Алжир ұлт-азаттық революциясы 1954 ж. 1 қарашада басталып, сегіз жылға жуық созылды. Ол бірден қарулы күрес түрінде жүрді және бүкілхалыктық сипат алды. Қала тұрғындары, феллахтар отаршылдарға қарсы көтеріліске шықты. 1958 жылы күзінде Алжирді азат ету ұлттық майданы (ААЕҰМ) Алжир республикасын жариялап, оның уақытша үкіметін тағайындады. Алжирмен соғысу Франция үшін оңайға түспеді. Саяси дағдарыс шегіне жеткен кезде Франция парламенті ел басына генерал Шарль де Голльді шақырды (1958 ж.). Ол республика негізін қалап, қарсылықтарға қарамастан ААЕҰМ жетекшілерімен келіссөз бастауға кірісті. Ақыры 1962 жылы ел тағдырын референдум шешіп, 3 шілдеде Алжир халқы бір адамдай тәуелсіздік үшін дауыс беріп, бостандыққа жетті. 1962 жылы Құрылтай жиналысы Алжир Халық Демократиялық Республикасын (АХДР) жариялады. А. бін Билла үкімет басқарды.
1964 жылы 8 қыркүйекте Алжир конституциясы қабылданды. Ел президенттік республика жүйесіне өтіп, бірінші президент болып А. бін Билла сайланды. Азат ету ұлттық майданы (АЕҰМ) жалғыз ғана ресми түрдегі партия болып есептелді. Дегенмен ауылды жерлерде, қалаларда жағдай жөнделмеді. 1965 жылы 1 млн адам жұмыссыз болып, көптеген өндіріс орындары іске қосылмады. Социалистік құрылысты мадақтаған А. бін Билланың беделі темендей берді. Ол Мәскеуге жаққанымен, өз елінде авторитарлыкқа ұрынды, басқалардың пікірін тыңдағысы келмеді. 1965 жылы 19 маусымда әскери басшылар төңкеріс жасап, ел басына X. Бумедьен бастаған революциялық кеңес келді.
Жаңа өкімет бұрынғы қателіктерден кұтылуға тырысты. Ішкі және шетелдік капиталға біраз жеңілдіктер берілді. Енді Батыс елдерімен жақындасу қолға алынды. Социалистік елдермен де қатынас сақталды. Х.Бумедьен жоспары бойынша индустрияландыруға көп көңіл бөлінді. Ауыл шаруашылығын жаңаша дамыту, жұмыссыздықты қысқарту шаралары қабылданды. Сонымен бірге 60-жылдар аяғында шетел капиталын бүтіндей ығыстыру күшейе түсті. 1971 жылы ақпанда мұнай және газ өндіріс саласы мемлекет меншігіне алынды.
1971 жылы қарашада жаңа аграрлық реформалар қабылданып, ел феодалдык қатынастардың қалдықтарын жоюға кірісті. Қалада тұратын жер иеленушілердің жері мемлекетке өтіп, онда кооперативтер құрылды. Ауылдық жерлерге жастарды жіберу, ағарту және денсаулык ісін жақсарту, т.б. батыл шаралар жүргізілді. Солардың арқасында халық тұрмысы кәдімгідей жөнделіп, ел ішіндегі саяси өмір тұрақтана түсті. 1966-1978 жыддары жұмыс орны 600 мыңнан 1900 мыңға өсті, дәрігерлік көмек ақысыз болды, кедейлер салық төлеуден босатылды, еңбекақы көтерілді, жұмысшылар мен шаруаларды қамсыздандыру ісі дамыды. Әр ауылдағы, кенттердегі коммуна құкығы ұлғайтылды. 1978 жылы желтоқсанда Х.Бумедьен қайтыс болып, президент орнына әскери полковник Шадли Бінджедид тағайындалды.
Елдің дамуындағы келесі кезең 1979-1988 жылдарды қамтыды. 1982-1983 жж. үкімет жекеменшік иеліктерге жер, жабдықтар, т.б. сатып алуда жеңілдіктер берді. Кооперативтер таратыла бастағанда олардың жерлері ауыл шаруашылығындагы ауқатты топтарға берілді. 1986 жылы қаңтарда ұлттық партия біраз өзгеріп, оған ұлтшылдық және діни тұжырымдар енгізілді. Астық жетіспейтін болып, азық-түлік қымбаттап кетті. Мемлекет қаржыландыруы азайғандықтан, өндіріс орындары жұмысын тоқтатуға, болмаса қысқартуға мәжбүр болды. Әлеуметтік қайшьшықтар өрши түсіп, 1988 жылы 4 қазанда Алжир қаласындағы жастар бейбіт шеруге шығып, өкіметке наразылық білдірді. Оған қала кедейлері, жұмыссыз қалғандар қосылып, дүкендерді тонау, фирмаларды өртеу, үкімет, сот кеңселерін қирату сияқты дөрекі істерге жол берілді. 1990-1992 жылдары Алжирдің шет елдерден алған қарызы 24 млрд. доллардан 27 млрд. долларға өсіп, оның пайызын төлеуге бір ғана 1993 жылы 12 млрд доллар қажет болды. Ол мұнай мен газ экспорты беретін пайданың 75%-на тең еді. Мемлекет секторындағы өндіріс орындары жекешелендіруге берілді, динар құны екі есе төмендеді, бағалар босатылды, экономика салалары шетелдерге ашық болды.
1990-1991 жж. жергілікті жиналыстар мен парламент сайлаулары өтіп, жеңіске Исламдык сақтау майданы (ИСМ) жеткен. Бірақ, әскери басшылық оны мойындамады. Елді азаматтық соғыс өрті шарпып, 100 мың адамның жаны қиылды. 1996 ж. референдум исламды мемлекеттік дін, араб тілін — мемлекеттік ресми тіл деп бекітті. 1999 ж. президент орнына келген А.А.Бүтіфлика ұлттық бірлікті қалыптастыруға шақырып, жағдай біраз жөнделе түсті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі