Өлең, жыр, ақындар

Сәуле

Елімізде коммунизм орнатып жатқан жаңа адамдардың мінез-құлқы, қарым-қатынасы, жеке тағдырлар, еңбек, тыныс-тіршіліктегі өзгерістер, коммунистік сананың даму жолдары және қалыптасуы — бүгінгі күн тақырыбына жазылған шығармаларға негізгі өлшеу болмақ.

Кейінгі кезде сахнаға шыққан шығармалардың ішінде ерекше назар аударатыны жазушы Т. Ахтановтың «Сәуле» атты драмасы. Көркемдік, тақырыптық жағынан жаңа туынды көруші қауымды да, әдеби жұртшылықты да біраз ойға қалдырды. Оның басты себебі шығармада қойылып отырған мәселенің сонылығында емес, — автордың жаңа шешім іздеуі, өмірдің түбегейлі мәселелеріне батыл баруында. Тахауи Ахтановтың жазушылық жолында бұдан бұрын да бірді-екілі шағын пьесалар болған. Бірақ олар үлкен шығарманың барлаушысы ретінде ғана, жанр сырын байыптау, байлау, жасау, жол аршу, жүйе тану ретінде ғана жазылған дүниелер еді. Жанр жауапкершілігін берік ұстанған жазушының бұл сияқты эксперименттер жасап келуі де әбден заңды көрінеді. Өйткені, ережесі қатал, машақаты мол драматургия оңайлықпен сырын алдырып, кілтін таптыра бермейтіні баршаға мәлім. Әсіресе, бүгінгі күн тақырыбына келгенде кейде асыра сілтеп, кейде кемшін қалып жататынымыз да содан.

Шығарманың басты кейіпкерлері — облыстық партия комитетінің екі секретары. Негізгі тартыс — мал жайылымдарын тұрақтандыру, малшылар тұрмысын жақсарту, колхоз құрылысына ерекше назар аудару. Былай қарағанда, талай айтылып, талай жазылып, «жауыр» болған мәселелердің бірі сияқты. Бақсақ, әңгіме тек мұнда ғана емес, ең негізгі әңгіме — халық алдындағы азаматтық борыш. Ел басқарудағы жұмыс стилі, соған деген жеке адамның көзқарасы (отношение) туралы болып отыр. Болашақ үшін күрестің бір түрі — көп жылдар бойы бойға сіңген кесір-кеселден арылу, ел талқысымен ем іздеу, ащы да болса шындықты ашып айтып, өмір-болмысымыздағы бойкүйездікті бетке баса айту, дейді автор. Осы күресте обкомның екінші секретары Сәуле жеңіліс табады. Бірақ бұл өткінші жеңіліс. Шығарманың өн бойындағы оптимистік сарын ертеңгі Сәуле жеңісіне кәміл сендіреді: «Өйткені талас екеуміздікі ғана емес, шын күрес енді басталады» деген Сәуле сөздері болашақ жеңістің увертюрасындай естілетіні содан. Шығармада сырттай жотасы көрініп жатқан қиян-кескі, жұлынды тартыс жоқ. Негізгі конфликт іштей психологиялық арпалыс, аңдысуға құрылған. Ахтанов шығармасының құндылығы да осында жатыр. Автор оқиғаның өрбу жолынан гөрі, кейіпкерлердің ішкі дүниесіне, жан-жүйелерінің диалектикалық құбылысына көп үңіледі. Сырттай самарқау, сылбыр өтіп жатқан оқиғаның іштей арпалысын сабырмен аңғаруды жеке кейіпкерлердің тамырын басып, тағдырын тануды ұсынады. Көрушіні бар кейіпкерлерінің өткен өмір жолымен қысқа ғана тұжырымды таныстырып шығады. Ол жалаң таныстыру емес, оқиға ішінде әр сәт шебер қияларын тауып, әр кейіпкердің бар болмысымен қатар береді. Кейіпкерлердің рухани қабілеті де біртіндеп ашылып, бұдан былайғы барыс-бағдарын белгілеу көрушінің талқысында қалады. Авторда әлдекімге үкім айтудан гөрі ойлану, ойландыру басым. Жазушының іздену жолындағы бір төбе табысы осы жүйеде.

Шығарманың екінші табысы — тіл шыншылдығында. Біздің бүгінгі күн тақырыбына жазылған шығармаларымыздың басты кемшілігінің бірі — көбіне тіл шыншылдығының жетіспеуінде. Героикалық, романтикалық тарихи тақырыптарға жазылған шығармаларға ғана жарасатын тіл өрнегіне көзсіз, бас шұлғи еліктеуден бұл шығарма азат. Қазіргі шығармаларда архитекторды Аханша «аһ» ұрғыза сөйлету, немесе құрылысшы қызды Еңлікше «егілдіру» бүгінгі адамдардың характерлеріне де, ойына да, бойына да шақ келмейтіні мәлім ғой. Лепірме шешендікпен көмкеру «науқасына» ұшыраған шығармалардың өмірінің қысқа болуының да бір себебі сол тіл реализмінен алшақ кетуде жатыр. Жалған сезімнен туған жалған тіл шығарма өміріне берік сақшы бола алмаса керек. «Сәуле» кейіпкерлерінің тілі — әр бояулы, әр ойлы, әрқилы, өмірлі, әрқайсысының бойына шақ мінез-құлқының түйсік-түсінігінің ішкі шындығымен қабаттаса келеді.

Осы шығарманың сахнаға шығуы да театр коллективіне оңайға түскен жоқ. Сонау, өзінің туу дәуірінен бермен қарай тарихи-романтикалық шығармаларға қалыптасып, бойы үйренгендіктен, психологиялық драмаға бетпе-бет келгенде ансамбльдің ала-құлалығы байқалып қалды. Спектакльдің режиссурасына келсек, осынау психологиялық драманың бар қию-қисынын табуда Қ. Жандарбековтың біраз ізденгенін байқайсың, сонымен бірге спектакльді көріп отырғанда коллектив тарапынан көп еңбек сіңіргенін аңғарасың. Психологиялық драманың бойына сыртқары эффектілер сіңбейтіндігі де осы жолы көрінді. Шығарманың өз бойындағы қасиетін сақтау үшін, ең алдымен жеке кейіпкерлерге терең психологиялық талдау жасалып, өзекті ойға құру жағы жетісің кірмейді. Сондықтан да кейбір көріністер бір-біріне қабыспай, өгей, бөгде жатыр. Мүмкін бұл мереке қарсаңындағы қарбаластан да болар, дегенмен ойланатын жәй әлі де бар.

Бас кейіпкер Сәуле (X. Бөкеева) — басшы қызмет дәрежесіндегі қазақ әйелі. Бұл қазақ әдебиетінде кездесетін (бүгінгі күн тақырыбына жазылған шығармаларда) қазақ әйелдерінің бірде-біріне ұқсамайтын тың кейіпкер десек, қателесе қоймаспыз. Демек, Сәуленің сахналық образын жасаудағы қиындық та осында. Шығарма оқиғасы негізінде Сәуле төңірегінде өрбиді. Жастай жетім қалып, тұрмыс талқысы, соғыс зардабынан ерте есейіп, жастық рахатын көрмей өскен Сәуле жан рахатын еңбектен тапты... Адал еңбек арқасында зор сенімге бөленіп, ел басқарып, халық мүддесін қорғаушының бірі болып отыр. Қызмет бабындағы тартысымен қатар кеш оянған махаббат сезімінің ұштасуындағы шытырман қайшылық Сәуле басындағы драмалық шиеленісті күшейте түседі. Хадиша Бөкееваның дарын қуаты да адам өмірінде сирек кездесетін күрделі сәттің диалектикалық даму кілтін, өмірлік өзегін табуында жатыр. Бос алданып, көмескі қиял құшағына берілген Сәуле сүйген адамының сырына жете алмай, опық жейді. Сахнадағы Сәуленің қайсар мінезіне, табандылығына, әділдігіне, жалын атқан жігер иесі екендігіне кәміл сенесің.

Сәуле сайысқа түсетін Сырдақ (Ы. Ноғайбаев) көптен жауапты қызметте болған адам. Автордың нысанаға алып отырғаны да осы Сырдақ. Ол Сәуле үшін осал «жау» емес. Оны актер ойыны анық дәлелдейді. Мейірімсіз менмендігін автор баса көрсеткенімен, актер оның алыстан қайыратын айлакерлігіне, жасанды биязылығына келгенде тым олақ жатады. Шынында автор материалына қарағанда, бұл өзінің көзі жетуден басқа, жетекке де бас иетін адам. Талай тартыс-таласты басынан өткізген әккі. Ол өзіне «қарсы келген адамды аямай соғады». Бірақ соның бәрі айламен орындалады. Осы жағын актер әлі де ойластыра түскені жөн. Сонда ғана бұл кейіпкер жан-жақты ашылып, алысуға тұрарлық тұлғаға айналады.

Шығарманың өн бойымен қабат өріліп, әр сәт сахнаға серпіліс лебін ала кіретін жанды кейіпкердің бірі — Құдайберген (С. Телғараев). Сатиралық бояумен өрленген осы тип өзгеден тілі де, мінезі де өзгеше, оқшау тұр. Өзіндік пікірі, табанында бүрі жоқ тайғақ, жалтақ жандардың бұл бір жиынтығы болып шықты. Ісінде нәтиже, сөзінде береке болмайтын көкі мылжыңдар, сыпайы суайттар осы рәуіштес келеді. Оның қызмет бабындағы өзіндік беті былай тұрсын, тіптен өзінің от басында жанды қуыршаққа айналған қалпы бар. Бұл жағын автор да, актер де шебер берген. Бірақ, бұл әлі де ар-намыстан жұрдай адам емес екен, ақыры ар оянып, өмірдегі өз орнына бел буа ұмтылады. Әдетте, мұндай типтер күлкіге көміліп қала берсе, автор мұның бойынан жақсы қасиет іздеп, қатарға тартады. Бұл да іздену жемісі, жаңа талап, жемісті талап болып шыққан.

«Апама жездем сай» дегендей Құдайбергеннің жұбайы Бөпежан да (М. Абдуллина) сатиралық жүйеде шешілген. Бұл сапарда актриса Абдуллинаның табысын арнайы атап өткен жөн. Өз үйіне билігі мен адуындығы басым болса, өзгеге еркелігі мен айласы жүретін, сыртта сері, үйінде бөрі атанған әйелдің бейнесін актриса іштей ұғынған. Сондықтан да оның сахналық әрекеті өмірлі жатыр. Ол Құдайбергенді «ел қатарына сүйреп шығарған», сол еңбегі өзіне зор «мәртебе». Үлкен қызметкерлердің үй-ішімен судай сіңісіп, қысылғанда отымен кіріп, күлімен шығатын, өзіне пайдалы кезеңді бағып, киліге кететін жалған сыпайы, шынында сұғанақ мінезді, рухани сұмпайы жанның әрекетіне куә болғанда, «япырай, осындай типті қайда көріп едім» деген ойға қаласың. Көпшілік көріністерде кездесетін қосалқы кейіпкерлер (колхозшы әйелдер, Тайпақ, т. б.) жалпы спектакльдің жылылық температурасына себі тиіп жатыр. Мұны көбіне ойнаушылар табысы деп ұқсақ керек-ті.

Сәуленің күйеуі Алдаберген (М. Сыздықов) аса мейірбан адам көрінді. От басының ұйытқысы да осы Алдаберген. Сәуленің өзіне деген көзқарасын біле тұрса да, ол үлкен жүректің иесі. Көбіне Сәуле абыройын ойлаумен жүреді. Әділдігі де, адамгершілігі де бәрінен басым жатыр. Сондықтан да Сәуленің бұдан сырт беруіне дәлел жоқ. Қай теріс мінезін көріп, ол сырт береді? Ой-парасаты, азаматтығы өзгеден асып жатқан Алдабергеннің жақсы жар бола алмауының себебі неде? Осыдан келіп шығарманың негізгі кемшілігінің беті ашылады. Жер қыртысын зерттеп жүрген Жарас Жансаринді Сәуле сүйеді. Сәуленің махаббаты оянып, өз қиялында арман еткен адамын тапқандай болады. Ақырында Жансарин де мансап қуған тоғышардың бірі болып шығады. Бұл жолы сынды актер К. Әділшиновке айтқаннан гөрі, авторға айтқанды орынды көреміз. Өйткені, Жансарин автордың ремаркасы болмаса, өз әрекеті, мақсаты бар, драмалық жүгі бар кейіпкер емес. Ең алдымен, осы Жансаринды не ерекшелігі, не «данышпандығы», не адамгершілігі үшін Сәуле жақсы көреді? Тек астанадан келген ғалым деген аты үшін бе? Жоқ, ондай ұшпа мінез Сәулеге тән емес. Ал Жарас Сәулені сүйе ме? Жоқ. Олай болса, босқа арам тер болатын не бар? Шынында, автор Сәуленің басындағы қызықты басталған психологиялық күйді жеріне жеткізе, өмірлік өзегін таппаған. Сондықтан Сәуле бойындағы тұтанған сезім кей сәттері жалған, жасанды көрінеді. Сүйем деген адамынан ешқандай сүйсінерлік қылық табу мүмкін емес. Сәуледей көреген әйелдің Жарас сияқты жан-дүниесі қораш, рухани жүдеу жанға ғашық болғанына қайран қаласың. Сәуле образын арзандатып тұрған осы бір күйсіз көріністер. Автор Жарас пен Сәуле арасындағы махаббат мәселесіне ешқандай дәлел таба алмаған. Ойында логикалық өрбу жоқ.

Бір шығарма төңірегінде көп нәрсе аңғартам деген автор жазушы Сапарды да осы оқиғаға әкеліп телиді. Мұнда алғашқы шығармасымен аты шыққан Сапар, кейінгі кездері өмірден алшақ қалып барады. Енді қайнаған өмір ортасын көріп, қайтадан қаламға жармасады. Оны қызғылықты, сәтті шыққан характер дейміз. Бірақ Сәулеге туыс еді дегеннен басқа оқиғаға қатысы жоқ адамды сахнаға еріксіз сүйреп шығарудың қажеті шамалы еді. Драмаға тікелей туыспай жатқандықтан Ш. Мусиннің Сапары күрсініп, күйреуден басқа қолынан ештеңе келмейтін, жалынсыз жадағай жан болып шықты.

Шығармада орындаушыдан көп шеберлік тілейтін Сәуленің қызы Гүлжан. Бұл шын мәнінде есейіп қалған бала, қазір екі оттың ортасында көрінеді. Шеше қылығын іштей сезіп ренжісе, әкені момындығы үшін аяйды. Актриса М. Байзақова балаға тән мінезді, оның ішкі сезім дүниесін, арпалыс сәттерін аса нанымды, шебер береді. Оның әрбір қимыл-әрекетіне, сезім шындығына сенесің. Асылында, Байзақованың ойындарында іштей шындық басым жатады. Бұл актрисаның қасиет тұтар, қатаң, сақтайтын қазынасы болса керек.

Қорыта айтқанда, спектакльден қалатын жаңа әсер бар. Ойландыратын жәйіттері де мол. Мақаламыздың бас жағында жеке кейіпкерлер терең ашылмай жатыр дегенді ескерттік. Соған қосымша спектакльдің өн бойындағы динамиканың солғындығын да атап кеткен жөн.

Сәулеге дәуір өкілі деп қарасақ қояр талап та көп. Шынында Сәуле жеткен, жетіскен қазақ әйелдерінің тұңғыш сахналық бейнесі. Олай болса, оның өсу, жету жолы да күреске, романтикаға толы. Шығарманың осы діңгегі алыстан көз тартарлық дәрежеде болғаны керек-ақ. «Шіркін, Сәуледей болсайшы» дегізетіндей қалып күтуге біз әрдайым праволымыз. Сондықтан жоғарыда айтылған кемшіліктерді еске ала отырып, автор да, театр коллективі де бүгінгі күн тақырыбына белді шығарманың бірі болып отырған «Сәулеге» қайта оралып, шын мәніндегі, Академиялық театр атына толық лайық боларлық еңбек беруі керек. Өйткені, мұндай тақырыпқа жиі бару да қиын. Сондықтан негізі қаланып, шоқтығы көрініп қалған дүниеге зор қамқорлықпен қарап, оқыс кеткен жерлеріне үңіле, спектакльдің айтар ойын, ұсынар тәлімін айқындай түсетін режиссура елегін естен шығармау шарт.

1961


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз