Драматургия тарихында Н. В. Гогольдің «Ревизоры» ерекше орын алады. Мұнда патшалы Россияның көбесі сөгіліп, қаусап тұрған қоғамдық құрылысының көп «сырының» беті ашылады. «Ревизордағы» әрбір кейіпкер типтік жағдайға көтеріліп, дәуір шындығымен астасып жатыр. Айызың қанар әжуа мен ащы шындық бұл шығарманың негізгі өзегі. Сондықтан да ол өлмейді. Бұдан 122 жыл бұрын патша тағын шайқалтқан комедия талай тілге аударылып, жер шарының көп түкпірін аралады. Әр ел өз Хлестаковын, өз дуанбасысын көріп, дана жазушыға риза болды. Сөйтіп, «Ревизор» дүниежүзілік қазынаға айналды. Кемелдену кезеңінен өтерде «Ревизорға» соқпай өткен театр коллективі кем де шығар. Көптеген театрларға «Ревизорды» сахнасында қою деген сөз орыстың классикалық драматургиясына мандат алумен тең дүние тәрізді.
Біз Семейдің драма театрының астана жұртшылығына әкелген спектакльдері арқылы оның творчестволық коллективімен толық таныстық. Талантының әр қырымен көрінген жақсы артистер, тұтас үндесіп жатқан ансамбльдің барлығы, сөз жоқ, бізді әбден қуандырды, Жас режиссер Бәйтен Омаров ұлттық драматургиямыздың бірсыпыра таңдаулы шығармасында өзіндік бетін, іздену жолын аңғартса, «Ревизорды» қою арқылы күрделі классикалық дүниелерге де ой көзімен баратындығын «белгілі соқпақтан гөрі» тың жолдар іздейтіндігін сездіреді. «Ревизордың» режиссерлық интерпретациясында таңғажайып тамсандыратын да, ауыз толтырып айтарлық жаңалық та жоқ. Сонда да режиссер өзінше бөтен бөгде бояуды баттастырмай қарапайым қалыпта шешкен. Осының өзі жас режиссердің батылдығынан туған олжа дер едік. Орынсыз ақылгөйсу жоқ, шығармадағы бай материалды орнымен пайдаланған. Жеке актерлардың да ара-салмағын ашып, орнын тапқан. Ұтымды мизансценалар мен көпшілік сахналары да режиссердың ұқыптылығынан хабар береді. Киім-кешек, жалпы жабдықтаудағы кемшіліктер режиссердың, кінәсінен еместігі өзінен-өзі айқын.
Бірінші көріністен-ақ қарбалас-қауырт өрбитін оқиғаға тап боламыз. Дуанбасының «мырзалар, мен сіздерді» деп басталатын сөзінен бастап, сол кездегі Россияның шет қаласының өмірімен таныса бастаймыз. Дуанбасының роліндегі, Қазақ ССР-інің халық артисі С. Қыдыралин сахналық образ жасауда автор арқылы берілген мінездемеден көп ғибрат алғандығы көрініп тұр. Ойсыз көз, оспадар қимыл, қысқа мойынға қондырылған астаудай ақылсыз бас, кебеже қарын, кең танаулы, келте мұрын сияқты портрет құрайтын сыртқы детальдар осы бір жанның ішкі дүние парасатының кедейлігіне куәлік еткендей. Түсінде көрген «екі егеу құйрық тышқан» ажалының әзірейлісіндей әбден декбірін алуда. Топас болса да өз қаласының тірегі, көптің арқа сүйейтін «ардагері» санайды ол өзін. Қарауындағыларға жеткен ақылын үрей аралас айтып жатқанда да осы сезім оның ойына жетектей көрінеді. Кенет, жығылғанға жұдырық, дегендей, қаланың қу аяқ сыпсыңдары Бобчинский мен Добчинскийдің «керемет» хабары дуанбасын қорқыныш құшағына одан сайын ала түсті. Әбден абыржиды, жанталас үстінде жарымес Хлестаков шынымен ревизор болып шықса жан тәсілім етер ме еді, қайтер еді. Алас ұрып, аптыға басып үйінен шыға жөнеледі. Міне ол барлық үрейдің тиегі болған Хлестаковтың бөлмесіне аңдап басып, кіріп келеді. Қаланың бар әкімін аяғынан тік тұрғызып, ақымақ кәрі түлкі ревизормен арбаспақ. Сонда ревизоры кім оның? Ол қаражаты таусылып, еліне жете алмай, қарны аш, тиынның татын жалап отырған суайт Хлестаков. Мұның да есерсоқтығында есеп жоқ. Енді екі дүлей кездеседі. Қазақ ССР-на еңбегі сіңген артист Ә. Жаңбырбаев — Хлестаковтың алғаш қорқынышы да нанымды. Дуанбасы оның ойынша тегін келмеген. Қазір асханаға қарызданып ішкен ақшаның өзі біраз жерге барып қалған. Одан құтылуға мұрша жоқ. Дуанбасы осы жағдайды есітіп, түрмеге алып кету қаупі және бар. Міне Хлестаковты билейтін осы сезім ғана. Оның сахнадағы қағылез мінезі, ұшқалақ қимылы берекесіз сөз жүйесіне сай аумалы-төкпелі жасанды кербездігі жарасып-ақ тұр. Бақса, әзір түрмеге қамайтын дуанбасы жоқ. Бірақ, оның неге келгендігіне ой жіберіп, қиналып жатқан Хлестаков жоқ. Өтірік пен шындыққа шек қоймайтын көк мылжың Хлестаков дуанбасының үйінде өз шыңына шығады. Өтірігіне өзі шындай сүйсінеді. Көпірме сөзден әбден дымы құрып шаршаған, оның үстіне ішімдік те өтіңкіреп кеткен Хлестаков құлай жаздап барып, көп топастың көмегімен аман қалады. Енді оның өтірік айтуға да дәрмені жоқ, әбден қалжыраған, ұйқыға кетеді. Ал жаңа ғана құрдай жорғалап жүрген қоян жүрек дуанбасы енді бір өзге кейіпке еніпті. Арыз айтқан көпестерді оңды-солды сыбап отыр. Сияр емес үйіне. Петербург, салтанатты кештер, сайранды кештер, сайранды сауықтар, сылқым бикештер және басқа қауымдар елестейді көзіне. Мына мықты күйеу баласы болса, анау Петербург өзінің үйіндей болмақ. Онда ол патша ағзамның өзімен де терезесі тең болып қала ма қалай? Хлестаковтың көп өтірігі бұл қуыс кеудені де осындай бір қиялдағы қуанышқа бөлейді. Бұл күлкілі де. Қандай генералдық лента тағуды әйелімен ақылдасып та қояды. Не пайда, қуаныш көпке созылмайды, «күйеу бала» қоштасып тайып берді, ол тегін кеткен жоқ, бұлардың ақымақтығын жазып та кетіпті. Дуанбасы сазға отырғанын бір-ақ, білді. Енді не етпек? Бірақ әлі де болса ол мойымайды. Бағыныштылардың алдында сыр бермегенсиді. Осы сәтте нағыз ревизор келді дегенде көзі шарасынан шыққан дуанбасы мылқау тартып қалыпты.
Хлестаков — Жаңбырбаевтың ең тәуір өткізген сахнасының бірі чиновниктерден ақша алу мезгілі. Ол әбден еті үйреніп өзін сол үйдің иесіндей санайды. Бірақ ол өзінің неге осылай қабылданып отырғанын ұқпайды. Күлкі туғызып тұратын жайдың өзі де осы. Дуанбасының әйелі мен қызына кезек махаббат күйін шертетін сәттері де жас актердің шеберлігін танытады. Оның біріншісінен екіншісіне ауып отырғандағы Хлестаков мінезіне тән қимыл-әрекеттерді нанымды береді. Қыдыралиннің дуанбасысы мен Жаңбырбаевтың Хлестаковы өз шамасында сәтті шыққан, көрермендерді қуантарлық табысты еңбектер. Бұл классикалық үлгідегі бай образдардың қиын-қатпарларын түгел ашу көп шеберлердің қолынан келе бермейтіндігі мәлім. Сонда да болса біз мойындайтын бір шындық бар. Ол жоғарыдағы екі актердің мол мүмкіншілігінің барлығы. Оған біздің осы актерлар қатынасатын басқа спектакльді көргенімізде әбден көзіміз жетті. Бұл мүмкіншілікті «Ревизорда» жетпей жатқан жеке детальдар жоққа шығара алмаса керек. Атахановтың М. Земляникасы сол тобырдың ішіндегі өзін-өзі азды-көпті сыйлайтын адам. Ой, парасат жағынан да олардан биік. Өйткені оның көргені көп. Желбуаз Хлестаковтан ықпайтын да осы Земляника. Бірақ өсек пен өтірікке келгенде мұның да зұлымдығы ешкімнен сорлы емес. М. Буланов пен А. Матыбаевтың Бобчинский, Добчинскийлерінің, әлеуметтік сыры ашылмай, жеңіл күлкі туғызуға бойұрушылық басым болды.
Жалпы «Ревизордың» Семей театрында көрінуі творчестволық коллективтің алдағы уақытта ірі шығармаларды игерудегі берік баспалдағы болатындығында дау жоқ.
1959
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі