(Тағдыр мен ой үндестігі)
Өзінен бұрынғы майталман шешен, арналы ақындар мұрасын молынан игерген Шортанбай Абайға дейінгі қазақ поэзиясының асқар бір шыңына айналды. Ресей отаршылдығы қазақ халқының басына кигізген тауқыметінен азып-тозып бара жатқан ел қамын ойлап, жаны шырқыраған оның поэзиясына соқпай кеткен де, кетер де ақын болмаған, болмас та.
Көзінің тірісінде отаршылдарға арқа сүйеген би-болысты қатты түйрегені үшін талайларға ұнамаған, «әділетшіл», «кедейшіл» деп келген совет дәуірінде де өресіз басшылардың көңіл қонбады. Бірақ сондай асау да асқар тұлға Абайдың назарынан тыс қалмаған. Кешегі Шортанбайдың атқосшысы Әбеудің, жыршы Анарбектің айтуына қарағанда, ақын өзінің досы осы Жанғұтты, Ағыбай, Құнанбай, Байсейіт, Дүйсенбаймен араласып, ерекше сыйласқан. Шортанбайдың сап толғауын Абай Қарқаралыда да, өз ауылында да өз аузынан естіген.
Ғұмырында туған халқының болашағына көзі жетпеген қайғылы Шортанбай Ұлы Абайға да қатты әсер еткеніне екі алыптың шығармаларын оқыған сайын таңдай қаға тамсанасың.
Бір жағы, отаршылдық обырлығынан, екіншіден, капитализмнің қаулап енуінен бұзыла бастаған, аш-жалаңаштыққа, тасбауырлыққа ұрынған қазақы қоғамның сұры қашып, имандылық кетіп, азып-тозу көрініс береді. Бұл құбылысқа күйінген Шортанбай:
Заманақыр кезінде
Ұл сыйламас атасын,
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын.
Қазы болыс қояды
Некесіз туған шатасын.
Өзі қылған өкінбес,
Түбінде сонан татасың,
Абақтыда жатасың.
Қыз сыйламас анасын,
Жасы он беске келген соң
Кеммін бе деп тап сенен,
Шешесімен жарысып,
Салыстырар шүйдесі мен жотасын.
...Пысықсыған немесі,
Көзін бояп барады,
Күнде тесіп төбесін...
Жас сыйламас ағасын,
Алып жыртар жағасын, —
деген. Осы құбылысты дәл баққан Абай да:
Заманақыр жастары,
Қосылмас әбден бастары.
Бір-біріне қастыққа
Қойнына тыққан тастары, —
десе, тағы бір өлеңінде:
Атаны бала аңдиды, ағаны — іні, Ит қорлық немене екен сүйткен күні, —
деп ашылады.
Шортанбай бұл құбылыстың тереңдей түсетінін көре білген. Қоғамның моральдық негізі шайқалуынан әр ошақ түтіні түзу шықпайтынына, ерлі-зайыптыдан да сыйластық, ұят кететініне көзі жеткен. Ақ көңіл де адал қазақы ақын бұдан да аза бойы қаза.
Сиыр деген пұл болар,
Ұрғашыдан би болар.
Әркімменен ыржыңдап,
Қатын деген тұл болар;
немесе
Сабырлы сабаз жігіттің
Қылымсыған қатыны
Қызыл көйлек киеді,
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді.
XIX ғасырдың орта кезінде қазақ даласына кірген ресейлік тәртіп қазақ қауымының іргесін шайқалтты. Бұрын «тура биде туған жоқ» деуші еді, биді ешкім сайлап, тағайындамайтын, ал оның әділдігіне жүгінетін. Ендігінің биі ұлық орысқа арқа сүйеген, халқын қандала сора бастаған. Бұл жағдай Шортанбай назарынан тыс қалмады:
Билер, пара жемеңдер,
Жалғанды жолдас демеңдер,
Жатты тіпті көздеңдер, ...
Кісі ақысын алмаңдар,
Ауызға харам салмаңдар.
әйтпесе,
Шошала деген үй шығар,
Шошаңдаған би шығар, —
деп түйресе, онан сәл кейінірек ұлы Абай:
Ел жанаған билер жоқ,
Ел қыдырып сандалды.
Астыртын барып жолығысқан,
Ақша беріп жалғасқан,
Ақысын әрең сол алды.
Орыс сияз қылдырса
Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды, —
деп заманын аздырған, қу құлқының құлы билерден өкіне түңіледі.
«У ішсең руыңмен» дейтін қазақ, жоғына — сауын, жетімі басына үй көтеріп беретін ел іші танымастай бүлініп жатты. Ел қазақшылықтан айырылды, қазақ деген бүтін дене қақ жарыла бастады. Міне, осы тұста бұл сұмдықтан шығар жол таппаған Шортанбай:
Бай кедейді көрмейді,
Кедей байға ермейді.
Қызметің бір күн жақпаса.
Майлы сорпа бермейді. ...
Байды құдай атқаны
Жабағы жүнді сатқаны.
Кедей қайтіп күн көрер,
Жаз жатақта жатқаны, —
деп күңіренсе, оның ізімен Абай:
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай, —
деп шарасыздықтан қиналады.
Көне заманнан қазақы қоғам өзін-өзі басқарып келген. Ел әділ де абыройлы адамдарына еш сайлаусыз, тағайындаусыз бас иіп, айтқанын орындап отырған. Бүл жағдай Ресейліктер тиімсіз еді. Ресейдің мақсаты — қазақтың бірлігін сақтау емес, іштен ірітіп, дегеніне көндіру. Осы мүддемен олар хан билігін жайып, абыройлы адамдарды биліктен аластаған. Ендігінің ел билеушісі орысқа жағуға тырысып, арды да, елді де ұмытты. Сол жолда малын да, басқасын да шашты.
Ел асып болыс болам деп,
ЬІсырап қып малды төкпеңдер, —
деп Шортанбай ақын сол баяғы бірлікке, елдікке шақырса, Абай:
Болыс болдым мінекей,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал
Қалмады елге тығындап. ...
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап. ...
Күні бойы шабамын,
Әрлі-берлі далпылдап,
Ат... жалпылдап, —
деп шенейді, тағы бір өлеңінде:
Мәз болады болысың Арқаға ұлық қаққанға.
...Оқалы тон тола ма, Ар-ұятын сатқанға? —
деп өлтіре сынап, өзі де ызадан жарылардай болады.
Бұқар да, Дулат та, Шортанбай да Абайға қатты әсер еткен тұлғалар екені даусыз. Шортанбайдың Құнанбай ауылымен қарым-қатынасы да өте жақсы болғаны белгілі. Зар заманда халқының болашағы үшін қиналған бұл ұлы тұлғалар бірі үлкен, бірі кіші боп, қазақтың көксеген ойын жалғастыра жырлағаны, бірін-бірі толықтырғаны, байытқаны дау тудырмаса керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі