Өлең, жыр, ақындар

Әкімшілік мәжбүрлеудің мағынасы және түрлері

Әкімшілік құқықтық әдістер ішінде еріксіз сипаттағы құралдар бар, олар атқарушы билік органдары реттейтін қоғамдың қатынастарға ықпал етуді қамтамасыз етеді. Басқарылатындардың мінез-құлықтарын еріксіз түрде қамтамасыз ету үшін қолданылатын шараларды мемлекет белгілейді, оның жиынтығын әкімшілік мәжбүрлеу институты құрайды.

Әкімшілік мәжбүрлеуге мынадай сипаттар тән, ол ең алдымен өзіндік мақсат емес, мемлекеттік көндірудің бір түрі бола отырып, мемлекеттік басқару аясында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен қорғаудың қажет құралы ретінде қолданылады, яғни жазалау функциясын орындайды.

Бірақ оның мәні осымен шектелмейді. Әкімшілік еріксіз шаралар құқық қорғау мақсатымен бірге басқа да функцияларды орындайды, яғни құқық бұзушылықты жасағаны үшін жазалау (тәртіптік және әкімшілік) ретінде ғана емес және олардың алдын алу, ескерту, сонымен бірге жолын кесу үшін қолданылады. Оларды қолдану әкімшілік-құқықтық нормалардың санкциясын жүзеге асырудың құралы деп түсіну қажет. Олар қоғамдық тәртіпті және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Әкімшілік мәжбүрлеу әкімшілік-құқықтық нормаларда көрсетілген мінез-құлық ережелерін орындауды қамтамасыз етеді. Оны еріксіз шаралар деп атаудың өзі оларды соттан тыс тәртіпте қолдану сипатының куәсі, яғни оларды соттың қарауынсыз, өз қызмет процестерінде нақты жүзеге асырып пайдалану белгіленген атқарушы органдардың (лауазымды тұлғалардың) өкілеттігіне жатқызылған. Бірақ ҚР заңдарында белгіленген жағдайларда әкімшілік мәжбүрлеудің жекелеген шараларын соттар қолданады. Ол әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағандарға әкімшілік жазаның аса қатаң түрін салумен байланысты (мысалы, әкімшілік қамауға алу).

Әкімшілік мәжбүрлеуге мыналар тән

Әкімшілік мәжбүрлеу — мемлекеттік басқару аясындағы қоғамдық қатынастарға қол сұғушылықтан қорғаудың кепілдігі және құралы. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу, құқық бұзушыларды әкімшілік жауаптылыққа тарту, кінәлілерді жазалау, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.

Заң және заңнан туындайтын әкімшілік-құқықтың нормаларда көзделген еріксіз шараларды биліктік өкілеттікке ие атқарушы органдар (лауазымды тұлғалар) соттан тыс қолданады.

Еріксіз шараларды барлық атқарушы органдар (лауазымды тұлғалар) қолданбайды, тек әкімшілік билікті жүзеге асыруға арнайы өкілеттікке иеленгендер қолданады.

Әкімшілік мәжбүрлеу шараларын барлық әкімшілік-құқықтық нормаларды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қолданбайды, тек мемлекеттік басқару аясында ведомстволық, жалпы міндетті мінез-құлықты реттеуге қолданады. Мысалы, жол қауіпсіздігі, санитарлық қауіпсіздік ережелері, рұқсат беру жүйесін қамтамасыз ету және т.б.

Әкімшілік мәжбүрлеу шараларын әкімшілік-құқықтық нормаларда көзделген реттер бойынша, мемлекеттік басқару аясында, құқық қорғаушының функцияларын жүзеге асыруға өкілеттенген атқарушы органдар (лауазымды тұлғалар) қолданады.

Әкімшілік мәжбүрлеу басқару әдісі ретінде адамдардың санасы мен мінез-құлқына психикалық, материалдық немесе күш көрсету түрінде әсер етеді. Психикалық мәжбүрлеу ерікке, эмоцияға әсер етеді, яғни жеке тұлғаның психикасын, оның еркін қалыптастырады және де жеке тұлғаға қолайсыз зардаптарды тудыру мүмкіндігіне қарай, қандай да болмасын әсер ету шараларын қолдану қаупін туғыза отырып, міндеттеуі қоғамдық мінез-құлықты мойындату болып саналады.

Психикалық мәжбүрлеуге мыналар жатады: мысалы, ішкі істер органдары қызметкерінің құқыққа қарсы мінез-құлыққа жол берілмеуі туралы ресми талабы, белгіленген нысанда әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы ескерту және т.б.

Материалдық мәжбүрлеу жеке тұлғаның, лауазымды тұлғаның және заңды тұлғаның ақшалай сомалары мен мүлкі арқылы мінез-құлқына әсер ету. Ол — мүлікті иеленуге пайдалануға және қолдануға белгілі бір шектеулер қою; мүлікке ие тұлғаны материалдың игіліктерден айыру; құқық бұзушыдан ақшалай соманы, яғни салынған әкімшілік жазаны, айыппұлды өндіріп алу.

Күш көрсету түріндегі мәжбүрлеу шаралары құқыққа қарсы мінез-құлықтың жолын кесе отырып, жеке тұлғаның әрекет бостандығын шектейді. Мысалы, ішкі істер органдарының қызметкері әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамды ұстау арқылы, заңда белгіленген мерзім ішінде жүріп-тұру бостандығын шектейді; құқық бұзушыға арнайы құралдарды, күш жұмсау мен атыс қаруын қолдану арқылы құқыққа қарсы әрекетінің жолы кесіледі.

Басқарушылық қызметте қолданылатын әкімшілік мәжбүрлеу жеке тұлғаға күш көрсету арқылы зиян келтіру немесе оның мәртебесін кемітуді мақсат етпейді. Бірақ, ол үрей туғызушылық және жазалаушылық әдістерден кем емес. Әкімшілік мәжбүрлеу шаралары құқық бүзушымен қатар, құқық бұзушылық жасамаған адамдарға (құқық бұзушылықты ескерту) табиғи апаттар, індеттер мен жұқпалы аурулардан келетін қоғамға қауіпті зардаптарды ескерту мақсатында қолданылады.

Әкімшілік мәжбүрлеу түрлері. Қолдану, құқықтық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әдістеріне, пайда болатын құқықтық қатынастардың ерекшеліктеріне, мақсаттарына және әкімшілік мәжбүрлеу шараларын қолдану ерекшеліктеріне байланысты, әкімшілік мәжбүрлеу шаралары төрт топқа болінеді. Сөйтіп, әкімшілік мәжбүрлеу мақсатты тағайындауына байланысты:

— әкімшілік ескерту шаралары;
— әкімшілік бұлтартпау шаралары;
— әкімшілік жауапкершілік шаралары болып бөлінеді. Ал, әкімшілік мәжбүрлеудің төртінші түрі ҚР ӘҚБ туралы кодексінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары деп аталады (618-бап). Бірақ олар жеке заңдың мағынаға ие емес, ол аталған күш көрсету шараларын қамтиды (мысалы, әкімшілік ұстау). Еріксіз сипаттағы әкімшілік ескерту шаралары мемлекеттік басқару аясында болуы мүмкін және қоғамдық қауіпсіздік режіміне зиянды, басңа да құқық бұзушылықтарды ескерту сипатында қолданады. Мысалы, олар табиғи зілзалаларды, жайсыз жағдайларды, азаматтардың денсаулығы және өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіпорын жөне мекеменің жұмыс жағдайларының қалыпты болуына байланысты қолданылады. Осы шаралардың айқын профилактикалық сипатына қарай, бұндай шараларды еріксіз түрде, яғни құзыретті атқару органдар (лауазымды тұлғалар) заңды-биліктік өкілеттіктерін жүзеге асыру процесінде қолданады.

Әкімшілік-ескерту шаралары

Әкімшілік-ескерту шаралары құқық бұзушылықпен байланысты емес. Олар құқық бұзушылықтың алдын алады және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кінәлі адамдарға бағытталған басқа да көндіру шараларын қолдану мүмкіндігін туғызады. Әкімшілік ескерту шаралары көп түрлі, оларды қоғамдық өмірдің әр түрлі аумақтарында, әр түрлі бақылау, қадағалау сипаттағы құзыретке иеленген субъектілер қолданады.

Әкімшілік ескерту шараларының түрлеріне мыналар жатады:

— бақылау және қадағалау тексерістері;
— тұлғаның жеке басын тексеру және оның қолындағы заттарды тексеру;
— жұқпалы аурулар, індеттердің алдын алу және карантин енгізу;
— қоғамдық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда көлік және жаяу жүргіншілердің қозғалысын тоқтату;
— адамдардың және қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының санитарлық жағдайын куәландыру;
— мүлікті реквизициялау (ҚР АК 253-бабы), дүлей апаттар, авариялар, жұқпалы аурулар, індеттер және төтенше сипаттағы өзге де жағдайлар болған кезде қоғам мүддесі үшін мемлекеттік билік және басқару органдарының шешімі бойынша заң құжаттарында белгіленген тәртіп пен жағдайларда меншік иесіне мүліктің құны төлене отырып алынуы;
— мемлекеттік шекара учаскелерін жабу, т.б.

Осы аталған және басқа да шараларды қолдану заңмен өте қатаң реттеледі. Мысалы, «ҚР ішкі істер органдары туралы» ҚР 1995 ж. 21 желтоқсандағы Заңы бойынша, ішкі істер органдарының қызметкерлері:

— адамдардың ішімдік, есірткі және психотроптың заттарды қолданғандығын белгіленген тәртіппен куәландыруға немесе оны жүргізу үшін оларды медициналық мекемелерге жіберуге (жеткізуге);
— өзге мүмкіндіктер болмағанда, меншік нысанына қарамастан көлік құралдарын пайдалануға;
— бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды қадағалауға;
— азаматтардың тұрғын жөне басқа жайларына кедергісіз кіруге;
— азаматтардың жекелеген учаскелер мен аумақтарға кіруін шектеуге немесе оған тыйым салуға;
— карантиндік шаралар жүрген кезде, сондай-ақ құрамында есірткі бар жабайы өсімдіктер жаппай өсетін, балықтың құнды тұқымдары уылдырық шашатын жерлеріне, ұлттық саябақтардың, мемлекеттік саябақтардың қорықшаларында бақылау-өткізу пунктерін орнатуға және т.б. құқылы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар