АУЫЛ ТАҢЫ
I
Жер бетін желпіген таңғы самал тоқтады. Биіктігін байқатпай, көлбей жатқан байтақ Итжонның зор, кең жоталарына сызатталған көгілдір сәуле тез жайылып барады. Терең шат, сайларды, қалың шилі, қарағанды ойпаттарды сәуле әзір кеулей қойған жоқ: қарауытып көрінеді. Сонау көз ұшында қарауытқан қарағанды өзектен әлдене ағараң етіп, жазық далаға шыға сала, Итжонға тура тартты. Жұлдыздай ағып келеді. Міне тақалды.
Боз атты жасөспірім — кәдімгі Сапардың Аманы екен. Тал шоқпары иығын де, ұруға дайын келеді. Тымық ауаны дауылдатып, құлағын жымита зулаған шаңқан боздың шабысын місе тұтпаса керек, басынан аса секірердей ерінен көтеріле, ұмтыла береді алға. Өзінен оқ бойы озық кеткен ұялас қос ақ қасқа да балаң, бір ғана қар басты; әлі ауызданған жоқ-ты, сонда да жеткен бетте тайыншадай аpланнан тайынбай, таңынан көтере, бір тоңқалаң асырды. Домалап тұрып, тура жөнелді қасқыр. Екінші ақ қасқа тағы бір жұлқып өтті. Сол кезде Аман да жетіп, сойылын сілтеді.Тимеді.
Ат та, қасқыр да, тазылар да тың, тақау ұшырасып, тез айқасты. Қасқыр енді бой жазып қаша алмады. Қашса-ақ, екі тазы кезек-кезек таңынан тартып, төңкеріп тастап, құтын қашырды. Қашпаса — Аман қояр емес. Сонсоң, «жаныңнан безгенің келе бер» — дегендей, етпетінен түсіп, көзінен от шаша күрілдеп жатыр көкжал.
Аман аттан түсті. Атын бір шөкеге байлай салды. Шоқпарын қос қолдап, оңтайына ұстап, қасқырға тура бармай, жанамалай жүрді. Асыққан жоқ, қобалжыған жоқ хауіпті жауға көзінің құйрығымен қарап, хауіпсіз адамша жай келеді. Екі тазы қасқырдың екі жағына шығып алған, аңдып тұр, бас салуға батпайды. Арбасу ұзаққа созылған жоқ. Аман тақалған сайын, қасқыр қозғала беріп еді, — «шапқалы жатыр ма?» — деп «Айт, Алыпсоқ! Айт!» — деген кезде, адам айбатына шыдай алмай, тұра жөнелді. Қатты ақырған бұл дауыс тазыларды тіпті ашындырды. Алыпсоқтың көзі қып-қызыл, қасқырды таңынан қапсыра тістеп, қатып қалыпты. Кейін тартып жібермей тұр. Жуан, ебедейсіз мойнын барынша бұрып, жырта қарыс аузын барынша ашып, артындағы тазыға ұмтылады қасқыр. Ойнақы тазы аузына түспейді, өз аузын тағы босатпайды. Осы кезде Аман келіп, қара тұмсықтан дәлдеп бір ұрып еді, қасқыр сылқ, ете түсті. Қайтып тұра алған жоқ, тал шоқпар жүйемелете тиді шекеге. Дұшпанын жайратып салған соң, балаң ие балаң тазыларына сүйсініп арқадан қағып қойып, ішінен сөйлеп тұрды:
— Елге бұл маза бермеді, сонсоң өлтірдім. Ал сендерге ол түк істеген жоқ, тек мен үшін қырқыстыңдар. Жаман құрбының серіктігінен сендердің серіктігің артық екен.
Жиырманың, ортасына әлі жетпеген, жас адамның осылай сөйлеуінде бірсыпыра мән жатыр. Ол — әдетте аз сөйлеп, көп тыңдайтын бұйығылау, ұялшақ жігіт. Әйтсе де, бойында қайрат бары өңінен анық байқалады. Қалың дөңестеу біткен қабағы, байсалды бүркіт көзі жұқалаң ақшыл жүзіне айбат та, келбет те беріп тұр. Өз қатары әлдеқашан араласып кетсе де, ол әлі тартысқа, топқа енген жоқ, оңаша, өз ойымен жүр. Сырты тыныш көрінгенмен, іші мазасыз. Өмірде кездескеннің, күмәнсіз дегендердің талайына күмәні, қоятын сауалы бар. «Неге олай? Былай болса, — қайтеді? Әгәр тіпті болмаса, — қайтер еді?..» — деген сан сұрауларына жауап таппай келеді. Жаңағы бір сөзді, соның бірін шешкендей, кесіп айтты. Ойлы жігіттің айтсам дегенінің көбін аз тәжірибе, шағын білім айттырмай жүрсе, біреулер сырттан оған «жасық», «өнерсіз» деген атақ жапсырып жүр. Аман бұны жақсы сезеді, кейде тіпті соларды іштей қостап, өзін іске алғысыз қылады. Зады, өзіне ырзалығынан наразылығы, жұбатудан жануы көп жігіт еді. Тек жүйрік боздың үстіне шыққан кезде жабыңқы көңіл жарқ етіп, ашылып кететін. Қазір сол бозды мойнынан құша, жағынан сипай тұрып:
— Қанатым, қанатым!.. — деді тағы ішінен. — Сенімен ұшып, жедел жетпесем, ауызданбаған мына тазылар анау қызыл шолаққа ездігінен батпас еді-ау!..
Басы мылжаланған қызыл шолақ бұлардан оқшауырақ жатыр. Қара тұмсығынан сорғалаған қан тиылыпты. Жоны әлі түлеп бітпеген, жазғы, сарғылт, әзір түбіттенбеген жаңа жүндерінен бөлініп, дәл арқасында алақандай ақшыл түбіт айқын көрінеді. Аман атын жетелеп жақындап еді, аты осқырған соң, тұрып қалды. «Қазақ неге қызыл шолақ» деді екен? Қызыл емес қой дейді ойында. — Ал көкжал десе — дегендей, иығындағы анау ұзын, жуан қылдар жал сияқты. Ашуланғанда солар тікірейіп кетеді екен» — деді де, тоқымын көтеріп, терлігінен алақандай киіз кесіп алды. Оны екі бөліп, боздың басындағы жеңіл, бес таспа өрме жүгеннің көз тұсынан көзді қалқалай байлады. Ат енді алдын ғана көреді. Аман қасқырды көрсетпей әкеліп, алдына өңгерместен, артына бөктере сала, жүріп кетті.
Уақыт әлі ерте. Күн әбден шығып болған жоқ, белдердің аржағынан шашыраған сәулесі көрінеді. Бірнеше руға жайлау болып келген көлсіз, өзенсіз бұл жалаңаш жондар биылғы көктемде тым жасарған, су жаңа. Жаңарту үшін жылдан жылға астасып, жабағыланып жататын қу көделерді әдейі өртеп жіберген. Қазір сол өртеңге қаулап шыққан, әзір көдеге айналмаған, жатаған, алқара көк бүртік бетегелер жер бетін бұйралап тұр. Аспан ашық, жер жайнақы. Кең сахараға биік жонның басынан көз жіберіп, мөлдір әуені сіміре, әсем бозбен жортып келе жатқан Аманды осы сағатта ең жақсы сезімдер билеп алып еді. Төбесінде аспанға шығып алып шырқаған бозторғайдың үні — бойды балқытқан сұлу әндей, артына бөктерген қасқыры — мерт болған мықы жауындай; екі тазыға кезек төнген көк құладын — белдесуге жоқ, сырттан кіжінген күншілдердей; астындағы жүйрік боз әзір кіршік шалмаған ұшқыр ақ көңіліндей еді. Әpине, Аман бұлай теңеген де, бағалаған да жоқ, тек тамылжыған табиғат пен сұлу сезімнің рахатына жүзіп келе жатып, егін жайға жеткенде, көңіл күйі төмендеді.
Жайлау болып отырған осы ұшан-теңіз құба жонда соқа суыpатын жер жоқ. Қалпымен егінжай. Әр сайы шалғын, шапса — мая-мая шөп. Шөп шабылмайды. Барлық егін бір беткейден аспайды. Аман бұрыла жүріп, өз үйінің егінін көрді. Биыл екі пұт бидай, бір пұт сұлы, бір аяқ қонақ салған. Аңыздағы сұлы мен бидайы сирек те болса өніпті. Тыңдағы қонақ әлі көрінбейді. Мүлде көрінбей қойса ғажап емес. Жер жөнді жыртылмаған. Боразда мен боразданың арасында қалған атжалдардың шөбі де жасырынбапты. Мала бірер жүргенге ұқсайды, бірақ майдаланған шым жоқ. Бүкіл бір елдің егіс көлемі, сиқы осы тәрізді. «Бәрін қосқанда бір Петрдің егісіне жетпейді, — деді Аман ішінен, жан-жағына көз жіберіп. — Тоқтық егінде. Егінге көлік, сайман, тұқым керек. Олар жетімсіз. Бәрінен де ынта жетімсіз. Сондықтан жалқаулық мініп алған мойынға...»
Қымыздықты сайдың басына көтерілгенде ғана Аман бұл ойларынан айықты. Аяқ астында қалың ел отыр. Ұзын сайды ерлей қонған өз елі он шақты ауыл. Малға толы ыңыранған ауылдарға ұқсамайды. Ақ үйлер некен-саяқ. Көпшілігі қоңырқай. Қайсыбір ауылдардың қоңырынан тіпті қарасы ден. Сонау етекте, жазыққа беттеп шағын екі ғана қотан қой еріп барады. Қойшылары егіз мінген, — жылқылы да ел емес. Бірақ сиыр басы бар көрінеді. Әр ауылдан ерген ірі қара мал тобы бақташысыз, бетімен бытырай жайылып, бел асты. Көп түндік әлі жабулы, жұрт ұйқыда. Бірен-саран адамдар ғана тұрып жүр. Әне біреу таң асқан атын арқандап қайтты. Қойлы ауылдың боз үйінен көйлегін шалбарланған әйел шығысымен, орта қап құртты есік алдындағы сөреге лақтырып тастады. Содан кейін арбаға байлаулы бұзауларды босатып, бас жібін түрді, көгендегі қозыларды ағытты. Бұдан арғы бай ауылдық үлкен ақ үйінің, алдында үлкен ақ самауырдан түтін будақтап тұр. Самауыр қасында жалшы шал шапа-шотпен отын бұтап отыр. Сірә, жаңада түскен келіншек болар, шәйі шапан бүркенің қолына жез құман ұстаған жас әйел желпейлі, шаңқан көк көйлегінің етегін шұбалта, беті ашыққа ұзап барады. Бел астында тезек теріп жүрген малай қыз қайта оралып, осылай келеді. Зар ма, ән бе, әйтеуір, жақ жаппай келеді... Аман келіншектің де, қыздың да алдын кесе, екеуінің аралығынан етті. Ауыл иттері шуласып дүрліге ұмтылса да, тазыларға батпай қала берді.
Ең үлкен ауыл сайдың төменгі жағын ала отыр. Ішінде бірен-саран қоңыр үй, басқасы шоқбыт, қара-құрым үйлер. Қос, жаппа, итарқаға дейін бар. Бұлар, қойлары болмаған соң, қотан қалдырмапты, біресе ұйыса, біресе шанжау кетіп, қалай болса солай қона салған. Әр есіктің алдында-ақ арба тұр. Бірақ атам заманғы, алуан-алуан арбалар: жеке көлікке жегетін, шаңырақтай екі доңғалақты, тоқыма тал қорапты, арысты ағаш арба; қос өгізге жегетін төрт дөңгелекті ағаш ырдуан; күпшегінің іші, белдігі темір, дөңгелектері шенді кірекештердің пұшық арбасы; бүкіл ауылда бір ғана самоход (бричка). Одан өзгесінің бірде-бірі сол күйінде жеге жөнелуге жарамайды. Ең бүтін дегеніне су құйып, кіріктіріп немесе шеніне сына қағып, шерттіріп алу керек. Сондықтан осы ауылдан күмпілдеген сабаның орнына шықылдаған балғаның даусы естіліп жатады. Қысқы күйлері тіпті көңілсіз. “Балғаларын жатақта жатып-ақ шықылдатса қайтеді? Басқалар жайлауға мал қамы үшін келеді. Ал бұлар не үшін келеді?..
Көп ауылға ойысқан Аманның басында келе жатқан сұрақтар еді бұл. Оның дәл жолында, өзгеден оқшауырақ, бай ауылға жақынырақ қонған ақ үзікті, қоңыр туырлықты үй тұр. Үйдің белдеуіне ұзын құрық қыстырылған. Құрықтың басындағы қызыл ту тымық күнде баяу толқып қояды. Күн күлімдеп, ауыл алдындағы белеске иек артқанда, осы үйдің ұзын көлеңкесін баса етіп бара жатып: “Ауылнай ұйқыда” — деді Аман ішінен. Кекей айтты. “Шешек шыққандай жеке қонғаны несі?” — деп, тағы бір қағытты. Ауылнай дегені ауылдық кеңес ағасы Байбол. Екеуі ата жағынан жақындау болса да, мінез-құлықтары алыс. Әзір түс шайыспай келеді. Бірақ Байбол кейінгі кезде кедей ауылға орынсыз әкіреңдейтінді шығарды. Осы қоныста іргесін олардан аулағырақ салып, байдың аулына кеңсесін тақай түсіпті. Кеңсесі жалғыз киіз сумка. Сумка ішінде — жалғыз папка. Папка ішінде — тұтқасынан сыдырып алған дөңгелек резинка мөр. Сумканы Байбол мойнына салады. Мөрге өте сақтық істеп, кейінгі кезде ішкі төс қалтасына салып жүр. Сонымен бар кеңсе Байболдың бойынан табылатын. Жаңағы ту тігілген — оның өз үйі. Ауылдық кеңесті бір өзім, — деп, өзі отырған жерді кеңсем, — деп ұғынатын ол. Сондықтан өз үйіне де ту тігіп қойған.
Аман Байболдың осындай талай сөлекет қылықтарын еске түсіріп, жымия күлсе де, ақ үзік оқиғасы еске түскенде, күле алмады. Сопы ойлаған сайын, Байболдан суысып, алыстап барады. Көп ауылдағы қоңыр үйге жетіп, ат басын тірегенде ғана үзік туралы ойы үзілді.
II
Күн көзі бүгін тым өткір. Масасы жоқ, шыбыны аз, биік, салқын жайлаудағы елді сәске кезінде-ақ қыздырып барады. Біреулер ыстықтап көйлек-дамбалшаң, жалаң аяқ не қоңылтаяқ кебісшең жүрсе, енді біреулер ыстық өтпесін деп, саптама етігін, шидем күпі, сеңсең тымағын киіп алған. Қозы, бұзаулар оттан қалып, иттер тілін салақтатып арбаның, үйдің көлеңкелерін паналай бастады. Сәйгел қуған сиырларда ес жоқ, құйрықтарын шошайта, көздерін шатыната тырым-тырағай шапқылауда. Қайсыбірі есігі ашық үйлерге қойып кетіп, отырған бала-шағаны басып немесе жерошақтағы қазанды төңкеріп, ауылды шулатып жүр.
Кеше кешке белдер асып кеткен, өрісі алыс жылқы тобы да шаңдатып, қатты қайтты. Қымыздықты сайдың орта кезі кең, жадағай кек шымайт болатын. Бұнда Шәкен мырзаның ауылы отырады. Мырза қазір құдық басында, қара қалпағын көзіне түсіре киген, екі қолын артына ұстап, үлкен апан құдықтың мол, мөлдір суынан көз алмай тұр.
― Аршыған соң, молая түсіпті, — деді бір кезде басын көтеріп. Бурыл тартқан тығыз, қаба сақалын тұжыра қырқып, дәл иектің үстіне ғана қалдырыпты. Қысқа, жуан мойының салыңқы тығыз бұғағын ұстарамен тақырласа да, кеңірдегіне дейін қарауытып көрінеді. Орта бойлы, текше, жуантық, жүріс-тұрысы шапшаң кісі. Енді құдық ернеуінен былай кетіп, ботинкасын көк шөпке бірер сүйкеді де, мұрнын осқырта қатты сіңбірді. Үлкен көздері әлі жасты, толық қоңырқай жүзі жылы, бірақ «мырза» деген жай сөз, қайырымы сатулы, есепқой адам. Жаңа үңіліп тұрғанда құдықтың суын да есептеп қойған екен, айтып тұр:
― Әр науаға елу шелектен су сыйды. Бұл жиылған судың сегізден бірі ғана. Сонда, үш жүз жылқы суарсаң, лайланбайды бұл құдық.
― Көл ғой, жарықтық!
― Тәйірі, құдықтың мұздай суының қасында көлдің жылымшы суы су ма!
― Басқа құдықтар неге осылай емес?
― Құдық суы да несібеңе қарайтын көрінеді ғой.
Мырзаны қоршағандардың ішінде қисық мұрын Тәуке мен жылпос Жақып осындай арзан қошеметтерін аямай тұр. Жаңа заманның кінәмшіл байы кірлі көпшіктерді неғылсын:
― Оттамашы, Жақып! — деп, зекіп тастады. — Құдық несібе таңдамайды, қазу таңдайды. Құр шұқи салсаң, суға да жарымайсың.
― Рас, рас! Тауып айтасың, тура айтасың, мырзам, — деді де, Жақып басын шұлғи берді. Тәуке оған күңірене қосылып қояды:
― Бақ, дәулет тегін басқа бітпейді.
Аумағы үш қанат үйдей үлкен апанның бетіне екі арбаның арысын жапқан. Астына үш зереден қойып, екі жаққа ұзын екі науа орнатқан. Төрт жігіт екі бөлініп тұрып, төрт қауғамен екі науаны шүпілдетті. Шаңырқаған жылқылар шапқылап келіп бас қойды науаға. Мұздай суға сүйсініп, құлақтарын қайшылай жұтып жатыр. Қауға тартқан жігіттер сасайын деді, шапшаң қимылдап, қайсыбірі бас киімін лақтырып тастады. Мырзада үш жүздей жылқы бар. Екі астаудан екі айғырдың үйірі ғана ішіп жатыр, өзгесін сайдың басына иіріп, сауын биелерді бөліп жіберіп тұр. Бөліп жібермесе топырлап, астауды қиратады не өздері құдыққа құлайды.
Суға тойған жылқылар біртіндеп шыға бастады. Мама, жалпақ қарагер бие жай басып, қарны шеңбірек атып, ыңқылдан тартты желіге. Оның соңынан білтеленген жалы тізесін соғып, жарау, ұзын күрең айғыр жөнелді. Танауы жара. Аман соққан қызыл шолақ болу керек, үйірін қорғап жүргенде бір қасқыр танауын сытып кеткен. Тай, құлындар еліріп, ойнақтап шығып жатыр.
― Шөп жұғымы жақсы екен.
― Көк өртең — май емес пе!
― Маса жоқ, шыбын аз, су мынау. Дені сау мал қалай оңалмасын!
Жүген ұстаған, бала жетелеген, таяқ таянған әрқилы шаруалар, күндегі әдетінше, құдық басына жиналып қалған. Солар мал реңін, жер реңін, әуе райын әңгімелей келіп, алдағы күнге болжаулар да жасады, алыс-жуықтың хабарын да айтысты. Тек Әбекең әзір үндеген жоқ. Дізесіне түскен кең дабы көйлегінің жаға бауы байлаусыз, дабы дамбалының ауы дізеден де төмен кеткен, аяғында қоңылтаяқ кебіс, шекесінде кішкентай ұлының үкілі тымағы. Осы тұрпатына өзі ырза сияқты, еңгезердей денесімен қойқаң-қойқаң етеді, Манадан бері әлдене айтқысы келіп, бірнеше оқталып еді, жұрт кезек бермеді. Енді, семіздің жайы сөз болған кезде, шыдамай киіп кетті:
― Балықтан семіз мақұлық жоқ. Шаколаттың басында алпыс пұт майы бар.
Мыpзa сықылықтап күліп жіберді. Оны бәрі қостады.
― Ішің кепкір, Әбен, кебер ішің! Қайда екен ол балық?
― Теңізде болады да. Қырқия, Тырқияға барсаң көрерсің!
Мырза енді күлкіден көгал жерге құлай кетті. Әлден уақытта басын көтеріп:
― Найсап-ау, өтіріктің де мөлшері бар емес пе? — деп еді, Әбекең іле қайырды жауабын:
― Сенен де астым ба? Мына малдың бәрін өтірікпен, алдаумен жиғансың.
Екеуі құрдас. Шынында, Әбекең онша өтірікші емес, оқығандардан естіген жаңалығын тез жаяды елге. Кейде онысын ұмытып қалып, бұзып айтады. Балық дегені — жайын. Қырқия, Тырқиясы соған ұйқас мемлекеттің не жердің аты болу керек. Бірақ құрдастардың, әсіресе Шәкен мырзаның таратқан лақабы біраз жерге жайылған. Кейде тіпті Әбекеңнің аузынан шықпаған өрескел өтіріктер зиянсыз да болса, Әбекеңе жабысып жүреді.
Қауға тартқан жігіттердің әңгіме тыңдап, күлуге мұршасы болған жоқ. Самайларынан тер ағыпты. Үйір-үйір жылқы бірінен соң бірі отап, тыныс бермей тұр. Сай бойындағы бұл елде жылқылы ауыл осы. Өзгесінікі бірді-екілі мінгіш, піспегі бар үй некен-саяқ. Сондықтан жылқы тобы біреу-ақ, бәрі мырзаның тобына әкеп қосады. Мырза ол үшін ақы сұрамайды, бірақ ақысын да жібермейді. Манадан бері маңдай терін сорғалатып, қауға тартып тұрғандардың екеуі — сол қоспа иелері. Міне бірі сілесі қатып, қолындағы қауғасын жүген ұстаған жігітке ұсынды:
― Мә, сенің де шолағыңды бағып жүр ғой.
― Е, кезекпен, кезекпен. Астау ортаймасын, — деп қойды мырза.
Осыдан кейін.жүген ұстап келгендер түгіл, құр қол келгендердің де қауға ұстамағаны кемде-кем. Кезек терлеп, демігітіп шығып жатқандарға көз қырын тастап қойып, мырза ақырын ғана жымияды. Неге жымиғанын ешкім білген жоқ. «Саудаласып сатып алса, осынау тердің тамшысы теңгеден айналар еді. Саудаласпай, тиыннан айналдырдым» — деп тұр ішінен.
Жылқы су ішіп болған соң, құдық қасындағылар желі басына келді. Ұзын үш желі жатыр, әрқайсысына жиырма шақты құлын сыяды. Сауын бие төрт үйір. Айғыр мінген екі жылқышы бірін шашау шығармай тығыз иіріп тұр. Жалаңаяқ, дамбалшаң, ышқырын түрінген құрықшылар мысықша басып, тұс-тұстан тақалып келеді. Құдық басынан келгендер, ауылдан қосылғандар — бәрі құрықшыларға көмектесіп, қоршап алды желіні. Кеш байланған қара құлақ құлындардың, қулық биелердің, қытығы әлі басыла қойған жоқ. Асау, тарпаң. Құрықшылар тақалған сайын қашағандар секем алып, жыта жөнелуге дайын. Құрықшылардың да аңдығаны сол. Қазақтың бес жасар баласы, сексеннен асқан шалы ат ұстап міне береді. Бірақ қашаған ұстау, асау үйрету әркімнің қолынан келе бермейді. Оған қайрат, шапшаңдық, дәлдік бірдей керек. Құрық ұстап бара жатқан бес жігіттің бірі ғана малай, өзгесі өнерін байқатып жүрген ауылдың еті тірі жігіттері. Әрқайсысы жуас биелерді бетке ұстап, бір-бір қашағанды аңдып барады. Қашағандар үйірінен сырдаңдап, үйездемей, үйездей қалса, тұрақтамай, топты қозғай береді. Қозғала берген үйірді жылқышылар тықсыра иіріп қалған кезде, құрықшылар балтыры ағараңдап, оp қоянша орғи барып-ақ қалды. Бірі қалмақша жаба, бірі қазақша серпе тастады құрықтарын. Топ ыдырап кетті. Үш құлынды ұстап қалды. Соның ең кішісі — күміс жүн, мақпал қара, үріп ауызға салғандай сүйкімді, мінсіз сұлу — тулап жүріп, шошқаның торайындай шыңғырады. Бала тентекті жібермеді мықты қол. Құлағынан басып ноқталады да, желіге апарып байлап қойды. Манадан үстіне түсе шұрқыраған қулық енесі ғана тиыштанып, қасында тұр.
Жылқының тағы да бір тықсыра иірген кезде, қапы соғып жүрген балаң құрықшының құрығы белгілі қашаған кердің құбақан құлпына барып түсті. Құлын бойлай жөнелді. Құрықшыны дедектетіп апарып жықты, құрық омырауында кетті.
― Сындырды-ау құрықты! Әй, осы күнгі жас!... — деп күдістеу қара кісі біp қойып қойды.
Құлынын ерте қашқан қарагер елден безіп барады. Coңында жылқышы Баубек. Астында көк айғыр. Көк айғыр белгілі жүйрік болмаса да, қашағанның шөбін жұтқызбайды. Ол соңына түскенде қашағанда құт қалмайтын. Әне, кер биенің құйрығы шипыңдай бастады. Айғыр құлағын жымитып алған, шапқан сайын бауыры жазылып, апшысын қуырып барады. Тақалды. Есік пен төрдей-ақ қалды. Құйрық тістесті. Биe бұлт-бұлт жалтарды енді. Айғыр онда да құтқармады, қабырғасымен жалтарды жануар. Баубек биені құрықтап ұстаудың орнына: ақырып, қабырғадан көміп-көміп жіберді. Қайырып алдына салып алып, сойып келеді. Биеде ес қалмаса керек, желі басындағы топқа жетіп қойып кетті. Қаша алмай қалшылдап тұр.
Желіккен құлын әлі шаршар емес, енесінен бөліне қашты. Бірінші құрықшының сермегені тимеді. Екінші құрықшының сермегені тағы тимеді. Сытылып шыға бергенде, мaнағы күдіс қара бip маңайласып еді, мұрттай ұшты құлын. Зытып бара жатқан құлынға құрықты тоса салып, қыл мойыннан толғап та үлгірген екен.
― Паһ, паһ! Әлі таңбаған кәрің?.. ― десіп жатты желі басындағылар.
Елу-алпыс құлын ұсталды. Мырза бүгін мама биелерді босаттырып, көбінесе қулықтарды байлатты. Олардың желіні әлі жаншылмаған, қытығы басылмаған, байлап-матап отырып сауу керек. Міне сауыншылар да келе жатыр: беті шиқандай екі еркек, қасында бір-бірден бала жігіт бар. Желіге жеткенде шүмекті ағаш шелектерін жерге қойып, сауыс болған тері алжапқыштарын, дізе қаптарын байлай, әңгімелесіп тұр:
― Бүгін ылғи тағымен алысады екеміз, ә?
― Мама биелерді неге ағытқан?
― Мыналарды үйрету керек те. Үйретпесе, мүлде тағы боп кетпей ме!
― Елге бір-бірден сүтін берсе, есектей қылып берер еді-ау.
― Жаман неме, сенің де коммунист болғың келіп жүр ме! — деп мосқал сауыншы балаң жалшыны басынан бүре ұстап, шайқап қойды да, жаңағы сөзіне байсалды жауап қайырды. — Қазақнамай байлар ағайынға сауын, көлік майын беретін-ді. Біздің бай тостаған толтырып қымыз берсе де жарар. Зады бай тегін берген емес, тек қазақнамайларының қолтығы сәл кеңдеу келетін.
― Сол қазақнамайлар қайда қазір? — деді бала жігіт, көзі жайнап. Жақсы көріп қалды, аяқ жетер жерде болса, іздейтін түрі бар. Сауыншы бірақ күдер үздірді:
― Олардың бұл орамдағысын біздің мырза жұтып қойған. Алыстағысының ажалы жақын шығар.
― Не дейді осы кісі?!
― Түсінбейсің бе, жаман неме? Қасқыр күшігін де жейді. Ашқарақ бай арық кедейді солқылдата сорғанда, мон дыбыс сүліктесін жұтып қояды.
― Сонда ашқарақ біздің мырза ма?
― Иә, шырағым, мырзаң — қорқау, — деп, сауыншы даусын төмендете, жақындай тұрып сөйледі. — Оның көзі мынау мол дәулетке тоймайды. Таң рауаннан сарнаған сонау машина сүттің нәрін сорып алды. Көзің көрді, көк табан елу самоходпен қазына кіресін тартады. Рулы елге бой бермеген Кең қорықтың шөбін машинамен тақырлап жинап алады. Кетпен тимеген ту далаға соқа салды, арба-арба астық алды. Қазақы байлардың қолынан бұның бірі келмеген. Осының бәрі қып-қызыл ақша. Совет тұсында сауданы қойғанымен, ақша табуды қоймады мырза. Ақшадан мықты жоқ. «Құрысын буржуй!» — деп ақыра келген советтің өзі жуасып қалды. Ауылға көзін аларта талай уәкіл келеді, ақ үйден аттанарда жымия күледі. Бәрі ақшаның күші...
― Тоқа, бәрін білесіз. Несіне биеші боп жүрсіз? Әгар мен сіз білгеннің жартысын білсем, бір күн тұрмас едім.
Бала жігіттің бұл сөзіне сауыншы Тоқабай сылқ-сылқ күліп алды. Содан кейін күрсіне тұрып қайырды жауапты:
― Білім, өнер, қайрат — бәрі ақшаға бағынышты. Талпына бер, жас малай, көресің әлі кеп, бәрі алда. Тек балталы мен алыссаң да, қалталымен алыса көрме...
Тоқабай сөзін шорт кесті. Селдір сақалы дір-дір етті.
Жұқа еріндері босаңсып, жас та келді көзіне. Бірақ сол жасы төкпестен, дереу қатуланып, бар ызасын бетіне жиып алды. Енді кішкене жіпсік көзі ұшқын шашып, ойнақшып тұр. Оның жүзіне тесіле қарап қалған балаң жігіт, әп-сәтте болып өткен бұл өзгерістерге түсіне алмай аң-таң.
― Жүр, бала. Саған түсіну қайда! — деді екінші сауыншы, шелегін алып жөнеле беріп. — Тоқаңның ішінде мұз жатыр. Бір құдай өзі жібітпесе, оны мына күн жібіте алмайды.
Сөз сонымен тоқталып, сауыншылар асау биелерді тұсай бастады. Тұсаудың талай түрін қолданды. Алдыңғы екі аяқты мойынға байланыстыра тұсап, басын көтертпей немесе шідерлей тұсап, тебуге мұршасын келтірмей, қайсыбірін осының үстіне қыл арқанмен шаптап тастады. Желідегі құлындар қарсылығын әлі қойған жоқ. Бірі оралып тыпырлап жатыр. Бірі төрт тағандап, кейін тартып тұр. Енді бірі айналып - айналып буына құлайды да, қырылдайды, шыңғырады. Жақындаса осқырып, алдына келсе тарпып, артынан барса теуіп тұрған байдың тағылары жазым етер дегенді жалшы ойламайды. Жазым етсе қайтем дегенді бай ойламайды. Малқұмар қазақ тегіс қызып алған. Шәкен мырза екі қолы артында, анадай жерде тұрып, асаулар осқыра шапқанда сескеніп, қашықтай түседі. Ал алысып жүрген малшыларға ауылға беттегенде, артына бұрыла дауыстады.
― Құлындар буынып қалмасын. Күзет қойыңдар. Биені онша қақтамаңдар, төрт-бес сауып алып, ағытыңдар.
Мырзаның көзі енді ауылда. Ауыл бейнесі өзгеше. Дөңгеленбей, қатарласа қонған бір боз үй, екі ақ үй көз тартады. Соның бірі шаңқан ақ тоғыз қанат; ши жағында — сыртын кенеппен қаптаған қара пәуеске. Қотанға қой жатпаған, көгалы жөнді жапырылмаған. Ақ үйлердің алдында, оқшау, жұпыны тұр. Таңертеңнен сарнаған сеператор даусы осы үйлерден шығады. Сеператорға қосыла боздаған сары інген осы үйлердің қасында. Бричка арбалар, сауын сиырлар, жалыны жалақтаған жерошақ, қазандықтар бәрі осының маңында. Қара құрық. Байдың мал аулы екені анадайдан-ақ байқалып тұр.
Шәкен мырза желі басынан келе жатып, қасындағылар елемеген бір нәрсені елей қойды. Мал аулында өріске бармай қалған төрт-бес сиырға түсті көзі. Кәрі, құжбан қоңыр бұқа қызыл қашардың соңында. Өзі де оттамайды, оны да оттатпайды. Айналсоқтап жүрген тайынша бұқалар тақалып кетсе, аямай шаптан іліп, өкірте лақтырады.
― Анау кәрі иттен айыру керек екен, — деді мырза, — қарашы не өзіне, не басқаға жоқ. Құр қызғаныш. Қысыр қалдырады-ау.
Әбекең әлі бірге жүрген: мырс-мырс күледі. Оның неге күлгенін басқалар айтқызбай түсінді. Біреу жымың етіп, біреу жай ғана езу тартып күледі.
― Кәріні жастан айырса, сені де айырамыз да. Қызыл қашарды .аяғанда, қызыл тоқалды қалай аямаймыз, — деп еді Әбекең, үлкендер ду күлді. Қалжың қатты батса да, мырза білдірмеуге тырысып, мақтана берді:
― Өзіңдей боркемік деп пе едің мені! Төсек жаңғырған сайын жасара түсем мен.
― Онда тағы бірін ал, дәулетің жетеді ғой.
― Несі бар, үкімет лұқсат етсе...
Ортадағы шаңқан ақ үйдің екі ашпалы сырлы есігін бірден ашып, жұртты бастай мырза енгенде, шәлісі әлі түспеген жас келіншек қарсы жүрді. Мырза қалпағын ұсына берді. Келіншек апарып, оюлы адалбақанның қошқар мүйіздес көп тармағының ең жоғарғысына ілді. Тағы не бұйырасыз дегендей сылаңдап тұр. Түлкідей қызыл, қозғалысы да түлкідей епті. Именген, қымсынған болады. Бірақ кішірек қара көзі қымсынар емес: үлкен сырға ұя боларлық терең, мөлдір, әрі өткір, әрі байыпты. Жұрт отырып болған соң, бөлек ақ кереуеттің аяқ жағындағы өз орнына сылқ етпей, сыпайы барып отырды. Әлі ешкімге тура қараған жоқ, барлық көз оған қадалуда. Соны сезгендей төмен қаpaп, көк торғын көйлегінің желпейі мен ойнай берді.
Келіншек қанша қызықты болса, осы үйдің көркі де сонша қызықты. Совет өкіметі орнағаннан бергі төрт-бес жылда тығулы жататын ақ үй биыл шықты жайлауға. Төрт-бес жылдан бері мырзаның ашылмаған қабағы биыл ашылайын деді, жасты кезі биыл құрғайын деді. Бұның бірі де сұлу келіншектің қуанышы емес, келіншектің өзі қуаныштың жемісі. Ол қуаныш «заман бірте-бірте түзеліп келеді» деген мырзаның көңіліндегі үлкен үміттен туған-ды. Мырза енді сиқы бұзылыңқыраған сән-салтанатын қайта түзеуге кірісті. Әйелі өлісімен таңдап тоқал алды. Тығулы үйді қайта шығарды. Бұл үйге бас сұғып, бір тостаған қымыз ішкен қарапайым қазақтар ұжмаққа кіріп, шарап ішіп шыққандай біраз лепіретін. Шынында да, үйі — қазақтың ең болдым дегені ғана тігетін үй. Табалдырықтан терге дейін жайылған кілемдер жайнап жатыр, жаман аяқ басуға қалтырайды. Тор көз, балғын керегелері, иінді, ұзын уықтары, сом шаңырағы алуан түсті бояулармен өрнектей боялған. Керегені сырттан қоршаған, ас бетін іштен қоршаған шым шилерге, осы үйді ұстап тұрған жалпақ басқұр, терме бауларға, шалап шұға жапсырғақ туырлықтарға бұл өңірдегі атақты шеберлердің қолы тимегені жоқ-ты. Салтанатты үйдің әрбір зейнетіне, ол зейнетті жасаған шеберлерге сүйсініп, қымызға жиналған сөзуар қазақ қарап отыра алмады.
― Қуандық, Сүйіндікте Бәлкеннен асқан үйші бар ма?
― Исі қазақта бар ма десеңізші!
― Бәлкен, Бәлкен дейсіңдер-ау, осынау шиді ораған кемпірдің саусағы немене екен! Мынау кілемдерден сол ши әлдеқайда әдемі емес пе?!
― Бәрінен де терме баулардың, туырлық астағы оюлардың өрнегі қиын, — деді Әбекең. Одағай бірдеме айтқалы келе жатқанын сезе қойды бәрі. — Бұл шилерді біздің қатын көзін жұмып отырып тоқитын.
Күлкі ду ете түсті. Мырза тамағынан күлетін, қырқылдай, селкілдей, көзінен жасы ақты. Әбекең мәу деген жоқ. Әйелінің өнеріне өзі сенімді болған соң, басқаларды неғылсын, есіней түсіп жай отыр.
― Қатыныңның сол өнерін көрсетпей-ақ кетіп барасың! Осы өтіріктен жарыласың ғой бір күні, — деді мырза. Келіншек сөзді аяқтатпай іліп әкетті:
― Жарылса, ұзамай жарылар, лық толған екен.
― Күлкі үдей түсті. Әбекең май басқан көзін кеңірек ашып, күлімдей қарады келіншекке.
― Сен болыспа байыңа. .Түбінде мен саған болысам.
― Құдай сенің көмегіңе қаратпасын!
― О-ма-яу. Жалғыз мынаған қарасаң, — кенелерсің!
Қымыз ауызға тимей жатып, мұрынға келген исімен осылай мәз боп отырысты. Биешілер бір сауып қайтты биені. Манағы пысықша бала жігітке күбірлеп, келіншек сабаны ымдады.Бүтін бір жылқы терісінен істелген құрым-қара саба түнде ел жатқанша күмпілдеген. Жас жалшы бойынан биік күміс піспекті шылдырлата тағы да алды қолға. Әбден жаттығыпты, салмақпен ұрып, сабаны күмп-күмп еткізеді. Келіншек мырзаның алдына дастарқан жайды. Мырза орысша киiнсе де, малдас құрып, жерде бөстекте отырған, дастарқанның бір шетімен алдын жапты. Дастарқан үстіне шытыралы, екі құлақты дәу ағаш тегене, үлкенді-кішілі сырлы аяқтар қойылды. Тегенеге шағын ыдыстармен сабадан тасып құйған қымызды мырза құлаштай сапырды. Қолындағы қайыңның безінен жонып жасаған имек сапты ожау тым сәнді. Кейінгі кезде сиреп, жоғалып бара жатқан қазақ қолөнерінің ең жақсы үлгілері осы үйде қалыпты.
Қай заманда жасалды екен! Сонау адалбақанның, төрдегі кебеже, жүкаяқтың беттеріне ойып салған өрнектер, қондырған сүйектер сонша нәзік, сонша әдемі, қолдан жасады дегенге нану қиын. Сүйіндік ұсталары істейтін қамар белбеу, күміс ер тоқымның да көкесі осында көрінеді. Бірақ бұның бірі әдейі істетіп немесе ақша шығарып сатып алған емес. Байғазы, сый, тарту, қалау жолдарымен жиылған. Ел байлығы әр жылғамен келіп құйылған бұл үй тек байлықтың ордасы ғана емес, сонымен бірге қазақ қолөнерінің, көрмесі сияқты. Жинай білген мырза сақтай да білген. Кәрлен кеседей көркем ақ үй бес жыл тығулы жатып оның аржағында кемі бес жыл ұсталса да әлі жап-жаңа. Мырза ақау түскен жері бар ма деп, байыпты көзімен тағы бір қаpaп өтті, ештеңе таппады. Қымызды жай, соза сапырады. Талай қомағай түкірігін жұтынып, өліп отыр.
— .Ассалаумалике-ем! — деп, даусын көтере, тәпелтек, керген төстіктей Мақаш енді. Қолында таяқ, кек сақалы кеудесін жабады. Еркін еніп, төрге еркін өрледі. Бастығы мырза болып, бәрі ұшып тұрды орнынан. Жапырлап қол ұстасып жатыр. Келіншек те қырындап, бетін жасыра түрегеліп тұр.
Мақаш өзгеден оқшау, үлкен үйдің ең төріне шығып,. мырзаға жақынырақ отырды да, сезді келіншектен бастады:
― Отыр, шырағым. «Ұялма, жасырынба!» дегенім қайда? Ұялғаның — «Әрі жүр!» дегенің бізге.
Сызылып барып келіншек отырды. Мырза әуелі дәмін өзі татып алып, қымыз құйды. Үлкенді-кішілі жиырма шақты адам жиналған. Дәу шараны шыпылдата, аяқты бәрінен бұрын Мақашқа ұсынды. Одан әрі аяқтар кішірейе-кішірейе, босаға жақтағыларға жеткенде, көз тостаған болды. Бетіне қара қошқыл майы жүзген қара сабаның сұп-суық қою қымызы пісе-пісе өліп қалған. Әнтек қышқыл тәтті дәмі бар, тоя ішсең мас қылады. Тоймай ішсең, аш қылады. Босаға жақтағылар тостағандарын маңдайларына тақ еткізіп, дереу қайырды. Жалақтап отыр. Төрдегілер шайқап ішіп, бөгеліп отыр. Мақаш дем алмай тартып орталады да:
― Жіліктің майындай екен! — деп, шараны алдына қойды. Мұртына жұққан қымызды сорып алып, мұртын сипап болған соң, жадырай түсті. — Шәкенжан, орыс-орманнан не хабар бар? Құлағың түрік, тармағың көп қой, айта отырсаңшы біздей үйкүшіктерге.
― Газеттерде жайсыз хабар жоқ. Тиыштық, — деді Шәкен. Бар оқитыны «Бостандық туы» ғана. Оның өзін анда-санда бір алады. Есепке жүйрік болса да, сөзге шабан, opысша жақсы киінсе де, оқымаған кісі. Мақаш сияқты сөзуар қазақы әңгімеде оның алды-артын орап отырып, қала әңгімесіне келгенде тұрып қалады. Әсіресе: “Газет айтты” — десе болғаны, шұлғи береді басты. Мақаш қазір Шәкеннің әр сөзіне әлденеше шұлғи отырып, бір мезгіл өзі сөйлеп кетті:
— Құдайға шүкір, заман түзеліп қалды. Қазақтың өз дізгіні өз қолына тиді. Пай, пай, ақ қашып, қызыл қуған сонау бір күндерде дүние сапырылысты-ау! Әрі-беріден соң им қайсы, қызылы қайсы екенін біле алмай сорладық қой. Өткен күннің бәрі ұмыт. Енді міне масайрап отырмыз. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалатам» — депті Ленин. Рас па, Шәкенжан?
― Иә, күйзелген елді қалпына келтірейік, зорлықты қойып, ақылмен билейік, — деп жатыр.
― Өзін ауру деген не сөз?
― Сондай ұзынқұлақ хабар тарап жүр ғой.
― Тұра тұрса екен жарықтық! — деген төменгі жақтан қисық мұрын Тәукенің үні естілді. Мұрнын шүйіріп, қысық көзін жыпықтатып қояды. Шәкен мырза оған қарамастан, қымызын сапыра берді. Тек басын бірер шайқап, таңдайын қаққанда, езуінен күлкі, қабағынан ызбар көрінді. Бұған түсінген бір-ақ адам. Мана құдық басында мырза зекіп тастағаннан кейін дыбысы өшкен жылпос Жақып енді араласты сөзге:
― Ленин кетсе, қараң қалар деп пе ең дүние! Өзің тіпті күні бұрын жылағалы отырсың ба?
― Бұл қалжыңға жатпайды, Жақып, — деді Тәуке. Басы қалтылдап, шамданып қалды. — Мәселен, мына мырза, Мақаңдар кетсе, не болады бұл ел?! Қалқа анада Шалабайды жатқызып қойып сойғанда: «Мен коммунист деймісің, мипалауды жеймісің! Тәукенің жалғыз шолағында не әкеңнің құны бар?" деп сойыпты. Әне, соны Лениннің бұйрығымен iстедім деген, өзі тіпті атамзаманнан коммунист. Лениннен сабақ алған деседі. Бұзықтар соңына түсіп, ақыры мерт қылды ғой сабазды. Бәрібір Ленин тірі болса, бұзықтардың, жауыздардың сазайын тартқызады. Сапекең айтып отыр. Ленин жолы тіпті пайғамбарымыздың жолы екен ғой өзі.
― Пәле, Сапекеңнің шариғаты резеңке тәрізді! — деп, Жақып жұртты бір күлдіріп алды да, Қалқаның сыбағасын берді. — Көріңде өкіргір, өкіріп те жатқан шығар, ашадды еді-ау! Алдыңғы жылы, әскерге ат жинай келгенде, бастығы мес күрең қылып, осы үйдің іріңдей он бес ат-айғырын тізіп әкетті ғой. Бір адам батып бір ауыз сөз айта алмады. Көзі алақандай, шашы жалбыраған, белінде наган — албасты тәрізді. Үйге сусын ішуге енгізе алмадық. Былтыр келгенде сол ашаддылығын өзінің белсенділеріне, коммунистеріне істеді. Сондай адам сабаз бола ма?!
Тәуке бетінен қайтқан жоқ, бірақ сәл ойланып барып қайырды жауапты:
― Не десең, о де, мен Қалқаны жаман кісі дей алмаймын. Рас, байларға өш-ті: Неге өшікті екен? Байды құртса, еңкей кедей қазынаға несін береді. Өзі күнін көре алмай отыр.
― Байсыз күн жоқ екенін білді білем қазір, — деді Жақып. Қымыз қызуы бойға жайылса керек, даусы тым көтеріңкі, қап-қара сирек, мысық мұртын ширатып қояды. Қатыңқы, сұрғылт жүзі ептеп жіпсіген, бірақ қызармайды. Босаға жақтағылардың мана қайтқан тостағандары иіріліп тұрғанда, мырза оған шөпілдете үшінші аяқты толтырды. Жұқалаң, жылпос Жақып әзір тояр емес. Бал қымызды сімірген сайын суырыла сөйлейді. Тілі қандай епті! Біреуді әзілдесе, біреуді сықақтап, қайсыбіреуге ақырып тастап, мырзаның қыбын тауып отыр. Ол мырзаның үйіндегі жас жеңгесінің де қыбын тауып, күлкіден езу жидырмайтын. Тек мына құдық басындағы зекуден секем алып, өзінен-өзі қуыстанып, жеңгесіне беттемей қалыпты. Мырзаның мінезін ол жақсы біледі, мүмкін бекер сезіктенбеген болар.
Қымыз құйғанда есікті жауып қоятын бұл жақтың әдеті. Жабулы есіктің сыртында, екі жақ босағада, бала ерткен екі әйел манадан отыр. Анда-санда кереге мен жақтаудың жапсарынан сығалаған көздері өңменнен өтеді. Әңгіме тыңдап отырғанға ұқсамайды. Қолдарында аяғы, топатайы бар. Үлкендердің үстіне басып енуден именетін жас та емес, сарқарын әйелдер. Киімдері тым нашар, өңдері тым сынық екен, желі басынан тағы да сүт алып қайтқан жас жалшының етегінен екеуі бірдей ұстады.
― Қарағым, мына түрімізбен қалай енейік. Көксау шалдың күндегі бір аяқ қымызына келдім.
― Мына Серіктің ағасы науқас. Осы үйдің қымызына ынтық болып жатқаны. Айта қойшы: «Тез қайт!» — деп еді.
Жас жалшы келіншекке барып айтып, екеуінің ыдысына екі аяқ қымыз құйып әкеп берді де: «Тұра тұрыңдар» — деп, қайта еніп кетті. Бала бас салды аяқты. Шешесі желкесінен тартып:
― Қой, қарғам, ағаңа апарамыз. Бізге қазір әкеледі, — деп арпалысып отырғанда, жалшы шықты. Қолында енді қымыз жоқ, екі буыншағы бар. Екеуін екеуіне ұстатып тұрып, келіншектің тапсырмасын айтты:
― Мынау қыл — «Мырзаға шылбыр есіп әкелсін» деді.
― Мынау сабадан қалған тері. «Мырзаға жол торсық тігіп әкелсін» — деді.
Соны естіртіп жалшы жөніне кетті. Ішіне бірдеме салып жібермеді ме деген үмітін бірінен бірі жасырып, екі әйел әрқайсысы өз буыншағын ашты. Бос үміт екен. Орындарынан созыла тұрып, сылбыр аяңдап барады. Ақ үйдің ішіндегі қарқ-қарқ күлкіні, дуылдаған дауыстарды естіп барады. Жас бала әлі жағаласып, қымыз сұрап барады. Өздері де: жұтып жіберер ме еді, — деп қылғынады. Жұта алмай бір-біріне мұңын шағады.
― Совет кедейді жарылқайды дегені қайда?
― Құдай жарытпағанды кім жарытар дейсің!
III
Түндік жабулы. Қараңғы үйге таңның көгілдір сәуле босаға саңлауларынан, киіз жыртықтарынан ене бастады. Осы кездегі тәтті ұйқының шырқын бұзып, Сапар ақсақал отыр. Ол, таң білінер-білінбестен отырса да, төрт бас намазды бітіре алмай қойды. Әлхам, Әліпләм, Ясиннен бастап, Құлқуаллаға дейін өзі білетін бар сүрені оқып шықты. Құдайдың мың бір атын да атады. Бірақ, Шәкен мырзаның орысшалағанындай, есіл араб тілінің мылжа-мылжасын шығарды. Мектеп көрмеген кісі, тәжуиттен мүлде хабарсыз, ниет дұрыс болса болыпты, — деп, айдай береді. Енді екі қолын алға созып, жалпақ алақандарын жая, дұғаға кірісіпті. Көзі мұнша жасты болар ма, сорғалаған жас келіп, бурыл сақалына сіңе береді. Қолы мұнша күшті болар ма, күн шыққанша көтергенде талмады. Өзінен көп кейін тұрған әйелі намазын оқып, сиырын сауып, сүтіне мәйек салып та үлгірді. Ал мынау намаздан кейін де жалбарынуын қойған жоқ. Таспиығын тартып, көзін жұмып, жайнамазының үстінде жалғызына мүлгуде. Жайшылықта көзіне жас алмайтын, берік, байсалды ақылды адам. Құдай десе, Мұхаммед десе, соның бәрінен айырылып, жүнжіп кетеді. Ол осылай күн сәскелікке көтерілгенге дейін тапжылмай отырып, мұрнына шыжылдаған бауырсақ исі келгенде ғанa көзін ашты.
― Тұрыңдар, балалар. Тұр, Аман! — деді сәлдесін шешіп жүктің үстіне қойып жатып.
― Қазір, — деп, Аман қайта ұйықтап кетті. Қасында тағы да үш-төрт қара домалақ бастар көрінеді. Аманды ояу санап әкесі сөйлеп жүр:
― Ораза жоқ, намаз жоқ. Қызмет істемейсің, шаруаға қарамайсың. Не ол дүниеге, не бұл дүниеге пайдасыз бишара, не ойық бар? Осы үйде жарты пұттай ұн қалыпты. Сауып отырған биең сойып жейтін қойың бар ма, әлгі шақырып жатқан Шодырға неге бармайсың? Бір қап ұн деген бір жазға азық қой...
Түні бойы алтыбақан теуіп, бозбалашылық істеп, таң алдында жатқан Аманның құлағына бұл сөздің бірі енген жоқ. Шырт ұйқыда. Қасындағы үйелмелі-сүйелмелі төрт бала біртіндей тұрып, жерошақ басында нан пісіріп отырған шешесінің қасына жиналды. Сапар үй ішін жиыстырған болып, әлі күйбеңдеп жүр. Жиыстыратын да көп дүние көрінбейді. Бар жүгі — үш әбдіре, бір кебеже. Төр алдындағы көнетоз сырмақтың үстінде жөні түзу үлкен бір алаша жатыр. Алты қанат үй екен, киіздері тоза бастаған, кей жерін ескі кенеппен жамап қойыпты. Уық керген ала жіпке қыстырулы сірі қапты кітап — шүберекпен тыстаған құран тұр. Күйбеңі біткен соң, сірі кітапты қолына ала, Сапар тағы да отырды. Бұл өзі бір мұқабадағы екі кітап болып шықты: «Сопы Аллаяр» мен «Хикмат» екен.
Үміт еткен көзімнің нұры, балам,
Атаң деп болмағайсың рәсуағалам, —
деп зор даусын көтере, өзіне ғана тән өзгеше бір мақаммен оқи жөнелді. Аман оянып кетті. Осы өлеңді кішкентай күнінде әкесі алдына алып, түйе жүн күпісіне орап, көзінен жасы тамшылап, теңселе отырып сіңірген құлағына. Әкесі қазақша бір ауыз өлең білмеген, бір намахраммен жүрмеген кісі. Жаңағы өлеңді айтқанда, өлең ретінде емес, әулиенің мінажаты ретінде айтатын. Аман басын көтеріп алып:
― Аға! — деді. Әкесін аға дейтін. — Сіз жасыңыздан «Сопы Аллаяр» мен «Хикматты» оқып келесіз, мен Абайды оқып келем. Қашан бітірер екеміз?
Сапар кітаптың арасына сұқ қолын салып, жаба тұра сөйлесті:
― Абайдікі дүние сөзі. Ал, мыналардікі — ахирет сөзі. Сонда қайсысы ұзақ, қайсысы қиын? Өзің айтшы, балам?
― Ахирет деген алдау ғой, аға. Дүние сөзі терең екен: Бойлайын десем — шым батам.
Үміт артқан баласын құдай жолына сала алмай не одан безе алмай, діндар әке жуасыған кез. Баласы қадімше, жәдитше бірсыпыра оқып тастаған. Оның үстіне орыс поселкелерде екі жылдай орысша оқыды, әкесінен әлдеқайда сауатты. Сондықтан дәрменсіз әке:
― Дүнияуи бишара! Алла өзі түзесін бетіңді, — деп жымия күлді де әндете оқи берді.
Балаларын шұбырта бәйбіше кірді. Бес ұлдың буына піскен адуын, орақ ауыз әйел шалына соқтыға кірді:
― Қоя тұр кітабыңды бір мезгіл! Тиыштықпен шайымызды ішейік. Ел аман, жұрт тиышта күңіренесің де отырасың, не көрінді сонша!
― Ей, ақымақ, ұжмақ, дозақ дегеннен хабарың бар ма?
― Қойшы, күні бұрын жыларым жоқ. Көзімнен тіпті. жас шықпайды.
Аман сақылдап күліп жіберді. Сапар да жымыңдап қойып:
― Кәртайғанда осы шешең сені еліктеп, діннен шықпаса неғылсын! — деп еді:
― Шықса да ештеме етпес, — деді бәйбіше. — Сен барсың ғой. Баяғыдан бері жылағанда қатын-балаңның күнәсін сұрап алған шығарсың.
Аман қолын шапалақтап секіре күліп, шығып кетті үйден. Ол жуынып келгенше шай жасалды. Қиюы қашқан бояусыз дөңгелек столды қоршай, бәрі бас қосты. Аманнан өзге балалары кескіндес екен — өңкей қара домалақ. Алды оннан, арты бестен асыпты. Азғантай бауырсақ әрқайсысына бөліп берілген. Жеуге құмартса да, бірін-бірі бақылап, сыпайы жеп, тауыспауға тырысады. Тауысып қойғанның тауыспағаны көзін қызықтырады. Қаспақ тұмсық біреуі қу көрінеді. Шыдамай, өз сыбағасын жеп қойды да, шешесіне: “ Маған аз бердің” ― деп, қиғылық салды. Шешесі тағы екі-үш бауырсақ беріп еді, балалары қаспақ тұмсыққа көздерін aларта қарады. Сапардың алдына майға пiсiрген екi дөңгелек, Аманның алдына молырақ қылып бауырсақ, піскен сүттің қаймағы қойылған. Дастарқан онша тапшы емес. Тоя жерлік мол да емес. Стол басындағы үш үлкен бармақтарының астына құртымдай қант қысып, төрт кішкентайдан жасырып тістеп отыр. Бырт еткенде жаңағы қаспақ тұмсық сезіп қалып, әкесінің бармағына жабыса түсті. Әкесі болмашы қантты бере салды да, ырза болған баланы дереу жұмсады. Алдындағы екі дөңгелектің бipiн төрт бүктеп, баланың қолына ұстатты:
― Жүгіріп барып Әлжанға беріп кел. «Ағам беріп жіберді» — де!
Бала кетісімен бәйбіше шалына тағы бір соқтықты:
― Өзің тіпті ішпей-жемей тойып отырсың ғой.
― Тойғаннан қалғаныңды итке де қиясың. Зады, пенде тоя ма? Пайғамбарымыз аш жүріп, өзінен бұрын қарып-қасерлергс берген. Ленин алғашқы қысылшаң күндерде: «жұмысшы, солдат не ішсе, мен соны ішем» деген. Кеше Әлжандікіне кіріп шықтым. Ауруының беті бері қарапты. Дәмді тамақ тілеп жатыр. Қымыз сұратып, әйелін Шәкен мырзанікіне жіберсе, бір аяқ қымыз беріпті. Қарымжысын тағы жібермепті. Аз да болса қарайласып тұрайық. Нағыз кедей, адал кедей — Әлжан.
Аман әкесінің пейіліне қатты ырза болып, түрлі ойларға кетіп отырды. «Оқуы жоқ, тоқуы көп. Қандай зирек! Әттең, діндар. Ал өзі жақсы көріп отырған Ленинге діннің қарсы екенін біле ме? Білсе, неге жақсы көреді? Әлде бұнысы екіжүзділік пе? Жоқ, әкем оның адамы емес» — дей келіп, әкесінің тамырын басып байқады:
― Сіз бәріне дін тұрғысынан қарайсыз, аға. Мұсылманша мен де біраз оқыдым ғой. Мұсылман діні мұсылманнан өзгенің бәрін дозаққа бұйырады. Ал Маркс, Ленин — барлық діннің жауы. Барлық еңбекшінің досы. Сонда сіз Ленинді қалай жақсы көре аласыз?
― Бала кезімде марқұм Әпәндінің айтқаны есімде, — деді Сапар бөгелместен. Әпенді дегені — орыс-түрік соғысында пленге түсіп, қазақ арасында молда-дәрігер болып қалып қойған белгілі адам, — үкіметтің, патшаның әмірін орындау — уәжіп. Ленин біздің патша орнындағы әміршіміз. Бір де. Екінші — Ленин басқарған Кеңес өкіметі қара бұқараны, жетім-жесірді, жалшы-кедейді сүйейді. Шындықты, әділетті сүйеді. Бұл біздің пайғамбарымыздың жолы. Үшінші — пайғамбар байларға зекет, салық салған. Өзінің күйеуі молда Ғұсман бай екен. Соған бір соғыста байлығының үштен бірін қазнаға салдырыпты. Кеңес өкіметінің салықты байларға молырақ салуы Мұхаммед жолына еш қайшы емес. Төртінші — рас, бастығы Ленин болып, коммунистер дінге қарсы. Қарсы қойған діншілердің өзі. «Кітапты молда теріс оқыр, дағарадай болып сәлдесі» — дегенді Абай тауып айтқан. Молдалар байдың қол шоқпары болып кетті. Ал дінді бұзатын — алдымен байлар: салық салып, күштеп алмаса, малынан зекет бермейді. Жарлы-жалшыға рахымы аз. Ел шетіне жау келсе, халық басына ауыр күн туса, Мұхаммед мал түгіл, жанды аямаған. Біздің байлар тышқақ лағын да аяйды. «Николай өкіметінің әмірін орындау уәжіп, Ленин өкіметінің әмірін орындау уәжіп емес», — деген шариғат жоқ. Николай жолын үгіттегенде, Ленин жолын неге үгіттемейді молдалар? Әр тасқынға бір тосқын. Әр азғынға бір зауал. Бұл өкімет сол үшін келген. Сен сұраған соң, шындықты жарыла айттым, балам. Құдай шындықты сүйеді. Шыншыл бол. Тәңірі баққан тоқтыны бөрі жемейді.
Сапар сөзін бітірді де, суыған шайын жата салды. Шайға турап салған жұқа дөңгелек езіліп, былбырап кеткен екен. Тіссіз аузын қомпаңдата, толғап отыр. Аман әкесіне қарап қалыпты. Мұрынды, ұзын кірпікті бетін түк басқан, өңі суық, сары кісі. Бас, бет бітімі тіпті мол. Көзі көкпеңбек. Күнде көріп жүрсе де, әкесінің бұл тұлғасын Аман жаңа анықтады. Әкесі: «бабаңа тартыппын» — дейтін. Бабасы да көзіне бір елестеп кетті. Жасы, мінезі, дүние тануы түрліше ата, ана, бала әзілдесе отырып, жаңағыдай үлкен әңгімелерге бара беретін. Аман бұл әңгімеде әкесінің бұрын байқалмаған жақтарын байқады. «Бұл кісінің дін-шариғатын ақыл билейді екен. Онысы жақсы. Әгәр ақылын дін шариғат билесе, бұл кісі, тәркі дүние, жынды, дуана болып кетер еді» — деп, ішіне түйді де, әкесіне әзілдеп қойды:
― Ауылнай Байболға өкімет жолын үйретуге жарайсыз.
― Мақтаңқырасаң, коммунист те болып кетермін. Қалқа үлкен молда еді ғой.
Танаулап қаспақ тұмсық қара жетті. Қырып келгендей баса-көктеп келіп, әкесінің оң тізесін шынтақтай отырды.
Мұрнының боғы дем алғызбай жылт-жылт етеді. Сонда да сіңбірместен қорс-қорс тарта береді.
― Апарып бердің бе, балам?
― Бердім.
― Не деді?
― “Балаларының қызығын көрсін” — деді.
― Айтқаны келсін.
Аман жасырып тістеп отырған қантын көрсете:
― Miнe, менде де қант бар, — деді балаға. — Тіл алсаң, мен де берем.
― Айта ғой.
― Әуелі бетіңді аппақ қылып жуып келші.
Бала ұшып кетті. Жуынып қайтты бір кезде. Қаспағын кетірем деп, мұрнын қолымен тырналап, қызартып тастапты, енді қызыл тұмсық болып тұр.
― Бер кәне, берем дегенсің!..
― Тұра тұр, енді Мырқымбайды айтасың.
Мырқымбай, Мырқымбай
Жүрмейсің жай.
Нең бар еді, құдай-ай!
Ауылнайды боқтапсың,
Шаршап зорға тоқтапсың.
Несиеден қорқып,
Сары атты сатпапсың.
Енді ол өшікті
Шауып алудан тайынбас,
Түріп қойып есікті.
Баланы арқаға қағып, қантты берген соң:
― Аға, бұны Бейімбет деген ақын жазыпты, — деді Аман. — Дәл біздің Байбол емес пе осындағы ауылнай?
― Біраз есерлігі, қиянаты бар ғой. Құдай өзі түзесін бишараны.
Бүйірі майысқан сары самауыр әлі ызыңдап тұр. Табадағы тезек шоғының беті күлденген, түбі әзір қызулы. Бәйбіше, басқалар қанса да, қанбай, жалғыз айдап отыр. Терлеп алған, самауырды түгеспей тоқтар түрі жоқ. Аман тұрып барып, әке-шешесі тұсына құрған ала сырмақтың артынан шүберек сумка алды. Сумканың ішінен қалың дәптерге қолдан көшірген Абай өлеңдерін алды да, тысқа беттеді.
― Балам-ау, — деді сол кезде шешесі, — екеуің бірдей кітапқа қадаласың, кітап тамақ бола ма? Бір-ақ илейтін ұн қалды. Баратын болсаң, барсаңшы әлгі тамырыңа.
― Барам, aпa. Екі-үш күннің ішінде ұнға байытам.
― Шай-қант та таусылды. Қасқырдың терісін ала кет. Күшігі құрғырды қайтесің! Жас бала емессің ғой, оны да ала кет. Орыстар әуес келеді ондайға.
― Көрерміз, — деп, Аман шығып кетті.
Күн қабағы түйіліңкі. Аспанды жапқан қара бұлт әлем тапырық кешуде. Болмашы жел бар. Жер мен көктің жапсарында, сонау алыстағы қара түнектің ішінде нажағай жарқылдайды, күріл естіледі. Құйып жатыр. Жылқы келген, бие байлаған кез. Үздік-создық отырған қара қошқыл кеп ауыл қобалжуда. Біреулер үйлерінің бауларын тартып байлап, біреулер арқанмен бастырып жүр. Қайсыбіреулер есік алдындағы тезек үйіндісін де жауып тастаған. Әр үйден-ақ тоқпақ даусы естіледі, қазық қағып, желбау байлағалы жатса керек. Аман үйден шыға, осыны бәрін байқай тұрып, есік алдында байлаулы жатқан қасқыр күшігіне кез жіберді. Жүні ұйпалақтанған кішкентай сұр күшік, қазығын айнала, қарана береді жан-жаққа. Аман анау күні қызыл-шолақ арланды соққан соң, ертеңіне қаншығын да соққан. Ұясымен бар күшігін алған. Содан бір күшікті тірі алып қалып еді. «Осыны қайтсем екен?» — деп тұр енді. Ойын түйместен, жалпақ қоңыр бие сауған көршілес Сыздықтікіне кірді. Сыздық — шешесінің көп туыстарынан қалған жалғыз, жас інісі, әзір баласы жоқ, әйелі бар.
― Жоғары шық, — деді екеуі бірден. Қос ақ қасқа да бірден тұрып қарсы алды. Бірақ басқа иттердей арсалақтап, жата қалып еркелеп, кішіреймеді. Құйрықтарын жәй қозғап, жәй жүріп келіп, бастарынан бір-бір сипатты да, маңғаз тұрды. Қанды қызыл көздерінде, қалың, долы беттерінде иесіне деген аз жылылық, «Бір жаққа барамыз ба?» — деген сұрақ бар. Оған жауап қайтпаған соң, қаншық қасқа арлан қасқаны ертіп шығып кетті. Аман төрге шықпай, түрегеліп тұрып, қамшы өріп отырған Сыздыққа:
― Анадағыдай поселке жаққа барып қайтсақ қайтеді ― деп еді:
― Барайық, — деді Сыздық бөгелместен, өрімге бір бүркіп қойып. — Бірақ екі ат терлегенше бір ат терлесін. Ләшенке тап.
― Табылар. Өзім де ләшенкемен бармақпын. Шешей: Күшікті ала кет» — дейді.
― Оны есіне салған — мен. Қайтесің сол күшікті? Бай Иванға көрсетсең, бір қап астық болып жатыр. Орыстар қасқырға таңсық, айдаһардай көреді.
― Күшік саудалап жүргеніміз ұят болмай ма?
― Ұятты да, күшікті де маған бер. Есебін өзім табам.
― Бердім! — деп жайраңдап қалды Аман. Сыздық оны осындайда әрдайым құтқарады. Күшігінен асыраған қос ақ қасқа да сұрап алған. Әйтпесе әлдеқашан біреу қолқалап алып кететін еді. Сыздықтың қолынан алу қиын. Қазақы, алық-беріктерге зауқы жоқ, еті тірі, қолы шебер жігіт. Қымыз іздеп, қазан аңдып қыдырмайды. Жалғыз биесін таңертеңнен кешке дейін сауып, сабашығын иіндетіп қояды. Жалғыз биеден туған жалғыз көк бесті жүйрік болып шықты. Оны жазы – қысы мінсе де, мойнынан жалын бір үздірмейді, күтіп, баптап мінеді. Қысқы, жазғы үйлері де тұянадай. Төлін қосқанда жеті-сегіз ірі қарасы, бес-алты ешкі-лағы бар. Шетінен күйлі, қыстан қоңды шыққан. Аман келген сайын бұл үйдің бірдемесіне сүйсініп кетеді. Қазір Сыздық еріп отырған бұзаутіс өрімге қызығып:
― Әдемі-ақ екен. Осы қолың да жерде қалады-ау! — деді.
― Қалай мақтасаң да, бере алмаспын.
― Жиен сұрамайды. Алғысы келсе ала салады.
― Есебін тапқан нағашы жиеннің өзінен алады.
Үшеуі күлісіп алды. Суылдап жел келеді. Түндік желпілдеді. Үй иелері абыржитын емес. Желбау тартулы, бақан тіреулі, үй бастырылған.
― Бағжан, қымыз құй! — деді Сыздық.
― Кейін келіп ішемін. Шайым басылсын, — деп Аман тысқа шықты. Ауыл түндіктері желп-желп етеді. Абыржыған әкел дауыстары естіледі. Солардың ішінде бір дауыс дауылға дауыл қосып тұр:
― Құдай-ай, құдай, не жазып едік, құдай! Менен аяғаның бар ма? Жөргекте шешемді алдың, төсекте өндірдей өрімді алдың. Ол аз болғандай, былтыр екі сиырдың бірін алдың. Бүгін одан қалған жалғыз қашарды тағы алдық? Шиеттей төрт баланы қалай асыраймын енді. Төрт емшекке бес жан қарап қалдық-ау! Қызыл қашарды алғанша мені алсаң еді, не төрт баланың бірін алсаң еді! Құдай, қу құдай, тас бауыр құдай. Аясаң еді бір!..
Жел жақтан сампылдаған Ырысжанның бұл сөздері Аманның төбе құйқасын шымырлатты. «Не боп қалды?» — деп, жүгіре басып келсе, қашып кеткен қызыл қашар құдыққа жығылып өліпті. Сүтті сиырдың тұқымы екен.
― Тым құрыса, адал өлмеді-ау! — деп күйінеді Ырысжан.
Төрт бала үрпе-шүрпе бір жерде. Аман аяп кетіп:
― Сабыр етіңіз, жеңеше, сабыр, — десе:
― Сабыр құрғыр сүт бола ма балаларға! — деп, Ырысжан өршелене түседі.
Болмасын білген соң, Аман жылыстап кетті. «Жаны күйген тәңірісін қарғайды» деген осы екен-ау! — деп келеді ішінен. Ескі ырдуанның дөңгелегін қиқаңдата, шиқылдата, Нұрғали өтіп барады алдынан.
― Бөгелші, ей саңқай, қайдан қайттың әндетіп?
Нұрғали жауап беруден бұрын қол ұстасқанда қолын қысып-қысып жіберді.
― Не дейсің?!
― Ағатай, ағатай! Байқаусызда аузымнан шығып кетті.
― Әрі арбамды, әрі мұрнымды мазақтайсың!..
― Қойдым, ағатай! Ендігәрі саңқиған мұрныңызды, шиқылдаған арбаңызды ауызға алсам, желкемнің шұңқырын көрмейін.
― Бәлем! Солай ма, ант ішкіздім бе!
Екеуі құрдас. Нұрғали — аңғал, балуан құрбы. «Желкемнің шұңқырын көрмейін. Басқан ізім артымда қалсын. Тілім мұрныма жетпесін» деген қулықтарды шын антқа балап қабылдай береді. Аман екеуі тіпті қатты ойнайды. Жеңіліп бара жатса, Нұрғали қол жұмсайды. Мықыр саусақтары темірдей.
― Ақбаладан жылқының жусауын көріп едім. Соны салып әкеле қояйын, — деп шықсам, күнді көрмеймісің... — деді де, қолындағы шыбығымен көкті нұсқады.
― Бүгiн бастағы ауылдарды торысақ қайтеді?
― Е, жіп таққаның бар ма еді?
― Барған соң тағамыз да.
― Жай жүр. Мойныңды үзем.
― Шыныңды айтшы, жарасып па едіңдер?
― Тақау, ― деп Нұрғали жымың-жымың етеді. Ол тақау дегелі жылдан асты, әлі тақалып болмапты. Шорқақ, аңғал зымиян қыз түлкіше құйрығын шалдырып жүpсе керек. Зәуеде сол қыз: «Келе ғой» — десе, Нұрғали түнде есік ашып енe алмайды. Жүрексіз. Жайшылықта жығып жүрген жігітінен көп алдында жығылып қалады. Еркек құрбыларына өктем, оспадар. Қыз, келіншекті көрсе қысылып, қызарып, әбден зықысы шығады.
― Шыныңды айт! — деді тағы да Аман. Құрбысының сыры өзіне мәлім. Әлі күнге: «Жас жастың тілеуі, жібектің түйіні бірмен» жүрсең, қыз сенен торықты.
― Немен, мені қыздан қорқады деймісің! — деп, Нұрғали тап бергенде, Аман атып кетті. Қашқан бетімен Әлжандікіне келiп кірді.
Бұл ― мана Сапар ақсақал алдындағы екі дөңгелек нанның бірін баласынан беріп жіберген кедей Әлжан. Төсегінің үстінде отыр. Жүдеу. Қынаға бояп, қой жабағысынан істеген көнетоз күпiсін, қызыл елтірі тымағын киіп алған. Ойнақы, өткір қой көзі бұрынғысынан үлкейіп, баяу қозғалады. Бетінде қан жоқ, ақ шөлмек.
― Жоғарыла, қарағым, ― деді, әлсіз ақырын даусын соза.
Жоғарылайтын жер шамалы. Төр алдында тор жабағының теpiсі жатыр. Аман соған отырды. Үй үш қанат екен: киiз қап-қара тозығы жеткен, шоқпыттан жамаса да, шұрқ-шұрқ, қай тесігінен қарасаң да дала көрінеді. Кеше баласын ерте барып Шәкен мырзаның босағасында зарығып отырып, қымыз алып қайтқан әйел қыл шылбырдың екі тілін есіп тастапты. Үшінші тілге ақырғы шүйкелерді сіңіріп барады. Аяқтағы суға қолын батырып алып, есе жөнелгенде, аяңмен келе жатып, шоқыта жөнелгендей өндіріп-өндіріп жібереді. Қасындағы кішкентай еркек бала шешесінен көріп, о да бірдеме ескен болады.
Аман үй иелерімен қысқа амандасып, аурудың да халін қысқаша сұрап, біразға дейін өзімен-өзі болып отырды. Төр алдында ескі кебеже, аузы бұзылған, қақпақсыз ескі әбдіре. Кереге басында жылқының бас терісінен істеген талыс, желқом ер, босағада бір-екі қақпан жатыр. Ши жақта көз тосарлық ештеме көрінбейді. Жыртық ақ шиді құруға келмеген соң, ас бетін қалқалап, керегеге сүйей салған. Оның тасасындағы астың қауқарын көрмей-ақ шамалауға болады. Аман Әлжанның кедей екенін бұрыннан білетін. Үй тұрмысын көргені осы. Ой билеп отыр: «Нан, қант, шай дегенді көрмейді. Ет, май атымен жоқ. Қарағаны — жалғыз сиырдың сүті. Қысты күні сол сиырдың жалғыз торпағын талшық қылады. Әлжан бишара жауыр құла шолақтан желқомын алмай, жаз болса артына қап бөктеріп, қыс болса астына қол шана басып, поселке қыдыратын еді. Көбірек жатып қалған соң, күйзеліп қалған екен ғой...»
― Шырағым, өз көңіліңді білдіре, менің көңіліме демеу сала келгеніңе қатты ырзамын, — деді Әлжан. Аманның ойын бөліп жіберді. Сөзін ыдырата, баяу айтып отыр. — Шүкір, бері қарадым. Бірақ көтерем сияқтымын. Жүдетіп кетті. Тез оңалуға дәмді тамақ керек қой. Құлқын шіркіннің тақ бетесінен құтыла алмай қойдым. Туған жерді тастап, осы елге тентіреп келгенде, дәл езіңдей жас едім. Биыл қырыққа шығам. Жиырма бес жыл жалда жүріппін. Соның кейінгі он жылын Шәкен мырзаның есігінде еткіздім. Есікте жүріп оңбайтынымды білген соң, өз тұсымнан талпынып байқадым. Жазғытұры суыр аулап, күзгі сонарды құр жібермей, ара-арасында поселке аралап, бірді бірге жағыстырып жүргенде жатып қалдым. Қақпан анау, желқом өр де анау бос тұрған. «Байлықтың алды денсаулық» — дегенге жаңа түсінген тәріздімін. Мына қатын мырзаға шылбыр естіп отыр. Тезірек апарып беріп, тағы да бір аяқ қымыз алып қайтпақ.
― Қымыз, сірә, жағады ғой? Тез оңалтатын шығар?
― Шүкір, жағады. Жарықтық осы кездегі уыз қымызға не жетеді!
― Япырай, он жыл еңбегіңіз сіңгенде, мырза күніне бір аяқ қымыз беріп тұрмай ма?
― Сұраушы көп. Келім-кетімі көп. Кімге жеткізеді, — дей салды Әлжан. Ішінен мырзаға қатты налып, кейде оңашада қарая сөйлеп қоятын. Аузы берік адам: «Өтпес өкпені жұртқа шағып не қылам?» деп, бұл жолы аузын бағып қалды. Осы үйді басқан ауырлық жаңа кірген жас Аманды да басып, қатаймаған қабырғасын қайыстырып барады. Серпіп, лақтырып тастауға о да жарамады. Қолынан бар келгені:
― Бүгіннен бастап көтерілгенше біздікінен бір аяқ қымыз алдырып тұрыңыз, — деді.
― Қарағым-ау, сіздікіне қымыз қайдан келді?! — деп, Әлжан салбыраған ұзынша мұртын көтере езу тартты. Беті мен көзіне лезде жылы, қунақы, шадман рең пайда бола қалды
― Сыздық жалғыз биесінің сүтін біздікімен бөліп ішеді. Мен өз сыбағамды сізге қидым.
― Қoй, не қыласың, шырағым.
― Жоқ, жоқ! Айтқаным — айтқан, Әлеке. Денім сау, атым бар, қымыз ішерлік беделім де бар. Керек болса, ел қыдырып ішерміз.
― Көп жаса. Бізден қайтпаса, құдайдан қайтар.
Зуылдатып келіп қалған жауын Аманды үйден шығармай басты. Әуелі екпіндете, бүрке келді де, құйып кетті. Шүмектеп құйып тұр. Жарқ-жұрқ етіп алып, дәл төбеден шарт еткенде, жан-жануар түгіл, қара жер солқ етеді. Мал атаулы ықтап, бүрісіп қалған. Ауыл маңында жайылған ешкі, лақ, қозы, бұзауларды ауылға қайрылтпай, бүкшең-бүкшең дедектеп айдап барады. Түтеген нөсер әп-сәтте сaй-жыраларды, қазылған жолдары тасытып жіберді.
Күн құдіретін бүтін үйдегілер жете байқамауы мүмкін. Әлжан үйіндегілер артығымен байқады. Жыртықтардан саулаған су жиыла-жиыла керегенің төменгі көгіне дейін көтерілді. Әлжан төсегі қалқып кететін болған соң, қара әбдіренің үстіне шығарылды. Әлжанның өзін әйелі мен Аман екі жақтап сүйеп әкеліп, кішкентай, дөңгелек ас столына отырғызды. Алдына баласын берді. Абырой болғанда, бүкіл үйде бұлар отырған тұста ғана тамшы ақпады. Аман мен әйел де солардың қасын паналады. Аяқтары шылқылдаған су. Оны ескеруге мұрша жоқ. Күн біресе жарқылдап, біресе шартылдап үрей қалдырмады. Жай әне түседі, міне түседі деп иман айтудан ауыз босамады. Жай шақырады деп, ағарған нәрсені тығудан, темір атаулыны жабудан қол босамады. Әдетте, бұндай қатты келген жауын ұзаққа созылмайтын. Жарқыл, күрсіл бір саябырлаған кезде, жауынның басылуын күтпестен, Әлжанның әйелі күрек ала тысқа шықты Есік алдына жиналған су үйге кіре бастаған соң, жырып басқа жаққа ағыза беріп еді, аспан құлап жерге түскендей күн тағы бір шатыр-күтір етті. Әйел құлап қалды. Аман ұшып барып, көтеріп енгізді үйге. Өлген жоқ, есалаң. Аздан соң өзіне-өзі келіп:
― Осы жақ шекем күйіп барады! — деп, оң шекесін ұстай берді. Енді біраздан кейін тиыштанды. Баласын келіп бетінен сүйді. Сол кезде:
― Жай тура түспей, шарпып кеткен, — деп Әлжан қуанышы қойнына сыймай, ыржия бір күлді. — Құдай әмән сақтай көр. Серікжан жетім қала жаздады ғой.
Бұлар жайдың әуресімен жүргенде күн ашылып кетіпті. Қара түнек белден асып барады. Бұлт астынан жаңа шыққан ащы күн дәл төбеде шақырайып тұр. Аман үйге қайтты. Әлжандікіндей күйзелтпегенімен, жауын өз үйін де біраз мазалаған екен. Келісімен шешініп, киімдерін жайып, болған оқиғаны баяндап, жайуат отырғанда, даладан тосын дауыс естілді:
― Сапар ақсақалдың үйі қайсы?
― Мына бір қоңыр үй.
Үй-іші шала-пұла жиыстырылып, тер алдына жалғыз алаша жайылған кезде сәлем беріп, орысша киінген қазақ жігіт енді. Сапарға екі қолын, Аманға бір қолын беріп амандасты. Орта бойлы, қамыт аяқ, ақ шұбар жігіт екен. Сақал-мұртын қырып тастапты, жасы отыз бес, қырық арасында болар. Сырт киімін шешіп барып отырды. Белінде наган. Бірақ өңі жылы, амандығы сыпайы көрінеді. Өзін еркін ұстап, үлкен көзімен өте байыпты қарайды.
― Қай баласың, шырағым? — деді Сапар қысқа амандықтан кейін. — Тани алмадым, сөкпе.
― Иә, танымассыз. Атым — Жұмабек. Әкем аты — Ералы. Тұрағым — Ақмола қаласында. Совет қызметімен елге шығып келем.
― Алыстан келеді екенсің, балам. Алыс-жуықтан не естіледі? Қалаң, жолшыбай көрген елің қалай, тиыш па?
― Тиыш, ақсақал. Пәлендей бөтен хабар жоқ.
― Бәрекелді, тиыштық жақсы.
Бәйбіше қабының түбін қағып, нан илеуге кірісті. Ашық адамның қолы босамаса да, үйренген аузы жай тұра алмаса керек, сый кісінің көзінше де сыралғы сөздерін айтып отыр:
― Аманжан, самауыр қой. «Шүйкебас ал» — десем, болмайсың. Қартайғанда мен қонақ күтіп қанша оңдырам?
― Алып берсеңіздер, неге алмасын, — деп қонақ бір жымиып қойды.
― Біз әперсек, малдың күшімен әпереміз. Қазағы бар болғыр тегін қыз бере ме? Қызға төлер малым жоқ. Сүйген қызын совет жолымен тегін алады да.
― Бұл кісі советшіл, заңшыл, — деді Сапар, әйеліне күлімдей қарап. — «Енді ұратын болсаң советке айтып жапқызып қоям» — дейді маған. Содан қорқып, қол көтеруді қойдық.
Қонақ кірімді екен. Үй иелерінің қабағына, қалжыңына рахаттанып, бұрын көрісіп жүрген адамдай, әңгімеге араласып кетті. Аман самауырды алып шығып, тұтатып жүріп, әкесін ашық есіктен ымдап шақырып алды. Былайырақ апарып, күбір-күбір сөйлесіп тұр.
― Қонақты білесіз бе?
― Білмейім.
― Менің сырттан естуім бар. Совет өкіметін қолдан жасаған адамдардың бірі. Бүкіл Ақмолада пара алмайтын, байға, ұрыға рахымы жоқ Қалқа мен осы кісі дейтін.
― Балам-ай, онда тым қадірлі қонақ екен ғой. Бұны қайттік?!
Әкелі-балалы екеуі кең далада тұрып, қысылып тұр. Бай болмаса да, қонаққа кедей емес. Азғантай соғымнан алып шыққан аз ғана сұр әлдеқашан таусылған. Соя қоятын қой, қозы сатып ала қоятын ақша жоқ. Қысылғанда төрт сиырдың бұзауына қол салады. Ел адамы осы жайды біліп, жаз күндері бұл үйге көп түспейтін, түсе қалса, тек сәлемдесіп, шығындатпай, асығыс кететін. Тосын жолаушы ол сырды қайдан білсін, әдейі іздеп келіп түсті. Қонақасы бермеу тірідей өлім-дағы.
― Сыздықты шақырайық, — деді Сапекең, толғана келіп. ― Сыздық, ей, бармысың, шығып кетші!
Үйде екен, сида Сыздық шыға келді. Бұлардың құпиясын айтпай біліп, күлімдей келді.
― Ал құтқар бізді. Қонақ келді.
― Қалай құтқарайын?
― Серкешіңді бер. Сиыр суалған соң төрт бұзаудың бірін аларсың.
― Серкешке бұзау обал ғой. Жасырып жүрген жалғыз ісегім бар-ды, соны алыңыз. Сонда бір бұзау құрығанда екі қонақ жөнелтеді.
― Ойпырым-ай, мына жаманды қарай гөр! — деп, Сапекең ырза болып қалды. — Әрі есептен, әрі өзімшіл емес! Бар, ендеше, тезірек сойып таста.
Мал сойылатын болғанын Жұмабек білген жоқ. Ыстық бауырсақ, сары маймен келген шайды сүйсіне ішіп отырып, Сапардан ел жайын ежіктей сұрады.
― Осы жайлауда он - он бес ауыл көрінеді. Бәрі бір ру ма?
― Әріден алсақ, бір ру. Бәрі бір Алтайдан тарайды. Бері келе тарам-тарам болып бөлініп кетеді. Сол он - он бес аулыңыз — он - он бес ата. Әр ата — өз алдына бір ауыл.
― Онда сіздің ата өскен екен. Осы ауыл тіпті көп қой.
― Иә, ең өскен атамыз. Ішімізде кірмелер де бар.
― Кірмелерге кейде қожаңдап қоятын шығарсыздар? — деп Жұмабек қалжыңдап еді, Сапар сөзін тереңдете түсті:
― Ондай ауылдан кірме қашады. Әзір, құдайға шүкір, басқа ауылдан кірме бізге қашады. Өйткені біз оларға қожаңдамаймыз, басқаны қожаңдатпаймыз. Мен, өз басым, кірме үшін кейбір туыстарыммен пышақтасуға дейін барған кісімін. Сонда тек кірмені емес, пайғамбар жолын да қорғадым.
― Пайғамбар жолынан да жарамды бірдеме табылатын болғаны ма?
― Сіздермен бұл жайда сөйлесу қиын, — деді де, Сапар Жұмабектің сұрағын жауапсыз қалдырды. Шай ішіп болған соң, Жұмабек:
― Мен енді жүрем. Аман, екеуміз оңаша біраз сөйлесейікші, — деп орнынан тұрғанда:
― Жүрмейсіз. Лұқсат жоқ, — деді Сапар. — Мал сойылып қалды.
― Бекер істегенсіздер. «Бұл ауылда қой жоқ» дейтіні қайда?
― Көңіл болса, қой болады.
― Әрбір қызметкер түскен жерінен қой жей берсе, қой қала ма?
― Қой одан таусылмайды. Жұттан, ауру, апаттан таусылады. Соларға бермеу керек.
Аманды қолтықтай Жұмабек тысқа шықты. Ауылдан шеттеп, қыратқа барады. Бүгінгі сел жерді тойдырумен бірге, бетін де жуып кеткен екен. Оның үстіне іле күн қыздырған соң, иісі аңқып, құлпыра қалыпты. Шайға қанып, терлеп шыққан Жұмабек омырауын ашып тастап, тұнық ауада жүзіп келеді.
― Бала, шынымды айтайын, мен сіздің үйге бас жегелі, не ақсақалға сәлем бергелі келгенім жоқ, — деп бастады сөзін, — Значит, жұмыспен келдім. Жұмысым сенде. Өзің мені білемісің?
― Сыртыңыздан есітем.
― Мен қазір укомда істеймін. Партия қызметкерімін. Партияның үлкен мақсаттарының бірі — жастарды коммунистік рухта тәрбиелеу, совет ісіне баулу. Қазір өзіңдей талай жас сонау Ақмолада, Орынбор, Мәскеуде білім, тәрбие алып жүр. Талай жас мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарға араласып, баулынып жүр. Сен бірсыпыра сауатты жігіт бола тұра, қарап жүрсің. Бұл қалай? Что эта значит?
Аман үндемеді. Жұмабек насыбайын атып, шырт түкіріп тастаған соң да, біраз күтті, жауап ала алмады.
― Айтатын сөзім көп еді. Шыңырауға тастаған тастай болса, несіне айтам. Жауап қайтқанша мен де үндемедім.
Екеуі ауылдан ұзап барады. Хош иісті көк дөңді өрлей, биіктеп барады. Биіктеген сайын Қымыздықты сайдың бойындағы көп ел айқын көрінеді. Жұмабек жан-жаққа көз жіберіп тұрды бір кезде. Әлі үнсіз. Аманнан әлі жауап жоқ. Жауап бермей үлкен кісіні күттіріп қойғанына қызарып, терлейді. Өзі сонша қысылып, жолдасын сонша зарықтырып барып қайырған жауабы жартымсыз-ақ еді:
― Менің қатарым әзір елде Сіз айтқан жастардың көбі бай баласы не бұзақылар ғой, ― дегенде, Жұмабек қарқ-қарқ күліп жіберді.
― Ырзамын, бауыpым, ырзамын! Ішіңдегі запранды төктің. Отыршы! ― деді. Аманды отырғызып, алақанымен анда-санда оның тізесін қағып қойып, күлімдей түсе ұзақ сөйлеп кетті. ― Совет өкіметі орнағалы бес жыл әлі өткен жоқ. Бұл өте аз, сонымен қабат өте көп уақыт. Аз дейтінім― совет әзір ойындағысының мыңнан біріне ғана жетті. Көп дейтінім ― капиталистер, байлар «Совет мықтаса, бес-ақ жұма өмір сүрер» деген. Бес жыл өмір сүріп отыр ғой! Значит капиталистерге бой бермей кеткені. Олай болса, анау Шәкен мырзаның есігінде он-он бес батырақ неге жүреді? Жеті атасынан болыстық арылмаған шонжар Малқар неге болыс болады? Орынборда, Ақмолада оқуға бай балалары еніп алған, қызметте де — көбінесе не солардың қол шоқпары, не парақор бұзақылар. Бұл қалай? — дейсің ғой. Рас па?
― Рас.
Рас, бұларға шыдауға болмайды. Біраз шыдамасқа тағы болмайды. Ресей артта қалса, қазақ өте-мөте артта қалған. Жұмысшы табы жоққа тән. Ал жалшы, кедей, орташалар шаруашылықты, мәдениет, саясат істерін дәл қазір басқарып әкете алмайды. Сондықтан оларды дайындай отырып, қарсы тапты да пайдалана білу керек. Октябрь революциясы қазақ аулында қанаушы мен қаналушыға бірдей ғаламат бір сезім берді. Қазір жалшы қанша жаншылса да, көңілінде құдайға сенгендей сенім тұр, ол — Совет өкіметі. Қазір бай қанша жанышса да, көңілінде құдайдан қорыққандай қорқыныш тұр, ол — Совет өкіметі. Бұл зор сенім мен қорқынышты ақылға салып пайдалана білсек, бәрі орындалады.
Жұмабек насыбайын тастап, жаңартып салды да, төмен қарап, тапжылмай тыңдаған Аманға көз қырымен қарап қойып, соза берді сөзін:
― Ал сонда қалай орындалады? Білемісің?
― Айта беріңіз.
― Алдымен ауылда тап жігін ашу қажет. Қазақтың жалшы кедейінің көпшілігі жауы кім екенін әлі білмейді. Шәкен екеуің төбелесіп жатсаң, оның жалшылары саған жабылады. «Жауың — бай» дегенді жалшыға әбден ұғындыру керек. Ұғынбаса, басына тесіп құю керек. Әйтпейінше ешбір іс алға баспайды. Бірыңғай үгітпен де елді ерту қиын. Сондықтан жалшылардың еңбегін қорғайтын жалшы комитеттері, кедейлерге көмектесетін қосшы комитеттері құрылғалы жатыр. Коммунистік жастар ұйымы бұрын құрылған. Ол бұтағын жая бермек. Бұл қоғамдық ұйымдар ауылдың ойын, ісін, күшін біріктіріп Шәкен, Малқарларға қарсы қояды, ауылда социалистік мақсаттарды іске асыратын советтің зор күші саналады. Міне осы ұйымдарды қыздыратын сендей жастар. Сен тоң торыс жүруді қой, шырақ, іске аралас. Уәделессек қайтеді осыған?
Аман, әдетінше, жауапты тез бере қойған жоқ. Төмен қарап, шөп ширатып отыр. Манадан бергі сез нендей әсер етті, несін алды, несін қойды, — білу қиын. Тұйық, ұялшақ, бірде тіпті жасық жан боп көрінсе де, Жұмабек ішіне кіре алмай қойды. «Кірмей қойман!» — дегендей құштарлана сөйлейді:
― Жарайды, уәдеңді әбден ойланып бер. Бірақ мықтап бер. Сонда мынаны еске ал: «Қазақта, әсіресе ауылда, сендей сауаттылар аз. Қазақ елінің тағдыры өз қолына тиген шақта, сол тағдырды шешуге кезі ашық қазақ баласы қолғабыс тигізбей қала алмайды. Ерте ме, кеш пе, пайдаға ма, зиянға ма, сен де барыңды бересің. Сенін, туыстарыңның бірі — Мақаштың Сайлаубегімен де, жас, сауатты деп, осылай сөйлескем. Оны болыстық ревком председателі еткен менің көмегім болатын. Ақтамады. Әкесі Мақаш би еді, бидің жолына түсті, халықпен істесе алмады. Сайлау шыққан кезде Малқар сонсоң тырайта салды. Қазір Орынборда оқып жүр ғой, мүмкін, түзелер. Осыны еске ал. Шалабай сұр кедей болатын. Қонаққа да винтовкасын ала барып «Әуелі сен же, қара құдай. Саған берілген ас. Маған берсе, баяғыдан бері қайда жүрген!» — деп, винтовкасын табаққа сұғады екен. Халық оны да қуып тастады. Қалқа дүре соқты. Осыны есіңе ал.
― Қорықпаңыз, бұл екі мінез маған дарымайды. Өйткені олардан жүрегім айниды, — деп, Аман қабағын сәл шытып қойды.
― Сонда қорқатынымыз не? Айтсаңшы, көмейіңде тұр ғой бірдеме?
Жұмабек дәл басты. Аман күліп жіберді де, көмейде тұрған сөзін енді біртіндеп, қызараңдап шығара берді:
― Бекбай — жұмысшы, Танаш — коммунист, Әдхам — жалшы болатын. Үшеуі, ұтылағандай, бірінен соң бірі алысты Шәкенмен. Ақырында Шәкен сауырлап бәрін елден қуды. Менің елден кеткім келмейді. Сонау оңаша отырған ақ үзікті үй ― ауылнайымыз Байболдікі. Бізге жамағайын. Кедей. Өзіндей кедей Қасенді айдатып, үйіне ақ үзік жапты. Тағы талай мысал келтіруге болады. Айдалғым келмейді, Жұмеке. Тоқабай деген кісі Шәкен мырзаның биесін сауады. Советтен бұрын ептеп ұрлық істепті. Кедей. Совет тұсында ұрлығы естілмейді. Жұртқа кірпіш құйып, подрет алып, үй салып беріп жүрді. Жоғалған бір жылқысын Шәкен содан көріп, ағайынды үшеуін бірден шауып алғанда, бір жылқының құны толмады, — деп, Тоқабайға бие сауғызып қойды. Байдың биесін сауғым келмейді, Жұмеке. Осының бәрін зорлықшылдар совет қызметкерінің қолымен не қазақы ескі дәстүрдің күшімен істеп жүр. Ондай қызметші де, дәстүрші де болғым келмейді. Әкем өз тұсында қиянаттарға көне алмай не түзей алмай, дін жолына түсіп кеткен тәрізді. Мен ол жолға түсе алмадым. «Тек жүрсең, тоқ жүресіңді» мықты ұстадым. Жүйрік атым, жақсы тазым, жігіт шағым бар. Солардың қызығымен жүрмін. Әйтпесе, Абайша күңіреніп өтер ме едім, кім біледі? Бақ, дәулет, ақыл бірден қонған Абайға бой бермеген бұл қазақ, бізді шопақ құрлы көре ме?
Аман тоқтаған кезде Жұмабек қойын дәптеріне жазып отырған. Жаңа әңгіме үстінде, аталған жәбірленуші адамдардың атын, фамилиясын қайтадан анықтап жазып алды да:
― Еті тірі, ниеті дұрыс кімдер бар осы маңда? — деді.
― Kөп қой.
― Сол көптің ішінен қолынан іс келетінін айтшы.
― Қазір ауру, Әлжан деген сүр кедей бар. Сыздық деген көбең кедей бар. Нұрғали, Ізбасар деген орташалар бар. Шәкен мырзаның есігіндегі жас жалшы Таймас бар... Осылар «жауың — бай» — дегенге де тез нанады, жаңағы өзіңіз айтқан жалшы, кедейді қорғайтын ұйымдарға да басқадан бұрын енеді.
― Сауат ашатын мектептерге барып жүр ме?
― Әлжан оқып жүргенде ауырып қалды. Өзгесі хат танып шықты. Газетті еркін оқиды. Енді тек саяси сауаттарын ашу керек.
Жұмабек бұлардың да аты-жөнін жазып алып, ауылға беттеді. Үндемейді. Ойында не бар, манадан бергі әңгімені қалай түйді, неге үндемейді? Білгенше асығып, енді Аманның мазасы кетіп келеді. Өзі айтар деп күтіп еді, айта қоймаған соң, шыдамады:
― Бетім дұрыс па, теріс пе, Жұмеке?
― Дұрыс. Дұрыстың өзін күресіп, жеңіп алады өмірде. Сен күрестен қашасың. Қашқанмен құтыла алмайсың. Сондықтан білек сыбанып, топқа өзің түс деп едім. Түсер түрің жоқ. Бірақ топ сені еріксіз түсіреді. Сол кезде тағы кездесерміз.
«Қалай еріксіз түсіреді?» — деген ойын Аман аяқтағанша, ауылға жетіп қалыпты.
IV
Шіркін, көктем жер бетін бір жайнатып, жан-жануарды масайратып өте шықты. Ауыл маңының оты шайылып қалған. — Қашықтағы балдыр шөптер қатая, сарғылт тарта бастаған. Күн қызуы күшейе түсті. Салқын, шыбыны аз Итжон жайлауының өзінде желі басындағы жылқылар тершіп тұр. Сәйгел жатып, сиыр малы тиыштанса да, бегелек ызыңдап, жылқының мазасы кеткен кез.
Қазір талтүс. Тып-тыныш. Бозторғай да шырылдамайды. Бөгелек тыпырлатқан жылқыдан өзгенің бәрі көлеңке қуалап, ыстықтан қорғалауда. Осы тиыштықты бұзып, әлдеқайда шырқаған бір ән естіледі:
Азамат, сестеніп, көзіңді аш, жүрме бос,
Ұран сал алға бас, бірігіп тізе қос.
Қызыл ту шылауы — қорғаның,
Тізе қос, тізе қос, тізе қос...
Бұл — халық арасына көп тараған Сәкен Сейфуллиннің өлеңі. Жастар әнге салып, қосылып айтатын. Мынау жеке дауыс. Ұзын желінің басында, шаңқиған күн астында, бір тізесін бүгіп, екінші аяғын соған асып қойып, шалқасынан Таймас жатыр. Қасында — бие шелек, аузында — әлгі өлең. Тоқабай желіден ұзаңқырап шығып дәрет сындырып, одан ауылға барып, қол жуып қайтқанша, Таймас тоқтамай соға берді
― Жаман неме, бір шаршамайды екенсің, — деді Тоқабай келе. — Кімнен үйрендің? Мынауың тағы да бір жаңа ән ғой.
― Аманнан жазып алдым.
― Е-е, Аманның қолынан келгені сол-ақ болды ма?
― Басқа не күтіп едіңіз?
― Сондай оқуым болса, көрер едің? Оның ширегіне келмейтіндер әлдеқашан алдына мал салып, басына ақ үй тігіп алды. Ең болмаса, ақ үзік салып алды. Сапар ақсақалдың төрт сиыры не өшпейді, не өспейді. Мал таппаған жігіт ― жігіт пе тәйірі!
― Тоқа, қанша көп білсеңізде, осы жолы білмедіңіз.
― Ал, жаман неме, білгіш неме, үйрете қойшы!
Парақорларды, зорлықшыларды жақтап отырсыз. Сайлаубек, Әдқам, Шалабайлар сонымен жиғаны қайда малды?
― Соның өзі өнер. Жасықтың, жуастың қолынан келмейді.
― Беу, Тоқа-ай, ертеде ұры болғаныңыз қазір де көрініп тұр-ау! ― деп сықылықтап күліп еді Таймас, Тоқабай үстіне міне түсті:
― Сен шешеңнің жатырында жатқансың онда. Сығалап жатып па едің, қайдан білесі!і Ендігәрі айтамысың?! — дейді, алқымын сығып жатып.
― Айтпайын! Олда-білдә, айтпайын! Ағатай! — деп жалынды Таймас.
Тоқабай босатып жіберді. Екеуі, жастарының арасы алшақтығына қарамастан, құрдастай ойнайды. Енді күнге арқаларын төсей, қатарласа етпетінен жатып әңгімелесті:
― Ей! Қызыл тоқал сені неге жақсы көреді?
― Мені жақсы көре ме?
― «Көк шешек!» деп, кішкентай жұдырығымен қойып-қойып қалады. Сол жақсы көргені.
― Қойыңызшы, менің неме қызығады!
― Сенің мына күлімдеген мөлдір қара көзіңе қызығады. Күнге піскен мына жылтыр бетіңе қызығады... Бәрінен де ұстарадай өткірлігіңе, жалыны лапылдаған жастығыңа қызығады. Мырзада бұның бірі жоқ.
― Білмейсіз, ол Аманға қызығады, — деді Таймас, Тоқабай тақала жатып, құштарлана сұрастырды.
― Айтсаңшы, қайдан білдің?
― Аман келгенде, одан көзін алмайды. Келмесе: «Қайда екен?», «Неғып жүр екен?», «Білесің бе, кіммен жүреді?» — деп, маған маза бермейді.
― Аманды сылтауратып, өзіңді торуы да ғажап емес. Қайсысы болса да, саған соқпай кетпейтін болды. Жаман ит, қимылда енді.
― Сойқансыз, Тоқа! Мені Сібір айдаттырып жібермей ме?
― Қайдан біледі! Мырза жоқта екеуің бір үйде оңаша жатасың. Мырза: «күзетшім» десе, қызыл тоқал: «шұнағым» дейді. Сал сайранды! Бұл ұрлық тастай батып, судай сіңеді. Біліне қалған күннің өзінде совет өкіметі ол үшін соттамайды, «махаббат» дейді.
Таймас әнтек ойланып қалды. Албырт көңілі алға бір ала жөнелді де, жалт берді.
― Онда Қасенді былтыр он жылға неге соттады?
— Қасенді Жылқыбайдың тоқалына барғаны үшін кескен жоқ. Жылқыбайдың тор биесін ұрлады, ― деп кесті.
― Ұры емес еді ғой.
― Ұры емес-ті. Тоқалын қызғанған бай пәле салды. Ауылнай Байбол мөр басып, ол пәлені растады. Растағаны үшін үйіне ақ үзік жапты.
― Мені айдатып, тағы бір үзік жапсын дейсіз ғой! — деп, Таймас қарқылдап күле, атып тұрды орнынан. — Биенің сауыны болды, ағытайық, құлын ұшып кетер. Күн бүгін нағыз ми қайнар.
Биелердің желіні жаншылып, қытығы басылып, жуасып қалған. Оның үстіне ыстық, бегелек екі жақтап есін шығарып, бауырына отырған сауыншыны қайсыбірі байқамайды тіпті. Бұл Таймасқа жақсы болды. Бие сауғызып тұрып та әңгімелесіп тұр:
― Тоқа, сіз білесіз ғой, айтыңызшы: болыс күшті ме осы, болком күшті ме?
― Болкомның қолында не бар, болыс күшті де.
― Болыс пен милицияның қайсысы күшті?
― Болыс тұтқындай алмайды. Милиция тұтқындайды.
― Сот күшті ме, милиция күшті ме?
― Сот бәрінің енесін ұрып жібереді.
Бие сауып болған соң Тоқабай сүтті Таймасқа қалдырды да, құдық басына жөнелді.
― Мен астауды толтыра берейін. Сүтті апарып тастап, жылқыны айдап кел.
Таймас үйге сүт алып енгенде мырзаның қасында Мақаш қарт пен қызыл тоқал ғана барды. Мақаш келген шаруасын айтып отыр екен:
― Алыс жер. Сүйек те болса, көптен көріспеген сый жер. Атымыз дағарадай. Арық кекті мойынға қағып жетіп барсам: «Мына бишара біткен екен» дейді ғой. Досқа күлкі. дұшпанға таба қылма. Мініп баратын тақымға толы бір ат беp. Қайтып келісімен үйіріне қосам.
Шәкен маңдай терісі құрысып, жаратпай тыңдап отырса да:
― Жарайды, — деді. Шығып бара жатқан Таймасқа қандай ат берілетінін де айтып жіберді. Мақаш енді мәсі байпағының сөгілген ұртына бармағын тығып қойып, қызыл тоқалға бұрды бетті:
― Келін шырағым, мырзаның ескісі болса да, қарастыршы, мынамен жат елге қалай барам?
Қызыл тоқал не бар, не жоқ дей алмай, сипақтап қалғанда, мырза: беріп құтыл дегендей, иек көтерді. Былғары байпақ қолына тиген соң, Мақаш бөгелген жоқ, алғыс айтып, үйден шықты. Оның алғысына оңаша қалған мырза булығып отырып жауап қайырды:
― Көк төбет! Отыз жыл би болып, ел сорғанда бүйірі бip шыққан емес. Алғаны жылмай ағады артынан. Жаным-ау, қашанғы бере берерсің! Қылқып қойып, қолын жаяды да тұрады! Берсең ― бір пәле. Бермесең — екі пәле...
Көктің көлінде қымыз екеш қымызды есепсіз бермейтін сарабдал Шәкеннің Mақашқа бере беруі де, Мақаштың сұрай беруі де есепсіз емес-ті. Мақат ру басы, кезінде болған кісі. Қартайған шағында байлық пен биліктен бірдей айрылып, ата аруағын, сақал ағын саудалауға кірісті. Мал кеткен соң жер де кетті. Мақаш қорығы аталатын кең бидайық, Мақаш құдығы аталатын сүтті құдық Шәкен атына әзір көшпесе де, Шәкеннің пайдасына көшіп болған. Ру намысы, ата жолы, қазақ дәстүрі, әдет, ғұрып дегендер де байлыққа бағынып болған. Мақаш қазір, жапырағы жоқ, бұтағы қураған кәрі бәйтерек тәрізді. Шәкен оның күнде бір бұтағын сындырып алып, отына тамызық етеді. Сонда да ескі түбір Мақаштың көңілін аулап қояды. Ауламасқа амалы да аз. Ол бауыр басқан жүзге тарта түндіктің астында талай өжет, өp, тентек, талай шиі шыққан кедей, мырзадан жәбір көргендер бар. Мырзаға қолғабыс тигізіп, қасына еріп, шaбарманы боп жүргендердің, малшы-жалшылардың бірсыпырасы сол жүз түндіктен келген. Мырзаға бақ, дәулет біткенмен, басқа жарлы, өзі төмен әрі аз атадан шыққан. Сондықтан, бір Мақаштың сүйек тастап, көңілін аулайды да, жүзді жұдырықтап ұстайды.
Мақаштың тағы бір керек жері бар. Оның, кенже ұлы Сайлаубек орысша біраз сауатты, тентек жігіт. Тентектігіне атасынын, тозған аруағын ертіп, кедейлігін бетке ұстап, Совет тұсында азулы Малқармен ұстаса кетті. Совет жеңіп берді Малқарды. Жеті атасынан бері қолынан кетпеген болыстығын Сайлаубекке алып берді. Бірақ Сайлаубек ұзақ ұстап тұра алмады. Сайлау шыққан кезде Малқар қайтып алды. Азулы айғырға иығын алдырған сәуріктей, Сайлаубек елден безіп, Орынбор шығып кетті. Екі жағын егестіріп қойып, екеуін де өзіне жалынышты етіп келген Шәкен мырзаға болыс Малқардың да ішке түйген бірдемесі бар сияқты. Мақаштың көңілін аулаған сайын мырза бұны да ескертіп қоятын. «Болыспын, деп қиқаңдай берсе, ескі жараның аузы тырналар, қара шыбын үймелер» — деген ойын бүркей тұрып, бүкпесіз пішін көрсеткен болып жүр.
Мырза қазір тоқалмен оңаша қалып, Мақашты сырттан сыбағанда, осы жағдайлардан аса алмай, тек іштегі зәрін төкті. Ыстық күнге ыза қосылып, етжеңді кісі терлеп барады екен:
― Бәтеңкемді шешші! — деді тоқалға. Ботинкадан бастап, сырт киімдерін түгел шешті. Көйлек-дамбалшаң, мамық жастыққа шынтақтап жатып, тағы бір әдетін істеді:
― Аяғым сипашы!
Қызыл тоқал жүндес, жуан аяқты алдына сұлатып қойып, сүйріктей ақ саусақтарымен сырылдата сипағанда, мырзаның кепке бармай көзі жұмылды. Сипай берді ақ саусақ.
― Ассалаумаликум, — деп ауылнай Байбол кірді. Мырза тек көзін ашты. Басын көтерген жоқ, кісі келді-ау, деп қымсынған жоқ. Тоқалдың алдына екінші аяғың салып, шалқалай жатқан соң ғана тіл қатты:
― Бір жаққа барып қайттың ба?
― Иә, — деп, бота тірсек ауылнай ұзын мойнын бір бұлғаңдатып, тақала түсті. Сөйлеуге асығып-ақ отыр екен, жолсызда желген арбадай, салдырлата жөнелді. — Болыс шақырып, соған барып қайттым. Барлық ауылнай барыпты. Қысып-қысып жіберді. Тағы да салық келіпті. Біздің ауылнайға он ірі қара, он бес көлік түсті. Болыс өзі бізбен ере шықты жинауға. Қасында екі милициясы, өзінін, екі шабарманы бар. Қазір мына су бойындағы елден шығып, осылай келгелі жатыр, сонсоң алдын ала жортып кеттім. Қайтеміз, мырза? Беті қатты. Қолма-қол жинап келеді. Үшіншінің ауылнайын биттей кешіктірдік деп орнынан алып тастады. Өзіңіз білесіз, қашаннан бұл тотияйын болыс қой. Тезірек бөліп берсеңіз, мен жинай берер едім...
Байбол сасқанмен, Шәкен сасатын емес. Басын жаңа көтеріп, анықтай, ежіктей бастады:
― Бұл салық бір жиналып, алдақашан біткені қайда? Жоғарыға барғанда, толмай қалыпты. «Толтыр!» деп, қысып жатса керек.
― Неге толмайды? Түгел салмай, жеп қойған да. Жеп қояды да: «Өліп қалды» — деп, акт жасайды. Қазынаға акт керек емес, мал керек. Көлік салығы қалай түскен? Бұл елде түйе бар ма?
― Өгізді де көлік орнына ала беретін болыпты. Біздің өгіздер былай да қазнаның кіресін тартып жүр. Басқа өгіздің жайын өздерің білесің.
― Ол жағы оңай, — деді ауылнай, — өгізі барлар белгілі. Көнбecе, милиция ертіп жүріп жинаймын. Мына он қараны бөліп беріңізші.
― Ауыл-ауылдың, әр атаның, ақсақалдарын жинап, өздерің-ақ бөліп тастамайсыңдар ма?
― Тек нұсқап жіберсеңізші, аржағын езім білем ғой.
Мырза сәл ойланып барып, нұсқауын ескертті:
― Онда, он емес, он екі қара, — дегейсің. Сонсоң ақсақалдармен бас қосып отырып, төртке бөліңдер: үшеуін Байсекеңе, үшеуін Сарекеңе, төртеуін Ақбекеңе берерсіңдер. Ауыл-ауыл, ата-ата осылай өз сыбағасын алған соң, өзара бөлісе жатар, сен оған кіріспе, обал-сауабын өздеріне таста.
― Қалған екі қараны ше?
― Біреуін мен жеке алған болайын. Бірақ дәмеленбе, төлемеймін. Біреуін Жылқыбай алсын. Оны болыс екеуің бөліп, ауызға саларсыңдар.
Ауылнай жымың еткенде, жадағай жатқан жалпақ мұрны бір делдиді. Осы үйден былтыр сұрап алған сия қарындаштың тұқылы ғана қалған екен, соны кертіп байлап, жіңішке кендірмен омырауына арқандап тастапты, ала сала жалап қойып, жаза бастады. Ақ киіз сумка тізеде, түтеленген қойын дәптер қолда, басында мырзаның ескі шляпасы, аяғында саптама етік, сұқ қолына атын жаздырып, добалдай күміс жүзік салыпты. Байқаған кісіге ауылнайдың сыртқы тұрпаты да көп нәрсені аңғартып тұр. Ол қымызға қанып, мырзаның нұсқауын жазып алып, жөнеле бергенде:
― Тоқташы! — деді мырза. Тоқтатып қойып, тұрып барды да, папкасынан жазусыз ақ қағаздар шығарды. — Мөріңді басшы. Анада басқандарың таусылып қалды.
Байбол қолын қойнына тығып жіберіп, мықшиып тұрып, алыстағы ішкі қолтық қалтадан ескі шүберек алып шықты. Шүберектің ішінен дөңгелек мөрдің жұқа резинкасын шығарды. Оны әуелі түкіріктеп, оған жарымаған соң тура тілімен жалап, сия қарындашты езді де, ақ қағазға баса берді. Мырза: «Жетер енді» — дегенде ғана тоқтады. Тілі, ерні түгіл, бүкіл бетін сия сатпақтағанын байқаған жоқ. Сол түрімен тысқа шыға келгенде, босағадан кіріп, сүтке тиіп шыға келген бет-аузы күйе-күйе ұры күшікке ұқсап тұрғанын да байқаған жоқ. Атына міне сала, оқшау отырған ақ үзікті, қызыл тулы үйіне қарай шоқыта жөнелді. Әйелі анадайдан танып қарсы алды. Атын байлады. Неліктен екенін кім білсін, күйеуін мырза дейді екен. Есік ашып енгізді.
― Шаршадыңыз ба, мырза? — деп, қылымсып тұр.
― Азырақ демалайын. Күн қайта тағы кетем.
Әйел мырзасын шешіндіріп, киімдерін іліп, қалтасында мөр жатқан қара жилетканы бас жаққа апарып тықты. Соның үстіне қос жастық тастап, мырзасын жер-төсекке сұлатып салып қойды. Мырзаның мінезі әп-сәтте өзгеріп кетіпті. Аузы ауыр, паң, сөйлеуге ерінеді. Біресе болмашы мұртын ширатып едірейтеді. Біресе теке көзін үлкейте түсіп адырайтады. Саптама етіктен пысынап шыққан шуашты аяғын бір кезде әйелінің алдына салды да:
― Сипашы! — деді. Шамасы келгенше Шәкен мырзаға ұқсап жатыр. Әйелі: «Шынымен-ақ болып қалды» — десе керек, сасық аяқтың аңқыған исін сезбестен, сипай берді.
― Тоба! Бірдеме түртіп жүр-ау!
― Кімге ашуланып келдіңіз? Бәсе, ішім сезе қойып еді.
― Әлгі дорақты айтамын! Аманды!
― Бетім-ау, ол неғыпты?!
― Кеше болыстың шақыруымен асығып бара жатсам, Сапардың қара домалақтарының бірі: «Ауылнай салды ақ үзік, әділеттен қол үзіп» деп жүр. «Кім үйретті?» десем: «Аман ағатайым үйреткен» дейді. Әділеті не соның, сен білемісің?
― Қайдам... Әнеугі Әділбектен алғанды айтпаса! Әйтеуір ақ үзікті қосуы жақсы емес.
― Онда несі бар?! Алсам, Жылқыбайдан алдым киізді.
― «Қасенді қаралап алды» дейтін көрінеді жұрт.
― Қасен қашан ақ еді? Top биені былай қойғанда, тоқалдың қойнынан суырып алғаны аз ба? Оттайды ағайым. Өңкей дорақ! Бар болсаң көре алмайды. Жоқ болсаң асырай алмайды. «Есектің бірдемесін жусаң да мал тап» деген. Мен соны білем...
Ауылнай ашумен ісінiп, оңашa үйге сыймай жатқанда, жұрт болыстың келе жатқанынан хабарланып қойыпты. Әр ауылдың бас көтерері атқа мініп, Шәкен аулына қарай келеді. Болыс келсе, не салық не дау әкелетіні мәлім. Сондықтан, әрбір бас көтерер басына сыйғанша есеп-айласын ала келеді.
Ертесі Су бойындағы елден бір топ адам жүгірте шықты белге. Белге шығысымен жүрістерін бәсеңдетіп, бетін Шәкен аулына түзедi. Жылпос Жақып көре сала, ақ үйге зып беріп еніп кетті.
― Мырза! Болыстар келе жатыр. Қайда түсіреміз?
― Қонақ үйге түсір, ― деді Шәкен. Әлі көйлек-дамбалдың бауын көтерген жоқ. Әдетте құрметтеген қонағын өз үйіне түсіретін де, жатарда ғана қонақ үйге жіберетін. Жақып бұл қалай деп тұрғанда, мырза бетін анықтай түсті. Күн әлі ерте ғой, түстік жеген соң кетер.
Жақып жаңа түсінді. Mал санағын бергенде, мырза ылғи бір ірі қараны бармағының астына бүгіп қалатын. Биыл жылдағыдан көбірек түсті. Сол жасыpғaн малды босатпай сырттан қосып жіберсе керек. Мырза бұл жайды оған айта алмайды, не қуына алмайды. Тек анда – санда бұғып кетеді. Сондықтан “ Осыдан басқа не істейсің маған” деп, көңілі көтеріңкі бай қырын бip көрсетіп қойғысы келгенге ұқсайды.
Болыс бұны күтпеген екен. Ат басын тура ақ үйге тіреуге беттегенде, даяшылар алдынан тосып, қоңыр үйге бұрып әкетті. Он бес, жиырма кісі. Төртеуі милиция мен почтовой. Өзгесі әр рудың, атаның бетке шығарлары, болыстың ертеден тізелестері. Бәрі томсара қалыпты. Айтпаса да белгілі, мынау үйді қомсынып: “ Ақ oрдаға неге түсірмеді. Шәкен неге көрінбейді?” деп отыр. Малқар болыс әдетінше, бір шақырып қойды. Түбi тым бaтыңқы, ұш жағы көтеріңкі, кесектілеу келген мұрны әмән бітіп жүреді. Сондықтан ашық даусына азырақ мыңқыл қосылып, демін ылғи аузынан шығаратын кісі еді.
― Ауылнай қайда, келсін! ― деді мыңқылдап. Сүзіле қарайтын күңгірт қoңыp көзi ызбарлы, шекесі қысыңқы, сарғылт жүзі шаңытып тұр. Шабарманның бірі ытып кетті. Тірсегі имиіп алға, белі бүктеліп алға тарқан ұзын Байбол асыға кірді есіктен. Амандаспастан, отыруға мұрша берместен, тік тұрғызып қойып терлей жөнелді Малқар.
― Дайын ба?
― Дайындап жатырмыз. Бөлісіп болып қалдық. Жинауы әп-сәтте. Ел жиын ғой..
― Қалай бөліп жатырсыңдар?
Байбол Шәкеннен алған нұсқауы бойынша айтып шықты. «Тағы да өлім-жітімі болса, толмай қалмасын деп, бірер қараны артығырақ қамтыдық», — дегенде, болыс түсіне қалды, кірісі жұмсап сала берді.
― Әйтеуір, арты даусыз болсын.
― Ақсақалдардың алдына салдым. Төрт көзі түгел. Кім шатақ шығарады!
― Бар, тездет. Салық малын, кіре көлігін апарып табыс ететін адамдарың да әзір болсын. Көмек керек болса, милиция ал.
Байбол үйден жүгіре, ісіне шықты. «Милиция ал!» — деген сөздің өзі шоқтығын бір сүйем көтерді. Алған кезде қанша көтеретінін құдай білсін.
Жиынның үлкені далада көрінеді. Екі-екіден, үш-үштен оңаша кетіп, сыбыр-сыбыр сөйлескен адамдар. Сөзге ене алмаған жігіт-желең, кәрі-құртаңдар — өз алдына бір топ. Тымық күнде түтіні биіктей ұшқан, ас үйдің алдындағы жерошақ маңы да қарақұрық. Осылардың арасында шарқ ұрып жүрген үшеу: жылпос Жақып, ауылнай Байбол, шабарман Шөгел. Шөгел тек шабарман ғана емес. Малқардың оң көзі, атса — мылтығы, шапса — қылышы. Шөгел сөзінен Малқар сөзін, Шөгел көңілінен Малқар көңілін танып отырады жұрт. Бірде ашадды, бірде аяр Шөгел, қай елге келсең де, кіммен сөйлессе де, ішке кіре біледі. Қазір сыбырласып, ымдасып, зыр қағып жүргенде өзінің бір жоғын іздеп жүр екен. Топас Байболды түйе жүн шекпеннің жеңінен жетелеп, оңаша алып шықты.
― Ей, ит, саған сіңірген еңбегім аз емес-ті. Бірдемеге жараймысың? — деп тұр. Ит дегенде, ол аяр күлкімен тек тісін ақситты. Байболдың салпы аузы жуықта жиылмай, ырсиып қалды.
― Не керек еді?
― Жүйрік тазы, жүйрік ат кімде бар бұл маңда? Болыстың тазысын біреу қалап әкетіп, тазысыз қалды. Бәйге кер қартайды. Жүйріксіз отыра алмайтын кісі ғой бұл.
― Біздің мырзаның, ондаймен зауқы жоқ. Сапардың Аманында екі тазы бар. Үйіне биыл ғана жетті. Осы жазда екі қасқыр алды. Бірақ бермейді. Кірме нағашысы болатын, соны ие қылып қойды. Ол бір мұжық. Ала алсаңдар, әне соның көк бестісін алыңдар. Жылқының суреті, жылқының жүйрігі. Осы күннің өзінде алдына мал салмай қойды.
― Көрсетші!
Байбол жан-жаққа көз жіберіп тұрып, тапты. Үйездеген бір үйір жылқыға қарай Шөгелді бастады. Көк бесті Аманның бозымен бірге осы үйірде. Екеуі де мініліп жүрген capы тап, жарау.
Шөгел көрген жерде өле түсті.
― Қайтсе де алу керек! Амалын тап!
― Ол сатпайды. Қолқалағаныңа бермейді. Бір ғана амал бар. Сұрап сезіктендірмеңдер, лауға деп мін де, сіңіріп кет. Жеңген күнде бір бесті алар. Қазір төрт бестіге ала алмайсың.
Таныс әдіс миға тез қонды. Шөгел ауылға келе-ақ, атына міне сала, жүгіртіп келіп көк бетіге құрық тастады. Сол жерде астындағы лау атты босатып, мініп те алды. Жиын отырған қалың елді қақ жарып, баяғы почтовой жүріске салып барады. Сол бетімен бел асты. Бел астында Су бойындағы елден жинаған салық малы қаптап келеді. Ол малдың ішінде болыстың алған паралары бар. Соны түгендегелі келді. Шөгел, Көбінің түсі-түгін ұмытып қалыпты. Бірақ әккі парақор құйрықтарын кесіп, белгілеген екен. Кесілген құйрық жиырмаға жеткенде, көңілі демдеді. Малшыларға: “ Сақ болыңдар!” — деп, қайта шапты. Көк бесті тақымына әбден жағыпты. Тізгінін босатыңқырап, ағызып-ағызып алғанда көзінен жас парлайды. Әкесі өлгендей құйғытып келді ауылға.
Сыздық ыстықтан қорғалап, түндікті жауып жатқан. Далаға шыға келсе, мырзаның аулында адам қаптап жүр. Жон жақтан көк атпен ағызып келіп, біреу тоқтады. Ұйқылы көзін уқалай, жүгіре басып, Сыздық та жөнелді. «Япырау, менің көк бестім бе?!» — деп, дүрс-дүрс соғады жүрегі. Дәл өзі екен. Құлағы тас төбесінде, терге шомылғaн, жез мойын жануар елеңдеп, қонақ үйдің сыртында жалғыз байлаулы тұр. Малқар көз тоқтата қарады да, қасындағы Шөгелге бір мыңқ етіп, үйге еніп кетті. Шөгел мен екі милиционер аттың қасында қалды.
― Ағатай-ай, жаныма балаған жалғыз атым еді, бұнша неге сабылттыңыз? — деді Сыздық келе.
― Ештеме көрмеген жігіт екенсің, ат терін сөз қылып тұрғаның... — деп, Шөгел тыңдағысы келмей, қойқаң-қойқаң жүріп кетті.
― Жалғыз аттың тері жанға батады да.
― Өзің үкіметке әлі бағынбаған немесің? Тіпті лау бергің келмейді ғой.
― Ағатай-ау, лау кезегі біздікі емес-ті.
― «Лау кезегі қайсыңдікі?» деп жүрсем-ау!
― Қайтейін, арам тері шығар төгілген. Ер-тоқымыңызды алыңызшы.
― Әй, әй, жақындама! Әзір қайтпайды. Анау бел астындағы елдерден қайтарам, — деді де, атқа тақалған Сыздықты Шөгел қағып жіберді. Милиционерлер өңдерін суытып, көз аларта бір қарады. Сыздықтың көзінен жас атып кетті. Болмасын білген соң, тұра жөнелді ауылға. Қорлық пен зорлықты көтере алмай, еңіреп келеді оңашада. Сол бетінде Сапардікіне келіп енді.
Сапар, әдетінше, алдына жастық қойып, «Хикматты» көзілдіріксіз оқып отырған. Ұзын кірпіктерін жай көтеріп Сыздыққа қарағанда, шошып қалды.
― Не болды?!
Оқиғаны естіген сайын Сапардың жүндес бетінің түктері тіріле беріп, Сыздықты қаға тыңдап болған кезде тегіс тікірейіп кетті.
― Салған екен қырғиын. Бәріміз торғай болмайық! Момынды залымнан қорғау — пайғамбар жолы, үкімет жолы! — деді де орнынан тұрды. Әйелі етегінен ұстай алып, сөзбен баспалатып жатыр:
― Желікпе, әрмен әрі! Қартайғанда біреудің қолы тисе, тілі тисе қайтесің? Өлім-дағы! Желіктірме, Сыздық. Мынау біреудің қолында өледі. Келіп-келіп, кәртайғанда, балаң ержеткенде, не іздеп барасың?!
― Тарт, босат етегімді! Жаманның жаны балдан тәтті.
― Ұста, Сыздық жіберме! Атың құрсын, онан әрі кетсін. Балалар, жүгір! Аманды тап!
Төрт қара домалақ бірден Аманды іздеп шапқылай жөнелді. Ол табылғанша бірталай уақыт өтті. Сапар сабасына түсіңкіреді.
― Жаман ит-ау! — деді Сыздыққа. — Жалғыз атыңды беріп, жылап келермісің!
― Қайтейін, жалғыз?
― Неге жалғызсың! Құдай сен жақта, халық сен жақта, үкімет сен жақта. Енді не керек?
― Ойбай-ау, болысың, поштабайың, мелитсаң ғой осыны істеп отырған!
― Жо-жоқ! Олар үкімет емес. Үкімет — кеше келіп кеткен Жұмабектер. Өзің көрдің: кедей ауыл деп, бізден лау да мінбей кетті. Әне, үкімет адамы солай, бетегеден биік, кедеден аласа болады. Әттең, Жұмабек Қалқалар әзір аз. Сонсоң ел аулақта доңыз төбеге шығады. Міне, баяғы Малқар, баяғы Шөгелдер шыға келді...
Жайшылықта аз сөйлеп, көп тыңдайтын Сапар бір көтерілсе жуықта басылмай, шешен болып кетеді екен. Сөйлеген сайын ашуы тарап, арнасына түскен кезде Аман кірді.Қасында Нұрғали мен Ізбасар бар. Сыздық бұларға да болған оқиғаны бастан-аяқ айтып берді.
― Шешең мені бажылдап жібермей қойды, Аман, — деп, енді күлімсіреді Сапар. — Бұл тұқымымен, анау отырған Сыздығымен қорқақ. Сен нағашыларыңа тартып кетпесең, бар, атын алып бер!
― Маған бере ме?
― Неге бермейді? Ақысы бар ма? Бүгін атын тартып алса, ертең оның қатынын тартып әкетер. Намыс қайда? Ақиқат қайда?
― Оныңыз дұрыс қой, аға. Бірақ осындайдан аулақ жүрсем деп едім.
― Аулақ қойып отыр ма? Онда сені қапқа салып сақтайық.
Нұрғали кеңкілдеп күліп жіберді. Аман қызарып кетті. Сапар енді бұйыра сөйледi баласына:
― Сөзді қой! Бар! Қайтсең де алып бер! Бармасаң, өзім барам. Ол залымдардың ойы белгілі, атқа қызығып жүр. Қайтармай кетеді. Лау дегені — сылтау.
― Сонда сіңіре ме?І
― Әбден сіңіреді. Қағаздасып жеңіп алғанша көзіңе көк шыбын үймелейді. Барымталассаң, шабыссаң, өзіңді айыптайды. Қазақ жолымен мықтасаң, бір бесті аласың. Бұндайдың талайын түгімен жұтқан олар. Емі — ат қолда тұрғанда қимылдау. Отырмаңдар!
Аман ойлы пішінмен орнынан тұрды. Нұрғали, Сыздық, Iзбасарлар қасына ерді. Төмен қарап келе жатып, былай шыққан соң:
― Атты бермесе қайтеміз, жігіттер? — деді Аман. Ешқайсысы жауап қайырмады. Өз сұрағына өзі берді жауапты. ― Онда амалсыздан жанжалға барамыз да.
― Қой, жанжалы құрсын! — деп дыз ете түсті Нұрғали. Аман мырс-мырс күліп жіберді де, қалжыңдады:
― Құдай саған осынша дене, осынша күш бергенде, тым құрыса, шақпақ отындай жылт ететін бірдемені аяды-ау! Әгәр жанжал шыға қалса, сен береке таптырмассың. Тек қаша жөнелме, айналайын! Осы тұлғаңмен қабағыңды түйiп, қасымда күдірейіп тұршы. Сол жетеді.
― Оттама! — деген болды Нұрғали. Әлден-ақ өңі бұзыла бастапты, үндемейді, қорқақтығын білдірмеген болады. Ол әсіресе қызмет адамдарынан, қаламға ілігуден қатты қорқатын. Қазір ұялғанынан қала алмай келеді.
Бұлар ауылға тақалғанда Шәкен өз үйінен шығып, қасында жылпос Жақып, қонақ үйге барып енді. Артында есіктен қарап қалған қызыл тоқалдың көзі Амандарға түсті. Есікті жауып алып, босағадан сығалап тұр енді. Жалаң ол емес. Орысша тәуір киінген жігітке даладағы жиын ішінен талайлар назар аударды. Милиция мен шабармандар, «бұл кім елі?!» дегендей, таңырқай қалыпты. Шөгел Сыздықты таныған соң ғана: «Тәйірі, соның жиені екен ғой» — деді ішінен. Аты шықпаған, обал-сауап демей, мал таппаған жігіт — Шөгелдің ойынша — момын, жасық, өнерпаз. «Аруақ жебеген» азулы болыстың өркөкірек шабарманы тәкаппар мінезбен қарсы алды Аманды. Салған жерден бойына дарытпай, сағын сындырғысы келіп:
― Ей, жігіт! — деді Сыздыққа анадайдан. — Үйіңе қайт та, киініп кел! Осы ортадан жиылған салық малын Ақмолаға айдап апарасың. Жоғалса — төлейсің.
Сыздықтың көзі үлкейіп кетті. Аман кірісті сөзге:
― Елден ала-бөтен Сыздық мал айдайды, Сыздық лау тартады. Жазығы не?
― Шырағым саған сөз салған ешкім жоқ. Килікпе!
― Мен әдейі киліккелі келдім. Соның атына бола келдім.
― Атын лауға міндік, қайырамыз мынау елден.
― Лауға басқа ат тауып берейік. Бұл біреудің маңдайына біткен жалғыз аты. Жүйрік аты. Бекер қинағансыз. — Дауыс көтеріңкі шыға бастады. Даладағы жиын елеңдеп, біртіндеп бері тақала берді. Қонақ үйдің ішінде қымызға қызғандар тыстағы әңгімені байқаған жоқ, өзді-өзі дуылдасып отыр. Байбол ойдағы ауылдардан шауып келді де, милиционердің біріне сыбырлап, ерте жөнелді. Шөгел сөйлескісі келмей, солардың соңынан, көк бестіге мініп, жөнеле бергенде, Аман шаужайынан ұстай алды.
― Атты тастап кетіңіз!
― Ұстама шаужайымнан! Оқулы, өнерлі болсаң, орның — анау Орынбор, Ақмола. Ауылдағы пысықтық өзімнен де артылмайды! — - деп Шөгел ащы тілін сұғып-сұғып жіберді. Сөйтіп, атты борбайға осып қалып, омыраулата бергенде, Аман аттан тымақтай жұлып алды. Ұрған да, боқтаған да жоқ, жағасынан буындыра ұстаған бетте, шалқасынан жықты да, кеудесіне мініп отырып, құшырлана тізерледі. Жұрт жиылып қалған. Шегір көз татар милиционер шақар-ақ секілді еді, жуасып, арашашы бола қалыпты.
― Иптәш, бу интеллигент іші тугил! Тұтмаңыз яқасынан! Уләрга қалды мискін... — деп, Аманның қолын жаза алмай жатып та, бір көзі Нұрғалида. Нұрғалидың өңі қу шүберектей, дәу денесі дір қағады. Оның қорқып дірілдегенін милиционер сезбепті. Күші кернеп, ашу қысып тұр, десе керек:
― Сіз қызмаңызшы! Оллаһи, харап итәсиз, қызмаңыз! ― деп қояды оған.
Шынында, бұл жиылғандардың ішінде қатты қызған Әбекең мен Тоқабай. Әбекең үйіндегі қонақтарын ерте келген. Солардың алдында, дабы дамбалының ауы салақтай, қойқаң-қойқаң жүріп:
― Бұл біздің ініміз! ― дегенде, аяқтарын талтаң-талтаң басады. Тоқабай қасындағы Таймасқа сүйсіне күбірлеп тұр:
― Айналайын-ай, ішінде екен ғой бәрі! Езсін шошқаны, езсін! Кімді езбеді ол!
Үй iшiнде дуылдағандар, Шәкен кіргенде басыла қалған. Бастығы Малқар болып орындарынан тік тұрып қол берді. Шәкен Малқармен, тағы бірен-саран адаммен қысқа амандасты да, тұс-тұстан амандық жаудырып жатқандарға иегін бір көтере салды. Ешкімге қарамады, шүйіркелеспеді. Көзін босағаға жіберіп, басын жоғары ұстап, тапжылмай, тәкаппар отыр. Бұнысы — Малқарға көрсеткен бір қыры. Бастас, замандас азулы болысты көп қонақтың біріндей қонақ үйге түсіріп, қонақ үйден жөнелтпек. Бұ да қыр көрсеткені еді. Енді тезірек кетіргісі келіп:
― Сәлемдесіп кеткелі кірдім. Кешкі салқынмен жүрем, — деді, қабағын шытынып қойып. — Орынборға жөнелтетін асығыс хат, телеграмдар бар. Бұл арадан жиналатын алым-салық мен жүргенше жиналып бітеді. Тапсырамын.
Сапырулы сары қымыз қарын тойдырып, шеке қыздырғанмен, мырзаның тәкаппар мінезі Малқарды мазақтап, Малқардың оған кәрі жыны қоза жаздап отырғанда, сырттан естілген айғай-шу лап беріп үйге енді. Аман мен Шөгелге дүрліге қарады бәрі. Ашылмаған қыз мінез Аманның өңі енді тіпті суық: қанын ішіне тартып алған, сұп-сұр; қызғылт көзінде нажағай ойнайды, қалың қабағы жауар күндей түнеріп кетіпті. Дәл қазір ештемеден тайынар емес, төрдегілерге тайсалмай, тура қарап тұр.
— Міне көріңдер, өмірімде көрмеген қорлығым! Қазына жұмысына лау мінгенім үшін істеді осыны! — деп, Шөгел қара сәтен бешпентінің қақ айрылған жағасын, жер жыртып қанталаған шекесін көрсетті.
Қымыз ішусіз, жұрт тілсіз қалды біразға дейін.
― Жыртқаның — Шөгелдің жағасы емес, менің жағам, бала! — деді Малқар. Лезде, өрт сөндіргендей, түтіге қалыпты. Ыза буып, одан әрі сөйлей алмады. Аман болыстың өзінен де ыққан жоқ:
― Кімнің жағасы болса да, жыртуға тура келді! — дегенде, арт жақта, сыртта үйді қоршап дуылдағандардың ішінен бір дауыс ашық естілді:
― Қарағым, көп жаса!
Аман бұдан әрі тұрмады. «Қолыңнан екі келсе, бірін қыл» дегенді аңғартқан соң, топты жарып, еркін басып шығып кетті.
ҰШҚЫНДАР
I
Пішен уақыты. Елге лық толы Қымыздықты сай ортайып қалыпты. Әр ауылдан үй көшіп, тісі түскен ауыздай опырайып тұр. Маңайдағы от шайылған, жер беті қуаң тартқан. Көшкен үйлердің жұрты әлі көгерген жоқ: қоқсып, шымы тапталып, өлі жатыр. Тек кереге түбінде, жүк астында сақталған шөптер ғана тірі.
Сапар отырған қалың ауыл тік көтеріле кеткен. Жұртта Сапар мен Әлжандікі ғана бар, екеуі екі жерде, аралары алшақ. Бұлар да көшуге қамданып, Әлжан мен Аман аттарына мінді. Құдық басында шор аяқ күрең тұр, екеуі соны көріп, суарып жіберуге құдыққа бұрылды.
Күрең ат Сапардың аяқ артып келген жалғыз шобыры болатын. Былтырдан бері кәрі ақсағы дендеді. Сапарға биыл соғымның орайы келмеді. Сонсоң Сапекең: «Атқа мініп, енді мен не бітірем? Ат болып ақсақ күрең не бітіреді?» деген де, жалқұйрығын күзеп, соғымға жіберген.
― Көзім тимесін, тіпә-тіпә, — деді Әлжан, ақсақ күреңнің қасына келе бере. — Қысылып жүрген жануар, арқасы босаған соң, майланып-ақ қалған екен. Аман болса, соғымға дейін бұтын көтере алмас.
― Жылқы да шошқаша семіре алады білем.
― Қой, кәпірдің атын атап неғыласың!
Күреңді суарып, жөнеле бергенде, торы тайға жайдақ мініп, ызғытып Таймас жетті арттарынан.
― Аман, саған мырза соға кетсін деді.
Әлжан аяңдай берді. Аман артынан қуып жетпек болып, Таймасқа ере, мырзаға келді. Мырзаның өңі жылы, қабағы көтеріңкі, тіпті күлімдей қарсы алды. Сәлем үстінде-ақ қамқорлығын білдіріп жатыр:
― Шырағым, жүйрік атты көк иық болғанша міне берсең, жүгірмейді.
― Басқа мінгіш жоқ қой. Әкей жалғыз шолағын соғым соғымға жіберген.
― Таймас, баршы! Боздың ерін тобылғы торыға ертте. Бозды қоя бер, оңалсын, — деді де, мырза үйіне бастады. — Жүр, қымыз ішейік. Торыны үйіріне қыстан шығарып қосарсыңдар.
Жазы-қысы жайлаған жалғыз боздың арқасы босауы, Аманға өз арқасы босағандай сезілді. Ақ үйдің төріне жеткенше, оның көңілінде күз болып, қар түсіп, боз атты семізден жаратып, қос тазымен Сыздық екеуі қасқыр соғып жүрді. Төрге шыққан соң, көңілді қызыл тоқал аударып әкетті. Жаулық киіпті! Жасы әлі жиырмаға жеткен жоқ. Ерге шыққалы жылдан асты. Ерінен жиырма алты жас кіші. Ал істейтіні — үлкеннің ісі. Дегенмен, желек астында жастық исі аңқып тұратын; Аманның “жеңгей” деуге аузы бармайтын. Енді мына жаулық өзінен кіші қызды үлкейтіп жібергендей немесе мырзаға мұрнын тесіп, біржола бұйдалап бергендей әсер етті.
Қызыл тоқал «оның рас» дегенді көзімен ғана аңғартып қояды. Мөлдір қара көзі Аманға телміріп, әлденені сұрағандай, «айтсаңшы!» деп қиылғандай болатын. Бұл жолы да қара көз телміре қарады. Бірақ бұрынғыдай мөлдір, ойнақы емес, күңгірт тартып, баяу қозғалады. Жас па, ой ма, қайғы ма, — әйтеуір, жаулықпен бірге бір көлеңке басыпты. Жағын жібекпен жиып, ұсақ меруерттер тізген екен, ақ торғын жаулықтың ішінде уылжыған жас әйел үріп ауызға салғандай. Әйтпесе ақ тұйғынша қолға қондырып не ақ гүлше омырауға тағып алғандай. Әттең, қасындағы шомбал қара, аюша, ұясына басып алған, маңына жан жолатар емес. Аман мен тоқал тек көздерін ғана түйістіріп отыр. Оның өзін ұрлап істейді. Неге ұрлайды, неге түйісе береді көздер? Анығын әлі өздері де білмейді.
— Шолпан, қымыз құй! — деді бай, жуан кеудесімен тоқалына бұрыла қарап. Шолпан екеуіне екі аяқ қымыз әкеліп ұсынғанда, — Балам, — деп, енді Аманға бұрылды, — біреу оқу, біреу қызмет іздеп кетіп, ел ішінде бас көтерердің өзі қалмауға айналды. Ойлап тұрсам, үлкеннен мен, жастан сен екенсің қалған. Ел әңгімесіз болмайды. Оған тағы тартпай қоймайды. Маған серік бол. Малқардың сағын сындырғаныңа қатты ырзамын. Ол сенің қапыңды бір таппақ. Тәуекел, көрерміз.
Аманның ішін қымыздан бұрын жылы сөздер жылытып бара жатса да, әдетінше, үндемей тыңдай берді. Мырза аз үзіліс жасап, қымызын шайқап ішіп отырғанда, көзіне жас келді. Қанша жас келгенін білдірмей орамалмен сүртіне береді. Көп жылаған кісіше, мұрнын бір қатты сіңбіріп тастап, қайта кірісті сөзге:
― Әншейін, Мақашты ойлап көңілім бұзылғаны. Қартайғанда кедейлік басып қажыпты сабаз. Оған да бір аттың майын бердім. Дәме ететін ағайын көп, шырағым, өзімсінеді ғой. Бәріне жеткізе алмайсың. Өзімді бір тілесем, осы елді екі тілеп, түн ұйқым төрт бөлінеді...
Шәкенді тыңдаған сайын Аманның бұрынғы ойы бытырап барады. Ол ой өзінің өмір тәжірибесінен емес, әркімнің айтуынан құралған. Шәкенді. паң дейтін. Қазір тіпті кішіпейіл. Сараң дейтін. Керісінше, мырза. Қатыгез дегендері де бекер. Жылап, түн ұйқысын төрт бөліп отырып, ел тілегін тілеген кісі қатыгез бола ма? Әзір алдап не алданып, тіс қақпаған аңқау жас, жасамыс адамның қай жықпылында не жатқанын қайдан білсін, сезіне, көзінің, жасына қарап, сеніп қалды.
Бұндай адал пейіл, жас пейілдердің талайын шоңқитқан мырза көңілі демдегендей, енді шынтақтай бере:
― Шолпан, жастық әперші, — деді. Жұмсағаны жалынған тәрізді. Дауысы тіпті нәзік, жылы шықты. Жайнаған кең орданың ішінде ақ торғынға оранып, аяғы көрінбей, әсем жылжып бара жатқан Шолпан айдын көлде жүзген аққу секілді көрінді Аманға. Шолпан иіліп келіп, жастық қойып жатқанда, мырзаның жайшылықтағы зіл, паң мінезінің, бірі қалған жоқ. Ауыр денесін шапшаң көтеріп, жаутаңдай, күлімсірей қарады оның бетіне. «Шолпан?» деп, атын жиі атағанда да, қыртысы қалың арқасын, жүндес аяғын дамыл-дамыл сипатқанда да, сүйгендіктен істейтін тәрізді. Әр адамның бойында бір осалдығы болса, қатал мырза нақсүйер тоқалының алдында жұмсақ-ақ. Тоқалдың көбі күн, орнында салпақтап жүргенде, мырза бүлдеге бөлеп, бетіне қарап отыр. Тоқал онысын әбден бағалайды. Сүйіп алған жарыңмын, — деп керілмей, қол балаша, қабағымен ұшып жүр. Бірақ өз қабағындағы кірбең не екенін айтпады.
― Шолпан, бір жерің ауыра ма? — деп еді мырза, өзі ауырғандай шытынып.
― Жоқ, — деді.
Әлде үйіңді сағындың ба?
― Жоқ, — дей салды Шолпан.
Аман: «Болдым» — деп, аяқты ұсынғанда.
― Тағы да бір ішіңіз, — деп, қайта құйып әкелді. Шолпанның «іше түсші, отыра түсші» деген ықыласын айтпай-ақ әбден түсінсе де, өзі осы үйден шыққысы келмей отырса да Аман жүруге қамданды:
― Поселке жаққа бара жатыр едік. Лұқсат болса?..
― Лұқсат, шырағым. Әншейін есіңде жүрсін, — деп айттым жаңағы сөздерді.
Тобылғы торы өкпе-бауырдай жалы бар, жатаған келген, тұрықты жылқы екен. Үсті жайлы, бірсыдырғы желісі бар көрінеді. Аман ауылдан бұлан құйрықтата шығып, ұзаңқыраған соң, желдіріп-желдіріп алды. Олжаң ақырын жүрсе де, ұзап, бірнеше белдерден асып кетіпті. Көрінбейді. Итжонды мекендеген көп суыр ел аулақта індерінен ұзап жайылып, үйіp-үйірімен жүр. Өте сақ. Аманды анадайдан көреді, ініне жеткенше шыбыны қалмай, мыртың-мыртың жүгіреді. Жетіп алған соң, інінің басында батырсынып тұрып, шақылдайды, мазақтайды. Жақындасаң, құйрығын шошаң еткізіп, еніп кетеді інге. Бір сайдың ішінен бүкшеңдеп борсық тура жөнелді. Аман бастырып кеп берді. Тез-ақ жетті. Бірақ қамшыдан басқа қаруы жоқ. Майлы қабырғадан көміп өтеді. Мыңқ етпейді борсық. Осал жері — қара тұмсығы. Оны ішіне қарай тұқырып алған, қамшы тимей жүр. Басқа жерден тигенге елер емес. Сөйтіп жүргенде бір інге қойды да кетті. Басатын қақпан жоқ. Ыстауға от та жоқ. Аман амалы құрып кете барды.
Жаз шығып, қыс індерінде жатып қалатын суыр, борсықтар ғана көп емес. Қыс бойы елсіз, қары қалың бұл жондарда қарсақ, күзен, ақтиін, қоян, қасқыр сияқты жазы-қысы бірдей жортатын аңдар да көбейіп кеткен. Тек түлкі жоқ. Қыс күндері бұнда аңшылар келе алмайды, кереғар. Жылқы қостап шыққан кезде жылқышылар ғана там-тұмдап аңшылық етеді. Аңқұмар Аман: «Қысты күні жылқышылардың қосында жатып, тым құрыса, бірер жұма аң аулап қайтар ма еді!..» деп келеді. Осы оймен ол Әлжанға жетті.
― Жол болсын, Әлеке.
― Айтсын, бірге болсын. Астыңдағы атың өзгеріп қалған ба?
― Иә, мырза шақырып алғанда, осыны берді. Тіпті ойламаған жерден берді. Ат майын сұраған емес едім.
― Тума жылқысы емес. Бір жақтан келген-ау.
― Оны қайдан біле қойдыңыз?
― Мырза малына ен салмайды, таңба басады. Мынаның ойық, тілік ені бар көрінеді ғой. Таңбаны тақауда басыпты. Е-е, білдім, білдім! Қара Қорабайдан, милиция жіберіп, бір ат алдырды деген. Сол екен ғой.
― Онда бұл соңынан сөз ерген жылқы болды ма?
― Болғанда қандай! — деп Әлжан аттан түсті. Күдіс құланың жауыр шоқтығына тақалған желқом ерін кейінірек итеріп қойып, шап айылды жуан қарыннан қаттырақ тартқанда, күдіс құла артқы аяғын сермеп те, аузымен тicтeп те қалды. Аяғы тимеді, аузы Әлжанның сан етінен жұлып ала жаздады. Әлжан үстіне мінген соң, қамшымен борбайға осып-осып жіберіп:
― Сен иттен бүгін қайтсем де құтылармын! — деді де, тобылғы торының әңгімесіне қайта оралды. — Қорабайдың мырзаға бір торпақ бересісі бар-ды. Қазақ бересіні кезінде бере қоя ма, жыл өтіп кетеді. Торпақ құнан өгіз шығады. Мырза енді құнан өгіз даулайды, Қорабай торпақтан артық бергісі келмейді. Сөйтіп жүргенде торпақ атан өгіз боп кетеді. Ақыры осы тобылғы торы болыпты ғой.
― Мырзаны сондай адам деуге аузым бармайды, — деді Аман, — Жазы-қысы қонысымыз бір болса. да білмейді екеміз, жаңа білдім. Ақылды кісі, рахымды кісі. Жұрт: «Қатал, паң, ағайынға қайырымсыз» — дейтіні қайда?..
― Ақылсыз деуге болмас. Арбағанын алмай қоймайды, сиқыры бар. Өзіңді жаңағының арасында алып қойған ба? — деп, Әлжан жымия қарады Аманға...
― Менің немді алады?!
― Олай деме, Аман. Баяғыдан беті қайтпай келе жатқан зәлім Шөгелді өзі сыйынған болысының көзінше тепкілеп, көк атты тартып алғаның ұзын елдің үйіріне, қысқа елдің қиырына кетті. Малқар болыс тірідей өліп қайтты. Сені жұрт бұрын: «Момын, өнерсіз» — десе, енді: Өжет, есті бала, түбінде ел осыған үйіріледі» — дей бастады. Мырза да торы аттың майын тегін беріп отырмаған болар, бұрын берсе, көрмеген бе? Сайлаубек көзге түсе бастағанда да, Шалабай, Әдхамдар ат үстінде жүргенде де мырза олардың бетін бұрып алған. Олар бетін әрі аударған кезде, сүрінген кезде, аямай-ақ қарақұстан қос қолдап тұрып ұрған. Шырағым, бірге туған інімдей болған соң, ауызын, ауыр болған соң, жол үстінде айтылып қалған бір сыр бұл. Ішіңде жата берсін. Мырзаның есігінде бақандай он жылым етті. Сырын әбден түйгемін. Жақын жүрсең, сені әркімге айтақтайды, Алыс жүрсең, әркімді саған айтақтайды. Қызығы, бұрынғыңша, әмпейлеспей де, араздаспай да жай жүру ғой деймін. — Аузы берік Әлжан кең далада, жол үстінде келе жатып, ең жақын адамына ең түкпірде жатқын сырын шығарды. Аман қайта ойланды. Шие болып қалған Шәкенді шеше алмады бірақ. Біресе жақсы, біресе жаман болып көрінді. Екеуіне де дүдәмал күйде қалып, әңгімені сонсоң Шолпанға аударды:
― Шолпанның төркіні қандай адамдар, білесіз бе?
― Төркіні мына Кереку оязына қараған сүйіндіктер ғой, ― деп күдіс құланы тебіне қатарласа түсті Әлжан. — Дәулеті шағын, адамшылығы бар адамдар деседі. Әкесін мен көрдім. Шорман балаларына еріп, мырзаныкіне бір келген. Марқұм сері, көмейі бүлкілдеген әнші болатын. Шолпан да қыз күнінде домбыра тартып, ән салады екен. Мырзаға келген соң, қойды. Өйтсе де, оңаша қалғанда домбыра шертіп отырады дейді. Өзі, әйтеуір, үлгі көрген бала. Үлкеннің алдын кесіп өтпейді, кішіпейіл-ақ. Біздің қатын бiр күні ренжіп қайтты. Қымыз сұрай барса, маған беріпті де, өзіне, қасындағы баласына ауыз тигізбепті. Ертеңіне мырзаның шылбырын есіп апарғанда, соған қатты ұялыпты. “Үйде кісі толып отырды, өзім шыға алмадым. Таймас алаңғасар құр ауыз жіберіпті” — деп, қатынды қымызға, баламды нанға әбден тойдырып, маған бір асым сүр беріп жіберіпті.
― Онысы кісілік екен!
― Жалшылары мақтайды. Жалшыға жаққан әйел жаман болмайды. Дәулеті тең болмаса да, мырзаға басы ұнаған соң, ел болып мақтаған соң алды ғой. Әуелі жылпос Жақып барып көріп, сөйлесіп қайтқан. Сонда «Шолпан айтты» деген бір сөз бар.
― Қандай сөз екен?
― Ойпыр-ай, әкемнен үлкен кісіге қалай барам? Әкем тірі болса бермес еді-ау! — деп жылап жіберіпті.
― Шын барғысы келмесе, зорлай алмас еді ғой.
― Аманжан, есіңде болсын, үкімет заңынан ел заңы күштірек. Батырдың найзасы, мергеннің оғы, шешеннің тілі — бірі де ел дәстүрінен өткен емес. Ол дәстүрден уылжыған Шолпан қалай өтеді?!
«Қалай өтпейді? — деген ойда келе жатып, Аман поселкеге жетіп қалғанын бір-ақ білді. Поселке үлкен, болыс орталығы. Нұра өзенінің жағасында, қазақ жеріне ертеде орнаған поселкелердің бірі. Магазиндері, мектебі бар. Жексенбі сайын базары болып тұрады. Маңайдағы қазақтар әсіресе базар күні көп келеді. Қойындарына тығып шай-қант, аттарына бөктеріп астық алып қайтады. Орыс, қазағы ат айырбастауға құмар. Айырбастан кейін бірін-бірі «тамыр» десіп жүреді. Әлжанның тамыры тіпті көп. Бұл жолы ол тамырларына соқпай, Аманмен бірге кедей Шодырдікіне келіп түсті.
Шодыр — қазақтардың қойып алған аты. Шын аты — Федор Иванович Песик. Үш Песик қатарынан есік алдында отыр екен, үшеуі бірдей орындарынан ұшып тұрып, шұрқырай қалды. Біреуі қонақтардың атын ала жөнелгенде, екеуі Аманды ортаға алып, амандықты кезек-кезек сұрап жатыр еді, әйел Песик келіп қосылды. Песиктер шетінен қазақшаға судай. Үлкен Песик — Шодыр — Сапардың досы. Оның үлкен ұлы Алексей — Аманның ұстазы, осындағы орыс мектебінің мұғалімі. Кіші Песик Шодырдың кенжесі — Аманның құрдас жолдасы. Аман орысшаны үш жыл осы үйде жатып оқыды.
― Клава, тезірек ас қамда! — деді Шодыр. Күн жексенбі, жұмыс жоқ, өте көңілді отыр. Қалжыңдап қояды. — Қазақтар «Кедей Шодыр» деуін қояр ма екен, асынды молырақ қамда.
Ертеде Россиядан көшіп келгенде Шодырдың кедей екені рас-ты. Қазақтар, бір поселкеде бірнеше Шодыр болған соң, бірінен бірін айыру үшін «Бай Шодыр», «Кедей Шодыр», «Ақсақ Шодыр», «Маскүнем Шодыр» деп, қосымша ат қойған. Мына Шодыр қазір кедей емес, орташа: екі пар аты, екі бричкасы, екі бұзаулы сиыры бар. Оның үстіне ұсақ-түйектері тағы бар. Бұл да — айырбассыз отырмайтын кісі. Әлжан екеуі амандықтан кейін ат қораға қарай аяңдады.
― Сіз «келіп кетсін» деген соң келдім, — деді Аман, Алексейге бұрылып, — Пішенге көшіп жатыр едік, асығыс келдім.
― Оңаша шығып, жүре әңгімелесейік, — деді де, Алексей Аманды көшеге ертіп шықты. Даусы баяу, қоңыр, жүрісі жай, лебізінен, қимылынан салмақты адам екені байқалып тұр. Жасы әлі қырыққа жете қоймаған, самайына ақ ене бастапты. Әдеті болса керек, тығыз сары, шалғы мұртының ұшын ширата береді. Аздап темекі жөтелі бар. Көшенің арғы бетінде кооперацияның көк темірлі есігі ашулы көрінді. Темекі алуға солай ойысты екеуі. Салпы ауыз Андрейдің дүкені де ашық екен.
― Көрдің бе? — деп, жай ғана езу тартты Алексей. — Анау нэпман кооперациямен бәсекелесіп, құдайын да ұмытыпты. Жексенбі күні сауда қылып тұр.
― Оны неге бәсекелестіреді?
― Қайтер дейсің. Совет саудасы бастыққанша ғана ғой.
Қап бөктерген, жылқы жетелеген, бірді-екілі қой, ешкі айдаған қазақтар жүр. Кооперация алдында егін шөп машиналарын көріп үш-төрт орыс шаруасы тұр. Салпы ауыз Андрей қазақ шалының артынан жүгіре шығып, сұқ қолымен ымдап шақырып алды да, дүкеніне қайта алып кірді.
Алексей бәрін байқап келе жатып, мұрнынан бір мырс етті де:
― Нэпман ана шалдың көзін уқалайды. Көрейік, — деп, Андрейдің дүкеніне бұрылды. Бұлар келгенде шал шапылдап тұр екен:
― Тартпай кезде! Жыртамысың, керме!
― Міне, міне босаттым.
― Босата түс. Кәперәтіп бұлай кездемейді.
Шал шапылдағандай. Андрей қолының күші жеткенше шерттіре кездепті. Кездемеден кезін суырарда шекесі қызарғанша тартып, азар суырды. Шал жеті кез көк тібенді өлшетіп алып, қайта-қайта санайды. Көзіне ме, есебіне ме сенбейтін тәрізді, сақалын тұтамдай ұстап тұрып ойланады.
― Енді қатынға бір көйлек сал.
Андрей төрт-бес түрлі матаны алдына жайып тастады. Әрқайсын желпіп қойып, жая көрсетіп, бірінен бірін асыра мақтайды. Онысына шал сене қоймады. Әуелі әр кездемені уқалап, бұрап байқады. Одан кейін түкірігімен сулап көрді. Сонсоң барып саудаласты:
― Ал құнын айтшы, кәне?
― Мынау елу тиын. Мынау қырық тиын. Мынау отыз бес тиын. Су тегін емес пе? Бәрі баяғы тверской. Сүйегі терідей.
― Удай ғой, түге. Мынауыңның ұны шығып тұр. Мынауың күнге, суға тисе, оңып кетеді. Кәне, қанша кемітесің, осы біреу балық көзден ала салайын, кір көтереді екен.
― Ақсақал, құдай ақына сізден артық сұрағамын жоқ. Өз бағасы отыз бес тиын.
― Құдайды қайтесің, боқтан өзгеге куә қылып. Кәпәратіпте отыз тиын осың. Жамантайдың қатыны киіп жүр ғой. Кемітпесең, әлгі тібеніңді де өзің ал. Сатпаймын қойымды. Кеміт. Ұстаған жерден ағаш та сынады.
― Болмас-болмас... — деп, өлшей бастады Андрей. Екеуі де жымыңдайды. Алексей бір пачка махорка алып, тысқа шыққан соң:
― Не байқадың? — деді Аманға.
― Түк те байқамадым.
― Екеуі де жымыңдайды. Шал: «Саудаласып, арзанға алдым, жемек еді, арпалысып, жегізбедім» — деп жымыңдайды. Жегізгенін білмеді. Андрей: «Бір емес, үш жедім» — деп жымыңдайды. Шерттіре өлшеп кез сайын ол бір сантиметрдей жеді. Отыз бес тиын сұрап, отыз тиынға келіскеннің, өзінде кез сайын бес тиын артық алды.
Шал бишара товарды түріне қарап айырады екен. Андрей сапасынан, сортынан шатастырып тағы жеп тұр. Жеу үшін, жегізбеу үшін екеуі тамаша арбасты. Көрдің бе?
― Алексей Федорович! Мен соны тіпті сезбеппін.
― Онда мән бермегенің. Көп нәрсеге сен әлі мән бермей келесің, — деп, Алексей махоркасын орай бастады. Орап болып, қамыс мудштукке салып тартып, түтінді аузы-мұрнынан бірдей бұрқ еткізген соң ғана, үзіліп қалған сөзін жалғады:
― Андрей шалдың артынан жаңа жүгіріп шығып, сұқ қолын шошаңдатып шақырып алып, құлағына сыбырлады. Дүкенге қайта алып кіріп, астына орындық қойды, алдына барын жайып тастады, асты-үстіне түсіп жүріп, әр нәрсесін мақтайды, алдайды. Біздерге алдауы керек емес. Ал алушының қыбын табуды біздің кооперациялар да үйренуі керек. Қанша үйренді екен, соға кетейік.
Бұлар кооперация дүкеніне енгенде, екі сатушының бірі шекілдеуік шағып, бірі газетке қарап тұрды. Онысы қол бостықтан емес, көңіл бостықтан болар. Екеуінің дәл қасында орыс шалы сатып алған көр-жерін сыйғыза алмай, қобыратып отыр. Оған бірі көмектеспеді. Алушының сұрақтарына жауапты сараң қайырады, көрем деген нәрселерін көрсетсе де шүйіркелесіп сөйлеспейді. Алушылардың алдында Андрейше бәйік болмақ түгіл, солардың өзін бәйік еткісі келетін секілді. Кеуделері жоғары, қимылдары керенау. Біреу оны, біреу мұны сұрап, жапырлаған орыс-қазақ шаруаларының есіне келмеген нәрседен: «Мынау бар, алыңдар» — деген бірі жоқ. Бір қазақ шалбарының бауын байлап тұрып:
― Анау жоғарыда жатқан қызыл не мата? — деп еді.
― Оның сізге керегі жоқ. Алмайсыз, — деді.
Осы кезде бәрін бақылап, іштей кейіп тұрған Алексей шыдай алмай:
― Алсын, алмасын, сұраған соң, сіз көрсетуге, көрсетіп қоймай, түсінік беруге, кеңес беруге міндеттісіз ғой, — деп еді, сатушы сасып қалды. Жаңа байқады. Алдында интеллигент қана емес, уездік атқару комитетінің мүшесі Алексей Песик тұр екен. Енді қалбалақтай бастады. Жаңағы қызыл матаны дереу қазақтың алдына жайып, түсіндіріп жатып:
― Алексей Федорович, өзіңізге не керек еді? — дейді жылмаңдап.
Алексей: ― Жай кірдім, — деді де, шығып кетті. Қорада манадан машинаның маңында жүрген шаруалар бір лобогрейканы енді алып шығып барады екен. Песик забор сыртынан қолын көтеріп дауыстады:
― Қайырлы болсын! Жууға барармыз біз.
― Келіңіз, келіңіз, Алексей Федорович! Жуамыз.
Оң жақта, әлдекімнің есігі алдында, ұнның дәмін жеп көріп, аузы малжаңдаған ақ ауыз бір қазақ тұр. Сол жақта, албар ішінде, ақсақ Шодырман қол соғысып жатқан қазақ жетектегі атының ноқтасын сыпырды, жалынан қыл жұлып, сол қылға аттың сілекейін жұқтырып алды да, қонышына тықты. Андрейдің жаңағы сауда дос шалы қойын қалдырып, қойны-қонышын томпайтып, бүлк-бүлк желіп барады. Алексей мен Аман бұл таныс көріністерге көз қыpын бip-бір тастап, Нұра өзеніне беттеп келеді. Алексей Аманға неге шақырғанын әлі айтқан жоқ. Ойын басқа нәрселер бөліп кетті.
― Қазақ кедейлері кооперациядан жаңағыдай машиналар алды ма? — деп, үнсіз төмен ұстап келе жатқан басын жоғары көтерді.
― Жоқ, — деді Аман. — Кедейдің шамасы келе ме оған.
― Келер еді, ұйымдастырмайсыңдар ғой, — деді де сәл шытынды Алексей. Қабағынан, үн әуенінен ішінен айтылатын көп сөз бары, ол бапталып айтқанша байқалып тұрды. — Жаңағылар — кедей комитетіне ұйымдасқан кедейлер. Машинаны несиеге, бөліп-бөліп төлеуге алып барады. Жеке алуға ақшасы, жеке жүргізуге көлігі жетпейді. Сондықтан бірлесіп, мойын серік болып жүргізеді. Қосшы комитетін құрса, қазақ кедейлері де осылай етер еді. Сонда әрі өзін асырайды, әрі мемлекетіне қарайласады.
Аманға ұстазының, таныс үні әдеттегідей жай, қоңыр естілсе де, шапшаң әсер етіп, бір сөзін шашау шығармастан, құлағына құйып алып келе жатыр еді, ұстазы шылымын тұтатып алған соң:
― Сені бұл үшін шақырғам жоқ, — деді. — Малқар болыс сені соттатқалы жатыр. Естіп пе едің?
― Жоқ! — деді де, Аман сұрланып сала берді.
― Естімесең, уаткомның бір тапсырмасымен таяуда сіздің болысқа барып қайттым. «Қарсылық көрсетті, бағынбады» деп, ісіңді тергеушіге тапсырыпты. Ауызша үстіңнен бірсыпыра шағым айтты. Оқиғаға бастан-аяқ қанықпын, ол жағын сұрамаймын. Осы сен кім болғалы жүрсің, соны айтшы?
― Білмейім.
― Мен де білмейім. Екеулеп білуге тырысайық. Сені мен шәкірттерімнің ішіндегі ең зирегі, ақылдысы деуші едім. Төрт жылдың оқуын үш жылда оқыдың. Бес жылдық мектептің бір жылы қалғанда тыңдамастан, тастап кеттің. Содан бері осымен екінші рет қана керісіп отырмыз. Неге тастадың оқуды? Неге қаштың менен?
― Әке-шешем: «Қазаққа осы оқуың жетеді» деп жібермей қойды. Сонсоң сізге көрінуге ұялдым.
― Ол ғана емес. Әкең бұдан әрі оқыса, сені діннен шығады, — деп те қорықты, баласының ересегі болған соң, күнделік қолқабысыңа да қызықты. Бекер ме?
― Рас айтасыз. Бұны мен кейін білдім, мектеп жасынан өткен соң білдім. Қазір тек өкінем.
― Шын өкінсең, әлі де жол кесіліп қалған жоқ. Ломоносов он тоғыз жасында он екі жасар балалармен сабақтас болуға арланбаған. Ақырында әлемге мәлім ғалым болып шықты. Горький тіпті мектепсіз оқып, ғалым, жазушы болды. Бұл жағын кейінірек ақылдасармыз, ал қоғам жұмысынан, мемлекет жұмысынан неге қашасың? Совет өкіметі Малқар болыс пен Шәкен мырзаларды пайдаланып отыр. Сен олардан әлдеқайда сауатты, совет алдында әлдеқайда беделді, сенімді екеніңді білемісің?
― Олардан сауатым артық екенін жақсы білемін. Беделім, сенімім артық дей алмаймын. Таяуда Ақмоладан Ералин жолдас келіп, сол кісіге бар ойымды айтқан едім. Енді сізге айтуға тура келеді...
Алексей қолын көтеріп, Аманның сөзін тоқтатып қойды. Өзен жағасындағы биік шоқыны етектей жүріп, биіктей түскенде, жазықта жатқан талды Нұраның талай жері көрінді. Ел аямай кесе берген соң, бұрынғы бітік тал сиреп қалыпты, арнаның қайсыбір жері мүлде жалаңаш. Әне бір жалтырда ерлі-зайыпты екі жас біріне-бірі су шашып, су ішінде ойнап жүр. Олардың аржағында шоқ талдың тасасында, құм үстінде күнге арқасын төсеп екеу жатыр, үстінде тек штандары ғана бар. Мына жақта, өзен жағасында отырған табунщиктердің, қос қараша үйлерінен шығып, бір топ жас гармондатып, билеп, әндетіп келеді. Поселке ортасында, кең алаңдағы шеркеу осы шоқыдан өзгенің бәрінен зор, алыстан көрінеді, қоңырауының даусы алысқа кетіп тұр. Поселке шетіндегі бесіктей ғана, қамыс шатырлы қожалақ маскүнем Шодырдікі. Қоңырау даусынан асып, осы үйден ащы дауыстар, жанжал естіледі. Орыс жексенбісі бүгін барынша қызу. Алексей Федорович көк көйлегінің қисық жағасын ағытып тастаған, қара картузы қолында, жұмыр жібек белбеуінің салпыншағын саусағына орай тұрып, бәpiн көзімен болжап өтті. Өңінде өзгерістер бар. Қайқылау біткен қомақты мұрны оқта-текте өрескел қозғалып, мырыс етеді. Тереңде жатқан кішірек тұз көзі біресе күлімдеп бері шығады, біресе қозғалмай кішірейе, терең арнасының түбіне кетеді. Көріністің бірін ұнатып, бірін ұнатпай тұрғаны байқалып-ақ тұр. Табущик үйінен шығып, гармондата келе жатқан жастардың ең алдында ойнақтап келе жатқан екі жасты көргенде, Алексейдің де көзі ойнақшып бері шықты. Жастың бірі ― қазақ, бірі ― орыс. Қазақ жасы орыс частушкасын айтып, билеп бергенде, орыс жасы “Қара торғайға” кәдімгі қазақша шырқап береді.
― Қасеннің інісі! ― деп, қазақ жасын қолымен нұсқай күлімдеп қойды да, Алексей сөйлеп кетті. — Қасенді өзінің қазағы қаралап, жиырма жылға кестірді. Ал біздің поселке таяуда сход жасап, бір ауыздан «жақсы кісі» деген қағаз жіберді.
― Ойпыр-ай, жақсы болған екен! — деген Аманның бетіне қан ойнап шыға келді.
― Соның інісі анау қара балаға, көп орыстың ішінде өскен coң, орыстан көп жұғыпты. Ертеден көп қазақтың ортасында отырған біздің поселкеге де қазақтан көп жұққан. Тамыр, таныс, сауда-саттықтан бастап, достық дәрежесіне көтерілген қазақ пен орыс толып жатыр. Екеуміздің әкеміз пірәдарлау. Діні, құдайы басқалығына қармастан, сол екеуінің ертеде достасу тарихы қандай әдемі! Мен бұның бәрін еске түсіргенде, еңбекші адам, еңбекші халық бірін бірі еңбек үстінде, тіршілік күрестері үстінде жақсы таниды демекпін. Біз жақсы таныспыз ба осы?
Аман жымия бір күліп алып қайырды жауапты:
― Ол не дегеніңіз! Мен сізді жақсы білем. Қатты сенем.
― Қанша білетініңді келешек көрсетер. Бірақ сен мені білген дәрежеде, мен де сені білетін шығармын, ұстаздығым бар ғой, — деп, Алексей Федорови те бір жымиып қойды. — Сенген екенсің, ашып айтайын. Ералинге не айтқаның маған мәлім. Сондықтан тыңдамадым. Оны саған кезіктірген мен болатынмын. Ол қайтарында бәрін айтты маған. Сен бойыңа дарытпапсың. Сонда аңшылықпен өтпек пе өмірің? Жүйрік ат, жүйрік тазы, сұлу қыз — бәрі жақсы. Тек сонымен қалып қойсаң — бәрі жаман.
― Жоқ, енді онымен қала алмаймын! — деді Аман. Осы сөз дәл көмейіне келіп, кептеліп тұрғандай, аузын ашқанда атып шықты. — Қарап жүріп сотталғанша, қырқысып жүріп сотталайын. Олар соттатпай қоймайды...
Алексей Федорович Аманның жүзіне байыптай қарап алды да, қолын ұсынды. Ол қолын берген кезде бауырына тартып, аузынан сүйді.
― Жолың болсын! Рас, олар аямайды! — деді сонан кейін. — Қалқаны өлтіріп жіберді. Қасен сияқтыларды отырғызып жүр, ауыл кедейін езуде. Бірақ сен сияқтыларды басу оңайға түспес оларға. Не істейді саған?!
Бұлар енді қайта жүре әңгімелесіп, үйге жеткенде ғана саяси тақырыптан шықты. Әлжан мен Шодырдың да саудасы біткен екен. Әлжан мұртын сипап, жымың-жымың етеді. Желқом ері Шодырдың арбадан бұзылған қарагерінің үстінде.
― Бір пұт ұн, бір пұт бидай үстеу алдым. Шалғы шапқанда шайнама керек! — деп сыбырлайды Аманға.
Күн кешкіріп қалыпты. Тамақ іше сала жүруге қамданды екеуі. Әлжан екі пұт астығын артына теңдей, атына қонғанда Алексей екі бума кітап әкеліп Аманның артына салды.
― Taп күресіне құралсыз шықсаң, жеңілесің, — деді бумаларды қанжығаға байласып жатып. — Бұл — «Народный университет на дому» деген журнал. Оқы. Осыны оқи берсең, университетті үйде бітіресің.
Песиктермен шұрқыраса қоштасып, қорадан шықты екеуі. Қанжығалары тоқ, қабақтары көтеріңкі, аттары мықты, шыға сала бұлаңдата жөнелді.
― Алексеймен көп сөйлестің ғой. Не айтады? — деді Әлжан.
― Малқар мені соттатқалы жатса керек. Соны айтады.
― Ойпыр-ай, шын ба?!
― Шын. Шөгелден кек бестіні тартып алғанда мақтап, мақтанып қалып едіңіздер. Ақыры осы болды.
― Ойпыр-ай, әгәр мынау шын болса, Малқардың өзін бір итше тепкілеп, мен-ақ сотталайын. Сен көрінбе, қарағым, дереу Ақмолаға кет, ізден.
― Қорқып, ешқайда кете қоймаспын. Оп-оңай соттала да қоймаспын. Тәуекел, түстім тартысқа!
ІІ
“Мақаш қорығын” оннан аса ауыл қыстайды. Қыстаулар қорықты ортаға ала, төрт жағынан бірдей қоршап отыр. Ортадағы кең жазыққа, жоғарғы таулардан шығатын Талды өзені қар суын жинап әкеліп құяды да, өзі тартылып қалады. Су қатты тасыған жылдарда ұзыны жеті-сегіз, көлденеңі бес-алты шақырымға созылған қорықтың суы июнь айына дейін жатады. Бұндай жылдары шабын ат бойы өседі. Көпене мен көпене арасы есік пен төрдей, шошақ, маялар арасы арқан бойы ғана болады. Соншама молшылықта азғантай малына азық жинап ала алмай, қысты күні елден шөп сұрап жүретін қырбайлар да табылады. Малды жайып әдеттенген қазақтың көбі қолға ұстап бағуға көне алмай, көнбей тағы қоймай, дел-далда жүргенде, Шәкен мырза қорықтың шөбін қырып тастайды.
Шабын биыл ересен бітік. Әр ауылдың пішеншісі жылдағы өз қомсына қонған. Пішеншілер жайлауда қалғандарда әлдеқайда көп. Жайлауда тек дәулеттілер қалды, кедей орташалар қыстың қамымен пішенге, қора маңына келді. Кейінірек келген Әлжан таңертеңнен бері көк-аяз қайыс шәркесін бүтіндеп, біресе ескі, жіңішкерген кетік шалғысын қайрап, әйелі оған ескі қаптан байпақ тігіп, екеуінде де дамыл жоқ.
Қарақұрым жыртық үйді күн ыстығы кеулеп алған, тұншықтырып барады. Жылыны сүйетін жылан да ыстықтан қашып қара шұбар, сары бас біреуі сумаңдай кірді үйге. Ешкім байқамады. Ұйықтап жатқан баланың аяқ жағын ала о да жатты дөңгеленіп. Тұншығып тұрған дүниеде тек шегірткелер ғана сайраңдап жүр: секіріп жүріп сызғырады, көп сызғырық қосылып, өзгеше бір үн құрады. Сол үн ұзақты күн пішенші ауылдың құлағынан бір кетпейді.
― Шулауын қарашы! — деді Әлжан. — Осы бишаралардың қосылып ән салғаны ма, жылағаны ма? Әйтеуір, ыстықта үндері үдейді, басқаның үні бәсеңдейді.
Әйелі бұл сезін сөз екен демеді. Байпақты тігіп, жамап, қоныш бауына дейін тағып болған соң:
― Мә, — деп тастай берді. — Киіп көрші.
Әлжан киіп көрді. Дәп-дәл екен.
― Жарайды. Бұған не сән керек!..
― Уайымсыз-ау! — деді әйелі. Уайымсыз десе, дегендей. Күйеуі жуықта ашуланбайтын, асықпайтын, тарықпайтын кісі. Оған кейбір құнтсыздығы қосылғанда, әйелі шыдамай, сөйлеп тастап отырады. Күйеуінің зәуеде ашуы келе қалса, әдейі тұрып барып қамшысын алатын да, әйелін көйлегінің етегінен бір салып қалып, қамшыны орнына қайта іліп қоятын. Бұл жолы әйелінің жүзі жайдары. Өйткені күйеуі поселкеден таяуда келді, екі пұт астық әкелді. Үй іші тегіс көңілді. Сондықтан өте ауыр сөздің өзін қайыспай сөйлесті бұлар. Әйелі:
― Биыл қайда қыстаймыз? — дегенде, күйеуі:
― Біреудің бір босағасы табылар, — деп шәркенің таспасын тарта түсті.
Екеуі қосылғалы бес-алты жыл өтті, әлі басыбайлы баспана жоқ. Жыл сайын біреудің үйінің бір жағын сұрап қыстап шығады. Күл төкпеген ауылы кемде-кем. Әйелінің арманы, жерден қазып алса да, қысты күні белгілі бір іншігі болу. Соны аузынан тастамайтын. Қазір тағы айтты:
― Осылай өтеміз бе? Әлде «мынау уайымсыздық қысқы панасы» — дегенді есітеміз бе?
― Үйдің басын қалқайту қиын емес. Жабатын ағаш, есік, терезе қинайды ғой. Тегін ешкім бермейді. Сатып алуға ақша қайда?
― Серікжан ержеткенше шыдаймыз да. Сол аман болса, бәрі түгел.
― Иә, сол жаманға өмір берсін де. Айналайын-ай, танауы тершіп, бір кенелді-ау нанға!
― «Үлкен болғанда мен сендерді асыраймын. Нанды мен көп қылып үйіп қоям!» — дейді маған.
― Маған, ендеше: «Аман ағатайдай орысша оқимын, шашымды былай қайырам» — дейді. Тірі болсақ, сені оқытуға барымды салармын-ау! Шоқынып кетсең де, орысша оқытармын-ау!
― Қойшы, нағыласың жаман сөзді! Құлыным тірі болса, біреу құрлы күн көрер, — деп әйел ұйықтап жатқан баланың қасына келе бере:
― Астапыралла! — деді де, кейін атып кетті. — Жылан! — Әлжан от басындағы шымшуырды ала сала жетіп барғанда, жылан оянып, тұра жөнелді.
― Өлтірме, өлтірме! — деп, қолынан ұстай алды әйелі. — Ақ құйып шығарайық.
Өлтірмей, қазақ ырымы бойынша, ақ құйып шығарды. Жыланның дәл қасында жатып аман қалған баланы екеуі кезек сүйіп, өмір-жасын ұзартып жатыр, бақ-дәулетті басына қондырып жатыр...
Ыстық қайта бастады. Күн еңкейіп барады. Әлжан бір аяқ айранды тастап алып, шалғысын иығына сала, шабынға беттеді. Әйелі үйден шықпай естірте сөйлеп жатты оған:
― Серікжанды қасыма алып, үлкен ауылдың қыстауына барам. Алабота жұлам, сақар қайнатып алам... .
Әлжан жаяу жөнелді. Күн аптабы қайтқанымен, әлі де бірсыпыра ыстық. Баратын жері екі шақырымдай. Шабын ішінде сона көп. Сона жарады, — деп жалғыз атын мінбеді. Басынa күннен, масадан қорғап орамал байлады, жалғыз аспама етігін аяп аяғына қайыс шәрке киді. Қаптан істелген байпақ, ескі кенеп көйлек, ескі қол шалғы... Бар кедейлік бір өзінің бойынан табылады. Қалың шабыннан бірде төбесі, бірде кеудесі көрініп, батып-шығып барады. Ызыңдаған көп маса қоршап алған, қолымен жайпаса да, болмай тұншықтыра талап барады. Бір кезде аяқ астынан шу көтеріп, аралар андап қоя берді. Дәл ұяның, үстінен түскен екен. Әлжан енді шын састы. Сасса да, балды тастай қашқан жоқ, ала қашты. Қарындағы жаман шекпенін бүркеніп алып, бүкжеңдей жүгірді. Шекпен сыртынан қадалған кейбір ине тұмсықтардан шекпенге арқасын үйкелеп қана жаны қалады. Дегенмен, балын алдырған аралар аман жібермеді. Денесінің әр жерін томпитып дызылдатып жіберді. Әлжан құтылып шыққан соң, алқынып, тері сорғалап отырса да, балдан көзін алмай сөйлеп отыр:
― Шіркіннің бейнетқоры-ай, шебері-ай! Шекілдеуіктің ұясындай шыпырлатып ұя жасаған! Дәмін татайын да, Серікжанға апарып берейін...
Балын өте ұқыпты ұстап орнынан тұрған Әлжанның көзі Сыздыққа түсті. Оның да басында орамал, қолында шалғы, сермеп барады. Сермеуі шапшаң да, сылбыр да емес, денесін әсем ұстап, біркелкі ырғақ, қарқынмен сыдыртып барады. Сыздық — шалғышы жігіт. Ап-арық, сып-сида болып алып, сол қалпынан кешке дейін танбауға бар. Әйелі кеше шабылған шөпті жинап, көпенелеп жүр. Қазақ әйелдерінің ішінде, орыс әйелдерінше, күйеуіне еріп, шөпке шыққан сол ғана. Өйткені шөп шабуды бұл жақтың қазағы еркек жұмысы деп санайды.
― Ит-ай, жастың шаруақоры-ау! — деп, Әлжан анадайдан сүйсіне-сүйсіне, Сыздықтың қасына келді.
― Іске сәт! Жусатып салыпсың ғой.
― Әлжеке, аналар сіздің мәйекке еніп кеткен жоқ па?
― Ол кімнің мәшинесі өзі?!
― Мырзанікі-ау деймін. Жылпос Жақып қой ана жүрген. Сұрап алған ғой.
Әлжан жебелей басып жөнелді. Жылпос Жақыппен мәйегі шектес болатын. Бұның мәйегінің ең бір қалық жеріне сұғына еніп, екі жол тартыпты да, мәйегіне қосып алыпты.
― Бұлардың қалай! — деді Әлжан, амандықты қойып, Жақып ат үстінде, машинаның алдынан жүріп бастап келеді. Қасында інісі бар, о да атта.
― Не қалайын сұрайсың?
― Менің мәйегіме еніп кетіпсіңдер ғой?
― Сенде мәйек бар ма еді? Қаракесектен арқалап келіп пе едің?
― Жаным-ау, қалай-қалай сөйлейсің? Бәрі өзіңе мәлім емсс пе еді? «Міне, мен үй болдым» дегенім қайда? «Екі қараны асырайтын, тоқымдай да болса, жер беріңдер, жиырма жылдан бері сіңісіп кеттім, кірме демеңдер» дегенде ақсақал, қарасақал болып, осы жерді бергені қайда? Бұл баяғы көшіп кеткен Сәтжанның жері еді ғой. Бес жылдан бері мен иемін. Бүгін сен ие болмақпысың?!
― Көп былшылдама! Ешкімге соқамен тіліп берілген жер жоқ әлі. Байқамай, біраз еніп кетсем, сен де аржағыңа ене сал. Шөп жетеді биыл.
― Тұмсығыңды бір енгізіп алған соң: былтыр шапқанмын, — деп арғы жылы тағы шаппақсың ғой. Қой, Жақып, мен бала емеспін! Ешкімнің жеріне ене алмаймын, өз жерімді тағы бере алмаймын.
― Ей, аш көзіңді! Бұл күшті кім берді саған?! Ісік бар ғой өзіңде. Ісігіңді басайын! — деп, Жақып сұрлана, атын тебіне жақындай берді.
― Жақындама, Жақып! Аямаймын! Шалғы тиеді бір жеріңе!
― Көріп алдым осының шалғысын! Тарт, баса-көктеп шаба беріңдер.
Шалғымен жайпап, жолды бөгеп тұрған Әлжанды тыңдамастан, үш атты парлай жеккен машина баса-көктеп келіп қалғанда, шеткі аттың алдыңғы аяғына Әлжанның шалғысы тиіп кетті. Қан саулап қоя берді. Сол-ақ екен, бағанадан шыдап отырған машинашы малай Қазанқап секіріп түсті машинадан.
― Сен енді мырзаға соқтықтың ба? — деп, жүгіріп келген бетінде қойып жіберіп, мұрттай ұшырды Әлжанды. Жақып та інісімен жетті. Келе-ақ міне түсті үстіне. Анадайдан көріп қалған Сыздық ұшып келеді. Әйелі ауылды хабарлауға ұшып барады...
Аман бұл кезде Сыздықтың үйінде. Қасында Ізбасар, Нұрғали, Жанақ, Сәду бар. Бәрі кедей, батырақ, еті тірі жігіттер. Поселкеден Аман мүлде өзгеріп қайтқан. Екі жұмадан асты, үйден шыққан жоқ, атқа мінген жоқ. Жатуға, тамаққа болмаса, өз үйіне де бармайды. Осы үйдің бір жағына дөңгелек стол қойып алып, Алексей берген «Народный университет на дому» журналындағы лекцияларды тапжылмай, күн ұзын оқығанда тоймайды, талмайды. Кешке оқуға шам жоқ. Оқудан босаған кезде жастарды, құрбыларын жинап алып, ылғи саяси тақырыпқа әңгіме соғады. Taп күpесi, тап мақсаты деген не? Құдай бар ма? Шариғатты кім шығарған? Сауатсыздықтың зияны қандай деген сұрақтарды Аман өзі қойып, мысалды осы ортаның өзінен алып, өзі шешіп бергенде, жолдастары ұстазындай тыңдап, ұйып қалады. Бүгінгі әңгіменің ақыры үлкен арыз болып шықты. Бесеуі бірдей қол қойып, осы ортадан коммунистік жастар ұйымын ашуды, ол ұйымға өздерін мүше етуді сұрады. Аман сонымен қабат Ералинге ерекше хат жазды. Бұны бесеуі ғана оңаша жиналып, есікті бекітіп қойып, құпия істеді. Құпиялары біткен соң, үміт қуанышы билеген жастар әзілдесіп, тіпті көңілді отыр еді. Даладан естілген ащы дауыс ойран етті көңілді.
― Жиен, қайдасың!? Қырылысып жатыр! Әлжанды жабылып сабап жатыр!..
Үйден жүгіре, еліре шықты бәрі.
― Кім? Кім?
― Қайда? Қайда?
― Әне! Жылпос Жақып інісімен жабылып, оған Қазанқап қосылып...
Жігіттер қызып кетті. Нұрғалиға дейін кіжініп қалш- қалш етеді. Ашулы сөздер естіледі:
― Бұл Жақып біреудің қанын ішпей тынбайды!
― Мырзаны арқаланып, көрінгенге қамшы үйіреді!
― Мазақ, қылжақ, біреумен біреуді атыстыру кәсібі!
― Жүр, қотанға әкеліп, керіп тастайық! Бір-ақ көрейік сотын!
― Сабыр, жігіттер, сабыр, — деп, көтерілген жастарды Аман баса берді. — Керу қашпас. Әуелі мен барып біліп келейін. Керек болса, содан кейін-ақ керерсіңдер.
Бұл сөзге тоқтаса да, тарамай тұрып қалды жастар. Әрқайсысы Жақыпқа кіжініп, төбелес сұрап тұр. Аман бір атқа міне сала шауып кетті. Ол келгенде Жақыптың мұрны қанап, қара мұртына дейін қан екен. Каны әлі тыйылып болмаса керек, танауын киізбен тығындап қойыпты, мыңқылдап сөйлейді. Бұрынғы шапшаң, сумаң тілі жуасып қалыпты. Бірақ уы сол күйінде көрінеді.
― Жақсы келдің, шырағым! Міне, иттерің талап тастады, — деді де, төмен қарап, сұрланып отыра берді.
― Емініп алған алақандай жерімді тартып алғалы үшеуі бірден жабылып, өлімші қылып жатқанда мына Сыздық келіп айырды. Ара кісі ғой, осы айтсын, — деді Әлжан. Таяқ жесе де, еш жері көгермепті, талайы жоғары тұр.
― Мен ара кісі болсам да, аралықта қалдырмады бұлар! — деп, Сыздық қызына сөйледі. — Не деген сұмдық! Көзін бақырайтып қойып, біреудің жерін тартып алмақ! Совет тұсында мынау, баяғыда кедей сорлының не жаны жүрген! Әуелі Қазанқап жүгіріп келіп ұрып жықты. Жығылған кісінің үстіне мыналар міне түсті. Содан кейін Қазанқап төбелескен жоқ. Мен келіп, арашалай бастап едім, маған салды жұдырықты...
Жылпос Жақып шыдай алмай, салбыраған басын жоғары көтеріп алды:
― Ей, жаның шыққыр, арашалаған болып, біздің қолымызды ұстай бердің ғой...
― Әрине, арашашы ұрған қолды ұстайды. Тұрған қолды несіне ұстайды? О заманда бұ заман, арашашыны ұрған бар ма? Шынымды айтайын, сонсын мен Әлжанға болысып кеттім. Жақып, жеңіліп баратқан соң, пышақ ала жүгірді. Араға енді Қазанқап түсті. Пышақты тартып алды. «Қай жағын, қоймасаң, сол жағыңа мен де жұдырық жұмсаймын!» — деген соң, екі жағымыз да қоя қойдық...
Қазанқап пен Жақыптың інісі шалғыға арандаған аттың аяғымен әуре. Қанын ағызбай, орап, байлап жүр. Аман ат үстінде. Әлі үнсіз. Екі көзі Қазанқапта. Мойны ішіне енген, иығы шығыңқы, бақа тамақ, күдіс қара, мыналардың қасында аю тәрізді.
― Отағасы! — деді Аман. Сонда ғана ол: «әу» — деп, ебедейсіз денесімен бұрыла қарады. — Малға жаныңыз ашығанда, өзіңізбен бір кезде бірге істеген батырақ Әлжанға жаныңыз ашымады ма? Қолыңыз көтеріліп, қалай ұрып жықтыңыз?!
― Е, несі сөлекет оның? — деп, күж ете қалды Қазанқап. Даусы да денесіне лайық екен. Олақ, ожар сөйлейтін омырау көрінеді. — Батрақ болса, қайтейін? Мырзаның малына соқтықпасын. Ол әлі төлейді бұл атты.
«Бар өмірін Шәкеннің есігінде еткізіп келе жатқан Қазанқап аты үшін осыны істегенде, иесі үшін не істемейді? Тақ күресінде сүйенген жалшының түрі мынау болса, не оңдырады? Дәл мынадай жалшының басына, бұрғымен тессең де, тап сәулесі енбес!» — деген ойын Аман сыртына шығарған жоқ. Надандық күйінен бір түршігіп қалды да, өз байлауын айтты:
― Өздеріңіз бастап, өздеріңіз аяқтаған екенсіздер. Енді тарау керек. Жұмыстан қалмаңыздар.
― Шырағым, сонда қан төгіп, таласқан жердің түгі кімдікі болғаны? — деп, Жақып зілдене сөйлей, орнынан тұрды.
― Кімдікі болсын? Бұрын кімдікі болса соныкі болады да.
― Жарайды, билігіңе болайын! Енді бәрі түсінікті. Айтақтай бер итіңді. Ит иесін арқа тұтады.
Өз сөзінен кейін жөнеле берген Аман, мынаны естігенде, атының басын бұрып алды. Жақыппен шайырмал сөзге келген емес-ті. Қайта оның мысқылы көп, бірде ащы, бірде тәтті, орамды тілін қызық көретін, сыйлайтын. Тек биыл ғана көңілі секем ала бастады. «Жақыптың бір ұрты май, бір ұрты қан» — дегенді жұрт көбірек айтып кетті. Оның үстіне Шәкеннің үйінде қымызға қызып отырып, Тәукені қылжақтаса да, “Ленин өлсе, дүние қараң қалар деп пе едің?” ― дегені Аманның ішінде бір түйнек болып қалды. Сондықтан Жақыптың жаңа қыр көрсете сөйлеуіне шыдамай, бұның, да сайтаны келе қалған-екен:
― Олар мені емес, совет өкіметін арқа тұтады! — деді, өңiн суытып. ― Ал сіз кімді арқа тұтып жүрсіз?! Кімге қыр көрсетіп тұрсыз?! Байқаңыз, тым соқтыға бермеңіз кедейге Шоқ тайлақтай боласыз бір күні!
Жақып жауап қайырмастан, атына мінді. Қасарысып, сөз, мінез таластыруға батылы жетпеді. Өйткені аз атаның, төмен атаның баласы. Дәулеті шағын. Тек өзінің пысықтығымен Шәкен мырзаның қолтығына кіріп алып, біреу мен біреуді, бір ел мен бір елді, есебін тауып, атыстырып жүреді. Ел іші тиыш болса, оған ештеме түспейді, жұмыссыз қалады. Жатып ішуді дәулет көтермейді. Еңбек істеуге әдеттенбеген, мойны жар бермейді. Сондықтан қулық, сұмдықтан безу түгіл, әбден шеберленіп барады. Қазір өз аулына қарай тұра жөнелсе де, былай шыға, тура жайлауға, мырзаның аулына тартты. Бетінің қанын жұмақ тұрсын сүрткен жоқ. Тұтатам деген отына сол қанды тамыздық етпек. Жайлауға намаздігер шенінде жетті.
Ел азайған соң, жайлаудың қызығы да азайыпты. Он - он бес ауылдан қалған екі-үш ауылдың ғана жұрнағы көрінеді. Оның өзі қоныс аударып, бір табан қыстауға тақала, Ащылы өзекке келіп қонған. Мырза ақ үйін жинап қойып, қоңыр үй тігіп отыр. Адам аз. Дуылдасып, топ-тобымен үй қыдырып, қымыз ішіп жүргендер жоқ. Малшылар, малды қарттар ғана қалған. Өзге еңбек адамының бәрі пішенде, қыстау маңында, ертең қылышын сүйретіп келетін қысқа қарсы қам жасап жүр. Жас кезіңдей қызу жайлау, қызуы басылған құба көңілге ұқсапты енді.
Бұл мезгілде қонақ, жолаушылар да сиреген. Шолпанның көңілі құлазып, жан-жаққа қаранып далада жүр. Тек есеп қызығына түскен мырза үйде, книжкаларына қарап, шотын қағып қойып, өзімен-өзі болып отыр.
― Ағажан келе жатыр! — деп, жүгіре енді Шолпан. Іші пысып, қонақ сағынып қалған екен. Қуанғаннан мөлдір көзі күлімдеп, жұқа танауы қозғалып кетті. Мырзаның атынан сөз айта барып, бірінші танысқан, одан кейін мырзаға ере барып, алып қайтысқан Жақып жат елге келген жас Шолпанға мырзадан соңғы ең ыстық, ең жақын адам. Сондықтан оның атын атамай, ағажан дейді. Аузы-мұрнына қан қатып, Жақып кіріп келгенде, Шолпан шошып, ұшып тұрды орнынан. Мырзаның да қағып отырған шоты қалып қойды. Аңырып қалды.
― Не болды, жарқыным?!
― Жай. Атым сүрініп кетіп, жер сүзе құлағаным. Жуып тастайыншы.
Мырза үлкен ала көзімен тесіле бір қарап өтті де:
― Іштеме етпес, — дей салды. Сенген жоқ. Жақыптың үлкен сырды өзіне ғана оңаша айтатыны мәлім. Шолпан сабын әкеліп, суды қолына өзі құйып, жуындырып тұрып:
― Таймас, самауыр қойып жіберші! — деді даладағы Таймасқа.
Жақыпты жуындырып болысымен:
― Шай қайнағанша іше тұрыңыз, — деп, бір шара қымыз әкеп ұсынды. Мырза амандықтан кейін шаруа жайын сұрай бастады:
― Біздің пішеншілерге соқтың ба, қанша шапты екен?
― Өз мәйектеріңізді бітіріпті. Елу шошақ салып тастапты. Жігіттеріңіз: «Биыл елдің жерін шауып, машина ақысынан кемі жүз шошақ тұрғызамыз» — деп отыр.
― Қазір кімнің жерін шауып жүр?
― Бір мәшинені кеше Бодаубек әкеткен. Оған бір күн шапқанда, сізге екі күн шаппақ, Қазанқап мәшинесін ертең Жылқыбайдың мәйегіне салмақ.
― Мәшинелер бөгелмей жүр ме?
— Қайдан бөгелсін! Сіздің мәшинелер жаңа ғой. Әбіл, Ақынжандар пішенге шыққалы жиырма күн. Мәшинелері бір күн жүрсе, он күн тұрады. Шықылдатып жатқаны.
― Өзің шебіңді шауып алдың ба? Айтқамын Қазанқапқа.
― Жоқ, әлі, — деп күмілжіді Жақып. Қымызын ішіп болған соң, мырзаны ымдап тысқа алып шықты. Ауылдан ұзаңқырап кетіп отырды екеуі.
― Айтшы кәне, не болды?
― Айтайын. Әдейі айтқалы келдім. Бүгін сіздің мәшинені шарын салып едім, шөп қалың ғой, меже көрінбейді, Әлжанның мәйегіне болмашы ғана еніп кетіппін. Сол-ақ екен, Әлжан ісіне келіп, мәшинедегі сіздің бір аттың аяғын шалғымен орып жіберді. Оның соңынан Сыздық келіп, екеуі қосылып, менің аузы-басымды қан жалатты. Жаңағы қан сол. Әгәр Қазанқап болмаса, екеуі тіпті өлтіріп жіберетін.
― Япыр-ау, қалай желігіп жүр? Момын еді ғой бұлар!
― Желіктіруші бар. Таяқ жеп, мұрнымнан қаным сорғалап отырғанда, алқынып Аман шауып келді. Аналарға: “ Бұларың қалай?” деудің орнына, маған сазарып: «Сен кімді арқа тұтып жүрсің? Соқтықпа кедейлерге, шоқ басқан тайлақтай боларсың!» — деді. Осы сөзімнің бірі бекер болса, анау батып баратқан күнмен бірге батайын.
― Аман да осылай ма еді?!
― Әй, мырза-ай, сенгішсің-ау! Құдай осы пейіліңе берген шығap. Ол жігіт анада Ералин келіп кеткен соң-ақ бұзылған. Одан кейін Шөгелді ұрып, шоқтығы көтерілді. Поселкеге барып әлгі бір ашадды орыс мұғалімінен сабақ алып қайтқан соң, мүлде құтырып кетті. Қазір оның маңында күнде жиын, күнде сыбыр. Ақымақ, есер жастарды жинап алып: “Құдай жоқ” деп үйретеді. Астапыралда, не айтарсың бұған! «Жауың — бай», «Байдың малы — малайдың көз жасы» деп үйретеді. Осының бірі өтірік болса, анау батқалы баратқан күнмен бірге батайын! Дәл бүгін бес кісі қол қойып, Ақмолаға арыз жібермекші. Жіберген шығар. Осы ортадан комсомол әшейкесін ашпақ.
― Оны қайдан білесің? — деді Шәкен. Бағанадан бергі сөзге, «бәрі өзіме мәлім» дегендей, бойын кең салып отыр еді, мына сөзден бір жиырылып қалғандай болды. Жақып соны сезе қойып, басын тақап, сыбырлай:
— Біздің жаман Сәду айтып келді! — деді де жымың етті. — Арыз берген бесеудің бірі сол. Бұдан кейін олар жалшыларды, кедей, орташаларды байға қарсы қоятын тағы да бір ұйымдар ашпақ. Әйтеуір, пәлені қоздатып жатыр. Малқардың үстінен арыз жаудырып, аяғынан алып, осындай әшейкелері мазасын кетіріп жүрген жоқ па? Сол пәлені міне бізге Аман әкелді. Әлжан, Сыздықтар бүгін менің төбеме шықса, ертең сіздің төбеңізде ойнауы анық, мырза...
Жақып насыбайын алып атты. Түкірігін ұсақ қой тістерінің арасынан жібергенде, жіп-жіңішке боп созылып, есік пен төрдей жерге кетті. Ендігі сөзді мырзадан күтіп, сұлық отыр. Мырза ойлануда. Өңінен ештемені болжап болмайды. Ішінде бұдан үлкен пәлелер жатқан кең құрсаққа, Жақып қанша құйдым десе де, толмаса керек. Әлден уақытта:
― Менен сонда пе тілейсің? — деді жайымен отырып.
Meн сізге талай ердім ғой, бір жолға маған еріп пішен басына барыңыз. Жанжалдасқан жерімді, тым құрыса, бір жыл шабайын. Қолы тигені үшін айып алып беріңіз. Осылай тыйым салынбаса, елдіктен қаламыз...
― Мені үйтіп шошаңдатпа, ауырлат қайта. Сонда ғана ұтасың, — деп, мырза көсіле сөйлердегі әдетін көрсетті: басын көтере, алдына алыстау бір нүктеге қадала қарап отырып сөйледі. — Олар шауып келген жоқ. Мен шауып барғанда, бола қаларын қайдан білдің? Төбелеспеу керек еді. Ұрғаннан да «ұрамын» деп қорқытқан батады. Мақашқа хат жазып берейін. Сол бітірсін. Ол бітірсе, қазақша бітіреді, саған жеңіп береді. Бітіре алмаса, тіпті жақсы, Мақаш сен жаққа шығады. Қазақ жолына, заң жолына түскен даудан ақыңды жібере қоймаспыз. Ал қол күшке не дауа бар? Сен жолмен жеңіп алғанша, олар қол күшпен шешіп тастайды. Осыған қам ойладың ба?
― Ойлағанда не істейміз ол қара тобырға?
— Істеуге болады! — деп, мырза көптен ойлап тауып қойған амалын, кезі келген соң, айтып берді. — Сенің осындағы үш үйіңнен сойыл ұстауға жарайтын бес азамат шығады. Сонау Нұра бойында әр ауылға бір кірме болып жүрген екі үйіңді алдыр. Жер жетеді. Оларда бес азамат бар. Он болды ма? Мынау Байбол ата жағынан оларға жақын болғанымен, жігі бөлек. Бұл жікті бөліп әкетсең, бір өзі сегіз сойыл береді. Он сегіз болды ма? Мақашқа хатты әдейі жазғалы отырмын. Сапар оны Елекеңе қарағанның ақсақалы деп, сырттай сыйлайды. Іштей парақор, қиянатшыл деп жек көреді. Мақашты жырып ала алсаң, кемінен он сойыл шығарады. Міне, сонда қара тобыр қол күшке байқап-байқап барады. Сөзге келсе, тәуекел!
― Мырза-ай, қара атанша шірене тартып, талай өрден асырдың-ау! Мынау амалын, бір құдайдың ғана басына сыяр. Енді маған бәрі түсінікті. Осылай істелік.
Әңгіме ұзаққа созылды. Күн батып, қас қарайып қалды. Ағараңдап, ақырын басып Шолпан келеді.
― Шай суып барады. Жүрмейсіздер ме?
Екеуі орнынан тұрып үйге беттегенде, мырза бір нәрсені Жақыпқа қадағалап тапсырды:
― Жаңағы жаман Сәдуді қозғама, солардың ішінде жүре беpciн. Бірақ дізгінін мықтап ұста, сенімді хабаршың болсын.
― Ол қолда ғой.
Үшеуіне, үйге енген соң, Таймас қосылып, дөңгелек столды қоршай, төртеуі ғана отырды. Жақып енді шай үстінде әркімнің сыртынан сықақ, қылжақтарын айтып, күлдіре бастады. Далада қатарынан қазған екі жерошақтың екеуінде де от жағулы. Бірінде — ет, бірінде — құрт қайнап жатыр. Күн бұлттанып алған. Жұлдыз жоқ. Дала тас қараңғы, аяқ асты көрінбейді. Бірақ екі қазанды қатарынан қайнатып отырған жасамыс әйел от сәулесімен жақсы көрінеді. Таң сәріден тұрып, дамылдамаған бишара қалғып кеттi. Бір жағына ауытқып құлап бара жатқанда оянып кетті. Бір қазанды шөмішпен сапырып, бір қазанды қырғыштап қыра араластырып, отын жаңартқан соң, тағы қалғыды. Ауылды айнала, анда-санда жай мыңқ етіп, жортып жүрген байдың қайқы құйрық, сақ төбеттері шабалана үрді. Әйел шошып оянды. Жерошақты баса жаздап келіп тоқтады бір атты. Дәстүр бойынша ауылдың сыртынан келмей, қотанды қақ жарып, иттерді абалата келді.
― Мырзаның ауылы осы ма?
― Осы, шырағым.
― Өзі үйде ме?
― Үйде, шырағым.
― Қонақ бар ма?
― Бар, шырағым.
― Онда: «Үй сыртына шығып кетсін» деңіз!
― Жарайды, шырағым.
Бұл адам кемпірді ғана шошытқан жоқ, үйдегілердің де көзі бадырайып қалды. Ауылды баса-көктей келіп, аттан түспей тұрып, мырзаны тысқа шақыру ақтар қашып, қызылдар қуған жылдарда ғана болатын. Одан кейін кездескені осы.
― Бұл кім өзі?! Мен барып біліп келейінші, — деп тұра жөнелген Таймасты, мырза қайта отырғызды. Өзі шықты далаға. Атты адам атынан түспей, анадай жерде тұр екен. Мырза қасына барғанда ғана аттан түсіп, қолын ұстап тұрып:
― Мен Шалабай ғой, — деді сыбырлап.
― Аман-сау жүрмісің, қарағым?
― Шүкір, амандық. Тағы бір соғып кетуге тура келді. Не хабар бар?
― Астыртын тергеу де жүріп жатыр. Іздетіп те жатыр. Таба алмай жүр.
― Алысқа кетпесем, болатын емес. Ақ мөр тауып беріңіз, аты-жөнімді өзгертіп, документ жасап алам. Біраз ақша беріңіз. Асығыспын. Не берсеңіз де, тез беріңіз, кетем.
Мырза жылдамырақ басып үйге кірді. Байбол басып берген ақ мөрдің бір-екеуін алды. Ақша алды. Қайта шығып, беріп тұрғанда:
― Рахмет! — деді Шалабай. — Көп жылдар дәмдес, сырлас болдық. Совет өкіметі қалтама книжкесін, мойныма мылтығын салса да, сізді айырбастаған жерім жоқ. «Шалабай сотқар» атанғанда, көбінесе, сіздің кегіңізді алып берем деп атандым ғой. Қалқаның соған көзі жеткен соң, мaғaн дүре соқты. Сізбен ақылдасып, мен оны құртып тындым. Ақыры міне қашқын атандым. Қайтып ел қатарына енуге жол қалмады. Қайда жүрсек те, осыны ұмытпайық, мырза!
― Қайда жүрсең де, жолың болсын! Келші, құшақтасып қоштасайық! — деп, мырза құшағын жайды. Құшақ жазылысымен, атына мінді Шалабай. Қараңғы түнде жерді дүңкілдетіп, тепкілете жөнелді ол.
III
Мақаш қыстауы Талды өзенінің дәл жайылар, қорықтың басталар жерінде, шабындықтың «Көмей» деп аталатын ең шұрайлы жерінде. Құрғақшылық болып, су тасымай, қорыққа шөп шықпай қалған жылдарда да «Көмей» құралақан қалдырған емес. Жері ойпаттау, ызалы, қыртысты. Шөп биыл тіпті ересен шыққан. Ішіне енсе, түйеден басқа мал көрінбей кетеді. Мақаш Мақаш болып тұрғанда, бұл қорық шабылмайтын, мал аяғымен жайылатын. Неше күнге созылған сұрапыл борандарда қорыққа салған қой, жылқы ашығуды, ығуды білмей, тебіндеп жата беретін. Ел қосылып, жатақ көбейіп, өзінің дәулеті азайған шақта, Мақаш «Көмейді» жастанды да, жатып қалды.
Бүкіл қорықтағы елде төрт-ақ машина бар. Оның да екеуі Шәкендікі. Көпшілік қол шалғымен шабады. Мақаш бүгін «помощь» жариялап, мәйегіне үш машинаны бірден салыпты. «Помощь», «үме», «сенбілік» дегендер ағайындық, ұйымшылдық үлкен көмек, жақсы салт болғанымен, екінің бірі жариялай бермейді. Жарияласа, жұрт оған бара да бермейді. Мақаштан бақ-дәулет Шәкен мырзаға ауып кетсе де, Мақаштың ру ақсақалдығын, оның бер жағында Сайлаубек сияқты атқа мінген, қазір Орынборда жүрген ұлын еске алып, «помощьқа» ағайындар кеп жиналған. “Көмедін” қалың шабыны машиналарды дамыл-дамыл қақалтып, жүргізбей қойған соң, ең қалыңға шалғышылар түсіп, машиналар шетке, сұйықтау жерге шықты. Бір мәйектің ішінде шарылдаған үш машина, сырылдаған он шалғы біріне бірі дем беріп, үн қосып, қамыс бойы бидайықты жусатып барады. Мақаш ат үстінде көңілді, омырауына түскен ақ сақалын ұшынан ұстап, пішеншілердің қызу қимылына сүйсіне қарап жүр. Мына жақ бүйірде желе шоқытып Жақып келеді. Кең қорықта шошақ, көпенелер шыпырлап келеді.Пайда табам, деп найза тапты, қайткенде есесін қайыру керек. Бір қайтса, осы Мақаштың алдынан қайту керек.
― Ассалаумаликүм, қария! — деп, ол анадайдан аттан түсіп, Мақаштың қолын жаяулап келіп ұстады. Бұлай тек пірәдәлар істейді. Жасы үлкен жаяуға жасы кіші ат үстінен қол берсе, әдепсіздік болар еді. Екеуі де ат үстінде тұрғанда Жақыптың аттан түсуі әдептің тіпті аржағына шығып кетті. Онымен қоймай, майда тілімен жалап тұр. — Ой, бәрекелді! Қайтсін-ай, Мақашын ұмытпайды-ау жұрт! Қорықтағы елден ешкім қалған ба? Мырзаның да бір машинасы жүр ғой. Жусатып-ақ салған екен! Қайда қоясыз бұл шөпті?
― Шөп көптік қыла ма? Өзің ештеме шаптың ба? Жанжалдасып қалды деді ме?
― Шаба алғам жоқ. Соның әлегімен жүрмін. Мырзаға барып едім, сізге жіберді. Міне хаты.
― Қора жаққа барайық. Көзілдірігім сонда.
Екеуі салқын қораға келді. «Помощыларға» арнап қой сойылып, қазанға шетінен салынып жатыр. Екі саба қымыз тұр. Үлкен сабадағы — елден жиналған, кіші сабада — Maқаштың өзінің үш биесінің қымызы. Екі күн жинап, иіндетіп қойыпты. Әуелі бір-бір аяқ қымыз ішіп, сусындап алысты. Содан кейін Мақаш бір жағына шуда жіп таққан шипауыт көзілдірігін киіп, құлағын шуда жіппен орап қойды, хат оқуға кірісті. Тілдей ғана хатқа, біресе алыстатып, біресе жақындатып, шұқшияды келіп, аяғына жете алмайды. Ескірген көзілдірік пен кәрі көзге ескі оқу қосылып, қинап отыр қартты. Шәкен жәдитше жазған, бұл кісі қадимше оқиды. Ежелеп, нобайлап түсінді-ау ақыры. Сол кезде Жақып қойнынан бір түлкі суырды. Илеп, етін сыдырып, қырыңқырап жүнін ішіне қарата бүктеген екен, енді сыртыма қаратып, сілкіп-сілкіп жіберді де, қып-қызыл қылып, Мақаш алдына сұлата салды.
― Тымағыңыз тозып кеткен тәрізді еді. Дос-дұшпанға сіз киіңіз.
Мақаш мұртынан күліп, түлкіні жонынан сипап былай алып қойды. Ол тек қуанып күлген жоқ. Осы түлкінің айналып келіп өзіне бұйырғанына да күлді. Қорықты басып, Нұра бойындағы орыс поселкелеріне үлкен жол өтеді. Сол жолмен Қарқаралының Қаракесектері қыс бойы ағылып жатады. Ағаш, ет, май, арқан-жіпке дейін айырбастап, поселкеден ішермен астық алып қайтады. Жолда отырған елдің — Қуандықтың сұмдары жүргіншілерді ұрлап, алдап, оған болмай бара жатса, қорқытып бірдемесін іліп қалады. Мына түлкіні Жақып бір жүргіншіден қорқытып алған. Ол қайтарында Мақашқа әдейі соғып: «Бір қара мұрт түлкімді алып қалды. Іздеп тап та, өзің ал. Бұл елдің итіне бұйырғанша адамына бұйырсын ақ малым», деп кеткен. Елде қара мұрт көп. Ол кім болды екен? — деп жүргенде, сол қара мұрт, міне, өзі әкеліп берді. Бірақ тегін беріп отырған жоқ. Даудың майын тамыза келіп:
― Шөпке зәру емен. Осының ызасына сол жерді тым құрса биылша маған бұйырыңыз. Мұрнымды бұзған — Сыздық, жолымды алып беріңіз, — деп қиылады.
Мақаш жанжал жайына Жақыптан әбден қанған соң, дереу Әлжан мен Сыздыққа қосып, Аманды да шақыртты. Ауыл арасы тиіп тұр. Шақырып барған баланың атына мініп Аман ғана келді.
― Анау екеуі қайда, келе ме?! — деді Мақаш сәлем үстінде-ақ.
― Жоқ, олар үшін мен жауап берем. Олар жұмыста.
― Берсең, бер. Сенің қолтығыңа тығылатын көрінеді.
― Рас.
― Ал жанжал бопты. Неден болды, айта бер.
Аман айтып берді. Әділ бише екі жағын кезек тыңдап алып, билігін естіртті Мақаш:
― Бұл жанжалға Шәкеннің түк араласы жоқ. Әлжан анау аттың аяғын жазып берсін. Жаза алмаса, астындағы ез атын берсін. Биылғыдай жылы жердің түгі үшін төбелесер ме кісі! Кірмеге билетсек, кірмеден таяқ жесек, не елдігіміз қалды! Жақып сол машинамен орап алған жерін шаба берсін. Әлжанның малы жұтап бара ма! Кірменің жері деген жер жоқ әлі. Құтырмасын! Құтыртпа! Сыздықты Жақыптың аяғына жық, үстіне шапан жапсын. Оның жағы кіші, қолы тиді. Мен білетін қазақ жолы — Қасым салған қасқа жол осы.
― Ырзамын! Ой, кәрім-ай, әлі танған жоқ екенсің ғой! ― деді Жақып. Аман қызараңдап күле берді:
― Бұлай тек айтуға оңай. Орындау қиын, ата! — дегенде, Мақашты ашу қысып, ентігіп, демінен ұзын сақалы жеңілдеп кетті. Дауысы дірілдеп шықты:
― Мені тірідей көмбек пе едің? Сайлаубектен қалайсың, ол менің сөзімді жыққан емес әлі. Сайлаубек — коммунист. “Құдай жоқ” деген емес әлі. Естіп жатырмын, үлкенді ― үлкен, құдайды — құдай демей, күндіз-түні пәле таратасың! Бар болсаң, тап, тәңірім!..
Ащы қарғыстарға Аман шыдап отыра алмай, үндеместен шыға жөнелді. Мақаш шаршап тоқтады. Күні кеткен көк шолақ, күйзеліп біраз отырған соң, Жақыппен кеңесті:
― Енді қайтеміз? Жаңағы көнбей кетті ғой.
― Бір жапырағым қалғанша қуа берем. Болысқа хат жазып беріңіз. Бұның мойнын бұраушы табылады.
― Жазайын, жазайын! — деп, Мақаш жаман көзілдірігін қайта киді. Жазған хаты мынау:
“Гиззатлу уа хұрматлу Малқар мырзаға біз Мақаш ағаңыздан яғни мархұм әкеңіздің ең жақсы көретін билерінің бірінен көптен-көп дұғай сәлем. Сәлем бағдында айтар сөзіміз: үшбу хатты апарушы Жақып ініміз ағайыннан жәбip көріп, сізге кетті. Бұл хақында қандай хұкім етсеңіз де біз ризамыз. Ағайын тентек. Өтілдім, енді өз обалы өзiнe. Хат жазушы қамқор ағаңыз Мақаш деп білесіз».
Хатты төс қалтасына салып алып, Жақып жүріп кетті. Аты еркін жүре алмай, көк шалғынға бірде омыраулап, бірде батып шығады. Қызыл бас қурайлар, тікенекті ошағандар кездескенде сүрініп кетеді. Жоңышқалы, жапырақты, аласа балауса шалғындарға келгенде, тепкілете жөнелді. Болыс аулы көп жер. Қаттырақ жүріп, көз барында жете қонбақ. Болыста әлі тұрақты кеңсе жоқ. Бұл да, Байбол ауылнай сияқты, жұртты өз үйінде, не ел қыдырып жүріп қабылдайды. Болыс қазір елде ме, үйде ме? Үйде болса ауылы орынша ма, кешті ме? Жақып білмейді. Сондықтан кездескеннен сұрастыра отырды. Бір дөңестен аса бергенде, елсіз, жолсызда үш салт атты кездесті. Бірі — әйел, екеуі еркек. Әйел ортада, астында торы жорға, басында дағарадай ақ күндік, денелі, еркек пішінді кісі екен. Амандасып, жөн сұрасып тұрғанда бұрқырап берді:
— Атың, үсті-басың, бет-аузың жөндем болғанда, тәуір жігіт пе десем, жылпос Жақып сен бе едің? Дәл езуіңе... ендеше! Болыс, ауылнайды соңынан салатын, өзің тағы өтірік куәлік беретін әкеңнің көз құны бар ма еді Қасенде?! Ұзыннан өшің, қысқадан кегің жоқ, құтырған итше ұрынып, Жылқыбайға қосылып, ақыры айдатып тындыңдар. Аруақ, құдай бар болса, сендерді бір табар. Қасеннің қақақ баласына жазығы жоқ-ты. Сендерден аузы түкті орыс артық. Сендердің ортаңа сыймағанда, олардың ортасына сыйды. Сендер қаралағанда, олар ақтап жатыр. Тірі болса жатпас Қасенжан. Келер, иншалла! Келсе, сендей шылым тұмсық, мысық мұрт немеден кегін де ала білер. Болысқа шауып барасың, тағы біреуді шаққалы, айдатқалы баратқан шығарсың? Бар, мені қоса айдат!
Әйел тебініп қалып жүріп кетті. Тіп-тік отырып, жорға торыны тайпалтып барады. Жақып жақ аша алмай қалды. Баспалатып, сабап кетті сөзбен. Сабаған кім? Ойлана-ойлана азар тапты. Осы жаққа «Апам бар» деп, Қасен келіп жүретін. Сол апасы болу керек. Беталысы поселкедегі табунщик төркіндеріне бара жатқан сияқты. Қоржындары тоқ, Жақыптан өзге кісі жаңағы сөзге өлмесе де, өлімші болар еді. Ондайдың талайын естіген, өзі де талайды осылай тілдеген Жақып мәу деген жоқ. Былай шыға ыңырсып, әндетіп келеді. Насыбайын атып алған. Көңілі көтеріңкі. Мырзаның қолтығына енгелі Малқар болыспен суысыңқырап бара жатса да, жүйрік тазысын қолқалап алған тамыры. Тазының қарымжысын болыс әлі қайырмай жүр. Қайыратын түрі көрінбеген соң, Жақып та қолқа сала бармай жүр. Екі жағы да бір орайын елден келтірмек еді, міне келді. Осы жолы дауын жеңіп, жауын аяғына салып берсе, Жақыпқа одан үлкен қолқа керек емес, тамырына өле-өлгенше ырза. Сол ойымен болысқа жеткенше асыға түсті.
Алыстан көрініп, жеткізбей қойған көк дөңгіл, басынан аттай күн өткенде, қызарып кетті. Сол дөңгілдің бергі алдында терең, қарағанды өзекте отырған көп ел көлеңке түсіп, күңгірт тарта бастады. Аспаны ашық, тымық кеште әр тұста баяу, тік көтерілген көк түтін бірте-бірте төмендей жайылып, тұтасты да, ауыл үстінде қалықтап тұрып қалды. Тіпті жарасымды. Ауыл енді, буланған айдын қол сияқты, бетін айқын көрсетпей, дыбысын анық естіртеді. Бу тасасында, көл үстінде қаз қаңқылдап, аққу сыңқылдап, үйрек бықылдап жатса, түтін тасасында, ауыл ішінде, маңырасып, шуласып табысқан қой-қозының, боздасып-сарнасып табысқан бота-түйенің, кісінесіп, шұрқырасып табысқан бие-құлынның алуан-алуан үндері бір-бірімен ұласып жатыр. Малқұмар қазақтың кәрі-жасы бұл кезде далада. Жылқыны өріске жөнелтіп, өрістен қайтқан өзге малды қарсы алып, әбігер. Жақып ел шетіне дәл осы мезгілде іліксе де болыс аулына жеткенде қас қарайып қалды. Ол аттан түсіп жатқанда ең бұрын таныған — өзінің Сұр киігі. Көрмегелі үш жыл өтсе де ұмытпапты, арсалаңдап, басына шапшып жатыр.
— Ит, шіркін, есті-ау! Қарашы, менен бұрын таныды, — деп, — анадайдан сөйлеп келе жатқан Шөгелді Жақып та алыстан таныды:
― Ассалаумаликүм, Шөге.
― Әліксәлем, Жақып. Бала-шағаң аман ба, ел-жұртың аман ба?
― Шүкір. Өздеріңіз де амансыздар ма?
― Тәңіріге тәубе, амандық. Болыс бүгін үлкен үйінде. Сырқаттанып жатыр. Сенің мырзаңдай, болыстың қонақ үйі жоқ. Жүр, кіші үйіне барайық, — деп, Шөгел сөз арасында Шәкенді сырттан бір кекеп өтті. Өзі таяқ жеген сонay бір сәтсіз сапарда Шәкеннің бұларды қонақ үйден жөнелткені де есінде мықты сақталған екен. Үйге еніп, амандасып, жайласып болған соң Шәкенді тағы да бір кекеп қойды:
― Айша, тамырларыңа мал соятын боларсың, байқа, мырзаның тоқалындай табағыңа қамшы салып бере көрме.
Айша күліп жіберді. Тынысы кең, мөлдір, кербез күлкі. Ортадан жоғары бойы бар, тіп-тік, қағылез, ақсұр әйел. Жасы отызды орталаған. Мол жаулығының алдын иығына дейін қайырып тастапты, іске де, сөзге де үйіріліп тұр.
― Біздің тамыр таңдап әперді деген, — деп, Жақыпқа күлімдей қарады. — Жастығы ма ол, әлде көрсеткен сыйы ма?
― Екеуі де емес, — деді Жақып. — Мырзаның әйелі қазан басына бармайды. Ac басындағылардың байқамағаны ғой.
― Сонда ол әйел не істейді, қолы алдына қалай сыяды?
― Мырзаны күтеді.
― Мырза жоқта қайтеді?
― Ол арасын әйелдер өзі біледі де.
Жымыңдаған Жақыпқа ере, Айша тағы да бір әсем күліп тоқтады. Әзілге үйір, ашық кісі көрінеді:
― Болыс бүгін сырқаттанып қалды. Екеуі ара бір шал еді, жатып қалмағай-ақ, — деді де, орнынан тұрды. Шөгел қоса тұрды. Екеуі шығып кетісімен жалғыз қалған қонақ, әдетінше, үй ішіне көз жіберді. Кіші әйелінің үйі болған соң, кіші үй атанған, әйтпесе үлкен үй. Тек сүйегінің сырлары, киіздерінің оюлары ескіріп қалыпты. Төр алдындағы киіз қапты әбдірелердің, киіз жер-төсектің тұсындағы тұскиіздің бір заманда көз алғысыз әдемі оюлары да өңі кетіп, қурай бастаған. Жақып Шәкеннің үйімен салыстыра қарап, тең ештеме таппады. Оның үйі, жаңа түскен келіншектің үйіндей, жайнап тұрса, мынау, қыз ұзатқан үйдей көңілсіз де, көмескі де. Босағада томағалы бүркіт отыр, бір саусағының тұяғы түсіп, жезден салыпты саусақты. Одан жоғары, оң жақ қабырғада, төрге таман Сұр киік жатыр. Ұйқысырап, ақырын үріп қояды. Ілулі тұрған бала бөркінің, төбесіне бір шоқ үкі, жинаулы тұрған бала бесігінің бас жағында кірпікшешен терісі, тырнағы мен үкінің балағы. Шәкен үйінде бұның бірі жоқ. Қазақтың тозған ырым-жырымының көбін ол әдейі елемей жүрсе, мыналар әдейі елеп, дәріптеп қойыпты.
Жалғыз қалған Жақып ескі болыс пен жаңа байдың тағы да бірнеше айырмасын тапты. Шөгел елге шыққанда ғана шабарман екен. Ауылда, оңашада Малқармен тең, сырлас құрбы сияқты. Сөзі, жүріс-тұрысы, Айшамен қалжыңы тіпті еркін. Жақып, мырзамен қанша жақын жүрсе де, бұндай еркіндікке жеткен емес. Малқар екі әйел алғанда, мырзадан әйелқұмарлығы не дәулеті артықтығынан алған жоқ. Басқұмарлығы басым болған соң алды. Мырзада басқұмарлығынан байлық құмарлығы басым. Осы үй қазір, дәу де болса, жалғыз қонаққа қой сойып жатыр. Мырза анада болыстың өзі бастап барған бір топ адамға сойды ол қойды. Зымиян Жақып мырзасының да, тамырының да жайын жақсы біледі. Солардай болуға құмар, тек бола алмай келеді. Жазатайым бола қалса, ол екеуі бұның екі қалтасына сыйып кетер еді. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ неге бермедің?» деп, құдайдың өзімен дауласып қалды қазір.
Шөгел қайта келіп жаңағы орнына, осы үйдің, иесіндей-ақ төсек жаққа отырды. Айша есіктен кіре, шай жасауға кірісті. Дастарқанды жерге жайды. Көп кісіге арналған дойбы-шұбар үлкен көк дастарқан. Соның үстіне титімдей ағаш тостағанмен бір діні бауырсақ әкеліп шашқанда, тегіс жайылды. Екі бауырсақтың басы бір қосылған жоқ, бесеуін жинап ауызға салсаң бір ұртың толмайды. Бір кісіге бір қойдың етін түгел асқанда, бір шайнам нан бермейтін қазақы байлардың әдеті болыс үйінде де бар екен. Жақып, жарымайтын болған соң, бауырсақтан ауыз да тимеді, шайды да сол бауырсақтай ғана қантпен ішті.
― Iшiн кебек тескен мырзаларың етке де нан салып береді, - деп, Шөгел нанды мырзаға қоса кемітсе де, қойдың құмалағындай бауырсақтарды қуалап жүріп салады аузына. Тісі әлі балғадай көрінеді. Сақалы сұйық, орақ мұрын, сары шұбар, тапал Шөгел қырықтың жетеуіне шықса да, құрдасы Малқардан әлдеқайда жас, отыздың жетеуіндегі Жақыппен шамалас. Шабармандықты Малқардың әкесінің тұсында бастаған. Ол өліп болыстық баласына ауысқаннан бері шабармандықтан шолушылығы басым болып кетті. Ел ішінде тырс еткен хабар болса, алдымен ол есітіп, адамды райынан, сөзінен, жүрісінен ол бұрын танып, Малқарға хабарлап, ой салып отырады. Шай үстінде Жақып екеуі бірін-бірі арбай әңгімелесіп, иелерінің есіне салатын бірсыпыра жайларды іштеріне түйіп алысты. Жақып содан кейін, дастарқан жиылар-жиылмастан:
― Шөге, далаға шықсақ қайтеді? — деді. — Болысқа таңертең сәлем беремін. Аурудың халын түнде сұрамай-ақ қояйын.
Екеуі шығып кетті. Олар кетісімен Айша дауыстап жалшысын шақырды:
― Тайбек, малды сойып болсаң, шай іш!
― Сойып болмақ түгілі, қазанға салып та болдым, — деді бір жуан дауыс. — Балаларды алып келейін.
Ұйықтап қалған бір баланы көтеріп, бір баланы қолынан жетелеп, кешікпей Тайбек енді. Екеуін Айшаның жер төсегіне апарып жатқызып, беттерінен бір-бір сүйген соң, шайға келді. Құйған кірпіштей, шұнақ қара екен, жасы отыз шамасында, қалың қабағын жаба түсіп, қырын отырды. Айша оның бетіне жаутаң-жаутаң қарай береді. Дастарқандағы бауырсақты жиыстырып, бәрін соның алдына әкелді де:
― Неге томсара қалдың? — деп, күбірлей, күлімдей сұрады.
― Осы қонақ ит-ақ келгіш! — деп, Тайбек те күбірледі. Күбірінің өзі гүр-гүр етеді.
― Ақырын сөйле! Қонаққа сенің, нең шықты?
― Е, шықпағанда! Мына сұлу мұртты, тамырларың болса да, бүгін басқа үйге жатқыз. Өзі бір сумақай ғой, ойының осылғыр.
― Қой әрі, ұяттағы! Қонып отырған қонақты басқа үйге қалай қуам?
― Онда мен де осында жатам. Тырп етіп байқасын! Қазан қайнап кетті-ау, көбігін алайыншы! — деді де, Тайбек орнынан атып тұрды. Жалғыз қалған Айша төмен қаpaп, мұңайып отырып, көзінің жасын моншақ-моншақ төгіп жіберді. Кейде сырты қызық өмірдің іші азап, сырты сұлу семьяның іші жиренішті бола береді. Сырты жарқын Айшаның іші жадыраған емес-ті. Төмендеу жердің қызы болды. Кедейлік айдай сұлу арманды аяққа басып, Малқарға әкеп қосты. Қосқанда да, аюдай ақырған Балқия бәйбішенің үстіне, жасамыс, топас болысқа тек бала тауып беру үшін қосты. Ақ Айша атанған көрікті, мінезді, тілі орамды Айша ендігі бақытын — бала деп білді. Балалы болғанымен күндес Балқия әңгіртаяқ ойнатуын қойған жоқ. Соның дәттеуінше Тайбек сияқты мықты күзет қойылды. Тайбек әсіресе қонақтардан сақтанады. Оның ожар мінезінен қорланған Айша кейде совет өкіметін арқаланып, босансам сүйгенімді тапсам, деген ойларға да кетеді. Бірақ қазақы мінез, ар, ұят, ғұрып, туып қалған балалар, өтіңкіреп кеткен жалынды шақ — бәрі қосылып, қобалжыған көңілді қозғалтпай қояды. Сондықтан іш құса болып жылаған Айша көз жасын ешкімге көрсетпей, сүртіп тастады.
Жақып пен Шөгел оңаша кетіп, ұзақ сөйлесіп, үйге енгенде, Айша әлі дастарқан басында ауыр ойынан айыға алмай отырған. Шөгел қалжыңдай кірді:
― Шіркін, қатын болсаң, тоқал бол! Айдынынан ел ыққан Малқарлар тоқал алдында құрдай жорғалайды. Айша, сенде де арман бар ма екен? — дегенде, Айша қам көңілін қымтай түсіп, сыртымен жайраңдай қалжыңдасты:
― Бар болғанда, ол арманға сен жеткізбессің. Айналып, үйріліп келіп, мақтайтының бір шал. Басқа айтарың бар ма?
― Ойнасаң да, шал деуіңді қоймайсың. Ол сенен он үш-ақ жас үлкен. Мына Жақыптың мырзасы тоқалынан жиырма алты жас үлкен. Шүкірлік ет!
― Бишара-ай, тіпті жас екен ғой! — деді Айша. Аяғанынан қабағын шытып, аузын әнтек ашып қойды. — Тамыр-ау, сіз де қатал ма едіңіз! Келістірген, арада жүрген сіз ғой, аямадыңыз ба? Үлкен үйді ұстау, үлкен кісіге әйел болу оңай ма?!
― Қорықпаңыз. Онша елжіреген жас емес, — деп, сықылықтап күлді Жақып. — Әйел он үште отау иесі. Шолпан он жеті жасында түсті. Биыл он тоғызға шығады. Ширақ, өте есті, оңды кісі. Қазірдің өзінде мырзаны да, үй шаруасын да билеп алды.
― Үй шаруасында қолына ұстағаны кім? Еркек пе, әйел ме?
― Әйелден де епті Таймас деген жас жігіті бар. Сол антұрғанның әлі тіс қақпағандығы ғой — табаққа қамшының түсіп кетіп жүргені. Шөкеңдер ондайды құр жібере ме, былай алып тастай салудың орнына, табаққа салып, әйгілеп қайырыпты.
Шөгел рахаттанып күліп алды. Ac піскенше үшеуінің әңгімесі Шәкен маңында болды. Бертінде байып, дәуірлеп келе жатқан жаңа бай мен тоқыраған, енді тозуға беттеген, жуан ата ескі бай күндес қатындар тәрізді. Белдесіп күреске шықпаса да, бірін бірі кекетіп, сырттан мұқатуын қоймайды. Болыстық қолда тұрса да, Малқар өзіне аз сенеді. Үкімет күшінен құралақан болса да, Шәкен өзіне көп сенеді. Мыналар бағанадан Шәкенді аузынан тастамай отыр. Шәкеннің үй іші бұларды аузына да алмайды, қасақана менсінбейді. Екі жағының сырын әбден білетін Жақып артисше ойнап отыр. Қазіргі әңгімеде өзінің мырзасын мүлде істен шығарды.
― «Көн тартса — қалыбына» деген ғой. Дастарқаны да тар. Осы үйлердің жазы-қысы, күні-түні есігі ашық. Ешкімнің атының басы қайтпайды. Ал біздің мырзалар қонақты талғап қондырады. Құдай біледі, осы үйдің талай аты, талай сауыны елде жүр. Біздің мырзадан биыл елу сиыр бұзаулады. Бірін шашау шығармай, сүтін мәшинеден өткізеді. Мәшинеден өткен сүттің сары суы ғана қалады. Қымыз елдің асы ғой, тіпті соны да талғап береді...
― Ондай байлықтың ішін ұрайын! — деді Шөгел. — Шәкен, ақша болса, иттің де сүтін сатады. Оны қойшы. Алдағы сайлауда кімнің қолтығына су бүркер екен? Әдхамды құтыртып-құтыртып құлатты. Сайлаубекті, Шалабайды құтыртып-құтыртып құлатты. Енді кімді дайындап отыр? Жасырма. Саған оның келер-кетері аз. Жасырғаныңмен, ертең-ақ шығады.
― Сол әлгі Аманды дайындап жүрген сияқты. Осы бастан басын шырмап қоймасаңдар, ол жігіт түбі бір сойқан жасайды.
― Басына қайыс ноқтаны екі қабаттап-ақ кигізгенбіз. Енді үш қабаттайтын шығармыз. Жаңағы Мақаштың хатын маған беріп қойшы. Болыс оқып, тілмашпен ақылдаса берсін.
Жақып хатты берді. Шөгел, бармағының астына бүккен күйде, орнынан тұрды. Кетіп бара жатып, сөйлеп барады:
― Қонақтан бір шола күні келермісің. Оңашада кең сөйлесіп, рахаттанып қалдық қой.
Ол кетісімен сөз тыйылды. Мұржалы керосин шамның жарығы тым әлciз, керосиндi аз кетіру үшін білтені ұшынан ғана жағып қойыпты. Айша көлеңкеде шымылдығын түсіріп, төсек салып, балаларын жайлап жүр. Жақыптың насыбайы таусылса керек, мүйіз шақшасын түбінен ашып, тықырлатып отыр. «Бұ не тым-тырыс?» дегендей, ошақ басындағы Тайбек құлағын тіге қалды да, ептеп келіп есіктен тыңдады. Ештеме сезілмеген соң, кейін қайтты. Кештеу келген жалғыз қонақты ауыл кештеу білген. Ет пісуге жақындағанда біртіндеп жинала бастады. Болыс аулы — үлкен ауыл. Үлкен қотанның сонау шетінде алтыбақан теуіп, ән салып жатыр бір топ жас. Ай жарық, аспан ашық. Ақсүйек ойнап жүгірген балалардың аяқ дүбірі естіледі. Қоныс жаңа, жер от. Жылқы тақауда жатқан болар. Кісінеген жылқының, жылқышы тартқан сыбызғының үні келеді құлаққа. Бір үй іркіт, бір үй қымыз пісіп, күмпілдеткенде, енді бір үй шақырлатып, қазан қырып жатыр. Жарық айлы кен, даладағы ала-құла көп ауылдың әлі баяғы мінезі, баяғы қалпы секілді көрінсе де, алтыбақан басында бір жаңа әнді қосыла, сүйсіне шырқап жатыр:
Үлкен сынды, бәйгелі бұл — бір майдан,
Нашар ұлы, жігерлен, жатпа, сайлан!
Қорғалайтын күн өтті, бауырларым.
Арам құлқын, арам қан патша, байдан...
Жақып бұл таныс әнді тыңдап отырып, мұрнынан бір мырс етті де:
― Бай не істеді екен бұларға? — деді. — Жазығы майға, ет пен қымызға тойғызғаны ма? Тойғызбаса, тағы пәле.
― Тойғызсаң да, тойғызбасаң да, олардың аузына бағым бар ма! — деп, Айша да қостап қойды.
― Қарекең аулының әшейкелері шауып-шауып тоқтаған ба? Үндері естілмейді ғой.
― Естілмесе де, қарап жатпайды. Бай дей ме, жуан дей ме, әйтеуір, даттап жатады. Ең болмаса, ел арасына әкеліп, байды боқтаған өлең таратады. Осы өлеңді таратқан да солар.
― Тиыш едік, әшейке деген пәле бізге де жетті...
Жақып ячейкеге қосып, Аман жайында Айшаның құлағына да бірсыпыра құйған кезде, Шөгел қайтты. Ол отырысымен, қазан түсірілді. Үлкен қайың табақты үйме қылып толтырып, басты үстіне салып, қонақ пен Шөгелдің алдына қойды да, Айша өзіне кішірек табақ жасап, қасына Тайбекті алды. Есік жақта табаққа енуге жарамайтын бірсыпыра адам отыр. Әйел-еркек, кәрі-жас, балаға дейін бар. Киімдері кір, жыртық, жамау. Қайсыбірі тәрге қарап телміріп, қайсыбірі төмен қараса да, дәметіп отыр. Жері көп, наны аз, аққа қараған қазақ аулында кедей түгіл орташалар жаздыкүні шайнамаға жарымайды. Сондықтан мал сойған үйден ет асап, сорпа ішу салтқа айналған. Айша есік жақтағыларға ет асатып, сорпа берген соң ғана тамақ жеуге кірісті. Төрдегілер әзір бас көтерген жоқ. Екеуі де жемпаз. Бірақ Шөгел тек ерғара болып, қонақ тойсын деп отыр, тоймай қалса, болысқа, алдымен Айшаға ұят. Қой тіпті семіз екен, Жақып жалғыз тауыса алмады. Есік жақтағыларға асата бастағанда, Шөгел қимылдады.
― Келші, отағасы, — деді Жақып, еттен молырақ уыстап алып, қарттау кісі келіп, қолын тосып тұрғанда, қолына сала қоймай, қылжақ етті. — Бай жақсы ма, кедей жақсы ма?
― «Бермесе де бай жақсы. Жемесем де, май жақсы».
― Өлеріңді білетін кедей екенсің, мә!
Жақып өзі бай емес, кедейге байдан әрі рахымсыз. Онысы байға жалпыштанғаны ма, әлде кедейге тіпті қаны қарсы ма, кім білсін. Енді бір бала жігітті шақырып алып, аузын аштырды да, асата беріп, тартып алды:
― Алтыбақан басында шырқап жатқан өлеңді осы білемісің, айтамысың?
― Жоқ.
― Онда аш аузыңды.
Ол өзі тойып алған соң, осылай қылжақтап, күлдіріп отырды. Бірақ көп ұзамай, өзі де күлкі болды. Тамақ желінді, жұрт тарады. Төсек салынды. Қараңғы үйде Айша, Тайбек — үшеуі ғана. Үшеуі де ояу жатып, өтірік ұйықтайды. Тайбек қорылға басқанда Жақып басын көтерді. Буыны бір сырт етіп, шымылдыққа беттегенде, Тайбек басын көтерді. Жақып қайта келіп жатты. Тағы да пысылдап, қорылдап ұйықтап қалған болысты. Жақып тағы тұрды орнынан. Тайбектің жөтеліп қалғанын елемей, шымылдыққа барып қалғанда, көйлекшең денесіне сарт етті қамшы. Тіліп түсті. Дымын шығармастан, Жақып орнына келіп жата қалды. Арқасы білеудей, оны елер емес. Бұдан үлкен тағы бір сұмдығы бар ма деп қалш-қалш етеді. Тайбекті ашу қысып, Айшаны күлкі қысып қалшылдап жатыр. Бірі дыбыс шығарған жоқ, ұйықтай алған жоқ. Таң атты. Таңертең орындарынан тұрғанда, ештеме болмағандай, түк сезбегендей болып тұрды. Айша шапан бүркеніп, шәйнек алып, далаға жөнелгенде, Жақып Тайбекке жетіп келіп:
― Әй, ит! — деді, өтірік күліп. — Аямай ұрғаның не, арқам ісіп кетті ғой! Оған бірдемесі кете ме оның, неге қорғайсың? Мә, жап аузыңды! Екеуіміз ғана білейік.
Тайбек жауап қайырмастан, Жақып ұсынған жап-жаңа қара барқыт топы тақияны жымың етіп, қойнына тығып жіберді де, басын бір шұлғып шығып кетті.
Шөгел оразасын да осы үйден ашады білем. Жақыпқа бетін жуғызбай келіп амандасты. Келісімен, там сұрап шаңқылдап тұрған бүркітті тұғырынан алды да, жерге тайтері жайып, соның тақыр жағына отырғызды. Томағасын сыпырып, түнде сойылған қойдың шикі мойнын алдына тастады. Бүркіттің тұмсығы адамның қолынан епті болса керек, мойынның етін жеген соң, имек тұмсығымен мүжіп еді, не қиын жықпыл, тесіктерде түк қалдырған жоқ. Мойын сүйегі тұтас күйінде, тап-таза болып қала берді.
― Сүйекті мен де таза мүжитін едім. Мынау менен мүжімпаз екен! — деді Жақып. Көп жеген еттен бе, тіліп кеткен қамшыдан ба, қабағы қатыңқы, денесі ауыр отыр. Онысын білдірмеген болады.
Айша келіп:
― Тамыр, жақсы жатып, жай тұрдыңыз ба? — дегенде:
― Сұрамаңыз. Суыт жүріп, ат соғып, шаршап келіп едім, қатып қалған екем. Таңертең бір-ақ ояныппын, — деп, шұбырта сөйлеп бара жатыр еді, Шөгел бөліп жіберді:
― Шайды үлкен үйден ішейік. Ел жиылмай тұрып, оңашада, шай үстінде болыспен сөйлесіп қал. Кейін ел босатпай қояды.
Екеуі үлкен үйге қарай аяңдады. Үлкен үй — десе дегендей. Малқардың әкесі, атасы шыққан қара шаңырақтың, қасында өзге үйлер отаудай-ақ боп түр. Адамның, иттің үлкені де осында. Есік алдында етпетінен түсіп, иегін жерге төсей жатқан төрт көз қара төбеттер тайыншадай. Үйде болыстың қасындағы Балқия бәйбіше бір езі екі кісінің орнына азар сыйып отыр. Кіріп келгенде, Жақыптың көзі алдымен Балқияға түсті. Жалпақ боз бие сияқты екен. Денелі, семіз, жасамыс әйел болғанымен, баданадай көзі әлі отты, беті онша етті емес, әжімсіз, әппақ. Бала таппаған, бейнет көрмеген, төркіні жуан ата, қара шаңырақтағы бұла келін — Малқардың ғана бәйбішесі. Нағыз бәйбіше болуға әлі ерте, ауыр денесін жеңіл билеп, болыстың қабағы қалай қозғалса, солай қозғалып отыр.
Малқардың қазіргі отырысы, болыстан гөрі, босанған әйелдерге көбірек ұқсайды. Үстінде түйе жүн күпі, басында тымақ, бөксесін көрпемен орап, шымқап тастапты. Кешеден бері белінен құм бұлау кеткен жоқ, денесінен сасық тердің исі аңқып тұр. Жасы қырықтың жетеуінде, Шөгелмен құрдас болғанымен, өңі кәрі, Шөгелдің әкесіндей. Оның үстіне атағы, әкімдігі ұлғайта түсіп, жұрттың көбі сәлем бергенде, қолын ұстайды. Жақып, тіпті молдадан сабақ ала келген баладай, тізесін бүгіп отырып ұстады қолын. Амандығын, ауруын ежіктей сұрамаған бір ғана мүшесі қалды. Ұмытып кетсе керек, әйтпесе, оны да сұраған болар еді. Не ауру екенін білу үшін: «Әне жеріңіз ауыра ма, мына жеріңіз ауыра ма?» — деп, босқа далбасалады. Болыс өз ауруын онсыз да жақсы білетін көрінеді.
― Белімнің шойырылмасы бар, — деді, Жақып мазалай берген соң. — Кеше далада, байқамай, сыздау жерге отырған екем, қозғалтпай тастағаны. Бүгін шүкір, басымды көтердім. Бұлаулай берсем, ертеңдер тұрып кетем.
Асшы келіншек жерге дастарқан жайып, шай жасай бастады. Қара шаңырақтың сол жағы болыстың пәтері болғанда, оң жағы кеңсесі. Кеңсе сиқы: бір дөңгелек стол, екі-үш папка, мосқал, көсе бір қазақ. Сол қазақ қағаздан бас алмай, сиямен жазып отыр. Қаламының ұшынан сырт-сырт үн естіледі. Жақып оның сыртылдатқанына сүйсіне:
― Кеңсенің үйде болғаны рахат-ау! — деп қойып еді, болыс қостап кетті:
― Оған не жетсін! Ерте, кеш демей, тамақ үстінде де, төсек үстінде де істей берем. «Поселкеге көшірсе қайтеді, орыс болысының кеңселері сияқты жазы-қысы бір жерде болса қайтеді?» — деген. Мен бет бақтырмадым. «Қазақ көшіп жүреді, поселкеде отырып, шошқа бағамыз ба?» — дегенімде, бірі жақ аша алмады.
Ішіне ыстық шай барған соң, болыс терлей, жадырай түсті. Жадыраған сайын мыңқылдап сөйлей түсті. Мұрны ертеде бітіп қалған, демін аузынан алады. Аузы әмән ашық, әp жерде бір тіс сойдиып сарғайып көрінеді, соның үстіне насыбай атады. Алыстан атағы, атасы зор болғанымен, қасына келгенде, қораш-ақ кісі. Не сөзіне, не көркіне, мінезіне жарымайсың. Екі сөздің бірінде «есебі» деп отырғаны. Сонда да ол салпиған жалақ ернін қос қатынға сүйгізе білді, әмірін елге орындата білді. Тек совет тұсында ғана төмендеп тұрғаны бүл. Әйтпесе Аман сияқтыларға шабарманын ұрғызып, Жақып сияқтыларды төріне шығарып, тізелесе отырғызып қоймас еді. Қазір Жақыппен тіпті тең кісідей сөйлесіп отыр. Шөгел кешеден бері болған оқиғаны құлағына құйған екен, Жақыптың өзін тыңдап болған соң, бір ғана сұрақ берді:
― Шәкен араға түспей ме?
― Әгәр суға батып баратса, батыра түседі. Батпайтын болса, демеп алып шығады.
― Шәкен кіріспесе болғаны! — деп, қутыңдап қалды болыс. — Мәтекең ұрпағымен ұстасуға үйренгем. Бір кезде Мақаштың өзі шыққан. Одан кейін Сайлаубек шыққан. Біреуі бір сіліккенімнен қалған емес-ті. Енді мынау Аман дегені бас көтерген екен. Аруақ алжып кетпесе, бұның да басы езілер. Ол сонда Шөгелдің жағасын жыртқан жоқ, менің жағамды жыртты. Бұл сотталатын жұмыс. Тергеуші көптен ауру болып, бүгін ғана жүргелі жатыр еді, жақсы келдің, Бейсек, бұйрық дайын ба?
Дастарқан басында бірге отырған көсе секретарь Бейсек екен. Орнынан шапшаң тұрып, столында жатқан жазулы бұйрықты әкелді де, болысқа ұсынды. Болыс, оқымастан қол қойып, Балқияға берді, Балқия камзолының қойын қалтасынан алып, мөр басты. Болыста арғы аталарынан бері үзілмей келе жатқан өзгеше бір мінез — мөрге өте қызғаншақ. Секретарына бәрін сеніп тапсырса да, мөрді тапсырмай, өзі ауырып қалғанда әйеліне сақтатады. Әйелінің өзгеше бір мінезі — тым мақтаншақ. Алақандай қағазға мөр басқанға, алақанымен бүкіл дүниені басқандай танауы көтеріліп кетті.
― Ауылнайға бер, — деді болыс, бұйрықты Жақыптың қолына ұстата отырып. — Кірме түгілі, тұрғын елдің талайы кедеймін десе, талай кедейінде шабын жоқ. Біреудің жерін тартып әпер деген жарлық тағы жоқ. Әлжан жерге қайдан ие болып жүр? «Жақыпқа алып бер» — деп жаздым. Аржағын сен айтшы.
Бейсек болыстан әлдеқайда майда көрінеді. Көп сыбырласып әдеттенгендіктен бе, әлде бар даусы сол ма, әйтеуір сөзі дастарқан басындағыларға азар естіледі. Қолында дамыл жоқ, Жақыптың алдынан бір кетпейді, сөзін арық саусақтарымен жайлап отырған сияқты. Жорғақтап отырып, Жақыпқа екі нәрсені қадағалап тапсырды:
― Ауқалтерге материал мықтап берілген! — деп, екі қолымен материалды шамалап көрсетті. Рас айтса, бір кездей екен қалыңдығы. Басқа түгіл, Жақыптың өзі жас Аманға көпсініп қалды. Бірақ, обал ғой онымыз дей алмады, Тыңдай берді секретарьды. — Ауқалтермен бірге қазір қайтыңыз. Шөгелді өлімші қылып ұрып, лау атты тартып алғандығын растайтын бірер куә, одан кейін жігіт жинап келіп, өзіңізді өлімші қылып ұрғанын, жеріңізді, самосот жасап, тартып әпергенін растайтын бірер куә тапсаңыз болады. Таба аласыз ба?
― Куә табармын-ау!
― Тапсаңыз, аржағы ауқалтермен келісілген, — деді Бейсек. “Ауқалтер” дегені — аудандық халық тергеушісі. Ол өзімен аталас, ауылдас, жақын құрбы болатын, келісімдерін де ашық айтты. — Куәларыңыз қуаттаса, ауқалтер Аманды қолма-қол тұтқынға алады, істі сотқа тапсырады.
Жақыптың көзі жайнап сала берді. Шақшасын алып, өкшесіне қағып-қағып жіберді де, насыбайын атты. Болыс алақанын жайып еді, қағып, тырналап, оған да бір атым тапты. Содан кейін тасыған көңілін көрсетіп отыр.
― Ырзамын, Малқа! Әдейі ат терлетіп, арқа тұтып, шауып келгенімде, құшақтай қарсы алдыңыз. Әкем тіріліп келмес, келсе де бұндай қуанбаспын. Ат жалын тартып мінгелі көрмеген қорлығымды совет тұсында көріп едім. Енді қарымжысын да совет тұсында алатын болдым...
Жақып ырзалығын ақтарыла айтты. Шайдан кейін қымыз ішіп, кешікпей атқа қонды. Бейсек пен Шөгел тергеушінің аулына дейін шығарып салып, тергеушіге Жақып жайын екі жақтан ұғындырды да, қайтып кетті. Тергеушінің артында кішірек қоржыны, қасында бір милиционері бар. Жақып бастап, үшеуі Мақаш қорығына бет түзеді. Аттары жарау, жүрістері қатты, екпіндері де осал емес.
― Аман деген қит етсе қол жұмсайтын көрінеді. Өзі палуан ба сонша? ― дейді тергеуші. Сірә, қауіптенеді білем.
― Жоға, тәйірі! Әншейін, ауыл итінің құйрығы қайқы,м деп, бетін тыржитады Жақып.
— Кезі келсе, қолдасып та байқармыз, — дегенде, құжбан бұжыр милиционер күж-күж етеді.
Еті қызып бастарын шұлғи бастаған жарау аттардың, тізгінін босата, ағызып-ағызып алады. Ыстық күнде қатты жүріп, ат сабылтқандар, даланы дүрсілдетіп, шаңдатып келе жатқандар кім екенін қазақ аулы анадайдан-ақ танып тұрды.
IV
Иінжар — бұл жақтағы немістердің үлкен поселкесі. Еңбек адамының көбі далада, пішенде. Поселкедегілер күндегі әдетінше қызыл іңірде-ақ жатып қалған. Тырс еткен дыбыс, жылт еткен жарық жоқ. Ұйқы мен түн басқан қараңғы поселкенің қора жақтағы бір терезесінен жылтыраған шам жарығы, ол жарыққа май тамызып отырған адамның бет бейнесі көрінеді. Бұл — Аман. Тұтқында отыр. Қолында — «Народный университет на домудың» бір номері. Қоғам тану лекциясын оқып отыр. Бұрын астық сарайы болған осы кішкентай тұтқын үйге енгізіп жібергенде, ол бір шыңырауға түсіп кеткендей сезінді. Кең даладан келіп, қапас қамауға бірінші рет тұтқиылдан түскен жастың көңілі торға түскен бүркіттей аласұрып, көпке дейін ақыл-ойға ырық бермеді. Тұла бойын намыс кернеп, қызарып, булығып, «жазығым не?» — деген бір сұраққа жауап таба алмай, сенделумен болды. Түстен кейін кітап оқуға кірісті. Содан әлі бас алған жоқ. Қазір көңілі бөлініп, ашуы қайтып, ақыл енген түрі бар. Бүгін нәр татқан жоқ-ты, қарны ашқанын жаңа білді. Бірақ тамақ қайда!
Үйден мүлде қамсыз шыққан. Артынан ешкім келе қоймады, тұтқындаушылар, құлыпқа бір салған соң қарасын көрсетпей кетті. Бір ғана үміт бар. Бағанадан арт жағында қор-қор ұйықтап жатқан таз қараның құртымдай түйіншегі қабырғада ілулі тұр. «Соның ішінде бір асам бірдеме қалмады ма екен?» дейді Аман. Иесін оятуға ұялады. Оятпасқа қарын қоймай барады. Сөйтіп отырғанда:
― Ей, бала! — деді түйіншектің иесі, бір аунап түсіп. — Осында кітап оқуға келіп пе едің? Құрттың ғой болмашы майды, қойсаңшы.
― Қойдым, ағай. Бір асайтын бірдемеңіз бар ма? Қарным ашты. Маған да азық келіп қалар.
Таз қара басын көтерді. Арсыз таз көрінеді, жалтыр басын алақанымен ысып-ысып жіберіп, түйіншекке қол созды. Бар болғаны қос жұдырықтай ғана майға жентектелген қызыл ірімшік екен, содан мықтап бір асатты да, түйіншекті орнына қойды. Аман шамды өшірді. Екеуі әлі жөнді әңгімелескен жоқ-ты, таз қараның ұйқысы әбден қанса керек, сөз бастады:
― Солай де, бала, солай. Болыстың шабарманын ұрғансың... Мен ұрғаным жоқ, болысты тек боқтағамын.
― Не үшін боқтағаныңызды айтпадыңыз ғой.
― Айтайын. Оразаға көшкен ермек. Айтқан соң басынан айтайын, — деді де, таз қара малдасын құрып, басын кекжите отырды. Қараңғыда шолақ мұрыны жоғары қарап саңқиып тұр. Сөйлеп отыр.
Күз. Қара қатқақ. Жерде әредік-әредік қырбық қар бар. Күн көзі сирек көрінеді. Осы ай туғалы дүниені тұман, буалдыр басып алды. Қызылжардан Қытайға қара жолмен күндіз-түні ағылған ақтың әскері Көкшетау, Шортан, Ақмола, Спасскіні басын, Қарқаралыға жеткенше мың километрдей жүреді. Одан әрі тағы сол шамада жүріп барып, Қытайға өтеді. Жадағай жатқан қазақ елінің ішімен екі мың километр жүргендер, соққы көрген ашынды әскер, қойға тиген аш қасқырша ауызды салып бақты. Жол маңында, аяқ жетер жерде отырған қазақтың бірде малын айдап, бірде жарын зорлап кетсе, енді бірде келемеждеп атып та кетіп жатты. Ел қатты шошынған. Жаз болса үрке көшер еді, ұстатпас еді. Қыс түсіп қалды, қайда барады! Әйтеуір, «Ақтар қашып, қызылдар қуып келеді» — деген зор үн ұлан байтақ қазақ даласын дуылдатып тұр. Жәбірленген елге сол үн қуат беріп, жауына мойынсұндырмады. Жас әйелдер еркекше киініп алды, жас азамат малды алысқа, жонға айдап кетті, дәмдісін, жылтырарын тау-тастың арасына тығып, ауыл қолдан келген айласын, қарсылығын істеп жатыр.
Қой малы алысқа кете алмай, ауыл маңында қалған. Бір қора қойды ойға, тасаға бағып жүрген екі жігіттің бірі бала жігіт еді, көзі жасаурап, даусы қалтырап:
― Келіп қалды! — деді.
Бес-алты атты әскер құйғытып келеді. Ішінде Шөгел бар.
― Біліп қояр ма екен, Шөгел айтып қояр ма екен!- — деп бала жігіт қалш-қалш етеді.
Солдаттар келе-ақ қойды бір шетінен бөліп алып, айдай жөнелді. Шөгел жаны шығардай аяған, шыжалақтаған болып жүр:
― Шауып кетті-ау! Есіл, аузын үріп, аяғын сыпырған мал итке бұйырды-ау! Атып тастаса да, қаша бермей неге тоқтадым екен!.. — деп, жақ жаппай бажылдап жүргенде, бала жігітті танып қалды да, солдаттарға сыбырлай қойды. — Дебка! Дебка!..
Орысшалағанына орыстар түсіне қоймаған соң, көзімен, қабағымен ымдады. Екі солдат қайрылып келіп, бала жігітті алып кетті.
― Қу екенсің, қазақ қызы! Солдатты алдамақсың, ә? — деп барады. Қыз тілдеп, бұлқынып барады:
― Босат! Нелерің бар менде? Жібер, босат деймін, атаңа нәлет! Шөгел аға! Әдхам аға! Әдхам аға! Шабыңдар елге, хабарлаңдар, құтқарыңдар!..
Тартынып, жылай салғыласып бара жатқан жас қыздың ащы даусынан қойшы Әдхам еңіреп тұрып:
― Айналайын Күлпаш-ай, даусың қалай зарлы еді! — десе, Шөгел одан әрі егілген болады. Ол енді елге, қыздың кәрі әкесіне хабарламақ болып тұра шапты. Болыстыққа таласып, ұстасып қалған рулардың ала аяқ сұмдары ел үстіне осындай ауырлық түскен шақта да кек алысып жүр. Шөгел кегін алды. Енді абырой алмақ, ең болмаса, байбалам салып, қылмысын бүркеп қалмақ. Күлпаш сол кеткеннен елге әлі қайырылған жоқ. Әйтеуір, Қытай жеріне жетпей ақтардың қолынан құтылып, Семей қаласына келіпті. Одан Оренбург барып оқуға түсіпті.
Әдхам қойымен бірге қала берді. Бір бұл емес, күн шығысқа қарай шұбырған ақтың әскері талай кездесті. Таяқтап кеткен кездері де болды. Бір күні апақ-сапақта, қасында төрт солдаты бар, Қалқа келіп тұрды қотанға. Зәрезеп болған ауыл, тығылғаны тығылып, қашқаны қашып, ұйқы-тұйқы болып жатқанда:
― Қорықпаңдар! Бұл — қызылдар! Большевиктер!.. — деп айғай салды ол. Қалаулы қидың арасына тығылған Әдхам дауысты тани қойып, тұра жүгірді.
― Тірі ме едің, бар ма едің, бауырым!..
― Тірімін, бармын. Жалшының күні туды!
Екеуі анадайдан шұрқырасып келіп амандасты. Қалқа бұл ауылда көбінесе Күлпаштың үйінде жатып, бала оқытып жүргенде жоғалып кеткен. Ауыл адамдары біртіндеп жиналып қалды. Бірін-бірі кие сөйлеп, көрген қорлықтарын, қиянаттарын айтып жатыр. Күлпаштың кәрі әке-шешесі: «Жалғызым, Күлпашым!» — деп зарлағанда, Қалқа солқылдап, қоса жылап тұр еді. Бір кезде:
― Кек қайтады, жара жазылады, жолдастар! — деді, «Жолдастар» деген сөзді бұл ауыл бірінші рет естіді. «Буржуй» деген сөзді де Қалқа естіртті. Буржуйлар жылқысын қайда жіберген? Жоқ қой бұрынғы мекендерінде. Неге үндемейсіңдер, Шәкен мырзаның, болыс Малқардың жылқысын сұрап тұрмын.
― Е, буржуйыңды қайдан білейік? Жаңа түсіндім ғой! — деп Әдхам қолымен солтүстікке нұсқап тұрып сөйледі. — Малқардың жылқысы Сарыөзекте жатыр. Дәл үстінен түспесе, көріне қоймас. Шәкен мырзаның тобы жонда, қашықта деген...
― Сен екі солдатпен бар да, Малқардың жылқысынан басып жүріп елу ат-айғыр алып қайт. Кедейдің, момын шаруалардың меншігі ілініп кетіп жүрмесін. Шәкеннің, жылқысына екі солдатпен өзім барам. Ертең кешке осы арада табысатын болайық. Оған дейін қызыл полк келіп жетеді. Арықтаған, қатардан шыққан аттар бар. Оларды кедейлерге тастап кетеміз. Ел енді қорықпасын, қашпасын, хабарлаңдар. Қызыл әскер өз әскері, елдің жауын — ақтарды қуып барады.
Әдхам екі солдатты ертіп, түн қатып жүріп кетті. Сол кеткеннен ол қой бағуға қайтып оралған жоқ. Қызыл әскерге еріп, ақтарды Қытай асырып, басқа жолмен Ақмолаға қайтты. Бірде Қалқаға, бірде басқаларға еріп, елге шығып, көлік, түйе жинады, азық-түлік жинады. Сөйтіп, қыс бойы дамыл таппай майданға, жас совет өкіметіне көмек етті. Жаз шыға болыстық ревкомның председателі болып келіп, Малқардың орнына отырды. Бұрын әйелдің сәті түспей қойған, енді әйел алды, басына үй тігіп, алдына аздап мал салды. Бірақ сайлау шығып қалып, ел Малқардың өзін қайтадан болыс сайлады. Аз уақыт болса да, әкімдіктің дәмін татқан Әдхам Малқармен күресіп көріп еді, ештеме шығара алмады. Сүйенетін Қалқа өліп кетті. Уақыт өзгерді, байлар есін жиды. Бірақ сол бір аласапыран күндерді Әдхам да, байлар да ұмытар емес. Екі жағы бірдей күрсінеді. Бірінің кеудесін сағыныш кернесе, бірінің кеудесін кек кернеп күрсінеді.
Қараңғыда жантайып жатқан Аманның қасында малдасын құрып алып әңгіме соғып отырған таз қара — сол Әдхамның өзі. Ол қазір не қойшы, не қызметкер емес. Бос жүр. Қайтадан қойшы болуға арланады, қызмет қолдан келмейді, оқуға жасы өтіңкіреп кеткен, мойын жар бермейді. Сондықтан ермегі де, азығы да — өткені.
― Мен атқа мінген кезде, — деп қояды екі сөзінің бірінде, — байлар басыма жастық, астыма төсек болды. Мен аттап құлаған кезде жабатыны маған есек болды. Ақыры міне Малқар болыс есебін тауып отырғызды. Қызыл әскер мініп кеткен елу ат, айғырдың кегі ғой бұл. Нешауа, тілімді кесіп тастамаса мен де табармын бір есебін.
― Сізді жай шаруалар да жақсы атамайды. Онысы несі?! — деген Аманның дөрекілеу сұрағына Әдхам шамданып қалды:
― Е, жұрттың, бәрімен сырлас па едің сонша?! Әлде мені ұнатпайтындардың санағын алып жүрмісің?
― Естігенімді айтам, ағай. Ағат кетсем, кешіріңіз.
― Құлақ не естімейді, көз не кермейді. Бәрін айта берсең, өкінесің бірде, бармағыңды тістейсің. Жұрт мені: басына үй тікті, алдына мал салды, қайдан салды? — дейтін шығар. Жасырмаймын, байлардан алғаным рас, өмір бойы қаналған еңбегімді алдым. Жұрттың оған іші ауырмасын. Байшылдар ауырмақ түгіл, жарылып кетсін. Бай жалшыны жеп келсе, енді жалшы байды жейді.
― Сонда парамен жегені қалай? Совет заңы пара үшін жазалайды ғой.
― Ақмола оязында пара жемейтін екі-ақ адамды білемін. Соның бірі — Қалқа еді, өліп кетті. Енді бірі Ералин. Басқасының бәрі пара алады. Сотталсам, солармен бірге сотталам.
― Бәрін қайдан білесіз? Өзіңіз айтпақшы санақ жүргізіп пе едіңіз?
― Бәрін білмесем де, білгенімнің өзі жетеді, — деді. Әдхам парақор қызметшілерді саусағымен санағанда, екі қолының саусағы жетпей қалды. — Осының бәрі — бай, жуан не солардың балалары. Жалғыз сопы болғанда, мен не бітірем? Басқа жерді қайдам, әйтеуір, біздің оязда совет өкіметін байлар билеп барады. Өзіміз атқа мінген кезде байлар құрдай жорғалаушы еді, енді аяғын кердең-кердең басатын болыпты. Әй бала, орысшаға жетікпісің, осыны тура Лениннің өзіне жазсақ қайтеді?
Аман ұйқысы келіп есінеп, ынтасыз тыңдап жатқан. Әдхам: «Жазсақ қайтеді?» деп иығынан ұстай изеп қалғанда, ұйқысы ашылып кетті, күліп жіберді.
― Ленин сіз білгенді білмейді дейсіз бе? — деді содан кейін. — Сізді болыс қойыпты. Қойыпты да, түсіріп тастапты. Әгәр болыстықты дұрыс басқарсаңыз, түсірмеген болар еді. Мемлекет ісін басқаруға еңбекшілердің білімі, тәжірибесі жетпей жатыр, жетілдіру үшін оларды оқытып, іске араластырып жатыр. Сіз, араласып жүріп, осы арасын аңдамағаныңыз қалай? Әлі де мылтықтың, қамшының күшімен ел басқарғыңыз келеді. Мені: «Кітап оқуға келіп пе едің?» деп қағытасыз. Оқымаған сіздің халыңызды, оқымаған елдің халын керіп тұрып, оқымасқа амалым жоқ. Надандық Малқардан әлдеқайда күшті жау екен. Бізді осында қаматқан Малқар емес, өзіміздің жалшы, кедейлер. Бірі үстімізден арыз берсе, бірі куә болады. Сөйтіп Малқарға жеңіп береді. Совет өкіметін байлардан шын қызғансаңыз, шындап оқу керек. Онсыз совет өкіметіне қанша доспын десеңіз де, достығыңыз аю мен адамның достығы тәрізді.
― Тоқташы, тоқташы, ей бала, — деп, Әдхам қараңғыда Аманның аузын қолымен баса қалды. — Үндемегенге мондыбастау біреу шығар десем, сайрап барасың ғой тіпті. Мұжып барасың ғой мені. Түтінің тік ұшып жатыр. Мә шам, ал оқы! Мені әурелеме, басыма енбейді.
Әдхам білте шамды жағып беріп, қасына қол басындай тоңмай қойды. Кішкентай таңқы мұрны, қалың ерні, тайқы маңдайы, жалаңаш еңбегі, тұтас алып қарағанда, бет бейнесі енесін артынан емген бұзауға ұқсайды екен. Бұзау байғұс момын ғой. Мынаның көздері сүзеген бұқаның көздеріне тартыңқырап кетіпті. Ол шам жағып, білтесін жөндеп тұрғанда Аманға осындай әсер қалдырды. Аман кітапқа тағы да үңіле берген кезде, қасына келіп:
― Бip өтінішім бар, — деді.
― Айта беріңіз.
― Сот ел аралап кетіпті. Бір-екі айсыз қайтпайды. Оған дейін бізді мұнда ұстамас. Ақмолаға, үлкен түрмеге айдайтын шығар. Онда қанша жатарымызды құдай білсін. Қай бұрын босағанымыз іздеуші болайық. Зәуеде менен бұрын босана қалсаң, менің жайымды айтып, Күлпашқа телеграмм бере гөр. Ол қазір ҚазЦИК-тың мүшесі, рабфакты бітіргелі жүр. Әйел де болса, бір еркекті құтқаруға шамасы бар деседі.
― Бұл қай Күлпаш? Әлгі ақтар алып кеткен Күлпаш емес пе?
― Дәл өзі. Әйелдің төресі болып есті. Жасынан-ақ болып тұр еді. Ол кетісімен әке-шешесі бір күнде қайтыс болып. «Енді кімге барам?» деген ғой, содан елге әлі оралған жоқ. Жалғыз еді, жақын туыстары жоқ еді. Мені өткен-кеткеннен сұрастырып жатады, — дейді. Айналайын, ұмытпапты, мойныма талай мінген еді...
Күлпаштың жайын Әдхам ұзақ айтып кетті. Аман құныға тыңдады. Баласыз кемпір-шалдың мойнына бұршақ салып, тәңірден сұрап алған жалғыз қызы шолжың да, сұлу да, есті де көрінеді. Жаңа пісіп келе жатқанда жауыздардың қолына түсіп, босанып шығыпты. Қалай босанды екен? — деп, бір көруге ынтығады Аман. Адресін біліп алды. Әдхамға уәдесін берді де:
― Әгәр сіз бұрын босансаңыз, дереу Ералинге хабарлаңыз, — деді. — «Айтқанының бәрі рас екен. Енді аянарым жоқ» деп отыр дегейсіз...
― Өзің Ералинмен әмпей көрінесің ғой, — дегенде, Әдхамның, аузы күлкімен бір сүйем созылды, — Одан былықпайы барлардың бәрі қорқады. Ол болысса, қолма-қол суырып алады. Құдай кесірге жазбасын, отырғанымыз жақсы болды. Көрсін солар байекеңдердің мұндағы сойқанын. Уа, жалған дүние, атқа енді бір мінсем!
Тауық шақырды. Таң білінді. Адам басы ғана сиярлық каталажканың тар терезесінен сөніп бара жатқан жұлдыздар көрінеді. Даланы аңсаған екі тұтқын шамды өшіріп, терезеден, таң сәулесін қарсы ала отыра, әңгімелесе берді. Күн шықты. Әлем жарық. Каталажка ала-көлеңке. Ел тұрды, жан-жануар бетімен тырбаңдай бастады. Соларша тырбаңдауға, жарқыраған күн, тұнық әуе, сарқыраған суға тұтқындар құмартып отыр... Бір кезде тықыр естілді. Кенеттен есік ашылды.
― Сапарұлы Аман, шық бері. Нәрсең болса, ала шық! Әдхаммен қоштасып шыға келгенде, милицияның қасында Шәкен мырза тұр екен, Аман аңырып қалды.
― Күтпеген шығарсың, балам, — деді Шәкен күлімдеп. — Шалдар кейде күтпеген жерден кездесе береді. Естіген соң, жата алмадым. Әгәр ертерек естігенде бұнда келтірмей-ақ алып қалуға болушы еді. Уақасы жоқ енді. «Ат жығылмай жер танымайды».
Инабатты Шәкен осы. арада ептеп өтірік айтты. Ол тергеушінің келгенін де, Аманды тұтқындайтынын да Жақыптан алдын-ала естіп, үйінде отырмай, сырғақтап кеткен. Енді қуып келіп, сотқа дейін кепілге алып отыр. Бұл кісінің есебіне түсіну қиын. Біресе жапқызуға, біресе шығаруға көмектеседі. Жапқызарда, өзі көрінбей бұғып қалады, шығарарда ғана көрінеді. Қазір жайраңдап, Аманды ерте көшеге шықты. Пар ат жеккен солқылдақ фаэтонда Шолпан отыр. Көшірінде — Таймас. Астында көк бесті, жетегінде тобылғы торы Сыздық тұр. Бәрі қуанышпен жамырай амандасты.
― Осыған-ақ жүдеп қалғансың ба? — деп еді Шолпан, Аман қызарып кетті. Өзі ұялшақ жігіт, қуыстанады. Қуыстанған сайын қызара түседі. Шолпанның бұл талай кездесіп жүргендегі бірінші рет тура қарап, тіл қатқаны болатын. Аман бірінші рет жауап қайырды:
― Ұйқым шала. Соныкі шығар.
― Уайымшыл екенсің ғой.
Бұл сөзге жауап қатпады. Күйеуі: «балам» десе, әйелі «құрбым» деп тұрған сияқты. Бала болып, не құрбы болып сөйлесерін біле алмай, Аман жымиды да қоя салды. Шәкен арбасына мініп, бай Кайзердікіне қарай тартты.
― Жүріңдер, біздің тамырдікінен тамақтанып алайық та, кешкі салқынмен бәріміз бір қайтайық.
Кайзердікіне жеткенше Сыздық пен Аманның әңгімесі ақша болды. Шәкен біржолата босатқан жоқ, сотқа дейін кепілге алған. Істі сот қарағанша Аман Ақмола барып қуынбақ. Ұзақ сапарға, қалаға істі болып бара жатқанда адам құр қалта қалай барады. Тым құрса тамыр-танысы жоқ. Бұрын көрмеген бейтаныс қала ауылдай жадағай, меймандос емес, танымасын есіктен де қаратпайды. Қалай ақылдасса да, ақша табылмаған соң:
― Боз атты сатамын, — деді Аман. — Төрт бесті бола ма?
Сыздыққа шаншудай тиді бұл сөз. Қынжылып қалды.
― Тақымға басқан жалғыз атты сатып, жаяу жүремін? Боз атты қалай қиып сатасың?
― Қимасам да сатамын. Бұдан былай ат қызығын, ит қызығын көре алмаспын. Басқа сатарымыздың өзі жоқ қой. Төрт сиырға соқтықсақ, кемпір-шал, балалар аққа тарығады. Қысқы азық — жалғыз күреңді қалай сатасың?
― Бұл ара да ақыл тауыспалық, — деді Сыздық. — Ауылға барған соң, Сапекеңмен ақылдасармыз. Аяқ астынан аққұла бір іс кездесті ғой, әйтеуір.
Бай Кайзер қонақтарын тік тұрып қарсы алды. Қазақша қой сойды. Шай ішіп алған соң, Шәкен мен Шолпанды ертіп дүкеніне кетті. Шәкен дүкеннен қайтысымен, Аман екеуі оңаша бөлмеге төсек салдырып жатып қалды. Шолпан қорада отырып, бұрын көрмеген поселке әміріне қараумен болды. Салқын сарайдың ішінде Таймас пен Сыздықтың әңгімелескен даусы естіледі.
― Таймас! — деді дауыстап Шолпан. Таймас келді қасына. — Сен қайда жоғалып кеттің. Сынапша, бір жерде тұрмайсың-ау тіпті.
― Сыздықтан бірсыпыра әңгіме естіп келдім, жеңеше.
― Не әңгіме?
― Аман жайында.
― Айтшы! — деп, елең етті Шолпан. Таймас шыны ма, өтірігі ме, айтқысы келмегендей, күмілжіп, кешеңдеп еді, асықтыра түсті. — Айтсаңшы, айтар болсаң, бәлсінбей?
― Бәлсініп отырғам жоқ. Аманды аяп кеттім, — деді Таймас. Аяғандағы сылбыр, қалтыраңқы шыққан үнінен де байқалып тұр. — Біздің жылпос Жақаң соңына түсіп жүріп, мықтап-ақ салған екен әуреге.
― Әуресі алты күн қаматқаны ма? Оған несі кетті?
― Бір алты күн емес, Шолпан. Мырза кепілге ғана шығарды ғой. Алда сот бар. Сот кесіп жіберсе, қайтеді? Аман сондықтан алдын-ала қуынып, Ақмола бармақ. Баруға расход керек. Қайдан табады? Қысылған соң, тақымына басқан жалғыз атын сатпақ болыпты.
― Жүйрік бозды ма?
― Басқа бозы бар ма оның? Сондай жігітті кедейлікке қимайды екен кісі.
Жайдары отырған Шолпан кенеттен тұнжырай қалды. Бұдан әрі Таймастың әңгімесін тыңдамастан өзімен-өзі отырып, бір кезде ақырын ғана ыңырси әндетті. Көмейден құйылған жұмсақ, сұлу үнмен бірге қара көзінен моншақ-моншақ мөлдір жас та домалап тұрды.
Жүйрік ат, жаным сүйген жарым қайда?
Көтерген қам көңілді әнім қайда?
Кедейлік көк желкеден басты келіп,
Жатырмын жүгім ауып терең сайда.
― Көкем есіме түсіп кетті, — деді де Шолпан, әнді аяқтаған соң, көз жасын сүртіп тастап, көкесін бірсыпыра әңгіме етті. — Әнші кісі еді. Осы Амандар сияқты біздің де арғы аталарымыз дәулетті, беделді болған деседі. Көкемді өзіміздің ауыл Кедей сері деп атайтын. Кедей де болса, астынан бір жақсы ат кеткен емес. Шешемізге алып қашып үйленіпті. Мен он үштен он төртке қарағанда, шешем қайтыс болды. Оның қырқын беріп жатқанда, көкемнің жанына балаған жалғыз құласы жамандатып өлді. Көкем көпке дейін үйден шықпай отырып қалды. Бір күні даладан кipсем, домбыраға қосып, баяулатып, жаңағы әнді айтып отыр екен. Көкейіме құйылып кетті. Әгәр біреу айт десе, дәл сол арада айтып жіберуге дайын тұрмын. Осы әнді естіп, көкемнің жақсы көретін құрбысы Дәурен ара қонып келді. Көксандық дейтін өзі мініп жүрген жақсы атын жетелей келіпті. Екеуінің әңгімесінен есімде қалған көп нәрселер әлі сақтаулы. Дәурен шешен, тақпақтап сөйлейтін кісі екен. Белбеуін шешіне отырып айтты мына сөзді: «Ат – ердің қанаты деуші еді, қанатың сыныпты. Әйел – үйдің тұлғасы деуші еді, тұлғаң жығылыпты. «Жатырмын жүгім ауып терең сайда» деген дауысыңды естігенде, шыдай алмадым. Көксандыққа еріңді сал. Ел ішіне көзіңді сал. Жетімсіретпе балаларды. Балаға ана керек. Анасындай әйел әкел!».
Көкем Көксандыққа мінген соң, ел аралап жүріп, бізге ана тауып әкеп берді. Көксандыққа мінген сайын Дәуренді есіне түсіретін тәрізді еді. «Дәуреннің жақсылығын ұмытар ма екем, өтей алар ма екем?» — деп отыратын. Бірақ сол Дәуреннің бір тілегін әкем де, мен де орындармыз — деп іштей келісіп жүргенде, орындай алмай кеттік.
― Қап! — деді Таймас. — Ол қандай тілек еді?
― Құмарын қарашы — деп күлімсіреді Шолпан. — Саған оның керегі қанша?
― Маған керегі, керексізі есеп емес. Әйтеуір біле бергім келеді.
― Сен Амандарға қандай туыссың, осы?
― Шөберенің ар жағындамыз.
— Онда немене боламысың?
― Дәл өзі.
― Сен оны өлердей жақсы көресің. Ол қалай көреді сені?
― Білмеймін, ішіне кіргем жоқ. Жек көрмейтін шығар.
― “Шығар” дейсің бе?
― Жо-жо-жоқ. Күмәнданбай-ақ қой, жақсы көреді. Meні еркіме қоймай оқытып, сауатымды ашты. Кездескен сайын ақылын айтады, сырттан қамқор болып жүреді.
― Жетер, жетер. Өзім де байқағамын, — деп, сөзді созып бара жатқан Таймасты Шолпан тоқтатты да, орамалға орап қолына ақша ұстатты. — Аманға бер. Атын сатпасын. Жас азаматтың жарсыз жүруі кемшілік келтірмес, атсыз жүруі кемшілік келтірер. Сол атқа мінген сайын мені де бір есіне алар.
― Сөз бар дейсіз бе? Көксандыққа мінген көкең тәрізді де!
Таймас ақшаны өзіне бергендей қуанды. Қоярға жер таппай, бір қалтасынан бір қалтасына ауыстырып сала берді. Біресе қуланып қояды.
― Ақша ыстық екен ғой, қолтығымды қыздырып барады. Бұдан көбірек болса, жандырар!
― Антұрған, аузыңа ие бол! — деді Шолпан. — Ойынды қой, ойыннан от шығады. Бұл сырды үшеуміз ғана білейік. Аманға солай дегейсің. Ұқтың ба?
― Ұққанда қандай.
― Қашан үйлі, бала-шағалы болғанша, сені қолдан шығармаймын деп жүрмін. Бұған қалай қарайсың?
― Бала-шағалы болыппын да, шығуы қалып па, тәйірі.
― Олай деме. Саған қыздың әулиесі тиеді. Өзім тауып берем, қозғалма.
― Бұл жақсылықты мен немен өтер екем сонда?
― Қысылма, оны да өзім айтам.
Аман ұйқыдан оянып, тысқа шықты. Шолпан мырза да тұрған шығар деп үйге жөнелді. Таймас Аманды ымдап шақырып алып, оңашада ақшаны берді қолына.
― Бұның не, ей?!
― Танымай тұрмысың? Ақша.
― Ұрлық емес пе, жаным, қайдан алдың?
― Иә, ұрлық. Ұрлаушы да, саған беруші де Шолпан.
― Не дейді осы?! Мен сұрайды деп бүлдіріп жүрмісің әлде? Шыныңды айт!
― Аузыма қан толсын, ондай бірдеме десем. Өзің осқырма, біреу көріп қалар, ең ақыры Сыздық та көрмесін, салып қойшы қалтаңа, ― деді де, Таймас Аманның құлағына сыбырлады, — Бұл келіншек сені жақсы көреді. Неге жақсы көретінін өзі біледі. Қояр да қоймай, дүкеннен нәрсе алам деген сылтаумен осында сені көру үшін келді...
Аман делдал күйде ақшаны қалтасына сылбыр апарып салды да, аяғын ойлана басып, жүріп кетті. «Күйеуі де, өзі де жақсы көреді. Екеуін мен де жақсы көре бастадым. Қайсымыз не үшін жақсы көреміз? Осы арада әрқайсымыз өзіміз ғана білетін сыр жатыр-ау» — деп, сол сырды ежіктеп жүргенде:
― Жас жігіт, ондай ауыр ойды көтеріп қайтесіз? — деген дауыс естілді. Қасқа бас Кайзер екен. Аузындағы емен трубкасын қолына алып, бір қолымен алақанын жая, үй жаққа нұсқап күлімсірейді. — Оймен қоректенгеннен аспен қоректенген пайдалырақ. Жүріңіз, ас ішелік.
Ac ішіп болғанша күн кіші бесіндікке барды. Ыстық қайтты. Қонақтарын аттандырып, артынан қолын бұлғап Кайзер қала берді. Арқаның құм қайрақ, күрең жолын шақырлата, қос ат жеккен фаэтон зымырап келеді. Ортадағы ұзын қара басын шұлғи көсілте желгенде, шеткі текше қара мойнын қисайта, шапашоттай шабады. Алдан желпіген әлсіз самал қатты жүрістен желге айналды. Шолпанның жұқа көйлегінің етегін жел көтеріп-көтеріп кетеді. Шолпан қолымен басып қояды. Шәкен өте көңілді. Салт аттылармен дауыстай сөйлесіп, ара-тұра қалжың айтып, күлісіп алды. Енді өзінің жақсы көретін «Әупілдек» әніне басып, ыңырсып келе жатыр еді.
― Сұлу екен мына көк! — деді Шолпан, Сыздықтың атынан көз алмай. — Атты сағыныппын, мінсем қайтеді?
― Мінгің келсе, міне ғой, — деп, лып етті Шәкен. Арбаны тоқтатты. Өз қолымен ердің үстіне көрпе салып, таралғысын қысқартып, балтырын қажамасқа таралғыны ерінбей, шүберекпен орап мінгізді. Еті қызған жез мойын, алқара көк оқ жыландай жарау, құлын мүшесі бұзылмаған, иегін көтеріп тастап жорғақтай, шоқақтай, билей аяңдап барады. Оқта-текте көлденеңдей жүріп, ақсай басады аяғын. Екі құлағы тас төбесінде, бір қисаймайды. Жүйріктігі сүйегіне біткен шығар, желісті, өзге өнерінің бәрін Сыздық үйреткен. Оның қолына түскен ат, қандай жабы болса да, бірдеме үйренбей қалған емес.
― Шіркін-ай, қыз қашарда қызға мінгізетін ат екен! — деп, Шолпан өзінің бір тойда жігітке жетіп ұрғанын айтып келе жатты да, еріне тағы еркелеп қойды. — Сол тойда салған әнімді айтып берейін бе?
― Айта ғой, — деді Шәкен. Аузынан шығуы-ақ мұң екен, Шолпан шырқап жіберді. «Мақпал қараны» айтып келеді. Оңашаны сағынған ба, әнді сағынған ба, ән ырғағымен балқып, толқып кетеді. Аманға қазір мүлде басқаша көрінді Шолпан. «Ішінен сырты, сыртынан іші сұлу, әрі нәзік, әрі биік, әрі терең жан екен! Бір осы әні үшін-ақ дүниенің төрінен орын алуға хақы бар. Япыр-ай, қалай білдірмей келген? Бұнша өнер.сыйған ішке не сыймайды?» — деп, таңданып, сүйсініп келе жатқанда, жол бұйрат арасына енді. Шалғынды сайлар, өр, ұра төкпе ылдилар кездесе бастады. Бір бұлақты сайдан өте бергенде, сайдың өр басына қарай қамшымен нұсқады Аман:
― Мына сайдың басында бүлдірген көп болатын еді.
― Мырзаға бүлдірген теріп әкелейік! — деп, солай қарай Шолпан шоқыта жөнелді. Аман да кетті соңынан.
Арбалылар ойға құлап, жазыққа шықты. Бұйрат алыстап қалып барады. Бүлдіргеншілер көрінбейді. Шәкен мен Сыздық дамыл-дамыл қарайды артқа. Аттың божысын тежеп, тоса жүрді. Бүлдіргеншілер бүлдіргеннің қызығына түскен болу керек, әлі көрінбейді.
— Тоқта! — деді Шәкен. — Сыздық, сен шеткі атқа мiне сала, жаңағылардың артынан баршы, аман ба екен, нағып кешікті.
Сыздық арбадан түсіп, шеткі аттың постромкасын ағытып жатқанда, тау қойнауынан әсем көкті ойнақтатып Шолпан шыға келді. Оның артынан Аман көрінді.
ҚАРА ӨТКЕЛДЕР
1
Паромы, көпірі жоқ. Есіл өзені, онша үлкен болмаса да, өткел бере бермейді. Басқа жерінен гөрі енділеу, тайыз, жадағай жатқан бір жері ел оңай өте берген соң Қараөткел атанып кеткен. Бертін келе, дәл осы өткелдің аузына ояз орталығы Ақмола қаласы орнады. Елдің көбі ескі әдетпен Ақмоланы әлі де Қараөткел деп атайды. Қараөткелмен өтіп, қалаға енерде, оң қол жақта, өзен жағасында, жатаған ағаш үй көрінеді. Жерге белуарынан батқан, шатырлап жапқан темірсіз тақтай төбесі дал-дұл, жуан бөренеден қиып салған ағаш қабырғалары да қуарып, ақ жемделген осы үй ескінің көзі екенін өзі-ақ әйгілеп тұр. Бұл Ералиннің пәтері. Барлығы екі бөлме, кухнясы, шоланы бөлек. Ағаш қоршауының бірсыпырасы түбі шіріп, құлап, құламағаны қисайып қалса да, әжептәуір қорасы бар. Сол қорада Ералин пұттық гирді екі қолымен кезек көтеріп, таңертеңгі дене шынықтыру амалын істеп жүр. Күдістеу, қамыт аяқ, ортадан төменірек бойы бар, отыздан аса жасы бар жігіт. Гирді әрі-беріден соң лақтырып жіберді. Қорадағы құдықтан бір шелек су алып, панерден жасалған далдаға енді де, суық су құйынып, одан кейін орамалмен денесін ыспалап жатты.
Қорада еккен ағаш, өсімдік жоқ. Өз бетімен өскен шеп биіктеп, шалғын бопты, жапырылмай тұрғанына қарағанда, мал ұстамайтын, келім-кетімі аз екені байқалады. Ералин жуынып шыққан соң, қорасына ойлы көзбен қарап тұрғанда есіктен басын ғана қылтитып, қарт анасы шақырды.
― Жұмабек, жүр, шай суып барады.
Кішірек екі бөлме, ,басы артық нәрсе болмаған соң, үлкен көрінеді. Еденін жуып сүртіп, жалтыратып қойыпты. Терезелері ашық. Күн түсіп, ауасы жаңарып, үй іші көңілді-ақ. Жұмабектің әйелі татар болатын. Қазақша сөйлегенде татар тілінің, татарша сөйлегенде қазақ тілінің әсері білініп тұрады. Ата-анасы татар болса да, қазақ ішінде туып-өскендіктен, екі ұлттың ықпалы бірдей тиіпті. Таңертеңгі шайға ыстық самсамен қатар бір аяқ қымыз қойыпты. Жұмабек столға отыра бере қарқ-қарқ күлді.
― Не болды сиңа? Неге күләсін?! — деп, әйелі білгенше асығады.
― Қымызға жол болсын?
― Ол қазақ асы. Сен қазақ асын яратасын.
― Шаймен бірге қымыз ішкен қазақты қай атаң көріпті, шақшабас?
― Қазақтың қарнынан ас қайтпас, іше бер.
Екеуінің қалжыңына бәйбіше де араласып, келінін қостап жатыр:
― Марфуғажандікі дұрыс. Дәмдісін аямай, алдымызға жайып, сыйлап отыр. Шөміштен қысса қайтер едің? Байының бар тапқанын өзі жеп, жоны астаудай болып жүретін келіндер де бар. Менің Марфуғам кісі күтіп қалған. Қазақша, татарша, орысша да күте біледі.
― Апам ылғи баласын келініне жығып береді. Осыңыз да коммунистік пе, әділдік пе, апа? — деп еді Жұмабек.
― Әділдік, — деді апасы. — Еркектер, әсіресе мұсылман еркектер үстемдік етіп әдеттенген. Әйелмен теңдік оларға кемдік көрінеді. Сондықтан үйрету керек оларды.
― Мен мұсылман емеспін ғой, апа.
― Мұсылманның сарқытын ішкенсің.
Үшеуі бірден күлді. Шайдың ақырына қарамай, Жұмабек қызметіне жинала бастады. Киімдерін дайындап жалақтап тұрған Марфуғаға:
― Сен бәлсініп жүрмісің, ұялып жүрмісің. Еңліктің ролін неге ойнамайсың? — дегенде Марфуға күмілжіп қалып еді, апасы тағы да араға түсті:
― Кінә онда емес, менде. Елі бар болғыр қаулап тұрған сөз емес пе. «Пәленшенің келіні бұзылған екен» деп, ертең гу ете түседі.
― Өзіңіз қарсы емессіз бе, әйтеуір?
Апасы үндемеді. Жұмабек басын шайқап, тағы сөйлеп кетті:
― Үшеуіміз де коммуниспіз, жұмысшы семьясынан шықтық, сөйте тұра сөзден қорықсақ, не болғанымыз! Ел кейде бала тәрізді, апа, жатырқайды. Жатырқау — жек көру емес. Елдің көзін жаңалыққа үйрете беру керек. Сахна өнері — қазаққа үлкен жаңалық. Үлкен жаңалыққа үлкен талап, үлкен батылдық апарады. Коммунистер ең батыл, ең талапкер адамдар.
― Ал батыл-ақ, талапкер-ақ болайық. Сонда ұятты қайтеміз, балам?
― Ұятпен қоса қорлық, ажал төніп тұрған күндерде де Еңлік сияқты қыздар ерік іздеп топ жарды, апа. Бүгін сол қыздардың бейнесін сахнада көрсететін әйел таппай, еркек әйел болып ойнағалы жатыр. Міне, нағыз ұят осы. Әгәр Марфуға Еңліктің бейнесін жақсы көрсете алса, сол ұят деушілер еңкілдеп жылайды, қарқылдап күледі. Содан кейін Марфуғаның бетінен келіп сүйеді. Міне бұның аты — өнер, aпa. Үй арасындағы пыш-пыштан қорқып, өнерді таста дегенше, баста, қолтығыңда қытығы бар әйелдерді үйір маңыңа демейсіз бе? Бұның аты — коммунистік, апа. Сіз коммуниссіз ғой.
― Қойдым, қойдым. Ал мейілдерің! — деді апасы. Жұмабек Марфуғаға иегін бір көтерді де, күлімдеген күйде далаға шықты. Қақпа алдында қайқы қара биеге жегулі көнетоз фаэтон күтіп тұрған, соған келіп мінді.
Топырағы сарғыш, күні желтең, үйлерінің дені ағаш, шикі кірпіштен салынған аласа, шағын қала, темір жолдан бес жүз километр қашық тұрса да қайнап жатыр. Маңындағы қырық сегіз болыс қазақ сауда-саттығымен, дау-жанжалымен, оқу іздеген балаларымен жазы-қысы бір босатпайды. Ералин ояздық партия комитетінің үйіне келіп тоқтағанда, қақпа алдында екі-үш ауыл жасы тұр екен, жүгіріп келіп, қол алысты.
― Жай ма, балалар?
― Оқу іздеп жүр едік, — деді қараторы, жайнаң көз біреуі, — бізді алмай, бай балаларын алды. Сонсоң сізге келдік.
― Оқу жұмысын мен басқармаймын ғой.
― Сіз кедейді қолдайды деген соң келдік.
― Кедейді қызмет басындағылардың бәрі қолдауға тиісті.
― Тиісті болса да, қолдамады. Теміржан өзі бай баласы. Қарғаның көзін қарға неге шоқысын!
Жұмабек насыбайын екі саусағының ұшымен ерніне қыстырып, жайнаң көз жігітке күлімсірей қарап тұрды да, кабинетке үшеуін де алып кірді. Документтерімен танысты. Екеуі кедей, біреуі жалшы екен. Укомда оқу жағын басқаратын жігітті шақырып алып, соған ерекше тапсырды:
― Үшеуін оқу бөліміне ертіп апарып, өз көзіңмен орналастыр. Орын қалмаса, бай балаларының орнын алып бер. Жалпы мәліметін ала қайтшы: биыл жалшы, кедейден оқуға — жоғарғы жаққа қанша жіберілді екен?
Балаларды жөнелте сала Жұмабек секретарьдың кабинетіне кірді. Самайына ақ енген, ашаң жүз орыс орнынан тұрып, қол алысқанда, оның қасындағы қалың бет, бітік көз қазақ жас та болса ауыр отырып, солғын амандасты.
Жұмабек екеуінің аралығынан келіп отыра бере-ақ, ұзақ әңгімесін бастап жіберді:
― Бір ай он күн жүріп қайттым. Қарағанды, Шарықты, Шерубай, Нұра, Құмкөл, Асанқайғы болыстарында болдым. Марқұмның жүрген жерлері осы екен. Kөп арыз, көп айыптың бәрі бекер, байлар жапқан жала көрінеді...
Бітік көз жігіт жайымен отырып мырс етті. Жұмабек онысын елеусіз қалдырмады:
― Ермекбай, сен күдіктенсең де, айтайын: жала байдікі болғанда, өлтірткен тағы солар. Өлікті жаламен көміп, іздеусіз қалдырмақ.
― Бәрін байға жапқанмен ақ — ақ, қара — қара емес пе? — деді Ермекбай шытынап қойып, қалың ернін шошайта, тағы да сөйлеп кетті. — Кеше совдеп мүшесі болған, бүгін коммунист, жауапты қызметте жүрген Әділ қалай байдың жұмсауымен коммунисті өлтіреді? Жұмысшы десең — жұмысшы, кедей десең — кедей, «Байларды қойдай қу қамшымен», — деп жүрген Шалабай қалай байдың жұмсауымен коммунисті өлтіреді? Жұмеке, байға шұқшиғанда басқа ештемені көрмей қаласыз-ау тіпті!
― Мүмкін, көрмейтінім көп шығар, шырақ, — деп, Жұмабек езy тартты. Шырайы жылы көрінгенмен, сөзі ызбарлы. Жай сөйлеп, сөзін дамытып барады. — Совдептің ішінде арамдар болған. Оларды қазақ байлары әдейі енгізген. Ақмолада совдеп құлап, Колчак билеген кезде, совдептің адал мүшелері қуғынға, қырғынға ұшырады. Арамдары аман қалды. Байлар қорғап қалды. Колчак құлаған кезде совдеп атымен сол сұмдар тағы да совет қатарына еніп кетті. Бұны бертінде келген сен көрмесең, — бір жөн. Олармен әртінде айналысқан, бір алданған мен сияқтылар тағы да алданса, партия кешірмейді. Әділ, Шалабайлар — байдың, қолшоқпары. Қалқаны олар өздігінен өлтірген жоқ. Шәкен, Малқарлардың жұмсауымен өлтірді. Өлген Қалқаның үстінен жауып жатқан арыздар халықтікі емес, тап дұшпандарынікі. Ауыл байлары қазір есін жиып алыпты, ауыздықтамаса, ырық берер түрі жоқ.
― Жұмеке, военный коммунизмге шақырып тұрсыз ба? Нәпті қайтеміз! Ауылға бет бұр деп жатыр, оны қайтеміз?
― Ермекбай шырақ, мені солақай дегің келеді-ау! Мен сені әзір оңқай демей-ақ, ойымды айтып бітірейін, сабыр ет. Нәп — байдың басынан жүгенін сыпыр деген сөз емес. Әгәр кейбір аңқаулар не оңқайлар солай десе, жөнге салуымыз керек. Нәп — компартияның негізгі мақсаттарына қайшы келмейтін саясат. Олай болса, жағдайға үңіле бір қарайықшы. Бізде қала, өндіріс, жұмысшы табы жоқтың қасы. Халқымыздың қаптал көпшілігі қара шаруа: ұлан байтақ далада көшіп, киікше жосып жүрген ел. Сол елдің құлағына біз әзір Ленин, большевик, совет, бостандық, буржуй деген бес сөзді ғана мықтап құйыппыз. Өзге ойымыздың көбі жетпей жатыр. Ауылды әлі ру басы ақсақал басқарады. Жалшы әлі қанаушының бетіне тура қарай алмайды. Жергілікті өкімет басында бұрынғы жуандар отыр, ояна бастағандардың үнін шығармайды. Жер қожасы әлі күнге байлар. Кедей, орташа оның қоңсысы. Ел бетін осы сасық салындылардан аршымайынша, жаңа леп, жаңа ауа бара қоймайды. «Барғызамын!» деп, Қалқа сияқты батыл қимылдағандар қаза тапты.
― Бетіңіз енді айқын көрінді. Ауыл үшін ерекше бір Октябрь тілеп тұрсыз, — деп еді Ермекбай, Жұмабек көтеріліп кетті:
― Октябрь емес, Октябрь жемістерін ауылға жеткізгім келеді. Жетпей жатыр, жол соқты болып жатыр. Советтендіру керек ауылды!
― Мысалы?
― Малқарлардың қолынан өкіметті алып, ауыл еңбекшілерінің, өз қолына берсек, орташа, кедейлердің, жалшылардың басын қосып, мақсатын қорғайтын көпшілік ұйымдар құрсақ, бұндай ұйымдар орыс шаруаларының, Түркістан қазақтарының арасында алдақашан құрылған, сол ұйымдарға сүйене отырып, байдың жерге қожалығын жойсақ, жерді еңбекші қара шаруаларға бөліп берсек, міне сонда ғана Октябрь жемісінен татқан болады жұрт. Сонда ғана ауыл советтенеді, социализм деген сөзге тез түсінеді. Осы шараларды көңілдегідей еткізу үшін ауылды аудандау тәртіптерін өзгертпей болмайды. Патша заманында қазақтың бай-жуандары елді руға жіктеп, болыстың, ауылнайдың санын көбейтіп, бөлшектеп жіберген. Біз енді сол бөлшектелген, әрбір ру басы жуанның шылауында кеткен жұртты қайтадан аудандасақ, бірнеше болысты қосып бір болыс жасасақ, басқару ісі көп жеңілдейді, ру арасындағы шатақтарды да азайтамыз. Қысқарта айтқанда, бұл сапарда менің ауылдан алып қайтқан ойларымның негізі осылар.
Ермекбай сөйлеуге асығып отыр екен, Жұмабек болысымен, орнынан бір қозғалып қойып:
― Мен көрген ауылда жағдай Жұмекең айтқаннан басқарақ, Алексей Александрович, — деді. Секретарь манадан төмен қарап, анда-санда бір жазып қойып, үнсіз тыңдап отырған қалпын бұзған жоқ. Ермекбай салған жерден қызу сөйлеп барады. — Жұмекең қалада өскен жұмысшы, ауыл сырын кейде аңдамай қалады. Барған сайын тоң боп жатқан ескілікті көреді де, шауып, қопарып тастар ма еді, — деп, кіжініп қайтады. Қопарып тастауға күш жетпейді. Ескілік тоңы астынан еріп бітеді. Еріп жатыр, Жұмеке, көре алмапсыз. Қазақ даласында кәзір жүздеген коммунист, комсомолдар істейді, мыңдаған газет, журнал, кітаптар тарайды; әр ауылда дерлік сауат ашқыш мектептер бар... Осының бәрі даладағы ескілік тоңын ерітіп жатқан жылы леп, совет лебі. Бұл леп сол Малқар, Шәкендердің өзін жібітіп, буындарын босатқан. Оларда бұрынғы қарсылық, өшпенділік кәзір жоқ, мүмкіндік берсек, бірге отырып істескісі келеді.
Жұмабек жайлап қана сылқ-сылқ күліп қойды. Оның осы күлкісі Ермекбайдың қызу сөзінен жанға әлдеқайда батымды еді.
Тағы да батыра түсті:
― Сеніп-ақ қалған екенсің! Тап тартысы біткен ғой он да?
― Олай бұрмаламаңыз. Мен: совет ықпалы сағат сайын өсіп барады, демекпін. Совет ісіне жәрдемі тиетін адамдардың бірде-бірін қақпалық, пайдаланайық, демекпін. Сіз адамдардың тек таптық тегіне қарайсыз. Мен, сонымен қоса, құлық-мінезіне де, қолынан келетін ісіне де қарағым келеді. Адам тас емес, тас та өзгереді.
― Феодал Малқарлар қанша өзгерді? Соның қолынан советтің қандай ісі келеді?
― Ол тіпті қолынан ештеме келмеген күнде советтің айтқанын істейді, жұртқа істете алады, беделі бар. Оның орнына бір батырақты апарып қойсаң, жұрт оған әзір бағынбайды, бағындырам деп жүргенде, ол өзін не жұртты бүлдіреді. Шалабай, Әдхамдарға басқартып байқамадық па?
― Сонда еңбекшілер өзі басқара алмайды демекпісің?
― Жоқ! Сіз сияқты жұмысшы, батырақ кедейлер басқарса ғана, социализмге апарады, басқалар бұрып әкетеді деуден аулақ болғым келеді. Социализм — бүкіл халық ісі.
― Мен қашан айтыппын өйдеп?
― Шалабай, Әдхамдарды көтерген сіз ғой. Айтпақ түгілі, іс жүзінде көрсеттіңіз.
Жұмабек осы кезде қызарып кетті. Секретарь жаңа ғана жоғары қарады. Мөлдір көк көзін күлімдете отырып, сөзге араласты:
― Бұндай қателік әрқайсымыздан табылады. Тек оны бетке салық етпейік, сабақ етейік, — деді Ермекбайға. Қазақша сөйледі. Тілінен титтей акцент сезілмейді. Бір рет мысқылдап та қойды. — Біріңді бірін, «Жұмеке», «Шырақ» десеңдер де, араларың жырақтап барады. Тым жырақтап кетіп, жақындаса алмай жүрмеңдер.
― Жұмекең мені ұнатпайды. Ұнау үшін ойымды қалай өзгертейін!
― Мен үшін ойыңнан айныма, шырақ. Өзін алдаған — өзгеге тіпті опасыз.
― Жә, олай болса, осымен тоқталық, — деді де, секретарь орнынан тұрды. Сәл түйілген қабағынан салмақты қынжыл байқалады. — Ендігі сөз алдағы бюрода болсын. Мен ойымды сонда айтармын.
Кеңес осымен тарады. Секретарьдың бетін екі жақтың бірі біле алған жоқ. Бірақ алдағы бюрода қатты айтыс болатыны, тұжырымды қаулы алынатыны үшеуіне де түсінікті еді.
Жұмабек ой басып, үйіне ауыр қайтты. Ол қақпадан енгенде, қорада жүрген анасы қобалжыған пішінмен қарсы алды.
― Жай ма, Жұмаш?
― Жай, апа. Тағы да бір тартысқа түскелі тұрмын.
― Кіммен?
― Енді сол Ермекбайдың өзімен.
― Байқа, балам. Ол үкімет бастығы, оқыған, қолдаушысы көп. Оқығандар, жуандар, қалталылар оны қолдайды. Сенің жұмысшы, жалшы кедейіңнен стол басында қанша адам отыр, ойлашы! Сорлы кедей мына заманда алдына қойған асты да алып іше алмай отырған жоқ па?
― Мәселені стол басындағылар шешпейді, халық шешеді, апа. Қобалжымаңыз, — деді де, Жұмабек үйге кірместен қорадағы скамейкаға отырып хаттар оқи бастады. Өзі жоқта кеңсеге келіп жатып қалған хаттарды ала қайтқан, соның бірін оқи бастағанда-ақ, күлімдеп, жабыңқы келген қабағы ашыла берді. Қабағын көріп, апасы да жайраң жүзбен телміре қалды баласына.
― Кім жазыпты, не айтады?!
― Кәзір, апа, сабыр етіңіз.
Қызметтен Марфуға қайтты. Күйеуі мен шешесі бірден қадалған хатқа бұ да үңіле келіп тұрды.
― Жазған кім? Тіпті рахаттанып отырсыңдар ғой!
«Кәзір, кәзір» дей отырып, Жұмабек оқып шықты да:
― Осы жүріп қайтқан жолымдағы ең үлкен табысым болар бұл хат! — деді. Қуанғанда күлімдеп, кішірейіп, ашуланғанда үлкейіп, адырайып кететін ала көзі бұл жолы ұзын, ұшы қайқылау әдемі қара кірпіктерінің астынан тым кіші, ойнақы көрініп тұрды. — Аман дейтін бала жігітті, әркім тәуір атаған соң, әдейі үйіне барып, әңгімелесіп едім, қатты ұнады. Жаны кристалдай таза, өзі әжептәуір сауатты, уытты, зирек жас екен. Қызық, сөйте тұра, совет жұмысына әлі араласпапты. Тіпті совет қызметкерлерінің, көбіне қырын қарайды. Бауырыма тартып байқадым, онша иліге қоймады. Енді міне хат жазып отыр. Малқар болыстың почтовойын өзінің алдында итше тепкілепті. Содан кейін бес жігіт қол қойып, комсомол ұйымын ашуды сұрайды. Шіркін-ай, осындай жастар шыға берсе!
― Еті тірі жалшы екен, қолдай гөр. Малқар малғұн ор қазып жатқан шығар оған.
― Жалшы емес, апа. Орта шаруаның баласы. Арғы аталары малды, беделді болған деседі.
― Онда, көн тартып, қалпына кетіп жүрмесін!
― Мейлінше сақсыз-ау! — деп, сылқ-сылқ күлді Жұмабек. — Тегінен қауіптенбеңіз, жаман ықпалдардан қауіптеніңіз. Бірдеме шығады-ау деген адамды байлар бізден бұрын көріп, өзіне тартып жүрген жоқ па? Надан Малқар ескі әдетімен елді қорқытып ұстамақ болса, залым Шәкендер алдап ұстамақ. Аман Малқармен тез-ақ түс шайысты. Ал Шәкенмен түс шайысу одан қиынырақ...
― Ол кәпір маңайласқанның басын айналдырып алады. Марқұм Қалқаның өзі: «Бай болса да, ақылды бай екен» деп келгені қайда?
— Иә, оның, айласы көп, байланысы көп. Үйде отырып қолын созса, Орынборға жетеді. Бұл сияқты байларға қолданатын шара басқа болу керек. Сонда не болу керек? — деп отырып, Жұмабек басын ұстады да, үнсіз ойға кетті...
II
Аман атын қинамай жүріп, араға екі қонды. Үшінші күні Ақмоланың түбіндегі Күйгенжар дейтін жерде отыратын қыпшақтарға жете қонбақ болып келеді. Жалғыз. Салт. Бұрын жүрмеген жол, көрмеген ел. Адасып кетпейін деп, кездескеннен жөн сұрай отырады. Кездесушілер де өзі сияқты: қойнында бір қалаш наны жоқ, айлық, апталық сапарға «Ер азығы, бөрі азығы — жолда» немесе тұп-тура дауласа, «Қонағасы — қазақтың бөлінбеген еншісі» деп, ел жағалай, жыла қонақтай, сұрастыра бара жатқан өңкей салт аттылар. Олар бірақ жөн сұрасқанда, Аманша сұрамайды. Руыңнан бастап өзіңе жеткенде тоқтайды. «Алыс-жуықтан», «орыс-орманнан» естіп-білгеніңді тегіс айтқызады. Өзі де соның бәрін білгенінше айтып береді. Қисапсыз кең далаға шашылған малшы қазақтың бірі естігенді бірі ести қоюы, мемлекет болмаса да, ғасырлар бойы бір тұтас тілі, аңызы, салты сақталып, дами беруі осы қыдырымпаздығынан, жөн сұрағыштығынан сияқты. Жолға шыққан екі-үш күннің ішінде бұрын атын ғана естіген, кейде тіпті естімеген рулармен, жерлермен танысып, Аманның ойы бірсыпыра кеңіп, тыңайып қалды. Әрбір қонған, түстенген жерінен қазақ өмірінің, бір елесі есінде қалып қойған тәрізді. Тосын көз тұрғын елдің елеусізіне шұқшия қарап қызықса да, жатырқаса да, ақыл сарабына салмай, алғашқы сезімнің дегенімен келеді. Бабатайға жеткенде жер реңі шұғыл өзгерді. Есілдің екі жағы көз тоярлық кең жазық. Жазықтың бір шетінде жалпақ белестер жатыр. Сарала тұздық шұбар дүние екен. Орылған егін орындары ағарып, ойдым-ойдым ормандар қарауытып көрінеді. Таяқ тастам ел. Салынған шошақ, маялар жиі. Алыстағы қыр елінде, кең сахарада өскен Аман бұл көрініске қапелімде қызықса да, біраздан соң жалығып іші пысқандай, кеудесі тарылғандай болды. Көңілі айдын, еркін, үйренген жерге тартып, шыққалы талай елестеткен сол жердегі бір көріністі тағы да әкеліп елестетті...
Әкесі төрт-бес кісімен бел асырып шығарып салған. Шығарып тұрып, мынаны айтқан: «Балам, алысқа, айтысқа жастай аттандың, ұрын аттандың. Қалталы да, балталы да емессің. Тым болмаса, қасыңда бір серігің жоқ. Бұның бірін бере алмай, албырт жасты айбалталы әккі жауға құр қол жібердім. Бірақ ақ батамды ала кет. «Батаменен ер көгереді, жаңбырменен жер көгереді». Жаңылмасам, ел батасы, ата батасы — ақ бата мынау болатын: қарның ашып, көзің қарауытса да, атың арып, жаяуласаң да, дұшпаның дандайсып, досың налыса да, тәуекелің мұқамасын. Бақыт құсы басыңа келіп қона қалса, тастаған тасың өрге домалап, қуаныш шіркін тасыған судай кеудені кернеп кетсе, арнаңнан ешбір аспасын. Тілегім осы-ақ. Жолың болсын, жолдасын, қызыр болсын».
Шығарушылар қоштасып кейін қайтты. Боз көделі белестің бетінде, ақбоз аттан түсіп, жалғыз қалған, екі ракағат намаз оқып, қолын ұзақ жайып, тілеу тілеп қалған ақ бас әкесін Аман қозы көш жер ұзағанша көріп бара жатты, артына жалт-жалт қарап бара жатты. Осы көрініс есінде мықты қалған екен. Ұзақ жолда ат соғып, жалығып, шаршап келе жатқанда ойын бөледі. Әкесі сол боз белдің бетінде қолын әлі жайып отырған сияқтанады. «Бұл не сандал? Бай-жуанның заманы кетті, — дегені қайда? Шалабай сорлы қашқын болғанда осындай зорлыққа шыдай алмай болды ма екен?» — деген әрқилы ойлармен келе жатқанда, аты қатты сүрініп, етпетінен түсті де, ұшып тұрды. Аманның ойы бөлініп кетті, денесі бір шымыр етті. «Сүрінбейтін торы шұнақ, сүрінсең де, тұрып кеттің. Мен де сендей тұрған-ақ!» — деп, атынан түсті де, ауыздығын алып, шідерлеп қоя берді. Өзі шапанын шешіп жайып тастап, шалқасынан жатып қалды. Лезде ұйқтап барады. Жол тақау, ерсілі-қарсылы өтіп жатқандар бұған қарап өтеді. Қорапты лекшенкеге жалғыз ат жегіп, қатар отырған екеудің бірі шұқшия қарайды. Шағын қара мұрты бар, тәпелтек қараторы жігіт екен.
― Анау атты мен танып келем. Соға жүрсек қайтеді? — - деді қасындағыға.
Жолдан бұрылып, әуелі тор атқа соқты екеуі.
― Дәл өзі! — деп, жігіт секіріп түсті арбадан. — Ей, бейқам жігіт, басыңды көтер. Атыңды танып бұрылдық.
Аман ояна қоймап еді, қасына келіп тұрып:
― Пәле! Өзін де таныдым. Мынау Сапардың Аманы ғой! — дегенде, Аман көзін ашып алды.
— Қасенбісің-ей! Босандың ба?
― Босанбай. Жылқыбайдың дұзағында жатам ба! Ал, ел-жұрт аман ба? Қашан шықтың?
― Бүгін үшінші күн.
― Жол болсын, қайда барасың?
― Айтсын. Ақмолаға барам. Саған салған дұзақты байлар маған да салды. Соны үзгелі барам.
― Байдың дәл онысына өле-өлгенше ырзамын! — деп сақ-сақ күлді Қасен. Денесі кіші болғанымен, даусы үлкен, қасқыр мойын жігіт көрінеді, кеудесімен бұрыла қарап, Аманның оң тізесіне бір қолын салып қойды. — Үстіңе суық су құйып жібермегенде жылы төсекте пыс-пыс ұйықтап жата беретін едің-ау. Сенің теңің әлдеқашан оянып, ат үстінде жүр.
― Абақты көзіңді аша түскен бе, қалай?
― Ашпақ түгілі, ашындырады. Нанбасаң, біраз жатып шық.
― Мен жатып та үлгірдім. Кепілге шығып келем.
― Япырау, не дейсің?!
― Әңгіме көп. Ал өзің қалай босандың? Кім босатты?
― Парасыз босану қиын екен, көбірек жатып қалдым. Стол басындағылардың көбі — байлар не байшылдар. Бағыма қарай, укомда істейтін Ералин дейтін жігіт қуғыншы болды. Бұрын өзін көрген емен, әйтеуір, сол жігіт араласып босатты.
― Иә, иә, ол кісі елге барып, сенің жайыңа қанып кеткен. «Поселкенің сені ақтап берген қағазын да ала кетті» деген. Менің де сеніп бара жатқаным сол кісі. Өзі қалада ма қазір?
― Қалада. Ұзақ жүріп, таяуда ғана қайтты. Сенен хат алған екен, айтып отырды. Бірақ келетініңді, мына шатағыңды естімеген сияқты. Күн кешкіріп қалды, жүре әңгімелесейік.
Екеуі арбаға отырып, арбадағы жігітті атқа мінгізді. Бұлар ауылда кездескенде бір-бірімен сыпайы амандасып өте шығатын. Қазір, түзде кездескендіктен бе, болмаса мұңдастықтан ба, шұрқырасып қалды. Қалтқысыз сөйлесіп келеді. Қасеннің жасы, көргені көбірек, үлкенсіп, ақыл айтпақ болады:
― Бала, сенің дұшпаның менікінен азулырақ, — деді басын изей отырып. — Қалам ұстаушылардың көбі солардың құйыршықтары. Мынау нәп дегеннің не екеніне түсінбей қойдым, Әйтеуір, қаланың, даланың байлары жыланша тіріліп, сумаң-сумаң жорта бастады. Солар осы күні исполкомның алдынан шықпайды.
― Исполком бастығының өзі бай баласы деген.
― Болса болар, мәйегі аузынан шығып тұр екен. Осыны Ленин біле ме?
― Білгенде қайтеді? Жұлып тастағанда, орнына қоя қоятын кімің бар? Білімсіз адам басшы бола алмайды.
― Егескенде мен енді елге қайтпадым! — деп, Қасен божыны қаттырақ қағып қалып, шыбыртқысын шарт еткізді. Күдіс көк желе түсті. Ат екпінімен сез де үдей түсті. — Сен де қайтпа. Болыстық қызметкерлер дайындайтын курс бар көрінеді. Соған түсейік. Партияға енейік. Сонысын Малқар, Жылқыбайлардың тісі боқты батар бізге!..
― Мен рабфакқа кетер едім. Әттен, алмайды. Сені алады, жалшысың ғой.
― Маған Ақмоланың оқуы жетеді. Сонау Орынборға қаңғып жыным бар ма?
Аман жымиып қана күліп қойды. Кейде сөз кемшілігін сынағаны бұл. Қасен тілсіз, үнсіз сынды аңғарған жоқ. Бірде аңқау, бірде адуындау сөйлеп келе жатса да, түйсігі мол, талапты жігіт тәрізді.
― Оқу, оқу дейміз-ау, — деді бір кезде. — Малқар болыста қанша оқу бар? Малы мен беделі аман болса, бай оқуыңды қақпалап мінеді. Орыстың Кубрин сияқты байларын қолма-қол шауып алғанда, қазақ байларына неге тимеді екен?
― Қазақ даласында Кубрин сияқты бай бар ма?
― Шәкендер ше?
― Кубрин миллионер. Сан қалада үйі, дүкені, ондаған, жүздеген жұмысшысы бар. Шауып алуға сол жұмысшылар көмектесті. Біздің жалшы, кедейлер байға жарамсақтанып, тақымымыздан алады.
― Ойпыр-ай десеңші! Бай иек көтерсе, бір кедейдің үстінен бір кедей арыз береді. Үшінші кедей куә болады. Үшеуін жетістіріп қойып, байекең мұртынан күледі...
Екеуін де бай-жуанға жығып берген, бетіне дақ салған кедейлерге үлкен өкпелі булар, түңіле сөйлейді. Сонда да олардан ат кекілін кесіп кете алатын түрі жоқ.
― Тап жаулығынан надандық жаулығы басымырақ! — деп күрсінеді Аман. — Біз осы елдің кедейі түгілі, байына не зиян келтірдік? Сонар қардың үстінде жатқан тышқан ізіндей-ақ, ізіміз бар өмірде. Нені бүлдірдік?! Қараңғы, мылқау, нойыс надандыққа обалымыз!.. Онымен алысармыз, бірде астына түссек, бірде үстіне де шығармыз. Сөйтіп жүріп, «жылай келген дүниеден күңірене бір күні кетерміз». Бұл надандық қазаққа Абай сияқты ардақтысын да ұрғызған. Біз кімге шікірә! Сайып келгенде, құр тарығудан пайда жоқ. Шамаң келсе, Сұлтанмахмұт айтпақшы, қараңғы қазақ еліне өрмелеп шығып, күн бол...
Өзін аға тұтып, ақыл айтпақшы болған Қасен, Аман сөйлеген кезде кішірейіп, басын шұлғи береді. Ашылмаған жас жігіт ішін ашқан сайын бір асылын көрсетіп, қызықтырып келе жатқан тәрізді.
― Бауырым! — деді Қасен, божыдан бос қолын ұсына бере. — Бір елде, бір жерде өссек те, тізелес отырып, құнарлы әңгімелескеніміз осы шығар. Осы тізе айрылмасын. Өле-өлгенше дос болайық, қолыңды әкел. Қайда жүрсең де жаман ағаңды естен тастама бұдан былай.
― Дұрыс! — деп, Аман қол алысты. — Жаман ініңді өзің де ұмытпа. Жасың үлкендеу болса да, салған жерден «сен» деп сөйлеуім әдепсіздік емес, өзімсінгендік. Неге екенін білмеймін, мен сені, әйтеуір, сырттай-ақ өзімсініп қойғамын. Сен үшін Байбол ауылнайдан да безіп болдым. Оның үйінің ақ үзігін көрген сайын, сені есіме алатын едім.
Жол екі айрылды. Әңгіме үзілді. Манадан үнсіз келе жатқан жігіт аттан түсті де:
― Інішегім, сұраған ауылың мына ағаштың түбінде, — деп, аттың шылбырын ұстата берді Аманға. Аман Қасенмен қалада кездесуге сөз байласып, көрініп тұрған бір шоқ ағашқа қарай жүріп кетті. Іздеп келе жатқан аулының бір адамын танымайды. Бірақ осы ауыл әкесінің немере, шөбере туыстарымен, жама ағайындарымен ерсілі-қарсылы құда, жекжат. Бертін келе сүйек жаңғыртпаған соң қарым-қатынастары сиреп, тек алыстан, сырттан тілектес болысып жүреді. Кейінгі жастарды екі жағы да аз біледі. Аман бейтаныс жекжаттардың бейнесін әрқилы жорып келе жатқанда, жол шоқ ағаштың дәл түбінде көрінбей отырған үш-төрт үйлі шағын ауылдың үстінен түсірді. Ауылға ене берісте тоған, тоған үстінде су диірмен. Жолшыбай Есіл бойындағы елдерден мұндай диірменнің талайын кездестірсе де, торы шұнақ үркуін әлі қоймапты, осқыра өтті.
Өтіп алған соң, Аман диірменші орыстан Ақанның үйін орыс тілінде сұрап еді, ұзын бойлы, ұзын сақалды қарт диірменші үсті-басы әппақ болып тұрып, жауапты қазақша қайырды:
― Ақанның кімі едің?
― Қайын жұрты болам.
― Сенбеймін оныңа.
― Неге сенбейсіз?
― Жездеңе деген төсің, апаңа деген асықты жілігің қайда? Бөктеріншегің көрінбейді.
― Салт атпен алыс жолда ас бөктеріп жүре алмадым.
― Бұныңа Ақан жұбанса, мен қойдым. Ол антұрған сен түгілі, менен де дәме етеді. Өзі анау үш терезелі кірпіш үйдің ығында шөп айырлап жатыр. Үйі сол.
Аман сәлем бере аттан түскенде, еңгезердей сары шал кеп, албардың ішіндегі шөп маяның маңын жиыстырып жүріп, шұқшия қарады оған.
― Қай баласың, шырағым?
― Алтай, Сапар деген кісінің баласымын.
― Кәдімгі Елбай Сапардың ба?
― Иә.
― Атың кім?
― Аман.
― Бәтима, Бәтима! Бері шық, бауырың келді! — деп айғай салды Ақан. Қорадан атжақты, қара кез, ақсұр әйел шығып, тани алмай тосырқай қарап келе жатыр еді, кеңкілдей күлді:
― Інісін апасы танымайды. Сапар ағаңның баласы, Аман.
― Келші, бауырым, құшып амандасайын онда, — деді де, Бәтима құшағын жайды. Аман барып құшағына енген шақта қартаң тартып, оты азайған құралай көзінен ыстық жас ытып шықты. — Тілім тасқа, көзім тасқа! Болып тұр екенсің, қарашығым, сыртыңнан естіп, бір көруге ынтызар едім. Ырзамын, тәңірім, көрсеттің!
Албар ішіне он шақты бала жиналып қалды. Арты үш-төрт жаста, алды он сегіз, жиырмаға келіп қалған жасөспірім қыз, бала жігіт. Біріне-бірі: «нағашымыз» деп сыбырлап, танаулары желп-желп етеді. Өзі амандасып болған соң:
― Мыналар жиендерің, — деп, Бәтима бір топ балаға бір-ақ нұсқады. Ішіндегі ең кішісі жүгіріп келіп, шешесінің етегіне жабысты. Кенжесі осы болса, Бәтекең кемі елу жаста тапқан болар. Қазір елу мен алпыс арасында жасы бар. Ақан бір топ жанды бастап үйге тартты.
Күн кешкірген, үй іші ала-көлеңке. Үсті-басы таза, жасөспірім жиен қыз әдепті жүріп, Аманның алдына өзінен үлкен дөңгелек стол әкеліп жайды. Шам жақты. Шынысында кіршік жоқ, оныншы номерлі керосин шам әкпен ағартқан үйдің ішін жарқыратып жіберді.
― Шәй піскенше тыныға тұрсын, ат соғып келді ғой, жастық әпер, балам, — деп Ақан Бәтиманы ертіп ауыз үйге шықты. Жастық әперген соң қыз да шығып кетті.
Көп балалы үйде шаң-шұң көп болатын, бұл үйде бір бала қыңқ еткен жоқ. Шетінен еңбекке үйретіп тастапты. Екеуі үш шелекпен суға жөнелді. Біреуі самауырға ағаш жара бастады, енді бірі қара бас саулықты алып соғып, сойғалы жатыр. Ақан мен Бәтима балаларын жұмысқа жауып жіберіп, бақылап тұр. Анда-санда: «Олай емес, е, солай» деп, жөн сілтеп қояды. Өздері де әлі еңбекке мығым сияқты, еңкеймеген, тіп-тік, ірі денелерінде ақау көрінбейді. Самауыр шуылдап, қой сойылып болған кезде:
― Ақжанды шақырып кел, қонақпен бірге болсын, — деп бір баланы жүгіртіп жіберді де, Ақан төргі бөлмеге келіп, жайланып отырды. Оқымаған, ауам адам. Қазақы әңгімелерге де шорқақ, қара жұмысқа апат, көңілі ақ, мінезі морт болатын. Қолы босағанда ермегі — Абай. Өзі оқи алмаса да, балаларына, қонағына оқытып жаттап алады. Сол әдетінше, басқа әңгімеге жөнді кідірместен, тұрып барып, Абайдың баспаға басылған өлеңдерін әбдіреден кілтпен ашып алды.
― Оқышы, Аманжан, не деп зарлайды Абай?!
Аман осы ұнар-ау деген жерін таңдап оқып отырды.
«Еңбек етсең ерінбей
Тояды қарның тіленбей».
― Паһ-паһ сабазым-ай, — деді Ақан. — Ет аңдып, ел қыдырған талай қазақтың шапқан шөбі екі-үш қарасына, жиған азығы екі-үш баласына жетпейді. Оны тағы құдайдан көреді-ау!
«Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді, ішінде қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап».
― Паһ, паһ, данышпаным-ай, бұдан артық қалай айтсын! — деді де, Ақан бұл жолы Абайдың өз сөзімен қортынды жасады. — «Жүректе айна жоқ болса, сөз болмайды өңгесі. Тыңдағыш қанша көп болса, сөзді ұғарлық кем кісі».
Аяғын жәй басып, екеуіне күлімсірей қарап, Бәтима енді. Сөйлей енді:
― Шаршап келген шығар. Мазасын неге алдың?
― Абай сөзі шаршағанға қуат, сауатсызға сауат емес пе?
― Абайды оқумен сауатың ашылса, ашылатын болып еді ғой.
― Білмейсің, кемпір, оның сөзі оқыған сайын тереңдей түседі.
Жиен қыз кіріп, столға дастарқан жайды. Абайды оқу тоқталды. Балалар біртіндеп жинала бастады. Аман жиендерінің кескініне енді анықтап қарады. Бір әке-шешеден туса да, көп бала қилы сипатты екен. Бірінің көзі шапыраштау, бірі шешесіне тартқан, өңді, ақсұр, бірі әкесіне ұқсаған дәу сары, енді бірі, кімге тартқанын құдай білсін, бәрінен бөлек тайпақ қара. Бәтима ұсақтарына бір уыстан бауырсақ беріп, ауыз үйге айдап тастады. Ересектері қонақпен бірге шайға отырды. Стол үсті толы — қабартып пісірген күрең бауырсақ, қолдан салған булка, шақпа қант, сары май. Дастарқанда кір жоқ, шыны аяқтарда жамау жоқ. Үй адамдарының үсті-басы, көрпе-жастығы бүтін, таза. Аман үндемесе де, бәрін байқап, ішінен: «Қалаға жақын ел қыр елінен жинақы, мәдениетті келеді-ау», — деп отырды. Онысы рас шығар. Бірақ мынау Ақан қырда тұрса да, қобырай қоймас. Шөп үйісі, дастарқаны, үй іші өзіне өзі мығым, еңбекшіл адамды көрсетеді.
― Балдыз, ұялма, нан жеп іш! — деп, қалжыңдап қойды бір уақыт. — Елің егін салмаса да, нанды жақсы көретін. Мынау апаларың да маған нан үшін келген.
Бойы үйренбеген үлкен кісімен әзілдесуге ұялып, Аман аузына келген сөзін іркіп қалды. Ақан өз сөзіне өзі мәз болып, кеңкілдей күліп отырғанда, шыны аяғы қолынан түсіп кетіп шайы төгілді.
― Қыр қазағы қымызға тойып мас болғанда, — деді Бәтима, — ой қазағы осылай, нанға тойып та мас бола салады. Есіңде болсын, Аманжан.
Бәрі қосылып ду күлді. Күлкі басылған кезде:
― Жиендерге онда нанды шақтап бергейсіз, — деп еді Аман, қайта көтерілді күлкі. Шай құйып отырған жас қыз шешесіне өкпелей, еркелей сөйледі:
― Апам ылғи төркіндерінің аузына сөз салып беріп отырады.
― Жетесінде болмаса, шайнап берсең де ас болмайды, Маржаным. Әкеңнің бабасы өлер шағында: «Әлгі үлкеннің атын айтып жіберіңдерші» деп қоймапты. Жиналған ағайындары өздері білген үлкеннің бірін қалдырмай атаса да, таба алмайды. Біреуі дағдарып отырып: «Құдай-ау, енді не болды екен?» деген кезде: «Е-е, дәл осының өзі!» — депті бабаң.
Маржан шай құя алмай, сылқ-сылқ етеді. Жұқалаң ақсұр жүзінде қан ойнап, қанмен бірге мөлдір қара көз ойнап, жас маралдай сүйкімді көрінді Аманға. Қарай бергісі келеді. Қарауға бірақ ұялады. Қой сойған шапыраш жиен езу де тартпады. «Дорақ екен!» деді де, қолын сермей, тұрып жүре берді. Ақан: «Қап, мыналар әбдән мықтады-ау бабамды!» — деп, кеңкілдеп отырғанда, інісі Ақжан кіріп келді. Бұ да алып денелі, бірақ қара торы, шағын сақалды, саудыраған кісі көрінеді. Салған жерден үйіріле, қазбалай амандасып, Аманды әңгімеге тартып барады. Амандық бітісімен:
― Малқар болыстың поштабайын өз көзінше тепкілегенің рас па? — дегенде, дауысы көтеріле түсті, орнынан бір қопарылып, қораздана отырды. Аман жәй ғана:
― Рас, — дей салды.
― Бұл өзін ұрғанмен бірдей. Сол керек ол етияумайтқа! Мен он төрт жасымнан кіре тарттым. Мына жағы Қызылжар, Петропавл, мына жағы — Нілді, Успен, бұл екі араның жолын, елін бес саусағымдай білемін. Онда Николай заманы. Спасс заводынан шыға бере, Көкөзектің бойында, осы ауылдағы диірменші Андрей екеуміз көлік шалдырып жаттық. Азыққа деп жолшыбай сатып алған жалғыз марқамыз арқандаулы еді. Бір поштабай ағызып келді де, ат үстінен ала жөнелді. Андрей пышақ ала ұмтылды. Жеткізе ме, өгізбен қуа алмай, қала бердік. Сол сұм сен ұрған Шөгел болып шықты. Қыр елінің болысы былай тұрсын, поштабайы құдай. Енді совет заманында да сонысын істемек. Аһ, етияумайтты соя түсу керек еді!..
Ақжанның мінезін, орысшылағанын қызық көріп, Аман жымия береді. Өзінің атағы бірсыпыра жерге жайылғанын да жаңа сезініп, көңілі көтеріңкі отыр. Ақжан әңгімеге тояр емес, қаладан бастап қырдан, қырдан бастап қаладан шығады.
― Ал жолын, болсын, — деді бір кезде, — не жұмыспен шығып едің? Жалғыз жүрсің ғой, мезгілсіз жүрсің ғой.
Аман үзіп-үзіп, сараң сөйлеп, оқиғаның ұзын ырғасын айтып берді. Жаңа ғана көтеріңкі көңілдер кірбең тартты енді. Бәтима күрсініп те қойды. Ақжан үнсіз, ұзын, жуан саусақтарын бүктеп, сыртылдата береді. Ақан басын шалқақ ұстап, алдына тура қарап, қадалып қалыпты. Алыста жатса да, көңілдес, тілеулес жекжаттар қамыға отырып, қыршын жасты кәрі күшігеннің тырнағынан құтқару амалын қарасты.
― Малқардың атасы Бекбай болыс айтысып жүріп, Ақмоладан үйіне жете алмай жолда өлген екен. Малқардың өз атасы Taпa болыс ағасының үстінен оязға арыз айтып тұрғанда, жүрегі жарылып кеткен екен. Жасыма, бала. Малқардың жуан қарны қанша мықты болса да, жарылатын кезі тақау, — деп, Ақжан қайта көтерілген кезде Ақан зекіп тастады:
― Оған дейін жұртты езіп, жаншып баратқан жоқ па! Құр зауал сұрағанша, қолмен бірдеме істеу керек қой. Қатын қарғыстан өлгенді көргем жоқ.
Ақжан басыла қалды. Ағасы алпыстан, өзі елуден асып барады, әрқайсысында бес-оннан бала бар, сонда да еншілерін әлі бөліспей келеді. Ішім-жемдері, қысқы-жазғы үйлері ғана бөлек. Мейлінше ынтымақты туыстар. Орақ ауыз Ақжан ағасының сарынын тез таныды. Ағасы қазір ашулы, ол ашуланғанда үй ішінде шыбын ұшпайтын тәрізді. Бірі жақ ашпай, тырс етпей, тек соның аузын бағуда. Ол аузын мықтап жауып алған, жаңағы сөзден кейін түнеріп, үнсіз отыр. Әрі-беріден соң бұл тиыштықты Маржан ғана бұзды. Жез қармақтай майысып, аяғын мысықша басып, ауыз үйге жөнеле бергенде, шолпысы бір сылдыр етті. Қайтып келіп, шешесіне сыбырлады да, ертіп әкетті. Бір қолында жылтыраған жез леген, бір қолында шәйнек, иығында орамал, шапыраш жиен кіріп, қолға су құя бастады. Қонақасыға мырза үй көрінеді. Жас қонаққа бір қойдың жарты етін бір-ақ асыпты. Табақ бетінде құйқасы сыдырылып, ырсиып жатқан басты Ақан өзі ұстап:
― Жас балдыз, бас ұстау саған әлі ертерек, — деді де, бір құлағын кесіп берді. Бәтима балаларымен ауыз үйде. Бір табақты үшеуі оңаша алды ортаға. Аман әйтеуір ер қара: бірер асаған соң, жұмысы бітті. Ағайынды екі дәу мұрындары пысылдап, соғып отыр. Қыр елінде мұндай етті оңаша жегізу қайда! «Ой елінің салты ма екен, әлде кәрі жездейдің орыс мінездігі ме екен, көрші-қолаңдар неге кірмейді?» — деп, Аман жеудің орнына оймен отырғанда, жездесі інісіне: «Ал, ал» — деп отырып, табақтан шегінді. Дауыстап қайыс алдырды. Сиыр терісінен тіліп қойған жаңа постромкеге қолдарының майын ыспалап, әбден сіңіріп болған соң, аршамен тістерін шұқуға кірісті. Дастарқан жиналып, қол жуылып болған соң да, Ақан сойдиған тістерін шұқып отырып манағы үзіліп қалған сөзді қайта жалғады:
― Тоба! Совет заманында кедейге Малқар өзі соқтығады. Аманжан, жасыма. Қалаға өзім ертіп апарам, Малқардың мойнын бұрайтын кісі табылады.
Сөз байлауы осы болды. Аман қонақкәде істеп, тысқа шықты. Маржан қонағына төсек сала бастады.
III
Ертеңіне, таңертеңгі шайды ішкен соң, шыбық қорапты ләшенкенің төріне Ақан мен Аман қатар отырып, қалаға тартты. Ләшенкенің қорабы толы шөп, шөптің үстіне екі қабаттап қара киіз төсеген, астары жұмсақ, жеккендері — төрт аяғы бірдей тағалаулы биік күрең, арбаны аузымен ұшырады, тертеге төселген, жүрісті ат көрінеді. Ақан түзге шыққанда сәнді кісі екен. Аты, ат тұрманы, киген киімі қаланың олай-бұлай байсымағынан кейін емес. Биік күреңге шытыралы шлия, жүген кигізген де, өз үстіне қалыңдығы бір елі күрең сәтеннен су жаңа шапан, басына барқытпен тыстаулы қара қасқа пұшпақ бөрік киген. Кең балақ, көк шұға шалбарды мәсі байпақтың сыртына жіберген, аяғында әміркен кебіс. Кеше кешке шөп айырлап жүрген Ақаннан мынау Ақан тіпті бөлек, айдынды. Күреңнің божысын шерттіре ұстап, қатты желдіреді. Ат екпінімен тұрған жел жөнді ағармаған күрең сақалын екі айырып, желкілдетіп келеді. Тоғанға тақалғанда диірменші Андрей айғай салды:
― Ақырын, ақырын! Ей, суға қойып кетпе!
― Оттама, құда. Мал-жаның аман ба? — деді де, Ақан өте шықты. Аман «құда» дегенге түсіне алмай, ежіктеп еді, әдетінше, кеңкілдей күліп алып қайырды жауапты:
― Жәй, ойын сөз. Екеуміз құрдаспыз. Жас шағымыздан жолдаспыз. Біздің ауылдағы төрт үйдің бірі соныкі. Еңбекшіл, мініскер адам. Басында осы диірмен мен тоғанды екеуміз салғамыз. Кейін мен өз сыбағамды алып, егінге бірыңғай қарап кеттім. Жер, су біздікі. Ол — кірме, өзі орыс. Сонда да әлі бір қабақ шытысқан емеспіз. Көңіл келіссе орыс, қазақ деген былшыл ғой. Бишарада еркек бала жоқ. Ойнаса да ойындағысын айтады-ау деймін, «Бір ұлыңды маған бер, күшік күйеу қылып алайын» деп қоймайды. Қызы мұсылман болса, берер де едім...
Аманның құлағы әңгімеде, көзі жолда. Кең, құмайт жолдың үстіндегі жүргіншілер жиі және қилы-қилы. Шөп тиеген, тері тиеген егіз арбалар, жылқы жетелеген, азын аулақ қой, сиыр айдаған салт аттылар, солардың алдынан ләшенке арбамен шығып, ере сөйлесіп келе жатқан қаланың шолақ алыпсатарлары көрінеді. Бір жерде ұзын түйе керуен кетіп барады. Өңкей қызыл бұйра тықыр нар, бірі қыңқ етпейді, тырнадай тізбектеліп, сау аяңдап барады. Үстеріне артқан жүктері — киіз, жүн, тері. Бұлармен селбесе келе жатқан мал қарамы көбірек: қой, сиыр, жылқы топ-топ. Сәудегерлер, аш қасқырдай, әр топқа бір шауып жүр.
― Тамалардың алды келе бастапты ғой, — деді Ақан, түйе керуенді көргенде. — Олар келмей, базар арзандамайды.
Тама ең шетте жатқан, Ақмешіт, Әулиеата ояздарымен жапсарлас, мейлінше малды, момын ел. Жаздай малын семіртіп, жүн, терісін жинап, киізін басып алған соң, күзге қарай қала шығады, керек-жарағын алып қайтады. Мынау түйе керуен солардың алды екен. Сатушы қазақ пен алыпсатар қазақ, бірі жеуге, бірі жегізбеуге арбасып барады.
― Көрдің бе, алыстағы аңқау елді жалдаптардың торуын! — деп, Ақан басын шайқап қойды. — Бұлардың еңбегі — алдау. Оларға сонсоң советтің іші қалай жібісін?..
Алдарындағы ақ төбенің иығына шыға келгенде, көгілдір тұман басқан қала көрінді. Қаланың шығысына қарай тартқан боз дөңгілдердің беті ойдым-ойдым, қотан-қотан ақ қайың. Тұрғын ел Шыбар деп атайды. Шыбар мен қаланың аралығында жатқан жалаңаш белдің жотасы қаптаған жел диірмен. Қанаттары ауыр айналып тұр. Диірмендердің бер жағында, қаланың шетінде, аумағы үлкен қара құрық: киіз үйлер, аттылы, арбалы адам, мал...
― Анау көрінген мал базары, — деп солай қарай нұсқап қойды Ақан. — Мына жүргіншілердің көбі сонда барады.
Жолдың екі жағында, бұрыла кетіп көлік шалдырып, қос, шатыр тігіп, түтіндетіп ас пісіріп жатқан алуан-алуан қалашылар алыстан келеді. Ақмолаға төрт жақтан енетін барлық жолдың үсті осылай.
― Осылар еліне айлап, апталап жүріп қайтады-ау! — деді Аман, манадан үндемей келе жатқанда, тек көріп қана емес, көргендерін өзінше қорытып та келе жатқан сияқты. — Сонда жылдық керегін алып қайта алмайды. Әгәр жер-жерде кооперациялар көбейсе, бұл сандалудың бірі де болмас еді.
― Бәрінен де егін салса десеңші! Құдай бұл қазаққа телегей-теңіз жер бергенде, теңгедей ақыл бермепті.
― Егін салуға ақылы жетер. Әдеті жетпес.
― Ақыл жетсе, әдет те жетер еді ғой.
― Жезде, ең қиын нәрсе жаман әдетті жеңу ме деймін. Насыбай, шылымнан бастап, зұлымдыққа дейінгі адам бойынан табылатын үлкенді-кішілі жаман белгілердің бір де бiрін өзі жақсы демейтін сияқты. Бірақ соны істейді. Әдет істетеді. Орыстар әдетті адамның екінші сипаты, — дейді екен.
― Паһ, паһ! Мынау бір тауып айтылған сөз. Олар біледі-ақ! — деп, Ақан сүйсініп қалды. — Мен сені қымызшының үйіне орналастырам. Әйелі бізге жиен болады. Жиен күйеудің әдеті — жатып ішеді. Дені сау, есі бүтін, көрмеге тіпті көрім жігіт. Бірақ, әйелі асырап отыр. Күйеу соған аpланбайды, әдеттеніп кеткен...
Әңгімемен қалаға кірді екеуі. Үлкен өндірісі, темір жолы жоқ шағын қала кең сахарадан бірінші рет келген, бұрын қала көрмеген Аманның көзіне мейлінше үлкен, көркем, әрі қызықты боп көрінді. Орталық көшелердің бірін бойлап, қаланың екінші жақ шетін ала тұрған кірпіш үйге жеткенше, Аман Ақмолаға тек сүйсінумен, қызығумен болды. Кірпіш үй сыртынан қораш еді, ішіне енгенде, бұған да көңілі тойып қалды. Күн түскен қос терезелі кең бөлмеге босағасына дейін киіз, текемет, сырмақ, олардың үстіне кілем, алаша не көрпе жайылған. Ортада аласа, үлкен дөңгелек стол, үстінде піскен бір табақ суық ет. Столдың қасында, жерде, беті жабулы дәу шыны тегене, кәрлен кеселер тұр. Үй онша мүлікті болмағанымен, жинақы, таза, көңілді-ақ. Ақан мен Аман ең төрге келіп отырды. Көп кешікпей үй иесі жас әйел кірді. Мол жаулығының ұшы өкшесін соғады. Жаулық сыртынан сәнге ақсары шәлі жамылып, шәліні артына қайырып тастапты. Екі білегінде үш-үштен алты күміс білезік, әр саусағында бірнеше жүзік, сақина. Жаулығының жиегін екі қатар кестелеп, екі кестенің арасына ұсақ ақ моншақтар тізген. Әйел сәнқой да, бауырмал да екен. Ақанды «нағашылап», шын ықласымен қарсы алды. Амандықтан кейін іле самауыр қоюға тұрғанда:
― Шәйді мен кейінірек келіп ішермін, Сәлима, — деді Ақан. — Отыршы. Мына жігіт менің балдыздарымның ішіндегі бірегейі. Елі алыс. Бұнда танысы жоқ, жұмысты болып келді. Осында жатсын, қанша жатса да қозғама.
Сәлима:
― Жарайды, — деп, басын изеді.
Ақан тегенеден бір кесе қымыз құйдырып ішті де, шығып кетті. Оңашада, үнсіз төмен қарап отырған Аманға Сәлима қап-қара қайқы кірпіктерін қадай, байыптап бір қарап еткен соң:
— Нағашымның балдызы, әуелі шай берейін бе, қымыз берейін бе? — деп еді.
― Екеуін де қоя тұрыңыз, жездей келсін, — деді Аман.
Қымызға көңілі соғып тұрса да, ішем деуге ұялды. Сәлима соны білгендей:
― Ол әншейін сыпайылық шығар. Жігіттің іздейтіні қыз бен қымыз ғой, — деді де, қымыз құйып ұсынды. Ашық, өткір әйел. Қалжыңы, шыны қайсы екенін білу қиын, сөйлегенде, көзі ылғи күлімдеп тұрады. Бетінің көлденеңі қысыңқы, тұрқы шығыңқы, ұзынша мұрнының ұш жағы етектілеу, түп жағы жіңішке, бидай өңінен бөлініп, бұғағы әппақ көрінеді. Өзінен Сәлиманың көзі тайғанда, Аман одан көзін алған жоқ. Әйел тұлғасына сынай қарайтын әдетінше, мейлінше сүйсіне әрі сынай отырып, бұғаққа көзі түскенде, Ақтамақ деп, елең етті көңілі.
Ақтамақ деген қымызшы әйелдің даңқы қаладан асып, қырдың бірсыпыра жеріне жайылған. Бірақ мынаның аты Сәлима. «Ақтамақ лақап аты болар ма?» деп, Аман өзінен сұрай алмай, сұрамай тағы қоя алмай отырғанда, жеті-сегіз жігіт кіріп келді. Ішінде бір шалы бар. Шалдың қолында он екі тілді, ескі, жамаулы гармонь. Шал да болса, ұзын бойы әлі иілмеген, тіп-тік, сақал-шашы ағарса да қызыл шырайлы жүзінде жөнді әжім жоқ. Өзі құбылып, ұшын қырыққан шағың сақалын сипап, сипаған сайын, көзін қымызшы келіншекке бір тастап қояды.
― Құя беріңіз, — деді бәрінен жоғары отырған ұзын мойын қыли жігіт. — Ақшасын бір кісі төлейді.
― Онда, әрине, сіз төлерсіз? — деп, езу тартып еді Салима.
― Мен тұрғанда, басқаның төлегенін көрдің бе, Ақтамақ? — деп, жігіт шалқайғанда, шалқасынан түсе жаздады. Оңдалып отырып сыртқы жиегіне құндыз ұстаған әдемі пұшпақ бөркін түре киді. Аман оның сөзінен Сәлиманың Ақтамақ екенін ғана аңғарған жоқ, жігіттің мақтаншақ, байсымақ екенін де аңғарып қалды. «Қымыз ішпей де, болып-толып тұрған сияқты, қымызға тойғанда не болады?» — дейді ішінен. Ол күдігін ұзақ күткен жоқ. Жігіттер қымызға бас қоя бастады. Дәл соны аңдып тұрса керек, үй иесі қара мұрт Ақтамақтың арт жағына келіп, жантая кетті. Жеңіне тыға келген кішкентай есепшоты бар, соны тықылдатып қағып жатыр. Қыли мырзаның есебі басқада. Ақтамақ жымиса, ол ыржияды. Ақтамақ мырс етсе, ол тарқылдай күледі. Екі-үш кесе тастап алған соң, ұзын мойны қызарып, бұйыра сөйледі:
― Ақсақал, ал гармоньды қолға! Бүгін дүниені бір теңсейік!
Шал іркілмей, шырқап жіберді. Кішкентай гармонын кере тартқанда, жырта жаздайды. Гармонь даусы сонда да ілесе алмады. Гармоньды енді тиыш тапқызбастан, кеудесіне сүйей, біресе басынан жоғары көтере, бірде оң жағына, бірде сол жағына толқып кетіп, құтырта тартып отыр. Қызған сайын мойны жуандап, даусы үдей түседі.
Атандым Ғазиз ақын бала жастан,
Әнші жоқ Қараөткелде менен асқан.
Жүйрікті, жорға мініп жетеледім,
Қалмай жүр әлі көңілім қиғаш қастан.
Аманның көзі шалды ішіп-жеп барады. Алыстан атына қанық Ғазиз ақын осы ма, әлде соның өлеңін айтқан біреу ме ― білгенше асығады. Кім де болса, жасында сайрандап баққан. Қазір кәрілікпен қоса кедейлік те мініпті мойнына. Сонда да болман деп, бұлқынып отырған бір адам. Лезде стол басын думан етті. Сөйлемейтіндер сөйлеп, қозғалмайтындар қозғалып, біреулер: «Пау, ей, мына салың не дейді!», «Машинемен сөйлейді!», «Орарақ, орарақ!» — десіп жатыр. Әнші шал қыли мырзаға «дүниені бір теңеп» берген соң:
― Айналайын Ақтамақ, бал тамған лебізіңді өзің бір естіртші! — деп қиылды.
― Ғазиз аға, сіздің алдыңызда даусым шықпайды ғой, — деп, еркелей сөйлеген Ақтамақты бәрі қаумалай жөнелді. Ақтамақ қолына үкілі домбырасын алып, біраз толғанып отырды да, даусын онша көтермей, наз қоңыр, әсем үнмен әнге салды:
Жасым бар жиырма бесте, жылым Мешін,
Өлімнің кім біледі ерте-кешін.
Барында базарымның ән салайын,
«Ақтамақ ала кетті» — жұрт демесін.
Қасына нөкер ертіп, ақшасын аямай, Ақтамақтың алдында дарақыланған қыли мырзадан жәй отырып, көлденең қараған Аманның қызығы аз болмады. Бәрін көріп, танып отыр. Заманы өтіп, жасы жеткен Ғазиз ақын енді біреудің отына жылыныпты. Қалтасына сенген қыли мырза Ақтамақтың күлім көзінен дәметіп, қылыштан тартынар түрі жоқ. Ол күлім көз жұрттың бәрін шақырса да, өзі іздегенін таба алмай, шарқ ұрады. Ықыласы тек мырзада, танауы шелтиіп, «айт!» десе, ата жөнелетін тазыдай, елеңдеген біреу отыр. Өзгесі жай қошеметшілер, тегін қымызға тойып, әңгіме, ән тыңдағанына мәз. Үй иесі қара мұрт Ақтамақтың тасасында жатып, шот қаққанына мәз. Осы думанның үстіне, манағы бетінен қайта оралып, Ақан кірді. Төрге шықпай, босағада тұрып, бір-ақ кісімен өрескел амандасты:
― Аманбысың, ақ бас Ғазиз? Айқайды әлі қоймап па едің?
― Аманмын, сары мұжық. Сен соқаны тастағанда, мен гармоньды тастармын.
― Соқа нан береді. Жыртық гармонь не береді?
― Сен қарын тойғызсаң, мен көңіл тойғызам, мәстек.
― Қарын тоймай, көңіл тойғанды көрген емен. Кәртайғанда Абай айтқан арсыз ақын бола көрме, сыңайыңнан сескеніп қалдым... Аман, бері шығып кетші. Бұл екеуміздің былшылымыз таусылмайды.
Аманды ертіп шыға жөнелді. Күрең атты доғарып, ләшенкенің қорабындағы шөпке қойған екен, асығыс өтіп бара жатса да, сауырынан бір сипап кетті. Тіпті көңілді. Жымыңдай далаға шыққанда:
― Бала, жұмыс оңалатын болды. Өзіңді Ералин біледі екен ғой, — деп күбір етті.
― Иә, біздің үйде бір болғаны бар.
― Біреулер сондайын айтып, былшылдап жүреді. Ауыздың ауыры жақсы. Мен саған ол жігіттің жайын жақсылап айтып берейін, — деді де, сақал-мұртын сылап-сипап қойды, Укомға бастап барады. Әңгімесі — Ералин.
― 1918 жыл. Колчактың жазалаушы отряды қазақ даласын құтырған қасқырдай кезіп жүрген кез. Нілді заводы тоқтап, жұмыссыз қалған соң, Ералин кәрі шешесімен, күйеусіз апасы, ержеткен інісімен Спасс заводына келіп орналасқан. Қазіргі уком секретары, ол күндерде сағатшы-мастер, жасырын большевик, Алексей Александрович Афанасьев екеуі бір баракта тұратын. Жұмабекті Афанасьев сағатшылық пен большевиктікке бірдей баулыды. Оның үстіне Жұмабек скрипканы жақсы тартады. Өзі палуан жігіт. Сондықтан бұлардың маңынан адам арылмайды.
Бір күні Афанасьев аңға кетті. Біраз жігіт Жұмабектің скрипкасын тыңдап, одан кейін күрес салып жатыр еді, ақтың он шақты атты әскері келді де, баракты қамап алып, тінте бастады. Афанасьевті таба алмады. Күресіп жүрген Жұмабекті әскер бастығы келе сала:― Ах, сволоч, большевик! — деп, қамшымен тартып жіберді. Екінші рет тартқан қамшыдан ұстай алды Жұмабек. Мықты қолдан қамшысын қайтып ала алмаған соң, ақ офицер қылыш сермеді. Жұмабектің желкесінен қан бұрқ етті. Шешесі, апасы, інісі бірден келіп құлады үстіне. Аққан қан, төгілген жас, ащы дауысқа ақтар қараған жоқ, төртеуін бірдей қамшының астына алып, көше бойлата, жұртты түршіктіре, айдап бара жатты. Жұмабек жалаңбас. Будыраған қара шашының арасына қан ұйысқан. Кеудесі жалаңаш. Көйлегін шешіп алып, мойнын ораған. Ақ етінде білеуленіп тұрған көгілдір қамшы дағы, тарам-тарам ақан қан айқын көрініп барады. Сонда да еңсесі көтеріңкі, аяғын нық басады, алақтамай, тура алға, алысқа қарап келеді.
― Мә саған «Колчак күні қысқа!» — деп өшіккен офицер анда-санда қамшымен бір осып өтеді. Жұмабекте үн жоқ, тістене береді.
Сол айдағаннан, бірде көлікке мінгізіп, бірде жаяу, екі жүз елу шақырым жердегі Ақмолаға дейін айдады. Былай шыққан соң, Жұмабектен өзгесін босатып жіберген. Бірақ жолшыбай үш тұтқын қосылып, тағы да төртеу болды. Айдаушы бесеу. Ақмоланың түбіндегі Күйгенжарға жеткенде, күн кешкіріп, көз байлана бастаған. Айдаушылардың бастығы мас, өзгесі жай қызу еді. Бастық жол бойындағы жақынына қона кетпек болып, дәл Андрейдің диірмені тұрған Тоғаннан өтіп келе жатқанда, Жұмабек көріне көзге суға қойды да кетті. Тоған суы бірсыпыра жалпақ, терең. Жағасына тал, қалың құрақ қамыс өсіп кеткен Есілдің бір салпыншағы болатын, айналып барып Есілге қайта құяды. Айдаушылар алысты көре алмаса да, елу-алпыс метрге дейін анық көре алады, мылтықтарын төсей қалды. Жұмабек суға шым батқан күйі жоқ. Сүңгіп кетті ме, сүңгимін деп, еріп кетті ме — белгісіз. Төрт тұтқын мінген жаман арбада пиджагі, ботинкасы жатыр, үстіндегі киімі тек шалбар ғана.
Айдаушылар су бетінен ештеме көре алмаған соң, шапқылап, су жағасын қаға бастады. Қашса, кейін қашар деген оймен кейінгі жақты көбірек тінтті.
Жұмабек сүңгіп отырып, жағадағы қамысқа шыққан. Қамысқа аялдамастан, алға қарай, еңбектей тартты. Мойны әлі ораулы, кеуде жағы жалаңаш, шашы мен шалбарынан су сорғалап, бірінші кездескен Ақанның үйіне алқына кіргенде, үйдегілер дүрлігіп қалды.
― Жарқыным, неғылған адамсың? — деді Ақан, орнынан атып тұрып.
― Ажалдан қашып келем, құтқарсаң да, ұстап берсең де өзің біл, аға!
― Не дейді! Не дейсің, жаным-ау! — деп, Ақан дағдарып тұрғанда:
― Әйтпесе Ақжанның үйін тауып беріңізші! — деді Жұмабек.
― Қай Ақжан
― Байболдың Ақжаны.
― Е, ол неменең еді?
― Ештеңем де емес. Нілдіге кіре тартып жүргенде таныс, көңілдес болып едім. Мен Нілдінің жұмыскерімін. Мұнда ақтардан қашып кірдім.
― Бұтаға қорғалаған торғай да аман қалады, — деді Ақан, аз ойланып тұрып. Тезірек барып, жиюлы жүктің астындағы дәу әбдірені ашты. Жұмабекті соның ішіне тықты да, жүкті үстіне қайта жинап қойды.
Жұмабек содан қашан Колчак үкіметі құлағанша Ақанның, үйінде паналады. Ақжанмен бірге кіре тартқан болып, мына жағы Спасс-Нілді заводтарына, мына жағы Ақмола, Қызылжарға дейін барып қайтып, сыртқы дүниемен байланысын үзбеді. Азамат соғысы кезінде ЧК-да істеді. Соғыс біткен соң, Афанасьев екеуі ояздық партия комитетіне ауысты.
Ақан Аманға осы жайларды айтып, ояздық партия комитетіне жеткенше бітіре алған жоқ-ты. Бұлар келгенде Ералин орнында емес екен, соны тосып отырып, әңгіменің қалғанын айтып бітірді. Бір мезгілде секретарьдың кабинетінен Ералин шықты. Аманды көре сала, жарқылдай, сөйлей келеді:
— Бәрекелді, жақсы келдің, Аман! Әке-шешең күйлі ме?
― Шүкір, сәлем айтты.
― Афанасеьв жолдаспен сендер туралы ақылдасып шықтым, — деп, Жұмабек Аманды қолтықтай кіргізді кабинетіне. — Ал айта бер енді. Сені кім отырғызды, қалай отырғызды? Кім босатты, қалай босатты?
― Тергеуші жапты. Жаптырған Малқар, — деді Аман. — Кепілге шығартқан Шәкен мырза. Ол кісі көп жақсылық істеді.
― Жуан жаралап, ол жараны бай сипаған екен. Қалай дейсің: аяп сипады ма, алдап сипады ма?
― Аяғаны шығар. Алдағанда, менің немді алады.
Жұмабек Аманның бетіне қарап отырып, сылқ-сылқ күлді де, басын шайқап қойып:
― Әгәр, берер болсаң, байдың сенен алатыны көп, — деді. — Меніңше, ол алдап сипады. Бұған да көзің кешікпей жетер. Айта бер.
― Айтарым да аз, Жұмеке. Тек жүрсем де, тиыш қоймады. Сонар қардың үстінде жортқан тышқан құрлы із қалдырғам жоқ әлі. Сонда да бүлдіргіш, бұзық деп айыптады. Жалғыз нағашымның жанына балаған жалғыз атын Малқар болыс поштабайын жіберіп тартып алды. Мен соғaн шыдай алмай, араға түсіп, қайтып алдым. Бұл туралы толық жазғамын өзіңізге.
― Алдым, хатыңды оқыдым.
― Екінші кінәм — қырқысып жатқан екі кедейді айырдым. Бір кедей байды арқаланып келіп, екінші кедейдің алақандай мәйегін тартып шаппақ екен, мен ол зорлыққа бөгет болдым. Сол үшін байшыл кедей үстімнен арыз берді. Байдың жалшысы ол арызды қуаттап куәлік берді. Тергеуші: «сен теріс» деп, жауып қойды. Ойлап тұрсам, бай түгілі, тергеуші, болыс, ауылнай, кедей, жалшы — бәрінен де шеккі көріппін. Жазығым не? Солардан шеккі керген жалғыз мен бе? «Осынын, бәрі байдың ықпалы десек, совет ықпалы қайда?» — деген сұрау туады. Мен өзім ауылда совет өкіметі бар ма? — деген ойдамын қазір.
― Ол жағына күмәнданбай-ақ қой. Бар, — деп, Жұмабек Аманның сөзін бөліп жіберді. — Азуы алты қарыс Малқарға қаршадай сені қарсы қойған, аузыңа жалынды сөз, кеудеңе жарқын ой берген, тіпті Шәкен мырзаға сені босаттырған да совет өкіметі. Әйтсе де, совет мақсаттарының көбі әлі іске асқан жоқ. Бүгін таңда алда тұрған зор қиындық — езілген ауылдың қараңғы көңіліне таптық сана шырағын жағу. Ол шырақ жанғанда, ауыл жаңа қонысқа үдере көшеді.
― Сол шырақ қайтсе тез жанады?
― Сендей талапты, сауатты жастар тез оянып, жағушы болғанда ғана тез жанады.
― Ал мен келдім онда.
― Беліңді бекем буып келдің бе? Үлкен сындардан өтесің. Совет мақсаты — халық мақсаты. Кейде басқа қимасың түгілі, жаныңды қиюды сұрайды. Бере аламысың?
― Жұмеке шын берілген көңілдің алып қалары бар ма?
― Тауып айттың, Аманшик! — деп Жұмабек Аманға ойлана, қадала қарап, үнсіз біраз отырды, — Нешедесің?
― Жиырманы орталап қалдық қой.
― Не оқисың?
― «Народный университет на дому».
― Бәсе, көрініп тұр. Үзбей оқы енді. Мен де соны оқып жүрмін. Көп білім береді. Қайда жатырсың, қалай орналастың?
― Ол жағы уайымсыз, — деді Ақан. — Ақтамақтыкіне орналастырдым.
Есіктен Қасен кірді. Жағалай қол ұстасып амандасып, төменірек барып отырды, Жұмабек соны күткен екен:
― Екеуіңе айтар кеңесім мынау, — деді. — Жақын арада болыстық қызметкерлер дайындайтын курс ашылады. Соған түсіңдер. Түсуге уком жәрдемдеседі. Аман, сен өзіңе қосылып арыз берген төртеудің ішінен бір-екеуін таңдап шақыршы. Жараса оларды да оқытып алайық.
― Олар келер еді, қолдары қысқа ғой, — деп еді Аман, Жұмабек қолын сермеп тастады.
― Курстың өзі қолы, қысқалардікі. Шақыра бер, қазына көмектеседі. Ал енді байлардың шырмауына келсек, Қасеннің, «қылмысы» жойылды. Сенің «қылмысыңды» заң орындары арқылы алдырып, оны да жоямыз. Алаңдама. Қарсылықтарың болмаса, осымен бітірейік әңгімені. Қысыр әңгімелерді кеңірек отырып, кейін сөйлесерміз.
Қарсылық түгіл, жүректері лүпілдеп, жастардың бетінде қан жүгірді. Біріне-бірі қарап жымдаса, Ақан екеуіне қарап, кеңкілдей күледі.
Укомнан шыға Қасен өз жөніне кетті. Ақан мен Аман Ақтамақтікіне қарай тартты. Күн кешкірген. Ымырт. Көше қараңғы. Кейбір үйлердің қақпа маңдайында керосин немесе май шамның әлсіз жарығы сығыраяды. Әлден-ақ сақ күзетшілердің тоқылдақ даусы естіледі. Тозған тақтай тротуарлардың жыртығына аяқтарын тығып алып, ыңқ етіп, сүріне-сүріне Ақан мен Аман келеді. Көңілдері көтеріңкі, ауыздары әңгімеде.
― Жақсылап бір шай ішіп алам да, қайтам, — деді Ақан. — Тезірек барып, апаңды қуантайын. Ол өзі бауырмал, уайымшыл кісі, түні бойы сені ойлап, уһілеп шықты.
― Қалаға жиі қатынап тұрасыздар ма?
― Мен өзім сирек қатынаймын, жұмыстан қол тимейді. Ал біздің ауылдан күн ара қымызшы келеді Ақтамақтікіне. Соның көлігімен келіп тұр. Жақын жер ғой, он үш-ақ шақырым.
― Жатқан үйіме қанша төлеу керек болар екен?
― Ештеме де төлеме. Олармен мен есептесем. Мынау жұмысыңнан әбден құтыл, оқуыңды бітір, қызметкер бол. Сол кезде әуселеңді бір көрермін.
Аман жездесіне қатты ырза болды. Ырзалығын білдіріп, үлкен адамдарша, бірдеме айтуға ұялады. Ішінен айтқан алғысы, берген бағасы көп. Бірақ оларын жезделігінен гөрі адамшылығына арнады. Бәтима Сапардың немере ағасынан туған. Ақан сонда қаншалық жезде? Одан әлдеқайда жас, жақын, жаңа жезделерді көрді, естіді Аман. Сондықтан жезделіктен адамшылықты жоғары қойып:
― Басыма іс түскен күннің ішінде, — деді Ақанға, — талай көрмегенімді, күтпегенімді кездестіріппін. Сізден де бұндай жақсылықтар күткен емеспін-ді. Адамнан, сірә, адамгершілік көп жоғары ма деймін. Бірсыпыра жұрт оған жете алмай, тек адам деген атқа ие сияқты. Малқармен шатасқаным жақсы болды, осыны аңғартты маған.
― Аманжан, дүние деген — тұңғиық қара су ғой! Тәуекелі жеткен шешінеді де сүңгиді. Тәуекелі жетпеген жағада тұрып-ақ, үрейленіп құриды. Сен әлі сүңгіген жоқсың, бетінде жүрсің. Сүңгіген кезде айтарың тіпті көп болады. Мынау Жұмабек, Афанасьевтер, марқұм Қалқа менен әлдеқайда кіші, бірақ көргендері әлдеқайда үлкен. Солар соның бәрін сендей жас шағында көрген. Жасында көргені жоқтың, ескенде айтары да жоқ.
Аман үндемей қалды. «Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары да жоқ» деген сөзді ойымен ежіктей отырып үйге жетті. Манағылар әлі кетпеген. Олардың үстіне тағы қосылыпты. Үй адамға лық толы. Қымызға қызған жұрт ду-ду етеді. Ақан коридордан бұрылып, екінші бөлмеге енді. Ақтамақтың шешесі жасамыс, еңкектеу әйел:
― Қалаға айында-жылында бір келгенде, адам сияқты орнығып бір отырмайсың, — деп, кінәлай қарсы алғанда, Ақан онысын қалжыңға айналдырды:
― Алпыстың екеуіне шықтым, әлі де менен бірдеме дәметемісің?
― Тәйт әрі, жастардан ұялсаңшы!
― Онда шайыңды тезірек әкел. Қонбаймын, жүремін.
― Әне, ылғи асығыс, — деді де әйел, еңкейген, екі қолын артына ұстаған күйінде, шығып кетті.
Ақтамақтың шешесі Ақанмен ауылдас, ағайындас кісінің қызы болған соң, Ақан Ақтамақты жиен деп жүреді. Әйтпесе туыстығынан да көңілдері жақын. Еңкек бәйбіше манадан самаурын қойып, қазанын асып, күтіп отыр екен, ет пен шайды бірден әкелді. Бұлар тамақ үстінде отырғанда, қарсы үйдегі думанды қақ жарып, бір дауыс аспанға көтерілді. Тік шырқап барады. Міне енді қалықтап бері оралды. Төмендеді. Қанатымен жер сабай ұшты. Қайта көтерілді аспанға. Үйдегі шу су сепкендей басыла қалыпты. Асқақтаған әсем ән құйқылжуда. Аман ішіп отырған асын тастай сала:
― Мынау әншіні көріп қалайыншы! — деп, тұра жөнелді. Қарсы есікті ептеп ашып сығалап тұр.
Әнім еді сүйіп салған «Қанатталды»,
Бұл әнім балқытушы ед тыңдағанды.
Өмірден өз еркіме орын таппай,
Кейінге «Қанатталды» әнім қалды.
― Паһ, паһ төкті-ау антұрған! Бұ да келіп қалып па еді? — деді Ақан.
― Қалғаны жоқ. Қосымжан да, Оспан да бар, — дегенде, бәйбішенің қабағы бүрісіп кетті. — Тек жанжалсыз тараса екен, түге. Өлердей ішіп, қызу бәрі.
Ән басылысымен Аман келіп орнына отырды. Төс қалтасынан кішкентай дәптерін алып, жаңағы әннің сөзін жазып қойды.
― Жезде, бұлар Абай айтқан азғын ақындарға ұқсамайды, тамаша әншілер ғой. Жаңағы әнші кім?
― Сәтмағамбет. Арғы тегі Сүйіндік. Бірақ өзі осы елге ертеден сіңген. Бұл үйде жата түссең, әлі талай әншімен танысасың. Әншілердің көрінетін жері: ас, той, жәрмеңке болатын. Бертін келе осы қымызшылардың үйінде де көбірек көрініп жүр.
― Қымыз үйі онда әрі сауда, әрі сауық орны екен ғой.
― Кейде жанжал орны да болып кетеді.
Ақан аузын жиып алғанша, біреулердің күжілдескен даусы естілді. Оған дереу аяқ дүрсілі қосылды.
― Ұстаңдар! Айырсаңдаршы! — деген Ақтамақтың ащы даусы шықты. — Қиратты! Төкті!
Қарт Ақан оқтай атылып, қарсы бөлмеге енді. Мана қыли мырзаның қасында танауы шелтиген шайтан көз жігіт, таласқан иттей тістесіп жатыр біреумен. Жер таппағандай, астындағы жігітті дәл қымыз тегененің үстіне әкеліп жығыпты. Қымыз төгілген, бірер кесе сынған. Арашашылар айыра алмай жүр. Ақан, келген бетте, шайтан көзді бір қолымен желкесінен ұстап, далаға сүйрей жөнелді. Ол астындағыдан айрылмады. Қосақталған екеуді қабат сүйреп далаға шығарған соң:
― Ал, армансыз болыңдар! — деп Ақан қатты итеріп жібергенде, екеуі тәлтіректеп барып, екі жерге жалп етті. Үйдегілердің бәрі енді далада. Ақан ентігіп тұрып, қыли мырзаға сөз тастады:
― Мырза, мынау ит сенікі. Әдейі айтақтадың ба, айырылып қалдың ба, өзің білесің. Әйтеуір, бұл жанжалға сен жауапты.
― Жауапты болса, несі бар?! Міне төлейміз, — деді де, мырза ұзын мойнын бір жаққа, қыли көзін екінші жаққа қақырайтып қойып қалтасынан сытырлата суырған червонды Ақтамаққа ұстата берді. — Ақыңыз кетпеген шығар, Үш күннен қалдырмай, үйімді босатыңыз!
Соны айтып, ол аяғын кердең баса, кете берді. Жұрт тарады. Ақан да үйге еніп жүруге қамданғанда:
― Нағашы-ау, біз қайттік! — деді Ақтамақ. — Жаңағы: “Үйімді босат” — деп кетті ғой.
― Жәй сөз шығар.
― Жәй емес. Жанжал да жәй емес. Сол итті кіжіңдетпей, бір баспана табуға жәрдем етіңізші. Андрейдің осындағы жесір қарындасында екі бөлмелі үй бар. Екі жылдың ақшасын бұрын сұрайды. Оған бізде шама қайда?
― Онда киін, Манарбек. Менің арбама мін, — деп Ақан қара мұртқа иек көтерді. — Андрей екеуіңді келістірейін. Андрей келіссе, қарындасы одан құрық әкете қоймас.
Манарбек қуанып кетті. Қапыл-құпыл киініп жатыр. Күн ұзын жақ ашпаған. Енді Ақтамақты ымдап, оңаша бөлмеге шығарып алды да, сұқ қолын сермей тұрып сөйледі:
― Байқа, қазаққа сенім жоқ...
― Бұл не дегенің?
― Мынау жігітті айтам да.
― Е, оның не сұмдығы бар еді?
― Мен жоқта басынып, қасыңа келіп жүрмесін. Келе қалса, тура ауызға теп, сотын өзім көтерем.
― Алаңдама, бара бер. Кісі күтіп тұр.
― Енді бірдемеңді сезсем, онда, оңдырмаймын!
Манарбек пен Ақанды жөнелтіп, Ақтамақ шайға отырды. Қасында бір ғана Аман. Бәйбіше ойраны шығып жатқан қонақ бөлмені жиыстырып жүр. Екі-үш жасар ұл бала шатыр шымылдықтың ішіндегі кереуеттен басын көтеріп: «Апа» дегенде, Ақтамақ ұшып барып, баланы құшырлана сүйді де, көтеріп әкеліп, қонақ пен өзінің аралығынан отырғызды. Аман балаға қарай береді.
― Жаңағы Сәтмағамбет әншімен туыс жақындығыңыз жоқ па? — деді бір кезде.
― Жоқ. Оны неге сұрадыңыз? — дегенде Ақтамақтың көзі бір күлім етті.
― Жәй, әншейін.
― Мына балаға қарап айттыңыз білем. Бала әркімге тарта береді. «Бір қонып кеткен қонаққа да тарта салады» дейді осында бір шалдар. Болашақ балам сізге тартқай-ақ.
Аман жауап қайырмай, қызарып кетті. Ақтамақ қанша ашықпын, әзілшімін, маңайласқан еркекті ұршықша иірем десе де, бұл сөзімен жақын отырған қонағын алыстатып алды. Әйел өзін алыстау ұстаса, Аман жақындауға құмартатын. Әйел тым жақындап кетсе, алыстатуға асығатын. Ақтамақтың жаңағы қалжыңын ол ұятсыздыққа қосты. Ұят-ары жоғары жігіт қазір қызарумен қоймай, танауының үсті де тершіді. «Мен енді сізбен сөйлеспеймін» дегендей, шынаяғын төңкеріп тастап, төмен қарап сұлық отыр. Ақтамақ үрлегенде, жігіт түгіл, қайсыбір шалдардың да өшуге жақын шаласы бір жарқ етіп, жалп ететін. Қызыл шоқтай жайнаған мына жігіттің, жалын атпай тұрып қалғаны Ақтамақты да басып тастады. Үнсіз әңгімесіз бірнеше минуттер өтті.
― Сыртым бүтін, ішім түтін бақытсыз адаммын, — деді әлден уақытта Ақтамақ, күрсініп қойып. — «Көрінгенге ұрынған ұятсыз әйел» — десеңіз де, сізбен ашық сөйлесіп, ішімді бір босатқым келеді. Айтылмаған сыр — шер ғой, Айта беруге болмайды. Сыр сақтаушы кем. Сіз мені көріскеннен кейін білсеңіз, мен сізді көрмей тұрып-ақ білгенмін.
― Қалайша? — деп, Аман таңдана сұрады.
― Тақауда нағашым аулына барып, қонақ болып қайттым. Сол ауылдың, әсіресе Бәтима апаңыздың әңгімесінен есімде қалып қойыпсыз. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтайтыны» белгілі. Сіз жанжалдасқан Малқар болыс, Шөгел поштабайлар бұл үйде сан рет болған. Ел ағасы, жігіт ағасы деген қазақтың талайын көрдім. Шіркін-ай, тура жолға сермеген бірін көрсемші! Қырындамаған, тұнық көңілді лайламаған бірі жоқ. Алдайды, қызықтырады, қорқытады, қайткенде бұзады. Жаңағы қыли мырза: «Бұзылмасаң, істейтінім міне» деп кетті ғой. Осы қаумалау өмірлік жарымды таптырмастан, жастай ұрындырды.. Енді тапсам да, тырп етер шама жоқ.
― Heгe? Алыстағы ауылда емес, қалада отырсыз, — деген Аманға Ақтамақ көз жасын төгіп отырып, сыбырлай қайырды жауапты.
― Күйеуімнің баскесер ағасы бар. Тұрағы белгісіз. «Тырп етсең, басыңды кесем» деп, серт еткен. Ол сертін орындамай қойған емес. Қалқаның да басын кесіп тынды.
― Аты кім?І
― Шалабай.
― Кәдімгі белгілі Шалабай ма?
― Соның өзі.
Аман Ақтамақтан жаңа ғана жиреніп, көрікті әйелдердің көбі осылай бұзық келетін бола ма? — деп отырса, енді оның себебін тауып, аяп отыр. Жылқыбай, Малқар, Шәкен тоқалдарын есіне түсірді. «Олардың басындағы ноқта бұдан да мықты-ау! — дейді ішінен. — Аш қарын майлы ас жемей жұбанбаса, аш көңіл де тоят іздемей тұра ма? Сондықтан аласұрып жүріп ұрынады, бұзылады екен ғой» деген ойын Ақтамаққа ашып айтпастан, тұспалдап, тоқтау сала сөйледі:
― Шалабай ұзақ жүре алмас, үкімет құрығы ұзын. Өмірлік жарыңызбен де табысарсыз. Бірақ жар атаулының бip-біріне қоятын шарты, өмір бойы көксейтіні — адалдық емес пе? Адам бойындағы қасиеттердің ішінде ол бәрінен жоғары сияқты. Жастықпен не шыдамсыздықпен талайлар оны арамдауға асығады, арамдап алған соң, өкінеді. Мен шамам келгенше өкінбеуге тырысам.
― Жас басыңызбен қарияша толғанасыз! Ойыңыз қалай тұнық еді, сүңгіп шыққандай болдым ғой, — деп, Ақтамақ егілгенде, оның күлім көзінен сорғалаған ыстық жасы, қандай арамды болса да тазартқандай еді. Шынымен-ақ сырты бүтін, іші түтін екені көрініп тұр. Шешесі есіктен кіре:
― Өкін, балам, өкін, өкін-дағы бекін! — дегенде:
― Бекінермін-ау, апа, әзәзілдер шыдатса, — деді. — Бұдан былай тәңірден сұрайтыным тіпті аз. Шымшық торғай биік ағаштың басына ұя салады. Сондай ғана ұям болса, ырзамын.
Бәйбіше де бір күрсініп, суып қалған самауырды ала жөнелді. Ақтамақ дастарқан жия бастады. Аман қонақ үйге салынған төсегіне келіп, шешініп жатса да ұйықтай алған жоқ. Манадан бергі әңгімелер ойын әлдеқайда алып барады. Әлден уақытта «Университеттің» үйден ала шыққан бір номерін ашып, соған қадалды. Түн ортасы ауған кезде ол қолынан түсіп кетті. Танауы пыс етті.
IV
Қуарған жапырақтар төгіле бастады. Күн шақырайса да, дене қыздыра алмайды. Жанға жайлы қоңыр күз: «Қатал қыс келеді, қамдан» деп тұрған сияқты. Малшы қазақтар мал базарына жиналған. Ығы-жығы көпшілік, бірі мен бірі саудаласып, қол соғысып жатқан жұрт. Құр ат, құр өгіз, ту бие, тік өркеш түйе, тегене құйрық қой — бәрі бар. Жаздай дамыл таппай семіртіп, ең көрнектісін, құндысын әкелген малшы қазақ қымбатқа сатқысы келсе, оның аяулысын жалақтаған сәудегерлер арзанға алып, пайда тапқысы келеді. Осылардың арасында шапандарын желбегей салып, Әлжан мен Нұрғали да жүр. Екеуінің бұрын қала көрмеген қазақтар екені беп-белгілі. Қала өміріндегі болмашыға тамсана, аңыра қарайды. Біресе сәл нәрседен оқыс сескеніп, елең, етеді. Әсіресе, қорқақ Нұрғали сабырлы Әлжанды дамыл-дамыл түртіп қалып: «Мына тамашаны қара!» десе, енді бірде: «Мынау жүлік!» деп, даусын дірілдете сыбырлайды. Нұрғали әбігерленгенмен, Әлжан әзір байсалды қалпын бұза қойған жоқты, аяғын жәй басып, бәріне байыпты қарап келе жатып, жалпақ ала сиыр ұстаған біреудің қасынан өте бере кілт бұрылды. Келе сиырдың желінін, төрт емшегін айналдырды. Одан құйрығын өлшеді, мүйізіндегі бунақтарын санады. О жағына бір, бұ жағына бір шығып қарап, айтпаса да өліп жүр.
― Не сұрайсыз, отағасы?
― Алпыс бес сом.
― Шырқап кеттіңіз ғой. Қырық беске. бересіз бе?
― Елуге де сипатпаймын, шырағым. Сауын керек болса, алып қал. Төрт емшегі. төрт бұлақ, бір үйлі жанды бір өзі асырайды. Атасы өлсе атамас малым еді, тегі бір төрт сиырымның бірі еді. Жалғыз балам жалалы болып, сол үшін амалсыз әкелдім базарға. Жонып жерлік басқа жуан кеңірдек болмады.
Киімі ықшам, сөзі қозғалысы шапшаң, қақпыштай қатып-кеуіп қалған екі адам бұлардың қасына сап ете түсті. Алушы да, сатушы да былай қалды, екеуі келе-ақ екі жақты билеп, саудаласып жатыр. Қолдарын сарт-сұрт соғады.
― Имам Ағзам саудасы, мә, елу сегізге ала бер!
― Әкел қолыңды, тоқ етері елу бес.
Нұрғали күйіп-пісіп Әлжанның құлақ етін сыбырлап жеп тұр:
― Жын соқты ма өзіңді? Қалтаңда көк тиының жоқ, көрінген малға саудаласасың.
Әлжан саспайды. Мұртын сипап қойып, жымия қайырады жауапты:
― Оған неміз кетеді?
― Сонда «кәне, ақшаң суыр» десе қайтесің?
― Келіспеген бола салам.
― Бүйтіп жүргенде біреу-міреу, ақшасы көп екен деп, басымызды кесіп алар. Жүр, кеттік!
― Асықпа, — деді Әлжан. — Базарға келген соң, асықпай, базар нарқын әбден білу керек. Әттең, ақша жоқ, шіркін-ай, малдың не төресі бар екен! Мынау ала сиыр бір үйдің құты ғой!
― Өзің оқуға келмей, саудаға келген сияқтысың.
Жаңа келген екеудің бірі көзін қысып қойып, Әлжанды жеңінен тарта жөнелді. Саудаласып, өнеріммен арзанға түсірдім дегенді сыбырлаған сөзімен ғана емес, қолынан келген барлық ишаратымен де айтып барады. Көзін, ернін кезек қысып, бетін тыржыңдатқанда, саусақтары ойнап кетеді. Аузынан әлі Имам Ағзам түскен жоқ. Егер Имам Ағзам саудасы осылай болса, жалдаптың үлкені сол марқұмның өзі сияқты. Екінші жалдап сиыр иесі шалды сүйреп келеді.
― Тоқта, балам келсін, — дегеніне қоймай, Әлжанмен екеуінің қолын еріксіз қабыстырды. Шал сонда да безектеуде:
― Қоя тұр, қоя тұр! Баламды тосамын.
Екеуді екеу зорлап, төртеуінің қолы түйісіп тұрғанда, тайқы маңдай, таңқы танау, қара қасқа жігіт келеді. Басынан тер моншақтап, аузынан сөз бұрқырай келеді:
― Таласпаңдар, алушы нешеусің? — деді келе-ақ.
― Алушы біреу. Мына екеуі жай келістіруші, — деп еді шал, жігіт анау екеуіне сүзеген бұқаша қарады. Көзі де бұқаның көзіндей екен, біраз ішіп алса керек, енді даусын бұза, күжілдей сөйледі:
— Жалдап! Нәпмандар! Құдайларың берген соң, құлқын сәріден тұрып ап, жортасыңдар! Жырым жегіш ұры күшіктей, жолаушының ер-тоқымын аңды, бүлдір, жеп қал! Жасай бермессің, заман айналып тағы бір соғар. Көк мылтықтың астында, көзіңе көк шыбын үймелеп, бүрсең-бүрсең жортқаныңды енді бір көрсем, арман жоқ! Әдхам сонда күліп өледі.
Келістірушілер шегіне-шегіне тайып тұрды. Әлжан мен Нұрғали да сытылып бара жатыр. «Әдхам» дегенде, «Сол емес пе?» дегендей біріне-бірі жалт қарасты. Аз күн болыс болып түсіп қалған Әдхам артына көп сөз қалдырған. Бұлар оны танымаса да, одағай мінезіне, сөзіне қанық еді, қазір өзін көргенде, сол сырт естумен жаза баспай таныды.
― Тымақтарың: «Мұратпыз» дейді. Рас па? — деді Әдхам. Тымаққа қарап, бұ да руды дәл тапты.
― Рас, — деп, Әлжан жақындай берді. — Сіз біздің жақтан қашан кетіп қалғансыз?
― Кеткенім жоқ әлі. Салт жүрмін. Әке-шешем, туған елім осы жақта болатын. Сармантай, Мұраттың бай-жуандары соңыма түсіп жаптырып қойған. Содан уақытша босанып, еркімді іздеп келдім.
― Білем, Аман екеуіңіз бір жаттыңыз ғой.
― Сендер Аманның неменесісіңдер?
― Сол ауылдікіміз. Аман қазір осында. Оқуға шақырған екен, өзін іздеп таба алмай жүргеніміз...
― Жүр, мен тауып берейін онда, — деді де, Әдхам бастай жөнелді. Сезді бұрқыратып келеді. Оқтын-оқтын ықылық атып қойғанда, аузынан ханжа исі аңқиды. Әлжан жиреніп теріс қарайды. Ауыл қазағының көзінде кісі өлтірген қанды қол мен арақ ішкен жиреніші барабар-ақ шығар. Әлжан әрі-беріден соң жүрегі айнып, Әдхамның жел жағына шығып алды. Сонда да тыжырынуын қойған жоқ. Жаяуға мал базарынан қала бір қыдыру жер. Оған қосымша, жаяудың басында тымақ, үстінде жүн тартқан қалың шапан, аяғында саптама етік болса, шаршамасқа, быршымасқа шамасы қанша. Нұрғали мен Әлжан киімдерін ауырлап, қара суға түсті. Әдхамнің киімі жеңіл: шұнақ кепкасын шалқита киген, аяғында орыс етік, үстінде костюм ғана. Өзі қызу адам, арақ қызуымен қыза түсіп, сөзі де, жүрісі де екпінді. Қасындағы аяңы аз екеу ере алмай, кейде бүлк-бүлк желеді.
― Айналайын Күлпаш қой мені босаттырған! — деді бір кезде, қалай жабылғанын ұзақ әңгіме етіп келе жатқан Әдхам. — Оны хабарлаған Аманнан да айналайын. Тірі болса, Аман адам болады. Мен енді оған мынау таз басымды кесіп беруге дайынмын. Абақты достан артық дос жоқ.
Қос ат, жалғыз ат жекен ләшенке, фаэтондар ұшырта, жолдың шаңын бұрқырата, ерсілі-қарсылы өтіп жатыр. Шаңнан бетін басқан сайын Әдхам сыпырта бір боқтап алады. Оның ойынша, дүниені нәпман басып баратқан тәрізді. Салт атты екі-үш қыр қазағы жарыса шауып өтіп еді, оларды да бір сыбады:
― Мына жәлдеп нәпмандар шаңымен тұншықтыра ма! — деп, жолдан шықты.
Әлжанның көңілі әлі базарда екен:
― Жаңағы ала сиыр орыс сиырының, тұқымы-ау, ірі көрінеді, — дейді әңгімені бөліп.
― Болса болар. Мен бірақ оның шешесін Шәкен мырзадан алғанмын.
― Қаншаға?
― Тегін алдым. Байдан қорқытып ал, сұрап ал, парамен ал — бәрі сауап. Мен қорқытып алғамын. Ол кезде байлар несін аяды? Енді міне жегеніңді желкеңнен шығарып жатыр. Көк мылтықты кеудесіне тіреп қоймасаң, буржүйекеңдер борбай етіңді боршалар әлі!
Нұрғали пышақ салып алады деп, мастан да қатты қорқатын. Әдхамның даусы көтерілген кезде, көзі бір алақ етеді. Алыса кетсе, екі кісілік әлі бар. Қорқақ жүрек есіл күшті қорлап келеді. Неше рет оқталып: «Қойшы, мас адам байланыса кетер» деген оймен тоқталып қалса да, бір сұрағын, әйтеуір, сұрап тынды:
― Сізді босатқан «Еңбекші қазаққа» өлең жазып жүретін Күлпаш па, басқа біреу ме?
― Мен газет оқимын ба, тәйірі! — деп, қолын бір сермеп тастады Әдхам. Ондық сауаты болса да, оқымайды екен. — Мені босаттырған Күлпаш Орынбордағы рабфакта оқиды. КазЦИК-тың мүшесі. Жас та болса, басынан кешіргені көп. Мойныма талай мінгізіп едім, ақтады сонысын. Әгәр буржуйлар бұл қудалауын қоймаса, тура Орынборға тартамын...
Әдхам өзі ғана сөйлеп, қасындағыларға сөз бермей, қалаға енді. Төбесіне темір айдар қойған бір қабат әдемі сұр үйдің алдынан етіп келеді. Үй алдында солқылдақ фаэтонға жегулі арғымақтар, жай ләшенкеге жегулі пар аттар, күміс ерінің айшығы күнге шағылысып салт аттар тұр.
― Көрдіңдер ме? — деді Әдхам, ызалы күлкімен сұр үйгe бір нұсқап қойып. — Уатком осында. Бастығы — Малқардың балдызы Ермекбай Есжанов. Мынау арба мен аттарға кедейлер мініп келмеген болар.
Қала көрмеген Әлжан мен Нұрғали қалаға енгелі сөз тыңдаудан қалған, жан-жағына алақтаумен, таңырқаумен келе жатқан. Сұр үйге көздері тойса да, көңілдері көншімей, дәл қасына келгенде, қолымен бір шұқып қалып:
― Тамаша-ау! Өзін неден салған? Тас болат осы болды ма екен? — деді Әлжан. Тастай қатты, теп-тегіс, әдемі сұр сылаудың асты кірпіш пе, тас па, ағаш па, — үшеуі сарапқа салып, айыра алмай тұрды.
― Терезелері қақпадай! Бұндай да үлкен шыны болады екен-ау!
― Шарбағын қара! Қалпымен темір, кісі бойы...
― Бәрін Мәскеуден әкеп салдырған, — деп, Әдхам бұл арада да бір білгіштік көрсетті. — Бұл — кәдімгі атақты Кубриннің үйі. Ол Мәскеу байының қызына үйленген. Сол нақсүйеріне арнап салдырғаны ғой. Қазір қазнанікі. Орыстар Кубриндерін алдақашан шауып алды. Біздің қазекең әлі мәпелеп отыр.
Сұр үйдің сыртындағы үлкен сұр магазиннің алды, кең қорасы — сапырылысқан адам, егіз, түйе, ат жеккен арбалар. Біреулер жүк әкеле жатса, біреулер әкетіп барады. Орыс, қазақ шаруасы астығын, малын, жүн, тері-терсегін өткізіп, керек-жарағын алып жүр.
― Бұл үй де Кубриндікі болатын, енді кооперация. Кіре кетелік, — деп, Әдхам магазинге бұрылды.
Магазин іші кең, у-шу көпшілік, бұлардың тұмсығы батар емес. Біреуді біреу баса-көктей, кимелей барады сатушыға. Бара алмағандары керегін сырттан дауыстап сұрап, мойындарын созып тұр. Неше жылға созылған соғыс, революция жұрттың шыңына жетіп қалса керек, жапырласып жатыр.
― Шаңырқап келіп, астауға бас қойған жылқы ғой мыналар, — дейді Әлжан. — Бірін бірі қағып, тістелеп, тебісуін қарашы!
Терлеп-тепшіп көптің ішінен азар шыққан адамды бұл үшеуі тағы әурелейді. «Көрсетіңізші, ұлтан-ақ екен!», «Мына шытты көйлекке алдыңыз-ау?», «Шіркін-ай, бір шәйнек зәру-ақ еді, сатпайсыз ба?» Сұрақтарының, ермектерінің түрі осы еді. Ала көз, адуын әйел алғандарын қолтықтап, есікке ентіге, сөйлей жеткенде, Әлжан оның қолындағы ағаш аяққа жармасты. Жылдар бойы көрінбей, жаңа шыққан сырлы аяқ көзіне оттай басылды білем:
― Жеңеше, сатыңызшы! — деді қызығып кетіп.
― Тәйт әрі, езуіңе!.. Мені жалдап деймісің? Өліп-талып өз қолым азар жетсе...
Әйел соны айтып, бөгелместен кете барды. Нұрғалидың, дәу денесі күлкіден солқ-солқ, етеді. Бір күлсе, жуырда басылмайтын. Кезінен жас аққанша күлді. Әлжаннан кіші де болса, екеуі құрдастай:
― Ал, «саудаласуды қой!» десем, болмайсың! Сусының қанды ма? — деп мазақтайды. Әлжан мұртын сипап, жымиған күйде, жауап қайырмай, тысқа шықты.
Екі қабат ақ үй «Нардом» аталады. Әдхам, тысқа шығысымен, тура соған тартты. Жолшыбай есігі ашық шағын дүкендер, балағандар тұр. Кооперациядағыдай ду, көпшілік бұларда жоқ. Сауда солғын. Қайсыбір сатушылар есік алдына шығып, олай-бұлай өткендерді ынтызар болып шақырады. «Алмасаңыз да көріңіз» дейді. Тіпті әдепті, кішіпейіл-ақ. Әлжан сан рет көруге бой ұрғанда, Әдхам бір рет жібермей қойып еді, татар беркін киген дүкенші жеңінен сүйрей жөнелді.
― Не керек өзіңе, бәрі бар. Кооперациядан арзан берем, — деп жарылқап барады. Әдхам жүгіріп барып, оның қолынан Әлжанды тартып алды.
― Сармаса, нәпман, сормақсың ғой? Мә, сор мынаны! — дегенде, дүкеншінің көзі бақырайып, аузы ашылып кетті.
― Бәтшағар, мас шығар! — деді де, қала берді.
Ескі пәуескеге қос күрең жегіп, күреңдердің оң жағына шұжықтай қара байталды бос байлаған біреу ауласы кең, еңсесі биік бір қабат ағаш үйге бұрылды. Аттары сабылған, арбасының артқы дөңгелегінің бірі табақ болған. Сонда да қатты жүріп, пәуескесін қисаңдата. барып кірді қораға. Әдхам оларды көзімен ұзатып, қораға кіргізген соң, қасындағыларға сұрақ берді:
― Жаңағы пәуескені таныдыңдар ма?
― Жоқ.
― Танымасаңдар, ол — Малқар болыс. Көшіріндегі қапылыстан Шөгелді танып қалдым. Аман екеумізді біржола құртқалы келген шығар. Балдызының пәтеріне барып түсті. Сол пәтерде жатып, менен ол болыстықты алған. Енді шонтайымды ала ма? — деп, Әдхам ызалы күлкіні біресе аузынан, біресе таққы мұрнынан шығарды. Ожар, кескір, өткір тілді адам жалшылықтан қол үзіп, әкімдіктен айрылып, абақтыға түсіп шыққан соң, әбден ашынып алыпты, жынын шақырған бақсыша, жұлқына, күңірене сөйлейді. Осы денедегі есіл қайрат көзі ашық адамға бітсе, тау қопарар еді. Әдхам басын тек тастан тасқа соғады. Нардомның алдында папка, дәптерлерін қолтықтаған өзіндей жалшы кедейлерді көріп келе жатып:
― Мыналар оқумен жеңбек байды, — деп кекетеді. — Аман осылардың ішінде. Сендер де барып қосылыңдар. Менің басыма оқу енбейді. Білекке келер күн туса, — күттім. Білімге келер күн туса, — құрыдым, біттім. Қырық жасаған тақыр басқа, сел құйса да шөп шықпас!
Үшеуі Нардомның үлкен албарына енді. Руға бөлінген қазақтың әр жерінен-ақ келген екен. Қуандық, Қаракесек, Сүйіндік, Тама, Темеш, Уақ, Керей — әрқайсысы өзін киім өзгешеліктерімен танытып тұр. Киімдерінен ауқаттары да, сөз, мінездерінен тектері де байқалады. Өңкей жалшы, кедей, орташаның, балалары. Білім алып, мемлекет ісіне араласпақ. Бұлардың сауаты, дәулеті ғана аз емес, мемлекеттік салты да аз. Автономия тиген екі үш жыл бойында советтік мемлекеттік жаңа тәртіп ғасырлар бойы шегенделген ақсақалдық-феодалдық ескі салтпен тайталасуда. Революция өтіп, бейбітшілік күндері жетсе де, мына жастардың ойы әлі ойран. Екі заман екі жаққа тартып тұр. Ақ жүрек бала шағында кеудеңе уыздай ұйыған ардақты сенімдеріңнің талайын жігіт шағыңда табанға салып тапта! — дейді жаңа заман. Таптаудан етіңнен ет кесіп тастау оңайырақ. Таптамау толқыған теңізде қайықпен жүзуден қиынырақ. Мондыбас қазақ жасына өмір осылай екі алуан, бірінен бірі асқан қатал шарт қойды. Аман соны түсінгендей, ойлы, салмақты жүретін, бірсыпыра мінездері жастан гөрі үлкенге лайық еді, мыналарды көргенде, шұғыл өзгеріп, балаша жүгіре, тайраңдай келіп амандасты. Мардымды амандаса алған да жоқ, қызараңдап, күле береді. Бұрын елден ұзап шықпаған жас енді сағынып қалса керек, дәу Нұрғалидің мойнына секіріп барып, екі қолын айқастырғанда, аяғы жерге тимей тұрды.
― Аман шырағым!- — деді жайласқан соң Әдхам. — Мынау мұрт мен болмағанда, бір саудагердің қолында кететін еді. Ал мынау түйеңнің түгіне түсінгенім жоқ. Түйе үріксе, оқыс үркетін. Бұл қорыққанда оқыс қорықпай ма?
Әлжан күлкі қысып, қорадағы қазоты көкке құлай кетті. Аман селкілдеп азар тұр. Нұрғали шамданып қалды. Әдхамға үзіп-үзіп күж ете түсті:
― Сіздің мініңіз менікінен сорақылау. Мен қараңғыда қалың, бейітті қақ жарып өткен кісімін.
― Өтсең, ішің де бір өткен шығар.
Қоңырау шылдырлады. Албар ішіндегілер асыға кірді үйге, Аман да Нұрғали мен Әлжанның документтерін ала сала, жүгіріп кетті. Үйде Ералин басқарған комиссия курсқа оқушылар іріктеп отыр. Аман өзі комиссиядан өтіп алып, тек Қасенді қарайлап жүрген. Бір мезгілде Қасенді ерте шықты. Сөйлеп келеді:
― Әлеке, Нұрғали, жүріңдер, кешіксеңдер де, үлгірдіңдер, әйтеуір!
Нұрғали орнынан буыны дірілдей тұрды. Комиссияның алдына барғанда, өңі қу шүберектей еді, қолақпандай болса да, құр сүлдері тұрғанын Ералин сезсе керек, жымыңдай отырып, екі-ақ сұрақ берді оған:
― Хат танисың ғой?
― Танимын.
— Төрт амалға қалайсың?
― Білемін.
― Алындың онда.
Сол екі арада-ақ Нұрғалидың көзіне дейін терлеп үлгіріпті. Моншадан шыққандай боп, далаға шыға келгенде:
― Өй сабазым, неге бұнша сабылдың! — деді Әдхам.
― Ойпыр-ай, қиын екен! Кім біліпті, қиын екен! — деді де, терін сүртініп, алқына берді Нұрғали.
Әдхам алқымдап тұр:
― Айтсаңшы, алындың ба?
― Алындым-ау, әйтеуір.
Әлжанды екеуі екі қолтығынан алып, дедектетіп, бір мезгілде Аман мен Қасен келді.
― Төртеуміз де өттік! Жүріңдер той жасаймыз, қымызға барамыз! — деп, Әдхамды ала, Аман Ақтамақтың жаңа пәтеріне қарай бастай жөнелді.
Аласа қаладағы еңсесі көтеріңкі қоңыр үйдің адамдары бүгін кеш жатып, кеш тұрды. Малқар болыстың, қолында шәйнек, иығында шапан, омырауы мен аузы бірдей ашық, басқышта тұрып кең дүниеге кішкентай көзін сығырайта бір қарады да, түсіп кетті. Үлкен ауланың түкпіріндегі дәретханаға барды. Барса да, ішіне енген жоқ, тасасына жалп етіп отыра қалды.
Ол дәреттен қайтып, үйге енген соң да, қала тәртібіне бағынбай, қырдағы өз әдетін істеді. Қол жуғыштың астынан шылапшынды өзі жатқан бөлмеге алдырды. Қолына су құйған күтуші әйелден именбестен, кір дамбалының, ауын салақтата отырып, дәрет алды. Дәреті шала. Таң намазын күн көтеріле оқыды, намазы қаза. Не құдай, не пенде сүйер қылығы жоқ, пасық Малқар сонда да болыс. Болысекең кейде паң, кейде мүләйім. Кейде жұмсақ, кейде қатты, кейде береген, кейде сараң. Қазір тіпті паң. Ақ Айшаны ауылға қалдырып, ақ Балқиясын ала келіпті Кең шалбарын, шаңын бұрқырата, сілкіп-сілкіп алған соң:
― Біліп келші, Ермекбай тұрып па? — деді Балқияға, Балқия қайтқанша, қол айнаға қарап тұрып, мұрнының ішіндегі жүндерді іскекпен жұла берді. Әр талын суырған сайын, көзіне жас келеді, тітіркенеді. Бұнысы бой күткені емес, дүмше молданың сандырағын орындағаны. Заман ақыр болып құдай қаһарына мінген кезде осы жүндердің әрқайсысы бір-бір істікке айналып, адамның басын сәждаға тигізбей тұрады-мыс. Малқар сондықтан қияметке жүнсіз мұрнымен бармақ. Ол біреуді нахақтан қан қақсатқанда, қайыршыға жеті тиын садақа береді. Арзан батамен күнәсін жуып тастап, махшарда түк көрмегенсіп отырмақ. Оған құдайды алдаудан ұлықты алдау қымбатқа түседі. Өзі елден екі асағанда, ұлыққа бір асатып қоятын. Бұл әдетін балдызының үйіне келерде де қоя алмады. Пәуескесінің жетегіне шұжықтай қара байталды байлай, қағаз ақшаға қалтаны сықай келген. Қарын тоқ, қалта толы. Балдызы бір оязды билеп тұр. Надан Малқардың шалқымасқа тіпті шарасы жоқ. Балқия кіріп:
― Тұрыпты, шайға күтіп отыр, — дегенде:
― Ермекбайға ақыл айтып қоймасам болмас. Ұрысып айтам, — деп шықты үйден.
Ермекбайдың өз ақылы өзіне жететін сияқты. Оқыған, ысылған, саясат адамы, қазақы қулықтың, сөздің өзін егде Малқардан артық білетіні аузын ашқаннан-ақ байқалады:
― Бұрын, ояз елге шыққанда, жездемдердің әбігері шығады екен. Енді жездем ояздың әбігерін шығарды. Қараңдаршы! — деді, жездесі кіргенде. Қалжыңдаса да шынын айтты; Асты биік столда ішетін. Қазір дөңгелек стол жасаған. Еденге қалыңдатып киіз, кілем, олардың үстінен көрпе жайған. Тарелка, шанышқы дегендерді жытырыпты. Болыстың сабын тимеген сарғыш саусақтары ақ дастарқанды арамдай бастады, жалап-жалап алып, табақтағы суыған етке, біресе майға, біресе балға апарып салады. Аузы астан босамаса да, балдызының жаңағы қалжыңына жауап та қайырып үлгірді:
― Сен, маған десең түу-түу Петроград, Мәскеу шығып кет, түу-түу Лениннің оң дізесін басып отыр, маған бәрібір Ермекбайсың. Сенің ояздығыңнан қорқам ба? Солай ма, Шөгел, солай емес пе? Сен айтшы!
Шөгел ерте тұрып, шай келгенше Ермекбаймен әңгімелесіп отырған. Малқарды, әдетінше, қостай жөнелген жоқ, қабағы салқын тартып, аузы ауырлай қалыпты. Жауапты сараң берді:
― Мен оны сенен бұрын айттым. Осындай оңашада ақылдасатыныңды ақылдасып алсаңшы.
― Иә, өзімнің де ойымда отыр еді, — деп, Малқар демін аузынан молырақ бір шығарды да, үзіп-үзіп, мыңқ-мыңқ сөйлеп кетті. — Құдайға шүкір, сонау бір түсі суық күндерден, үрейленсек те, аман өттік. Құдай жар болды, аруақ жар болды. Енді заман айналып қалпына келе жатыр. Не бар жасқанатын! Селтеңдеген немелерді тарпып тастап отыру керек! Ермекбай сен қорқақсың ба, жұмсақсың ба, білмеймін. Көзіңе айтам, ұрсып айтам, сол, ел дізгінін бос ұстайсың. Бос ұстасаң, ел бетімен кетеді, көрінген текешік басыңа секіреді. Мен басыма секіртпей, Қасенді, Аманды, Әдхамды шаптырып қойғанда, сендер неге босаттыңдар? Секіре берсін, бүлдіре берсін дейсіңдер ме? Онда болыста не бедел қалады? Міне мен әдейі осыны айтқалы келдім қалаға.
― Кедейді тым қудаламаңыз. Сол дүмпіту жетер, — деді Ермекбай. Жездесінің бетін ұната қоймаған сияқты, сабырмен тыңдаса да, сәл шытынып қалды. — Оның бер жағында оларды босатқан мен емес, — деп, ақтала да бастап еді, жездесі киіп кетті:
― Енді кім? Сенен асатын кім бар мұнда?!
― Аспағанда, біреудің ісіне біреу қол сұға бере ме? Тағы да ескертем, жезде, кедейді еппен ұстаңыз. Күшпен ұстаса, патша үкіметі ұстар еді ғой.
― Кедей емес, бұзықтармен ұстасып жүрмін! Бұзықты кедей десең, Шәкенді не дейсің? Оны неге құтыртасыңдар? Оның әкесі менің әкемнің үстіне батып ене алмаған. Өзі екі рет. Николай заманында болыстықты алғысы келіп, бір рет те ала алмаған. Содан кейін сайлау сайын біреуді құтыртып, менің соңыма салып келеді. Мені тіпті болыс екен демей барады. «Осыны бір жығып бер!» дегенім қайда?
― Сіздерге, жықпай-ақ, жығылмай жүрудің өзі қанағат емес пе? — деді де, Ермекбай мырс-мырс күліп алды. Күлкісі келемежге бергісіз, «сізі» «сеннен» қаттырақ. Ішінде бір ызғар бар секілді. — Жезде, қайтесіз мені шыңдап, шыңдаудан кенде емеспін. Қанша айтқанда, өз басыңыздың қамы ғой. Оны сізден мен көбірек ойлаймын, көбірек білемін. Тіл алсаңыз Шәкенмен тартыспаңыз. Ол әлі күнге бір кедеймен айтысып келген жоқ, қайта сіз жәбірлеген адамдарды қорғап жатыр. Шәкен ақылды бай. Одан көп нәрсені үйренуге болады. Егін салуды, шөп шабуды, мал тұқымын асылдандыруды, мәдениетті тұруды, тіпті ел ұстауды да үйренуге болады, Үйреніңіз!
Дәл ернінің алдына бір елідей ғана мұрт қойып, оның, өзін қырқып тұжырған сірке қара жігіт енді.
― Жоғарыла, Теміржан, — деді Ермекбай, сөзін бөліп, Теміржан жоғарыламады, қол ұстасып амандаспады, босағада тұрып, бәріне бір-бір бас иген соң, Ермекбайды асықтырды:
― Әлі шай ішіп болмағансыздар ма? Уақыт аз қалды. Дайындалған шығарсың, тапсырған мәліметтерің қалтамда. Ал жүр!
Сағатқа қарай салып, Ермекбай орнынан тұрды. Жуан портфелін қолтықтап бара жатқанда, әйеліне күбір етті:
― Бюроға барам. Кеш келермін, түскі тамаққа мені күтпеңдер.
Малқардың сарғылт, жалпақ бетіне қан жүгіріп, күреңіте қалыпты. Маңқа мұрнын тыңқылдатып, пысқырып, біресе осқырып қойып маза бермей отыр. Ыза болғанда, осылай отыратыны Балқия мен Шөгелге белгілі. Әзір онша сыр алыспаған балдыз келін ештеме сезген жоқ еді.
― Жаңағы не деп кетті, жаным-ау? Түсіндіңдер ме, не деп кетті?! — деп, алақанын жая, әрқайсысына бір қарады. Ешкім жауап бере қоймаған соң, сөйлей берді. — Менің қамымды жегені, менен көп білгені — «Дұшпанымның аяғына жығыл!» дегені ме? Жығылуға көмектің керегі жоқ, жығуға керек. Көмегі тимеген жақын неме керек? Білдім, бұ да бұзылып барады екен! Құдай сақтар!
― Жезде, балдызыңызды аяғынан әркім алып жүр ғой осы күні, — деді шай құйып беріп отырған балдыз келін. Даусы мұңды шықты. Жұқа ерні сөзге оқтайлы, қазақы әдепті, беделді келін күйеуінің көп сырын білетін тәрізді. Қазір тек шет-жағалап қана айтты. — Байшыл дейтін көрінеді. Бүгін есікті жауып сайысатын күндері. Соған кетті.
Қонақтар тұнжырап сала берді. Бүкіл ояз бір Ермекбайдың қолында, оның ақ дегені — алғыс, қара дегені — қарғыс, деп түсінетін бұлар. Келіннің жаңағы сөзінен олай емес, жағаласып, қатер төндіріп жүргендер бары байқалды. Жазатайым Ермекбайдың аяғы тайып кетсе, күн не болмақ? Малқарды басқан қазір осы ой. Шөгел одан тереңірек шомды. Кешеден бері қалаға келіп жатқан бірнеше болыстың өзіндей жақын адамдарымен көріскен. Таныс сәудегер, байлармен сөйлесіп үлгірген. Бүгін таңертең Ермекбайдың өзімен әңгімелесті. Бұрын естіп-білгенін қолма-қол Малқардың құлағына әкеліп құятын. Бұл жолы «Болысты кедейден қояды» деген сыбысты естісе де, тісінен шығармай, ішіне қызғана, қуана сақтап, соның анығына жеткенше әуре. Жетсе-ақ ішін жарып шыққалы тұр. «Бар өмірім шабармандықпен өтті. Кедей десең — кедей, төмен ата десең — төмен ата. Ебім, айлам бір кісідей бар. Енді болыстық менікі» деп сайрамақ Шөгел. Әттең, анығына әзір жете алмады.
Ермекбайды жағалатып байқап еді, ештеме сезе алмады. Екі күндей ішін ойран еткен сыбыс қазір көмейіне келіп, жылтыңдап, аузын ашса ақ тиынша ата жөнелетін сияқты. Сондықтан Шөгел жақ ашпай, манадан өзінің қараңғы ойының түбіне үңілуде еді. Бір мезгілде орнынан тұра беpiп, Малқарды түртіп қалды да, шығып кетті. Ол түртсе, көзін қысса, Малқардың тамағы қышитын. Дәніккен болыс сол үмітпен ере жөнелді. Екеуі қонақ бөлмеге оңаша келіп отырған соң:
― Ермекбай ештеме айтты ма? — деді Шөгел.
― Жоқ, келгелі бар сөйлескенім жаңағы.
― Болысты енді кедейден қояды, жуан атаның балаларын тегіс түсіреді, — деп есіттім.
― Қойшы! Кім айтты? — дегенде, Малқардың өңі құп-қу боп кетті. Даусы қалтырап, жүрегі аузына тығылғандай болды.
― Кім айтты дейтіні жоқ, — деді Шөгел. Ішінен үлкен дәмелі болса да, сыртынаң қайғырып, күрсініп қойды. — Бұл сыбысты әркім-ақ естіпті. Сыпан, Барлыбайлар қалада жүрген көрінеді. Ондай күн бола қалса, шарға өз кедейлерін салуға дайын деседі. Өзінен кетсе де, өз адамынан кетпесін дегені ғой, ақыл-ақ! Жаман айтпай, жақсы жоқ, біз де бейқам отырмай, ақылдасайықшы.
Малқар үндемеді. Жүзінен ақыл нышанасы байқалмайды. Үрей-күйініш қана билеген. Әлі анық-танығы белгісіз неғайбыл сыбыстың өзі тозығы жеткен ескі болысты жыртып жібере жаздады.
― Апыр-ай, заман түзеліп, қалпына келіп қалған сияқты еді. Қой, бекер шығар, бекер шығар... — деп, бір кезде өзін-өзі жұбата бастағанда, Шөгел қауіпті төндіре түсті:
― Әбдіренің түбінде былтырдан бір киіктің мүйізі жататын, — деді. — Соны түнде Бейсекеге апарып саттым. Маған Бейсеке айтты. Бұл қалада ол білмейтін пәле бар ма? Байқасаң, Ермекбайдың қабағы да онша емес қой. Бір сыр бар. Дәу де болса, сол сырды дәл бүгін есікті жауып алып шешіп жатқан болар.
― Апырмай, жорамалың қалай қисынды еді. Анада, Ералин барып қайтқанда,.бір сөзінен денем түршіккен. Ермекбайды аяғынан алып жүрген де сол шығар. Аласапыран күндерде байды ол өз қолымен атқан, лағнат! Бабам Бекбайдан әкем Тапаға, одан маған қалған дөңгелек мөрді Балқиядан басқаға сеніп ұстатпағаным өзіңе мәлім. Жаман айтпай жақсы жоқ, айтшы, ал сонда кім ұстауға лайық?
Шөгел әздеріне тән, осы лайық-ау деген адамды біртіндеп атай берді. Атағанымен, Малқардың өзіне қостата отырып, әрқайсысына бір жөнеу тапты да, бәрін жаратпай тастады. Қалай айтудың қисынын келтіре алмай отыр. Малқар әркімді аузына алғанда, бұны бір алмады. Болашақ болысты таба алмай, тапса, қия алмай, екеуі дағдарған кезде:
― Сені құдай атар! — деп, Малқарға шұқшия қарады Шөгел. Денесі шағын болса да, сөзі, жүрегі мығым, қошқар тұмсықты, түлкі көзді шабарман ет үйренген иесіне өткір тілін салып-салып жіберді. — Асықты екеуіміз бірге ойнап өстік. Бір жыл туған төлміз. Қойныңдағы Балқия мен Айшадан бұрын жолдас болдым. Әкем өмірінше әкеңнің шабарманы боп өтті. Өзім өзіңнің шабарманың боп өттім. Қатты түшкірсең де, «Шөгел!» деуші едің, қан сиіп отырғанда, аузыңа неге бір алмайсың? Мені аттан құлап қалады деймісің! Сен білгенді мен білгем. Мен білгенді сен біле бермейтінсің-ді. Басыңнан ұшқан бақты менен қызғансаң, қызыл итке жем болар! Көріп отырып, мені ұмытсаң, екі көзің көр болар!..
― Астапыралла, төбе құйқам шымырлады! Тарт тіліңді, тарт! Тоқта, Шөгел, тоқта, сөз тыңда, — дей келіп тұрып бара жатқан Шөгелдің Малқар етегінен ұстады.
― Тоқтамағанда, қайда кетер деп едің, жібер, тысқа шығып келем.
Соны айтып Шөгел шыға жөнелді. Малқар, біреумен алысқандай, ентігіп, терін сүртіп отырғанда Балқия енді. Әжімсіз ақ жүзінде, жайнаған тана көзінде сезік бар. Күйеуіне есіктен кіре қадалған көзін, жай жүріп келіп, жайласа отырып жатқанда да алған жоқ.
― Бұл не?! Дауыстарың неге шықты? Шөгел қайда?
― Келеді кәзір. Мөрге қатер төніп тұр. Мал ашуы — жан ашуы ғой, соған шықты даусымыз.
― Е-е, біреуге мал, біреуге бас қайғы, қу заман! — деп, Балқия бір күңіреніп қойды. — Мөр ұстағанға мүйіз шықса, шығар еді. Мырзам, енді бас амандығын тілейік. Ойыңда әлі іштеме жоқ. Ермекжанды, жабылып, араша талап жатыр! Мөрің садаға соның жолына. Өзім де садаға соның жолына. Бір тұқымнан қалған екеу едік. Мен ұрпақсыз өттім. Жалғыз ием, бар болсаң, жалғыз бауырымды панаңа ал!
Балқияның үлкен көздерінен ірі-ірі ыстық жастар домалап кетті. Шөгел келгенше, босаған көңілін қатайтып, көз жасын құрғатып алды. Малқар мылжың. Бірінің артынан бірі тиген соққы есеңгіретіп тастаса керек, Шөгел қайта келгенде, мардымды ештеме айта алмай:
― Өй ит, өй ит, сені түпке сақтап отырсам, түпке сақтап отырсам... — дей берді. Шөгел онысына сенді ме, сенбеді ме, әйтеуір, сабасына түсіп, қалтасынан кішкентай құмалақ дорбасын суырды.
― Әуелі Ермекбайға тартшы. Басының, бағының амандығына тартшы. Үш қайтара тарт, — деді Балқия.
Үшеуінде де жүрегі топ, қабағы жабыңқы, бүйірінен біреу қадала берген соң, Шөгел құмалақ тәртібін бұзып, беске дейін тартты. Содан кейін ғана естірте жорып отырды:
― Қадалса да, түк бітіре алмайды... Талайы жоғары, босағасы берік, жүрек сүйініш — не қылады!..
― Айтқаның келсін. Енді өзіміздің мырзаға тарт.
Құмалақ тарту ұзаққа созылды. Одан өзге ермектің өзі де шамалы. Күн қабағы түсіп кеткен, сылбыр жауып тұр. Әзір ашылар түрі жоқ, ақ жауын болар. Дала қандай көңілсіз болса, үйдегілер де сондай көңілсіз. Үш қонақ бір жерде құмалаққа төніп, тұнжырап отыр. Балдыз келін өз бөлмесінде, көзі жұмулы, көңілі ояу, бүк түсіп жатыр. Ac үйде еттің нанын жайып тұрған жас әйел ғана жайраң. Ыңырсып салған әні келеді құлаққа. Қысқа күнді бұлт басқан соң, үй іші бүгін ерте қараңғы тартты. Асшы әйел әндетіп жүріп нанын қазанға салды да, бөлмедегі аспалы үлкен керосин шамдарды жақты. Қараңғы бөлмелер жарқ еткенде, жабыңқы көңілдер де бір жарқ еткендей болды. Ермекбай әлі жоқ. Үйдегілер күтуде. Дыбыс естілсе, сол ма, — деп, елең етеді. Келмеген соң, қонақтар асты өздері ішті.
Ермекбай әбден зарықтырып, көзге түртсе көргісіз қараңғы, жаңбырлы түнде суға, балшыққа малшына қайтты. Қасында Теміржан. Екеуінің де өңі, өрт сөндіргендей күреңітіп, ісініп кеткен. Үйге сөйлесе енді. Теміржан тіпті шапшаң, қызу жігіт көрінеді. Салғыласып, бауыры жазылып келсе керек, аузы дамыл таппай, қаймыжықтай алақанын жайып қойып, Ермекбайға төне түседі:
― Жоға, өзің айтшы, Ермекбай, осы да ауылға бет бұру ма? Орыстың атысып-шабысып түскен генералдары, офицерлері қызметте отыр. Қазақтың мондыбас болыс, байы қызметтен неге қуылады? Автономияны сол үшін алдық па? Ералин әуелден бүлдіру жағында. Афанасьевтікі не? Ленин айтқан ұлы орысшылдық! Бұл қаулыға бір де көнуге болмайды, жазу керек Орынборға!
Теміржан күйіп-піскенде, Ермекбай тек түнере берді. Су болған, былғанған киімдерін жаңартып жүріп тыңдаса да, бір сөзді жоғалтқан жоқ. Жайланып отырғаннан кейін өз сөзін Теміржанның ақырғы сөзінен бастады:
― Сенгенің Орынбор болса, байқамапсың, жаңағы бюрода Орынбордың салқыны соғып тұрды. Басшылық солақай қолдарға ауысып барады. Совнаркомға Сейфуллин барды. Белгілі Сейфуллин. Мүмкін, Ералин де солай барып қалар. Қазақ оқымыстыларының көбі Орынбордан қағажу көріп, Тәшкенге жинала бастады. Осылай бара берсе, қазақтың бай, жуаны тұрсын, коммунисі сені мен біз де ығысармыз.
― Қалай сонда, осылай бара бермек пе?
― Ол қауіпке қарсы тұрған бір ғана сенім бар. Түркістанның қазақтары мен Арқа қазақтарын қосу мәселесі қозғалып жүр. Әгар қосылса, бүкіл қазақтың ғана емес, оның бүкіл оқымыстыларының да басы қосылады. Міне сонда солақай басбұзарлар азшылық болып қалады да, басшылықтан кетеді.
Асыға күтіп, мазасы кетіп отырған Малқар, Балқия, Шөгелдер кірді. Әңгіме үзілді. Теміржан қайтуға орнынан тұрғанда:
― Әйтсе де, жаңағы өзің айтқан сарында істей бер, жаза бер, — - деді Ермекбай.
Теміржан шығысымен үй ішінің тұс-тұстан өрекпи қойған сұрақтарына, ештеме болмағандай, сыртымен күле отырып қайырды жауапты. Оның қабағына қарап, бәрінің қабағы жадыраған кезде, жездесіне қайғылы хабарды қалжыңмен естіртті:
― Жезде, тозбайтын дүние жоқ, болыстық та тозған тәрізді. Осы ескіңізді қай кедейге бересіз?
Күні ұзын тулап, Малқар жуасып қалған екен, ыршыған жоқ. Ішінен қынжылса да, сыртымен қуанғансып жатыр:
― Шөгелім тұрғанда, кімге берем? — деді. Өз басымен әуре болып, бықсып отырса да, феодал Малқар әлі мығым. Мығым болатыны — қолынан мөр кеткенімен, әзір ел кетпейді. Сондықтан болашақ кедей болыстың онымен санаспасқа амалы жоқ. Ермекбай да, болыстықты Әдхамнан жездесіне алып бергенде, ел сайлаған соң әперген. Қазір сол ел Шөгелді сайлай ма? Ермекбай осыны ойланып отырып, Малқарға мардымды кеңестер берді:
― Жезде, жасыратыны жоқ, ауылды советтендіруге бай-жуандардан болыстықты алуға бет бұрылды, — деді. — Енді мөр қалтада, кеңсе болыс үйінің бір жағында бола алмайды. Бұрынғы жеті болыс елді бірақ болыс етпекпіз. Өзiңiз сияқты әрбір ескі болыстың бір-бір Шөгелі бар шығар. Сонда сіз өз Шөгеліңізді қалай өткізбексіз?
Малқар үндемеді. Қалай үндесін? Жеті ру елді соңына ертпек түгіл, өзінің бір ру елін жеңіп, болыс болғанда, титықтап қалатын. Жаңа аңғарды. Шөгелге амалсыз қиып отырған мөрін басқа біреу қағып әкетуі кәдік екен. Ол келіп, ертең басына дәңгіл таяқ ойнатпасын кім біледі. Сондықтан Малқар енді Шөгел тілеуін шынымен-ақ тілеп отыр еді.
― Шәкенмен татулықтың бұл арада да пайдасы тиеді, — деді Ермекбай. — Әгәр екеуіңіз бірдей қолдасаңыз, оның үстіне елді біз үгіттесек, сіздер ұсынған кедей дауысты көп алуында күмән жоқ.
― Шөгел мен үшін неге бармады! Мен де барам ол үшін! — деп Малқар даусын көтергенде:
― Садағаң кетейін, түкті қошқарым! — деп Шөгел оның бір қолын қос қолдап қысты.
Әңгіме осылай аяқталып, жатар мезгіл жетті. Малқар жеке бөлмеде, Балқияның қасында, құс төсектің үстінде, ойдан әлі арыла алмай жатып:
― О тәңірі, енді Шөгелдің тілеуін тілеттің бе?! — деп ауыр күрсініп қалды.
САЙЛАУ
I
Күзгі бұлттар қалыңдаған, көк аспанды көрсетпей, ұйқы-тұйқы көшіп жүр. Күн желтең, жер қатқақ. Түнде тұрған боз қырау әлі еріп біткен жоқ. Жайлау құмар қазақтар жазғытұрым тастай қашқан қыстауларына бүрсең қағып қайтта келіп жатыр. Солардың ішінде Әбекей, қисық мұрын Тәуке сияқты салақтары сазайын мықтап-ақ тартты. Үй сыланбаған, сынық терезелері қойылмаған, екі бөлмеге ортақ жалғыз пеш құлап қалыпты. Отындық аз ғана қамба тезек далада, болмашы шөп тасусыз, қораның да жыртық-пісіктері жабусыз. Салақ үйдің бар жұмысы қыспен қарбаласып, тек қысылған кезде, мана таң сәріден тұрып, Әбекең шөпке кеткен.
Мақаш қорығын қыстаған елдің шөбі іргесінде. Басқалар үш-төрт қатынағанда, Әбекең әлі бір де қатынаған жоқ. Ырдуаны шиқылдап, оған жеккен қос құнан өгізі мықшыңдап, жаңа келеді. Артқан шөбі бір жағына ауық. Ауған шөптің салмағы арбаны да қисайтып, бір жақтауы артқы дөңгелекке тиіп-тиіп кетеді. Сол кезде балаң өгіздер тұра қалады. Әбекең ақырып, тал шыбықпен осып-осып жіберді. Жүрген сайын шиқыл үдеп, арба қисая түсті.
— Тоқта, Молдаш! Таптым ақылын, — деді Әбекең.
Молдаш ағасының баласы, үндемейтін жуас жігіт, өгіз жетелеп келе жатқан, тоқтай қалды.
― Мені аяғымнан көтеріп жібер, арбаның үстіне шығайын. Мына жағын ала отырсам, шөп те аумайды, жақтау да дөңгелекке тимейді, теңеледі.
Әбекең жуан денесімен үске шыққанда, ағаш ырдуан сықыр-сықыр етті. Жүк ауырлай түсті. Жас өгіздер біраздан соң сілекейі шұбырып, қырылдай бастады. Әбекең оның бірін елеген жоқ, жұмсақ шөптің үстінде жаны жай тауып, қалғып бара жатыр еді, дөңгелектің бірі қаусап түсе қалды. Арба жантая кеткенде, Әбекең домалап жерге түсті.
― Қап! — деді кейіп. Боқтау білмейтін, өкінгенде «қап!», кіжінгенде «бәлем» еді айтатыны. — Барымды салсам да, бір самоход алармын-ау, бәлем!
Арбаны далаға тастап, екеуі екі өгізге жайдақ мініп, ауылға келгенде, қысқа күн кешкіріп қалған. Қисық мұрын Тәуке кеше таңертең бастаған аласа жал пешті жаңа ғана бітірген екен, тартуы нашар болыпты. Үй іші алай-түлей түтін. Боқтампаз Тәуке қолтоқпақтай-ақ кісі, өзі салған пешті ызаланып боқтағанда сөзі қолақпандай: «...бір қойып құлата салайын ба!» — дейді.
Таңсәріден кеткен Әбекең жаурап, қарны ашып қайтқанда, үйі осылай қарсы алды. Әйелі көрінбейді.
― Танакөз қайда? — деді келісімен. Әйелінің аты Бәтен. Көзі үлкен, таза болған соң, Танакөз атанған. Әбекеңнің басы еттілеу, үлкендеу болған соң, Бәтен оны Наубас дейтін. Тәуке жауап қайырмады. Екі-үш сағаттық жұмысты екі күн істеп шаршаған. Көзінен жас, мұрнынан су сорғалап, жаңа орнатқан қазандыққа қараған жағып отыр, жалын оқтын-оқтын кейін лап бергенде, селдір сақалы жанып кете жаздайды. Шалқыған жалын, будақтаған түтінге қарамастан, қарағанды толтыра түседі қазандыққа. Өйткені қазанда ет жатыр. Пешті салып беріп, шылқия бір тоймақшы. Оған дейін түтін зықысын шығарып бара жатса, Әбекең бір жағынан Танагөзін сұрап қоймайды. Сонсоң ақырып тастады оған:
― Білмеймін, Наубас? Маған бақтырып қойып па едің қатыныңды?
Әбекең сыралғы Тәукемен мінез таластырмады. Тәукенің өз үйі, шаруасы бұдан әрі былығып жатыр, біреуге қолқабыс ететін не уақыты, не өнері жоқ. Сонда да білмейтін ісіне екі күнін текке өлтірді. Текке өлген күндерін есептей білсе, Тәуке, сірә, шалағай, салақ болмас еді-ау. Оның мұрны ғана қисық болса неғылсын, мінезі, сөзі де қисық тәрізді. Танагөз кетерінде: «Мен Сыздыққа барам» — деп айтып кеткен. Өзінен асқан пешші жоқтай-ақ, соған қитиып отырғанда, Сыздықты ертіп Танагөз келді.
Сыздық бұл маңдағы шебер пешші, көріп жіберіп, кемшілігін айтты:
― Көмейін тым төмен, әрі тар тескен. Қалағанда, лай тегіс жайылмай, саңлаулар қалған. Түтіннің көбі саңлаулардан шығып жатыр, пештің тартуын да солар солғындатады. Сылау керек. Тағы бір шатақ бар. Қай жерінде?
Бұл шатақты іштен таба алмаған соң, Сыздық үйдің үстіне шығып кетті де, қолына бір кірпіш ұстап күле кірді үйге:
― Мына кірпіш құлапты да, пештің мойнын жауапқа алыпты. Тәуке-ау, мойынды тігінен қаламайды ғой.
― Е, мен соны білмейді деймісің? Кірпіш жетпесе қайтейін!
― Онысы рас, — деп, Танагөз Тәукені қостады. Асулы етке қарамастан, тізе де бүкпестен кетіп бара жатқан Сыздықты болмай тоқтатып, дастарқан жайды. Сары май, турап таба нан әкеліп қойды. Бие ағытылған, сиыр суалған кез, ақ жоқ. Жалғыз ғана жылдым қара сиырдың сүтін шайға құйып, ашытқан бидай көжеге қатып отырған. Нан мен майдың артынан күбі шелекті пісіп-пісіп, кісі басы бір аяқ ашқылтым ақ көже әкеп берді Танагөз. Сыздық ішіп алып: “қымыздай екен!” — дегенде, Әбекең мақтауын асыра түсті:
― Күзгі қымыздан бұл артық. Көп ішсең кәдімгідей қыздырады.
Сыздық жымың-жымың етеді. Сырттан Әбекей, Тәуке, Нұрғали болып ойнағанда, тыңдаушының шек-сілесін қатыратын. «Көже қыздырады» деген сөз тіпті ұнады оған. Қазанға қарамай асықса да, әңгімемен біраз отырып қалды. Екеуін түртіп, сөйлетіп қойып, күле береді.
― Жеңеше, — деді кетерінде, — кірпіш тауып қойыңыз. Қолым босағанда, мына пешті Тәукеше... бір қойып құлатам да, құдық пеш салып берем. Мынау жылу сақтамайтын, жәй, жаппа пеш қой.
― Жерге қағып жіберіп, суырып алайын ба осы! — деп, Тәуке орнынан ұшып тұрды. Қауқары қаршадай-ақ түюлі жұдырығына түкіріп-түкіріп қояды. Бір емес, үш Тәуке жабылса, бір Сыздыққа шамасы келмес еді, оған қарамастан, тепсініп тұр. — Кімді мазақ қыласың?!
― Қойдым, Тәуке, қойдым, — деді де Сыздық, күлкіге булығып, шығып кетті.
Ол кетісімен Танагөз Әбекең мен Тәукені бидайша қуырды:
— Несіне еркек болып жүрсіңдер? Сенің екі күн салған пешіңнің түрі мынау. Сен қарыс жерден күн ұзын бір арба шөп әкеліп төккен жоқсың. Мен үйді сылап, терезелерді орнатып, тезектің де бірсыпырасын қораға енгізіп алдым. Құдай, екеуіңе бергенше, сол бөзді маған берсейші!
Танагөз тілді, пысық әйел, Әбекең түгіл Тәуке сияқты шақар көршілерінің де жағын ашырмайды. Кезі келгенде, еркектің ісін істей береді. Атқа мінуге, құлын құрықтауға, ағайын арасындағы әңгімелерге араласуға ерінен әлдеқайда епті. Арба сынып, далада қалғанын естісімен, қолына тағы қамшы алып:
― Тамақ піскенше Жылқыбайдың бір самоходын сұрап келе қояйын, — деді де тұра жөнелді.
Жылқыбай жуырда ғана байыған қара қазан бай, қайрымы тек қаймығатын кісісіне тиетін. Қорасының маңында жүріп, кешке таман қатты келе жатқан аттыны көргенде, милиция ма деп, үйіне еніп кетті. Үйінде Байбол қонып отыр. Ол, Шәкен мырзанікіне келгенде, төрге шыға алмай, аяғын көсіле алмай қорғанса, бұған тіпті еркін: ең төрде, басында қос жастық, шалқасынан сулап, болмашы мұртын ширатып жатыр еді.
― Милиция-ay деймін, біреу зырлатып келеді, — деп, Жылқыбай енгенде, басын көтеріп алды. Милициядан ауылнай да сескенетін сияқты.
― Бұл не іздеп жүр?! Әлде сол Қасен шығарды ма екен? — дей береді. «Қасен босаныпты, оқуға түсіпті, үлкен басшылардың бірі орасан сүйейтін көрінеді, қызметке тұрып, жоғарылап қайтатын түрі бар» — дегенді жаңа шай үстінде өзі айтқан. Содан бері бұл үйдің көңілі жабырқау. Жылқыбайда қазір ең жоқ. Шыны ма, өтірігі ме, — бүйрек бет тоқал да шабаланып:
― Құдай-ай, бұл пәле соңымыздан қалмады-ау! — деп күрсінсе:
― Жә, нана қалдым, сене қалдым соныңа! — деп, Жылқыбай қоса күрсінеді. Байболға ақ үзік енді ала қайғы болды. Әрқайсысының өз қылмысы есіне түсіп, далада зырлатып келе жатқан жалғыз аттыны қуыстана күтіп отырғанда, Танагөз кіріп келді. Байбол қуанғанынан күліп жіберіп:
― Өзіміздің жеңгей екен ғой, тәйірі! — деді. «Күткендерің кім еді?» — деген жеңгесінің сұрағына жауап қайырмай, қалжың үстінде өзінің бір есек дәмесін сездіріп жатыр:
― «Байтал шауып бәйгі алмас» деген бекер. Баяғыда қатын болыстар болыпты, совет тұсында неге болмайды? Жеңгемді осы сайлауда бәйгеге қосып, бағын сынаймыз.
― Сынаңдар, сынаңдар. Сен құрлы қызмет атқарармын. Сайлау қашан?
― Ол арасын кесіп айта алмаймын. Ендігі болыс, әйтеуір, кедейден, төмен атадан болатыны анық.
― Онда «бәйгені шаппай бер» дейтін өзің болдың ғой. Кедей десе — кедей, төмен ата десе — төмен атасың. Шәкен мырза, мына Жықаңдар сүйейді. Бұлар сүйеген соң, сені ел сүйейді.
― Кім болса да, алдағы сайлауда болыстықты осы ортаға сүйреп бір әкелерміз. Қараөткелден Малқардың жүні жығылып қайтыпты. Сонда болыстыққа біз не емей кім ие?
Танагөз желөкпе қайнысын желіктіріп қойып, ішіне біраз сыр түйіп алған соң, Жылқыбайға келген шаруасын айта бастады:
― Жықа, ауылымыздың арасында ауыл жоқ, жазы-қысы көрші, тату-тәтті ағайын едік. Сізге бір ісім түсіп келдім. Берем десең ғана айтам. Айтқызып алып, бермей қоятын болсаң айтпаймын, ізімше кейін қайтам.
― Келін-ау, не сұрайтыныңды қайдан білейін. Әуелі айтсаңшы!
― Жоқ, уәдеңді бер. Ердің құнын, нардың пұлын сұрамаймын. Буынсыз жерге пышақ қоймаймын. Қорықпа, басымен бер, — деп тағы айтпаймын. Жасырарым жоқ, осыдан меселімді қайтарсаң, бұл үйдің табалдырығын аттауым екіталай, ісіңнің бізге де түсуін күтермін.
Қарау Жылқыбай жаман қысылды. «Берем» не «бермейім» дей алмай, тілі күрмеліп, кеп отырды. Сұрауын тапса, сірә, бермейтін сараң болмас. Танагөздің әсіресе «ісіңнің бізге де бір түсуін күтермін» деген сөзі Жылқыбайдың ең осал жеріне барып тиді. Қасен поселкеден келгенде, Танагөздің үйінде жататын. Әбекең анда-санда поселкеге барып, Қасеннің үйінен азын-аулақ ұн, нан алып қайтып жүретін. Көңілдері жақын. Сол Қасен тұтқыннан босаныпты. Онымен қоймай, оқуға түсіпті. Бір күні ол қызметке тұрып, жоғарылап келсе, Жылқыбайдан кегін алмай қоя ма? Сонда араға түсетін кім бар? Осыны, Жылқыбай түгіл, Байбол да ойлап қойған екен:
― Жықа, меселі кайтпасын. Келініңіз де бір керекке жарайтын кісі ғой, — деп еді, үнсіз қалған Жылқыбайдың үні шықты:
― Ал айтшы, бар болғыр! Масадай-ақ қадалдың ғой.
Танагөз жымың етіп, «жібіттім шалыңды» дегендей, бүйрек бет тоқалға көзін бір қысты да:
― Дабырайтқаным болмаса, сұрайтыным онша үлкен емес, ― деді. — Азғана шөбіміз қар астында қалып барады. Төрт-бес күнге өгізімен бір самоходыңды бере тұр.
― Жарайды. Бердім бір күнге.
― Тым құрса, үш күнге берсеңші. Жұмысың бітіпті, қарап тұр ғой.
― Жо-жоқ, атама, келін, соның өзін саған амалсыздан...
Екеуін тағы да Байбол келістірді. Екі күнге бермек болды. Қоқсып жатқан алакөлеңке үйдің дәл ортасындағы тіреуге байдың тоқалы шынысыз керосин шамды тұтқасынан іліп тұрғанда, бүйрек бетінің үстіндегі қара мең анық көрінді. Өзгенің бәрі көмескі. Жылқыбай жылдамдата тұрып жығылады: ақшам намазын оқығаны болса керек. Байбол жантайып жатса да, қолында дамыл жоқ, дәуде болса, мұртын ширатып жатыр. Қарауытқан төбеден қаз қатар салбырап тұрған түтін, шақ сүңгілері, есік ашылса, адам қозғалса бірге қозғалады. Шам жарығы сонша әлсіз, үй сонша көңілсіз болса да, иесінің көңілінен жарығырақ, көңілдірек екен. Намазын ол шала-пұла оқи сала:
― Өгіздерімді бүлдіре көрме, арбамды сындыра көрме, келін, — деді. — Екі өгізім екі баламдай. Арбам мына тоқалымнан артық.
Асығып отырған Танагөз алдына қойған сықпа құрт пен сарымайдан ауыз тиді де, тысқа шықты. Қасында Жылқыбай: «Өйте көрме, бүйте көрме» деп, құлақ етін жеп барады. Танагөз бәрін мақұлдап, мініп келген атын арбаның артына байлады. Өзі арбаға отырып, өгіздерді айдай бергенде, Жылқыбай тоқтатып қойды:
― Шұғыл бұра көрмеңдер, жетегі сынады.
Соны айтып, кетіп бара жатты да, қайта оралды:
― Самоход мықты деп, үйе бермеңдер, шақтап артыңдар.
Осы ең ақырғы сөзі тәрізді еді, айтары әлі таусылмаған екен. Танагөз ұзағанша артынан дауыстап тұрды:
― Өгізімізді қатты айдап, қинай көрмеңдер. Мезгілімен суарып, оттатып алыңдар. Ағайын малы — жаудың малы емес, өз малыңдай көр...
Танагөз ұзап кетті. Жылқыбайдың көп сөзі далаға кетті. Сонда да үйге кірмей, дағдылы ойын оңашада қайталап тұр: «Әттен, Қасен! Әйтпесе сен сыпылдақ қатынды дарытам ба бойыма! Осы жұрт менен бай деп сұрайды. Қайда сол байлық? Шәкенде жылқы үш жүз. Менікі сексенге ғана жетті. Ол елу-алпыс самоход жүргізді. Менікі үшеу ғана. Онда сауын сиырдың өзі елу-алпыс. Менде он бес-ақ. Шәкеннің іші майлы. Менің ішімде тұлдыр да жоқ. Одан жұрт сұрамайды, қайта өздері береді. Маған маңайласқанның бәрі алақанын жаяды. Әсіресе осынау ауылнай, болыс, милиция дегендерден елдім. «Сен өзіміздің совет байысың» — деп келеді де бірдемеңді іле кетеді. Совет тұсында көтеріліп келе жатқаным рас. Егер совет байы жұрт үшін жинайтын болса, ол байлықтың ішін ұрайын! Мен өзім үшін жинаймын! Тіпті өзіме де қимаймын...»
Тысқа шыққан Байболдың «Жықалаған» даусы естілгенде ғана Жылқыбайдың ойы бөлінді. Дауысқа іле жауап қайырды күбірлеп:
― Тым «Жықалап» кеттің. Құдай біледі, тағы да жем сұрайсың ғой.
Бұл екеуі қараңғыда, маяның ығында бас қосып, ыбыр-сыбыр сөйлесіп отырғанда, Танагөз үйіне жетті. Үйі манағыдай емес, көңілді. Түтіннен арылған, жылыған. Қазан бүлк-бүлк қайнап жатыр, ішіндегі жылқы етінің исі бұрқыpaп, мұрныңды жарады. Сұйық ақ балшықпен сыланған қабырғалар кеуіп, шынылы, керосин шамның жарығымен шағылысқан соң ағара түсіпті. Бұл жақта ағаш қат. Үйдің төбесін, астын тақтайламақ түгіл, тіреусіз арқалық салатын үйлер кемде-кем. Бұл үйдің де дәл ортасында жіңішке арқалықты бір тіреу ұстап тұр. Асқа, тақтай орнына, кірпіш төсеп, саты жасап, сатының үстіне қалыңдата шөп, шөптің үстінен киіз жайып тастаған. Әбекең мен Тәукенің құрысы жазылыпты, дауыстары жайдары естіледі. Жаз бойы көрмеген қысқы үйге тоңып келіп, осылай жаңартып енгенде, қазақтың бір жасап қалатын әдеті. Танагөз олжасын естірткенде, Әбекең ырза болып кетіп:
― Түу, саған сөз жоқ екен, қатын! — деді. — Жылқыбайдан алу Қарынбайдан алғанмен бірдей.
Әңгімелесе, әзілдесе отырып ас ішті. Ауылдас та болса, көшеден бері үйіне қайтпаған Тәуке жаңа қайтты. Үндемес Молдаш, тойып алған соң, жатып қалды. Әбекең семіз бетіндегі қысынқы көздерін күлімдетіп, шалбарын шешіп жатқан Танакөзге қарай береді. Танагөз шалбарын тастаған соң, көйлегі көрік беріп, кәдімгі әйел түріне енді. Дәрет алып, күні бойы қаза болған намаздарын жиыстырып бірақ оқыды. Содан кейін жарылған бетіне, қолына шикі қаймақ жағып, оны сипалап, сіңіре отырып:
― Наубас, естідің бе, сайлау шығатын болыпты, — деді.
― Қойшы! — деп, жастықтан басын көтеріп алды Әбекең.
― Жылқыбайдікіне қонып отыр екен, Байбол айтты. Өзінің болыстықтан дәмесі бар, болыс енді кедейден, төмен атадан болатын сияқты.
― Аспаннан болыстық жаумаса, Байболға болыстық тие қоймас. Болыс онда Аман болады. Елге де, үкіметке де жағымды бала.
― Шәкенге ше?
― Не дейді! Атын, асын аямай, үлкен басымен өзі барып, абақтыдан шығарып, жаны қалмай жүрген жоқ па?
― Наубасым-ай, тым момынсың-ау, аңқаусың-ау! — дегенде, Танагөз үлкен көздерін еріне жаудырата қарап, басын изеп біраз отырды. — Құрбыңның сырынан әлі түк сезбепсің ғой. Мен сондай «жақсылықтарынан» қорқам, артында пәле жататын.
― Отта, шіркін! Аманмен екеуінің арасынан қыл өтпейді қазір.
― Қыл өтпесе, Аман мен Шолпан бүлдірген теруге оңаша кеткенде, неге жарыла жаздайды? Үйіне келген соң, Шолпан үш күн жылап жатыпты.
― Қойшы, кім айтты?
ІІ
Екі түн, бір күн дыбыссыз, тынымсыз жауған жапалақ қар жер жүзін ақ бүлдеге бөлеп салды. Мақаш қорығын қоршай отырған, аралары таяқ тастам қазақ ауылдарының қиқы-жиқы бейнесі жойылып, тек қар астындағы кең жазықтың әр жерінен будақтаған түтіндері көрінеді. Түтіндер тік ұшып жатыр. Аспан жалтыр, жел тынық, тымырсық қана аяз бар. Бүгінгі кіршіксіз таза дүниені жұрт таңсәріден тұрып қарсы алған. Аңшылар әлдеқашан бел асып кетті, із кесіп жүр. Ауылдағылар есік алдының қарын күреп, құдықтан не суаттан аттарын суарып, қара малға, тысқа шығарып, шөп шашып, алды таңертеңгі шайға жаңа ғана отырды.
Шәкен мырза әзір үйіне енген жоқ. Екі қолы екі қалтасында, үстінде қасқыр ішік, басында түлкі тымақ, аяғында қызыл ала пима, малынын, ортасында жүр. Тымағы, бөкебайы қырауытса да, жылы киім, жұмыс істегендей қыздырып, беті күреңіткен, маңдайы жіпсіген. Жылы қорадан жүгіре шығып, шашулы шөпті буы бұрқырай қомағай асап жатқан малына мырза құныға қарайды. Жылқыдан өзге мал қолда. Шөп жеткілікті. Оңтүстіктен солтүстікке қарай созылған биік, ұзын кірпіш аранның ішіндегі жоңышқасы аралас көк бидайық, қоянжон мая — таудай, қанша жесе таусылар емес. Жігіттер маяның үстіне шығып, бір шетінен құлатып жатыр. П әрпінше салынған аран мен мал қораларының аралығында, кең алаңда, екі жүзден аса сиыр, жүз шамалы қой, он шақты түйе, жеті-сегіз мінгі ат бар. Соларға шөп шашып жүрген малайлардың саны оннан асады. Бәрінің басынан буы бұрқыраған. Қайсыбірі жалаңаш қолын айыр сабы қарыған соң, демімен үріп жылытпақ болса:
— Осы күнге тоңар ма! — деп Шәкен басын шайқайды.
Өз қолы аязда айыр ұстамаған соң, басқа қолдық тоңғанын қайдан білсін ол. Зады, рахат пен бейнеттің айырмасын дәмін татқан ғана біледі. Жаны қиналып көрмегенге біреудің құлағын біреу кесіп жатса, киіз кесіп жатқанмен бірдей. Сол сияқты, өзі сүйіп көрмегенге басқаның сүйіскені малдың иіскескенімен бір дағы. Шәкен бірақ жарамсыздың бәрін сезінбегендіктен істемейді. Сезініп, кейде тіпті обал, қатал екенін біле тұрып-ақ ақылына ермей, тілегіне ереді. Малайлардың үстінен қарайтын малай Қазанқап сылбыр, олақ қимылдап немесе тоңып бүрсеңдеп жүргендерге ақырып, зекіп тастайды. Қайсыбірін нұқып та жібереді. Мырза онысы теріс екенін біле тұра теріс қарап жымияды. Ішінен Қазанқапты айуанға теңгерсе, сыртынан «Қазекелеп», дардай қылады. Соған семірген аю тұлға Қазанқап бай жұмысын кейде жиырма төрт сағат тізе бүкпей, көз шырымын алмай істегенде де қыңқ еткен емес. Қазір ол маяның үстінде жоғарыдан шөп құлатып, жан-жақты тегіс көріп тұр. Оқтын-оқтын күжілдеп сөйлейді:
― Жоннан құлап, тауға қарай біреу көсілтіп барады. Қасқыр қуып барады-ау!.. Көп ауылдан екеу келеді тепектеп... Жұрттың, бәрі аңға шыққан ба бүгін, жосытып жүр ғой далада... Әне бір бөтен сиыр келіп қалды. Кімдікі болса да, сындыр мүйізін. Дәндемесін!..
Мырза мал ішімен жай жүріп келіп, қаракер аттың қасында тұрғанда, маядан түсіп, Қазанқап қосылды оған. Ат орасан семіз. Шыбық майы жеңді білектей, жалының жүгендігіне дейін қол батпайды. Алдыңғы бір аяғының толарсағы жуан, сол аяғын жерге нық баса алмай тұр. Шәкен:
― Қанша берер екен? — дегенде, Қазанқап:
― Кемі мынау ғой, — деп, төрт саусағын көрсетті де, қабағын түйе тағы бір күж етті. — Әлжан Аманға сүйеніп, осының аяғын кескені үшін бір тізе бүкпей-ақ кеткені ме?
― Қазеке, қайтеміз соны қудалап. Бұл аттың құны ақсаған соң арта түсті.
― Енді екі атқа да бермеспін. Тек соның ызасын айтамын-ау!
Жылпос Жақып пен Әлжан шабынға таласқанда аяғы кесілген қаракер ат осы еді. Кедей Әлжанға мал иесі бай кешірсе де, жалшы кешірмепті. Ақымақ, жарамсақ жалшыдан кейде айлакер байдың өзі жөндем. Шәкен Қазанқапты баса сөйлеп, оның көңілін басқаға аударды енді:
― Соғымды соя берсе деймін.
― Әрине.
― Сонда жылқыдан биыл қанша соямыз, Қазеке?
― Қыра бергенмен жұрт тоймайды. Төртеу-бесеу жетеді.
― Оныңыз тым аз. Биыл сайлау жылы, қонақ көп болар.
― Жетеу болсын.
― Жоқ, он болсын.
― Жүз болса да, қазақ жеп қояды! — деп, Қазанқап тыжырына теріс айналды. Шәкен күлімдей тұрып, көндірді, әйтеуір.
― Қасыңызға кісі ертіп, жылқыға өзіңіз барыңыз. Басқалар соғым малын білмейді.
Қазанқап талтаң-талтаң аяңдай жөнелді. Ежелден oны құртқан осы «өзіңіз барыңыз», «өзіңіз білесіз» болатын. Шәкен мал ішінен шығып, қорадан аулағырақ, дөңес үсті не жиыстырып қойған бричкаларын, шөп, егін машиналарын көріп тұрды да, қол бұлғап, Тоқабайды шақырып алды.
― Сенің күнің қашан бітеді?
― Қайдам, мырза. Мен өз еркіммен келіп, күн кесісіп, ақыға келісіп тұрдым ба?
― Босағың келіп, қыңқылдай беруші едің, бүгіннен бастап боссың. Аласымды алып біткем жоқ. Бірақ кештім.
Тоқабай рахмет айтудың, қуанудың орнына сілейіп тұрып қалды. Мырзаның жылқысына жалалы болып, соны өтей алмаған соң, әйелімен екеуі жаз бойы осы есікте келе жатқан. Ертеде ептеп ұрлық істегені рас. Бірақ кейінгі он жылда жаманаты естілген емес. Подрет алып, кірпіш құйып, әркімге үй салып беріп жүретін. Мырза онысына қарамады. Жалғыз сиырын алды да: «Жетпегенін еңбегіңмен өте» деді. Қазір ойламаған жерден «рахымы түсіп», азат етті. Қыс мынау. Тоқабай енді қайда бармақ? Мал, үй, азық, ақша жоқ. Әйелінің киімі жылы болса, қол ұстасып кете берер еді, онда суыққа шығар шама жоқ. Сондықтан Тоқабай дағдарып тұр. Арбаға сүйеніп, үнсіз жалғыз тұр.
Шәкен айтарын айтып, жүріп кеткен: Алдын кес-кестей ақ таяқты, ақ сақалды Мақаш келеді екен, тосып алды.Сәлемдесті де, үйіне ертіп кірді. Асты-үсті тақтайлы үш бола менің орталығы ас ішетін, қонақ қабылдайтын бөлме болатын. Дастарқан жаюлы, ақ самауыр быжылдап, таңертеңгі шай дайын тұр. Шолпан, мырзасының киімдерін іліп, жуындырған соң шай құя бастады. Мақаш тоңазыған семіз жабағының етін аузын тулата шайнай отырып, әңгіме қозғады:
― Шәкенжан, ел гу-гу етеді. Сенде әлі үн жоқ. Тың тыңдап жата-жата, ештеме ести алмаған соң, әдейі ойыңды білгелі келдім.
― Мақа-ау, сайлауға мен қашаннан араласпаймын ғой. Не деп гулейді ел сонда?
― Қайдан білейін, болысты біресе Жақып, біресе Бaйбол, біресе Шөгел, біресе Аман қояды жұрт.
― Өзіңізге солардың қайсысы ұнайды?
― Болысты менің таңдауыммен қоя ма! — деп, Мақаш мұрнынан бір мырс етті. — Әйтеуір, Аман болмаса бопты
Шай құйып отырған Шолпан бетіне қарауға ұялатын қартына жалт қарағанда, көзі өңменінен өтіп кете жаздады. Шәкен сылқ-сылқ күліп отырып, шалды шаптан түртіп қойды:
― Туысыңыз, балаңыз емес пе Аман? Жәй айтасыз да...
― Туыстығын қайтейін ол кәпірдің? Құдайдан қорықпайды, аруақты, мынау ақ сақалды сыйламайды. Кеше Малқардан хат алдым. Маған сәлем бере, саған амандаса келмек. О да: Аман болғанша, шүршіт болсын, — деп жатыр.
Сайлау хабары жайылғаннан бері Аманның дос-дұшпандары ат үстінде. Досының сөзі ашық, дұшпандікі жабық. Қайсысы болса да, осы үйге бір соқпай кетпейді. Бұрын бұл үйден күндіз-түні шықпайтын жылпос Жақып, Байболдар түнде ғана келіп-кететін болған. Келген сайын Аманды дәттеп кетеді. Басы Мақаш, Малқар болып, кіжіне жамандағанда: «Оның қолына дес тисе, ешкімнің ырқына көнбейді» дегенді көбірек айтады. Мырзаның беті әзір белгісіз. Түк білмегенсіп, мүләйімсіп қалған бай-жуандар атқамінерлерін жортқызып қойып, өздері осылайша жасырын кеңесiп жатты. Осы үйге дабырасыз жиналып, дабырасыз кеңесіп кететін талай сөздің алуан сырдың куәсі Шолпан, кеудесі толып, ауыр күрсінеді. Аманға айтылған жаман сөздер оған шаншу боп қадалады. Жамандаушыны жаратпайды.Жақсылаушыны жақын тұтады. Мақашқа жаңағы сөзінен кейін шайды сұйық құя бастады.
― Шайың ағарып кетті ғой, — деп еді ері.
― Шай бітіп қапты, — дей салды.
Сайлау десе, жатып көрмеген, жетпістен асқан кәрі би, ескі әдетімен, Шәкенді тори келсе, Шәкен оның өзін торып отыр:
― Ал, Аман болмай-ақ қойсын. Болыс кім сонда? Қай кедей лайық? Қарап отырғанша, сырттан тон піше отырайық та.
― Талай сайлауды көрдік қой, бұндай үлкен сайлау болған е мес, — деді Мақаш, ұзын сақалын әдетінше сипап қойып. ― Жеті болысқа бөлінген төрт ру ел — Сармантай, Mұрат, Қареке, Барғана бір қосылса, оның болысы дәл өзің деп едім, қайтейін, заман ауызға қағып тұр. Советтің дегені болсын. Кедейден, төмен атадан сайлайық. Бірақ шиырып-шиырып, шымырын, қолға жаққанын сайлайық. Осыны әрлі-берлі ойлай келіп, Жақыпқа тоқтадым. Кедей десе кедей, төмен ата десе төмен ата. Хат таниды. Сөз, жөн білуі, пысықтығы жетеді. Қай жерінен мін табады үкімет?
― Иә, Жақыпты ел қостаса, үкімет қостар.
― Ел ішіндегі кикілжің, Бегатаң әруағын шақырсақ басылады ғой. Бегатаң тұтас тұрғанда, Малқар да хауіпті емес. Шөгелін тықпалап, болмаса: «Жуан болыстың Николай заманынан бергі поштабайы, елді зарлатқан адам» деп, астыртын қаралап тастау керек. Сонсоң Малқар тасын Жақыпқа салады. Жақып оған да жақын кісі.
― Сондағы күнде сіз бұрынғы жеті болыс, төрт ру елдің, көп болса, үштен бірін ғана аласыз. Қалғанын қайтесіз?
― Бәрінен Мұратты тұтас ұстау қиын. Мұратты тұтастырып, Малқар екеуің дізе қоссаң, Алтай баласы шашау шықпайды. Қареке мен Сармантай өзі келіп қосылады. Алтай болып біріккен соң, жалғыз Барғана немді бітіреді? Келсе, Малқар да осы есеппен келер. Бізді сағынып келмес.
«Шәй тәтті-ақ!» — деп, Танагөз кіріп келді. Сырт киімін шешінген, жеңіл, әйелше киінген. Таза, үлкен көздері күлім қағады.
― Еркек киімдерің қайда, сыпылдақ? — деді Шәкен салған жерден. — Біресе әйел, біресе еркек болып құбыласың-ау антұрған.
― Амалсыздан құбылам. Еркек киімдерім ас үйде. Әйелдің еркекше киінгенін қызық көрсең, Шолпанды киіндіріп, көр де отыр. Мен бұл жолы әйел болып келсем де, сенімен еркекше сөйлесем.
― Қалай сөйлессең де мейлің. Тек Наубасқа еркектік істей көрме.
Мақаш әңгімесі үзіліп қалды. Екі құрдас сайысып кетті. Шолпанның қабағы жаңа ашылып, шайды жаңадан демдеді. Танагөздің сөзін қызық көріп, езу жимай, телміре қарап отыр еді Шолпан.
― Қалжыңды қойып, шын сөзге көшейік, — деді Танагөз. — Жылпос, қанқұйлы атанған Жақып «болыс болады» деген не сұмдық?! Басқасын былай қояйын, анау күні ғана жұдырықтай Аманды Малқар екеуі жабылып жаптырып қойғанда, өзің едің ғой босаттырған. Сондай адамның қолына үкімет тізгіні тисе, ел не оңады?! Аман періштедей таза, сәбидей сүйкімді жас елге. Сұрқия Жақып: «Әкесі молда, пірәдар, жуан ата...» — деп, оның үстінен тағы да арыз жаудырып жатқан көрінеді. Осы Жақып кімді арқаланады? Ата, жақсы кездестіңіз, бұл елде сіз білмейтін пәле жоқ, айтыңдаршы!
Мақаш төмен қарап кетті. Шәкен қысылғанын сездірмей, қасқита қойған сұрақтан қалжыңға сүйеп құтылмақ:
― Антұрған сыпылдақ, айыптағың келе ме бізді. Жақыптың ісін бізден неге сұрайсың? Өзінен сұра. Егер сайлау менің қолымда болса, оны болыс қойғанша, сені ауылнай қояр едім. Боламысың?
― Несі бар, болсам? Байбол құрлы болмас деп пе едің?
― Тәуекел онда, сайлаудан қанша қашсам да, осы жолы сені сүйреп бір көрейін. Бірақ сен ауылнай болған күні басыңдағы жаулықты Наубасқа кигізем.
― Жаулықта, тымақта тұрған ештеме жоқ. Сен сүйре, сүйреме, әйтеуір, әйел сайлауға барса, мен барам. Барамын да, жылпос Жақыптың бетіне қара күйе жағам. Қашан айттың демеңдер, кедейлер, әйелдер Аманды сайлайды. Сен-ақ айтшы, Шолпан, жігітім-ақ емес пе Аман?
― Қайныңыз болған соң, жаман бола ма? — деп, Шолпан қалжыңдай қайырды жауапты. — Дұрыс жігіт. Елге сүйкімді екені рас. Бірақ «қаралап тастады» дейсіз ғой.
― Ақталуға шамасы бар оның. Бір ұрты май, бір ұрты қан сұмдарды айыра да білер Аман.
Танагөз басқаға сөз бермеді. Өткір тілін Жақыпқа салып-салып алғанда, Мақаш пен Шәкеннің іші әу десіп, бұрап-бұрап кетеді. «Қой!» деуге, қорғауға бірі батқан жоқ. Бой көрсеткісі келмейді. Әзір өздерін туралап атпағанымен, Танагөздің талай сөзі қақ қастарынан келіп, бомбыша жарылып жатты. Мақаш, шыдай алмаған соң, белін ұстап, орнынан мықшия тұрды да:
― Келіндер еркін әңгімелессін. Біз далаға шығайық, — деді.
Құпия сөздерін аяқтау үшін Шәкен екеуі далаға, оңаша кетті.
III
Үйде қалған екі әйел де оңаша. Жас жағынан шалғай жатса да, көңілдес, күйеу жағынан құрбылас әйелдер сүт құйған күрең шайды сілтей отырып, ұзақ әңгімелесті. Қыз, келіншек шақтарын еске түсірді. Ерлі-зайыпты адамдар арасын сөз етті. Шолпан бірсыпыра қисса оқып тастаған екен, қиссадағы махаббат оқиғаларын айтып, аяқтап келгенде, Танагөз тұтқиылдан сұрақ қойды:
― Бір сыр сұрайын, айтасың ба?
— Айтар едім, тек аузыңыз берік болса.
― Сенің бетіңе шіркеу келетін сырды ашсам, өз бетім қап-қара болсын!
― Сұрай беріңіз, сендім.
― Аман екеуің оңаша бүлдірген тере кеткенде құрдастың қызғанғаны рас па?
― Ойпырмай, кім айтты бұны? Кім естіп тұрыпты?!
― Ешкім де естімеген. Қастарыңдағылар өздеріңнен байқаған, құрдас ашуланғанда жауар күндей түнеріп, тіл қатпайтыны белгілі емес пе? Сен үйге келген соң, үш күндей жатып, көзің ісіп тұрыпты.
― Бұл жұрттың білмейтіні, бақыламайтыны бар ма екен? — деп, Шолпан үнсіз біраз отырды да, сырын біртіндеп аша берді. — Жорамалдарыңыз рас. Мырза ашуланса да, «Кімнің әйелі екеніңді ұмытпа!» дегеннен басқа ештеме айтқан жоқ-ты. Сол сөздің өзі ауыр тиді. Үш күн еңсемді көтере алмай, жатып қалдым. Осында келгелі мүлде өзгеріп барам. Екі қолым алдыма сыймай, ішім пысады. Бірдеме жетпейді, не екенін білмеймін. Көңіл соны далбасалап іздейді, таппайды. Мынау бақ-дәулетке, ел ағасы ерге ие болған дені сау жас әйелде не арман бар? — дейсіздер ғой. Арманның жоғынан бары, азынан көбі жақсы сияқты, әйтпесе адам азып кете ме деймін. Мен үйде жүргенде ыстық бауырсаққа бір тойсам, желкеме сере жал біткендей болушы еді. Мұнда қазы-қартаға қанша тойсам, шыр бітпегендей. Үйде жүргенде киген жаңа шыт көйлектің қуанышы мұнда киген торғын көйлектің қуанышынан, үйде жүргенде келі түйіп тұрып шыққан тердің рахаты мұнда қою шай үстінде шыққан тердің рахатынан әлдеқайда артық екен. Бұл не ғажап, апа? Сізді бұдан былай «құрдас» дегенше, «апа» дейінші, тегіміз Сүйіндік қой. Үлкен тұтып, ақыл сұрайын, айтыңызшы, мен неге делсал? Не жетпейді. маған?
― Талғақ емессің бе? — деді Танагөз, жұлып алғандай.
― Ол қалай болушы еді?
― Құсады. Асқа көңіл шаппайды...
― Жо-жоқ, жуыспайды.
— Онда Садыққа тамырыңды ұстатып байқасаң қайтеді?
Шолпан күліп жіберді. Ішінен: жұмбақ шешкен балаша, ауызға келген сөзді айта саласыз екен, — дей тұрып, жауапты басқаша қайырды:
― Апа-ау, ауырмай-сырқамай, молдаға не деп барам? Ұят-тағы.
― Жаныңа батпаса, шыдай тұр. Кейде адамның бейжай болып жүретін кездері болатын, өзінен-өзі түзеліп кететін, — деді Танагөз. Білсем деген сырын білсе де, айтам деген сөзін айта алмай, айтпасқа бекінген кезде:
― Сізден сыр сұрауға бола ма? ― деп еді Шолпан, Танагөз жайраң қағып, үлкен ықлас білдірді:
― Неге болмасын, сұрай бер. Ұялмай сұра, білгенімнің бірін бүкпейін.
― Бiздің арамыздағы бұл сырдың сізге қанша керегі бар?
― Керек болмаса, онда менің нем бар? Бекер болған-ақ,― деп келіп едім, рас болып шықты. Әйтпесе сені салып, құрдастың бетін Аманға бұрмақ едім. Ол әйелжанды кісі ғой, бұрылатын да еді. Маған енді бәрі түсінікті. Аманға мырза ниетін емес, бетін ғана көрсетіп жүр екен.
― Апа-ау, сонда Аманға op қазушылармен де ақылдас болғаны ма мырза? _
― Қойныңдағы күйеуіңді менен гөрі өзің жақсы білерсің. Есебін тауып біл-дағы, осының шындығын өзің айт маған.
Шолпан мұңайып төмен қарап кетті. Жұқалаң, таза жүзінен көңілін басқан көлеңке көрініп тұрды, бірақ ненің көлеңкесі екенін Танагөз айыра алған жоқ. Шолпан Аманға жамандық ойлаушылардың бірде-біріне әзір кешірген емес. Малқар, Шөгелдер түгіл, «Ағажан!» деп, бәйек болып тұратын Жақыпқа салқын тарта бастаған. Байболмен жөнді амандасудан қалды. Егер Шәкен шын солармен сырлас болса қайтпек? Шолпанның көңілін басқан көлеңке осы еді.
― Сіз Аманды жақсы көресіз. Сол үшін мен сізді жақсы көрем, — деді төмен қарап отырып. — Ал Аманды не үшін жақсы көретінімді, жасырсам да ішіме сыймайды, айтайын ба? — дегенде, бұрынғысындай күлімдеп тура қарады Танагөзге.
― Айтшы, кәне?
― Ол ешкімнен қорықпайтын, ешкімге табынбайтын жігіт сияқты. Қуанса да, қайғырса да, арнасынан бір аспайтын сияқты. Жадағай жатып-ақ махаббатқа, сырға мейлінше терең, бірде мұз, бірде шоқ, бірде доғал, бірде өткір. Соның бәрі жасанды емес, өзімен бірге жаралған қасиеттер боп көрінеді маған. Жасынан бұнша ақылды, мінезді, сегіз қырлы жігітті мен әлі көргем жоқ. Әйел көбінесе еркектің атағына қарайды. Атақ алыстан ғана қызықты екен. Ал мынандай жігіт алыстан да, жақыннан да қызықты емес пе, апа?
― Әрине. Жақыннан тіпті қызықты.
― Ендеше оған ор қазушылармен менің күйеуім біріге қоймас, зәуеде біріге қалса, мен оған қосылмай сізге қосылам. Әуелі екі жақтап анығына жетейік. Мырзадан бұл туралы сұрауға батпасам да, бұдан былай бұл үйдегі сыбырларға құлақ түріп бағайын.
― Өзің тіпті өжет екенсің ғой! — деді де, Танагөз Шолпанды мойнынан құшақтай алып, бетінен сүйді.
Сөзді осыған байлап, жүруге қамданғанда, Шолпан Танагөздің қойнына бір шаршы аққа орап әкеліп қант пен шай тықты. Екеуі енді бір-біріне күлімсірей қарап тұр. Танагөздің басында жаулық сыртынан тымақ, аяғында саптама етік, көйлегін шалбарланып алған. Айнымаған еркек.
― Әттең, еркек болсам, қолтығыма қысып ала жөнелер едім сені.
― Мен ере жөнелер едім.
Қалжыңдаса далаға шықты. Шолпан Танагөзді аттандырып, қораға қайта ене бергенде, Таймас жетті артынан. Қолынан айыр әлі түспеген, ентіге сөйлейді:
― Тоқабай кетіп барады!
― Қайда?
— Қайда екенін айтқан жоқ. «Қайта оралғанша, әйелім паналай тұрсын, Шолпанға айта көр!» — деді маған.
― Не дейді?! Біреумен жанжалдасып па еді?
― Ойбай-ау, мырза шығарып жіберген жоқ па?
Таймас соны айтып, жөніне кете берді. Шолпан үйге кірместен, маяның сыртына келіп тұрды. Жазықта, қардан денесі көрінбей, түтіні ғана көрінген көп ауылға қарай жалғыз жаяу жебелей басып барады. Көбік қарды толарсағынан кешіп бара жатқан шаңқан даладағы бұл жалғыз қараға қадалып тұрған Шолпанның іші елжіреп кетті. «Шырағым, құтқарар деп айтпаймын, есіңде болсын деп айтамын, — нахақпын! Мырзаның малы түгілі, бар өмірімде бір рет ала жібін аттасам, бұл күнім көп болсын!» — деген еді Тоқабай. Шолпанның сол есінде қалыпты, аяйды, тіпті қорқады көз жасынан. Тоқабай беттеген көп ауыл да көңілінен шықпайды. Бірақ бұрынғыдай қызықты емес, қыз ұзатқан үйдей омсырайып, көңілсіз елестейді. Өйткені ол кедей ауылдың көркі Аман да жоқ қазір. Тоқабайды аяп, іші елжіреген, Аманды ойлап, көңілі құлазыған Шолпанның қасына бағана шыққан Мақашты жаққа жөнелтіп, Шәкен келді.
― Не қарайсың, Шолпан?
― Анау бишара Тоқабайға қарап тұрмын. Осы қақаған қыста неге қудыңыз? Обал ғой, қорқамын көз жасынан.
― Ол бишара емес, кеудесі толы сайтан! Қиратып жіберетін немеше, қыржыңдап, ала жаздай қабағын ашты ма? Осы кеткенде биттей сынбастан, ләм деместен, қыр көрсетіп кетті. Әйелін де қуып жібер. Қалса, байынан біржола айрылып қалсын.
― Екіқабат қой, қалай айрылады?
― Мейлі, үш қабат болса да!..
Баса сөзге келместен, Шәкен мал қораларына беттеді. Ерінің қаталдығынан бір түршігіп, Шолпан үйге енді. Toқабайдың, әйелі аңдып тұр екен, ере кірді соңынан.
― Мен қайтем, Шолпанжан? — деп кемсеңдейді. Іші көтеріліп қалыпты. Шоқпыт шалбарының жыртығынан тізесі жылт-жылт етеді. Әжептәуір бәденді, жасы отыз шамасында, пысықша келген жалшы әйел, басына іс түскен соң, лезде жүнжи бастаған. Былтыр дәл осы уақытта өз алдына түтін түтетіп, күйеуімен екеуі: «Құдай қаласа, ендігі жылы қара сиырдың қара торпағы тұмса бұзаулайды» — деп отырған еді. Ол үмітін мырза кесті. Қазір қара қайғының астында отыр.
― Жылама, жылама! — деді Шолпан, өзі көз жасын тыя алмай тұрып. — Сонда да менен сен бақыттысың.
― Мен бе, қарағым? Шының ба?
― Дәл сен. Дәл шыным, — деді де, Шолпан төргі бөлмеге еніп кетті. Өзінің жап-жаңа шыт көйлегін, бір ішкиімін, көнетоз шапанын әкеліп беріп, — ешқайда қаңғыма, осы үйдің сорпа-суын ішіп жүре тұр, — дегенде жалшы әйел күліп жіберді. Жүзі жайнап сала берді.
― Өркенің өссін, қарағым! Қосағыңмен қоса ағар! — деп, алғыс жаудырып жатыр.
― Міне сенің менен бақытты екенің! — деді Шолпан. — Бip кезде мен де осылай қатты қуана білгем. Қазір сондағыдай қуана алмаймын. Бақыт деген қуаныш-тағы. Қуанышсыз бақыттың керегі не?
Шәкен кіріп келді. Шолпан, әдетінше, күйеуінің киімдерін шешіндіріп, іле бастады. Жалшы әйел Шолпанның бергендерін қапыл-ғұпыл орап алып, шығып кетті.
― Қалай, айрылатын ба күйеуінен?
― Айрылу сонша оңай дейсіз бе?
― Ендеше жолы болсын!
― Жоқ, жүре тұрсын, мырза. Жылап келген соң, мен қия алмадым.
― Несін қимайсың?
― Үйреніскен итті де кісі қимайды ғой, ит құрлы жоқ па?
Шәкен жауап қайырмады. Дөңгелек столға барып, қойын книжкесін суырды. Есепшотын алдына қойды. Шотты тықылдата бастағанда, Шолпан төргі бөлмеге кетіп, делсал күйде біраз тұрған соң, домбырасына қол созды. Алдыңғы бөлмеден тықылдаған шот дыбысы естілгенде, төргі бөлмеден тыңқылдаған домбыра дыбысы естіліп тұрды...
IV
Тоқабайдың бетінің ұшы қып-қызыл, қолында таяқ, қатты аяңдаған қалпында көп ауылды қақ жарып келіп, Сапардікіне енді. Ортасынан жал пешпен бөлген екі бөлмелі үйдің төргі кең бөлмесінде, пештің түбінде бүк түсіп жатқан Сапар басын көтерді. Тоқабай сәлем бере еніп, тізесін бүге, қолын ұстады қарттың. Бет-аузын түк басқан, түсі суық бурыл сақал қарт бұрынғысынан да, ызбарлы екен, солғын қысқа амандасты да, қайта жантайды. Үй іші де онша көңілді емес. Кішірек, жалғыз терезенің жарығы бұрыштағы көлеңкені жоя алмаған, күн сәулесі терезе алдынан аса алмаған. Балалардың ойындағысы ойында, оқудағысы оқуда, бұрын үйді босатпайтын жастар, келім-кетімдер Аман кеткелі сиреген. Сондықтан көпке үйренген бәйбіше елегізіп, үйсіз Әлжанның әйелін жалғыз баласымен ауыз бөлмеге енгізіп алыпты. Бәйбіше, әдетінше, Тоқабаймен қазбалай амандаса, осы жайларды айта келіп:
― Шал бүгін сырқаттау, — деді.
― Солай ма, қай жеріңіз? — деген Тоқабайға:
― Білмейім, денемде тек қызу бар, — дей салды Сапар.
― Әдейі ішімді бір босатқалы келіп едім. Қап, ауырып қалғаныңыз-ай!
― Айта бер, шырағым, тыңдауға шамам бар.
― Мырза ақыры босатты! — деп, күрсініп қойды Тоқабай. Содан әрі сөйлеген сайын қыза түсті, жылан көзінен оқта-текте ұшқын шашырайды. — Дәл қазір босатқанынан босатпағаны жақсы еді. Ол кісінің жамандығы болмаса, жақсылығы маған бұйыра ма? Қара сиырды торпағымен алды. Ерлі-зайыпты екеумізді жаз бойы парлап жұмысына жекті. Әйелімнің аяғы ауыр, киімі жоқ болған соң, сонда қалды. Үш қанат қара лашық та қалды. Келіп отырған соқа басым. Осы құдай бар ма?! Бар болса, нахақтан күйген жанды неге көрмейді? Бай, мырза, ел ағасы атанған Шәкен тентіретіп жіберді. Қайда барам мына қыста, қалай күн көрем? Ұрлық істесем, өлем, шөп жесем, қақалам. Басқа кәсіп қайсы? Ең ақыры байдың есігі де бұйырмады, Сапеке! Бұл ортадағы «құдай!» деген, «кедей!» деген бір адам едіңіз, сізден жасырмайын, қаныма қарайып келдім. Әгәр бұл ызадан еріп кетсем, қияметте өзіңді, тірі кетсем, Аманды куәға тартып кетем.
Киімшең қисайған Сапар басын қайта көтерді. Сөзді тыңдап болған соң, бірсыпыра уақыт ойланып, үнсіз отырды. Содан кейін баяулата сөйлеп кетті:
― Тарығып келген екенсің, шырағым. Сабыр ет. Сабыр түбі ― сары алтын, сарғая жетерсің мұратқа. Рас, шыдамның да шегі бар. Шектен де асқан шығар, сонда от алып, қамысқа кіргенмен, не табасың? Шәкен ел ағасы. Елдің обал-сауабына құдай алдында, үкімет алдында өзі жауапты. Маған бағынбайды. Әгәр сені нахақтан зарлатса, не ол, не бұл дүниеде жазасын бір тартар. О да құдай пендесі, басы жұмыр пенденің бірі зор, бірі қор көрінгенмен, бәрі бағынышты. Тағдыр алдында тізе бүкпейтін бірі жоқ. Кедейлікке үйренген жансың ғой, Аманның келуін күт. Ол сөзден қанша қашса да, енді қаша алмайтын болды. Үкімет ісіне араласты. Мырза сөз тыңдаса, бұл ортада соның сөзін тыңдауы кәдік. Аманжан оған сөз айтуға жарар.
Тоқабай тоқталыңқырап қалды. Жол бойы көңілі талай жамандыққа ауытқыған. Шәкенге қазақ жолымен, үкімет жолымен ештеме істеп, мұқата алмайтынын білген соң, түнде келіп үйіне, маясына өрт қойсам немесе төрт-бес сәйгүлігін матап алып, басқа бір дуанның қол астына еніп кетсем, тіпті өйтіп қашқын болғанша, өзін жайратып салып, абақтыға отырсам қайтеді деген ниеттерінің қайсысынан да болса тайынбауға бел байлап, бірақ бірін әлі таңдаған жоқ еді. Сапардың «Аманды күт» дегені құлағына жағып кетті. Бұрын жасық, өнерсіз деп жүретін жігіті Малқардың Шөгелін сабағаннан бері өте өнерлі, өжет көрінді. Онымен енді Шәкен де санасатын сияқты. Сондықтан Тоқабайдың сенген үміті қайта тұтанып:
― Ал Аманды тосайын. Одан да бір өтінейін, — деді жуасыңқырап. — Бірақ соған дейін қалай күнелтем? Кесіп жоқ, бір күндік азық жоқ. Әйелім бір жақта, өзім бір жақта қаңғып жүрмін.
― Тәңірім ырзықсыз жан жаратпаған, ізденсең, табылар, — деп, Сапар бәйбішесіне қарады. — Кеспелерің піссе, әкел, Тоқабай ішіп кетсін, — деді де, Тоқабаймен әңгімелесе берді. — Жылқыбай жаңадан үй, қора салдырғалы жүр, байып барады ғой. Біреуге беріп қоймаса, соның пөдретін ал. Әгәр саған несиеге сенбесе, мен кепіл болып, бірдеме алып берейін.
«Кеспеге қарамай-ақ, жүріп кетсем бе екен!» — деп, қуанғанынан қопаңдаған Тоқабайды Сапар жібермеді:
― Асықпа. Бұйырған кетпес, кеспе ішіп кет. Ол үйде жоқ деген, келгенін біліп бар. Алда-жалда әйеліңмен тұруға үй табылмаса, біздің ауыз үйде Әлжандікі отыр. Бір қыс екеуің сыйысарсың. Біреумен біреу селбесіп жатқан дүние ғой. Сүйтіп біз де селбесейік.
Тоқабай бұл үйден ыстық кеспе көжеге тойып, жақсы сөз естіп, ойы да, бойы да жадырап шықты. Кірмесі аралас көп ауылдың, бәрі таныс оған. Енді қайсысына барсам екен? Жылқыбай аулына кім қатынасты екен? — деп тұрғанда Ізбасардың есігі алдында адамдар көрінді. Солай аяңдады.
Ізбасар жас мұғалім, үйде сабақ беріп тұр. Оқушылары әрқилы: әйел, еркек, үлкен, кіші, бала — бәрі аралас. Жалпақ ұзын тақтайдан үш-төрт скамейка жасап, соларды стол орнына пайдаланған. Оқушылары жерде отыр. Әрқайсысы төсеніш ала келіпті. Ізбасар біреулеріне «А», «Б» әріптерін жазып көрсетсе, енді біреулеріне «екі жерде екі — төрт» деп үйретеді. Төрт амалдан әрі бара алмайды. Оның өзін Аманнан үйренген. Бірақ талапты жігіт. Өз тұсынан тырбанып, қысқа мерзімді курстан өтіп, аз уақытта мұғалімдік жолға түсіп алды. Қойын книжкесінде «Менен сауатын ашқандар» дейтін тізім бар. Сол тізімде жүз он бір адамның аты жүр. Адам аты қосылған сайын қуанады, бес жүзге жеткізуді арман етеді.
Ізбасар тек оқытушы ғана емес, насихатшы да. «Бостандық туы», «Еңбекші қазақ» газеттерін алып тұрады. Біреудің қолынан қазақша көркем әдебиет кітаптарын, журналдарын көре қалса, қуып жүріп оқиды. Кейде бүкіл кітапты қолдан көшіріп алуға ерінбейді. Оқып, естіп білген жаңалығын асыға жаяды жұртқа. Тек кемпір-шалдың қарап отырған жалғыз баласы болып, ауылдан ұзап шыға алмай қалды.
Қысқа күн кешкіргенін байқатпай, жалтыр аспанды шеттей жылжып, Байдәулет тауының басынан асқалы барады. Жалғыз терезелі мектеп, мектеп емес-ау, Ізбасардың өз үйінің төргі бөлмесі қараңғы тарта бастаған соң, оқу тоқталды. Оқу соңынан оқушылардың қосылып өлең айтуы әдетке айналған. Ізбасар бастап, басқалары қостап, Сәкеннің «Жолдастарын» айтқанда, далада есік алдында тұрғандар лап қойып үйге енді. Ішінде Тоқабай, Байбол бар. Басқа ауылдан жылпос Жақып, тағы бейтаныс біреулер жүр. Тоқабайдың өлеңмен ісі болған жоқ (Таймастан талай естіген), көзі қабырғадағы суретте: «Сайлау келеді. Жалшы, кедей, орташа бірігіп, үкіметті өз қолыңа ал! Мыналар тағы таласады!» деген ірі жазуды ежелеп оқып шықты. Енді сол сөздің астындағы бай, жуан, молданы келемеж етіп көрсеткен үлкен суретке қадалып тұрып, күлімдейді. «Ізбасар қайдағыны табады! Қайдағыны естиді!» — дейді ішінен.
Өлеңнен кейін балалар тарап, үлкендер ғана қалды. Жаңа келген суретке, бұрын мұндайды көрмеген ауыл адамдары таңырқай қарап, сөзден сөз туғызып жатыр:
― Ал қимылда, жалшы, кедей, орташа!
― Иә, кімнің дәмесі бар, көрініп қал!
― Е, тәйірі, бізге болыстық тиюші ме еді! Тие қалса, ел басқаратын шама қайда?
― Болыстық тиіпті де, басқаруы қалып па? Бұрын басқарып қалғандар бізге билетпес.
― Неге билетпейді?! — - деп, жылпос Жақып суырыла жөнелді. — Байдың кедейден артық болса, малы артық, өзінің несі артық? Кедейден де талай топ жарған шешен, қол бастаған батыл, ел ұстаған билер шыққан. Халық сайласа, үкімет қолдаса, бір болыс түгілі бүкіл оязды билеуге жарайтын кедей табылады. Көрерсіңдер, бұл сайлауда болыс байдан болмайды, кедейден болады. Бірақ, сол қай елдің кедейі? Өз руына тартпайтын қазақ жоқ. Осыны ойлайық. Бұрынғы жеті болыс, төрт рулы ел бір болыс болады екен. Сармантай, Мұрат, Қареке, Барғана — әрқайсысы өзіне тартады. Сонда кім әкетеді? Міне кеп осында. Үй арасындағы, ауыл арасындағы кикілжіңді бұндайда ұмыталық. Ел намысын, ру намысын жоқтайық. Атыңнан айналайын Бегайдардың әруағы талай жебеген, бұл жолы да жебейді. Тек пышырамайық, Бегайдардың иті болса да, қиялық болыстықты!
Жақып Бегайдар әруағын шақырғанда, басқалар түгіл, ауылнай Байболдың да делебесі қозып тұрды. Жәй тіршілікте бұлар Бегайдарды бес тиын құрлы көрмейді. Ал осындайда елеуреп кетеді. Ру қызуы арақ қызуы тәрізді. Қызу басылған соң, басын шайқап отырады әркімдер. Осы арада бас қосып қалған он - он бес шаруаның ішінде Ізбасардан өзгесі бегайдаршыл болғансып, жамырасып, бірдемелер айтып жатыр еді, Ізбасар сөздің бетін бұрып жіберді:
― Ру таласы тозатын уақыт жетті, жолдастар! — деді, қабағын сәл шытып. Жақыптық жаңағы сөзіне қатты кейігені еді бұл. — Енді тап тартысына түсуіміз керек. Тапқа бөлгенде, адамның тек ауқатына қарамай, ниетіне де қарау керек. Кешегі Шалабай жалшы десең жалшы, кедей десең кедей еді ғой. Кімнің сойылын соқты? Кедейге тигізген пайдасы қайсы? Бүгін Малқарды түсіріп, Бегайдардың бір жуанын немесе бір Шалабайын сайлағанмен, күн ашылмайды, советтің дидарын анық көре алмайсың. Руына қарамай, көзі ашық, жүрегі ақ, әділдік дегенге еңбекшілер тұрғысынан қарайтын адамды сайлауымыз керек.
― Тауып айттың, айналайын! — деп, Тоқабай ұстазына айқайлап жіберді. Ізбасардың қойын книжкесіндегі жүз он бірдің бірі болатын. — Міне мен Бегайдардың баласымын! Бегайдардан көріп жүрмін қорлықты.
Ізбасар Тоқабайдың келіп қалғанын жаңа байқады.
― Ассалаумаликүм, Тоқа! — дегенде, Тоқабай сәлемін алмастан, сұрақ қойды:
― Табыла ма сондай адам?
― Неге табылмасын! Қақ қасымыздан табылады. Аман дәл соның өзі емес пе? Жасы менімен шамалас бола тұра, ақылы, мінезі, жүрегімен ел ағасына ұқсайды. Сөз тудырған анау суретті сонау Ақмоладан ол әдейі жіберіпті маған. Хаты — міне, бес бет. Тыңдасаңыздар, бір бетін ғана оқып берейін.
― Оқышы, кәне.
― Тіпті бәрін оқышы.
Ізбасар оқи бастады:
«...Ойының ба, шының ба, алдағы сайлауда сені болыс қоямыз, — депсің. Қайсысы болса да, бұдан былай аузыңа ала көрме, осы алғаның үшін-ақ ағайындар үстімнен бірер арыз түсіріп үлгірді. Қашаннан шен құмар, малқұмар қазақ, шен үшін елің мал үшін баласын қиған. Титтей өкпем жоқ. Тек сол мінездерін көргенде, ұйқым ашылып, арманым өсе түседі. Қазақ көзіне шел болып байланған надандықты сылыса, қазақ аяғына кісен болып салынған ру, ақсақал, дін дәстүрлерін қиратса, лезде қабырғалы елдердің қатарына қосылып кетер едік-ау! Сылу, қирату оңай болып па! Көне беру одан да қиын. Ал сылыған, қиратқан күнде ішке қатқан ескі даттар тазарғанша қашан!
Бұл сөздерді сенің көңіліңе сары уайым салу үшін жазғам жоқ. Заман артқан міндет — «байларды қойдай қу қамшымен» ғана емес, одан тереңірек екен. Соған бойлай түссін, ойлай түссін деп жазып отырмын. Кеш оянып, іске кеш кірісіппіз. Ерте тұрып, кеш жатайық, керегі болғанда түн қатайық. Еліміз берген жол-азық жақсылы-жаманды мол. Тек соның бәрін артып, жүкті ауырлатпай, жарамдысын таңдап ала білсек, болдырмай жетеміз мұратқа...»
Бір бетін оқыған соң, хатты бүктеп, қалтасына сала тұрып, Ізбасар өз сөзін айтып кетті:
― Ауылдан кеткен аз уақыттың ішінде Аман көп өзгеріпті. Біз қаз қалпымызда. «Сондай жасты болдырман!» — деп қараушылар жұрт тіміскіп жүріп, көкке қарап ұлыған бұралқы итпен тең-дағы. Алдымен ұсынатын адамымызды тани білейік. Сонда қателеспейміз сайлауда.― Танимыз, танимыз! — деп, Тоқабай тағы бір дауыстап жіберді. — Қанша арыз жауса да, Аманды қарайта алмайды. Соны ұсынамыз.
― Апырай, соны жамандағанда, қандай кінә тақты екен?
― Қазекең қаралауға сөз табар, ақтауға болмаса.
― Обалын қайтеді?
― Обал дегенің қарашылардың қымызы емес пе, сіміреді де, қызара бөртеді.
Жақыптың атын атап, ешқайсысы «сен жүзіқара!» демесе де, осындай жамыранды, киме сөздер өзінен-өзі барып, оған тікенше қадалып жатты. Сонда да ештеме сезбеген болады. Бұл отырғандардың көбімен іші араз, сырты тату. Алайда сайлау алдында ағайынсып, табысқансып жүр. Бірақ оның биыл пішен кезінде салған ылаңын, соның, салдарынан, бір күн де болса, Аман абақтыға отырып, одан Ақмола кетіп қалуын ұмыта алмайды бұл ауыл. Тек Жақып салған жара, жанға онша батпай, ақыры өзі абройсыз қалған соң, елемеген пішін көрсетуші еді. Сөз болған жаңағы арыз, ескі жараны қайта білтеледі. «Өзі істесін, басқаға істетсін, әйтеуір, — Жақып. Жақыптан басқа ешкім емес!» деген ой Ізбасардан бастап, Тоқабайға жеткенше, талай адамның басынан өтті. Жақып соны біле қойды. Үндемей отырғанда, ұялып, мойындап отырған жоқ. «Ауыздарыңды аша түс, көмейлеріңді көрейін әбден!» — деп, мығым отыр. Шәкен мен Малқарға қол артқан соң, кімнен жасқансын ол! Бір қорқатыны осы ауылдың қол күші болатын, оған да қарсы күш дайын. Анада Шәкеннің берген кеңесі бойынша, басқа жақта бытырап жүрген ағайындарын жиыстырып алған. Қазір қасындағы бөтен үш-төрт жігіт — сол туыстары. Мақашқа, Байболға қарағандар, туыс жағынан Аманға бір табан жақын болғанмен, Жақыппен ниеттес. Алда-жалда жанжал шыға қалса, Жақып енді қол күштен де жеңілмеймін, — деп жүр. Әйтседе көп ауылға кейінгі кезде көбірек келеді. Жылпылдап, кіші пейіл көрсетіп кетеді. Онысы қорыққандық та, татулық сүйгендік те емес, болыс болудың, сайлауда дауысты көбірек алудың қарызы. Аңқау, момын шаруалардың біразы бұл қулыққа түсінбей: «Жақып түзеліп қалды, есі бар жігіт қой» — дей бастағанда, Аманның үстінен берілген анау арыз ол үмітті өшіргелі тұр. Сондықтан бірдеме демеске болмады, насыбайын атып алып, шырт түкіріп тастады да:
― Ағайын арасында көздің былшығы, тістің сарсығы сияқты бірдемелер болмай тұра ма? — деді Жақып. — Ондайдан жаттың көңілінде кек қалғанда, ағайынның көңілінде дақ та қалмайды. Биыл ойламаған жерден Аманжанмен түс шайысып қалғаныма қатты өкініп, өзін тіпті сағынып жүр едім. Мынау хаттағы сөзін естігенде, шоқтығым бір көтерілді. Өсіп кеткен екен! Сендер болыс қоям дейсіңдер, оныңа пысқыратын емес қой. Тілім тасқа, болысың тұрсын, ояздың арнасына сия қоймас. Тек тіршілігін сұрайық. Ауыл арасындағы көр-жермен шырмамай, алысқа салайық. Ізбасар, адресін берші, ақтарыла бір жазайын өзіне.
Манадан басыңқы отырған Байбол көтеріле отырды. Оның басынан әрдайым: «Шәкенге Жақып екеуміздің қайсымыз жақын? Болыс қайсымыз боламыз?» деген ой шықпай жүргенде, көлденеңнен Аман қосылып, қаупі күшейе түскен. Сондықтан Жақыпты амалсыз қостады:
— Оқыған иттің орны, қайда барса да, күреулі ғой. Аманды үлкен жарысқа салайық. Ауыл арасындағы шолақ бәйгеге өзіміз де ақ мылтық! — деп, бұ да өзінің бұқпа қулығын көрсетпей, басын бүркегенде, бөксесі көрініп жатты. Бірақ соны ешқайсысы байқамай бара жатыр еді, Тоқабай орнынан ұшып тұрып:
― Бұлаңдатпа құйрықтарыңды! Аманды ауызбен жарылқап өздерің бола қалмақ шығарсыңдар, — дегенде, Жaқып пен Байбол оны екеулеп алды қолға:
― Әлмәмбеттің ішіндегі әңгімеде сенің нең бар, ей? Басалқаңды анау Салияңа барып айт!
― Өзіңді тағы бірдеме түртіп жүр ғой, сірә...
― «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлайды» деген осы!
― Қызыл темірмен қарыса аузын!
Екі жақтап соңынан қалар болмаған соң, Тоқабай да тайынбады:
― Жігіттер, қызынбаңдар маған. Бит тояр қаным, аярлық жаным қалған жоқ, бекер қызынасыңдар. Ашынды адамның тілі ащы болады.
― Мынау Шәкеңнің ашуын бізден алмақ па? Ашшы, кәне, аузыңды ашшы тіліңді көрейін! — деді Жақып. Тоқабай:
― Ашқанда қайтесің? — дегенде:
― Битемін! — деп, Жақып қамшымен тартып-тартып жіберді. Ізбасар ұстай алды қолынан. Жақыптың ағайындары үш-төрт жігіт орындарынан дүрдие тұрысты, Тоқабай қол көтерсе-ақ, бассалғалы тұр. Тоқабай қапелімде қол көтеруге үлгірмеген. Енді қонышынан пышағын алып:
― Қан керегің келе бер! — деді қалшылдап.
Ешкім келе алмады. Арашашылар жанжалды басып. жиынды дереу таратты. Тоқабай пышағын қонышына қайта тығып, Жылқыбай аулына жаяу беттегенде серт қылды:
― Осының кегін саған жіберсем, жер басып жүрмей-ақ қояйын!
V
Жанжалдан кейін Жақып жалғыз өзі Шәкен аулына тартты. Күн кешкіріп, көз байланып қалған. Қараңғы далада, жол үстінде бір жұмадан бергі естіп-білгенін жиыстырып, мырзаға өңдеп айтудың түрлі тәсілдерін ойлап келеді. Әңгімені, оқиғаны ол ешуақытта болған күйінде айтқан емес, әсірелеп, кейде тіпті өрескел өтірік қоса айтады. Қазір бар өнерін Аманға жұмсап барады.
Шәкен бұл кезде төргі бөлмеде Шолпанның қасында отыр. Шолпан мана Танагөз, Мақаштар келіп кеткен соң, қарлы далада жалғыз, жаяу тентіреп бара жатқан Тоқабайға, ол беттеген көп ауылға қарап, бірсыпыра тұрған соң, түрлі ойлар басып, бірін шеше алмай, домбыра шерткен. Домбыра жұбата алмады. Бүк түсіп, киімшең жатып қалды. Көзін қанша жұмса да, ұйықтай алған жоқ. Жинап жүрген қисса, бірен-саран газет, журналдары да тартпады — бәрі таныс, кебін жатқа біледі. Ақыры, ала мысық болды ермегі. Жас мысық тіпті ойыншы, қызық. Жатқан Шолпанды алдыңғы екі аяғымен мойнынан құшақтап, бетіне бетін тиістіріп, бырылдайды.
― Аяғаның ба, жақсы көргенін, бе бұл? — деп, Шолпан оған тіл қатады. Әрі-беріден соң мысық та зерікті. Мияулап олай, былай жүрді де, ышқына атқыды. Қабырғаға құрулы кілемнің басына бір-ақ шықты. Одан жерге секіріп, бөлменің ішін опыр-топыр қыла, айнала жүгірді. Қож-қож етеді, көзінен от шашады. Шолпан «құтырды ма?» — деп, шошып қалды. Басын жастықтан жұлып алғанда, Шәкен кірді есіктен.
― Мырза, мына қараңызшы! Қожылдап, мияулап аласұрады. Құтырса керек!
Шәкен сылқ-сылқ күліп:
― Білмеуші ме едің, мас мысық мауыққанда өстеді, — деді. Кұшақтай келіп отырғанда, Шолпан оның кеудесіне басын сүйеді. Көзі жұмулы, шырайлы жүзі сонша момақан, бірақ сонша сезімтал, ұйқыда жатқан жас марал тәрізді. Ерге шыққалы екі жылдан асса да, жасы әлі жиырмадан аспаған жаулықты әйел бірде бала, бірде сұңғыла. Қазір балаша еркелеп жатып, күрсінеді. Шәкен жағынан сипап отырып:
― Қабағың неге келіспей жүр, неге күрсінесің? — десе:
― Мен қашан балалы болар екем? — деп, қарсы сұрақ қояды. Құлазыған көңілі баланы жұбаныш, қуаныш еткісі келе ме, әлде жоқ іздеген көңілдің көп далбасасының бірі ме, — әйтеуір, Шәкенге ауыр тиді бұл сұрақ. Өйткені Шолпан үшінші әйелі. Алғашқысынан бала жоқ, ерте қайтыс болған. Екіншісінен бір ұл, бір қыз көрді, ұлы тұрмады, қызы ұзатылып кетті. Үшіншісі міне екі жылдан асты, әлі бала көтермей келеді. Кінә өзінде екенін Шәкен кейінгі кезде сезініп, кейіп жүрсе де, Шолпанға жайраң қайырды жауапты:
― Бала кәртайтады әйелді. Мен сені кәртайтпауға, осы қызғалдақ қалпыңда сақтауға тырысам. Сен, кәртайғанша неге асығасың? Маған бала да, жар да — бір өзің.
― Кәртаюға құмар дейсіз бе, жұбаныш іздегенім де. «Төсекпен көтереді» дейтіні қайда?
― Ол жәй сөз. Біреу ерте, біреу кеш көтере береді. Уайымдама баланы. Сол екен ғой қабағың келіспей жүргені, — деп Шәкен Шолпанды жұқа ернінен сүйіп алды. Шолпан тағы бір күрсініп қойып, наз айта бастады:
― Мендегі уайым сол ғана дейсіз бе... «Балам да, жарым да — бір өзің» — деп отырып, мені бәрінен қағажу ұстайсыз. Құшағыңызға күнде енсем де, сырыңызға әлі бір енгем жоқ. Оңаша отырып, әркіммен сырласасыз, соның бірін маған сездірмейсіз.
― Жас басыңмен, әйел басыңмен, ойыма ортақ болуға жарасаң, сенен жасырарым болмас, Шолпанжан.
― Жас болып, аузымның не мінезімнің жеңілтектігін көрсеттім бе?
― Жо-жоқ! Тек байқағайсың, ой деген ауыр нәрсе, әрі-беріден соң діңкеңе тиеді.
― Иә, ауыр. Білемін, ауыр.
― Қайдан білесің? Бақшадағы бұлбұлым, тұғырдағы тұйғыным ешбір уайымсыз деп жүр едім.
― Соның екеуі де құс қой, мырза. Әкем құсты көп ұстаған. Құс атаулы көкке, еркіндікке ұмтылмай ма?
― Сен еріксізбісің? Еркіңмен келіп, еркін жүрсің ғой.
― Еріктімін, тіпті бақыттымын. Еріксізбін, тіпті бақытсызбын.
Шәкен ойланып қалды. Ойланса да, Шолпанның ойын таппады. Таппағанын таптым деп ойлап:
― Түсіндім, — деді. — Кейінгі сөзің әлі де сол сырласпайсың, ақылдаспайсың дегенің шығар. Бұдан былай сенен іштеме бүкпейін. Ал бақытты, ерікті санашы өзіңді. Тек есіңнен шығарма: сенің қабағың жабылса, менің көңілім жабырқау; сенің қабағың ашылса, менің көңілім жайлау.
Ауыз үйдің есігі ашылды. Шолпан ұшып тұрып, төргі бөлменің есігінен қарады.
― Ағажан келді.
― Жақып, шешін-дағы мұнда кірі
― Кәзір, кәзір.
Жақып келсе, құр келмейтіні белгілі. Бұрын ылғи төргі бөлмеде екеуі оңаша сөйлесетін. Бұл жолы Шолпан да отырды.
Жақып амандықтан, бұралқы сөздерден әрі бара алмай, қипақтай беріп еді.
― Айта бер. Менің Шолпанымнан жасыратын сырым жоқ, — деді Шәкен. Жақып сонда да лақ етпей, ауыл арасының құпия, құнды сырларын түпке сақтап, алысты біраз шолып кетті.
― Кеше Тиішбек түстеніп аттанды біздікінен, — дегенде, күлім қақты қабағы. — Сармантай Сәбден балаларымен құда ғой ол. Құдасына барып келеді екен. Сарекең екі жар көрінеді. Тағы да Азына мен Қорам тұқымы сиыса алмапты. Жарылғаны жақсы емес пе? Сармантай бүтін тұрса, таразының бір басына бір өзі салмақ қой.
― Әрине, — деп басын изеді мырза. — Тиішбектің өз елі не күйде екен?
― Малқар Қараөткелден қайтқалы, біздің ата болыстыққа ырза. «Енді үйде тиыш жатамын» десе де, Шөгелді баптап отырғаны анық сияқты. Бірақ Шөгелге қара Мұрат, Үмбет жағы өмірі көнбейді, әлден-ақ үстінен арыз жаудырып жатса керек.
― Қарекеден не хабар бар?
― Ештеме естілмейді, момын ел ғой. Саңырықта бас көтерер қалған жоқ. Нұржанмен біткен. Басқа кімі бар жұлқынып тұрған!
― Аймағамбет балаларының ептеп орысша оқығаны, тілмаш болып жүргені бар емес пе еді?
― Тәйір, ол көп болыстың кезінде, азғантай елдің ішінде көзге түскен жылтықайлар ғой.
― Осы Қарекені аржағынан Барғаналар өзіне тартып жүрмесін.
― Тартқанмен, Алтайдың әруағын аттай алмас Қареке. Аттай қалса, Алтай болып, таптап жібермей ме!
― Таптата ма үкімет! Бірақ Алтай ынтымақтасса, өзі де шыға қоймас. Барғанадан не естіледі?
― Анық хабар жоқ. Барғанға көп Алтайдың бір жағы қосыла салады да. Түптеп келгенде, бұл сайлауда төбе би өзіңіз, мырза. Алтай, Қарпық бас қосқан жерде сізге тоқтамайтын кім!
Шәкен көңіл қойғансып, жаңа естігенсіп, тыңдап отырса да, рулар арасында жүріп жатқан бұл тартыстарды Жақыптан көбірек, тереңірек біледі. Олардың талайы өзіне соғатыны да, сонда қайсысына қалай жөн сілтейтіні де белгілі. Қашаннан басқарып, билеп қалған ру басы, бай халық пен үкімет арасын бөліп тұрған биік бел сияқты. Сол белден асып қатынасу маңдайдан тер шығарады. Кейде тіпті шаршатады. Шәкен бұны да жақсы біледі. Ол қолын созса, Ақмоладан асын Оренбург, Ташкентке, Алтай-Қарпықтан асып, Қуандық, Сүйіндік, Қаракесек, мына жағы Қанжығалы, Керей, Тінәлі, Темештерге жетеді. Қазір бұл жақтағы қазақ елі түгіл, Түркістан қазақтарының жайына да қанық. Осындай әржақты, хабары мол үлкен адам қойынындағы кішкентай Шолпан құрлы көз алдында өсіп келе жатқан Аманды білмейді. Білмейді емес-ау, жас жігіттің келешегінен біресе үміттенеді, біресе хауіптенеді. Сондықтан әрдайым бақылап отыратын.
Бір кезде Жақыптың сөзін бөліп: «Өзіміздің маңайда не болып жатыр?» — дегенде, алдымен көп ауылдың хабары еді білмегі. Жақып дәл тапты ойын:
― Жолшыбай көп ауылға соқтым, — деп жымыңдайды. Бірақ жүзінде жылылық жоқ. Біреуді келемеж етердегі өзінің кәдімгі сұрқия жымыңы. — Аманнан хат алған екен. Құдай сақтасын, ауыздарынан ақ көбік шашады!..
Шәкен Аман хабарына құмартса да, хат келді дегенге елеңдей қойған жоқ. Өйткені ол хатты Ізбасарға тапсырмастан бұрын, кеше осы уақытта, дәл осы бөлмеде Байбол екеуі оңаша оқып алды. Бұл Байболдың ауыл советте атқаратын үлкен ісінің біріне айналған. Шәкен мана Танагөзге «ауылнай боламысың?» дегенді қалжың үстінде айтса да, хаттағы Аманның пікірін өз пікірі етіп айтқан болатын. Енді түк білмегенсіп:
― Не жазыпты, не айтады? — дейді. Шолпан хат хабарын естуге асығып, Жақыптың аузына телміре қалыпты.
― Қазақ атаулыны балағаттап жатыр. «Шетінен шенқұмар, малқұмар келеді. Шен үшін елін қиғанда, мал үшін баласын қияды. Көздерін тезірек сылып, құдайдан, ата жолынан айыру керек» — депті. Бұл не сұмдық, мырза? Оқығанда, қолына дес тигенде, істейтіні мынау болса, құртады да!
Шәкен бұл сөзді де елей қоймады, төмен қарап, сұлқ тыңдап отыр. Шолпан шошынып, қобалжып кеткен екен, Жақып енді солай бұрыла сөйледі:
― Көп ауылдың кедейі осындай сөздерге әбден семіріп, желігіп алған. «Аманды болыс қоямыз!» — деп, гу-гу етеді. Осынан кеткен бетте Тоқабай салып отырып сонда барды. Сапекең қолтығына дым бүріксе керек, қарадан қарап отырып, Байбол екеумізбен байланысқаны. Шыдай алмай, қамшымен тартып-тартып жібердім. Түрі жаман, іштемеден тайынатын емес...
― Иә, ол бұзық жігіт. Сондықтан шығардым, — деді ІІІәкен. Жақып жылмаң қағып жақындай түсті де, күбір етті оған:
― Неге бұзылып жүргенін білесіз бе?
― Жоқ.
― Білмесеңіз, пәленің үлкені келе жатыр. Соны сезген ол. «Яшейка боламыз» — деп, күзді күні арыз берген бесеу бар еді ғой, солардың арызы бойынша, алдыңғы күні түнде Ақмоладан біреу келіп, Ізбасардікіне қонып кетіпті. Түні бойы арыз иелерімен әңгімелесіп, әнкет дей ме, немене, бірдемесін толтырып әкетіпті. Яшейке көп ұзамай ашылатын көрінеді. Содан кейін «Қосшы» деген бір ұйым тағы ашылса керек. Бұнысы жалшы, кедей түгілі, орташаны құтыртатын пәле сияқты. Аман ауылдағы кезінде осының бәрін үрлеп жүретін, Ақмолаға барған соң, тұтатқан ғой.
― Кім айтты саған? Кімнен естідің бұнша хабарды?! — деп, Шәкен жаңа ғана тура қарады Жақыпқа. Көзі үлкейіп кетті, жүрегі қобалжығаны өңінен, даусынан айқын көрініп тұр.
― Өзіміздің жаман Сәду яшейканың бірі емес пе, сол айтты.
Дәл осы араға келгенде, әңгіме үзілді. Шәкен өз ойымен болып кетті. Ауылда партия, қоғам ұйымдары некен-саяқ, әсіресе бұл маңайда болмайтын. Енді қақ іргеден келіп орнаса, маза қала ма! Орнатпауға амал жоқ. Шәкенді басқан ой емес, дұрысында осы қайғы еді. Ол сол ұйымдасқан шаруалармен де ішті-тысты болып, Сәду сияқты кедей жастарды жасырын хабаршы, қолшоқпар етіп қойып, күнелте беруге бар. Ал Аманды қайтеді? Қолға қондырсам, — деп, қызылға шақырып-ақ бақты. Мынау істеріне қарағанда, қонатын түрі жоқ. Жақып, Байболдарды Шәкен сыртымен дәмелендіргенімен, ішінен қомсынып, болыстыққа Аманның өзі қайтер екен! — деп жүргенде, Жақып әкелген суық хабар ішін суытып жіберді. Сонда да Аман туралы сыртына іштеме шығармастан:
― Сайлау басына мен бармаспын. Барғыза да қоймас, — деді түнеріп отырып. — Саған өзіміздің елден қарсылық көп болар. Үйде отырсам да, сыртқы елдің көмегімен сені болыс сайлатам. Бірақ жаңағы өзің айтқан ұйымдарға ие боласың.
― Мен оларға Малқар емес қой. Қорқатыным жоқ, жоғалтатыным тағы жоқ! — дегенде, Жақып тіпті елеуреп, жүгіне отырды. Жаңа дауалады көңіл. Мырза бұған дейін кімді болыс қоярын ешкімге ашып, кесіп айтпаған. Енді айтты, айтса, — болды, — деп, оның көзі жайнай шықты бұл үйден.
Жақып кеткен соң, Шәкен төсек салдырып, жатып қалды. Жатқанымен ұйықтай алмады. Ауық-ауық күрсінеді. Күндегідей Шолпанға арқасын да сипатпады, жігіт шағында көрген қызықтарын да айтпады. Үнсіз өзімен-өзі болып жатып, екі жағына кезек дөңбекшігенде, жуан қарны қасындағы жіңішке Шолпанды басып қалады.
― Мырза, бүгін мазаңыз болмады-ау, — деді Шолпан бір кезде.
― Иә, болмады, — деп, Шәкен бері аунады да, Шолпанды құшақтай жатып, мазасы неге кеткенін там-тұмдап айтты. — Ой деген тіпті ауыр. Саған айтып, жас қабырғаңды қайыстырмау керек еді. Айтпасам, өкпелейсің. Сенің өкпең. бәрінен ауыр. Осы үкімет сырттан мықтап қоршаса да, ішке әзір еніп кете алмаған. Ауылыңның қасынан яшейка, «қосшылар» орнаса, ішті де кеулегені ғой. Бұған себепші бізде Аман болды. Есіңе берік сақтағайсың, бара-бара Аман бізбен жауласуы мүмкін. Өкімет өзіне-өзі келгенше байларға біраз сыпайышылық істеп отыр. Өзіне өзі келген күні есігіңді түріп қойып, шауып алудан тайынбайды. Әйтеуір, Ленин ауру. Жазылмайтын түрі бар. Сыртқы мемлекеттер жабылып, бұл өкіметті қоймайтын түрі бар. Осы екі үміт болмаса, мен алдақашан советке барымды жинап беріп, басымды сатып алар едім. Бұл сырды саған ғана аштым. Сен ешкімге сездіріп ала көрме, Шолпанжан.
― Жарайды, — дегенде, Шолпанның үні азар естілді. Тұңғиық күйеуінің ішіне бір сүңгіп шыққанда, жүрегі өрекпіп аузына келгендей болды. Байсалды ойға бара алмай «Бұл қалай? Бұл қалай?!» деп жатыр ішінен. — Сонда мен-дағы Ленинге, Аманға жамандық тілеуім керек пе? Жо-жоқ, тілей алмаймын! Мырза өзіңе қандай тілемесем, оларға да сондай тілемеймін! Әттеген-ай, білгенше, білмесем еді бұл сырды!..
VI
Қазанқап намаз оқымаса да, намазшылардан ылғи ерте тұратын. Бүгін күндегісінен де ерте тұрды. Таң жоқ, үй қараңғы, шам жағып киінді. Шам байдікі болғанымен, өзінікінен әрі ұқыптап, сығырайтып қана қойды. Далаға шыққанда өшіріп кетті. Өзге аттарды қозғамай, үш атты ғана суарып келіп, сұлы берді. Үйге қайта енгенде, шамды қайта жағып, қазандыққа от тұтатты. Үндемейді, дағдылы жұмысынан өзгені ойламайды, тынымсыз күйбеңдеп жүр. Төр жақтағы әйелі, ауыз жақтағы малайлар әлі тұяқ серіпкен жоқ еді, оята бастады. Таймас ұйқысын аша алмай, ыңыранып жатыр.
― Тұр, ит, тұр! Ыстық іше салып, жүріп кетейік. Көп жер... Тұрмадың ба? Ал суық су әкеле жатырмын. Таймас басын көтерді. Көзі жұмулы, сөйлеп отыр:
― Адамда Қазакеңнен, айуанда қара төбеттен артық берілген бар ма екен мырзаға! Шығара түс шамның білтесін, киімімізді тауып киейік.
― Мен киіндім ғой осы жарықта-ақ. Көзіңді жұмып алсаң, түнде түгілі, күндіз қараңғы.
Шынылы шамды «Закүнбай жағыс» дейтін жағысқа салып, білтені дәл ұшынан жандырғанда, керосин өте аз кетеді. Қазанқап «Закүнбай жағыстан» да құлдыратса керек. Жарық тым әлсіз. Үй іші ала көлеңке, Таймастан өзгесінде төсек жоқ, қалай болса солай жата кеткен малайлар қасына-қасына орындарынан тұрды. Шам жарығынан бет бейнелері азар көрінеді. Мұрындарының пысылы, тыр-тыр қасынғаны анық естіледі. Дәрет, намаз былай тұрсын, көбі қолын да шаймады. Ішіне таба нан турап, бір-бір шара аяқ ыстық, майлы сорпаны бастарына көтере, борп-борп ұрттап жатты. Қазанқап әрқайсысына бүгін істелетін жұмысты қадағалап тапсырған соң, қасына Таймасты, тағы бір жігітті ертті де, жүріп кетті.
Таң жаңа-жаңа белгі беріп келеді. Бұлаң құйрықтата жөнелген үшеудің беті — елсіз дала. Қанжығаларында — шумақтап байлаған арқан, жіп. Жылқыға, соғымға барады. Жылқы қашықта. Қыс қатаймай тұрған кезде алыстағы панасы аз, бораны көп болатын жердің отын жеп жатыр. Қыс қатайған кезде желі саябыр, бораны аз болатын құйқалы, шөптесін ойпаттарды, түбек-қорықтарды, өзен, тау ықтарын сағалайды. Көбік қар тіпті қалың түсіп қалған екен. Аттар толарсақтап, әжептәуір ауырлап келеді. Үп етсе-ақ алай-түлей боран болғалы тұр. Ауылдан ұзаған сайын таң жарығы молайып, шаққан ақ далағы кеңейтіп барады. Белесті кең даланың әр жерінде жортып жүрген аңшылар алыстан қара ноқаттай көрінеді.
Жас Таймастың ұйқысы мана ашылған. Мамық қарлы, кіршіксіз таза даланың таңертеңгі бейнесіне сүйсініп, көңілі лепіре бастады.
― Қазеке! Аттың басын азырақ жіберіп алсақ қайтеді? — деді.
Қазанқап жауап қатпай, оның бетіне бұрыла бір қарады да, қоя салды. Қоян, қарсақ, біресе ақтиін, сасық күзен іздері кездеседі. Кездескен сайын Таймастың іші бір қайнайды. Еркін далада, ат үстінде келе жатып та ерікті емес. Бір ызғыта алмады. Ізіне түсіп, иесіз аңның бірін ала алмады. Амал жоқ, ере береді Қазанқапқа. Қазанқаптың беті, аңның ізі түгіл, өзі көрінсе де бұрылар емес. Ойында — тек соғым. Бай соғымын өз соғымындай ойлап барады.
― Қазеке, қанша соямыз биыл? — деді Таймас.
― Он.
― Бәрін осы жолы алып қайтамыз ба?
― Е, қайта-қайта келіп жүреміз бе?
― Онда, әйтеуір жуастарын ұстаңыз. Асаулармен алыстыра көрмеңіз.
― Жаман ит! — деп, Қазанқап тағы бір бұрылды Таймасқа, — Малдан кісі қорқа ма екен!
― Ит, ит дей бересіз. Ит мендей ме, Қазеке?
— Енді қандай?
― Айтайын, ұрыспайсыз ба?
― Ұрыспаймын.
― Ұрмайсыз ба?
― Ұрмаймын.
― Ендеше, ит дәл өзіңіз сияқты үлкендеу болады да, мен әлі күшікпін ғой.
― Оның рас, сен әлі жассың-ау, — деді Қазанқап. Өзінің итке теңеліп қалғанын елеген жоқ. — Мен жас кезімде жабу арасында күшіктермен бірге өстім. Күшікті әлі күнге жақсы көрем. Сенің бірдемең сол күшіктерге ұқсайды. Неменең екен, ә?..
― Күшіктерге сіздің де бірдемеңіз ұқсайды. Ол антұрғандар ержеткен соң, ұяласын ұмытып, бірін-бірі талап жатады. Сіз де жабу арасында өзіңізбен бірге жатқанын ұмытып, Әлжанды сабадыңыз ғой.
― Е, аттың аяғын неге кеседі?
― Ол кесті ме? Жақыптан жерін қорғап тұрғанда, омыраулап келіп, өзіңіз түстіңіз шалғыға.
― Бәрібір ол кінәлы.
― Жарайды, кінәлы болған соң, ұрған екенсіз. Сазайын тартты. Соңынан неге қалмайсыз?
― Не істедім, қалмағанда?
― Кеше таңертең мырзаға не айтқаныңызды мен естіп тұрдым. «Аманды арқаланып, Әлжан тізе бүкпей-ақ кете ме» деген жоқсыз ба?
Қазанқап үндемеді. Қап-қара қалың бетінде ұят нышаны байқалмаса да, сөзден жеңілгенін сезсе керек. Атын борбайға бір көміп, ілгері кетті. Сеңсең тымағының қырауын қамшысын бүктеп алып, қағып-қағып жіберді. Таймас қуып жетіп, құлағының етіп жеп барады.
― Егер кешірмеген жақсы болса, Әлжан ертең оқуын бітіріп, қызметке тұрып келгенде, сізден кегін алар. Ұрғаныңыз үшін тіпті соттатып жібереді.
― Көтіне қарасын! Мырза оны тескентау өткізіп жіберер.
Бұл сөзге Таймас та тоқтады. Өйткені өкімет те, ел де мырзаның қолында. Мырзаны түнде тоқалы, күндіз Қазанқап билейді, деген ұғым малайлардың басына берік орнаған. Қу тілді Таймастың, қалжыңы, шыны аралас, батыл сөйлеп келе жатқаны: Шолпанды арқа тұтады. Қазанқап Шолпанның бетімен өзге малайлардан гөрі оны жақындау, еркіндеу ұстайды. Бірі әйел, бірі еркек қожасына жаққан бүл екеудің көңілі өзге малайлардан көтеріңкі. Қастарындағы Бұқпа ауылдан шыққалы жақ ашқан жоқ. Анда-санда Таймастың сөзіне ыржия күледі. «Қазанқаптай бола алмасам да, Таймастай тоқалға жақсам» деген арманы бар. Оның ойынша, Қазанқап пен Таймас — ең бақытты жалшылар, Қожасымен жиі кездесіп, сөйлесіп тұрады. Астың дәмдісі, киімнің тәуірі тиеді оларға. Былай шықса, мырзаны арқаланып, еркін жүреді. «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» деп, ел бұларды да әжептәуір сыйлайды. Сондықтан Бұқпаның арманы сағым емес, ізденсе табарлық, қуса жетерлік нәрсе еді. Таймасқа тұтқиылдан бір сұрақ қойды ол:
― Малай байға қайтсе жағады? Осының ақылын айтшы. Мен жаға алмай қойдым.
― Оны менен гөрі Қазекең жақсы біледі. Осы кісі айтсын.
― Ала жібін аттама. Суын сүт қыл. Жаныңды аяма, — деді Қазанқап.
Таймас сақ-сақ күліп алып, тағы түсті оның соңына:
― Өкімет байға қарсы қояды, сіз жығып бересіз. Қайсыңды тыңдайық?
― Өкімет сонда не береді? Өзі байдан күн көріп отыр. Орташа өзінен аспайды. Әгәр бай құрыса, кедей мен жалшы қырылып қалады. Оның бер жағында бай біреуден ұрлап алды ма? Зорлап алды ма? Алдап алды ма? Күндейді, түге.
― Онда қалай байыған?
― Құдай берсе, байымақ түгілі, патша боларсың.
― Бізге неге бермейді сол құдай? Қатынының қойнынан шықтық па?
― Астапыралла! Тәубә қыл, шайтан! — деп, қамшымен тартып жіберді Қазанқап. Таймас, шыны ма, өтірігі ме, ойбайлап, алға қарай шаба жөнелді. Тақымын әйтеуір бір жазды. Сұлыға піскен, жарау күрең төбелмен көсілтіп барады. Даусы әлі семген жоқ. Жылау ма, ән бе, кім білсін. Қазанқап шошып қалды:
― Әлгі итке өтіп кетті ме қамшы? Атты қинады-ау! — деп, мазасы кетіп келеді.
Күн арқан бойы көтерілген. Таймас зырлатып белеске шыға келгенде, аржағында, етекте, ит ерткен екі адам аттарына қапыл-ғұпыл міне сала, бері жүрді.
― Сауға, сауға! Байла, байла! — деп, Таймас оларға айғайлай жетті. Сыздық пен қисық мұрын Тәуке екен.
― Кеш қалдың. Қанжығадан шешіп байламайды аңшы, — деді Сыздық. Астында — жүйрік көк, қанжығасында — ішін жарып бөктерген өлі қасқыр, жетегінде — аузын буған тірі қасқыр. Аманның қос аққасқасымен Тәуке соңында келеді. Қасқырдың аузына қамшының сабын көлденең тістетіп байлапты. Аузымен қару істей алатын емес, тартынайын десе, артындағылардан қорқады, ілезде иттей жетекшіл бола қалған. Таймас таңданып тұрып:
― Батыр-ау, мынауың не саясат? — дегенде Сыздық күліп жіберді. «Саясат» — совет кезінде енген жаңа сөздердің бірі. Әзір қарапайым жұрттың көбі түсінбейді. Таймастың өзі де түсінбейді, әдеттен тыс бірдеме көрсе, айта салады. Сыздық оның бұндай мінездерін қызық көріп, орайына күлдіргі бірдеме айтпай қалған емес.
― Бұл — қасқыр деген саясат, — деді, — аузына ағаш тығып байлағанский. Мойнына шылбыр тағып сүйрегенский. Бай Иванға тірідей ұстап апарсам, ол айдаһардай көредский. Қымбатқа сатып аладский.
― Сызекең бәрін біледский, — деп Таймас аттан түсті де, қасқырдың үстіне мінді. Көп құмарының бірі аң болатын. Мыналарды көрген соң, тіпті құмартты. Бүкір торының белінде шоқиған жұдырықтай Тәукенің де қанжығасы құр емес: қақпан басып бір қарсақ, қазып екі ақтиін, бір сасықкүзен алған. Әрі қызық, әрі ақша — аңшылыққа қалай қызықпасын Таймас! Әттең, еркі жоқ, еркі болса, аты жоқ. Қасқырға мініп алып, дәл осы сағатта атым да, еркім де бар-ау!» деп тұрғанда, Қазанқап пен Бұқпа да келді.
Қазанқапқа бұл көрініс онша әсер етпеді. Қалпын бұзбай, жәй бір қарап етті. Жөнді амандаспады да. Онысы — белгілі әдет. Мұрнына насыбай иіскеп тұрған Тәукеге қолын созып еді, ол шақшасын қонышына сүңгітіп жіберіп: «Жоқ!» — деді. Бар тұрып бермеді. Әлжанды ұрғаннан бері Қазанқаппен қарап жүріп араз. Сыздық сол төбелестің жуан ішінде болған кісі. Көршілес, ауылдас ағайындардың далада кездесуі осылай тоңторысқа айналған кезде Қазанқап күж ете қалды:
― Ей, ит, анау атты өлтіремісің?! Әкең өлгендей шапқаның не? Жүр, кеттік!
― Бара бер өзің, бармаймын! — деді де, Таймас атына мініп алды. — Терлеген атқа жаның ашығанша, менің білеудей арқама жаның неге ашымайды?
― Боқты бармассың! — дегенде, Қазанқап атының басын бері бұрды. Енді қарсыласса, ұратын түрі бар. Таймас тайынбады, бірақ:
― Боқты барармын! Апаршы, кәне! Сенің малайың емес, Шәкеннің малайымын. Сен түгілі, Шәкен де әлі қол тигізген жоқ. Дәндеме, төбет!
― Не дейсің? Не дейсің, ей? — деп, Қазанқап бұрыла бергенде, Сыздық араға түсіп, шаужайынан ұстады. Басалқы айтып тұр:
― Отағасы, қол жұмысқа көп үйір бомаңыз. Үйір болып барасыз...
Тәуке мүлде қайнап кеткен. Бүкір торыны борбайға көміп жіберіп, айнала жүріп сөйлейді:
― Тырп етші, кәне, керіп салайын! Таймас — саған көп малайдың бірі емес! Кірме емес! Қожамсейіт ұрпағы қорлатып қоймайды саған. Күліңді көкке ұшырады!..
Қазанқап, қанша ноқай күш болса да, сескенейін деді. Таймастың сыртқы көмекшілері мынау болғанда, ішкі көмекшісі онан да мықты: Шолпан! Мыналармен төбелесіп байқар еді, Шолпанмен байқасуға батпай, жүріп кетті. Ол кеткен соң, Таймас ашуын лезде басып, алақанын шапақтай күліп, Тәукеге келді:
― Қайтып барасыз ғой, шоқпарыңыз бен шотыңызды маған беріңіз. Осы жанжалды әдейі, аңға бір шығу үшін, шығардым. Аң аулап, кешке барамын ауылға. Шолпан тұрғанда, жаңағы төбет маған түк қыла алмайды.
Сыздық пен Тәуке ауылға беттегенде, Таймас, жалғыз өзі, ақтиіннің ізіне түсе жөнелді. Шаңқан далада, мамық қарды бұрқырата жортып бара жатқан жалшы жастың көңілінде дәл қазір қара кез, қара құйрық әдемі ақтиіннен өзге ештеме жоқ. Жортып барады, ара-тұра шоқытады, текітеді. Кең далада әдемі тиін қуған Таймас тәрізді, кең дүниеде әркім өзінің бір қызығын қуып барады...
Қазанқап та, айрылысымен жортып кеткен. Қабағын қарс жауып алып, қасындағы Бұқпаға жол бойы түк айтқан жоқ. Жылқы отарына сәске түсте жетті. Жылқышылар қоста екен, «Қазекелеп» қарсы алды. Елден кісі келсе, жылқышылар қуанып қалатын әдеті. Өйткені ел алыс, қысты күні қатынас аз, адамды сағынады. Жылқы, қарлы дала, қасқыр — көретіндері. Айдан асты, міне ел адамын көріп отырғандары осы. Әсіресе хабарға аңсайды. Әншейінде елеусіз бірдемелерді елеңдеп отырып тыңдайды. Қазанқап бірақ, үш жылқышы ұтылай сұраса да, хабарға жарытпаған жылқышы Баубек:
― Сайлау шығатыны рас па? — деп елеңдегенде, Қазанқап бүлк етпей, төсеулі жатқан жабағы терісіне тесіле қарап отырып, жауап пен сұрақты бірден берді:
― Солай деседі. Өзге ет дәмсіз болды ма, жабағы неге сойғансыңдар?
― Қасқыр тартып кеткен соң, сойып алдық.
― Ұйықтап қалғансыңдар ғой.
― Ұйықтау қайда! Қасқырдың сыңайы биыл жаман. Күндіз-түні ториды. Үркер бесіндікке барған кезде ат үстінде, сойылға сүйеніп тұрып, азырақ мызғыдым. Дыбысы қашан өшеді деп жүр екен, сол екі арада жылқы шу ете түсті. Шауып келсем, сұр жабағыны тартып кетіпті. Әйтеуір, жегізбей айырып қалдым. Создан бері түнде екі кісілеп күзетеміз.
― Ол қасқырларың соғылды ендеше, — деді Бұқпа. — Сыздық біреуін бөктеріп, біреуін тірідей жетелеп барады.
― Ой, тілеуің берсін! Тазымен алды ма екен, атпен соқты ма екен?
― Екеуі де бар.
Темір мосыға асулы қара шелектен бу көтерілді. Қараған жағып отырған жылқышы даладан қар әкеліп еселеп, қар еріген кезде жабағының жас етімен толтырды. Қарағанның ұзын жалыны, ұшқын шаша, лық толы дәу шелекті жалмай жанып жатыр. Отқа бүйірінен тұрған шойын құман тасып төгілді. Шай жасалды. Қанты жоқ, наны көп, майы бар қара шайды ұрттай отырып әңгімелесті. Қазанқап күпісі мен шекпенін шешіп тастап, ішкі шолақ тонымен отыр. «Абылайша» аталатын кең қос жып-жылы. Іргесін қармен көміп, астына қараған төсеген. Киізі қалың, жаңа, тек ішкі жағы түтін шалған соң сарғайыпты. Шәкен, есепқой, қатал адам болғанымен, малайларды әсіресе ішіп-жемнен онша қыспайтын. Қазір өзі келген болса, Қазанқапша жабағы терісін ежіктемеген болар еді. Қазанқап әлі күдікті. Шай ішіп отырып та, терінің қасқыр жыртқан жерін көзімен іздеп қояды. Осы мінезінен малайлардың көбі оны жек көреді. Үстінен Шәкенге шағым айтып жүреді. Қазанқап Шәкенге жағыну үшін итаршы болып, жексұрын көрінсе, Шәкен малайларға жағымды болып шығады. Бұл қулықты Тоқабай сияқты бірен-саран сезіп қалғаны болса, Шәкен дереу құтылады одан.
Баубек мырзасына адал, еті тірі, аңқылдақ жігіт. Әлі ауыз жапқан жоқ. Мырзаның өзі келеді, — деп жүр екен.
― Әттегене-ай, келе алмағаны. Келем-ақ! деп еді, — деді де, Қазанқаптың өзін айналдыра берді. — Сайлау келе жатса, болыс кім, ауылнай кім? Не айтады жұрт?
― Қайдан білейін. Онда менің нем бар?
― Мырзадан құлағыңа бірдеме тимеді ме?
― Мырза сайлауды неғылсын?
― Дегенмен, ол кісіге соқпайтын сөз жоқ қой.
― Біреулер Танагөзді ауылнай қояды, — деді Бұқпа. — Осының жаны бар сияқты. Танагөз мырзаға келгіштеп жүр. Пысық антұрған Байболды шоңқитып кетпесін.
― Еркек құрып қалып па? Қанша пысық болғанымен қатынды ауылнай қоюшы ма еді, тәйірі! Байболды шоңқитса, Жақып шоңқитады.
― Оның болыстықтан дәмесі бар, деседі.
― Ауылнайлық тақиясына тар болмас, Малқардан болыстық алуға шонтайына қарасын.
― Ойбай-ау, әлі естімеп пе ең? Бай-жуаннан болыс сайланбайтын болып жатыр ғой.
― Қойшы!?
― Тастаңдар бос сөзді! — деді де, Қазанқап орнынан тұрды. — Ет піскенше соғымдарды ұстап, матап қояйық.
Ac пісірушіден өзгесі тысқа шықты. Болмашы ғана жел тұр, бірақ өткір. Аспанда ұшпа бұлттар көрінеді, мана жоқ-ты. Қыраттау жер жаяу борасындап, ойпаттау жер әлі үлпілдек қалпында, тиыш жатыр. Бес жүзге тарта жылқы бытырай жайылып, дөңесті ақ даланы талқандап тастапты. Қары ерте түсіп, кеш кететін бұл жалаңаш дала әлден-ақ қыстау маңынан қарлы. Тебінге жаттыққан қазақ жылқысы ол қарды елер емес, қулықтың құлындарына дейін тебіндеп, өз тамағын өзі тауып жүр. Аз мініліп, аз сауылатын бай малы шетінен күйлі, әрі сергек, көбік қарда семіре түскен. Адамды онша жақындатпайды. Қайсыбірі құйрығын қоқайтып, тұра жөнелсе, қайсыбірі тістесіп, алысып, ойнап барады.
― Жылқы күйлі-ақ екені — деді Қазанқап аралап келе жатып. Содан кейін: «Мынаны ұста, ананы ұста!» — деп, нұсқай берді. Баубектің астында жалы тізесіне түскен белгілі көк айғыр, қашағанның шөбін жұтқызбайды. Үстіне тон сыртынан ақ шидем күпі, аяғына етік, сыртынан ақ ұйық киген Баубек сол борбиған қалпында құрықты екі сілтемейді. Сілтеді-ақ, қыл тамақтан қылғындырып, қандай асауды болсын жібермейді. Әуелі қартаң, жасамыс соғымдарды ұстап, бесеуін бір тізді. Енді тай, жабағы, құнажын, дөнежіндердің семізін қарастырып жүргенде, Қазанқап көк қасқа биеге нұсқады:
― Осы қалай?
― Бұдан сере шығуында сөз жоқ. Тайында қысыр емді. Байталында құлын тастады. Дөнежін бие ғой. Үш жылғы ту.
― Көк айғырдың тұқымы емес пе?
― Жоға тәйірі!
― Ендеше, үш жылдан бері іштеме бермеген немені ұста!
Баубек бастырып қалып, құрықты қыл мойнынан сала, толғап жібергенде, көк қасқа шыңғыра мөңкіді. Бойлай алмады. Баубек жантая тартса, ол шапшып, шалқая, біресе алдыңғы екі аяғын көсілте тіреп, көткеншектей тартады. Әлем-тапырақ тулап жүр. Ноқталамақшы болған Бұқпаны бойына дарытпай қойды. Баубек сонсоң буындырып, құрықты тағы бірер толғап қалып еді, қырылдап барып құлады. Қазанқап үстіне міне түсті. Екі құлақтан мықтап ұстаған соң:
― Босат, өліп кетер! — деді. Өзі босатпастан, құлағынан басып, тырп еткізбей тұрғанда,, Бұқпа келіп оп-оңай ноқталап алды.
― Қазанқап асаудың қара албастысы! — деп, Баубек қарқ-қарқ, күледі. Десе дегендей. Ол тек күшті емес, епті де, құрық салымпаз да. Тай, жабағыларды қуғызбады. Жылқыны шоқтап қойды да, жаяу жүріп, өзі ұстады. Төртеуін ұстағанда, бір мүлт кеткен жоқ, қолын төрт-ақ сермеді.Қалмақша серпе, қазақша жаба, біресе алдынан тоса, қаға салады құрықты. Құрықшылар көбінесе бір-ақ оңтайлы болса, бұның оңтайы үшеу. Үлкенді-кішілі, кәрілі-жасты он соғымды ноқталап алған соң, қостың қасына әкеліп, матап тастады. Қостың ішінде ет пісіп, селдір сақал, арық жылқышы ыстық сорпаға құрт езіп отырған. Қазанқап есіктен кіре:
― Асан-ау, сенің байың құрттан өзге ештеме бере ме, сірә? — деп еді.
― Ет береді, — деді Асан.
― Тоқтық нанда ғой.
― Нанды, мен түгілі, өзіне тапсын. Біздің бай сіздің байдай егін салмайды, — деді де, Асан шымшуырды отқа тықты. Тұрып барып, ораулы жатқан көк торсықты шайқағанда, ішіндегі аз қымыз азар шылдырады. Қымызды саптыаяққа құйып, қызарған шымшуырмен бұлғай жылытқан соң, Қазанқапқа ұсынды.
― Биені кеше ағытып жіберіп едім. Торсық түбі саған бұйырған екен, — дегенде Қазанқап үлкен аузын ыржита бір күлді. Бұл бір айда бір күлгені еді, оның өзі тегін көрінбейді:
― Байдың торсығының түбі бұйырды. Тегі мен байитын шығармын! — деп, ырым етеді.
Шынында, баюы кәдік. Жалда жүрсе де, дәл қазір оннан аса ірі мал тұяғы бар, шетінен ұрғашы, бірін жұмсамайды. Жыл айналғанда олар балалап, екі есеге жақын көбейеді. Сөйте-сөйте төрт-бес жылдың ішінде-ақ мал саны жүзге жетіп қалады. Әттең, лажы табылмайды, егер табылса, Қазанқап соның өзінде ол малды ішіп-жеместен, Шәкеннің есігінде жүре берер еді. Өйткені ол байлықтың рахатына құмар емес, атағына құмар. Жылқыбай қалыптас адам. Жылқыбай дәулеттің тек бейнетін көріп келеді. Шәкен қызығын көріп келеді. Асан сол Жылқыбайдың жылқышысы. Қарау, пасық бай малшысын да алдап ала алмапты. Асан Қазанқаптың алдына ақырғы қымызын, құртын тосып отырғанда, айтпақ бір мұңы бар екен:
― Біздің бай қазымыр, қара қазан кісі ғой, кеткім келеді. Мырзаңа айтып, мені өз қасыңа алсаң қайтеді? — дегенде, Қазанқап іркілместен:
― Жарайды, — деді, — Тоқабайдың орны бос. Маған десең, бүгін кел.
― Тіпті дәл қазір кетер едім, әттең, босатпайды. Күнімді бітіріп барайын.
― Күнің қашан бітеді?
― Ел жайлауға барғанда.
― Сонда келсең де орын табам. Бірақ есіңде болсын, мен жалшының арамын, жалқауын жаратпаймын. Мен жаратпасам, мырза да жаратпайды.
Айдалада, аппақ қар үстінде, қар жамылған жалғыз «Абылайшадан» көк түтін ұйтқи ұшып жатты. Сол қостың ішінде бай дәулетін жасаушы жалшылар, осылайша әңгімелесіп отырып тамақ ішті. Тамақтан кейін тысқа шыққанда, күн еңкейіп, жер беті тегіс жаяу борасындаған. Баубек пен Бұқпа екі жақтап қауіп айта бастады:
― Күн кешкіріп қалыпты. Түнде елсіз, жолсызда адасып жүрмейік.
― Ие, байқаңдар. Алақаншықтап жатыр ғой. Боран болып кетпесін кім біледі...
― Қона алмаймыз, жұмыс көп, — деді де, Қазанқап тебіндеп тұрған атының ауыздығын салды. — Ел жатқанша жетеміз. Адаса қоймаспыз, жер таныс қой.
Соғымның ірілерін жетелеп, ұсақтарын олардың құйрығына тіркеп алып, Қазанқап жорта жөнелді. Бұқпаның жетегіндегі жылқы үшеу ғана, алдағы топтың тартынғанын құрықпен ұрып, жасқап, артта барады. Баубек көп жылқыдан ұзап, бел асқанша, асау, шәлкес соғымдар жөндіккенше, еріп отырды да, қайтып кетті.
Кеп кешікпей-ақ күннің көзін бүркеген бұлт аспанның да бетін бүркеді. Дыбыссыз ескен ызғарлы желге дыбыс пайда болды. Жаяу борасын бұрқаққа айналды. Күн кешкірді. Әзірге дүние тек қабағын түйіп тұрған тәрізді. Қазанқап күләпарасын жаңа киді басына. Алысты көре алмасам да, қас қарайғанша, беті ауған жоқ, адасам деп, қобалжыған жоқ. Көзі арқан бойы көрсе, жерді танып, қай тұста жүргенін шамалап келе жатыр еді. Қас қарайған соң, нағыз боран болды. Бұрыннан жатқан көбік қарға аспаннан еселей жауған қиыршығы аралас қар қосыла борағанда, алай-түлей болып кетті. Ат құлағы азар көрінеді. Арқа желі дем сайын күшейіп, бар кемеліне келген. Егер жаз күндері болса, осы дауыл жайлаудағы елдің, киіз үйлерін қиратып кетер еді. Қазір ішін тарта, үдей-үдей, ысқыра-ысқыра соққанда, ат үстіндегі жігіттерді ат-матымен еңсеріп-еңсеріп тастайды. Мана қабағын түйе түнерген дүние енді одан әлдеқайда қорқынышты. Ақ бура тәрізді: аузынан ақ көбік шаша, тісін шақырлата шабынып тұр.
Қазанқaп бір кезде атының басын тартып, артына қарады. Күләпарадан екі бетінің ұшы ғана ашық екен, оның өзін мұздақ басып, мұз кірпіктің астынан тышқан көзі жылт-жылт етеді.
― Бұқпа, бетіміз дұрыс па? — дейді дауыстап. Жуан дауысты жел қағып әкетіп естіртпейді. Тағы дауыстады, — бетіміз дұрыс па? Адасқан жоқпыз ба?
― Менен ештеме сұрама, басым алдақашан айналған.
Бетін желге қырын ұстап, Қазанқап тарта берді. Қатты жүруге, асау көкқасқа ілесе алатын емес, танауы делдиіп, бүйірін соғып, семіздіктен болдыруға жақын. Әзір, әйтеуір, ит бүлкілге жарап келеді. Жылқылардың қайсысы болса да, желігі басылған, жуасыған. Үстін қар басып, кірпігіне, танауына мұз қатып, пысқырып-пысқырып қояды. Түн, сұрапыл боран аяқ астын да көрсетпейді. Қазанқап бір кезде қалың қарға күмп беріп жоқ болды. Ыңқ еткен дыбысы қатты естілді. Аты бұлқына-бұлқына азар шықты қардан, өзі қозғалмай жатыр. Қар басқан апан құдықтың жарлауыт ернеуіне соғыла құлаған екен, есеңгіреп қалыпты. Бұқпа сыртқа алып шығып, басын сүйеп отырғанда, есін жиды:
― Жіліншігім... Сынды!.. — деп қиналып жатып, — Мырзакер аман болғай-ақ. Мертіккен жоқ па? — деді.
Бұқпа:
― Аман. Түк те еткен жоқ, — дегенде, көңілі тиыш тапқандай болды.
Мырзакер кейде Шәкен мінетін тәуір ат. Қазанқап бұл жерде, Шәкен түгіл, оның тақымы тиген атты да өзінен жоғары тұтты. Аяғы сынып, қиналып жатқанның өзінде, өзінен бұрын жетектегі мынау бай малының қамын ойлап жатыр екен, ыңқыл арасында «Малды қайтеміз?» — дей береді. Бұқпа ақырзаман орнатып отыр:
― Малды қоя тұр, өзіңнің атқа отыруға шамаң бар ма!
― Тіпті қозғалтпайды!
― Айтудай-ақ айтып едім, шықпайық деп. Осы екен ғой шыдатпаған! Енді қайттік, жапан далада өлгеніміз бе? Сүйегімізді де тауып ала алмайды-ау!
― Зарлама көп! Кәзір зар да, өлім де маған лайық. Сен ақыл тап.
― Жылқыны енді бетімен жіберейік. Бас қамын ойлайық, — деді Бұқпа. — Екі сойылды арыс етіп, атқа жексем, арасын жіппен шандып, сені жатқызсам, сөйтіп ел іздеп көрсем қайтеді?
― Мынау іріңдей он жылқыны көріне көзге боранның, қасқырдың жеміне тастап па?..
— Тәйірі, жылқыдан жан тәтті де!
― Атама, атама! — деп, ыңқылдай жатып, Қазанқап әлден уақытта бекіген ойын айтты. — Кер атқа мін. Жылқыны екі-екіден қосақтап айда, енді ырыққа көне береді. Оң жақ бетіңді желге ұста. Жел ауысып кетпесе адаспайсың, ел жатар-жатпаста ауылға барасың. Зәуде кер ат бір жаққа бұрыла берсе, оны тегін деме, ырқына жібер.
― Өзің осы арада жалғыз қалмақпысың?
― Қалам. Қасқыр жей алмайды, пышағым бар. Жылқының бірінің құйрығын кес те, сойылға байла. Сойылды менің басыма шаншып кет. Адаспай барсаң, осы түнде-ақ табарсыңдар мені.
― Жаным-ау, не деп жатырсың? Мынауың сандырақ па, шының ба?
― Шыным.
― Мына түнде, мына сұрапылда кім табады сені?
― Таймас табады. Тек менің қалған жерімді ұмытпа. Майөзектің аяғында, «көп ауыл» отыра беретін апанда қалды дегейсің.
― Ол апанды қайдан тани қалдың?
― Бір топ шөке бар-ды қасында. Осы сол емес пe? — деді де, Қазанқап жастана жатқан ши түбіріне мегзеді.
― Сол болсын-ақ. Жұрт келгенше үсіп қалмаймысың?
― Үсімеймін. Қар басады. Қар асты жылы.
Бұқпа кетерін, кетпесін білмей, көп қипақтады. Ақыры, кер атқа мініп, жылқыны алдына салды. Арқан бойы ұзамай-ақ, көз жазды Қазанқаптан. Қараңғы түнде, түтеген боранда, айдалада, басына құрық шаншулы, жалғыз өзі ыңқылдай түсіп, қала берді Қазанқап.
VII
Таймас Қазанқаптан айрылысымен ақтиін ізіне түсе жөнеліп еді. Ақтиін онша алысқа ұзамай, шағын бір аумақты шарлай берді. Аты мықты, жырынды аңшылар күніне бірнешеуін індетеді. Іні қысқа, саяз келеді. Таймас сұлыға піскен жарау күрең төбелмен желе-шоқыта жүріп, тез-ақ індетті. Бірақ алуы тез болмады. Ін, әрірек барған соң, екіге бөлінді. Қай тарауында жатқаны белгісіз. Сондықтан екеуін де қазуға тура келді. Бірін қазып жетіп еді, онда жоқ. Енді екіншісін қазып жатыр. Жер қатты, тоң. Арқа жіпсіді, маңдайдан бу будақтады. «Тоқылдатса, іннің түбінде жата алмайды, — дейтіні қайда? Маған бір әккісі кездесті ме, әлде ұйықтап қалды ма, неге тырп етпейді?» — дейді Таймас. Аты елең еткенде, өзі де солай жалт қарады. Белестен асып, ит ерткен біреу келіп қалыпты. Тани кетті. “Біздің Әбекең ғой” — деді ішінен. «Біздің» десе де «алғашқы аңымды, тырнақ алдымды байланбақ!» деп, қызғанып тұрды.
― Ассалаумәликүм, Әбеке.
― Әліксәлем. Майлана берсін қанжыға!
― Айтқаныңыз келсін, тек алдымен менікі майланбай- ақ қурап тұр.
― Аңға таршылық істемес болар. Жақпайды, — деп, Әбекең аттан түсті. — Немене осынша қазып жатқаның.
― Ақтиін.
― Қой күзен шығар. Ақтиін бұнша қиында жатпайды. Көрінді ме өзі?
― Жоқ әлі.
Әбен іннің аузындағы іздерге үңілді. Кеткені екеу, келгені біреу екен.
― Ойбой-ой, балам-ай! — деді, іздерді санап. — Босқа әуре болыпсың ғой. Шығып кетіпті.
― Көз байлайтыны бар ма, қалай шықты?
― Әгәр ақтиін екеу боса, біреуі қайтпаған. Біреу болса, қайтқан да, қайта шығып кеткен. Бір інде екі ақтиін жатқанын естіген де, көрген де емен. Міне, біліп ал: екі із кеткен, бір із келген. Сонда бұл інде жоқ боп шығады.
Екеу атқа мініп, кеткен ізге түсті. Әбен дағдылы аңшы болмағанымен, әжептәуір жырынды көрінеді. Өзі ізден айрылмай, Таймасқа маңайын шолғызып отырып, шарындыларды ізді тез шығарды да, тез індетті. Бұл жолы інге кipген із жалғыз, ақтиіннің барында еш күмән жоқ еді. Таймас шотын құшырлана сілтеп тұрғанда, ақтиін шық етіп ата жөнелді. Ала төбет қуып берді, енді аузын сала бергенде, қалың қарға сүңгіп кетті тиін. Адасып қалды бәрі. Үш жақтап іздеп жүргенде, анадай жерден барып шықты. Тағы қуды, тағы сүңгіді. Көру қиын, қармен қар, аппақ. Тек көзі, құйрығының ұшы қап-қара боп, көзге түседі. Әбен Таймасқа ыза болып, ұрсып жүр:
― Үйде ескен бұзау түзде өгіз болмайды! Антұрған- ау, іннің аузын бекіте салуды білмедің бе?
― Білсеңіз, неге айта қоймадыңыз?
― Соған келтірдің бе? Мен аттардың ауыздығын алғанша, айрылдың да қалдың.
― Әне кетті!
«Қайда, қайдалап», Әбекең жуан денесімен Таймастың соңынан долбаң-долбаң жүгіре жөнелді. Ала төбет пен Таймас басқа бір інге қуып тығып тұрғанда, алқынып азар жетті.
― Тоқта, қазбай тұра тұр. Мен саған бұны оңай алудың амалын көрсетейін, — деді де, Таймастың шекпенін шештіріп алды. Шекпеннің жеңін қолтығынан буып, ұшын іннің аузына тосты. Содан кейін қаза бастағанда, ақтиін зытып келіп, шекпеннің жеңіне қойып кетті. Әбекең умаштай бергенде қолынан ұстай алды Таймас:
― Өлтірмеңіз, өлтірмеңіз! Шолпан «тірідей ұстап әкел!»: — деген.
― Ол қайтеді, жерік пе? Әлде Мәскеу көпестерінің әйеліне еліктей ме?
— Қайдан білейін, маған айта ма сырын? Әйтеуір «Қайдан тапсаң да, тірідей бір ақтиін тап!» — деп, әдейі жіберді.
― Жарайды, онда байланбай-ақ қояйын, соған апарып бер, — деді аңқау Әбекең, — бірақ қызыл тоқалға айта бар, мені ырымсыз қалдырмасын.
Таймас, шекпенін ақтиінмен қоса, қанжығасына байланып жатып, жымың-жымың етеді. Бүгін екі қасқыр соққан Сыздықтан қуанышы кем емес. Атқа мінген соң. Әбен оны ертіп алып кейін жүрді. Жаңа осында келерде бір сасықкүзен індеткен. Іні терең, жер қатты екен. Етжеңді кісі азырақ ырсылдады да, ала алмай, жүріп кетті. Таймас оны Шолпанның атымен алдадым десе, Таймасты ол күзенге салып, қинағалы келеді.
― Қайда тарттың, Әбеке?
― Табу менікі, қазу сенікі. Үндеме!
― Байлану кімдікі!
― Оны кезінде айтам.
Інге келген соң, Таймас сырт киімін шешініп, жеңілтек кірісті. Әбен аттардың ауыздығын алып, отқа жіберіп келгенше, бұрқыратып қаза бастады.
― Тоқта! — деді Әбен. Тоқтатып қойып қолындағы ұзын шыбығын інге жүгіртті. Екі метрдей ұзын шыбық бойламады. — Осы шыбық жеткен тұстан ойып түс!
Таймас ойып түсті. Әбен тағы сұқты шыбығын. Сұғып жатып жымыңдайды, күзен естімесін дегендей, күбірлейді.
― Тақау жатыр. Қаза бер. Қашан жеткенше, жата береді.
Тоң жерді дүрсілдете қазып, іннің түбіне жеткенше де, күзен оянған жоқ. Жұдырықтай ғана болып, итше дөңгелене тұмсығын шатына тыға жатқан екен. Үйін талқан етіп келіп тұрғандарға басын да көтермеді.
― Мынау тіпті менсінбегені ме бізді! — деді де, Таймас құйрығынан ұстап, аспанға атты. Жерге түскенде ғана көзін ашып, қаша жөнелді. Ала төбет тұра қуды. Бетінен алып, шақылдағанына қарамастан, аузын салғалы жүргенде, күзен дәл тамағынан шап беріп, қатты да қалды. Ит енді өз жанымен әуре. Қыңсылап, айнала жүгіріп жүр. Басын сілке береді. Күзен түспейді. Жиырылып, тамағына түйін болып қалыпты. Итін аяп, Әбеннің жаны шығып барады:
― Қап, өлтірді-ау! Кә, Аламойнақ, кә! Мұнда кел, құтқарайын, — деп ырс-ырс жүгіреді иттің соңынан, Таймас мәз-майрам. Шек-сілесі қатып жүр.
― Добалдай неменің титтей күзенге шамасы келмегені ме! — деп күледі.
Бір кезде төбет күзеннен босанып, бері қашқанда, күзен әрі қашты. Ақтиінше қарға сүңги білмейді екен, Таймас жаяу жетіп, ұрып алды. Күзеннің ірісі, төресі көрінеді. Ақтиіннен недәуір үлкен. Жүні, әдеттегідей, сары емес, қара қылшық, ақшыл түбіті тіпті қою, сирек кездесетін қымбат күзен.
― Әгар үлкендігі мысықтай болса, адамға да шабар еді, — деді Әбен, қанжығасына байлап жатып. — Жеті түрлі адам аза-аза аңға айналған. Соның бірі осы, бірі суыр, бірі маймыл. Мынаны жауыздық, суырды сараңдық, маймылды күндестік аздырған.
― Онда көп ұзамай, біздің Қазанқап та бір аңға айналатын шығар, — деп, Таймас атына мінді. Ендігі беттері — ауыл. Көңілдері шат. Әбеннің көңілі көтерілсе, сөзінде қоспа болады. Жадағай мінезіне, салқам-салғырт тұрпатына қарағанда, ондайға тіпті ебі жоқ сияқты. Тосын адам жуық та байқамайды, нана береді сөзіне.
― Мынаны несіне ертіп жүрсіз? Добалдай болып, тышқандай күзеннен жеңіліп қалды, — деп еді Таймас, Әбен итін мақтай жөнелді:
― Бұл өзіндей төбеттерді желкесінен тістеп алып лақтырғанда, он қадам жерге түсіреді.
― Онда мырзаның қара төбеті жиырма қадамға түсіреді-ау.
― Жоқ, бұл, ит тұрсын, қасқырдан қайратты. Жаңа білдім, — деп, Әбен, әдетінше, кең далаға еркін бір қақырып тастады. — Есіңде болсын, күзен, ит түгілі қасқырға алдырмайды. Өзіңдей жас кезімде осындай бір сонарда күзен ізіне түсіп келе жаттым. Оған көлденеңнен бір қасқырдың ізі келіп қосылды. Әлден уақытта күзен жоғалды, қасқыр қалды. Қап, күзенімді жеп қойды-ау! — деп тұрсам, қасқыр анадай жерде, қарағанның түбінде жатыр. Омда ептілігім мысықтай: ұйықтап жатырсың ғой, — деп, ептеп келдім де, шалқая беріп, салдым сойылмен. Сойылым екі бөлініп кетті. Қасқыр тырп етпейді. Сөйтсем, менен бұрын күзен өлтіріп тастаған екен. Өзі де өлген, қасқырдың тамағында жұдырықтай болып, тісін жазбастан, қатып қалыпты. Екеуін бірден соғып, олжалы қайттым үйге. Әне, сол күзенге біздің Аламойнақ болмады ғой!
Әбен жайшылықта сөзуар емес, аузы ауыр кісі. Тек осындай оңашада аңқауларға, жастарға көсіле сөйлейді. Қазір халық аузындағы бір аңызды, өз басынан кешкен етіп, айтып шықты. Таймас күле береді, соны сезіп қалса керек. Тағы да сөйлеткісі келіп:
― «Мысықтай епті едім» дейсіз, япырай, ә? — деп Әбеннің сиқына бастан-аяқ қарап өтті. Тіпті епті болар қисыны жоқ. Қарны іркілдеп, ердің қасынан аса жатыр. Етектері тақымынан шығып, бетімен кеткен. Мойнына қоян жүні бөкебай ораған болыпты, кеңірдегі көрініп тұр. Қолында — қамшы орнына шыбық. Құйысқан, жүгенде шылбыр жоқ. Артқы айыл алқылдап, атының төсіне, ер мойнына барған. Түсе қалып, оңдап алуға ерініп келеді. Қайта-қайта: «Шіркін, жастық!» — деп қояды. Жасында да онша қырмаған болар.
― Жас кезімдегі бір ептілігіме әлі сүйсінем, — деп бастады ендігі әңгімесін. Таймас салған жерден бір қақты:
― Бәрін жастыққа тастап, кәрілікке құр қол келгенсіз бе, қалай?
― Бұзба сөзімді, жынды антұрған!
― Қойдым, айта беріңіз.
― Сонда дәл сендер шамалас шығармын. Үскірік боран. Жылқыны түбекке салып қойып, ат үстінде, тымағым бауы байлаусыз, қасқия қарап тұр едім, екі сауысқан келе сала тор аттын, шоқтығын шоқи бастады. Ат жазылмай жүрген жауыр болтын. Бұл жастықты қойсаңшы! Ерінбей, мысықша басып, аттың тасасымен келдім де, екі қолыммен екі сауысқанның құйрығынан шап бердім. «Астапыралла!» деп, қарқылдаған Таймас шалқасынан түсе жаздады. Әбен ұрсып тастады. — Енең шонтайына күлемісің, үйде өскен бұзау! Не білесің, не көрдің сен? Сауысқандардың көзіне жұдырықтай-жұдырықтай мұз қатқан, сонсоң байқамады.
― Ол заманның сауысқандары ірі-ау, сірә... Жұдырықтай мұздарды кірпігі қалай көтерді екен, өзі қалай көтерді екен?
— Бұрынғының адамы да, айуандары да ірі болған. Қойларына мініп алсаң, аяғың жерге тимейтін...
Тағы да бір әңгіме басталатын еді, Таймас тойса керек, Тәукенің шоты мен шоқпарын Әбенге тапсырды да, ауылға тура тартты. Күн реңі бұзыла бастаған. Әзір жел жоқ, салбырап мұнартып тұр. Таймас ауылға жеткенде, бұлт басып, көмескі көрінген күнді жасыл сәуле қоршады. «Күн қораласа, күрегіңді сайла» деген халық тәжірибесін есіне ала, аттан түсті Таймас.
Есік алдындағы тақыр күресінде қадаға байлаулы ер тоқымды аттар тұр. Он шақты ат. Қырауытқан. Тер қатқан. Ер-тоқымдары сәнді: Сүйіндік зергерлері күмістеген. Ауыл арасы емес, алыстан келген қонақтар екені беп-белгілі. Қора маңында бірсыпыра ауыл адамдарының басы қосылып қалыпты. «Соғым қайда?» — дегендеріне: «Шаншу қадалып, жолдан қайттым» — дей салды Таймас. Шекпенін қолтықтап, ас үйге енгенде, Шолпан кездесті. Қасындағы Қазанқаптың әйелі Қасипа мен Тоқабайдың әйелі Бәдишаға күле сөйлеп тұр екен, Таймасты көре сала:
— Міне, өзі келді перінің! — деді.
― Мен бейбақты әлдене деп тұр?
― Сенің анда Малқардың табағына қамшы салып бергеніңді айтып тұрмын.
― Онда қой сойып көрмеген кезім ғой. Кәзір, қамшы түгілі, арам бездің бірін жібермеспін.
Асшы әйелдер Шолпанға асатын етін көрсетіп, мүшелерді атап жатты. Шолпан қазан басына аса бір сыйлы қонақ келгенде болмаса, бара бермейді. Барса, біле бермейді. Оның келуі тек «аса сыйлы қонақ» дегенді аңғартатын. Қасипа тай жүзген қазанды толтыра асса да, Шолпан келген соң, қонақасына қомсыныңқырап:
― Қара малдың, күздікке сойған қартаң малдың етінен көбірек болды, — дегенде:
― Соғым келді ғой. Онда тай-жабағының бірін сойып жіберіңдер, — деді Шолпан.
Таймас сырт киімін шешінген. Қабағы жабық, дамыл-дамыл арқасын ұстайды. Мықшияды, ауырсынады. Шолпан:
― Не болды саған? — деп еді.
― Жолдан қайттым. Қазекең сойып-сойып қайтарып жіберді. Арқам білеудей! — деді де, жантая кетті.
― Не дейді! Тіл алмадың ба? Әлде тілің тиді ме?
― Ұрғанша титтей жазығым жоқ. Ұрған соң, тілім тиді, тілін де алмадым.
Шолпан аяп, кейіп тұрып Қазанқаптың әйеліне бірсыпыра ауыр сөздер айтып тастады:
― Қазекең не боп барады өзі? Мырзаға жаққанда, естіп жаға ма? Анада Әлжанның мұрнынан қан ағызды. Енді мынау. Бұдан былай қолын тигізбесін Таймасқа. Жасынан жетім қалған тесік өкпе сорлының шері онсыз да жетер!..
Қасипа Шолпанға еріп, күйеуін біраз жерге апарып тастады. Таймас енді жайнап сала берді. Әбенді алдап, байламай кеткен ақтиінін шын сыйлады Шолпанға. Шолпан тірі ақтиінді қызық көріп, ойнап отырып, шапанының етегіне орап алды да, шығып кетті.
Сөз байласқандай, бірінен соң бірі әр жақтан келген қонақтар шай ішіп тыныққан. Қонақтарына Шәкен өзі барып сәлемдесіп, қонақүйде бірге отырған. Шолпан қайтып келгенде, қонақтың қосшылары қонақүйде қалып, басшылары Шәкенмен әңгімелесіп отыр екен. Шолпан бөгелмей төргі бөлмеге өтті де, есікті күршектеп жауып алды. Тиінді бос жіберіп, тағы біраз ойнады. Мауқы басылған соң, ана жақтағылардың әңгімесіне құлақ қойды. Екі бөлмеге ортақ қабырғада кішкене ашпалы терезе бар. Сол терезеден қонақтардың өзін көруге де, сөзін естуге де болады.
Шәкенге тақау отырған Малқарды Шолпанның анықтап көргені осы еді, көңілі қалды. Жасы қырық бес, елудің арасында, қарны шошайған, өлі көз, маңқа болыстың тұла бойында, әйел түгіл, еркекті тартатын бір жылылық, не бір жылтырақ жоқ. Сонда да Айша, Балқия сияқты екі сұлуды бірдей құшты. Жиырма бес жыл болыс болды. «Атағы барды, әйел тұрсын, ел сыйлайды. Өзі мынау болғанда, атағын несіне сыйлайды?» — деді Шолпан ішінен.
Малқарға тақау отырған төрт бұрышты қара — Жәнібек. Қайсарлығын шапыраштау қысық көзі айтып тұр. Аз сөйлеп, көп тыңдайды. Қабағын ашпайды. Құлыптап, бәрін ішіне сақтаған, бір рудың он жылдан бергі болысы. Болыстық үшін параға жалғыз қызын да берген зарлатып.
«Ақ сүтіңмен асыраған, айналайын, жан ана,
Құлын-тайдай тебіскен қимасым ең жан аға,
Мен жыламай, кім жылар, кетіп барам параға» —
деп, ұзатарда аңыраған осы Жәнібектің қызы болатын. Шолпан бұл жылауды ел аузынан талай естіген, кейде іс тігіп отырып, өзі де ыңырсып айтатын. Қазір, Жәнібекті көргенде: «Қызын зарлатса, зарлатқандай адам екен» деді.
Жәнібекпен тізелес отырған істік мұрын, жіпсік көз, сұрша — Қалабай. Ол көп жүретін, бұл үйге талай келген, әлекедей жаланған шапшаң, өткір кісі. Әкесі бір руды бөліп әкетіп, көп жылдар болыстық етсе де, өзі бірде жығып, бірде жығылады. Не еліне, не өзіне тиыштық бермей келе жатқан нағыз жалықбастың өзі. Шолпан бұны «Біздің ағажанның сыңары» — деп, жылпос Жақыпқа теңей салды.
Қалабайдан төменгі, осылардың ішіндегі ең жасы, жұқалаң, жылпық көз жігіт — белгілі Нұршаның Мұқатайы. Алтын тісі бар, шашын қайырған, ептеп орысша оқыған, ішкі киімдері орысша, сыртқы киімдері қазақша. Өзін салмақты, паң ұстауға тырысады, онысы шықпайды, жәйсіз сөз сүйкеп кетсе-ақ болғаны, бөгелек тиген жылқыдай тыпырлайды. Бабалары үш жүзде үштің біріне қосылған. Бір атадан он бес ауыл тарайды. Әр ауылдан мың жылқы ереді. Мал мен басқа кенде емес, әкімдік керек. Мұқатай өз басы болыстықтың дәмін онша татпағанымен, он бес ауылдың бірінен болыстық кетпеуін қалайды. Хан, сұлтандық заманы өткеннен бері қараңғы қазақтың болдым дегені болыстыққа, оқиғаны тілмаштыққа жанасымпаз.
Мына отырғандар совет заманында да соны істеді. Әрқайсысы бір болыстың, рудың үстінен қызыл судай жүргендер. Енді бәрі бір болысқа тығылып, бай-жуандар сайланбайтын болса да, өз адамдарын қоюға жанталасып отыр. Бірінен бірі қызғанады. Бәрі жиналып, совет адамынан қызғанады. Сайлау тақалып қалды. Қазірден өзара бір ынтымаққа келмесе, кейін ауыз аппақ бола ма, — деп қорқады. Сондықтан Алтай-Қарпықтың нәндері Шәкенге келіп отыр. Қанша нәнсігенімен, жаңа заман желі қағып, еріндері тобарсыған, кешегі қаһарлы күндердің шет-жағасын көріп, жүректері біраз шайлыққан кез. Жайшылықта бақкүндестік, анау-мынау кикілжіңдері болып жүрсе де, рулар арасындағы үлкен дау, талас-тартыстарды Шәкеннің алдына әкеледі. Өйткені Шәкен олардан патша заманы түгіл, совет заманының өзінде жоғары тұр. Өлген ортаншы әйелінің інісі — Ташкентте ТУРЦИК-тің мүшесі. Оренбургте Халық комиссарларының бірі болып отырған Жандосты Шәкен оқытқан, өзінің жылқышысының баласы. Осылардың беделі қырда ғана емес, қалада да Шәкеннің беделін өсіре түсті. Әңгімелесіп отырып, тері шалбарының бауын мақтана шешкен Малқар, өз беделін көрсетпек болып, мыналардың алдында Шәкенді тағы бір көтеріп тастағанын байқамады. Қалтасынан конвертке салулы хат алып ұсынғанда:
― Ермекбай: «Осыны өз қолыңызбен табыс ет!» — деп еді, — деп қоразданып қойды.
Шәкен хатты ішінен оқып шықты:
«Құрметті Шәке! Сайлау күні тақалды. Сайлаушыларды елге шығара бастадық. Бұрын әрқайсысы бір төбе болып өзді-өзі сыйыспай жүрген елдің бірнеше руы, болысы бір қосылғалы тұр. Тартыс бұрынғысынан да күшеюі кәдік. Бәріне бірдей адамсыз ғой, баса көріңіз, ынтымаққа келтіре көріңіз.
Қазақ даласына сіз енгізіп жатқан жаңалықтардан рақым мол. Мал тұқымын асылдандыруға, егін кәсібін күшейтуге беттегенсіз. Алдағы жазда мектеп салады, — деп есіттім. Бұның бәрі халықты жақсылыққа бастайды: Совет үкіметіне үлкен жәрдем. Іске сәт!
Ініңіз Ермекбай».
Хаттың сөзін қонақтар ести алмаса да, «бұл кісімен, біз түгіл, Уатком ағасы ақылдасып тұрады» деген ой орнап болды. Малқар енді манадан бергі торуыл сөздерді қойып, тура тартты:
― Әрқайсысында бір қырғи барын білемін. Мен Шөгелді қосқалы отырмын. Жолды Шөгелге беріңдер. Шөгелді маған беріңдер. Алтайдың баласын алаламай тең ұстайын. Сеніңдер. Әруақ, құдайға тапсырыңдар! — дегенде, Қалабай оның аузынан сөзді қағып әкетті:
― Малқар-ау, тояр күнің бар ма? Осы қосылғалы отырған жеті болыс ел бір заманда бір-ақ болыс-ты. Сен алаламасаң, сауырламасаң, әкең, бабаң алаламаса сауырламаса, жеті бөлініп кете ме? Енді қайта қосылғанда, тағы да Шөгелім, не дегенім болсын, — дейсің. Мәймеңкелейтіні жоқ, оныңа көне алмаймыз! — деп, орнынан бір қопарылды.
Төрт бұрышты безер Жәнібек төмен қарап отырып, басын қалтақтата, бір-ақ ауыз сөз айтты:
― Алтайдың қара шаңырағы тұрғанда, жолды отаулары алса, әруақ, құдайға шет болар!
Жәнібек ата жөніне жетік. «Алтайдың қара шаңырағы менде қалды» — деп жүретін. Оның жаңағы сөзінің орайына ешкім ештеме айта қоймап еді, Мұқатай түсті сөзге:
― Өздеріңізге белгілі, мен — кеше орта жүзге аты шыққан жақсы Нұршаның жалғызымын, так? — деп, көзін бір жыпылықтатты. Содан әрі «такта» да, кезінде де дамыл болмады. — «Әкең, өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген баp ғой, так? Картаның соңына түсіп, ата дәулетін шайқадым, көп сыбағамнан құр қалдым. Бәрін білесіздер, так? Жылу сұрап отырғам жоқ. Сағайдың он бес аулынан он бес мың жылқы ереді. Сол маған жетеді, так? Үлкен сөзге кіріскенім осы шығар, так? Жол — менікі. Қимасаңдар, көрдегі Нұрша бір аунап түседі. Вот как!
Терезеден тыңдап отырған Шолпан шегі қатқанша күлді. Аты дырдай Нұршаның Мұқатайы келгелі Шолпанға көзін қыса беретін. «Бәсе, осындай нақұрыс екен ғой!» — деп күледі. Бұл отырғандардан өз күйеуі барлық жағынан үздік екенін байқады. Мақтаныш етті. Сол кезде Аман келіп елестеді көзіне. «Не бойынан, не ойынан мін таппай қойдым. Япыр-ау, шын солай ма, әлде маған солай көріне ме? Рас, онда дәулет, атақ жоқ. Атақты, дәулеттілердің сиқы мынау ғой. Қарның ашады. Мен оны көрген сайын бір тоям. Анада Малқар, Шөгелдермен жанжалдасқанда, есіктен сығалап қарап тұрдым. Ол от боп жанды. Басқасы бықсып өшіп қалды. Жанбаған жігіт жігіт пе? Бүлдірген тере оңаша қалғанымызда бар айтқаны: «Жаулықты неге ерте кидің?» Бір ғана көзінен байқағаным, айта берсем, бір кітап болар еді...» — деп, Шолпан мұңды ойға батты.
Ана жақтағылар әлі сөйлеуде. Кезек енді осы елдің адамына тиіпті. Мақаштың қасындағы ұзын мұрны, селдір ақ мұрты, бос ұрты — бәрі салбыраған, көселеу, аузында бірен-саран тісі қалған Баужан хажы сөйлеп отыр. Жалақ ернін жаланғаны қамшылағаны сияқты. Ағып-ағып кетеді:
— «Қилы-қилы заман болды. Қарағай басын шортан шалды» демеді ме Шортанбай. Ол аз болса, «әр ханның тұсында бір сұрқылтай». Алтай, Қарпыққа, әйтпесе Аралбай, Қалыбек, Барғана, Енең, Қареке, Сармұрат, Қарамұраттарға бөлгелі тұрған шенді мен көре алмадым. Бақ үнемі болған жерге қона бермейді. Аумалы-төкпелі дүние бірде бетін көрсетсе, бірде бірдемесін көрсете салады. Қойыңдар, аруақ шақырып, мола күңірентпелік. Аузында иманы, бетінде ұяты бар, жақсы мен жаманды, адал мен арамды айыра білетін біреуді табалық та, соған қиялық. Осыны Шәкен мырзаға сеніп тапсырсақ қайтеді?
«Дұрыс!» деген бірер дыбыс іле естілді. Соны бәрі айтқанша, алғашқы айтқандары қайталағанша, Шәкен үндеген жоқ. Семізше тортпақ денесі, жерге құйып орнатқандай, тапжылмастан нық отыр. Манадан бергі сөздердің қайсысы қалай әсер еткенін қоңыр жүзінен байқап болмайды. Анда-санда қалың қасын керіп қойып, үлкен көзін бір төңкереді. Аз сөзді кісі. Сөзі онша жатық та келе бермейді. Бірақ жүрекке қонымды, мықты. Қасындағылар аузына қарап, төніп қалған кезде:
― Өздеріңіз білесіз, болыстық дегенге қашаннан мен қызыққан емен, — деді. — Алтай, Қарпықтың атынан сіздер тапсырсаңыздар, жаңағы хатта үкімет атынан Ермекбай да тапсырыпты. Ру ұранын көтеретін заман емес бұл. Ру көңілін елемеуге, ру ішінде бай, кедей дегенді елемеуге тағы болмайды. Осыларды ескере келіп, айтатыным: Бегатаң көп ел. Көптен бері шен тимеген ел. Осы жолы болыстық соған берілсе деймін. Бұл заманның болысы баяғыдай біреу болмайды. Бірнеше мүшелері болар. Малқар, Жәнібек, Қалабай, Мұқатай — төртеуің төрт мүшелік ал. Қай кедейіңе берсең, оны өздерің біл.. Осылай етсек, үкімет те, ел де риза шығар.
«Дұрыс-дұрыс!» деген дыбыстар бұл жолы қауырт естілді. Бәрі ырза сияқты. Тек Малқар ғана қақалыңқырап қалып, бір сұрақ қойды:
― Ал сонда жаңа болысымыз, үлкен болысымыз кім?
― Бекіштің Жақыбы. Кедей, төмен ата. Нағыз үкіметтің қалағаны. Сөз білетін, жөн білетін, пысық жігіт.
― Білеміз ғой, білеміз! — деді Малқар қауқылдап. Жақыптың болғанын Шөгелдің болғанынан кем көретін емес. — Нан, тұз бар ма екен? — деп дауыстағанда, ана жақтағы Шолпан естіді. Тұз қосып, орта тарелка бауырсақ әкеліп қойды алдарына. Тұз бен нанды ант етіп, жеп жатты бәрі...
Әңгіме ұзаққа созылған. Түннің бірсыпырасы еткен. Дала боран. Терезеден жел гуілі естіледі. Қонақтар өз бөлмелеріне кетіп, жайласқан соң, Шәкен терезеден далаға қарап тұрып, артындағы Шолпанмен сөйлесті:
― Боран түтеп кетіпті. Соғымға кеткендер қонып қалғай-ақ. Әгәр қайтса, елді табалмас.
― Таймас мана қайтқан.
― Неге?
― Қазекең ұрып-ұрып, қайтарып жіберіпті. Айтып қоймасаңыз болмас, қит етсе, жігіттерді сойып салады...
― Келді! Бос айдап келді. Ой бәрекелді! — деп қуанып қалды Шәкен, — Жігіттерді хабарла. Шықсын далаға.
Шолпан ұша жөнелді. Әлден уақытта Бұқпаны ортаға ала, еркек, әйел жалшылар дүрліге кірді үйге. Тірі қалған Қазанқапты шетінен өлтіре кірді. Мана Шолпанға еріп қарғанған Қасипаның екі көзі бұлаудай. Бұқпаның беті үсігек, қаны қашып, аппақ болып тұр... Мені әйтеуір кер ат әкелді, ― дейді бетін қармен ысқылап отырып. — Жануар, қисая тартып қоймаған соң, еркіне жібердім. Оны Қазанқап айтқан. «Мені тапса, Таймас табады. Айта бар, көп ауыл отыра беретін апанда қалдым» — деді...
Шәкен не қыларын білмей, теңселіп жүр. Өлі болсын, тірі болсын, табу керек. Табам деп жүргенде, мына боран тағы біреулерді ала кетуі кәдік.
― Қайтеміз, күннің түрі жаман! — дегенде, ешқайсысы үндемеп еді.
― Мен іздеймін! Мықты екі жігіт қосып беріңіз, — деді Таймас.
― Қой! — деп, Шолпан шыж ете қалды. Басқалары да қостай қойған жоқ. Терезені бұзып кіргелі сабалап, арыстанша ақырған боранына беттемеді бірі.
― Лұқсат етіңізші! Ат құлағы, аяқ асты көрінсе, табамын! — деп, өзеурей түсті Таймас. Ентелеп Шәкеннің қасына барып қалыпты. — Мырза-ау, тобымызбен отырып, бір азаматты беріп қоя береміз бе?
― Қалай табасың сонда?
― Көп ауыл отыра беретін апанда қалыпты ғой. Желге қырын жүріп отырсам, Майөзектің бір жерінен кездесем. Содан кейін апанды табу оп-оңай. Тек тірі болсын деңіз.
Таймас қоймаған соң, Шәкен рұқсат етті. Қасына қалаған екі жігітін қосты. Бір атқа жеңіл шана жектіріп, жетектеріне берді. Шанаға бір кесек киіз, киізге орап, өзінің, қасқыр тұлыбын салғызды. Содан кейін бір бутылка спирт, екі тұтамдай қазы алдырып, Таймастың, қойнына тықты.
― Бөтелкеңіз не, мырза?
― Арақ. Тоңғандарың, ұшып қалғандарың болса, жылытады.
― Арам дейтіні қайда бұны? Денем шошыды ғой.
― Ол дүмше молдалардың былшылы.
― Алақай, онда шошқа еті де адал екен!
― Тек, антұрған! Осыдан Қазанқапты аман-есен тауып әкелсең, тура Орынбордың өзіне оқуға жіберем.
Таймас балаша қуанып, ойнақы шықты үйден. Ат мықты, киім жылы. Қараңғы түнде, түтеген сұрапылда, екі жігітті елсіз далаға бастап, жорта жөнелді жас жалшы.
VIII
Осы ай туғалы аспан жалтыр. Қауырт жауған көбік қар, қауырт соққан борандар әлдеқашан ашылып, күннің ызасы біраз тарқаған. Ойпат, сай-сала қарға толы. Үй маңына қар белестері, маялардың сыртына қар жарлары пайда болған. Әр үйдің-ақ жел жағынан аққала соғылып қалыпты. Доп ойнаған, сырғанақ тепкен, қардан ор қазып қоян ұстаған балалар, жастар қызыққа батып жүр.
Шәкeн қорасының маңында көрініс бұдан басқарақ. «П» әрпінше тұрған биік мая мен қоралар қарды денесіне дарытпай кейін бірнеше метрге серпіп тастаған. Ығына түскен азын-аулақ қарды сыпырып-сыпырып, көлікке жеккен ысырғышпен алысқа апарып төккен. ЬІқтасын, кең тақырға мол шөпті көпірте шашыпты, екі жүзден аса қазақы қара мал, мұрындары шуылдап, күтірлете жеп жатыр. Бірен-саран асыл тұқымды сиырлар, дәу көк бұқа мен көк арғымақ айғыр жылы қорада, ерекше күтулі. Қазанқаптың бір аяғында ұйық, бір аяғында етік, балдаққа таянып, мал ішіндегі жүр. Әнеугі боранда Таймас оны тауып әкелген. Сынған аяғының саусағы үсіп түсіпті. Сынығы да, үсігі де әлі жазыла қойған жоқ. Сонда да малға шықты. Осы малдың ішіндегі өзінің он шақты қарасына көз қырын өзгеше салып қояды. Қабағы бұрынғыдай жабық.
Өзге малайлар жайраң. Бүгін күндегіден ерте тұрып, шапшаңырақ қимылдап, малды ерте жайғап тастады. Енді «сайлауға барамыз!» деп, бір-бірімен шүңкілдесіп, жымың-жымың етеді.. Сайлау дегенді естігені болмаса, олар өмірінде көрген емес, бүгін бірінші рет көреді.
Шәкен, қасында Шолпан, манадан ой үстінде. Биікте тұрып, өз қорасы, өз аулы түгіл, Мақаш қорығын қоршай отырған жазықтағы он - он бес ауылды тегіс көріп тұр. Шаңқан аққалалар, қайсыбір әйнектер жаңа келе жатқан күнмен шағылысып, көзін ұялтқан соң, күңгірт көзілдірік киді. Қар жамылған кең жазықта қозғалыс бүгін тым күшті. Атты, түйелі, жаяу-жалпылы, тұс-тұстан андаған адамдар ақ даланы шұбартып жіберді. Бәрінің беті — көп ауыл. Біреулер ілбіп, жортып, біреулер құйғытып, ызғытып барады. Солай қарай осы ауылдан да шұбай бастады. Шәкен дүрбісін алып, қарап жіберіп:
― Әне біреу, күдіс көктегі Мақаш екен, — дегенде:
― Мен дүрбісіз де анық көріп тұрмын. Қасындағы Сәрсен ғой, — деді Шолпан.
― Бишара, тиыш жата алмайды-ау. «Кәрі би» деп, қуып жіберсе қайтеді?
― Барсаңыз сізді де қуа ма?
― Қусын-қумасын, ежелден сайлау құмарым жоқ.
― Бip жолға барыңызшы! Сайлау дегенді маған көрсетіңізші.
Шәкен баруға беттемеді. Беттемегенін байқатпады. Ойын үйде жатып-ақ орындайтын болған соң, өкіметтің, елдің көзіне түскісі келмейді. Өйткені екеуінен де қатты сескенеді. Қанша айдынды болса, сонша қорқақ та кісі. Жаратылысы ондай осал емес еді, ауыр дәулет, үлкен аброй сақ, әйеншек етті. Әзір онша тіс қақпаған Шолпан ерінің бұл осал жағын әлі сезген жоқ. Қыңқылдап, еркелей сұрап, қоймайды. Мазасын алған соң:
― Өзің бара ғой, — деді Шәкен. — Басымның сақинасы ұстаңқырап тұр, бара алмаспын. Жылы киін, көшіріңе Таймасты отырғыз.
Шолпан қуанып кетті. Үй үстінен жүгіре түсті жерге. Атын қыраулатып, Байбол келіп қалды. Жүрісі тым асығыс. Басқыштан жүгіре шықты үй үстіне. Сәлемдесе сала, бірдеме айтуға оқталып тұрғанда:
― Жәй ма? — деп еді Шәкен.
― Қайдан жәй болсын! — деді де, күрсіне отырып, көйіте берді. — Еліңіз бүлінді, мырза. Көп ауыл, сол анадағы Аманның хаты бойынша. «Танагөзді ауылнай, Ізбасарды болыс сайлаймыз!» — деп, қиғылықты салып жатыр. Елдің түрінен шошып келдім. Сайлау басына барып, өзіңіз бой көрсетіп тұрмасаңыз, Жақып екеуміз, сөз жоқ, құлаймыз. Әне, көрдіңіз бе, тайлы-таяғымен қаптап барады жұрт. Бәрін көтерген көп ауылдың комонестері.
― Танагөз, Жақып, Байбол, Ізбасар — төртеуің де жақын ағайынсың. Бара алмаймын. Ағайын өкпесі ауыр, арқалатпаңдар маған. Не болсаңдар да, менсіз болыңдар, — деп, Шәкен қырындай тұрды. Байбол онан сайын еміне түсті.
― Мырза, «кә!» десеңіз, жүгіріп келетін күшігіңіз едім ғой. «Айт!» десеңіз, ала түсетін итіңіз едім ғой. Қалтамдағы мөрімді қатын тартып алса, өлім-дағы! Бір жолға қолдай көріңіз!
― Сені мен аз қолдадым ба? Сол мөрді кімнің арқасымен алдың?
― Сіздің арқаңыз ғой, әрине, сіздің арқаңыз. Мөр менің қалтамда жүргені болмаса, өзіңіз биледіңіз. Әлі де сол ниет, билей бересіз...
― Басымды көп қатырма! — деп, Шәкен үй үстінен түсуге басқышқа беттегенде, жылпос Жақып аттан түсіп жатты. Бұның да жүрісі суыт, асығыс. Аты, мұрты қырауытқан. Салған жерден:
― Сайлаушы келді! — деді, сүйінші сұрағандай. Шәкен ежіктей бастады:
― Кім екен?
― Теміржан деген.
― Әкесінің аты кім?
― Бірдеме үп еді, ұмытып қалдым. Сіріңке қара жігіт көрінеді. Бір елідей ғана мұрты бар, өзгесін қырып тастапты.
― Бұл онда ояздық оқу бөлімінің бастығы шығар. Сонда бір пысықша жігіт бар-ды.
― Болса болар, оқу жайын сұрастырып отырды. Соны хабарлағалы және өзіңіз сайлау басына баратын, бармайтыныңызды білгелі келдім.
― Бара алмаспын.
― Оныңыз дұрыс та шығар, — деді де, Жақып Шәкенді оңаша, қораның тасасына алып кетті. — Бармасаңыз, бармай-ақ қойыңыз, қайтесіз көзге түсіп, Теміржан Ермекбайдың досы екен. Шөгелді сайлау ойында болып, салған бойымен Малқардікіне келіпті. Малқардан мән-жайға қанған соң, түнде біздікіне келіп қонды. Менің үстімнен де жұрт арызды жаудырған сияқты. Сайлаушы қисайса, сайлатпай қоюы кәдік. Осының көмейіне бірдеме өткізіп қойсам қайтеді?
― Өте ме?
― Өткенде қандай?
― Онда сөйтсең сөйт. Сайлаушы қисайса, шатақ шығаратыны рас.
Жақып Шәкеннен жүз сом қарыз алып, дереу атына мінді. Байбол, салы суға кете, қоса аттанды. Былай шыға: — Мырза бармады ғой. Сен енді Мақашты айналдыр, — деді Жақып. — Кәрі би қармағын суға салып қойып күтуде. Аузына бірдеме тастасаң, өзіне қараған он шақты үйді саған береді. Мырзаның он - он бес малайы біздің жақта болады. Сонда сен жығыла қоймассың.
― Мынауың миыма қонып кетті, — деді де, Байбол Жақыптан бөлініп, көп ауылға қарай шаба жөнелді.
Екі шана болып Шәкеннің малайлары да аттанды. Жеккендері түйе. Бірақ атқа бергісіз жарау атандар. Желе жөнелгенде жүрісті өндіріп тастайды. Олардың соңынан Мырзакерге жеңіл кошевка жектіріп, Шолпан шықты. Көшірінде Таймас. Желісті керді көсілтіп барады. Аузы сөзден бос емес. Малайларға жете бергенде:
― Мына мақауларға айтып қой, Шолпан. Әйтпесе алданады, — - деді.
Қазанқаптан өзге малай түгел екен. Шолпан бөгеліп, біраз сөзге келді:
― Жолдарыңыз болсын. Кімді сайлауға барасыздар?
― Соны кім біліпті, шырағым. Шақырған соң, әйтеуір, бара жатырмыз, — деді қаба сақал біреуі.
― Бізге бәрібір. Кімді сайла десе, соған қол көтереміз, — деді екіншісі.
― Сен, Таймас! — деп, тұмсығын ішіне ала, бүктесе жатқан біреуі дауыстайды. Таймас:
― Шолпан екеуміз Танагөзді ауылнай ету жағындамыз, — дегенде, бәрі шулап қоя берді:
— Біз онда Шолпан жақтамыз!
― Бірақ қатын ауылнай бола ала ма?
― Бола алмаса, өзінен көрсін.
— Ей, мынау тірі қызық екен!
― Бәріміз Танагөзді қолдайық! — деді де, Шолпан жөнеле берді. Ұшыртып келе жатып, Мақашты қуып жетті. Жол тар, қар қалың. Мақаш, атын омбылата, жолдан шығып болғанша, шананың қанаты қағып кетіп еді, астындағы арық көк құлай кетті.
― Бетім-ай, енді не дейін, көк шешек! — деді Шолпан. — Ұятқа қалдырдың-ау. Қап!..
― Ештеме етпес. Әдейі істегенім жоқ қой. Заманында ол кісі де талайды құлатқан шығар! — деп күледі Таймас. — Ел жиналып болғанша, далада тоңып тұрамыз ба! Сыздықтікіне түсейік. Үйі таза, асы дәмді.
― Аманның өз үйіне түссек қайтеді?
― Сапекең сырқаттау. Және үйінің бір жағында Әлжандікі, Тоқабайдікі отыр. Көпшілік қой.
― Онда өзің біл.
Сыздық бұларды аттан көтеріп алды. Шолпан Шәкеннің нақ сүйері болудың үстіне, малайларына, аулына, басқа ағайындарына да сүйкімді мінезді, кішіпейіл, қолы ашық, көрікті бай әйелдің жақсы атағын маңындағы ел, көтере-көтере, сыртқа жайып жіберген. Қазір күндік жердегі ел Шәкеннің атын қоспай-ақ, Шолпан десе біледі. Бірақ жас Шолпан, өзінің ел аузына іліне бастағанын әлі білмейді. Білмегені жақсы. Дәулет пен атақтың басы жұмыр пендеде бұзбағаны бар ма?
Шолпанның бұл үйге бас сұққаны осы еді. Басқа үйлерге ұқсамайды екен. Есік алды күресін, асық ойнарлық, тап-тақыр. Қора маңында көлденең жатқан бір шөп, не бір шөпшек жоқ. Қораның, ішіне, тоң қатпақ тұрсын, шаңы шығады. Шолпан үйге енгенде тамақ пісіретін, булка салатын, әрі үстіне жатып ұйықтайтын орыс пешін көріп, қызығып отырды. Үй мүлікті емес, бірақ таза, жинақы. Төбесін, қабырғасын тегістеп сылап ағартқан. Қазақы үйлерден мүлде бөлек тұр.
― Мынау біздің тақтайлы үйімізден көңілді екен! — деп, жан-жағына қарана берді Шолпан.
Шолпанның келгенін көріп, Әбен мен Танагөз де осында түсті. Құрдас, көңілдестер бас қосты. Сыздық бұндайда Әбен, қисық мұрын Тәуке болып ойнайтын.
― Маубас, лұқсат етші, — деді Шолпан. — Сыздық сен болып ойнасын. Өзіңді өзің көр, қандай екенсің.
― Ойнасын. Мен сонша бір сөлекет адаммын ба? — деп Әбен қоразданып қойды.
Сыздықтың құдайы жарылқады. Әбен болып, қарнын қампита, ауын салақтата, қойқаң-қойқаң жүреді. Күн сала жан жаққа қарайды. Аңқау, салақ, олақ бейнелерінің бірін айнытпайды. Біресе ашуланғанын көрсетеді. Долбаң-долбаң жүгіріп кетіп, Танагөзді салып жібергенде, қолындағы қурайы екі бөлінеді. Танагөз күліп жібергенде, Әбен өзі де ыржия күліп тұрады.
Сыздық ойнап болғанша ауыл адамдары, жинала-жинала үйді толтырды. У-ду күлкі. Сыздық ең ақырында «Әбекең мен Таймастың аңға шыққаны» деген жаңа ойын көрсете бастады. Қалай құтырса да, Әбен шыдап-ақ еді. Аламойнақ, сауысқан, қасқыр алған күзен жайындағы өтіріктерге келгенде, Таймасқа тұра ұмтылды:
― Сен ғой осыны жұртқа жайып жүрген!
Таймас қашқан бетімен, далаға шықты. Ізбасардікіне барып енді. Ізбасар қарсы шығып келеді екен.
― Ал не бітірдің? — деді салған жерден.
― Үгіттеп-үгіттеп, Шолпанды әкелдім. Қасында он екі малайы бар.
― Жігітсің! Мақаш пен Байбол Сапекең албарының ішіне енді, байқашы!
Таймас жүгіре жөнелді. Сапардың қорасына еніп, ішкі қуыстан тыңдай қалды. Мақаштың кейінгі кезде құлағы бітіп, естуі кеміген, күбірінің өзі дүбірге бергісіз:
— Мынауың өзі қанша? — дегені албардың сыртына естіліп түр.
― Қырық сом, — деп күбірлейді Байбол. Онысын естімеген соң саусақтарымен көрсетеді.
— Жарайды. Ағайынсың. Шіремей-ақ қойдым. Бара бер. Бізге қараған он бір үй сенікі енді.
Мақаш соны айтып, үйге беттегенде, Таймас одан бұрын келіп, жаңағы жайды науқас Сапарға айтып үлгірді. Мақаш кіргенде, қолын ұстай алып еді, ұрса бастады:
― Е, мана қайда қалды сәлемің? Өй, көргенсіз ит! Басып, қиратып кете жаздамадың ба? Тойған екен қарның...
— Мақа, байқаусызда...
― «Байқаусызда!».«Көрмес түйені көрмес, білмес құдайды білмес» деген осы...
― Бір қате болған шығар. Кешіріңіз. Жетім ғой, — деді Сапар. Еті ысылыңқырап қалыпты. Төсектен басын көтеріп отыр. Мақаш басылды. Жаңа кіріп отыра бергенде, артынан Байбол келіп алып кеткен. Енді ғана жайлап амандаса бастады:
― Жатыңқырап қалдың. Әдейі көңіліңді сұрағалы шықтым. Ұйқың, тамағың қалай?
― Шүкір, ұйқым әзір бар. Қою тамақ сіңбейді. Сұйық тамақпен күнелтіп жатырмын.
― «Тұщы ет ауырмақ үшін» деген. Ештеме етпес, жазыларсың.
― Жазылсам да, жазылмасам да, ырзамын. Жылай келген дүниеден күңірене бір кету бар ғой. Жаңағы бота тірсек ауылнай сасып жүрген сияқты-ау...
― Сайлау күні ол саспағанда, кім сасады?
— Неге сасады? Өзі жақсы болса, елдің одан басқа несі бар? Өзі жаман болса, елде оның несі бар? Шылбыр ұшын сұраған шығар, бердіңіз бе?
― Бердім.
— Не деп бердіңіз? Ақты — ақ, қараны — қара демейтін, арамды — арам, адалды — адал демейтін, үкіметтің, халықтың не құдайдың жолын білмейтін надан, пасық, не қылығымен ұнады? Одан да тамағымнан бірдеме өтіп кетті, десеңізші, «Салдама болған қайықтан қайқайта буған сал артық! Парақор болған ауыздан...» Аржағын өзіңіз айтыңыз, не деп еді Мәңкі батыр?
― Сонда енді еркек құрып қалғандай, қатынды сайламақпыз ба?
― Сайласа қайтеді? Қатыннан батыр да, патша да, дана да шыққан. Алып қашанда анадан туады. Тәңірім кімнің басына шырақ жақса, оны өшірем деп үрлеушілердің сақалы күйеді. Әйел басына шырақ жағылған заман. Бірақ сіз қазір ешкімнің де намысын жыртып отырған жоқсыз. Әгәр Байболдан асырып Танагөз бірдеме берсе, оны сайлауға да дайынсыз. Сіз бергенмен шылбыр ұшын мен бере алмаймын. Сіздің туыс — менің жатым емес. Туыс деген базарға сататын малың емес. Таймас, отырма, бар хабарла. Сатылмасын! — де. Мен дегені Танагөзге, Ізбасарға берсін даусын! Мен де Әлсейіттің ақсақалымын.
Таймас тұра жөнелді. Мақаш төмен қарап қалды. Сапардың бетінде тікірейген түктер әлі қалпында. Ішінен жек көрсе де, сыртынан аға тұтып, алдынан шықпай жүретін қартты осы жолы жаман сөкті. Екеуі шөбере, екі ауылдың ақсақалы. Әлсейітке қараған барлығы — он бір ауыл. Өзгесі онша өспеген, шағын ауылдар. Әбен, Таймас, Нұрғали, Байболдар да — Әлсейіт. Ішінде бір байы жоқ. Айдағаны аз, құлағы көп, қалтасы әлсіз, қолы күшті көп ата тұтас тұрса, түскен жерін ойып кетеді. Сондықтан Шәкен мырза бұларға Жақып сияқты бір атаны қарсы қоюмен қатар, өздерін ылғи бөлшектеп ұстайды. Танагөз бен Байболдың шарға қатар түскелі тұрғаны да, мырзаның өзді-өзін жетілдіру саясатынан туған. Әлсейіт тұқымы осыны әлі сезбей келеді. Сезсе, тіс қаға келе, Аман, Сайлаубектер сезуі мүмкін. Екеуі мынау отырған екі қарттың баласы. Егер әкелерінің бетімен кетсе, олардың да ынтымағы қосылмас. Мақаш, үндемей қалған күйінде, ұзақ отырып бір кезде:
― Балаң тілімді алмай, жерге қаратып бір кетіп еді. Енді өзің қараттың ба! Жарайды, үлкенді сыйламасақ, сенің де сыбағаң тартылар. Құдайға шүкір, мен де бала, іні бар!
― Үлкен деген немене? Түйе де үлкен. Сақал деген немене? Текеде де бар, — деді Сапар. — Үлкен басыммен, ақ сақалыммен, адамшылық арымды сатып жүрсем, мені де аяма! Өйтіп бар болғанша, жоқ-ақ болайын!
― Осынша жерлейсің, Сайлаубектің жоқтығы-ау! Орынборға өлі кеткен жоқ, тірі кеткен, келер ертең! Келген күні көрермін күшіңді! — деп, жерді қамшымен тартып-тартып жіберді де, Мақаш шығып кетті.
Таймас бұл кезде Мақаштың осында жүрген туыстарына қырық сомға сатылғанын, Сапардың сәлемін айтып, Ізбасарға қайта келіп үлгірген.
― Жігітсің! — деді тағы да Ізбасар. — Сайлауға Сапарды, Шолпанды қатынастыру сенің ғана қолыңнан келеді. Әлден мынаусың, жастар ұйымына енгенде, не қоясың! Бар, ел жиналып қалды. Хабарла, қалмасын ешкім!
Таймаста тыным жоқ. Ұшып кетті. Шаршар, жалығар емес, сайлау тартысына бір қызықса, ертең коммунистік жастар ұйымына енуге екі қызығады. Маңдайы, танауы тершіген, тымақ бауы байлаусыз. Бастан бу бұрқырап жүріп, бірен-саран үйде қалғандарды сайлау басына жөнелтті де, жебелей басып, Сыздықтікіне кірді.
― Неғып отырсыңдар, найқалып? Сайлау басталды, санап жатыр! — дегенде, ішіп отырған шайларын тастай, бір топ әйел, Шолпанды ортаға ала, асыға жөнелді...
Ауыл алдындағы мидай ақ жазық қазанша қайнап жатыр. Атты, жаяу, өгізді, түйелі, шаналы тұс-тұстан құйылған адам алуан-алуан. Әйел-еркек, қыз-келіншек, кемпір, шал, бозбала — бәрі бар. Жарылып, екі сапқа тұрған. Ортаны бос қалдырыпты. Бұл ауылнайдың сайлауын Мақаш қорығында өткізу — табылған ақыл. Кедей, жиын ел тегіс қатынасты. Алыстан келгендердің көлігіне шөп мол, шылқытпаса да, өздеріне бір күн қонағасы бере алады. Таймас өтірік айтқан екен, сайлаушылар әлі жоқ. Шолпан, қасындағы әйелдермен, Әбен, Ізбасар, Сыздық тұрған сапқа келіп қосылды. Осы топтағылардың талайы бұрын сайлау көрмеген болса, Шолпанның да көргелі тұрғаны осы. «Қайтер екен? Не болар екен?» — деп, жүрегі лып-лып соғады. Көп іші қызу, арақ ішіп алғандай, еліре қарайды, түге. Шолпанды көре сала, анау саптағы жалшылар осы сапқа сөгіле жөнелді.
― Қайда? Қайда барасыңдар? — деген Жақып пен Байболға мойын да бұрмады.
Екі жақ бір-бірінен кісі тартуын әлі қоймапты. Тоқабай, Таймас қарсы жақтың көбінесе әйелдерін айналдырып жүр. «Шолпан шақырады», «Шолпан: менің қасыма келіп тұрсын дейді» — деп, сыбырлап кетеді. Барған әйел қайтпай қалады. Жақып пен Байбол жағы азайып барады. Шолпан Таймас пен Тоқабайдың қулығына жаңа түсініп, күлімдеп тұрғанда, топтың анау тұсынан Тоқабайдың өз әйелін біреу жетелей жөнелді. Әйел тартынады. Еркек ырқына қоймай сүйреп барады. Мына жақтан Тоқабайдың көзі шалып қалып жүгірді.
― Құтырып кеттің бе, нең бар біреудің қатынында? — деп, келе жармасты.
― Е, сенің қатының болса, менің қарындасым! — деп, анау тартады. Қаукөрік, жарыместеу жігіт сияқты, қарындасынан айрылар емес. — Жүр, Бәдиша, жүр! Шын Тәтікем баласы болсаң, жүр! Аруақ, аруақ, қайдасың?.. — деген кезде, танаулап Жақып пен Байбол келді. Жақып айырған бола беріп, Тоқабайды шықшыттан қатты нұқығанда, Тоқабай әйелін қоя берді. Анау екеуі ала жөнелді. Тоқабай бірақ Жақыпты басып қалды. «Сенен-ақ өлдім ғой! Енді қатынымды тартып алмақпысың?» — деп, бөкебайынан қиқылдата кеудесінен тізерлегенде, Жақыптың мұрнынан қан бұрқ етті. Ана сапта оның, Байболдың туыстары, он шақты жігіт ұмтылғанда, мына сапта Таймас, Сыздық, Нұрғалидің түйедей-түйедей екі ағасы ұмтылды.
― Барыңдар, қорғаңдар! Таймас пен Тоқабайды ұрып тастамасын! — деді Шолпан. Бұл сөздің аузынан қалай шыққанын да байқамады. Буындары қалтырап кетті. Он екі малай түйдегімен жүгірді. Ізбасар арашашы. Ұрылған жақ басым күшке батпай, құр кіжінеді. Ұрған жақты Ізбасар тоқтатты. Тек қисық мұрын Тәуке ғана ырық бермей жүр. Алақанына түкіріп-түкіріп қойып боқтайды:
― Жіберші, жіберші! Осы шата немені жерге жүз қағып, жүз суырайын! — деп, Жақыпқа таптап береді.
Сонда өзі Жақыптың бір борбайындай-ақ. Әрі қартаң кісі. Жас кезінде жанжалды сұрап алатын. Өмірі одан пайда тапқан емес. Сонда да қоймайды. Қоймаған соң, Сыздық келіп, шақшасын ұстата берді. Мұрнына насыбай иісі барысымен, Тәуке түшкіріп салды.
― Жәрекімалда! — деді Сыздық. Жұрт күліп жіберді. Дегенмен сол түшкіру ем болды.
Жақып мұрнының қанын Шолпанның алдына келіп сүртіп тұрып:
― Шырағым, келгенің жақсы болды. Көр міне, мырзаға айта бар, — дегенде:
― Көрдім. Өзіңіз сұранып бардыңыз ғой. Әуелі қол жұмсаған сіз ғой, — деді Шолпан. Өңінде аяныштың нышаны жоқ. Ерке, күлім көзінде ызбар бар. Анада Әлжанмен жанжалдасып, мұрнын қанатып келгенде. «Ағажан!» — деп, шұрқырай түскен. Бұл жолы міз бақпағанына Жақып түсінбей тұр. Қанша зымиян болса да, Шолпан одан терең екен. «Сен Аманға op қазып жүрсің. Өзің түс сол орыңа!» деген ойын көрсетпей:
― Мына сорлыны неге әкелген? — деп, шана үстінде шошайған бірдемеге көңіл аударды.
Көлігі жоқ, жіп жетекті, қанатсыз жайдақ шана. Шананың үстінде — киізге тапжылмастай орап тастаған кемпір. Кемпірдің басы да көрінбейді. Өзінен өзі сөйлеп отыр:
― Байбол, бітті ме әлгі сайлауы құрғырың? Қашан қайтамыз? Өлгелі отырғанда, маған осының керегі не? Әншейін, Әткем аруағын сыйлаған соң келдім. Кім бар қасымда? Кел, дәрет сындырам... Керең болғансыңдар ма, кел деймін тез...
Ешкім келе қоймады. Дуылдаған ел өзімен-өзі. Таймас дауыстады:
― Байбол, әй, Байбол! Әжең шақырады, тез жет. Дәрет сындырады! — дегенде, қарқылдап күліп жіберді бірсыпырасы.
― Сайлау деген — біреуге бақ, біреуге сор екен ғой! Сол үшін жұрт жанын салып жүр, — деді Шолпан. Қасындағы Танагөз: «Әрине» деп, басын изеді.
Сайлаушы жаңа көрінді. Бір атты тертеге, бір атты оның алдына көсем жегіпті. Кошевканың төрінде, қасқыр ішікке оранып, жалғыз жатқан жігіт зілдей. Қатты келеді. Доғасына қоңырау байласа, баяғының көпесі не төресінен айырғысыз. Алды-артында далбақтап шапқан салт аттылар да бар.
Мана Таймас жеткізген Сапар сәлемінен кейін толқыған Мақаштың туыстары ынтымаққа жаңа келісті. Мақашты қоспағанда, он үй болатын, сайлаушы келе бергенде, екі бөлініп, екі сапқа тұра қалды. Жақып пен Байбол жағы тағы да азая түсті.
Тұлыбын шанада қалдырып, пальтошең келе жатқан Теміржанның жұрт алдымен мұртына қарады. Дәл су ағарының үстінде бір елідей қап-қара мұрты бар. Өзгесін қырып тастапты.
Теміржан алдымен әйелдерге қарады: ойнақы қара көзі Шолпанды ішіп-жеп барады. Қасындағы Шөгелге бір сыбырлап қойды. Шолпан жамылып тұрған қалың шәлісімен бетін бүркей түсті. Енді тек көзі мен мұрны ғана көрінеді. Оның өзін, қырындай тұрып, көрсетпей:
― Сайтан көз сайлаушы әдепсіз екен, — дегенде:
― Өзі сайтан көз болсын да, әдепті болсын! — деп, самп етті Танагөз. Шолпан оны шынтағымен қағып қалды, күбірлеп:
― Тек, ақырын! Естіп қалса, ауылнай сайламай кетер.
― Ел сайласа — болады.
Kөп күттірген сайлаушы көп жаңалық айта алмады. Бұдан былай ауылнай, болыс тек жалшы, кедей, орташадан қойылады. Ауылды советтендіру керек дегенді ғана естіртті. Қара тізімде бұл маңнан екі-ақ адам бар екен, олардың атын жарияламады. Шөгел арқылы хабарлап, Мақашты жылыстатып жіберді. Шәкен, өзі сезіп келмей қалған. Ескі ауылнайдың халық алдында есебі де болған жоқ. Сайлаушы тура сайлауға кірісті.
― Ал, жолдастар, айта беріңіздер, кімді ауылнай қоймақсыздар? — деп, жіңішке даусымен Теміржан шіңкілдегенде, оған тақау тұрған Ізбасар ұсыныс жасады:
― Ауылнай совет ойын ауылда адал орындайтын, жүз парасына, пұл парасына сатылмайтын, байға, руға тартпайтын, нашардың, момынның көз жасына қарайтын, қолынан іс келетін адам болу керек. «Мырқымбайлар», Байболдар енді бола алмайды. Біз кәзір ауылды советтендіру қарсаңына келдік. Сондықтан кедейі көп осы үлкен ауылдың атынан Танагөз Құдайберді келінін ұсынамыз. Танагөз — жаңағы аталған көп тілегіне сай, оның үстіне әйелдерді қоғам ісіне тартуға өте оңтайлы.
― Ау, басқа ел неге сайламайды, әйелі құрып қалып па? Әншейін, Аман айтқан соң, былшылдай бересің! — деген Байболдың киме сөзіне Танагөз өзі қайырды жауапты:
― Садаға кет Аманнан! Әуелі сол әйелге жетіп алшы!
Сол жақтағы сап ду етіп, бірнеше дауысты бірден шығарды:
― Байтал шауып бәйге алмайды!
― Байболдың өзін қоямыз!
― Иә, жайлы кісі елге...
Әйелден ауылнай сайлаймыз дегенді естігенде, сайлаушының өзі де таңырқап қалды. Білмегенін қасындағы Шөгелден сұрайды екен, сұрап алып, Танагөзді шақырды:
― Жеңгей, берірек келіңізші, дидарыңызды жақсылап көрейік.
― Қайным-ау, дидарға қарап сайлаушы ма едің? Міне, келдік ендеше, — деді де, Танагөз Теміржанның алдына келіп тұрды. Жасы қырық шамасында, бетінде әлі әжім жоқ, сыланса, бірсыпыра өңді кісі. Таза, үлкен көзі жалтырап, сайлаушының өңменінен өте қарап тұр. «Сен мені сынағанша, сені мен сынап алайын» — деп тұрған тәрізді.
— Хат білесіз бе?
― Мұсылманша ғана.
― Күйеуіңіз бар ма?
— Жоқ болса, тауып бересіз бе?
― Жай сұрағаным той.
― Онда бар. Осы топтың ішінде жуанырағы, басы үлкендеуі менің күйеуім.
Жұрт ду етіп тағы бір күлді. Теміржан сұрақты тоқтатып, дауысқа қоймақ болған кезде, Таймас бір сұрақ, берді:
― Басқа елдің адамдары отыр осында. Дауыс бере бере ме?
― Басқа ел түгілі, басқа ауылнайдың адамдары бере алмайды.
― Ендеше мына тұста үш-төрт Сүйіндік тымағын, ана тұста төрт-бес Қаракесек тымағын көзім шалып қалды...
Жақып пен Байбол өздеріне қараған елдің қонағына дейін қалдырмаған екен. Қонақтары сытылып шыға берді. Тобы азая түсті. Дауысқа қойғанда үштің бірін де ала алмады.
― Қаптал көпшілік Танагөзді ауыл советтің төрағасы етіп сайлады! — деп естіртті Теміржан. — Енді оған орынбасар, хатшы керек.
Бұл екеуін тағы да Ізбасар ұсынды:
― Таймас Бодаубекұлы мен Сәду Жантақұлын кедейі көп үлкен ауылдың атынан ұсынамыз. Бірі кедей, бірі жалшы. Келешегі мол, белсенді жастар.
Жүні жығылған жақ қайтып көтеріле алмады. Таймас пен Сәдуге ешкім қарсы болған жоқ, бірауыздан сайланды. Тарауға жұрт орындарынан тұра бастағанда, сайлаушы қайта отырғызды. Болыстық съезге жеті делегат керек. Мына қалпында жетеуі де екі ұдай елдің бір жағынан сайланғалы тұр. Жақып жаман састы, жетеудің біріне іліге алмаса, болыстықтан үміт жоқ. Біресе Теміржанға, біресе Ізбасарға келеді сасқалақтап. Теміржан Ізбасарды былай алып шығып:
― Менің мұғалімдерге жақын екенімді білесің ғой? — деді.
― Әбден білеміз, — деді Ізбасар.
― Ендеше, жақындықпен айтам, жеті орынның бірін қарсы жаққа беріңдер. Олар да бірсыпыра ел, бәрін сендер ала бересіңдер ме?
― Сонда кімге бер дейсіз?
― Жақыпқа беру керек.
Ізбасар күмілжіп қалды. Теміржан баспалатып барады:
― Неге үндемейсің, мұғалім? Қимайсыңдар ма әлде?
― Қимайтынымыз рас. Ол сүйкімсіздеу, байшылдау кісі еді.
― Әй, қойсаңдаршы ауыл арасындағы быжың-тыжыңды. Бай емес, би емес, неше атасынан бері сұр кедей. Өзі жөн білетін пысық жігіт. Сендерге сүйкімсіз болса, үкіметке сүйкімді. Мен тіпті, как коммунист, ұсына алам.
― Жарайды онда, сіз қолқаласаңыз, көндік.
― Көнсең, өзің ұсынасың. Әйтпесе мынау ел өткізбей тастауы кәдік.
Ізбасар амалсыздан ұсыныс жасады. Делегат болып Қасен, Аман, Әлжан, Танагөз, Ізбасар, Жақып, Нұрғали жетеуі өтті. Аман, Қасен, Әлжан, Нұрғалилар жоқ та болса, съезге дейін келеді деп, сырттан сайлап жіберді. Жиын тарай бастады. Таймас, Тоқабай, Танагөз, үш жақтап, Ізбасарды араша талап жатты:
― Неге ұсындың Жақыпты, есің дұрыс па?
― Аузымызға құм құйдың ғой, түк айта алмадық!
― Жоқ, өзің түсіндірші, бұның не?
Бұлар түсінісіп жатқанда Шолпан ауыр күрсініп Сыздықтікіне беттеді. Жақыпқа делегаттықты қимайды. «Ертең оның болыс болғалы тұрғанын бірі білмейді. Ерімнің нан жесіп, түз жесіп тыққан сырын қалай айтайын сендерге!..» деген ойда бара жатты.
IX
Н. поселкесі қазақ даласына жиырманшы ғасырдың бас шенінде келіп орнаған. Жиырма шақты ғана үй болатын. Қазір үй саны екі жүзге жуық. Үлкен ақ шеркеуі, қызыл төбелі мектебі ең орталықта, дөңесте, тіпті алыстан көрінеді. Кооперативтің, нәпманның біраз дүкені де бар. Бұл маңдағы жеті болыс қазақ бір болысқа қосылған соң, қазақ аулына сыймай, болыс орталығын осы поселкеге әкелді. Революция күндерінде қашып кеткен салпы ауыз Андрейдің темір терезелі дүкені бос тұрған. Сол үйге қызыл ту тігіліп, болыстық съезд өткелі жатыр. Съезге жан-жақтан ағылған қазақтар поселкеде толып жүр. Көпшілігі бұрын съезд көрмеген, қайсыбірі тіпті — поселке көрмеген қашықтағы нағыз қыр қазақтары. Аттары көшені жатырқап осқырса, өздері шошқадан жеркеніп тыжырынады.
Танагөз де жеркеншек-ақ болатын. Поселкеге ене бергенде, май тұмсықтың бірі қорс етіп еді, ол селк етті. Дәу қара шұбар шошқа, соны сезгендей, бұрыла жүріп, жолды кесіп өткелі келеді. Танагөз қарамауға тырысты. Көзін тарс жұмып, ауыз, мұрнын шәлісімен орап алды. Қасындағы Ізбасар:
― Мынау бір нәні екен, — десе:
― Қарама, қарама! Көзің кетеді, — деп безектейді.
Ізбасардың шек-сілесі қатады.
― Жеңеше-ау, онда орыс атаулы соқыр болмас па еді? — дегенде:
― Орыстардың көзі үйренген, — деді Танагөз. Қанжығасына қаранып, бөктеріншегін түгелдей береді. Бөктеріншегі тоқ. Екеуінде мықты екі қоржын ет бар. Ақмоладан Амандар келеді, съезде кездесеміз деп, азықты әдейі мол алып шыққан. Бірақ Аман келе алмапты. Съезд үйінің алдында Қасен, Әлжан, Нұрғали кездесті. Көріспегелі бірсыпыра уақыт еткен құрбылас, ауылдас, жерлес адамдар шұрқырасып амандасты. Іле Аманды сұрап жатыр.
― Аман әзір қайтпас, — деді Қасен. — Сәкен Сейфуллин келіп қалып, сол кісі ертіп кетті.
― Ол кім еді? — деген Танагөздің сұрағына Нұрғали шамдана қайырды жауапты:
― Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төре-ағасы емес пе? Үкімет бастығын білмейсіз, қалай ауылнай боласыз!
― Ей, мен сендей оқып келіп тұрмын ба?
― Үкімет бастығын білуге, қанқұйлы Жақыпты делегат сайламауға оқудың керегі қанша? — деп, Әлжан қабағын шытты. Танагөз Ізбасарға, Ізбасар жерге қарады. Нұрғали тағы бір күжілдеп қойды:
— Тап саясаты, тап күресі дегенді ұмытқан ғой мүлде.
― Ұмытқамыз жоқ, — деді Ізбасар. — Сайлаушы қолқалап отырып алды.
― Сайлаушың әлгі Теміржан ба? Білеміз, оның өзі байдың құйыршығы.
Оқып келген жігіттер екпінді көрінеді. Екі сөзінің бірі: «тап саясаты», «тап күресі». Таймас та «саясат» деген сөзді жиі айтатын, бірақ орынсыз айтатын. Мыналар орнымен айтады. Сөздерінде жаңалық көп: «қанаушы», «қой терісін жамылған қасқыр», «социализм» дегенді де Танагөз осы арада құлағына құйып алды. Аз уақытта бұнша өзгеріп, жаңарып қайтқандарына қызығып, қуанып тұрып, Танагөз Нұрғалидың ақ шалбарына таңданды. Аязда ақ шалбар, ботинка, пальто киіпті. Үшеуі де көнетоз. Тоңғаны ма, сәні ме, екі қолы қалтасында, жүре береді. Өзі ебедейсіз үлкен жігіт, оның үстіне сөлекет киімдер қосылған соң, съезде жиылған жұрттың бұған бір қарамай өткені жоқ. Танагөз шыдамады:
― Ақмоладан осы киіммен келдің бе?
― Жоқ, — деді Нұрғали. — Қазақы киімдерім пәтерде. Мынау қала киімі ғой.
― Суық ұстап қалмасын. Тым жеңіл екен.
― Шынығу керек, жеңгей! — деп, Нұрғали денесін қозғап-қозғап қойды. Танагөз онысына мән берген жоқ. Жақсы көретін қайнысын қайталап сұрады:
― Аманды үйден шықпайсың, қызметке араласпайсың, деуші едік. Енді қолға түспей кетпесе неғылсын! Қызметі не, қашан қайтады өзі?
― Олар ел аралап жүр. Қарқаралы, Семей, Павлодар, Ақмола ояздарына барады. Қар кете келер. Қызметі әзір белгісіз. Үкімет бастығы өзі шақырып әкетті. Жаман қызмет берер дейсіз бе.
― Өз қызметтеріңді айтыңдаршы?
― Біздікі осы съездің артынан белгілі болады. Ералин жолдас өзі ертіп келді ғой.
Бір жігіт келіп әңгімені бөлді. «Ералин шақырады» — деп, Қасен, Әлжан, Нұрғали үшеуін ертіп әкетті.
Олар барғанда, Ералиннің қасында Теміржан тағы үш делегат отырды. Босағада жеті қоржын үюлі жатты.
― Жігіттер, қараңдаршы, — деді Ералин, — Анау жеті қоржын — жеті болыстың Совет үкіметі тұсында жасаған кеңсесі.
― Болыстар өзі шонжар болғанымен, ісі шонжар болмаған-ау! — деп еді Қасен. Ералин:
― Иә, — деді де, сөйлеп кетті. — Бұл съездің бұрынғы съездерден айырмасы: қоржын артқан шонжар болыстармен қоштасамыз. Үкімет басына олар енді қайтып оралмайды. Бірақ үйінде жатса да, ықпалын әлі біраз жүргізеді. Съезге келген жүзге тарта делегаттың ішінде осы отырған алтауың ғана коммуниссің. Өзгесі партияда жоқ жалшы, кедей, орташалар. Солардың көпшілігі ру, ақсақал, байдың, көмегімен сайланғандар. Қожасынан дәл қазір құрық әкететіні кем де кем. Ал ауылды советтендіру ұраны еңбекшілерді тек мемлекет ісіне тартумен орындалмайды, пролетариаттық озық идеяны іске асырумен орындалады. Осы жағдайларды еске ала отырып, әуелі болатком төре-ағасын белгілеуіміз керек. Содан кейін оны өткізуге күш салуымыз керек. Кәне, айтыңдаршы, кім лайық?
Теміржан іле Жақыпты ұсынды. Мақтауын да жеткізіп жатыр:
― Оқымаған қазақтың тілдісі, мықтысы, кірімдісі, — дейді, — хат біледі. Тап саясатын жақсы түсінеді. Атасы қайыршы, елден ет жиған. Әкесіне өмір бойы бір ат, бір сиырдан басқа мал бітпеген. Тек өз басы ғана совет тұсында қатарға қосылып келеді. Мен бұл елмен әбден таныстым, одан ылайықтыны таппадым.
― Осы айтқаныңыздың бәрі рас! — деп, Әлжан қапелімде қостаса да, кейін істен шығарды Жақыпты. — Кедей баласы бола тұра, кедейге байдан әрі рақымсыз, байшыл, қанқұйлы жігіт. Ол зарлатқан кедей даусы қосылса, осы съезді күңірентер еді. Ол мына мені де, анау Қасенді де зарлатқан. Аманнан да пәлесін аяған жоқ-ты. Оны болыс қойғанша, Шәкеннің өзін қойған көп артық. Әйтпесе, Аман шаппай бер деп тұрған жоқ па! Қалада, ауылда, оқуда — бәрінде де ауызға алынады. Бұл жерде неге алынбайды?
Теміржан Аманға қарсы шықты. Аманның үстінен арыздар түскен екен. Бірақ арыз — тек сылтау. Аманды Ермекбай екеуі ұнатпайды, тіпті сескенеді. Солақай Ералиннің тәрбиесіндегі жігіт деп санайды. Ералин олардың ішін сезетін, қазір көріне қарсылыққа кездескен соң, ойланып қалды: «Не істеу керек? Айналдырған жеті-сегіз коммунистің аузы бірікпеді, көп делегатты қалай біріктіруге болады? Коммунист ықпал жасай алмаса, коммунист ол жиында болды не, болмады не» — деп, өзін іштей қайрай жүріп, насыбайын атқанда, терезеге көзі түсті. Даладағы делегаттар да қарап жатпаған екен. Бөлініп, бөлініп, кеңесуде көрінеді. Жақып солардың арасында, бірінен соң біріне барады.
― Жолдастар! — деді Ералин, ойын қорыта келіп. — Съезге сөзді түйіп кірелік. Жақыпқа мен де тоқтадым. Кедей, еті тірі жігіт қой, сенейік, байдан Совет үкіметі пайдалы екенін түсінер.
― Жұмеке-ай, танисың-ау адамды! — деп, Теміржан ырзалығын лақ еткізгенде, Әлжан, Нұрғали, Касендер төмен қарап кетті. Бейтаныс үш коммунист манадан Жұмабекті қостауда. Жұмабек ұсынысын толықтыра түсті:
― Төреағалыққа Жақыпты ұйғарсақ, болатком құрамының мүшелігіне Қасен, Аман, Нұрғалиды, Шөгелді ұсынайық. Сонда жалшы, кедей, орташа, коммунист — бәрі түгел. Бұған қалай қарайсыңдар?
Теміржан тағы да басқадан бұрын білдірді ырзалығын. Бәрі: жә! — десті осыған! Тарай бастады. Жұмабек жалғыз қалғанда, Қасен қайта еніп, өкпе айтты:
― Жақыптың кім екенін ұғындырудай-ақ ұғындырып едік қой, бұл қалай, Жұмеке? Бізден ұшып-қонып жүрген Теміржанның сөзі өтімді болғаны ма?
― Отыршы! — деп, Жұмабек Қасенді отырғызып қойды да, бетіне жымия қарады. — Бұған дейін менің байды, байшылды жақтағанымды білемісің?
― Жоқ.
― Ендеше қобалжымасын жүрегің. Саясат та әдіс таңдайды. Әдіссіз саясат құлайды. Құламау үшін Жақыпты қостауға тура келді.
― Жұмеке-ау, кім біледі соны? Кім қостайды?
― Жақыпты аз білгенмен, Шәкенді көп біледі жұрт. Бұдан екі ай бұрын Алтай-Қарпықтың шонжарлары Шәкеннің үйіне дабырасыз жиналып, Жақыпты болыс қоюға құпия анттасқан. Делегаттардың көбі сол шонжарлардың ықпалында. Жақып пен Аманды қатар салсаң, сөз жоқ, Жақып өтеді. Олай болса, Аманды құлатудың керегі не? Жақып бола берсін. Сен үшеуің болатком құрамына өтсең, ол сендерден құрық әкете алмайды. Әкетіп баратса, мойнын сындырамыз, өз обалы өзіне.
― Жаңа түсіндім, әріден ойлаған екенсіз, — деді Қасен, — бірақ сонда бізді болатком құрамына өткізе ме?
― Өткізеді. Қазақ ұғымында әлі күнге болатком құрамы жоқ, болыстың соқа басын ғана біледі. Бұл дәл қазір біздің пайдамыз.
Съезд ашылатын мезгіл болды. Далада бытырап жүрген делегаттар үйге енді. Ералин де барды. Бұрынғы шонжар болыстардан Малқар, Жәнібек, Қалабай ғана көрінеді. Өзгесі келмей хатшыларын жіберіпті. Хатшылардың көбі ескі болыстардың өзіне лайық, ескі оқығандар екен, ұлыққа жағынып қалған әдетпен, Ералин мен Теміржанның алдында құрдай жорғалайды. Майда, көлгір шетінен. Съезд алдында жеті болыстың бірі есепті баяндама жасай алған жоқ. Жеті хатшы жазып алған бір-бір бет мәліметтерін оқыды. Жарыс сөз де болмады. Бұрын мемлекет болып көрмеген елдің ісінде жарықшақ көп-ақ. Бірақ албырт жас тәрізді. Ұрынса да, сүрінсе де, қайтпай, алға, тек алға ұмтылып бара жатқаны байқалады.
― Біз кемі жүз жыл артта қалыппыз, — дейді Ералин сөйлеп тұрып. — Қажетіміз шашымыздан көп. Бірақ соның бәріне жеткізетін, тез жеткізетін Совет өкіметі бар бізде. Совет өкіметі — өмір кілті. Кілт иесінің қолында, халықта. Miнe, сіздерде, жолдастар. Бай, жуандар ғасырлар бойы ол кілтті қолға тигізбей, халық тілегін құлыптап ұстады. Енді ол құлып ашық. Кіріңдер дүние сарайына, көріңдер, аралаңдар. Жарамдысын ал, жарамсызын қайта жаса. Бұл менің сөзім емес, жолдастар, Совет өкіметін жасаушы данышпан Лениннің сөзі. Мен тек Лениннің, лениндік Компартияның сәлемін әкеліп тұрмын сіздерге. Сьездеріңіз құтты болсын! Жаңа үкіметтеріңіз халық тілегіне сай болсын!
Көпшілік дуылдап, өзара сөйлесіп кетті:
― Мың жаса, Ленин!
― Сабаз-ай, бұл жиынды да ұмытпапты-ау!
― Өзі науқас деген не сөз?
― Тер қатса керек, терлеп тәуір болыпты ғой.
Қараңғы қазақ даласында Ленин атын тілі шыққан жас балаға дейін біледі. Ол туралы халық аңыз, ертегілер жасай бастаған. Елге шыққан жырынды өкілдердің сөзі Ленинге бір соқпай кетпейді. Ленин айтты десе болғаны, жарлы жалғызын құрбан етуге дайын. Партия, комсомол ұйымдары некен-саяқ, «Қосшы», «Жалшы» ұйымдары әлі құрылмаған алыстағы, қараңғы, бытыраңқы елдің көңілінде Ленин аты шам-шырақ тәрізді еді. Сондықтан ол есім аталғанда тиыш қала алмады көпшілік. Теміржан шығып:
― Тиышталыңыздар! Сайлау басталады, — дегенде ғана дуыл басылды. Сайлауды оның бастауы қызық. Салған жерден, — болатком төрағасына кім лайық? — деп еді, үш дауыс бірден. «Жақып Бекішұлы» деді. Бұрынғы қарсылар бой көрсетпей қалды. Жақып өтіп кетті. Болаткомның пленум, президиум мүшелерін, тізім бойынша бәрін бір-ақ өткізді.
Байбол атын міне сала, елге тартты. Құйғытып барады, бұрын барып сүйінші алмақ. Жаңа болысты ескі болыстар қоршап алған. «Құтты болсынды» жаудырып жатыр. Съезд жабылып, жұрт тарағанда да, Малқар, Жәнібек, Қалабайлар Жақыптың жанынан кете алмай тұрды. «Біз сорған май құйрықты енді сен сорасың-ау» — дегендей, көздері жаудырап қарай береді. Малқар Жақыптың атының басын ұстағанда, Жәнібек қолтығынан көтерді. Қалабай жүгіріп келіп қамшылар жақ үзенгісінен басып тұрды.
― Еншалла, дәм татқан құдыққа түкіре қоймаспын! — деп, атына мінді Жақып.
— Басына тұрымтайдың бақыт қонса, самұрық қызмет етер панасында, — деді Малқар.
АТЫЛҒАН ОҚ
I
Аманның қабағы салыңқы, ауыр отыр. Столында түтеленген қағаздар көп. Бәрі ауылдан түскен арыздар. Арыз сайын кемі бір қиянат, ұрлық не зорлық бар. Біреуді біреу, көзі тайса ұрлап, әлі жетсе, зорлап жатқан тәрізді. Аман оқиды да күрсінеді. Биыл күрсінуден көз ашқан жоқ. Ленин қайтыс болды. Одан кейін әкесі қайтыс болды. Қызметке келсе, оқитыны әлгі арыздар. Өңінен бірақ жасу, қажу белгісі байқалмайды. Қайта ызалы, қажырлы көрінеді. Ұзақ жол жүріп, көп ел аралап қайтқан соң беті тотығып, денесі шынығыпты. Бұрынғысынан да байсалдырақ, тереңірек сияқты. Жасы әлі жиырма мен отыздың арасында болса да, отыз бен қырықтың арасындағы жігітке ұқсайды. Арыздарды оқып отырып: «Осы елдің де социализмге барғанын көрер ме екеміз, әлде зұлымдықпен арпалыса өтер ме екеміз?..» — дейді ішінен. Талдырмаш, тарамыс денесі тіп-тік, сұр шинелін иығына бос тастап, салынды түстес френчінің сыртынан наганын беліне берік байлапты. Ойланып қалып терезеге қарағанда беті қасқырдың бетіндей уытты еді, Таймас кіріп келгенде жылып сала берді.
― Дайынбысың, бөрібасарым? — деді күлімсіреп.
― Дайынмын! — деді Таймас.
― Әдхам ше?
— О да дайын. Кәзір келеді.
― Әбден дайындалыңдар. Күн бата, көз байлана жүріп кетейік.
— Ана жақта кісілер күтіп отыр ғой.
― Солай ма, неге айтпаған?! Біртіндеп жібере беріңдер ендеше.
Таймас шығып кетті. Белінде күміс белбеуі бар жігіт енді. Кербез жігітке ұқсамайды. Белбеуін әдейі көрсетіп, қызықтыру үшін сырттан буынғанын Аман сезіп отыр. Шынында қызығарлық белбеу. Қызыл сақтиянға күміс, күміс үстіне капказ жауыпты. Өрнектері сонша нәзік, көркем — машинамен болмаса, қолдан жасады деуге ауыз баратын емес. Ел арасында бір құлынды биеге бағасы шыққан, Қаржас зергерлері жасаған қамар белбеу.
― Мынауыңыз қай зергердің қолы? — деп еді Аман.
— Өзімдікі, — деді жігіт. — Інішегім, әділ деген атағыңды естіп келдім. Әйтпесе, күдер үзіп жатыр едім. Мені білмейсің, сүйегім Қаржас. Қол өнеріммен күн көріп жүрген жанмын. «Кірмесің» деп басынып, алғалы отырған жарымды осы елдің жуандары тартып әкетті.
― Кім, қашан?! — деп елең етті Аман.
― Малқардың қолында баласындай болып жүрген жалғыз жиені бар екен. Сол алып қашты. Қыздың әкесі шағын ауқатты, момын кісі. Оның атқамінер Жантас дейтін ағайыны мынау белбеуімді сұрағанда бермегенмін. Ақыры осы болды.
― Қыз әлде ырзалығымен кеткен шығар?
― Атамаңыз! Көзінен қан ағады.
― Онда болысқа, сотқа, менен бұрынғы начальникке неге айтпағансыз?
― Бәріне айттым. Малқардың беделінен бірі аса алмады. Тексерейік деп жылжытпаға сала-сала шаршатты.
― Қалыңмал берген боларсыз?
― Несіне жасырайын, екі-үш қараның нобайы беріліп қойып еді. О да кетті. Бәрінен қорлығы өтті. Малқардың жиені мен қызды алдырып, үшеумізді өз алдыңда бір беттестірсең арманым жоқ. Қыз айнып қалса, өз обалым өзіме.
Аман ойланып қалды. Қазақта ер құнынан, жесір дауы, жер дауынан үлкен ештеме жоқ. Бұл үшеуі екі адамның ғана емес, екі рулы елдің дауы. Малқар сияқты нәннің қолындағы келінін айырып алу, Малқармен қоса, бүкіл сол рудың намысын қоздырады. Одан қорқып совет заңынан теңдік, әділет жолынан шығуға Аман қорланады. Елге келіп, мемлекет ісіне араласа бергенде, тәжірибесіз жас адамның алдына шие болған бір түйінді тастай берді қазекең. Кеспесе, шешілмейтін ескі түйін. Аман беріп кетпе жігіт емес, жас та болса, қарияша толғанды біраз. Ақыры кесуге бекініп, Таймас пен Әдхамды шақырып алды. Қолдарына жазып бұйрық ұстатты да ауызша оны толықтырды:
— Қазір аттаныңдар да, күн батқанша қайтып оралыңдар. Малқардың келіні еркімен отыр ма, зорлықпен отыр ма? Оңашалап сұраңдар. Әгәр зорлықпен отырса, күйеуімен қосып алып келіңдер осында.
― Жанжал шығарса қайтеміз? — деді Әдхам. — Шонжарларға бұл өліммен тең.
— Шонжардан қорыққан ауылда совет тәртібін орната алмайды. Әгәр совет тәртібіне бағынбаса, күшпен бағындырыңдар.
― Құп, жолдас начальник! — деп, аяғын бір сарт еткізді де, Әдхам шыға жөнелді. Кейіндеу қалған Таймасқа Аман тағы қосымша бір тапсырма берді.
― Жаңағының баяғы мінезін бақыла. Қайталатпа.
— Тырп еткізбеймін! — деп Таймас шықты. Екі езуі құлағында, зергер де тұрды орнынан. Бір етігін жамбасынан басып, жалақ шал енді. Жаман тымағының бауы шие боп қалған екен, шешіле қоймаған соң, тымағын қапыл-құпыл сыпырып алды басынан. Өзінше үлкен әдеп көрсеткенсіп, ұлықтың алдында жалаң бас тұр. Әдебі қорыққаны сияқты, қалтырай сөйлейді:
― Тақсыр... қарағым... шырағым-ау... Арғы атам Арғынбайдың шаңырағына мініп келген... — дей бергенде, Аман келді де, қолтықтап апарып скамейкаға отырғызды. Өзі бірге отырды.
― Саспаңыз. «Тақсыр» жоқ кәзір, Николаймен бірге кеткен. Біз совет қызметкері. Балаңыздай, я ініңіздей көріп, еркін сөйлесіңіз, — деп еді, шалдың қызыл көзі күлім етіп, дірілдеген даусы түзеліп сала берді:
― Айналайын иманды жүзіңнен! Қайдан білейін, қатты деген соң, сасып қалдым. Осынша жасқа келгенше ұлықтың алдын көрген емен. Тоқабай болмай жіберді. Тоқабай екеуіміз ағайын боламыз.
― Тіпті жақсы. Келген шаруаңызды айтыңыз.
― Былтыр қыс аяғы созалаңдап, байлар састы ғой. Арық малын елге таратып, асырап шық та, жаз сүтін, майын пайдалан деген. Таласбайдың бір бестісін мен де қыстан аман алып шығып, жаз аяқ артып жүргенімде қасқыр жеп кетті. Сол үшін ақсақалдар екі бұзаулы сиырымның бірін бұйырды оған. Мен көнбеп едім, Таласбайдың есірік баласы екі жігітпен келді де, айдай жөнелді. Таласып едім ұрып кетті. Әрі таяқ жеп, әрі малымнан айрылып келдім. Құдай бар болса, үкімет бар болса, көрсін міне көз жасымды! — деп, шал еңірегенде, көз жасы көк сақалына құйылып кетті.
― Жыламаңыз! — деді Аман. — Ертең күндіз мен сол Таласбайдың аулында болам. Дабыра қылмаңыз. Жетіңіз.
Батасын жаудыра, қуана-қуана шал шықты. Басын таңған мосқалдау бір адам енді. Самайында тарамдана аққан қан кеуіп қалыпты.
― Қаныңыз не, отағасы?
― Тұрысбек деген ұры қойымды ұрлап жегенімен қоймай, басымды жарды.
― Қалайша?
― Қыстан бордақыға байлап, жазғытұрғы қара өзек шаққа сақтап отырған семіз бір қойым бар еді. Соны үйден алып кетті. Бала-шағамды ашықтырып кетті. Ауыл арасының ұрысы. Мал иесі уәлі деген, құдай біледі-ау, Тұрысбектен басқа ешкім емес! Сұрау сала барғанымда істегені мынау:
― Ұрлығын мойындату қиын болар, отағасы. Ұрғаны үшін дереу жауапқа тартамыз. Қасыңызға қазір милиция қосып берейін.
― Басымның қанынан, оның жауапқа тартылғанынан маған қойым артық. Қойымды алып бер, қарағым, тінтіп жіберсеңдер, суырып аласыңдар.
― Соған сенімдісіз бе?
― Сенімдімін!
Қасына бір милиционер ертіп, бұл шаруа да қутыңдай жөнелді. Қиянат көріп келгендер қуана кетіп жатса да, Аманның көңілі әлі басыңқы. Туған жерді екі жылдай көрмей, сағынып, аңсап келгенде, елі алдынан дау, жанжал дайындап қойыпты. Бұрынғыдай бәйгі бозға мініп, аңшылық етуге, түндерде алтыбақан теуіп, қыз ойнақтарды құр өткізбеуге уақыт қалмаған сияқты. «Қайтіп қызық көремін әуре-сарсаң күнімнен» — деген Абай сөзін есіне бір түсіріп, Аман орнынан тұрғанда, есіктен ақырын еніп келе жатқан Алексей Федоровичтің ұзын, қайқы мұрты қылтиды. Сары мұрты ширатулы, ұшы бұрынғыдай жоғары қайырылған. Желкесіне түскен тығыз, сарғылт шашы тарлан тартыпты. Аман ұстазын күлімдей қарсы алды. Ұстазы салған жерден:
― Қашан жүресіңдер? — деді.
― Дабыра қылмай, бүгін түн қатып жүріп кетпекпіз, — деп еді Аман, Алексей оның, беліндегі алты атарын үнсіз сұрап алып, қарап шықты да, өз беліне байлады. Өзінің наганын Аманға берді.
― Ол қауіпті жау. Менің мылтығым сенікінен сенімдірек. Жаңа деректер бар ма?
― Жоқ. Бірақ ел жайын, жер жайын жақсы білетін басшы табылды.
― Кім?
― Құлшымның Таутескені.
― Белгілі карташы. Ұрылармен әмпей еді ғой.
― Иә, сонысынан қыйпақтап тұрғаным. Қайтсем екен?
Алексей Федорович ойланып қалды. Ол Аманның бір кездегі мектеп ұстазы болса, енді саяси басшысы — болыстық партия комитетінің секретары. Бір мезгіл мектепте, саяси үйірмелерде сабақ береді. Бұл поселкеге тақауда ауысты. Өзі осы маңның адамы. Орыс, қазақтың жайын бірдей біледі. Қазақша сөйлегенде қайсыбір қазақтан асып түседі.
― Сен менің аузыма қарайтын шақтан өткенсің, — деді Аманға қалжыңы, шыны аралас, — өз ойыңды айтшы, ұрыда опа бола ма?
— Маған оның кәзір опасыздығы керек. Опалы болса, ұстап бермейді ғой.
― Ұстап беретіндігіне сенімдімісің?
― Сенем. Өйткені ол бізге кіріптар. Ұстап берсе, оған тіпті жақсылық істемекпін.
― Байқа. Жақсылық та егін сияқты, тастаққа ексең, шықпайды.
― Менімше, жаманға ылғи жаман көзбен қарау да дұрыс емес. Жақсылықты жаман көңілге егуге де болады. Өйткені ол тас емес, көңіл ғой...
― Макаренконы қайдан білесің? — деп, Алексей Федорович көк көзін Аманға қадай қалды. Өңінде қуаныш пен таңдану бірден бар.
— Білмейім, ол кім?
― Үлкен педагог. Екеуміз ылғи хат алысып тұрамыз. Жаңағы сөзің соның сөзімен жалғасып жатыр.
― Бәрекелді, жорамалым келеді екен онда! Мен өз көңіліме, өзім білген-көңілдерге қарап айтып едім. Өйткені, жақсылықты ұнатпайтын көңіл жоқ тәрізді. Жақсылық етушіге ол борыштар, кейде тіпті кіріптар болып қалады.
Алексей Федорович Аманға ойлы көзбен жымия қарап біраз отырды да, қайта қозғады әңгімені:
― Ойшыл жігіт бола тұра, милиция қызметіне қалай тұрғаныңа қайранмын?!
― Милиция ойсыз болу керек пе? — деп, Аман сақылдай күлді. — Дәл қазір ел ішінде болыстан, болкомнан милиция беделді. Қызметім өзіме қатты ұнайды. Өйткені елде әлі қиянат, қылмысты істер жеткілікті. Соның көбі қолма-қол басуды, жәбірленушіге жалма-жан жәрдем етуді тілейді. Жылаған көздің жасын құрғатқан сайын, ісінген кеудені басқан сайын мен бір жасап қалам. Бірақ сол қуанышымды қайғым жеп құтайтпай тұр.
― Қандай қайғы?
― Өстіп жүргенде өлшеулі өмір бітіп қалып, социализмді көре алмай кетем бе деп қорқамын. Ескіліктен ауылда аяқ алып жүргісіз, оны жоймай жаңаға орын бар ма? Ленин қайтыс болғалы ескішілдердің үміті өсе түсті. Шынымды айтайын, мен тіпті сескенем қазір. Ішкі, сыртқы жау үн қосып ұлып кетті ғой...
Алексей мұртының арасынан темекі түтінін баяу ғана будақтатып жіберді:
― Сескенсең сескен, тек қорықпа! Ленин кеткенімен, желбуаз үміттер өрге баса алмайды. Қара жамылған ел қайғы үстінде-ақ ерінің орнын толтырып тастады. Компартияның лениндік шақыруына тұтас үн қосты. Жұмысшы табы былай тұрсын, жалшы, кедей, орташаның ойы оянып Ленин партиясына еніп, сап түзеп жатыр.
― Осы болыста қазір коммунистер қанша?
― Елуден асып барады. Бұрын онға жетпейтін. Комсомол ұйымдары өсуде. «Қосшы», «Жалшы» ұйымдары құрыла бастады. Ауылда әлі ескілік күшті болғанымен, келешегі әлсіз. Жаңалық әзір әлсіз болғанмен, келешегі күшті. Осыны көріп отырып істесең, қуанышты уайым жеңе алмас.
Әңгіме ұзаққа созылып, күн кешкіріп қалды. Шағын терезелі орыс шаруасының үйі күн көзі тайған соң көлеңке тартты. Ұстаз бен шәкірт сонда да әңгімелерін бөлген жоқ. Ой өскен кезде кең сөйлесіп отырғандары осы. Аман саяси мектеп көріп, Сәкен сияқты үлкен адамдардың қасына еріп, ұзақ уақыт ел аралап қайтқан соң, бұрынғысынан әлдеқайда ашылыпты. Бұйығы, ұялшақ мінездері жөнді байқалмайды. Құйма құлақ, зирек жігіт мектептен тыс, өз тұсынан оқып та, ой, білімін бірталай кеңейтіп алған. Жасынан өмірге қоятын сауалы көп: «Неге олай? Былай болса, қайтеді?» деген күмәндарының біразына жауап тапқан тәрізді. Өте көңілді, еркін сөйлеп отыр еді.
― Баласы болған сайын, әкесі сүйсіне түседі, — деді Алексей Федорович. — Ұстаз да шәкіртіне сол сияқты екен. Мен саған қатты сүйсініп отырмын, Аманчик. Есіңде болсын, жемісті ағаштың басы иіліп тұрады. Жемісті болғың келсе, кішік бол. Болдым деме, болсам де. Бұл нақылды марқұм Сапекең талай айтқан шығар. Сонда да елге шығар кезіңде есіңе салам. Өйткені, ел сенің бойыңнан алдымен осыны іздейді.
― Баласы әке болғанда да, әкесіне бала екен ғой, — деп, Аман көзіне жас алды. — Әлі де әкеме еркелегім келеді, нақылдарын тыңдай отыра, сөз таластырып жеңгім келеді. Бірақ енді әке жоқ. Әкені көрген сіздер кеткенде, көңіл шіркін бұдан әрі құлазитын шығар.
― Олай емес, ел бәрін ұмыттырады. Елдің ішіне ене білсең, көксегеніңнің бәрі табылады. Нағыз кәрия әке ел ғой, шырақ...
― Рас-ау. Бірақ сол алтын бесік еліңіздің іші былығып жатыр!
― Социализм тазартады.
― Тазартқанша мыналар шаш ағартатын, — деп, Аман терезеге қарап иегін көтерді. Қасында бес-алты кісісі бар, Таймас пен Әдхам аттан түсіп жатыр. — Феодал Малқар болыстықтан айрылса да, зорлықтан айрылар емес. «Мандамның басын ал» деуші еді емсектер. Сондықтан мен істі Малқардан бастадым.
― Дұрыс-ақ. Бір Малқар құласа, он Шөгел аяғын байқап басады, — деді де, Алексей орнынан тұрды. — Жұмыстарыңа бөгет болмайын. Жүресіңдер ғой енді, жолдарың болсын. Партияның лениндік шақыруын естен шығарма. Қайтып келген соң, шеткері жатқан ауылдарда саяси-көпшілік жұмыстары туралы баяндама жасайсың.
Аман есік ашып, Алексейді үйден шығарып салған соң, қыз бен жігітті ертіп, Әдхам, Таймастар енді. Манадан күтіп жүрген зергер жігіт қоса енді. Малқар екі-үш кісімен ере келген екен, кіруге батпай, болаткомге кетіпті. Күн кешкіріп қалған. Шам жағылған соң ғана қыздық жүзі анық көрінді. «Бедені тәп-тәуір екен. Тойған тоқтышақтай монтиюын! Қасындағы тоқпақ мұрын, айран көз жігіт өр кеуде болар, қасқырша арқасына сала жөнелген ғой» деп іштей бір жобалап қойды да, Аман тергей бастады:
― Қарындас, жасқанбай жауап беріңіз, еркіңізбен қаштыңыз ба, әлде зорлап әкетті ме?
― Зорлап әкетті.
― Қашан?
― Бүгін жиырма төрт күн.
― Зорлап әкетсе, содан бері қалай бірге тұрдыңыз? Арыз беруге, не қашып кетуге болмады ма?
― Болмады. Дәретке де жалғыз шығармады.
― Мына жігіт сізді менің жарым еді дейді, сол рас па?
― Рас.
― Айныған жоқсыз ба?
― Жоқ.
Қыздың ең ашынған, ызалы кезінде берген жауабы осы-ақ. Әлі төмен қарап ұялып отыр. Ұялшақтық қызды кейде қой етсе керек, қой бауыздап жатқанда да бақырмайды ғой. Аман енді жігітті айналдырды:
― Сен, совет өкіметін білемісің, сірә?
― Білем.
― Онда сүймеген қызды неге алып қашасың?
― Сүймесе қаша ма, сүйген соң қашты. Қазір тек айнып қалып отыр.
― Соқпа өтірікті! — деді қыз. — Айқай салып жылағаным қайда? Аузымды басып алғансыңдар...
― Ө-маяу, сол ма мойындатқаның! Үйінен кетерде қыздың бәрі жылайды. Бірақ біреуінің үйінде қалғысы келмейді.
Жігіт дауға шебер екен, қыздың аузын аштырар емес. Аман бірақ бойын жаздырмады:
― Мынаны қазір апарып жабыңдар да, материалын сотқа түсіріңдер! — деді. Милицияның бірі ала жөнелді. Қыз бен зергерді шығарып салуға Әдхамды қосып беріп, қоштасып тұрғанда, зергер белбеуін Аманға ұсына жалынды:
― Ал, қарағым. Алмасаң, ырза емеспін. Ырзалығымды білдіру үшін бар бағамды беріп тұрмын. Саған бермегенде, кімге берем?..
― Сізді ырза қылу үшін алайын. Зәуеде мен біреуге бере қалсам, өкпелемейсіз бе?
― Неге өкпелейін!
― Онда мен жеңгеме сыйладым. Алған азаттығыңызға таққан байғазым болсын, — деп, Аман белбеуді қыздың беліне әкеліп байлады.
― Сөз тапқанға қолға жоқ! — деді де, басын бір шайқап жүріп кетті зергер.
Аман оңаша қалды. Күн ұзын бір толас болмай, алды адамнан, аузы сөзден босағаны осы. Енді түн қатып жүруге дайындалып отырғанда, Жақып, Малқар, Теміржандар кіріп келді. Қабақтары түюлі, даурықпай келсе де іштері ызаға толы, тырсылдап тұр. Өңдеріне байыптап қарап алған соң:
― Мезгілсіз неғып жүрсіздер? — деді Аман. Жақып Теміржанға қарады. Теміржан оған иегін көтерді. Содан кейін:
― Мына Малқар ақсақалды ертіп келдік, — деп Жақып жылпылдай жөнелді. — Милиция жіберіп, қолындағы келіні, баласындай болып кеткен жалғыз жиенін алғызыпсың. Келінім ырза болмаса, сотқа неге айтпаған? Сотқа жете алмаса, маған неге бір айтпаған? Азғырумен, балалықпен кетіп отыр. Қайырып беріңдер, өзім сөйлесіп көрейін. Алда-жалда тұрғысы келмейді екен, қаңғыртып жібермей әке-шешесіне өз қолыммен табыс етейін, — дейді Малқан. Біз осы сөзге тоқталып қалдық...
Жақыптың сөзіне Аман бір жымыңдап қойып еді, ұнатқан күлкі ме, келемеж күлкі ме, торуылдаған үшеу түсіне алмай, түрліше жорып отырғанда, түршіктіре сөйлеп кетті ол:
― Малқанның есебі дұрыс. Ол уәдесіне мен де сенем. Бірақ мынаны ескеріңіздерші, зорлықпен алған қызды совет мекемесіне келген жерде тағы да қайтарып берсек, басқа ел түгілі, сол қыздың өзі не ойлайды? Бұның аты — бостандықты ақсақалдарға жығып беру емес пе? Әгәр біз тек Малқаңның абройын сақтауды көздесек, әрине, қызды қайыру керек. Ал халық алдында совет беделін көтереміз, әйелді азат етеміз десек қызды босатып, сүйгеніне қоспасқа, зорлаушыны жазаламасқа лаж жоқ. Сондықтан осыны істеп те қойдым.
― Не дейді, не дейді? Қыз кетіп қалғаны ма?! — деп тыпырлаған Малқарға Аман жайымен отырып:
― Иә, кетіп қалды... — деді. — Балаңызды жаптырып қойдым. Ісін сотқа түсірем.
― Асығып-ақ отыр екенсің, шырағым! Асығыстың артында бір өкініші болатын. Көрерміз. Малқардың қолынан мөр кеткенмен, ел кеткен жоқ. Жүз жасаған бәйтерек тамырын тереңге жіберген, бұтағы сынғанмен құламайды!
― Сіз қыр көрсетіп отырсыз ба? Кімге көрсетіп отырсыз? Қайда отырғаныңызды ұмытпаңыз! Бұл баяғы Бондаренконың үйі емес, қазір совет мекемесі, оның ішінде, қолма-қол тәртіпке шақыратын мекеме. Көп көкімеу керек. Маңайыңыздан ел кетпесе, қолыңыздан мөр де кетпеген болар еді. Бәйтерек шірісе әуелі бұтағы сынып, сосын түбімен қопарылып құлап түсетін. Кәрі бураның басынан жас буыршын қорқа алмайды, тізелесе кетсе кесіп түседі тілерсегін. Жақ ашшы, кәне! Балаңмен қосып өзіңді жауып қояйын!
Малқар жым болды. Аман айғайсыз, жәй сөйлесе де өтінен өтіп, сүйегіне жетті. Жақып тайқақтап қалып қойды.
Теміржан түсті араға:
― Бұл қалай? Военный коммунизм өтіп еді ғой. Сабыр, үгіт-насихаттың орнына омырау, қол күш әлі!
― Сабырды саботажға, насихатты бос былшылға айналдырмау керек, — деді Аман, — Совет жақсы деген мың сөзден, жақсылығын көрсеткен бір іс әлдеқайда әсерлі.
― Сондағы ісің, қол күш пе?
― Сіз сонда военный коммунизм өтті, қол күш бітті демексіз бе? Өкімет барда қол күш бітпек емес.
― Насихат, ақыл, есеп қайда қалады, жолдас Сапаров? — деп Теміржан орнынан ұшып тұрды. Жіңішке даусы шіңк-шіңк етіп, Аманға тақалып барады. — Есіңде болсын, уатком мүшесімен сөйлесіп тұрсың!
― Соны шамданбай-ақ, даусыңызды көтермей-ақ айтсаңыз да түсінем.
― Түсінсең, болаткомның, соттың жұмысына қол сұқпа, жесір дауына араласпа! Өз жұмысың жетеді.
― Бұ да менің жұмысым. Көз алдымда біреудің жарын біреу, біреудің малын біреу тартып алып жатса, араласпа дейсіз. Араласпауға революциялық заң, революциялық сана қоймайды. Рахмет, жолдас уатком мүшесі, ол ақылыңызбен өзіңіз-ақ күнелтіңіз. Сіз Малқаңның болыстықтан түспеуін де, келіні кетпеуін де, тіпті бір шыбышының қысыр қалмауын да тілейтініңізді білем.
― Сонда немене, мен байшылмын ба?! Бостандыққа, мәдениетке қарсымын ба? Онда партбилетті несіне салып жүрмін? Сендей молокосостарға беріп, тиыш жату керек те!
― Бұл қылықты қоймасаңыз, жатсаңыз жатарсыз бір күні.
― Жүріңдер, сөз бітті! — деп, Теміржан тарс-тұрс шыға жөнелді. Жақып пен Малқар бірге кетті.
Аман жалғыз. Даусын көтеріп керіспей, жәй отырып сөйлесе де, денесі қызу. Жұқалаң, аққұба жүзі күреңітіп, өткір көзі жана түскен. Шағын бөлмеде ерсілі-қарсылы шапшаң жүр. Қақпақты шойын сағатын қойнынан алып қарап қояды. Ойында тек оңшылдар. «...Біздің оңшылдар сөзде жаңашыл, істе ескішіл-ақ. Нағыз байшылдар. Ырқына жіберсең, социализмді жақындатудың орнына, алыстата түсер еді. Олардың ұясы ауылда. Ұясы бұзылмай тұрғанда оңшылдар оңбайды. Теміржандар осылай қиғылықты салады да тұрады...»
Әдхам кіріп келгенде ғана Аманның ойы бөлінді.
— Шығарып салдың ба? Ал кетейік, Таймас қайда?
— Таймас пәтерде күтіп отыр. Жақ жаппай, алғысты саған жаудырып барады жаңағы ұста.
— Бұнда қарғысты да жаудырып жатыр.
— Байлардың қарғысын қойшы, майдай жағады.
— Ал, кеттік!
— Кеттік.
II
Желсіз, айсыз, бұлтты түн. Дала қараңғы, көзге түртсе көргісіз. Қар кеткен. Жер дегдіп, сары маңыз болып жатыр. Анда-санда шалшық, саз кездескенде аттар мамырлап қалады. Таутескен ең алда. Өзі атынан, аты өзінен өткен жершіл, бір мүдірмей бастап барады. Аузы сөзден босаған жоқ. Қасындағы Аман, Әдхам, Таймастар құныға тыңдап келеді.
— ...Анау аласапыран кездерде қызыләскерлерге еріп, Колчакты ол біраз қуды, — деді Таутескен, — содан қайтқан қызумен қызметке тұрып, асыра сілтеп жүрді. Бай, кедей, құдай, үкімет, алыс, жақын дегеннің біріне опа қылғанын білмеймін. Қарны ашса күшігін де жеп қоятын, адамға онша жанаспайтын қасқыр тәрізді жігіт еді. Екеуміз түйдей құрдас болатынбыз.
— Қаншаға келдіңіз? — деген Аманның сұрағына.
— Тауық жылы туыппын, — деді де, Таутескен тарта берді. — Ол аздап жалда да жүрді. Совет тұсында үстіне ақ отау тігіп, алдына мал салып, қатардағы үй болып қалып еді. Ақыры, оны да жойып, қашқын болып жүргені мынау.
— Қашқын болған себебі не соның?
— Қалқаны өлтірген соң, қашпай тұра ала ма!
— Өлтіру себебі не?
— Соңына түсіп қоймады ғой.
— Не үшін?
— Ойбай-ау, оның істемегені бар ма! Пара, жала, зорлық, ұрлық, қарлыққа дейін істеп бақты. «Совет тұсында кедейге сот жоқ» дейтін. Қалқа сондайларға тыйым сала шыққанда ел шулап қоя берді. Шалабай қаша жөнелді. Міне, содан қашуда.
— Сізбен ең ақырғы кездескені қашан?
— Алдыңғы жылы пішен уақытында, таң алдында бір соғып кетті. Рас айтса, Шәкен мырзаның аулынан келем, — деді.
— Ол ауылға бара ала ма?
— Қайдам... Қашқын емес кезінде Шәкенге үйір-ақ еді.
— Япырым-ай, ол кісі де жеркенбейді екен! — деп, Аман сұрақты тоқтатты да, есіней бастады. Бұлар шыққалы бірталай уақыт болды, қысқа түннің көбі өтсе керек, сағатқа қарап білуге сағат көрінбейді. Алыста күн күркірейді. Қара түнектің ішінен нажағай оты жарқ етіп, биікше иіріледі. Жаз шыққалы күннің күркірегені осы. Таутескен ескі қазақ әдетімен: «Сүт көп, көмір аз» деп күбірлеп келеді. Әдхам нажағайдан қорқады екен. Астындағы аты қылаң.
— Ат айырбастаймысың? — деді Таймасқа. Таймас сөзге келместен айырбастай қойды. Айырбастасымен Әдхамды мазақ қылды.
— Біз ат айырбастадық. Неге айырбастағанымызды білесіңдер ме?
— Жоқ.
— Ақ нәрсе жай тартады, — деседі. Әдхам содан қорқып, жақсы атын маған берді. Тартса, мені-ақ тартсын, Әдхам, көйлегіңді де айырбасташы, ақ қой.
— Батыр болсаң өкпең тесілгенше жалда жүрер ме едің. Несіне мақтанасың? — деді Әдхам. Аяқ астынан жапалақ бық етіп ұша жөнелгенде, аты жалт беріп, тастап кете жаздады.
— Таласбай аулы енді онша қашық емес. Тауға кірдік қой, — деп, Таутескен шоқыта жөнелді. Тау көрінбесе де, жер қатайып, қиыршық тастар ат аяғымен шықырлап жатыр. Алыстағы жаңбыр осылай бір беттеді де, бұрылып алып ұзап кетті. Алдыңғы жақта бұлт жыртылып, жыртық арасынан көгілдір сәуле сығалады бір кезде.
— Түн жабығын көтере сығалаған таң сәулесі қандай сұлу! — деді Аман. Ұйқысы шайдай ашылды. Түн ұзын қара жамылған дүниенің таң құшып, күлімдеген көрінісіне қызыға қарап келе жатып:
Жүзің таңдай,
Тілің балдай,
Сәулем, сені көргенде,
Балқиды бойым,
Шалқиды ойым.
Өтпес сенен еш пенде, —
деп сыпайы қоңыр үнімен әндете бастағанда, кейіндеу қалған Таймас қатарласа түсті. Әнқұмар, өлеңқұмар жігіттің мейірін қандырмай тоқтады Аман. «Айтшы, айтшылап» келеді. Аман бұл өлеңнің жалғасын айтудың орнына, қайдан, қалай шыққанын айтып берді:
— Аржағын білмеймін. Бір күні таң сәріде Сәкен екеуміз Сырымбет тауының басында болдық. Сонда Сәкен ағай осы өлеңді осы әнмен ыңырсып айтып тұрған еді. Есімде қалып қойыпты.
— Өзінікі болды ма екен?
― Сұрамадым.
― Пай, пай, осы мінезің-ай! Әгәр мен сен сияқты екі ай қасында жүрсем, мың қалтасы болса да, тінтіп шығар едім.
― Рас, сен тінтімпазсың. Әлі де талай қуысын тінтерсің бұл дүниенің. Ал мен не бітіретінімді білмеймін. Орыстың Добролюбовы, қазақтың Шоқаны бірі менен бір жастай үлкен, бірі бір жастай кіші кезінде өліп кетіпті. Соның өзінде қалдырған мирасы жетіп жатыр. Осыны ойлағанымда, ұялғанымнан, тіпті қорланғанымнан, жерге еніп кете жаздаймын. Сол кезде тек Ломоносов құтқарады. О да біздей кеш қимылдапты. Кеш қимылдаса да, бұрын қимылдағандардан озып кетіпті. Біз озбай-ақ, келіп кеткен ізімізді қалдырсақ та, жарар еді.
― Қайран жиырма бесті мынау қайғыңмен қор қылмасаң неғылсын! — деп, Таймас ілгері шаба жөнелді.
Бұлтты жара, күн белестен қылтиып келеді. Нұрын шаша алмай, бұлт арасынан сығалаған күн дәл қазір туып келе жатқан қасқа бұзаудың маңдайы сияқты. Қыстан жүдеп шыққан малдар шөптесін таудың қылтанақтаған көгін өсірмей жеп, бұйраттарда бытырап жүр. Ұры мен қасқырдан сақтанған қазақ, малын көзден таса қылмайды. Тау қойындарынан тымық әуеде көтерілген түтін бір шұқырда бұғып қана отырған ауылға шақырып, «мұндалап» тұр. Ауыл арасындағы жіңішке жолдармен жаз шыққалы бір арба жүрмепті. Тау алдында, көз ұшында жатқан кең жазықты әлі бір пенде шұқымапты.
― Мынау тек мал жиған, бірақ малына шөп жимаған, егін кәсібін білмейтін ел екен, — деді Аман, төңірекке көз жіберіп келе жатып. Таутескеннен тағы да сұрай бастады: — Байы Таласбай болғанда, жуаны кім бұл елдің?
― Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын, кесіп алса қан шықпас, белгілі Қалабай. Шалабай былтыр оның көшіне тиіп, қызын алып кеткен. Бір жұма қатын қылып қоя беріпті.
― Қоя бермепті, қыз қашып құтылыпты ғой, — деп, Таймас әңгімені созып бара жатқанда, Аман бөліп жіберді:
― Бұдан әрі Төртбақ Жәнібек қанша жер?
― Күндік жер.
― Мұқатай ше?
― Екеуі барабар. Мен ешқайда бөгелмей, Мұқатайға тура тартам. Шалабай қыстай Әулиеата маңында болады да, жаз шыға Арқаға келеді. Алдымен Мұқатайға келіп, карта соғады. Қолға бір түссе, осы карта үстінде түседі. Керемет құмар. Екеумізді қосқан да осы карта болатын. Карта достармыз...
Тау жамбасынан аққан мөлдір қасқа бұлақ кездесті. Төртеуі де аттан түсті. Ат шалдырып, өздері шешініп, жуынып, біраз тыңайған соң, қайта жүрді. Таутескен мен Әдхам бөлек кетті. Таутескен әрі бармақ. Әдхам бері қалмақ. Екеуі де жансыз, жасырын бара жатыр. Қашқынның қайда жүргенін анықтайды да, хабарын ұтылап жеткізіп тұрады.
Аман оған дейін елде бола тұрмақ. Таймас екеуі аналардан бөлінген соң, тау бауырлаған соқпақты тастай бере, Таласбай аулына бір шоқының иығын баса тура асты. Екеуі де жазық далада өскен жігіт. Тау елінің тұрмысына таңырқап келеді. Төменде үш төбешіктің бетінде үш қора тұр. Өңкей тас қора. Қалауы қиқы-жиқы. Ең биігі емшекке дейін. Өңкей тас қора. Аласа жерінен үстіне атпен шығуға болады. Терезелері сынық, жамау, қайсыбір кездеріне бүршігін сыдырып қарын, жүнін алып қоян терісін шегелепті. Бір үйдің ғана алдында бір шошақ шөп көрінеді. Қыс бойы соның жармысын-ақ жеген. Қалғанын желден сақтап төбесіне шыбық шаншып, таспен бастырып қойыпты. Кереге көктеген еркектер мен киіз жамаған әйелдер далада. Сүйек өртеп, май ағызып, қаба сақал біреу отыр. Үш үйдің ішінде еңсесі көтеріңкі, қомақтылау біріне Аман мен Таймас ат басын тіреді. Қапелімде жатырқай, одырая қараған ауыл біртіндеп жиыла бастады. Әсіресе қаспақ мұрын, қара домалақ балалар көбірек жиылды. Мал ішінен Таласбайдың өзі қайтты. Өзінен гөрі астындағы қаратөбел биe көз тартады. Жүзіктің көзінен өткендей сұлу, жарау, түлеп үлгіріпті. Жүні жылт-жылт етеді, үсті желқайықтай жайлы шығар: лыпып тұр, аяқ алысы мысықтай епті. Атақты қаратөбел биенің өзі екеніне Аман күманданған жоқ. Ал оның үстіндегі күпісін айналдырып киіп, жарбиған су мұрын көк сақалдың Таласбай екеніне сене алмай, салған жерден:
― Кім боласыз, ақсақал? — деді.
― Шырағым, Таласбай деген шалмын. Тоқтаған үйлерің менікі. Тұрмалық, — деп бастай жөнелді Таласбай.
Тіреулеріне дейін қисық тас қораның іші сыртынан биігірек, біраз қазылған, ылди, қараңғы. Қонақтар бастарын біресе тіреуге, біресе төбеге соға келе, үйдің есігін ашқанда, сасық исі мүңкіп қоя берді. Ауыз үйге төл байлаған екен, исі әлі кетпепті. Төргі бөлме шаңдатып тұр, қонақ келген соң, сәті түсіп, жаңа сыпырылса керек. Аласа, алакөлеңке, тұмандатқан иіс-қоңысты үйде Аман азар отыр. Ішінен: «Рақатсыз байлық — кедейліктен жаман екен!» — деп түйді де, байға бір сауал берді:
― Отағасы, бұл қашанғы үй?
― Әкем былтыр тоқсан төрт жасында қайтыс болды. Сол кісі сүндетке отырған жылы салынған екен. Ата-бабаның құтты қонысы болған соң, өзгерткем жоқ.
Төбедегі арқалық, сырғауыл, шырпылардың арасына жұмарлықтан жүн, қыл тыға беріпті. Шуда жіпке тізулі бір шумақ бірдеме тұр. Таймас та, түсіне алмай, бір сұрақ берді:
― Төбедегі мынау жүн-жұрқа, әне бір салбырағандар не нәрсе?!
― Қолдан тірідей жұмсалған малымыздың түгіне сілекейін жұқтырып алып қаламыз. Ырым етеміз. Жүн-жұрқа сол. Анау жіптегі сүндет терілері ғой, — дей салды Таласбай. Таймас ерінбестен тұрып барып санап шықты. Елуге біреуі ғана жетпейді. Жүн-жұрқалар есепке көнер емес.
— Ақсақал-ай, ұқыптаған-ақ екенсіз! — деп Таймас әдетінше сақылдай күлді. — Бұның ішінде бабаларыңыздікі де бар шығар?
― Е, ең бірінші сол жарықтықтікі болса керек. Одан кейінгісін әкем марқұм: «Өзімдікі!» — деп отырушы еді.
Әңгімені қылжаққа айналдырып баратқан Таймасты Аман, басын шайқап, тоқтатып қойды. Жыртық терезеден даладағы дабырлаған дауыстар естіледі. Мал қараған, ауылшылаған, жолаушылаған қазақтар бірден бірге таратып, маңайдағы ауылдар начальниктің осында екенін лезде естіпті. Көруге, не бір мұңын айтуға келе жатыр жұрт. Аман үйдегілерді ертіп тысқа шыққанда, есік алдында Тоқабай кездесті.
― Қайдан жүрсіз, Тоқа?
― Елден.
― Мезгілсіз қай жүріс?
Тоқабай келген шаруасын Аманды былай алып шығып, оңаша айтты:
― Әлгі өзіңе жылап барған сорлы шал қорқып келе алмады. Сонсоң жұмысымды тастап мен келдім.
― Ол неден қорқады?
― Ақсақалдың билігін бұзудан, баймен ұстасудан қорқады. Сиыры әне, жайылып жүр. Алып берсең, түнделетіп айдап қайтам.
Аман Таймасты жіберіп, Таласбайды шақырды. Келе жатыр.
Тасбақадай күдіс, аласа кісі. Жоғары қарамайды. Сырты бишара-ақ. Ішінде кесірлік пен көлгірлік кезек ойнап келеді.
― Осының жылқысы мыңға жетті. Сиқын қарашы, — дейді Тоқабай.
― Сырты іштеме емес-ау, ішін айтсаңызшы! — деді Аман. Таласбайды келер-келместен қолға ала бастады. — Ақсақал, әне бір жайылып жүрген қара сиырды кімнен алдыңыз?
― Біреудің төлеуге берген сиыры ғой, шырағым. Оны неге сұрадың? — деп, сұрлана қалды Таласбай.
― Соны бермепті, тартып алыпсыз. Сондықтан сұрадым.
― Астапыралла! Астапыралла! Өтірік! Өтірік! Мына сиқыммен менің кімге әлім келеді? Бір атымды өлтіріп, соның төлеуіне берген. Ақсақал-қарасақал осы жұрт тегіс біледі. Сұраңыз...
― Сұрадым. Еріксіз алғансыз. Сіз ақсақалдардың билігін арқаланғанда, ол совет заңын арқаланып отыр. Қазір қара сиырды иесіне қайырасыз. Зорлығыңыз үшін кейін сот алдында жауап бересіз.
― Құдая! Ақ малым үшін айыптымын ба?
― Айттым ғой, малыңыз үшін емес, зорлығыңыз үшін.
Таласбайдың талағы тарс айырла жаздап, еріндері дірілдеп кетті. Бай қанша күшті болғанымен, заман өзінікі емес. Әйтпесе бойды кернеген ызада кемдік жоқ-ақ. Начальникке тісі батпаған соң, Тоқабайға төкті зәрін:
― Сен ғой, ат бекет болып жүрген! Сиыр әне, ала бер. Ата жолын, ақсақал сөзін аяққа басып кетсең, көрерміз! Алжып кетпесе құдай бар! Жын болып кетпесе, әруақ бар!..
Тоқабай сөз таластырмады. Таласбайдың сөзінің ақырын да күтпеді. «Маған сиыр қайтса болады» — деді де атына міне сала, сиырды айдап кете барды. Екеуі оңаша қалғанда, Аман Таласбайға тағы бір салмақ салғалы тұр:
― Ақсақал, біз асығыстаумыз, кешікпей жүру керек, — дегенде Таласбай оның сөзін киіп кетіп, асты-үстіне түсе жөнелді:
― Ол не дегенің, шырағым! Жібермеймін, қон, жат. Мырзамыз бір қысырақтың үйірін іздеп кетіп еді, келіп қалар, танысып кет. Ертең көшкелі отыр едік, еру болайық. Мынау көгалға қазір киіз үй тіктіріп жіберейін...
― Рахмет. Қызмет адамымыз ғой, жатуды уақыт көтермейді. Маған бір жақсы ат беріңіз, майын мінем де, басын қайырам. Бұл қолқа емес, заң бойынша бізге тиісті айлық лау ат.
― Оған құлмыз. Тым болмаса бір қонып кетші, айналайын!
― Қайтесіз қолқалап? Бір қондырғанда не табасыз?
― Маған «үйіне нәшәндік жатыр» дегеннің өзі жетеді!
Қанша жалынса да, Аман Таласбайдікіне жата алмады.
Түстік жеген соң, аттанбақ болды. Таласбай астындағы қара төбел биені айлық лау атқа беріп, Аманмен қоштасқан күйде қолын жазбастан, ауылдан былай шыққанша жаяу еріп отырды. Жақ жаппай қақсауда:
― Шырағым, сиырды иесіне қайырттың. Енді мені соттың алдына апара көрме. Туғалы сот алдын көрген жан емен. Не істесең де, өзің істе. Тек сотқа сүйремеші, айналайын!
― Жарайды, — деді Аман, — бір жолға осымен қалсын. Ал бұдан былай қолға түссеңіз, өкпелемеңіз.
― Аяма, қарағым, аяма! Қош, жолың болсын! — деп, Таласбай кейін қайтты. Ішінен «жұлының үзілсін!» — деп қарғап-сілеп келеді. Қара бие мен қара сиырдың күйігі күйдіріп бара жатса да, екі езуі екі құлағында, ауылда қарап тұрған көпшілікке масайрай сөйлейді:
― Берген перде бұзбаушы ма еді, тәйір! Көрдіңдер ғой, нәшәндік тіпті қолымды қысып босатпай, қанша жерге апарды! Қатты ырза болып кетті! — дегенде, қыж-қыж беті титтей де шімірікпеді.
IІІ
Жазғытұрғы ұзақ күн бұлттан әбден айыққан қызуы бүгін күндегіден басым. Аман, ыстықтауға айналған соң, шинелін шешіп, бөктеріп алды. Қара бие жүрдек, тебінгі қақтырмайды. Басы сонша жұмсақ, шынашақпен айналады. Аяғын билей басып, аузымен құс тістегелі келе жатыр еді жануар.
― Шабысын байқайықшы! — деп, Таймас тұра шапқанда, Аман ә дегеннен-ақ алға түсіп, ұзап кетті. Үш тосып алды, соның бірінде үзеңгі қағыса алмады Таймас. Оның астындағы Аманның торы аласы да көрікті, шабысты жылқы болатын.
― Әйелде Шолпаннан, биеде мынадан артықты әзір көргем жоқ! — деді Аман. Ат қызуы, көктемдегі жайнаған дала, жас көңілдің жасырғанын да айтқызды. Аман қазір тек сұлулық, махаббат, қызық жайында сөйлеп барады. — Сәкен сері жігіт екен. Аз уақыт қасына еріп, көп қызық көрдім. Орта жүздің талай жерімен, елімен таныстым. Мал қызығын, жар қызығын, жер игілігін көрген біздің Шәкен көрінеді. Дүниеге келген жан, дүниенің рахатына таласады, бейнетінен қашады. Қашқанның бәрі бейнеттен құтыла бермейді. Қуғанның бәрі рақатқа жете бермейді. Рақат тек байлықта емес. Көрдік қой, Таласбайда не рақат бар? Шәкен — дүниеде тұра білген адам. Шолпан сияқты жар құшағында тұрғанда да, тоймас көңіл тоят іздей ме екен?!
― Е, өстіп шешілші бір! — деп Таймас күлім қақты.
― Немене, шешілмейтін мені сонша шие боп қалды деп пе едің?
― Шешілсең, айтшы кәне, іштеме болды ма?
― Саған керегі тек сол-ау.
― Тоқетері керек те.
― Махаббат — тоқ етердің аржағында көп жер! Талай жас жете алмай, жолда қалған.
― Қойшы, өзің жеттің бе?
― Қайтесің қазбалап, — деді де, Аман шоқытып ілгері кетті. Таймас кейін қала берді. Көзінде жас.
Аман қолын алға сермеп, айғайлай шапты. Сөйлеп барады. «Қасқыр! Қасқыр!» дегені анық естіледі. Бір мезгілде тоқтай қалып аттан түсті. Жәй жүріп Таймас жеткенде, еңкейіп апанның түбін сығалап отыр екен.
― Ішің ауырып келе ме, жүре алмайсың ғой! — деді зекіп. Аңқұмар жігіт аңсасы кеуіп, апанға төніп-төніп қояды. — Ал тап ақылын: қалай аламыз мынаның ішіндегі күшіктерді?
― Менің ақылыма зәрумісің, қалай алсаң, олай ал, — деді де, Таймас көк далаға шалқасынан жата кетті. Аман аң-таң...
― Ей, денің сау ма?
― Денім сау, жаным сау емес.
― Жаныңа не боп қалды?!
― Қайтесің қазбалап.
Аман сұрап қоймап еді, Таймас тағы да жылап жіберді. Бұл жолы аузы кемсеңдеп, сөйлей жылап отыр:
― Мен саған шегімнің қыртысына дейін айтамын. Сен маған сұраған бір сырымды да айтпадың. Сенбейсің! Коммунист басыңмен комсомолға сенбеуге бола ма? Сен түгіл, терімді ағызып, қанымды сорған бай да сенетін. Сапекең: «Жетімегім!» деп, өлгенше маңдайымнан сипап кетті. «Көзіңнің қырын сала жүр» — деп саған сан тапсырмады ма? Аға тұтып алдыңда зыр қағамын. Іні тұтып еміренгеніңді бір естімей барам...
― Жыламашы, босатпашы жүйемді, — дей келе Таймасты Аман құшақтай алды. Бұның да көзі жасаурап қалыпты. — Мінез кемшілігін кінә қылма, бауырым. Суықсың дегенді талай естісем де өзгере алмай қойдым. Сыртым суық болғанмен, ішім ыстық. Соны бір көргенде-ақ Шолпан сезіпті, күнде көріп жүргенде сен қалай сезбегенсің? Сыртымды білгенше, ішімді біл. Ішім саған еріп тұр. Сыртым жұмсақ, ішім қатты, немесе тілім бал, ойым өңкей у болса, қайтер едің? Ондайлар жоқ па? Әне, күдігіңді соған сақта. Мен қолыңдамын ғой, кірші міне қойныма, көрші барымды!.. — деп, Аман Таймасты құшырлана құшақтап, умаштап жатты. Өкпе-наздың арты ілезде ойынға, күреске айналды. Таймас әлуетті болса да, әдіссіз екен. Аман жауырыннан ала, жүгіре үйіріп, қырқа не іштен шала тастауды, онан жата қалып басынан асыра, тізеге қондырып шалқасынан жығуды көрсетті. Шалымпазға шалдырмай, күші артықты бойға жақындатпай, тіреп жатып алатын әдістерді үйретті. Аман ат үстіндегі аударыспақ, тақым тартыс, еңкейіп жерден күміс алу сияқты ойындарына да жасынан құмар. Әбден жаттыққан, екеуі енді мергендік салыстырып, ұсақ тастармен үлкен тастарды атқылап отыр. Нысана қойып мылтық атпақшы болды. Екі жүз қадам жерге апарып, нысанаға бас киімдерін қатар тікті де, бірінікін бірі атты. Аманның мылтығы наган. Бес оғының бірі бос кетпеді. Таймастікі бес атар винтовка, бір оғы тимеді. Оқ тескен бөркін ұстап тұрып:
― Мылтығың ба мерген, өзің бе? — дейді Таймас.
― Әрине, өзім — деді Аман, — жаман атсаң, жақсы мылтық та тимейді. Жақсы атсаң, жаман мылтық та тиеді.
― Құдай саған бәрін бергенше, бірін маған неге бермеген?
― Құдай ешкімге әкеліп бермейді. Жалықпай ізденіп, сұранып жүріп аласың. Алғаның өзіңе қашан да аз, басқаға көп көрінеді. Аузыңды қу шөппен сүрткен сенің бойыңнан маған да көп жақсы қасиеттер көрініп тұр.
― Қоя тұр, қоя тұр пәлсәпеңді Шолпан жайында айтшы.
― Тағы жыларсың, айтсам айтайын, — деді де, Аман атына мінді. Қазып алуға қару болмай, қалып бара жатқан қасқыр күшіктеріне әлі де құмартып, апанға қарай-қарай жөнелді. Көктем желі қарсы алдарынан желпіп тұр. Бойы сергек, ойы көтеріңкі. Аман өзінің тереңге тыққан бір сырын аша бастады. — Бұл сырды қашан ескіргенше ешкімге айтпауға Шолпанға уәде беріп едім. Сен бәрібір білесің. Бірақ басқаға білдіре көрме.
― Несіне таптайсың! — деп, Таймас шытынып қойды.
― «Әкейге көңіл айтам» деп біздікіне Шолпан өзі келді. Көрмегелі екі жылға жуық уақыт өткенде кәдімгідей тіс қағып, бойы да, ойы да өсіп қалған екен. Маған бұрынғысынан әлдеқайда мінезді, көрікті көрінді. Мінез, көрік дегендердің көбінде қоспа, жасандылық бар ғой. Шолпан сап алтын сияқты: бойындағының бәрі — ана сүтімен біткен өңкей асыл қасиеттер: Әгар құдай бар болып: «Таңдашы!» десе, мен бар дүниеден Шолпанды ғана таңдар едім. Шолпан Шәкеннен айрылмас еді. Бірақ мені де сыртқа теппес еді.― Онда қалай, бір күйеумен тұра алмайтын болғаны ма?
― Жоқ! Ол оның ұстамсыздығы емес, ұстамдылығы. Ағайын, туыстарының қаумалауымен Шәкеннің қолына жастай түсті. Мүмкін, атақты адамның жары болуды бір кезде өзі де арман еткен шығар. Кәзір сол арманға жеткеніне өкінеді. Өкіне тұра байлаулы басын босатқысы келмейді. Босануға бекінсе, совет заңы былай тұрсын, сол Шәкеннің өзі-ақ ұстамас. Өйткені ол топас Малқар емес қой.
― Дәулетті қиып кете алмай жүр-ау онда?
― Жо-о-қ! Қазақы дәстүр, ұяттан аттап кете алмай жүр. Нәзік әйел түгілі тепсе темір үзетін шақта олардан өзіміз асып болдық па? Шолпан маған: «Әуре қылма, аса алмаймын» — деп ашып айтты. Ендігі арманы тек бала көрінеді. Ана болып, баламен көңілін жұбатқысы келеді.
― Рас! Бала дегенде ішкен асын жерге қояды, — деп Таймас қостап қойды. — Ал өзі қатын бола тура кейде бала сияқты. Сені жақсы көретінін менен жасырған емес.
― Сенеді ғой. Сіңлісін саған қоссам деген ойы да бар.
― Екеуің армансыз-ақ сырласқан екенсің. Менсіз оңашасын қалай таптыңдар?!
― Шолпан өзі тапты. Шәкен Малқарға қонаққа кеткен күні терезеден енгізіп алған.
― Ойпырмай, батылын-ай, жүректісін-ай!
― Сол батылдықпен де үлбіреген ұятты ел көзінше бұза алмады. Торға түскен ақ тұйғын, тыпырласа да шытырман ауды үзе алмады. Күннің көзі ашылса, көктемде жер сағат сайын жайнайды. Халық көзі ашылса, махаббат пен бостандық та осылай жайнар еді-ау! — деп, Аман күрсіне бір дем алды да, әңгімесін аяқтады.
Жүрген сайын тау сиреп, жер кеңейіп барады. Алдыңғы жақта бетінде сағым ойнаған жалпақ жазық жатыр. Алдамшы сағым жансызды жанды етіп, құрғақты көл, болмашыны зор етіп, бәрін әдемі көрсетеді. Тау арасынан жазыққа қарай андаған ұзын тізбек, көп шоғырмақтардың не екенін қапелімде біздің екі жігіт біле алмай келе жатыр еді. Кішілеу бір шоғыр өзгеден бөлініп, бұлардың алдын кесе, жұлдыздай аға жөнелгенде:
― Білейікші! — деп Таймас тұра шапты. Жақындаған кезде сағым кетіп, әлгі шоғырымыз жорға, желіс салыстырып келе жатқан он шақты қыз-бозбала болып шықты. Өзге шоғыр, тізбектер таудан жайлауға құлаған қалың елдің алды екен. Үздік-создық болып үдере тартып барады. Қыс бойы тау панасын сағалап, әр төбенің басында обаша шошайған бытыранды ел қазір көш жөнекей-ақ бас қосып, мәре-сәре. Жайлау десе, аяқсыз қазақ еңбектей ұмтылады. Көшпелі халықтың ең үлкен мейрамы, шаттық шағы осы жайлау күндері болар. Түйелеріне алуан-алуан кілем жауып, жаңарған даланы жайната түскен салтанатты көштермен аралас, қос, лашықтарын сиырға артып, жаяу-жалпы бара жатқан кедей көштер де аз емес. Бәрінің көңілі көтеріңкі. Өйткені, малды қазақ арығын семіртіп, бірін екі етіп қайтады. Малсыз қазақ соларға қолқабысын тигізіп, аққа, сорпа-суға тойынады. Қашаннан тіршілігі малға байланысты ауылдың ескі өмірінен ақаусыз ештеме қалмаса да, соны әлі дәріптейді. Жаңа заманның жақсы сөзі көп, берген шыж-мыжы әзір аз. Сондықтан кедей байға қарайлауын қойған жоқ. Аман әр кешке көз сала отырып: «барлық көшті көлік күші, адам еңбегі сүйреп келеді. Екеуіне де ауылда бай қожа. Байды жоймай, еңбек азаттығы орнамас, социализм мандымас» деген ойына беки түсті. Бірақ социализм кезіндегі өмір бейнесін, қанша жобаласа да, көзіне елестете алмады. Тек өзі көрген дүниенің жақсы жағы кес-кестей берді алдынан...
Таймас қыз-бозбалаға бұрын жетіп, жөн сұрасып болған кезде келді Аман. Начальник деген ауылда үлкен ат. Қымсынып қалған жастардың ішінде тайсалмай қараторы қыз тұр. Бойжеткен қыз. Астында бота тірсек, басы еңкек жорға. Жорғаның тұрмандары жүгенінен бастап, құйысқан, өмілдірігіне дейін күмістелген. Ердің қасында, күміс арасында бармақ басындай қызыл-күрең тас жайнайды. Салтанатты қыз тіпті жинақы, ыңғайлы. Басында ерте күннің үкілеген кәмшат бөркі жоқ. Шетіне ғана құндыз ұстаған еркектер киетін барқыт тысты пұшпақ бөрік. Шапан кимепті, үстінде белін қиған қазақы бешпет. Белбеуге қызыл сан буынып, салпыншақ қалдырған. Көйлегі шалбар ішінде. Шалбары шым кесте, қара шұға. Аяғында баяғының шытыралы кебісі емес, қонышы қызыл асықтан асқан күрең ботинка...
Аман қаладан тым қашық жатқан, нағыз қазақнамай, тау елдерін өз елімен салыстыра қарап, бірсыпыра өзгешеліктер тауып келеді. Бұл жақта егін салған, арба мінген бір қазақты кездестірген жоқ әлі. Мынау қыздың ат тұрмандары — қазір жасалмайтын, өткен заманның дүниесі. Қыздың өзі жасамыс. Бұндай қыздар Аманның елінде әлдеқашан байлы, балалы болып отырады. Бірақ ескі салтымды берік ұстадым деген аулақтағы осы руларда да жаңа заманның әсері анық байқалады. Жұлдызды шлем киген жігіт комсомолец екенін, көнетоз қалпақ киген жұпыны біреу «Союз қосшы» мүшесі екенін сездіріп, начальникке тақала береді. Ескі заманның бірсыпыра қолөнерін бойына жинаған сәнді қыз да совет фабрикасы тіккен күрең ботинкасын, ақ орамалының бұрышына жібекпен кестелеген орақ, балға суретін мақтана көрсетіп тұрған сияқты: Ескі жойылып, жаңа орнап болмаған шақта өмір сүру қандай қызық! Өйткені мақтаныш пен мазаққа бірдей бай ғой ол өмір. Аман қазір соның екеуін де сезініп келе жатып, қасындағы бойжеткенге:
— Атыңыздың жорғасы қатты екен! — дегенде:
― Көзіңіз атқа түсе берді-ау! Осымен екі айттыңыз, — деді қыз. Аман мүдіріп қалды. Таймас іліп әкетті сөзді:
― Қарағаннан бірдеме шықса, менің көзім бағанадан сізде.
― Әтбекет жігіт, сабыр ет, саған әлі сөз келген жоқ.
― Келмесе, өзім барам, құлпын ашып, түйінін шешіп кірем. Онда қайтеді?
― Онда мекіре балықша басыңды тасқа соғып тынарсың.
― Іштеме етпес, сіз соғып та, тынып та байқадыңыз ғой.
Қыз жауап қайыра алмады. Аман ұялғанынан қып-қызыл болып, Таймасқа суық көзбен қарап қойып еді, ол бұған қасақана қарамады. Өткір жігіт көмейіне келіп қалған сөзді бөгеген жоқ. Сәнді қызға сәтсіз байланған атақ бар. Бұл белгілі Қалабайдың қызы. Былтыр осы уақытта Қалабайға өшіккен Шалабай көшке тиіп, мылтық атып, қызды алып кеткен, бір жұмадан кейін қашып келген қыз. Таймас жаңағы қалжың үстінде жұртқа мәлім осы оқиғаны еске түсірді. Аман оны естен шығарғысы келіп:
― Кәне, құрбым, тағы бір тайпалтшы! — деді де, жосыта жөнелді. Күрең жорға құлағын жымита ағып беріп еді, аласарып, ұзарып кетті мүлде. Қара биеден өзге бір жылқы ілесе алған жоқ. Тастап барады бәрін. Тізгінін қос қолдап ұстап, шалқая отырып, шірене тартады қыз. Ауыздығын сәл босатса, құс болып ұшардай не жұлдызша ағып, жоқ болардай. Жібершілеп оқтын-оқтын басымен жер сүзе самғағанда шалқайған қыздың маңдайын өзінің жібек жалына, артқы аяғын салқы төсіне әкеліп тигізеді. Денесі әбден қызған кезде танауына жұдырық сыйғандай, көзі тостағандай болып кетті. Артын борандатып, алдын дауылдатып келеді жануар. Қара биенің қарқыны басылып қалды. Бара берсе, бұны да тастап кететін түрі бар.
― Жетер, — деді Аман.
Қыз алқынып, атының басын азар тоқтатты. Көзінен парлаған жасты енді сүртті. Қып-қызыл алақанын көрсетіп:
― Мына қараңыз, — дейді Аманға, — қолдырап қалды.
― Атыңыз жорғаның жүйрігі екен. Шіркін-ай, айғыр болып, тұқым алар ма еді!
― Айғырға тартып құлын, әкеге тартып бала туа бере ме?
― Қоспасы болмаса, туар еді. Тұқым қуалау, қан қуалау бар емес пе?
― Онда қоспасыз жан бар ма екен, сірә?! — деп, қыз бір күлімсіреп қойды.
― Жоқ шығар. Өзі не әкесі, әйтпесе балалары бірдеме қоспай қоймайды.
Кейінгілер келіп қалып, әңгіме үзілді. Көштердің алды айдын жазыққа, таудан құлаған өзен жағасына еру бола бастапты. Ерте жылжыған қой малы шаршаса керек, дәл жолда бір қотаны жусап жатыр. Қойшы қарт шабан көктің аяғына тұсамыс салып, бос жіберген. Өзі ыстық күнде от жағып тас қорықпен пісірген сүтін терлей-тепши ішіп отыр. Айдау көріп, шаңырқап келген қалын, жылқы, өзен суына қанған соң, пысқыра түсіп, жаңа қоныстың отына құныға жайылып барады. Қолына құс қондырған біреу өзен жағалай жүріп, қонып жатқан ауылға ойысты. Амандар да сол ауылға тура тартты.
Ауыл — ру басы Қалабайдікі. Қолына құс қондырған Қалабайдың өзі болып шықты. Қызы ертіп келген қонақтарға үлкен ықлас көрсетті. Үй тігілгенше көгалға дереу кілем жайдырды. Бие әлі байланбаса да, құлындары қара құлақ болып қалған бірер бие сауылады екен, соның қымызын шай піскенше сапырып берді. Қияқ мұрт, сұрша, денесі шағын, жұқа, жасы елуге келіп қалған, өткір кездіктей жылмаңдаған кісі көрінеді. Ішке кіруге асығып, сыпайы отырған қонақтарға дамыл-дамыл көз тастайды. Титтей саңылау табылса, кірмей қоятын түрі жоқ.
― Жақсы келдің, шырағым, — деді Аманға бір кезде, — көруге құмар едім. Атыңа сырттан қанықпын. Алыста жатсақ та, естіп жатамыз, ел құлағы елу ғой. Шаршы топтың алдында, болыс күнінде, Шөгелін көз алдында тепкілеп жатқанда, маңқа Малқар тірі отырған шығар әйтеуір!Қазіргі бір болыс ел бұрын жеті болысқа бөлінгенде, сол Малқардың, оның әке, бабаларының тізесіне шыдай алмай бөлініп кеткен. Сағын сындырған сен болдың, шырағым. Естігенде, қыбым әбден қанды. Айналайын, Бегатаңның ұрпағысың ғой! Бегатаң өзі қаз дауысты Қазыбекке де сөз бермеген деседі...
Үнсіз тыңдап отырған Аман заулап бара жатқан Қалабайды бір қағып қалды:
― Малқардың сағын сындырған Бегатаңның ұрпағы болмас, совет заманы болар.
― Әрине, советті арқаланған-ақ шығарсың. Ал өзге жас сөйтіп неге арқаланбаған? Талағында биті бар жігіт қай заманда болса да қарап қалған емес.
― Оныңыз рас, — деді Аман. — Бірақ мыңнан шыққан бірді ғана көріп айтып отырсыз. Заманы келсе, ондайлар мыңнан ондап шығады.
Қалабай заман салыстыруға бара алмай: «Көрерміз» деп жымиды да қоя салды. Аман уыз қымызды шайқай іше отырып, төңірекке тағы көз жіберді. Көш әлі үсті-үстіне құйылып жатыр. Қонып та жатыр. Көз көрім жерге дейін өзен бойы елге толды. Бақырауық әйел, күйгелек шал, кісінеген жылқы, мөңіреген сиыр, боздаған түйе... Бәрі үн қосып көтерген шуды ауыл-ауылдың таласқан иттері үдете түседі. Жағасы тоғайлы, шырпылы, суы мөлдір өзен біресе темір астау, жар қабақ болып түнере, біресе құмайт түбі көрініп, жадағай күлімсіреп жатыр. Оң жағы — топырағы сарғылт, бетегелі кең дала. Сол жағы — шымайт, қыртысты, бұталы, шилі, шабынды келеді. Мал жайсаң да, егін ексең де, жайлау етсең де, қыстау етсең де мейлің. Қойнымды ашсаң бұдан да асылым бар деп жатқан өзен. Қазекең суы мен шөбін ғана таңдапты. Қазір малы да, өзі де кенеліп, ертеңгі күн есінен шығып кеткен. Міне, бір тобы начальникті қоршап алып, мал орнына сөз айдап отыр. Таймас бірге келген комсомолецті олардан бөліп өзенге беттеді. Аманның көзі ауылда. Шаңырақтар көтеріле бастаған. Қалабайдың қара шаңырағы көтерілгенде, өз үйлерін қоя тұра, ауылдың барлық әйелі келіп уық шанышты. Киізін жапқанша манағы сәнді қыз уықтарды ала жіппен керіп үлгіріп, үй ішін жинауға кірісті. «Самауыр қоя бер!» деген жуан бәйбішенің жіңішке даусы естіледі. «Қаршығаны үйге енгіз!» деп, Қалабай жұмсады біреуді. Байлығы онша болмаса да, ру басы, өскен ата, қара шаңыраққа ие Қалабайға бүкіл ауыл қызмет етіп жүр. «Жайшылықта өзара қабақ түйісіп, керкілдесіп қалатын болар. Ал жатқа намыс жібермеске келгенде, ұялас иттей өре түре келетіндердің дәл өзі ғой» деп, Аман ішіне бір түйіп қойды. Біртіндеп жинала-жинала бұл ауылдағы жалшыдан өзге еркектің басы қосылды осы араға. Жаңа начальникті көріп, жаңалығы болса, естіп қалмақ. Аман бұларға балаларыңызды оқыт, жастар комсомол ұйымына енсін, өздеріңіз «Қосшы» ұйымына ену керек, жалшы, кедей, орташа сонда мұратына тез жетеді дегенді насихаттап отырғанда, жаман тымақты бір шал тұтқиылдан сұрақ қойды:
― Шырағым, Ленин кеткен соң, осы өкімет тұра ала ма? Бөксесі берік пе өзінің?
― Тұра алады. Ленин бекітіп кеткен, — деді Аман. Шал бұл жауапқа онша жұбана қоймады:
― Тәйірі, Лениннің басындай бас қайда? Барлық патшалық бірлесіп, совет өкіметін шапқалы жатыр деген не сөз?
― Шабам десе де, шаба алмайды. Ленин олардың да сағын сындырып, бетін қайырған. Байлардың бұл қауесет, қоқан-лоқысын қайдан естіп жүрсіз?
― Шалабай былтыр бәйгі құланы астымнан аударып алып жатқанда, кедейлігімді айтып жалынып едім: «Кедейге жүйрік аттың керегі қанша!» — деп келемеж қылды. Құланы қуып Лениннің өзіне дейін бармай тоқтамаймын дегенімде «Барсаң, қабырына құран оқып қайтарсың» деді. «Совет өкіметі тұрса, көрермін» деп едім, «Ленин кеткенде оны ұстап тұратын кім? Дорақсың!» деді де желкеге мені бір түйіп, жөнеле берді. Сол бетімен талтүсте көшке тиіп, мылтық атып, Сәулежанды алып-ақ кеткені. Абырой болғанда, бір-ақ жұма ұстады. Әгар аялдамай Әулиеатаға тартып берсе, аллау әкбар. Сәуленің бізге сімілтірі де жоқ!
― Осы итті өкімет ұстай алмай қойғаны ма? — деп күрсінді Қалабай. — Елді күйзелтіп барады.
― Неге ұстай алмасын! Үкімет құрығы ұзын ғой, — деді Аман. — Оның ел ішінде хабаршысы, ұясы бар. Солар табылса, тез ұсталады.
Әңгіме Шалабайға ауды. Әркім өзінің естіген, көрген қиянатын айтып жатыр. Бәрінен Қалабайдың көрген қорлығы басым. Қалқа бұзықтарға тыйым сала елге шыққанда, Қалабай да Шалабайдың үстінен шағым берген екен. Бар жазасы сол, қызын масқаралап кетіпті. Қыста ол түстікте, жылы жақта болады. Жаз шыға үйренген Арқаға келеді. Белгілі тұрағы жоқ. Әр тұстан бір шаң көрсетіп, шу көтеріп жүрген қару-жарақты қашқын елдің, мазасын әбден кетіріпті.
― Қазақ осы аңша босуын, көшуін қойса, Шалабайлар басынуын да қояр еді, — дейді басында қалпағы бар, мана жолда кездескен жігіт. — Орыстарша поселке болып жиын отырса, «Союз қосшыға» еніп, ұйымдасып алса, боқты батар Шалабайлар! Бәрі бытыраңдылықтың кесірі...
Қалабай тыжырынып қойды. Біреулер «осының сөзінің де жаны бар», — деп, өзара шүңкілдесе бастағанда, сөйлеп кетті:
― Жаздай шыбынға жем болып, жатақта жатсаң, оңарсың. Жайлау көгіне бір аунағанда, бойыңдағы бар боқатың қалып қоймай ма! Егінші, отырықшы болайық дегенде осы «Союз қосшы» қай жерімен ойлайтынын білмеймін. Мал баққан ел бір орында қалай отыра алады?! Мал көбейсе — бәрі түгел. Бір қара сатсаң, қыстық астық аласың. Ол үшін егінші, отырықшы болудың, тіпті «Союз қосшы» болудың керегі не? Поселке түгілі, қала болсаң да, Шалабай сияқты ұры-қары жойылмайды.
― Қалеке, «Союз қосшының» болысы Әлжан жолдас бізгe хат жазған сайын: «Мойын серік болып, егін салыңдар, шөп шабыңдар, отырықшылыққа бейімделе беріңдер, жайлау құмарлық кедейді құртады» — деген соң айтам. Осыған, сіз ұнатпасаңыз да, кедей жағы кет әрі емес. Ал сіздің ұнатпауыңыз, біздің болыстың айтуынша, бай-жуанның қарсылығына ұқсап тұр.
― Әй! Сенің болыс, болыс, деп қопайтып отырғаның кәдімгі Шәкеннің малайы Әлжан ба, басқа ма? Мен онан гөрі совет тұсында да мықтылау болыс болдым. «Малды көбейт, байы!» деп жатыр үкімет. «Жайлауды қой» дегенді сенің болысыңнан ғана естідім. Айналайын совет, болыстың неше түрін көрсетті-ау! — деп, сылқ-сылқ күліп барып тоқтады Қалабай. Қошеметшілер қоса күлді. «Қосшы» жігіт басылып қалып еді, Аман демеп жіберді:
― Мал қамы көшуді, жайлауды керек етсін-ақ. Ал сонда кедейлер не үшін көшеді? Үкімет «Союз қосшыға» ең мойын серік бол, тұқым берем, несиеге машина, соқа-сайман сатам, — деп отыр. Сандалмай, салқын қорада жатса осы көмектерді пайдаланып, егін салса, шөп шапса, кедей бірер қарасына да, өзіне де қыстық азықты қамдап алар еді.
― Ойбай-ау, онда мұртын балта кесе ме! — деп Аман сөзінен кейін «Қосшы» мүшесі қайта көтерілді. Қалабай енді сөз таластырған жоқ. Аманның алдында бой бағып, бұрынғы өр, кесір мінездерінің көбін қымти ұстап отыр. Малқар сияқты шонжардың сағын сындырған уытты жастан жасқанатын түрі бар. Қарсыласуға беттемей, ықтай сөйлеп, өтірік күліп, жорғаң қағады.
― Аманжан, үйге кірелік, — деп орнынан тұрды бір кезде. Үлкен қоңыр үйдің алдында, манағы ат үстіндегі киімдерін тастап, ақ көйлек, қара қамзол киген Сәуле көлеңдеп жүр. Өзен жаққа комсомол жігітпен оңаша кеткен Таймас Аманды қуып жетіп, көптен жырып алып қалды. Естіген хабарын айтып тұр:
― Таутескеннің шамалауы дұрыс екен. Шалабай осы кезде арғы жақтан келіп, Мұқатайдікінде демалатын көрінеді. Мұқатайдан бір аттанып кеткен соң, қонарын сай, көшерін жел білсе керек.
― Мезгілін тапқан-ақ екеміз. Тағы не айтады жігітің?
― Қонып отырған үйімізді иттің етіндей жек көреді. Белдесуге батпайды. Комсомол, «Қосшы», кедей, жалшы бәрі өзінен табылатын өскен ата бүктеп бойын жаздырмай жүрген сияқты. Болатком төрағасы сайланысымен Жақып келген екен. Осы үйдің бойжеткенімен тамыр болып, біздің комсомолды нұқыртып кетіпті. Байқағайсың, Қалекең қызымен екеуі, бізді де айналдырады.
― Кезінде көрерміз, — деді де, Аман үйге бет алды. — Бұл қыз менен дәмелі. Жақыптардан дәндеген ғой. Тамағы іссе де, тақалмаспын.
Сәуле киіз үйдің киіз есігін күлімсірей ашып тұрып енгізді қонақтарды. Шайды жерге жасады. Көнетоз, дойбы шұбар дастарқан үлкен үйдің екі бүйіріне аз-ақ жетпей жатыр. Құлағы сынған, жарылғанын шимен, жезбен шандыған Николай заманының кәрлен аяқтарын киіз қапты, көп ұялы сандықтан Сәуле өте ептеп шығарды. Оның салсаң да, ұртың толмайтын ұсақ бауырсақты кетік тостағанмен бауыр көппе қылып әкеліп дастарқанға шашып жіберді; Бауырсақтың арасында көлемі сол бауырсақтай болып, некен-саяқ қант ағарады. Ағы кетіп, сарысы майысқан дәу самауырды екі жігіт көтеріп келді. Ескіліктің ордасы болған осы қара шаңырақтың астындағы бар дүниенің тозығы жеткен. Қара қазанға дейін жамаулы. Қалабай сонда да соларын салтанат көріп:
― Шіркін, осы кәрлендер немене екен, Сәулежан туған жылы алып едім! — деп қояды. Қымызға қанған қонақтар сый аяғымен қосып екі-ақ шыны шай ішті. Шай жемінің міні құрамастан қайта қайтты. Жамаулы кәрлендер ұяларына орап салынды. Өзіне әзір іштеме бітпесе де, Шәкен үйіне көзі үйренген Таймас атақты Қалабайдың тұрмысына қанағаттанған жоқ. Одан гөрі көпті көрген Аман «қашықтағы көшпелі ел ғой» деп, кешірім жасап отыр. Қайың табақпен қайқайта әкеліп ет қойған кезде, Таймас та бастапқы ойынан айнып қалды. Орасан көп ет. Мал піспеген, өңкей сүр. Шәкен үйі бұндай етті он -он бес қонаққа асады. Мыналар екі қонаққа ғана асыпты. Табақтан сырт, босаға жақта жыпырлаған көздер жаутаң қағады.
― Кедейдің бір тойғаны — шала байығаны. Келе беріңдер, — дейді Таймас. Келе береді. Асата береді. Бір ұзын омыртқаны Сәулеге де ұстатып қойды...
Күн ұзын ат соғып келген қонақтар тамақ жесімен жатып қалды. Таңертең шөлдеп тұрды. Шай мен қымызға қанған соң жүргелі отырғанда, Қалабай Аманды оңаша алып шығып:
― Шырағым жолын, болсын, — деді. — Қызметіңе жаңа араластың. Біздің есікті бірінші рет аштың. Келген жолыңа, байғазыңа күрең жорғаны мініп кет. Жесірлік жорға еді, қолқалаушы да көп еді. Басқа мінгенше, өзің мін. Дәл қазір ісім түсіп, кіріптар болып тұрғаным жоқ. Көңіл білдіріп тұрмын.
― Рақмет! Осы атағаныңыз да жетеді, — деп, Аман Қалабайдың қолын ұстады. — Сәуленің тақымына басқан бір атына қиянат істемейік. Оның бер жағында, қызмет адамына жорға, жүйріктің керегі де жоқ.
― Ендеше өлі дүниеден...
― Жо-жоқ! Атамаңыз.
― Япыр-ау, бұл қалай? Көңіл білдіре алмай қалғаным ба?
― Көңіліңіз онсыз да көрініп тұр. Көптен-көп рақмет.
― Жиырма жасымнан атқа міндім, сөзге араластым. Он жыл Николай тұсында, төрт жыл совет тұсында болыс болдым. Сыйлықтан безгенді көргенім осы.
― Алған соң, бере де білу керек қой. Мен бергенді жаратпаушы едім.
Аман сөз аяғын қалжыңға сүйей, құтылып кетті. Ауыл адамы Қалабай үйінің маңында. Үйге сыймағаны сыртта. Қонақтар аттанғалы жатыр. Осы жыпырлаған көздерден де Сәуле қағаберіс тапты. Аманның қолына бір нәрсені ұстатып, қысып-қысып қойды. Аман аң-таң. Не нәрсе екенін біле алмай, қыздың жасырын бергенін көп көзінше аша алмай, атына мінді. Ауылдан былай шыға сала қараса, кестелі орамалға қыз өзінің атын жазған күміс жүзігін түйіп берген екен.
― Мынау не жұмбақ, жаным-ау! Не үшін берді? — деп, Аман ойланып келе жатқанда, Таймас оның қолынан орамалды алды да, жымың-жымың етіп қалтасына салды.
― Неге саласың қалтаңа?
― Саған жаңылыс берілген. Менікі ғой бұл.
― Қалайша?
― Сен ұйықтап қалған соң, сен болып барып, мен ояттым ол қызды...
Аман сақ-сақ күліп, тұра ұмтылды Таймасқа. Таймас тұра қашты... Беталыстары — Төртпақ Жәнібектің елі. Дүрсілдетіп барады даланы...
IV
Кең далада асты құмайт, айдын шалқар көл жатыр. Көлді жағалай сыңсыған қалың ел отыр. Ел ұйықтаған. Дүние тып-тыныш. Анда-санда сақ иттердің еріне үрген даусы естіледі. Айдың он төрт шамасы. Аспан жалтыр, жұлдыз сирек. Жарық түнде, көл жағасындағы оңаша ақ отаудың ішінде жүректері көл ішіндегі ай сияқты дірілдей отырып Аман, Әдхам, Таймас үшеуі көп сыбырласты. Ақыры аттарын ерттеп міне сала жүріп кетті. Бұлардың кеткенін Жәнібек ауылының иттерінен өзге ешкім сезген жоқ. Әдхам ауылдан ұзап шыққан соң даусын көтере сөйлеп келеді:
― ...Таутескеннің айтуынша: астындағы құла ат атып ұстамаса, жылқыға жеткізбейді; қаруы — омырмалы бір ауыз бытыра мылтық, наган, ұзындығы кезге жақын екі жүзді қанжар. Мұқатайдың ұрылары ылғи ат үстінде, күзетте дейді. Күндіз де, түнде де қолға түсіру қиын, хабарланып, қашып кетеді, Ең қолайлы уақыт ала көбе деп, Таутескен қақсап қалды.
― Қанша бопты келгелі?
― Кеше ғана келіпті. Келісімен Мұқатай үшеуі жиырма бір ойнап, таң ата олар ұйықтауға жатқанда, бұл сытылып бері кетіпті. Осы кезде тағы да соғып отырған шығар. Таутескен сорлы ұйқыдан қалжырап отыр-ау.
― Мұқатай ауылының қонысын білесіз ғой?
― Әбден білемін. Қашаннан бері Бөрліні жайлайды. Бөрлі қар суымен бір тасиды да, кейін үзіліп ойдым-ойдым қара су боп жатады. Біз сол Бөрліні бойлай жүріп, алаң-береңде ауылға кірсек, дәл үстінен түсерміз-ақ. Ол атыспай қолға түспейді. Сонда да атпаймыз ба?
― Амал құрығанша атпалық, тірі ұсталық.
Аман мен Әдхамның әңгімесін үнсіз тыңдап келе жатып:
― Сол иттің тірілігі кімге керек?! — деді Таймас. Аман бұны да басып қойды:
― Тірі ұсталса, көп сыр ашылады. Жеңілтек, қорқақ мінез көрсете көрмеңдер. Сөйлеспей, сырын ашпай, салған жерден атып тастау қорқақтық, ақылсыздық болар еді. Түн бойы жүрісте үшеуінің әңгімесі Шалабай болды. Таң ата Бөрлінің төменгі жағынан кездесіп, арнасына ене бергенде, жоғарғы жақта көрінген жалғыз шоқыдан бір салт атты құйғытып түсті ойға.
― Ойбай, анау Мұқатайдың қарауылда жүрген ұрыларының бірі. Ал хабарлады! — деді Әдхам. Таймас пен Әдхамды өзектің ішімен жіберіп, Аман өзі шоқыға шауып шыға келгенде, Шалабай да бәйге құланың үстіне шығып үлгірген екен. Ауыл-ауылдың арасымен иттерді абалата жөнелді. Маңай жазық. Тақауда таса жоқ. Бөрліні бойлай, өзекке түсе, су кездесіп қалғанда, өзекті қабақтай қашып барады. Кезіге қуған қуғыншылар алыстамаса, тақалған жоқ. Құланың бауыры жазылған сайын ұзай түседі. Аман жеткізбесін білді де, басынан асыра екі атты. Шалабай жауабын қолма-қол қайырды. Енді біразда оқ жетпейтін, ұзaп кететін түрі бар. Кейіндеу келе жатқан Таймасқа қолын созды Аман:
― Мылтығыңды бер!
Таймастың бесатарын алды. Шалабай судан тайлығып жағаға енді бір шыққан кезде жүйемелете бес атты. Бәйге құла тоңқалаң аса құлады. Құлаған аттың тасасына тығылып, Шалбай атыса берді. Қуғыншылар өзекте, қашқын қырда. Бірін бірі төбесі қылт етсе, басып салады.
― Жайраттым, жайраттым! — деп Әдхам тұра жүгірді бір кезде.
Оң иығын ұстай құлаған жылан көз Шалабайдың наганы әлі қолында, атуға бірақ дәрмен жоқ, тістеніп алып, дыбысын шығармай жатыр. Аман дереу қоржынынан бет орамалын, көйлегін ала-сала оқ тескен иықты орап тастады. Ауыл жақтан ат қойып екеу келеді. Тым-ақ ашулы, сөздері жаман:
― Жоғалсын иттің көзі!..
― Жіберші, өз қолыммен ішейін қанын!
― Тиіспеңіздер! — деп Аман ақыра шықты алдарынан. Екеуі де жым болды. Бірі Таутескен, бірі Мұқатайдың өзі екен. Шалабайды атқа отырғызып, сүйемелей ауылға жүрді бәрі. Құла ат сол арада қанға боялып қала берді.
Қырда, жуықта аяғы жетер жерде дәрігер жоқ. Ауылға келген соң қашқынды Аман оңаша үйге салғызып, аузына сусын, астына төсек бергізді. Емсектерге халық емдерін жасатты. Содан кейін басқаларды шығарып, оңаша қалды екеуі. Әлі бір ауыз сөзге келген жоқ. Іштей арбасуда. Шалабайдың бойынан табылған документ, құралдарға қарап отырып:
― Қағаздағы аты-жөніңіз басқа екен ғой, — деді Аман, — біздің ауылнайдың мөрін кім басқан? Байбол ма, Танакөз бе? Бұл куәлік хаттың орысшасын жазған қазақ кім? Наган Қалқаныкі болар?
Тіл қатпай, дыбысын шығармай безеріп жатқан Шалабайдың Аман қасына барды. Тамырын ұстады. Тамыр білмесе де, «ештеңе етпейсіз, жазыласыз. Сусын берейін бе?» деп жылы сөйлеп отырғанда, Шалабай оған сәл бұрыла қарап, бірінші рет үн қатты:
― Әзәзілдей ішіме ене келген қай баласың?
― Осы болыста милиция начальнигімін. Атым Аман, әкем аты Сапар.
― Тілімді тістей өлмек едім. Еріксіз сөйлеттің. Жылы сөйлесе жылан да інінен шығады. Сұрай бер. Әлім барында айтып кетейін.
― Әуелі жаңағы сұрақтарға?
― Ақ мөрді Шәкеннен алдым. Оның қайдан алғанын білмеймін. Куәліктің орысшасын жазған Мұқатай. Наган Қалқаныкі екені рас.
― Не үшін өлтірдіңіз оны?
― Өлтірмесем, ол мені өлтіретін болды.
― Өлтіретінін қайдан білдіңіз? Айыптының бәрін үкімет өлтіре бермейді ғой.
― Әйтеуір сол ой басыма ұялады. Бірер адаммен ақылдасқанымда олар да қостады.
― Олар кім?
Шалабай тағы да үндемей қалды. Аман оған қарап отыр. Жаурынды, күдістеу, қатқан қара жігіт көрінеді. Жарқабақтың астында тереңде жатқан кішкене шегір көзі сынапша жылтылдайды.
― Бірі Шәкен мырза, — деді әлден уақытта. — Бірі жаңа қанымды ішуге тап беріп жүрген Мұқатайдың өзі. Ой пәлі-ай! Дос дегенім қас, қас дегенім дос болды ма?
― Ия! — деп басын изеді Аман. — Ең үлкен қатеңіз — елмен жауласу. Біреудің малына, біреудің арына шабуыл жасап, маза бермедіңіз. Үкімет сол үшін өшікті сізге.
— Өкімет өзі зорлық жасамай ма?! Дүние шіркін қашаннан күштінікі ғой. Әділет, теңдік, құдай жолы, халық жолы дегендердің бәрі жай сөз. Әлі келсе, әлім жеттік істемеген адамды көргем де, естігем де жоқ. Сондықтан мен де біраз қиғылықты салдым. Әрине, біреу дөрекі, біреу сыпайы, біреу ашық, біреу жабық істейді. Менікі дөрекісі, ашығы болар. Айырмасы тек осы ғана. Білем, жұрт көзінде мен құтырған қасқыр. Құтырсам қорлықтан құтырған болармын. Жыртық үйде, жабағы жөргекте өстім. Қарным ашып тамақ сұрағанда кедейлікке кейіп шешем зекіді. Тезегін теріп, бұзауын бақсам да, бай зекіді. Тұщы етіме ащы таяқтар, жас жаныма шаншу сөздер беріш болып байланды. Ауылда жарымаған соң қалаға тарттым. Қайда барсам да қорлықтан, жоқшылықтан құтыла алмай қойдым. Сөйтiп зығырданым қайнап жүргенде «құтқарам» деп Совет өкіметі келді. Қолыма қару, астыма ат берді. Мен алдымен жұрттан кек алуға кірістім. Ашқан қарнымды тойғызып, үстімнен ескі шоқпытымды тастадым. Осыдан басқа түк жазығым жоқ. Совет соңыма түсті. Ақыры, міне ұстады. Бірақ мен де жұмысымды бітірген тәріздімін.
Шалабайдың даусы бәсеңдеп, көзі ілініп бара жатқандай болды. Аман сұрақты тоқтатып ойға кетті:
«...Қандай тамаша адам адамшылықтан шыққан. Егер жолын тапса, осы кім болар еді? Адастырған заман-ау! Заман тіпті ерді де қор, қорды да ер етеді екен ғой... Ертерек Туыпты, асқыныпты, ем қонар ма? Әлде ескіліктің құрбаны болып кете бара ма?» — деп отырғанда, Таймас келіп шайға шақырды.
Мұқатай тыраштанып, барын жайған, жоғын бай ағайындарынан жиған, дастарқанда ыстық бауырсақ, қант, май, тіпті бес-алты арзан конфетке дейін бар. Кең үй адамға толы. Марқұм Нұржан тұсында генерал түскен ақ орданың киіздері тозып, қарайса да, жайлаудағы елдің қақ ортасында тұр. Қонақ күтіп жүрген екі жігіт жай малайға ұқсамайды. Тым сергек, жылпос. Беделді әкенің жалғыз баласы болып бұла өскен Мұқатайдың астам мінездерін ақымақтығы айқын көрсетіп қояды:
― Бұл дуракты өзім ұстап бермек едім. Так, — дейді, — кезі келмеді. Әйтпесе ол менің теңім бе. Так. Өздерің ұстадың. Енді айрылып қалмаңдар. Көзін жоғалту керек. Вот так!
Аманның Мұқатайды көргені осы еді. «Жуан атадан шыққан, білікті адамның баласы, оқыған жігіт дегендері осы ма? Бар білгені «так» болғаны ма?» деген ойда отырып сұрақ берді:
― Сіз қайда оқығансыз?
― Петербургта! — дегенде Мұқатайдың аузы қомпиып, үрген қуыққа ұқсады.
― Петербург тәрбиесі Шоқанды шыңға көтергенде, сізді шыңырауға қалдырып қойыпты ғой, — деді де, Аман түсін суытып тура қарады Мұқатайға. — Сіз бізбен бір жүресіз-ау деймін.
― Так. Айта түсіңіз.
― Өзгесін барған соң есітерсіз.
― Жоқ, кәзір айтыңыз. Может быть менің барғым келмес.
― Барғыңыз келмесе де барасыз.
― Бұның арестовать па? Так! Айыбым не онда?
― Ұрлық қыласыз. Ұры ұстайсыз. Қашқын сақтайсыз.
― Бала, дәндеме, байқа! Орта жүз басына көтерген Нұржанның ордасында отырсың. Мен Малқар емес. Арестовать ет деген ояздан бұйық болса, көрсет кәне?!
― Ол жағын қайғырмаңыз. Ең қиыны, қылмысты мойынға қою еді. Қойылды. Әруақ арты жынға айналады деген бар-ды. Бұған да көз жетті. Дайындала беріңіз!
Мұқатай екі иінінен демін алып, күптей болып кетіпті. Ызаға қақалып, сөйлей алмайды. Шалабайдың қасында қалған Таймас кірді сұрланып:
― Анау өліп қалса керек! Дыбыс жоқ.
Аманның соңынан жұрт сөгіле жөнелгенде Мұқатайдың қасында он бір адам қалды. Соның бірі Таутескен. Қалғаны оны — бес жүзден, мыңнан жылқы айдап, әрқайсысы кемі бір-бір ауылға ие болып отырған Мұқатаймен немере, шөбере байлар. Байдың неше түрі табылады ішінен: қабандай семізі, инеліктей ілмигені, сасығы, пысығы, тазасы, ширағы — бәрі бар. Бірауыздан Мұқатайға қой-қойлап отыр:
― Айналайын, қарсыласа көрме ұлықпен!
― Шайқама, ойбай дәулетімді, шайқама!
― Жанжалы құрысын. Азар болса Ақмолаға апарар. Бір айғырдың үйірі жалынсын.
― Пәленің келіп-келіп ұсталған, өлген жерін қарашы. Кедей ауылдың бірін көрмеді ме екен!
― Талай начальник едірейіп келетін. Аузын майлаған соң сабасына түсіп кететін еді. Мынаның түрі жаман, өшіктірме!..
Әкесіне бағынып қалған надан туыстарының ішінде Мұқатай көк жалымсып, күржие береді.
― Начальник болмақ түгіл губернатор болса да, керіп салайын ба, осы! — дегенде, даусы сыртқа шықпайды. Туыстары үрейлене түсті. Өзеуреп болмаған соң Таутескен оны далаға оңаша алып шығып:
― Есің дұрыс па?! — деді. — Тіпті үкімет қолында болмаған күнде сен оны керіп сала алмайсың. Керіп салсаң, ыңыранып отырған он ауылыңды талтүсте шауып алудан тайынбайды олар. Малға кедей болғанмен басқа бай. Сен түгілі Шәкенді, Малқарды қорғалатып алған. Байқа!
― Менікі тек қоқан-лоқы ғой, — деп, Мұқатай сыбыр етті.
― Оныңнан қорқа ма?
― Ол қорықпаса қорықпасын. Туыстардың, ағайындардың алдында менің беделім бір өсіп қалады.
― Егер алдына салып айдай жөнелсе, беделің не болмақ? Бедел керек болса, қайтсең де осы жолы қалып қоюдың амалын тап.
― Қалай табам?!
― Мен табайын. Аузымды толтыр.
Мұқатай умашталған червонстарды санамастан, бүктеулі қалпында ұстата берді Таутескенге.
Осы қандай ауызды болсын толтырар. Түндегі Шадабайдан ұтқаным.
― Түгел ғой?
― Бір тиыны шашау шыққан жоқ.
Таутескен ақшаны қойып қалтасына салып алды да, өлік жатқан үйге қарай аяңдады. Өлікті ешкім жумапты, жаназа оқымапты. Бес-алты кісі көтеріп, көп моланың шетіне киімшең қойғалы апара жатыр. Жиылған жұрт қабыр басына бармастан, ызбармен қарап, томсарған күйінде тұрып қалды. «Халық көңілі бір қалса, өлгенде де кешпейді екен-ау» деген оймен Аман бері жүргенде, Таутескен оны бұрып, оңаша алып кетті.
― Шырағым, — деді көптен ұзап шыққан соң, — шыныңды айт деуші едің, тағы да бір шындықты айтайын. Мен зады үкімет таңдаған, жолдас, кәсіп таңдаған жан емеспін. Тесік тамақтың қамы үшін неге болса да бара берем. Тамақтан өтсе нені болса да жұта берем. Жеру, жирену — кепиеттің ісі, ол маған не керек. Мойынға артқан міндетімді жанкештілікпен орындадым. Енді өзіңе бір қолқам бар.
― Сұраңыз.
― Әп, бәрекелді! Онда мына Мұқатайды бір жолға маған тастап кет. Тастай алсаң, мүлде таста, әйтпесе, кепілге бер, кесімді күнде өзім жеткізем.
― Қашып кетсе қайтесіз?
― Қаша алмайды. Ордалы жылан.
― Жарайды, — деді Аман. — Япыр-ай, өзіңізді өзіңіз қалай жетік білесіз! Тамаша сипаттадыңыз-ау. Көп адам өзін білмей жүреді.
― Білмегенмен қоймай қылымсиды. Көрсетпейді ішін. Мен кезі келіп қалғанда, адамы кездесіп қалғанда ашып салам бәрін.
Екеуі үйге енді. Аман Таутескеннен тілхат алды да:
― Сіз өзіңізді инабатты-ақ санайтын шығарсыз, — деді Мұқатайға бұрылып, — бізге сізден гөрі Таутескен инабаттылау. Сондықтан сізді Таутескен кепілге алды. Он бес күн тосамын. Келмесеңіз, қашты деп санаймын.
Соны айтып Аман атқа қонды.
V
«Мақаш қорығын» қыстайтын ауылдардың жатақта бұрын үй қалмайтын. Биыл бірден он шақты кедей қалып қойыпты. Ішінде болыстық «Қоршы» комитетінің предсeдателі Әлжан, үйші Тоқабай, Нұрғалидың ұста ағасы Ерғали, бақырауық Ырысжан бар. Поселкеде табын бағым отыратын Қасеннің әкесі Сартай келіп қосылған. Бәрі мойын-серік болып, егін салып жатыр. Кооператив несиеге соқа бергенде, «Қосшы» комитеті қарызға тұқым беріпті. Өміріне бетіне дақ түспеген Ақбұйраттың алдындағы қара топырақ, кең жазыққа бірінші рет «Қосшы» мүшелері қол салды. Көліктері жетімсіз, оның үстіне әлсіз. Біреу өгізшесін, біреу жалғыз атын, я түйесін, биесін қосып жегіп, бір соқаны азар сүйреп жүр. Қайыстың жүгін жіпке, атанның жүгін арыққа артқан соң бөгеліс көп. Соқа тұмсығы жуан тамырға кездессе-ақ, қиқу көтеріледі. Көліктер мықшыңдап, әйтпесе жіп жабдықтардың бірі үзіліп жатқаны. Сондықтан жыртылған жер тегіс емес, әрі саяз. Әлжан оған қарамастан, ескі шекпенінің артын алдына қаратып киіп тұқым сеуіп барады. Жеңі түрулі, білегі сыбанулы, адымында, қол сілтеуінде өлшем бар. Бұрақтамай, тік жүреді, етегінен дамылсыз, бидай уыстап алғанда да бір мөлшерде алады. Осының бәрі тұқымды тегіс, ала-құласыз себудің қарызы.
Әлжан бұрын егінші болмаса да, орыс поселкелеріне жиі барып жүргенде тұқым себімпаздардың, талайын көретін, қызығатын. Қазір әлі келгенше соларға ұқсап баратқан тәрізді. Өзі жаратылысында салмақты, мінезі ауыр адам. Ақмолада біраз оқып келіп, председатель сайлағаннан бері ой басып, салмақтана түсіпті. Елге қыстай «Қосшыға» еніңдер, егін, пішен кезінде мойын-серік болыңдар деп маза бермесе, енді оны іс жүзінде көрсете бастады. Әзір өндіргені онша емес. Он үй он гектардай ғана егін салды. Бірақ «Қосшы болысы» деген. «Әлжан бір сөзді» деген екі атаққа мықты ие. Сондықтан ауылда болсын, ауданда болсын, шаруалар оған үйіріле кетеді. Міне, қисық мұрын Тәуке сонау жайлаудан іздеп келеді. Әлжан ол жеткенше етегіндегі бидай қалдығын сеуіп болып, «бұл соққан неғып жүр?» деп тұрды ішінен.
― Ассалаумәликем, Тәуеке.
― Әліксәлем. Мал-жан аман ба? Болыс деген анау Жақып сияқты сарала тұздық ет жеп, уыз қымыз ішіп жатпас па жайлауда.
― Кедейдің болысы өйтіп жата ала ма?
― Жәй айтам. Түбінде жатақтағылар озады екен. Мыналарың ойсаң ғой! Шығып берсе, жинап ала алмассыңдар тіпті! — деп, он гектар егінге мегзегенде, қолы мың гектарды қамтыды. Шынымен-ақ сүйсініп тұр. Әлжан да бір жымың етіп, мұртын сипап қойды. Өмірі бұндай егін егіп көрмеген кедейлер осының өзіне тау құлатқандай көтеріле сөйледі.
― Құдай тек жаңбырын берсін, — деді. Әлжан, — амандық болса ендігі жылы бұдан да көп егеміз. Сөйте-сөйте кедейдің қарны да бір қампиятын шығар.
― Көзім жетті, үкімет қампитпай қоймайды: «Ленин өлді, енді құлайды» дегендері қайда? Кәне, мыңқ етті ме?!
― Байлардың былшылы ғой ол. Маркс, Ленин деген кісілер не жасаса да шегендеп кеткен...
Екеуі аттарына мініп, ауылға беттеді. Жол бойы Жақыптың желкесінен түскен жоқ Тәуке. Сыбап келеді:
― Болыс болды. Басына ақ үй тікті. Үй сыртына желілеп бие байлады. Параны жеп-жеп көкірігі азған соң қолы тиді, тілі тиді маған. Аманға шауып бара жатыр едім. Жолда Сағынай кездесті. Әлі қайтпапты. Сонсоң саған бұрылдым. Осы әкеңнің бет тақтайын ғана... Неге қалмайды соңымнан!
― Япыр-ау, қарадан қарап жүріп қалай жанжалдасасыздар?! Екеуіңіздің араңызда ешбір ілік-жілік жоқ қой!
― Мінез-дағы! Болыс екен деп қорқам ба одан! Шалабайдан да қорыққан емеспін. Астында жатып-ақ бас бармағын шайнағам.
― Жанжал неден шықты?
― Мырзаға сәлем бере кірсем, Жақып отыр. Есік жақта қағымпаз тазыша жалақтап тұратын баяғы Жақып емес. Мырзаның оң тізесін баса, бүйірін таянып алып, әңгімені соғып отыр екен. Сөздің жөні келіп қалған соң: «Қой, Жақып! Таласбайдың қаратөбел биесі түгілі Әзірет-Әлінің дүлдүлі болса да, Аман ондайға бармайды. Жәй, лауға мінген шығар» — деп едім:
― Килікпе! — деп ақырды. Қорқайын ба, осыдан басталып кетті. «Шалабайды атып өлтіріпті. Мұқатайды ырыстабайт қылыпты» деген бір жаңа хабар тағы дүңкілдейді. Әйтеуір Аман жайында жайлауда қауесет көп. Шыдай алмадым, сонсоң.
― Аманды қорғау дұрыс, — деді Әлжан. — Ауылда ол совет ісін батыл жүргізіп барады. Қарсы тап оған әлі талай ор қазады. Талай жала жабады.
― Жала емей немене, қара биені қызығып тартып алыпты дейді. Күйермісің, күймеспісің!
― Бірақ, төбелесуіңіз қате. Елуге келіп қалдыңыз. «Мешкей деген жақсы атақ емес». Енді мынау кедейлер сияқты «Қосшыға» еніп, кәпертіпке мүше болып, сөз, жанжал қуғанша, кәсіпке айналысып бір байқаңызшы...
― Сенген қойым сен болсаң, күйсегенің құрысын! Ақмоладан оқып келгенде, одан «Қосшы болыс» атанғанда, жылпос Жақыпқа бір ауыз сөз айта алмадың. Сенің бұл басалқаңнан, өзімнің төбелесім артық. Басалқаңның ішін! — деді де Тәуке атын борбайға бір көміп, шаба жөнелді. Жайлауға тура тартты. Әлжан күлімсіреп қала берді. Ішінен: «Қисық мұрын Тәуке», «Жынды Тәуке», «Шақар Тәуке», «Кедей Тәуке», «Боқауыз Тәуке» деп Тәукеге тағылған барлық атақты санап келе жатты.
Із өкшесі елсізден, Ақбұйраттың ішінен екі атты шықты жүгіртіп. Жаңа салынған егінді аралады. Соқашыларға соғып, біраз бөгелді. Енді ауылға қарай ат қойды. Әлжан ақырын жүріп, өз ойымен болып келе жатқанда, екеудің бірі тақиясын аузына тістей жетті де, жауырыннан ұстап тарта жөнелді. Сасып қалған Әлжан. Ат-матымен меңгеріп әкетіп барады. Басын көтеруге мұршасын келтірген жоқ.
— Әй антұрған, кедейді кедей тонай ма екен! — дегенде, тонаушы қарқ-қарқ күліп жіберді. Әлжан жаңа таныды Таймас екен.
— Түу шайтан, шошыттың ғой! Кәрі жыннан жаңа ғана құтылып едім. Бала жын, қайдан сап ете қалдың?
— Түнеугі сапардан қайтқан бетіміз.
— Ат-көлік аман ба, дендерің сау ма?
— Дін аманбыз.
— Аман қайда?
— Әне келеді.
Аман өте көңілді. Сирек көрсететін қалжыңқой, ақжарқын мінездерін амандықтан бастап-ақ көрсетті:
— Бәрекелді, Әлеке! Шығымды болсын егінің, топтала берсін тобырың! Сертіңе әрдайым осылай жет!
— Аманжан-ау, сертіме осылай жеткенде социализм маған жеткізе ме?
— Бәрінен де бастау қиын деген сөз бар. Сол қиынды істеп бердіңіз. Аржағын мынау Таймастар жеткізеді.
— Таймас пен Тәукеге сене алмаймын. Екі жынға артқан қос жонда қалар.
— Жеңгей сізді «уайымсыз» дейтіні қайда. Сөзіңіз қалпымен уайым ғой.
— Е, қатын антұрғандар оттай салады кейде.
— Ж-о-қ, жеңгей бекер айтпаған! — деп Таймас Аманды түртіп қалды, — сен оқыттың да бұздың. Бұл кісінің «уайымсыз» екені де, «үндемес» екені де рас-ты. Оқудан келгелі мылжыңдап Маркс пен Ленинге маза бермейді, уайымнан бір көз ашпайды. Обалына сен қалдың...
Үшеуі қалжыңдаса, әзілдесе отырып, жатақтың қараша аулына жетті. Жырым-жырым жеті үй бір жерде. Қалың маса қоршап алған. Тұс-тұстан салып тастаған түтіндер ғана қаптаған масаны қотанға өткізбей қайта серпеді. Әр есіктің алдында итарқалап қойған қамбалар көрінеді. Көріксіз ауылға көрік беріп, тырнауышымен су жаңа бір машина тұр.
— Машина да алып үлгергенсіздер ме? — деп еді Аман.
— Жаман Нұрғали да бір іске жарады, — деп мырс-мырс күлді Әлжан. — Нұрғали оқудан қайтқан соң кәперәтіптің бастығы болған. Сірә, қарына тартса керек. Әйтпесе, бұл ауылға соқа мен машинаны бірден ала қою қайда? Аман аттан түсісімен үй аралап кетті. Біреу айранын, біреу сүтінің бетін сыпырып беріп, аңқылдай қарсы алып жатыр. Бақырауық Ырысжанға дейін мәз, «айналайын!» деп келіп бетінен сүйді. Көз алдында туған, бірінің сағын сындырмаған, сүйкімді жас ержетіп, адам болып қайта оралған шақта бишара ауылда ес қала ма! Кедей ауылдың көңілі бір байыды. Аманның өзі де жайшылықтағы қалпын ұстай алмай қалды. Жасы-кәрісіне, әйел-еркегіне бірдей, сөз тауып, бәрімен құрдасындай ойнап, құрбысындай әзілдейді.
— Жақсы, жаманды біраз көрсем де, көңіл шіркін қияда жүрсе де, өзім шыққан осы жұпыны ауыл бүйрегімді бұра береді. Сондықтан бұрыс жүріп, сіздерге әдейі келгенім де содан.
Жауап тұс-тұстан жамырап кетті:
— Енді қалай! Құлан өз қағынан жерімейді.
— Өзі болған жаман қыз ғана төркінін танымайды.
— Кіндік кесіп, кіріңді жуған жерді, балапандай баулып, ұяңнан ұшырған елді қалай ұмытасың!
— Иә, ол еске түскенде тас жүрек қана жібімес...
Сөзге олақ, қарапайым бұйығы адамдар да көңіл күйі келгенде есте қаларлық бірдеме айтып салады. «Құлан өз қағынан жерімейді» деген сөзді Аман бірінші рет естіген екен, жазып алды.
— Қарағым, сенің тіліңді алып, жайлауға биыл мен де көшпей қалдым, — дейді Ырысжан. Әдетте дауылдата сөйлейтін, жылауық, өңсіз, денелі әйел қазір тіпті тоқпейіл, сыпайы сөйлеп отыр. — Жалғыз өгізшемді қосып, мойынсерік болдым. «Қосшының» көмегімен азын-аулақ тұқым сеуіп тастадық. Құдай берсе, балаларымның қысқы азығы биыл уайымсыз. Өзің білесің, Күлпәштің ағасының тірі күнінде де бұндай егін салған емеспіз-ді. «Балаларыңды оқыт» дей беруші едің. Оныңды да істеймін. Тек, мырзаның медресесі бітсін...
— Құдаймен ұрсыса беретін едіңіз, татуласып қалғансыз ба? — деп әзілдеп еді Аман. Ырысжан ернін жыбырлатып, іштей тәубе істеп алған соң ғана қайырды жауапты:
— Жан кейігенде не демейді кісі, тәңірісін де қарғайды. Бәрі жоқшылықтың зардабы ғой...
Аман бұл ауылға түстенбей аттанып, Шәкен аулының қыстауына соға жүрді. Тоқабай сонда. Шәкен шауып алған соң тентіреп кеткен екі інісін, Таласбайдан сиыр даулайтын жамағайын шалды жинап алып, мектеп қалап жатыр еді. Шаужайға орала түсті. Аманның бөгелмеймін дегеніне болған жоқ. Дереу бауырсақ пісіріп, балқаймақ қайнаттырып, шай қойғызды. Бой жаза алмай, ойындағысын айта алмай, «ұры» деген аттан жасқанып келген уытты жігіт жұмысбастылыққа қарамастан жарқ-жұрқ етеді:
— Аман, саған енді шынымды айтайын, — деп күледі. — Көпке дейін мен сені өнерсіз, бұйығы жігіт деп жүрдім. Ол қатемді қазір күнде көріп қуанам. Совет өкіметін бізге танытқан сен болдың. Сен болмағанда, Шалабай сияқты қашқын болып кетер ме едім, қайтер едім? Қаным қарайып, Сапекеңнен ақыл сұрай барғанымда, «сап-сап, балам, сарғая жетерсің мұратқа», — деді марқұм. Сенің келуіңді күттірді. Өзі күте алмай кетіп қалды. Күткенім қандай жақсы болған! Қайтадан бас құрадық. Шәкен тартып алған сиырымды қайырды. Оның үстіне мектебін салдырып еңбек ақыдан өзге шай, қант, шайнама, сауын берді. Бұрын берсе, көзі көрмеді ме. Осының бәрі совет дүмпуі десек, алдымен сенің дүмпуің. Қарағым, осы бетіңнен аума!
— Аумасыма сене беріңіз, Тоқа! Совет беті — бүкіл еңбекші халықтың беті. Ол ешуақытта адастырмайды, — деді де Аман болашақ мектептің ішіне енді. Қабырғалары биіктеп, қалауы бітіп қалған екен. Жәй кірпіштен қаланса да, қала үлгісімен салыныпты. Жүз бала молынан сыярлық. Шеттен келген балалар жататын бөлек бөлмелері, ас үйі де бар. Ауыл жағдайында үлкен құрылыс көрінеді. Тоқабай көрсетіп жүріп:
— Осы Шәкенді біле алмай барам. Жалғыз сиырымды ақсақал үкімімен тартып алып, өзімді жалшылыққа салып қойды. Одан кейін қыс ішінде үйінен қуып тастап, қаңғыртып жіберді. Енді сиырымды қайырып бергенімен қоймай, мүсіркейді. Ел қамын ойлап, мынадай үлкен мектеп салдырады. Сонда бұл кім болғаны? — деп сұрады.
Соны білмейсіз бе?! — деп, Таймас мырс етті. — Ол кісі қорықса — кішіпейіл, көпшіл. Қорықпаса — зор пейіл, өзімшіл.
— Дегенмен, осы да совет жолына келіп қалды білем. Мектеп салуға кім зорлапты оны!
— Мен мырзаға сене алмаймын, — деп Таймас басын шайқап тұрды. — Ленин қайтыс болғанда, қуанғанынан жылап жіберді ғой.
Әлжан екеуі мектеп жайын әңгімелеп кейіндеу қалған Аман, Таймастың кейінгі сөзіне елең ете түсті:
— Рас па, Таймас?!
— Рас, бірақ, ол көздің жасын Шолпан екеумізден өзге жан көрген жоқ. Өтіп бара жатып, менің ашық есіктен көзім ғана шалды. Толық көрген Шолпан.
Аман одан әрі қазбаламады. «Шалабайдың қалтасына ақ мөр салады. Қалқаны өлтіруге ақыл береді. Ленин өлгенде қуанады. Сөйте тұра советшіл, халықшыл болып көріне біледі. Ералиннің айтқаны рас. Мынау қиын адам екен ғой!..» деген оймен мектептен шықты. Қасындағы Әлжан, Таймас, Тоқабайдың әңгімесі салқын қорада, шәй үстінде қызды. Үшеуі де Шәкеннің жалшысы болған. Енді сыншысы сияқты. Бұрын ылғи «мырза» дейтін. Енді «Шәкен» дейді. Бұрын ылғи «мырзанікі дұрыс» десе, енді «Шәкеннің бұнысы теріс» деуге жарапты. Аман үшеуін сұлқ тыңдап отырып, сөйлеп кетті бір кезде:
— Ауыл жігі тез ашылып барады. Бұл — бұрынғы рулар, бақталастар жігі емес, таптар жігі. Сіздер қазір езілген таптың атқамінері. Айтыңыздаршы, қайткенде жалшы-кедей байға бағыныштылықтан құтылады? Совет өкіметі орнаған күннен бастап саясат, құқық, заң — бәрі солар жағында. Сонда да байдан кете алмады.
— Қалай кетсін! — деп Әлжан өзінің кеңірдегін түртті. — Мынаны қайтеді?
— Иә, мен де соны айтып отырмын. Қайткенде жұбанады ол?
— Еңбекпен жұбанад та! Ауылдағы бар кесіп, байдың малын бағу болып келді. Бұдан былай кәперәтіптің, мойынсеріктің пайдалы екенін іс жүзінде көрсете білсек, бай есігіндегі жалшылар еңбегін қорғай білсек, бірте-бірте байға бағыныштылықтан құтылуға болады.
— Өгіз аяң дегенге өгіз аяң. Аяңға жеткізе ме қашқан қоян, — деп әндетті де жантая кетті Таймас. Әлжан шамданып қалды:
— Ал сен не істер едің, айтшы кәне?!
— «Асықпаған арбамен қоянға жетеді» дегенге өмірі сенбеймін. Орыстар өз байларының завод, фабригін салған жерден тартып алып, жұмысшылардың қолына беріпті ғой. Бізде неге сөйтпейді? Байдың қымызы мен еті қолында тұрғанда жалшы-кедей түгілі, солардың атқамінерлері до байға жалбақтауын қоя алмайды.
Таймас пен Әлжан керісіп кетті. Тоқабай Аманға күбірлейді:
— Осы екеуінің қайсысыныкі дұрыс?
— Екеуінікі де дұрыс. Осылар сияқты ауыл пролетариатының ішінен бас көтерерлер көбейген кезде байға шабуыл жасамаса болмайды. Әзірге өгіз аяңмен бара береміз де.
Аман соны айтып орнынан тұрды. Мезгіл, шаңқай түс. Жайлау көп жер. Жете қонбақ. Әлжан мен Таймас үзіліп қалған әңгімені атқа мінген соң қайта жалғады. Тымырсық ыстық. Анда-санда лып еткен әлсіз жел артта. Аттарға шыбын маза бермей келеді. Аман әңгімеге құлақ қойған жоқ. Екі жылдай көрмеген үйреншікті жайлау, ақ орданың ішінде ақ маралдай керілген аяулы Шолпан, қоңыр үйдің ішінде «ағатайлап» жүгірген бауырсақ мұрын бауырлар, қаралы қарт ана... Бірінен соң бірі елестеп өзімен өзі болып кетті. Көз ұшындағы көк белден асқанда, ар жағында тағыда көз ұшында мұнартқан қалың ел көрінді...
— Әне, жайлау! — деп құйғыта жөнелді Аман. Әңгіме де, ой да бөлінді. Мазаны алған шыбындар да қалды. Тымық күнді желдетіп, жарысып барады үшеуі...
VI
Киізі тозған үлкен қара қоңыр үйдің сыртында ұзын сақалды қысқа Мақаш ұзақ сөйлеп отыр. Қасындағы Шәкен, Байбол әлсін-әлсін мақұлдап, бастарын изеп қояды. Сайлаубек сұрланып алған. Үнсіз...
— ...Өзің жоқта олардан көрген қорлықты, міне жетпіс асып, сексенге жақындадым, әлі ешкімнен көргем жоқ, — деп зарлайды кәрі би. Ұзақ жүріп, сағындырып келген баласына сарнаған дауысы шық-шық тиеді. — Жауырды жаба тоқыдым, іштей қайнадым. Сені көрер күнге жеттім әйтеуір. Әруақ, құдай, ақсақал... бәрінен безді ол. Қуандық ішінде күн шалған шаңырақта оның қамшысы, тілі тимеген, тізеci батпаған кім қалды екен! Бұға-бұға жан сақтадым. Әйтпесе, мынау ақ сақалдан ұстап дырылдатудан тайынар түрі жоқ. Жуырда ғана Малқар келіп кетті. Көзінен қан ағады. Сүттей ұйып отырған жалғыз келінін бұзып, бір Сүйіндікке беріп жіберген. Параға күміс белбеу алыпты. Таласбайдың құдайға болмаса, пендеге жазығы жоқ шығар. Оны шыжықтай қуырып, ақырында атақты Қаратөбел биені мініп қайтыпты. Қашқын да болса мұсылманның, қазақтың біреуі еді ғой, Шалабайды ұстаған жерде атып тастады. Кеше үш жүзге аға болған Нұржанның шаңырағына ат ойнатып, Мұқатайды тұтқындады. Серігі карташы Таутескен, ұры Тоқабай, жас-жыртың, қойшы-қолаң. Елдіктен қалуға айналдық. Ендігісін, Шәкен мырза, өзің айт.
— Мен сөзден қашып жүрген адаммын ғой, қайтесіз мені тартып, — деді Шәкен. — «Алты жасар бала жолдан келсе, алпыстағы шал алдынан шығады». Жасы кіші болса да, Сайлаубекке сәлем бергелі, сағынған соң дидарласқалы келдім. Өзіңіз білмейтін жай жоқ, айта беріңізші, Мақа! Мен әсіресе ағайын арасының сөзінен аулақпын.
Мақаш насыбайын атып, орнынан бір қозғалып қойды. Алдына сұлатып салған ақ таяғының ұшымен жер шұқи отырып, сөйлей берді тағы:
— Мырза-ай, қыңқ етпейтін қара нарсың-ау! Көтереді, деп арта беруге болмайды, нар көтермейтін де жүк бар. Жақыпты жалшы Әлжанға ұрғызып, аузы-мұрнынан қан ағызды. Сенгенің Мақаш пен Шәкен шығар, қолынан бір келсе, екі қылсын дегені ол. Сол төбелесте Әлжан шалғылап өлтірген мырзаның қара кер аты әлі төлеусіз барады. Өзіңе мәлім, жұрт болып ұры Тоқабайды мырзаға жығып бердік, қара сиырын алып бердік. Жетпегенін еңбегімен өтесін дедік. Тоқабайды құтыртып-құтыртып, жалдан шығарып алды. Онымен қоймай, нәшәндік болып келген бетте сиырын өзіне қайыртты. Мырзаға істегені осылар. Басқаны ол не оңдырар? Шіркін-ай, жақсылыққа жақсылық, дегенді ойламас па бір! Мырзаның соған аузына ас, астына ат болғаннан басқа түк жазығы жоқ. Абақтыға отырып қалғанда, Малқармен араздасып, өзі барып суырып алды-ау! Енді сол, өзі асыраған күшік, үйіне жетіп ит болғанда құтырса керек, иесіне тап бергелі тұр. Ей, Байбол, өзің айтшы, мен сөз танысам, түндегі сөзіңнің сыңайы солай.
Малдасын құрып отырған Байбол шарт жүгінсе де, көп ауыл жаққа бір қарап қойды. Келе жатқан ешкім көрінбеген соң, дауысын көтере сөйледі:
— Аман келді, Аман келді! — деп, ауыл жиналып қалған екен, мен де бардым. Барғанымда онша құп алған жоқ. Шәй ішісімен, Танакөз екеумізді Сыздықтың үйіне оңаша алып, ал, терге. Шалабайды ұстағанда, қалтасынан біздің ауылнайдың мөрі басылған жөнеу табылыпты. Соны қайсың бердің? — деп, жанымызды суырып ала жаздады. Ақ безер де, көк безер бола бердік. Тіпті Шалабайды өмірі көрген емеспіз, құдай аманаты күйдіріп отыр. Бір уақытта «көрмесеңдер мынау не?!» деп, жөнеудің өзін алдымызға жайды. Танакөз көре сала «бұл Байболдың тұсында басылған мөр», — деп маған төндірді. Мен оған төндірмек болғанда, мөрді қалтасынан суырып алып: «Міне, менің тұсымда басылса шетінде мынадай кертігі болады» дегенде, аузыма құм құйылды. Есімде бар: мөрді менен аларда, комиссияның көзінше шетін керткен. Сөйтсем, бәтшағар жеңгей осындайды күні бұрын ойлап қойған екен. Құтылып кетті. Мен тұтылдым. Аман енді желкеме мініп алды. «Шыныңды айт! — деп, зірк-зірк етеді. Ештеме шығара алмап еді, «Шәкенге ақ мөр беріпсің», — деп қысты. Су қара көк тана бердім. Ақырында «Ертеңге дейін ойлан. Шыныңды айтпасаң, маған өкпелеме», — деді де қоя берді. Шыға сала мырзаға келдім. Мырза Мақаңа жіберді. Түні бойы ұйықтай алған жоқпын, зәрем зәр түбінде. Қатынымның екі көзі бұлаудай. Айналайын Сайлаубек, құтқар мені мына пәледен.
— Қорықпа! Оның аңдығаны сен е-ме-с! — дегенде, Мақаш дауысын соза біраз күңіреніп отырды. — Ауызды ол енді тұп-тура мырзаның өзіне салғалы келеді. «Шәкенге ақ мөр беріпсің» деуінде үлкен мән бар. Бір сойқанның шеті ғой ол.
— Мен сонда да аруақ-құдайға, дәм-тұзыма тапсырып, ағайынға, оның ішінде, өте-мөте Мақаң ағама, Сайлаубек ініме сеніп тиыш жата берем, — деді Шәкен. Шынында да өңінен титтей қобалжу байқалмайды. Манадан үнсіз отырған Сайлаубек бұл сөзден кейін шарт сынды:
— Шақырып кел! — деп күж етті Байболға. Сөзге олақ, ұрт жігіт болатын. Ағайын ішінде ожар мінездерімен көзге түскен. Үш жылдай Орынборда әскери қызметте жүрсе де, мінезі не тәсілі өзгермеген сияқты. Ержетіп, ел ұстауға жарап қалған ініні нойыс ашумен қорқытып, ер кеудемен баспақ. Еріндері көгеріп кетіпті, дір-дір етеді.
— Ел үшін болмаса, мен үшін түс шайыспа. Оның да мінезі жаман жігіт. Аға екен деп қарап тұрмас, жағаңнан ала түсер. Байқа, Сайлаубек, байқа, — дейді Шәкен. Басқаны ма бұл, қайрағаны ма, кім білсін. Әйтеуір осы атаның баласын ежелден екі ұдай ұстайтыны анық.
— Жоқ! Мен оған жұрттың бәрін қорлатып қоя алмаймын! Бағанадан бері естіген сұмдығым ішімді жандырып барады! — дегенді Сайлаубек алқынып азар айтты. Шәкен оған естіртпегенсіп, өзіне өзі күбірлейді. Күбірі басқаға естіліп тұр:
— Ашуланса, бұл дәу пері ғой, бой бермейді...
Баласы ісінген сайын кәрі Мақаш қылаң ұрады. Оның ойынша, үш жыл Орынборда болып, беліне наган байлап қайтқан баласына елден ешкім беттемесе керек. Пендеге бас имеген Шәкенге дейін өзі келіп жалпақтап отыр. Басынан ұшқан бақ қайта оралған сияқты. Кімде, қандай кегі бар, қапы кеткен жері бар — бәрінің есесін шақар Мақаш алып қалмақ. Байбол Аманды шақыра кетті.
— Ағайын, не болсаңдар да, менсіз болыңдар, — деп, Шәкен атына мінді. Әкелі-балалы екеуі енді оңаша қалып күпілдесті.
Байбол келгенде Аманның кісіден бір сейіліп, оңаша анасының алдында інілерімен ойнап-күліп отырған кезі еді. Байболды ой түсіп, ақ мөр туралы шынын айтқалы келді десе керек:
— Жоғарыла, Бәке, — деп, жылы шыраймен қарсы алды. «Сайлаубек шақырады» дегенде, ол шырайы лезде өзгерді. — Жәй ма? Кім бар қасында? — деді.
— Неге шақырғанын білмедім. Мырза бар қасында.
— Жарайды. Кәзір барам.
Байбол кетісімен, киіне бастады. Шығуға айналғанда:
— Бөгелші, балам, — деді анасы. Сөзін айтудан бұрын күрсініп алды. — Аздан бері жүрегім өрекпи береді. Не сезетінін қайдам. Сақ болғайсың. Қайнағамыз өмір бойы әкең марқұммен қырғи қабақ еді. Сайлаубек екеуің қалайсың?
— Әзір жақсымыз.
— Ылайым жақсы болыңдар. Ол тентек жігіт. Әкесінің көп мінезі жұққан. Елді ылғи жеуді, қорқытуды ойлайды. Әкесін әкең түзей алмады. Баласын сен де түзей алмассың. Шайырмал сөзге келе көрме. Артық мінез көрсетсе де, көтере сал, шырағым. Жасың кіші ғой, ештеме етпес...
— Белім қайысқанша көтерейін, әже. Сындырып баратса шыдай алмаспын, — деп, Аман анасына ойынды-шынды жауабын бірден берді де, үйден шықты. Қасына Ізбасар, Таймас ерді. Мақаш ауылы бір километрдей жер. Жаяу аяңдады үшеуі. Жолда Жақыптың ауылы отыр. Жақып бұрын жеке ауыл болған емес-ті. Биыл екі-үш ағайынын көшіріп алған, бір қоңсы қосылған. Ортадағы ақ отау Жақыптың өзінікі, оны да биыл көтерді. Желідегі үш бие сол отауға сауылады. Аман құрама ауылдан көз алмай келе жатып:
— Жақаңның қолына болыстық тимей жүр екен ғой, — дегенде:
— Иә, — деді Ізбасар. — Қарны шартиып шыға қалды. Сонда да жеуін қояр емес. Жарылады ғой бір күні.
— Жарылғанша бүлдіріп бағар. Кедей болыс, советтік болыс дегеніміз де осылай болды. Сірә, бай құрымай, пара құрымас. Парақор құрымай, әділет орнамас. Өзі қайда кәзір?
— Ермекбай демалысқа шығып, Малқардікінде жатса керек. Соны Шәкендікіне қонаққа шақыра кетіпті.
— Болыс басымен Шәкенге әлі шабарман! Таймас-ау, айтсаңшы, қашан советтенеді бұл ауыл?.. — деп, Аман Таймасқа сөз тастағанда, Таймас қолымен Шәкен аулына, одан кейін Мақаш аулына нұсқап қойып сөйледі:
— Әлім жетсе, бірін шауып алар едім. Екіншісінің көмейіне темір қыздырып сұғар едім. Неге шақырғанын сездің бе?
— Жоқ.
— Бай-жуандар ұлыса табысты деген. Сайлаубекке шаққан шығар. Ерніне де бірдеңе жаққан шығар. Сайлекең сонсоң баяғы әніне басқан да.
— Қой! Астанада үш жыл болып, тәлім-тәрбие алып қайтқанда, жаңалығы болмаған күнде ескілігінен бірсыпыра арылмай ма?
— Аман, сен көріскенің болмаса, сөйлесе алмаған екенсің, — деді Ізбасар. — Мен осы ағайды әлі де әкесінің баласы ма деймін. Жебір әкені Шәкен бұйдалап, жетелеп алды. Желідегі сонау бес биенің екеуін Шәкеннен сауып отыр.
— Осы елді Шәкен билей ме, совет билей ме! — деп, Аман мырс етті. — Қашқын Шалабай, болыс Жақып, кәрі би Мақаш, комсомол Сәдуге дейін соның қол шоқпары. Ақмолада Ермекбай, Теміржандар, Орынборда Жандос, Сайлаубектер соғады сойылын. Мектеп салған соң біздің мұғалім Ізбасар да жібіп қалған сияқты. Қайда барсам, Шәкен кездеседі. Ең ақыры махаббат мәселесінде де кездестік. Азуынан айырылған, заманы шайқалған кәрі көктер сенделіп тек жүре алмайды. Бірде келіп егінге түседі, бірде тұнығыңды лайласа, бірде жағаңа жармасады. Қандай шыдамды болсаң да, қалай шыдарсың бұған?!
Әңгімемен ауылға тақалып қалды бұлар. Мақаш әлі далада көрінеді. Байбол сүйек дәметкен иттей, оған қарап, телміріп отыр. Сайлаубек шылымын дамылсыз сорып, ерсілі-қарсылы жүріп жүр.
— Ассалаумаликүм! — дей келе, Аман бір тізесін бүгіп, Мақашқа қол берді.
— Тарт, қанды қолыңды! — деп, Мақаш өз қолын жеңінің ішіне тығып жіберді де, жиырыла қалды.
Екі жақта да үн жоқ. Бірнеше минуттар өтті. Әлден уақытта тіл қатты Аман:
— Ата, қолымды неге алмадыңыз, жазығым не?
— Қолыңды алмақ түгілі, отырған орныңды шауып тастаймын. Кәпірсің! Ел бұзарсың!
— Кім кәпір, кім мұсылман, мақшар таразысы құрылса, көрерсіз. Ел бұзарлар осы дүниенің өзінде-ақ көрініп тұр ғой, жала неге жабасыз, ата?
— Қарашы! Ата дейді де, жалақор дейді. «Әкесіз ұлдың аузы зор, анасыз қыздың емшегі зор». Көрдің бе, Сайлаубек, жетті ме енді көзің?!
— Жетті! — деді де Сайлаубек Аманға сұқ қолын шошаңдатып тұрып сөйлеп кетті: — Әкем әкеңнен бұрын, өзім өзіңнен бұрын бақтым осы елді. Келгелі құлағымда маза жоқ. Маза бересің бе еліме, жоқ па? Соны білгелі шақырдым.
— Кімге, қандай қиянат істеппін?
Сайлаубек жаңа ғана әкесі дәттегендердің бірін қалдырмай, өкіректей отырып айтып шықты.
— Шүкірлік етем, — деді Аман, — бұл аталғандардың ішінде жалы қыңыры жоқ екен. «Елім» дегенің осылар болса, ел жайындағы түсінігіміз екі түрлі-ау!
— Ей, көлгірсітіп отырғаның не? Сен не білуші едің? Мынау қасыңдағыларға оқытқан саяси әліппені маған оқытпақпысың!
— Оқуың, көргенің көп-ақ шығар. Сонда да жаңа заманның сол әліппесіне шорқақсың ба, қалай? Ел бетін ру-ақсақал, бай жолына бұрмақсың. Мен Маркс, Ленин жолына бұрмақпын. Сол ескірген ата дәстүрін қусаң, мен езілген таптың жаңа дәстүрін қумақпын. Түптеп келгенде екеумізді қосатын да, ашатын да көкейтесті осы тілектер ғой. Көрдім тілеуіңді.
— Не дейді! Мынау не дегені?! Мен сонда байшыл, ескішіл, тап дұшпаны ма? Совет үкіметіне қарсымын ғой, сірә! — деп Сайлаубек наганын ала тұра ұмтылды. — Жібер! Босат! Асыпты! Тасыпты! Жайратамын! Бегайдарда бір қатын буаз шығар!..
Арашашылар арпалысып жүр. Сайлаубек бұлқынып күж-күж етеді, босанса, ойран ететін тәрізді. Мылтық ұстаған қолы бір босап қалғанда, Аманға нұсқап қалды. Таймас шап берді қайтадан. Мылтық бір-ақ атылып кетті. Ауылдың иттері құйрығын қыса, үре қашып барады. Адамдары «құдай-ай, сақтай гөр» десіп жатыр. Қояр болмаған соң Ізбасар мен Таймас мылтығын тартып алды да, Сайлаубекті тырп еткізбей ұстап отырды. Мақаш ұлына ырза. Аманға қарап:
— Бәлем, өзіңнен зорға кездессең, жым боларсың! — деп қояды.
Аманның екі қолы қалтасында, жанжалға кірмей, сұлық қарап тұр. Келемеж етіп тұрған сияқты. Мылтық кезегенде, мылтық дауысынан ауыл дүрлігіп жатқанда, айылын да жимады. Аузынан көбік шаша «жібершілеп» жұлқынған Сайлаубекке Мақаштың жаңағы сөзінен кейін өзі барып, қарсы алдында қадала қарап тұрғанда, оның көзі көздеген мылтықтың аузынан да суық еді. Арашашылардан Сайлаубекті босатып алды да, наганын қайтып берді.
Ұсынған наганды Сайлаубек қолына ала алмады. Қадала қарап тұрған Аманның бетіне қарай алмады.
— Қоқан-лоқымен қорқытып үйренгенсің. Ата алмасың бар, ат кекілін кесуге неге барасың. Оныңа тіпті өкінбеймін, — деді де, Аман жолдастарын ертіп жүріп кетті. Мақашқа қарағандар төмен қарап отырып қалды.
VII
«Қымыздықты сайды» жайлайтын қалың елді кеулеген сөз Қуандық ішінен асып, жапсарлас отырған Қаракесек, Сүйіндік, мына жағы Қанжығалы, Темешке дейін жайылып жатты. Сүйсінгенін де, күйінгенін де әсірелей айтып, кейінгіге аңыз қалдыратын сөзуар қазақтың бірсыпырасының әңгімесі осы күні Аман. «Жігіт! Сайлаубек те сотқар-ақ еді. Оның да сағын бір сындырған екен!» деседі. Мақаш ауылында болған жанжал қымызды үйлерде, желі, құдық басында бас қосқан еркектердің, арқан есуге, киім қабуға жиылған әйелдердің, тіпті жапан далада кездескен қойшы, жылқышылардың да аузында жүр. Қазір жайлаушылардың дені екі жерге жиылған. Бір жиын Аман отырған көп ауылда: «Қосшы» болысы Әлжан қара шаруаларды «Қосшыға» шақырып тұр. Енді бір жиын Шәкен аулында: Ермекбайды ертіп Жақып келген. Орынбордан халық комиссары Жандос келген. Беделді ақсақалдардың, атқамінер пысықтардың көбі осында. Өз аулындағы жиынға Аман өзі қатынасты. Шәкен аулындағы жиынға оның аты қатынасты. Өзінен атағы айдынды, қауіпті де екен. Ауыл сыртында, көптен оңаша кетіп, Жандос пен Шәкен манадан әңгімелесуде. Әңгімелері Аман. Ақ үйдің ішінде Ермекбай, Сайлаубек, Жақыптарға Шолпан қымыз сапырып беріп отыр. Бұл үшеуінің де әңгімесі Аман.
— «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Айналайын Ермекжан, құтқар мынадан! — деп, Аманды қаралай Жақып зарлағанда, жуырда жағы сембеді. Бұрыннан шақпақ сөзге шебер жігіт, болыс болған соң, өсе түскен. Кішкентай қарны да шошайып, бұғағы майлана қалыпты. Шәкен үйінде бұрынғыдай төрге қарап жалақтап тұрған жоқ. Бір қолымен бүйірін таяна, төрде отыр. Сөзінен де бұрынғы жасқаншақтығы сезілмейді. Қайта, ептеген паңдық бар. Ермекбай әзір көбірек тыңдап, аз сөйлеп, анда-санда бір қағып қояды.
— Сондай жайсыз қызметкер болса, болатком тәртіпке неге шақырмайды? — деп еді, Жақып безек қақты:
— Ойбай-ау, қалай шақырайын! Президиумнің бақандай үш мүшесі — Әлжан, Қасен, үшіншісі Аманның өзі, — бәрі бір жақ. Оларға волком хатшысы Песик қосылып, үнімді шығармайды. Саптыаяққа маған ас құяды да, сабынан олар қарауыл қарайды. Ералин отыртып кетті ғой! Мөрді қолыма бергенмен, маңайымды Аманның адамдарымен қоршап қойды. Әйтпесе, сақалды басымен Малқаң жылап келгенде, аяндым ба?!
— Иә, ол қоршау бой бермеске айналыпты, — деді Сайлаубек. — Аман Ақмолада Ералинге, Орынборда Сәкенге сенеді. Қасен, Әлжан, Нұрғали, Ізбасар, Таймастар Аманға сенеді. Өңкей әңгүдік, есерсоқтың қолына тиген ел оңа ма?! Бүлініп барады. Біреу жалшы, қосшы, біреу коммунист, комсомол ұйымдарына ене сала, қазақшылықтан кете бастаған. Мен елге келгелі көрген, білгенімнің бірін қалдырмай, Жандос ағайға айттым. Бірақ мен де, ол кісі де бір соқпа қонақпыз. Ермекбай, үкімет тізгіні сенің қолыңда. Сол бас бұзарлардың бәрін болмаса да, бірер басшысына бармақты батырып қойсаң, бұл халге жетпес едік-ау.
— Айналайын, Аманға ғана бір лаж табыңдаршы, өзгесіне тәуекел! — деп құлшынады Жақып, — Аман тұрғанда тиыштық жоқ. Айтатыны ылғи: «ауылды советтендіреміз», «таптық сананы оятамыз», «ақсақалдық, рушылдық, діншілдікке шабуыл жасаймыз...» Осымен біреуді біреуге айдап салып, қырылыстырып барады. Кәзір көп ауылда «Қосшы» жиналысы болып жатыр. Құдай біледі, бұл жиналыстан да талайдың делебесі қозып шығар. Бүйте берсе, ел бола алмаймыз, Ермекжан! Мынау Сайлаубек совет өкіметі келген күннен-ақ қызметке араласты. Енді белінде алтыатар, үстінде шинель, совет жауымен атысуға дайын отыр. Осыны да, осының шал әкесін де өгей баладай қағажу етпек. Менің арғы атам қайыршы болғанда, өз әкем кісі атын ерттеп жүріп өліпті. Мені «байдың құйыршығы» дейді. Өздеріңе мәлім, мырза ел арасының әңгімесінен аулақ кісі. Егер үкімет керек десе, басындағы мына ақ орданы жығып беруге дайын. Бар көлігі советтің кіресін тасып жүр. Атының, асының қызығын ел көреді. Халық үшін қандай тамаша мектеп салдырып жатыр. Бұл кісінің даңқы туу сонау Әзірет Сұлтан, Тәшкент, Бұхараға дейін кеткен екен ғой. Жуырда атын «Ақ жол» газетінде көрдім. Мектеп салдырғанын, мал тұқымын будандастырып, асылдандырып жатқанын мадақтап жазыпты. Аман сонда да мырзаның ауылын торып-торып қояды. Бірімізді жан дей ме екен. Сот па, прокурор да, председатель де бір өзі. Әбден асқаны емес пе. Орынбордан Жандос келді, Ақмоладан сен келдің, екеуіңнің жасың да, жолың да үлкен, тым құрыса сәлем беріп шықпады ғой! Көзі ашық, ел қамқоры азаматтарым, бастарың жақсы қосылды. Көріңдер, ел жайы солай. Қызыл езулер ауыздықталмаса, бір жарға ұрындырмай тоқтар түрі жоқ.
Жақып қақсап, Сайлаубек қостаса да, Ермекбай әңгімеге онша бой сала қоймады. Тілді жігіт болатын, шешіліп сөйлемеді. Өйткені, Аман жайындағы шағымдардан құлағы сасуға айналды. Малқардікінде жатқанда, Малқарға қосыла Мұқатай, Таласбайлар келіп зарлаған. Ақмоладан шығарда, арыздардың, домалақ қағаздардың бірнешеуін оқып шыққан. «Бұзық жігіт» деген ойға бекіді. Бірақ сол «бұзықты» Уком хатшысы Ералин сүйеді. Ералинді бұл «солақай» десе, Ералин бұны «оңшыл» дейді. Ояздық екі басшының ұстаған саяси екі бағыты Москва, Орынбордан басталып, ауылға жетіпті. Оңшылдардың «тапсыз ауыл» дегені тапқа жіктеле бастаған. Жалшы, «Қосшы» ұйымдары байдан бөлу әрекетінде. Ел іші қым-қуыт, айтыс-тартыс. Ермекбайды ой басып, демалысын жайлы өткізе алмады. Оның ойынша бәрін қоздырушы, тиыш жатқан елді бүлдіруші солақай коммунистер, комсомолдар. Бұл ойын ол Шәкен, Сайлаубектен бұрын түнде Жандосқа айтып үлгерген. Жақып пен Сайлаубектің кәзіргі зарынан жаңалық ештеме таппаса да, екеуіне толымды бір сөз ұстатты:
— Жарайды. Мәселе тек Аманда болса, көзін жоғалтайын бұл жерден.
Манадан анда-санда бір көз қырын тастап отырған Шолпан Ермекбайға тура қарады. Қалың бет, қытай көз жігіт жаңа ғана жылы шырайлы сияқты еді. Енді денесі түршікті, сұр жыландай екен. «Көзін жоғалтайын» деген сөздің әсер еткені сонша, сапырған қымызы дастарқанға құйылып жатқанын байқамай:
— Қатты екенсіз! — деп салды. Ермекбай жауап қайырған жоқ. «Бұл не дегеніңіз?» дегендей, Шолпанға о да назар аудара қарап қалғанда, есіктен Әбен мен қисық мұрын Тәуке енді. Бірі — денелі, жуан, жайуат. Бірі — тапал, арық, шақар. Екеуінің жазы, қысы қонысы бір. Ауыл аралағанда, жүрістері де бір. Тәукенің мінезіне бұл елде шыдайтын Әбен ғана. Сондықтан ол Әбеннің қасынан қалмайды. Шолпан екеуіне аяқ толтыра қымыз құйды. Әбен бір аяқты тастап алған соң, екінші аяқты шайқап ішіп отырып:
— Kөп ауылдағы жиналысқа барып едік, — деп сөз қозғады. — Алыстан келген азаматтарға сәлем беруге, жақсы лебіздерін естуге бұрылдық.
Жақып бұлардың келгенін жаратпай отырған. Салған жерден қағытты:
— Жиналыста әңгіме аз болып, жарымай шықтыңыздар ма?
— Аз болмағанмен, әр сөздің орны басқа да.
— Бұл кісілер сөзден ығыр болып, демалыста жүр, маза берейік.
Әбен төс қалтасынан су жаңа қызыл книжкенің шетін Шолпанға қылт еткізіп көрсетті де:
— Байғазы! — деді.
— Оның не, көрсетші, әуелі?
— «Қосшы» билеті! Байыңда осындай билет бар ма?
— Өзің алғандай болып отырсың. Сенің қолыңнан не келуші еді, біздің апай шығар әперген.
— Апаң әперсе де, бір қаруы қайтатын болған соң әперген шығар.
Тәуке де құнжыңдап, қойнына қол салған-ды, бір ескі шүберек шығарды. Шүберектің ішінен қаттап ораған екі книжке алды да, Шолпанға апарып, қораздана көрсетті.
— Бірі — «Косшынікі», бірі — кәперәтіптікі! — дейді. Қуанышы кеудесіне сыймай, бір жағынан Жақыпқа қыр көрсете тұрған сияқты. Еліре сөйледі. — Ұл туса, Амандай тусын! Айналайын соның арқасы ғой бәрі. Пай-пай, осы жиналыста сөйлеп еді келіп! Жұрт соңынан еріп кетті. Білмей жүріппіз, кедейді жарылқайтын кәперәтіп пен «Қосшы» екен ғой!..
— Нағыз жарылқайтын социализм көрінеді! — дем Әбен кие жөнелді. — Онда, бай, кедей, ұры-қары, қиянат, зорлық... бірі болмайды. Қой үстіне бозторғай жұмыртқаламақ. Күллі жұмыс машинамен істеледі. Мәселен: көшіп қонғанда мынау үйді жығып, тігіп әуре болмайсыз, машина төбесінен бүркітше бүріп апарады да, қондыра қояды. Молшылық дегеніңізде есеп жоқ. Ит басына іркіт төгіледі...
— Жарылып кет! — деді Шолпан күлкіден езу жия алмай отырып. — Оқта-текте осындай бірдеме айтпасаң, ішің кебе ме сенің? Құдай біледі, Аман осылай демеген шығар- ау, өзің ғой көпіртіп отырған.
— Мен бұны Аманнан да бұрын білем: Ленин алдақашан «емперия-жемперия!» деген кітабында жазып кеткен.
Бұл екеуі келгеннен жақ ашпай, тымпия қалған Ермекбай, Сайлаубектер де «емперия-жемперияны» естігенде, біріне бірі қарап, жымиысып қойды. Оларын Әбеннің көзі шалса да, келемеж демей, қошемет күлкісі десе керек, көтеріліп барады. Шала-шарпы естіген, білгенін өсіре, төндіре айтып, елге жаюға құмар кісі тағы бір үлкен тақырыпты белінен басып өтті:
— Естіген құлақта жазық жоқ. Айта берейін. Аманның сөзіне қарағанда, жоғарғы жақтан «оңқай», «солақай» деген біреулер шығып, Лениннің орнына отыруға таласып жатса керек. «Оңқайы» мен сияқты асықпайтын көрінеді, Социализмге өгіз аяқпен қыбырлап бір жетерміз дейді білем. Ал, «солақайы» Тәуке сияқты асығыс, шарт-шұрт деседі. Қайсысы болса да, ел билеп оңдырмас.
— Кім билетеді оларға?! Кім сайлайды оларды?! — деп Тәуке бұрқ етті. — Ормандай көп орыстан Лениннің орнын басатын бір ұл туған шығар. Жаңағы екеуін қосақтап қойып, сарала сапты қамшымен сойса! Қарашы, дәмесін!..
Қымызға қызған сайын Әбен мен Тәуке бірі бастап, бірі қостап, басқаны сөйлетер емес. Шолпан екеуіне аяқты толтыра құяды. Қымыз желігіне қызыл книжкелердің қызуы қосылған соң, Тәуке ұрынуға қара таба алмай отыр, Жақыппен аралары шатақ. Әншейінде у тілді Жақып, қазір зығырданы қайнаса да, аузын баға қалған. Ешбір бүкпссі зілсіз, ойларын ашық соғып отырған екі шаруа сөздері төрдегі үшеуге тікенекше қадалып жатқанын байқаған жоқ, Тыстан Шәкен мен Жандос енгенде ғана тоқтады.
Жандостан бәрі именді. Ұзын бойлы, қоңқақ мұрын, күйедей қара кісі екен. Жасы қырықтар шамасында. Төрге шығып отырған соң, үйдегілерге пенсие көзілдірігін түзеп киіп, жағалай бір қарап өтті де:
— Мына кісілерді мен тосырқап қалдым ба, кім болады? — деп Шәкеннен сұрады. Шәкен денесін селкілдете күліп алған соң ғана таныстырды:
— Бұл жуан — кәдімгі өтірікші Әбен. Сен елден кеткен кезде, өтірікші де, жуан да емес-ті. Сондықтан тосырқаған шығарсың. Табыстарына «құтты болсын» айтуыңа болады. Қасындағы қисық мұрын Тәуке екенін мұрны айтып тұр. Екеуінің сырт пішініне қарап, ішкі дүниесін өзің айыра берерсің.
— Келістіре білсе, өтірік те өнер, — деді Жандос, — әйтпесе, қырық өтірікті айтқан тазша ел аузында қала ма? «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ. Өлең, жыр, қисса, мақал, мәтел, жоқтау, бұрынғы билер сөзі, өтіріктер бәрі тіл өнеріне жатады. Қай өнер көріне түсіп жоқ болмай, халық бойына сіңе берсе, сол өнер дами да бермек. Әбеңнің бойында ондай дарын болса, өзі зиянсыз болса, қорғаштаудың керегі қанша, айта берсін.
Әркімнің аузынан шыққан әр қилы сөздің жеріне жетпегенін жеткізіп, теріс-қағыс тұрғанын түзеп қойып отырды Жандос. Тілге бай, мінезі орнықты, қазақ өміріне жетік көрінеді. Оның алдында Шәкен, Ермекбайлардың өзі бой жаза алмады. Мақаш, Жылқыбайлар бастап, далада манадан күтіп жүрген бір топ адам енді. Жапырлай амандасып, достық көңіл білдірумен бұлар да тоқтады. Үлкен, кіші бірдей Жандосты аға тұтады, орысша оқуы мұғалімдік семинария ғана болса да, білгіш көрінеді. Сондықтан, бұл жиында тыңдау, сұрау, бас шұлғу көп те, талас, керіс атымен жоқ еді. Жандос жалғыз сөйлеп отырғанда, сәлем беріп Аман кірді. Қасында Байбол бар.
— Жоғары шық, Аманжан... Аман деген жігіт осы, — деп, қол алысу үстінде Шәкен Жандосқа таныстырып үлгірді.
— Ел-елдің бәрінде бола бермейтін, қазақтағы жақсы дәстүрдің бірі — үлкенді сыйлау, — деді Жандос, — Аман, сен болсаң кешеден бері қайдасың? Еліңе, ауылыңа қонақпыз, қазақтың, азаматымыз, жасы үлкен ағамыз, амандығың, сәлемің қайда? Әуелі соны білгелі шақырттым.
Мақаш, Жақып, Жылқыбайлар қыбы қанып, күлім қақты. Әбен, Шолпан, қисық мұрын Тәукелер қызара томсарады. Құлаққа ұрған танадай тына қалыпты бәрі. Аман біраз мүдіріңкіреп қайырды жауапты:
— Жәке, кеше қызмет ыңғайымен бір жақтан кеш қайттым. Бүгін жиналыстан босағаным осы. Әйтпесе, сәлемімді бұлдап жатқаным жоқ. Қазақтың жақсы дәстүрлерін қадірлейтін інілеріңіздің мен де бірімін.
— Бәрекелді. ЬІрзамын онда. Ендігі сөзді оңашарақ сөйлесейік, — деді де, Жандос орнынан тұрды. Жұрт жарылып жол берді. Ермекбай, Сайлаубек, Жақып, Аман бесеуі ауылдан оқшау кетіп отырған соң, қолын жоғары, жайлау үстіне көтере түсіп сөйледі ол. — Міне, қазақтың бар рахаты — осы жайлау. Бұдан айырылса, малының да, өзінің де берекесі кетеді. Шырағым, сені жайлауға қарсы деседі. Ішіп отырған ағынан қағып, биыл он үйді сары масаның жеміне тастап кетіпсің. Елді отырықшылыққа шақырып жүрген түрің бар. Қазақ қазақ болғалы көшумен келеді. Оны сасық қораға апарып қамағанмен социализм орнамайды. Тек, малы қотыр, өзі көксау болады. Осындай ұшқалақ ойлардан сақтандырғалы шақырдым. Бұған не айтасың?
— Жәке, қателессем, кешірерсіз, бұған дауым тіпті көп сияқты, — деп төмен қарап, сұлық тыңдап отырған Аман басын көтеріп алды, — Мен жайлауға қарсы емеспін, жайлаушылдыққа қарсымын. Қараңызшы, осынау сыңсып отырған елдің ішінде ақ үйлер қадау-қадау. Қаптал көпшілігі қоңыр, орташа. Бай, тіпті орташа мал жая келсін. Ал, кедейлер соларға көз сүзуден басқа не бітіреді? Менімше, қазақтың көшімпаздығы көшқұмарлықтан емес, ылажсыздықтан. Сонау көз ұшында мұнартқан біздің мекеніміз — Мақаш қорығы. Сонда қалған жаңағы он үйге нан, шай, қант, кездеме, еңбек аспаптары беріліп жатса, сөз жоқ, мынау жайлаушылар да жатаққа қашады. Еліміз өзінің бұл қажеттерін өмір бойы іздеген, таппаған. Тапса, жарымаған. Енді тек отырықшы болса ғана жариды. Отырықшы елдің «малы қотыр, өзі көксау» болып жатқанын әзір естігемін де, көргемін де жоқ. Қайта, көшпелі елдің күні оларға күнде түседі. Қойын бір қағаз шайға, атын бір қапшық астыққа сатып, жайлаушыл қазақ не оңады? Ел деген атымыз бар. Елдік мұрамыз бар ма?! Бабаларымыз іс қалдырмай, сөз қалдырыпты. Оның өзі жиюсыз, шашылып жатыр. Ұшан-теңіз жерге иеміз. Оның тек түгін сорып, суын ғана ішеміз. Ішін ақтарып, шырынын әлі ала алмадық. Осының бәрін менен артық біле тұра, отырықшы өмірден қашқақтауыңызға қайранмын. Елін сүйген, ойы ержеткен азамат қой бастаған серкедей, қасқая тартар кез жетті емес пе? Әгәр ол алға шыға алса барар беталысы айқын-ақ көрініп тұр-ау!..
Тыңдаушылар түрлі күйде. Жандос пен Ермекбай төмен қарап, тапжылмай қалыпты. Сайлаубек бір шылымды бітіре сала, екіншісін салды аузына. Жақыптың құлағы әңгімеде, көзі желі басында: қонақтарға союға апара жатқан торы құлынның шыңғырғанына сүйсініп, елең-елең етеді. Сірә, Аман сөзі оның құлағынан ағып кеткен болар.
— Қысқа сөзбен қазақтың ұзын өмірін бірсыпыра қамтыдың шырағым. Жыртық үйге енген таң сәулесіндей бойыңды жақсы сезім, үміт, ойлар кеулеп келеді екен. Құтты болғай-ақ! Сонымен қабат сескентіп те қойдың-ау! — деп, Жандос қалың қасты қабағын түйе отырып сөйледі енді. — «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды». Аз ғана ел бай, кедей, орташаға бөлінсе, береке қала ма? Бізде өндіріс, пролетариат жоқ. «У ішсең, руыңмен», «ат сатсаң, ауылыңмен» деп отырған қазақтың ортасына от тастап «тап тартысын» қолдан жасай алмаймыз. Таптар, оның күрестері толғағы жеткенде, өзінен өзі туады. Сол сияқты көшпелі тұрмыстан отырықшы тұрмысқа да өктеумен бармайды қазақ. Көлігінің күйіне қарай жыла қонақтап жетеді. «Қашқан да, қуған да құдайға сыйынады» демекші совет жеріндегі саяси ойшылдардың қай-қайсысы болсын, Маркс пен Ленинге сүйенеді. Ленин халықты, әсіресе бұратана елдерді өктемеңдер, зорламаңдар деп кетті. Осы нәптің өзі тек шаруашылықты ғана емес, сонымен қабат шошыған жүректерді, бүлінген салттарды қалпына келтіретін лениндік ұлы саясат екенін ұғынар уақыт болды. Аман шырағым, бойыңда біраз қызу бар сияқты. Ол қызу ылайым аурудікі болмай, жастықтікі болсын! Сонда ғана менің бұл ағалық насихаттарым саған әсер етеді.
— Бәрі өзінен өзі туса, өзінен өзі болса, тып-тыныш жатпас па еді жұрт, — деді Аман. Езуінде сәл мысқыл күлкі тұр. — Тиыш жатқан жұрт бар ма?! Іңгалаған сәбиден бастап, қаусаған кәріге дейін тіршілік үшін арпалысады. Күрес, тартыс, қан төгіске дейін барып жеңген ғана өмір сүреді, жеңілгенге үстемдік етеді. Бүкіл дүниенің бұл манду заңына қазақ та бағынған. «У ішсең руыңмен» дей отырып, өз ішінде тапқа бөлінуін, таптық мақсаттарды қорғауын ешуақытта ұмытқан емес. Әгәр менің бойымда сіз айтқандай қызу болса, «жастықтікі» болмас, «аурудікі». Дәл сол таптық қызу болар. «Адамшылық», «елдік», «бірлік», «дәстүр» дегендерге мен тек тап тұрғысынан қараймын. Жәке, жасырып қалмаймын: сізді мен сырттан, алыстан білгенде, жақын едіңіз, жақыннан білгенде, алыстап барасыз. Менен алыстағанның түк уақасы жоқ. Тек халықтан алыстай көрмеңіз.
— Ха-ха-ха! — Ермекбай күліп жіберді. Күлсе де, беті ызалы, сұп-сұр. Манадан жия-жия іші толған екен, төтеден киіп, төге сөйлеп кетті. — «Халықтан алыстай көрмеңіз» дейді-ау! Қандай өркөкірек! Кімге айтып отырсың!? Емшек табы ауызыңнан кетпей жатып, әкеміздей кісіге солай деуге ұялсайшы, шіркін. Болды, жетті, тарт әрі басалқаңды! Қазақ көшін басқарушылар бар. Сен әуелі өз атыңның тізгініне ие бол!..
— Мен басалқы айтқалы келгемін жоқ, шақырған соң келдім. Ағат кеткен жерім болса, ойланайын, сіздер де ойланарсыздар. Ой мен ел ешкімнің еншісіне берілмеген. Әркімнің-ақ «ойым» деуге, «елім» деуге хақы бар, — деді де Аман орнынан тұрып жүре берді. Ермекбай әлі бұрқырап отыр:
— Ем қонбайтын жігіт! ІІІыдай-шыдай сабырым бітті. Қалада да, далада да осының ылаңынан құтыла алмай қойдым. Бастығы мынау болыс Жақып, оқыған Сайлаубек, Шәкен ағай болып, зар қағады ел. Байқадыңдар ма, енді Жәкеңнің өзін айналдырмақ. Көзім әбден жетті, көктен солмаса, ырық бермейтін қызыл езудің өзі!
— Ермекжан-ау, оңайлықпен көзден жас шыға ма? Сіздердің алдарыңызда басылып отырғаны ғой бұл. Әйтпесе... — деп Жақып үрлегенде:
— Әлін білмейтін набитый дурак! — деді Сайлаубек. — Ел билеуден дәмесі бар. Ол түгіл өзіміздің уысымыздан шығып кетті ел. Орнынан жұлып алып, отырғызу керек. Емі сол ғана.
Үшеуі Аманды сыртынан жіліктей бұзып жатқанда, Жандос өзімен өзі болып отырып:
— Қайран ел, қайран ел, не боп барады! — деді де, кейістерін күңірене айтты. — Алыста жүргенде бұл елді көруге аңсадым. Көрген соң кетуге асықтым. Азаматтар-ау, сендерге не болған? Бір ауыз ба десем, алауызсыңдар. «Жауырды жаба тоқы», «қол сынса, жең ішінде, бас жарылса, бөрік ішінде» деген еліңнің, абзал қағидасы қайда?! Ұғынысудың орнына айтысып, кешірім орнына кек сақтап, біріңді бірің жағадан ала түсуге дайын тұрсыңдар. Сап, Ермекбай, сап! Сап, Сайлаубек, сен де сап! Екі орамға келетін оқулы қазақ көп емес. Жаңағы жігіттің үш орамға да келетін түрі бар. Сендер шырт-шырт сынғанда, ол шіміркенбеді де. Баулыңдар, шыдаңдар. Шым-шымдап бері тарта беріңдер! «Көктей солсын» деуге менің ауызым бармайды.
Жәке, мен білемін оны. Не өзін, не елді қиратпай тынбайтын, Сейфуллиндер ұртына мықтап түкірген жігіт…
Ермекбайдың бұл сөзінен кейін Жандос жайлау еліне, көз жіберіп, үнсіз отырып қалды. Бірсыпыра жұрт ат үстінде көрінеді. Қымыз ішіп, қызға қырындаған бозбалалар бip бөлек, егделер, үлкендер бір бөлек жүрсе, балаларын құнан тайға мінгізіп немесе алдына, не артына салып алып, аналар да ауыл қыдырып жүр. Шәкен ауылында адам бүгін күндегіден көп: қонақтарға сойылған құлынның маңында шыбынша быжынайды. Олардың даң-дұңына сүт тартқан сепаратор, үй айнала боздаған боз інген қосылып, ала-құла, өзгеше бір үн естіліп тұр. Малшылар ауылындағы бұл қира құрықтан оқшау, маңайы көк майса үш ақ үйдің ортасындағы ордадан қаңқу көтерілді. Тәукені біреу есіктен лақтырып жіберді тысқа. Тәуке атына міне сала Жандостарға шапты.
— Әкеңнің бет тақтайын... Қазанқап! Жеті ата-бабаңның аузын... Қазанқап! Өгіз! Байдың құлы Қазанқап!.. — Аттан түсіп, Жандосқа алқына келгенде де бұл сөздер Тәукенің ауызынан түспеді. Өзі боқтампаз, шақар кісі, қымызға қызып алған соң тіпті дес берер емес, боқтап-боқтап алады да, қамшымен жерді тартып-тартып жібереді.
— «Мырзаның мазасын ала берме!» деп жауырын ортамнан ұстады да, есіктен лақтырып тастады. Мен сонша итке тастаған сүйегі ме оның! Шәкен құдай ма сонша! «Қосшы» мүшесіне қолын ол қалай көтереді?! Әрине, байдың айтақтауымен көтереді! Төрт көзін, түгел отыр екенсің, Қазанқаптан кегімді әпер. Несиеге қарамаймын, кәзір қолма-қол әпер! Әйтпесе нәшәндікке, Аманға барам.
— Жетер, жетер, отағасы! Kөп көкімеңіз! — деп Ермекбай қабағын түйді. — Мына болысқа тапсырамыз. Келістіреді екеуіңді.
— Болыс түгілі бір құдайдың өзі болса да, Жақыпқа жүгінерім жоқ! — деді де, Тәуке енді көп ауылға қарай шапты. Ат аяғы көтерген тозаң отырғандарды басып қалды.
— Міне, көретініміз осы! Сонау көп ауыл, қара ауыл — қара пәленің ордасы! — деп Жақып. — Жаман Тәукенің екпіні үй құлатқандай. Өзгесі не оңдырады!
Ақ ордадан шығып, Жылқыбай бері аяңдады. Ыстық күнде аяғында саптама етік, басында қарсақ тымақ, түйе жүн күпісін айналдыра киген, бүгжең-бүгжең етеді. Сары аю тәрізді. Аузы жыбырлауына қарағанда, әдетінше, айтар сөзін күбірлеп, жаттап келе жатқан болу керек.
— Бұл сорлыға да бір зобалаң туған ғой, — деп қойды Жақып. Жылқыбай келіп жайланып болған соң, бармағымен бір танауын басып тұрып, шашырата сіңбірді, сұқ қолымен екінші танауын басып тұрып, тағы сіңбірді. Осылайша бітелген тыныстарын ашып алып, сөзге кірісті ол:
— Жандос қарағым, білемісің, әкең, марқұммен құрдас болатынмын. Ол жалшы, мен кедей, Мырзаның мынау желісінің басында талай кездесетінбіз, сырласатынбыз. Мырза сені оқуға аттандырғанда біздің үйде екі бұзаулы сиыр, бір мінгіш қана болатын. Бағыма ма, сорыма ма, әйтеуір совет тұсында біраз мал бітті. Мені осы күні «бай» дейді. Бай болсам, совет байы емеспін бе, маған неге өшігеді?!
— Не қылды өшігіп? — деген Жандостың сұрағына Жылқыбай жауап беруден бұрын қойнына қол сұқты. Бір жапырақ қағаз суырды да, қолы қалтырай ұсына берді. — Сот шақырады! Ақысын алып әбден біткен малайым ақы даулапты.
— Оған бола саспаңыз. Сот анығына жетер.
— Соттан бұрын сонау көп ауылдан қорқам. Әшейкенің хатшысы Ізбасар дейтін жылым бар. Малайымды азғырып, көп ауылға көшіріп алды. Арыз бергізіп отырған сол. Танакөз дейтін сыпылдақ келінім, — ауылнай, растап мөр басудан тайынбайды. Соттың өзі кәмөнес деседі. Әшекешіл-ақ. Қорқам, Жандосжан, қорқам. Тапсырып кет. Мені сүр байларға, Николай байына қоса көрмесін. Совет байымын ғой. Тіпті мырзаларға қарағанда баймын ба мен?
— Мына түрімен кімнің ақысын жегендей. Қорғаңдар мынаны! — деді де Жандос орнынан тұрды. Екі қолын артына ұстап, беті көк белес, оңаша барады. Аңсап келген ауылы ауыр ойлар салды басына, азар көтеріп бара жатқан сияқты...
VIII
Көп ауыл бүгін көңілсіз. Екі-үш жылдай көзден таса болып, сағындырып қайтқан Аман орталарында екі-үш ай бола сала, тағы кеткелі жатыр. Ақмола асығыс шақыртқан. «Қызметіңді, қару-жарағыңды орынбасарыңа тапсыр да, дереу жет!» — депті. Бұл ауылдың бас көтерерлері, Аманның ең жақын жолдастары Нұрғалидың үйіне жиналып, тығыз шақыртуды түрліше жорып отыр:
— Қызметін жоғарылататын болғаны ма?
— Онда қаруыңды таста дей ме?
— Ермекбай Малқардың кегін қайтарып жүрмесе?
— Неғылса да, болжаусыз бұрқ еткен хабар. Тек басын шырмамасын деңдерші.
— Енді жалғыз жібергеніміз ұят! — деп, Нұрғали күрілдеді. — Қасына кісі қосып берейік.
— Құр кісінің көмегі қанша! Қалада алдымен ақша керек те. Ортамыздан ақша жинап берейік, — деді Танакөз. Мұртын ширатып, ұсыныстардың бәрін қостап кең отырған Әлжан сөйледі бір кезде:
— Аманды ойлағандарың әкесін де ұмытпаңдар. Марқұм, бәрімізге әкедей еді ғой. Басы белгісіз тұр. Тоқабай: «Кірпішін құйып қойдым» — деген. Өзіміз бір күн үме жасап, соны қалқайтып қайтайық. Аманның әне-мінемен қолы тимей жүрді ғой. Көңілі дауалап кетсін, осыған уәде берейік.
Нұрғалидың үш биесінің қымызы бұнша берекелі болар ма! Жеті-сегіз кісі манадан ішуде, әлі таусылар емес. Қымыз қызуы бойға тараған сайын, жайшылықта айтыла бермейтін, әріректе жатқан шындықтар ауыздан шығып-шығып кетеді. Көбінен кіші болса да Аманды бәрі аға, пана тұтады екен. Оның кетуіне әрқайсысының-ақ көңілі омсырайып қалыпты. Ең сабырлы деген әрі мұғалім, әрі ячейка секретары Ізбасардың өзі қамығып отыр:
— Әй, тұра тұрғаны жақсы еді-ау! — дейді. — Кедейлер кәдімгідей қопаңдап, арқа тұтып қалып еді. Байлар, байшылдар жабылып, тұрақтатпады ақыры. Қолынан келсе, олар көзін жоюдан да тайынбас. Ленинге оқ атқан тап жауы кімді аяр дейсің! Аман кетсе, қалған жаман-жәутіктер өзі де бас көтере алмайды, көтерсе, әрқайсысын әр жерде умаштай саламыз дейтін шығар. Көреміз! Заман біздікі ғой, әйтеуір. Тек бірлік күшті болсын. Бір жапырағымыз қалғанша, Аманды қорғайық. Олар күйені армансыз жақты. Біз тазартып алуымыз керек.
— Оларың кім сонда? Атап айтшы, бұл арада бөтен кісі жоқ қой, — деген Танакөздің сұрауына Ізбасар үндемеді. «Неге үндемейсің? Мынадан сескенесің бе?» дегендей, таққы танау қара жігітке Танакөз қарап қояды. Ол — Жақыптың жақын ағайыны, партия мүшелігіне кандидат Сәду. Ячейка ішінде болған құпия сөздердің кейбірі сыртқа тарап, кейінгі кезде Сәдуге Ізбасар күдіктене бастаған. Сондықтан, Танакөз дәл басса да, мойындамай, әңгіменің бетін басқа жаққа бұрды ол:
— Аман таңертең ерте салқынмен жүрмек. Жаңағы айтқан көмектеріңді бүгін реттеңдер. Сонда барып, өзімен де біраз кеңесейікші.
Бұлар келгенде, Аман інілерінің оқуын тексеріп отырған. Жармағамбет, Құлмағамбет, Ақмағамбет, Тоқмағамбет дейтін үйелмелі-сүйелмелі төрт ұлдың үлкені Жармағамбет биыл он жетіге шығады. Соны осы жолы Ақмолаға ала кетуге шешесін азар көндіріпті.
— Өзі кеткенімен қоймай, қолқанатымның үлкенін ала кеткелі отыр, — деп күрсінеді бәйбіше. Адуын, ат жақты, қараторы кісі еді. Басылған, өңі де бозарған, сөзі тіпті байсалды. — Шалымнан айрылғалы көңілім бір селт етпейді. Білмеппін, қайғы еткізбес болат қалқаным екен ғой! Ол кетісімен сары уайым кернеп барады басымды.
— Шүкірлік етіңіз. Аман барда, мынау балалар барда, уайым сізді жеңе алмайды, — деді Әлжан.
Бәйбіше басын изеп біраз отырған соң қайырды жауапты:
— Шүкірлік етпеске амал не! Уайымның үлкені сол Аманның өзі болған жоқ па! Ағайынның табанына қадалған шөгір маңдайымызға қадалса деуші едік. Біреуді шекеге шерткен, не бір сабақ жібіне қиянат етпеп едік. Сонда да баламның басын шырмай береді бұл жұрт. Қояр да қоймай, атқа мінгізді, сөзге енгізді. Енді араша талап жатыр. Аманым ақ сүтімдей ақ еді. Қарайта ма деп қорқам. Қара қылды қақ жарғандай әділ еді, бұза ма деп қорқам. Ұрыста тұрыс бола ма! Алтын көрсе, періште де, ашу қысса, ақылды да жолдан шығады.
— Әжем мені әлі де құндақтап ұстағысы келеді. Айтыңдаршы, қашанғы жатайын құндақта! — деп еді Аман, бәрі ду күлді. Сол күлкіні ол үзбестен дамыта берді. Анасының, дос, жолдастарының басыңқы көңілін көтеріп, өзін тіпті жайдары ұстап отыр. Бұндайда әзілқой, тапқыр екен. Түйедей Нұрғалидің жұдырықтай Тәукеден қорқып қашқанын, Байболдың Шәкенге еліктеп, әйеліне аяғын сипатқанын айтып күлдірді. Ең жақсы көретін кенже інісі Тоқмағамбетке Бейімбеттің «Мырқымбайын», Сәкеннің, Ілиястың өлеңдерін айтқызды. Тоқмағамбет Сыздықтан да біраз қылжақтар үйреніп алыпты. Әбен, Тәуке, Нұрғали болғанда, отырғандар күлкіден қулап қалды. Намысқой Танакөздің өзі жас баланың ойынынан күйеуін көргенде, көзінен жасы аққанша күлді. Сөйтіп отырып шын жылады ол:
— Аманжан, тез қайта көр, — дейді, аузы кемсеңдеп. — Сен барда, міне, көңіліміз лық толады. Сен жоқта ортайып қалады. Қара қасқа атты Қамбарымыз екеніңді ұмытпа. Қамбар тоқсан үйлі тобырын ұмытпаған.
— Жеңеше, мына бір теңеуіңіз қандай оңды! — деді де, Аман бұл сөзінен дереу айныды. — Бірақ сол батыр да, тобыр да қараңғыда, жолсызда өмір сүрді-ау. Ал біз таң әбден атқан соң жолға түсіп алып, заулатып келеміз ғой.
— Өстіп, тобықтан қаға берсе, заулатарсың!
— Уақасы жоқ. Тартыс үстінде таралғылар үзіліп, аттар тізе бүгетін. Тартысып жатқамыз жоқ па? Бұл тартыс бара-бара соншалық қызады, кейде әке мен бала да айрылысып, екеуі екі таптың сойылын соғады.
— Тынар күні бар ма өзінің?
— Бар. Байлар мал мен беделінен айрылғанда ғана тынады. Еңбекшілер неғұрлым ашына түссе, солғұрлым байдың өмірі қысқара түспек.
Жалғыз Танакөз емес, әрқайсысы-ақ көңілдегісін айтып қалып, білмегендерін сұрап алып, Аманмен еркін сөйлесіп отыр. Ол отырған жерде ойын да, әзіл де, ақыл да бірдей табылады. Оны өзімсінудің үстіне ұстазындай тыңдайды, сенеді бәрі. Енді Нұрғалидың үйіндегі ойларын естіртіп, жүру қамын сөйлесіп кетті.
— Ақша жәрдеміңе әзір зәру емеспін. Кісі қоссаңдар, Таймасты қосыңдар. Жәрдемді соған беріңдер. Мен оны осы бетте оқуға орналастырайын.
— Тіпті жақсы болар еді! — деп, қуанып қалды бәйбіше. — Қызмет істеп ол кімін асырайды. Соқа басы. Бірақ милиция босата ма? Тығыл-таяң болды-ау.
— Босатады, әже. Жолшыбай соғып ала кетем.
Ауыл адамдары біртіндеп келе-келе үй толуға айналды. Көрші ауылдан Әбен мен Тәуке келіп енді. Тоқмағамбет даладан жүгіріп кіріп, Аманға бір жапырақ қағаз ұстатты да, қайта шықты. Қағазға мынадай сөздер жазылған:
«Ертең таң сәріден жүреді, — деп есіттім. Бүгін, ел жатқан соң, ауыл сыртындағы өзекте қалай да кездесейік. Осымыз әлде ақырғы кездесу болар».
Бұны кім жазғаны, кімге жазғаны басқаға белгісіз болғанмен, Аманға белгілі. Қағазды төс қалтасына салып қойды да, есіктен кіре сөйлеген Тәукені тыңдай берді:
— Мені шақар, шая еткен — өркөкіректер. Менсінбеді, мазақ етті. Менде де ашу бар, намыс бар. Шыдамадым сонсоң. «Қосшыға» солардың қорлығынан құтылу үшін кірдім. Аманжан, ақылыңды айтып кет, не істейін енді?
— Жалғыз сіз емес, барлық малшы қазақ кәзір «не істейміз?» деп тұрған сияқты. Менің берер ақылым: әуелі жатақтағы он үйге барып қосылыңыз. Сол он үй — қалың елдің ұйытқысы. Олар биылдың өзінде ішер мендік астығын алады. Береке астықта, отырықшы өмірде, — деді де, Аман ендігі сөзін Әлжанға, онан Нұрғали мен Ізбасарға арнап айтты. — Әлжеке, «Қосшы» құрастырған бұл кішкентай мойынсерік әзір тек өзі тоюды мақсат етсе, бара-бара басқаны да тойғызатын социалистік үлкен ауыл шаруашылығына айналуға тиіс. Тиіс нәрсенің бәрі өздігінен бола бермейді, болғызса болады. Болғызу жолында қиындықтар аз емес. Шыдамдылық керек. Шыдамды сенім ғана күшейтеді. Әгәр осы он үй биыл ішермендігін алса, ендігі жылы ептеп сатуға шығарса, онан әрі оларды артельден қуып та шыға алмаймыз. Осылайша, бірлестік еңбектің жеке еңбектен пайдалы екенін көзі көріп, қолы ұстай берсе, еңбекші шаруалар социализмге өзі сұранып барады. Әлжеке, көтере бер он үйді. Нұрғали, сен кооперацияның жақсылығын алдымен сол он үйге көрсет, күн көріс жайында әзірге менің айтарым осы ғана. Ал мен жайында әжемнен бастап әрқайсыңыз-ақ қобалжитын көрінесіздер. Әжем тіпті «өзін, де жай жүрмейсің!» — деп, оңашада ұрсып алады. Жай жүруге болды ма, жолдастар. Тап күресіндегі көнтерлілік, сыпайылық күн сайын жойылып, бет ашылып келеді. Езілген ауыл оянды. Байларға енді кедейлер шабуыл жасайтын күн алыс емес. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды». Байлар, байшылдар соны сезініп, бұрын жұдырықтап жүр. Бірақ май жұдырыққа мен құламаймын! — деп, Аман күлгенде, ду көтерілді. Көлеңке түскен көңілдер жарқ етіп ашылып, біреу етігінің қонышын шірене тартса, біреу күлімдеп, мұртын сипап қойып, енді біреулер «бәселеп» отырғанда:
— Сары ала қамшымен жосытса! — деді де, Тәуке қамшымен жерді бір тартып жіберді. — Ондай күн туса, мен алдымен Қазанқаптан алар едім кегімді. Шәкен қабағын сәл шытып қалып еді, келе мені жаурыннан бүріп алып, тысқа лақтырғаны. Тура сол үйдің бөрібасар қара төбетінің мінезі! О да, «айт!» десе болғаны, бассалады ғой. — «Шабуылға сұранғаныңызбен, айтақтаушыға батпайсыз ба, қалай?» деген Аманның қалжыңынан кейін Тәуке өршелене түсті. — Қараңғы көрде періштелеріне от күрзімен ұрғызады деген соң, құдайдың өзінен амалсыз қорқам?! Жаман ағаңның қимылын сол шабуылда көрерсің. Қасыма тек Әдхамды, Тоқабай мен Таймасты қосып бер. Өткен сайлауда Тоқабай екеуміз-ақ болыс Жақыптың мұрнынан қан ағызғамыз. Бұл шабуылда Шәкеннің өз мұрнына кәдік. Мен онша ақмақ емеспін, Аманжан. Осы жұманың ішінде Ермекбай, Сайлаубек, Шәкен — үшеуінің де аужайын түйдім. Сенің қалай асығыс бара жатқаныңды да ішім сезеді.
— Жә, жә! Болды, Тәуке, болды! — деп, Танакөз, одан әрі сөйлетпей, ауызға қақты. — Босқа көпірудің керегі не? Осы сөзіңді кәзір жеткізеді де, кесірің Аманға тиеді. Аман қарағым, оны еліртіп қайтесің, біреудің қолында елер. Біздікіне барайық. Сақтап жүрген бір қойымыз болатын, жеп кет.
Сақ Танакөз Шәкен жайындағы сөзді өршітпей тыйып тастап, күйеуін «жүр-жүрдің» астына алды. Әбен сасар емес:
— Бара бер. Кішкене әңгіме тыңдап, кәзір жетем, — дейді.
— Сенің «кәзірің» кешке дейін созылады. Қалдырмаймын. Тәуке, сен де қайт, қойды сойып бер. Мынау күні-бойы мыжғылайды.
«Тәуке барса, менің керегім қанша?» — деп тартынғанына қарамастан, Танакөз Әбенді жеңінен сүйреп, Тәукені алдына салып, екеуін де алып кетті. «Есіл әңгіме қалды-ау» дегендей, Әбен артына қарай-қарай кетіп барады. Дегенмен, өтірік пен мақтанға біраз қор жинап алған болу керек ол кісі.
Біреулері қымызға қызса, енді біреулері сөзге қызып, лепірген көп ауылдың жігіттері, шақыруды естіген соң сабыр тұтып отыра алмады. Аманды ортаға ала, Әбендердің артына іле жетті. Қой сойылып жатыр. Әжептәуір қомақты қара саба бес биенің екі күн жинаған сүтіне иіндеп тұр. Бұндай бас қосылғанда, көп ауылдың жігіттері күрессіз отырған емес. Аман әуелі бәйгеге асық, қорғасын құйған сақа тігіп, балаларды күрестіріп алды. Содан кейін үлкендер күресіп кетті. Күрес үстінде Қазанқап келді. Мінгені — Мырзакер. Қыстауға барып, шабынды, салынып жатқан мектепті көріп қайтқан беті екен. Әбенге үзіп-үзіп, сараң сөйлеп отырғанда, көзі алыста көтерілген шаңға түсті. Шаң тасасында қара пәуескеге үш күреңді қатарлап жеккен Шәкен мен Жандос кетіп барады. Арттарында қара қасқа арғымаққа солқылдақ ләшенке жеккен Ермекбай мен Сайлаубек. Жақып бастаған он шақты салт атты арбалыларды жанамалай, бірі желе, бірі шоқытып барады.
— Біздің ауылдың қонақтары аттанған ба! — деп, Қазанқап сөз желісін үзді де, жауап күтпестен, қайта жалғап әкетті. — Шөп әлден-ақ тізеден асыпты. Биыл ешкім ие бола алмас...
Қой сойылып болысымен, бір шара қымызды тастап алып, Тәуке де кіріскен әңгімеге. Қазанқаптың жаңағы сөзіне тура байланысты:
— Ел тойса да, сен тоймассың! Жалмауыз тойса да, сен тоймассың! Сенен Шәкеннің қара төбеті көп ынсапты. Тіпті көп есті!
— Құдая тоба! Осыны бірдеме тағы түртіп отыр-ау!
— Түртіп отыр! Кәне, не қыласың! — деп жетіп келгенде, Қазанқап орнынан тұрмастан, Тәукені иығынан басып етбетінен түсірді. Тәуке тыпырлап жатып бір босанып қалғанда, басымен соғып жіберіп еді. Қазанқаптың аузы, мұрнынан қан бұрқ етті. Бірі қашып, бірі қуып берді. Қазанқаптың аяғының башайлары жоқ. Анада, боранда мертігіп далада қалғанда, үсіп, тобан аяқ боп қалған. Жүгіре алмайды. Күр-күр етіп ұмтылады келіп, Тәуке көптің ішіне қойып кетеді. Қашып жүрсе де, салып жүр тілін:
— Итке тастаған сүйектей, лақтырып жібергеніңді ұмытады деген шығарсың! Сен түгіл, қанішер Шалабайдан да қорыққан емен! Жақындашы кәне, ішек-қарныңды шұбатайын. Сенің сенгенің Шәкен болса, менің сенгенім — көп ауыл. Төбелестің көкесі алда әлі, үлкен шабуылда. Бәлем, жерге қағып жіберіп, суырып алармын сонда...
Көп ауылдың жігіттері Тәукені арашалап, ортаға алып, ұрғызбады. Қазанқаптың бір күрек тісі сынған, мұрны қанаған, сорғалаған қанын тыймастан, Шәкендердің артынан шапты. Күрес, ойын-күлкі тоқтады. Ауыл болып Тәукеге ұрсып отыр:
— Қурап тұрған дүниеге от қоюын қарашы!
— Сен ұрды демейді, Аман ұрғызды дейді!
— Жігіттер, тараңдар. Милиция келсе тобыңмен протоколдайды. Қазанқаптың аузын Тәуке бұзды дегенге кім сенеді?!
Бұл жанжал көп ауылды қатты ойлантты. Қазанқаптың аузы Тәукенің зілсіз, үйреншікті жанжалдарының бірінде бұзылған жоқ. Қашаннан ішке жиналған кірбеңдер бітеу жараға айналып, сол жара жарылып кеткендей болып тұр. Не деу керек Шәкенге? Пісіріп же, қуырып же, тентегің мә дей ме? Әйтпесе, шыдай-шыдай, жауырды жаба тоқи болдық, келсең кел енді дей ме? Екеуінің біріне мықтап табан тірей алмай, айналып келіп Тәукеге ұрса бергендерге:
— Жә, жетер! — деп Әлжан зекіп тастады. — Қазанқаптың аузы қанағанға бұнша дүрліккендерің не? Жалғанның қысасы ахиретке кетпейді. Менің мұрнымды ол жазықсыз қанатқан.
«Қазанқаптан деймісің, Шәкеннен қысылады ғой, түге», — деген Нұрғалидың өзіне тап берді Әлжан:
— Одан неге қысылады? Астымыздан ит, үстімізден құс жүгіртіп отырған Шәкен. Мұрның Тәукенің мұрны құрлы ештеме сезе ме? Неге кетіп барады Аман? Кімнің айласымен кетіп барады? Жақсы болды, қайта. Бет ашылды. Қазанқап Шәкенге қосып отряд әкелсе де, тобыңды жазба. Бермейміз Тәукені! Не көрсек те, бір көреміз!
Нұрғали сөз таластырған жоқ, жым болды. Жуасып қалған Тәуке Әлжан сөзінен кейін қайта лепірді. Танакөз тоқтау айтып, әрқайсысын бір басуда еді, ырық бермей бара жатқан соң, Аманға жалынды:
— Айналайын, тоқтат мыналарды. Әлін білмей өзеуреп отыр. Өзің, кетіп барасың, келгеніңше тоз-тоз қылып жібереді.
— Пай-пай, Танакөздің дегбірсізі-ай! Сасатын түк те жоқ, — деп, Әбен қолын бір сермеп тастады. Аман манадан үнсіз отырып, жаңа ғана сөйледі:
— Жеңеше, бұл жанжалды қоздырмасам, «қой!» дей алмаймын. Бағыттарың дұрыс, жігіттер. Бас сауғалап шығып, бет ашысуға келіп тұрмыз. Тайынатын не бар? Сәтсіздікке ұшыраған күнде кедейдің несі кетеді? Жасқана-жасқана, сыйлай-сыйлай болған шығармыз. Енді байлар жасқансын бізден! Байлар сыйласын бізді!
Ет пен қымызға бұл сөз қосылып, Әбен үйіндегі ауыл ауылды басына көтерді. Кешке дейін тарамай, жол қарасты жігіттер. Қазанқап барысымен Шәкен қайтады, қайтса сот, тергеуші немесе бірнеше милиционер ерте қайтады, — деп күтіп отыр. Ештеме көрінбейді. Көз байланды. Сонда да тобын жазбастан, ел жатқанша күтті. Ел жата тараған соң, Аман басқалардан бөлініп, Қымыздықты сайды ерлей, жаяу, жалғыз жөнелді. Мана Тоқмағамбет әкеп берген домалақ қағазды ай жарығында тағы да бір оқып шықты.
«Осымыз әлде ақырғы кездесу болар» дейді. «Қандай ауыр, қандай ыстық сөз! Қазақ қызының жаны мұнша шыдамды болар ма! Мен жаншылып, күйіп барам бұл сөзден!» — деп, Аман іштен айтты да, ауыр күрсініп, хатты төс қалтасына қайта салды. Терең сайды өрлей жүріп, Шәкен аулының тұсына жеткенде, жер бауырлай жата кетті. Ауылда бүгін жөнді адам қалмаған. Бастығы Шәкен болып, Жандос, Ермекбайларды шығарып кетті, Екі-үш күнсіз қайтпақ емес. Ел ұйқыда. Аспан бұлтсыз. Айдың дәл он төрт жаңасы. Нұрға балқыған тып-тыныш далада жүрегінің дүрсілі ат аяғының дүрсіліндей естіліп, елеңдеп қояды Аман. Ауылды айнала күзететін бөрібасар қара төбет жортып жүріп көріп қалды. Қолда қару жоқ. Басын көтерсе, тап бергелі, күр-күр етеді төрт көз қара. Жатқанды ит қаппайды. Қаппаса да, даусымен ұстап бергелі тұр. Аманның амалы құрып табжылмай жата берді. Әккі төбет тастап кетер емес, әрі-беріден соң етбетінен түсіп о да жатты. Арбасқан екеуді, ақырын естілсе де, анық естілген, жұмсақ, тұнық, көңілге осы нұрлы түндей жағымды бір нәзік үн айырып жіберді:
— Бөрібасар, кет! Кет әрі! — дегенде, есті төбет, «ә, солай ма еді? Айыпқа бұйырмаңыз» дегендей, құйрығын бұлаң еткізіп кете берді. Айлы түнде ақ көк шапан бүркеніп келген Шолпан Аманның мойнына қолын сала жантайды. Шапанмен оны да бүркеп қойды. Отыруға болмайды, көзге түседі. Жатып әңгімелесті екеуі:
— Ер дейтіні қайда? Ит қорқытыпты-ау өзіңді.
— Ит ерді неғылсын? Ер итке ерлік етіп неғылсын? Айырғаның жақсы болды. Мен сені айыра алмай кетіп барам.
— Тағдыр жазса, не шара! — деді де жаңа ғана жайраң қаққан Шолпан мұңая қалды. Көбінесе күлімдеп тұратын мөлдір қара көзін күн бетін бүркеген ұшпа бұлттай көшкен ойлар бір басып, бір ашылып кетіп тұр. Мұңаяды да күлім қағады, күлім қағады да мұңаяды Шолпан. Онысын өзі айтып отыр:
— Ертектегі бір сағат күліп, бір сағат жылайтын жігіт тәріздімін мен. Қолым бос, жолым бос мынау заманда дегеніме жете алмаған дәрменсіз екенімді ойласам, жер болам. Сондай дәрменсіз бола тұра, сенімен осылай отырғанымды еске алсам, төбем көкке тиеді.
— Ерлі-зайыптың арасындағы адалдықты бұзғанда, аржағында сен бұза алмайтын не қалды?
— Адалдықты бұзу ерлік пе? Ұры да, ер де қатерден өтеді. Ұрының аты ұры ғой сонда да. Мені ерлікке несіне шақыра бересің? Ата-анамның жоралғысы, елімнің салты шегендеп берген мінезді бұзуға шамам келмейді.
— Бұздың ғой бірақ?..
— Оны бір құдай үшеуміз ғана білеміз. Тәубе етсе құдайдың кешірмейтіні жоқ. Әгәр, ел білсе, кешірмейді онда. Тіпті мен өзім де кешірмес едім. «Бұзылып, байдан шығыпты» деген сөзді естіп тірі жүргенше, естімей көрде жатқаным көп артық емес пе!
«Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем.
Екі сөз жоқ өмірімде,
Мен бір сорлы, бақыты кем», —
депті ғой Татьяна. Қазақ қызының одан қай жері артық? Мен де соны айтып қоштасқалы келдім сенімен.
— Түсінсеңші, Шолпан! Ол қыздардан сенің заманың тіпті басқа.
— Жаным, арым басқа ма! Махаббат үшін күтуге шыдағанда, ар үшін адам өлуге де барады. Ары кетіп, іші өлгеннің өмірі де өмір ме? Бәрін саған бергенде, тіршілігімнің бұл сәнін қимастан алып қалғам. Қолқалама! «Айрылар дос ердің артқы қасын сұрайды».
Аман әбден түңілді. Кездескен сайын Шолпанға Шәкеннен айрылысуды айтады. Ол, босаудың орнына, бекіне түседі. Сөйте тұра, шығарда жаны басқа Аманнан.
— Біз енді қайтып кездесер ме екенбіз? Қашан кездесер екеміз? — дегенде, көзінен жас моншақтап кетті. — Сені бұл маңға жуытпас Ермекбай. Безбүйрек жігіт көрінеді.
— Әйтсе де, Шәкен ағадан жұмсақтау, зиянсыздау.
— Аман, бет ашысуға, ұстасуға кеттің бе? — деп, Шолпан шошына қарады. Даусы дір-дір етеді. — Шыдашы! Сабыр етші, жаным! Ол мерт қылады сені, не өзі мерт болады. Екеуін де құдай көрсетпесін маған!
— Шыдауға шама қалмады, — деді Аман. — Мерт болармын, мерт қылармын, біріне де өкінбен. Жар етсем жолдас етсем деген ең аяулым өзің едің, қас дұшпанымның қолында, ескіліктің торында қалып барасың. Соған өкінем. Ол дұшпанды құлатпай, ол торды үзбей, тыным сірә жоқ екен. Көзім жеткен үстіне жете түсті. Қанша түңілдірсең де, үмітім сенен үзілмес. Қайда жүрсем де, көңілімнен бейнең бір кетпес. Басқа не айтайын? Бәрі бұрын айтылған. Ем болмады ешбір сөз.
Екеуі құшақтасып үнсіз жатты. «Көз жұмулы, көңіл мас». Сүйіскенде қардай еріп, көздеріне жас парлап тұрды. Халық жасаған қатал дәстүр сонда-дағы қайыспады. Шолпан, оны қорғаудың орнына, қам көңілін жұбатып сергуге тырысады:
— Шүкірлік етем, — деді, тілі Аманның аузынан босанысымен, ол күрсіне бір дем алып. — Тәңірім-ау, қоспасаң қоспа бізді! Ана болайын енді, бала берші, — деп едім. Берген тәрізді. Сол бала қалған өміріме жұбаныш болар. Оны көрген сайын, сені де көріп отырармын.
— Онда мен әкелік өсиет қалдырайын! — деп, қуанғанынан басын көтеріп алды Аман. — Қыз туса, атын Азат қой. Анасындай шырмауда қалып қоймасын деген жорам. Ұл туса атын Болат қой. Қиындықтарға төзімді болсын деген жорам.
Екеуі енді болашақ баланы қызықтап жатыр. Таң Шолпаны туып көтерілген. Ай еңкейіп, кіші бесіндікке барған. Aт аяғының дүрсілі естіледі. Арт жақтарынан сойыл сүйреткен бір адам келіп қалыпты. «Қазанқап!» — деп, сыбырлай бұға түсті Шолпан. Кіруге жердің тесігі жоқ. Жан мұрынның ұшына келіп, екеуі қыбыр етпестен жатқанда Қазанқап өте беріп, тұра қалды.
— Бұл қайсың, ей?
Жауап қайтпаған соң, жақындай түсіп төніп тұр.
— Бұл қайсың деймін! Екеу ме өзі?
Аттан түспестен, сойылының ұшымен бүркеген шапанды қайырып тастағанда, екеуі бірдей басын көтерді. Қазанқап қамшымен тартып жіберді Аманды. Аман ата жөнеліп еді, қуып жетіп тағы тартты. Бұрқырап сөйлеп жүр:
— Қайт, түс алдыма! Ұры ұстадым, қары ұстадым, қанын төктім, сұраусыз! Құдай берді қолға! Мырза қайтқанша кісендеп, байлап тастаймын! Мырза келген соң, құрым іледі мойныңа. О, жасаған, не сұмдық мынау?! Не болды заман?! Мырзаның төріне шыға алмайтын кірлі аяқтар төсегінде ойнақтады ма?..
Аман құр қол, түк қарсылық істей алмады. Алып Қазанқап ат омырауына алып, аузынан көбік шаша ауылға қарай ықсырғанда, Шолпан оқтай атылып, шаужайдан ала түсті.
— Тоқта, Қазанқап! Кесіп тастамасаң, айрылмайды қолым! Қанға құмартсаң, менің қанымды іш! Ар таптағың келсе, менің арымды тапта! Аманда, мырзада нең бар? Екеуін бірдей тірідей көмгелі тұрғаныңды байқаймысың! Мырзаға көрсетпек бұл достығың айуанның, аюдың достығы.
— Астапыралла, мына сұмдықты ішіңе сақта демекпісің? Нан-тұз, әруақ, құдай қайда! Мырзаның бетін қалай көрем?
— Сақтай алмасаң, құрбан етесің мені. Ол аз болса, ішімде екі айлық балам бар, бірге шаласың менімен! Ойлан бірақ, мырзаның досымысың сонда? Қанішермісің?
Қазанқап қақалып тұрып қалды. Алқына береді, айтары жоқ. Өткір сөз өңменінен өтіп, қараңғы көңілінде бірдеме жарқ еткендей.
— Ей, — деді Аманға, — қашан кетесің?
— Таң атысымен.
— Дереу кет! Енді қайтып ақ орданың босағасын аттамасқа ант алам. Мә, тұз же! «Осы тұз атсын» де!
Қазанқаптың қалтасынан тұз кеткен емес. Былғары күмәжнигінің ішкі қалтасынан алып, қаратікен тұздың бір сынығын Аманға ұсынды. Аман аузына салған кезде:
— Сендер анттасатын ештеме де жоқ. Күйетін мен! — деді Шолпан. — Шынымен осы әңгімені жапқыларың келсе, екеуің бірдей же тұзды! Менің жүрегім сонда ғана орнына түседі. Әйтпесе ол жүрек жарылмай тынбайтынына мен жеймін, әкел тұзыңды!
Қазанқап қолын екі рет аузына апарып қайтты. «Мырзадан қалай жасырасың!» — деп, желкесінен біреу төніп тұрған тәрізді. Жемеске Шолпаннан шошып қалған. Көрмеген мінез көрсетті ол, естімеген сөз естіртті. Ештемеден тайынар емес. Ылаңның үлкенін өзі жасайтын түрі бар. Сондықтан Қазанқап қолын аузына үшінші рет апарғанда:
— Амал жоқ. Кешіре гөр, тәңірім! — деп күбірлей тұрып жалады тұзды.
Аман дүлей мінез Қазанқаптан осылайша құтылып, аулына қайтты. Жұқа киімнің сыртына күшті қолдың қамшымен салған екі дағы білеудей болып іскен, арқасы қозғалтпайды. Жігіттерді жинап келіп, кегін қазір қолма-қол алуға неше рет оқталса да, Шолпанның абыройын сақтап, басыла берді. Өз аулына жеткенде таң әбден атты. Кеше кеткен Сыздық түнде қайтып, Песиктің қорапты ләшенкесін сайлап, аттарды қамыттап қойыпты. Аман келе жүруге қамданды. Болған оқиғаны ешкімге сездірген жоқ. Сырты бүтін, іші түтін. Өмірі көрмеген қорлығын азар көтеріп жүр. Күтіп отырған көп ауыл «жол болсын!» айтуға күн шықпай жиналды. Жол азыққа деп, біреу бүйенге тыққан май, біреу сықпа, біреу таба нан әкеліп беріп жатыр. Бергендері мардымсыз болғанмен, ықыластары тойғызарлық.
— Жолың болсын, жолдасың қызыр болсын!
— Дұшпаның жерге қарасын!
— Талайың жоғары болсын!
— Жеңіл барып, ауыр қайт! Жеңіліп барып, жеңіп қайт!..
Кемпір-шал, құрбы-құрдас, жеңге, аға бір ауыздан тілеу тілеп, арбаны қоршап тұр.
— Айтқандарыңыз келсін! — деді де, жүріп кетті Аман. Әбен, Әлжан, Нұрғали, Тәукелер салт атта, болыс орталығына дейін ұзатып салуға бірге жүрді. Биік жонның жотасына көтерілгенде, төменде отырған қалың елге Аман қайрыла бір қарап еді, ақ орданың сыртында Шолпан да қарап тұр екен.
ІХ
— Аманды елден қуды. Нұрғалиды кәперетіптен қуды. Тәуке таяқтан көк жұлын болуға айналды. Таймас Қызылордаға оқуға қашып құтылды. Мені болыстықтан түсіртіп, төрт жылдай тентіреп едім, ақырында, милициялықты көпсініп, Аман кетісімен, оны да алып қойды. Сөйлесең, менің ғана сөзімді сөйле, істесең, менің ғана ісімді істе, — дейді. Істеп те, сөйлеп те көрдік. Не таптық? Өз қотырын өзі қасып, өз күнін өзі көріп отырған осы бір ауыл жатақ оның ырысын ішті ме, басымызға әңгір таяқ ойнатуын бір қоймайды. Несі бар менде? Неге кетем? Телегей теңіз Мақаш қорығына рулы ел сыйғанда, мен қалай сыймаймын?! Бүйте берсе, бұл жерді Шәкеннің еншісіне біржолата беріп, кедей атаулы қаңғырып кетуіміз керек. Әйтпесе сасық күзенше шақылдап, тамаққа тас болып қату керек!..
— Сабыр ет. Тарықпа. Шәкен қанша күшті болса да, елден, үкіметтен күшті емес. Заң сені бұл жерден қозғамайды. Шәкен қол күшпен, Қазанқаптың күшімен қозғамақ болса, көрерміз.
— Көрсең, Аман кетісімен Тәукені арбаның дөңгелегіне байлап қойып сойғанда, қайда қалдың? Аман шіркін тоғайдағы арыстан екен ғой. Ол барда тоғайдан олар тал кеспейтін. Енді бытырлата бастады.
— Кеміте бермеңіз, біз де қарап жатқамыз жоқ. Байлар ашынды. Жанына батпаса, ашына ма!
— Ашынарлық не көрді олар? Байыған үстіне байып барады.
— Партия, комсомол, жалшы, қосшы ұйымдарын көрді. Жылқының мазасын бүгелек қандай кетірсе, байдың мазасын бұл ұйымдар сондай кетіріп келеді. Біздің ауыл советке қараған елде хат танитын адам саны жиырмаға жетпейтін. Кәзір әрбір бесінші адам жаза, оқи біледі. Бұл да байға пайдалы емес.
— Байдың малы, жері, беделі өзінде тұрғанда, ешбір пәле жуымайды оған, — деп қолын қатты бір сермеді де, Әдхам орнынан тұрып кетті. Шалқая біткен шолақ мұрны делдиген. Қайқая біткен қалың ерін қабынған, ыза кернеп қойқаң-қойқаң етеді. Төртбақ, балғын жігіт. Кескірлігінде де кемдік жоқ, тақымына қыл бұрау салсаң қыңқ етпес. Ала көзі қанталап сүзетін бұқаша, тіпті суық қарайды Ізбасарға. Жалтыр басы күнге шағылысып, самайынан тер сорғаласа да, басына лыпа кимейді. Қазанқаптың мана «кет!» деген бір сөзі күйдіреді.
— Батырақпын, коммуниспін. Бай маған: «Кет!» дейді. Соны естіп отырып, партия ұйымының хатшысы бүлк етпейді.
— Бай емес, Қазанқап қой! — деді Ізбасар. — Кейінгі кезде ол Шәкенсіз де, өз тұсынан, бірдеме айтып қалып жүр. Желік пайда бола бастаған.
— Желіктіретін Шәкен. Ауыз оныкі болғанда, сөз Шәкендікі. Білек оныкі болғанда, күш Шәкендікі. Алдауға, арбауға келсе — Жақыбы, білекке, сойылға келсе — Қазанқабы бар. Не қамы бар Шәкеннің! Әттең, дүние! Сонау бір күндерде, көк мылтықтың дәуірі жүріп тұрған кездерде, білмедім ғой бұл сырын! — деп Әдхам бармағын тісімен басып-басып қалды. Қанша өкінішті болса, сонша кекшіл де көрінеді. Ізбасарды қайрап-қайрап салады Шәкенге. — Мен байдан қорықпаймын. Өйткені аяйтын түгім жоқ. Ол қорқады. Пәлені маңына жуытқысы келмейді. Сондықтан ірге бекімей тұрғанда қуып жібермек. «Аманнан құтылдым. Енді мынаны кетірсем, Ізбасар жуас, қақпалап мінуге болады. Өзгесі қой ғой, «шәйт»! десем, шашау шықпайды» деп отыр зымиян мырза. Жас адамда, коммунист адамда бір қыр болмайтын ба еді? Қайда сол қырың? Қашан көреміз?
Әдхам қайнап тасығанда, Ізбасар қанжылым қалпында қала берді. Жас та болса, ауыр. Арық, тарамыс, мойны сұңғақ, көзі үлкен жігіт. Мінезі қандай. Алыпқаш мінезге жымия күліп қойып, жай сөйлеп отыр:
— Мұғалімдер сыпайы келеді. Әпербақандық жараспайды оларға. Ептеп жүріп те, асығыстардан, үнсіз жүріп те, айғайшылардан артық істеуге болатын сияқты. Жаңа келдің, көп жайды білмейсің әлі. Қауіптенбе. Байлар мені, қақпалап түгілі, ноқталап та міне алмас. Әуелде бес кісіден құралған комсомол ячейкасы партия ячейкасына айналды. Сенімен енді он коммунист болады екеміз. Мұртымызды балта кесе ме?
— Мұртың түгілі, мұрныңды кесіп жатқан жоқ па?
— Оның әшейін байбалам немесе ашу үстіндегі ақырзаман. Шынында, байлар тартылған судай, күн сайын төмендеп, біз, тасыған судай, сағат сайын көтеріліп келеміз. Байлар, байшыл оқымыстылар Аманнан аянған жоқ. Тіпті отырғызып қоймақ болды. Аман кәзір, отырмақ түгілі, ояздық партия комитетінде істемек. Байлардың жапқан жаласы он екі том іс болыпты. Таразыға тартқанда, он екі томды біздің ячейка, берген бір парақ мінездеме басып кетіпті. Бұған мақтанамыз. Коммунистік сөзді дәріптей түсеміз.
— Рас па, жаным? Қашан келді бұл хабар? — деп, Әдхам енді жайнап сала берді.
— Кеше ғана Аманның өзінен хат алдым.
— Тағы не айтады?
— Күресті күшейте беріңдер, дейді. Байға ол сенен әрі ашулы. Бірақ сабырлы. Тәуке таяққа жығылғанда, біз қатты көтерілдік. Қолма-қол төбелеске шығуға бел байлап, хат арқылы Аманмен ақылдасқанымызда, ол қостамады. Біреу жазым болар, деді білем. Сонсоң Тәукенің ісін сотқа бердік. Жақып Қазанқапты сүйейтіні белгілі. Алғашқы жанжалда оның тісі сынғанын дәлел етіп, қарсы айыптап отыр. Біз енді сатылған, парақор Жақыпты болыс басшылығынан қусақ, Шәкеннің бір қанатын қырыққан боламыз. Шәкен әгәр Қазанқапты айтақтап, кедейлерді төбелестіруін қоймаса, біз тура Шәкеннің өз бетіне бір таңба салуымыз керек.
— Міне, жаңа таптың! — деп Әдхам Ізбасардың қолынан ұстай алды да, қысып-қысып жіберді. — Сонда Шәкен тірідей өледі. Байларды заңмен, қағазбен жеңгенше, көк шыбын үймелейді көзіне.
— Заңмен-ақ Жылқыбайдан малайына екі бұзаулы сиыр алып бердік. Байлар кәзір бұрынғыдай малайын ұра алмайды, ақысын жей алмайды. Заңды жүзеге асыра білсек, байды тұсап береді. Әдхам жолдас, заңнан шықпайық. Айқайды азайтып, істі көбейтейік.
— Мен текке айқайламаймын. Нәпмандар кеуде көрсетсе, қалай шыдарсың?!
Ізбасар ақырын ғана басын шайқап, тағы да бір жымиып қойды. «Тәукенің ылаңы жеткілікті еді. Оған енді Әдхам қосылды. «Екі бақсының ауылы» атанбасақ неғылсын» деп отыр ішінен. Бір жақсысы, екеуі де Аманды сыйлайды. Аманның кеңесімен келді жатақтарға. Әзір іске кіріскен жоқ, қолдары бос. Бұлармен әңгімелесуге жатақтарда уақыт аз. Мойынсерік болып салған егіндерін жинап жатыр. Аз ғана егіннің салынуынан алынуы қиын болды. Салғанда, күш қосып, бірлесіп салған. Алғанда, әрқайсысы өз егінін өзі жинады. Біреу тары, біреу қонақ, біреу бидай еккен. Әлжаннан басқа екі гектарға жеткізгені жоқ. Сонда да қызыл танау, Қарулары қол орақ. Орақпен орып, баулайды. Бауды қырманға тасып, көлік аяғымен бастырады. Орушы жетсе, бастыратын көлік жетпей, көлік жетсе, орушы жетпей, әйтеуір, әркім бір көмекке зәру. Егін шығымы тіпті жақсы. Талай жылғы ту жер биылғы қалың жаңбырда керемет көрсетті. Егін сабақтарының арасынан ит тұмсығы өткісіз, биіктігі кісі бойы, басы бір қарыс. Кедей ауылдың көңілі осы сарша тамыздағы сағымдай тасып, құлпырып тұр. Әдхам мен Ізбасар енді жүре әңгімелесіп, егін ішіне еніп келеді. Алдымен Тәукеге түсті көздері. Масақ теріп жүр. Мырзакер арқанын шұбата, шапқылай келіп, пісіп тұрған егіннің біріне бас қойды. Тәуке ұстап алып, ұра бастады. Бастан ғана ұрады. Боқтайды:
— Иттің малы! Шошқаның малы! Жаманат келсін! Байдың өзі басынады. Малайы басынады. Малы да басына ма? Мынау Шәкеннің, мынау Қазанқаптың сыбағасы, — деп ұрады. Әбден шаршап, алқынып тоқтады. Ат басын шайқап, зытып барады. Ізбасар мен Әдхам жеткенде, Тәуке жап-жаңа қыл арқанды пышақпен турап отыр екен. Ізбасар шыдамай, жүгіріп келіп:
— Қойыңыз, бұныңыз қалай? — дегенде:
— Қоймаймын! — деді Тәуке, — Биттей де болса, кегім қайта берсін. Мені арбаның дөңгелегіне осы арқанмен байлаған. Мырзакерін сабадым, арқанын турадым. Түнде барып құдығын арамдап кеттім. Тістеріңнен шығарма.
Дегенмен Тәукенің сағын біраз сындырған сияқты Қазанқап. Бұрын «Тістеріңнен шығарма!» демейтін, «Айта бер! Қолынан келсе, шауып алсын!» Әйтпесе «Жерге қағып жіберіп, суырып аламын!» деп отыратын. Ізбасар күліп барып, ақыл айта бастады:
— Бұнымен кек қайтпайды, отағасы. Күрес әдісі бұл емес, — дей бергенде, Тәуке киіп кетті:
— Бипаздамай-ақ қой. Әркімнің өз әдісі өзіне. Мен құйын соққанда «Таздыкіне бар» демеймін. «Шәкен мен Қазанқаптікіне бар» деймін. Дұшпан лағының аяғы сынса да, менің көңіліме сеп.
Әбден өшіккен Тәукеге басалқы сөз әсер етер емес. Ізбасар ілгері жылжып кетті. Әдхам сүйсініп қала берді. Екеуінің әңгімесі төбелес:
— Басың мықты-ақ еді. Бір қару істей алмаған екенсің.
— Салған жерден басты қолтығына қысып алды.
— Пышақ неге жұмсамадық?
— Тырп етуге шамам келді ме? Албастыдай басты.
— Ол енді маған соқтыққалы жүр. Соқтығып көрсін! Ішек-қарнын тура аяғының басына түсірем!
Ізбасар екеуінің даурыққан сөзін естіп бара жатыр еді, алдыңғы жақтан бақырауық Ырысжан бажылдап қоя берді:
— Көк шешек келгір-ай, жуадай солғыр-ай, ертеден қара кешке ойнайтыны асық! Асықта басы қалғыр, қансытты-ау! Құдай мені қайда оңдырған, былтыр осы уақытта тағы бір жамыраған еді. Ұстап қана беріңдерші біреуін, жұлынын үзейін!..
Жалақ аяқ, жалаң бас, күн қақты, ши борбай баланың ышқыры толы асық. Жамаулы көйлегінен кіндігі көрініп, қырманнан оқшау тұр. Кінәсын мойындаған тәрізді, мұрнының боғы бетімен кетіпті, жоғары қарай алмайды. Ізбасар келіп:
— Қырман тасысын, жеңгей. Бәрекелді, қомақты екен тарыңыз, — дегенде ғана, Ырысжанның даусы бәсеңдеді. Денелі, қара етті, сарқарын болған қоңыр әйел. Мол тұлғасына қарағанда, басына секірсең де, мыңқ етпейтін сияқты. Бір қасиеті өз мінін өзі білетін көрінеді:
— Айтсын, — деп, қолымен маңдай терін сыпыра бұрылды Ізбасарға. — «Осы кісі-ақ бақыра береді екен» — деме, қарағым. Қыз күнімде үндемес атанғам.
— Мінез өзгере ме, сірә?
— Тас екеш тас та өзгереді. Мені бақырауық еткен тұрмыс тақсіреті. Не көрмедім! Қайғы, қасірет тілімді, үнімді шығарды. Биыл құдай көз жасымды иіп, ішермендік астық берген соң, өзіме-өзім тоқтау салып, даусымды тежеп жүргенде, анау жүгермек екі сиырдың бірін емізіп қойыпты. Келші, әй, келе ғой, енді тимейін. Жүр, десте жинас. Тәубе, құдай, тәубе. Астық болса — бәрі түгел.
Налығанда тәңірісін қарғайтын қам көңіл Ырысжанды астық қуанышы жадыратты. Баласын шақырып алып, маңдайынан сипады. Бір уыс ақтаған тары берді. Қырманда үлкен шошақ тары үйіндісі тұр. Сепкенде, бір дорба ғана болатын. Алғанда, төрт-бес қап болатын түрі бар. Алуына қарамастан, орақ үстінде-ақ қолдан үгіп, ақтап жей бастапты. Ырысжан Ізбасарға да:
— Жаңа астықтың дәмін көр, — деп, бір уысын берді. Қуанышын ішіне сыйғыза алмай, сөзбен шығарып отыр. — Бұл жарықтық, ішсең — көже, жесең — нан. Сүт құйсаң — илемек, май құйсаң — жент болып шыға келеді. Тісі барға құрғақтай күтірлеткеннің өзі қандай! Қарын ашырмайды, сусатпайды. Кісіден көмек сұрағам жоқ. Балаларымды ертіп жүріп, дамыл таппай орып, жинап болып қалдым. Бұйырса, ішермендік мол. Құдай тағала, үкімет айналайын, Аманжан — үшеуінің арқасы да. Әйтпесе, өмірімде, тіпті күйеуім барда, бұндай астық алып көрген емен. Осының енді бастыруы уайым еді. Көлік жоқ қой. Тілеуіңді бергір Әлжан бастырып берем деп кетті.
— Әлжан осында ма?
— Түнде келді. Бөселкеден егін соғатын тас ала келіпті. Анау қырман соныкі. Мынау бізге жақын — Тоқабайдікі. Әлжанның келгенін естісімен, Ізбасар бөгелмей жүріп кетті. Жолда — Тоқабай қырманы. Қырман басында, айырға сүйеніп, Тоқабай ойлы тұр. Тақауда көшіп келген екі інісіндегі, жамағайын бір шалдағы бар көлікті жинағанда, төрт жылқы, үш сиыр тұяқ болған екен. Жетеуін бірден салыпты қырманға. Бастырып болуға айналған. Ізбасар келіп: «Қырман таси берсін!» — дегенде, «Айтсынды» солғын айтты Тоқабай. Қабағы салыңқы.
— Тоқа, қырман тасығанда, көңіл қалай тасымай тұр?
— Маңдайдан қырсық арылмай, көңіл таси ма? Ондайда тасыған қырман төгіледі. Мектепті бітіргенше сауынға мырза екі сиыр берген. Mектеп бітсе де, сүтіне қызығып, қайыра қоймап едім. Соның бірі миға түсіп арам өлді.
— Ештеме етпес. Өз ажалынан өліпті ғой, төлетер дейсіз бе?
— Төлетпеп пе еді? — деп, Тоқабай езу тартты. Онысынан күлкі емес, ыза байқалады. — Аман қайтартқан сиырдың есесі тағы бар. Бұл қырманның бергенін мырза менің аузымнан жырып әкетпесе неғылсын...
— Қолдан көк тиын бермеңіз. Зорлап алса, бірге көрерміз.
— Шын айтасың ба, шырағым?
— Өтірік айтқан жерім бар ма?
— Япырай, Аман кеткен соң, көп тобырдың ішінен белге шоқытып шығары болмас деуші едім. Бар екен ғой! Тоқабайға құдай өзгені бермесе де, қайсарлықты берген. Ал шыдадым! Осыдан қол алысып қояйық.
Екеуі қол алысты. Тоқабайдың жабылған қабағы ашылып, көзі жайнап сала берді. Ізбасардан Аманның хабарын естігенде, қуанышын ішіне сыйғыза алмай, егін бастырып жүрген әйеліне дауыстады:
— Естідің бе, ей, Аманды құртқалы шақырған екен, құрта алмапты. Қызметі қайта жоғарылай түсіпті.
— Мен түк істей алмайды дегенім қайда! Сен ғой қопаңдап отыра алмаған.
— Қопаңдасам да, оның оңай жығыла қоймайтынын білгемін. Бетті-ау! Қасқыр-ау антұрған!
Ізбасар енді Әлжанға тура тартты. Жаяу жүріп, әркіммен жеке әңгімелесіп, ел аужайын түйіп келеді. Мойын-серікте, жатақта қалған кедейлер егіні шығып — көңілді. Ырысжан, Әлжан, Тоқабайлардың өмірінде өзіне арнап қырман аршығаны биыл. Бұларды көргеннің делебесі қоза бастапты. «Біз де енеміз «Қосшыға», «Мойын-серік боламыз» деген үндер әр тұстан-ақ естіліп жатыр. Ал келді ел шақырғаныңа. Социализмге баратын бұдан әрі жол қайсы? — деп Ізбасар өзіне өзі сұрақ қояды да, сұрағынан сұрақ туғызады. — Езілген тап оянды. Әдхам көшпейді. Тоқабай сиыр төлемейді. Тәукені енді Шәкен ұрғыза алмайды... Сол ғана ма пролетариат үстемдігі? Езуші тап онымен жойыла ма? Жойылмаса, тартыста тыным бар ма, еңбекке шын азаттық бар ма?..»
Жас адам осылайша өзінің жаңа ойларымен болып келе жатып, төңірекке көз жіберді. Көдесі қоян жасырған ақ жазық әмән тиыш жататын, енді еңбек ойнағына айналыпты. Кереге бойлы бітік егіннің ішінде қыза қимылдаған орақшылар бойын жазғанда ғана көрінеді. Біреулер орса, біреулер десте жинап баулап жүр. Қырмандардағы қимыл бұдан да қызықты. Қауыздарды бората, қызыл дәнді ағаш күрекпен сапырып, піскен басты шытырлата көлік аяғымен үгіп жатыр. Бұл даланы тірілткен он үй жатаққа ат басын әдейілеп ешкім бұрмайтын. Қазір сонау жайлаудан қабын бөктере келіп, кеусен дәметкен, тіпті бір десте бидай алса да, қолымен үгіп, қуырып жеуге асыққан талай оңаза, еріншек, бойкүйездер көз сүзіп отыр.
«Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей», —
деген Абай сөзімен көргендерін бір түйіп, Ізбасар Әлжанға жетті. Екеуі де саспайтын сабырлы адамдар. Амандасқандары қызық екен, Ізбасар анадайдан:
— Ассалаумәликүм, Уайымсыз, — дей келе, қол ұстаспастан, жете бере жантая кетті. Әлжан тісін ақсита жымиған күйінде тұр. Берген сәлемді елеген жоқ.
— Мағзұм екен деп қалғанымшы. Өзің баяу, жүрісің қалай шапшаң еді, — деді әлден уақытта. Мағзұм — бұл ортаға мәлім, үйсіз-күйсіз, есуастау, жүйрік, кезбе кісі. Біреуге өшіксе, сол үйдің әйелінің ішкиімін ұрлап әкетеді. Ұрлай алмаса, шүберекке өңез жағып, құмырсқаның илеуіне аунатады да, әйел ұйықтап жатқанда, қойнына тастап кетеді. Өзін соған ұқсатқанда Ізбасар шегі түйілгенше күлді.
— Бір жақсысы «уайымсыздардың» сөзі зілсіз, ойланбай айта салады. Әйтпесе, Мағзұмшылау менің қолымнан қайдан келсін, — деп күледі.
— Маяның көлеңкесіне барайық, — деді Әлжан. «Уайымсыз» дегенге бұ да мәу деген жоқ. Араларында он - он бес жыл жатса да, достық әзілдерге бөгет бола алмады. Біраз қалжыңдасып алған соң, егін маясының көлеңкесінде екеуі ұзақ әңгіме шертті. Әлжанның әйелі екі атты катоктен доғарып, отқа жіберіп, түскі демалысқа қисая сала, ұйықтап кетті. Әңгіме тереңдеп барады.
— Байқаған шығарсың, Ізбасар, егіннің салуынан алуы қиындап жатыр.
— Әбден байқадым. Салғанда күш біріксе, алғанда бұрынғысындай бытырады ғой.
— Бытыратпауға не амал бар?
— Соның лажын мен де ойлап-ойлап таба алмадым-ау. Сенің еккенің екі гектар. Ырысжандікі жарты гектар. Оның азғантай егінін алысуға әйелің мен екеуің ұшып кетерсің-ақ. Ол сендердің көп егіндеріңді жинасуға төрт адамын бірдей неге салады? Салдыру үшін ақы төлеу керек. Бұ да малай жалдаудың бір түрі емес пе?
— Сондықтан алдағы егісте тұқымды да ортақ сепсек, жинауы ортақ болмас па еді?
— Қалайша? Бәрібір ЬІрысжанның үйінен төрт адам шыққанда, сенің үйіңнен екі адам шығады. Немесе, Тоқабай қырманға жеті көлік салғанда, сен екі көлік саласың екен. Табысты үйтіп тең бөлуге кім көнеді?
— Қызығы, тұқымды, адам мен көлік күшін тегіс салса ортаға. Соқа, машина бәрімізге бірдей тұр ғой ортада.
— Оған қай қазақ көнеді? Көнген күнде еңбек табысын еңбекке қарай бөлмей, түндікке бөлу қиянат болмай ма?
— «Қосшыға», «Мойын-серікке» бет қойды ел. Осының өзін жоғарғы жақтан сұрастырып, біліп қоймасақ, әркім-ақ өзімізше бас қатырады. Сен Аманға бажайлап хат жазшы. Бұл жөнде не білетіні бар, өз ойы қандай, хабарласын, — деді де, Әлжан тұрып барып мая астына тығулы торсықты суырды. Сүт қосқан қышқыл тары көжеден бір-бір аяқ тастап алғанда, маңдайларынан тер бұрқ етті. Көріспегелі бірталай уақыт өткен, іш толып қалған екен. Аз сөзді Әлжан көп сөйлеп отыр. Ауылға ол анда-санда бір соққанда, естіп-білгенін, болыс орталығында не болып жатқанын Ізбасарға төге айтып кетеді:
— Аман жоқта Жақыптың жері кеңиді, — деді бір кезде. — Кәзір ешкімнен қаймықпайды, президиум мүшелерін елемейді. Баяғының болысы сияқты. Қасенмен ұстасып алды. Нұрғалиды кәперетіптен жазықсыз қуды. Мені, қолынан келсе, «Қосшы» комитетіне бір күн қоймақ емес. Тәукенің әнеугі ісін тергеушіге бастыртып тастады. «Осыны сайлама», — деп, Ералинге қақсаған-ақ едім.
— Ералин шегелеп кеткен жоқ шығар. Қылмыстары ашылса, тоңқалаң асар.
— Сауып отырған бес биенің қайсысын кімнен алғаны анықталды. Тігіп отырған бес қанат үйдің иелері де табылды. Бәрін укомға айдағамыз.
— Коммунист емес, укомда нелерің бар?
— Уаткомде Ермекбай отырған соң, басып тастай ма, — дегеніміз ғой.
— Жақыптан құтылармыз-ау. Оны паралары ұстап береді. Шәкенді қайтеміз? Әбден асқаны емес пе, коммунист, батрақ Әдхамды осы арадан қумақшы. «Көшсін!» — деп Қазанқапты жіберіпті. Әдхам, Тәукелер қанына қараюда. Так-такпен әзер отыр. Біреу жазым бола ма деп қорқам.
— Тоқтатпа, болса болсын! Шәкен жанын аямаса, біз несіне аяймыз? Көне-көне көн болды арқа. Өгіз терісі де тесілетін кез болды, — деп, Әлжан даусын көтергенде, әйелі оянып кетті. Көзін сығырайта шақырайған күнге бір қарады да, күйеуін, үн-түн жоқ, жетелей жөнелді қырманға.
— Сөзі құрсын! Мә, ұста айырды!
— Бас кессе де, тіл кеспек жоқ. Қалай сөйлемессің?!
X
Аралық ағайын, бітімші дегендер қалмауға айналды. Айтыс шығып, Мақаш қорығындағы ел екі ұдай. Тергеуші көп ауылдың төрт жігітін бірден шақырған. Бастығы Ізбасар болып, болыс орталығында жүр. Тергеушіден қаймығып, әзір бірі көріне қойған жоқ. Бұл кәдімгі шабарман Шөгелдің ағайындары, анада Аманды отырғызған, одан кейін үстінен он екі том іс жасауға, Ақмолаға шақыртуға көмектескен, тілесе ақтауға, тілемесе қаралауға шебер тергеуші. Шөгел де сонда көрінді. Міне, қыстыкүні қызара бөртіп, аузынан демі бұрқырай болатком кеңсесіне енді. Жақып досы оңаша бөлмеде бір өзі, теріс қарап, бүкжиіп ақша санап тұрған.
— Ассалаумаликүм, Шөке. Мал-жан аман ба? — деп қалбалақтағанда:
— Амандық қашпас, ақшаңды жаңылмай сана, — деді Шөгел. — Ол құрғырдың олжасы байырғысынан, байырғысы олжасынан ыстық қой. Қайсы еді?
— Айлығым да, тәйірі, айлығым. Еңбекақым.
— Саспа. Тышқан ұстаған мысықтай болып тұрсың, сауға сұрамаймын.
Шөгел отырар-отырмастан тымағын шешіп, бусанған тақыр басын орамалымен сүртті де, топысын киді. Әзілден шын әңгімеге көшерде күрсініп алып, бұралқы сөздерден бастады. Бұралқысының өзі әлденелерді аңғартып тұр:
— Кеше келгемін. Өзіміздің Төлеужандікінде жатырмын, — деді. Халық тергеушісі Төлеужан өзіне еркін тигендей, танауы көтеріңкі, ширатылып қояды. — Келін қала қызы ғой, балсыра ашытқан екен. Бұндай күшті болар ма, ішкенім бір-ақ кесе, басыма шықты. Жақып, әдейі саған келдім. Кәрілік тақау. Күш азайып барады. Түсім жоқ. Өзіңе белгілі, бар өмірім ат үстінде өтті. Сен атқа мінгелі отырып қалдым. Отырғанға ешкім әкеліп беретін емес. Маған оңай нан тауып бер.
— Оңай нан бар ма? Арыстанның аузында, шыңыраудың түбінде жатқан жоқ па?
— Кәперетіптің бірдемесіне ғана іліктірші. Сонсоң, қайда жатса да, өзім тауып алайын.
— Жіліктің майлы басын анадайдан таниды-ау кәрің! — деп, Жақып, мәз болып қалды. — Жарайды, орналастырайын. Кәперетіптің өзін көп ауыл билеуге айналған. Аман кеткелі оған да ықпалымыз жүре бастады.
Шөгелдің көңілі дауалағаны сонша, насыбайын шалқая беріп, аузына бір қақты да, шақшасын Жақыпқа ұсына берді. Жақып шақшаны айналдыра қарап, жымың-жымың етеді. Күмістеген, күмістің үстіне кавказ жүгірткен, адамның беті көрінетін жылтыр қара, мүйіз шақша.
— Қызықсаң, сала сал қалтаңа. Ол шіркін, мықтаса бір тайынша. Біздің әзіліміз аттық емес пе, — деп, Шөгел кең пейіл көрсетті. Көп жылдар Малқарға ақылшы, хабаршы болған антұрған ырзалық үстінде жаңа болысқа да қамқорлық етіп, өз ойындағы бір қауіпті айтып қалды. — Көп ауылдың төрт адамын бірден шақыртып, жапқызғалы отырған көрінесің. Ойланшы осыны. Анау ашадды жігіт қайта көтерілетін түрі бар ғой.
— Көтеріле алмайды. Сенгені Сәкен болса, Совнаркомнан тайды. Енді Ералиннің өмірі де ұзақ болмас, Жандос пен Ермекбай қатты қарайып, азуын басып кеткен бұларға.
— Жақып, мен өзім ел билемесем де, ел билеген жақсыларды көп көрдім. Шабарман басыммен кейде соларға ақылшы болғандықтан, қастарынан қалдырмайтын еді. Илаи, тек айтқаның келсін. Сонда да жанға онша батырма, ашындырма. Қоқан-лоқы айбатпен жасқап, қорғалатып ұстағайсың елді.
— Ел ұстауды үйрендік қой. Шәкен, Малқар, Қалабай, Мұқатай — төртеуі түгел тұрғанда, бір болыс түгілі, бүкіл Қуандық қолымда. Не қылады маған? Бай дей алмайды, жуан ата дей алмайды, ұры емеспін. Жоғарғы жақта қолдаушым Жандос, Ермекбайлар отыр. Тіпті Елтай ағайдың өзі біледі мені, бір табақтан ет жедік. Жарықтық-ай, бетінен нұр тамып тұр-ау!..
Әңгіме үзіліп кетті. Песик, Қасен, Әлжан енді. Үшеуінің жүзі де ызбарлы. Қасен: «Оңаша сөйлесетін сөзіміз бар еді» — деген соң Шөгел шыға жөнелді.
— Тергеуші көп ауылдың төрт азаматын жауапқа шақырған екен, — деді Песик. — Жауаптан кейін жаңа төртеуін де жауып қойыпты. Оның екеуі коммунист. Коммунистер-дің ісін әуелі болком қарауға тиісті. Тентек тергеуші бізді тыңдамады. Жөнге салайық. Кәзір президиумның кезексіз мәжілісін шақырыңыз.
— Президиумнің сот, тергеу істеріне қандай қатынасы бар? — деп, Жақып таңдана екі алақанын бірден жайды. — Жоғарғы жақ қол сұқпаңдар! — десе, болком қол сұғайық, — дейді. Бұл қалай?
— Қалай болса да, болкомның мынау отырған президиум мүшелерінің пікірі осы.
— Жоқ! Ол баспа билікке көне алмаспын бұдан әрі. Көне-көне, көнтақа болуға айналдым. Песик жолдас, қанша білдім десең де, біздің арамызды білмейсің. Тыңда, адал төреші бол, өзіңе-ақ жүгінем.
— Маған да керегі әділет. Айта бер.
— Президиум мүшелері дегенің Қасен мен Әлжан болса, арамыз удай. Аман барда, үшеуі бір жақ болып, үнімді шығармады. Тіпті ештеңемді көрмей жатып, сайланған күннен бастап соңыма түсті. Бұлар шын коммунист болса, ел сайлаған, партия сайлаған адамды сонша неге қудалайды? Ізбасар, Әдхам, Тоқабай, Тәукелер, осылардың айтақтауымен тақымнан алып, жүргізуді қойды мені.
— Сонда саған не қылмайсың дейді?
— Оны өздері айтсын.
— Что же, айтсақ, айтамыз, — деп, қатар отырған Әлжанға Қасен кеудесімен бұрыла қарады. Қысқа мойны жұп-жуан, қасқыр кеуде, тапал, шымыр жігіт. Көмейін сөз кернеп тұрса керек, Әлжан бас изесімен, аға жөнелді. Бетіне қарағанда, бойының кішілігі тіпті нанғысыз. Беті мейлінше жалпақ, шықшытты, көз алдында әредік сепкілі бар. Қысыңқы қара көзі Жақыпқа қадалып қалыпты. Ішіп-жеп барады. Сөзі көзінен де өткір.
— Поселканың шошқасын бағып жүрген менің кімге қиянат етерлік халім бар еді? Жылқыбайға қосылып, ұры дедің, қары дедің, әйтеуір, он жылға соттаттың. Бірақ аққа зауал жүрмеді, құтылып кеттім. Сіркесі су көтермей жүрген мынау Әлжанның жазығы не еді? Өзін таяққа жығып, емініп алған алақандай жерін тартып шауып жатқанда, Аман айырып алды. Аманның кінәсі сол ғана. Оның үстінен өтірік арыздарды, домалақ қағаздарды айдап-айдап, елге тұрақтатпай қойдың. Кәзір жаптырып отырған Ізбасар, Әдхам, Тоқабай, Тәукелердің де саған қылдай қиянаты жоқ-ты. Бұның бәрін тізгенде, кек алудан біз аулақпыз. Нәсілің кедей болғанымен, тәсілің байшыл, Жақып. Өзгерт соны. Жолыңды тап! Шәкенге ере-ере бәрінен айрылуға айналдың. Енді айрылмасақ, басыңды ол мүжіп тынады.
Жақып тыңдай беруге шыдамады. Сұрланып, дірілдеп кетті:
— Сендердің бастарыңды Аман мүжіп тынады! — деді ашудан алқынып. — Қит етсе, Шәкенді көлденең тартасыңдар. Шәкенге мен не істеппін? Бәрің де асын ішкенсің, атын мінгенсің, «Мырза! Мырза!» дегенсің. Содан басқа жазығым бар ма? Сендер енді Аманға еріп, қара тер болып жүрсіңдер. Мен ере алмаймын. Жыланды үш кессең де, кесіртке құрлы қауқары бар. Бақ күндестікпен Аман қанша ор қазса да, Шәкенді құлата алмайды. Өзі түседі ол орға. «Өзі жоқтың сөзін сөйле» деуші еді. Ал соңына осынша шырақ алып түсетін Шәкеннің жазығы не? Салығын бұлжытпай төлесе, сөзге араласпаса, бар көлігін қазына жұмысына салып қойса, мектеп ашып, халықтың баласын оқытқалы жатса, енді не қыл дейсіңдер оған? Дәулетін бізге бөліп берсін дейсіңдер ме? Жоқ, «Қасеке, Әлжекелеп» алдарыңда бас шұлғып тұрсын ба? Бұны істей алмайды Шәкен. Адам деген даңқы, бауыр басқан халқы бар. Сендер сыйламасаңдар да, сол халық сыйлайды. Халық сыйлаған соң, үкімет сыйлайды. Көрдіңдер ғой кеше, біз түгілі, Жандос, Ермекбайлар алақанына салып отыр.
— Бұнымен ұғынысуға болмайды екен! — деді де, Қасен қолын бір сермеп тастады. — Біздің тап күресі дегенімізді бұл бақкүндестік дейді. Жаңағы сөзінің бәрі Шәкендікі. Сөйте тұра, Шәкен сөзден аулақ, — дейді. Бұрын қаймығып, бұлталақтайтын. Шәкенді енді ашықтан-ашық қорғауға шықты. Халық комиссары Жандоспен, уатком төрағасы Ермекбаймен танысқан. КазЦИК-тің төрағасы Елтаймен табақтас болыпты. Кеудесіне нан пісіп, сендерге бұдан былай пысқырмаймын да, — деп отыр. Жаңа жетті көзім: — Қазанқаптан өткен соқыр, байдың нағыз басы байлы құлы екенсің!
— Тарт тіліңді, әкемше жазғырма!
— Тартпағанда, тауып жіберемісің?
— Жетер, жетер, тоқтаңдар! — деп, Песик қолын көтере тұрды орнынан. Екеуін тоқтатып қойып, шылымын әбден өшірді. Ерсілі-қарсылы бірер жүріп те алды. Содан кейін ғана ойын естіртті. — Сендердікі бітпейтін дау екен. Бітім айта алмаймын. Таптар жеңіскенде сендер де жеңісерсіңдер. Жақып жолдас, маған кәзір екі коммунисті абақтыдан шығарып алып сөйлесуім керек. Қылмыстарымен танысуым керек. Сіз анау партияда жоқ тергеушіні қолдаңыз не болкомды қолдаңыз. Аралықта орын жоқ. Жақып жауап қатпастан, сазарып, отырып қалды. Үнсіз бірсыпыра уақыт өтті. Песик бас киімін киіп шығуға ыңғайланғанда, шыдай алмады Жақып:
— Жарайды. Шақырып алып сөйлесейін кәзір.
— Сөйлесіп қана қоймаңыз. Босаттырыңыз. Әйтпесе шатақ болады, — деді де, Песик шығып кетті. Әлжан, Қасен ере шығып, екі жақтап өкпе айтып келеді оған:
— Жұмсақсың, Алексей.
— Жұмсақты ол басынып кетеді.
— Сөз жұмсақтығы ештеме етпейді. Сөздің, қайта, сыпайысы жақсы, — деп, Алексей, әдетінше, жымия бір күліп қойды. — Ісіміз енді қаттырақ болар. Бұл жігіттің басын байлар әбден айналдырып алған екен. Құтылудан басқа амал бітті.
XI
Күн желсіз. Жапалақтап төпеп тұр. Жер беті аппақ, жып-жылмағай, көбік қар қалың бүркеп салған. Далада киімі жылы бала, күйлі иттер ғана жүгіріп жүр. Өзге жұрт үйде. Анада, Шөгел мен Аман жанжалдасқанда, арашашы болатын татар милиционер Хабиб толарсақтан қар кешіп келе жатып, бір шұңқырға ыңқ ете жығылды. Қатты жығылды. Басына дейін қарға еніп кетті. Ол шашала, сілкіне тұрып жатса, көріп тұрған екі бала «Дед Мороз!» деп, сақ-сақ күледі.
— Қәһәр суққыр казакларны һечбер понимать итеп булми шул! — дейді кейіген Хабиб. — Утырталар да шығаралар. Шығарарлар да утырталар. Дәуләт еше игрушка төгил бит! Уаллаһи бу следователь казақның башы нормально ешләми!
Милицонер салып отырып абақтыға келді де, Ізбасар мен Әдхамды босатып, ізінше қайта қайтты. Қалып қойған Тоқабай мен Тәуке тұтқын халін жаңа сезіне бастады. Темірлі титімдей терезе шынысыз. Кішкентай пеш жағусыз. Үй суық. Кеткен екі жолдастың орны үңірейіп тұр. Манағы қаңғыр-күңгір жоқ. Екеуі екі жерде бүк түсіп, қас қарайғанша тілдеспей, болкомға өкпелеп жатты.
— Болком алалайды. Басқа не оңдырады? Коммунистерін босатып алып кетті. Бізге өз күнін өзі көрсін деген ғой, — деп, Тоқабай басын көтерді бір кезде. — Тергеушінің рахым етер түрі жоқ. Қашамын! Мынау қараңғылық, суық, аштық, жалғыздық әлімді алмай тұрғанда, бір қимылдап қалайын. Аман шықсам, тура Аманға барам.
— Қой, қой, құтырма! Қалай қашасың? Ал, қаша қойшы! — деп, Тәуке де басын көтеріп алды. — Есікте құлып, терезе темір. Тырп ете алар ма екенсің!
— Өзің еремісің маған? Әуелі соны айтшы.
— Қой деймін. Әуре болма. Ес бар ма өзіңде? Қалтамызда ең ақыры бәкіміз де жоқ.
— Іргенің бір кірпішін ғана алу қиын. Оны анау пештің төбесін жабатын күрекше темірмен алам. Соңғысы алына береді.
— Астапыралла, көріп қалып, атып тастаса қайтесің? Одан да менің ақылыма көн. Мен аштық жариялаймын. Осы үйден қашан өздері көтеріп шығарғанша, тырп етпей жатуға Тәукенің шыдамы жетеді.
— Менікі жетпейді. Ашығам деп, босқа өлесің.
— Өлсем өлейін. Бүйтіп сақтаған жанның ішін ұрайын. Бірақ ашыққанды ұстап тұруға заң жоқ деседі. Сен неғып естімедің бұны, құлағың түрік еді.
Тоқабай жауап қайырған жоқ. Өз ойымен болып отырып қараңғыда сөйлеп қояды. Сөзінен от жарқылдайды:
— Шәкенді шариғат та сүйеді. Оны білсем, молдаға өмірі жүгінермін бе? Жүгініп алып, көнбедім. Енді Шәкенге қосылып құдай да, ел де өшігеді маған. Мейлі! Сөйле деп тіл берген соң, қалай сөйлемейін? Ойла деп ой берген соң, қалай ойламайын? Зәредей қиянатым жоқ, өз ажалынан өлді сиыры. Бүкіл елге мәлім. Құдайға мәлім. Шәкеннің өзіне де мәлім. Сонда да төле, — дейді. Төлемесең, абақтыға жабады. Бұл қорлыққа шыдағанша!.. Бәрібір, бір күн туыппын, бір күн өліппін! — деп, Тоқабай орнынан атып тұрды. Пеш мойнындағы күрекше темірді суырып ала сала, іргенің кірпішін босата бастады.
— Айтқаным айтқан! — дейді қияс Тәуке. Бұның қарсылығы өзінше. Шалқасынан жатыр. — Қашатын, мен қатын емес. Тірідей көтермесе, өлідей көтереді. Өзімді, әйтеуір, көтертіп шығарам осы үйден!
Әлуетті қолға темір тиген соң, шикі балшықты шыдатпады. Шынында да, бір кірпішті алу қиын екен. Өзгесі жан қинаған жоқ. Тоқабай іргені тесіп, тысқа шықты. Ел ұйықтаған кез. Түн қараңғы. Қар әлі жауып тұр. Салған бойымен Жақыптың қорасына келіп енді. Далада, есік алдында, ұмыт қалып қойған балтаны қолына ұстай кірді. Жақып мініп жүрген күрең қасқа атты Жақыптың ер-тоқымымен ерттеп мінді де, тергеушінікіне келді. Бұлар да ұйқыда. «Шөгел мана қайтқан. Тәуекел!» — деп, Тоқабай есікті қатты тартып қалғанда, ілгіші жұлынып кетті. Төлеужан төсектен басын көтеріп алды:
— Бұл кім?
— Шам жақсаң көресің. Бол, шам жақ!
— Бұл қайсы, ей, түн қатып, дүрліктіріп жүрген? — деді де, Төлеужан бейқам тұрып шам жақты. Тоқабайды көргенде, аузы ашылып, құп-қу болып, көзі шарасынан шығып кете жаздады. Тілі орамға келмейді, құр сүлдері тұр.
— Тірі қалғың келсе, кеңсеңді аш! Тәуке екеуміздің ісімізді әкел де, дереу отқа жақ! — деді Тоқабай. Қолында балта. Өңі балтадан да суық. Ештемеден тайынар емес. Үш бөлмелі үйдің бір бөлмесі кеңсе болатын. Төлеужан жан ұшырып, дамбалшаң жүгірді кеңсесіне. Кем иегі қалш-қалш етеді. Әлі үн жоқ. Майын тамыза өзі жазған өтірік жаланың үлкен папкасын әкеліп қазандыққа тықты.
— Тез жансын, кәресін тамыз! — деп бұйырды Тоқабай. Керосин тамызылды. Іс өртелді. «Тағы не бұйырасыз?» дегендей, Төлеужан қалта қарап тұр. Әйелі төсектен бас көтерген жоқ-ты, қорыққаны сонша, бүркеніп жатып селкілдегенде, үстіндегі көрпесі желп-желп етеді.
— Қаныңды ағызып ұрттасам, қымыздан әрі сіңер еді-ау! — деді Тоқабай шыққалы тұрып. — Әттең, совет қызметкері деген атқа иесің! Сол үшін ғана бір жолға қалдырдым. Киімі жаманға ит өш. Итсіңдер сендер! Әйтпесе азар күнелтіп жүрген Тәуке мен мені осынша жұлмаларсыңдар ма? Бар, жат орныңа, таң атқанша тырп етпе!
Төлеужан ытып барып әйелінің қойнына кіріп кетті. Тоқабай есікті сыртынан мықтап тіреді де, атына мінді. Күн желдетіп, ұлпа қар лезде алай-түлей бораған екен. Желге қарсы жарау қасқамен сыдырта жөнелген Тоқабайдың көңілі де күнге қосыла борап бара жатты.
АУЫЛ AT ҮСТІНДЕ
I
Қыс өтіп, жаз шықты. Ел жайлауға барған уақыт. «Қызыл отау келеді» деген дақпырттан жайлаудағы елдің түндігі желп-желп етеді. Тиыш күткен бір жан жоқ. Байлар малайына, қос қатындылар, жас қатындылар қатынына, «сайтан жоқ па кеудеңде?» дегендей, сезіктене қарайды. Аурулар ем, зорлық көргендер теңдік күтіп асығады. Былайғы жұрт қызыл отау дегенді түрліше жорып, сәті түссе, осы жолы өзін көріп кенелуге құмартады.
Шаңқай түс. Желіде шаңырқаған құлындар, ыстыққа мас болып, тырайып жатыр. Сауыны асқан биелердің үрпінен сүт тамшылап тұр. Бие сауатын, құлын суаратын малшылар да дүрмекке еніп кеткен. Әр жерде ду-ду әңгіме. Барлық көз өзен сыртында жатқан көк белестің бетіндегі күрең жолға қадалған. Міне белестен бір топ салт атты асты. Олардың соңынан тізбектеліп, он шақты түйе керуен көрінді.
— Қызыл отау!
— Келіп қалды!
Бүкіл жайлау елі, аттысы атты, жаяуы жаяу, үздік-создық, тұс-тұстан ағыла бастады. Ауылда қалған адам некен-саяқ. Айтқа, тойға баратындай, барын киіп, қызылды-жасылды аңдаған ел кең даланы қызғалдақша жайнатып жіберді.
Қызыл отау көшін қазақ қызы бастап келді. Мінгені биік, қара-шұбар ат, тұяғынан өзге денесі тегіс шұбар. Жылқының көріктісі екен. Жұрт сонда да оны елеген жоқ, қыздың өзіне қарап, телміріп қалыпты. Қыз ба, жігіт пе? — деп, айыра алмай тұр көпшілігі. Кім болса да, әсем, әрі сүйкімді. Аңқау көрінгенмен аңдағыш, жадағай көрінгенмен терең, жұмсақ көрінгенмен, кейде тіпті қатал шығар. Кеудесін қуаныш кернеп, күлімдей, жайраңдай тұрғанда, ақ сұр жүзі, көтеріңкі біткен қабақ астындағы байыпты қара көзі қалпынан сәл ғана өзгерді. Қолаң шашын көк желкеге жеткізе кесіпті. Басында қалпақ, үстінде орысша пиджак. Пиджактың жағасында «КазЦИК мүшесі» деген, қызыл значок бар. Балағы кестелі, қазақы, қара шұға шалбар киген. Мінезі, көркі, киімі, аты біріне бірі сай, топ жарған періштедей қыз кешікпей лебізін де естіртті:
— Қадірлі ата-аналар, аға-інілер, апа-сіңлілер, жеңгейлер, құрдастар, кішкентай жеткіншектер! Бізді сіздерге Қазақстанның, партиясы мен үкіметі жіберді, — деді ат үстінде, ерден көтеріле, сұңғақ, жұмыр мойнын соза тұрып. Көптің сонша тына қалғандығынан ба, қалай, күшті болмаса да, сыңғырлаған тұнық даусы шеттегілерге де анық естіледі.
— Батыр-ау, әйел бала ғой! — деді бір әйел.
— Обал-ай, шашын кескені несі! — деді екіншісі. Одан әрі сөйлесе алмай, қыздың сөзіне құлақтарын тоса берді. Бір сөзінен бір сөзі жылы тиеді құлаққа:
— Сіздермен дидарласып, сөйлесуге, сырласуға келдік. Кеңесеміз. Ақыл аламыз, ақыл береміз. Қолма-қол тигізетін жәрдеміміз де бар. Ерінде еріксіз жүрген қос қатыңдар, жас қатындар, бай, жуандарда ақысы кеткен малайлар, зорлық көрген кедейлер, қала жәрдеміне — дәрігер жәрдеміне жете алмай жүрген аурулар... қызыл отауға келсін не арыз берсін, сол сағатта шара қолданамыз. Аралайтын еліміз, жеріміз көп. Уақыт аз. Бұл арада бес-ақ күн боламыз, бұны да ескерерсіздер, — дей келіп, қыз қасындағы жолдастарын бас-басына таныстырып өтті. Оң жағындағы — кәдімгі Таймас. Басына дудыратып шаш қойған, мойында галстук, бұрынғы қылжақ, әзілқой мінездерінің бірі байқалмайды, байсалды жігіт сияқты. Рабфак студенті көрінеді. Қыздың сол жағында жиырманы орталап қалған орыс әйелі — адам дәрігері Ольга Кедрина екен. Жуантық, жалпақ бет, қара мұрт сот — Қунақұлы Бөлтірік; ілмиген арық сұр — тергеуші Танаш, оған тақау — милиционер Қаратай Нарымбекұлы болып шықты. Барлығы он шақты адам. Соның бірі Тоқабай, бұларға тек қосшы ретінде ерсе де, еркін жүр.
— Бұл кісінің өзінің аты-жөнін де біліп қойыңыздар, — деді Таймас, қыз сөйлеп болған кезде. — Күлпаш, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, «Әйел теңдігі» журналының редакторы. Қазір Қызыл отау көшін басқарушы.
— «Руын айтшы, шырағым, руын!» — деп, көптің ішінен дауыстаған шалға Таймас теріс-қағыс жауап қайырды:
— Руы жоқ. Ұлты қазақ. Рудың қызы емес, елдің қызы болғысы келеді.
— Уә, бәрекелде! — деді мына жақта таяғына сүйеніп тұрған бір ақсақал. — Шын жақсы топтікі ғана болмас, көптікі болар. Қотандық қана емес, отандық болар.
Көзін сығырайта телміре қарап тұрған ақ сақалды, ақ таяқты осы қапсағай шалға Күлпаш та қадала бір қарап, Таймасқа күбір ете түсті:
— Мына қартты жоғалтпашы, керегі бар екен.
Нұржанның Мұқатайы атын тебініп, ілгерілей түсті. Бұндай жиында әкесі марқұм сөзімен не ісімен ел аузына бір ілінетін. Мұқатай әзір іліне қоймаса да, әкесіне еліктеуін қойған жоқ. Әсіресе көрікті әйел көргенде, — сабырсыз, ең болмаса, көзін бір қысып қалады. Күлпашқа бірақ онысын істей алмады.
— Күлпаш жолдас! — деп, аржағын айтқанша ыржың-ыржың етеді. — Бөлек үй тіктіріп қойдым. Рахым етіңіздер, так, өзге әңгіме содан кейін бола жатар. Так.
— Сіз ауыл советтің председателі ме едіңіз? — деген Күлпаштың сұрауына Мұқатайдан бұрын жауапты Таймас қайырды:
— Бұл кісі — белгілі Нұржанның жалғызы Мұқатай мырза. Николай заманында Петерборда оқыған. Кәзір онша бай емес, байдан бірақ кем де емес. Қандыбалақ ұры емес. Ұрлықтан да құр емес. Шалабайды осы кісінің ayылында атып ұстағанбыз.
Мұқатайдың көзі Таймасқа қарап шығып барады. Жаңа таныды. Енді дауласуға бет алды:
— Ал, так, сонда мен бейнауат па? «Құрт көзін, құрт!» деген мен едім ғой! Бекер десең, нока, өзің айтшы. Нока, нока!
— Рас. Бірақ кеш айттыңыз. Ертерек айтқанда, ол сөзіңізді бірдемеге жарататын едіңіз.
— Нешауа подобно!..
— Біткен дауды қайталап қайтесіздер? — деп, Күлпаш екеуін айырып жіберді. — Мұқа, әлгі бізге дайындаған үйіңізді кедей ауылдың қасына таман қондырып бересіз бе?
— Кедей ауылдың?! Ол қалай сонда?! Берейін, берейін. Әуелі біздікіне түсіп, дәм татыңыздар. Шақырып тұрмын ғой.
— Рахмет. Бұйырса, басқа бір уақытта татармыз. Әуелі жайласайық. Жұмыс көп.
Мұқатайдың қабағы сынып, еріндері салпия қалды. Не дәмі, не беделі өтпеді. Онымен қоймай, шаршы топта Таймастан сөгіс естіді. Бұндай сөгісті бұрын да оқта-текте есітіп қоятын. Ал, дәмі өтпегені осы жолы ғана. «Аманнан бетер кәпірістан көргем жоқ» — деуші еді Мұқатай. Сол Аман үйіне түсіп, қонақасы жеп аттанғанда, мына қыз сыпайы сөйлеп сырғақ тұр. Аужайын түйген соң, Мұқатай қайтып тіл қатпай, қасындағы салпы ерін жігітке иек көтерді:
— Бар, қондырып беріңдер!
Ауыл совет председателі сол салпы еріннің өзі екен. Мұқатайдың көдедей көп туыстарының бірі шығар, жергілікті үкімет бастығы бола тұра, мырза иек көтергенде, далбақтап тұра шапты. Шауып бара жатып ойындағысын айтып барады есалаң:
— Ағажан, бұл жақты өзің реттей бер. Мен сойысты да қамдайын. Хатшыны төменгі елге жіберем.
— Ана бөсербай бүлдіріп жүрмесін. Бізге сойыстың керегі жоқ. Өзіміз сатып аламыз, — деді Таймас. — Зәуеде біз үшін жұртқа сойыс салығын салса, сотқа тартылады.
Бұл-дағы бір жаңа сөз. Елге шыққан қызметкердің қонақасыны сатып жегенін ел әлі көрген жоқ. Меймандос қазақ құдайы мейманнан оларды артығырақ күтеді. Күтпесе, қайсыбірі иттік істеуден тайынбайды: ең болмаса, атын лауға мініп, сабылтып кетеді. Сондықтан Таймастың жаңағы сөзіне ырзалық білдіріп, көптің ішінен біреулер үн қатып жатыр:
— Мыналар нағыз періште ғой!
— Қара қылды қақ жарған әділдік осы да!
— Байқадыңдар ма, тіпті Нұржекең шаңырағына да пысқырмады-ау! Мұқатайға, қайта, шүйіліп тұрған жоқ па өздері?
— Айналайын бұл үкіметтің заңындай заң бар ма! Тек әлгі бір антұрғандар бұрмалап құртады...
Қалабай мана Мұқатаймен бірге ілгері кимелеп, атақты күрең жорғаның басын басқадан оздыра тұрған. Енді шегіне түсті. Көпті көрген жырынды қу қызыл отаушылардың сыңайын танып қалса керек:
— Балам, бұлардың беті бізге теріс сияқты, — деп, Мұқатайға күңк етті. Сөзшең, шапшаң, өткір кісі бола тұра, одан әрі, аузын бағып, үндемеді. Бұрын мұндайда: «Мен бес жыл совет болысы болдым!» — деп соққанда, олай-былай өкілдерді қорғалатып алатын. Осы жиынға келгенде, атағы үлкен қызыл отауды өз аулына апарып бір қондырмақ-ты. Енді ол үміті үзіліп, Мұқатайды да түңілдірді. Мұқатайдың әйелі өліп, тақауда Қалабайдың жасамыс қызына үйленген. Күйеу мен әкенің жеткен жерін көрген соң, беті ашылған кәрі қыз желек астында жасарып, шолжыңдай сөйледі Күлпашқа:
— Сіңлім-ау, осынша жұрт алдыңнан шығып, дастархан жайып тұрғанда, бұнша неге қашқақтайсыңдар? Жұғатын мерез, шағатын жылан емеспіз. Сенен үлкенді де, кішіні де көрдік. Құдайға шүкір, үйімізден әлі ат кеткен жоқ. Қой әрі балалықты! Жүріңдер біздің ауылға! Шақырған дәмге бармау сұмдық-тағы! Жарты патша болып отырған Елтай ағай да дәмнен кіші. Шақырғанда ұшып келген.
Күлпаш жауап қайыруға үлгермеді. Құйғытқан бойда, топты жара, астындағы қара керден ақ көбікті бұрқырата келіп, Әдхам аттан түсті де, құшағын жайып тұрып қалды. Кесіп алсаң қан шықпас кескір адам сөйлей алмай, кемсеңдеп егіле жылап тұр. Күлпаш жүгіріп барып құшағына енді. Әдхам құшырлана қысып тұрып, арқаға қағып болған соң, екі бетінен, маңдайынан сүйді де көз жасын сүртті.
— Бір көрсем деуші едім. Көрдім. Ырзамын тағдырға! — деді жайраңдап. — Айналайын Күлпашым, Алматының ақ бауыр апортындай-ақ болып өскен екенсің, тіпа, тіпа, тілім тасқа! Жасыңнан сен де көрдің соққыны, мен де көрдім соққыны. Соққылар қайта шыңдапты. Ынжықтар екен одан езілетін. Сыртыңнан балам деп жүрмін. Ақмоладан осылай қарай кетті деген соң, ара қонып іздеп келдім. Айтшы мына көптің алдында; әкем деуге арланбайсың ба?
— Арланғаным сол — мақтанам! — деп, Күлпаш та Әдхамның бетінен сүйді. — Сіз мені ауру әкемнен көп бақтыңыз, көп еркелеттіңіз. Әкем марқұм маған деген махаббатын да сізге сақтатып кетіпті ғой. Сонда сізден жақын кім болады маған!
Амандасқалы келе жатқан Таймасты көргенде, Әдхам шұрқырай түсіп, суына қалды. Таймас құшағын жайғанда, ол қолының ұшын ғана ұсынды. Тіпті солғын амандасып, сұлық сөйлеседі.
— Қолымның ұшын азар бердім. Мойныңдағы ақ жағаң, таққан қарғың не анау? Соны оқуға бардың ба? Жалшының сәні сол болып па?
— Галстук таққаннан безсең, Лениннен де безерсің. Надандық, сәнсіздік пролетариаттың бағы емес, соры, — деді Таймас.
— Ит-ай, тілің ащы-ау! Соны сыпайылап жеткізсең қайтеді? Ленинді айтқан соң-ақ аузыма құм құйылды. Кел енді құшақтасайық.
— Сыпайылық іздейсің де, көрсең, сөгесің. Қай бабыңды табамыз?
Мінезі, көргені, білімі, жасы әрқилы от ауыз екі жалшы ойындарын әлі қоймапты. Құшақтасып тұрып бірін бірі құшырлана қысқанда Әдхам ыңқ-ыңқ етеді:
— Босат, ей, жынды, босат! Қабырғамды сындырамысың! — деді шыдай алмай.
Таймас босатып жіберді. Әдхам бірақ Күлпашты босатар емес. Бір өзі ғана меншіктеніп, қай-қайдағыны еске түсіре бастады. Жұрт аңырып тұр, соны сезген Күлпаш:
— Әдеке, мына кісілер жайласпай жатып, дәмге шақырады бізді. Қайтеміз? — дегенде, Әдхам, көпшілікті жаңа көргендей, артына жалт бұрылып, ала көзін бажырайта қарады. Келіншекке, Мұқатай мен Қалабайға кезек-кезек қадалады. Әлден уақытта сұқ қолымен соларды көрсете сөйледі:
— Бұлар шақырса, тегін шақырмайды. Басында бақ, қолында күш барда шақырымпаз. Мені де талай шақырған. Талай барғамын. Бес жыл болды, шақырмақ түгілі, сәлемімді дұрыс алмайды. Ей, байекеңдер, жуанекеңдер, нәпмандар! Жетер енді тәлкегің! Бармайды Күлпаш. Жібермеймін мен. Мына мен, — деп, өзін өзі кеудеге нұқып қойды. Ешкім жақ ашқан жоқ. Шақырушылар төмен қарап кетті. Тұнып қалған топты толқыта, екі иінін жұлып жеп, еңгезердей қара жігіт келеді. Қолында домбыра, басында үкілі бөрік, үстіндегі алқызыл шапанның етегі жер соғады. Ойнақы өткір көзінде кемінде сексен сайтан бар шығар.
— Былай тұрыңдар! Жол беріңдер! Қыз ұзатамын, қыз ұзатам! — деп келеді. Ортаны ашып, кеңейтіп алған соң, қазақтың қыз ұзатқанын қылжақ етті. Қыз бен шешесі болып көріседі. Әкесі болып төр алдында кемсең-кемсең жылайды, қызын жұбатқан болады. Есік алдында байлаулы бұзау мөңіреп, ит үріп, азан-қазан болып жатыр. Бір өзі бір орында және бір уақытта осы бес рольді атқарып құбылғанда, бірін айнытпайды! Жұрт анталап басып барады. Біреудің аузы ашылса, біреудің көзі бақырайып қалыпты. Біреу күлкіден шегі түйіліп жатса, біреулер «Ой, тілеуіңді берсін! Көп жасап тұр...
Қыз ұзатуды болған соң, бай мен малай болып ойнайды. Байға ғана емес, әлі күнге оянбаған түйсіксіз малайға да ащы тілін салып-салып алады. Біресе сықақ, мазақ еткенде, дүниенің қоры сол екеуі ме деп қаласың. Одан кейін бәйбіше мен тоқал, әйелін ұрымпаз еркек болғанда, талай еркек, басы салбырап, төмен қарап кетті, талай әйел жымыңдап, жайнаң қақты. Ең ақырында ойыншы жігіт Мәдидің өлеңін айтып берді:
Немене, көрген қызық көрмегендей,
Жас дәурен жауар бұлт өрлегендей.
Жігіттік ақ семсердің жүзі емес пе,
Қайрап ап, қалың жауға сермегендей!
— Кеме келсе, қайықшы судан шығады. Шықтым. Атым Қалыбек. Өз елім Жынды Қалыбек дейді. Жындылардың көкесі әне келе жатыр, әне! — деп, жігіт көптің бетін көк белеске аударды да, өзі Күлпаштың қасына барды.
— Самородок екенсің, болашақ үлкен актер екенсің, Қалеке! — дегенде, Күлпаш қуанышын кеудесіне сыйғыза алмай, демігіп тұрды. — Адам бойындағы әбестерді осылай міней берсек, олар өмір сүре алмайды. Қисық ағашты тез түзегенде, қисық қылықтарды сын түземек...
Көп назары көк белесте. Ер-тоқымды ақ боз ат белеске жалғыз шауып шықты. Үстіндегі иесі, шауып келе жатып, аттың екі жағына кезекпе-кезек түсіп мінеді. Біресе ерге отырып алып, оңды-солды еңкейгенде, жерден топырақ уыстап алады да, аспанға атады. Біресе еріне теріс қарап мініп шабады. Ат үсті оған ойыншық, ойына келгенін еркін істеді. Жиынға тақалғанда, төбесінен тік тұрып, аяқтарымен билеп келе жатты. Аты мұндай есті болар ма, кимелемей, жете бере тоқтады. Иесі енді арқасына таңулы дорбадан кішкене гармонь ала сала құтырта ойнап тұр. Аузы, мұрны, көзі бірге ойнайды. Жасы елуге келіп қалған көрінеді, сонда да шоқша сақалына әлі ақ енбепті. Бәдені тәуір жас әйелге оң көзін, күйеуі көріп қалса, оған сол көзін қысып қояды. Киіміне, ат-тұрманына қарасаң, мырза ма, сері ме дейсің. Мінезіне, қимылына қарасаң — нағыз сайтан. Бас терісіне дейін жыбырлап, тулап кеткенде, басындағы тақиясы маңдайына бір, желкесіне бір барып, секіріп жүр. Үнін әлі ести алмай, кім екенін біле алмай, елтіп тұрған елге өзін әнмен таныстырды ол:
Баласы Қошқарбайдың Шашубаймын,
Болғанда малға жарлы, сөзге баймын,
Күніне жүзді беріп, мыңды алсам да,
Қалтамның түбі тесік — байымаймын, —
деп ақ боз аттың үстінде толқып тұрып шырқағанда, даусына ілесе алмаған гармонын үзіп жібере жаздайды. Өзіне-өзі: «Соқ, Шашубай, соқ!» — дейді де, соға береді:
«Үлкен Қызылордадан Қызыл отау келіпті,
Өнерпаздар соңынан іріктеліп еріпті» —
Деген хабар тигеннен соң құлаққа,
Жүрсем — дағы жақын емес, жырақта,
Думан сүйген жүрек маза бермеді:
«Тұр, Шашеке, мініңіз, — деп, — боз атқа!»
Кел, жігіттер, шырқайық,
Құлақ құрышын қандыра,
Үрлейік бықсық шаланы,
Дауылдатып жандыра.
Шашубай, айтқан сайын қызып, қызған сайын өлеңді әндете, түйдек-түйдегімен тастайды. Бұл жиынның оны бірінші көруі екен. Күлпаш таңданып:
— Өнері ішіне сыймай, тасып төгілген неткен адам! — дегенде:
— Ойбай-ау, белгілі Шашубай емес пе! — деді Қалыбек. — Мен оны Қоянды жәрмеңкесінде, жер қайысқан көптің ішінде, осы боз аттың үстінде көріп танығам. Арқа, Сыр, Алатау, — исі қазақ елін сайрандап жүрген кісі. Meнің жыным оның жынына атқосшы да бола алмайды.
Жазық даладағы бұл думанға араласқандар ауылды ұмытуға айналды. Ауыл иесіз қалды дерлік. Үй көлеңкесінде әлденені шықылдатқан шал, жерошақ басында құрт қайнатқан әйел, желі басында бие сауған бірен-саран жалшы көрінеді. Сырттағы жиыннан бұлардың да хабары, өзінше түсінігі бар. Бірімен бірі анадайдан дауыстап сөйлесіп жатыр.
— Қызыл отау дегендері қайда? Сонау тігіліп жатқан үй қызыл емес қой, — деген шалға жерошақ басындағы мосқал әйел сөзді гулете жөнелді:
— Отауы құрысын, жын-шайтанның ойнағы! Біздің әлгі қайқы ерін тоқал да кетті. Үлкен кісінің әйелі, басынан желегі түспей жатып ұялсайшы, шіркін, қыдыруға. Оны секеңдетіп қоюға алған жоқ. Бала тауып берсін, шаруамды бақсын деп алған. Баққаны, тапқаны қайсы? Берген малым салауат дер едім, тәйірі, осы дырдуда, өзі жоқта жер соқтырып бір кетсе!
— «Күндестің күлі күндес». Тоқал шіркін ыстық қой, — деп, шал шақпағын шағып қойғанда:
— Еркек, итті көрсе де, иеді! — деп, әйел долдана көседі отты.
Желі басындағы жалақ ерін сары малай бие сауып келіп, бәйбішеге қыңқылдап тұр:
— Құдай біледі, көре сала қайтайын. «Іші қып-қызыл, жайнап тұр» — деді.
— Бейбақ-ау, екеуміздің қызыл-жасыл не теңіміз?
— Жіберіңізші, бәйбіше, бауырсақ пісіріп жатыр. Исі мұрнымды жарып барады.
— Бара ғой, бар болғыр. Биенің сауыны асып кетпесін бірақ.
Малай жүгіре басып, өзен жағасына орналасқан Қызыл отауға жөнелді. Көкмайсаға бес-алты шатыр, бір үй тігіліпті. Малы жоқ, шағаладай ақ ауыл. Қызыл ту ауылдан биік көтерілген, баяу толқып кетеді. Самауыр қойылып, қой сойылып, бауырсақ пісіріліп жатыр. Пысық кедейлер қолқабыс етіп, қызара бөртіп кенелуде. Боз үйдің белдеуіне байлаулы Тоқабайдың күрең қасқасы суып тұр. Жаңа ауылдағы барлық әрекетті басқарып жүрген Тоқабай дамыл тапқан жоқ-ты. Қызыл отауды жаңа ғана жайластырып болып, үй көлеңкесінде, күрең қасқаның қасында, манағы ауыл совет председателінің, сөзін тыңдап отыр.
— Бұл жануарды қолдан шығармаңыз. «Бауыры құтты айғырдың баласы» — дейді председатель. — Жақып болыс болып келгенде, Ағажан байғазыға берген.
— Орайына Жақып не берді?
— Ағажан ақысын жібере ме? Менің ауылнай болуым осы қасқа аттың шарапаты. Ағажан мен Қалабай өмір бойы қырын болатын. Екеуін татуластырып, қызын әперген де Жақып қыздан бұрын қыз мініп келген күрең жорғаны айтсаңшы! Орыс, қазақта жоқ! «Баяғы Петерборда ғана бір жорға болған» — дейді Ағажан.
— Жақыптың тілеуін тілей түсіңдер. Ол сендерге жайлы болыс.
— Жайлы болғанда қандай! Ай, өзі жігіт-ау! Мынау атты қалай алдыңыз? Әкем тіріліп келсе де қолымнан шығармаспын деп еді.
— Базыналық қылып мініп кеттім. Азар болса, қолқасын алар.
— Қайтер дейсіз... Қызыл отау жігіттері көңіл қылса, ел дүние аямайды. Осы сойыстың өзін бекер сатып сойдыңыздар?
— Солай ма?
— Сойыс түгілі, күрең жорғаны сұрасаңыз Ағажандар лақтырып жібереді.
— «Ағажандап» қоймайсың, Мұқатаймен араларың қандай сонда?
— Жақын ғой, жақын. Ағажан — Нұржекеңнен, Нұржекең — Жықаңнан, Жықаң — Шықаңнан, Шықаң — Тықаңнан, Тықаң — Бықаңнан туады. Біз сол Бықаңнан қосыламыз. Арада төрт - бес-ақ ата.
Тоқабай ішінен: «Мынаның қасында біздің Байбол жұрт кісісі екен» деп отыр. Онысы рас. Байбол ру намысынан гөрі өз құлқынын көздеп, Шәкенге ерсе, мынау кейде өз құлқынын да ұмытып, Мұқатайға ере беретін түрі бар. Рушылдық бордай тозып жатқан заманда, кейбір таулардың сайында қалып қойған қар тәрізді, ол дағы алыстағы елдердің ішінен әредік-сәредік көзге түседі. Бірақ жазы-қысы жататын биік таудың қары емес, күн ыси, ұзара келе еріп кететін аласа таулардың алашабыр қарына ұқсайды. Рушылдықтың тап тартысында, әділет жолында тигізетін қырсығы көп бола тұрып, кейде пайдасы да бар ма, қалай? Ауыл совет председателі аттанар-аттанбастан, жаңағы сары малай келді. Жалаң аяқ, жалаң бас, астыңғы ерні жалақ, жалағына шелектің өңезін жағып қойыпты. Тоқабаймен салған жерден ру сұрасты. Екеуі бір рудан екен, шүйіркелесіп барады. Жай-жапсарын түгел айтты. Аты Боқай, биыл отызға шығады. Он жыл есікте жүргенде, құралған мал — бір құнажын. Оның өзі байдың мойнында. Тоқабай ертіп жүріп шатырларды аралатты. Қызыл отаудың ішін көрсетті. Қабырғадағы плакаттардың бірінен біріне таңдана қарайды: әмірінде сурет көргені осы. Қызыққан, бірақ сұрауға батпаған балаша, қан көзі жаутаңдап, ыржия күліп тұрғанда, Тоқабай суреттің бірін шиыршықтай орады да қолтығына қысты. Үйдің көлеңкесіне қайта ертіп әкеліп, бір тостаған бауырсақ бергізді. Ол бауырсақты қомағай жеп отырғанда,Тоқабай тағы да мән-жайды сұрастыра отырды:
— Байыңда қанша мал бар?
— Жүз алпыс жылқысы, төрт жүзге тарта қойы бар.
— Тиыш па, қайырымды ма?
— Ойбай, қазымыр кісі. Бір мүлт кетсең болғаны, құлағыңның етіп жеп тынады.
— Ұрмай ма, әйтеуір?
— Бұрын ұратын. Енді қойды. Қойғаны құрысын, сөзбен сүліктей сорады.
— Жылдық ақың қанша?
— Үш қой, серкеш. Бір сулық, бас-ұлтан.
— Онда аяқ киімің бар екен ғой, жалаң аяқ жүрме.
— Қыс киетінімді жаз киіп қойсам, қыс қайтем?
Өзінше есепқой болғансыған жалшының Тоқабай ежіктей-ежіктей есепсіздігін дәлелдеді:
— Жылына үш қой, серкеш тапқанда да, он жылда қырық, өсімімен жүзден асады. Сен жыл сайын жұтағанбысың, табысың қайда?
— Мен табысымды қолға алмаймын. Байдың мойнында тұра береді. Бай өсім бермейді.
— Онда өз тапқан малыңның өсімімен өзіңді жалдап келген екен. Сорлы-ау, тым құрығанда, болмашы табысыңның, болмашы берекесіне ие болсаңшы.
— Ақымды қолға алуға қасқыр жеп қоя ма, ұрлап кете ме, ұраға жығыла ма деп қорқам. Байдың мойнында, өспесе де, өлмейді ғой әйтеуір...
— Бауырым, былшылды қой! — деді бір кезде Тоқабай. — Он жыл қаңғыпсың, жетер. Елге қайт. Алып қайтам. Келіншек әперем. Байыңның, үстінен тек арыз бер. Еңбегіңді жеп келіпті. Қызыл отау соты қолма қол кеседі...
— Иә, әншейін, қылжақ қыласың, — деп, ыржың-ыржың етеді Боқай. Күлкісі көлгір, нанбаса да дәмелі. Өзінше қайрайды Тоқабайды. — Біздің бай Мұқатайдың ағайындары. Қырға шыққан ұлық Мұқатайдан асқан емес. Ол білгіш, сонау-сонау Петрбордан оқып келген.
— Қызыл отау соты Мұқатайдың да мойнын бұрап алады, — деді Тоқабай. — Талай кедейдің өзіңдей талай жалшының байдан суын сүт қылып алып беріп келеміз. Талай әйелдің байлаулы басын босаттық. Өзің тек арыз бер. Аржағын маған тапсыр, мені аруақ-құдайға тапсыр.
— Қызыл отау кетісімен, сойып-сойып тартып алса, қайтем?
— Әгәр өйтсе, совет үкіметі ашуланады да бастығы Мұқатай етіп, байларды ту-ту сонау Итжеккенге айдап жібереді...
Байымен соттасып бұл елде қалуға Боқайдың батылы жетпеді. Алдына мал, қойнына жар салу арманы көкейінен тағы кетпеді. Делдал күйде көп отырып, ақырында, бір ауыз сөзді берік ұстатты Тоқабайға:
— Бәшкем аруағына тапсырып, ердім соңыңнан. Тек өзіңмен мені бірге ала кет осы жолы!
Даладағы жиын тарқады. Күлпаштар бөлініп бері жүрді. Бие саууға асығып, Боқай да тұра жөнелгенде:
— Арызыңа қол қоя білесің бе? — деп еді Тоқабай, Боқай:
— Жоқ! — деді де, бас бармағын көрсетті. — Мынаны бассам болмай ма?
— Әбден болады.
II
Күлпаш бүгін күндегідей ерте тұрды. Өзенге барып жуынды, денесін баптады. Содан кейін өзен жағасындағы шоқыға шығып, жан-жаққа көз жіберді. Иығында асулы фотоаппарат, қолында былғары сумка-планшетка, қызыға қарап тұр, әлемге. Ол әлемге қызықса, оған талайлар қызыққандай. Қағылез денесі, қатыңқы ақ сұр жүзі, арам еттен таза, тура біткен қыр мұрыны, жаудыраған қарақат көзі қандай сұлу! Жайдары мінезінде, ұтқыр сөздерінде әлі арылмаған балалық, сонымен қабат кәриялық нышандар да байқалады. Күн әлі шыққан жоқ, белестердің аржағында қызыл күрең сәулесі көрінеді. Өзенді бойлай отырған қалың елдің, қотандарынан серке бастаған топ-топ қой, нар бастаған топ-топ түйе өріп барады. Малды ауылдың кәрілері малайынан да бұрын тұрған, малдарының санын ғана түгелдеп қоймай, әр тоқтының күйіне де үңіле қарап тұр. Түн ұзын аңдып ала алмай, аштан тағы жата алмай жалақтаған аш қасқыр жалшының көзін күндіз де аңдып жүр. Таңсәріден ауыл тіршілігі жоғарыдан көлденең қарағанда алуан түрде көрінеді. Міне, малсақ шалдың бірі намазынан бұрын таң асқан тобылғы торыны арқандауға барады. Әне бір шалбарлы әйел сиырын сауып, өргізген соң, жерошаққа от жағып, сүтіне мәйек салуға кірісті. Екі дөңгелекті арбаның арасынан сөре жасап, сөренің үстіне өзі шығып бір әйел құрт жая бастады. Қойдың аппақ жас құртын қаптан шөкіп алғанда, бір мөлшерден аумайды, жыпылдата қысқанда саусақтарының тобы сонардағы іздей сайрап қалады, құрттарда. Көк буырыл шалдың қолында таяқ еңкейе жүріп, белдеудегі бұзауын, көгендегі қозыларын босатты. Босатқан соң ауылдан былай шығарып, оты бар жерге салды да, төлдердің шөмшеңдеген аузына сүйсіне қарап отыр...
Күлпаш таңертеңгі осы ауыл бейнесіне байыпты қарап тұрып, планшеткеден дәптерін ала сала жазуға отырды.
Жиырма бесінші май. Таңертең. Борлы жайлауы. Әлем сонша сұлу, теңеуге тең таппадым. Тамылжып тұр. Қалың ел ұйқыда, қалың мал өрістеп барады. Көзім де, көңілім де тойды. Тоғым бірақ, алысқа бармады. Ілезде қарным ашты. Байың бір жұттық, батырың бір оқтық қайран ел! Көшеріңді жел, қонарыңды сай қашанғы билейді. Тіршілігің әлі малда. Қаруың тек екі қол. Құр қол жүріп малыңа да ие боламысың. Сонда да «шыдай бер» дейді-ау кейбір «білгіштер». Қанша шыдауға болады? Жүз жылдап шыдадық. Мың жылдап шыдау шарт па? Мемлекет деген атымыз, еркіміз бар. Мемлекеттік салтымыз, күшіміз жоқ. Бұл екеуін жасамай ел шырайы ене ме?..
Көріктен шыққан темірдей шашырап, көк белеске күн көтерілгенде, Күлпаштың төбесінде бозша торғай безектеп тұр еді. Күлпаштың көңілі торғайға ауды. «Бишара, бұнша неге шырылдайды?! Күн шыққанға қуанғаны ма? Жыланмен арбасып, қысылғаны ма? Әлде осы маңда жұмыртқасы болып, менен қызғанғаны ма екен?..» деген оймен маңайын шолып шықты. Көзге ештеме түспеді. Қайтадан дәптеріне үңілді. Енді бұрынғы жазғандарына қарап отыр. Жазуы мейлінше тығыз, ұсақ және әдемі. Бір бетке сыйғызған сөзін басқа адам екі бетке сыйғыза алмас. Сол ұсақ жазулардың ортасында Аманның суреті тұр. Қарындашпен қырын отырғанда салыпты. Суретті қоршаған сөздер мынау:
Он екінші май. Ақмола. Ояздық партия комитеті. Орта бойлы, иықты, бекен қабақ, бүркіт көз, қазанат дене боз жігіт телефонмен сөйлесіп тұрды. Тығыз, қайратты, қоңырқай шашын екі жара қайырған екен, шашы онысына онша бағынбапты. Ояз басшыларының бірімен сөйлесіп тұрғанға ұқсайды. Сөзі сонша байсалды, сасатын сірә түрі жоқ. Беті сонша отты, ойға алғанын етпей қоймас. Әрбір лебізінен еркін ойдың, батыл қимылдың адамы екені байқалады. Мен астанадан келдім. Беделім де, қызметім де одан жоғары. Сонда да оның алдында кібіртіктеп, бойымды жаза алмай қалдым.. Алғыр, айдынды жас. Оқта-текте бетіңе тура қарап жайдары күлгенде, адамның кішіпейілі, қайырымдысы. Жаратпай қарағанда жан шошырлық қатал. «Егіндік, шабындық жер бөлісі» сөз болғанда, Ермекбайға айтқан сөзі қандай ұтымды! «Қазақ шын социалистік мемлекет болғысы келсе, баяғыдай қойын құрттап, айранын ұрттап отыра алмайды. Социалистік мемлекет қоғамды түгілі, табиғатты өзгертуге тиісті. Мүмкіндігі болғанша тез өзгертуге тиісті. Ол үшін тасбақа қимыл емес, революциялық қимыл керек. Жер бөлісі сол революциялық қимылға жатады» дегенде, менің аузымнан дұрыс-ақ деген сөз шығып кетті. Ермекбай қынжылып қалды. Мәжіліс тарқасымен жігіт келіп, әлгі сөзім үшін қолымды қысты. Сөйтсем Аман екен. Біраз әңгімелестік. Әңгіме үстінде ол одан әрі өсе берді. Ақырында Тоқабайды маған қатты тапсырып, қасыма қосты. «Бұндай жігітпен ойым, жолым бір болғанда, төсегім де бір болса» деген оймен кеттім. Ол не ойда қалды?
Он алтыншы май. «Маржан көл» жайлауы. Ел «Қызыл отауды» қоршап алды. Шаршы түсте ашылған сот намаздігерде азар бітті. Байжанбайда екі әйел бар. Оның үстіне жесір қалған әмеңгерін тағы алыпты. Үш үйдің, арасында елуден асқан шал аяғын кердең-кердең басып жүр екен. «Қызыл отау» соты әмеңгер тоқалды азат етті. Байжанбайға тоқалдың кеткені батқан жоқ. Мал-мүліктің кеткені, сот кескен айып батты. Неткен жансебіл! Долданып өз сақалын өзі бытырлата жұлғанда тұлабойым тік тұрды. Екінші әйелі де жап-жас. Ол әзір тырп етер емес. Қазақта жар сүюден мал сүю басым ба, қалай? Бірақ, дәулетке, атаққа қызықпаған қай жұрт бар? Бағыныштылық, барда таза махаббат бой жаза ма, сірә?
Он сегізінші май. «Жырық құдық». Қаладан алыстаған сайын қазақшылық қоюланып барады. Бүгін бірінші рет «Қызыл отау» соты жалшы арызын қарады. Таймасты мен бүгін ғана таныдым. Тамаша өнерлі, өжет жігіт екен! Аман-есен оқуын бітірсе мемлекет қайраткері болғалы тұр. Бейсенді ол бұрын көрген де, білген де емес. Жетім Бейсен он жасынан бастап жиырма беске келгенше бір байдың есігінен шықпапты. Бай келіншек әперіп, келіншегімен қоса салады жұмысқа. Құлданғанымен қоймай, біріне «әкеңмін», біріне «атаңмын» дегенді құлақтарына құйып тастайды. Екі жас сеніп қалған. Бұл сенімді бұзу тау бұзудан қиынырақ шығар. Соны Таймас бұзып, Бейсенді келіншегін ерте сотқа әкелді. Адамға Таймастай кірімді, сүйкімді болар ма едім! Жалшы жастар басына отау тігіп, астына ат мініп, екі бұзаулы сиыр айдап, байдан кетті.
Он тоғызыншы май. Өнерлі елді көргенде өз елімді талай менсінбей қалғаным бар. Елімнің өнерін байқамай жүр екем ғой. «Жырық құдықтан» шыққан күні «Май өзекке» жете қондық. Қонған үйіміздің бойжеткен қызының тұсында су жаңа бір тұскиіз тұр. Осының өзі ғана қазақ әйелінің еңбекте төзімділігіне, әрі шеберлігіне айғақ боларлық. Қағаздан ақ, көмірден қара киіздерді төрт бұрыштап кескенде, шахматша құрастырған. Сөйтіп, бетіне жапсырған қызыл шұғаның оюын біздің бүгінгі оқу бітірген суретшілеріміз сала алар ма екен?! Ұзындығы екі керегенің бойынан астам, биіктігі туырлық аспен бірдей бұл тұскиіз фабрик жасаған кілемдерден көркемірек. Екі жыл бойы сарылып отырып инемен бітірген үй иесі әйелдің инесіз қолы одан да шебер. Ол тоқыған ас бетіндегі шым шиді кровать тұсына құрып қойсаң парсы кілемдерінен бір де кем емес. Оң жақ қабырғада ілулі күміс ерді қай зергер істеді екен?! Баяғы түрік патшасының орыс патшасына сыйлаған ерін Кремль музейінде көрдім. Ол ердің қымбатты тастары ғана артық, қолөнері бұдан кем. Осы үйде бізді қоршаған адамдардың ішіндегі ұзын қара, үлкен көз құлжамырдың бойында он жеті түрлі өнер бар: айғыр, бұқа пішеді, қошқар тартады; жылқының қыршаңқысын, қотырын, жауырын, ақсағын, құлын-тайдың ноғаласын, сақауын, бұзаудың қылауын, қос кіндігін, қойдың көнтақасын емдейді. Сиыр, бие, түйе телиді. Осылардың үстіне оташы, тамыршы. Қаласы, өндірісі жоқ, ен далада өмір сүрген қазақ та тіршіліктің талай тәсілдерін білген. Солардың ішінде жаңа заманның керегіне жарайтын білімдер толып жатыр. Біз, он бес, жиырма жыл оқып, бір мамандық алғанға әлдеқандай боламыз. Ел бойындағы көп өнерді қағажу етеміз. Олар ғасырлар бойы сыннан өтіп, атадан балаға мирас болып келсе, енді иесіз қалатын түрі бар. Халық жасаған бір өнерді жоғалту — сол халықтың денесінен бір мүшесін жоғалтумен бірдей емес пе?!
Жиырма бірінші май. «Борлы» жайлауы. Өзен жағасындағы шоқының дәл төбесінде отырмын. Бүкіл жайлау алақанда. Кеше «Қызыл отауды» қарсы алған көптің ішіндегі аққудай қария бар қасымда. Осы қарияны қояр да қоймай тауып әкелген Таймас жүз жасасын! Абай мен Шоқан қазақты сөгіпті, кейіпті. Қамқор көңіл қамыққанда қызыл тіл қызыл шоқ-тағы! Әйтпесе мына қартты тудырған ел, әлі талай таланттар тудыратыны күмәнсыз-ақ қой! Қарт сексеннің сегізінде. Ұзын бойы әнтек иілген, саусақтары сүйем. Қалың қасы салбырап, көзін жауыпты. Қолында домбыра. Тартқаны күй. Күй сайын бір әңгіме айтады. Әңгімелеріндегі романтика Горькийдің романтикаларынан да күштірек. Менің ойымды жетелеп алыстағы бір дүниені аралап кетті. Екі шекті домбыра сөйлете білгенге қандай шешен! Еліңнің ескі арманы көрсете білгенге қандай көркем! Қарт маған он бес түрлі күй тартып, күй басы бір-бірден әңгіме айтып берді. Жақсы романның он бесін оқып шыққандай болдым. Сонда да ол таусылар емес. Әттең бізде әзір стенографист жоқ. Затаевич қайда екен қазір? Мынау қария есіл өнерді қабырға алып-ақ кеткені ме?»
Күлпаш жол дәптерін осындай жазулармен толтырған. Елден жас кетті. Ержете, білімі, көргені молая қайтқан шақта ел тіршілігіне үңіле қарап, біріне сұқтанады, біріне қорланады. Ешнәрсеге парықсыз қарамайтын сияқты. Дәптерін аттата оқып, ойланып қалып отырғанда көзі құмырсқа жолына түсті. Көп құмырсқа ерсілі-қарсылы жүріп жатыр. Көтерген ақ нәрселері өздерінен үлкен. Күлпаш: «Мықтысын, ұйымшылын қарашы! Не істегелі жүр?!» деп таңданып тұрғанда, Таймас арт жағынан бұғып келіп, тас лақтырды. Тас құмырсқа жолына келіп түсті.
— Қап, обал-ай! Ойран еттің-ау, бишараларды!
— Несі обал? — деді Таймас, — біреу келеді, біреу кетеді. Біреу жасайды, біреу қиратады. Бәрі дүние заңы.
— Сенің фальсафаң бір тартар-ау! — деп күлді Күлпаш. — Келу мен кетудің уақтысы бар. Жасау мен қиратудың қажеттісі, қажетсізі бар. Әуелі соны айыра білейік те.
— Мен оны іс үстінде, көш жөнекей айырам.
— Бүлдіріп алып, түземекпісің?
— Ой қуа берсең, түземек түгілі, бүлдіру де қолыңнан келмейді. Ой құмар болғанша іс құмар болам. Сен ойға алданып, жар сүюден кешіге көрме. Әр нәрсенің уақыты болғанда, оның да уақыты бар ғой.
Күлпаш тез еңкейіп жерден бір тас алды. Сол тас бөлді ме көңілін, әлде Таймастың жаңағы сөзі ой салды ма, әйтеуір жауап қайырмады. Екеуі төбеден түсіп келеді. Оң жақта қыратта көп мола, моладан оқшау жалғыз қабыр көрінеді.
— Бұл тегін тас емес. Талай байлық тығылып жатыр-ау. Ашар ма еді! — деп Күлпаш тасты сумкасына салғанда:
— Анау жалғыз қабыр Шалабайдікі, — деді Таймас. — Ел көңілі бір қалса өлгенде де кешпейді екен. Ешкім жаназа оқымады. Көп қабырға қоспай жеке көмді бишараны.
— Қайсың аттың?
— Үшеуміз де аттық. Әдхамның оғы тиді. Қасқырдай кескір еді марқұм. Қанға боялып жатқанда да дыбысын шығармады, сырын ашпады. Тек жан берер алдында Аманға ғана аздап жібіді.
— Ол қалай жібітті екен?
— Жылы сөз, жағымды қылықтарымен жібітті.
— Иә, сөз бен қылық суық көңілді жылытады, жылы көңілді суытады. Дәптеріме қарасам бірсыпыра ойлар жазылып қалыпты. Әгәр соларды баспа бетінде сөзбен жеткізе алсам, бұл сапарда олжаға шаш-етектен батқаным да. Жар сүюге асықтырғанша, осыны істеуге асықтырсаңшы, антұрған. Жар сүюге жастар аңсағанда, бұған бүкіл елің аңсап отырған жоқ па.
— Ел қамы өлгенше бітпес, жастық шақ оны күтпес. Талай кемпірдің «әттегене-ай!» дегенін естігем. Өз обалың өзіңе ендеше.
Күлпаш кішкентай жұдырығымен Таймасты бір қойып қалды. Екеуі ыңырси әндетіп, өзен жағасына жеткенде, Мұқатайдың келіншегі Сәуле қарсы келе жатты бұларға.
— Маза бермеді-ау. Осы кісіден мені құтқаршы, — деп еді Күлпаш.
— Ендеше маған қойып бер! — деді Таймас.
Сәуле үстіне барын киіпті. Жаңа түскендей малынып, аузын қиғаштай, еркін, ерке сөйлей келді. «Қызыл отаушыларға» әзір сөзі өтпесе де бойы үйренген. Әкесі мен күйеуінің бай-жуандығынан именбестен, әйел азаттығын арсыз пайдаланбақ:
— Сіңліме сөзім бір өтпеді, екі етпеді. Үшіншіде қайтер екен деп тағы келдім. Әйел теңелгені рас болса көрермін осы жолы, — дегенде:
— Бұл жолы сізбен мен сөйлесем. Бірақ оңаша сөйлесем, — деді Таймас. Сәуле менсініңкіремей Күлпашқа жабыса беріп еді, қалтасынан алып, аты жоқ саусағына күміс жүзік киді де, жүзікті Сәуленің көзіне тосты.
— Менің жақын екенімді мынадан білмейсіз бе?
Сәуленің көзі бақырайып біресе Таймасқа, біресе жүзікке қарап шығып барады, аң-таң. Бір құдайдың өзінен басқа ешкім білмес деген сыры ашылып қалған сияқты. Өзінің аты жазылған, шайы орамалға түйіп, анада Аманға берген өз жүзігі екенін танып тұр. Бірақ Таймасқа қалай ауысқанын біле алмай ежіктей бастады:
— Қайдан алдыңыз?
— Сізден алдым.
— Жоқ, сізге мен бергем жоқ.
— Жаңылып тұрсыз, бергенсіз, — деп Таймас Сәулені қолтықтай өзен арнасына, тоғай ішіне енгенде Күлпаш олардан сытылып шығып, «Қызыл отауға» беттеді.
Сәске болып қалыпты. Жылқы келіп, бие байланған. Күн қызған сайын жайлау елінде жүріс-тұрыс, аралас та қызып барады. Жұрт аттысы атты, жаяуы жаяу «Қызыл отау» маңына жиналып жатыр. Сот бүгін жалшы Боқабайдың бай Жамантіктен ақы даулаған арызын қарайды. Мұқатаймен аталас он ауылда бұған дейін сот алдын көрген жан жоқ. Сондықтан бастығы Мұқатай болып, он ауылдың бас көтерері ат үстінде. Баяғы замандары болса, бұндай қырын келген үкімет адамдарына қарсылық көрсетіп, сабап та жіберер еді. Қазір оған дәрмен жоқ. Өріс тарылған, бұғалық мойынға мықтап түскен. Құр дүрдиеді. Ерсінген Мұқатайдың өзі сағы сынып, Күлпашқа келіншегін салды. Келіншегі тоғай ішінде Таймаспен оңаша қалғанын көргенде, іші у жалағандай болып кетті. Дегбір тұтып отыра алмай:
— Біліп қайтшы, Сәуле не бітірді екен! — деп еді, атқа жеңіл ауыл совет председателі текіте жөнелді. Сонарда із кескендей, жүгіртіп жүріп өзеннің о жағына бір, бұ жағына бір етті де төбеге шықты. Сәулені сонда да көре алмады. Талдың ішін қаға бастады енді...
Бәрін көріп, сезіп келе жатқан Күлпаш жымың-жымың етеді. «Қызыл отау» сыртындағы топқа соқпай, Ольганың шатырына бұрылды. Шатыр алдында он шақты әйел, еркек көрінеді. Көзі қызарған, тісі қақсаған, белі шойырылған... Өңкей ескі сырқаттылар. Солардың ішінде қолындағы ешкі қотырын тырналап Боқай да отыр. Ыстық күнде басына дағарадай күндік орап, беліне жабағы байлап, жылы киінген бәйбіше Ольгаға көнбей жатыр:
— Шырағым, шешінбеймін. Ұят болады. Менікі жел. Алақаным, төбем, табаным бәрі қызады. Күшалаң кемпірің болса бер.
Кемпір түгілі Боқай да шешінген жоқ. Саусақтарының арасын көрсетіп, қотырына май алды. Ол шығысымен селдір сақал біреу енді. Ольганың «жоқ» дегеніне иланбай, карбулка сұрап қадалып тұр:
— Бір қасық та жоқ па? Малдың деген құрттайтын кезі. Қиын болды, шырағым.
— Менде малдікі дәрі болмайды. Адамдікі дәрі болады. Мен адам дәрігері.
— Дәрігер болған соң бәрібір-дағы. Әттегене-ай, мал қамын ойламаған екенсіздер.
Күлпаш Ольга маңындағы көріністердің суретін түсіріп алды да дәптеріне: «Ауыл дәрігер көмегіне сусаулы» деп жазып қойды. Ауруларды көрген соң көңілін уайым басып, «қазақ отырықшылыққа айналмаса, көшіп жүріп бәрінен айрылады» деген ойда келеді. Екінші шатырдың деңгейіне жеткенде сампылдаған дауыстар ойын бөліп жіберді. Шатыр ішінде үш-төрт шаруа «Қызыл отау» насихатшысын ортаға алып, сұрақты жаудырып жатыр:
— Қызы басқамен қашып кетсе, әкесі алған қалың малын қайыра ма?
— Заң бойынша кірмеге жер тие ме, шырағым?
— Қазақ жолымен біткен дауды заң бұза ала ма?
— «Аға өлсе іні, іні өлсе аға мұра» емес пе еді. Әмеңгерге неге тыйым салады?
— Үш жыл болды, бұзау берем деп біреуден бір қой алып сойып едім. Бұзау берсем, үш жасар өгіз, әйтпесе бұзаулы сиыр даулайды. Заң өсім әпере ме?
Сұрақтары осынша аңқау көрінгенімен шаруалар онша аңқау емес. Ешкімнің атын атап, үстінен арыз етпесе де, әрқайсысының алдағы бір дауға дайындалып жүргені байқалады. Сырты әлі баяғыдай ауылдың ішкі өзгерісін кейде тіпті байқамай да қаласың. Міне, «Қызыл отау» маңындағы топтың бірі алты қанат үйге сыймай, сыймағаны жабықтан, есіктен сығалап тұр. Дені балалар, жастар, ішінде егде адамдар да бар. Бәрі совет тұсында сауатын ашқандар, ашып жүргендер. Шетінен кітап сұрайды. Көшпелі ауылда кітапхана бар ма! Газет, журналдардың өзі сирек. Радио атымен жоқ. Мәдениетке сусаған халық астауға жапырлаған жылқыдай бірін бірі кимелеп, үйді кернеп барады. «Қызыл отау» көтергенінше кітап та алып шыққан. Адам басына жеткізе алмайтын болған соң бір кітапқа бірнешеуін теліп жатыр...
Бұл көрініске көзі түскенде, басыңқы келе жатқан Күлпаш елең етіп, тұра қалды. Көзі күлімдеп жайнап барады. Тағы да фотоаппаратын ала сала суретін түсірді. Содан кейін дәптеріне: «Ауыл қанша артта қалса да, мынау ентелеуімен тез шығады алға» деп жазып тұр еді. Мұқатайды қоршай отырған ру басылар тобына ауыл жақтан ат қойып дереу орнынан тура, шуласа лап берді Күлпашқа. Күлпаш аң-таң, тапжылмай күтуде. Ашулылар ащы сөзді боратып келеді:
— Қатынды, малды, малайды біржолата беріп тынайық осыларға!
— Әйтпесе, бұзбасын, тыйым салсын бұзықтарға!
— «Қызыл отау» емес, қызыл өрт қой мынау!
— Үндемесең ертең жеріңді де алады! «Жер бөлісі» деген бір пәлесі тағы шыққалы жатыр деседі.
Даурыққан топ алқына келіп тоқтады. Әрқайсысының танауына бір жұдырық сыйып кетер, делбе сүзек болғандай аузына келгендерін айтады. Мұқатайдың сөзінің дені «так» болатын. Кәзір бар сөзі «такқа» айналыпты. Буынып, түкірігі шашырап, даусы азар шығады.
— Қыз емес, так?! Біреудің қатыны, так?! Может быт ішінде бала бар, так?! Өздері «Қызыл отау» жігіттері так?!
Күлпаш әлі түкке түсінген жоқ. «Қызыл отау» милициялары мен қызметкерлері де жиналып қалды. Тоғайдан шыға Таймас жүгірді.
— Бұл не, бунт па? Түлен түртті ме, Мұқатай?! — деп бір шатырдан Әдхам шықты. Көзі қанталап, беті шекесіне дейін қызарған, жебелей басып келеді. Келе-ақ айқасатын түрі бар еді, Күлпаш жібермеді. Екі жағын бірдей басып, болған оқиғаны анықтады...
Дүрлігетін ештеме жоқ екен. Қайқы ерін, бүйрек бет тоқал Жалмағамбет ақсақалды жығып кетіпті. Жәкең Мұқатайдың шөбере ағасы. Дәулетті, беделді кісі. Көптен бергі арманы — бір еркек перзент болатын. Аяғынан тік басқан он жеті қараны шоқ беріп, тоқал алғанда, сол арманына жетпек еді. Тоқал бір жылдай ғана тұрып, өзі үйде жоқта міне орнын сипалатты. Кіммен кеткені анық мәлім емес. Әйтеуір «Қызыл отау» келгелі бұзылған, Шашубай мен Қалибекке тым үйір еді. Бүгін ол екеуі де көрінбейді. Әгар олар әкетсе, қайсысы әкетті екен? Басына бүргеше секірген Қазиясы бар Қалибек оны қайтеді? Дәуде болса қатыны өлген Шашубай әкетті-ау. Дегенмен бұл арасы әлі жұмбақ. Бірақ, он жыл бойы бүлк етпеген Боқайдың арыз бере қоюы, қас пен көздің арасында қайқы ерін тоқалдың жоғалуы «Қызыл отаушылардан» екеніне жайлау елі күмәнсыз. Соны біліп ру басшылары көтерілгенмен, ел тырп етер емес. Тамашалай, қызықтай қарап тұр. Мұқатай ел сыңайын көрген соң ентігін басып, кейін «мақтаймынға» көшті:
— Енді соттарыңды аш, кәне! Оны да көрейік, — деді. — Содан кейін Ақмолада тіпті Қызылорданың өзінде сөйлесем сендермен. Азар болса бір айғыр үйір жылқы шығын болар. Сәкеме қараған он ауылдан кемі он мың жылқы өреді. Боқты құртарсың, құдай құртпағанды!
Күлпаш жауап қайырмады. Мұқатайға бірінші рет тура қарап, жымия күліп түр. «Ақмақтығыңды жаңа білдім» деген тәкаппар, келемеж күлкі екені беп-белгілі. Қандай өткір сөзден осы жұмсақ күлкі өткір еді. Мұқатайға со да етпеді. Сұңғыла қыздың үнсіз сықағына түсінбестен: «Жақ аша алмай қалды ма?!» дегендей мақтана қарайды жан-жағына.
— Ел жиналды ғой. Аша беріңіз, — деп судьяға бір сыбыр етті де жүріп кетті Күлпаш. Өз шатырына жете бергенде Әдхам мен Таймас дауласа келіп тоқтатты.
— Сен талай сөйлегенсің, маған бер кезекті.
— Бала, бұл ойыншық емес! Қоғам айыптаушысы қорғалатып бермесе, жел ауыз байлар жағын ашырмайды Боқайдық.
— Дәл сондай баймен салғыласу құмарым.
— Онда өзіңді сүлікше сорған Шәкенмен салғылас.
— Мен кәзір өзімді біреу езді деуге арланамын. Аямаспын Шәкенді. Бірақ, ақы дауламаспын.
Екеуінің таласы сотта қоғам айыптаушысы болмақ. Күлпаш біреуін ренжітіп алам ба деп қипақтап тұрып:
— Бір жолға ініңізді сынасаңыз қайтеді? Бұл құлаған күнде де Боқайдың ақысын байға жібермеспіз, — дегенде, қисық Әдхам ләм деместен көне қойды. Екеуі енді қолтықтасып кейін қайтты. Сотта айтатын сөздерді ақылдасып барады. Күлпаш шатырына ене, шай үстінде-ақ «Жолдан» деген очерктерінің төртінші тарауын бастады...
Алты қанат «Қызыл отауға» жиылған халықтың оннан бірі сыймады. Сот есік алдында, ашық далада ашылды. Судья Қунақұлы Бөлтірік жайшылықта жылы жүзді, жайдары адам болатын. Кәзір көркем қияқ мұрты тікірейіп, қоңырқай жалпақ беті сұрланып кетіпті. Тіпті ызбарлы, сөздері шымыр. Сот алқасына жергілікті «Қосшы» мүшелерінен бір еркек, бір әйел енген. Бұлар да бойларын аулақ ұстап салмақты отыр. Сот ағасы Боқайдың арызын жәрия оқып шығып:
— Басқа айтарыңыз бар ма? — дегенде, Боқай үндемей басын шайқады. Сөз жауапкер Жамантікке берілді. Қаба сақал, қалың қабақ Жамантік тымағының бір құлағын жымыра киіп, тізерлей отырған соң:
— Он жыл есігімде жүргені рас. Бір құнажыннан басқа мал құралмағаны рас. Құдай құрамаса мен қайтейін... — деп көтеріле сөйлеп бара жатқанда сот ағасы бір қақты. Бір қақпады екі қақты: «тымағыңызды шешіңіз!» деді. Тымағын шешіп еді, «түрегеліп тұрып сөйлеңіз!» деді. Іркілдеп алдында жатқан үлкен қарнын ыңқылдай көтеріп, Жамантік орнынан сиырша тұрды. Қарсы алдынан шақырайған күн көзін сығырайтып, тақыр басынан шып-шып тер шығарды. Сонда да сөзінен жаңылған жоқ:
— Ей, Боқай. Он жыл бойы ақыңды жеп келсем, өзіме не мынау елдің біріне айтқан жерің бар ма? Пәле жапсаң аруақ құдайға, дәм-тұзыма тапсырам... — дегенде Боқай тағы да басын бір шайқап қалды. Тоқабай оған тақау отырған, сыбыр етіп, нұқып қойды. Байлар жағы жымыңдай бастады.
— Айналайын-ай, осы адалдығыңа құдай берер-ау! — деді де Жамантік енді бір сауал берді, — сот оқыған жаңағы арызға бармағыңды басыпсың. Бірақ соның бір сөзі өзіңдікі ме?
Боқай үндеместен төмен қарап, табанының күстерін сыдыра түсті. Таймас шыдай алмай Жамантіктің сөзін бөліп жіберді:
— Халық биі, лұқсат етіңіз, сұрағым бар.
— Лұқсат.
— Айыпты Жамантік, жауап беріңізші, советтің еңбек заңынан хабарыңыз бар ма?
— Қарағым, алыстағы қыр қазағы заңды қайдан білсін.
— «Қосшы» ұйымдары, «Жалшы» ұйымдары айтпады ма?
— Айтса айтқан шығар, кәрі кісінің есінде қала ма.
— Дегенмен, жалшыны шартсыз жалдауға тыйым салынғанын білерсіз. Шарт қалай жасаспағансыз?
— Соған Боқайдың өзі жуымады. Әйтсе де айналайын совет заңын сыйлаймыз ғой. Бұлжытпай орындап келем. — Жамантік бойына дарытар болмаған соң Таймас соттан тағы да лұқсат алып, Боқайдың өзіне берді сұрақты:
— Қожаң заңды шынымен-ақ бұлжытпай орындап келе ме?
— Обалы нешік, ұрмайды, кәзір ұрмайды.
— Ұрмаса, оң көзіңде шодырайған анау ақ не?
— Ол бұрынғы ғой, жылдан асып барады. Үстімдегі мына көйлекті сонда әперген. Кешкемін сонсоң.
— Жамантік сені тіпті жақсы көретін сияқты, айналып-толғанып тұр. Жұмыс күнің неше сағат?
— Сағатты білмеймін. Таң рауанда тұрамын. Елді жатқызып жатамын.
— Қожаң демалыс күн бере ме?
— Үлкен айтта бір рет түске дейін айттағам.
— Демалыс бермегені үшін қосымша ақы төлей ме?
— Онысын көргем жоқ. Күйектен күйекке дейін төлейтіні: үш қой, серкеш, бас ұлтан, бір сулық.
— Сені жалдағанда байында қанша мал бар еді? Кәзір қанша?
— Аяғынан тік басқан қырық тоғыз жылқысы, жүз шамалы қойы болатын. Кәзір жылқы жүз алпыс, қой төрт жүзге жуық, жеті-сегіз түйесі бар.
— Оның малын он жылда бұнша есіргенде, өз малыңды қалай өсіре алмағансың?
— Әкем қайтыс болғанда Жәкемнен жалақымның есебіне бір саулық алып, жаназасына байлағам. Ол саулық жаз шыға қозылы қойға айналды. Қойын өтегенімде мойнымда қозысы қалып қойды. Қозы келесі жылы тағы қозылы қой болды. Осы борыштан төрт жылда азар құтылдым. Қотан толы қойдың ішінен жалғыз тушамды ұрлап әкетті. Содан былай жалақымды қолға алмайым, Жәкемнің мойнында тұра береді.
— Ол кісі сенен өз саулығын өсімімен алғанда, саған да өсіріп беретін шығар! Құнажының қашаннан бері мойнында?
— Екі жылдан асты. Әлі бір бұзаулаған жоқ. Бұзауламаса мейлі, әйтеуір өлмейді.
— Дегенмен он жылғы табысың бұл емес. Өзгесі қайда?
— Жылына бір көйлек, дамбал, ескі де болса бір өң киім керек қой. Жәкем оны ұстап қалады. Содан артылғаны бір құнажын. Зады біздің тұқымға мал құтайған емес. Әкем марқұмның жиырма жыл есікте жүріп, тапқан малы бір шүйкебасқа азар жетіпті. Қырық жасында үйленген екен. Шешей екеуі екі жақтап жалда жүргенде, бір бұзаулы сиыр ғана бітіпті.
Боқай әйтеуір сұрақтарға жауап беріп тұр. Құлағына Тоқабай құйған сөздер ағып кетсе керек. Жамантікке дау айтар емес, сот алдында да «Жәкем» дейді. Оған Мұқатай, Жамантіктердің қыбы қанса, Тоқабай, Әдхамдардың зығырданы қайнап отыр.
Таймас сұрақ берген болып, Боқайдың аузына талай сөз салды, бәрі түсіп қалды. Сонсоң Жамантікті өзі айыптауға кірісті. Азырақ тойпаңы бар екен, бауырын жазып алған соң ұзақ, шешен сөйлеп кетті. Көптің ішіндегі ыбыр-сыбыр тына қалды. Шет жақта баласын емізе тыңдап отырған шоқбыт киімді әйел көзінен жасы парлағанын байқамастан Таймастың, аузына телміре қарайды.
— ...Теңдік таразысы құрылған осы шаршы топта да Боқай байының бетіне тура қарай алмады, атын толық атай алмады, — деді Таймас, — Бірақ, бұл оның кінәсы емес. Анасының құрсағынан шырылдап жерге түскенде бұйырған жер байдың босағасы болды Боқайға. Сол босағада жатып дүниеге ол көзін ашты. Асқар таудай саялы, арыстандай айбынды көрінген ата-анасы бай алдында байғұс екен: бай ұрады, ұрсады, бұйырады, қорлайды, біріне жан ашуға дәрмендері жоқ. Дәрмен берер ешкім жоқ, Жеті жасынан бастап дәл кәзірге дейін осының бәрін Боқай, өз басынан да кешірді. Міне сондықтан оның көкейіне: «тепкіге тек көнсең ғана, байыңа жақсаң ғана күнелтесің» деген ұғым берік орнаған. Бұл ұғым баста тұрғанда мынау жарық дүние жалшыға қараңғы. Бұл ұғымды бұзуға құлағына қанша құйсаң да, қолмен бұзып, көзіне көрсетпей жалшы саған сенбейді. Халық сотының есіне мен алдымен осыны салар едім. Пролетариат үстемдігі орнағалы он жыл өтіп барады. Октябрь шуақтарына қазақ жалшылары әлі емін-еркін жылына алған жоқ. Октябрь ызғары қазақ балаларына әлі өткен жоқ... — деген кезде Жамантік ұшып тұрды орнынан. Күйіп-пісіп қақала сөйледі:
— Мынау не дейді, жаным-ау! Бұдан артық шаппақпысың, таламақпысың! Жазығым не? Көбейт, деді үкімет, көбейттім малымды. Азайт десе бір-ақ күнде құртып берем. Күлтелемей ашып айтшы өзің!
Сот ағасы қоңырау қақты, онысын елемеген соң:
— Тәртіпке шақырамын! Отырыңыз! Сізге сөз берілген жоқ, — деп зекіп тастаса да, Жамантік отыра бере тағы бір сөйлеп қалды:
— Астыма ине сұғып жатса қалай үндемей отырам!
Таймастық келте мұрны мейлінше делдиген. Төртпақ, кен, кеуделі жігіт болатын. Жамантіктің жаңағы сөзінен кейін ісініп домалана қалыпты. Сарғылт жүзі шаңытып, таза тұз көзі қызыл көрген қаршығаның көзіндей жанып тұр. Ашуын жасырғансиды. Сонда да ауық-ауық Жамантікке ащы тілін салып-салып қояды:
— Қазақ байының бас асауы әлі басылмағанын міне Жамантік ақсақал тағы да бір әйгілеп өтті. Ол кісі Боқайлардан дәндеген. Он жыл бойы жар құлағы жастыққа тимей, сорпа-шайыңды ішіп жүріп, ыстық-суықта жыртық-жалаңаш жүріп, малына бес жүзден аса мал қосқан Боқайға бір құнажынды азар қияды. Он жылда жарты күн, оның өзі айт күні демалыс береді. Онымен де қоймастан, ашуланып бір көзін кем етеді де бөз көйлекпен құтылады. Ертегіде бір жалмауыз кемпір жас қызға шашын қаратып жатып, санынан сорып құртады екен. Мынаның сонан несі кем? Алпыс асқан жасында Жамантік ақсақал талай жалшыға істерін істеген болар. Ал, Боқайға пролетариат үстемдігі жүріп тұрған кезде істеп отыр. Жалшының бәрі Боқай емес. Олардың ішінде оянғандары да, байының жағасынан алуға жарағандары да бар. Солардың атынан шақырамын, Боқай, еремісің бізге? Ерсең осы сәтта-ақ Жамантіктің кеудесіне мінесің. Ермесең шіріген жұмыртқасың қаласын, байдың табанында. Тыңдашы, естіртші кәне үніңді?
Таймас жауап күтіп кідіріп қалды. Көп назары Боқайға ауды. Боқай қалғып кетіп отырған, «неге үндемейсің» деп Тоқабай бүйірден нұқып жібергенде селк ете түсті.
— Еремін, қалмаймын! — деді көзін ашып алып, — Тоқабайға айтқамын. Нанбасаңдар сұра. Қалсам мені қуырып жейді. Құдай біледі қуырып жейді. Тіпті құнажынымды тастап кетуге бармын!
Біреулердің сықылықтаған күлкісі, біреулердің «қайтсін бишара» деген аянышты үні естіледі. Түс ауып кеткен. Күн әлі де күйдіріп барады. Жұрт шөлдегеніне, терлегеніне қарамастан сот тергеуіне құлақ төсеп отыр. Жамантік, Таймас, Боқайлар сан рет шығып сөйледі. Оларды әбден тыңдап болған соң, сот өзара кеңесуге «Қызыл отауға» енді. Жиынға Күлпаш пен Ольга да келген. Екеуі орыс тілінде шүңкілдесіп тұр...
— Мынау қызық сот болды, — дейді Күлпаш, — айыптыны қорғаушы жоқ. Адвокаттар Жамантікті қорғаудан бас тартыпты.
— Олар дау талғайтын ба еді? — деп Ольга күледі.
— Осындай көп алдында сөлекет істі қалай қорғасын. Тіпті куәнің керегі болмады ғой.
— Он куәдан бір Таймас күштірек шығар. Мен байқап тұрдым, оның сөзі талайдың көзінен жас шығарды, талайдың кеудесіне от тастады. Қандай шешен, қандай сүйкімді өзі.
— Сенің кеудеңе де бір ұшқын тастаған-ау? Байқа, қыз көңілі тез тұтанатын сияқты.
— Сен тұтанып та үлгердің бе?! Бәсе, аузыңнан Аман түспейтін еді.
Екеуі бірдей қызараңдап жымыңдап қалды. Бірін-бірі іштей түсінсе керек, қайтып бұл тақырыпқа оралған жоқ. Сот кешікті. Жұрт тарқар емес, ду-ду етеді:
— Байды байытатын малай.
— Малайдың соры бай.
— Аузың жаман демеңдер, Боқайдың көзі құнын да төлетеді.
— Құн төлеу бар ма кәзір?! Онда абақтыға жабады да.
— Қараңдар, былай қараңдар! Жамантік Боқайды әлі торып жүр. Әне, ымдап шақырып тұр. Тоқабай сезіп қалды. Жібермей қойды.
— Есіл Боқай байқаусызда қолдан шығып кетті-ау. Енді қолға бір түссе әзәзілдей-ақ азғырмақ Жамантік.
Сот шықты бір кезде. Дауыл тына қалды. Судья Қунақұлы әдетінше қара мұртын бір сипап қойып, үкімді естіртуге кірісті:
«Ресей құрамасындағы Қазақтың Кеңестік Социалистік Автономиялы Республикасы атынан... Ақмола оязына қарайтын жиырма екінші участкелік халық соты социалистік әділет пен төңкеріс заңын қолданып билік етті... Жамантік Сақыбайұлынан Боқай Ашамайұлына он жылдан бері жалда жүрген ақысына балап екі құлынды бие, бір боталы түйе және бір ат алып берілсін. Ашамайұлын ұрып, бір көзін кем еткен Сақыбайұлының қылмысы қудалансын...»
Сот үкімін жариялап бітер-бітірместен Сақыбайға қараған он шақты жуан күдірейе-күдірейе орындарынан тұрды. Боқай нанар нанбасын білмей:
— Осы малдың бәрі маған ба? — деп ыржың-ыржың етеді. — Жәкеме жаман болды-ау. Қайтейін өзіме жақсы болған соң.
Мұқатай шабалана сөйлеп барады:
— Аухалби, аухалтер, бастығы Күлпаш жолдас бірі де заң білмейді! Ауатком жанындағы аужалком, ауыл кеңестің жөнеуі міне жан қалтамда. Ерттеңдер атымды! Бұл билікті Ақмолаға барып быт-шытын шығарам...
III
Шәкен биыл ақ орданы қоймаға қойып, жайлауға боз үймен шықты. Қара пәуескені де салқын қораға қалдырып, беті ашық солқылдақ арбамен жүр. Совет үкіметінің алғашқы жылдарында осыны бір істеген. Онда жарқырап көзге түсуден қорыққан шығар. Ал қазір құба төбел бола қалуы не? Үш күннен бері түйілген қабағын ашпайды. Бүгін тұтқиылдан жол жүрмек. Оның қыбыр еткенін байқап отырған ел бұл қылықтарының біріне түсіне алмады, сұрауға тағы батпады. Сондықтан, Мақаш ақсақал мырзаны мана ауыл сыртына оңаша алып кеткен. Әлі қайтқан жоқ. Қасында атқосшысы бар, ат сабылтып келіп, қонақ үйге Мұқатай түсіп жатыр. Әбен мен Танакөз боз үйде, Шолпанның қасында, Байбол далада қамыттаулы аттардың қасында, Жылқыбай бес-алты ауыл адамдарымен қотанда отыр. Мақаш олардың күткенін елер емес, сөніп бара жатқан жүзінде түршігу бар, қызыл көзі Шәкеннің аузына қадалып қалыпты:
— Ермекбай қайда, Ермекбай?! — дей береді.
— Оған да ауыз сала бастаған. Өз басымен өзі әуре сияқты, — деді де Шәкен ауыр бір күрсініп қойды. Содан кейін ғана түйілген қабағын кере түсіп, шешіле сөйледі: — Жақып, Қасендердің қайсысы болыс болса да заманды түземес. Заман күннен-күнге бұзылып, тарылып келеді. Бұған дейін кейде әлі-пылай болып қалып жүрдік. Онымыз асаба, асқан көңілдің ылаңы. Бұдан әрі құдай бірліктен айырмасын. Өзгенің бәрі, қанша мықты ұстасақ та, мұздай еріп қолға тұрмауға айналды. «Көп ауылдан» мүлде айрылдық, дәл іргеден аңдып, мазаны алып бақты. Әгәр Қасен болыс болып қайтса, басқадан бұрын сонау Ізбасар, Әдхам, Тәуке, Тоқабайлар өзі-ақ ойнақтап, төбемізді тесер. Сайлау құқымыз жойылды. Үкімет ісі бізге арам. Салық жылдан жылға өсуде. Әр жалшының қойнында кемінде кәзір он шайтан жүр. Аздырмай оны қоя ма? Қызылордадан «Қызыл отау» деген шығып, жүрген жерін бүлдіріп келеді. Ішінде Тоқабай, Таймастар бар екен, бұл жерге де соқпай кетпес. Біздің үйге түсіп жатқан мынау екі аттының бірі Мұқатайға ұқсайды. «Қызыл отау» соларды отап жатыр деген. Тегін жүріс емес. Көп ұзамай жер бөлісі болады. Қорықтан бізді қуады. Қумақ тұрсын, жауып та қояр... Осы жайларды ойлай келе, жата алмадым. Ақмола барам, ояздық үкіметтің түрін көрем. Торықсам Қызылжар барам, гүбірналық үкіметтің түрін көрем. Одан торықсам Қызылорданың өзіне тартам. Міне, Мақа, сізден несіне жасырайын, жай солай. Дабыра қылмаңыз бірақ.
Мақаштың ұзын сақалын етекті, салпы мұрнынан гулеген жел желпіп тұрды. Шәкен сөзін ол тиыш тыңдай алған жоқ. Ашуланғаны ма, қорыққаны ма, әйтеуір өңі қашып, демігіп отыр.
— Барсаң бар. Жолың болсын, — деді әлден уақытта, — дес тимеске дес тисе тек жатқызбас үйінде. Ақсақалда қадір, әйелде ұят, байда құт қалмады, дегейсің. Бос қолым бұғаулы, бос аузым шырмаулы, дегейсің. Көкбас сона сүйір тұмсығын сауырдан сұғып жатса да жасқауға дәрмен қалмады, дегейсің. Не айтар екен сонда. Тура Елтайдың өзіне айт. Шоқ, шоқ, сазайың дер ме, немесе құтырған елге бір ем іздер ме, өз көзіңмен көріп қайт. Менің боларым болып, бояуым сіңген. Кәрі қыржанды қайта кессе де мейлі. Сенің тасың өрге домалап тұрғанда тап болды бұл заман. Іздей берсең жоғың бір табылар. Қасыңа кімді аласың?
— Көп кісі ертпеймін. Көшірім Байбол. Болыстығынан түсіп қалса Жақып ерер. Әйтпесе арғы жаққа Теміржанды алармын. Ол қызметінен босапты...
Екеуі етектерін сілке орындарынан тұрды да үйге аяңдады. Аласа Мақаштың таяғы өзінен ұзын. Таяғына таяна, аяғын нық басып келіп, боз үйдің нақ төріне шықты. Қотанда манадан тосқауылдап жүргендер де үйге енді. Әбен шара аяқпен қымызды шайқап ішіп отырған. Екі беті шиқандай, амандық аяқталмай жатып-ақ құрдасына тиісті:
— Немене, түсіңнен шошыдың ба? Кенеттен қайда барасың, не іздеп барасың? — дегенде:
— Саған оның керегі қанша, — деді Шәкен, — уайымсыз, ойсыз антұрған, іше бер қымызыңды.
Әбен мүдіріп қалды. Танакөз іліп әкетті сөзді:
— Сен сонда жұрт үшін ойлап, уайымдап бара жатсаң жақсы-ау. Әгәр өз басыңды күйттеген озбыр ойың болса, оны несіне дәріптейсің. Қалың елден қасыңа Байболды таңдап ертіпсің. Кеңесшің келіскен екен.
— Өзің ерсең қайтеді? Ұзын жолда әрі әйелім, әрі кеңесшім боларсың.
— Жарайды. Наубас, сен онда біз қайтқанша осында бол. Ақың кетсе обалың маған.
— Тіпті ақым кетсе де қалайын, бара бер. Қызыл тоқалға арқамды бір сипатқанның өзі неге тұрады! — деп Әбен жымың-жымың етеді. Шәкен жауап қайырған жоқ. Еңбектей бастаған әйел баласына қолын жайды. Бала келе қоймап еді, Шолпан көтеріп әкеліп, әкесінің алдына отырғызды. Айналып-толғанып отырған әкеге Танакөз тағы да бір сөз тастады:
— Балаларыңның көзі кімге тартқан? Саған тартса үлкен, ала, шешесіне тартса мөлдір қара болар еді. Ал мынау қасқырдың, не бүркіттің көзі сияқты қызғылт, отты ғой?
— Бала жеті атаға дейін тарта береді, — дей салды Шәкен. Шолпан төмен қарап кетті. Орман түлкісіндей қызыл келіншектің бетіне қан жүгіргені ешкімге байқалмады. Бала тапқан соң өңейе, толыға түскен. Бұрынғысынан да байыпты, салмақты көрінеді. Үй шаруасын әбден баураған. Қымызды өзі сапырып беріп отыр. Қонақ үйдегі қонақтарға Шәкенмен ақылдаспай-ақ мал сойғызып тастады. Көрші-қолаң, асшы, малшылардың, ауыл қыдырған ағайындардың маңына үйірілуіне қарағанда қолы жазық екені, би тоқал бола бастағаны байқалады. Күміс шытыралы, екі құлақты, дәу сары тегене ортайып баратса дереу еселейді. Алтын білезікті, жұп-жұмыр ақ білегі имек ожаумен қымызды көтере сапырғанда, торғын көйлектің кең жеңінен жарқ етіп қолтығына дейін көрінеді. Тіпті момақан, уылжыған әдепті, ештемені байқамағандай, ешкімнің бетіне қарамағандай болып отырып-ақ жұрттан бұрын көріп, сезіп қояды. Сәлем беріп есіктен екеу енгенде әнтек езу тартты. Оң бетіне титімдей шұңғыл пайда болды да, жазылып сала берді. Келген екеудің бірі, қарны шошайған, жасы қырық шамасында, денелі, безеу бет қара жігіт. Басын кекірейтіп, шалқақ ұстайды. Сәнге киген көзілдірігі көруге бөгет болған соң басын амалсыз еңкейтіп, көзілдіріктің үстімен қарап отыр. Шолпан соны басқадан бұрын көріп қалса керек, қазір әркім-ақ жымыңдай бастады. Жігіттің өзіне де жайлы тимеді білем, көзілдірікті енді көзден алыстатып, мұрнының ұшына таман апарды да, желбезегіне тіреп қойды. Бастапқысынан бұның әбестігі асып түсті. Шолпанды күлкі қысып, шәлісінің ұшымен аузын жауып алды. Шәкен әдетінше қысқа амандасып, үнсіз біраз отырған соң:
— Жол болсын, Мұқатай. Қайдан келесің, қайда барасың? — деді.
Мұқатай жауап қайырмастан бұрын сыртындағы күрең сәтен шапанын, қара барқытпен тыстаған пұшпақ бөркін шешіп тастап, костюмшең, шашын будырата жалаң бас отырды. Саусақтарын таранған болып, ортан қолдағы шомбал алтын жүзігін де көрсетіп қойды. Не орысша, не қазақша, не жаңаша, не ескіше бола алмай шөре-шөреде жүрген есер Мұқатай, шіріп қалған Нұржанның қу басын қайда жүрсе қойнына тыға жүреді.
— Әкем марқұм, «қатын билеген күн қараң» деуші еді, — деп бастады сөзін, — елімізді «Қызыл отау» деген отап жатыр. Так. Бастығы Күлпаш деген қыз, қатын десе де рауа — ақтардың қолында болыпты. Так. Бұл қызды осы үйдің малайы кәдімгі Таймас билейді. Так. Таймасты тағы да осы үйдің малайы ұры Тоқабай билейді. Так. Бұлардың үстіне, өлген әкеңнің орнына әке — мен, деп көбік ауыз Әдхам жетті. Так. Қысқасы, бәрі Аманның адамдары. Ойына келгенін істеп жатыр. Так. Ауызды алдымен біздің тұқымға салды. Бір ағайдың екіқабат тоқалын Шашубай жынды ішіндегі бала-маласымен алып қашты.
Жасырып күліп отырған Шолпан ашық күліп жіберді де, Мұқатайды бір қақты:
— Іштегі баланы қалай тастайды! Қашқан соң ала қашады да.
— Қыз қашатын еді. Екіқабат қатын қашқанын көргенім осы. Қашырған «Қызыл отау». Енді бір ағайдан малайына жеті қара мал кесті. Так. Әр-беріден соң өзіме, өзімнің әйеліме қол салатын түрі бар. Сонсоң жүріп кеттім. Ақмола барам. Так. Ермекбайдан бірдеме шықса шықты, шықпаса тура Қызылорданың өзіне тартам. Сізге осы жайды айта кетейін, ақылдаса кетейін деп, әдейі бұрылдым. «Айлас қатын мұңдас» емес пе, так, мырза? «Қызыл отау» мұнда соқпай кетпейді. Соқса сізді де қырына бір алады. Кәне, не ойыңыз бар? Қайтеміз?
Мұқатай желпілдеткенмен Шәкен тапжылар емес. Әуелден аз сөзді тұйық кісі, мына хабарды естіген соң түйіле түсті. Алдындағы баласын шешесіне жіберіп, өзімен өзі болып отыр. Маңында адам барын мүлде ұмытқан тәрізді, ызалы ой басқанда қоңыр жүзі сәл қызарып, көзі үлкейіп кететін. Кәзір дәл сүзеген бұқаша қарайды. Өңі суық-ақ. Мақаш та төмен қарап тұнжырай қалған. Екеуінің ыңғайымен басқалардың бетіне де көлеңке түсіп, кәзір ешқайсысы жақ ашпап еді. Жылқыбай шыдамады. Тісі жоқ опырық аузын малжаңдата:
— Тоқал мен жалшыдан көреміз бе, көресіні! — деп күрсінгенде Мақаш күңірене жөнелді:
— Е-e-e ! Тоқал, жалшы дегендер отпен кіріп, күлмен шығатын еді-ау! Кез болған соң кер заман кер айыл бырт-бырт үзілді. Әзәзіл ішке енген соң ынтымақ, ұйытқың бұзылды. Бос қақсамаған Шортанбай. Таймас, Тоқабай, Әдхамдар есік көрген әлгі қызды билесе, «Қызыл отау» емес, ол бір қызыл өрт-тағы!
— Туһ, Мақа, әбден қартайған екенсіз! — деді Әбен. «Туһ» оның жиі қолданатын сөзі болса да, бұл арада түңіле айтқаны шытынаған қабағынан байқалды. — Өзіміздің Таймас, Тоқабай, Әдхам, Амандар билесе қуаныш емес пе! Менің жүрегім қуанғаннан кеудеме сыймай барады. Кімнен кем сол жігіттер?! Аманды тіпті арысқа салуға болады. Таймас, Тоқабай, Әдхамдар саптаулы айбалтаң, салып жіберсең, нені болса да кесіп түседі. Газет неге оқымайсыздар! Есік көрді деген қызыңыз әлден алты алашқа мәлім. Үкімет мүшесі. Журнал шығарады. Кітап жазады. Ғұлама...
Қағушы болмаған соң Әбекең азырақ асыңқырап кетті. Күлпаш әзір кітап жазған жоқ. Әбекең өзінің жақсы тілегін айтқан болар. Мұқатай қашып кеткен қысыр жеңгесін буаз дегенде арам ойын айтқан. Шашубай мен тоқалдан бала дауламақ еді. Әбен сөзі алдымен соған батты. Ашуланса дабырлап, аузынан түкірік шашатын әдеті. Бұл жолы мұрнынан да бірдемелер көрініп, сөйлеп жатыр:
— ...Қой, қой, өтірікші Әбен! Буаз қатынды қашырған сенің сол сандақтарың. Осыдан бала жазым болсын!..
— Оттама, үлкен сыйламаған, жақсыдан жаман туған неме! Ағаң бала жасап жатқанда қасында тұр ма едің? Буаз, буаз деп қоймайсың, қайдан білесің?!
Есік жақтағылар ду күлді. Шәкен де бір мырс етіп:
— Жә, жетер, екеуін, де оттама! — деді де орнынан тұрды. — Мен жүруге қамданам. Мұқатай, сенімен жолшыбай сөйлесеміз ғой.
Бастығы Мақаш болып бәрі қонақ үйге жөнелді. Оңаша қалған соң Шәкен Шолпанды өзіне тура қаратып, екі иығынан ұстады. Өңін әлі жылытқан жоқ. Сескеніп қалды Шолпан. Күлімсіреп, «не жаздым?» дегендей қара көзі жаутаң қағады.
— Шамаданға бір суретіңді салшы, сағынғанда қарайын, — дегенде сұп-суық Шәкен жылып сала берді. Даусы да, буындары да босап кетті. Шолпанды өзіне тартып алып, кеудесіне басты. Үзіп-үзіп сөйлеп тұр: — Кім біледі, Ақмоладан әрі кетем бе, ұзақ жүріп қалам ба. Сенімен қосылғалы үйден алысқа шыққым келмеуші еді. Шығарды ағайын. Берген дәм, тұзымыз, көрсеткен қайырымдарымыз зая кеткен сияқты.
— Мырза, бұнша неге түңілдіңіз? — деп еді Шолпан:
— Ақкөңіл періштем, — деп Шолпанды бауырына қыса түсті де, арқаға екі қағып босатып жіберді. — Жатақта жатқан қара ауылдың қарамы өсіп барады. Яшейке, қосшы, мойынсерік... дегендер мазаны кетірді. Аш қасқырдай тап беріп тұрған жоқ па... Бәрін қоздырған Аман! Соңыма енді ол шырақ алып түсті.
— Татуласуға болмай ма?
— Өз ойым да сол. Бірақ, қатал жігіт еді. Қайысар ма?
Шолпан қайтып үн қатпады. Ішінен «иә, қайыспас» деп қойды. Қабағы кірбең тартты. Күйеуінің киімдерін әкеліп, бірінен соң бірін ұсына берді. Шәкен кербез кісі. Жаз киімдері бөлек. Костюмнің пенжегі қытай сүшеншасы, шалбары сұрғылт трико. Аяғында күрең шеблет, басында шляпа. Сыртынан желбегей салып, жеңіл жібек шапан киді. Қазақ салтын бұзып орамал, сабын, жұқа одеал, простына, жастыққа дейін алды. Тамағын ішкен соң Мұқатайды қасына отырғызып алып жүріп кетті. Көшірі ұзын Байбол. Ауылнайлықтан түскеннен бер Шәкеннің ол басыбайлы көшірі болуға айналған. Атқа қатты жүруді жаратады. Бабындағы қос күрең оған сай. Ауылдан шығар-шықпастан ызғыта жөнелді. Мұқатайдың жапырақ тымақ атшысы далбалақтап барады. Жетегіндегі Мұқатайдың атын бос үзеңгісі сарт-сұрт ұрып барады... Ауылдан қарап қалғандар біртіндеп тарай бастады. Шолпан баласын көтеріп жалғыз тұр. Аман кеткенде де осылай тұрған. Кәзір қайсысының тілеуін тілерін білмейді. «Бірінің де жеңгенін не жеңілгенін көрмесем» деп күрсінеді. Шәкен белден асқанда құлазыған көңілмен үйге аяңдады.
IV
Шәкен Ақмолаға тартқанда, Әбен жатаққа тартты. Жатақ биыл екі есе көбейген. Жиырма шақты үй. Сапардікі мен Ізбасардікі де сонда. Жайлауға көшкелі Әбен бірін көрген жоқ. Қазына жұмысымен Танакөз бірер қатынаған. Танакөз тежей берген соң Әбекең бүгін оны алдады: «Сапекеңнің бәйбішесі сырқат, көңілін сұрайын» деп шықты. Шынында ағайындарын сағынған. Оның үстіне Шәкеннің Ақмолаға жүріп кетуі, «Қызыл отау» жайында Мұқатай әкелген хабарлар көңілін қатты құйқылжытты. Аяңнан артық жүрмейтін кісі тез жүруге асығып, бүлк-бүлк желе бастады. Астындағы шобыр құла еңкіш, үсті қатты-ақ, түйген сайын жуан қарны сабаша шайқалады. Әгәр белі байлаулы болса дәл мұндай мазасызданбас еді. Белбеуі үйде ұмыт қалыпты. ?Келген соң ер-тоқым да орнықпай қойды. Ер алға, тоқым артқа кетті. Айыл біреу, құйысқан жоқ. Шобыр құла сүрініп кеткенде, Әбекең ер-мерімен ақтарыла құлады. Аты талай мұндайды көрсе керек, үрке жөнелмей, оттап тұр. Өзі ұшып тұрудың орнына, құлаған жерінде тартпасын ұстап ойланып отыр. Жалғыз тартпа тозған екен, үзіліпті. Тартпа қылуға шылбыр да жоқ. Олақтық пен салақтық екі жақтап Әбекеңді елсіз далада қинады-ау! Сонда да ол қамықпады, саспады. Құланың құйрығынан қыл жұлып алып, тартпаны жалғады. Ерді қайта ерттеді. Мінерде ері екі рет ауды. Үшіншіде атты жарға жанастырып қойып мінді. Тағы да тепектеп келеді. Қолында, былтыр жолдан тауып алған тал сапты, шолақ қамшы, қаттырақ бір ұрып қалғанда ұшып кетті басы. Оны түсіп алуға еріншектігі ұстады. Өйткені, мінерде тағы ері ауып, әурелейді ғой. Қазір бойындағы бар қару сол қамшының бір жарым қарыстай ғана сабы. Шабан шобыр басынуға айналды. Әбекеңнің «шүу-шүулеуі» жиіледі.
Жатақ әлі көп жер. Күн еңкейіп барады. Бүгін таң атқалы аспан ала бұлттап, жел тұрақтамай біресе оңға, біресе теріске шығып тұрған. Енді қарсы алға шығып алып, сонау көз ұшында «Мақаш қорығының» үстінде жауын бұлттарын топтай бастапты. Әбекең су болудан сескенбеді. Май басқан қысықтау көзін кеңірек ашып қарады да, «жауғай-ақ» деді ішінен. Жаңбыр жердің берекесі, адамның несібесі деп жүретін. Тек шатырламай жаусын. Әгәр шатырласа мынау кең дала Әбекеңе тар. Жайдан жаман қорқады. Қазір ол есінде жоқ. Кеудесін жаңа хабар, қуаныш кернеп, ағайындарына жетуге, естіген-білгенін өсіре айтуға пысық еді. Күн бір күркіреп қойғанда әдемі ойы бөлініп кетті. Көзін бұл жолы барынша бағжита ашты. Жаңағының арасында алдыңғы жақ қап-қара болып түнере қалған. Түсі суық-ақ. Нажағай жарқ-жұрқ етеді. Қорқынышты суыл естіледі. Әбеннің ұғымында осының бәрін істеп келе жатқан бармақтай ғана періште. От бишігін үйіріп, ақыра тықсырғанда таудай бұлттар егіліп, суға айналады. Шайтанның іздегені ылғи қырсық қой. Бұлттарды ол бөліп алып, басқа жаққа қуады білем. Сол кезде бармақтай періште отпен атқыласа керек. Шайтан пана іздеп қашады. Оның паналаған жеріне періште атқан от түседі-мыс. «Жай оғы» деген осы, деп Әбен талайды нандырған.
Кәзір жарқылдата, шартылдата күн құйып бергенде, құлһу алла мен аятіл күрсіні төпей берді. Басқа білері жоқ. Оқыған сайын жан-жағына үшкіріп қояды. Енді періште қуған шайтан мұның маңына жуымауға тиісті. Сонда да дұға күшіне сене алмай, қашан жауын басылғанша құдайға қазақшылап жалынудан жақ жаппайды. Жауынның ол қанша жауғанын күн ашылған соң ғана байқады. Сел құйып өтіпті. Сай-сала, жыралардан су әлі сарқырай ағып жатыр. Ойпат тақырларға қақ тұрып қалыпты. Жер тазарған, кенелген, күн нұрын құшқан сайын күлім қағып, қош иістер шашады. Көлеңкелер ұзарып, көлденен, белеске күн иек артқан кезде шығыс жақ аспанды қызыл-жасылды кемпірқосақ қоршады. Түрлене түсті дүние. Сол дүниенің бар рахатын Әбен жалғыз көріп келе жатқан сияқты. Аузы, мұрынмен бірдей тұнық ауаны сіміре, төңірекке жіті көзін жібере жатаққа тақалғанда, көзі алдымен шағаладай ақ үйге түсті. Тақала келе ақ үй шұбартып, әдемілене берді. Іргесін, жоғарғы жиектерін, терезе айналасын қызыл-күрең балшықпен оюлай сылапты.
— Бәлекет-ау осы Сыздық! — деді Әбен сүйсініп. Сүйсінбей қайтсін, өз үйінің сырты түгілі іші сары балшықпен жылында бір азар сыланады. Сыздық жылда жайлауға кететін. Биыл мойын-серікке еніп, жатақта қалған және ауылдық қосшы ұйымының бастығы болып сайланған. Өте ықтият, шебер жігіт. Неміс поселкелерінен көргенін істеп, үйінің биыл сыртын да түзепті. Қобыраған көп ауылдың ішінде оның үйі мәдениет сарайы секілді көрінеді. Маңында шашылып, былығып жатқан түк жоқ. Тезек қамбаларын кептіріп, жинап, жаңбыр өтпестей етіп төбесін қалың жауып тастаған. Қыстан маясының жармысы қалған екен. Онысы да тиянақтай болып тұр. Салақтық пен ұқыптылық та жұқса керек. Бұл уақытта аңғал-саңғал болып жайрап жататын қоралардың бірсыпырасы-ақ Сыздықтікіндей болмаса да жылдағысынан жинақы. Көп ауыл шетінен «Қосшыға» еніп, мойынсерік болып жатақта қалғанда тегін қалмапты. Егін салмаған бір үй жоқ. Ауыл сыртындағы Ақжазықтың қарасыны кеңіп барады. Егіннен кейін әркім жақын жерден үй-қорасын айналдырып, қысқы отын, шөбін қамдап жүр. Былтыр жақсы шыққан егіннің тоғы әлі басылмаған. «Көп ауылдың» осы көрінісіне байыппен қарап келе жатқан Әбеннің мұрны көңірсіген ыстық бауырсақ иісін сезе қойды. Дәл сол үйге түспек болып, көзі тінте қарағанда, бауырсақ пісірген үй бес-алтау болып шықты. Өзі қомағай Әбен су өткен соң, ішін қымыз жалаған соң не оңсын, қайсысына барарын білмей:
— Қап, серттескендей бәрінің бір мезгілде пісіруін қарашы! — деді де атының басын ақыры Сыздықтікіне бұрды. Сыздық жер үйде, өзгесі ескі әдетпен киіз үйде. Жаз шыққалы жер тойғызған жауын көрмей, жатақ қауіптене бастаған екен. Бүгінгі жауыннан кейін, әр үйде бір әйел босанғандай бәрі Сыздық үйінің сыртындағы жазыққа жиналып, мәре-сәре болып тұрғанда, қора тасасынан Әбен қылт ете түсті. «Әбен!» «Әбекең!» «Жауынды ала келді жарықтық» — десіп жатыр. Жайлау хабарына жатақ аңсап тұрады. Оның үстіне Әбен мен Тәукені көрудің өзі қызық. Сыздық ол екеуін көрген сайын, сөзінен не мінезінен өрескел бірдеме табады да кейін жұртқа айтып күлдіріп жүреді. Сондықтан Әбеннің келгеніне әсіресе Сыздық қуанды. Басқадан бұрын барып шаужайға жабысты. Су өтіп, жаурап қалған сияқты. Дереу астына киіз алдырып төсеп, үстіне құрғақ күпі жапты. Сергітіп, көңілдендіріп алып сөйлеткелі жүр. Не айтар екен, қашан айтар екен, деп біріне бірі көз қысып, иек көтеріп, жымыңдасып отырғанда, әңгімені жауыннан бастады Әбен:
— Бұл жерге қалай жауды?
— Қатты жауды.
— Сел құйды.
— Егіннің дәнін ағызып әкетпеді ме екен...
— Оның бірі түк емес! — деп Әбен қолын сермеп тастады. — Жайлаумен екі араға әсіресе Майөзек тұсына жауған жауынды осы жасым ішінде көрген, естіген емен! Ат құлағы көрінбеді. Жай о жағымнан да, бұ жағымнан да шартылдап түсіп жатты. Құдай сақтады әйтеуір, біреуі оң құлағымды жалап өткенде, атым етпетінен түскені. Тартпам үзіліп кетті. Құла шолақ көзге күйкі болғанымен еті қызғанда алып қой, жануар, жерге бірде толарсағынан, бірде тізесіне дейін батып отырып, азар жеткізді. Жаңбыр жерді езіп, ми қылып жіберген. Жуықта жайлауға қатынап болмас.
Шет жақтағы жастардың бірі күлкіге шыдамай жырқ етіп қалды. Онысын білдірмегенсіп, өтірік жөтеледі. Әбен ештеме сезген жоқ. Әйтсе де дереу әңгіменің бетін өзгертіп:
— Таймас, Тоқабайлар қайда, білесіңдер ме? — деді де, білгенін ішіне сақтай, бұлдана біраз отырды. «Қайда екен?», «Айтсаңызшы!» деп жұрт құмартқан кезде есінеді. Иегін қасып, селдір сақалын бірер ширатып қойды. Содан кейін естігенін екі есе өсіріп айта бастады:
— Екеуі де Күлпаштың қасында.
— Күлпашы кім?!
— Туһ! Күлпашты білмейсіңдер ме? «Өртең жалдағы» Бәсентин қызы. Біздің әкейдің нағашылары. Жасында ақтар алып кеткен болатын. Содан қашып құтылып Орынбор барған. Орынбордың оқуын бітіріп, ҚазЦИК-ке мүше болған. Кәзір «Қызыл отауды» басқарып ел аралап жүр.
— Осы «Қызыл отау» деген немене өзі?
— Әй, кәзит оқымайтындарың-ай! — деп бұл сұраққа Әбен кейіп қалды. Бірақ, өзі де өмірі газет оқыған емес. Тек оқығандардан естігенін өсіре айтады. Кәзір тіпті естімегенін де айтып жіберді. — «Қызыл отау» — қызыл үй-дағы! Ішінде сот, милиция, ат бекет бәрі бар. Берген арызыңды қолма-қол тындырады. ҚазЦИК-тен өзгеге бағынбайды. Міне осылар Қызылордадан Ақмола келіп, Ақмоладан Тінәлі, Темеш, Майлы, Құлымбетті баса Қарағаш Тоқасына, одан ту сонау Алсай, Нұрбайға дейін барған. Енді екі болыс Тарақтыны басып бері оралды. Кәзір он екі мың айдаған Саңдақ балаларына келіпті. Байларға бүйідей тиіп келе жатса керек. Нұржанның Мұқатайы қан сиіп отыр. Саңдақтың бір байынан малайына жеті қара алып беріпті. Тағы бір байының тоқалын ішіндегі бала-маласымен босатып жіберіпті. Күлпаш Таймастың айтқанынан шықпайды, дейді. Бәрін істетіп жүрген өзіміздің Таймас көрінеді — дегенде Әбен аузын барынша аша, қарқ-қарқ күлді. Қысық көзі мүлде жұмылып кетті. Күлмеген не орнынан қозғалмаған бірі жоқ. Дуылдасып тұс-тұстан сөйлеп жатыр:
— Шіркін, Таймастың мойнынан қамыт алынбай жүр екен ғой!
— Таймас па, Таймас талайға көрсетер әлі!
— Тоқабай да қасқыр жігіт-ау. Абақтыны бұзып шығып, барған жерін қарашы!
— Әй, осы «Қызыл отаудың» болысқа әлі келе ме, сірә?
— Не дейді! Болыс түгілі оязыңнан жоғары.
— Онда аузын жаман демеңдер, Жақып пен Шәкенге бір сын. Тоқабай әбден дәттеген шығар.
— Жо-о-қ! «Қызыл отау» бастығына ең жақын кісі Әдхам, — деді Әбен. Бәрін тағы да өзіне қаратып алды. — Қорықпаймын, жоғары жақта сүйеушім мықты дейтін еді ғой. Сол сүйеушісі осы Күлпаш болып шықты. Әдхам кәзір әке болып қасында жүр. Қысқасы, «Қызыл отау» «Көп ауылдың» — жатақтың «Қызыл отауы» болды. Шәкен ант ұрған содан сескенді ме, әйтпесе Жақып тәлтіректеп, соны сүйеуге кетті ме, әйтеуір бүгін ойламаған жерден Ақмолаға жүріп кетті. Мен, қуанышым қойныма сыймаған соң мұнда тарттым...
Бұл хабарлардың қуанышы бүгінгі жаңбырдың қуанышынан асып түсті. Әбен қанша көпіртсе де, ол көбіктің түбінде бір түйір шындық болмай қоймайтын. Сол шындықты жапа-тармағай іздеді:
— Мырзаға бір собалаң туған-ау. Шолпанның қасынан шықпайтын еді ғой.
— «Қызыл отаудан» сырғақтағаны ма, бұл?
— Жақыпты Қасен жығуға айналды ма, әлде?
— Байдың жерін кедейге әпереді дегені қайда. Дәуде болса соны білгелі кетті...
Жорамалдар аяқталмады. Аудан жақтан ат қойып біреу келеді. Аяқ-қолында дамыл жоқ, атын үсті-үстіне қамшылап, тепкілеп келеді. Етектері бетімен кеткен. Даусы қарлыққан, «Сүйіншілеп» қотанды қақ жара бір шауып өтті. Қайта оралғанда Сыздықтың үйінің сыртындағы жиынды көріп туралай салды. Жете бергенде аты тайып қалпақтай түсті. Өзі атынан анадай жерде жатты. Тапжылмады. Талып қалыпты...
Бұл, кәдімгі қисық мұрын Тәуке, «Қосшы» ұйымы кеше мүшелік жарналарды тапсыруға ауданға жіберген. Ауданнан осылайша қайтты. Басына кәзір бүкіл ауыл жиналды. Талып қалғанын өліп қалды ма деп әйелі зарлап отыр. «Тентегім-ай!», «Қошқарым-ай!», «Көкжалым-ай!», «Шыныңмен-ақ кеткенің бе!» дей келіп, «беу-беу арыстаным-ай» деп қояды. Өлікке мақтау сыя береді ғой. Дегенмен бір жапырақ Тәукеге өлсе де арыстан сыймай тұр. Бірақ, оны елеген ешкім жоқ. Бастығы Әбен, Ізбасар, Сыздық, Нұрғалилар болып қорс-қорс жылайды. Біреу бетіне су бүркіп, біреу аузын жыбырлата иман айтып жатыр. Күн батып кеткен. Ай төбесі жаңа қылтиды. Қорықтың қалық масасы да хабарланыпты. «Бұны қайсың өлтірдің» дегендей лек-легімен ызыңдай келіп, жатақты қамап алды. Апақ-сапақта Тәуке бәрін бір шулатты. Тұрмаған соң Нұрғали балаша көтеріп әкеліп үйіне жатқызып еді. Бір мезгілде, иегінің дәл қырына біткен бес тал сақалы шоштаңдайды. Жел қозғады ма, жоқ, есі еніп келе ме, деп жұрт бетіне төне түскенде, шадыр көзі ашылды. Аузына қасықпен сүт құйғанда қылқ еткізіп жұтып жіберіп, маңындағыларға кәдімгідей қарады.
— Бауырым, есің бар ма? — деп еді Әбен:
— Бар, — деп басын сәл изеп қалды.
— Ойпыр-ай, өліп қала жаздадың ғой! Құдай сақтады ғой.
— Өлсем армансызбын. Аман ояз бастығы. Жақып түсті. Қасен болыс.
Жатақшылардың көңілі тағы да таси жөнелді. Сыздық шыдай алмай орнынан атып тұрып, айғай салды:
— Бүгін сойылмаған боз қасқа сірә да сойылмас! Жүріңдер біздікіне!..
V
Шәкен онша асықпай жүріп, араға екі қонды. Үшінші қонаққа Ақмоланың өзіне жетпек еді. Қас қарайып барады. «Күйген жардағы» Қыпшақтарға тақалғанда Мұқатай мен Байбол «қона кетейік, түнде қала есігін қағып тұрғанымыз лайықсыз болар» деп қыңқылдай берді. Ақанды үшеуі де сырттан біледі, қонақасыға мырза кісі. Қонуға мырза барса аттан тіпті көтеріп алатындай көрінді.
— Жарайды. Бұрылсаңдар бұрылыңдар! — деді Шәкен. Қорадан аулақтау, бір шоқ ағаштың ығында отырған төрт үйдің ортасындағы еңсесі биік қоңыр үйге ұшыртып келіп Байбол ат басын тіреді. Арбадан дереу секіріп түсіп үйге енді. Ақан әдетінше балаларының біріне «Абайды» оқытып қойып, «паһ, паһлап» отырған. Кім кіргенін байқамады.
— Ассалаумаликүм. Шәкен мырза келіп тұр, — деді Байбол. Ақан сәлем алудың орнына көз тоқтата бір қарап өтті. Ойланып қалды. Ойында: «Білмеппін, бас жауым Шәкен екен» деген Аманның сөзі тұр.
Белгілі Шәкен мырза ма? — деп қайта сұрады бір кезде. Күрілдеген зор даусы тыстағыларға да естілді.
— Иә, иә, мырзаның өзі.
— Онда, Шәкен түгілі әкем болса да қонбасын! Арғынның мырзасына құдай күнімді сала қоймас. Мен осы жолдың үстінде талай жолаушының зарын естігем. Мырзаңа айта бар, тізесі жұртқа батқан көрінеді. Ұмытпасын бірақ:
«...О да құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің
Тәңірінің құрған тезіне», —
депті Абай.
Едірейе кірген Байболдың ісігі басылып шықты. Қазақ үйінен Шәкен атының басы қайтқанын ол көрген де, естіген де емес. Ақанның жауабын айта алмай қипақтап тұрғанда:
— Естідім, өгіздің өкіргенін. Тарт қалаға! — деді Шәкен. Қала он үш километр. Мұқатай осы арада бөлініп, салт кетті. Шәкен жол бойы жақ ашпастан, түнмен қоса түнере келіп қалаға енді. Қашаннан түсетін үйі Бейсекенікі болатын. Бұл жолы да көз үйренген көк үйге тура тартты.
Бейсекенің саудасы қатты болғанмен өңі жылы, тілі жұмсақ. Әйелі татар, өзі қазақ. Бойы тіпті шарқы кісі. Оның есесіне әйелі түйедей: бұғағы, салбыраған, шегір көз, қамыт аяқ, жуан сары. Бірде бие, бірде түйе, орақ ауыз, екі ұрық мінезі жұртқа мәлім. Шәкенді ерлі-байлы екеуі бірден шығып қарсы алды. Дағдылы қонақ бөлмесіне апармай, ертеде ұлықтар не ерекше құрметті қонақтар түсетін ең сәнді бөлмесіне енгізді. Шәкен оңаша. Жуынып, жол киімдерін тастап, жаңа киімдерін киініп болған кезде Жақып кірді. Ұнжырғасы түскен. Бұрынғысындай жайраңдамайды, жылпылдамайды.
— Ойпыр-ай, жақсы келдіңіз-ау, мырза! Естіп келдіңіз бе? — деп күрсінеді.
— Ештеме естігем жоқ. Немене, айрылып қалдың ба?!
— Иә, айрылдым. Бұнымен кетсе неғылсын. Аманның ояз бастығы болғанын да естіген жоқсыз ба?
— Жоқ! — дегенде Шәкеннің үлкен көзі шарасынан шығып кете жаздады. Жақыпты тесіп барады.
— Естімесеңіз, бүгін төртінші күн, орнына отырғалы. Отырысымен болыстықты Қасенге алып берді. Мені босатқанымен қоймай сотқа тапсырды. Кәпірлігін қала да біліп қалыпты, қалтырап тұр...
Бекер айтады, әзір қалтыраған қала жоқ. Жақып өз көңілін, өзі араласып жүрген байлардың көңілін білдірді. Бірақ соның бірде бірі Шәкендей қалтырамаған болар. Бүгін таңда Аман ояз бастығы болады деген оның ойына кіріп те шықпаған-ды. Аманға қарсы қойған азуы таяқтай-таяқтай басшы қызметкерлері бар. Аманның үстінен жаудырған арыздары қанша! Жоғарыламақ тұрсын, жығылмай кетсе деп жүргенде, мынау хабар дәл қасына жай түскендей есеңгіретті. Жанып барады іші. Сонда да аузынан шыққан сөзі салқын:
— Ермекбай қайда? — деді.
— Бүгін Қызылжарға жүріп кетті...
— Жоғарылағаны ма бұл, төмендегені ме?
— Ол жоғарыласа Аманды өмірі жоғарылата ма. Төмендегені де.
— Теміржан не бітіріп жүр?
— Ермекбаймен бірге кетті. О да орнынан түскен, қуынып жүр.
Шәкен бұдан әрі сұрамады, тыңдамады, өзімен өзі болды. Жақып соны сезе қойып, сөзін қысқартты. Қабырғаларына иран кілемдерін ұстап, астына масаты кілемдер төсеген кәрлен кеседей сәнді бөлме сынған көңілдерді сергіте алмады. Қайғы басқан қонақтарын шай ішуге Бейсекенің өзі келіп шақырды. Бейсеке кішкентайдың ептісі, әдептісі екен. Елуге келіп қалса да есік ашып, алақанын жая ишараттап, біресе кеудесін бір қолымен басып тұрып, жылмаң қағады. Әдептерінің ыңғайына қарағанда, ескі татар медреселерінің бірінде оқыған болар. Сырты қара барқыт, шетін құндызбен жұлықтаған татар бөркін басына баса киіпті. Самай шашы көрінбейді, таз болмағай-ақ. Әгәр болса арлы таз болмағай-ақ. Шай ішкенде басынан тер саулап ақты. Бөркін сонда да бір қозғамады. Дөңгелек столды айнала отырғандар төртеу ғана. Екеуі ерлі-зайыпты үй иелері, екеуі қонақ. Байболды басқа бөлмедегі қарапайым қонақтарға қоса салыпты. Бейсеке Шәкенмен еркін әңгімелесейін деген ғой:
— Мырза, Жақыптан аянғаным жоқ, — деп бастады сөзін, — кілт Аманның қолына түскен соң діңке құрыды! Пұл парасын не жүз парасын өткізе алмады. Байболдының Ақанымен таныс екен, Ақанды салдым. Қымызшы Ақтамақпен жақын екен, Ақтамақты салдым. Ералинмен дос көрінеді. Ералиннің әйелі татар болатын. Мына бәйбіше оны да салып байқады. Бұл Аман дегендерің емен шығар, біріне қайыспады.
— Емен емес-ау, тас! Қара тас! — деп қойды Жақып.
— Ташны да ірітәргә була, — деді жуан бәйбіше. Қазаққа тисе де тілі жөнді сынбапты. Қазақ сөзінің өзін татарша айтады. — Үйләнмәгән жігіт диләр. Тезірек матур қыз тауып, үйләндірәйік. Қыз бізнікі болса ол қайда кетер дейсіз.
— Ондай өнерің болса біз қарсы болмайық. Реттей бер, — деді де Бейсеке бай столының үстіндегі алуан түрлі дәмдердің ішінен шәк-шәкәйді Шәкеннің алдына ысырды. «Алыңызды» алақанын жая бір ишараттап, замана жайында сөйлеп кетті. Қолы сөзінің ыңғайымен қозғалып, дамыл таппайды. — Бұл қала орта жүздің қырық сегіз болысына қара шаңырақ болды. Өзім үйден көп шықпасам да, ел хабарына қанықпын. Мынау Қанжығалы, Керейдің, мына Тіналы, Темештің, Алтай, Тоқаның бір қыдыру жақсылары кәзір осында жүр. Бәрінің мазасы кете бастаған. Әрқайсысының соңында бір Аман. Қазақ айтыспай жүре ала ма, оны қойшы. Ал, үкімет тізгіні Амандарға берілсе не боламыз! Мен осыдан қорқам. Ермекбай, Теміржандар ығысты. Рас болса, Жандос гүбірналық оқу бөліміне келеді деген хабар бар. Қызылордадан Қызылжарға келсе оның да бір саты төмен түскені шығар. Есіңізде ме, мырза, автономия аларда бір үміттендік. Орынборға, Түркістанға қараған қазақтар қосылса... деп екі үміттендік. Ленин өлімінен үш үміттендік. Бірі ақталмады. Нәпқа да солай алданбасақ жарар еді. Қыр байларына жер бөлісі, қала байларына ауыр салық дайындалып жатыр деседі. Осылар семіртіп алып сойғалы жүр ме? Союдан бұлар шіміркенбес. Кубринді алғашқы бетте-ақ талап алып, тентіретіп жібергенін мына көзіммен көргем. Заман сыңайы ұнамай барады. Сіз не айтасыз бұған? Алыста жатсаңыз да бізден бұрын көретін дала қыраны едіңіз.
Шәкен әлі түйілген қалпында. Шай ішіп бойы жадыраса да, ойы жадырамады. Бейсеке сөзі ертеден оның ойын ығыр еткен, күйзелткен сөздер. Тек, Жандос төмендеді дегенде бүйірінен жаңа бір шаншу қадалғандай болды. Іші ойран болса да сырты тыныш, тұйық мырза шыныаяғын төңкеріп тастап бір қолымен бүйірін, екінші қолымен столға шынтақтай, жағын таяна отырып жауапты тіпті қысқа қайырды:
— Кәртайса қыран көзі де бұлдырар. Жар тайса жалынды жүрек те суынар. Көз бұлдырап, жүрек суынып баратқан сияқты. Кейін сөйлесерміз. Шаршап келдім, тынығайын. Жағдаймен танысайын.
Сөйтіп, әңгіме кейінге қалды. Бейсеке қонақтарына қонақасын берген соң, ертіп келіп жатқызды да шығып кетті. Шам сөнген. Шәкеннің көзі ашық, ұйықтай алмай дөңбекши берді. Етке тойып жата қалғандықтан емес, тойса қайта қасқырша қатты ұйықтайтын. Ой мазасын кетіріп жатыр. Жақып та ояу. Тек бір сыбыс естілсе болғаны жүрегі тулап көмейіне тығылады.
— Мырза, ояусыз ба? — деп жастықтан басын көтеріп алды бір кезде.
— Ояумын, — деді Шәкен.
— Мен басқа бір үйге барып жатсам қайтеді?
— Денің саума?!
— Бой таса қыла тұрмасам, анау кәпір милиция жіберіп жапқызып қояр.
— Өзіңнен тергеуші жауап алды ма?
— Жоқ әлі. Бірақ, қолында күш тұрғанда заңға қарай ма кісі.
— Қорықпа. Жапса, тергеуден кейін жабады. Мен ертең тура Аманның өзіне барып, армансыз бір сөйлессем деген ойға келдім. Мүмкін жарасармыз.
— Ойпыр-ай, жақсы болар еді-ау, мырза! Бара көріңіз, сіз еңкейсеңіз кім тоңқаймас.
Жақып мырзасының беделіне әлі де сенімді. Көңілі демдеген соң көп кешікпей қорылдап кетті. Мырзасы өзіне ондай сенімді емес, таң атқанша көзі ілінбеді. Оқтын-оқтын күрсінген сайын: «Осынау қарға-құзғынның бердің-ау, алла, тілегін!» деп заманнан түңілген ақынмен қоса күңіренеді. Таң атып, күн жоғарылағанша жатты да, таңертеңгі шайын түсте ішті. Бұл күнді сәлемдесуге келгендер босатқан жоқ. Жәй тамыр-таныстарын былай қойғанда, жиырма бес жыл болыс болған Сыпатай, белгілі адвокат Төлеш, Потребсоюздағы Мәулен, Жер бөлімінде істейтін Айташтар келіп, қала, дала хабарына құлақ құрышын қандырып кетті. Аманға келесі күні барды Шәкен. Барғанмен жолыға алмады. Арғы күні таңертеңнен қызмет ақырына дейін күтіп азар түсірді қолға. Екеуі кең бөлмеде оңаша қалды. Бөлме Шәкенге ертеден таныс: Кубрин марқұммен талай рет осындай оңаша әңгімелер өткізген. Аман тіпті таныс, көз алдында ержетті. Бірақ, бөлме кабинетке айналып, Аман бастық болған соң бұрынғы жылылықтан жөнді ештеме қалмаған тәрізді. Аз уақытта әсіресе Аман қатты өзгерген. Кеше ғана тұйық, тоңмойын, ұялшақ жігіт, бүгін әлекедей жаланып, сөйлессең сөзге, ойлассаң ойға дайын тұр. Амандықтан кейін:
— Үйден көп ұзамайтын едіңіз ғой. Жолыңыз болсын? — деп Шәкенді сөзге шақырды.
— Айтқаның келсін, — деді де Шәкен сөйлеп берді: — Шырағым, сен мынау үкімет үйінде отырсаң да мен әуелі қазақша сөйлесем. Екеуміздің жетінші атамыз Байсал бүкіл Алтайды бауыр тұтып, құда болмапты. Балаларына әйелді түу сонау Қаракесек, Сүйіндіктен әперіпті. Сенімен біз алтыншы атадан қосыламыз. Жазы-қысы қонысымыз бір, өлігіміздің моласы бір. Әкең Сапекең марқұмның алдынан мен өмірі көлденең өткен емен. Өзіңмен дәл қазірге дейін бір ауыз шайпау сөзге келген емен. Балдай тәтті ағайын едік. Осылай бола тұрса да арамыздан жел есті, ел көшті. Жат болуға, жауласуға айналдық. Сондықтан келдім. Кінәласуға келдім. Жасым, жолым үлкен болса да, жеңсең қылша мойным мұнша. Жеңілсең, сен-дағы өз қатеңді өзің түзе. Төрешінің керегі жоқ. Келші, омырауды ашып тастап, оңашада еркін бір сөйлесейік.
— Айта беріңіз, мен дайын. Әуелі кінәмді естіп алайын, — деді Аман. Шәкен айта берді:
— Маған құдай біраз абырой, дәулет берді. Оның қызығын ағайынмен бірге көрдім. Менен ат мінбеген, ас ішпеген, сауын саумаған немесе абыройыммен пайдаланбаған қайсың барсың? Сенің басыңды өзгеден бір төбе көруші едім. Жалғыз бәйге бозды көк иық қылып жүргенде шақырып алып, астыңа ат тостым. Малқар жаптырып қойғанда өзім барып шығарып алдым. Досыңмен дос, қасыңмен қас болып жүргенде, ауыңа ат, аузыңа ас беріп жүргенде сен маған не істедің? «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» дейді қазақ. Жақып ит-ақ шығар. Менің көңіліме қарасаң не етеді! Бір өтілместен, жабылып аузын қан жалаттыңдар. Бір атымды шалғылап өлтірдіңдер. Міне, пәле осыдан басталған. Бірақ, мен жауырды жаба тоқыдым. Шыдадым. Сен онымен тоқтамай, есігімде жүрген ұры Тоқабайды өзіме қайрап салдың. Айналамды қосшы, жалшы, коммунист, комсомол ұйымдарымен қоршап, аяғымды тар етікше қысып бақтың. Сонда да шыдайын десем Әдхам, Әлжан, Ізбасар, Тоқабайларың, ең ақыры жаман Тәукеге дейін едіреңдеп шыдатпады. Солар сен жат десең жатады. Тұр десең тұрады. Ертең жер бөліске түскенде, мені олар тақырға қуып тастаудан тайынбайды. Ау ағайын, ау үкімет, қайсыңа мен оқ аттым?! Жазығым тек байлығым ба? Байы дедің, байыдым. Кедейлен десең, Тәукенің қолынан келген кедейлік кімнің қолынан келмейді. Терімді тірідей сыпырсаң да ашып айтшы, айналайын, не қыл дейсіңдер?
Шәкен булығып жылап жіберді. Қалтасынан орамалын алып көзін сүртті. Ол көзіне жас алғанда қасындағы ағайын еңкілдейтін. Аман жымиып қана күліп қойды. «Білем, бұл сіздің амал азайғанда қолданатын ең қауіпті амалыңыз» деп отыр ішінен. Талайды жібіткен бұл көз жасы Аманды қатайта түсті:
— Жыламаңыз. Жылайтын халге келген жоқсыз әлі, — деді де сөйлеп кетті. — Ойлап-ойлап, маған таққан кінәларыңыздың бірін де қабылдай алмадым. Жетінші атамыз Байсал Алтайдан қыз алмай жүргенде, Қалқаман, Мамырлар алдақашан қосылып қойған. Әгәр жаңа дәлел керек болса, кеше ғана Батыраштың Жұнысы Қотыраштың қызын алып қашқаны қайда? Қотыраш пен Батыраш бір әке, бір шешеден туған еді ғой. Байсал атаны мысал еткенде сіздің айтайын дегеніңіз ол емес, бірлік шығар. Шынтуайтқа келгенде туыстық, аталастық, руластық, бірлікті ұстап тұра алмайды. Тұра алса, Мақаш, Сайлаубек, Байболдар менен сізге кетер ме еді? Қосшы, жалшы, коммунист, комсомол ұйымдарына, немесе Әдхам, Тоқабай, Ізбасар, Әлжан сияқтыларға дес тигенін менен несіне көресіз? Оларға дес берген заман. Қанша ақылдымын десеңіз де осы заманды түсінуге ақылыңыз жетпеген тәрізді. Әгәр жетсе, сізге кедеймен күресудің керегі қанша?
— Қарағым-ау, айтсаңшы, кіммен күрестім? — дегенде, зілдей Шәкен орнынан ұшып кете жаздады. Жұмсақ, қоңыр даусы дыр-дыр жыртылады. — Осы өкімет келгелі топтан қаштым, сөзден қалдым. Әлі баяғым үшін күйем бе?!
Аман тағы да бір езу тартты. Шәкен басылған кезде үзіліп қалған сөзін қайта жалғады:
— Айтпайын десем де қоймадыңыз-ау! Сіз күресті бір де тоқтатқан емессіз. Тек тәсілін өзгерттіңіз. Ар-ұятыңызға салып сұрасам, Шалабайдың қашқын болуына, Қалқаның қаза табуына қатынасым жоқ дей аласыз ба? Ізбасар, Әдхам, Тоқабай сияқтылар былай тұрсын, өзіңізбен бастас, таптас Мақаш, Малқарлармен де күндесіп, совет тұсында күреспедіңіз бе? Алтай-Қарпықтың жуандарын жасырын жинап алып, Жақыпты болыс қоюға нан жескен кім еді? Менің үстімнен ашығы, жабығы, домалағы, сопағы бар кемінде жүз арыз түскен шығар. Соның бірі ғана шын болса, мені су түбіне жіберуге жарайды. Ар-ұятыңызға алып сұрасам, осы арыздарға қатынасым жоқ дей аласыз ба? Дей алмайсыз. Деу үшін ар-ұяттан жұрдай болу керек. Рас, маған істеген азын-аулақ жақсылығыңыз болды. Ұмытқам жоқ. Бірақ сатулы жақсылық екен, кейін білдім. Өте қымбатқа сатыпсыз. Сондықтан өтей алмадым. Бұның бәрін өзіңіз сұраған соң айтып отырмын. Әйтпесе, кінә салыстырудың керегі не. Сіз бен біздікі, сайып келгенде, бас араздық емес, тап өшпенділігі ғой.
— Бітім жоқ дегенің бе бұл?
— Жеңілсеңіз ғана бар.
— Бұдан артық қалай жеңілу керек? Ең ақыры құдайдың ен жерінен де қуылғалы тұрмыз.
Әгәр адам құмарынан қайтпаса, тоқымдай жерде тұрып та тайталаса береді.
— Сол қайтпас мен ғой сірә. Түсіндім, шырағым. Айтар сөзім де аяқталды, — деді Шәкен. Тұнжырап біраз отырған соң орнынан тұрды. Қайтып тіл қатқан жоқ. Аман есіктен шығарып салып, қош айтқанда ерні бір қыбырлады. Екі қолы артында, төмен қарап жәй жүріп, қанын ішіне тартып келеді. Аманмен кездеспек түгілі, ол отырған үйдің маңына бара алмай, манадан бір тасада Шәкенді күткен Жақып көрісімен тұра жүгірді. Тақала бергенде ілгері басқан аяғы кейін кетіп:
— Ойпыр-ай, қабағыңыз келіспейді ғой?! — деді.
— Иә, түңілдім. Тезірек Қызылжар жүріп кету керек. Дайынбысың?
— Дайын болмайтын нем бар. Кәзір кетейікші, ұстап қалар кәпір.
— Арам сирақтардың көзін түгел жойып па едің? Үстінен түсіп жүрмесін.
— Қасенмен айтысарда-ақ реттегем. Тек, Таласбайдың ала биесі ғана қолда. Тақымына қыл бұрау салмаса ол параға бердім дей қоймас.
Екеуінің де өңі қашып, пәтерге жеткенде, Бейсеке қонақтарының көңілін сұрамай білді. Шәкенді оңашалап тағы да бір суық хабар естірткелі тұрғанда, сасқалақтап Мұқатай келді. Артынан біреу қуып келе жатқандай алақтап тұрып сөйледі:
— Мырза, мен кеттім. Қызылжардан табысайық. Так.
— Бір жүрейік?
— Жоқ, менің мұнда екенімді білсе дереу жаптырып қояды.
— Сенімен де сонша өш пе?
— Ойбай-ау, анада Шалабаймен қоса тұтқындағаны қайда?! Таутескен кепілге алып, кейін Ермекбай кірісіп азар құтылғам.
— Иә, Шалабайға ол әркімді-ақ қосақтайтын көрінеді, — деп Шәкен аузына енді бір сөз ала бергенде, Мұқатай тұра жөнелді. Берекесі сонша кеткен, «ал, келіп қалды!» десе құлай кетер. Кірген есігін жаңылып, қораның төріндегі атқораға барды. Одан қалбалақтап, қайта оралды қақпаға. Әруақ артқан паң мырза кәзір де диуана...
Бәрінен Бейсекенің қайғысы басым сияқты. Шәкенді оңаша алып шыққан соң, көпке дейін айта алмай күрсіне берді. Тіпті қызық күрсінеді. Демін ішіне тартқанда толған торсықша тола қалады да, сыртына шығарғанда сола қалады. Шәкен әбден құмартып, үш рет сұрағанда, екі сөз аузынан азар шықты:
— Ұсталыпты! Құрыдық!
— Кім?! Кім ұсталыпты! Айтсаңшы?
— Мүйіздер.
Бейсеке «мүйіздер» дегенде, Шәкен жанында жатқан бөренеге сылқ отыра кетті. Жаз бойы қабақ көтертпеген суық хабарлардың ішінде бұл хабар қатты батты білем. Жаңа ғана сұрланып, шаңытып тұрған қоңыр жүзі астынан жанған қордадай түтіндетіп, қызғылт тартты. Сөйлемейді, ежіктемейді. Бейсеке де одан әрі ештеме айтпады. Тек, ойнақы тышқан көзі, төмен қарап қалған Шәкеннің жүзінде дамыл таппай жүгіре берді. Ойнап жүгіру емес, әлденені іздеп жүгіру. Бірақ, Шәкен қазір лай судай, ішінде не жатқанын білу қиын. Әлден уақытта бір тіл қатты:
— Өзіңдікі қанша?
— Жүз. Бас аман қалса ештеме етпес. Жауапқа шақырса сіздің атыңызды атайын ба?
— Одан саған жеңілдік жоқ қой.
— Иә, не де болса өзім көтеріп, сізді сақтап қалармын.
Үйден татар бәйбіше шықты. Талтаң басып бірер қадам жүрген соң, күйеуін дауыстап шақырды:
— Келіп күтіп отыр.
Бейсеке тұра жөнелді. Шәкен салбыраған басын көтерместен үйге енді. Мүйіздер қанша тықса да ішін тесіп барады.
— Жақынырақ отыршы, тағы да бір сұмдық естідім! — деді Жақыпқа. Жақып жампаңдап тақала түсті. — Әнеугүні Қазанқаптан Бейсекеге киіктің отыз мүйізін беріп жібергем. Бұл, мүйізден байыған кісі ғой, жасырын жолмен Қытайға өткізіп тұрады. Сол мүйіздер жолда ұсталыпты.
— Ойпыр-ай, отыз мүйіз емес, отыз құлынды бие кетіпті ғой!
— Маған онан да ауыр. Сенерімді, сенбесімді білмей отырмын. Сенсем, шығыны былай тұрсын, бір қыл тұзақ тағы түсті мойынға. Сенбесем, сенімнің біткені де. Бейсекелер маған қиянат етсе, кім етпейді?! Анығына жету қиын. Не үкіметке, не Бейсекеге жақ аша алмайсың.
— Мырза, осы Бейсекеңіз тым жылпос-ау?! — деп Жақып күмәнды күшейтіп қойды. Шәкен тұнжыраған күйде бірсыпыра отырған соң:
— Бір құдайдың өзіне тапсырмасам, басқа амал көрінбейді, — деді де орнынан тұрды. — Қой, бүгін жүріп кетелік. Ат жектір. Мен қамдана берейін.
VI
Биыл жаздай әркім алып қашып жүрген бір сөз ақыры тұрақтады: егіндік, шабындық жер бөлісі жайында үкімет қаулысы жарияланды. Бұрын бауыр басқан, күші асқандар пайдаланып келген жер-ана енді азат, еңбекші халықтың қолына еркін тигелі тұр. Бірақ, тигізбен, орындатпан деген қарсылықтар әлі көп. Байлар: «Жер малға керек. Малсызға жер не керек?» десе, «Пәленшекем шаңырағына құсыттық істеген әруақ-құдайға шет болар!» деп рушылдар үгіттейді. Ел екіұдай, бейтарап қалған жоқ. Ауылға үкімет тарапынан нұсқаулар, уәкілдер үсті-үстіне жіберіліп жатыр...
Аман жіберерін жіберіп болған. Енді өзі шықпақ, ояздық партия комитетіне келіп, Ералинмен кеңесіп отыр. Ералин қазір партия комитетінде бірінші басшы, Аманға жасы үлкен аға, тәжірибесі көп, ойын ірікпей айтатын дос.
— ...Жер бөлісі қазақ өміріндегі үлкен оқиға! — деп жайраң қағады ол. — Бұдан былай кедейге бай жалынышты. Бай тірегінен айырылды...
Үнсіз тыңдаған Аманға ауық-ауық қостатпақ болса да, үнін ести алмады секретарь.
— Неге үндемейсің? — деді бір кезде. Аман сонда ғана жауап қайырды:
— Бұл қанша үлкен оқиға болса да, қазақ аулына сіңген бай-жуан ықпалын жоя алмайды.
— Қойнымдағы қатынымды біреу алып кетсе, сол адамға менің ықпалым жүре ме?
— Әгәр өзі алып кетсе әрине жүрмейді. Әгәр біреу зорлап әперсе жүруі мүмкін.
— Жалшы, кедей алып берген жерге ие бола алмайды дейсің ғой. Қорықпа. Қараңғыда да қол ауыздан адасқан емес.
— Менімше, бұл арада қараңғылықтан гөрі, қазақылық — көшпенділік қауіпті. Көшіп жүріп егін сала ала ма, шөп шаба ала ма, жұрт. Бұл екеуінсіз жердің пайдасы қанша. Кедейге әпергенмен қызығын бәрібір бай көреді.
— Жер бөлісіндегі түпкі мақсаттың өзі сенің ойыңдағы отырықшылыққа беттеу емес пе. Ермекбаймен сол үшін күреспедік пе.
Аман әдетінше басын жәй ғана шайқап, жымиып қойды. Ералин өршелене түсті:
— Немене, бекер ме?!
— Рас-ау. Бірақ, бетті түзеп қойып отыра беруге де, ақырын не қатты жүріп кетуге де болады.
— Ал, сонда қатты жүрісің қайсы?
— Бай, феодалдардың малы, беделі аман тұрғанда кедей көгермейді.
Ералин қарқ-қарқ күліп жіберді. Насыбайын атқан соң Аманды арқаға қаттырақ бір қақты да қолын ұсынды:
— Жөнел, жолың болсын. Әуелі жер бөлісін жақсылап өткізіп алайық. Содан кейін малы мен беделіне де қол салармыз. Тек, тым солға бұра берме.
— Оңға бұрма десеңізші. Сол қазір ондай қорқынышты емес.
— Бұрмалаудың біріне де партия көнбейді.
Аман арба жекпей, әдетінше салт мінді. Қасына атқосшы да ертпеді. Астындағы күрең төбел жорға, жүйрік болмаса да тұрықты, жүрісті жылқы. Екі жүгірткенде «Күйген жарға» жетті, Ақанның әйелі әйел баласын ертіп, төркініне жүргелі жатқан. Аманның келгеніне қуанысып қалды.
— Бағың құтты болсын, баянды болсын, қарағым, — деді Бәтима, — бара алмай, ұятты едім. Өзің келдің-ау. «Ұлық болсаң кішік бол» деген осы.
— Иә, сол кішілігімді көрсеткелі әрі байғазы алғалы келдім, апа, — деп Аман қалжыңдағанда араға Маржан түсті:
— Байғазыдан апам тана - түйемен-ақ құтылар. Жиеннің қолқасынан нағашы қалай құтылар екен.
— «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды». Одан несіне қысылам.
— «Жиен ел болады, малы болса, желке ас болады, жалы болса» деген де бар емес пе?
— Бұны жиендердің өзі шығарып алған ғой.
Үшеуі де күлді. Маржан бой жетіпті. Әкесіндей кербез көрінеді: үстінде ақ-көк көйлек, шеттері оқалы қарабарқыт қамзол. Көйлегіне қос желпей салып, қазақша кестелеген де, омырауы мен жағасын украинша кестелеген. Аяғында бәтеңке, басында зерлі, үкілі қан қызыл топы. Орта дәрежелі мектепті биыл бітіріп, көңілін бір демдеген, бұрын көрмеген нағашы жұртын көрем деп жүрегі лүпілдеген сәулім тоты құстай түрленеді. Осынау үлкен қоңыр үйді бір өзі толтырып, жайнатып тұр. Аман пісіп қалғанын жаңа байқады. Көп ұлдың ішінде ерке тотай болып өскен жалғыз қызға ұқсамайды: мінезі жібектей, денесі қақтаған қайыңдай, таспа бел, сұрша, тасқа салсаң тайынбас. Сиқырсыз күлім көзі сенбесті сендіргендей, жібіместі жібіткендей. Күлкісі, үні сонша — таза хрустальша сыңғырлайды. Аман жаңа байқаса, жұрт Маржанды бұрынырақ байқаған. Қала, дала жігіттерінен қырындаушылар, құдалық сөйлесушілер жиілеп барады. Оларға бір бет әке әрқилы жауап қайырып келді. Алғашқы кезде «Аулақ! Маржаным әлі бала» десе, бертін келе де «Аулақ! Маржаным кетсе Абай әндерін маған кім айтып береді» деді. Енді «Қыз жылататын әке мен емес, Маржанымды сүйгеніне берем» деп жүр. Қазақ қызы жуырда әкесіне сүйгенін айта қоя ма. Маржан әзір сүйгенім бар деген жоқ. Бірақ, сұңғыла ана қыздың қамын қыздың өзінен бұрын ойлайды ғой. Күлкі басылғаннан кейін:
— Маржаным тауып айтты, — деді Бәтима. — Аманжан, шошыма. Жақсы жиен «ел болады», нағашысы түгілі жатты да бауыр етеді. Мен бірсыпыра жасап тастадым. Құлдилап кетпей тұрғанда, туған елді, туған жерді бір көрсем деп, Маржанымды нағашы жұртымен таныстырсам деп бара жатырмын. Басы бос қыз хор жігітін іздейді. Маржанға жігіт жақпай қойды. Нағашы жұртынан біреу жаға ма, деген дәмем де бар.
— Таңдата бермеңіз. Көп таңдаса тазға жолығады, — деген Аманға Маржан жауапты іле қайырды:
— Онда алдымен нағашым жолығатын шығар.
Үшеуі тағы да бір күлісіп алды. Бәтима екеуін оңаша тастап, тысқа шықты. Аман ойда отыр: «Шолпаннан артық әйел тумас деуші едім. Күлпаш, Маржан, Ақтамақ бірінен бірі өтеді, біріне бірі ұқсамайды. Жақсының да түрі көп екен ғой!.. Қырда туып, қырда өскендігім бе, жоқ алғашқы рет сүйгенім бе, әлде сонша өзгеше ме, әйтеуір Шолпан өзіне тарта береді. Шынында да тазға кездесетін таңдампаз мен болмағай-ақ...»
— Жабықпа, нағашы! — деп Маржан жүк үстіндегі гармонды Аманға әкеліп ұстатты. Аманның ойын бөліп жіберді.
— Жиенжан, бұнымен зауқым жоқ еді. Көңіл көтергің келсе бір ән салып жібер.
— Қандай?
— Абай әндерінен.
— Қайсысын?
— «Айттым сәлем, Қаламқас».
«Қаламқасты» Маржан гармонға қосылып айтты. Айтуы басқалардікінен бөлек. Жұмсақ, кербез дауысын онша шырқамай, жәй ырғайды. Маңайындағының бәрін ұмытып, тек әнге беріле, толғана, әр сөздің нақышын келтіре айтады. Аманға әсер еткені сонша, қосылып кетті. Ән бітісімен:
— Тіпті әсем айтады екенсің! — деді жұлып алғандай. — Әбден түсіне, балқи отырып айттың-ау! Абайдың ішіне кіріп шыққандай болдым. Кімнен үйрендің?
— Ешкімнен үйренгенім жоқ. Ағыкем осылай айтқызады.
— Бәсе! Лапылдаған жастықтың ішінде тоқыраған көңілдің толғауы қалай жүр десем. Ақаң екен ғой қосқан.
— Көңілдің лапылдағанын, тоқырағанын шын білесің бе, нағашы?
— Көңіліне қарай да. Бетін дауыл сапырып жатқанда, түбі тебіренбейтін терең сулар сияқты немесе түбі жанып жатқанда төбесі бүлк етпейтін таулар сияқты көңілдер бар. Оларды қалай білерсің.
Маржан әлдене айтуға оқталды да, айта алмаған соң мұңайып төмен қарады. Аман сезе қалып:
— Келген сөзді неге қайырдың? — дегенде:
— Ойдағыны айта беруге кісінің батылы жете бере ме. Айтқызбай білсе ғой! — деді.
Тыста дүрілдеген Ақанның даусы әңгімені үзіп жіберді.
— Түбекті ол жаратқан жоқ, құдай жаратқан. Түбекке таласып, Сүлей марқұм қолын шалғылатқан. Әрі-беріден соң құным бар, Шәутен тұқымында... — деп Ақан үйге бұрқырай кірді.
— Ассалаумаликум, жезде! Неге бұнша ашуландыңыз! — деп Аман қолын ұстағанда, түсі жылып сала берді:
— Әліксәлем, Аманжан. «Қосшы» мүшелерінің жиналысынан шықтым. Жер бөлісіп, соған керкілдесіп жатырмыз. Шұрайлы жерді «Қосшы» мүшелеріне берелік десем, біреулер әлі Шәукен тұқымына тартып, қиқаңдайды.
— Ол бір зор тұқым ғой, сірә?
— Зор болса, сол болсын. Баяғыда, біздің жас кезімізде әкемді соққыға жығып, ағамның қолын кесіп, «Түбек» аталатын қалың шабыннан бізді қуып тастаған. Ол зорлыққа бүгін мен неге көнем? Енді Шәутендер қуылсын дейім, дұрыс па осым?
— Әбден дұрыс. Өзіңіз «Қосшы» ұйымына еніп пе едіңіз?
— Енгенде қандай, ауылдық «Қосшының» бастығымын, — деді де Ақан шапанын шешіп тастап, қолына қайыс тұсамысты ала отырды. Ере кірген жігітті қайтарып жіберді. — Бар, естідің ғой, үкімет өзі айтты. Тізімді солай жасай беріңдер.
Жігіт кетті. Бәтима мен Маржан шай қамдай бастады. Ақан жиылыстан қонағы, үкіметі үшін қайтса да, тұсамысты жамай отырып әңгімелесті. Аман оның апсағай денесіне, ашық мінезіне, еңбек сүйгіштігіне сүйсіне қарап, сөйлете берді.
— ...Шәкен мырзаңды қондырмай жібердім, — деді Ақан бір кезде. Тұсамысқа түкірігін бүркіп-бүркіп қойып. — Сүлікше иреңдеген ұзын атқосшысы бар екен, үйге едіреңдей кіргені. Менің де сайтаным ұстай қалды. «Шәкен түгілі, әкем болса да қонбасын!» — деп босағадан жөнелттім. Соным бірақ дұрыс па, Аманжан? Ит те болса қазақ сыйлаған Шәкен еді. Маған құдайы мейман еді. Қазақ жолынан шығып кеткем жоқ па?
— Шыққан жоқсыз, жезде. Өте дұрыс істегенсіз. Ол меймандық көңілмен келген жоқ сізге. Пәрмандық көңілмен келді. Оны қазақ сыйлайын деген жоқ. Еріксіз сыйлады.
Аман Шәкен арқылы қазақтың бай-жуандарының оспадар, асаба, топас, рақымсыз мінез-қылықтарын сөккенде Ақан басын шұлғи берді. Шай дайын болғанда қолын жуып келіп, сары сақалын таранып отырды да, өзінен өзі кеңкілдей күлді. Аман:
— Неге күлдіңіз? — деп еді.
— Саған күлем, — деді. — Есіңде шығар, анау жылы Арғынның байларынан қысылып келгенде, мен саған қарлығаштай достық көрсеттім. Сен соған қатты ырза болып, қолыңнан келсе мені жарылқамақ едің. Кәзір қолыңнан бәрі келіп тұр. Апаң төркіндеп барады. Жиенің жиендік сала барады. Ал, жарылқашы кәне, көрейін.
— Апай мен жиеннің қолын қақпасақ бола ма?
— Қаққан, қақпағандарыңды алып қайтқан олжасы көрсетер.
— Олжаның аз, көбіне күні бұрын сендіру қиын. Ал жездейдің ынсаптылығына күні бұрын-ақ сене беруге болады.
— Әй, қу бала, қу бала! — деп Ақан тағы да бір кеңкілдеді. — Әрі-беріден соң мен тіпті олжа дәметпеймін. Апаңды маған атастырғалы биыл тура қырық жыл. Содан бері күн құрғамады десем артықтау болар. Әйтеуір бес күнде бір арғын қонағымыз болмай қойған емес. Сонда, қырық жылда екі мың сегіз жүз сексен қонағасы беріппін. Әр қонақасы кемі бір серкеш. Серкешті қойға айналдырсақ екі мыңдай қой болып шығады. Осы маған жетеді. Бергенімді қайырыңдаршы, айналайын.
— Онда байып кетесіз ғой. Байыған соң бұзыласыз. Жоқ, жездемді өйтіп бұза алмаймын! — деді Аман. Бәрі ду күліп жіберді. Самауырдың суы бітіп барады. Әзіл бітер емес. Аман асығыс. Осы үйді тастап кете алмай, кетпеудің ылажын таба алмай отырып ақырын орнынан тұрды. — Жүрейін. Бүгін «Жалғыз ағашқа» жете қонам. Кешке өткізетін жиналысым бар. Апа, Маржан, жолдарыңыз болсын. Елде кездесерміз. Осы бетте, өзіміздің елге де соға қайтам.
Соны айтып Аман атына мінді. Маржанның «айтқызбай білсе» деген сөзін есіне ала мінді. Онымен тайталаса Күлпаштың елесі де көз алдынан кетпеді. Шолпан тіпті ұмыт болар емес. Ой басып келе жатқанда, арт жағынан осы болыстың екі милиционері қуып жетіп, ойын бөлді. Милиционерлер жер бөлісі өткенше төртінші ауылдың байларын жауып қойғалы барады екен. Соны әңгімелеп келе жатқанда қалың кірекеш кездесті. Артқандары кілең тері, жүн. Арбалары өңкей бришка. Кірекештің көп өгізінің ішінде аяғы шідерлі, «Мырзагер» жайылып жүр. Аман бұлжытпай таныды. Қосқа тақалғанда бір адам қостан дүзге отыратындай шекпенін бүркене, бүкірейе жөнеліп, өзекшеге түскен соң жата қалды. Аман оны көріп, күліп келеді. Қасындағыларға:
— Сендер бара беріңдер. Қуып жетем, — деді де, тура өзекшеге келді. Жаңағы адам бір жарға жабыса жатыр екен. «Көтер басыңды» дегенде ұшып тұрды. Кәдімгі Қазанқаптың өзі. Жүгіріп келіп ат үстіндегі Аманның аяғын құшақтады. Жоғары қарай алмайды, сөйлей алмайды. Қара бетінде бір тамшы қан қалмаған — құп-қу. Түйедей денесінде титтей әл қалмаған, қорыққанынан қалш-қалш етеді...
— Қалшылдама, сорлы. Сенің қамшыңның дағы арқамнан алдақашан кеткен. Сонымен бірге сендегі кегім де ұмытылған.
— Көп жаса! Көп жаса! Бағың құтты болсын! Құтты болсын!.. — дей берді Қазанқап.
Кірешілер жиналып қалды. Күн күйдірген, топырақ түсіп көздері қызарған он - он бес адам — бәрі Шәкеннің малайы. Жылдағы әдетінше, көктем егісін бітірісімен кіре тартып жүр. Ақмолаға бір қатынаған. Енді пішенге дейін Қызылжарға барып қайтады. Алыстағы қыр елінің жүн, мал, аң терілерін қалаға, қаладан өндіріс бұйымдарын ауылға жеткізетін темір жол, машина жоқ. Сондықтан Шәкен алпыс бришкамен кіре тартқызып, ақшаны күреп алады. Ол ақшаны табушы мынау малайлардың тапқаны тамағынан, жұтқаны жұмырынан артылмайды. Аман әрқайсысынан сөз тартып тұрып:
— Жер бөліске түскелі жатқанын естідіңдер ме? — дегенде:
— Естідік! — деп үшеу-төртеуі бірден айтты.
— Шәкеннің жерін сендерге бөліп береді. Ие боласыңдар ма? — дегенде, ешқайсысы үндей алмай Қазанқапқа қарай берісті. Қазанқап оларға басын изеп, көзін қысып қойып:
— Ие болады, — деп еді:
— Ие боламыз! — деп шу етті бәрі.
— Ал, сонда жермен не істемексіңдер? Қазанқаптан өзгеңде мал жоқ. Егін салмайсыңдар.
Малайлар үндемей төмен қарады. Жауапты тағы да Қазанқап қайырды:
— Сатады.
— Сатуға лұқсат жоқ.
Бұдан әрі Қазанқап та сөз таппады. Тәуке сындырған күрек тісінің арасынан тілін жылтың-жылтың еткізіп, сұлық отыр. Аман әрқайсысының жүзіне байыпты қарап өткен соң, «қараңғы көңіл жарық күнде де адастырады екен» деді ішінен. Кетерінде ойындағысын жасырмай айтып кетті:
— Қазеке! Сенің басыңды Шәкен айналдырғанда, сен мыналардың, басын айналдырыпсың. Әйтеуір Шәкеннің жерін қорғап қалу ғой, мақсатың. Ол қулық қайдан шыққанын білеміз. Оған қарсы амалдар да жасармыз.
Соны айта сала шоқыта жөнелді Аман.
VII
«Қымыздықты сай» жайлау болғалы елге дәл кәзіргідей толады ма екен? Толса, ел дәл кәзіргідей қызды ма екен? Басы биік жоннан басталатын бұл сайдың аяғы кең өзек, өзек бойы ойдым-ойдым қара су болып, ұзындығы салқар көш жер болып жатады. Жазғытұры жонның қалың қары ерігенде осы өзекпен «Мақаш қорығына» келіп құяды. «Қымыздықты сайда» биыл үш-төрт рудан құралған үлкен-үлкен отыз шамалы ауыл отыр. Мал басқан көп ауылды қонақ та басып жатыр. Қонақтар бірақ жайшылықтағы құдайы мейман емес. Соңынан талайды шұбыртып, «Қызыл отау» келген. Болыстық үкіметтің жаңа бастығы Қасен келген. Ояздық үкімет бастығы Аман келеді деген хабар тағы жетті. Болыс орталығында қалған қызметкерлер бәрі елде — жер бөлісінде. Жер бөлісінің ең күшті дуы «Қымыздықты сайда». Осы сайда ауылдардан оқшау апарып тіккен қарақұрым үй бар. Coл үйдің түндігі күндіз-түні жабулы — «Қараңғы үй» аталады. Есігінің алдында мылтық ұстап милиционер Хабиб тұр, іште Малқар, Қалабай, Жәнібек, Баужандар отыр. Төртеуі кезек-кезек жалынады. Хабиб қайыспайды.
— Затың мұсылман, ноғай едің...
— Қатырма башны, Баужан хажы! Пришом тут мұсылман?!
— Түндікті ашып қойшы, шырағым.
— Е-е-ей, Жәнібек қарт! Дүнияда куп тұрғансыз, аз білгенсіз, түрмәнің тәрәзәсін әшмиләр. Бу қазақ түрмәсі бит.
— Хабиб ей, қолымнан талай дәм татып едің, антұрған. Түндікті ашпасаң да есікті азырақ ашшы. Қашамыз ба біз. Басымыз айналды. Жарық дүниеге қарап отырайық.
— Малқар абзи, сізләргә хәзір қарарға ярами. Шуңа қурә дуңғыз кібік қамап ташладылар. Вот Әдхам апат килэ. Молшайт!
Мақашты алдына салып мына жақтан Әдхам келеді. Қылыш, наган, винтовка үшеуін бірден асынған, жаяу Мақашты «жүр, жүрлеп» ат омырауына ала түседі, ащы тілін сала түседі:
— Қартайсаң да тек жатпайсың. Сенгенің кім сонда? Балаң ба, Шәкен бе? Кім болса да айырып алсыншы, кәне!
— Сенің қолыңа мылтық бір тигенде сақтап еді құдай. Екі тигенде сақтап еді. Үшінші сақтар ма екен? Зауалым сірә сен болмағай-ақ.
— Үшіншіде сол құдайың сақтай алмас.
— Астағпыралла! Ләйлаха еллалла!..
— Бас аяғыңды! «Астапырың, лайлахаңмен» қосып...
Мақаш енді дыбысын шығара алмай, иманын ішінен айта қараша үйге жетті.
— Мә, Хабиб, тағы бір қасқыр. Қама! Бесеуіне итаяқтан сарсу бер. Басқа түк татырма. Әттең Шәкен түспеді қолға! — деді де Әдхам кейін қарай шаба жөнелді. Иттерді абалатып, шаңдатып барады. Күлпаштың көмегімен милиция қызметіне қайта барған, басылған көңіл қайта көтерілген. Бір ол емес, жер бөлісі кімнің де болса көңілін тиыш қалдырған жоқ. Әр ауылда топ, жиналыс, керкіл. Әдхам бұлардың біріне бұрылмастан ауыл совет тұратын ауылға келді. Үлкен жиын осында. Адам үйге сыймай кеткен. «Мақаш қорығын» бөлісетін он шақты ауылдың жиналысы беті ашық далада бірге өтіп жатыр. Жатақтағылар да келген. Бастығы Күлпаш болып, «Қызыл отау» қызметкерлері, волатком төрағасы Қасен, болыстық «Қосшы» комитетінің төрағасы Әлжан қатынасып отыр. Жиналысты ауылдық «Қосшы» ұйымының бастығы Сыздық басқарып, партия ұйымының хатшысы мұғалім Ізбасар сөйлеп тұр:
— Жер дауы қазақ қазақ болғалы тынған емес. Енді ғана тынады. Атасына, малына, беделіне қарай бөлу жоқ. Жан басына бөлеміз. Бұның аты социалистік әділет...
— Жоға, деймін-ау, жерді сонда адам жемейді, мал жейді ғой. Малсыз жер кімге керек? — деп көп ішінде күжілдеген біреуді Ізбасар басып тастады:
— Жерсіз малдың өзі кімге керек? Жерді адам да жейді. Нан жеймісің? Картоп жеймісің?..
— Оларды егетін күш қайда? — деп тағы біреу күңк етіп еді, Ізбасар жұдырығын түйіп, екі қолын бірден жоғары көтерді:
— Міне, күш! Барлық күштердің атасы осы. Осыны басың басқара білсе, бәрін жасайды. Жатақта жатқан жиырма үйге қараңдаршы!
— Е, оларға қазына көмектесті ғой.
— Білек сыбанып шықсаң саған да көмектеседі.
Келген бетте көптің шетінде тұрып қалған Әдхам, кимелеп ортаға таман барды да айғайға басты:
— Ізбасар жолдас! Бай-жуанның құйыршығымен немесе ері мойнына кеткен біреулермен тәжікелесіп тұрамыз ба. Тоқ етерін айт! Сал тізімді ортаға!
Ізбасар папкесін ашты. Партия ұйымында күні бұрын жасалған тізім бар екен. Бұл тізім бойынша «Мақаш қорығы» он ауылдың адамына бөлінеді. Бұрын Мақаш шауып келген мәйекке енді жеті үй ортақ болмақ. Шәкен шауып жүрген шабындыққа өзінің он бес малайы ортақтасады... Тізім оқылғанда жұрт жақ ашқан жоқ. Мақаштың үлкен баласы ұшып тұрды орнынан. Сақалының ұзындығы, ақтығы әкесінен аз-ақ кем көрінеді. Назалана сөйледі:
— Ау, ағайын, неге үндемейсің? Ұзыннан өшті, қысқадан кекті емес едік қой. Сексендегі Мақашты қараңғы үйге қаматқаның аз ба? «Мақаш қорығы» атанған телегей-теңіз дүниеде Мақаш бауыр басқан алақандай жерді талапайға неге саласың? Байқаңдар, әруақ, құдайға шет болмаңдар...
— Әруақ та, Мақаң да тозды ғой. Сол екеуін қашанғы саудалайсың! — деп еді Әдхам, әр жерден сықылықтаған күлкі естілді.
Шәкеннің сиыршы шалы қолын сермеп безіне жөнелді жиналыстан:
— Құдая сақтай гөр, мырзаның жеріне қол салам ба?! Аулақ, аулақ! Елу беске келгенше ұлтарақтай жерге ие болмадым. Енді ие болмай-ақ қоям!.. — деп барады.
— Тағы қайсың жерден безген? Қолдарыңды көтер! — деді Сыздық. Ешкім көтермей отырғанда Әбеннің қолы шошаң етті, Танакөз оны ұстай алды. Әбен қолын босата алмаған соң дауыстап жіберді:
— Жаңағы жеті үйдің ішінен мені өшіріп таста, Ізбасар.
— Шалды зарлатып жерін алуға дәтім шыдар емес.
— Өшірме, өшірме! Оның дәті шыдамаса, менің дәтім шыдайды. Қайнағаның жері жатқа кетпесін.
— Қайсыңыздың тіліңізді алайын?
— Қатын не білуші еді тәңірі!
— Наубас білсе, баяғыдан бері осынау ең қорықтан құр қала ма. Оның сөзін не қыласың.
— Қап, қолымды бір босатарсың, қатын! — деп Әбен кіжінгенде, Танакөз қолын босата қойды. Әбен әуелі асықпай оң білегін сыбанып алды. Жұдырығына түкірді. Содан кейін самарқау төніп келе жатқанда:
— Байқа, Наубас, байқа! — деді Танакөз. — Ауыл советтің төрағасына, жергілікті үкімет бастығына қол көтерiп келесің.
— Оңашада қолыма бір түсерсің, бәлем! — деді де Әбен отыра кетті. Қисық мұрын Тәуке жүгіне сала әдетінше жерді қамшымен бір-екі тартып қалып сөйледі:
— Жердің сауыры менікі! Кедей десең кедеймін. Төмен ата десең төмен атамын. Оның үстіне «Қосшы» мүшесімін. Мойын-серік болып жүрмін. Шәкенмен ұстасып былтыр абақтыда ашыққан, ақырында абақтыдан «әке, жәкелеп» шыққан Тәуке мен болам. Шәкеннің жерін бер, Мақаштың жерін бер — маған бәрібір!
— Маған бәрібір емес, Шәкеннің ғана жері керек! — деген Тоқабайдың даусы естілді, «Көп ауылдың» кедейлері бірін-бірі ұтылап жиында дуылдатқан кезде күн астындағы белеске бұлақ құйрықтатып он шақты салт атты көтерілді. Суыт жүріске елең етіп, күн сала қарады бірсыпыра адам...
— Ортадағы Аман емес пе?!
— Аман!
— Дәл өзі!..
Иә, Аман екен. Жиналыс бұзылды. Аттан түскенше-ақ қоршап алды оны. Туған ел шапыр-шұпыр амандасып жатыр. Шу, ду үдей түсті. Кейде қуанған мен қорыққан бірдей болса керек. Қайсыбір шал-кемпір жылап жүріп, күліп жүр. Күліп жүріп, сөйлеп жүр:
— Кішіпейілін қарашы!.. Тура Сапекеңнің өзі ғой, айналайын!
— Енді қалай! Ата көрген оқ жонады. Ана көрген тон пішеді.
— Біз көрмегелі екі жылда бойы да, ойы да толып қалыпты-ау.
Амандасушылар бірін бірі кимелей келіп, Аманды жуырда босатпады. Күлпаш, Шолпан, Маржан — үшеуі бір тұрған, қағылып шеткері қалды. Аманға деген халық құрметі бұларға әсер еткені сонша, әгәр Аман бетін тосса, үшеуі таласа сүйер еді. Сол көңілдерін бірінен-бірі жасырады. Бірақ, құйқылжыған көз шіркін үшеуін де ұстап беpiп тұр...
— Шуылдақ арғын, өзіңнен өзгені көремісің. Жол бер, жол бер!.. — деп Ақанның інісі Ақыжан келеді. Дауысы, денесі басқадан анағұрлым зор.
— Қобыландының өзі ме десем, Ақаң екен ғой, — деді Аман, — Қыпшақты құдай осылайша қолақпандай, қолақпандай етіп жасайды. Ат-көлік аман ба, Бәтекең жақсы ма?
— Жақсы. Кемпір жеңгеміз төркініне келген соң шәлі бүркеніп, жасарып алды.
— Онда кәрі жездеміздің күні не болар екен!..
Қалжыңдасып тұрғанда Аман шеткері қалған Шолпанды көрді. Қасындағы жас бала үш аяқ арбаға сүйеніп әпі-тәпі жүріп жүр. Оның жүрісін қызықтаған Күлпаш пен Маржанды да таныды. Келе ме деп еді, келмеді бірі. Сонсоң өзі барып амандасты. Баланың бір қолына конфет, бір қолына сылдырмақ ойыншық ұстатты. Іші еріп барады. Өзіне тартқан, тілі әлі шықпаған жас баланың былдырлағаны жанына жағып барады. Әкелік сезім билеп тұр. «Балажан әке шамды айналған көбелек екен ғой. Жар махаббатынан бала махаббаты ыстық болар ма, өмірлі болар ма, япыр-ау?!» — деді ішінен. Одан әрі ойлауға, өзі жақсы көретін мынау үш жаспен еркін сөйлесуге жібермеді жұрт.
Дереу жер мәселесін әкеліп салды алдына. Ізбасар белгілі тізіммен таныстырды. Тізімді қарап жіберіп:
— Дұрыс емес, — деді Аман. — Қорықтың ең сауырын Шәкен мен Мақаш алған. Енді «Қосшы» ұйымына еніп, мойынсерік болып отырған «Көп ауылдың» кедейлері алуға тиісті. Оның бер жағында, Шәкеннің жерін малайларына бергеніңмен малайлар Шәкеннің өзіне қайтып береді.
— Сөз жоқ! — деп қостап қойды Тоқабай. — Бағынышты малайлар түгілі біздің Әбекеңнің өзі қайтып береді.
— Ал сонда Шәкен мен Мақаш қайтпек? Қырама малын? — деген Әбенге:
— Қырмайды, — деді Аман. — Шәкен даланың бозын, көлдің құрағын шауып та малына азық жинап ала алады. Мақашқа жұрт қатары шабын тисе жетеді.
Бұдан әрі бұрынғы жер иелерін жақтаушы табылмады. Аманның беті қалай бұрылса, солай бұрыла берді көпшілік. Шабындық жерді бөлісердегі қызыл кеңірдектер, егіндік жерді сөз еткенде болған жоқ. Өйткені егіншілер аз, жер көп, көптігі сонша, есебін волатком бастығының өзі білмейді екен:
— Егіндік даланы бөліп әуре болмалық дестік, — дейді Қасен. — Есебін бітіре алмай жатырмыз. Алынған есептің өзіне қарағанда біздің болыстың жеріне Европаның бір мемлекеті сыйып кетеді. Үй басы жүз гектардан егін салсақ та, егін-жай артылып қалады. Ең көп салатын Шәкен жиырма гектардан, «Көп ауылдың» мойын-серік болып отырған жиырма үйі елу гектардан аспапты. Сондықтан бөлудің тіпті қажеті жоқ.
Аман басын изеп, ырзалық білдірді. Бірақ, келешекті мықтап бір ескертті:
— Қазір бөлмесеңдер егін-жайдың есебін алып бітіру керек. Кең жер, бай жер бос жатуға тиісті емес. Өзіміз пайдалана алмасақ, пайдаланушылар табылар. Елсіз ер жесір болса, еңбексіз жер де жесір. Жерді жесір қалдыра алмайды мемлекет.
Бағана шаршы түсте басталған жиналыс міне намаздыгерге дейін созылды. Байлар биесін әлдеқашан ағытты. Шағын биелілер жаңа ағыта бастады. Қара мал өрістен қайтқан, жылқы өріске беттеген кез. Қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқы кісінеп — ауыл азан-қазан. Әрнәрсенің көлеңкесін өзінен әлденеше зорайтып жіберіп, күн белестен асып барады. Бәріне көлденеңнен қараған Күлпаш бірін байқаусыз жіберген жоқ. Дәптеріне түртіп алып немесе суретін басып алып тұр. Ұзаққа созылған үлкен жиналыста талай адамның түсін таныды, ішін аңғарды. Әсіресе Аманды аңғара түскен тәрізді. «Ол елін сүйеді. Елі оны сүйеді екен» деп сүйсінеді. Бірақ, Шолпан мен Маржанның сүйгенін ұнатпайды. Қызғанады ішінен. «Қызғанарлық қандай себебім, хақым бар?» деп өзін өзі cөгe тұра қызғанады. Аман жиналысты таратып, қайта келгенде, сол қызғанышқа бір жұбаныш бергендей болды:
— Күлпаш құрбым, сізбен әңгімелесуге асықпын. Көп ел аралап қайттыңыз. «Ел аралаған сыншы» ғой. Айтарыңыз аз болмас, — дегенде:
— Тыңдаушы табылса айтарым да, тілегім де бар, — деді Күлпаш. Танакөз келіп екеуінің сөзін бөлді:
— Аманжан, бүгін біздікінде боласың. Күлпаш, Шолпан, Маржан, сендер де боласыңдар. Бұндай бас қосыла бермейді. Кәзір апай мен Ақыжанды алдырам. Жүріңдер, ас дайын болғанша қымыз іше тұрыңдар! — деп Аманды жетелегенде, Аман Күлпашты, Күлпаш Шолпанды, Шолпан Маржанды жетелеп, үйге енді бәрі. Бұлар қымыз ішіп отырғанда арсалақтап Таймас кірді. Кеше жатақтағы ауылға амандасуға кеткен. Келе Аманмен құшақтасып, сүйісіп алған соң:
— Әйел жолдастарды алаламаймын! — деп Шолпан мен Күлпашты да сүйіп амандасты. Маржанға барғанда батылы жетпей қызараңдап тұр.
— Алаламаймын дегенсің. Бұның не? — деді Аман.
— Алалап тұрғам жоқ-ау. Қайтейін, діңкем құрып қалды.
Қымыз ішіп, жолдастарын біраз күлдірді де, Аманды қолтықтап Таймас далаға оңаша алып кетті. Күн батқан, қызыл шапақ тарап барады. Мына жақта туып келе жатқан айдың төбесі қылтияды. Мал қоралап, манағы шу басылған. Күндізгі ыстық жоқ. Жанға жайлы самал бар. Дүние маужырап, ұйықтап бара жатқан сияқты.
— Осынау тыныш әлемде жүрегім алас ұрады! — деді Таймас. — Мен көрмегенді көретін, мен білмегенді білетін ағам, ақылшым, жәрдемшім едің, тапшы, неге алас ұрады жүрек?
Аман ойланып барып қайырды жауапты:
— Жүрек бишарада тыным бар ма, сірә? Оның іздемейтін жоғы бар ма, сірә? Қайдан білейін, не іздегенін.
— Иә, кезінде сен біле бермейсің, білгеніңді айта да бермейсің. Толғауың көп. Оның кейде күйдіреді, кейде сүйдіреді. Өзім-ақ айтайын. Маржанға ғашық болдым.
— Ғашық екеніңді қайдан білдің?
— Со да сөз бе?!
— Әбден сөз. Құмарлықтың бәрі ғашықтық емес. Мен талай құмарттым. Құмарым тарқаған соң ұмыттым. Faшықтық, менімше шын сүю. Шындық шырағы дауыл соқса да өшпейді. Өшіре алмадым.
— Шолпанды ұмыта алмадым, дегенің бе бұл?
— Ұмытқаным сол, мана былдырлаған Азатты көргеннен бері махаббатым арта түсті.
— Қой, Аман, қой! Қинама енді сорлыны, — деп безек қақты Таймас. — Шәкеннің шеңгелінен бүкіл ел шығып болған жоқ. Ол қалай шықсын. Одан артық жар таптым, аламысың?!
— Одан артық қайдан болсын! — деді де Аман күрсінді. — Күлпаш шығар айтпағың?
— Иә. Ал, қай жері кем?!
— Артық, кем деу үшін әуелі білу керек те. Әзір тіпті аз білем.
— Сыртын өзің көрдің, мен ішін де көрдім. Іштерің өте ұқсас. Екеуіңнен үлкен философ туар еді. Жаман болса обалың маған, алшы осы қызды. Сүйеді сені.
— Сүйем деді ме, саған?
— Олай деп қыз айта қоя ма. Шолпан екеуің қанша жасырсаңдар да, сүйіскендеріңді біліп қойғаным қайда? Бұны да білдім.
Аман үндемей қалды. Ауылға беттеді екеуі. Ай таяқ бойы көтеріліпті, маңдай алда дөп-дөңгелек болып толықсып тұр. Алтыбақан құруға арқан, бақан жинап жүрген қыз, келіншектердің, балалардың дабырлаған даусы естіледі. Таймастың жағы әлі тыным тапқан жоқ. Сонау жатақтан ат соғып келсе де қуаты кемімепті.
— Жыға беруші едің, жықшы кәне! — деп Аманды ұстай алды бір кезде. Аман ұстасып байқады да, жығыспай қоя берді. Содан кейін:
— Күшің толған екен. Ісіңді көрсем енді, — дегенде:
— Көрерсің, бәрін де көрерсің, — деді Таймас, — тек Маржанды алып бер. Әйтпесе, бұл дүниенің қызығы арам маған...
— Осы заманда сендей жігітке алып бере ме, өзі алады да.
— Қыз мені білмейді. Білгенше бірсыпыра уақыт өтеді. Мен оқуға қайтам. Ол үйіне қайтады. Келесі жазға дейін біреу қағып кетсе қайтем?! Сен екі жағымызды да білесің, әрі билейсің.
— Оны несін айтасың. Екеуіңнен аяғанымды ит жесе болмай ма! — деп еді Аман. Таймас құшақтай сала қысып-қысып, сүйіп-сүйіп алды... Аузынан сөз шыққанда, көзінен жас шықты:
— Байдың есігінен босануға, астанаға барып, білім тасын кеміруге жәрдемдесіп едің. Енді жар сүюге жәрдемдессең, жалғанда сенің жақсылығыңды өтей алар ма екем!
— Ол өз есебің ғой. Мен тек адамшылық қарызымды өтеп жүрмін.
Әңгімемен үйге жетті бұлар. Бәтима, Ақыжандар келіп, шай жасалып, ауыл жиналып қалған. Біреуді біреу қағытып, қалжыңдасып отыр.
Тыста есік алдында Тәуке бір ту қойды мүшелеп, бұзып тастапты. Әбеннің екі езуі құлағында, қызара бөртіп, қонақ күтісіп жүр. Орашолақ байғұстың жәрдемінен бөгеті көп, «тып-тыныш отыра қойшы, айналайын» деп қояды Танакөз. Шай үстінде Бәтима Аманға бірсыпыра ауыр сөздер айтып тастады:
— ...Аузындағы сөзін алғаның дұрыс болсын. Бауыр басқан жерін алғаның дұрыс болсын. Ал, шалдардың қу басын қайтпексің, шырағым?! Тым қатал болма. Білем, өкпең де, өшің де бар. Бірақ, жеңілген жауға қатын да ер.
— Олар әлі жеңілген жоқ, Бәтеке!.. — дей беріп еді Аман, Бәтима баспалата жөнелді:
— Қараша үйдің төріне жеңіп шықты ма? Қара тізімге құрметпен ілінді ме? Сөзін, бағын, жерін сыйлап беріп отыр ма? Ошақ басындағы әйел ештеме білмейді дегенің-ау бұл, Аманжан. Рас, аз білем. Бірақ, көп сезем. Сезімім әзір алдаған емес. Босат, Мақаңды! Малқарды да босат! Олардың қолынан ештеме келмейді енді.
— Малқарды босатпа! Жатсын, етияумайт! — деп кіжініп қойды Ақыжан. Аман ауыр сөздің ақырын қалжыңға айналдырды:
— Жарайды, екеуіңіздің де тілегіңіз орындалады. Бір шал Бәтекеңнің қолқасына, бір шал Ақаңның қолқасына жараса, одан артық қайда апарып бұлдаймыз. Тілесе, Mapжанға да бір шал беруге болады.
Бәрі ду күлді. Шолпан тек езу тартты. Қабағы сынық. Манадан бері жақ ашқан емес еді:
— Жиенге одан да жігіт тауып берейік, — дегенде, қызарып кетті Маржан. Қызарса да сөзін жіберген жоқ:
— Кәрі-құртаң, ақсақ-тоқсақтарыңыздан құтылып қалыңыздар. Қыпшақ егінші ғой, жемге байласа дені саудың бәрі оңалады, — деп еді:
— Жиен, онда мені ала кет, жемің ақталады, — деді Таймас.
Қалжыңқой елдің кәрі-жасы, әйел-еркегі қағысып жатыр. Күлпаш жымың-жымың етіп рахаттанып отыр. Дәптеріне талай сөзді жазып алды. Шай дастарқаны жиылған соң жастар жағы алтыбақан тебуге шықты. Танакөз ере шығып:
— Бері келші, — деді Аманға. Оңаша апарып сыбырлап тұр. — Қолыма түспей кетерсің, айтып кетші, қашан үйленесің? Жіп тақтың ба ешкімге?
— Сол арасын білмеймін-ау.
— Білмеген несі?! Енді кім біледі?
— Тағдыр біледі, жеңеше. Ақыл алтау, ой жетеу.
— Қой, әрі! «Көз салған көрінгенге көңіл арсыз» демекші. Шешең кәртайды. Немере сүйгісі келеді. Құдай айдап мынау екі қыз өзі келді, қайсысы болса да бip жігітке әйел бола алады. Ал, біреуін. Қайсысын аласың? Араға өзім жүрем.
— Ойбай, жеңеше, қоя тұр. Бүлдіресің! — деп Аман Танакөздің аузын басты. — Кейін айтам. Бүлк етпе.
— Әне, осы күнгі жас бәрін өзі біледі! Өзі біледі! — деді де Танакөз үйіне жөнелді.
Алтыбақан екі ауылдың аралығына екі жерде құрылған. Әндетіп, екі-екіден теуіп жатқан қыз-бозбала қонақтарға орын берді. Аман келгенде Маржан мен Таймас, Шолпан мен Күлпаш бір теуіп тұр екен. Таймас бүктетіле қалып, қайқая шіренгенде Маржанды ұшырып-ұшырып жібереді. Маржан қорқып жалынады.
— Ән салсаңыз ақырын тербеуге болады, жиен, — дейді Таймас.
— Бұл жиенге ән деген ештеме емес. Қиындау бірдеме сұрамайсың ба, антұрған, — деп әзілдеп қойды Аман.
— Біртіндеп қиынға да барамыз ғой.
Маржан тамағын кенеп алып, халық әні «Гауһартасты» бастап жібергенде, алас ұрған Таймас жуасып сала берді. Салмақпен жәй ырғады енді. Жарық айға қарсы отырған Маржанның оймақтай аузы, аузынан анда-санда жылт еткен үшкір, қызыл тілі, күлім көзіне дейін көрініп тұр. Ақ түнде әсем әнді, әсем үн шырқап аспанға шығарады, сорғалатып жерге әкеледі, біресе қалықтап төбеде тұрып қалады. Таймас әнге елтіп, тербеуді ұмытты. Маржанға қарап телміріп отыр. Өзі де жуан даусымен бірсыпыра тәуір айтатын, әсіресе домбыраны жақсы тартатын, сүйсінгені сонша, ән аяқтағанда:
— Жиен-ау, сұмдық қой мынауың! Тағы айтшы, тағы? — деп жалынды. Маржан бұлданбады. Тағы да екі ән айтып берді. Бірі бірінен өтеді. Аман ойланып жаңа тапты. Ақтамақ, Байбол аулында өскен қыз, Ақанның үйімен әлі күнге жиі араласады. Маржанды баулыған сол. Ол өзі әндерін ғана үйретіп қоймаған. Үш жүзге мәлім Біржан сал, Ақан сері, Орта жүзге мәлім Сәтмағамбет, Ғазіз, Балуан Шолақтарды үйреткен көрінеді. Бірақ, Ақмоладан онша ұзап шықпаған Ақтамаққа алыстағы Әсет, Естайлардың үні, қайсыбір белгілі халық әндері әлі жетпеген тәрізді. Ән кезегі Таймасқа келіп, «Әсетті», «Ардақты» айтқанда, Маржан күйіне түскен бәйгі атындай, еліріп тиыш отыра алмады. Қасеннің інісі бала жігіт Мәдиді, бейтаныс қаракер келіншек Естайды, Майраны айтып берді. Айтулары Маржанға онша ұнамады білем, әнге құмартса да әне жерін былай айтса, мына жерін көтере түссе, деп отырды. Танысқан екі-үш күннен бері Таймасқа жақындамай, сыпайы сөйлесетін, енді ішіне еніп барады:
— Нағашытай, салған жиендігім болсын, осы бес әннің де сөзін жазып беріңізші. Кеткенше үйреніп алайын, үйретіңізші, — дейді.
— Жазып берейін, жарасам үйретушің де болайын, — деп Таймас уәде қылды да, қалжыңдады, — Әліпберлі дейтін бір жиеніміз келгенде ылғи ит жинап қайтатын. Сіз ән жинап қайтыңыз. Итші де, әнші де жиеніміз бола берсін.
— Ақмолаға бес он алып қайтсам, бес қара олжадан кем бе? — дегенде:
— Одан артығырақ, — дейді Күлпаш. — Айналайын әнші-ақ болшы! Малқұмар қазақ әнқұмар. Жапан далада, қой соңында өгізбен жүрген қойшы баяулатып ән салады. Қараңғы түнді қақ жарып, жылқыны айналған жылқышы да ән салады. Қыз ұзатыларда елмен қоштасып танысады, жаңа түскен келіншектің «Жар-жармен» беті ашылады, өлім үстінде егіле жылап дауыс қылады... Соның біріне ән араласпай қалған ба. Ыңырсымайтын қайсымыз бар. Бірақ, Маржан шырқағанда толқымай қалдық па біріміз. Әгәр Маржан сол өнерімен осы алтыбақан маңында қалып қойса, үлкен өкініш болар еді. Қалма, Маржан! Қызылордада биыл қазақтың мемлекеттік театры ашылады. Соның сахнасында айтсаң даусың бүкіл қазақ әлеміне жетеді. Мүмкін, одан да әрі кетер. Қазақтың алғашқы театрына алдымен шыққан қыз сен боласың. Танысқалы екі-үш күн өтсе де жаңа таныдым ғой, сахна үшін жаралған екенсің! Жүрші, ерші маған, бауырым! Көркейтші қазақтың жаңа өнерін!..
Күлпаш ат басы алтын тапқандай қуана-қуана сөйлеп тұр. Маржан көнсе өзімен бірге астанаға алып кетпек. Үлкеннің алдын кесіп өтпеген, еркін ата-анасына берген қазақ қызының үйден кетуі оңай ма. Қызығады, ұялады, қорғанады Маржан. Соның бірін айталмай, қызараңдай күле береді. Күлпаш әлі қыз, жас та болса үкімет мүшелігіне, байсалды мінезіне қарап үлкен тұтады, сыйлайды жұрт. Алтыбақан басындағылардың Таймастан өзге «сен» дейтіні жоқ, бастығы Аман болып, ол сөйлесе тына қалады.
— ...Сахнадағы әйел ролін әлі күнге еркектер атқарады, — дейді Күлпаш, — бұл, өнерлі әйел жоқтығынан емес, қазақшылықтың басымдылығынан. Менімше, зиянды қазақшылықты бұзудың өзі үлкен ерлік. Бұзу керек, Маржан. Рас, үйренген жерден кету оңай болмас. Сен түгілі Шашубай мен Қалибек азар көнді. Бірақ, жаңа жерге үйрену де онша қиын емес, сол екеуі «Қызылордаға үйреніп қалдық» деп хат жазып отыр. Адам неге үйренбейді. Мені тағдыр ата-анамнан, туған жерімнен сенен әлдеқайда жас күнімде айырды. Мені революция толқыны алып кетті. Сендер дауылды нөсерден кейін күншуақта көктеп келесіңдер. Шалғындарың кереге жасырмаса ырза емен.
— Соны мына кісіге де айтыңыз, мына кісіге, — деп Шолпанды нұсқады Аман. — Керемет домбырашы, әнші. Домбыраны бірақ жасырып тартады. Әнді оңашада айтады.
— Ол кісінің жағдайы басқарақ қой. Әйтседе лебізін естісек жақсы болар еді, — деген Күлпашқа Шолпан жауап қайырмады. Бұрынғысындай жайраңдамайды. Салмақты, жабыңқы, Аманға да салқын тұр. Күйеуі жылыстап елден кеткелі бірсыпыра уақыт өтті. Ол жоқта жерін талапайлап алғалы жатыр, сыртынан талай сөздер айтылып жатыр. Ел бүйтеді деген Шолпанның тіпті ойына кіріп шықпаған. Қазір аң-таң, дел-сал бір күйде. Аман сұранып, алтыбақан тебуге азар көндірді. Алтыбақан үстінде «оңаша бір кездесейікші» дегенді ишараттап, тұспалдап бақты. Шолпаннан жауап ала алмады. Қояр да қоймай сұрағанда бір ғана ән айтты:
«Жар табылмас сен секілді
Мен де сендей — сорлы зар.
Қол-аяғым берік бекілді
Енді ненің орны бар.
Ғашық-ақын еш күмәнсыз,
ЬІрыс емес, сор үшін.
Көрісуге шыдамаспыз,
Айрылалық сол үшін».
Абай аударып, қазақ даласына әнмен таратқан Пушкиннің Татьянасының бұл сөзі Аманды қатты қынжылтты. Шолпан Татьяна арқылы өз көңілін аңғартқаны ғой деп тұрғанда, Шолпан «балам жылап қалар» деп Күлпаштан рұқсат алды да үйіне қайтты. Аман өзін ұстап тұра алмады, бір тілдесіп қалуға қуып жетті артынан.
— Не болды саған? — деді.
— Қайт, Аман, қайт! — деп, сыбыр-сыбыр, дір-дір етеді Шолпан. — Масқара еткің келе ме, бетім-ай, жұрт қарап тұр-ау!
— Айтып кетші, кінәң бар ма, маған?
— Жоқ, жоқ! Мен енді анамын! Жастық желігі басылған. Жаның ашыса ана деген ардақты атты былғай көрме. Қайтшы, ізіңше қайтшы!
Мойнына су құйылып, Аман кейін қайтты. Алтыбақан басындағы көпшілік әлі дуылдасып жатыр. Аманның кеткенін Күлпаш байқап қалған екен.
— Сіз, жеңгеңізді шығарып салып жүргенде, мен Маржанның уәдесін алып үлгірдім. — деді Аманға. — Ата-анасы ұлықсат етсе, Маржан менімен кетуге әзір. Әгәр сіз екеуіміз асылсақ, ата-анасы көнетін сияқты.
— Асылайық. Ақаң ер көңілді кісі. Баласының, біздің көңілімізді жықпас.
Ай төбеден ауып барады. Алтыбақаншылардың ойыны қанар емес. Ac пісіп, қонақтар үйге келеді. Жерошақ басында қазанға телмірген қатын-қалаштың көздері отпен шағылысып жылт-жылт етеді. Үйде әңгіме гу-гу етеді...
VIII
Кеше кешірек келсе де Аман мен Күлпаш ерте тұрған, таңертеңгі тұнық ауада жатақты аралай әңгімелесіп жүр. «Көп ауыл» Мақаш қорығының шетіндегі су жайылмайтын бір дөңесте болатын. Аман атқа мінгелі қоңсылар, кірмелер көбейе, ауыл үлкейіп, дөңес беті тола түсті. Қасеннің әкесі Ботбай қарт неше жылдай орыс поселкесінің малын, шошқасын бағатын, екі жылдан бері осында. Тоқабай тентіреп жүрген екі інісін, бір жамағайынын жинап әкеліп орналасқан еді. «Қызыл отаумен» бірге жалшы Боқайды көшіріп ала келіпті. Әдхам мен Тәуке де осында. Барлығы жиырма шақты үй. Егін салу, шөп шабу сияқты ауыр жұмыстардың тұсында мойын-серік болып күш қосады. Жайшылықта әркім өз қоңын өзі қасиды. Ортақтасып, қарыздана-қауғалана қазынадан өндіріс құралдарын алған. Сыздық үйінің қасында екі шөп машина, екі егін машина, үш-төрт соқа тұр. Жаздыкүні аңырайып-саңырайып жататын қазақ қыстауларына ұқсамайды бұл ауыл. Олардан әлдеқайда бүтін, жинақы, отырықшы елдің салтын түгел қабылдап болмаса да, нышаналары көп. Сыздық тіпті дәл терезенің тұсына, үй орнындай жерге шекілдеуік егіп қойыпты. Соны көргенде Күлпаш күліп жіберіп:
— Міне, жаңалық! — деді. — Ел аралап жүріп, бұндай қазақ ауылын көргенім осы. Шәкен қалай шошымасын. «Қосшы» ұйымы, партия ұйымы да осында ғой?
— Осында.
— Үлкен жұмыстар ұйымдастырған екенсіз!
— Көңіл көтергеніңізге көп рахмет, — деп басын иді де, езу тартты Аман. — Рас, ауыл шонжарлары бұрынғы танау көтеруін, кедейлерге соқтығуын қойып, өз бастарын қорғай бастады. Ауылды кәзір советтенді деп айтуға болады. Бірақ шонжарлардың ұясы әлі бұзылған жоқ. Қалай ойлайды үкімет, олар солай қала бермек пе?
— Ауыл советтенсе, жерге байдың қожалығы жойылса ұясы бұзылмағаны қайсы?
— Ру басы феодалдың жол бойында қу басы жатса да, жүргінші қазақты бір елең еткізеді. Әгәр ұясы бұзылмаса, ол ұяға бір түнемей кететін қазақ кем шығар. Мал мен бедел тұрғанда ұя қайдан бұзылсын.
Күлпаш ойланып қалды. Аманмен кешеден бері талай тақырыптарда сөйлесті. Көп нәрседен хабары, әр мәселеде өзінің пікірі бар жігіт, кейде осындай соныға соғып, бөгеп тастайды. Жаңағы сөзінің орайына бірдеме айтуға оқтала бергенде, аяқ астынан қара шұбар жылан сып етіп, тұра жөнелді. Күлпаштың шошығаны сонша, даусы қатты шығып кетті, құшақтай алды Аманды. Аман жәй басып, жыланды желкесінен аяғымен басып тұрды да тілін суырды, өзін тірідей қалтасына бос сала салды. Күлпаш жыланы бар қалтаға жуымай, Аманның екінші жағына шығып алып:
— Япыр-ай, нервіңіз қалай мықты еді! Жүрегіңіздің түгі бар шығар, — дегенде:
— Нәзік жанды қыз сүйсінгенімен жүрекке түк біте ме, — деп Аман бірінші рет қалжыңдады. Күлпаш оның қалжыңына жауап қайырмай, жаңағы оқталған ойын айтты:
— Сонда, қазақ шонжарларының малы мен беделін тұп-тура тартып алса демексіз ғой. Бұл жөнде мен ойымды қорыта алмай келем. Сізден жасыратыны жоқ, республика басшыларының арасында талас екі пікір бар. Соның бірі сізді жақтайды: социализмді тезірек жасалық, кешіксек капиталистік қоршау қысып, тіпті, тұншықтырып тастауы мүмкін; ал, тезірек жасау үшін, кедергі болып отырған қарсы тапты, алдымен шонжарларды жояйық дегенді айтады. Бұған қарсы пікір: феодалдық ауыл түгілі капитализмді басынан кешірген орыстардың кулагы тиыш отыр, біздің шонжарлардың солардан қай жері артық? Елді социализмге өйтіп өктеп, күйзелтіп апаруға болмайды... дейді. Қайсысын қолдау керек? Бірі күреске, бірі тиыштыққа шақырады. Екеуі де қауіпті. Бірақ, біріне амалсыз қосылуға тура келеді. Өйткені басқа жол жоқ...
— Оңшылдардың адасқан ойы қазақ аулына да паналай алмайды, — деді Аман. — Түс шайыспай, белдеспей бітім жолымен социализмге солар-ақ барсын. Біз, коммунистердің Ленин бастаған ашынды күрес жолымен барамыз. Оның бер жағында кулак пен шонжардың айырмасы қасқыр мен бөлтіріктей. Орыс кулагының ең мықтысы бір поселкені ұстап отыра алмайды. Қазақ шонжарларының ең сорлысы бір рулы елге ие. Американы байлар билегенмен барлық бай билеп отырған жоқ. Бәрінен асқан алпауыттар билеп отыр. Бізде де солай болмады ма. Бүгін таңда қазақ аулындағы ең үлкен қарсы күш тағы да сол шонжарлар. Орыс патшасы тағынан еркімен түспегенде, орыс капиталистері қожалығын еркімен бермегенде, социализмге еркімен жол беретін даналық қазақ шонжарына қайдан келеді?!..
— Сіздің сөзіңізді қостаушылар төменнен де табылатын сияқты. Былтыр, Өлкелік партия комитеті мен Халық комиссарлар советіне он кедей қол қойып, он бет арыз жазыпты. Сол арыздың ақырында «...Бұл жерде не Шәкен мырза, не біз тұрайық. Әйтпесе, отаса алмай қойдық» дейді.
— Оны жазған біздің кедейлер. Былтыр май айында Қызылордадан Жандос, Сайлаубек, Ақмоладан Ермекбай келіп Шәкендікінде бірнеше күн жатып кеткен. Сонда, байлар әбден дәттепті, арызды жаудырыпты. Жандос, Ермекбай, Сайлаубек мені үш жақтап жазғырды. Ақырында бәрі жабылып, бұл арадан қуды. Мені қуып алған соң қалған коммунистердің, жай белсенділердің бірін абақтыға жаптырды, бірін қызметтен босатты, әйтеуір ойына келгенін істеді Шәкен. Міне, жаңағы арыз осы тұста жазылған...
Екеуі ауылдан шығып, сырттағы қалың, зиратқа беттеді. Әңгіме тереңдеп барады. Аман Жандоспен қалай айтысқанын баяндаған кезде:
— Менімше де ол кісі тым қазақнамай, — деп еді Күлпаш:
— Анығырақ айтқанда кертартпа! — деді Аман. — Еліңді, еліңнің салтын сүйсең жаманы емес, жақсысын, өткенін емес, келешегін сүй. Жандос ағай өткенді тым дәріптейді екен. Өткеннің бәрі оңды ма! Қазақ қамқорымын деген азамат қазақты алдымен отырықшы ету керек. Онсыз ешбір іс өркендемейді...
— Өте дұрыс айттыңыз-ау! — деп Күлпаш сүйсінді де, іле сұрақ қойды. — Поселке мектебін бітірмей кеткеніңіз рас па?
— Рас. Бірақ, өз тұсымнан оқып, «Народный университет на домуды » жақында бітірдім.
— Қызметке де, оқуға да уақыт тапқансыз!
— Таппасқа лаж болмады. Кештеу қалыппын, жолдастарым озып кетті. Атым жараса енді қаттырақ жүріп жетем де.
— Атыңыз жетпек түгілі озуға да жарар. Халық қамын бірсыпыра әңгіме еттік. Ойларыңыз маған ұнап қалды. Осы мәселелерді екеулеп баспасөз бетінде көрсетсек қайтеді?
— Мен дайын.
Екеуі бірлесіп «Еңбекші қазақ» газетіне екі мақала жазбақ болды. Мақалаларының атын: «Көше береміз бе?», «Жуандар қайтсе арықтайды» деп қоймақшы. Зиратқа жеткенде жаңада салынған, төрт құлақты үлкен тамға бұрылды. Бұл, Аман жоқта ағайындары салған Сапардың тамы. Там ішінде, қабыр басындағы сым тастың екі бетінде де арабша жазу бар. Соның бірінде Сапардың өз сөздері тұр:
«Балам, әке көңілін өзің әке болғанда білерсің. Жақсының қадырын жаманды көргенде білерсің. Жастықтың қадырын кәртайғанда білерсің».
Күлпаш дәптеріне жазып алды. Сапар жетпіс жасында өлген екен. Аман сонда да «қапылыста кетті» деп өкінеді. Әкесінің талай мінездерін, ақылды сөздерін еске түсірді. Жақсы әкенің жанға тиер жылысы аз ба, айтып бітірер емес... Ауыл жақтан жүгіртіп Таймас келеді. Ауыл адамдары тік көтеріле аттаныпты. Қанжығаларына арқан, шот байлана, кейбіреулері қолдарына кез ағаш ұстана «Көмейге» беттеп барады. «Көмей» — «Мақаш қорығының» ең шұрайлы, Мақаш пен Шәкеннің шауып жүрген жері. Енді бөліске түседі.
— «Көмейден» мен де үлесімді алғалы барам! — деді Таймас, келе сала. Аман қалжыңдады:
— Әке-шеше жоқ, қатын-бала жоқ. Соқа басқа жер не керек?
— Жер, тірі түгілі өлікке де керек. Әкем жоқ болса өзім әке болам. Балам жоқ болса қатын алам, балалы болам. Қарап отырып сыбағамды неге жіберем.
— Жіберме. Ала ғой, бар, ала ғой! Аздан соң біз де барамыз.
Таймас шаба жөнелді. Ауылға жеткенше Күлпаш пен Аманның әңгімесі Таймас болды.
— Ұзақ жолда жүргенде осының бір шаршағанын, ренжігенін көрмедім, — деді Күлпаш.
— Иә, ылғи қайнап тұрғаны! — деді Аман.
— Оқуға да зирек екен.
— Бәріне зирек. Ол шешен, әнші, домбырашы, қолы мініскер, жұмысқа салсаң апат. Алты жасында анасынан, он бір жасында әкесінен айырылды. Тесік өкпе, жетім бала, өмір тепкісін қанша көрсе де қажымапты...
Кеш тұрып, Сыздық үйінің алдында жуынып, таранып жүрген Маржан көрінеді. Аман мен Күлпаш жан-жаққа көз жіберіп, далада тұр. Бәрі кеше келген-ді. Бәрінің Ақмолаға қайтқан беті. Күлпаш «Қызыл отауды» болыс орталығына төте жолмен жіберген. Өзі Аманмен бірге бүгін бармақ еді.
— Бізді бүгін жібермес осылар, — деді Аман, ауылға қайта ене бергенде, — әзірше, үш үйде мал сойылғанын көріп келем. Дәуде болса бізге сойылған болар. Жемей кетсең өкпелейді.
— Оның бәрін жеуге қарын шыдай ма!
— Таймас пен Нұрғалидың қарны тасты да қорытады.
Үйге тақалғанда қос ақ қасқа қарсы алды бұларды. Кейінгі екі-үш жылда үйде болмаса да Аманды ұмытпаған, «сағындырдың ғой» дегендей құйрықтарын бұлаңдатып, еркелеп тұр. Өздері өскен, толған, мінездері бұрынғыдан да ауыр, паң, беттері қалыңдай түсіпті. Аман арқаларынан, бастарынан сипап, енді ит, ат, аң жайын әңгіме еткенде, шешесі есік алдына шығып дауыстады:
— Аманжан, шайға күтіп отырмыз.
Қонақтарды түнде Сыздықтікіне — жер үйге жатқызғанмен тамақты бәйбіше өз үйінде, киіз үйде берді. Шай үстінде сый қонақтарымен, сағындырып келген баласымен рахаттана сөйлесіп отыр. Бәтиманың атын атамайды екен.
— ...Қыз, сен де желпілдеме, — деді Бәтимаға бір кезде, — бүгін бұл ауыл біріңді жібермейді. Төрт үй малын сойып, қазанын асып жатыр. Не бар асығатын. Асыққан жетпейді, бұйырған кетпейді.
Ешқайсысы қарсы ештеме айта алмады. Бәйбіше ыстық бауырсақ пен жұқа нанды, түннен қалған етті қонақтардың алдына ысыра түсті. Майын жөнді шығармай қайнатқан балқаймақты, піскен сүттің қаймағын Аманға бейімдеп:
— Сенің қаймақты жақсы көретініңді біледі ғой, біреуін бақырауық Ырысжан, біреуін Әлжанның әйелі әкеліп беріп кетті, — дегенде, Маржан өтірік бұртия қойды. Күңкілдеп отыр:
— Нағашы шешем өз баласын ғана таниды екен...
— Бетім-ау, өкпелегені ме! — деп нанып қалды бәйбіше. Қаймақты енді Маржанның алдына жақындатып, Аманды қыздарға жығып беріп жатыр. — Құрбыларын өзі қосар десем, қоспаған. Ақсұңқарша шашып жемей, қарақұсша басып жеген несі. Жеңдер, қарағым, бәріңе жетеді, жеңдер.
Үлкен сары самауырдың ызыңы әзір басылар емес. Шайқұмарлардың сусыны әзір қанар емес. Ақыжан, Бәтима, бәйбішелер жаңа терлей бастады. Дастарқан үстіндегі әзіл, әңгіме жаңа қыза бастады. Аман мен Күлпаш дастарқан жиылуына қарамай атқа мінді.
Бүгін бұл маңдағы ел тегіс ат үстінде. Шабындық жерді бөлісіп жатыр. Волатком төрағасы Қасен, болыстық «Қосшы» комитетінің төрағасы Әлжан алдыңғы күні жайлауда болған үлкен жиналыс тарасымен түн қатып жүріп кеткен. «Иса бидайығы», «Өлеңті» аталатын үлкен шабынды бөлуге екеуі екі ру елге кетті. «Мақаш қорығын» бөлу волатком мүшелері Ізбасар мен Танакөзге тапсырылған. Бұл қорыққа телімдес он ауылдың шатағы үшеуінде ғана: Мақаш, Шәкен, жатақ үшеуінің арасында. Өзгесінде ойсыратарлық өзгеріс жоқ. Сондықтан, жұрттың көбі «Көмейде». Шәкеннің, Мақаштың жерін тартып алу үлкен оқиға көрінеді жұртқа. Мақашқа қарағаннан — сақалы сапсиып Мақаштың үлкен баласы ғана, Шәкенге қарағаннан екі малайы ғана келіпті. Олар жақ ашпайды. «Көп ауыл» енді өзді өзі керісіп қалып жүр... Аман мен Күлпаш жалпақ қорықты қақ жара жүріп, жан-жақты тегіс көріп келеді. Әр ауылдың тұсында жер бөліскен аттылар көрінеді. Аман ел жайын, жер жайын баяндай берді:
— Сонау әріректе тұрған қыстау Бәтекеңнің төркіндерінікі. Оның оңындағы жылпос Жақып, солындағы Байбол дегендердікі. Ши ішінде төбесі қылтиған мынау шағын екі ауылдың бірі Танакөз жеңгейдікі, бірі Жылқыбай дейтін қара қазан байдікі. Еліміз қорықты қоршай отыр. Анау көк таулардың қары ерігенде «Талдыға» құяды. «Талды» қорыққа әкеліп жайып жібереді. Шәкен мен Мақаш «Талдының» дәл бітер жерінде, қабақта, мынау отырған. «Көмейдің» шөбін олар көпене күйінде сүйретіп алып, қорасына үйе салатын. Енді алыстан арбамен тасуға тура келер. Жыл сайын пішен кезінде қырқысып жататын қазақ енді біраз тыншығатын да болар...
Лып етіп, ілезде жел тұрды. Тұншықтырып келе жатқан қалың маса тым-тырағай қаша жөнелді. Масадан босаған көптің қимылы қыза түсті. Таймас пен Тоқабай желе-шоқыта жүріп, арқанмен өлшеп барады жерді. Ол екеуінің соңынан шотпен омақа, белгі салып екеу барады. Ізбасар мен Танакөз әркімді тізімге қарап шақырып, өлшенген жерді қолма-қол бөліп беріп келеді. Өзге жердің шалғыны тізеге жеткенде, «Көмейдікі» кәзірдің өзінде аттың омырауын соғады. Піскен кезде ат көрінбей кетеді. Бірақ, «Көмейдің» де өзінше сауыры, пұшпағы, шабы бар. Көбінің дәмесі сауырдан алмақ. Жосытып жүрген көп атты бір мезгілде үйіріліп тұра қалды. Шаң-шұң дауыс естіледі...
— Қан қылмай алып көрші, кәне! — дейді біреу.
— Тезірек барайық. Жанжалдасты ғой мыналар! — деп еді Күлпаш:
— Саспаңыз, — деп сылқ-сылқ күлді Аман. — Танып келем, өзіміздің Тәуке. Шақар, ерке, қияс адам. Онымен біздің ауылда ешкім төбелеспейді.
— Сыздық түні бойы Тәуке болып, Әбен болып шегімізді қатырып еді. Сол Тәуке ме?!
— Дәл өзі.
Бұлар жеткенде, Тәуке ешкімге ырық бермей, Тоқабайға шұқшия сөйлеп тұр екен, бері бұрыла сала:
— Аманжан, өзіңе ғана жүгінем, — деді, — былтыр сен кетісімен Шәкен мені арбаның дөңгелегіне байлатып қойып сабатқан. Одан кейін абақтыға жаптырды. Аштық жариялап, дәм татпай жатып алған соң абақтыдан ақыры өздері көтеріп шығарды. Содан әлі оңала алмай жүрмін. Шәкеннің жерінің сауырын өзім алам!
— Шәкен мен Жақыптың маған да істемегені бар ма?! — дей беріп еді Тоқабай, Тәуке тағы киіп кетті:
— Сен мендей таяқ жеген жоқсың. Өшіңді де алып жүрсің. Абақтыға бір түн түнедің де бұзып қаштың. Астыңдағы Жақыптың мына күрең қасқасын міне қашып, сіңіріп кеттің. Өзің жоқта Жақып жалғыз сиырыңды алып қойып еді, ол жоқта Күлпаш қайырып берді. Сенде қайта пайда бар.
— Тоқа, таласпаңыз. Таңдау Тәукеңдікі! — деді Аман. Бұл талас сонымен тына қалды. Тәуке екінші дау шығарды:
— Жер жан басына бөлінеді екен. Ізбасар мен Танакөз біздің үйдің бір жанын кемітіп тастады. Іштегі шаранаға жер бере алмаймыз дейді. Өзіміз шаранадан адам болмадық па! Әйелімнің босануына үш-ақ ай бар.
Бәрі ду күліп жіберді. Тәуке көзі шатынай бәріне сыпырта бір қарап өтті. Аман күлкісін көрсетпей, түсіндіріп тұр:
— ...Ақылыңыз жетеді, ойлаңызшы, Тәуке аға, онда барлық әйелдің ішін көру керек емес пе? Сізге берген соң бәрінің шаранасына үлес беру керек емес пе?
— Сен қой десең, Аманжан, қоймайтыным жоқ. Қойдым, ендеше! — деді де Тәуке жұмсап сала берді. Оның жанжалынан ығыр болған Ізбасар уһлеп демін бір алды. Танакөз екеуі екі жақтап бөліс жайын айтты Аманға. Шәкенге «Қурайлы көлді» беріпті. Қашықта жатқан, бұрын ешкім шаппаған ащы көл. Шөбі көп, бірақ құрақ пен қамыс. Бастығы Қазанқап етіп, Шәкеннің он екі малайын он ауылға бөліп жіберген. Тоқабай ертіп келген жаңа кірме — жалшы Боқай да жер алыпты. Күлпаш бәрін үнсіз тыңдап тұрып дәптеріне тағы бір сөз жазып қойды:
«Бүгін тік көтеріле жер бөлісіне шыққан мынау жалшы, кедей, орташа жайраң қағады; бірі — қуанышын кеудесіне сыйғыза алмай танаулап тұрса, бірі — қызара бөртіп жымың-жымың етеді. Осыларға қарап Шәкен, Мақаштардың қабағын көрмей де білдім».
Өзен сыртындағы шоқының иығына үш салт атты шыға келді. Жүрістері қатты. Олардың артынан түйе қуған бір атты көрінеді. Түйенің үстінде мінгесулі екі адам отыр.
— Қасен мен Әлжан! — деді Ізбасар.
— Анау Әдхам ғой, — деді Танакөз. — Түйедегілер дәуде болса тұтқын шығар.
Айтқандары дәл шықты. Тұтқын, кәдімгі Мұқатайдың ағаларының бірі, Боқайдың бұрынғы қожасы Жамантік, оның артына мінген өзінің інілерінің бірі, белгілі есер ауылнай екен. Әдхам түйеге мінгестіріпті де, екеуін бір-бір аяғынан бір кісенмен матап қойыпты. Ызалы Жамантік Аманды көргенде қаба сақалын қапсыра ұстап тұрып сөйледі:
— Жақсы кездестің, шырағым, алыстан атыңа қанық едім, айтып қалайын. Малай кетті, жер кетті. Қауқиған мына сақал қалды, қайырусыз қайран мал қалды. Алар болсаң алып тын бәрін. Әйтпесе, кескек байлаған мынау итің күн көрсетер емес! — деп Әдхамды сұқ қолын шошайта көрсеткенде:
— Әй, әй, тарт тіліңді! — деді Әдхам. — Өздерің істеген иттіктің оннан бірін істегем жоқ әлі.
Аман Жамантіктің тұлғасына қарап қалыпты. Тілі өткір болғанда түсі де бұзық: тайқы маңдай, кең шықшыт, бетін түк басқан, түлкі көз екен, жуан қарнын түйе көтеріп келсе де, өзі алқынып отыр. Боқай жүгіріп барып қолын ұсына бергенде, Әдхам ақырып жіберді:
— Ұстама қолын, жуыма! Он жыл езіп, бір көзіңді ағартса да сәлем бересің, шірік ит!
Боқай сәлемдесе алмай кейін шегінді.
— Көрдіңіздер ме? — деп Қасен Күлпашқа қарады. Қысқа мойны бұруға онша келмеген соң кеудесімен бұрылды. Қисық жаға көйлегі түймелеусіз, күн күйдірген төсі қып-қызыл, беті де тотыққан, бұйра бас, дембелше жігіт махорка шылымының түтінін жоғары жіберіп, еркін сөйлеп тұр. — ...Кісендеулі Жамантікке бос Боқай қол береді. Демек, бұларды уақытша кісендеу, ауыздықтау жеткілікті шара емес. Taп есебінде жою керек! Жамантікке қосылып алып, анау ауыл советіміздің бастығы бөгет жасай берген соң екеуін бірдей тұтқындаттым...
— Жер бөлініп бітті ме, ол жақта? — деді Аман, Қасеннің сөзін бөліп.
— Бітіріп қайттық.
— Онда Жамантікті босат. Ауылнайды орнынан ал.
Қасен мен Әдхам төмен қарады. Қарсы ештеме айтпаса да іштері қабылдамай тұр. Аман соны сезіп сөйлей түсті:
— Емшілер мандамның әуелі басын алады. Жамантік, Жылқыбайлар басы ма? Айыра білу керек. Оларға әзір осы да жетеді. Мықты болыс болғың келсе алдымен шонжарды құлат!
— Е, бәсе! Айналайын, соған біз де көмекші! — деген, түйе үстіндегі Жамантіктің даусы естіледі. Оның аяғындағы кісенін Әдхам тістене, жұлқи ашты да, түйені борбайға қамшымен бір осып жіберді. Тайрақтай жөнелді түйе. Дуылдаған көп Аман мен Күлпашты ортаға ала «Мақаш қорығын» бөлісіп барады...
ҚАН
I
Ел жайлаудан тараған. Шәкен, Мақаш ауылдары қыстауға тақала — «Жамбас құдықта» отыр. Кешеден бері күн көзі көрінбейді. Аспан қалың бұлт, жел тынық. Анда-санда толасы бар ыбылжыған ақ жауын мазаны кетіріп тұр. Талай үйде отын жоқ, тезек су, панасыз нәрсенің бәрі су. Көп мінілген көлік, көп сауылған төл бүрсеңдеп үй паналап немесе ықтай оттап жүр. Үйлердің түндігі шақтап ашылған, қайсыбірі қалпымен жабық. Түтін шыққан шаңырақтар некен-саяқ. Жаз бойы жайлауда жадыраған жан-жануар күздің бір лайсаңында-ақ кірбеңдеп қалды. Қараша үйлердің адамы кәдімгідей күйзелді: киіз жыртық, отын жоқ. Отын болса ішті жылытатын ыстық ас жоқ, үлкені бүрсеңдегенде, балалары дірдектеп от жаққан, қазан көтерген үйлерді сағалайды.
От жағылмаса да Шәкен үйі бұл күндерді елемеді. Шәкен басына тысы қара барқыт, іші түлкі пұшпақ бөрік киіп, арқасына күрең сәтенмен тыстаған су жаңа түйе жүні күпі жамылып отыр. Күпісінің үлгісі бұл жақта жастарға лайық — етегіне құндыз ұстаған. Екеуін де Шолпан тікті. Шолпанның үстінде орман түлкісінің шымқай жондығынан құраған драп тысты ішік. Оны да істеген өзі. Мынау салқын күнде жылы киім екеуін қыз-қыз қайнатса да, көңіл салқынын жылыта алмаған тәрізді. Қабақтарында кірбең бар. Екеуі екі жерде, «Еңбекші қазақ» газетіне қадалып отыр. Газетке Аман мен Күлпаш қол қойған мақалалар шығып қалған.
Шәкен ұзақ жүріп қайтты. Ақмола, Қызылжардан дәрмен болмаған соң, Қызылорданың өзіне барып, Елтаймен жүзбе-жүз сөйлесіпті. Не сөйлескенін өзі біледі, ол жайында шешіліп ештеме айтқан жоқ. Әйтеуір қабағы салыңқы, уһісі көбірек. Кірені бұдан былай қоям деп, елу-алпыс арбаның бесеуін қалдырған да, өзгесін өгіз-мөгізімен жолшыбай сатып жіберген. Сонымен байланысты малайларының да саны азайып қалды. Бұндай шұғыл өзгеріске себепші болған «жер бөлісі» ғой дейді жұрт. Шынында себеп одан үлкенірек көрінеді.
— Осындай адамдармен де ауыз жаласып, алтыбақан тептің-ау! — деді де газетті былай алып қойды Шәкен. Шолпан үндеген жоқ. Шәкен үндетпей қояр емес. Сөйлеген сайын қазбалап барады. — Түсінген шығарсың енді, менің қас дұшпаным бұлар. Мына мақалада атымды атамаса да, жер бөлісі шонжарларды онша мұқата алмады, олардың ұясын бұзатын шаралар керек дегенді айтады. Сондағы ойлары мал-мүлкімді сыпырып алып, өзімізді көз көрмеске айдап тастамақ та. Сенің солармен қалай әмпейлесе қалғаныңа қайранмын!
— Әмпейлескенде не істеппін? — дей беріп еді Шолпан, Шәкен сөзін бөліп жіберді:
— Қонақта бір болсаң, жас балаңды жалғыз қалдырып, түні бойы олармен алтыбақан тепсең, ән салсаң, аз ба бұл?! Мен қайғыдан қан жұтып, түзде жүргенде, елімді соңыма салып, жерімді талап алып жатқанда сенің қағанағың қарық, сағанағың сарық, соны істеушілермен бірге жүргенің есімнен сірә кетпес...
— Сабыр етіңізші, мырза, мені бір тыңдаңызшы, — деді Шолпан. Шәкен құлақ қойған кезде егіле сөйледі. — Сіз түзде қан жұтып жүргенде, мен үйде май жұтып отырдым ба. Бәріне түсінем, бірақ, қолымнан не келеді?! Құдай ақы, сіз кеткелі көңілім бір селт етті ме екен. Күпіңізді, бөркіңізді тіктім. Одан қолым босаса Азатты ермек еттім. Қашан келеді деп жолыңызды қараумен болдым. Алтыбақанға барғаным рас. Сауық іздеп бармадым. Күлпаш, Маржандар қонақ әрі құрбы, солар қиылған соң көңілдерін қимай бардым да, аздан соң қайтып кеттім. Қонаққа шақырған Танакөздің шайын ішіп, етіне қарамай кеттім. Айыбым осы ма? Әлде бүккеніңіз бар ма?
— Алтыбақан басында Аман екеуің оңаша кетіп не сөйлестің?
Бұл сұрақтан Шолпанның шошынғаны сонша, қызыл шырайлы өңі құп-қу болып кетті. Жұқа еріндері дір-дір етеді. Әңгіменің ақыры қызғанышқа айналғанын жаңа білді. Ол қызғанышты Шәкеннің ашық айтқанын жаңа естіді. Бұлтара алмады. Көзінен жасы моншақтай отырып қайырды жауапты:
— Сенбегеніңіз ғой бұл. Сенбесеңіз де шындықты айтайын. Оннан аса бергенде құдай шешемді алды. Он беске жеткізбей әкемді алды. Бұғанам әбден қатпаған кезде қолыңызға келдім. Жарым ғана емес, әкедей қамқоршы да болдыңыз. Енді әзірейілше жазғырғанда жанымды қояр жер таппай отырмын. Рас, Аманмен бірер ауыз сөзге келдік, жасырмайын, оның ойында бозбалашылық болды білем. Мен түңілдірдім де, бөгелместен жүріп кеттім. Содан кейін көрсем көзім шықсын...
— Жылама, босқа бүлінбе, — деді Шәкен. Дауысы өзгеріп, жұмсап қалған түрі бар. — Мен әлі саған жаманат таңғаным жоқ. Тек жеңілтек бола көрме. Ана жылы Аман екеуің тау арасында бүлдірген теріп қалғанда не айттым. Онда жас едің. Кәзір жас емессің. Кімнің әйелі екеніңді ұмытпа дегенім қайда? Неге ұмытасың? Қыбыр еткеніңді көріп, өзінше жорып отырады жұрт. Аманның маған істемегені қалды ма?! Енді ошақ басын бүлдірмек. Бүлдіре алмаса, өсекшілерге жем қылмақ бізді. Есіңнен шығарма, Шолпан, жауыма жылы шырай көрсетсең жарым емессің, жасырын кірген сұр жылансың қойныма...
Ұйықтап жатқан Азат үнсіз басын көтерді. Жұмсақ жұдырығымен көзін уқалап, ұйқысын ашқан соң, «не сөйлесіп отырсыңдар?» дегендей ата-анасына сұрана бір қарады да, аяғын апы-тапы басып, қолын жайған әкесіне келді. Әкесі сүйіп-сүйіп алып, жылы күпінің ішіне тығып жіберді. Күпіден басын қылтитып, томсарған шешесіне түсіне алмай тағы да қарады Азат.
— Апа. Мә-мә-мә!.. Мә-мә-мә!.. — дегенде:
— Айналайынның қозы болып маңырағаны бұл! — деп, мәз болды Шәкен. Тұйықтығына, суықтығына қарамастан балажанды, әйелжанды, бір безінсе зорын таппай қайырылмайтын, бір берілсе зорын таппай айнымайтын кісі. Басқа кемтар. Алғашқы әйелі бір ұл, үш қыз тапты. Ұлы ержетіп қалғанда Омбыда оқып жүріп, құрт аурудан өлді. Қыздарының біреуі ғана тірі. Шолпан келмей ұзатылып кеткен, Шолпаннан бес жас үлкен. Аталастары аз. Олардың ішінде бір табан жақыны Қазанқап. Қазанқапты бұл үйге құл етіп беруге осы аталастық та қатты жәрдемдесті. Шәкен кәзір шар тартқанда көрген перзентін аймалап отырып:
— Сені құдай тірі қойса да орным бос қалмас еді-ау, — дегенде:
— Қойыңызшы, мырза, тіпті уайымшыл болып барасыз! — деді Шолпан. — Қызын берген құдай ұлын да берер. Үмітсіз шайтан болсын.
Түйілген қабақтар қайта жадырады. Салқын тартқан көңілді жас нәресте қайта жылытты. Екеуі енді жылы шыраймен сөйлесіп отырғанда сәлем беріп Қазанқап кірді. Әдеті бойынша мырзасының қолын ұстады. Сөз жоқ. Жоғары қарамайды. Сыртынан киген ақ брезент плащ су сіңіп сірескен екен, шешіп іліп қойды. Шашы ағара бастаған. Жемтікке тойып былай шығып отырған ақ бас күшігенше, үлкен үйдің оң бүйірінде қап-қара болып, тапжылмастан, күжірейіп отыр. Амандықтан кейін, шаруа жайын сұрастырған Шәкенге сараң қайырды жауапты.
— Сыбағаңызға тиген көлдің шөбі қалай көрінеді? Ac болар ма екен малға?
— Болмайды.
— Онда несіне шаптыңдар?
— Шапқамыз жоқ әлі.
— Ал, мал не күн көреді сонда?!
— Қысылмаймын, — деді Қазанғап, «қысылмаңыз» деудің орнына. Малай емес, мал иесінің өзіндей сөйлейді. — «Көп ауыл» болмаса, өзге кедей алған жерін оңдырған жоқ. Қол шалғымен тиіп-қашып жүріп бірер шошақ қалқитыпты. Жалшылар шөпті не қылады? Солардың бірінен жай сұрап, бірінен көйлек-көншек бермек болып шауып жатырмын. Шөп жетеді.
Шәкеннің көңілі енді көншіді. Қазанқап келісімен шығып кеткен Шолпан кірді. «Қазекелеп» бәйік болып тұр;
— Су өтті ме, Қазеке?
— Жоқ.
— Шәй піскенше қымыз іше тұрасыз ба, әлде?
— Ішпейім.
— Жылыныңыз, от жақтырайын. Азатжан да жылынсын. Күземге жеткізбей-ақ күйзелте бастады-ау күн биыл.
Шолпан ас үйге қайта барып, дәу жез легенмен үйеме ақ жапа көтертіп, асшы әйелді ерте келді. От жақтырды. Шәкеннің астына жабағы терісінен істеген қара бөстек төсеп, оны да отқа жақындатты. Ұшқынсыз, түтіні аз ақ жапа лезде маздай жанып, жалыны жоғарылап барады. Іргесі көмулі, тақтай есіктің сыртынан киіз есік ұстаған бүтін үйде от шалқымады, бықсымады.
— «Күйерің де, сүйерің де от» деген рас-ау! — деді Шолпан. — Азаттың қызара бөртуін қараңызшы.
Шәкен қарамады. Тіпті естімеді. Ойынан әлі жер мәселесі кетпеген екен:
— Малдының жерін малсызға әперсе, малсыз оны тастап кетсе ұтыпты ғой үкімет! — деп сылқ-сылқ күледі. Күлкісі ашудан әлдеқайда ызғарлы — кекесін күлкі. — «Көп ауылдың» сойқандары не істеп жатыр? — деп, үндемей қалған Қазанқапты тағы да сөзге тартты.
— Жер жыртып жатыр.
— Дәндеген екен. Жазды місе тұтпай, күз жыртатын болды ма?
— Аман тапсырып кетіпті.
— Иә, Аман өл десе өледі олар. Аман қанша шырқаса да Сәкеннен әрі бара алмас. Барып-барып, о да тырқиған. Кеп Амандарда емес, замандарда! — деді де, Шәкен басын шұлғи үнсіз отырып қалды. Ішінде зығырданы қайнап жатты. Қазанқап оны сезген жоқ. Келген шаруасын айта бастады. Шәкен былтыр Тоқабайды жалдап, үлкен мектептің қабырғасын қалатқан. Бұнысы әншейін көз алдау екен. Сол мектеп сол күйінде қалып қойды.
— Биыл ішіне шөп үйемін. Осындай елге мектеп салып бере ме кісі! — деп Қазанқап күжілдегенде:
— Мейлің, — деді Шәкен. Қазанқап түңіле отырып, таяуда болған бір оқиғаны естіртті енді.
Аман басшылыққа келгеннен кейін тергеуші Төлеужан дереу орнынан ұшқан. Сол Төлеужан бір жақтан келе жатып, далада Тоқабайға кездеседі. Тоқабай ауылға әкеледі де астық салған ұраға салады. Ұраның бетін керегемен жауып, керегенің үстіне Тәукені жатқызады. Тәуке: «Сен қамағанда қара судан басқа түк татпағам. Мен қамағанда сен де судан өзге түк татпайсың!» деп, екі күн, екі түн ұрмай-соқпай аш қамапты. — Біздікіне Төлеужан азар жетті! Сізге көптен-көп сәлем айтты, — деді Қазанқап, — қағынған елге жақсылық істеп, баласын оқытып не қимамыз қышып барады.
— Оның рас. Жақсылығым жамандық болып қайта берген соң, мен де торықтым.
Далада ит үрді. Үрген сайын шабалана түсті. «Күн ашылғаны ма?» деп Шолпан есіктен қарады да күліп жіберіп:
— Апай мен зуайт келіп түсіп жатыр!
Танакөзді апай, Әбенді зуайт дейтін Шолпан. Екеуі бірден келіпті. Танакөз сөйлей кірді:
— Бір күн салқында отқа қақтала қалыпты. Мырзаның бойындағы қызу біткен бе.
— Түрін қарашы, көрден шыққандай. Тілін қарашы, мірдің оғындай, — деді Шәкен.
— Мейлі, сарайым сұлу болса болады. Сен-ақ сыртыңмен жылтырай бер.
— Ей, сенің ішіңе кім қарайды, сонда?
— Өзім қарап, өзім сүйінсем де қайда жатыр! Сенің де басқаны сүйіндіргенің шамалы. Өзіңе өзің мәзсің.
Бастарына күләпара етіп киген қой жүні қаптарын тастап, белдерін шешіп, қонақтар отқа жақындады. Мақаш аулынан шыққан екен, үстері онша су болмаған. Әбен Мақаштың көңілін сұрай, Танакөз Шәкен шақырған соң келген көрінеді. Қалжыңмен біраз қарқын басып алғаннан кейін амандасып, жөн сөзге көшті бұлар. Әбен туыс жағынан Аманға, Мақашқа жақын. Жүріс жағынан Шәкенге жақын — асық ойнап бірге өскен құрбы. Ал, Аман мен Шәкен арасындағы талас-тартыста Аманға бейім болғанымен Шәкеннің көңілін әзір қалдырған емес. Бүгінгідей, қонақсыз, көңілсіз күнде тату құрбылардың келе қалғанына үй иелері, әсіресе Шолпан қатты қуанды. Жымың-жымың күле жүріп, дереу шай жасады, қазан астырды. Жүрісі тіпті майда, жорға. Манағы кірбеңнен бетінде түк белгі қалмапты. Жақсы құрбы келгенде, көңілде кір қала ма. Жақсы әзілсіз сөз шырағы жана ма. Дастарқан үстінде қарқ-қарқ күле, бірінен бірі асыра, бірінің кемін бірі толтыра отырып, балалық, жігіттік шақтардың әлі күнге суымаған бірнеше қызықтарын еске түсірді. Егде тартқан кезде де айтарлықтары аз емес екен. Жуырда бітер болмады. Қазанқап әңгіменің ақырына, ет пісуіне қарамастан, мырзасының «қонып-ақ кетсең еді» дегеніне көнбестен «жұмыс көп» деп жүріп кетті. Қалтқысыз, бөгетсіз аңқылдаған есіл әңгіме бір мезгілде сабынша бұзылды.
— Ұмытпай тұрып, бастырып алып қояйыншы, — деді де Шәкен шапшаңырақ орнынан тұрды. Бір папка қағаз әкеліп Танакөздің алдына қойды, — мөріңді басшы, осы сапарда ызасы өтті.
Танакөздің түрі өзгере қалды. Аз ойланып, мөр басудың орнына әзілмен жауап қайырды:
— Жақып пен Байболдың басып берген мөрін бітірдің бе?
— Бітті.
— Сонша не істей бересің онымен?
— Былшылдамай баса бер. Сотпысың тергейтін.
— Құрдас, бұған қинама, — деп Танакөз енді турасын айтты. — Шалабай өлгенде қалтасынан біздің ауыл советтің мөр басқан куәлігі табылып, Байбол екеумізді Аманның қанша тергегенін ұмыттың ба? Сол куәлік ақ мөрге жазылған. Жасыратыны жоқ, ақ мөрді Шалабайға сен беріпті деген сөз бар.
— Оттай бермеші, қатын! — деді Әбен, — Шалабай сияқты қашқынға, қанішерге Шәкен мөр беріп, құтырып па, есектің миын жеп пе, сонша! Бас мөріңді! Шәкенге сенбей отырмысың өзің?
— Қоя тұр сен килікпей.
— Килігем! Маған сенемісің өзің?
— Сенем.
— Мен Шәкенге сенем. Балалықты бірге өткіздік. Осы жасқа келгенше бір қабақ шытыстық па екен. Иттің құлы итақай алып жүрген мөрді аяған несі.
— Құрдасқа мен сенен әрі сенем. Бірақ, буынсыз жерге пышақ қоймаңдар.
— Қинамалық онда, — деді де Шәкен папкесін орнына апарып қойды. Сөз тоқталды. Танакөз ыңғайсызданып, өкпелеп қалды ма дегендей, үлкен көзін төңкере Шәкенге ауық-ауық қарайды. Бірақ оның тұңғиық түрінен ештеме байқай алмаған соң:
— Құрдас, көңіліңе ақау салдым ба? — деді бір кезде, — керек болса болыстың да мөрін алып берейін, Қасен қолымда өскен бала, сөзімді жықпайды. Айналайын, тек ақ қағазға бас деме. Бір мөрдің лаңынан азар құтылып отырғанда, қайтесің, оны қайталап. Жазған қағазға мөр аямайын сенен.
Шәкен жақ ашпай отырып-отырып, әрі-беріден соң ауыр бір хабарды тастай берді ортаға:
— Ендеше, Шолпанға да әлі айтпаған ойымды екеуіңе айтайын. Мен бұл жерден кетуге бел байлаған кісі. Сатына бастағанымды сезген шығарсыңдар. Сатылатын мал-мүліктің көбіне куәлік, жөнеу керек көрінеді. Оның бәрін күні бұрын жазып қоюға болмайды. Кезінде сен қасымнан табыла бермейсің. Сондықтан, мөр қалтамда тұрса деп едім. Қорықтың ғой. Уақасы жоқ.
«Не дейді!» «Не дейді!» деп Әбен мен Танакөз аңырып қалды. Шолпан да, шыны ма, ойыны ма дегендей күйеуінен көз алмай телміре қарады.
— Денің сау ма?! — деді Әбен. — Бұл не сөз?!
— Сау емес, — деді де Шәкен күрсіне бір дем алды. Содан кейін суырыла сөйлеп кетті. — Денім қалай сау болады! Көріп отырсыңдар ғой, жығып салып, тонап жатқан жоқ па? Жығушы, тонаушы жатым емес, жақыным. Дәл өз елім, өз ауылым. Аузымнан бүгін сөзімді, басымнан бағымды, бауыр басқан жерімді алды. Ертең: етімді тірідей кескілеп, малымды көз алдымда талап әкетуден тайынар түрі жоқ. Шошыдым! Жақсы ит өлімтігін көрсетпейтін еді. Есім барда аулаққа кетіп өлем. Бұл, қимас құрбыға, жаны бір жарға ғана айтылған сыр. Дабыра қылмаңдар.
— Ойпыр-ау, шының ба, Шәкен?! Дабыра қылмағанда іште қалай жатады бұл сұмдық! — деп Әбен еңіреп қоя берді. Аузы болжырап кемсең-кемсең етеді. — Жақсысын талап қаңғыртқан ел не болды сонда? Елден кетіп сен не болдың? «Естімеген елде көп» деген осы екен ғой. Жаным-ау, не естіп отырмын?! Орта жүздің жағасы Шәкен жығылса, қазақта жығылмаған не қалды?! Пісіріп жесе де өз еліңнен кетпе, бауырым. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол». Өкпеңнің үлкені «Көп ауылға» шығар. Аманға салармын енді салмақты. Көнбесе, сен үшін ат кекілін кесуге де барармын...
— Тәп-тәуір сөзіңді жаман қатындарша бажылдамай, божыратпай айтсаңшы! — деді Танакөз. Өзі қапелімде келіп қалған көз жасын дереу сүртіп тастады. «Осынікі әлі мөр алудың қарызы болмасын?» деген ойда отыр. Шолпан шошынған. Өң жоқ, көзінде жас та жоқ. Әбен айтарын әбден айтып, көзінің жасын сүртіп болған соң, Танакөзге манағы сөзі үшін мықтап бір зекіді:
— Түкке түсінбейсің. Оттамай отыр!
Шәкен Әбеннің ұзақ сөзіне қысқа ғана жауап қайырды:
— Қазақ өлігі қайда қалмаған! Қай жақсысын қазақ жараламаған! Әбен, әуре болма. Біздің бітісуден кеткен түріміз бар.
— Сен маған тоқтамасаң, саған мен де тоқтамадым. Тозған елдің тобына бір салмай жібермеймін, сені.
Бір қолына ілген, бір қолына шәйнек ұстап ши борбай бала кірді. Жасы он екі, он үш шамасында, киімі кір, шоқпыт, қап-қара жалаң аяғы тілім-тілім болып жарылып кетіпті. Жарық арасынан қызыл шақа ет көрінеді. Бүрсеңдей жүріп қолға су құйды да, босағаға барып төрге телміре отырды. Төрдегілер жуықта оны елеген жоқ. Салқын күнде ыстық етке бас қойып жатыр. Баланың аузынан сілекейі шұбырып, жұтына береді. Тамағын кенейді. Өтірік жөтеледі. Аш қарын қинап барады, ешкім асата қоймаған соң, қаттырақ бір түшкіріп салып еді:
— Қайтсін-ай! — деді Шолпан. Шала кесілген бір сүйекті шақырып алып қолына ұстатты. Бала қуанғаннан отыра алмай жүгіре жөнелді далаға. Далада әлдекімге мақтанып тұр:
— Шолпан жеңешем берді. Қонақтар жалмауыз екен. Жоғары қарамастан соға береді, соға береді!..
— Наубас-ай, ана бала мықтады-ау бізді, — деп күлді Танакөз. Шәкен тағы да бір күрсіне сөйлеп қойды:
— «Қызыл отау» келгенде сол қаршадай баланы да азғырып, маған қаршыға қылып салмақшы болыпты біреулер. Бұл елден не үміт, не қайыр!
Тамақ жеген соң Әбен мен Танакөз қайтып кетті. Тамаққа тойса да тіпті көңілсіз кетті. Манадан сөзге араласпай отырған Шолпан оңашада күйеуіне сұрау берді:
— Шыныңыз ба осы? Әлде қорқыту ма?
— Екеуі де бар. Ағайын жалынып шылбырыма оралса қалармын. Қасарысса, кете барам. Ондай елде қалып не табам?!
II
«Мақаш қорығындағы» ел октябрьсіз жылы үйге енбейтін, биыл сентябрьдің ішінде-ақ еніп алды. Жерде әлден қар жатыр. Ет қататын, енді семірмейтін болған соң қарамал соғымын соя бастады жұрт.
Ізбасар кеше соғымға арнаған жалғыз жылқысын да сойып тастады. Өйткені, ауданға асығыс жүруге тура келді. Аман анада келгенде болыстық партия комитетінің хатшысы Песикті, Ақмолаға, Ізбасарды оның орнына ауыстырмақ болып, Танакөзді болыстық атқару комитетінің президиумына өткізбек болып кетіп еді. Сол уәдесін орындапты. Телеграмм келді. Ізбасар кәрі ата-анасының шаруасын қамдап, соғымына дейін сойып берген соң, бүгін атын ерттеп қойып, өзін қоршаған ауыл адамдарына ақылын айтып отыр. Неше жылдай бала оқытқан, бастауыш партия ұйымына хатшылық еткен мінезді, орнықты жас жігіт Аман кетісімен ауылды аузына қаратып алған сияқты. Кәзір оны тыңдаушылардың ішінде Танакөз, Әбен, Нұрғали, Сыздық, Аманның шешесі Салиқаға дейін бар.
— ...Байқасам, «Көп ауыл» көптігімен емес, ұйымшылдығымен, басқарған жігіттерінің қажырлылығымен жеңіп жүр екен, — дейді Ізбасар, — Нұрғали, сен партия ұйымының, Сыздық, сен «Қосшы» ұйымының басында қалып барасың. Ауылда әлі шатақ жеткілікті. Аман, Әлжан, Әдхам, мен төртеуміздің жүгімізді енді екеуің көтересің.
— Мен біреуіңдікін ғана көтерем. Нұрғали мына тұлғасымен үшеуіңдікін көтеретін шығар, — деп еді Сыздық, бәрі ду күлді. Түйе дене Нұрғали орнынан бір қозғала беpiп гүр етті:
— Несі бар көтерсе, көтерем.
Ізбасар киіне бастады. Бұрын үйден ұзап шықпаған біреудің жалғыз баласы болатын. Әке-шешесі көзден таса қылғысы келмейді. Жоғарылап бара жатқанын жек те көрмейді. Екеуі екі жақтап киіндіріп шұрқырап үстіне түсіп тұр. Шешесі:
— Қарағым, өзің кеткенде қасымызда шүйкебасың қалса да жұбаныш қой, — деп келінді болуды көксейді.
Әкесі:
— Соңынан ерген бір жаман немесі болса, думан ғой тіпті! — деп немере сүюді көксейді.
Ауыл болып, «жол болсын» айтып Ізбасарды аттандырған кезде Салиқа бәйбіше оны оңаша әкетті. Оңаша әкетсе де сыбырлап сөйледі:
— Сөйтіп, дуанға бармақсың ба?
— Иә, әуелі дуанға барам. Содан кейін келем, өзіміздің болысқа.
— Аманға сәлем айт онда. Шәкенді қоя бергеніміз елден ұят, орны үңірейіп қалады. Қудаламасын енді. Жеңді ғой, жетер. Отыра қалғанды ит те қаппайды. Шәкеннің көшем дегені, отыра қалғаны — қорыққаны. Оның бер жағында өздерің ойлашы, сыртқы ағайын ертең беттеріңе салық қылмай ма? Жас кәрісін сыйламай, кәрісі жасын сыйламай бірін бірі талап, тентіретіп жатыр, шіркіндер демей ме?
— Жарайды, айтайын, әже.
— Айтып қана қойма. Ақыл бер, ой сал. Қаттылау еді мінезі. Құдайым тек қатыгез қыла көрмесін.
— Уайымдамаңыз, әже. Бәрі реттеледі.
Салиқа айтарын айтып, жолаушыны жөнелткен соң үйіне келе тәуір киімдерін киді. Ерттеулі тұрған атына мінді. Қасына Нұрғали, Сыздық, Әбен, Танакөздер ерді. Шәкен аулына тартты. Шәкен кететінін әлі дабыра қылған жоқ. Әбен мен Танакөз ғана біледі. Ол екеуі де дабырламай, жақын ағайындардың ішінде тек бас көтерерлеріне айтқан. Былайғы елден жасырады, намыстанады түге. Қолынан келсе, жабыла барып Шәкенді ойынан айнытпақ. Сөйтіп, жабулы қазанды жабуымен қалдыра салмақ. Бейқам Әбен бұл жөнде көп еңбек етті. Бұл жақтан «Көп ауылдың» адамдарын әкеле жатса, ана жақтан Жақып, Байбол, Мақаштарды дайындап қойған. Шәкен үйінде Жылқайдар атаға қарағанның Аман мен Ізбасардан өзге бас көтерерлері бас қосты. Сөзді Салиқа бәйбіше бастады:
— Айтуға аузым бармайды, бір суық сыбыс құлаққа маза бермеген соң жинала келдік. Жарқыным, бұл не сыбыс? Рас па?
— Сіздерден несіне жасырайын, рас, — деді Шәкен.
— Рас болса, кіммен ақылдастың? Туған елден, кіндік кескен жерден неге қаштың? Күн шалған шаңырағыңды, ұя салған бәйтерегіңді өз қолыңмен неге құлатасың? Осың ақылды Шәкеннің ісі ме? Әбден ойландық ба?
— Ойландым, бәйбіше. Кетер болған соң кінәласып жатудың керегі қанша. Оның бержағында бұл отырғаныңа биттей өкпем жоқ.
— Ал, саған біз өкпелесек қайтесің?
Шәкен жауап қайырмады. Ешқайсысы үндемеді. Салиқа тағы да сөйледі:
— Айтпасаң да белгілі. Өкпең «Көп ауылға», оның ішінде әсіресе Аманға шығар. Аманға бізді күйдірме. Екеуің жақын жүргенде де, алыс жүргенде де бізге ақыл салған емессіңдер. Өздерің түсінісерсіңдер. Оған да айтарымды айтып жібердім. Қай-қайсыңнан болсын тілейтініміз — бүтіндік. Көшпе, бүлінбе, бүлдірме елді. Көшкенде мұқатарың, міне, біз. Көшіп барған жерде қарық етеріңді қайдан білдің? Туған жердің топырағы жат жердің торқасынан жұмсағырақ. Мырза, ұмытпағайсың, бұны...
Шәкен үнсіз, төмен қарап отырып тыңдай берді. Салиқа тоқтасымен Мақаш сөйлей жөнелді. Сөзіне қарағанда Шәкеннің кеткеніне ең қатты қиналатын кісі осы сияқты:
— Уа, мырза! — деп сақалын әдетінше бір сипап қойса да, бұрынғысындай аға жөнелмеді. Сөзі сараң, даусы әлсіз, құлағы мүкістеу — кәрілік жеңген түрі бар. Сонда да сексен асқан қарт басы қалтақтай сөйлеп отыр, — Салиқа келін бәріміздің ойымызды айтты. Шағыңа жетпей қажиын дедің бе, алжиын дедің бе, битке өкпелеп тонды отқа жаға ма екен?! Үкіметке өкпелеп бізден безгенің қалай? Ел тентексіз болмайды. Тентекке өкпелеп елден безгенің қалай? Құдайдан күшті өкімет жоқ. Тек соның кәрінен сақтасын. Аманның мыналарсыз күні жоқ. Бұлар жинала келіп отырғанда неге үндемейсің? Маған мынау дүниенің бұты бір-ақ тиын. Анау дүниенің адамымын. Бұрын қанша былықсам да енді тазамын, әділ төрешімін. Мен қақсап отырғанда неге үндемейсің? Анаңның ақ сүтін, атаңның ақ батасын, ағаңның ақ сақалын, еліңнің ұлы ауқымын... бәрін көлденең қойдым жолыңа. Аттап кетші кәне, көрейін!
Мақаш сөзінің ақырын ескі жөтелімен бітірді. Ол шиқылдап басылған кезде Әбен күйіп-пісе сөйледі:
— Жағың байланып қалды ма, Шәкен! Өзіңді пері соққаннан аман ба?! Енді не күтіп отырсың, айтылмаған не қалды?! Құдай біледі кетер болсаң ең ақыры мына Шолпан да ермейді саған. Қара төбетті ертіп кете барасың!
— Рас айттық, құрдас! Ермеймін, кетпеймін елден. Кете қалсам, жылауменен екі көзім көр болар! — деп Шолпан еңіреп қоя берді. Оған еріп кәрі Мақашқа дейін жылағанда:
— Жарайды, қайтайын ойымнан, — деді Шәкен, — ағайын, тек тиыштық бер. Бере алмасаң бекерге қиылма. Жалғыз кетсем де тиыштық іздеймін.
Тиыштық беруге бәрі әу десті. Бірақ сол осылардың қолында ма? Өмірінің күзіне кездесіп отырған Шәкен ертең жел соғарын, тынық боларын немесе қар не жаңбыр жауарын біле ме? Арсыз үміт әйтеуір аласұрып, ызғарлы күнде шуақ іздеуден талған жоқ. Тиыштық береміз деген ағайындарының тілін Шәкен оншама малданбаса да сыртынан қатты сенген болды. Ішінен: «Жаз шыққанша шыдайын» деді. Ағайындардың дауысы етке тойып алған соң қаттырақ шықты: мырзаны райынан қайтардық, енді оны ренжіткеннің жағасында болар қолымыз деп гуілдесе тарады.
III
Қыс қысып тұр. Қар қалың. Қара мал тегіс қолда. Жылқы отарда, оның да арық-тұрақ, кәрі-құртаңы қолға қараған. Қасқыр қатты-ақ. Күні ұзын тұрып аузына ештеме түсіре алмаған соң түнде қораға түседі, мал түгіл ит кездессе де жеп кетеді. Біреудің отыны, біреудің шөбі таусылыпты. Ауыл арасында астына шана басып немесе түйе жетелеп тезек, шөп сұраған бойкүйез, бейқамдар ағайынның мазасын кетіре бастады...
«Мақаш қорығындағы» ел қыстан қысылған жоқ. Сыздық, Тоқабай сияқтылар қайта қысылғандарға көмектесті. Екеуі үш-үштен алты сиыр бағып отыр. Әгәр қыстан аман алып шықса, иесіне төртеуін қайырады да, бір-бірден өздеріне қалдырады. Сыздық аңшылығымен де қыс бойы көп олжа тапты. Ашыққан қоян түнде үй жанындағы маяға келіп жайылады екен, ормен қырып тастады. Қоянға тояттаған соң қасқырдың өзін қармен ұстауды шығарды. Қардан қазған оры терең: кісі бойы қолсұным, түбі кең, ауыз жағы қысыңқы, ішіне шөп өртеген, көк тайғақ мұз, бетін арқалық салып, шырпымен, шөппен көз алдай жабады, оның үстіне бір қоян қояды. Қоян, сирек тоқыған, бітеу тал қорапшаның ішінде. Қасқыр қоянды жеймін деп орға түседі. Сыздық осы әдіспен қасқырдың әзір екеуін ұстады. Бүгін күндегі әдетінше таңертең малды жайлай сала «Мың шұқырға» жөнелді. Сида, тарамыс, жүрдек жігіт. Ат омбылап аяғын суыра алмайтын ақ даланы шықырлата жаяу келеді. Қардың қаттылығы сонша, ізі жөнді түспейді, қалыңдығы сонша, ат бойы, қараған астында қалған. Күн ашық. Бірақ, көкжиектеніп, қораланып тұр. Аспанда аз шаңыт бар. Шыңылтыр аяз. Сыздықтың бетін шымшылап шиқандай қызартты. Сонда да ол елеген жоқ. Қайың сапты болат күректі беліне көлденең ұстай, «Мың шұқырға» тақалғанда жүгіре басты аяғын.
«Мың шұқыр» ауылдан екі километрдей жерде. Терең жары, үлкен апан құдығы бар ойпат. Қар бекіген соң бұнда қасқырдан өзге жан иесі жортпайды. Міне, бір қасқыр ордың қасында одырая қарап тұр. Қашпайды. Сыздық елу метрдей келгенде ғана жылыстады. Ордың төбесі құлан ішіне түскен, қоянды жеп қойған. Қалай жеді екен сонда? Жеу үшін қоянмен бірге орға түсу керек. Түссе қалай шықты?! Жырынды аңшының ақылы жетпей аң-таң. Мазақтағаны ма, әлде аңшының өзін жегісі келе ме, қасқыр ұзамай айналсоқтай береді.
— Әттең мылтық! — деді Сыздық айдалада өзіне-өзі.
Мылтығы болмайтын. Енді қалай да бір мылтық сатып алуға бел байлап тұрғанда елең етті. Дереу орға ернеуінен еңкейе қарады. Қазылып бері шығып қалған жаңа қар көрінеді. Қардың аржағында тықыр естіледі. Күшті тықыр...
— Біреуі қалып қойған екен ғой! — деп күлімдеді Сыздық. Қалған қасқыр қоянды жеген де, секіріп шығуға көп әрекет істеген. Секіріп шыға алмаған соң тесіп шығуға іргені үңгіп барады. Сыздық қапелімде шыдай алмай орға түсе қала айқасуға лоблыса да, түспеді. Күрегін иығына салып, сырттан күтті. Қасқыр қарды астынан кеулей келіп, басын жаңа қылтита бергенде күректің қырымен қара тұмсықтан періп жіберді. Сеспей қатты. Денесі қардың ішінен шықпай қалды. Басын езгіледі де Сыздық кете барды. Жарлауыт өзекшені бойлай келеді. Осы өзекшенің ішінде терең апан құдық болатын. Ол бұзылды. Табылса сол апанды op жасамақ. Қасқыр ере жүрді. Серігінің өлгенін сезбесе керек, аш, жарау, көзі оттай жанып Сыздыққа қызығады. Қорқып қашып бара ма дегендей алдын орады бір кезде. Артқы аяғымен тырналап қар боратты. Қыңсылап айбат шекті. Бәрі шабар алдындағы дайындығы. Сыздық қорқудың орнына қуанып, «түрт, шайтан, түрт!» дейді. Бишарасып жылайды, жалынған болады. Біресе «ал келе ғой, жеп тыншы!» деп жата кетеді. Қанша қызықса да батпады қасқыр. Шоқиып отырып, ұлыды. Бұл үйір шақырғаны.
— Шақырма, шақырма! Кел, жекпе-жек! — деп Сыздық тұра ұмтылғанда тұра қашты...
Жалпақ дала жым-жылас, ойы-шұқырын білу қиын. Адам түгілі атты көтеретін қатты қардың үстінде түк тіршілік жоқ. Аулақта күндіз, түн демей жорта беретін қара, ақ тышқандар, ақ тиін, күзен, қарсақтар бірі көрінбейді, бәрін қасқыр жеп бітірсе керек. Ызғырық жел тұрды. Аяз күшейе түсті. Күн қанша қадалса да суық даланы жылыта алмады. Аспан ашық та болса, жер жаяу борасындай бастады. Сыздық іздеп жүріп апанды бір кезде тапқандай болды. «Осы құдай біледі осы» деп қазып жатыр. Тереңдеген сайын сенімі арта береді. Кісі бойы барғанда күрегі жұмсақ бірдемеге тиді. Байқаса үлкен бума. Сыртын брезентпен қаптаған, ішіндегі не де болса жұмсақ нәрсе. Сыздық аңырып қалды. Буманың бір жақ шетін көтеріп еді, астынан тағы сондай бума көрінді. Апаннан атып шықты Сыздық.
— Перінің қоймасы ма, жаным-ау? Әлде ертегіде кездесетін алтын қазына ма екен? Не де болса менен аулақ. Дәу Нұрғалиды жіберем. Кәмөнес қой, сол білер.. — деп келеді. Жолшыбай орға соғып, өлген қасқырдың терісін сойып алды да, ауылға асыға жөнелді...
Ол асыға жөнелгенімен жуырда қайтып оралмады. Қысқа күн кешкірді. Ашық аспанды бұлт басты. Жорғалаған борасын бауырын көтеріп, кәдімгідей боранға айналды. Ымырт жабыла шана сүйретіп, «Мырзагермен» Қазанқап келді, ашылып қалған апанға басын шайқай қарап тұрып:
— Апыр-ай, қалай білді екен! Ел жата келіп алмақ болған-ау! — деді де аттан түсті. Апаннан төрт бума шығарды. Әрлі-берлі аударып қарады. Амандығына көзі жеткен соң шанасына салып алып, ізінше қайта қайтты. Қалың қар ақсақ ойылып, аты оқтын-оқтын омбылайды. Жел қарсы алдынан, өткір-ақ, оған қосыла қиыршық қар бетке сабалап келеді. Қазанқап сонда да мәу деген жоқ. Қараңғы түн, қарсы соққан боранды қақ жарып, беті биттей аумастан байдың дүниесін аман-есен ауылға жеткізді. Орны дайын екен — үлкен маяның астына тықты. Содан кейін сырт киімін шешініп, мырзаға айтқалы кірсе, бағанағы Нұрғали әлі қайтпапты. Етін жеген, шайын ішкен. Қыс жайында, жұтаған ел жайында ұзақ әңгімелер болған. Ендігі әңгіме тек ауыл арасынікі көрінеді. Аман, Әлжан, Ізбасар, Әдхамдар кеткен соң «Көп ауылдың» бас көтерері Нұрғали болып қалған. Сөзге олақ, аңқау, қорқақтау жігіт. Қисынын тауып мақтаса көпіре қоятын, шынында солай шығармын деп нана қалатын мінезін де ағайындар жақсы біледі. Жылпос Жақып Байболға, анда-санда Шәкенге де қостатып қойып, Нұрғалиды айналдырып отыр:
— ...Аман, Әлжан, Қасендермен бірге Ақмолада оқу бітірдің. Құдайға шүкір, білімің жетеді, — дегенде беті шылп етпейді. Өзі болыс кезінде «түк білмейді, дорақ» деп кооперативтен қуып жіберген. Орнына Шөгелді алған. Нұрғали соны да ұмытса керек. Мақтаған сайын рақаттанып, әукесін қасыған сиырдай иегін көтере береді. Жақып мақтай түсті, — өзің тағы партия ұйымының хатшысы болдың. Кәзір сенің айтқаныңнан «Көп ауыл» ғана емес, бүкіл Жылқайдар атама қараған, соның ішінде мына мырзаның өзі шықпайды. Тоқабай қайда барады? Шындасаң, бір-ақ мытқымайсың ба, тәйірі!
— Өзімен сөйлесіп көрдіңіз бе, не айтады? — деді Нұрғали.
— Белгілі безер емес пе. Аяғына отырғызбайды. Мұқатайдың бір ақымақ інісі ауылнай болатын. Содан «сыйға берілген ат» деген қағаз түсіріп алыпты қолына. Байдың болысқа берген сыйын параға айналдыру оп-оңай. Заңмен қуынуға қорқып жүрмін. Әйтпесе қасқа атты бір күн қоям ба оған. Ағайын арамыз біраз шатысты. Ақыры табыстық. Енді мына кірмеңе жем қылма. Менде ақысы болса алып бер. Әйтпесе, жетер, бір жыл мінді ғой, атымның майы салауат, басын қайырсын.
— Қайдам, ол өзі кірме болғанмен, қаймыға қоймайды. Аманға, Күлпашқа сүйенеді.
— Сонда зорлығына жол болсын?
— Шығындап қалдым. Сондықтан атты қайырмаймын. Оның бер жағында ат онікі емес дейді. Жазықсыз абақтыға жапты, төрт жарым ай қатын-баламнан, елден бездірді, кесіппен күн көрген адам едім, кесібімнен қалдырды, өзім қашып жүргенде үйімді шауып алды дейді.
— Айналайын, көрдіңдер ғой, несі кетті менде? Атымды міне қашқан соң жалғыз сиырын алып едім, «Қызыл отауды» ертіп келіп қайтып алды. Шығын десе есептесейік, қайсымыздың шығынымыз көп екен. Өзің бол төреші. Ауыл арасындағы ұсақ әңгімеге Аманды енді тартпайық. Аман Тоқабайды қанша сүйесе де белгілі саясат қой, сені он Тоқабайға айырбастамайды. Мен билігімді бердім, бітір бізді.
— О да беретін шығар, — деді манадан үндемей тыңдап отырған Шәкен. — Таяуда коммунист болды деген, бастығын тыңдайтын шығар.
Нұрғали содан тарығып, махоркасын дамыл-дамыл орайды да тартады. Саусақтары сарғайған, тұла бойы түтін сасиды. Ақмолада алты ай оқығанда алып қайтқан өнерінің бірі еді бұл, әзір септігі тимеді. Шәкеннің жаңағы сөзінен сасқалақтап қақпанды дәл басты:
— Тәуекел, кірісейін қасқа аттың дауына! — деп салды. Сөз сонымен аяқталып, қайтуға ыңғайланғанда, Шәкен бір көңіл етті:
— Костюмің тозып, жылтырап кетіпті ғой. Шолпан, әбдіреңді қарашы, Нұрышқа костюмдік бірдеме бар ма екен?
Шолпан төргі бөлмеге еніп кетіп, үш метр шевиот алып шықты. Нұрғали жымың-жымың етеді. Шевиот қойнына сыймаған соң күпісінің ішінен беліне орап алды. Жақып сый қонақтай-ақ ертіп шығып аттандырып жіберді. Атына міне сала, жерден жеті қоян тапқандай шауып барады Нұрғали, «Көп ауылдың» қотанына енгенше шапты. Сыздық үйінің қасынан өте бергенде Сыздық пен Тоқабай ортаға алып қалды.
— Қайда жүрсің?!
— Тірімісің?!
— Е, немене?!
— Kip үйге!
Үйге кіре Сыздық бүгінгі оқиғаны баяндады. Күні ұзын Нұрғалиды тосыпты. Одан күдер үзген соң Тоқабай екеуі апанға жаңа ғана барып қайтқан беті екен. Сандарын соғып, өкініп отыр. Нұрғали шешінген жоқ. Үстінің қары еріп барады. Қалың киім жылы үйде пысынатып, мұрнының ұшы шып-шып терледі. «Шешінсейші» деді Тоқабай. Сонда да белбеуін шешпеді. Белге ораулы мата өзін бұрынғысынан жуандатып, семіз көрсетіп тұр.
— Батыр-ау, мынауың май ма, киім бе? — деп Сыздық қарынға түртіп қалғанда селк ете түсті. Жалма-жан әңгіменің бетін апанға аударды:
— Апыр-ау, сонда бұл кімнің қоймасы болғаны?!
— Кімдікі дейсің, өзіміздің мырзанікі болар, — деді Тоқабай.
— Мырза неге тығады?
— Алыстан болжайтын арам кісі ғой, жарықтық. Бірдемені болжаған шығар.
— Осыңыз жаман, Тоқа! — деп Нұрғали басын шайқады. Төбесі шошақ, алды-арты тайқы, кейіпсіз басы шайқамаса да қозғала беретін. Шайқағаны байқалмады. — Біреумен өкпелессеңіз татулықты, кешірімді білмейсіз. Шәкен баяғы Шәкен емес. Қазір пірәдәр. Сөзден қалған. Қой аузынан шөп алмайды. Кеше ғана әке-жәкелеп азар тоқтаттық. Татуластық. Енді неге шымши бересіз? Жақыпты қан қақсатқаныңыз анау. О да бай ма?! Сазайын тартты. Үйірге қосылды. Қасқа атты сонда да қайырмайсыз.
— Өзің науқастан амансың ба? Сөз саптауың жаман! — деді де Тоқабай орнынан тұрды. — Шәкеннің іші ағарса, Жақыптың іші ағарса мына мұрнымды шорт кесіп берейін! Мен сенен талай көйлекті бұрын тоздырдым, бала. Талай сенгемін, талай кешіргемін оларға. Аузым әбден күйген. Енді аямаймын! Олар да мені аямасын!..
Тоқабай есікті сарт жауып шығып кетті. Нұрғали төмен қарап отырып қалды.
IV
Биылғы көктем жылдағыдан өзгеше. Ел мейлінше қысылып, енді қаусаған шығармыз деп тұрғанда қар қауырт еріді. Су қатты тасыды. «Мақаш қорығын» басып өтетін көп жолдың бірде-бірімен жүріп болмайды. Айналасы ат шаптырым кең қорыққа су тегіс жайылған. Ауыл арасында қатынас үзіліп қалды. Тек әлді аттармен ғана тізеден, толарсақтан су кешіп келіп, зәру ретте хабар алысады.
Осы көктем тасқынымен бірге ел ішіне бір жаңа хабар да жайылды. Байлардың малын кедейге тартып әпереді, өздерін жер аударады деп дүңк-дүңк етеді жұрт. Бай атаулыда үрей жоқ. Кедейлер елігіп алған. Екі қазақ бас қосса әңгімесі «кәнпеске». Бұндай әңгіменің ордасы қашаннан «Көп ауыл» екені мәлім.
«Көп ауыл» қорықтың күнбатысында, өзгеден оңаша. Жер дегдуін күтіп, егіске шығуға дайын отыр. Қисық Тәуке оған дейін бір пысықтық көрсетіп, екі сиырының қыстай жиналған тезегін бастырып жатыр. Ұрасы тым үлкен екен. Жалғыз тор шолақтың аяғы жуырда басып бола алмайтынын білген соң, тор шолаққа мала жекті. Ұраны енді маламен айналып жүргенде, Тоқабай келді.
— Тәуеке-ау, мынауың қай саясат?!
Тәуке түсінбеді білем, жауап қайырмады. Тоқабай да өз сөзіне өзі қанша түсінді екен? «Саясатты» ол «Қызыл отаушылармен» бірге жүргенде үйренген. Таңсық көретін, жиі қолданатын сөзі. Кәзір Тәукенің ұраны маламен басқанына таң қалып айтты.
— Бұл қай саясат деймін, Тәуке?! — деп өзеурей түскенде:
— Саясат-маясатыңды қоя тұршы, — деді Тәуке. — Кәнпескеден ештеме естіле ме?
— Кеше күні бойы Нұрғалимен оңаша сөйлестің. Сонда айтпады ма?
— Қойшы соны! «Малдың үлкені соғым. Адамның үлкені ...ғым» деген рас. Шәкенге қараған, қақпалап мініп алыпты өзін.
— Үстіне кеңірдек, қаракөк қылдан бешпент-шалбар кигізсе, мынау сылқылдақта астыңа қоңы берік ат мінгізсе, Тәуке, өз бүйрегің де Шәкенге бұрмалар.
— Төбемнен төмен алтын құйса да бұрылман. Жақып пен Шәкеннің арбаның дөңгелегіне байлап қойып ұрғызғанын бұл дүние түгілі, анау дүниеде де ұмытпаймын!
— Ұмытпасаң, кек алатын күн туды.
— Әй, білмеймін, қу ғой Шәкен. Есебін тауып осыдан да құтылып кетпесін.
— Иә, қулықтан кенде емес. Күні бұрын-ақ сезген екен. Тығынды, сатынды, көшпек болды. Үлгіре алмады әнтек...
Тоқабай қолындағы айырына сүйене тұрып, Tәукe ат үстінде ұраны айнала жүріп, екеуі кәнпеске жайында көп әңгімелесті. Күн көзі дамыл-дамыл басқан ұшпа бұлттардан айыққан соң ыси түскен. Қаулай өсіп келе жатқан көк бүгін тіпті шапшаң көтеріліп, қоюланып, жер бетін көгертіп жіберіпті. Сағым ойнаған кең дала сағат сайын құлпырады. Сағындырып келген сұлу көктем сол даладай кең етіп, сол сағымдай құлпыртып тұр. Ауылда бүгін еңсесі төмен адам жоқ. Балалар асыр салғанда, киіз жамаған әйел, кереге көктеген немесе арбасын шықылдатқан еркек ыңылдай отырып ән салады. Ала қыстай сартөсек болған көксау Жексембі де әне далада, күншуақта, анда-санда «шүкір», «тәуба» деп қояды. Сыздық қашаннан тынымсыз. Жайған етті шоқи берген соң енді қарға ұстағалы жүр. Аулағырақ апарып, бір қанат кереге құрды. Керегені еңкейте құрып, қарсы алдынан бақанмен тіреді. Бақанның жердегі ұшына арқан байлап, өзі алыстан бақылап отырды. Жаюлы ет кереге түбінде. Қарғалар торуылдап жүрді де бір мезгілде екеуі бірден келіп таласа қонды етке. Сыздық арқанды тартып қалды. Кереге жалп ете түсті. Қарғаның бірін тірідей балаларға ойыншыққа берді Сыздық, бірін еттің қасына ілді. Анадайдан көз жіберіп тұрған Тоқабай сүйсініп кетіп:
— Біздің «Қосшының» осы бастығы Шәкеннен де айлакер, — дегенде:
— Бар айыбы қылжақ, — деді Тәуке. — Менің анада абақтыдан шыққанымды, аттан жығылып талып жатқанымды мазақтайды деседі. Онысы рас болса менен бір татады ғой.
— Сізге кім соқтығушы еді, тәйірі! Қазанқаптың күрек тісін сындырған, абақтыдан өзін көтертіп шығарған, азуы алты қарыс Шәкеннің отының басын сабалаған қызыл көзге қалай соқтығады!
Тәуке тамағын кенеп, қоразданып қойды. Шақшасын алып, насыбайын иіскеді. Содан кейін торшолақтың үстінде күлімдей жүріп даурыға сөйледі:
— Әгәр осы кәнпеске бола қалса, Төлеужанды салған орға Шәкенді де бір салайықшы. Тіпті су татырмайық. Аштық, қорлық, тұтқын дегеннің не екенін білсін, бәлем!
— Айтпақшы, Төлеужан сізге не деп жалынды сонда?
— Айтпағаны жоқ. Тергеуші кезінде паң, аузы ауыр еді ғой. Орға салған соң былшылдап кетті. Ант ішейін, інің болайын, итің-күшігің болайын деп зарлады. Қайыспадым. Параға бір бұзаулы сиыр ұсынды. Қайыспадым. Ең ақырында құда болайық дегенде шалбарым бауын шештім де, керегенің көзінен көрсетіп тұрып, мынамен ақылдасайын дедім...
Тоқабай шек-сілесі қатып, құлап қалды.
— Бұл арада Төлеужан жоқ. Оныңыз әбестеу екен, Тә-у-еке! — деп күледі.
— Несі әбес! Байлар өзімізге онысын талай саптаған. Тап күресінде қаржымды алмай қорқам ба...
Атына міне сала далаға бет түзеген Сыздық, мынау екеуін көріп бері бұрылды. Астындағы түлеме таң әсем көк құлағын қайшылай, еліре аяңдайды. Өзі жымия күледі, Тәукенің мақтанып тұрғанын сезіп келе жатса керек.
— Ассалаумаликүм, Тәу-еке...
— Әліксәлем. Қайда тарттың?
— Егін-жайды көруге барам. Содан кейін қорықтың арғы бетіндегі ауылдармен тілдесем. Сол жақта басқан қақпаным да бар еді. Малалап жүрсіз бе, мынауыңыз бір жаңалық қой?
— Жаңалықтың үлгісін ауылда қосшылар көрсетеді деген соң мен осыны ойлап таптым. Аманға жазып жіберіңдер.
— Аманға жазып қоймаспыз. Газетке шығарармыз. Тәукенің даңқы талай жеpгe жетеді-ау сонда.
Тәуке бұған да бір көтерілді. Көңілі лепіргенде не басылғанда ататын насыбайды. Тағы да қонышынан шақшасын суырды. Сиыр мүйізінен істеген көкала шақшаны ердің қасына қағып-қағып қойып, насыбайды алақанына лықсытқан сайын қасын кереді. Тұрысында бір кемдік жоқ. Тұлғасы қолтоқпақтай көрінгенімен, ішінде арыстан ұлып жатыр. Насыбайын иіскеп-иіскеп алып, тымағын алшысынан киген соң:
— Зәуеде бұл хабар рас болса, осы бастан айтып қояйын, — деді Сыздыққа сұқ қолын сермеп тұрып, — Шәкеннің тақтайлы үйіне өзім кірем.
— Тәуеке-ау, соншама үйге жалғыз кіресіз бе?
— Онда бір қосшы мүшесін қосыңдар, Тоқабайды, мына Тоқабайды.
— Енді бір үй алыңыз.
— Алмаймын, орын жоқ. Шолпан отырған бөлмеде біздің қатын отырады деші. Шәкен отырған бөлмеде өзім отырам. Қонақ үйді бұрынғысындай қонаққа қоям. Тамақ ішетін бөлме тамаққа тұрады. Малайлардың үйіне Тоқабай кіреді. Сонда не артылады?
— Иә, артылмайды екен, — деді де Сыздық жымың етіп, жөніне кете барды. Тәуке оған ырза болып қалды:
— Осы адам болады түбінде. Түсіне қойғанын көрдің бе! — деп Тоқабайға қостатып тұр.
Ауылдың ең шетінде бақырауық ЬІрысжанның үйі. Ырысжан далада киіз жамап, Боқай кереге көктеп отыр. Боқай Ырысжанға күшік күйеу. Қызын алған. Екі жағын қосқан Тоқабай. Кәзір жетім бала, жесір қатын, бойдақ жігіт бірігіп, жап-жақсы ауқаты, азаматы бар үй болды. Сыздық жолшыбай бұлармен де амандаса кетуге соғып еді, Ырысжан дәм ауыз ти деп үйге енгізді. Үйі былық екен. Шымнан салған, ортасын аласа жал пешпен бөлген екі бөлме. Ауыз бөлме мал қорасына айналыпты. Кіндігі әлі түспеген ала бұзау, шуын шұбатқан қоңыр саулық, маңырап екі лақ тұр. Күлімсі иіс мұрынды жарып барады. Сыздық жиреншек жігіт болатын. Ырысжан қастерлеп ұсынған көк жиек, жылы айранға ернінің ұшын ғана тигізіп қайтып берді. Асыға шықты үйден. Есік алды, қора маңы батпақ, шылқылдақ. Биік өкше, саптама етігін қанша қорғаса да болмады. Шыға бере былғанған жұлығын сүртіп мінді атқа. Боқай аттандырған бойда ере жүріп, Ырысжанға да естіртпей, ат үстіндегі Сыздыққа созылып барып сыбырлады:
— Байдың малы бөліске түссе бізді ұмытпағайсың.
— Мал не керек саған, өзің малсың! Үйің қораңнан, қораң үйіңнен өткен сасық. «Қосшы» мүшесі осылай тұра ма екен?
— Кәзір тазартайын, кәзір! — деп Боқай жүгіре жөнелді. Сыздықтың қанжығасында жеңіл шот, қарында қатқан тал шоқпар, соңынан екі тазы, ауылдан шыға Ақжазыққа енді. Ақжазық дәл іргеден басталып, он шақты километрге созылады, «Көп ауылдың» екі-үш жылдан бергі егін-жайы, қар қалың түсетін ойпат. Қары кеткенімен кебе қоймапты. Аңыздарға ат аяғы толарсағынан батады. Тыңның өзі сабыр. Сыздық сонда да әредік-әредік дегдіген жер тауып, соларды жырта берсе, қалғаны оған дейін кеуіп үлгіреді деп келеді. Өткен күз жыртып тастаған он бес гектар тыңға көзі түскенде ішпей-жемей тойды. Тойса тойғандай: тереңдігі жырта қарыс, жал қалмаған, маңындағы тілдей-тілдей аңыздардың қасында жап-жалпақ, қап-қара, олпы-солпысы жоқ, мінсіз. Соқа ұстаған Сыздықтың өзі болатын. «Көп ауыл» көп ауыл болғалы күздік айырғаны осы. Оның бер жағында бұл күздік бәріне бірдей — Аманның айтуынша орталық қорға арналды. Аман былтыр келгенде, бәрінің басын қосып, былай деген:
«...Жатақ болып алдыңдар. Енді үй-қораларыңды түзеп, поселке тәртібіне көше беру керек. Мойынсеріктің пайдалы екенін көрдіңдер. Енді серіктіктің бұдан да пайдалы түріне көшу керек... Орталық қор жасаңдар. Жұмыс көлігін, өндіріс құралдарын ортаға салыңдар. Сонда еңбек өнімі де, дәулеттерің де арта түседі... Қазына жәрдемі алдымен сендерге беріледі...»
«Көп ауылдың» адамдарына, оның ішінде әсіресе Сыздыққа Аман сөзінен өтімді сөз жоқ. Кәзір Аманның осы сөзін еске түсіріп, оны көргенше, әдемі жыртылған мынау тыңды көрсетіп мақтанғанша асықса да, жұмыс көлігін ортаға салуға қынжылады Сыздық. Астындағы әсем көкті қимайды. Тақымы үйренген жануар жүйрік десе жүйрік, сұлу десе сұлу, әрі берік. Жүрісі қандай! Бөкенше желеді, билей аяңдайды. Кәзір еті қызған. Шұлғи түсіп, «жүрші, жүршілеп» келеді. Сыздық тымағын алшысынан киді. Қамшысын ерге тіреп, төңірекке көтеріңкі көңілмен қарады. Жаңарған кең дала, жақсы аттың үсті оның ойын әдемі елестерге апарды... Осы маңда немістің бір бай поселкесі бар. Ешуақытта астықсыз, шөпсіз, отынсыз болмайды. Ауыр жылдарда қазақ түгілі орыстың өзіне қарайласады. Жұдырықтай баласы, қаусаған шалына дейін қарап отырмайды. Өңкей еңбекқұмар. Үйлерінде кір жоқ, шетінен әппақ шағаладай. Ақтың үстіне әдемілікке түрлі бояумен өрнек жүргізеді. Мая салысы тамаша: қоян жон, су өтпейді, бір мінсіз. Ат-тұрмандары, арба шаналары да оңды. Жол үстінде бірдемесі үзіліп не сынып жатқан немісті көрмейсің. Бұл поселкеге кіре бергенде-ақ қыр қазағы еңбек шеберлігі, еңбек мәдениеті дегенді сезіне бастайтын. Сыздықтың ойындағы осы поселкенің елесі. «Көп ауыл» осы дәрежеге жетсе ырза. Өйткені одан жоғарыны Сыздық әлі көрген жоқ. Әсем көк астымнан кетпесе, «Көп ауыл» көше түзеп көшпелі елдің ішінде көрнекті поселке болса деген ойын аяқтамай егін-жайдан шықты. Ендігі беті Жылқыбай ауылы. Қорықты басқан жалпақ суға соқпай, айнала жүріп, арғы бетке өтпек. Балғын даланы басына көтере ән шырқады:
Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,
Сарғайдым мен қайғының суын іше.
Қанаты ұшқан құстың маған бітсе,
Барар ем сол қалқаға әлденеше.
Соңынан ерген қос аққасқа кенеттен көтерілген әнді «айтақ!» па деп, қапелімде орғи-орғи жөнелсе де ұзамай тоқтады. Аңсырап елең-елең етеді. Бұл жақта бұл кезде аң болмайды. Қары ертерек кететін қыратқа, қорықтың арғы жағына шығып кетеді. Сыздық ауылға жеткенше әндетті. Жылқыбайда жөнді ауыл бар ма. Екі-ақ үй. Екі үйде он үйдің иті бар. Бір топ ала мойнақ лап қойды. Кәрісі күрілдеп, жасы шапылдап ортаға алса да қос қасқа қайқиған құйрықтарын жазған жоқ. Тіпті қымсынбады. Қырып жіберердей дүрліге жүгірген көп шуылдақтың бірі ауыз сала алмады. Үндері өшіп, құйрықтарын қысып, кейін шегінді. Жылқыбай көшіп жатыр екен. Еңсесі түсіңкі, жоғары қарамайды.
— Ассалаумаликүм, Жықа. Көш көлікті болсын. Мал-жан аман ба? — деп Сыздық жалпылдай амандасты. Жылқыбайдың мінездерін де талай келемеж қылған, жаңа бірдеме табам ба деп, тінте қарап тұр. Жылқыбай жылы амандасқан кісіден бірдеме сұрай ма деп жылыстай беретін. Сыздықтың мазағынан қашып, онымен, тіпті, жөнді сөйлеспейтін. Бұл жолы әдеттен тыс мінез көрсетті. Салған жерден жарыла сөйледі:
— Әзір аманбыз, шырағым. Айтсаңшы, не білгенің бар, тұтанды ғой мына дүние?!
— Жықа-ау, оның не айтатыны бар. Балбыраған көктемде тұтанса, қураған күзде өртенеді де.
— Шын түсінбей тұрмысың, қылжақтап тұрмысың? Әлгі бір суық хабарды айтам. «Кәмпеске» ме еді, немене?
— Е, ол жылы хабар ғой, босқа тітіркенесіз.
— Басы ауырмағанның құдаймен несі бар деген осы! Әйтсе де тыңдашы, «Қосшының» бастығысың ғой. Мен совет байы емеспін бе? Советтен бұрынғы күнім бәріңе белгілі. Құдай да әркімді бас-басына сұрайды. Сүр байға қосып, қосақ арасында жібермеңдер. Шәкенді бүгін шауып алса түгі кетпейді. Ол былтырдан бері сатынып, тығынып болған. Іші майлы. Мен сорлы ішпей-жемей қалтақтап, қыстан азар шығып тұрғанда сыпырып әкетсе, ішқұса боп өлем де.
— Совет байын сыпыра қоймас. Сыпырса біздің жатаққа келіңіз. Ақжазықты еміп, ойнап-күліп жатайық.
— Сен жындыға қор болған есіл сөзім! — деді де Жылқыбай көшін қозғады. Түрі тіпті аянышты. Көзінің сорасын да сүртпеген. Күрсіне береді. Бұрынғыдай малайына ақырмайды, бажылдамайды.
— Сәметжан, баста, тарт! Е, құдай, өзің оңда! — деп барады. «Иттің баласы», «әкеңнің көрін...» дейтін әдетті боқтауының бірі жоқ. Атына «жан» қосылған Сәметтің қабағы көтеріңкі. Қожасының бүйрек бет тоқалына сұқтана қарайды. Тоқал оған «көкшешек келгір» десе де көзі күлім-күлім етеді. Сыздық көшке біраз ере отырып, осыларды байқаған соң, ішінен: «Шалым, шаруаң бітуге жақындаған екен» деді де озып кетті.
Қорықтың бұл бетіндегі ауылдар бүгін әу дессе керек. Әр тұстан андағайлаған көш, айдаған мал көрінеді. Қары ертерек кететін қырат, белестердің көгі мал аузы қарбытарлықтай болып жетіліп қалыпты. Барлық көш беттеген сонау қайқаңдағы жайлау жолының үстінде көлігі болдырған ба, арбасы сынған ба, манадан тапжылмай бір қара жатыр. Көктемнің дағдылы көріністеріне Сыздық жаңа көргендей қызыға қарап келеді. Міне, алқаракөк, бүртік бетегелі, қоян жон ұзын белеске көтерілді. Белес үсті шып-шыбар: қызыл, сары, ақ, көк... неше түрлі қызғалдақ, қызғалдақтан да түрге бай, қуана ұшқан алуан-алуан көбелек. Жерде сұр тарғақ қыңылдай жүгіреді. Аспанда бозша торғай жақ жаппай шырылдайды. Астында аузымен құс ілерлік әсем көк, айналасы безенген, құлпырған сұлу дүние, арқасын күн қыздырса, алдынан хош иісті самал желпіп Сыздықтың көңілі тасып барады. Әлгі жол үстінде көрінген қараға жүгірте келіп тоқтады. Ырдуан арбаның астында бір әйел, екі еркектің бөксесі бүлкілдейді.
— Көш көлікті болсын. Бұл не жатыс?
Терлеп-тепшіп арба астынан жылпос Жақып шықты. Жуан бөксе әйелі қоса шықты. Жақып ентігін басыңқырап, насыбайын атқан соң ғана амандыққа келді:
— Мал-жан аман ба? Құдай бір темір табан арбаға қолымды жеткізбей-ақ қойды. Мынау ит манадан сілемді қатырды:
— Бабын таппаса сол темір табанда сынады, — деді де Сыздық арбаға үңілді. Алдыңғы дөңгелектің бір қимасы түскен екен. Үшеулеп көтере алмаған арбаны қайың бақанмен жалғыз көтерді. Қиманы орнына салды. Сыналап, су құйып ісіндіріп бекіткен соң, ырдуан белгілі айғайына қайта басты. Жақыптың көнтек ауыз, жуан бөксе әйелі ырдуан үстінде өгіз айдап келеді. Сыздық соның астыңғы жағына қарай береді. Астында бір бума жатыр. Қысты күні апанда көрген бумадан айнымайды. «Апанға неге тығады? Болыс кезінде парадан алған дүние болып қуыстанғаны ма?.. Жоқ, оның қисыны аз. Тоқабайдікі рас. Шәкен кәнпескеден ерте сақтанған болды. Бума соныкі. Енді сенімді адамдарына тыққаны ғой...» деген оймен Сыздық көшті тастап, жолдан бұрылғанда Жақып қоса бұрылды. Талақша жабысып, сөйлескісі келіп барады. Сыздық сырдақтаса да қоймастан:
— Көптен бері ішке жиғаным бар. Ақтарылайын саған. Тыңдай бер, — деді бір кезде, — жұрт маған Шәкеннің қолшоқпары, құйыршығы деген ат қойды. Тегін қойған жоқ. Ұшқан құс, жүгірген аңның іздегені тамақ. Мен сол тамақ үшін аттандым. Тамақ үшін ар-ұятты, алыс түгілі жақынды сатқан шағым да бар шығар. Кәзір соның бәрінен жирендім. Кейбір түнде ұйықтай алмай, өкініштен бармағымды тістей берем. «Адасқан айып емес, қайтып үйірін тапқан соң» деуші еді. Таптым үйірімді. Ағайын, қойныңды аш, нәрестедей ақ көңілмен кірем. Бұдан әрі тіршілігім, өлсем өлігім бір болсын...
Жақыптың сөзі бітер емес. Сыздық оған ешуақытта сенген емес. «Шын жарылсаң жаңағы буманы айтшы, кәне» деп келеді ішінен. Айтпаған соң тез құтылудың амалын істеді:
— Жақа, маған бұнша жарылып қайтесіз. Анау жылы Әлжан екеуіңіз жанжалдасқанда арашашы болғаннан басқа, өмірі ешбір «әй!» дестік пе екен. Ол алдақашан ұмытылған. Менің сізге түк өкпем жоқ. Бұрынғы көңілім қалпында. Сөзге араласпайтыным өзіңізге мәлім.
— Жатып атар екенің де мәлім. Сөзге бұрын араласпасаң, енді араласасың. «Қосшысыз» кәзір сөз бар ма? Аманның ең жақын адамысың. Оны сыйлаған ел сені де сыйлайды. Қашқақтама, шырақ. Жұғатын мерезім жоқ. Ендігі досым Аман. Шәкенді ұстап берейін, сенемісің?
— Шәкен өзінен өзі ұсталып тұр ғой, — деп Сыздық мырс-мырс күлді.
— Жоқ! Шәкен әлі оңайлықпен ұсталмайды. Кәнпеске хабарын жұрт жаңа естісе, ол былтыр естіген. Ақмола, Қызылжар, Қызылорданы аралағанда қасында болдым. Жақындары тіпті көп көрінеді. Солардың ақылы болу керек — кіре тартып жүрген алпыс көк арбаның елу бесін өгізімен қоса жолшыбай сатып жіберді. Үш жүзге тарта жылқыдан көрерсің, көп болса, жүз шамалы ғана қалды. Осы көктемнің өзінде Қазанқап Қарқаралы жаққа бір рет, Кереку жаққа бір рет барып қайтты. Мал-мүлікті енді басқа ояздағы жақындарына тығып жатыр. Үкімет кәнпескелегенше Шәкен орта шаруа болып алады. Сонсоң не қыласың оған? Міне осыны Аманға, Ізбасарға дереу жеткіз. Мені жат санамасын. Шәкеннің қолтығында жүре берейін...
Жақып қанша маймаңдаса да Сыздық шешіле қоймады. Әбден тыңдап болған соң «жарайды, жеткізейін оларға» деді де жөніне кетті. Алдағы қыраттарда суырға құрған қақпаны бар. Қақпанға жеткенше ойында тек Жақып: «Белгілі екі жүзділігі ме? Әлде маңдайына тас тие-тие тауы шағылды ма? Арамдықтан шын арылса, өзіне тыққан буманы неге айтпады? Олай-бұлай дүние болса сіңіріп кетпек пе? Шәкенмен ашық ұстасуға неге бара алмайды? Аман шешпесе, бұл мен шешетін жұмбақ емес екен».
Сыздық ойы бөлініп селт етті. Тазылар тұра ұмтылды. Қақпанға суыр түскен екен. Артқы аяғымен тік тұрып, алдыңғы аяғымен бетін баса зар қағады. «Ей, адам, не жазығым бар. Қия гөр қасық қанымды?!» деп тұрған тәрізді. Даусы сонша аянышты, жетіп барған қос қасқа бассалмай, тұрып қалды. Сыздық аяудың орнына өшігіп:
— Адамнан азған жеті сұмның бірі! — деді де шотпен шекеге қағып жіберді. Суырдың үні өшті. Тыпырлауға мұршасы келмей, жан берді бишара...
Із өкшесі елсізден, аты кішкентай, өзі үлкен, өңкиген біреу өтіп барады. Жүрісі қатты. Жолындағы Сыздыққа бұрылмады. Қақпанын жинап, суырын қанжығаға байлап тұрып, Сыздық оған айғай салды:
— Әй, денің сау ма?! Неге бұрылмайсың?
Жолаушы мойнын да бұрған жоқ. Сыздық атына міне сала соңына түсті. Әудем жер жібермей жетіп келіп, бетіне үңіле:
— Денің сау ма? — деді тағы да. Жолаушы үндемеді. Дені сау. Кәдімгі Нұрғалидың өзі. Сөйлескісі келмей, бұртың-бұртың етеді.
— Тілің байланғаннан аман ба? Сөйлеші, қайдан келесің?
— Волкомнан.
Сыздық жаңа түсінді. Жуырда болыс орталығына Тоқабай барып қайтқан. Нұрғалидың Жақыпты жақтап, қасқа аттың дауына кірісіп жүргенін, Шәкеннен костюм киіп, ат майын мінгенін айттым деген. Содан кейін Ізбасар шақырып алып әкесін танытса керек.
— Жаман күйеу қалыңдығына өкпелесе, қайнағасына сәлем бермейді. Қайнағаның кінәсі не, сонда? — деп Сыздық қалжыңдай бастап еді, ол жуан даусын болбырата өкпесін айтты:
— Мен сізді туған ағамдай көрем. Сіз мені кірме Тоқабай құрлы көрмейсіз.
— Көрмегенде не істеппін?
— Тоқабай, Ізбасар екеуміздің арамызға шағым жүргізді. Тату құрбыдан айыра жаздады. Сіз онымен әмпейсіз.
— Кінәм осы-ақ па?
— Бұл аз ба?
— Онда мен ғана кінәлі, емес. Тоқабаймен Ізбасар Аман, Күлпаш та әмпей.
— Олардікі саясат қой.
— Қарағым, саясатыңды мен білмеймін. Қасқа аттың дауына кірісуіңді, Тоқабайды «кірме» деуіңді, сол үшін Шәкен берген сыйлықты қылғып қойғаныңды қостай алмаймыз. Аңқаулықпен тұтылдың. Ізбасар соны ескерген болар. Аман бірақ аңқаулықты кешіре бермейді. Ол естісе не жаның қалады?
Нұрғалидың аузына құм құйылды. Белі бүкірейіп, басы салбырап кеткен. Мұрнын қорс-қорс тарта береді. Аңқау ғана емес, қорқақ та, орашолақ та жігіт. Аңқаулық бір отыртса, қорқақтық құтын қашырып, орашолақтық екі толғауға келтірмей шынын айтқызды:
— Бұл пәледен қайтсем құтылам?! — деді әлден уақытта. — Шәкенге өмірімде беш тиындық жақсылық істеген емен. Істеймін деген емен. Ағайын болып жабылып, көшірмей қойдық. Енді ренжіте бермейік, көңіліне қарайық дестік. Сыйлап берген үш метр матасының параға айналуын қарашы!
— Тоқабаймен жарассаң әңгіме жабылады. Аманға естіртпейміз.
— Жарастыршы, айналайын. Қасқа аты құрысын!
Сыздық екеуін бүгін кештен қалдырмай татуластырмақ болды. Нұрғалидың қабағы енді ашылды. Волком берген асығыс тапсырмаларды айта бастады:
— Сізден жасырмайын, бұл әңгіме үшін Ізбасар етімді жеп, құр сүйегімді қалдырды. Содан кейін кәнпеске жайын толық түсіндірді, Бұл өзі Өлкелік партия конференциясында үлкен сөз болыпты. Жандос, Ермекбайлар бір жақ, Ералин, Аман, Күлпаштар бір жақ болып, армансыз сайысқан көрінеді. «Оңшылдар» құлаған. Тақауда үкімет қаулысы шығады. Қандай бай кәнпескеге жататыны сол қаулыда айтылады. Оған дейін ел ішіне тараған лақаптан қорқып бай атаулы, тіпті, кейбір орташалар малын азайтуға кіріскен. Азайттырмау керек. Ауылдағы партия, «Қосшы» ұйымдары ұғындыру керек елге. Сөз шынжыр балақ, шұбар төс шонжарлар туралы ғана болып отыр. Өзге байлар қорықпасын. Ізбасардың бізге тапсырғаны осы. Кәзір барысымен партия, «Қосшы» мүшелерінің біріккен жиналысын шақырайық. Ертең ерте жайлаудағы елге кетем.
— Құп! — деді Сыздық. Ауылға да жетіп қалған екен. Екі тазы жарыса жөнелді.
V
Болыс орталығынан кеше шыққан Қасен мен Ізбасар суыт жүрді. Аттың мықтысын, жарауын таңдап мінген. Өздері шыдаса, аттары шыдайтын түрі бар. Қасеннің астындағы биік, жез мойын құла терге шомбаса да аяқ астынан бөдене ұшқанда жалт беріп, тастап кете жаздайды. Ізбасардың мінгені ұзын шабдар, құйысқан астынан ақ көбік шығыпты, басын шұлғып қояды. Жүрістері сыпыра бұлаң құйрық. Шекпендері бөктерулі. Белді тоқ қылып байлап алған. Жайшылықта екі қонып, үшінші қонаққа талығып жететін қалаға бұлар бір-ақ қонып жетпек. Оған аттың аты, жігіттің жігіті ғана шыдайды. Сида, тарамыс Ізбасардың ерні тобарсыған, беті тотыққан, аузын жұмып алып үндемейді. Қасен ер үстінде қаққан қазық сияқты, табжылмай отыр. Қысқа мойын, кеспелтек балуан жігіт. Оқтын-оқтын әңгіме айтып, ән салып келе жатыр еді, ол үндемегелі де бірсыпыра уақыт өтті. Түс ауды, күн қарсы алда. Азырақ жылы жел бар. Жолаушылар әбден қаталады. Екеуі қаланың қысқы жолын ғана біледі. Жол үстінде қоналқа, түстікке ауыл кездесе беретін. Қазір аңқиған өңкей бос қара. Ел көшіп кетіпті. Шөлдеген, қарны да ашқан Қасен өздерінің бейғамдығын байқамай, көшкен елді кінәлай бастады:
— Бір-ақ аяқ ашыған көже немесе бір аяқ суық шалап берсе де қонақасы дәметпес едім. Көрдің бе, жау қуғандай тұра қашыпты бәрі. Осы қазақтың жайлау десе не сайтаны бар!..
— Болысекең шөлдейді деп, қазекең көшпей қоя ала ма, — деді Ізбасар. — Қазақты болысымен қоса үйрету керек.
— Болысты волком үйретер-ау. Волкомды кім үйретер.
— Бәріне өмір үйретеді. Бүйтіп шөлдей берсең сусыныңды ала жүресің әлі. Малшы қазақ егінші болғанда, көш десең де көшпес.
— Соны қашан көрер екеміз?
— Шәкен кетіп, Сыздық, Тоқабайлар ауыл иесі болған күні көреміз...
Манадан алыста қарауытқан Есіл арнасы енді анық көрінді. Қасен әңгімені тастай беріп шаба жөнелді. Ізбасар жеткенше ол атын шідерлеп отқа жіберді де, шешіне сала қойып кетті суға. Жүзгіш-ақ екен! Сүңгіп барып, өзеннің орта кезінен шықты. Етбетінен, шалқасынан, тіпті қырындай жатып та, құлаштап немесе суды шалпылдатпай, үнсіз де жүзеді. Мейірі жуырда қанбады. Басын ғана қылтитып, сонау жалпақта, тереңде, үйректермен аралас жүр. Ізбасар жүзу білмейді. Өзені, көлі жоқ, құдықты жерде өскен жігіт. Әйтсе де қолымен жер тіреп, тайызда жүзген болады. Бұның да өз рахаты өзінде. Бетін баса сүңгіп қалып, «а-а-а!» дегенде дауысы алыстағы Қасенге жетеді. Асты құм қайрақ, мөлдір Есілдің бір жері жадағай жалаңаш, түбі көрініп жатса, енді бір жері жарқабақ, тұңғиық немесе тоғайлы келеді. Екі жағасы бірдей таяқ тастам ел. Орыс, қазақ аралас отыр. Бірақ бір де бірі бұл өзеннің суын диірмен жүргізуден басқаға пайдаланған емес. Биылғыдай қатты тасыған жылы қырға шығып кететін мол су арнасына түсіпті. Талға шығатын шие, қарақат, итмұрын, қасқыр жемі сияқты жемістер буази бастаған. Бидайық, бетеге қаулап келеді. Аттар кәзірдің өзінде аузын толтыра асайды. Қызғалдақ кемеліне әбден келген кез, жер бетін жайнатып жіберіпті. Кәрі дүние жаңа түскен сұлу келіндей сызылып тұр. Көз құрты құтырып, көңіл шіркін қаптаған мынау көбелек, инелік, араларға қосыла сайраңдап барады. Төбеде шырылдаған торғай зары, әлдеқайда сайраған бұлбұл әні естіледі... Қасен шалқалай жүзіп келе жатып:
— Шіркін, осы әлем сәні — сұлу көктем кетпесе! Адам сәні — жалынды жастық өтпесе! — дейді. Ізбасар шалшықта жүзген балаша аяғымен су шалпылдатып жүріп жауап қайырды оған:
— Әгәр қуарған күзді, қаусаған кәріні көрмесең сол арманды айтпас едің-ау. Терең дүние, керең дүние таусылмас, тек арман беріпті. Өзгесінің бәрі шолақ.
— Волком енді фальсафаға басты ма.
— Амалсыздан басарсың. Бүкіл өмір фальсафа. Оның алдында кәрия да бала...
Екеуі судан шықты. Бағанағы шаршаған, шөлдегеннің бәрі ұмыт. Киіне сала тағы мінді атқа. Аттар да шалып, белі көтеріліп қалған, жорта жөнелгенде жарысады екен деп лап берді. Қасен Ізбасардың бөркін ала кетті. Ізбасар қумады. Атының басын тежеп белгілі жортаққа салды. Ақмола енді онша қашық емес. Жол кеңейіп, жол үстінде жүргіншілер жиілеп барады. Лашенке арбаға жалғыз ат жеккен біреуді Қасен бара сала тоқтатып тұр. Екеуінің шаңқылдаған дауысын Ізбасар естіп келеді.
— Өзің, бір қайырымсыз, оңбаған шал екенсің!
— О-ма-яу! Жол үстінде қымыз үлестіріп отырсам сендерге?
— Осы қымыздан тартып ішсем де ішемін!
— Ақшаға ғана ішесің, ақшаға! Онда да жолаушылығың. Әйтпесе, сатылып қойған қымыз.
Ізбасар келе қалтасына қол салды да:
— Екеуімізге шыпылдатып екі аяқ қымыз құйыңыз, не берейін? — деді.
— Алпыс тиын.
Алыстағы ауылда тегін ішетін қымызды ақшаға ішті бұлар. Қалаға жақындаған сайын қазақшылық жұқарып барады. Аз сөйлеп, көп бақылайтын Ізбасар шалдан бөлінген соң, үнсіз ыржия күліп алды. Содан кейін Қасенді қалжыңмен қажай бастады:
— Жасың үлкендеу болғанмен, жаның құрбы. Шыныңды айтшы, жасыңда таз болдың ба?
— Оны неге сұрадың?
— Мінезің әулекілеу.
— Қалайша?
— Жаңа тақиямды ала қаштың. Жарысып ойнамақсың. Ұзақ жолда қажыған ат шабыс көтере ме. Одан шалмен ұрыстың. Ақшаға дәндеген шал тегін қымыз бере ме? Жылқыбайдың жаман тоқалымен шатастырып, соттатқан да осы мінезің, а! — деп, Ізбасар сылқ-сылқ күледі. Үлкен, таза, көкшіл көзі жауап күтіп, Қасенге жалт-жалт қарайды.
— Сен сияқты шағыма жетпей шал болғанша, алабұртқан жас бола тұрам, — деді Қасен.
— Жастығың қайсы сонда? Көрсетші.
— Көресің осы жолы. Мен сені бозбалашылығыммен асыраймын.
— Е, мынауың бір тәуір сөз ғой.
— Қайда түспексің?
— Аманға барамыз да.
— Аманды қайтесің. Менімен бірге бол: Шығының шықпайды, қызық көресің, — деді де жымың-жымың етті Қасен.
— Сен қайда түсесің?
— Ақтамақтікіне.
— Ақтамақтікіне?! Онымен қандай жақындығың бар еді? — деп Ізбасар таңданды. Қасен сырын жасырған жоқ...
Әнші, қымызшы, көркем Ақтамақ күйеуін менсінбейтін. Күйеуі белгілі баскесер, қашқын Шалабайдың жалғыз інісі. Берекесіз жігіт еді. Шалабай өлісімен Ақтамақ оны тастап кетті. Кәзір күйеусіз. Қасен алғалы айналдырып жүрген көрінеді. Ізбасар онша қостамады:
— Көңілі жоғары, қаланың кербез әйелі ғой. Сен болыстықтан түскен күні қайтер екен? — дейді.
— Біз көп адамға сырттан тон пішеміз. Онымыз дәл келе бермейді. Мен кісі танысам Ақтамақ жар болуға жарайды.
— Аманмен ақылдастық ба?
— Маған ой салған, таныстырған соның өзі.
— Онда, мен де қарсы емеспін.
Қасен шырқап қоя берді. Денесі кеспелтек болғанымен дауысы зор. Қысқа мойны жуан-ақ. Қатты дауыстағанда одан әрі жуандайды екен. Тамырлары бадырайып, бұғағы ісіп, қып-қызыл болып кетті. Ақтамақтың әнін айтып келеді:
Жасым бар жиырма бесте, жылым мешін,
Өлімнің кім біледі ерте-кешін.
Барында базарымның ән шырқаймын.
«Ақтамақ ала кетті» жұрт демесін.
Үлкен жолдың үстінде ерсілі-қарсылы жүріп жатқандардың таңырқай не сүйсіне қарамағаны жоқ. Қасен олардың біріне де қарамады. Қалаға енгенше әндетті. Аманның пәтері Ералинмен бір қорада. Ешқайда бұрылмастан әуелі сонда келді бұлар. Қақпа алдында Ералиннің шешесі отыр екен. Жөн сұрасымен:
— Балалар, кешігіңкіреп қалдыңдар-ау, — деді, — екеуі де жиналыста, ендігі ашылған шығар. Тез жетіңдер.
Атты бәйбішеге тапсырып, осы қораға байлай сала жүгіре жөнелді екеуі.
Он шақты мың халқы бар кішкене қаланың ішінде үлкен көрініп, кішігірім ақ үй тұр. Осы үй кәзір адамға лық толы. Әр болыстан екі уәкіл — Ізбасар мен Қасен сияқты партия, совет басшылары келген. Уездің жері олай-былай мемлекеттің жерінен кең. Елінің шеті ояз орталығы Ақмоладан алты-жеті жүз километр. Ақмоланың өзі ең жақын темір жол станциясынан үш-төрт жүз километр. Болыс орталығының көбінде телеграф байланысы жоқ. Сондықтан «ер қанаты» атанған аттың қадыры өзгеше. Мынау үйде бас қосып отырғандардың бәрі соншама қиырдан атпен келеді. Бұрын бұлар бірін-бірі көрмесе де киімдеріне қарасып, қай рудан екенін білісе қоятын. Енді олай білу қиын, көпшілігінің киімі орысша. Топтың өзі керемет өзгерген. «Совет болысымын» деп жүретін Малқар, Қалабай, Мұқатай сияқты нәндердің бірі жоқ. Солардың қоңсысы не малайы — ауылдың көзі ашық, еті тірі жігіттері ел басқару ісін өзі қолдарына алып болыпты. Мінбеде Жұмабек Ералин сөйлеп тұр. О да өзгерген. Бұйралау өте қара шашында әжептәуір ақ көрінеді. Үлкен ала көзі әмән ызғарлы болатын. Кәзір жып-жылы. Қорасан шұбарлаған жалпақ, сұрғылт жүзі күреңітіп, оқтын-оқтын әзілдеп қояды.
— ...Ауылды советтендірейік дегенде партия ауыл тағдырын сіздердің қолдарыңызға бермек-ті. Міне берілді, — деп құшағын жая алдындағы топқа меңзеді. Ұзын, қайқыш кірпігінде күлкі ойнайды. — Бай ел басқарудан, жер қожалығынан мүлде қалды. Бас сауғалай бастады. Нәптан дәметкені көп еді, алғаны аз. Сол аздың өзін құстыру керек. Біз бұдан әрі шабуылды күшейте бермекпіз. Байларды кәнпескелеу — қазақ аулында кішкентай Октябрь. Бірақ, бай атаулыны мұрыннан тізе беруге болмайды. Іріктеп-іріктеп ең шонжарын ұстау керек. Сіздер берген мәлімет бойынша бір біздің ояздан үш жүз бай кәнпескеге ілігеді. Бұл тым көп, жолдастар. Басып-басып үш жүздің ішінен елуін алсақ та жетеді. Сонда Қазақстанда жеті жүздей бай кәнпескеленеді. Үкімет ойлаған мөлшер осы. Сіздерді жинап алғанда тағы да бір айтпағымыз — үгіт, насихат ісі. Конфискация лақабы бүкіл қазақ байын шошытты. Тіпті қайсыбір орташалардың жүрегі лоблыды. Солар көзге түспеу үшін мал басын азайта бастаған. Малға деген шабуыл жоқ. Ұғындыру керек оларға...
Кейінірек келіп, арт жаққа отыра кеткен Ізбасар мен Қасен шаршағанын ұмытты. Баяндамашының бір сөзін бос жібермей отыр. Орыс халқы өзінің ірі байларын өкімет қолына тиген күні жойып тынса, қазақ халқы Октябрьден кейін он жыл кешігіпті. Сонда да социализмге орыстармен қатар бармақ. «Социализм» деген сөз бұл топтың ұғымында: теңдік, байлық, салтанат. Сондай қызықты өмірге жету жолында көлденең тұрған феодалды бірінің аяйтын түрі жоқ. Ералин оңшыл коммунистердің қарсылығын, қатесін айта келіп, Жандос, Ермекбайлардың атын атағанда Қасен дауыстап жіберді:
— Олар өздері бай, әйтпесе байдан бата алғандар.
— Қайсысы болса да қатты құлады, — деді Ералин. — Партия солшыл коммунистердің де ырқына көнбейді. Жолдас Аман Сапаровқа ерсек осы кәнпескені бұдан бірнеше жыл бұрын жасар едік те, ұтылар едік. Онда ауыл советтеніп болмаған, тап жігі әбден ашылмаған, жер бөлісі өтпеген, дайындық жетімсіз-ді. Аман бұртыңдап жүрді. «Ал қазір жоятынымыз елу-ақ бай ма?» деп азсынады. Бұған қарап Аманды солшыл екен демеңіздер. Оныкі тек жастық, асығыстық. Партия бұндай мінездерді де тежеумен келеді...
Үй ысып кетті. Терезелердің форточкасы кішкентай, желдеткіші жоқ. Біреулер терлесе, біреулер пысынаған. Жұмабек жатқа екі сағат сөйледі. Енді екі сағат сөйлесе шаршамас. Тек, жұрт ыстықтап, желпіне берген соң ғана тоқтады. Орнына барып отырып жатып:
— Баяндама қалай шықты! — деп еді, Песик бармағын көрсетті. Ол кәзір Ояздық партия комитетінде екінші басшы. Аман оны қостай тұра баяндамадан мін тапты:
— Менімше де жақсы. Әгәр сондағы пікірді екі сағаттың орнына бір сағатқа сыйғызса тіпті жақсы болар еді. Уақытты ысырап етеміз. Уақыт алтыннан қымбат.
Жұмабек Аманға басын изеді де, баспалатқан сұрақтарға жауап бере бастады.
— Қандай бай кәнпескеленеді?
— Мал саны үш жүзге жеткен ең ықпалды байлар.
— Қашан кәнпескеленбек?
— Жақын арада декрет шығады. Сол күннен бастаймыз.
— Олардың мал-мүлкі кімге тиеді?
— Алдымен кедейлерге, артель болып ұйымдасқандарға...
Қолын көтеріп, Ізбасар тұрды орнынан:
— Декрет шыққанша байлардың көбі малын үш жүзден кемітіп тастайды. Біздің Шәкендер кәзірдің өзінде орташаның қатарына келіп қалды. Шәкен сонда құтылып кете ме?
— Құтыла қоймас. Ондай қулықтар ескерілер.
— Байлар қос қатындарының, балаларының, інілерінің еншісін беріп жатыр. Соған документ сұрап мазаны кетіріп барады. Бұны қайтеміз? — деді Қасен.
— Беру керек. Байдың өз басы кәнпескеленеді. Өрен-жаранын күйдіруге болмас.
Сұрақ, жауаптар біткенше күн кешкірді. Үй іші ала көлеңке тартты. Аспалы кәресін шамдар жағылды. Жарыс сөз болған жоқ. Өйткені баяндама нұсқау ретінде жасалған. Ұзын бойлы, көзілдірікті, жасамыс қара кісі орнынан тұрып қол көтерді:
— Менікі сұрақ емес. Мінбеге шығып айтатын болмашы ғана сөзім бар.
Ералин қасындағы Аман мен Песикке сыбырлап алды да:
— Жолдас Маралбайұлы Жандосқа сөз беріледі, — деді.
Жұрт елең ете түсті. Қазақстанда халық комиссарларының бірі болып келген белгілі Жандос Қызылордадан Қызылжарға, Қызылжардан тақауда Ақмолаға ауысқан. Кәзір ояздық оқу бөлімін басқарады. Мұрны қоңқиған, көмірдей қара кісі. Шашы әппақ. Сонда да сүйкімсіз емес. Мінбеге шыққан соң толғанып бірсыпыра тұрды. Жиын құлаққа ұрған танадай, оның аузына қарап қалыпты.
— Мен қазақ ауылын көп білемін деуші едім. Аз біледі екемін. Өзгерген екен халық. Мен өзімді саясат қайраткерімін деп жүр едім. Бола алмаппын. Бұл жиын мені осыларға мойындатты. Қателеріме партиядан, халықтан кешірім сұрармын. Қалған өмірімді мәдениет ісіне арнармын, — деді де Жандос мінбеден түсті. Көзінде екі тарау жас кетті.
— Оңшылдардың ішіндегі ең шыншылы, ақылдысы — деп күбір-күбір етеді Аман. — Мен сенемін оның көз жасына.
— Өлкелік партия конференциясындағы сөзін ұмыттың ба? — деді Жұмабек.
— Онда да ол шынын айтқан. «...Тіпті кәнпескелеген күнде де қазақ кедейі әруақ, құдайды аттап, байдың малын алмайды» деді ғой. Кәзір мыналардың сол байды тірідей жегелі отырғанын көрді.
Жандос мінбеден түскен бетте қара таяғының ұшымен еденді тықылдата үйден шығып барады. Бұл топтың оны көргені осы. Ізбасар ере шығып, басқыштан түспей тоқтатты.
— Сәләмәтсыз ба, Жандос аға!
— Қай баласың, шырағым? — деп Жандос аңыра қарады. Ізбасардың қолын босатпай тұр.
— Атым Ізбасар. Аманмен аулымыз бір. Еңбегіңізді көп оқыған мұғалімдердің бірі едім. Анада Шәкенге қонаққа келгенде ренжіп қалдық. Жаңағы сөзіңізді естіп қуанып келіп тұрмын.
— Шәкен бір жақсы мектеп салдырмақ еді ғой?
— Елге өкпелеп салдырмай қойған. Енді өзіміз саламыз.
— Өздерің болғанда кім?
— Өзіңізге мәлім жатақта қалған он үй.
— Япыр-ау, олардың шамасы келе ме?!
— Келеді. Қазір олардың мұртын балта кеспейді. Үй саны жиырмадан асты.. Артель болуға айналды. Мәдениет ісіне арнап ортадан биыл он бес гектар егін екті...
— Бәріңді сүйреп жүрген Аман ғой. Иә, ол ақылды да, бақытты да жігіт. Ел тізгінін енді соларға біржолата бердік, — деді де Жандос қош айтысып басқыштан түсе берді.
Ізбасар үйге енісімен жиналыс жабылды. Қасен екеуі кимелеп келіп, төрдегі Аманға жетті. Аман сағынышпен құшақтап, қысып амандасса да:
— Айналайын, бүгін қайтыңдар, іс тығыз, — деп жалынды. Бүгін қайтуға бұлардың аты да, өздері де жарамайды. Ізбасар соны айтқалы келе жатқанда, Қасен көзін қысып, тоқтатып тастады. Аман екеуін пәтеріне ертіп әкеліп қонақ етті. Аттарын жемдеді. Ізбасардың тізімінде кәнпескеге жататын бай он бес екен, өшіре-өшіре бесеуін ғана қалдырды. Олар: Шәкен, Малқар, Таласбай, Қалабай, Мұқатай. Көз байлана қонақтарын аттандырып тұрып:
— Нұрғали Шәкеннің аяғына өзі жығылғанымен қоймастан басқаны да жықпақ, — деді Аман. — Ол бишараның басын қатырмай партия жұмысынан алу керек. Зәуеде Шәкеннен Шолпан айни қалса сеніңдер. Жәрдем етіңдер.
Қоштасып былай шығысымен Қасен Ақтамақтікіне тура тартты. Сөйлеп келеді:
— ...Байды кәнпескелейміз деп өлеміз бе. Тынығайық. Аттар да тынықсын. Таңертең жүріп кетеміз.
— Мен тынығармын-ау. Сен зорықпасаң неғылсын.
VI
Шәкен құдайға да онша бағынбаған кісі. Басы сәждаға анда-санда бір тиетін. Бүгін таң намазын түннен тұрып оқыды. Намаздан кейін арқандаулы Алшаңгерді әкеліп ерттеп мінді. Алакөбеде, бел астындағы үлкен зияратқа беттеп барады. Өмірі өз қолымен ат ерттемеген, көк ерсіз жүрмеген мырзаның бұл саяхаты да одағай-ақ. Бірақ, әзір көзге түскен жоқ. Зияратқа келіп, өз әйелінің тамына тоқтады. Тамның құлағына атын байлай сала ішке енді. Қабірдің бір жағы ойылып, құлаған екен, үңірейіп тұр. Қолындағы қапшықтан темір сандықша суырды да, сол үңгірге сүңгітіп жіберді. Сандықшаны әбден жасырып болған соң ғана құран оқыды. Жалғыз өзі там ішінде күңіреніп отыр. Құран сөзіне түсінбейді. Сонда да берілген. Дауысы тек ыза мен зар. Көзінен жас та шығыпты. Батаға қол көтеріп, аузын жыбырлатқанда бір сөзі анық естілді:
— Е, құдай, бар болсаң жібер осыларға зауалыңды!..
Шәкен тамнан шыққан соң атын жетелей келіп, бір төмпешікке жанастырды. Алшаңгер күреңтөбел айғырдың баласы болатын. Күреңтөбелді Омбыдан алдырған. Асыл тек. Құлыны тайдай, құнаны аттай. Әрі сұлу. Төмпешікке жанастырғанда Шәкеннің аяғы үзеңгіге азар жетті. Қазір қолда қалған жылқылары осы Алшаңгер сияқты серейген өңкей будан. Өзгесін былтырдан бері сойды, сатты, әйтеуір құртты. Сиыр тұқымын да азайтып тастады. Мүйізі шаңырақтай-шаңырақтай жүз елу атан өгіз бар-ды. Соның он шақтысын, елу шамалы сауын сиырдың жеті-сегізін ғана қалдырды. Қалдырған малының ішінде кірлі қолмен ұстайтыны жоқ. Бір қарасы, өзгенің екі қарасынан құнды. Қадырлы деген өлі бұйымдарын жақын адамдарына алдақашан орналастырған. Енді «келсең келмен!» сазара күткен шағы. Алшаңгерді сипай қамшылап қояды. Бұндай оңашада әрдайым ыңырсып айтатын «Әупілдек» әнін айтқан жоқ. Ауыр мінезі жеңілдемесе де, жәй қозғалатын үлкен ала көзі алақтап, жан-жаққа қарай береді. Қаттырақ жүрген не басы қосылған екі-үш атты көрінсе, «солар-ау» деп жориды. Бір жұма болды, осылай оңаша дала кезумен жүр. Үйіне тамаққа, түнде жатуға ғана барады. Өзі қоңыр кісі, жел қағып, күн қарыған соң мүлде қарайды. Бұрын да аз сөзді еді. Енді зорын таппасаң сөйлемейді. Кең далада өз ойына өзі тұншығып, аһлағанда аузынан шыққан дем оттай ыстық. «Құдая, бұндай да қорлық, зорлық болады екен ғой!» дейді. Өзінің бұндайды талай адамға істегені есіне бір түспеді. Аты құлағын тігіп елең етті. Қатты жүріп бүйірден біреу келеді. Жүрек қапелімде суылдаса да қалпына тез барды. Жылпос Жақып екен. Сасқан түрі бар. Танаулай келіп, салған жерден:
— Күткен пәлеңіз міне! — деді де қонышынан әлденеше қабат бүктелген «Еңбекші қазақты» әперді. Шәкен аттан түсіп газетке қадалды. Бірді місе тұтпай, екі қайтара оқып шықты. Жақыпқа содан кейін тіл қатты:
— Бұл қаулы бойынша мені кәнпескелеу қиын. Мал саны үш жүзге жету шарт көрінеді. Менікі жүзге де жетпейді. Өзім түгіл әулетімде би, болыс болған ешкім жоқ. Жуан ата дей алмайды.
— Илаһи айтқаныңыз келсін. Бірақ, «Көп ауылдың» баяғы қастығы қайта қозыпты. Кеше кешке Ізбасар өзі келіп, осы қаулыны кедейлердің, «Қосшылардың» жиналысына салды. Жиналыста сізді бір адам жақтамады. Шығарып берді. «Шәкеннен кетсең ашық неге кетпейсің?» деп қинаған соң мен де сөйледім. Қол көтердім.
— Оларыңды үкімет бекітсе неғылсын.
— Бекітеді-ау деймін.
— Қайдан білдің?!
— Осыдан бір жұма бұрын Ізбасар мен Қасен Ақмолаға барып қайтыпты. Сонда бәрін реттесе керек.
— Қойшы! Сәду айтты ма?
— Енді кім дейсіз. Жаман да болса туыс қой, кәмөнес қой. Естіген-білгенін маған жеткізіп тұрады әйтеуір.
Шәкен түнеріп отырып қалды. Жақыптың көзінде дамыл жоқ, сынапша жылпылдап жан-жаққа қарана береді.
— Мырза, лұқсат етсеңіз?.. — деді бір уақытта.
— Ауылға жүр. Шай ішейік.
— Көзге түсіп қалармын. Кеше сізден бездім деп, бүгін бірге жүрсем, олар мені оңдыра ма. Нұрғалиды орнынан жұлып тастады ғой.
— Неге?
— Сіз бен бізге жылы шырай көрсеткені үшін. Білмеппіз, мынау Ізбасар Аманнан өткен ашадды екен. Шәкеннің тыққан малын, дүниесін табыңдар, тыққан адамды соттау керек деп коммунистерді, қосшы мүшелерін қайрап жатыр. Мені де бірсыпыра қайрады. Шәкеннен безгеніңді дәлелде, дейді.
— Сендегі әлгі бір буыншақ қайда?
— Қолымда! Енді жыттырам. Астымдағы күрең бестіге саттым, алдым деген қағаз-мағаз жасап қойсақ қайтеді?
— Жасай бер. Жиі хабарласып тұр.
Жақып айтарын айтқан соң ізінше кейін қайтты. Шәкен де атына мінді. Ауылға келеді. Ауыл көркі өзгерген. Он қанат шаңқан ақ орда биыл қоймада. Ұзын желі қысқарған. Жылқы үйірі азайған. Он шақты ғана құлын байлаулы. Қонақ үйде, қотанда адам көрінбейді. Думанды ауыл су сепкендей басыла қалыпты. Шәкен келгенде ат басын ұстаушы болмады. Күндегідей Шолпан да қарсы алмады. Атын өзі байлап, тым-тырыс тұрған қоңыр үйге енді. Дастарқан жаюлы. Қайнап-қайнап басылған ақ самауыр үндемейді. Бүк түсіп Шолпан жатыр. Үй іші әлі жиюсыз.
— Жәй жатырмысың? — деді Шәкен.
— Көзім ілініп кеткен бе. Түнде тағы ұйықтамай шығып едім, — деп Шолпан басын көтерді. Қабағы қатыңқы, өңі сынық. Сөзі, қимылы сылбыр, көңілсіз болса да, шәй құйып беріп отырып әрнемені сұрап қояды.
— Қайда тықтыңыз?
— Айдаладағы бір соқыр апанға.
— Өзіңіз таба алмай қалмаңыз.
— Өзім таба алмасам да осыларға бұйырмасын.
Шәкен сүйтіп темір сандықшаны қайда тыққанын нақ сүйер әйеліне де айтпады. Әйелінің жасырғаны оныкінен үлкенірек сияқты. Шай үстінде біртіндеп айта берді шынын:
— Дүниесі құрғырды қанша жинасаң да, тыққыштасаң да елсіз не қызығы бар. Елден айырылдық. Күн құрғатпайтын қонақтар сирей-сирей жоғалды. Үйді босатпайтын ағайын шешек шыққандай тастай қашты. Құдай-ау, жаман Байболға дейін жиіркенгені ме? Бір жұма болды, көрінбейді. Зуайт пен Танакөз апай да суысты. Кәнпескеден мынау жаман ғой. Бәрін сыпырып алып, бір көйлекпен қалдырса да елден айырмаса екен. Ішім өлі, сыртым сау. Құр сүлдерім жүр. Мырза-ау, не жазығың, не сұмдығың бар еді? Неге өшікті, неге безді жұрт? Сонда да осы елдің шетінде жалғыз үй отыруға ырзамын. Тек, жер аудармаса бопты.
— Жер аусам да, бұл елді құдай көрсетпесін маған! — деді Шәкен. Өзі толық кісі, ыза кернеп жарылардай тырс-тырс етеді. — Әттегене-ай, былтыр кете алмадым, үлгіре алмадым. Сен-дағы қақпан болдың аяққа.
— Әлі де болам. Елден түңілмеңізші. Безбеңізші...
— Жә-жә! Тоқтат! Көңіл өлді. Үміт кесілді. Ешбір сөз әсер етпейді енді.
Шәкен шыныаяғын төңкеріп орнынан тұрды. Шолпанның көзінен жас мөлт етті...
VII
Кәнпеске хабарының екпіні қатты болғанымен үкімет қаулысы шыққаннан кейін де бірсыпыра уақыт өтті. Байлар әлі орынша. Жергілікті «Қосшы», кедейлер тобы жасап жіберген тізім жоғарыдан бекіп қайтпай жатыр. Ол тізімге кімдер енгені белгілі. Кәнпескеленетін байлар қуынуда. Шәкен қуынған жоқ. «Бұл болыстан тонайтындары бесеу болғанда, Малқар, Мұқатай, Қалабай, Таласбай, мен болмағанда кім болады?» деп үйінде жатып алды. Кәнпескені сағат сайын күтеді. Августың ыстық күндерінің бірі еді. Талтүсте, тымықта жолдың шаңын аспанға көтере бір қара көрінді. Желі басында бие сауып жүрген Қазанқап көре сала жебелей басып мырзаға келді:
— Солар шығар, қатты келеді бір шоғыр!
— Келе берсін, мен дайын, — деді Шәкен, шынтақтап жатып. Шолпан басын көтерді. Түндік жабулы, үй іші қараңғы болатын. Тысқа шығып түндік ашты. Құлазыған көңілі «Қымыздықты сайды» қуалай отырған қалың елге қаратты. Ел қалпында. Қойы келіп, қозысы маңырап, құртын қайнатып жатыр. Ауыл аралаған абысын-ажын, қыдырып қымыз ішкен еркектер, тай үйреткен жастар көрінеді. Шолпанды шошытқан шоғырға бірі бұрылып қарамады. Қаралы үйдің халын бірі келіп білмеді. Өзімен өзі болып жатқан жұрт. Көрінген шоғыр зырлатып, міне, жетті. Аттары сабылған, танаулаған, ауылды баса-көктей, қотанды қақ жара келіп тоқтады. Қылыш, мылтық асынған Әдхамды, қисық мұрын Тәукені көргенде Шолпанның буындары дірілдеп кетті. Тоқабай көзіне жылы ұшырады. Төртінші жігіт таныс емес. Белінде наган, қанын ішіне тартып алған сұп-сұр біреу. Есік алдында күтіп тұрған Шолпанға Тоқабайдан өзгесі амандаспастан үйге енді. Үйге әдет бойынша сәлем беріп енеді. Бұлар сәлем де бермеді. Төрге шығып шалқия-шалқия отырды. Шәкен оларды елемеген сияқты әлі шынтақтап жатыр. Екі жақта үн жоқ.
— Осы болыстан кәнпескеленетін бес байдың бірі сіз болдыңыз, — деді әлден уақытта наганды жігіт.
— Білемін, — деп бас изеді Шәкен.
— Білсеңіз іске кірісейік. Әуелі мал-мүлкіңізді қаттау керек.
— Қаттай беріңдер.
Жігіт жазуға кірісті. Жазу ұзаққа созылды. Даладағы малдарды айдатып алды. Әбдіре, сандық, бумалардың ішін ақтарды. Кәдімгідей тінтті. Бәрін көзбен көріп, жазып болған соң Шәкенді тергей бастады.
— Сізде, былтыр осы уақытта үш жүз елу жылқы, жүз елу өгіз, алпыс бричка арба болған. Содан кәзір қолда бары елу жылқы, он өгіз, бес бричка. Алпыс бұзаулы сиырдан сегізі ғана қалыпты. Өзгесі қайда?
— Сойылды, сатылды.
— Бұрын неге сонша жұмсамағансыз?
— Бұрын кәнпескелеймін деген жоқ-ты.
— Ақшаңыз қанша?
— Болмашы. Айтуға тұрмайды.
— Алтын, асыл тас, киік мүйіздері, қымбатты бұйымдарыңыз қайда?
— Киік мүйіздері былтыр Қытаймен екі арада ұсталған. Алтын, асыл тас жиған емен. Қымбатты бұйымдардың тозғаны тозды, тозбағаны жұмсалды...
— Келіп-келіп мырзаларша-ақ жұмсаған екенсіз.
— Қалай жұмсасам да өз дүнием ғой.
Мал қотанда иірулі тұр. Үй іші тас-талқан. Шәкен сонда да басын көтермей, жантайған күйде жауапты кесір қайырып жатыр еді, жігіт қағаздарын жинап орнынан тұрды да, тура әмір етті!
— Киініңіз! Енді қыстауыңызды жазамыз. Ал, Қазанқап жолдас, сен біз келгенше мырзаңның екі үйін арбаға тиеп қой. Түн қатып болыс орталығына жеткізу керек. Тоқабай мен Тәуке! Сіздер малды кәзірден жылжыта берсеңіздер де болады.
— Тегіс сыпырып әкетесіңдер ме, бірдеме қалдырасыңдар ма? — деді Шәкен киініп жүріп.
— Күн көрістік қалады. Оны комиссиялар қарап қалдырады.
— Комиссияларың кім?
— Ояздық комиссияның бастығы Аман. Болыстық комиссияның бастығы Ізбасар. Екеуі де ініңіз. Орталықтан Күлпаш келді...
Шәкен сөзді аяқтатпай шыға жөнелді. Жалғыз жетекті, солқылдақ, неміс арбаға қос ат жектіріп, жігітті қасына, Әдхамды көшірге отырғызды да қыстауға тартты. Тәуке, Тоқабайлар малды жиыстырып айдай бастады.
Қотан қаңырап бос қалды. Жайраған үйдің іші жиюсыз. Азат былдырлап, ашық жатқан әбдіре, сандықтардың шешілген бумалардың ішінен әрнемеге бір қызығады, шешесіне әкеліп көрсетеді. Шешесінің жылап отырғанын байқап қалып, көзін сүртті, мүсіркеп бетіне бетін тиістірді.
— Жанған ішке қанатымен су сепкен қарлығашым, — деді Шолпан, баланы кеудесіне қыса, — анаң байғұс торға түсіп қалған соң, сенің атың Азат қойылып еді. Бізбен бірге жер ауасың-ау! Күнәсіз періштем, сені әкеткен кімнің кесірі екен? Тірі болсақ, талай мұңдасармыз. Арғын атанған елде, айдын көлді, асқар таулы, көк арай шалғын, көк мөлдір өзенді Арқа деген жерде тудың десем сенермісің. Сенсең сол ел мен жерден түңіле ме деп қорқам. Сенбесең тас бауыр жетімек болып кете ме деп қорқам. Жаратқан-ай, тілегім тіпті аз еді ғой: тек арсыздықтан, жалғыздықтан сақта дегенім қайда? Жиырма беске жеткізбей-ақ, оң, солымды танытпай-ақ ұрғаның ба төбеден!..
Күн батып кетті. Жалтыр аспанды қабат-қабат бұлттар басты. Қайғылы үйді қараңғы ымырт тұншықтыра түскенде Таймас кіріп келді. Оның дауысын қараңғыда Шолпан бұлжытпай таныды, атылып келіп құшақтай алды мойыннан.
— Таймасым, ниетіміз әлі дұрыс екен! Тап келдің. Келісімен еңсені бір көтеріп тастадың.
Шолпан егіле жылады. Бірақ, езу жимай күле береді. Қарақат көзінен бұрынғысындай от жарқылдайды. Жүдеу, солғын жүзінде бұрынғысындай қан ойнайды. Дереу шам жақты. Таңырқаған Азатқа Таймасты «ағаң» деп таныстырды. Ақ жарқын, алмастай өткір Таймас, әлі тіл қатқан жоқ. Көзін сүрткілеп, босаған көңілін бекіте алмай отыр.
— Бұл үйдің бұрынғысын көргенсің. Міне кәзіргісі, — деді Шолпан, — Абай атам айтыпты ғой: «дүние шіркін бірде бетін, бірде... береді» дегені осы да. Менің уайымым мал-мүлкі құрғыр емес. Туған елді, кіндік кескен жерді қимаймын. Ел бізден безді. Шешек шыққан үйдей жалғыз қалдық. Соған да шыдар едім, құдай-ау, «Үйшік» дегені немене? Қайда өзі?
— Қайда болса да қазақ жері. Мырзаны бірақ қазақ ортасына қоймайды, — деп еді Таймас, Шолпан құп-қу болып кетті. Бетінде тамшы қан қалған жоқ. Үрейлене сұрады:
— Ойпыр-ай, рас па?!
— Күмәнсыз.
— Мен, қайтем, онда?!
— Сен еріктісің.
— Кәнпескеленген байдың әйелі қалай ерікті?
— Тілесең босатуға мен кепіл. Не еріңмен, не еліңмен боласың енді. Тағдыр алдыңа осылайша таңдау қойды.
Шолпан таңдауын бірден айта алмады. Ері мен елі тартысып, жұдырықтай жүрегін жырта жаздады. Сонда да шыдады. Алдындағы Азат ұйқтап қалған. Үнсіз қиналып отырғанда Қазанқап кірді. Таймаспен қысқа амандасты да, екі кісілеп көтеретін үлкен әбдірені жалғыз көтере жөнелді.
— Қоя тұрыңыз! — деді Шолпан.
— Екі үйді жығып, арбаға тиеп қой демеді ме?
— Жауабын оларға мен берейін.
— Мейлің. Мен өз үйімді жығып, тиеп қоям, — деді де Қазанқап әбдірені тастап шығып кетті. Таймас оған түсінбеді:
— Бұл қайда көшкелі жүр?
— Мырзадан қалатын емес. Жалғыз жібермеймін, бірге кетем, — дейді.
— Өзін өзі жер аудармақ па?! — деп күлді Таймас. Күлкісі ауыр. Бұрынғысындай сақылдамады, жарқылдамады. Өзін тым байсалды ұстап, Шолпанның кірпік қағысына дейін бақылауда. Түрінде аяныш тұр. Ақырын, жылы сөйлеп отыр. — ...Жалшы күнімде маңдайымнан талай сипап едің. Сол үшін келдім. Әгәр менің сипағаным жәрдем етсе сені де талай сипар едім.
— Ырзамын, Таймас. Жылы сөз — жан азығы.
— Аман сәлем айтты саған.
— Ә! — дегенде Шолпанның ашылған аузы жуырда жабылмады. Күтілмеген сәлемнен көңілі бір жүйткіді. Бірақ, тез басылды. — Қайда кәзір?
Менімен бірге жаңа ғана келіп түсті. Әбекең үйінде. Күлпаш та сонда. Бірі үйезден, бірі орталықтан кәнпескені өткізгелі келді...
— Аманға менің сәлемімді де айта бар. Осы күнді ол ерте көріпті, қол ұшын кезінде беріпті дегейсің. Білмедім қадырын. Түңілдірдім. Айналған бас ақыры міне құлатты. Тұруға енді дәрмен қалды ма.
— Қалды!
— Жо-жоқ!
— Тіпті сол Аманның өзі күдер үзе қоймаған сияқты.
— Жұртта қалған ескіні Аман неғылсын. Сонда да ойлап-ойлап кетпеуге бекідім. Жаңалап жар сүю үшін емес. Туған елдің төбесін көріп отырсам да болады.
Таймастың жүзі жайнап сала берді. Шолпанды құшақтай алып маңдайынан сүйді де:
— Уһ! — деді. — Суға батып бара жатқан сен ғана емес. Қарап отырып мен де тұншығып едім. Өзіңмен бірге мені де құтқардың.
— Сен келмесең, сол бетіммен батып кетер ме едім, әлде қайтер едім.
— Бұдан әрі бөгелуге сабырым жетпейді! Аманды, Күлпашты хабарлаймын. Көшпе! Дереу босатамыз!..
Қуанышы қойнына сыймай Таймас үйден жүгіре шықты. Атына мінген соң тұра шапты. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда, жығылам деген жоқ. Әбендікіне жеткенде атын байлауға да мұршасы болған жоқ. Алқына кірді есіктен. Күні бойы ат соғып шаршаған Аман мен Күлпаштың көздері ілініп кеткен екен. Екеуі бірден бастарын көтеріп алды.
— Жай ма?
— Не болды?
— Шолпан қалатұғын болды! Елді, жерді тастап кете алмаймын дейді.
— Шын айтасың ба? — деп орнынан атып тұрды Аман. Сұрғылт жүзі күреңітіп, көзі жайнап кетті. Сабырлы жігіттің сабырсыз түрін Күлпаш түгілі Әбен, Танакөздердің көргені осы. Жасаулы шайға қарамастан кепкесін киіп ат жүргішін ала бергенде:
— Бөгелші, қарағым, бөгелші! Жеңілтектік етпе. Қайда барасың? — дей келе жуан Әбен көлденеңдеді.
— Шәкенді дереу тұтқындау керек!
— Кәзір таппайсың. Милициялар мана тауға алып кеткен.
— Сонда да барып қайтайыншы.
— Бұл не асығыстық? — деді де Күлпаш бір шытынып қойды. Оның сәл шытынған қабағын басқалар тіпті байқамаса да Аманға әсер еткені сонша, қалта қарап тұрып қалды. Шолпанға деген махаббаты өшуге айналғанда кенеттен лап етіп еді. Сол жалынды Күлпаш құшты... Қайтерін білмей Аман ой басқан күйде шайға отырды. Танакөз бен Әбен ырзалық білдіріп жатыр.
— Е, бәсе, көрінбей-ақ қой.
— Барамын дегенің тағы да қорлаймын дегенің емес пе. Қорлау жетті, шырағым.
— Басқа сылтауың болмаса, бастық адам тұтқындауға өзі бармайды, — деп Күлпаш тағы да бір қағытты. Аманда үн жоқ. Шай ішіп болған соң қайта жантайды. Жантайса да ұйықтай алмады. Дөңбекшіп жатып ұшып тұрды бір кезде.
— Күлпаш-ау, жылап отыр ғой! Бостандық сұрап отыр ғой! Қалай шыдаймыз, жүр, Таймас! — деді де шығып кетті Аман.
Таймас шығысымен Шолпанның қапас көңілін сергіте әдемі елестер өтіп жатты:
...Жаз. Күндіз. Аспан жалтыр. Тау арасындағы шалғынды терең сайда бүлдірген теріп екі жас жүр. Бүлдіргенге қараудан бір-біріне қарауы көп. Қарасты-ақ, беттері бүлдіргенше. қызарады...
Тағы да жаз. Жалтыр аспан. Айлы түнде, ауыл сыртында әлгі екеу сыбырласып жатыр...
Бұл елес қапелімде қызықтырса да, ақыры жылатты. Көзінен жас, көңілінен мұң төге ыңырсып отырып, әндете берді Шолпан:
«Жарқ етпес қара көңілім неғылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде сірә маған сендей жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да».
Далада арба дыбысы, адам даусы естіледі. Түн көзге түртсе көргісіз қараңғы. Найзағай оқтын-оқтын жарқылдап қояды. Жақында тәрізді. Сонда да әзір жел жоқ. Тымырсық, өте бір ауыр түн. Шолпан осының бірін байқамай, өзімен өзі болып, ыңырсып отырғанда Шәкен кірді.
— Көшуді неге бөгедің? — деді кіре бере. Даусы зілдей. Ала көзін адырайта қарады. Шолпан әдетінше орнынан ұшып тұрмады, қарсы алып шешіндірмеді. Жауап та қайырмады. Шәкен шешіне сала қасына келді.
— Неге үндемейсің?
— Кешпеймін.
— Не дейсің?! — дегенде ауыр Шәкен орнынан ұшып кете жаздады. Шошынғаны сонша одан әрі сөз түспеді аузына.
Шолпан ойын айта бастады:
— ...Сізді қазақ арасына қоймайтын сияқты. Осы жерден айырып, «Үйшікке» жіберудің өзі қабырғамның көк етін сыдырғанмен бірдей еді. Қазақ ортасынан кету, маған қабірге кетумен бірдей. Әйеліңізді, балаңызды еңіреткеннен жеңілдік болмас. Біз шаңырағыңызды сақтап қалайық. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дейтін еді ғой. Келе қалғанда орныңызды таппай, сипалап жүрмеңіз. Екі көзім төрт болғанша тосуға шыдайын...
— Бұның кеңескенің бе? Кесіп айтқанын, ба?
— Екеуі де.
— Қалғаны осы ғана болатын! — деді де Шәкен кеудесін керней күрсінді. Сөз тоқталды. Үй іші жым-жырт. Анда-санда күн гүр етеді, найзағай жарқ етеді. Есікті ептеп ашып келіп, Қазанқап күңкілдеді:
— Далада сізді біреу күтіп тұр.
Шәкен тысқа шықты. Аяқ асты еңкеймесе көрінбейді. Жәй жүріп, үй төңірегін байқастағанда әлдекім тамағын кенеді. Солай бұрылды. Келсе, Жақып екен. Қолын ұстай алып, солқ-солқ жылайды. Көзінде жас бар ма, жоқ па, құдай білсін. Әйтеуір Шәкен сенді:
— Жылама, жылама! — деді булығып тұрып. — Көз жасы өз үйімде де көл.
— Жағаң жайлау, төбең қыстау аға едің, қалай шыдайын. Қасыңда мылтықты адамдар жүрген соң қоштасуға жасырын келдім. Жұртың ғана қалып барады, есіл сабаз!..
— Қатын, балам да қалады...
Жақыптың үні өше қойды. Жүрегі зу ете түсті. Мырзаның жұрты қалуын тілемесе, жұртында қатын-баласы қалуын одан әрі тілемейтін. Өйткені, тығып отырған қымбатты буманы, мініп жүрген асыл нәсілді күреңді сіңіріп кетпек. Қатын-бала қалса сіңірте ме?
— Япыр-ай, жалғыз кетпексіз бе? Бас ауырып, балтыр сыздаса қайтесіз? Өзіміз жаман қатынымызды бір күн көрмей тұра алмаймыз. Ажал айырмаса қатын-баладан қалай айрылады кісі, — деп белгілі қарсақ жортаққа сала бергенде, Шәкен тоқтатып тастады:
— Ол жағын қоя тұр. Түн жамылып, ағынан жарылып отырмыз ғой айтшы, Шолпан туралы не білесің? Көп жылдар дәмдес, жолдас болдың. Жасырсаң соның бірін кешпеймін.
— Мырза-ау, неден сезіктендіңіз? Мынаған жауап беру түгілі, сұрақ берудің өзі қандай қиын!
— Бүгін қыстауға барып қайтқанның арасында ол бұзылды. Маған еретін емес. Осыған ақылым жетпей қойды. Не сыр бар? Сайтан сезбегенді сен сезетін едің.
Жақып жуырда жауап қайырмады. Үндемеді. Шәкен өршелене түсті:
— Үндемесең де ішіңде үйдей пәле жатқанын білдім. Айт шапшаң, айт!
— Айтуға ауыз бармайды. Айтпасқа тағы болмайды, — деді Жақып. Сырты қиналғанмен іші күлімдеп тұр. — Әйеліңіз бүгін емес, ертерек бұзылған. Азаты Аманның баласы, дейді жұрт. Анада, Жандосты шығарып кеткеніңізде Қазанқап екеуін ұстап алып, қоя беріпті.
— Қазанқап?! О тоба, Қазанқаптың да менен сыр жасырғаны ма?!
Шәкен бұдан әрі отыруға шыдамады. Қараңғыда аяқ астын жөнді көрмесе де қатты жүріп келіп, ас үйдің тұсынан дауыстады:
— Қазанқап, бармысың? Шық бері!
Қазанқап бөркін басына киюге үлгірмей, қолына ұстай шықты.
— Кісілер тамақтанды ма?
— Шай бердік. Еті қайнап жатыр. Күн жауып кетпесе қонатын емес. Үйді жығып, тиеп қою керек еді.
Екеуі алысырақ барып отырған соң:
— Түңілдім бұл дүниеден! Сенің де менен жасырғаныңды таптым, — деді Шәкен.
— Құдайға күнәм көп шығар. Саған жоқ шығар, мырза.
— Жасырғаның да жоқ па?
— Не жасырыппын?!
— Шолпанның ойнасын жасырдың.
— Не дейді! Не дейді! Мен қайдан білем оны?
— Біз Жандосты шығарып кеткен күні, ауыл иесіз қалған түні көрмедім деп нан жеуге жараймысың? Жарамасақ айта бер.
Қазанқаптың үні өшті. Бұл сырды іштен шығармауға Аман, Шолпан үшеуі тұз жаласып, ант етіскен. Айтуға болмайды. Өтірік деп нан жеуге тағы болмайды. Мырзасын қия алмай, антын бұза алмай қиналған Қазанқапта тіл жоқ. Самайынан тер сорғалап, басын жоғары көтермеді. Құнысып, жерге еніп барады. Еңкілдей жылады ақыры...
Шәкен тұрып кетті. Ойы, өңі түндей қап-қара. Тура үйіне барды. Қайғы басып қалжыраған Шолпан жантайған күйінде бүк түсе ұйықтапты. Ақ тамағы шамға шағылысып көрініп жатыр. Шәкен шұқшия қарап тұр. Ыза кернеп, тойған сүлікше тырс-тырс етеді. Көз тамырлары қанталаған, қып-қызыл. Үні жөнді шықпайды. Булыға сөйлейді:
— Өзімдікі дегенімнің бәрі өзгенікі болды. Соқа басым ғана қалды. Аспан алақандай-ақ. Жер тебінгідей-ақ. Үміт кесілді, тыныс тарылды. Ақ өлім маған бұйырмады. Қара өлім тірідей көмді. Түбіңе қарап үңілдім де, түңілдім сенен, сұм дүние! Жар емес, жасырын енген сұр жылан мынау қойныма! — деді де Шәкен Шолпанның үстіне қона түсті. Шолпанның бір-ақ рет ащы даусы естілді.
Толық денелі, буырыл бас Шәкен қозы бүрген ақ бас күшігенге ұқсайды қазір. Бүріп жатыр...
Аман мен Таймас кіріп келді. Қапелімде бұлар түк сезген жоқ еді. Атып тұрды Шәкен. Аман алты атарын суырып алғанда, қанға боялған қара пышақты тастай беріп қолын көтерді. Таймас барып қолын артына байлап тастады. Әдхам, Қазанқап жетті жүгіріп. Шырылдап Азат оянды...
— Шолпан! Шолпан!.. Әттегене-ай, әнтек бұрын келсем!.. — деп Аман сылқ отыра кетті де, еңіреп жіберді. Шолпанда дыбыс жоқ, қан жүрегінен жылымшылап ағып жатты. Шәкенді алдына салып Әдхам үйден шықты...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі