— Папа, осы мыс, жез, қалайы, қола дегендерді көп атаймыз. Олар қалай пайда болған, қалай қалыптасқан? Адамзат осы кендерді ертеден пайдаланған ба? — деді Алмас Гүлшат руднигінің ескі карьеріне ұзақ қарап тұрып. Қамшылар тұста қалып бара жатқан қаңыраған жұртқа балалы көңілдің әлде бір іңкәр сағынышын жолдағандай сәл күрсініп қалды. Бір кездегі жұмысшы қауымының дуылдаған өмір қазанының бүгінгі жым-жырттығын өзім де өгейсіп келе жатыр едім. Ұлымның кәдімгідей жүдеу тартқан жүзін жақсылыққа жорыдым. Туған жердің әр сай, әр жыра, әр бұтасына деген перзенттік іңкәрліктің сол сай мен жыраның, бұта мен тобылғының ел игілігіне нәр құяр, қуат берер құдіретіне исініп, пайдаға асуын жан жүрегімен қалайтынын сезгендей болдым.
— Кенсіз, металсыз өмір жоқ, балам. Әр түрлі металл ішінен әсіресе көп пайдаланатынымыз — темір, алюминий, марганец, мыс, никель, қорғасын, қалайы, мырыш. Металсыз өндірістің өркендеуі өте қиын.
Деректерге қарағанда, адам металды осыдан 20 мың жыл бұрын қолданған көрінеді. Әрине, күрделі металлургиялық процестерді қажет ететін технологияның ол кезде туа қоюы мүмкін де емес. Бірақ ақыл-ойдың, сана мен түйсіктің даму жолына көз жүгіртсек, біздің дәуірімізге дейін тірлік еткен адамдардың еңбектегі дәстүрлік танымына бас июіміз қажет. Бүгінгі зымырап дамыған қоғамымыз өткен ұрпақтар алдында үлкен борышкер екенін ұмытпағаны жөн.
Мыс пен қалайы табиғатта саф таза құйма күйінде жиі кездеседі. Сен Ғабеңнің "Оянған өлкесін" оқып па едің?
— Иә.
— Сол романда айтылатын Нілдіден кесек күйінде табылған самородок мыстың салмағы қанша еді?
Алмас ойлы кейіппен көзін сәл жұмып, сосын оң бүйірде қалып бара жатқан Тарғыл тауына назарын ұзатты. Күрсініп бас шайқады.
"Успенский самородок — 53 пуда. Рязанов —Ушаков "К". На парижскую выставку" деп қашап жазған жазулары ай сәулесіне шағылысып, саф алтындай жарқырайды" дегенді ұмытып қалғаның ба?
— Сонда... — Ұлым біраз бөгеліңкіреп барып, еңсеріле бұрылды. — Сонда 848 килограмм салмақ тартқан ғой. Бір тоннаға таяу кесек мыс.
— Қалайы да таза күйінде көптеп табылса керек. Мыс пен қалайының қоспасынан беріктігі басым қола жасап, тұрмыстық бұйымдар мен қару-жарақты дайындаған ғой.
— Тарихтағы қола дәуірі деген ұғым содан шыққан екен-ау.
— Иә. Ғасырлардың белгілі үштік жүйесі — тас дәуірі, қола дәуірі темір дәуірі — адамзаттық өмір жолының шежіресі.
Асфальт жолдың кедір-бұдыры көбейіп, машина біраз мөңкіп алды. Тарғыл тауының баурайынан еңіске маңдай түзеген соң қайта жүйткіді.
— Мысырды білемісің?
— Египет қой. Фараондар пирамидалары мен сфинсктерді білем, папа.
— Сол Мысырды мекендеген халықтардан да ертерек осы өңірдің тұрғындары мысты біздің жыл санауымыздан 4 мың жыл бұрын кеңінен қолданған. Сол кезде жасалған алтындай жарқыраған ыдыстар, шамдалдар, әсемдік бұйымдар, қару-жарақ пен еңбек құралдары күні бүгінге дейін сақталып келіп, тамаша ою-өрнектерімен көздің жауын алатын көрінеді.
— Мыс, сым... — Алмас осы екі сөзді күбірлей қайталады. — Мыс... Теріс оқыса, сым. Сонда сым "мыс" деген сөзден шықпады ма екен, папа.
— Кім білсін оны. Техника мен тұрмыста мыстың пайдаланылмайтын жері жоқ. Мәдениет дамыған сайын бұл металдың маңызы арта түседі-ау. Мыс сымыңның керексіз жері болсайшы. Электротехника мен машина жасау өнеркәсібінде мыс — таптырмайтын металл.
Дәлел айтайын. Елімізде өндірілетін барлық мыстың 35 проценті электр энергетикасына, 32 проценті түсті металдардың қоспасына, 25 проценті прокатқа, қалғаны басқа қажеттерді өтеуге кетеді екен.
Ракеталар мен корабльдердің, реактивтік самолеттердің, экскаваторлардың ірі бөлшектерінен бастап, радиоаппаратуралардың ең нәзік қылына дейін мыс қолданылатынын оқығам. Электр тогін жеткізетін желілердің, электровозға, трамвай, троллейбусқа ток беретін троллейлердің, электроаппаратуралардың, электромоторлардың мыссыз жасалмайтынын білем.
Ұлым әдетте сұрақ-сауал қоярда үнсіз жымиып отырып, "неге, неліктен, қалай?" дегендерді қардай борататын. Бұл жолы сол машығын кілт бұзды.
— Папа, машинаның суы қызып кетіпті!
Жолдан біраз шығып, аулақтап тоқтадық. Алмас капотты шалқайта ашып тастады да, көлеңкеге төсеніш жайды. Ас-ауқат салынған қоржынды әкеліп, асжаулыққа дайын тағамдарды қоя бастады, Бір сәтте қолына іліккен шанышқыны көзінің алдында біраз тосып тұрып, сыртындағы жазуын оқыды.
— Мельхиор... Осында мыс бар ма, папа?
— Иә! Бар. Қай металмен қосылғанын білесің.
— Есіме түспей тұрғаны... Никель емес пе?
— Иә. Никель мен мыс қоспаларынан мельхиор және неизильбер деп аталатын тоттанбайтын, күмістей аппақ, ұзақ сақталатын, жалтыратып өндеуге оңай қорытпаларын алады. Олардан хирургиялық аспаптар, оптикалық приборлар, түрлі бұйымдар жасайды. Никель мен мыстың әр түрлі қатынаста қосылатын Константин, никелин, манганин деп аталатын қоспалары электротехникада кедергісі күшті материалдар ретінде жиі пайдаланылады.
— Мысымыз мыс, ал жез деген не? Ол да мыс па?
— Жоқ.. Жез — мыс пен мырыштың қоспасы. Жезден әр түрлі қалыңдықтағы жалпақ металл табақтар, трубалар, патрон гильзалар, сағат пен дәл механизмдер бөлшектері жасалады.
Әлгінде айтып кеттім, мыс пен қалайының қоспасы — қола машина жасау үшін, қатты құрыш құймалар өндіру үшін, арматура мен подшипник дайындау үшін аса қажет. Мыс пен алюминийден де металлургтер алюминий қоласын шығарады. Алюминий қоласы (аллюминевая бронза) жез бен қалайы қоласына қарағанда әр түрлі химиялық әрекеттерге өте төзімді болады. Сондықтан да ол машина жасау өндірісіне, физикалық дәл приборлар, тісті дөңгелектер, қышқылды сұйық айдайтын насостар дайындауға, сонымен бірге автомобиль, корабль, сағат бөлшектерін, зергерлік бұйымдар жасауда өте қат қоспа...
Айтпақшы, сен мыстың ең негізгі қасиеттерін атап берші.
Алмас марқая күліп қойды. Жезқазған өңіріне аттанар алдында мысқа байланысты біраз кітаптар оқып жүрген сияқты еді, қазір солардан түйгендерін тезірек айтуға асық.
— Мыс электр тогін өте жақсы өткізеді. Бұл — оның ең негізгі қасиеті. Сондықтан мысты электр машиналарын, жоғарғы вольтты ток жүретін желілер мен байланыс жүйесінің сымдарын жасауға пайдаланады.
Екіншіден, таза мыс жылуды да жақсы өткізеді және химиялық әрекеттерге төзімді. Сол себепті де оны органикалық заттар технологиясында — вакуум аппараттар, органикалық заттарды айдайтын насостар, сыра қайнататын қазандар, тоңазытқыш, жылытқыш құралдар және құбырлар жасауға көп қолданады.
Үшіншіден, әлгінде өзіңіз айтқандай алуан түрлі қоспалар алуға болады.
— Дұрыс. Енді мыстың табиғатта қандай минерал түрінде кездесетінін санап шыға аламысың?
— Қазір, папа, қазір, — деді Алмас басын шалқайта ақшыл аспанның мұнартқан заңғарына сығалай қалып, — борнит, малахит... — деп кібіртіктеп тоқтады.
— Табиғаттың құрамында мыс кездесетін минералдың 170 түрі бар. Олардың негізгілері борнит, малахит, халькопирит, халькозин, азурит, куприттер. Бұлар сульфидтер, карбонаттар, тотыққан рудалар, силикаттар сияқты бірнеше топқа бөлінеді. Осылардың арасынан өндірістік маңызы зоры — сульфидтер. Отанымыздағы барлық мыс қорының 90 проценті сульфидтердің құрамында кездесетін көрінеді.
— Папа, сонда мыс рудасы дегеніміз не?
— Әлгі минералдар әр түрлі тау жыныстарымен бірігіп мыс рудасын құрайды.
— Руданың құрамында мыс көп бола ма? Жартысына жете ме?
— Қайдан. Руданың құрамында мыс 2 процент не одан көп болса, ол мысқа бай руда деп есептелінеді де, бір процентке дейінгісі орташа аталынып, 0,5-0,7 процентке дейінгісі —кедей руда қатарына жатқызылынып, 0,5 проценттен аздары бос тау жынысы болып саналады.
— Сонда руданың қалған бөлігінде не бар?
— Мыс рудаларында темір, күкірт, күміс, алтын, қорғасын, мырыш, молибден, никель т. б. металдар қабаттасып, қаумаласып жүреді. Кейде әлгі аталған металдардың кейбірінің мөлшері өндірістік дәрежеге дейін жетеді де, ондай мыс кені полиметалл (көп металл) деп аталады. Мысалы, Жәйремде сол полиметалл шығады.
— Әке, осы қара мыс дейтін не? Мыстың қара болмайтыны белгілі ғой.
— Ә-ә, ол мысты өндірістік алудың нәтижесіне қарай берілген атаулар ғой. 100 процент тап-таза мыс алу өте қиын. Құрамында мыс 99,0 процент болса, оны қара мыс (черновая медь), 99,6 процент болса — таза мыс, ал 99,96 проценттен жоғары болса — электролиттық мыс деп технологиясына байланысты үшке бөледі. Балқаш металлургия комбинатында өндірілетін электролиттік мыс дүниежүзіндегі ең таза мыстың эталоны ретінде Лондонда сақтаулы тұр.
— Папа, морфогенетика дегенді онша түсінбедім. Генетика — тек, нәсіл ұғымдарын берсе керек. Сонда морфогенетика кеннің тегін анықтайтын сөз бе?
— Жалпы жобаң дұрыс. Морфогенетика — кендердің шығу тегіне байланысты қойылған атау. Ол мыс рудаларының дүние жүзіне белгілі барлық түрлерін қамтиды. Олардың негізгілерін ғана атап өтейін.
Жер қойнауындағы қоры өте мол және құрамында мыстың мөлшері айрықша жоғары бір парасы — мысты құм. Мысты құм СССР-да алдыңғы орындардың бірін алады. Мұндай кен орындарына Жезқазған, Кенқазан, Өспен, Ақшоқыларды жатқызуға болады. Өйткені бұл арадағы кендердің құрамында қорғасын, күкірт, күміс, мырыш, кадмий, кобальт,селен, теллур, висмут, молибден, рений т. б. қосылыстар бар.
Ашық әдіспен өндіруге болатын мыспорфир (сеппе мыс) кендері, әсіресе Америка жерінде Верхнее Озеро маңайында шоғырланған. Мыспорфир кендегі мыстан бөлек молибден, күміс, рений, серицит, андалузит сияқты пайдалы металдар алуға өте ыңғайлы. Мыс кенінің бұл түрі Балқаш комбинатының кен базасы — Қоңырат, Бозшакөл, Көктасжал, Бесшоқыларда кездеседі.
Мыс кенінің тағы бір саласы — колчедан Оралда, Алтайдағы Николаевскіде, Майқайыңда мол. Оралдағыдай емес, Қазақстандағы колчеданды ашық әдіспен — карьерден өндіруге тиімді, себебі бұл мыс кендері жер бетіне тым жақын жатады. Колчеданда мыспен бірге алтын, мырыш, күміс, кадмий, күкірт тәрізді металдар да бар.
"Скарн" типтес кендерде мыс және темірдің, кобальттың компоненттері араласа жүреді. Бұл кеннің қоры Саяқ пен Ешкіөлместің кен орындарынан табылды.
— Осылардың ішінен ең көбі қайсысы? — деп Алмас ентелей түсті.
— Әлемдегі мыстың 80 проценті мысты құмдар мен мыспорфир кендерінен өндірілетінін бір кітаптан оқып ем. Мүмкін қазіргі кезде ол арақатынас өзгерген де болар...
Машинаның моторы біраз суыған шығар. Күн еңкейіп қалыпты. Кідірмейік.
Далада көгілдір сағым сусиды. көз ұшында бұлдырап артта қалған Тарғыл тауы сол көк мұнарда баяу ғана жүзіп бара жатқандай.
— Папа, әлгі кен орнын неге Гүлшат деп атаған? — деп Алмас тағы бір сұрақ берді.
— "Оянған өлке" кітабындағы самородок мыс жайында айта келіп, Ғабең "Қабат-қабат жамылып, темір белбеулермен тас бекініп алып, енді міне, ағасы да (кесек мысты айтады) жүріп кетті... Бар даусымен айғай салып, бар көркімен сиқырлап, қазақ даласына дүние жүзінің обырларын шақыруға кетті", — деп жазады ғой. Мол байлық, ен байлық көз қызықтырып, делебе қоздырып, пайда көздетіп дүние жүзінің шартарапынан мынау ұлан далаңның тұла бойы тұнған қазынасына ашқарақ көздерді құзғындай қаптатқаны рас. Тер төкпес тегінге емінгендер тіленіп келіп, талапайлап олжаға шаш етектен батпақ та болған. Солардың бірі —1884 жылы Қазан қаласынан асығыс жеткен Бекметова Гүлшат деген әйел. Осы Тарғыл тауының баурайында қорғасын-күміс заводын ашып, осы өлкеге иелік еткен. Кейіннен бұл өңір әлгі әйелдің есімімен Гүлшат атанған.
— Папа, бүгін Қоңыратқа қонамыз ба?
— Иә.
— Қоңырат деген аты қызық екен.
— Ертеректе Қоңырат руы осы өңірді жайлап тұрған ғой. Оның үстіне сол аттас төбеде баяғыда бір ат қалған деседі.
— Қалай қалған?
— Тұтқыннан қашып келе жатқан батыр жігіттің астындағы көлігі ұзақ жүрісті көтере алмай, төбенің үстіне шығып, қуғыншы көрінбес пе екен деп қарауыл қараған жігіт қайтадан ылдиға түсе берем дегенде, қалжыраған қоңыр аты құлай кетіпті. Содан бері әлгі төңірек те, төбе де Қоңырат аталып кеткен болар.
***
Қоңырат.
Қазақстан түсті металлургиясының көшбастаушысы ол.
Кеңес өкіметі 1928 жылы М.П. Русаков басқарған алғашқы геологиялық экспедицияны Балқаш көлінің төңірегін зерттеуге жіберген.
Экспедиция көп ұзамай-ақ мыс кенінің бай қорын тапты. Ғасырлар бойы жер қойнауында жатқан байлық көп ұзамай халық игілігіне айналар күн алыс емес еді. Айтқандай-ақ, 1929 жылдың 2 авгусында Еңбек және қорғаныс Советі Қазақстан түсті металлургиясын дамыту жөнінде арнайы қаулы алып, Қоңырат кенінен мыс қорытатын Балқаш мыс заводын салуға ұйғарым жасады.
Бірақ Қоңырат жол қатынасынан алыс, шалғай түкпірде жатқан еді. Салыстырып көрші.
Балқаш пен Қоңыратқа ең жақын темір жол станциялары — теріскейде Қарағанды 430 километр қашықтықта, ал шығыстағы Түрксиб разьезі — Арғанаты 350 километр алыста жатты.
Қоңырат — елсіз, мекенсіз шөлейт даладағы жапырайған бірнеше киіз үй мен жеркепелерін түтіндеткен геологтар мекені болатын.
Қоңырат — көп ұзамай үлкен құрылыс орнына айналды.
Қоңырат мысы жер бетінен онша терең емес. Үстіңгі бос тау жынысын 20-30 метр тереңдікке дейін аршыса, мыс кеніне жетуге болады.
Кен шығарудың екі әдісі ежелден белгілі. Бірі — жер асты тәсілі, яғни кенді шахтадан қазып шығару. Екіншісі — ашық әдіс, яғни карьерден алу өте тиімді. Мамандар Қоңырат кенін механикалық ашық әдіспен алудың әлдеқайда пайдалы екенін сол кездерде-ақ анықтап, карьерден қазып алатын руданың бір тоннасының өзіндік құны жер асты (шахта) әдісімен салыстырғанда 4-5 есе арзан болатынын дәлелдеп берген-ді.
1934 жылы Қоңырат карьерін қазу жұмысы басталып кетті...
Міне, ұлым екеуміз Қоңырат карьеріне қызыға қарап тұрмыз.
Еңбек құдіреті, техника ғаламаты тағы да ертегіден де өтер ғаламатты көз алдымызға тоса қойды.
— Спутник арқылы түсірілген Айдың суретін көрдің ғой, Алмас. Сол айдың бетіндегі ірілі-ұсақты кратерлерді елестетіп байқашы.
Мынау ернеу мен сонау төмендегі табанның ара биіктігі 180 метр. Дөңгеленген карьердің диаметрі бір шақырымнан астам, ауданы екі шаршы километрден көп.
Карьерді көз алдыңа анық елестету үшін өте үлкен аумақты стадионды ойша жобалашы. Дөңгеленген стадионда жоғарыдан төмен, не төменнен жоғары сатылана тізілген орындықтарды әрине білесің. Қоңырат карьерінде де осы орындықтардай карьер қабырғаларын жанамалай төмен құлдырайтын қабаттарды көріп тұрсың. Оларды горизонттар деп атайды. Әр горизонттың қалыңдығы 10 метрмен 20 метрге дейін жетеді. Рудалар осы горизонттардан қазылып алынады. Горизонттар жер бетіндегі құрылыстармен екі көлбеу траншея арқылы жалғасқан. Бұл траншеялар карьерден бір шақырым тысқары жерден басталып, бірі шығыстан, екіншісі оңтүстіктен карьерге сұғына кіреді.
Алмас кенет оқыс сұрақ қойды.
— Траншея неге керек?
— Траншея үстіне төселген темір жолды көремісің? Осы жолдармен кен мен бос тау жынысын (порода) тасыған поездар ерсілі-қарсылы өтіп жатады.
Горизонт саны он екі ғой. Әр горизонтта бірден үшке дейін экскаватор істейді. Алып экскаваторлардың шөмішінің сыйымдылығы —20-30 тонналық.
Карьердің қуатты техникамен жабдықталғаны сондай, сменасына он бес мың тонна тау жынысын екі жүздей-ақ жұмысшы сыртқа шығарады.
Қоңырат жылына қырық миллион тонна тау жынысын өндіреді. Егер соншама кенді машинасыз шығарар болса, қыбырлаған сексен мың адамнан жер қайысып кетер еді.
Біздің заманның құдіреті деп осыны айтар едім, балам.
* * *
— Папа, ашық әдіспен кен өндіру жеңіл, арзанға түседі дейсіз. Мен дәл осы арадан неше түрлі техника мен машиналарды көріп тұрмын...
— Дұрыс айтасың, Алмас. Сұрағаның жақсы, — деп әңгімеге инженер Тілеутай Рымбеков араласты. — Мен білетін карьерде жүргізілетін тау-кен жұмыстарының негізінен бес түрі бар.
Бірінші түрі — кен бұрғылау. Оның не үшін қажет екенін шамалай аламысың?
— Ол тау жынысын қопару үшін керек шығар...
— Иә. Жарғыш заттарды орналастыру үшін алдымен тау жынысының ішіне қуыс жасайды. Ол қуыстардың көлемі де, түрі де әр түрлі болады. Соған қарай оларды шпур скважина, камера деп жіктеп, бөлектеп атайды.
Шпур — інге ұқсас тік, кейде көлбеу кететін ұзынша қуыс. Оның тереңдігі елу метрдей болса, диаметрі жетпіс миллиметрден аспайды. Шпурды перфоратормен — ауаның қысымымен іске қосылатын бұрғымен теседі.
Скважина — шпурға ұқсас қуыс. Бірақ оның тереңдігі де, диаметрі де шпурдан гөрі көп болады.
Камера — бөлмеге немесе погребке ұқсайтын тау жынысын үңгірлеп ендеген кеңістік. Қопарғыш заттарды камераға жәшікпен немесе қаппен тасып толтырады.
Айтпақшы, сен Медеу су тоспасын қопарылыс арқылы жасағанын білесің ғой. Сонда қопарғыш заттарды туннель арқылы кіретін камераларға толтырып, содан кейін қопарылыс жасаған.
Қоңырат карьерінде камера мен шпур 1937 жылдарға шейін қолданылып келген-ді. Карьер жұмысына ол екеуі қолайсыз болғандықтан, бүгінде мұнда скважиналар кеңінен пайдаланылады. Бізде скважина жасайтын арнаулы станоктар бар. "Металлист", "БУ-2" станоктары Қоңырат руднигінде отызыншы жылдардан бастап істеген. Кейін "БС-1" станоктары көбейеді.
Тау жынысы неғұрлым қатты болса, бұрғылау жұмысының бағасы да соғұрлым қымбаттай түседі. Сол себепті де Қоңырат руднигіндегі кен бұрғылау жұмысының құны тасымалдаудан кейінгі екінші орынды алады.
— Бұрғылау жұмысын арзандатуға бола ма?
— Неге болмасын. Қоңыраттық өнертапқыштардың бұл салада табыстары жеткілікті. Мәселен, екінші кен участогының механигі болып ұзақ жылдар бойы істеген М.В. Сабельников станоктардың бұрғы ауыстыру процесін механикаландырып,бұл жұмыстың мерзімін 20 минуттан 5 минутқа дейін қысқартты. Қаншама уақыт үнемделгенін есептей бер.
Бұрғы снарядының салмағын арттырып, соғу жиілігін реттеу де біраз пайда келтіріп отыр.
Бұрғының диаметрін үлкейтіп, шапқы жүзін тұяқ тәріздендіріп өзгертіп, сапасын күшейтіп, еңбек өнімділігін еселеген қоңыраттықтар тәсілін еліміздің талай кеншілері кеңінен пайдаланып жүр.
Қоңырат карьері — қазақ жұмысшыларының өндірістік мектебіне айналды.
Таңның атысы, күннің батысы мал соңында жүрген кедейлердің күні туған соң, жан-жақтан жаңа тірлікке ағылған қазақ жігіттері Қоңыратқа келіп, өмір жолын жаңаша бастап кеткен ғой. Солардың бірі — осы Қоңыратта ширек ғасыр үздіксіз жұмыс істеген Мешітбай Сыздықов. Ол сонау 1938 жылдан бастап жұмысшы боп орналасып, бұрғылау станогында машинист-бұрғышы мамандығына дейін көтерілген. Өндірістік тапсырмасы үнемі бір жарым, екі есе орындап отырған Мешітбай атаңа 1956 жылы "Бұрғы станогінің тандаулы машинисі" деген құрметті атақ беріліп, есімі Қоңырат руднигінің Құрмет кітабына жазылған.
1947 жылдан бұрғышы-машинист болып істеген Секербековтің де еңбек жолы тамаша табыстарға толы. "БС-1" станогын алғашқылардың бірі боп меңгерген ол қазір ел алғысына бөленген қадірлі азамат.
Бұл күндері Қоңырат руднигі кен бұрғылаудың жаңа тәсілдерін қолдануда үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Бұрынғы ұрғылап соғатын станоктардың орнына СБШ-250 тәрізді агрегаттар келіп, бір өзі елу станоктың жұмысын атқарады. Осының арқасында скважина тесудің жұмыс қарқыны екі есе артып, экскаваторлардың тоқтауы азайды.
Тау-кен жұмысының екінші негізгі түрі — кен қопару. Ол жарғыш заттардың көмегімен атқарылады.
Қопарғыш заттардың негізгілері мыналар: динамит, тротші (тол), аммонит, игданит, түтінді дәрі.
Енді осылардың неден тұратынын таратып берейін.
Динамит — нитроглицерин мен калийдің, не натрийдің, кейде аммиак селитраларының қосындысынан түзіледі.
Тротил (тол) — толуолды нитрациялау (яғни азот және күкірт қышқыл қосындыларымен өңдеу) арқылы алынады.
Аммонит — аммиак селитрасының (80 процент) гротилмен (20 поцент) араластырылған қосындысы.
Игданит — аммиак селитрасына (95-96 процент) поляр майын (4-5 процент) қосу арқылы алынады.
Түтінді дәрі — селитра, күкірт, көмір үшеуінің қосылуынан жасалады.
Осылардың ішінен ең бірінші жасалғаны (XIV ғ.) түтінді дәрі. Ол мылтық ату үшін пайдаланылған.
1866 жылы орыс ғалымдары Н.Н Зинин мен В.Ф. Петрушевский нитроглицериннің негізінде динамитті ойлап тапса, 1863 жылы француз инженері Вильбрандт тротилді ашты. Ал швед химиктері Ольсен мен Норбин 1867 жылы аммонитты жасауға патент алған.
— Ағай қопарылыс қалай болған?
— Химиядан жану дегеннің не екенін өтпедіңдер ме?
— Өткенбіз. Жану — жанғыш заттың ауадағы оттегімен қосылуы ғой.
— Иә. Жану үшін оттегі өте қажет. Ал химиялық қосылыс әрқашанда жылу мен жарық беретінін білесің. Оттегі тоқтап қалса, жану процесі үзіледі. Жанып тұрған шырақты стақанмен төңкеріп жауып қойсаң, бірден сөніп қалады. Түтін дәрі де — жанатын зат. Бірақ ол секундтің әлденеше бөлігінде бірден жанып, газға айналады, күшті қызу береді. Түтін дәрінің құрамында селитра, күкірт, көмір бар дедім ғой. Осы үшеуінен басқа түтін дәрінің жануы үшін оның құрамында жеткілікті оттегі де бар. Сондықтан да жарғыш заттар бірден газға айналып, көлемін он мың есе үлкейтсе, қызуын бірнеше мың градусқа жеткізеді.
Жарылғыш заттардың осы қасиеттерін соғыс кезінде снаряд, бомбаларда пайдаланса, бейбіт тірлікте тау-кен өндірісінде жер қабаттарын қопарып. Тас ұсақтау үшін қолданады. Жарғыш заттардың қуатын мол пайдалану үшін оларды әдейі тар қуысқа — шпур, скважиналарға салады.
Соңғы жылдары рудникте кен қопарудың жаңа әдісі — скважинаны аз тығындап қопару әдісі кең өріс алды. Бұрын скважинаның жартысы аммонитпен толтырылып, жартысы тығындық материалдармен бітелетін. Скважинаны тығындау — әрі ауыр, әрі уақытты көп алатын процесс. Қоңыраттықтар бұл ауыр процесті жеңілдетудің жолын жақсы тапқан. Скважинадағы негізгі аммонит зарядтың үстінен бір метрдей тығындық материалдарды салып, оның үстінен аз мөлшерде заряд төгіп, ал төртінші қабатқа тағы да онша қалыңдатпай тығындық материал салады.
Пайдасы — шаш етектен. Скважинаны тығындау жұмысының көлемі екі еседей қысқарып, уақыт отыз процент үнемделеді.
Үшінші негізгі жұмыс түрі — кен тиеу.
Қоңырат кені — қатты рудалы кен. Оған электр қуатымен жұмыс істейтін, шөмішінің сыйымдылығы 6-8 текше метрлік "ЭКГ-8" тәрізді экскаваторлар қажет. Сонда әр экскаватордың жылдық өнімділігі төрт млн. текше метрден асып түседі...
Қоңырат карьерінде осындай экскаваторлардың тоқтаусыз жұмыс істегеніне қарап тұрып, екеуміз риза болғандықтан таңдана бергенімізді де байқамаппыз.
— Төртінші тау-кен жұмысы — кенді заводқа тасып жеткізу.
Қоңырат кені 19 шақырым тұратын Балқаш қаласына, ал бос тау жынысы 5-7 шақырым жердегі үйіндіге (отвалға) тасылады.
Бұл араның қысы қатаң және ұзақ болады. Сондықтан кенді тасымалдау үшін автотранспортта конвейер де тиімсіз. Сол себепті Қоңырат карьерінде электр қуатымен жүретін кең табанды темір жол транспорты жұмыс істейді.
Қоңырат руднигіндегі темір жолдың жалпы ұзындығы тоқсан километрдей. Карьердегі ирелеңдеген 12 горизонттан экскаваторлар тұрған забойларға тарау-тарау темір жол шығады. Содан олар шығыс траншеяда тоғысып, жер бетіндегі "Развязка" станциясына бет алады. Ал одан карьерге, Балқашқа, үйіндіге баратын жолдар салаланып бөлінеді.
Жоғарыдан төмен кететін темір жол карьер ішін бұранда сияқты орап жатыр. Ол сағат тілі бағдарымен екі оралып барып төмендегі төс табанға жетеді.
Кен таситын составта әрқайсысы жүз тонналық бес вагон бар. Осы ауыр составты бөгеусіз жер бетіне алып шығып жатқан электровоз машинистерінің еңбегіне еріксіз сүйсінесің.
Енді, Алмасжан, сондай атақты жерлес ағаларыңды таныстыра кетейін. Мысалы, Кәрмен Оспанов рудникте істеген 25 жылының тура жиырма жылын электровоз машинистігіне арнады. Қажырлы азамат өндірістік тапсырмасын үнемі асыра орындап отырғаны үшін 8 рет КСРО Түсті металлургия министрлігінің Құрмет грамотасымен наградталып, әлденеше рет еңбекшілер депутаттарының Балқаш қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Кәрмен Оспановты өсірген, баулыған Ұлы Отан, біздің заман. Бәрінен де бұрын халықтар достығы, туысқандық құшақ.
Оспанов Россия Федерациясында машинист даярлайтын курста оқыды. Ол сол сапарында орыс достарынан көп үйреніп, маманданып қайтты.
Бізде "досқа достық — қарызың" деген мақал бар. Осы мақал әр азаматтың жүрегін жылытатын достық құдіретінің негізін танытпай ма? Білмегеніңді досыңнан үйренсең, қуаныш-қызығыңды досыңмен бөліссең, қам-қарекетіне ортақтассаң — өмірдің мәні мен сәні өзгеріп, құлпырып сала бермей ме? Дүниедегі алақан біткендер бір-бірімен аймаласып, тілеулес көңілмен мерейлендіре арқаға қағып тұратын болса ғой! Алақан зұлымдық ойлаған жұдырыққа айналмаса ғой!
Кәрмен Оспанов атамыз да дос қарызын өтей білген азамат. Үздіксіз үйреніп, ізденіп отыру арқасында үлкен абыройға ие болған тарлан машинист өз білгенін басқаларға үйретуден де аянған емес. Оспановтың шәкірттері — машинистер Деров, Егоровтар бұл күндері өндіріс озаттарының қатарында келеді.
Тау-кен жұмысының соңғы түрі — бос тау жыныстарын (породаны) үйіндегі (отвалға) төгу.
Қоңырат карьерінің кен ашу коэффиценті — 1,9. Түсіндіре кетейін. Яғни карьерден бір тонна руда қазып aлy үшін 1,9 текше метр бос тау жынысын үйіндіге шығару қажет. Қазіргі карьер төңірегіндегі әлденеше төбелер осы порода төгілген үйінділер, — деп Тілеутай Рымбеков әңгімесін аяқтады.
Қоңырат — еліміздегі ең ірі мыс руднигі. Қоңырат аты алғашқы бесжылдықпен бірге аталады. Ол Қазақстан индустриясының көшбастаушыларының бірі.
Қоңырат туралы жыр көп, аңыз көп. Бірақ сол жыр мен аңызды туғызып жатқан кеншілердің еңбегі аңызды ақиқатқа айналдырған.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі