Сұрапыл соғыс дауылы жаңа тыныс тапқан кез еді. Сол шақта оқушы қауым қолында сырласымдай бір сүйікті кітап болды. Кітап аты «Жас түлектер» авторы Әлжаппар Әбішев болатын. Кітаптағы жастар хикаясы әркімнің жүрегін баулап ерлікке де, адамгершіліктің жоғарғы сипатына да баулитын құдіретімен көзге түсті. Әсіресе, жастар үшін жан дүниесінің сәулелі жағымен арманға айналған Сәулелердің құштары, ой парасатымен Отанға берілгендіктің үлгісі болған Нұрлан өзгеше әсер ететін: әр мінезді батыр ұл, тылдағы қайратты қыз елдің мақтанышындай мен буындас топтың тәлім алып, үлгі тұтар аяулы жандарынан саналатын. Осы күнгі мектеп аулаларында жиі кездесетін Сәуле есімді қарақат көз қарындастар мен Нұрлан, Темір есімді бидай өңді бүлдіршіндей інішектер сол замандастарымызға деген жас ата-аналардың сүйіспеншілігінен туған аттар екендігінде дау жоқ...
Кейін «Достық пен махаббат» атты драмалық шығарма арқылы өз замандастарымызбен жүзбе-жүз кездесіп, олардың шын мәніндегі достығына да, шынайы махаббатына да тәнті болған едік. Алғаш кітаппен сырлассақ кейін сахнада кездесіп, авторға деген сыйлы сезіміміз әлі күнге дейін суымай келе жатқандығы мәлім. Арада он бес шақты жылдар өтті. Автор сүйікті кейіпкерлеріне қайта оралды. (Оған да итермелеген оқушы қауымның зор сүйіспеншілігі шығар). Сонымен армандастарымызбен тағы кездестік. «Армандастар» алдымен әдеби нұсқасында баспасөз беттерінде түгелдей жарияланып, оқушыларына жетті. Енді бүгін сахналық өмір кеше бастады. Әдебиеттің басқа жанрларында жалғасын жазу оқиғаны туындатып өрбітіп алып кету, драмалық шығармалардың жалғасын жазудан гөрі оңайырақ көрінеді. Өйткені әр жанрдың ерекшелігі өзіне. «Алғашқыңнан бүгінгің қандай дәрежеде» деген сын, әсіресе, драматургияда қатаң қойылады да көп жағдайда көңіл толмай қалатыны бар. Осы тұрғыдан қарағанда «Армандастарда» автор мақсаты ақталып, көруші сыншыл қауымның да талабына төтеп берерлік еңбек болып шыққан. Сондықтан жазушының еңбегін жоғары бағалай отырып, біздің алдымызда тұрған бір табиғи сұрақтан аттап кетуіміз орынсыз болар еді. Ол — «Достық пен махаббаттың» жал-ғасы бүгінгі «Армандастар» көркемдік жағынан қандай дәрежеде тұр, алдымен соны белгілеп, осы сапарда автор қаншалықты өсті дегенге жауап іздеу. Әлбетте «Достық пен махаббаттан» кейін автор бірнеше шығармалар жазып олар мезгіл сынынан өтіп келе жатыр. Ал «Армандастарға» қойылар талап өзгеше.
Біз алғашқы шығармадан майданның қарбалас мезгіліндегі ел тынысын, халықтың қайнаған еңбек процесін, тыл мен майдан бірлігін достық пен махаббаттың шынайы шешімін көреміз. Шын төрелігіне келсек «Достық пен махаббат» осы заман тақырыбына арналған қазақ драматургиясындағы шығармалардың ең алдыңғы сапында әлі күнге дейін тұрғандығын мойындамасқа болмайды. Енді осы тұста «Армандастар» болса оқиға қоюлығы жағынан да «Достық пен махаббат» бір саты төмен жатқандығын айтуды әділдік талап етеді. Әлбетте, әр шығарманың өзіне тән ұтымдылығы, өзіне тән ерекшелігі бар. Алғашқымен салыстырғанда ең алдымен көзге түсер осы жағы. Ол тіл өрнегінің беріктігінде, диалог мергендігінде, бұрынғы бас кейіпкерлерге басқа жаңа характерлердің қосылуында жатыр. Екінші оқиға құрылысы мен жағымды, жағымсыз кейіпкерлерді ара салмағымен тартыс жүйесінде өзге шығармаларға ұқсамайтын жаңа жол-жосық табуы. Үшіншіден, бүгінгі өмір тынысымен жас ұрпақтың өсу жолдары өзінің даму диалектикасында нанымды өмірлі көрінуі. Автордың өсуі қайсы дегенде пікірге медет, тілге тиек етеріміз де осы жақтары.
Мұнда да жаңа көмір комбайн жасау тартысы өзек болған. Ескіні жаңарту, жаңалық үшін күрес біздің өміріміздің күнделікті салты. Одан жасандылық, немесе қайталауды іздеу ақты қара деп дәлелдеуге тырысумен бірдей. Бір кездегі Макаровтың комбайны көмір өндірудегі революция болғаны рас, бірақ дәуір одан да өнімді құрал талап етіп отыр. Оның несі әнтек. Сонымен ауыр жылдардағы албырт жастарымыз қазір егде тартып ел ағасы болған. Олар Сәуле мен Темір. Жұртшылық таныс достарын жылы шыраймен қарсы алып отыр. Тынымсыз еңбек үстінде өмір мектебінен өткен адамдардың бүгінгі қалпын автор олардың іс-әрекетіндегі мінез-құлқындағы байсалдылығымен дәлелдейді. Әңгіме жасында емес совет адамдарының арман бірлігінде дейді автор.
Спектакльді көріп отырғаныңызда коллектив пен автор арасындағы ынтымақ айқын сезіледі. Шығарма өзінің алғашқы нұсқасынан әлдеқайда өзгеріп ықшамдала түскен. Бұл жерде режиссер Ә. Мәмбетовтың еңбегін арнайы атап өту керек.
Бас-аяғы жинақты, спектакльдің тұтастығы режиссер еңбегінің жемісті жағынан хабар береді. Кейіпкерлердің, сахнадағы іс-әрекетімен лирикалық шегіністерде жымдасып жатыр. Автор ойын ыдыратып жіберетін, жалған шалғай кететін салақ мизансценалардан азат спектакль өзінің барлық компонентімен көркем қалыптасқан.
Шығарманың бас кейіпкері Сәуле — (арт. Б. Римова) қазір халық шаруашылығының басшы қызметкерлерінің бірі. Әрі ғылым кандидаты. Бір кезде жалын атқан жас инженер қыз бүгін байсалды басшылар қатарында. Автор Сәулені тек қана жалаң қабат ақыл иесі емес, оның осал жағын да қабат көрсетіп отырады да, кейіпкердің мінез-құлқындағы кешегі бір қолайсыз кездің ұштығын ашады. Ол адам тағдырына терең бойламау, тек дәреже тұрғысынан қарау салқыны. Комбайн проектісінің Ноян жасаған жобасын кезінде ізденбеуі бір жағынан адамға деген сенгіштік болса, екінші жағынан басып жатқан менмендік бар. Сол менмендіктің салдарынан келіп Сәуле қашан комбайн жасалғанша теріс ұғымда жүреді. Алданғандығына көзі жеткенде ғана Сәуле адасқандығын мойындайды.
Актриса Б. Римова өз кейіпкерінің бар болмысын терең ұққан. Оның еркекке тән өткір мінезі, өткен сәттерді ойланғандағы сонау албырт шақтың сезім дауылдары алыстағы жаңғырықтай, бүгінгі күйзелістерінің үніндей болып естіледі. Арманды жар, әзиз ана аяулы азамат болған Сәуле бейнесі актрисаның кейінгі жылдардағы зор табысы. Жетпей тұрған жері автор текстісінің астарындағы үстемдік, менмендік сезім. Әсіресе бірінші көріністе алғаш Ноянмен кездесудегі тым жеңіл кетушілік. Өкім жүргізуге бой алдырған өр көкіректік жоқ. Осы жағы болса автор ойы терең ашылып образды тұлғаландыра түсер еді. Өйткені Сәуленің азаматтығы мен ақаулы жағын көрсету шығарманың өн бойындағы сарын.
Жас инженер Ноян Кемелов — (М. Сүртібаев) бұрынғы шығармада жоқ. Өскелең өмірдің жалғасы. Өзінен бұрынғылардан тәлім алған жас, жаңалықтың бүгінгі жаршысы. Сәуленің қателігі де Ноян жанын ұқпауда болып отыр. Рас, еңбегі бағаланбай күйзеліске ұшырап жүрген жалпы халін беруде актер бар күшін салған. Бірақ Ноянның жар болу жолындағы сезім биязылығы тым қораш. Шығарманың басынан аяғына дейін күйіп-пісіп ылғи дүрбелеңде жүру бар бояудың бір ыңғайлығына әкеліп соғады. Көрініс сайын сарқыла сөйлеу, образдың іштей өсу жолдарын бұзып кететіндігін ұмытпау керек.
Өртке орана жүріп ерлігімен даңқы шыққан Темір — Қ. Бадыров. Бүгін еңбек вахтасында да нық тұр. Оның бүгінгі кейіпінен майдандағы батырлығына да, қазір жаңалықты қолданудағы батылдығына да кәміл сенесің. Мол тәжірибенің иесі, Қапан Бадыров кейіпкерінің сыр-сыйпатын іштей меңгеріп алғанда сәтіне-сай өмірдің өз болмысынан шығып отырады. Ашуы зілді, әзілі жарасымды, білуге, адам тануға, сынауға құштарлығы Темір бейнесін сом, сырлы етіп көрсетеді.
Шығармадағы ең бір жарқын бейненің бірі Әділшиновтың орындауындағы Илья Миронов. Бұл Қарағандыда алғаш көмір комбайнын тапқан Мирон қарттың баласы. Оқымысты ғалымның ішкі дүниесі, қимыл-әрекеті нанымды. Көңіл күйінің күйзеліс сәттеріне де сенесің. Осы Илья Мироновтың образына байланысты жалпы қазақ драматургиясына тән кемшілікті айта кетуге тура келеді. Біздің шығармаларымызда орыс жолдастардың кейпі жиі кездесіп тұрады. Ол жақсы талап. Өйткені бұл халықтар достығын, ұлы орыс халқының ағалық қамқорлығын көрсету мақсатынан туатын игі ниет. Бірақ, сол көбіне ниет күйімен қалады да, кейіпкерлеріміз орыс халқына тән кесек мінездерімен көрінбейді. Мінез! Әрекет былай тұрсын, кейде кейіпкер тілдерін де тым жалпақтап жіберетініміз бар. Осы кемшіліктер Әбішев шығармаларында да жиі кездеседі. Мысалы Илья Миронович «арық сөйлеп, семіз шық» деп суырыла жөнелгенде аң-таң боласыз. Мұндай сөздер қазақтан басқа халықтың ауызынан шыға қоюы қиынырақ болар. Сондай-ақ «алдында Ноян атты өкініш жатыр» немесе «қаныңды салқындата тұр» деген сөздердің де төркіндері Илья Мироновичпен туысып жатқаны шамалы.
Автордың комедиялық жүйедегі типтері де көңілге қонымды. Партия мен үкіметтен алған алғысын өмірлік азық етуді бүгінгі күнінің мүддесіне айналдырып жүрген Сайран (Қожамқұлов С.) сияқтылар арамызда баршылық. Автор ойын өрлендіре түсетін Қожамқұловтың шебер ойыны көздеген нысанаға дәл тиіп жатыр. Жаңалыққа жаны қас, бүгінгісіне ғана мәз даурықпа бос белбеуге айналған Сайран шығарманың аяғына дейін сол бетімен келеді де, опық жегенін бір-ақ біледі. Әрине, ол ешуақытта өз ойын дәлелдеп жатпайды. Сондықтан мұндай бұдырсыздармен алысып жатудың да қажеті шамалы. Өйткені өмір ағысы оларға көп күш жұмсамай-ақ өз арнасына алып кетеді. Ал Сақатай болса (Ш. Мусин) бұл Сайраннан әлдеқайда қауіпті тип. Осы Сақатайға байланысты автордың бір тапқырлығы бар. Ол неде? Бұрын Сақатай сияқтылар белгілі бір топтың ұйтқысы болса, қазір әбден жетімсіреген, енді жеке қалып жақсы адамдарымыздың осал жағын пайдаланбақ. Сәулені адастырған да осы Сақатай. Қазір жағаласудан гөрі, есебі келсе етектен тартар ғана қабілеті бар. Сонда да өмірімізге зиянын көп тигізер осы рәуіштілер болса керек. Автордың ашық сайысқа шығармай, жүзіқараның бейшара болған қалпын осылай көрсету мақсаты да біздің өмірімізден орын таппай жүдеу тартып бара жатқан сұрқиялардың сиқы қазір осындай болады деу. Осы типті орындауда актер Мусиннің жаңа бір қыры танылып қалды. Бұрын ылғи жағымды героикалық рольдерде көрініп қалған артисті жаңа бір арнадан көрсетуді мақсат еткен режиссердің талабы жемісті болып шыққан. Асылында артистерді бір ғана жүйеде тәрбиелеу таланттың өрісін тарылтып тастайтындығын естен шығармаған жөн.
Жас инженер қыз Дидар (З. Шәрипова) бүгінгі жас мамандарымыздың жарқын бейнесін елестетеді. Актрисаның бір ескеретін нәрсесі күрсіну-күйзелістің сан түрлі бояуын пайдалануда тым сараң болмауын тілер едік. Сымбат (Мұсабекова), Зүлфия (Мышпаева) бейнелерінде драмалық жүк аз болғанмен, оқиғаның барысына, спектакльдің жылылық температурасын күшейтуге көп себі тиіп жатыр.
Кейіпкерлердің көңіл-күйін ашуда, өткен күндерді еске салу сәттерінде композитор Ғ. Жұбанованың музыкасы көп әсер қалдырады. Музыканың сезімтал, әрі жарқын үндері шығарманың оптимистік, жеңімпаздық қуатын күшейте түскен. Суретші Чарномскийдің жабдықтауы да көрікті. Әсіресе бірінші көріністе шахта алды, соңғы көріністегі комбайнның құрастырылуы талғаммен жасалған. Ал енді интерьерге келгенде өкінішті-ақ. Тым жадағай, жүдеу жатыр. Кейіпкерлердің киімінде де бірсарындылық тым басым екен.
Қорыта келгенде, автор бізге замандастарымыздың тың тұлғаларымен өзімізге таныс бұрынғы достарымыздың бүгінгі өмірінен, тіршілік тынысынан қуанышты хабар әкелді. Театр коллективі де өзінің жаңа еңбегімен риза етті. Біз жоғарыда спектакльдің тұтастығын айттық. Осыған орай ескерте кететін бір жай бар. Кейінгі кездері сахнаға шыққан шығармаларды үш-төрт қойылғаннан кейін барып көрсеңіз халі тым аянышты. Алғаш тым тәуір көрініп, түрлі директивті сатыдан өткеннен кейін жан жүйелері босап, алқа-салқасы шыққан спектакльдерді жиі көре бастадық. Автор тексіне деген қиянат, режиссерлердің спектальдегі ыдырап жатқан о бастағы ой бірліктері, аласапыран мизансценалар, сахнадағы мінсіз-мағынасыз айқай-шу осы кездері көбейіп кетті. Бір маусымға жетпей алғашқы ажарынан айрылған сахналық шығарма театр беделін көтермесе керек. Ұлы Станиславский «Театр өзінің киім ілгішінен басталады» дегенде ең алдымен ұқыптылықты ескерткен еді. Академиялық драма театрының салақтығы киім ілгіші былай тұрсын, сахнасына ауыз сала бастағанын көргенде іштей ренжисің. Бұл театр басшыларының қатаң ескеретін жайы.
1958
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі