ЕКІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ ТАРАУ
1
Шыбынсыз жаз еді. Алтайдың жазы қашанда шыбынсыз. Көделі, күреңселі Құзғындының мидай жазығы. Сол жазықтың өзі де етектегі елден екі мың метр биікте жатыр. Алтайдың жазығының өзі де аспанда. Аспан астындағы мидай жазық шыр айналып, кіндігінен дөңгелеп тұр. Баладан кәріге дейін көңілі көк тірегендей желіккен жұрт, қымыз желігі, қызық желігі, қыз желігі де жоқ емес. Танаурамаған еркек жоқ, тамсанбаған ұрғашы жоқ. Құйрық-жалын үкілеп түйген бәйге атында балалар, қыз-қырқын жорғада.
Бірінен соң бірі жұбын жазбай құйрық тістесіп қатарынан келген үш қара кердің солығын басып шетте жүрген Шерубай жорға жарысын жариялағанда қайтадан ортаға ұмтылды. Дончак шатыс жирен қасқа азбан қалың топты омырауымен қақ жарып көмбе басынан бірақ шықты. Бүгінгі думанның биі де, төре ағасы да Сиғат еді, ақ жібек шапанды иығына желбегей тастап ақбоздың үстінде сіресіп отыр екен. Ақбозы билеп тұр екен. Қамшы көтергенде көмбеге он ат шығып еді, он бірінші болып ақ жал сарымен Сән, он екінші болып қара жал құламен егерь шыққанда ат қосқандар гуілдей бастады.
— Кәмесия қайда бұл?! Кәмәсия не бітіріп жүр?! Анау қара жал құланы бәйгеден шығарып тастаңдар, ол жорға емес, рысак! — деп бір шал өндіршектеді.
— Әй, ол бұғы сапқозының белгілі буданы ғой, мен оны сақауынан білемін! — деп екінші шал өңештеді.
— Әй, қарағым, — деп үшінші шал ентелей бергенде, Сиғат қамшы көтеріп тоқтатты да, өңшең бір шөмей бөксе қырт шалдарға жақтырмай қарап, әлдебір жандайшап культмассовиктің қолына ұстатқан мегафонымен жекіп тастады:
— Мұрыныңнан қақ, құлағыңнан күрт саулағанша мал танымай жүрген қай қазақсыңдар?!. Қараңдаршы, осы он екінің ішінде таза тұқымнан бір ат бар ма?!. — Сиғат шөмей бөксе қырт шалдарды атымен қоса түгел санап шықты. Бір де бірі мыңқ ете алмап еді, төрағасының көзі тая бергенде "қарағымдап" тұрған мырық шал:
— Менікі, менікі таза! — деп қалды.
— Ә, иә, сіздікі таза мәстек екені рас. Көп болса жол жорғасы бар шығар, — деп оп-оңай мойындай салды.
— Қарағым, енді жұрттың бәрі деректір емес, деректірден деректір туа бермейтін шығар?!.
— Дұрыс айттың, қария. Жорға мәстекте де, қазан атта да, жабыда да бар. Жорғадан жорға туады деп кім айтты, жорғаның тегі бөлек деп кім айтты? Қай атасынан бері жорғаның тұқымын ұстап келе жатқан бапкер бар екен?..
Әу бастан-ақ келіспеген шөмей бөкселер "мен бармын" деп айта алмады. Өңкиген қасқа азбанның үстінде төбеге шыққандай шіреп отырған Шерубай:
— Аттарды ұстамаңдар, берекесіз өңшең мұндар! — деп айғай салды, ашудан да емес, есектің бәйгесінен де есе теңдік күтіп, дырдуға дырду, дауға түкірік қосатын шөмей бөксе замандастарына тастаған зілі еді.
— Шаңнан қорыққандар аттарын алып қалсын, қалғандары бір айналым ет қыздырып қайтсын! — деп Сиғат қамшысын түсіргенде ақ жал сары мен қара жал құла ғана жылысып жүре берді де қалғандары ұяттан қорқып жұрт көзінен тезірек тайып отырды. Екі ат айналымның басынан көмбеге кері қайтқанда мәстегі де, жабысы да митыңдап шөмей бөксе шалдардың тақымында жүр еді.
— Ат екеу-ақ болғандықтан соңғысына бәйге жоқ! — деп төрағасы соңғы үкімін айтқанда, Шерубайдың іші қылп ете қалды. "Қап, бекер болды-ау!" — деді. Шерағаңның намысы да, өкініші де атында емес, атта отырған Сәнде еді. Орманның құрты мен құмырсқасын күзеткен диуана да ат баптайды деп ойламап еді. Сағы сынбаса жарар еді деп ішінен аруаққа сиынған болды. Құла мен сары көмбеге қайта жеткенде, қызыл жалау да жалп еткен...
"Ой, кәззәп-ай! Кәззәп!" — деді. Егерьдің атқа отырысынан-ақ қорқайын деді. Жеңінің желбірегені, жел толған қызыл көйлектің күмпиген өңірі болмаса қаққан қазықтай шаншылыпты да қалыпты. "Кәззәптің қызыл кигенін қарашы!" — деп киіміне де жауықты. Тіпті жау болса да сыртынан сүйсінгенін және жасыра алған жоқ. Бір Шерағаң емес, бүкіл жұрттың назары егерьде еді. Қара жал құла да бетпақ екен, төрт аяқты көстеңдеп орап тастағанда денесі былқ етпей, алшиған омырауы ауаны қақ жара жыртып келеді, төрт жаққа күрс-күрс лақтырған тұяқтың дүрсілінен жер ғана емес, ат үстінде отырған шөмей бөксе шалдардың құймышағын бүлкілдетті. Сиғат секундомерге қарап тұр екен, қара жал құла бір айналымды тауыса бергенде:
— Орта есеппен сағатына елу шақырым! — деп хабарлады.
"Ат емес, мынау албасты шығар!.. Сен бетпақты ма!.. Келер жылы болсын! Бір үйір қулықтың байталымен ұмаңды кептірмесем, Шерубай атым құрысын!.." Ақ жал сарының аяғы тапыраңдап, танауы парылдап қалыпты. Шерағаң енді егестен шығып қалудың амалын іздей бастап еді. Қызы қасынан өте бергенде: "Қамшы бас! Жорғасын бұз!" — деген де даусы қаттырақ шығып кетті. Өмірінде жасығаны осы шығар, жалтақтап жан-жағына қарады; елірген жұрт оны елеп те тұрған жоқ екен, бәрінің ынтасы жалаудай желбіреп бара жатқан егерьдің қызыл атлас көйлегінде, қара жал құланың тең тастап ауада қалқып бара жатқан төрт аяғында. "Ой, кәззәп-ай! Ой, кәззәп!.." Сән бірінші айналымда -ақ жарты жол қалып қойды. "Байғұс бала, жұрт сияқты қулықты да білмейсің-ау!.." Екінші айналымның ортасында, ел көзінің сиректеу тұсына шыға бергенде, қара жал құланың екпіні кілт түсіп еді, қаумалаған жұрт шу ете қалды.
— Ау, мынау ит аттың басын тартқаны несі?! — деп шөмей бөксенің бірі күйіп-пісті. — Аттың бағын байлаған мынау неткен ит өзі?!
Мұны Шерағаң да байқап қалған еді. Құла жорғаның екпіні әлі құйып көтергендей, құйрығын құс қанатындай жайып тастап, тізгінді қайта-қайта суырып тастап, суырып тастап ұшқанда жануардың қолтығы енді ғана жазылғанын сезіп тұр. Қызыл көйлек құйынды қызыл тудай жарып келеді, қаздиған қалпы тізгінді шіреп тартып, үзеңгіні керіп-ақ келеді. Құйрығы дөңбектей дүңкүйіп, мойыны қылдырықтай жіңішкеріп зорға қуып жеткен ақжал сарыға: "Есек екенсің ғой!" — деді. Бірақ есек те болса көмбеге қара жал құламен қатар келді. Оған Шерағаң бүлк еткен жоқ. Шерағаңның көзі де, көңілі де қызыл көйлекке бас бермей шығандап кеткен қара жал құлада еді...
Жорға бәйгесі даулы болып, комиссия көп бөгелді. Ақыры түкті кілемді құлаға жабатын болып шешкен екен, Шерағаң оған да қылп еткен жоқ. Қаңбақтай егерь оқтаудай ширыққан қара жалды жетелеп ортаға кіргенде, танауынан әлі де от бүркіп тұрғанын демінен сезіп еді. Жүгіріп барып қолтығынан сипап, көзінен сүйіп алғысы келген, бірақ намысы құрғыр жібермеді. Бар күдігі азбан ба деп қорыққан, белін көріп көңілі орнына түскендей болды. Қызы жылайын деп тұр екен. Есек мінгіздің деп кейіп тұрғанын да білді. Қасқа азбанды бұра бергенде, кілем сүйреткен егерь тізгінінен алып тоқтатты.
— Ақсақал, мына кілем ақжалдікі, қиянат болмасын, — деді.
— Әй, мынаның есі дұрыс па?!. Мынау не оттап тұр өзі?! — деп шөмей бөксенің бірі шыж-пыж болды.
— Халайық, комиссияға өкпем жоқ, бірақ қара жал ақ жалдан құлақ түбі кейін келді.
— Әй, оттама! Бізде де көз бар ғой!
— Кешіріңіздер, ат үстінде отырған мен білем бе, сырт көз сіздер білесіздер ме?!. Ақсақал, жол сіздікі!..
— Шырағым, жол менікі емес, жорғаныкі, — деп Шерағаңның көңілі босап, жұрт алдында кәрінің намысын, үлкеннің жолын сыйлаған жігіт ағасына іші жылып қалып еді.
— Шераға! — деп жігіт тағы да жібіген көңілді онан сайын езіп жіберді. — Шераға, бір кілемді ат пен адамға қақ бөле алмаймын!..
— Ендеше, анау қарындасыңа жүгін, рақметті де сол айтсын, — деп құтылды шал.
Асекең қалы кілемді ақжалға апарып жапты да, Шерағаның аруағын асырып, шөмей бөксе шалдарға ақымақ атанып шыға келді...
Тойдың тарқар сәті таяп қалса да, өрекпіген жұрттың айқайы әлі басылар емес. Қап киген қатындар жарысы болмаса, палуан күрестің қызығы шамалы еді, қымыз желігін, сорпа-суан көксеген құлқындар енді киіз үй жақты сағаласты: әр совхоз, әр колхоз өздерінше ауыл-ауыл болып, алшақ-алшақ шошая қалыпты, көбісі қоңырқай дар үйлер, көзге түсері тек қана лесхоздың бау-шуы жіптен жаңа шыққан ұш шаңқаны; үшеуі де шаң-тозаңнан іргесін аулақ салып, қатар-қатар отырмақ қиған екен, әр нәрседен дәмелі әсершіл көптің ауқымы осында.
Ортада тарбайып жатқан вертолет маңындағы репродуктордан: "Алға, комсомол, туың қолында, алға, комсомол, жеңіс жолында!" — деп дарылдаған ағайынды екі дауыс шорт үзілді де, әлдекім көпке арнап бір ауыз тойтарқар айтты.
— Құрметті шопан, жылқышы, бұғы өсіруші бақташы қауым! Малшылар слеті көкпармен жабылады. Өзара социалистік жарысты бұдан да өрістете отырып, болашақта зор табысқа жетулеріңізге тілектеспіз! Қош-сау болыңыздар!..
Көкпар дегенде Асекеңнің құлағы да, құласы да елең етіп еді. Сыбанып шыққан ешкімді көре алмады, әйтеуір атқа мінген көп топыр сәңірейіп вертолет жаққа жалтақтай беріседі, сірә, не дүрмек болса да сол тұстан, той иесінің иегінен басталса керек. Шерағаң үш бірдей қара керін тұйғындай үш баласына жетектетіп, алшақ отырған үш киіз үйді нұсқап тұр екен.
— Барыңдар! Енді шешелеріңді тауып алыңдар! — деді. — Біз той қызығымен жүргенде томырылып тұрған тоқ шіркін қолды боп кетер! — деп қанжығасындағы базарлықтың шашақты қызыл қоржынын үлкен ұлына ұстатты. — Жетім қап жүрмелік, тоқал да болса жерде жатқан жоқ, тесік моншақ қашанда керек дүние ғой! — дегенді Асхатқа әдейі естіртіп айтқан еді.
Ұлғайған соң ердің көркі пішінде емес, ісінде екенін Асекең білсін. Шерағаң сүйекке қарысқан саргідір де емес, жілігінің майы қашып қаусап тұрғаны да шамалы, тұрпатында Алтайдың сағызды сары қарағайының тоқпақтасаң томырылмайтын күж-күж шорымығындай сіңірлі тұтастық бар екен, тек көзінің қарасына шеңберлеп шелді кіреуке шауыпты да, нұры қайта бастаған қарашығынан алдыңғы үмітке адаса қарайтын шарасыз салқындықты аңғарды. Шалдың қанжығасын босатып, қасқа азбанның айылын қайта тартқанынан көкпарға араласатын ыңғайын таныды да, жанасалап келіп:
— Шераға, бұл елдің тәртібі қалай еді? — деді.
Шерубай құдды бірінші көріп тұрғандай Асхатқа сүзіле де, көз қиығымен сүзе де ұзақ қарады. Сол арада оны ұмыт кеткендей, қасқа азбанға шадырая құлақ жымырған қаражал құланың барқыт танауынан сипап:
— Қазымыр екенсің-ә!.. Ұрпағың аз, өспейтін мұндар болдың ғой! — деді, сонан соң барып Асекеңе қайта бұрылды. — Шырағым, қай елдің баласы едің?
— Қаратаудың.
— Е, жарықтық, Қаратаудың де!.. Көрмеген жерім. Енді көре де алмайтын шығармын.
— Неге, Шераға? Ұл өсіріп, қыз асырап отырған адамсыз. Азамат көрмеймін деген елін үш көреді, ат баспаймын деген жерін үш басады дегені қайда?..
— Бізге үш емес, соның біреуі де жетер еді ғой. Амал қанша, ат аяғы жетпейтін жер екен... айтпақшы, тоқ жаратамын деп құланды сұлыға қамай берме, көрдің бе, тезегі қатты екен, тырнап түсіп жатыр.
Әрі қасқа азбанның айылын тартып, құла бестінің кеңсірігін сынап, жол-жөнекей әңгімелесе тұрып жаңа түскен тезектің сығымын тексеріп шыққан шалдың ұры көзі Асекеңе де ұнап қалған. Сөйлеткісі келіп еді. Шал тағы да жалт беріп қашты.
— Күнгейдің көдесі, терістің күреңсесі болмаса, тау шөбінің жасық екені рас. Бірақ жылдың төрт мезгілінде жылқы жарықтықты таңдаған шөбінен, талғаған жемінен зорлап қақпау керек. — Шалдың көзі тағы да құла бестінің омырауы мен шоқтығын қыдырып кеткен, бірақ сұғынып ұзақ тінтпей лып етіп сырғанатып шықты да, әуелгі Асекеңнің сауалына қайтып оралды. — Шамасы, додаға түспек те ойың бар-ау?..
— Қырып тастары жоқ кісіге бәрібір емес пе, Шераға. Дегенмен шығарып беретін біреу болса...
— Тағы да құла айғырға сенемін деші?.. Құла айғырға сенуге болар, тек көңілің қалады-ау... Қаратаудың көкпарын аңсаған жалқы жігіт екенсің, бұл ел бір тулақты ары тарт, бері тарт қып бес-алты шақырым жұлмалап барады да, аты озған біреу тым құрыса қойдың шуашы емес, сиырдың сіркесі сасыған мынау итарқалардың біріне әкеліп тастай салады... всего навсего игра, подобно имитации евнуха! — деп шал аяқ астынан орысшаға да жүйрік екенін аңғартып тастады.
Асекең іштей таңданғанмен жайбарақат қала берген, Шерағаң қасқа азбанға шіреп мінді де, қырға қарап:
— Зауқың соқса мені сонау өрден күт, — деп жүріп кетті. Шерубайдың иек қаққан "сонау өрі" екі-үш шақырымдық қайқаң еді, Асекең салған бойдан құла бестіні жүрісінен жаңылдырып шабысқа басты...
...Мидай жазық шыр айналып, ұршықтай үйірілді. Ұршықтай үйірілген мидай жазықтың дін ортасы құйындай ширатылып, опыр-топыр болған топ атты тақырдың шымын түтіп жатыр еді. Күркіреп шартық вертолет көтерілді де, айғайлап бақырған, ойбайлап аттан салған көкпаршылар жырыла шыққан жалғыздың ізімен жөңкіле шапты. Қиқулаған дарақы жұрттың неге елірсе де, әйтеуір тегін еместігін сезіп, Асекең де құла бестіні ұрымтал тасаға бұрып еді...
...аузында қамшы, тізгінді бос жіберіп, серкені бауырына қапсыра басқан шал теке көзденіп ағызып келе жатқан, қайқаңға іліге бере қасқа азбан омақаса ұшып түсті де, шал да, серке де допша зымырап жөнелді...
...ағызып келіп өкпе тұстан қосылған жалғыз дара Асекең созыла беріп серкені іліп әкетті...
...ағызып келе жатқан бір топ өлген-тірілгеніне қарамай шауып өтті...
...сатырлаған тұяқтың қалың орманы сейіле бергенде, шал орнынан созылып тұрды да, сылти басып теңкиіп жатқан қасқа азбанның қасына келді. Қасқа азбан өлейін деп жатыр екен: тот басқан тоқпақты қасқыр қақпан алдыңғы бір аяғын қауып қалыпты, бөксерілген шабынан ақтарылып ішек-қарыны төгіле бастапты. Алдымен ер-тоқымын сыпырды, жүгінен сыпырып тұрып көзіне көзі түсіп еді, парлаған жастан қан көрді. Жырта қарыс сары кездікті күміс кіседен үндемей суырды. "Бейшара, жетіншісі сен болдың!" — деді. Жетпіс жасында қолынан бауыздап тұрған жетінші аты еді... Өзі тағы да аман қалды. "Су ішкілігің таусылған жоқ екен!" — деді.
"Шераға!" — деген дауысқа бұрылып қараған да жоқ, қарамаса да Бескемпір екенін таныды. "Жиен де болсаң жылап тұрып көметін сен болармысың?!" Қалың тобырдың қайрылмай кеткеніне енді ғана қапаланған Шерубайдың іште жатқан тоңы тағы бір томырылып түскендей мұздап сала берді. Бескемпір атын тосып еді, құйрық-жалын отап тастаған лесхоздың шартық жабысына Шерубай міне алмады; тулақтан күдер үзіп, тырпылдап қайтып келе жатқан елірме топқа иек қақты да, сары кездігін Бескемпірге ұстатты:
— Мыналарға жіліктеп тарат! — деді. — Құдайы деп тарат! — деп жүгені мен ер-тоқымын арқалап жаяу тартты.
2
Жайдақ тірлікті жаяу-жалпы да кешіп көрді. Шағым айту табиғатында жоқ еді, "бергеніңе шүкір" дейтұғын да, маңдайға жазғанды мойнымен көтеріп жүре беретін. Бірақ одан қор болған жоқ еді. Қорлық — біреудің бақытын малдану, біреудің малына табынып, атағын жамылу. "Бақ қонбайтын адам жоқ, соны басып отыратын бөксе керек" дегенді де естіген, еркімен келмеген соң үнемі басып отыратын бақтың кімге керегі бар? Үнемі басып отыруды тілесе, ол шіркіннің өзі де баянды болмағаны да. Шерубайға қонған бақтың әуелгі ырымы тоқалы Әсем, онан соң тоқалы дүниеге әкелген төрт ұлы еді.
Көделі қағырда отырған еңселі үш ақ үйдің маңы ығы-жығы. Домбыра тыңқылдатып, гармонь шиқылдатқан жастар бір бөлек те, қатын-қалаштар қазан-ошақтың басында; үш жерден асылған тай қазанның көмейінде де, көбігінде де тыныштық жоқ. Солардың ішінде шөмішін тастай салып жүгірген Әсем еді. Күніне неше аттанып, неше түссе де шылбырынан алып, қолтығынан көтеріп салып, көтеріп түсіруге жаттығып қалған байғұс шалының тойдан емес, топырақ салудан қайтқандай қатулы қабағын көріп шошып кетті.
— Шәкесі-ау, атың қайда?!. Аяғыңа не болған?!.
— Киіз төсе! — деп Шерубай қолтығынан демей берген әйелінің қолын қағып тастады. — Балалар қайда? Қызың қайда?
Қу жанын күйттемей, келмей жатып боқташағын түгендеген шалына Әсем соқтыққысы келіп тұр еді, шағыр көзінің шадырая қалғанын байқап, шеткі үйге аяғының ұшымен кірді де, үш бірдей кілемді сүйреп әкеліп көгалға бұрқ еткізді.
— Киіз төсе, киіз! — деді шал. — Неменеге абдырап қалдың? Қорықпа, шешіндірейін деп тұрған жоқпын!..
— Сенің түбіңе, құрып қалғыр, бәсеке жетеді ғой! — деп Әсем күңк етті де, бүрсеңдеп қайта жүгірді. Жүгіріп жүріп киіз төседі де, сіресіп келіп отырып, сірестіріп аяғын көтерген шалының етігіне жармасты:
— Тоқпақ әкел! — деді.
— Тоқпағы несі?!. Тоқпақты қу даладан қайдан табам, қанжығаға байлап жүр деп пе едің?!.
— Осы жерден кісі өлтіретін бір дөңбек табылатын шығар?!.
Шал шатынаған қалпы сызданып отырып алды. Кимелеп келген төрт баласына да қараған жоқ, әйеліне ғана алақанын созды. "Кісі емес, түйе өлтірсең де" дегендей тоқалы тұтас сүйменді ұстата қойған соң мысы құрып, бұл жолы ештеңе дей алмады, сүйменді ортасынан қақ бөліп, тобығы шыққан оң аяғын кигізге орады да қызыл асықтан салып жіберді. Қызылшырайлы жүзі қағаздай қуқыл тартып, маңдайынан шып-шып тер шықты. Иегі аспанда, көзі жұмулы еді.
— Үйлерін жықсын деп жатыр! — деген шәңкілдек дауыс бүйіріне біз тығып алғандай болды.
Шипың байталға мінген шынашақтай үрпек бас жігіт пұшық танауының шақырымын есептеп алмай едірейтіп мұрт қойған екен, онысы етектен қарағанда сәңірейген екі тесікті жылтыраған жанарымен қоса жауып тұрғандай көрінді; бір уыс бет, жарты елі маңдайға бес тал қылшықта сыймайды екен-ау, аяғын әлі ауырсынып отырған Шерағаң мырс етіп күліп жіберді. "Япырау, осы бүгінгі жігіттердің сиқына не боп барады?!."
— Кім ол жық деп жатқан?..
Не айтар екен дегендей директордың даусына жұрт жапырыла бұрылып еді, Сиғат қолына жаңа ұстаған домбыраны Асылға қайтып беріп, алқа-қотан жұртқа қарады.
— Басшылар жықсын деп жатыр, ойға қайтсын деп жатыр! — деп дыбдырық жігіт Құдайдың сәлемін жеткізгендей күшенді.
— Аттан түспеуіңе қарағанда асығыс екенсің, басшыларыңа айта бар, бұл ауыл бүгін үйін жықпайды! — деді Сиғат бұрылмаған қалпы. — Қазан оттан түскен жоқ, сабаның аузы әлі шешілмей жатыр. Амал жоқ, құр ауыз кететін болдың!..
Кімге арқаланғанын, жұрт ду күлді, күлгісі келгендер де, келмегендер де. Желкесі бәбісектің айдарындай үрпек бас жігіттің шипың байталға ұстағаны жеңді білектей қамшы екен, жуан қарынан борс еткізіп бір осып ырқылдап шаба жөнелді. Бір сөзді екеу, екеуді екі есе қылып жеткізетін шауып келдің сиқын Шерубай жауырынан танып еді. "Сен де жүрегің шайлықпайтын қырсық екенсің! — деп Сиғатты іштей іліп өтті. — Қырда жатып қырық белдің астындағы жыланның құйрығын басуға әуес-ақсың!"
Бесінге құлаған күннің әлі бес сағаттық ғұмыры бар еді. Құзғындының тақтайдай жазығын енді ғана самал түре бастағанда алақандай сазға үйездеп, шошайып-шошайып отырған қараша үйлер бірінен соң бірі жығылып жатты. Басшының аты басшы, өз дүмің диірмен тартпаған соң елге жалтақтайтын әдет, қопылдаған кейбіреулер ертеңгісін ойлап шыбындай бастағанда, Сиғат та орнынан тұрды.
— Жамағат! Қиыр жайлап, шет жүр дейтін малшы бізде шамалы. Желіден аспайтын сауын, жеуден аспайтын бір-екі отар қой мен бір табын сиыр кімге мақтаныш!.. Қалғанымыз он екі ай қора-қопсының қиынан озбайтын жатақтар. Жылына бір күн өстіп желдеп шығады екенбіз, енді асықпаңдар! Жүзін көрмеген ағайын, дәмін татпаған абысын бар, Сарқыт апаларыңның үш қазаны, Әсем жеңгелеріңнің үш сабасы ертеңгі бесінге дейін сарқылмас. Арақ-шарап дүкенде де бар, күнде ішсең де қолыңды ешкім қаққан жоқ, бірақ бүгіннен бастап қиралаңдаған аяқты, қисалаңдаған ауызды көрмейтін болайық!.. Ең болмағанда, жамбасы жерге тимеген палуаныңның бәйгеден келген үш бірдей атыңның желігін ән-күймен қызықтай білсеңдерші! Ұл өсіріп, қыз баққан, келін түсіріп, қыз ұзатқан ел емес пе едік, орнымен жарасымын тапқан жастарға да, тәйт әрі, қысым болмасын!..Мінеки, көкпар да біздің ауылды тапты!..
Ақ серкені Шерубайдың аяқ жағына аударып тастаған Асхат құла айғырдан дік етіп түскенімен тізесінен қалтырап зорға тұр еді. Тағы да жазықсыз жоралғыға тап болған шағыр көз шал көкпар иесіне күдікпен қарады да, "адасып тұрған жоқпысың?" — дегендей, топ ортасындағы директорды иегімен нұсқағандай болып еді.
— Еңбек сіздікі, Шераға! — деп еріні шүршиіп Асекең де тапжылмай тұрып алды.
— Япырай, бүгін неғып менің еңбегім жана қалды?!
— Менікі әншейін құла бестімен далақтап барып даяр нәрсені салақтатып алып келген де. Ар жағын қалай жорысаңыз да өзіңіз біліңіз, — деп Асекең қаумалай қалған топтан құла жорғаны ала қашты да, түтіннен аулақ, өзге тұяқтан бөлектеп желдің өтіне апарып байлады.
Шерубай ойланып қалды. "Жақсылықты тегін жасағанмен тегін жақсылыққа жығыла бермейтін, сыртың қағылез болғанмен ішіңнің түтіні бір басыңа жетерлік қырсық жансың-ау!" — деп түйген шал сырттай сынап отырып жігіттің жолының ауырлығын да сезіп еді. Қасында жатқан үш кілемге көзі түскенде тоқалына разы болып: "мен байғұсқа сені де Құдай бере салған-ау!" — деп ымдап шақырып алды.
— Ырым жасамасақ болмас, — деді. — Ең болмағанда шөп сындыр!
— Е, сен сындырмаған не қалып еді?! Сындырсаң отырсың ғой, сындыр! — деп Әсем де әдетінше жұмсақ қана жымиып шалының қытығын түрткендей болды.
— Ортаңғы үйдің іргесін түр де маған төсеніш таста. Мынау аяқ бүгіндік маған тыныс бермейтін шығар, ең болмағанда әу деген жұрттың аузына қарап жатайын.
Аяғын шынымен ауырсынды ма, әлде Әсемге әдейі жасаған жорта қылығы ма, өмірі қары талып, сүйегінің сыздағанын да сездірмейтін Шерубай әйелінің иығына асыла тұрды. Жылқышыдан қашанда тосын қылық күтіп әдеттеніп қалған көпшіліктің ыбыр-дыбыры аяқ астынан сап болды. Бәлсінуі де, кісімсінуі де жоқ, бірақ көпті алдымен аузына қаратып алмай жағының кірісін ашпайтын Шерубайдың да әдеті. Шалдың орнынан тұрғаны көпке бір ілтипат екенін жұрт та сезе қойған.
— Сарқыт, қайдасың?! — деп жылқышы иегін жұрттың төбесіне артып тұрып қалды.
Торпақ ішінде жайылған торыдай қазан басындағы қатындардан кеңірдегі сорайып отырған ақ құба кемпір атын естігенде-ақ ұшып тұрды, тегі ауыл мен ағайынның сый-сияпатында алдына жан түспейтінін ол да жатқа біліп алса керек, көсеу түртіп елде жоқ ақ жібек бөртпе шәліні иығынан тастамапты.
— Айттырайын деп пе едің, ширатылмай болсаңшы! — деді.
— Айттырса несі бар, жағың түсіп отырған жоқсың, шәліңді бүркене кел, бетіңді де өзім ашам!
— Әдіре қал!.. Бір лақтың борбайына шамасы келмей мертігіп жатып дәмесін қара!..
Шыны ма, жорта намыс қылды ма, бүктеулі кілемнің шетінен көтере берген Әсем қайтадан тастап жіберді де мықынын таянып Сарқытқа тепсіне қарады.
— Қашанда ұрғашының сөзі батыр,
Қатын күлсе еркекке — заманақыр!
Лақтың борбайында нең бар еді,
Өз борбайың күн тимей борсып жатыр! — деп салды.
— Ой, қайран жеңешем-ай, бас, бас! — деп әлдекім еліре тұрып домбыраны қағып-қағып жіберді.
— Әй, мына қаншық не дейді әй?! — деп Сарқыт состиып тұрып қалды. — Бермесіңді қызартпа, қатын неме! Жаман шалдың тақымына елірген жалғыз сен бе?! Біз де байға тиіп көргенбіз!..
— Байғұс-ай, маған ара түсіп нең бар еді, жығылар жеріңді білсеңші! — деп Шерубай шынтағымен әйелін түртті. — Бүлдірген өзің, енді жылыстап шығып кетер жолыңды тап!..
Айыбы — шал да болса байы бар, әйтпесе Әсемнің жығылатын жері бұл емес еді, жесірдің көңілін, көненің көзін жасытпайын деп Шерубайдың ыңғайына көне салған болды:
Ауылымның басы едің, тозбайтұғын,
Ошағының тасы едің, қоздайтұғын.
Артық кетсем оқыста ауыр алма,
Жаман шалға мас едім, оңбайтұғын!
Орамал тон болмаса, тұтынбайтын,
Жаман шал қоң болмаса, жұтынбайтын.
Қоса әкет кәрі үлекті, бодауы жоқ,
Төсегі тоң болмаса, құтырмайтын!
Бас бәйге бәсіре емес, қимайтұғын,
Бес бәйге бір маңдайға сыймайтұғын
Бәс тігіп, бәсекемен келген олжа
Басалқа бір жақсыға сыйлайтұғын!..
— Қайран жеңешем-ай, сен болмасаң
Шерағам жылқы емес,
қой бағып жүретін бе еді?! —
деп домбырашы жігіт жарамсақтанып жетісіп қалды.
Жұртқа күлкі тауып беремін деп сөзге душар болған Сарқыт Әсемге іші жылымаса да, Шерубайдың меселін қайтармай бас бәйгенің кілемін көтеріп қайтты. Жұрт кеу-кеулеп Шерағаң мен Әсемді, онан қалды, Сарқыт апаларын мақтаған болып біраз жерге апарып тастаған, "Бескемпір, қайдасың?!" — деген шалдың дауысы шыққанда тағы да тына қалды.
— Отызға келгенше тақымың қазынаның торы шолақ жауырына тозған екен. Қорлап тұрғаным жоқ, мойнымда қарызың бар еді, аруақ алдындағы қарыз! — деп Шерубай Бескемпірге емес, көпке қарап біраз кідірді, көптің ішінен Сиғатты іздеп еді, төмен қарап тұқырайып отыр екен. — Жамағат, мынау Бескемпір жалғыз қарындасымыздан қалған жалғыз тұяқ еді. Қарындасты қолдан ұзатқан мен жоқ, жалғыз жиен дүниеге келгенде қасында болған мен жоқ. Қиыр кетіп, шет жайлап, бірімізден біріміз адасқан кез болды. Оған мен де, жиенім сен де кінәлі емессің!.. Тұрымтай тұсында деген уақыт та. Ағайыннан безіп, аталасты жасырған шағымыз өтті. Бүгін жатсынсаң да, жақын тұтсаң да өзің біл. Нағашылығымды өткізейін деп те тұрған жоқпын. Құдайға шүкір, басқа зар емеспін. Қырық серкешіңнен құтылайын деп тұрғаным және жоқ. Бүгінгінің серкеші түгілі, қырық байталы кімге дәрі! Мынау қаракер өзімнің ақ малым. Бәйгесімен қоса байладым!..
Дүнияда Шерубай деген нағашым бар деп үш ұйықтаса түсінде көрмеген жігіттің әуелде көңілі қобалжып, ет-бауыры езілгендей жанарына жас келіп қалып еді, бойын тез жиып ала қойды; жанашырың едім, жақының едім дегенді пенде баласынан естіген емес, жалғызсың дегеннен басқа анасы байғұс та мекірене қоятын бір де бір жұрағаттың атын атамаған, тек сырттай білетіні Сиғат еді, қаңтардың қақаған аязында есігінен қаратпаған нағашының жат босағасына қайтып жақындаған емес; алты аласы, бес бересі жоқ жылқышы шалды, жапанда жалғыз үй көшіп жүріп өз кетігін өзі толтырып, өзімен-өзі базар болып отыратын шал семьясын іштей жан тартатыны рас, бірақ сонау бір қаңтардың құлығы қатқан құлаққа шал сөзі тосын, бөтен естілді, жайлау қызығына бір-ақ күнде көбең тартып, соның бір-ақ күндік көңілмен көң-қоқырына қайта барып қамалатын мынау жұрттың жел-көбік ұранындай өтірік естіліп еді; қас қағымда Шерубай да, оның өрен-жараны да бөтен жандардай алыстап бара жатты, тек бәйге қаракерді жетелеп шыққан Сәнге жалтақтай берген, бәрін қиғанмен бірін қию, әсіресе қыз шіркінді көңілден итеріп тастау қиын екен... жақын болып тұрып жат болу... жылқышы шал жақынмын деп тұрып жақындықтың бір дәнекерін балтамен шауып жібергенін Бескемпір енді сезді. Аяқ астынан елдің бір шумағы есіне түсіп еді... "шырағым ұраныңды айтып қойшы, адамның жат болмағы осындайдан!.." осындайдан... Бескемпір қас қағымда есеңгіреп оянғандай болды. Оятқан қыздың жұп-жұмсақ алақаны еді. Қаракерді тізгінінен ұстатқан қыздың сүйріктей саусақтары уысынан шығып бара жатыр екен...
Мұнан кейінгі дырду Бескемпірден алыстап кеткен; тарқап кеткен базардың жұртында қоржынды бақалшыдай қожырап, бір күнде отыз жасқа қартайғандай шөжіп отыр еді. Тұңғыш рет өзінің ескіріп қалғанын сезінді... "Япырау, қай заман?.. Мен осы баяғыда бар едім ғой!.." Ширек ғасырдың ғұмырын кешпей дүниеден өткен шешесінің де сүйегін қына басыпты. Баяғы бір заманда бала болған екен, баяғы бір заманда мұның да нағашысы болған екен... Осы жұрт сенің әкең де болған деп неге айтпайды?.. Әйтеуір қашанда әке байғұстың соры қалың. Мақтағанда "әкең жақсы кісі еді!" деп, жаман болса... "ең жақсысы жездедей-ақ" деп жиырма жыл өткен соң ақтап, жиырма жасында жұрт үшін жасаған еңбегін елу жасында дәріптеп қайтарып берген болды, бірақ сол ақтауда, мақтау да ел құлағына жетті ме?.. Елдің көзінде де, құлағында да Бескемпірдің жетімдігі ғана қалды... "Енді әке жасынан асқанша әлдекімдерге жиен болып жүрген түрің мынау!.. Осы мен баяғы заманда бар едім ғой!.." ...Қырт деуге қимайтын, дана деуге обал кейбір дүбараз достары бес жылда бір пашпырт ауыстырып, бес жылға жасарып келеді. Сол баяғы заманда құрыққа жалаң бұт мініп шапқыласқан ұяластар еді, бүгінде солардың алды қырыққа жете алмай, соңы жиырма бестен кете алмай, келіншектері кемпір болса да өздері немересімен еміздікке таласып әуре. Баяғы заманда бәйге түгілі, жабының жалына қолы жетпеген боқмұрын еді, жарбаңдап жүріп бұл да отыз жылды жеп қойыпты... "Сен осы қай жылы туған кәрі итсің?!. Ит біліп пе! Әйтеуір баяғы заман екен ғой!.." Сол баяғы заман Шерубай айтқан соң есіне түсіп отырғаны да. Әйтпесе, ол кез деген қайда, ит жылы ғой!..
— Мал иесі сен болған соң бір бәйгеге қолқаң бар еді, бірақ ағайын арасындағы дәнекерлікке ат та, зат та жүрмейді, — деді Шерубай.
Жылқышының сөзінен "ағайынның" Сиғат екенін Бескемпір енді айтпаса да білетін болды."Япырай, осы уақытқа дейін не сезігін, не сезімін білдірмей келген неткен діні берік адам?!" Бескемпір өзінің жаңа жағдайымен жараса алмай отырғанда жұрт тағы да ду ете қалды. Шерубай қасқа азбанның күміс жүгені мен күміс ер-тұрманын етектей күміс тебінгісін жарқыратып кілем үстіне жайып тастаған екен, алдыңғы қастың қақ маңдайында, өмілдіріктің омырауы мен құйысқанның шашақты сауырында танадай қызыл тастар от шашып өртеніп жатты. Ырымшыл шал мерт болған атының ер тоқымын да Құдайы қылып құтылмақ па, сірә, қара басының емес, төрт ұлдың уайымы болар, жаннан қан тәтті екен де!..
— Маған енді малшының болмаса, ереуілдің де, дау мен егестің де ер-тұрманы жараспайтын сияқты, — деді шал. — Ер-тұрман аттың сәні, ат ер-тұрманның ажары болса керек. Мен осыны құла жорғаға лайық деп тұрмын. Асхат шырағым, саған мүккәмәл сыйлап қорлап тұрғаным жоқ, бұл тек құланың ғана еншісі. Өзіңе айтарым, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Жат жерде жүріп те көргенбіз, жалғыз жүріп те көргенбіз. Осы ел сенікі, осы елдің бір азаматтың бағын жандыратын қыз-қырқыны да жоқ емес, таңдағаның тағы сенікі!..
— Шераға, егер құланы сізге тастап кетсем, ер-тұрманы өзіңізде қала ма?
— Жоқ, шырағым, мен құлаңды тегін алмаспын, алсам құланың тегін алармын!..
Разы болсаңдар осы, болмасаңдар көшке берген тайлақтарыңды қайтып аларсыңдар дегендей ортаңғы үйге қарай шарт бұрылған тәкаппар шалдың орай тастап, сылти басқан жүрісінде де носы бар еді. Қызыл шұбар кілемнің үстінде қоян басқан үкідей тарбайып, өртеніп жатқан қызыл тасты күміс ер-тұрман шалдан да тәкаппар еді. Еңкейген күннің екінтіден шашқан кілем үстіндегі алқызыл сағымын, үкінің көзіндей шақырайған күміс ердің қас маңдайынан атқан қызыл шоқты баса-көктеп баруға Асекеңнің жүрегі дауамады да, жан-жағына жалтақтап, ақыры Сиғаттың қолтығына жоғалып кетейін деп отырған майысқақ келіншек Асылдың қолынан домбырасын алып тынды. Бүгінгі шолақ әндердің тепеңіне салып тепкілеп, мініс бермейтін құнандай қолтығын түсіріп тастағаны болмаса, әжептәуір домбыра екен, өзін де, қос шек пен добал пернені де ұзақ қинап, ұзақ отырып саусақтың икемін алды. Онысы біреуге алдағандай, біреуге бәлсінгендей көрінген. Әбдінің "Қос басарын" доғал жұртқа білдірмей екі рет қайырды да домбыраны иесіне қайтарды. Шөліркеген құлақтың ындынын тақыл-тұқыл жібіткен соң, көкейдің шерін осып түскен қос қайырымнан соң тарс доғара қойса екен деп еді, күйші де шалдың тілегін қабыл еткендей тырс етпей қалды. Іргені түріп тастап алшысынан жатқан Шерубайдың екі көзі түндіктен озғанмен Асхатты төбесімен аңдыған. Разы болды.
— Домбырам ұнамады-ау сізге?
— Неге, домбыраң әйбәт екен, иесінен аумапты! — деді Асекең.
"Иесінен аумапты" дегенді монтаны келіншектің қалай түсінгенін кім білсін, әйтеуір иесіне үйірсектеп, емініп отырған тұмсадан сақа сері иығын алып қашты да, өзіне деген көптің назарын сөзбен үркітпек еді, әлдебір дарақы Асекеңе саусақ шошайтып:
— Енді әу деп жаңағыңа қосылып жіберші! — деді.
"Қап, ит-ай!" — деп қалды іштей намыстанған Шерубай, — "ауызын кебекті талқанға тығар ма еді!" — деп тағы кіжінді. "Япырау, баяғы Саймақпен Шерлібайлардың аруағы шынымен-ақ бір пендесінің түтініне түнемей кеткені ме?! Түйсіктен ада бұ неткен ұрпаққа тап болдық?!"
Күні бойы автоклубтың ақшелегімен жарысып, барды-жоғын дарылдап тауысқан бешпенті қызыл, беті майлы, өздері үкідей болмаса да төбесіне үкі шошайтқан әсемшіл, әншіл топтың жұрнағы осында да бар еді. Әлгі бір қайғысыз қас дарақының артын бүркегісі келді ме:
— Асеке, мынау жастардан бір оркестр жинап алсаң да жетерлік, — деп Сиғат Әбдіден кейін жұрттан төбесін жасырып отырған домбырашыл жігіт-желеңді желеу етті. — Шетінен талант десем ұят, шетінен тас бітеу деуге ауыз бармайды.
— Қазақтың маңдайына Құрманғазының бір оркестрі де жететін еді, сол шіркін доңыздай күшіктеп, күрке бас сайын бір дирижер керек бола ма деп қорқам. Домбыра концерттің көңіл ашар ермегі емес, әркімнің көңілбасары емес пе, күй шіркін құлақтың ғана емес, көкейдің үні еді ғой, Сәке.
— Оның рас, — деп Сиғат та ақтала қойды. — Қазір әжептәуір деген домбырашы өнерін емес, жұрттың қошеметін аңдитын болып жүр. Тіпті кейбіреулер телевизор мен сахнадан күй емес, көпке аузы-басын ырбаңдататынды шығарды.
Екеуі екі тұстан әрбеткей жамырап шығып, ақыры сол жарапазанды қосыла жырлап тынғандай болып еді. Екеуі бір-біріне ұнаймын деп былайғы көптің меселін басып тастағандарын да байқамаса керек, бірінің аузын бірі бақпасын деп алқақотан дөңгеленте жеті жерге жеті қос қылып жасаған дастарқанның ортасындағы кілем төселген алаңға не домбырасын сүйреп, не сырнай ұстап ешкім шыға қойған жоқ. Өтірік қолпаштаумен болса да анда-санда шәмшілетіп, әсеттетіп шолақ-шолақ әндерді бір маңыратып тастап отырған Асыл да Сиғат иығын алып қашқан соң, аяз қысқан бозша торғайдай бүрісіп, осы жерге қайдан келдімге қалған сияқты. Қолынан дәм татқан қайран келіншекті Бекет те, қолынан әжептәуір домбырасын алып сүйкімсіз қылып қайтарған Асекең де аяған болып әр түрлі әзілге сүйреп салса да жетекке ере қоймады. Әжептәуір адам болып әлгінде ғана жайлауда жүрген есірік көңіл қаражаяу ошағына қайтып оралып тырпың тірлікті әйел қамытын қайта киіп, өлмелі кемпірдің жетегінде қалған жалғыз сәбидің, сал айдап қаңғырып кеткен жаман байдың уайымына, жалқақ пен жалбыз сасыған құшағына қайта тұншыққандай тітіреніп отыр. Жылы сөз, ыстық құшақ, тентек құмарды өз ошағының басынан таппаған жарлы байғұс сақа серінің боз самайынан емес, таңсық сезімге бір серпілер мысқалдай еркіндікті қимаған мысық тілеулі жұрттың ұры көзінен сескенетін тәрізді. Бүкіл көз соған жабылып, күдікшіл бүкіл арам соны жеп барады. Сақа сері де соны сезгенмен араша түсуге әдейі бармай отыр: "ұяларың бар, өлерің бар шіркін-ай, мені иектейтін орын таппағаның қалай?!" — дейтіндей. "Ит екенбіз-ау!" — деп Асекең отыр. Өзін-өзі жеп отыр... "Біреудің базарын бұзып назарын алғанда шыққан қарағайдай мүйізің, қопа қардай бөркің қайсы?!. Бүлдіруге келгенде алдыңа арамнан да жан салмайсың-ау!.."
Бір дастарқанның майлы қара кесегін түгел ойып тастап, екіншісіне ойысқан Мешел енді қолына іліккенді сыпыра сипап ұрып отыр екен. Қазанның жылы-жұмсағы түскенше не қаларын кім білсін, әйтеуір әркімнің көксегені әр сақта, шіркін, мұңсыз тірлік деп осыны айт!.. Асекеңнің үңірейген суық жанарын байқап қалған Жәмила кеңк еткізіп желкесінен қойып жіберіп еді, кеңсірігі қолқ етіп алақанына ағып түскендей Мешел уысына аларып біраз уақыт сеспей қалды да, қасақана қырсығып, әуелгі тірлігіне қайта басты. Жұрттың сілекейі күйге де емес, биге де емес, Мешелдің тәбетіне исінгенін байқаған Сиғат белгі беруі мұң екен, табақшылар қазандағы ұйып тұрған тайдың сілікпесіне ұмтылысты.
Мидай жазықтың миын сапырған күндізгі қалың ел қыр асып қалыпты. Кеш жығылған қараша үйдің соңғысы шаңырағы шарқылдап, ыс басқан түндігі жалпылдап, жөңкілген елдің соңынан "көк қасқамен" қуып бара жатты. Алпыс мыңнан қой бағып отырса да, алты қанат үй тігіп көрмеген өтірік бай, шын қайыршы колхоз, совхоз шырағымның жаз жайлау ерулігі де, күзгі қоныс майы да бір күндік малшы слетімен тағы да өте шықты. Жылына бір дүркін бір-ақ күнге толатын Құзғынды тағы да қаңырап бос қалды. "Немене көрген қызық көрмегендей!" — деп ақын айтпақшы, он үш шаруашылықтың мал баққан ел-жұртына жасалған сый-құрметінің құны Шерубай шалдың үш адамға лақтырып тастаған тәбәрігінің қасиетіне шақ келген жоқ. Шалдың бұл қай мырзалығы деп Сиғат ағасының оңын да, солын да оймен басып, тиянақты себеп таппады да бопсалап келіп, мұның да кәрілікті мойындағаны-ау деп түйді. Жомарттығы жолында, қалжыңы қанжығасында, қатыгездігі де қас-қабағына ере жүретін жұртқа жақын, жақынға жат бауыр ағаның іргесіне жақындап келіп қонғанына да он бес-ақ жыл болып еді... Іргесі түрі жең ортадағы ақ үйдің кереге саласынан ағасының желкесін көріп, сол үйге қайта-қайта кіріп-шығып берген Әсемнің қабағын аңдып еді, жеңгесінің жүзінен жан қинайтындай қобалжудың ізін таппады. Жарты жас кіші бола тұрып, шалына әрі замандас, әрі сүйеу, шаңырақтың әрі анасы, әрі аспазы, от ауызды тоқалдың бір ошаққа емес, бір елге ұнауы бір Сиғатты емес, тегі бөтен жұртты да тамсандырды. Тәңірі жарылқағыр, ағайын, ауыл-аймақ түгілі, жатты да қас-қабағымен тойғызып, шаруасы абысын-ажыннан бұрын бітіп, асы да бұрын пісетін жеңгесі герой болып атағы шықпаса да, әйтеуір құрсағына өтпеске берместен өпел-жөпен төрт ұлды дүниеге әкеліп отыр. Бүгінгі әйел жұрағатына осыдан асқан ерлік бар ма?! Ошарлы жанға деп көтерген қазаны көпке жетсе, көпке деген пейілі өтірік болмаса, бұлдағы кейінгі көлгірсіген келін-кепшікке бұйырмаған мінез, кейінгі жігіт-желеңмін деген пышананың маңдайына сыймайтын ұрғашы да. Әйтеуір Тәңірі жарылқасын!.. Сиғат тырс етпей жатқан атасының кежір желкесінің жарым тәкапарлығы Әсемнің буы екенін сезді де Бекетке еңкейе беріп:
— Көз байланбай тұрғанда қурай тауып әкеліңдер, — деп сыбырлады.
Бекет қурайдың не екенін түсінген жоқ, қурайы несі деп сұраған да жоқ, дағдарып отырып Асекеңе телмірді. Бұл елдің сыбызғының отаны екенін Асекең жақсы біледі, бірақ сыбызғышыны көрген жоқ. Қурай қинаған екінің бірін тыңдағаны бар, оның бірі өзінің Ситан сыболышы, тек оларға көңілі көншіген жоқ, олар әншейін күйді ән, әнді би, биді частушка қылып өшіріп тынатын олақ домбырашының ақсақ желіс, тоқсақ тепеңі сияқты көрінген. Сиғат қурайға жұмсағанда оны кім тартар екен деп төңірегін түгел шолып, сен боларсың-ау деген сыбызғышыға лайық текті ауызды таба алмады. Дағдарған бас орманшы мөлиіп әлі отыр екен, тегін адам таз бола ма, жалауға тілін табанына жеткізбесе де бұл да қулықты үйрене бастапты, бір жұмсаған адамы тапсырманы екі қайтарып сұраса, ол шіркінді сол шаруаға Сиғаттың қайтып жекпейтінін жаттап үлгеріпті-ау!..
— Сонау сазға қурай танитын біреуді жұмса, — деді. — Тек өгіз балдырған алып келіп жүрмесін, сыбызғыға жуандығы шынашақтан озбайтын өзегі жоқ буынсыз тұтас қурай керек, — деп қанықтап-ақ айтқан болды.
Ымырт үйіріле үш-төрт жерден қойған от Құзғындының қара көк аспанын түріп, движоктың жыртың лампаларының аптарихасын өшіріп кетті. Ымырт үйіріле жұрттың арқасы да қоза бастаған сияқты, топ ортасындағы зиялы қауымның беделін белінен басып әр жерден ән көтерілді, алакеуімді баққан ауыз, аңдыған көз адыра қалды да, ұят пен кішілікті кейінге итеріп тастаған әзіл мен қалжың үш қазанның тоқтығынан асып түсті. Ұлы табаққа жастығы мен көрпесін тоқалына қоса сүйреп келген Шерубай шекесін мүжіген соң, тоңқаңдай қашпай, ту сыртынан ескен қоңыр желге көрпе емес, көрпеден ыссы келіншегін лыпа қып қойып мүлгіп отырған, Асекең, Тоқа мен Тәттімбетті, Тәттімбет пен Сүгірді адастырып "Тоғыз тарауды" бір қағып шыққанша шеңберлі шағыр көз үш-ақ дүркін оянды. Разы да емес, наразы да емес, Асекеңе бей-жай қалыпта, күйшіге көңілмен ілеспегендей салқын көрініп еді. Мүскене құлақ үстіңгі шектегі жетім ыңыраныстың теліме екенін сезіп қалғанымен, зерек көкей жаңсақтыққа жықпай, мал иесі үш арыстан кешірім сұрап, көне сарынның жарауы мен бабын домбырашының өз еншісіне қалдырды. Тізе түйістірген екеуі күй біткенмен күйсандықтың көмейінде қалған көмескі ызыңдай құмығып бара жатқан үнмен ілесіп әлі де жол үстінде мас отыр еді.
— Шераға, мына жұрт ауылдың алты ауызын күтіп қалды, — деген Сиғаттың дауысы екеуін де от басына қайырып әкелді.
Сиғаттың екі қолында бес-бестен он қурай жатыр еді. Дәстүр бойынша сыбызғышы шамына жеткенше он күй тартып, біреуін ғана тыңдаушыға арнадым дейтіні бар. Шал селт еткен жоқ. Шағыр көз сөніп қалғандай жанарында жылт жоқ еді.
— Сырыл кірген өкпеге сыбызғы әл беретін бе еді?! Сен де жайыңа отырмай баяғы бір жоқты даулайды екенсің! — деп Сиғатқа жақтырмай қарады. — Қолқада қуат, езуде жігер қалды ма!..
— Жеті атаңнан ілескен дерт жетпістегі сенен таусылса бізде де арман жоқ! — деп Сиғат та міз бақпай отырып алды.
Шалдың жүрексінгені өкпенің сырылы емес, сол қолдың мүкістігі екенін Асекең қурай ұстағанда бірақ білді. Бір Асекең емес, осындағы Сиғаттан басқа қошаметшілер де бүгін көргендей бір-біріне сұраулы жүзбен қарасты. Тура буыннан қысқан көкала ескі тыртық жіліншікті жіңішкертіп, сіңірі тартылған саусақтар алақаннан еркін жазылып кете алмай бүркіттің тұяғындай бүрісіп барып семе бастаған екен, шынашақ пен сұқ саусақтың орнында пұшырайып көк жасыл тұқыл ғана қалыпты. Жылқышыны ит жылынан білемін дейтін Бескемпір мен Бекеттің өздері де жаңалық ашқандай әуелі таңырқай қалысып еді, шал қурайды бастау суына үш дүркін шайып, үш қайтара үрлеп тізесінің үстіне тастай салғанда әбестік жасағандарын сезіп, жүздерін тайдырып әкетті. "Сен де мені бүгін көріп пе едің?" — дегендей Шерағаң оқшырайып тоқалына түйілген, орнынан лып етіп тұрған Әсем желе-жортып шеткі үйге қойып кетті де, әйелі қайтып келгенше, жиекті кесені оң қолына ұстатып, тағы да жанасалап ту сыртын орай жылы құрсағымен тас қымтап жайғасып отырғанша шал да ешкімге назарын салмастан, тізесіне таянған мүкіс қолын көтеріп алмастан мелшиді де қойды. Кеседегі мөлдір сусынды тастап алған соң да, безерген бет-аузынан тірліктің нышанын байқатпап еді, тек маңдайы жіпсігенде ғана қурайға қол созды, сау қолын емес, қиястанып мұқыр қолын әдейі созды.
Сыбызғының жыны Саймақ екенін, Саймақтың жыны сыбызғының көмейінде қалғанын "Сары өзен" мен "Айрауықтың ащы күйінен" сыбызғының жаны шыққанда барып сезінген Асхаттың өзі де бет терісі бей-берекет мөңкіп жанын қоярға жер таппады. Саусағы домбыраның шегінен әркімнің меншігін іздеп қайтып, іздеп қайтып еріксіз шошаңдап қоймап еді, кейін бұл да мал иесінің сонау он сегізінші ғасырда жүргенін сыбызғының өксігі мен зарынан ұққандай болды да, ендігі жерде күй төркінін біреудің бәсіресіне байламауға серт қылды. Қурайды бір сілкіп отқа лақтырып жіберген Шерубайдың көкірегі көріктей желпініп, саз біткенмен кеуде шіркіннің екпінін баса алмай біразға дейін екіленіп отырды. Демі сарқылмай қалғандай жақ шықшыты күмпиіп, қан тепкен құлақ-шеке, желке шүйдесіне дейін жерошақтағы бөрте жалынды да жаңылдырғандай еді. Боз шеңберлі шағыр көз әп-сәтте қанталап шыға келді де қарадай құтырынып, қақпандағы қасқырдай бас салып сол қолын шайнап тастайтындай көрінген, өзін-өзі жұлып жеуге жақын қалған есіл күйші бәріне мұқыр қолдың саусағы кінәлідей тезірек пешпент қалтасына сүңгітіп жіберіп тұрып кетті.
Өзін-өзі менсінбей, өз көңіліне өзі көншімей ширығып кеткен қайран шалға қарымта қылып Тоқадан қадірлі бір ағамыз еншілеген "Қоңырды" Асекең өз бабымен бір қайырды да қайтып домбыраға ешкім қол соқпады...
3
Жиырма бес жасына дейін үйленбей өзінше серілік құрған болды. Серілігі жадына біткен дерт пе еді, әлде жалған ба еді, оған есеп берген жоқ. Үрлеп ішіп, шайқап төгіп, ел ішінде шайқақтатып қойған әлде әке дәулеті ме еді?.. Қылшығына қылау жұқпайтын сүліктей қаракерді қосарымен мініп те, қосымен мініп те көрді. Бірақ кепиетсініп есерлікке барған жоқ, естиярлықпен дәулетке де қызықпаған. Туған жерден қашып Ойман асқанда отыз жыл бойы аңсағаны әу деген бір ауыз ән еді, бір ауыз ән туған жердің бір қасық суындай арман еді. Ел көзінен тағыдай үркіп қашқын болып жүргенде жалғыз жұбанышы сыбызғы еді, еже қарап ұлып, желге қарап елден соққан самалдан да күй сүзіп көңіл жұбататын. Енді сол әу деген жұрттан безіп, алақандай түндікке телміріп жатқаныңа жол болсын!.. Алақандай түндіктен жаялықтай аспан көрінді. Кәріліктің өрісі жайлау емес, жаялықтай болса керек, жаялықтай қусырылған дүниеге кәріліктің басы болып қырсық кіреді екен, жұрттың емес, өз қырсығың, — мінез қырсығы, қызғаныш қырсығы, өткені бар, кеткені бар жарық дүниенің өкініші.
Қызыл асығына тартқан су шүберекті ауыстырып Әсем үш келіп, үш кетті. Қасынан шыққысы да жоқ еді, ел қызығынан құр қалмасын деп отырғызбады. Осының көңілі жарым болмасын деп аяды, сондағы бар ілтипат-мекіренісі — мықынға сыймай тұрған тоқ сауырдан екі-үш сипап, тоқ балтырға алақанның қызуын басты. Құдайдан ұл сұрап еді, біреуін емес, төртеуін берді, шүкір, бұладай қыз өсіріп отыр. Қазір солардың бірін де ойлаған жоқ Шерағаң бүгінде бала-шағаға да жөн айтпайтын болған, "болар бала болмысынан" дейді-дағы, жастың жарасымды қылығын іштей мақұлдап, теріс кетсе: "бүлдіріп бақ, елміз ғой, орнына келер, өзіңнің де жетісіп тұрғаның шамалы еді, тек жүргенше тезек те болса бір кесекті тепкілеп жүргенің жақсы!" — дей-тұғын да қоятын. Зерделіге осы да жетіп жатыр, жетесізге үшкіріп те ештеңе қондыра алмайсың. Үлкен-кішіге де бар айтары осы. Жасында жау түсірмеген жігіне қартайғанда ақыл айтқаннан не пайда, алжымай өлсе, соның өзі де абырой емес пе. Бұл да Шерағаңның, шалқайғанды бері тартпа, ары итер дейтін өмірлік пәлсапасы.
Түндікке телміріп жатып әлдекімнің кіргенін де аңғармапты. Іргеден жалпылдаған жерошақтың алакеуімінен қисық мұрынның иесін таныды.
— Сенбісің?
— Менмін.
— Дү-рр-ес!.. Анау шидің ішіне кір. Күйшінің қолы — ұры қол, соның ішінен бірдеңе тап.
Тапқаны коньяк пен екі пиала болды.
— Директор айтты екен деп тәбетімізді бұза алмаспыз. Шошқаға да бір мейрам, көп болса тағы да жер аударып жіберер, құй! — деп Шерубай "тағы да" дегенді нәшімен айтты. Асхаттың келгенін ұнатып қалса керек, жүзін жете болжамаса да қимылының елпектігінен байқады.
Бескемпір қыз-келіншектермен тістесіп жатты. Саяқтың сәуірігіндей жанжал іздеп жүретін тынышсыз неме сауырын алдырмай тоқтамайды енді. Көптің ішінде Сиғат жоқ екен, қасындағы пристяжнойымен жоғалса керек, етерьдің елірген жұртқа сия алмай өтейсіп келгенін енді түсінді. Сән Бекетпен бет түйістіріп отырғандай көрінді де, жұлыны зырқ етіп, күншіліктен тәйт деп зекіп тастағысы келді.
— Шырағым, андағыны көзге тамызамысың?
— Менікі ермек қой, Шераға, осыдан артыққа жоқпын.
Ішінен "дү-рр-ес!" деді. Ішінен мұнысын да ұнатып қалды. Қалың жынысты жырта күн көзіне қисық өскен ағаштай мынау қисық танаудың да өзінше бір ерегісі бар сияқты, әйтпесе, сырт пошымында мұрын бұзып, мұрын бұздыратындай ересен ештеңе жоқ, тек қағылездігі, қалақтың сабындай икемінен өтімділігін байқады.
— Көсеу түртер бибатша бар ғой?..
— Болған.
Оны өзі де сезген. Бүгінгінің келіндері көсеу түртпейді, көсеуді де жоқтатпайды, азаматтың жыртық - тесігіне күйген шала жүгірткенде суық көсеуің жол қалатын шығар. Әйтпесе жалғыз бас шығындап несіне жүреді, жалғыздыққа жан шыдай ма.
— Махорканы аңсап отырғаным.
— Оған енді ұяттымын, Шераға. Мынау түгін...
— Оның маған қанағат болмайды. Біздің өңеш заһарға, біздің кеужір сақарға үйреніп қалған. Одан да қалғанымыз қай заман...
— Барлаушы болып па едіңіз?
— Бәрі де!.. болғанбыз. Бақташы, барлаушы, байланысшы. Бұйыртса тағы да сол бақташымен бітіргелі отырмыз.
Уықтан әлдене шырт ете қалып еді, желе-жортып жеткен Әсем штепсельді басып тұр екен.
— Құрт! — деп Шерағаң жесір лампаның шақырайған ащы сәулесін жақтырмай қалды.
— Әкәу, аш отырсыңдар ғой! Мына қайнымның бөтекесінде бір түйір нәр жоқ. Ас жеуге келгенде екеулерің де алдарыңа жан салмайды екенсіңдер.
— Дастарқанда сыпайы келетін қожаның әдеті ғой, — деді Шерағаң. — Алдына май қойсаң да ірімшікке орап қалтасына сала кетпейтін бе еді бұлар.
Бұл елдің әйелдері желіп жүрмесе, аяғына жем түсетіндей. Әсем желіп жүріп екеуінің алдына жылқының екі жілігін теңдеген қара самар, екі пышақ қойып кетті. Зәһәрдің ащысын көргенде шал кездігін коньяктің қызыл ала көйлегіне қадап:
— Мына шіркінді майыстырып қайдан таптың? — деді.
— Е, біздікі көпке ерген де.
— Көпке ерген көшке ергенмен бірдей екенін білмеп пе едің.
— Қалжаңның жақпай отырғанын білем, бірақ, ауыз сенде ғана бар ма, тұра берсін! — деп Әсем шалының ыдысын ғана ауыстырып, коньякті Асекеңнің алдына тастап кетті. Тағы да желе-жортып шығып кетті.
— Жеңгей қай елдікі еді?
— Осы-ақ елдікі. Дәл осы шаңырақта өскен біреудің жетімі еді. Обалы өзіне, ол маған тиген жоқ, ол мені алып еді. Менің обалымды ойлаймын деп өз обалын аямаған өзінің соры да! — естиін дегенің осы ма еді дегендей шал қара пышақпен тоқпақтай ортан жіліктің етін жапырақтап-жапырақтап егерьдің алдына үйіп тастады, сонда да сол қолының мүкістігін көрсеткен жоқ. — Түгін түзу ме еді? — деді ендігі кезек сенікі дегендей.
— Айта алмаймын... дей де алмаймын. Шүйкедей бір кемпір мен жалғыз күшігім қалды.
Оны да сезген. Жасқанатын үлкені, жалтақтайтын күшігі болмаса, жапан түзде қу бас жүріп жын ұрып па!..
— Сүрінгенім қыздың тезегі болса екен деуші еді біздің бір ағамыз. Біздің тұқым аз болды, аз да болса шетінен атқа әдейі теріс мінетін кербаққан еді... Марқұм аңшы еді, отызыншы жылға дейін меңіреу тайгада жалғыз үй отырды. Жалғыз ат, жалғыз мылтық, жалғыз ит... қара шаңырақтан алған еншісін жалғыз қызға айдап беріп, өзі жиған байлықтан қойдың басын үшке жеткізіпті. Қанжығасы бос, қабағы кейіс, кештетіп аттан түсіп жатса жеңгеміз алдынан шығып: жалғыз тоқты өлгелі жатыр, бауыздай салшы депті. Е, мал іші індетсіз бола ма деп ағамыз қолды бір сілтеген екен. Келесі күні жеңгеміз тағы да: жалғыз тұсақ тыпырлап жатыр деп келсе, е, мал іші болған соң шығынсыз тұра ма, бар болған соң өлет те деп отыра беріпті. Үшінші күні, жалғыз саулықта арам қататын болды деп қолына пышақ ұстатқан бәйбішесіне: е, сәтін салса індет те осымен тыйылған шығар деп апыл-ғұпыл жүгін артыпты да тұра көшіпті. Заимкеден оқ бойы ұзай беріп артына бұрылыпты да өз мұржасын өзі көздеп: қу мола, сенің астыңда мен қалай тірі жүргенмін деп басып салыпты да кете беріпті.
Әңгіме төркінін итжығыс ұқса да "мұны неге айттыңыз!" — деп сұраған жоқ. Сұрамаса да іркісі жоқ қоңыр үннен жүректі шым еткізер әлдебір мұң сазын сезген. Әңгімешінің мұңы ма, өз мұңы ма, Асекеңнің итжығыс қалғаны да содан.
— Бәлсініп жатқаным жоқ шыным осы. Жаспен жағаласатын шама қайда. Байқасаң анау көптің ішінде менің замандасым жоқ. Естуімше, кешегі Отан соғысының найзагерлері он бес-ақ процент деседі, соның бірі менмін. Жаман шалдың көңілін аулап қайтесің, жағаң жыртылса да ұяласынан қалма.
Ішінен кетпесе екен деп отыр еді. Ішінен бұл да кет деп айтпаса екен деп отыр еді. Тағы тайгада бір егерьдің жүргенін қай жылқышы есепке алды дейсің. Бір жылқышының барын егерь де естіген, онда да атағы атымен жеткен, республиканың ұлы жіңгір тойында үш бірдей жүйрігі бірінші бәйге алып қайтты дескен. Елден иісі бөтен, үні басқа бұл шалды осы уақытқа дейін неғып көрмей жүрген? Іргесінде отырып та иек астына көзі жетпегені де, тайганың бақа-шаян, құрт-құмырсқасын санап жүріп адамын ұмытқаны да. Кет дегені кетпе дегені екенін Асекең де ұқты, бірақ, отыра беруге табанының бүрі жетпеді, шалға ермек тауып беруге домбырадан басқа сүйемеле жоқ, ал домбырамен көне көкіректі қажай беруге обалсынды, әрі бір отырыста бірден артық қол көруді шалдың жаратпайтынын, тіпті қайтып кездеспей кетсе де жыны бар жұртты бірден артық қажамайтынын, бірден артық өзінің де тасып-төгілмейтінін мана от басында-ақ сезген. Асекең қолындағы көздің дәрісін таңдайына тамызды да тұрып кетті. Шерубай қалғыған бүркіттей манаурап жалғыз қалды. Бұл да шалдың ежелден маңдайына жазған өз еншісі...
Елден қашып марғау астым дегенде жеткен жері Ойман еді. Қатынның терісіндегі марал баққан кержақтарға жалғыз атпен барып сіңді. Шерубай аты Шурбай, Сапа деген әкесінің есімінен Сапанин деген фамилия киіп алып, жирен сақал, жез мұрт, тұздай шағыр көздің арқасында Шурбай Сапанин болып шыға келді. Тегің кім деп арғы жағын сектант жұрт сұраған жоқ. Киіз үйде шалқайған қайран басы жар жағасынан жертөле қазды. Жергілікті жұрт оны "капайгород" деп атаушы еді. Капайгородтың жалғыз ғана артықшылығы — ішер суың танауыңның астында: жазға салым өзен тасығанда есігіңнен лықсып кіріп, қыстың көзі қырауда табалдырығың шор, босағаң сүңгі болып тұратын да, боран-шашында көршілер бірін-бірі қар астынан қазып алып жататын. Дегенмен көрден жақсы, түрменің қасында жұмақ деуге болады.
Бұл елге де совет өкіметі жиырма сегізінші жылы соңынан қуа жетті. Сол жылы кержақ байларының да Қытай қашқаны есінде. Сол жылы Алтай өңіріне отряд қаптады. Совет өкіметі де сол отрядпен келген. Арғы бетке де жалшы керек болды ма, әншейінде күресіндегі сүйек-саяғын қызғанатын жуандар Қатынның бойындағы кедей мұжықтарды дүрліктіріп, түгел көтеріп әкетіп еді, байғұстар қосақ арасында бос шығынға ұшырады да, артында аңырап қалған жесір мәтүшке, жетім балаларды кооперативке жинаған болып еді, одан мардымды ел де шықпады. Әйтеуір, капайгород бір жылдан соң қаңырап қалған селоға көшті де, Мәскеуден келген мамандар бұғы, марал совхоздарын қайта ұйымдастыра бастады. Байлар бас білмейтін байлығын кардон асарда қырып салған, қалғанын сатыларды қиратып, иен тауға айдап жіберіп еді. Бұқасы, ұрғашысы бар бір совхоздың жинап алған жүз-ақ бас болатын, оған да тыныштық берген жоқ; банды деген зауал шықты, ұры-қары, қашқындармен арпалыстың кезінде Шурбай Сапанин де белсенді болып жүрген. Сөйтіп жүріп елге қарайтын, ел шеті Көкжотаның басы еді. Көкжотаның төбесі күншіліктен көк тірейтін де тұратын. Туған жерге тастап кеткен қара шаңырағындай көретін Көкжотасына көңілмен болса да Шерағаң оқ атқан емес. Туған жерді көксесе өңінде де, түсінде де Көкжотаны көретін. Мүмкін, қайтпас сапардан екі дүркін қайтарып алған да осы Көкжотаның дәмі шығар. Егер сол сапарда дәм таусылса, көз алдындағы ең ақырғы елес болып Көкжотаның кетуі де мүмкін еді-ау!..
Қиыншылықты көп кештің бе десе, оның қандайы болады, қиыншылықты кім таңдапты дер еді. Көрген рахатым аз десе, түріне қарап ешкім сенбейді. Осы жасқа дейінгі ғұмырымның көбі қиыншылықпен өтті десе, неге деп тағы тақымдайтындар бар. Ең қолайлысы — бар мен жоқтың жуан ортасы шығар...
Кержақ Шурбай Сапанин 1937 жылы он жасын жасырып әскерге аттанғанда жігіт ағасы еді. Алты жасынан аттан түспеген адам аттың, оттың, оқтың не екенін жақсы білсе керек. Ол заманда атқа міндің — қару асын, қару асындың — одан оқ шықпай тұрмайды. Қашқан-пысқандар, банды-бәлекет оған осыны үйреткен. Бір мінер көлігін тақымға басып дәл осы Көкжотаның түбінен аттанғанда ендігі жолының таңсық тірлік, салт жүріс, солтаң жігітшілік емес, қатерлі жорық екенін сезген... Айлаң жетсе албастыға да мінеді екенсің...
...Жабыны жауға мінбе жалды екен деп, Жаманға жолдас болма малды екен деп. Баласын қазан аттың бақпай қойма,
Жем түсіп аяғына қалды екен деп! —
Базар жырау айтты деп осы жұрт жабыны бекер жамандайды. Жаңылмайтын жақ жоқ, бәлкім, Базар жырау жылқыдан емес, адамның жабысынан сақтандырған шығар. Әйтпесе жабыға мініп жауға шапқанның бірі Шерағаң — Шурбай Сапанин...
Жапон басқыншыларымен соғыста дончагің де, рысагің де, қарабайырың да жорыққа жарамай қалды. Сусыз, жемсіз жерде монғолдың жатаған жабысына жетер көлік жоқ екен. Танауы шелектей болып итше желгенде үстінен су төгілмейді, жермен жексен болып алып сөлендегенде мысықтан епті, әрі есек сияқты бап тілемейтін, белі талмайтын өлермен жануар, айыбы аяғың жер сызады демесең, қылыш сермесең де, мылтық кезенсең де ыңғайлы, тағы бір қасиеті — жығылсаң, қашан қайтып мінгенше қия баспай қасыңда тұрады... Аяқ суытпастан бір тәулікте бес жүз шақырым жер алып, салған бойда Халкин-Голде ұрысқа бірақ кірген Шерубай қырқыншы жылы аттан бірақ түсіп, бұғы бағуға қайта кірісті де Шурбай Сапанин Шура Прохороваға үйленіп тынды. Скидке барған жоқ, неке суын ішкен жоқ, бірақ одан ұрпағың азбайды екен, шекесі торсықтай егіз ұл тауып еді... Бір жылға жетер жетпесте, қырық бірінші жылдың сентябрінде жетпіс бесінші гвардияшы атты әскер полкінің сапында кдн майданнан тағы шықты. Екі жыл киім шешкен жоқ. Екі жыл аттан түскен жоқ. Екі жылда алты ат ауыстырды... Жылқы баласына қазақтың өкпесі жоқ шығар. Шерубайдың оққағары ат еді. Қандай бір сұрапыл айқаста астындағы аты мерт болады да өзі аман шығатын. Өзінің тірі қалғанын атқа сиынғанынан дей-тұғын.
Полкте связной екі қазақ жігіті бар еді. Шерубай көптің бірі емес, екінің бірі болатын. Қыста ақ боз, жазда меңсіз қара мінді. Өйткені полк шабуылға үнемі түнде шығатын еді. Айсыз қараңғыда жер ыңғайын жылқыдай танитын, түн баласында үкідей көргенінен жазбайтын, күншіліктен шыққан тықырды жел өтінен жылқыдай сезетін басқа хайуанның барына Шерағаң күні бүгінге дейін сенбейді. Тақа бір тап келген ажал болмаса, ат үстінде оққа ұшқан адамды Шерағаң жылқы мінезінен көрген емес. Жаудан ытып та көрді, қуып та көрді. Шегінгенде атқа теріс мінетін де қолына мылтық алатын. Қуғанда қылышқа кезек беруші еді. Бірақ қашқанда тізгін шаужайлап, қуғанда тізгін тартқан емес. Өйткені ат үстінде отырып өлемін-ау деп ойлаған емес.
Воронежден екі дүркін шегінді, екі дүркін қайта алды. Жазда жаудан ықты, қыста қайтадан түріп шықты. Фашистердің дамбалсыз қашқанын да көрді. Жалаңаш екен деп аяған жоқ. Жаудың аты жау. Майданда жауды ешкім мүсіркемеген болар. Ат байлап түсер қазығы, тіске басар азығы жоқ, қаңырап қалған талай деревняларды фашистерден тазартты. Мұржасы ғана селтиген әр қотаннан серейіп қатқан өлікті жаназасыз көмді. Жау қолынан жазықсыз қаза тапқан қатын-қалаш, бала-шаға, шал-шауқан еді. Өлікті де тонап қашқан қанішерден Шерағаң қылыштың жүзін, мылтықтың қорғасынын аяған жоқ. Бірақ өмір-бақи кісі өлтірдім деп мақтанған емес. Өз қолынан оққа ұшқан, қылыштың жүзінде кеткен фашистердің есебін де алған емес. Есепсіз жауға есептің қажеті қанша еді. Әйтеуір ел қорғаудың ерлік екенін ғана білетін. Бірақ ерлігі үшін де енші сұрап көрген емес...
"Түс түлкінің тезегі" дейді қазақ. Несі болса да мейлі, қазақтың түсіне не кірмейді дейсің, бір ғажабы қан кешіп жүріп те көзі ілінсе болды. Шерубай түсінде Көкжотаны көретін еді, Көкжотаның көк тіреген биігінде жүретін, Көкжотаның биігінде жүрсе — жаудан пысының биік, ажал отының алмайтынын сезетін. Құданың құдіреті, бүгінде көңілдің "көкжотасы" аласарып кетті ме, жайлы төсекте жатса да, көз алдына Көкжота емес, осыдан жиырма жыл бұрын өңінде көрген соғыстың "мүңкір-нәңкірі" қаз-қалпында қайта жаңғыратынды шығарды. Соғыста түсінде Көкжотаны көріп сергіп оянатын еді, енді соғысты көріп қажып тұрады. Кейде даусы шықпай "уралап" тұрады, "уралап" оянып, мұқыр қолын аспанға көтеріп, оңды-солды сермеп жататыны бар; кейде серейіп жатқан өліктерді сүйрелеп жүреді де көзінің сорасынан шошып оянады — жиырма жыл өтсе де, жау қолынан жазықсыз қаза тапқан жандардың аруағы: "мені ұмытпа, мені жаназасыз көмдің!" — деп қыр соңынан қалмайтындай...
...Көз алдыңды шырмаған суыр тісті темір тор. Темір торда салақтаған темір телпек, сыңар жең. Сыңар жеңде сыңар қол да бар шығар, кім білсін, әйтеуір темір тордан өте алмаған бір боздақтан бар қалған жұрнақ... есімі кім?... елі қайда?.. тағы да "хабарсыз кеткен" есіл ердің біреуі... "без вести пропал"... көз алдында көріп тұрып хабарсыз кетті дегейсің... Қалайша?.. Соғыс бәрін де кешірер, бірақ соның бәрін қара жер көтере ме? Көз көргенді күні бүгінге дейін Шерағаңа қара жер хабарлап жатқандай...
...көз алдыңды шырмаған суыр тісті темір тор. Темір торда делеңдеген темір телпек, сыңар жең. Сыңар жеңде сыңар қол да бар шығар, кім білсін, әйтеуір, оның ар жағы жерге көмген көп күлше, тек сен тататын дәм емес, татар дәміңді қысқартатын темір күлше, оның аты — мина!.. Атты әскердің зауалы — суыр тісті темір тор, темір күлше. Бір полкті бір жыртықтан өткізіп, сол жыртықта оқ өтіне байлайтын да сол зауал...
...қалғып кеткен екен. Әкесі келіп тұр екен. Қол беріп амандасты. Қара қолғап киіпті. Қайтып алғанда екі саусағын жұлып әкетті. Жұлып әкетті де артына қарамастан кете барды. Айқайлап еді, тоқтамады. Бар айтқаны: "өкінбе, балам, садақа!" — деді. — "сен екі ұлыңнан да айырылдың! Өкінбе, балам, садақа!" — деді. Деді де әлдебір құзға құлдырап кете барды. Артынан тұра қуып еді... Көкжотаның басынан терең құзға ағып келеді екен. Жетегіндегі ақ бозы жан ұшыра кісінеп, төрт тағандап тізгінді тартып келеді екен. Тізгінге оралған сол қолын тартып аламын деп артына бұрылған, артындағы ақбозы емес, көк мундирлі фашист болып шықты. Көк мундирлі фашист сол қолының басын көк семсермен кесіп алып қалған... ояна келсе ақ бозы тізгін жұлқып елеңдеп тұр екен. Тізгін ораған сол қолы талмаурап ұйып қалыпты. Көз ұшындағы суыр тісті темір тор сілкініп, темір торға ілінген темір телпектің делеңдеп селкілдей бастағаны есінде. Шерубай өзінің ақырғы шабуылға шыққанын да сезді...
Сол шабуылда алтыншы атынан айырылды. Ақбоздың мөлтеңдеген көз жасы күні бүгін есінде; бадырайған қара барқыт жанардан түймелеп түскен шыны мөлтешпен қоса ақ боздың шыбын жаны да қара жерге мысқылдап төгілгендей көрініп еді. Бұршақтаған қара барқыт жанарды жәудіретіп атып тастауға дәті бармады. Басынан жүгенді сыпырып алғанда жануар да жан тәсілім еткен. Жүгенді сыпырып алғанда сол қолының басы тыз еткен. Жоқ екен... жоқ!.. салақтаған екі саусақ, мылжа-мылжа ет жүр!..
Сұрапыл соғыстың бітуіне әлі де екі жылдай бар еді. Шерубайға салса, сыңар қолмен соғысуға да бар еді. Бірақ жазмыштан озмыш жоқ!..
...Сұрапыл соғыстың бітуіне әлі де екі жылдай бар еді. Шерубай елге оралып, екі жылдың қалған ауыртпалығын сыңар қолмен сүйреп шықты... Тағы да атқа қонды. Ерте тұрды, кеш жатты. Кеш жатты деген айтарға болмаса, марал баққан соң, жалғыз баққан соң, еркек кіндіктен жалғыз болған соң ұйқыны да түсінде көресің. Әйтеуір қанжығаға байлаған жанторсықтай жанынан қалмайтын Шурасы бар; екі ұлдан айырылып қалғанын бетіне айып қылған жоқ, оның есесіне алтын асықтай панасыз бір жетім, осы Әсемді ес қылып кіргізіп алған екен, бұл қайдан жүр деп те айтпады; соғысқа аттанғанда астындағы атын ер-тұрманымен алып қалып еді, қайтып оралғанша үзеңгіні суытпапты; құрулы шымылдықтың қызығын, жаюлы төсектің қызуын көре алмай арманда қалып кеткен қызыл келіншектің қызыл шырай нарт жүзін жел қағып, күнге тотыққаны болмаса, ердің кебенек кигеніне, еңбектің азабына қажымапты. Бел талып, қар сынғанша, енбектен қашып, ошақ басына қарағанша асыл жар күйеуінің сыңар қолын тірі пендеге қорлатқан жоқ, сыңарлығын есіне салдырған жоқ. Шілденің жеті сағатқа да жетпейтін қысқа таңын, қаңтардың тоң қақыраған үскірік ұзақ түндерін бірге аттырып, бірде өрісте, бірде мал қорасында Шерубайдың артта қалған әр күнін тең бөлісіп еді... Сөйткен жары жалғыз қызы Сәнді дүниеге әкелді де көз жұмды. Ақырет алдында айтқаны: "өліп қалса өкінбе, тірі болса қолын еш нәрседен қақпа, қақпайлама!" — деді. Әсемге айтқаны: "жасы келген ағаңды қаңғыртып, біреудің қолына телміртпе!" — деп еді. Сол күндердің азабы көп болды ма, арманы көп болды ма, оны Шерағаң да көңілге адым аттасаң қажып қалатын жүйкеден сары сүйек тартқаныңды білесің. Зымырап бара жатқан заман ғұмырыңның өтіп бара жатқанын күн сайын, сағат сайын еске салады. Қырыққа жеткенше қырға шыққанда, қырықтан асқан соң, атсыз арбаны қыр басынан домалатқандай салдырлап жөнеледі екенсің. Ол арбаның жол-жөнекей неге соғылып, қай тұста шашылып қаларын кім білсін?.. Енді: "жайнаған туың жығылмай... жақсы өліпсің япырмай!" — дейтін Абай сөзін еске алатын уақыт та жетті-ау!..
Ол тағы да елді ойлады. Тағы да көк белге шығып алып, бата тілегендей сонау шырқау төрде теңкиіп отыратын Көкжотаға телміре қарайтынды шығарды. Ел!.. Ел Қатында емес, Бұқтырманың арғы бетінде жатқандай көрінетін. Оң жаға мен сол жағаның табиғаты әр бөлек. Сол бөлектік күн сайын алшақтап, бұрынғыдан да алыстап бара жатқандай. Қатын мен Бұқтырманың арасындағы кең түбек қай заманда қалың елдің жайлауы еді. Қалың ел күз келе арғы беттегі ата қонысына көшіп қонатын. Қалың ел арғы бетте қалғандай түстікке қарап көңіл шіркін ұлып кеп тұратын болды. Әйтеуір бір өгейлік, әйтеуір бір сағыныш көкіректен кеткен емес, қайта жер ортасына жеткен соң сағынышы сарғайып, мұңы жүрегіне бата түскен сияқты. Жас сағынса — жарасады, жасамыс сағынса — шаршайды; әуелгісінде үміт бар, кейінгісінде дәрмен аз; әуелгісінің мұраты — жету, кейінгісінің мұраты — кету. Айырмасы сол ғана ма екен?.. Әсемге мұңын шағып еді, обалы қане: "әуелі менің басыма жаулық сал, сонан соң бір жыл күт, қашып келген екенсің, қаңғырып қайтты дегізбей соңымыздан бір құлынды ерте баралық" — деді. Құдай тілегін берген болар, елуінші жылдардың басында Шерубай бір көш болып елге жетті...
Бір мақсаты жақсы қартаю еді. Ол мақсатына жетті ме, жетпеді ме?.. Ойлап отырса бұл ғұмырға өкініші де, өткізіп қойғаны да жоқ, бергені де көп, алғаны да көп сияқты. Жеті жыл әскерін азаматтық борышына бөліп тастағанда, ат жалын түйгеннен бергі отыз жылын мал соңында өткізіпті. Ол да бір ел баққан қақпайлы мал емес, Алтайдың тағысы. Шерубайға тайганың тағысы да мал. Жұрт тұяқ санаса, бұл мүйіз санады. Сауыншы сүтін есептегенде, бұл мүйіз безбендеп жатты. Сол мүйіздің соңынан біраз жерді шарлап, Мәскеу мен Владивостоктың арасын шиырлап қайтты. Шерағаң орден мен медальді ерлігі үшін ғана таққан жоқ, еңбегі үшін де тақты. Күмісін де, алтынын да тақты. Өстепкеде де тұрды. Жұрттың алдын берген жоқ. Тағдырына разы, жаратқан бұған тек алда жүруді ғана жазыпты — шабуылда да, шаруада да. Жақсы қартаю деген осы ма?.. Әй, кім білсін? Оны елің айтса керек. Ал елге неңді сіңіріпсің? Еңбегің бе?.. Қалай айтсаң да еңбек — ниет пен қолдың қаруы, күректің ожауымен өлшенетін азап пен тер емес пе? Ал сол дүние жалғанға рухани не қалдырдың?.. Ұрпақ па? Ол сенің ғана ырқыңдағы құбылыс па екен және оның болашағын кім көріп біліпті, жақсыдан жаман туып та, тірлікті былғап жүрген жоқ па. Ол саған абырой ма екен, елге абырой ма екен?.. Сірә, жақсы қартаю Абай айтқан "жақсы өлімге" жеткенше жетеңнен түспейтін борыш па екен? "Елің жіберсе барасың" депті, онда да жақсы өлімді елің қия ма?.. Құдай-ау, сонда пенде шіркін ғұмыр бақи өзін өлімге дайындауы керек пе?!. Өлімнің де мақсат болғаны ма? Өлім деген адам ғұмырының арқан керген ақырғы сөресі емес пе. "Тіфу!.. Данаға ерсең бала боласың деген осыдан екен-ау! Абайдың да адамды өстіп адастырып алып келіп, сандалтып тастап кететіні бар!.."
— Ұйықтап жатып түкірініп, кәрі жының тағы да қысып жатыр ма?
— Сен мұнда қашан келіп едің?
— Тоңып кеткен соң келдім де.
— Тоңсаң іргені түсір.
— Байғұс-ау, іргені мана түсіргем!..
— Балалар қайда? Қызың қайда?
— Жүр-дағы көп шуылдақтың ішінде! Мені ғой іздемейсің, ә?!.
Шерубай от жаққа аунап түсіп, тырсиған сүт көкіректі құшақтап қатты қысты да тарамыстанып қалған сүтіңкедей аяғымен тоқалының тоқ балтырын іздеді...
Тойға бес атпен шыққан Шерубайдың өрен-жараны мінгесіп ұшқасын екі атпен қайтты. Әсем кіші ұлымен үй артқан "көк қасқаның" біріне мініп еді, бұлар қонысқа жеткенше отау үйді тігіп, ақ самауырды ентіктіріп қойыпты. Келе салып байлаған қазық тағы жалғыз бұзау болмаса үй маңыңда да, желі басында да тігерге тұяқ жоқ. Үш ит арсалаңдап қозы көш жерден қарсы алған, иесін таныған үшеуі де үзеңгіге шапшып, Шерубайдың етегін тұмсығымен бір-бір түртіп, сүйінші сұрағандай ауылға кері шапты.
Жүрегі бір нәрсені сезгендей шал ала көңіл еді, шылбырын ұстай берген Әсемге, "қызың қайда?" — деп қадалды. Даусы зірк етіп тым қатқыл шығып еді, ойында дәнеңе жоқ Әсем де сасып қалды.
— Мен қайдан білейін, аттылы қызды жүкпен кеткен жаяу қатыннан сұрағаны несі!..
Шерубай Әсемнің қолынан шылбырын жинап, елегізген қалпы аттан түспей отырып қалды. Естияр деген үш ұлына сұраулы жүзбен кезек қарап, осылар бірдемені жасырып тұрғандай іші күдіктене берді.
— Ол әлгі біреумен кеткен, — деді қалқан құлақ сарының тұңғышы.
— Әлгісі кім Құдай-ау? — деп Әсем ұлына дүрсе қоя берді. — Оның аты-жөні жоқ па еді?!
— Әлгі ше... лесхоздың жүнді ауызы ше... баяғыда үйде болып еді ғой...
— Әй, бұл үйде кім болмады дейсің! Шешінбей қатқыр, ол қай жүнді ауыз болды екен?! Жұрттың аузы-басының түгін есептегенше, есімін неге білмейсің?! Қайда кетті, тіл-жағың бар ма, айтсаңшы!..
— Болды, шіркін!.. Болды! — деп Шерубай Әсемді әзер тоқтатты. — Мылтықты әпер! Дүрбіні әкел!
— Мылтығы несі Құдай-ау?!
— Әпер!..
Шекеден шаншылған шілденің сартап күні жердің жон арқасын қақтап тұр. Шерағаңа биылғы жылдың ыстығы да онша ұнамай жүр еді. Қатарынан үш дүркін келген қуаңшылық барыспен бітетін шығар деп еді, сонау көктемнің бұршақ аралас арсы-күрсі дауылы болмаса жердің ындыны көншірлік ылғал тамған жоқ. Тайга өзін-өзі ертеңді-кешкі шығымен шылап тұр. Қалың қардың дымы әлі кебе қоймаған, шалғын ширатқан ат тұяғы шиедей, шалғыннан тепкен жидек пен бүлдіргеннің иісі танау жарады. Бұл өңірде қыс болды-ау, қыстың қысылтаяңы бар-ау деп ойламайсың.
Екі мылтық Ақтомар шоқысының етегінде кездесті. Алыстан Сән бе деп қалып еді. Астындағы аты ақ жал құла екен. Үстіндегісі алпамсадай жүнді ауыз жирен жігіт болып шықты. Ақ жал құласы түлкідей әдемі екен. Жүнді ауыз — Ақсуда отыратын аңшы Василий екен.
— Ассалаумағалейкум!
— Жол болсын!
— Жол болмай тұр-ау, ақсақал. Сатыдан бір бұқа қашып кеткен екен, яғни, үш күн сандалып, бес шақырым жерден бір-ақ рет көрдім. Көзіңізге түскен жоқ па?
— Түспеді-ау... Мен де жоқ іздеп келемін. Елге қарап бет алған қыз бен жігіт ұшыраспады ма?
— Көре алмадым.
Иығынан бесатары шошайып, ақжал құланың үстінде алшиып отырған Василийге Шерубай сенімсіздеу қарады. Шерубайға аңшы да сенбеп еді. Аң емес, адам қуа шыққан шалдың қосауызы несі? Іздегені қыз бен жігіт болса, ұры-қары да емес сияқты, оған мылтықтың не қажеті болды екен?.. Екеуі егескендей бірінің жолын бірі бөгеп, ойқастап біраз тұрды да жігітті көзінің қиығымен аңдыған Шерубай:
— Неше қар басқан? — деді.
— Төрт жасар.
— Онда алыстан іздеме. Қозы қасынан қолдан оттаған төрт жасар бұқаның бар көргені Ақсу, басқа өңірді жатырқайды. Ұзап та кетпеген шығар.
Ыстықта терістің биігінде жусап, күн қайта күнгейді қуалап етекке қарап жайылатын бұғы малының әдеті. Өзін аңшы санатына қосатын Василий тағы мінезіне шорқақ, аңшылығы да дүбараздау болса керек, бұғы десе бақайының құртына дейін жатқа білетін Шерубай оның үш күн бойы тайгада бос тентірегенін шалағайлыққа жорып тұр. Өз шаруасы қаперінен шығып, есіл-дерті дөнен бұқаға ауды да соңымнан ер дегендей аңшыға қолды бір сілтеп қара керді Ақтомардың қиясына салды.
Ақтомардың биігіне шыққанша екеуі де үн қатқан жоқ. Шекесі таз, күнгейі тастақ, желкесі жыныс Ақтомардың биігіне шықсаң дүниенің төбесінде тұрғандай боласың: көз ұшында теңкиіп тағы да Көкжота отыр, Көкжота қайдан қарасаң да көз ұшында отырады, жан-жағынан қаумалаған Тасқұрке мен Көкала Айғырға, Шаштыға Алтайдың төрін бергісі келмеген сияқты. Сатымен қоршап тастаған бауырдағы бұғы өрісі ұшы-қиырсыз таулы өлкенің пұшпағында бит терісіндей-ақ.
Аңшының ақжал құласы түлкідей әсем болғанмен әлжуаз екен: сирағы тым жіңішке, омырауы қушық, танау тынысы жыланның ініндей тар, сауыры сере; ат баптаудың жөні осы деп аңшы жігіт аузын оттан алмайтын болса керек, майдан жарылып кетейін деп тұрған мес неме тізесі дірілдеп, ұмасынан ащы тердің ақ көбігі шүмектеп тұрса да иегі жететін жердегі ат бұршақты жалмап өліп барады. Мезгілсіз отқа, ауыздықпен суатқа бас қоймайтын мінезді қара кер бұйра қаптал боп қана бусаныпты; еркіндігі, елпектігі болмаса шалдуарлығы жоқ, тізгінін тартпай, езуін жыртпай, ерді де баппен салған тәрбиеден шығар, бұршақты күрт-күрт күйсеген ақжал құлата күрсініп бір қарағаны болмаса тырп еткен жоқ.
Шерубай дүрбісін көзіне салып көп тұрды. Қырқа-қырқаны сүзіп көп шарлаған қара дүрбі қарсы беттегі шыршалы қолаттың терісіне жете беріп кілт мүдірді... Кер бұқа қыналы жартастың ығында қаннен-қаперсіз бұта басын сауып тұр екен. Күннің қызғылт сәулесі мен қыналы тастың қызыл барқыт түсінде жарға соққан қып-қызыл тас мүсіндей қатып қалыпты. Ажалы аңшының иығынан шошайған бесатардың ұңғысында жатқанын сезетін де емес. Шерубай аңшыны саусағымен ымдап шақырып алды.
— Тым қашықтан атып босқа жаралап жүрме, еті де бүлінеді, он бес қадақтай мүйізің де бос рәсуә, — деді, шал күншілікте тұрып кер бұқаның мүйізінің қадағын да өлшеп қойса керек.
— Язви! Вот зверюга! — деген аңшының қарлыққан дауысында қасапшының хайуанға деген көніп өшпендігі бар еді, бекер болды-ау дегендей Шерағаң аңшыға шекесінен ата бір қарады. Аңшы қара дүрбіні аударып-төңкеріп ұзағырақ ұстап қалды. Жігітті таңдандырған қара дүрбінің титулы еді: "отважному разведчику Сапанину за особые заслуги в борьбе с японскими захватчиками. От командующего войсками..." Қызыққаны ма, әлде сенгісі келмеді ме, иесіне қайтып беруге қимағандай:
— Қанша жыл ұстадыңыз? — деп қипақтады.
— Екі соғысты бірге өткіздік. Енді бірге қартайып келеміз.
— Амал не, аңшының омырауында жүретін нәрсе екен, — деп Василий қимастықпен зорға қайырды. — Аң емес, албасты емес, мына дүрбімен иек астында жүрген екі адамды таппағаныңыз қызық екен, — деді ел жаққа елеусіз мойын бұрған болып. Жігіттің жол сілтеген сыңайын Шерағаң да іштей сезе қойып еді...
...Жотаға ағызып шыққан жалғыз атты тұйғындай құлдырап қия беттен тік салды. Тұяқ сатыры елсіз таудың аңғарын тіліп түсіп, жақпар-жақпар тастарды жарып жіберетіндей болып еді. Өзекте бейғам келе жатқан қыз бен жігіт бұрылып қарағанша, тұйғындай құлдыраған жалғыз атты түйіліп кеп қалыпты. Екеуі сасқанынан бір ауыз сөзге де келе алған жоқ. Сатырлатып келген шал ат басын шіреп тоқтатты. Шақшиған көз шарасын атып тұр еді. Қолындағы қосауыздың үңірейген өңеші түтіндеп тұрғандай көрінді.
— Ажалың жоқ екен! Жеткен жерінде атып тастап кететін едім! — деді. Шерубай қызына айтып еді. Қызы неге атасың демеді. Неге атып тастайтынын шал да айтқан жоқ, Бекет қосауыздың өңеші мені табатын шығар деп еді. Қорлағанда есірік шал оны көзге де ілген жоқ, итпісің, кісімісің деген жоқ. Бекетке батқаны осы болды.
— Ақсақал, жазығым жоқ, осы менің сұқпытым сізге неге жақпады?..
— Оны әкең Есімханнан сұрарсың! — деп Шерубай кимелеген қара керді кері бұрды. — Аузыңа түк біткенге ішіме де түк бітті деп жүр екенсің ғой!..
Шерубай сөз аяғын тосқан жоқ. Өз айтарын айтты да Бекетті қарыздар қылып тастап кетті. Оның түтіккен жүзін жігіт желкесінен-ақ таныған. Бекет есірік шалдың желкесінен көзімен атып қала берді.
— Сау болғайсың! — деді Сән, жымиған жүзінде кекесін, әлде мазақ. — Ақсуға сәлем айта барғайсың! — деп жатып кеп күлсін. Жынданған шығар деп еді. Жын қаққандай сатырлатып келіп, сарт бұрылып қайырылмай кеткен есірік шалдың артынан бұл да шаба жөнелді... Бекеттің әкесінен сұрайтыны күн сайын көбейіп бара жатыр еді.
3
Атып тастайтын ба еді? Әлде ашумен шыққан сөз бе? Айтылған соң — атқан оқ, қайтып алу жоқ. Атып тастамаса да өмір-бақи көкейінен кетпейтін болды. Әттеген-ай, мұнан да атып тастағаны жақсы еді ғой! "Өліп қалса — өкінбе, тірі болса, бетінен қақпа", — деп еді. Атып кеткені оған да, бұған да жеңіл еді. Бетінен қақпағаны осы ма?.. Артынан әлдекімдей далақтап қуатын дарақысы емес еді ғой. Есі бар қыз қайда кетсе де есігін таппайтын ба еді... Бірақ Есімханның есігін ашпаймын, ұрық-шарқыма Есімханның есігін ататтырмаймын дегені қайда?.. Есімхан кім, оның баласы кім? Отыз жыл өтсе де ескірмейтін, естен кетпейтін неткен қыжыл бұл? Қиырда қашып жүріп осы елдің итіне дейін сағынғаны қайсы? Қан майданда жүріп осы елдің есігінен бір сығалап өлсем дегені қайда? Ендігісі неғылған кепиет, неғылған кісәпірлік?.. Әттеген-ай!..
Жүген сылдырынан, шалғынды ширатқан ат аяғының сыбдырынан еріп келе жатқанын жауырынымен сезіп отыр. Жалғыз қыздың жүзіне қарамаса да, жауырыны көп нәрсені сезіп келеді. Жылап келе ме екен? Бұл жылаушы ма еді! Баланы жылатып үйретпеген, жылағанын және көрген жоқ. Ермесе екен деп еді. Қалмауын көрдің бе! Дәл қазір кейін қашса қумас еді. Қумас па еді?..
Тақымына қыстырған қосауызды қолына алып опырып қарады. "Мына пәленің оғы бар екен-ау. Жұлындай түсіретін еді..." Ұшыда сыңар оқтың қай заманнан жатқанын да білмейді. Бұғыдан кеткелі қолына мылтық ұстауды қойған, аңшылыққа о баста зауқы жоқ-ты. Патронды лақтырып жіберіп, бос мылтықты стволын салақтатып ердің қасына іле салды. Қолыма қару ұстамаспын деп еді. Уақыт ұстатты. Самурай ұстатты. Фашистер ұстатты. Бірақ өз күшігіме мылтық кезенемін деген жоқ еді.
Өз күшігі әке қиналатындай әбестік жасаған жоқ еді. Еркелік пен егестен туған іс болды. Енді әкесін босқа ренжіткеніне өзі де өкініп келе жатыр. Басқа басқа, өз әкесін Құдайдай көретін қыз оның қара тырнағына да тікен қадалмау керек деп есептейтін. Біреудің сөзінен, біреудің көзінен күйеуін биік деп ұғатын өгей шешеден көргені, сонан соң тірі жанға қиянат түгілі, қиялап жолын кеспеген әкенің өз мінезінен алған тәлімі. Бала көзіне жаманды көрсетпеген от басының біреуді жамандап көрмеген ата-ананың әсері болар, дүниеде жаман адам бар дегенге Сән де сенбейтін. Екі-үш дүркін атын тебініп, әкесімен қатарласқысы келіп еді, батылы жетпеді. "Ә, жаман деген осы екен-ау!" — деп тұңғыш рет жамандықтың белгісін өз бойынан тапқандай болды. Әкесімен салыстырып, өзінің жаман екенін сезінді. Өнері жоқ, өзіндігі жоқ, байға тиюден басқа арманы қалмаған ұрғашыдан жамандықтан басқа не қадір күтуге болады. Тегі керексіздің бәрі жаман болуға тиіс деп түйді. Түңғыш рет жасып, әке соңынан бос еріп, әке шаңырағында босқа жүргендей сезінді. Бос киіндіріп, босқа асырап, босқа кергітіп, итке тастаса обалы жоқ жаманды босқа қуып... атып неге тастамады?.. Еркелігі мен тентектігін жұртқа салық қылған бір қыздан әкеге, ошаққа, елге қандай қайыр?.. Әттеген-ай!..
Сүтке жарымаған жетімдей өзегінде бір өкініш, өмірге деген бір ашқарақтық үнемі шөліркетіп тұрғандай болушы еді. Не бір тәттінің таңдайына жылымшы, тамсануға тұрмайтын кермектігін алғаш рет он үш жасында қыз киімін кигенде сезінген, қыз деген шіркіннің туған шаңыраққа да өгей екенін ұғынып, өзін өзі қор тұтып, қыз деген табиғаттың қорлығы ма деп қалды. Он үш жасқа дейінгі ер мінезіне, еркіндігіне енді ерегес қосылды да әдепкі тірліктің бәрін жадағай су ішкілік деп, сол жадағайды менсінбейтін, жадағайға тамсанбайтын әдеп шығарды. Сөйтсе... еркектің де кез келгенінің әйелден озғаны кем де кем, әйел болып көрмесе де көрмеген жердің ой-шұқыры сияқты жадағай тірліктің де кедір-бұдыры, қызығы мен мұңы бар тәрізді. Тұңғыш рет бәйгенің соңында қалды, өнерден де ешкімнен оза алмады, өзінде бөтен-ала бірдеңе болмаған соң ат үстіндегі желік — әкенің қалың шаңға тастамай үнемі жетекке алып сүйрегеніндей екен. Бұйырмаған жүлдені Асекең алдына әкеліп тастағанда әйел затына мықты қолдың, еркектің зілі мен діні қажет екенін ұқты. Бұл, сірә, ең соңғы үміт болар, ең болмаса өмірде жақсы әйел болып қалу үміті... Сорлы әке неге шырылдайды дейсің. Тек әкеге ғана сор болмай, еркекке де сор болмағанға не жетсін!.. Кешегі ұлы — жіңірде бір-біріне терезесі тең түскен үш-ақ адамды көрді: бірі, әрине әкесі, екіншісі, әрине, ағасы, үшіншісі... Құдайдың құдіреті, алғаш көргенде түрі мен сұсынан шошыған қисық мұрын егерь. Әкенің мәрттігі, ағаның кісілігі қашан да кісінің де, кішінің де мысын басқан, әттең, кеңсірігін скальпельмен түзетсе егерь де әжептәуір жігіт болғандай екен... Қарадай тозып келе жатып күлкі қысты. Есіне Бекет түсіп еді. Байғұс, не мазақты да сіңіре беретін мес екен-ау!.. Сырыңды шашпайтынын, сырын да шашпайтын ең құрығанда зерделі тұлып бол.
Маған әйел бол деп түбі бір жігіттің айтарын баяғыда-ақ білген. Білген соң да әйел болудың еш қызығы жоқ екенін сезген. Сонан соң ба, кеше Бекет құшағына орап жүрегін қоса ұсынғанда селт еткен жоқ, құмартпай жатып қызығы, қол артпай жатып қызуы таусылған баяғыда тозығы жетіп ескіріп қалған сілікпедей жек көрінді. Сөйтсе ол байғұстың ұрғашыға қояр талабы да, талғамы да жоқ екен, оған қарызға берер, одан қарызға алар қасиеті де жоқ болып шықты. Не жаманшылықты, не жақсылықты тілемейтін суық жанға жар құшудың не қажеті бар, бір қасиетіне табынғаны болмаған соң шикі денеден гөрі әйел затына тұлып құшақтағанның өзі артық емес пе. Ойына қайдан сап еткенін кім білсін, көз алдына қаперінде жоқ қисық мұрын келе қалғаны. Егер қисық мұрын егерь қатындыққа алмаса, саған-ақ тиейін деді. Дәп осы жолы неке куәлігін қолына ұстатамын деді. Мазақ екенін түсінсе де мазақтап тұрсың демеді. Мейлі деді. Қисық мұрынға қатындыққа жарамасаң, мен сені қайтейін демеді. Мейлі деді. Сол сәтте қол алысып, сол бетте қисық мұрынның алдынан өтуге тартып кетісіп еді. Мұның артының не боларын екеуі де ойлаған жоқ. Егер артынан әке қуып жетпегенде... Қарап жүріп қара басын саудаға салған, қарадай өз басын өзі қорлаған ерке қыздың аруағын әке байғұс тағы да көтеріп тастаған екен-ау!.. Бекеттің төңірегі толған Бекеттер ме деп еді: Жақыбы, Мешелі, Бескемпірі... Бескемпірдің туған жиен екенін тұңғыш рет кеше естіді. Баяғыдан білетіндей, баяғыда естігендей құлағына ескіріп жетті. Әйтеуір бір сезім, бір түйсік Бескемпірдің жақын екендігін жүйкесінде қайталап отырғандай болушы еді. Сәннің оған жан тартуы, жақсы көруі де қанда жатқан өзектес өз иісі болғаны да. Жаны ашитыны — жолы ауыр, жұрттан бойы озып тұрса да көзге түсе бермейді. Бұл да қасиет емес, азаматтың қасіреті шығар...
Әкесінің шөжіп, иығының жоғалып кеткенін байқады; әкені қартайтатын бала екенін, азабын көрмесе де баласына қарап қартаятынын он жетідегі жас елесін бе, әйтеуір уайым бе, мұң ба, аузы шешілген қаптай ойсырап қалған қоңылтақ бір сәтін қара кердің сылбыр аяңынан сезді. Айтқаныңның бәрін қалт жібермей тыңдап отырып ат үстінде ұйықтайтын, басқан ізіңді қалт жібермей бағып отырып ас үстінде қалғып алатын әдеті еді. Соңынан салпақтаған күшігін дәл қазір де жауырынымен аңдып қарақұсымен көріп келе жатқанын күшігі де білді.
Қарағай басын қызуымен майыстырған шілденің тымырсық күні қырқадан майысып барады екен. Күнгей-күнгейден жоны қызарған бұғы, марал қыналы тастай шашылып қалыпты. Альпінің кешкі самалы енді ғана тіріле бастаған, гу еткен қымыздық пен қылқан иісі қолқаға сыймай, суық суға сүңгіп шыққандай денені дүр еткізгенде барып Шерубай да қара кердің қос өкпесін теуіп қалды.
Бұлақ басында отырған жалғыз ауылдың жерошағы жаңа ғана шалқып еді. Жаңа ғана бұзауын байлап, сиырын суатқа айдап тастап қазық басынан қайтқан Әсем түндігін жапқанша шалы мен қызы үн-түнсіз жарыса түсіп жатты. Бір күннің асы мен асарынан соң ба, әлдебір күнге бие байланбай желінің бос қалғанынан ба, ауыл маңы құлазып, ескі жұрттай қаңырап тұр екен. Шалғынға сырмақ жайып, көрпе-жастық төсеп, ас жаулықты түтіннен аулақ алып кеткен Әсемнің әбігері де, жайын сұрамаса да жайдары қабақпен алдарқатпақ болған шалдың елпектігі де құлазыған жұрттың үңірейген ызғарын үркіте алмады.
Шерубай қара кер мен ақ жалды жабулап өзі суытып, үлкен ұлды тың көлікке жұмсап еді, ұялас күшіктей шұбырып үшеуі бірдей кетті де, дастарқан басында ербейіп екеуі таңа қалды. Кешкі асқа шалы мен самауырдан басқаны шақырған жоқ, иінді қатқан күрең шайды да сүйсініп ішпеді, шыпшымаған маңдайы шыныдай шатынап, жіпсімеген қалпы иі сынбай қойды. Әсем Сәннің кесесін тоң керген күйі ашқан жоқ. Мұнысы, қызың бүгін дастарқанға келмейді, келтірмеймін дегені еді. Балалардың сыбағасын қонақтан бұрын ойлайтын Әсем бүгін әдет бұзды.
Жылқы ымырттауға күнде Сән шығатын еді. Шерубай үндемей жүріп шартиған күрең шабдарға ер салды да, кәдімгі ымырт тірліктің қырт жылқышысы болып миқиып аттанып кетті. Пұшпақ бөркінің жапырайып, құлын жарғағының түгі қырқылып қалғанын Әсем де тұңғыш көргендей, шартық шабдардың үстіндегі Шерубайды танымай, Құдай-ау, осы да менің байым ба дегендей өр тоқал тұңғыш рет көзіне жас алды.
Шал кеткен соң бұл ошақта бұрын-соңды болмаған ұрыс басталды. Сөз айтылған жоқ, айғай шыққан жоқ, қабақ пен көздің сойылға бергісіз ұрсысы еді. Беймезгілге қарамастан Әсем қыз отауын жығып, қара шаңырақтың оң жағына теліп тікті де есігін шидің түбінен шығарды. "Енді осы үйден аттап көрші!" — дегенді Сән өгей шешенің дым сызбай, ашудан желімделіп қалған ернінен оқып еді.
6
Алғаш рет қатын, баладан жерігендей үйге қайтқысы келмеді. Жылқы ішіне кірген соң әр нәрсеге алданып, желкесінен тартқан қырсықтан құтылғандай еді. Шартық шабдарды арқан сүйретіп бос жіберді де күресінге байласаң да тырп етпейтін ынжық байғұсты обалсынып қайта жинап қанжығасына байлады. Жаяу шарлап қара кердің үйірін тапты. Атадан қалған мал тұяғын соңғы он жылда тірнектеп жиып жиырмадан асырып еді, тайында жиырма төрт мыңға жылқы заводынан сатып әкелген асыл тұқым рысак бүгінде теңбіл көк сақа айғыр болған, әуелде жабыдан қорқатын момын неме бүгінде үйірін азсына ма, соңғы кезде қазымырланып, көршінің көз сүзеріне таласып, бұзып шауып ұятсыздық жасайтынды шығарды. Бірақ алдына салғанды адастырған жоқ, жатырын босатқан жоқ. Сауынға басқасы да жетік болған соң, бұл үйірге желі мен жүген — ноқтаны көрсетпеп еді. Ұрпағы ежелгі тегі қара керден жаңылып қара көкке көбірек оңып барады. Иненің көзінен өткендей жып-жылтыр қара көк байталдардың көгендігі тола бастаған екен, келер жылы егерьдің қаражал құласының тақымына бір салып бөлек бақса...
Тірлік деген осы-ay!.. "Немене, құда түсе келдің бе?" — деп шалдың ойын сезіп қалғандай теңбіл көк танауын дүкілдетіп қасына жетіп келді. Әкелгенде өлі жүні түспеген көтерем тайды қолдан жемдеп, боз биенің сүтімен суарып еді, өрістен Шерубайды көрген сайын бір нәрсе дәметіп, сағынып қалғандай қалтасын танауымен тінтетін әдеті. Шалдың төбесі теңбіл көктің тамағына жетпей қалды. "Заңғар боп кетіпсің-ау, торпағым!" — деді. Бұзаумен таласып шелекке жүгіретін жетім немені Әсем кезінде "торпақ" атандырып жіберіп еді. Күні бүгінге дейін бақталасымен шайнасып қалса да Әсемнің даусын естісе майдан даласын соны сыйлағандықтан ғана тастап шығатын сыпайлығын ұмытқан жоқ. Үйден күйсіз аттанған Шерубай қалтасына қант салуды да ұмытып кеткен, маған осы да жетеді дегендей теңбіл көк шалдың алақанын ұзақ иіскеп, иығынан екі-үш қайтара қасыды да тезегін тастап кете берді. Шіркін, өмір-ай!.. Қазақтың күнін атқа, аттың күйін қазаққа теліген табиғат-ай десеңші!..
Шалдың құрысы жазылып, атам заманда ұмытып кеткен махоркасын аңсады. "Шіркін, бір сорып тастар ма еді!.." Шабуылдан соңғы қан майданның әредігінде сиреп қалған жігіттер бір-бірін көзімен санап, махорканың ысымен көңіл жұбатар кезі көз алдынан тағы бір елестеп өтті. Құданың құдіреті, сонда да әр күн, әр сәттің үрейі мен қуанышын аттың көзі мен күрсінісінен сезуші еді...
Қара көк аспанда ине шаншар орын жоқ қақшиып қырынан туған сынық айдың орағы жыпырлаған жұлдыздарды жыртып барады. Қымыздық иісін қуалап Алтайдың қақ төрінен жел есті. Қашаннан түн баласында жалғыз жүріп, жалғыз түнеп үйренген Шерубай емін-еркін кең дүниеге шыққан соң, жаны жай тауып масайрап қалды. Сатыдан қашатын бұғы, сидаға түсетін сиыр емес, желдеп кетеді демесең жылқы жарықтықты жаз бойы Алтайдың адырына қоя беріп, қыс түсе жинап алсаң да қылшығы құрамайды. Жылқышының бүгінгі бошалауына бар себеп, жалғыз үйге сыймаған соң көңіл басар оңашаны іздеген, оның үстіне соңғы жылдары ұры шығып жүр. Біреу емес, тобымен жүреді, бірді емес, үйірімен әкететін жылқының ұрысы. Бүгінгі ұры жегенге разы емес, сатқанды ғана қанағат тұтады. Қатын мен Бұқтырмадан әкетсе Марқакөл, Тарбағатай асырып Семейден бірақ шығады да ретін тапса жалған документпен ет комбинатына, таппаса арзан бағамен алып сатарға өткізеді. Бұл елдің де ұрысы емес, иісі де, ісі де бөтен, жер түбінен келген қанішер, вертолетпен қуып, қарумен тоқтатпасаң ат аяғына жеткізбейді, жалғыз-жарымға алдырмайды. Мұндай найсаптарды Шерағаң бала кезінде де көрген, естіген де емес. Қиянаттың талайын тартып еді, көзіңді бақырайтып қойып ақ малынды пулеметпен қырып салғандар да болған, Бұқтырма мен Қатынның суы қан боп ағып, Алтай өңірі қан сасыған кез де өткен, бірақ, заманның түзу кезінде ұйымдасқан ұрлық, төтеннен зорлық болады деп ойлаған жоқ. Япырау, ақшаны мөшектеп арқалаған кей қоңыздың ниетіне, ындынына не болған?.. Күндіз ғана есіне алып, кеш бола ұмытқан Есімхан тағы да көз алдына келді. Қодастың жалындай жалбыраған шашын қобырата қайырып, былғары мен иіс май мүңкіген Есімхан кекете күліп қол беріп, артынша алақанын одеколонмен сүртіп отырғандай көрінді...
Жиырма сегізінші жылы байларға кәмпеске келгенде Шерубай отыздағы жігіт еді. Әкесі Сапаға үш мыңдай жылқы бітіпті. Үш мың ба, үш жүз бе, әлде прописка ма, астындағы аты мен езуіндегі сыбызғыдан басқа дүние жиып көрмеген "саудайы" жігіт әке дәулетін есептеген емес, сол дәулетте еншім бар деп ойламаған да. Ленинградта оқуда жүрген інісі Сиғат сол ұлы компанияның алдында елге келіп әкесін тәубелікке шақырды.
Бір мінер ат пен бір сауыннан басқа малды өз еркіңмен тапсыр. Заман өзгерді, совет өкіметі аштан өлтіріп, көштен қалдырмас, бірақ жаным қалады деп тапсырма, ақ малыңды ақ ниетіңмен, қадіріңмен тапсыр. Жер аударып жатса, оны да көрерсің, қай түкпірге барсаң да бәрі де бүгін совет өкіметіне қарап отыр, — деген.
Әке қарсы болған жоқ, мал деп те іші ауырған жоқ; төрімнен көрім жақын тұрғанда маған мал неме керек, жан неме керек, әйтеуір туған жердің топырағында қалсам болды, тек сендер аман жүріңдер деген. Жаңа өкіметтің тәртібі мен мақсатын, саясатын өті мен ығын жақсы білетін Сиғат ұлы конфискациядан үш жыл бұрын әкесінің бар малын артық дәулетімен қоса қазынаға өткізді де енді тыныш жата бер, бұл өкімет те шаруаның ырқын білетін игі-жақсыдан қашпайды деп қолына мөрлі қағаз ұстатып оқуына қайта аттанды.
"Кедейдің сөзі өтпейді, кері кеткеннің бөзі өтпейді" деген де рас шығар, бақ орнына байлық жүрген заманда, басалқаның орнына бай сөйлеген заманда Сапаның аруағын көтеріл, аузын дуалы, асын қадірлі еткен барлық екені де рас. Бірақ сасық байлар сияқты малдың арқасында ақымақтығын ақылдан, арамдығын адамшылықтан оздырып елдің қарғысына, ердің намысына қалған емес, дәулеттен көрі беделді бетке тұтқан Сапа болыстыққа таласып, биліктің қамшысын ұстаймын деп орынсыз жыртылмаған. Ескіше әжептәуір сауаты бола тұра молдалық құрмаған, Құдай жолын қумаған. Болыстың билігіне, бидің аузына көлеңкеде жатып-ақ сөз сала білген соң, әділеттің әліппесін белден басқан зорлықшыл заманда көптің алдына шығып жексұрын атанып қайтемін деген қулығы да жоқ емес-ті. Желдің қай жақтан тұрарын иісінен сезетін тектінің тұқымы қайран қазақтың ендігі азығы мал емес, сауат екенін де ерте түсінген. Екі ұлдың екеуін де Семей апарып оқытып еді, Шерубай саудайылық құрып жын-перінің соңынан кетті де ең құрыса сен адам бол деп Сиғатты Ресей асырып салды. Қаратай елінің болыс сайлауында надан ағайыны Есімжаннан екі дүркін билікті тартып алып, өмірі мал бітпеген, руы басқа, атасы жау орысша пысық Әбдікке шар салдырғанда аты Шоң мұрынның игі-жақсылары Сападан теріс айналып еді. Сол Әбдікті генерал-губернаторға салып, жалпақ Найманда бірінші болып құлақ естімеген орыс-түзем мектебін аштыруға себі тиді, пансион ұйымдастырып, Құлжа мен Көктас, Үрімжі мен Дом, Қоянды арасына керуен салдырып, соның қаражатын көтерісті. Шоқынып кетеміз деп ел жуандары ат-тонын ала қашқанда Әбдікке қосқан ақыны: Меккеге барып, жұмақтың төріне шыққан қай мұсылман қазаққа аруақ болып қоныпты, кісілікке жетпесе де ең құрыса сауатымен күн көрер деп кіл кедейдің баласынан шәкірт жинатты. Ресейден саяси мәтіппен жер ауып келген орыс учителін кепілдікке алып, ел бүлдіретін саяси үгіт жүргізсе біз жауап береміз деп губернаторға қолхат берген екі адамның бірі Сапа еді, қазақтың әйгілі демократ ақыны мен сол саяси тұтқыннан дәріс алған шәкірттің бірі Есімхан еді...
...Революцияның не екенін ел түгілі, соны жасадым деген сауатсыз ел шолақтары да оның ұлттық, саяси-шаруашылық, таптық мәнін әйтеуір байлардың малын тонап, дәулетін тартып алу деп ұғынса керек. Қаратайға жиырмасыншы жылдардың аяғында кеш жеткен, әрі мың құбылтып жеткізген Совет өкіметін қасына бір милиционер ерткен бір өкіл әр ауылды аралап жүріп орнатып кетіп жатты. Кеш жеткенмен бүкіл компаниясын бірақ ала келді де, бір жылда бір ғасырдың әлеуметтік ісін төңкеріп тынды: совет өкіметіне жау болып, қарсы тұрған ешкім болмаса да, елді совет өкіметінің атымен қорқытып-үркітіп, момын отырған қараңғы жұрттың бәрін бір желіге көгендеп, бәрін бір жаза, бір үкіммен кесіп, қарсы сөзге келген ел беделділерін Есімхандар сотсыз, заңсыз атып тастап, ат мінген, ас ішкен, шекпен киген қаймана қазақты көрсе совет өкіметінің қас дұшпаны деп қару шошайтты. "Өзім өкімет болған соң аптасына бір адам атып тастауға қақым бар шытар" дейтұғын "ерлік" Есімхандар заманында туған. Қарудың күші, қоқан-лоқымен, зорлықпен жиналған алтын, күміс тай-тұяқтар, дүние-мүлік иесін таппай, өкіметтің қазынасында да өтпей ақыры көрінген сұғанақтың қолында, қалғаны итке керексіз болып шіріп кетті. Дүниені шіріткен Есімхандардың аузы-басы сонда да қисайған жоқ. Тәркілеуге түскен малды кедей-кепшік деп жұртқа таратып еді, олардың кейбіреулері кішкентай сапа болып шыға келді де, көбі тегін келген байлықтың баяндылығына сенбей сойды, сатты, ырың-жырың қылды, есіл мал не өрісті, не жайлауды көрмей қу тақырға қамалып құрттап өлді. Оның есесіне совет өкіметінің нағыз қас жауы — Қытай қашқан ақ бандылардың баскесерлері қаптап, бейкүнә жұртты атып, тонап, ойран салғанда қаймана қазақты қорғайтын ешкім табылмады: аузында боқтық, қолында алтыатар, шошаңдаған шолақтар, өкіметпін деп кеуде қаққан Есімхандар зым-зия жоқ болды; азғантай отрядтар өзін-өзі қорғай алмай Дом қашты, Көктас қашты кейбіреулер бос далақтамай иесіз дүниеден керегін ала қашты.
Ұлы кәмпәнді жүргізген "қайраткерлердің" түрі осындай еді. Жау кеткен соң түр-түсін өзгертпестен қайта келді. Қансырап, жайрап қалған елге бұл жолы отряд ертіп мығым келді, енді "кәліктіп кәмпәнін" ала келді де кешегі жау қолында кеткен, ырың-жырың боп кеткен малды тап деп қайтадан әлек салды. Бар жоқты жалғыз сауын, тышқақ лаққа дейін жинап, бірінші ауыл, екінші ауыл, үшінші ауыл... деп номерлеп коллектив құрды, бұрын үй салып, тұрақтап қоныс теуіп көрмеген Қаратай түгелімен номерлі "киіз қала" атанды. Бір аптада қуалап әкеліп қамаған киіз қалалар бір түнде жоқ болып кететінді шығарды. Есімхандардың түрінен шошыған, Есімхандар құбыжық қылған совет өкіметіне сенбей ел кардон аса бастады. Қылышынан қан тамған Есімхандар жынданып кете жаздады. Асу асудың ар жағына да, бер жағына да пулемет құрдырып, босқан ел шатқалға кіре бергенде орманға өрт қойдырып, ары қашқанды да, бері қашқанды да қорғасынның астына алды. Есімхандар жау түсіргендей, айдарынан жел есіп масайрады. Есіріктің қолынан оқ жұтқан бұрынғы екі болыс ел онан бетер үрікті: ит арқасы қиянның көк мұзына күл төгіп, киіз төсеп, әйтеуір арғы бетке өтуге жанталасқан; күндіз қару асынғаннан қорқып, түнде қарайғаннан үріккен үрейлі қазақ сай-сала, жыныс-бытқылды сағалап қашқын атанды. Есімханның атағы осы кезде жер жармаса да бүкіл Алтайды тітірентіп, бүкіл Қаратайды тапаншасымен-ақ тырп еткізбей, Бұқтырма мен Ақсу, қала берді. Қатын бойын иығындағы былғарысымен, өңірінің иіс майымен мүңкіткен...
Шілденің қазан тасытқан қапырығында жаудың малындай қызылмай қылып ойға айдап түскен қалың жылқының Қарағайлының шаңына қамалғанына апта болған. Арғы-бергі аумағы екі жүз шақырымнан асатын елді мекендердің тайлы-тұяғын түгел жинағанша буаз бие іш тастап, құлын тышқақ болды да құрық көрмеген саяқтар кәдімгідей құтыра бастады. Жаздың жайма-шуағында бұрын-соңды болмаған жұт келгендей ит ұлып, ел күңіреніп, ежелгі Ақсу мен Бұқтырманың өзегі азан-қазан топалаңға айналды. Малда ие, адамда дегбір жоқ, қаптаған пысықтар қотанға жан жуытпай, совет өкіметінің заң-законін қайта пішкен Есімхандар обал дегенді ұмытып, шашау шыққан жал-құйрықтыны атып тастаңдар деп бұйрық берген, араша сұраған кейбіреулер малдың садақасы болып абақтыға қамалып жатты. Кәмәсия деген шықты, сеніатар деген шықты. Адамның емес, малдың санитары отызыншы жылы Қарағайлыға сеніатар болып келіп еді, оларға мал баққан шаруа пақырдың қолы жеткен жоқ. Бұрын-соңды ел естімеген маңқа деген шықты. Дағдарған жұрт даудың алдына аузы дуалы деп ежелгі әдет бойынша бүкіл Шоң мұрын болып Сапаны салған, әкесіне тілмаш болып барған Шерубай жылаған баланың жасын тиятын Есімханды алғаш көргені сол еді.
Ауласында алты милиционер, есігінде екі милиционер күзеті бар губчеканың екі этажды ағаш сарайына екі күн тосып зорға кірген, қодастың жалындай қобыраған шашын қолымен тарап, қызара бөрткен Есімхан төрдегі столдың алқымында алшиып отыр екен. Кішірейіп сәлемдескен Сапаның қолын зорға алды да қолын ұсынған Шерубайға: "етігімді тартарсың?!" — деп аяғын көтерді. Қолында өлгісі келіп еді, амал жоқ, ауыл итінің құйрығы қайқы екені есіне түсіп өзін-өзі әрең тоқтатты.
Сапаның алапесі жұғып қалатындай Есімхан алақанын одеколонмен шайып, тапаншасын суырып жанына қойды да, хром етігін жарқырата екі аяғын стол үстіне айқастыра тастады. Былғары күртені желбегей жамылып, сұр шалбар, сұр кительге сыймай отыр екен.
— Сайра! — деп Сапаға оқты көзін ата қарады.
— Шырағым, мен де ептеп мал танитын адам едім, бұл жылқыда маңқа түгілі қыршаңқы да жоқ, текке обалына қалмаңдар, осыдан басқа айтарым жоқ, — деп Есімханнан қайыр болмасын сезді ме, Сапа аялдамастан есікке бұрылды. — Мал ашуы жан ашуы, ел бөрлігеді, ел бөрліксе, өкіметтен де тыныш кетеді, — деді.
— Сабатаж! — деп Есімхан столды салып қап атып тұрды. — Безобраз! — деп айқайлады. — Әрістауайт! Рәстрләйт иево как мандам! — деп жер тепкіледі. — Өзің маңқаға шықпай тұрғанда, атып тастамай тұрғанда ел бүлдірмей табаныңды жалтырат! — деп әуелгі қыр жағым орысшасын қайта түзеткен болды.
Былғары мен әтір мүңкіген қодас жалды теке көз Шерубайдың есінде мәңгі қалып еді. Арақ пен май сасыған күзетті ауладан сандалып зорға шыққан Сапа қайтып өкіметтің бетіне келмей теріс қарап жатып алған. Қайран малды тып-типыл қып пулеметтің оғы жайпады, онан артылғаны Күлместің жарынан құлап қырылды да, Есімханның фоэтонын сүйреткен қос қара кер мен атқамінерлердің астында атымен ғана сақталған азғантай көлік болмаса, бүкіл Қаратай бір тәулікте жаяу қалды. "Үрерге иті, сығарға биті..." дегендей, бір кезде малымен мыңғырған ел жым-жырт болды да Есімхандар екі болыс Қаратай түгел "кәліктіпке" кірді деп жоғарғы жаққа ақпарды жөнелтіп жатты. Маңка дегені әншейін бос желеу, момын елді қиянатпен үркітіп алып, енді сол басқан елді тоқтатудың амалын таппай, көші-қонға көлік қалмасын деген шолақ белсенділердің, өкіметке қаскөйлердің әрекеті екені кейін барып ашылған, бірақ бұл кезде Алтай өңірінде Есімхандардың ізі де қалмаған, біразы арақ пен шараптың буына угарлап өлді де кейбірі кісі болып, ел басқарған болып аулақта жүріп жатты. Есімхан отызыншы жылдардың аяғына дейін дәуірлеп, бір ауданның қыр желкесінен қырқыншы жылы зорға түсіп еді, обалы қане, есіл "қайраткер" ұрпақ сүйіп, ол да күн кешіп жатқан көрінеді...
...Көзі ілініп кеткен екен, дүркірей шапқан қалың тұяқтың дүбірі мен жылқының шыңғырған даусынан шошып оянды. Күтірлеген пулемет үні құлағының түбінен естілген, шабуыл басталды ма деп жалма-жан шылбыры мен автоматын іздеп еді, сипалап түк таппады, балқарағайдың түбінде шіріген молаққа сүйеніп қалғып отырыпты. Шартық шабдар жан ұшырып шыр айнала шауып жүр. Шерубай дауыс көтеріп зекіген соң ғана теңбіл көк мес керіктің сауырынан азуды батыра көсіп-көсіп алды да жайына кетті. Қашанда жаманның сыбағасы осы, шартық шабдар мұңын шаққандай Шерубайдың алдына айналып кеп күрсініп жіберді. "Байғұс-ау, аяғыңның асты да жететін еді ғой, соныға шығып нең бар еді?!" Ер тоқымы болмағанда шоқтығы теңбіл көктің азуында кеткендей екен, қалың сауырдың өзін ауырсынып, қайқаңдап қос бүйіріне қарай берді. Күштінің алдымен момынға тиісетіні несі, момынның терісі қалың ба, көне беретіні несі?..
Қан майданда қару асынып ат үстінде отырып та, мал соңыңда жүріп те бір минут қалғыса, бір түндік ұйқысын қайыратын Шерубай сергіп тұрды. Сынық орағы орманға сіңіп кетіпті, Жеті Қарақшы төбеге жете қоймаған, түн екен. Іші басынан асып бара жатқан шартық шабдардың айылын тағы босатты да, ұйып қалған мұқыр қолын уқалап, әлгі бір жылы орнын қайта тауып алды, қайдағы бір жаман түстей шырмаған көне күндердің өтті-кеттісін өңінде көз алдынан қуып тастамақ еді, теңбіл көктің тепкінінен пана іздеген шартық шабдардай шыр айналып кетпей-ақ қойғаны. Қырсық қылғанда, көкейдің қыжылын сапырып былғары мен әтір мүңкіген қодас жалды, теке көздінің жетіп келетінін қайтерсің!..
...Таң атса таба алмай қаламын деді ме, түн ішінде, шырт ұйқыда жатқанда келіп еді. Қасында төрт милиционер, төрт мылтығы бар; совет өкіметін орнатуға жалғыз милиционер, мылтықсыз жалғыз өкіл де жарай беріп еді, жарақты жау емес, жайына жатқан шалды қамауға төртеуі аздық қылғандай тапаншасын және суырды.
— Кәне, сайра! — деді. — Қанша түтінді кәліктіпке қарсы үгіттеп, қанша адамның аузына түкірдің?!
— Шырағым, мен білсем, сен осы совет өкіметі емессің де, совет өкіметінен сұрқың да, иісің де бөлек сияқты, — дегеннен басқа Сапа ештеңе айтқан жоқ. — Керегің мен болсам, жұрттың шырқын алмай қамап тынсаңшы!..
Есімханға керегі де осы болатын, Сапаны жағасынан алып киіндіріп, алдына салды да, Шерубайды тапаншасымен нұсқап:
— Мына құйыршығын да ала кетеміз! — деді. — Әттең, әлгі оқудағы итің қолға түспей отыр, бірақ ол да біздің құрықтан құтылмас! — деп жоғарыдан да үміті барын жасырмап еді.
Жеті ағайынды жұтты қолдан жасаған Есімхандар киіз қалалардың әр түтініне бір-бір қаптан тұқым үлестіріп, жердің шымын айырып егін егесіңдер деген. Жал-құйрықтыдан айрылып, жерге қарап қалған кедей-кепшік ту жердің тыңын қолмен айыра алмады, сиырды бұрын мал деп көрмеген жұртта бірді-екілі қой-ешкіден басқа тұяқ атаулыға ұятты еді, ол шіркін соқаға жегуге жарамады, жаяу сүйреп шаруаны жарытпады. Оның үстіне малдан басқа күнкөрісті кәсіп қылмаған, аштықтың шетін көріп тарыға бастаған ел жалғыз қап тұқымды бітеудей қуырып жеп қойды. Әйтеуір Есімханның басқан ізіне шөп шықпауға айналды да, соның бәрін "сабатаж" деп кедей-кегалік үшін орнаған совет өкіметінің атымен кедей-кепшікті топырлатып жауапқа тартып, өкімет тәртібін айналып өтер жол тауып, елдің бұрынғы бас көтер игі-жақсыларына Есімхан ауызды қайта салған. Есімханға елдің шырқы емес, өзін ақтар ілгешек керек болды, өзінің жексұрындығын жасырып, сақиналы бастың сырқатын сау басқа жапсырғандағысы еді. Кедейден шығып, кедейге күн бермеген, жоқтан шығып, барлықты көре алмаған мұндай сідікмасыны Қаратай өңірі бұрын-соңды көрмек түгілі, естімеген де еді.
"Совет өкіметі жасасын!" — деп өтірік емешегі құрыған Сапа жоқ, төрінен көрі жақын жасамысқа байлықтың да бұғы беш тиын еді. Патша заманын да көрген, қазаққа ақ патшаның ұсынған дәмі де заһардан ащы, қыл бұрауы қылыштан өткір екенін және білетін; мың да жеті жүз тоқсаныншы жылдардан басталған переселен бұратана халықтың қанын судай шашып, жерін, қонысын тартып алып Алтайдың асуына апарып тыққанда да арашашы табылмаған; болыс болғанда да желісіне шолақ байтал бітпеген кешегі Әбдіктер Қытайға қопарыла қашқанда Сапа елді тоқтатамын деп әлекке түсті: Қытай императоры құшағын жайып қарсы алмас, жеріңді қайтарам, теңдік әперем, бай-кедейіңді теңестірем деп келе жатыр ғой, советтің өкіметін күтіңдер, басыңды аламын деп келген патша ағзамның да қаһарына көндігіп едіңдер, содан жаман болуы мүмкін емес, қырып кеткенде ақ патшаның алдауы мен шүршіт императорының өтірік күлкісінен озбас деген. Бесіктегі балаңның миын тасқа ұрып шашып, буаз қатыныңды қылышпен жарғанда да өлмегенсің, жендетпен келген емес, үгітпен келген заманның үміті көп деді. Жер деген шіркіннің қасіреті қатты, қара орманның тақсіреті онан да зарлы еді. Алтайдан сан ауып, сан қайтқан Қаратай елі кешегі Барақ батырдың өлермендігімен ғана өлімтігін зорға жеткізіп, енді ғана есін жиған. Өзімді өлтірсең өлтір, тек қара орманымды өртеме, жерімді жырымдама деп сан басқыншының жұлынып жалап, тоңқаюмен күн кешкен бұратана енді совет өкіметі не әкелер екен деп күткен. Бай-кедейдің намысын бөліп жыртпаса да, жалпақ елдің уайымына өресі жетпесе де Сапа сол қобалжыған көппен бірге еді. Совет өкіметінің өкілі Есімхан болып шыққанда ішінің қылп ете қалғаны рас, бірақ совет өкіметі Есімхандар дегенге сенген жоқ, әйтеуір бір өлімнің барын білгенмен, совет өкіметінің қолынан өлемін деп ойлаған емес.
Ендігі құлып салып көрмеген Қарағайлыңа түрме атаулы жоқ еді. Бұрынғы кержақ байының амбарына қамалған "контралардың" ішінде кешегі ел жуандары мен пысықтары шамалы, көбісі Есімханның қаһарына іліккен бейкүнә жандар екен, ат көтере алмайтын ауыр денелі Сапа сот үкімін күтіп бір ай жатқанда езіліп, еріп таусылды. Күнде тергеу, бірақ Есімхан өзінің қодас жалынан бөтен тергеушінің жүзін көрсеткен жоқ. Жасалмаған жаулыққа жазықсыз абақты, мойындалмаған айыпқа сот жоқ екенін жақсы білетін Сапа Есімханның да совет өкіметінің алдында сасып жүргенін сезді. Сонан соң да бұл тергеудің ұшы-қиыры болмайтынын ойша жорыған. Шілденің ыстығы мен тамақтың нәрсіздігінен ұзамай іш ауруына шалдыққанда барып осымен су ішкілігінің таусылғанын білген шал қарап жатпай қам жасап, есі бар деген азаматтарға ақыл салды. Бар қиналып тапқаны — елдің жайын айтып Мәскеуге, үкіметтің үлкен басшысына хат жаздырды, ең қиыны, сол хатты жолға салып жіберетін поштабайдың жоқтығы еді, абақтыдан кім қашады дегенде қақырап тұрған тақтай амбардың іргесін түртіп шығар ешкім болмады. Осыларды абақтыға қамап жүрген сенде де ес жоқ екен деп Есімханды сөккен.
— Мен төрге де шықтым, төбеге де шықтым. Көрмегенім абақты еді, оның да дәмін таттым, ендігі барар жерім көр екенін де көріп жатырмын. Жалғыз-ақ арманым — абақтыда сасымай көк белдің көдесіне жетіп жығылсам жақсы еді, — деп арызын айтты. — Сот үкімі жуырда болар емес, ал оны тездетудің бір-ақ амалы бар, — деді. — Мен боқ басында тегін өлмейін, егер өлімнің де бір пайдасы тиер болса, осыны пайдаланып қалыңдар, — деді. — Ел бүлдірген осы еді, біз қосақ арасында бос жүрміз деп бар пәлені маған жабыңдар да ақталып құтылыңдар, мен мойындап тынайын. Ар жағын әрқайсыңның ұятыңа тапсырдым, тек мынаны ала шығындар, — деп Шерубайды тапсырды.
Сапаның ақылы әулиенің аянындай тура келді. Амал не, тек артындағы өсекті өзімен бірге көрге алып кете алмады, "жақсы әкенің аруағы жаман ұлға қырық жыл азық, жаман әке жақсы ұлдың артына қырық жыл қазық" демекші, өтірік те болса қағазға түскен сол бір айып мойынға таққан қарғыстың қарғы бауындай кейінгі ұрпағының соңынан қырық жыл қалмасын қайдан білсін...
Арасында контрабандист, ұры-қарысы бар, Әбдікті арғы бетке апарып салып қайтқан ала-шұбар топпен айдалған Сапа шыға бере жалғыз көлікке жүк болды. Этапқа жүрер алдында абақтыда қалмас үшін ауруын жасырған еді, ел шетіне жетпей жатып хәлі мүлдем нашарлады да, Көкжотаның көлеңкесі көзден кетпей тұрып Күлмес жағасындағы Қоңқайдың бауырына көмілді.
Ажалымен ағайынды ақтаған әке артынан ерген өз кіндігіне араша бола алмаған. Жата қалып жер тырнап, елге қарап еңірегендерді Шерубай осы жолы көрді. "Туған жердің топырағында қалған Сапаның да арманы бар ма екен?!" — деп біреудің өлімін қызғанып жылайтындар да болады деп ойламаған. Көз жұмар алдында көпті ымдап, баласына жалғыз ақырет иек қағып еді, нені ымдап, нені айтқысы келгенін Шерубай түсінген жоқ. Көптен қалма деді ме? Күніңді көппен бірге көр деді ме?.. Бірі жылап, бірі жоқтаған болып жүріп көр қазған бес-алты діндар Сапаның жаназасын шығарамыз деп оңаша қалған еді, конвойдың көзін ала беріп кешегі Әбдіктің поштабайы:
— Түс! — деп зекірді Шерубайға.
Шерубай мұның қай бұйрық екенін ұққан жоқ, төрт адам жабылып сүйекті қолына ұстатқан, әкесін ақымға қойып қайта бұрылғанша төбесінен құрс-құрс саулаған топырақтың астында қалды да, өзін тірідей көміп жапсаң адамдардың түрінен шошып еді.
— Қараңғы түскенше тырп етпе! Қараңғы түскен соң қайда кетсең оңда кет! — деген поштабайдың даусын естігенде барып зәресі тас төбесінен шықты.
Бұдан арғысы өң мен түстей: жан-дәрмен сыртқа ұмтылғанда поштабайдың өңменімен итеріп көрге қайта құлатқанын біледі, қос өкпесінен топырақтың сыққанын біледі, көз алдында дөңбек тіреген бір бұрыштағы тебен жасуындай жалғыз саңылау ғана. Білмегені — жарық дүниеге қайтадан қалай шыққаны.
...Дүние тас қараңғы еді. Тастай қатқан төбеде жыртиып жалғыз саңылау көрініп еді, бірте-бірте қоламтадай қоздап, жамырап бара жатты. Аспан екен, аспан астында жатыр екен. Жамыраған жұлдыздарды көріп жатып та, көрден шығып қалғанына сенбеді. Дүние ысқырып тұрғандай еді. Дүниені шулатқан шілделік екенін біраздан кейін барып білді. Қасынан әлдекім қыбырлағандай болды. Шашы қобыраған әлдекім бетіне тесіле қарап тұр екен. Жүрегі зырқ ете қалды. Қодас жалды теке көз...
— Ағатай, тірімісің? — деді.
Бой жете қоймаған шынашақтай қыз бала екен. Қолында күрек, қалтырап отыр екен, жылап отыр екен.
— Қарағым, неге жылайсың?
— Қорқып отырмын, — деді қалшылдап. — Сіз өліп қалды ма деп...
— Жалғызбысың?
— Жалғызбын... Әкем жіберіп еді. Үлкендер келуге қорықты... мілисәдан...
— Мілисәдан неге қорқады?
— Айдаудан қашқан бір адамды іздеп ауылдың астан-кестеңін шығарды.
— Жылама, қарағым, көрден де тірі шықтым ғой, енді өле қоймаспын.
— Жылаймын, ағатай. Тек тезірек кетіп қалыңызшы.
Байғұс бала қалшылдап отырып Шерубайға қол басындай дорба, шалап құйған жұдырықтай жанторсық ұстатты. Тас қараңғыда танадай жанған жанарында үрей бар еді, алдында отырған адам емес, аруақтай көрінсе керек, шынашақтай түріне, қыбыр етсе қаша жөнелетіндей үркек жүзіне қарап алпамсадай жігітті көрден қалай суырып алғанына таң қалды.
— Атың кім болды?
— Сарқыт.
— Қарағым-ай, атыңды Сарқыт қойғаны несі екен? — деді, "жақсының сарқыты болармысың" дегенді айтқан жоқ. — Енді бара ғой. Басым келесі көрге жеткенше ұмытпаспын! — деді. — Күрегіңді тастай кет.
— Аман бол, ағатай! — деді.
Сарқыттың: "аман бол, ағатайы!" Шерубайдың құлағында мәңгі қалып еді...
Қазақ көрге түсіп шыққандай: "бір сағаттан соң көрге де үйренесің" дейтіні бар, көрге түскеннің қандай болатынын Шерубайдан сұрайтын кісі болса, Шерубай айтар еді. Артиллерияның мүңкір-нәңкірінен соң воронканың астында қалған окоптас жолдастарын топырақтан қазып алып жүріп те, өзі де топырақ астында түнеп шығып жүріп те Шерубайдың сол бір кезде көрге үйренген басы топырақ пен өліктен тітіреніп көрген емес... өзін көрден суырып алған қазақтың шынашақтай қызы көз алдынан кеткен емес, әр шабуылға шыққан сайын: "аман бол, ағатай!" — деп құлағына сыбырлап кетуші еді. Кім біледі. Шерубайдың су ішкілігін ұзартқан да құлағына батадай сіңген Сарқыттың бір ауыз тілегі шығар...
"Қорлықпен өткен өмірден, көсіліп жатар көр артық" — деп ақын айтқандай, тыныш көрден шыққан соң, шыбын жанды қоярға жер таппаған Шерубай иен тайгада қашып жүріп те, ел ішінде қашқын болып жүріп те, тіпті Ойманға өтіп тұрақтаған соң да жалғыздық шегіп, көрден қашып шыққанына да өзін кінәлі санағандай, әлдекім: "әй, мынау өліп қалмап па еді!" деп айта ма дегендей бүгумен, қуыстанумен күн кешті де өмірі атауы жоқ, адресі жоқ, бет-моншағына мөр болып басылған белгісіз айыбын ақтаумен келеді. Қолына сыбызғы алса тағы да ақынның: "туған елді қия алмай, тентекті жеңіп тия алмай, әлі отырмыз ұялмай" дейтұғын өкінішімен жарысып әлдебір өкпе мен өксіктің кілкіп шыға келетіні тағы бар. Шерубайды қотанға сыйғызбай жапан түзге қуалап тастай беретін де еркін өмірдің қызығы мен мынау лесхоздың жарты мың жылқысының тоқтығы емес, бетке шіркеу, көңілге кір болып жабысқан сол бір тынышсыз кездің жүректе қалған ызғары шығар...
Тайганың қара барқыт түні сейіліп, Алтайдың қара барқыт аспаны бозарып тоза бастағанда Шерубай шартық шабдардың ауыздығын салып, жылқының таңғы ұйқысын күзетіп бір айналып шықты да Әулие бұлақтың басындағы аулына бет бұрды. Іңірде шошайып жеке тұрған отау үйдің жанасқан бұзаудай қара шаңыраққа жабыса қалғанынан наз тоқалдың шабына шанышқы қадалғанын сезе қойып еді. Осылардың тынышын алмайын-ақ деп атын сыбдырсыз суарып, бұлақ басына тастап кетсе де шалының келе жатқанын жер хабарлағандай Әсем үйден атып шықты да түндікті ашып, қазық басындағы ала сиырды жуан қарыннан теуіп тұрғызды. Бетіне тура келіп тиісе алмайтынын білген соң, Шерубайдың тілін шығармаққа жасаған тасыры еді, бүгін сенімен тіресер шама жоқ дегендей шал да тырс етпей жаңғырыққа барып отырып, тұңғыш рет етігін өзі шешті. Қатыннан көңіл қалғаны — қадіріңнің кеткені деуші еді, әзірге қадірі тоза қоймаса да салқындықтың басы осы шығар деп ойлады. Қызған табаны шықтың мұздай шылауына тигенде тұла бойынан тоқ жүргендей шымырлап, рақаттанып сала берді. Көзі жұмулы, құлағында шелектің күрпілі мен ала бұзаудың басын тараған ала сиырдың шырыш тілінің сылпылы ғана еді. Маужыраған қалпы әлдебір кәйіп дүниесіне малтып кеткен, сүйкене келген әлдекімге көзін ашқанда Әсем мәсісін қасына тастап, бір кесе иіндіні ұсынып тұр екен. Жұп-жұмсақ жылымшы кілегейді жұтып алды да кесесін қайтып бермей ұзақ ұстап қалды. Омырауынан сүт аңқыған тоқалдың сауыры домаланып, іші салыңқы тарта бастапты. Іші жып-жылы кілегейге емес, тоқалдың жып-жылы көкірегіне исінгендей жанары бұлдырап, жүйкесі жадырап отырып:
— Осы сенің күнің қашан еді? — деді.
— Білмей жүрген шығарсың?!
— Жиілеп кеткен жоқ па осы?..
— Немене, кейінге сақтап келіндермен жарыстырайын деп пе едің? Есебі келіп тұрғанда басыңды түгендеп алмаймысың, байғұс-ау!..
Шерубай әйелінің әжімсіз аппақ алқымына танауын сақалымен қоса тығып, сүйсініп бір иіскеді де, боқташақтың бірі шығып қалды ма деп жасқанып үй жаққа қараған, наз тоқалдың күткені де сол екен, тоқ құрсағын шалының тізесіне артып қойып, қара құмандағы жылы сумен аяғын жуа бастады. Әлгі бір башпайынан өрген мұздай шықтың шымырын тоқ құрсақтың тізе қарыған ыстық табы өшіріп кеткендей болды да іште жатып бүйірден тепкен нәрестенің бүлкілі Шерубайдың қолқа тамырын қозғап жіберді.
— Е, тәуба, бергеніңе шүкір! — деп күрсінгенде, Шерағаңның даусы қаттырақ шығып кетіп еді...
ЕКІНШІ ТАРАУ
1
Қара Диюдың асына шалған қара кер биенің бас қаңқасы қақпа діңгегінің ұшарында қаздияды да тұрады. Кіріп-шыққанда Жақыпты қасқа маңдайдан ұрғандай түршіктіріп, санасында көміліп қалған қай-жайдағыны жаңғыртады да тұрады. Тақтай шатырын қына жеп, есік-терезесінің оюлы кәсектері саудырап, сілегесіне дейін майысып бара жатқан қара шаңырақтың жалғыз қарақшысы да осы. Қатын-қалаш, бала-шағаның ортасында айғырдың тезегіндей бір төбе боп отыратын Қара Диюдың өзі сияқты бір кезде бүкіл затондағы көзге түсетін еңселі үйдің бірі еді. Қара Дию қара шаңырағын мәңгілікке тұрғыздым деген. Енді... "продается на слом". Қабырғаға қара маймен баттитып тұрып жазған бір ауыз сөз Жақыптың бетіне жаққан қара күйедей кірген-шыққанда жүрегіне ине боп қадалады. Өткен заманның жұрнағы Қара Дию бір атаның ұрпағына қазық болғанда сен қара шаңырақты ұстауға да жарамадың-ау деген бір ой көкейінен кетпей-ақ қойды.
— Ақаш!.. Мақаш! Тоқаш!.. Түу, алжытқан Құдай-ай! Жақаш! Үйге кіріп шәй іше қойшы!.. Айналып кетейін, Дәу қайнағамның көзі ғой!..
Қара Диюдың сүйегіне қына шықса да Дәу қайнағасын аузынан тастамайтын жалғыз ғана Бибісара кемпір. Бибісарадан басқа затондағы жатақтар кварталында қазір тірі жан қалмаған. "Біздің үйден шай іше кетші!" — деп үш мезгіл көлденең өткеннің соңынан жүгіріп, көрінгенге жалынып кеп жүргені. Бибісарадан енді қашсаң құтылу жоқ. Қазір барамын деп бетін әрі қаратып жіберді де сырт айнала беріп, үлкен адамды несіне алдадым деп тағы өкінді.
Күн жамбасқа жаңа түскен екен, комбинаттың будақтаған көк түтінінен шар табағы талақтай боп тұлан-тұтып тұр. Бүкіл қаланы өрт шалғандай, терезе атаулы қызыл жалын боп шалқиды. Кеме тоқтайтын ескі пирстен созылған микроаудан ыстық қайта өзеннен соғатын кешкі самалдың көзін де бітеп тастапты. Қорап тәрізді ірі панельді қаптаған тас үйлер жатақтар кварталын екі бүйірден сығымдап, бір кезде мал жайылатын жоңышқалы өзекке шығандап кеткен. Қағырдан бұрқ етіп жынды құйын көтерілді де қызыл топырақ шанды қуалап апарып жатақтардың жұртына тықты. Таңнан бері арылдаған бульдозер мен экскаваторлардың, азынаған самосвадцардың базары тарқаған. Ырсиған үйлер, үңірейген есік-терезелер тым-тырыс кешкі тыныштықта қираған ескі зираттың мазарларындай үрейлі. Осы көң-қоқырдың төбесінен сорайып - сорайып төніп тұрған көтергіш кранның қалың орманы жемтігін бүктеп алып енді жұлмалауға кіріскен қара құстың үйіріндей еді. Жадау көрініс Жақыптың жамау көңілін таты да шым еткізді.
Ағайынмен араластығы жоқ Жақып жатақтардың жаңа түтінінен адасып қалған. Қазір олардың қайда көшіп қонғанын да білмейді. Білемін дейтін ересектері соғыстан оралған жоқ, одан соңғыларының аты-жөнін де дұрыстап сұраған емес. Өмірінің аяғында әкесі Қара Диюдың өзі де кіл бала-шаға, ұрғашылардың ортасында қалып еді. О дүниеге асыққаны да содан шығар. Жаназасында Құран аударған моллаға Жағалбайдан басқа бір адам оның Төлеш деген дұрыс аты-жөнін де айтып бере алмапты. Бүкіл өрен-жаранын бір шыбықпен айдаған қатыгез байғұс көзінің тірісінде артындағыларға өзінің кім екенін де құлағына құйып кетпепті-ау. Өлдің Мамай қор болдың деген осы да.
Пристаннан әлдебір кеме күңкілдеді. Бала кезінде шылпылдақ шабан праходтан бастап ары өткен, бері өткен "астауға" дейін даусынан санап алушы еді. Қазір де қарлыққан үнінен плот, әлде баржа сүйреген буксир екенін сезіп тұр. Соның анығына жеткісі келгендей Жақып бұрқылдақ көшенің шаңын сапырып жағаға тартты.
Ауруханадан шыққаннан бергі әдеті осы. Алғашқыда бірер аптадай жиен қарындасының үйінде жатып еді, қуықтай үш бөлмеге сыймады. Оның үстіне дүние жинауға пысықтау күйеусымақ болгардың ағашына қотандастыра қара шаңырақта қалған іске татыр қоқырды түк қоймай тықпыштап алыпты. Дачаға керек еді деп бірер төсеніш пен шиқылдақ раскладушканы қиналып қайтарған, қала басындағы қара кер биенің қаңқа басын алып кетпегеніне Құдайға шүкір. "Япырай, бұл жұрттың ниетін байыған сайын жылан жайлап бара жатқаны несі?.." Саудыраған ағаштың бетіне қараймын деп бұтындағы дамбал боп кеткен шалбарын ауыстыратын өңі бүтін костюмі де жоқ. Ер жеткен екі бала тылтиып бес жасындағы ит көйлегін сүйретіп жүр. Қарындастың да оңып тұрғаны шамалы, күніне бір мезгіл шифонер мен буфеттің шаңын жалап шықса байдың керегі жоқ сияқты. Қара шаңырақтың кілтін сұрағанда, "күйің келіспейді ғой" — деп өтірік күңкілдеген, бірақ көзінен, "кетсең қайтейін" деген немкетті шырайды таныды. Әуелде бір мезгіл кострюлін сүйретіп келіп жүрді де Жақып, анау тылтиған күйеуіңе жабу сатып әперші деп жүз елу сом берген соң қайтып бет көрсетуді қойды. Тегі, е, мынау әлі өлмейді екен десе керек. Баяғыда жұрт бұларды "жарымаған жатақ" деп кемсітетін. Сол рас шығар. Жақып, әкесінің өзіне ұрысқанда: "батырдан би, биден ұры, ұрыдан қары, қарыдан бәрі туады" дейтін сөзіне тағы бір жүгінді.
Расында буксир екен. Жоғарыдан түсіпті. Танауы көкте, сауыры суда, әбжыландай собалаңдаған ұзын плотты мықшия тартып барады. Бұқтырманың төменгі сағасын қазір өзен деуге де келмейді. Арғы жаға мен бергі жағаның қашықтығы он шақырым. Құйғанда шлюз орнағаннан бері баяғы жайпақ "астаулар" жағаға шығып қалған да оның орнында теңіздің танкер, катерлері мен "ракеталары" шиырлап жүр. Пирстегі тақтай баспалдақтар да құрыған. Бетон қаптаған қойнаудағы земснаряд, тас тиеген, құм тиеген баржылар, әр түрлі катерлер мен шхуналардың арасына қол сияр емес. Бір кезде "капайгород" атанып кеткен жатаған үйлі затон кәдімгі портқа айналған. Бірақ жұрты ауып, қаңырап қалған тым-тырыс иесіз мекен сияқты. Қаланың жүліктеу ысқаяқ саудагерлері мен қырдың қымыз мүңкіген күпілі базаршылары сапырылысып жататын шатырлы жәрмеңкенің орнын таппады. Пляждің құм жайдағында кілкіген көк жалқақ мазут батар күннің қызыл шұғасына көк атластай жалтылдайды. Марқұм әкесі, бұл өзенге шомылғанда суға кетесің деп беліне арқан байлап, бір ұшын ұстап отыратын. Қара Диюдың Қара шелек дегенде шығарға жаны ғана бөлек еді. Сөйткен әкеге не жақсылық істеді?..
— Че, Яшка, любуешься своим атрошеством?! Ляжит, язви зараза, ляжит оно!..
— А, дядя Осип?! Промышляем, значит?..
— Какое тамо промысель! Нынче вся живность в глистах!.. Всем одно название — сорочки... Сор, значить. Зато благодать, по несурьезному в огородь не лезешь, дак скреби вилами на бухте да орошай, огня во рту не держишь?..
— Не-е...
— Маладес!.. А я язви, сюды с острово пру, за спичкой. Я, ведь, вроде хозяин тамошний. Артисты!.. Придумали тоже, охранять последнего косого! Умора! Тепериче хоть коров стреляй.
Дядя Осип баяғы қалпы. Жақыптың Қара шелек кезінде осындай сияқты еді, тек тотияйынмен бояп қойғандай тұздай көзі жыл өткен сайын бозарып, боз тартқан бурыл сақалы шәушиіп сирей түскен тәрізді. Шал қырық жамау қайығын шығыршыққа байлады да кетуге ыңғайланды. Ұрынарға қара таппай тұрған Жақып сыраханаға сүйреп көріп еді:
— Әй, қазіргі сыра қи татиды! — деп шал қазақтың жалпақшасына бірақ көшті. — Гадимый уксус! Бұқтырманың суы азған соң сырада не қасиет қалды дейсің. Онан да, бастықтар айтпақшы, што-нибудь существенныйдың өзі артық!..
— Мыкртчян аман болса ол да табылар.
— Мейлі! — деп шал байғұс көне кетті. — Сен түгілі, әкеңнің көңілін де қалдырып көрген жоқ едім.
Онысы рас. Шаруақор Осип Қара Диюдың тиянақтылығын жақсы көретін де Қара Дию Осипке шананың шабағын, арбаның онықы-мұнықысын тегін жаматып алғанына мәз еді. Лагонның түбінен, қонақтан артылған бөтелкенің сарқынынан Осипті күр ауыз қалдырған емес. Жас шамасы бір-бірінен едәуір алшақ болса да екеуі тетелес абысындай шүңкілдесіп кеп отыратын. Жаяу қулыққа Осип те алдына жан салмайды, "жұмыс қолдан қорқады, әңгімемен бітеді" деп Қара Диюдың шаруасын ұзын сарыға сырғыта-сырғыта соғымның аяғына іркеді де шалды қасына алып, асықпай отырып түртініп тауысатын. Жақып Лесяға үйленген соң Қара Дию тіпті құда болдық деп жата жабысып, бел құдасы ақсақ егерьді мойындамай-ақ кетті. Дегенмен, Осекеңнің даусы жіңішкеріп, ақ үрпік балапанның қылқиған мойнындай өндіршегі былқылдап қалыпты.
— Яшка, ты не слыхал? Народ разные порють, будто лекготростанцию на атомный ряктр переводит, а воду на волю?..
— Не...
— И верно. Сказывают, посля не токмо травой, даже бурьяном не зарастет. Благо в воде утопиться, нежели комара кормить.
Көкірегі сырылдап жүріп өкіметтің шаруасында не қақысы бар екен деп ойлады.
Шықардағы шашлықтың мангалы жылан жайлағандай кеуіп жатыр екен. Іштегі жұрттың гуілі де сараң. Мікіржан атанып кеткен бүкіл Зерендідегі жалғыз армян Жақыптың төбесін көргеннен-ақ құдасы келгендей қуанды.
— Ой, дәрәгой, жіб-сдароп?! Просим пожалуайт! Мәнти ес, шәшлик будит! Сыра хоть утапис, а ... эн-то... лесарубам тоже будит!..
Балташыларды да, сал айдаушыларды да көре алмады. "Тағы тайга" суалған соң бұл жердің де сәні кірген екен. Мікіржанның бүгінгі жамағаты отырықшылар — қайраң сасыған ұсақ-түйек кірекеш кемелердің матростары мен жағаның жұмысшылары. Сапырып жатқандары да шамалы, бір-бір шабақтың құйрығын еміп, қысыр әңгімені соғып отыр. Әйтеуір, иісі суға жақынның күндегі әдеті осы. Бір саптыаяқ сыраның үстінде сағат бойы соңғы жаңалықты бір қалтадан бір қалтаға қопарып, ақыры арзан анекдотпен тарқасады. Мікіржанның Жақыпқа құрақ ұшқанының жөні бар екен. Жұрттың қауқарын қалтасына түспей-ақ білетін қу ғой. Егер Жақып сияқтылардың ат шалдырмада шашқанын есептесе, жатақтар кварталын сан бұзып, сан тұрғызуға жетіп қалған шығар.
Анисимнің Петькасы қара көлеңке бұрышта отыр еді. Алдындағы қаңылтыр табақтағы бес мантысын бес рет қолына алып, бес рет аузына апармай қайта тастады. Жақыпқа жақтырмай қараған. Жақып та байқамағандай болды. Екеуінің ептеген достығы да бар еді. Кезінде затонның екі атаманы комбинаттың ши борбайларын өзенге жолатпай зар қақсататын. Лесяға байланысты екеуінің арасынан мысық өтіп кетті де, бүгінде сырттай кісінескенмен әрқайсысының ішінде бір ит ырылдап жатыр.
— Яшка! Что, у тебя зрачки бельмом заросло?!
— А, Петь?! Тірімісің?..
— Не жалуемся. Проходи, все равно одно дерьмо, поделимся.
— Рақмет. Менің артық ауыз қонағым бар, саған ауырлау тиер, өзің кел.
Петр екі тілге де судай еді. Тек жұрт көзінше қазақша сөйлеуді жағымпаздық көреді. Қаншама кергіп баққанмен құланның айғырындай осқырынып жалғыз отыра алмады да алдындағысын сыйырып тастап, күржиіп барып Жақыптарға қосылды.
— Ты что ко мне не заходишь?
— Сенің қайда тұратыныңды ит біліп пе?!
— А ты не виляй. Делить-то нам теперь нечего... Баба есть баба, чей порог она не перешагивала. А мы были друзьями, друзьями останемся...
Ептеп тартып алған екен. Сөзі дұрыс. Айтып отырғаны да дұрыс. Бірақ баяғы кез болса ендігі екеуінің бірі еденде жататын еді. Жақып өзін-өзі ұстаған болды, әйтсе де ішіндегі итіне таяқ тигендей жалы күдірейіп барып басылды. Мүскене шал мұны да сезе қойды.
— Петь, сен қыртпай отырсаң қайтеді?! — деді. — Әдейі келген қонақтың апетитін бұзба. Әй, Мікіржан, албасты басып жатыр ма?!
Затон — шал сыйлап өскен жұрт. Шалдар ұрысса, таласып жатқан иттеріне де ақыл кіретін. Екеуі де дәстүрді бұзған жоқ. Жақып ауруханадан шыққаннан бері ішімдік атаулымен үзілді кесілді қоштасқан. Оразасын бұза алмады. Мікіржанның бұрыштап, уксустап әкелген қызыл күрең шашлығы мен бір шөмеле көк пиязынан қашыр-құшыр асады да "тек сендерге ғана" — деп қойған дефицит коньягінен бас тартты. Марка сақтау үшін керек сәттерде барменнің жұрттың сілекейінің сорына Ереванның "Араратын" шығаратын әдеті. Мақтаншақ та болса пысық, таппайтыны жоқ. Осында туып, осында өссе де қаншыл, Арменияға жылына бір барып қайтады. Бірақ қаншама орысшаны бұрмалап, кежелеп сөйлегенмен, ана тілін білмеген соң ағайынға оқыту да қиын болса керек, затондағы күркесі мен мангалына жыл сайын қайтып келіп жүр. Неден тұрғанын кім білсін, екі этажды особняк пен "Волганың" төркініне ОБХСС-ға жете алмай-ақ қойды. Обалы кәне, бұл күркеге Мікіржаннан қылап ие де жоқ. Бірер дүркін ауыстырып көріп еді, зерендіктер сыра орнына сивуха ішіп, шашлық деп шандыр шайнап кеткен соң, арызқойлардың өзі-ақ ат-түйедей қалап қайтарып алған. Албасты басқыр, жампоздыққа келгенде алдына жан салмайды-ау, Жақыптың қырыс қабағын тамырын баспай-ақ сезді де "Арараттың" аузы ашылмаған екінші шөлмегін, "дарагой, паследний" — деп жылпылдап жүріп қалтасына сүңгітіп жіберді.
Жақыптың беделі затонға "Араратсыз-ақ" белгілі еді. Манадан жанасарға сылтау таппай отырған ағайындар әр нәрсені жақауратып келіп қамап алды да, амандық-саулық пен "жанашырлықтың" есебі елу сомнан асып жығылған. Ішпесе де солармен бірге маңдайы жіпсіп, жалғызсыраған көңілі үйір тауып, бір жасап қалды да мұны көптен күткендей, тыңдайтын құлақ іздеген сөзшең ауыздар пәлсапа мен кісіліктің тағына бір-бір мінісіп түсті. Айтатындары баяғы сол бір уайым: Бұқтырма теңізінің тағдыры, балықтың бүкіл қорын екі жылда жеп алып балық заводының қаңырап бос тұрғаны, таситын жүк, барып қайтатын өрістің тарылғанынан кәсіптің азайып бара жатқаны, әйтеуір кемешілер мен балықшылардан бүгінде бақ тайған сияқты. Өтірік те емес, сенуге де болмайды. Жақып осының бәрін селқос тыңдаған. Туасы, кәсіп тандап, иә қаракетсіз қалам деп қобалжымаған басы тайгада кісікиік боп жүріп ел арасының тірлігін, ауыл үйдің өсегін тосырқайын деген бе, әлде затондықтар тым уайымшыл боп кеткен бе, әңгіме құлаққа жат, ерсі көрінді. Әйтпесе күн көрістің қамы ер азаматқа жүк болып па.
— Дядя Осип, үйің неше бөлме?
— Нешеу деймісің?.. Төртеу ғой, — деп шал неге сұрады дегендей Жақыпқа сынай қарады. — Подвалын қосқанда сегіз. Бірақ оның екеуі кемпірдің қоймасы да екеуі мастерской.
— Ал аралда ше?
— Аралда деймісің?.. Онда енді бір-екі бөлме, қора-қопсы деген сияқты...
— Малың бар ма?
— Мал ма?.. Енді бір-екі сиыр, бұзау-торпақ, тоқты-торым... малға саналса қаз-тауықта қажақ-құжақ түстік айыруға жарап қалады...
— Осыдан он бес, жиырма жыл бұрын ғой жалғыз ешкі, мастерскойыңды қосқанда қуықтай екі бөлмең бар еді.
— Бұл куркуль құлынды биесі мен бір үйір күрке тауықты жасырып отыр, — деп Петр шалды қолқадан қойып қалғандай болды. — Бүгінгі заманның помещигі емес пе!..
— А, ты, отшельник, помалкивай! — деп шал да шақ ете қалды. — Төрт бөлмелі пәтерінде сирақ сиятын орын жоқ. Ал ақ "Ладаны" әкең Анисим айдап көрді ме?!
Затон жұрты ежелден комбинат тұрғындарын жақтырмайтын. Карьерде тас қазған кеншілер мен метал қорытушыларды қараға санап, өздерін ақ сүйектің санатына қосушы еді. Екі көзі өзен мен далада, өрісін содан тауып, өсімін де содан жинап, өліп бара жатса күрек пен қайлаға қол созып көрген емес. Бір түтінде бір адамның қолы қимылдаса, қалғаны соның тілеуін тілеп қарап отыратын Петрді отшельник деп шалдың қорлап отырғаны сол дәстүрді бұзғандығы үшін болуға керек. Қанға сіңіп қалған жалған намыс өлмелі шалдың өтінен де қыжылдап шыға келетінін қайтерсің.
— Ал дәл осы жердегі баяғы трактирге өзіңнен артылып соқыр тиын шашып көрдің бе?
— Дядя Осиптің қазір де шашып жүргені шамалы! — деп шкипер Рамазан фуражкасын самайына осырта киіп, бізді де көріңдер дегендей Мікіржанды қайта шақырған.
— Сенің де шашылғаныңды көрейік! — деп шал бұған да жауап тапты. — Қол астында бір флотилия. Жеке меншік моторлы қайығыңды малға қоспағанда бір өзің бір кварталға сыймай жатқан жоқпысың! Әкең марқұм жеті тиын Құдайыға қиналатын сараң еді, аузыңа түкіріп кетпесе алақаныңды бір жазшы кәні!..
Жақып жұртты оспақтап отырып бірінің қоймасын біріне қаздырып алды. Жылап ішіп, шыңғырып қыр астына жүгірген бір пенде табылған жоқ. Бас жағын толтыра алмай жатқаны болмаса, ас жағы аста ток секілді. Машина мен моторлы қайықтан бастап әр түтінде аяқ артар бір көлік бар екен. Асыл тұқым да емес, қораға үретін қандені күшіктесе тойына ресторан жалдайтын тыраш затонның ниетін Жақып астамшылыққа жорыған.
— Яшка, сен бізді сынауға келгеннен саумысың? — деп Осип атай кейіп қалды. — Біз кедейміз деп отырмыз ба? Артық әңгіме айтылса, ол ел қамы. Баяғыдай бір саптыаяқ сыраңды ішкен соң сызып үйге қайтатын уақыттан жұрт озған. Бүгінде сусын үстіндегі сыр да қымбаттап барады. Сені жыл он екі айда бір көреміз. Өзің не бітіріп жүрсің, соны айтшы?
Шал жанды жерінен тырп еткізбей ұстаған соң, Жақып бұлқына алмай қалды. Қалта жомарттық, қайырымға деген мәрттіктің бір сәтке меселіңді көтергені болмаса басқа пендеден төбеңді биіктетпейтінін өзі де сезетін. Басыңның бостығы, тізгіннің жоқтығы күнделікті күйкі тірліктен құтқарғанмен көңілдің қоңылтақтығына араша түсе ме. Ол да әншейін жауырды жаба тоқыған адамның іштегі күйігін жасырғаны да. Жақыптың осы жарасын шал тағы да қанын шығара қасып-қасып алды.
— Қара орман анау, қаңырап қалған. Сен үшін горсоветтің снос бөліміне де біз бардық. Енді тым болмаса сол даяр ордерді алып, қара шаңырақтың орнына ел қатарлы түтініңді шығармаймысың?! Сенің, бізге, жұртқа ұқсап үй болып қалқайғаның ғана емес, сол жұртпен бірге қайнағаның керек еді ғой. Как медведь, зимой уходишь в тайгу на спячку, а летом сюды жировать приходишь. Хорош, ты, паря!.. Человек ты ломовой. Но для тайги и без тебя топора найдють, ежели покуда есть чаво рубить. А, сказывают, што на основной-то корм десятки миллионов мозольных рук не хватает...
— Дядя Осип, сен осының бәрін қайдан біле бересің?
— Өй, бұ түкпіш шалың бастықтармен жақын жүрет те, — деді Петр. — Күніне бір күрке тауық гонорар төлесе, бастықтар тұрмақ мен де сайрап берер едім!.. Бір аралдың байлығы не істетпейді дейсің!..
— Што бастық?! Олар да сен секілді шығарда жаны бар пенде! — деді жан-жағындағы жұртты жайпап отырған шал. — Токмо они умеють по сурьезному, по государственному кумекать. А што, твоя башка, чугунным литьем сделана?!
Жігіттердің сигаретін де қанағат тұтпай бірін тамызып, бірін лақтырған Осип әлдекімнен қаңсық "Прибой" тауып алды да, түтінді сараңдықпен мұртынан ғана ширатып шығарып, дүниені қиратып тастағандай міндетсініп бақты. Рамазанның өтінішін Мікіржан арзандатып, құлықсыз орындады. Бәсекеде Жақыпқа жете алмаған соң "біздің өңештен ржавчина да өте береді" — деп қуақылықпен жеңген болды. Соның өзін де біреудің қазанына сүбе салып бергендей бұлдап, онан қашты, мұнан қашты қысыр сөзді қайрақтай езіп, әңгімесін тағы да Жақыпқа әкеліп тұйықтады; бір жыл туып, бірге өскен төл екендігін ағаты, ағайыншылығын, көңіл жарастығын да қалдырған жоқ, шкипер болса да қолында билігі барын сездіргісі келді ме, Жақыптың "моряктың көкжалы", "бывалый подводник" екендігін дәстердей қылып, ақыры катерге қызметке шақырып тынған. Мүсіркеушінің көптігі Жақыптың намысына тиді. Бүгінде ақылдан арзан нәрсе жоқ. Оқыған, естігеннің бәрін санаға талшық қыла берсе, бұл жұрт баласынан данасына шейін данышпан боп кетпес пе еді? Салпайып тыңдай берсе өсиеттің таңға дейінгі таусылмайтынын сезді де, Осип шалға зорлап отырып рақмет айтқызды.
3
Затонның түнгі оттары қаланың үлкен ошағынан үзілігі түскен ұшқын сияқты екен. Орталықтың зәулім үйлерінің терезесі мен рекламалардың қызыл-жасылды құлпырмасының пысы басып-ақ тұр. Штильде жатқан қап-қара тұңғиық судың беті үрейлі, жарда тұрған адамның өзін жұтып жіберетіндей. Қара түнекті үңгіп, әр тұста пирстің ірілі-уақты прожекторларының сағымы қаңғып жүр.
Осип шал сақтық үшін қайығының шынжырына құлып салып қайтқан. Бұрын қайық түгілі затонның қақпасына ілмек түспейтін еді. Шал ақталғандай:
— Солай, Яшка, қазір күзет күшейген, сартирге дейін құлыпта сақтайтын болғанбыз! — деп кілтін күмістен ардақтап әмиянына тықты.
Өрістен ыңыранып қайтып, ақырды жағалай жусаған түйелердей қолтықта теңкиіп-теңкиіп баржалар, сухогруздар жатыр. Жиекті сылп-сылп жалаған майда толқындардың әлсімінде бауыры жарқырап ұсақ балықтар іркіліп қалыпты.
— Глистач дегенің осы, — деді шал. — Бұл шіркіннен шағала да жиіркенеді.
— Несіне жеркенсін! — деп Петр шал сөзін өтірікке жыққысы келді. — Сол шағалаң жеркеніп емес, осыны жеймін деп құрттап қырылған шығар-ау...
Жақып бала кезінде адамның шеменін көріп еді, ал балықтың шемен болды дегенін естігені осы. "Өнбейтін шаруаға өндіршегіңді созба", — дейтін әкесінің өсиеті себем болды ма, жағада туып, жағада өссе де тор құрып, ау сүзуді кәсіп қылмай-ақ келеді. Теңіз түбінен көтерілген қоқыстан Бұқтырманың ауырғаны, жәндік атаулының дертке шалдыққаны Мікіржанның күркесіндегі көп әңгімеге де тиек болып еді, қазір соның шет жағасын көзімен көріп тұрып та іші онша қинала қойған жоқ. Тек сөзге де торсаңдайтын көңілшек шалды алдап:
— Барға қанағат, шалым, тіске сыздық боп жарытпайтын шабақты уайымдап қайтеміз, — дей салған, бұл жолы Осип те қыңыр шаппай құлай салды.
— Тәйірі, балық деген сөз бе?! Балықтың тегі бақа да! деді. — Жиырма жылда теңіз түбі орнықса бәрі де қалпына келеді деседі. Тек оған дейін кім бар, кім жоқ...
Күнде тыңдайтын құлаққа шалдың "мылжыңы" ермекке жарамай қалған соң, Петр ілгерілеп кетті де, бұрылыстағы шақырайған жетім лампаның түбінен әдейілеп тосып алып, кетекке көніп томпылдап келе жатқан Осипті тағы да теріс бұрып жіберді:
— Сол жиырма жылыңның он жылы өтіп те кеткен жоқ па?..
— Немене, өтсе оған теңіз кінәлі ме?! — деп шал жағаласпасаң қайтеді дегендей оған шамдана қарады.
— Қойдық, ойбай, қойдық! Сенімен таласатын тасып бара жатқан біліміміз де жоқ. Бұған ғылыми дәреже беріп құтылмасақ құлаққа тыныштық болмас!..
Ескі затонның йен көшесіне сыймай келе жатқан шал кекесінге де қыңбады. Шалдың аты шал да, қаншама сөзі пысық болғанмен, стақан жарысында жастармен бәсекелесемін деп алжыңқырап қалған сияқты. Сонда да бұрқылдақ шанды резеңке бұтылымен бұралай сапырып, тақымдап қалар емес.
— Теңіз жарықтыққа тыныштық бердік пе, он жылда астауын он төңкерген жоқпыз ба, — деп әуеніне қайта көшті.
Қазірдің өзінде су қоры отыз сегіз миллиард кубометрге жетпек еді, көктемде ғана жиырма сегізге қылт-қылт көтеріліп, күзде қайтадан он сегізге бірақ құлдырап жүр ғой.
— Япырай, Ертіс пен Бұқтырма қосылып мұның ындынын әлі толтыра алмай жатқаны ма?
— Қатқаны толтыра ма?! — деп шал енді Жақыпқа дүрсе қоя берді. — Түк қоймай орманды отап өзенді суалттың! Алтайдың бет-аузын ағашпен жырымдап төбесіндегі мұзын құрттың! Сенің кесіріңнен теңіз түбі жыл сайын бес метр балшықпен өсіп жатқанын білемісің?! Ындын дейді ғой! Алдымен сенің ындыныңа таяқ жүгірту керек! — Аузы сөйлесе, аяғының астын ұмытатын шал машинаның таз доңғалағына сүрініп барып қайта тұрды да, майын тамызып тұрып балағаттап салды. — Теңіз!.. — деді, сосын бәріне таз доңғалақ кінәлідей әдемілеп тағы бір тепті. — Теңіз жарықтық міндетін атқарып-ақ жатыр!.. Атаңа нәлет, күресінге сыймаған бүгінгі жұрт көшені де көң-қоңырмен иемденіп алған... Лекторстансанның төрт өңешіне ғана он сегіз миллиард керек. Ал оның төменгі сан қаланың сансыз кәсібін кім сусындатады?.. Әрине, жамандасаң да осы теңіз!.. Су тапшы, су, білдің бе?! Сонан соң да апта сайын шлюзді ашып, лақылдатып ақтарады да жатады... Балық!.. Балық деген чепуха!..
Жатақтар кварталының жұртына жеткен соң, Жақып Осип шалды ілгері жіберіп жолдан шықты.
— Үйді тауып жетемісің?
— Жетемін ғой, — деді шал. — Төрт аяқтасам да жетем! Тек тағы бір шылым бер. Оңашада тартып алмасам, үйді ыстадың деп қатынның қақылдайтыны бар.
— Әйтеуір кіргізеді ғой?..
— Е, кіргізбесе киімімді есіктен лақтырамын. Ондай өсекті естігенің бар ма? — деп шал алдын ала күліп қойды. — Мен сияқты біреу үйіне күнде ішіп келіп, мазасын кетірген соң қатыны кіргізбей қойыпты. Ертеңіне жолдасына айтып мұңын шақса, ол сығыр: сен үйіңе жете бере тыр жалаңаш шешін де есік ашылғанда бар киіміңді ішке лақтырып жібер, сосын кісәпір болса да кіргізеді деп ақыл айтыпты. Келесі күні тағы да кіресілі-шығасылы қайтқан байғұс бар киімін шешіп алып есіктен атып жіберсе: "граждане пассажиры! Будьте осторожны! Двери закрываются!" — деген диктордың даусын ғана естіп қала беріпті. — Шал қақалып-шашалып өзі күлді. Екеуі оның көңіліне бола қосылған. Темекіні біраз тілдеп алып: — Ал енді осының қызуымен қызық-қызық түс көріңдер! — деп шал томпаңдап соқпағына түсті.
Биік үйлердің үнемшіл терезелері бірінен соң бірі жалпылдап өше бастады. Жақып пен Петр шалдың қарасын едәуір ұзатып салды.
— Трепачь высшей марки! — деп Петр шалдың көлеңкесін де жақтырмай тұрды. — Про всякое житье, даже про метре цивилизованные анекдоты гутарить мастак. Только все это слыханное!..
— Естіген құлақты жазғырма, — деді Жақып. — Екеуміздің ең болмағанда естіген неміз бар?..
Темекі тартып біраз бөгелісті. Бір-бірін қия алмай тұрғандары да шамалы. Өтірік те болса шұрқырап табысып, енді дүрдиіп тараспаудың жасанды инабаты еді. Осы іштей қажасудан алдымен кім тайқып шығады?..
— Яш, слышь, ты все-таки отпусти ее. Все равно она тебе не нужна... ведь, другая нация...
Петрдің кейінге сақтаған бір нәрсесінің қалғанын Жақып сезген. Айтпағы да бұдан қатқылдау болса керек еді. Сонсоң да мәймөңкелеп жатпады.
— Вот что!.. Ты своей национальной политикой мне мозги не компостируй! Кажется, мы с тобой не из одной матери. А разве плохо жили?!
Ақыры көңілсіз тарасты. Бәтеңкенің жұлығынан көпірген май топырақтың кебір талқанындай ащы шаңын әр қайсысының қолқасына кептеліп кетіп еді...
4
Жатақтар жұртының үңірейген терезелері ұлып қарсы алды. Шекесіне шам жағып алған көтергіш кранның орманы қалың мүрдені төбесінен тінткілеп тұр екен. Шақырайған жарық сары топырақпен шағылысып, запырандай сап-сары сағым шашып тастапты. Сары сағымның астында Бибісара кемпірдің жалғыз терезесі сықсиып жатыр. Бүгін көшемін деген кемпір тағы да қозғалмапты. Көзіне сол ғана күйік болғандай, көшсе екен деп еді... Діңгек басынан сөңірейіп өзіне телмірген қу басқа көзі түскенде денесі түршігіп, үйге кіруге жүрексінді де тағы да уақытты соза тұрмақ ниетпен қираған дуалды айналып қырға бетін тосты.
Қаланың аспаны жамыраған қызғылт шам. Сағым астынан теңіздің қырта жөңкілген қара құрық жоны күдірейді. Жалданып, жерден биіктеп кеткен екен. Жағалаудағы тас үйлер көкжиекке көтеріліп бара жатқан кеме керуені секілді. Пирс прожекторларының қайшыласқан тарғыл жолағын үн-түнсіз қақ жарып тұңғиықтан шыға келген қара танкер тып-тыныш жусап кеткен кемелерді шетінен сүзіп тұрғызатын қара албастыдай анадайдан айбат шегіп, өкіріп-өкіріп алды. Осип шал айтқандай "теңіз жарықтықта" тыныштық жоқ екен. Түнде де асырап жатыр. Балағының биті бар жұртты былай қойғанда, шал-шауқандар да уақытпен жағаласып, тіршіліктің пұшпағына қоса оралып жүр. Жақыптың көңіліне бұл теңіз қонақтамай-ақ қойып еді. Тек түске ғана кіретін түнгі суретіне тұңғыш рет ғажап қалып тұр. Көшенің арғы-бергі басына салып-ұрып жаяу шығатын қала да далиып кеткен сияқты. Көкжиек кеңейген, танаудан түртіп тұратын орман да иек астындағы тау қырқаларына қашып тығылыпты. Бір кезде жатақтардың пішендігі, өрісі болған сарғалдақты сары жонға қазір қайық қана қатынайды. Қайын- жұрағаттың жұрты да сонда қалған. Мынау ұлан-ғайыр тірлікті көріп тұрып, не қалаға, не далаға қатынаспай, бір сауын, бір тұтам огородқа телміріп бүкіл жатақ қалай күн кешкен деп таң қалды. Мүмкін, Жақыпты күні бүгінге дейін өмірдің қалың ортасынан қақпайлап келген де сол бір өгейлік шығар. Қаншама еншім бөлек, етім басқа дегенмен сүйегінде қарысып Қара Диюдың бір қасиеті отырғаны хақ. Әйтеуір уақыт өшіре алмайтын өткен күндердің ізі көңілінің жайлауын соныдан қайырып алады да тұрады. Бір ғана Жақып емес, оның бүкіл құрдастарының санасын сол күндерге байлап тастаған сиқыр — қырқыншы жылдардың психологиясы екенін қазіргі есеппен өлшемесе де бар табиғатымен сезінеді. Құдайға шүкір, өздеріне дейінгілердің астамшылық міндетінен, өздерінен кейінгі етек басып келе жатқан пысықтардың алдағы қалған ғұмырыма дейін кесіп-пішіп қоятын бақал есебі мен кірі, настығы аралас зеректігінен бұлар құлан таза; аңқаулығы болса да арамдығы жоқ, қатыгездігін қаскөйлікпен қоңсы қондырған емес. Көбіне көңілшектіктен өз несібесінен кем қалып, кешірімділігі таяқ болып тиіп, қара бастың қамына деген икемсіздігі кемшілік боп жабысқан сияқты. Енді кеш, қамшыланғанмен қанда жоқ қасиет бойға сия ма...
"Кел десең барамын, бірақ сені көретін менде бет жоқ" депті. Жақыптың артынан ақша салғандағы Лесяның хатқа жазған бар сәлемі осы. Келе ғой деп хабар берген жоқ. Келме деуге қимайды. Жәй қимастық емес, ет-бауырды суырған бұл да Жақыптың бір уайымы. Көңіл жарастығы тозған соң ендігі қимастықтың зорлық екенін де біледі. Біле тұра суыған шымылдықты қимастықпен, сыйластықпен қайта жылытам ба деп еді. Амал не, Лесяны Жақыпқа теліген ошақ басының жанашырлығы екен де, Жақыпты Лесяға байлаған өткен күндердің қызығы мен тыз етпе буынның соны сарқыныңдай құр мекіреніс боп шықты. Әуелгі махаббат міндетпен, міндеттің ақыры қызғанышпен таусылған. Қазір соның бәрінен эгоизмнен басқа дым да қалған жоқ. Мынау бүгінгі заманның сәулетіне сыймай, ырысы кеуіп, ылпасы қашқан ескі жұрттай сезім де көнереді екен. Айырмашылығы, сезім шіркін лекерге көнбейтін сияқты, "на слом непродается..."
Үңірейген тас қараңғы үйге кірмес бұрын Жақып есіктің саңылауынан қол жүгіртіп қабырғадағы штепсельді басты. Әлдене салдыр-күлдір еткен. Лақтай ала мысық Жақыпқа тура атылатындай ырылдап, шақырайған жап-жасыл тарғыл көзін қалт қақпастан арбасып біраз тұрды да жүні бұрқыраған жабайы кептерді сауғаға тастап ата жөнелді. Мысық екеш мысық та ескі жұртын қимайды. Жиен қарындасы екі-үш дүркін келіп, атан түйесін жоғалтқандай жырлап жүріп ертіп кеткен. Жауыз неме жылмиып тағы келіпті-ау. Мысықтан жеркенішті хайуан жоқ. Ниеті жаман деп қазақ тегін айтсын ба. Иен жұртты азан-қазан қып түнімен бажылдағанда төбе шашың тік тұрады. Еденді қан-қан қып ыбырсытып кеткен екен, онсыз да елегізіп тұрған Жақыптың денесі түршігіп сала берді. Аяғын басса еден сықырлайды, қолы қимылдаса бір зат даңғырлап ұшып түседі. Айсыз қараңғыда тайганың тастай жынысын киіп-жарып кезе беретін басы, қарағаннан қарап жүрегінің лүпілінен сескенді. Алты бөлменің шамын түгел жағып, әлдебіреу тығылып отырғандай қол сыймайтын қуысқа дейін тінтіп шықты. Қорқу-үрку деген кәперіне кірмейтін соқталдай жігіт түңғыш рет өзінің шыр етіп түскен шаңырағының ызғырынан бойы мұздады. Раскладушканы жазып қисайған болып еді, бөксесімен мың тышқанды езгілеп жатқандай бұл да шиқ-шиқ етіп жамбасына қоныс болмады. Бір кезде дәл осы бөлмеде, дәл осы бұрышқа тұңғыш рет Леся екеуінің шымылдығы құрылған. Шам сөнген соң бозарған мынау терезеден басқа екеуін аңдитын ешкім болмаушы еді. Үлкендерден именіп, ыдыс-аяқтың өтірік күйбеңімен кешігіп қалатын Лесяны тезірек келсе екен деп аңсайтын. Көзін жұмып, балқып бір жататын да қызыл атлас шымылдықтың дір етіп толқығанын күтуші еді. Дәл осы бөлмеде, дәл осы бұрышта, қызыл атлас шымылдықтың ішінде он сегіз жастың аңғалдығынан айрылып, ыстық жар құшағының қамау теріне тұншыққан. Жар құшағының тәттілігіне, мамық жастыққа малынып жатып жар иісіне мас болған күндер... Түпкі бөлменің бірінен әлдебіреу жөтелгендей болды. Әкесі марқұм малы жайланбай қалатындай торғайдан да бұрын тұрып, бүкіл жатақтың ұйқысын үркітіп қайтатын да ең соңында есік көзіндегі шәугім-шылапшын, артық-ауыс боқ шалақты: "бұ жазғандар Құдай бұйыртқан орнында неге тұрмайды?" — деп салдыр-күлдір тепкілей кіретін. "Қират, қиратып тынсай!" — деген шешесінің күңкіліне, "қирағанын бөлек үйе сал, бәрібір анау сылқымның мал жинайтын түрі жоқ қой!" — дейтін. Қырсық шалдың бозала таңнан тынышын алатын бар сылтау — Жақыптың өзімен таласа тұра қоймағандығы. Сондағы тындыратын шаруасы қара кер бие мен шолақ сиырдың қорасын тазалап, отыз шақты ұсақ малға шөп шашу, Бөшкебай атанып кеткен бада боздан ауыз су алып қалу. Одан да күнде сұрайтыны: "Бұқтырманың суы қанша екен?" — дейтін кекесін бір сауал. Иә қалжыңы, иә шыны екені белгісіз, дәлдүр байғұс: "қырық бөшке боп қалатын шығар" — деп кете беретін. Әрбірден соң "Жөкең, әй Жөкең!" — деп елшілікке шешесі келіп кетеді, — "анау қара пәлекеттің жөтелі жиілеп кетті ғой..." Бірде Жөкең бірде Көкен, әйтеуір Жақыпқа шешесі қойған аттың бірі де қонақтаған жоқ. Жалғыз бала болған соң жұрттың көзінен қызғанып, туысымен алыс бір жегжаттың бауырына салған екен, емшек сүтін ембегендікі ме, әлде ошақ басына үйірсек қылмаған қара шалдың кесірі ме, анасының жүзі Жақыптың есінде бүгінде бұлдыр-салыр. Кезінде қажының қызы атанған. Қара Дию қалыңын қайын атасында жалшылықта жүріп өтеген екен. Әкесінің байлығынан тиген жұрнақ па, екі білегі толған күміс білезік еді. Анау абажадай ортаңғы бөлмеге таңғы дастарқанды күнмен таласа жасап қойып, төркінінен келген бөліскей самауырдың құлағын жібермей отырар еді Бүкіл жатақтың бала-шағасына дейін басы қосылғанша дым сызбай тырсиып отыратын Қара Диюдың суып қалған шәйін үш төгіп үш құятын. "Қара пәлекет" кеткен соң самауырды қайта еселеп, сол "қара пәлекет" күн қонақтай қайтып оралғанша оттықтан шоқ үзбейтін анасы тегіне тартып тәкаппар, ниетіне тартып жомарт болды, бірақ тегін сатып кісі қорлап, тамағын сатып кісі жұмсап көрген жоқ. Күйеуінің кедейлігін салық қып алдынан кесіп өткен емес, "қара пәлекет" дегені де зілсіз әзілі еді Жалғыз ғана жақтырмағаны, Диюдың: "тарта жесең тай қалады, қорқа жесең қой қалады" дейтін үнемшілдігі. Тарта жеп Қара Дию дәулет жиған жоқ, оның тапқан-таянғанын жұрттың аузына тосқаннан қара бәйбіше қара суға қарап қалған жоқ. Жақып осы екеуінен де құралақан емес, тек Қара Диюдың алымына, анасының берекелі пейіліне жете алмай жүргені болмаса.
Көрші бөлменің едені сықырлады. "Жөкең Көкен, тамағың суып қалды!" — деп анасы айқай салатындай, жер ойылып кететіндей аяғын санап басып әкесі жетіп келетіндей бүйірдегі жарма есікке шошына қарады. Қызыл атлас шымылдықтың дірілін қиялымен күтіп жатқан Жақып, йен үйді аруақ кезіп жүргендей тұла бойы шіміркеніп, раскладушкасын сүйрей сәкіден бір-ақ шықты.
Ысқырып тұр екен. Ысқырып тұрған миллион сан шілделік екен. Қираған қора-қопсы мен дуалдың қуыс-қуысынан быжынаған шегіртке қара құрттай қаптап келе жатқандай. Көтергіш кранның қалың орманы да осы ысқырықтан қалғып кеткен сияқты. Қада басындағы мүлгіп тұрған қу бас та Жақыпқа қарап шұлғығандай болды. "Қой, ұятты жиып тастап, қалалық Советке баратын шығар. Қу медиенді жайлаған жын-перідей енді жата алмас".
Қара шаңырақ талайды аяқтандырып, талайға баспана тауып берсе керек. Сносқа жатқанда босағасынан он шақты семья өріп шығыпты. Есепке кірмей қалған қара орманның иесі Жақып қана. Қара Диюдың артындағы көң-қоқырына осыншама "жанашыр" табылады деп кім ойлаған. Алыс-жақынның қомағайлығынан ұялған Жақып қуалап барып бұл да үй сұрауға беті дауаламап еді.
Пырылдап лақтай ала мысық қайтып келді.. Көзінде манағыдай жауыздық жоқ, мүләйімсіп бұрыштағы тулаққа барып мұртын сылай бастап еді. Бибісара кемпірді ерте келген екен. Жақып тағы да шайға шақырады-ау деп қорықты.
— Айналайын, бір жолдасың күтіп-күтіп тоса алмай кетті, — деп тосын хабар әкелді. — Қонақ үйінде жатырмын деді ме-ау, елден келдім деді ме-ау... Әйтеуір қайдан келсе де қонақ үйіне сиятын кісі емес, сақал-шашы бір мөшек, түрмеден шыққан жөлік секілді. Қарағым-ау, ұрық - шарқың шамырқанып жүрер, сондайлардан аулақ болсай, — деп хабарын ақылмен аяқтады. — Кәпірдің түрін екі заманда бұл маңнан көрген жоқ едім...
Жүн-жұрқаны да, күресіннен жұлып әкелген бір бау шөпті де мөшекпен өлшейтін баяғы сол әдет. Өздерінің түрлері жетісіп тұрғандай жатақтан тыс жұрттың пөгөнайын кемсітіп сөйлейтін баяғы сол керме ауыз.
— Сөйт, шырағым, — деді кемпір. — Таңертең тағы соғамын деген, пәле-қаласынан сақ бол, — деп үйіне қарай аяңдағанда ала мысықта қоса ере кетті.
Ет-бауыры езілердей сағынып қалғаны шамалы еді, сонда да қонақ үйге тартып кеткісі келіп бір тұрды.
— Енем үйінің ала сиырындай дүңкиген арам қатқыр-ай, аяққа оралмай арман жүрші" — деп Бибісара ала мысыққа ұрсып бара жатыр екен.
"Арам қатсаң да шыдап бақ!" — деп кегежесінен тартқан бір қырсық Жақыпты да тырп еткізбей қойды.
5
Бибісара таңғы шайына шақырып үлгермеді. Кемпірдің бар жүгі бір машинаға да жем болмай қалған соң, жұрттағы тот басқан темір ошақпен толтырып, ала мысыққа дейін шіреніп комфортпен аттанып кетті. Жақып шатырдың қақпағын ашып, ысқырып-ысқырып, кептерлерді аспанға көтерді де, оразасын ашпастан пирске тартты. Қазір де екі көзі аспанда. Затонның төбесінен шаншылған көтергіш кранның қалың орманын екі-үш айналып элеваторға қарай тартқан бір топ кептердің үйірін бағып отыр. Тағы да ысқырып-ысқырып орнынан атып тұратындай. Осип шал қара бақырды қолына ұстатқанда ғана аяғының астына көлкіп кеп қалған суды байқады.
— Одряхлела, старина! — деді шал. — Кәрі-құртаңның көз сорасындай бұ шіркіннің де жіпсімейтін жықпылы жоқ!..
Әйтеуір аты қуыс астау дегені болмаса қара қайықта үш кісінің салмағын көтеретін де қауқар қалмапты. Су сіңген шірік қорамасын қоспағанда смоласының өзі бір тонна, көгендігі қорсылдаған көтерем шалдың арал мен затонның ортасына қалай айдап қайтып жүргеніне таңы бар. Әуелде зыр ете қалатындай екпіндете серіпкен Бекет те итіндей-итіндей шаршаған соң свитер шешіп терін құрғатты. Су беті қазан түбіне тұнған майдай теп-тегіс, қап-қара. Тек сол қара қазанның тұнбасын жоғарыдан қақ жара тіліп түскен Бұқтырманың көк-жасыл өркеші ғана жыбырлайды.
— Асықпаңдар, аралға жеткенше арам терлерің тана кетеді, — деді шал. — Ар жағын тағы көрерміз. Тек қаңғыған салындыдан сақ болыңдар, — деп әр қолтыққа плоттан қашып кеткен дөңбектердің теңкиген бөксесін құрығымен нұсқап қойды. Өзі жайбарақат, "прибойының" сабағын шүршите тістеп, затоннан шыққаннан бері бір қармақтың лескасын жинап ала алмай отыр. Қолы қақпыш, білегінің етінен терісі бөлек; өткен жылдың ұнға қамалған арық қазысындай шалың қурап-ақ қалған екен. Өзінің кәрі қайығының қатпар-қатпар жамауындай күн қаққан омырауы мен желкесінің әжімі де қалыңдап кетіпті.
Теңіз тыныш. Тыныш теңіз Бекетке таңсық көрінді. Күн демалыс болған соң ба, кемелер де тырп етпей жағада жусап жатыр. Мүйістен демалыс үйінің "Шағала" деп аталатын шағаладай яхтасы сүзіліп шықты. Маңайындағы желе-жортқан су спортының ақ желкендері де жемге таласқан шағалаларға ұқсайды. Тып-тыныш бейғам тірлік. Қарекетсіз, күйбеңсіз, уайымсыз тірлік. Бүгінгі тоқтықтың ертеңі тырпылдағы болушы еді. Осы тыныштықтың өзі рас па дегендей көңілге қобалжу салады екен. Әлі де аспаннан түспей отырған Жақыптың мұңлы жүзін оқимын деп Бекет те әр нәрсені ойлап кеткен. Орман шаруашылығының облыстық басқармасындағы бітпей қалған жұмысы, өтпей қалған ұсынысы, жарамай қалған қатынас қағаздары, жарымай қалған көңілі... Ондай-ондай басқармалар аз ба? Өзі сияқты жарымай қалған жарамсақ, сұраншақ көңіл аз ба?.. Ал мынау тыныш, бейғам, уайымсыз тірлікке қараса бітпей қалған шаруа жоқ сияқты. Жақып та кейбір бітпей қалған шаруасын іздеп таба алмай отыр екен?..
— Әй, ұстаңдар ананы! — деп Осип шал баж еткенде Бекет қолындағы ескегінен айырылып қала жаздады. Жақып та алақтап қайық ернеуінен үңілді Жеңді білектей шортан бауыры жалтырап су бетінде жамбастап жүзіп келеді екен. Айғайламақ түгілі, зеңбірек атсаң да селт ететін түрі жоқ. Екі жігіт бос қарманып жатқанда шал сачокпек көсіп алып қайыққа курс еткізді. Құйрығын екі-үш қаққаны болмаса серейіп түскен дәу шортан шоршымастан дүңкиді де қалды.
— Жарықтықтың саудасы біткен екен, — деді шал балықтың тырсылдаған шабын құрықпен түрткілеп. — Сиырды сеспей қатыратын солитр шортанды шопақ құрлы көрсін бе!..
— Япырай, жыртқышқа да зауал келеді екен-ау! — деп Бекет шортаннан жеркеніңкіреп отырды.
— Жыртқышта жемсау жоқ деймісің?! Шабақты шорағай жейді. Шорағайды шортан жейді. Мына шортанды қайнатып берсең біздің тауықтар да жеп қояды.
— Сонда тірі мақұлықтың ең аристократы сіздің тауықтар боп шықты ғой?..
— Аристократтың ең мықтысы шемен боп тұрған жоқ па! — деп шал тағы да балықтың тырсиған шабын құрықпен түйіп-түйіп қалды. — Бұған ғалымдардың да шамасы келмеді Біз сияқты жаман шалдардың қалқып тастағанына таусылатын да емес. Хайруз, таймень, нельмалар да құрып барады. Судың тереңіне сүңги алмай шортаңдап бетінде біраз жүреді де қырылады... Әне біреуі тағы келе жатыр, айрылып қалмаңдар!...
Аралға жақындаған сайын теңіз ортасы дөңейіп, затонның сорайған көтергіш крандарының қалың орманы қылт-қылт етіп жиекке байлаған бакендердей әткеншек тебе бастады. Дүние ұлтарақтай бырысып кішірейіп барады. Кішірейген сайын тыныс тарылып, жан-жағыңнан қамаған топан су бүйірден сығып бейшара қылып тастайды екен. Бекет те, Жақып та жағаны өгейсіп аттады. Шал қара астауын қазыққа байламай арқан жалғап жиектен алысырақ тастады да, екінші ұшын кішкентай якорьге әкеліп матады. Жақыпқа тыраш шалдың тірлігі балалардың ойынындай көрінген. Затонның баяғы кісі бола қалатын жадағай пысықтығы шығар деп күліп алды.
— Күлесің ә?! — деді шал нан-пан, екі-үш шөлмек жасырған дермантин сөмкесін Жақыптың қолына ұстатып. — Күл! — деді. — Подводник болып төрт жыл бойы мұхиттың түбін шарлағаныңды білеміз. Ал біз байғұс, әлі жер басып жүрген пендеміз ғой, қара қайықтың қамынан артылғамыз жоқ.
— Ұзын арқандағанда бұл астауыңыз қабырғасын жауып, оттап қайтатын ба еді?
— Төменде шлюзді ашса қайығыңды ертең қарағай басынан көрерсің, — деп шал жағаның жапырылған шөбі мен жоғарыдағы су қаққан кемерді көрсетті. — Мұхиттың мінезін білмесек те жаман шалшығымыздың сыры өзімізге мәлім. Жұмасына екі толып, екі солады.
Бекет Осиптің аузынан "мұхит" деген сөзді екі дүркін естіп, ерсі дүркін Жақыпқа таңдана қарады. Қасында жеті жыл жүріп, подводник болдым деп мақтанғанын құлағы шалған жоқ еді. Қазір де шалдың қағытпасын немкетті бос жібергенін көрген соң, көп әзілдің біріне жыға салған. Бірақ шал ежелеп қоймады:
— Анау танкерлерді айтпай-ақ қояйын, иттің итақайы мініп жүрген шхунаның біріне ие болатын жөнің бар еді, — деп дермантин сөмкесін Жақыптың қолынан қайтадан жұлып алды. — Балта ұстап орман кезгенше рубкада тұрсаң тақияма тар келеді дедің бе.
Жақып бұл жолы да үн қатқан жоқ. Тек ішін әлде не тырнап өткендей қабағы кіржің етті. Шал әзілімді жақтырмады деп жорыды. Бекет Жақыптың салқын жүзінен әңгімені әрмен қарай шаптырмады деп ойлады.
— Аңқау аңдамайды, әңгі тыңдамайды, — деп әкең марқұм айта беруші еді, — деп күңк еткені болмаса үйге жеткенше шал да қайтып оның көңіліне көсеу жүгірткен жоқ.
Осиптің мекен-жайы баяғы ақсақ егерьдің займкесі екен. Бұрын да жегжаттыққа өзегі ашымайтын Жақып атасы өлгеннен қатынасқан жоқ еді, қайын енесі ішкі жақта бір шалға тиіп отыр дегенді естіген, онан бері де он шақты жыл өтіп кетіпті, қаптаған қыз-қырқынның қай ошақта қанша тұқымның есебін көбейтіп жатқанын кім білсін. Қора-қопсыдан аулақтатып қайта көтеріп салған екі бөлмелі қыстау мен қара моншадан басқа ескі қоныстың әрбір қадасы көзіне жылы ұшырай кетті. Бірінші көрген Бекетке бәрі идиллия; қақпа-дуалсыз үй, қақпайсыз жайылған мал, қорықпай қора түбінен өрген еліктерді былай қойғанда, көң тепкен қаз-тауықтардың өзі де қой көрмеген "тайганың тағысына" бір таңсық. Таң атар-атпастан шал мен Жақып сүйрей жөнелгенде қонақ үйдегі қолқылдақ" бір жарым ұйқылық төсегін қимай қипақтап еді. Енді жұмақтың есігінен сұраусыз кіріп кеткендей аңырап тұрыпты да қалыпты. Шал байғұс көтерген түйіншегі мен дермантин сөмкесін қоярға жер таппай:
— Қалай, бүгін сендерге қоян қуырып берейін бе, әлде күрке тауықты құрғақ шарапқа тұншықтырсам ба екен?! — деп қалбалақтап жатыр. — Тек бақыттарыңа қарай бастықтар кеп қалмаса болды.
— Бастықтар келсе базарымыз тарылар деймісің, олар да жұмыр басты пенде шығар?! — деп Жақып жайбарақат қош көңіл көрсетті.
— Бастықтар келсе жайымыз жаман болмас еді, тек ондайда әдемі сұхбаттың пиәңкештікпен тарқайтыны жараспайды-ақ, — деп шал бұл жолы билікшіл жұртқа нәумездігін білдіріп алды, бірақ артынан: — мал өзіміздікі, ауыз бар, тулақтай аралдың билігіне ешкім таласа қоймас, — деп жуып-шайған болды.
Аралы тай шаптырым ғана жер екен. Ұзыны бес-алты, ені екі-үш шақырымдай ғана ойпат. Көгалы белден, топырағы сыздау, тегі шыбын-шіркейі молдау болса керек. Бұрын білмеген Бекетке арал су деңгейінен төмен жатқан сияқты көрінді де, сал үстіндегі адамдай табан астынан тиянақ іздеп, өз салмағын өзі сезіне алмады. Сан жыл плот айдап үйреніп қалған көз қанығы ма, теңізге қарасаң ағаш басы шыр айналып, арал ағынға қарсы заулап бара жатқан секілді.
Қыстаудың іші де өзгермепті; екі бөлмеге ортақ орыс пеші, төр жақта екі қабат нар, ауызда баяғы сол іргесін сәкілеп тастаған ұзын стол, тек босағада жататын ақсақ егерьдің ағаш аяғы мен ала спаниель ғана жоқ.
— Дядя Осип, ит ұстамайтын ба едің? — деді шешініп, желпініп шыққан Жақып.
— Сен де қызық екенсің, бір үйге бір қатын ұстаған соң, босағаға тағы да ит байлап не қажеті бар?! — Шалдың қашанда күлейін деп тұратын тотияындай көкпеңбек жанары займкесіне жетіп алған соң тіпті қуақыланып кетіпті. Туасында арамдығы жоқ, тұла бойы тұнып тұрған әзіл, ұстараның жүзін де тілмен қайтаратын әулие шал томпаңдап жүріп үйшік біткеннің аузын ашып тастады да, жем іздеп безектеген қаз, тауықтарын, үй қоян, күрке тауықтарын күресінге шашып жіберіп сөзін тағы да әзілмен бітірді.
— Бүгінгінің иті де естиярлықтан жұрдай, кісі қабудың орнына малға шабатын болған, — деді. — Адамнан ақылды деген соң сабакаводтан бір овчарка әкеліп едім, осындағы екі-үш елік, бес-алты күдірді қуалап ит қып жібергені!.. Ал тұрмаңдар, маған көмекші керек.
— Мәселеңки?
— Оның не мәселесі бар? Отын жарасыңдар, от тамызып, күрке тауықтың жүнін жұласыңдар, артылсаң — монша жағасыңдар. Лектріңнің шыжымы маған жетпей қалған. Осының бәрін жарықта бітірмесек ырбиып аш жатамыз.
— Белгілі болды! — деді Жақып. — Көмекші көбейген соң тет Маш сыймай кеткен екен ғой.
— Тет Маш?.. Зауалдың ол қатыны тырқиып қалған! — деп шал себеттің астына кіріп кеткен еді, қайдағы бір ескі жейде, көне шалбарларды құшақтап қайта шықты. Матасының қымбатына қарағанда келген-кеткеннің иығынан түскен артық ауыс болса керек, жараспаса да өзінің үстіндегісінен тәуірлеу екен. — Малы бағулы, үйі жайғаулы, сосын ақ халатқа оранып жата бергенді кім жек көрсін. Екі ай бойы бәлністен шықпай қойды! — деп тағы да кемпіріне тиісті. — Құдайдың құдіреті, кер жақтың қатынына да құл табылған соң заманның кеңшілігін айтсайшы!.. Кәне, киініңдер. Әлде алдымен ауыз шайқап аласыңдар ма?
Осип қамыс күнқағардың астына дермантин сумкасын сүйреп келді де "каберне" шығарды.
— Бұл күрке тауықтың сорпасы, дәмін кейін аларсыңдар, — деді, сосын "экстраны" көрсетіп, дүмінен алақанымен қағып-қағып қойды да: — әлгі существенныйы осы болады! — деп тамсанды. — Ал мына біреуді өзің біл. Кеше Мікіржан албасты қылқылдап қоймаған соң... Түнімен асқазаным қыжылдап шыққаны. Иттің ішіне сары май жақпайды деп сынаптай кілкіп кеңірдегімнің құярында тұр. — Шал "Ереванды" Жақыптың алдына сырғытты. Әр бөтелкені айдарынан танып, әрқайсысының "шипалығын" жатқа соғып отырғанынан займкенің келімді-кетімді "жұрағатының" кімдер екенін Бекет сырттай-ақ таныды.
— Мұны мына бастық ішсін, менің де бөтекеме жақпайды, деп Жақып "Ереванды" Бекетке асырып жіберді. — Айтпақшы, жөндеп танысыңдар, лесхоздың главный лесничийі, артынан ұятты боп қап жүрерсің.
— Е, онда өзіміздің адам боп шықты ғой, — деді шал. — Сенің қасындағы көп саяқтардың бірі ме деп... Қалай, джуз-джуз?..
6
Бекеттің бәсекеде Жақыптан жығылғаны осы еді. Қолына шалғы ұстап көрмеген орашолақ құр ұрғылап жыға бергені болмаса шоп шауып жарытпады, өзімен-өзі алысып күн иыққа көтерілгенде-ақ бұрлығып қалды. Дымды құрытатын — істеген ісіңнің берекесін көрмеу екен. Әлгінде ғана жапырып кеткен жолы әрбірден соң жал-жал боп ербейіп қайта тұрады. Ынжықтан өткен жеккөрінішті жан бар ма? Жақып та мұны жақтырмаған сияқты көрінді. Үн-түн жоқ, еңкейіп жатып алып шалғының сырылы мен шөптің сылдырынан құлағын бір алмайды. Жалпы жұмыс үстінде түксиіп тіл қатпайтын әдеті еді. Бескемпірден "тасқабақ" деген есімді де осы мінезі үшін алған. Өшіп-өліп те жатпайды, бітірген шаруасын түгендемейді, алдағы қалғанын да есептеп көрген емес, бірақ, бүгін тынатын істі ертеңгінің несібесіне жүк қылмайтын қарыспалығына жігіттер көндіккен. Соның бәрі де адамның табиғатынан шығатын, сүйекке біткен тәртіп екенін Бекет енді ойлап тұр. Кеше бүкіл ғұмырын балтаға арнағандай көздеген ағашын қиянда тұрса да жықпай қоймаушы еді, бүгін ғұмыр-бақи шөп шапқан пішенші секілді және ісінде әттең дейтін қылау жоқ. Оның "Ақсуға" қайтар-қайтпасын білмей тұрып, мұны лесхоздың қай шаруасына жексек екен дегенді кешеден ойлаған, қазір де соны ойлап-ойлап лайықты қызмет тауып бере алмай қиналды. Қызмет табылмайды емес. Лесхозға мың Жақып сияр-ау. Ал мың Жақыптың бәрі бір Жақыптай бола бере ме. Бекет өзін Жақыпқа қарыздар адамдай қысылады. Бірақ соны жақсылық жасадым, әйтпесе жақсылығыңа разымын деп жариялап қайтарғысы келмеп еді. Бір кездегі өштігіңді, қастығыңды да ұмыттырып, кісі болуыңа себі тиген адамды көңілден өшіріп тастағаннан өткен кісәпірлік жоқ. Бекет жалғыз қалғанда жанын жегідей жейтін нәрсе осы. Жақыпты іздеткен де осы. Бұл да әзірге көңілдегі ниет. Әйтпесе екеуі әлі тіс жарып сөйлескен де емес. Мешел қатын алды деп еді, селт етпеді. Бескемпір оқуына кетті деп еді, селт етпеді. Лесяның жәйін айта алмады. Айта алмағанын ол да түсінді Не деп айтсын? Әйелің екі қабат болып қалды дей ме?.. Іштегі нәрестенің кімге тартарын бір Құдай, сосын мен білем дей ме?.. Арасындағы іштей арбасу Лесядан басталған сияқты еді. Екеуінің ортасындағы іштей тоқайласу Лесяға тірелгенде сырттағы бар ықылас сөгіліп жүре береді. Оны Бекет те, Жақып та жақсы сезеді. Сезгенін бір-бірінен жасырып-ақ бағады. Бірақ жасырғанмен сезім шіркін леп шықпаса да беттен шықпай жата ма... "Тиянақ - қонысын таппаған қу саяқтың өмірі-ай!.." Расында өмір кінәлі ме? Бой тоқтатқанмен, ой тоқтатпаған көңіл саяқтыға емес пе екен? Қырыққа жеткенше бойың құлықтан асқанмен ойың қыр аспаса кім кінәлі?..
— Мына шал қу екен! Сені шалғыға сап қойып, өзі моншасының түтінін сарықпай әлі жүр, — деп Бекет қыстау жаққа кеңірдегін соза берді. — Тым болмаса шайға шақырмады ғой өзі.
— Күндіз шомылған моншаның сәні жоқ, — деді Жақып. — Және ол моншаның түтіні емес, қол көріктің, қайын қабығының түтіні. Осекең омартасында жүрген болуы керек.
Бекет түтіннен басқа еш нәрсе аңдыған жоқ еді. Сонда да түк көрген жоқ. Жақып жерден бас алған жоқ еді. Сонда да шаруаның қыбырын арқасымен-ақ сезіпті. Дәл осы аралда мың жыл өмір сүрген адамдай. Ойында ешқандай барық жоқ, шалғысының жүзін шөппен сүртіп, қайрақты қолына қайта алды. Бекет шаршап тұрған. Жұмыстан емес, қолынан жұмыстың келмегеніне шаршап тұрған. Адамды қарадай мас қылатын жапырақ пен шалғының иісінен-ақ буыны кете бастап еді. Көзге үйік болмай Жақыпты қасына ала жатсам деп еді.
— Баға алмай жатқан малы жоқ қой, жинап алса осы да жетер, отыр, — деді.
— Мал көп қой, — деді — Аралдың бес-алты елігі емес мұз қатқан соң осы өңірдің бүкіл төрт аяқты тағысы шалды табады, — деді.
— Түс те боп қапты-ау, — деп Бекет аспанға қарады. Қарады да мәз болып күлді... Бір нәрсеге құлқы болмаса Мешелдің мезгілден бұрын күнге қарап мөңірейтін әдісі еді "Итің жас қатынды құшып жатыр-ау!" ...Жақып белуарына дейін шешініп тастады. Құж-құж түкті денесі шойындай боп күйген, жүн арасындағы тер моншақтары күнге шағылысып қылаудай жылтылдады. Екі емшегінің үстіндегі көк ала татуировканы да Бекеттің бірінші көргені. Оң жағында — якорь сол жағында — жүрек, жүректің ортасына "Ж.Л" деп жаздырыпты, "Ж"-сы Жақып шығар, сонда "Л"ы.. Любовь... Жоқ-ә, Леся болғаны да. Шалдың Жақыпты подводник дегеніне енді сенді. Ал, Лесяны...
— Есіңде болсын, шөп түстен кейін жақсы шабылады, — деп Жақып шалғысын қолына алды. — Жалпы, жұмыстың бөрі құм қайта өнеді.
Шалғының жүзі шалғынның түбінен сыр етті. Бекет ілесе алмады. Ілеспегені, Жақыптың көкірегінде кеткен Лесядан қаймығып еді...
..."Әй, Қара шелек! Жыныңды қағып аламын!" — дейтін. Жақып артына бұрылғанда Қара Дию қырқылмай қап кеткен бір шоқ шөпті жұлмалап тұрушы еді. Қағып алатындай шіреніп тұрып, кеп-кесек қып тұрып айтатын. Бірақ қағып алмайтын. Қара Диюлығымен қорқытатын. Қазір ойласа қорқытқаны да емес, сыйлатқаны екен де. Әйтпесе Қара шелекті маңдайынан шерткен емес. Төлеш біреумен жанжалдасып, біреуді жанжалдастырыпты дегенді бүкіл Затон естімеген шығар. Қайта кешірімділігі көп болыпты. Бір жылы ұзын сарыда туайын деп тұрған құнажыны есігінің көзінен ұрланды. Қара Дию әуре болып іздеген жоқ. Іздемек болған ағайындарға: "бойына сіңсе ас болсын, ұрының да аузы бар ғой" — дей салған. Бірақ үйінен озбай отырып-ақ соқыр Жалбағайды босағасынан төрт аяқтатып кіргізіп, өзінің де емес, кемпірінің кебісін сүйгізіп кешірім сұратқан. Қара Диюдың малының құты қара кер бие болса, ошағының ырысы қара кемпір еді. Соны сезетін де асты-үстіне түсіп айналмаса да анда-санда өстіп аруағын көтеріп тастайтын. Екеуінің сыйластығы да қызық еді; екеуі бір-бірін өмір-бақи іздемейтін сияқты, бір шаңырақтың астында отырып бір-бірімен әй деп сөйлескен емес, бармысың, жоқпысың демесе де бір-бірінің бар-жоғын жүйкесінен сезетін: шалы ұзақ жолға аттанса, қара кемпір күресіннен түспеуші еді де қара кемпір анда-санда иә қалжа, иә бата оқырға кете қалса, Қара Дию өз дастарқанының дәмін менсінбей қоятын. Мұндайда Қара шелекті қасына алып, ошақ басынан қатын-баланың арасынан аулағырақ түз шаруасына кірісетін де оңашада жалғыз ұлдың барын емес, жоқ қасиетін сынап қажытатынын қайтерсің. Бала кезінде құлағына құйғанын есейгенде де сан қайталаушы еді.
Қара шелек онжылдықты бітірген соң қалған оқуды мен өлген соң түгендерсің деп Қара Дию бір жола шаруаға жегіп қойды. Бұл неме маған ғана емес, елге, өкіметке де керек-ау деп ойлаған жоқ. Ойлағанмен де оның ұғымында, ел-жұрт — бергісі жатақтар, онан ұзаса затоннан асқан жоқ та, Құдайдан соңғы сол аумақтың өкіметі өзі болған соң солай шешті. Ел асырау дегенде де Қара Диюдың жеткен жері осы болса керек. Қара шелек те Зерендіден басқа қала, Бұқтырма мен Ертістен басқа Дария барын ол кезде есепке алған жоқты. Оның үстіне соғыстан кейінгі жылдары ошаққа тас болатын еркектің төбесі затонда санаулы-ақ қалып еді. Шаруаның уайымы ғана емес, өз жолын өзі танып, өз ноқтасын сүйреп ертерек ер жетсін, өмір кешсін деді ме, әлде кешікпей өлерін сезді ме, Қара Дию Қара шелекке қатын әперудің қамына да ертерек кірісті. Қызы бар түтіндердің зәузатын жеті атасына дейін тексере келіп, көбісі қарта тамырлы жегжат болып шыққанда, "япырай, асыңды бөліп жарар ағайынды қойып, аруағыңды сынар дұшпан, сүйек жаңартар жат та азайып қалыпты-ау" — деп налығаны бар. Дұшпаны жоқ жаттың кім екенін білмейтін Қара шелектің пәруейіне ол кезде тинамдай түйсік кірсе не қылсын.
— Әй, Қара шелек!..
Жақып ұйқыдан оянғандай селк етіп артына бұрылған. Төсегін көтеріп Осекең келіп тұр екен.
— Кел, ашымал іш! — деді.
Ашымалы қара нанның қабығына бөктірген квас екен.
— Асқа дейін асқазандарыңды шая тұрыңдар, — деді. — Қалай, баяғың есіңе түсті ме? Кешке дейін бір гектарды сыпырып тастайтын түрің бар. Артынан моншаға жатып шықсаң бір жылғы арам теріңнен құтыласың.
Осекең Жақыпқа жақсылық жасап тастағандай қарағай көлеңкесіне міндетси келіп отырды. Қолғабыс еттің, қолымды босаттың деп рақметін де айтқан жоқ. Үйге шақырмай сусынын осында көтеріп келуі де минуттан мысқал уақыт ұрлаған шаруақор адамның қулығы екенін Жақып та сезді. Құлағында қалған Қара Диюдың "қара шелегін" де тегін қайталап тұрған жоқ, бәрі де Жақыптың көңілін табудың амалы. Енді келіп "баяғыны" жақауратады. "Баяғы" деген өзі емес пе. Шалдың "баяғысына" да бар болғаны жиырма шақты жыл өтіпті.
Пішен басталысымен Қара Диюдың паегі атанып кеткен дәл осы сары жонға екі үй жұрттан бұрын қара қос тігіп, елдің ең соңында қайтатын. Ала жаздай шөп шапқанда, тышқақ лақ бітіп көрмеген Осиптің қорасында оны жейтін тұяқта жоқ. Шайлығы да, айран-шалап ағы да қара кемпірдің мойнында. Қара Дию жыл сайын құнан шығар өгізін соғымға жығып беріп, бала-шағалы Осиптің аузын қызылдан айырған емес. Темірді қайыстай, қайысты жібектей созып, ағаштан өрім тоқитын Осиптің шеберлігіне бір мінер аты, бір киер шапанының өңі түспейтін Қара Диюдың ұзын қолын қосқанда тұтас бір артель еді. Қыр елі зәру болып отыратын қамыт-сайман, арба мен шананың, үй мүлкінің әбзелдері Қара Дию бір жортып қайтқанда екі семья емес, затондағы бүкіл жатақтың қажақ-құжақ көже қарасына талшық боп құйылып жататын. Бірінің еңбегі, бірінің алымы мен беделі, былайша айтқанда "торговый баланс" бұзылмайтын іштей есептің бір шарты секілді Екі үйдің ыдыс-аяғының араласуына басты себеп бұл да емес. Ол — сүйекке бітпегенмен, ниетке жазылған ағайыншылық еді. Жұрт жер кепеде отырғанда бүкіл Затонға атағы жайылған Қара Диюдың қара шаңырағы Осиптің әкесі Тимофейдің қолымен тұрған. Тимофей бірінші дүниежүзілік соғыстың окобында қалды да артындағы жетім-жесірлері Төлештің қанатына тығылған екен. Қыз-қырқындарды ұзатып, Осиппен "әкесі құрдастың баласы да құрдас". — Өкіл әкелігін сатпаған, бірі өгеймін деп өзге түгілі өзіне-өзі айтпаған. Төлеш Қара Дию атанғанда ең алғаш түсірген келіні осы Осиптің әйелі Маша екен. Бұлардан тараған ұрпақ та барды жария қылып жатпайтын табиғатынан ба, осы біз ағайын едік-ау деп есеп жүгіртіп көрген емес. Осекеңнің өкініші, ұл-қызын бүкіл Советтер Одағына жайып жіберіп, ең болмаса немере жетелей алмай затонда қала бергені. Жақыптың өкініші, оған жетелете қоятын артынан бір шикі өкпенің ермегені. Шалдың "баяғыны" қозғауға қорқатын, Жақыптың "баяғыны" естісе ат-тонын ала қашатын бір осал жерлері осы.
— Господи!.. Разукрасили-то тебя как?! Кажись, нынче вроде не в моде? Аль по дурачеству?..
Жақып жейдесін киіп, көкірегін қымтады. Қыдырып кеткен Бекет жалбыз бұрқырап қайтты. Бір уыс бүлдіргенді майлыққа төгіп, ол да көлеңкеге тығылды.
— Жидектеріңіз бөденедей екен! — деп тамсанды. — Тек босқа шіріп жатыр. Біздің Алматыда болса торғайына дейін тоңқайып жатып терер еді...
— Ылғалдың көптігі де. Піспей жатып шіриді, — деді шал. — Біздің затондықтар ежелден жерге қарауға ерінетін жұрт еді, қазір де ләпкеден басқаға мойны жар бермейді. — Шал бүлдіргеннің біреуін тіліне салды да толғап-толғап түкіріп тастады. — Со қалпында су!.. Жидектің көкесі баяғыда еді ғой. Біздің Яшкаларды пішен кезінде құйрықтан теуіп тұрғыза алмайтынсың. Қара шал ауыз жарымайтынға алданасыңдар деп айғайлаушы еді. Жарықтық, жұртты көп нәрсеге үйреткенмен өзі де көп нәрсеге үйрене алмай кетті ғой, — деп Осекең жымиып басын шайқады. — Кейде Құдайды танымайтын, кейде сопы сияқты еді. Тек көң тепкені үшін тауықтың еті мен жұмыртқасын дастарқанға жолатпайтын. Пәленшенің үйі тауық жеп отыр екен дегенді естісе, ел шетіне аштық кіргендей шошитын марқұм, сол күні бір лағын сойса да ағайынның сыбағасын жіберуші еді... Әй, мына жұмыртқаны жеп қойыңдар! — деп Осекең майлық үстіндегі аздаған шайнамасын жігіттерге сырғытты. — Бұл да табиғат жаратқан тағының қиналып тапқан тұқымы. Күрке тауықта былқып тұр. Монша да әзір, тек күн қайтсын деп отырмын.
— Саналы жұрт тамағын тал түсте ішуші еді, — деп Жақып Бекеттің қас-қабағына қарап күңк еткен болды.
— Е, оның да дұрыс! — деп шал мырс-мырс күлді. — Санамыз жеткен соң тауық тұрмақ жұмыртқаның да дәмділігін біліп алдық. Ет дүкенінде де осы екеуінен басқаға қарамаймыз... Бір сәуегей, жолдастар, ет жеу жағын азайтайық деген екен. Әсіресе сүбе мен сүр жеген еркектердің аяғы тоңғақ келеді депті Сол айтпақшы, көсілгенде көрпелерің аяқтарыңа жетпей жүрер, әзірге осымен тояттай тұрындар, -деп Осип қайың төсегінің қақпағын жауып, суық шайнаманың қалған-құтқанын қабығына дейін қаз-тауықтың сыбағасы деп майлыққа түйіп алды.
Қасарысқанда күннің қайтар түрі жоқ, тас төбеге тасырайып шытып алып, сол тағынан қайтып түспейтіндей ыздиып дүниенің апшысын қуырып барады. Екі аяқтыны қойып, қырық аяқты жәндікті де көлеңкеге қуып тыққан ба, етектен өрмекші, төбеден шыбын буып маза берер емес. Тайганың бұлардан да аш масасы алдымен құлағыңа жарапазан айтып сыңсып келуші еді, аралдың шіркейі ағайыншылығын салық қыла ма, ашық қалған мүшең түгілі аузы-мұрныңды да менсінбей қолқаннан бірақ шығады екен. Терлеп-тепшіп бусанып алған Жақыптың тырп ететін түрі жоқ. Шыдамаған Бекет шырпы жинап түтін салды. Терісі қалың Осекең отты көрген соң тұрғысы келмеді. Шаңқай түстің ыстығынан қаша алмай қалған қыстау да тым-тырыс; сенсең бөрік кигендей төбесіне бір шошақ шөпті милықтатып алып сеневал шошаяды, су жағасындағы есік-терезесін ыс басқан қара монша әбден кенезесі кепкендей екі иінінен дем алып сәңірейе қарады. Кеңсірікті қарыған осынау аптапта қалжасы жаққан шал ғана; бойында шықпай қалған жел-құяңы бардай сары тапқа қақтанып жатып:
— Яшка, есің де ме, сенің тойыңды осы жонда өткізгеніміз қайда?! — деп әлдебір әңгіменің шетін түртіп еді, өзімен-өзі мекірейіп мүлгіп отырған Жақып шалдың аузын бақпастан тұрып кетті.
— Дүлейдің тілін мылқау түсінеді деп ақсақ егерьге құдалыққа қара шал мені салып еді, — деп Осекең әлі сол құдалықта отырғандай отқа шырт түкіріп, ыс басқан саусағындағы шөштиген "прибойын" шертіп-шертіп қойды.
— Елдің аты ел ғой, — деді. — Қара нанға бүйірі шықпай отырғанда әр түтін бір-бір лагон балсырасын теңдеп келіп, бүкіл затонның қатын-қалашына дейін төрт аяқтап қайтып еді... Әй, Яшка, теңізге түсуші болма! Ешкі қотыр боласың! Тіпті шыдамасаң терістегі тұмаға бар!..
Жақып бір көш шіркейді төбесіне шиыршықтап алып тоғай арасына сіңгенше Осип қарт бежірейіп қадалды да отырды. Өзі қартайса да көзі қартаймаған адамды Бекеттің бірінші көргені. Қарашығы бөлінбеген тотияйындай көкпеңбек жанарында бөтен бір кіршік жоқ екен, аршыған тұздай жылтырап, нұр сепкен ұясынан Жақыпқа деген қимас сағынышты аңғарды.
— Солай!.. Заман деген осы!... — деп шал енді қартайып қалғанын уайым еткендей күрсініп біраз отырды. — Жарықтық, қайын атасы қоржынына қоқым тоқтамайтын берекесіз, қазанына қақ тұрмаған кедей еді. Сонысына қарамай көрінгенге ағаш аяғын ала жүгіретін шақар болды, — деп Осекең әлгі бір мұңын ұмытып, енді кеңк-кеңк күліп алды. — Тегі мінез бітпегеннен мал іздеп, мал бітпегеннен мінез іздеп шатасамыз. Қатпарсыз жерге қаспағым тұра ма?! Сен Жақыпқа әзілдеп болса да айтып қойып жүрме, қалжыңға да қажитын кіділеу жігіт қой, кейіп жүрер... Содан осы Лесяға құда түсіп келейін. Қара шал жұмсаған соң келмейтін бізде көп бар ма. Сөйтсем әкесі шіркін өзінің тауығы әтешсіз жұмыртқалап жатқандай, "жарымаған жатаққа қыз бермеймін", — деп келіп шіренсін. Оң жағынан бір шықтым, сол жағынан бір шықтым, кенет деген не! Ақыры бір-біріміздің кем-кетігімізді түк қоймай тізіп, керісіп тындық. Кісі қарасын күтіп көрмеген қотиын байғұс құдалықты ұрсын ба, аяғындағы келсабымен қорқытып қоймаған соң жыным ұстап, сыпырып алып тайып отырайын. Соноу затонға дейін соңымнан салақтап барып, айналайын, қыз садаға, аяғымды тастап кет деп жалынғаны. Әңгүдіктігі де, оның ағаш аяғын мен малданып кетеді деп састы ма екен?! Солай!.. Әр заман өз ақылымен дана, өз ақымағымен думан. Кешегі қызығың бүгін мұң, кешегі мұңың бүгін күлкі... Сөйтіп үйленген Жақып еді. Қатынымен қалай өзі? — деп шал екеуден-екеу отырып сыбырға көшті. — Жарасып-ақ кететін жандар, амал қанша, қырсық шалса қырсызды түйенің үстінен де ит талайды деп...
— Өздері білет те...
— Өздерің білсеңдер нағып жүрсіңдер? Дүниенің төрт бұрышын өздерің түгендесеңдер артық ауыз болмай біздер баяғыда-ақ жұмақтың жылы төріне уайымсыз кете беретін едік қой! — деп Осип Бекеттің жауабына жарымағанын аңғартты да оттың қоламтасын квастың сарқынымен өшіріп тастады. Сығырайып, шақар күннің қалған жолын есептеді. Сәңірейіп көкжиекке телмірген қара моншаның төбесіне қарады. Түтіні сарқылып, ауыз-мұрнынан жалын атып тұр екен.
— Жә, мен моншаны баптайын, — деп Осекең орнынан тұра беріл, мүйістен бажылдап шыға келген моторлы қайықты тағы да аялдап қалды. — Қасындағы әйел ме?.. Құдай ұрды десеңізші! Еркек қос боп емін-еркін отыратын!.. Тоқалын сүйреткен қаратаяқтардың бірі болды-ау нағылса да...
Қаратаяқ па, қаражаяу ма, Бекетке бәрі бір еді. Жалғызсыраған адамға әйтеуір жәрпілдейтін ауыз керек. "Тоқал" деген сөзінің астарынан, тырыса қалған қабағынан шалдың ит ерткен қонақты жақтырмағанын сезді. Жақтырсын жақтырмасын, танауы көк сүзген тырылдақ қайық сұқсырдай сумаңдап займкеге тура шапқан, екеуі ырғалып-жырғалып жағаға жеткенше артына міңгескен жалғыз жолаушыны түсіріп тастап, біреу ұстап алатындай қалаға қайта қашты.
7
Лесяны шал да, Бекет те күтпеген еді. Бекетті Леся да күтпеген екен. Шалды көріп жадырап келе жатқан жүзі Бекетті көріп кілт суыды да аяғын шұқанаққа тығып алғандай селк етіп оқыс тоқтап қалды. Лақылдаған ақпейіл қарт мұны байқаған жоқ, өрмекшідей тарбаңдап барып, керіскендей келіншекті еңкейтіп тұрып бетінен сүйді де, айырылып қалатындай қолынан тас қып ұстап тура үйге жетелеген..
— Ой, жаман қыз!... Жұртты да, жұрағатты да ұмытқан жаман қыз! — деп қолды-аяққа тұрмай жалбақтап жатыр. — Адасып жүргеннен саумысың?! Мен біздің үйдегі зауал ма деп енді болмағанда қашайын деп тұр едім!..
Керіскендей келіншек тартыншақтап, кейіндеп қалған Бекетке жалтақтай берді. Реңінде қысылу да, таңырқау да бар еді. Таңырқағаны, тағы да Бекеттің тосыннан алдынан шыққаны шығар. Қысылғаны, қарттың адалынан болса да артық жалбағы. "Жаманына" көнсе де, "қыз" деп мүсіркеуі жерге тыққандай қылды. Балықтай ұрғашының қолтығында жорғалап жүрген бүргедей шалды көргенде Бекет те не күлерін, күлмей тұрып қашарын да білмеді. Жүздеспеген бір-екі айдың ішінде Лесяның толғаны ма, тозғаны ма, бұған да аң-таң. Мықыны жарланып, тоқ құрсағы томардай көкірегін тіреп қапты, мәйектеніп, майқанынан мамырлай бастаған денесі сере сауырлы бестідей тұп-тұтас боп көрінді. Аппақ мойыны ашылмаған қайың сілегедей жұп-жұмыр екен, жалт етіп айналып бір қарағанда көз шарасының үлкейіп, маңдайы мен бетіне күреңітіп ноқта түскенін де байқап қалды. Әйтеуір бар бітім-тұрпатынан бұлқынған тегеурін мен құрсақ күтіп отырған отыздан асқан тұмсаның бұрқыраған ыстық лебін жасыра алған жоқ. Бекет тосырқап тыста қала берді. Тосырқаудан басқа қызғаныш секілді көкірегін шым еткізген бір өкініш сезімі де бар еді. Бұл неге келді екен деп бір ойлады. Несіне келді екен деп тағы ойлады. Неге келді дегені — Жақып екеуінің арасын аша ма, әлде қоса ма? Несіне келді екен дегені — әлгі бір қызғаныш сезімнің айғағы. Қалай аунап түссе де бүгінгі көріскендей келіншектің салмағы Бекеттің мойнында. Ал кешегі аспан көз әдемі келіншектің момақан назы жеңілдеу сияқты еді, бірақ қазір оны таба алмай да, танымай да тұр.
Осип қарт пен Леся салдырлап үй ішінде көп айланды. Ауыз жаппай сөйлеген шалдың даусы мен темекіге тұншыққан кәрк-кәрк жөтелі қатар естіледі. Бекет не кірерін, не кірмесін білмеді. Есік алдындағы айдары салақтаған күрке тауықтың айғыры да қанат-құйрығын жайып жіберіп, пыс-пыс айбат шегіп, "саған не бар" дегендей көрк-көрк бақылдап қоймады. Күн қызарып, қарағай басына таял қалған екен. Қаша басына қарғып шығып, тарғыл әтеш дабыл қаққан кезде моншасы есіне түсті ме, босағадан Осиптің бурыл басы көрінді.
— Оу, нағып тұрсың, қонақ келді ғой! — деп дәурікті шал. — Әлгі Яшка қайда жүр?!
Дегбірсіз шал қаңғалақтаған басын қайда апарып тығарын білмеп еді: қаз-тауықтарын бақыртып қораға қамады, тепкілеп жүріп сенек пен жаппадағы бөлек-салақ заттардың көзін құртты, тандырдың қоламтасын түрткілеп оттың көзін ашқан соң есін бірақ жиды да, ауласының ортасында төбеге ұрғандай қалшиып тұрды да қалды; босқа танаурап, жығылып-сүрінетін маған не жетті деп өзіне-өзі қайран қалған сияқты; күн ұзаққа тауыса алмаған күйбеңін, күн ұзаққа ермек қылған кішкентай тірлігін қас қағымда бір жат көздің көңіліне қаужап тастағанына өкініп тұрғандай; тас керең қыстаудың тыныштығына құлақ түріп басын шайқады да, молаққа мініп тас керең отырған Бекетті көріп күлді.
— Сорлы екенбіз ғой! — деді, сосын қасына келіп жалп етті де папиросын суырды. Көзінде кекесін жылт бар. Неге айтқанын Бекет жіліктеп түсінбесе де кімге айтқанын жобалап сезді. Санасына тақамен тепкендей шық ете қалып еді, шал көңілінің зеректігінен шошынды да, қызыл түлкінің құйрығын көрдім деп ін аузынан кетпей қойғанына қысылды.
Бір уыс бұлттың бауырына тығылған күннің көзі де қызыл түлкінің құйрығындай алдап тұр. Солаң етіп шыға келсе шағып алатыны белгілі. Соған алданған күнбағарлар да солбырайып ұйықтап кеткен екен. Сенсең бөрікті сеневалдың көлеңкесі состиып су жағасына барып қапты. Ана жыртық, мына жыртықтан мұрты жыбырлап жырық езу қояндар қайта бастады.
— Тұқымыңды ұрайындардың біразын қырмаса болмас. Үйдің маңын шұрқ-шұрқ қып тесіп тастады, — деп шал іргені тырмалап жатқан біреуіне жеңді білектей жаңқаны жіберіп қалды. — Тым көбейіп кетсе бұлар ауру таратады.
— Көбейгенде аралдан асып кетпейтін шығар?
— Ойбай, бұл иттің әр саулығы бір жазда елу-алпыс күшігін салып тастайды. Қасиетті мал болса қолдан қайырсаң да өспес еді!.. Қой, шатырға шықта шабынатын сыпыртқы алып түс. Моншаға баралық.
Шатырдың іші дизкамерадан да қаңсық екен. Ағаш үйдің неше ғасырды арқалап тұрғанын кім білсін, әйтеуір ресейден келген шарқай мен кендір есетін ұршыққа дейін осында жатыр. Осип шалдың аңыз қып айтқан ағаш аяғын да солардың ішінен көрді. Тұншығып жүріп түкпірдегі адалбақаннан екі-үш сыпыртқыны зорға тапты. Аяғында пима, басында құлақшын, үстіне тон киіп бадейка сүйреп бара жатқан Осип шал шатыр ішіндегі көне экспонаттардың сыңарындай болып көрінді. Моншаға жеткенше жол ортасында тәлтиіп тұрып бір дем алды. Тәлтиіп тұрып:
— Лесь! — деп бақырды. — Қазан отта, қажайтының сусекте! Осы үйде сен білмейтін қуыс жоқ, қалғанын өзің тауып аларсың!..
Баспалдақ сықырлады. Жең-жағасыз жұқа халат жыртылайын деп тұр еді. Ашыған қамырдай аппақ омыраудың таныс иісі танауын қапқанда ойына әлде бір жаман ниет оралды да басқыштың тепкішегіне аяғын сала беріп Бекет сілейіп отырып қалды. Аспан көзін төбеге аудара төңкеріп, денесін жалын қарығандай Леся алақанымен көкірегін басты.
8
Пішен иісі танау жарады. Күн батысымен көтерілген желемік шыбын-шіркейдің де ту-талақайын шығарған, құдықтың сорайған ұзын мойынын сықыр-сықыр ырғап жүйкені тырнады. Соны тұқырта салуына да мойында жар жоқ. Аю тулақта отырған Осип абайсызда мысығын босатып алды да адырайып Лесяның аспан көзіне бір қарап, етегін қымтаған болды. Келіншек кересін шамның білтесін көтергенсіп бетіндегі күлкісін жасырып еді. Аласа столға иегімен итініп жатқан екі жігіт содан күдіктенгендей қайта-қайта алақтай берді. Сықсиған кересін шамның қызғылт сағымында қан тепкен қызыл күрең жүзі тым сүйкімді, албыраған күн шалды апорттың шық қонған қабығындай тым тәтті екен. Бұрымсыз бос тастаған сап-сары шашы алқымына қайта-қайта төгіліп, алабұртқан көңілге ыстық құшақтың елесін сала берген соң, Жақып иығындағы бешпентін ұсынған, ет көтеріп кеткен жардай келіншектің жарым қапталына да жабу болмай қалды, бірақ шешіп тастаған жоқ, көптен сағынып қалған таңсығындай қымтанып, исіне түскен түрі бар. Ошақ пен бастырманың арасына сан барып, сан қайтқанда да оғаш қимыл, ебдейсіз бұрылысына дейін қалт жібермей бағып еді. Талай жыл отасқан өз әйелі екеніне өзі сенбей жатқандай; ашық-шашық бәдік мінезі жоқ, бір ғана күйеуі емес, бүкіл үй ішінің көңілін, бар-жоқтың бабын үндемей жүріп тауып, үн-түнсіз жүріп қырыс қабақтың әдібін ауыртпай жазып жіберетін биязы қылығы қаншама жақын тартқанмен бұрын бойында жоқ ұрғашының бір бөтен иісі сырт тепкендей тосырқап отыр. Буы бұрқыраған қайың астауға қып-қызыл оттығын шадырайтып сары самауырды телігенде басын бірақ көтерген.
Кересіннің иісін жақтырмайтын Осип қарт білте шамды ауланың түкпіріне апарып іліп, ошақтағы отқа отын еселеді де, тағы да қол шәйіп баптанып жүріп алды. Астауда алшысынан жатқан күрке тауық кішігірім тоқтыдай, каберненің буына пісті деп еді, оған қоса сарымсақ пен жас укроп араны ашылған екі жігіттің тағатын жеп-ақ қойды. Апыл-ғұпыл қол салуға батпай отырған. Моншаның терін бал сырамен басқан соң ғана үй иесі астындағы аю тулағын столға жақындатып ине жоғалтқандай астау ішіне үңіліп біраз ырғалсын. Майға бөккен қызыл күрең картопты бір бөлек ысырып, тіміскілеп лавр жапырақтарын теріп тастады. Сонан соң қасықпен тұздықтың дәмін алып, тамсанып тағы отырды да не заманда жұрттың сыбағасын боршалауға кіріскен. Бір жілікті Лесяға ұстатып, бір жілікті Бекеттің алдына тастады.
Жарықтықтың еті балдай, сүйегіне дейін еріп тұр екен. Тізгінді тартып қалуға шыдамы жетпеген Жақып та ара-тұра "Ереваннан" екі-үш ұрттамды ертіп жіберіп еді, монша аузынан іле шыққан иығындағы жабуын Бекет те лақтырып тастады. Аяқ-табақтың әбігеріне алданып жұрттың аузын аңдымаған Леся ғана. Танауының ұшына үйіріліп қалған терін мойнындағы орамалдың шалғайымен анда-санда бір іліп тастағаны болмаса Осип қартта үн жоқ. Бір моншаның бабын бір күнге созып еді, бір тауықтың сырбазын бір түнге ермек қылатын түрі бар. Бәсекеге түсетіндей тыраш шалдың жарауы да қиын екен, үйді қапырық, ауланы қи сасиды деп дастарқанды дөй далаға жасатқан, қарағайдың жаңқасын самырсынның томарынан бөліп жаққызып, алагеуімде бір үйір жанды бір түгінің басына қамады да қойды. Аю тулақ, қоян құлақшын, қой терісіне қымтанып алып шіренуіне қарағанда бір тауықтың шарап қатқан сорпасын біразға бұлдайтын сияқты. Әуелде бал сырадан басқаны "талақ" қылып еді, енді "Ереванды" менсінбей "экстрамен" ғана сұхбаттасып отыр.
— Мынау тауыққа паспорт беру керек екен! — деді Бекет Осекеңнің астына көпшік тастаймын ба деген ниетпен.
— Әперсең отырсыңдар ғой, — деді шал, екі ұртына көк пиязды айдап жіберген екен, шөп тасыған суырдай езуі күлтеленіп, қоян құлақшынның астынан көзі ғана жылтырады.
— Біздің паспыртымыздың біткені қашан, — деді. — Біз аралда қалған жанбыз ғой. Әйтеуір тегімізді ұмытпасаңдар бопты да...
Тауықтан басталған әңгімені шал едәуір жерге апарып тастады. Енді жұмыртқаға жетпей тұрғанда жұмырдың тойғанын сылтауратып Бекет сырттап қалғысы келіп еді, шәй ішіп қарық басу, қарын сипап солық басу деген сияқты тоқшылық салты ешкімді орнынан қозғай қоймады. Жыпырлаған қаланың оттары аралдың жиегіне жақындап қалған сияқты. Тышқан аулаған мысықтың жанарындай бір жанып, бір сөніп түн ұйқысына тыныштық бермей тұрған маяктың прожекторы ғана. Аспанның шырағы енді-енді жана бастаған. Сағым екені, толқын екені белгісіз, алагеуімде теңіз беті әжімденіп, тау қырқасындай қатпарланып көкжиекке көтеріліп барады. Жұлдыз санағандай төбеге телмірген шалдың жүзі де көнеріп өшіп бара жатты.
— Жасыңыз нешеде?..
— Жас деймісің?.. Жетпісіңді жейміз бе деп отырмын.
— Өтірік айтасың! — деді Жақып. — Жетпісті осыдан он жыл бұрын жеп қойғаның қайда? Онан да өлгім келмейді десеңші!..
— Он жылды қимай отырсың ба?! — деп қарт әлдебір қарызын даулағандай Жақыпқа жалына қарады. — Өлгім келмейтіні де рас. Әйтеуір жұмыр басты пендеге өлім бар екен деп мен неге өле салуым керек?..
Жақып қалжыңға жыққысы келмеген Осип қарт қалжыңға да, қарымтаға да көнбеді Шынында өлгісі келмейді екен. Өкпелеп қалған секілді Тон астында томпиып біраз отырды да Лесяға дастарқаныңды жинай бер дегендей ишарат білдірді. Бірақ бөтелке мен үш құтыны табақтан жырып алып қалды да отты қайта көсеп, ешкімді ертпей, ешкімнің "денсаулығына" еншілемей бір дүркін жеке шапты. Сонан соң отырсаң от міне, жатсаң орның әне дегендей қыстау мен ошақтың арасын көзімен межелеп беріп тымпиды да қалды. Кештен бері Лесяға не жақындай алмай, не жатырқай алмай отырған әрі-сәрі Жақыпқа бұл да таптырмайтын сылтау еді, қалтасының құрыш-құрышындағы балқарағайды ермек қып бұл да ошаққа итіне түсті. Жақып "экстраның" аузын қайта ашып, қарттың алақанына бір шөкім жаңғақ салған соң ғана оң қабағын беріп еді.
— Ұлы әкем Евсей жүз он жасында дүние салды, — деп теңіздің ортасына қарады. — Онда да Құдайдың ажалынан емес, өзін-өзі өлтіріп еді. Құдай алмады деп кейіпті. Кейіген себебі, бір ошақта жиырма ауыз, қырық шарқай, жалғыз-ақ пеш бар екен. Жиырма бірінші ауыз болып дүниеге мен келіппін. Шал сасқанынан үстіндегі кенебін маған ит көйлекке шешіп беріпті де, таңғы тамағын жиырма ауызға түгел бөліп, жалғыз тонын төсекке жауып, жаман бөркін босағаға іліп, жыртық шарқайын есік көзіне қалдырып моншаға кетіпті. Кешкісін әкем іздеп барса, есік-терезені қымтап, әдейі угәрлеп өліп қалған екен. Сөйтіп менің атам жүз онның ар жағындағы қалған ғұмырын міндет қып тастап кеткен. Моншаға барған сайын алдымнан Евсей күтіп отырғандай болады. Моншадан шыққан сайын мазамды алмасын деп есікті мықтап бекітіп, қамап кетемін. Түтін санасам, еркектен бес-ақ кіндігім бар екен. Қалған он бесін түгендеп болғанша ажал да іздеп табатын шығар. Менің есебімше, оған да әлі қырық жыл қалды. Енді қыртимай мынаны қағыстырып алып қой да, маған арнаған дұғаңды қырық жылға шегере тұр!..Неменеге ыржыңдайсың?!
— Монша жаққа барып қайтсақ қайтеді?..
— Құдай сақтасын!..
— Қорқады екенсің-ау?..
— Ажалдан қорқатын жастан кеттік қой, бірақ аты жаман ғой кәпірдің! — деп шал шынында есік көзінде Евсей аңдып отырғандай қара моншаның қарауытқан сүлдеріне елегзи қарап қойды. — Жарық дүниені жұмаққа айырбастап кете қалу кімге де болса қиын шығар. Оның үстіне менің әлі көргенімнен көрмегенім көп. Шынымды айтсам, енді ғана адам боп келе жатқан сияқтымын... Столяром, плотником, жестянщиком вкалывал. Одним словом всю жизнь кроховорничал. Вот и негаданно море к нам пожаловало. Когда из-под ног земля уходила, ухватился за этот островок, на старости лет вспомнил, что я русский мужик. Вспомнил, что мои предки, бородатые мужики искали Беловодье, землю обетованную полной чудес и остановились на руслах Бухтармы. Вам это ничего не говорит?.. А песни про Беловодье, сказки которые сказывали бабки?.. Забыли?.. Эй!.. Кіндігі қалада, екі көзі далада, тауға қарап ұлыған сендерде не иман қалды дейсің.
Түн жамылып отырып аузына иманды алған соң, Осекең сақалына сайтан кіріп кететіндей қос қолдап уыстап, Жақып пен Бекетті қайын жұртына апарып тастағандай қомданып қойды, Лесяның сипақтап қайта-қайта келіп кеткені жатар орынның қамы екенін сезсе керек, жаңа ғана байып отырған отағасы төсек-орынға ұятты болып қалды да:
— Еркектерге сеневалдың үсті де жетеді, ал өзің теуіп-теуіп ойылмаған жерге жатарсың! — деп қалжыңдап құтылды.
Жеті сағаттық қысқа түннің алғашқы айқайшысы, қорадан әтеш қылғынғанда үшеуі орнынан қозғалып еді. Іргеден қаланың оттары мен пирстің прожекторы, төбеден жұлдыз, қырқадан ай қадалған соң аралдың ол жақ, бұл жағы бір тұтам болып шөмейіп кеткен тәрізді. Төрт құбыласынан жамыраған сағымнан орман — бұғысына дейін сала-сала самсап тұр. Тек теңіз ғана қап-қара. Сол қара құрық теңізде киттің жон арқасындай сүмпиген үшкіл арал толқынға қарсы заулаған сүңгуір қайық секілді. Теңіздің таныс иісі шалқып, таңдайы тұз татығандай болды.
Теңіз күндізгі сағасынан қашып кетіпті. Арқандаулы қара қайық сылп-сылп су жалап тұр екен. Қорыс жиек қайраң сасиды. Баяғыда бұл өңірден күн қайта-ақ шықтың иісі аңқушы еді. Күн қайта Бұқтырманың өрінен қоңыр самал шалқушы еді. Енді сыз тартатын болыпты. Жел де бағытынан жаңылыпты. Оң-терісісіз ертең де, кеш те қуалайтыны қаланың қапырық түтіні. Қаланың оттары қалғып бара жатқандай. Қалғып тұрған қара шыршаның астынан жылқышы торғай ысқырып-ысқырып жіберді. Әлдекім өкшелеп келіп қалғандай болып еді, қарағай басында қалшиып тұрған айдан басқа, ай астында қалқиып тұрған сеновалдың сеңсең бөркінен басқа дым көрмеді. Қыстау терезесінен жылт етіп шам жанды да тез сөнді. Лесяның күтіп отырғанын сезді. Бірақ көңілі тартқан жоқ. Бозбаласында осы шамды сөндіре алмай, ақсақ егерьді ұйықтата алмай тағаты таусылатын, — іңірде ұрланып келіп, қара кер биені шөп түбіне қаңтарып қойып, таңғы тауықпен қайтатын түндер де ұмытылып барады. Займкенің оты өшкенше көз талатын, займкенің оты өшкен соң екі көзді тарс жұмып шалғынның сыбдырын тосатын. Қыз қылығы назды еді Мая төбесіне көтеріп шығармасаң көзі жаудырап етекте тұрып алатын да кетемін деп қорқытатыны бар. Көкірегімен кейде қуырған картоптың, кейде борщтың иісін ертіп келетін. Мейлі күйік татыса да ол кезде тәтті еді-ау!. Су болмасын деп ышқырына түйіп тастаған сарафанының етегін тарқатпастан, шыққа шомылған сұп-суық ақ балтырын Қара шелектің жып-жылы қойнына тығып жіберетін де тас қып құшақтап, танауымен өңірін іздейді... Леся ата-анаға суық өсті. Қара шелекке егіздің сыңарындай жабысты. Бөтен екен деп тартынып, еркек екен деп тәнін жасырып көрген емес. Қашан босаға аттағанша шымылдық ішіндегі құпия тірлік те ойына кіріп шықпапты. Күн сайын бірін-бірін аңсағанда бойжеткеннің бозбалаға деген ынтығынан көрі ұялас күшіктің сыңарын іздеген үйірсектігіне ұқсайтын. Сөйте жүріп, өзінің әйел болатынын алғаш рет Қара шелектің аузынан естігенде әрі кет деп айтпады. Алғаш рет төсек көргенде де осынымыз ұят болды-ау деп кәперіне де алған жоқ. Осындай бір айлы түнде...
— Мені әскерге шақырып жатыр, — деді Қара шелек.
— Онда мен қайтем?
— Сен біздің үйге барасың, — деді Қара шелек.
— Барсам барайын.
— Жалаңаяқ барсаң да түк етпейді, — деген Қара шелек.
Қара кер биеге жайдақ міңгесіп, Қара Диюдың қара шаңырағына жалаңаяқ кірген Леся еді...
Үш жүз алпыс бес күннің құрығанда біреуіне бақсылығым жүреді деуші еді әкесі. Жақып Қара Диюдың бақсылығы жүрген күні дүниеге келсе керек. Лесяны он алты жасында жетектеп келгенде жақтырмаған жатақтың жұртына шапағат салмастан:
— Сенің де біліп істеген бір шаруаң шығар, мейлің, қағаздай аппақ бала екен, қатын болып жарытпаса да қайырымы бар көрінеді, — деп батасын берген.
Жақып әке сөзінің төркінін мәндеген жоқ-ты. Бірге өсіп иісі сіңіп қалған соң, осы маған бөтен адам емес-ау деп ойлаған. Түбі бөтен адам болады-ау деп те ойламаған. Бұл да әншейін балалық елпек көңілдің қиялы екен. Мая төбесінде аспанға қарап жатып аймен жарысатын балалық қиялмен бірге таусылыпты. Иі бір, иісі бірдің түбі оңатынын, тым үйір, тым үйреншікті әйел жұртының қызығы тез сөніп, ер қашты қылған еркектен олардың да тез суынатынын барықсыз шағында біліп пе.
Жарты жыл отасып, жастықтың құмарлығынан көнігіп шыға алмай әскерге аттанды да төрт жыл су астында, сүңгуір флотта қызмет атқарғанда жарты жылдың қызығын медет тұтып еді. Жарты жылдың сағыныштай елесін көкірегіне көңілмен тоқып, инемен жаздырғанда арманы да, азабы да мәңгілікке қимас сурет боп қалатындай көрінген. Қара Дию қайтыс болды деп хабар алғанда қаншама қабырғасы сөгілгенмен ер азаматты жасыта алған жоқ еді, қатының қағынан жеріп, ит сарыған көрінген қашаның түбіне түнейтінді шығарды деп әлдебір "жанашырдан" хат келгенде жұлыны үзілгендей морт сынды. Ел бетіне қараудан қаймығып, флотта түбегейлі қалмаққа серт етті де қара орманнан біржола түңілген. Қайтып затонды көрмейтін де еді, әттең, қара кемпірдің топырақ салып кетсін деген зары шыдатпады, сосын дәрігерлік іріктеу комиссиясының жарамсыз деп "списаниеге" жатқызғаны жігерін біржола жындай қып езіп жіберді Жанын жегідей жеген соңғысы еді. Ол жиырма бес жасында белінен кемтар болып оралды. Қара шелек жиырма бес жасында ендігі қалған ғұмырына жүк боларлық мұң еншілеп, жиырма бес жасында ғана Жақып болып мұңмен есейген. Бұл дертін Лесядан басқа тірі жан білген емес, ал іштегі ащы қордадай қыжылдап жатқан күйзелісін өзінен басқа бөліп-жаратын пенде жоқ.
Қара кемпірдің кірпігі ғана қимылдап жатыр екен. Бір ауыз тілге келген жоқ. Ауыл үйдің өсегін де, жалғыз ұлға айтатын өсиетін де өзімен бірге ала кетті. Қарғасы шулаған қарашаның қара дауылды күнінде жамбасын жерге тигізгенде қасында қайғысына ортақтасар Осиптен басқа қарайған еркек кіндік те жоқ еді. "Әттең өлмеймін-ау, өлсем қайтып келмеймін-ау, сонда менсіз күніңді көрер едім", — дейтұғын Қара Диюдың қыжыртпасын жетімсіреп қалған қара шаңырақ қайталап тағы бір есіне салғанда Жақыптың туа жалғыздығы сонда ғана қабырғасына батты, Жақыптың жалғыздықтан қорқатын секемшілдігі де содан басталды. Жұбатқан жұрт Лесяны әуелде төркіндеп кетті деп жеткізген. Төменшіктеп айтқандарынан төркіндеп қана кетпегенін көңіл шіркін сезбей қойсын ба. Қуалап барып, айдап келуге болса да дәрмен жоқ. "Қатын кетті қамшының сабы сынды" дегізіп, жабулы жараны жабулы күйінде қалдырсам ба деп еді, оған әуелі жалғыздық, онан соң қызғаныш деген зауал тағат таптырмай, тым құрыса көріп қайтайын деп ақсақ егерьдің дәл осы қыстауына екінші рет ұрын түскендей аласарып келгені есінде.
— Мына қатыныңа ие бол! — деп қайын атасы бірден дүрсе қоя берді. — Қарауыл болуға маған қалған жетеуі де жетеді. Көңілге жығылмаса, көзін кекшитіп тұрып көгендеп ұста, әйтпесе ұрғашы деген халық көрінген сидаға қасынатын күйлеген қашардан жаман! — деген.
Леся әке сөзіне айбат жасай алмай жерге қарады. Жақып ошағына бетінен мөрі тамған бейкүнә бойжеткен тастап кеткен еді, төрт жылдың ішінде сол мөлдіреген жас сұңғақ тартып, денесі ысылып, теріскедей сақа келіншек болыпты. Тағы бір байқағаны, қимылы сидаң, күлкісі сылдырлау көрінді. Жүзіндегі баяғы сып-сынық қызыл шырайды да таба алған жоқ. Алдынан еркелеп шыққанда қылымсығанын сезген, қолтығының дымы мен алқымынан да жат иіс тепкен.. Жақыптың денесі мұздай боп, бетінің түгіне дейін бедірейе қалды.
Лесяны іздеп келген жалғыз Жақып емес-ті. Қойнына артылығын қыстырып, Анасимнің Петькасы да қиқиып осы үйден табылған. Бір кезде жұбын жазбайтын дос еді, затонның екі сотқарын көргенде клуб пен би алаңындағы жұрт аяқтарынан тік тұрып, қақ жарылып шұлғысып қалатын. Досының күмілжіп, жүзін жасыра бергенінен-ақ екеуінің арасынан қара мысықтың өтіп кеткенін білді, бірақ ырғаспай, ырылдаспай бір жартыны бөліп-жарып тарасты. Бірі кешірім демеді, бірі кешірдім демеді.
Ақсақ егерь ертеңінде Лесяны өгіз арбамен әкеп тастады. Көк ала қойдай екен.
— Сенің қолың батпайтын шығар деп шаң-тозаңын қағып әкелдім, енді қайтып сүйек сындырса қазық қатып өлтірем! — деп балтасын көрсетіп тайып отырды.
Обалы қане, Леся бұл жолы көптен сағынған төсегімен жылап көрісті. Әкенің қатыгез үкімі себеп болды ма, әлде бала күннен бауыр басқан Жақыпты бар көңілімен жан тартқаны ма, өлсем көрім берге деп етегіне жармасып еді. Күйеуінің дәрменсіздігін үнсіз кешіріп, ғұмырдың ыстық шағының тән тозбай жатып бос құрсақ өтіп бара жатқанын да үнсіз көтерген. Осы үнсіздіктің ақыры шоқ бассаң қыңқ етпейтін көмпіс мінез, қатты да, тәтті де сөз қонбайтын кереңдіктен бірақ шыққан сияқты еді. Осы мінезімен-ақ ол Жақыпқа жағамын, жанашыр боламын деп ойлаған. Бірақ оны күнде өлтіріп, күнде бір тірілтетінін алғашында білген жоқ, кейін не тартса да жазмыштан озбауға тырысқан.
Бас бермейтін тіршілік әйтеуір бір қайраңға апарып соғар деген үмітпен Жақып сонан бері де он бес жылды ырың-жырың қылыпты. Құйысқаның берік болмаған соң қырық жасында да қу жүгеніңді ұстап қала беру боқ басында екен. Қу ағашқа қонақтаған құстай Жақыптың панасыз көңіліне қара шаңырақ та, ырықсыз байланған қатын да қазық бола алмады. Қара орманның ырысы да, қасиеті де қара кемпір, Қара Диюмен сарқылса керек. Күреп тапқан табысын күректеп шашты. Бірақ онымен жар ындынын кептей алған жоқ, жұрттың ыңғайын да жомарттықпен жыға алмады. Енді ойласа, онысы жомарттық та емес, әншейін дәтке қуат алданыш екен. Көңілдің кетігі еш уақытта толмайтын көрінді. Тола қалса ол өмір ме? Ал Жақыпта толтыратын мақсұт та қалмаған сияқты. Сосын бұл да тірлік деген сайқалға керең көзбен кекжиіп бағам ба деп еді. Содан да болар, уайымсыз жұрт мұны "тасқабақ" атандырды. Өзін жұрттан кем тұтып, қор санауға үйренген басы бұған да көнген. Тек келешектің салдауы бұлдыр тартқан сайын дүниеге деген күдігі мен өкпесі қара қазандай боп асқынып бара жатқандай. Күдік пен өкпенің қыжылы қызғанышқа, қызғаныш жауыздыққа да сүйреп салуға бар... Жақыптың бір уайымы Леся. Тоқтасаң мейлің, кетсең жолың әне, бағынды байлап, алдыңнан тоспайын деп іштей бекініп те еді. Әлі де Лесяға көңілі суымаған Петьканың әйелімен ажырасқанын естігенде, сабыры таусылып, барды да тайгама жетектеп кетті. Қайдағы суық қол қолқасын суырып, қу жанын тонап жатқандай қан жылаған өзегі бүгін де бірде шоқ, бірде мұз. Бөтеннен олжа бөктерген әйелінің тоқ құрсағын көргенде кейде жарып тастағысы келеді, артынан кеудесі жаншылып, жасып, ұлып кеткісі де келеді... Қия алмайды екен. Басқа түгілі, өлімге де қия алмайды екен. Ол өзінің Лесяны сүйетінін қырыққа келгенде сезді.
Ай астында селтиіп тұрған сеновал көлеңкесін бауырына жинапты. Ай жүзіне шағылысқан аласа қыстаудың жалғыз көзі шақырая қалыпты. Шақырайған жалғыз көз Жақыпты атқылап тұрғандай көрінді. Аспанға шаншылған қадау-қадау қара шыршалар қатып қалғандай. Жым-жырт. Керең. Құлағы шулап, басы айналғандай болды. Қара құрық теңіздің дүңкиген жалы жыбыр-жыбыр жылжып бара жатқандай. Жылжып бара жатқан қаланың қалтырауық оттары екен. Қалың оттың ішінен затонды іздеді, жатақтардың шаңдақ көшесін, қара орманын іздеді... шаңдақ көшеде шыбық мініп шапқылаған Қара шелекті іздеді... Қара Дию қара кер биеге мініп алып теріс қарап бара жатыр екен. Қара кемпір күресінге шығып алып теріс қарап шығарып салып тұр екен. Іші қалтырады. Көз шарасы ысып бара жатыр екен...
Қара құрық теңіздің күжірейген жон арқасы шыр айналып заулап бара жатқандай. Заулап бара жатқан қаланың қалтырауық оттары екен. Құлағы шыңылдап, басы айналды... Заулап бара жатқан затонды, бұлдырап бара жатқан Қара шелекті, бұлдырап кеткен балалығын қуып жете алмаған соң, ай астында селтиіп тұрған сеновалдың үстіндегі Осип шалды төңіректеп, мұп-мұздай ай астындағы мұп-мұздай мылқау үйге қайтып оралған.
9
— Қалада өстің ғой?
— Қалада.
— Әке-шешең ше?
— Ғұмыры қаладан шыққан емес.
— Солай де.. Байқаймын, әке-шешеңнен бойыңда бірдеме қалған сияқты. Сыпайылау екенсің, оның атын жасқаншақтық дейді. Бірақ жасқанып тұрсаң да бір қулығың ішіңде. Бір кетігіңді екіншісімен бүркеп жіберетін зәлімдігің де жоқ емес. Солай ма?.. Ал, қаладан жұққан бойыңда қандай қасиет бар?
— Кім білсін... Балалардың бақшасын былғадық, мектеп табалдырығын тоздырдым, институты осында жүріп тауысып едім... Көрген, білген деген сияқты... барға қанағат.
— Ол, әншейін, машық, қасиет емес. Машық жүйкеге ғана жабысады, қанға, сүйекке сіңбеген.
— Онда білмедім...
— Тегі білген де жақсы, білмеген де жақсы.
— Сонда жаманы қайсы?
— Ненің жаман екенін білсем мен де әулие боп кетпеймін бе!.. Өй, сен тіміскіп әлі осында жүр ме едің?!
Жақып қара тонның қаусырмасынан сеновалдың қурап кеткен сағдарындай құла бурыл сақалды ғана көрді. Құла бурыл сақал Жақыпқа емес, шақырайған айға шошайып, түңіле сөйледі:
— Бұл жұрт жылы үйдегі жылы төсекке де сыймайды! — деді. — Жапан түзде жолығысқан екі қазақ, әрі отыршы деп бірін бірі мүйіздеп тұрғызған екен. — Осип шал Жақыптың жамбасында қап кеткен қара тонның қапталын жұлқып зорға суырған.
Кәріліктің жеткені де, жоқтан өзгеге жыныңды қасып, бұл шал да қырт мылжың болайын депті. Әйтеуір тыңдайтын тегін құлақ сенсің-ау дегендей ендігі сөзін Бекетке оқтады.
— Солай жігітім... Қалада өссең де, қаратаяқпын десең де бәрібір бөтекеңде қыр күпісінің иісі жатыр. Кейінгі немереңнің неменесі болмаса... Ол неменің де қайда туып, қайда өретінін кім біліпті...
Құдайға шүкір, бұл да өсетін жұрттың мінезі.
Осы шал нені кеусеп жатыр деп Жақып басын көтеріп, құла сақалға тағы да сұқтанып еді, қыналы тастай түк басқан сұп-сұр, сұп-суық бет-жүзі қаперсіз екен.
— Оны қай энциклопедиадан оқып едің? — деп қартқа асығын ұттырып қойғандай теріс тоңқайып қисая кетті.
— Жер деген энциклопедиадан! — деді Осип шамырқана нығыздап. — Жерге кім жақын болса, сол өсімтал. Не баспанасы, не басалқасы жоқ бобыльдің соңынан бала ергенін көрдің бе?!
Қарт Жақыпты қажайын деген жоқ еді. Аңқылдақ байғұс айтарын айта салса да артынан күмілжіп қалған.
— Жер жарықтық қасиетті ғой, — деп өзімен-өзі күбірлеп. кетті — Жер емген жұрттың жүзі жарқын, ары да, жаны да таза. Жалынғаны да, жалданғаны да еңбегі. Даярға көз сатпайды, қиянаты және жоқ... Әлі есімде, әжем марқұм картоптың әр түбін балапан басқан тауықтай шайқап өсіріп, әр түйіріне күрек тигізбей сипалап отырып, санап отырып қазып алушы еді...
Бір-екі жөткірініп, жүрелеп отырды. Буын-буыны сытыр-сытыр ете қалып еді. Жақып та аңдып жатыр екен:
— Сағдардай саудырап отырып жүз жиырмадан дәмесі бар! — деп сеневалды солқылдата селк-селк күлді.
Шал Жақыптың әзілін оздырып алды. Мойындады.
— Бүгіндік шырпы басын сындырғам жоқ, — деп күрсінді. — Бір күн қозғалмасам буынға жел түседі.
Аймен таласқан жып-жылтыр төбесін құлақшынмен милықтата жасырып, пышылдап бас жағынан бешпетін суырып жатқан шалға Бекет таңдана қарады. Күндікке тізе бүккен жоқ еді, егер шырпы басын сындырмадым дегені осы болса, күйбеңді күндерінде не қырып тастайды екен?.. Осип қарт бешпетін сілкілеп отырып сіріңкенің сылдырынан папиросы мен оттығын тауып алды. Сосын қиқым тасыған құмырсқадай жыбыр-жыбыр түртініп жамбасындағы сағдарды қаза бастаған. Әуелі тесіктен түкірік жүгіртіп, төменнен сылп еткен дыбысын естігесін барып темекісін тұтатты.
— Енді ғой, еденіңді ә күркеге толтырмай ұйқы бермейсің, ә?! — деп Жақып теріс қарап жатып торсылдады. — Ыста, ыстай түс.
— Ыстаған түк етпейді-ау, етің бұзылмайды, тек ертеңгісін екеуіңнің құйқаңды таба алмай жүрмесем болды да, — деп Осекең шошайтып апарып тесікке темекісінің күлін қақты.
Есік көзіндегі қарағай басынан байғыз сұңқылдады.
— Жетпіс жеті атаңды! — деп шал түршіге қарады. — Осы бір жексұрын кемпір ауырғаннан бері менің шаңырағымнан шыққанды қойды.
Бекет ерінбей тұрып, шөп бастырған келсаптай бұтақты жіберіп ұрған, жұдырықтай құстың қарасы құйылып келіп, Осип пен Бекеттің ортасынан бауыры жарқ етіп ағып өтті.
— Қарғыс атқыр! — деп қарғап қалған шал қара самырсынның бытқылына қадалып, сілейіп біраз отырды да күрсініп салды. — Түбі бір шығын бар... — Көзінде үрей, күрт сынған жүзі дәрменсіз көрінді.
— Жоқты айтасың! — деді Жақып. — Аралда жатып алып жанжал таппаған соң аспандағы құспен алысады. Мынау займкені скид қып жібермей тұрғанда қалаға қайтқаның жөн шығар.
— Қала!.. — Шал тесіктен түкірігін тағы бір жүгіртіп, сылп еткен дыбысы құлағына жеткенде барып басын көтерді де, теңіздің қара құрық жалында қалқып жүрген қаланың оттарына қажып отырып күңкілдей бастады. — Қаланың аты қала... Баққанымыз ақша... Ақшада көз бар ма?...
Келеді, кетеді... Оны қуалай берсең онан сайын ашқарақсың...
— Саспа, шалым, — деді Жақып. — Сен жүз жиырмаға келгенше ақша да құритын шығар. — Ақыры ұйқысы қашқан соң бетіне бүркенген беретін жұлып тастап, бұл да Осекеңнің "прибойына" тиісті. — Тек тышқақ лақ болса да көз алдымда жүрсін, бір түйір дән болса да қап түбінен көрейін дейтұғын тышқаншыл малсақ жұрттың ашқарақтығына тығын табылмай ма деп қорқам... Аты аюдың терісі демесең тулақтың аты тулақ, жүн-жұрқаның үстінде аунап жатып қаланың комфортынан жеркенуін!..
— Көмперт! — деді шал аузын шүршитіп, сосын темекісінің тұқылына айыздана, төпелеп түкіріп тесіктен атып жіберді де, — мына бипылнисәнің өзі неге тұрады?! — деп мырсылдады. — Бүгінде бір жан баққан жұрт жоқ. Ел байыған соң ыңғайлы орын, жылырақ ошақ іздейді, тәнге бап, көңілге күй талғайды. Қаладан да қашып отырған пендең жоқ. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келе жатқанын да білемін. Оған мың миллион жұмыс қолын шығарып отырған да қыр елі. Түбі бәрінің табынатыны жер. Менікі, әншейін, кейінгі боқташағы онда бар, мұнда қал деп бірін ойға, бірін қойға қақпайламайық деген де... — Шал тулағын қасақана торсылдатып құйрығының астынан сағыдардың қылтанағын сыпырған болды.
— Жә, болды, болды! — деді Жақып. — Енді туалет тесейін деп жатқаннан саумысың?!
— Тосатын жастан кетіп қалдың ғой, — деді шал. — Тесу мәселесінде енді мені көмекке шақырмайтын шығарсың.
Қыстаудың есігі қыңсылады. Мықында жортқан ащы тырнақтың ысқырығы қақалып естілді. Есінеді. Башпақ сарпылы күресіннен асып барып құмығып еді.
— Амандық болса жарар еді, — деді есінеп алып қисайған шал. — Көптен бері аспанның шаңытуы жаман. Аспан айран қатқан аталадай көбіктеніп тұр екен. Ине шаншар жыртық жоқ, быжынаған жұлдыздар бұлтша түтіндейді.
— Бала күнімде осындай бір аспанды көріп едім.
— Сексен жыл бұрынғы Алтайдың әуесі жадында қалғаны?!
— Мүмкін, айға шаптырғаның да есінде шығар?..
— Тілім сала құлаш деп Құдайға күнәкар болма!..
Әншейінде құйрығына көсеу жүгіртсең қыңқ етпейтін Жақыптың шал байғұсты шанышқақ тигендей тықсырғанына Бекет таң. Осип қарттың табиғатынан қырсықтығы емес, тайганың сөз аңдуға мұрсаты жоқ қаңсып кеткен көн ауызын әзілмен жібіткісі келгенін түсініп жатыр. Күресіннен қайтқан башпақ сарпылы баспалдақта біраз аялдады. Тырнақтың қашыр-құшыр ысқырығы сауырда жүрген сияқты. Есінеді. Есік қыңсылап, босағаны арс етіп қауып алған. Кәсектің зыңылы қарағай басынан өшті Түн баласында қалт еткен қимылды құлағымен көріп жаттыққан Бекет келіншектің тырсылдап бара жатқанын, желбегей халаттың ішіндегі емеурін күтіп, елеусіз қалған іш киімсіз тоқ көкірегі, тоқ сауырдың тырсылдап жарылып кете жаздағанын да байқады. Түк көргенім жоқ, түк сезгем жоқ деген Жақып бет-аузын тағы да беретпен бүркей қойған.
— Көргенім рас, — деді Осип қарт. — Қырсық айналдырса, қырық күн шілдеде де елді жұт жайлайды. Бесінші жылдың ыстығы Бұқтырма бойын тып-типыл жалмап кетті. Көшпенді жұрт болмаса, өртенбеген мекен жоқ. Даланың аңы, қораның малына дейін қырылып, ел іші құйқа сасығанда бүкіл тайгада қашып құтылатын қуыс табылмап еді. Жатағы бар, кер жағы бар, панасыз бейбақтар осы Зерендіге босты. Бір мінер керіктен де айырылып, әкем марқұм соноу Ақсудан мынау затонға тарыдай кесін жаяу сүйреп келіп еді.
— Ол қай Ақсу?
— Қай Ақсуды білетін едің?
— Кім санапты. Әйтеуір Алтайдың бытқылында адасып отырған елді мекен, ары аққан, бері аққан бұлақ біткеннің бәрі Ақсу. Ата-бабамыздың аузына ақсудан басқа ат түспегендей... — Ай тұтылса да ата-бабаңнан көр! Мешкей ұрпағын жерұйыққа жеткізем деп діңкелегеннен басқа жазығы не?
— Жеткізе алмаған соң несіне жыр қынасың?! Иек астындағы Ақсудан мына тұрған Зерендіге жаяу жетіпті деп мақтаймыз ба?!
— Мақтамай-ақ қой, боқтамай жүргеніңе де ризамыз! — Шал құйысқаны құйрығына теріс кептелгендей мөңкіп түсті де тағы да тулағының тұйығын сипалай бастады. — Сен мұндар, жерұйықтың аты Ақсу екенін де білмейтін шығарсың!
— Ақсудың бәрі жерұйық болса, жермай сасыған затонға неғып тығылдыңдар?!
Тұйыққа қамалған шал ары сипалақтап, бері сипалақтап, табыла қоймаған "Прибойының" ызасын жоқ жерден жыбырши қалған мұржасының кеужірене дейін түк қоймай суарып бірақ тынды. Қайта-қайта жел жақтан бықсыта берген соң, Жақып онысын әдейі тығып тастап еді. Ыс құмар шіркін енді таң атқанша тықыршып тыныштықты кетіретінін сезді де папиросты білдірмей бешпетіне сала қойды. Айдаладағы бұлақтың атына бола қайын енесінің аты кеткендей даукес шалды қызыл танау қып шаршатқанына мәз. Оның бырыса қалған бет-аузын бағып, сіріңкені сан дүркін сабалап жүріп зорға тамызған саусақтарының дірілінен, қалың қастың астындағы кірпігі тозған көкшіл жанарының мұп-мұздай ызғарынан қорланып отырғанын аңғарды да, әп-әдемі қалжыңды мазаққа жалғап жібергеніне өкінді.
— Мынау кәмпертіңнің тек бүпиті ғана жетпейді екен.
— Бір үйге бір бупит аз болды ма?!
Жақып шалдың көңілін төменде қап кеткен бөтелкемен алмақ еді. Қырсыққан шал да Лесяны тағы да есіне салып, Жақыптың көмейін әйелінің бөксесімен бітегендей қылды.
Міншіл жұртқа бүгінде не жағады. Ошақ басынан ет-жеңді ұрғашы көрсе де: "па, шіркін, бупиттей екен!", — деп ел ішін қаптап кеткен ширпотребтің буфетімен жарыстыратын әдеті. Не кебеже, не абажа емес, есіктен сыймайтын сүйкімсіз мүлікті міндегеннен көрі, бар байлығын буфеттен оздырмай, онсыз да тақуа дастарқанның болымсыз берекесін құлыпқа қамай беретін сараң қатынның ниетін әжуалағаны да. Жақыптың қалай да бүлінгісі келіп еді. Торсиған шал оны теріс қарап отырып-ақ білді.
— Осы сенің жасың нешеде?
Жақып жас таластырып жатпай-ақ сеневалдан секіріп түсті. Күрп ете қалған салдырдан бөшкедегі суға күмп бергенін естіген Осекең:
— Жетіскен шығарсың! — деп жаны жайлауға шыққандай рақаттанып қалды.
Қыстаудың есігі жылап зорға ашылды. Қайтып қаусырылған оқ. Қайтып келесің-ау деп жатқан. Шалдың уайымы де сол екен.
— Мұның жасында жалғыз жаулығымызды тапшаннан аңдырға, тандырдан тақыр еденге қуалап қытықтайтын едік. Қотаннан оза алмай, сиырдың жапасына сүрініп жүріп қартайған шірік! — деді.
Ырду-дырдуға сараң, ауыздың қақпағы, езудің жиегіне дейін өлшеулі, сіргелі семьяда өскен Бекет қалжыңға қашан да битарап. Көп ішіңде сөзге ұстамды, мінезге байсалды болып көрінгенмен тапқырлыққа, жарқындыққа мешелдеу екенін іші сезетін. Өз құйрығына өзі қалжуыр байлап, қожырап қалған ендігі күніне қыжыртпаны қымтау қылған бейкүнә шалдың жайдақ оспағына ілеспесе де оқта-текте көзіне тиген қамшыны есептеп жатыр. Күресін маңындағы шиырда жүріп-ақ шаршайтындары рас. Ол шиыр да кешегі әке таптаған жаяу өріс. Онда кімнің ізі жоқ. Наурыздың көжесіндей жеті жұрттың жұрнағынан қорланған жатақтың төркінсіз табиғатын Бекет діні орыс, тілі қазақ Осип қарттан аңғарғандай. Жақып мінезіндегі арпа-бидайы аралас дүрегейлікті де енді ұққан сияқты. Бірін-бірі шоқтығындағы жауырдан танып, қасыныса кететін тырақылықтың ұрық-шарқы осында ма деп қалды. Үшеуі біраз мұңдасты. Шал сөзінен түйгені, елге, Ақсуға кеткісі бар. Бір күні қыңырая салса, екі шаршы қуыс Сүндетсайдан бұйырса дейді. Бала-шағасынан топырақ дәметпейтін көрінеді. Көңілі қалғандықтан емес, ел болып көмсе дейді. Шалға осы да арман болыпты. Босағадан зиратқа дейінгі бір тұтам ақырғы жолдың үнсіздігінен қорқады екен. Өлген соң топырақтың арзаны не, қымбаты не? Тіріде шықпаған атағыңды өлгенде бір күн айғайлатқанда қанша жерге жетпек? Тірісінде жамбасына тулақ батса да разы, көрге түсерінде кебінімен мақтанғысы келетін пендешілік те болады екен-ау?!
— Яш, мынау Ереваның мосының шайы секілді екен.
— Ит біледі. Мосының шайын кім ішіпті.
— Айтарға да, әйтпесе түтін татыған мосының иваншайына қайдан жетсін, — деп шал тағы да теріс жығыла салды.
— Түтін үзбейтінің сол екен ғой.
— Ендігі жұрт түтіннің қадірін біле ме... Ұрғашысы арба үстінде жүкті боп, ұрпағының кіндігін арба үстінде кескен кешегі ауған ел болмаса... — Осип қарт қою түтінді танауынан боздатып-боздатып жіберді де иегін көкке тіреп құмартып қалды. Сары маса әлі жаппаған, әндеткен ызыңы қарадай дене түршіктіріп, оған шілделіктің шуылы қосылған соң мазасыз бір шу сеневалды шырқ айналдыра көшіріп бара жатқандай құлақ тұндырды.
— Азаптанып жерге түстің, ошақтағы қоламтаны түртіп түтін сала келгенде қайтеді.?
— Онсыз да ыстап біттің ғой!..
— Осы темекі болмаса дүниеге сыймайтын сияқтымын, — деп қарт папиростың қорабын салмақтап сілкіп-сілкіп қойды. — Кім біледі Евсейдің угарлап өлгенінде де бір мән бар шығар. — Шал қақалып-шашалып, күлкісін шәңкілдек ащы жөтелмен аяқтады да қарағай басын адақтап қаңғырып кеткен өз жаңғырығынан өзі үріккендей үй іргесіндегі қара көлеңкеге үдірейе қарады. Шабылған шөптің жұпар иісі борсыған қақтың дымқылымен араласып, ауаның түнгі тынысын тұншықтырып тұр. Ұйқыны қашырған да арзан вермуттан кейінгі алқаштың сасық деміндей осы бір сүйкімсіз қапырық самайы лықылдап, жүрегі қаққан соң Осип қарт жейдесінің түймесіне дейін ағытып тастады да, бар пәле бөтелкенің аузынан лықсып жатқандай Жақыптың қолындағы "Ереванды" жақтырмай қабағының астымен сүзді.
— Әркімнің бір таңсық асы бар ғой, — деп тоңқайып "бипылнисаға" түкірінді де, ерніне қылшық жабысқандай жеңімен қайта-қайта сүртінді.
— Әлі есімде, әжем марқұм атау-кересіне шай сұрап еді. Дәм-тұзы таусылған соң қара суда бұйырмайды екен. Шешем тарадайкенің көттігінен бақырын шешкенше жүріп кетіпті. Көз алдымнан кетпейтіні, екі қара табаны. Қураған сексеуілдей ырдуанның арасынан сорайып жатыр екен. Жүгі жеңілдегеніне қуанғаны ма, әкем байғұс жөкеге орап жол жиегіне көме салды. Арбаға сыймаған аяғы жөкеге де сыймады. Маған көрге де сыймай қалғандай көрініп еді. Әжем есіме түссе күні бүгінге дейін топырақтан состиып тұрған екі қу сирақты көрем де мойнымда қарызы кеткендей қарап отырып қуыстанатыным бар. — Бұл жалғанның бүкіл уайымын тауысып, есеп-қисабын айырысып қойғандай, енді тіріге де емес, атам заманғы аруаққа деген қарызын ақтарған кәрі шөңгенің әңгімесі Бекеттің көз алдына да ербейген екі сирақты көлбеңдетіп әкеле берді... Сүндетсайды қиялап шығатын қасқа жол, тарадайкесін жаяу сүйреген ошарды жан, ырдуаннан сорайған күс табан екі аяқ селкілдеп бара жатқандай көрінді... Маңдайға жазса пенде шіркіннің кешпейтіні жоқ екен-ау!. Әжесінің қара табаны ғана емес, Осиптің көкейінде қалған одан басқа да талай суреттер бар еді. Көк түтін басқан хутор, бықсыған діңгек, сорайып-сорайып қалған ағаштар, шала күйген арпаның масағын көзінің жасына шылап қаужап тұрған өзі сияқты көк қарын балалар... тағы да әжесі. Осы көк қарындарды өрттен тасимын деп қара табанынан басқа тұла бойы түгел қолдырап түскен бейшара кемпірді әке-шешесі қолдарынан ылжырап төгіліп қалатындай тарадайкеге зорға жеткізген. Онан соң ирек-ирек жол, жол бойы кеңсірікті удай ашытқан қапырық, иесіз қалған ауладан күлді-көмеш бір нәрсені түрткілеп алып, иесіз қалған огородтан шала күйген картопты түртіп жеген босқындар. Сосын тағы да әжесі...
— Марқұм, пеш үстіне қамап алып, бізді қыс бойы ертегімен семіртетін еді. Ақсу деген жерұйық бар, орманы толған мал болады екен, таяқты теріс шаншысаң да тал болады екен, еркегі әулие, қатыны дана екен де, ол елге Құдайдың құрығы болмаса патшаның әмірі жетпейді екен деп ұзын-сонар бір өлеңді тірісінде тауыса алмай кетіп еді. Ең обалы, өлгенде сол Ақсудың топырағына он екі мүшесі түгел сыймағаны...
— Онда мұқым Алтайдағы Ақсу атаулының бәрі Жерұйық десеңші.
— Кім біледі, Экзекуциядан қашқан шарқайлы мұжық сонау жер түбінен Бұқтырманың бойына Жерұйықты іздеп келген деседі. — Пұшпағына дейін сары жұрт боп қалған домалақ жердің бір құрышында Жерұйықтың жатқанын көңілінің түкпірінде сақтаушы еді. Санасы кейде қақсал, кейде аңғырт, көбіне өзіне емес, түсіне сенетін бірбеткей шалдың көзбен көргенге иланбай, естігенге алдана салатын сәбилік жаратылысында әуейлік те бар.
— Кім біледі, мүмкін Жерұйық біздің Ақсу шығар. Тағдыр айдады ма, тапшылық айдады ма, әйтеуір мекен іздеп босқан жұрт Ақсу деген атын естіген соң, Жерұйық осы екен деп қоныс тепті ме.. Не десең де түбі адаспапты.
— Сол Ақсу үшін бір кезде қырғын болған деседі ғой?
— Е, деген ауыз дейді де... Туған жердің топырағы кімге болсын қымбат та. Қара орманын кесіп бере қою оңай ма. Ал менің көне көздерден естігенім, босқындардың әр түтіні қоныс құнына емшектен айырып бір-бір бала беріпті де жер дауы сонымен бітіпті Екі жұрт жау болып емес, ел болып, ағайын болып бітіскен. Аязбидің айтуынша, адамға ең қымбатты нәрсе — өмір, ең қасиетті пірі — туған жер екен. Адам қасиетті қараорман үшін ең қымбаттысы — өмірін тіккен. Орыстың шаруасы жер үшін өмірінің жалғасы — емшектегі баласын қиса, қазақтың анасы сол сәбиге ақ сүтін емізген. Біз қанмен емес, жанмен достасқан елміз. Бір кезде қасиетті Ақсу, қасиетті Сүндетсай еді, бүгінде Жындысай деп қағындырып жүрсіңдер ғой. Маған салса, сол адамның тілін кесіп, Жерұйық деп атар едім! Жерұйығың Ақсудай-ақ болар!.. Елің тыныш, заман сенікі, енді қой үстіне бозторғай жұмыртқалата бер!
— Ақсу дегенде емешегің үзілетіні бар, сол Ақсудан отыз жетінші жылы неге қашып келіп жүрсің?..
Осип шал бүйірінен шаншу қадалғандай селк етіп басын көтеріп алды да, сол шаншудан талықсып бара жатқандай жанары сөніп, Жақыпқа тіктеп қарай алмай тағы да тұқырайып отырып қалды.
— Кімнің уайымын жеп, кімнің қасіретін түсінгендейсің?! Қашты де, пысты де, бүгін қалай десең де сияды! Өйткені, өзің өтірік жау болып, біреуге өтірік куәгер боп көрген жоқсың. Кейде өзің үшін емес, өзгенің обалына қалмау үшін де қашуға тура келеді. Тығыларға ін таппай келгенде қанатының астына алған әкең марқұм мұның не деп сұраған жоқ еді, енді сен нағып көміліп қалған қоламтаны қайта бықсыттың?!
Расында, неге бықсыттым деп өкінді. Бірақ көп жылдар естір құлақтан да жасырған сол бір жылдардың әлейім-тәлейімі үлкен-кішінің көкейінде үлкен бір сұрақ болып жатқаны да рас. Жақып соны түрте кеткенде шалдың жарасын қасиын деген жоқ еді. Осип Митричтің бір жылдары өз үйіне сыймай, ертеңгісін Қара Диюдың ошағынан өріп, түн баласында Қара Диюдың босағасына келіп тығылатын күндері есіне оралған. Шамына тиерін қайдан білсін... Қарағай басын қорғалап барып құлаған ай сүлдері оңып барады. Теңіздің қара құрық жалы да жығылған. Қалың бытқылдың жыртық-жыртық саңылауынан алақандай аралдың ары жақ, бері жағы көрініп қалыпты. Үйірін іздеп елік үрді де алдымен торғайды оятты. Қыстаудың есігі қыңсылады. Баспалдақ үстінде керіліп тұрған керіскедей келіншек:
— Яш, таң атып қалыпты ғой, — деді.
— Япырай, тағы да бір күн өлді-ау! — деп Осип қарт есінеп салды.
10
Көптен бері дым тамбаған аспанға бұлт оралыпты. Оның өзі де жыртық киіздей, шақар күннің аптабына далда бола алмай тұр. Ертеңгісін тақыл-тұқыл өткінші бүркіп еді, топырақтан қаңсық бу бықсып, шалғын басы от шалғандай бүрісе қалыпты. Көктің зауалы да, тайганың зауалы да осы. Қала да қаңсып тұр. Ауада өртенген резеңкенің сасық иісі бар. Бекетті таңғы сағат алтыдан күтіп еді. Кешіккен соң күдерін үзді. Затонды кезіп шықты. Не іздегенін өзі де білмейді. Шаштаразға кірген, шашыңды қалай баптап берейін деп қайта-қайта сұрап, бәлсініп жүріп алған ту келіншекке қарап отырып жыны келді.
— Ұстараң бар ма? — деді
— Бар.
— Ұстай білемісің? — деді.
— Нан тауып жүрміз ғой.
— Ендеше сыпыр! — деді.
Жұрт әйтеуір бүлдіруге құштар. "С удовольствием" деп жүріп тоқырайтып сыпырып берді. Сиырдың бүйрегіндей жықпыл-жықпыл, буылтық - буылтық қауын бастың маңдай құйқасы жылтыр қара, төбесі мен желкесі ақ қаптал боп шыға келді. Айнадағы жымырық құлақ албастыдан Қара Диюдың пошымын шырамытқан. Қара кемпір: "туасы бесік көрмеп еді", — деп ақталатын. Кейіп-кеспір жағынан баласының өзінен ұзап кетпегенін сезетін Қара Дию бас жаққа барыспай: "оның қауашағын ұрамысың, соның іші толған көже ме деп қорқамын", — дейтұғын. Шаштараздан шыға бере бір нәрсе күрс ете қалған соң қайтып оралып еді, ту келіншек креслода күлкіден талып жатыр екен. Едендегі шашты қалбырға жинап жүрген шұбар шолақ қатын сабайды деп қорықты ма, тілін жұтып қойғандай сілейді де қалды. Таңнан иықтаған бір қырсықтан шашпен құтылып еді. Құйқасын жел қағып, түз кептегендей ашыған милығы жеңілдеп қалған сияқты. Жолай Мікіржанның көк ләпкесіне соғып бір саптыаяқ квас ішті. Өлгенше мақтаған. Сыра сатып күн көрсе де ғұмыры сыра татып көргем жоқ деп ант-су ішіп еді. Айтты-айтпады квасы құр аттың құнына бергісіз. Пирс қаңырап қалыпты. Құм артқан баржының үстінде күнге қарнын қақтап біреу жатыр. Кеудесі кебежедей, сирағы бір тұтам екен. Су сорған салындыдай иір-қобыз денесінен түбің жатақсың-ау деп ойлады. Теңкиген қызыл ала буйдың қасында жалғыз қайық қалғып тұр. Жалғыз қармақ ұстаған бір шал құбылаға қарап қалғып отыр. Ақ қалпақ, ақ торлы көйлек, ақ танкетка киген сидаң бойжеткен саңырау құлақтың астынан Жақыпқа сескене қарады да жағаны тіміскіп жүрген жалбыр шашты ақ бұйра пудельді шақырып алды. Киімі де, иті де бір фасон екен. Білек, балтырының күн тимеген шикілігі бұл қаланыкі емеспін деп тұр. Бұл жалғанда өзінен басқа ешкім жоқтай танауын тәкаппар шүйіреді. Қиратқанда қонақ шығарсың! Қанша ширатылсаң да қас-кірпігіңнің қара сүрмесі отырып қалғаныңды айтып тұр. Қарап тұрып бейкүнә адамға тиіскісі келді.
— Ловим?..
— Чего?...
— Ну, хотя бы жениха?..
Ақ бикеш осқырынды. Ақ пудель құм тарпып шәу-шәу етті... Қорғанышың мықты екен! Осқырынуыңа қарағанда оңай қулайтының да көрініп тұр. Кемістігінен қуыстанған адам қашанда нойыс келетінін бірінші рет мойындады. Бес қадақ кірем жұтып қойған сидаң бикештің бып-биязы бет-аузымен өзінің шойын қара денесін жарыстыра алмады. Қасақана қасында тұрып шешінді де киімін саңырауқұлаққа апарып ілді. Теріс бұрылғаны болмаса қыз да қыңқ еткен жоқ. Сирағының ұзындығын сорайған тізесінен байқады. Иегіне жетеді екен. Қымсынған боп етегін созып еді, ақ тор көйлек қараулық жасады. Балағы делдиген Жақыптың көлдей қара шолақ дамбалына көз қиығын тастады да, қайыстай ернін жиырып қайта босатты. Бірақ бет-аузының бір түгі бүлк еткен жоқ.
— Қалай, буйға дейін барып қайтамыз ба?
— Мүшеңіз мыстан құйғандай екен, ұялып қалам ба деп отырмын.
— Қысылмай-ақ қойыңыз, қыз баласына күнге қақтану жараспайды.
— Солай ма?!
Мойнына, құлақ-шекесіне инедей қадалған шаш қылауын уып тастады. Рақатын-ай! Шаштың да артық жүк екенін бүгін білді. Ақбикеш ақ пудельді ақ жібек бантикпен саңырауқұлаққа көгендеп, тырп етпе деп ескертіп жатты. Беліне арқан байлап, қайтып бұл судан шыққанша жағада төбедей боп тапжылмай отыратын әкесі есіне түсті. Сөйткен әкеге не жақсылық көрсеттік?..
Тереңдеген сайын су табаны суық тартты. Тегі Бұқтырманың ағысына жеткен болуы керек. Пирстен мегафон айғай салды:
— Гражданин в черных трусах! Немедленно возвращайтесь за черту! Вы нарушаете правило безопасности!.. Буй артта қалыпты. Қиын қылғанда қуалап келіп қайықпен сүйреп әкетерсің. Шалқасынан сұлап жата кетті. Рақат! Сағатына қарады. Сегіз де он бес. Құлағын бұрап, бес минут кері жылжытты.Тәулігіне бес минут асығатын ежелден әдеті "Қалтқысыз әскери қызметі үшін! Тынық мұхит флоты". Тәулігіне бес минут асығатыны болмаса, бұл шіркін де қалтқысыз қызмет етіп келеді. Манаты бір шарбы бұлт шатыр аспанға сіңіп кетіпті. Аспан баяғы сол аспан. Бала кезіндегі аспан. Кеше ғана Осип қарттың осыдан сексен жыл бұрынғы Алтайдың әуесі жадымда дегеніне сенбеп еді. Бүгін өзі сол аспаннан балалығын іздеп жатыр. Тұнық судың бетіндегі мұнайдай іркілген комбинаттың қара қошқыл түтіні тана бөтен. Бұл да жүре кілкіп шығатын көңілдің кірі сияқты. Кешегісі болмаса бүгінгі күніне жаттығы жоқ. Тек сол қоймалжыңды сыпырып алып тастайтын құдірет табылса ғой. Мегафон таты айқайлады:
— Дама в белом костюме! Немедленно возвращайтесь назад!..
Әйел заты да қызық. Ерегестірсең жау түсіреді. Еркелетсең басыңа шығады. Елемей қойсаң мүсәпір. Ақ бикештің де қайтатын түрі жоқ. Шалқалап жүзіп таяп қалыпты. Жақып суға сүңгіп адастырып кетті. Су астынан ізін батып біраз жүрген. Шынында аппақ сазандай екен. Сидиған тұрқы сырықтай ұп-ұзын... Сағатының циферблатына қарады. Екі минут... үш минут... төрт... Ақырын келіп белінен сипап еді шоршып түсті...
— Сіз мені қорқыттыңыз ғой...
— Айып етпеңіз, қорқытқаннан басқа қиянатым жоқ.
— Сізден емес, жағаға қалай жетем деп қорықтым.
— Мұнда қалай жеттіңіз?
— Сізге арқаланып... Жалғыз өзім суға түсе алмайтын ауруым бар. Бала кезімде малту үйренесің деп абайсыз тұрғанда жолдастарым иірімге лақтырып жіберіп еді. Содан бері суға басымды тықсам зәре-құтым кетеді.
— Сіз саспаңыз, жүрек тоқтатып, бір қалыпты жайлап дем алыңыз.
— Ол қолдан келсе... Сасқалақтасам кейде сіңірім тартылып қалатыны да бар.
— Онда мен обал жасаған екем-ау...
— Мойындағаныңызға рақмет.
— Ендеше анау бұйға қайталық. Аяғыңызға жақсылап массаж жасап беремін. Тек қорықпаңыз... Қыз құлашты екен. Бұйға бұрып жетті. Қасы-көзінің сүрмесі кеткен соң жасарып қалғандай көрінді. Аппақ жүзіне қонақтаған мөлдір моншақтар қауырсыннан домалаған сынаптай жылтылдап, езуіндегі болар-болмас күлкісі, тіксінбей тура қарайтын жанары қылымсынудан көрі ашық-жарқын бүкпесіз мінезін аңғартқан. Кекселігі тек істіктеу келген қыр мұрнында қалыпты. Екеуі бұйды құшақтап ентік басты. Жақып жын қаққандай ыржалақтап күліп еді, қыз да қосылды. Күлкісі де бейғам екен.
— Мен сіздің келетініңізді біліп едім.
— Дәп менің бе?
— Әйтеуір сіз сияқты біреудің.
— Қызық екен... Онда қызметімді ұмытпайын. Аяғыңызды әкеліңіз... әкеліңіз!..
Бұлшық еті тоқ, терісі қалың сияқты көрінді. Массажға кәнігіп алғандай қыңқ етпей сүйсініп-ақ тұр.
— Спортпен әуестігіңіз жоқ па еді?
— Техникумда жүргенде... секіруден бірінші разрядым бар еді.
— Қазір ше?
— Қазір прилавкада жүгірем. Саудагермін.
— Бұл қалада сауда техникумы жоқ сияқты еді ғой.
— Керекуден келдім.
— Жалғыз ба?
— Қызбын деп мақтана алмаймын. Бірақ есік көргенім жоқ.
— Жоқ-ә, мен... мен жігітшілік жасайын деп тұрған жоқпын...
— Талай естігенбіз... Бір кемпірдің үйінде пәтерде тұрамын.
— Күніне екі мезгіл, ертеңді кеш ақ пудельге қосақтап серуенге жібереді. Бір жұма қызмет істеп, бір жұма үйде отырамын. Атым Катя. Жасым жиырма бесте. Толық анкетам осы. Тағы не сұрайсыз?
— Ренжіп қалдыңыз ба?
— Жоқ-ә, несіне ренжиін.
Қылтасын уқалап тұрып қара санына қадала берген. Аяғын тартып алмаса да тіксініп, шамырқанып қалды.
— Что, слишком голенастая?!
— Енді мен ренжимін!..
Екі ұдай сезім биледі. Қызды көріп қызығатын дәуреннің өтіп кеткені. Уыз жас болса бір жөн, өмірдің ой-қырын болжап қойған кексенің алдында кішірейіп, дәрменсіздігін мойындап тұр. Қызықтыратын құлын мүшесімен жасқаса-ау, тіпті есік көрмей жатып ескіріп қалғанын да жасырған жоқ. Жақыпты пұшайман қып бұқтырған да қыздың осы бір жалғаны жоқ пердесіз қылығы. Ақ бикеш: ал, енді не тұрыс, неге үндемейсің дегендей. Деп тұрып-ақ өзін салқын ұстап, дүние жалған тірлікті сан сапырып салқындатып тастаған сары кідірдей уайымсыз, жайбарақат сынағаны батты. Ұятсыз емес, бетінен бетпақтығы да көрінбейді, жайдары деуге келмес. Үмітінен ерте айырылып қалған, қарабайыр тұрмыстың қарапайым ғана пендесі боларсың. Көкейдегі шоқты үрлеп еліктірген де қыздың осы қарапайым сүйкенісі. Жанасымның, жарасымның өлшеулі кезеңіне шыққан жігіттің қожыраған көңіліне жылы сезім ұялатқандай. Тек жауапқа дәрмен жоқ. Әйткенмен, әлдебір өткен күннің сағынышындай жылт еткен жеңілтек бұлқыныстың әсерін сезінді... Қара кер биеге мінгесіп, Лесяның мұп-мұздай башпайын жылытамын деп қалғып кететін самалды салқын түндерді есіне салды. Тас қып құшақтап, таң атқанша айрылмайтын жып-жылы көкірегі, желкесін түртіп қашып, түртіп қашып қытықтай беретін үкідей сары қыздың ұйқышыл танауы... бірақ ол аяқтан бұл аяқтың ұлтаны қалыңдау ма?..
— Ойланып қалдыңыз ғой?..
Шошып оянғандай селт етіп ол күндерден бұл күндердің кекселігіне қайтып оралды. Иен шаңырақта Лесяның жалғыз қалғаны есіне түсті. Жетімсіреп отыр-ау. Әлде жер-көкке сыймай отыр ма екен?.. Ақ бикешті де ұмытқан жоқ.
— Жүріңіз, мен сізді жағаға жеткізіп салайын, — деді.
— Жарайды...
Жайдары айтты. Бірақ жүзіндегі жып-жылы күлкісін жұтып қойып айтты. Асықпай, құлашты қатар тастап, тән сүйкеністіре жүзіп келе жатып:
— Сіз сыңар болуға таптырмайтын жан екенсіз! — деп әзілдегені бар. Жанары сонда да жыламады. Жанары толы мұң екен. Жақып сол жанарды жібіткісі келді. Тыныс алып су үстінде шалқалап жатқан ақ бикешке жанасалай келіп аш беліне қол артты да ұп-ұзын, аппақ мойынның алқымынан иіскеп, қаймақтай ерінді қаната сүйіп алды.
— Рақмет!..
Ақ бикеш сусаған ернін тіленіп тосқандай болды. Жақып сұп-суық ерінді қарызға татқандай болды. Қастарынан тырылдақ қайық жосылтып өтті де қарлыққан дауыс:
— Нашли место! — деп жай тапқан көңілдеріне қақырып кетті. Ақ пудель ақ жібек бантикті шиыршықтап түйіп тастапты.
— Мен шешпеген ендігі шиыр осы еді!
Киім сығатын далда да жоқ екен. Құм үстінде теңкиіп жатқан күбі қарынның аш көзінен қорғаныш болсын деп Жақып өз көйлегін ұсынып еді, ақ бикеш тартынды.
— Рақмет, иіс алған соң ұмыта алмай жүрермін, — деді. — Үйім жақын ғой.
Бір көрген адамға Жақыптың үйірсектігі жоқ еді. Енді алдана бастаған дәнекерді үзіп кете алмай айналсоқтап қалды. Ақ бикеш ақ тор көйлек, ақ қалпақ, ақ танкетка киіп, ақ пудельді жетекке алған соң сұп-суық ақ бикеш боп шыға келді. Жақып сонда да енді қоздай бастаған жылы сезімін суытқысы келмеді.
— Мен жер-көктің пропискасында жоқ жыл құсындай адаммын. Енді қайтып көріскенше кім бар, кім жоқ, бір саптыаяқ сусынға шақырсам ренжімейсіз бе?..
— Сіз өзіңізді-өзіңіз сөгіп тұрсыз-ау, — деп ақ бикеш оған мүсіркей қарады. — Қиналмаңыз. Жағаға жеткізіп салғаныңызға да рақмет!..
Өзеннің жағасы өмірдің жағасы емес қой. Ол әншейін бір сәттік көңілдің жағасы да. Әу баста жолың қисық басталған екен, тірліктің анау жағасына жеткізіп салатын сыңар табуың қиын-ау... Қатарынан үш дүркін естіген рақметі Жақыпқа артық көрінді. Бір көрсе де бөтен төбеге шыққандай желпініп, ой-сезімін бір аунатып тастаған ақ бикешке жаны ашыды. Қуып жетіп үш рақметін де өзіне қайтарып бергісі келген. Оны да өзінің Лесясы сияқты қорғансыз жан деп ұқты да, сол Лесяға жеткізетін қиыр-шиыр қиын жолын қысқартып берген бейтаныс бикешке деген жылы сезімін жасырып ала кетті...
11
Қара шаңыраққа СМУ-дың бригадасы орналасқан еді. Соның бір бұрышына екі чемоданмен Леся екеуі келіп қыстырылған. Күнге шығып қалған қызыл картопиядай көгеріп кеткен бұжыр танаулы прорабпен жиен қарындасы шайнасып жатыр екен. Шаңқылдаған даусы Құдайға жетпесе де көрдегіні тұрғызатындай.
— Өлгеніңе!.. Жарып тастайын-ай, жарып тастайын!.. — деп қолындағы адалбақанды бұжыр танауға тығып алатындай жер тепкілеп жетіп барады да прораб қайырылып бір арс етсе кейін қашады. Арашаға түскен Осип қартты да итеріп тастап мұрттай ұшырды. Ыңырсыта тиеген бір прицеп ағаш аз болғандай сыңар сілегеге жармасып өлетін түрі бар. Шаң-топырақтың ортасында қос чемоданға қатар мініп бүрісіп отырған Леся Жақыпты көріп орнынан тұрды да жылағандай боп:
— Мына пәлеге қой десеңші, — деп жалынды.
Шаң-топыраққа үйелеп тұрған Осип қарт та үсті-басын қағынып, бұған үміттене қарады. Кеткен малдың сілекейіне таласқандай ең болмаса бір жаңқадан олжалап бара жатқан қатын-қалаш. Соның бәріне кісінеп жүрген қарындасы. Жақып адалбақанды тартып алып лақтырып жіберді де кейін сүйреді.
— Құрт көзіңді! Енді Төлешті көрінен суырып әкетпесең, басқа көң-қоқырды тауысқан сияқты едің ғой!..
— Не дейт?! Не дейт мынау?! — деп қарындасы шадырая қалды. — Өлмей-жітпей отырып қара шаңырақты жұртқа талатып!.. Төлештің аруағынан садаға кеткір!..
Тым болмаса өлген әкеңнің аруағын да өзіңе бұйыртпайтын мынау сасық қоңыздың түрі жаман екен, Жақып қорқайын деді. Бұжыр танау прорабтың дәрмені де таусылса керек, милиция шақырыңдар деп бақырды.
— Сөйт, қаматып кет! — деп қарындасы қайта бас салды. — Қара басы мен қара бет қатынынан басқа бағары жоқ саған бәрі пішту! Отыр ғой әне, шаты айрылғандай шатқаяқтап! Бүкіл затонның еркегі жабылғанда тоқтамап еді, сен де жарытып қарқ қылған шығарсың! Бар, әуелі соныңа ие бол!.. Япырай, осылар да туыс, осылар да Төлештің өрен-жараны ма еді? Расында аруағыңнан қасиет кеткен екен. Күресіндегі күйген шалаға таласып, көрде жатсаң да құлағыңды сарсытқан ұрпағыңның түрі мынау болса, әй қайдам, жұмақтан орын тимеген шығар. Бәрінен күдер үзген Жақып салы суға кетіп Лесяның қасына келіп отырған, әйелінің жылаған бет-аузын көріп бейшара боп қалды. Адалбақанды таянып Осип қарт та мықшыңдай жетті. Төлеш бүгін өлгендей ойбайын салып жиен қарындас аташ артқан трактордың соңынан желе жөнелгенде дүние де тып-тыныш болды. Бір қатынның айғайының қасында арқыраған экскаватордың да, мынау цемент шайнаған былғауышыңның ырылы да адыра қалады екен-ау...
— Бұлардың кәрі-жасы шетінен қояншық па?! — деп бұжыр танау бұрқылдап, қу жанының аман қалғанына қуанғандай кеңсесіне зытты. — Көрінген тезекті тепкілеп әне бір жынды кемпірі тағы жүр!.. Айттап шыққан адамдай басында ақ кимешек-шылауыш, көлдей көйлегін сүйретіп Бибісара кемпір котлован шетіндегі қурап қалған үш қайынды кезек сипап жүр екен.
— Қайтсын-ай, байғұс, — деп Осип қарт жанашырлық білдірген болды. — Әскерге кетерде үш баласы үш қайың шаншып еді. Адам түгілі, ағаш та қуарды. Сонда да ұмытпайды екен-ау, ана шіркін. Барып ертіп келші, жаман да болса кіндік шешең ғой, сен үш жасыңа дейін со кемпірдің емшегін сорғасың! — деп шал Жақыпты түртпектеп еді, қозғала қоймаған соң орнынан Леся тұрды. Жақыптың іші жидіп отыр. Ақ бикештен бірер сағатқа несиеге алған көңіл жұбанышын жиен қарындасы тонап кеткендей. Ермен сасыған йен жұрттың иісі өлекседен бетер болар ма! Қи басып тұрғандай денесі түршігіп, айналасынан жеркенді. Жұрттан ниет қашты ма, әлде жұртты бұл тоздырды ма, әйтеуір көзге тыным бермейтін күнде таныс көңілге де сүйелдей қадалатынын түсінді. Осыларды ығыр қылмай аулақ кетіп, көзді де жауыр қылмай тыныс берген жөн шығар. Кешегі ел бір-бірінен жұрағат іздесе — күн үшін, бүгінде ол да көнеріп бара жатқан көп әдеттің бірі екенін де ұққан сияқты. Көн болмаса көңіл сыймайтын затонды қараорман деп осы уақытқа дейін байланып қалғанына жатып өкінді. Шаңқай түс болғанша қаланың қаңсығына қаңтарып қойған Бекетті де жатып сыбады.
— Ақаш!.. Мақаш!.. Тоқаш!.. Түу, алжытқан құдай-ай!.. Жақаш!.. Бір жұтым су әкелші, кенезем кеуіп барады!..
— Сен-ақ сусай береді екенсің! Арақ ішіп пе едің?
— Атау-кереңді іш! Бәтшағар, Өсіппісің?.. Мал-жан аман ба?..
— Маған бір зауал қатыннан басқа мал бітіп пе еді?!
— Жағыңа жылан жұмыртқаласын! Екі заманда да сенің тілің түзелмей-ақ кетті-ау!.. — Бибісара көлдей етегімен карьердің бір қап топырағын сыпырып әкелді де баспалдаққа бұрқ етіп отыра кетті.
— Ақаш!.. Ма...
— Қақсамашы! Ақаш-Мақаштың пропескесінің қайда екенін білмейсің! Сонау қырық төртінші жылы екі метрден жилплошадын алып кеткен азаматтардың құлағын сасытып!..
— Немене, қоян теріс келіп отыр ма?! — деп қырсық шалдың қыжыртпасын түсінбеген кемпір Осипті көзімен іздеп дойдалаға қарады.
— Ары өтіп, бері өткенде дәм татып жаман үйреніп қалған ауыз ғой. Қара шаңырақтың қара суын аяйсың ба?!
Жақып кемпірдің көзден айырылайын дегенін қадалып қарағанынан байқады. Даусы да көмейінің түкпірінен қысылып зорға шығады. Баяғыда, "Ақаш, Мақаш, Тоқаш!" — деп тақылдағанда бүкіл жатақты тік тұрғызатын еді. Отыз жыл қақсаған соң дауыстың да тозғаны ғой...
Жейтін ауыздың тайлы-тұяғы қалмай үш мезгіл ара шаңыраққа жиналғанда Бибісара жалғыз өзі үш мезгіл түтін түтетіп, әрі самаурынды жалғыз өзі ортаға қойып жеке отыратын еді. Өзінен басқа дастарқанға үш кесе қойып, үш кесеге дәм құйып, сыртқа шығатын да:
— Абыстай!.. Әй қатын! — деп қара кемпірге айқайды кеп салатын.
— Анау Ақаштан, Мақаш... Тоқаш... Әй, алжытқан Құдай-ай, Жақаштан үш шақпақ қант беріп жіберші!..
Құдайдың құтты күні осы. Таңғы асқа енді отыра бергенде:
— Қара шелек! Ал қазір шешең айқайлайды, — дейтұғын әкесі.
Марқұм Қара Дию қара су татса да Бибісараның сыбағасын күн сайын үшеуден есептеуші еді. Айналып келгенде үш сыбаға да Қара шелекке бұйыратын. Қолына бір түскен соң қамап отырып үш сыбағаны түгендетпей Қара шелекті Бибісара жіберген емес. Қара шелек одан қор болған жоқ.
Тек, үш мезгіл Ақашпен, Мақашпен, Тоқашпен шатастырғанына ренжитін еді. Әскерде шейіт болған үш ұлының аты өшпесін деп үш мезгіл жорта шақыратынын да кейін түсінді. Бибісара отыз жыл өткен соң да, Жақыпты жақауратып келіп қара шаңырақтан сол үш баласының сыбағасын талап етіп отыр. Осип шал жақтырмаса қырсықтығынан. Түсінбеген Леся мөлтілдетіп бір саптыаяқ суды әкеп беріп, кеуіп барамын деген кемпірдің ернін ғана тигізіп төгіп тастағанына таң қалып тұр. Қара су сыбаға болсын ба, үш балаңның орнын толтыра алмаған Қара шелек, енді қарашаңырақтың міндетін атқара алар ма екен деп Жақып отыр.
Шаңқай түс. Қопа кендір мен ермен арасынан шырқ-шырқ ысқырған шегірткенің ызыңынан басқа дыбыс жоқ. Жабылып жем шоқыған қарақұстың үйіріндей тұқыраңдаған көтергіш кранның қалың орманы да сеспей қата қалыпты. Цементке тоймайтын ырылдақ былғауыштың қасында комбинезон киген күлді-көмеш төрт-бес қатын айранға қосып бір-бір бөлке нанды бұрап соғып жатыр. Томпиған ұрттары цемент шайнайтын мешкей былғауыштың бүйіріне ұқсайды екен. Еркек атаулы үй жақта. Қара шаңыраққа өгіз ара толып кеткендей тұж-тұж етеді. Бір қолына қолақпандай қияр ұстап бұжыр танау прораб шықты. Итің қызыңқырап алған ба, жалаңаш қарынын қасып тұрып есік көзінде дым сызбай отырған төртеуіне қанталаған ісік көзін төңкере қарады. Бұлардың бәрі де жынданған ба деп күдіктене қараған сияқты.
— Құдай тағала кемітейін десе жомарт-ау, — деді Осип қарт.
— Сұрамаған мұрынды, сұрамаған ауызды беріп бас жақтан басыр қып қоятыны несі екен?!
Шал да қызық. Сұрамаған адамды да бере салатын Құдайға ауыз-мұрынды артық қылдың деп өкпелейді екен-ау. Ол жарықтықтың жарытпағаны да аз ба еді. Бергенінің өзін де жетістіріп қойғандай!..
Жақып жаратқанға да, жақынға да бар өкпесін қазір жиып астаған. Бүгінде беріп құтылмасаң, сұрап мүйізің шықпайтын шығар. Борпылдақ көшенің май топырағын бауырымен сүзіп домалақ "Уазик" сұғына келіп тоқтады. Ұрғашыдан нөкер ертпесе жолы болмайтындай Бекет кендір дорба асынған кенеп шалбарлы сырықтай сылаң қызды ерте түсті. Көйлек-шалбарды керіп киген екен, қалыпқа құйғандай бар-жоғы мүше - мүше боп қатып-ақ тұр. "Иттің салымын!.."Қызғана сөккенімен Жақып іштей разы болды. "Қайдан тауып ала қояды?!"
— Лаборант, — деп таныстырды. — Біздің лесхозға қызметке бара жатыр.
— Түсінікті! — қыздың онан арғы егжей-тегжейін кейінге қалдырып, қос чемоданды машинаға апарып тыққан Жақып артқы көпшікте тулап жатқан қапты көріп атып шықты.
— Мынауың не ей тағы?!
— Күшіктер ғой.
— Күшігі несі?!
— Кәдімгі лайканың тұқымдары.
— Ы-ы, арамын зерендінің өзіне қалдырып, иттерін елге ала кетейін дедің бе?!
— Бір адамға бір ит қоспасақ бола ма. Мешел, Бескемпір, өзің ал, әрқайсыңа бір-бірден телимін. Ырылдассаңдар да ұялассыңдар ғой, жаттығы бола қоймас.
Жақыпты шығарып салуға шал мен кемпірден басқа жамағат жиналған жоқ. Машинаға жетектеп мінгізбесе Лесяның өзі де екі ойлы еді. Жетімсіретіп жұртқа тастап кетуге Жақып қимады. Жетімсіретіп жалғыз жіберуге Леся қимады.
Осип қарт бұжыр танау прорабтан екі стаканды прокатқа ала шыққан екен, қойынындағы экстрасын бес ауызға тең бөліп, бұжыр танаудың сыбағасын және артылтты да:
— Әй, Бибісара, кенезем кеуіп отыр деп едің ғой, кел, шөліңді бас! — деп кемпірді де еркіне қоймай орнынан тұрғызды. Қарап отырып аузымен алысатын сыңар езу шалға Бибісара бұл жолы ренжіген жоқ, ендігі қарайып қасында қалатын осыдан басқа көз таныстың жоқтығын ескергені шығар.
Жақып уызбен ауыздандырған қара шаңырағынан ащы дәммен аттанатын болды.
— Біздің әлгі зауалдан битөкпе алсам, арттарыңнан мен де қуып жетермін, — деді Осип қарт. Қимағандықтан айта салғаны ма кім білсін.
Жақып ауланың қақ ортасында тұрып алып ысқырып-ысқырып жіберді; шатыр ішінен пар-пар ұшқан кептерлердің қанат тарсылы ауаны жаңғыртты, көтергіш кранның қалың орманы сынысқан жатақтар жұртын екі-үш айналды да көз талдырып әуелей берді, қайтып оралмайтындай қара орманының құсына шейін үркіткен Жақып, көңіл құсымен қоштасқандай аспанға ұзақ сүзілді. Қырықтан асқанша алданыш боп келген жастық дәуреннің соңғы сарқытымен біржола қош айтысып еді...
ҮШІНШІ ТАРАУ
1
Сиғат жұртқа дабыра қылып жатқан Меңсұлуды баласымен қолына кіргізіп алсам ба деп те ойлады. Онсыз да елдің күбір-сыбыры көбейіп кетіп еді, төсек жаңартуға құлқы болмаса да жас әйелге жесірліктің тауқыметін тартқызбайын, әкесі тұрып бала да тірі жетім болмасын деп еді. Оң жақта отырып жүкті болып, жұрт көзінен жасқанып төменшіктеп қалған Меңсұлу қылаяғы қызметке де қысылып келіп, қорғанып қайтып жүр. Біраз жылдан бері иісі сіңіп, жан тартып кетсе де, ел көзінше Сиғаттың маңын баса алмай, оңашада жаңа төсек, жар құшағын аңсағаны болмаса, менің күнім не болмақ деп бетіне тіктеп қараған да емес. Көңілдегі бір кетікті жамап, ошақтағы бір кемістіктің орнын толтырып, Сиғаттың да ежелгі саяқтықтан басылатын жөні бар еді. Тіпті басылмаса да отан мән беретін Меңсұлу жоқ-ты, баяғыдан бірге тұрып, бір көшкендей, бір жатып, бір өскендей сақа сері өзінің бар тірлік, бар мінезіне үйретіп алып еді. Қай заманнан бері жас баланың даусы шықпай қаңырап қалған ошағына қайырымын түсіріп, азып кеткен көңілді тек шаруаның қамымен ғана баспай от басының күйбеңіне оның да бір қайрылатын мезгілі жеткен. Бүгінде келінге тажал — кемпір, бәсекелесі — бойжеткен қайын сіңілі; біріншісі Сиғат шаңырағында болса да жоқ, ал Меруерт пен Меңсұлу әуелде-ақ тіл табысқан, бір жағы құрбысындай, сонан соң қолында босанды, бір жасар Медеттің өзіне жат еместігін ол баста-ақ іші сезген, ұрпаққа зар әкенің іші иттей ұлып, амалсыздан жүргенін білуші еді, кеш те болса әкесінің бір қателікті түзеуіне Меруерттің дәнекер болғысы-ақ келеді.
Күн жексенбі болған соң түс мезгілін сылтауратып Меруерт Меңсұлуды бірінші рет шайға шақырып еді. Азарда-безер болған келіншектің қарсылығына қарамай Медетті көтеріп алып кеткен.
Осыным қалай деп есеп беріп жатқан жоқ, өмірі ищай десіп өрмеген әкесі жақтырмаса да қуып шықпайтынына сенген. Бекет пен Сиғат келгенде екеуі көлеңкедегі манежде бала ойнатып отыр екен, Меңсұлу атып тұрып өрттей боп жанып кетті, Меруерт осы үйдің бәйбішесіндей созылып тұрып, сіресіп қана иек қақты. Бұрын қалжыңдаса беретін Меңсұлумен Бекет те сіз деп амандасты, бұрын ағай дейтін Бекетке енді жеңгелігін өткізе алмай тұрғандай Меңсұлу да абыржып қалды.
— Базарда жолыққан Ірбіт пен Ташкеннің бақас саудагеріндей екеуің нағып сіресе қалдыңдар? — деп Сиғат әзіл тастаған болды. — Біз өзі тұқымнан басқа жарымаған жандар едік, енді ел үстінен күн көргенді қойып, бұйыртса осымен тыйылған шығармыз, — деп және ақталды.
— Шал-шауқандар қағынып жатқанда сен де қамданбасаң осы елде қыз қалмай жүрмесін!..
Жетегіне ере білсең кез келген тұйықтан өзі алып шығатын баяғы сол әдеті, бірақ аузына шайнап салғанды жұта алмайтын мотыны қолпаштағанын да, қорлағанын да көрген жоқ, азуы жоқ қас дұшпанынан аулақ, ақылы кем қас бітеуді қоңсы жібермейтін кесірі тағы бар. Бұл жолғы әзілі кекесін бе, шыны ма, жоқ шамырқануы ма, Бекет тамырын баса алмай қалды. Әйтеуір, сұлатып салмаса да бір оқты екі қоянға кезенгенін андап еді. Кешегі мылтық ала жүгірген тентегі аяғын абайлап баспаса бақайынан аспасына кім кепіл?.. "Сіздерден басқа жұрт қыз туғызбап па?!" — деген Бекеттің көңіліндегі жауабы да айтылмай қалды.
Сиғат киім ауыстырып қайта шыққанда Меңсұлу да, Медет те зым-зия жоқ болған, дастарқан қамымен жазғы кухняда жүрген қызының жайбарақат жүзіне тосыла қарады да жасаулы тұрған шайға да бұрылмастан тысқа беттеді. Тақтай төбелі ежикбас, жиен келініне атағанда "біздің Қотиын" баранканы құшақтап ұйықтап та кеткен екен. Өзі үшін шырпы басын сындырмайтын еріншек, өкіметтің шаруасына келгенде өтірігі жоқ өлермен, қолы қалт етсе ұйықтап, қалған ғұмырын қалғып өткізетін бір момынның қашан да бір азаматтың мойнына жүк болып жүретін әдеті. Осыны адам қыла көр деп ешкім тапсырған жоқ, әйтеуір Жанжігіт шал мен Қыланханның алдында бір көріп, есіктен сыймайтын еңгезердей жиен келіннің қолынан дәм татқан соң, жан тартып семьясымен көшіріп алып еді, тракторға мін десең де, тырақыға мін десең де отказ жоқ сылпың байдың бойынан әзірге тастап кеткен жеріңде тапжылмай отыратын төзімділігінен басқа қасиет таба алмады.
— Ә, мынау әлгі аюды қорқытатын мықты ма? — деген Сиғаттың даусынан ояна салып стартерді басқан, өзі өз болып бір жауап қатқан шығар:
— Ой, аға, аю деген адам тілін алатын мақұлық қой, Құдай тегінде қатынмен төбелестіре көрмесін! — деді.
— Келіннен таяқ жегеннен саумысың?
— Былтыр авансымен жеп қойып едім, биылғы лимитке жете алмай жүрмін, — деп ырсың етті. — Бірақ сол мықты түнде туып қап... ұйқы қанбай...
— Әй, марқасқам-ау, мұндайда ұйқы садақа емес пе? Бауы берік болсын! Иә, кім келді?
— Біреу ғой, — дей салды.
— Нешеу деп сұрадым ба? Екеу болса тіпті жақсы.
— Сол біреу ғой, — дей салды. — Бізге бір жаманы керек еді...
"Әйтеуір біреу ғой" дегені Қотиынның тілінде ұл да, "жаманы" қыз екен. Алты ұлдың үстіне жетіншісі қосылғанына нәумез көрінеді.
— Келінге обал болады, сен үйге қайт, — деп Сиғат жанашырлық жасады. — Жолай гаражға соқ, табылса басқа машинаға, болмаса атқа мініп кете береміз.
— Ой, аға, біздің мықтыға босана салу, түзге шығып қайтқанмен бірдей ғой, ертеңгісін сиырын сауып, сүт пісіріп жүрген, — деп ежикбас қаперіне алмастан мыңқиып тарта берді.
Табиғат та адамға мінез дегенді аямай-ақ берген-ау, талайлармен дәмдес болып жүріп "біздің Қотиындай" сирек экземплярді Бекет көрген емес. Болады деп айтпайтын, болмады деп қайтпайтын, сырт пішіні неондерталецтің туған жиеніндей дүңгене жігіттің кісінің мейірін тартып тұратын бір жылылығы бар. Комфорт тілемейтін, комфортқа өзі де үйлеспейтін, өмірі үстіне киім қонбаған шойын қараны жек көремін дейтін бір пенде болсашы. Дүние тұрмақ алты баласын түгел санап тауыспаған Қотиынға алтынның құны да беш тиын, сөйте тұра, қырға шықса бір ағашты сүйремей қайтпайтын әдеті; біреудің шөп-шаламы, біреудің отын-суы осының мойнына міндет болып қалғандай азабының қызығы мен пайдасын өзі көрмей, бала-шаға сұраса да есігінің көзіне тастап кете беретін қолының ашықтығы, көңілшектігі ұнайтын шығар.
Аю екеш аю да танауынан таптаса да айбат шегудің орнына Қотиынға өкпелеп кетіпті деседі...
Бір күні әйелі кір сап суға өзенге жіберсе, аяғының астына қарамайтын алаңғасар Қотиын қарақат түбінде ұйықтап қалған аюды таптап кетіпті. Шошыған жыртқыш ояна салып бақырып қашқан екен. Содан бері есікке сыймайтын еңгезердей жиен келін: "біздің Қотиыннан аю да бақырып қашады, өкімет маған осымен бірте тұрғаным үшін де орден беруі керек!", — деген өсек таратып жіберіпті. Қотиынның өзінен сұраса: "мен ештеме көргенім жоқ, енеміздің қысыр құнажынындай қорбаңдап біреу жүр еді, сірә, біздің мықты мені өтірік мақтаған болар", — депті.
Биылғы жылдың ыстығы да ересен. Биылғы Бұқтырманың тасығаны да ересен. Сірә, Алтайдың басында қар да қалмаған шығар, жылда сауыры сөгілмейтін ақ жон биіктер тыр жалаңаш, тек ұшарда тана көк мұнар жатыр. Көптен бері бұлт үйірілмеген орманды өңір сіріңкедей қаңсып, қалың бүктен шайыр мен күйген торфтың ыстық лебі бетке ұрады. Лып етіп от тисе жалмап кетейін деп тұр. Жаңбырдың жоқтығынан көк терек пен қайыңның жапырағына сілбі, жұлдыз құрт түсіп күйедей отап барады. Өткен аптада аэропланмен дәрі шашылған еді, етектегі тоғай біткен салақ қатын шайқаған жаялықтай сары ала теңбіл де, қыр басы қыршаңқының құйрығындай сояу-сояу болып ырсиып қалыпты. Аң атаулы альпаны қуалап андыздап кетті де өзекті өмірі ел көрмеген өгіз қара шыбын буып тұр. Басқа шаруаның бәрін жинап қойып, бойында жаны барды пож.постарға қуалаған лесхоздың басшылары да түгелдей ат үстінде. Жеміс пісе салысымен шүйебөрідей қаптайтын Көктас пен Домның, Зереннің тіміскі жұртынан да тыным жоқ, оның үстіне атқа мінген "салт туризм" деген шықты да сол пәле тайганың аяқ жетер қуыс-қуысында күпінің битіндей өріп жүр. Солардың бірі ме, Мешел байғұсты әлдекімдер таяққа жығып, сойып тастапты деген хабар жеткен соң екеуі бірдей салып-ұрып келеді. Машинаның іші табаның шыжығындай көңірсіп кеткен. Қалжасы жаққан қатындай Қотиын мен Бекет қара тырнағына дейін ағыл-тегіл болып еріп барады, қалыңдау киінген Сиғат былқ етер емес, түйме мұртының қос қапталы енді ғана жіпсиін депті. Пышырап отырған екеуіне жымия қарап күлді де желқағар терезені жауып:
— Осы сенің атың кім? — деді.
— Әкемнің қойған аты Кеңесхан еді, — деп ежикбас иегінің ұшынан тамшылаған терді сауып алды.
— Көңілі түссе келініңіз Қотиын дейді де қитықса атымды қолақпандай қып атай салады. Айтуға жеңілін ұмытпасаңыз болды ғой, маған екеуі де үйлесе береді, — деді желқағарды неге жаптыңыз дегендей директорға сұраулы жүзбен бажырайып; алақанға сыймайтын талпиған танауының үңірейген қос желбезегі делдиіп кеткен екен, маңдайынан моншақтаған көк терді самайынан асыра орап әкеліп сыпырып тастады.
— Қолыңның икемі бар ма еді?
— Ой, аға, біздің қол ұрлықтан басқаның бәріне жарай береді ғой!
— Ендеше, қалт еткенде маған соғарсың, қоймадан киіз босатайын.
Мынау жалаң брезентің қыста қамсау, жазда далда болмайды, әрі резеңке сасып тұр. Киізді бомазеймен қаптап, машинаңды қымтап ал, жалпы, адамды ыстықтан қорғайтын тығыз, болмаса тер ұстайтын қалың киім.
Бекеттің жейдесі бұрап алғандай еді. Сиғат әуелде ауыл үйдің айранын ішіп қайтуға шыққандай жеңіл киінген сияқты көрінген, үстіндегі шүлен құйрық қозының тықыр елтірісінен тіккен кеудешесі, басындағы фетр қалпақ, бұтындағы кенеп шалбар мен қысқа қонышты хром етік айран ішуге де, атқа мінуге де жүреді екен, өзінің ақ нейлон көйлегі мен лафсан шалбары мынау ыстықта адамды ешкі қотыр қылатын бітеу мөшек екеніне көзі жетті.
Шлагбауымның алқымы ығы-жығы. Бір жағы Бұқтырма, бір жағы құзға тірелетін тар өңештің аузы машинамен бітеліп қалыпты, палатка бөктерген, жеңіл прицеп сүйреткен сүмпиген "Москвичтер" мен бүйідей семіз жиырма бірінші "Волгалар" сәңірейіп-сәңірейіп күн көзінде шыжып тұр. Қолына ала таяқ ұстаған Мешел объездчиктің будкасынан атып шықты. Жол бекетінің инспекторы да, прокуроры да, соты да Мешелдің бір өзі еді. Бір жақ шекесі ісіп, бір көзі көкшиіп қалыпты. Тұлыптай домаланған бір тұтам байғұстың баяғы күбі қарны жоқ, фуражкасы көзінде, қайыс белдікпен шырға буынған орманшының формасы қақ тұздана сұр боп делдиіп, шикі терідей қаудырап тұр.
— Енді болмағанда мыналардың біреуін жайратайын деп тұр едім!
Аш бөрінің артынан жілік аңдыған өңшең сұғанақ ит тірідей жұлып жейтін түрлері бар! — деп еліріп, екі иінінен дем алды.
Не болды деп ешкім сұраған жоқ. Не болғанын көкшиген көзі-ақ айтып тұр еді. Көк "Москвич" шоңқиып шлагбаумның бер жағында жатыр екен, желі кеткен доңғалақтардың ішек-қарнын ақтарып тастап, жайдақ базарға темір-терсек жайған барахолщиктей жырғап отырған жүнді балақ қитар көз нахал көкірегі бұйра-бұйра болып жетіп келді.
Бұтына киген лыпасы тізесіне жетпейтін шорты екен, желбіреген балағына от тиіп кетсе тірідей үйтіліп кететін түрі бар.
— Бұл не қылған бассыздық?! Айтыңызшы, айналайын, бұл қай басынғандық?! — деп демі сарымсақ, денесі қи мүңкіген қитар көз өндіршектеп келген бойда Сиғаттың соңына түсті.
— Мен саған басынғанды көрсетем! — деп Мешел ышқынды.
Сенде көз бар ма, жоқ па?! — деп қызыл дөңгелек шеңбер салған қаңылтыр қалқанды саусағымен нұқыды да нахалдың қитар көзін енді көргендей: — Осыған да машина айдауға рұқсат берген қай соқыр екен?! — деп қарадай күйінді.
"Въезд категорически запрещен!" — дегенді әлдекім "өліп кетсең де әрмен қарай өтуге болмайды!" — деп өзінше аударыпты. Жамбастап жатқан қисық әріптерден Бекет Асекеңнің қолын таныды. Әрмен қарай өтпесе өліп кететіндей ентелеген жұрт шлагбаумге кептеліп шуласа бастады. Айдалада біреу ала қашатындай, жартылай жалаңаш, бет-аузының жартысы бояу, жартысы қаспақ қатындар көліктерін аңдып қансыған ыстықта кабинада шаншылып отыр: екі бұты таяқтай конусы бар, көптеген қанардай көкірегінен аяғының басын көп жылдан бері көре алмай сорлаған ырқылдағы бар; бірінің аузы бос емес, біреуі бірдеме жеп жүр, біреулері байларына бірдеме деп жүр, жарылып кетуге жақын қалған біреуі жұдырықтай түйе көтенді бітеудей жұтып жіберіп қитар көзді ысырып тастады да, киіп-жарып келіп Бекетті шеңберек атқан құрсағымен тепті.
— Бұл неткен бассыздық?! — деп шарылдады. — Төрт доңғалағымды төлетіп бересіз! — деп айқайлады. — Төрт доңғалақтың төр жүз сом тұратынын білесіз бе?!
— Төрт доңғалағыңызды төркініңізге төлетіп аларсыз! — деп Бекет те ежірейіп шыға келді; қарын төбелесте балш ете қалған төбедей майдан таяқ жегеніне намыстанса керек. — Тайга төркініңіз емес, бұл жерде доңғалақ өспейді!..
— Өкімет қайда?! Мұнда совет өкіметі бар ма?! — деп қарын төбелестің жүлдегері тағы да айқайға басты.
— Спакөйстбие!.. Спакөйстбие... Толко спакойстбие! Өкіметтің өкілі мына мен боламын! — деген дауысқа топырлаған жұрт жапырыла бұрылған, "шипкасын" шошайтып, қисық мұрны түтіндеп Асекең де жеткен екен, екі аяғын ердің оң қапталына қатар салып, бей-берекет кісінеген тобырды қазандай шетен қалпағымен қағып алатындай шіренді. Оның ат үстіндегі сиқын анық тағы бір "концертті" дайындап келе жатқанын Бекеттің іші сезіп қалған, "өкіметтің өкілі мен боламын" деген өтірігін естігенде еріксіз езуі қисая бастады.
— Жол бекеті пляж емес, алдымен төс айыл, шап айылды мықтап тартып, киім киіп келіңдер! — деп Асекең жарлық оқығандай өңештеп, құла бестіні ойқастатып келіп шлагбаумның бер жағына секіріп өтті.
Машинаның сұсынан бүгінде ешкім ығыспайды, өйткені, ол шіркін иттің құлы бай құтпанда да бар, аттың құдіреті мен қамшының ызғарынан жүн көкірек, жүнді ауыз, жартылай жалаңаш қаспақ езулер бірден жасып, басылып қалды.
— Мүмкін, галстук тағармыз! — деп әлдекім шамырқанған болды.
— Шұлғау байласаң да еркің, тек өкіметті сыйласаң болды! — деп Асекең аттан түсіп көп ішінен Мешелді іздеген, добалдай шекесін, көкшиген көзін көргенде кәдімгідей қуанып қалды. — Ойпырай, Мешаға, тойыс, кечирип қойғун, Қобыланды батырым-ау, Қазанның қамалын алып қайтқаннан саумысың?!
— Алдырар атасының басын мыналар! Қойшыларға қор қылып, жылқышыға жыр қылып жыртитып қойған жоқ па! — деп Мешел сыңар көзін сықситып аспанға қарап еді, бетінің бір қапталы ашыған қамырдай дүңкиіп, онсыз да танауға жарымаған байғұстың жарым кеңсірігін жеп қойыпты.
— Ойпырай, не бетімді айтамын Ойке апама демекші, енді Құртқаға қалай көрінеміз?..
— Ой, қойшы, байтал түгілі бас қайғы боп тұрса!.. Сенің-ақ ойының тасып тұрады екен!..
— Бас па?.. Басты қайтесің, садақа! Мұрныңды айтсай! — деп Асекең өз мұрнын мақтаныш еткендей түтіндетіп шүйіріп Сиғатқа бұрылды. — Сәке, біреуіміз інбәлит боп тынған екенбіз, керең құлақ тімтіген кезбелерге бола тағы бір мұрынды жертваға беру міндет емес шығар?..
— Осының билігін саған берсем деп тұрмын.
— Солай ма?.. Япырай, маған да билік тиеді екен-ау!.. Мешаға, тойыс, Қобеке! Екеуміз әбден жырғайтын болдық! Шығар анау столды!
Қой мына ала қопаның қасына! Ар жағын сосын көреміз. Құдай қаласа, мұрынның да есесі қайтар!
Тынымқұлдан құтылғаннан бері Асекең Мешелмен Құдайы көрші болған. Байлық үшін жимаса да шаруасыз отыра алмайтын Жәмилаға бола қураған бірер жылқы, бір-екі сауын, он шақты қой, соғым-поғымның бордақысы деген сияқты мал басы Мешағаңда да бар. Бірақ, Тынымқұлдың фермасындай арамнан біткен мазасыз мал емес, келген кеткеннің тісіне сыздық, ертеңді-кеш шелектің салдыры мен күбінің күрпіліне ермек болған үй иесінің берекесі еді. "Чабанский завтрак" пен "Туристің түнемелі" асынан жеріп шыққан Асекеңе де бүгінде Мешаға, Қобеке атанған Мешелдің Құдайы көршілігі онша жаман болған жоқ. Үш мезгіл түтінін аңдымаса да тәулігіне бір дүркін Жәмиланың кілегей қатқан семіз шайынан дәм татудың өзі таңдайдың бақыты емес пе...
Бәленің басы Жәмиланың осы ертеңгі шайынан басталып еді. Оразасын ашсын деп Асекеңді шақыра қойған, бес тал сақалын қырып, бет-аузын булап жатқан Мешелдің кәлләсін бүгін көргендей қиқиып босағада тұрып алғаны.
— Ойпырай, Қобеке-ай, жүдеп қапсың-ау, дімкәстанып қалғаннан саумысың?! — дегені.
Күні бойы өткел аузында қақталып, төрт қабырғаның қапырығынан түнімен дөңбекшіп шыққан, өмірі шаншу тиіп ыңқ етпеген тайганың бүйрегі бітеу бордақысы барлыққан бет-аузын көріп: "осы мен шынында ауырып қалған жоқпын ба?" — деп тұңғыш рет көңіліне күдік алып еді.
— Жарғақ құлағы жастыққа тимегеніне бір жаз болды, ауырмағанда қайтсын! — деп Жәмила да жарапазанға басты. Бір қадалса темір де болса теспей қоймайтыны егерьдің оқты көзі бір кесе шай ішкенше ақыры ауыртып тынды.
— Мешаға, тойыс, кечирип қойғун, Қобеке, сен жансебіл болды екен деп қаланың жұрты ел қыдырмай отыра алмайды, — деді. — Ажарың сынық екен, бір күні тырқиып қалсаң мына Құртқадан басқа артыңда сыңситын адам да жоқ! — деді. — Мұның да жетісіп отырғаны шамалы.
Аяғы ауыр, қарайласар қарындас, орайласар абысын жоқ! — деп сұңқылдасын келіп.
— Ау, Асеке-ау, маған сонда нағыл дейсің?
— Жаныңды күт, қазанды қорламай, құрсақты зорламай үш мезгіл уақытымен осы кісінің қасында болып асыңды ішсең де төбесі көкке жетпей ме! — дегені.
— Күйші қайным-ау, бұ сорлыға сол ақылды айтатын да адам жоқ қой! — деп Жәмила да қосарланып, туғалы жанашыр іздеп көрмеген Мешелдің көңілін босатып, жетімсіретіп-ақ тастағаны.
— Бүгін барып Бекеттен көмекші сұраймын! — деп Мешел де аяқ астынан нілдей бұзылды. — Өкімет шаруасы деп өлеміз бе?!.
— Ойбай, өкіметке де, Бекетке де тиіспе, бәлесіне қаласың, беретін кісісі және жоқ! — деп Асекең тағы да теріс жығыла салды.
— Иен тайгадан тридцатка төс тақтай табылмас деймісің? Жуан шегені жыпырлатып қақ та шлагбаумның алдына көлденең салып көм де таста. Жат сосын жаныңды күйттеп!
— Жатқаны қалай?
— Енді машина деген итің аспанмен ұшпайды ғой. Ары өткен, бері өткені төрт тағандап қашан сен барып ұстағанша шоңқиып жатат та!..
— Ойпырай о!.. Ойпырай ә! — деп Мешекең кесесінің түбіне қарап қала берген.
Мешекеңнің түбіне жеткен де Асекеңнің осы ақылы еді. Айтқанын орындап, Жәмиланың күрең шайын армансыз сораптап қайтуға үйге келген, қыртиып қырық жыл көрмей кеткен қайын атасы танауынан міңгірлеп төр алдында бықсып отыр екен. Кемпірінің сіңлісінің қайын атасының қайын жұртында тостағанға тосып отырған тоқсандағы бір кемпір қайтыс болса керек, соның тие берісіне салатын тоқты, ақыретіне қосатын ақша сұрай келіпті. — Бер де құтыл! Аш бөледен қаш бәле дегенді білемісің?!
Әншейінде үйіне ит кіріп кетсе кебежесіндегіні суыратын Жәмила да шалқасынан түсіп жатып алсын. Мешелді сотқа беріп, нахақтан күйдірген төркініне қайтып ат ізін салмаған.
— Көрмеген адамның көріне мал шашатын ақымақты тапқан екен!
— Өлімге сұрап отыр деймісің, өзіне керек те! — деп ақыры әкесін бос қоржын қайтарды.
Кепкен шал кейпіне қарамай кекірейіп шай ішкенше, екірейіп атқа мінгенше жарылып кете жаздаған. Өткелге келсе, Асекең айтқандай бір "Москвич" шоңқайып жатыр екен. Келе жүнді ауыз қитармен айқасты да кетті. Қырсық адамның соңынан қашанда қырсық ере келетін әдеті, Мешекең бүгінгі жанжалдың кесірін кепкен шалдан көріп отырған. Асекеңнің әдейі болмаса да айдап салғаны пәруейінде де жоқ. Дереу Ақсуға ат шаптырып, Сиғат пен Бекетті қабағынан алдырғандағы салмағы осы ырду-дырдуды пайдаланып көмекші сұрап алу еді, жарылқаса Асекеңдей көмекші өз аяғынан келіпті.
— Дүкүмент! — деді Асекең алақанын жайып.
— О ненің ақысы? — деді жүнді ауыз қитар.
— Егер бергі беттен үмітіңіз болса — дүкүмент!.. Қолыңызға қағаз ұстатамыз, соны ұстап лесхоздың бухгалтериясына барасыз да бес сомға бір жолдық билет сатып аласыз. Сол билет қайтқаныңызша пропуск! Шатырыңызға енді бірдеме кірді ме?..
Жүнді ауыз шолақ шортысының құйысқандығынан паспортын алып ұстата қойып еді, Асекең қисық мұрнын түтіндетіп отырып туған жылынан бастап мекен-тұрағына дейін түгел жазып алды да сойдақтатып адам танымас бір жапырақ қағазды бере салып, паспортты бәле боқшасына сүңгітіп жіберді.
— Дүкүмент! — деп енді жүнді ауыз алақанын жайды.
— Тәсбидәние! Қайтар жолда аласыз! Следующий! Асекең Жүнді ауызды дөй - далаға қалдырып қисық танауын келесіге тіреген, итініп кетпей тұрған қитарға тағы да қайырылып соғып: — Есіңізде болсын, өрт шығып, апат басталған жағдайда, кінәңіз болса да, болмаса да бес жүз сом штраф төлейсіз! — деп және нығарлап қойды.
— О ненің ақысы?! — деп енді столды қарынымен қабыстыра семіз бикеш килікті. — Бір шелек қарақат, бір сомдық саңырауқұлақ үшін бе?! Сұмдық қой!..
— Енді қалай деп едіңіз? Бір сағаттық өрт табиғатқа жүз жылдықтығын! Соның бәрі бір шелек қарақат пен бір сомдық саңырауқұлақтың кесірі!.. Сіз қайда істейсіз осы?..
— Менің қызметімнің қанша қажеті бар? Шахтер семьясымын! — деп енді жуан қарын да шіреп шыға келді.
— Ә?.. Семьясымын деңіз.. Бәсе, мен сізді Көктастың базарынан көрген сияқты едім. Саңырауқұлақ сатып тұрған жоқ па едіңіз, осы? Килосы қаншадан еді?..
— Әй, мәңкөсе, ал документті! Кетеміз! Қорлау ғой мынау! — деп әйел күйеуін столға жуан қарынмен жапырып тықты.
Әрине, жуан қарын Асекеңе жөнін айтқан жоқ, Асекең де Көктаста болған емес, жуан қарынды көрген де емес, бетінің сөлі вазелиндей пышырап, майға бөгіп тұрған ту қатынды базардың бақал жаймасынан елестетіп оспақтай салып еді, жуан қарын бақайы мыжылып қалғандай шар етіп ыршып түсті. Шу көбейіп, жұрттың бәрі көліктеріне жөңкілді де ертеден бері күн көзіне қақталып сәңірейіп-сәңірейіп жатқан сүмпиген "Москвичтер" мен бүйідей домаланған жиырма бірінші семіз "Волгалар" бұрылып алып тая бастады.
Жүнді ауыз қитар өз документіне өзі жете алмай жылағандай болып столға жатып алған, Асекең онан сайын зәре-құтын қашырып, масайрап отырып акт жасады: "Во время исполнения служебной обязанности объездчик четвертого лесничества Аксуского лесхоза Мишель Адайханов был избит до потери сознания неким гражданином Берденниковым без определеной занятии, проживающем в городе Коктас по улице Антонова дом номер 13. Соответствующая медсправка и обяъснительная записка потерпевшего прилагаются. Свидетели..."
— Осы қорқытқаның да жетер, қайтарып бер! — деді Сиғат.
— Сәке, сіз де көңілшек пе едіңіз? Бір мордадан айырылып отырғанда... Осында қисықтар мен мертік-шартықтар онсыз да жеткілікті еді ғой.
— Осының өзі де заңға томпақ. Штраф дегенді қайдан ойлап таба қойдың?
— Сәке, бұлар тайгаға бір кірсе, жүгеріге түскен сиырдай қайтып шықпайды. Мына кісінің бордақысы айтпақшы, бір бақыр қарақат пен бір сомдық саңырауқұлаққа бола бес жүз сомды кім төлей қояр екен?.. Ақыры қуған соң тоң май жұтқандай қайтып жоламайтындай көкірегін аздырып жіберелік те! Алды-арты осы деймісіз, жеткізе барсын, өлермен жұртқа өсектен басқа тосқауыл жоқ. Күні бойы төрт камераны шикі резинамен жамап-жасқаймын деп тырпы қалмаған Жүнді ауыз қитар документін ұстатқанда қожаның қолынан тәбәрікке тасбиық алғандай қуанып, түйенің жарты етін тиеп алды да табан астында тайып отырды.
— Осы мен кіммін?! — деп енді Мешел шықты.
— Әжептәуір жігітсің! — деді Бекет. — Басында үйің, бауырында бәйбішең бар. Бұйырса бала сүйейін деп отырсың!
— Жоқ осы мен кіммін?!
— Лесхоздың дардай объездчигісің. Аюдан кейінгі тайганың қожайыны сен емеспісің!
— Жоқ, осы мен кіммін?! Жұрттың маған, менің жұртқа сенбейтінім қалай осы?!
Мешел үш қайтарып сұрағанда Бекет тегін үлестірер титулын тауысып алып дағдарып қалды. Томпайған мес торының бойынан мұндай сауалды Сиғат та күтпеген еді.
— Погран полосадан қуамын деп ушәскебай жағамнан алды, ертең-бүрсүгүні туамын деп жағаласып Жәмила отыр, бала сүйесің деп сен ыржалаңдайсың, мен болсам қатын алғаныма да сеніп жүргенім жоқ! — деп Мешел бет орамалға бес қабаттап ораған түйіншекті шешіп, қатырмасына әлі шыбын да саңғырмаған су жаңа паспортты Бекетке ұстата салды. — Көрінген иттен таяқ жеп көзден айырылып тұрғанымыз мынау! Мен осы кіммін, соны айтшы?!
— Ойпырай, Қобеке, айлас қатын мұңдас деп, адамның қайдағы бір қышыған жерін қаситының бар-ау! — деп Асекең де отты үрлеп жіберді.
— Мекен-тұрағымызды сұрай қалса, бізде де мына қисық мұрыннан басқа көрсетер бедел жоқ!..
Өткел басында бірін-бірі түгендеп төртеуі ғана қалған, ежикбас төбесі тақтайдай болып тағы да ұйқыға кетіпті, дәл осы жатысында тебен тұрмақ, қашау қақсаң да сезетін түрі жоқ. Қалың машинаның қарасы үзіліп, қалың орманның төбесінде ширатылған шаңы ғана тұр. Бұқтырманың сарылын құмықтырған шілделіктің шырылы мен шегірткенің ысқырығынан да аптаптың жалыны ескендей. Жанжалдың жарасы Мешелдің бет-аузында қалғанмен қаңсығы әркімнің аш өзегін тырнап, сонау бір жасыл орманның төбесін айғайлаған шуда шаңдай артына көңірсік тастап кетіп еді. Лесхоздың штампасынан басқа не пропискасы жоқ, не семьясы тіркелмеген су жаңа паспортты Бекет үн-түнсіз директорға ұсынып еді, ұсталмаған ақшадай иісі де су жаңа, иесінің тері сіңбеген қысыр қағазды директор да үн-түнсіз төс қалтасына салып алды.
— Құрыдым! — деді Мешел.
Бидоны мен Мешелдің ат дорбасын арқалап Жәмила келе жатыр екен.
— Хал нашар, жігіттер! — деп Асекеңнің қисық мұрны да теріс бұрыла берді.
Ертеңгісін сау кеткен күйеуінің бет-жүзін сәскеде танымай қаламын деп ойламаған келіншек Мешелдің мөшектей мордасын көрмегендей, көрсе де мән бермегендей ізет сақтап қайнағадан бастап амандасып шықты да:
— Жарықтық, мына күн апшыны қуырып жіберді ғой, қаңсып қалған шығарсыздар, қымыз ішіңіздер, — деп тоң-торыс тыныштықты бұзды. Төртеуі бірдей тоң-торыс Жәмиланың соңына ерген, будкаға кіріп, жеткені тақтай табуреткаға, жетпегені тапчанға жайғасқан соң Асекең алдын ала өзін тағы да "жертваға" беріп салды:
Ақталмайтын іс болды, айта алмаймын,
Албасты да тап келді сайқалдайын.
Жеңешеміз кешірсе жарар еді-ау,
Желіктірген ағасын сайтан қайның! —
— Е, бас орнында болса, бет қайда қашар дейсің, әйтеуір өздеріңіз амансыздар ғой? — деп Жәмила бидонын ашып, кесесін шығара бастады.
Келіннің жасаған ізетіне, жайбарақат мінезіне разы бола отырып, Сиғаттың жанына батып кеткені дәл осы зілсіз сөзі еді. "Өздерің аман отырып, орталарындағы бір сорлыны соққыға жығып қойдыңдар ма!" — дегендей естілді. Бекет тағы да: "ойпырай, осы жұрт жақсы қатынды қайдан тауып ала қояды?!" — деп таң қалды; бетіне жұқалап түскен ноқтасы, майлы бауырсақтай тершіген қоңырқай жүзі, мол көйлектің ішіндегі тоқ бітімі кешегі өз аяғымен келген тентек Жәмилаға мүлдем ұқсамайтын сияқты; мамырлаған жүрісін, майысқан жүзікті саусақтарына дейін қызғаншақ көңіл Мешелге қимай отырғандай.
Қымызды мақтап ішісті. Жорта мақтасқан жоқ, расында мақтағандай-ақ екен: мейізбен баптаған тосаптай сары қымыздың таңдай тітірентер ашуы да жоқ, шикі татитын момын да емес, тілдің ұшында қалатын тәттілігі шөл басар сусыннан көрі мәйекке жақын қымыранды еске салған. Ыдыстың сәнінен, астың дәмінен қолдың бабын іздейтін Сиғат іштей Әсемнің сабасымен салыстырып итжығыс түсірді де, асырауы келіссе кейінгі жастан да өнер қашпайды екен-ау деп сүйсінді.
— Келінжан, қымызың бір қыздың қалыңына өтеу болғандай екен, мынау елде жоқ мейізді қайдан алдырдың? — деді.
— Ағатай, мақтауыңызды мал иесіне айтыңыз, — деп Жәмила көпе-көрінеу Мешелдің көкшиген бет-аузын жұрт көзінше ақтап алды. — Мейізді күйші қайным Түркістаннан алдырған, — деп Асекеңді де балық үлестен құр қалдырған жоқ.
Жалғандығы жоқ, сөзін құлаққа ғана емес көңілге де ағымды етіп жеткізді. Жас та болса жоқты барға баламайтын, барды жоққа санамайтын, от басының тыныштығы мен берекесінің саясатшыл бәйбішесіндей орнықты мінез танытқан кішіпейіл келін кісіліктен де құралақан емес сияқты. Әрі көш, бері көш, әрі қара, бері қарамен дүрегейленіп кеткен Ақсудан өкпесін әзілдей, әзілін әңгімедей қылып өткізетін әйел жұрағатының қожырай бастағаны қашан. Жәмилаға тамсанып отырып, сынық келіннің Масақбайдай кепкен шалдың тәрбиесінен шыққанына күдіктеніп, көзге қораш көрінгенмен еркектің бәрі күн өлтірген дәлдір емес, ұрғашының бәрі күнін баққан күң емес, елі жарасса, еліңе жарасатын зиялы жұрттың сарқылмағанын сезді де "мен осы кіммін?" — деген Мешелдің сұрағанына қайтып оралған...
2
Елдің соры көші-қонды, халықтың соры миграция екенін Сиғат жігіт-желең кезінде-ақ ұққан. Бұл елдің қаймағы қашан бұзылды десе, Сиғаттың есіне он алтыншы жылдың июнь жарлығы түседі. Екі болыс Қаратай ұлардай шулап, Алтайдың бауырын шаң қаптырған дүрбеленде ту көтеретін басшысы болмаған момын ел қарап отырып өз шаңына өзі адасып, тасыған сүттей өз ошағын өзі сөндіріп бір тынды. Сергелдең мен сенімсіздіктен қажыған қайран тобыр қайдағы бір қажының қолына түсіп, пайғамбардың ақтауын көтереміз деп бір сандалды. Ақыры елдің жарғысын арғы бетке жырып әкетіп, шүршіт императорының қылышына апарып салды да, пайғамбардың ақ туы түгілі атасының басын арулап көмуге ақырет таппай қор болып қырылды. Әншейінде шуын жия алмай, соғыс десе қаны қарайып, делебесі қозып шыға келетін ақ патшаның қаруына қарсы тұрар күш қайда! Беріде қалған Әбдік болыс әуелде қол жиып, найза шошайтқан болып еді, кейін генерал-губернатормен табақтас болған таныстығын жырта алмай, әрі елді босқа шығындама деген Сапаның ақылымен он түтіннен бір азаматты қара жұмысқа байлап беріп, бар пәледен құтылдым деген. Ойсырап қалған отанды, орны үңірейген ошақты толтыратын кейінгі ұрпақ өртеңнен қалған шидей шанжау-шанжау ербейіп, жамаулыққа жарамады. Он екі ағайынды Балкөбек тұқымынан жалғыз қалған Сапа еді, қалғандары: "заман оңалса туған жерге тағы да оралармыз", деп алды-артына қарамай үдере көшкенде обалына қалам ба деп тоқтатпаған. Егер Сапаға мал бітсе, ол да бір атаның тірнектеп жиған маңдай тері, он екі түтіннің бөлінбеген еншісі, артына қалдырып кеткен аманаты-тұғын. Мал қалғанмен бас қалмады, малды құрайтын бас болғанмен, басты құрайтын мал емес. Қураса кәне?! Сол қайда?! Қасқырдан зәрезеп болған қойдай ит үрсе де үркіп ала жөнелетін Ергенектінің бір тайпасын діндары бар, дүмшесі бар Октябрьдің дүмпуімен тағы шошытып, қит етсе қиядан аса қашатындай іргесін қопаңдатып бір қойды. Революцияның не екенін, кімге не әкеле жатқанын түсінбек түгілі, қауашағында қасықтай ми жоқ рухани дүмшелер, әйтеуір бардың малын талау керек деген ұранмен аталасты да, қоңсы отырған ағайынды да байға теліп, бүкіл жұрттың жалғыз-жалғыз аяқ артарына дейін сыпырып әкетіп ту-талақай қылса, кәліктіп кезінде "асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деген шолақ белсенділер кедейдің өзін де қайта тәркілеп шықты. Көзі ашықтар ұлтшыл, көр соқырлар көпшіл атанған кезде, Есімхан сияқты "Жындыбай Желдібаевтардың" аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып тұрған кезде ел қара орманын тастап, жаяу-жалпылап, көл таңдаған жыл құсындай, әйтеуір көші-қондыға көндігіп алған сорлы қазақ тағы ауды; көл таңдап, жер таңдаған жоқ еді, үрей қуған соң туған жерден жыртылып әрең айрылған; Алтайдың бергі бетінде "ақтабан шұбырындыны" қолдан жасаған дүмшесі, шолағы мен елге сәндігі, кісілікке мәндігі жоқ бейшарасы мен бұрлыққан жұрт қана қалды да, қонақ қабылдайтын қожайынға, ел сыйлар енеге зар болған кез туды, қаймағы кетіп, қаспағы қалған күйкі тобыр қазанға қақ болған жоқ, уығы шолақ, түндігі жыртық итарқалар қара шаңырақтың орнын толтыра алмады, жерден қасиет, елден береке көшті, жабының сауыры сере болып, жақсыдан бақ қайтты. Енді-енді ес жиып келе жатқанда Отанға фашистер шапты да ер-азаматтардың артындағы ұрпағы — ғұлама мен бескемпірлердің, тасқабақ пен мешелдердің түрі мынау...
"Елу жылда ел жаңа" дейтұғын, ел жаңарды, бірақ оның елдігіне қазық болар қасиеті жаңарған жоқ, жеті атасы тұрмақ жеті күннің ар жағын жұптай білмейтін жетіммен "мен осы кіммін?" деген уайым енді ғана туа бастапты. Жетімдер өлкесі атанған Қаратайға жан-жақтан жиылған, өгейлігі жоқ болғанмен еншілі өзіндігі жоқ келімсектерге кісілік, парасат дейтұғын ол баста-ақ қонбаған. Тайга тілінде саяқтар, калымщик атанып кеткен дүрегей қауымда шаруаға бас, ошаққа тас болу ниеті енді ояна бастаса, мешелдердің де кісілік қақысын, моральдік правосын талап еткені де. Ертеңгі күні қай жердің шөбін таптап, қай жердің суын ішеріне көзі жетпей, жел аударған қаңбақтай қаңғырып кете беретін калымщиктерді ел қылу етек басты тірлікке байлаудан да басталатын шығар. Отыздан асқанша өз ошағын түтетпеген салт бас сабау қамшыда ел менікі, жер менікі деген сезім қайдан болсын, ел-дағы, жер-дағы жауапкершілікке қоса азаматтан жүректің жылуын қалайды, сағынышын, жанашырлығын күтеді; өзін-өзі күте алмай, өз қолы өзіне жете алмай, өз уайымынан өзі оза алмай жүрген жарым көңіл жарлы жомартқа жүрек жылуы қайдан келсін!.. Барды жоқ қылған пұшайман, жоқты көксеуші ме еді. Өзінің ғана емес, ұрпағының үмітін ел көшіне қоспаған тұлдыр болашаққа арман қалдырушы ма еді!..
Бір ауыз сөздің мәні, бір кесе қымыздың дәмі Сиғатқа өткеннің біраз мұңын шалдырып, аядай будкаға қайта әкеліп қамады. Мешел ысталған қой етінің ортан жілігін жалаңаштап тастап, енді қымызбен қуалап отыр еді, Жәмила оны Сиғаттың көзінен көлегейлей беріп сүйекті қойдыр шелегіне қағып жіберді де қымыз сапырған болып құлақ басты қолына алды.
— Өй, менің тамағымда нең бар?! Етің табақта жатыр ғой, қу жілікті де қимаймысың?! — деп Мешекең кәдімгідей қызарақтап қалды.
Бір іркілген сүйекті қайта-кайта қажалап, шайнаманы кісі көзінше қымызбен қуалау ерсі екенін Мешел қайдан білсін! Әйелі қысылғанмен кепкен шалдың кесірінен кептелмей қалған Мешелдің аш құрсағы намысыңды не қылсын! Қымызды шалаптай, шалапты шағанақтап ішіп үйренген қайран Мешекең әдепті қайтсын! Сүйекке таласып, қызарақтауын Мешекең қызарақтағанмен, қызаруын Жәмила қызарды, әйтеуір кекеткені белгісіз, жуып-шайғаны белгісіз, күйеуін Асекеңше Қобеке, Мешаға деп қомпитпай:
— Батыреке-ау, сенің жұмырыңа суық тамақ жақпайтын еді ғой, кешкі ауыз ашарыңа тағы бір келіп қайтармын! — деп торсылдаған шіркіннің бөркін қопақтардай қылып, өзін-өзі зорлап езу тартты.
Жеті жыл бойы бидайдың бырт көжесін де, вермишельдің қырт көжесін де Мешелмен бір саптыаяқтан бөліп ішкен Бекет бұған мән берген жоқ, Сиғат Мешелді аяп:
— Расында келіннің мына қымызы еру боп ішетін текті сусын екен, — деп Жәмиланы да ақтап шықты.
— Бұл да бір біткен іс болды! — деп Асекең "шипкасының" ширатылған түтінін қисық танауымен қуалап ұрттап отырып, неге айтқаны, кімге айтқаны белгісіз, бірақ ауыз жиғанша болған жоқ, шолақ байталға трактор тартпас абажадай арба сүйреткен пұшпақ бөрікті еңгезердей шал шлагбаумды шірей тоқтады.
— Ей, бұл ауылға аусыл тиген бе? Мынау кәрәнтиіннің ала қопасы несі?! — деп арба үстінде қарақшыдай қалшиып отырып айғай салды.
— Ақсақал, жол болсын! — деп алдынан Асекең шықты.
— Жол сілтемек сенен болсын!
— Қайда тарттыңыз?
— Қайда тартқанымда шаруаң қанша, мына пәленді аш! — деп шал мойнын бұрмаған қалпы пұшпақ бөркінің астынан Асекеңді менсінбей көзінің қиығын ғана зорға қиды.
— Жоқ ақсақал, жөніңізді айтпасаңыз, бұл ала қоппа жөп-шеңкімен ашылмайды! — деп Асекең де танауымен атып тұр.
— Ой, пәл ай, түзге шыққанның түсін тексеріп!.. Кіран асып бара жатыр деймісің?! Мынау тұрған бұғылы ауылға жетсем болды, бұлауға түсем де қайтам!.. Әлде, тісімді де санарсың?!
— Медспрабкеңіз бар ма?
— О неткен спрапке?
— Эпидокружениеден!
— О не пәле?
— Дені cay, қотыр-қотыр сияқты жұқпалы дерті жоқ деген лөктірдің қағазы бар ма?
— Шырағым, жылда шомылып жүрген қоймалжың қордаға да спрапке шығындаймыз ба? — деп шал бұғыдай мойнын зорға бұрғанда пұшпақ бөріктің астындағы күмпиген желкесі бесті қошқардың құйқалы шүйдесіндей құж-құж болып қатпарланып шыға келді. Жұқпалы дерт кірлі адамда болады, шырағым. Менің бір түгілі екі қатыным бар. Өле қалсам, тоқалым әлі де бір еркектің белін қақтағандай. Осы спрапке саған жете ме?!
— Қап! Құрыған жеріңіз осы болды-ау, ақсақал! Тоқалыңыздан бір жапырақ қолхат алғанда ғой!.. Қағазсыз қара басыңыз бұл күнде қорқа жүрмейді!..
— Ой, пәл ай, қағазың күйек бола ма! Еркектің қауқарын ұрғашының аңсарымен өлшейтін құшнаш едім десеңші онан да!.. Сірә, Сиғаттың әмірі болса керек, ала сырғауыл шошаң ете қалды да шолақ байтал абажадай арбаны ыңырсытып жылжи берді. Алда-жалда арбаның жармысы үзіліп қап кетсе де еңгезердей қарақшының артына қайырылып қарар түрі жоқ, ырдуанның екі қапталын керіп отырған пілдей шіркінді үйінен шыққанда кранмен көтеріп салды ма екен?.. Жайымен де кеткен жоқ, желкесімен атып:
— Шырағым, осы жерде тапжылмай тұрар болсаң, алдағы жылы куәлікке тоқалымды теңдей келермін! — деп Асекеңе нос көрсетті.
Қаланың терімшісі мен тентіремесін тоқтатқанмен қыдырымпаз ағайынға тосқауыл жоқ еді. Соңыра балқарағай піскен соң тоқсан жерден тоспа қойсаң да елеуішке құйған судай сорғитыны белгілі.
Асекеңнің амалсыздан тапқан "эпидокружение" деген сылтауы ойда жоқта директорға ой салды да Меруертті алып келуге Қотиынды медпунктке жіберіп, қалғандары пантоваркаға жаяу тартты.
— Сері аға, жолай еру болып сусын іше кетіңіз дейтін дайындығымыз жоқ, бұрын-сонды босағамызды аттамап едіңіз, ұятты боп қаламыз ба деп тұрмыз, — деді Жәмила ыдыс-аяғын жинап жатып.
Кішіден "Сәке", жағымпаздан "Сері", тұстастан "Серый" дегенді күнде естіп жүрген Сиғат келіннің аузынан шыққан "Сері ағасына" шынымен жаны иіп сала берді.
— Рақмет, келінжан, Алла жазса астың дәмін шілдеханада тататын болайық! — деді.
— Оның жолы бөлек қой, қанша сараң болғанмен ініңіз қалжаға бір тоқты шалмас дейсіз бе, — деп Жәмила әрі ыстықтан миы құрттап, әрі астан соң мең-зең боп қалғып отырған Мешелге қарады. Алуға келгенде алтынды да азсынып, беруге келгенде көңілі түспесе бақырға да беріш боп қалатын мал иесінің құлағы түрік екен, көзін табан астында жапақ еткізіп ашып алды.
— Әне, бұл енді сөйтет!! — деп атып тұрды. — Мақтасаң болды, әншейінде де кебежесінің қақпағы жабылмайтын далаңбай шіркін ертеңгі келімді-кетімдіге кепкен жілік қалдырмайды. Мақтағанды кім жек көрсін, әрі беті ашылмаған жас болса, әрі доғал күйеуінің дөкір мекіресінен басқа жылы сөз естімеген жетім көңіл болса, бірақ Жәмила тек мақтан үшін емес, зеріктірген жалғыз үй, өзгермейтін қоңыр төбел ошағының анда-санда болса да жаңа сөз, жарқын ықыласпен бір толғанын көксеуші еді. Сезімтал Сиғат соны біле қойды да:
— Жарайды, келінжан, көпке әуре болма, азға да қанағат, қайтар жолда соғып, мына батырды бір самауыр шайға шығындатып кетерміз, — деп Жәмиланың көңілін, Мешелдің көнін жібіткендей болды.
— Өй, мен қайда қалдым?!
Жұрт қопарыла жөнелгенде Мешағаң көзі көкшиіп ала сырғауыл екеуі дара қалып барады екен. Тұңғыш рет оған Бекеттің жаны ашыды, сөйте тұра қосарға ергенін қош көрмегендей:
— Е, сен қайтушы едің, сенен басқа өткелге қорған болар кім бар? — деп әдейі оспақтады. — Тағы бір көзді босқа шығын қылғанша біреуімен құтыла тұралықта!..
— Асекеңнің айбарынан соң йен бекетті жау шаба қоймас, — деп Сиғат араға түскен болды. — Әрі-беріден соң Қобыланды сенің бекетіңе қарауыл болуға борышты емес, өз шаруасы, өз міндеті бар. Түбі дәл осы өткелден пожарный пост ұйымдастыратын шығарсың, жолдас бас орманшы!..
— Е, бәсе! — жетімсіреп тұрған Мешелдің көңілі орнығып, Жәмиланың ыдыс-аяқ салған қоржынына жармасты. — Тым болмаса тышқан мұрнын қанатпасаң бастықтардың назарына ілікпейсің, күл да болса оған да қолқабыс керек шығар. Солай ма, Жәмилаш?.. "Сүйреп қосқан тазы түлкі алмас" деуші еді, жегінді көліктей бас белең болып қалған Мешелді Жәмила кісілікке сүйреп-ақ бақты, бірақ жауырдың қомытына қайта-қайта өзі келіп басын тыға берген соң, шамырқанып бір қарады да ыдыс-аяғын оған жүк қылмай өтірік күйбеңдеп кейіндеп қалды. Пантоварка жаңадан көшіп қонып жатқан бір ауыл секілді: қаптаған палатка, шөптен соққан итарқа, кент жамылған әртүрлі машиналар, ыбыр-жыбырдан жарты шақырым аулақта мүйіз отайтын станоктың мұнарасы селтиеді. Соқтауылдай қызыл шырайлы салт жігіттің қарсы бетті дүрбімен тінткеніне біраз болып еді, Сиғаттар келгенде қара керден қарғып түсіп амандасты да табан астында қайта мініп алды. "Старшой!" — деген әлдекімнің айқайы қайынды бытқылдың қиқуімен қатар естіліп еді. Қара кер елеңдеп құлақ тіге берген соң, Старшой дүрбісін көзіне қайта киді.
— Осы старшой деген не титул, соны айтшы?
— Ол тұқым қуатын лауазым ғой, Сәке! — деп Айтқазы жымия жауап қатты. — Ұлы әкем старшой болыпты, әкем де старшой болған, енді мен старшой болып жүрмін... Әкем айтпақшы, дүрегейлеп түсіндірсем, старший мараловод, қазақша айтқанда аға бақташы.
— Аға бақташы деген де болды екен-ау? Онан да мал иесі демеймісің.
— Ондай сөз біздің тілімізге сия ма... Шынымды айтсам, орысша ұрыспасақ қатын да тіл ала бермейді. Бір анадан туған он баланың бесеуінің есімі орысша, еркелетсек оны бірдей орысша болып шыға келеді. Орталықтағы жалғыз орта мектептің өзі дүрегей. Сонан соң мен дүрегей болмағанда, мен старшой болмағанда кім болмақ?! Мал иесі дегеніңіз бұл елдің құлағына отықпайтын бөтен сөз ғой, Сәке!..
— Елің солай айтса, мен де разы.
— Елді қайдан білейін, біз мал баққан адамбыз ғой...
— Малды қай тілде бағасыңдар?
— Әй, нағашы-ай, қырық серкешке құдды мен қарыздар болғандай тақымдап қоймадыңыз-ау! — деп Айтқазы табан астында нағашы тауып ала қойды. — Баяғыда билікке таласамын деп Алтайдың терісіне ауып кеткен жарты жұртыңыз он метр кенеп, бір теңгелік сөлкебай үшін мойнына крест таққан екен, Түлкібайы — Лисицын, Қасқырбайы — Волков, Ешкілібайы — Козлов болып кеткен жиендеріңіз ғой осы малды бағып отырған. Бірақ малдың тілі біреу-ақ, ол — бап. Бабын табу біздің міндет.
— Сонда Старшойдың міндеті не?
— Біздің міндетті көріп тұрсыз ғой. Нағашыларым қырық серкешімді қай сайдан әкеліп қосар екен деп дүрбімен қараймын да тұрамын.
Тоғай жым-жырт, торғай да жусап қалғандай. Көз ұшындағы ауылдың түскі түтіні де үзілген. Оразасын ашпаған он жігіттің Ақбастының қиясын шырқ айналып екі бұқаның соңына түскеніне бес сағат болыпты. Жалама қиядан тіке салған салт аттылар домалаған тастай етекке ағып түсіп еді, ну шалғынның арасынан едіреңдеген екі мүйізді көргенде қара кер иесінің тақымын күтпей-ақ сұқсырдай ұшып алдын кесті. Марал жарықтық аяғының астына қарамайтын жануар, оның бар сұлулығы да тәкаппарлығында болса керек, тұрса да, қашса да иегі аспанда.
Қашаның биіктігі бес метр. Бөлек-бөлек бес шарбақ. Бес шарбақта құма-құма бес есік. Ең соңғысы — жалғыз атты сыймайтын тар дәліз, шегінетін бұлтарыс та жоқ, станокке әкеліп бірақ тығады. Тағының әзірейілі — қан сасыған осы станок, иісін алғаннан-ақ тік шапшып, үңірейген қуыстан аю көргендей үркеді. Ауызғы шарбақтағы он бұқаның оны да үңірейген қуысқа едірейісіп, төрт тағандап қатып қалыпты, бүйірінен сойылдың ұшы қадалғанда да тырп еткен бірі жоқ. Жігіттерді азапқа салған қос бұғы ауызға келіп кептелді де әрмен қарай баспай қойды. Бірі ақ жон керіскендей дәу бұқа, мүйізі де қара тайдай, екіншісі — сыптардай кер дөнен екен. Он ат келіп қыспаққа алғанда кес-кестеп орағыта берген дөненді ақ жон бұқа алдыңғы аяқпен күрс еткізіп бір тарпыған, дөнен байғұс ұмтылып барып шөге түскенде, Старшой "пышақ!" — деп айғай салды.
Ашулы ақ жон бір тарпығанда-ақ бел омыртқасын үзіп жіберген екен, кер дөнен қас қағымда пышаққа ілінді, қас қағымда мүйізі оталды. Тағымысың деген осы. Бес сағат бойы жан ұшырып қашқанда ақыры тапқаны ажал болды. Еркімен келіп станокке кіргенде мүйізінен ғана айырылып шығатын еді, қорлықтан көрі ажалға бас ұрғанды артық көретін тәкаппар шіркінге дауа жоқ. Қан иісін алған шарбақтағы он бір бұқа қатар тұрып күрс-күрс жер соққанда қаша салдырлады.
— Бұғы, маралдың бар қайраты алдыңғы екі аяғында, — деп түсіндірді Айтқазы. — Ұйықтап жатқанда аю соқпаса, қасқырға алдырмайды, әсіресе қозы қасын қорғағанда ұрғашысынан өткен өжет хайуан жоқ. Ең нәзік мүшесі — мүйізі, қандай жынысқа қуалап салсаң да бір бұтаға ілдірмей, бір сызат түсірмей алып шығады.
Рас та бол ар, ине пісіп алсаң қан шапшиын деп керіп тұр.
Қанша жыл қасында жүріп Бекет бұғылы ауылдың ішіне бір кіріп шықпапты-ау, көзінің астындағы екінші тыныстың үңірейген қуысын да енді көрді. Өлі басты арқалағаны болмаса, Асекең де тірі тағының қасына дәл осындай жақын бармапты.
— Старшой! — деп бақташылардың бірі құрығын көтерді.
Айтқазы парад қабылдағандай жағалап жүріп он бір бұқаның мүйізін түгел санап шықты. Санап шықты да:
— Түгел отаймыз! — деп станокке апаратын тар дәлізді иегімен нұсқады. Он бір бұқаның тағдырын Старшойдың иегі шешті. Екі жігіт кер бұқаны жәукемдеп жатқанда Сиғат Айтқазыны шақырып алды.
— Бас-сирақ, өкпе-бауыр өзіңдікі, қалған етін безбенге салып, Мешелдің кардонына жеткізіп таста, ақшасын кассаңа қолма-қол төлеп кетемін.
— Нағашы бізге осының терісі мен мүйізі де жетеді, бастан жақты айырғандай қып қайтеміз, жеген ауыз жесін, түгел апарып тастайын.
— Ендеше, кешкісін өзің де кел. Осы жолы қырық серкешіңді айдап қайтасың, болмаса қайтып дауламайтындай көңіліңді бірақ қалдырамын, — деді Сиғат. — Әлгі директорыңның қол көруге зауқы қалай екен?..
— Ойпырай, енді ақ малымыздың бас-сирағына да тісіміз тимейтін болды ма?! — деген дауысқа Сиғаттан басқа жұрт жапырыла бұрылған, Сиғат бұрылмаған қалпы:
— Қуға қу намаз шамда жалғасады деуші еді, қанның иісіне танауың иттен де жүйрік екен! — деп қолма қол жауабын берді.
— Амал қанша, нағашымыз түтінге шапқан Шоңмұрын еді, сынықтан басқаның бәрі жұғат та! — деп совхоз директоры Қабылхан сүрінейін деп тұрған жерінен Сиғатты қоса іле кетті. Қырықтан енді асқан көсе жігіт ерепейсіз семіз еді, машинасын етекке қалдырып, шошақ төбенің басына жаяу шыққанға үлпершек майы аузына тығылып, ықылық атып, кеудесі көріктей желпінді; ақ костюмі қолында, ақ көйлектің жауырыны мен кебежедей қарынның кіндігінен шүмектеген тер ышқырына сүмектеп тұр.
Жау түсіріп жатқандай он жігіт қатар тұрып ұрандағанда станоктың мұнарасы селкілдеді; сойып құрс-құрс, қаша қақырап түсетіндей, ақ тер, көк тер жігіттердің аузынан жалын атады, бірақ қарағайдай мүйізін шоқтығына артып алған ақ жон бұқа міз бағар емес, көзі шарасынан ата шатынап, бақырайыпты да қалыпты.
— Арқан! — деп айқай салды Старшой. — Құйысқандап тартпасақ бұл енді басын шауып тастасаң да былқ етпейді.
Станок екі-ақ қадам жерде. Жігіттерді діңкелеткен де осы екі қадам жер. Он бұқаның мүйізі оталды. Он бірінші ақ жон еді. Қуықтай дәлізге кептеліп әлі тұр. Жігіттер арқанмен сүйреп, сүйменмен ырғап, ес кетіп, жан шықты дегенде станокке зорға жеткізген.
— Вот так, нағашы! — деді Старшой қолындағы мүйіз кесетін араны лақтырып тастап. — Вот так каждый день!.. — Үсті-басы қан, қан сіңіп қақпыш боп кеткен кептеулі қанарды құйрығына басып темекі тұтатты. Шеке тамыры білеуленіп, шылым қыстырған оң қолының саусақтары қалшылдап тұр екен. — Ата кәсібіміз деп күпінеміз. Қолымызда ата-бабамыздан қалған ара, алысып жүргеніміз баяғы сол ит жылғы станок...
Старшойдың кім екендігіне көзіңіз жетті ме, нағашы?!
— Жиырма бес кило! — деді мүйіз безбендеп тұрған жігіт.
— Язви, елу неге болмайды?! — деді жүйкесі құрып отырған Айтқазы.
Қарағайдай мүйізінен айрылып, станоктан тоқал болып шыққан ақ жон бұқа иегімен көк тіреп қыр басында әлі тұр екен... Төрт бұрышты алып қазанға бір цистерна су сияды екен. Ошаққа таң бозынан от жақса, алып қазан ұлы сәскеде зорға қайнайды екен. Алып қазан жыбырлап қайнап жатыр. Қайнап жатқан мүйіздің сорпасы. Қазанның екі басында екі жігіт, екеуінің төрт қолында төрт мүйіз, дәл осы қазір қайнап жатқан қазанға қойып кететіндей үңілісіп, төрт мүйізді ыстық сорпаға бір тығып, бір суырып тоңқаңдасып отыр. Екеуінің де қара сорпасы шығып отыр. Шаршап келген Старшой іргедегі сәкіге құлай кеткен, онсыз да қып-қызыл нарттай жүзі албырап, қыр мұрыны біздие қалыпты, "пу-пу" тыныстаған еріндері дамылсыз шоршып, екі ұрты мөңкіп жатыр... Пантоварка дегеніңіз осы. Жылымшы қан иісі мүңкіп, қарағай шоғының ащы қапырығы жүзіңді шалады. Флягасын, шылапшын, шелегін жетелеген ала-құла жұрт та есік пен ашық терезенің алдында телмірісіп отыр. Сорпа дәметіп отыр: ауылдан келгендер, аудан басынан келгендер, астанадан келгендер, Көктас пен Домнан, тіпті Мәскеу мен Ленинградтан келгендер де бар; колхозшы, жұмысшы, геолог, тіпті ғалымдар да жүр. Емделуге келгендер. Мүйіздің шым-шым сорпасына он, он бес минуттан он төрт күн шомылса құяң құлан-таза жоғалып, әлгі нерві дейтұғын жүйкеңіз жайбарақат орнына түсе салады дейді. Ем-домның дәмін татқандар солай деседі. Мүмкін. Әйтеуір адам жасырынар қора-қопсының қалқасы мен пантоварканың далдасына тыққан бөшке, астау, легенге сүрініп жығылғандайсың; жапырайған ескі моншаны әйел жұрағатына берсе керек, қолы жеткендер ванна мен бөшкеде, жетпегені астауда, тіпті кейбір ұлы бөкселер батса шелекке де сыйып кетуге әзір. Осы бір ұлы діңгірдің ортасында желіп-жортқан жігіттер, маршруты: қазан — мүйіз қақтайтын монша — мүйіз кептіретін өре; осы үш бұрышта дамыл жоқ: минут, секундына дейін есептеп отырып қайнатады, минут, секундына дейін есептеп отырып қақтайды, онан соң күн шалмайтын салқын өреге апарып іледі; осылай үш қайырады, онсыз мүйіз мүйіз емес, онсыз шипалық қасиеті сақталмайды.
— Вот так, нағашы! — деді Старшой, қатты ұйқыдан көзі боталап тұр екен, көне күпәйкені көгалға жая салып жантая кетті. — Вот так каждый день!.. Сентябрьге дейін мүйіз баптаймыз, сентябрьде күйек аламыз, октябрьде жиған-тергенімізді өкіметке тапсырамыз, сөйтіп жүргенде қыс келеді. Ал біздің жақтың қысын өзіңіз білесіз, аң түгілі, адам түгілі, кейде оған ағаш та төзе бермейді.
Бұл жақта қыс қатты әрі ұзақ. Мүйіздің шым-шым сорпасына он бес минут шомылып алып кәйіп дүниесінде жаны жай тапқан көзі ұйқыдағы мына жұрт бұл өңірде қыс болады-ақ, қыстың қысылтаяңы бар-ау деп ойлар ма екен?..
— Старшой! Мыналардың бірі қазанға түсіп кетсе мен жауап бермеймін!
— Язви, осылар да маған сор болды! — деп Айтқазы басын қайта көтерді. — Біреуі пісіп қала ма, от жіберіп қоя ма деп үйде де тыныш отырып тамағыңды іше алмайсың!..
— Терезені жап та есікке құлып сал, — деді Сиғат. — Бүгінгі базар осымен тарқайды, қалғанына мына Асекең мен Меруерт жауап береді.
Терезе тарс жабылып, есікке құлып түскенде шылапшын, шелектер даңғырлап, іргеде итініп отырған ала-құла жұрт сәңгірлеп, тарыдан торғай үркіткендей пантоварканың басы азан-қазан болды.
Әлдебір қатын пұшық танауымен көк тіреп, өзгені болмаса да өзін-өзі жұлып жейтіндей мықынын таянып шығып еді, Мәтпұсаның жорғасы екен.
— Әй, ит ішпейтін лайды құлыпқа салған қайсың ей!? — деп жер тепкіледі — Әлдебірің әкеңе ас берейін деп жатырсыңдар ма?!
— Жеңеше, спакойстбие! Толко спакойстбие! Спрапкең болса сорпаға мелдектетіп жіберемін!
— Астапыралла! О нағылған спрапке?!
— Кәдімгі эпидокружение. Дені сау, жұқпалы дерті жоқ деген. — Әй, қожа қайным, сен мына бауырынан жарайтындарды сүндетке отырғызып ал! Бізді қайтесің, он бес бала тауып, он бес дүркін іш тастаған лақса немеге не спрапке керек?!
Меруерт сандықшасын көтеріп айғайдың дәл қызған кезінде келді. Ақ халатты көргенде аюдан шошығандай шелек-шылапшынды тастай қашқан даңғаза жұрт әп-сәтте зым-зия болды да, есік көзінде Мәтпұсаның жорғасы бастаған осы төңіректің өлермендері ғана қалып еді.
— Ал ағайын, әйел жолдастар түгелдей мынау моншаға кірсін де еркектер өре сыртына шешіне салса да болады, — деп Асекең "шипка" қыстырған саусағын шошайтты. — Біреудің жүрегі дімкәс, біреудің қаны тасиды, тағы біреудің тағы бірде«есі дегендей... Сорпа жарықтық соның бәрін көтере бермейді, біреуің астау ішінде тырқиып қап жүрсеңдер сүйекке таңба!.
— Қараң қалғыр, қысыр қалсам да сол сорпаңа түспедім, ал қайтесің?! — деп Мәтпұсаның жорғасы легенді шырқатып жіберді.
Нүктедей нонды сен түгілі, он бес баланың әкесі ағаң да көрген жоқ әлі!..
— Жеңеше, спакөйстбие! Төлке спакойстбие! Біреудің жеке меншігіне қол сұғу жоқ! Ол жағына саспаңыз! Полное гаранте!
Асекеңнің "гарантиясын" карантин деп ұққан жұрт, бұл ауылға әлдебір індет кеп қалды ма дегендей алды-артына қарамай оқыралап жөнелді. Оның үстіне аспанға шошайған "шипкалы" саусақтың үрейі індеттен де зәрлі еді, Сиғат енді бір қарағанда тоңқайған шелек, төңкерілген шылапшынның ортасында әлдебір әуенді ысқырып шүршиген ерін мен шошайған "шипкалы" саусақтың өзі ғана қалыпты.
— Осы жігіттің өзі дәл дүр ме, дәнекүстеу ме?! Араласпайтын ісі, тиіспейтін адамы жоқ — деп қарнын қапсыра құшақтап, тесік бақырды бөксесімен жерге қабыстыра, кең дүниеге сыймай отырған Қабылхан Асекеңді жақтырмай қалды.
Қабылханды Сиғат та жақтырмай қалды. Бүкіл тынысты бітеп, ақ көйлектің қолтығын жел қақтырып ту сыртына отырып алған екен, адамның жүзіне қарамай сөйлеп, жауаптан теріс айналып тұрып құтылатын сырғақтау жігіт көптен қолына түспей жүр еді.
— Қабылхан, сен лесхоздың қанша жерін пайдаланып отырсың?
— Жиырма алты мың гектар.
— Неше жыл директор болдың?
— Құдай қаласа, биыл жеті жылға толады.
— Қанша жыл креслода отырғаныңды ұмытпапсың, жеті жылда сол жерге жеті тал шаныштың ба?
— Енді ол... ол енді лесхоздың өз шаруасы ғой...
— Солай ма еді?.. Ендеше, лесхоздың үш жүз мың гектары заказник, оның ішінде бұғы сатысының қадасы қағылған аумақ түгелдей заповедник екенін жақсы білесің, ал мына қаптаған машина, қаңғырған саяқтарың не? Қорыққа ат аяғын тигізбей отырғанда май сасытқанымыз, тағыны ғана емес, адамды түтінге қақалтқанымыз қалай? Мынау брезент ауыл от жақпай, тамақ ішпей отыр деші?.. Алланың күні апшыны қуырып тұрғаны мынау, бұл бұрын Алтай көрмеген қапырық, мүк қаңсып, орман түтігіп, шырпы сіріңкедей шытынап тұр. Мал иесінен қайыр болмаған соң жер иесі біз шырылдамағанда сенің өртіңе келіп кім су себеді?!
— Қайтеміз енді... ел ғой... елсіз күнің жоқ.
— Қайтемін деп қарап отырғаннан қаймана қазақтың ел болғанын көргем жоқ! Елге құр мүсіркеу емес, қарызсыз қайырым да, қамшы да керек! Мынау бассыз топыр, парықсыз тірлік жалықтырған жоқ па?! Совхоздың бергі бетке қайтып келгеніне жиырма жылдай уақыт болыпты, жиырма жылда етек-жеңін жимайтын неткен жұрт бұл? Сенің жалғыз мүйізің дертке дәрі болғанмен жанға дәрі ме?... Кімге дәрі?.. Сиғат машинаға отырғанда сіркесін су көтермей жоққа шамырқанып, нілдей бұзылды. "Осы неменеге жүр? Жиырмадан асқан соң қыз деген шіркін орнын тауып кетпейтін бе еді!.." — деп іштей қыжыртып, әлденеге кешігіп, күттіріп қойған қызын да жақтырмай қалды; дүңкиіп келіп, дүңкиіп қайтқан Бекетті де біраз жерге апарып тастады: "шаршап айтар ақылы, шашылып күлер әзілі жоқ, ыдысына түкірсең де дүңкиіп отырып жұға беретін неткен төзім, жүдемейтін неткен жүйке бұл?! Құж-құж желкесімен маңдай терезені бітеп тастаған Қотиынның жымырық құлағы мен тақтайдай теп-тегіс төбесін де бүгін көргендей: "тәуба, жаратқан ием де пәндасына жаны ашымайды екен-ау! — деп түршікті, — түн баласы түгіл тал түсте көрсең талып түсетін мына диюдың қасына келін қалай жатып жүрген, сірә, аюдың да бақырып қашатыны рас шығар!.." Тозған ауылдың сары жұртынан аттанғандай артында да көң-қоқысты жеркеніш қалған сияқты. Соны кешіп жүрген өзін де оңдырған жоқ. Әйтеуір салақ қатынның жиылмайтын кір төсегінен тұрып бара жатқандай тұла бойында бір шіміркеніс бар еді.
Сөгейін деген жоқ еді. Жиырма жылдың ішінде ұйып отырған ауылдың іргесі бұзылып, не басы, не аяғы жоқ бітпейтін берекесіз шаруа, пышырау тірлік басты: ай дейтін ажа, қой дейтін қожасыз өріп, отырған орнында түстеніп, жеткен жеріне жығыла салатын тентіреме тексізге еріп теріс беттен арақ пен самагон келді; есігіне құлып түспейтін момын ошаққа ұрлық кірді, етегін жел көтермейтін ұятты жұрағатқа қарлық жұғып, алысты қойып ағайынмен шай деспейтін қоңсылар кісі өлтіруге дейін барды; өкімет шаруасына құлқы, өз шаруасына өлермендігі жоқ, бір бөтелке үтпін бір тракторды күншілікке айдап, бір бөтелкенің құны үшін көрінгеннің құлы болатын бейбастық дүрегейлер шырық бұзды... Ел ғой дейді! Елсіз күнің жоқ дейді. Күніңнің жоқ екені рас, бірақ бір тыйым, бір қамшы көтермесе сол елдің қожырап бара жатқанын сезе ме екен?.. Әй қайдан, егер оны сезсе, әжептәуір көрікті бетті көлдей қарынның бүлдіріп тұрғанын білсе керек еді ғой!..
Ноқталы термос пен орамал-сулықтың боқшасын арқалаған алпыстар шамасындағы шорты киген шетен қалпақ сатының қақпасында күтіп тұр екен. Жол бойы жолаушы көрсе қайын атасындай қайырылып келіп жинап алатын Қотиын қол көтерген соң тоқтай қалып еді, шетен қалпақ елп етіп отыра қоймады, әлдебір қағазды әлдебір документке қоса Меруертке ұсынды. — Кешіріңіз, ренжіп бара жатырсыз ба? — деді танысып шыққан Меруерт қағазын қайтып беріп.
— Ренжіп те барамын, ренжімей де барамын, — деп шетен қалпақ сақалын сауып тұрып күлді. — Ренжімейтінім — тәртіптің аты тәртіп, оған дауа жоқ, ренжитінім — сол тәртіптің кеш басталғаны.
— Қайдан келіп едіңіз?
— Ленинградтан.
Ленинградтан дегенге Сиғаттың құлағы елең ете қалды. Шетен қалпаққа еңкейіп тұрып үңіліп қарады да таныс бір жүзді шырам ытқандай еді, бір илеу құмырсқаға ұя болатындай көк бурыл күйек сақал әлдекімді жасырып, маңайлатпай қойды.
— Қайда тоқтадыңыз?
— Алтайда менің жұрағатым жеткілікті, мына бұғылы ауылда, Старшойдың үйінде жатырмын.
— Отырыңыз, жеткізіп салайық.
— Рақмет! Біз жаяу жүруге жер таппай жүрген жандармыз ғой, — деп шетен қалпақ мәдениетті түрде машинадан бас тартты. — Сізбен сұхбаттасатын ойым бар еді, оның үстіне бір кезде, бір жерде көрген де сияқтымын. Егер есіме түсіре алсам, өзім де іздеп барамын.
— Онда машина жіберейін.
— Рақмет!
Айдаладағы бір адамнан жылы сөз естігенге іштегі қасаңы жібігендей болған, бірақ қанша ойлағанмен қайдан көргені есіне түспеді. Ленинград?.. Орман шаруашылығы мен аташ өнеркәсібі академиясы?.. Жоқ, көрмеген адамы.
— Соловьев Василий Иванович, доктор биологических наук, профессор, страдает невралгией, эпидокружение чистое!..
— Манадан бері неге айтпай отырсың? — деп Сиғат қызына қадалды. — Ұят болғанын қарашы.
— Сіз танымаған соң ол кісінің жекжат екенін мен қайдан білейін, — деп Меруерт бар кінәні әкесіне аударып тастады.
Машина кілт тоқтады да Қотиын жұмырық құлағын Сиғатқа тосып қалшиды да қалды. Бұрқ еткен жолдың май топырағы салонды кеулеп, жіпсіген желке, жылтыраған бет-ауызға опадай жабысып, ортадағы жалғыз қыз түшкіріп салды.
— Не болды?
— Ештеңе болған жоқ.
— Онда неге тұрсың?
— Ана кісіні... — деп Қотиын шүйдесін сындыра Сиғатқа қопарыла бұрылды.
— Ол кісі жол-жөнекей ала кететін жөпшеңкі адам емес. Егер кішірейіп қаламын демесе, мына бас орманшы еру боп барып бүгін кешке ертіп келер.
Желкесінен үрген қыздың ыстық демінен, бүйірінен қадалған әкесінің сыншыл көзінен қарадай қысылып, қарадай шашырап отырған бас орманшы Сиғаттың не айтқанын түсінген жоқ еді, ауыртпай таптап, аузын ашпай даттап тастайтын бастығының қазымырлығынан зәрезеп болған жігіт өз адресіне атылған оқ бар ма деп жасқана қарап еді, Сиғат қайталап жатпады.
3
Алтайда түн баласы ерекше. Ақша қардың ызғарын бүктеп аңырап бір соғар желі бар. Аңырап соққан желде айыз қандыратын тыныс бар. Анды қоңымен, адамды тонымен дірдектетеді Алтайда шыбын-шіркейдің ғұмыры қысқа, шілдемен келіп, сүмбіле туа кетеді, шық түскенше өрекпіп, шықпен бірге өледі. Алтайда өзеннің сарылы, орманның сарыны да басқа. Ол, үкіден басқа мақұлықты түгел ұйықтатып, сілейтіп салатын тыныштық пен тыныстың кәйіп дүниесі.
Түн баласында Бұқтырманың ағыны да тоқтап қалады. Ай жүзіне шағылысқан Бұқтырманың айнасы сүт бетіндегі кілегейдей кілкіп тұр. Қос жағаның ентелеген орманы су астындағы көлеңкесінен үркіп тұр, әйтпесе самсаған қолдай кешіп өтіп бір-бірімен айқаса кететін сияқты. Жаңағы іңір болмай жалпылдаған жалғыз от қазан түбінен қашып қайтып, қашып қайтып өлеусіреп барады, ағаш басына ілген жалғыз лампаның жарығы желмен қосыла теңселіп, іргеден сыққан орманның үңірейген қара құрық тұнбасын іліп қайтып, іліп қайтып тұр.
Түн баласында таймен жарыққа жиналады, қармақты жақсы қабады деп қайдағы жоқты шығарған Осип қарт еді. Қолына қармақ іліккендері жағаға түскен, бәрінің жабылып ұстағаны төрт-бес шабақ, мосыдағы шығырыққа ілген құлақты қазан іңірден бері босқа қайнап, суы үш сарқылып, үш толды. Мешел де қуырдағын көтеріп жағаға үш келіп, үш қайтты. Мұндайда ілік іздеп отыратын Жақып:
— Дада Өсіп, сенің әлгі тұзақтап кеткен тайменьдерің қайда? — деп шалды айналдыруға кірісті. Екеуі туа замандас адамдай Жақыптың әзілі де, қыжыртпасы да Осип қарттан басқаға жүрмейтін.
— Ақымақ біреу болмаса, балықтың тоқтығын қымызбен басқан қазақ түгілі, кер жақты көрдің бе?! — деп шал да Жақыптың шалғайынан жұлып түсті. — Осында ұрсысуға келгендей!.. Балықты ту-талақай үркітіп!.. Бес сағат бойы бітпейтін бұ неткен жанжал өзі?!
— Балық бізден емес, сірә, сенен үріккен шығар. Бүкіл қаланы сасытып, қатынға да сыймай осында қашып келіп едің, жанжал туса ол да сенің қырсығың!..
Қартайған шағында Осип қарттың қалаға сыймай келгені рас еді. Көшелік дегенге көнбеген кемпірінен бөлініп, қолына бір немересін кіргізіп берді де, лесхоздың омартасына ие болып шыға келді. Ежелгі кәсібі — балғаны да ұмытқан жоқ, ара-тұра шана иіп, үй қиюға да араласып қояды. Келе сала Жақыптың көтеріп жатқан үйін жанжалдасып жүріп қайта бұздырып еді; білген құлда жазық жоқ, қара тайдың да оңы мен терісі бар екен, күнгейі сыртына, теріскейі ішіне қиюласуы керек екен, ол кем дегенде бірер жыл кеуіп тұруы керек екен, пешті де қайта соқтырып, Жақыптың биыл кіріп аламын деген баспанасын бір жылға шегеріп тастады.
— Сәке, администрация тарапынан күні бұрын жаза кесіп, жеңілдетіп қоймасаңыз, мына дада Өсіптің түбі сотталып кететін түрі бар, — деп Жақып тағы да бірдеменің шиін шығарып қойды. — Бұл кісі табысын жасырып, кемпіріне алиментін түгел төлемей жүрген көрінеді.
Соны біреу-міреу түртіп жібермей тұрғанда... — Жақып ішіміздегі жалғыз түрткіш сен едің дегендей көз қиығымен Әбдіжапарды мегзеген болып еді, сырттай мән бермегенмен өсектің қандайынан да жеркенбейтін Әбекең оспақтың төркінін сезбей жол ортадан қосыла кетті.
— Бәсе, балыққа сүйреп игі-жақсыларға нағып жағымпаздана қалды деп едім, артында қатқан қоясы бар десеңші!..
Әбекең Осип қартты Жақыпқа жорта жығып бермек болып еді, Сиғат табан астында тырп еткізбей даукесті шалдың алдына топ еткізді.
— Бір үйдің қиюы пешімен қосқанда жеті жүз сом, — деді. — Шана, ер-тұрман, есік терезенің кәсегін есептемей-ақ қоялық. Сен Осекеңе қанша пұл төледің осы?
— Енді... біздікі ағайын арасындағы шаруа ғой, — деп күмілжіді Жақып.
— Саудада достық жоқ, ағайын деп сен ақысын жесең, жат жұрт бодауын ұстата ма?.. Шешеңе жаның ашыса сол жеті жүз сомды сал да жібер!..
— Расында, бұ жұртта талай малым жүр екен-ау! — деп Осип қарт Сиғаттың қолпашына кәдімгідей разы болып қалды.
— Ел үстінен күн көргеніміз рас, — деп Жақып еріксіз мойындағандай болды. — Бірақ дәстүр бойынша орыс жұрты қыздың жасауын оң жақта отырғанда-ақ хатқа түсіріп, ұзатылғанда еншісін қоса беруші еді, біздің үйдегі мықтыны жалаң аяқ жетектетіп жібергенің есінде ме?..
— Жығылған адам жамбасын ойлауы керек қой! — деді манадан құрығын аңдып тас керең отырған Василий Иванович.
Сиғаттан басқасы түгел аңтарылып еді. Екі жыл қатарынан келіп, айлап үйінде жатса да Василий Ивановичтің қазақша тіл қатқанын Айтқазының да естіп отырғаны осы. Жер, өзен-судың аты жайындағы манадан бергі айтыстың кілтипанын енді ғана түсінген Старшой өзінен-өзі қуыстанып, сасып қалды.
— Василий Иванович, сіз қазақ тіліне ағып тұр екенсіз ғой!..
— Қақсап тұрмын демеймін, ептеп нан табарым бар.
— Осы уақытқа дейін сездірмей қалай шыдап жүргенсіз?
— Оған мұқтаждық болды ма? Менің байқауымша, қазақтың тілін қазақтан көрі осындағы кер жақтар жақсы білетін сияқты. Түбі, мен де сол кер жақтың бірі едім...
— Олай емес шығар, Василий Иванович, мен де сол қазақтың бірі едім! — деп Айтқазы намыстанып қалды.
— Бірі екенің рас шығар, — деп Василий Иванович құрығын жағаның шымына шанышты да күн қаққан шомбал денесін Айтқазыға тұтас бұрып отырды.
— Менің айтып отырғаным бірлі-жарым емес...
— Анау ауылыңның қақ ортасындағы мектебіңе бір кіріп шықтың ба?..
— Басқа ұлттың төрт-бес баласы үшін жүз сәбидің тілін күрмеп қойғандарың қалай?
— Мектептің иесі бөлек қой, — деп Айтқазы араша күткендей жан-жағына жалтақтап таластан қаша бастады.
— Бұқасы бөтен болғанмен бұзау сенікі емес пе депті бір жеңгелерің, иесі бөлек болғанмен сондағы сауат ашып жатқан жас өрім осы Алтайдың, асырып айтсақ, елдің болашағы емес пе?!
— Оныңыз рас.
— Ендеше, сол білім ордасының ана тілінде бір де бір газет-журнал жаздырып алмауы қалай? Кітапханада бір де бір қазақ жазушыларының шығармалары болмауы қалай? Мектепті қойып, бүкіл ауылда Сиғат Сапаевичтен басқа қазақша тіл ашатын бір де бір түтін жоқ екен. Баяғы ликбездің заманында газеттің пұшпағына дейін түк қоймай оқып, ауылға бір кітап келсе, бір қарып танитын байғұс ат-түйедей қалап, жалғыз кітап жалба-жұлбасы шыққанша әр түтінді адақтап шығатын еді. Енді күнделікті тіліңді майлыққа ғана жұмсап, алтыннан қымбат қазынаңды туалетке апарып ілетінді шығарыпсың!..
Сәбиінен белінен басқаны болмаса, орысшаны да жарытып жатқаны шамалы. Сол шала тілді шәкірттен ертең кісілігі бүтін азамат шыға ма?.. Мұны да иесі бөтен іс деп санайсың ба? Сен Старшойсың ғой... бір ауылдың старшойы?..
— Бөтен болмағанымен ол менің құрығым жететін іс пе? — деп Айтқазы өзінің мешенге ілініп қалғанына өкінгендей жауапты әлдекімдерге аударып тастап тымпимаға көшпек болды.
Бір тақымдап алған соң Василий Иванович те қайтып тізгінді босатпай, келінім саған айтам, қызым сен тыңдаға салып Старшойдың қыр соңынан түспей қойды.
— Менің де анда-санда қазақша ән салғым, домбыра шерткім келеді, әттең, іштен ыңылдағаным болмаса, дауысым жоқ, қолым сауатсыз, бірақ, бала кезімде естіген сол бір әуендер әлі күнгі көкейімде жүр. Екі жыл қатарынан келгенде әу деген біреуді, тыңқ еткен домбыраны ести алмай шерменде болдым... Жиырма тоғызыншы жылы марал совхозын ұйымдастырғанда, бұқасы мен ұрғашысын қосқанда жүз-ақ тұяқ бар еді. Менен кейін он алты директор ауысыпты, "Қатын" деген совхоз байыған соң "Верхкатунь" атанып шыға келген. "Қатын" деген шіркінді әркім аташ атқа әр қилы мінгізіп жіберді, мейлі, жаман айтсын, жақсы айтсын, "қатынның" төркіні — Ана. Ана суым — Қатынды Катунь деп, Ана жұртым, кіндік кескен Отаным, қара орманым деген Қатын қарағайды Катон деуге де ауыз отығыпты, одан бергі Көкжотаны Зеленая деп кетіппіз. Шабанбай, Көкала-Айғыр, Көкжота, Талдыбұлақ, Таскүрке, Сарыалқа сияқты жайлауымыз бар еді, Алтайдың әр шыңы, әр суына бабаларың қойған көне атын сан түрлі септеп, бұл күнде ата қонысыңның атынан да жаңылып қалыпсың.
Ертең бала-шағаңа қай жерде тудың, қай жерде өстің демексің?.. Қырық жыл шалғайда жүрсем де жиырма жасыма дейін дініме, тіліме сіңген дертті ұмытпауға тырысып едім, осыдан жетпіс бес жыл бұрынғы әкесінің аты Қасқырбай, Түлкібай, Текебай екенін бүгінгі Волков, Лисицын, Козловтар нағып ұмыта қалған?..
— Әкетті! Әкетті әне, язви! — деп шар еткен Осип қарттың ойбайынан бәрі де атып-атып тұрған, түннің тыныштығын жыртып кеткен тарғыл дауыс жан түршігерлік еді, біреуді аю сүйреп бара ма деп шошыған жұрт топырлап от басына тығылды да самырсын түбінде қаперсіз ұйықтап жатқан Әбдіжапардың бәрінен де жаны тәтті екен, киімшең барып Бұқтырмаға қойып кетті.
— Әй, бәтшағар, сені Құдай алмайды, ана құрықты ұста, құрықты! — деп Осип қарт тағы да ойбайын салды.
Василий Ивановичтің шаншып кеткен құрығы жағадан тулай жөнелген, бірақ оған қарайтын Әбдіжапарда дәрмен болған жоқ, малту білмейтін байғұс екі қолын ербеңдетіп, су сабалап кетіп барады. Оған қарайтын жұрт та болған жоқ, жапа-тармағай құрыққа жүгірісті. Бір батып, бір шыққан Әбдіжапар қақалып-шашалып: "ойбай, өлде-ем!" — деп бақырды. Өлдім деп жүргені оймақтай-ақ шұңқыр екен, қуалап барып қармағының құрығын ұсынған Асекең сыңар қолындағы шипкасын шошайтып, аспай-саспай:
— Спакойстбие!.. Төлкө спакойстбие! — деп өкіре бұлқынған Әбдіжапарды шұңқырдан шығарып алды. Жаңбыр жаумай, жел тұрмай малмандай болған Әбдіжапарды жетелеп келгенде ошақ басында тайдай болмаса да лақтай таймень тулап жатыр екен, Асекең сүмірейген жетегіне иегін шошайтып:
— Жігіттер, балықтың үлкені мында! — деп мәз болды.
— Аман қайттың ба, әйтеуір? — деді Осип қарт.
Жігіттер тайменнің қызығын тастай беріп, Әбдіжапарды ортаға алды. Ыстық суға тығып алған тауықтай жүні жапырылып, есеңгіреп қалған байғұстың кеңсірігі удай ашып, құлағына күрт кіріп кеткендей басын шайқай береді. Жұрттың даусын естімесе де ақсиған тіс пен құлаққа жеткен езуден қырыла күліп жатқанын сезді де, табан астында безере қалды.
— Өңшең дел құлыны бөрліктіріп! — деді, бұл оның Осип қартқа айтқаны болса керек. — Мені осында қай Құдай айдап келді?! Мен осында неменеге келдім?! — деп талқан болды. — Күледі еще! Күлкің көмір болғыр! Күлер едің осыдан суға кетсем! Бірің тағыңнан, бірің бағыңнан айрылғанда көрер едім! — деді? — бұл оның Сиғат пен Бекетке Қабылханды қосақтап қойып айтқаны болса керек. Тезегі теріс келсе де жұрттан көретін бәлеқор жырындының мына сөзінен кейін жігіттер есін тез жиды да қармақтарын матап, қағынып-сілкінуге кірісті. Әбдіжапар суға кетіп қалса да оның өлігін іздегісі келіп тұрғандар шамалы еді, бірақ өле қалса да артына арыз тастап кететін күйелі тұтқыштың кесірлі ниетінен бәрі де сескенетін сияқты; өмірдің ырғағына көлденең таяқ қыстырғаннан басқа мақсаты жоқ, арбаның бесінші доңғалағындай керексіз неменің өз басын өліп бара жатып та жұрттан биік бағалағанына әркім іштей күйініп-ақ тұр. Пұшайман қалпымен де мүңкіме сасықтың кісі қорқытуын қайтерсің.
Дабыр-дұбырға жоғарыдан домалап түскен Мешел қонақтарын дастарқанға шақырды да көбеюге сылтау таппай тұрған жігіттер қопарыла көтерілді. Жарым күлкі, жарым қыжылы ішінде қалған Жақып Әбдіжапарды қапсырып алып суға қайта лақтырып жібергісі келіп еді. Оның кейіндеп қалғанынан сезіктенген Осип қарт:
— Әй, жаман күйеу, ендігі кезек менікі деп тұрмысың? — деді желкеден салып жіберетіндей желбезегінен қысқан нән тайменьді салмақтап. — Сен суға түскенде әкең Төлеш беліңе арқан байлап отырушы еді, аруақтың алдында борышты болып қалып жүрмейін, кері қайт.
Жақыпқа бір ауыз тіл қатса Төлешті қыстыра беретін шалдың әуестігі бар екен, таныс есім болған соң Сиғат та:
— Ол қай Төлеш? — деп Осип қартты әдейі тосып алып сұрады.
— Тоқтардың Төлеші де.
— Өзге тоқтаса да Тоқтар тоқтамас дейтұғын әйгілі ұры Тоқтар ма?
— Қазақта не мақтан, ұры мақтан, бірақ Тоқтар біреу-ақ еді ғой, — деп шал көңілсіз күңк етті.
— Ал, күйеуі несі?
— Қағаздай аппақ бала екен, қатын болуға жарайды деп әкесі қоймаған соң тұқым жаңартам деп баяғы ақсақ егерьдің қызын алған. Қазақ қай бір оңғанын қиюшы еді, әлі күнгі құлағынан көтеріп тұрғызып жүрміз!
Бір күнде ұмытылып бара жатқан үш бірдей адамның бірінің жүзін көріп, екеуінің есімін естігеніне Сиғат тажап қалды. Осыдан он бес жыл бұрын Орман Шаруашылығы Академиясында диссертациясын жер-көкке сыйғызбай мақтаған бейтаныс адаммен Алтайда кездесем деп ойлап па. Соловьев деген фамилиясын блокнотына жазып алғаны болмаса, дұрыстап түс тоқтатып, таныса алмай да қалған. Сол Василий Ивановичтің "Қатын" совхозының алғашқы директоры, осы өңірдің төлі деп кім ойлаған. Оның бер жағында іргеде жүрген Жақып кешегі жалғыз көзді Қара Диюдың кіндігі, төрін таптап, төсегін тоздырған ақсақ егерьдің күйеу баласы екені үш ұйықтаса түсіне кіріп пе. Осип қарттың Төлешке деген жантартуы болмаса, ақсақ егерьге ағайыншылығы шамалы еді. Қартайғанда кемпірінен бөлініп қылық шығарған кәрі шөңге айдаладағы адамды жұрағат тұтса, ұрлық та болса ақсақ егерьдің ошағына қатысы бар Сиғатқа Жақыптың түбі күйеу боп шықпасына кім кепіл?.. Тірлік деген шіркіннің ноқтаға көнбейтін, қақпайға жүрмейтін қырсықтығы осы да. Туған жиенің Бескемпірге мысқалдай қайырың жоқ, бір кездегі әзірейілің — Есімханның ұрпағын қанатыңның астына алып қызғыштай қорисың. Мешелден кісі, мешкейден сыпа жасаймын деп жүргенде кісінің кісілігін ұмытып кеткен жоқсың ба?.. Жаға мен үй арасындағы қарға адым жерді тауысқанша Сиғат қауашақ бастағы қырық жылғы архивін сапырып шыққандай болып еді...
4
Әңгіме сынық қабырғадан басталып еді. Ет турап отырған Жақып жілік үлесіне келгенде Әбдіжапардың алдына бір жұлым жалаңаш қабырға тастаған, ол жарықтық та иесін тапқанымен шор болып біткен сынық екен, онсыз да мизерден екі құлап, тоғыздан екі дүркін ұсталып, жүйкесі жұқарып отырған Әбдіжапар құныс қабырғаны:
— Мал иесі мұжысын! — деп Қабылханның алдына лақтырып тастады.
Қорлаған Жақып, Қабылханның жазығы жоқ еді. Құлатқан да, ұстап берген де, қалтасын теріс айналдырып тонаған да Сиғат болатын. Бір кеш, бір түнде таз басына үш дүркін таяқ тиіп мәңгіріп қалған шіркін Сиғаттың шаужайынан алуға жүрексініп адрестен әдейі адасқан. Василий Ивановичтен бастап төр жақтан сырғып келе жатқан шекенің көз майын шұқып отырған Қабылхан мертік қабырғаға қараған да жоқ. Онысы тағы да Әбекеңнің қитығына тиді, ол аз дегендей, көзі үңірейіп, құйқасынан жұрдай қу шеке алдына келгенде жынданып кете жаздады. "Осы елдің ақ иті едім ғой, осыншама күстана қылатындай не жазығым бар еді?!" Не жазығы барын біле тұра Әбекең айғай салғысы келіп еді, әттең, мұнысын да айта алмай, ішінде құсықтың қордасындай ұйып қала берді.
— Спакойстбие! Төлко спакойстбие! — деді Асекең, неге айтқанын Асекеңнің өзінен, Жақып пен Сиғаттан басқа ешкім сезген жоқ, Әбекең тағы да өзіне қадалған кекесін деп түсінді. Құрық жалғап жылымнан құтқарып алса да, ғұмыр бақи осы бір қисық мұрын қыр соңынан қалмай құйрығын басып келе жатқандай атарға оғы болмай отыр. Жұрттың көзіне шор болып жабысқан құныс қабырғаны бастығының алдынан білдірмей алып зымыратып жібермек болған Айтқазыны Сиғат көзінің қиығымен ұстап алды.
— Жылына қанша шығын, қанша қабырға сынады?
— Бірлі-жарым болмаса, шығын жоқ, Қабырға... — Айтқазы қабырғаны лақтырып жіберіп, бір пәледен құтылғандай мүдіріп қалды. — Сірә, қабырғасы бүтін бұқа бар ма екен?..
— Онысы несі?
— Күйектің төбелесінде сынады, қуғанда сынады, станокта сынады, бас білмейтін тағыға таяқ тимей тұра ма...
— Дөнежін екені рас болса, мына бұқа әлі үйірге түспеген, станокқа бірақ дүркін кіріп шыққан. Демек?..
— Станокте таяқтан сынған.
— Сонда жыл сайын мүйізі оталатын бұқалардың қабырғасы нешеу екен? Оның өнімге зияны жоқ па?
— Неге болмасын. Мертігі жазылғанша ет алмайды, ет алмаған бұқа күйекте нашар, қыстан арықтап шығады да көктемде мүйізі дұрыс жетілмейді.
— Ол енді өрістің шөбіне, жайылымның сонысына байланысты, — деп Қабылхан өзіне тиімсіз әңгімені алдын ала үзіп тастауға тырысты. — Біздің еркімізден тыс, есепте жоқ шығынның бір түрі ғой.
— Байланысты екені рас, бірақ еріктен тыс дегеніміз еріншектің сылтауы ғой, — деп Старшой оған келісе қойған жоқ. Ертеңгісін байқаған шығарсыздар, мына дөнежіннің мүйіз тармағы бірі қылдырықтай, бірі қиқы-жиқы, мықтап кеткенде екінші сорттың өнімі. Санай берсек оның себебі де көп.
— Ертеңгісін әр нәрсені, көп нәрсені байқаған сияқтымыз, — деді Сиғат Қабылханға сұраулы жүзін қадай. — Отынды шапқанға жақтыр, малды тапқанға бақтыр деуші еді, кісі көзіне орашолақ көрінген көп нәрсе мал иесіне батпай ма, қалай?..
— Сері ағаң бізді шақырып алып тағы да сабайын деп отыр-ау осы, — деп Қабылхан қайқаңдап шыға келді.
— Одан несіне қорқасың? Әуелі, шақырып отырған мен емес, мына батыр, — деп Сиғат Мешелді нұсқады. — Сосын, атаң қазақ кісі өлсе де керістің дауын дастарқан басында шешкен. Даугер бір саптыаяқ қымызға да жібиді, айыпты бір ауыз жылы сөзге де құлдық ұрады. Сенің сегіз сағаттық жиналысыңды сегіз минуттық шай үстінде де тамамдауға болады. Дәм деген жарықтық тығырықтан компромис, тұйықтан жол тауып кетуге қашан да дәнекер емес пе. Ауылдағы қадыры таусылған ағайынды қойып, алыстан келген Василий Ивановичтерге күнің түспесе бір самауыр шай бергендеріңді көргем жоқ. Бұл сенің халқың қайдан келген жұрт?
Қабылхан аузындағысын жұта алмай қылғынып отырып қалды. Қайтсем қонақтың жайын табамын деп күні бойы мәре-сәресі шыққан Мешелдің бөркі қазандай болды. Осындайда асынды жегізу де абырой екенін енді сезгендей қымызын соза сапырып, қара самардағы туралмаған бір шөмеле етті табақ түбіне ентелете итеріп қойды, өмірі сыйлы қонақ қабылдап көрмеген күсті байғұс мұның да Жәмиланың арқасы екенін пәруейіне алған жоқ, өмірі табақтас болып көрмеген Сиғатты қайда апарып қоярға орын таппай отыр. Көз алдында жұрттың бәрі кішірейіп, көз алдында шығанға кеткен қарызы, шық берместе жүрген есесі қайтқандай көңілі көк тіреп: "ойпырау, осы уақытқа дейін мен осы қайда жүргенмін?!" — деп өзін-өзі сөккендей еді, осы уақытқа дейін көні жібімеген қу жетімдіктің құрышын толтырамын деп тайгада тиын теріп жүргенін ойлаған жоқ.
— Баяғы ел жоқ, баяғы ниет те жоқ, шетінен мал тапқыш! — деп Қабылхан қолын майлыққа сүртті де аршаның шырпысын жонып отырып алды. — Көгеннің бұршағын санап тістеніп отырған өңшең бір бетпақ, кер жақтан жұққанын, жоқ қазақтан кер жаққа жұққанын қайдан білейін, әйтеуір арпаны кебегімен жеп, кебекті кебежесімен қатық қылған кенеусіз жұрт қой!..
Кептеген қанардай тізесін жауып теңкиіп жатқан қарынның төбесіне толтырып шара қойсаң да шайқалатын түрі жоқ, осы отырысында жоқтық көрген, таршылықтың тауқыметін тартқан адамға ұқсамайды-ақ, ал барлықты директордың шарбысымен есептесе бұл елде жарымай отырған пенде жоқ сияқты. Сиғат директордың малдасына сыймай төгіліп қалған ен байлығына жұбана қойған жоқ.
— Сенің төңірегінде жеке шаруа көбейіп кетті. Бір ғана Ақсу бөлімшесіндегі жүз түтіннің үштен бірі совхозда жоқ. Бірі аң шаруашылығын, бірі омартаны жағалап жүр.
— Көпшілігі ауырдың үстін, жеңілдің астын сағалаған берекесіз ысқаяқтар ғой, — деп директор ақталған болды. — Не ауылдан кетпейді, не шаруаға қол қатпайды, ал совхозға келемін деушілерге баспана табылмайды.
— Ол да әншейін сырт көзге ғана. Шындығына келсек, совхозың кедей. Әйтпесе елің де баяғы, ниет те баяғы. Азғантай жұртқа жұмыс тауып бере алмай отырғанда сырттан қол шақырам дейсің. Бір бөлімшенің бұғысын мына Старшой басқарған он екі-ақ адам бағады. Қалғаны механизатор, бәрі жиылып аздаған егін мен пішеннің соңында жүр. Көктем мен күзде болмаса, алты ай қыс бойы ай сайын алатыны үй сыпырушының жарым жалақысына жетпейді. Техника келгеннен бері әйел жұрағаты түгелдей жұмыссыз қалды. Әйтеуір жаз бойы лесхоздың маусымдық жұмысында тиын-тебен тапқан болады да қар түсе күресіннен аттап шықпайды. Әр түтінде арысы оннан, берісі бестен бала барын ескерсек, соншама ауызды семья басы несімен асырамақ?.. Жасырып қайтесің, бір ошақтың ауыртпалығы әлі күнгі шолақ байталды шал-шауқанның мойнынан түскен жоқ. Дүкеніндегі тіреліп тұрғаны ет кәне, бола қалған күнде де оны сатып ала қоятын пұлың кәне? Сонан соң мал жимағанда қайтсын. Ол да жетіскендіктен емес, жүні мен сүтін өкіметке өткізіп ақша қылады, тоқты-торымын жеп қызылға деген таңсығын басады. Шал-шауқаны жоқта ол да жоқ.
Совхозыңа сенбеген соң омарта мен аңшылық қумағанда қайтсын!..
— Қысқасы, компдексті шаруашылықты айтайын деп отырсыз ғой, бірақ оған мүмкіндік қайда? Билігіміз Мәскеуде, ол жақ бұғы шаруашылығының ғана рентабельді болғанын қалайды, басқаға дотация және жоқ.
— Билігің Мәскеуде болғанмен ел сенікі емес пе. Бұл елді тегінен жайлау асыраған. Әлгінде ғана Василий Иванович санап шыққан қоныстар қаңырап бос жатыр. Жыл сайын көрші аудандардың малы шиырлап қайтады. Қойнау толған қайдағы бір мекемелердің қысырағы мен омартасы. Бұғының өрісін қи сасытып тоздырады. Көліктің тапшы, көштің сиықсыз кезінде жаяу жүріп те жан сақтағанымыз жайлау еді, қазір техниканың заманында ескі қонысымызға өз аяғымыздың жетпей отырғаны қалай?.. Мүйіздің сапасы өрістің шөбіне, жайылымның сонысына байланысты деп өзің айттың. Қысы жазы бір тебін, шілде бойы шыбынға қамап қойған соң ол сорлыда не өнім болсын. Бұғының өрісі алына еді ғой. Рас, айдауға көнбейтін тағыны сатысыз ұстай алмайсың. Осындағы алты бөлімшенің территориясын сатымен жалғастырса альпаға жетуге де болады. Төлді ойда ал да қозыға аяқтанған соң, коридормен жайлауға айдап тастасаң малға да жай, жанға да тыныш, мүйізің де қарағайдай. Мәскеуің осыны білмей отыр ма?.. Сенде бұқаларға, бойдақтарға, жас төл мен енесіне деген үш-ақ загон бар, оның өзі де жаз ортасында оты қашады. Аударып салар соның қайда? Білмесе осыны неге айтпайсың? Әйтпесе анау мүйіз отайтын станоктың билігі де Мәскеуде шығар? Онсыз да қызылмай болған алаөкпе жануарды ұрып-соқпай-ақ станокқа тартып кіргізе салатын лебедка жасай салу қиын ба? Немесе таңнан қара кешке дейін жігіттерді дедек қақтырмай қазан мен моншаның, монша мен өренің арасына конвеер жүргізу қолдан келмей ме?.. Сатыңның түрі анау — түртіп қалсаң құлайын деп тұр. Баяғыдай бөрене көтеріп жатқан ешкім жоқ, точная сварка одан әлдеқашан құтқарған. Бес метр темір торды діңгекке бекіте салғаны үшін калымщиктерге бес сом төлейді екенсің, ол бес күннен кейін тоңқайып құлап жатады екен. Өз жұмысшың істесе тариф бойынша елу-ақ тиын... Калымщикке қиғанды өзіңе неге қимайсың? Өз адамың ең болмағанда өзімдікі деп істер еді ғой! Өз адамыңа ең болмағанда айғайлай алар едің ғой!.. Міне, жұмыс деген осы! Табыс деген де осы! Қолына қарға саңғыса қара жұмыстан бүгінде ешкім қашпайды, кәсіп іздеп қаңғырып тағы кетпейді Бүкіл совхозда жүз елу-ақ жылқы бар, әр бөлімшеге шаққанда жиырма бестен-ақ, қойың қораға болмайды, сиырың сауынға келмейді, бірі шипың, бірі қотыр, бірі сипаң, мініп те, сауып та, жеп те қасиетін көрмейсің, аузың аққа жарымай, сусынды біреуден ішіп отырсың. Кедейлік деген осы емес пе?!
— Сізге оңай ғой, Сәке. Подхозға жоспар да, госпоставка да жоқ, өнімді қайда, қанша өткізем десеңіз де өзіңіз білесіз. Аудан басының асханасы мен жол бойының бекеттеріне дейін қымызбен бітеп тастап қып-қызыл табыстың ортасында отырсыз. Ет те, сүт те, бал да, шөп те өз қамбаңызға құйылып жатыр. Кімге сатамын десеңіз де қолыңызда. Маман іздеп тағы әуре болмайсыз. Ал мен де соны істесем, қосымша қанша зоотехник, қанша мал дәрігері, қаншама веттехник пен бақташы керек, оның тоннасы мен литрін, саны мен қоңын басқа біреу аңдиды да мен тіс шұқып қала берем. Рас па?..
— Қысқасы, қосымша әбігерден қашамын деші. Бұғым рентабельді болса жетіп жатыр дейсің ғой. Бір бұғының мүйізімен жұртыңның мүйізі шықпайды. Менің білетінім сол! Шипалы екені рас, бірақ, ол қор болып қамбаға түспейтін аспандағы семіздік. Шипасы сол ма, анау пантоваркаң не болып кетті? Каралинге тоғытқан қойдай бір астауға шырыш та, бырыш та түсіп жатыр.
— Оны құрта салу да, тыйып тастау да қолдағы нәрсе ғой.
— Әрине, қолында. Сөйте салатының да рас. Тек пайдасы болмаса сонау Ленинградтан Василий Иванович бізге сәлем беруге келіп пе?.. Іргедегі радонның шарапатын көре алмай қымс етсе астанаға, асса одан әрмен шаба жөнелеміз. Орталықтағы ауруханада он-ақ төсек бар, ем таппай жүрген ақсақ-тоқсағыңды, сүйегі сықырлап, балтыры сыздап, жүйкесін жамай алмай жүрген дімкәстарыңды қайтесің? Сен баспанаға тарықсаң, мен сол баспанаға адам таппай жүрмін. Үш коттеджді және салып жатырмын. Райздравпен келісіп, баратын жеріне барып, ең құрығанда соның екеуінен емхана жасау қолдан келмес пе екен? Көрінгеннің есігінде тентіреп жүрген мынау жұрттың бір бас сұғары болуы керек қой. Арқалап келген азығын, дорбалап тасыған етін сасытып алып, көрінген жерге от жағып екі көзімізді танадай қылып қойды. Егер сен сол сорпаны цистернамен мезгілінде жеткізіп тұрсаң, жатар орын, жейтін тамақты асханасымен, шомылар ваннаны моншасымен мен мойныма алар едім. Ел де әншейін албаты сапсына бермей дәрігердің бақылауына түсер еді. Қазір колхоз, совхоздың өзі санаторий салып жатқанда біз аяқ астындағы алтынды таптап жүрміз.
— Сері аға, мұныңыз арман ғой. Сонан соң мүйіз сорпасы маусымдық қана нәрсе, көп болса екі-ақ ай, сонда қалған он айда ол здравницаңыз қаңырап бос тұрат та.
— Неге бос тұрсын. Сен ғой, былтыр, астанадан хвойная ванна алып қайттым деп қырық жылғы денсаулығыңа бронь сатып алғандай мәз болдың. Біз соның ортасында отырған жоқпыз ба. Қалған он айда былауға түссең жаман ба?.. Марал оты, киік оты, қарандыз, алтын тамыр, қойшы әйтеуір, женьшеннен басқа да жетпіс ауруға шипалы шөп атаулы Алтайда. Василий Иванович, өтірік деңізші.
— Бір-ақ өтірігі бар. Іздегенге Алтайдан женьшень де табылады, питомникте де өсіруге болады.
Қолында шәйнек, иығында орамал, шылапшын ұстап Жәмилаға ере келген үкідей сары аспан көз келіншек Сиғатқа өткен бір күндердің қызығы мен ермегін есіне салған еді. Етжеңділігі болмаса шешесіне ұқсастығы көп екен, қадалып қанша қарағанмен ақсақ егерьді таба алмады, қазақы бет сүйегі, шаралы жанары, ашық маңдайы ерекше жылы көрінді, етжеңділігі де аяғының ауырлығынан шығар деп түйді. Мамырлаған екі бірдей келіншекке жан тартып, іштей қоздап жатқан қамқор көңілдің отын түрткендей иін сала берді. Табаққа бата сұраған Жәмилаға бір ауыз тілек пен рақметін айтты да, қалтасындағы бүгінгі қолдың бүкіл парқын санамаған күйі Леся екеуіне бөліп ұстатты.
— Ой, Сері аға, мұныңыз не, бұл үйдің асы сатулы емес еді ғой! — деп Жәмила сасқалақтап, алақаны күйгендей ақшадан сескеніп қалды.
— Табаққа құрғақ бата жүрмейді, мұның ешқандай әбестігі жоқ, — деді Сиғат. — Әрі кеткенде Әбекеңнің араққа жұмсайтын, Қабекеңнің асханада қалдыратын шайлығы шығар.
— Әй, ал! Түк көрмегендей болғаны несі-ай! — деп Мешел тыпырлады. — Сәкең қолынан тиын шықса да тәбәрік!
— Ойпырай, Сері аға, біздің үйге де бір түстеніп кетсеңіз қайтеді! — деді Қабылхан.
— Аспан көзі жәудіреп Леся Сиғатқа ұзақ қадалды. Қас қағымда баяғы балалығы есіне түсті: жоңышқалы сары белде шалғынға шомылып отыратын жалғыз үй, жалғыз үйге қай мезгілде келсе де аттан түспей жатып аула тола балаларды еркелете мәз қылып, аттанып бара жатып та түк таппаса қолдарына бір сомнан теңге тастап кететін лесхоз бастық сол баяғысындай жылы ұшырап, жымия күліп отыр еді; шашының көкшулан тартып, түйме мұртқа бояу жүргені болмаса сол қалпынан бөтендігі жоқ, дәл осы қазір келе ғой деп шақырып алып, тұлымынан сипап, маңдайынан иіскейтіндей көрінген; ұзағырақ жолы түспей қалса, сол үйдің базарға кеткен басалқасын күткендей бала-шаға түгілі ақсақ егерьдің өзі де, некелі жары да бір мезгіл жолына қараушы еді; алты қыздың ішінде лесхоз бастыққа еркіндігін де, еркелігін де өткізетін Леся еді. "Әй, пұшық, жарбаңдап сен-ақ қалмайды екенсің!" — деп анасы Сиғаттың тізесінен қуып түсіргенде, лесхоз бастық: "қыз деген түкпіш қой, бір жақындығын сезетін шығар, тиме", — дейтұғын. Леся бала кезінде түкті де сезген жоқ. Әйтеуір бала кезінен Сиғатты жақсы көруші еді. Шешесінің қипақтап тұрғанын сезсе де қасақана жібермей, өңіріне танауын тығып ұйықтап қалатын кездері де болатын. Ояна келе іздеп, қайтып көргенше қоңылтақсып жүретін. Кейін лесхоз бастық ұзақ жылдарға жоғалды да оған деген сәбидің сағынышын тірліктің ащы тырпаңы өшіріп тастаған... Жанары ысып, демі дірілдеп отыр екен, теріс бұрыла беріп тұрып кеткен Леся көзінің жасына ие бола алмай қалды.
Екі келіншекке кезек телмірген Әбдіжапардың өзегі удай ашып, шеке тамыры лүп-лүп соқты да қатындардың қабына түскен қайран малдың есебін шығаруға кірісті: сері атанған кәрі сайқалдың түгі де құрыған жоқ, жұрттың қалтасынан жиып берді де жақсы атанды — бұл арғы есебі; мынау дастарқанның пұлы мен Мешелдің совхоз кассасына өткізген бір бұғының құнын мырзалықпен төлеп кетті. — Бұл бергі есебі.
Япырау, осы біз неге өстімейміз деген бір ой келіп еді, бірақ ақсақтың аяғы, шолақтың қолы жүре ме, кегежеден кері тартқан бір қырсық өмір-бақи мұрттай ұшырып, алып кеп соғады, алып кеп соғады. Сол қырсық сөйлесе аузына, жүрсе ізіне телмірткен осы сайқалдың өзі емес пе екен?.. Осы болмағанда талай рет өсетін де, жалған дүниені жұлығымен кешетін кезі де, кезегі де келіп еді. Осы болмағанда отырған әжептәуір орнынан айрылып, сыбағасына ит иіскемейтін сынық қабырға ұстап күйелі ошақтың түбіндегі көн тулақта қалмас еді. Тұла бойын Сиғатқа деген әлдебір қастандық кернеген Әбекеңнің әлгі бір шеке лүпілі солқылдатып қарақұстан сұқты да сары самауырдың күрең шайы мен қаймаққа бөккен таймень келгенде жастықты қолтығына бүктеп жатып алды.
— Осы қашанғы жей береміз? Жеудің де бір шегі болуы керек емес пе! — деп өтірік те болса тәкаппарлық жасағансыды, бірақ тағы да Сиғаттың сыңайын ескермеген екен.
— Бұғының етінде екі малдың қасиеті бар, — деп Сиғат Жәмилаға әлдебір өтінішпен қарады. — Ешкінің етіндей тоңғақ, жылқының етіндей дәрі, не іш майды қатырады, не жылмай ақтарады, — деді Әбекеңді көз қиығымен іле кетіп. — Мына ағаң аңдаусызда сүбе қабырғаны тұтас сыңғытып еді, жаман айтпай жақсы жоқ, топ болып домалап қалмай тұрғанда существенный бір нәрсе жұтқызып жібер, өле қалса бәрібір жұмаққа бармайтын адам ғой, әйтеуір обалы мойнымызда кетіп жүрмесін!..
Бірі шай құйып, бірі кесе жүгірткен қос келіншек дастарқан басында қалды да, Мешел Жәмиланың қабағынан әлденені оқып алып жұртқа білдірмей жылыстай жөнелді. Үй иесі қайтып оралғанша келіннің шайы мен қаймаққа бөккен тайменнің сырбазы біраз дәрежеге жетіп қайтты. Бос келген Мешел:
— Сері аға! — деп қипақтап тұрып алды.
— Жо жоқ, әрі кетсін! Жолатпа! — деп Сиғат аяқ астынан азарда-безер болды.
— Сері аға, енді әлгінде ғана өзіңіз...
— Жоқ, болмайды! Жолатпа! Мазасыз немелер келіп алып басты қатырады. Онсыз да отымыз келіспей отырғанда дауластырып, жауластырып, ертеңгісін бір-біріміздің бетімізді көре алмай жүрерміз.
— Келсін, осы дастарқанда ас жететін сияқты ғой, — деп Василий Иванович әбігерленіп қалды. — Үй иесінің билігіне қол сұққан жараспас.
— Жоқ, Василий Иванович, болмайды. Қайдағы уайым, қайдағы мұңымызды сапырып, онсыз да сіздің мазаңызды кетірдік, енді кісі көзінше жағадан алып жармасуымыз қалып па?! — деп Сиғат тағы да Әбекең мен Қабылханды бүйірден түрткендей көз қиығымен жанып қойды.
— Менің көңіліме қарамаңдар, келсін, — деп Василий Иванович те кесесін кері итеріп отырып алды. — Дәм алып, сұқбаттасып отырмыз, іздеп келген Құдайы қонақты тыста телміртіп қою ұят болады.
— Жә, шақырсаң шақыр енді, — деп Сиғат Мешелге иек қақты. — Желігі аузында, тоқпағы қолында қыз-келіншегі аралас жынды сүрей немелер еді, осы маңдағы мүжілген жілік, күйелі көсеу болса көзден аулақ тығып тастаңдар!
Бұлар кім болды екен дегендей Мешелдің ізін баққан жігіттер алаңдап аузы-басын сүртініп, бір-бірімен тақымдаса шай көрпеден орын сайлай бастаған, түр-түрімен бір үйір рюмка мен күреңкені подносқа теңдеп Мешел келгенде ең алдымен Василий Иванович шалқасынан түсті. Біреу өзінің аңғалдығынан күлсе, біреу қуанғанынан ыржалаңдап, кекесін мен оспақтан, іштей теке тірестен бұғып қалған, сіресіп қалған жігіттер жадырап сала берді.
— Бұл шіркіннің тентек екені де, дерт екені де рас, — деді Василий Иванович, — шақыртып алған өзім едім, тілеп алған аурудан татып құтылмаса болмас.
Тәкаппарлығы табан астында зым-зия болған Әбекең де:
— Мұндай қонақтан садаға кетпейміз бе! — деп қиқайып жатқан жерінен жұғына тұрды.
Бірінің қызметіне қарай борышы бар, бірінің ойына қарай өрісі бар, бірі ауылдан оза алмаған шарғы, Алтайдың асуын көксемейтін шаруаның торысы демесең, қиқым бақай тірлікте іштей тістескені болмаса ата жау болып алыспаған, байлық йен бақ үшін жарыспаған момын елдің қу бақан жігіттері еді. Содан ба, ақылгөйдің білігін, азаматтың жүгін көтере беретін кез келгенінде бел де, бел ел де жоқ, барының нұсқа болардай билігі қысқа, іштей ширығып, іштей бұлқынғанымен өмірдің тайғанақ жолында бұрлығып қала беретін; содан ба, шырық бұзбай, есіктен орын тисе төрге озбай құла төбел тұрмыстың көңірсік аяңына өзін де, өзгені де үйретіп алған; жоққа торықпай, қамшыдан қорықпай, жон арқасы сойылға піскен өгіздей арбасын сүйреп, мимырт тырпылмен қалғып-шұлғып күн өлтіруге жалықпаған можан-топайдың бер жағындағы, еріншектің ар жағындағы бейғам жұрт, өз десең шамданбайтын, ер десең қаперіне қыстырмайтын тасқабақтығы да жоқ емес. Бүгін Мешел неге шашылды, Сиғат неге ашынды дегенге кейбірі құлық қойып та отырған жоқ дастарқан жиналып кеткен соң жылы орнынан тұрғысы келмеген, ошақтың отын қиғысы келмегендер де бар, Асекең бірер күй қайырғанда бәрі де мүлгіп отыр еді: бірі ұйқыдан, бірі өтірік, бірі шын мүлгіген, Василий Иванович домбыраның шанағында қалып кеткен күйшінің күн қақты добал саусақтарын алақанымен сүйсіне басып:
— Бір өлмектің бар екені рас, — деді қобалжып, — бірақ одан қашып құтылмайтының да рас!.. Жас кезімде сыбызғыны қуалап жүріп тыңдайтын едім, қазір қуалайтын да, қуатын да ешкім қалмаған ба?.. Елді бір енжарлық басқан сияқты, күн батса есікті ілмектеп, аңдитыны ас, телміретіні телевизор... Той-томалақтың беташары мен айтысын кемпірлерге ғана қалдырып, жастар стаканның сыңғырын еншілеп алғанға ұқсайды.
Василий Ивановичтің түртпегі жауапсыз қалды. Жаста құлақ жоқ, құлағы барда құлық жоқ, жүрек қылын тербетер көне көкірек таусылды деуге, өздерін топастыққа байлап беруге бәрі де намыстанған тәрізді; бірер күйден артыққа баспайтын, бір күйшіні бір мезгілде екі қайталап тоздырмайтын Асекеңнен соң қара домбыра тойған бүйінің бөксесіндей шанағы теңкиіп жетімсіреп қалды. Мылқау жұрттың тынышын тағы да Василий Иванович бұзып еді.
— Құймышағым жатырқап қалмаса, бір көлік табылар. Сыбызғының үніне жетпесе де қияқтың сыңсуын тыңдап, бір жұма сенделсем деп едім, — деп Асекеңе өтіне қарады.
— Ойбой, бұл егерь кісі көзіне сараң, тақыл-тұқыл бірдемемен адамды шөліркетеді де қояды! — деп жауапқа жұрттан бұрын Мешел жүгірді. — Қияқты іздеп қайтесіз, түн ішінде ұрланып келіп Асекеңнің іргесіне төсек салып жату керек. Күйдің кекесі сонда ғой!
— Содан құлағыңда қалған бірдеме бар ма өзі, қағып көрсеңші! — деп Әбекең әрі күлкіге бола, әрі сәті келгенде Мешелді қорлап қалғысы келген.
— Қайтейін, қолым сауатсыз! — деп Мешел шынымен-ақ өкінді. — Асекеңнің түнімен шерткенін мен күні бойы орманда тентіреп жүріп ауызбен қайталап шығам. Күтіп отырған қуанышымыз да жоқ емес, құда қаласа, жеті домбыраның бірін көрімдікке алармын деп отырмын!..
— Адам болайын деген екенсің! — деп Қабылхан бырқ етіп күлді, тоғыз айлық бал асы торсылдағынан тепкендей бөксеріліп жатқан қарыны бүлк ете қалды. Жайына жатпай жоққа мөңкіген жын қабынан жұрттың ұйып отырған көңілі бұзылды да әңгіменің нәші сынып әуелгі арнасына қайта түсті. Көбейсек қайтеді деуге Қабылханның беделі жетпеді, одан жастаулары әдеп бұзбады, тоқ ішегі отырған орнында түсіп қалса да Әбекеңнің шыдамы тасбақаның бәйгесін тосып алуға жететін еді.
Әңгіме ел қамынан шаруаның жайына, табиғаттың тозып, әуенің оңып бара жатқанына ойысқан. Орманның ортасында, аспанның биігінде отырмын деп мәз болатын Мешелдер, Василий Иванович үш қаланың түтіні мен қорғасынның шаңына қақалып қалдың дегенде жағасын ұстады. Аспанды қойып, жердегіге көзі жаңа жете бастаған жатаған жұрт жеген асы болмаса, жұтқан ауасы қорғасын ба, қорда ма, тандап, андап көріп пе. Суын сарқып, қада басына тоңқарып іліп кеткен Жәмиланың самауырын Василий Иванович Мешелді жұмсап қайта алдырды да ішіне ұзақ үңілді.
— Келін пысық екен, — деді, — қақтан таза, айнадай!
Су қайнаған ыдысқа қақ тұрмаушы ма еді, онда тұрған не бар дегендей қонақтың таңдай қаққанын ерсі көріп қалған үй иесі әлденеге разы болмай отыр ма деп көңіліне күдік алды да қарадай қысылып, жұрт көзіне жалтақтай берді. Даланың момын қазағы қаланың тақуа сыпайысына қай мінезімен ұнаған, Мешелдің күдігіне күдік қосқаны болмаса ағайын да абдырап Василий Ивановичтің аузына қарасты.
— Қазақстанда мен шарламаған түкпір жоқ, — деді Василий Иванович. — Кез келген үйдің самауыр - шәйнегін ашып қалсаң бес елі қақты көресің. Бір литр суда бір процент тұз болса, Қазақстанда үш процент. Бұл орта есебі ғана. Оңтүстік облыстарда бұдан да асып түседі.
Әлгінде ғана Осип қарияны тайменьді тұзақтап қоймадың деп келеке қылып едіңдер, айтыңыздаршы, сілті қышқылына таймень түгілі тарақан өсіруге бола ма?.. Тарақан деген байлықтың жүрмейтін жері жоқ қой, өзі мамонттан да кәрі. Ендеше, Алтайды қарық қыламын деген төмендегі Бұқтырма теңізі бүгінде судың қоймасы емес, сілті қышқылының тұнбасына айналған. Мұндай қоймалар Ертіс пен Бұқтырмада ғана емес, Есіл мен Нұрада да, Жайық пен Еділде де, Сыр мен Жетісудың жеті өзенінде де бар. Соның бәрі де адам тұрмақ, мал ішуге арам, жер суаруға да жарамай қалды. Өйткені бір жылдан соң топырақтың тұзын тереңнен теуіп шығарып, көгалы көлдей теңселген қайран жер сорға айналды. Жетісудың қызылшасы қантынан айрылды, Сырдың бал татыған балығы мен қауынынан айрылдық, Арал мен Балқаш құрып, Каспий қашып барады, Бас Каналдың арқасында түркмендер жыл сайын төрт жүз мың тонна мақтасынан айрылып, сонау Македонский заманынан келе жатқан екі бірдей оазисін жоғалтып алды. Самауыр түбіндегі қақтың төркіні осы...
— Бәсе, біздің мықты анда-санда оттығына сүрі орап қайнатып, артынан содамен тырналап жатушы еді, — деп Мешел самауырын жығып салып ішіне қайта үңілді. — Бәтшағарды, ауаң қорғасын, суың сілті, түбі төрт аяқты малға ұқсап шөп жеп кетпесек жарар еді-ау!
— Басқаны қайдам, мәгәрки, сен шөп жей қалсаң осы елдің малы оттан жұтайтын болды! — деп Әбекең өтірік күлген болып еді, бірақ оған ешкім ере қоймады.
— Шөптің бәрі жеуге жарай берсе де. — Василий Иванович Әбекеңнің албаты ыржаңын жақтырмаса да шөп туралы әңгімесін сабақтауға тырысты, — қайда барсаң да темір жол мен трассаның бойынан тірнектеп бау жиған шал-шауқан, ал жол жиегіне қонақтаған тозаң мен түтіннің кесепаты удан да жаман екенін дәрігерлік сауаты кем жұртқа түсіндіріп жату қиын, әрине, түсінген күнде де мал баққан ел: ие, талшық болса жарайт та, онда тұрған не бар дей салады. Зардабы дастарқанға тікелей зауал болып жетпегенмен, ішіп отырған сүтіміздің, жеп отырған етіміздің мәйегі өліп кеткенін аңғара бермейміз. Ол аз десеңіз, иманжапырақ, жалбыз, шашыратқы сияқты шипалы өсімдікті көшеден де, күресіннен де теріп әкеліп тапсырамыз, ол аптектен аузымызға дәрі болып түскенде дертке дауа болудың орнына дерт жамап бермесіне кім кепіл? Әлгінде қарағай қылқаны, женьшеннен басқа да жетпіс ауруға ем болатын жапырақ пен тамырдың түр-түрін санап шықтық, ол айтарға ғана, әйтпесе, жетпіс емес, жеті мың шығар, оның түбіне кім жеткен, Сәкең шағын емхана, бұлау бассейінін ашсақ деп отыр, құба құп, ауыл тұрмақ астананың қолы жетпей жүрген арасан ғой, бірақ осыншама байлықтың ортасында жүзіп отырған сіздерге бұл аз. Бұғы совхозымен лесхоздың, лесхоз бен заказниктің, аңшылық шаруашылығының бір қотанда қоян-қолтық жұп қасып отыруы басқа жерден табылмайтын, басынды тасқа ұрсаң да жамай алмайтын жағдай. Осыдан он бес жыл бұрын сіздің диссертацияңызбен танысқанда, қайран тайга иесін енді табатын болды-ау деп қуанып едім, лесхоздың функциясын кеңейтіп, тек ағаш өсіріп, орман қорғайтын қысыр мекеменің дәрежесінен халық шаруашылығында экономикалық потенциалы бар жалпы табиғатты қорғайтын рентабельді кәсіп орнынан айналдырсам деген жоспарыңыз ұнап еді. Қашық жатсақ та хабарсыз жатқамыз жоқ, сонау отыз екінші жылы осы лесхоз ұйымдасқанда Ленинградтағы қызметіңізді тастап келіп едіңіз, жеке басыңыздың да трагедиясы көп болғанын білемін, отыз жылдан астам уақытта сіз қақпаған есік, сіз кірмеген тесік қалған жоқ осыдан екі-ақ ай бұрын бес жүз мың гектар орманды алқап заказник болып жарияланса, онда да сіздің еңбегіңіздің есебі жоқ, ал жылына бір жарым миллион сом тап-таза пайда беретін питомник кімде бар?.. Қарағай мен кедр көшетінің өсімталдығы жөнінен одақ көлемінде бірінші орын аласыздар, сіздің көшетіңізге қазір европаның қолы жетпей отыр. Бірақ алысқа ұрығын шашқанмен Алтай азып барады, осыдан отыз жыл бұрын басталған кесепат әлі тоқталған жоқ, бір ғана Бұқтырмаға құятын кішігірім жеті өзеннің үшеуі сарқылып, қалған төртеуінің су қоры елу жылда елу процент кеміп кетті. Енді бұл кесепатқа мемлекеттік масштабта тосқауыл жасалмаса, Ақсу туралы көне аңыздың орнында аңызақ қана қалады. Осы уайым кімнің жанына қаншалықты батады екен, соны білгісі келіп еді. Бүкіл республиканың әуе бассейіні Арал теңізінің тағдырына байланысты еді. Арал тартылған соң Аравияның аңызағы тосқауылсыз төбемізден басып өтіп, қаңтар мен ақпанда Аляскадан аяз бен үскірік болып қайта жөңкілетінді шығарды. Мен Аралды ойлағанда көңілімде Алтай тұрады.
— Алтай кімнің есінде қалмас дейсің. Бірақ сол Алтайды көрмеген де бар-ау. Аралды көрмеген қазақтың көне Тұранның бір теңізінен айрылып қалғанына жаны ауыра қояр ма екен?.. Бір күн қой баққаннан бір жыл ақыл сұрама деген екен, йен жайлауда отырып бес мың бұғыға өріс таппаған бақташы Балқаштың сор, Сырдың балшық болып кеткенін ойлап па? Отыз жыл бойы Василий Ивановичтердің өздері қайда жүріпті? Көдені қурайға, суды сілтіге айналдырған Госплан дейтұғын диюдың дуалы қолы бақташы тұрмақ Василий Ивановичтермен, одан да құдіретті табиғаттың өзімен ақылдасып көріп пе?.. Бақташы мен орманшы түгілі, мың, миллион ғалымның бас қатырып отырған жүздеген институттың үрейі мен зарын Госпланда кім тыңдапты? Күндіз ісіңнің, түнде түсіңнің берекесін кетіріп, зәре-құтыңды алатын ядролық қаруды былай қойғанда, табиғаттың бабын тауып сақтай білмесең, түбі ядролық қарусыз-ақ адамзат өзінің көң-қоқыры, өндірістің түтіні мен шаңынан-ақ құрып кететінін Алтайдың аңқау жұрты қаперіне алып па?.. Осы бір көп сауалды, сауал емес, зауалды Сиғат та Василий Ивановичтің өзіне қайтарып бермек болды да қонаққа онсыз да белгілі жайды орынсыз сапырып жатпады.
— Ел қамы мен жер қамының жігіне қытай қамалын сыналап жатудың қажеті жоқ шығар, түптеп келгенде, жер қамы елдің қамы екенін де түсіне бастадық, — деп Сиғат сөзінің басын жайма-шуақтан тартты. — Бірақ ендігі жерде тайганың тағдырын калымщиктер мен кездейсоқ келімсектерге қалдыруға болмайды, Алтайға алдымен саналы азамат, іргесі аумайтын ел керек, жердің қасиетін елдің ниеті мен психологиясынан танысақ бұл да біз бітірген үлкен істің бірі болар еді. Біздің түсінігіміздегі мемлекеттік масштаб деген осы. Әйтпесе құр ойбай бақырғаннан не шығады. Отыз жыл бақырып келе жатырмыз ғой, одан буаз болған табиғат жоқ. Ширек ғасырда бар болғаны мың-ақ гектарға ағаш егіппіз, оның өзі де кісі бойынан асқан жоқ, ал сол ширек ғасырда радиусы екі жүз шақырым жердің орманын отап тастаппыз. Түгіне дейін тонап алып, жұтап қалған қу тақырды заказник деп жариялағаннан не пайда? Бұл да көз бояудың бір түрі, екі жүзді сұрқия түрі!..
— Жарияламағанда қайтер едіңіздер?
— Соның өзі жақсы еді. Сыныққа қашанда сылтау керек. Бұл өңірден енді алатын дәнеңе жоқ. Жоқ?.. Сосын заказник болмағанда қайтсын. Тоналған жұртта баяғы сол екі лесхоз қалды, екі лесхоздың үш жүзге жетпейтін жалдамасы мен қырық жыл бұрынғы отелсырьяның күресінінде жатқан ескі техниканың не мініс бермейтін, не кіріс бермейтін жұрнағы қалды. Қосылған қаражат та, қайырым да жоқ, әйтеуір бес жүз мың гектар алқапты заказник етіп тастадық деп айды аспанға бірақ шығарып, жырғап отырмыз. Бір күнде қаулымен орнаған тегін жұмақты итке берсін! Қаулымен қарық болған қазан жоқ. Республика, Одағы бар, отыз жылда қаулыны қолымызға ұстатып, Алтай өңіріндегі леспромхоз атаулыны қағазбен құртып едік, құрығаны сол, күні бүгінге дейін доңғалақпен көшіп жүр, тягачтың жыланбауыр жалмауыз тісі кеше етекте еді, бүгін Алтайдың шыңына шықты. Көшіп жүрген леспромхоз тайганың қасқырынан да озбыр. Бұрын бір орында отырғанда көз алдау үшін болса да ойрандаған жұртына көшет отырғызып кетуші еді, енді көшетінді таптап кетеді. Көшкен елдің жұртындағы жүн-жұрқадай кешегі ит тұмсығы өтпейтін қалың нудың орнында қотыр қайың мен көк теректің арамза жұрынтығы ғана қалды.
— Кәнеки, осыған қабырғаңыз қайыса ма?..
— Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас деуші ме еді? Мұндай дауды бүкілодақтық көлемде көтеру керек.
— Айтысайын десең айыпкерің, алысайын десең жауың жоқ, ал даудан біз қажыған жұртпыз. Әлгінде питомникті сөз қылдыңыз. Әрине, табыс деген жақсы-ақ, жылына бір жарым миллион сом жерде жатқан жоқ, расында жерден жинап отырғанымызды да жасырмаймыз, дегенмен, бұл да тек сауданың, ақшаның көзі. Тайганы қалпына келтіру үшін ендігі жерде ғылыми негіз, система керек, кездейсоқ келімсектер емес, ғалымдар, мамандар керек. Мен сол питомникті өндіріс лаборатория ретінде Орман Шаруашылығы Академиясына-ақ берейін. База мен өндіріс менікі, лаборатория сіздердікі. Қол-аяғымды бюрократ мекемелердің тұсауынан түгел шешіп алсам, қаражатын да табар едім. Бірақ қысырлығына қарамай, оған бір де бір ғылыми институт келіспейді. Госплан, минфин, трест, министрліктің аузына қарайды. Ал ол ауыздан қаншама жалын атқанмен қағаздан басқа қалпақ ұшыратын да дауыл шықпайды. Аңшылық шаруашылығын, шипалы шөп, жеміс-жидек, шикізат дайындайтын мекеме атаулыны лесхозға біріктіру мәселесін қойғанымызға қашан. Табиғатты қорғау, қалпына келтіру, оның ресурстарын тиімді пайдалану проблемасын комплексті жүргізу қазіргі ең басты мәселе. Оның үстіне лесхоз өз қаражатын өзі тауып, өзін-өзі асырап, мемлекетке жоспарды түрде пайда түсіріп жатса жаман ба?.. Масштаб деген біздің түсінігімізде осындай болса керек. Бізге билік, жоспар, бейтараптық керек. Сәтін салса, келер жылы сізді қонақжайда қарсы алып, емхананың шипалы бұлауына шомылдырып шығарып салармыз. Бірақ бір қонақтың бабы кімге мақтаныш, ол да әншейін қолдағы ұсақ-түйек тірліктің мәзіреті ғана, онымен тайганы да, табиғатты да, ел-жұртты да алдай алмаймыз: Вертолеттің бір ұшып қайтқан сапары екі мың сом екенін ескеріңіз, үш жүз мың гектар алқапты ат аяғымен тауысудың қаншалық азап екенін түсіну қиын емес. Ал бүгінгі уайым бір лесхоздың үш жүз мың гектары емес, бүкіл өлкенің тағдырына тіреліп отыр, от басының әңгімесінен көрі Отандық резонансты тілейтін қара орманның мемлекеттік масштабтағы проблемасы. Ата-бабамыз қанымен, жанымен, қала берді таяғымен де, аяғымен де қорғаған сол қара орманды кейінгі ұрпағы несімен қорғайды?.. Біріміз жылап, біріміз жұбатқанмен таусылмайтын уайым және жұбана қоятын да еш нәрсе қалған жоқ!...
Бозала таңда шықпен бірге жығылып қалатын шатқалдың тентек желіндей желпініп тұрып аяқ астынан сап тыйылған әңгіме жозыны қамалай бұйығып отырған жігіттерді тым-тырыс дағдарысқа тастап кетті. Ай нұры тозып, бозала таңның кемерін түрткен шошақ шоқылардың төбесі сеңсең бөріктің кепештігіндей жалбырап қарауыта бастапты. Жындысайдың терісінен әуп-әуп елік үріп тайганы шырт ұйқыдан шошытып оятты да іргедегі Бұқтырманың тұншығып жатқан сарыны тоғайды торғайымен үркіте тыныштықты дар айырып жыртып жіберді Бозала таңның бозғылт сүреңінде жүдеп отырған Мешекеңнің қадірлі қонақтары ажары тозған еріншек айды кемерден құлатып, шақырайған Шолпанды Алтайдың иығына қадап барып қозғалған еді.
— Шіркін-ай, тайменнің нағыз қармаққа таласатын шағы ғой мынау! — деп Осип қарт тыртиып тұрып, керіліп тұрып есінеп салды.
Жозының басы жарылып кеткендей жабыла келіп шарқылдап күлсін. Неге күлгенін, кімге күлгенін өздері де білмейді, әйтеуір шаршаған ұйқылы-ояу жұрттың бейкүнә күлкісіне көпке дейін тормоз түскен жоқ.
Көптен бері қысырап тұрған Алтайдың аспанына шіріген қуыстан шүйкедей бұлт байланып еді.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1
Қара шайдан басқа жарытып нәр татпағанына бүгін бір жұма. Аш құрсақтан ба, әлде мынау тас керең тыныштықтан ба құлағы шулап, басы айналды. Дастарқанды майыстырған дәмнен де үзіп ауызына салған жоқ. Іші ұлып жатыр, бірақ көңілі еш нәрсеге шаппайды, тегі ұлытқан ас емес, аза болса керек. Кеуде бос, демінде ыстық бар сияқты. Шырқ-шырқ ысқырған пеш түбіндегі шілделік іңірден маза бермеп еді, бәтшағардың дауысы мұндай жексұрын болар ма, аяқ жағындағы қос бәтеңкесін жіберіп ұрған, енді лақтыратын да ештеңе қалмапты. Іргесінен жел үрген абажадай бөлменің дін ортасында жалғыз жатыр. Іргеден үрген жел ме, үрей ме, әйтеуір мынау шілделіктің шырқылындай дене түршіктірер сүйкімсіз де салқын. Төрт есіктің төртеуін де ашып тастап еді. Әкесінің бөлмесіне әлсін-әлсін қарап қояды, сол жақтан әлдекім еден сықырлатқандай, сол жақтан әлдекім тұрып келе жатқандай. "Ойпырау, ертең шалдың жетісі екен-ау!.."
Атып тұрды. "Масқара-ай!" Есінен шығып кетіпті. Өлгені кеше еді, жеті күнге толмай жатып ұмыта қалғаны ма?.. Құдай алмады деп өзінен-өзі қарадай түңі жеңі болмаса бұл өмірден қадірсіз кеткен жоқ еді ғой...
Алдымен пештің іргесін бір тепті де шырқылдақ шілделіктің жағын қарыстырып барып шам жақты. Ертенді-кеш бата оқырға біреу-міреу келе ме деп жасап қойған дастарқанның етегі де ашылмаған. Келмегені де. Тірісінде көңілін сұрауға пенде баласын жолатпаған жүз жетідегі шалдың өлген соң аруағын кім аза тұтсын. "Қадірсіз кеткен жоқ еді ғой!" дегенді іштей тағы қайталады. Әлде ағайынның адамы таусылып, "біреу - міреуі" ғана қалған ба?..
Өледі-ау деп өкінген жоқ. Өлмесе екен деп тілеген жоқ. Бір қызығы, осы шал бір күні өледі-ау деп ойлаған да жоқ. Әйтеуір сөз естуге үйреніп қалған құлағы, күнделікті қамшыға отығып алған жүйкесі, өмірі, осының жөн-ау деп бір ісін мақұлдата алмаған әкенің қыжыртпасын жүре тыңдап бейғам жүріп жатқан. Енді, міне, жетісін де ұмытып кетіпті. Дайындығы және жоқ. Бұл елге не болған? Шал кеткенмен орнында мен бар едім ғой!.. Орның қадірлі болғанмен, әлде өзің қадірсізсің бе?..
Немеремді алдыр, келсін, топырақ салсын дегенді бір ай бұрын қақсап еді. Елді тілдейсің, сол өз балаң да келген жоқ. Алдырам дей салған. Дей салғаны, өледі деп ойлаған жоқ. Ауырмай, сырқамай, алжымай аяқ асты өле салады деп кім ойлаған...
Таң атпай ат ертетті. Таң атпай монша жақтырды. Таң атпай таза киімін таптырды. Ғұмыры денесіне біреудің қолын тигізіп көрмеген кірпияз шал арқа-басыңды ысып берейін дегенге де көнген жоқ, қашаннан бері менің тұзымды көтеріп, кірімді езіп жүр едің, өз басыңды күйттеп ал деп шақырая қалды. Сонан соң отырып алып ақыл айтсын. Алдымен өлгендерді санап шықты.
— Бітімбайдың қырқы кеп қалды, соны ұмытпа!
— Білемін.
— Құран аударт, құны жиырма теңге, құрбандығы бір тоқты ғой.
— Мақұл.
— Батырбайға жуырда жыл толады.
— Білемін.
— Артында тұқым жоқ, жесірдің қолынан не келер дейсің, басын үйлет!
— Мақұл.
— Анау Үйсінбайдың түтіні өшті, үйі құлайын деп тұр, есік-терезесін біреулер шегелеп кетіпті.
— Білемін.
— Сол үйді қайта көтерт, есігінің алдына бес қарағай, иә бес қайың тік, соғыста шейіт болған бес баласына белгі болсын!
— Иен қалған үй кімге керек, тегін кіретін де ешкім табылмай отырған жоқ па?
— Қу шаңырақ деп ырымынан қорқат та. Онда сенің шаруаң болмасын! Осы қазақ жаман ырымды жатқа білет те, жақсы ырымға баспайтыны қалай?! Үйсінбай да кезінде он ағайынды ошарлы тұқым болатын!..
— Мақұл.
— Түнде әкем марқұм келіп кетті. Жолға жүреміз әзірлен деген. Қайтып соғар мезгілі — бүгінгі бесін намазы.
— Мақұл.
— Ә?! Сен де менің өлгенімді мақұл көреді екенсің-ау! Дүре-ес!.. Зарым Құдайдың құлағына жетпеген соң әкемнің аруағына жыланып едім. Аруағыңнан айналдым!.. Есіңде болсын, керексіз адамға жанашыр да табылмайды.
— Болды ғой енді!.. Онан да тіріге қалдыратын өсиетің жоқ па?!
— Тірілердің қамын тірілер жесін!.. Жалғыз-ақ айтарым, осында әлгі Есімханның тума тамшысы жүр еді ғой, аты кім еді?..
— Бекет.
— Япырай, ел-жұртта жоқ атты да қояды екен-ау!.. Бектен тартты десем — тұқымында ақсүйек жоқ еді, ат шалдырып, аяқ суытатын бекеттен тартты десем — Есімхан деген атынан адам түгілі, ат үркетін ол кісәпірдің ошағынан ат шалдырған тірі пендені көрген жоқ едім...
— Өле алмай жатып біреудің атында не шаруаң бар! Не айтайын деп едің?
— Соны айтам-ау! Атын теріс қойса да шаруам қанша еді. Өзіме де обал жоқ, жалаң бұт жатып нем бар еді депті жол-жөнекей қонақтан құрсақ еншілеп қалған бір жесір... Егер жүк болмаса сол Бекетіңнен кешірім сұрай сал, кезінде әкесін мес қылып сабағаным бар еді. Қолы батқаннан қозы көш аулақ жүретін қорқақ екен. Осыдан басқа тірі пендеге жасаған қиянатым жоқ.
— Мақұл. Тек рас болса.
— Рас.
— Анау Маржан кемпірдің тула бойы тұңғышын қайтесің?
Ел өсегін қайтесің? Таңдамақ шарда да сұрайды дейді ғой, мүңкір-нәңкірді қазір бастасақ қайтеді?..
— Доғар!
— Мақұл.
— Біреудің үзіліп қалған ұрпағын жалғастырып отырған ошағы бөлек, есімі басқа азаматта жұмысың болмасын! Мен саған барымды түгендеп, жоғымды санап бер дедім бе?! Топырақ салуға өзі де келер. Келмесе тағы өзі білсін, менің қарызым, оның парызы жоқ! Бәрі де кезінде өтелген!
— Мақұл.
— Естімедік деп өкініп жүрмесін, бала-шағаңа хабарлай сал. Келсе топырақ салар, келмесе, олардан енді қайыр күтпе!
— Мақұл.
— Өзіңді бір Құдайға тапсырдым.
— Мақұл.
— Қатын ал деп айтпаймын. Жер ортасына келгенде біреулермен боқтасып, біреулермен боқ сасып ғұмыр кешу жараспас.
— Мақұл.
— Құдайдан менің жасымды сұрама. Артық ғұмыр кешіп, арызыңды тауысқаннан аз ғұмыр кешіп, бір арманыңа жете алмай кеткеннің өзі жақсы!
— Мақұл.
Күні бойы көңіліне еш күдік кірген жоқ. Мың жылдан бері көріп жүргендей аэропорт басындағы сан-сапалақ жұрттың бәрі таныс сияқты еді. Біреумен бір ауыз тілге келмепті, бірінің жүзі көз алдында қалмапты, бәрі де баяғының ескі-құсқысы секілді селт еткізген жоқ. Бір күнгі тірлігі изоляторда өткендей тым-тырыс, тып-тыйпыл өте шығып еді. Кешкісін үйіне келсе, мұнда да тым-тырыс екен. Ең алдымен сезгені бензиннің иісі, күресін биігінде бықсып таусылған бір шөмеле күлден әлі де жанып бітпеген бешпенттің сыңар жеңін, түйе жүн көрпенің пұшпағын таныды: әкесінің жеңі, әкесінің көрпесі. Біреудің асына байланғандай торы биенің жал-құйрығын шонтиып күзеп тастапты. Сонан соңғы көзіне түскені — аулаға шығып қалған әкесінің ұзындығы бес метрлік абажадай ағаш төсегі. "Адам бір ғасыр өмір сүріп, бір күнде алжиды екен-ау!" — деп түйді.
Құлаққа ұрғандай еді. Жозыда сыңар кесе, сыңар кесенің түбінде бір жұтым су қалыпты. Қасында бір беті жұлынған ақ дәптер мен жаңа ұшталған қарындаш жатыр. Жалғыз парақ қағазда арабша жазылған осы ауылдағы тұл жесір он кемпірдің тізімі, әрқайсысының тұсына жүз сом деп белгілепті де сол мың сомды қаттап тұрып он шүберекке түйіп кетіпті "Тақ-тұқ, тақ-тұқ, дың!" — деді. Төбесінен тақылдатып таяқпен ұрғандай болып еді. Қабырға сағат кешкі сегізді жаңа тауысыпты.
"Қайтып соғар мезгілі — бүгінгі бесін намазы" — деген әке сөзі есіне түсті де бүйірдегі қымтаулы есікті тартып қалған...
...Қашаннан қоңыраулы көк сандықта жататын ақ жібек шымылдық оң жақ іргеге құрылып қалыпты, қатты серпілген есіктің лебінен бе делдиіп барып, желпініп барып дір етті. Қақ жарып кіргенде жалаң қабат кілемге жалаң қабат дәке төсеп әкесі еденде ұйықтап жатыр екен, үстінде де жалаң қабат ақ мата, басында жастық та жоқ, шүберектей құп-қу жүзі жаңа басқан аппақ қудай сақал-мұртын жаңылдырғандай. Шымылдықты серпіген шалдың өзі сияқты көрініп еді. Денесі тастай екен. Сол жақ іргеге қаттап үйген әкесінің су жаңа сырт киімдеріне көзі түскенде барып қап деді. Неге өкінгенін өзі де білген жоқ, әйтеуір бір өкініш бар еді.
"Тақ-тұқ, тақ-тұқ, дың!" — деді. Қабырға сағат түнгі бірді тауысып тұр екен. Іңірден бері бір ғұмырды түгескендей еді, сағаттың быртық тілі бар болғаны сынық сүйем жол жүріпті. Терезе тас қараңғы, шалдың үңірейген бөлмесінен аңыратып салқын леп шықты. Бір жұмадан бері булығын жаппаған, шыбын-шіркей кірмесін деп шамын да жақпап еді. Артына ескі-құсқы, көң-қоқырын да қалдырмай тып-типыл өртеп, із тастамай кеткеніне енді ғана таң қалып тұр: штепсельді басқанда қаңыраған төрт қабырға шаңқ етіп төбені тесіп кете жаздады да тақыр еден мен безерген терезе түк көрмегендей, түк білмегендей мелшиді де қалды. Бір бөлменің төрі мен босағасын түгел толтырып жататын арыстай шалдың орны мәңгі-бақи бос қалғанын енді түсінді. Булықты жауып, есікті қымтап, қонақ бөлмеге қайтып оралғанда да жозы басындағы орны үңірейіп бос тұр еді. Қап деді. Жеті күн бойы өзекке түскен өкініштің не екенін енді сезді. Ол — шалдың анда-санда санап қана шығындайтын сөзі екен; жатқа кекесін, жақынға әзілдей көрінетін, шынды — жорта, жорғаны — жоңқадай жонып түсіретін, жоныңнан сипап отырып жыныңды қағып алатын қиқарлығы екен; екеуден-екеу отырып қалжыңды ермек қылушы еді, сөйтсе ол шалдың таңдайға біткен шыны, Қылаңхандыкі әншейін қылжақ екен. Өкініші — Қылаңхан шалдың таңдайын сауа алмай қалыпты. Жозы басындағы үңірейген бос орынға қарады. Үңірейген бос орында ең болмаса сеңсең тұлып жататын, қазір тулақ та жоқ екен, жамбасынан тастамайтын аюдың көлдей терісін де кейінге жүк қылғысы келмегендей өртеп жіберіпті. Бір киер жаңасын осы ауылдың шал-шауқандары бір сабақ жібіне дейін үстеріне қылдай бөлісіп жапсырған.
Осы шаңырақтың он екі жасар келіні, кимешегі қарқарадай дәу кемпір қабырғадан қарап отыр еді. Асығып, шалын тоспай ширек ғасыр бұрын кеткен, жолаушыңды аман-есен күтіп алған шығарсың?.. Паспортының пұшпағындағы бармақтай бейнесі болмаса Жәкең суретке де түспеген кісі. Мен шырқылдағының көзіне сыймаймын деп аппараттың алдынан қаша беретін. Енді көңіліндегі нобайы, құлағындағы дауысы болмаса, әкесін көз алдына елестете алмаған соң Қылаңхан кимешегі қарқарадай дәу кемпірімен тілдескісі келді.
— Балашка, қал қалай? Шалың барып көзайым болып қалдың ба?
— Әдірем қал! Сен жетісіп отырған шығарсың?! Жынын шақырған бақсыдай йен жұртта жалғыз өзің күңіреніп!..
Дәу кемпір көзінің қиығымен күлгендей болды. Әлдекімнің күлкісін есіне салды. Көзінің қиығымен ғана күлетін кім еді осы? Тым қашықтап кеткен сол бір күлкінің иесін табан астында таппады. Оның есесіне әлдеқашан құмығып кеткен анасының даусын анық естіді.
— Өмірі бір міндетімізді артпап едік, кетерде әкеңнің қасында да болмапсың ғой. Сен осы аспаннан қашан түсесің? Аспанда бір Алладан басқа ешкім жоқ дейді, жердегінің уайымы де жетпей ме?
— Балашка, сен маған ұрыспа. Онан да ақылыңды айтшы.
— Оны өзің біл. Сен менің сүт кенжем едің. Елу екі жасымда дүниеге әкелгем. Елу екі жасымда!.. Қырықтың тоғызына дейін менен ақыл сұрамақсың ба? Комсомолға өтемін деп екі жасыңды артық жаздырғансың. Сол ұрлаған екі жылың саған бәрі бір мал болмайды. Әкеңнің ғұмырынан екі жыл кем жасайсың.
— Балашка, сен ондай қалжыңды қой. Сонда мен әлі де алпыс жеті жыл өмір сүрмекпін бе? Мұның қып-қызыл қиянат қой!..
— Жоқ, алпыс жеті емес, алпыс тоғыз жыл. Алпыс тоғыз!. Жолың ұзақ, жалғыздық одан да сор. Екі төлің далаға кетті. Қаны да, тәні де бөтен. Ойлан. Түбі қара орман ұрпақсыз қалып жүрмесін.
— Қой, балашка, мұның да қиын шаруа екен. Оның үстіне, сенің жаман шалың қатын алма деп кетті ғой.
— Әдірем қал! Менің шалым сенен жаман болмаған шығар!.. Алма десе аяғаны да. Түбі ол азаптан құтыла алмайсың. Ол азап жол азабынан қиын емес.
— Балашка, азаптың азаптан айырмасы қанша? Ақыры, әйтеуір азап екен, екеуін бірдей арқалап қайтем?..
— Олай деме, құлыным, азап кешпеген адамның ғұмыры бықсып таусылған отпен тең, бір уыс күлден басқа қызуы да қалмайды артында!..
— Балашка!
Кимешегі қарқарадай дәу кемпір томсарып үнсіз отыр екен. Анасының "әдірем қалы" да, "құлынымы" да қырықтың тоғызындағы сүт кенженің құлағының құлығын жібіткендей жайдары естіліп еді. Бұл үйдің будильнигі шал болатын, ол өткеннен бері алты күн бойы таңғы сағат алтыға он бес минут қалғанда: "құлыным, тұра ғой, ел көшіп, жұртта қалдың!" — деп сүт кенжесін анасы оятып жүр. Сонау бала кезінде қозы-лақты ағытып, құлын байлату үшін елең-алаңда осылай деп сирағынан суырып алатын. Жаздың белуардан шығы мен күздің боз қырауын жалаңаяқ кешіп жүріп те Қылаңхан Балашкасына ренжіген емес, таңғы тәтті ұйқысының ақысына үш ағасынан бөлек бір кесе иінді сіміріп, бір шақпақ қантты ышқырына тығатын да кете беретін. Жеті жасына дейін анасының көрпесінен шықпай, жеті жасына дейін алпыстағы кемпірдің кеуіп қалған омырауын созған сүт кенже күні бүгінге дейін Балашканың сол бір даусын сағынатын сияқты еді. Алты күннен бері сол дауыс шаңыраққа қонған байғазыдай таңғы алтыға он бес минут қалғанда шырт ұйқыдан жұлып алатынды шығарды. Әуелде елегізді. Оны жалғыздықтың үрейіне жығып еді. Бірте-бірте құлақта үйреніп, енді, міне, қабырғадағы суретімен де сөйлесіп тынды.
— Балашка!..
Кимешегі қарқарадай дәу кемпір үндемей қойды. Дәу кемпірдің шын есімі Нұрбике еді. Оны Балашка атандырып жіберген де осы сүт кенжесі.
Жанжігіттің нағашылары арғы беттегі Абақ керейлер болатын. Әкесі сүйек жаңғыртамын деп текті біреудің тумаған қызына құда түсіпті. Айтқанынан қайтпайтын әкенің қырсығынан Жанжігіт отыз жасына дейін бойдақтың азабын тартып, жеті шыбыш, жеті тоқты, жеті байталмен отау шыққанда Нұрбике он екіге толмаған бала екен. Бөтен елде Жанжігіттен басқа танитыны жоқ жетім байғұс: "ағатай, мені тастай көрме!" — деп қайда барса соңынан қалмай біздеңдеп желеді де жүреді екен. Аста отырса да, тойда отырса да қасынан тастамай, тізесінде ұйықтап қалған Нұрбикені Жанжігіт үйіне арқалап кайтады екен. Сөйткен он екі жасар қыз Жанжігіттің арқасында жүріп бой жетті де Жанжігіттің төрт ұлды кешеуілдеп сүйгені де содан болса керек. Сөйткен Нұрбике шалын өмір-бақи "ағатай" атап кетті де шалы оны "балақай" деуші еді Бір үйір жылқы үшін жат жұртқа байлап берген төркінінен бір пенденің есімін аузына алған емес, ауыл үйдің арасында да, ағайын араласа да Балақай Ағатайының қасынан бір елі қалған емес, сүт кенжесі Қылаңханның тілі шыққанда Балақай Балашка атанды да бес биенің сабасындай бір шаңырақтың бәйбішесі бүкіл ел-жұртқа Балашка болып шыға келді. Артынан төте рейспен қуып жететіндей-ақ өтерінде де Ағатайымен арыздасқан жоқ.
— Балақай, мен сені отызыма дейін күтіп едім, сен мені алды-артыңа қарамай тастап бара жатқаның қалай, кісі ақысы деген қайда бұл? — деп шалы наз айтқан.
— Бойдақтан көрі жесір деген жаман ат, менің сенен бұрынырақ кеткенім жөн шығар, — деді. — Он алтыма дейін арқалап едің, сол да жетер. Менсіз де сен арқалайтын жүк әлі бар, ендігі күту кезегі менікі, сен отыз жыл күтсең, мен екі отыз жылға да шыдаймын! — деген дәу кемпір сертінде тұрып, Ататайын ширек ғасыр күтті.
"Тақ-тұқ, тақ-тұқ, дың!" — деді. Қабырға сағат түнгі үшті тауысып тұр екен. Қабырғадағы кимешегі қарқарадай дәу кемпір қырын қарап отыр екен. Қасындағы қос мықынына екі баланы теңдеп алған қызын келіншекті жақтырмағандай көрінді Қызыл келіншекті дәу кемпір көрген де емес. Дәу кемпір дүние салғанда қызыл келіншекте он екі жасар болатын. Киевтің бір мектебінде, тұлымына бантик байлап секеңдеп жүрген жақсы бір досының шошақай қарындасы еді. Обалы қане, әдемі еді. Қазір қызыл келіншекті Қылаңхан да жақтырмай қалды. Барахолщиктердің базарындағы кілемге салған жансыз сурет сияқты екен. Қасындағы ұл мен қызда да соған ұқсас бірдеме бар. Ұлдың тебіңгідей құлағы мен болгардың көк бұрышындай мұрыны, қыздың танадай көзі мен бет сүйегі сәл де болса осы шаңыраққа бір жұрағатшылағын аңғартқандай, қалған механизмнің конструкциясы мүлдем бөлек, қалғанының авторы Зина Павловна. Қылаңхан әскери қызметті тастап, азаматтық авиацияға ауысқан соң әкесінің жалғыздығын ескеріп, жүзден асқан көненің көзі көрінген шаңырақтан табыла бермес деп елге қайтқан. Үлкен қалада туып-өсіп, соның дырдуына семірген Зина Қаратайлының тірлігін қанағат тұтпады. Таңның атысы мен күннің батысына, тіпті түнгі ұйқыңа дейін стандарт болып кеткен үлкен қаланың стандарт пендесі ауылдың бостандығына пөгөнайы жараспай адасып қалды: үй шаруасына жоқ, он-ақ класс бітірген шала сауатты байғұс ел қызметіне жарамады, әке мен шешенің алақанынан, ауланың өсегі мен көшенің сыпайы бәдіктігінен басқа түк көрмей, кинотеатр мен концерттің афишасынан әрмен қарай ұзап баспаған ойға кедей, сезімге шорқақ шіркін қырдың өзің біл, өзің тап, өзің тындыр дейтұғын еркіндігінен үйірін таппады. Қылаңхан сол үшін Зинаны сөккен де жоқ, аяды. Әуелде сүйіп қосылған сияқты еді, ол әншейін лып етпе көңілдің күйі екен, сұлулығына сырттай қызыққан екен. Әйтпесе қырыққа таяп, қасаңси бастаған жігіт ағасы мен он жетідегі ақылға кем, алып ұшпа, балалықтан кете алмаған, аналыққа жете алмаған шөпжелке пиша бойжеткеннің арасында қайбір ыстық махаббат болсын да. Соны кейін түсінген Қылаңхан өзінің еркі білсін деп бірер жыл артын бағып еді, ол байғұс та өзінің еркін тауып кете алмады. Ол да әншейін қызыққан екен: жалақысын былай қойғанда пенсиясының өзі ошарлы жанға жететін шашпа жігіт, еркектің көркемі болмаса да көк темірді балқытатын қажыр-қайрат, болашақта қор қылмайды-ау дейтін көз үйір таныстығы және бар. Өзі секілді, Зинаның да жүздегі шалмен құрдас болып отыра алмайтынын сезген соң, ноқтасын сыпырып қоя берді. Балаларды тастамай кетті. Көзіндей көріп жүрейін деген жоқ, ендігі күн көрісім осылар деп ала кеткен. Қылаңхан оны да түсінді: ағайынға қалдырып кеткен дайын пәтер, екі балаға алатын отыз үш процент алимент, ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ бейпіл өмір; бұл да жесірлікті сотпен сатып алып, жастық дәуреннің қызығы таусылмайтындай, тозбайтындай көретін қала бикештерінің стандартқа айналып бара жатқан жасанды бұлалығы. Жалғыз-ақ қимайтыны — жан досы Павел еді. Ұшқыштар училищесінен жол шеккен екеуі Берлиннің аспанынан аман-есен оралып, сынақ полигонында самолеттің сан түріне мініп, қатар жүріп канат қаққан жігіттер күндердің күнінде айырылысар кез болар деп ойламаған. Қарындасына үйленгенде сол бір қимас достықтың дәнекерін жегжаттықпен жалғастыра тұрудың, жыл өткен сайын салқындап бара жатқан ыстық сезімді ыдыс-аяқ араластырғандай тірліктің жадағай болмысымен жамай тұрудың амалы екенін де Қылаңхан кейін түсінді.
Киевке бір дүркін барып та қайтты. Ұл пионер лагерінде, қыз балалар бақшасында екен. Зина қалада жоқ болып шықты. Бала іздеп бармаған. Зинаны да іздеп бармаған. Ұрпақ сағынышынан, төсек сағынышынан қан кешкенде катар жүріп, тәуекелде бірге болған жан пида достықтың сағынышы бөлек екен. Павелді бір көріп қайтуға барған. Екі бала ешкімді сұраған да жоқ. Алтайда болмағандай, Алтайда ешкімді көрмегендей; мынау бір қазақ менің әкем-ау деген де жоқ, ондай сезім де жоқ, құдды бір осы үйдің ескі танысы ұзақ командаровкадан қайтқандай, келді ме, кетті ме оларға бәрі бір сияқты. Тым құрығанда: "как наша дедушка?" — дер ме екен деп еді. Демеді. Демеген соң дедушкаға бұларды зорлап таңып нағылсын...
Павел қарындасының қалада жоқтығына қысылды. Енесі еңіреп жылап қарсы алды. Зина натурщица екен, әлдебір суретшіге еріп оңтүстікке, теңіз жағалауына кетсе керек. Шешесі де, ағасы да не оған, не бұған ара түскен жоқ. Павел жарым демалысын алып Қылаңханды біраз қыдыртты, ескі дос-жарандармен қауыштырды. Бұйымтайын сұраған да жоқ, сұрамаса да қайтарында: "тән сатқан ұрғашы сені сатпас деймісің, саған ол жар болып жарытпас, ұмыт, бірақ, бізді ұмытпа!" — деді.
Дос-жаранды ұмытпас, өйткені ол авиацияда өткізген жиырма бес жыл ғұмыры. Зинаны ұмытар, бірақ сол ширек ғасыр ғұмырына жол-жөнекей киліккен өкінішті бір дақты өшіріп тастағанмен көңілден табы кетер ме?.. Жанға бататыны — кіндіктен үзілген ұрық -шарқыңның өзіңе жат болуы. Бұл түтінде жүзден асып жығылған жалғыз ғана әкесі емес, бірақ амал қанша, өспеген тұқым. Тегі еркек кіндікте бір адам екі адамның ғұмырын тауысып, бір адам екі адамның тірлігін кешу маңдайға жазған тауқыметпен тең осы шаңырақтың "бақыты" шығар...
— Құлыным, тұра ғой! Ел көшіп, жұртта қалдың!..
Сағат алтыға он бес минут қалған екен... Бүйідей тарбайып қабырғаға жабысқан қара телефон зар илеп, безектеп алып бара жатыр еді.
— Өрт! — деп айқайлаған қара телефонның трубкасы Құлағын жарып жіберді.
2
Аспан шіркін ала жаздай қысырап, сарша тамызды күткендей бүкіл дүниенің жеті қат қыртысын қуратып барып бір тамшы дымын бүркіп еді. Оның өзі де жер-көкті тулақтай қағып, бұрқ-шарқ өте шықты да әншейінде ел қонбайтын Алтайдың қызыл қорымын, шың біткеннің биігін сағалап қашатын нажағайдың кесір бұлттары бұл жолы әдейі келіп Бұқтырма мен Қатынның қалың нуына от сеуіп кетті.
Кенезесі кепкен күнгей мен түтігіп жатқан бытқылдың көмейі шырпы тартқан пеш мұржасындай гу ете қалып еді Теңіз толқынындай тулаған сұрапыл бір ғана Қарағайлыда емес, жалмауыздай жалақтап бүкіл облыс көлемінде он бір мың гектар орманды бір жұманың ішінде жалмап жіберді. Алтай аяғынан тік тұрды. Қолына таяқ ұстаған өлмелі шалдан қолқанаттағы балаға дейін жеті күн кірпік ілген жоқ, жеті күн отпен алысып, ақыры жер сабап қала берді. Пенде шіркін аяқ астынан келген тілсіз жауға дәрменсіз екен, қолқаны қапқан удай қаңсық пен көк түтін, күлді-көмештің астында түлей бықсыған Алтай қара туын тігіп отыр: ырсиған тайга, үйтілген таз төбелер, сыйдиып қалған қотыр тоғай, елден де сиық қашып, бір жетінің ішінде жүдеп-жадап тозып кетті.
Дүние өртеніп жатса да дейтұғыны осы екен: әншейінде Алтайдың орманын отауға келгенде еншісінен құр қалмайтын облыстың сан-сапалақ "жиеншар" мекемелері оны қорғауға келгенде тырп етіп тұяқ серіпкен жоқ, тек торф пен шайырдың ащы угары жан алқымнан сыққанда ғана кабинетте отырып өрт сөндірушілер мен орман сақшыларының тамтығын қалдырмай балағаттап жетісіп қалды. Айыр мен таяқ, багор мен шелектен басқа қаруы жоқ жалаң қол жұрттың жалмаңдаған зауалды бешпетімен үркітіп сорлағанында кабинет кірпияздарының жұмысы болған жоқ. Ат аяғы, адам айласы жетпейтін таулы өлкенің қияны өз алдына, аздаған техниканың өзі де қора-қопсының түтінін басқаны болмаса қарға адым жерге жарамай адыра қалды да тасаттық беріп тәңірден жаңбыр тілегендей қысылған ел көкке телміріп еді. Күннің қызуы мен бөтелкенің сынағынан шыққан өртті ракета атып, жасанды жаңбырмен сөндірдік деген ертегі етектей-етектей газеттердің бетінен түскен жоқ. Қай журналистің көріп тұрғанын кім білсін, жанторсықтың орнына жамбасқа шиша байланған заманда шәлкес оттың шыны сәулесінен кете салуы да ғажап емес, тек Мәскеу тілшілері астанадан Алтайға ракета арқалап келген жоқ еді. Аспаннан келген екі-ақ нәрсе — Жаңа Сібір мен Архангельскінің өрт сөндірушілері, сонан соң әйтеуір табиғаттың рақымы түсіп, бір тәулік бойы селдетіп берген жаңбыры; әуелгісі елмен бірге өліп-тірілді, кейінгісі өзі әкелген апатын өзі жоқ қылып тынды. Табиғаттың рақымын да креслоның зорлығымен меншіктеп қалатын кабинет кірпияздарының түсінде ракета ұшырып, өңінде Құдаймен табақтас болған ертегісін отқа күйіп, түтінге тұншыққан қарабайыр ел қаперіне де алған жоқ.
Жеті күн бойы жерге түспей Қарағайлы мен Ақсудың арасында дірдектеп адам тасып, динамит тастап тыным таппаған Қылаңхан ойдағы жұрттың ойран болып жатқанын көктен ғана көңілмен сезгені болмаса көзімен көрген жоқ еді. Құйғанға іңір мен ақшамның арасында келіп қонған. Өзен бойындағы орманның сояудай ырсиған ертеңі мен Көрбикенің әлі күнгі бықсып жатқан қоламтасы кешкі ала кеуімде көрдей құлазып, тұла бойды түршіктірді. Үңірейген қора-қопсының қаңқасы, қаусап өскен үйлердің орнындағы обадай күлден сорайған пеш мұржалары осыдан мың жыл бұрынғы қу медиеннің жер астынан тесіп шыққан көне мазарындай үрейлі де күңіреніп тұр екен. Кірерге баспана, тігерге тұяқ, қыбырлайтын жан қалмаған: көптен жиған іштегі шерін армансыз лоқсып, Көрбикенің бар жоқтауы осылардың міндетіне қалғандай көкке қарап ұлыған көпек иттер онсыз да түршіккен жанның зәре-құтын алады. Екі ғасыр өмір сүріп, сан рет өртеніп, сан рет түтінін қайта түтеткен Көрбикенің жер бетінде қалған соңғы қоламтасы осы шығар. Қылаңхан әлдебір зираттың ортасына аспаннан түсіп, қаптаған обадан қашып шығатын жол таппағандай дағдарып тұр еді. Күйген терінің пұшпағындай қаңылтырына дейін үйітіліп, шатыры жапырылып түскен кірпіш үйдің ортасында желмен шиқ-шиқ әткеншек тепкен аспалы бесікті көріп жүрегі зырқ ете қалды. Бесіктен нәресте ыңырсығандай болды. Жүгіріп келіп қолын соза бергенде ішінен дүр етіп жабайы кептер ұшып шықты да күркілдеп барып күйе басқан қу молақтың тұқылына барып қонды. Шала үйтілген сары ала әтештің өлексесін сүйреп бара жатып зіңгіттей тартыл мысық жап-жасыл көзін шақырайта Қылаңханға ырылдап айбат шегіп кетті. Тарғылдың ғана тамағы тоқ екен. Төрт сирағы делдиіп күмпиіп кеткен тайыншаның күйігін шыр айналған көк бұқа йен жұртты басына көшіре өкірсін-ай келіп. Қаңғырған иттің зары, кептердің күркілі мен тарғыл мысықтың ырылы, жұртта қалған жұрағатының өлігін жоқтаған көк бұқаның өксігі Көрбикенің қу медиенін ұлардай шулатып, ақшам мен ымырт арасында бүкіл Құйғанның өзегін күңірентіп жіберген. Әр теңнен таныс бір нәрсенің жұрнағын іздегендей Қылаңхан үй маңын тағы бір айналып шықты. Көзіне еш нәрсе ілінбеді, ең болмағанда ескі-құсқының қиқымы қалмағанына қарағанда үй тұрғыны өрттен бұрын көшіп кеткен де, иә болмаса ол баста-ақ қараң қалған баспана. Темір мәткеге ілінген аспалы бесік те нәресте көрмеген атам заманғы қу ағаш сияқты.
Бір кезде бұл шаңыраққа да бас қарайтып біреу отырған. Бір кезде бұл да таз паромшының қара орманы еді. Босағасына талай телмірткен, жетесінен үзіліп түскендей қалқыған әжім-әжім желкесі қылтылдап отырып, жеті дүркін аяғына жығылтпай өткел басына түспейтін қырсық шалдың нақпа-нақ жүзі есінде қалмапты. Оның есесіне көз алдына алдымен арам қатқыр ала өгіз көлбеңдеп тұра қалды да еріксіз езу тартып күліп жіберді. Сонан соң барып қызды елестетті, көзінің қиығында қалған қыз күлкісін елестетті. "Көп болса бір іш киімге қарыздар боларсың" — деген, майда қолымен мамықтай түбіт шәліні иығына әкеліп жапқаны, "қарағым-ай, тірі болсам қарызыңды өтермін-ау!" — дегені... дәл осындай ымырт пен ақшамның арасында, бұралаң жолдың көз талар тұйығында, боз аспанның кемерінде қылт - қылт еткен қыз төбесімен қоштасып қала бергені... тағы да өтелмей қалған қарызын есіне алды. Құйғанның көбік сапырған көк иірімін көріп тұрып, Көрбикенің өрт жалмаған йен жұртында ұлыған ит, өкірген бұқаның дуэтіне қосы да жүрегінің түкпірінде беріш болып жатқан көне арманын тағы да тырнатып алды.
Ту сыртынан әлдене курс ете қалды. Қиқайып, төрт тағанға ілініп тұрған сеновалдың қалпағы ұшып түскен екен, бомба жарылғандай бұрқ етіп аспанға шашылған күл тозаңының арасынан:
— О, әке-еең! — деп әлдебір елес сәңірейіп шығып келеді екен.
— Сен осында жүр ме едің?!
Қотиынның едірейген ежик басы ұнға аунап тұрған кірпідей сеновалдың бар күлі мен көң-қоқырын жинап шыққан екен, кеңсіріксіз танаудың кертпешін сығымдап тұрып дүңк еткізді де Қылаңханға таңқиып тұрып қарап алды. Қашанда қортық адамның шіренгіш келетін әдеті, жеті күн бойы апаттың аптабында емес, аспаннан түскендей ширатылып:
— Көңіл көрген жерде деуші еді, иманды болсын! — деп қас-кірпігіңдегі қоламтаның көкала шаңын қағып тастады.
Жұбатқандағы түрі. Осыншама қымбатқа түскен Қотиынның көңілін Қылаңхан да қаперіне алған жоқ. Нағашысына бір уыс топырақ салуға жарамаған жиеншарына өкпелегені емес, жоқ жерден кісі бола қалғанына күлкісі келіп еді. "Иманды болсын!.." Иман деген шіркіннің Қотиынның аузына қонақтаған соң қасиетінің қашқаны да.
— Ел қайда?
— Көшіп кетті ғой... Жармысын Ақсуға Сиғат көшіріп әкетті, жармысы мынау арғы бетке, Пеш үйге барып паналапты, — деп Қотиын ар жақты танауымен түртті. Арғы беттегі Пеш үйдің азғантай түтіні жырғап қалса керек, уайымсыз күлкі, бала айқайының даңғыры, дарақы частушка таңқылдап жатты.
— Сенен басқа басалқа қалмаған ба?
— Бар ғой. Бастықтар жүрген. Мен трәктір екеуіміз.. борсып кетпесін, ит-құс жеп құтырып кетпесін деп...
Не борсып, кім құтыратынын Қотиын жіктеп айтқан жоқ. Алқам-салқам йен жұртқа үрке қараған жираптай шөміші селтиіп сиыр қораның ығында ырқылдап тұрған "Белорусь" бульдозерін Қылаңхан енді тана аңғарған, өлексе мен арамды Қотиынның жиып-теріп топырақпен жасырып жүргенін жіктемесе де түсінді.
Аңғардың желі де қаңсық, су сепкен ыстық шаланың көңірсігіндей тайга да қаңсып тұр, ыстық қоламтаның лебі өртең мен күресіннің борсыған иіс-қоңысын қоса көтеріп қолқаны қабады. Әр тұстан шаншылып шыққан есірік құйын үңірейген мұржа, ырсиған қора-қопсыны аңыратып, Қобикенің жұртындағы соңғы қоқысты өзен бойына сыпыра жөнелді.
Серігі кабинада серейіп тұрып ұйықтап жатыр екен. Тайганы тағы да келіп өрт жалмаса тұяқ серпер түрі жоқ.
Ұйқысы бүтін адамның бір уайымы кем деп ойлаушы еді. Қасқыр шапқан қотанның өрекпіген итіндей әлі күнгі елдің өкпесі қабынып жүргенде... Қылаңхан серігін іштей жақтырмай қалды. Сонда да оятқан жоқ. Көк темірді көлік қылып мінген әріптестерінен ағайыншылық мейірім, артық ақыл күтпейтін әдеті. Қотиынның "Белорусі" де арсы-күрсі дарылдап жер тарпып тұр екен, беймезгілде өлексеге көр қазған сол екі дүлейден басқа ескі жұрттан тірі пенде көре алмаған соң Қылаңхан Пеш үйге тартты.
Бұқтырманы белінен кескен бетон көлгір қаһар соққандай қалшылдап тұр екен. Қалшылдатқан Бұқтырма екен. Бұқтырма өз атын өзі шақырып тұр екен: Қара қошқыл жалы қара жыланның жон арқасындай мөңкіп, қақ ортадағы қара жартасты қағып әкеткендей күмп-күмп ұрғылап жатыр. Қара жартастан Қылаңхан баяғы тросты паромның өткелін тұспалдады.
Аңғарды жырта, сарнай соққан сары жел қалпақ ұшырғандай: сарнаған жел ме, желді айдап кеп тұрған су ма, суды қақырата жыртып қарсы заулаған көпір ме, әйтеуір дүние дүркіреп көшкендей, Қылаңханды көпірмен қоса жұла жөнелгендей болды да сандалып барып жақтауға сүйенді. Бұқтырмадан үріккендей көк белдеу "аптабоз" көпір аузына жете беріп кілт тоқтады да домаланған "ПАЗ-иктің" алдыңғы есігінен домалап түскен жұрт аяғы жерге тиер-тиместен ыстық су құйған тарақанның ордасындай тырым-тырақай бытырай қашты... Паром басында ары өткен, бері өткенді санап алып, аяқ суытар бекет, ас-су ішер қоналқы болған Пеш үй атты өткел аузындағы шағын хутор еді, бүгінде бұл да баяғы Пеш үй емес, үйі қалғанмен пеші бөлек, түтіні басқа, жұрты бөтен. Мүмкін ширек тасырда Бұқтырмадан ширек бақыр су ішуге мұрсаты болмаған Қылаңханға солай көрінген шығар, әйтеуір бүгінгі ары өткен, бері өткен қатын-қалаш, жігіт-желеңнің бәрі де сәлемін ит жеп кеткендей, осыдан ширек ғасыр бұрынғы паромын іздеп тұрған аэропорт начальнигіне бірінің аузы жыбыр еткен жоқ. Борс-борс желген керзі аяқтар, кере қарыс өкшелі аяқтар алды-артына қарамастан бетон көпірді дүңгірлете безіп барады...
— Қарағым, қай бәлесің?
— Сізге қай бәлекет керек еді?
— Астапыралла!.. Бұларға ассалаумағалейкум десең атаңның басынан сорғалатады!.
— Қайдан білейін, бәле іздеп келген өзіңіз. Жөнімді айтып едім, жақпадым.
— Айтасың ғой, айтып тұрсың ғой!.. Бұқтырманы жұтып қоятындай жұғынуың жаман, бірдемесін жоғалтты ма десем...
— Бірдемемді жоғалтсам тауып берер ме едіңіз?
— Е, қай қаңғыбастың не жоғалтқанын кім біліпті! Қай жоғымызды түгендегендейміз!..
— Бір аят Құран білесіз бе?
— Оны маған кім үйретіпті?! — деп, "осының есі дұрыс па?" — дегендей кепкен шал Қылаңханның бетіне тесіле қарады.
Білемін десе де Қылаңханның оған зар болып тұрғаны шамалы еді; пайғамбар жасынан асқанша жүзіне иман қонбаған, жаздың қапырығында төбесінің мақтасын түлетіп сырмалы жалбағай киген жарымаған ауызға қазан тұрмақ боқтықтың да бір тәуірі бітпеген шығар; осы тұрған бойында тұла бойынан қолтықтың қолаңсасы мен бақайдың шуашы мүңкіген қыр жағым шалға Қылаңхан да қитыға қарады.
— Қарағым, бергеніңді қайтып алсаң да кергімей айтшы, мынау Көрбикенің лесепелкесі қайда көшті екен?
— Қайда көшуші еді, аспанға көшті де!..
— Аспаны несі, езуің қисық біткен неме екенсің ғой!
— Өртеніп кетсе, күлі көкте, түтіні аспанда болмағанда қайда кетуші еді?!
— Алла, атаңның көр қақпағы!.. Көрінде өкіргір Әбдіжапар бір кубометр төс тақтай беремін деп тиын-тебенімді алып еді, жеп кетті-ау, ит-ай!.. Жеп кетті!..
Байтал түгілі, бас қайғы болып тұрғанда өртенген елдің жұртынан өлексе дуалап келіп тұрған өлермен шал қай ата-бабасынан бермен біреудің көз жасынан мал тауып жүр екен?! Бір текше метр төс тақтайын Қылаңхан жұтып қойғандай Масақбай оны екі-үш дүркін айналып шықты да бетон көпірдің бел ортасында тұрып алып екі жағаның иісін қатар тіміскіді; Көрбикенің көңірсігінен көңіл жұбатар ештеңе таппаса керек, Бұқтырмаға былш еткізіп бір түкірді де көсеу тықсаң қылғынбайтын кепкен шалдың көмейі Пеш үйдің кешкі түтінін бетке алып жөнелді. Жалбағайының жұлым-жұлым мақтасы кепкен бастың қолаң сасыған үркіп шыққандай еді, намаздыгер ақшамның арасында тып-тыныш ауылдың қотанына тайганың апатынан бетер екі аяқты өрт кіріп бара жатқандай көрінген... Пеші басқа, түтіні бөлек Пеш үйдің бөтен жұртының іздесең таптырмайтын "ұлы данышпанының" ең соңғы үлгісінің сиқын қимағандай Қылаңхан көпір аузына дейін көзімен шығарып салды...
...Ары өткен, бері өткенді санап алып, аяқ суытар бекет, ас-су ішер қоналқы болған Пеш үй атты өткел аузындағы шағын село еді. Өткел аузындағы ескі паром бірде бар, бірде жоқ; көктемде, су тасығанда алып кетеді де күзде, су қайнатқанда қалқайып қайта тұрады. Соғыс жылдарында қар да, су да ересен болды. Бір жылы көктемде бұрқыраған Бұқтырма ескі паромды біржола жығып тынды да оны қайта тұрғызар ер-азаматтың жоқтығынан орнында қалтырап қара қайық қана қалды. Бұқтырма бірде таяз, бірде тажал; таяз болса да, тажал болса да жұрт оның бетіне қарап жатпайды, шілде туа арғы бетке көшеді, шөбін шауып, пішенін үйіп, боз қырауда бірақ қайтады; қатын-қалаш, бала-шаға, шал-шауқан — ол кездегі елдің түрі осы, ел осыларға қарап қалған, бала-шағаның барына да ел шүкір дескен. Сол бала-шаға жамырап кетеді деп өткел аузындағы жалғыз қайықты ала жаздай қаңсытып жағаға сүйреп тастайды.
Шілде таусылады, Алтайдың боз қырауы Үркер туа Сүмбілемен жарыса келеді. Егін піседі. Егін пісе ел кейін жөңкіледі. Бет-ауызы шырыш-шырыш, қол-аяғы күс, тақымын тырақының қыр арқасында қалдырып ауылға қайтқан жетімектер өткел аузына жеткенде жорықтан қайтқандай қарық болып қалушы еді: өткел аузында соңғы рет қазан көтеріледі, колхоз бір тоқтысын құрбандыққа шалып, ала жаздай көн болып қалған тырнақ көбесі бір жібиді. Сонан соң қаңсып қалған жалғыз қайыққа таласа-тармаса мінеді. Жалғыз қайық әманда арғы бетке аман-сау жеткізе бермейді... Он сегізінде оққа ұшқан батырларды ел мәңгі-бақи ұмытпас! Арқа еті арса, қоң еті борша болып еңбек үстінде он сегіз жасында шейіт кеткендерді ел есінде сақтады ма екен?
Бұқтырманың түске дейін күліп ағатын, түстен кейін күңіреніп ағатын әдеті. Дәл осы түс па екен? Дәл осы қара жартас па екен? Бұқтырманы қақырата қақ жарып, қақшиып әлі жатыр. Бұқтырма талай паром, талай қайық, талай көпірді жұтса да қара тасқа шамасы келмепті... Сүмбіленің туған шағы, судың суыған шағы еді. Қаңсыған жыртық қайыққа он жетімекті тиеп алып Бағила осы тұсқа жеткенде... Жәудіреген он жетімектің ғұмыры үшін жан қиып, он сегіз жасын құрбан еткен бойжеткеннің артында зираты да қалған жоқ, оның белгісі мынау қара жартас, зираты Бұқтырма болды. Байғұс паромшы өле-өлгенше жар жағалап, Бұқтырмадан жалғыз қыздың сүйегін іздеумен дүниеден өтті. Ұлардай шулаған қатын-қалаш, бала-шаға, шал-шауқан байғұс паромшыны жұбатуға да жарамаған еді, енді бүгін еріні жыбырлайтын ел ақсақалы дейтұғын кепкен шалдар Бағиланың есімін бір аят құранға қосуға да жоқ... Бағила он сегіз жасын құрбан етпегенде бүгінгі он түтін, одан тараған елу шақты тұқым артында қалар ма еді? Солардың ішінде жылқышы да, жыршы да, бастық та, бақыршы да, тіпті жазушы да бар шығар... Бағила он сегіз жасының бодауына бір ауыл тастап кеткен!.. "Қарағым-ай, тірі болсам қарызыңды өтермін-ау!" — деп еді, Қылаңхан сол қарызын өтей алмай әлі күнгі арқалап келеді...
Әлі күнгі ақшам мен ымырттың арасында, бұралаң жолдың көз талар тұйығында, боз аспанның кемерінде қылт-қылт еткен қыз төбесімен қоштасып тұрғандай еді. Құйғанның көбік сапырған көк иірімін көріп тұрып, Көрбикенің өрт жалмаған йен жұртында ұлыған ит, өкірген өгіздің дуэтіне қосыла жүрегінің түкпірінде беріш боп жатқан сағынышын тағы да тырнатып алды.
Тып-тыныш ұйықтап қалған өркеш жалды динозаврлардың жон арқасынан аңыратып жел тұрды. Аңғар іші суық тартты. Судың түсі өзгерді. Бұқтырма өз атына енді ұқсаған: қара көңіл жалында қырық қыздың елесі жүргендей, қақшиған қара жартасты қағып әкететіндей күрс-күрс ұрғылап, бетон көпірді қаһар соққандай қалшылдатып тұр екен. Заулап аққан өзен бе, заулап бара жатқан көпір ме, қос жаға зымырап жөнелді. Ширек ғасыр бұрынғы елесті су шайып кеткендей: борс-борс желген қатын-қалаш, сәлемін ит жеп кеткен жігіт-желең; үйі бар да пеші бөлек, түтіні басқа, жұрты бөтен Пеш үйден паромшының қызын тағы да таба алмаған аэропорт начальнигі кері қайтты.
Шөмішімен жер тарпыған Қотиынның экскаваторы қақсап тұр екен, Көрбикенің көрін қазып жатқан екі дүлейден басқа ес болар ешкім жоқ сияқты еді, ырсиған дуал, сорайған пеш мұржасын адақтап өртең түбінен қос шырақ үңгіп шықты да секеңдеп бетон көпірге таяды. Серігі кабинада серейіп тұрып ұйықтап жатыр екен, мұңсыз шіркінді оятуға қимады да радиомен аэропортты тауып алды. Аманшылық болса керек, дүңкиген төрт бұрышты радиусі әлденені жалмап отырып сөйлесті де кезекті рейстің бәрі де келіп қайтты дегенді ежіктеп отырып ұйқылы-ояу зорға тауысты.
"Көкқасқаның" іші-сыртында қара шыбындай үймелеп отыр екен: інін соқа тіліп кеткен қаптесердің қызыл шақа балапандарындай бірінің бауырына бірі тығылған сатал-сатал ши борбайлардың көздері ғана жылтырайды, кузовқа сыймай қалған бір көш қатын шұбырып жаяу келеді. Осип қартты қоса есептегенде ортасында екі жарым еркек; Сиғат бір аптаның ішінде сынып қалыпты, киімі шүберек, жүдеген жүзі шүберектен де қыртыс; Әбдіжапар баяғы сол Әбдіжапар, тек желкесінен қайырып әкеліп маңдайының жалтырын жабулаған бір шүйке көкшулан жабағысы жалбырап жағасында жүр; Көрбикенің бүкіл өртеңін сүзіп шыққандай Осип шалдың қас-кірпігіне дейін аппақ, әншейінде таксидің жасыл фонарындай шақырайып тұратын жанары да ағарып кеткендей, басы қалтылдап, буыны кеуіп қалған кәрі шөңгенің қу сүйегін де көтере алмай қалжырап тұр.
— Принимай, паря! — деп кузовқа иегін шошайтты, — последнее добро!..
Еркек атаулы отпен алысып жүргенде ошақ басында қалған қатын-қалаш бір киер лыпа, жалғыз-жарым сауынды да ұмытып, тілсіз жаудан алып қашқандары осы бала-шаға еді; мың да жеті жүз тоқсаныншы жылдан бері екі ғасыр бойы Көрбикенің жиған-терген бар байлығы да осы екені рас; шала қазақ, шала кер жақ, өмірі "әй, кәпір" десіп көрмеген Көрбикенің дүрегей жұртының бір бүтін дейтұғын болашағы да осы. Бала қыңқылдап, әлдебір әйел сықсыңдап жылаған сияқты еді.
— Цыц!.. Без тебя тошно! — деп Осип шал шаңқ ете қалды. — Жеті күн сақтаған көз жасын енді ысырап қылайын деп тұрған қайсың бұл?! Кім білген, бұ қатындарды тек жауға салу керек екен ғой!..
— Жауға салатын еркектің түрі сен болған соң амал қанша! — деп кемиек кемпір Осекеңді іліп түсті. — Пысықси қалуын! Мекиен талаған қотыр қораздай қанатыңды жаймай былай тұршы өй!..
Кемиек кемпір кәрі шөңгені иығымен қатып жіберіп кузовқа қол созып еді, көлдей сарапанына шалынып, аяғын доңғалаққа көтеріп қоя алмады. Тәлтіректеп жүріп келіндерінің біріне асыла барып құлаған Осекең қабырғасы қақырап қалғандай ыңырсып қайта тұрды да иегін кузовқа жеткізе алмай созылып жатқан кемпірге қораздай шүйіліп жетіп келді..
— Бәсе, Марфа жүрген жер жанжалсыз тараушы ма еді! — деп танауын ыстық қоламтаға тығып алғандай табан астында кейін ыршып түсті. — Жайрағыр-ау, сен осы жер жаратылғанда бар едің, әлі тірі жүрмісің?!
— Неторопиев отпевать, сухарь ты, язви! Возьми за ляжку да опрокинь в корыто!..
— Әнәні!. Кесірін көрмеймісің! Сенде еркекті идірер бөксе қалып па еді!
— Көтеріп көрсеңші! Несі қалып, несі қойғанын сосын білесің де!..
Кемиек кемпір Осип қартқа ақыры айтқанын істетіп тынды. Сол-ақ екен, ет комбинатының арам серкесінің соңынан топырлаған бордақыдай онсыз да лықып отырған "көкқасқаға" қатындар лап қойды.
Қылаңхан балаларды әрі аяп, әрі жабырқаулы көңілге дәт болсын деп "инелікке" сыйғанша тиеп алды да Осип қартты қоса ала кетпек еді, шалдың кегежесі әлі де кейін тартып тұр екен:
— Я лучше по земле потаскаюсь, пока они ходють, — деп тылтиған қос тізесіне сеніп көнбей-ақ қойғаны. "Чаво я там потерял? — деп көкке тағы бір қарады. — Уж обозреть-то не на што! — деп Көрбикенің өртеңіне бұрылып көзі жасаурады.
Әбдіжапарды ешкім шақырмаса да сұратқан жоқ вертолетке қазір барып мінбесе Көрбикенің күлінде мәңгі-бақи қалып кететіндей жүгіріп еді, темір тепкішпен жығыла-сүріне көтеріле беріп маңдайшаға жалақ төбесін оңдырмай соқты да серейіп құлап түсті. Сонда да бері құлаған жоқ, әрі құлады. Өмірі жұрттың сыбағасына килігемін деп жүріп өз сыбағасын азаппен сіңіріп, өзін-өзі қарадай қорлап тынатын өтірік жансебілге обал болды-ау деп ешкімнің жаны ауырған жоқ, Қылаңхан есікті тарс жапқанда да оның өлі кеткенін де, тірі кеткенін де ешкім қаперіне алмап еді. Дірдектеген "инелік" кетік тырманың тарағындай өртеңі ырсиған сабалақ қырқадан аса бергенде Осип қарт күрсініп салды:
— Вот и все!..
Осы бір "вот и все!" жұртта қалған жетім шалдың, шалдан да жетімсіреп қалған Сиғаттың көкірегіне быж еткізіп күйген шала тығып алғандай қарып түсті; қолдың қаруына, ағайынның қайырымына сенгені болмаса, не бас сұғар панасы, не шөнтекке тыққан қаражаты жоқ, страховканың не екенін тумысында естіп көрмеген, бір ішер ас пен бір киердің уайымынан озбаған Көрбикенің көне жұртының ендігі күні; соңғы көшті жиып-теріп аттандырып жібергенмен, енді соларды қайда сыйғызамын, қалай асыраймын деген үрей Сиғаттың кеңірдегінен алып тұр еді. Ойлап тұрғаны өлместің күні емес, заман тыныш, ел тоқта өлместің күні қанағат бола ма, жұртқа уайымсыз тірлік, жайдары көңіл керек, ертеңгі күнге сенім болмаса, бүгінгі қиындыққа кім төзер?.. Құр жанашырлық — сорлыға бақытты бол деп бата бергенмен бірдей, ел қиналғанда сол ел ісіне бас тікпесе басшымын деген азаматтан не барқадар?..
— Сұмырай келсе су құриды деген осы! — деді Осип қарт.
Өз уайымымен өзін-өзі жеп келе жатқан Сиғат сұмырайың кім деп сабақтап сұраған жоқ. Шалдың да өз уайымы бір өзіне жетерлік еді. Өлсем сүйегім Ақсуда қалсын деп кемпірін тастап өлімтігін сүйретіп келгенде алдымнан тағы да өрт шығады деп ойлап па. Қашан өлеріне көзі жетпесе де, әйтеуір басым көрге жеткенше туған топырағын басып, туған жердің топырағы бұйырса екен, азғантай қалған су ішкілікте ел-жұрттың ортасында болып, терең қазып, тепкілеп көмегін ел-жұрттың қолынан аттансам деп армандаушы еді, Ақсудың суын аңсаған көңілі Көрбикенің күліне тұншыққандай көзіне жас, қолқасына ащы мәкүрік кептеліп, шөжіп келе жатқан түрі мынау...
Осип қарт Көрбикені осымен екінші рет өртеп тұр. Тағы да бала кезі елестеп өтті. Тағы да осы сүрлеу жол еді, жол үстінде төрт доңғалағы төрт жаққа бұлғақтаған тарадайка, ырдуанның арасынан қуарған сексеуілдей сорайып шығып жатқан әжесінің екі қара табаны; әкесі жөкете орал жол жиегіне көме салып еді. Ырдуанға сыймаған екі аяғы жөкете де сыймай қалған, Осипке көрге де сыймай қалғандай көрініп еді.
— Дәл осы тұс-ау деймін.
Осип қарт беліне көлденең қыстырған қу таяғын қолына алып, жол жиегіндегі әлдебір төмпешіктерге шошайтып тұрып алды.
— Ұмытпасам дәл осы тұс! — деп тағы да қайталады. — Ақсудың топырағы жетпегендей жарықтықтың екі сирағы сорайып қап кетіп еді... Сол жылғы өрт те ересен еді. Ол өрт те қоян жылы келіп еді.
Сиғат кім деп сабақтап сұрамады. Сиғат басқа жақта жүр еді.
— Топырақ бұйырмағандар да бар, — деді.
Кім деп Осип қарт та сұрамады. Екеуінің көңілі екі жақта жүр еді: Осип шал Көрбикенің көк түтінінде, Сиғат Ленинградтың блокадасында; Осип қарттың көріп келе жатқаны жетпіс жыл бұрынғы елес: көк түтінге қақалып қалған хутор, толқындай тулап, ағаш басынан ағып түсіп жатқан қызыл тасқын, от селі, шала күйген арпаның масағын көзінің жасына шылап қаужап тұрған көк қарын балалар, иесіз қалған ауладан бір нәрсені түрткілеп алып, иесіз қалған бақшадан шала күйген картопты түртіп жеген босқындар; Сиғаттың көріп келе жатқаны: өрттен бетер, қорғасын аралас ақ түтек, ақ бұрқақта ақ киімге оранған босқындар, көбінің өлі екені де, тірі екені де белгісіз, машинаның шұбырған кіресінде шек жоқ, мұз боп қалған мундирлі картопты кемірген жетім балалар.
— Әжем ертегі айтушы еді, — деді Осип қарт. — Ақсу деген Жерұйық бар, орманы толған аң болады екен, таяқты теріс шаншысаң да тал болады екен, еркегі әулие, әйелі дана екен де ол елге Құдайдың құрығы болмаса патшаның әмірі жетпейді екен дейтұғын. Өлгенде сол Ақсудың топырағына он екі мүшесі түгел сыймай қалды.
— Топырақ бұйырмағандар да бар, — деді Сиғат.
Топырақ бұйырмағандар да болды. Үлкен жерге жете алмай оқ тескен, аштық кескен жандарды серейіп қатқан қалпында Ладогоның суына берген күндер де өткен; Ленинградтың Орман Шаруашылығы Академиясының кешегі доценті, лейтенант Сиғат Сапанин "Тіршілік жолымен" болашақтың тіршілігін бір жыл бойы тасығанда бір күн ұйықтады ма екен?.. Отыз жетінші жылы Есімхандардан қашып, Ленинградты паналаған лесхоз директоры Сиғат Сапанин, қырық үшінші жылға дейін сол Ленинградқа пана болған лейтенант елге жеті жылдан соң оралып еді...
Ноқтаға үйренбеген жас бұзауды қызыл сиырдың құйрығына байлап қақпайлап айдаған екі әйел өкпе тұстан қосылды. Сиғаттың әуел танығаны Сарқыт: жас келсе де жасымаған шырайы, қашан да тік жүріп, тік отыратын сырықтай бойы баяғыда бір қалыпқа соққан қалпы қатып қалғандай, күн сайын көз алдынан кетпеген соң ба, өзгермейтін, өң бермейтін ажарын, қажымайтын қайратын өмір-бақи пұшпағы қанамаған бедеулігінен шығар деуші еді. Қызыл сиырды еркіне қоймай мүйізінен сүйреп келе жатқан Маруся екен; жалғыз қызды байға берген соң бұл да тұл қалған, тұстасының жоқтығы да, әйтпесе, бала туып бермесе де бір еркекті жылытып, бір шаңырақты тіреп отыратын көлдей қатын, көлдей сарафанды шалбарға ышқырланып алған екен, еркектерді көріп етегін түсірді. Бірі — кешегі ауыл Советтің председателі, екіншісі — соның секретары. Бірінің қолында самауыр, екіншісінің қолында пилоткалы солдаттың үлкейтілген шынылы суреті.
— Все еще таскаешь?..
— А што делать-то, Осип Митрич?.. Из пожарища не вернулся, а на пожар бросать не хочется, — деп Маруся Осип қартқа реніштен гөрі шағыммен жауап қатты. — Вот и молимся на них, хоть во сне погляжу.
Осы бір жеті күннің астаң-кестеңі қан майданнан кем болған жоқ еді, көкірегіне "шпагинді" көлденең асылған мұртты солдаттың сұсты жүзі мен ту сыртында төңкеріліп жатқан "тигрдің" қаңқасы осыдан жиырма бес жыл бұрынғы сұрапылды тағы да еске салғандай; жиырма бес жыл бұрынғы солдат пен бүгінгі жансебіл жұрттың арасында үзілмеген дәнекер бар сияқты, кешегі өгіз жеккен соқа соңындағы солдат жесірлері мен бүгінгі сиыр жетелеген қос мұңдықтың арасында жиырма бес-ақ қадам жол, жиырма бес-ақ күндік уақыт өткендей; әншейінде көріп тұрып көршісінің есендігін сұрауға ерінетін бейғам жұрт, бүкіл Ақсу өңірі бір сәтте аяғынан тік тұрғанда әркім пендешілігін ұмытып, ең алдымен өзінің емес, өзгенің өртін өшіруге жүгірді. Кеше ғана кеңсенің төсенішсіз тақтай еденінде бірге ұйықтап, қара суды да қақ бөліп, таң бозынан ел қамы, ел уайымы деп кете беретін екі әйел кейіпі жиырма бес жыл бойында бірінің есігін бір ашты ма екен? Ауылы жырақ, ошағы басқа, оты бөлек болса да тағы да табысып, тағы да елбесіп-селбесіп келеді, әлі күнгі бірі бастық, бірі хатшыдай апта бойы ел көшірісіп, біреудің көңілін басып, біреудің көз жасын тыюмен болды.
Жас бұзаудың езуі көбіктеніп, титықтап қалыпты, Сарқыт ұрайын десе аяп, бөксесінен итере - итере өзі де шаршапты.
— Бұл немені көлікке артып жібермедіңдер ме, — деп Осип қарт қызыл бұзауды шабынан түртті.
— Дак, она, окоянная, без теленка ни шагу!
— Сама виновата, пораньше надо было свести ее с бугаем!
— Бұ жатырың кепкірді бұқаға салған мен деймісің?! Иесінің кім екенін де білмейміз! — деп Маруся бас жіппен қызыл сиырды танаудан бір салды. — Тастап кетуге обал, қашан мал иесі іздеп тапқанша тайгада тағы боп кетпей ме!..
— Бәсе, саған нағып мал біте қалды деп едім-ау.
— Бұқтырма мен Ақсудың суы суалмаса, менің су ішкілігіме анау сары самауыр да жетеді, тек баспана болсын де.
— Екеуің де өкірген өкімет едіңдер, өзгені қарық қылмаса да екеуіңді далаға тастамас.
— Қарық қылса келе жатыр той қасында! — деп Маруся Сиғатты көзінің қиығымен бір іліп өтті. — Қыздай кезімізде де, қып-қызыл келіншек кезімізде де ерініміздің мөрі жұғып қалатындай бетімізге қайырылып бір қарамастан көш жерден қашушы еді, енді кемпірімізде жарылқаса көрерміз! — деп әзілінің аяғын Сарқытқа тірегендей болды.
— Әй, қаншық, бірдемені бықсытпасаң басың ауыра ма?! — деп Сарқыт аяқ астынан бұрқ етіп шыға келді. — Қаңғырып қалғаны есінде жоқ, бір жамылар көрпеге, бір саптыаяқ көжеге жете алмай жүріп осының қай жерінен қалжың тіреп тұрады?!
— Көжеден өлген бүгінде қатынның моласы жоқ! — деп Маруся да қасақана қарыса қалды. — Қыздай жесір бейбағым-ау, қысыр көрпенің астында күйіп кеткеніңді қайтейін, енді бір шаңырақта екеу болып ыңырситын шығармыз!..
— Мына қу талақты шалға беріп құтылмасақ бізге күн жоқ! — деп Сарқыт құрбыластың әзілінен өз басын алып қашты. — Бір оқпен екі қоян, көрпе уайымы де, тіпті баспананың уайымы да өзі шешіліп тұр!
— Ол уайым — бітпейтін уайым ғой, жолдас комендант. Соғыста шейіт болған солдатты түгел тірілтіп алмасақ сендерге шалды қайдан табамын?.. Онан да баспананың жайын айтшы, нағып жатырсың?
— Комендант десең де, селсебет десең де сыйып жатыр ғой, бірақ, менің қолымда не бар? — Сарқыт бүйірі қабысқан көне сары самауырдың бір құлағын Сиғатқа ұстатып, қызыл бұзаудың құйрығын бір бұрап тастады. — Үш коттеджің мен жатақханаң түгел толды, қалғанын ауылдағы жесір кемпірлердің босағасына апарып қамадым. Комендантыңның бар бітіргені осы.
— Ол да аз шаруа емес. Совхоз не істеп жатыр?
— Түк те істеген жоқ. Қабылханды білесің ғой, әншейінде тезегінің көлеңкесінен үркетін адам, өкіметтің жарлығы болмай ешнәрсені мойныма алмаймын деп қарап отыр. Жарлық беретін аудан басшылары бір-бір машинамен шіреніп келді де шіреніп кетті.
— Енді қайтсын, олар да жарлық күтеді де.
— Жарлық шыққанша бұларды жапырақпен асырайсың ба? Жесірлердің үйін толтырып бердім деп мен мәз. Жалғыз сиырдың желіні мен кәріліктің пенсиясына қарап отырған өңшең ғаріп кімді қарық қылғандай!..
— Саспа, комендант, саспа! Бұдан жаман кезімізде де қызға қырындағанбыз! — деп Сиғат Сарқыттың иығынан қаққан болды. — Бір айласы табылар, бүгінде кемпір-сампыр болса да далада жатқан адам жоқ!
Саспа деп Сарқытты жұбатқанмен Сиғатты қинап келе жатқан да панасыз жұрттың қамы еді. Әзірге әйтеуір ел көтеріп жатыр. Ел жарықтыққа сыймайтын тауқымет бар ма, жаманың да, жақсың да ел ішінде, ел үстінде жүр, тек қуанышқа ғана қызғаншақ демесең, кендігі ме, жоқ көнбістігі ме, қайғыңды да, қасіретіңді де қыңқ етпей жұтып алып, жан күйзелісіңді де, жанға батқан жараңды да, жауырынды да жаба тоқып кете беретін әдеті емес пе... Бір ащының бір тұщысы бар дейтұғын, бір аптаның арпалысы тоғанның тұнық суындай тып-тыныш жатып борсуға айналған көңілдің қордасын алай-түлей сапырып, елдің елдігін, ердің әуселесін тағы бір сынап тастады. Сиғат ердің ісіне, елдің қасиетіне тағы бір табынғандай болып еді.
Ымырт үйіріліп, тайганы жел қақты. Орман төбесін тұтып қалған көк түтін қойнаудан сырғып, бөктер - бөктерге көтеріліп бара жатыр еді. Тынысты кептеген күйген шайырдың қаңсығы да самалдан үрке бастады. Күндіз көшкен елдің жұртын аңдыған қара қарға барқ-барқ ұрандап жол бойының ағашында қара құртша қаптап отыр. Тезек тастап тұрған керіктей бөксесінен шөмішін қоқайтып Қотиынның "Белорусі" қуалап келеді екен, қоңыздай ғана неменің дарылдаған даусы бүкіл өзекті көшіріп келеді. Қызыл сиырдың бас жібін сүйрей - сүйрей діңкелеп қалған Маруся көлік дәметіп артына бұрылған, көзінде жас бар екен.
— Әй, шайтан қыз, саған не жетті? — деп Осип қарт тіксіне қадалды.
— Мына қатын байға берем деген соң көңілім босап...
— Е, берсе кете бер, басың бос, жасың алпысқа жаңа жетті. Тек кетерде сыңсимын деп көрісіп жүрме, ел-жұртқа күлкі боламыз!..
— Мені қойшы, бай түгілі, бұрыш табылса да кете берем ғой, мына қатын тағы да жалғыз қалады-ау деп уайымдап келемін.
Қатындардың қалжыңы Сиғат көңіліне сия қойған жоқ, "бай түгілі, бұрыш табылса да кете берем" дегенін торыққаны деп ұқты да жұрт күлкісіне ілесе алмай қалды.
— Жолдас комендант, сен маған жатағыңның екі бөлмесін босатып берсең.
— Сен көппен бірге тұра алмайсың, — деп директордың не айтқалы тұрғанын да іштей сезген Сарқыт бірден кесіп тастады. — Медпункттің екі бөлмесі бар емес пе, біреуі Меруертке.
— Ендеше, мектеп жасына дейінгі балаларды түгел біздің үйге жина. Сол үйді түбі бала бақшасына айналдырған жөн шығар. Тәрбиеші, аспаз тауып ал. Басын ептеп-септеп құрасақ, ар жағын исполкомге салып көрерміз. Сөйтіп, тағы бір шатақ басталық, қайдан барып шығар екен?!
— Баланы қойшы, жарасы жеңіл ғой, үлкен ауызды қайтеміз?
— Жарасы жеңіл деме. — Бала азабын көрген жоқсың дегенді айтып қала жаздап Сиғат кілт тосылды. — Байқаймын, биылғы қыс қыстырылып-қымтырылып шығамыз. Көрінген босағада жүрген балада көңіл болмайды, бір күн тойғанмен кепиетінде ашқарақтықтың кенеусіз ындыны қалады. Болашақтан ұят, қашанға дейін кепиетсіз ұрпақтың заготовителі боламыз?!. Жалықтық қой!.. — Сиғат сары самауырдың құлағын Сарқытқа қайтарып тастап еді, көнге жаттықпаған салалы саусақтары шырш-шырш, кеберсіп кеткен алақаны мұздай екен, жанарынан да селсоқ салқындықты байқады. — Үш мезгіл асханадан ас-суын берсең үлкендер соған да разы.
— Кімде кепиет, кімде кінәздік барын қайдан білейін, адасып қалдық қой, — деп Сарқыт Сиғат сөзін бірден сіңіре қоймай құлықсыз жауап қатты. — Көбіміз көрінгеннің есігінде, қалғанымыз өкіметтің қатықсыз қара көжесімен ер жетіп едік, сөйткен ұрпақ қан кешіп ел қорғады, қайтып келіп қара орманын қайта көтерді, қарап отырсаң күні бүгінге дейін зембілдің ауыр басында солар, кезінде биік астауға иегі жетпесе де қара көженің қасиетін әлі ұмытқан жоқ.
— Қашанға дейін қара көженің дәмін қасиет тұтпақпыз? Аштықты да, азапты да көрдік, бірақ жұрттың ниеті мен санасын қасықпен өлшеп, өткеннің қасыретімен ғана салыстыратынымыз қалай?.. Таусылмайтын неткен уайым бұл?!
— Адамның уайымы таусылатын ба еді?! Мынау уайым емес пе?.. Әй, қатын, шымылдығың желпілдеп тұрса да тоқташы, мына байғұс жүрек жалғап алсын!..
Қызыл сиырды соқадай сүйреп келе жатқан Маруся Сарқыттың даусын естуі мұң екен, бас жілігі лақтырып жіберіп жол жиегіндегі томарға отыра кетті де:
— Айналып кетейін, албастыдай асылмай сен де бір иықтан түсші! — деп ефрейторды бұтаға сүйей салды. — Өліп кеженің қандай жақсы болған, әйтпесе мынау дөй даланың жолына сыймай ырылдасып отыратын ба едік?!
Қызыл бұзауды қызыл сиырдың борбайына зорлап тыққанымен емшек алмай сілейді де қалды.
— Кепиетін, сасықтың! — деп ефрейторға өткізе алмаған қыжынын Маруся қызыл бұзауға төкті. — Немене, бүкіл тайгадан дүміңе тірек болар түбір таппай тұрмысың? — деп қасына иектеп келген Осип қартқа тиісті де орнынан тұрып кетті. — Отыр!.. Басын сыйғызар қуыс таппай жүріп құйрығына кәмпөрт іздеуін!..
Осип қарт күншіліктен дәл осы томарды іздеп келгендей бипазданып отыра беріп:
— Опырой! — деп шоқ басқандай атып тұрды. — Өртеніп тұр ғой! — деп томардың бетін алақанымен сыпырып тастады. — Сарқыт шырағым, мына шайтан қызды шынында байға бермесең болмас, ыстығы тұла бойын әлі күнге керіп тұр ғой!..
— Кезінде керілмей қалған соң ол шіркін қайда сіңуші еді, өртеніп тұрат та!.. — деп Маруся да қайтпай қойды.
Екі тілге бірдей, қалжыңда да, қарекетте де еркектен асып түспесе қапысын жібермейтін Көрбике мен Ақсудың адуын қатындарын Осип қарт оспақпен жеңемін деген жоқ еді. Сонау бір ит жылында сапарға бірге шығып, сол сапарды әлі күнге тауыса алмай, айналдырған төрт көз бір-бірін қажытып жібергендей болған соң ермекке болса да езу қинап күлкіге шақырған, бірақ, онысын өткізе алмады да қырғи көрген барша тышқандай бүрісіп, қу томардың үстінде шоқиып отырып қалды.
Ымыртпен таласа туған ай қарағай басына енді қонақтаған екен, кемердің бозғыл мұнарт түтінінен бе, жабықтан сығалаған ұялшақ келіндей оның да бет-ауызы қып-қызыл боп өртеніп тұр еді. Ала кеуімнің ақ шыт нұрын жеңе алмай өзектен секеңдеп шыққан "Беларусьтің" қос жанарын көргенде Сарқыт артынан күйме жеткендей қуанып қалды.
— Қотиынның барына да Құдайға шүкір! — деді — Ұрыссаң — сөзің, ұрсаң — таяғың өтеді, бұлар болмағанда қайтер едік? — деп сауалын Сиғатқа тастағандай қылды. — Апта бойы есігін көрмей арпалысқанда ең құрығанда обал болды-ау деп есіркеген ешкім жоқ. Осы ел талай азаматты атқа мінгізді, талайы адам боламыз деп оқу қуып жүр. Адам түгілі, біреудің сиыры бұзаулай алмай жатыр десе тайлы -тұяғымыз қалмай дүркірей шабатын жұрт едік, қара орманың өртеніп, елің түтінге қақалып жатқанда ең болмағанда, ағайынның амандығын біліп қана қайтуға не қаладан қара таяғыңның, не оқудағы зиялыңның бірі келді ме?! Менің қорқатыным, ауызынан қара көженің дәмі, өкпесінен жетімдіктің ызғары кетпеген ауылдағы қотиындардың кепиетсіздігі емес, өзінен басқа ешкімді менсінбейтін, өзін-өзі қызықтаған кейінгі буынның қысыр ниеті, етегін өтірік қымтап, өтірік именетін өтірік ибасы! Кепиетсіз ұрпақтың заготовителі болғың келмейді екен, қайда сол ынсапты жұртың?! Қасында қатын да емес, кемпір де емес, баяғының базарынан қап кеткен екі бейбақ, бір кепкен шал мен құймышағын темір тескен Қотиының!.. Кешір, өзіңнің де оңып тұрғаның шамалы, бізге пар болып, күйкі тірліктің ләмкесін тарта-тарта ақ қаптал болғаныңды да сезбейсің!..
Күрегін танауына бөктеріп, шөміші салақтап арсы-күрсі қуып жеткен "Белорусьтің" кабинасынан алдымен Қотиынның ұрты шығып еді, келсаптай қиярды бұрап соғып отыр екен, аман-шүкірге ауызы босамай қалған соң, жол тосқан жұртқа, қолын ербеңдетіп жетегіндегі арбаны нұсқады. Жолда жатқан сынық тағаны да жинай жүретін байғұс жұртта қалған ескі прицепті трактордың құйрығына шандып тастапты, доңғалағында жел де жоқ, оған екі-үш дөңбек, жарты шана брикет тиеген соң дискасы белтеміріне дейін мықшия кіріп кетіпті.
— Жарықтықтың доңғалағы төртбұрыш екен, Ақсуға жеткенше ауыл боп кетпесек жарады, — деп Осип қарт әуелде тартыншақтап еді, қу шалдың дәмесі кабинада, қулығы ішінде екен. Қотиын қызыл бұзауды арбаға көтеріп салғанда мойынтұрықтағы да Марусяның қолында қалды. Қызыл сиыр жетекте, қос кемпір мен қызыл бұзауды тиеп алып қызыл-күрең "Белорусь" кирелеңдей жөнелгенде қалтаңдаған шалдың қу желкесін Сиғат Қотиынның қасынан бірақ көрді. Керегіңді де, керексізіңді де жолға тастамай жинай жүретін Қотиынның барына да Құдайға шүкір!..
Осы бір лекер тірліктен құтыла алмай-ақ қойды. Осы бір қарғыс атқан кедейліктен оза алмай-ақ қойды. Қысқа жіп күрмеуге енді іліккенде әйтеуір бір қырсық килігеді де тұрады, артыңды аймандай қылып жалаңаштап, енді құтылдым ба деген таз кепешіңді тас маңдайға қайта кептеп кететінін қайтерсің!.. Кедейлік пен байлықтың арасы бір-ақ тұтам деуші еді. Екі ұғымның ара жігін тұтамдап өлшеп үлгерген қазекем кедейліктің тауқыметін тартқан шығар, ал байлық деген шіркінді қолымен ұстап көрді ме екен?..
Санадағы нәрсенің қолына келіп қонақтай салуы қиын-ау. Байлық деген, соған қарағанда, адамның рухында жатқан, ниетіне қонған қор болса керек қой: "У ішсең — руыңмен" дегенді әкесі марқұм жиі айтушы еді: азғантай мал бітсе, ол ағайынның бөлінбеген еншісі, одан артылса — ел ырысы, елің жарымаса, жалғыз-жарым жансебілге дүние қайдан бітсін деп отыратын. Қара басының қамы үшін ел үстінен қара таспа жырымдап көрмеген Сиғат қазынаның не толмайтын, не солмайтын қара қазанын да қанағат тұтқан емес. Жұртты бар мен жоқтың сіңіріне үзілдіріп, жайдақ тірлікке қамап қойып, өзі ас та төктің үстінде майқанынан жарылып жататын бүгінгі іс басындағы өкімет ақсүйектерінің ындынын ит етінен жек көретіні де осыдан.
Сиғат жалғыз қала берді. Міне ғой деп Қотиын да жалынбады, міне қояйын деп бұл да ұмтылмады. Суық самауырды құшақтап, ымырттың кіреукелі боз шымылдығында өзіне қадалған Сарқыттың салқын жанары, үзіліп түсейін деп тұрған көз жасындай мөлт еткен бетіндегі бұршақтай меңі көз алдында теңселіп тұрды да алды. Кирелеңдеген прицеп, кіреге ерген қызыл сиыр мен бүрісіп отырған қос кемпір отызыншы жылдардың бас кезін тағы бір есіне салып еді... Кесіп іздеп бергісі Көктас пен Домға, арысы Семейге шұбырған жұрт Қызылжардың пристанын қамап жатыр екен. Қарағайлы мен Қызылжардың арасына жұмасына бір дүркін шошаң етіп шығатын почтаның қоңыраулы күймесінен басқа жол қатынасында бекет те, кіре де жоқ, қалған жолдың азабы Қара Ертістің мойнында; құйрығына қапалақ байлаған сылпылдақ пароходтың әлі маусымы бастала қоймаған май айының басы, Құдайға не жазғанын білмесе де сол Құдайдан тағы да ырызық дәметкен не жолаушы емес, не тоқтар жері беймағлұм бейшара жұрт сонда да таңдамақшардан жұмаққа жолдама сұраған Алланың еркесіндей, әйтеуір, алдағы күннің тоқшылығына алақан жайып Ертіске табынып отыр; көбісі етек басты қатын-қалаш, етегін жауып үлгермеген бала-шаға, қырдан күй кеткен соң бәлен жерде бақыр бар деген дақпыртпен үміт қуалаған аш көздер. Босағада бұрқылдап тұрған самауырдың қарасуына таласып жатқан шүңірек көз қария шәугімін тастай беріп Сиғаттың шалғайына жармасты:
— Қарағым, тегіңді қазып жатпайын, кім екеніңді түсіңнен танып тұрмын, мына қызымды ала кет! — деп жетегіндегі бойжеткенді итермелеп қоймады. — Жоғалса қайда деп сұрамаймын, өлсе — шапағат, тірі қалса өзі де іздеп табар. Үшеуден қалған жалғыз еді, шешесі кеше ғана көз жұмды, енді мұның бас-аяғына қарайтын менде шама жоқ!..
— Таусылмаңыз, қария, шамамыз келсе ешкімді тастамаймыз. Өзі де күнін көруге жарап қалған бала екен ғой.
— Қарағым-ай, мұның қай қажетке жарағанын айтып тұрсың?!. Бүгін өлсем, ертең әлдебір итке қор бола ма деп қорқамын! Әкеңнің алдын көріп едім, аруағы разы болсын, ала кет!..
Киімі таза, күйі нашар шүңірек көз шал түйе жүн шекпеннің қолтығынан түйіншек суырды да тайтұяқ күмісті жазып Сиғатқа тықпалай берді.
— Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен деген осы болды, мына шіркінді керегіңе жарат.
Үңірейіп ұясына түсіп кеткен шүңірек көзінен, опырылып қалған ұртынан шалдың ұзаққа бармайтынын Сиғат та сезді, бірақ сорақының сорлыны тонағанындай тұла бойы түршігіп, тай тұяқты қалтыраған қолына қайта салды да қызға бұрылып еді, жүдеулігі болмаса сымбаты бір ауылдың көркіне лайық әсем көрінді: тоқпақтай бұрымын атлас шапанның өңіріне жасырып ашық маңдайына түгі кете бастаған құндыз бөрікті милықтата кигенмен аппақ жүздің әдемілігін жасыра алмай тұр; бетіндегі бұршақтай мең қарақаттай тана көзден үзіліп түскен бір тамшы жастай мөлтілдеп, бойжеткен Сиғатқа күдікпен қарады да жалт етіп әкесіне бұрылды.
— Бармаймын!.. Сізді тастап ешқайда кетпеймін!..
Тілінде от, жанарында шоқ бар екен, аршалы сандықтың иісі кетіп үлгермеген, ұзатыларда ғана иығына жабылатын көлдей киімнің астынан осыншама тік мінез шығады деп ойламап еді. Асылды асылға соққандай қызының кесіп айтқан қысқа қайырымынан шал байғұс жасып, жағаның су шайған арса-арса кемеріне, арса-арса жүзімен адаса қарады да сүйегі сықырлап отыра кетті; еті қашып, сіңіріне ғана ілінген қыр желкесі пұшпақ бөрікті зорға көтеріп тұр екен, үзіліп түскендей сылқ етті де, сонан қайтып көтерілген жоқ.
— Сорлы бала!.. Сенің алдында мен өлем бе, менің алдымда сен өлесің бе, оны кім біліпті! Менің бір өкінішім кем болсын десең, тірлігіңді тап! Кет!..
Сиғат кімсің деп сұраған жоқ. Сұрағанмен кімді кім танығандай; жазға салымғы күн шуақта қасатты тесіп шыққан құмырсқаның өлімші илеуіндей быжынап жатқан Қызылжарды, ілби жөнелген он шақты өгіз арбаның соңынан "Сарқыт!" — деп айқайлап, ғұмырының соңғы сарқытымен жылап қоштасқан ғарып шалды Сиғат қайтып көрген жоқ; әкесінің аруағын көлденең тарта, үй артындағы құлақтан асырамын деп есімін де айта алмаған секемшіл шалдың кешегі Қаратайдың аузы дуалы азғантай ақсақалдарының бірі екенін сезді де, кімсің деп сұрауға жүрегі дауамады; арбаға сыймады, аяғынан жүретін аш-арыққа ере алмады, "бір тілегімді орындадың, екінші тілек ер мойнына да ауыр жүк, енді маған араша түспе!" — деп қала берген, бойжеткеннің есімі Сарқыт екенін алғаш рет әкесінің аузынан естіп еді...
— Ағатай, мені қайда апара жатырсыз?
— Өзім де білмеймін, әйтеуір өлтірмесем болды емес пе.
— Білмесеңіз несіне сүйреп келесіз, тастап кетіңіз!..
— Әкеңе не бетімді айтамын?...
— Әкемді қайтып көре қояр ма екенсіз... Өлсе құнын сұрамаймын деген жоқ па!
— Қаршадай басыңнан өлімді ойлап не жетті?!
— Әкем сорлы елден мен үшін шығып еді, енді сол әкені өлімге тастап барамын. Балалық борышымды айтпағанда, осыным ар-ұятқа сия ма?!
— Менің борышымды, менің ар-ұятымды қайда төкпексің? Менен құныңды сұрайтын ешкім жоқ екен, енді не айтсам соған көнесің!
— Әйтеуір басы байлы күң емеспін ғой?
— Шошыма!
— Ендеше, менің де тілегім бар.
— Айта бер.
— Әйтеуір күнін көрсін деп сыртымнан көрінген біреуге сатып жібермейсіз. Жеткен жерімде кәсіп тауып беруге көмектесіңіз. Қолыңыздан келмесе, міндетім және жоқ.
— Қандай кәсіпке шамаң келеді?
— Қазақша сауатым, орысша нан тауып жеуге шамам бар. Әбдінің орыс-түзем мектебін түгескем, қыз байғұсқа осы да бір басына дәреже емес пе?..
Қыз тұрмақ жә деген жігіттің басына қона бермейтін дәреже еді. Бүкіл Қаратайдың сауаты мен тілін ашқан Әбдінің орыс-түзем мектебінің алғашқы түлегі Сиғаттың өзі болатын, бірақ сауат деген шіркінің бүгінде тарыққан елге талшық болып тұр ма?..
Орман Шаруашылығы мен Ағаш өнеркәсібінің Академиясын бітіре салысымен дүниені тындырып тастайтындай болған, Алтай өңірінен лесхоз, леспромхоз бірлестігін ұйымдастыру жөніндегі Наркомлестің қолына ұстатқан табақтай жолдамасы мен нұсқауы қара басына өкілдік пен кепілдіктің қорғаны демесең, ел асырауға септігі шамалы еді, ел асырауға өкіметші жоқ болып шықты. Жергілікті өкіметтің түрі — есімхандарды көріп төбе шашы және тік тұрды, "Аязби әліңді, құмырсқа жолыңды біл!" — дегендей қыр көрсетіп, саусақ шошайтқан соң облыс орталығы Семейдің біраз қақпасын қағып қайтты. Қайда барсаң да апаттың қысылтаяңы, қай жерде де алқымнан сығып тұрған аш өзектің таршылығы. Жүдеген жұрттың албаты босуын тоқтатып, жердің ыңғайы, шаруаның ырқына қарай қайта орналастыру жайында бір адамның санасына жүк боларлық біраз ой-мақсатын арқалап барып еді, арқалап барған бар жүгін арқалап қайтып келді: қарсы болған ешкім жоқ, қарызға берер қаражаты және жоқ, қайсыбірінің айтары да "шамаңа қарай шаруаңды білсеңші" — деген қамқорлық пен ақыл-кеңестен аспады. Көзі таныстың көпшілігі сыбырлап сөйлесетін сияқты, көзі қанықтың біразы тас керең сияқты: біреуге өкпеңді, біреуге өктемдігіңді өткізе алатындай жағдай жоқ, қысылтаяң елді ғана емес, елді түсінетін көкейді де, көмейді де қысып тұрған тынысы тар үрейлі де тылсым шақты іші сезіп қайтты. "Шамаңа қарай шаруаңды біл" деген ақыл-кеңестен бар ұққаны да осы, тек соны дос-жаран жанашырлық қылып айтты да, жырта қарыс азуы барлар жыртылып отырып дос қылып айтты. Бірақ Сиғат Қарағайлыға қайтып келген соң да "шамасына қарай шаруаны" таба алмады, елдің жайын көріп отырып оған көнгісі де келмеді. Орман шаруашылығының болашақ қонысын Ақсудан таңдауының себебі де осы еді. Бар тапқан амалы да осы болатын.
Алғаш ұйымдастырған шаруашылықтың бар байлығы ыңыршағы ырсиған он шақты өгіз, арқасы қырдай он шақты тырақы еді, оның әбзел- сайманын да босқан елдің жұртынан жинап, өкімет берген азғантай қаржыны он екіде бір нұсқасы жоқ шаруаның қай қамына бүркерін білмеді. Мұқым лесхоздың орманшысы да, орақшысы да шала сауатты жалғыз Осип, Сиғат өзі атшы болды ма, хатшы болды ма, өзге түгілі, өзінің де есінде қала бермейтін талай-талай тауқымет өткеннің көшімен бірге кетті ғой... Ойлап отырса, шамасына өлшеп, шаруасын біліп жайына жүрмей тірлікті өзінің емес, өзгенің ісінен бастапты да содан тапқан азабы болмаса бар қадары да жоқ, бүкіл ғұмыры осымен өтіп келе жатқан сияқты: Сиғаттың күні ел үстінде, елдің күні Сиғаттың мойнынан түскен емес... Бірақ, қашан да өзін үмітсіз аралда жалғыз қалғандай сезінетіні бар, темір құрсаудай сыққан тар шеңбер, тас қамау онсыз да қысқа қолды еркін бір серметпей-ақ қойды; бар жеткен өрісі — туған жердің үш жүз мың гектар пұшпағы, бар жеткен билігі — Ақсу мен Бұқтырманың бойындағы бес-алты мың елді мекеннің уайымы; осы шеңберден қия басып шықпа, осы қамшының тұрқыдан озба деп тұтқынға кесіп қойғандай бір басқан ізін таптай-таптай көңілі де, көкірегі де сарсып тозған сары жұрттай қожырап таусылатын болғаны ма?.. "көпке пар боламын деп күйкі тірліктің ләмкесін тарта-тарта аққаптал болғаныңды да сезбейсің!.." деген жоқ па! Сарқыт беталды сөйлемейді. Осип шал беталды шаршамайды... Бірақ әйтеуір елге өкпесі жоқ. Тағдыр қосса адамның отаспайтын пендесі болсашы. Біреуден не ақыл сұрамайтын, не ақы сұрамайтын, өзімен-өзі бір өкімет Осиппен кездестірген уақытқа да рақмет! Сонау бір қиын-қыстау кезеңде де екеуі бір ертұрманның қос үзеңгісіндей небір тепкішек тірлікті бастан бір кешіріп еді. Екеуі кісі болып та кәрді, кіші болып та көрді. Кәсіпсіз қаңғырып қалған қазақ ауылдарын Ақсу өңіріне алып келген де екеуі еді. Жол бойы бұрлығып шашылып жатқан жұртты теріп жүріп, бір-біріне теліп жүріп, тарығып отырса да ежелден бау-бақша егіп, жер шұқылаған Көрбике мен Пеш үйдің, Ақсу мен Бекалқаның орыс жұрағаттарына әр түтіннен бөліп берген де екеуі болатын. Бір кезде бесіктегі баласын да қиған кер жақтар қамба мен ұрадағы ақырғы дән, қазандағы қара суына дейін бөліп-жарып, бір жарым ғасырдан соң қайта табысқандай бір шаңырақтың астына сыйып кетіп еді. Отыз екінші жылдың жазға салымы бүгінгі күнде ауыздан шыға бермесе де әркімнің жадында мәңгі қалды; мәңгіге кететін екі халықтың ағайыншылық міндеті ашаршылықтың құйқасындай әркімнің ниеті мен пейілінде бауырмалдықтың мәйегіндей үзілмейтін нор болып сіңіп еді.
Сәл күпіршілікке бой алдырсаң уақыт соны қайта-қайта еске сала береді. Енді, міне, табиғаттың тілсіз апаты тағы да соны қайталап отыр.
Бір кезде аш-арықты арқалап тасыған Осип, бүгін кирелеңдеген прицептің бөксесінде селкілдеп кетіп барады. Соның өзінде де "доңғалағы төртбұрыш неме екен" деп сөгетінін қайтерсің! Кезінде өгіз арбаны да күймедей баптаған байғұсың, бүгін тракторға да тәкаппарлық көрсетеді!.. Көшет өсірудің орнына бақша еккені, орман баптаудың орнына егін сепкені, мал асырап, жан асырағаны түткіш шалдың пәруейінде жоқ деймісің, бүгінгі бір-екі табан сиыр, жарты мың жылқы, бір-екі отар қой да Ақсу жұртының сол бір кездегі табан ақы, маңдай терінен құрылғаны жадында жатқан шығар-ау. Осип шалдың ми қатпарын қайта ақтарып оқып шығар жан болса, бір қиссаға жетерлік жыр табылары да хақ.
Отыз жетінші жылы Ақсу әжептәуір ел болып қалып еді... Аудан басына неше дүркін барып, қодас жалды теке көздің алдын неше дүркін көріп қайтқан Осип Митрич сапар сайын бір жасқа қартайып, көп нәрседен көңілі қалып, шөгіп қалды. Сиғатқа өлердегісін айтып жалынып, қамалмай тұрғанында қорған тай деп жігі жағар болған да Осип Митрич еді. Үрей өз алдына, ол да бір пенденің осалдығы шығар, Сиғат әділет қуамын деп шығып еді, әділеттің әдібі мен қатпарына көзі жеткенше жеті жыл зымырап өте шығыпты, көзге зымыран көрінгенмен көңілде кілкіп жатқан ол да бір ғұмыр: елден бұқпалап кеткен Сиғат дос-жаранды сағалап Ленинградтан бірақ шыққан, блокаданы да бастан кешіріп, жалғыз ұл мен асыл жардың мәйітін де ел қорғаған азаматтардың ортақ зиратына беріп қырық үшінші жылдың аяғында бірақ қайтқан, жарты жаны Ленин қаласының іргесінде қалып еді; ойлап отырса өмірінің қызығы да, қызуы да Ленин қаласында қалған сияқты, бір түкпірде есімхандардан бұқпалап күн кешкенше от кешіп жүріп, ел үшін жан пида деп, ел үшін шейіт боп кеткенге не жетсін!.. Блокаданы жарып шыққан көкірегі, жауды қақыратып қайтқан күндері есіне түссе өлі де көңіл шіркін көк тірегендей шалқып, шау тарта бастаған мүшені, шаршаған жүйкені лүп еткізіп мәуелетіп апарып тастайтыны бар.
— Қайран өмір-ай, қайтып келер ме едің!..
Қайтып келгенде ше?.. Әйтеуір өткеннің бәрі сағыныш, өткеннің сағынышын өзекке талшық қылған да, ұлғайған соң, алдағы жол қысқарған соң, өткеннің сағынышы алдағы арманнан көрі тәттірек болатын әдеті шығар... Жеті жылдан соң қайтып оралғанда алдынан шыққан жетім бала мен жесір әйелдер еді. Сол бір тас қараңғы түнде, етекті түріп тастап, жалаңаяқ, жалаңбас тарантасты қуып жеткен Сарқыт: "ағатай, мен сізді енді қайтып көре алам ба?!" — деп зар еңіреп жылап қалып еді, жеті жылдың ішінде байсал тартып, байға тиіп, жесір болып та үлгеріпті. Еркек атаулының иісі де жоқ, сыбыр-күбір сөзге, "сені ме!" дейтін сұғанақ көзге шыдай алмаған Осип те шаш орнына бас алатын пысықтардан қашып құтылса керек; шала сауатты азаматқа аманат қылып, тастап кеткен шаруасын қатын-қалаштың қолынан жинап алып, жесірге толы жетім жұртқа өзі де қу бас болып қосылып, көп жетімнің есебін екі жасар Меруертпен көбейтіп еді. Бәрі бір, өткенге салауат!..
— Қайран өмір-ай, қайтып келер ме едің!..
Бүкіл тоғайды басына көтеріп даңғаза қылған Қотиынның дарақы "Беларусы" көзден ғайып болғанмен таңқылдаған даусы қалың жынысты әлдеқайда жыртып барады, "қайран өмірді" көксеген Сиғаттың мұңына көңіл қосар Көрбикеде қалған көк бұқадан басқа ешкім жоқ еді; анда-санда "өһ-өһ!" — деп қайырып тастап аңырата қышқырғанда орманды өзектің сай-сүйегін сырқыратқандай. Әлгінде ғана көк ала түтіннен аршылып қалған ағаш балтыры қайтадан тұтасып, жыбыр-жыбыр елес кезген орманды келер түннің қара құрық толқыны тұншықтырып келеді.
Жалғыздықта жанашырлық жоқ, жалғыздың серігі жан қажаған ой ғана. Әлдеқайда жынысты жыртқан трактордың ырылы мен артынан ауық-ауық қуып жеткен көк бұқаның ышқынысы жалғыз қалған Сиғатқа тас шайнаған танканың шынжырын, төбе құйқаны шымырлатқан сиренаның шыңғырысын еске салып еді...
Неваның жағалауын еске салған. Ленин қаласында қалған жарты ғұмырын, жарты көңілін көкірек шіркін тағы да жоқтап шыға келді: жоқтау ма, жоқ әлде көксеу ме, ол да белгісіз, әйтеуір отыздағы жігіттің алдындағы сол бір өшпес күндердің жалаулы суреті бүгінгі алпыстағы сар кідірдің көкірегіне сыймай, күрсінгенде лебі жалын, көңілі Барсакелместің аралында қалғандай жалғызсырап бұлқынып түсті.
Жау қоршауында қалған ұлы қалада, ұлы-жіңгір жұрттың ортасында жүріп те жалғыздықты бастан кешірген. Үлкен жерден жол кесілген соң үміт те үзілгендей еді. Бірақ ол жалғыздық көппен көрген ұлы той екен, ажал мен адам айқасқа түскенде жан сақтауды ұмытып, жан-дүниеңді қаһар мен егес буып, пенде шіркін фәни жалғанды мүлдем ұмытатын көрінді Ел айта беретін ерліктің көзі де осы болса керек. Өзіңді-өзің қажап, өзіңді өзіңнен түңілтетін тірліктің татымсыз шылауында қалғаннан сақтасын; өрмелеп шығар жолы жоқ шайынды құбырының шұқанағына тастап жібергендей тұла бойың түршігіп, жанға сая, санаңа саңылау таптырмайтын жалғыздықтың үрейі деген осы екен. Үрейдің арты қорқыныш, сатқынның да, опасыздың да анасы қорқыныш болса керек. Ең жаманы — ертеңгіге деген сеніміңнің таусылуы, кісіліктің ірісін, табанның бүрін тоздыратын да тірліктің шайынды мүңкіген шұқанағы.
— Қайран өмір-ай, өтіп барасың-ау!..
Кешқұрымда самалмен тазарып қалатын тайганың ауасы өлі қапырық, бірде шалқып, бірде жығылып, шалғын кекілін үркіткені болмаса, адасқақ желеміктің көңірсік түтінді сауып әкетуге шамасы жетпей тұр. Жерошақтың апанында қоздаған қоламтаның көзіндей өзектегі Ақсудың үркердей оты да мұнартты тесіп шыға алмай етекте бықсып жатыр. Өрт шалған өңірдің кіреукелі қабағындай ауып төбесі де кір еді. Протектор сойып кеткен трактор жолын тауысқанша Сиғат та титықтап шаршап қалды. Көңілі де тозып, Көрбикеден жүдеп оралған директор ошағын жоғалтқандай ауыл шетінде дағдарып көп тұрды.
4
Жалғыз көшенің өн бойына көгендеп керіп тастаған электр лампасы, жалғыз көшенің тар өңешіне қатарлап тізіп тастаған ыңыршақ тақтай столдар; қос қапталдағы құйрық басар дөңбекте қаздай тізіліп отырған қалың жұртты нобайы мен даусынан болмаса тану да қиын, көбісі Көрбикеден босып келген қатын-қалаш, бала-шаға; бір-біріне есе теңдік берместен сақылдап күліп, салдырлап жарысқанда дәп қазір баста пана, иықта лыпа қалмағанын бір пенде пәруейіне алып отырған жоқ; алды тола ас, ащы-тұщы сусыны да ас та төк, құдды уайым шеккен панасыздар емес, еріккен тойшылдар сияқты. Орталарында Мешел, қолында дәптер мен қалам, көшенің ол басына бір, бұл басына бір шығып, әркімге бір төніп кеп бір нәрсені түртіп алып жүр еді. Жағалап Сиғатқа таяна бергенде ымдап тоқтатып алды.
— Осы сенің шын атың кім?
— Асыққанда ауызға түспейтін, айғайлағанда алпыс бөліп ішек үзетін ақ сүйектеу бір есім екен, бойыма шақ болмаған соң өзім де ұмытып барамын. Бірақ анам марқұм ерінбей-жалықпай Мырзамұхаммет деп түгел айтатын еді.
— Ендеше, соның жартысын пайғамбардың өзіне қалдырып, Мырза десек қайтеді?
— Сол жартысының өзіне құлақ отыға қояр ма екен, Сераға? Мені Мешел қылған атым емес, атағым шығар.
— Отықпаған құлаққа обал жоқ, бейпіл ауызға қақпақ та жоқ. Өз басым соның жартысына тоқтадым.
— Мейліңіз, Сераға, әйтеуір артық жүкті көтере алмай жүрмесем болды.
Белгісіз адамның бергені білінбейді, мырзаның мысқылдай мәзіреті мың құлаққа жетіп жататын әдеті; бір қарасын сойып, бір көшенің бойына дастарқан жасаған Мешелдің жомарттығын жейтін ауыздың мөлшері ғана сезбесе, көптің көзінде Мешел баяғы сол Мешел, Алла разы болсын дейтін біреу табылар ма екен?.. Сиғат жігіттің бергендігіне емес, көргендігіне жығылып отыр еді. Шала сауатты адамның тыраш келетіндігі ме, дәптердегі жазуы да тасқа басқандай маржандай екен.
— Біраз байып қапсың ғой! — деп бір шолып қайтып берді.
— Біреу лақ, біреу торпақ атап жатыр, сиыр, бие қосқандар да бар, — деп Мешел Сарқыт пен Шерубайға қарады.
— Мына Шерағаңдар туу сонау жайлаудан биеге қоса саба сүйретіп кеп отыр.
Шерубай бие атаса да, түйе атаса да жарасатын шығар, жалғыз қасқа сиырын жетектетіп жіберіп бас жібін ұстап қалған Сарқыттың қай жетіскендігі?.. Қалай десе де бүгін тағы да жесірлердің озып тұрған күні. Әйтеуір қашанда бағын сынап, барды қанағат тұтып үйреніп қалған жалғыз басты мұңдықтар болмаса мынау панасыз бір ауыл кімнің босағасына барып сыйғандай. Есік көзіндегі азғантай бау-бақшасына сеніп, көгенде бұршақ, желіде ноқта ұстап көрмеген орыс жұртының шайға қатар ағы да жоқ еді, ырымға болса да Мешелдің жылуды малдан бастағаны бір Сиғаттың емес, көптің көңілінен шыққандай. Басының аузына қарап емініп, қолына қарап телміріп, жақсылықты да, жамандықты да ел ағасынан күтетін момындар басына жетімдік түскен соң іргесін жоқшылықтың үскірігі сөккендей дағдарып, жасып қалып еді, Сиғатты көргенде базарымен ел көшіп келгендей еңсесін көтеріп алды.
— Совхоз басшыларынан кім бар?
Ыдыс-аяқтың салдыры сап тыйылып, стол басында қақ жарылып отырған қалың жұрт қасығын, пышағын, кесесі мен тостағын көтерген қалпы тым-тырыс қатты да қалды, бірақ мен бармын деген ешкім жоқ.
— Сераға, олар бұғып қалды! — деп жауапты Мешел берді.
— Жылуды шығарып жүрген кім?
Сиғаттың дауысында зіл болды ма, қаймыққан көп бір-бірінен күдіктеніп, ақыры бәрі жабылып Мешелді іздескен.
— Мен едім, — деп ортаға тағы да Мешел шықты.
— Қашан көрсең қара басын қатерге тігіп жүретін қайран Қобекем-ай! — деген дауысқа Сиғат жалт бұрылып еді, саусағына қысқан сигаретін сәнмен шошайтып, бір бұрышта Асекеңнің қисық мұрыны түтіндеп отыр екен.
— Жақсы ниетті жазғыру жоқ! — деген жауабын директор да Асекеңнің қисық мұрнын көздеп айтты.
— Ел тоғайған соң ескіріп қалған дәстүр еді, тек Асекең бәсекеге құла жорғаны салып жіберді ме деп тұрғаным да.
— Сәке, құла жорғаның құны қырып кеткенде мың сом шығар, сол қағаз жылушының шөнтігіне түсті дей беріңіз!..
— Міне, бұл басқа әңгіме! — Сиғат Асекеңді сынайын деген жоқ, рикошетпен болса да бейтарап жұрттың өзін бұқтырып, сүріндіріп отыратын қисық мұрынның оғына кесек лақтырып еді, қалай лақтырсаң да оңтайымен түсетін мысықтай директордың мешенін қағып тастаған соң қайтадан жөніне көшті. — Жылу жылу ғой, жолдастар, бірақ тірнектеп жиған шай-суын қоржынға қор, тірлікке қорек бола ма, бізге алдымен баспана керек, ол үшін қаражат керек. Өкімет тарапынан қамқорлық бола жатар, оған дейін лесхоздың жүз елу жұмыс қолы алдағы екі айлық жалақысын ортақ кассаға қосатын болсын. Ауып келген елдің ересегі жеткенше тұрақты, жетпегені маусымдық жұмысқа орналассын, асар жасап үй салсақ, оның әр күнін осындағы ошағы түзу өр түтін кезектесіп көтерсін. Бұған кім не қосады?
— Балаларды қайтеміз?
— Мектеп жасындағыны интернат, сәбилерді бала бақшасы бақсын, қаражатын кәсіподақ көтереді, кәрі-құртаң, ауру-сырқаудың әзіргі мекен-тұрағы мынау үш коттедж, үш мезгіл ас-суы лесхоздың мойнында.
— Ауру-сырқаудың санатына мұрны қисықтар қосылмас па екен?..
— Аузы қисық болмаса, мұрынмен ас жеген адам тарихында болған жоқ, жей қалса, әншейінде де кісі қорқытатын Асекеңнің мұржасы ханға сәлем бере ме! — деп Сиғат Ситанның әзілінен Асекеңді арашалап қалғысы келіп еді, қырсық егерь бұл жолы да тегін көпшікті табан астында қайтарып тастады.
— Сәке, қателесіп тұрсыз, нан тауып жүрген жалғыз мүшем осы еді, мұрным қисық болмаса мен пақырдың бет-ауызына кім қарағандай?.. Жоқтан ілік, қиуасыздан күлкі іздеп отырған жабырқау жұртты Асекеңнің елде жоқ ұсқыны емес, өзі түгіл өзгенің кемістігін алтынға сатып алғандай майға шылап өткізіп жіберетін әзілі жадыратты. Жатып атар дуалы ауызды қойып, бас десең құлағын ұстайтын ноқайлар да сығылысып осылай қарай ойысқанда бүгінгі қазан-аяқтың билігінде жүрген Әбдіжапар айғайлап зорға тоқтатты. Даяшының қызметін Бекет, Бескемпір, Жақып пен Қотиындар тартып алған екен, жігіттердің елпектігіне разы болған директор Әбдіжапардың ниетіне сеніп отырған жоқ.
— Сераға, лесхоздың есебінде жоқ жұрағаттарды қайтеміз? — деп Мешел қағазын ұстап оралды.
— Есепте жоққа зорлық жоқ, ал Асекең сияқты көрші-қолаң жомарттық жасаса оған тәкаппарлық етпейміз.
— Мына Әбекең екі мың қосамын деп құлшынып отырғаны!..
Қара самарды көтеріп дедектеп келе жатқан Әбдіжапар Мешелдің жарлығын естігенде төбеден ұрғандай қалт тоқтап сілейді де қалды; табақтағы жарты шеке аунап түсіп ұшып кете жаздап еді, лықсыған майлы тұздық ышқырына төгілді де борбайының ішкі қапталы жылып жүре берді. "Дәп әкеңнің ау..."
— Халайық! Бұл енді ел естімеген, ер естімеген мырзалық! — деп Мешел қапталдасып, қолындағы дәптерді сілкіп-сілкіп қойды.
— Жарысамын дегендерге жол ашық!
Жұрт гуілдесіп, Әбдіжапарды қошаметтей теп-тегін алғысын лақтырып жатты. Қара самарды торс еткізіп Сиғат пен Шерубайдың ортасына тастай салған Әбекең Мешелге аларып бір қарады да, әлгі бір тауыса алмай қалған әдемі сөзінің жалғасын қайта-қайта лоқсып құса алмай қор болды. Екі мың түгілі, екі тиын атамаған кісәпірді монтаны Мешелдің томпиып жүріп-ақ тотитып кеткенін Сиғат қана сезген, желбезегінен сықсаң да жылпылдап тоқтамайтын тайғанақ неменің алдын орап:
— Жарайсың, мес торым, мұның бір азаматтық болды! — деп қайтар жолын кесіп тастады.
Ақша мен азаматтықтың нарқын безбендеп көрмеген Әбдіжапар Мешелге қарап құлағын жұмырып, көпке қарап көлгірси жымиғанмен екі түйсіктің ортасында тұр: жұртқа жақсы атанудың бір сәті осы болса, жақсы атанамын деп қалтасына қол салу қолқасын суырып бергенмен бірдей еді, әрі-сәрі толқыған жылаңқы көңілді ырғайдай мойыны қылқиып орнынан атып тұрған Осип шал мүлдем жығып берді:
— Садағаң кетейін, жұртым! — деп шал байғұс көзіне жас алды.
— Мен бүгін өлсем де арманым жоқ!
— Неге өлесің, өлмей-ақ қой! — деп Сарқыт оның "өлімін" қабылдамай тастады.
— Қалқайып ортамызда жүргеніңе рақмет!
— Жүрдік қой... біз жүріп болған жандармыз! — деп шал да шырылдап тұрып алды.
— Кеше жүрсек — жөн, бүгінгі жүргенімізден не пайда?! Қара басымызды жұртқа салық қып!.. Әбекең сияқты лақтыра салатын екі мыңымыз болмаған соң сол қара басымызды садақа қып тұрмыз да!..
— Жә, жә!.. Сен өлгенде де жылауға жас керек шығар, тегін жатқан дүние жоқ, мына жұртты аясаңшы! — деп Жақып Осип қарттың алдына табақ әкеліп қойды да қолына пышақ ұстатты. — Өзің ішіп алғаннан саумысың?!
— Мен өлгенде сен жылайтын арманыңды арқалап бара жатқам жоқ, ел болып жылайтын еңбегім және сіңген жоқ! — деп шал тәлтиіп тұрып көп ішінен әлдекімді ұзақ іздеді.
— Мына Сиғат екеуміз отыз екінші жылы осы жұрттың біразын жол бойынан теріп әкеліп едік. Өліп қалған анасының емшек шандырын тырналап жатқан жұдырықтай бір сәби бүгінде бес баланың анасы, бес биенің сабасындай қатын болды.
— Шүкір!.. Шүкір!
Бес баладан ұрпаққа тұқым қоспаған ұрғашы бұл ауылда кемде-кем еді. "Қайсымыз болдық екен" дегендей қатындар ұртындағы шайнамасын жұтпастан бір-біріне күдіктене қарасты. Шүкірмен тоқтаған Осип қарт ар жағын қазбалап жатпай шүкірін қайта бастап кеткен:
— Кешегі қарғыс атқыр Гитлер болмағанда басымыз біраз қарайып қалып еді. Қалғанына да шүкір, жүз түтіннен жүз түтін тағы да бас құрап отырмыз. Қайың саудық, қарамықты да ас қылдық бұл ауылда бір емшекті кезек ембеген орыс, қазақтың баласы жоқ, кешегі қырғын соғыста қатар көмілмеген орыс, қазақтың моласы жоқ. Бүгін тағы да бір түтіннің астынан табылып отырмыз. Сапымыз сан кемісе де санатымыз өшпепті, санамыз өлмепті!.. Рас айтам, мен енді өлсем де арманым жоқ..
— Ойпырай, сексеннен асса да мына шалдың шын өлгісі келмей тұрғанын қарашы! — деп Жақып Осекеңді тағы да қағытып өтті.
— Тегін өлгісі келмейді еще!..
— Ит екеш ит те тегін өлмейді! Тегін өлімді итке де бермесін! — деп Осип қарт Жақыптың әзіліне қатқыл жауап қайырды да, қасындағы мүжіліп таусылған мыж-мыж кемпірлерге табақтағы еттен осып-осып алып тарата тастады. — Құдай атып ту қатындардың ортасына қайдан түсе қалып едім?! — деп пышағының ұшын да бұлдап қалды, — бұлар бойында жаны барға шыр жұқтырған ба!..
Өткенді үзіп-жұлып еске салған шал сөзінен соң Шерубай сұлық отыр еді. Салт бас жүріп қарын тоқтығын қам деп санамаған, аштықтан да ел қырылады деп ойламаған, жалғыздықтың өзін қасіретке балап зар кешкен күндерін санасыздың сандырағы екен-ау деп іштей омырылып отырған. Көкей тырнаған әлдебір қаралы саздың үзігі қайта-қайта көмейіне тығылып, қолы қурай іздегендей қалшылдай беріп еді, үйірім - үйірім қайырмасы ғана болмаса баяғы сол Саймақтың "Сары өзеніне" қайырылып соғып, қайталап отыр екен, кеудесінен үн қашқандай өзін-өзі жек көріп құлазып қалды.
— Немене, наз тоқалың есіңе түсті ме? — деген дауыстан селк етіп оянғанда қарсы алдындағы Сарқытқа қадалып отырғанын сезді.
— Қасымда көрден суырып алған сен барда тоқалды несіне сағынайын...
— Не дейді?! Не деп отырсың, Шерағау?!
— Не деуші едім... Қарағым-ау, атыңды Сарқыт қойғаны несі екен? Әлде жақсыдан қалған сарқыт па едің?!. Есіңе енді түсті ме?..
— Тәңірім-ау, сол кісі сен бе едің, Шераға?!.
— Аман бол, ағатай!.. Қайда барсаң аман жүр, ағатай!.. Есіңе енді түсті ме?!. Сен мені көрден суырып алғаныңмен қоймай, шыбындай жанымды Алладан сұрап алғандай болып едің ғой. Алладан сұрап алған Шерубайдың шыбындай жаны соғыстан да аман келіп отыр.
— Қара басып мен сені танымадым ғой, Шерағау?!
— Сен қайдан танығандайсың, қарағым-ау! Сен менің атымды да сұраған жоқ болатынсың.
— Осы уақытқа дейін үндемеген неткен тас жүрексің?
— Жарты ғұмырыңды қашқын болып түгессең, тәңірі берген тіліңді өзің кесерсің. Өзгеге сенбеген секемшіл байғұс өзіне-өзі сенбес! Мен көрден шыққанда сен қаршадай қыз едің. Менің көз алдымда сол қаршадай қыз қалыпты. Туған жерге тағат таптырмай айдап келген де сол қаршадай қыз шығар. Қаршадай қыздың кемпір болғанына мен қазір де сеніп отырғаным жоқ.
Сарқыт меңірейіп отырып қалды. Ақ сұр шамның астында ақ жібек бөртпе шәліні иығына бос тастап, бір сәтке бүкіл дүниенің дырдуынан бөлініп қалған сырықтай ақ кемпірден Шерубай қаршадай қызды іздеп еді. Таппады. Он шақты жылдан көріп жүріп, Сарқыт екенін біліп жүріп, баяғы Сарқытты іздеймін деген жоқ еді, көңілдегі сағыныштың көз алдыңа келгенде бөтен боп шығатынына таңданғандай. Күн кешіп жүріп, мүңкір -мүңкірдің астында жатып та "ағатай, аман бол" — деген қаршадай қыздың дауысы құлағынан кетпеп еді, қолына қурай ұстаса да мұңмен таласқан сол бір дауысты естігендей болатын. Ғұмырының финишінде сол елес тастай қатқан ақ кемпір боп көз алдында отырады деп ойлап па?! Іздегені қыз еді, көретінім кемпір болады деп ойлап па?!. Көңілінің сырын, көмейінің жырын тауысып алған Шерубай әп-сәтте көнеріп, өзінің жетпіс жасына қайтып оралды да қаусап шыға келді. Ақ кемпір күбірлеп отыр екен.
— Құдай сақтапты. Шерубай екеніңді білгенде ғой...
— Еріп кететін бе едің?
— Өмір-бақи іздегендей екенмін-ау!...
— Кім білсін, сен іздегенде мен тірі қалмайтын ба едім...
— Мен іздеген адамның бәрі өле береді деп пе едің? Өмір-бақи іздегенімді елу жеті жасымда тапқанмен де далада қалғандай, қаңғырып қалғандай екенмін ғой!..
— Онсыз да байға тиіп бақыт тапқаның шамалы көрінеді, айырмасы қанша?
— Күйігі бар емес пе?! Тапқаныңның көңірсігінен, таппағанның күйігі азық емес пе?!.
— Ашыққаннан аңсаған жаман, өмір-бақи шөліркеп, арманыңнан шыға алмай қаңсып өлесің де.
— Өлмегендегі күнімді де итке берсін?..
Әңгімеге іргеден құлақ түріп, сынық белдемені бос қажап отырған Сиғат жұлынына біз қадалғандай селк етті де, жүзін Сарқыттан тайдырып әкетті. Есіне енді түскендей көп ішінен екі адамның төбесін іздеп еді: бірі — қызы Меруерт, екіншісі — Меңсұлу. Екеуін де таппады. Ақ кемпірден жасқанғандай жайлап тұрып, жылыстап кете берді. Ай жүзіне шырт түкірген особнякке жеткенше: "өлмегендегі күнімді де итке берсін!" — деген Сарқыт сөзі өкшелеп қуып келген... Қызылжардың пристаны, құмырсқаның илеуіндей құжынаған жұрт, қызын жетелеп келіп, өлсе құнын сұрамаймын деген аш өзек шал ант еткендей болып еді. Өлтірмеспін-ау деп аруақ алдында ант еткендей болып еді. Өлтірмегендегі байғұс қызды жеткізген жері осы ма?.. "Итке берсін!" — деп отырған жоқ па. Бірде жылап, бірде жырлап, тірліктің жыртық тесігін тірнектеп жүріп жамағанмен, жылауды жырлаумен өтірік әдіптеп, көңілдің кетігін бүтіндей алмай бүгежектеп өткен өмір-ай десеңші!..
Тас қараңғы екен. Перденің жықпылынан жосылып түскен боз сағым биік столдың жалтырын жалап өтіп тура қас маңдайдан ұрды. Жанарына жайдың шоғы қадалғандай көз алды бұлдырап, теңселіп тұрып қалды. Зіркілдеп барып тоқтаған ас үйдегі тоңазытқыштың селкілін ұлтанымен сезіп еді, қабырғадағы сағаттың шеге қаққандай тық-тық ұрған дыбысынан бұл үйде өзінен басқа тірі жан жоқ екенін білді. Шам жағып, шешінбес бұрын Жәкесіне сәлем берді.
Жәкесі жүдеп отыр екен. Қажып отырғандай көрінді. Қабағында кірбің, көзінде былшық, қара елтірі бөрікті де ауырсынғандай шөмейіп қалыпты. Жәкесінің қабағы да көрген сайын құбылады; көңілі түссе жымияды, жақтырмаса езуіндегі кекесін күлкісімен-ақ бетіңді қайтарып тастайтыны бар, бүгін сәлем алуға да зауқы соқпай отыр. Еңкеюге икемі келмеген Сиғат етігін сірісінен басып шешті де диванға жантая салды. Тыста жел тұрған сияқты еді, йен үйдің құлаққа ұрған шуылы екен. Әттең, штепсельді баса салатын біреу болса ғой. Көтеріле беріп стол үстіндегі бір жапырақ қағазды көрді.
"...Папа! Бір күні мен сені жоғалтып алсам мынау үйде жалғыз қалам ба деп қорықтым. Қашып кетті деп қажыма. Тым алысқа ұзағам жоқ. Ұлар-шу боп жатқан ел мынау, той жасап, жұрт жинайтындай салтанаттың қажеті қанша. Оның үстіне жалғыз қызын кәріге ұзатқан әкеге қай бір қуаныш дейсің. Бірақ менің отыз жасым қырықтың тоғызындағы еркекке онша қымбат емес сияқты. Бақытты болмасам да біреудің бақытын бағалауға жарармын. Сенің бүкіл ғұмырың мені арқалаумен өткен сияқты, мені арқалаумен өтетін сияқты көрінді де тұрды. Жалғыз қызға байланған жер ортасындағы әкенің күні жетімнен де жаман екенін енді білдім. Ең болмағанда осыдан он жыл бұрын кетуім керек еді. Мен сені қимай жүрдім бе десем, сен мені қимай қиналып жүр екенсің. Енді мені емес, Меңсұлу мен Медетті ойла!.. Шыққанда қаны, шырқырағанда жаны бірге жалғыз қызың, Жәкесінің қызы — Меруерт".
— Қажыма дейді-ау. Қажитын не бар?.. Қыз мұраты — кету, жол мұраты жету емес пе еді. Мойнынан бір жүк түскендей әуелде сергіп қалып еді. Сөйтсе жылап отыр екен... Қызының теңін іздеп емес, тегін іздеп кетпей жүргенін де сезген. Жалғыз қаласың-ау деп бір қорқып, жар тапсам жақтырмай қаласың ба деп бір жасқанып, ақыры әкеңді аяғаннан кетіп тынған екенсің-ау. Қайбір сүйгеніне кетті дейсің.
Әйтеуір сүйеу болар біреу де. Қатыны өлмесе, қырықтың тоғызына дейін өзін қызға сақтаған қай сері қалып еді бүгінде?! Сиғатты сандалтқан тек осы жұмбақ.
— Аруағыңнан айналдым, қайран Жөкем! Менің оқ қағар Періштем! Тағы да екеуіміз қалдық па?!
Жәкесінің қабағы қату, жанарында кейіс бар еді. Екі этаждан құйрығына қоныс таппай, қай бұрышқа барып қамалса да қыр соңынан қалмай қадалып кеп қарап тұрғандай көрінді де қаймығып қайтып келді.
— Тағы да екеуіміз қалдық қой!..
Жәкесінің жауабы біреу-ақ: "...дети мои!.." Жүрек толқытар жалғыз ауыз сөз ұрпаққа ұран болып қалады деп кім ойлаған?! Болашақтың үміті мен мұратын арқалап жүрсе де адам деген тіршілік жаратқанға қашан да сәби, "...дети мои!".. Осыны айтқан әулиенің ұрпағы болсаң, дуалы ауызға сиынбасқа не шара!.. Үш жыл соғыста қоян-қолтық қатар жүріп, үш жыл қоршауда қойындасып жатып көкірегін жылытқан Жәкесі күні бүгінге дейін тар жерде жебеу, тарыққанда демеу болып, Сиғаттың жалғыздығын да бөліп-жарып келеді, алпыстағы кексенің де жүрегін елжіреткен сол "дети мои!".
Бұған дейін "тіршілік жолында" кіре тартқан Сиғат блокаданың екінші жылында бір взводты басқарып, сиреп қалған офицерлер қатарын толтырды. Әскери тәжірибесі болмаса да аз уақытта қаны қарайып, соғыстың айла-шарғысына машықтанып алды. Совет өкіметі кісі өлтіруге ешкімді дайындамаған, оны да соғыс үйретті; бір ғана Сиғат емес, бүкіл батальон — соғыс жабдығына көшкен Киров заводының жасақшылары станоктарын балалар мен әйелдерге қалдырып, еркек атаулы алғы шепке шыққан, қолына қару ұстап көрмегендер де қырық жыл қырғынды бастан кешкендей ажал деген зауалдан үркуді қойды.
Екі тәулік ұрыста сан дүркін қолдан-қолға өткен бірінші мен екінші траншеяның арасында жау өлігінен төбе тұрды. Фашистер тіріні аямағанда, олардың өлігін қастерлеген де ешкім жоқ, серейіп қатқан фрицтер қармен кептеліп траншея мен окоптардың брустверінде де баррикаданың мөшегіндей қалқан боп үйіліп жатты. Сиғат взводынан бес адам шығын болды, он адам ауыр жарақаттанып кері қайтты, қалғаны он алты: өзі, он төрт жауынгер, он алтыншы Жәкең!.. Жалғыз взвод емес, бүкіл батальонға, жаумен айқасқан, аштықпен, ажалмен арпалысқан Ленин қаласына рух берген Жәкең екі тәулік бойы кировшілердің қатарында жығылмас жалаудай желбіреді. Толассыз боздаған снаряд пен жаңбырдай жауған қорғасынның астында ұрып та қырық сегіз сағатқа созылған атыста Жәкеңе бір оқ дарыған жоқ еді. Астан-кестені шығып жер мөңкіп жатқанда жүзіне дақ тимеген Жәкеңе жауынгерлер де тәнті боп алдына бас иген.
Бетпе-бет аңдысқан жаудан қорқыныш аз; ажалың жетсе сені өлтіреді, ажал түртсе оны өлтіресің. Пенде шіркіннің берекесін алатын — үрей, немістер соны қарудың күшімен жасады. Оның аты — "аралас шабуыл" дейтұғын тактика: аспаннан бомба, көкжиектен снаряд ұлып, қарсы алдыңнан танкі мен жаяу әскер құмырсқадай өріп шыққанда жер жарықтық қазандай қайнайтын. Екі тәуліктен соңғы саябырда батальонның қарауыл пунктінен екінші эшалонға шегініңдер деген бұйрық келді. Артиллерияның мүңкір-нәңкірі қайта басталса, онсыз да екінің бірінен айрылған әскери бөлімнен дым қалмайтынын әркім сезген. Мұндайда жауды ұмтылтып алып, ұяға кіргізіп алып, байлап қойып соққандай ауыр зеңбірекпен бір мылжалап жібермесе, қаптап келген селге тосқауыл болу қиын. Әредіктің өзінде де қылт еткенді қағып салып жау снайперлері бас көтертпей тұр еді.
— Жолдас лейтенант! Жолдас командир! Дя-день-ка! — деп жан ұшыра айқайлаған жап-жас жауынгер ход сообщенияға жете беріп мұрттай ұшты.
Қарақұстан тиген оқтан тіл тартпай кеткен екен, қарысып қалған қолынан Жәкесінің портретін зорға алды. Ленинградтық өреннің бірі, он сегізге толар-толмас орыстың өрімдей жас баласы Жәкесінің суреті мен бір шоқ өлеңін жау қолына тастамаймын деп шейіт болды. Сол күні Сиғат Жәкесінің бейнесін партбилетпен қоса бүктеп төс қалтасына салған. Сол бейне үш жыл бойы төс қалтасынан, жүрегінің тұсынан қайтып шыққан жоқ. Кім біледі, су ішкілігі мол шығар, сан рет ажалмен бетпе-бет қақтығысқанда Сиғатқа бір оқ дарыған емес, денесіне бір жарақат түспепті.
Әлі есінде, әредік демалысқа шыққан батальон санитар бөлімшесімен қосылып өлгендерді жерлеп, қаңырап қалған үйлерді тінтіп жүріп ауру-сырқау, аш-арықтарды жинаған. Әуе шабуылынан сақтандырған сиренаның ащы айқайы төбе құйқаны шымырлатқандай. Ыңырсыған жас баланың даусын естіп Сиғат биік үйдің шеткі бір подъезіне қойып кетті. Қай этажға шыққанын да білмейді, әйтеуір әр есікті тепкілеп жүріп, көрпеге орап тастаған бір жасар баланы тауып алған, анасы байғұс кереуетке басын сүйеген қалпы жалғыз түйір қатқан нанды сәбиінің көкірегіне қойып көз жұмған екен. Аяқ астынан есік-терезе сықырлап, дүние теңселіп кетті де Сиғат жан-дәрмен баланы көтере жүгірді. Онан кейін естігені — гүрс еткен қопарылыстың гуілі мен шайнасқан темірдің сақыры, бұрқ еткен шаң-топырақтың аспанға атқан лебі тынысын бітеп тұншықтырып тастаған. Көзін ашып алғанда аспанда тұр екен, маңайында қармайтын дым жоқ, жалғыз бетон діңгекке ілінген баспалдақтың темір торлы үзігінде әткеншек теуіп тұр, әлгіндегі бес этажды биік үйдің төменде дөңкиген үйіндісі ғана жатыр. Алдымен іздегені — көкірегіне қысқан сәби, алдымен есіне түскені — көкірегіне басқан Жәкесінің бейнесі... "Атыңнан айналдым, қасиетті Жәкем! Менің оққағар Періштем!.."
Бір жасар сәбидің тегін қазып жатуға мұрсат болған жоқ, сол күні әкеліп балалар үйіне тапсырды.
— Жасы?
— Білмеймін.
— Ұл ма, қыз ба?
— Білмеймін.
— Аты жөнін де білмейтін шығарсыз?
— Білмеймін.
— Қай адрестен алып келдіңіз?
— Ол адрестің орны да қалған жоқ.
Қабылдап отырған келіншек Сиғаттың бүкіл документін тәптіштеп жазып алды да:
— Қандай тілегіңіз бар? — деді.
— Қандай тілектің болғанын қалайсыз?
— Эвакуацияға жіберелік пе, әлде...
— Бір жасар бала эвакуацияға шыдай ма? Егер тірі қалсам...
— Тірі болыңыз! Сәбилерге соғыстан кейін де пана керек.
Ленинград құрсауы ашылған соң өкімет ғалымдар мен мамандарды дереу бейбіт еңбекке қосты да академияға қайтып оралған Сиғат алдымен балалар үйін іздеген. Бір жасар сәби екі жасар Мира Сиғатовна Сапанина болып алдынан шығып еді. Мирадан Меруерт болып бой жеткен соқталдай қыз отыз жасына дейін отырып қалып, әкесіне айтпастан қашып кеткені мынау. Еркелетіп, көбіне Жәкесінің қызы деуші еді, бірақ туғаным емессің деп айтып көрген жоқ, ол құпия Жәкесі екеуінен басқа естір құлаққа жеткен емес.
— Қалай, Жәке, тағы да жалғыз қалдық па?..
Жәкесі тіл қатқан жоқ. Жымиып күлгендей болды... Елге тірі жетсем қос Жәкеңді бір-біріне табыстыратын шығармын деуші еді. Тірліктің қамымен жүргенде ұлы ақын көз жұмды да бейнесі Алтайдан Алатаудың баурайына жетпей қалды. Сан дүркін зират етіп барып, тастап кетуге қимады. Жамбыл — музей экспонаты емес қой! Жәкең — ел рухы! Ұлы ақынның рухы қай қазақтың төрінде отырса да бәрібір емес пе!..
5
Сиғат Жәкесін қолтықтап тысқа шыққанда көкжиектен таң да сызып қалып еді, жалғыз көшенің төбесін жамыратқан шам нұры бозарып, Ақсу түндігі аспандап барады екен, дым тартқан ауа сынаптай нілденіп, дүние сеспей тұнып тұр. Ырылдасуға да жасқанып, іңірден қалған сүйек-саяққа жете алмай ыңыршақ столды аңдысқан арғы беттің кепек иттерінен басқа қыбыр жоқ.
Қайда сыйды екен?.. Қайда сыйса да бір жылға сыйғыза тұрса екен. Қар түскенше де екі ай қалыпты. Екі айда он шақты үйдің қабырғасын көтеріп, шаңырағын шатырлап алса... Бұл елде пеш қалаушының да тұқымы азып кеткен екен-ау! Кірпіші құрғыр да табыла қойса де. Әлде соның керегі болар ма екен? Сары балшықтан орыс пешін соқса бір семья соның төбесінде-ақ қыстап шықпай ма. Тағы да Осип шалдың қолына қарайтын болдық қой. Байғұс қалжырап қалған екен, бірер жылға өлмей тұра тұрсын де. Баяғыда аш-арықтың пешін жалғыз өзі қолтоқпақпен соғып шығып еді, содан бергі елге кеткен тегін еңбегін есептей берсе ендігі колхоздың дәулетін жиғандай екен-ау!
Бір кездегі ашаршылықтың моласындай жар жағасында жарбиған ескі флигельге жеткенше Сиғат шаруаның уайымын тауыса алған жоқ. Мүкпен нығыздап, тақтаймен қаптап, мұны да Осип тұрғызған еді, көсілсең сирағың сырттағы итаяқты тебетін жатаған күрке екеуіне біраз жыл баспана болған; қотыр тескен қыршаңқыдай қабырғасы мен шатырын қына басып қалқайып әлі тұр, қайта сүйегі мықты екен, күнгейдің бітеу қызыл қарағайы тағы да бір ұрпақты қартайтқандай. Жан шыдаса ағаш шыдайды-ау, тек ағаш шыдайды деп білдей бір келіншекті ескінің жұртына қамап қойған сенде де иман жоқ екен!..
Сиғаттың келуін күтіп тұрғандай Меңсұлу есіктің көзінен қарсы алды. Лып еткен ыстық лебіз тар бөлменің қапырығынан емес, жұқа жібектің ішінде балықша жүзген бұладай келіншектің жалаңаш денесінен тепкендей еді. Шаршап келген Сиғаттың тұла бойы тоққа басып алғандай дір етті. Пиджагының түймесін іздеп өңіріне жорғалап бара жатқан келіншектің жұп-жұмсақ қолын алақанымен басып тоқтатты да:
— Алдымен мына Жәкеңнің орнын тап, — деп зілдей раманы ұстата қойды. — Мен енді зорлық қылсам да осы үйге сиятын шығармын.
Сиғат төбеге қарап, өзінің баяғы таз кепешін қайта кигендей болды. Меңсұлу алғашында тірі Жәкеңнің алдында тұрғандай именіп қалды да, мұның қалай дегендей Сиғат жүзіне үрке қарады; бөгелек қадалса бүлк етпейтін сақа серінің бетінен түк оқи алмаған соң Жәкеңді көтеріп түпкі бөлмеге кіріп кеткен, қайта шыққанда сырт киімін шешініп, диван бұрышына қыңырая салған қонағы тағы да жүдеп, шөмейіп кеткендей көрінді. Бозарып, өңі қашып бара жатқан терезенің әйнегіне әлдебір үмітсіз уайыммен жасқана үңіліп:
— Шіркін-ай, серейіп тұрып бір ұйықтар ма едім! — деді.
Іңірде келіп таң бозында тайып отыратын еркектің бүгін таң бозында келіп мезгілсіз төсек тілегенінен Меңсұлу бір нәрсені сезіп еді; іңірде ыстық құшағымен қарсы алып, таң бозында суық жастықты құшақтап, бауыры мұздап қала беретін жетімсірей көңілі сенерін де, сенбесін де білмеді. Жамылғысы мен жастығын алып кеп диванға төсемек еді, Сиғат қолын селқос сермей салды да түнемелге кіріп кетті.
Меңсұлу төсек-орынды құшақтаған күйі тұрып қалған, буын-буыны қалтырап, құдды бір көрпесінің етегі тұңғыш ашылғандай демі дірілдеп дел-сал күйге түсті де Медетті көкірегіне тас қып қысып, еміреніп жатқан Сиғатқа ұмтыла беріп құшағындағысын тастап жіберді. Жан-тәнімен жақсы көрсе де жарым бола көр деп жалынбаған, егделігін ескермей кісілігін тана екшеп, не бір міндетін, не бір мұңын артпай сыртынан ғана мекіренетін келіншек, сонау бір қыз шағындағы Сиғат құшағына құлаған бақытты сәтін бір бастан кешкендей болды да, осы бір күнді баяғыдан аңсағандай теңселіп барып кереуетке етпетінен құлады. Баласы екеуін қабат құшақтаған ыстық білекті Сиғат сырып тастаған жоқ, үн шығармай ағыл-тегіл жылағанда да қой демеді, жауырынын қарыған жұп-жұмсақ омыраудың тоқтығын жанымен сезіп жата берді.
— Қырықтың тоғызындағы қай бойдақ ол? Әйтеуір, менен кәрі емес пе?!
— Ағатай-ау, сенсеңіз сол шаруаға менің еш қатысым жоқ. Бар көргенім — вертолетке отырды да кетті. Қасындағысы Қылаңхан, екеуінің бұрын-соңды әңгімесін де естіген емеспін, — деп Меңсұлу азарда-безер болып, ат-тонын ала қашты да тым-тырыс үнсіз қалып еді, — кәрісіз деп тітіреніп, жаспын деп исінбей жүрген сәтім болды ма? — дегенді күрсініп айтты.
Солай ма еді?.. Меңсұлудың Меруертпен шамалас екенін де ескермепті-ау. Біреудің қырық тоғызын көпсінгендей өзің қаншалық қылшылдап тұр едің? Өмірі әйел затының не көркіне, не көмпісіне жығылып көрмеген Сиғат Меңсұлумен алғаш кездескенде-ақ "қарағым-ай, сен де біреудің басы байлы қатыны болар ма екенсің?!" — деп өзінің ескіріп қалғанына өкініп еді. Қызметке шақырғанда да елп етіп келе қояды деп ойламаған. Жөпшеңкі жігіт-желенді менсінбеді ме, әлде жігіт-желең сақа серінің қызғанышынан жасқанды ма, әйтеуір Меңсұлу отырыңқырап қалды да соның ақыры...
— Қарағым-ау, сені басқаға қимаған қызғаныш еді ғой, мені қаңғыртқан! Кәрі қақсалдан сен не іздеп едің?!
— Мен де сізді басқаға қиып жүргенімді қайдан білдіңіз?!
— Солай ма еді?.. Кісі жамандап, кісіге жаман атанып көрмеген Сиғат өзінің әйел жұрағатына өтімділігін мақтаныш тұтқан емес; әуелде күні кісі қолындағы қорғансыз жұртқа жанашырлықтан басталатын бір сезімнің кейін пендешілікпен бітерін өзі де аңғармай қалатын; әйтеуір еркек қой деп емес, адам ғой, азамат қой деп ерге тән бір қасиетіне құлап, жан тартып өткен ұрғашыны бұл да жек көрген емес.
— Жіберші андағы пұшықты, манежіне апарып салайын.
— Жата берсін.
— Жоқ жатпайды!..
Меңсұлу Медетті көтеріп ала жөнелгенде ұйқы меңдеген Сиғат боз сағымды бұлдыр дүниеге маужырап батып бара жатыр еді, көзін тағы бір ашқанда үстіне төніп кеп қалған аппақ мүсінді боз сағымның толқынынан көргендей болды... Боз сағымның толқынында тағы да ақ маска тұр еді...
БЕСІНШІ ТАРАУ
1
Күреңсе мұрты қызыл күрең. Алтайда алғашқы үсік жүрді. Күнгей қуаң, теріскей құлазыған. Ертеңгілік боз қыраудың артында енді боқырау бар. Боз аспанда рең де жоқ. Самарқау күннің салқын нұры да жалаңаш шыңдардың жақпарына қонақтай алмай нілі қожырап қалған. Әуеден бояу, жерден нәр, желден иіс қашқан шақ. Қатын қашанда асау. Аты сүрініп, маткапыда суға кете жаздаған Бескемпір оның жетпіс жеті атасын сыпыра санап шығып еді, әупірімдеп арғы жағаға өтіп алған соң: "кешір, жарықтық!" — деп Қатыннан кешірім сұрады.
Қатын — баяғы сол қатын. Мұзтауды егіздің сыңарындай тел емген Бұқтырманың сіңлісі, кішінің тентек келетін әдеті шығар, сонау ұлы қағанаттан бергі титулын әлі ұмытқан жоқ, шыңыраудың түбінде жатып-ақ Алтайдың асқарын ашуымен селкілдететін көк долы еді, бір апта бойы сүргіндеткен жаңбырдан ба, кемерге сыймай құп-құла боп түтігіп жатыр.
Құлағына су кеткен құла бесті көпке дейін есін жия алмай сандалып қалды; қолтығы дірілдеп, қайта-қайта оқыранып, қара керді иіскей берді.
— Албасты басты ма!! — деп Бескемпір құла бестіге ұрысты. — Шіріксің! — деп Асекеңе ұрысты. — Үзеңгіні басып отыр десе шыжбындап аяғыңды көтере бергенің не?!.. Ер ауып кетсе ғой, сүйегіңді Биден сүзіп, өлігіңді Түркістанға сүйреп ит болам... Саған алаңдаймын деп...
...Өзім майып бола жаздадым дегенді айтқан жоқ. Әлгінде ғана күйіп-пісіп, өзінің де осалдық жасап қойғанын мойындағысы келмегені шығар.
Кімнің бор, кімнің тас екенін Ит біледі те, әйтеуір екеуі даң құрдас екен. Асекең Бескемпірдің айқайына құлақ шалған жоқ-ты, оның аты сүрінгенде де артына бұрылып қарауға дәрмені жетпеген, тек бір дүркін ту сыртынан құла бестінің шұрқырай кісінегенін естіп еді. Судан қорқақ неменің есіл-дерті арғы жағаға жету болатын, есінде қалғаны — күркіреген судың сарылы, ат танауының парылы, жүзіп келе жатқан қара кердің қос құлағынан көз жазбай, өлі мен тірінің арасында қалшылдап отырған. Қырға шығып, бір ажалдан құтылып алған соң ғана серігін ойлаған болды: "япырау, Бескемпірсіз ел бетін қалай көретін едім?.. не деп көретін едім?.."
— Мә, өз атыңа мін! — деп қара кердің тізгінін ұсынды. Серігін мүсіркегендегі түрі осы.
Аяғын әншейінде де шалыс басатын жорғаның тау-тасқа, суға, түн баласында жүріске шорқақ келетіні рас. Сушыл жануар еді деп Бескемпір Қатыннан өтерде қара керді Асекеңе өзі түсіп берген, енді аударып қайта мінбеді. Қатарласа беріп құланың сүмектеген жалына қол жүгіртті де:
— Жарықтық, өзі де қатты қорықты, — деді.
Құла жорға ішін тартып күрсініп салды да қара кердің үстіндегі тұздаған тұлыптай мыңқ етпестен сіресіп отырған "шірікке" бұрылып бір қарап сүмеңдей берді.
— Он шақты жылымды осында өткердім демесең, тайганың сені жатырқайтын талай жынысын тауысқан жоқсың, — деді Бескемпір. — Атынды шаужайламай, тізгінді еркіне жіберіп жайыңа отыр.
Аттың жайын Асекең Бескемпірден сұрамас та еді, тек жалқы жігітті аяқ асты оқыстан сақтандырғанын іштей түсінді де тіс жарып ештеңе деген жоқ. Кез келгенде аңқылдап жығыла бермейтін мүскене көңіл Бескемпірдің мүсіркеуіне бүлк ете қалды: жатты да, жақынды да тосырқамайтын тайганың көп жұртынан, көмпіс жұртынан табиғаты бөлек жігіт екенін әуелден-ақ сезіп еді, егіздің сыңарындай болмаса да екінің біріндей мінез-құлықтың ұқсастығын да іштей ұнатып қалған; дос-жараннан жери бастаған Асекеңнің соңғы кездегі ермегі Мешел де қара тұтып еретіні Бескемпір, бірінің тұщылығы, бірінің ащылығы Асекеңнің кермектеу тірлігіне тұздық болғандай еді. Күншіліктегі көпірмен айналып өтуге мойны жар бермей өткелсізге тура салған Бескемпірдің өзі болатын, әншейінде біреудің ынжықтығына өті жарылғандай ысқырынып шыға келетін кінәмшіл жігіт бұл жолы "шіріксің" деген сыпайы сөзден аспады.
Тайганың түні де аяқ-астынан келді. Тайганың тас қараңғы түнінде саңылау жоқ. Күзге салым орман да мылқау. Мылқау тыныштықтан "тұздаған тұлыптың" құлағы тұнды. Ілгерідегі ат тұяғының дүрсіліне ергені болмаса, Бескемпірдің қарасын да көре алмай, көзі таңулы адамдай басы шыр айналды. Екі-үш дүркін дыбыс беріп еді, көрдей қараңғыда өз дауысынан өзі қорқып пыстай болды. Оның үстіне кеңірдегіне дейін шылқып отыр; қара тонның пұшпағын қойып жең-жағасы да бұрап алғандай. Түн баласында жылы ошақ, жайлы төсектен озбайтын сорлы басым тайгада нем бар еді деп те өкінді. Сонан қалың жыныстың ортасынан жылт етіп жалғыз от көрінгенде ғана кірпігіне жан кірген...
Жерошақтың басында итініп үшеу отыр екен: бірінің қолында тоқпақ, екіншісінде қалбыр, үшіншісінде желпуіш астау. Ортадағы брезентте жаңа соғылған балқарағайдың жаңғағы құмырсқаның илеуіндей жоталанып қалыпты. Аузын шымшып буған сере қап қарағайға сүйеніп қылжиып отыр. Жайнамазға жығылғандай тоңқаң-тоңқаң үйездеген үшеуі ат тұяғының дүрсілінен атып-атып тұрды да, көнетоз суыр құлақшынды біреу Бескемпірге үріккен түйедей оқшырая қарады.
— Ой, ботшағар-ай, сен бе едің! — деген даусынан Асекең Ситан сыболышын зорға таныды.
— Енді кім деп едің?!
— Бәсе, сенен басқа жеті түнде итім жүруші ме еді!..
— Менен басқа да әзірейілің келіп тұр! — деп Бескемпір ат үстінде итиіп отырған "тұздаған тұлыпты" иегімен нұсқады.
Ситан оған да қыңған жоқ, "тұздаған тұлыпты" пошымынан таныса да келсең ошақ міне, кетсең жолың әне дегендей брезентке қайта жүгінді. От басына келген соң екі жүргінші бусана бастаған, шолақ тондардың жең-жағасынан бықсыған буды көріп Суыр құлақшын езу тартқан болды.
— Қатынға шомылып шыққаннан саумысыңдар?!.
— Жыл он екі ай жұлығыңа да су тимей шіріп отырып біреудің қайда шомылғанында шаруаң қанша?! — деп Бескемпір Ситанның езу қисаңын да жақтырмай қалды. — Онан да қажақ-құжақ бірдемең бар ма, соныңды әкелсеңші!..
— Саған сүр қазы, қысырдың қымызын дайындап отыр едім...
— Ол сенің қолыңнан қайдан келсін. Келсе, ине жұтқан иттей имиіп отырасың ба!..
Қалбыр ұстаған екінші адам совхоздың жылқышысы Пәтла еді. Мыс сақалдың өр тұсына ойдым-ойдым боп түскен ала жамау жирен жылқының жауырдан қалған ақ қапталына ұқсаған, бір құлағын жымыра киген елтірі құлақшынның жапсарынан ербиген құла самайдың көкшулан қылшығы жарты ғасырды жеп қойдым деп отыр. Отызға таяп қалған жас жігіт Пәтланың тұла бойы тұңғышы болып шықты; тумысымен де, тұрпатымен де әкесін аумай қайталаған екен: аңызғақ жалаған жемтір бет-аузы, кірпіксіз шүңірек көз тайганың бағы бір ұры қашқындарындай ашқарақ көрінді.
Ситан қара шәугімді мосыдан түсірді де от басына майлық жайды, балқарағайдың шайырына сынысып, қаңылтырдай қақпыш боп қалған ала қоржыннан обраттың құртын, қатқан нанның қоқымын төкті. Ситанның бет-аузы да ала қоржыннан бөтендігі шамалы: жидіген қылшық сақалдың арасынан кемерін арамшөп басқан ескі құдықтай үңірейіп жүнді ауыз, жалақ еріннің ар жағынан бірі ұзын, бірі қысқа ыс жеген суыр тіс көрінді. Жанарында от та жоқ, күлкілдеген көз жиегіндегі кірпік те өрт шалған бұғадай шанжау-шанжау. Су қараңғы соқырдай екеуіне мөлиіп біраз отырды да:
— Ой, бәтшағар-ой, мені тонауға біреуің де жететін едіңдер ғой, мынаны неменеге жетелеп келдің? — деп Асекеңе иек қақты.
— Итімді қорқытып отырған шығарсың! — деді Бескемпір. Монтанысып бақ!
— Бүгінде алысты қойып ағайынның қай итін қорқытқандайсың! — деп Ситан да айылымды жимаймын дегенді танытты.
— Жылу жинайтын біраз жұртың кетіп қалды, жұртта қалған бізден аузың ари қойса-ау...
Қара қостың шөп шайы тым ащы екен, екі-үш ұрттап, өңез жалағандай быржиған Бескемпір алюминий крошкені қаңқ еткізіп от басына лақтыра салды. Ситан қара шәугімді тоңқайта сарқып, тоңқайып отырып қара суды ұзақ сораптады. Төбесіне шайыр кептелген шырыш саусақтар майлық пұшпағындағы қатқан құртты да жалғыз тартып тауысқан. Ас иесінің тамсана сораптаған қара суына қарап жатып семірген аққаптал да, оның тұла бойы тұңғышы да майлыққа қол созған жоқ, бұл тұмырдан мүлде бөлек, жаңғақ кемірін дөй далада отыр.
— Құдая тоба! — деп Бескемпір езуімен арпалысып жатқан аққаптал мен оның тұла бойы тұңғышына жаулыға қарады.
— Адамның тозғанын көріп едім, азғанын көрем деп кім ойлаған!..
Аққаптал уысындағы жаңғағын төгіп алды, бірақ жалмаңдап жаман үйреніп қалған ауыз шайнама іздеп ырбаңдай берді. Аң-құс түгілі, тайга кезген адамның да ала жаздай ауызы босамайтын әдеті. "Жылқың қайда?" — деп Бескемпір зірк еткенде аққаптал күйісінен бір жаңылып еді, базданған етектей ерін сонда да жиналмай: "жағада жатыр да", — деп балш ете қалды.
— Жағада жатқанын қай жеріңмен бал ашып біліп отырсың?! Менің мына құлағым керең болмаса, жағадан тырс еткен тірі мақұлықтың сыбдырын естіген жоқ!
— Жердің оты қашты, енді аяқты мал арқандасаң тоқтай ма, — деп Пәтланың жауабын Ситан қайтарды.
— Оттапсың! — деді Бескемпір.
— Қарашада қайта көктейтін күнгейдің күреңсесін сарша тамызда сабан қып отырған түрін қарашы...
— Осы сенің торығаның орман емес пе еді? Жұрттың жылқысында не шаруаң бар?.. Әлде нағашыңнан қалған еншіңді қосып қойып па едің?..
— Саған қалған сөз жоқ! — деп Бескемпір Ситанға бежірейді.
— Бар тірлігің тышқанның сыбағасынан пұл табу еді, соныңнан айырылып қалмай тұрғанда қысып отыр!.. — Бескемпір қарағайға сүйенген серейме қапты шірене беріп бір тепкен, шымшып буған ала қаптың аузы лақ етті де қылжиып барып құлады.
Түзде тімтініп жүріп, азып-тозып жүріп жиған нәпақасын аяқпен теуіп қорлаған соң Ситан да шарт сынды.
— Арыстанның сыбағасы атқамінердің ауызында кеткен соң бізге тышқанның несібесі де қанағат!.. Әлде менен соны да қызғанып отырмысың?!
— Қызғанғандай сенің қай ырысың жұртқа қасиет боп қонып еді?! Қайыршыға пана, қаңғыбасқа тұйық боп көрмеген байғұстың бір қап жаңғаққа семіруін қарашы!.. Осының бір дәнін қалдырсам ба!.. Ертең апарып штрабыңмен қоса лесхозға тапсырасың!
— Тапсырмасам тарттырып жіберетін шығарсың!.. Әуселеңе қара!
— Жер ауасың! — деп шақшиды Бескемпір. — Хуатит!.. Бір саяқтан бұл елдің малы кемімес!..
— Тұқымыңмен жер ауып үйренген екенсің! Біздің бөксе басқан жерін шірітпей қозғалмайды!
— Шірітіп болдың! Хуатит!.. Өрен-жараныңды түгел шірітіп жібермей тұрғанында көзіңді құрт!..
Сөзі таусылған Бескемпір Ситанның суыр құлақшынын сыпырып алды да бұрап-бұрап тастады. Суыр құлақшынды емес, Ситанның шыбын жанын шырқыратып жатқандай еді, бірақ мал иесі қыңқ етпестен, реніш те, ашу да жоқ, идектеліп қалған тәйтеріні жайбарақат көтеріп, жидіп кеткен жирен қылшық төбесіне жаба салды. Бескемпірдің бет-аузы онан сайын бедірейіп Асекеңе қарады.
— Сен ғой осыны іздеп келдің? — деп Ситанның сәңірейген танауына сұқ саусағын тіреп тұрып ысқырды.
— Өлсе сүйегін көмбейтін ит қой бұл! — деді. — Ит! — деді. Танаурап орнынан атып тұрғанда ошақ басындағы тоқымдай қара жер солқ етіп мөңкіп түскендей болған. Сол бойда Ситанды таптап кете ме деп еді, су шалғынды жапыра, қалың бұтаны қақырата жыртып, жын қаққандай бытқылға қойып кетті. Қараңғыда ер-тұрман сылдырлады, іле-шала екі аттың ер тоқымы ошақ басына күрс-күрс ұшып түсті де итініп отырған төртеуі шоқ аралас ыстық қоламтаның астында қалды.
— Ләухи! — деп сақалын тұтқан ұлпа күлден бет-аузын аршып жатып Ситан қараңғыға кіржие қадалды. Ар жағын қалған үш көзге естіртпей жасырып сыбаса керек, жүнді ауыздың тозып кеткен ақ жемтір қайысы қисаңдап әрең басылды.
Екеуінің екпіні аққапталды қозғады, оның етегін баса көтерілген "тұла бойы тұңғышы" да өтірік күйбеңдеген болып жатыр, сірә, жорта болса да жылқыны ымырттап қайтпақ.
Жылқышының қара қосын Асекеңнің ұмытқаны қашан, тек бала кезіндегі талай-талай өзек жалғап қайтатын таңсығы ғана есінде қалыпты. Қара қостың тақыл-тұқыл сары қымызы мен сағыздай сары ірімшігінің тоқтығы аш құрсаққа бір дәурен еді-ау. "Жылқылы ауылдың желігі бар" дейтұғын қазақты қара қостың қара тамағы да құтыртатын... Бүгінгі қара қос-сабалақ самырсынның панасы, төбеде күрке, аяқта таянақ та жоқ. "Құдая тоба, адамның тозғанын көріп едім, азғанын көргенім осы!" — деген Бескемпірдің кейісін есіне алғаны сол еді, екі атты арқандап қайтқан Бескемпір ерден жастық, тоқымнан төсеніш жасады да серігіне шешін деп бұйырды. Әуелі тонын сыпырып алып, қарағайға күрсілдетіп қары талғанша ұрды. Сонан соң ішкиіміне дейін түгел сыпырып алып дымқыл тонды қоңылтақ жапты.
— Әлжуаз неме сияқтысың, өкпең қабынып жүрер, — деп жанашыр болған секілді еді, жалаңаш денесіне түрпідей қадалған қылшықтан тітірене шоршып түскен Асекеңді, — көк жамбас болып көрмегендей! — деп бала кезін есіне сала сөгіп тастады. Жүннің аты жүн, бөксеңмен ырғап жатсаң да кептіріп аласың, астана емес, бұл тайгада мүсәпірхана жоқ, ширатылмай өлмес күніңді ойла!..
Ситан да өлмес күнін ойлап жатқан: балқарағайдың жаңғағын екінші қапқа нығарлап, брезентті қағып-сілкіп ошақ басына төседі, суыр құлақшынды маңдайына милықтата керіп, үсік алатындай құлағын тас қылып байлап тастады. Серейме қаптардың екеуін де сүйреп келіп бірін аяғына, бірін басына жастады да бел омыртқасына самырсынның былқылдақ бүрінен төсеніш жасады. Ситанның әбігерін жақтырмағанын Бескемпір қырс қабағымен танытып еді, сол қырсыққан қалпы қанжығадағы грелканы шешіп, тығынын ағытты да алдымен Асекеңе ұсынды.
— Мә, жұт!.. Өлгің келмесе жұт!..
Спиртке су қоспаған, кәдімгі тоқсан алты. Өзегіне от кеткендей қылғынып, тоқсан алты рет жұтынып барып өлмей қалды. Ықылық атып отырып су сұраған, су бере қоятын Бескемпір ме, талтайып тұрып грелканы аузына кептеп жатыр екен, өңеші қылқ-қылқ, артынан май сіміргендей рақаттана күрсініп салды. Брезент астынан Ситанның жүнді аузы, жамаулы бөксесі көрінді; жүнді ауыз бұл дүниеден көп нәпақа күтпейтін сияқты, үңірейіп жерошақтың ыстық қоламтасын аңдыған жамаулы бөксеге ыстық-суығың бәрібір секілді. Бескемпір грелканың тығынын қайта бұрады да талтайып тұрып, есік көзінен әлдебір бұралқы итті қуғандай:
— Әй, тұр! — деді. — Өшір мына отты!
— Өшірмесем қайтпексің?!
— Дүміңді қақтап жеймін демесең өшір!
— Аю бар.
— Аю сендей сасыққа ауыз былғап қайтсын! Өшір, өрт кетеді!.
Ошақтағы қоламтаны күлге бөлеп, қоздаған шалаға су құйып өшіргенше Бескемпір Ситанды талтайып бақты да тұрды. Жүнді ауыз, жамау бөксе, суыр құлақшын Ситанмен қоса бір уыс болып брезент астына сүңгіп кеткенде ғана қарағай түбіндегі құрғақ мүкке ер жастанып қисая салды. Киіз үйде дүниеге келіп, шыр етіп жерге түскенде алғашқы төсеніші ши болған қазақ байғұстың жамбасы болса мамықты да жатырқамайды, болмаса тәйтері-тулақ та іздемейтін әдеті. Лесхоздың бір бөлімшесінің бас орманшысы атанып, билікке қолы жеткеннен бері де Бескемпір қара қостан ұзай алмапты. Өзі кәмпөртте жырғап жатқандай-ақ, шаруаның қайдағы бір елсіз-күнсіз қияметінде жүретін жансебіл жігітті Асекең аяп кетті. Қара бастың қамы үшін шырпы басын сындырып көрмеген салт бойдақтың көзі қырда, көңілі мен қиялы да елсіз-күнсіз қиянда екенін қайдан білсін. Спирттің әсері, әлде тонның қызуы ма, тұла бойы өртеніп, тынысы тарыла берген соң көкірегін серпіп тастады. Тас қараңғы тұңғиық әр тұстан жыртыла бастаған екен, сол жыртықтан қалтыраған жетім жұлдыздар көшкен бұлтқа ілесе алмай, қарағайдың ұшар биігіне соғылып іркіліп қалғандай көрінді. Жылқы өріп келе жатқандай жер дүңкілдеп еді, теңселген балқарағай басынан төмп-төмп ұрып тұрған жаңғақтың дәу бүршіктері екен. Желемікте қардың иісі бар, қар жаумаса да кәдімгі бозқыраудың қарбыз иісі, келер таң шайдай ашық болар. Тайганың қара күзінің соңғы түндері ызғарлы да әзірейілдей қорқынышты еді.
— Сапаның Тас күркесі деген жайлау осы, — деді Бескемпір, ол да ызғарлы аспанның қыдырмашы бұлтын көзімен сауып жатса керек.
— Баяғының жұртты желөкпе ме, жер-көкке сыймағандай үш күншілік қиянға үш қонып қайту үшін де көш сабылтыпты. Тоңы шілдеде зорға жібіп, қысы тамызда қайта түсетін жыныста мынау сияқты қаңғырған ит болмаса хайуан да тоқтамайды.
"Қаңғырған иттің" адресі өзі екенін сезді ме, ошақ басында теріс қарап жатқан Ситан жамау бөксесін бір ырғап:
— Жуансып бақ! — деп брезент астынан күңк етті. — Бір басыңа бес мың жылқы бітсе, үш күншілік қиян түгілі, қырым Қытайға сыймассың!..
— Оттапсың! — деді Бескемпір. — Оның бәрі приписка!
Ситанның суыр құлақшыны брезент астынан үркіп шығып еді, атам заманда құрдымға кеткен Сапаның қалың жылқысы дәп бүгін келіп осының егініне түскендей-ақ шыр-пыр болып, аяқ астынан ақтарылды да қалды.
— Әй, қырық жыл бойы үндерің шықпап еді, енді бүгін қи сасыған йен жұртына келіп бір аунағанға жал біте қалды ма?! — деп сасық күзендей тісін сақылдатып, шақ-шақ етті.
— Күн шалған таудың басын түгел жайлап, жер-су біткеннің атына дейін ен-таңба салып кетіпті!.. Сапаның Тас күркесі. Сапаның Сары алқасы, Сапаның Құзғындысы, Сапаның Текшесі, Көк жота, Көкалайғыры, тағы несі бар еді?! Артында қалған ұрық-шарқы көгендеп итжеккенге құса да қайтып кеп, сол күнгейдің басында жүр!.. Жұрттың қарыны мен қарын, ені мен тұрқын теңестіргендерің осы ма? Бір кезде биі мен бегінің алдын көре алмаған бейшаралар, бүгін соның иті мен битінің есігінен сығалауға пұрсаты жарамай жүр!
— Е, сенің қаңғырып теріскейде қалғаның содан екен-ау!.. Ой, бейшара-ай, обал болған екен ғой!..
Егес десе жалаңаш қолмен де от көсеуге дайын тұратын Асекеңнің делебесі мынау жайбарақат жатыстың бейбіт қырғи-қабағынан онша тоят таба алған жоқ. Екі бірдей керауыздың етін қыздыратын көк шыбықтың орайлы сәті осы еді:
— Құлақ шекеден жақсылап бір үтік басып жібермеген соң мынау жаяу ипастан қарап жатып ешкі қотыр болатын шығармыз, — деп екеуін бірдей жұқа шаптан бір түртіп қойды.
— Итке тастасаң иіскемейтін анау жидіген баста кейбір жетіскен құлақ-шеке қалды деп едің?!
— Ит жеркенсе де сенің айдай апаң иіскеп жатыр ғой, маған сол да жетеді!..
Асекең қанша шаптағанмен қысыр ырғыстан Бескемпір жеңілген болып құтылды, Ситан жеңген болып құтылды. Көрінген сидаға қасынатын қыршаңқы Ситанның көрінгеннің байпақ ішіндегі бақайының мүкістігін де көре қоятын қазымыр Бескемпірге жезде екенін естігені осы еді. Сәмиғаны жер жаратылғаннан білетін сияқты, алдымен сырықтай сымбатты келіншектің бойынан Бескемпірге ұқсастық таппай сандалды да артынша сол сырықтай сымбатты келіншектің шіріген молақтай мүжіліп қалған Ситанға қалай кезіккеніне таң қалып біраз жатты. Он жылдай қажасып, он жылдан бері бір-бірінен құтыла алмай, иісіне дейін сіңісіп кеткен Ситан сыболышына келіншектің де тәуірін қимай, көңілі қызғанып жатқандай: "бәсе, мінезі түгілі, міні де жұрттан бөтен секілді еді-ау!" — деп түйді, ондағысы.
Бескемпірді де Ситандардың үйіріне, үрім-бұтағына қоспағандағысы. Әкенің жақсысы жездедей-ақ деуші еді, мыналардан жезде мен балдыздығы жақындықтан көрі жаулыққа бергісіз сияқты; тебісе қалса аяқ жететін жерде дүм сүзістіріп жатып сәлеммен сыбасқан екеуі бір сәтте сап тыйылып, тым-тырыс дүңкиді де қалды. Бірін-бірі аңдысқандай, осы тым-тырыстың артында шартпа-шұрт майдан бардай еді; суыр құлақшында тыныс жоқ, серейіп қалған екен, Бескемпірдің бет-жүзі табытқа түскен өліктей тас боп қатып қалған екен. "Үр-р, ит, соқ-соқ-пен!" екеуін қажап қарқ боламын деген Асекең енді өзін-өзі қажай бастады...
"Ешкіні апа, текені жезде" қылған заманда Асекеңде де жезде болған. Обалы қане, Иранбақ тумаса да туысқандай жанашырлық жасаған, елдігі ат байлап түсер жалғыз қазығы еді. Ошарлы жанның ағын айырып отырған жалғыз сиырын сатып, қаланың жөлік-мөлігіне жем боласың деп трусиына тігіп бергенін, жалғыз торпағын біреудің бордақысына айырбастап қоржынына салып, елуінші жылдың басында оқуға жөнелткенін әлі ұмытқан жоқ. Бес жылдан соң анасын көшіріп әкетуге барғанда жездесі аппақ қудай шал екен. Шүңірейген қиық көзден қиястықтың ұшқынын таныды, онан басқаның бәрі өшіп, өліп қалған қу жан ғана: қорғасын кенінен жабысқан селикоз деген пәлекет өкпесін тас қып цементтеп, қабырғасын санап сөксең қыңқ етпейтін қайран жігітті сұлатып салыпты.
Кеужіріңнен құрт домалатқан шілденің шіліңгірі еді. Төбесі түтіндеген шолақ тамның екі есек қатар өтсе есігіңді таптырмайтын май топырақ көшесін шаң ен шыжықтың иісі кептеп тұр. Құжынаған қара шыбынды бүркеніп жездесі лапастың астында теңселіп отыр екен:
— Ойпырмай, мына жаман да кісі іздейді екен-ау! — деп өзін іздеп келгендей қуанып қалды, кеудесі керіктей желпініп, танауынан емес, иінінен дем алып отырғандай көрінді, түпсіз дүниеден бір жұтым ауаны несиеге таппаған көкірегі жыртық терезенің жықпылынан ысқырған қаңтардың үскірігіндей ұлиды.
Жездесінің "жаманын" жампоздың "жақсысына" айырбастамайтын Асекең осы жолы өзінің бір жамандығын сезінгендей, кісапырлығын мойындағандай Иранбақтың алдында мүжіліп, омырылып қалды. Оны іздемегені былай тұрсын, ойына да алмапты, қаперінде де жоқ екен. Ылғи да "мені ғана көр, мені ғана біл, маған қара, маған қарайлас" деп бар міндетін алыс-жақынға артып қойып алаңсыз, ашқарақ өскен жалқы неменің араны біреуге кеуілінің пұшпағынан қоңсылық орын бөліп беруге де жоқ екен-ау!.. Адам бол деп астанаға жіберіп, азамат бол деп кісіліктің соқпағына сүйрелеп салған жездесіне бармысың деуге жарамаған соң, әншейін ел бар деп алыстан еміреніп, жұрт бар деп сыртынан намысын жыртқан қысыр әуселеден не қайыр?! "Әй, Асеке-ай, ит екенсің-ау! Ит!.. Дүние ит екенсің иттен туған, мен-дағы ит екенмін сені қуған!.."
Дүние кезек деген осы екен. Кешегі екі үйлі жанды асыраған азамат бүгін екі әйелдің қолына қарап қалыпты. Кешегі жалғанды жалпағынан бастым деген қайран көңілдің бүгін көңілін сұрайтын ешкім жоқ, шіркін-ай деп күрсінгенде ғаріп басы жамаулы тірлікке сыймай жатыр. Зорлық деген осы да!.. Өмірдің өжетке деген зорлығы... Өлімнің өмірге деген зорлығы!.. Асекең талай зорлықты көріп жүр, бірақ, өлімнен өткен зұлымдықты көрген жоқ, әсіресе қан шығармай жан шығарған, қыршыннан қиған зорлықтан зұлым зауал жоқ шығар...
Анамды алып кетуге келдім деп айтуға батпай бір жұма жатты. Бір жұмада бір ғасырға қартайды. Бірақ одан дана да болған жоқ, ешкімге пана да болмайтынын сезді, мынау түпсіз дүниеден, сағатың жетсе бір жұтым ауаны да несиеге ала алмайтынын сезді, дәрменсіздігін сезді. Осы жерде балалығым өтті-ау деп ойлаған да жоқ. Дүниеге шыр етіп Асхат боп келмей, Асекең боп жиырма бір жасында топ ете түскендей, қажып, қаусап келгендей... Бір жұма бойы қара домбыраны қажады. Қара домбыра да үні көтерілмей қыстығып, зар тұтып жер бауырлап жатып алды, көмейі бейіштің қоңыр салқын үні емес, тамұқтың азасына булыққандай. Қоңыр...
Анасы оған тұңғыш рет жаман көзімен қарады. Онсыз да жер тартып жатқан адамның күні бұрын жаназасын шығарғандай күңіренбей қойсаңшы дегені болса керек. Жезде байғұстың қас-қабағы мұны да қалт жіберген жоқ. "Тартынба, бүй төпке тамұққа тартып тұрса сен жанымды алып қала алмайсың!" — дегендей Асекеңе үміттене, қиғаш көздің кекесін күлкісімен қарап еді. Көмей ұлығанмен саусақ жүрмеді, қара домбыра төбеге ұрғандай қақалып тоқтады. Ұлыған қара домбыра емес, Асекеңнің өз көмейі екен.
Жездесі алдаусыратқан болды. Қызметке тұрдың ә деді. Асекең тұрдым дегендей бас изей салды. Қатын алдың ә деді. Алдым дей жаздап көзімен жер шұқып қала берді.
Қатын алғанда да хабар беріп, шақырып алуға жарамапты. Жұрт сияқты ырду-дырду да жасаған жоқ, біреудің "времянкасында" жолдас-жорамен бір түн дүңгірлеткен, бәрі де сол бір түнмен біткен сияқты: бір қызды таңдады, жарасып кететіндей көрінген, енді ол да аузы-мұрнынан шығып отыр, сол келе жатқан шіркінге "нәңке" боларлық кәрі-құртаң да керек екен, шеше жазған да сол үшін керек екен. Сол үшін келдім деп айта алған жоқ. Бір малын сойып, бір айлық пенсиясын шығындап, ел-жұртты шақырды да бір сабақ жібін қалдырмастан елу көрпесін он сырмағымен қоса санап отырып контейнерге тиеп Асекеңді ақырғы рет тағы да астананың жолына салды.
Мың жылқының қырқасына құлаған қызыл күннің шар табағы шеңберіне сыймай шатынап, жарылып кетейін деп тұр еді. Лапылдаған құп- құла даланың шілделігіне дейін жаны шығып бара жатқандай шырқырағанда ысқырығы жер жарады. Сол ысқырықтан құла дала шыр-көбелек айналды. Доңғалағын жол қарыған жүк машина ойбайын салып ышқынып, қолды-аяққа тұрмай безектеп-ақ келеді. Бесіннің қырық құбылатын қара құрық сағымында Шолақ тамның төбесі бір созылып, бір үзіліп, мұржалары көкжиекке сорайып көтеріле бергенде сол шоғырдан жыртылып зымыраған тұйғындай қара ноқат көрінді. Бірде жер бауырлап, бірде аспандап, желмен шалқыған қара жалын сияқты еді, жақындай келе сағымда қара жылқы болып шықты. Шолақ тамның әйгілі қисық құйрық жынды қарасы. Қаралығы көмірдей, қисықтығы — құйрығынан, жындылығы — мінезінен: қыстың ақ түтек боранында, жаз бен күздің аламан көкпарында қара айғыр қолдан-қолға тимеген, қардың қасағы, серкенің терісі қара айғырдың албастыдай бастатын алапат күшіне шыдамай қақ айрылған; көрінген көпшіктің астында жүріп ыңыршақтай ырсиған шақта бір қап бидайды бөктіріп беріп қара албастыны үйіріне қайтаратын еді, көрінген айғырдың тақымында кеткен биелерін бықпырт тигендей қуалап, шайнап жүріп жинап алып, жын қаққандай бір аптаның ішінде бұзып шауып, қайтадан өзі тоқтататын... Сол қисық құйрық жынды қара жайлаудай лапылдап, атып бара жатқан машинаны да тоқтатты. Иран бақтың қолында қара шоқпар, қара айғырдың үстіңде ақ жапалақтай қомданып, біреуді ұрып жығатындай төніп келді де шоқпарын үк үстіндегі Асекеңе сілтеді: қара шоқпар дегені қара домбыра екен, нерде көптен озбаса да жездесінің жұрт қатарлы тыңқылдағы бар еді, мұралыққа қалдыратын арқасы болмаса да қара домбыраның қасиетін аманат қылып әкеліп тұр. Жездесі ләм деп тіл қатпады. Асекең не дерін білмеді. Аппақ шаштың кекілінен қадалған қиғаш көздің құйрығында бір жылт бар еді, Асекең оны да оқи алмады.
Бар айтқаны:
— Әй, жаман! Мен өлгенде топырақ салуды ұмытпа! — деп айқай салды.
Неше күндей тіл қатпаған жезденің бәріне айтар жауабы да, арызы да осы еді. Жынды қара жын қаққандай безіп ала жөнелген, бара-бара қара жалаудай желбіреп, Шолақ тамның бір созылып, бір үзілген көкжиектегі көп мұржаларын таптап бара жатты... Асекең бұдан кейін жездесін бір-ақ рет көрді. Түсінде көрді. Қисық құйрық жынды қараны ерттеп мініп есік алдында тұр екен.
— Ал, Асеке, мен аттанып барамын, аман бол! — деді.
Ертеңіне жездең дүние салды деген хабар алды. Сол түні әлдебір нәкөс қара домбыраны бір сағатқа жата жабысып сұрап әкетіп, ертеңгісін шанағынан қақ айырып әкеліп еді...
Астанадан ара қонып, ауылға жеткенше ел-жұрты денесін топыраққа беріп те қойыпты. Әншейінде жау шапса да бөксесін көтере алмай борсытып алатын қазекем өлімге келгенде пысық-ақ, мәйіт шіркін қайтадан тұрып кететіндей алды-артына қарамай аптығатын ұлы қасиет бар-ау!.. Асекең жездесінің соңғы тілегін де орындай алмады. Оның соңғы елесі де көз алдында қара жалау боп желбіреп көкжиекте қалыпты. Сонан кейін оны түсінде де көрген жоқ. Сонан кейінгі көргені де, көре-көре сүйелдей көзін жара, көңілін жарты қылған мына ситандар. Бұлар да біреуге жезде, біреуге жар, біреуге әке... Суыр құлақшын, сүр брезенттің астында судан шыққан тышқандай бүрісіп жатқан Ситанға жаны ашығысы келіп еді, бірақ кісі аяп, барды қошеметтеп, жоқты мүсіркеп көрмеген қасат та қайырымсыз тәкаппарлық тағы да жібермей қойды. Жалпы жан ашу, қайырым деген ұғым Асекеңнің санасына қонды ма екен? Өйткені, тірі пендеден қайыр күткен жан емес, ал жұртқа келгенде: "мынау менде қала тұрсын", — деп бойындағы бір нәрсесін не жасырып, не жырымдап көрген жоқ, үстіндегі бір киер, астындағы бір мінердің өзін осы менікі-ау деп меншіктеуге тырыспаған жан. Асекеңді білетіндер одан бір нәрсе сұраудан именеді, өйткені оның бар бітімінде көрініп тұрған артық шел де жоқ, ал сұрағанға барын тастап кетсе, есепшіл пенделер ертең қайтарып берер дәл сондай қарымы мен міндетінен қорқады. Ал Асекең біреуге бір игілігін өткізіп жіберсе, мынауыңды қайтып ал деп айта ма деп одан қашып жүретін әдеті. Бұғы совхозының жылқысына қосқан жалғыз байталын бес жыл өткен соң іздеп келіп отырған түрі осы.
Қазан-ошағына мың тарақан бітпегені есінде жоқ, жылуға мың сом қосамын деп аузынан қағынғанын қайтерсің. Сол қарызы жатса жамбасына, тұрса табанына батып, ел көзінен қашқақтап жүргенде Бескемпірдің келе қалғаны. Жылудың кассирі осы еді, ақылдаса келгенде ойына оралғаны жалғыз байтал болды. "Өзің диуанасың, кімге пір боласың" демекші, басында панасы, бауырында баласы бар Ситанға жаны ашығандай қайбір құдіреті, қайбір мейманасы тасып тұр еді?!
Астанадағы анасы мен жалғыз күшігіне сыбағасын жібермегеніне де бір ай болыпты. Дүниенің есебі мен қисабынан қашамын деген қайран бас тайгада жүрсең де құрығынан құтқаратын емес. Шіркін, қарсақтың ініндей алдыңмен кірсең айналып кері шыға алмайтын Алматының "времянкасында" өткен сонау бір уайымсыз күндер де өзінше бір қайтып оралмайтын дәурен екен-ау!..
Бір пендеге өкпесі жоқ, бәріне өзі жауапты. Қаймақтай еріні қайқиып майысып сөйлегенде жыланнан арқан есетін сиқыры, еркек атаулыны ерітпей қоймайтын даусы бар еді. Сөйтсе сол ерін сүюге ғана біткен екі жапырақ ет екен, оның өзі де екі күннен соң кермек татыды. Бес жыл бір жатақханада, бір бөлмеде қатар жатқан Лексей Лексеич те алғаш көргенде-ақ:
— Как женщина слишком приятная, но как человек страшно фальшивый! — дегені бар. Деді де үйлену салтанатының "томалағына" да келмей қойды, қайтып Асекеңнің босағасын аттамай қойды. Лексей Лексеич аттамай қойғандардың алды еді, екі жылда дос-жараннан түгел айырылып, сасай болған құланның айғырындай жалғыз қалды. Оның есесіне қаймақ ерін Асекеңді бір жылда жаттап алды:
Асекеңнің кірпияздығы, Асекеңнің міншілдігі, Асекеңнің кекесіні, ас ішсе де Асекеңнің мәнері, жүріс-тұрысы да Асекеңнің мәнері... Асекеңе жеке меншік дым қалдырған жоқ, тек өзегінде Асекеңнің өзі жоқ, Асекеңнің өтірік адасы болды да шықты. Зиялы қауымды былай қойғанда Асекең өзінен-өзі ұялатын болды. Бір шаңырақта бірі бақсы, бірі соның жаңғырығы болып жарысып жүргенде дүниеге жалғыз ұл келді. Бірақ Жаңғырық дүниеге ұл әкелдім деген жоқ, астананың "интеллектуалды" бір мекемесінде Асекеңді қайталап, "аса бір интеллектуалды келіншек" атанып, біреуді жұтындырып, біреуді жұлқындырып жүріп жатты. Дегенмен жаттауға тұрарлық Асекеңнен басқа да еркектің экземпляры бар еді. Күндердің күнінде: кетемін деді. Деді де, кетті де қалды. Асекең өкінген жоқ. Жаңғырық та өкінген жоқ, туысынан емшек көрмей әжесінің бауырында өскен жалғыз ұлды тастап-ақ кете берді. Асекеңнің қуықтай екі бөлмесі, айдың аяғына бірде жетіп, бірде жетпей қалатын жалақысы жалықтырған шығар. "Еркектің өзіңмен жастысын емес, астысын таңда, — деп қыз-қырқын, құрбы құлақтарға майысып отырып ақыл айтушы еді. — Жастың тыз етпе қызуынан басқа жаныңды жұбатар дәнеңесі жоқ, егденің ермегі аз болса да бір мінер көлік, шаңырағыңа көрік, жұртқа қаһары, жас пен жасыққа билігі жүреді, соның бәрі сенікі" — дейтұғын. Сол арманына жетті.
Өзінен жиырма жас үлкенге шыққанына да өкінген жоқ. Біреудің жаңғырығы болып, сөзін де, мінезін де сатып күн кешкенше біреудің дәулеті мен билігін малданып, өзіңе де, өзгеге де қадірлі болғаның анағұрлым оңай да сыйлы шығар...
Байғұс, сол дәулет пен биліктің рақатын ұзақ кеше алмады, жылға жетті ме, жетпеді ме, аяқ астынан дүние салды. Өтірік шығар деп Асекең сенбеп еді. Жалғыз күшігін ертіп топырақ салуға барған. Жаңғырық біреудің өлімін жаттап өтірік өліп жатқандай көрінді. Өтірік болмады. Бір тұрса, көрден Жаңғырық тұрып кетсе керек еді, әй, ол да қайта тұрып кете алмады-ау... Зорлық — жұрттың бәріне де ортақ зауал екен.
Асекең содан бері бойдақ, Алтай өңірінің фольклорлық ән-күйін жинаймын деп екі жыл қатарынан экспедиция басқарып келіп, ақыры осында қалды да қойды. Жердің жаннаты Алтайдан аспайтын шығар деп еді, ауасымен күн кешсе де бұл өңірде адам өлмейтіндей көрінген, әттең, егерьлік қызмет табылса да тайгада тырп етпей жатар едім деп аудан басшыларына құлақ қағыс жасай салған, аюды да дөкет пышақпен қинайтын орманның дөкір жұрты Асекеңнің қалжыңын шын деп ұқса керек, келер жылы біреудің қолы жетіп, біреудің қолы жетпей жүрген егерьлік қызметін де, баспанасын да сайлап қойыпты. Адам алдап көрмеген пышана басы, қалжың еді деуге ары бармады, түбі өзім де тұрақтап қалмаспын, бірер жыл ермек қуып жүре тұрайын деген. Көңіл жатығып алған соң кең дүниенің рақаты түгіл, жалғыздықтың азабын да қиып кете алмайды екенсің. Сонымен жүріп жатыр, өзіне ғана шертіп, өзі ғана тыңдап жүрген бірер қақпайлары да бар. Астанадан әдейі іздеп келген Лексей Лексеич екі-үш "дүниесін" өзіне білдірмей магнитофонға жазып әкетіпті. Өкінген де жоқ, өкпелеген де жоқ. Радиодан неше дүркін тыңдап еді, көкейге қонатын сияқты. Бірақ авторы Асекеңнің өзі емес, басқа бір Асекең болып, жат болып кеткен, көкейден егіліп шыққан ащы күйдің сарынын Алтайдың тайга тінткен егеріне теліп те жатқан ешкім жоқ, іздеген де ешкім жоқ. Әуелде зиялы қауым Асхат жынданыпты десіп еді, артынан аю жеп кетіпті деген лақапты да өз құлағымен естіді. Шындыққа сенуден қалған жұрт бүгінде өтірік пен өсекті шариғаттың заңындай қадір тұтатын болған соң дардай азаматты да аюдың аш құрсағына қия салған да. Ең қымбаты — елді, жерді сезіну ме деп еді. Тайганың Ситан сыболышын астананың жаттандысы мен жаңғырығына әлі күнгі айырбастағысы жоқ. Енді ойлап отырса, егерь деген кәсіпті тек өзінің ғана маңдайына жазып қойғандай, мұнан кетсе қаңғырып қалатындай, аштан өлетіндей бір үрей, бір жасқану ұзыны мен көлденеңі бір айқайдан аспайтын тулақтай қуысқа тырп еткізбей танды да тастады. Қуықтай екі бөлмеде қалған жалғыз күшігі мен анасына деген бір ауыз сәлемін де "почтовый переводтың" ырғындағы хатқа арналған оймақтың ұясындай бос орынға сыйғызып жүр. Обалы кәне, екі жыл Меккеге барып келгенше Ситан сыболышы мұны жоқтатпай жалғыз ұлдың сыбағасын жіберіп тұрыпты... Япырау, ұлдың үлкені келер жылы он жылдықты бітіреді екен-ау!.. Оқуға түсе қалсам тек ауыл шаруашылық институтының орман факультетіне барамын деп өткен бір хатында оттаған сияқты еді, ол неме орманнан не жейді?..
Соны ойлағанда Асекеңнің ұйқысы шайдай ашылды. Айдалада жолыққан екі қазақ аяқ суытар жер таппағандай, "ары отыршы" деп бір-бірін жылы орнынан қозғапты деуші еді, жалғыздықты да пенде баласымен бөліспеген мешкей байғұс Алтайдың ауасын өз кіндігіне де қимай жатқанын қарашы. Бұл эгоизм деген итіңнің шегі бар ма екен?! Жел де жоқ, желге ілесе алмай қарағай басына іркіліп қалған әлгіндегі жұлым-жұлым бұлт та жоқ. Аспан қаңырап бос жатыр. Әр тұстан жылтыраған қалтырақ жұлдыздар қаңыраған аспаннан тұрақ таппай қаңғырып жүр екен. Мелшиген меңіреу аспанның сұсы да өңменіңнен өткендей еді, жел тұрмай ысқырған бал қарағайдың шашақ бүрі үскіріктің ызғарын әкелгендей. Жұлдызды көріп жаурап, тоңазып қалған екі қолын шолақ қара тонның қос жеңіне тыға бергені де сол еді, іргеден әлдене сатыр-сұтыр етті де арқандаулы екі ат осқырынып, құланың жер тарпи кісінеген даусы естілді. Асекең басын көтергенде қорбиған біреу ошақ басында селтиіп тұр еді, еңкейе беріп Ситанның сирағына қол жүгіртті де қара қостың опыр-топырын шығарып, өкіріп-бақырып әп-сәтте жоқ болды. Асекеңнің ә дегенде есіне түскені құла бесті болатын. Құла бесті кісінегенде мұның да қу жаны шығып кете жаздады. Анадан туғандай тыр жалаңаш қалпы ұмтыла беріп әлдекімге шалынып ұшып түсті де жерошақтың суық қоламтасына барып бұрқ етті. Жан-дәрмен қайта тұрғанда ұйқы-тұйқы Ситан сыболышы:
— О, әкең!.. Алып кетті! — деп есеңгіреп отыр екен.
— Кімді алып кетті?!
— Кімді болушы еді?! Қапты!.. Қапты алып кетті-дағы...
Серейген қалпы міз бақпай жатқан Бескемпір басын көтерместен:
— Албастыдай ербеңдемей не киін, не жат! — деп Асекеңе зекіп тастады.
— Ол кісінің келетінін біліп едім, — деп зекіп алып, сылқ-сылқ күлсін келіп. — Сыбағасына келген де, әйтпесе, Ситандай арамда аюдың не жұмысы болыпты!..
Күледі еще! Біреу қол-аяғын түгендеп ала алмай жүрсе, біреудің жоқ жерде күлкісі тасиды екен-ау!.. Әлгінде ғана серпіп тастаған қара тонын таба алмай Асекең сидаға түсіп кете жаздады. Беті су, түбі шоқ ыстық қоламтаға бөксесін тығып алып онсыз да жетісіп тұрғаны шамалы еді. Сандалып жүріп-ақ кебін киген албастыдай ербейіп тұрған әлдекіммен бетпе-бет сүзісіп тағы да шалқасынан түскені. Сөйтсе, іңірде Қаратайдың бұтағына керіп қойған өзінің көйлек-дамбалы екен. Бескемпірдің де шығармайтыны жоқ, зәре-құтыңды алайын десе адам тал түстегі көлеңкесінен де қорқады екен-ау... Қара тон ұшты-күйді жоқ болды да серейіп мұз боп қалған көйлек-дамбалын кие алмай Асекең әбүйірін алақанымен жасырып имиіп қайтып келді Жерошақтың қоламтасы жыбыр-жыбыр қоздай бастапты, ернеуінде итаяқ аңдыған лақса төбеттей емініп отырған Ситан сыболышы жатып кеп жырқылдағаны:
— Япырай, жұрт оттың көзін көсеумен ашатын еді, сен бөксеңмен үрлейді екенсің-ау! — деп шашырап кеткен көз-көз шоқты саусағымен жинап отыр, өзінің бір қап жаңғақтан айырылып, омпиып қалғаны есінде жоқ.
— Еркек болғаныңа да шүкір, ұрғашы болғанында көтеріп кеткендей екен-ау! — деп күлкіден ықылық атты.
— Нағып тұрсың, тіл-ауыз бар ма?
— Тон жоқ.
— Тон дейді ғой!.. Біреу бөркін таппай отырса!..
Сасқанда аюға лақтырған суыр құлақшынды қара тонмен қоса Ситан таяқ тастам жерден түгендеп алып келді Бір қап жаңғақты аюға садақаға беріп, көптен бері ескіріп қалған көңіл-күйдің күлкісін қайтарып алған жігіттер түн ортасында қайтадан от жағып, қара шәугімді мосыға қайта ілгенде Бескемпір де басына жастанған грелкасын солаңдатып жерошаққа жақындап еді.
2
Таң бозынан тұрып қара биемен алысқан Асекең сиыр сәскеде шөкелеп қалды. Жүген-құрық тимеген ашу асау Ситанның түнгі қонағы қоңыр аюдан бетер болып шықты: әуелі шалмаға жақындатпай діңкені құртып еді, қалың тобырға әкеліп қамаған соң да дончак шатыс өңкиген жирен айғырдың тасасына тығылып алып құрық бойлатпай қойғаны. Өзі де жүзіктің көзінен өткендей сыздай боп созылып алыпты, түгін тер шалған соң сүліктей жылтылдап, оқ сыймайтын саңылаудан сынаптай сып ете қалады. Бес жыл бұрын ырымға деп әкеліп қосқан шолақ байталы, жабағысы, тайы, құнажын байталымен төрт қара болған екен, — бәрі де өзіне тартқан меңсіз қара, мінсіз бітімімен көз суырғандай. Мінсіз малдың өспейтінін біле тұра биесінің әдемілігіне қызыққан Асекең әуелде ұстатпаса ұстатпай-ақ қойса екен деп еді. Бірақ екі көзі шатынап, танауы көріктің көмейіндей делдиіп, қыбыр етсең оқ жыландай атылайын деп тұрған қара бие егеске шақырған соң, Асекең де өлген-тірілгеніне қарамай намысқа басты. Бұрын мұндай қиқарлықты көрмеген, түзу жол мен көмбенің арасын екпінімен ғана өлшеп үйренген құла бесті де иесінің қабағын тақымынан сезгендей, құйындай үйіріліп, қалың жылқыны үш дүркін шыр айналдыра қолаттың тұйығына үш дүркін қуып тықты да, сендей соғылысқан қалың тобырды кеудесімен қақ жарып қара биенің тас төбесінен шықты. Қыл арқанды қыл мойынға тастап жіберіп, екінші басын ердің артқы қасынан шала үш орап үлгерген Асекең құла бестіден қарғып түсіп, қара биенің құлағына қыл арқанды таптап жетіп еді; жылқы десе қорқыныш, үрей дегенді сезініп көрмеген Асекеңнің дәп осы жолы тұла бойы қалшылдап, қара биенің көзіне тура қараудан жасқанды: шарасынан ағып түсетіндей қос жанары қанталап, өлмеспін-ау, өлмесем көнбеспін-ау дегендей қорқырап жатып алды. Асекең ет қызуымен қыл арқанды езуге салып жіберіп ноқталады да төрт тағандап сіресіп тұрған құлаға қайтадан қарғып мінген, қара бие аспанға үш рет атылғанда құла бесті үш дүркін жер сүзіп барып тұрып кетті. Жер мөңкігендей Асекеңнің көз алды опыр-топыр еді, әлден уақытта есін жиса — қыл арқан жел қаққан домбыраның ішегіндей дың-дың кернеп тұр екен: бір басында сірескен қара албасты, бір басында тірескен құда бесті, қалшиып Асекеңнің өзі отыр. Үшеуінде де үн жоқ. Бір шетте Бескемпір, Ситан сыболышы Пәтләсімен состиып-состиып қарап тұр. Үшеуінде де үн жоқ. Асекең құла бестінің қабырғасына кіріп кеткен тақымына таң қалды. Қас қағымда жыл өткендей болып еді. Жирен дончактың үйірі қолаттан аса бергенде құлында даусы шырқырап қара жабағы бөктерден ағып түсті де қара биенің бауырына кеп тығылды. Қара бие тырс еткен жоқ. Құлында даусы шырқырап қара тай бөктерден ағып түсті де қара биеге жете беріп қатты да қалды. Қара бие тырс еткен жоқ. Құлында даусы шырқырап қара құнажын бөктерден ағып түсті де қара биені шырқ айналды. Қара бие тырс еткен жоқ еді. Қара биені тұрғызып қойып бауыздап жатқандай қара жабағы, қара тай, қара құнажын қосылып беріп шұрқырағанда Асекеңнің төбе құйқасы шымырлаған... енді бір сәтте айылы қақырап кеткен ерімен қоса тоңқайып жерде жатыр екен. Ал бауызда дегендей қара бие бедірейіп әлі тұр. Асекең қонышынан қара кездігін суырды да қыл арқанды ноқтасынан шорт қиды. Қара бие сонда да тырс еткен жоқ. "Ұят болды-ау, ұрғашыны ең құрыса иіскеп қалайықта", — дегендей құла бесті күдірейіп келіп қара албастымен танау түйістірді де күрс еткізіп қара жерді бір соқты. Келі түйгендей қара жердің құйқасы күрсілдеп ала жөнелген, жирен дончак жан ұшыра бөктерден ағып келеді екен...
Асекең шөкелеп қалды. Алғаш рет жылқыдан меселі қайтқан атқұмар шіркін өзінің тағы бір осалдығын мойындап тынды. Бұл мойындау — қыр арқанды ер қашты тайғанақ қып, жылтыратып жіберген қырықтың қырқылжың дейтұғын тауқыметі екенін де сезген. Бестісінде бұладай албастыға бұзып шаба алмай айырылып, қырқаға қыжылмен қитыға қараған құла бестінің көзінен қызғаныштың отын аңғарды да Асекең бір күрсініп орнынан тұрды.
— Әй, шігітім, анау қара албаштыңды атып шешең де "өшің біл, ал анау қара құнашының менікі! Беш шылғы еңбегімнің нарқы шол!
Аққаптал екен. Тілінің де жауыры бар ма, ыстық шайнаманы таңдайына тигізбей көмейіне орап тұрғандай, "ж" мен "с"-ның қайсысының қарғыс атқанын Асекең аңғарған да жоқ құлағына жақпағаны тілінің тәлпіштігі де емес, ақ малыңды атып же деген ақылы еді. Қара бие мал ма еді?..
Қара биенің арқанға тоқтамай кеткеніне Асекеңнің желікпе көңілі тағы да күжірейіп шыға келді. Есек жетелесең қайтер едің?.. Тек бұған дейін беделі түсіп көрмеген құла бестіден кешірім сұрағандай арқасынан сылап барып ер салды.
— Аю соққырды атып жемесе, тірісінде маңына адам жолата ма! — деп Ситан сыболышы жанашырлық жасап тұрды.
— Жесе жейт-тағы, бүгінде бәленше малын атып жеп отыр деген де мақтаныш болған жоқ па! — деп Бескемпір мырс-мырс күліп тұрды.
— Жеу, жеу... Әйтеуір жеу. Осы жұрт күні-түні не жеп жүр осы? Неге жеп жүр? Не үшін жеп жүр осы?!
Тас күркеден Талдыбұлаққа түскенше бір-бірін кезек қажаған үш жігіт, әңгіменің аяғын тағы да қара биеге, сірісінен сіңірі шығып жүріп жылуға мың сом атаған Асекеңнің жомарттығына тіреп еді, күні бойы екеуін жанықтыруға жылт таба алмай келе жатқан Бескемпір.
— Асеке, түбі сол қара биені Ситекеңе байлап тынатын шығарсың, — деп алыстан шала бастады. — Малды тапқанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр деуші ме еді?.. Ақыры, жалғыз байталдың басына ие бола алмайды екенсің, өсімін Пәтләнің жауыр тіліне жем қылғанша ішінің мәйегі бар Ситекеңнің өрісінде жүрсін де!..
— Бір иттің құнын бөлісе алмай алдымыз итжеккеннен қайтып едік, енді келіп байталға талассақ біріміз өліп тынатын шығармыз! — деп Ситан сыболышы ырсың ете қалды. Жалғыз қапты байлайтын қанжығасы да жоқ, жаймалап ердің үстіне теңдеп еді, екі аяғы үзеңгіге жетпей түйеге мінгендей ербейіп отырып бұл да жұртқа күледі.
Жыландай ирелендеген Талдыбұлақ бір ілгері, бір кейін ағып, жолаушылар бірер шақырымда жүз кесіп өткен шығар, ала жаздай аузын байлап қойғандай қабырғасы ырсиған шағыр көз шабдар ауыздықпен ор өткен сайын ағын судан бір ұрттап құр жібермей келеді.
— Бұл неменің мешкейлігі де, мес қылып жемдесең де шыр қонбайтын тырақылығы да саған тартқан, — деп шағыр көз шабдардың қыз алаштығын да Ситан Асекеңе теліді.
— Жылқышының жаманы мендей болса, менің де жерде қалмағаным ғой, — деп Асекең де өзін ақтап алды. — Бағасын білсем қара биені сатам ба, Ситан қара биенің бағасын білетін адам ба?! Әйтеуір қашан да қасиетсіз жаманның жақсыға аяқ артып алатын бақыты бар...
— Біреудің малын, біреудің бақытын қызғанып қайтесің, сен онан да ормандағы аңыңа ие болсаңшы! — деп Ситекең шырт ете қалды. — Сен жыла қонып тамағыңды асырап жүргенде анау Иван сорлыны аю бұғалап кетіпті, төрт баласы шырылдап жетім қалды.
— Қайдағы Иван?
— Қанша Иваның бар еді?! Ойманнан көшіп келген Қарсақбайдың Иваны да!.. Трәктіріс Иван ше!..
— Сен де қиыспайтын өсекті айтуға құмар екенсің! — деп Бескемпір қолды бір-ақ сілтеді. — Иван аюды жеп кетіпті десең сенер едім, өрістегі сиырды терісін шешпей трактормен соғып жеп жүрген жыртқышқа тиіскен аюдың да жүрегінің түгі бар екен!
— Қара жер хабар бермесін, марқұмның ұрлықтан да ондай-ондай өнері бар еді, — деді Ситекең малжаңдап отырып. — Обалы мынаның мойнында, — деп түкіріп тастауға қимағандай жаңғақтың сүйегін суыр тістерінің саңылауынан Асекеңнің желкесіне ыршытып жіберді. — Лимид деген пәлені шығарды, штрабымен және қорқытып, жыртқыш біткен жынысқа сыймай, Алтайдың адамынан аюы ардақты болған уақытқа тап келген жоқпыз ба!..
— Сұңқылдауы жаман, рас болса рас та шығар, — деп Асекең шағыр көз шабдармен қатарласа беріп езуіндегі "шипкасының" тұқылын Ситекеңнің қабына мыжып өшірді. Қызыл арақтың талайын қақ бөліп ішіскен досың еді, әлде мойнында қарызың кетті ме?
— Әйтеуір менің құйрығыма шала қыстырып өлсеңші! — деп Ситекең қаптың бұрышын қамшысымен қағып тастады.
— Өз дүмің быпылнисаға да жарамай жүргенде менің қарызымды уайымдап қайтесің?! Өлі Иванды қойып тірі сенің мойныңда да жеті құрандық борышың жатқан жоқ па! Жаратқанның бетіне жасқанбай қарайтын жүзің болса жолай жесіріне соғып, соның бірін менің атымнан өтей кет!
— Арақтан өлген, аю соққан күнәһардың жаназасын шығармайды дегені қайда?..
— Шүкір, сауатың ашылып қалыпты, қожаның қасына тағы бір күн түнегенінде сұпы боп шыққандай екенсің-ау! — деп Ситекең балдызын іліп әкетті. — Арақ ішпеген, аюға кіш демеген әулиенің күнәсін кім безбенге салыпты?.. Иван байғұс бұлардың қасында шейіт кеткен жан ғой!
— Немене, жау түсіріп пе сонша?!
— Ей, әлгі Ұңғының асуында отыратын Тырыштың Ерғалиі деген қойшы бар емес пе еді... Соның отарын көшірісемін деп... Кештетіп барған ба, түн ішінде ыдысым мен итаяғымды салдырлатып жау қуған жоқ деп кербез қатыны үйін жықпай қойыпты. Шығасыға иесі басшы деген емес пе, кешкісін қондығы мен күшігін ертіп қоймен бірге өріп келген аюды көріпті де қымызға да қыза беретін Иван картечьпен қонжықты басып салып, терісін шешіп алыпты. Қатыны ысқырып қалса да қарағайдың басынан табылатын қорқақ неме еді, япырай, бүгін түннен аман шықсақ жарар еді деп зар қақсаған Ерғали үйіне жоламай итарқаға түнесе керек. Түн ішінде кереге қақырап, жан ұшырған айғай-шуға қой күзетіп отырған кербез қатын жүгіріп барса, әлдекім шапалақпен бір салып сұлатып кетіпті. Аю шіркін оның кербездігін қыстырсын ба, шықшытын шығарып жіберген екен, бөлініске барып, жағын салдырып, сыланып-сыйпанып қайтып келіпті ғой!..
Өткелден түсе бере бас қойған шағыр көз шабдарды Ситекең осы жолы ауыздығын алып тұрып армансыз суарды. Арғы бетке өтіп кеткен Асекең мен Бескемпір ат тізгінін тежеп, артына бұрылып әлі тұр. Әлгінде ғана сайрап келе жатқан Ситекең тастай суды шағыр көзбен жарыса жұтқандай тамсанып, тапжылмай әлі отыр. Ат тұяғын құйрығымен салып өткен қара судың ақ балығын әудем жер көзімен қызыға шығарып салып басын бірақ көтерді.
— Ау, әлгі Иванды өлтіріп кетіпті дегенің қайда?
— А?.. Иван?.. Қолы қол, бұты бұт болып жыртылып, бұтарланып қалған Иванның несін сұрап тұрсыңдар?! Ел болып барып, он екі жілігін жинап әкеліп көмді дескен. Тек әлгі бір ұятты мүшесі табылмапты дейді ғой. Арам қатқыр пұшық қатыны жоқтауға қосып сұңқылдамағанда оны да ешкім білмегендей екен... Өлгеннен кейін байының он екі мүшесін түгендеп несі бар екен десеңші!.. Амал қанша, бұл да бір сүйекке таңба, әумесердің аузынан түспейтін мазақ болайын деп тұр ғой...
Шағыр көз шабдар аузындағы суып сарқып тастап, енді шағанақтаған қос үйірінің ауыртпалығын уайымдағандай күрсініп алып жолға шыққанда Ситекеңнің кірпіксіз сарғыш жанарында жас бар сияқты еді. Әңгімеге әзіл қосуға батпаған екі жігіт сөзден шорт тыйылды да әрбірден соң барып Ситекеңе көңіл айтқандай:
— Япырай, аю да кекшіл болады екен-ау?! — деп Бескемпір Асекеңе қарады. — Бәтшағардың тас қараңғыда да Иванды тап басуын қарашы!
— Баланың күйігі қойсын ба, Иванды танымағанмен қонжығының иісін табады да, — деп Асекең осы тұста өзінің егерь екенін бір танытып қалды.
— Жыртқыштың ең қауіптісі аю болса керек. Арыстан мен жолбарыстың ашуын, ызасы мен ызғарын көзі айтып қояды екен, ал аюды қолға үйреткенмен көзінен ешнәрсе оқи алмайсың, оның үстіне бір кешкен жәбірін өмір-бақи ұмытпайтын көрінеді.
— Өзіне де обал жоқ, тек балаларына қиын болған екен, — деді Бескемпір.
— Қиын болды десең көмектес, қолыңнан келіп тұр ғой, — деп Ситан табан астында Бескемпірді сөзінен ұстап алды.
— Қатыны бейшара берекесіз байға, бес баланың жыртық-тесігіне жамау болсын деп лесхозда салпақтап жүр еді, бір қолтық тақтай ұрлады деп жұмыстан қуып жіберіпсің. Кегіңді сен ұмытпағанда жыртқыш аясын ба?!
— Оның байын аю соғып өлтіреді деп кім ойлаған!
— Байын да жетістіргенің шамалы! Өрістен бір тайынша ұрлады деп екі айып төлеттің, алқашсың деп лтпыңа қаматтың! Шатырдың тамшысын санап бүрісіп отырған бес бала анау! Ағын айырып отырған жалғыз сауынын бұзауымен айдап кеткенде ұрлықты тыйған шығарсың?!
— Ұрлықтың аты ұрлық! Оған тыйым керек!
— Иванның да есебі болған шығар. Соғымға деп байлаған ту биесін ақырдан алып кеткен ұры кер тайыншаның иесі емес екенін қайдан білдің?! Тыйсаң сонда қайда қалдың?!
— Жә, мен осы елдің ұрысы мен қарысын санап жүр деймісің?!
— Санауға ерінсең санатқа қосылып нең бар еді?! Тойып ас ішкенің бүгін ғана, тоқтық қайдан келген?! Мықыныңды бит талаған, ындыныңды ит жалаған кешегі күніңді тез-ақ ұмытқан екенсің, балдызеке ә?! Басқа басқа, екеуміздің паңдығымыз күлге аунап тұрған көк есектің күнге қарап сілкініп, күресінге қарап есінегеніндей-ақ емес пе!..
Бәйге қара кердің қос құлағын елеңдетіп, көңілі лапылдап келе жатқан Бескемпірдің қызыл шырайы табан астында қуқыл тартып өшті де қалды. Ситан сыболыш та біреудің етегінен басады деп Асекең ойлаған жоқ еді. Ситан сыболыш та Бескемпірдің әуселесін бағамын деп ойлаған жоқ-ты, балдызына қосақтап өзін де шалып жібергенде Бескемпірдің ғана емес, Асекеңнің де қан-жыны аралас кеткен. Ситекең сілтеген қамшының ұшын қабырғасымен сезінген Асекең қырт әңгіменің аяғы қыртима қабаққа сүйреп бара жатқан соң:
— Ойпырай, сыболыш-ай, су ішкілігің мол екен-ау! — деп қашанда өзінің сүйене салатын Ситан сыболышына жармасты. — Түндегі аю сені жарып кеткенде Сәмиғаның "бетін қалай көретін едік?!
— Жарып кеткенде жақсы болатын еді! Апамның амартизациясын төле деп мынауың қыр соңымнан қалмайды, жетім күшігіңнің құнын жеті жыл қуып сен де өлтіріп барасың!.. Топырағы торқа болғыр Иван да менен бақытты екен ғой!..
Күтіңіз туған ай сияқты қас маңдайдағы бозамық күннің жылты болғанымен жылуы жоқ. Терістің боз қырауы да ерімей қалыпты. Қарашаның желі қайтадан терістен тұрып тоңазыта бастағанда үш жігіт сүлесоқ келіп Талдыбұлақтың басында отырған жалғыз үйге ат танауын тіреп еді.
— Жарығым-ау, жалғызым-ау, сенбісің?! — деп шарбақ түбінде бие сауып отырған Сәмиға атып тұрғанда қауғасы ұшып түсті; ақтарылып қалған сүтке де, қауғаны тепкілеп аспанға шапшыған асау биеге де қараған жоқ Бескемпірді бас салып көріскен...
3
Ситекең бір тоқтыны мыжғылап біткенше Сәмиға бірде жылап, бірде күліп жүріп ішек-қарынды аршып, өкпе-бауырдың қуырдағын демдеп те үлгерген еді, әп-сәтте самауыр мен қазаны қатар бұрқылдап шыға келді. Ситекең түйе сойып тастағандай қолының қанын жумастан пұшық мұржалы тандырдың түтініне телміріп әлі отыр. Бескемпірде үн жоқ, жақ шықшыты сорайып, жақ жүні үрпиіп, сан жылдан бері көрмей кеткен немере апасының көз жасы мен құшағынан кейін көңіліне әлдебір қаяу түскендей жүдеп қалған секілді. Асекең тоң-торысқа сия алмай қора-қопсыны бір айналып қайтқан, "жан пида" досының түздегі түрінен түңіліп, үйдегі аруағына көзі сенбеді де тап-тұйнақтай дүниенің бар ұқыбын Сәмиға мен бала-шағаның еңбегіне жорып бұл отыр. Осы жерден мәңгі-бақи көшпейтіндей бұрынғы төрт бөлмелі крестовой үйді алтау етіп қайта көтеріпті де сыртын алифамен суарып, мейіздей қызыл қарағайды жалтыратып тастапты, ақ монша мен бітеу дөңбектен соққан қора-қопсы да бұл өңірге бітпеген сирек капитал; өзі түгілі, үрім-бұтағы тауыса алмайтын қызыл саржан, бір тайпа елдің арық-тұрағын асырағандай маялап үйген шөп сауданың пұлы, ақшаның көзімін деп тұр, әр тұста жусап жатқан ірі-қара Ауғанбай агенттің безбеніне түсетін болар, әбден тойынып, майқанынан жарылуға шақ қалған өгізше мен тайынша-торпақтар еріккен соң, шөп іргесін бұрқырата сүзгілеп ойран салып жатыр, Ситекең соған өк деуге де жалығып отыр. Ситекеңе дәп қазір шөп түгілі, жаһан дүниең беш тиын сияқты, заимкесіне жете беріп жан пида" досының неден мас болғанын Асекең де түсінбей қалды. Самауырдың оттығына ақ құманды кигізіп жатқан Сәмиға да:
— Асеке-ау, мына Ақсудың сұлу кемпірлерінің сылқым қайнысына қалжаны қадайын ішкізіп едіңдер? — деп таң қалды. — Ерніне етігі сүрінгендей екен, әттең, сенің мұрныңды осыған бергенде біздің маңдайға сыймай кеткендей екен-ау!.. — Сәмиға екеуін де жетістіріп тастады. Қазандықтың табанына бөксесін қақтап отырған шартық қара құмаңды суырып алып Ситекеңнің қолына жылы су құйды да күйеуінің жұмылып кеткен тып-тықыр жіпсік көзін өзінің сояудай кірпігімен түртіп оятқысы келгендей үңіліп тұрып қарады. Қаңтардың пеш түбіне байланған арамза марқасындай құрысып қалған Ситекеңнің танауы еңкейе берген бәйбішесінің тізесіне де жетпей қор болды.
— Әлгі бие ноқтасымен кетіп еді, асау неме оқыс болмаса жарады, — деп мал жайғайтын міндетін есіне салғанда ғана Ситекең етекте отырып Алтайдың шыңына мойнын созғандай бәйбішесін балағынан басына дейін тінтіп шықты.
— Бұл үйдің биесі ғана асау ма еді? — деп күңк еткен, "иесі ше" дегенді бетіне айта алмай бұғып қалды. — Лажы болса, бүгін ышқырыңды тағы бір ағытатын шығарсың, — деді, "лажы болса" деп оны да жасқанып айтты.
— Е, байғұс-ай, жыл он екі ай кәмәндірөпкеде жүріп, анда-санда бір соққанда есіме салғаныңа да рақмет! — деп Сәмиға түкті орамалды су тайғанақтап Ситекеңнің шіп-шикі бет-ауызына жаба салды.
— Дәметпей-ақ қой! Дәмесін көрмейсің бе! — деді, мұны да бетін орамалмен көлегейлеп отырып айтты. — Маған керегі басқасы ғой... біреу, тұтасымен!
— Ой, Құдай-ай, тағы кімнің жоқ-жітігін көріп келіп едің?! Осы дәп қазір ме?..
— Дәп қазір! Күн батпай тұрғанда? Түнде жасаған игілік ұрлықпен тең, көзге түспейді, бойға сіңбейді!..
— Мырзам!.. кечирип қойғұн, Ситеке! Байқаймын, кісі сабайтын түрің бар, бір жолға араша! — деді Асекең, шүршиген еріні қисық мұрынның шеміршегін тіреп қалған екен, айдап салғаны да белгісіз, сабай алмайтынын біле тұра Сәмиғаның көзінше қорлағаны да белгісіз, аяғын әлдебір адасқақ әуенің ысқырығына айналдырып әкетті. Сабайды-ау деп емес, сабай алмайды-ау деп қорлағандай Сәмиға орнынан тұра беріп умаждалған орамалды күйеуінің қолынан жұлқи суырып алды.
— Сабайды ғой бұл, сабайды! — деп салмағымен жерді емес, Ситекеңді жанши тұрды.
— Баяғыда бір атасы бәйбішесінің бұрымына қолы жетпеген соң, жүк үстіне шығып алып сабапты деуші еді, әйтеуір бұл үйде жүк жоқ боп мені Құдай сақтап жүр ғой.
Әншейінде де аптығы жоқ, жау шапса да қалқып қана қозғалатын мамыржай бәйбішесі есіктен жоғала бергенде Асекеңнің ысқырығына қажып отырған Ситекең шүршік ерінге өшіге қарады.
— Сыбағаңнан қағылып, сымпиып қайтамын демесең дүміңді қысып тыныш отыр! Бауыры келгенде бір домалатып алмасақ, бұл кеткен соң сөзің түгіл өзің де өтпей қаласың!..
Ситан сыболыштың да бір бармағы бүгулі болды ғой. Өзінен сөзі, сөзінен өзі сіңімді, әйелдің әсемі Сәмиғадан аспайтын шығар деуші еді. Қазір де оның бойынан асаулықты көріп отырған жоқ, "кісі көзінше жуас-ау, кісі кеткен соң шу асау" дейтұғын екі мінезін де естіген емес. Асекең Сәмиғаға әйел деп емес, ана деп, ел ішінен жырылып қалған саяқты адам қылып отырған пана деп қызығатын. "Жан пида" досы да өзін екі орап түсетін бәйбішесінің буынан емес, қырықтың ішіндегі бір ошақты балағымен байытып отырған пысынан қаймығатындай көрініп еді, артынан мұны да жорта жасай ма деп қалды. Өзін-өзі кішірейтіп, өзінің еркек басын иткірмеге сүйреп тастап отырып, бәйбішесінің аруағы мен пысының арқасында сол пұшайман басын қайтадан төрге сүйрейтін сияқты. Баласын көріп уақытын, анасын көріп бақытын ойлайтын шақта, қызуы кетіп, енді ошақ басының жылуын аңсайтын шақта ер адамға түтіннің түзулігінен асатын арман бар ма?.. Бірақ қазан-ошақтың көңірсігінен Сәмиғаның иісі басқа еді. Жалпы бұл елдің бір тоға еркегінен әйел жұрағатының кісілігі басқа. Көлі Ана, өзені Қатын, жері Қатын, қарағайына дейін Қатынның еншісінде жүрген Алтайдың культы Асекеңнің есіне енді түсіп отыр. Осының бәрі, еркекті өлген жерінде кебінсіз-ақ көме салып, қатынды алтын-күміспен арулайтын көне дәстүрден сабақталмасына кім кепіл?.. Асекеңнің құлағына аяқ астынан Мәтпұсаның жорға Бикесінің ойбайы естілгендей болды да мырс етіп күліп жіберді. Кім біледі, ол да бір қасиет шығар, қотан аяқ қатынның ойбайы да бір ошақтың қазанын толтырып отырған жоқ па!.. Қасиетсізден сақтасын! Қатын емес, Қасірет болса қайтер едің?!
— Енді өз ышқырыңды актармасаң менде сығарға сірке де қалған жоқ, — деп Сәмиға түлкінің пұшпағынан тіккен әмиянды күйеуінің қолына тастай салды да кішкентай қол араны қоса ұсынды. — Мынаны қайсың ұстайтын едіңдер?.. Қағаз құрып қалғандай қарағайға хат жазған сенен басқа зиялы, сірә, жоқта шығар!..
— Саспа, бәйбіше, саспа! — деп әмиян қолына тиген соң, Ситекең бүгіндікке әйелінің бетіне бірінші рет тіктеп қарады. Төркіннен келген екеуімізде де мал жоқ, бұл шіркін қарағайдың саржаны мен Талдыбұлақтың шөп-шаламынан жиналған қолдың кірі еді ғой, — деп апанды жасаусыз алғанмын дегендей әлденені салық қып Бескемпірге кірпіксіз көзін бір қысып қойды. — Қағаз деген немене, қалтада жатып та шіриді, қарағай күндіз-түні қақшиып, қашан көрсең де қарызыңды есіңе салады деп тұрады.
— Бәсе, арғы-бергі дос-жараның соңғы кезде маңайыңды баспай қойып еді, мына селтиген қу молақтан қорқып жүр екен-ау. — Сәмиға күйеуі арқа сүйеп отырған молақ қарағайды иегімен бір өлшеп шықты да еңкейе беріп Бескемпір мен Асекеңе назарын сала күліп жіберді. — Батыр-еке, бүйте берсең бір күні ағайыннан да айырылып қалармыз, не мына қарағайды құрт, не жұрттағы малыңды жинап ал... Енді тезірек үйге кіріп көңілін баспасақ мына сары тоқалың ентігіп шыдай алмай тұр, — деп Сәмиға бұрқылдаған сары самауырды көтере жөнелді.
Ситекең пұшпақ әмиянның таспалы бауын баппен шешіп, бір уыс ақша суырды да мың сомды Асекеңнің алдына тастады.
— Санап ал!
— Сен де санамай беріп отырған жоқпысың.
— Ендеше мына қарағайға қолтаңбаңды сал! — деп қолына араны ұстатты. — Осы қу молақ құламай қарызыңды ұмытпайсың!..
Қу молақтың жалаңаш бөксесі жыпырлаған араның ізі екен, дүмінен басталған кертік кісі омырауына жетіп қапты. Асекеңнің шүршік еріні ысқырып жіберді де аяғын әлдебір әуенге бұрып әкетті.
— Сыболыш!
— Ау!
— Мына байлықты қайда сыйғызасың?!
— Сыймаған соң ғой қарағайды кассир қылып отырғаным!
— Мұның ішінде Мәтпұса мен Пәтлә да жүрген шығар-ау?..
— Танып тұрмысың?
— Енді олар, өлсең көріңе бірге түсетін жан пида достарың еді, тіріде қасыңнан қалар ма!..
— Сенің апаңда да ми жоқ! — деп Ситекең сөзін Бескемпірге аударып тастады. — Жұрттағы малыңды жинап ал дейді, өліп қалған марқұмдардан қарызымды көрден тұрғызып сұраймын ба?!
— Сонда қалай? — деп Асекең Ситан сыболшына алара қарады.
— Мен де өлгендердің санатында кеткенмін бе?
— Немене, сенің жаның Мәтпұса мен Пәтладан артық па? Әлде өлмейтін албасты ма едің?! Қорықпа, олар да тірі жүр ғой. Сен өлгенше бұл молақтың құлап қалмасына кім кепіл?..
— Ырымының жаманын!.. Мың сомға бола тастай алмай жүрген жанымыз жоқ! — деп Асекең уысындағы ақшаны иесіне қайта ұсынып еді:
— Ендеше, мынауымды өзіме бер! — деп Ситекең қол араны тартып алды да қиқиып үйге беттеді. — Ал, анауыңды әуселең жетсе Сөмкеңнің ышқырына өзің апарып сал!
— Мынау ит екен ғой! — деп Асекең ақша қарып бара жатқандай алақанына бір, селтиген молақ қарағайдың жалаңаш бөксесіне бір алақтап қала берген...
4
Сегіз ұлдың бірінің есімі есінде қалған жоқ, Ситанның өзі түгел жатқа білер ме екен?.. Сәмиғаның өзі ғана түгендеп отыр. Онда да үй шаруаға жұмсағанда ғана. Бірақ бірде бірінің есімін атап шақырған жоқ. Рұқсатсыз бір де бірі дастарқан басына келген жоқ. Балалы үй сияқты емес. Тек балалардың иісі ғана бар. Оның өзі де Сәмиғаның өңірінен сезіледі. Сезілмеген нәрсе... Сәмиға жозының бір басын жалғыз толтырып отырғанда осы үйде Ситанның да бары білінбейді екен. Әлде Бескемпірге солай көрінді ме? Бескемпір жездем бар деп ойлаған емес. Қазір де ойлап отырғаны шамалы. Апасын көрмегелі он жыл болып еді. Он жылда оны да жатырқап қалыпты. Тек құшақтап көріскенде ғана атам заманда өшіп қалған туыстық сезімі тұла бойын дір еткізгендей болып еді. Соның әсерінен әлі де шыға алмай отырған сияқты. Әлі де соның әсерімен отырған сияқты: әңгімеден аулақ, астан да, қалжыңнан да қағажу, екі құлағы тарс бітіп қалғандай әйтеуір беймаза халде. Қымыз сапырған, кесе жүгірткен апасының жүзікті қолынан басқа түк көріп отырған жоқ. Бұл да әншейін бір елес секілді Отыз жасына дейін тентіреп өскен жігіттің қазір де тентіреп отырған көңілі қайдағы бір алтын жүзікті, қайдағы бір саусақты іздеп сандалып еді, жүзікті қол кесемен жарысып алдына үш келіп, үш қайтқанда барып шешесі, шешесінің алтын жүзігі есіне оралды да жай тапты. Тапқан жоқ, есіне түскеніне шүкіршілік етті. Енді Сәмиғаның сағасынан жүзікке қылқынған аппақ саусақтарын қайда жүгірсе соңынан қалмай, қалт жібермей қуалап отыр, қуалап отырып тағы да басы айналғандай болып еді...
— Жарығым-ау, бір жерің ауырып отыр ма?..
— А?
— Мазасызсың ғой, бір жерің ауырып отыр ма?..
— Жоқ, әншейін...
— Мұзға түнеп үйренген тайганың жөлігі моншаға түссе маужырайтын әдеті емес пе, — деп Ситекең тер қатып қалмасын деп Бескемпірдің иығына тон жапқан бәйбішесіне құлаққағыс қыламын деп балдызын да бір сипап өтті. — Тастай қымызың таңдайына жақпай отырған шығар, әлгі бал сыраң бар ма еді, бұл енді қайтып он жылда тағы бір соққанша ашып кетер, әкелсеңші!..
— Мырзам, тойыс, Ситеке! Балдызыңыз мұзда туып, мұзда аяқтанатын бөкен тектес боп шықты ғой.
— Бөкен тектес болса танауы саған тартса керек еді, бұ кісілердің пародасы бөлектеу боп отыр-ау... — Сырт теппесе де апасы мен бауырын бір бұрышқа теліген Ситекеңнің сөзінде әзілден көрі ептеген салқындық бар еді, соны сезді ме, жалт ете қалған Сәмиғаның жанары күйеуін бір түйреп өтті де, сазандай аппақ алқымы ісініп барып, әйтеуір үндемей басылды.
Мұзда туып, мұзда аяқтанғаны да рас еді, бірақ жездесінің бөлектеусің дегені мұздан да ызғарды талай қаңқуды есіне салған, өкпесі де жоқ, өліп-өшіп жан тартып та көрмеген, кеуіліне жақын боп та, жат боп та қонақтамаған адамның әзілі сүйкімсіздеу естілді. Бескемпірдің жұртқа сүйкімсіз, жұрттың Бескемпірге сүйкімсіз болғаны бір бүгін бе еді... Дастарқан үстінде қалқып жүрген апасының жүзікті қолын қуалаймын деп отырып қайдағы бір ой жынысына тентіреп кеткен Бескемпір Асекең мен оның Ситан сыболышының әңгімесінен де адасып қалды, көз алдындағы Асекең күншілікте, көз алдындағы домбыраның үні күншіліктен құмығын ыққандай, сарыны бірде "Бозінген", бірде Асан Қайғының "Ел айырылғаны" болып жетті де осы бір екі саз жарыса жамырап құлағынан кетпей қойғаны...
...Тыңдауға әуестігі болмаса, не домбыра, не сырнай, не сыбызғы тартып жетістірген емес. Ала жаздай Қатын мен Бұқтырманың арасында қамалып жататын бала-шағаның айналдыратын бар ермегі ақсақ бригадир Ақшамбек еді. Соғыстан жарадар болып ерте оралған бригадир бүкіл жетімнің жалғыз әкесіндей, бүкіл жесірдің жалғыз бас алқасындай: айғайшысы да Ақшамбек, асыраған да Ақшамбек, қара қостан Ақшамбек кетсе қайғы басатындай ошақ басы қаңырап, екі көзі төрт болып елге қарай ұлыған жетімектер быт-шыт болатын. Жол жорғаның митыңындай ана сыбызғы тартатын өнері бар жалғыз еркек балалармен еркек қос болып, ымырттан көз ұйқыға кеткенше солардың ермегіне жараушы еді. Құшақ-құшақ жиып әкелген қурайдың жүзінен бірін таңдап, алдаса да әйтеуір бір күй тартып беретін. Күй деп тартатын, күй ме, ән бе, адасқақ әуен бе, кім білсін, әйтеуір боздаған зарлы бір үн Бескемпірдің құлағында күні бүгінге дейін қалыпты. Әсіресе ымырт түсе, жалғыз жүргенде шалықтап, үзіліп жетіп, үзіліп өшетін мұңды бір сарын. Қазір де қосарға жеккен домбыраның шанағына мойнын бұрып алып теңселген Асекеңнің бұлдыр елесін көріп отырып, көңілі Ақшамбектің қурайын іздеумен Бұқтырма мен Қатынның арасындағы Ақтастың бытқылын кезіп жүр еді.
Ақшамбек әкесінің көзін көргеннің бірі десетін. Бірақ, көрдім деп еш уақытта айтқан емес. Тілінің ұшында тұрғанын айтпаса да көзінен ұғатын, өгіздің ырғағынан титықтаған құт ақым баланы қайда барса да көк шолағына мінгестіре жүретін жанашырлығын білетін. Күні кешеге дейін фамилиясыз өскен Бескемпір әкесі түгіл Бескемпір деген өз атын да ел аузынан дұрыс естіген жоқ, қаршадайынан қолына түскен қисса мен өлең біткенді жаттап үйренген, ұмытқанын ойдан қиыстырып соға беретін жырқұмар неменің лақап есімі Жырау еді, туыс атаулыдан жалғыз қара, әкесінің жалғыз қарындасы Сәмиға да бес кемпірді түгел санап жатпай Жарығым, Жалғызым дей салатын. Ұрысса да Жалғызым, мекіренсе де Жарығым. Әлдекім іздей қалса: "Әй, әлгі Сәмиғаның Жарығы қайда кеткен?" — деп, әлдекім ұрса қалса: "Әй, жалғызыңнан жайрағыр!" — деп қарғайтын да, одан да ащырақ еститіні "ей, пәшестің тұқымы!" болатын. Еркек кіндіктінің ересегі Мәтпұса әскерге алынып, соғыс бітіп қалған соң жол ортадан қайтты да жиырма жетіншінің төлі Асекеңнің Ситан сыболышы әне кетемін, міне кетемін деп жүріп, ақыры ши борбайлардың арасында қалып қойды. Бұл да кезінде Бескемпірді кісі деп санаған жоқ еді. Бескемпірді кісі санатына қоспаған Ситан ғана емес, Бескемпірді кісі санатына қостырмаған "халық жауы" дейтұғын түстеп те танымаған әкенің артына мирас қып тастап кеткен лаңы.
Аптасына бір дүркін қатындар моншаға түсіп, кір-қоңын жуып қайтуға ауылға кететін де Ақшамбек бала-шағамен қара қоста қалатын. Паромды арғы бетке байлап тастаған соң қашып тағы кете алмайсың., екі көзің отта, ермегің балқарағайдың көк бүршігі, шайырын қоламтаға күйгізіп су жаңғақты езулеп кеп отырғаның. Су жаңғақ ас та болмайды, әрі-беріден соң асқазаныңды сақардай бүріп, аузыңнан қара су лоқсытқанда қолқаң үзілгендей күшенесің. Ала қыстай әр үйдің отымен кіріп, күлімен шығатын Сәмиғаның жаз бойғы қонысы пішенші мен орақшының қара қосы еді. Сондағы бар уайымы жалғыз бауырдың құлқыны мен құл кимейтін біреудің иығынан түсер ескісі. Колхоздың жауыр өгізінің мойнынан түспейтін жармасындай Сәмиғаны иінағаш жан ашып тастай ма деп қорқушы еді, обалы кәне, асырауы келіспесе де он бес жасында-ақ қыздың әдемісі болып бой жетті. Жалғыз бауырын тастап кетуге қимай ма, әлде баратын жері жоқ болған соң қорғана ма, әйелдер елге жөңкілгенде Сәмиға көзі жәудіреп қара қоста қала беретін. Ермегі — жамау-жасқау, әйтпесе тоқыма бізі, қолғаптан көйлек-дамбалға дейін Жалғызының үстіне қолдан тоқып кигізетін еді. Тоқыма киген жалғыз ғана Бескемпір емес, жәудір көздердің бәрі де жүнге бөленіп, жарғақпен жатқан, тер мен иіс-қоңыстан бөртініп, қасына-қасына ешкі қотыр болған қыршаңқы байғұстар. Қыз шіркін қаршадайынан сұңғыла дейтіні де рас шығар, Сәмиға балалардың іш киімін түгел сыпырып алып, іңірде құмырсқаның илеуіне көметін де ертеңгісін қағып-сілкіп қайта кигізеді; бір жәндікті бір жәндік жеген тірлік те, құмырсқа екеш құмырсқаға да талшық керек екен, бір түнде сіркесіне дейін сыпырып әкетіп тазартып қоятын да киімде қалған сақардың сабыныңдай ащы қышқылы мықын мен қолтықтың ешкі қотырын сылып түсетін. Балалардың нәркесі де, лөктері де Сәмиға мен құмырсқа еді. Оған намыстанған да ешкім жоқ, рақмет айтқан да ешкім жоқ. Естиярды былай қойғанда, бойы бұтаға жетпей жатып тілін "жасасын, көсем, жасасынмен" ашқан боқташақтың да "бақытты балалық шағы үшін" бар айтар алғысы жалғыз Құдай — ұлы көсемнен артылмайтын да былайғы құл құрғақ сәлемнен де құр қалушы еді. Есіл еңбегін бодаусыз борышына сілекейсіз берген пақырдың күні бүгінге дейін есем кетті-ау дейтіні бар ма екен, сірә?!
Ақшамбектің аптасына беретін "санитар күні" де жаңбырлы кездің есебінен еді. Дәл сол күні ақсақ аяғының азабын көтерісіп жүрген әйелін толғақ қысып бригадир көк шолағын ырсылдатып көппен бірге елге кетті де орнына Асекеңнің Ситан сыболышын қалдырған. Шөп жиса тырмасының тісін ұштап, шөмеле үйсе айырының ашасын сыптап, қазан-ошақтың басында да Сәмиғаның қасынан шықпайтын Ситанды Бескемпір иттің етінен түгілі, иттің өтінен де жек көретін. Құданың құдіреті, кірпіксіз жіпсік көзі, не қартаймайтын, не марқаймайтын шіп-шикі бет-ауызы баяғы заманда да дәл осындай еді, бұл да бүгінде баяғы заманда жас болып едім деп айтады-ау!.. Жек көретіндей Бескемпірге қиянаты болған жоқ, бірақ Бескемпірдің де жек көретін бір пендесі болуы керек қой.
Тұманы тас көтергендей, жаңбыры жапырақтай тайганың сүйкімсіз күні еді. Асекеңнің Ситан сыболышы балаларды итарқадан дірдектетіп айдап шықты да "соғыс" ойнайсыңдар деп жарлық берді. Өзін бас қолбасшы сайлап, әскерін екі топқа бөлді де:
— Жеңген жағың қызыләскер, жеңілгендерің пәшессіңдер! — деді — Жеңгендерің отын жарып от жағасыңдар, жеңілгендерің қап алып балқарағай соғуға барасыңдар.
Бас қолбасшының бұйрығын екі етуге заң жоқ, кеңірдектен шалғынды кешіп, сүмелектей су болып балқарағай соғу да қиямет, отты маздатып қойып итарқада талтайып отырғанға не жетсін, бірақ ол да қол жетпейтін арман. Ең қиыны — ешкімнің пәшес болғысы келмейді, келмеген соң жан пида деп өліп-тіріліп, аяғы шын төбелеске айналатыны бар. Киім жыртылады. Киім жыртылған соң шешеден жейтін таяқ және бар.
— Ол болмайт! — деп Тырыштың пұшық Ерғалиі таңқ еткенде тілі қасқа тісінің жыртығынан солаң етіп түсіп қала жаздады.
— Неге болмайт? — деп Ситан да шікірейе қалды. — Әлде сен Ұлы Көсемнің бұйрығына қарсымысың?
Ерғали қасқа тісінің жыртығынан солаңдаған сала құлаш тілін қайтадан жұтып қойды. Көсеудей-ақ немені көсемнің атымен қорқытқан соң зәре-құт қала ма, басқа түссе біз көндік дегендей басқалары да балақтарын түрініп, ұлтаны шырыш, бақайы балшық боп тұтасып кеткен көн аяқтарын шалғынның шығына тағы бір жібітіп алуға ыңғайлана бастаған, бірақ, бәрібір ешкімнің фашист болғысы келмеді.
— Өзің бөліп бер... атап-атап бөліп бер! — деп Ерғали сонда да тақылдап қоймады.
— Онда сен пәшес боласың!
— Болмаймын! Неге болам?! Менің әкем соғыста ерлікпен қаза тапқан! — деп Ерғали тағы да табан тіресе жатып алды. — Тұр ғой әне пешес! Пәшес Бескемпір болады! — деді.
— Мейлі онда, Бескемпір пәшес болсын!.. Өзі де соған лайық қой...
Қолында мылтығы болса Ситанды Ерғалимен қоса атып-ақ тастар еді, әттең, Ақшамбек жонып берген кеспектей ағаштан басқа дым жоқ, жанары ысып, тұла бойы қалшылдап, құлағынан қара табанына дейін шымырлатқан ызадан үні шықпай қалатын... Ылғи осы. Сонан соңда Бескемпір соғыс ойынын жек көретін, соғысты жек көргендіктен ғана емес, фашисті жек көргендіктен, фашист болғысы келмегендіктен. Балалар екіге бөлінгенде мұның соңынан тек нашарлар ғана еретін де олардың өзі де былай шыға бере дезертир болып қызылдарға қосылып, артынан Бескемпірдің өзін төмпештейтін. Өйткені дезертирге кешірім жоқ. Командирін байлап-матап штабқа алып келсе қызыл әскердің қатарына қосылады. Сөйтіп жау жеңіледі. Жаза тартатын жалғыз Бескемпір. Өйткені ол фашист. Тұтқыннан жауап алатын тағы да сол Ситан.
— Аты-жөнің, фамилияң?..
— Немене фамилияңды ұмытып қалдың ба?!
— Қане мойында, советтің қанша азаматын қинап өлтірдің?..
— Жауап бермегені үшін бес кертұқыл!..
— Ой, әкеңді!.. Мен пәшес емеспін!.. Өзің пәшес!..
— Әй, мынау не оттап тұр ей?! Сенің әкең менің әкемнен артық па екен?! Сенін әкең қайда өзі, алдымен соны айтшы?!
— Жетпіс жеті әкеңді ендеше!.. Сенің әкең иттің етін жеп отыз екінші жылы аштан өлген, білдің бе!..
— Әкемді боқтағаны үшін бес кертұқыл!.. Пәшес дегені үшін жығып салып, қара табанынан бәрің жиылып қытықтайсыңдар!.. Халық жауының тұқымы ретінде ортамыздан аластап, итарқаға қамап тастаңдар!..
Халық жауы... Халық жауының тұқымы... Балаларды қойып, соған үлкендердің де кейбіреуі сенетін. Сол сенетіннің бірі Ситан еді. Сенбейтін Бескемпірдің өзі еді. Сәмиғаның сенетінін де, сенбейтінін де сұраған емес. Сұрамақ түгілі, жұрттан көрген қиянатын да айтқан емес, көз жасын көрсеткен емес...
...Тұманы тас көтергендей, жаңбыры жапырақтай тайганың сүйкімсіз күні еді. Сүйкімсіз ойын басталып кетті. Бескемпір жалғыз өзі барлауға шығып, Ерғалиді оңашада ұстап алды да мес қылып итше тепкіледі. Басын суға тығып, тұншықтырып тұрып сабады. Ерғали ара-тұра есін жиғанда:
— Сен қызыл әскердің кәмәндірін сабауға қақың жоқ! — деп бақырады.
— Кәмәндірден садаға кет! Сен кәмәндір емес, сатқынсың! Жолдасын сатқан бредәтілсің!..
— Ағатай-ай, өлдім ғой!..
— Өлтіремін, сатқын ит!..
— Ағатай-ай, өлтіре көрмеші!.. Бірдеме айтайын!..
— Не айтасың?! Сен не айтушы едің?!
— Айтамын, ағатай!.. Айтайын!.. Ситан сенің Сәмиға тәтеңмен итарқада үйшік-үйшік ойнап жатыр!.. Бізді соғысқа қуып жіберіп ыңғай сөйтеді!..
— Шын айтасың ба?!
— Оллахи-билләхи!..
— Тағы кімге айтасың?!
— Айт десең Ақшамбек ағаға айтайын! Тек өлтірмеші!..
— Өлтіремін, сатқын ит!.. Ақыры айтады екенсің, қазір өлтірем!..
— Ағатай-ай, айтпаймын!.. Айтсам аузыма қара қан толсын...
Ерғали ешкімге айтқан жоқ. Айтса өлтіретін бе еді, өлтірмес пе еді, кім білсін. Әйтеуір Ситанның басын балтамен шауып тастай жаздағаны есінде...
...Тұманы тас көтергендей, жаңбыры жапырақтай тайганың сүйкімсіз күні еді. Санын сидаға, табанын тасқа тілдіріп, жын қаққандай безіп ала жөнелді. Безген бойда жаңғырыққа қадаған қара балтаны жұлып ап итарқаға жетіп келген. Келген бойда төбеге ұрғандай қалшиып қатты да қалды. Ситан төрт аяқтап тоңқайып еңіреп жылап жатыр екен. Жылап жатып Сәмиғаның башпайын сүйіп жатыр екен. Сәмиға үн-түнсіз тізесін құшақтап итарқаның іргесінде бүрісіп отыр. Қорсылдаған Ситанның қолқасын түсіре тепкісі келді. Қолқасын түсірмек түгілі, басын шауып тастасаң да Ситанның қарайтын түрі жоқ еді. Сәмиғаның екі аяғын тас қып құшақтап, еркелеген мысықтай екі бетін балтырына кезек төсеп еңкілдесін келіп... Ара-кідік естігені:
— Садағаң кетейін, Сәмиға!.. Құлың боп кетейін, Сәмиға!.. Итің боп өтейін, Сәмиға!.. Маңдайымнан теппеші, Сәмиға!.. Өлтірем десең де өзің біл! Сенсіз менің күнім жоқ?.. Өл десең де өле салам!..
Екі сөздің біреуі Сәмиға, екі сөздің біреуі өлемін. Онсыз да өлім тілеп жатқан байғұсқа Бескемпір балтасын көтере алмады. Бескемпір додасы шығып жылаған еркекті бірінші көрген. Ситанның божып кеткен ернінен қара табанын тартып алған Сәмиға есікке қарап Бескемпірді, Бескемпірдің балтасын көрді де бақырайып орнынан атып тұрды.
— Жарығым-ау, мұның не?! Таста андағы балтаңды!..
Жылап жүріп итарқадан төрт аяқтап тоңқайып шыққан Ситан сасқаны ма, Бескемпірге алақтап:
— Әй, сен нағып тұрсың? Бар, ойнап кел, соғыс әлі біткен жоқ! — деді.
— Соғыс бітті! Біз жеңдік! — деп Бескемпір қолындағы балтасын лақтырып жіберген, Құдай аузына салды ма, бір жылға толар-толмаста соғыс та бітті, әділет жеңді, бірақ, Бескемпір өз тағдырын өзі жеңе алмады...
...Қатын мен Бұқтырманың арасында Алтайдың шыбынсыз жазы өтті, алтын сабақты сарша тамыздың жайма-шуағын тауысып барып пішенішілер ораққа қайтты. Күрең сенің мұртын сарғайтып қарашаның қара суығы келгенде ел де қысқы қонысына оралып еді. Әкеден қалған қара шаңырақ та жоқ, колхоздың астық қоймасының иен қалған бір бөлмесінде қыстап шығатын Сәмиға мен Бескемпір масатын жинап, қолқанатсыз қалған кәрі-құртаңның огородын қазып, ақы-пұлына тапқан бірер мөшек картобын қаптап, келер қыстың аязын күткен. Ситанда бас сұғар күрке де жоқ еді. Жіберсе көрінгеннің босағасында түнеп, жібермесе колхоз бен селсебеттің кеңсесінде домалай кететін қаңғыбас сол жылы Сәмиға мен Бескемпірдің есігінің көзінен кетпейтін болды. Күндіз ат қора мен сиыр фермасының боғын күреп күн өлтіреді де түн баласында күзететіні колхоздың қоймасы, шынын айтқанда Сәмиғаның есігі. Әрі жүр дегенге кетпейді, кірейін деп тағы сұранбайды, қиюы қашқан сықырлауық есік топсасынан зар еңіреп қай мезгілде ашылса да иесіз иттей бұралып баспалдақтың үстінде бүрісіп кеп отырғаны.
Бескемпір ымыртта мектептен келгенде үн-түнсіз имиіп шығып бара жатады, ертеңгісін кетіп бара жатқанда мойнын ішіне алып, үн-түнсіз баспалдақтың ернеуінде қалып бара жатады. Түн баласында тыстағы тықырын тана еститін. Бескемпірдің көзінше Сәмиға кіре ғой демейді, Бескемпір жоқта не істейтінін кім білсін. "Қызымның қызығы үйде, қылығы түзде" дегенді Бескемпір бармақтай кезінде ұққан.
Тыста қара дауыл ұлып тұр. Бөлменің сығырайған жалғыз көзі қарашаның дымынан жылап тұр. Баспалдақтың тыстағы сықыры мен сықырынан Бескемпір тон астында жатып тоңып еді. Қаншама ит болса да адамды ит тірлікке қимайсың. Өштесіп жүріп Бескемпірдің де Ситанға істемейтіні жоқ болатын. Итарқасына түн ішінде ұрланып кіріп, жарғақ шалбарының қол сұғар ауын пышақпен ойып алады да шөппен нығарлап, қара тайдың ұшар басына делдитіп іліп кетуші еді. Ертеңгісін ел тұрғанда балағынан делең-делең айналған Ситанның тайтерісін көріп қатын-қалаш қыран-топан болатын. Сәмиғаның ұрысқанын тыңдамай Бескемпір өгізіне мініп жұмысына кете береді, Ситан байғұс ағаш басына жалаң бұт шыға алмай, ел аяғы басылғанша итарқада қалатын. Обал дегенді бұл да білмепті. Сәмиға сол кезде-ақ Ситанның жыртық - тесігін жұртқа білдірмей жамап беріп жүр екен-ау... Жанашырлығы ма, бауырының кінәсін жуып-шайғаны ма, кім білсін.
Тыста қарашаның қара дауылы ұлып тұрған. Бескемпір баспалдақтың тыстағы тықырынан тон астында жатып тоңып еді Қарашаның қара дауылынан бүріскен Ситан болар-ау...
— Тәте!..
— Ay, жарығым!.. Неге ұйықтамай жатырсың?..
— Сен Ситанға қатын боласың ба?
— Немене?.. Жарығым-ау, ол не дегенің?!
Сәмиға түн ішінде төсеніші мен құрақ көрпесін сүйреп келіп бауырының қасына жатты да іргесін қымтап, қатты қысып құшақтап, жарты көңілін жұбатқандай:
— Жарығым-ау, мен күйеуді қайтемін, менсіз сені кім асырайды? — деп күрсінді. — Сен ер жетіп, адам болмай мен күйеуге тимеймін!.. Әттең сен адам болып кетсең!.. Әкеңдей үлкен қызметке жетсең!..
Әкесіне келгенде екеуі де тым-тырыс болды. Бірінің ағасы, бірінің әкесі естеріне түскенде жылап отырып тыйылатын, күліп отырып күңірене қалатын әдеттері еді. Артында қалған ұрық-шарқына залалынан басқа дымы жоқ ондай адам болудың қажеті қанша? Түрмеден басқа шығар тұғыры жоқ ондай үлкен қызмет кімге керек. Атасын ойлады ма, әлде қыз байғұстың біреуге қатын болатынын қаршадайынан біліп, соның уайымына қажыған бауырының тағдырын ойлады ма, мүмкін, өз тағдырына налыған шығар, Сәмиға Бескемпірді тас қып құшақтап алып өксіп-өксіп жылады-ай келіп. Әлден уақытта өзінің саңылаусыз болашағына, беті ашылмай, жүзі жасымай жатып сандалтқан тағдырына мойын ұсынғандай:
— Жарығым-ау, мені Ситаннан басқа кім алады?! — деп тағы да күрсініп салды, күрсінгенде іші-бауыры езіліп түсердей қалшылдап еді. — Сені менен басқа кім асырағандай, мені Ситаннан басқа кім алғандай?! Халық жауының қарындасы бай түгіл, бақсыға керек пе екен бүгінде!..
Мен ер жеткенше әпкем қартайып қалар деп Бескемпір сол жылы көрші ауданның детдомына қашып кетті. Қартайып қалса Ситан да алмай қояр деп қорыққан. Бескемпір содан бері далада жүр, артынан іздеп баруға кезінде Сәмиғаның қолы қысқа болды, ол баста-ақ Ситанды жақтырмайтын көңілі Бескемпірді бұл шаңыраққа қайтып қарайлатпаған... Бай алғанша қартайып қалады деп қорыққан "халық жауының" қарындасы сол кезде он жетіге шығар-шықпас еді...
...Дастарқан үстінде ыдыс-аяқпен жарысқан жүзікті қолдың иесі бүгінде қырықтан асып отыр. Бай алғанша қартайып қалар деп қорыққан он алты жасар апасының әлі де қартаятын түрі жоқ, ерепейсіз мол да емес, ет-жеңді келген от орнындай сұңғақ әйел отырғанда да Ситанды екі орап әкеткендей екен, Бескемпірге екеуі де баяғысындай көрінді.
Тыстан шабаланып ит үрген, Асекең домбырасын іргеге сүйей салды да Ситан сыболышы ежірейіп есікке қарады.
— Бәйбіше, тезірек есіктің ілмегін сал! — деді.
— Не болды, байғұс?! Тамағыңды ұрлап ішейін деп пе едің? Далаға шықсаңшы, иттерің қақалып өлетін болды ғой!..
— Е, ит болған соң үрет те! Үрмейтін ит болушы ма еді! — деп Ситекең жайбарақат қала берді. — Жегені аюдың еті, кигені қасқырдың терісі болса отан үрмеген ит атасының басына үре ме?!
— Құдай-ау, кімді айтып отырсың?!
— Кімді айтушы едім!.. Иван да! Жеті түнде сені іздеп келетін Иваннан басқа қанша тамырың бар еді?!
— Әдіра қал..
Ерлі-зайыпты екеуі езу қағысып үлгергенше есіктен дағарадай қасқыр бөрік кіріп кеп едірейіп сәлем берді. Өліп қалды деген Иванның он екі мүшесі түп-түгел сияқты.
— Қарашада ақпанның аязын сүйретіп үсік алып бара ма, мына қасқыр бөркің не, жаным-ау?! — деп Сәмиға Иванның басындағы бір қап теріге оқшырая қарады.
— Осы үйге бір топ ит кіріп кетіпті деген соң қорқытайын деп киіп едім... — Иван бір қап теріні жағалай төселген сырмаққа атып тұрып, бөксесімен басып отыра кетті.
— Мынауың да ит боп шықты ғой! — деп Асекең Ситан сыболышына қоса Иванды иегімен нұсқап, ернін Бескемпірге қарай шүршитті, енді болмағанда бір әуенді ысқыра жөнелетін еді, бірақ Ситан сыболышы оған жеткізбеді:
— Ойпырай, ұрының танауы көрде жатса да еттің иісін жібермейді, ә?! Ең болмағанда ас жеп біткен соң келсе қайтетін еді?..
— Бұл үй түйе сойса да бір асымнан артылмайтын болған соң таң ассам құр ауыз кетем деп қорықтым. — Иван дастарқанға енді келген тоқтының басын місе тұтпағандай қоңылтақси қарады. — Әлде иттің сілекейінен қасқыр жеркенеді деп сасқаның ба?.. Бәйбіше, қолға су әкелсеңші! — деп күректей алақанын Сәмиғаға ұсына берді. — Тыныштық па, әйтеуір?
— Е, бүгінде қу жанға тыныштық бар ма! — деп Ситекең жауапқа Сәмиғадан бұрын ұмтылды. — Сенің асыңды беріп тырнақ көбесін жібітелік жеп жатыр едік, арам қатқыр, оны да түгел бұйыртпадың!. Немене, жеті түнде жау қуды ма?
— Сен тұрғанда арам қатпаспыз! — деп Иван қолын шала шайып шылапшынға сілке салды да жозыға қонжиды. — Отынымды әкеп бер деп ынтырнат деректірі қыр соңымнан қалмаған соң... ақшасын әлдеқашан жеп қойыпсың, ендігі отырысың мынау, бәйбішеңе бөксеңді тығып алып!..
— Отын есіктің көзінде еді ғой, сол үшін үйге кірмесең де болатын еді!..
— Сенің айдай аппақ жүзіңді көрмей қалай кетем?!
— Ы-ы, солай де...қатының соңғы кезде тақтай жейді деген өсек шығып еді, қалай, қақалып өлетін түрі жоқ па, әйтеуір?..
— Бүгінгінің қатындары тамақ жесе де, тақтай жесе де семіріп, таяқ жесе құтыратын болған жоқ па! Оның несін сұрайсың? Әлде бұл үй одан аман ба еді?
— Қатын семірмегенде қайтсын! — деп Сәмиға екі замандасқа зілмен қарады. — Ара-тұра өсек айтып, ашулана қазан қайнатып, артылса салғыласып алатын кәсібі бар еді, оны да екеуің тартып алыпсыңдар!..
Екеуі де жым болды. Өзінше дәстердей болып, аю тулақтың үстінде дамбалшаң шалқып отырған Ситан сыболышы әп-сәтте бырысып, арқасындағы қара тонмен бірге шөгіп бара жатты. Иван сала құлаш селебесін қынынан суырып тізесіне бір сүртті де табақтағы етті бас салған, пышағының сұпытынан тіксініп қалған Сәмиға, "жаным-ау, андағы немең..." деп орамал ұсынып еді Иван оны керек те қылған жоқ.
— Түк етпейді, бәйбіше! Қасқыр сойғаным болмаса бұл шіркінді арамға тигізген емеспін! — деп ортан жілікті суырып алып селебесін көстеңдете бастады. — Қара таяқтардың тамағы қанша дейсің, ұшынғысы келмесе менің егініме түсе қоймас!..
Есіктен кірмей жатып итсің деп Асекең мен Бескемпірге келе тиіскен Иван ақыры екеуін қара табақтан да ығыстырып шығаратын болған соң, Сәмиға қонақтарының алдына қала тәртібімен сервиз қойды да, қара тонның жағасынан көрінбей қалған күйеуінің төбесін іздеп тауып көсеудей ағаш қасық ұстатты. Әркімнің бір жауы бар. Асекең аңның қорықшысы болса, Бескемпір ағаштың тәңірі, тайгада осы екеуінен басқа жұрт ығысатын төре-қараның қадірі кете бастаған, қолының сумақайы бар Иванның займкеде отырған Ситанға түнделетіп келуінің себебін, төрдегі екеуін көре сала іштегі қыжылын қыжыртпамен төге салғанын да Асекең әуелде-ақ сезген. Әншейінде де ауласына тас лақтыртпайтын қыршаңқы егерь қисық мұрнын Иванның бет моншағына қадап қойып:
— Шырағым, тірі жүр екенсің, тие берсін демей-ақ қой, бірақ бысмылданы ұмытпаған шығарсың? — дегенде көгендеп асаған құйрықпен бауыр Иван байғұстың кеңірдегіне кептеліп қала жаздады.
Ағайынға жақындаймын деп Орман ішінен көшіп келген дүрегейлеу Иван тоқсанында дүниеден қайтқан әкесінің тие берісіне арақ беріпті дегенді естігенде жұрт жағасын ұстаған. Асекең соны бетіне салық қыламын деп еді, жығылғанға жұдырық дегендей ешкім бетіне қарамай қойған қырық градустың шипасын Сәмиға да соститып Иванның алдына қоя салды. Ешкім құйып та берген жоқ, өзі де қол соза алмай, көк бөтелкенің сүмпиген аузы бұрқ ете қалатын минометтің ұңғысындай Иванның тура шекесінен қадалып, үңірейіп тұрды да қалды. Байғұсты қинамай не құй не көзін құрт дегенді аңғартып Ситекең бәйбішесіне екі-үш дүркін бұрылып еді, күндіздің өзінде тінтсең табылмайтын күйеуінің жіпсік көзінен ол да еш нәрсені оқып үлгермеді. Арақ десе артынан бір қап өсек еретін досының дәл қазір ішсе де, ішпесе де сөзге қалатынын сезген соң ақыры арашаға түсті.
— Әлдебір қаймана қазақ апақ-сапақта өзбек досына келген екен, қонақасына көк шайдан басқа дәнеңе бермепті. Қарыны ашқан қонақ жатар алдында: бұл үй тамақ ішпеуші ме еді десе, аузыңнан қалатындай ас беріп едім, тегі бісмілда демегенсің ғой деп үй иесі құтылып кетіпті. Дүние кезекпен өзбек досы үйіне келгенде әлгі қазақ бір қойды алып соғып, ішек-қарынына дейін алдына қойыпты да: пәтшағар, осыған бысмылда десең де тоясың, демесең де тоясың деген екен. Досын ақтаймын деп отырып дастарқанын мақтап алғанын Ситекеңнің өзі де сезбей қалған, алдымен Сәмиғаның ызғарлы көзінің қиығынан таяқ жеді де, артынан Асекең тағы да тотиып кетті.
— Жә, бүгіндік біраз тойғыздың, — деп Қисық мұрын майлыққа жармасқан, — енді осыны сіңіріп алсақ та жетер!.. Бергенімізді айтсақ та, көргенімізді айтсақ та жақсы мен жаман болып жауласпайтын сол қаймана қазақтың өзі емеспіз бе.
Шыны екенін, шымшымасы екенін Ситекең андамай қалды да апақ-сапақта албастыдай қайдан сап ете қап едің дегендей Иванға жақтырмай қараған, семіз сүбені бұрамай соғып отырған досының бет моншағында күмпиген ұрттан басқа дым жоқ екен. Ертеңгісін тана сыртынан ит қосып жіберген замандасын расында аю жарып кетпегеніне өкінді...
5
Құлқын сәріден ырылдаған "Дружба" көзін көш құлаш сүлгімен таңып тастап жатқан Асекеңді де орнынан тұрғызды. Дүние аппақ екен. Аппақ дүниенің шырқын бұзған Иван мен Ситан екен: қу молақты сұлатып салып, жентектеп жатыр, бензопиланың тісінен боз қыраудың бетіне қан шапшығандай, қалшылдаған қу молақ сұлап жатып Асекеңнің есіне мың сом қарызын ақырғы рет салып еді. Даяр саржанды басып беруге қимаған Ситан сыболышы да қу молақпен қарызынан құтылып тұр. Сірә, бірді-бірге жалғастырып, күрмеуге келмейтін қысқа жіптен арқан есуде Ситаннан өткен сыпа бар ма екен?.. Әркімнің тірлікке деген бір әуестігі бар, мал қиюға келгенде өлген-тірілгеніне қарамайтын "жан пида" досы шашуға келгенде де алдына жан салмайды. Мүмкін, қол қусырып қарап отыруға үйренбеген өлермен басы осыдан да ләззат табатын шығар, әлде билігіне көнбейтін былайғы жұртты жомарттығымен болса да кіріптар қылудың амалы ма, әйтеуір, ел шетіне жұт келді десе соның көмейін бітеуге алдымен жүгіретін Ситекең. Тегі, көлденең жатқан шырпыдан дәулет жинап, сандықтан алтынын садақаға шашу көрінгеннің қолынан келмесе керек. Әсіресе кімді-кім асырағандай дейтұғын бақал есептің заманында...
Құшақ жетпейтін жуан молақтың бұтағына дейін қи сыпырып тиеп алған Иван тракторын өшіріп шылым шегуге отырған, қасқыр құлақшын бас киім бөстектің қызметін атқарса керек, әлгінде төбесінде жүрген бір тең тайтері енді қымтау болып бөксесінде жатыр. Тәңірі алқам-салқам, боз қырауда көк бурыл көкірегінен бу атып, осы үйдің бар жұмысын тындырып тастағандай былшиып отырысына қарағанда Сәмиғаның таңғы шайын татпай кетпейтін сияқты еді.
— Ал атаңның басын артпасаң енді қалған ештеңе жоқ! — деп Ситан да оның бетін әрі қаратып жіберуге кірісті. Бірақ Иванның оған қыңатын түрі жоқ, саусағының басын қайшылап Ситекеңнен тағы бірдеме дәметті.
— Билет!.. Кубометрін есептеп тұрып анауыңнан билет әпер, болмаса қолыма қағаз ұстатсын! — деп күресіннен қайтқан Бескемпірді будақтаған шылымның түтінімен нұсқады.
— Оттапсың! Билетте менің жұмысым қанша?! Ағашыңды артып бердім, енді әйде марш!
— Ә-ә, оның болмас! Мен саржан алуға келгем, сен маған тік тұрған молақты жығып бердің. Мынау мүккәмалмен енді Мешелдің ала қоппасынан аттап көр!.. Дабай билет!
— Әй, ит-ау, көріп тұр ғой, қағаздың қанша қажеті бар?
— Тұрса қайтейін?! Тұрса үйіңде тұр да!.. Үйінде тұрған соң үйдей пәлесін жасырып тұр да! Былай шыға бере қуып жетіп, аударып алмасына кім кепіл?! Штрабы және бар. Жо-о, екі айып төлетіп байиын деген екенсіңдер!.. Дабай билет! Әйтпесе қағаз... Ынтырнаттың отынын әкетіп бара жатыр деген қолхат берсін!..
— Қағазда басың қалғыр екенсің!
— Әй, мен анау Мешеліңе немді көрсетем?! Ситан Қотырбаевтың кәлләсін кесіп әкеле жатырмын деймін бе?! Кестірерсің сен!.. Саржанын қимай шіріп кеткен молақты тиеп беріп тұрған кәззәп кестірер кәлләсін!..
— Әй, мынауың ит екен ғой.
— Ә-ә, оның рас! Екеуміз кәттө оқшаймыз!
— Тіфу!.. Мына имансызға бірдеме деші!..
— Немене, тағы да өлмеген қонжықтың терісін бөлісе алмай тұрсыңдар ма?
— Мына молақтың иесін таппай тұрмыз, — деп Иван бөксесіндегі қасқыр құлақшынын қағып киіп прицептің бортына жармасты.
— Қағаз бермесең қазір төгіп кетем!..
Бескемпір түсіне қойды. Түсінді де молақтың түбінде қалған томарына қарап күліп жіберді. Пышақтың жүзіндей қыртысы болмаса шіріп кеткен екен. Шірікті малданып тұрған Ситанға да, шірікке қағаз даулап тұрған Иванға да сенген жоқ. Сенбеген соң бұл да қасақана қырсығып Асекеңді төрелікке шақырды.
— Асеке, мынау марқұм молақтың құны қанша деп ойлайсың?
— Ол жағына енді ұяттымыз, үш-ш! — деп Асекең ысқырып жіберді. — Бұл молақтың құнын білу үшін Мәтпұсаны Пәтләсімен қосып, бүкіл Ақсу мен Жаманайдың, Жындысай мен Қотанағаштың өлген-жіткенін түгел төрелікке шақыру керек шығар, үш-ш-ш!..
Соларды түгел шақырып келсе де Иванның жүгіне қоятын түрі жоқ еді. Өтірік-шыны белгісіз, дәп қазір оған қазыдан көрі қағаз қымбат болып тұрған. Бескемпір Ситекеңнің қора-жайын бақшасымен қоса шолып шықты да: — Қанша сотық жерің бар? — деп қадала қалды. — Дөй далада отырып Құдайдың қу медиенін гектарға шақты деп пе едің?!
— Неге шақпайсың? Шағасың!..Шақтырамыз! — деді Бескемпір.
— Егер үй іргесінің елу сотық меншігіне кірсе, мына жарықтық қу молақтың құнын ешкім дауламайды.
— Әй, немене бас қатырып тұрсыңдар?! — деп енді Иван ежірейіп шыға келді. — Ситан сыболыштың ауласынан жығып алдым дегенге Мешел сыболышың сене ме? Әлде сендіру үшін ол немеңді осында жетектеп келуім керек пе? О несі ой, адамды ит қылып!.. Давай қағаз!
— Қағазды бере алмаймын, — деп Бескемпір шалқайды.
Біріншіден, рұқсатты қарағайды жықпай тұрып сұрау керек еді. Өйткені, оның категориясын, стандартын, шіру стадиясын, жасына дейін анықтап алмай рұқсат беруге қақым жоқ. Екіншіден, біреудің ауласында өсіп тұрған ағашына құқым жүрмейді. Үшіншіден, мұны қайда апара жатқаныңды қайдан білем? Саудаға салып, пұлын бөліп жедік деп ертең үстімнен арыз айдамасыңа көзім жетпейді!..
Үйден самауырын көтеріп Сәмиға шықпағанда қызыл кеңірдектің пәтуасы немен тынары белгісіз еді. Іңірде іргеге сүйей салған кернейін таппай самауырдың оттығын қағуға күйсеуінің хром етігін қарызға шешіп әкетті де шұлғауын сүйретіп жалаң аяқ қалған Ситекең Иванды қуып жүріп дауласуға ерінді. " Шипкасын" езуіне селтиіп енді қадай берген Асекең күмп-күмп желпінген семіз самауырдың бөксесіне бежірейіп отырып:
— Ойпырай, шуашына дейін шығынға кетпейтін бұ жұрттың етігі неткен бақытты! — деп таң қалды. — Мырзам!.. Тойыс.. кечирип қойғұн, Ситеке, еліңе обал боп жүрмесін, тек ұшына көрмеңіз!..
— Е, көп есемнің бірі шығар, кеңсірігі түсіп қалмас! — деп Ситекең Сәмиғаның құлағына жеткізбей күңк ете салды.
Кезінде мына кісінің айдай апасының башпайын да талай жалағанбыз. Түк еткен жоқ!..
Бәйбішесі қайтарып берген етікті қонышынан түгінің сарықпай жып-жылы қалпында киіп алған Ситекең тойтарып барып тоқыма шарбақтың есігін ашты да пысқырына шыққан көк серкенің соңындағы боз каска секті борбайымен қысып қалды.
— Әй, имансыз! Қатыныңның күні жақын деп еді, қалжасы бар ма еді?
— Сен де жоқты сұрайды екенсің! — деп шаршап қалған Иван қолды бір сілтеп тағы да томар үстіне қасқыр құлақшынды төсеп жатқан. — Өзіме қалжа беретін ағайын таппай жүргенде қатынды кім елеуші еді!..
— Мынаның мүйізі қымбат еді, тағы бір соққанда әкеліп тастарсың, — деп Ситекең боз қасқа секті дырылдатып сүйреп келді. Жоқ жерде шаруа табылғанына кәдімгідей қиналған Иван орнынан тұрды.
— Мұныңды отынның үстіне қалай артам?
— Артпасаң сойып әкет! Ту биені де жарты сағатта жәукемдеп жүрген ұрыға тоқты да сөз бе екен?!
— Ой, пәтшағар-ай, мұндай сараң болармысың! Тым құрыса қан-жыны мен боғы қалсын деп тұрсың ғой. Онан да бермей-ақ қоймайсың ба!..
— Бермей-ақ қояр едім, әттең, қатыныңның құрсағына ептеп еншілес боп тұрғаным...
Ситекең әлденені күбірлеп, он саусағын түгендеп шықты да тоғызына жеткенде шошынғандай кілт тоқтады.
— Әй, имансыз, тұра тұршы!.. Осы сүт кенжең сенің екі айлық лтпыңа дөп түсіп тұрған жоқ па?!
— Соны да сөз деп!.. Түссе өзіңнен басқа алыстан ұры келді деймісің?!
— Бәсе, өзім де содай ойлап едім-ау!..
— Пәтшағар, сондағы бергенің жалғыз сек пе? Бәйбішеңнен ұялсаңшы!
— Сек мал емес пе?! Айтпақшы, мал демекші, тезірек скотовоздың прицепін тауып кел. Қолдағы тұяқты түгел өткізіп жібермесек енді салмағы кемиді, әрі шөпке ортақ. Әлгі соғымға деген өгізіңді тағы да қағып кетпей тұрғанда жеткізіп ал. Құнажының қалсын, жазда біздің бәйбіше бұқаға тосып жүр еді, жатыры кеуіп қалмаса биыл туатын шығар.
— Е, туса туат та. Құдайға шүкір, екеумізге біткен мал мен бастың әзірге қысыр қалғаны жоқ қой!..
Ситекеңді марғау кешіріп жіберетіндей тайтерісіне сыймай бұлданып келіп, бұлданып зорға аттанған Иванның бар паңдығы бір сектің құнымен қолқ етіп түсіп қалып еді, сып етіп тайып тұрған трактористің артынан ысқырық шашқан Асекең Ситан сыболышының сыбағасын да сақтап тұр екен:
— Мұның атын вымогательство дейміз бе, әлде пара ма? — деп біле тұра үй иесінің көңілшек пейіліне күмән келтірген, оған Ситекең де сасқан жоқ.
— Не десең ол де, көре алмаған көп дұшпан осындай азаматтың артынан да топырақ лақтырды-ау! — деп досын ақтаған болып тұрып Асекеңді әлдекімдердің тізіміне қосып жіберді. Дүниеде орны жоқ нәрсе бар ма, шолақта болса пұшырайып есірінің сөзін толтырып тұратын қу молақтың орыны үңірейіп қалған сияқты, оның қасында Иван жамандасаң да қажауға жарайтын тірі жан ғой, көзіне ит десе де базары тарқағандай қоңылтақсыған Ситекең:
— Әлгі имансыз оразасын ашпай кетті-ау! — деп ендігі өшін мезгілінде қайнай қоймаған семіз самауырдан алатындай хром етігін отыра салып шеше бастады.
Күн көкжиектен арқан бойы ұзаған. Ертеңгісін опа жамылған Талдыбұлақ көз моншағын төге алмай, іркілдеп тұр. Азанғы дәмін әдейі кешіктіріп, шық кепкен соң жүрерсіңдер деген Сәмиға дастарқанын ет асымда зорға жайған, Бескемпір мен Асекең аттануға ыңғайланғанда Ситекең де шағыр көз шырқылдақ шабдарға ер салып еді, семіз самауырмен серттескендей былқ етпей отырған Сәмиға:
— Сен қай тойдан қалып барасың? — дегенде Ситекең қарылып кете жаздады.
— Әй, менің шаруам аз деп пе едің?! Қашаннан бері мен саған керек боп қалып едім?!
Сәмиға езу тартып жымиды. Кесесінің түбіне қарап отырып жымиды. "Қай тойдан қалып барасыңды" да Ситанға емес, кесесіне айтқан сияқты еді, осы сол жымиыстың өзі-ақ Ситан байғұстың ашуын итке керексіз қылып тастады да, үй иесі ашық есіктен аспан кемеріне сүзілген қалпы мөлиіп отырып қалды, тот жеген темір шелектің қақ суындай сарғыш қанарында: "шіркін-ай, мынау есіктен ебін тауып шығып кетсем-ау!" — деген арман бар. Өмірі қайдан жүрсің, қайда жүрсің деп сұрамаған, қайдан жүрсе де, қайда жүрсе де " жан пида" досының жамбасы жылы төсектің мамығын да, тайганың жапырағын да жатырқамайтын шығар деп ойлайтын Асекең мынау босағаны ары аттауы да, бері аттауы да Ситан сыболышына қияметтей қиын екенін бүгін сезді.
Сәмиға жайбарақат. Жүзіндегі әлгі бір жымиыстың нұрын әлі сіңірмепті. Ситан түгілі, қонақтарын да ұмытқан сияқты, осы үйге біреулер келіп еді-ау, осы үйден біреулер кетейін деп жатыр-ау деген пәруейінде жоқ. Дөй далада отырған жалғыз үйге соқпайтын пенде бар ма, солардың бәрін асымен де, ажарымен де шұлғытып үйреткен әйел тәкаппарлығы дөй даланың билігін де меншіктегісі келетін шығар, әлде сол дөй далада қызықсыз, қызғанышсыз өтіп бара жатқан ғұмырын, шерлі жүрегін шемендей керген қыжылын бұлдай ма, кім білсін?.. Кесесін қимай төңкерді. Ситекеңді де қимай отырғандай:
— Әй, Нұрбала! Мына әкеңнің сауыт-сайманын әкеліп берсейші! — деді. — Жау түсіре алмай арманда қалып, қайтып кеп мені сабап жүрмесін!..
Бүйірдегі бөлмеден алтын асықтай қыз шықты. Кешеден бері бір баланың даусын естімеген Асекең Нұрбаланы көріп қуанып қалды, Сәмиғадан аумай қалғанына қуанды. Ситан сыболышына тартса құдды өзі кінәлі болатындай қуыстанып еді. Құдайға шүкір!..
Нұрбала жүгіріп жүріп шоланнан әкесінің сырмалы күпәйкесін, керзі етігі мен суыр құлақшынын әкеліп берген, Ситекең расында жау қашып бара жатқандай абың-күбің киініп, есік көзіндегі орындыққа жарбиып отыра қалды. Түрінде осы үйден жылу сұрай келген кембағалдың мүсәпірлігі, жүзінде: "ал, ағайын, енді не отырыс?" — деген асығыстық бар, жалтақтауынан Сәмиғадан ығысқанын, Асекең мен Бескемпірге деген жалбарынышты аңғарды. Асекең мырс етігі иегін көтерген: жыланның ініндей суық жанарының сәл жібігені болмаса, қисық танауы міз бақпай есіктің маңдайшасын тіреп қалды. Тіреп отырып:
— Ойпырай, мырзам, тойыс, Ситеке! Дон-Кихот жарықтық қайда жүр десем, өзіміздің Талдыбұлақта екен ғой! — деп көйлегінің төс қалтасынан "шипкасын" суыра бастады.
Бескемпір де тіріле бастады. Үй-іші тіріле бастады. Тірілткен — қақ күпәйке, керзі етік, суыр құлақшынға жараса қалған Ситекеңнің жұртқа ежелден таныс мордасы; үйреніп қалған көзге, үйірсек көңілге Ситекеңнің жылбысқа жүзі де қымбат екен-ау!..
— Бұйымтайың бар ма? — деді Сәмиға.
Жалғыз бауыры жарытып ештеңе айтпады. Оның есесіне есік көзінде жарбиып отырған суыр құлақшын:
— Менің бұйымтайымды неге сұрамайсың?! — деп жарқ ете қалды. — Жаман айтпай жақсы жоқ, осы үйге тірі қайтам ба, өлі қайтам ба, әйтеуір қамсыз отырма!..
Әлгінде ғана осы есіктен атып шығуға ебін таппай отырған Ситеке сауыт-сайманын киіп алған соң, Меккеге мешіт салуға бара жатқандай паңдығы ұстай қалып еді, Сәмиға бұл жолы ыңғай бере қоймады.
— Тірі қайтсаң қашанда үй өзіңдікі, өлі кайтсаң — өкінішің жоқ, артыңда ұрпағың қалып барады ғой, — дегенде Ситекеңнің күмпиген жел көбігі бырысып қайтадан қалпына келді. — Ентірнатқа соғып соларыңды түгендей кел, әлгі әскердегі күшігіңнен хат-хабар бар ма екен, поштаға барып соны біл, тартпағырдың діні мұндай қатты болар ма, тірімін деуге жылына бір жапырақ қағазын қимауын қарашы!..
Бір кетсе көпке дейін қарасын таптырмайтын әкесіне ме, он жылда аманбысың деп ат басын бұрмаған нағашысына ма, әйтеуір, кімге тартқанын анықтап айтпаса да Сәмиға таяқтың екі басын да дәлдеп сілтеген еді, отыра берсе өзіне де бір шапалақтың тиерін сезген Асекең "шипкасын" сағатына жеткізбей өшіріп, қисық мұрынын есікке бұрғанда Ситан сыболышы зым-зия жоқ екен. Жұртта қалғандай сасқалақтап орнынан атып тұрды.
— Бәйбіше, спакөйстбие! Төлкө спакөйстбие! — деп, "тәсбидәниесін" айтуға үлгермей кетті.
6
Бірде тұман, бірде қара құрық қарашаның бұлыңғырын тасалап, күзеуден қайтқан малшылардың алды қыстауларына кіріп, соңы кең қолтықты әлі де шет пұшпақтап қона бастаған. Бұл жерде де ел бар-ау дейтіндей емес, әр қойнауда шошайып-шошайып отырған құрым үй мен алтыаяқ, итарқалардың түтіні сұйық, ауыл мен ауыл арасына ат ізін салған пенде болсашы. Жайлау шыға еруліктен бастап, қыз ұзатып қан-жынын араластырып тынатын, қыстауға жете қоныс майын сылтауратып, онан қалса сүндет тойының дырдуымен жырғап қалатын көші-қонды жұрттың бүгінде малдан басқа уайымы жоқ, түтіні де шыж-быждан иісі бөлек, купканың кезегін күтіп ойда отырып қалған пышана байғұстар бүкіл Алтайдың борығы мен қопасын қаралин сасытып кеулеп келеді екен. Мұңы бір болғанмен желігі басқа бұғышы мен жылқышының қи мүңкіген қойшыдан аш отырса да аулақ отыратыны осыдан шығар. Тышқан қағып жүрсе де ханға сәлем бермейтін Ситан сыболышының дон-кихоттығын да Асекең енді түсінгендей. Ел ішіне сыймайтын қайран досы жапанда жалғыз үй отырса да, содан басқа бет түзеп баратын бір самауыр шайдың адресі де жоқ екен. Боз қырауда түнімен бұйытып тұрған құла мен қара керді тезек тастасын деп шыға шапқан Асекең мен Бескемпір шырқылдақ шабдар қолқасы қорқылдап қуып жеткенше аттан түсіп жеңілдеп алысты. Тастап кетейін дескен жоқ еді, қуып жетуге Ситекеңнің де зауқы болған жоқ; "далақтап несіне қаштық" деген бір түйткіл екеуінің де кеуіліне суыр құлақшынды көргенде ғана түсті де, "далақтап несіне қудым" деген бір намыс Ситекеңнің көңілінде де кілкіп тұрып алды. Елбесіп-селбесіп өткізген екі күннің ермегі үшеуін де тойдырғандай. Шырқылдақ шабдар тәуелсіздігін танытып, келте құйрығын шошаң еткізеді де "қош бол, қалқам" — деп — тағы да қорқылдай жөнелді.
Жаз қуаң болғанмен терістің шүйгіні жабағыдай екен, шабындықта иін тіресе жыпырлап отырған көп маяның шошағына үйір-үйірімен қонақтаған қара құрда қисап жоқ; боз қырау түсе семіретін таудың алаңғасар тауығы майдан бауырын көтере алмай қалған ба, қамшы сілтесең үркетін емес, Асекең мен Бескемпір мылтық даусын күтіп еді, Ситекең қосауызын тақымынан суырмастан құр ойнақты қақ жарып қақпасы үңірейген әлдебір мал қорасына ат-матымен қойып кетті.
Қысқа қарай жыртық-тесігін шөппен жамап, жазға салым төбесінің сағдарына дейін суырып жеп қоятын совхоздың әдеті, ала жаздай ашық қалған қораның саз балшығы қорыс боп кетіпті: шырқылдақ шабдар шіріген кәшекті күйсеп тұр, сырғауыл жаппаның саңылауынан сорайған Ситекеңнің суыр құлақшыны бүкіл қораға сыймай шіреп тұр.
— Жын ұрған шығар! — деді Бескемпір.
— Әй, сыболыш!
— Ау!..
— Не боп қалды?
— Осыны қорып жүрген мен ақымақ, ақымаққа ақы төлеп жүрген сапқоз ақымақ — деп Ситекең ін аузындағы мысықтай іргедегі қалақайға үңіліп тапжылмастан отыра берді.
— Совхозды қайдан білейін, сенің ақымақтығыңа сенім жоқ! — деп Бескемпір бұрыла беріп тік шапшыған қара кердің үстінен түсіп қала жаздады.
Ошаған түбінен бажылдай ұшқан шұбар тауық қара кердің танауын канатымен соғып өтіп еді, шұбар тауықтың намысын жыртқан қораздар қуыс-қуыстан ойбайлап йен жұртты азан-қазан қылды. Қыстау маңы жыбыр-жыбыр, бүлк-бүлк, көң-қоқырдың асты шұрқылдап қайнап жатқандай; шошала, қора-қопсының іргесін үңгіп кеткен үй қояндары қалақай мен алаботаның арасынан жым салып алыпты. Жайлауға көшерде жұртына тастап кетіп, қарақұс пен түлкіден қалғанын қарашада қайтып кеп жинап алатын малшыға құс пен қоян талшық болмаса да бала-шағаның ермегі, алты ай қыс жем-шөптің қоқымын, ала жаздай шегіртке мен құрт-құмырсқаны қорек қылатын бейкүнә жәндіктердің қол байлар азабы және жоқ. Қалақай арасынан әлдене шоу ете қалып еді, қашан шіріп кеткені белгісіз, қалың қурайды суыр құлақшын сүзе шығып келеді екен, қолындағы қалақтаған түлкісі жиырылып-созылып әлі де жантәсілім ете қоймапты, құйрығы көш құлаш, жоны атластай төгілген алтайы қызылдың аяғынан қақпанды ағытып жатып:
— Мына құдағи қайсыңа сәлем берер екен? — деп екеуін бірдей үміттендіре желпіп-желпіп қойды. Тауықпен қоянның зауалы түлкі болғанда, түлкінің зауалы Ситекеңнің өзі болып шықты.
— Сыболыш!
— Ау!
— Қаңғырған мысыққа дейін тұзақтайтын болғансың ба?!
— Сен тышқан баққанға ұялмағанда мен қаққанға ұялам ба?!.
— Зонталақ-ай, ең болмағанда қарға бір аунауға мұрсат бермедің-ау!..
— Аунамаса да бір қатынды алдауға жетеді!
— Итке тастасаң да өзің біл. Тек қақпанды бері әкел!
— Үшінші сирағыңды қыстырам десең де қақпан жоқ! — деп Ситекең түлкісін де, қақпанын да өз қанжығасына байлап, шырқылдақ шабдарға шірене мінді. "Мынауың анау боп шықты ғой!" деп қисық мұрын ернін шүршитіп қала берді.
Пәтләсін Қатын бойындағы қара қоста қалдырып, Иванын бір күнде өлтіріп, бір күнде тірілтіп, қисық мұрынды да екі тәулік жіпсіз жетелеген Ситекеңнің ендігі жолының қайда түсерін ешкім білген жоқ еді, қолтық аузында жол бойына жақындап кеп қонып отырған құрым үйге жыртия қарап әлдекімді сөге жөнелді.
— Қасиетсіз ит, күресіннің далдасына жете алмай жүріп жер түбіндегі танымайтын құдасын іздеуін қарашы! — деді.
— Қара көрсе кісінейтін шартық айғырдай оқыранғыш неме, өтірік те болса жекжатын түгел санап шықпай қайтушы ма еді! — деп тағы бір қойды.
Мәтпұсаның "жетпегірі" Алматыда қатын алды деп еді, жорға Бикесін жетектеп астанаға кеткеніне жарты ай болды деген, ендігі түгендейтіні Мәтпұса еді, сірә. Ситекеңнің мынау сыбағасы соған арналса керек. Өрісін тарылтып кеткен досына қарадай өшігіп тұрған Ситекең Бескемпірдің жыртыңын да жақтырмай қалды.
— Әй, осы сенің не білген ойың бар?
— Сенің өлгенің жаңа, менің көргенім жаңа, менің қай мұңым қабырғаңа бата алғандай боп еді?!.
— Өз мұңым да бір басыма жетерлік, сенің еншіңді бөліп-жарайын деп тұрған мен жоқ!
— Ендеше, өз мұңыңды тауысып ал! Елде нең бар!..
— Әне бір боқташақтарды асырағаннан басқа менде не мұң қалды дейсің. Жас желпінсе — бір істі тындырып тастаудың амалы, кәрі желпінсе — шіріп бара жатқан жамбасын жел қақтырып алғаннан артылғаны шамалы!.. Кеше дым бітірмеген мырық, енді бүгін не бітіргендеймін?!. Бірақ біреудің қорасына түссең де адам боп бір сілкіну деген қайда? Не көсемге жарамай, ме көсеуге жарамай құр көшке ергеннің несі өмір?.. Елде нең бар дейсің, онда өз мұңымызбен тоз-тоз боп қоржын арқалап кетелік! Содан оңай нәрсе жоқ!..
— Мырзам, тойыс, Ситеке!.. Бір түлкі байландым деп жұрттың төбесінен қарағаныңа жол болсын!..
— Ақсудың мен сияқты қортығы мен шартығында қайбір жетіскен төбе бар еді?! Ол төбеге бақа-шаян да отырып кете береді!..
Сыңар соқпаққа таласқан құла айғыр мен қара кер бесті тізгін сүзе сумаңдай шықты да Ситан шырқылдақ шабдардың қолқасын қинамап еді, сыңар соқпаққа сыймаған ат үстіндегі үшеу бір-бірінен бет-жүздерін алып қашқан сияқты. Асекең айтылған сөздің нарқына тоқтағандай, Бескемпір бес батпан айыпты берекесіз ауыздан естідім деп қорланды ма, әлде мойындағаны ма, жездесіне бетпе-бет келе алмады. Тек құрым үйдің тұсына таяна бергенде арт жақтан естілген Ситекеңнің:
— Анау үйге түсіп сәлем бере шығамыз! — деген бұйрығына бұрылып алара бір қарады да:
— Сәлем беретіндей ол үйде кім бар еді?! — деп бұрқ ете қалды.
— Кім барын білмей қалғаның?.. Ерғалиді менсінбесең — бойжеткен қызы бар, қызды менсінбесең — қазақтың бір шаңырағы, аттап кетем десең тағы өзің біл!..
Асекең Ситан сыболышының аяқ астынан көшелі бола қалғанына таң қалды да тізгінін іркіп, жолдан шыға берген шабдардың қосарына ерді.
— Сыболыш!
— Ау!..
— Ерғалида бойжеткен қыз бар ма еді?
— Бар ғой, бар!.. Еріп келген қыз. Кербез қатынына еріп келген. Кеудесіне шыбын қонақтап кетсе де туайын деп пісіп отыр! Тек дымың ішінде болсын. Анау иттің мысын өстіп құртпасақ ырбынай боп бір күні күлге шөгіп өлетін шығар!..
Асекеңнің қисық мұрыны бір шатақтың иісін сезгендей шүршік ерінді сүзе артына бұрылып еді, Бескемпір де қисайып екеуінің соңына түскен екен.
Мойыны құрықтай, сазандай аппақ қатын қонақтарды көре сала жүрелеп отыра кетті де бетті құбылаға, бөксені келімсек жұртқа беріп әйде кеп сұңқылдасып. Даусы байы өлген қаралы жаулықтай емес, байсырап отырған ту неменің мекіренісіндей ерке еді; сыңсу ма, әлде күлкі аралас ән бе, әйтеуір көмейі кернейдей боздап, селкілдеді де қалды:
Арыстанға ағайын, албастыға абысын, төрт аяқтының сырттаны! Арыстай құлап, талыстай сұлап, жатырсың барақ Ситаным!
Арғы атаң бөрі, бергі атаң бөстек, төрт аяқтының сұлтаны Арсылдап өттің, арманда кеттің, боқ жемей бірақ Ситаным! Ит те болсаң сырттаным-ай, ойбай!
Иттен бетер Ситаным-ай, ойбай!..
— Ай, мына албастыдан азған не дейді?! Байың өлді ме, бұл не сұмдық?! — деп Ситекең шырқылдақ шабдарды тебініп-ақ барып еді, қаз мойын қатын оны тыңдай қойған жоқ.
— Байы несі, ойбай! Бай садаға ғой! Ситан өліп қалды! Ситан!
— Жағыңа жылан жұмыртқаласын! Жағың қарысқыр! — деп Ситекең аттан қарғып түсті де, серейіп жатқан барақ иттің өлімтігін күрс еткізіп бір тепті.
Қаз мойын қатын сонда ғана бұрылып, сонда да орнынан керіле, зорға тұрып, Ситекеңнің суыр құлақшынын енді танығандай:
— Ойбу, сылқым қайнағам кеп қапты ғой! — деп қобырап кеткен шашын иығына уыстап лақтыра салды.
— Астапыралла! — деп керіліп тұрып қараған қаз мойын қатынның алдында Ситекең қатты да қалды. — Астапыралла!..
— Қайнаға-ау, не боп қалды?
— Басқанды атамай-ақ қояйын, алқымыңның өзі алтынға татып алғандай екен, бәтшағар, түбі Ерғалиді тастап кетесің-ау!
— И, қайнаға-ай, өзіндей сылқым сері жолықпаған соң қойшыға қор болып жүрміз де! Әттең, анау төрт бала!.. Қосып кететін болсаң қазір-ақ соңыңнан ере жөнелем!
— Ау, сенде бала бесеу емес пе еді?..
— Е, қызды қойшы!.. Қыз байғұс жат жұрттың пендесі іс. Есігімнен еңкейіп сығалар еркек табылса ертіп жіберуге әзірмін!..
— Құдайға шүкір! — деп Ситекең көкірегін басты да қанжығадағы алтайы қызылды табан астында шешіп алып кербез келіншекке ұстата қойды. — Аузыңа Құдай салған шығар, құдағи! Алғашқы жоралғымыз осы болсын!..
— Құдағиы несі, ойбай?! Тағы нені бүлдірейін деп тұрсың?
Кербез келіншек қаз мойынын Ситекеңнің суыр құлақшынынан асыра, "күйеу жігіт мұның қайсысы болды" дегендей әлі де аттан түсе қоймаған Асекең мен Бескемпірге кекірейе қарады.
Осы елге "Ерғалидің кербез қатыны" атанған Клава бес құрсақ көтерсе де құлын мүшесін жоғалтпаған, кербез десе кербез-ақ: бойындағы бір қасиеті қайындай аппақ қаз мойыны болған соң ба, иіс шалған тағыдай иекті аспанға көтеріп тастап кейкиіп тұра қалғанда қазір де бір алқымына алпыс жігіттің көз құрты сыйып кеткендей; сол аппақ мойынды үкідей сары шашпен орап тастап, ту мықынды тулата жүзіп, ойқастап бір шыққанда ақ балтырдан бу есіп, кептер төсі Алтайдың керімсал желін жыртатын. Жұрт "кербез қатын" десе, таксидің фонарындай шақырайған көкшіл жанарына бола Ситан Оны "такси" атандырып жіберіп еді. Сол шақырайған көк фонарь Асекеңнің ұйысқан жабағы сақалы мен қисық мұрнын менсінбей Бескемпірді мешенге алды да екеуінің де кәрі бойдақ екенін біле тұра:
— Ау, қайнаға, мыналардың күйеуі қайсы, күйеу қосшысы қайсы, — деп жорта Ситекеңе жармасты. — Ат үстінде тұрып қыз айттырған қай атанды көріп едің?! Әлде біздің алты аяқты менсінбей тұр ма? Бұл шіркінге өзімнің де сыйып жүргенім шамалы, басымды тықсам, бөксем жарқырап далада қалады.
— Ойпырай, обал болған екен! — деді Ситекең.
— Обалды білетін бүгінде кім бар?!
— Сені қойшы, осы үйдің мықтысын айтам да. Сенің бөксең далада жатса, жансебіл байың шығарда түнеп жүр десеңші!..
— Айтпа, қайнаға, айтпа!..
— Әкең!.. Әлгі Ситан өліп тынды ма, әйтеуір!.. Жетекке көнбей, көшке ермей көлікке жүк болып еді!.. — Қабанның орақ азуындай сойдиып қызыл иекте қалған жалғыз қасқа тісін ырсита алты аяқтың алдына тәлтиіп тұра қалған Ерғали үш жігітті көрмегендей кербез қатынына күшеніп сөйледі де артынан алақанын жайып: — Любаша!.. Тісімді...тіс! — деді.
Кербез қатынды сойып қаптағандай бүкіл ен-таңбасымен қайталап алты аяқтан шыққан керіскедей бойжеткен су тола қара саптыаяқты әкесіне ұсына берді. Протезі тұп-тұтас алтын екен, келімді-кетімді жұртқа мақтаныш үшін көрсететін қымбат бұйымының жұрнағы осы болса керек, Ерғали сонысын жеңіне ұзақ ысқылап, сүйек қақшыған иттей қызыл иегімен сақ еткізіп тістеп алды да бульдоктың ұртындай бырс-бырс бет-аузын толтыра:
— Оу, Сүкең кеп қапты ғой! — деп әлгінде ғана сыбап алған Ситекесін енді танығандай өкшесін көтеріп тұрып сәлем берді. Еркектің қысқасы Ситекең еді, өкшесін қанша көтергенмен Ерғали екі-үш сантиметр жетпей қалды.
— Бірің өлтіріп, бірің жоқтап, бірің боқтап, әйтеуір менен құтыла алмай жүрсіңдер ә?! Ситекең алтын ауыздың қолын нәумез алды. — Әй, арам-ай! Бүйтпесең арам боламысың!..
— Ойбай, Сүке-ау, саған өлім тілеп өле алмай жүр деймісің! Жеті қазынаның бірінен айырылып тұрмыз да!..
Ерғалидің Ситан деген барақ итінің алжып өлгені рас еді. Адамның есімін итке беру иісі қазақта жоқ болса да қадір тұтқаны, қорлағаны белгісіз, әйтеуір Ситан деп қойып, итімнің аты кетеді деп Ситекеңді Ерғалидің Сүке дейтіні де содан. Қыр басынан қылаң еткен үш салт аттыны Ерғали алтыаяқтың астында алшысынан жатып-ақ көрген, қалған екеуін жыға танымаса да шабдардың үстіндегі Ситан екенін де білген. Қашанда қонаққа таңсық қойлы ауыл бұрылмай кете ме деп қауіптенді де Ерғали түнімен қой күзетіп шаршап жығылған кербез қатынын бала-шағаның ортасынан сирағынан сүйреп тұрғызды.
— Әй, кісі келе жатыр!
— Е, келсе қайтейін? Кісі көрмей жүр ме едің?!.
— Көптен қыжылы бар еді, анау Ситан ит болса түспей кетуі де мүмкін.
— Түспесе онан әрмен!.. Алдынан жүгірейін бе!
— Жүгіруге ерінсең есік алдына шыға сал да дауыс қыл! Жатыр ғой әне бір Ситан серейіп, байғұстың жаназасы да сол болсын!..
Ерекең ұсақ-түйек боқташағын малға қуып, қызын қазан-ошаққа, кербез қатынын сары иттің өлімтігіне жұмсағаны сол еді. Іңірде жан тәслім еткен төрт аяқты Ситанның жаназасы екі аяқты Ситанды күтіп жатыр екен де. Әншейінде болса шаңырағын ортасына түсіріп кететін еді. Ситекең бұл жолы тіс жармауға тырысты. Заты орыс болғанмен бәдік айтысқа келгенде алдына қазақтан жан салмайтын Клаваның бір ауыз тауып айтқан жоқтауына жалп етіп түсіп қалды, әрі әдейілеп келген шаруасын есіне алып не де болса, кішірейіп бақ деп үкідей бойжеткенді жіпсік көзімен бір тінтіп өтті. Қаз мойын кербез қатынның назарынан бұл да тыс қалған жоқ, жалаңаяқ, жалаңбас шолақ көйлекпен серейіп тұрған қызын сүтіңкедей тоқ балтырдан жұртқа байқатпай шапалақпен тартып жіберді.
— Нағып тұрсың ербейіп?! Әй, қатын неме! Бар, киін!..
Құлағына жақса сыбырды да қыр астынан еститін Ситекең алтайы қызылдың текке кетпейтінін іші сезді де алтыаяққа әдетіңде жоқ "бысмылдасын" айтып кірді...
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
1
Қыстың күндерінде асықпай жыла қонып жүргенді жақсы көретін Сиғат қаңтардың аязына қарамай аудан басына ат-шанамен келіп еді. Қайтарда Меруерт пен Қылаңханға соғып біраз аялдаймын, көлігіңді бөлек мін деп Бекетті де ертпеген. Жасауын алуға бір дүркін төркіндеп қайтқаны болмаса, тұрмысқа шыққалы жалғыз қыз әке шаңырағын қайтып көрмеген. Аттанарда теріс қарап көзінің жасын сығып тұр екен, көңілінде қаяу бар ма деп күдіктеніп еді: "папа, мен сені тағы да сағынатын болдым ғой!" — деп мұңайып кетті. Алпысқа келгенде ұл сүйсе де әке шіркінге қыз деген қымбат екен, туған шаңырағына қайтып оралмайтынына көзі жетсе де көңілі сенер емес, әлде биылғы мүшел жастың зілі ме, әйтеуір, көңілде бір құлазу бар. Бұрын түзге қарап елегзитін сақа сері бүгінде үй сағынатынды шығарды. Мүмкін, шау тартқанның белгісі болар, бала деп, ағайын-жұрағат деп емешек үзуді білмейтін суық жан аяқ астынан осындай бір мінез тапты. Қарағайлыға әрі сағыныш, әрі қобалжумен асыға келіп, енді, міне, қыз-күйеуіне де соқпастан, алды-артына қарамай қайта салып барады. Бюро мәжілісіне өзінен кейін кірген Бекетті де күткен жоқ. Былғары мүңкіп, кілем сасыған тәкаппар кабинеттен тұншығып зорға құтылып еді, енді ойлап отырса шамырқанатын да, шағылатын да дәнеңе жоқ екен, тілегі бір, үміті алда жас жігіттің қолын қысып, қуанышын бөліп жармағанына өкініп келеді. Өзін-өзі сөкті не, сөкпеді не, бір осалдық жасағаны рас.
Аудандық комитеттің бюросына Бекет партия мүшелігіне кандидаттыққа өтуге келген. Сиғат өзін неге шақырғанын білген де жоқ, қыстың көзі қырау, қысылтаяң шақ, шаруаның қамын түгендеп, біреуге шапағат, біреуге шапалақ үлестіретін шығар деп еді, шапағатты кімге салғанын Құдай білсін, бар шапалақты әзірге бір өзі ғана арқалап келеді.
Кеше ғана ағалап, алдын кесіп өтпей, достан жақын, ағайыннан аяулы деп жүрген жігіттердің бір күнде бояуы бұзылып, жағасынан алғаны күйдірді. Қырық жылғы таныстан қыр аспай жатып танып шыға келетіндей не зор қысты екен? Таласпас бұрын алдымен іштей тартысып, біреудің арт жағын көріп алуды, белдеспей тұрып арқа қоздырып, маңдай тершітуді ұнататын Сиғат, әу дегеннен бюро мүшелерін омбыға салып сандалатып, жаны кіріп, жасап қалып еді, соған шамданды ма, қаңсық табадан жаңа түскен қатырмадай аудан жетекшісінің бет-аузы түгендеп шыға келді. Сиғатқа қақ төрдің басындағы былғары креслода былғары мүңкіп, әтір сасып қодас жалды теке көздің өзі отырғандай көрініп еді, оның жанына тиген де отыз жетінші жылдың қайта тірілген осы бір елесі...
— Жолдас Сапанин, арыз иесі белгісіз болғандықтан сізбен жүзбе-жүз беттестірудің реті келмеді. Бірақ бұл істі қарамас бұрын партиялық бақылау комиссиясы мұқият тексеріп шықты. Әуелгі тегіңіз жайлы. Әкеңіз Сапа бес мың жылқы айдаған ірі бай жиырма сегізінші жылы конфискеленіп, қалың бұқараны совет өкіметіне қарсы үгіттеп кордон асырып жібергені үшін отызыншы жылы Сібірге жер аударылған. Партия қатарына өтерде осыны неге жасырдыңыз? Сіз өзіңіздің партияның сенімін алдаған авантюрист екеніңізді мойындайсыз ба?
— Мейлі, мойындайын, тек дәлелдей алсаңыз. Ал оған дейін айтарым, Сапаға бес мың емес, үш мың жылқы біткен, оны жиырма сегізінші жылдың конфискациясында емес, жиырма алтыншы жылы өз еркімен түп-түгел өкіметке өткізіп, қалған қазынасын контрибуция ретінде төлеп шыққан. Жұрт совет өкіметінің атын жамылған месерлерден жан сауғалап кардон асса, менің әкемнің зираты да мынау іргеде жатыр. Сонан соң, мені мүшелікке қабылдаған сіздер емессіздер. Мен партия қатарына мың да тоғыз жүз қырық екінші жылдың қысында окопта өткенмін. Тегімді және жасырғаным жоқ. Тегіме олар да қараған жоқ. Партбилетті Ленинград партия ұйымының бірінші жетекшісінің қолынан, окопта алдым. Ойланыңызшы, сонда авантюрист кім?..
— Соғыс бәрін де кешіреді дейсіз ғой?.. Амал қанша, куәгер бізде де жоқ, сізде де жоқ!
— Неге жоқ? Сіздің қолыңызда арыз бар. Оның артында бөтен де емес, өзіңіз тұрсыз. Ал менің куәгерлерім түгел жиналса, мынау кабинетке емес, бүкіл ауданға сыймас еді. Олар бір жарым миллион. Бүгінде тірісі бар, өлісі бар, Ленин қаласын қорғаған бір жарым миллион патриот!..
...Бір жарым миллион! Бұл сан да аузына бекер түскен жоқ еді. Сиғаттың өз өмірінде өңіріне таққан жалғыз медалы "За оборону Ленинграда". Осы медальмен қырық үшінші жылдың 18 январында тұңғыш наградталған бір жарым миллион жанкештінің біреуі Сиғат... "Япырау, сонда Ленин қаласын бір жарым миллион авантюрист қорғағаны ма?!."
Түн шытқыл, еріне жауған көбік қардың қылауы ақбоздың сауырынан ғана сырғып түсіп жатқандай, онан арғы дүние аппақ, аспаннан қонақ таппаған ақ шыбындар болмаса ақ көбік дүние ұйып қалғандай еді, ақ көбік дүниеде жүзіп келе жатқан жалғыз өзі ғана. Бюродан ширығып шыққан Сиғат делбені қаттырақ сілкіп еді, ақ боз cap желістен әлі танбапты, көңілі орныққан соң көбең жануарды қинамайын деп тежеңкіреп қойды. Қаңбақтай жеңіл кашовканың астауында құндаққа бөлегендей сіресіп отыр екен, қасқыр ішіктің жағасына үймелеген ақ шыбындарды сілкіп тастап, түлкі тымақтың бауын ағытты да, ақ пиманың қайырма қонышын қара санына созып, көсіліңкіреп жатты. "Япырай, осы да соз болды-ау... Қайтсын-ай енді!
Жеткен жері осы болса! Мұнан бойы артылса, тулақтай лесхоздың тышқандай директорымен алысып нағылсын!.." Сыртынан әжептәуір азамат сияқты. Жүзінен басқа жұртқа тосар дымы жоқ екен-ау. Сол әжептәуір деген азамат көз алдына қодас жалды теке көз болып қайырылып келе берді... "Қалған жеті ауыз ше?.. Мен бұрын көрмегендей, енді келіп бір жауызды жеті қат жер астынан қазып алғандай әрпілдескені несі?.. Бір мезгілде бір қолдан шыққан ширпотребтің стандарты болғаны ма? Момын елден көмпіс, көмпістен көкми тумаса нағылсын!.. Не болып барамыз?! Қайда барамыз? Өзіміз прокурор, өзіміз сот, айыпты тағы өзіміз, сонда адвокат қайда?!. Өзімізді-өзіміз данышпанбыз деп жатырмыз. Тағы да өзімізді-өзіміз жеп жатырмыз. Данышпанның жеткен өресі қаптесердің өрісіндей, жиғаны масақ!.. Япырау, бір арызбен-ақ адамның бүкіл арманын жоқ қылуға болады екен-ау.."
Сиғат кең дүниеге шығып алған соң көсіліп жатып, кілемнің шуашы мен былғары мүңкіген тәкаппар кабинетте қап кеткен жетекші мен жәрпілдек ауызға жаны ашыды...
— Сіз отыз екінші жылы енді құрыла бастаған колхоз коллективіне іріткі салып, Қайынды мен Ақжар бойының еңбекке жарайтын ересек жұртын ішкі жаққа, Ақсуға көшіріп әкетіпсіз. Ел ішінде кер жақ деп аталатын сектанттардың сенімін алу үшін скид салып беріп, төңірегіңізге діни соқыр сезімдегі кертартпа жұртты жинапсыз. Сол скид күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Кешегі өрт апатын пайдаланып, көрші совхоздың тағы бір бөлімшесін қаңыратып кеттіңіз. Бұл қараңғы бұқараның совет өкіметіне деген сенімсіздігін тудыратын саяси-экономикалық диверсия екенін мойындайсыз ба?!.
— Мейлі, мойындайын. Тек бір қосарым, сіз отыз жетінші жылдың архивін қопарып тұрсыз. Оған кезінде тергеу үстінде жауап бергендіктен тоқталып жатпаймын. Әйтсе де, отыз екінші жылғы аштықта бұрынғы екі болыс елдің үштен екісі қырылып кеткенін білесіз бе? Қалған бір бөлігі ішкі жақтағы орыс жұртына барып жан сақтаған. Енді келіп сол жұртқа кешегі өрт апатында қол ұшын бермеу қатыгездік емес пе?.. Кәрі-құртаңдар болмаса, жастардың көпшілігі қалаға кәсіп іздеп ағып кетті. Сіздің совхоздарыңыз ел асыраса сонда қайда қалыпты? Скид дейсіз, фашистер құлата алмаған совет өкіметін жиырма бес жылдан соң ескінің жұқанасы жиналатын жалғыз күрке құртады деп қорықтыңыз ба? Әлде мен екі халықты бір-біріне телудің орнына ұлт араздығын қоздыруым керек пе еді?!.
Жетекші ішкі жаққа ауған жұртты қырық жылдан соң жоқтап тұр. Сол ішкі жаққа жете алмаған жұрттың есебін кім алыпты?.. Оны қара жер ғана біледі. Оны мынау жатқан кіренің қасқа жолы ғана біледі...
...Шана жолы кетіп, арба жолы әлі түсе қоймаған наурыздың ала шабыр соңғы күндері қара суығымен жалап тұр. Күндіз-түні сарнаған өкпек жел Алтай өңірін тулақтай сілкіп, жұтаған елдің соңғы шелін қағып алған. Аты да жоқ, заты да жоқ киіз қаланың саны тоғыз еді. Аудан басынан пар атты ходокпен шыққан Сиғат пен Осип Митрич Ақжар бойындағы жетінші ауылға толарсақтап зорға жетті. Жиырма шақты киіз үйдің біреуі селт еткен жоқ. Тек бір-біріне теліп тіккен ортадағы қос үйдің алдынан түтін көрінген соң ат шалдырып алуға бұрылып еді. Еңгезердей бір адам алақанымен бетін басып еңіреп жылап отыр екен. Сәлем бергенде ғана басын әрең көтерді. Көз еті теріс айланып, көнектей боп сөк жалақтанып кеткен бет-ауыздан Жанжігітті жыға таныды.
— Отағасы, не болды?
— Не болғанын көрмей тұрған шығарсың?!
Оң жағында балта, сол жағында кетпен, саптамасы тізесіне дейін сары балшық екен, отағасының жаңа ғана көр қазып келгенін қол - басының топырағынан білді.
— Бала-шаға аман ба?.. Жеңгеміз қайда?
— Қамап тастадым, — деп Жанжігіт қос үйге көзінің қиығын тастады. — Өлсе көппен бірге өлсін деп...
Киіз үйдің сықырлауығын сырғауылмен көлденең бастырып, күрмен тас бекітіп шандып тастапты, ар жағынан әлдекімдердің әлсін-әлсін түрткілеп, ыңырсыған дауыстары естіледі.
— Қамап тастағаныңыз не?
— Біреуі қазанға түсіп кете ме деп...
Жанжігіт тай қазанның қақпағын ашып, шұрық-шұрық қайнаған қара теріні көсеу таяқпен бұқтыра басып қойды. Жанжігіттің қайнатып отырғаны қара саба екен, көбігі құла күрең ыс, буынан қымыздық пен аршаның иісі келеді.
— Аға, мен Сапаның Сиғатымын ғой.
— Жүзіңнен танып отырмын, келгеніңді де естігем... Жақсы келіпсің, мынау қайнап жатқан да Сапаның жұртында қалған қара сабасы, дәм тататын болдың!..
Қара сабаны Сиғат бала кезінен білетін. Қанша сауынның сүті сыятынын кім білсін, тұрқына бойлары жетпеген соң кепілге шорымық қойып бүкіл ауылдың келіндері мен балалары жабылып пісетін еді. Қаратай елінің бақыр тиынынан басалқасына дейін бұл сабадан дом татпағандар кемде кем шығар, бірақ көнін шайнаймын деп кім ойлаған.
Кәліктіп деп ататын Ақжар бойындағы жетінші ауылдың шығарға жаны бар ересегі ішкі жаққа нәр іздеп кетіпті де Жанжігіт солардың артында қалған бала-шағасын жинап алып отыр екен. Күні бойы көр қазу бір қажытса, көрден де азалы мынау апаттың удай ащы қасіреті кеміріп жеп тастапты, атандай азамат арса-арса боп саудырап, еңгезердей екі иық қазандай басты әрең көтерді.
— Әлгі Есімхан жынды келіп, мүйіз бен тұяқ салығын орындамадың деп әңгіртаяқ орнатты. — Жанжігіт жайбарақат күңк етті де күрегіне қарап ұзақ отырып қалды. — Бастан бір салып, тірідей көмейін деп едім, оған дүм қайда, бірақ бір қаужап қалдым ғой деймін... итше тепкілеп, атына теріс таңып қоя бердім!..
— Оныңыз болмаған екен.
— Бүгінде болған-толған не бар еді!?. Ол қайта айналып соққанша мен де бір ыңғайлы болармын... Тек өзімді көметін ешкім табылмай қала ма деп қорқам.
— Ағатай, есікті аш! Мына балалар үзілетін болды! Ағатай! — деген әйел даусы киіз үйдің ішінен тұншығып естілді.
— Шыда, бәйбіше! Шыда, Балақай!..
Еңкейсе құлап кететіндей Жанжігіт бүгілмеген қалпы, бұрылмаған қалпы қазанның қақпағын тағы бір ашып, көсеуді толғап-толғап қойды да аттарға жем берейін деп жарты мөшек сұлыны арбадан түсіріп жатқан Осипке қадалып, тас болып қатты да қалды. Аш көздің сұғын табан астында сезген Осип те мөшекті сығып ұстаған күйі тырп етпей мелшиіп тұр. Қағынып кеткен көк жалқақ шелдің жықпынынан кектене қараған ашқарақ көзден: "ағайын аштан қырылып жатқанда сенің атың да ақ сұлы жеп жүр екен-ау!" — деген ызғарды Сиғат кәміл түсінді. Осы елмен бірте күйзеліп, Сиғатпен бірге күрсініп келе жатқан Осип те қара қазанға еміне теріс бұрылып кеткен Жанжігіттің үнсіз бұлқынысын емеурінсіз-ақ ұқты да мөшекті от басына әкеліп қоя салды. Отағасы жерге тигізбестен тізесіне қойып, қаптың аузын ашып жіберді де ақ сұлыға танауын тығып ұзақ иіскеді, арманымен арыздасқандай қапсыра құшақтап жатып алып еді, не заматта барып қазанның қақпағын көтеріп, бір уыс сұлыны қара суға қимастықпен зорға салды.
— Атасы, мына екі ат сіздерді қанша күн асырайды?
— Ат деймісің?.. Екеуі емес, біреуінің өзі-ақ жауқазынның тамырына жеткізер еді-ау!..
— Екеуін де алып қалыңыз. Ақсуға жетсек бізге көлік табылар.
— Жоқ, біреуін-ақ доғар. Ақсуға жеткенше алдыңнан талай мүсәпір жолығар. Өліге қарама, тіріні тастама. Құдай алдындағы қарызың осы болсын! Екі дүниеде де есіміңді ұмытпаспын!..
Жүрерде Жанжігіт жанын қинап отырып бір дорба сұлы салып берді. Мұны қайтем дегендей Осиптің алғысы келмеп еді, отағасының ойлап тұрғаны басқа екен.
— Бір атымнан артық үлестірме, — деді. — Сілекейін жұтса да аш өзекке бір тәулік мәйек болады.
Сегізінші ауылдың Жанжігіті жоқ екен. Жанжігіті болмаған соң отыз үй түгелдей қараң қалыпты. Екеуі кіші бесінге дейін өліп-тіріліп бір шұңқырды әрең қазды да он шақты мәйітті ортақ зиратқа бетін жасырып кетті. Одан соңғы көргені... дәл осы қасқа жолдың бойы!..
Бойында жаны бардың көбі әйел. Еркектердің бәрі де бұл жалғанға өкпелідей жол жиегінде теріс қарап тоңқайысып жатты. Бір атым сұлыға айырбастап алғандай әйелдің қолынан балаларды жинап әкеліп Осип екеуі арбаға үйе берді. Бір атым сұлыны уысына тастай қысып қала берген әйелдер баласын аманат қылған соң мені де ала кет деп бірі ауыз ашқан жоқ. Көкірегінен сәбиін үзіп берген ана байғұстың Ақсуға жеткені де бар, жетпегені де бар. Ақсуға жеткенше Сиғат та өксігін баса алмай арбаға ықылық атып құлаған еді. Құлағында қалғаны:
— Паря! Довольно плакать по усобшим! Живых надо спасать! — деген Осиптің бір ауыз сөзі.
Сиғат ықылықтан ішегі түйіліп өлім аузынан қайтты. Оны өлім аузынан алып қалған тәуіп кемпір Агафия еді. Бір Сиғат емес, ол Ақсуға үздігіп жеткен бүкіл аш-арықтың сауабы мен батасын алған. Агафияның қолынан татқан шөптің нілі, тамырдың қордасы, қарамықтың суы талайдың таңдайын жібітіп, тағдырына шипа болған. Сол қолға жұрт болып байлаған ағы — бір скид, бір басының тыныштығы; марқұм кемпірдің бар тілегі, заңнан — мұрсат, зорлықтан — араша еді. Сол бір шипалы қол, саналы көкірек ақыры заңнан мұрсат, зорлықтан араша таппай отыз жетінші жылы Сібірге айдалып, сүйегі далада қалды. Сол жылдары "жау" атанған шүйкедей кемпірдің артында қап кеткен жетім күркесі бүгінде "діни соқыр сезімнің ұясы" болып, елу үш жылдан соң тағы да Совет өкіметіне қауіп төндірсе қорқынышымыз күшті-ақ екен!.. Шаруаның буаз сиырына дейін жегіп, сонау Қызылжардың пристанынан босқан елдің тірісін қойып, өлігін де тастамай кірелеп тартқан Осип Митричтің сол елден бүгінгі бар дәмететіні — туған жердің бір уыс топырағы... "Япырау, елді топырағынан адастырып, топырақты елсіз тусыратқанымызда тапқанымыз не?!."
...Басқа жолдың науасын кемерлеп тұрған қар емес, жүре-жүре, сүре-сүре жер жарықтықтың өзі ойылып кеткендей; ақбоздың кірш-кірш қадалған тағасы мен кашовканың жонып түскен темір ұлтанынан қасқа жолдың тақ-тақ табаны ыңырсып, жон арқасы қайысқандай боздап келеді; боздаған жол ма, әлде жер жарықтықтың сарнаған мұңы ма, кім білсін, әйтеуір жол кешті жанның бүкіл тағдыры қасқа жолдың тақ-тақ табанына зар болып жазылатын көрінді ғой... Сиғаттың да бүкіл ғұмыры жол үстінде қалғандай: әуелі осы қасқа жол, одан соңғы басқа жол — "тіршілік жолы" деп аталатын блокада мен үлкен жердің арасындағы қиямет-қайым; онның тоғызын асыраған сол тіршіліктің үміті онның бірін өзі жұтқан. Сиғатқа оқтан өлген рақат та аштан өлген азап сияқты. Шейіт кеткеннің көз алдында ерлігі қалады да аштан кеткеннің азабы қалады екен; қимас көңілде алғашқының сағынышы, кейінгісінің қасіреті мен үрейі тұрады...
Колонна жолға ылғи да ақ түтек боранда шығатын еді. Ақ түтек боран да құзғындай қаптаған жау самолеттерінен қорған болатын. Алдыңғы көліктің амандығы кейінгіге ориентир, опат болса орнында көк жылымның ойығы ғана қалатын. Кейінгіні ешкім күтіп жатпайды, оған уақыт жоқ, қақысы да жоқ, өйткені бұйрық солай, бірдің шығынын жоқтап онның басын қатерге тігуге болмайды. Алдыңғы көлік ашыққан жұртты аман жетсе, кейінгінің аманаты сол. Алдыңғы көлік ашыққан бала-шағаны үлкен жерге аман жеткізсе, кейінгіге аманаты сол! Сиғат үлкен жерге адам тасыса, үлкен жерден сол адамға ас тасыды. Тіршілікті жалғастырып жүріп...
— Сіз алғашқы әйеліңізді бір баласымен Ленинградқа қаңғытып тастап кетіпсіз. Енді келіп, жас қызды зорлап жүкті қылып, өсектің ауызын басу үшін лесхозға бас бухгалтер етіп ұстап отырсыз. Осының өзі моральдік азғындау.
— Мейлі, мойындайын. Бірақ бір ғана қосарым, лесхоздың бас бухгалтері менің ноқталы қосағым. Алғашқы әйелім мен баламның мекен-тұрағы. — Ленинградтағы бауырластар зираты, есімдері — құлпытаста қалды. Өлі — тіріге сағыныш болғанмен өмірлік жолдас емес. Комфортабельді болмағандықтан Балтықтан Алтайға жеткізе алмадым. Сол үшін ғана туған жердің топырағынан кешірім өтінем.
...Тіршілікті жалғастырып жүріп аяулы жары мен жалғыз ұлын тіршілікке жеткізе алмаған. Қияметтің қыл көпірінен сан өтіп, сан қайтып жүргенде аштық пен ажал құрсауынан алдымен өз семьясын құтқаруға мүмкіндігі болып еді. Бірақ су ішкілікке қақысы бар, үмітпен ғана үзілмей отырған жәудір көздің бірін өмірден сызып тастап, өзінің ұрық-шарқын ажалдан арашалау адамгершіліктің мораліне сыймайды.
Өзіңнің ет-бауырың қашанда қымбат, бірақ ол да көптің бірі емес пе, көптен оның несі қымбат?.. Жалғыз ұлынан көріп тұрып айырылғанда бауырына пышақ қадалғандай қатты күйзелді, күйзелсе де көптің азасы бірдің қазасын жоқтап жатуға мұрсат берген жоқ.
Тірі қалам десең, тірліксіз отырма. Ол күндердің тірлігі тек жаумен жағаласу. Суық ошақтың басында сары уайыммен отырғандардың тірі қалған бірі жоқ. Жаумен жағаласқандардың оққа ұшпаса аштан өлген бірі жоқ. Аштық алдымен сананы алады екен. Оқ жанды алғанмен сананы өшіре алмады. Оққа ұшқанның артында кейінгіге бір сабақ, бір сезім қалды. Тірінің насихатынан оққа ұшқан жанкештінің ажалы өтімді екен. Сиғаттың бір түйгені осы. Ол зайыбының қадірін өлген соң біліп еді.
Адамның асылы, ұрғашының көркемі еді деп айта алмайды. Өмірден алған сабағы болмаса да әр нәрседен әжептәуір хабары бар, интеллигент семьясының тәрбиесін көрген, белгілі профессордың қызы Ада Абрамовна дәрігерлік факультеттің үшінші курсын тастап Сиғатты Алтайдың тайгасынан қуып жетіп еді. Артықты тілемейтін, кемдікке қорланбайтын көмпіс мінезімен таршылық кезде Сиғаттың ел ішіндегі борыш-қарызын бөліп-жармаса да уайымына ортақтасып, қырдың қораш тірлігіне келе сала сіңіп кетті де, отыз жетінің үрейлі шағында өзін мүлдем ұмытып, күйеуінің қарақан басын сақтап қалуға, ақтап қалуға барын салды.
Бір емес, екі дүркін қодас жалды теке көздің алдына барып қайтқан соң, Сиғат өзінің үшінші ретте ұсталатынын біліп отырған.
— Сенің саудайылығыңды да кештім, салқындығыңды да кештім, бар тілейтінім — сенің саулығың! Кет! Тезірек кет! — деп жігіт-жапар боп жалынды. — Елім деп елжірегеніңмен сені қорғайтын қазір ешкім жоқ, Ленинградқа жет!
— Қаш дегенің ғой?..
— Қаш!
— Сонда қатын-балаға да қорған бола алмағаным ба?! Өйтіп сақтаған қарақан бастың кімге қажеті бар?!
— Сен үшін мені күйдірмес. Күйдірсе сенен жаным артық па?! Өлсем сатан қатын табылады. Тірі болсам, артыңнан мен де жетемін. Кет!..
Аданың бар сенгені әкесінің беделі мен заң қызметінде істейтін үш бірдей ағасы еді. Онан соң жүзі таныс дос-жаран бар. Түкпірдегі қодас жалды теке көз бір наданның саптамасының ұлтан шегесін санап қор болғанша меселіңді жықпайтын, сатыңды сындырмайтын тілі бар жұртқа жалбарына тұр дегені еді. Өлердегі сөзін тауысып, тізесін құшақтап ағыл-тегіл жылағанда Сиғаттың сай-сүйегін сырқыратқан. Сол бір үрейлі түн естен кетер емес, үзіп-жұлып он жыл отасқан Сиғаттың көз алдында Аданың сол бір түнгі суреті тана қалыпты.
Жарықтық, түбі түсіп қалғандай бір ай бойы селдеткен ақ жаңбыр Алтайды аласартып, жер-көкті езіп жіберіп еді.
Күннің бетін, айдың жүзін ұмыттырған сіркелі боз тұман жылдың мезгілінен адастырып, түтін қапқандай қолқаны кептеді де тұрды. Дүниені құрт кеміріп жатқандай сытыр-сытыр. Шошымалы құлаққа сол сытыр ірге торыған тықырдай күндіз-түні өкшелеп, үйден пана, түзден тыныс таптырмаған. Тас қараңғыда тарантасқа пар атты жегіп қойып Сиғат пен Осип әлі тұр. Дүниені сытыр-сытыр кемірген сірке жаңбыр шатыр шалғайынан сылп-сылп таңдай қаққан тамшымен жарысып, жер көшкендей сарнаған тайганың ұлы шуына ұласып барады. Ұзақ күткен соң ба, құлағына қорғасын құйғандай Сиғат сол шудан бір сәтке тас керең айрылып қалды. Баспалдаққа атып шығып тақтай кепештің астына тығылған мелшиме есікті салып-салып жіберді.
Тас қараңғыда есіктің саңылауын аппақ маска тесіп келе жатыр екен, тас қараңғымен ұласқан қас-кірпік, шаш та жоқ, тек аппақ маска. Танадай көздің нобайы бар да қарашығы жоқ, оймақтай ауыздың сызаты бар да ерін жоқ, өліктей суық тас масканың ызғары Сиғаттың өңменін тескендей болды. Есіктің саңылауынан сығалаған аппақ елестің жылап тұрғанын демінің дірілінен ғана сезіп еді.
— Жаным-ау, сен шынымен жауды қуып тұрғаннан саумысың?!. Ең болмаса, анау шикі өкпені бір иіскеп кетейін де!..
— Босағаны бір аттаған соң қайтып оралма! Қатын-баланың иісі азаматтың жолын бөгейді. Бізді бір Құдайға тапсыр! Бұл үйге енді ажал болмаса, тірі пенде кірмейді! Кет!..
"Кет" деген сөздің жармысы кәсекті сақ еткізіп тістеп алған есіктің бер жағында қалды да жармысы ар жағынан естілді. Сиғаттың жарым жаны бер жақта, жарым жаны ар жақта қалғандай болып еді.
Сиғат Ақсудың итін үргізбей, жұртын тұрғызбай ұрланып аттанған. Артынан үретін иттердің табылатынын да білген. Тек іздейтін жанның табылатынына сенбеген.
Тағаның тасыры болмаса, тас қараңғыны екпінмен жыртқан пар аттың құлағы да көрінбейді. Балшықты былш-былш лақтырған доңғалақтың салдыры болмаса, оңынан қуып келе жатқан да дыбыс жоқ. Балшық кешкендей тітіркеніп, көңілі қожырап отырған Сиғаттың көз алдынан ақ маска көпке дейін кетпей қойып еді, артынан әлдекімнің айғайы естілгенде тарантастан секіріп түсті. Тас қараңғыда тым болмаса тас масканы тағы да бір көрем бе деп үміттенген. Балтырын балшыққа қаптырып, жалаң аяқ-жалаңбас, түрініп тастап қуып жеткен Сарқыт екен. Қуып жетті де қалшиып тұрып қалды. Төбесінен су орғып, сүмелектей көйлегі көкірегінен сыпырылуға шақ қалыпты, көріктей желпіген кеудесінен бу атқандай болып еді. Тіл-аузы байлағандай бажырайып тұрған байғұс қыз Сиғатты бас салып құшақтап:
— Ағатай-ау, мен сені енді қайтып көре алам ба?! — деп еңірегенде Сиғат бір сәтке дүниені түгел ұмытып, есеңгіреп қалып еді. "Өлтірмеймін деп алып кеп, енді өзің қашып барасың ба?!" — дегенді Сарқыт айтқан жоқ, бірақ жетім қыздың зарынан Сиғат соны ұқты да: "Шүкір, мені де іздейтін адам бар екен!" — деп өзін-өзі Ақсудан ұзап шыққан соң барып жұбатты.
Іздейтін де, жоқтайтын да жалғыз Ада екен. Басқа да індетіп қуғандар бар еді, әуелі қайын атасы, онан соң үш бірдей қайнағасының арашасы басына төнген қара бұлтты сейілткен соң, кешегі өзі ұшқан ұясында ғылыми қызметкер болып жүріп жатқан. Көңілі тоғайып, көпке сіңіп, кешегі күпті күнін ұмыта бастаған Сиғат, бір жылдан соң азып-тозып, қу жанын сүйретіп зорға жеткен әйелін көргенде Ақсудан түн жамылып тағы бір қашып шыққандай сезінді. Баласының бетінен мейірлене бір иіскеуге батпай, былапыт бикешпен түн асып қайтқан бейпіл жандай жарының жүзіне қарауға да жасқанып, шерменде күйге түсті де: "осыным не жүріс, осыным қай тірлік?!" — деп іштей күйзелді Ада Сиғатты тағы да қуып жеткеніне емес, Сиғаттың амандығына қуанды. Әйел затына бай табу, бала табу байлықтан да қымбат екенін кім білген. Соғыс басталғанда бірі институт бітіріп, бірі диссертациясын қорғап үлгерген еді. Үш ағасы семьясымен эвакуацияға ілескенде Ада жетпістегі жалғызбасты әкесін сылтауратып Ленинградтан қия баспай қойды. Елге қайтаруға Сиғаттың өзі де қорыққан, ат байлап түсер қазықтың, жанашыр ағайынның жоқтығы былай тұрсын, кеше ғана жан сауғалап әзер құтылған жәбір-жапаның ұясына қайтып бару қақпанға өз аяғыңды өзің тыққанмен бірдей еді. Әкесі дүние салған соң да үлкен жерге жеткізіп тастаудың реті болды, тек байырғы аристократтың ат шаптырым пәтерінде жалғыз қалғанда барып Аданың уайымы шал емес, байының бақыр басы екенін бірақ білген.
— Сенімен бірге өлемін! — деді.
— Мен өлмесем ше?
— Одан басқа жаратқаннан тілерім жоқ!
— Сен өліп қалсаң мен қайтем?
— Мен өлмей сен өлмейсің. Әйтеуір өзім өлмей сені өлтірмеймін!..
Бауыр еті баласы өлгенде де қиналған жоқ. Қиналғанын Сиғатқа сездірген жоқ. Әскер киімін киді де медсанбаттан бірақ шықты. Қасыңнан қалмаймын деді. Жаныңда жүрмесем де жақын жүрейін деді. Ленин қаласын құдды осының байы ғана қорғап жүргендей, сол үшін бүкіл жұрт осының байына борышты болғандай!.. Ол өзін көптің біріне ғана балады. Жары үшін жанын пида еткен мұндай эгоизмді Сиғаттың көргені осы. Мүмкін, солай болуы керек те шығар. Бай менікі, бала менікі, ел менікі, Отан менікі демесе сол үшін кім жан пида етпек?.. Күндіз-түні операциядан босамай бұрлығып жүріп те байына бір мезгіл уақыт тапты. Қан сасып жүріп те әйелдік міндетін ұмытқан жоқ. Сағат сайын, сәт сайын өлімді көріп жүріп, ажал сепкен оқпен оттың астында жүріл те екіқабат болды. Онысын күпірлікке санаған жоқ.
— Мен өлсем сен жалғыз болмассың, — деді — Мен өлсем сенің бауырында иісім қалсын, елесім қалсын, сол үшін де мен саған нәресте тастап кетуге міндеттімін! — деді.
Өліп кетсем де мен сенің қасыңнан қалмаймын дегені шығар. Өліп кетсем де сен мені ұмыта алмайсың дегені шығар.
Әредіктің кезінде салып-ұрып келетін де тұратын. Ең құрығанда бет орамалын ауыстырып кететін. Бірақ әредік деген де жиі болып тұрмайды: біресе жерден шабуыл, біресе көктен шабуыл — жер мен көктің ұласып кеткен, жер мен көктің астасып өткен аласапыраны... Өңі құп-қу екен. Келе сала Сиғаттың қолына жармасты.
— Не болды?
— Сенің сол қолың жоқ екен...
— Қолым орнында.
— Көзім ілініп кетіп... Сенің жалаңаш отырғаныңды да көрдім... дәл осы қалпында. Тек сол қолың жоқ екен... содан шошып...
Жалаңаш отырғаны рас еді. Шалбарын да жаңа ғана бұрап киген. Осыдан бір сағат бұрын каналдың арғы бетінен жүзіп өткен взвод ротаның оң қанатынан жаңа бекінісін белгілеп, кептірініп жатыр еді. Қашанда көкірегінен түспейтін Жәкесінің суреті су болып қалыпты, езіліп кетпесін деп елу қадам жердегі жалғыз еменге гимнастеркасымен қоса іліп қайтты да әредікті пайдаланып жауынгерлерге ас ішуге бұйрық берді. Көлеңкеде жатып өтірік үрген барақ ит сияқты "беглый огонь" дейтұғын жау зеңбіректерінің ауық-ауық күңкілі болмаса, сескенетін де еш нәрсе жоқ-тұғын. Ада осы жайбарақаттың үстіне келді... Өңі құп-қу екен. Баяғы бір түңгі елесті есіне салып еді. Кемсендеп отырғандай еріні жыбырлап, танауы қусырыла ерді.
Қаңғырма оқтың ысқырығы естілген, қаңғырма емес, снайперлер екен, траншея ернеуінен басын қылтитқан жауынгер:
— Гады! По плакату палят! — деп жүгіре жөнелді.
— Стой!.. Вернись!..
Жүзден біреу болмаса снайперлер қалт жібермейді. Жәкесін жау мазағына қалдырмаймын деп бір жігіттің мерт болғаны есінде. Енді екіншісінің қанын жүктегісі келмеді... Біреу сенер, біреу сенбес. Гимнастерканың омырауы шұрық-тесік, Жәкеңе бір оқ дарымапты. Жәкесін көкірегіне қаттап салып кейін жылжығаны сол еді, гүрс еткен дүмпуден екі-үш дүркін аунап түсті. Топырақ сейілгенде бұл да есін жиған. Траншеяның қақ ортасында үңірейген қазан шұңқыр қалыпты, сонан соң өзі қалыпты. Жауынгер де жоқ, жұбайы да жоқ... үңірейген қазан шұңқыр қалыпты, сонан соң өзі қалыпты... Біреу сенер, біреу сенбес. Жәкесі мұны әдейі шақырып алғандай көрінді. Жәкесі шақырып алмағанда Адасымен бірге кеткендей еді ғой. Бейшараны ажал айдап келді ме, әлде Сиғатты ажалдан арашалап қалуға келді ме?!. Сиғат үшін өзін-өзі өлімге әзірлегендей болып еді, Сиғат үшін қу жанын садақа қылды ма?.. Байының түсінде жоғалтқан сол қолы өзі болғаны ғой...
Көз алдында жоқ болған жұбайының тірі бейнесінен көз алдында тек қана ақ маска қалыпты. Қанша іздегенмен таба алмады. Сүйегін тапты, тірі бейнесін таба алмады. Тек ақ маска... Кейде түс сияқты. Аданың өзі өмірде болмаған сияқты. Он жыл үзіп-жұлып отасқан өмірі де түс сияқты. "Мен өлсем сенің бауырыңда ең болмаса иісім қалсын, елесім қалсын!" — деп еді. Елесі қалғанмен иісі қалмады. Елесі — ақ маска. Ымыртта келіп, ымыртта кететін мезгілсіз қонақ сияқты бет-жүзін де анық көрсетпей, қыр соңынан қалмай қуады да жүреді. Қанша әйелдің төсегін көріп, иісін алса да көз алдында тұратыны ақ маска. Күндіз екеуі, төсекте төртеу деген осы екен. Сиғатты Меңсұлудан басқа ақ жаулыққа тоқтатпаған да осы ақ маска еді...
...Шымырлаған ақ көбік дүниенің түбі жоқ сияқты, жыбырлаған ақ шыбындар ақ боздың сауырынан ғана сыпырылып түсіп жатқан сияқты. Шабысқа жоқ, аяңы сән, cap желістен басқаны білмейтін ақ боздың салт жүріс пен шанадағы мінезі екі бөлек: етінің ауырлығынан салтта тез шаршап, жүрісінен жаңыла береді де шананың салмағынан тер төгіп алған соң, тақ-тақ жолды сарнатып салып отыратын әдеті, тағы бір мінезі — жылқыға ұқсап түн баласында не оқыранып, не пысқырып көрмеген ұры. Қазір де ақ шыбындарды сауырында билетіп қойып, аппақ елестей ақ көбік дүниеде тым-тырыс жүзіп келеді. Шытқыл түннің бет шымырлатар ызғары бар, жапалақ қардың шыланбай, оралмай түсуіне қарағанда артынан ерткен аязы бар.
Қоянның жылы бөлек-ау, әйтпесе қаңтарда қар күртігі дәл осындай жонданған емес, қазірдің өзінде үш метрге жуықтап, орманның жалаңаш бөксесін қымтап салыпты. Енді аязы келсе Алтайдың тағысы түгіл, қорадағы малдың да бөксесі шөмейетін болды. Саздың өлеңі, қорыстың мүгіне дейін жалап кеткен жаз бойғы қапырық бұл елге шөп те алдырмаған; басшылардың өтірік ақпарын есептемегенде, күндікке жүз қойға бір бау, он сиырға бір айыр деп зар илесіп отыр еді, жылқы байғұс болса да есепте жоқ қой. Екі отар қой, бір ферма сиыр, жарты мың жылқыдан басқа мұңы жоқ лесхозға жем-шөп деген қат емес, бірақ оны да табыстың көзі, барлықтың ырымы деп Сиғат қол жетер жердің шабындығын түк қоймай сыпыртып алған. Жыл сайын жазға салым шанасын сүйретіп жететін аудан шаруашылықтары биыл ақпан таусылмай аяғыма келіп жығыларсың деп бір түйді. Бұл да есек үстінде аяғымен жер сызып келе жатып түйеліге сәлем беруге арланатын аудан басшыларын кіріптар етудің бір амалы еді Кіріптар ете қалса... Құданың құдіреті, өткен қоян жылы да төрт метрден асқан қалың қар мен қақаған аяз үңгірдегі аю, ағаш кемірген қояннан басқаның бәрін қырып салып, мергеннің мешеніне іліктірмейтін бұғы мен елікті ауылдың барақ иті талап жеп еді... Арқасын аяз қысса ақпаршыл пысық қайда барар дейсің! Тек жұттың бетін ары қылсын де...
— Сіз өзіңіздің аферист екеніңізді мойындайсыз ба?
— Мейлі, мойындаймын. Тек сіз дәлелдей алмай шаршайсыз ғой!
— Сіз орман шаруашылығын негізгі профилінен адастырып, ел ішінде жеке меншіктік психологияны қоздырып отырсыз.
— Мәселен?..
— Мал ұстап отырсыз.
— Рас. Әттең, мүмкіндік жоқ, әйтпесе бес жүз мың гектар заказникке бұғы қаптатып жіберер едім. Бірақ оның есесіне түлкі мен тауық фермасын ашатын шығармын. Кекеді деп ойламаңыз!
— Сонда етке, сүтке, жүнге түсетін госпоставка бар ма?
— Жоқ. Бірақ менің бір сиырым совхоздың екі сиырынан сүтті де, етті де екі есе көп береді, бір қойым екі қойдың жүнін, екі қойдың етін береді, өмірі сыңар туып көрген жоқ. Ол аз десеңіз, менің етім де, сүтім де, жүнім де аудан шаруашылығымен салыстырғанда екі есе арзанға түседі. Мен өнімді мемлекетке шикізат күйінде емес, даяр зат, даяр ас күйінде тапсырам. Қысқасы, даярлаушы да өзім, сатушы да өзім.
— Омартадан ғана осындағы бал шаруашылығы совхозының жарты табысын өндіреді екенсіз.
— Рас. Оған көкөніс пен жем-шөптен, жоңышқаның дәнінен түсетін қып-қызыл ақшаны қоспай отырсыз.
— Негізгі алты цехтың продукциясын айтпағанда әлдеқашан тыйым салынған пимокат, қолөнер мастерскойыңыз және бар.
— Рас. Алты лесничестводағы жеміс-жидек, жаңғақ пен тамыр-дәрі, шөп-шалам жинайтын пункттерді ұмытып кеттіңіз.
— Ала жаздай трассаның бойына ағаш күркелерді шашып тастап, ары өткен, бері өткеннің қалтасын кәуап пен, қымызбен қағып алып отырғаныңызды да білеміз.
— Рас. Ол тек елден артылғаны ғана ғой. Жалпы, ел асырмаса кез келген шаруашылықтың кімге қажеті бар? Сіз бір трактор мен бір машинаның жылдық шығыны қанша екенін білесіз бе? Ал, менің көлігім де, транспортым да тегін. Ол жылқы. Сіз алты айғы қымызын айтасыз, мен жыл он екі айғы қызметін айтамын.
— Ал осынша табыс кімнің есебінде, кімнің бақылауында және кімнің қалтасына барып құйылады?..
— Бұл тергеуіңізге менің жауап бергім келмей тұр. Өйткені, менің есеп-қисабымды сұрайтын бақылаушым да, құятын қалтам да бөтен, оған сіздің билігіңіз жеткен жоқ. Дегенмен, башма-баш бір сұрақ: осы ауданның соңғы бес жылда мемлекетке елу сегіз миллион сом қарыздар болғанын білесіз бе? Әрине, білесіз!..
— Онда сіздің шаруаңыз болмасын!
— Мінеки, көрдіңіз бе, біреудің қалтасына түсу — мал иесінің шамына тиеді. Өз қалтамызды тезекке нығарлап алып, біреудің қалтасындағы алтынды тексермесек қайтеді!..
— Сіз сырғақтатпаңыз! Өрт апатына ұшырағандарға көмек деген сылтаумен лесхоз жұмысшыларына екі ай бойы тегін жұмыс істетіпсіз. Оның үстіне жұрттан жылу жинап, ұзын ырғасы елу мың сомдай қаржыны іркіп қалғансыз. Бұл да сіздің қалтаңыздағы алтынның есебінде ме?
— Сіз тым арзанға түсіп тұрсыз. Қаржы мөлшері одан екі есе, үш есе көп болуы да мүмкін. Мен жоспардан тыс табысымның он процентін қалай пайдалансам да еркім бар. Мәселен, бір ғана питомник жылына бір жарым миллион тап-таза пайда әкеледі екен. Ал оның жоспарлы межесі бір миллион. Енді есептеп көріңізші.
— Оны менен басқа да есептейтін орын табылады. Сіз алдымен қазынаға қайтаратын қалтаңыздың мөлшерін айтыңыз.
— Қайтара алмайтын шығармын. Бірақ айтайын... Сізде ғой, күрделі құрылысқа қаржы жоқ. Шаруашылықты дамытуға деп берген мемлекеттің қаражатын соған салып жіберіп, енді таңқиып отырсыз. Қарызға бату осыдан басталады. Көз бояу осыдан басталады. Сіз жұрт болып жиған аздаған жылуды жоқтап тұрсыз. Ал өкіметтің сол панасыз қалғандарға деп берген қаражаты қайда? Халық сол көмекті сезінді ме? Жоқ, өйткені, қолмен ұстап, көзбен көрген жоқ. Себебі, сіздер оны шаруашылықтардың еншісіне апарып қостыңыздар да басыңа үй, алдыңа мал салып береді деп жұртты сендірдіңіздер. Әрине, бұл жұмыс қолын зорлап ұстаудың, әрі күйзелген шаруаны далдалаудың амалы еді. Баспана қайда? Мал қайда?.. Сөйтіп, амалдың арты алдау болып шықты. Әр түтінге бір торпақ, бір шыбышты жетектетіп жібере салу оңай, онсыз да жазға салым өліп қалатын арық -тұрақ қой. Ал Ақсуда екі айдың ішінде баспанасыз жиырма түтін жаңа үйге көшіп кірді. Қалғаны уақытша тегін жатақхана, тегін коттеджде тұрып жатыр. Оған балалардың бақшасын, тегін тамақ, тегін киімін қосыңыз. Бұған арзан ет, арзан сүт, арзан шөп-шалам, арзан материал, су тегін өндіріс құралын, транспортты қоссаңыз, бұл сіздің түсіңізге кірмейтін арман. Штаттан тыс жүздеген маусымдық жұмысшыға жалақыны қайдан тауып беріп отыр дейсіз? Және де ол аудан көлеміндегі жан басына шаққандағы орташа табыстан екі есе көп болса ше?.. Мұның бар құпиясы жұмысшының қолында. Маған қызмет жасаған әр жұмысшы қалтама жүз сом алса, он сомы өзінікі. Екі жүз сом салса, жиырма сомы өзінікі. Соған орай, жүз сомның он проценті, екі жүздің жиырма проценті қорға келіп қосылып жатады. Әрине, табыс тапқысы келген адам екі жүзге жеткізуге құштар. Кешіріңіз, бұл енді осындағы ел басқарып отырған біраз азаматтардың тоғай -тоғайға, қамыс-қопаға жасырып баққан тайынша-торпақ, тай-жабағысынан анағұрлым қомақты!.. Мал ашуы — жан ашуы дейді, мені дәл осы бюроға айдап келген де сол мал ашуы екендігін сезіп отырмын!..
— Жолдастар, аудан тарихында болып көрмеген мынау махинацияның бүкіл қалтарысын ақтау бір мәслихаттың шамасынан тыс екен. Менің ұсынысым: Сапанинді КПСС мүшесінен шығару мәселесі бастауыш партия ұйымында қаралсын да ісі прокуратураға тапсырылсын. Қарсылық жоқ қой?.. Ендеше сіз боссыз! Әзірше ғана!.
...Маңайында қара-құрасы да жоқ, қара шаңырақтан енші бұйырмаған отау үйдей шошайып жетім отыратын Қоңқай да көрінді. Алтайдың бір пұшпағынан кесіп алып, алақандай жазыққа әкеліп қондыра салғандай іргесі де жап-жалаңаш. Қалың жұртқа моласын да қоса алмай әкесі марқұм жетім таудың бөктерінде жалғыз жатыр.
Нақ да нақ түрі есінде қалмапты. Аппақ қудай сақал-шашы, әжім шалмаған қызыл-күрең жүзі, қызыл-күрең шырайына үйлестіріп қызыл-күрең барқыттан топы киетін еді. Кісінің көзіне қарап сөйлейтін де жауабын тоспайтын. Сұсы ма, сиқыры ма, кім білсін, бет қаратпайтын ызғары бар еді, мүмкін, Сиғатқа әке жүзін жаттатпаған да сол ызғар шығар. Көбіне ел ісімен жүріп, ел ісіне бала-шағаны ертпейтін, ел сөзіне беделсіз жұртты, бедеу қатынды араластырмайтын кінәздігінен де шығар, әйтеуір Сиғат әке жылуын сезген емес. Сезінетіндей жылу қалдырмапты: бар дәулет, бар малын өкіметке күні бұрын өткізіп еді, оны да әулекілер елге бұйыртпай ырың-жырың қылды. Жетім таудың етегінде жалғыз қалған әкесін ойласа басына жалғыздық түседі. Басына жалғыздық түссе жағаласып әкесінің ойына оралатын әдеті. Әйтеуір жалғыздық пен әке бейнесіне жағаластырып қойған бір сезімді, жарыстырып қойған бір мұңды өзі де түсініп болған емес. Жалғыз мола жатпайды, қасына қоңсы шақырады деуші еді, ол да бекер екен, артында қалған ағайын өлген апаның қасына өлігін қатар жатқызуға да қорықса керек.
Қарап отырып балалығын аңсап еді, аңсай қоятын балалығы да жоқ екен. Қаршадайынан жетелеп орыс — түзем мектебіне апарды, қаршадайынан жетелеп оқу оқисың деп Семейге апарып тастап кетті. Әкесіне ерген ең алғашқы, ең соңғы сапары да осы еді. Ең алғашқы жалғыздықты да сонда кешкен екен-ау. Көрмеген шаһар, бөтен жұрт... қоштасарда бет-аузы бүлк етпеген әке... Жағаның еспе құмына бір жығылып, бір тұрып пароходтың соңынан жүгіргені әлі есінде. Құлындай даусы шырқыраған өз кіндігін көріп тұрып былқ етпеген әке, сол былқ етпеген қалпы палубадан қаздиып түсіп, артына қайырылып бір қарамастан каютаға кіріп кетіп еді. Құдды керексіз бір нәрсесін шала қазақ, шала ноғай Семейдің қаласына тастап бара жатқандай көрінген. Әу баста-ақ жалғыздықты маңдайына жазған екен-ау! Сол жалғыздықты маңдайына тастай қып әке жазып кеткендей болып еді, енді, міне, өзі де жалғыз жатыр.
Жетім таудың бөксесіне жармасқан жалғыз күмбезге жете бере ақ боздың басын тартты. Ескі мүрдені жаңартуға болмайды деген ырымшыл шал-шауқанның қарсылығына қарамастан күмбез орнатқан Шерубай еді: "көріңе тірідей де түсіп едім, енді өлгенде зорлық қылсам, енші тастап кетпеген өзіңнен көр!" — деп қасынан бір кісілік орын қалдырған...
"Түу, әттеген-ай!.. Қодас жалды теке көздің аузына осыны салу керек еді ғой! Совет өкіметінің қас-жауына күмбез тұрғыздың десе, бас жұтатын осыдан артық қылмыстың керегі не?!. Бүгінгі ашқарақ бір құлқынға жем болмайтын тиын-тебенді санап, шөп-шалам, қиқым-сиқымды теріп... қап!"
Кейде өзгеден таппаған мінді өзінен іздеп, өзін-өзі мазақ қылса кәдімгідей шер тарқатып алатын Сиғат қазір де маңдайының қырысын жазып, жадырап қалды. Көңілі тым лепіріп бара жатса, кісі көзінше жер қапқан ұятты сәттерін, мұң басса, уайымсыз дарақы шақтарын есіне алып тоқтайтын әдеті еді, жапан түзде жарыместей арсалаңдап, жалғыздан-жалғыз отырып тыныш жатқан әкесін жамбасынан бір аударып тастағысы келді, бірақ тірісінде де жүзін беріп жайдары бір тіл қатпаған әкені мазақтайтын да, мадақтайтын да түк таппады. "Жә, тарттық, ақ бозым! Аруақтың басын қатырып қайтеміз, онсыз да айыбымыз жетіп жатыр!.."
Жиырма үш жасында атқа мінген екен. Жан сауғалап кеткен жеті жылын есептемегенде отыз бір жыл осы өңірде тырпылдап жүріпті. Осы өңірдің ошағы деп, орманы деп жүріп артынан еретін бір азаматты ойламапты. Жаманды жаратпай, жақсыны таба алмай, жалпақ жұртқа құр жанашыр болғаннан шыққан төбең қайсы? Ақ киізге көтеріп жалғыз сені көсем сайлайды деп ойладың ба?! Көріңе ақыретке орап түсірсе де разы боларсың!.. Отырғызамын деген жоқ па! Отырғызса отырғызат та. Бүгінде отырғызудан оңай шаруа жоқ. Бәленшіні өйтіпті, түгеншені сөйтіпті!.. Біреуге сор, біреуге дәреже. Біреудің атағын шығарады, біреудің шатағын шығарады. Арамдықтан атақ жинау, адалдықтан шұқанаққа құлау күресін басында тайып жығылғанмен бірдей. Тек былғанышы жаман да... Кейде билігі бар креслоны бір күнге берсе деп армандаушы еді. Бір күнде дүниені төңкеріп тастайтындай!.. Бір күнде емес, бір жылда емес, он жылда емес, қырық жыл бұрын қисая бастаған жүкті бір күнде түзете қою мүмкін еместігін енді түсінгендей. Тек аумаса болғаны. Ау парткомның қақ маңдайына қағып тастаған қозы көш қызыл матаны тағы бір оқып шықты: "Каждый час, каждый день, каждый год и всю пятилетку — досрочно!". Соған сеніп жатқан, соған ұмытылып жатқан біреу бар ма?... Сеніп жатса, ұмытылып жатса елу сегіз миллион сом қарыз қайдан келді?
Мойнында елу сегіз миллион қарыз жүргенін соқа соңындағы, мал соңындағы көп тырпылдақ білер ме екен? Біледі деген жетекшінің қаперінде түйсік бар ма? Әйтеуір үкімет аман болсын: бәрін кешіреді, бәрінді асырайды. Үкіметті ұранмен тойғызсақ та болады. Жетекшінің бар түйсігі осы шығар? Өйткені, оның қара басының шығыны жоқ, оның қара басының қарызы жоқ. Бұлдағаны кресло ма? Табылады!
Екіншісіне барып отыра салады. Орайы келсе жоғарылап отырады. Отыра салады да тастап кеткен креслоның былғанышын басқаға тазалатады. Тазаламаса, қиналмай-ақ отырғыза салады. Жылы орынға. Күзеті бар орынға. Сонан соң мұраға алған былғанышты сенен қалған сыбаға еді деп дәлелдеп көр. Бұл да әншейін Сиғаттың бір жарым миллион жанкештіні куәге шақырғаны сияқты. Бір жарым миллион куәгерің болғанша бір жарым сүйеушің болсашы! Бірлі-жарым ізбасарың болсашы!.. Сенің айыбың да, сорың да жалғыздығың! Отыз бір жыл қорығаның тайганың бір пұшпағы еді. Отыз бір жыл сүйрегенің быр жарым миллион тұрмақ мыңға жетпейтін ошақ екен. Соның қайсысын куәге тартқандайсың?.. Өз сорын өзі жасаған бейбақ!
Бейбақ!..
Тақ-тақ жолдың табаны ауырлай бастаған. Тақ-тақ жолдың табаны сарнауды қойып боздауға көшкен. Онсыз да cap желіп келе жатқан ақ боз иесінің соңғы даусынан екіленіп делбені суырып тастап, суырып тастап көсілді. Ат сауырынан осылған ақ шыбындар ұсақтап, ақ шіркейге айналып бара жатыр еді. Ақ көбік дүние іріп, аспан шіріген шыттай жыртылып барады. Қақырап кеткен жыртықтан ракетадай сүмпиіп Жетіқарақшының тұмсығы шыға келді. Аспанды қақ айырып, қақырата жыртып келеді екен. Тек азынаған даусы ғана жоқ. Азынаған кашовканың темір ұлтаны екен. Кашовка ма, Жетіқарақшы ма, ракета ма, Сиғаттың құлағында азынаған ащы ысқырық, көз алдында қақыраған аспан қалып еді. Содан соң кеудесінен албастыдай басқан қасқыр ішік... Қол-аяғы шымырлап, кеудесінен басқан қасқыр ішікті серпіп тастай алмады. Кашовканың алқымында, дөй далада қалған ақ пима бөтен нәрсе сияқты бауырына жиналмай қойды.
...Аспан жүзіне шырт түкірген тәкаппар особняктің ақ шатырын қызыл-күрең қанға бояп Алтай күні кемпірқосақтанып шықты. Аспан жүзіне шырт түкірген тәкаппар особняктің жаңа тұрғындары — бөлтіріктей көк бақайларды баспалдақтан санап түсіріп жатқан Маруся қақпа алдынан ақ бозды көріп таң қалды. Сиғат аспанға телміріп ұйықтап отырған. Бет-аузына үймелеген сырғақтан түйме мұрт пен қас - кірпігі едірейіп шығып тұр екен...
— Ой, беда!.. Ой, бе-да-а!..
2
— Біз осы кімбіз?!. Кімбіз?!. Кімбіз деймін?!.
Зират басында жігіттерді жағасынан алып сілкілеп, өкіріп жылаған Мешел үйіне жете мұрттай ұшып еді, содан бері есін жиып отырғаны осы. Оған да үш күн өтіпті. Үш күн бойы толассыз жауған қар дүниені басып салыпты. Қар жамылған орман-тоғайдың бөксесінен түріп - қашып ойнаған шолақ жел әр тұстан ада құйын көтеріп, қарағайдың қарқарадай ақ сәлдесін шалғайынан тартқылап жүр.
Алтайдың мұзарты да ту биенің сауырындай туырылып, дөңкиіп кеткен екен, ақ көбік дүниені тесіп шыққан қылыштай суық көк - жасыл шындар көкжиектің боз керегесін ырсита жыртып барады.
Түкірік жерге түспейді. Тоң — айырылып, тоқ — бүрсеңдеп, аш-арықты аяз атымен жұтып қойыпты, күншіліктен зарлаған мезгілсіз жолаушының ат-шанасы болмаса, тіршілік ақ кебіннің астында қатып қалған сияқты. Үш күнде сүр боп қалған нөпірге күрек батпай қойған соң Мешел де қиналып жатпады: "осыны күредің не, күремедің не? Өзі жауады, өзі кетеді. Алды-арты осы ма?! Аспаннан келген ырыс па, зауал ма... Соның бәрін күректеп тауысатындай!" Буыны кетіп, сүзектен тұрғандай әлсіреп қалыпты. Қар лақтырмақ түгілі, шолақ қара тонды бақайшағы майысып зорға сүйреп жүр еді, мұздан сақал-мұрт байланған тершең есікті Жәмила теуіп ашқанда үйге кір деп айтар ма екен деп мөлие қарады. Босанар күні жақындап отырған келіншегінің бас-аяғын, басқан ізін андып, бәйек болатын Мешекең одан үш тәулік бойы адасып қалғаны есіне енді түскендей күрегін лақтырып жіберді.
— Асекеңді ұмытпа.
"Осы Асекең де қызық! Үш мезгіл ішетін шайына да кісі жұмсайды!". Екі үйдің есігінің арасында Мешекең жарты жылдың ішінде үш кебіс тоздырған шығар. Қабырғадан кеудең сиятын үңгір тесіп ал деп Құдайдың зарын қылды. Жаздың жаңбыры, қыстың аязында екі арада үш мезгіл сүмеңдегенше көршісінің сирағына арқан байлап, бір ұшын жамбасына басып жатпаса болмас!.. Үш дүркін қаққанда барып қырау басқан быжырқай терезеден имиіп қисық мұрын көрінді.
Шүкір, ел аман, жұрт тыныш екен!..
Шанағын он жыл жамап, пернесін он жыл баптаған қара домбыраны Асекең үш күн ыңырантып еді. Қара домбыраның үш күнгі күңіренісіне, кеудесінің үш күнгі күмбіріне ере алмаған он саусақ ақыры еш нәрсені жұптай алмай сандалап жатқан... Көгала қалың нудың жынысында қап кеткен қисық мұрыннан тұңғыш рет шошыды. Қайшыны қалың нуға көмейлете салып жіберіп басып қалмақ еді, оның ар жағына да жетіскен бет моншағының жоқтығы есіне түсіп райынан тез қайтты: бір қисығын жасырып жүрген байғұс жүнде нең бар, өзің үйлесіпсің де үйлеспеген жалғыз осы қисық мұрын мен көгала жүн бе екен?!. Қисық мұрынды бөктеріп бұрған бет емес, ашыған қамырдай күмпиіп кеткен бес гектар балшықты бет қып тұрған қисық мұрын еді. Үш күн бойы құбырының тереңдігін таңдаймен өлшеген көк бөтелке мойыны қылдырықтай хрусталь құтыны жастанып алып қиқиып жатыр екен, көк бөтелкеге хрустальдің, хрустальге бес гектар балшықтың да үйлеспейтінін енді сезді.
Табалдырықтан аттай бере қақалып қалды. Шыныдай шытқыл ауа емес, тотияйынның шаңын жұтқандай болды. Дүние көкпеңбек екен: көк тотияйынға тұншығып қалған таулы өлкеге көк шатырды төңкере салғандай. Көгілдір сағымның көлеңкесінен құла айғыр үдірейе қарады. Жүдеп, шөжіп қарады. Үш күн бойы сыпырылмаған атдорба ыстық демнен көнектей көк мұз боп танауына кептеліп қалыпты. Үш күнгі "шипканың" көк түтіні мен көк бөтелкенің иісінен шамырқанып зорға шештірді де "жолама!" — дегендей құлағын тарс жымырып, ақырды күрс-күрс тарпып тастады. Жылқы — жылқы екенін танытқан.
Шүкір, ел аман, жұрт тыныш екен!..
Үш күн толғатқан Леся дүниеге дүрегейлеу бір шикі өкпе әкелді Жақыптың құлағын жарып, бақырып туып еді, кіндік шешесі Сарқыттың қолынан ыршып кететіндей көрінген. Кімнің әулеті болса да, әйтеуір, осындағы отыз бен қырықтың арасындағы сұр бойдақтардың еншісіне шаққанда биылғы тума санын бір жілікке өсіріпті.
Қырау басқан терезенің көгілдір сәулесі онсыз да шайыры кеппеген ағаш үйдің тынысын басып тұр екен. Төрт бөлменің дін ортасына дөңкие шөккен орыс пешінің апандай өңеші үңірейіп отын тіледі. Осип Митричтің пеш төбесінен түспегеніне үш күн болған. "Яғни, осы шалдан ошағын бөліп бермеген қай Құдай екен?!" Жып-жылы күркесін бойдақ кемпірлерге тастап тағы кеп қыстырылғанын көрмейсің бе! Шашылып қалайын деп жүріп жомарттық мұның не теңі! Шашылып!.. "Оу, осы шал өліп қап жүрмесін?!" Жалма-жан пеш кемеріндегі шолақ шымылдықтың етегін түрді. Шолақ тонның етегінен сексеуілдің шор бұтағындай қу жіліншік сорайып шығып жатыр екен. Табаны тілім-тілім шырыш башпайды қысып-қысып жіберіп еді...
— Дурак! Не за то место хватаешь!..
— Шүкір, ел аман, жұрт тыныш екен!..
Бескемпір Любашаға үйленгелі басалқа көбейіп тұр. Қалыңын Ситан көтерді, тойын Шерубай жасады, бас құдалыққа Бекет жүрген соң тамаданың міндетін Асекең атқарып еді, жасауын кербез енесі Жақыптың екі бөлмесіне нығарлап беріп кеткен. Қызып алған Мешел той үстінде Әбдіжапарды былай шығарып алып, сойып тұрып сабапты деседі. Одан басқа инцидент болған жоқ. Құданың құдіреті, қатын алып, қарайып үй болса да Жақыптың босағасынан ұзатпаған тағдыр шығар. Бір бөлімшенің билігін қолына берсе де күнде ертесімен Жақып келіп құйрықтан теуіп тұрғызатындай тіксініп жатқаны. Пеш көмейінің арты бетте болғаны қандай жақсы: отың жағулы, үш мезгіл ас-суыңа дейін өлі күнгі бір дастарқанның үстінде. Баққаны баяғы сол Жақыптың қабаты, аңдығаны сол Лесяның тамағы. Қасында тәңірі қосқан қосағы барын да іңірде тана сезіп жүр. Сол кісінің төркіндеп кеткеніне үш күн болып еді, үш күн бойы іздемегені енді ғана есіне түсті. Онда да есіктің сықыры... Жақып қос шелекті бауынан ұсынып, жарты шекесімен сығалап тұр екен.
— Әй, жырау, сен осы бір қатын алып едің ғой!..
— Шүкір, ел аман, жұрт тыныш екен!..
Үш күннен бері жалы күдірейіп, иығынан жүк сыпырылғандай сергіп қалған Әбдіжапар, елу бес жасына дейін талай таңды атырса да дәл бүгінгідей таңданбаған шығар: тәңірім-ау, бұл өңірде тумағандай, бұл өңірді бұрын көрмегендей, елу бес жасына дейін қайда жүрген?!. Ұлы тау дегені бір жауған қардың омбысынан аспайтын қотыр қырат, ұлан-ғайыр дегені ұлтарақтай борық екен, ат аяғы жетпейтін Ақсуы — тебінге тастап кеткен тайдың тезегіндей бір шұңқырда томпайып отыр. Осының тірлігі үшін де біреу ақыретке дейін арпалысып, осының билігі үшін де біреу аруақпен де алысты-ау!.. Тіфу!..
Қаңырап қалған кеңсені үш дүркін айналып, есіктегі қара құлыпты үш дүркін сүзіп қайтты. Қара құлыптың ар жағында қазынасы қалғандай, қазынасын қара құлып мәңгі-бақи жауып қалғандай көз алдынан кетпей қойғаны. Әлгі Бекет итті алды-артына қаратпай астанаға шақырып әкетіп еді. Біреулер бос орынға бекіп қайтады деседі. Біреулер өлім-жітімнің жауабын беріп қайтады деседі... Қаңғытып жіберу керек еді! Қаңғытып жіберу киын болып па! Бір арызбен-ақ жаһаннамға жіберуге де болады екен!.. Әрине аузыңа түкіруші, артыңнан үрлеуші болса!..
Біреуін қолтығына тығып, біреуін құрсағына тығып, омбыға толарсақтап бара жатқан Меңсұлуға едірейе қарады. Көк жүзіне шырт түкірген тәкаппар особнякке еркелеп баратын едің, енді жетіміңді жетелеп баратын болдың ба?!. Жетеле, жетеле! Желкең қиылғанша жетелерсің!.. Осы өңірге өзінен басқаның атын қалдырмайтындай, осы өңірге заты қысыр қатын қалдырмайтындай болып еді. Бір уыс топырақтан басқа не бұйырды?.. Әбекең оны да қиған жоқ. Жұрттың шымшып салған бір атым топырағын да қызғанған. Мешел ұсынған астаудай күрек тағы да екі мың сом ақша тілеп тұрғандай көрінген. Арысы құлағандай Ақсу болып аза тұтып, үш күн аңырағанда іш құсадан осы елдің тағы біреуі өлетін шығар деп еді. Өлсе өлсе екен деп еді!
— Шүкір, ел аман, жұрт тыныш екен!..
...Елдің амандығын, жұрттың тыныштығын түгендемеген Сиғат қана, оның Қоңқай бауырындағы жетім күмбезге көшіп қонғанына үш күн болған. Халық айтса, қалып айтпайды, жалғыз мола қашанда қасына қоңсы шақыратыны рас шығар.
...Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе нең қалар?..
ЭПИЛОГ
Наурыз туысымен белгі беретін Алтайдың жылымық желі биыл тарс бітіп қалған: сауырдың сұр қары семіздің сүбесіндей, ұлы таудың күнгейі де шаңқайып жатыр.
Мұз астында қыстап шығатын Күлмес әлі ұйқыда, жар жағасындағы жалғыз көшенің біркелкі ағаш үйлері қалпағын көтере алмай жермен жексен боп жапырайып кіріп кетіпті. Қыштан соққан екі қабат қос орда қоймен бірге жайылған боз қасқа есектей одырайып көрінген, олардың ауданның ақсүйек мекемелері екенін Асекең штукатурлы кәрі келіншектей сәнқой сырт пошымынан-ақ танып отыр. Ел-жұрттан екі-үш шақырым қашып шығып, ұлтарақтай жазықтың дін ортасына жалпая кеп қонған аэропорттың қортық тамы да жым-жырт жусап тұр. Енді қайтып ешкімді шығарып салмайтындай, енді қайтып ешкімді қарсы алмайтындай екі арадағы суыртпақ жол уәһәм дүниеден күдерін үзіп бос жатыр.
Үй іргесінде шуақтаған он адамның да жетісіп отырғаны шамалы, әлгінде ғана бір-бірін көруге ұялғандай тиын бөрік, суыр бөрік, көр тышқан, борсық бөріктер маңдайдағы он сегіз көзді милықтата бүркеп алыпты. Асекеңнің пұшпақ бөркі қисық мұрынға жетпей қалды да манадан бері жел үп еткен сайын бір делдиіп, бір солған діңгек басындағы ала дамбалдың сыңар балағын бағып отыр.
Жапсардағы қиық-шиы қысқарған радистің мазасыз будкасынан дүңкиіп төрт бұрышты тұп-тұтас біреу шықты да, дүңкиіп тұрып ұзақ есінеп, ауылдың түтініне телміріп ұзақ керілді. Ұртына бір уыс тұзды нығарлап алып, соны не жұта алмай, не түкіріп тастауға қимай лоқсып тұрғандай көз шарасы боталап, жұрттан әлдебір қайыр күткендей:
— Шорту, қарын ашты! — деді.
— Немене, келетін болды ма?
— Келмейтін болды.
— Неге келмейді?
— Оны синоптиктен сұра.
Қапшығы бар, қайыс қобдиы бар, бұтына басқан жүктерін көтере жөнелген бөріктерді Асекең қисық мұрнының шалғайымен шығарып салып, жұртта жалғыз қалып еді, өзінен даусы зор божылдақ көк "Москвич" есік көзіне ысқырып кеп тоқтады. Кабинада төрт бүктетіліп үйелеп отырған Қылаңхан екен. Екінші есіктен атып шыққан Сән еді.
— Ағатай, сіз де кетіп барасыз ба?
— Қарағым-ау, мынау қисық мұрын онсыз да дүниеге теріс бағынын біткен неме еді, енді тіптен де ел-жұртқа қарауға бет қалмады ғой!..
...Төркіндеп келген кәрі кемпірдей ырғалып-жырғалып ақсирақ қоян жылы Алтай өңірінен әлі де қайтқан жоқ еді..
1987 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі