсеңші. Қазір көресің.
Әйелі де елеңдеп келеді:
— Біз киноға бара жатырмыз ба?
— Кино мен театрға менсіз де барасыңдар ғой. Біз бүгін басқа бір жерге барамыз...
Оны-мұныны сөз етумен Шишлиге де жеттік. Мен оның үйлеріне қадалып қарай бастадым, ал ерлі-зайыпты екеуі аң-таң боп маған қарағыштай береді:
— Қымбаттым-ау, біз қайда барамыз? — деседі.
Жаңадан салынған бір еңселі үйдің есігіне: «Бір этажы жалға беріледі» деген жазуы бар тақтайша ілініпті.
— Маған сендердің пәтерлерің онша ұнай қойған жоқ. Ата-бабаларымыз: «Күн түспеген жерден без» депті. Ал сендер қараңғы үңгірде қалай тұрсыңдар? Онда күн тұрғай ауа да жоқ шығар.
Екеуі одан әрмен таң-тамаша болды.
— Жүріңдер, мына біреуіне кіріп көрейік, мүмкін ұнап қалар.
Ялчин мені жеңімнен ұстай алды:
— Сен не деп келесің, бауырым? Ақылыңнан адасқансың ба? Біз қазіргі пәтердің ақысын да әупірімдеп әрең төлеп жүрміз ғой!
— Бізге қазіргі үйіміз әбден жарап жатыр, — деді әйелі, дауысы бұзылып шығып.
— Жеңімді қоя берші. Жүріңдер, байқайық, — деп мен қасарыса түстім.
Үйге екпіндеп еркін кірдім де, қоңыраулатып кеп жібердім:
— Екеуің сөзге араласпаңдар, мен өзім сөйлесемін.
Швейцар шықты.
— Үй иесі қайда? — дедім оған.
— Осында, үшінші этажда олар.
— Үйді көруге кісілер келді де.
Күн жексенбі, мезгіл ерте болатын. Үй иесінің ешқайда аттанып кете қоймағанын сезіп тұрмын. Швейцар бір әйелге дауыстады:
— Қожайынға барып айтшы, кісілер келді де.
Әйел сәлден соң қайтып келді:
— Қожайын үйді сіздерге швейцар көрсетеді деді. Пәтерді ұнатсаңыздар ғана шығып сөйлеседі.
— Жоқ, онысын қойсын. Біз қожайынмен кездесіп, оны-мұны жәйтті тәптіштеп біліп алуға тиіспіз.
Сәлден соң қожайынның өзі шықты. Әр этажында екіден ғана пәтері бар тұп-тура таудай жеті этажды үйдің иесі қандай боларын қиял құдіретіңізбен көз алдыңызға елестете бергейсіз. Есіктен әуелі ешкі басындай түйіншегі бар жап-жалпақ белбеу көрінді, одан соң лықа толы қанар қаптай қампиған қарын көрінді, содан кейін ғана қожайын көрінді, ол үстіне роб де шамбр1 киіпті.
Оның есіктен әрең сыйып кіргенін көргеннен кейін тілім қышып кетіп:
— Соңғы кезде салынып жатқан үйлердің есіктері осыншама тар болар ма?! — дедім.
Төртпағым маған тас жарылғандай жөткірінумен ғана жауап қайтарды. Ялчин мен әйеліне көз тастадым. Заңғар үй, ғаламат қарын, жаңғырыққан жөткірініс ол екеуінің еңсесін жаншып жіберген сияқты. Моп-момақан боп бұйығып, тырп етпей тұр. Екеуіне дем бергім келіп, төртпақтан кем түсірмей мен де жөткірініп қойдым.
Ялчин пенжагымнан тартқылап, жалына сыбырлады.
— Шамдандырып ала көрмеші, достым...
Мен үй құлардай етіп тағы бір жөткірініп қалып едім, тіпті төртпақтың да дізесі бүгіліп кете жаздады.
— Ішкиіммен келіп қалғаныма ренжи көрмеңіздер, — деді ол.
Мен және бір жөткірініп алып:
— Оқасы жоқ, әпенді, — дей салдым. — Жалға берілетін пәтерді көрсек дейміз, сонсоң білгіміз келгенді сізден, иә, швейцардан емес, сіздің өзіңізден білгеніміз жөн шығар.
— Әрине, әрине, әпендім, өзім еріп жүріп көрсетемін. — Ол жөткірініп алып: — Сізге неше бөлме керек еді? — деп елеусіз ғана сұрап қойды.
Мен тағы да жөткірініп қалып едім, босағада тұрған қызметші әйел ытқып шығып кетті.
— Егер көңіліміздегідей кең болса, алты бөлме жетіп те қалар, — деп Ялчинге бұрылып қарасам, ол есікке қарай сырғып барады екен. — Сеніңше қалай, алты бөлме жете ме? — дедім оған.
— Жетеді, ағасы, жетеді, — деді ол, жантәсілім жасайтындай жарымжан үнмен.
Швейцар алдымызға түсіп, екінші этаждағы бір пәтердің есігін ашқан сәтте:
— Тарлау екен, ә, Ялчин? — дедім.
— Солай сияқты... — деді ол ойланыңқырап.
Досымның ес жия бастағанын сездім...
Біз ұнатпай тұрған ауызғы бөлме Ялчиндер жатып жүрген бөлмеден екі есе кең еді. Жалтыраған сұлу паркеті көз қаратар емес.
— Төбесі де аласалау екен, әпендім...
— Иә, төбеміз тиіп тұрар мынаған, — деп Ялчин де тірілді.
Қожайын ләм деген жоқ.
Біз бөлмелерді аралауға кірістік. Кез келгеніне футбол ойнауға болады екен.
Бөлмелер оншама кең емес, еңсеңді жаздырмайды.
Ялчиннің әйелі де қарап қалмады:
— Меніңше, біздің дүние-мүлкіміз мұнда сия қоймас, — деді.
«Жарайсың, кекілдім!»
— Және әлгі-і-і... ас үй күңгірт екен.
Қожайын наразылау жөткірінді.
— Жо-жоқ... Ac үйіміз өте жарық. Неше терезесі барын қарасаңыздаршы.
Мен де жөткірініп, ас үйге тыжырына көз тастап тұрып тағы да бір жөткірініп, сөзді келтесінен қайырдым.
— Өте күңгірт!.. Ac үйді шығыс жаққа салып жүрген қай есек? Ac үй батыс жақта болуға тиіс.
— Үйдің жобасын өзім жасағанмын, — деді қожайын қарсылық білдіріп, бірақ жөткірінбеді.
— Қалай десеңіз олай деңіз, бірақ ас үйі шығысқа қараған пәтерде тұру ақылға қонбайды! — деді Ялчиннің әйелі.
— Әпендім, мына бөлмеңізде қонақтарым жатады дедіңіз бе осы?
— Иә.
— Шошаланы қонақ бөлмем дегенге ұялмайсыз ба?
— Пәлі, ағасы, — деді Ялчин. — батареяларын қарасаңшы. Нобайы осы-ay деп бірдеңені құрап-сұрап орната салыпты.
Қожайын ептеп қана жөткірініп:
— Қазір материал тапшы ғой, әпендім. Біздің бұл орнатқандарымыз қайта ең тәуірлері болатын, — деп түсінік берді.
— Қай фирманікі?
— Юнкерстікі.
— Бәсе-е-е... ол оңдырып жасамайды.
— Дәретханасы нешеу? Біреу ме? — дедім мен, ызғарлы жөткірініп.
— Жоқ, екеу. Бірі европалық үлгімен, екіншісі түрік үлгісімен салынған.
— Небәрі екі-ақ дәретхана ма? — деп Ялчиннің әйелі шар ете қалды. — Ол бізге жетпейді...
Қожайын селк ете қалып:
— Сіздің семьяңыз үлкен бе? — деді.
— Жо-жо-оқ...
Сөзге швейцар қыстырыла кетті:
— Ортақ дәретхана да бар...
Пәтердің бір терезелері Мәрмәр теңізі мен Патшазада аралы жаққа, екінші бір терезелері — Босфорға, үшінші бір терезелері — Чамлыджыға қарайды екен.
Ялчин терезелерге көз тастап тұрып:
— Турасын айтсаң, терезелері дүниеге теріс қарап тұр екен, — деді.
Күйіп кеткен қожайын түкірігіне шашалғанына қарамай бажылдап қоя берді:
— Қараңызшы, әне, қараңызшы! Әне, Мәрмәр теңізі, әне, Босфор...
— Олардан бұрын әуелі Оқмайдан алаңы көрінуі керек!
— Ол... ол жақты құрылыстар қалқалап тұр.
Бөлмелерді аралап көріп жүрміз, қайсысын көрсек те қырсығып мін тағамыз.
— Сыз екен...
— Тар екен...
— Қушиып тұр...
— Күңгірт екен..
— Әпендім, мына дәретханаңыздың үнемі суық жел соғып тұратын солтүстік-батысқа орналасқаны несі?
— Маған мынаның әктелгені ұнамайды...
— Иә, жетісіп тұрғаны шамалы екен...
— Ыс басып кетіпті...
Ялчиннің әйелі мебелін қалай орналастыратынын айтуға кірісті.
— Мына бөлмеге жатуға болады.
— Бұған кілем ендемейді ғой, — дейді Ялчин. — Бір жақ шетін бүктеп қоймасаң, бұған ендемейді ол.
— Мынау қонақ бөлмеге жарап қалар. Буфетті — мына жерге, сервантты — ана жерге, барды — әнеу тұсқа қойсаң...
Мен қатты жөткірініп алдым да, қожайыннан:
— Ал пәтерақы қанша болмақ? — деп сұрадым.
— Сегіз жүз лир, мырза.
— Қымбат емес.
Ялчиннің дауысы ту сыртымнан естілді:
— Шынында арзан екен!
— Айтуға да тұрмайды! — деп әйелі қостап қойды.
— Расында осынша арзан болса, сірә, жалға алуымыз керек шығар. Сендер не дейсіңдер?
— Алайық, ағасы.
Пайдаға кенелетінін сезген қожайынның қуанышы қойнына сыймай, бізге құрақ ұшты:
— Кәне, жүріңіздер, жайланып отырайық, ақылдасайық...
— Пейіліңізге кәміл ризамыз, бастаңыз...
Қожайынның пәтеріне көтерілдік.
— Келіп көргендер, тіпті мың лир бергендер де болды, бірақ, әпендім, өзіңіз түсінерсіз, мен соларға онша сене алмадым. Бізге керегі — тұрғындарымыздың инабаттылығы, ал екі жүз лирдің арысы не, берісі не, тәйірі... — деді қожайын.
— Инабаттылығымызға шүбәланбасаңыз да болады!
Бөлмеге жиырма бес жас шамасындағы бір бикеш кіріп келді. Мен оның қолын бассалып құшырлана қыстым, алақаныммен бетінен еркелете қаққыладым, құшақтап сүйгім де келді, бірақ өйтпедім.
— Тіфә, тіфә, тіл-аузым — тасқа! Елде жоқ сұлу екен, бұл сіздің қызыңыз ба?
Қожайын қып-қызыл боп кетті:
— Жұбайым.
Мен бикештің бетін тағы сипаладым:
— Алла ғұмыр берсін. Үріп ауызға салғандай екен...
Әйеліне сұқтанып тұрғаныма төртпақ қатты абыржыды. «Қышқыл ликер мен конфет әкеліңдер!» деп қызметшісіне асығыс әмір етті.
Мен екі конфет алдым. Уыстап ала бастаған Ялчинге көзімді алартып қойып:
— Бір жылдікін бір-ақ алғыңыз келетін шығар әлде? — дедім.
— Үш жылдікін бір-ақ алсам деймін, әпендім, — деді қожайын.
— Ол қанша болады? Бір айға — сегіз жүз, бір жылға — тоғыз мың алты жүз, үш жылға — жиырма сегіз, яғни тоқ етері — отыз мың лир. Жарап жатыр.
— Иә, жарап жатыр, — деп Ялчин де құптады.
— Айтуға да тұрмайды, — деп әйелі де қалыспады. Төртпақ біздің жай-жапсарымызды сұрауға кірісті.
— Неше кісісіздер?
— Екеу — күйеуі мен әйелі. Мені қоспайсыздар.
— Жө-ө-өн... Ал балалар ше?
— Жоқ.
— Ә-ә. Әуелде, әпендім, бәрі де жоқ дейді, кейін үйді тұп-тура инкубаторға айналдырып жібереді.
— О жағынан шошымаңыз, мына келіншек мүлде бедеу.
— Жө-ө-өн...
— Мұның күйеуі баяғыда бір ауырып, соның кесірінен...
— Жөн, жөн!.. Жақсы. Сөйтіп, екеуі ғана.
— Солай, әпендім. Мына жігітті мен жетімдер үйінен бір жасында алғанмын.
— Жөн, жөн! Өте жақсы!
— Ал келіншекті қызыл шақа кезінде біреу мешітке тастап кетіпті. Бұл да — тұлдыр жетім.
— Жөн, жөн! Кофе әкеліңдерші! — деп әмір етті қожайын.
— Көп рақмет, әпендім, кофеге зауқымыз жоқ, — дедім.
— Е, неге әпендім? Бір-бір шыныаяқтан...
— Мерси!.. Біз әлі оразамызды да ашқан жоқпыз.
— А-а-а... Түсінікті. Пардон. Жайланып отырып тамақ ішулеріңізді өтінеміз.
— О, әпендім, егер сіз кейін біздің үйде болуға келісім берсеңіз ғана біз бұл ұсынысыңызды қабыл аламыз...
— О не дегеніңіз! Келіспегенде ше... Көшіп келіңіздерші әуелі...
Сықиып тойып алдық та, сызылып кофе ішуге кірістік. Қожайын сұрағын қайтадан бастады.
— Кешіріңіз, әпендім, сіз немен шұғылданасыз? — деді Ялчинге.
— Мен бе? Мен әлгі...
Дереу көмекке ұмтылдым:
— Бұның қызметі мықты. Тек кейде ептеп түрмеде отырып шығатыны бар...
Төртпақ тіксіне қалды.
— Бұл — журналист.
— Ә-ә-ә...
— Әр түрлі жағдайда болады, саясатқа қарай дегендей...
— Е, иә, иә. Түсінікті ғой: сауда-саттық, астыртын биржа.
— Бәрі де шатақ...
— Рас... Мен өте қуаныштымын... Біз бір-бірімізді түсіндік. Мен келісім шартты жаза қояйын, қазір... — деді қожайын.
Мұны естігенде Ялчин мен әйелі орындарынан ұшып тұра жаздады. Мен қаһарлана жөткірініп қойдым.
Төртпақ келісім бланкісін алып толтыра бастады. Пәтер нендей мақсатқа пайдаланылады деген сұраққа «тұруға» деп жазуға ыңғайлана бергенінде, мен оның қолын бөгедім.
— Онда немене: кеңсе, әлде сауда үйі бола ма?..
— Жоқ, әпендім, бұл жезөкшелер үйі болады.
— Кешіріңіз, қалай дедіңіз, әпендім? — деп қожайын қызарақтап қайта сұрады.
— Жезөкшелер үйі деймін.
— Мұныңыз қалай?
— Сізге мың лир тауып берудің бұдан басқа амалы жоқ. Сонша ақшаны, кәне, қалай табуға болады? Ал...
— Жо-жоқ, әпендім! Оған бере алмаймын! — Қожайынның үні бұзылып кетті.
«Бейшараның берекесі қалай кетпесін: қаншама тамағын, кофесін, ликерін іштік. Әйеліне сұқтанып есін шығарғаным өз алдына...»
— Ендеше қоштасуға рұқсат етіңіз!
— Сау болыңыздар! — Жігері құм болған қожайын жарылып кетердей жөткіріне бастады.
Әдеп үшін мен де жөткірініп жауап бердім.
Біз үйден шыққан кезде швейцар
— Қалай, мырзалар, келістіңіздер ме? — деп сұрады.
— Жоқ. Қожайының кері кеткен неме екен. Жезөкшелер үйін ашайық деп едік, ат-тонын ала қашты.
— Өйтетін жөні бар.
— Е, неге? Өзін жібі түзу жанмын демек пе?
— Жо-ға... олай емес. Үшінші этажда өзі ашқан жезөкшелер үйі бар. Күні-түні бәсекелесіп пәле боп жүрер деп шошыған шығар.
...Күлкіден ішек-сілеміз қатып, үйге әрең жеттік.
— Өмірімде дәл бүгінгідей рақаттанып күлген емеспін, ағатай, — деді Ялчин.
— Комедияның көкесі болды, — деді әйелі.
— Әркім өзінің шама-шарқына қарай көңіл көтереді, қарындасым!
Содан былай қарай Ялчин мен әйелі зеріге бастаса-ақ «пәтер іздеп» жөнелетінді тапты. Жора-жолдастарының біреуін ертіп алады да аттанады. Көп боп көңіл көтергенге не жетсін, шіркін!..
Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі