Отырар — қазақ жеріндегі ең көне қалалардың бірі. Ежелде Отырар қаласының орнында Фараб немесе Бәрәб атты үлкен қоныс болған. «Бәрәб» — ежелгі түркі сөзі. Ол «сулы қоныс» деген мағынаны білдіреді, себебі шаһар Арыс пен Сырдария өзендерінің қосылған тұсында орналасқан. Ежелгі Отырар немесе Фараб қаласының орны Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-батысында, темір жол бойында болған.
Отырардың орнында бұл күндері басы бүтін жалғыз қалған құрылыс — Арыстан баб ғимараты. Алғашқы көне дәуірдегі ескерткіш қираған соң, бұл — соның орнына салынған ортағасырлық әсем өрнекті ғимарат.
Арыстан баб — Отырар жеріне алғаш келген білімпаздардың бірі. Ол туралы жазылған нақтылай деректер жоқ. Әйтсе де, «Арыстан баб — әрі ақын, әрі жұлдызға қарап адам тағдырын болжайтын көріпкел... Жылына бір мәрте Меккеге барып, әулие-әмбиелерге мінәжат қылған» деген деректі оқимыз. Арыстан баб — Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы, Баб-Атада жатқан Ысқақ бабтың замандасы, әулие болған адам.
Арыстан баб мазары Сайрамдағы Әбділәзіз баб, Баб-Атадағы Ысқақ баб ескерткіштеріне ұқсайды.
Ежелгі Отырар қыштан салынған тамдары бар, көшелері кең, керуен кіріп-шығатын қақпалары бар көрікті қала болған. Қала халқы қолөнермен айналысқан.
Осы қалада әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр туған. Әбу Насыр әл-Фараби жас кезінен зерек, алғыр, білімқұмар, дарынды бала болып өскен. Ол — көптеген тілдерді білген, кітап оқығанды, музыканы жақсы көрген, бүкіл өмірін ізденумен өткізген ғұлама адам. Әл-Фараби — әр түрлі халықтарды танып-білуден, тілдерін үйренуден жалықпаған дана. Қайда жүрсе де, туған жерін ешқашан ұмытпаған. Ол Аристотель еңбектерін араб тіліне аударған.
Сондай-ақ Отырардың атын әлемге әйгілеген ең бай кітапхана, Отырар кітапханасы. Әбу Насыр жасында осы кітапханадағы барлық кітаптарды оқып шыққан деседі. Қос өзеннің аралығында тірлік кешкен бай елге сыртқы жау қашаннан көз тікті. Байлығын, жерін иеленсем деп ханзадалар мен бекзадалар желікті. Соның ең алғашқысы әрі ең қатерлісі көне Эллада елінен атқа қонған Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) еді. Оның жасақтары осынау оғыз-қыпшақ жайлаған кең өлкеге келіп жетті. Жер-дүниені жайпап келе жатқан 28 жасар ханзада табиғаты тамаша елді мекенді байқады, әр қиырда шошайған қорғандарды көрді. Осы қорғандарды жаулап алғысы келді. Қос тігіп қонған алғашқы түні-ақ тұс-тұстан атты әскер лап қойды. Ескендір қолы шырт ұйқыдан оянып, аттарына жетем дегенше, көбі зырқыраған жебеге ұшты. Көшпелі сақтардың шабуыл жасауы қандай жылдам өтсе, ізім-ғайып жоғалуы да тез болды. Келесі күні де осы оқиға қайталанды. Өзен жиегіне келіп, көліктерінен түскені сол еді, тоғайдың арасынан тағы да атты әскер өртше қаулап шыға келді. Ескендір сарбаздары әр жерде жайрап қалды. Енді Ескендір алған бетінен қайтуға мәжбүр болып, ат басын Үнді жеріне бұрды. Осылай ханзада Отырар өлкесін жаулай алмады.
Ежелгі Отырар қорғанын жаулап аламын деушілердің бірі — Шыңғыс хан еді, Ол Қытайды жеңіп, ордасына оралған соң, қазақ даласын жаулап алуды ойлайды. Ойын іске асыру үшін осы елдерге үш мұсылман бастаған елші аттандырады. Мұхаммед шах оларды Бұхарада қабылдап, Шығыс пен Батыстың арасын жалғастырып жатқан Жібек жолын моңғол керуені үшін ашып қоюға уәде байласып, келісім-шартқа қол қояды. Елшілер оралған соң, Шыңғыс хан тағы тыныш жатпайды. Хорезм елінің күшін, сауда-саясатын біле түсу мақсатымен тыңшы қосып, екінші рет елшілік аттандырады. Мұны сезген қала әміршісі оларды тұтқынға алып, Мұхаммед шахтың әмірімен жазалайды. Осылайша Шыңғыс ханның үлкен мемлекетке шабуыл жасауына себеп табылды.
Шыңғыс хан аса үлкен қол жинап, жорыққа аттанады. Отырарға жақындай бере жасақтарын үшке бөледі. Үлкен ұлы Жошы бастаған әскерді Сырдарияның төменгі ағысындағы ежелгі Сауран, Сығанақ, Жент қалаларын алуға аттандырады. Негізгі қамал — Отырарға Шағатай мен Үгедейді жұмсайды. Өзі қасына кіші ұлы Төлені алып, Қазығұрт тауынан асып, Бұхараға қарай беттейді. Осы ұрыстарда Шыңғыс хан қолына ең ұзақ тойтарыс берген, моңғолдарды аса көп шығынға ұшыратқан — Отырар қамалы еді.
Моңғолдардың қиратқанына қарамай, Отырар қаласы әрі қарай өмір сүре береді. Көп ұзамай қираған қала қайта бел көтеріп, жандана бастайды. Қала ғажайып үлкен өндіріс орнына айналады. Осы оқиғалардан кейін Отырарды ең әуелі Шыңғыс ханның баласы Жошы билейді. Жошыдан соң қайта қалпына келген қаланы Ақ Орда ұлысы иеленеді. Ендігі жерде Отырар қайтадан ата-бабаларымыздың қолына көшкен екен.
Оқуға кеңес береміз:
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Мирамкул
Рахмет сыздерге