Өлең, жыр, ақындар

Не жаңалық бар, Жафар бей?

Сіздер бұл дүниеде екінші сортты кісілер бар екенін білесіздер ме?

Менің өмірімнің көп жылы сондай кісілердің ортасында өтті, мен оларды бес саусағымдай білемін. Оларды айыра білу әрі қиын, әрі оңай. Оңай дейтінім: сырт қарағанда олар бір-біріне тым ұқсас келеді. Айталық: сіз кемемен Патшазада аралдарына, Қадыкөйге бет алдыңыз, немесе Босфорда жүзіп келе жаттыңыз дейік. Сонда екінші класс салонына барып қарасаңыз, одан тек екінші сортты кісілерді ғана көресіз. Менің балалық шағым Патшазада аралдарының бірінде, Хейбелиадта өтті. Содан бергі отыз жыл бойында, меніңше, екінші класс жолаушылары ешқандай өзгермеген тәрізді. Екінші класс салонына қашан кірсем де, сол балалық шағымдағы екінші сортты кісілерді тағы көргендей күй кешемін. Салонда сол баяғы қызыл иек кемпір-шалдар, сақал-мұрты қырылмаған қырқылжыңдар, жасына жетпей қартайған қыз-жігіттер отырады. Әйелдер де, балалар да сол баяғы қалыптарында. Аяқтарында — сондағы жыртық-жамау шұлықтары, үстерінде — сондағы оңып кеткен киімдері. Ол ол ма, тіпті сөздері де, әңгімелері де, әзіл-қалжыңдары да өзгермеген.

Қазірде мен Эренкөйде тұрамын. Күнде кешке автобусқа мінемін. Ол — Қадыкөйге сағат тоғызда келіп, кемеден түскен жолаушыларды алып қайтатын соңғы автобус. Онда әрқашан тек екінші сортты кісілер сығылысып тұрады. Автобустың өлусіреген жарығында олардың бетіне қарасам-ақ болды, аралға бет алған кеменің екінші класс салонында тұрғандай сезінемін.

Автобустарда бірінші, екінші класс дейтін орын жоқ, ал бірінші класс жолаушылары арнаулы таксилерге мінеді, бірақ кейде автобусқа да мініп, екінші класс жолаушыларының арасында тұратындары да ұшырасады. Кеше кешке мен солардың біреуін сағат тоғыздағы автобустан көрдім. Ол соңырақ кірді де, оң қолымен аспалы баудан ұстап түрегеп тұруға мәжбүр болды. Өзі еңгезердей зор екен, төбесі төбеге тие жаздап өңкиіп тұрды. Үстінде қонымды қара көк пальтосы бар. Басында — қымбат қалпақ.

Төрт текше бет-пішініне қарасаң, — құдды Муссолини: талпақ шеке, жалпақ иек. Екінші сортты кісілердің арасына тап болғанына қорланып тұрғаны анық байқалады. Ол автобустың ең ақырғы аялдамасы — Ишеренкөйге билет алды.

Автобустың жүруіне аз-ақ уақыт қалғанда тағы бір кісі кірді. Ә дегенде көзіме оның жамаулы галошы шалынғанына әлі қайранмын. Көзілдірігі сынық екен, сол жағы құлағына жіп баумен шалыныпты. Көне пальтосының жеңі жамап-жасқалған. Екінші сорт «мен мұндамын» деп-ақ тұр. Ол қара көк пальтолы жолаушының алдына барып қыстырылды.

— Сәлеметсіз бе? — деді көзілдірікті.

— Шүкір. — Қара көк пальтолы теріс айналып кетті. Сөйлескісі келмегені бірден байқалды. Ал анау сөйлеспей тынар емес:

— Жафар-бей, халың қалай? — деді.

Жафар-бей теріс қараған қалпы:

— Жақсы, — дей салды.

Көне пальтолының көңілі көншімеді. Ей, жарандар, бұл да күні кеше өзіміздей болған дегісі, сөйтіп, өзінің бағасын арттырғысы келсе керек:

— Не жаңалық бар? — деді.

Ұзын мырза алға қарай кетіп қалуға тырысып еді, — онысынан дәнеңе шықпады. Сығылысқан орнынан сырғып кете алмасын сезген соң:

— Жақсы, — дей салды тағы да.

Сөйлескісі келмесе, немене, сабайсың ба оны?! Өзінің бұрын нешінші сортты болғанын жұртқа білдіргісі келмесе, қайтесің. Көзілдірікті кісі соны аңғара қойып оның мазасын кетіруді ойлады ма, әлде сөзқұмарлығы ұстады ма, — ол арасын мен білмеймін.

— Жафар-бей, жұмыс қалай? — деді тағы да.

— Жұмыс та жақсы! — деді Жафар-бей ызғарлы үнмен.

— Алланың рақымы жаусын. Ал балалар қалай?

— Жақсы!

— Тәңірдің бергеніне шүкір.

Автобус жүріп кетті. Жұрт ырғалысып қалды. Ұзын соны пайдаланып ілгері бір аттап үлгірді. Екеуінің арасында үшінші бір жолаушы пайда болды. Көзілдірікті:

— Мырза, рақымшылық жасап менің орныма тұрсаңыз қайтеді, мен танысыммен әңгімелесіп тұр едім, — деді оған.

Екеуі орын ауыстырды. Көзілдірікті тәкаппар мырзамен қайта қатарласты.

— Жафар-бей, басқа не жаңалық бар?

Жафар-бей оның бетін қайтарып тастағысы келген қатқыл үнмен:

— Бәрі де жақсы, шырағым! — деді.

— Е-е, алланың көзі түзу болсын! — деп галошты жолаушы екі минуттай үнсіз тұрды да: — Жафар-бей, тағы нендей жаңалық бар? — деді.

Жафар-бей үндемеді. Анау қайтадан сұрады.

Жафар-бей естімеген сияқты. Анау үшінші рет сұрап жауап ала алмады да, оны иыққа түртіп қалды. Жафар-бей суық жүзбен жалт қарады:

— Не болды?!

— Басқадай тағы не жаңалық бар деймін.

— Бәрі жақсы, қалқам!

— Жақсы болғаны керек. Алланың рақымы жаусын саған! Ал сенің Ахмед-бейің не істеп жүр?

— Бұрынғысынша.

— Ал жексұрын бастық ше? Оның да жағдайы жақсы ма?

— Жаман емес.

— Бәрекелді! Бәрі де жақсы бола бергей!

Қадыкөйден үш аялдама ұзадық. Көзілдірікті кісі енді нені сұрасам екен дегендей ойланып тұрып-тұрып, тағы бастады:

— Айтпақшы, Жафар-бей, біздің Наджи ме, Неджәт пе бір көршіміз болып еді, ол қалай қазір?

— Жақсы!

Мылжың көршісінен аулақ тұруға тырысқан Жафар-бей алға қарай ептеп жылжи берді. Бірақ көзілдірікті одан бір елі қалар емес.

— Тағы бір көршіміз болып еді. Аты аузыма түспей тұрғанын қарашы. Әлгі... керемет балықшы ше...

— Ол да жақсы!

— Семьясы ше?

— Жақсы!

— Оның көршілері ше?

— Көршілерінің бәрі жақсы. Бәрі де жақсы, қалқам!

— Әп бәрекелді! Ал әлгі кім ше? Аты тілімнің ұшында тұрғанын қарашы. Кім еді әлгі?

— Қалқам, ол да жақсы. Бәрі жақсы дедім ғой! Бәрі де аман-есен.

Көзілдірікті кісі бір замандағы көршілерін кезекпен есіне түсіріп: «Ол қалай тұрады? Әлгі анау қалай тұрады?» деп тақымдай берді. Жанындағысы балағаттағандай суық дауыспен: «Жақсы!» дейді. Мен еріксіз ойға қалдым. Көзілдіріктінің мұнысы қай қылығы? Сірә, «жақсы!» деген жауап жынын келтіретін шығар. Егер Жафар-бей тым құрыса бір рет: «жаман» десе, көзілдіріктінің көңілі көншіп, тақымдауын қоюы да мүмкін-ау, ә? Иә, кенеше қадалуында сондай бір гәп бар.

Басқа бір есебі болуы да ғажап емес. «Мына сәнді киінген сымбатты мырза жұртқа менің байырғы танысым екенін білдіріп, менен: «Ал сен өзің қалайсың?» деп сұрасашы» дейтін шығар әлде.

Ол өзінің адамгершілік сезімі елеп-ескерілсе екен дейді; егер Жафар-бей аздап болса да жылы шырай білдірсе, көзілдіріктінің төбесі көкке жете қуанып: «Құдайға шүкір, жақсымын!» — дер еді де, сол қуанышын малданып, сұрағын доғарар еді. Әлде оның көкірегіне шер толып, мұңын кімге шағарын білмей, ішқұса боп жүрген шығар ол?

— Жафар-бей, бухгалтеріңіз Әлләсен қалай?

— Жақсы дедім ғой. Бәрі де жақсы тұрады! Бәрі де, бәрі де!

Көзілдірікті тағы ойланды да, тағы сұрады.

— Ал әлгі кім ше?

— Жақсы!

— Ал анау...

— Жақсы деймін!

— Әлгі машинистка болған әйел ше?

— Жақсы, жақсы! Машинистканың да жағдайы жақсы!

Жаңа пальто киген сымбатты мырза алға жылжи-жылжи шофердің жанына жетті. Есіктің дәл көзінде, босағаға сүйеніп тұрды. Одан ары табан сияр жер жоқ.

Көзілдірікті кісі жамау-жасқау галошын сүйретіп бір елі қалар емес.

— Кір жуатын Фатима бар еді. Ол қалай?

— Жақсы!

Көзілдірікті «ал мен қалаймын?» дегенді қашан айтар екен деп ойлап қойдым. Көп күткен жоқпын.

— Жафар-бей, мұнда мен сырқаттанып қалдым. Жүдегенмін, ә? Өңім қалай?

— Жақсы, жақсы. Өңің өте жақсы!

Біз Ишеренкөйге дейінгі жол ортасына жетер-жетпесте-ақ мен Жафар-бейдің енді ұзақ шыдамасын, бомбаша жарыларын анық сездім.

— Сенің есіңде ме, қожаның шофері... Жафар-бей үндемеді. Көзілдірікті оны түртіп қалды:

— Қожаның шофері қалай? А?..

— Ол да жақсы!..

— Аға мастер Кәзім ше?

— Иә, ол да жақсы! Бәрі жақсы!

— Ал әлгі лазы1 бағбан ше?

— Жақсы деп келемін ғой. О, алла! Бәрі де жақсы! Кондуктор кезекті аялдаманы хабарлады. Автобус тоқтады. Алдыңғы есік ашылды.

— Меләхат-ханым деген тігінші бар еді...

Ол айтып үлгіргенше Жафар-бей автобустан түсе жөнелді. Көзілдірікті оның соңынан айқайлады:

— Меләхат-ханым қалай?

— Жақсы!

— Күйеуі ше?

— Күйеуі де, әйелі де, балалары да жақсы! Бәрі жақсы, дүлей неме, бәрі жақсы! Бәрі жақсы, жын соққан неме, бәрі жақсы! Бәрі жақсы, жексұрын неме! — Жафар-бей қараңғыға сіңіп кетті. «Бәрі — жақсы!» деп бажылдаған дауысы ғана құлағымызда қалды.

Автобус жүріп кетті. Көзілдірікті өзінен-өзі күңкілдей бастады:

— Әлгі алаяқ өтірік айтты. Оллаһи, өтірік айтты! Қазіргі заманда жұрттың бәрі жақсы тұруы мүмкін емес! Бәріне қайдан жақсы болады? Сонда қалай, жұрттың бәрі бір партияға бірігіп кеткен бе?

Ол ақырын ғана күліп қойды:

— Енді түн ішінде ол маршрутты такси де, автобус та таба алмайды. Мейлі, Ишеренкөйге дейін мына суықта өңкиіп жаяу барсын салпақтап, мүмкін ақылы кірер!.. Битін сығып қанын жалаған сараң сол! Ақшасы шіріп жатса да такси жалдамайды. Автобусқа мініп дәндегенін қарашы. Дәндеген итке жалаттым, бәлем!

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз