БЕС ПЕРДЕЛІ ТРАГЕДИЯ
Аударған Хамит Ерғалиев
ҚАТЫСУШЫ АДАМДАР:
Клавдий — Дат елінің королі.
Гамлет — Бұрынғы корольдің ұлы, бүгінгісінің немере інісі.
Полоний — Корольдің бас кеңесшісі.
Горацио — Гамлеттің досы.
Лаэрт — Полонийдің ұлы.
Вольтиманд-
Корнелии - Сарай қызметшілері.
Розенкранц
Гильденетерн —Гамлеттің баяғы, университеттегі жолдастары.
Озрик — Тоғышар
Тақуа
Марцелл
Бернардо офицерлер
Франциско — солдат
Рейнальдо — Полонийдің малайы.
Әртістер
Екі қабірші
Гамлет әкесінің әруағы.
Фортинбрас — Норвегия ханзадасы.
Капитан.
Англия елшілері.
Гертруда — Дат елінің королевасы, Гамлеттің шешесі.
Офелия — Полонийдің қызы.
Лордтар, бикештер, офицерлер, солдаттар, матростар, шабармандар, нөкерлер.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Эльсинор. Сарай алдындағы алаң. Түн жарымы.
Франциско өзінің сақшылық орнында. Сағат он екіні соғады.
Бернардо сақшыға жақындай түседі.
Бернард о.
Бұл қайсың?
Франциско.
Жоқ, әуелі өзің айт, сен кім едің?
Бернардо.
Короліміз жасасын!
Франциско.
Бернардомысың?
Бернардо.
Taп өзі.
Франциско.
Уақытында дәл келуді құнттапсыз.
Бернардо.
Он екіні соқты ғой. Барып ұйықта, Франциско.
Франциско.
Кезегіңізге рахмет: Тоңып тұр ем, әрі жаным құлазып.
Бернардо.
Күзет қалай?
Франциско.
Төңіректен тышқанның тықыры естілмейді.
Бернардо.
Жә, жайлы түн.
Горацио мен Марцеллге жолықсаңыз,
Тездеткейсіз, кешікпей келсін кезекке.
Франциско.
Тыңдаңыз, солар емес пе — кімсіңдер, ей?
Горацио мен Марцелл кіреді.
Горацио.
Ел достары.
Марцелл.
һәм король қызметшілері.
Франциско.
Қош болыңдар.
Марцелл.
Көріскенше, жарқыным. Сізбен кезектескен кім?
Франциско.
Бернардо тұр күзетте,
Жә, қайыр қош.
Кетеді.
Марцелл
Ей, Бернардо!
Бернардо.
Бәрекелді!
Горацио да келіпті!
Горацио.
Иә, тәрізі тап солай.
Бернардо.
Армысың Горацио, Ар болғайсың,
Марцелл дос.
Марцелл
Бүгін көзге түсті ме әлгі сұмдық?
Бернардо.
Көрінген жоқ әзірше.
Марцелл.
Ойдан шыққан ойнақы бір елес деп,
Есептейді Горацио, сол әруақты
Екі дүркін көрдік десек, сенбейді.
Сенбеген соң, сақшылықта өзің де
Осы түнде бізбен бірге бол дедім.
Әруақ бүгін қайтадан бір көрінсе,
Тәптіштелік, тілдеселік өзімен.
Горацио.
Иә, шіркін, келе қояр ол саған!
Бернардо.
Отырайық,
Бізге қарсы құлағыңыз қамалы
Қанша берік болса да,
Көзімізбен көргенді айтып,
Сол қамалды бұзуға
Рұқсат деңіз.
Горацио.
Жә, ендеше, отырайын.
Бернардоны тыңдалық, не айтар екен бізге бұл.
Бернардо.
Өткен түнде
Темірқазық жұлдызының
Батысынан кең аспанда жарқырап
Сонау жұлдыз сәулесі қазіргідей,
Осы тұрған тұсына ауған шақта.
Мына Марцелл екеуміз...
Сағат бірді енді ғана...
Әруақ көрінеді.
Марцелл
Жап аузыңды! Қозғалма! Әне, тағы тап өзі.
Бернардо.
Тұлғасы дәл — король марқұм аумаған.
Марцелл
Білімдар едің, сен тілдесші, Горацио.
Бернардо.
Қане, қалай, есіңізге түсіре ме корольді?
Горацио.
Түсіргенде қандай! Шошып тұрмын үрейден!
Бернардо.
Сауал күтіп тұр ғой ол.
Марцелл.
Жөнін сұра, Горацио.
Горацио.
Заманында шалқып өткен жандай-ақ,
Баса көктеп түнді кезген кім едің?
Дат монархы болармысың жерленген?
Құдай ақы, сауалыма жауап бер!
Марцелл.
Көңіліне ауыр алды.
Бернардо.
Кетіп те қалды.
Горацио.
Тоқта! Жауап! Жауап бер! Жалбарынам!
Әруақ кетеді.
Тілдескісі келмеді де, жөнелді.
Бернардо.
Кәне, бұл не, Горацио? Былшыл дерсіз.
Елес пе екен ойдан шыққан ойнақы?
Сізше қалай?
Горацио.
Құдай куә, оллаһи: Нанбас едім, өз көзіммен көрмесем!
Марцелл.
Ұқсайды екен корольға!
Горацио.
Сен өзіңе ұқсағандай тұп-тура.
Норвегтермен шайқаста
Үстіне киген баяғы сол сауыты,
Ұмытылмас ұрыс-жанжал кезінде
Ұлықтарын поляктың
Шанасынан аударғанда көк мұзға,
Жаңағыдай тұрған еді-ау тұнжырап!
Ақыл жетпес ақуал!
Марцелл.
Тура осы сағатта, тап осылай алшаңдап
Екі мәрте жанап өтті кеше де.
Горацио.
Түбі неге соқтырарын білмеймін,
Тегінде, бұл әйтеуір, мемлекетке
Төніп тұрған бір нәубеттің белгісі.
Марцелл.
Тоқтаңыз. Отырайық. Кәне, қайсың айтасың,
Жұртты түнде жүруден тайқытардай
Мұнша қатал күзеттің қажеті не?
Сары жезден зеңбіректер құйғызу,
Шет елдерден қару-жарақ жеткеру,
Кеме жасау шеберлерін жинату —
Жай күндер де, жексенбі де — жедел іс, —
Осыншалық ойран-асыр неліктен?
Күнге түннің күшін қоса қыздырған
Бұл бұлаудың астарында не жатыр?
Қайсың бұған не дейсің?
Горацио.
Түсіндіріп көрейін:
Тегінде сыбыс мынадай. Король,
Алдымызға рухы келіп кеткен әлгінде,
Тірісінде Норвегия әміршісі Фортинбрасты
Шайқасуға шақырғаны мәлім ғой.
Күш асырып сонда біздің ер Гамлет,
Айбынымен паш болған парасатты қауымға.
Жау жайрады. Намыс салты беркіткен,
Шарт бойынша, Фортинбрас мәжбүр болды,
Жеңген ердің билігіне бермекке
Біткен деммен бірге қоса жерін де.
Біз жақтан да есесіне сол шама
Мол атырап аманатқа бөлінген.
Сонша жерді алмақшы еді Фортинбрас
Сол шайқаста жасай алса үстемдік.
Осындай-ақ негізде, статьямен әлгідей,
Жерін түгел Гамлет алған. Ал, сосын...
Мұрагер, кіші Фортинбрас,
Жөргектен жөнсіз ұрыншақ,
Нан бергенге жан берер
Бүкіл Норвегиядағы баскесерден
Қол жасақтап алыпты.
Көпе-көрнеу мақсаты
Хабарларға қарағанда, қарумен,
Күшпен тартып алмақшы
Әке алғызған әлгі жерді қайтадан.
Міне, бізді сапқа жиған бас себеп,
Абыржудың арнасы. Өлкедегі әбігер мен әлекке
Ілік болған осы-ақ шығар деп білем.
Бернардо.
Болса болар. Сол соғыстың күнәкары,
Күнәсынан арылмаған әлі де, корольге ұқсас
Сұсты Әруақ бостан босқа жүрген жоқ.
Сауыт киіп, сақшыларды қарақтап.
Горацио.
Қадалған сол тікен боп көкірегімнің көзіне,
Римнің кәміл дәуірлеп, жеңіп тұрған күнінде,
Құдіретті Юлий құлар кездің алдында,
Қабір біткен қаңырап иесіз қалып,
Күллі өлік өріп жүрген көшеде
Әлденені былжырап.
Кометалар отында қанға бөгіп мөлдір шық,
Күн көзіне дақ түскен. Су құдайы Нептунді
Жарығымен жарылқайтын ай жүзі
Қарайып еді семгендей,
Заман ақыр төнгендей,
Бір сойқанды алдын ала білсін деп,
Неше түрлі жаман ырым белгісін
Жер мен аспан шабармандай
Шаптырып-ақ жатыр-ау
Бұл кеңісте біздің жерлестерге де.
Әруақ қайта көрінеді.
Ақырын! Әне, тағы сол! Қайтсем-дағы
Тоқтатамын. Қозғалма, сиқыр елес!
Уау, ләм-мим деуге жаратылған жан болсаң,
Айт жөніңді!
Сен тыншығып, біз рақат кешкендей
Бір жақсылық бар шығар, — Айт жөніңді!
Елге төнбек нәубеттің алдын кесіп,
Тоқтатуға кешікпеген шығармыз, —
Айт жөніңді!
Бәлкім, тірі кезіңде тыққансың ба
Арамнан жиған асылдарды көмбеге, —
Асыл көмбе жатқызбайды деуші еді өздеріңдей рухты
Айтшы! Тоқта! Айт дедім ғой жөніңді!
Қораз шақырады.
Марцелл,
Ұста ананы!
Марцелл.
Айбалтамен ұрсам ше?
Горацио.
Қашпақ болса ұр да жық!
Бернардо.
Міне ол!
Горацио.
Міне, мұнда!
Марцелл.
Кетіп қалды.
Көпе-көрнеу күш көрсетіп, бекер-ақ
Ызасына тидік бекзат рухтың.
Әруақ деген құдды бу қарматпайтын,
Бос әуре ғой оған қарсы ожарлық.
Бернардо.
Тіл қатар ед қораз шақырмағанда.
Горацио.
Taп сол сәтте селк етті ол, айыптыдай,
Жауаптан да жалтарды. Естуші едім,
Таң жаршысы қораздың көмей сазы
Күндізгі шақ құдайын оятардай Өжет деуші ед.
Таң тауығы шақырды-ақ
Түнгі рухтар: отта, суда, ay ада не құрлықта
Қайда қаңғып жүрсе де — дереу жерге
Жарық түспей, жайына зытады екен.
Әлгі соның шындығына
Көзімізді жеткерді-ау.
Марцелл
Қораз айқай салғанда күңгірт тартты ол.
Бір ырым бар қыстыгүні жыл сайын,
Христостың туған күнін тойларда,
Күндізгі шақтың құстары көз ілместен,
Түні бойы сайрайды екен жақ жаппай.
Сонда рухтар желікпейді деседі,
Түнгі төңірек тып-тыныш.
Перизат пен мыстандардың сиқыры
Салқынын да сала алмай ғайып болып,
Орнайды екен кіршіксіз киелі бір уақыт.
Горацио.
Мен де есіткем. Сенгенім жайлы айтар ем,
Қызыл шидем жамылған қырдың таңы
Кешіп келе жатыр ғой шық моншағын шығыстың.
Алмаспақ керек сақшылар. Кеңес қылсам. —
Көзбен көргенімізді ханзада Гамлет
Білгені жөн. Бізге мылқау әлгі рух
Кете алмайды оған әсте үн қатпай.
Қалай, достар, сіздерше? Айталық па,
Адалдықтың ақ парызы осы деп?
Марцелл.
Айтқан абзал, меніңше. Және оңай
Оны іздеп табар жерім тап бүгін.
Бәрі кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сол жер. Сарайға қабылдайтын зал
Король, королева, Гамлет, Полота), Лаэрт, Волыпиманд, Корнелий, сарай қызметшілері мен нөкерлері кіреді.
Король.
Туған ағам Гамлеттің қазасы
Жанға құса, аза тұтпақ өлімін
Болғанымен баршамыздың жөніміз.
Әжімдермен мемлекеттің маңдайын
Осып-осып тастаса да осы дерт.
Абзал, бірақ, ақылға бұны жеңгізбек,
Енді аса егілмей, сабыр қылып,
Өз жайымызды ойлайық.
Сол үшін — біз.
Әйелдікке алғанды ләзім дедік
Қанды шептің мұрагер қарындасын,
Королеваны өзіміздің бүгінгі.
Қайғы, шаттық, күлкі мен көз жасының
Сезімдерін ала келдік аралас.
Бұған қадам басарда бар жағынан
Кеңесшілер ақылын жатсынбадық.
Бәріңе де рақмет. Екінші соз
Ханзада Фортинбрас бізді әбден басынып,
Аға қайтыс болған соң елімізді азды деп,
Енді өзінің бақ жұлдызы жанғандай,
Мезі қылды: Қайтар дейді
Ерлігі үшін ағамызға баяғы
Әкесінің берген жерін айыпқа.
Оның жайы осындай. Ендігі сөз
Өзіміздің жиынымыз хақында.
Фортинбрастың ағасы, Норвегия королі
Білсін деп біз даяр етті бір хабар.
Сол немере інісінің әлгідей
Сұм пиғылын кәрі саңырау естімеген шығар-ақ.
Есебінен қазынаның қару-жарақ кезенген
Кекшілді тый деп өтіндік. Осы хатты
Әз Вольтиманд, Сіз, Корнелий, екеуіңіз,
Қарт корольға жеткізіңіз ізетпен.
Соз билігін бере алмаймыз онша мол.
Кеңескенде онымен, өздеріңе тежеу сап,
Статьяның шеңберінен шықпаңдар.
Аттаныңдар. Құп десеңдер, тындырыңдар тездетіп.
Корнелий мен Вольтиманд.
Бұрынғыша бұлжытпай тындырамыз бұны да.
Король.
Күмәнымыз жоқ оған. Жолдарың болғай!
Вольтиманд пен Корнелий кетеді.
Кәне, Лаэрт, не жаңалық айтпақсың?
Тілегім бар деп едің ғой, ол не жайлы, Лаэрт?
Тақ пен тәжға айтсаңыз да не тілек,
Қашан да сол дегеніңіз болады. Еш нәрседен
Қолыңызды қақпаймыз, ойыңыздан шығамыз.
Даттың тағы әкеңізге көрсетер жақсылықты
Әсте ми да көрсете алмас жүрекке,
Қол да ондай нәр бере алмас ауызға,
Не тілейсіз?
Л а э р т.
Рұқсат деңіз, тақсырым,
Францияға кетуіме қайтадан.
Таққа отырар күніңізге әдейі,
Қатысқалы келіп едім сол елден.
Кешірерсіз, ой-қиялым тартып-ақ тұр тағы да
Ол жақтағы парызымды өтеуге.
Осы ғана бар тілерім бас иіп.
Король.
Жібере ме әкеңіз? Не дер екен Полоний?
Полоний.
Көнбесіме қоймады ғой, тақсыр-ау,
Бұрылтпастай дәлеліне ден қойып,
Амалсыздан ақ жол тілеп отырмын,
Рұқсат деп сапар жолын ашыңыз.
Король.
Сәт тілеймін; Лаэрт, бағың ашылсын.
Өз еркіңде өткеретін уақытың.
Қалай, Гамлет, туысым һәм ұланым?
Гамлет. (Сыртқа).
Туысым деу аз, ұлым демек — ол артық.
Король.
Бұла жүзді бұлт басқан ба тағы да?
Гамлет.
Ә, жоқ, милорд: Күн нұрына күптімін.
Королева.
Беу, Гамлет-ай, түн түсіндей түнермей,
Жылы ұшырап қарасаңшы корольге!
Тұнжыр көзбен көрде жатқан өліктен
Әкең жолын қарақтайсың қашанға?
Болмыс заңы тірі өлмек, өлген соң
Бақи күнге бағынады пендесі.
Г а м л е т.
Болмыс солай.
Королева.
Сенің қайғың
Елден ерек көрінбек пе ендеше?
Гамлет.
Көзді емес, ханым бике, дертім — дерт.
«Көрінбек» — жоқ, бешпетімнің жұтаңы,
Қаралығы қатын киер көйлектің,
Талықсыған тарғыл демнің дыбысы.
Көздің жасын көл етпек, арып-тозбақ,
Тағы сондай тақсіреті азаның
Жан күйімді жариялап бере алмас,
Көп әбігер көрінбектің тәсілі.
Ол рольді ойнап шығу оңай-ақ,
Қайғым сыртқа көрінбейді көз бояп.
Ол тұншығар көлгірсуге төзбей-ақ.
Король.
Мақтауға да жарасып тұр, Гамлет,
Ашынғаның аза тұтып әкеңді.
Өз әкең де әкесінен айырылған.
Арғылар да сөйткен-ді.
Бірақ соған Құл болмаққа құлшыну — ездің ісі.
Онша күйреу жараспайды еркекке.
Көзсіз жүрек, көкірегі бос қуыс,
Толыспаған кердең ойдың кемдігі
Осындайда әшкереге шығажақ,
Пенде қашып құтылмайтын құбылыс
Үйреншікті өз қыларын қылды деп,
Ғайбат сөйлеп, қарсыласпақ жөн бе екен?
Тәңірі алдында күнә ол; табиғаттың,
Өлген жанның алдында да күнә ол,
Ата-баба өліміне көндіккен
Ақыл-ойдың алдында да күнә ол,
Ақыл-ой ғой құптап тұңғыш өлікті,
«Осылай болмақ жөні!» деп,
Соңғысын да сол уағызбен жөнелткен.
Қайғы бұлтын қақырат та, жарқыным,
Енді бізді есептей бер әкем деп.
Таққа тақау тұрғаныңды білсін жұрт,
Әкелердің ең мейірбан әулеті
Оттан ыстық ықыласпен
Ұланым деп талайыңа тартылсын.
Виттенберг оқуына оралып,
Қайта бармақ, жалғастырмақ ойларың
Оншалықты ұнамайды біздерге.
Ақылға кел, қал осында, жарқыным,
Көзіміздің көбейі бол осында,
Тұқымдағы тұңғыш бекзат ұлымыз.
Королева.
Мені бекер жалындырып қақсатпа,
Қал осында, барма Виттенбергке!
Гамлет.
Ханым бике, күллісіне көндім мен.
Король.
Міне қысқа, дегендей-ақ дәл жауап,
Біздің үй де — өз үйің. Ханым бике, жүр кеттік.
Айтқан тілді алғыштығы Гамлеттің
Ет жүректі елжіретті. Бүгін сол
Ағыл-тегіл ақ тілеуін айтқызсын,
Бұны бұлтқа хабар етсін зеңбірек,
Жер мен көктің жаңғырығы жамырап
Шынылардың сыңғырымен табыссын. Кеттік.
Гамлеттен басқалардың бәрі кетеді.
Гамлет.
Мығым, мықты жаралған қайран денем,
Еріп, құрып, бу болып ұша алсаң ғой!
Күнәкар деп таппаса ғой жасаған
Өзін-өзі өлтіргенді... Сұмдық-ай!..
Байқап тұрсам, барша тірлік бағдары —
Түкке тұрмас топас, жылпос жылымшы.
Неткен сұмырай!.. Күтімі жоқ бақтарды
Шөп-шөңгелер басынбақ — қурай өспек.
Тұтасымен тірліктің тұла бойын
Тұтып алды-ау бастапқы тұрпайылық.
Қалай шұғыл осынша жайлар болған?
Өлгеніне екі-ақ ай... Одан да кем.
Король еді-ау!.. Сатирамен салыстырсаң,
Жаны жарқын Аполлон дерсің оны.
Шешемді ол қорушы еді қызғыштай,
Сүюші еді желге бетін желпітпей.
Жер, көк куә!.. Бәрі есте!.. Оған шешем құмары
Аш өзектің араныңдай құныққан.
Енді міне, бір-ақ ай... Қажет емес қазбалау!..
Әйелдер-ай!.. Залым-зұлмат — берілген ат сеңдерге!
Ай толған жоқ! Ниобея бейбақтай
Еңіреп жылап әкемді апарғанда қабірге,
Киіп барған шоқайы да тозған жоқ.
Енді, міне... Сұмдық-ай!... Ақыл-ессіз
Аң да бұдан күштірек күйзелмес пе?! •—
Байға тиді! Кімге тиді десеңші!
Ағамызға, ұқсастығы марқұмға
Гераклмен менің алшақтығымдай.
Айдан астам уақыт! Көлгірсіген көз жасының іздері
Әлі де тұр самайында сарғайып.
Жоқ, бұнда жоқ жақсылықтың нышаны!
Жарылып кет, жүрегім, сыр бүгеміз ләм демей.
Горацио, Марцелл мен Бернардо кіреді.
Горацио.
Ар болғайсыз, ханзада!
Гамлет.
Көріскенге көңілім хош,
Сенейін бе көзіме?
Горацио.
Өле өлгенше айнымас құлыңыз мен.
Гамлет.
Қайдағы құл! Біз байырғы достармыз,
Не жай бізге әкелген сізді Виттенбергтен?
Марцелл — тура өзің бе?
Марцелл.
Дәл өзімін, милорд...
Гамлет.
Көріскенге көңілім хош. (Бернардоға)
Қайырлы кеш. (Горациоға)
Витенбергтен келдіңіздер не жаймен?
Горацио.
Абзал ханзада, енжарлықтың кесірі.
Гамлет.
Жауыңыз да сіз туралы оны айтпас,
Мұнша даттап өзіңізді-өзіңіз,
Құлағымды аздырмаңыз абзалы.
Білем, сізде енжарлық жоқ еш қандай.
Эльсинорға не себеппен келдіңіз?
Мұндағы оқу — маскүнемдік.
Горацио.
Мен мұнда
Әкеңізді жерлесуге келіп ем.
Гамлет.
Досым, мені мазақтама. Шешеңнің
«Бай тапқанын көрдім» дегің келе ме?
Горацио.
Иә, шынында, тым асығыс болған іс.
Гамлет.
Есеп бар ғой, Горацио. Азаның асы
Некелердің той-думанын тойғызды.
Өмірімде бұны қайта көргенше,
Жаһаннамда кездессемші жауыммен!
Қайран әкем, көз алдымда бейнесі!
Горацио.
Кәне, қайда, ханзада?
Гамлет.
Көкірегімнің көзінде.
Горацио.
Көргем оны бір мәрте: Сұлу король.
Гамлет.
Шын мәнінде нағыз адам еді ғой.
Ондай жанды көре алмаспын енді мен!
Горацио
Осы түнде болды, ханзада, ол мұнда.
Гамлет.
А?.. Кім болды?
Горацио.
Өз әкеңіз.
Гамлет.
Менің бе?
Горацио.
Сабыр етіңіз: тыңдаңызшы таңданбай,
Мен айтайын, көрген жандар қоста сын.
Гамлет.
Айтсаңшы тез!
Горацио.
Мына Марцелл, Бернардомен күзетте
Тұрған екен қатарынан екі түн.
Ұзын-шұбақ талма түннің ішінде
былай болған: Бір беймағлұм,
Бес қаруы белінде
Айнымаған өзіңіздің әкеңіз,
Алшаң басып олай-бұлай өтіпті.
Қол созымдай жерге келіп тұрған да,
Көзден ғайып болған екен үш дүркін.
Төбесінен жай түскендей мыналар,
Ессіз, үнсіз қатыпты да қалыпты.
Маған бұлар қорқып айтсын құпия.
Үшінші түн күзетте мен тұрайын бұлармен.
Бақсам, маған айтылғанның бәрі рас.
Тұп-тура сол сағатында көрінді әлгі көлеңке.
Әкеңізді білем ғой, екеуінің
Ұқсастығы құдды екі қолымдай.
Гамлет.
Сонда қайдан өтіпті?
Марцелл.
Күзет тұрған алаңнан.
Гамлет.
Тілдесе алдыңыздар ма?
Горацио.
Тіл қатып ем.
Бос әуре, иә, айтпақшы ол бір сәт
Иығы мен басын бұра бергенде
Тіл қатпақшы болды ау деп ем,
Тап сол кезде танғы тауық шақырды.
Қораз үні қозғап-қозғап қалғанда
Ғайып болды ол.
Гамлет.
Не дерімді білмеймін!
Горацио.
Жаным кепіл, ханзада, ақиқат бұл.
Өзіңізге білгізбекті парызымыз санадық.
Гамлет.
Иә, бұның бәрі шын.
Ес жияйын. Осы түнде кім сақшы?
Марцелл мен Бернардо.
Біздер, милорд.
Гамлет.
Қару-жарағы бар ма еді?
Марцелл мен Бернардо.
Қаруланған.
Гамлет.
Түгел ме?
Марцелл мен Бернардо.
Түгел толық.
Гамлет.
Өң-жүзіне түспеді, ме көздерің?
Горацио.
Түсті, түсті, дулығаның алды ашық.
Гамлет.
Сонда қалай, қатулы ма қабағы?
Горацио.
Жоқ, жүзінде
Ызадан да мұңы басым көрінді.
Гамлет.
Құп-қу ма әлде
Қобалжудан қызыл бар ма бетінде?
Горцио.
Әппақ қардай.
Гамлет.
Көзін алмай қарады ма
Горацио.
Бір минөт те...
Гамлет.
Әттеген-ай, көрмедім!
Горацио.
Қалтырап кетер едіңіз..
Гамлет.
Ол да ықтимал. Өзі ұзақ жүрді ме?
Горацио.
Жүзге дейін еркін санай алар ем.
Марцелл мен Бернардо.
Жо-жоқ, ұзағырақ одан да.
Горацио.
Жоқ, мен көргенде сондай-ақ.
Гамлет.
Ағарып па сақалы?
Горацио.
Онша емес,
Ақшыл тартқан, тірі күніндегідей.
Гамлет.
Бүгін түнде еріп барам сіздерге,
Келер бәлкім тағы да.
Горацио.
Келіп қалар.
Гамлет.
Әкем болып келе қалса қайтадан
Ауызымды тамұқ тас қып буса да,
Сөйлесермін онымен. Бір тілегім:
Бұрын жанға білгізбеген бұл жайды
Сақтаңыздар сол күйінде құпия.
Осы түнде нендей жайыт болса да
Сыр түйіңдер, тіс жарып ләм демеңдер.
Достың қақы мойнымда. Құдай қолдар!
Он екіге жуықтатып шығам да,
Өздеріңе қосылам.
Б ә р і.
Қызметшіңізбіз, ханзада.
Гамлет.
Қызметші емес, шын дос болдық. Қайыр қош!
Гамлеттен басқалардың бәрі кетеді.
Әкем рухы сауыт кисе, іс жаман!
Сиқырлы жай. Тез қараңғы түссе екен.
Шыда, жүрек! Таумен үстін бастырсаң
Қылмыс ізі қара жерді жарып та
Ерте ме кеш — шығар әлі жарыққа.
Кетеді.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Сонда. Полоний үйінің бөлмесі.
Лаэрт пен Офелия кіреді.
Лаэрт.
Зат кемеде. Қарындасым, қайыр қош!
Дер кезінде құнт қылуға уағда бер.
Оңнан солдан желмен ұшыр хат-хабар,
Ерінбе тек.
Офелия.
Оған шүбәң болмасын.
Лаэрт.
Ал, Гамлеттің құмарлығы — сандырақ;
Қаны қызба есерлік деп есепте.
Салқында өскен майда гүлдің бір сәтте
Құлпырғаны құрылым жоқ.
Офелия.
Соғұрлым ба?
Лаэрт.
Иә, соғұрлым.
Өспейді өмір бұлшық еттен бір ғана;
Шіркеудегі рух, сана секілді.
Дене деген ет пішінде есеймек.
Сезіміне дақ түсірмей өзіңді,
Бүкпесіз-ақ сүйсін мейлі әзір ол, —
Кім екенін ойлап көр де, қорқа біл.
Дарқан мырза дәрежесі онда жоқ.
Ол өзінің тумысының тұтқыны.
Оның әсте басқа жандай бақытқа
Қол созуға қақы жоқ. Әрекеті
Елдің тұтас зейнетімен сабақтас.
Ол өмірде түк те таңдай алмайды.
Басқалардың талғамына ден қойып,
Мемлекеттің пайдасына жұмсалмақ.
Сол себепті, қарындасым, қандайлық
Отпен ойнап жүргеніңді ұққайсың.
Шын берілсең, ықыласына жығылсаң,
Қақсап жылап, қаларсың да ұятқа.
Қарындасым Офелия, қорқа біл,
Сақтан осы құмарлықтан обадай.
Сүйіспектен оқ бойындай аулақ қаш.
Ең ақыры терезеден телміріп
Қыз бетіне ай қараса қызғаныш.
Жала жаппақ оңай рақым жалғанда.
Сабақтан гүл ашылғанша, ашынған
Құрттың оны отамағы оңай-ақ.
Шық жамылған ертеңгілік шағында
Жас тірлікке жаман сырқат жабысқақ,
Tic қақпаған жас нәпсіні тия алсақ,
Тірек бізге — бұла мінез ұялшақ!
Офелия.
Ғибрат сөзің сақшы болсын жаныма,
Ағатай, тек жалған айтқыш сопыдай
Алдай көрме. Ондай дүмше өзгеге
Мақшар жолын мадақтап, өзі соған
Қарсы ғайбат іс қылса да беті бір
Былш етпейтін.
Лаэрт.
Мен жағынан қорықпа.
Несіне ұзақ бөлдім? Е, міне, әкеміз де...
Полоний келеді.
Екі мәрте ақ тілеу — екі бата,
Қоштасудың сәті түсті-ау тағы да.
Полоний.
Әлі осында?.. Жүрем деп aп... Ұят, Лаэрт.
Жел күшінен майысып тұр желкендер.
Ал, сен болсаң?.. Ақ батаға жүгін де,
Қондырып ал мыналарды миыңа:
Сыртта жүріп сыр алғызба бөтенге.
Ой білгізбе, орайыңа келмесе.
Жай кісі бол, бауырмалсып жұғыспа.
Шын сыналған майталманын достардың
Матағайсың болат күшпен бұғаулап.
Кез келгеннің алақанын арытып,
Қыса берме. Төбелеспе. Ұрынсаң,
Сылқита соқ, беттеместей қайтадан.
Көп тыңда да, әңгімеге аз кіріс,
Біреу билік айтпақ болса төзіп бақ,
Өз байламын іште жатсын жасырын.
Жақсы киін тиын-тебен жеткенше,
Тек байсынба — бейберекет шашылма.
Ақша жұмсай білмек те сын адамға
Французда бұл жағына келгенде,
Көзі қанық бекзаттар көп. Абай бол,
Қарыз алма, берме де. Бере берсең
Қағыламыз қалтадан да, достан да.
Қарыз бермек — сақтығыңды сарп етпек.
Ең дұрысы — өз басыңа адал бол.
Түн соңынан атар таңдай тап сонда
Өзгеге де бола аласың сен адал.
Осыларды еске тұт та, жөнел, қош!
Лаэрт.
Қайыр онда, жөнелейін қоштасып.
Полоний.
Кешіктің, тез. Қызметшілер көп күтті.
Лаэрт.
Офелия, қош, айтылған сөздерді
Берік сақта есіңде.
Офелия.
Құлыптадым қуысына жанымның,
Кілтін өзің ала кет.
Лаэрт.
Ар болыңдар!
Кетеді.
Полоний
Офелия, айтқандарың не жайлы.
Офелия.
Ханзада Гамлет жайында... Ал, ендеше...
Полоний.
Е, сол ма? Жөн, жөн екен. Мен де естігем,
Саған жиі келгіштеп алған ба өзі?
Назарыңды малданып
Масайрап жүр деседі ғой және де.
Сақтандырмақ ниетпен
Тап осылай жеткізді оны маған жұрт.
Рас болса егер бұл, — мен айтайын, —
Қыз басына жараспайтын қылықпен
Ауыт басып аттап жүрсің әдептен.
Араларың қандай еді? Шыныңды айт.
Офелия.
Талай мәрте тартты нәзік лебізін
Шын достыққа кепіл деп.
Полоний.
Ой, шіркін-ай!
Шын достыққа кепіл деп! Сен бұндайдан.
Не білуші ең! Жә, сен өзің әлгі айтқан,
Кепіліне қандай көзбен қарайсың?
Офелия.
Оны не деп ойларымды білмеймін.
Полоний.
Үйретейін ендеше: Біріншіден,
Сәбимін де, әлгі сөзге иланған.
һәм кепілге қымбатырақ құн сұра.
Онсыз кепіл келемежге айналып,
Ақырында сен боласың ақымақ.
Офелия.
Әке, маған махаббатын ұсынды ол
Ибадатпен.
Полоний
Ибадатпен! Қарай гөр!
Офелия.
Адал сөзін ақтау үшін қаншама,
Қасиеттілер атымен де ант етті ол,
Полоний.
Құсқа тұзақ! Қан ойнақшып тұрғанда
Мен де антқа жомарт едім, есімде.
Жоқ, бұл жылт етпе бере алмайды жылылық,
Бір сәт көзді ұялтпақ та, сөнбек оя
Қызым, әсте от деп ұқпа оны сен.
Келер шақтың қолқасына сараң бол,
Қыз лебізің қымбат сенің жалғанда.
Асықпасаң, талай ынтық тап болар,
Ал, Гамлеттің албырттығы басым деп,
Алданбасаң, сенім артпа сен оған.
Әсіресе антына... Ауыз анты — алдамшы.
Сырттан ғана қарасаң ол сыпайы.
Ант дегенің әккі жылпос адамдай,
Ұтарында ұяң нәзік тыныстап,
Жалт береді оп-оңай. Тағы айтамын,
Түбі ханзада Гамлетпен әңгімең
Бір сәт саған салқынын
Салмағанын тілеймін. Жә, бар ейді.
Байқа, бұны ұмытпа!
Офелия.
Құп болады.
Кетеді.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Сонда. Сарай алдындағы алаң.
Гамлет, Горацио және Марцелл кіреді.
Гамлет.
Құлақты шымшып барады. Сұмдық суық!
Горацио.
Желі бетті жеп барады аяздай!
Гамлет.
Сағат қанша?
Горацио.
Он екіге аз-ақ бар.
Марцелл.
Жоқ. Артығырақ. Он екіні соқты ғой,
Горацио.
Соқты? Естімедім.
Е, ендеше, болғаны да баяғы
Көлеңкенің көрінетін мезгілі.
Керней. Сахна сыртында зеңбірек атылады,
Бұл не сонда, ханзада?
Гамлет.
Король ояу, билеп жатыр жанығып,
Ішіп жатыр тан атқанша көпіртіп.
Түк қалмаса рейн шиша түбінде,
Жеңгендей-ақ дұшпанды, зеңбіректер
Жар салады.
Горацио.
Салт па сонда бұл өзі!
Гамлет.
Сорымызға салт солай. Осы салтты
Сақтағанша құртқанымыз жөн еді.
Бұл даңғаза мағлұм батыс, шығысқа.
Жат жұрттарға күлкі болдық осы үшін.
Олар бізді шошқа дейді маскүнем,
Осы қылық шынымен-ақ тәп-тәуір
Іс, беделдің берекесін қашырды.
Ата-ананың еркінен тыс майып боп,
Іштен туған бейшарадай бейкүнә,
Не ақылды жеңетін жат мінездей,
Не бір кердең әдеттен тыс кербездей, —
Не тумыстан, не тұрмыстан жабысқан,
Осылардай соры ғой бұл адамның.
Атақ-даңқтан, құдай берген құрметтен
Жұрт алдында жұрдай етпек осы да.
Зұлымдықтың татымы жоқ тамшысы
Игілікті ірітеді бір сәтте. Өкінішті-ақ.
Горацио.
Қараңыз, ханзада, міне ол!
Әруақ кіреді.
Гамлет.
Уа, ғарыштағы қасиеттілер, сақтай гөр!
Шапағатты рухпысың, әзірейілмісің әлде сен,
Самалымысың пейіштің, шарпуымысың дозақтың
Пейілің жөн бе, теріс пе,
Ақыры көзге түскен соң, жауап бер сен.
Есімдерді мен айтайын шұбыртып,
Елең етші біріне, түсініксіз тұңғиыққа құлатпай;
Әке, Гамлет, король, дат елінің әміршісі, иә?
Қалай ғана қабірдегі қу сүйек
Қақыратқан кебінін? Көріп ек қой,
Жатқан жерін денеңнің.
Содан сені Тастау үшін жер бетіне лақтырып,
Тас лахаттың аузы қалай ашылған?
Демі біткен дене едің,
Қару-жарақ асынып,
Түннің құтын қашырып,
Ай сәулесін жамылып,
Ары-бері сабылып,
Біз секілді қарабайыр пенделер
Шеше алмастай жұмбақ боп
Жүргеніңде не гәп бар?
Айтшы, неге? Не істе дейсің біздерге?
Әруақ Гамлетті шақырады.
Горацио.
Сізді алысқа әкетпектің белгісін
Беріп тұр ғой, бірдеңе айтпақ, шамасы,
Өзіңізге оңаша,
Марцелл
Тоба, сізді тіптен
Тапжылмастан шақырып тұр аулаққа.
Қой, бармаңыз.
Горацио.
Ойбай, бара көрмеңіз!
Гамлет.
Бұл жерде ол тіл қатпас.
Мен барайын.
Горацио.
Жо-жоқ ханзада!
Гамлет.
Міне, қызық! Неден қорқам?
Түйреуіштей құным жоқ бұл пәниде
Дәл өзіңдей, тәнім өліп,
Жаным тірі қалар болса, ақыры,
Оның несі қауіпті.
Шақырып тұр тағы да.
Жақынырақ барайын.
Горацио.
Алдап-арбап суға апарса қайтесіз,
Терең теңіз үстіне төніп тұрған
Биік құздың шыңына шығарып ап,
Басыңызды айналдырып аққұла,
Адастырып ақылдан, жынды қылып,
Тастап кетсе қайтесіз? Ойланыңыз.
Анау құздың басына бармақ үрей онсыз да.
Неше сажен атылып, өжет толқын
Өкіреді төменде.
Гамлет.
Шақырып тұр тағы да,
Жә, былай тұр, мен кеттім!
Марцелл
Жібермейміз!
Гамлет.
Тарт қолыңды!
Горацио.
Ay, байқаңыз! Бұныңыз жөнсіз..
Гамлет.
Бұл — маған
Жазмыштан жарлық. Бұл мені
Арыстандай ширығып
Атылсын деп келіп тұр.
Әруақ шақырады.
Әне, жолға меңзеп тұр ғой, мырзалар!
Қасындағылардан жұлынып шығады.
Жақын келген біріңнің жаныңды алам!
Жоламаңдар дедім ғой! — Кәне, баста. Ердім саған.
Әруақ пен Гамлет кетеді.
Горацио.
Ашуы жеңіп, алды да кетті.
Марцелл.
Жүр, соңынан барайық. Бұлай қалу жарамас.
Горацио.
Соңдарынан десеңші! Бұл не сарсаң?
Марцелл.
Бір індет бар дат еліне дарыған.
Горацио.
Құдай сақтар дат елін.
Марцелл.
Жүр, кеттік.
Кетеді.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Сонда. Алаңның алысырақ шеті.
Әруақ пен Гамлет кіреді.
Гамлет.
Қайда бастап барасың? Бұдан ары ермеймін.
Әруақ.
Мені бақыла.
Гамлет.
Бақылап келем.
Әруақ.
Мен өзімді
Осы қазір отына сап дозақтың
Азаптауға мәжбүрмін.
Гамлет.
Сорлы Әруақ.
Әруақ.
Мүсіркеме. Бар жаныңмен илан да,
Тыңда мені.
Гамлет.
Сені тыңдау — парызым.
Әруақ.
Тыңдап болып, өш алмақ та парызың.
Гамлет.
Не дейсің?
Әруақ.
Аруағымын сенің өлген әкеңнің,
Тірліктегі күнәм күйіп біткенше,
Күндіз дозақ отынан азап кешіп,
Түнде біраз осылайша қаңғырмақ
Бұйрық маған. Паш етуге хақым жоқ
Құпиясын да түрмемнің. Егер оны
Жеңілдетіп айтсам да, одан сенің
Жаның күйіп, қаның ұйып қалмақшы,
Екі көзің шарасынан шақшиып,
Айдарыңның тал-тал болып бұйрасы,
Төбе шашың тік тұрар
Кірпікшешен инесіндей ызақор.
Бақи үні естілмейді пендесіне пәнидің.
Ау, тыңда, тыңдап бақ! Егер шын-ақ
Сүйген болсаң бір кездерде әкеңді.
Гамлет.
Уа, жасаған!
Әруақ.
Оны өлтірген опасыздан өшіңді ал!
Гамлет.
Оны өлтірген?
Әруақ.
Иә, кісі өлтірмек қанша сұмдық болса да,
Бұл сұмдықтан, әсте, сірә, аса алмас.
Гамлет.
Айт ендеше, арман-қиял ағысындай
Шапшаңдықпен заулап барып түсейін,
Өш алатын жеріме.
Әруақ.
Сендім, даяр екенсің.
Кім болмақ ең өйтпесең?
Осы жерде ширықпасаң осылай
Шалшығында Летаның көлкіп тұрған көк сасық
Балдыры боп қалмақ едің батпақтың.
Жә, тыңда, Гамлет, жұртқа менің қазамды
Бақ ішінде ұйықтап жатқан жерімде
Жылан шағып өлтірді деп таратқан.
Айласына арсыздың алданды ғой дат жұрты,
Абзал ұлым, біліп ал,
Әкеңді шаққан әп жылан
Әкең тәжін киіп отыр басына.
Гамлет.
Ойбай-ай, сол жексұрын!
Өз ағайым болды ма?
Әруақ.
Иә. Некебұзар, қан-сойқы,
Қулығы мол жәдігөй боп жаралған.
Арам ниет ант атқыр.
Қатындыққа азғырды ғой ханымды.
Неткен күйреу десеңші бұл, Гамлет!
Қосыларда қол ұстасып тән алған
Мәртебелі махаббатым талайғы
Тәрік болды-ау, қор болды-ау қортығына
Құдайымның құнсыз етіп жаратқан!
Ал, түбінде, айнымастай адалсыған азғындық
Зинақорлық қу нәпсіге құныққан,
Періштенің құшағында тояттап
Алғаннан соң, өлексеге бас салар.
Жә, ақырын! Таңғы самал исін сезем.
Тездетейін. Түскі тамақ артынан
Бақ ішінде ұйықтап жатқан жеріме
Құрып кеткір меңдуана сөлі бар,
Шөлмегімен келіпті де ұрланып,
Ағаң соны құлағыма құйыпты,
Қанға кетсе сынаптан да өткір ол,
Бүкіл ішті жайлап алып әп-сәтте
Қатықтай-ақ ұйытыпты қанымды.
Сөйтті. Сонсоң тұтас тұла бойымды
Алапестей шірітті де, сылып түсті сыртымды.
Ұйықтап жатқан шағымда інім осылай,
Тартып алды тәжімді, өмірімді,
Уа, һәм королеваны. Мен осылай үзілдім.
Пендесінің күнәсі көп жалғанда,
Марқұм болдым тәубе деп те үлгермей,
Бар қылмысты артып алып мойныма,
Тез тартылдым қияметтің сотына.
Сұмдық, сұмдық!.. Ұлым болсаң шынымен,
Бұған селқос қарама,
Қан сой қылы азғынға,
Дат елінің корольдары төсенген
Мамықтардың мархабатын бұйыртпа!
Тек қаншама қызса да өш алмақтың ызасы,
Өз анаңның өзегіне өрт салма.
Құдайы мен ар-ұяты онсыз да
Оған түбі қанжардай-ақ қадалар.
Енді қош бол. Құлан иек таң жақын.
Таң қылаңы жасытады жалынды,
Қайыр қош, есте сақта әкеңді!
Кетеді.
Гамлет.
Уа, көк пен жер! Тағы нең бар?
Дозақ па әлде? Сап, сап, жүрек, шыдап бақ!
Аяқтарым, тік тұрыңдар бүгілмей!
Есте сақта дедің-ау?.. Есім барда сақтармын
Быт-шыт болған мынау шардың ішінде.
Сорлы Әруақ, есте сақта дедің-ау?
Тақтасынан зердемнің сезінудің
Бар белгісін сүртемін; барлық сөзін кітаптың
Естегімнің тамам бейне, таңбасын, —
Бала кезден байқағанның күллісін,
Өшіремін. Жалғыз сенің жарлығыңа бағынып
Еш қоқыссыз, мидың барша кітабын
Том-том күйі түгел жазып түгесем.
Тәңірім тәні... Апырай жауыз әйел-ай!
Оңбаған-ай!
Опығы жоқ, опасыздың көлгірсіген күлкісі-ай!
Қаламым қайда? Жазайыншы мен бұны
Күлімсіреп жүріп-ақ көңірсімек осы деп.
Барлық жерде болмаса да бұл кәззап
Дат елінде даусыз бар.
Жазады.
Сөз бітті, ағай. Енді менің уағызым:
«Қайыр қош, қош, есте сақта әкеңді!»
Өлсем осы маған серт!
Горацио мен Марцелл. (сахна сыртынан)
Ханзада! Ханзада! Марцелл. (сахна сыртынан).
Ханзада Гамлет!
Горацио (сахна сыртынан).
Уа, жасаған,
Сақтай гөр оны!
Гамлет.
Өзі де солай болмақшы.
Горацио (сахна сыртынан).
Ого-го-го, его-го-го, милорд!
Гамлет.
Ого-го-го, бауырларым, келіңдер!
Горацио мен Марцелл кіреді.
Марцелл
Жә, ж-ай қалай, милорд?
Горацио.
Не жаңалық, милорд?
Гамлет.
Ақыл жетпес ақуал!
Горацио.
Немене?
Гамлет.
Дабыра қып жүрерсіңдер,
Горацио.
Жо-жоқ, еш уақытта, милорд.
Марцелл
Жо-жоқ, еш уақытта.
Гамлет.
Жә, жарайды, Кім ойлаған бұлай деп...
Ал осыны жан баласы сезбесін!
Горацио мен Марцелл.
Құдай куә!
Гамлет.
Дат елінде оңбағанның ақыры
Сілімтікке айналмаған бірі жоқ.
Горацио.
Көрден шыққан Әруақты
Ол шындықпен астастырмақ орынсыз.
Гамлет.
Оған дау жоқ.
Жә, тұспал сөзді қоялық та, қанеки,
Қол алысып, қош айтысып тарқайық.
Әркімнің бар өз тірлігі, тілегі —
Сендердікі өздеріңше болғанда,
Мен — өзімше. Барамын да, мен байғұс
Құлшылық етем құдайға.
Горацио.
Бұныңыз жай ұйтқыған
Жүйесіз сөз ғой, милорд.
Гамлет.
Ренжітіп алдым ба?
Кешіріңдер.
Горацио.
Бұнда тұрған қылмыс жоқ.
Гамлет.
Жоқ, беті ашылды қылмыстың, Горацио,
Патриктің атымен ант етемін, әлгі — Әруақ.
Бұл шындыққа иланбақ әбден лазым.
Ол екеуміз не дестік — ынтықсыңдар білмекке,
Білмеу керек. Ал, енді, ағайындар,
Мектептес те, қарулас дос-жарандар,
Азын-аулақ қолқам бар.
Горацио.
Қуана-қуана құптаймыз.
Гамлет.
Бұл түн жайлы ләм демеңдер әйтеуір.
Горацио мен Марцелл.
Айтпаймыз, ханзада.
Гамлет.
Жоқ, ант беріңдер.
Горацио.
Арыма тапсыр, Айтпасыма ант берем!
Марцелл.
Мен де ант берем, айтпаймын!
Гамлет.
Міне семсер7 — осыған ант етіңдер!
Марцелл.
Антымызды бердік қой.
Гамлет.
Жо-жоқ, семсерге деймін, семсерге.
Әруақ (сахна сыртынан).
Ант етіңдер!
Гамлет.
Иә, қартым, сенің де сол ма күткенің?
Естідіңдер ғой не айтқанын?
Қане, антқа келісіңдер.
Горацио.
Айтыңызшы, ант бергенде не дейміз?
Гамлет.
Көздеріңмен көргенді жанға айтпасқа
Ант етіңдер, ақ семсерді алақанға жатқызып!
Әруақ (сахна астынан).
Ант етіңдер!
Гамлет.
Hie et ubique.
Қарт қосаяқ? Қалайша тез ін қаздың?
Кетейікші бұл жерден. Қане, бері.
Берірек келіңдер де, семсерге,
Ант беріңдер, көргенімді айтпан деп.
Гopацио.
Беу, күн-түн! Ғажап еді бұл неткен!
Гамлет.
Ғажайыптай табыныңдар ендеше,
Бұл дүниеде сіздің философияның
Түсіне де енбеген жайлар көп-ақ, Горацио,
Енді іске: Тәңірден рақым күтсеңдер,
Ант беріңдер қайталап; Қанша оғаш
Көрінсем де мен бүгін,
Болашақта өзгеше бір күйге енбек
Ниетіме бет алған соң, қанеки,
Ант беріңдер, мен көрінген тұстарда
Қолды былай қусырып, не бас шайқап,
Бір құпияны білетіндей былай-былай қипақтап,
Немесе бір терең сырды ұғатындай данасып
Бүлдірмеңдер. «Басқа-басқа, ал біздер...»
«Айтсақ айтар едік-ау, дей тұрғанмен»...
«Білудей-ақ білеміз-ау, әйтсе де»,
«Ұтыры келсе, сайрап-ақ»
Дегендей еш емексулер, болмасын,
Мен жайында бірдеңені білгенсіп
Сыр алдырып қоймаңдар.
Тек сол үшін
Ант беріңдер, сендерді құдай қолдасын!
Әруақ (сахна сыртынан).
Ант етіңдер!
Гамлет.
Сабыр етсеңші өлі Әруақ! Ал, мырзалар,
Жақсы көрген жарандар, қара басым
Өздеріне аманат. Дәлелдеу үшін достығын
Сорлы Гамлет қолдан келген амалдың
Барлығын да істер болар түбінде,
Құдай куә! Жүріңдер, бірге шығайық.
Есте болсын, саусақ қожа ерінге,
Бақытсыз туған басым-ай,
Қырсығынан арылтам деп алдымды
Қырқысуға барам да!.. Жә, жүріңдер!..
Кетеді.
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Эльсинор. Полоний үйінің бөлмесі.
Полоний мен Рейнальдо кіреді.
Полоний.
Мынау ақша, мынау соған хат, Рейнальдо.
Рейнальдо.
Табыс етем, милорд.
Полоний.
Ал, шырағым, жолыққанша өзіне
Оның қалай жүргенін сырттай барлап
Білген абзал.
Рейнальдо.
Өз ойым да сол, милорд.
Полоний.
Бәрекелді.
Тіпті жақсы. Сонда, шырақ, алдымен
Париждегі даттар жайын біліңіз.
Ақшалы кім, кім қай тума, қай жерде,
Бұл сөйлескен адамыңыз кіммен дос,
Егерде ол ағыл-тегіл сыр ашып,
Бір сөзінде біліп шықса ұлымды,
«Әкесі мен танушы ем, деп, достарын»,
Өзін онша білмегенси қалыңыз.
Ұқтыңыз ба, Рейнальдо?
Рейнальдо.
Әбден, милорд.
Полоний.
«Өзін де аздап — деңіз-дағы — аз білем — деп салыңыз,
«Егер анық сол дәукестің өзі болса» дегенді
Және қосып қойыңыз. Сонсоң, өй, оны қой,—
Ол мұндай да, ол сондай деп сыбаңыз.
Өлгендердің артынан айтылатын өсекті
Боздатыңыз, жалғыз-ақ, біреуді мезі қылардай
Ақылы ауыс демесеңіз болғаны.
Бірақ енді арын төгіп алмау үшін,
Ешкім шықпай алдына, еркін өскен
Шолақ-шолжаң қызбалыққа теліңіз.
Иә, сөйтіңіз.
Рейнальдо.
Мәселен, ақшаға ойнау?
Полоний.
Иә, сол бар, мастық-ыластық, төбелес,
Берен ауыз, зинақорлық дегендей...
Рейнальдо.
Бұның бәрі ар-ұятын төкпей ме, милорд?
Полоний.
Неге? Нәшін тауып айта білсең болғаны.
Бірдеңесін шектен шыға шырқатып,
Жаптым жала жасамаса, несі бар?
Қайта оны албырттықтың отына,
Әркім бастан кешетін жастық шаққа
Таңып айтса, айып-шамы жоқ оның.
Рейнальдо.
Жә, тәуекел.
Полоний.
Бұның бәрі неге керек дейсіз ғой?
Рейнальдо.
Бәсе, неге, Білсем деп ем себебін.
Полоний.
Былай менің есебім,
Нысанаға дәл тисе-ақ бұндай сөз.
Жұмыста қол кірлейтіні секілді,
Ұлыма аздап күйе жаға айтсаңыз,
Соныңызға тыңдаушыңыз елігіп,
Егер мінін көрген болса ұлымның,
Сөзіңізді бөледі де, мәселен,
Сізге «сэр», не «дос» немесе «мырза» деп,
Қай елдігін өзінің, лауазымын танытпақ.
Рейнальдо.
Дәл айтасыз.
Полоний.
Міне сонда, дәл сол кезде сол кезде...
Не айтпақ едім? Түу, құдай-ай, айтпақ едім
Бірдеңе. Жаңа неге тоқтап ем?
Рейнальдо.
«Сөзіңізді бөледі де... мәселен» деп үздіңіз.
Полоний.
Иә, бөледі
Aha, бөледі, бөледі... Ә, иә, бөледі ол.
Былайша деп мәселен:
«Ол жігітті білем, білем, ойбай-ау,
Кеше кеште, бұрнағы күні немесе
Пәлен жерде, түлен жерде ол шіркін
Доп ойнаған, удай мас,
Ойын соңын төбелеспен бітірген.
Ал, немесе: «Ол дегенің ұйыққыштар үйінде
Басбұзарлық жасағанын көргем» — деп,
Тағы сондай бірдеңені бықсытар.
Өтірікті қадап қойып қармаққа,
Сол жемтікті асатуға болады
Ақиқаттың аузына.
Мына біздер, көргендер, қашан да
Осылайша орағытып алыстан,
Тура жолға қисық тұстан
Қия тартып шығамыз.
Балама барар сізге де осы тәсілді ұсынам.
Ұқтыңыз ба? Түсінікті ме?
Рейнальдо.
Иә, милорд.
Полоний.
Онда cay бол.
Рейнальдо.
Рахмет, милорд!
Полоний.
Әлгіні өзі сезіп қалып жүрмесін.
Рейнальдо.
Жо-жоқ, милорд.
Полоний.
Оқи көрсін музыкасын мұқият.
Рейнальдо.
Әрине.
Полоний.
Жолың болсын!
Рейнальдо кетеді. Офелия кіреді.
Офелия! Не айтпақсың?
Офелия.
Құдай куә, зәре-құтым қалмай тұр!
Полоний.
Не себепті? Уа, жасаған!..
Офелия.
Кесте тігіп отыр ем. Гамлет кіріп келгені,
Қалпағы жоқ, жеңсіз жейде жыртылған.
Бауы үзілген шұлығы өкшесінде кір-кір.
Қалш-қалш етіп, соқтығады тізесіне тізесі.
Абдырауы соншалық, құдды жаңа
Қашып шығып дозақтан, сонда көрген
Сор-азабын айта келген адамдай.
Полоний.
Ғашықтықтың дертінен есі ауысқан болды ма?
Офелия.
Біле алмадым, Содан ба деп қорқамын.
Полоний.
Не айтады өзі?
Офелия.
Білегімнен қысты да, қолын үзбей қолымнан,
Қадам кейін шегінді, басқа қолын
Апарды да жүзіне, содан маған
Суретшідей-сығалап кеп қарады.
Ұзақ тұрды сол күй. Ақырында
Жұмсақ сілкіп қолымды,
Үш мәрте басын иді де,
Жан тәсілім қылардағы адамдай,
Ышқына бір күрсінді,
Уысын жазып босатты да қолымды.
Маған ғана қайырыла қараумен
Аяқ жолын мен арқылы көргендей,
Көзсіз беттеп есікке,
Сол бетімен кетті шығып ақыры.
Полоний.
Жүр, екеуміз корольді іздеп табайық,
Бұл — тартқан дерт махаббаттың зарынан,
Бұндай дертке душар болған адамдар
Қатал кесік жасаушы еді өзіне.
Фәни жалған сыбағасы осы да...
Аянышты-ақ! Соңғы кезде сен оған
Айтпап па едің қатты сөз?
Офелия.
Жоқ, тек сіздің айтуыңыз бойынша,
Өзін үйге жолатпай, жазған хатын
Қабылдамай қойып ем.
Полоний.
Оны құртқан осы ғой!
Обал болды-ау жазғырғаным ойланбай.
Онікі жай жастықтың желігі ме деп едім.
Артығырақ жеңдіріппін ақылға.
Қарт адамның ой-пікірі қазымыр,
Соры ғой сол жастардың!
Жүр, корольға жеткізейік бәрін де,
Ұялшақтап үнсіз қалсақ, қайғыны
Бұдан бетер асқындырып алармыз.
Жүр, кеттік.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сонда. Сарайдағы бөлме. Король, королева, Розенкранц,
Гильденстерн және нөкерлер кіреді.
Король.
Ар болғайсыз, Розенкранц һәм Гильденстерн!
Көрсек деген сіздерді зауқымыздың үстіне,
Шақыртуға мәжбүр етті бір жағдай.
Гамлет жайын естіген де шығарсыз.
Өзгерістің бары рас. Тіптен оның
Іші-сырты танығысыз демеске де шара жоқ.
Әкесінің қазасынан қаттырақ
Тағы ненің тақсіретін тартқанын
Біле алмай-ақ отырмын.
Жан едіңдер мінезіне қаныққан,
Жастайынан бірге оқыған, құрбылас.
Біраз уақыт сайран құрып сарайда,
Болсаңдаршы қасында. Сергітсеңдер көңілін,
Шамаларың келгенінше, құсаның
Құпиясын ұтырын тауып ұқсаңдар,
Бәлкім содан дертке дару табылар.
Королева.
Ол сіздерді жиі айтатын, мырзалар.
Достарына жан-тәнімен берілген.
Ондай пенде дүниеде жоқ шығар.
Егер бұған ыстық ықылас қисаңдар,
Сараңсымай сарп етсеңдер уақытты,
Оң орайға тиер болса септерің
Сапарларың бағаланбақ ылайық
Сыйлығына корольдің.
Розенкранц.
Мәртебелі сіздердің
Биіктен де биігірек еркіңіз
Қолқаңызды ұқтырады жарлық деп,
Гильденстерн.
Құрақ ұшып құптай тұра бұл істі,
Әміршіңнің ақтау үшін сенімін,
Әміріне құштармыз.
Король.
Рахмет, Розенкранц, Гильденстерн!
Королева.
Рахмет, Розенкранц, Гильденстерн!
Онда тезірек барыңыздар, жарқыным,
Есі ауысқан ұлыма. Ей, мырзалар,
Біреу бастап апарсыншы Гамлетке.
Гильденстерн.
Құдай оңдап, біздің қауым түгелдей,
Соның қамын жегей де!
Королева.
Құдай оңдар!
Розенкранц, Гильденстерн, кейбір нөкерлер кетеді. Полоний кіреді.
Полоний.
Норвегиядан елшілер есен-аман
Қайтып келді, тақсырым.
Король.
Қуаныштың хабаршысы ең қашан да.
Полоний.
Солай ма едім, тақсырым? Сол боп қалам,
Құдай бар да, король бар —
Жаным пида екеуінің жолына.
Байқайсыз ба, не дегелі отырмын?
Не мен сордың миым ашып, із кесер
Індеткіштен қалғанмын, не мен таптым
Қай себеппен жынданғанын Гамлеттің.
Король.
Ойбай, тез айт! Тағат таппан естімей.
Полоний.
Елшілерді қабылдаңыз алдымен,
Құпиям соған тағам болсын тәттірек.
Король.
Е, ендеше оларды тез ертіп кел,
Полоний кетеді.
Гертруда, әлгі таптым деп отыр,
Ұлыңыздың есі ауысқан себебін.
Королева.
Әкесі өлді, біз тым шұғыл үйлендік, —
Осы ғана оның сорын қайнатқан.
Король.
Анықтармыз оны да.
Полоний Волыпиманд пен Корнелийді ертіп қайта кіреді.
Ар болғайсыз, достарым!
Ал, Вольтиманд, не айтты біздің жұрағат —
Норвегия королі?
Вольтиманд.
Сәлеміңізді құптады, сәлем айтты.
Тиым салды бізге қарсы жорыққа.
Біз барғанша король әскер жасақтау
Поляктарға қарсы екен деп ұғыпты.
Мәртебелі сізге қарсы соғыспақ
Ниетін одан жасырыпты інісі.
Ауру меңдеп әлсіреткен карт король
Алданғанын білген бойда інісін,
Шақыртып ап бұйрықпен,
Фортинбрастың сыбағасын берді ғой.
Опық жеген сол айыпкер ант етті!
Сізге қару жұмсамасқа ешқашан.
Разы болған король оған жылдықтан
Үш жүз крон қаржы бөліп, әскерді
Поляктарға қарсы қой деп бұйырды,
Мынау сізге өтініші.
Қағазды ұсынады.
Жеріңізден өтуіне әскердің
Еш кедергі келтірмеуді тілейді.
Адалдығына нандыратын кепілдік,
Статьяда көрсетілген ерекше.
Король.
Істің беті оңғарылған тамаша,
Бос уақытта оқып, зерттеп түбегей,
Кейінірек ойласармыз жауабын.
Жігерлеріңе рахмет. Тынығыңдар.
Думан тойға келгейсіңдер кешкісін,
Көріскенше!
Вольтиманд пен Корнелий кетеді.
Полоний
Бұл түйіншек шешілді.
Тақсырларым, король бар да, малай бар,
Уақыт аты уақыт, күн — күн-дағы, түнің — түн,
Бұлар жайлы дау көтеріп даурығу —
Күн мен түнді бостан босқа шығындау,
Қысқа сөйлеу — ақыл-ойдың жаны да,
Көпсөзділік — соның сұлу тәні ғой.
Қысқа айтайын. Ұлыңыздың есі ауыс.
Ауыс дедім. Есі ауыс деп кәдімгі
Ақылынан ауысқанды айтады.
Гәп онда емес.
Королева.
Бипаздамай дәлірек.
Полоний.
Ханым бике, бипаздау жоқ бұл жерде.
Жынданғаны шын. Шын болған соң аянышты...
Аянышты болатыны: ол — шындық.
Ақымақтарша оттап кеттім. Мейлі ғой,
Бипаздауды білмеймін. Жынды-ақ болсын.
Табу шарт сол эффектінің себебін,
Яғни сол дефектінің, өйткені дефектінің
Салдарынан шығып жатыр эффект.
Шыққан жерден тарту керек шығырды.
Неден шықты?
Қызым бар ғой, ол қыз әзір менікі.
Білсеңіз ғой сол қыз маған не айтқанын.
Мен оқиын, тыңдаңыз да, ойлаңыз.
Оқиды.
«Аяулы пірім, асқан сұлу Офелияға дұғай сәлем». Бұны қойшы, бұл жауыр болған жасық сөздер ғой. «Асқан сұлу» дегені әбден таптаурын лебіз. Ендігісін тыңдаңыз. Міне, (оқиды). «Аяулының ақ төсіне» дегендей боп кете береді бұдан әрі.
Королева.
Осыны жазған Гамлет пе?
Полоний.
Сабыр етіңіз.
Басынан бастап келемін, ханым бике.
Оқиды.
«Сенбесең сенбе күндізге,
Самсаған түнгі жұлдызға,
Сенгейсің маған бұл кезде
Ынтызар жанмын сен қызға!
Беу, асылым Офелия. Өлең сөзге олақпын. Ұйқастың үстінде ұйып қалардай дәрмен жоқ. Ал, саған, аяулым, өлердей ғашық екеніме иланғайсың. Қош бол. Тұла бойда механизм аманда, аяулым-ау, бір сен үшін жаралған өз Гамлетің».
Қызым маған осыны берді оқы деп,
Ауыз-екі айтқандары және бар.
Қай уақытта, қай жерлерде
Екеуінің елтігені хақында.
Король.
Оның махаббатына қызың қалай қарапты?
Полоний.
Маған қалай қарап жүрсіз өзіңіз?
Король.
Ар-намыстың адамысыз шын адал.
Полоний.
Лайым солай болайын.
Өзіңіз не дер едіңіз, егер, шыны,
Ғашық отын ә дегенше лап еткен,
Қыз емес-ау, жаза бассам мен ұқпай —
Албырттықты да жеңіл-желпі бағалап,
Қағаздан да сабырлырақ іс қылсам,
Ләм дегізбей тұншықтырсам жүректі, —
Соған ағзам, өзіңіз, немесе Сіз,
Ханым бике, қалай қарар едіңіз?
Жоқ, мен қызға тура дереу қой дедім:
«Гамлет — дедім — ханзада, саған жұп емес.
Ол болмайды». Қызды сонсоң көндірдім,
Одан безіп, есікті іштен кілтте деп,
Жеңгелікке жібергенін қуып шық,
Сыйлық берсе алма деп,
Айтқаныма көнбей қайтсін қыз байғұс:
Осыншалық сыртқа тебу, қысқасы
Құса қылды, асқа зауқың шаптырмай,
Ұйқы қашты, тұла бойдан әл кетті,
Жеңіл ыза ауыр дертпен астасып,
Сорымызға содан шықты жындану.
Король.
Сіз де осылай дейсіз бе?
Королева.
Иә. Жанасып тұр шындыққа.
Полоний.
Мен жасаған байламның
Басқаша боп шыққан жерін білсеңіз, айтыңызшы.
Королева.
Білген емен.
Полоний (басы мен. иығын нұсқап).
Бүгін де солай болмаса,
Балта шапсын басымды.
Жеме-жемге келгенде, ақиқаттың дерегін
Жер жұтса да, қолым соған жетеді.
Король.
Көз жеткермек жолы не?
Полоний.
Ол оп-оңай.
Осы маңда галерея ішінде,
Жүреді өзі неше сағат сенделіп.
Королева.
Әбден дұрыс.
Полоний.
Дәл кезінде қызды соған барғызып,
Шымылдықтан тың тыңдаймыз екеуміз.
Кездескенін көреміз. Егер қызға
Ынтықпаса, дерті сол боп шықпаса,
Уәзіріңіз болмай-ақ, үй ұстайын,
Өткен-кеткен жолаушылар түнейтін.
Король.
Мақұл, аңдып көрейік.
Королева.
Miнe, сорлы, кітап оқып келе жатыр өзі де.
Полоний.
Екеуіңіз де, екеуіңіз де кетіңізші тезірек,
Өзім барып, өтінейін кешірім.
Королева, король, нөкерлер кетеді. Кітап оқып Гамлет кіреді
Гамлет мырзам, қалай жүріп жатырсыз?
Гамлет.
Құдайға шүкір, жақсы ғой.
Полоний.
Милорд, мені білесіз ғой?
Гамлет.
Әбден, әбден. Балық сатқан саудагер.
Полоний.
Жо-жоқ, милорд!
Гамлет.
Ендеше сондай адал бола алсаңыз,
Сіз одан залал шекпес едіңіз.
Полоний.
Адал дейсіз бе, милорд?
Гамлет.
Иә, сэр. Адалдық — біздің заманымызда он мыңнан біреуде болмақ деген сөз.
Полоний. Бұл нағыз шындық милорд.
Гамлет. Ең қасиетті күн екеш күннің көзі де өлексені, сәулесімен әспеттеп, содан құжынаған құрт шығаратын болған соң, басқаға не жорық... Қызыңыз бар емес пе?
Полоний. Бар ғой, милорд.
Гамлет. Ендеше оны күнге шығара көрмеңіз. Ашық ауыз болмаңыз, абзал кісі.
Полоний (сыртқа). Сіздер не дер едіңіздер? Қит етсе қыз жайына ойыса береді. Әуелі танымай қалды. Балық сатқан саудагер деді. Тым алшақ, алшақ кетіп тұр. Шынымды айтсам, жас кезімде мен де мықтап махаббаттың қасіретін тартқанмын! Осы күйге түсуге шақ қалғам: Қайтадан бір сөйлетіп көрейінші. — Не оқып тұрсыз, милорд?
Гамлет. Сөз, сөз, сөз...
Полоний. Не бар екен ішінде?
Гамлет. Кім мен кімнің аралығын сұрайсыз?
Полоний. Кітап сөзі не айтады екен дегенім ғой әншейін.
Гамлст. Айтатыны — жала сөз. Алаяқ сатириктің айтатыны: Шал сақалы ағарады, шал беті шалбар болады, көзінен көк май ағып, қара өріктің шырыны шығады, борбайынан әл кетіп, ақылдан ада болады дейді. Шындығына сенсем де, сэр, осыларды жария жасау ұятсыздық деп білем. Өйткені, сіз де, сүйкімді тақсыр, түбінде бір қартайып, мына менше, шаянға ұқсап, кері қарай жылжисыз ғой ақыры.
Полоний (сыртқа). Жындының сөзі десек те, жүйесінен бір жаңылмай тұр-ау бұл — ашық-тесік ауадан аулағырақ кетсек қайтеді, милорд?
Гамлет. Қайда, молаға ма?
Полоний. Айтты-айтпады, одан әрі жер жоқ-ау (сыртқа). Бағзы бір жауаптары мірдің оғындай! Есуасты еліртетін, сау адам ойына келе бермейтін тапқырлығы ғажайып. Жә, енді тезірек барып, қыз бен бұны кездестіру амалын істейін. Қадірменді ханзада, рұқсат болса, кетейін
Гамлст. Өзіңізбен қоштасарда, сэр, сізге тарту етердей қымбат сыйым қолда жоқ. Өмірім ғана, өмірім ғана, өмірім ғана болмаса.
Полоний. Есен-сау болғайсыз, ханзада.
Гамлет. Пай, осы бір алжыған мылжың ақымақтар-ай!
Розенкранц пен Гильденстерн кіреді.
Полоний. Ханзада Гамлет керек пе? Міне ол.
Розенкранц (Попонийге). Рахмет, сэр!
Полоний кетеді.
Гильденстерн. Құрметті ханзада!
Гамлет. Ой-хой, қайран достарым! Гильденстерн! Розенкранц! Ал, жігіттер, не хал-жай?
Розенкранц. Көп нәрегей көрген күн ғой біздікі.
Гильденстерн.
Баққа қарай, бақыт бізде мол емес,
Құлпырмаймыз тәжге таққан түймедей
Гамлет. Ұлтаны да емессіз ғой ұлықтың?
Розенкранц. Иә, милорд, онысы да, бұнысы да емеспіз.
Гамлет. Ортан белде болғаныңыз жақсы екен. Жә, не жаңалық?
Розенкранц. Дүниеге ар-ұят кіре бастағаны болмаса, бөтен жаңалық жоқ, ханзада.
Гамлет. Ендеше, ақыр заман тақалғаны да. Тегінде осы айтып отырғандарың жалған хабар шығар. Дегенмен, қане, тәптіштеп көрейікші өзін. Асылдарым-ау, сіздерді осында, түрмеге жібергендей әлгі құдіретті бақыт иесіне не жазып едіңдер?
Гильденстерн. Түрмеге дейсіз бе, ханзада?
Гамлет. Иә, әрине. Даттың елі — түрме ғой.
Розенкранц. Ендеше, жер жаһан — түгелдей түрме.
Гамлет. Ендеше, сіздерге бұл ел түрме емес. Өйткені зат өздігінен не жақсы, не жаман бола алмайды. Ол әркімнің затқа берер бағасына байланысты. Мен үшін бұл ел түрме.
Розенкранц. Ендеше, бұны сізге түрме дегізіп отырған мансапқорлық. Бұл елдің іші сіздің талабыңызға тар келіп тұр.
Гамлет. Құдай сақтасын! Мені жаңғақтың қауашағына қамап көрсеңіздер, соның ішінде отырып та өзімді кең жаһанның әміршісіндей сезінуге бармын-ау. Әттең, тек жаман түс көрем ылғи да!
Гильденстерн. Түстің өзі де сол мансапқорлықтан шығады. Мансапқор жоқ дүниемен жолығысады, өнінде бұйырмасты өзіне телиді. Қиялдың құлы, көрген түстің көлеңкесі ол.
Гамлет. Көрген түстің өзі де көлеңке ғой.
Розенкранц. Гәп сонда. Сонымен, көрдіңіз ғой, мансапқорлық мағынасыз, жеңіл ғана желік екен. Ол тіпті заттың көлеңкесі емес, көлеңкенің көлеңкесі боп шықты.
Гамлет. Онда қайыршылар қармауға келетін зат екен де, ағзамдар мен артықша қаһармандар сол қайыршының көлеңкесі болды ғой. Әй, осының несіне бас ауыртамыз, одан да сарайға барсақ қайтеді? Оллаһи, ой таластыруға шама келмей тұр.
Розенкранц пен Гильденстерн. Өзіңізге осылай қызмет қылып, ереміз де жүреміз.
Гамлет. Қажеті жоқ! Онсыз да мені қызметшілерім көзінің қарашығындай бағатын болып жүр. Жә, доспыз ғой, айтыңдаршы, Эльсинорға не істегелі келдіңдер?
Розенкранц. Қонақ болу сіздерге, басқа түк те шаруа жоқ.
Гамлет. Алғыс сөзім аздық етер байғұспын. Бірақ, сол аз алғыстың өзі де сендерге көп. Шақыртты ғой сендерді? Өздерің арнайы келдіңдер ме? Өз еріктеріңмен келдіңдер ме? А? Кәне, ар-ұятты бетке ұстап айтыңдаршы шындығын. — А? Айтсаңдаршы.
Гильденстерн. Біз не айталық, милорд.
Гамлет. Не десеңдер о деңдер, шындықты айтсаңдар болғаны. Сендерді шақыртты. Іркіп ішке бүккендерің көздеріңнен көрініп тұр. Король менен королева шақыртқанын білем мен.
Розенкранц. Не үшін дейсің, ханзада?
Гамлет. Оны сіздер жақсырақ білесіздер. Ал, енді талайғы достық, сүйіспеншілік, ұғымдастығымызды, басқа да ортақ қасиетімізді алға тарта айтайын: Бір жалтарсаң, бітті сөз! Шақыртты ма, жоқ па?
Розенкранц (Гильденстериге). Сіз не айтасыз?
Гамлет (сыртқа). Міне, түсті тұзаққа. — Мені жақсы көрсеңдер жасырмаңдар!
Гильденстерн. Милорд, шақыртумен келдік біз.
Гамлет. Heгe шақыртқанын өзім-ақ айтайын. Сонымен, сіздерге ақиқатты айтқызған менің болжалымның құпияңызды сақтаймыз деп король мен королеваға берген серттеріңізге қылдай қиянаты жоқ. Себебін білмеймін, жуырда мені бір көңілсіздік басып, дағдылы ісімнен қол үздім. Өзгергенім соншалық, осынау тамылжыған табиғат, жердің беті берері жоқ бедеу тас боп танылады, ал мынау ауаның ақ шатыры менің көзіме қатып қалған қамалдай, байқайсыз ба, мынау алтын ұшқынды аспан әлемі бар болғаны улы сасық бу болып көрінеді. Табиғаттың артықша тамашасы адам ғой! Оның ойы неткен ізгі! Қабілеті неткен шексіз! Бітімі мен қимылы неткен дара да, дәл десеңші! Әрекеті жағынан періштеге тетелес. Ақыл құдіреті — тәңірге тән! Дүниенің көркі! Күллі тіршіліктің лұғаты ғой адам! Соның да құны қаншалық, түбегейі - сасық өлік болған соң? Мен еркекке елең етіп қарамаймын, әйелге де солай, күлсеңдер күле беріңдер.
Розенкранц. Ондай ойдан аулақпыз, ханзада.
Гамлет. Ендеше, мен еркек жайлы айтқанда неменеге жымыңдаса қалдыңдар?
Розенкранц. Бұл жағдайда әртістерді салқын қабылдайды деген оймен күліп едім. Біз жол бойында олар дан озып кеткенбіз. Олар сізге өз қызметтерін көрсеткелі келе жатыр.
Гамлет. Корольдарды ойнаушыға бас ием. Ондай ұлыққа-құлдық. Ел кезген серінің семсері мен қалқанына қақтығыс табылады. Ғашықтардың зары зая кетпейді. Шерменде жан шегіне жетіп тыншиды. Қуақының күлдіргі сөзін күткендер қолтығына қол тигеннен бетер ішек-сілесін қатырады. Ару кейіпкер ақ өлеңді ақсатып айтса да жанын сала ойнар болар. Бұлар қандай әртістер?
Розенкранц. Өзіңізге соншалық ұнаған астаналық әртістер.
Гамлст. Бұларды бұл сапарға не жағдай итермеледі екен? Ақша мен атақ данқ үшін өздерінің тұрағы тиімді еді ғой.
Розенкранц. Меніңше, соларды соңғы тәртіп қозғады-ау деймін.
Гамлет. Қалада мен болған баяғы кездегідей бағалай ма бұларды? Түсімі де сондай ма?
Розенкранц. Жоқ, гәп сонда ғой, ол жоқ қой.
Гамлет. Неге олай? Әлде бұлар нашарлап кетті ме?
Розенкранц. Жоқ, бұрынғы бетімен жарқырауын жарқырап-ақ келеді-ау. Бірақ, қалада өңшең бір ақ үрпек балапандар ұясы пайда болды. Жұмыртқадан шықпай жатып жұрт құлағын жарып-тесіп етердей тік шырқауға салған соң, шамадан тыс қол шапалақ қошаметке басып тұр. Соңғы мода солар боп, бұрынғы театрды бұза-жара киліккені соншалық, баспасөздің әжуасынан именген әскери адамдардың өзі мыналарға батып аяқ баспайды.
Гамлет. Қалай, бұл балалар қауіпті ме соншалық? Бұлардың қамқоры кім? Қанша төлейді өздеріне? Мақтау сөзге мастанып, дауыстарын тұрпайылап алудан аман ба? Кейінірек, басқа кәсіпке ауыспай, кәдімгі театрдың әртістері болып алған соң, сөз авторы келешегімізді кесті деп, опық жеп жүрмей ме?
Розенкранц. Шынын айтсам, екі жақтың айқайы аз болған жоқ. Халық та бірін-біріне ызғыштырып бақты. Бір кезде жұрт пьесаға ақша төлемей, аяғын автор мен әртістердің төбелесіне дейін апарды.
Гамлет. Осы шын ба?
Гильденстерн. Ойбай, бұл талайдың жүйкесін құртты ғой.
Гамлет. Балалар жеңіп шықты ма?
Розенкранц. Иә, ханзада. Жүгі ауыр деген Геркулестің өзін де.
Гамлет. Тегінде бұған таңғалуға да болмайды. Мәселен, қазіргі дат елінің короліне, — біздің ағайға әкемнің тірісінде пысқырып та қарамайтындар бүгін оның портретіне жиырма, қырық, елу, тіпті жүз дукатты санап беріп жүр. Қой, осында жаратылыстың заңынан тыс бір пәле бар. Бұның құйтырқысын қазбаласа философия ғана бірдеңе шығарар!
Сахна сыртында керней.
Гильденстерн. Міне, әртістер де келіп жетті.
Гамлет. Эльсинорға келуіңізбен, мырзалар! Қолдарыңды созыңдаршы, жолдастар. Ашық пейіл көрсетпек ақсүйектер шарты ғой. Солардың салтын сақтайық. Өсітпесем, әртістермен кездескен соң соларға көбірек назар аударды деп ренжіп қаларсыздар. Тағы да келуіңізбен! Ал менің ағай-әкем мен жеңге-шешем қателеседі.
Гильденстерн. Қай жағынан, милорд?
Гамлет. Мен тек норд-норд-вестен ғана ақылы ауыс адаммын. Жел түстіктен соққанда ақ сұңқарды көкқұтаннан әбден ажырата аламын.
Полоний кіреді.
Полоний. Ар болғайсыз, мырзалар!
Гамлет. Гильденстерн, тыңдаңыз. Розенкранц, сіз де. Әр құлақтан бір тыңдаушы жасайық. Көз алдарыңда тұрған қарт сәби әлі құндақтан құрғап шыққан жоқ.
Розенкранц. Бәлкім, құндаққа қайтадан түскен шығар? Адам қартайғанда сәби болады. деген сөз бар ғой.
Гамлет. Алдын ала айтайын, әртістер жайлы хабарлағалы келіп тұр. Қара да тұр, тап солай, сэр. Сіздер айтқандай, дүйсенбі күні таңертең.
Полоний. Сізге айтпақ жаңалығым бар, милорд?
Гамлет. Милорд, сізге айтпақ жаңалығым бар. Баяғыда Росций Римде актер болғанда...
Полоний. Әртістер келді, милорд.
Гамлет. Рас па? Ax-ax-ax!
Полоний. Оллаһи,. милорд!
Гамлет. Есекпен зырғытып...
Полоний. Дүниедегі таңдаулы, баршаның бабын табатын әртістер, яки былай: Трагедия, комедия, хроника не пастораль дейсіз бе, пасторальдық комедия, тарихи пастораль, тарихи трагедия, трагикомико һәм тарихи пастораль дейсіз бе, сахнаға лайық дастан-толғау дейсіз бе — әйтеуір, күллі сондай. Сенеканың тереңдігі де, Плавтың ойнақылығы да бұларды таңғалдыра алмайды. Ғақлияны жатқа. айтуға,. әп-сәтте ойдан шығаруға келгенде бұлар елден ерек.
Гамлет... Израшідың қазысы, қайран Евфай, қандай еді байлығың!
Полоний. Оның, қандай байлығы болған екен, милорд?
Гамлет.
Е, енді қалай.
«Жалғыз қызы болған екен көрікті,
Жанындай жақсы көріпті».
Полоний (сыртқа). Есіл-дерті — әлі сол менің қызым!
Гамлет. Ал, иә? Өтірік пе осы, Евфай шал?
Полоний. Евфай деп отырғаныңыз мен болсам, оныңыз өте орынды: Менің де жанымдай жақсы көретін қызым бар.
Гамлет.
Жоқ, олай емес тіпті де.
Полоний.
Енді қалай, милорд?
Гамлет.
Ол былай:
«Тағдыр басқа салды,
Құдай өзі: алды».
Өзіңізге белгілі, одан әрі айтқаны:
«Қалай соқсаң, олай соқ, —
Жазмыштан озмыш жоқ»
Осынау діни өлеңнің бастапқы шумағының өзі-ақ сізге қалған жағын ұғындырар, ал, біз қазір көңілашар жасаймыз.
Төрт-бес әртіс кіреді.
Ар болғайсыз, мырзалар! Хош келдіңіз. Бәріңе бәйекпін. Аманбысыңдар, асылдарым! Пәлі, ескі дос! Қарай көр, баяғыдан басқаша, сақал кеткен салбырап! Дат елінде қыл сақалды қымтанып, ақырын соның астымен өзің мені әжуалап кетейін деп келдің бе, әй? — Бикешім-ау, осы көріп тұрғаным' өзіңіз бе баяғы? Үрдің қызы-ау, екеуміздің ең соңғы кездесуімізде қазық өкше тақамен бой ұзартып алып, заулап ұша жөнелгенсіз ғарышқа. Күні озған алтын бұйымдай көнермеген шығар әзір даусыңыз. — Бәрекелде, мырзалар! Ал енді, ә дегенде көзіміз неге түссе, француздың қыранындай соған шүйлігейік. Қане, қане, бір монолог. Өнерлерің біздерге сиқырын сыйға тартсын. Жә, қане, қайнап тұрған монологтың біреуін...
Бірінші әртіс. Қай монологты, абзал ханзада?
Гамлет. Маған бір үзінді оқығаның есімде. Сол дүние сахнаға шықса, бір-ақ мәрте шықты не тіптен қойылған жоқ, — пьеса ұнамаған. Аса үлкен қауымға арналып жазылған соң, атына қарай астауы дегеннің: кебі болмаған. Ал өзі мені де, басқа озығырақ төрешілерді де. ұйытқан тамаша. пьеса еді, сахнаға шебер жіктелген, қарапайым да ұтымды жазылған нәрсе болатын. Әлі есімде, өлеңі онша нәрлі емес, тілі автор ойының асқақтығын танытпайды дей тұра, тәсілі мұнтаздай, нәсілі таза, көбінше сыпайылығынан сыры көркем деп тапқан-ды. Соның ішінде бір монолог маған айырықша ұнап еді. Ол анау Энейдің Дидонаға өзі жайлы әңгімесінде, әсіресе, Приамды өлтіретін жері. Сол жері есіңізде қалған болса. мына бір жолдардан бастаңызшы. Тоқтай қалыңыз, қазір айтайын:
«Қаһарлы Пирр, жыртқышындай Гирканның»,
Ә, жоқ, олай емес. Әйтеуір Пиррден басталады :
«Қаһарлы Пирр, қарадан қару асынған,
Қара көңілі қара түнге бас ұрған.
Бұл қамалға кірерінде денесін,
Троян аттың құрсағына жасырған, —
Қара киім қансоқтаға малшынып,
Күллі сырты күрең-қошқыл тартқан соң,
Енді түрі бұрынғыдан бұзақы; —
Енді көрсең үсті-басын қан басқан.
Қарт пен боздақ, қатын-қалаш қалмастан
Өртте жанған, жалындары өліктің,
Қарақшыны мақсатына жетелеп,
Жарқырайды жан-жақтан.
Қаннан сауыт — кигені,
От жұтып, ыза — түйгені,
Приамға жеке тигелі
Тінтіп жүр маңын сарайдың».
Ар жағын айта беріңіз.
Полоний. Оллаһи, тамаша, милорд! Титтей де артық кетпей, баппен айтасыз.
Бірінші әртіс.
«Пирр тапты оны.
Кәрі Приам соз болып па бұл үшін:
Бір сермеуге жарамай-ақ, қолынан
Түсіріп алды ол қылышын.
Жетіп келді алып күшті Пирр сонда,
Алмас қылыш ысқырғанда үстінде,
Ұйтқи соққан желіне де төзе алмай,
Ажалынан көз алмай,
Мұрттай ұшты Приам. Сол сәт-сүмдық:
Жанған сарай қабырғасы қайысып,
Толқынды да, құлап тынды — құлақ тұнды
Пирр қылышы қадалғандай денесіне ауаның,
Қатып қалды көтерілген қалпында; —
Қатып қалды Пирр де қолын түсірмей,
Суреттегі қас қарақшы мүсіндей. ...
Сұрапылдың алдында үнсіз аспан тұнжырап
Қаптаушы еді-ау қара бұлт;
Жел де тынып, жер де сұлық,
Қазалыға ажалдай, аза бойын жаза алмай,
Жатушы еді-ау! Сонда кенет керемет
Қара аспаннан жайдың оғы жарқ етсе,
Қара жерді қақ айырып түсетін.
Дәл сондай-ақ, ес жиған соң кекті Пирр
Қанға қайта құмартты. Жалғыз көзді
Дәулер соққан қылышынан Марстың
Пирр қылышы қаттырақ та, қатігез —
Қақыратты Приамды:
Ұялсаңшы, бақ бейбак! Уа, тәңірім,
Өкімет атты дөңгелегін дүниенің
Жұлып ал да нысапсыздың қолынан,
Быт-шыт қылып құрсау темір, шабағын,
Ғарафаттың тауынан
Белағашын домалатшы дозаққа!»
Полоний. Тым ұзын екен.
Гамлет. Ұзын болса сіздің сақалыңызбен бірге шаштаразға жөнелтерміз. Оқи түсші, жарқыным. Бұл шалдың бар білетіні, — би мен бейпіл ауыз анекдот, басқаны айтсаң, басы салбырап ұйықтайды. Айта бер. Гекубе жайына көш.
Бірінші әртіс.
"Жан көргісіз масқара болған ханымы"
Гамлет.
«Масқара болған ханымы?»
Полоний.
Жақсы! «Масқара болған ханымы» Жақсы екен!
Бірінші әртіс.
«Жалаң аяқ, өрт сөндірген көз жасы,
Тас таңулы тәж киетін өз басы;
Көрпесіне орап алған
Кәріліктен солып біткен бөксесін,
Алас ұра жүгіреді
Кептер сынды, бауырым бар да, өтім жоқ
Өшігуді білмеймін. Әйтпесе мен
Құл неменің іші-қарнын ақтарып.
Әлде қашан асатар ем құзғынға!
Қанды балақ, қатын құмар, бұзақы!
Алдамшы да, арамза да, бұралқы!
Уа, кек-намыс!.. Әй, есекпін-ау, есекпін!
Баласы едім ол өлтірген әкенің.
Тәңірім айтты-ау жіберме деп есеңді.
Ал, мен? Бекер былшылдап,
Ыдыс жуған қатындай,
Шаптығамын далаға!
Тфу! Лағнет! Оян миым! Естігем:
Қылмыстылар, спектакль ішінен
Өзіне ұқсас ұсқын көрсе қанқұйлы,
Үн қатпай-ақ тыпыршиды,
Қырғын ойын қызуына түскенде
Сезікті сұм секіреді деуші еді.
Өз әкемнің өлімінен аумаған
Бір сұмдықты ойна деймін әртіске
Көз алдында ағайдың.
Сосын оның қымс еткенін бағамын.
Сезсем болды — өзім білем ар жағын,
Мүмкін анау Әруақ емес, жын шығар,
Жын да көзге қымбатың боп
Көрінеді деуші еді. Мүмкін, залым
Әбден біліп әлсіреген шағымды,
Өлтіргелі жүрген шығар мен сорды.
Дерек керек одан гөрі дәлірек,
Сол деректі ұстатар деп осы ойын,
Ақ-қарасын анықтар деп корольдің, —
Қаптырам деп, салдым суға қармақты.
Кетеді.
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Эльсинор. Сарайдағы бөлме.
Король, королева, Полоний, Офелия, Розенкранц, Гильденстерн кіреді.
Король.
Сөйтіп сіздер біле алмадық дейсіз бе
Жабыспаған жалған сырқат себебін?
Асқынар деп қорықпай-ақ, неліктен
Жанын бекер жанықтырып желіккен?
Розенкранц.
Ақылы ауыс ғарыптығын сезеді-ау,
Неден тапқан дерт екенін айтпайды.
Гильденстерн.
Тәптіштеуге көнбейді. Денсаулықтың
Жайын сөйлей бастасаң, жалт бұрылып
Дем арада жынды бола қалады.
Королева.
Құптауы қалай сіздерді?
Розенкранц.
Тәрбиелі адамша.
Гильденстерн.
Бірақ зордан илігіп.
Розенкранц.
Сұраққа жоқ, іркілмейді жауапқа.
Королева.
Қолқа салып, көрдіңіз бе, барсақ деп сауық кешке?
Розенкранц.
Сәтті шықты ол жағы.
Әртістермен кездескенбіз жолшыбай.
Соны айтып ек, сала берді жадырап.
Осы қазір сол әртістер — сарайда.
Бүгін кеште ойын-сауық қоймаққа
Әмір алған секілді еді.
Полоний.
Дәл солай.
Пьесаға мәртебелі жұбайды
Шақыр деген қолқа салып.
Король.
Құба-құп.
Оның бұған машықтығы маған да
Зор қуаныш. Жас жігіттер, қоштаңдар
Думан-тойға оның осы ықыласын.
Жабықпасын.
Розенкранц.
Бар жігерді салармыз.
Розенкранц пен Гильденстерн кетеді.
Король.
Гертрудам менің, сен өзің де бара тұр.
Гамлетке біз адам салдық астыртын.
Офелияға ұшыраспақ ол тосыннан
Осы жерде. Қыз әкесі екеуміз
Амалсыздан іс қыламыз тыңшылық.
Махаббаттың азабы ма, басқа ма, —
Анықтаймыз ғарып болу себебін.
Королева.
Жә, кетейін. Лайым да, Офелия,
Сенің көркің құса қылғай о баста,
Өзің ғана шипасы боп дертінің,
Екеуіңе құдай қоссын бақ жолын.
Офелия.
Жар бола гөр, құдайым!
Полоний.
Офелия, былай шық.
Сен серуенде. Кітабыңды қолыңа ал,
Оқыған бол оңашада сейілдеп.
Бастан кешкен тәсіл ғой: Сырттай таза,
Тақуасып, сиқырлауға келгенде
Сайтанды да тамсандырып кетеміз,
Бал жегендей... Король (сыртқа).
Шындықты айтты-ау!
Бұл сөз маған қамшыдан да қаттырақ.
Жәлеп қатын жаққан бояу бетінен
Сылынғанда сиқы неткен сұмырай!..
Менің сұлу сөздерімнің астында
Одан бетер оңбаған іс жатыр-ау!
Ауыр сұмдық!..
Полоний.
Келіп қалды, тақсыр, тез!..
Король мен Полоний кетеді. Гамлет кіреді.
Гамлет.
Өлмек пе, қалмақ па — ендігі сауал екі ұдай.
Өмір, өлім — арпалыс. Татар дәмім
Таусылды деп бас ием бе тағдырға,
Әлде мынау қасіреттің селімен
Жан шыққанша жағаласып, бұлардың
Бітірсем бе істерін? Өлмек. Ұмыт болмақ.
Үзіп тастап ой-арманның арқауын,
Тәнге тәуел азап-сордан арылмақ.
Осы емес пе бір тілек? Түгесілу.
Ұмыт болып ұйықтамақ та, түс көрмек.
Міне, жауап. Егер мұны жөн көрсек,
Арылған соң пендеге тән сезіммен
Әлгі ұйқыда түске нелер енбекші?
Ал, бұл — жұмбақ. Сорымызға, осы ғой
Сілкілейтін жылдар бойы өлтірмей!
Төзбес еді-ау жан баласы жалғанда
Масқарадай мазағына ғасырдың;
Көнбес еді жебір мықты жегенде,
Қорлағанда тоғышарлар, мансаптар,
Соттарға да, созғылайтын үкімін,
Махаббатқа, құпталмаған, тапталған,
Кісі еместер кісілерге күлгенде —
Көнбіс жандар көнбес еді-ау осылардың бәріне
Өз тағдырын бітіре алса оп-оңай
Бір-ақ салып қанжарды! Қалай пенде
Келіспесін мынау жалған дүниеде
Күнелтпекке ит-қор жаны қалжырап, —
Белгісіз ғой о дүниеде не бары
Бөтен жақтан қорқады ғой байғұстар, —
Кеткендердің қайтып келген бірі жоқ,
Сыры жұмбақ сыртқа қарай қашқанша.
Таныс тағдыр тәлкегіне шыдау шарт!
Бәрімізді қорқақ қылған осы ұғым.
Қысыр қиял тығырыққа кептелсе,
Тәуекелің, гүлдей солып, таусылмақ.
Тап осылай бастапқы серт серпінді,
Түк татырмай, амалсыздан өледі,
Соза берсең аяғын. Жә, жарайды!
Офелия! Ақ періште! Менің күллі күнәмды
Қосып оқы дұғаңа.
Офелия.
Ханзада, ахуалыңыз жақсы ма?
Гамлет.
Рахмет. Шүкіршілік, шүкіршілік, шүкіршілік.
Офелия.
Ханзада, менде сіз сыйлаған бұйым бар.
Қайтып бермек ойым еді көптен бері.
Алыңызшы.
Гамлет.
Жо-жоқ, қателеспеңіз.
Мен ешқашан сізге сыйлық бергем жоқ.
Офелия.
Алғам, ханзада, өзіңізге аян ед.
Нәзік сырлы сөз қосқансыз, сыйлықтың
Бағасын сол құнды қылған екі есе.
Енді ол — артық, соны қайтып алыңыз.
Айнып кеткен махаббаттың сыйлығын
Әдепті қыз сақтамайды. Алыңыз.
Гамлет.
Әдепті қыз сіз бе сонда?
Офелия.
Милорд!
Гамлет.
Көркем де сіз, иә?
Офелия.
Бұл лебізде не сыр бар?
Гамлет. Әдепті әрі көркем екеніңіз шын болса, әдебіңіз көркіңізге кереғар деп тұрмын.
Офелия. Әдеп деген көріктің әдемі серігі емес пе?
Гамлет. Е, әлбетте! Әдеп көрікті түзеймін деп жүргенде, көрік әдепті тұңғиыққа тартып үлгермек. Бұрын бұл ерсі көрінетін, енді сол дәлелденді. Мен бір кезде сізге ғашық болғам.
Офелия. Рас, ханзада, мен соған сенгем.
Гамлет. Сенбеу керек еді. Ізгілікті қанымызға қанша сіңірсеңіз де, ішімізде жан күнәсы жата береді. Мен сізді сүйген емеспін.
Офелия. Сол үшін де алдандым!
Гамлет. Монастырьға бар. Күнәкар болар пенде туып қайтесің? Өз басыма өкпем жоқ. Мен өзімді анадан туғаным үшін ғана айыптаймын. Мен мейлінше өр көкірек, өзімшіл де, кекшіл жанмын. Менің қарауымда қатыгездік көп те, оның төңірегінде ойлану деген жоқ. Мен сияқты жас адамға екі дүниенің аралығында жүрудің не қажеті бар еді? Бәріміз де барып тұрған жексұрынбыз. Біздің ешқайсымызға да сенбе. Өз аяғыңмен монастырьға бар. Әкең қайда?
Офелия. Үйде, милорд.
Гамлет. Тас бекіт те, қамап қой. Ақымақтық жылы үйден сыртқа шықпасын. Қош бол.
Офелия. Жаратқанның пірлері, қолдаңдар бұны!
Гамлет. Күйеуге тисең, жасауың болсын қарғысым: мұздай бүтін, қардай таза бол да, жала-пәледен көз ашпа. Монастырьға тығыл деймін. Басың аманда бар соған. Ал, ақыры байсырасаң, ақымаққа ти. Ақылдылар сенін байдан байпақ жасамақ ниетіңді бірден біліп қояды. Монастырьға бар деймін! Кешеуретпе! Қош бол.
Офелия. Ғарыштағы пірлер-ау, даруын тап дерттінің!
Гамлет. Суреттеріңіздің де жайын естігем. Құдайдың берген бейнесін өзгертіп жүрген өзіңіз. Бағзы бір қыздар құйрығын қылаң, сыртын сылаң, аяғын шолтаң, тілін шолжаң қылып, құдай жаратқан мақұлыққа өзінше ат қойып, айдар тағады. Тым еркесің, жоқ, сен қой оны. Мен содан құрыдым. Үйленем деп иланба. Некелескендер қатын-бай болып қала берсін. Бір ғана жұбайдан басқалары. Ал, байға тимегендер некеден бас тартсын. Шіркеуге бар дедім ғой, бар соған.
Кетеді.
Офелия.
Қандай ақыл қазаға душар болды!
Білімдар, ділмар, үміткер де, мерейлі
Барша жастың базары еді байсалды,
Айнасы еді. Күл-талқаны шықты ғой.
Күл-талқаны... Ал, мен? Ең сорлысы әйелдің,
Кеше ғана бал-шекері ем мен оның,
Қола текті қоңыраудың сынғанында,
Істен шықты ақыл-ойдың алыбы.
Теңдесі жоқ жастық шақтың жайсаңы
Танғаны ма есінен? Уа, жасаған!
Қайда әлгілер? Не боп кетті көз алдым?
Король мен Полоний қайтып келеді.
Король.
Махаббат па? Бұның дерті ол емес.
Және — сөзі шәлкем-шатыс десек те,
Есі дұрыс. Ащы зардың астында
Қара ниет бар төңірекке қауіпті.
Ауыр істің алдын алмақ мақсатпен
Шұғыл келдім мен мынадай тоқтамға.
Жинамаққа төленбеген салықты
Англия сапарына барсын бұл.
Бәлкім теңіз, жаңа жер-су, жаңа жұрт
Қанын бұзып, жанын жеп жатқан
Жаман ойдан арылтар, Сіз не дейсіз?
Полоний.
Бұныңыз жөн. Барса барсын. Ал, өзім
Әлі де сол махаббаттың құсасы —
Жалғыз дерті-ау дегенімнен қайтпаймын.
Иә, ақымақ қыз? Айтпа сөзін қайталап.
Біз де естідік. Ендігісін өзің біл.
Тақсыр, соны сауықтан соң оңаша
Шешесімен сөйлестірсек деп едім.
Сөзін сырттан мен тыңдасам қайтеді?
Бұл жолы да біле алмасақ бірдеңе,
Англия ма, абақты ма — ар жағын Сіз білесіз.
Король.
Жөні солай. Бекзаттар
Жынданғанда алынатын түрмеге.
Кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сонда. Сарайдағы зал
Гамлет пен бірнеше әртіс кіреді.
Гамлет. Қане, жаңағы өзімнің оқығанымнан айнытпай айтып көріңдер. Егер бұрынғы дағдыларыңа бағып бақырып-шақырып кететін болсаңдар, одан да осы қаланың жаршысына айтқызған абзал. Және де ауаны арамен кескілегендей қолдарыңды былай-былай иземеңдерші, бәрі де шамадан тыс кетпеу шарт. Тіптен қызбалықтың селі, дауылы, сұмдық сұрапыл шегіне жеткен жерде де тізгінге ие болу керек, сонда бәрі де табиғи жарастығымен жатық шығады. Сала құлаш бұрымы бар алпамсадай жас жігіт құмарлықты құмдай шашып, парасаттың парша-паршасын шығарғанда залдағылар ырықсыз ым мен құлақ жарды құр айқайдан басқа түк те ұстай алмай қалатыны бар. Бұған қалай ренжімессің?! Ироданың өзін итқор ететін зәредей оғаштығы үшін сондай жігітті сабап алғым келеді. Ондай шайтан шатпақтан қашпақ қажет.
Бірінші әртіс. Ол жағынан қорықпаңыз, зиялым.
Гамлет. Орынсыз іркіле бермек те іс емес, ішкі дыбысқа құлақ қою керек. Сөзді қимылмен, қимылды сөзбен қиыстырудың да қыры, сыры, шегі бар. Шамадан титтей озбақ — театр ісіне қиянат. Театрдың бақ талайына берік ұстаған, өмір-бақи айнымайтын биік мұраты — табиғаттың маңдай алдынан шар айнаны жарқыратып ұстай білу, шындықтың мақтан тұтар тұлғасы мен жан түршігер жаман жайларын айнаға түсіру, әр заман тарихының бояу-қоспасыз болмысын таныту. Бұл жөндегі істің артығына да, тыртығына да надандар күледі, зиялылар күрсінеді. Біле білсеңіз, зал толы топас күлкісінен бір ғана орындықта отырып күрсіну бағалы. Соны байқай білу лазым. Аты мағлұм, тіпті даңқын көкке көтерген әртістердің де талайын көрдім. Ал, көңілдеріңе келсе де айтайын, солардың тілі христианның да, ол еместің де тілі емес. Солар күшене тапырақтап, итше ұлып жасаған адам бейнесін көргенде табиғат адамды тым асығыс, бір-ақ күн ішінде, осынша жексұрын етіп жарата салған ба деп қаласыз.
Бірінші актер. Ханзада, ондай оғаш ойыннан арыла келдік-ау деген сеніміміз бар.
Гамлет. Үзілді-кесілді арылыңдар. Ал ақымақты ойнаушылар жазылған сөзден сыртқары кететін болса, оған тыйым салыңдар. Кейде олар көрермендердің ноқайлау бөлегін көңілдендіру үшін сақ-сақ күледі. Сөйтіп пьесаның ең бір мағыналы жерін тәрк етеді. Күлдіргіштердің бұндай тарқақ өзімшілдігін ғана көрсететін оспадарсыз қылықтарды қылғындыру шарт. Барып даярланыңдар.
Әртістер кетеді. Полоний, Розенкранц пен Гильденстерн кіреді.
Қалай, милорд, корольдің мына пьесаға зауқы бар ма?
Полоний.
Королева да келеді, тек тезірек болса.
Гамлет.
Әртістерге тездет деп бұйырыңыз.
Полоний кетеді.
Соларды асықтыруға сіздер де барсаңыздар қайтеді?
Розенкранц пен Гильденстерн.
Оны қатырамыз, милорд.
Розенкранц пен Гильденстерн кетеді.
Гамлет.
Горацио!
Горацио кіреді.
Горацио.
Осындамын, қызметіңізге құлдық, ханзада.
Гамлет.
Көріп-біліп жүргендердің ішінде
Нағыз адал тұрғыласым сенсің-ау.
Горацио.
Қойыңызшы, ханзада!
Гамлет.
Жағыну деп ойлама.
Байлығым деп бар жиғаның — жалғыз-ақ
Ақ пейілің, не деп саған жағынам?
Жағынбайды жарлыға. Бай алдында
Жылпостар-ақ жалбаң қағып күнелтсін.
Құлшылықтан пайда тапсын солар-ақ.
Жә, тыңда сен. Жүрегіме жүк артып,
Адам жанын ажырата білгелі,
Таңдағаным сенсің. Сен ғой, азапты
Көрсе-дағы көрмегенсіп жүретін.
Ащы демей, тұщы демей, ынсаппен,
Не салса да көнгенсисің тағдырға.
Қан мен ақыл қабысқанда осылай,
Ол тағдырдың саусағының еркіне
Бағынбайды сыбызғыдай зар илеп.
Кім бар екен, құмарлыққа құл емес?
Тапсаң соны, жүрегімнің қасиетті
Түкпірінде екеуіңді сақтар ем.
Ал, қарап бақ, қазір біздер корольге
Пьесаның көрсетеміз көкесін.
Айтқам саған өлген әкем жайында.
Бұнда содан айнымайтын өлім бар.
Сол оқиға басталғанда корольден
Көзіңді алмай бақ та отыр, жарқыным.
Өз-өзінен қуыстанып сол кезде
Не қипақтар, не кешегі көрінген —
Әруақ емес, бізді алдаған жын-пері.
Көкейімде көпіршіген, қайнаған
Жанар таудың жынысындай жанық бұл.
Ал, жарқыным, көз тайғызбай қарап бақ.
Мен де қалман. Сезген жайды артынан
Салыстырып көрерміз.
Горацио.
Мақұл, милорд. Егер ұры кетер болса ұстатпай,
Ұрланғанның құнын өзім төлеймін.
Гамлет. Бәрі де келе жатыр. Мен есуас болғанси қалайын. Орын-орнымызға жайғасайық.
Дат маршы ойналады. Керней.
Король, королева, Полоний, Офелия, Розенкранц, Гильденстерн, басқа да лауазымды нөкерлер мен сақшылар, там ұстаушылар кіреді.
Король. Нәсіліміздің мұрагері Гамлет, денсаулығыңыз қалай?
Гамлет. Сенсеңіз, мүлде тамаша! Қарыздар ауамен хамелеонша азықтанамын. Байлаудағы бордақы қораздың азығынан да менікі артық.
Король. Жауабыңда жүйе жоқ,
Гамлет. Маған айтар сөзің емес бұл.
Гамлет. Ал, маған одан бетер. (.Полонийга) Милорд, университеттегі кезіңізде сахнада ойнап едіңіз-ау, рас қой?
Полоний. Ойнадым, милорд, және де жақсы әртіс атанғам.
Гамлет. Кім болып ойнадыңыз?
Полоний. Мен Юлий Цезарьді ойнадым. Мені Капитолийда өлтірді. Брут өлтірді мені.
Гамлет. Осындай капиталды бұзауды бруталды түрде өз тарапынан өлтірген ғой." Ал, әртістер даяр ма?
Розенкранц. Иә, милорд. Бұйрығыңызды күтіп отыр. Королева. Сүйікті Гамлетім, бері келіп, қасыма отыршы. Гамлет. Жоқ, мейірімді шеше, мына жақта сізден гөрі тартымы күштірек магнит бар.
Полоний (Корольға ақырын ғана). Әне, естідіңіз бе?
Гамлет. Леди, рұқсат па сіздің тізеңізге?..
Офелияның аяғына қисая түседі
Офелия. Жоқ, милорд.
Гамлет. Кешіріңіз тізеңізге басымды деймін.
Офелия. Рұқсат, милорд.
Гамлет. Сіз сұлап жатып алады екен деп ойлап па едіңіз?
Офелия. Мен ештеңе де ойлаған жоқпын, милорд.
Гамлет. Ал, шынында, қыз тізесіне қисайып жатып алу дегеніңіз тамаша тапқырлық-ау.
Офелия. Не дедіңіз, милорд?
Гамлет. Ештеңе дегем жоқ.
Офелия. Ханзада, сіз бүгін аса көңілдісіз.
Гамлет. Кім, мен бе?
Офелия. Иә, милорд.
Гамлет. Ойбай-ау, мен сіздің жолыңызда арбаның тегершігі болып жүйткуге бармын ғой. Дұрысында әзіл-қалжыңнан басқа не қалды өзі. Қараңдаршы, менің шешемнің түрі неткен жайдары еді! Ал, әкемнің өлгеніне екі-ақ сағат болды.
Офелия. Жоқ, ханзада, толығынан төрт ай өтті.
Гамлет. Соншалық көп пе? Онда ақ сайтан аза тұтсын. Мен бұлғын киіп құлпырамын. У а, жасаған! Өлгеніне екі ай өтсе де ұмтылмапты. Ендеше ұлы адам өлсе, ол жарты жыл бойы ұмытылмас. Бірақ, оның шіркеу салғызуы шарт. Әйтпесе, ешкім еске алмай, ағаш аттың кебіне ұшырар. Ол аттың құлпытасына: «Тұяғы да, аяғы да адыра қалды-ау баяғыда» деген сөздер жазылған ғой.
Гобой тартылады. Пантомима басталады. Оған қатысатын король мен королева кіреді. Бұлар біріне-бірі ізет білдіреді, королева корольді, бұл оны құшақтайды. Зайыбы ерінің алдында тізе бүгіп, өзінің адалдығын, сипаттайды. Ері оны тұрғызады да, маңдайын иығына тигізеді. Сонсоң шым үстіндегі гүл арасына барып жатады. Ол ұйықтаған соң әйелі кетеді. Ізінше улаушы келіп, корольдің басынан тәжын алып сүйеді, құлағына у құяды да, кете береді. Королева қайта келгенде өліп жатқан корольді көріп, аласұрады. Екі не үш қабір қазушыны ертіп улаушы қайта оралады. Ол әйелдің қайғысына ортақтасқандай ишарат істейді. Әлгілер өлікті алып кетеді. Улаушы королеваға сыйлық ұсынып, оны баурай бастайды. Әйел әдепкіде бұның құмарлығын құптамай ашуланады, ақырында райдан қайтып илігеді.
Бұлар кетеді.
Офелия. Бұнда қандай сыр бар, ханзада?
Гамлет. «Сұр жылан ғой», ал, мағынасы — жауыздық.
Офелия. Тегі, пантомима көретін пьесамыздың мазмұнын айтты-ау деймін?
Пролог кіреді
Гамлет. Қазір мына баладан бәрін де ұғынамыз. Әртістер сыр сақтай білмейді. Күллісін көкіп әшкере қылады.
Офелия. Бұл жаңағы көрсеткен нәрсенің мағынасын түсіндіре ме?
Гамлет. Иә, сіздің де оған көрсететін кез келген нәрсеңізді. Сіз ұялмай неңізді болса да көрсетіңіз, ол соның атын атап беруден жүз жанбайды.
Офелия. Өзіңіз қиқар кісі екенсіз, қиқар! Одан да пьесаны көрейінші.
Пролог.
Өзіңізден өтінер бұл кезіміз:
Не көрсе де көзіңіз,
Сабыр етіп төзіңіз.
Гамлет.
Бұл не, пролог па әлде жүзікке жазылған жазу ма?
Офелия.
Шынында да, тым қысқа, милорд.
Гамлет.
Әйелдің махаббатындай.
Король мен королеваны бейнелейтін екі әртіс кіреді.
Сахнадағы король.
Отыз мәрте пірлер мініп пырақты,
Шарлап шықты күн жүйесін тұрақты,
Он екіден жерді айналды ай аппақ
Отыз мәрте өз сапарын аяқтап.
Содан бері егіз жүрек — екеуміз
Құдай дескен, қол ұстасқан екенбіз.
Сахнадағы королева.
Әлі сонша жүрер еді-ау күн мен ай,
Махаббаттың қалжырауға көнгені-ай! —
Қартаймай-ақ қажытты ғой сырқатың,
Сорлы басым содан болдым қорқатын.
Бірақ, дертте, құдай берген осынау,
Сіз шошитын дәнеңе жоқ, досым-ау:
Әйел заты берік қой шын сүйсе де;
Азап-сордың тұздығына күйсе де.
Сіз білесіз махаббатым тереңін,
Көзсіз сүйіп, көзсіз қорқа беремін.
Сезім күші болмашыдан үргелек, —
Жаралмаған жаным сізден бір бөлек.
Сахнадағы король.
Жаным менің, қош айтысар болдың-ау,
Қалжыратты тағдыр салған бұл бұғау.
Махаббат пен беделіңе берік бол,
Жабырқама, жақсы күнге серік бол.
Басқа күйеу, қайдам...
Сахнадағы королева.
Айта көрмеңіз.
Ол істі мен сатқындыққа саямын.
Өйтсем мені нажағайдан жай тапсын!
Байын өзі өлтіргендер бай тапсын!
Гамлет (сыртқа).
Изен!.. Изен-жусан!..
Сахнадағы королева.
Екіншіні ешкім адал сүймейді, —
Есеп, нәпсі жат төсекке сүйрейді.
Сахнадағы король.
Жаным, мені сүйесің-ау жақсырақ.
Бірақ, біздің сертімізде жоқ тұрақ.
Ол құлы ғой құбылмалы көңілдің.
Жетілгенше желігі мол жеңілдің.
Көк түйнектер сабағында құдайды
Танымаса, піскен күні құлайды.
Ойлау үшін қайта шалқып жүрмін деп.
Алғашқы серт ұмыт болмақ — бір міндет.
Әр құмарлық өз қызығын күтеді,
Тояттан соң о да тозып бітеді.
Қайғы, шаттық тағылықтан жаралған, —
Бірі кетсе, бірі қайта оралған,
Қасіретте қуаныштың түсі жоқ,
Қуаныштың қасіретпен ісі жоқ.
Еш тұрақсыз екеуі де бишара, —
Махаббаттың өйтпесіңе не шара?
Сүймек зор ма, әлде тағдыр күшті ме? —
Гәп осында. Жесір — жемтік тістіге...
Күшің барда пенде біткен достасар.
Тарыққанда қол созбай-ақ қоштасар.
Сөз басына қайта соқсам, қысқарып:
Өмір ісі еркімізден тысқары.
Тілек бар-ау теріске бет бұрмасқа, —
Тілек басқа, тірлік ісі бір басқа.
Жамылғанша қаралы жар торқасын
Басқа байдың құшағынан қорқасың.
Сахнадағы королева.
Күн көрмейін, жерден талшық татпайын?
Қу жанымды қоярға жер таппайын!
Ащы дертке айналсын да үмітім,
Тұтқын зары сазым болсын күні-түн!
Жесір қалып, байға тисем ақыры,
Мен болайын ит-қор адам пақыры!
Гамлет.
Антың ертең алдап кетсе қайтесің?
Сахнадағы король.
Қатты ашындың! Дамыл керек бір ғана; —
Қалжыратты күнделікті шырғалаң. Бара тұршы,
Ұйықтайды.
Сахнадағы королева.
Жайлы жатып тыныста.
Жұбымызды жазба, құдай, тұрмыста!
Кетеді.
Гамлет. Ханым, сізге бұл пьеса ұнай ма?
Королева. Менше, леди уәдеге тым жомарт.
Гамлет. Әй, несі бар,— уәдесінде тұрады ол!
Король. Мағынасын ұқтыңдар ма? Уағызында ешқандай ерсілік жоқ.
Гамлет. Жоқ, жоқ. Әжуа ғой әншейін. Әжуаның уымен әлсірету. Басқа түк жоқ ерсі-қарсы дегендей.
Король. Пьесаның аты қалай?
Гамлет. Аты — «Тәпі». Кәдімгі тышқан ұстайтын қақпан ғой. Ал, мағынасы дейсің бе? Үлкен. Бұл пьесаның суреттеп отырғаны — осы мына Венада болған кісі өлтіру оқиғасы. Герцогтың аты — Гонзаго. Оның әйелі Баптиста. Қазір көресіздер ғой, бұл өзі шылғи шіріп жатқан айла-шарғының әлегі. Онда біздің не шаруамыз бар?! Ұлы мәртебелім, бұның бізге, біздің тап-таза ар-ұятымызға ешқандай қатысы жоқ. Жауыр мәстектің жарасына қатты батса, сол-ақ жүресінен жата қалсын. Ал, біз болсақ, ондай жауыр-жарақаттан аманбыз.
Луциан кіреді.
Мына Луциан дегені корольдің немере інісі.
Офелия. Милорд, сіз тура хордың жұмысын атқарғандай екенсіз.
Гамлет. Ей, қарақшы-ау, бастасаңшы! Ант ұрған-ау, иманы қашқан бет-аузыңды тыржита бергенше, бастасаңшы! Ал, қане: «Қара қарға қарқылдайды өлтір деп...»
Луциан.
Қол қатыгез, көңілім қарау, у — зәрлі.
Көрер жан жоқ құлатсам да құзарды.
Зұлымдықтың пірі ашытқан күшіңді
Көрсет, заһар, бар да, бітір ісіңді,
Шөптен жиған уларыңды тез жұмса,
Ісім оңқай, мынау пақыр көз жұмса?
Ұйқыдағының құлағына у құяды
Гамлет. Тақ пен баққа өзі ие болмақ үшін: бақ ішінде байғұсты улап тастады. Герцогтың аты — Гонзаго. Итальян тілінде көркем жазылып көп сақталған хикая бұл Қазір сіздер Гонзагоның әйелін қарақшының қалай азғырғанын көресіздер.
Офелия.
Король орнынан тұрып кетті.
Гамлет.
Жасанды оттың шоғынан шошынды ма?
Королева.
Мәртебелі тақсырға не көрінді?
Полоний.
Тоқтатыңдар ойынды!
Король.
Шам жағыңдаршы, құрып кетсін, жүріңдер!
Бәрі.
Жарық беріңдер, жарық, жарық!
Гамлет пен Горацнодан басқалары түгел кетеді.
Гамлет.
Жаралы марал өкірмек,
Жарасыз марал секірмек, —
Біреу ұйықтап, біреу кезбек түн ішін, —
Тірлік солай бөліп берген тынысын.
Жә, сэр, келешекте басқа кәсіптен опа таппай омақаса қалғанда, дулығама қауырсынды самсатып, шоқайыма шоқ-шоқ бантик байлатып әртіс болсам, орным бөлек емес пе?
Горацио.
Жалақының жартысына.
Гамлет.
Жоқ, бүтіндей.
Қымбатты Дамой. Юпитердің сұңқары
Тағынан ұшқан десек-ті.
Орнына келген, білесің, мансап іңкәрі
Салпаң құлақ есе... тотыны.
Горацио. Ұйқасын бұзбай-ақ айтқаныңыз жөн еді.
Гамлет. О, Горацио! Әруақтың әр сөзіне мың фунт берсе болмас па?! Байқадың ба?
Горацио.
Байқамағанда ше!
Гамлет.
Улау сахнасы ойнала бастағанда.
Горацио.
Мен біздің корольдан көз айырмай, қаттым да қалдым.
Гамлет.
Ах, ах! А, қанеки, музыка.
Кәне сырнайшылар!
Ұнамаса корольға, ұнамайтын
Құйтырқысы болған ғой оның айқын.
Ал, кәнеки, музыкаға басыңдар!
Розенкранц пен Гильденстерн қайта кіреді.
Гильденстерн. Абзал ханзада! Бірер сөз айтсам болар ма?
Гамлет. Шежіре шертсеңіз де еркіңізде, сэр.
Гильденстерн. Король сэр...
Гамлет. Иә, сэр, о кісіге не болды?
Гильденстерн. Баруын барды-ау үйіне, халі нашар.
Гамлет. Шараптан шығар, сэр?
Гильденстерн. Жоқ, сэр, өтіне зақым келсе керек.
Гамлет. Бұл жағдайды дәрігерге айтпақ дәл дауа. Мен өзімнің тыншытар даруымды ұсынсам, өті аузына одан бетер құйылар деп қорқамын.
Гильденстерн. Абзал ханзада, сөзіңізді тиянақтап бір жерге, маған артқан міндетті мансұқ етпей, жөн сөйлеген жөн шығар.
Гамлет. Құп ендеше, қойдым, құлағым сізде.
Гильденстерн. Королева, өзіңіздің анаңыз, тарыққаннан талықсып, мені сізге жұмсады.
Гамлет. Хош келдіңіз.
Гильденстерн. Жоқ, абзал ханзада. Қазір ондай қошаметке орын жоқ. Дұрыс жауап бермекті жөн десеңіз, шешеңіздің бұйрығын орындаймын. Әйтпесеңіз, кешірім өтінем де, кете берем жөніме.
Гамлст. Шамам жоқ, сэр.
Гильденстерн. Не нәрсеге, милорд?
Гамлет. Өзіңізге дұрыс жауап беруге. Менің миым шатасқан. Ал, өз әлімше қайтарар жауабым кәдеңізге жараса, пайдалана беріңіз. Жә, сөзді қойып, іске!.. Сіздің айтуыңызша, менің шешем...
Розенкранц. Ендеше ол кісінің айтқаны: Сіздің қиянатыңыз ол кісіні таңырқатып, тіпті есеңгіретіп тастаған.
Гамлет. Өз шешесін таңғалдырған, таңғаларлық перзент-ай. Таңырқауға таңғаны бар ма тағы да? Қызық екен.
Розенкранц. Сіз ұйықтардың алдында, бөлмесінде оңаша өзіңізбен тілдескісі келеді.
Гамлет. Айтқаны болсын, ол кісіні он шешеге балаймын. Тағы нелер тілейсіз?
Розенкранц. Ханзада, бір кезде мені жақсы көруші едіңіз.
Гамлет (өзінің қолын көрсетіп). Әлі де солай, нанбасаң, мынау ұрлықшының аспабымен ант етем.
Розенкранц. Абзал ханзада! Сырқатыңызға не себеп? Қайғыңызды досыңыздан жасырып, жан сақтаудың жолын кесіп отырсыз.
Гамлет. Маған жоғарырақ дәреже керек.
Розенкранц. Қалайша, король сізді дат тағының мұрагері деп отырған жоқ па?
Гамлет. Иә, сэр, бірақ, «көк шыққанша көтерем аштан өлмек». Қазір бұл мақал ептеп ескірді.
Сырнайшылар қайта кіреді.
Аха, сырнай! Әкелші кәне, біреуін ұстап көрейін. Аулағырақ тұрыңдар, немене сендер, жан-жағымнан анталап, мен соншалық ау торына айдап тығар аң ба едім?
Гильденстерн. Пәлі, ханзада, қасыңызға жақын жүрсем, қапысыз жақсы көргенім сол
Гамлет. Түсінген жоқпын. Жә, мейлі, міне сырнай. Тартып көріңізші.
Гильденстерн. Ханзада, тарта алмаймын.
Гамлет. Тартыңызшы.
Гильденстерн. Шын айтамын, тарта алмаймын.
Гамлет. Қолқа салып тұрмын ғой.
Гильденстерн. Сіз қызықсыз, ұстап көрген емеспін.
Гамлет. Бұны тарту өтірік айтумен бірдей. Тесіктеріне саусақтарды самсатып, ішіндегі ауасын аузыңызбен үрлейсіз, сонда бұдан сызылып нәзік сарын шығады. Көрдіңіз бе, міне мынау тілдері.
Гильденстерн. Бірақ енді соларды пайдалана білмеймін ғой. Менен түк те шықпайды. Үйренгем жоқ.
Гамлет. Ендеше, қараңыз, сіз мені қаншама былғанышпен баттастырмақ едіңіз. Сіз мені сыбызғыдай сарнатпақ едіңіз. Барлық тілімді баса алам деп сенгенсіз. Дыбысымның құпиясын құйқылжыта шығарам деп құлшындыңыз. Төменнен жоғарыға дейінгі барлық нотам алақаныңызда ашық деп ойладыңыз. Ал, мына бір титімдей нәрсе тарту үшін әдейі жасалған, үні де әдемі. Ал, осыны сөйлетуге дәрменіңіз жетпейді. Сонда қалай, сырымды ашпақ сыбызғыдан жеңіл ме? Мені қандай аспап десеңіз де еркіңіз білсін, күйімді бұзуыңыз мүмкін. Бірақ, Сіз мені сайрата алмайсыз.
Полоний кіреді.
Құдайыңыз жар болсын, сэр!
Полоний. Милорд, королева өзіңізбен сөйлессем дейді және шұғыл
Гамлет. Сонау аспандағы түйе сияқты бұлтты көрдіңіз бе?
Полоний. Оллаһи, көріп тұрмын, артығы да, тыртығы да жоқ, айнымаған түйе.
Гамлет. Меніңше сол, күзенге ұқсап барады.
Полоний. Рас-ау: жотасы күзенше күдір.
Гамлет. Немесе киттің сыртындай.
Полоний. Айна-қатесіз киттің сырты.
Гамлет. Жә, шешеме қазір барам мен. (Сыртқа) Бұлар мені ақылымнан адастырмақ қой! — Қазір барамын.
Полоний. Солай деп жеткізейін.
Гамлет. «Қазір», демек қалжың емес. Дос-жарандар, барыңдаршы бәрің де.
Гамлеттен басқаның бәрі кетеді
Түнгі сиқыр сықырлатып табытты,
Дозақ сойқан дем салар кез осы шақ.
Қазір ыстық қанға тойып қапысыз,
Таң атқанда тәлтіректеп тұруға
Жарар ем мен. Шақырып жатыр шешеміз.
Жыртқыш болма, жүрегім! Қайткенде де
Тықпалама Нерон жанын кеудеме.
Шешеме айтам бар шындықты баттитып,
Жара салмақ қанжарды сол қаттырақ.
Ашынғанда түк сезбеспін, кермеспін, —
Өз анам ғой — қолға ерік бермеспін.
Кетеді.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Сарайдағы бөлме.
Король, Розенкранц пен Гильденстерн кіреді.
Король.
Мен Гамлетті жек көрем. Есірікке
Ерік бермек әбестік. Қамданыңдар.
Тура қазір қол қоямын бұйрыққа, —
Англияға әкетіңдер ханзаданы.
Қалтарыстан қауіп-қатер төндіріп
Жынды адамның бұл маңайда жүрмегін
Көтермейді мемлекет.
Гильденстерн.
Қамданайық.
Өзіңіздің рақымыңыз дарыған
Елдің есен-саулығына әкелік,
Қасиетті қамқорлық бұл, тақсырым.
Розенкранц.
Апат-нәубет сезілгендей әркім зор
Сана жұмсап сақтануға міндетті.
Көптің жайын жалғыз ойлап, көреген
Іс қылмақтың қадірінің артығы-ай!
Король өлмек — қарапайым қаза емес,
Тұңғиыққа тұтас тартпақ төңірегін.
Король жаны «шатқалдағы тегершік,
Шатқаяқтан таймау үшін ол әсте,
Табанында сансыз аран, тіс болмақ.
Тегеуріннен таяр болса тегершік,
Ен алдымен күл-талқан боп күллісі,
Қайрайтындар — әлгілер. Әмірші демі біткенде
Барша көкірек ышқынады сұрапыл
Король.
Ал, жарқыным, тез жол қамын істеңдер,
Бұл сұмдықты сайрандатпай еркінше.
Мезгіл жетті бұқтыратын бұғауға.
Розенкранц пен Гильденстерн.
Тездетейік.
Розенкранц пен Гильденстерн кетеді. Полоний кіреді.
Полоний.
Шешесінің түнгі орнына кетті әлгі.
Тұс кілемнің тасасынан тыңдайын.
Шешесі де оны, тегі, қолға алар,
Сіздікі ақыл, бірақта ана — аяғыш,
Шынында да — ол жалтақ. Тыңдау қажет.
Басқа адамның бақылауы бағалы.
Қош болыңыз, мәртебелі тақсырым,
Сіз ұйқыға кетпей тұрып келермін,
Баяндармын бәрін де.
Король.
Рахмет, досым.
Полоний кетеді.
Түтеп кетті зұлматтығым түтіні,
Қарт заманның қарғысы бар мойнымда —
Өз ағамды өлтірдім. Жаным ынтық,
Жүрегіммен тоба дегім келеді-ау,
Әттең, хаққа жалбарынар жайым жоқ:
Құпталмаса құр тәубеден не пайда?!
Алдым тұман, күптігейлі күнімде
Неден бастап, не қыларға білмеймін.
Құдай кешсе, ағай өлген сағатта,
Менің қан-қан қарғыс атқан қолымды
Жумас па еді көктен нөсер құйылып?
Зұлымдықсыз қайырымда не мән бар?
Қайырым неге қажет болған ендеше?
Құлатпа деп сыйынамыз құдайға,
Тұңғиықтан шығар дейміз құласақ.
Жоқ, елегізуге ертерек. Еңсені көтер!
Мен қайтадан тұру үшін құлағам.
Қандай сөзбен жалбарынсам жөні бар?
«Қаныпезер қарақшыға кеше гөр?» —
Жоқ, ол жөнсіз. Қайтарғам жоқ қарызды.
Өлтіргеннен тапқан олжам өзімде:
Тақ пен тәжім, королевам, кең өлкем.
Не деп кешпек күпір жанның күнәсын?
Айыпты жан, алтыны бар бір шеңгел
Біздің жерде оңға баспақ оп-оңай.
Зұлымдықтан жұлып жеген жемісі —
Заң бойынша, параға алған олжасы.
О дүниеде бұлай емес. Онда әшкере
Тындырғаның тыр жалаңаш күйінде.
Өткен-кеткен қылмыстарың ол жақта
Өзіңмен-ақ соттасады бетпе-бет.
Қалай сонда? Қайтпек керек?
Опық па? Опық жемек — оңқай іс қой. Ал, бірақ,
Опынарға жол қалмаса қайтерсің?
Азап! Қара пейілім, ажалдан да қатыгез!
Қара батпақ! Жұтармысың біржола?!
Періштелер, жәрдемі! Аяқ-қолым,
Қасарыспай тіршілікке тізе бүк!
Болат жүрек, жұмсара гөр сен-дағы
Жаңа туған жас сәбидің етіндей!
Оңғарылар бәрі де.
Сахна төріне тереңірек барып тізе бүгеді. Гамлет кіреді.
Гамлет.
Жалбарынып жатыр-ау. Сәті түсті!
Тарт семсерді — жан сапары — жаһаннам.
Кек алмақ сол. Солай ма өзі? Ойлайық.
Бұл ғой менің әкем көзін жоғалтты,
Жазаң сол деп қарақшыны ғарышқа
Мен жөнелтсем, кектің ісі емес-ау,
Сыйлық тартқан жан болам ғой мен оған.
Әкем менің жалбарынып үлгермей,
Май айындай маңыз ата масайрап.
Күпті күйде, күпір күйде өлді ғой.
Кім біледі ол байғұстың сол үшін
О дүниеде қанша жаза тартқанын.
Қинаған-ақ шығар оны аямай.
Ал мен мына оңбағанды құдайдан
Қу жанына сауға сұрап біткенде, —
Бұл жексұрын боқтығынан арылып,
Алсаң құдай ала бер деп тұрғанда —
Өлтіргенім өш алғаным болар ма?
Жоқ.
Қайт қынапқа, семсер қылмыс күтеді!
Бұл мас болар, ғайбат сөйлер ызамен,
Төсек былғар қан-бұзақы қарақшы,
Хақты тілдер карта ойынның үстінде,
Арамдық та ойлар әлі-ақ біреуге —
Міне, сондай қара жүзді кезінде
Салып қал да, тартқыз тура тамұққа,
Екі аяғын төбесінен келтіріп.
Шешем жатыр шақырып, — Талтаңдай тұр.
Ем-дом емес, аз күн тірлік бұл саған.
Кетеді.
Король (орнынан тұрып).
Сөз самғайды, сезім төмен тартады,
Сезімсіз сөз құпталмайды ғарышта.
Кетеді.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Королеваның бөлмесі. Королева мен Полоний кіреді.
Полоний.
Келе жатыр. Келістіре сөгіңіз.
Құдай сүймес қиянатын қысқартсын.
Бір ажалдан арашалап қалдым деп,
Қорқытыңыз. Мен кілемге тығылам.
Құдай ақы, қаттырақ...
Гамлет (сахна сыртынан).
Әу, Ана! Ханым!
Королева.
Қорықпаңыз! Маған сене беріңіз.
Сол-ay, сірә. Тығылыңыз сіз барып.
Полоний кілем тасасына жасырынады. Гамлет кіреді.
Гамлет.
Ал, шешетай, қай шаруаңа қажетпін?
Королева.
Әкеңді неге қорлайсың сен, Гамлет?
Гамлет.
Әкемді неге қорлайсыз сіз, анам-ау?
Королева.
Маған ылғи көргенсізше сөйлейсің.
Гамлет.
Сауалыңыз екі жүзді ылғи да.
Королева.
Бұл қай сөзің, Гамлет?
Гамлет.
Қай сөз керек?
Королева.
Танисың ба, кіммін мен?
Гамлет.
Иә, міне крест.
Королева боласың,
Байыңыздың інісіне тигенсіз.
Сорлатқанда, туған шешем — өзіңіз.
Королева.
Онда сенімен басқалар-ақ сөйлессін.
Гамлет.
Қозғалмаңыз! Отырыңыз. Жібермеймін
Сізді
Алдыңызға айна әкеліп қоямын,
Содан бүкіл ішіңізді көресіз.
Королева.
Ниетің қандай? Мынау жарып өлтірмек!
Жақындама! Сақтаңыздар!
Полоний (кілемнің ар жағынан).
Сақшылар! Әй!
Гамлет (сапысын суырып алып).
Ә, — солай ма? Тараққұйрық мұңда ма
Мә, ендеше. Біткеніне бәс қоям.
Кілемді тесіп жібереді.
Полоний (кілемнің ар жағынан).
Өлтірді мені!
Құлайды да өледі.
Королева.
Не істедің сен?
Гамлет.
Онда тұрған король ме еді?
Королева.
Неткен қатыгезсің! Неткен жауыздық!
Гамлет.
Корольді де өлтірді ғой інісі,
Қатынын да қатын етіп өзіне, —
Бола алмас бұл содан асқан сорақы.
Королева.
Корольді де өлтірді?
Гамлет.
Иә, леди, иә!
Кілемді серпіп тастап Полонийді көреді.
Қош бол, ақымақ, итаршы да, жарамсақ!
Қиын шаруа қыстырылмақ араға,
Түртіншегім, түбіңе сол жетті енді.
Сіз отырыңыз, қолыңызды сындырмай.
Жүрегіңіз сынғыш заттан жаралса,
Соны ғана көрейін мен сығымдап, —
Сындырайын, соңғы сойқы көзіңіз
Қола-мыстан жаратпаса қайтадан.
Королева.
Жарқыным-ау, не істеп едім мен саған,
Сөйлескендей осыншалық тұрпайы.
Гамлет.
Арыңызды, әріңізді төктіңіз,
Қор болдыңыз, екі жүзді өз-бике,
Жем түсіріп ақ маңдайға тап-таза,
Некеңізді ит саудаға салдыңыз,
Талақ етіп таза жардың уәдесін,
Шіркеудегі әдеп, ғибрат лебізін
Сусылдаған суайт сөзбен сүрттіңіз.
Қалауыңызды еске алғанда, ұялып
Көктің жүзі қызарды да, түнерді
Дүние бұғып қара жерге қарады.
Королева.
Мұнша өжет алғы сөздің ар жағын —
Түпкі сырын түсіндірсең болмас па?
Гамлет.
Міне, мынау қос сурет: Мынау, мынау.
Ағайынды екі еркектің суреті.
Қарап тұрсаң, неткен ғажап біреуі:
Зевс маңдай, Аполлондай бұйра шаш,
Марс көзді, тәкаппар да, қаһарлы,
Тұлға-бітім — құдды алып Меркурий,
Бұлтты жарып, хатпен түскен ғарыштан.
Бойға жиған барлық пірдің сипатын
Кісі-ақ еді-ау!.. Бұл — бірінші байыңыз.
Екіншіңіз мынау: құдды көк шөптен
Жалғыз өзін құрт жеп қойған қу сояу.
Қайда сіздің көзіңіз? Осы азыққа
Түстіңіз-ау, тау жайлаудан тайғанап?
Не үшін сізге көз берілген? Ашыналық — ноль.
Сіз қарайлы жасамыстар бұрқанбай,
Салиқалы баспен өмір кешеді.
Қайда сол бас, алмастырғыш дәуренді?
Өлген өлік емессіз. Жоқ, әйтпесе,
Қозғалақтап жүре де алмас едіңіз.
Ал, сезім ше?
Ұйықтап қалған ол сізде.
Ендеше ме, ешкім сіздей ұтылмас.
Бұдан өткен кереғарлық кездеспес.
Қай жын сізге соқыртеке ойнатып,
Ақ жолынан тайдырды екен тал түсте?
Керең, кем көз, аяқ жолы көмескі, —
Қолы шолақ, төк иіске итіншек
Сорлы жан да осыншалық адаспас!
Ау, ар-ұят, қайдасың сен? Әзәзіл!
Қызбалыққа жесір бұлай желіксе,
Қыздан қандай қылық сұрар жайың бар?
Қалдырғаның қандай сұмдық өнеге
Қалыңдыққа біз сүйер!
Королева.
Гамлет, тоқтат!
Сен көзіңнің қарашығын тұп-тура
Қадап қалдың түкпіріне жанымның.
Оның іші қаптап кеткен қара дақ,
Өшпейді олар қайсы бірін жусаң да.
Гамлет.
Тер шылқыған лас төсекте бұланып,
Ырсалақтап, өле жаздап, өзінің
Құлағанын қызықтап...
Королева.
Аясаңшы, Гамлет!
Қанжардан да өткір сенің сөздерің.
Құлақтан өтті.
Гамлет.
...Алғашқының
Екі жүзден бір бөлігіне алғысыз
Қарақшы, хайуанды құшақтап
Жату неткен масқара!.. Мазақ король,
Шөнтек патша, ұрлап алған өкіметті,
Тақтадағы тәжді еппен қымқырып,
Ала қашқан еден тақтай астына
Баукеспе ол!
Королева.
Жетер енді, Гамлет!
Гамлет.
Күлдіргіштей күлді балам киінген...
Әруақ, кіреді.
Хақ періште, қанатыңның астына ал!
Апырау, мына қасиетті Әруақтың
Менде қандай ісі бар? Нең бар менде?
Королева.
Сұмдық!.. Мынау шатасты!
Гамлет.
Ыза қысқан қызу шақты суытып,
Іске асырмай Сіздің қатал бұйрықты,
Жалқау тартқан ұлыңызды сөккелі
Келдіңіз бе? Солай ма?
Әруақ.
Өштік отын үрлегелі келдім мен.
Әзірлігің барған сайын әлжуаз.
Жә, шешеңнің кім болғанын көрейін.
Сорлы бейбақ соққы тисе төзе алмас.
Ұстамсыз жан жәбірленбек көбірек.
Бірдеңе айтшы өзіне.
Гамлет.
Не болды, сізге, леди?
Королева.
Жо-жоқ, саған не болды? Сыртқа қарап,
Құр ауамен сөйлесесің даурығып.
Көзің кеткен шарасынан шақшиып.
Жаршы оятқан ұйқылы-ояу солдаттай
Сүйретіліп көтерілген шаштарың
Тікесінен тұра қалды сіресіп,
Беу, ұланым, дерттің отын өршітпей,
Салқындатпақ қажет саған сабырмен.
Нені көріп отырсың?
Гамлет.
Оны, оны! Әне, өңі қураған!
Сұм ажалы, құп-қу болған ажары
Қобалжытар тасты да — теріс айнал!
Өңменімнен өтер болды көздерің.
Жаным жасып, бордай босап барады.
Қан орнына жас төгуге бармын мен.
Королева.
Кімге сөйлеп отырсың?
Гамлет.
Көрмейсіз бе?
Королева.
Жоқ. Дәнеңе де... Көз алдымда зат қана.
Гамлет.
Естіген де жоқсыз ба?
Королева.
Естігенім — екеуміздің даусымыз.
Гамлет.
Тұр ғой міне. Былай, былайырақ қараңыз.
Менің әкем, тірі күнгі дәл өзі.
Көрдіңіз бе, жылжып барды есікке.
Королева.
Бәрі де сол науқасыңның салқыны.
Бұндай кезде қатты ашуға булықсаң
Қай-қайдағы көрінеді көзіңе.
Гамлет.
Қатты ашыну, булығу!
Жүрегімнің соғуында қапы жоқ.
Жаңылмайды бәз баяғы қалпымнан.
һәм сергекпін. Сөзім дұрыс жүйелі.
Қайта сұра — қайталаймын жауабын,
Ауру жандар олай істей алмайды.
Құдай үшін, тастаңыз ол бальзамды.
Өзіңіздің қиянатыңыз тудырған
Шер-құсаны телімеңіз сіз маған.
Ондай ем-дом — бітеу жара жасайды, —
Қанды іріңі ішіңізді жайлайды.
Сіз тәубеге келіңіз. Өткен іске өкініп,
Күпірліктен сақтаныңыз бұдан соң.
Арам шөпті түбірімен құртпақ шарт.
Ақиқатты айтқаныма кешірім; —
Жамандыққа жасау үшін жақсылық,
Біздің тұста ізгі жандар ылғи да
Жамандықтан өтінеді осылай.
Королева.
Ah, Гамлет! Жүрегімді екі бөліп тастадың!
Гамлет.
Жарамсыздау жартысымен қоштасып,
Қалғанымен жақсы өмір сүр ендеше.
Жайлы ұйықтаңыз. Ағайға да бармаңыз.
Жоқ ұяттың есесіне жаңадан
Ұят ойлап шығарыңыз, — өссін сол.
Киген күні парасаттың маскасын
Өзіңізден өнер болар ізгілік.
Қайталамақ өзгертеді зат түрін.
Сұм дағды мен майдандасса ізгі салт,
Бағынбақ не аластамақ жын-шайтан.
Ақырында, сәтін салған уақытта,
Оң бассаңыз ақ тілеуге ылайық
Мен де сізден сұрар едім ақ бата,
Ал, мына бір сорлы шалды сөз етсек, —
Полонийді нұсқап.
Ойда жоқта обал болды байғұсқа.
Жазмыш солай кескен шығар тегінде.
Құдай мені жазғырса да бұл үшін,
Қол жұмсатқан сол құдайдың өзі енді.
Денесін де өзім сүйреп әкетем,
Қанына да өзім берем жауапты.
Жә, тағы да, жақсы ұйықтаңыз. Ал, енді
Аяған соң қатал болам амалсыз.
Қан төгісу басталды — қамданыңыз!
Бір-екі сөз және де...
Королева.
Мен не істесем жөн енді?
Гамлет.
Тағы менен сұрайсыз ба?.. Ендеше,
Емін-еркін бұрынғыша түлеңіз;
Құс төсекте құшақтасып корольмен,
Тұншықтырған ләззатына иіңіз,
Ағыңыздан жарылатын ұтырда,
Гамлет жынды болмай шықты, қастықпен
Айла-шарғы жасаған деп айтыңыз.
Королева.
Өзіңе аян, бұл өмірде мың артық
Сені сатып күн көргенше өлгенім.
Гамлет.
Англияға жөнелтпекші ол мені. Айтып па еді?
Королева.
Сорымызға, иә, солай. Айтпақшы, иә, тоқтам — сол.
Гамлет.
Қол қойылған грамота. Мектептес
Екі досым білектерін сыбанған, —
Сайрандап жүр өлігімді сатып жеп.
Кімді кімнің жаншығанын көрерміз.
Жарылғыш зат қойғыштардың өздері
Күл-талқан боп көкке ұшқаны ғанибет.
Өзім тұрған бекіністі олардан
Кісі бойы тереңірек қазармын, —
Қоныстарын қопарармын содан соң.
Бір қулықтан балаласа бір қулық,
Қызық сол-ау, — зытырайын мынаны.
Ауыз үйге тастайын бұл қан-жынды.
Жайлы ұйықтаңыз. Шынында да бұл уәзір
Енді болды-ау тым сабырлы, сарабдал.
Тірі күнде осы байғұс болатын
Ауыз жаппас ақкөт торғай, сауысқан.
Ие, жарқыным, енді сені қамдайын.
Иә, шешетай, жайлы ұйықтаңыз.
Тарқасады, Гамлет Полонийді сүйрелеп кетеді.
ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Элъсинор. Сарайдағы бөлме.
Король, королева, Розенкранц пен Гильденстерн кіреді.
Король.
Тегін емес күрсінгенің мұншалық.
Жөн-жосығын ашып айтсаң болмас па?
Ұлың қайда?
Королева.
Оңашалық беріңдерші аз ғана.
Розенкранц пен Гильденстерн кетеді.
Қазіргі жай тым ауыр!
Король.
Не жай, Гертруда? Гамлет қалай?
Королева.
Қайсымыздан күштіміз деп қайсымыз,
Қасарысқан сұрапыл мен теңіздей,
Өкірді де, соқты-ай дейсің долданып!
Сөйтіп жүріп тасасынан кілемнің
Бір сыбысты қармап қалды құлағы.
«Тараққұйрық сұм» деген
Ащы айқайдың артынан
Бір-ақ салып, сапыны, шал байғұсты
Өлтірді де тастады.
Король.
Ой, сұмдық-ай!
Біз болсақ та сол табанда, сол жерде
Ісімізді бітіргендей екен ғой.
Бостандықта жүре берсе осылай,
Бізге, сізге, баршамызға қатер бұл.
Ал, кім енді бұл өлімге жауапкер?
Әрине, мен: жап-жас ауру адамды
Басқалардан басқа жаққа бөлмедім
Махаббаттың әлегі, құртты бізді:
Жариялауға ұялдық та, жасырдық
Бұл індетті от басының дерті деп,
Ішімізге жұттық қой. Өзі қайда?
Королева.
Кетті арқалап пақыр шалдың өлігін.
Тарғыл тастан жылтыраған алтындай
Ізгіліктің нышаны бар өзінде, —
Қанды көріп жынды сорлы жылайды.
Король.
Гертруда, жүр. Ол кемеге міну шарт,
Тау басына тақалғанша күн көзі.
Қылмыс ізін қымтамақтың амалын
Енді екеуміз істемеске не шара: —
Гильденстерн!
Розенкранц пен Гильденстерн кіреді
Жәрдемшіге кісі қосып алыңдар
Полонийді өлтіріпті жынды ханзада
Сүйекті де сол әкеткен бір жаққа
Бөлмесінен бикенің.
Шамдандырмай ханзаданы,
Қолдарыңа түсірген соң өлікті
Апарыңдар шіркеуге.
Розенкранц пен Гильденстерн кетеді
Гертруда, жүр, дос-жаранды жинайық,
Жаңа пәле жабысқанын айтайық.
Бәлкім солар жәрдем етсе, қаңқу сол
Улы жала зеңбіректің оғындай,
Жерді жарып өтсе де, сол қатерден
Аман-есен қалармыз, жүр, зайыбым.
Зәрем ұшып, қатты қорқып отырмын,
Өз қасыңнан қалдырмашы қыл елі.
Бұлар кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сонда. Сарайдағы басқа бөлме.
Гамлет кіреді.
Гамлет.
Жақсы жерге жасырдым.
Розенкранц пен Гильденстерн (сахна сыртынан).
Гамлет, Гамлет!
Гамлет. Неткен айқай? Кім сұрайды Гамлетті? Е, мыналар екен ғой.
Розенкранц пен Гильденстерн кіреді
Розенкранц. Милорд, денесін қайттің марқұмның.
Гамлет. Өлік пен топырақ туыс қой, топырақпен араластырып жібердім.
Розенкранц. Айтыңызшы, қайда өзі, шіркеуге апарып жаназасын шығартайық деп едік.
Гамлст. Ол жағын ойлаушы болмаңдар.
Розенкранц. Қай жағын?
Гамлет. Өз мүддемді ұмытып, сендердің қамдарыңды ойлайтын жайым жоқ. Бәрін былай қойғанда, қайдағы бір дене ысқыш сүлгінің менен жауап алғаны қалай? Король баласы оған не деп жауап бермек!
Розенкранц. Ханзада, сіз сүлгіге мені теңедіңіз бе?
Гамлет, Иә, тап сізді, патша рақымының шайырын сорған сізді. Тексерерде ағзамға тек соның қызметі қымбат. Король бетін сүртерде оны аузына бұрын салғанын кейін жұтатын маймылша пайдаланады. Сорған шайырыңды ағзам сығып алғанда сен құп-құрғақ боп, келесі қызметке даяр тұрасың.
Розенкранц. Бұныңызды түсіне алмадым, милорд.
Гамлет. Маған керегі сол. Қағылез ойға қалжың жүрмейді.
Розенкранц. Милорд, сіз дененің қайда екенін айтуға және бізбен бірге король алдына баруға тиіссіз.
Гамлет. Дене корольдің қасында, бірақ король дене қасына көшкен жоқ. Жалпы, король не бітіреді?
Гильденстерн. Король ме, милорд?
Гамлет. Оның жұмысы мықтағанда ноль. Ал апарыңдар мені соған. Түлкі, түлкі, бұқ та қал, қуғыншылар, айқай сал.
Бұлар кетеді.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Сонда. Сарайдағы басқа бөлме.
Король нөкерлерімен кіреді.
Король.
Іздеп кетті. Өлікті тап деп бұйырдық.
Міне, осындай қауіпті ол бос жүрсе!
Оны қатаң жазалауға болмайды:
Оймен емес, көзбен пәтуа жасайтын
Бұқарамен байланысы баршылық.
Жазаласаң, соны ғана көреді,
Себебімен жұмысы жоқ тобырдың.
Бұл сапарды сыпайылап, қызметтің
Бабыменен бара жатыр деген жөн.
Баяғыда ұйғарылған деу керек.
Күшті ауруға күшті дәрі дауалы.
Розенкранц кіреді
Ал, не жай бар? Таптыңдар ма өлікті?
Розенкранц.
Қайда екенін таптыратын түрі жоқ.
Король.
Ал, өзі ше?
Розенкранц.
Сыртында ұр есіктің.
Сізден рұқсат алғанша — бақылауда тұр.
Король.
Жә, ендеше, кіргізіңдер ханзаданы.
Розенкранц.
Гильденстерн, кіргіз бері ханзаданы.
Гамлет пен Гальденстерн кіреді.
Король.
Полоний қайда, Гамлет?
Гамлет.
Кешкі тамақта.
Король.
Кешкі тамақ? Ол неғылған тамақ?
Гамлет. Неғылғаны сол, кешкі тамақты ішіп жатқан ол емес, оның өзін ішіп-жеп жатыр. Бүкіл жер жүзіндегі саяси құрттың бәрі құжынап, соның үстіне үймелеп жатыр.
Құрт дегеніңіз жеуге келгенде жеке-дара құдай ғой. Біз тіршіліктің бәрін жегенде, кейін құрт жесін деп өзімізді бордақылаймыз. Семіз король, арық шерде екеуі құрттар дастарқанына қойылатын екі табақ болғанымен, түбі түсетін жері бір-ақ қарын емес пе!
Король. Ойб-ой, ойб-ай!
Гамлет. Корольді жеген құртпен судан балық суырып, құртты жеген балықпен азықтануға да болады.
Король. Осыныңмен не айтпақсың өзің?
Гамлет. Король ең төменгі жәндіктің ішек-қарнын да шыр айналып шыға алады дегеннен басқа түк те айтқан жоқпын.
Король. Полоний қайда?
Гамлет. Ғарышта. Кісі жіберіңіз, көріп келсін. Жіберген адамыңыз қайтып оралмаса, өзіңіз іздеңіз. Егер ол ай бойы таптырмаса, галереяның кіре берісіне бас сұғыңыз, сонда мұрныңыздың өзі-ақ сезеді.
Король (нөкерлердің бастығына). Айтқан жерінен іздеңдер.
Гамлет. Ол сіздің баруыңызды күтіп, тағат таппай отыр.
Нөкерлер кетеді.
Король.
Қанды шырғал болды ғой бұл, Гамлет,
Сені сақтап қалмақ үшін, біз дереу
Басқа жаққа жөнелтуге мәжбүрміз,
Тез зыт енді. Кеме даяр жағада.
Жел оңынан. Күтіп отыр команда
Англияға жүзетін.
Гамлет.
Англияға?
Король.
Иә, Англияға.
Гамлет.
Тамаша.
Король.
Бәрекелді, ойымызды біліп ал
Гамлет. Оны білетін гаиф иренді өзім де көріп тұрмын. — Жарайды, Англия болса Англия болсын. Қайыр қош, аяулы анам.
Король. Аяулы әке дегенің бе ол, Гамлет?
Гамлет. Жоқ — ана. Әке мен ана — ер мен әйел болмақ. Ал, ер мен әйел — біртұтас ұрық. Ендеше, бәрібір: Қош бол, ана. — Сөйтіп, Англия болды ғой. Солай деңіз.
Кетеді.
Король.
Екі елі қалмаңдар. Апарыңдар
Есуасты еліктіріп кемеге,
Батырыңдар бүгін бұның қарасын!
Қош болыңдар. Хатта бәрі жазылған,
Іске қажет жайлардың. Тездетіңдер.
Розенкранц пен Гильденстерн кетеді.
Англия, ықыласымды мен саған
Осындайда бағалатам күшпен де
Дат семсері салған жара денеңде
Жазылған жоқ, тағзым етіп төлейсің
Мойныңдағы салықты — қиқаңдамай
Орындайсың әмірімнің талабын.
Құпия жарлық — Гамлетті қорыма,
Өлтірсін деп табыс еттім қолыңа.
Жоғалт көзін, Англия! Тірі жүрсе
Шыжғырады, қайнатады миымды,
Құтқар одан, ол — күйдіргі қызыл шоқ,
Ол өлмесе, маған әсте өмір жоқ.
Кетеді.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Даниядағы кең жазық.
Фортинбрас, капитан, жорыққа тартып бара жатқан әскерлер кіреді.
Фортинбрас.
Дат королін өз атымнан құрметтеп,
Дидарласып қайтыңыз сіз, капитан.
Шарт бойынша Фортинбрастың әскері
Сіздің жерден өтеді деп айтыңыз.
Қауышар жерді білесіз. Және бір жай:
Не тілесе, соны істеуге даярмыз.
Қайыр, хош! Капитан.
Құп, милорд!
Фортинбрас.
Әскер, алға!
Фортинбрас әскерімен кетеді. Гамлет, Розенкранц,
Гильденстерн және басқалар кіреді
Гамлет.
Мынау кімнің әскері?
Капитан.
Норвегияның.
Гамлет.
Қайда тартып барады?
Капитан.
Поляктарға
Гамлет.
Қолбасы кім?
Капитан.
Ханзада Фортинбрас, корольдің немере інісі.
Гамлет.
Шекараға кіресіз бе, ішке ме?
Капитан.
Шынын айтсам, жаулап алмақ жеріміз —
Босқа жатқан шағын қоныс, елеусіз.
Түгі де жоқ, аты ғана жер деген.
Бес дукатқа алмас едім өз басым.
Норвегтер де, поляктар да сол жерді
Өңдер болса, бес дукаттық құны жоқ
Гамлет.
Онда поляк оның несін қорғайды?
Капитан.
Күшті жасақ төгіп жатыр сол жерге.
Гамлет.
Екі мың жан, он мыңдаған ақшаны
Шығындайды шөп-шөңгеге соншалық!
Буы ғой бұл тыныштық пен байлықтың.
Қаны тасып кетеді де шыдатпай,
Ынсапсыздар кісі өлімін аңсайды —
Жә, қайыр қош, рахмет сізге, сэр.
Капитан.
Тәңіріңіз жар болғай!
Кетеді.
Розенкранц.
Милорд, біз де жүрейік.
Гамлет.
Жүре беріңдер, қазір қуып жетемін.
Гамлеттен басқалар кетеді.
Маған түрткі осылардың күллісі,
Кек алмақты тездет дейді бәрі де.
Ішіп-жеу мен тәтті ұйқыға тойынса,
Адам сиқы осы ғой. Құдды хайуан.
Өткенге ойшыл, алдағыны болжағыш
Озық етіп жаратқанда біздерді
Жаратпаған шірітсін деп ақылды
Неге бүйттік? Мал болдық па ұмытшақ?
Әрекетті әлде жөнсіз ұсатып
Екшеу, мошқау бұған душар етті ме?
Сол мошқаудың, төрттен бірі ой салса,
Төрттен үші һәмән үрей туғызбақ.
Қолда құрал, күш пен дәлел тұрғанда
Ізгі ойды іске асырмай, істеуге
Тиіспін деп созбақтауда не жөн бар?
Көп найқалмақ күшейтеді күдікті,
Жас талдырмаш бұла ханзада бастаған,
Аса күшті жасақталған әлгі әскер
Ойлантады: жеңіс даңқын мұрат қып,
Өлімге де басын байлап, қырғынға
Бет түзеген түкке тұрмас жер үшін.
Еш себепсіз қия баспау, ал егер
Абырой берер жанжал тұрса алдында,
Бір бау шөпті сылтау етпек — ұлылық.
Жау қолынан әкесі өлген, шешесі
Ит-көр болған, шерменде жан мына мен:
Қалай төзем? Ұялғаннан ұрланып,
Қараймын-ау жиырма мыңға даңқ қуған
Ұрыс қызар ұлан-асыр кең де емес,
Кіп-кішкене даулы жерде мұнша жан
Өліп кетсе, қатар салған төсектей,
Өліктерін көмер болса көсілтіп,
Молалар да сыяр онда орын жоқ.
Қара көңілім, қан сүрек бол сен-дағы,
Не құрып кет, не сен жайрат жасындай!
Кетеді.
Сарайдағы бөлме, Королева мен Горацио кіреді.
Королева.
Сөйлеспеймін ол қызбен.
Горацио.
Даурығып тұр.
Есі ауысқан болса керек шамасы.
Королева.
Не болды екен ол қызға?
Горацио.
Әкесінің қайғысы әлі. Күдікті.
Сұм айла деп жұдырығын түйеді.
Көкірегін төмпештейді, жылайды.
Түсініксіз әлденелер айтады.
Сөз төркіні буалдырлау дегенмен
Тиянақ бар тыңдай білген кісіге
Бас изеуін, соз, қылығын аңғарса
Жаман ойға келер еді әркім-ақ.
Отсыз түтін шықпас болар; Осында
Бұғып жатқан сұмдық сыр бар құпия.
Королева.
Жә, ендеше сөйлесейін, күдігін
Жұртқа жайса, ушықтырар дұшпандар.
Кіргізіңіз.
Горацио кетеді.
Жаным ауру, ар-ұяты шаршаған,
Сезгендейсің: тақау қалды-ау сор саған!..
Айып-күнә, қылығы жоқ ақтайтын,
Өзің осылай әшкерелеп тоқтайтын.
Горацио Офелияны ертіп қайта кіреді
Офелия.
Дат сұлуы, Королева қайда екен?
Королева.
Не тілейсің, Офелия?
Офелия (әндетіп).
Неліктен жұрттың ішінде
Ғашығын бөлек баяғы?
Тақуа бешпет үстінде,
Қолында — аса таяғы.
Королева.
Ақ кептер-ау, бұл өлеңде не сыр бар?
Офелия.
Немене дейді? Жо-жоқ, ары қарай тыңдаңыз.
Әндетіп.
Өлді ғой, леди, ол өлді,
Өлгенге жүрек қаратпас;
Бас жағы шымға бөленді,
Аяқ жағы — қара тас.
Королева.
Офелия, сөз тыңдашы!
Офелия.
Жо-жоқ, сіз...
Король кіреді.
Королева.
Мына қызға қараңызшы, масқара!
Офелия.
Ақ гүл, аппақ тал шілік
Мәуелеген бақшада
Көз жасыма малтығып,
Бас көтерер жоқ шама.
Король.
Әсем бала әл-күйіңіз жақсы ма?
Офелия. Сізді тәңір жарылқасын. Үкі де бір кезде наубайшының қызы болған деседі. Біз де сондай біз едік, енді білмейміз. Дәм-тұзыңызға рахмет!
Король (сыртқа). Әкесімен сөйлесіп тұр өзінше.
Офслия. Бұл жайды тістен шығармаңыз. Әлгі сөздің мағынасын Сізден біреу сұрай қалса, былайша жауап беріңіз (әндетіп);
Ертең ерте Валентина күнінде
Қыз басыммен терезеңе барармын,
Валентинаң болуға мен жарармын.
Жігіт дереу ұшып тұрды, киінді
Есік ашты — қыз да өзін қызғанбай,
Кірген үйден қайта шықты қыз болмай.
Король.
Офелия, шырағым!
Офелия. Бітті өзі де, артық сөзге бармаймын.
Король. Көп болды ма ауырғалы бұл бала?
Офелия. Оңғарылар бәрі де. Шыдау керек. Бірақ қайтейін, бауыры суық қара жерде жатқанын ойлағанда жыламасқа шамам келмей қалады. Ағайыма хабарлауым шарт. Бұған араласқан пейілдеріңізге рахмет. — Жә, есігін аш күйменің. Қайырлы түн, леди. Қайырлы түн, қымбатты леди, қайырлы түн.
Кетеді.
Король.
Тез, еріңдер соңынан.
Қыл елі қалмаңдар.
Горацио кетеді.
Әкесінің қазасы ғой ауыртқан.
Гертруда, қырсық деген бір келсе,
Үзілмейтін үстемелі пәле екен.
Сордың басы — соқыр өлім — Полоний.
Екінші дерт — елден кеткен Гамлет,—
Қорғаймыз деп қош айтыстық амалсыз.
Үшіншісі — ел өсегі лайсаң.
Полонийдің қазасын жұрт қазбалап,
Қаңқу сөзді асқындырып барады.
Енді, міне, қыз есінен адасты.
Ессіз адам — аң немесе құр сүлдер
Осылардың күллісінен күшті сор —
Лаэрт келген Франциядан астыртын,
Айтады оған ауыз жаппас суайттар
Әке өлімін, үстімізге төндіріп.
Ол сенеді. Гертруда, осы үрей
Бір ғаламат зеңбіректің оғындай
Жарақатын дарытып жүр жаныма.
Сахна сырты даурығу.
Королева.
Мынау неткен дүрбелең?
Король.
Швейцарлықтар қайда?
Қақпаның алдын қорғасын.
Дворян кіреді.
Бұл не жағдай?
Дворян.
Сақтаныңыз, тақсыр! Теңіз тасуы
Жағадағы дала, тоған, тоғайды
Тап осылай жалмай алмас. Жас Лаэрт
Бастап келген бұзақы топ түгелдей
Тонап алды сақшылардың қаруын.
Қара тобыр қалмай ерген соларға.
Улап-шулап айтуынша олардың,
Бұған дейін еш рақым көрмеген
Ескі тәртіп адыра қалған біржола
«Лаэрт таққа отырсын!» — деп даурығып,
«Лаэрт, Лаэрт жасасын!» — деп, аспанға
Бөріктерін лақтырады, қол соғып.
Королева.
Ізге түспей, бізге түсіп лағуын!
Қайт, адаспай, даттың өңшең иттері!
Сахна сырты даурығу.
Король. Есікті қиратты.
Қару-жарақты Лаэртке даттар ілесе кіреді.
Лаэрт.
Король, король қайда?
Шық, кетіңдер, мырзалар!
Даттар.
Жоқ, шықпаймыз!
Лаэрт.
Үйді босат дедім ғой!
Даттар.
Жә, жарайды! Кетейік.
Олар сыртқа шығады.
Лаэрт.
Рахмет.
Босағада болыңдар. —
Ал, кәне, жексұрын король, әкем қайда менің?
Королева.
Лаэрт, сабыр лазым.
Лаэрт.
Жалғыз тамшы сабыр тапсам қанымнан,
Ата-анамның ұлы бол май кетейін!
Нені сүйсем, соның бәрін жоғалтып,
Қалай ғана сабыр-шыдам табам мен?
Король.
Лаэрт, дәулер бүлігінің мәні не?
Гертруда, ауыз ашпа, түк те емес.
Құдай берген құдіретіне корольдің
Бұл орында ұмтылса да қанша жау
Қол жеткермес — жә, шыныңды айт,
Неге, Лаэрт, ызаландың осынша?
Лаэрт.
Әкем қайда?
Король.
Ол табытта.
Королева.
Оған және Король жазықты емес қой.
Король.
Сауалдарын бере берсін еркінше.
Лаэрт.
Қалай өлді ол? Тек жалғанға жалтарма!
Араны үздім, ағзамға ант, адалдық,
Бағыныштың бәрін жинап түкірдім.
Өшігем деп қорқытпа, сөзіме нан:
Енді маған екі дүние біреудей.
Болар сойқан не болса да, әкемнің
Кегін алам!
Король.
Ол ісіңе кім қарсы?
Лаэрт.
Еркім барда ешкім қарсы тұра алмас.
Салам соған қолымдағы барымды
О жағынан саспаңыз.
Король.
Білмексіз ғой
Әкеңіздің өлімінің бар жайын?
Қас пен досты, оң мен солды бас-көз жоқ,
Түгел түтіп тәрк етсеңіз ашумен,
Жай-жапсарды ұқтырмақпыз қалайша?
Лаэрт.
Жауды ғана сөйтем мен.
Король.
Жауды айтайын.
Лаэрт.
Соны айт, менің құшағым кең достарға,
Достар үшін сарқып төгем қанымды,
Король.
Адал дворян, абзал ұлдың ақ сөзін
Енді айттыңыз. Аза тұтқан әкеңді,
Жазықсыз жан мен едім ғой, қазір-ақ
Анық, соған көз жеткізіп тынасыз.
Даттар (сахна сыртынан).
Жол беріңдер!
Лаэрт.
Неткен әбігер о жақта?
Офелия қайта кіреді
Ыза-кегім, қайнат миды, көз жасым,
Жеті мәрте тұздан бетер күшті бол, —
Ащы уыңнан ағып түссін жанарым!
Гүлім, сені ақылыңнан айырған
Жау сазайын тартқызарым хаққа аян!
Қарашығым, қарындасым, Офелия!
Әкелердің жанын алған сұм ажал
Тотайлардың тонамақшы ақылын.
Құрбандыққа құлап түскен мейірім
Душар болмақ аса қымбат шығынға, —
Борышың бұл өз еркіңмен өтеген.
Офелия (әндетіп).
Бетін жаппай жерлеуге
Апарды оны жаяулар.
Көздің жасы ернеуге
Селдетті, қош, аяулы ар!
Лаэрт.
Есің дұрыс, өшің өжет кезде де
Тап осындай таппас едің қайратты.
Офелия. Ал сіз қосылып айтыңыз: «Секіріп орға, қарғып қырға, сындырып алма ұршықты, айнал, айнал, құлап қалсаң, қырсықты». Бұл ұры кілтшінің сарай қожасынан қыз алып қашқаны ғой.
Лаэрт. Осынау мағынасыз сөз мағыналыдан тереңірек.
Офелия. Міне, тал шілік — ұмыттырмас бір белгі. Осыны ал да, жадыңда сақта, жас досым. Ал, мына гүл — тауық көз: Ойланбақ үшін керек-ті.
Лаэрт. Сандырақ та санаға ой салады. Шытырман сөзде шындық бар.
Офелия. Міне, жалбыз, міне жусай, міне сізге — ебелек. Ал, мына бір сабақтар менде қалсын. Бұның атын «Мариям ана» десе жөн. Өз гүлдеріңізді менікінен басқаша ұстағайсыз. Мына жатқан қызғалдақ пен көк гүлді өзіңізге бермек едім, әкем өлген күні міштей боп солды да қалды. Ол кісі де оп-оңай өлген деседі ғой (әндетіп).
Беу, Робин бауырым — қуанышым, дәуірім!
Лаэрт.
Қайғы-мұңды, сор-азапты, дозақты
Әсемдікке, бар жақсыға балап тұр.
Офелия (әндетіп).
Оралмай ма ол енді?
Оралмай ма ол енді?
Жоқ, қайтпайды — ол өлді,
Қара жерге бөленді.
Басы қардай ақ еді,
Сақалы мен мұрты да
Зытырдай болған шағы еді.
Аңсай, аңсай өтерміз,
Басына тәу етерміз.
Христиан зәузаты үшін жар бола гөр, жасаған!
Кетеді.
Лаэрт.
Көрдің бе өзін, уа, құдай!
Король.
Лаэрт, сізге тілеулеспін, күнәм жоқ
Дәлелдейін. Барып таңдап алыңыз.
Досыңыздың ең сұңғыла біреуін
Бізді тыңдап, төрелігін сол айтсын.
Төте яки жанамадан жазықты
Мен боп шықсам, мендегінің барлығын
Тақ пен тәжді. Өмірімді құн етіп
Өлген жанның өтеуіне тартайын.
Ақ боп шықсам, сабаңызға түсіңіз,
Екеулеп-ақ індетейік шындықты.
Лаэрт.
Болсын солай. Жұмбақ сыры өлімнің,
Жұрт көзінен ұрлап көму, табыттың
Бас жағына сапы, семсер қойғызбау,
Салтанатты салтын бұзу азаның —
Бар күнәнің бетін құдай ашар да.
Айыптысын іздетер.
Король.
Іздетер де, таптырар.
Табылғанның қылша мойны қылғынар!
Қане, кеттік ендеше!
Кетеді.
АЛТЫНШЫ КӨРІНІС
Сонда. Сарайдағы басқа бөлме.
Горацио мен қызметші кіреді.
Горацио.
Кім сөйлеспек менімен?
Қызметші.
Матростар.
Табыстайтын сәлемхат бар деседі.
Горацио.
Кірсін. Апырау, кім бар маған жалғанда
Хат жазғандай, жалғыз Гамлет болмаса.
Матростар кіреді.
Бірінші матрос. Құдай жар болсын, сэр.
Горацио. Өзіңе саушылық берсін.
Бірінші матрос. Саушылығын бұйыртса, ала береміз. — Мынау сізге сәлемхат еді, сэр. Англияға барашақ кемедегі өкілден. Сіздің есіміңіз Горацио деген сияқты еді.
Горацио (оқиды). «Горацио, хатты оқып шығысымен, бұны апарушыларды корольға жолықтыр. Оған хат жаздым. Су үстіне шыққанымызға екі күн толмай жатып теңіз қарақшылары соңымызға түсіп алды. Қашып құтылар қарқын таппай, еріксіз ерлік істедік те, өздеріне тап бердік. Жанаса бергенде мен олардың кемесіне қарғып өттім. Артынша кемелер ажырап кетті де мен бұлардың тұтқыны боп қала бердім. Бірақ, бұлар маған кәдімгі қайырымды қарақшының ісін істеді. Сол жақсылыққа жақсылықты енді мен көрсетуім шарт. Корольға жазылған хатты өзіне табыстаған бойда тура ажалдан қашқан адамдай маған қарай зыт. Өзіңді қайран қалдыратын жайлардың кейбірін келген соң құлағыңа сыбырлап құямын. Мына барған мейірімділер сені мен жүрген жерге жеткізеді. Розенкранц пен Гильденстерн Англияға тартып бара жатыр. Олар туралы да өзіңе айтылар әңгіме баршылық. Қош. Өзіңнің, солай екеніме күмәнің жоқ шығар, Гамлетін». Ал, жүріңдер, қалған хатты табыстап, сонсоң хаттың иесіне зытайық.
Кетеді.
ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Сонда. Сарайдағы басқа бөлме.
Король мен Лаэрт кіреді.
Король.
Енді мені дос жүрекке енгізіп,
Ақтығыма қол қоюға тиіссіз.
Көрдіңіз ғой, әкеңізді құртқан жан
Алас ұрды өлтірмек боп мені де.
Лаэрт.
Оны көрдім. Ал сіз неге ең ауыр
Қылмыстыны тартпадыңыз жазаға?
Жат пиғылын білгендіктен, сақтық қып,
Отырсыз ғой сыртқарыға зытырып.
Король.
Екі себеп, сізге, бәлкім, сөз емес,
Ал, мен үшін екеуі де батпандай.
Королева онсыз ауа жұтпайды —
Не десең де, туған ана сонікі.
Ал, мен жолдан тая алмайтын жұлдыздай,
Қатынымсыз қия басар шамам жоқ.
Ашық сотқа бере алмаған себептің
Екіншісін айтар болсам — бұқара:
Бұқара жұрт түгел соның жағында,
Қатесін де қайраты деп ұғады.
Халық деген қайнар бұлақ тұзы ғой
Тас қып қайта жарататын ағашты,
Ызасына тимеген жөн дүлейдің.
Қатты дауыл садағымның жебесін
Қақшып алып, қайта толғар өзіме.
Лаэрт.
Сонда қалай, өлімі мен әкенің
Қарындасым душар болған сұмдықты
Ұмытам ба? Мақтау сөздің ендігі
Ісіне себі тимесе де айтайын,
Қай маңдайға біткен мұндай қарындас?!
Жоқ, кек алам!
Король.
О жағынан саспаңыз.
Өз басыма төніп тұрған ажалға
Сақалымды жұлмалатып қоярдай
Ақымақ деп ойлайсыз ба сіз мені?
Әлі-ақ бәрін түсінерсіз, әкеңіз
Досым болса, мен өзіме қас емен,
Жетер енді осы да.
Хатты алып шабарман кіреді.
Ол немене, тағы не?
Шабарман. Хат қой, тақсыр. Мынау сізге Гамлеттен. Ал, мынаусы Королева атына.
Король. Гамлет дейді? Кім әкелді?
Шабарман. Бір жақтағы матростар деседі ғой. Көре алғам жоқ өздерін. Маған берген Клавдио, сол алыпты әлгілердің қолынан.
Король. Лаэрт, тыңдайсыз ба? Өзім оқып берейін, сен бара тұр.
Шабарман кетеді. Король оқиды.
«Ұлық, құдіреттіміз, мені Сіздің қарауыңыздағы жағалауға тыр жалаңаш түсіріп кеткенін біліп қойыңыз. Кісі қайран қалардай кенет қайта оралушының себебін баяндау үшін, сіздің рақымыңызға сеніп, ертең патша көзіңіздің алдында тұруға рұқсат сұрайын. Гамлет».
Әлде шылғи өтірік пе мұнысы?
Бұл не сонда? Бәрі қайтып келген бе?
Лаэрт.
Өз қолы ма?
Король.
Дәл өз қолы ханзаданың
«Тыр жалаңаш» деген сөздің астында
«Жалғыз» деген жазу бар. Сіз не айтасыз?
Лаэрт.
Айтарым жоқ. Ұшырассам деп едім.
Қанды сойқан қылықтарын бетіне
Былш еткізіп бассам, жаным жай табар.
Король.
Олай болса, созбақтайтын несі бар?
Орайына бәрі келмек, Лаэрт.
Кездестірем мен сізді.
Лаэрт.
Кездесейік.
Бірақ, ешбір бітім сөзін айтпаңыз.
Король.
Қайдан бітім! Керісінше, қайтты екен —
Енді қайта оңайлықпен кетпейді ол,
Оған басқа амал ойлап таптым мен.
Өзін-өзі байлайтындай өлімге
Оқыс қимыл істеттірем мен оған.
Ешқандай бір өріс бермей өсекке,
Қазасына шешесін де ашынтпай,
Өлген қылам жазатайым қатеден.
Лаэрт.
Тақсыр, осы ойдағыны істерде
Мені соған жұмсасаңыз жөн болар.
Король.
Өзі де ғой... Сіз жоқта да, ұмытпай,
Осында жұрт өзіңізді мақтайды.
Көп мақтаудың естігенде біреуін
Гамлет қатты қызынғаны есімде
Ең қасиетті сапаңыз да ол болмас.
Лаэрт.
Ол не жайлы?
Король.
Жай бір өнер, шашақтай,
Албырт шақта тақияға тағатын.
Жас ұланға жалаң шидем жарасса,
Үлкейгенде жанға жайлы бұлғын тон.
Екі ай бұрын осында
Нормандия дворяны болған-ды.
Французды көргем, талай айқасқам,
Ат үстінде алыспаққа мықты олар.
Ал, мынау бір елден ерек ғаламат.
Ер үстіне қағып қойған қазықтай
Отырысын көргеніңде ойлайсың,
Төрт тұяқты жануармен бір тұтас
Жаралған деп жарты дене белдіктен.
Түске енбес, айтсаң сенбес сиқырлы
Өнері бар!
Лаэрт.
Нормандық па?
Король.
Нормандық.
Лаэрт.
Е, Ламор ғой!
Король.
Taп өзі.
Лаэрт.
Білгенде қандай: Ақ алмас.
Бүкіл елдің әрі ғой ол, ойбай-ау!
Король.
Өзіңізді біледі екен, сол айтты
Одан асқан шебер жоқ деп сапыға.
Әсіресе, үшкір қылыш сайысқа
Өзіңізбен сайысқан жан бірден-ақ
Көзі тайқып, есебінен жаңылып,
Шапшаңдығын жоғалтады деген ол
Осы баға құлағына тигенде
Гамлет қызып, құлшынғаны соншалық,
Түсінен де шықпадыңыз сіз оның.
Шіркін-ай, бір шайқассам деп күтіп жүр,
Міне, сылтау.
Лаэрт.
Сылтау дейді? Ұқпадым.
Сылтау маған не қажет?
Король.
Әке әруағын сыйлайсыз ба шынымен,
Жоқ, жай мұңлы суретсіз бе әлде сіз?
Лаэрт.
Таңғаларлық сауалдар!
Король.
Әкеңізді сөзсіз жақсы көресіз,
Бірақ, сүймек дер кезінде қызулы.
Бұл өмірден байқауымша, сол өзі
Жылдан жылға суынатын секілді.
Біле білсек, сүйіспендік жалыны
Жаңа-жаңа таусылары ақиқат.
Сезімге де серпінді жол ашпасақ,
Тола-тола езіледі, тозады.
Ойға алғанды зауқың шауып тұрғанда
Тындырып-ақ тастаған жөн абзалы.
Машығы мен айнымағы адамның
Дүниедегі қол мен бастан көбірек.
Кешіккен соң, опық, ойбай — бәрі бос.
Тоқ етері — Гамлет қайтып келіпті.
Сөзбен емес, қолмен оған не істейсіз.
Шын перзенті сипатында әкенің?
Лаэрт.
Бауыздаймын тап өзінде шіркеудің!
Король.
Жөн, жөн, ондай қарақшылар тығылар
Қасиетті ғимаратта орын жоқ.
Кекте шек жоқ — қайда өлтірсе, өз еркі
Жә, қымбаттым, онда үйде болыңыз.
Өзі білсін сіздің келгеніңізді.
Француздан соң сізді мақтай білетін
Адамдарды тықпалаймыз Гамлетке.
Солар сайыс, бәстесуді басқармақ.
Қулығы жоқ, албырт, аңғал Гамлет
Тексермейді қарсыластың қаруын.
Қас қаққанша жалаңаштап істігін,
Жаңылғансып жайрата сал — іс бітті, —
Әкеңіздің кегін сөйтіп аласыз.
Лаэрт.
Бұл тамаша! Және жүзін майлаймын.
Бір бақсыдан сатып алған майым бар,
Пышақ кескен жерге тисе өлтіргіш.
Айлы түнде шөптен жиған дару да
Ала алмайды бұның уын қайтарып.
Қылышыма жағам соны жақсылап
Азын-аулақ тессе болды терісін, —
Гамлет әсте одан тірі қалмайды.
Король.
Алдымызда әлі нелер ықтимал, —
Толығырақ ойланайық. Мәселен,
Біздің жоба, көктей салған ақ жіппен,
Сөгілсе не көзге түссе тігістен, —
Онда қайттік? Басқа да бір басы артық
Амал қажет. Көптік етпес ол әсте
Сәл ойлайын, қазір... — Міне, мен таптым:
Бәсі қымбат салтанатты сайыста
Қызған сайын үдей түссін шабуыл.
Егер сусын сұрай қалса шөліркеп,
Құя салам құтыдан. Ерні тисе,
Бітті дей бер... Жарақаттың уынан
Өлмей қалса, мынау... — тоқта, бұл не айқай?
Королева кіреді.
А, королева! Королева.
Бір пәледен бір пәле сор, Лаэрт!
Офелия, суға батты бишара.
Лаэрт.
Суға батты? Қайда? Ойбай, не дейді?..
Королева.
Қалақай мен сарғалдақтан өрілген
Қызыл айдар тағы да бір гүлі бар
Малшы қойған аты жаман ол гүлдің,
Қыздар оны өлі саусақ деуші еді. —
Соның бәрін әшекейлеп тізген ғой, —
Су үстіне төнген талдың жапырағын
Және қосып өремін деп өрмелеп
Бір бұтаққа сорлы бала шықпай ма, —
Қызғаншақтай қырсық бұтақ морт сынып,
Қыз бен гүлді ағыс ала жонелді.
Алғашында жел үрлеген көйлегі
Ала қашты ақ толқынға батырмай.
Айнымаған су перісі қалпында
Сайрандады, ән шырқады түк сезбей,
Киім суға малшынған соң ұзамай,
Ескі әуенді ажал көкке ұшырып,
Қызды әкетті тас түнекке, тереңге.
Лаэрт.
Сөйтіп, суға батты ма?
Королева. Батты солай.
Лаэрт.
Офелия!
Көз жассыз-ақ төңірегің толған су
Бірақ, еңіреп жыламасқа не шара? —
Ар-ұятпен ақталудың салты сол,
Қош бол, тақсыр. Өзегіме өрт түсті.
Жыласам да қар емеспін қатын көз,
Ақымақ өлім бәрін бұзды шырықтың.
Кетеді.
Король.
Гертруда, көндірем деп мынаны
Қанша қайрат-жігерімді сарп еттім!
Бұл қайтадан қаһарына мінеді,
Жүр соңынан барайық.
Бұлар кетеді.
БЕСІНШІ ПЕРДЕ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Эльсипор. Зират басы.
Күректері бар екі қабірші кіреді.
Бірінші қабірші. Ақырет тыныштығын тілеп, дүниеден өз еркімен кеткен қызды христианша жерлеу дұрыс па?
Екінші қабірші. Дұрыс болғаны ғой. Сен оның көрін тезірек қаз. Бұл іспен айналысқан тергеуші қызды христианша жерлеуге ұйғарыпты.
Бірінші қабірші. Өлерінде тірі қалу үшін әрекет жасамаған адамды бұлай көму жөнсіз емес пе?
Екінші қабірші. Тергеуші соны жөн деп тапқан ғой.
Бірінші қабірші. Әрекетті дәлелдеу керек. Онсыз заң жоқ. Айталық, мен суға әдейі батады екем. Онда бұл істің жүйесі үш ұдай: Біріншісі — кірісуім, екіншісі — істеуім, үшіншісі — істеген ісімді аяғына жеткізу. Сөйтіп, бұл қыз әдейі барып батып отыр.
Екінші қабірші. Қабірші сыбайласым, қоя тұр деймін.
Бірінші қабірші. Жоқ, жөнін ұқтырайыншы. Айталық, мынау су екен дейік. Жақсы. Ал, мынау, айталық — адам. Жақсы. Енді, айталық, адам суға өзі келді де, батып кетті. Тілесін, тілемесін, өзі келді ғой. Міне, гәп қайда жатыр. Ал, су болса, оның жөні басқа. Егер адамға судың өзі келіп, оны батырып жіберсе, оған батқан адам жауапты емес. Ендеше өзінің өліміне айыпты емес адамның қазаға қатысы жоқ.
Екінші қабірші. Осы айтқандарың заң жүзінде бар ма?
Бірінші қабірші. Болғанда да, кәдімгі тергеу заңының тап өзінде осылай жазылған.
Екінші қабірші. Саған керегі шындық па? Егер бұл өзі дворянның қызы болмаса, христианша жерленудің қарасын да көре алмас еді.
Бірінші қабірші. Осы айтқаның дұрыс. Бекзаттардың суға батам десе де, дарға асылам десе де, не істеуге де еркі бар. Ал, құдай деп бәрінен құр қалған біздің шоқынушылық тобырға бұның бәрі де бұйырмайды. Жә, құрысыншы, сал күректі. — Ал, дворяндар хақында айтсақ, олардың ең алғашқылары — бағбандар, жер қазушылар мен көр қазушылар. Олардың дворян атағы Адам атадан басталған.
Екінші қабірші. Ол кісі де дворян ба еді?
Бірінші қабірші. Қол құралын бірінші ұстаған сол кісі.
Екінші қабірші. Былшылдапсың, ол түк те ұстаған жоқ.
Бірінші қабірші. Сен мәжуси ме едің? Қасиетті жазбалардан хабарың бар ма сірә? Онда «Адам-ата жер қазды» деген сөз айтылған. Сонда қалай, жерді ол қолымен қазды дейсің бе? Жә, саған тағы бір сауал қояйын. Тек жауабын тап басып айт, байқа.
Екінші қабірші. Ал, иә, сауалыңа бақ.
Бірінші қабірші. Тас қалаушының да, кеме жасаушының да, ағаш шеберінің де қолынан келмейтін ең берік құрылысты кім жасай алады?
Екінші қабірші. Дар ағашты жасаушылар. Бұл ағаш дарға асылатындардың бәрінен де көбірек өмір сүреді.
Бірінші қабірші. Оллаһи, оның рас! Дар ағашы дегенін жарасып тұр. Бірақ, сол өзі кімдерге жарасады? Күнәкарларға. Ал, сен дар ағашын шіркеуден де берік санап күнәкар болдың. Жә, басынан бастайық. Енді сенің сауалыңа мен жауап берейін, сұра.
Екінші қабірші. Тас қалаушының да, кеме жасаушының да, ағаш шеберінің де қолынан келмейтін ең берік құрылысты кім жасай алады?
Бірінші қабірші. Бәсе, соның жауабын тап басып айт та, құтыл.
Екінші қабірші. Айтса несі бар, айтып та жіберем.
Бірінші қабірші. Ал, иә?
Екінші қабірші. Жоқ, айта алмаймын.
Гамлет пен Горацио кіреді де, булардан аулағырақ тоқтайды.
Бірінші қабірші. Сен бұған басыңды қатырма. Есекті қанша қинасаң да шаба жөнелмейді. Бұдан былай бұл жөнінде біреу сұрай қалса:
Қабір қазушы деп жауап бер. Оның салған үйі тағы сойқан соққанша тапжылмай тұра береді. Жә, жарайды, сен Иоханға барып, маған бір құмыра шарап әкеп берші.
Екінші қабірші кетеді. Қалғаны көр қазып жатып әндетеді.
Жас күнімде, дариға-ай,
Қыздармен күліп-ойнадым.
Қыз бар жерде көңіл жай,
Бақыт та сол деп ойладым.
Гамлет. Өз жұмысының табиғатын танымайтын мынау неғылған адам, кісі көр қазып жатып ән сала ма екен?
Горацио. Әбден еті өліп, әдетке айналған ғой.
Гамлет. Иә, бұнысы да заңды. Қол қозғалғанша сезімтал
Бірінші қабірші (әндетіп).
Кәрілік келіп ақырын,
Қолымнан сүйрей жөнелді.
Махаббат-қызық мақұрым,
Табарсың қайдан оны енді.
Қу басты шығарып тастайды.
Гамлет. Мына бастың да бір кезде тілі болды-ау, бұл да ән салды-ау! Мынау оңбаған бұны баяғы ең бірінші кісі өлтіргіш Каинның басындай қып далаға лақтырады. Енді мына есектің билігіне кешкен бұл қауашақ, мүмкін, құдайдан да қулығын асырмақ болған самыржақ саясатшының басы шығар. Мүмкін ғой?
Горацио. Мүмкін, милорд.
Гамлет. Сарай қызметшісінің басы болуы да мүмкін. Ол былай шығар: «Қайырлы таң, мархабатты тақсырым. Сау-саламат ояндыңыз ба?» Бұның қожасы пәленшеке, түленшеке дейтін лорд бола қалса сол лордтың сәйгүлік атын өлердей мақтап, сыйлық дәметкен де шығар бұл О да мүмкін ғой?
Горацио. Әбден, ханзада.
Гамлет. Иә, солай, солай... Енді мұрны мырық, жағынан айырылған бұл сорлыны мына шіркеу малайы күрекпен маңдайдан ұрады. Қу бастың құпиясына үңілсең, сұмдық өзгеріс қой бұл. Адамды асық қылып ойнау үшін өсірудің керегі не? Осы бір ой менің сай сүйегімді сырқыратып жіберді.
Бірінші қабірші (әндетіп).
Қолыңа ал сүймен, күректі,
Кебін қыл жаңа матаны,
Өлгенге лахат керек-ті —
Шал байғұс сонда жатады.
Тағы бір қу басты шығарып тастайды.
Гамлет. Әне, тағы біреуі шықты. Бұл заң қызметкерінің басы деп болжайық. Бұның қармақ-тармақтары мен айла-шарғысы, бақастығы мен пайдакүнемдігі қайда? Шекесіне күрекпен ұрып, өзін қорлап жатқан мына дарақыны неге жауапқа тартпайды? һм!.. Бір кезде бұл өзі біреуден қарыз алғансып, онысын ешкімге де қайтарып бермеген, бақытсыз жанның қалтасын қаққан ірі жер иесі, жебір болған шығар. Берешек жерді қайтармағаны үшін енді бас сүйегінің ішіне сол жердің топырағы кептеліп қалған жоқ па екен? Екі-ақ парақ қағазға жазылған бір не екі тарапты шарттары, қол хаттары қолқасымен бірге жерге сіңіп кетпеді ме екен. Бұның артына қалдырып кеткен арамза қағаздары қабіріне тықсақ сыймас еді. Тірісінде иемденген шартарапқа енді бұның шашылып жатуға хақы жоқ па?
Горацио. Жоқ, ақыры аядай көрі де өзіне бұйырмай жатыр ғой.
Гамлет. Ay, сол шарт, қолхат дегендеріңнің өзі қағазға емес, қойдың жарғағына жазылатын көрінеді ғой, солай ма?
Горацио. Иә, милорд, бұзаудың терісіне де жазыла береді.
Гамлет. Қой ма, бұзау ма — әйтеуір соны жарғақтың беріктігіне сенгендер істейді ғой. Мен мына мырқымбаймен сөйлесіп көрейінші, — уа, батырекесі қазып жатқаның кімнің қабірі?
Бірінші қабірші. Менің қабірім, сэр. (әндетіп)
Өлгенге рақат керек-ті —
Шал байғұс бұнда жатады.
Гамлет. Өтірікті қабірдің ішінде тұрып айтқан соң, оның да рас шығар.
Бірінші қабірші. Сіз қабірдің сыртында тұрсыз, ендеше ол Сіздікі емес. Мен ішінде болған соң, әрине, ол менікі, өтірігі жоқ.
Гамлет. Қалайша өтірік емес? Қабірдің ішінде тыпырлап жүресің де, өзімдікі дейсің. Қабірде тірілер емес, өлгендер жатады. Ендеше әлгі айтқаның шылғи өтірік.
Бірінші қабірші. Өтірік қабірде қалмайды. Ол мен өлсем сізге көшеді.
Гамлет. Жоқ, шыныңды айтшы, қандай еркекке қазып жатырсың?
Бірінші қабірші. Ешқандай еркекке емес.
Гамлет. Ендеше қандай әйелге?
Бірінші қабірші. Ешқандай әйелге де емес.
Гамлет. Жоқ-ау, сонда осының ішінде жататын кім өзі?
Бірінші қабірші. Бекзат нәсілінен, сэр. Бұрын әйел екен, қазір снді, иманды болғыр, өлік қой.
Гамлет. Мына мырқымбайың қайтпас қайсардың өзі ғой! Бұлармен байқап сөйлеспесең, екі ұшты сөзбен-ақ діңкеңді құртып кетеді. Оллаһи, Горацио, соңғы үш жыл ішінде менің көзім бір нәрсеге анық жетті. Қарапайым бұқара дворяндардың өкшесін баса-баса жаралайтынды шығарды. Қашаннан бері қабір қазып жүрсің?
Бірінші қабірші. Марқұм короліміз Гамлет Фортинбрасты тоңқалаң асырған жылдың көп күндерінің бірінде осы кәсіппен айналысқан жайым бар.
Гамлет. Ал, ол қай уақытта болған еді?
Бірінші қабірші. Білмейсіз бе? Кез келген ақымақ білуші еді. Ол тура кіші Гамлет туған жылы болатын. Ол жігіт қазір ақылынан айырылып, Англияға ауысқан көрінеді.
Гамлет. Мәс-са-ған! Оны Англияға не себепті аударады?
Бірінші қабірші. Не себеп керек? Ақыл алып қайтсын деген шығар. Мейлі, барып миын жөндесін. Жөндей алмаса, одан дәнеңе де құрымайды.
Гамлет. Неге олай дейсің?
Бірінші қабірші. Неге десеңіз оны ешкім де байқамайды. О жақтағының бәрі түгелдей жынданып кеткен.
Гамлет. Сонда ол не себептен жынданған?
Бірінші қабірші. Кісі таңғаларлық жай болған деседі ғой.
Гамлет. Дәлірек айтқанда қандай жай?
Бірінші қабірші. Е, кәдімгі өзіміздің дат елінде болып жататын жайлардың бірі көрінеді, мен жастайымнан, отыз жыл осында көр қазамын.
Гамлет. Қалай өзі, адам шіріп біткенше көрінде кел жата ма?
Бірінші қабірші. Қалай десем екен... Егер денесі тірілей шіріген болса, — осы күнде көрге әрең жететін терілер көбейіп кетті ғой — ондайлар сегіз жылдан аспайды. Ал былғарышылардың терісі тоғыз жылға толық төзеді.
Гамлет. Онікі неліктен төзгіш?
Бірінші қабірші. Көріп тұрсыз ғой, тақсыр, мына тері дегеніңіз дымқылға көп шыдайтын көрінеді. Ал дымқыл дегеніңіз, ағайын, өле қалсаңыз, өліктің бірінші жауы екен ғой. Мысалы, мына бас. Осы жиырма үш жыл жер астында жатты.
Гамлет. Кімнің басы бұл?
Бірінші қабірші. Ой, бір шалдуардың басы, айтпай-ақ қояйын. Өзіңіз кімдікі деп ойлайсыз?
Гамлет. Біле алмадым.
Бірінші қабірші. Қой, бұл бір обадан өлгір оңбаған болатын. Рейн шарабының бір шөлмегін басыма құйып жіберген бұдан не сұрайсың. Бұл жатқан сол Иорик дейтіннің, корольдің сайқымазақ ақымағының басы.
Гамлет. Осы сол ма?
Бірінші қабірші. Соның тап өзі.
Гамлет. Кәне, көрейінші (қу басты қолына ұстап), бишара Иорик! Мен бұны білуші едім, Горацио. Бұл бірдеңені табан астынан тауып айтатын қу тілді кісі еді. Өзі мені мың мәрте арқалаған шығар. Енді көруге де жиренішті. Мына жерінде мені талай дүркін сүйген ерні болушы еді. Сорлы-ау, сондағы қызық қимылдарың мен күлдіргі сөздерің, тақпақтарың қайда? Дастарқан басындағылардың ішек-сілесін қатыратын көңілді қалжыңдарың қайда? Түгел жоғалттың ба? Кәне, ернін баттастыра бояған ақсүйек арудың бөлмесіне барып, түбінде түрінің қандай болатынын көрсетші. Сәуегейлікпен күлдірші сол әйелді. — Горацио, сен маған бір нәрсені айтасың ба?
Горацио. Нені дейсіз, ханзада?
Гамлет. Қалай ойлайсың: Александр Македонскийдің де жер астындағы күйі осындай болды ма екен?
Горацио. Тура осы ғой, милорд.
Гамлет. Тап осылай шіріп сасыды-ау? Фу!..
Қу басты жерге қояды.
Горацио. Тұп-тура солай.
Гамлет. Осыншалық түкке тұрғысыз бола қалу обал-ақ. Горацио, Александр денесінің соңынан қыл елі қалмай ере отырып, оның сыра күбісіне тығын боларлық жағдайына дейін ой жүгіртсек қайтеді?
Горацио. Затқа олай қарау ойды тым ұсақтатып жіберер.
Гамлет. Оллаһи олай емес. Керісінше, ол ықтимал жағдайдың ырқына беріле отырып, заттың даму барысына ілесу болып шығады. Мәселен былай: Александр өлді, Александр жерленді, Александр өлексеге айналды, өлексе — топыраққа. Ал, топырақтан сылақ жасаймыз ғой. Сол сылақ сыра күбісінің жіктерін кіріктіруге жарамай ма?
Шіріген Цезарь топырағымен үйінді
Сылап қойсаң, қыс боранда тиімді.
Әмірші еді бүкіл әлем жұртына,
Жамау болды жаман үйдің сыртына.
Ақырын, ақырын. Былайырақ кеттік. Анау король ғой.
Тақуа бастапқы шырақшылар тобына ілесе Офелияның табыты.
Лаэрт, шығарып салушылар, король, королева нөкерлерімен кіреді.
Королева.
Сарайлықтар мыналар.
Жерлегелі әкелгені кім сонда?
Салт бұзылған. Бұлай келіс зиратқа
Өзін-өзі өлтіргеннің белгісі.
Көріп қояр. Аулағырақ тұрайық,
Бақылайық.
Горациомен сыртқары барып тұрады.
Лаэрт.
Тағы нендей тағылым етпек заңы бар?
Гамлет.
Әне, анау иман жүзді жас Лаэрт.
Лаэрт.
Жасалмаған қандай рәсім қалып тұр?
Тақуа.
Уставтағы көрсетілген уәжиптің
Ауқымынан асып кеттік онсыз да.
Құдай жолы құптамайтын өлім бұл
Жоғарғы өкімет рақымы түспесе
Жатар жері басқа еді ғой байғұстың.
Дұға орнына тас лақтырмақ заң еді.
Гүл қойылды табытына бұл қыздың,
Қоңырау соғып, қош айтысты жамағат.
Лаэрт.
Сонда қолдан келгені тек осы-ақ па?
Тақуа.
Иә, хадари қызметімізді атқардық.
Ажалынан өлгендерге тартатын,
Қаралы күй сазын бұған бұйыртсақ,
Қасиетті аза жолын ыластаймыз.
Лаэрт.
Түсіріңдер табытты. Күнәдан пәк
Жас балғыннан өсер болар жасыл гүл.
Дарақы поп, біліп қой сен, аяулы
Қарындасым пейіште де періште.
Сен дозақта иттен бетер ұлисың.
Гамлет.
Сонда қалай?.. Офелия болды ма?..
Королева (қабірге гүл себелеп).
Нәзіктердің ең нәзігі, қош енді.
Гамлетіме жар болар деп аңсап ем.
Гүл біткенді төсегіңе некелі
Төксем деп ем, қабіріңе бұйырды,
Қайтейін-ай!
Лаэрт.
Сені сергек ақылыңнан айырған
Залым тартсын отыз жаза үш дүркін!
Тұра тұршы топырақпен жасырмай,
Құшағыма қысайыншы бауырымды!
(Қабірге қарғып түседі).
Өлі, тірі екеумізді көміңдер,
Тегіс жерде үстімізден тау өссін, —
Ұшар басы биік болсын Пелионнан,
Биік болсын көк шыңынан Олимптың!
Гамлет (ілгері шығып).
Кім мұндағы зарын шыңға шырқатып,
Тобырдай-ақ топ жұлдызын аспанның
Қаһарымен қайтарған? Мен — жәрдемшің,
Дат елінің королімін, Гамлетпін.
(Қабірге қарғып түседі).
Лаэрт.
Лағынет келгір, мен сені!.. (Жармасады)
Гамлет.
Тәңірге бақ! Алқымымнан алма сен.
Ашу-ызам жоқ қой, бірақ, абайла:
Ашынудан сау емеспін мен-дағы,
Опық жерсің... Тарт қолыңды алқымнан!
Король.
Ажыратыңдар екеуін!
Королева.
Гамлет! Гамлет!
Бәрі.
Ау, мырзалар!
Горацио.
Абзал милорд, сабыр етіңіз!
Ажыратып жіберген соң, бұлар қабірден шығады.
Гамлет.
Күндестікті мен бұндай жаншып берем жарақпен.
Қалғымаймын қас-қабағым тіріде.
Королева.
Күндесі қалай, балам-ау?
Гамлет.
Офелияны мен сүйгем, қырық мың аға ықыласы
Тең келмейді менің махаббатыма.
Не істемексің қыз намысын қорғарлық?
Король.
Есі ауысқан, Лаэрт.
Королева.
Тиіспеңдер.
Гамлет.
Білсем деп ем, не тындырар шамаң бар?
Өкіріп жылау? Көйлек жыртпақ? Төбелес?
Тамақ татпау? Сірке суын ішу ме?
Қолтырауынның етін жеу ме немесе?
Мен де солай істей алам сен ғұрлым.
Жас төгу ме, қарғып түсіп қабірге?
Көмілу ме, мені қорлап, тірілей?
Мен де өйте алам. Тау дедің бе?
Миллиондаған ақырдан тау көтертсем,
Осса тауы оның биік қасында
Сүйелдей-ақ көрінбек. Сен әулікпе!
Алқымынан алғыш па едің адамның?
Алқымыңнан мен де жаншып бере алам!
Королева.
Бұған назар аудармай-ақ қойыңдар,
Ұстамалы қояншығы қойғасын
Есі кіріп, жуасиды қайтадан.
Гамлет.
Лаэрт, маған неге мұнша өшіктің?
Дос секілді жандар едік бір кезде.
Жә, өмірде қайран қалар түк те жоқ.
Қанша бақсаң, бөрі болмақ бөлтірік.
Кетеді.
Король.
Құдай үшін, қасында бол, Гораций!
Горацио кетеді.
Лаэрт, шыда! Кешегі сөз — орнында.
Барлық түйін шешілуге тақалды. —
Гертруда, жөндеп күткіз ханзаданы.
Өлтіреміз өлгендердің құны деп.
Аз-ақ қалды оған да. Көзін жойып
Біздердің де жай табар-ау жанымыз.
Бұлар кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сонда. Сарайдағы зал. Гамлет пен Горацио кіреді.
Гамлет.
Бұл осымен бітсін. Енді мынадай. Есіңде ме ана жолғы оқиға?
Горацио.
Әбден, ханзада.
Гамлет.
Маған ұйқы бермеді.
Іштегі бір арпалыс. Өз төсегім
Сәкісіндей түрменің. Мен өзімді
Кісендеулі жатқандай-ақ сезініп,
Ұшып тұрдым. Шапшаңдыққа не жетсін!
Көрегендік алдағанда біздерді
Көр соқырлық неше дүркін сақтады-ау!
Бізді де желеп-жебеп жүретін
Бір піріміз болса керек тегінде.
Горацио.
Бағымызға бар той ол.
Гамлет.
Иығыма бешпетімді іле сап,
Қараңғыда каютадан шықтым да,
Екеуінің жатқан жерін іздедім.
Пакетті алып қайтып келдім орныма
Қорыққаннан ұятты да ұмытып,
Тәуекел деп сорғыштаулы хатты аштым.
Оқып көрсем опасыздық бұйрығын,
Таңғаларлық сұмдық жазған, Горацио:
Дат еліне, ағылшынның еліне
Ең қауіпті дүлей дұшпан мен екем.
Басқаша айтсақ: бір сәтке де кешікпей
Ондағылар басымды алу шарт екен:
Горацио.
Адам айтса нанғысыз ғой бұл сұмдық!
Гамлет.
Жазғандары мынау, кейін оқырсың.
Бұдан әрі не істегенімді айтсам ба?
Горацио.
Айтыңызшы.
Гамлст.
Қапелімде не қыларға біле алмай,
Түтеп кеттім. Бұйрық жазып басқаша,
Тап-таза қып соны қайта көшірдім.
Бір кезде мен бейпіл сөзді тізілтіп
Әдемілеп жазғыш болғам. Содан соң,
Әріптерді бұзушы едім әдейі.
Осы жолы жазғыштығым сұлулап,
Бір пайдасын тигізді-ау! Енді саған
Не жазғанымды айтсам ба?
Горацио.
Е, әлбетте
Гамлет.
Король болып бұйрық шаштым мынадай:
Англия алым-салық телеуші
Болған үшін, достығымыз алдағы
Құрма бақтай құлпыруға тиісті.
Ақ бидайдан әшекейлеп өрілген
Белгі біздің арамызды беркітпек. —
Толып жатқан себептер бар осындай,
Теріп-тізіп жазып бақтым күллісін —
Жақсылықтың мүддесі үшін, осынау
Хатты апарған адамдарды сотсыз-ақ,
Барған бойда, жөн-жосық та сұрамай, өлтіріңдер.
Горацио.
Мөрді қайдан алдыңыз?
Гамлет.
Құдай мені қолдады ғой бұл жолы!
Әкем мөрі өзімде еді, бүгінгі
Дат мөрі сол алғашқыдан алынған.
Жаңа туған жас сәбиді астыртын
Айырбастап жібергендей іс болды:
Қолды қойып, сыртын сылап сорғышпен,
Хатты орнына тыға салдым қайтадан.
Ертеңінде — қарақшымен қақтығыс.
Арғы жағын хатқа жазғам — білесің.
Горацио.
Гильденстерн, Розенкранц екеуін
Ажал айдап бара жатқан болды ғой?
Гамлет.
Өздеріне өздерінің қылғаны. Арым таза.
Итаршылық сыйлығының сиқы сол.
Жоғарғылар өштескенде, жарбаңдап
Бағынышты түспес болар араға.
Горацио.
Корольдікі масқара!
Гамлет.
Теріме сыймай жүргенім. Ойлап көрші,
Аз болғандай өлтіргені әкемді,
Ар-ұяттан айырғаны шешемді,
Елден мені бөлгені де аздай-ақ,
Мұрат қылған қыршынымнан қимақты,
Қайдан-ау ол! Жер бетінен енді мен
Оның көзін жоғалтатын шығармын.
Бұдан соң да мойын созсақ өлімге,
Бізді тура қарғыс өзі-ақ атпай ма?
Горацио.
Болған жайды Англиядан аз күнде
Біледі бұл.
Гамлет.
Біледі рас. Сол аз күн
Неғылсам да әзір менің қолымда
Әркім үшін өмір, өлім арасы —
Қас қаққанша, айтып ауыз жұмғанша.
Горацио, ұят болды-ау Лаэртпен
Қапелімде айқайласып қалғаным.
Онікі де өз басыма ортақ дерт.
Татуласпақ ойым бар. Бірақ, жөн бе
Іш құсасын — сырын сыртқа шашқаны?
Ызам келді.
Горацио.
Ақырын, ақырын, мынау кім?
Озрик кіреді
Озрик. Дат еліне шат-шадыман қайтып оралуыңызбен, мәртебелім!
Гамлет. Құрметіңізге құлдық, сэр! (Горациоға ақырын). Мына боқ шіркейді танушы ма едің?
Горацио (Гамлетке ақырын). Жоқ, милорд.
Гамлет (Горациоға ақырын).
Онда бақытты екенсің. Бұны тану — абырой емес.
Бұның жері көп және де шетінен құнарлы. Хайуанды хайуандардың патшасы етіп қойсаң, оның астау-науасы да король дастарқанымен сыбайлас жатады. Бұл барып тұрған ұзақ қарға. Қайда қонса да ондай олжаға қарық болады.
Озрик. Абзал ханзада, егер мәртебелі Сіздің уақытыңыз болса, өзіңізге ағзамның айт дегенін жеткізер едім.
Гамлет. Сэр, оныңызды жан сала тыңдайын, сіз әуелі мына қалпағыңызды өз орнына пайдаланыңызшы. Ол басыңызда тұру шарт.
Озрик. Жоғары мәртебелім, күн өте ыстық.
Гамлет. Жоқ, сенсеңіз, өте суық. Жел теріскейден.
Озрик. Шынында едәуір суық. Айтқаныңыз рас.
Гамлет. Сөйтсе де мына менің тұлға-тұрқыма сұмдық ыстық, қапырық бар ауада.
Озрик. Ханзада, айтатыны жоқ. Қапырықтығын сөзбен жеткізу қиын. Сөйтсе де деймін-ау, ханзада, ағзамның айт дегенін қатеріңізге салайын, ол кісі сіздің намысыңыз жолына үлкен қаржымен бәстесіп отыр.
Гамлет. Жоқ, әуелі мынауыңызды деймін-ау... (Озриктің қалпағын басына кигізбек болады).
Озрик. Жоқ, оны қоя тұрыңызшы. Оллаһи, осылай тұрғаным өзіме жайлы! Сэр, жуырда осындағы сарайға Лаэрт келген-ді. Ол өзі барынша сыпайы, кісілігі мол, нағыз сері, сырты да сымбатты жігіт. Қалжыңды қойып, дәл бейнелер болсаң, ол дегеніңіз — адамгершіліктің анықтамасы да, көрнекі үлгісі. Өйткені, оның бойында ұлық атаулы тағлым алғандай асыл қасиеттің бәрі бар.
Гамлет. Бағаңыз оның болмысынан олқы түскен жоқ. Жалғыз-ақ, шұбырта берсек, қасиеттерінің қайсыбірі адамның жадында қалмай қоюы мүмкін. Дегенмен шын мадақтаушы сипатында мен де айтайын:
Ол өзі сирек кездесетін асыл тұқымды тіршілік. Расында оның өзін тек қана өз сәулесімен салыстырмасаң, еліктеушілердің күллісі соның солғын көлеңкесі ғана.
Озрик. Мәртебелім, ол жайлы өте-мөте дұрыс айттыңыз.
Гамлет. Қай жаққа қисайтып барасыз, сэр. Осыншалық тарқақ сөздер таңғандай ол серінің не жазығы бар еді?
Озрик. Сэр?
Горацио. Турасын айтуға болмай ма? Құдай үшін, сөйтіңізші, тақсырекесі.
Гамлет. Сол серіні осы араға не үшін тықпаладыңыз?
Озрик. Лаэртты ма?
Горацио (Гамлетке ақырып). Алтын сөздерінің бәрін шығындап болып, енді дымы құрып тұрғанын байқайсыз ба?
Гамлет. Иә, сол Лаэртты, сэр.
Озрик. Менің білуімше, сізден жасырын емес...
Гамлет. Маған соның сізден де жасырын болмағаны керек: тіпті сол білгеніңізден ешнәрсе ұтпасам да. Иә, сонымен, сэр?
Озрик. Менің білуімше, сізден жасырын емес жай — Лаэрттің өте жетік...
Гамлет. Оның жетіктігімен өзімді салыстыру үшін ол пәлендей деп айта алмаймын. Әрине жалпы өз жайыңды білу үшін өзгемен өлшеніп көру әбестік емес.
Озрик. Әңгіме оның жетік сайыскерлігі жайында. Қару қақтығысына келгенде оған төтеп беретін жан баласы жоқ деседі жұрт.
Гамлет. Қаруының түрі қандай екен?
Озрик. Сапы мен қанжар.
Гамлет. Қос қарулы деңіз. Ал, содан соң?
Озрик. Сэр, Лаэртпен бәстескендегі корольдің кепіл жүлдеге тігіп отырғаны — нәсілі араб жылқысынан алты арғымақ. Ал, ананың оған қарсы қояры, менің естуімше, француздың алты сапысы, қанжары түгел жабдығымен көрінеді, былайша айтқанда әлгі: иыққа асынатын, белге буынатын, тағы басқа дегендей; түгел жегу әбзелдерімен қос-қостан үш жетек, көруге көз керек, тоғалары мен тұтқалары аса нақышты, жарасымды да, қиыннан қиысқан.
Гамлет. Жетек әбзелдерімен деп отырғаныңыз не нәрсе?
Горацио (Гамлетке ақырын). Оған анығын айтқызбайтын байтыныңызды өзім де сезіп едім.
Озрик. Жетек жегу әбзелдерімен деп отырғаным, сэр, әлгі сол иыққа асынатын, белге буынатындары.
Гамлет. Тегінде біз қылыш асынбай, белімізге зеңбірек тағып жүрер болсақ, әлгі айтқаныңыз соған дәл келер еді. Жә, мейлі, иыққа асынатын-ақ бола берсін. Оған көңіл бөлмей-ақ қоялық. Сонымен арабтың алты атына француздың алты сапысы жабдығымен, әлгі қиыннан қиыстырылған әшекейлі жетектер қарсы қойылатын болды ғой. Осылар, өзіңізше айтқанда, қай есеппен жасалған кепіл жүлде?
Озрик. Сэр, корольдің есебінше, Лаэртпен өзіңіз он екі дүркін шайқасқанда қарсыласыңыз сізден үш ұпай ғана артық алуға тиіс. Күштеріңіздің ара салмағы осылайша он екіге тоғызбен тоқтайды деген есегі корольға әлгідей нарықты белгілетті. Егер, мәртебелі, өзіңіз жауабын берсеңіз, осының дұрыс бұрысын тездетіп-ақ тексеруге болар еді.
Гамлет. Ал, менің жауабым: жоқ! — деп тұрса ше?
Озрик. Милорд, егер келісіміңізді берсеңіз дегенім еді ғой.
Гамлет. Сэр, мен осы залда сейілдей тұрамын. Ағзам алаңдатпаса бұл менің тынығатын уақытым. Маған біреулер сапыны жеткізетін болсын. Егер жігіт сөзінде тұрса, король де өз байламын өзгертпесе, ұтудың әрекетін істеп көрейін. Ұта алмасам ұятын арқалап, қарсыласыма есемді жіберіп қалам да.
Озрик. Айтқандарыңызды, бұлжытпай, тап осы күйінде жеткізуге бола ма?
Гамлет. Taп солай, әсірелеп, ұшындырып айтамын десеңіз де еркіңіз білсін.
Озрик. Биік мәртебеңізге берілгендігіме өзім, өзім кепілмін.
Гамлет. Бәрекелді, бәрекелді...
Озрик кетеді.
Кепілдікті өз мойнына алғаны жақсы. Өзге ешкім де бұған кепіл бола алмас еді.
Горацио. Жұмыртқадан жаңа шыққан балапан қауашағын басына көтере жүгірді.
Гамлет. Бұл шешесін ембес бұрын емшегін сипаған жағымпаз. Бүгінгі бұлардың бәрі осы. Қаңғыбастар әулеті жалпы сарынға сырттан, қисынсыз жармасып еді, енді талғам тасқыны бұларды түбіне бойлатпай, қалқытты да жіберді. Титтей үрлесең жоқ боп кететін көбік қой бұлар.
Лорд кіреді.
Лорд. Милорд, тақсыр ұлықтың сәлемін Сізге жеткізген кіші Озрик айтып барды, ол кісіні осы залда күтем депсіз. Лаэртпен ұрыспақ талабыңызда тұрсыз ба, әлде кейінге қалдырмақ ойыңыз бар ма, тақсыр соны біліп кел деп еді.
Гамлет. Өз байламыма берікпін. Король тілегіне сәйкес байлам еді ғой ол. Сол кісінің зауқы суымаса, мен қарыздар қалмаймын. Жекпе-жек ойынын қазір ме, кейін бе, — бәрі бір, жалғыз-ақ мен өзімді осы тұстағыдай жарқын сезінуім шарт.
Лорд. Онда король, королева, басқалары да қазір төменге түсе берсін.
Гамлет. Иә, сәтімен.
Л о р д. Королева сайыс ойыны алдында сіздің Лаэртпен татуласқаныңызды қалайды.
Гамлет. Онысы оңды тілек.
Лорд кетеді.
Горацио. Милорд, осы бәсекеде сіз ұтыласыз.
Гамлет. Мүмкін емес. Ол Францияға кеткеннен бері мен жаттығу жұмысын үзген емеспін. Және бұнда маған беріліп отырған жеңілдік бар. Ұтуын ұтамын. Әттең, жүрегімнің қаншалық жүдеп тұрғанын сезсең ғой сен! Бірақ, со да түк емес.
Горацио. Жоқ, тоқтаңызшы, абзал ханзада...
Гамлет. Әлгі күдігім сөз емес. Ондай жорамал қатынды ғана сертінен қайтарады.
Горацио. Жаныңыз елегізіп жай таппай тұрса, сонымен санасыңыз. Мен әлгілердің алдынан шығамын да, сізде жүрексіну барын ескертемін.
Гамлет. Аттап басушы болма. Болжал жорамалдан бойды жоғары ұстамақ керек. Құдайдың әмірінсіз торғай да өлмейді. Ақыры болар іс тақалып тұрса, қашқақтаудан қанша пайда? Қазір жалтарғаныңмен жазмыштан құтылмақ жоқ. Тағдырдың салғанына әрқашан әзір болмақ басты шарт. Кісі өлер сағатын алдын ала білмеген соң, оны күтпегенде қайтеді? Мейлі, құдай не салса да құба-құп!
Король, королева, Лаэрт, Озрик, нөкерлер, сапы ұстаған қызметшілер, тағы басқалары кіреді.
Король.
Гамлет, кел де мына қолды ал қолымнан.
Гамлет пен Лаэрттің қолдарын ұстастырады.
Гамлет.
Кешіріңіз, сэр. Менен болды ағаттық.
Бекзат салтын биік ұстап кешіңіз.
Осы тұрған жиынға да, сізге де
Мағлұм менің алмағайып сырқатым.
Лауазым мен арыңызға тигендей
Артық қылған істеріме сол себеп.
Жазықты жан Гамлет пе? Жоқ, ол емес.
Ессіз Гамлет арын төксе Лаэрттің,
Айыпты емес. Кім жауапты сонда оған?
Ессіздігі. Онда шағым беруші —
Гамлет өзі. Ауру бұған айыпкер.
Жұрт естісін, жұрт алдында өтінем.
Босат мендей бейкүнәні жазадан.
Білсін бәрі қастандығым жоқтығын.
Оқ аттым да үй үстінен асырып,
Жақынымды жарақаттап алдым мен.
Л а э р т.
Жан түкпірім жауласпаққа даяр-ды
Жә, сезімге тежеу салып, кешейін.
Рас, ар мен намыс заңы басқаша.
Ондай даудың ісін тергеп білгіштер
Татуласпақ жөн екен деп тапқанша
Кек қарымын кешіруге қақым жоқ.
Ал, әзірше дос пейілін құптайын,
Дос санаңыз мені де.
Гамлет.
Бәрекелде.
Ақ лебізді қабыл еттім қапысыз.
Ал, бастайық — жарақ қане?
Л а э р т.
Бірін маған.
Гамлет.
Ең әлжуаз қарсыласпын мен сізге.
Біздің қаста сіздің ерен шеберлік —
Жарық жұлдыз.
Л а э р т.
Мазақтау ғой бұныңыз.
Гамлет.
Жо-жоқ, шыным имандай.
Король.
Жә, Озрик,
Сапыларын қолдарына бер енді
Гамлет, шартты білесіз бе?
Гамлет.
Иә, милорд.
Әлсіз бәсін тіктіңіз сіз күштіге.
Король.
Олай емес. Күш сайыста көрінбек.
Үш ұпайға жеңілдігі және бар.
Лаэрт.
Басқасын бер, ауыр екен мынау тым.
Гамлет.
Мынау маған оңтайлы — тең бе екеуі!
Озрик.
Иә, тең, милорд.
Қарсыластар сайысқа даярланды.
Король.
Әкел бері шарапты.
Гамлет ұпай алған сайын біртіндеп
Король оның саулығына ішеді.
Жеңген сайын құрметіне ханзаданың
Қамалдағы барлық атыс ұясы
Зеңбіректен оқ атады аспанға.
Дат елінде төрт корольдің тәжіне
Таққан інжу қосылады шарапқа.
Құмыраны әкел. Дабыл кернейді оятсын,
Керней күллі зеңбіректі оятсын.
Ол аспанға, аспан жерге үн қатсын.
Гамлет үшін король ішсін. — Ал баста.
Төрешілер, сендер сергек бақылаңдар!
Гамлет.
Даярсыз ба?
Л а э р т.
Салдым сайыс.
Қақтығысады.
Гамлет.
Бірді бердім.
Лаэрт.
Жоқ, дарыған жоқ,
Гамлет.
Төрешілер!
Озрик.
Мықтап тұрып дарыды.
Л а э р т.
Жә, ендеше қайтадан.
Король.
Тоқта, ішеміз — саулығы үшін Гамлеттің!
Міне, сенің қазына толы ыдысың.
Сахна сыртында керней. Зеңбірек атылады.
Гамлет.
Ішетін кез бұл емес. Қорғаныңыз. Бастаймыз.
Қақтығысады.
Тағы дарыттым. Рас па?
Лаэрт.
Мойындаймын. Рас. Король.
Біздің ұлан жетер болды жеңіске.
Королева.
Гамлет, келші, бетіңді сүртіп берейін. Орамалым мінеки. Тым албыртсың. Мен ханыммын, жеңісің үшін ішемін.
Гамлет.
Қайран ана...
Король.
Жоқ, сен ішпе, Гертруда!
Королева.
Зауқым шапты, рұқсат деңіз, ішейін!
Король (сыртқа).
У бар еді! Бұл өлетін болды енді!
Гамлет.
Ханым, маған әлі ішуге ертерек.
Королева.
Кел, бетіңнің терін сүртіп берейін.
Лаэрт.
Ал, енді мен дарытамын.
Король.
Әй қайдам.
Лаэрт (сыртқа).
Іс қылам мен ар-ұяттан тысқары.
Гамлет.
Енді, Лаэрт, ойнағанды қойыңыз.
Шабуылға шықсаңызшы, жарқыным.
Ермек етіп жүрсіз әлі әншейін.
Лаэрт.
Солай деңіз. Ал, жарайды ендеше.
Қақтығысады.
Озрик.
Екеуі де тиген жоқ.
Лаэрт.
Ал мынаған не дейсіз!
Лаэрт Гамлетті жарақаттайды. Сонсоң айқас үстінде сапыларын айырбастап алады. Гамлет Лаэртты жарақаттайды.
Король.
Ажыратыңдар екеуін! Бұл оңбады.
Гамлет.
Жоқ, қайтадан!
Королева құлайды.
Озрик.
Ay, королеваға жәрдем етіңдер.
Горацио.
Екеуі де қан болды. — Не хал, милорд?
Озрик.
Не хал, Лаэрт?
Лаэрт.
Ойбай, Озрик, құрған торым құртты ғой.
Ойлап тапқан зұлматтығым өзімнің
Түбіме жетті.
Гамлет.
Королеваға не болды?
Король.
Қан көрген соң, Естен танған әншейін.
Королева.
Жоқ, өтірік, Гамлет, — Ішімдік! Ішімдікте — у бар — у!
Өледі.
Гамлет.
Арамызда сатқын бар! —
Кім айыпкер?
Табыңдаршы!
Лаэрт.
Алыста емес айыпкер.
Ажал жетті саған да, еш дауың жоқ.
Жарты-ақ сағат өмірің қалды, Гамлет.
Алдыңда тұр айғағың: Бұл сапының
У жағылған өткір жалаң жүзіне.
Опасыздық өзімді де жайратты.
Шешең де өлді, жарылайын ағымнан...
Король, король күллісіне күнәкар!
Гамлет.
Тоқта, мынау улы ма? Мә, ендеше,
Улы болат иесін тапсын өзінің.
Корольді түйрейді.
Бәрі.
Сатқын! Сатқын!
Король.
Дос-жарандар, сақтай гөр!
Маған ем бар — менікі жай жарақат.
Гамлет.
Мә, ендеше, жалған ағзам-жалмауыз!
Інжу төккен өз уыңды ұрттап өл!
Бар, шешемнің соңынан!
Король өледі.
Лаэрт.
Сауап болды:
Өз қолынан даярлаған уы еді. —
Ал, бақұл бол, абзал Гамлет. Әкем мен
Менің қаным қарыз емес мойныңа!
Өз қаныңды сен де кеш!
Өледі.
Гамлет.
Құдай кешсін!
Мен де артыңнан жөнелем. Бәрі тынды,
Горацио!
Королева, қош енді! Құдайың жар!
Ал, қалғандар, жұмған аузың аша алмай,
Сойқан соңын көргендер, әттең, ажал
Асықтырып әкеткелі тұр мені,
Мен сендерге баяндар ем бәрін де.
Уақасы жоқ, уақыт бітті.
Горацио,
Тірісің ғой, бар шындықты мен жайлы
Жеткізе гөр естімеген ел-жұртқа!
Горацио.
Өйте алмаспын.
Даттан гөрі Рим жұрты — нәсілім.
Құмырада у қалды.
Гамлет.
Еркек болсаң,
Құмыраны маған бер. Әкел бері,
Ақиқатты ел білмесе, атадан
Тумай кеткір атанғаным ол менің!
Жоқ, сен маған шын дос болсаң, шыдап бақ.
Қала тұр сен мынау ит-қор жалғанда
Мен туралы айту үшін зар илеп.
Алыста марш ойналады, түйдек оқ атылады.
Неткен атыс алыстағы жаңғырық?
Озрик.
Фортинбрас ол жеңіп қайтқан Полыпадан.
Ағылшынның елшілерін құрметтеп,
Жол-жөнекей салют беріп келеді.
Гамлет.
Горацио, демім бітті. У заһары
Тұншықтырып барады. Жан тапсырам
Ағылшыннан хабаршылар келгенше.
Болжауымша: Фортинбрасты сайлар жұрт.
Мен де соған дауыс бердім. Өзіне
Сен осыны айт. Бұл жағдайға жеткізген
Бар сұмдықты баян ет те,
Басқа жайдан ләм деме.
Өледі.
Горацио.
Күшті жүрек күл-талқан боп тоқтады.
Періштелер аза даусын сарнатып
Алып барар ақыреттік орныңа.
Дара туған асыл зада, дамыл ал! —
Дабыл қағып келе қалған кім бұлар?
Сахна сыртында марш.
Фортинбрас пен ағылшын елшілері, ту көтеріп, дабыл ұрған нөкерлер кіреді.
Фортинбрас.
Ол оқиға қай жерде?
Горацио.
Қай оқиға?
Ел естіп-білмеген ең сұмдығы керек пе?
Ол осында.
Фортинбрас.
Жайрап жатыр. Қырқысқан да, қырылған.
Қанша қызғын қанды дене суынған!
Ақжал сері, талғамы жоқ тәкаппар,
Ойран-асыр өлім тойын шығанға
Шырқатқан да, бітпес дауды бітірген.
Бірінші елші.
Жан түршігер сұмдық екен! Біздер де
Кешіктіріп әкелдік ағылшынның хабарын.
Розенкранц, Гильденстерн екеуін
Король бізге өлтіріңдер деп еді,
Ести алмай орындалған бұйрығын,
Өзі де өліп тыныпты. Апырау сонда
Рахмет деп енді бізге кім айтпақ?
Горацио.
Опығыңыз орынсыз. Рахмет деп
Айтпас еді, король тірі болса да.
Өлтірсін деп жіберген жоқ оларды.
Жә,. оны қой, қанды қырғын үстіне
Бірің поляк, бірің сонау ағылшын
Тарапынан құдай айдап келіпсіз —
Рұқсат деңдер өліктерді тиеуге.
Күллі жұрттың көз алдында баттитып
Болған жайдың бәрін айтып берейін, —
Қаныпезер қастандықтың зардабы
Қанша жанның қанын төкті қатеден,
Екі жүзді әз бикеден ез шықты.
Қылша мойны талша жанның талайын
Қан қақсатқан у сойқы-ше, у сойқы,
Оның-дағы өз торына маталып
Масқарасы шыққанын — бәрі-бәрін
Құлақтарға құям мен.
Фортинбрас.
Тез естиік ендеше.
Дереу мәжіліс құрмақ керек ол үшін.
Сәтсіз күнді берді-ау менің бағыма.
Бұл өлкені билеу маған бұйырмас.
Талабым сол ендігі.
Горацио.
Оны да айтам:
Өлерінде өжет туған мұрагер
Өзіңізге дауыс беріп, сайлады.
Тағы заңсыз бір пәледен бір жегі
Миға түспей тұрғанда тездетейік.
Фортинбрас.
Әскер салты бойынша әз Гамлетті
Төрт сардардың иығына көтертіп
Шығарыңдар биігірек сатыға.
Тірі болса сонікі еді тақ пен тәж.
Аза тұту салтын сақтап барынша,
Салтанатты қаралы күй ойналсын!
Қалғандарын жинап алып кетіңдер.
Өлік біткен жайрап-қирап жататын
Бұл майданның даласы емес, ыңғайсыз.
Жар шашыңдар, жауынгерлер оқ атсын!
Қаралы күй ойналады. Өліктерді алып бәрі кете бергенде зеңбіректен дүркін-дүркін оқ атылады.
С о ң ы
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі