Біздің ауыл сонау Өр Алтай төрінде, нақтылап айтсақ, қазіргі Қытай елінің Моңғолиямен шекараласатын тұсында орналасқан. Мен ес білгеннен бері Наурыз тойлайды.
Мереке таянғанда ауылдың естияр балаларында қуанышпен бірге қорқыныш та болатын. Ол — қойдың кезегі дегендей топтан бөлініп қалар бір шаруаға ұрынып қалмау. Сол үшін мейрам болардан бір апта бұрын үлкендер қандай іске жұмсаса да, қырқарын жинап қайта жіберген зырылдауық ойыншықтай зымырайтын едік. Әр үйде ауланы тазалау, қабырғаларды әктеу, үй маңындағы қоқысты өртеу, жиһаздарды реттеу, жас келіндер мен қыздар келі-келсаппен көрші-қолаң, үлкен үйлердің бидайын түктеу, жент бұлағау, шүйірмек жасау, түрлі тамақ пісірулер кем дегенде 4-5 күн бұрын басталатын.
Мерекенің негізгі көркі — дастарқан. Өйткені, бұл мезгіл айран, сүт, қатық, қойдың уызы, сиырдың уызы, шұбат, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, кебеже түбіндегі мәйек ірімшік, ежігей құрт, сықпа, қарын құрышындағы күзгі сүттің сарымайы, ұнға ораған соқталы қазы, майлы сүр жамбас дегендердің бәрі әр үйде саудасыз базар ашқандай самсап тұрады.
Мереке 22 наурыз күні таңертең басталады. Мерекені ең алдымен бастайтын — балалар. Онда қалыптасқан бір жайт, тақыр кедейдің таз баласы болсаң да, үстіңе жаңа бірдеңе ілесің. Аяқ киімің бе, шалбарың ба, жейдең бе, бас киімің бе, әйтеуір біреуі жарқырап тұруы тиіс. Үстіңдегі бір киімнің аса жарқырағаны — өзге ескі киімдерді бұрынғыдан бетер көнертіп көрсетіп, онан әрі бейшара ғып жіберетіні тағы бар ғой. Арқа-мойын арасында әне жеріңді қымқырып, міне жеріңді жымқырып, топ баланың дүбіріне елігіп шауып ала жөнелесің. Десе де, жарқ етіп шыға келгеніңе алғаш кезіккен анау-мынау кісіден кішкене қысылатының бар. Алайда оның бәрі топ ішіне кіргенше ғана. Топқа кіріп бойың үйрене бастаған соң, ұялғанның өзі ұят.
Жалпы, біздің ауылда үйге келген адам үй сыртынан ысқыру, есік алдына келіп дыбыс беру дегендер атымен жоқ. Иті қаппаса болғаны келген бетте кіресің. Бұйымтайыңды айтасың, шаруаң болмаса шай ішіп, кеңес соғып отырасың. Тек мереке күні ғана емес 365 күн солай. Әлі сол қалпында. Сонымен біздің алғашқы қадам байғазы сұраудан басталады. Көрші үйге жүгіріп барасың да босағасында тұра қалып өлеңдетесің. Әлгі киіміңе көрімдік сұрайсың. Былай деп:
Киімімді көріңіз,
Бар жақсыны төгіңіз.
Барар жерім әлі көп,
Байғазымды беріңіз!
Ол күні ауырып отырғандар болмаса, барлық адам ашық-жарқын болады. Әдетте, қабақтары құрмадай құрысып жүретін шалдардың өзі шұнаңдап балаларға тіл қатады. Өздері де сәнді киінеді. Кейбіреуі әдейі алақанын шекесіне қойып, күн көзіне қарағандай сығырайып өне-бойымызды өрлей-құлдай түгел тінтіп шығып: «Өйбай-өййй мынауың самырсындай сыңғырлап тұр ғой а, қалай байқамағанбыз! Мә, жеңдер, мә, мә» деп уыс-уыс кәмпит береді. Ала салып, жалт беріп кері жөнелеміз. Ауыл балалары құрала келе 30-40-қа дейін топтасамыз. Әлгі байғазы сұрау 5-6 үй көршіден ұзаған соң жарамай қалады. Бірімізден, біріміз дауысымызды асыра көтеріп «ассалаумағалейкумдеп» алға тартамыз.
Бірін-бірі құттықтап қыдырған адамдар. Біз ешкім айтып тапсырмаса да, 40 үйден кем айттамауды өзімізге міндет санап алғанбыз. Кей үйден көже ішеміз, кей үйде кісілер толып отырады. Есіктен жылтың еткен бізге жілік ұстатады. Кейбіреуімізге ортан жілік ойынды етімен тиеді. Біріміздің алақанымызға жүзің көрінетіндей сүрленген жамбастың мөлдір майынан жапырақ-жапырақ қып салады. Май жегенді мақтайды.
Сонымен бесін ауған шақта ауылдың сыртында ойын-думан басталады. Балуан салады, қол күрестіреді. Қыз қуу, көкпар дегендер қыс қысылмай мал күйлі шыққан жылдарда болмаса көп бола бермейді. Мектеп оқушылары, мұғалімдер дайындаған ән-күй орындалады. Елжіреген күн көзіне арқа-жонын тосып ауыл адамдары айнала отырады. Өнерлері бары ортаға шығады. Ақсақалдар жылдың жайын, тәубе, шүкірін айтады. Алладан елдің тыныштығын сұрап алақан жаяды.
Дала думаны тарқаған соң үлкендер жағы бір бөлек, жастар жағы бір бөлек топтасып мерекені үй-үйде жалғастырады. Ақсақалдар өнегелі әңгіме айтады. Жыр айтады. Жазу-сызу білмейтін Лұқпан деген ақсақал «Қыз Жібектің күймесі-ай, күймеге таққан түймесі-ай» деп бастап, одан да басқа талай жырды жатқа соғатын. Қыз-жігіттер әртүрлі ойындар ұйымдастырып, ән айтып, би билейді. Екі араға кезек жүгіріп табанымыздан тозып біз жүреміз. Әбден түнге қарай шаршап, қара сан болып, ішіміз үрген қарындай шеңберек атып үйге жетеміз. Күпті болып аударылып-төңкеріліп ауыратынымыз тағы бар.
Мереке үш күн бойы болады. Екінші, үшінші күндері үлкен думан болмайды, тек туыс-туған, дос-жаран, көрші-қолаңдар бірін-бірі қонаққа шақырып өздері тойлайды. Сөйтіп, күн мен түн теңелген Наурыз мерекесінде қыр арқасын қыс қажаған қалың ел, арқа-мойнын кеңге салып бір жырғап қалады.
Әр жылы Наурыз келген сайын біздің ойға ауылдың Наурызы оралады. Оны көрмегелі міне, он жылдан асып барады екен. Ол жақта Наурыз әлі де бұрынғыдай тойланады дейді. Бірақ, қазір ол ауылда баяғыдай шулап-шұрқырап жүретін балалар жоқ. Топ бала жоғалған! Жоқ!..
Үркердей үш-төртеуі ғана көзге шалынады… «Ассалаумағалейкум» — деп оң қолымен кеудесін басып екіленіп тұрып сәлем беретін қазақтың баяғыдағы мәрт балалары емес олар, кісі келе жатыр-ау деп қарап та қоймайды. Шүлдір-шүлдір етіп өзге тілде сөйлесіп бара жатады...
Тай-құлындай тебісіп, қозы-лақтай өрісіп, ауыл арасын қызыққа бөлеп, топ бала тойламаған мереке, мереке болып па?!.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі