Өлең, жыр, ақындар

Жүрек анатомиясы

Жүрек — адам мен жануарлардың қан айналу жүйесінің орталық органы. Ол қанды артерия жүйесіне айдайды және оның веналарға қайтып оралуын қамтамасыз етеді. Омыртқасыз жануарлардың кейбір түрлерінде (буылтық құрттарда, моллюскілерде, буынаяқтыларда) жүрек арқа жағында орналасқан, бір қарынша және бірнеше жүрекшелерден тұрады. Барлық омыртқалы жануарларда және адамда жүрек дененің кеуде қуысында орналасқан.

Дөңгелекауыздыларда, балықтарда жүрек екі камералы — бір жүрекше, бір қарыншадан тұрады. Жүрекшенің қабырғасы жұқалау, ал қарыншанікі — біршама қалындау келеді. Балықтар жүрекшесінің маңында вена қолтығы, ал қарыншасының жанында артерия конусы (шеміршекті балықтарда), ал сүйекті балықтарда қолқа жуашығы болады. Дөңгелекауыздылардың, балықтардың жүрегі арқылы вена қаны ағып өтеді, олардың қан айналымы бір шеңберден ғана тұрады. Қосмекенділердің құрлықта тіршілік етуіне сәйкес жүрек үш камералы (екі жүрекше, бір қарынша), әрі косымша кіші қан айналым шеңбері (немесе өкпелік шеңбер) пайда болған. Бауырымен жорғалаушылардың да жүрегі үш камералы, бірақ қарыншасы жартылай жұқа перде арқылы екіге бөлінген. Тек қолтырауында жүрек толық төрт камерадан (екі жүрекше, екі қарынша) тұрады. Құстар мен сүтқоректілердің жүрегі төрт камералы (екі жүрекше және екі қарынша). Жүрек, негізінен, ұшына қарай қалың бұлшык ет арқылы екі бөлімге бөлінген және әрбір бөлімдегі камералар өзара бір-бірімен ғана байланысады. Олардың жүрегінің оң жақ бөлімінен тек вена қаны ағып өтетіндіктен венозды бөлім, ал сол жақ жартысынан тек артерия қаны ағатындықтан артериялы бөлім деп аталады.

Сүтқоректілердің ұрығының дамуы кезінде оң жүрекше мен сол жүрекшенің арасы сопақша тесік (боталлов өзегі) арқылы байланысып тұрады, кейін ұрпақ дүниеге келген соң ол бітеліп қалады. Адамның жүрегі, негізінен, кеуде қуысының сол жағын ала орналасады, оның 2/3 бөлігі кеуде қуысынын сол жағында, ал 1/2 бөлігі кеуде қуысының оң жағында орналасады. Өте сирек жағдайда жүректің ауытқып орналасуы да кездеседі. Адам жүрегінің пішіні конусқа ұқсас, оның оң жақ жалпақтау келген бөлігі — негізі, ал сол жақтағы сүйір бөлігі ұшы деп аталады. Жүректін ұшы сол жақтағы 5-жұп қабырғаның шеміршекті шетіне сәйкес келеді. Жүректің сыртындағы дәнекер ұлпадан тұратын қабын — үлпершек (перикард) деп атайды. Жүрек үлпершектің ішінде бос жатқандықтан, еркін жиырылып босаңсиды. Сыртындағы көлденең сайшалар жүрекшелер мен қарыншалардын арасын бөліп тұрады. Жүрекшелер жүректің негізі жағында, қарыншалар ұшы жағында орналасады. Жүрекшелердің сыртында қосымша құлақшалары болады, кейде оларды саңыраукұлақ деп атайды. Жүрек үш қабаттан тұрады. Сыртқы жұка қабаты — эпикард, ортаңғы қалың бұлшық етті қабаты — миокард, ал камераларды астарлап жатқан жұқа қабаты — эндокард деп аталады.

Ересек адамдарда жүректің салмағы 250 - 330 граммдай, ұзындығы 10-15 см, көлденеңі 8-11 см, қалыңдығы 6-8,5 см. Шамамен жүректің үлкендігі әр адамның өзінің жұмған жұдырығындай болады. Жүректің қызметі жүрекше бұлшық еті мен қарынша бұлшық етінің белгілі бір ырғақпен кезектесе жиырылуы (систола) және босаңсуы (диастола) арқылы атқарылады. Ең алдымен, жүрекше жиырылып, қанды бос қарыншаға итереді, оған 0,1 с уакыт кетеді; екінші кезеңі — қарыншалардың жиырылуы (қан қолқа мен өкпе артериясына итеріледі), оған 0,3 с, ал үшінші кезеңі — жүрекшелердің де, қарыншалардың да босаңсуы (диастоласы), мұны жалпы пауза деп атайды, оған 0,4 с уакыт кетеді. Жүректің осындай жұмысына 0,8 с уақыт кетеді. Ересек адамның жүрегі минутына 72-75 рет соғады. Жүректің жұмысы қанмен бірге келетін гормондар арқылы, сондай-ақ өзіндегі шеткі жүйке жүйесі арқылы реттеліп отырады.

Оқуға кеңес береміз:

Жүрек аурулары

Жүрек шамасыздығы

Жүрек қағысы бұзылса

Жүрек ауруының себепшілері

Жүректің ишемиялық сырқаты

Жүрек ауруы жөнінде не білуіміз керек?

Жүрек тамырларының атеросклерозы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз