Айконы мен сонадайдан таныдым. О да мені танып, күтіп тұр. Өзге қыздар машинаға мініп қалыпты. Жапон қызында айғай салу әдеті жоқ, Айко мені асықтырып, термос салған торламасын бұлғады.
Мен өзім де асығып келе жатқамын. Бүгін біз көршілес бір поселкенің мектебін жөндесіп қайтуға баратынбыз. Қарама-қарсы келе жатқан екі трамвай ортақ аялдамасына жақындай бермегенде мен де көшені көлденең кесіп өтіп кететін едім.
Трамвайлар өтісіп кеткен соң, өзіміздің мектептің бақшасына қарай тезірек басып кеттім. Айко маған осы арада торлама-дорбасын бұлғады. Мектебіміз сол бақшаның ішінде, трамвай үні естілмейтін жерде болатын. Машинаға мініп қалған қыздар шуласып өлең айта бастады. Айко термос салып алған торлама-дорбасын тез-тез бұлғап кетті. Термостың жалтыраған қақпағы күнге шағылысып күміс доңғалақ жасай бастады. Айконың ылғи сөйтетіні бар. Еркелей біледі. Күлдіре біледі. Жабырқай білмейді.
Оқиға мені осы арада ұстап қалды. Жапон аспаны жарылып кеткен шығар деп едім. Тегі, ол жарылып кеткен менің құлағым-ау деймін...
Аң-таң, аспанға қарадым. Аспан мен қала арасына ақ қардан жасалғандай аппақ ақ шулан, от пен қарды араластырып жасағандай от шулан бір баған орнап қалыпты. От төгіп тұр, көзің қарай алмас жарық төгіп тұр. Жоғарғы жағы ақ қалпақтанып, бұрқырап қайнап, кеңейіп барады. Төменгі жағы қаланың қай жеріне қадалғанын аңдай алмадым. Жуандығы дейсіз бе? Қалай десем екен?.. Біздің қаланың орта тұсында көрме сарайы болатын. Дөңгелектеу салынған сарай еді. Соның қаңқасы әлі құламай тұр дейді. Бағанның жуандығы маған сол сарайдай сезіледі...
Сасқалақтап мектеп жаққа қарадым.
— Айко! Айко!.. — Өз дауысым өзіме естілген жоқ.
Айко да жоқ. Машина да жоқ, мектеп те жоқ екен.
Бәрі де ұшып кеткендей. Қара күйік бір дала елестейді. Мектеп түгіл оның аржағы да қара күйік дала. Бүкіл дүние қара күйік дала...
Бақшаның мен жақ шеткі ағаштары кесе көлденең жапырылып, жер бауырлап, бүксие берді. Әріректегі ағаштар жоқ. Жапырылған ағаштардан ыстық леп келеді. Көйлек түймелері денеме шегедей кіріп барады. Дөңгелене бергенім есімде... Аржағы қараңғылық...
Сол қараңғылықта мен жиырма жыл отырмын... Жаңағы көрдім дегендерім әдеттегі түсініктердің баламасы. Оның бірде бірін көзбен көруге болмайды. Көңіліңмен көресің... Менің от, жарық, ақ қар, ақ шулан, от шулан дегендерімнің бәрі де үстіртін баламалар... Ол әлі аты жоқ бәле, ол әлі теңеуі жоқ бәле. Өзгесі былай тұрсын, елім, қырғын дегендердің өзі соған баламаға жарай алар ма екен!..
Тас балқып, темір еріп деген сөздер қай елде де болу керек. Ал, тас пен темір қас қаққанша күйіп, күл болып кеткенін неменеге теңейміз? Үлкен бір қала көзіңді ашып-жұмғанша күл болып аспанға ұшып кеткенін неменеге теңейміз?
Ие, енді ол менің жұмысым емес. Мен жиырма жыл қараңғыда отырмын. Қала өңделіп, қалпына келді деседі. Бұрынғысынан көркем де бай деседі. Мендегі арман қалпына келген қаланы бір көру болар еді. Бір-ақ рет! Содан соң көзімді бір жола жұмып алар едім!.. Жұмып алып қараңғылығыма қайта көшер едім.
Осы арманымнан мен әлі үміт үзгім келмейді. Үзе алмасам керек... Ауруханада алғаш есім жиналғаннан кейін доктордан сұрағаным да осы, көзімнің жайы болатын.
— Жеңеше-жан, шыныңызды айтыңызшы, көзім не жайда? — дегенмін.
— Қарағым-ау оның несін сұрайсың... Көзің жайнап тұр! — деді мүдірместен.
— Соқыр болып қалған жоқпын ба әйтеуір?
— Жоқ, жоқ!.. Көрмей қалғаның рас. Ұзамай көретін боласың...
— Бет-аузым не жайда?
— О, бет-аузыңда елеулі ешнәрсе де жоқ. Ақ мрамордай бұрынғы қалпында...
— Шашым ше?..
— Шашыңды алдырып тастауға тура келді. Оп-оңай өсіп кететін шашты қойшы, тәңірі...
Екі қол, екі аяғым қайда? Бар ма, жоқ па, оны мен білмеймін, сезінбеймін. Алдымен екі көзімді, бет-аузымды сұрастырып жатырмын. Көздерімді сипап көргім келеді. Екі қолым таңулы сияқты. Мүмкін, кесіліп те қалған болар. Аяқтарым да сондай.
Қалайда екі көзден үміт үзе алмаймын. Көздерім қалпына келсе, бет-аузымды оңай-ақ ажарлап аламын ғой. Ажарланбайтын не болды дейсің. Ақ мрамордай қалпында демеді ме? Мрамор емес, аққұба болатынмын. Жапон қызының көбі аққұба ғой. Айко маған көзіңе қызығамын деуші еді. — Көзіңнің қарасы мөп-мөлдір, ағы көгілдір жарқырап тұрады. Кірпіктерін қою, үш жағы азырақ қайқайып тұрады.. — дейтін.
Жиырма жыл бойы менің бөлмеме кірген бір адам мені, мына қыз соқыр ма деген жоқ. Соның бәріне кім үйретіп қойды дейсің. Сондықтан мен бетімді ашық ұстаймын. Дауыс шыққан жаққа ығыспай қараймын. Амандасам, езу тартам... Сіздерге де соны істеп отырмын. Егер менің көздерім ағып кеткендей, қабақтарым инемен тігіп тастағандай желімденіп тұрса, сіздер де шошынып кетпес пе едіңіздер? Оның үстіне бет-аузым ілбісін тырнағандай білем-білем болса, қасыма келер ме едіңіздер!..
— Жоқ, жоқ, көздеріңіз жарқырап тұр. Жат елдің адамы ретінде айтқан сыпайылығымыз емес, мөлдір қара көзіңіздің қалай көрмейтініне таң қалғандаймыз. Жат елдің адамы ретінде іркілуді лайық көреміз, әйтпесе, осы бөлменің жарығында сіздің көзіңіздің едәуір еншісі бар дер едік...
— Мен қазір отыз беске шықтым. Жарық дүние мен тіршіліктен айрылған күні он бесте болатынмын. Өзім араласпаған соңғы жиырма жылды өмірге де санағым келмейді. Баяғы он бесімде жатырмын. Көзден үміт үзбейтінім де сондықтан. Осы үміт мені қартайтпай келеді.
Көзім жазылған күні мектебіме барам. Баяғы жапырылып қалған ағаштар басын көтеріп, қайтадан әдемі бақша болып кетті деседі. Бұрынғы екі қабат мектептің орнына бес қабат мектеп салыныпты. Фотограф келіп суретімді түсіріп әкеткен. Оны үлкен залға іліп қойыпты.
Мектепті бітіруге бір-ақ жылым қалып еді. Ең алдымен соны бітіріп алсам деймін. Токио университетінің бірінде жас балалар тамағының факультеті ашылыпты. Соған түскім келеді.
Мен бір көріп қалған қара күйік дүние қайтадан көгеріп, қала қайғысын ұмытқан деседі. Қайғылы қала, қара жамылған қала жақсы емес әрине, ұмытқаны жөн. Бірақ, адамдар бекер ұмытады. Көзім жазылса, сол күнгі көргенімді жазу арманы да бар... Мен оны кезімді беріп көрдім ғой! Көңілімде бәрі сайрап тұр. Алғашқы жылдары көңілім күнде үстемелеп, анықтай түсуші еді, соңғы жылдарда кей бірдемелер күңгірттене бастады. Көзім тез жазылмаса, біраз нәрселер ұмытылуы да мүмкін... Менде айғайлап айтар дауыс жоқ. Ақырын тізбектеп қағазға түсірсем бе деп едім...
Хиросима төбесінде атом бомбасы жарылғаннан кейін дүние шулап қарсылық білдіріпті. Ол кезде мен әл үстінде едім. Қарсылық қатал болды ма, қорқу, ықтау араласты ма, мен оны білмеймін. Сіздің елдер қайтты? Ә, солай болған шығар.
Біздің қаланың қақ жарты халқы екі секундта қырылып қалды. Жанып, күл болып кетті. Күл болып кетпегендері қолдан өртелді. Бұл соғыстың қала емес, қатын-қалаш, бала-шаға, кемпір-шалдың бейбіт қаласы болатын. Біреуге істеген зұлымдығы да жоқ әзірлеп жатқан қауіп де жоқ, қызығары да жоқ қала еді. Менің балаң ойым әлі жетпейді, біз не жаздық, кімге жаздық? Еркек жоқтықтан көрші поселкенің мектебін жөндесуге кетіп бара жатқан қыздардың жазығы не? Жиырма екі қыз бір сәтте күл болды, тозаңға айналып кетті. Жиырма үшінші мен ғана аман қалдым. Аман қалдым деймін-ау, қай бір амандық... Бұлтсыз күні жаңбыр күткен шерменде.
Айко қандай еді! Тар үйшіктерде аш-жалаңаш тұратын төрт-бес кемпірдің сүйеніші болатын. Ерке дауысымен, ақ жарқын мінезімен сүйеніш болып тұрып еді. Айко бір түйір күріш, бір уыс жуа, бір балықтың құйрығынан бір үйге жететін тамақ істей алатын... Сен айтып болғанша, ол істеп үлгіретін еді. Екі қолындағы он саусағы он қолға тұратын. Ол менің көзіме қызықса, мен оның көзіне қызығушы едім.
Кейде жаңа көрген ой жәбіршіге қарғыс айтқысы келеді. Дүние желі олай соғып, бұлай соғып, бір теңбіл шаңды соның ішіп отырған шайына апарып түсірсе қандай жақсы болар еді дейді. Аржағы белгілі, о да сондай мүгедек... Туатын баласы қиқы-шойқы, жарымжан... Баласының баласы тағы сондай...
Жоқ, бұл ойды мен өсірген емеспін. Мұндай ой келмеді, келмейді десем, сенбеңіздер. Талай келді, булықтыра келді. Біраз жылдар бұқтырып қойып жүрдім осы, кезде түгел өшіріліп кетті. Қай елде де бұл жамандықты жауыма да тілемеймін дейтін сөз болу керек. Ол бізде де бар. Ел жапон қонақжай, мейірімді халық. Мен ол бәлені ешкімге де тілемеймін. Әсіресе, тоқсан қабат, жүз қабат үйлердің мұндай апатқа ұшырауын тілемеймін. Сол үйлердегі құмырсқа илеуіндей ығы-жығы тұратын адамдардың үйіліп, өртеніп жатқанын тілемеймін. Дүние желі ерсілі-қарсылы соққанда өңкей бір таңбалы шаңдарды, теңбіл шаңдарды бұрқыратып жүруін тілемеймін. Сондайды жоқ ететін күштердің өсуін тілеймін.
Көп адамдармен жолыға берген соң, көп қайталап айта берген соң мүмкін, менің сөздерім өзімдікі емес — үйретінді, өзімдікі болса — жаттанды көрінер, Оған істер амалым жоқ.
Менің тіршілігім үмітімде. Үмітім өз қолымда емес. Басқалардың үміті неде, оны өздері айтар...
Ай, көзім жазылса екен, көзім!..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі