Алашқа мекен болған өр Шабанбай
Аң құрлы қойнауыңнан жер таба алмай
Арман жоқ, тексіз туған кембағалдай
Ах ұрдым қарындасты мен баға алмайӘбдікерім.
... Отыкен, Күнтауы, Алтай... Алашқа қоныс болғанға дейін Алтайдың қанша аты болды екен? Кім білсін. Әйтеуір Алтайға біткен әр шоқының да бәсірелі аты бар. Ел қонысы Шабанбай да мың бүйрек, мың сирақ: Шұбарағаш, Көкала Айғыр, Көкжота, Талдыбұлақ, Таскүрке, Шашты, Науа, Маралды көл, Өскелең, Қоңыржон, Ақтасты... Қалғанын Әлібек пен Дидахмет толтыратын шығар. Осылардың бәрі бабалардан қалған мұра еді. Қаншама көп десек те кейінгі ұрпақтары саусақпен санап отыр. Заман сан өлшеп, сан пішкен, сан рет пұшпақтаған, кескен, кесіп әкеткен. Кесіп те жатыр... Менің шебім қайсы, шетім қайсы деп Берелде жиырма бес ғасыр ұйқтап, бетін кеше ғана ашқан сақтың сардарынан сұрай алмайсың...
1919 — жылдың ақпанында «Қазақ халқына» деген үндеуінде ВЦИК мүшесі М.Фрунзе: « Братья казахи, история всегда приходила к Вам злой мачехой и палачем» деп жазып еді. Сол баскесер жендеттің қанды шеңгелінің қолқада қалған жарасы әлі де үңірейіп тұр-ау. Егер тарих әлемдік соттың ұлы мәжілісіне шақыра қалса, басы Бірінші Петрден бастап тізімдеп, жауапқа жүгіндіруге болар еді. Алтай өңіріне Ертіс пен Бұқтырманы бойлата екі дүркін экспедиция жібергенде патша ағзам Жерұйықты (Страна Беловодье) ғана іздеткен жоқ, көздегені Үндістан, арманы Үнді мұхиты еді. Арман жолындағы алынбас қамал — қазақ елі болды. Тұрақты армиясы болмаса да жау тисе бүкіл халық болып атқа қонатын фронтсыз көшпелілермен соғысудың қиындығын ескеріп, Бірінші Петр Үнді мұхитына жетудің жоспарын болашақтың үмітіне қалдырып еді.
Қазақ жерін қалай жаулап алуға болады деген Анна Иоаннаның сауалына Неплюев пен Тәуекелов (Тевкелев) «тамаша» жоспар ұсынды: отырықшы халықты басып алу боқтан оңай, оған бір-екі апта жалынсын, ал қазақтарды түбегейлі жаулап алмасаң да отарлау үшін ұзақ мерзім керек; шекарадан кірген сәтте-ақ бүкіл халықпен соғысуға тура келеді де екінші шетіне жеткенше тұрақты армияңды жұтып қояды, себебі олардың еркек-ұрғашысы, кәрі-құртаңына дейін атқа қонатынын ұмытпалық; сондықтан қазаққа көршілерін айдап салып, әбден әлсіреген кезде сырттай қоршап, іштен бекіністер салу керек те әскермен тұншықтырмаса болмайды; бұдан соң халықты сословиесіне қарамай орыстың басыбайлы шаруасындай ұстау керек, егер оған көнбесе, халық ретінде жойып жібергеннен басқа амал жоқ. (тегі шұбаш, өз халқын қанға бөктіріп қырғаны үшін және осы программасы үшін Тәуекелев Иван Иванович Тевкелев болып генерал шенін алған). Мұнан қалған шаруаны бұратана елдің дінін бұзып, тілін кесетін миссионерлердің «құдіретіне» жүктейміз дескен. Ақыры Қытайды шабайын деп тұрған Жоңғарларды екі ел болып қазақтарға айдап салды.
Түбегейлі мақсатына жетпеген соң 1730- жылы бітейін деп тұрған «Ақтабан-Шұбырындыны» қайта қоздырып, Ресей көмегімен қалмақтардың біріккен күшіне Черен дон-Дукті қолбасшы етіп тағайындады, әскерге нұсқаушы ретінде швед офицерлерін әкеліп, Әбілхайыр бастаған Кіші Жүздің қолын Ресейге бөліп алып кетті де 1731-жылдың 23-мамырында Ресей мен Цин империясы келісім жасасты. Бұл келісім бойынша Қытай қазақ жері арқылы Орта Азиямен сауда-саттыққа жол ашпақ та есесіне Қытай Қарақорым арқылы орыс армиясын Үндістанға өткізіп жібермек болатын. Мұның немен аяқталғаны әлемге әйгілі. 1881-жылы Жәркентте Ресей империясы қазаққа үшінші грамотаны тапсырып жатқанда Цин империясы жіп тартып Шығыс Түркстанды кесіп алды да қазақ жерінің қомақты пұшпағын иемденіп, Ресейге саусақ арасынан басбармағын көрсетті. «Әлемді славяндар билеуі керек те славяндарды орыстар билеуі керек» дейтін генерал Скобелев амалсыз Хиуадан кері қайтты, шовинист дүр неме Үндістанға жетсе ағылшындармен соғысатынын ойлаған да жоқ. Ресей Үндістаннан, Үнді мұхитынан күдерін біржола үзді. Қазақстаннан екінші Үндістан жасау керек деген идея дәл осы кезде туған. Мәңгілікке жасалған бұл программа бойынша қазақ ел болудан қалып, жарты Еуропаны тегін асырайтын тек қана шикізат қорына айналуға керекті. Ол үшін қазақты ел қылып отырған бүкіл игі-жақсылардың ұрық-шарқын, ұлттың зиялы қауымын патша өкіметінің жандармериясы мен охранкасы «болашақта отап тастау керек» деген мақсатпен ХҮІІІ- ғасырдан бастап есепке алыпты. 1731-жылы бір грамота, 1740-жылы екіншісін, 1881-жылы үшіншісін тапсырып тұрып, қазақ бізге қосылып ел болады деп езуінен күле кекетіп, жарылқап тастағандай жарты әлемге жар салған колонизатор бізге жасаған «жақсылығының» бодауына қып-қызыл қырғын әкелді. Мекенінен көшпеймін деген Ұлы Жүздің еркек атаулысын киізге орап отқа лақтырып, ұрғашысын өртке қамап, қашып шыққандарына оқты қимай мылтықтың құндағымен мылжалады, бесіктегі сәбиді сирағынан суырып, басын тасқа ұрып миын шашқан, құрсақтағы баланы жарық дүниені көрсетпей анасының ішін жарып, жатырында жоқ қылған садизмді бұрын-соңды адамзат естімегенді. Қазақ даласы қан сасып жатқанда генерал Колпаковский патша ағзамға: мынау қырғынды тоқтатпасаңыз қолқаны қапқан күңірсіктен қақалып өлетін болдық деп хат жазған екен. Осының өзін жанашырлық деп ұққан патша ағзам Ташкенттегі генерал фон Кауфманға: «Пора понять либералу Колпаковскому, что мы идем туда не ради цивилизации туземцев, а ради земли русской!» деп жауап қайырыпты.
Армян ақыны Сильвия Капутикян Алматыдағы 1986- жылғы Желтоқсан көтерлісіне байланысты «Правда» газетінде: «Империя не только присваивала чужие территории, но и приписывала себе чужие истории и чужие культуры» деп жазып еді. Қазақ жерін балтамен шапқандай кесіп алуды империя онсегізінші ғасырдың аяғында-ақ бастаған. 1730- жылы Алтайдың терісінен кірген кержақтарды Ертістің оң жағасына әкеліп тіреп қойып, қазақтарды сол жағалаудағы тау-тасқа апарып тықты, бір сөзбен резервацияға қамады. 1867- жылы Қаратайдың ежелгі қонысы, Отыкеннің жүрегі Шабанбайды ақ патша жекеменшігім деп жариялап қызына тарту етті. Бұқтырмадан ат суарып, жағасында ат шалдырған «аборигендерді» сотсыз-заңсыз атып тастап, «жакан — и дух долой» дейтұғын жазылмаған заң шығарған. Зорлық Столыпин реформасының тұсында шектен шықты: 1905-1912 жылдары тартып алынған жер көлемі 65 миллион десятина болса, бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін ол жүз миллионға тақады. 1910-жылы Қаратай елін тайлы-тұяғын қалдырмай Қарқаралыға көшіру туралы жарлық жасап, Қатынқарағайды тұтасымен ақ патша жекеменшігім («кабинетная земля») деп жариялады. Көшсе көшсін, көшпесе айдап шығу керек, сосын қайда кетсе онда кетсін деген. Құдай бергенде 1914- жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталды да мұның да ебі табылды. Бұл бір қаратайлықтарға ғана емес, бүкіл қазаққа келген зауал еді.
Ресей бұл соғыста қайыршылық пен қасіреттен басқа түк ұта алмайтынын күні бұрын білген. Сондықтан есепте жоқ шығынның есебін басқадан толтыру керек болды. Кімнен?.. Әрине, қазақтардан. Ол үшін алдымен переселендерге казачествоның статусын берді, себебі переселендердің әскери жасақ құруға қақылары жоқ еді. Одан соң қару-жарақ таратып, әр еркек кіндіктіге бір-бірден мылтық ұстатты, бекініс атаулыға әскер әкеліп төкті де ұлт араздығын қоздыру үшін командирлерді шұбаштар мен татарларлардан, башқұрттар мен қалмақтардан таңдады, ұзын ырғасы Қазақстан территориясындағы әскер саны батыс майдандағы адам санының үштен біріне тең болды. Өскемен-зайсан үезіндегі Бұқтырма бекінісінде бір полкке жуық жазалау отряды тұрды. (Күні кеше ғана Оралда, Жетісуда, Шығыс Қазақстанда «біздер казактармыз» деп әскери форма киіп өрекпіген сепаратистердің казактарға сорпасы да қосылмайтын, өйткені, совет өкіметіне қарсы күрескені үшін жайық казактарын 1920-жылы сібірге жер аударып жіберді де Анненков пен генерал Щербаковқа еріп Қытай асқан бес мың қолды қайта оралған кезде қарусыздандырып, бұларға да сібірден орын тауып берді. Демек, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында байбалам салғандардың әрекеті әдейі ұйымдастырылған саяси қылмыс.).
Осы шараларды ұйымдастырып болғаннан кейін екі жыл өткен соң ақ патшаның қазақтардан қара жұмысқа солдат алу туралы июнь жарлығы шықты. Жарлық бойынша Түркстан өлкесінен бір миллион, Батыс Сібір мен Дала өлкесінен бір миллион адамды алып шығу керекті. Теміржол, басқа да транспорттың жоқтығын ескергенде екі миллиондық жасақты майданға жеткізудің өзі мүмкін еместі. Мұның шын мақсаты халықты арандату еді.Алдымен ел ішінде наразылық тудырып, көтерліске шақыру, онсегіз бен отызбірдің арасындағы атқа қонар еркек кіндіктіні сыпырып әкеткен соң қалғанын жазалаушы әскери күшпен қырып салу. «На все четыре стороны, возвращать необязательно!» деген жасырын бұйрықпен қазақ жерін қазақтардан тазарту болатын. Қай үйезден қаншама игі-жақсыларды, ел азаматтарын атудың есебіне дейін жасалды. Жарлықтың астарын біліп қойған алаш азаматтары (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов) қарумен қарсы шықпаңдар, қара жұмысқа кеткендерің де, елде қалғандарың да қырыласыңдар деп үндеу таратты. Бірақ зиялы қауымның солақайлары бұған қарсы үгіт жүргізді де дүрбелеңді тоқтату мүмкін болмай қалды. Ақыры окопқа айдалғандардың қатарында алаш өкілдері бірге аттанды, мақсаттары — әйтеуір аздап болса да боздақтардың біразын аман алып қалу еді. Сонда кеткендердің жүзден бірі қайта оралды ма, жоқ па, кім білсін. Майдан шебіне жетпей жатып жол бойы қырылды, қару-жарақсыз бейкүна оққа ұшты, аштықтан өлді, көбін сүзек отап кетті. Ал көтерліске шыққандардың да жетіскені шамалы, солардың атақтысы — Торғайда Әбдіғапар, Кейкі, Амангелді бастаған, Жетісуда Бекболат, Ұзақ бастаған көтерлістер, Бозашыда Тобанияз елді көтеріп еді, қылышты еркін сілтей алмай қалды. Шығыста ел дүрліге арғы бетке босты. Одан қайтқандары жоқ. Жетісуда ауып кеткен 300 мың түтіннің 1920-жылы 40 мың түтіні қайта оралып еді, өз қоныстарына өздері орналаса алмай, советтік саясаттың «социалистік шапағатымен» сенімсіз атанып боқ басында шығынға ұшырады (олардың атамекенін переселендер басып алып қойған, «әр ұлт тең праволы» деп үкімет қайтарып бермеді)...
... Мойнақтан желе-жортып түскен екі аттыны көргенде Байкөбек ауылы іргесін жел көтергендей үрпиісіп, ошақ басындағы қатын-қалаш, ойын баласына дейін тысқа өре шықты. Ел хабары етектен келсе керек еді, елсіз иен төбеден жолаушы күтпеген. Асу ашылмай күнгейдегі ағайын Өтейлердің де ірге түйістіріп, ат ізін салатын мезгілі болған жоқты.
Шоп-шолақ жазын шыбынсыз тауысатын Қаратай елін биылғы табиғат ақ патшаның жарлығымен жарыса қысып еді. Көктем бірде жаңбыр, бірде қармен жылап келіп, қара суығы мен қара желі қағынып қатар ұрды да жеті ай қыстан жүдеп шыққан ел маусым туғанша көтеріліп кете алмай қыстаудың көң-қоқырында отырып қалған: арық-тұрақ айдауға жарамай, төл көшке ере алмай, қайызғақтың көпсуін күтіп жабағы жүнге қырықтықты да кеш салған.
Қонысы қағыр бес Шеруші Құзғынды мен Жайдаққа қарай жыла қонып жайлау шетіне енді жеткенде Жарылғастың екі атасы Тоғарыстан мен Бекарыстан руласы Аралбай мен Жиеннен жырылып, іргедегі Саралқаға жаңа ілінгені осы болатын. Тек орталарында мың қаралы жылқы біткен Самархан ғана өріс тарылтпаймын деп Бұқтырмадан өтіп Қоңыржонға кетіп еді. Сырт көзге тосатын жорта серілігі, барды байлыққа санайтын қампима паңдығы, мақтанға семіргіш даңғойлығы болмаса, Шоңмұрын ішіндегі ағайынды екі ата ұзыннан кегін, қысқадан өшін қумаған, жуаны төршіл емес, биі биліктен мал жимаған, сөйте тұра көші аумаған, көсемі көз алдамаған тыныш та өзінше тоқ жұрт.
Бәйбішеден төрт, тоқалдан бес шаңырақ көтеріп отырған Байкөбек тұқымы еншілерін бөліспей бірге көшіп, бірге қонған жүгі ортақ, түтіні бір тұйық ауыл жаттан жаушы, жақыннан даушы күтпеген. Жарлықтан қашып құтылмасын білсе де байыз тауып бір жерге тұрақтамай, бөлініп кетсе бөрі алатындай Бұқтырманың арғы бетінде қалған ағайынға жалтақтап, баяғы байкөбекпіз деп сырттай сабыр сақтағанмен іште үрей, елегзумен отыр еді.
Терістегі құрттаған ескі қардың ызғары, биіктің қыстан қалған ызынан жайлау әлі дегди қоймаған, киіз үйлерін тікпей, өткен жылдың қазанында көтеріп кеткен итарқа шошалаға кіре салған ауылдың жүгі де шешілмеген. Тоғыз жерде тоңқайып отырған тоғыз шошаланың сау көзге қыли көрінетін сығырайған есіктері ортадағы қарашаңырақтың боз үйіне телмірісе қапты. Ауыл аспаннан түскендей — маңайда із-тоздың шиыры жоқ, шалғынның шығына дейін жапырақтың құлағында. Жарылғас жер тозбасын деп жыл сайын өріс алмастырып, мал біткенді Бұқтырманың арғы бетіндегі Шабанбайдың терісіне салса, өздері Алтайдың күнгейіндегі Құзғынды мен Жайдақты жайлайтын да келер жылы малды күнгейге айдап, өздері қарашаға дейін Шабанбайда жатып алатын әдеті. Сиырдан табын, қойдан отар салып көрмеген тоғыз түтіннің бар жиғаны мыңға жетпейтін қылқұйрықты еді, жер тозбасын деген әйтеуір сылтау да, әйтпесе малмен араласып отырған қазақтың содан ұшынғаны жоқ, тегінде Байкөбекке біткен дәулетті өтірік иемденген жорта кірпияздық болса керек. Шеттегі жетім желінің басындағы сауын мен сойысқа деген аздаған ұсақ-түйектен басқа ауыл маңында тұяқ қыбыры да жоқ.
Шошаланың сиқынан үріккендей Мұса мен Самархан тізгіндерін шеткі бір отауға тастап, аман-сүгірге аялдамастан ортадағы қарашаңыраққа беттеді. Еркек кіндіктінің қара-құрасы да осында жиналған екен, не желі керіп, не көгеннің бұршағын санап көрмеген, құр иелікке мәз сібер-сылқым шіркіндердің ертеңді-кеш ермегі жауырға қонған сауысқанның үйіріндей шүпірлесе қалып әңгіме соғатын, түк таппаса тістерін сорып, тоғыз түндіктің қайсысының түтіні бұрын сөнер екен деп телмірумен кеш батыратын кесібі. Жау шабады-ау деп жарақтанатын, шаруа қалды-ау деп талаптанатын алып-жұлып бара жатқан әбігер жоқ, жаз жайлау деп елдің жүзін көрмей, алты ай қыс қорадан озбай әбден бұйығы боп алған ошарлы жандар шошаң етіп атқа мінсе де, ертеңді-кеш етек түрсе де шаршап қалатын ежелгі еріншек қазағың. Құлаған молақтың шіріген діңін бөксесімен жылытып отырған тоғыз шаңырақтың бауырынан дәретке отыратын өрен-жараны өтірік те болса сабыр сақтап, әрі екеуін өзім санап епелектей қойған жоқ. Өзімсінетін де жөндері бар еді.
Мұса Қаратайдың төбе биі, түбі Жарылғас, аталас ағайын, бір Қаратайдың ғана қамы емес, жалпақ қазақтың уайымын жеген, қолы қысқа болғанмен ойы озық, оймен де, қырмен де, қаламен де, даламен де араласын үзбеген азамат. Самархан болса да Тоғарыстан мен Бекарыстанның қамшы ұстаған басалқасы, осы өңірдегі ересен күштің иесі бола тұрып тәуекелі мен төзімін тең ұстайтын ақыл иесі. Қоңыржонға барып қос тікті деп еді, аяқ-астынан Саралқадан шыққанына «тыныштық па?» дегендей тіксініп қалысты.
— Төбе би ауыл арасында жүре бермейтін, ағайын дауына жүгіре бермейтін еді ғой,— деді Сапақ, осы ауылдың баскөтерері, бәйбіше тұқымының қашанда ауыз менікі дейтін әдетімен, — Жақсы хабарың бар ма, әлде жамандық ертіп келдің бе?
— Аждаханың құйрығы Нарында, аузы Сарымсақтыға жетті. Екі отряд қазақ-орысы, жүз мылтық солдаты бар. Пристав тізім тапсыруға үш күн, жігіттерді жинауға жеті күн мұрсат беріп отыр. Осы мерзімде бұйрық орындалмаса, жеті атадан жеті заложник қаматтырып, елге жазалаушы отряд шығарамын дейді. Жарлықтың кеш жеткенін, елдің жайлауда шашырап отырғанын айтып, осының өзіне де зорға тоқтаттық.
Мұсаның бұл хабары онсыз да шығайын деп тұрған көзді шұқып алғанмен бірдей болды. Енді не істеу керек дегенге келгенде ағайын болып айласын таппай бірінің жүзін бірі көзімен тінтіп отырып қалған. Қашанда сөзін өлшеп, ойын бөлшектеп сараң сөйлейтін Мұса би Әбдікерім болыста өткен старшындардың төтенше жиыны жайында тураушыға емінген ашқарақ ауыздай тырс етпей, беті бүлк етпей жайбарахат баяндап шықты. Оның осы сабырлы жүзінен әлдебір үміттің нышаны көрінгендей болып еді.
Мұсаның айтуынша, Қаратайдың игі-жақсылары мен ел азаматтары қайткенде де қара жұмысқа жігіт бермейміз деп шешсе керек. Бірақ көз алдау үшін болса да тізім жасалсын, онда да тек қарашаңырақ қана есепке алынып, онсегіз бен отызбірдің арасындағы тізімге іліккендер де, ілікпегендер де сақ отырсын депті. Алда-жалда ел басына күн туса арғы бетке өтіп кету үшін жұрт ат-көлігін сайлап, жайлауға тереңдеп кетпей шекараға жақындап барып қонғаны дұрыс деп ұйғарған екен. Саусақты бүге келгенде Байкөбек әулетінің қарашаңырағында кәмелетке толған ешкім болмай шықты да отағасының жасы отыздан асып кетіпті.
— Немене, бұл ауылдың қатындары қыздан басқа перзент көтермеген бе?— деп Мұса әзіл тастаған еді. Самархан іле:
— Мұсеке, Қаратайды ел қылып отырған Шоңмұрынның қыздары екенін ұмыттың ба? — деп әзіл-шыны аралас жауабын тауып кетті.
Бақыр басты еркек саудаға түскенде қыздың қалқасына тығылған бір әулет күні ертең букіл Қаратайдың тағдыры қатындарға қарап қалатынын қаперіне алған жоқ еді...
Ат аяғын суытып, түстеніп жататын уақыт емес, хабар жеткізіп, сақтандыруға келген екі бірдей жанашыр ізін суытпай тез аттанды. Самархан кетерінде ғана ат басын бұрып:
— Шілдің боғындай шашылмай бір жерде болалық,— деді, қимастықпен айтса да сөзі қатқыл шықты. — Құзғынды мен Жайдақ дәп кәзір пана болмайды, ол жақтағы ел де дүрліге көтерілген шығар. Тар асуға кептелсеңдер құздан сүйегіңді де жинай алмайсың. Шабанбайда табысалық. Көпір іздемеңдер, оның аузында атаман бастаған казак-орыстар отыр. Тура өкпе тұстағы Топарға түсіп, Бұқтырманы атпен кешіп өтіңдер. Арғы бетке ауа қалсақ Қосағаштағы ағайын арқылы кетерміз, бетіміз мыңқұл бола ма, шүршіт бола ма, бір құдайдың өзі біледі. Аллаға тапсырдым!— деп аттанып кетті.
Өскемен-Зайсан үйезіндегі жер көлемі жағынан да, халқының саны жағынан да ең үлкен болыс Шәңгіштай еді. Оның да он мың түтіні Монғолмен шекаралас Қосағашта отыр. Самарханның «ағайын арқылы өтерміз» дегені де осыдан. Бірақ Монғолияға кете ме, Қытай аса ма, ол жағын ежіктеп ешкім шешкен жоқ болатын. Әйтеуір әжептәуір Қаратай елі бір жұманың ішінде Алтайдың орманы мен қуыс-қуысына сіңіп жоқ болды. Тек ойдағы орнынан тапжылмаған болыс Әбдікерімнің ауылы ғана.
Түтін салығынан құтқарамын деп қарашаңырақты ғана санаққа қосқан Әбдікерім тізім бойынша да солдаттыққа түскен жоспардың үштен бірін де орындаған жоқ. Жазалаушы отряд шыға қалса мені ғана тапсын деп орнынан қозғалмауының бір себебі осы. Тізіміңді тапсырдым, жайлауды малмен бірге ендеп кеткен жұртты өзің бар да жинап ал демек еді.
Бәйбішесі қайтыс болып, бірінші тоқалдан бала сүйіп отырған Әбдікерім ел дүрлігіп жатқанда аяқ-астынан екінші тоқал алды. Аяқ-астынан қызын ұзатты. Қатынсырап бара жатқаны шамалы еді. Әйтеуір бір кезде ен-таңба салды дегені болмаса қызына қалыңмал да алмаған. Қаратайдың қырық атасынан жинаған қырық нарға қыздың жасауы деп жүк артты. Қырық нардың ноқтасын қырық жігітке ұстатып, айдаушыға қырық жігітті және қосты. Қыз ұзатып барады дегізіп үлкен қатынын көш басына отырғызды да заман түзелгенше арғы беттегі жігіттердің ошағына тас боласың деді. Мен заман түзелсе де, түзелмесе де елмен бірге боламын, өлсем асымды сол жақта бергізуді ұмытпа деді. Қырық теңнің ішінде жасау тұрмақ жамау да жоқ еді: асуда көліктің аяғына төсер киіз бен күл, аздаған қару-жарақ қана болатын. Сөйтіп, асуынан азасы биік алаштың атамекенінен алғашқы көшті онсегіз бен отызбірдің арасындағы қаратайдың боздақтары бастаған.
«... Саналы Алаш!.. Қазақтың басына тағы да қиямет-қайым күндер туды. Тағы да оққа ұшып, өз жерінде қырғын көріп, ел басшылары дарға асылды. Мал-мүлкі орыс әскеріне олжаға түсіп, мұжықтар жау болып тал түсте тонады, өлтірді, адамын байлап, малын айдап алды. Рахымсыз өкіметтің қарулы әскеріне қарсы тұра алмай көбі қытай жеріне босты. Онда да жан ашитын жан таба алмай, аштан өліп бара жатқан соң қалмақ, қытайларға бала-шағасын сата бастады. Баланың құны бір шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келіншектерін қаны қара қалмақтар қатынданып кетті. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естір құлақ, көрер көз болмады. Атадан ұл, анадан қыз, жардан жар айрылды. Жүрек қанға, көз жасқа толды. Саналы Алаш! Атқа мінген азамат! Сендерге ел керек, жұрт керек болса, басшылық қылып, алашты аман сақтау қамына кірісіңдер. Намыстан Алаш! Жігерлен Алаш! Баршаңа ұран тастап отырған — бауырың Мадияр.»...
Бұл Мыржақып Дулатов. Қан жылаған жүрегі қақ айрылып, қысталықтан шыққан ащы дауысы болатын. Елде қалғанның күні мен елден кеткеннің күні бір-бірінен озбапты...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі