Шындықты айта алмаған әрқайсымыз рухани қылмыскерміз
Аягүл Мантай
Ол ата-аналар жиналысынан жанартаудай түтеген күйде бір бөлмелі үйіне кіре сала, ішіндегі назын төге бастады. Әйелі оның мінезін айнадай білетіндіктен ыдыс-аяқ жуған қалпын бұзбай ісін жалғастырып жатты.
— Біздің жүгірмек не министрлердің балалары оқитын мектепте білім алады ма? Немене ай сайын не анаған, не мынаған деген сылтаулармен қан сорған масадай қаражатқа қадалады. Жарайды, егер жиналыста бала тәрбиесі немесе оқу үлгерімі жайлы сөз болса ғой, жоқ қой ол мәселеде «ләм-мим» деп жақ ашылмайды. Сондағысы қарапайым орта мектепте оқиды, мейлі, гимназия болса аянбайсың ғой... — деген сынды ішкі қарсылығын ақтара бастады.
Әйелі жуылған ыдыстарды столдың үстіне төңкеріп қойып, күйеуінің сырын тыңдау үшін жайғасып отырды. Ол болса, табанымен шоқ басқандай бір жерде тұра алмай сандалумен болды. Мектеп жүйесінен елдегі ахуалдарға көшті. Сол кезде жұбайы шыдай алмай:
— Тыныш, қабырғаның да құлағы бар. Ертең, қарсылығың жайлы біреу есітіп оны жоғары жаққа жеткізсе қайтесің, ауызыңды күйдіреді.
Жарының сөзінен кейін жынын қағып алғандай момын бола қалды. Сәт бұрын лавадай лапылдаған ол, бір демде тыныштала қалды.
— Тамақ ішесің бе?
Сүйгенінің сөзіне тіл қатпай басын шайқады да жатын бөлмеге кіріп кетті. Төсекке басын қойып жатарға орын таппай қойды. Дөңбекшілеп жатып көзі ілінгені сол екен
— Сөйлеңіз — деді, қаралығы киіміне шейін шығып кеткен сот. Ол иығын қиқан еткізді де қойды. Жауап болмаған соң, заң басшысы:
— Мектеп жүйесі көңіліңізден шықпайды дейді, сол рас па?
Ол болса, ішіндегі наразылығын жеткізудің орынына, сабаққа дайындығы жоқ оқушыдай басын салбыратып жеңін жұлмалай береді.
— Жалпы, егер қарсы болсаңыз, өз ойыңызбен соңғы сөзіңізде бізбен бөлісе отырыңыз. Бәлкім бөлісерсіз, сіздің көзқарасыңызды білейік.
Ол аузына құм құйылғандай үнсіз. Басын кесіп алатын жағдай туса да, жұмған ауызын ашқан емес. Күзгі қайыңның жапырағындай үзілгелі тұрған қалпы қалтырады да тұрды.
— Өзіңізді ақтауға дәйектеріңіз болмаса, біз сізді айыпты деп білуімізге тура келеді.
Ол сәл ауызын жыбырлатты да қойды. Үн қататын шығар деп бір сәт берілді, ол үндеген жоқ. Сот орындаушы оны айыпты санап, үкімін жариялады
— Айыпталушы, өзінің жасаған кінәсін мойындаған жоқ, әрі даттаған да жоқ. Барлық жайтты есептеп, азаматты бас бостандығынан айыру үкімін жойып. Өмірінің соңына дейін оның ауызынан айыру шешімін шығарды. Бәрібір ол оған керек емес! - деп, балағасын тарс етті де залдан шығып кетті. Ол болса, сонда да үндемеді.
Сол күнен бастап оның ауызының орыны жоқ. Ол хабар баласының мектебіне жетті. Оқушылар оның ұлына саусақтарын шошайтып «Әкеңнің ауызы жоқ» деп келемеждеп жатты.
Көпке созылған жоқ, ұйқысынан қара терге шомылып оянды. Оның жан айқаймен оянғаны жайлы тек бір бөлме ішіндегі отбасы мүшелері емес, көп қабатты үйдегі көршілер де хабардар болды.
— Мен сөйлей аламын! Менің ауызым маған керек! Керек болса, үйден тыс жерде де пікірімді айтамын — деп сандырақтап барып: - Бірақ... Әкесінің ауызы — деп күмбілеп, теріс қарап жата қалды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі